Қиял-ғажайып ертегі: Тас болған шаһар

Әуелгі заманда бір шаһарда бір қарт пен кемпір болған бір нысапты тауфиқты ұлы. Күндерде бір күн бұл жігіт сапар шығуға ойлап атасынан, анасынан рұқсат сұраған. Рұқсат алып кетіп бара жатып, бұл жігіт бір шаһарға барып кірген. Ол шаһар тас болған. Әрбір үйлері һәм нәрселері, кісілері кейбіреуі отын кескен жерінде балтасымен тас болған, қайсыбір адам отын көтерген бойынша тас болған. Қайбіреуі көшеде жүрген кісі сияқты тас болған. Бұл шаһардың не себептен тас болғанын білмей, бұл жігіт шаһар бойынша жүрген. Жүре-жүре патшаның үйіне келіп кірген. Патшаның үйінде бір тірі адам көрмеген. Болса да патшаның үйінде екі-үш сағат күтіп отырған, бір адам көрінер ме екен деп. Сол арада патша үйіне патшаның қызы келген. Ол қыз бұл жігітті көріп амандасқан, әрі сұраған «қайдан келдің, қайда барасың», – деп. Бұл жігіт бәрін бастан-аяқ айтып берген. Сонан соң қыз айтқан: «Бізге бір жақсы таза кісі керек еді, үш түн патша үйінде дұға қылып отыруға, осындай үш күн дұға қылып отырушы болса, бұл шаһардың халықтары жаңадан тіріліп өз түріне қайтатын еді»,—деген. Бұл жігіт қыздың сөзін қабыл етіп ырза болған. Қыз бен жігіт уағда қылған, егер жігіт үш түн дұға қылып шаһар халқы тіріліп өз суретіне қайтса, қыз жігітке тимек болған. Қыз жігітке үш шам берген де өзі кеткен.
Бұл жігіт шамды жандырып дұға оқуға кіріскен. Түн ортасы болған соң, бұл жігіт жанына сонша көп жындар келген. Жындар келіп бұл жігітке дұға қыла бастаған. Кейбіреуі отпен өртемекші болып, кейбіреуі ұрмақшы болып, кейбіреуі қорқатын нәрсемен қорқытпақшы болып, қорқытып қараған. Бұл жігіт тіпті қорықпаған.....
Ертегілер
Толық