Жұмбақтар жауабымен: Киіз үй және оның жабдықтары

Жұмбақтар жауабымен: Киіз үй және оның жабдықтары

Өзі кірден арылмас,
Ізінен кір табылмас.
Сыпырғыш

Жайсам жамшыдай,
Жисам қамшыдай.
Шымылдық

Керемет бір ит бар,
Үй бағады үрмейді.
Аяғы жоқ жүрмейді,
Көмейіне тықсаң сөйлейді,
Тілін адам біледі.
Рұқсатсыз ол иттен
Адам үйге кірмейді.
Құлып

Бір нәрсе өзі білік, іші қуыс,
Ол заттың сүйегі көп айқыш-ұйқыш.
Көзі бар жарқыраған төбесінде,
Жайса үлкен, жиналғанда бір-ақ уыс.
Киіз үй

Ауп дедім,
Ептедім,
Септедім,
Қара жерді түптедім.
Киіз үй

Аңырайған кең есік,
Кірмес бірақ жел есіп.
Терезе әйнек

Ішіне адам батпайды,
Затыңды аман сақтайды.
Сандық

Желіні тас,
Тұяғы ағаш.
Бесік

Төрт сирақты таған,
Төрден орын алған.
Қаншама дүние үстінде,
Күшіне қайран қалам.
Жүк аяқ

Ұзынырақ бақаннан,
Жаңбырлы күні бата алған.
Киіз үйдің қажетті,
Бір мүлігі аталған.
Тіреуіш

Үй тігерде керек,
Борандар да тірек.
Айыр тұмсық сұм заттың,
Кім айтады атын?!
Бақан

Дөп-дөңгелек қос батпан,
Бірі айланып зыр қаққан.
Қарттардың ең керегін,
Дәннен үгіп беретін,
Бұл не айтшы зерегім ?!
Қол диірмен

Отыз отырма, қырық қабырға,
Бәрін ұстап тұрған,
Ауыз омыртқа.
Уық, кереге, шаңырақ

Есігім шығыста,
Кебежем сол жақта.
Төрім батыста,
Келінім оң жақта,
Отым ортада.
Келіп той,
Құрт-май, қымыз,
Қазы-қарта.
Қазақ киіз үйі және оның орналасу бағыттары, ондағы меймандостық

Төрінде төртеу отыр төремін деп.
Көрпеміннің екеуі тұр,
Көтеріп төбе биді беремін деп.
Төрдегі төртеу — жүкаяқтың сирағы, есікте жатқан – табалдырық, оның үстіндегі екі таяныш – таяныш көтеріп тұрған маңдайша, яғни есік ағаш

Жетпіс кемпір жер тесіп жатыр.
Жайылған керегенің сағанақтары, яғни кереге аяқтары

Қырық найза буылған,
Бір қалпаққа сұғылған.
Буылған уық және кигізілген уыққап

Жайсаң қабырға,
Жисаң қом етесің.
Жиылғанда киер екі кепесін.
Кереге және жиылғанда керегенің басына кигізілетін кере қап

Дүниеде дөңгелек дәу, білесің бе?
Өзі аппақ жаулығы бар төбесінде.
Үш белбеу, бес киім, бір жапқышы бар,
Сансыз бау, ою-өрнек денесінде…
Сүйектері, жиһазы көзді тартқан,
Ішіне балалар-ау кіресің бе?!
Киіз үй, түндік, үш белбеуі – екі белдеу, бір басқұр, бес киімі – үш туырлық, екі үзік, бір жапқышы – киіз есік

Айқайлаған жау келсе,
Айыр сақал атам тоқтатады.
Бақан

Есікте екеу отыр өлемін деп,
Төрде төртеу отыр төремін деп,
Ортада біреу отыр көмемін деп.
Босаға, кебеже, құман

Жүруге аяғымен ерінеді,
Нәрсеге өз-өзінен телінеді.
Адамға қашан болса пайдасы бар,
Бір мезгіл жарық болып көрінеді.
Терезе, әйнек

Біреу екен анасы,
Жиырма бес баласы.
Іс жағына қарасаң,
Қан шаһардың қаласы,
Маңдайында ағы бар,
Түрлі қажет табылар.
Түгел екен тұрманы,
Керек жағы тағы бар.
Үйдің іші, тамағы

Жансызда бір нәрсе бар формалданған,
Аузын кейде ашып, кейде жұмған,
Ішінен жылтыраған мөлдір көзі,
Өмірде ұйықтамайды бұл не қылған?
Үй, әйнек ,есік

Екі басы жұмырықтай,
Ортасы қылдырықтай.
Тұтқа

Есік ашады,
Есіктің артына қашады.
Топса

Күндіз салбырап тұрады,
Түнде тесігін табады.
Есік ілгіш

Жол бермес жүрейін деп жалынсаң да,
Естімес айтқан сөзді бағынсаң да,
Қақпақты қаққан қазық иір тұмсық,
Ешқандай жақындамас бөтен жанға.
Кілт

Алыстан қаңғыр-күңгір,
Жақыннан бұрау темір.
Кілт

Шырт-шырт етеді,
Шыртылдап барып, кіріп кетеді.
Кілт

Жоғарыдан айдаған,
Белін берік байлаған.
Сидам құлға жолықсаң,
Өз еркіне қоймаған.
Кілт

Шешесі үйде қалады,
Баласы кісіге ереді.
Құлып, кілт

Ә, керемет, бір ит бар,
Үй бағады, үрмейді,
Аяғы жоқ, жүрмейді,
Көмейіне тықсаң, сөйлейді,
Тілін адам білмейді,
Ұрықсатсыз ол иттен,
Адам үйге кірмейді.
Құлып

Жолда бір бұзау өліп жатыр,
Аузына қолын тықса, күліп жатыр.
Құлып

Қаппайды, шаппайды,
Үйіңді қорғайды.
Құлып

Аяғы жоқ жүрмейді,
Үй бағады, үрмейді.
Құлып

Аузын ашсаң,
Өкпесі көрінеді.
Есік пен от

Арыстан аузын ашса, арс етеді,
Таңдайы жұтып қалса, тарс етеді.
Омыртқасы тұтас та қабырға жоқ ,
Екі көзі маңдайында жарқ етеді.
Есіктің ашылып, жабылуы

Үлкен өгіз бар,
Жалғыз көзі бар.
Там үй, оның есігі

Қызыл сиырымның жоны жалпақ.
Есік

Көк итім қабаған,
Артына киіз жамаған.
Киіз есік

Күндіз сырп-сырп,
Түнде жым-жырт.
Есік

Мекені жол үстінде тұрар жері,
Бар екен алты жерде қаққан зері ,
Қандайлық қызметті атқарады,
Адаммен бірге жүрер әрі-бері.
Есік

Әрі лап-лап, бері лап-лап,
Қанша үлкен болса да,
Орнына келер жапсақ.
Есік

Дүниеде бір нәрсе бар өзі жансыз,
Жоқ оны ұрмайтұғын адамзатта.
Есік

Ұзын, ұзын, ұздар-ай,
Ұзын бойлы қыздар-ай.
Бізді құдай айдады,
Белімізден байлады,
Тірідей сорым қайнады.
Ши

Баяғыда бай едім,
Ақ сақалды шал едім.
Мұнда келіп сондай болдым,
Қысылған қындай болдым.
Ши

Мен елімде дегендім,
Жирен атты бек едім,
Елімнен келіп мұндай болдым,
Белімді байлаған құлдай болдым,
Тонымды жырттырдым,
Сақалымды қырықтырдым.
Ши

Әуелінде шөп едім,
Жерге өскен көк едім.
Қолға түстім, ойылдым,
Он жерімнен буылдым.
Ши

Өз елімде бек едім,
Желкілдеген жек едім.
Келдім де қыспаққа түстім,
Отыз екі тұзаққа түстім.
Тоқыған ши

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?
Пікір жазу
Пікірлер 1
  1. Avdirakhman
    Avdirakhman 24.10.2023 12:42
    0 + 0 -
    Күріш жеуге тамағы жоқ
    Су ішу үшін асқазаныңыз бар
    Мұғалім болу білімі болмаса
    Жазуға мүмкіндік бар
    Ол не.... Жауабы қандай. Айтыб беріңізші өтініш