Табиғат
Табиғат туралы жұмбақтар
Қасқанасы қылтылдап, көз қарасы жылтылдап. Ұзын - ұзын ұз келер, ұзын бойлы қыз келер
Ағынды су
Орақ болып туады, табақ болып тынады
Ай
Бейнесі суда дірілдейді, қармаққа бірақ ілінбейді
Ай
Көк төрінде жоғары, ілулі тұр атамның сапталмаған орағы
Ай
Керегенің басында кетпен құйрық, кесіп алса, таусылмас неткен құйрық
Ай
Қонақтап күнде қонар су бетіне, сүйсінер барлық адам келбетіне. Тұлғасы су ішінде көрінеді, таңырқап қарап тұрсам сүретіне.
Ай
Мұхиттардың ортасында аппақ тау бар, түк өспейді жер шарының картасында, оған еш шың теңеспейді.
Айсберг
Мұхитта дәу бір - қалқып тау тұр
Айсберг
Көкжиегі тұйық дөң, шатыр тіккен биік кең
Аспан
Төрінде тұр нұр көзі, жердің биік күмбезі
Аспан
Әйнектей көгілдір, теңіздей тым мөлдір
Аспан
Күмбез сынды кең сарай, еш жерде жоқ тең сарай
Аспан
Айдалада көк шатыр, көк шатырда қызыл көзді шал жатыр
Аспан мен Күн
Қағыл, қағыл, қағыл кілем, Қағайын десем ауыр кілем. Сатайын десем, тәуір кілем
Аспан мен жер
Тіршілік аусар тек, ұстасаң қауқар жоқ, айналам қоршау көк, одан асқан кәусар жоқ
Ауа
Түсі бар көрінбейтін, бір тұтас бөлінбейтін. Тынысы ол тіршіліктің, ешқашан жерінбейтін
Ауа
Ештеңеден қаймықпай, көзді арбаған өрнекпен. Сурет салар айнытпай, шебер еді ол неткен?
Аяз
Тек өзі көрінбейді, адамды тоңдырады ызғары дірілдетіп, есіңнен тандырады
Аяз
Қолы менен қаламы жоқ, бірақ сурет салады көп
Аяз
Тоңғақты таниды, беті қолын қариды
Аяз
Жерді тырнап, бұтаны ырғап, шөпті сипап, ұшады зырлап, жанын қинап, ұлиды зарлап.
Боран
Бір дүлей күш - қас пейілді. Итереді кеудеңнен. Алысайын десең, қолға түк те ілікпейді
Боран
Көрінбейді өзі, терезені ұрады. Айтатын жоқ сөзі, ысқырып тұрады, болмаса да аяқ - көзі, серуен де құрады. Бұл не?
Боран
Жер түбінен боз жорға ат келеді
Боран
Қуып едім, мойнын бұрмады, ұстайын деп едім, қолға тұрмады
Боран
Зәулімде тұрағы, тіреусіз тұрады
Бұлт
Дәу шүйкесін, күн алды, көк теңізге түсіріп, шығарды да жұлбасын, жел әкетті ұшырып
Бұлт
Етек - жеңі жиналмай, дауыл тұрса дым қалмай, түйдектеліп көшеді, тоз - тоз болып өшеді
Бұлт
Қара алып жарқыратып, жасын атып, күркірейді. Суды сайға сарқыратып, демі шөпті сілкілейді
Бұлт
Көшіп жүріп желменен, сеуіп шықты тамшысын, қыраттарға шөлдеген.
Бұлт
Бірде - селдір жабағы, бірде - теңбіл жабағы
Бұлт
Будақ түтін түсі аппақ, көк жүзіне тұзақтап, қойғандай - ақ жылжымай, тауды өбеді қүшақтап
Бұлт
Көк көрпенің мақтасы, Әр жерде жүр бытырап. Біріктіруге қол жетпес болды - ау, шіркін, ысырап.
Бұлт
Бірде былдыр - былдыр, сәбилердің тіліндей, бірде сыңғыр - сыңғыр, қоңыраудың үніндей, ән сап жатқан ерінбей, Бұл не?
Бұлақ
Сынаптай жылтырап, биіктен сырғиды, ән салып былдырап, іздейді ылдиды
Бұлақ
Шашылды көктен ақ моншақ, жоғалды біздер тапқанша - ақ
Бұршақ
Дауыл ақ дән ұшырып, шашып өтті аспаннан. Шекемізді ісіріп, қаштық үйге сасқаннан.
Бұршақ
Ақ құмалақ шашылды, жан - жаққа бырдай боп. Күн көзі ашылды, жер қапты жұрдай боп.
Бұршақ
Шөміші жоқ, теңізді сапырады. Кебісі жоқ, егінді жапырады.
Дауыл
Аспаннан домалап, көп моншақ төгілді. Бусанып жон - алап, терледі, керілді
Жаңбыр
Көкте туып, жерде өледі
Жаңбыр
Төбеден төнеді, тамшысын төгеді. Сол кезде ой қаулап, бәйшешек өнеді
Жаңбыр
Айтқаныңды айнытпай, қайталады өзіңе тіл қатқанмен қаймықпай, көрінбейді көзіңе.
Жаңғырық
Дауысыңды қайталап жырақта, айнытпай жеткізер құлаққа
Жаңғырық
Ағаштарды шайқайды, көзге көрінбейді. Шарлағанда сай - сайды, бір сәт ерінбейді
Жел
Қанаты жоқ ұшады, Аяғы жоқ қашады
Жел
Жайғаным түкті кілем, ілгенім – тықыр кілем
Жер мен аспан
Алып кілем - гүлге толы үсті кілең
Жер
Сарайдың сансыз шырағы, нұр шашып, самсап тұрады
Жұлдыз
Жылт - жылт етіп төбемде, түсе алмай тұр төменге
Жұлдыз
Күндіз білінбейді, түнде күлімдейді
Жұлдыз
Үй үстінде ұсақ тас
Жұлдыз
Там басына тары жайдым
Жұлдыз
Жарқылдан соң жаңағы, суға бөкті бар алап. Көкте түрлі жолақты, өрнек тұрды ғаламат!
Кемпірқосақ
Келістіріп өрнегін, құрып қойды өрмегін
Кемпірқосақ
Жаңбыр жуды жерімді, көкте өрмек керілді
Кемпірқосақ
Алып мұхит - ақ алау, шеті шексіз жағалау
Көкжиек
Ауыл сыртында сайда, жатыр үлкен айна.
Көл
Үлкен алтын табақтан, әлемге нұр таратқан
Күн
Алауға оранып, көкке өрлеп шығады. Бір айналып оралып, көкжиекке бұғады
Күн
Тұрғанымен жырақ өзі, таусылмайтын шырақ көзі
Күн
Қос алып көз, бірі – жарықта көреді, бірі қараңғыда көреді
Күн мен ай
Әлемнің бар екі күзетшісі, бірі – күндіз тынығады, бірі – түнде тынығады.
Күн мен ай
Мекені көкте екі ару бір - бірін көруге зәру
Күн мен ай
Бір тәулікте екі жайын, бірі кетсе, бірі дайын
Күн мен Түн
Ақ сандығым ашылды, ішінен жібек шашылды
Күннің сәулесі
Кім әйнекті сындырмай Көктеп өтеді?
Күннің сәулесі
Әуеде ақ мамық қалбалақтап ұшады. Қанаты талып, жерді барып құшады
Қар
Аспаннан ақ ұлпа борады, қырқаны сейсепке орады
Қар
Қоймасын қыс ақтарып, жерді жапты ақ мамық
Қар
Қыста ғана болады, ұстасаң, қолың тоңады
Қар
Тап - тап жорға, тап жорға, табаны жалпақ боз жорға. Үйірі келсе кісінемес, шөптің басын тістемес.
Қар
Ұлпа мамық аппақ, жүрмін оны таптап. Күн жылынған кезде, тұра алмаймын сақтап
Қар
Мамықтай ұлпа, қанттай ақ. қыста жер бетін басады, жазда сайға қашады
Қар
Шөпті жапырып, құмды сапырып. Қоқысты үйіріп, әкеткен не шүйіріп
Құйын
Күнді айналып қозғалады, артында жарық жол қалады
Құйрықты жұлдыз
Мүлгіп тұрған бақ тыныш, ораныпты ақ күміс
Қырау
Қыс болса құрып өрмегін, салды небір өрнегін
Қырау
Көлдің беті көк әйнек, сырғанауға, тым әйбәт!
Мұз
Қыс бойы біз коньки тепкенде, айдынның мөп мөлдір көгілдір. Тозбаған көрпесі көктемде бір күнде - ақ бой - бой боп сөгілді.
Мұз
Суда қалқиды, жылыда балқиды.
Мұз
Қыста шыны боп қатады, жылыда су боп жатады
Мұз
Суға батпайды, отқа жанбайды
Мұз
Судан жаралады, суда жоғалады.
Мұз
Аспанды от қамшы осады, ащы үнін ышқынып қосады.
Найзағай
Дүрліктіріп қырқаны, шақпақ тастың жарқылы бұлт көрпесін жыртады
Найзағай
Айдаһар аузын ашса, арс етеді, гауһары жерге түссе, жарқ етеді
Найзағай
Күн көзінен құйылады, жер бетіне жиылады. Құшақ ашып барша тірлік, куанады, сыйынады
Нұр
Туған жердің белбеуі, шұбатылып қалыпты. Керемет - ау кернеуі, тасты тесіп, жарыпты
Өзен
Дедектейді зырлайды, артқа мойын бұрмайды
Өзен
Алдымда тұрды ақ түбіт, бірақ ұстай алмадым, жүгіріп барып аптығып.
Сағым
Қызыл құмда көл жатыр, шымылдықтай шайқалып. Бұдан аумас ол тақыр, көлбейді тек жайқалып, ұстай алмас қол батыр, желмен кетер найқалып
Сағым
Қия шыңнан құлайды, тасты бұзып арыны. Ақ жалданып тулайды, құлақ жарар сарыны
Сарқырама
Терезеден есіледі, қараңғыны көшіреді
Сәуле
Деп - демде шытынап шынысы төменге ағылды
Сел
Еш тесікке тұрмайды, ол жоқта жер құрғайды
Су
Аяғы жоқ, қолы жоқ, бірақ тыныш тұрмайды. Сақтамасаң – қорын тек, барша тірлік қурайды
Су
Аспан түстес сұйық, әркім ішер құйып
Су
Қара атым қалтырауық, қабырғасы жалтырауық.
Су
Жылт - жылт еткен, жырадан өткен
Су
Жиегіне шатырдың судан шеге қатырдым
Сүңгі
Күннің көзі түйілді, көкте бұлт үйірілді. Сұйық моншақ шашылып, жерге нәр боп құйылды
Тамшы
Мұрны жоқ шымшық мұз тесер
Тамшы
Өркешіне мұз артқан, шудасынан су аққан. Мынау неткен қара нар, күншіліктен мұнартқан?
Тау
Көтеріп орман, тоғай, тастың бәрін, жапанда шөгіп жатыр үлкен нарың
Тау
Көрсең оның ағысын, таңғалтар таудың тағысын. Бұрқап жатқан көк тасқын, үстінен ырғыр жартастың, ырық бермес үйірген толқыны асау шүйілген
Тау өзені
Өртесең де ерімейді, не тот басып шірімейді, өн бойына су сіңбейді, ылғал тартып, ірімейді
Тас
Бұйра жасап сан қилы, сұйық жазық шалқиды
Теңіз
Сұрғылт түтін, бүркесе маңайды, адастырар талайды
Тұман
Аспан түйді қабағын, сұр пердесін керді де, жапты жердің танабын
Тұман
Күзде шығыстан, қыста төбеден, көктемде батыстан көрінетін. Шілдеде күн қасында боп, түнде жоғалатын не?
Үркер
Дұрыстап аңғарсаң, көктегі бағдаршам
Үркер
Мөлдір көкте бір ғана, шоқтай жайнап тұр дара
Шолпан
Қурап тұрған кеңістік, күн күйдірер маңдайды. Аптабы бар ең ыстық, кебірсітер таңдайды
Шөл
Мөлдіреген жүзімді, ұстап едім, езілді
Шық
Күн мен түннің кіндігін, жер шарының ендігін. Қақ бөліп тұр тепе - тең, жұмыр жердің белдігі
Экватор
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?