Бір күні ымырт үйіріле заңгер-студент Васильевтің үйіне көптен дос-жар болып жүрген медик - студент Майер мен Москва сурет - мүсін және сәулет өнері училищесінің шәкірті Рыбников келе қалды да, өздерімен бірге С - в тұйық көшесіне барып, серуендеп қайтуға шақырды. Васильев әуелі көпке дейін көнбей, қасарысып бақса да, ақыры киініп, құрбыларына ілескен.
Сұйық жүрісті зинақор әйелдер жайында ұзынқұлақтан естігені немесе кітаптан ғана оқығаны болмаса, олар тұратын үйлерге ғұмыры бас сұғып көрмеген еді. Тұрмыс тауқыметі, тәлімі, жоқшылық салдарынан тағдыр тәлкегіне ұшырап, арын ақшаға сатуға мәжбүр болған сондай бір әдепсіз әйелдер барын ол білетін. Олар мөлдір махаббат болатынын естіп-білмеген, бала сүюден мақрұм қалған заңнан тыс пенделер; аналары мен апа - сіңлілері оларды шіріген жұмыртқа санап, аза тұтып, жоқтайтын еді де, заң бұларды кесірлі пәлеге балап қуғындаса, еркектер бірден - ақ "сен" деп сөйлесе беретін. Бірақ соның бәріне қарамастан, олар да адамдық келбетін жоғалтпаған құдайдың пенделері болатын. Қай-қайсысы да өз күнәларын іштей сезініп, бір жолы болар деген үміттен күдер үзбейтін. Құтылып шығу жолындағы қам-қарекеттің қандайын болса да пайдаланып қалудан бас тартпайтын еді. Рас, қоғамның кейде адамдардың өткенін өткел ете беретіні бар, бірақ құдай алдында Мысыр әулиесі Мария да басқа әулиелердің ешқайсысынан кем саналмайтын.
Киім киісінен, жүріс-тұрысынан дараланып тұратын сондай әйелдерге көшеде ұшыраса қалса немесе әзіл - сықақ журналынан олардың түрін көрсе - ақ болды, Васильевтің есіне әлдебір кезде әлдеқалай оқыған бір оқиғаның орала беретіні бар. Әлдебір ақжүрек те адал бозбала зинақор әйелге іңкәр болып қалады да, үйленгісі келетінін айтады, әйел болса мұндай бақытқа өзін лайық емеспін деп санап, уланып өліпті. .....
Қанден мен көпек төбеттен шыққан түлкі тұмсық, тексіз сары дүрегей тротуар бойымен әрі-бері бүлкектеп, жан - жағына жалтақ-жалтақ қарай берді. Анда-санда бір тоқтап, табанынан ызғар өткен соң аяғын алма-кезек көтереді де: япыр-ау, осы мен қалайша адасып кеттім дегендей қыңсылап қояды.
Таңның атқанын, күннің батқанын, тіпті мынау бұрын аяқ басып көрмеген бейтаныс көшеге қалай тап болғанын да жақсы біледі.
Балташы Лука Александрин ертеңгісін құлақшынын милықтата киіп, қызыл шүберекке ораған әлдебір затты қолтығына қысты. Дүрегей тақтай сүргілейтін жаңғырық астындағы ағаш үгіндісінде жатыр еді:
— Каштанка, кеттік! - деген таныс дауысты естіп жылы орнынан атып шықты да, рақаттана бір керіліп алып, иесінің соңынан салпақтап ере жөнелген. Лука Александрычқа жалға жұмыс тапсыратын адамдар тым қашықта тұратын, солардың әрқайсысын бір сүзіп шыққанша балташы талай трактирге кіріп, сусын қандырып алушы еді. Жол бойы өзін шектен тыс дарақы ұстағанына да Каштанка енді өкінгендей. Көшеге еріп шыққанына қатты қуанған дүрегей біресе далақтап көрінген конканы1 қуалап кетті де, енді бірде қайдағы жоқ ауланы тіміскілеп, абалап бейтаныс иттерге жармасты. Жиі-жиі көз жазып қалған балташының қайта-қайта тоқтап оған зекіп ұрысқаны да есінде. Қызара бөртіп Лука Александрычтың сызданып:
— Сеспей қат!.. Сеспей қатқыр албасты, - деп құлағынан тартқанын да ұмытқан жоқ. .....
Үстіне су жаңа шинель киіп, қолына түйіншек ұстаған полиция надзирателі Очумелов базар алаңын кесіп өтіп жатты. Оған ілесе аяңдап жирен қалабасы келеді, қолында кәмпескеленген тошалағы толы елегі бар. Айнала тым-тырыс..- Алаңда қыбыр еткен жан жоқ... Дүкендер мен кабактардың есіктері жарық дүниеге аранын ашқандай шалқасынан ашылып, тұнжырай қарап қалыпты, олардың маңында, тіпті, қайыршы да жоқ.
— Қауып алғанын қарашы сұмның! Жігіттер, жібермеңдер өзін! Қазір қауып алуға заң жоқ! Ұста! Ә...ә! - деген дауысты Очумеловтің құлағы шалып қалды.
Иттің қыңсылағаны естілді. Жан-жағына қараған Очумелов Пичугин деген көпестің отын қоймасы жағынан үш аяқтап шоқаңдап, артына қарай-қарай қашып бара жатқан бір итті көрді. Оның соңынан бір адам қуып келеді, үстінде крахмалданған шыт көйлек, желбегей салған жилет. Қуып бара жатып ол еңкейе ұмтыла беріп, етпетінен құлай беріп, иттің артқы аяғынан ала түсті. Иттің тағы да қыңсылаған ащы даусы мен адамның "Жіберме!" деген айғайы жарыса шықты. Сөйткенше болмай, дүкендердің есігінен ұйқылы-ояу пішінді біреулер қылтиып шыға-шыға келді, отын сарайының маңына жұртшылық, жеті қат жер астынан шыққандай лезде жинала қалды. .....
Қоғамдық Х - шы клубта игі мақсатпен балмаскарад немесе жергілікті бикештер айтқандай, бал - парей беріліп жатқан еді.
Түнгі сағат он екі болатын. Би білмейтін зиялылар - бес кісі - бетпердесіз, оқу үйінде үлкен үстелді жағалай жайғасып, мұрындары мен сақалдарын газетке көме түсіп, оқып, қалғып-шұлғып әрі астана газеттерінің жергілікті тілшісі, аса бір еркін ойлы мырза айтпақшы, "ойланып" отырған еді.
Көпшілік залдан "Вьюшки" кадрилінің үні келіп тұр. Есік алдынан тарс-тұрс басып, қолындағы ыдысын сылдырата жүгіре лакейлер өте шығады. Оқу үйінің дәл өзі құлаққа ұрған танадай жым-жырт.
— Осы ара, сірә, қолайлырақ сияқты! Тартыңдар бері! Бермен қарай жігіттер! - деген құдды пеш ішінен шыққан сықылды болып, бір қылғынған жуан дауыс естіле қалды.
Есік ашылып, үстіне делбешінің костюмі мен басына тауыстың қауырсынын қадаған қалпақ киген бір маскалы, жауырыны жап-жалпақ, дембелше еркек оқу үйіне кіріп келді. Оған ілесе іле-шала маска киген екі әйел мен қолына поднос алған бір лакей де кірді. Подноста ликер құйылған жуан бутыль мен үш бөтелке қызыл және бірнеше стақан бар екен. .....
Орман күзетшісі Артемнің қисайған жатаған үйіндегі үлкен қоңыр иконаның түбінде екі кісі отыр, біреуі беті егде тартқан адамның бетіндей қатпар-қатпар, шоқша сақалды, әрі аласа, әрі арық. Бұл - Артемнің өзі. Екіншісі - аяғында сазға киетін үлкен етігі мен үстінде қырмызы жаңа көйлегі бар, жол-жөнекей келіп отырған бойшаң, жас аңшы жігіт. Олар үш аяқты кішкене үстел басындағы отырғышқа жайғасқан, үстелде бөтелкенің аузына тығып қойған май шам сықсиып жанып тұр.
Тыста түн қараңғысында алай-дүлей дауыл соқты; әдетте күн күркіреп, найзағай ойнар алдында табиғат осылай буырқанушы еді. Жел ышқына ұлып, иілген ағаштар ауру адамдай ыңыранады. Терезенің бір әйнегі қағазбен жапсырулы екен, үзіліп түскен жапырақтардың сол қағазға тиіп, тырсылдағаны естіліп тұр.
Артем аңшыға, қорыққан кісідей кірпік қақпай қарап, баяу, жіңішке дауыспен ақырын ғана сөйледі:
— Құдайдың пендесі - саған мынаны айтамын, мен қасқырдан да, аюдан да, аңдардың қай-қайсысынан да қорықпаймын, тек адамнан қорқамын. Мылтық пен қаруың болса, аңнан құтыласың, ал бұзық адамнан құтылар амалың жоқ.
— Әрине! Аңды атуға болады, ал қаныпезерді атып көр, өзің пәлеге қаласың, Сібірге айдаласың. .....
Отставкадағы генерал-майор Бульдеевтің тісі қатты ауырды. Аузын арақпен, коньякпен шайқап, ауырған тісінің түбіне темекі, апиын, скипидар, керосин басты, ұртына йод жақты. Құлағын спирт шыланған мақтамен тығындап алды, қайткенмен осылардың ешқайсысының да мүлкінің тізімін әкеп көрсетті. Текті жерден шыққан адам, ол жағынан ондай-мұндай деп жаман атаудың өзі - күнә. Шынымды айтсам, өзі маған ұнады. Менімен екі ай саудаласты. Мен оған сегіз мың сом беремін, ал ол сегіз жарым сұрайды. Саудаластық, саудаластық шайға отырып алып, он бес стақаннан ішіп, соның өн бойында саудаласа беретін кезіміз де болды. Мен оған екі жүз сом қостым, болмайды! Сөйтіп, үш жүз сом үшін айырылысып кеттік. Кетті байғұсың, жылай-жылай... Тым жақсы көруші еді Дашаны! Өзімді-өзім жерлеймін енді, кінәлімін, қатты ренжимін. Оған үш жүз сомды берсем немесе бүкіл қалаға масқара қыламын деп қорқытсам, не болмаса қараңғы бөлмеге кіргізіп алып тұмсыққа соғып - соғып жіберсем болатын еді ғой, жаза басып қалдым, ақымақтық істеп алғанымды енді көріп отырмын. Қайтерсің, Никодим Егорыч, ынжықпын!
— Жуассыз тым. Бұл рас. Жә, болды, қайтатын мезгіл жетті. Басым зеңіп кетті... .....
Күн көзі уездік қалаға түйіле қарап шығып келе жатқан, қораздар қанаттарын енді ғана кере бастаған кез болсадағы Рыклин ағайдың кабагына меймандар келіп-ақ қалыпты. Олар тігінші Меркулов, қалабасы Жратва және қазынашылықтың қағаз тасушысы Смехунов еді. Үшеуі де ішіп алған.
— Айтпа! Айтпа деймін тіпті! - деп тұр Меркулов қалабасының ілгегінен ұстап алып. -Кеңсе қызметіндегі төрелер, егер де жоғарырақтағысын алатын болсақ, тігіншілік жағынан қарағанда, генералыңнан әлдеқайда асып түседі. Мысалы, тіпті, камергерді - ақ алайықшы... Ол қандай адам? Лауазымы қандай? - дейсіз ғой. Ал, қане, есептей бер... Прюндельдер фабрикасының ең жақсы мәуітінен төрт кез мәуіт, ілгек оқалы жаға, алтын зерден лампас салған ақ шалбар, омыраудың бәрі алтын зер, өңірі, жеңі, қалта қалпақтары жарқырап тұрады! Ал енді гофмейстер, стальмейстер, церемониймейстер мырзаларға және басқа да министерийлерге мундир тіге қалсаң... Сен қалай деп ойлайсың? Әлі есімде, бір жолы гормейстер граф Андрей Семеныч Вонляровскийге мундир тіктік. Мундир болғанда маңына бара алмайсың! Қолыңды тигізсең - ақ тұла бойыңдағы тамырларың "цик! цик!" деп дүрсілдей жөнеледі. Нағыз мырзалар, мәселен, киім тіккізе қалса, олардың мазасын алуға болмайды. Өлшеп алдың ба, тік, ал кигізіп көремін, анау-мынау деп тәлмірсуіңе ешқандай жол жоқ. Егер сен жақсы тігінші болсаң, өлшеп-пішкенің бойынша тігіп бер... Мұнарадан секірсең, етегіңе дөп секір, әне қалай! Мен саған айтайын, бауырым, біздің жанымызда, әлі күнге дейін есімде, жандармдар корпусы болды... Қожайынымыз Осип Яклич сол жандармдардың ішінен тұлғасы киім тіктіруге берген кісінің тұлғасына шамаласатын біреуін әкеліп кигізіп көруші еді. Содан әлгі... мен саған айтайын, бауырым, графтың мундирін кигізіп көру үшін осы жарайды - ау деген бір жандармды таңдап алдық. Шақырып әкелдік... кәне, ки, сұқсыр, біліп қой!.. тұрмыз. Күлкі деген не болар! Содан әлгі, нені, мундирді киіп алғаннан кейін омырауына қарады, енді дейсің ғой! Аңырып, сасқалақтап, есінен танды да қалды........
Әскери прогимназияның мұғалімі, коллежский регистратор Лев Пустяков өзінің досы поручик Леденцовпен көрші тұратын. Жаңа жыл күні таңертең сол көршісіне барды. Дағды бойынша поручикті жаңа жылмен құттықтағаннан кейін:
— Мынадай бір шаруа болып тұр, Гриша, - деді ол - Өте қарыздар болмасам, мазаламас та едім ғой. Бүгінге ғана маған «Станиславыңды»1 бере тұршы, қалқам. Спичкин көпестің түскі тамағына барушы ем. Ол итті өзің де білесің ғой, орденді көрсе өледі, мойнында не өңірінде бірдеңе салбырап тұрмаған адамды кісі есебіне алмайды. Оның үстіне байдың екі қызы бар... Настя, білесің ғой, және Зина... Саған досым деп айтып жатқаным ғой... Өзің де түсініп тұрған боларсың, сүйікті досым. Бір жақсылық етіп, орденіңді бере тұршы!
Осының бәрін Пустяков тілі күрмеле, есік жаққа жалтақтай қарап, қысыла тұрып айтты. Поручик әуелі оны сөккенімен, ақыры көнді. Күндізгі сағат екіде Пустяков арбакештің арбасында, ішігінің өңірін сәл қайырып тастап, омырауына қарағыштап, Спичкиннің үйіне қарай келе жатты. Алтынын жалтылдатып, құбылтып, омырауына таққаны біреудің "Станиславы".
"Тіпті, мерейің тасиды екен ғой өзі! - деді ішінен мұғалім, тамағын кенеп қойып. - Сәл-ақ зат, коп болса бес сом тұратын шығар, ал құдіреті қандай зор өзінің!" .....
Сот тергеушісінің алдында үстінде шұбар көйлегі, бұтында қырық құрау дамбалы бар бір телтиген, ересен арық мұжық тұр. Өзінің түк қаптап, шешек шұқырайтқан бұп-бұйра беті мен салбыраған қап-қалың қасының астынан әрең көрінген көздерінде бір тұнжыраған сұсты сипат бар. Талайдан таралмай, ұйысып қалған шашы бөріктей болып, түріне бұрынғыдан да бетер, өрмекші сықылды сұстылық бере түскендей. Жалаң аяқ тұр өзі.
— Денис Григорьев! - деп бастады тергеуші - Берігірек кел де, менің сұрауларыма жауап бер. Шілденің жетісі күні таңертең теміржол қарауылшысы Иван Семенов Акинфов
141-шақырымда жолмен келе жатып, рельсті шпалға бекітетін гайканы суырып алып жатқан жеріңде сенің үстіңнен түскен. Сол гайка мынау, мінеки!.. Өзіңді ұстағанда әлгі гайка бойыңнан табылған. Осылай болып па еді?
— Немене?
— Акинфовтың айтқанындай, бәрі осылай болып па еді?
— Білемін, болған.
— Жақсы, ал енді гайканы не үшін суырдың?
— Немене?
— Сен өзің "неменеңді" қоя тұр да, сұраққа жауап бер: гайканы не үшін суырдың?
— Егер зәру болмасам, суырмас та едім, - дейді Денис қырылдап, төбеге көзінің қиығымен қарап қойып.
— Бұл гайканың саған не керегі болып еді?
— Гайка ма? Гайкадан біз салдауыр жасаймыз... .....