Әбу Насыр әл-Фараби
Әбу Насыр әл-Фараби – дүниежүзіне әйгілі ұлы ғалым. Аристотельден кейінгі екінші ұстаз, «Шығыстың Аристотелі» атанған. Әбу Насыр әл-Фараби орта ғасырда қазақтың ежелгі қаласы Отырарда дүниеге келген. Отырарды арабтар Фараб деп атаған, осыдан ол Әбу Насыр Фараби, яғни Фарабтан шыққан Әбу Насыр атанған. Бұл қаланың орны – қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданында. Отырар өз кезінде ірі мәдени-сауда орталығы болған. Ал Отырардағы кітапхана ХІ-ХІІ ғасырларда өзінің кітап қоры жағынан дүниежүзіне әйгілі кітапханалар қатарында болған. Әбу Насыр әл-Фарабидің балалық шағы Арыс, Сырдария бойында өткен. Отырар медресесінде дәріс алып, ондағы аса бай кітапханадағы қолжазбаларды оқып меңгерді. Әбу Насыр әлФараби білімін тереңдету үшін сол кездегі білім орталықтары саналатын Бағдад, Дамаскі (Шам), Каирде болған.