Екібастұзда алғаш қазақ тіліндегі «Отарқа» газетін ашуға ұйтқы болған Аманкелді Қаңтарбаевтың есімі аймаққа, әрине, қолына қалам ұстаған қауымның бәріне жақсы таныс. Неге? Өйткені ол қаламгер ретінде де, әділдікті ту етіп көтеріп, кез келген ортада ой-пікірін бүкпесіз айтатын турашылдығымен де, ең бастысы ұлтжандылық қасиетімен көпшілікке танылған гуманист азамат еді («... еді» деп айту қандай ауыр).
Қаңтарбаевтың ана тіліміздің өркен жаюы үшін, ұлттық руханият, игілік үшін атқарған еңбегін айтқанда Ахмет Байтұрсыновтың:
«... Тән көмілер көмілмес еткен ісім,
Ойлайтын да мен емес бір күнгісін.
Жұрт ұқпаса ұқпасын, жабықпаймын,
Ел бүгіншіл, менікі ертең үшін» дейтін өлең жолдары үнемі тіл ұшына оралады. Рас, ол елдің ертеңі үшін қызмет етті, денсаулығын да, тіпті бар өмірін осы жолға сарп етті... Сондықтан ол биік тұр, сол биікте қала бермек!
Әттегене-ай, тағдырдың ісіне дауа жоқ, қаламгер келместің кемесіне мініп кетті... Енді, міне, қаламдастары, әріптестері, журналистикаға өзі баулып, тәрбиелеген шәкірттері толғанып, естеліктер жазуға мәжбүр болып отырмыз. Иә, «Өткен күнде белгі бар» деген осы.
Газеттің әр нөмірі шыққан сайын, оқырмандар оң пікір-лебіз білдірген сайын, газет жұртшылыққа тараған сайын көңіл марқайып, жұмысқа құлшына кірісетін, тың тақырыптар іздестіріп, жазып, газет бетінде жариялауға ұмтылған, ізденіске толы болған сол бір күндер де, міне, тарихқа айналып кетіпті. Соның бәрінің де басында Аманкелді Қаңтарбаев тұратын. .....