Авиация тарихы

Авиация – Жер маңайындағы әуе кеңістігінде ауадан ауыр аппараттармен (мысалы, ұшақ, тікұшақ т.б.) ұшуды білдіретін ұғым. Ол француздың avіatіon сөзінен шыққан, ал оның түп тамыры латынша avіs – құс дегенді білдіреді. Осы аппараттардың ұшуын қамтамасыз ететін қызметтер жүйесі де авиация құрамына енеді. Авиация азаматтық және әскери болып екіге бөлінеді: Азаматтық авиацияға көліктік, санитарлық, оқу-жаттығулық, арнайы мақсатқа арналған (мысалы, ауыл шаруашылығында, аэрофототүсірім, байланыс, геологиялық барлау, балық аулау кәсібін барлау үшін т.б.) ұшу аппараттары, ал әскери авиацияға әскери әуе күштері, теңіздік, армиялық, әуе шабуылынан қорғануға арналған ұшу аппараттары жатады. Адамның аспанға ұшу жөніндегі арманы ерте заманнан басталған. Тасқа салынған қанатты адамдардың суреттері соның дәлелі болып табылады. Дүние жүзіндегі көптеген халықтардың ертегілері мен аңыздарында аспанға ұшу жөніндегі адам арманы айтылады. «Ұшар ханның баласы» атты қазақ ертегісіндегі аспанға ұшу өнері, кілеммен ұшу – соның айғағы.

Мәтіндер
Толық