Жеңіс жолы жалғасады

Мен оқушымын.Менің өмір жайлы толғаныстарым мен өзіндік философиям, көзқарастарым мен өмірлік ұстанымдарым әлі де қалыптасу үстінде. Дегенмен мен өткен жылы ғана 70 жылдығы тойланған еліміздің Ұлы Отан соғысындағы Жеңісіне шын жүректен қуанып, соғыс атаулыға бар пейіліммен лағнет айтқандардың бірімін. Себебі менің арғы атам Көмеков Нәдір осы соғыста хабарсыз кеткен. Ауылдан аттанған атпалдай азаматтың із-түссіз жоғалуы деген нағыз қасіреттің қасіреті екен. Әжеміз өзі өмірден өткенше батысқа қарап телмірумен күнін батырып, таңын атырыпты. Үзілмеген үміт, сағыныштан сарытап болған сенім, азаматын аңсаған арман көкейді тескен күдікке бой бермеген. Белгісіздік жанын жеп, тағатсыздықтың тұңғиығына батқанда әжеміз ,тіпті, соғыстан аман келгендерге қызғана, «ерлікпен қаза тапты» деп қара қағаз келгендердің жанұясына қызыға қараған. Ай, пендешілік-ай десеңізші! Өлі-тірісін білмей, сананы сансыратқан сансыз сұрақтың жауабын таппағаннан, өмірден өтті деген хабарын естіп, армансыз жоқтағанның өзі де бір ғанибет екен –ау! Сол сұм соғыстың салған жарасы,міне, 75 жылдан бері әлі сыздап келеді. Ал ,бұл жара тек біздің әулеттің ғана көкірегіне түскен жоқ еді.
Қаншама ана баласынан айрылып, аңырап қалды, қаншама әйел жарын,жастығын жоғалтты, қанша бала ботадай боздап, әке мейірімі мен ата батасынан шектелді. Жесірдің көз жасы мен жетімнің жоқтауы жер-дүниені тітіретті. Қара жердің қабырғасы қасіреттен қайысты. Ұлы ғаламның тыныштығы бұзылып, адамзаттың арына дақ түсті.......
Шығармалар
Толық