Жұмбақтар жауабымен: Жәндіктер (құмырсқа, өрмекші, маса, ара, көбелек, шегіртке)

Жұмбақтар жауабымен: Жәндіктер (құмырсқа, өрмекші, маса, ара, көбелек, шегіртке)

Қарайып ұшқанымен қарға емес,
Ін қазғанмен түлкі емес.
Арқасында боқшасы,
Жинағанмен мүлкі емес.
Қара қоңыз

Бір палуан өзі күшті, қайраты мол,
Өзінен үлкен затты көтерер ол.
Мейлі қыр, мейлі жота, мейлі төбе,
Қайқаңдап аса берер бәрінен де ол.
Құмырсқа

Елек-елек тарым бар,
Көтере алсаң бәрін ал.
Құмырсқаның илеуі

Тоқыған ауы – шыбынның жауы.
Өрмекші

Әуеден ақ-сары құс ән салады,
Келгенде шабытына жан алады.
Өзгеше қылығына қарап тұрсаң,
Дымы жоқ тақыр жерден нәр алады.
Сары маса

Ине бел, қылқа мойын, қара батыр,
Қара тауды арқалап бара жатыр.
Құмырсқа

Беретұғын балы бар,
Шағып алса – зәрі бар.
Бал арасы

Ұшағым бар кіші,
Мінбейді еш кісі.
Инелік

Гүлдерден нәр тереді,
Біздерге бал береді.
Бал арасы

Жаңбыр жоқта бұғады,
Жаңбыр жауса шығады.
Жауынқұрт

Толып жатқан тісі бар,
Ағашпенен ісі бар.
Ара

Үстіндегі көйлегі
Түрлі-түсті не керек,
Қызықтырар көргенді.
Мұның аты.......
Көбелек

Аяғы бар басы жоқ,
Тұлғасы бар қарны тоқ
Екі жақтау қорғаны,
Ол болмаса сорлады.
Айқұлақ

Аяғы, тұлға, басы бар,
Сыртында сауыт тасы бар..
Тағамға ұқсас атауы,
Шешуін оның табыңдар.
Ұлу

Гүлден гүлге қонады, ара емес,
Ақ, сары боп бау-бақшаға сән береді.
Ол не?
Көбелек

Бiрi – ағаш кесу құралы,
Бiрi – шырынды бал бұлағы.
Ара

Бір нәрсе өзі молда, өзі жорға,
Құрады жібек ауды оң мен солға.
Тартқанда машинасын оң мен солға,
Табады қаражатын сонда зорға.
Өрмекші

Қиналып көтеріп,
Өзінен ауырды.
Жорғалап кетеді,
Жүкшідей кәдімгі.
Құмырсқа

Өзі кілем түріндей,
Құдды қырдың гүліндей.
Гүлге қонса кетеді,
Айырмасы білінбей.
Көбелек

Жапырақ жеп сілекей шығарады,
Сілекей жасын шығарады.
Жібек құрты

Көк төбеде көп болды,
Топырақ жалап тоймайды,
Несібесі неден жоқ болды.
Жетеу еді бедері,
Он төрт еді аяғы,
Балалықтан айтып жүрген
Жұмбақ еді баяғы.
Есек құрт

Бір ұяда жүз бөлек үй.
Араның ұясы

Шатыраш-шатыраш тау болар,
Көгершіндер ұялар,
Сорпасы адал болса да, еті арам,
Ол не болар?
Араның балы

Биік-биік тау болар,
Қаршығалар ұялар,
Еті арам болса да, сорпасы адал,
Ол не болар, балалар?
Араның балы

Біреуге найза түйрейді,
Өзі де содан күйрейді.
Ара

Бір нәрсе өзі нәзік тым-ақ сергек,
Қорқады бала-шаға, әйел, еркек,
Өзінің қаны адал, еті арам,
Мылтықсыз, я қылышсыз ұстайды ептеп.
Ара

Айдалада бір базар.
Құмырсқаның илеуі

Бейнетқор көпшілікте көрдім халық,
Күнінде бір отырмас дамыл алып,
Өзінен ауыр жүкті көтереді,
Үйінде жатып жейді рахаттанып.
Құмырсқа

Белең-белең, белең ат,
Белі нәзік күрең ат.
Тауға мінсе таймас ат,
Талау тисе өлмес ат.
Құмырсқа

Аттанған бір шаһарға қырық мың қосын,
Қолында өзі жаяу, несі болсын.
Қолында еш нәрсесі болмаса да,
Өзіне тауып алар несібесін.
Құмырсқа

Арқасы домалақ,
Аяғы ұзын.
Өрмекші

Еңбекші үй ішінде мекендеген,
Сым арқан дүниеге жетер деген.
Қарқара қара құсша түрін жайып,
Дүниеден уайымсыз өтем деген.
Өрмекші

Шидиген ұзын сирағы,
Тастай керең құлағы.
Сөйтіп жүріп көп жерге
Аспалы торлар құрады.
Өрмекші

Дүниеде бір кемпір бар тіпті кәрі,
Жіп төгіп, өрмек құрып, тоқыр шәлі.
Алады айламенен ала бүркіт,
Табыңдар немене екен мұның мәні
Өрмекші

Көрдің бе бір нәрсе тұр дөп-дөңгелек,
Аз тұрса сол жерінде болады көк.
Жерінде бір күн тұрған үш күн тұрса,
Өзіндей кетеді екен үш есе боп.
Кене

Бір нәрсе алды биік, арты аласа,
Доп илер кешке дейін бір тамаша.
Мылтығын атайын деп оңтайланар,
Өзіне айтқан сыйы ұнамаса.
Сасық қоңыз

Әуеде ұшып жүрген аэроплан емес, құс емес,
Арқасына байлағаны ірімшік емес, құрт емес.
Бауырға барып ін қазады,
Қасқыр емес, түлкі емес.
Қоңыз

Ұшқанда өлең айтады,
Қонғанда жер қазады.
Мұны да ойлап көріңіз,
Шешуін кім табады?
Қоңыз

Бір мақұлық бар қазық аяқ,
Қарғып-қарғып түседі тазыдай-ақ.
Шегіртке

Жаз бойы әндеткен,
Күз болған соң сән кеткен.
Шегіртке

Айдар ауызды,
Қоян құлақты.
Бөкен санды,
Қылыш құйрықты.
Шегіртке

Ит басты,
Қошқар мүйізді,
Борсық кеуделі,
Бөкен санды.
Шегіртке

Тайқы маңдайлы,
Сиыр мұрынды,
Балық сыртты,
Жылан бауырлы,
Есек сауырлы.
Шегіртке

Бір ғажап төрт аяқты, құс қанатты,
Көреді күндік жерден адамзатты.
Қолында қылдан нәзік күрзісі бар,
Япырай, тиген жері тастан қатты.
Маса

Аспанда қыран сары кісі алады,
Болғанда кешке жақын ән салады.
Құдайдың құдіретіне қарап тұрсаң,
Түтікпен тақыр жерден су алады.
Маса

Иір-иір үйі бар,
Іші қапас әрі тар,
Құлақ тоссаң
Ызыңдаған үні бар,
Бұл не, біліп ал.
Ұлу

Шөп ішінде жүреді,
Шақса уын жаяды.
Зиянын қойлар біледі,
Күйсетіп жеп қояды.
Қарақұрт

Топырақ пен көң астын,
Қопарып ем,
Жыбырлаған кен аштым.
Жауын құрты

Гүлдің нәрін жинайды,
Адамға бал сыйлайды,
Ұнатады бірлікті,
Қоғамдасқан тірлікті.
Еңбекқорды аялайды,
Еріншекті аямайды.
Ара

Ойлайсың,
Көрсең түйме деп,
Тұмсығын тығып қадалып,
Шағады бадалып,
Ақыры өлер тоқтықтан,
Жан берер оған соқтыққан.
Кене

Қарақұрым нөпiрi,
Егiн, шөптiұң жебiрi.
Шегіртке

Денесi буылтық,
Сырты жасыл түк.
Жұлдыз құрты

Тұт ағашын өрмелеп,
Жейтiн дәмi жапырақ,
Сiлекейiн кермелеп,
Мата тоқыр жалтырақ.
Жiбек құрты

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?