Қош бол, ата!
Тынымбай
НұрмағаНбеТов
Қош бол,
Алматы
2012
УДК 821.512.122-93
ББК 84 Қаз 7-44
Н 86
Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлiгi Ақпарат және мұрағат комитеті
“Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару” бағдарламасы бойынша шығарылды
Н86
Нұрмағанбетов Т.
Қош бол, ата! – Алматы: «Таймас» баспа үйi, 2012.
– 240 бет.
ISBN 978–601–264–087–8
Белгілі қаламгер Тынымбай Нұрмағанбетовтің «Қош бол, ата!» атты жинағына балалар мен жасөспірімдерге арналған жабық конкурс- та жүлде алған таңдаулы повестері мен әңгімелері еніп отыр.
Жинақтағы повестер мен «Жиырма жас», «Перзент», «Менің іні- лерім» әңгімелері де балалардың талап-тілегінен шығатын, өмірдің қызық та күлкілі оқиғаларынан тұратын көркем тіл, жылы юмормен су- реттелген дүниелер.
УДК 821.512.122-93
ББК 84 Қаз 7-44
ISBN 978–601–264–087–8
© Нұрмағанбетов Т., 2012
© Данабаева М., суретшісі, 2012
© Карбозқызы З., серияның идеясы, құрастырылуы, 2012
© «Таймас» баспа үйі, 2012
Барлық құқықтары қорғалған Басылымның мүліктік құқықтары
«Таймас» баспа үйіне тиесілі
Көзәйнек
Повесть
...Елуінші жылдардың ортасында Бура екеуміз «Бөрлі- дегі» Бөрлі бастауыш мектебінің төртінші класында бірге оқыдық. «Бастауыш мектеп» деп ауыз толтырып айтып отырған мектебімізде сол жылы жиырма алты бала оқи- тын да, төртінші класта төрт бала едік.
Бура екеумізден өзгелері Мәжікен дейтін бала мен мұғаліміміздің қызы Қыздаркүл болатын.
Мектебіміздің тұрған жері де қызық еді. Жеті-сегіз үй- ден шоғыр-шоғыр болып орналасқан ауылдардың еш- қайсысына да жақындамай, үріккен түйедей болып ай- далада қаңқиып тұрушы еді. Мұның мәнісін үлкендер
«кезінде мектепті қай жерден салу керектігінің талас бол- ғандығынан» деп түсіндіретін.
Көзіне қалың көзәйнек киетін Найзабек деген жас шама- сы елудің маңындағы мұғаліміміз бар еді. Сол кездегі көз- әйнек киетіндердің сиректігінен болар, оның жөні түзу өз атын өзіне қимағандай, жұрт «Көзәйнек» дейтін. Ілкіде бі- реулер ғана көңілі түскенде «Мұғалім» деп қалады. Класта отырғанда «ағай-ағайлағандығы» болмаса, оқушылардың өздері де мектептен ұзап шыға бере «Көзәйнек» дейді. Тіпті осы момақан-ау деген мен сияқтылардың ауыздарынан шығатын сөз де ала-құла... Кейде «Көзәйнек ағай», кейде
«Найзабек ағай».
...Бура екеуміздің үйлеріміз Найзабек ағайдікімен қоңсы еді. Сондықтан біздің ауылды жұрт «Көзәйнектің ауылы» деп атайды.
Мектебіміз өзге ауылдардан гөрі біздің ауылға таяу- лау еді. Мұның мәнісін үлкендер «Мектепті салу талас болған кезде Найзабек басқа ауылға мұғалімдікке кетіп қаламын деп қорқытқандықтан еді» деп түсіндіреді.
Төрт кластың оқушыларын Найзабек ағай кейде екі- екіден бөліп, кейде бәрін біріктіріп оқытады. Оның бұл ісіне араласып жатқан ешкім жоқ. Кейде «бүгін аңға баратын едім, қайта беріңдер. Қалған сабақты үйден оқып келесіңдер» дейтін де кездері бар. Ондайда оқушылар шуылдасып, қуанып, мәре-сәре болып үйлеріне қайтып бара жатады. Ал мұғаліміміздің үш-төрт күндеп аудан орталығына айлық алуға кететін кездерін айтсайшы!..
Кішігірім демалысқа шыққандай болып арқамыз кеңіп қалады.
Ал ағай алыстау бір ауылға қонаққа кетіп, болмаса алыстау жерден оның ағайын-жегжаттары қонаққа ке- ліп жатса, тағы да бізді жарылқады дей беріңіз... Мұн- дайда хабарды бір-бірімізге шүйінші сұрағандай етіп жет- кізетініміз-ай...
Биылғы оқу жылы басталған бетте бірінші мен үшіншіні түске дейін, екінші мен төртіншіні түстен кейін бөліп оқы- тып жүрді де, күн суи келе мұғаліміміз «Сендерге бола түске дейін бір, түстен кейін бір дірдектеп жүре алмай- мын. Ертеңнен бастап бәрің де таңертең келіңдер», – деді. Қарсылық білдірген бала болған жоқ. Бәрі де мәре- сәре болып, қуанысып қалды. Өйткені барлық кластың оқушыларының бірігіп оқуы көңілділеу. Мектепке келерде, қайтарда, тіпті үзіліс кездерінде де әдеттегіден қызықты, у-дулы болады.
...Бураның менен екі жас үлкендігі бар еді. Солай бола тұра бір класта оқитындығымыз оның орнында қалып қой- ғандығынан емес-ті. Ол тіпті нашар да оқымайтын. Бірақ бір ғажабы Бура өзгелердей «мен білемін» деп қолын шо- шаңдатып, әлде мұғалімді мазалап көрген бала емес. Са- бақты білетіндігін жауап берген кезде ғана білдіріп, өзге уақытта кластағы пеш жанына орналасқан ескі партада үн-түнсіз терезеден сыртқа қарап, болмаса мұғалім бер- ген тапсырманы жазып, оқып, өзімен-өзі болып отырады. Оның өзгелердей елпілдеп тұрмайтын осы мінезін Найзабек ағай жақтырмайды. Ал кеш оқуының себебі – Бура біріншіге барар кезде ауылда мектеп болмапты да, әжесі оны басқа ауылға жібермей қойыпты.
Әжесі демекші... Бураның әжесі ғана бар. Әжесінен кейінгі жақыны біз. Мен оған шөбере туыспын. «Екеуің де Жұрқабайға шөбере боласыңдар» деп отырады әкем. Сол «Жұрқабайға шөбере боласыңдар» деген сөз бізді расында да жақындатып жіберетін.
Бураның әкесі майданда қаза болған. Ал шешесі Мәзгүл күйеуі қаза болған соң, Найзабек ағайдың «Күйіктегі» жиеніне тұрмысқа шығыпты.
Осы бір жайға орай Бураның әжесі «Келінімді азғыр- ды... Қолымнан алып кеткен осы... Бұл ісін мен ақыретте де кешпеймін» деп, Найзабек ағайды сыртынан сыбап отыратын кездері бар. Сол әдетін және қоймайтын да... Кемпір-шалдардың бас қосқан жерінде реті келсе-ақ
«Ойбай-ау, бұл көзәйнек маған сөйтті ғой... Бұған менің ішім қалай жылиды?!. Бетіне қалай күліп қарармын оның» деп, көзінің жасын бір төгіп алатын... Өкпесін мүғалімнің көзінше де айтқанын мен талай рет естігенмін.
Ол кісіні мен де әже деймін. Бір қызығы – әжем мұндай әңгімелерді Бураның көзінше айтпайды. Қайта осындай әңгімесінің үстіне Бура келе қалса, көзін жаулығының ұшымен сүрткіштеп әлек-шәлек болады да, немересі шығып кеткен соң-ақ: «Ойбай, Буратай ұрсып бәле қыла- ды. «Неге айта бересің ескі жырыңды» деп қыр соңымнан қалмай қояды», – деп өзін-өзі ақтап жататын.
Әжеммен арадағы сол салқын қатынастың әсері болар, Найзабек ағай да Бураны жаратпайтын. Әсіресе оның қайсарлығын, алған бетінен қайтпайтын өжеттігін- ақ ұнатпай, қит етсе Бураға ұрсуға, оны кеміте сөйлеуге әзір тұрады. Тақта алдына шығарып, сілейтіп қоятын кез- дері де бар... Бұлар Найзабектің өзгелерден гөрі Бураға көбірек қолданатын әдістері. Бураның пеш түбіндегі ескі партада әрі жұрт соңында жалғыздан-жалғыз отыруы- ның өзі де мұғаліміміздің әлгіндей көзқарасынан туғанды- ғын мен де аңдап жүремін. Жалғыз отыратын себебі – ол партада екінші адам жайғасардай жер де жоқ. Тіпті соны мұғаліміміз Бураға бола ұстап отырғандай дерсің, болмаса әлдеқашан-ақ далаға шығарып тастайтын нәрсе.
Кейде туысқандығым ұстап, Бураға жаным ашып, мұ- ғаліміміздің оған жасайтын қысастықтарын көкеме айт- сам, ол кісі бұл жайға соншалық елең-құлаң етпеген күйі, маңқиып отырып: «Әй, жетімге жасаған қысастықтан кім жетісер дейсің... Көзәйнектің жазасын құдай берер»,
– дейді бар болғаны. Көкемнің ол сөзіне менің айызым қанбайды баяғы, қанбайтын себебі – мен әлгі сөздерді айтып болысымен-ақ, ол кісі орнынан атып тұрып:
«Көзәйнектің үйі қайдасың?» – деп тұра ұмтылса екен
деймін. Содан мұғаліммен екеуі апыр-топыр бола қалса... Бура екеуміз де бір жағынан қосыла кетіп, ағайымыздың аяғынан тартып, әлде шалғайына жармаса кетіп көмек етер едік-ау деп ойлаймын. Бірақ ондай ерлікке барар көкем қайда? «Көзәйнектің жазасын құдай берер» деп отырғаны... Бұл сөзі де әлге қуат қой, кейде тіпті: «Енді мұғалім болған соң сөйтеді де... өздерің де жайларыңа қарап жүрмейсіңдер ғой... Болмаса көзәйнектің сендерден өзге айналысатын жұмысы құрып қалып па? Жынына тие- сіңдер келіп... Сосын кісі ашуланбас па?» – деп өзімізді кінәлап кететін кездері бар. Сөйтіп отырып кейде Бураның осы мінезінің түп-тамырын қазбалап кетеді. «Ойбай-ау, Шойыннан туғаны рас болса, оның момын болатын жөні жоқ. Шойынды сендер көрмей қалдыңдар ғой... Ойбай- ау, Шойын деген бетіне жан баласын қаратқан ба еді. Тұла бойы от-тұғын... Намыс-тұғын... Құдай біледі, оған оқ өз аяғымен келіп тимеген болар... Мен білетін Шойын болса... оқты өзі қуып жүріп ұрынған шығар-ау...
Ал арғы атасы Жұрқабайды сұрасаң... Жұрқабайды білмеген, естімеген бұл аймақта қазақ жоқ. Жұрекең деген аталарыңың аты солай аңыз болып кеткен»... деп көкем ертегі-қиссаларда ғана айтылатындай етіп, Жұрқабай атамыздың ерлік істерін баяндап кетеді.
Бураның мінезі де қызық еді... Шойын әкесі мен Жұрқабай атасына тартса, тартқандығы шығар... Өзі еш- кімге тиіспейтін, ал тиісе қалған біреу болса үлкен бол- сын, кіші болсын қан қақсататын.
Балалармен араласып ойнауы да өзінше. Өзінен кіші балалармен Бура еш уақытта ойнамайды. Өзі қатарлы деген Мәжікен сияқтылармен де кейде ойнап, кейде пысқырмай кетеді. Мен, әрине туысқанымын. Сондықтан менің жолым бір бөлек.
Өзі қатарлы, өзінен кіші балалар асық әлде қазық, ләңгі ойнап жатқанымызда қонышын белуарынан қайырған, өкшесі қисық керзі етігін мыжырайта басып жанымыздан өтетіні бар. Өткір көздерін тесірейтіп ойын жағдайына зер сала қарағанымен, менсінбеген қалпы міз бақпай өтіп кетеді. Ондайда Бураны жалынып та ойната алмайсың.
Қонышын белуарынан қайырған керзі етігі демекші... Сол өкшесі мыжырайған керзі етіктің қонышын қайыру үшін де ол Найзабек ағайдан қандай сөздер естіді...
«Өзі мыжырайған етіктің қонышын қайырған неңді алған? Сенің қай сәніңе келмей жатыр осы?» – деді-ау Найзабек ағай қалың көзәйнегінің ар жағынан көздері Бураны жеп қоярдай ежірейіп тұрып. Тіпті сол қонышын қайырып кигені үшін басынан бір-екі рет нұқып та жібергенін көзім көрген.
Бірақ Бураның өжеттігі ғой, сол сәтте қонышын көтер- генімен, ескі партасын салдыр-гүлдір еткізіп қайта отыра беріп-ақ қонышын қайта түсіріп жатады. Ақыры мұғалім оған етіктің қонышын қайыру мәселесін айтуды біржола қойған. Кішілер мен өзі қатарлылардың ойынына самарқау қарап өте шығатын сол Бураны өзімен ересектермен ой- нағанда тіпті танымай қалатынбыз. Өкшесі мыжырайған керзі етіктің басы әр жерге бір тиіп, Бура маңдайынан терін сүртуге де мұршасы болмай қаздаңдап жүреді. Сол кезде жұмыстан қолдары босаған үйлі-баранды жігіттеріңіздің
өздері де асық, ләңгі ойнай беретін.
Ал той-жиын болып, өзге ауылдың балаларымен тағы да асық, доп-таяқ ойнай қалса, Бурада тіпті ес қалмайды. Ондайда каракөл елтірісінен тігілген қара құлақшынын бір жерге, өңірі қырық жамау күпәйкесін екінші жерге тастап, сол ойында әкесі Шойынның құны қалғандай шешініп алады. Және ондайда қай ойыннан болса да, Бураның жеңіліп қалғанын мен көрген де, естіген де емеспін. Міндетті түрде жеңіп шығып, жеңістен соң ғана қаракөл елтірісінен тігілген қара құлақшынын бір жерден, өңірі қырық жамау күпәйкесін екінші жерден жинастырып жүргені.
* * *
Бура екеуміз төртінші класта оқитын сол жылдың қысында бір қызық оқиға болды.
...Кешкі апақ-сапақ кезінде Бура ересек жігіттермен бірге сызбай ойнап жатқан. Мен өзім қатарлы және өзімнен
кіші бір топ балалармен олардың ойынына сызбайдың шетінен ғана қарап тұрғанбыз. Ойыншылардың ойынға әбден беріліп, қызып алған кездері еді. Бура дегенің ебіл- дебіл болып терлеген. Өкшесі мыжырайған керзі етікті бірде оңға, бірде солға қарай қисайта басып, аяғы аяғына жұқпай жүр. Мұрнын сіңбіруге уақыты жоқ деген сөзді бұрынғылар дәл осындай істің орайында айтқан болар, сірә... Бураның бұлай қапылып жүруі де тектен-тек емес. Ересек жігіттерді қақтап ұтуға қараған беті еді...
Қоқымет деген шалдың сол жылы үйленген Бадырақ дейтін баласы қараулық жасап, сызбайдан асық бойы шықпаған кенейді аламын деп дауласқаны. Тіпті қараулықпен өзгелерді жеңіп те еді, Бураның көнбей қойғаны. Қаршадай баланың тілі мен жағына сүйеніп дәлел айтып көнбей қойғаны Бадырақтың намысына тиген болуы керек, түтігіп ашуланып тұрып: «Ой, сенің шешеңді!» деп қоя бергені...
Сол сәттегі Бураның түрін көрсең!.. Өңі құп-қу болып, көздері ежірейіп тұрып Бадырақтың мойнына жолбарыс- ша атылмасы бар ма?!
Екеуі кәдімгідей опыр-топыр болды да қалды. Келіншек алған дегені болмаса Бадырақ та Бурадан сәл-ақ мазалы жігіт еді, әуелде жасы үлкендігіне басып одыраңдағаны- мен, Бураның тапап жіберердей өжет тегеурініне шыдай алар болмаған соң, жұрт екеуін ажыратып әкетті.
Біз де үре-дүре болып жүріп сол екеуін үйлеріне кіргізіп болған соң барып тарасқанбыз. Тараса жүріп күллі бала дуылдасып, Бураның өзінен үлкен жігітке ұмтылған қай- сарлығын әңгімеледік. Біріміздің тастап кеткен жерімізді екіншіміз толықтырып, өсіріп айтып, не керек, Бураны біраз жерге апарған болдық. Сол күні оған бала біткен риза еді.
...Бірақ Бура мен Бадырақтың хикаясы сонымен тына қоймапты. Түннің бір уағында Бура Бадырақтың үйіне келіп: «Төбелесемін, сыртқа шық!» – депті. Келіншегімен екеуі төсекке енді жата берген Бадырақ жылы төсегін қимай әрі Бураны келемеждегендей басын жастықтан әзер көтеріп:
- Ау, сыртта не бар? Жылы үйде-ақ төбелесе берейік те... Саған керегі әйтеуір төбелес болса... – депті.
- Жоқ, сыртқа жүр!
- Сөйтеміз бе?
- Ия... Шық, қане!..
«Енді қайттім мынаны» дегендей, Бадырақ келін- шегіне қараса, ол: «Тышқандай баладан қорқасың ба? Шықсаң – шығып, өзін қайтып осы үйге басын сұқпай- тындай етші», – депті.
Келіншегінің сөзі қамшы болған Бадырақ төсегінен атып тұрып, шалбарын ғана киіп, көйлекшең күйі Бураның соңынан еріп сыртқа беттейді.
- Үйбай-ау, көйлекшең кеттің ғой, – деген келін- шегіне: – Ой, әп-сәтте бітетін іске бола пальтомды іздеп жүрейін бе... Бұл шешеңді ұрайынды көйлекшең шығып- ақ жайғаймын, – деп, өкіректеп сыртқа шыға берген Бадырақты, әлгі айтқан сөзін тағы да естіп ашудан қанына қарайып тұрған Бура тұмсықтан бір қояды. Бураның дәл тиген жұдырығынан бір аунап тұрған Бадырақ Бураға «О, шешеңді-і» деп енді ұмтыла берген- де, «Былай ұрсаңшы» дегендей терезенің ар жағынан қолын сілтеп көрсетіп тұрған келіншегіне қараймын деп, есік алдындағы жылтыр мұзға аяғы тайып тағы құлайды.
Бадыраққа батқаны да осы екінші құлауы болыпты. Өйткені оның жайсыз құлағаны үстіне Бура жұдырықты үсті-үстіне жаудырып жібереді. Тіпті бір-екі рет майлы жеріне теуіп те алған көрінеді.
Екінші рет құлаған соң-ақ Бадырақтың ісі оңға баспай- ды. Осы кезде үйден келіншегі, қарсы есік отырған әкесі мен шешесі шығып қап, Бадырақты Бураның жұдырығы- нан әзер босатып алып, үйлеріне кіргізіп әкетеді.
Үйге кірген соң Бадырақ: «Саған қарай бергенде жы- ғылып қалдым», – деп келіншегіне тиісіп, орталарына әке-шешесі түсіп... Не керек, үйдің іші ызы-шу, қым-қуыт болады.
...Бураның беталысынан шошып қалған Қоқымет ертеңіне бір қойын сойып, Бураны әжесімен, біздің көкем
мен апамды, тағы да ауылдың біраз кемпір-шалдарын шақырып Бадырақтың айыбына кешірім сұрады.
Көкеме еріп мен де барғам... Жұрт Бадырақ пен Бура- ның ісін «балалық қой, шалалық қой» деп, тігісін жатқызып болып, алдарына табақ-табақ ет келген кезде арқа-жарқа болып күліп, әңгімелесіп отырып енді ет жеуге кірісе бер- ген кезде Шашбике деген әйел дастарқанның етек жағын- да келіншегінің қыз күнінде тартқан қызыл орамалы- мен таңған қолын иығына асып, төмен қарап отырған Бадыраққа әзілдеген боп: «Жүгермек-ау, тым болмаса шешесі жастау біреуді боқтамадың ба? Жетпіске келген кемпірде нең бар?» – дей беріп еді... Бадырақ ұйқыдан шошып оянған адамдай, басын жұла көтере беріп: «Менің боқтағаным оның ана шешесі ғой!» – дегені.
Көкем екеуміз Бураны ортаға ала отырғанбыз. Осы кезде үн-түнсіз сүйек мүжіп отырған Бура орнынан атып тұрсын. Көкем екеуміздің екі жақтан ұстағанымызды тіпті елең-құлаң еткен жоқ. Әрі-беріден соң екеумізді қоса сүйреп кетер де түрі бар екен.
Әлгінде ғана күлісіп, әңгімелесіп, арқа-жарқа боп ет жей бастаған жұрт дүрлігісіп қалды. Бураның түрінен кісі шошығандай. Өңі құп-қу болып, көздері Бадырақты нысанаға алып тесірейіпті де қалыпты.
Баласының мына әбестігіне жыны келген Қоқымет те ашудан түтігіп, Бурамен қабаттасып орнынан тұрып кетті.
- Әй, сен жүгермек-к... Тіпті оның ана шешесінде нең бар? Мына шешесінде нең бар?.. Өзің баладан таяқ жеп жүріп... Тіпті шеше боқтаған неңді алған осы... Сен жүгермек-к, тіліңді тартасың ба? Жоқ, менен бірдеңе көресің бе?
Қапелімде енді түзеле бастаған істі қайта бүлдіріп ал- ғанына опынғандай, Бадырақ келіншегінің қыз күнінде тартқан қызыл орамалымен таңып, иығына асқан қолын бір қозғап қойып, бүкшиіп қайтадан төмен қарады да қалды.
Осы кезде бізбен табақтас болып отырған Шашбикенің күйеуі Батық та еркектігі ұстап, табақтан сәл шегініңкіреп отырды да:
- Әй, Шашбике, біткен істі бүлдіруге келгендей, сенікі не? Шашыңды бір талдап жұлайын ба, осы? – деді әңгірлеп.
- Қайным, болған соң ойнап ем... Қайдан білейін... бұл жүгермектің бүлдіретінін.
Шашбике сыланып қалған өңді әйел еді. Өңіне лайық жұртты ұйытар сөзі де бар-ды. Сол әдетімен сиқырлана сөйлегенде өзгелермен бірге Батық та басылып қалды. Басылып қалғандығы болар:
- Өй, ойнамай кет... ойнамай кеткір... – деді де, «Шаш- бикеге тиіскенше етімді неге жей бермеймін осы» деген қорытындыға келгендей, итініп қайтадан табаққа жақын- дады.
Бадыраққа – Қоқымет, Шашбикеге Батық тиісіп кеткен соң, Бура кішкене басылды. Басылғаны ғой, көкем екеу- міздің екі жақтап жармасқанымызға көніп, қайтадан орта- мызға отырды.
Үй ішіндегі у-шу енді басыла берген сәтте: «Сен- дер Буратайға неге сөйлейсіңдер? Көңіліне неге қара- майсыңдар баламның?.. Буратайды аямағандарың – мына мені аямағандарың... Әрі-беріден соң өздеріңді аямағандарың ғой», – деп әжем жылап қалды. Әжеме қосылып: «Шешей-ау, осы бір баламның осындай әдеті бар. Боқтампаз болды... Үріп ауызға салғандай келіншегіне де кейде сөйдеп қалатын көрінеді», – деп Қоқыметтің кемпірі де жылады.
Екі кемпір қосыла жылаған соң, үйдің іші қайта әбігерге түскендей болды. «Әп-әдемі тамақтың мыналар береке- сін алды-ау» дегендей, Батық табақтан басын көтеріп, шегініңкіреп отырды да:
- Әй, Шашбике, бүгін көресіңді көрсетермін, – деді әйеліне зіркілдеп сөйлеген боп.
- Үйбай-ай, бар жазығым әзілдегенім бе қайныма? Қой- дым ендеше... Ешкімге әзілдемеймін де, сөйлемеймін де...
Шашбике сиқырлана сөйлеп, күйеуінен қорыққан болды. Оның шын мәнісінде күйеуінен түк те қорық- пайтынын ересектер түгілі, бала біз де білеміз. Әйелі
«қойдым» деген соң-ақ, Батық көңілі жайланғандай, та- баққа қарай кішкене итініп отырды...
Осының бәріне басу айтудың орнына, көкем де: «Әй, сен Бураның Шойынның баласы екенін білесің бе, жоқ па?» – деп, Бадыраққа тиісіп ала жөнелді. «Шойынның қандай жігіт болғанын өзің білмесең, әкеңнен сұра... Әкең біледі. Шойынды былай қояйын тіпті. Бұл Бура Жұрқабайдың шөбересі ғой. Одан хабарың бар ма? Ойбай-ау, Жұрқабай деген атамызды осы өлке... тіпті әрісі исі қазақ біледі... Байболат деген бай жыл бойғы ақысын бермегенде, айқайды салып Байболаттың алты қанат үйіне қарай Жұрекең ұмтылған ғой. Екі-үш жігіт жабылып қазыққа байлап қоймақ болған екен... екі-үш жігітіңізді қазығымен қоса сүйретіп кете барыпты сонда Жұрекең...» – деді көкем. «Осы сөзіме сенбей отырсыңдар ма?» дегендей, жанындағыларға алақ-жұлақ қарап алып:
- Содан Байболаттың есігінің алдында жүз жылдық па, әлде мың жылдық па... құдай-ау, бір ағаш бар екен... Әлгі сүйретіліп келе жатқан жігіттердің бірі арқанды соған орай қойып, діңкесін қатырыпты ғой. Жұрекең ағашты сүйрей алмапты. Е, оны қайдан сүйрей алсын енді, мың жылғы ағашты, – деді көкем Жұрқабайды қорғағандай күй танытып, тағы да жан-жағына алақ-жұлақ қарап алып. – Дегенмен-дағы тайдың қылынан ескен арқан үзіле жаздап... үзіле жаздап... домбыраның ішегіндей дірілдеп тұрыпты ғой...
Үй ішіндегі жылау-сықтаулар басылып, бәрі де көкемнің Жұрқабай туралы әңгімесіне ұйып түсті.
- Сонда Жұрекеңнің екпінінен қорқып, алты қанат ақ үйде бәйбішесі мен тоқалының ортасында бүрісіп отырған Байболат Жұрекеңнің беліне байланған арқанымен бірге сүйретіліп жүрген жалшыларына:
- «Сұрағанын беріңдерші, түге... Сесі қатты екен пәтша- ғардың» деген екен.
- Ойпырай-ә...
–Тіпті арқалы батыр болған екен-ау өзі, – деп шалдар жағы қауқылдасып қалды.
- «Әттең, сол жолы алты қанат ақ үйге қолым жетпей қалды» деп жүріпті ғой кейіннен, – деді көкем әңгімесін қайта сабақтап.
- Жетсе қайтер екен? – деп қалды, осы кезде табақтан біржола шегініп, аузы-басын сүртіп отырған Батық, көкем- нің әңгімесіне сеніңкіремегендей ыңғаймен. Соны сезген көкем әуелі оған алара қарап алды.
- Қайтер екенің не, әй, сенің? Алты қанат ақ үйді Бай- болаттың үстінен аударып алады. Байыңның өзі бәй- бішесі мен тоқалының ортасында бүрісіп отырғанда, үйін аударып әкетсе оңай ма? Оңай-қиынын былай қой, абырой ма екен? Бай екен деп соларды Жұрекең аяйды деп отырсың ба, ашу қысып тұрғанда...
Батық «мен иландым» дегендей қалып танытқан соң барып, көкемнің ентелеп кеткен екпіні басылды.
- Сол Жұрекеңнің мына отырған Бура шөбересі... – деп, көкем енді иегімен жұртқа Бураны нұсқады да, осы сөзі- мен айбат еткендей, Бадыраққа бір алая қарап қойды.
Жұрт назары енді төмен қарап үн-түнсіз отырған Бураға қарай ауды. Жұртпен ілесіп оған мен де қарадым.
Қоқымет Найзабектің жақын ағалары еді. Сондықтан болар, ол Бадырақтың айыбына Қоқыметтің қой сойып бізді шақырған түннің ертеңіне-ақ сабақ үстінде қалың көзілдірігінің ар жағынан Бураға ежірейіп ұзақ қарап отырды да, ақыры шыдай алмағандай: «Неме-не-е... сені асық ойнайды дей ме?.. Түн ішінде төбелесті дей-й ме?» – деді кекесінмен әдейі ежіктей сөйлеп.
Бура үн-түнсіз отыра берген. Оның осы бір міз бақпаған қалпына шыдай алмағандай Найзабек:
- Әй, сен орныңнан неге тұрмайсың, көргенсіз?! – деді әмірлі үнмен. Бура партасын салдыр-гүлдір еткізіп орнынан тұрды.
- Сіз тұр деген жоқсыз ғой...
- Тұр демесем ше? Мен жарға сөйлеп тұрған жоқпын ғой... Саған-н, саған сөйлеп тұрмын!
Бура енді сөзден тосылғандай үнсіз қалды. Дегенмен ол әдепті сақтап, сәлден соң мұғалімге қарап тіктеліп тұрып:
- Кешіріңіз... – деді.
- Кеш-шірі-іңіз-з... Асық ойнағаның, сосын төбелеске- нің рас па деп тұрмын саған?
- Рас.
- Рас-с дейді ғой, шімірікпей... Оңбаған-н... Кім право берді саған асық ойнауға... төбелесуге...
Бура тағы да сөзден тосылып қалды. Бураның орнында кім болған күнде де осылай тосылар еді деп ойладым мен іштей оны аяп отырып. Өйткені асық ойнауға да, төбелесуге де ешкімде право жоқ екенін бәріміз де білеміз. Ондай право мектепті бітіріп кеткен соң, бәлкім, ептеп болар еді. Оған дейін қайда әлі...
Не дегенмен, Бура кешірім сұраған соң-ақ ағайдың жүзіндегі ашу жұмсарып қалған. Болмаса бұл ұрыстың қаншаға созылып, аяғының немен тынарын кім білген? Бура тауып кетті. Тауып кеткендігі ғой, ежірейген қалпы Найзабек ағай оған ұзақ қарап отырды да, осы бір ұрысына өзінің де айызы қанбай қалғандай амалсыз үнмен:
- Отыр орныңа, оңбаған! – деді.
Ол кісінің «оңбаған» деген сөзі бізге «айналайын» де- геннен артық естілмесе, кем естілмейді. Бураға да солай болды ғой деймін, партасын салдыр-гүлдір еткізіп орнына қайта отырды.
Бірақ Найзабек ағай мен Бураның арасындағы әңгіме онымен бітпеді. Арада үш күн өткенде Бура жеке малдың кезегін өткеру үшін сабаққа келмей қалды да, мұғалім,
«сенің туысқаның ғой» дегендей, менен:
- Шойынов қайда? – деп сұрады.
- Малдың кезегі келіп-п, – дедім мен күмілжіп.
- Ы-ы, – деді Найзабек ағай маған ежірейе қарап. Малдың кезегіне Бура емес, өзім кеткендей, мен бұғына түстім.
- Шешесі неге бармайды?
- Ол кісінің аяғы ауырып...
- Ы-ы... Ол қойшы ма, әлде оқушы ма?
Мен бұл сұраққа жауап бере алмадым. Менің осылай тығырыққа тірелгеніме айызы қанып, Найзабек ағай зілдей етіп:
- Отыр орныңа! – деді.
Орныма отыруын отырсам да, ертең Бураны бір қаһар күтіп тұрғанын аңдап, оны іштей аяған болдым.
Ойлағанымдай-ақ, ертеңіне сабақ басталар бастал- мастан-ақ Найзабек ағай Бура отырған жаққа алара бір қарап алды да: «Шойынов!» – деді.
Бура бұл жолы айтқызбай-ақ орнынан тұрды.
- Кеше қайда болдың?
- Қойдың кезегін өткіздім, ағай...
- Шешең неге бармады? Сен, немене, қойшысың ба, әлде оқушысың ба? – деп Найзабек ағай кешеден бері көңіліне жатталып қалған сөздерді қайталап, саңқылдап сөйлеп кетті. Класс іші жым-жырт. Сөмкелерінен кітап- тарын енді-енді суыра бастаған балалар мұғалімге бір, Бураға бір қарап, жапақтап отыр. Осы бір сілтідей тын- ған тыныштық әрі Бураның сілейіп үнсіз қалуы айызын қандырғандай:
- Мен сенен жауап күтіп тұрмын ғой. Неғып тілің байла- нып... – деді Найзабек ағай әр сөзін салмақтап, сол жылы тұңғыш рет ақталған класс ішін жаңғырықтыра сөйлеп.
- Әжемнің аяғы сырқырап-п...
- Аяғы сырқыраса, қара есектің беліне неге таңып жібермейсің? Қара есекте де ақыл бар, кешкісін қайтып алып келеді ғой.
Қыздаркүл бастаған екі-үш бала осы тұста қиқ-қиқ күліп алды.
Бура төмен қараған күйі сілейіп тұр. Ол үшін менің де намыстан ішім қыз-қыз қайнап отыр. Әттең... Найзабек ағайға қарап ых етуге шама қайда?
- Сөйтпейсің бе? – деді сәлден соң Найзабек ағай екі-үш баланың қиқ-қиқ күлгеніне кәдімгідей көңілі өсіп күлімсіреп тұрып.
Мен бір қырындап, Бураға қарап отырмын. Оған әлгі сөздердің соншалық батқанын да іштей сеземін. Бура бір қызарып, бір бозарып тұрды да, мұғалім күлімсіреген кезде оған тіктеле қарап тұрып:
- Сіздің үйде де бір есек бар ғой. Қойдың кезегі келгенде өз шешеңізді солай таңып жіберерсіз, – деді.
Бұл сөзді мұғалім түгіл, бала біздер де күтпеп едік.
Бәріміз аңтарылып қалдық.
Мұғалім Бураға шақырая бұрылды да, көзінен көзәйне-
гін алып, көзәйнексіз біраз қарап тұрды. Көзәйнегін қайта киді. Өңі өрт сөндіргендей түтігіп тұр.
Кластағылар тағы да жым-жырт. Екеуінің айқасы немен бітер екен дегендей, оларға кезек-кезек қарап біз отырмыз.
- Әй, мынау не дейді, әй, – деді бір кезде мұғалім терісіне сыймай ашуланған адамның кейпімен кіжіне сөйлеп:
- Не естісеңіз, соны айтып тұрмын.
- Ойбай-ау, мынаны қара-а, – деді Найзабек Бураға шын таңырқаған дауыспен.
- Қане, шық былай, – деді сосын сұқ саусағын тақта алдына қарай шошаң еткізіп.
Бураның ескі партасы салдыр-гүлдір ете қалды да, артынша өзі парта аралықтарымен аяқтарын солдатша сарт-сұрт басып тақта алдына шықты.
- Сен, көргенсіз, әлгінде не дедің? Найзабек енді оның жанына барды.
- Не дегенімді есіттіңіз ғой.
- Тарт тіліңді! – деді Найзабек Бураның оң жақ иығынан жұлқып қалып. Оның даусы саңқ ете қалған кезде кластағы біраз балалар селк ете қалысып, қыбырсыз отырды.
Бура мұғалімнің иығынан жұлқығанына ыққан жоқ.
Жүзін пешке беріп үнсіз тұра берді.
Дәл сол сәтте Бураның жүзі сондай сұсты еді. Оның көне күпәйкесінің екі өңірі төрт-бес жерден жамау бола- тын. Бураның ілдіріп-жыртып алған жерлерін әжем баяғы бастырып жамай береді. Және «күпәйкенің түсі мынадай- ау, оған анадай шүберек керек-ау» дегенді ол кісі ескере бермейді.
Қара күпәйкені ақпен де, көкпен де жамаған.
Әншейінде бір қараған кісінің күлкісін келтіретін сол жамаулардың өзі дәл қазір Бураға айбат беріп тұрғандай.
Найзабек «Осыны қайтсем екен?» дегендей, ыза- дағдарыспен Бураға ежірейе қарап ұзақ тұрды да, ол бір тізесін бүге бастаған сәтте:
- Түзу тұр! – деді даусы саңқ етіп.
Бура тізесін тіктеп алды.
Әбден ызаланып алған мұғалім мұнымен де тынған жоқ. Сәлден соң Бураға:
- Оң аяғыңды көтеріп тұр! – деді зіркілдей сөйлеп.
Мұғалімнің сөзін түсініңкіремей қалғандай, Бура әуелі бұрылып оның бетіне қарап еді, Найзабек қайтадан: «Оң аяғыңды көтер деймін!» – деді, алған бетінен қайтпай. Сөйтті де, қаршадай баланың мына кесірлігіне шыдай алмағандай, Бураның оң аяғын теуіп қалды.
Айқайшыл қоқаң-әдеттер бұл кісіде бұрын да бола беретін. Бірақ дәл мынадай дөкірлігі жоқ еді. Сондықтан күтпеген жайға класс ішіндегілер таң қалысып әрі осының соңы немен бітер екен дегендей үнсіз бағып отыр.
Мұғалім оң аяғынан тепкен сәтте Бураның жүзі күреңі- тіп кетті де, сол қалпы астыңғы ернін жымыра тістеп үн-түнсіз тұрып-тұрып, оң аяғын көтере беріп, шешімін өзгерткендей қайта түсірді. Сол қайта ойлану оның бет- әлпетін тіпті өзгертіп жібергендей болды. Өткір көзде- рін жалт еткізіп, ол Найзабек ағайға бұрылды. Сосын кәдімгідей аяқтарын қозғап, өзі де бұрыла бастады. Бураның қазіргі кескіні мен қимылы тап қазір мұғалімге қарай атылатын ыңғай танытып тұр еді.
Оның сол қалпынан ептеп күдік алғандай, Найзабек ағай бірер аттап өзінің үстеліне қарай шегінді. Үстеліне шегінуін шегінгенімен, әуелгі райынан біржола қайтқысы келмегендей, ол да Бураға тіктеле қарап тұрып:
- Қане, теріс қарап тұр! Жұрт енді күпәйкеңнің арқалы- ғындағы жамауларыңды көрсін, – деді.
Қыздаркүл бастаған екі-үш бала тағы да қиқ-қиқ күлді. Әсіресе Қыздаркүл, «папам қалай тауып кетті» дегендей (әкесін папа дейтін ол кезде бүкіл «Бөрлідегі» жалғыз сол еді), ұзақ қиқылдады да, жөнді қостау таппаған соң барып күлкісін тыя қойды.
Енді «Бұрылар ма екен, әлде қайтер екен», – деп, бәріміз Бураға қарап отырғанбыз, өткір көздерін аудар- май, мұғалімге ұзақ қарап тұрды да, оның: «Теріс қарап тұр деймін, қане», – деген келесі сөзін күтпестен-ақ аяғын солдатша сарт-сұрт бұрып, теріс қарап тұрды.
Ол бұрылған сәтте расында да күпәйкесінің арқалы- ғындағы қатар жапсырылған бірі ала, бірі көк екі жамау жарқ ете қалған. Бірақ бұған кластағы балалардың еш- қайсысы батылы жетіп күле алған жоқ.
Қыздаркүл ғана ыржия берді де, ешкім қостай қоймаған соң езуіндегі күлкісін қайта жиып алды. Мұғалімнің өзі де күле алмады. Бар болғаны ежірейіп, Бураның жамаулы арқасына тағы да ұзақ қарады.
Дәл сол сәтте бүкіл класс ішін мұғалімнің емес, Бура- ның мысы басып тұрғандай еді.
...Сәлден соң Найзабек ағай қайтадан сабағын бастап кете барды. Бірақ сабақ бастады деген аты болмаса, ағайымыздың ісінде бәлендей береке болған жоқ. Ашуы әлі де тарамай, Бураға бұрылып қарамаса да, көңілін алаңдатып тұрғаны білініп тұрды. Оның үстіне балалар да алдарындағы кітапқа қараудың орнына, Бураға қарағыш- тап кетті. Найзабек ағай: «Оқыңдар сабақтарыңды!» – деген кезде барып бәрі жамыраған қойдай кірісіп кетеді де, сәлден соң-ақ қайта басылады.
Бураның сол тұрысын да қанағат етпегендей, Найзабек бір кезде:
- Әй, сен пешке от жақ! Қарап тұрғанша халыққа пай- даңды тигіз. Сөйт! – деді, әмірлі әрі кекесінді дауыспен.
Мектепті сыпырып-тазалау әрі қыстыгүні пешке от жағу Найзабектің әйелінің қызметі еді. Сол үшін айлық алады дегенді де құлағымыз талай естіген.
Бірақ ол қыс кезінде таңертең келіп сыпырып тазалап кетеді де, кешке от жағу үшін келіп жүрмейді. Өйткені бұл қызметті Қыздаркүл-ақ атқарады. Болмаса ол іске мұғалім оқушыларды жеге салады. Сондықтан оның Бураға:
«Пешке от жақ» деуі аса ерсі емес еді. Бізді алаңдатқаны
«Бура мұғалімнің айтқанын істей қойып, пешке отты жағар ма екен? Әлде жақсаң – жақ өзің... Сол үшін айлық аласыңдар ғой деп дүрсе қояр ма екен» деген ой еді.
Бәріміз Бураға қарап отырмыз. Бура «аз-кем ойланып көрейінші» дегендей, біраз үнсіз қозғалмастан тұрды да, солдатша сарт-сұрт бұрылып, парта аралықтарымен еденді тарсылдата жүріп өтіп, сыртқа шығып кетті.
Ол сыртқа шығып бара жатқанда, бүкіл класс бала- ларымен бірге мұғалім де оған қадала қарап тұрды да, Бура шығып кеткен соң, «Уһ, әйтеуір, ақыры айтқаным- ды істеттім-ау» деген кісіше, одан әрі сабағын жалғасты- рып жатты.
Сәлден соң Бура бір құшақ отынмен класқа қайта кірді.
Мен оқып отырған сабағымнан гөрі сол Бураға қарай алаңдаңқырап отырдым. Себебі оның мына ісіне «Қайран Бураны қорлады-ау... Ақырында қолын күйе-күйе етіп от жаққызып қойды-ау» деп іштей намыстанып отырдым.
Бура пешке әуелі тамызық үшін әкелген қу бұтақтарды салды да, оттық шағып гу еткізіп жағып, артынша пештің ұзындығына өлшеп кесілген ағаштарды бірінен соң бірін тығып жатты.
Байқаймын, ағаштары су сияқты. «Ойпырмай-ай, мынаның су отын әкелгені несі... Отыны жөнді жанбай қалса... Осы ісі үшін ағайдан тағы да сөз естиді-ау», – деп ішімнен күйзеліп отырдым.
Мұғалімнің қаперінде ештеңе жоқ. Әлгінде ғана өзімен сөз таластырған Бураның бүктетіліп отырып, пешке от жаққанына іштей риза сияқты.
- Жарайды... Шойынов, отыр орныңа, – деді ол бір кезде көңілдене сөйлеп, және сол көңілді үнімен Бураға
«Әлгіндегі тентектігіңді кешірдім» дегенді аңғартқандай да болды.
Бура аяғын солдатша сарт-сұрт басып келіп, ескі пар- тасын салдыр-гүлдір еткізіп орнына отырды.
Ақыры менің ойлағанымдай болды. Пештегі отын әуелде гүрілдеп біраз жанды да, сәлден соң-ақ бықси бастады. Бірақ соны сезіп-көріп отырған пеш маңындағы балалардың бірде-бірі «Пеш түтіндеп кетті, ағай» деген жоқ. Ал Найзабек ағайдың өзі болса, пеш жаққа бірер қарап қойып, үшінші кластың оқушыларына есеп үйретіп жатты.
- Ағай, түтін-н, – деп сәлден соң Мәжікен пысықтық жасаған болып еді.
- Немене, түтін көрмей жүр ме едің? Қарай гөр
пысықсуын. Біз де көріп, біліп отырмыз. Немене... Оттың бықсып барып жанатынын... түтін мен оттың арасындағы бірлікті білмейсің бе? – деп, оның өзін басып тастады.
Одан әрі кластағылар үн-түнсіз өз шаруаларымен болып жатқан. Содан бір кезде Қыздаркүл пеш жаққа жүзін бұрып, мұрнын тыржитты.
- Папа, кластың іші түтін болып кетті ғой. Мұғалім жан-жағына қарап біраз тұрды да:
- Шыдаңдар, шыдаңдар, – деді сабырлы дауыспен. – Сендер түтінге шыдай алмайсыңдар, ал халқымыз кеше- гі бір күндері соғысқа шыдаған. Соғысқа! Түтін деген не, тәйірі...
Найзабек ағай көк ала түтіннің ортасында саңқылдай сөйлеп тұрды да, кейдегі бір әдетіне басып, көзіндегі көзәйнегін алып үстел үстіне қойып, өзі көзәйнексіз парталардың ара-арасымен аралап кетті.
Мұғалім соғысты айтқан соң, балалар тағы да басы- лып қалды. Өйткені соғыстың не екенін көріп білмесе де, бәрі естіп алғандар. Найзабек ағай айтқандай, соғыстың жанында түтіннің айналайын екенін мойындағандай, бәрі құнжыңдап қайтадан сабақтарына кірісіп жатты...
Пештегі отынның түтіні көбеймесе, азаяр түрі болмады. Тіпті біреуді біреу көру қиындай бастаған шақта екінші класта оқитын Белбармақов дейтін сиыршының баласы
«көзім ашып кетті, көкә-әә», – деп, жылап жібергені.
- Бұл қайсысы, әй, – деді Найзабек ағай дауыс шыққан жаққа жалт бұрылып.
- Белбармақов қой, – деді бұрыш жақтан біреу.
Найзабек ағай енді Белбармақов отырған партаға қарай жүрді.
- Әй, Белбармақов, мұның не? Сенің көкә-ә-әң не?
Немене, әкеңнің үйінде отырсың ба? Бұл класс!
Ол кісі осылай баппен сөйлеп тұрғанда тағы біреудің лоқсып, булыға жөтелгені.
- Тағы қайсысың, әй, – деді Найзабек ағай енді өзі де саса бастаған кейіппен. Сосын Бураға бір, бықсып жатқан пешке бір қарады. – Әй, бұл не? Расында да мынау класс па, әлде өртенген қора ма?
Қоюланып кеткен қою түтіннен біз ол кісінің дәл кімге ұрсып тұрғанын аңғара алмадық.
- Шойынов, мен саған айтып тұрмын! – деген кезде барып, істің мән-жайын енді түсінгендей, Бураға бұрыл- дық.
Бура партасын салдыр-гүлдір еткізіп орнынан тұрды.
- Мынау не деймін саған?
- Көріп тұрсыз ғой...
- Оңбаған! Еще, тілмарсып сөз таластырады. Шық тақтаға!
Бура парта аралығынан аяқтарын солдатша сарт-сұрт басып өтіп, тақта алдына барды.
- Оңбаған, мынау не? – деді мұғалім осы кезде кәдім- гідей көк ала түтінге тола бастаған класс ішіне қолын сермеп.
Бура да тайсалған жоқ.
- Түтін-н... – деді нық жауап беріп.
- Мә, түтін!
Осы тұста мұғалім Бураны нұқыды ма, болмаса баға- нағы бір әдетіне басып аяғына тепті ме, буалдыр түтін- нен аңдай алмай қалдым. Аңдар-ақ едім, дәл сол сәтте көзім ашып, төмен қарап уқалай қойып едім.
Бұл кезде класс ішінің түтіні кісі шыдап тұра алмас- тай күйге жеткен еді. Біреулер лоқсып жөтеліп, біреулері кәдімгідей сыңсып жылап жатты.
Соғыс дегенді көрген жоқпыз ғой, әрине... «Деген- мен соғыста да кейде осындай абыржулар да болған шығар-ау» деп ойладым мен жан-жағыма қарап отырып. Белбармақов деген оқушы енді көкені қойып, үйінде отырғандай:
- Көзім ашып кетті, апа-а-а, – деп аңырады.
Енді мұғалімнің өзі де шын састы. Көзәйнегін көзінен алып, костюмінің етегіне сүрткен күйі жан-жағына қарап тұрды да: «Әй, масқара болдық-ау», – деді, кімге айтқаны белгісіз күйде, көзәйнегін үстел үстіне қоя беріп. Сосын түтінмен жасаураған көзін бет орамалымен қайта-қайта сүртіп тұрып:
- Жарайды, үйлеріңе қайтыңдар... Бүгін оқу жоқ, – деді.
Осы сөзді ғана күтіп отырғандай, бәріміз орнымыздан атып-атып тұрып, есікке қарай беттедік.
Не дегенмен ересек атымыз бар, алдымен Мәжікен екеуміз, бізбен ізбе-із Қыздаркүл жетті есікке. Сыртқа шыға сала қақалып-шашалып, бетімізді сүртіп жатырмыз. Осынша абыржығанымыз бір жағынан қызық та секілді.
Балалардың бәрі апыр-топыр шығып жатыр. Шығып жатыр. Біздің қақалып-шашалғанымыз айналайын екен, Белбармақов деген батырың есіктен шыға беріп құлап қалды. Әуелгіде: «Өліп қалды ма, өліп қалу деген осы екен-ау», – деп бәріміз қоршап алып едік. Жоқ. Өлмепті. Өлмегені сол, есін жинап алған соң-ақ, «көкә-әә, апа-а-а» деп жылап даланы азан-қазан етті.
Бір кезде іштен Бура да шықты. Бірақ ол ештеңеге де алаңдамастан бірден ауылға қарай тартты да, мен ілесе кетуге оның ашулы кейпінен ығысып әрі мына түтіннің жайын әлі де қызықтай түскім келгендей, қалып қойдым.
Бір кезде: «Көзәйнегім қайда? Көзәйнегім», – деп, зағип жандай қарманып ағайымыз да шығып келе жатты. «Әй, Қыздаркүл, қайдасың? Көзәйнегім-м. Біреу басып кетті- ау, ә... Сындырдыңдар-ау, ә...»
- Мен мындамын ғой, папа, – деп Қыздаркүл папасының пальтосының ұзын етегіне жармасты.
- Әлгі көзәйнегім-м... Таба алмай қалдым ғой. Үстел үстінде тұр еді... Сен де кетіп қалыпсың, – деп мұғалім қызына мұңын шағып жатты.
- Мен тауып әкелейін, папа, – деп Қыздаркүл түтін қап- таған класқа қайта қойып кетті де, біз енді ағайымыздың қазіргі халін қызықтағандай, топталып тұрып алдық.
Бұрын байқамайды екенбіз. Ағайымыздың көзәйнексіз кейпі тым аянышты екен. Жұртқа қарағаны да қызық.
Әлгінде ғана даланы азан-қазан етіп жылап, есімізді шығарған Белбармақов енді құлындай ойнап жүр. Және жайына жүрмей, ағайдың пальтосының етегінен тартқылап:
- Ағай-й, үйде «Ана тілінен» не оқып келеміз? – дейді. Найзабек ағай оны таныңқырамай қалды.
- Бұл қайсысы, әй?
- Белбармақов қой, – деп, мен көмектесіп жібердім.
- Е, ол не дейді? Әлгінде аңырап жылап, берекемізді кетірген сол емес пе еді...
- Әй, айналайын, не оқып келсең, оны оқып келші... Ба- сымды ауырттың ғой тіпті...
Найзабек ағай Белбармақовқа шын көңілі қалғандай теріс айналып кетті. Белбармақов та соншалық есі жоқ емес екен, қайтып мұғалімді мазаламай, елде жоқ үлкен қара сөмкесінің түбін жерге тигізе сүйретіп шетке шықты.
Осы кезде іштен қақалып-шашалып Қыздаркүл де шықты.
- Папа, көзәйнегің жоқ.
- Не дейт... Әй, құрыды-ау. Біреуің басып кеттіңдер ғой... Жарайды, кешкісін шешеңді жіберермін. Қыздаркүл- әй, қайдасың? Қолыңды әкел...
Қыздаркүл ағайды жетелеп алдымызға түсті. Өзгеміз топталып солардың соңында келеміз. Тіпті басқа жаққа кететіндер де бөлінетін емес. Табан жолының ой-қырын да аңдай алмай, аяқтарын сүріншектей басып келе жат- қан Найзабек ағайдың қазіргі күйіне бәрі де таң-тамаша, айран-асыр...
...Сол күні кеш бойы Найзабектің әйелі жоғалған көзәй- некті қарап, класс ішін, мектеп маңын түгел кезіп шығып- ты. Ертеңіне де мектепке келе сала сабақты қойып, күллі бала тағы да іздедік. Жоқ... Ағайымыздың көзәйнегі із- түзсіз жоғалды.
Мұғалімнің қабағы түсіп кетті. Түсіп кеткендігі ғой, тақта алдында әрлі-берлі жүріп:
- Әй, құрыды-ау... Енді табылмас. Біреуің балалық жасап алсаңдар, бере қойыңдаршы... Көзәйнек деген ойыншық болып та жарытпайтын нәрсе ғой, – деді мұңая сөйлеп. Солай деп болып әлдебір үмітпен оқушыларға жапақтай қарады. Бірақ ешқандай жауап болмаған соң, тағы да таусылған күйде:
- Дегенмен естеріңде жүрсінші, әйтеуір... Қарай жүрің- дерші жүрген жерлеріңде... – деп жатты.
Оның ендігі жерде жұртқа қарағаны да, сөз мәнері де қызық. Тіпті бұрынғы ағайымыз емес, басқа біреу секілді. Сабақ өткізуге де ықыласы шамалы...
- «Ана тілінен» қай жерге келіп едіңдер? Содан әрі оқи беріңдер, – дейді екінші кластың оқушыларына.
- Сендер келесі есепті шығарыңдар, – дейді үшінші кластың оқушыларына...
Сосын Кыздаркүлге:
- Мына біріншіні өзің қадағалашы... – дейді қызына.
«Әкеңнің жағдайын көріп отырсың ғой» деген ыңғаймен. Біздің төртінші класпен шаруасы да болмады. Бәрі-
бір дәл қазір бізге «бәленді оқи қойыңдаршы» дегенімен де, оқи қоюымыз екіталай еді. Өйткені бар назарымыз да, ынтамыз да ағайымызда. Оның біреуге қарағаны да, сөйлегені де, тақта алдында әрлі-берлі жүргені де қызық... Қызық дейтін қызық та емес-ау... Әйтеуір бір түрлі таң- сық... Аузымыз ашылып Мәжікен екеуміз қарадық та отыр- дық. Бура болса... Бура бұрынғысынша терезеден сырт- қа қарайды. Кітабын парақтайды. Ағайдың мына халін дәл біздей қызықтағысы келмейтін сияқты. Бураның осы бейжай қалпына қарап отырып мен «Ағайдың көзәйнегін кеше осы алмады ма екен?» – деп ойладым. Бірақ үзіліс кезінде одан сұрауға батылым жетпеді. Оның үстіне:
«Бурадан күдіктенсе ағайдың өзі неге сұрамайды? Менікі не осы, екі ортада», – деген тағы бір ой келді басыма.
* * *
Бұл маңайда Найзабектен бөтен көзәйнек киетін көрші ауылдағы Ниетбай деген етікші еді. Сабақ өте алмай, тіпті мектеп пен үйінің арасына жүруі де қиын болған соң, ағайымыз етікшінің көзәйнегін сұратыпты. Найзабек- тің жағдайын есітіп білген соң, Ниетбай да сұраушы- ның көңілін қалдырмай әрі Найзабекті есіркеген болып:
«Жарайды... Байғұс, мүсәпір болып қалған екен. Екі үш
күнге берсем бере тұрайын», – деп көзәйнекті беріп жіберіпті.
Ниетбайдың көзәйнегі Найзабек ағайдікінен бөлекше- леу екен. Жақыннан ғана көретін қасиеті бар ма, немене... Өйткені ағайымыз оны класта отырғанда ғана киеді де, сыртқа шығысымен шешіп алады. Оның үстіне Ниетбай- дың көзәйнегі тым көне екен. Тіпті бір құлақшасының орнына екі қарыс шуда жіп шұбатылып жүр.
Жайшылықта болса «мына көзәйнек Ниетбайдың әке- сінен қалған ба, немене өзі» деп ағайдың өзі-ақ күлкі етер еді. Бірақ дәл қазір күлуге шамасы қайда? Үн-түнсіз киіп алды.
Көзәйнектің сау құлақшасын құлағына асып, екінші құлағына әлгі салбырап жүрген шуда жіпті байлап алған кезде ағайымыздың бет-әлпеті кісі күлерліктей халде еді.
Дегенмен Ниетбайдың көзәйнегін киген соң ағайымыз, дәл бұрынғысындай болмағанымен, ел қатарына қосы- лып қалғандай еді. Екі-үш күн ішінде өзгеріп кеткен дау- сы да, жүрісі де, жұртқа қарағаны да түзелді. Балалар- ға бұрынғысынша ұрсып сөйлейтін болды. Ниетбайдың көзәйнегінің шуда жібін шешіп, мұрнының ұшына дейін түсіріп отырып кітап оқып, журналға баға қоя алатын халге де жетті.
Не керек, ағайымыз бұрынғы қалпына қайта оралып қалғанда (тіпті Ниетбайдың көзәйнегін анық екі күн киді ме, кимеді ме) Ниетбайдан хабаршы келіп қалды. Хабаршы Ниетбайдың өз інісі Садық еді...
...Сабақта отыр едік. Әуелі дүрсілдеген ат тұяғының дыбысы естілді де, артынша қамшысын бүктей ұстаған Садық әй-шай жоқ:
- Ас-салаума-а-әлейк-өм-а-ау, – деп соза амандасып класқа кіріп келді.
- Әлейком-массалам-м, – деп ағайымыз оған жаратың- қырамай жауап қайырды. Бірақ «сен жаратып тұрсың ба, жаратпай тұрсың ба?» деген Садық жоқ. Пеш жанында тұрып келген жұмысын айтты.
- Сізге мені ағам жіберді. «Көзәйнегімді беріп жіберсін, етік тіге алмай қалдым» деп жатыр.
- Япырмай, алдырғаным жақында еді, – деп ағай рен- жіп сөйлеп еді, анау сөзге қонақ бермейтін біреу екен, – онда менің жұмысым жоқ, көзәйнекті әкеліңіз, – деді де әңгімені бір-ақ үзді.
- Қысқы демалысқа дейін шыдай тұрмас па екен? Азар болса бір етік кем тігілер...
Мұғалімнің мына сөзі Садықтың шамына тіпті жаман тисе керек.
- Әпкеліңіз дедім ғой... Сенің демалысың қашан болады деп, кісі шаруасынан қала ма екен... – деп, Ниетбайдың інісі мұғалімнің жанына өңмендеп жетіп барды.
Жап-жас жігіттің осынша қожаңдағанына біздің ағай да ашуланып қалды. Ашуланғандығы ғой, «Мә-ә, ендеше», – деп, көзәйнекті көзінен жұлып әпере бергенде сол құлағына ораған шуда жіптің үзіліп кетпесі бар ма.
- Ау, құрттыңыз ғой! – деп қалды Садық зіп-зілдей етіп.
- Құрыса... құртқаным екі қарыс шуда жіп қой. Ел ара- сы жақын, бірдеңе етіп құтылармыз. Құтылмасақ – мой- нымызда қарыз боп жүрер...
Найзабек ағай тайсалмай осылай деген сәтте Садық көзәйнекті, үзіліп түскен шуда жіпті жинастырып жүрген. Класс толы балалар болмаса ағайымызды сабап кетуге де ниеті бар ма, қалай?
- Жақсылық жасайтын кісі емес екенсіз ғой өзіңіз, – деді үп-үлкен кісіге бағжаңдай қарап. Сосын Ниетбай тігіп берген тағалы етігімен еденді тақылдата басып кластан шығып кетті.
Садықтың мына ісіне ренжіп әрі кәдімгідей салы суға кеткен Найзабек ағай тақта алдында мұңайған күйде әрлі-берлі біраз жүрді де: «Ниетбайдың шуда жіп бай- лаған жаман көзәйнегі де ем дәрідей болды- ау», – деді оқушыларына мұңын шаққандай.
Бұрын қанша ренжіп жүрсем де, дәл осы сәтте мен ағайды сондай аяп кеттім. Оның да өзгелердей әлденеге ренжіп, таусылатынын бірінші рет көруім еді. Мен ғана емес, оны бүкіл класс оқушылары аяды-ау, шамасы...
Бірақ біздің қолымыздан келетін не бар. Қолымыздан келгені «Ағай, қайғыңызға ортақпыз» дегендей, бүкіл класс болып әдеттегіше дабырласпай, партамыздың қақпағын да салдыратпай, тым-тырыс отырдық. Оның көзәйнексіз аянышты бет жүзіне үнсіз қарап қалыппыз.
- Балалар-ай, көзәйнегімді жөндеп қарамай жүрсің- дер-ау. Болмаса табылып қалуы тиіс еді, – деді тағы да мұңайған үнмен.
- Ағай, мен қарадым. Кеше де, алдыңғы күні де қарадым, – деді осы кезде екінші кластағы Белбармақов тақылдай сөйлеп. – Көкеме де айттым, сиыр баққанда қарай жүріңізші деп... – Бірақ Белбармақовтың бұл сөзі де ағайдың жүзіндегі қалың мұңды сейілте алған жоқ. Ол тақта алдында әрлі-берлі сенделіп жүрді де қойды.
«Бураның да жаны ашып отыр ма екен» деген оймен арт жағыма бұрылып едім, ол мұғалімнен көзін алмай тесірейіп қалыпты. Бұл қарасы әлдекімге жаны ашыған емес, біреуге соншалық ерегіскен адамның көзқарасы сияқты.
Мен Бураға ұзақ қарай алмадым. Оның өткір, өжет көз- дері өзіме қадалуынан қорықтым.
Садық кеткен соң, келесі сабақта-ақ Найзабек ағай қайсыкүнгі әдетіне басып әр класқа ауызша тапсырма берді. Екінші класқа:
- Сендерге сурет сабағы... яғни үйдің суретін салың- дар, – деді.
- Ағай, шипрлы үйді ме, әлде шипрсыз үйді ме, – деп Белбармақов қабаттасып еді... Мұғалім жауапты бұған ықылассыз қайырды:
- Сендер сол шипрсыз, төбесінен қамысы салбырап тұрған үйді-ақ салыңдаршы...
Ағай бірінші класқа:
- Сендер екі тоқсан бойы өткен әріптеріңді қайталаң- дар, – деді.
Мұғалімнің солай деуі-ақ мұң екен, біріншінің оқушы- лары шөпке бас қойған қозылардай, абыр-дабыр оқуға кірісіп, бүкіл класты басына көтеріп кетіп еді.
- Ақырын-н, – деп мұғалім даусын көтеріп, шекесін тырыстырғанда барып біріншіліктер дауыстарын бәсең- детті.
Найзабек ағай одан әрі үшінші класқа есеп шығаруды тапсырды да, енді біз жаққа бұрылып: «Сендерге қазір дене шынықтыру... далаға шығып денелеріңді шынық- тырыңдар... Әсілі денені шынықтырудың жақсы тәсілі – пешке жағатын отын бұтап тастаңдар», – деді.
Ол осылай деді де біраз ойланып тұрып:
- Айналайындар, кебуін жарыңдаршы... Су отын жаға- мыз деп көресімізді көрдік қой. Көзәйнектен айрылып қор болып жүргеніміз мынау... Қыздаркүлжан, сен бала- лардың жарған отынын ішке кіргізе бер», – деді ағай қызының басынан сипамақ болып алақанын соза беріп. Бірақ оның созған алақаны Қыздаркүлдің басына емес, құлағына тиді.
Біз – төртінші кластың төрт оқушысы, парталарымызды сатыр-сұтыр еткізіп орнымыздан тұрып, сыртқа беттедік.
* * *
Ағайымыздың көзәйнегінен айрылғаны туралы хабар ауыл-аймаққа тарап та кетті.
Жұрт бас қосқан жерде: «Найзабек, көзәйнегінен ай- рылып мүсәпір болып қалыпты ғой», «Байғұс жер си- палап қалыпты дейді...», «Дәретке де әйелі жетелеп баратын көрінеді» деген сөздер айтылып жүрді. Содан бір күні «Несін айтасың, Найзабек бұқасын сойып, сат- пақ көрінеді. Ақшасын Бадырақтың қалтасына салып, көзәйнек әкелуге қалаға жібермекші екен» деген хабар да тарады.
Бір қызығы, көзәйнегі жоғалған соң жұрт енді көзәйнек демей, мұғалімді Найзабек деп өз атымен атайтын болды. Жаратпай қалғанда «Көзәйнек ағай» деп салатын оқушылар да Найзабек ағай дейтін болды. Көзәйнегі жоқ адамды «Көзәйнек ағай» деп енді қалай атасын?!
Көзәйнегінен айрылған Найзабектің бұрынғыдай бе- делі болмай қалды. Оның үстіне Ниетбай етікшінің
бір құлағына шуда жіп байлаған көзәйнегін екі-үш күн алдырып таққанын да жұрт күлкіге айналдырып: «Ойбай- ау, Ниетбайдың жылан жылдан киетін көзәйнегіне зар болып қалыпты ғой», – деп жүрді.
...Бура екеуміз бұрын таңертең сабаққа Найзабек ағай- дан қалай да ерте кетуге тырысатынбыз. Өйтетін себебі- міз – ол кісімен қатар жүруге қаймығатындығымыздан еді. Енді әдейі Найзабекпен де, Қыздаркүлмен де мектепке дейін бірге жүреміз. Ағайдың Бураға жасаған қысастық- тары есіме түсіп, кейде қабаттарынан өте бере қағып өтемін... Әрине, Найзабек ағайды емес, Қыздаркүлді... Қыздаркүлді қаққаным Найзабекті де қаққаным ғой.
- Бұл қайсысы, әй, Бура ма? – дейді Найзабек ағай жасқаншақ үнмен, қаупін сездіріп...
- Жоқ, Томпақ қой, папа, – дейді қызы.
«Ойбай-ау, бұған да жан бітейін деген екен ғой» де- гендей, Найзабек маған қарайды. Бірақ қарағаны зіл- сіз. Тіпті мені шын ажырата да алмай тұрғанын көзінен байқаймын.
Бура болса үн-түнсіз кетіп бара жатады. Ешкімге алаң- дамайды да, назар да салмайды. «Мына Бураның мұнысы несі... Осындайда Найзабек ағайдан кегін алып алмай ма? Тым болмаса мына мен құсап Қыздаркүлді қағып...» – деп ойлаймын іштей. Бірақ бұл ойымды батылым жетіп Бураға айта алмаймын.
Класта да Найзабек ағайды оқушылар кәдімгідей басы- натын болды. Бұрын қоянша бұғып отыратын Мәжікен де сабақ үстінде Қыздаркүлдің жанына бір, менің жаныма бір отырып, көшіп жүреді.
- Бұл қайсың, әй... Отыршы, айналайын... Бурамы- сың? – дейді ондайда ағайымыз жуас үнмен.
- Жоқ. Мәжікен ғой, папа, – дейді Қыздаркүл әкесіне көмектесіп.
«Бұл да сөйтетін болып па еді?» дегендей, Найзабек ағай Мәжікен отырған жаққа қарайды. Бірақ қарасында көзәйнегі бар кездегідей зіл жоқ. Сондықтан Мәжікен оның қарағанынан соншалық ықпайды.
Бір қызығы Найзабек ағай Бурадан кәдімгідей қаймыға- тын секілді. Бура тағы бір күні сабақтан қалып келгенде бұрынғысындай ызғар шаша алған жоқ.
- Бура, келдің бе? Кеше сабақта болмадың ғой... – деді бар болғаны.
Бура әуелі партасын салдыр-гүлдір еткізіп орнынан тұр- ды да: «Қойдың кезегін өткіздім», – деді міз бақпастан.
- Қойдың кезегі дейсің бе? Тағы келіп қалған ба? Ойпырмай, осы қойдың кезегі деген пәле саған сабақ оқытқызбайтын болды-ау. Барғаның дұрыс қой енді... Шешең болса кәрі... Жарайды, орныңа отыра ғой...
Бура партасын салдыр-гүлдір еткізіп орнына қайта отырды.
Оның осы бір тұрып, қайта отырғанының өзі «маған енді не істей аласың?» деп айбат шегіп тұрғандай.
Бір жолы екінші кластағы Белбармақов мұғалімге:
«Ағай, көкем кеше қып-қызыл түлкі ұстады», – деп тосын хабар жеткізген. Найзабек осы өңірге белгілі атақты аңқұмар еді. Талай рет: «Сабақтан шыға сала аңға кетуім керек», – деп, мектепке ат мініп, мылтығын асынып келген кездері де болған.
Ондайда «Атымды қарап келе қойшы. Мылтықты бұрышқа сүйей салшы» деп бізге тағы бір жұмыс тауып бере қоятын.
Онымен де қоймай, сабақ кезінде: «Мылтыққа жа- қындамаңдар. Оқтаулы тұр. Атылып өлсеңдер, әке-ше- шелеріңе құн төлеп жүрер жайым жоқ», – деп, зәремізді ұшырып бітетіні тағы бар.
Белбармақовтың мына сөзіне Найзабек ағай бірден елең ете қалды.
- Қайдағы қып-қызыл түлкі?.. Ондай түлкі бұл маңайда жоқ қой.
- Рас айтамын, ағай. «Таудан ауып келген екен» дейді көкем, – деп Белбармақов ағайға қалайда дәлелдеу үшін орнынан тұрып кетті.
«Ауып келген» деген сөзге мүғалім кәдімгідей мал- данды.
- Сонда қызылдығы қандай?
Белбармақов мұғалімнің бұл сұрағына да дағдарған жоқ. Жан-жағына алақ-жұлақ қарап аз тұрды да:
- Мына қыздың үстіндегі көйлектей, – деп, алдыңғы партада отырған бірінші кластың қызына қарай саусағын шошайта қойды.
Найзабек ағайдың аңқұмарлығы ғой, әлгі қыздың жанына барып, еңкейіп әуелі оның көйлегіне қарады. Қарағанына да сеніңкіремегендей, әрі-беріден соң сау- сағымен қыз көйлегінің жағасын ұстап көрді де:
- Әй, өтірігіңе береке дарысын сенің, Белбармақов!.. Дәл мынадай қызыл түлкі дүние жүзінде болмас. Талай өтірікшіні көріп те, өтірігін есітіп те едік. Сенікі тіпті өл- шемсіз екен, – деді көңілі қалып.
- Рас, ағай... Олда-білде! Өтірік айтсам, бүгін түннен шықпай қалайын! Шыға қалсам, таба нанға тісім өтпей қалсын!..
Белбармақовтың мына қарғануы елде жоқ бір тосын үлгі еді. Сондықтан біздер мырс-мырс етіп күлісіп алдық. Бізге ілесіп ағай да езу тарта ма деп ойлап едік. Ол кісі әлгі түлкі үшін әлі қиналып тұрғанын аңғартып:
- Жарайды... Отыршы... – деді енді қатаңырақ сөйлеп. Осы қалпында Белбармақовтың өтірігіне емес, өзінің аңға да шыға алмай бейшара күйде қалғанына налығандай еді.
...Сол жылғы қысқы демалысты бізден бұрын Найзабек ағай асыға күтті. Көзәйнексіз сабақ өту оған күн өткен сайын қиындай берді де, Найзабек ағай күн сайын біздің көз алдымызда саусағын бүгіп, демалысқа қанша күн қал- ғандығын есептейтін болды. Бірақ күткен кезде демалыс та жеткізе қоя ма?
Ақыры демалысқа да төрт-бес күн қалғанда:
- Балалар, биыл демалысқа ерте шығамыз, – деді ол.
«Менің жағдайымды көріп жүрсіңдер ғой» деген ойын біл- діргісі келмегендей барынша байсалды сөйлеп. – Өйткені біз программадан озып кетіппіз. Программадан озып кет- кендігіміз үшін бізге ешкім бәйге бермейді. Қайта ескерту
алып қалуым мүмкін, білдіңдер ме? Мәселен, осы кезде РайОНО-дан өкіл келіп қалса, менің әкемді танытады. Әр нәрсе өз уақытында өтуі тиіс. Педагогиканың заңы осылай. Демек, биылғы қысқы демалысқа ерте шығуға ретіміз бар. Байқаймын, сендер де шаршадыңдар... Оқу дегенің де оп-оңай тіршілік емес... Халқымыз «Оқу деген инемен құдық қазғандай» деп тегін айтпаған. Ал енді жақсылап демалып, ойнап-күліп оралыңдар. Сосын үшінші тоқсанды жаңа бір қарқынмен бастайық.
Демалыс десе-ақ біздің қуанып қалатын әдетіміз емес пе?! Оның үстіне ағайымыздың дәл мынадай мейірім- мен, қамқорлықпен сөйлеуін бірінші рет демесек те, оңай- лықпен ести алмайтын сөздер екенін де ішіміз сезеді. Не керек, сатырлатып қол соғып жібердік. Мұнымызға ағайдың өзі де қуанып қалды. Қуанғандығы ғой, көзәйнегі жоғалғалы бері бірінші рет езу тартып күлді де: «Ал ендеше қайта беріңдер. Демалысқа шыққан оқушылар осылай отыра ма екен. Асыр салып ойнаңдар!» – деді салтанатты түрде. Әттең, мына сөзге тағы да қол соғар едік, алақанымызды аямай... тек кластан шығуға асық- қанымыз бәріміздің де... Сонымен қол ұрудың орнына парталарымыздың қақпақтарын тарсылдатып, тақтай еденді дүрсілдетіп, көңілді абыр-дабырмен біз кластан шығып бара жаттық.
Біз шығып бара жатқанымызда Найзабек ағай:
- Қыздаркүл, әй... Қайдасың? А, Қыздаркүл, – деп, қызының көппен ілесіп шығып кетуінен қауіптенгендей, журналын асығыс жинастырып, Қыздаркүлдің партасына қарай келе жатты.
...Демалысқа шыққан соң да, өзді-өзіміз болып кетпей, ағайымыздың хал-жайына құлақ түре жүрдік. «Найзабек енді мұғалімдікті қоятын көрінеді» деген бір хабар естідік. Артынша «Мұғалімдікті қоймайтын болыпты. Бұқасының етінен түскен ақшаны Бадырақтың қалтасына салып қа- лаға жіберіпті» деген тағы бір хабар жетті. Осы хабарға сендік. Өйткені Найзабек ағайдың бұқасының етін ауыл түгел жеп жатқан кезіміз еді. Әрі сол кезде Бурамен
екеуі төбелескенде мертіккен қолын келіншегінің қызыл орамалымен шандып байлап жүретін Бадырақ расында да көрінбей кеткен.
* * *
Найзабек ағайдың бізді жарылқап бере салған ұзақ демалысында үйреншікті балалармен үйреншікті ойын- дарды ойнай беру жалықтырғандай, бір күні Бура:
- Томпақ, «Күйікте» той болады екен, барып доп-таяқ ойнап қайтайық, – деді.
- Барсақ барайық, – деп, мен де келісе кеттім.
Сол кезде, әйтеуір, бір ауылға барып ойын ойнауға, тіпті ойнамасақ та сол ауылдың тіршілігін көріп, өзіміз қа- тарлы балаларын түстеп, түгендеп келіп, шетелге барып келгендей, ауылдағыларға айта жүретініміз бар-ды.
Оның үстіне «Күйікте» Мәзгүл бар екені есімде. Бура мен Мәзгүлдің ұшырасуларын көрсем, ол да мен үшін ғаламат оқиға емес пе?
Ертеңіне таңертеңгі шайымызды ішіп болысымен доп- таяққа арналған басы қайқы таяқтарымызды иығымызға салып «Күйікке» тартып бердік.
Сықырлаған сары аязда кісі жүрдек бола ма, әлде
«Күйікке» жетуге асықтық па, әйтеуір жүрісіміз өнімді болды. Тіпті жол-жөнекей қатқан жылқы тезегі, әлде ағаш кесіндісі кездесе қалса, алдағы үлкен айқасқа әзір- ленгендей, Бура екеуміз басы қайқы таяқтарымызды иығымыздан түсіріп, сарт-сұрт айқаса кетеміз. Кейде ол алып, кейде мен алып кетемін. Әрине, көбіне Бура мені маңайлатпай, тіпті жеткізбей қояды. Бұл – оның әншейін ықылассыз, ермек үшін ойнағандағысы. Ал нағыз ойын кезінде, кескілескен бәсеке кезінде көрсең ғой, шіркін, Бураны!
Арасы алты-жеті шақырым жердегі «Күйікке» түс бол- май-ақ Бура екеуміз жетіп бардық.
Тойдың да енді қыза бастаған кезі екен. Қазандарда ет, ботқа, бауырсақтар пісіп жатыр. Сапырылысқан жұрт. Біреуді біреу біліп болар емес.
Доп-таяқ ойнауға келгенімізді иығымыздағы басы қайқы таяғымызбен айтып, бір шетте біз тұрдық. Бұл ауылдың балаларының да намыстары бар екен, бір-бір басы қайқы таяқтарын сүйретіп келіп жатты.
Оның үстіне Бураны бәрі де білетін көрінді. Кәдімгідей шұрқырасып, былтыр, оның алдыңғы жылғы ойындарын еске алып шұрқырасып жатты. Доп-таяққа лайық сиыр сүйегінің басы да табыла кетті. Ендігі мақсат – тойдан сыбағамызды жеп болған соң-ақ, әркім өз ауылының атынан айқаса кету.
...Тойға келгендерге табақ тартыла бастады да, әке- шешелері тойға келгендер... әке-шешелері қазан-ошақ маңында жүргендер... соларды сағалап кетті де, иесі жоқ бір топ бала бөлек иіріліп тұрдық. Бірақ тойдың аты той емес пе, иесіз балалар да ұмыт қалған жоқ. Бір кезде ені мен ұзындығы шамалас домаланған қара қатын бір табақ күріш ботқаны көтеріп келді де:
- Әй, балалар, сендер де тойға келдіңдер ғой, отыра қалыңдар, – деп ортамызға табағын қоя салды. Содан біз қан талапай болғаннан әрі боп, қолдарды салып-салып жібердік дейсің тұс-тұстан. Қолдар болғанда қандай және... Жуаны бар, жіңішкесі бар... ағы бар, қарасы бар... Бір-екі айдың бедерінде жуылмағаны бар... жарасы бар... Обалы не керек, Бура үстіне жамау күпәйке киіп жүр- генімен, тазалыққа келгенде сыпайы-ақ еді. Ботқадан бір-екі асаған соң кіржиіп шегініп кетті де, мен тәуекел деп біразға дейін бәсекеге жалғыз түстім. «Күйіктің» балаларына ақымды жібере қойғаным жоқ. Өз жегенім былай тұрсын, соңынан шеттеп тұрған Бураға бір уыс ботқаны әкеп те бердім.
Табақ тақырланған кезде домаланған қара қатын келіп, тағы бір табақпен бауырсақ әкеліп қойды да:
- Балаларым, тоймай қалдыңдар ма? Ендеше мына бауырсақты жеңдер де, ойнай қойыңдар, – деді де, әлгі тақырланған табақты алып қайта кетті.
Әлгіндегі сан алуан қолдар табақтағы бауырсақтарға қайта жабылды. Жабылғаны сол – бұл табақты жәукемдеу
күріш ботқадан әлдеқайда оңай болды. Күріш ботқаның кезінде бұл қолдарда кәдімгідей ұят бар екен... Нысап бар екен... Мына бауырсақ салынған табақтың тұсында ол қолдар нағыз ұятсыз... арсыз екендіктерін дәлелдеп берді.
Көзді ашып-жұмғанша табақтағы бауырсақтар біреу- лердің қолында, енді біреулердің аузында... қалтасында кетті. Мен бұл жолы да «Күйіктің» балаларына есемді жіберген жоқпын. Күпәйкемнің екі қалтасын бауырсаққа толтырып, шеттеп тұрған Бураның жанына келдім.
Бура екеуміз бауырсақ жеп, бөлектеніп тұрған сәтте жанымыздан пүліш пальто киген бір әйел өте берген. Менің онымен жұмысым да болған жоқ. Есіл-дертім алақанымдағы бауырсақта. Бура ғана сол жаққа көз қиығын салып тұрған.
Әлгі әйел тұсымыздан өте берді де, бізге жалт қарап, кілт бұрылды. Сонда барып мен оның Мәзгүл екенін бұрын-соңды көрмесем де таныдым. Сол екенін... Бураға қарағанынан-ақ аңғардым. Ал Бура оны күндікке-ақ көзімен бағып тұр екен. Мәзгүл өзіне жалт қарап, бұрыла бергенде-ақ, ол шегініп теріс айналып кетті. Сосын Мәзгүл маған бұрылды да:
- Томпақпысың, айналайын! – деді.
- Томпақпын-н... – дедім бауырсақ толы аузым бұлтың- дап тұрып.
- Түріңнен айналайын! Үлкен жігіт болып кетіпсің ғой!
«Түріңнен айналайын» дейтіндей асып бара жатқан түр-кескіннің жоқ екенін білемін. Дегенмен Мәзгүлдің мына сөзі ішімді жылытып жіберді.
Мәзгүл менің арқамнан қағып тұрып, тағы да Бураға бұрылды.
- Буратай, айналайын, жақындасайшы, – деді даусы дірілдеп. Бірақ Бура жақындаған жоқ. Қайта, «осы бір әйелден қалдым-ау бәлеге» деген жандай, шегіне берді.
- Қашан келдіңдер? – деді Мәзгүл Бурадан қайран болмаған соң, маған қайта бұрылып.
- Әлгінде...
- Ауылдарың аман ба?
- Аман...
- Әжем қуатты ма?
- Қуатты.
Әжемді сұраған сәтте Мәзгүлдің даусы тағы да дірілдеп, көзі жасаурап кетті. Мен оны аядым. Аяп кеткендігім болар, Мәзгүл тағы не сұраса да бар ықыласыммен жауап беруге әзірленіп тұрдым. Іштей «Неге осынша шегіншектей берді екен» деп, Бураға ренжіген де болдым.
Мәзгүл Бураға қайта бұрылып:
- Буратай-әй, кішкене жақындасайшы?! – деді жалын- ғандай болып. Бірақ Бура жақындамады. Безірейген қалпы, бір қырын қарап тұра берді. Мәзгүл пүліш пальто- сының қалтасынан бір уыс кәмпиттерді шығарып, тағы да Бураға:
- Мә, Буратай-әй, – деп ұсынып еді, ол кәмпитке бұрылып қарамады да. Сосын Мәзгүл кәмпиттерін маған ұсынды. Мен сөзге келмей-ақ қалтама салып алдым.
- Әжеме бер, – деді ол көзі жасаураған қалпы менің құлақшынымның жиегінен шығып тұрған кекілімнен сипап тұрып. – Шай ішсін...
- Жарайды, – дедім бар ықыласыммен.
- Әжеме сәлем де...
- Айтамын.
- Көкең мен апаңа да...
- Айтамын.
Мәзгүл енді Бураға өзі жақындай беріп еді, Бура одан әрі шегініп кетті.
- Буратай-ай, тым болмаса жаныңа жақындатпадың да-ау, – деді Мәзгүл. – Қайтейін... әйтеуір, аман бол...
Осылай деді де Мәзгүл одан әрі бірдеңе деуге шамасы жетпегендей, булығып қалды. Сөйтіп тұрып маған:
- Томпақ, мені таныдың ба, айналайын, – деді.
- Таныдым...
- Кіммін...
- Мәзгүлсіз...
Менің осы сөзім оны тіпті қамықтырып жібергендей,
Мәзгүл теріс қарап тұрып, жаулығының ұшымен көзін сүртті де, сол көзін сүрткен күйі кете барды. Бірақ сәлден соң қайта бұрылып:
- Сау болыңдар!.. – деді, екеумізге кезек-кезек қарап. Бураға қараған сәтте, «тым болмаса бұрылар ма екен» дегендей, Мәзгүлдің жанарында үміт ұшқындары болды. Бірақ Бура бұрылған жоқ.
Бураның мына кесірлігінің орнын толтырғым келген- дей:
- Сау болыңыз, – деп, мен елпілдей жауап бердім. Мәзгүл тағы да жаулығының ұшымен көзін сүртіп, әрі қарай кете барды.
...Бура сол үн-түнсіз қалпы... қала берді.
...Сәлден соң екеуміз доп-таяқ ойнау үшін бір топ баламен ауыл шетіне қарай беттедік.
* * *
Ойынның шарты бойынша доп-таяқ «Күйік» пен «Бөр- лінің» қақ ортасынан басталуы керек-ті. Бірақ «Күйік» пен «Бөрлінің» арасын қадамдап өлшеп жүретін кім бар. Оның үстіне «Күйіктің» балалары ұзап кетуге ерініп, көнер болмады. Ол түгілі «Күйіктен» біраз ұзап шығалық деген бәтуаның өзіне келіспей, қайтып кеткендері қаншама...
Сонымен не керек, «Күйіктен» бір шақырымдай ұзап барып, ойынды бастар сәтте «Күйіктен» бес бала қалды да, «Бөрліден» баяғы Бура екеуміз болдық.
«Күйікке» келгенше болашақ айқастың жайын біршама ақылдасып, кеңесіп алғанбыз. Ол келісім бойынша мен додаға түсіп, сүйекті Бураға шығарып бермекпін. Ал Бура болса, мен шығарып берген сүйекті алдына салып қуып, ауылға қарай желіп бермек.
Ойынды біз сол келісім бойынша бастадық. Бура алғашқыда бір ауық сарт-сұрт қағысқан соң-ақ, ауыл жаққа қарай шеттей берді де, мен қалың доданың ортасында қалдым. Сарт-сұрт еткен таяқ үндері құлақты
кесіп өткендей. Сиыр сүйегінің домаланған басы кейде қарға кіріп, кейде жолмен домалап бара жатады. Бірде
«Бөрліге» қарай беттесе, енді бірде «Күйікке» қарай еріксіз безіп кете барады.
Бірақ сүйекті аяйын деп жүрген жан баласы жоқ. Сарт-сұрт... Тарс-тұрс... Далпылдап жүгіріп жүрген біреу. Бәрінде де ес-түс жоқ. Дәл осы сәтте «әкең әл үстінде жатыр» десе қарайлайтындар емес. Қайта «мына ойын түспегір біткенше жата тұрсыншы» деп уәж қайыруы мүмкін.
Ә дегенде кәдімгідей-ақ екпінім бар еді. Тіпті жалғыз өзім сүйекті «Күйіктің» бес баласының ортасынан алып шығып, Бурамен екеуміз «Бөрліге» қарай еңіретіп қуып кеткен кездеріміз болып еді... Біраздан соң-ақ алқынып қалдым. Бірақ қалай дегенмен бесеудің аты бесеу ғой, тәйірі!.. Сүйекті «Бөрлінің» жалғыз додашысына беріп, жайларына қарап тұрсын ба?! Оларда да намыс бар... еттері қызып алған соң, әлгі домалап, қайда кірерін білмей безіп жүрген сүйекті маған билетпей, «Күйікке» қарай олар да еңіретті.
Бураға сүйекті алып шығып бермек түгіл, додаға кіре алмай адыра қалдым. Сол-ақ екен, Бура «додаға мен кірейін, сен шеттен күт» деді. Қарасам Бурекеңнің бойын намыс кернеп-ақ тұр екен, мен иегімді қаққан бойда-ақ есі шыға, еліріп тұрған асаудай, ойынға қойды да кетті.
Мен маңдайымның сорғалаған терін көйлегімнің етегі- мен сүрте жүріп, «Бөрлі» жақты беттеп шеттей бердім.
Бурекең сол елірген қалпы атой салып, додаға ара- ласты бір дейсің!.. Әрине, Бура ойынға кірді деп «Күйіктің» бес баласы да ығыса қойсын ба?! «Күйікке» қарай тағы да сүйекті қуып бара жатқан. Содан бір айқас бастал- ды дейсің, сарт-сұрт... Тарс-тұрс... Ырс-гүрс... Бір кезде Бурекең сүйекті алып шықты-ау, әйтеуір... Қайран, Бура, айқастар үшін жаратылған ғой! Шетке шыққан сүйекті алдыма салып «Бөрліге» қарай қуып келе жатқанымда да, Бура маған толық сенбегендей, қабаттаса жүгіріп келе жатты. Шіркін, Бураның жанында қабаттасып жүру-
дің өзі не тұрады! Қуат қой кісіге! Айбат қой! Бура жаныма қабаттаса бергенде-ақ бойыма күш қосылды ма?! Кеу- демдегі намыс оты тұтанды ма?! Әйтеуір бірдеңе болды. Ешкімге әл берместей қайраттанып, ешкімге жеткізбес- тей жеңілденіп кеттім...
Елбе-делбе болып жүгіріп қеле жатып көзім түсіп еді, Бурам әбден-ақ қызған екен. Тер дегенің пора-пора. Өңірі жамау күпәйкенің түймелерін ағытқан ба... әлде үзіп тастаған ба, немене...
Бурамен екеуміздің таяғымыздың имек басы сынып кетпес үшін ақ қаңылтырмен қапталған-ды... Домалақ сүйекке таяғымызды анда-санда кезектесіп сілтеп қойып, қайтадан иығымыздан асыра көтеріп жүгіріп келе жатқан мына қалпымызда Бура екеуміз доп-таяқ ойнап жүрген ауыл балаларынан гөрі, қас жауларымен айқасып келе жатқан баяғының жауынгерлеріне көбірек ұқсайтын секілдіміз.
Бір кезде соңымыздан «Күйіктің» бес баласы қайта қуып жетті. Олар да доп-таяқ десе тура жанын салатындар екен, келе сала Бура екеуміздің алдымызда безектеп келе жатқан сүйекке тиісті. Тағы да сарт- сұрт... тарс-тұрс...
Бұл шайқасқа Бура екеуміз қосыла кірісіп кеттік. Олай етпесімізге болмады да. Соңымыздан қайта қуып жеткен
«Күйіктің» балаларының түрлері жаман еді.
Содан бұрын-соңды болмаған бір шайқас басталды дейсің!.. Құлап жатқандар... Қайта тұрып жатқандар... Қо- лындағы таяғы ұшып кеткендер... Бетіне... қолына таяқ тигендер... Түймесі жұлынғандар... Шалбарының балағы етігінің қонышынан шығып кеткендер...
Бураны білмеймін... талай қыс доп-таяқ ойнап жүріп, мен өзім мұндай шайқасты көрген емен... Өзім екі рет домалап тұрдым. Бірақ домалап қалдым екен деп отыра қалатын заман қайда... Тұра сап, ұшып кеткен таяғыма жармасып, домалап бара жатқан сүйекке ұмтыламын. Сүйек демекші... сол даладан тауып алған сиыр сүйегінің басы бізге алтыннан да асыл болды. Сол сүйек бізді қанша әуреге салды десеңізші!
Бураға анда-санда бір көзім түседі. Ол да мен құсап құлап қалып жүрер ме екен деп қауіптенемін. Бірақ өзгелердей шалжайып құлап жатар Бура ма? Таяғымен сарт-сұрт еткізіп анаумен де, мынаумен де айқасып жатады. Сүйекке ұмтыла жүріп «Күйіктің» балаларының бірін шалып, екіншісін итеріп құлатып кетеді. «Қайран Бура, «Бөрлінің» намысы үшін туған ғой! Осындай шай- қастар үшін жаралған ғой!.. Егер Бура болмаса, мен бүгін
«Күйікке» келер ме едім, келмес пе едім. Мына шайқасқа қатысар ма едім, қатыспас па едім...» деп ойлаймын іштей Бураға еріп далбақтап жүгіріп жүріп.
...Бұл шайқас Күн ұясына еңкейе бергенде барып бітті. Бітті деймін-ау, біту қайда?! «Күйіктің» бір баласының аяғы мертігіп, екі баласының таяғы сынып, күштері әлсіреген соң барып, Бура екеуміз сүйекті «Бөрліге» қарай еңіретіп қуып жеткізбей кеттік. «Күйіктің» балаларының қарасы әбден өшкен соң барып, құны алтын жамбыға бергісіз болған сиыр сүйегінің басын қолымызға кезек-кезек ұстап аз-кем демалып алдық та, қайтадан таяқтарымызды кезек-кезек сілтеп, сүйекті жермен айдап ауылға келе жаттық.
Шіркін, ауылға жеңіспен оралудан артық дүниеде бақыт бар ма екен!.. Жоқ шығар... Бар болса да, сол бақытың
«Күйіктің» балаларын ойсырата жеңіп келе жатқан мына біздің бақытымыздан, бәлкім, аспас...
Бір кезде қуыс-қуысына қар, топырақ кірген домалақ сүйекті Бура қолына алып алды. Қолына алды да, сүйек емес алтын жамбы ұстап келе жатқандай, оған ұзақ үңі- ліп қарады. Әрі-бері аударып біраз қараған соң, Бура оны қалтасына салып алды.
Таяғымыздың қаңылтырмен қаптаған қайқы басын батар күннің сәулесімен жалтырата, төбемізден асыра көтеріп, жолдың аяздаған қарын қарш-қарш басып келе жатып, Бура екеуміз әлгіндегі шайқасты қызу әңгіме- ледік.
Бура екеуміз болғанда... айтушы мен де... Бура тыңдаушы ғана... Мен әбден әңгімеге қызып алғанмын.
«Күйіктің» балаларының біреуінің шалынып, екіншісінің омақаса құлап, аз-кем ессіз жатқанын, тағы біреуінің таяғының аспанға ұшып кетіп, соның жерге түсуін күтіп, көкке қарап күтіп қалғанын айтамын. Әрине, өсіріңкіреп, қосыңқырап жіберемін. Болмаса, дәл мен айтып келе жатқандай бола да қоймағанын ішім сезеді. Шіркін, жеңіспен келе жатқан адамның сөзі қалай айтса да жарасады ғой!
Мен аузым көпіріп, әңгімені сапырып айтып келемін... айтып келемін. Бура тыңдаушы ғана. Ол «сол шайқаста өзіңмен бірге мен де болдым емес пе?» десе, аузыма құм құйылар еді. Бірақ Бура оны айтпайды. «Айызы қанған- ша айтсыншы бір... Сөйлесінші!» деп келе жатқандай. Тіпті, бір есептен, менің не деп сөйлегенімде жұмысы да жоқ сияқты. Кенет мен аузым көпіріп сөйлеп, соңғы шайқастың бітер жеріне келе бергенімде, Бура сал- қынқанды үнмен: «Томпақ, біз «Күйікке» не үшін бардық, соны білесің бе?» – дегені.
Мен аң-таң болып әуелі оның жүзіне қарадым.
- Оу, өзіңе айтып та келе жатқаным жоқ па? Доп- таяқ...
- Жоқ, – деді Бура сап-салқын үнмен.
Оның ойындағысын таба алмағаныма мен аз-кем абыржып қалдым.
- Тойға бардық қой, – дедім сосын, «енді таптым-ау» дегендей үмітпен.
- Жоқ!
- Енді ботқа мен бауырсақ жеу ғой басты мақса- тымыз.
- Жоқ-қ!
- Кәмпит-т, – дей бергенімде, Бураның: «Мен Мәзгүлді көру үшін бардым!» – деп еңіреп қоя бермесі бар ма?!
Бурамен бір класта оқып, осы уақытқа дейін дос бола жүре, туыс бола жүре, «Бура жылап, мен оны жұбатамын- ау» деген ой менің басыма кіріп-шықпапты ғой.
Әуелгіде не істерімді білмей, кәдімгідей сасып: «Әй, Бура... Сен өзің... қойшы енді...» – дей бердім. Сонан соң барып есімді жиып, Бураға басу айтуға кірістім.
- Әрине ғой... Бура... «Сенің апаңды көреміз» дедік.
Көрдік.
Бірақ менің сөзімді құлағына асар Бура жоқ. Және жы- лағаны қандай аянышты еді. Әлдекім қысастық еткендей булыға өксісін бір-р...
Бураны жұбата жүріп, бір кезде өзім де жылап жібер- дім. Көзімнен жас сорғалап, кәдімгідей өкси жылап келе жатып: – Бура, қойшы енді... Қойшы-ы, – деймін.
- Жоқ, қоймаймын. Менің бүгін жылауым керек.
- Түсінемін ғой... Апаңды әбден сағынғансың... Сосын ғой... Мәзгүлді жақсы көретініңді білемін. Неге білмей- мін...
Кенет Бура жылағанын қоя қойып, маған ажырая қарады.
- Оны жақсы көретінімді қайдан білдің?
Менің әуелі зәрем ұшып кетті. Осы қарқынмен Бура салып жібере ме екен деп қалып едім. Жоқ... әйтеуір олай еткен жоқ. Сасқалақтап: «Енді өзің айтып келе жатырсың ғой», – дедім.
- Нені айттым?!
- Мәзгүлді-і...
- Жоқ... Мен Мәзгүлді айтқаным жоқ. Қашан айттым?! Мәзгүлді көруге бардым дедім... Жақсы көремін дедім бе?
Сосын Бура көзін сүртіп келе жатып: «Жылауым керек... Мені тағдырдың өзі жылатып қойған, білдің бе?» – деді ол маған тағы да ажырая қарап: «Әжемнің өзі осылай деген. Мен әлі көп жылаймын. Бірақ өзім ғана жылап қоймай, жұртты да жылатамын. Білдің бе? Жылатамын. Мәзгүл де мен үшін әлі көп жылайды. Мен оны жек көремін. Өлердей жек көремін. Сол жек көргендігім үшін анда-санда мен оған көрініп кетемін. Білдің бе? Былтыр да Мәжікенді ертіп келіп кеткенмін. Тағы келдім. Жылатып кеттім. Әлі талай келемін. Оны талай жылатамын, білдің бе? Жылай берсін. Өйткені ол да мені жылатып кеткен. Мен ғана емес, әжем екеумізді қоса... Екеумізді де аямаған. Ал мен оны неге аяймын?»
Осылай деді де Бура тағы жылады. Бұрынғы жылағаны айналайын екен. Мына жылауында естіген жанның құйқа тамырын шымырлатып жібергендей бір ащы өксік бар.
Енді жұбатуды да қойып, өзім де қосылып кеттім. Тіпті Бураның жылағанын менің жылағаным басып та кетті ғой деймін. Екеуміз әуелде даланы басымызға көтеріп кеттік те, біраздан соң ептеп басылғандай болдық.
Мен енді Бураны кәдімгідей аядым. Жақсы көрдім. Ол үшін шын егілдім де.
- Бура-а... жан дегендегі жақын ағам менің... Қияметке дейін қиыспас досым менің... Шойын көкемнің баласы... Атақты Жұрқабай атамның шөбересі... – дедім мен егіліп келе жатып.
Мен бұл сөздерді Бураны жұбату үшін ғана емес, өзім- ді жұбату үшін де айттым. Осы бір сөздер күнде қасында жүрсем де Бураға жеткізе алмай жүрген жанымның нәзік сырлары еді... Соны ақыры айтып жеткізгеніме қуандым. Туысқандығымыз да, достығымыз да бұрынғыдан гөрі жа- қындасып кеткендей болды. Мен Бураға еріп, ебіл-дебілім шығып жылап келе жатып осыны түсіндім.
* * *
Ауылға ел орынға отыра жеттік. Екеуміз үн-түнсіз Бураның ауласына кірдік те, имек басын қаңылтырмен қаптаған таяқтарымызды мал қораның үстіне лақтырып- лақтырып тастап, үйге кірдік.
Әжем пешке от жағып отыр екен.
- Буратаймысың?.. Шүкірім-ау, күндік қайда жүрсің? – деді күні бойы іздегендігін осы сөзімен-ақ білдіріп.
- Найзабектің қызымен қуыршақ ойнадық.
Әжем «Мына сөзіңе сенейін бе, сенбейін бе?» деген кісіше бұрылып Бураға қарады. Сосын маған қарады... Менде үн жоқ. Бураның өзі бірдеңе деп құтыларына әуелден-ақ сенгенмін.
- Ойпырмай, Буратай-ай... Осы сенің қыршаңқы тілің- ай, – деді әжем ештеңеге түсінбеген жанның кейпімен.
Біз етігімізді босағаға тастап, пеш жанына өттік.
Бураның үйінің өзге үйлерден ерекшелігі – бұл үйдің төрінде текемет, көрпешелер төселіп, жастықтар дома- ланып жатпайды.
Бұл үйдің төріне қалың қамыс төселген. Біздің үйден былтыр алған көне алашаны әжем екі қабаттап пеш түбіне ғана салған. Бура екеуі сол жерде отырып ас ішеді. Пешке жылынады. Киінеді... сосын әжемнің түнемеге жатар жері...
Бура екеуміз сол көне алашаның үстіне қатар отырдық. Бура ондық шамға арқасын берді. Ондағысы күні бойғы жылағанымды әжем көзімнен біліп қоймасын дегендегісі болар.
- Әже, қарнымыз ашты, – деді Бура отыра берген бойда...
- Е, Найзабектің үйі ештеңе бермеді ме? – деп әуелі әжем Бураның әлгіндей қисық сөзіне жауап берді.
- Бермеді.
- Көже пісіріп едім, суи қоймаған болар, – деп, әжем бүгілген белін әзер тіктеп орнынан тұрды да, пештің ар жағынан бір табақ көжені көтеріп әкеліп ортамызға қойды.
Бура екеуміз көжеге ашқарақтана кірісіп кеттік. Тіпті артық ауыз сөзге де құлқымыз болған жоқ. Тек ішіне ел қонған сәтте барып, Бура:
- Әже, бізге төсек салшы, – деді әбден шаршаған адамның қалпымен, өзі көне алашаның бір шетіне жан- тайып жатып.
Әжем қарсы сөз айтқан жоқ. Тағы да бүгілген белін әзер жазып, еденге төсеген қамыстарды сытырлата басып төрге беттеді де, сандықтың үстінен көрпе-жастықтар алып, екеумізге қатар төсек салды.
Көже ішіп болған соң-ақ Бура екеуміз жату ыңғайымен қамысты сытырлатып төрге шығып, шешіне бастадық. Буранікіне бұл бірінші рет қонуым емес. Талай рет-ақ қонып, үйге таңертең қайтқанмын.
Біз төсекке жатқан соң әжем еңкеңдеп барып ондық
шамның пілігін басты. Пештің шоғын тағы бір аударыс- тырды... Сосын бізге қарап тұрып:
- Мен Томпақжанның осында жатқанын әке-шешесіне айтып, бір ауық ұршық иіріп, әңгімелесіп қайтайын, – деді. Бура үндеген жоқ. Одан жауап күтіп әуре болған әжем де жоқ. Босаға жақта кәлөштерін аяғымен түрткілеп киіп жатып: – Сендер баласыңдар ғой... Қазір-ақ ұйқтап қаласыңдар... Маған таң ата ма? Екі көзім бақырайып сарыжамбас болып босқа жатқанша... – деді күбірлей сөйлеп. Ақыры әжем ұршығы мен бір шүйке жүнін ұстаған
күйі шығып кетті.
Менің бір уайымым – әжем үйден шығысымен Бура жолдағыдай тағы да жылай ма, жыласа тағы не деп жұ- батамын деп ойлап, солай күтініп жаттым. Бірақ Бура жы- ламады. Жылаған былай тұрсын, тіпті сөйлеген де жоқ. Тек әжем шығысымен маған қарай бір аунап жатты да, мені өзіне қарай тартып, мойнымнан құшақтап алды. Менде үн жоқ. Бура мойнымнан құшақтай алған кезде, ет бауырым елжіреп, қайта өзімнің жылағым келгендей болды ма, қалай...
...Сол құшақтасқан қалпымызда біз ұйықтап қалыппыз.
Әжемнің де түннің қай уағында оралғанын білмейміз.
* * *
Таңертең біз ұйқыдан оянғанда, әжем самаурын қойып, сыртта жүр екен. Үй іші әлі жыли қоймапты. Бірақ пеште гүрілдеп от жанып жатыр. Бура екеуміз төсектен тұрған бойда пеш түбіне келіп жайғастық.
«Күйіктен» ұтып алып келген сүйектің басын Бура жатарда пештің астына тастай салған. Енді қарасақ, сол сүйектің бүкіл қар-мұзы еріп, жалаңаштанып қалыпты. Мына қалпында өзі көзге соншалық сүйкімді көрінердей де нәрсе емес. Қайта кеше тәп-тәуір мүлік боп көрініп еді. Ал қазір-р... Дәлірек айтса... кәдімгі ит мүжіп тастаған неше жылғы кемік сүйек...
- Осыған бола сонша таласып-шабылып, күні бойы
жүрдік-ау, – деп, мен пештің астында жатқан сүйектің басын қомсынып, аяғыммен түрттім.
Бура да сүйекке көз салып, аз-кем үн-түнсіз отырды да: – Ол жаман сүйек болғанымен, сол сүйекте ауыл намысы, мына біздің ар-ұятымыз жатыр ғой, – деді ақырын ғана. Сосын әрегіректе жатқан тағы бір сиыр сүйегінің басын шығарды. – Мынаны былтырғы қыста Мәжікен екеуміз ұтып алып қайтқанбыз. Ол жолы да
«Күйіктің» балалары бізді оп-оңай жібере салған жоқ. Терімізді сыпырып алды...
Мен ойланып қалдым. Әлгінде ғана көзге қораш көрінген сүйектер енді үлкен бәсекелерден ұтып алған алтын жамбыларға ұсап кетті. Ал Бура болса... Мен осы сәтте Бураның жүзіне еріксіз бұрылғам... Бура-а... Ол нағыз газеттерге жазылып жүрген олимпиадалық ойындардың чемпионынан бірде-бір кем емес еді. Қайта, бәлкім, артық...
Осы кезде қожылдай қайнаған самаурынды көтеріп үйге әжем кірді.
- Е, тұрдыңдар ма? Жуынып-шайыныңдар! Құманға су жылытып қойдым.
Біз тұрып, жуына бастадық.
- Екеуің құшақтасқан күйі тырайып осынша жаттың- дар ғой, – деді әжем, біздің солай жатқанымызды қуаныш еткендей әрі бізді сөзге тартқысы келіп.
Сүртініп болған соң Бура екеуміз көне алашаның үстіне жайылған дастарқанның жиегіне қатар жайғасып, шай ішуге кірістік.
- Кеше Томпақ екеуміз «Күйікке» барып, доп-таяқ ойнап қайттық, – деді Бура, әжесіне кешегі айта салған өтірігін жуып-шайғысы келгендей.
- Бәсе... өзім де бұлар ұзап кетті-ау, шамасы, – деп ойлап едім. – Найзабектің қызымен қуыршақ ойнадық деп... Буратай-ай, сен де қайдағы жоқты айтасың-ау...
Әжем тістері опырайып күлген болды. Бірақ Бура одан әрі үндеместен шайын іше берді.
Әжем болса шолақ әңгімеге айызы қанбайтын адам.
- «Күйікте» той бар деп еді... Кімдерді көрдіңдер? Қарындарың ашып қалған жоқ па? – деп, әңгімені жаға- латуын жағалатып еді... Бура үндемей қойды.
«Мәзгүлмен арадағы әңгімені айтамын ба, әлде қай- темін» деп мен де кәдімгідей жалтақтап отыр едім, енді соның реті өз-өзінен келе қалғандай болды. Кешегі Мәзгүлдің әжеме айтқан сәлемі мойныма қарыз болма- сын деп, әрі ол кісінің әңгімені тінтіп іздеп, таппай отыр- ған халін аяп:
- Мәзгүлді көрдік, әже. Сізге сәлем айтты, – дедім мен. Осылай дедім де, босағада ілулі тұрған күпәйкемнің қалтасындағы қос уыстай кәмпитті әкеліп, әжемнің алды-
на төктім.
- Сізге беріп жіберген сәлемдемесі...
- А, құдай... Не дейді?! Көрдіңдер ме? Аман-есен жүр ме екен, әйтеуір... Өңі жүдеу емес пе екен өзінің?
- Жоқ, жүдеу емес... Сізді... бәріңізді сұрады.
- Жүдеу болса, сыбағасын апарып, барып қайтайын деп пе едіңіз, – деді, Бура әжемнің Мәзгүлге өзеурей қалғанын жақтырмай.
- Сыбағасын апарсам, мені үйіне кіргізбес дейсің бе? Буратай-ай... Ол не дегенің?.. – дей беріп, әжем жылап қалды. – Мәзгүл менің маңдайыма сыймай кетті емес пе?! Мәзгүл деген қандай еді?! Мәзгүлді Шойынжан келін етіп түсіргенде мен мақтаныштан талтақтап жүре алмай қалғанмын. Сұраңдар... Осы ауылдың бәрі де біледі. Сонымды көргендердің бәрі бірдей өлген жоқ. Мәзгүлге өкпем не? Шойындай баламды жалмаған соғысқа айта- мын да қарғысымды... Жас қой... азғырғанға да ерген шығар... Көнген шығар... Қайтейін?! Болмаса Бурадай баласы бар әйелге байдың керегі не?!
Әжем осы кезде Мәзгүл беріп жіберген кәмпиттің біреуі- нің қағазын аршып, аузына сала берді де, қолындағы кесе- дегі шайы шайқалған күйі кәдімгідей ағыл-тегіл болды.
Әжеме қосылып жылағым келіп, менің де көңілім боса- ды. Әжесінің жылап-сықтап, осынша ақтарылғанына на- мыс қылғандай Бура шытынап:
- Сәл нәрсеге сықсыңдап жылай беретініңіз не, осы? – деп қалды.
- Ал жыламайын!.. Қойдым, Буратай! Әшейін... Мәз- гүлдің беріп жіберген кәмпитінің дәмін алып отырып көңілім босап кеткені... Оның үстіне Мәзгүл сәлем айтты деген сөз... Мәзгүлжан сәлем айтады ғой. Неге айт- пасын... Құдай куә... Жұрт куә... ене боп бетіне келген кезім болған жоқ. Осы үйге кете-кеткенше өзі би, өзі қожа болды. Шойынжан да елге тентек болғанымен, Мәзгүлге жұмсақ-тын.
- Қойыңызшы, әже! – деді осы кезде Бура дауыстап жіберіп.
- Ал қойдым-м... Қойдым, Буратай...
Әжем түгіл, мен де ішіп отырған шайымды іркіп қал- дым.
Бураның ісіне таң қалдым. Тыңдағысы келіп отырып тыңдамайтын, жегісі келіп тұрып жемейтін, айтқысы келіп, айтпайтын мінез де қызық-ау. Мына Бура сол... Мәселен, кеше Мәзгүлдің қолынан кәмпитті алмай тұрып, кәмпитке деген ықыласын жалт еткен көзқарасынан байқап қалғанмын. Енді, міне, Шойын көкем туралы да, Мәзгүл туралы да тыңдағысы келіп отыр. Тыңдағысы келіп отырғанын мен оның жүзінен, көзінен айнытпай танып отырмын.
Сөйтіп отырып тыңдамады. Әжемді біржола басып тастады. Ал бұған не дерсің?!.
Мен бұрын да байқап жүргеніммен, дәл осы сәтте әбден таныған Бураның осы мінезіне таңданып, оның жүзіне бір ауық үнсіз қарап отырдым.
Одан әрі шай үнсіз ішілді де, әжем ғана қанша рет қойдым деп уәде бергенімен, өзін-өзі ірке алмағандай, жаулығының ұшымен көзін, мұрнын сүртіп отырды.
* * *
Қысқы демалысымыз бітіп, біз мектепке оралдық. Көз- әйнек әкелуге кеткен Бадырақ қаладан әлі қайтқан жоқ.
Сондықтан Найзабек ағайды мектепке тағы да Қыздаркүл жетелеп келді.
Жол-жөнекей ағай тайып жығылып, сонысына рен- жіп: «Сен жөнді жерден жүрмедің», – деп, мектеп та- балдырығынан аттағанша ол қызын кінәлап, ұрсып кір- ді. Класқа кірген соң да қызына тағы да ұрса сөйлеп, пешке от жаққызды. Бұрын болса: «Қыз баланы жұмсау мәдениетсіздік болады. Мына Европа деген жерде солай», – деп, саусағымен Европа жақты бір сілтеп қойып (Найзабек ағайдың саусағына сенсек, Европа деген жерің «Күйіктің» ол жақ-бұл жағы ғана секілді), Бурамен екеумізді немесе Мәжікенді жұмсаушы еді. Ендігі жерде бізге ондай жауапты істі тапсыруға сенбейтін секілді.
Қыздаркүл пешке от жаққаннан кейін де, пәлен күннен бері от көрмей мұздап қалған класс іші бірден жыли қой- ған жоқ.
Найзабек ағай пальтосының жағасын көтеріп алып, тақта алдында әрлі-берлі жүрді де, біз сол кісіге қарап отырдық. Дәл сол сәтте ол кісі класс ішінің жыли қойма- ғандығына ренжіді ме, әлде жолда құлап қалғандығына, болмаса көзәйнек әкелуге кеткен Бадырақтың хабар- ошарсыз кеткеніне мұңайды ма, әйтеуір кәдімгідей қаба- ғы кіржиіп, бір ауыр ойға түсіп кетті.
Содан бір кезде өзін-өзі зорлағандай болып, әлгі ауыр ойдан құтылды да:
- Балалар, бірінші сабақ болмайды. Оның орнына
«Біз демалысты қалай өткіздік?» деген тақырыпта әңгіме өткіземіз. Бұл өзі программамызда бар нәрсе, – деді.
Бөстекі әңгімені кім жек көрсін? Бәріміз елеңдесіп, әңгі- меге оңтайланып отырдық. Бірақ Найзабек ағайдың ере- сек балалармен жұмысы болған жоқ. Әңгімені төменгі класс оқушыларымен өткізіп жатты.
Төменгі класс оқушылары ауыз тұшытып не айта қойсын? Сырғанақ тепкендерін, өрістен мал қайырып келгендерін айтты. Бірлі-жарымы жақын маңдағы жег- жаттарына қыдырып барып қайтқандарын ежіктеп баян- дады.
Оларға Найзабек ағай: «Кітап оқымағансыңдар, бала- лар. Өткен сабақты қайталау, әдеби кітап оқу деген аты- мен болмапты. Қыдыру-у... Сырғана-ақ-қ деген не?
Жарайды, өрістен мал қайыру дегенге келісуге болады, Өйткені ол ата-аналарға көмектесуге жатады», – деп, балалардың жауаптарына қанағаттанбағандығын білдіріп жатты.
Содан кезек Белбармақовқа жеткен кезде, ол демалыс кезінде не істегендігін әңгімелемес бұрын, жаңадан киіп кел- ген түлкі тымағын Найзабек ағайға апарып ұстата қойды.
- Бұл не? – деді Найзабек ағай қолындағы тымаққа шошына қарап.
- Ана жолы айтқан түлкінің терісінен тігілген тымақ қой.
- Солай ма? Қане, көрелік! Сен тіпті қызылдығын көй- лектің түсімен бірдей деп шатып едің-ау... – деді де, ағай терезенің жанына жақындап барып, түлкі тымақты дәл көзінің алдына тақап олай-бұлай аударыстырып көре бастады.
Түлкі, Белбармақов айтқандай, көйлектің түсіндей қып- қызыл бола қоймаса да, мақтарлықтай-ақ еді. Соны Найза- бек ағай да байқады ғой деймін, әуелде тымақты қалай болса солай аударыстырып, көзін қыдырта қарап тұрды да, сәлден соң абайлап аударып, жіті қарай бастады.
Түлкінің қып-қызыл жонынан тігілген екі құлақшасын саусақтарымен тіпті ұзақ сипады... Осындай түлкі ұста- ғанын Белбармақовтың әкесінен қызғанды ғой деймін, түсі де өзгеріп сала берді.
Осы кезде Белбармақов партасының қақпағын сарт- сұрт ашып:
- Ағай, енді айта берейін бе? – деді.
- Нені айтасың?
Найзабек ағай енді оған жаратпаған пішінмен бұрылды.
- Көкем екеуміздің мына түлкіден де қызыл, тағы бір түлкіні демалыс кезінде қалай ұстағанымызды...
- Мынадан да қызыл ма? – деді Найзабек ағай Бел- бармақовқа сеніңкіремегендей.
- Қып-қызыл... Мынау оның жанында түк те емес. .Өтірік
айтсам, бүгін түннен шықпай қалайын... Шыға қалсам, таба нанға тісім өтпей қалсын, – деп Белбармақов үйреншікті қарғысын шұбыртты да жіберді.
Балалар біраз күлісіп алды. Бірақ Найзабек ағай күл- ген жоқ. Қайта жүзі сұрлана түскендей болды да, Бел- бармақовқа бұрылды.
- Сонда қып-қызыл түлкінің бәрі қайдан келген?
- Айттым ғой, ағай, сізге... Таудан ауып келген деп...
Көкем солай деді.
Найзабек ағай әлденеге қатты ренжіген адамның кейпімен Белбармақовқа қарай асығыс жүре берді де, тымақты оған ұстата салып, өзі әрі өтіп кетті.
- Айтайын ба, ағай?.. – деді Белбармақов тағы да құлшына түсіп.
- Жоқ! Айтпай-ақ қой...
Найзабек ағай оған бұрылмаған күйі кластың бұрышы- на дейін жүріп барды да, бұрылып, терезеге қарай қайта жүріп келе жатып:
- Өңшең қып-қызыл түлкілер «Бөрліге» келу үшін менің көзәйнегімнің жоғалуына қарап жүр екен де, – деді күңкілдей сөйлеп.
- Ағай, айтайын ба? – деді тағы да Белбармақов.
- Айтпайсың! Айтпайсың дедім ғой мен саған. Айт- қызбаймын. Отыр! Отыр деймін саған!
Сонша жекіріп сөйлеген Найзабек ағайдың бұл кезде түсі кәдімгідей бұзылып кетті.
Белбармақов ештеңеге де түсінбегендей, жан-жағына жалтақтай қараған күйі орнына отырды.
- Ал енді сабақ өтеміз, – деді ағай бір кезде, оқыс шешімге келіп, үстеліне отыра беріп.
- Бірінші класс, сендер терезенің суретін салыңдар. Сендерге сурет сабағы. Екінші класс, сендер ән-күй... Бірақ әнді далаға шығып кезектесіп, отын бұтай жүріп айтыңдар. Үшінші класқа орыс тілі... Яғни сендермен біраз орысшаласамыз. Қазір...
- Ал, төртінші класс, – деп, ең соңынан ағай бізге бұрылды. – Сендер математикадан бұрынғы келген жері-
мізден бастап екі есеп шығарыңдар. Бірінші шығарған – бес, екінші шығарған балаға төрт... Сосынғыларына үш қойылады, бастаңдар!
Найзабек ағай бізге тағы бірдеңе айтуға оқтала берген- де, Белмармақов:
- Ағай, дала суық қой... Осында отырып айтайықшы өлеңді... – дегені.
- Сендер шуылдап өлең айтсаңдар. Сонда мына клас- тың іші не болады? Айда, шығыңдар!..
Екінші кластың балалары топырласып сыртқа шыға бастады. Бірақ Белбармақов шығар емес.
- Ағай, мен бірінші класпен бірге терезенің суретін салайыншы.
- Сен немене, бірінші класқа түскің келіп тұр ма? Керек болса, біріншіге қазір түсірейін.
Осылай деп Найзабек ағай журналын қолына ала бер- генде, Белбармақовтың зәресі ұшып кетті.
- Ағай, шығамын қазір... Дала суық болса... бола берсін. Ән саламыз, отын да бұтаймыз, – деді де тымағын ала салып, апыр-топыр есікке қарай айдай беріп, дәл табалдырықтың аузында есікті жартылай ашып тұрып, тағы да бұрылды.
- Оқушыларға ағай болайын ба?
- Жарайды. Болсаң – бол-л... Жапшы есікті!
Белмармақов есікті тарс жауып шығып кетті де, Найзабек ағай, «мына бәледен әзер құтылдым-ау» деген кісіше, ер- кін демалып, үшінші класс оқушыларына қарай бұрылды.
- Ал енді сендермен біраз орысшаласып алайық.
Өздерің орысшаны ұмытып қалған жоқсыңдар ма?
- Жоқ.
- Ұмытқан жоқпыз, ағай, – деп, үшінші кластың бала- лары шуылдасып кетті. Содан Найзабек ағай «Соғыстан үйреніп қайттым» дейтін шобыр орысшаларын енді бас- тай бергенде, есік ашылып, ішке Бадырақ кіріп келгені.
Бәріміз бұрылып Бадыраққа қарадық. Қолын байлап, иы- ғына асып жүретін келіншегінің қыз күнінде тартқан қызыл орамалын тастапты. Шамасы, қолы жазылған болуы керек.
Біз есік жаққа қарай бұрылып кеткен соң, ағай келіп тұрған тағы да Белбармақов деп ойлады ма:
- Әй, мен саған көзіме көрінбей құры дедім емес пе? – деді ашудан түтігіп сөйлеп. Сәлден соң келіп тұрғанның Белбармақовтан гөрі ересектеу екенін аңғарды ма:
- Мәжікенбісің, әй, – деді даусын бұрынғыдан жұмсар- тыңқырап. – Шырағым-ай, осындай әдетті қайдан шығар- дыңдар? Мұғалімді, мына класты сыйлау керек қой...
Класқа кірерін кірсе де, Бадырақ Найзабек ағайға бір, бізге бір қарап, не істерін, не дерін білмегендей алақтап біраз тұрды да:
- Найзеке, мен ғой... – деп, тақтаға қарай жақындай берді.
- Менің кім, әй? Орныңда тұрып-ақ айта берсейші. Ой- пырмой, шырақтарым-ай, қойша өріп кеттіңдер ғой. Сен осы Бурамысың?
Найзабек ағай әлденеден қорғанғандай, қолдарын ербеңдетіп орнынан көтерілді.
- Мен ғой, Найзеке, Бадырақ.
- Бадырақ?!
- Ия, мен.
- Сен қайдан жүрсің? Ә, ия, келдің бе, әйтеуір. Айна- лайын-ау, сенің жолыңа қарап-ақ көзім талды ғой. Аман- бысың өзің, әйтеуір?
- Аманмын ғой...
- Ал, енді осы уақытқа дейін қайда жүрсің?
- Найзеке-ау, қалаға барып қайту оңай ма?
- Оңай деп отырғаным жоқ қой. Бірақ түйемен жүрген кісінің де екі барып, екі қайтатын кезі болды ғой. Қойшы енді, көзәйнекті әкелдің бе?
- Әкелдім.
Бадырақ ішкі қалтасынан газетке оралған әлдебір нәр- сені алып берді де, Найзабек оның сыртқы орауын лақты- рып тастап, асығыс көзәйнекті кие бастады.
Көзәйнекті кие бастаған кезде жүзінде соншалық бір,
«жеттім бе? жетпедім бе?» дегендей, ерекше қуаныштың ізі де болды.
Ол көзәйнекті киіп бәрімізге бір-бір көз салды. Класс ішіне қарады. Терезеге қарай бұрылып, көзін сыртқа тікті. Ағайымызға ілесіп біз де сыртқа қарадық.
Ағайдың жүзіндегі қуаныш белгісі бірте-бірте сейіле бастады.
Шекесі тырысып тұрып тағы да бізге қайтадан бір-бір қарап өтіп:
- Айналайын-ау, мына көзәйнегің қандай өзі? – деді Бадыраққа. – Ресеп бойынша алдың ба?
- Соныңызды, Найзеке, жоғалтып алып...
- Жоғалтқаны несі?
- Сол... Байқамай махорка орап жіберіппін.
Найзабек ағай көзіндегі көзәйнегін жұлып алып, енді Бадыраққа көзәйнексіз қарады.
- Айналайын-ау, мен саған кісі деп іс тапсырдым ғой. Өзімнің ет жақын туысқаным әрі шәкіртім деп сендім ғой... Махоркаң не? Мен мұнда көзсіз қалып, кәріп халде сенің жолыңды күтіп отырмын... Ал сен...
- Найзеке, енді айыптылау боп... Сөйтіп...
Бадырақ тақта алдында сабақ білмей тұрған оқушы- дай басын сипалай берді де:
- Осының өзін әзер алдым, Найзеке... қағазсыз бер- мейді екен ғой өздері. Содан араға кісі салып. Ол кісісін салмас бұрын рістіранға апарып, – деді өзін-өзі ақтағысы келгендей.
Найзабек ағай енді не істерін білмегендей түнерген қалпы бір сәт үн-түнсіз тұрды да, кенет көзәйнекті қайта киіп, класс ішін, бізді бір жағалап өтіп, терезеден сыртқа қарады. Ағайға ілесіп біз де терезеден сыртқа қарадық. Біздің ынта-ойымыз бір бөлек. Мәселен, мен «Найзабек ағайдың мына көзәйнегімен біз қандай боп көрінеміз» дегенді ойлаймын. Сосын: «Ағайымыз Бадыраққа не істер екен енді?» – деп тағы да мазасызданамын. Маза- сызданбаймын-ау, «немен тынса да, тезірек тынса екен» деп бір түрлі асыға, қуана күтетін секілдімін.
- Өй, сенің ісің бар болсын, найсап! – деп бір кезде Найзабек ағай көзәйнегін қайта жұлып алды көзінен. –
Найсап! Ниетбайдың жаман көзәйнегі құрлы да көрмейді мынауың!
Сол күйі көзәйнекті үстелге атып ұратындай-ақ екпіні бар еді. Бірақ ағай оны атып ұрған жоқ. Сонша екпінмен сілтегенімен, үстелге қояр жерде, «Жаман да болса керек болып жүрер-ау» дегендей, абайлап, тық етікізіп қана тастай салды.
Бадырақ сабақ білмей қалған баладай, тақта алдында басын сипап әлі тұр.
- Ал қалған ақша қайда? – деді Найзабек енді оған тыжырына қарап тұрып.
- Найзеке, ақшасы-ы несі? Бір жолдас жігіт кездесіп...
Содан әйтеуір қарыз алып... Әзер дегенде осы...
- Сонда сонша ақшаны мына көзәйнекті сатып алуға құрттың ба? – Найзабек ағай үстелде жатқан көзәйнекті жұлып аламын дей бергенде саусағы шалқасынан жатқан көзәйнектің бір құлақшасына тиіп, көзәйнек жерге шиіріліп ұшып түскені..
Найзабек ағай енді асып-сасып жерге еңкейді. Ағай- ға ілесіп орнымыздан атып-атып тұрып, біз де еңкейіп жатырмыз.
Мұғалімнің көзі бір әйнегі сынып, екінші әйнегі сынбай түскен көзәйнекті бірден көре алған жоқ. Еденге созған оң қолының саусақтары басқа бір тұсты сипалап жүрді де, ақыры бір кезде тапты. Тапты дегеннен гөрі мұғалімнің қолы көзәйнекке тиіп кетті деу ыңғайлы сияқты. Өйткені көзәйнекті тапқан оның көзі емес, қолы болатын.
Көзәйнекті ұстай алған ағай, бір көзінің әйнегінің жоқ екенін сипап білген бойда-ақ түсі бұзылып кетті.
Орнынан тұрып барып қызы алып берген, ортасынан қақ бөлінген дөңгелек әйнекті ұстай бергендегі халі тіпті аянышты еді. Әлгінде ғана Бадырақты тапап кетердей болып тұрған кісі енді жылап жіберердей күйде тұр.
Сөйтіп тұрып та ол Бадырақты ұмытпапты. Оған сон- шалықты жиіркенішпен бұрылып тұрып: «Шық қане!» – деді шаңқ ете қалып.
Бадырақ өзін әлі де ақтағысы келгендей: «Найзеке-ау,
енді», – дей беріп еді... Ағай тағы да шаңқ етіп: «Шық деймін, найсап!» – деді.
Мұғалімнің бұл жолғы даусының қатты шыққаны соншалық, биыл ғана ақталған класс іші жаңғырығып кетті.
Бадырақ басын төмен салып, есікке қарай беттеді.
Найзабек ағай оған жиіркенгендей қараған күйі есікке дейін ұзатып салды да, үстелге сылқ отыра кетті. Көзәйнек ұстаған сол қолының саусақтары дірілдеп кеткендей болды. Кәдімгідей дірілдеді. Оны біз саусақтардың әлсіз қозғалғанынан ғана емес, үстелге қайтып қоя берген көзәйнектің дығыр-р-р деп қалтырауынан да сездік.
Класс іші тым-тырыс. Оқушылар бірдеңе деп сөйлеп, әлде бірдеңемен айналысу түгіл, дәл қазір еркін демалуға да батылдары жетпейтіндей.
Осы бір тыныштықты кенет есіктің оқыс ашылуы бұз- ды. Белбармақов екен. Басын есіктен жартылай сұғып, тісі-тісіне тимей қалшылдап тұрып: «Ағай, барлық әнді айтып болдық. Отынды да көп бұтадық. Енді класқа кіруге бола ма?» – деді.
Найзабек ағай Белбармақовқа не деп жауап беруді бірден шеше алмағандай аз-кем іркіліп барып:
- Жарайды, кіріңдер, – деді сондай бір жасқаншақ, жуас үнмен. Әлгінде Бадыраққа айқайлаған ерен дауыстың жұрнағы да қалмаған. Қуанып кеткен Белбармақов ар жағына:
- Кіріңдер... ағай кірсін деп жатыр-р... – деді де, алды- мен өзі ішке ұмтылды. Өзгелері де топталып есік аузында тұр екен, бәрі топырласып бірінен соң бірі кіріп жатты.
Өзгелері әлі тым-тырыс. Тек өткен жайлардан бей- хабар екінші кластың оқушылары ғана салдыр-гүлдір, тасыр-тұсыр етіп жайғасып жатыр. Тістері тістеріне ти- мей қалтырап-дірілдеп жүріп, біріне-бірі сөйлеп жүр.
Найзабек ағайдың қазіргі отырысында үміті үзіліп, жолы кесілген адамның кейпі бар еді. Мұғаліміміздің халі- нің аяныштылығы сондай, «Осы кісі бұдан әрі не істер екен? Сабақ өте ме, жоқ па? Тіпті мұғалімдікті де тастаса,
енді тастайтын шығар-ау» деген ойлар мазалап отырды мені.
Мұғалімнің өзі де тап қазір «ендігі жерде күнім не болады. Тіршілігім не болады? Мына балаларды тап қа- зір таратып жіберемін бе, әлде қайтемін?» дегенді ой- лап отырғандай еді... Сынған көзәйнек иесіз қалғандай, үстелдің шетінде тұр. Онымен енді ешкімнің де жұмысы болған жоқ.
Найзабек ағай ғана емес, бүкіл класс дағдарып отырған осы бір сәтте кенет Бура партасын салдыр-гүлдір еткізіп орнынан тұрды. Орнынан тұрғанымен қоймай, аяғын сол- датша сарт-сұрт басып парталардың аралығымен мұ- ғалімге қарай кетіп бара жатты.
- Бұл қайсың тағы да... Айналайын, отыршы орныңа... Мәжікенбісің... Әлде Томпақ... Тағы қайсың? Тым болмаса сендер мені кісі ретінде аясаңдар етті, – деді Найзабек ағай жыламсырай сөйлеп.
Тіпті сол бетінде жылап жіберер ме екен деп те ойлап едік, әйтеуір жыламай өзін-өзі іркіп қалды.
Жанына тақап барып қалған Бураны танып:
- Бурамысың? Е, сен екенсің ғой. Айналайын-ау, мен сені шақырғаным жоқ қой, – деді әлденеден қауіп- тенгендей.
Бура оның сөздерін құлағына да ілмей, үстел жанына барды да, ішкі қалтасына қолын сұғып, әлденені суырып алып, Найзабек ағайдың дәл алдына тық еткізіп қойды.
- Буражан-ау, тағы не істегелі тұрсың? – деді Найзабек ағай әлгі тық еткен нәрсеге соншалық шошына қарап тұрып. Партамызды сарт-сұрт еткізіп орнымыздан үдере көтеріліп, әлгі нәрсеге ағаймен бірге біз де ентелесе қарадық. Көзәйнек! Баяғы ағайымыздың жоғалып кеткен
көзәйнегі...
Найзабек ағайдың өзі де әлгі нәрсенің көзәйнегі еке- нін байқап, тағы айрылып қалатын адамша, шап беріп ұстай алған сәтте жүзі бір түрлі кісі күлерліктей еді. Ал көзәйнекті киіп алғанда әлгінде ғана кірбиіп отырған қабағы жадырап, көздері жайнап кетті.
Өзінің көзәйнегімен класты бір қыдырып өтіп, бізге асығыс, жол-жөнекей қарап өтті де, ағай терезеден сыртқа қарады. Ағаймен ілесіп, терезеден сыртқа біз де қарадық.
Терезеден сыртқа қарап тұрған сәтте Найзабек ағай бізге сондай бақытты, армансыз адамдай болып көрінді. Тіпті оның ендігі бақытында шек жоқ секілді. Сосын ол класқа қайта бұрылып, бізге күлімсіреген қалпы бір-бір қарап алды. Ағайға ілесіп біз де күлімсіредік.
Бізге ұзақ қарап, түгендеп алған соң, міз бақпаған қалпы бедірейіп үн-түнсіз тұрған Бураға бұрылып: «Ә, сен-н... Шойынов, Шойынов... отыр-р», – деді оқыс сасқалақтап.
Бура бұрылды да, аяғын солдатша сарт-сұрт басып, парта аралықтарымен өз орнына қарай беттеді.
Найзабек ағай «отыр-р» деген сөзді сасқалақтап әрі жылы айтқанымен, партасына беттеп бара жатқан Бураның соңынан бір түрлі суықтау қарап тұрғандай әсер етті маған.
Бура жайғасып болған соң барып, мұғалім көзін ауда- рып әкетіп кластағы оқушыларға тағы да жағалай қарап алды да: «Ал енді сабақ бастаймыз», – деді тың үнмен.
Оның сөйлеу мәнерінің тың болып естілуі біздің Найзабек ағайдың көзәйнексіз қалған кездегі мүсәпір халі мен жасқаншақ үніне үйреніп кетуімізден еді.
Болмаса естіп отырғанымыз Найзабек ағайдың сол баз баяғы даусы болатын.
Ол көзәйнегін кигелі бергі көзқарасы, қимылы, үні ар- қылы уақытша жоғалтып алған әдет-мінездерін қайта жинастырып жатқандай әсер етті бізге. Ендігі көзқа- расында баяғысындай өктемдік те пайда болды.
Ағайдың көзәйнексіз кезіндегі бостандыққа үйреніп қалған Мәжікен Қыздаркүлдің алдынан әлдебір дәптерді алуға еңкейе бергені сол еді...
- Отыр-р, тынышталып! – деген Найзабек ағайдың үні саңқ ете қалды. Мәжікен түгіл, біз де селк ете қалдық. Бұл – тіпті айна қатесіз ағайдың бұрынғы даусы.
- «Біз демалысты қалай өткіздік?» деген тақырыптағы
әңгімемізді ертең жалғастырамыз. Бәріңді түгел тыңдай- мын, – деді ағай қаламсабымен үстелді тықылдатып тұ- рып. – Қалғандарың бізді тыңдамас деп ойламаңдар. Өйткені не істегендеріңді түгел білемін. Өз ауылын қойып, өзге ауылдың балаларымен доп-таяқ ойнап, аяғын мертіктіріп, киімдерін жыртып кеткендер де бар араларыңда... Оларды да тыңдаймыз.
Менің ішім қылп ете қалды. Ептеп бұрылып Бураға қарап едім, ол безірейген қалпы ағайдан көзін алмай отыр екен.
Найзабек ағай енді Белбармақовқа бұрылды.
- Соңғы кезде сенің тілің тықылдап кетті ғой осы... Түлкі дейсің бе-ау... Әнді класта айтамын дейсің бе-ау...
Белмармақов «бұл ағайға мен не жазып едім» дегендей аңқиып отыр.
Мұғалім «Жарайды, сенің шаруаң оңай ғой» дегендей, көзін одан тайдырып әкетіп, жол-жөнекей бәрімізге бір- бір соғып өтті де, Бураға барып тоқтады. Бураға тоқтаған бойда-ақ мұғалімнің көзәйнектің ар жағындағы көздері ежірейіп кетті.
- Сенің ғана қолыңнан келер іс екенін ішім біліп еді... Найзабек ағайдың даусы тым қатқыл еді.
Бура жауап орнына ескі партасын салдыр-гүлдір еткізіп орнынан тұрды. Бурадан мұны күтпесе керек, ағай аз-кем кібіртіктеп қалды.
- Мен саған орныңнан тұр дегенім жоқ қой.
- Тұр демесеңіз, маған қарап сөйледіңіз ғой... Бура мұғалімнің көзіне көзін қадап осылай деді.
Бұл сөзімен өзінің ұмытыла бастаған қылығын есіне сап тұрғанын сезген мұғалім Бураға қарай бір-екі аттап жақындап келді де:
- Сен өзің кіммен сөйлесіп тұрғаныңды білесің бе? – деді, Бураны қалайда жасқап алғысы келгендей, зіп-зілдей етіп сөйлеп.
- Неге білмеймін...
Бура тіпті де ыққан жоқ. Қайта әбден қасарысып алған сірі мінез танытып, от шашқан көздерімен оқытушыға тесі-
ле қарады. Осы тұрысында ол неден де болса тайынбай- тындай.
Бүкіл класпен бірге мен де Найзабек ағай мен Бураға кезек-кезек қарап отырдым. Бұл арбасудың немен тынарын күттім.
Найзабекті састырғаны да бүкіл кластың осылай аңтарыла қарап отырғандығы болуы керек.
Әрі-сәрі күйде біраз тұрды. Осы тұрысында оның ба- сында неше түрлі ой болып жатқандығы айдан анық еді. Сол ойлардың ең негізгісі «Бұл итке не істесем екен?.. Қол жұмсасам... мына тұрысында өзіме ұмтылып жүре ме? Ұмтыла қалса абыройымды төгеді-ау. Бәлкім, көзәйнегімді сындырып...» деген қауіптер сияқты.
Ақыры мұғалім өзі ойлаған іске тәуекел ете алмаған күйде бір қызарып, бір бозарып тұрып:
- Отыр-р, – деді күмілжіген үнмен.
Сөйтіп Найзабек ағай сынды... Бура оны сындырды...
«Бөрлі» бастауыш мектебінің тарихындағы, мұғалім Найзабек Баймұратовтың өмірбаянындағы бұл елеулі оқиға еді. Өйткені бұған дейін оны сындырмақ түгіл... бетіне қарсы келген де оқушы болған емес. Сондай біреудің болғандығын мен естіген де, көрген де емеспін.
...Партасын салдыр еткізіп Бура орнына отырған соң, балалар алдарына қарап, дұрысталып жатты.
Мен ғана Бураға бұрылған қалпымда отырып қалдым. Оның от шашқан көзіне, өртке түсуге де пейіл түнерген жүзіне соншалық қызығып қарағаным бір... Сөйтіп отырып ішімнен «Қайран, Шойын көкемнің көзі!.. Жұрқабай атам- ның шөбересі!.. Жан дегендегі жақын туысым... Қияметке дейін қиыспас досым менің!» дедім елжіреп отырып.
Осы бір туысқандық сезім менің көңілімді босатып та жіберді. Алдыма қарай бұрыла бергенімде көзімнен жас ыршып кетті.
Найзабек ағай да мені күндік бағып-ақ отыр екен.
«Сынсам Бурадан сындым, өзгеңнен сынған жоқпын ғой» деген ыңғаймен: «Әй, саған не болды?» – деді қатқылдау әрі кекесінді үнмен.
Мен өзімше Бураға ұқсап, партамның қақпағын тасыр- тұсыр еткізіп орнымнан атып тұрдым.
- Саған не болды? Көз жасыңды бұлайтындай. Әке- шешең тірі. Күпәйкеңнің жамауы жоқ... – Найзабек маған жеп жіберердей тесіліп тұр. Мен оның бұл сөздеріне уәж қайыра алмадым. Уәж қайыру үшін Бура болып тууым керек екенін де, Бураның өзімнен көп биік тұрғанын да мен осы сәтте мойындадым...
Орнымнан түрегелген соң да көз жасым тыйылмай қойды. Көзімнен аққан жаспен бірге мұрным да босасын бір... Тап бір бұлақтың көзі ашылғандай. Қалтадан алып сүрте қоятын орамалы түспегір де қайдан болсын? Шал- бардың ышқырынан амалсыз көйлектің етегін шығарып алдым да, көзімді, мұрнымды сүрттім.
Найзабек ағай аң-таң. Найзабек ағай ғана емес-ау, барлық оқушылардың ауыздары ашылып отыр.
Көйлегімнің етегін көтере бергенде қарнымның жал- тырап кеткені өз-өзінен түсінікті. Оның үстіне көзге сүп- сүйкімді көрінетіндей, қайсыбір жетіскен қарын дейсің... Әншейінде болса, сөз жоқ, бәрі де жарыса күлер еді. Бұл жолы ешкім күлген жоқ. Тіпті езу тартқан да жан болмады. Менің кіші-гірім жеңісім осы болды! Маған күле алмады!.. Осы жеңіс мені қанағаттандырды да...
Найзабек ағай:
- Отыр! – деген кезде мен Бураға ұқсап, партамның қақпағын тасыр-тұсыр еткізіп орныма отырдым.
- Пешке от жағыңдар, – деді бір кезде Найзабек ағай қатқыл дауыспен.
Әрине, ол кісінің бұл сөзінен кейін біздің біреуіміз (төр- тіншідегі төртеудің) орнымыздан атып тұрып, пешке от жағу қамына кірісіп кетуіміз керек еді.
Бұл жолы класс іші тына қалды. Класс ішінің шын суып кеткенін де Найзабек ағайдың әлгі сөзінен кейін аңғарғандаймыз. Біз бір-бірімізге үрке қарағанымыз бол- маса, тіпті қозғалуға батылымыз жетпегендей.
Кенет партасының қақпағын сарт еткізіп ашып, сатыр- сұтыр орнынан Бураның көтерілгені. Бұл жайға біз түгілі,
Найзабек ағайдың өзі де таңданып қалды. Оның таңданға- нын біз шошаң етіп оқыс көтерілген иегінен, әуелі боп-боз болып кеткен өңінен байқадық.
Біз Найзабек ағайға, сосын сатыр-сұтыр бұрылып-бұ- рылып Бураға қарадық.
Бураның бізбен шаруасы да болған жоқ. Темір пештің қақпағын салдыр еткізіп ашып, үюлі жатқан дайын отын- дарды тыға бастады.
Балалардың назарының Бураға біржола ауып кетке- нін көңіліне алған Найзабек ағай:
- Қане, бері қараңдар! – деді шатынаған үнмен. Біз сатыр-сұтыр қайтадан ағайға бұрылдық.
- Немене, бұрын-соңды кісінің пешке от жаққанын көрмеп пе едіңдер?
Қалың көзәйнектің ар жағынан қараған Найзабек ағай- дың көздері соншалық суық еді. Класс іші жым- жырт болды.
Осы тыныштыққа көңілі толғандай, Найзабек ағай енді біздің үстімізден асып Бураға қарап тұрды. Бураның әр қимылына жіті қараған оның көзінде, жүзінде «Осы бала тағы да класты түтіндетіп, тағы сондай бірдеңе ойлап тауып жүрмей ме» деген уайымның да ізі бар еді.
Пештегі от гүрілдеп жана бастады. Өзге балалардан ұрланып мен екеуіне кезек-кезек қарап отырғам-ды.
Пештің қақпағын тағы бір ашып, отқа жуан кесінділер- ді тастап-тастап жіберіп, қақпақты асығыс қайта жауып, бұрыла берген Бураның көздері кенет Найзабек ағайдың көзәйнегімен ұшырасып қалды.
Әуелде суық ұшырасқан жанарлар бір-бірімен біраз тіресіп тұрды да, санасқандай, теңескендей күй аңғартып барып, екеуі екі жаққа бұрылып кетті.
Бұл жай – біржола келіскендіктің де белгісі бола алмас. Бірақ олардың сол қарастарынан-ақ азайған күдік пен сенім табын аңғарып қалғандай болдым. Осы кезде үстел үстінде ашық жатқан журналға үңіле беріп:
- Жарайды, балалар, енді сабаққа кірісейік, – деген Найзабек ағайдың үнінде бұрын біз байқамаған мейірім нышаны бар еді.
Бәріміз ағайға қарап, ағайды бағып отырмыз.
Сәлден соң тағы да ағайдан ұрланып, бұрылып қарасам, Бура пеш аузында әлі отыр екен. Әр жері тесік қақпақтан түскен от сәулесінің шалықтаған қызамық түсі оны әуелі жылап отырғандай етіп көрсетті. «Бура жылап отыр... Қалайша? Неге?» деп қалғам іштей шын жаным ашып. Сонан соң қақпақтың тесіктерінен түскен от сәулесі басқа жаққа ауғанда барып, оның тіпті де жылап отырмағанын анық байқадым. «Жоқ, Бура жыламаған екен...» Бірақ Бураның жүзі бұрынғысынан да сұсты әрі мұңлы көрінді маған...
Үшінші кластың
жетекшісі
Повесть
Педсовет мәжілісі созылып кетті. Жетекші мұғалімдер өз кластарының тоқсандық үлгірімін кезек-кезек айтып шықты. Сөз кезегі директорға тиген кезде отырғандар әдеттегісінен тыныштала бастады. Қайта-қайта жөтеліп отырған Қырықбай да қалтасынан бет орамалын шығарып, аузын қалқалай қойды.
Жайраңғали үстелін сықырлата орнынан түрегелді де, мәжіліс басталғалы әрнені түрткілеп отырған блокноты- ның қайырылысын алақанының қырымен ысқылап қойып, отырғандарға жағалай қарап алды. Әр жерде селтиіп тұратын директор бөлмесінің 4–5 орындығы жетпеген соң кластардың шиқылдақ орындықтарын жиыстырып, оған да сыймағандары тыстаған сарғыш жапқышы кір- ден жылтырап, жиектері желіне бастаған көне диванға жапырлай отырысқан мұғалімдерге директор әдейі сал- мақтап, сүзіле қарап шықты. Педсовет басталарда «Клас- тардың бірінде өткізсек қайтеді», – деген мұғалімдерге
«ішіме жел қармасып, мазам болмай отыр. Менде өт- сін», – деп Жайраңғали ыңғай бермеген. Қазір де қаракөл жағалы етегі тобыққа жететін қысқы пальтосын иығына жамылған күйі. Қайта-қайта қымтана түседі.
Сөзін әуелі, шын іші ауырған адамша, еріне бастаса да, әлдекімдерді сынап, жекуге келгенде кәдуілгі әдеті- нен жазбай, шапылдап, асығыс сөйлеп кетті. Алғашқы тоқсан қорытындысына байланысты үлгірімі нашар кластардың жетекшілерін біраз жерге қуып алған соң Қырықбайға тиісті.
- Класта тұрып насыбай атыпсыз... Бір-р... Киімді үтек- теп кию деген жоқ. Екі. Галстук – үш-ш... – Жайраңғали бесінші саусағын бүге бергенде, Қырықбай үстін-үстін жөтеліп кетті де, директордың сөзі бөлініп қалды.
Сонан соң Жүрекбайға ауыз салды.
- Арамызда мына Жүрекбай деген бала жүр. Инстөт- ті бітірмесе де, «жас бала ғой, үйреніп кетер» деп алып едік. Мектепте үшінші жыл істеп келеді. Ал енді осы ба- лаға көңіл толмай жүр.
Осы кезде химия пәнінен беретін мұғалім Қияқбек:
«Иә, Мәурікбаевтың өзі», – дей беріп, директор сөзін қос-
тағандығын сездіріп, қозғалақтап қойды. Қырықбай да тағы үстін-үстін жөтеліп алды.
- Иә, көңіл толмай жүргендігін өздеріңіз де сезіп жүр- ген боларсыздар. Әрине, мен қазір бәрін де дакладтап жатпаймын. Педагогқа лайықсыз істері бар. Обшым-м... Тоқ етерін айтқанда, Мәурікбаевтың мәселесін біз арнайы қарағанымыз жөн.
«Мұным қалай?» дегендей директор жан-жағына қара- ған сәтте өзгелер үндемеген соң, Қияқбек тағы да «Иә, арнайы-ы», – деп, ыңырси сөйлеп, оқу ісінің меңгерушісі Нұрымбаевқа қарай бұрылыңқырап отырып еді. Ол аз- кем таңырқағандай пішін ғана танытты.
Педсовет біткен соң, көңілсіздеу болса да, гүрің-гүрің сөйлесіп мұғалімдер сыртқа шықты. Ең соңынан шыққан директорды Қияқбек есік аузында күтіп алып, үйі бұрыстау болса да бірге кетті.
Жүрекбай біраз жерге дейін Нұрымбаев, Қырықбай – үшеуі бірге жүрді. Бірақ араларында пәлендей ауыз тұ- шырлық әңгіме болған жоқ. Шалбарының ұзын, кең ба- лағын шаңға тигізбеймін деп, анда-санда көтеріп қойып келе жатып, Қырықбай кеше ғана шығарған «Класс бұ- рышына» оқушылардың баттастырып сия жағып кеткенін айтып күңкілдеді. Нұрымбаев «Класс бұрышын» бүлдір- ген оқушыларды анықтау керектігін айтты. Оларға үнсіз ілесіп біраз жүрді де, үйінің тұсына келген соң, Жүрекбай бұрылып кетті.
Соңғы кезде сырқаттанып жүрген анасы жатып қа- лыпты. Үйге кіре сала, босағадағы аласа орындыққа отыра сала, бәтеңкесін шешіп, плащының түймесін жүре ағыта кереуетінің жанына келді. Апасының «термоста шай тұр» деген көңілсіздеу үні естілді. Шешініп болған соң, бір-екі кесе шай ішпек болып, термос пен кеселер- ді сыңғырлата шкафтан ала бастады. Бірақ бір кеседен артық ішпеді. Зауқы болмады. Газеттерді оқымақ болып аударыстырып еді, бұрын оқығандары екен. Ертеңгі болатын сабақ кестесіне қарады. Термос, кеселерді қайта жиыстырды да, сақыр-сұқыр еткізе кереуетіне құлай кетті. Ұйқысы келер емес. Директордың әлгінде
айтқан сөздері шыңылдап дәл құлағының маңында жүр- гендей. Ол жарығын басып қойған ондық шамның әлсіз сәулесімен буалдырланып көрінген аласа үйдің төбесіне қарап жатып, ақырын ғана күрсініп қойды. Қиялымен өткен күндерді шарлады.
* * *
Педагогикалық институттың бірінші курсын ғана бітірді. Жалғыз анасы сырқатты болған соң, одан әрі оқуға мүм- кіндігі болмады. Амалсыз сырттай оқуға ауысты.
Жүрекбай үшін мектепке орналасу да оңайға түскен жоқ. Аудандық оқу бөлімінің есігін талай күн күзетті. Анда- санда еріне сөйлейтін қара сұр жүзді, бұжыр бет меңгеру- ші алғашқы күндері «Сен түгілі, табақтай дипломымен келгендерге де орын жоқ», – деп, Жүрекбайдың өтінішін тыңдағысы да келмеді. Бір апта өтті. Екі апта... Жүрекбай да келуін қоймады. «Ынталы» совхозынан күніне екі рет қатынайтын автобуспен таңертең келеді. Кешкісін қайтады. Әуелгіде салқын сөйлеп жүрсе де, бір күндері
«көрерміз» дейтін болды. Соның өзі Жүрекбайға медеу болды. Анасын да «болатын шығар» деп жұбатып қояды. Сөйтіп жүргенде «Ынталы» совхозының алыстағы участогіндегі сегізжылдық мектептен орын табылды. Бұ- жыр бет меңгеруші «Бала жағдайыңды ескердім. Бол- маса осында институтты бітіргендер де өріп жүр», – деп
сол орынға рұқсат етті.
Біраз күннен кейін біржола Қызылтөбеге көшіп те кел-
ді.
Алғашқыда Жүрекбайды Жайраңғали жақсы раймен
қарсы алды.
- Рекең жіберген соң, біз не дейік. Істейсің. Әрине, кадрға пәлендей мұқтаж да емес едік. Дегенмен жас бала екенсің. Коллективке жастар да керек қой. Өзіңе бірінші класты беремін, – деп қамқор бола сөйледі. Тіпті класс бөлмелерін аралатып, мұғалімдермен де өзі таныстырды.
Сонымен Жүрекбай мұғалім болды.
...Алғашқы оқу жылының басталған күні. Ол күн Жүрек- байдың ұмытылмастай есінде қалды.
Оқу жылы басталардан бірер күн бұрын ғана сатып алған ақ нейлон көйлегін киіп, кітап, дәптерлерін газетке орап, қолтығына қысқан күйі мектепке жеткенде әлі ешкім де келмеген екен. Әуелі мұғалімдер бөлмесіне кіріп, кітаптарын қойды. Сонан соң есігіне «1-класс» деп жазылған кластың ішіне кірді. Өзін қуанышты бір сезім билеп жүр. Жүріс-тұрысы да сергек. Кейде жалғыз өзі жүріп-ақ күлімсіреп қояды. Парталарды аралады. Тіпті өзінің орындығына отыра беріп, өз-өзінен қымсынғандай қызарып, абдырап қалды. Ол қайткенмен де өзінің бұл күні абыржулы күйде екенін іштей жақсы сезді.
Жүрекбай әсіресе өз шәкірттерінің келе бастауын асыға күтумен болды. Дәптеріндегі бүгін бірінші класқа келуге тиісті он жеті баланың тізімін тағы бір оқып шықты. Көпшілігімен оқу жылы басталар алдындағы дайындық сабақтарында танысып алған. Алдымен Түлкібекті ертіп ферма бухгалтері Оңғар келді. Өзі аздап қызулау. Жүрекбайдың қолын қайта-қайта қысып, күле сөйлеп, ал- дыңғы партаға отыра кетті.
- Ініш-шек-к мына батырың оқимын-н дейді. А-аз- дап... ішкен жағдай бар. Қуаныш-ш қой... Бірінші балам, – деп, сұқ саусағын шошайтып, жан-жағына үрке қарап отырған баласының арқасынан қағып қойды.
Аса қуанышты екенін жасыра алмай отыр.
- Ініш-шек, жаңадан келіп жатырсың... Ы-ы-ы... Әлі танысармыз... Үйде боласың. Әби-и... әбизәтілні ішеміз...
- Рахмет Оңқа. Ол мәселе кейін.
- Жоқ кейін емес. Жуыр-рда... Тіпті бірер күнде. – Оңғар жұдырығымен партаның қақпағын бір ұрып қойды. – Жа- ман ағаң аман болсын. Мына Түлкібектің ағайларының басын бір қоса алмасам... Иә, үлкенім ғой... Білдің бе? Бұдан кейін де төр-ртеуі-і... Жоқ бесеуі бар-р... Аралары бір жылдан. – Оңғар сұқ саусағын тағы да шошайтып қойды.
Бұл кезде жұрт класқа балаларын жетелеп, абыр- дабыр сөйлесіп кіріп жатты. Балаларды таниды. Ата-
аналардың көпшілігін біле бермейді. Бір кезде қызын жетелеп көрші тұратын Зергүл дейтін әйел де келді.
- Шырағым-ау, өзіңмен бірге келеміз бе десек, азаны- мен кетіп қалыпсың...
- Апай, отырыңыз.
- Ие, отырамыз ғой. Отырмағанда қайтер дейсің? Мына Күлпашқа «Күнде көріп жүрген ағайың ғой. Өзің-ақ бара ғой, пісетін күбім, ысытатын айраным бар» десем, үй айналып қорсылдап өкпелесе болар ма... Өй, ынжық неме. Әкесіне тартып осындай болды.
- Жарайды, апай, сәл сабыр.
- Әрине, сабыр етеміз ғой. Шкүлде отырғанымызды білеміз.
Зергүл енді маңында отырған кісілермен самбырлап сөйлесе бастады.
Класқа үстіне қоңыр барқыттан костюм-шалбар киген домалақ қара баланы қолынан жетелеп, қамшысын бел- беуіне қыстырған қалың сақалды шал кірді. Кірген бойда тура Жүрекбайдың жанына келді.
- Шырағым, біріншіні оқытатын бала өзіңсің бе?
- Иә, мен...
- Ендеше мына баланы тізіміңе кірістір. Қойшығараев Табыл деп жаз. Кешеге дейін баламыз тұрмай жүріп көрген пәрзәнт болған соң, іздегеніміз табылды, – деп ырым етіп, атын Табыл қойғанбыз, шырағым.
- Бұл бала дайындық сабақтарында болмады ғой.
- Дайындық-майыңдығыңды білеміз бе? Таудан түнде келдік. Қой бағып жүрген қазақпыз. Осы баланы қабылдап алсаң, жүргелі тұрмын. – Баласы әркімге жалтақ-жалтақ қарайды. Жүзінде үрей бар. Атасының қолынан мықтап ұстап алған. Өзгелердей қолында сумкасы да жоқ.
- Кітап, дәптер алдыңыздар ма?
- Шырағым-ай, кейде осы оқыған балалардың сөзіне қарным ашады. Таудың арасында кітап, дәптер қайдан болсын? – Шал қалың қауға сақалын алақанымен сипап қойып, Жүрекбайға төне түсті.
- Құдайға шүкір, ақшасы бар. Ау, мәгәзіннің екі кітап, бір қаламы жетпей қалып па? Сатып алады. Оқып кетеді.
Әлгі осы ауылдан шыққан Айғырбайдың баласы қазір міністір болды дейді ғой. Әне, сол бала мойнына шүберек пәпке асынып, шкүлге жалаңаяқ қатынап оқыған бала. Көзіміз көрді.
- Ақсақал, әрине, дұрыс қой.
- Дұрыс болса, енді не дейсің? Мына Жаңғыр дейтін осы шкүлдің қарауылы менің жақын ағайыным. Табылжан соныкіне жатады. Бұрын далаға шықпаған бала. Апам мен көкемді сағындым десе – жіберіп тұр.
- Жарайды, ана жерге отыра тұрыңыз.
Шал баласын жетелеген күйі Жүрекбай нұсқаған соңғы парталардың біріне барып отырды.
Коридордағы у-шу да басыла бастады. Өзге кластар- да сабақ басталып кеткенін де сезіп тұр. Кластағылар- дың бәрі жайғасып болған соң, Жүрекбай сөзін бастады. Оқушылардың үлгірімі, тәртібіне ата-аналардың ықпалы жайлы айтты. Әуелгіде сөзін тәп-тәуір бастаса да, сәл- ден соң әлдебір қысылу сезімі пайда болып, асып-сасып та қалды.
- Саспа, шырағым, саспа. Ойбүй, бала оқыту оңай ма? Өзің де уыздай жас бала екенсің. Мына әр үйден жиылған тентектер миыңды пықыртып жібермесе қайтсін, – деп, Зергүл көршісі аяныш білдірген боп, самбырлап сөйлеп отыр.
Оңғардың бар ықыласы Жүрекбайда. Көзін бір ашып, бір жұмып отырып, «айта бер» дегендей, басын изеп қояды. Жүрекбай ұзақ сөйлеген жоқ. Айтар ойын жет- кізген соң балаларын алып келушілерге: «Қайта беру- леріңізге болады», – деді.
Ата-аналар біртіндеп шыға бастады. Оңғар кетерінде Жүрекбайдың қолын тағы да қысып-қысып қойды. Зергүл көршісі: «Сандалып кетпе. Ауылдың жаман иттері қауып алар, ағайыңмен бірге қайт», – деп, қызының құлағына құйып жатыр. Қойшығара шалдың шығуы тіпті қиын бол- ды. Баласын ұзақ айналып бетінен сүйгіштеумен болды. Сонан соң, шығуға бет алып, есікке қарай жүре бергенін- де, баласы шарылдай жылап, соңынан тұра ұмтылды. Шал баласын тағы аймалап есік алдында тұрып алды.
- Жарайды, ақсақал, шыға беріңіз. – Жүрекбай жақын- дап келіп Табылдың кішкене қолдарынан ұстады.
- Оу, оқушы да жылай ма екен? Қане, орныңа отыр. Қазір оқуды бастаймыз. Міне, өзіңдей балалар отыр ғой. – Шал баласына қайта-қайта қарайлап есіктен шықты.
Атасы кеткен соң да Табыл жылағанын қоймады. Тіпті
«партаға отырмаймын» деп әлек салды. Сәлден соң есік қайта ашылып, класқа Қойшығара шал кірді.
- Айналайын, Табылжан, жыламашы енді... Айналайын шүкірім-м.
Дауысы қалтырап, иегі кемсеңдеп кетіпті.
- Ақсақал, қайта беріңіз енді. – Жүрекбай еріксіз езу тартты.
Шал шығып кеткен соң, ол өз орындығына келді. Отыр- ған жоқ. Түрегелген күйі он жеті оқушысына жағалай қарап шықты. Табыл әлі де солығын баса алмай, соңғы парта- да жалғыз отыр. Өзгелері де бір- біріне үрке қарайды. Жүрекбай оларға ұзақ, қызыға қарады.
Күндер өтіп жатты. Жүрекбай жұртпен араласып таны- са бастады. Жүріс-тұрысы, сөзі де олпы-солпылау бол- ғанымен, жасы елулерден асып кеткен Қырықбай оған ұнады. Бір жолы мұғалімдер бөлмесінде оңаша қалып, екеуінің ұзақ сырласқаны бар.
Осы Қызылтөбе мектебін соғыс жылдары оқушылары- мен, ауыл әйелдерімен бірге өзі де салысыпты. Алғаш- қыда төрт жылдық мектепке арналып, ауыз үй арқылы салынған қарама-қарсы екі бөлме екен. Соны Қырекең ерінбестен Жүрекбайға схемасын сызып тұрып көрсетті. Елу бесінші жылдарға дейін жалғыз өзі істеп жүретін де, мектеп сегіз жылдыққа айналған соң да көп жылдар өзі директор болыпты. Осының бәрін бар ықыласымен, өзі де қызыға отырып айтып берді де: «Мінеки, бала, жаман ағаңның бітіргені», – деп, ырсия күліп алды. Жуырда ғана ұстарамен қырғызған басына енді тебіндеген шаштары ала-құла өсіп келе жатқан тарылық сияқты еді.
Селкілдей күлгенде мойнын тұтас басқан әжімдері жиырылып-жазылып тұр.
- Әне, сөйткен ағаң енді қол еңбегі мен суреттен сабақ
береді. Былтырға дейін дене тәрбиесінен сабақ беріп едім. Әй, жас келген соң, доп қуған балалардың соңынан жүгіруге де ұялады екенсің.
Сол жолғы әңгімеден соң екеуі араласып кетті. Қолы- нан келмейтін әлде өзіне ерсілеу көрінген шаруаларын
«Жүрекбай бала, қайтесің енді», – деп әкеліп тұрады. Жүрекбай да қолынан келгенін аямайды. Шәкірттермен де түсінісе бастады. Әуелгіде көршілерінің: «Шырағым, Жүрекбай-ау, өзің үнстеттен келіп біріншіні оқытқаның нең», – дегеніне кәдімгідей шамданып қалушы еді. Оның үстіне мақтанып сөйлегенді ұнататын апасы көшіп кел- ген соң-ақ: «Баламды үнстет жібермейміз деп қиғылықты жасаған екен, үнстетке сабақ бергіземіз деген екен. Мен қоймадым», – деп әңгімені ушықтырып жіберген. «Балаңыз әлгі мектепке жаңада барған мұрынбоқ немелерді оқытып жүрген көрінеді ғой», – деген сөздерді естіген соң жүні жығылып қалды.
Арада екі-үш ай өткен соң бәрі де ұмытылды. Шәкірт- терінің әрқайсысының мінез-құлқын біліп үйренісіп алған соң, тіпті көңілді болды.
Класында өткен алғашқы ән сабағы Жүрекбайдың әлі есінде. Еске алғанда еріксіз езу тартады.
Сабақ басталысымен-ақ оқушылар әдеттегіден тыс ықыласты отырды. Әрқайсысының қабілетін байқау үшін Жүрекбай бірінші сабағында оларға өздері білетін ән- дерді орындатуды ұйғарды. Бірінші болып Күлпаш қо- лын көтерді. Көршісі әрі оқушысы болғандықтан өзі Жүрекбайға әбден үйреніп, еркін сөйлейтін болып алған. Сондықтан болар «ағай, бізге қашан ән-күй болады» деп сұрап алғаны да бар.
- Қане, қайсысың ән айтасыңдар, – деген кезде, «Ағай, ағай, мен айтайыншы», – деп, қолын төбесінен асыра бұл- ғақтатып болар емес. Оған ілесе Түлкібек, сонан соң он жеті баланың жартысынан көбі тілек білдіріп, қолдарын көтер- ді. Табыл әуелі көтерді де, қолын қайтадан түсіріп алды. Шамасы дақпыртқа ілесіп, қызды-қыздымен аңдамай көте- ріп қалған болса керек. Сонысына қысылғандай, самайын қасығыштап, төмен қарап отыр. Жүрекбай бәріне жағалай
бір қарап өтті де, «ал, Күлпаш, сен шыға ғой», – деді. Күлпаш тақта алдында Жүрекбайға бұрыла қысылмай еркін тұрды. Расында да біраз ән біледі екен.
- Жарайсың, Күлпаш, енді отыра ғой. – Күлпаш жай- раңдап, қуанып қалды. Партасына бұлғақтай жүріп барып отыра бере, «естідіңдер ме» дегендей, жан-жағына ер- кінси қарап алды. Жанында отыратын арық қара бала әлдене айтуға бейімделіп, жақындай түсіп еді.
- Ағай, мына қараңызшы. Сыбырлай береді, – деп ай- қай салды. Әлгі бала сасқанынан алдыңғы партадағылар- ды тасалап етпеттеп жата қалды.
Екінші болып тақта алдына Түлкібек шықты. Көкшіл көздерін Жүрекбайдан алар емес. Жүрекбай: «Ал енді бастай бер» деген соң-ақ Түлкібек аузын кең ашып, класты басына көтере барылдай жөнелді.
Бойдақ болып-ып жүрмін-н әлі-і, Барады өті-іп...
- Тоқтат.
Түлкібек асып-сасып, абыржып қалды.
- Бұл өлеңді саған кім үйретті?
- Бұл өлеңді-і... анау... Жора деген тракторшы көршіміз бар.
- Басқа өлең білесің бе?
- Анау-у... Көкем үйреткен бір өлең бар.
- Соны айта ғой. – Рұқсат етсе де, «осыны неге отыр- ғыза салмадым екен» деп, Жүрекбай іштей өкініп қалды. Түлкібек ауылды жерде айтылып жүретін қарадүрсін әуенмен тағы да барқырап кетті.
Өмір – теңіз, біз – кеме, Жүзіп келе жатырмыз-з.
Қыздар – балық, біз – балықшы. Сүзіп келе жатырмыз-з...
- Оңғаров, отыр орныңа.
Жүрекбайға ілесе Күлпаш та айқай салды.
- Ағай, ол өкіметтің өлеңі емес.
Жүрекбайдыңдаусысұстылаушыққандықтанда, Түлкібек абыржып қалды.
- Ағай, ендеше «жер шарының» жартысын айтайын.
- Жарайды, жетер.
Түлкібек бір қолымен ышқырлығын қайта-қайта көтеріп қойып, орнына барып отырды.
Тағы да біраз оқушы тақта алдына шығып, білетін өлеңдерін айтты. Оқушылардың соңын ала Табыл тағы да қолын көтерді.
Өзгелерден гөрі жасқаншақ, тұйық Табылға Жүрекбай үнемі жұмсақ сөйлейтін.
- Табыл өлең айтасың ба?
- Айтайы-ын-н. – Дауысы ыңырсып әзер шықты.
- Ендеше шыға ғой.
Табыл аяғын ақырын басып, тақта алдына шықты. Шығарын шықса да, өзі тіпті үрейлі.
- Ал айта ғой.
Табыл аяғын бір-екі басып, Жүрекбайға жақындап тұрды.
Әкем аты Мейірман, Шауып келдім қиырдан-н...
Дауысын Жүрекбайдың өзі әрең есітіп тұр. Бала одан әрі үндемей, төмен қарап қалды.
- Айта ғой, әлде ұмытып қалдың ба? Табыл төмен қараған күйі:
Жаман тоным жалбырап, Құлап қалдым сиырдан, –
деп, егіліп жылап қоя бергені.
Класс іші шулап күлісіп жатыр. Жүрекбайды да күлкі қысты. Бірақ күлген жоқ. Өйткені оған Табылды жұбатып, орнына отырғызуға тура келді.
Сол күні түнде ертеңгі сабағына әзірленіп үй ішінде жалғыз отырып көзінен жас аққанша күлгені бар.
* * *
...Содан бері де екі жыл өтіпті. Олар да ер жетіп қалды. Жүрекбай кереуетін сықырлата бір аунап түсті. Ұйқысы келер емес. Құманын салдыратып апасы есік аузында жүр.
- Ища-а, Жүрекбайжан-ау, сыртқы есікті ілмегенің не, –
деп сөйлей кірді. Жүрекбай үндеген жоқ. Апасын да аяды. Күйбеңдеп таңертеңнен кешке дейін бір тынбайды. Анда- санда ұстап қалатын сырқаты тағы бар Жүрекбайды сырттай оқуға ауыстырғандағы мақсатының өзі келінді болу еді. Соның реті келмей жүр. Жүрекбай да ойлан- байды емес. Қызылтөбенің бір қызына қырындаймын деп күлкі болған да жайы бар.
Өткен жылы аудан орталығындағы орта мектепті біті- ріп келіп, фермадағы дүкенде істеп жүрген Шолпанкүл- мен арақатынасы тәп-тәуір болатын. Анда-санда дүкен- ге барып тұрады. Көбіне кітап, әлде бір зат іздеген боп сылтау табады. Кімге де болса сызылып тұратын ашаң жүзді, бұйығы қызды көңілі қатты ұнатады. Дүкенге бара- ды да, ананы-мынаны қараған боп ұзақ тұрады.
Кейде дүкен іші оңаша болғанда тиіп-қашып болса да, жылы-жылы сөйлесіп қалатын кездері бар. Қыз да теріс көрмейді. Дүкенге біраз соқпай жүріп барғанында бота көздерін тура қадамай, әлдеқайда алып қашып тұрып:
«неге соқпай кеттіңіз?» дейтіні бар. Ондайда Жүрекбай да сасып қалып, аузына алдымен түскен сылтауын айта салады. Шолпанкүл – ферма меңгерушісінің қызы.
Екеуінің арасындағы осы бір жайларды сезіп, біліп апасының да көкірегіне нан пісіп жүретін. Кейде екеу ара шай ішіп отырып шүңк-шүңк сөйлескенде: «Келін түсіре қойсаң, өйтсек қайтеді, бүйтсек қайтеді?» – деп, қайдағы бір көңілінде жүрген жайларды да айтқыштап кетіп еді. Сөйтіп жүргенде биылғы күзде күтпеген бір жай болды.
Оқудың жаңа басталған кезі. Жазғы сессиядан келген бойда ферма басшылары ауыл мұғалімдерін «шөп шабуға көмек беріңдер» деп, шабындыққа алып кетті де, содан оқу басталардан бірер күн бұрын алып келді. Шолпанкүл- мен кездеспегелі екі айдай өткен. Киноға шақырса, «ауыл адамдарынан ұяламын» деп бармайды. Сонан соң екеуі ауыл сыртындағы қалың бауға қарай қыдыруға шықты. Ымырт үйіріліп төңірек қараңғыланған шақ. Екеуінің қол ұстасқан күйлері өткен-кеткен жайларды сөз етіп, бауға жете бергені де сол еді. Қарсы алдарынан бір арқа жусан арқалап бір әйел шыға келгені. Ақысы қалғандай, екеуіне
төніп келіп қарады. Сөйтті де арқасындағы отынын жерге қоя салып: «Үйбай-ау, мұғалім бала мен Шолпанкүл ме деймін», – деп, таңдана үн қатты. Зергүлдің дауысы.
Жүрекбай үндеген жоқ. Зергүлден қатты қысылған Шолпанкүлді қорғалай жүріп әрі кете берді.
Сол түні ауыл үрен-сүрен болды. Зергүл үйіне жете арқасындағы отынын тастай сала: «Ойбай, қыз қашты. Несін айтасың, мұғалім бала ферма бастықтың қызын жетелеп қырдан асып барады», – деп айқайды салыпты. Онысымен де қоймай, түн ішінде ауылдың бір шетіндегі Шолпанкүлдің үйіне барады. Екеуі ауылға қайтып орал- са – жұрт у-шу.
Әр жерде гуілдесіп сөйлескен еркек, әйелдер. Оталған мотоциклдер.
Бар қызығы ертеңіне болды. Шолпанкүлдің шешесі де азулы, қызуқандылау кісі еді. Ертемен мектепке барып- ты. Өздерінің мектеп директорымен жақындықтары бола- тын. «Мынау мектеп екен-ау» деп қаймыққан жоқ.
- Қайда, әлгі менің қызымды жетелеп қашатын неме- лерің? Оны көрейін мен! – деп айқайлай кірді. Жүрекбай сабақта отырған. Тағы бір құқайдың басталғанын сезіп сыртқа шықты. Мектеп директоры, Қырықбай, Нарым- баевтар да коридорда жүр екен.
Әйел Жүрекбайды көрген соң тіпті долданып кетті.
- Е, мына неме ме едің? (Жүрекбайға «неме» дегені- ақ қатты батты.) Кәстөмінің жеңі шашақтанып, қыстан әзер шыққан тоқтыдай ілмиіп жүргенге құдайдан тілейтін момын ба десем... Мұның ойы көкте екен. Ойбай-ау, мен сенің Шолпанкүлдің білегінен ұстағаныңды көрейін.
Мұғалімдер басу айтып, әйелді әзер қойғызды.
Сол күні мектеп іші де гу-гу әңгімеге толды-ау. Мұғалім- дер түгілі, оқушылардың да шет-жағасы есітіп қалды. Жүрекбай әбден қысылды. Оның үстіне, үлкен үзілісте Жайраңғали кабинетіне шақырып алып, мұғалімдердің көзінше жерден алып, жерге салсын бір...
- Сен педагогқа тән іс жасап жүрген жоқсың. Өзіңді ғана емес, бүкіл коллектив намысын қор еттің. Бұл ісің аяқсыз қалмайды... – Әйтеуір айтылған сөзде есеп жоқ.
Арада екі айдай уақыт өтсе де, Жүрекбай үшін сол жай күні кеше болғандай. Ойлайды да өз-өзінен қысылады. Бәрін де бүлдірген Зергүл. Болмаса осынша әңгіме, күлкі болмас та еді.
Бүгінгі жиналыста Жайраңғалидың бұған тісті басыңқы- рап сөйлеуінің де сыры осында. Әуелгіде қамқорсып жүретін директордың Жүрекбайға суынып қалған тағы бір себебі бар.
Өткен қыста болған бір педсоветте Қырықбай туралы сөз болды. Жайраңғали: «Педагог болуға лайықсыз. Сабақты жүйелі өткізбейді. Қалай болса солай жүреді», – деген пікірлер айтты. Директордың бұл пікіріне «Бұл бізді оқы- тып жүргенде де осылай еді», – деп, Қияқбек қосыла кетті. Олардың пікіріне Нұрымбаев пен Жүрекбай қарсы шықты. Әр түрлі жайлар сөз болды.
Содан кейін-ақ Жайраңғалидың Жүрекбайға көзқарасы өзгерген болатын.
* * *
Жүрекбай ой құшағынан арыла алмай, оқта-текте есінеп жатып, қабырға сағатының тілі бірден аса берген кезде барып мызғып кетті.
Кеш жатса да таңертең ерте оянды. Бұл күндегі әдеті. Жеңіл киініп сыртқа шықты да, қора ішін айналып біраз жүгіріп алды. Алғашқы кезде Жүрекбайдың бұл жүгірісіне ерте тұрып мал сауып жүрген әйелдер қасқыр көргендей едірейісіп қарайтын. Келе-келе көздері үйренді ме, онша- лықты таңырқамайтын болды.
Жүгіріп болған соң, есіктің алдындағы қараталдың бұтағына қағылған ернеуі қабысқан қолжуғышқа құдықтан әкеліп су құйды. Апасы да тұрыпты. Сары самаурынды көтеріп сыртқа шықты. Екеуінің шай ішкендері де қызық. Бір-біріне көп сөйлей бермейді. Сөйлесе де апасы көбіне қабақ шытып, кейістік білдіріп отырады. Шолпанкүлмен арадағы іс сәтсіздікпен тынғалы осылай.
Жүрекбай шайды асығыс ішті де кітап, дәптерлерін орап, қолтығына қысқан күйі мектепке қарай жүрді.
Үйден тым ерте шығыпты. Қарауыл Жаңғыр шал ұзын шеңгел сыпырғысымен мектеп алдын сыпырып жүр екен. Кемпірі Табылды ертіп мектептен енді шығып барады. Шамасы, кластарды тазалап енді болған сияқты. Еден сүрткіштер салған шелегінің түбі жерге тиер-тимес болып, Жүрекбайға ұрлана қарап алып, Табыл мектепті айналып кетті. Ер жетейін дегені ғой, осы күні еден жуатындығы- на қысылатын болыпты, Қайсы бір күні «өзіміздің класты неге дұрыстап жумайсың», – деп Түлкібек бастаған бір топ балалар ортаға алып жүр екен. Табыл жарылардай болып ашудан түтігіп кетіпті. Төбелесіп те қалар ма еді. Жандарынан өте бере «Табылдыкі дұрыс. Үлкен кісілерге солай көмектесу керек» – деп, Жүрекбай жұбату айтқан соң барып, оның көңілі жайланғандай болды.
Мұғалімдер бөлмесіне кіріп өз орындығына отырды да, бүгін оқушыларына таратып беретін шығарма дәптер- лерін реттей бастады.
Өткен аптада оқушыларына «Менің демалысым» де- ген тақырыпта өз беттерінше шығарма жазып келуді тапсырған болатын. Жиылып алып оқығанда Жүрекбай өз шәкірттерінің жаңа әуендерінің сазын тыңдап, жан дүниелерін бір рет аралап шыққандай болды. Өзіне ай- рықша ұнаған екі шығарманы газетке бөлек орап қойған. Солардың бірін қолына қайта ұстап, оқи бастады.
«Ағай, мен демалысымды жақсы өткіздім. Азанда ерте тұрып, Жаңғыр атам екеуміз жоңышқа ордық. Ол кісі орды, мен жинадым. Сосын әжем, атам үшеуміз шай іштік. Шай ішіп отырып: «Қақалып-шашала бергенің не? Аңызда отырған жоқсың, дастарқанның басында отырсың», – деп, әжем Жаңғыр атама ұрсып алды. Әжемнің ашуын білесіз ғой. Ана жолы «Жаңа жуған еденнің үстімен жүріп былғадың» – деп, өзіңізге қандай айқайлады. Ал Жаңғыр атама тіпті қатты ұрсады. Кейде атамның әжеме өкпелеп қалатыны да бар.
Шай ішіп болған соң әжем маған біраз ойнап келуге рұқсат етті. Сосын мен дүкенге бардым. Шолпанкүл дү- кенді жаңа ашып жатыр екен. Қалтамда атам (өзімнің Қойшығара атам ше) берген ақша бар еді. Сол ақшаға
Қабылға бәтеңке алайыншы деп ойладым. Сосын үйден біреу келсе беріп жіберемін ғой. Сіз Қабылды білмей- сіз. Ол оқуға келесі жылы келеді. Шолпанкүлдің жанына жақындап тұрып:
- Ініме бәтеңке беріңізші, – деп едім, Шолпанкүл әуелі күлді.
- Ініңнің қандай бәтеңке киетінін қайдан білемін.
- Мен өзім білем.
- Інің қанша жаста?
Мен алты саусағымды көрсеттім. Шолпанкүл сықы- лықтап күлді де, бір әдемі қара бәтеңкені алып берді.
Аяғыма киіп көріп едім, сыймады. Сосын Шолпанкүлге
«Осы болады» дедім. Шолпанкүл таңырқай қарады.
- Маған сыймаған бәтеңке оған сия береді, – деп ақ- шамды ұсындым. Шолпанкүл ақшамды алып, күлімсіре- ген күйі басымнан сипады.
- Нешінші класта оқисың?
- Жүрекбай ағай оқытады, – деп, үш саусағымды шо- шайттым. Ол қызарып күлімсіреген күйі төмен қарады. Түсте әжем күріш ботқа жасапты. Ботқа жеп оты- рып Жаңғыр атам деректір ағайды жамандап еді,
«Деректірді жамандап, пенсияға қоса жалғау етіп отырған мына жұмысыңнан құтыла алмай жүргенің бе, сорлы-ау», – деп әжем ұрсып тастады.
Түс қайта есебімді шығардым. Есебімді шығарып жатқан кезімде Жаңғыр атам: «Табыл шырақ, қашан боласың? Екеуіміз істейтін бір жұмыс бар екен», – деп, қайта-қайта күле берді. Сосын атам екеуіміз мал қораның ішін тазаладық. Кешке әжемнің құйып берген бір тостақ үзбен көжесін ішіп бола, жастыққа жантайып жатып өзіміздің үйді ойладым. Әсіресе Қабылды қатты сағындым. Оған алған бәтеңкені кімнен беріп жіберуді ойластырдым. Сосын қалғып кетіппін...
Қойшығараев Табыл. 3-класс». Жүрекбай үлкен әріптермен дәптердің төрт бетін тол- тыра жазған шығарманы күлімсірей отырып тағы бір
шолып өтті.
Екінші шығарма Түлкібектікі болатын. Ол демалыста апасына күні бойы көмектескенін тізіп жазып, соңынан өлең құрастырған болыпты. Жүрекбайға ұнағаны да осы өлеңі болды.
«...Жатыр едім кешкісін, Бір шапанға оранып.
Мияулап ала мысық та, Ұйықтатпады-ау, ойпырмай. Кіріп келді бір кезде,
Көкем үйге мас болып. Апама картоп қазысам деп, Кетпенді тасқа шауып ап, Жүзін қайырдың-ау.
«Мияулап кеттің неге?» – деп, Ала мысықтың мойнын бұрады. Түлкібек, Биғаш, Забаш – бәріміз Қашып жүрміз дүркіреп.
Әй, көке-ай, көке-ай, Арақты қашан қоясың?»
Жүрекбай еріксіз езу тартты. Өзі оқыған шығармаларды айрықша ұқыптылықпен бөлек орап қойды.
Мұғалімдер де жинала бастады. Коридорда ерсілі-қар- сылы жүгірген оқушылардың дабыры естілді. Қырықбай сары жез қоңырауды алып шығып, есік аузында тұрып ұзақ ұрды. Жанына жапырлай барып: «Ағай мен... мен-н ұрайыншы», – деп таласқан оқушыларға қоңырауды бер- ген жоқ.
Мұғалімдер кластарына ене бастады. Жүрекбай да өз класына беттеді.
Үзіліс кезінде «Несін айтасың. Бүгін облонодан инспектор келеді екен» деген сөз тарады. Жұрт сенер- сенбесін білмей аңтарылып қалды. Біреулер «Қызыл- төбеден облононың инспекторы не жесін?» – дегенді айтты. Бірақ сөз расқа шықты. Жайраңғали Қияқбекті ертіп автобусты күтуге кетті. Қырықбай бастаған бір-екі мұғалім үйлерінде қалған күнделік жоспарларын әкелуге жүгірісті. Үйі қашықтау Қырықбайға бұл да оңай іс болған жоқ. 20 минут дегенде қара терге түсіп, борсаңдап әзер
жетті. Келе сала дәптерін парақтай бастады. Бәрі де абыр-сабыр. Жазылмағандары қайта толтырып әлекке түсті.
Бірақ бұл жолы инспектор келмей қалды. Бұл хабарға біреулері қуанды. Біреулері өкінді. «Япырмай, үйге дейін жүгірген еңбегім-ай!» – деп, Қырықбай айрықша кейістік білдірді.
Сабақтан соң Жүрекбай түскі асын ішті де, ата-ана- лары бірінші тоқсан қорытындысы бойынша табельге қол қоймаған үйлерді аралады.
Осыдан біраз күн бұрын ата-аналар жиналысына шақыртса, Оңғар мен Жаңғыр ғана келіпті. Сонан соң Жүрекбай оларды қайтарып жіберіп, жиналыс жасамай- ақ, үйлерді өзі аралап шығуды ұйғарған болатын.
Зергүл көршісі Жүрекбайдың есіктен кіріп келе жатқа- нын көре сала, иіріп отырған ұршығын асыға жиысты- рып, сөйлей жөнелді.
- Шырағым, мұғалім бала-ау, ауыл үйдің қонағы айында-жылында деген рас екен. «Осы Күлпаштың ағайын бір тоқты сойып шақырамыз ба, қайтеміз» – деп шалымызбен екеуміз бүгін түнде ғана ақылдасып шығып ек. Төрлете ғой, шырағым!
Зергүл төрге көрпеше, жастық сала бастады,
- Рақмет, апай, мен асығыспын. Бүгін біраз үйге кіріп шығуым керек еді.
- Шырағым-ау, шай ішіп, дәм татып дегендей. Өзің- нен ұялыс тауып та жүрген жағдайымыз бар. Түнеугүні
«Ферма бастықтың қызын жетелеп барады» деп, ауызы- ма сайтан салғандай, ел-жұртты дүрліктіргенімді айт- сайшы. Естіп жатырмын, шырағым, ферма бастықтың қатыны да жетістірмеген көрінеді. Әдіра қал-ау... Осы күнгі бастықтың әйелдері де мас қой. Сенен артық қызын ханның баласына бере ме? Ойпырмай, саған айтқан сөздерін осында естіп зығырданымның қайнағаны-ай. Әй, өзім де зорға шыдадым-ау.
Әңгіме десе есі шығып кететін Зергүлдің әзір тамам- дайтын түрі жоқ. Қызды-қыздымен самбырлай сөйлеген күйі босағадағы бір құшақ жусанның үстіне отыра кетті.
- Жарайды енді. Мына қызыңыздың бағасын көріп, табеліне қол қоя қойыңыз.
- Иә, шырағым, осы әңгіме десе есім шығып кететіні бар. Өзің де білесің ғой. Менің сырыма қанық болатындай кезің болды.
Зергүл дудырап кеткен самай шашын жаулығының астына қарай саусақтарымен ысырып қойып, Жүрекбай ұсынған қағазға үңіле бастады.
- Қызыңыздың тәртібі нашар. Сабақ үстінде жан- жағына қарап сөйлесе береді.
- Енді менен туған қыз ғой, шырағым-ау. Қалай үндемей отырсын. Сөйлесе береді дегеннен шығады- ау... Сендер баласыңдар, кешегі соғыстан кейінгі ауыр жылдарды біл- мейсіңдер ғой. Мына біздер сол кезде уыздай келіншек едік. Әйелдер жаз кезінде шөмеле жасаймыз. Құдай-ау, жас келіншектердің жүрген жері әңгімесіз болған ба? Көлеңкеде жасырынып жатып әңгімені әйда кеп соқ... Шалғынбай деген біригәдіріміз бар еді. Жер барып айтпасын, марқұм мазасыздау кісі болатын. Алдыңғы жылы ғана қаза болды. Айтайын дегенім, шырағым-ау, күнара жиналыс болады. Ұрысатындары мен. «Әңгімесі бітпейді. Жұртқа жұмыс істетуді қойды. Өсек айтпаса іші ауырады...» Мен де үйреніп кеттім. Жиналыс болса- ақ қасқайып әдейі алдына таман отырамын. Содан
«Зергүлдің жиналысы» деген сөз елге мәтел боп тарап кеткен.
- Жарайды, мен енді шығайын.
- Шай ішіп шығатын жөнің бар еді. Мен де самбырлап басыңды ауырттым ба, қайдам.
Зергүл тағы да сөйлеп жүріп, Жүрекбайды сыртқы қораның аузына дейін шығарып салды.
Жүрекбай Түлкібектің үйіне келді. Оның сыртқы қора- дан кіргенін көрген кішкене екі қыз: «Ағай келді. Ағай келді», – деп, өздерінше қуана дабырласып үйге кіріп кетті. Жүрекбай ішінен Түлкібектің өлеңіндегі Биғаш пен Зибаш болар деп ойлады. Ауызғы бөлмеде апасы ұстарамен Түлкібектің шашын алып жатыр екен. Түлкібек екі қолымен жер тірей шөкелеп отырыпты. «Ауырды ғой,
апа-а» – деп, жыламсырай ыңырсып қояды. Түлкібектің апасы Қыздаркүл жылы жүзді, мейірімді кісі. Көре сала
«Жүрекбаймысың шырағым, төрлет» – деп өзі етегіндегі шаш қылшықтарын қаққыштап, асып-сасып қалды.
- Ертең-ақ алып берейін десем, жоқ ағайдан үшінші рет ескерту алдым» деп көнсейші қане.
- Оқасы жоқ. Ала беріңіз. Мен күте тұрамын ғой. – Жүрекбай босаға жақта тұрған орындыққа жайғасты.
Бүгін Түлкібекке ескерту айтқаны рас еді. Сол ес- кертуін есінде ұстаған шәкіртіне риза болды. Үнемі осы- лай шашы өсіп жүретіндіктен, өткен жылы Түлкібекті оқушылардың алдына шығарып кейіген болатын. Әбден қысылған Түлкібек: «Қайтем, көкем күнде мас болып келеді. Басымды қолы қалтырап, кесіп ала ма деп қорқамын», – деді де жылап жіберді. Әуелі кейісе де, енді не деп жұбатарын білмей, Жүрекбайдың өзі абды- рап қалды. Оған іші жылып, аяп кеткендігі болар, шашын алдырып келген күні үзілісте оңашалап: «Шашыңды кімге алдырдың?» – деп сұраған болатын. Түлкібек сыбырлап қана: «Апама алдырдым», – деді.
Содан кейін оған қатты айтпайтын болды. Жай ғана:
«Түлкібек шашың өсіп қалыпты-ау», – дей салады.
...Шашын алдырып болған соң тып-тықыр басын ала- қанымен сипап-сипап қойып, Түлкібек ішкі бөлмеге кіріп кетті. Жүрекбай ораулы қағаздардың ішінен Түлкібектің табелін алды.
- Балаңыздың тоқсандық бағаларын көріңіз. Екі ғана төрттігі бар. Өзгесі өте жақсы – Қыздаркүл қуанышын жасыра алмай, күлімсіреп келіп табельді қолына алды.
Қол қойдырып болған соң Жүрекбай шығуға бет алды.
- Отырмадың ба, Жүрекбай-ау. Үнемі асығып келесің.
– Қыздаркүл шын көңілімен бәйек болып жүр.
Оңғармен үйді айнала бетпе-бет ұшырасып қалды. Қолтығына есеп-шоты мен бір буда қағазын қысып, асыға басып келе жатыр екен. Мұны көре сала:
– Оу-у, Ж-Жүрекбайжан, – деп ақсия күліп тұра қалды. Жүзі албырап, көзі қысылыңқырап тұрған қалпына қара- ғанда, аздап та болса тамақ жібіткенге ұқсайды.
- Оқушылардың табеліне қол қойдырып жүр едім.
- Оу-у, ендеше біз де көрейік. Сол баланың әкесіміз ғой.
Жүрекбай ұсынған табельді көзіне жақындата ұзақ үңіліп тұрып:
- Жар-райсың, Оңғар-ровым, – деді. Сонан соң ризалық пішінмен табельді қайта ұсынды.
- Ал, ендеше ішейік. Только жүз грамнан. – Оңғар сұқ саусағын құлағының түбіне тақап қойды.
- Рахмет, аға. Мен асығыс едім.
- Жо-о, жоқ. Менің Түлкібекті қандай жақсы көретінімді білесің ғой. Ол менің тұңғыш-ш балам. Орысшалағанда пер-ру-уай. Білдің бе? – Оңғар қолындағы есеп-шотын салдыр еткізіп бір ырғап қойды.
- Байқадың ба? Ол өлең жазып жүр. Кәзитке де жіберемін дейді. Құдай-ау, оның өлеңін басса, кәзиттің де күні қараң екен. – Оңғар кеңкілдеп күліп алды.
- Ойбай-ау, өлеңі бар ғой... Өлең емес. Оқ-қышы әгәрі... бар ғой ішегің түйілгенше күлесің. Мен оқыдым. Құдай ақы, күлкіден өле жаздадым. Мына мені өлеңге шығарыпты.
«Мысықтың басын бұрап алдың. Кетпеннің жүзін қайыр- дың», – дейді. Әніки, өлеңінің пошымы. «Арақты қашан қоясың», – депті. Онаң қара-а... Сол ма екен қойғызатын. Совхоздың, ферманың басшылары-ақ қойғызып алсын. Шешесіне оқып бергем. «Дұрыс, әдемі жазған», – дейді. Әдемісіне болайын, хе-хе-хе... Әй, өзің оқышы, қы-қызық. Ішегің бар ғой. Ішегің түйіледі.
Оңғар кеңкілдеп күлген күйі Жүрекбайдың қолынан ұстап, үйге қарай еркінси тартты.
- Давай, енді жүресің, 100 грамнан...
- Жоқ, рахмет. Болмайды.
- С-сәпсім бе?
- Асығыс едім.
Оңғар үйге қарай тағы да сүйрелеп, мазалай ма деп еді. Бірақ олай етпеді. «Ендеше шығарып салайын», – деп, тәлтіректей басып соңынан жүрді. Үйден ұзағанша соңынан ере жүрді.
- Жүрекбайжан, сен ренжіме мазалағаныма.
- Жоқ, аға, ол не дегеніңіз.
- Құдай ақы, мен сені жақсы көремін. Ана Түлкібекке бар ғой... Мен ше... Күніне он айтам. «Әтеңе нәлет, егер Жүрекбайды ренжітсең, мойныңды үзіп аламын» деп-п. Менікі дұрыс па?
Жүрекбай не дерін білмей, сасып қалды. Сонан соң сасқалақтап, «дұрыс қой» дей салды.
- Ендеше, давай...
Оңғар Жүрекбайдың қолын қайта-қайта қысып, үйіне қарай бұрылды.
Ертеңіне облыстан шыққан инспектор тағы да келген жоқ. Қияқбекті ертіп автобусты күтуге кеткен Жайраңғали тағы да қайтып келді. «Қалайда келеді. Олай-бұлай шашырап кетіп қалып жүрмеңдер», – деп, кетерінде мұғалімдерге қайта-қайта ескертіп, қоразданып кеткен еді. Әуре болып аялдамада бір сағат күткеніне әрі мұ- ғалімдердің: «Жайреке, не болды!» «Бекер әңгіме шығар». «Басқа мектепке өтіп кеткен ғой» деген сөздері шымбайына батқан болуы керек. Мұғалімдер бөлмесіне соқпай, өз кабинетіне кетті.
Жүрекбай сабағын бітіріп, енді үйге қайтқалы тұрған ке- зінде мектепке жеңіл машинамен аудандық жастар коми- тетінің бірінші хатшысы Мақан келді. Жүрекбайдың оны- мен танысқанына екі жылдай болды. Өзі педагогикалық институтты сырттан оқып, биыл бітірді. Ақкөңіл, бауырмал Мақан мен Жүрекбай танысқан күннен бастап-ақ ағалы- інілі кісілердей араласып кеткен. Әсіресе жазғы сессия кездерінде бірге жүріп, бірге тұрады.
Әуелгіде «инспектор келді», – деп, Жайраңғали бас- таған бір топ мұғалім сыртқа тоғытыла шықты. Соңын ала Жүрекбай да ере жүрді. Есік алдына шықса, кабинадан Мақан түсіп келеді. Мұғалімдермен жағалай сәлемдесті де, есік алдында тұрған Жүрекбайға қарай жүрді.
Инспектор деп күткені басқа біреу боп, оның үстіне өзіне емес, Жүрекбайға ілтипат жасап кеткен соң, Жай- раңғали, «бірі қырдан, бірі сырдан келгендей», шұр- қырасып жатқан екеуіне жаратпаған пішінмен алара бір қарады да, мектепті айналып кетіп қалды.
Мақан ферма жастарына байланысты жұмыстармен келіпті. Кешке дейін Жүрекбайдың үйінде болып, біраз сыр шертісті. Мақанның бұл келісіндегі тағы бір жұмы- сы Жүрекбайды жуырда босаған аудандық жастар коми- тетіндегі мектептер бөліміне қызметке шақыра келіпті. Бұл жағдайды алғаш естігенде Жүрекбай иығын қиқаң еткізіп күлді де қойды. Ол үшін күтпеген жай еді. Бірақ кесімді ештеңе айта алған жоқ. «Ойланып көрейік», – деді. Мақан қайтарда соғатынын айтып, кешке қарай ферма отарларын аралап кетті.
Жүрекбай түн бойы ой құшағында болды. Басқа қыз- метке ауысу туралы бұрын-соңды ойы болмағандықтан да: «Әй осының жөні келе қояр ма екен. Қызылтөбеден не деп кетемін?
Мақанның сол қызметке мені лайық көргені де қызық екен», – деп, өз-өзінен күдіктене күңкілдеп те қойды.
Бірақ ол күдігін басып-жаншып тағы бір ой легі сана- сын билеп алды. «Сол қызметке егер барар болсам... Мақанның айтуынша, мұғалімдікке қарағанда көзге түсе- тін әрі қызықты жұмыс көрінеді. Жастар – оқушылар емес. Қызылтөбеде мені қимайтын кім бар. Жайраңғали мен Қияқбектер қолдарын шапаттап қуанар. Олар келген адамға болмаса, кеткенге нали қоймас. Оқу жылының басында сағат бөлу кезінде Қияқбектің «Жаман Қызыл- төбенің өзінде мұғалімнен ит батпақтайды. Бөліс көбей- ген соң, сағат дегенің не болсын. Мына жастардың біреу- жарымын басқа мектептерге жытыру керек», – дегені әлі есінде. Сол жытырғысы келгендерінің бірі – осы Жүрекбай. Ал мен кетейін ендеше... Бөліссін. Қарық болсын...
Жүрекбайды кәдімгідей ыза билеп кетті. Қызметке өздері шақырды. Тіпті Мақанның өзі пәтер алуға көмек- тесемін дейді. Бұрынғыдай отын жарып, ағаш тасы- мас та еді. Апасы ауырып қалған күндері ауылдың қақ ортасындағы құдықтан су тасудан-ақ азар болушы еді. Енді барлық жағдайымен пәтері болса, одан артық не керек? Жүрекбай ауысуды қалады.
Таңертеңгі шай үстінде апасына ойының шет-жағасын суыртпақтай шығарып көріп еді. Қарсылық білдірген жоқ.
Ауданға барамын деген соң, «шамасы, үлкейетін болды ғой» деп те түсінген болуы тиіс. Баласының бұл ұсыны- сын қайта көңілдене қоштайтындай ыңғайын танытты.
Ауданға қарай өтіп бара жатып соққан Мақанға, сабақ арасындағы үзілісте жолығып, Жүрекбай келісімін берді. Мақан да қостады. Жуық арада ауданға бару керектігін ескертті.
Инспектор «бара жатыр» деген хабар жеткеннен кейін төрт күн өткен соң келді. Жанында аудандық оқу бөлімі- нің методисі бар. Екеуі Қызылтөбеге түс кезінде келетін автобустан түсті.
Үш күн күтіп, өзі де ығыр боп әрі өзгелер күлкі ете баста- ған соң, Жайраңғали автобусқа шығуды қойған. Инспек- тор бесінші сабаққа кіруге қоңырау соғылып, мұғалімдер- дің алды кластарға ене бастаған кезде мектепке келді. Оны әуелі көрген Жүрекбай мен Нұрымбаев болды. Екеуі коридорды бойлап келе жатқан, аудандық оқу бөлімінің методисі таныс кісі еді. Бұрын да мектепке бірнеше рет келген болатын. Бұлар әуелі сол методисті таныды. Сонан соң көзілдірік киген ұзын бойлы, қолына қара папка ұстаған кісіні көріп, солай қарай жүрді. Бұлар енді жүздесіп, сәлемдесіп тұрғандарында Жайраңғали мен Қырықбай да келіп қалды. Әлгінде екеуі «мектеп жанын- дағы тәжірибе участогін аралап қайтамыз» деп кеткен. Асығып жеткендері жүздерінен білініп тұр. Ауыр денелі Жайраңғалидың маңдайы жіпсіп, өзі ентігіп қалыпты. Қонақтарды күтіп алмағандығына аз-кем ыңғайсызда- нып тұрған қалпы бар. Бір кезде коридорды тасырлатып, сыбағасынан құр қалғандай, Қияқбек те жетті.
Инспекторлар директор кабинетіне кірген соң, мұға- лімдер кластарына тарасты.
Ертеңіне Жүрекбай Нұрымбаевқа шаруасының шет жағасын ескертті де, автобуспен ауданға кетті.
Мақан көңілді қарсы алды. Келе сала аппарат қыз- меткерлерімен таныстырып, сонан соң кабинетіне келіп, Жүрекбайдың болашақ жұмыстары жайлы ақыл-кеңес- терін айтты. Бұрын мектептер бөлімінде істеп, облыстық жастар комитетіне ауысып кеткен қыздың екі бөлмелі
пәтеріне кіретін болды. Тіпті бәрі де күтпеген жерден сәтті шешіліп жатқандай. Ендігі қалғаны көшіп келуі ғана. Бұл жөнінде де Жүрекбайға салмақ түскен жоқ. Екі күннен соң Мақан автобазадан машина сұрап алып жіберетін болды. Жүрекбайдың қуанышында шек болған жоқ. Келген шаруасының тез біткеніне қуанғаны сонша, «қызметке орналасу да мұндай оңай болады екен-ау» деп өзін- ше қайран қалды. Аудан орталығы мен «Ынталы» сов- хозының арасында автобуспен селкілдеп талай күн
жүргені есіне түсті.
Жаңа қызметі оған барынша ұнады. Өздері кілең жар- қын жүзді жастар екен. «Бұл кім өзі?» – деп тосырқаған да жоқ. Енді тек ертерек көшіп келуге асықты.
Жүрекбай кешкі автобуспен Қызылтөбеге келді. Апа- сына бар жайды баяндады. Ол кісі сенер-сенбесін біл- мегендей, аңыра тыңдап отырды да, «Екі күннен кейін машина келетін болды», – дегенде, «Не дейді, шынымен көшеміз бе?» – деп қуана асып-сасып қалды. Жүрекбай- дың ауданға қызмет ауыстыратындығын мақтаныш ет- кендей. Тіпті екеуі оны-мұныларын жиыстырып, ара- арасында сағынысып көріскендей шүйіркелесіп, түннің жарымына дейін жүрді.
Ертеңіне Жүрекбай өз класына ең соңғы сабақтарын беруге келді. Бір күн болмағанның өзінде сағынысып қалғандай, шәкірттері: «Өзіміздің ағай келді», – деп шуылдасып жүр.
- Ағай, бізді кеше Қияқбек ағай оқытты.
- Күлпашқа орыс тілінен екі қойды.
- Иә саған, журналға қойған жоқ қой. – Күлпаш шап етіп екі алғандығын хабарлаған балаға жабыса кетті. Бірінші сабақ еркін, көңілді өтті. Екінші математика сабағына инс- пектор, аудандық оқу бөлімінің методисі, Жайраңғали – үшеуі кірді. Қияқбек жоғарғы кластарға химия, биология пәндерінен ғана беріп жүргендіктен болар, оқушыларға есеп тәсілдерін дұрыс түсіндіре алмапты. Оқушылардың көпшілігі үйге берілген тапсырманы орыңдай алмаған. Жүрекбай едәуір қысылды. Оның үстіне, екі-үш оқушысы тәртібі үшін қайта-қайта ескерту ала берді. Табыл сабақ
басталғалы әлденені көшірумен болды. Тіпті болмаған соң, жанынан өте бере көшіріп жатқан қағазын алып қойып, класс журналының арасына салып қойды. Оқу- шыларына өткен жолы үйге берілген есеп тәсілдерін қайта түсіндіруге мәжбүр болды.
Сабаққа қанағаттанбаушылық, келген кісілердің қай- қайсысының да қабағынан білініп тұрды. Шамасы, өзіне айтпай, Нұрымбаевқа ғана ескертіп, Жүрекбайдың ау- данға барып келгеніне жарылардай болып отыр.
Жүрекбай сабақ бітіп, оқушылар шығып кеткен соң да жалғыз өзі ұзақ отырды. Мектеп директорының атына асығыс өтінішін жазды. Табыл әлгінде алып қойған қаға- зын қайтарып бере ме дегендей, біраз маңайлап еді, Жүрекбай мән бермеген болды. Сәлден соң мектеп директорының кабинетіне кіріп, өтінішін берді. Әуелі алара қарап, әлдене айтуға оқтала берген Жайраңғали арызды оқи сала Жүрекбайға таңырқай қарады.
- Сен-н... Немене бас-сқа жаққа... – Үздік-создық сөйлеген күйі орындығын сықырлата бір қозғап қойды.
- Иә, ауысуды ұйғардым.
- М-мм... көрерміз.
- Ертең кешкісін көшемін...
- Солай-ай-й... – Жайраңғали арызға тағы бір көз жүгіртіп шығып, үстел үстін саусағымен бір-екі сыртыл- датып қойды.
- Жарай-ды-ы...
Жүрекбай одан әрі сөйлесуді артық деп санады да, кабинет есігін нықтап жауып, шығып кетті.
Коридорда Қырықбайға ұшырасты. Өзі бүгін сәнді киініп келіпті. Көкала галстук таққан. Шалбарын да үтіктеген екен. Бір балағының қыры қисайып кетіпті. Жалтыр маң- дайын бір сипап алып, сұқ саусағын иығынан асыра сырт жағына шошайтып тұрып «Жүрекбай бала, ана жігіттер кетеді екен», – деді.
- Сонымен не дейсіз?
- Сонымен не дейін. Ертең автобусқа шығатын көрінеді. Кеше директордыкінде болды. Түсте Нұрымбаевтыкінде, кешке біздің кезек болып тұр. Үйде өзің де боласың...
Жүрекбай жай ғана бас изеді де қойды. Сонан соң мек- тептен шықты да, үйіне қарай кетті. Апасы тамақ әзірлеп жатыр екен. Өзі көңілді.
- Жүрекбайжан-ау, келіп қалдың ба? Әлгі бір-екі көршіні шақырып жіберсек пе деп едім ғой. Ұрланып көшкендей болмайық.
- Өзіңіз біліңіз... – Жүрекбай үйге кіріп оқулықтарын үстел үстіне қойды да, қайта шықты. Елеусіз ғана үй айнала беріп, дүкенге қарай беттеді.
Шолпанкүл дүкенін жабайын деп жатыр екен. Қолына үлкен қара құлыпты ұстаған күйі шығып келе жатқан бетінде есік аузында Жүрекбайға ұшырасып қалды. Әуелі
«шынымен сен бе?» дегендей, таңырқай қарады да, қызарақтап, алабұртқан жүзін бұрып әкетті. Ойда жоқта ауылды шулатқаннан кейінгі кездесулері осы.
- Сәлем бердік.
Шолпанкүл жауап орнына күлкі лебі есіп, жайнаң қаққан жанарымен бір қарап өтті. Сонан соң бір қырын қараған күйі қолындағы құлпымен есіктің ернеуін ұрғыштай берді.
- Үзіліске шығасың ба?
Ол басын изеді де қойды. Тағы да үнсіздік басталды.
- Мен ауданға ауысатын болдым.
- Есіттім. – Үні ақырын ғана естілді.
- Кімнен?
- Әлгінде Зергүл келіп еді... – Жүрекбай үндемеді.
Іштей «Көп жасағыр Зергүл-ай» деп, күлді де қойды.
- Кететін болған соң келіп едім. – Жүрекбай «енді есігіңді жаба бер» деген кісіше кейін шегінді.
Шолпанкүл дүкеннің үлкен қара құлпын сақыр-сұқыр еткізе салып кілттеді. Сонан соң екеуі қабаттаса жүрді.
- Ертең кешкісін машина келеді, – Шолпанкүл де әлгіндегі ұялшақ қалпынан арылайын деді.
- Мен де алдағы демалыста ауданда болуым керек еді. Екеуі үн-түнсіз келеді. Шолпанкүл үйіне қарай бұры- латын болды. Жүрекбайдың тағы да біраз жүргісі келіп-
ақ тұр.
- Асығыссың ба? – Шолпанкүл үн қатпады. Шаң жұқпаған ақ туфлиінің өкшесімен кесек түйірлерін ұнтап
тұрып қуаныш пен күлкі ұялаған жанарымен Жүрекбай- ға еркінси, еркелей қарады. «Тағы да кездесеміз ғой» дегенді сол қалпымен-ақ айтып тұрғандай.
Үйге келсе, апасы үш-төрт әйелмен тамақтанып отыр екен. Орталарында Зергүл. Дауысын үйге жақындай бере- ақ таныған болатын. Жүрекбайды көрген соң әңгімесін қайта үдете түсті.
- Шырағым, мұғалім бала-ау. Қайырлы болсын! Ау- данға ауысатын болыпсың. Естіп жатырмыз. Кеше апто- бозға мінгеніңді көріп-ақ Күлпашыма айтып едім. «Әй, осы сенің ағайың бір жағына кетейін деп жүр-ау», – деп. Құданың құдіреті, «жаманның айтқаны емес, сандырағы келеді» деп бекер айтпаған ғой. Бәрекелде! Қуанып жатырмыз. Әй, бізге бірақ мұғалім болғаның дұрыс еді ғой. Айналайын, Күлпашжанымды оныншыдан асқанша оқытса деп едім.
Әңгімеге шын берілгенде Зергүлдің жұртты артистер- ше ұйытып, өзін де ұмытып кететіні бар.
- Е, қызың да бітірер. Бұл бала қайсыбірінің оныншы бітіргеніне қарап жүрсін?
- Алланың бұйрығы дағы. Аудан шақыртып жатса, барғаны дұрыс қой. – Зергүл өзгелердің жамырасқан дауыстарын басып-жаншып, қайта серпіліп шыға келді.
- Ауданға барған соң бізді ұмытып жүрме. Қызылтөбеде бір бәдік жеңешем бар еді деп айта жүрерсің. Құдай бер- ген мінезімді несіне жасырайын, – деп, аузын алақанының сыртымен қапқа үйкегендей етіп бір сүртіп алды.
- Әлгінде ғана дүкеннен шығып келе жатып әлгі ферма бастықтың қатынына кездесіп қалып, кететініңді айтып салдым. Қадірін білмейді екенбіз ғой. Бір бәдік, бір долы боп ит талағандай етіп едік. Есіттің бе, мұғалім бала рәйкөмге ауысатын болыпты, енді оның есігінен перме бастықпын деп қоқиланып жүрген сенің байың да қарай алмас деп едім. Үндемей қалды. Әй, өзі де жерге қарады- ау. Неге қарамасын? Ол түгілі, менің өзім де ұялғанымнан көргенде бетімнің оты шығып, өртеніп, дуылдап кетеді.
Жүрекбай Зергүлдің әңгімесінің жуық арада бітпей- тінін біліп, әлдеқашан ішкі бөлмеге кіріп кеткен.
Бірақ Зергүлдің самбырлаған үні бәрібір есітіліп жатты. Шешініп болған соң кітаптарын реттеп жиыстыра бастады. Тамақтанды. Үй-ішінде олай-бұлай жүрді. Кәдуілгісіндей емес, сергек. Ысқырып әндетіп жүр. Таңертеңгі сабақ үс- тінде Табылдан алған екі парақ қағазы есіне түсті. Ірі әріп- термен жазылған хат екен. Қайсыбір жолғы жазған шығар- масы есінде тұрғандықтан, ықыластана оқи бастады.
«Қызылтөбеден хат.
Басқадан артық көруші көкеміз Қойшығара, қалай шауып жүрсіз бе? Анамыз Қилыборан, сіз де шауып жүрсіз бе? Інілерім Қабыл, Абылдар, сендер де шауып жүрсіңдер ме? Менен амандық білмек болсаңдар, мен де шауып жүрмін. Аман-сау Қызылтөбе сегізжылдық мектебінің үшінші класында оқып жатырмын. Бірін- ші тоқсан қорытындысын өздеріңе айтып едім ғой. Өлең – төрт, қалғаны – бес.
Көке, Қабылға бәтеңке алып қойып едім. Соны алып кетсең. Жаңғыр атам барып қайтам деп жүр еді. Тағы да бара алмайтын болыпты. Көке, сосын бар ғой, Түлкі- бекпен күресемін деп, пальтомның жағасын жыртып алдым. Бірақ жығылғаным жоқ. Әуелі жығыла жаздап қалып, шалып жіберіп үстіне мініп алдым.
Көке, сосын бар ғой, келсеңіз ескі қолғабымның біреуін Қабылға беріп жіберейін деп едім. Менікі екеу ғой. Әнеугүні Қабылдың өзі «Қыстың күні қолым жаурайтын шығар», – деп жүрген.
Көке, сосын бар ғой, біздің Жүрекбай ағай басқа жақ- қа кететін болды. Күлпаш дейтін бізбен бірге оқитын қыз айтты. Соның білмейтіні жоқ. Біз сенбей жүрміз.
«Бір барғанда жолығамын», – деп едіңіз ғой. Енді тезірек жолығыңыз.
Көке, сосын бар ғой...»
Хат аяқталмай қалыпты. Шамасы, осы араға дейін ғана көшіріп үлгірген. Жүрекбай күлімсірей отырып, хат- тың әр жеріне қайта көз жүгіртіп оқыды да, бүктеп костю- мінің ішкі қалтасына салып қойды.
Кешкісін апасымен екеуі үй жиыстырды. Кітаптары мен киімдерін сандықтарға салып, көрпе-төсектерін буды. Әр
жерде қалай болса солай тұрған ыдыс-аяқтар жуылып, жинастырылды. Екеуі де көңілді, ықыласты болғандықтан да, осының бәрін тез арада бітірді. Қырықбайдың үйіне шақырғаны есіне түсті. Әуелгіде барғысы да келмеді. Бірақ Қырықбайды сыйлайтындықтан, «қалай да баруым керек» деп ойлады.
Әні-міні дегенше түн де болып қалды. «Бейуақытта қайда бара жатырсың? Шай да әзір еді», – деген апасына да жүре үн қатып, пальтосын қолына ұстаған күйі сыртқа шықты. Кешкі ауа тап-таза. Терістіктен жайлы самал бар. Есік алдында төңірекке зер салып біраз тұрды да, жазда әр түрлі дақылдар еккен кедір-бұдыр егістік жерді қиып өте Қырықбайдың үйіне қарай жүрді.
Қырықбайдың үйі тура жүрсе қашық та емес. Бірақ үй- үйдің арасын жұрт қора, бау-шарбақ үшін қырық бөліп қоршап алған. Қараңғыда арық, шұқырлардан жүру де оңай емес.
Жүрекбай екі арадағы үйлерді айналып өтіп, Қырық- байдың үйінің жанына келді. Қырықбай есігінің алдын- дағы құдықтан су тартып ішіп тұр екен. Әуелгіде «Қара күзде құдықтың мұздай суын қалай ішеді?» деп таңыр- қай қарап тұрды да, шарбақтың аласа есігінің ішкі ілгегін өзі ағытып, ішке кірді.
Қырықбай шелекті салдыр еткізіп жерге қоя салды да, қараңғыда терезеден түскен жарыққа шағылысқан жүзін төмен сала үнсіз қарап тұра берді. Әуелгіде танымады. Жүрекбай ілгекті сыңғырлата ағытып ішке кірген соң барып, самбырлай сөйлеп қарсы жүрді.
- Әу, сен Ж-Жүрекбай... Қалай кешігесің? Ән-ні келеді-і... Мін-ні-і келеді... Жоқ. Қонақтар кетіп қалды. Асығыс-с... – Қырықбай аздап теңселе басып Жүрекбай- дың қарсы алдына келіп, тұтыға сөйлей бастады.
- Ек-кі сағат отырды. Жаң-ңа ғана... Осы... кеткені. Ол сұқ саусағын шарбақтың сыртына қарай нұсқады.
Қызу екені көрініп-ақ тұр. Бұрын Қырықбай жұрт жалын- са да ішпейтін. Қазіргі қалпына Жүрекбай қызыға қарады.
- Жүрекбай, ш-шырақ, екі рөмке ішіп ем. Өртеп кетті. Әй, у ғой өзі-і... Инспектор-р: «Давай, давай, Шонабаев» десе,
қағып салыппын. Мәс-саған... Жаңа су ішкенімді көрдің бе? Қара күзде... Ха-ха-ха-а... Жасым елуден асқанда хах- ха-ха-а... Әй, өзіміз де қорқақ халықпыз ғой. Құдай ақы, қалай ішкенімді білмеймін. Ж-жанымда отырған кемпірім бүйірімді бұрап алғанда барып ойлаппын. Мәс-саған.
Екеуі бұрын да ашық-жарқын сөйлесетін. Ал қазіргі ақтарылып тұрған қалпына қарап, аздап қызулық әсері деп ұқса да, Жүрекбай оны ден қоя ықыласпен тыңда- ды. Бір иығы түсіп кеткен костюмін иығына түзеп жауып жібергенде, шын ризалықпен күлген Қырықбайдың тістері терезеден түскен жарықпен жалтырап көрінді.
- Әй, Ж-Жүрекбай. Қандай жақсы-а... – Сол ақсия күлген қалпы аспанға қарады.
- Нені айтасыз?
- Мына түнгі ауаны айтам-м... Айды қарашы... Қ-қалқып тұр... Шіркін, осындайда Абай-екеңнің өлеңін айтқым келеді.
Қырықбайдың бұл сөзіне Жүрекбай езу тартты.
- Әй, осы былай-былай жүрсек қайтеді?
- Жүрсек те болады.
Екеуі тізіле шарбақтан сыртқа шықты. Қырықбай Жүрек- байдың қолтығынан ұстап алған. Көңілді сөйлеп келеді.
- Әй-й сен кел-лмедің ғой. Мен айтайын, инспекторың құдай сияқты екен ғой. Жайра-аңғалиларың қасында мысық сияқты. Құд-дай ақы... Үлке-ен мысық бола- ды ғой. Сол... ха-ха-ха-а...
Қырықбайдың бұл жолғы күлкісі түнгі ауаны жарып, тіпті шаңқылдап кетті.
- Қыреке, мен ауданға ауысатын болдым.
- Есіттім, Нұрымбаев айтқан. Үн-түнсіз кеткеніңде бар ғой. Өкпелейтін едім. Білдің бе-е...
Дауысы бұзыла, еңкейіп кеп Жүрекбайдың маңдайы- нан иіскеді.
- Мен сені баламдай көремін. – Сонан соң еңкеңдеп өзі тұрған маңайды сипалай бастады.
- Мына жерге біраз отырайықшы.
Екеуі де суы тартылған құлақ арықтың жиегіне отыра кетті.
Жақын маңнан көңірсіген көң исі келеді. Әлдекімнің мал қорасының жаны екен. Қора ішінен сиырдың күйсегені, сонан соң соза баяу мөңірегені естіліп тұр.
Қырықбай Жүрекбайға қарай бұрыла бір қолымен жер тірей отырды.
- Сонымен кетесің ғой енді... С-солай болады кейде. Баяғыда менің де кеткім келетін. Соғыстан соң мұғалім болдым ғой. Оқушыларымның көбі өзіме тете. Солармен жағаласып мезі болған күні қолымды төбеме қойып кеткім келетін. Трактор айдау да ойда болды. Тұз-дәм деген осы. Әлі жүрміз. Енді бар ғой, ит қосып қуса да кетпеймін. Солай... Кетемін де-е... Кейде мектеп дегенің де қызық. Оқытқан шәкірттерімнің алды сақал қоя бастады. Енді солардың балаларын оқытып жүрміз. Міне, осыны ойлап күлесің... Кейде көзіңе жас аласың... Қырықбай Жүрекбай- ға бұрынғыдан да тақала түсіп, қызулана сөйлеп кетті.
- Көктемдегі хикаяны білесің ғой. Жоқ, сен естімеген шығарсың. Әлгі жетіншідегі (Қырықбай сол класқа жетекші болатын). Жылқышиевтың әлегін айтамын. Аудандық олимпиадада хорда өлең айтып тұрып мұрнын қайта- қайта сүрте берген...
Сол үшін жюри мүшелері хорға бағаны төмендетіп қойыпты. Олимпиададан келген соң Жайраңғали соңым- нан қалсайшы. «Жиналыс жасап Жылқышиевтің тәртібін қара. Сол үшін бірінші орыннан айрылдық», – дейді.
Менің амалым қанша? Класс жиналысын жасадым. Ата-анасы келсін деген соң шешесін шақырттым. Бала- лар шығып сөйлеп, «Жылқышиевтың мұрны класта да ағып отырады», – деді. Шешесі де намыстанып кетті-ау.
- Жүгермегім-ау, әкең сорлының да мұрны мені алған соң зорға тыйылып еді. Енді сен шықтың ба? – деп, шешесі баласын құшақтай алып, жылап қоя бергені.
Әне, қызық... Жаудай сасып әзер жұбаттым. Ал мені солай боларын алдын ала сезбеді дейсің бе? Сезгенде әдемі сездім. Амалым қанша...
Қайсыбір күні бірінші сабаққа кешігіңкіреп жеттім. Сырт- қы есіктен кіре берсем, оқушыларым: «Ура-ра, Қырықбай ағай бүгін ауырып қал-лыпты», – деп, дүркірей жүгіріп шы-
ғып келеді. Әзер қайырып класқа кіргіздім. Әне бір сары пұшық бар ғой. Құдай-ау, пәмилісі кім еді?.. Сол: «Ағай сізді ауырып қалды» деді ғой, – деп шіңк-шіңк етеді.
Сол күні кешке үйде шай ішіп отырып, балалардың әлгі істері есіме түсіп, ал күлейін. О-ойпырмай, бір күлкі қыс- ты. Жеңгең «бірдеңе қағып кеткен бе?» – деп ұрсады.
- Ау, ештеңе қақпаса күлмейміз бе?..
Қырықбай кеңкілдеп күліп, Жүрекбайдың арқасынан дүрс-дүрс қағып қойды. Жүрекбай да күліп отыр.
- Жүрекбайжан, Чеховты оқып па едің?
- Оқыдым.
- Әне мұғалімдерді түсінген жазушы. Қалай, ә...
- Бізде, әрине, ондайлар жоқ.
- Қыреке, жоқ деген жарамас.
- Жо-оқ, нағыз Чеховты айтамын. Болмаса мұғалім- дер жазылып жүр ғой. Ана кім еді... Әлі-ігі-і жазушы бар ғой. – Қырықбай сол қолының сұқ саусағын ербеңдеткен күйі отырып қалды.
- Әлі-гі Кірпішбай физругті жазған ше? Кірпішбай көкейге қонады. Мына өзіміз сияқты. От-т, мәселе бізді жаза білу керек.
Қырықбай біраз үнсіз қалды. Қазір масаңдығы да тарап кеткендей. Сөздері де, ойлары да анық. Жүрекбай оған тіпті сүйсініп отыр.
Уақыт та біраз болса керек. Қырықбайдан сағаттың қанша болғандығын сұрап еді. Ол костюмінің жеңін шынтағына дейін түріп жіберіп, сағатты көзінің алдына тақап, әрі үңілді, бері үңілді. Сонан соң құлағына апарды.
- Тұрып қалыпты. Әттеген-ай, ә... Ал ендеше. Жүрекбайдың денесі тоңазиын деді.
- Қыреке, тұрамыз ба?
- Тұрайық. – Қырықбай Жүрекбайға сүйене тұрып, үстін қаққыштады.
- Сонымен кетесің.
- Ертең көшеміз.
–Жө-өн... Кетемін дейсің. Ал мен кетпеймін. Келер жылы пенсияға шығамын. Құдай біледі, той жасаймын. Той жасасам несі бар. Отыз жыл істеппін. Менің оқыт-
қандарымның ішінде де міністір бар. Райс-сполком бар. Пойыз айдап жүрген тағы біреу... Сонан соң... Қырықбай саусақтарын бірінен соң бірін бүгіп жатты.
- Сен де келесің ғой
- Әрине, Қыреке...
- Әне, сол жетеді. Айтпақшы, тағы бір ақыным бар екен ғой, – деп, Қырекең мәз бола жайраңдай күлді. Ойбай, ол қырғын. Табан астынан өлең шығарып кетеді. Әй, өзі бар ғой, оқып жүргенде-ақ бірдеңелерді шатпақтап жүретін.
Осы сәтте Жүрекбайдың ойына Түлкібек түсті. Бәлкім, үлкен мұрат сол Қырекең айтқан шатпақтардан-ақ бас- талып кетер...
Екеуі қабаттаса Қырықбайдың үйіне қарай жүрді. Ай тас төбеден ауып кеткен. Төңірек жап-жарық. Барлық үйлердің дерлік жарықтары сөнген. Әр жерден әупілдей үрген беймаза иттердің дауыстары естіледі.
- Қыреке, демаламыз ба?
- Демалайық. Осы мен қызулықпен бос текке сөйлеп кеткен жоқпын ба?
- Ол не дегеніңіз? Ойлай көрмеңіз?
Екеуі шарбақты жағалап, үй жанына келді.
- Қыреке, мен үйге кеттім.
- Жақсы-ы. Айналайын, жақсы енді.
Жүрекбай ұзап кеткенше, ол сол орнында тапжылмай тұрды да, сылдыратып шарбақтың есігінің ілгегін ағытып, жол-жөнекей тұрған ескі шелекті қағып кетіп, қаңғыр- қаңғыр еткізе үйіне кірді.
* * *
Ертеңіне үй көшіретін жүк машинасы келді. Жиналып қалған көршілерімен бірге Жүрекбай жүк тиеуге кірісті. Апасы тойға баратындай киініп алған. Үстінде су жаңа барқыт костюмі мен көйлегі. Аяғында жазда Жүрекбай әкеліп берген әміркен мәсі. Өзі де көңілді жүр.
- Мұғалім баланы рәйкөм бұрыннан-ақ шақыртып жүреді екен ғой. Бұлтартқанына ақыры қоймапты, – деп Зергүл жиналғандарға біраз сықпыртып алды.
Оған да ден қойып тыңдап жүргендер бар.
Бір кезде Түлкібек пен Табыл бастаған оқушылары келді. «Солар келіп менімен қоштасады-ау» деген ой Жүрекбайда болған жоқ-ты. Сондықтан ба, олар кел- генде өзі іштей шалқып та кетті. Өздері бұрынғыдан да сүйкімді болып кеткендей. Табыл бір жақ түймесі үзіліп кеткен пальтосының белбеуін қалтасына салып алыпты. Мұрнын тартқыштап қойып, үйден жүк көтеріп келе жатқан Жүрекбайдан қалысар емес. Жүрекбай жүгін жерге қоярда бір шетінен демеп, көмектескен болады.
- Ағай, менің атам келіп сізге жолығамын деп еді. – Жүрекбай алақанымен баланың маңдайынан сипады. Есіне кешегі сабақ үстінде алып қойған хаты түсті де, ішкі қалтасынан суырып алып, Табылға ұсынды.
- Қажеті жоқ, ағай. Мен түнде басқа хат жазып, сол жаққа баратын мал доғдыр кісіден беріп жібердім.
Жүрекбай күлімсірей, іштей әлдебір ризалық сезімі- мен қарап біраз тұрды да, хатты қайтадан ішкі қалтасына салып қойды.
- Ағай, бүгін бізді тағы да Қияқбек оқытты. Сабақ білмегендеріңнің төбелеріңді тесемін, – дейді.
- Иә, саған тесемін деген жоқ, оямын, – деді ғой. Түлкібек Табылдың сөзіне түзету енгізді.
- Ағай, сіз енді Қызылтөбеге қашан келесіз?
- Бізді енді сіз оқытпайсыз ба?
Жүрекбай әуелі не дерін білмеді. Шәкірттерінің мейір- бан, кіршіксіз жанарына жағалай қарап шықты.
- Келемін-н... Әлі оқытуым да мүмкін. – Одан әрі айтар ойлары кілкіп көкейінде қалды. Дауысы да қалтырап кетті ме, қалай?
Жүк тиеліп болды. Апасы жүргізушімен бірге кабинаға жайғасты да, Жүрекбай кузовқа шықты. Машина қатар- ласа салынған үйлердің ара-арасынан өтіп, үлкен жол- ға түсті. Жүрекбай жан-жағына қараумен отыр. Жүрегі дүрс-дүрс соғады. Қуаныш па, қимастық па... Әйтеуір бір алапат сезім бойын билеп алды.
Мектеп маңында ешкім жоқ екен. Әне, үйінің жанын- да әлгінде топырлап тұрғандар да тараса бастады. Ең
соңынан есік алдында қалған екі-үш тақтайды иығына салып Зергүл кетті.
Машина үй жанынан қозғала бере-ақ, шеткі көшеден асыға басып келе жатқан бір тұлға көрінген. Қырықбай еке- нін бірден байқаған. Ол жүгіре басып Жүрекбайдың үйіне қарай біраз жүрді де, машинаны көрді білем, алақанымен маңдайын қалқалап біраз жүріп, кері бұрылды.
Дүкен жанынан өте бере Шолпанкүлді көрді. Жалғыз өзі үйіне қарай беттеп барады екен. Жанынан зу етіп өте шыққандықтан, жөнді қоштасу ишаратын да жасай алмады. Бар болғаны біразға дейін көз алмай қараумен болды.
Машина ауылдан шыға қырдан асатын тас жолға қарай бұрыла бергенде, шұбатылып қалып жатқан будақ-будақ шаңның арасынан домалана жүгіріп келе жатқан балалар- ды көрді. Шәкірттерін бірден таныды. Жүрегі алып-үшып кетті. Тіпті оларға айқайлағысы келіп, орнынан көтеріліп барып, қайта отырды.
«Жарайды, қалыңдар енді... Қалсаңдаршы...» Ол дома- лана жүгірген күллі балалардың алдында келе жатқан Түлкібек пен Табылды анық таныды.
Қалтасынан бет орамалын іздеді.
«Жо-жоқ, мен сендерді ұмытпаймын. Сендер менің алғаш айтқан жырымсыңдар. Менің енді басталған қырық тарау жолымның жиегінде сендердей ақ гүлдер өссін, іздер қалсын...»
Өзіне де байқалмай, жүрегінде қоламталанып қал- ған бір маздаған шоқ бойын алаулатып барады.
«Япырмау, бұл алау, алапат сезім бұрын қайда жүрген. Қалай байқамағанмын... Мен сендерге ұстаз екем ғой. Кешіріңдер, мен жаңа ұқтым...»
Тағы да орнынан көтеріліп, әлгінде домаланып келе жатқан шәкірттерін іздеп, ауыл жаққа қарағанда ұстаз жігіттің жанарында мөлтілдеген жас тамшылары тұрды.
он төрт жасар жігіт
Повесть
Қиясжан-н...
Тәтті ұйқыда жатқан Қияс Айбол бригадирдің қарлыға шыққан үнінен оянып кетті. Көзін уқалап-уқалап қойып, іргесі түрулі керегеден сыртқа қарап еді, таң атып қалған екен. Керегенің көзінен Айболдың сары атының тұяқтары көрінді. Бала жылы төсекті қимай, аз-кем жатқысы келіп еді, тағы да Айбол шал жайшылықтағыдай мейірімді жұмсақ даусымен: «Қиясжан, тұра ғой. Кешегі атыздарға тезірек барып су салмасаң, сепкен дәнімізді қарға жеп кетер», – деді.
Қияс жастықтан басын көтерді.
- Төржан келін, қалайсың? – Айболдың даусы дәл іргеден таңғы ауамен ап-анық естіліп тұр.
Төржан әуелі ыңырси қозғалып, бір аударылып түсті.
- Шүкір-р, тәуірмін, қайнаға.
- Лайым тәуір бол, қарағым! Ауруға қарайлайтын заман да көзден бір-бір ұшты. Дүние мынау астан-кестен. Іске жарардың бәрі де майданға кетіп тынды. Егістің уақыты өтіп барады. Жарайды енді... Қайсыбірін айтарсың. Қиясжан, тұрдың ба?
- Тұрдым.
Айбол атының сауырын қамшымен сарт еткізіп көрші үйлерге қарай жортақтай жөнелді.
Бұл кезде Қияс жалғыз қабат шұлғаумен әзер сыятын қолдан тігілген көне етігінің өкшесін босағаға тірей тарт- қыштап жатқан болатын. Киініп болған соң, «апа, мен жұмысқа кетемін» деген ыңғаймен шешесіне қарады. Оның ауру меңдеп шүңірейген көздері, суалған жақтары баланың ет-жүрегін елжіретіп жіберді. Ауру да мұны аяп жатқан секілді.
- Бара ғой, қарағым. Сусын, наныңды ала кет, – деп Төржан баласына іргедегі қызыл қауақты нұсқады. Бала шешесі нұсқаған жаққа бұрылып, қолына қызыл қауақты, дастарқанның бір шалғайына бөлек оралған нанды алды. Қияс есіктен шығып бара жатып тағы бір бұрылып қарағанда, шешесі ашылып қалған жаулығын маңдайына қарай ысырып, қымтанып жатыр екен. Інісі Сауыт әлі оян-
ған жоқ. Басы жастықтан аунап түсіп, бетін іргеге берген күйі тәтті ұйқының құшағында жатыр.
Қияс сыртқа шықты. Төңірек ай-жай. Торғайлардың шырылы, әр тұстан сиырлардың мөңірегені естіледі. Ол үйді айнала беріп әуелі түндікті ашты. Көлеңке беттің іргесін түріп, күн жақ беттің іргесін түсіріп қойды. Әр тұстан қараң-құраң ерте түрғандар көрінеді. «Күн шықпай тұрып егіс басына жетуім керек» деп ойлады бала сыртқы босағаға қойған қызыл қауағын қолына қайта алып жатып. Сонан соң үйдің іргесінде тұрған кетпенді иығына салып, егістікке қарай беттеді.
Қияс егіс басына келгенде күннің де алқызыл шапағы жер бетіне тарай бастаған еді. Бала әуелі көженің суы құйылған қауақты арықтың жиегіндегі ыза жерге ернеу- лете көміп қойды. Бұл әкесінен үйренгені еді. Бала кет- пенін иығына салып, арықты жағалай жүріп кеше ғана дәнін сеуіп, тырмалап кеткен атыздарға көз жүгіртті. Тарылықтың қанша гектар екенін де Қияс әлі білмейді. Әйтеуір Айбол шалдың қолдан жасаған өлшегіш таяғы- мен әрі-бері өлшеп келіп, «алты гектар екен» дегені есін- де. Дәл осындай көлемдегі жерге бұлар жыл сайын тары егіп, колхозга жинап беруші еді. Бірақ ол кезде Қиястың жанында әкесі болатын. Тіпті науқан кездерінде шешесі де көмек ететін. Енді, міне, әкесі майданға кетті. Шешесі ауру. Бала осыны ойлағанда іштей күрсініп те алды.
«Алдымен құлақ арықтың шығыс бетіндегі атыздарды суарамын» деп ойлады ол. – Сонан соң суды батыс, ылди беттегі атыздарға жыға салу оңай».
Бала осы оймен сағаға қарай беттеді. Сағаны бітеген әрқайсысы ағаш табақтың аумағындай шымдарды бірінен соң бірін ала бастады. Мұндайда сағаны түгел ашуға бол- майтынын да бала ұмытқан жоқ. Жаңа салынған арықтың көп суға шыдас бермеуі де мүмкін. Сондықтан сағаның жан-жағына шымның біразын қалдырып, арықты орта толып ағатындай етіп қойды. Лайсаң су әп-сәтте құлақ арықты бойлай ағып, атыздарға қарай жөнелді. Кетпенін иығына салып, құлақ арықты жағалап келе жатып, Қияс
әкесімен екеуінің тары суарған кездерін есіне алды. Он- дайда әкесі көйлек-дамбал мен айыр қалпағынан өзге киімдерін сыпырып тастап, балағын, жеңін түріп алып кірісуші еді. Кетпенінің жүзі күн нұрымен жарқ-жұрқ етіп атыздың бірде о шетінде, бірде бұл шетінде жүретін. Ол жанында жүрген баласына «қай егістің де алғашқы суын беру қиын. Ең қажеттісі де осы. Алғашқы суы қанып болмаған егіс – егіс болып жарытпас», – дейтін.
Қияс та өз әлінше әкесіне болысып бағатын. Бірде ана атыз, бірде мына атыздың жиегі жырылып кетіп жатқанда, кішкене кетпенін иығынан тастамай, бұл да зыр жүгіріп тыным таппай жүреді. Кейде екеуі алаөкпе болып, ентігіп шаршайтын. Ондайда әкесі: «Балам, ренжіме, бұл өңір- дің суы тотияйын сықылды. Әсіресе бірінші су топырақты шыдатпайды. Төзімсіз кісіге жер дән беруші ме еді, тәйірі. Кейінгі суару кездерінде бұлай қинала қоймаспыз», – деп жұбату айтып қоятын.
Тары егудегі қиындықтың бәрі тек алғашқы суаруында ғана емес екенін де Қияс жақсы біледі. Әсіресе тарыны қору кезіндегі тауқыметті айтсаңшы. Түбі тесілген шелектерді даңғырлатып, айқайлап ана шеті мен мына шетіне көз жеткісіз тарылықтың ортасымен жүгіріп жүретін кездері есіне түсті. Ондайда торғайдан бетер жау жоқ. Тары пісіп, оруға келгенде ауылдағы балалардың дауыстары өшіп, шиқылдасып қалатын.
Не дегенмен, соның өзі кейде қызық та болып көрінуші еді. Ауылдың күллі баласы таң бозара оянып, торғайлар шырылдамай тарының басына жететін. Әр тұстан қапта- ғайлап айқайлаған дауыстар мен торғайлардың шырылы қосылғанда, бұл өңір ызы-шу, қым-ғуыт болып кетуші еді. Сартылдай атылған сақпандардың үні де құлақ тұн- дырады.
Тал түсте шөлдеген торғайлар алыстағы ағын су ба- сына кеткенде, бұлар да бір сәт дамылдап қалушы еді. Ондайда арық-атыздың ішінде бірін-бірі қуып ойнағанның өзі қандай қызық. Сабақтары иілген қалың тарының арасында жасырынбақ ойнайтын кездері де болатын. Бірақ үлкендер жағы біле қойса, «тарыны жапырасыңдар»
деп ұрсып тастайды. Бір жолы осындай жасырынбақтан кейін Қиястың өзінің де әкесінен қамшы жеп қалғаны бар.
Бәрінен де күллі бала ұйлығысып отырып, тарының кө- леңкесінде қауын-қарбыз жегенді айтсаңшы! Жеп болған соң қабықтарды аспанға атып, құлаш жарыстырады. Атыз-атызды аралап бұқпа торғайларды қуалайды.
Түс қайта ызы-шу, қым-ғуыт айқайлар қайта басталушы еді. Олай бір, бұлай бір үдере ұшқан торғайлар аспанда қарақұрым боп кетеді. Бірі қауын-қарбыз, бірі ішетін, жей- тін ас-су тасып ауыл мен екі ортада жалаң аяқ, жалаң бұт жортпаш балалар жүреді. Кешкісін күн ұясына бата торғайлар да жоғалады. Сол кезде балалар да ұбап- шұбап ауылға қайтады. Қайтқандарының өзі де қызық. Бірін-бірі іліп-шалып, қуысып, қарлыққан дауыстарымен барқыратып ән салатындарын қайтерсің.
Мұндай думандар кей жылы қырғилардың келуіне байланысты ерте аяқталып қалады. Кейде қырғилар да оңайлықпен келе қоймай, тарының әбден пісуін күтіп, колхоздың ора алмай үздік-создық жүріп алатын кездері де болады. Мұндай жылы тары қараудан ауылдың ба- лалары да азып-тозып, әбден шағылып шығады.
Қияс атыздарға жайыла бастаған суды бағдарлай жүріп әр атыздан құлақ аша бастады. Ең шеткі атыздар шіреп толған кезде барып, құлақтарды бір-бірлеп бітей бастай- ды. Бұл істер әкесімен бірге тары суарып жүргенде бала- ның көкірегінде әбден жатталып қалған. Сондықтан да қазір баланың жүзінде ешқандай сасу белгісі жоқ, қайта өзіне-өзі әбден сенген байырғы диқан сияқты, атыздар- ды аспай-саспай аралап, кетпенді де баппен сілтейді.
«Бүгін кешке дейін қалай да суарып болармын» деген ой бала көкейіне орнап та қойған. Әкесінің осындайда үлгере алмаса, айдың жарығымен де суара беретін әдеті болушы еді. Бірақ Қиястың көңілі күдіктен де құр емес. Тарының бірінші суында істің осылай қаперсіз, оп-оңай біте салуы мүмкін емес. Оның үстіне бұл тарылықтың орны мүлде жаңа жер. Топырағы бос. Әкесі майданға кетер алдында ғана: «Амандық болса, биылғы тары өкіріп
шығар», – деп, осы жерді шеңгелден аршып, жерін өзі тегістеп, атыздарын жасаған. Қазір атыздар шіреп тола бастаған соң-ақ жаңа жердің борпылдақ бос топыра- ғын шыдатпай, атыздың оңынан да, солынан да жырып судың далаға қашатынын бала іштей сезіп те тұр. Бұл маңайдың оқпанының да көп болатынын әкесі ескерткен еді. Ең қауіптісі де сол. Құлақ арықтың сағасындағы көтерме де сенімді емес. Әкесі майданға кетер алдында Айбол шалға: «Айеке, сағадағы көтерме аласалау болып қалды. Арықты шіреп аққан су шыдата қояр ма екен», – деп жатқанын Қиястың құлағы шалып қалған. Сондықтан болар атыздарға су жібергелі сол көтерме жаққа бала көңілі алаңдаумен болды.
Майданға кеткеніне он күндей ғана болған әкесі Қайыпбек жасы қырыққа таянған, денесі еңгезердей, қою қара мұртты кісі болатын. Түсі де сол дене бітіміне орай суық еді. Бір әдеті сөзге үйірлігі жоқ. Зор даусымен анда- санда кесіп бір-ақ айтады. Сол бір сөзінің өзі-ақ жетіп жатыр.
Соғыс басталған соң, Қайыпбекті бір жылға дейін майданға жібермей жүрді. Бұл жайында әр түрлі қаңқу сөздер де айтыла бастады. Біреулер: «Қайыпбек сияқты балуан, білікті жігіттерді немістердің қаңғырған жаман оғына қалай қисын. Елге де кетпен шабуға кісі керек. Өкімет әдейі жіберткізбей отыр», – десе, өзгелер: «Несін айтасың, соғыс әбден қызған кезде екі жақ пулемет, мылтықтарын лақтырып тастап, білектерін түріп алып, белдесіп алысуға шығады екен. Әне, сондайда, сөз жоқ, Қайыпбек сияқты балуан жігіттер керек. Құдай біледі, өкімет мұны сондайға сақтап отыр», – дейді. Қайыпбектің өзі ләм-мим деп ауыз ашпайды. Бұрынғыша кетпенін шауып, егінін егіп жүре берді.
Ақыры Қайыпбекке де шақыру қағазы келді. Бұл кезде Қайыпбек жанына Қиясты ерте жүріп, тары егуге өзіне бекітілген жерді әзірлеп те қойған. Жерді бұта, шеңгелден тазартып, тегістеп, атыздарын соғып болып, енді дән сеуіп, тырмалауы ғана қалды деп отырғанда, колхоз бастығы ауданға ертіп әкетті. Ертеңіне Қайыпбек қайтып келіп,
ауыл-аймақпен қоштасты. Ол кететін болған соң, күнбе-күн қызып келе жатқан егістің жұмысы да тоқтап қалды.
Бұрын да қыңқыл-сыңқылмен жүретін әйелі Төржан көктем шыға біржола төсек тартып жатып қалған еді. Күйеуінің майданға кетпек болғанына жылап-сықтаған Төржанға жұрт жұбату айтқан болды.
Ақыры қос ат жегілген арба Қайыпбектің киіздері күн- ге күйіп, шұрық тесік болған төрт қанат ескі киіз үйінің жанына келіп тұрды. Арбада өзге колхоздардан да біраз жігіттер бар екен. Ауылдың үлкен-кішісі болып Қайыпбек мінген арбаны біраз жерге дейін ұзатып салды. Таяғына сүйеніп Төржан да ілескен болды.
Үлкендер жағы қош айтысып қалған соң да, ауыл бала- лары арбаға ілесіп жүгіре берді. Бәрінің алдында Қияс. Сәлден соң балалар да бір-бірлеп қала бастады. Қияс сонда да жүгіре берді. Сауыт та қалысар емес. Қайыпбек барқытпен тысталған бөркін баса киіп, арбадағылардың қақ ортасында отыр. Балаларынан көзін алмайды.
Қияс Сауытпен екеуі көп жүгірді. Аттарды шыпыр- та ұрып, арбаны салдырлата қатты жүрген кезде де қалысқан жоқ. Ақыры әбден шаршаған соң барып Қияс Сауыттан да оза біраз жүгіріп барып, өкси жылап жолдың ыстық топырағына аунап жата кетті. Ол ыстық топыраққа көзінің ыстық тамшыларын тамшылатып ұзақ жатты. Сауыт та жанына кеп отырды. Әуелі ол бұл жылаған кезде аң-таң күйде жан-жағына алақтай қараумен болды. Сонан соң Қиясқа қосылып о да жылады. Біраздан соң Қияс орнынан сүйретіле тұрып, жолға қарап еді, арба көз ұшында ноқаттай болып қарауытып барады екен.
Ағайынды екеуі аяқтарын ілбіп басып ауылдарына қайтты. Жол-жөнекей келе жатып солықтарын басқан соң, екеуі өзара сөйлескен болды.
- Жаңа сен неге жыладың? – деді Сауыт бетінің шаңын алақанымен қайта-қайта сүрткіштеп келе жатып.
- Көкем кеткен соң жыладым да. Ал сен ше?
- Мен-н... Сен жылаған соң жыладым.
Екеуі қайтып сөйлескен жоқ. Үн-түнсіз күйде тізіліп үйлеріне келді.
Арада үш-төрт күн өткен соң, Қайыпбектен «поезбен ке- тіп барамыз. Жан-жағымыз қалың орман. Барар жеріміз- ге әлі жеткен жоқпыз» деген алғашқы хат келді. Хатты әуелі жиылған шал-кемпірдің ортасында саңқылдап Қияс оқыды. Сонан соң кезектесіп, ауылдың хат танитындары- нан көз жүгіртпегені жоқ шығар. Ақыры ауыл түгел оқып, есітіп болған соң, Төржан хатты ақ орамалға әлденеше рет орап, жастығының астына қойды.
Бұл ауылға келген әрбір хат осылай қастерленеді.
Бала ой құшағында жүріп, ең соңғы екі атыздың қалай толып қалғанын да байқаған жоқ. Жалма-жан екеуінің де қүлағын бекітіп, суды келесі атызға жықты. Әзірге Қияс- ты абыржытқандай ештеңе болған жоқ. Алғаш толған атыздың әр жерінен ызалап су қашып еді, оны топырақ- пен бекемдеп, таптап тастады.
Бұл кезде күн де қызып қалған. Баланың денесі терши бастады. Басындағы дөңгелек көне тақиясын желкесіне қарай ысырып, көйлегінің де жоғарғы түймелерін ағытып қойды. Маңдайының терін алақанымен сүртіп тұрып, ол біркелкі су жайылып жатқан атыздарға пейілдене қарап қойды. Осынша жерді бір өзінің суарып жатқандығына бала дән риза еді. Аздап шөлдегендіктен ызаға көмген қауақтан көженің ашыған суын ішу үшін арықты бойлап саға жаққа қарай беттеді. Мұндайда көженің суынан артық нәрсе бар ма? Қияс бір сіміргенде-ақ маңдайынан тер бұрқ ете қалды. Баланың тұла бойы салқындап, бір жайланып алды. Сонан соң қауақтың бетін орамалмен байлап, қайтадан ыза жерге ернеуінен ғана шығарып көміп қойды.
Қиястың бір қолымен жер таянып, бір қолымен кетпені- нің сабынан ұстап тұра бергені де сол еді, сонау шет жақтан сарылдаған дауыс естілді. Қияс сүрініп-қабынып жүгіре жөнелді. Екі көзі атыздарда. Әлгінде ғана бітеп кеткен атыздың есік пен төрдей жері опырылып, судың бәрі далаға кетіп жатыр. Аяғындағы тар етігін жүгіріп бара жатып әзер шешті. Жанталасқан күйде шалбарының балағын санына дейін түріп алды да, кетпенін сабынан сүйреткен күйі атыздағы суға қойды да кетті. Атыз басында
үюлі жатқан он шақты кесек шымды суға шалп-шалп лақтырып болған соң, бала талтайып тұра қалып топырақ ата бастады. Бет қаратпай лайсаң жерге кетпенін сілтеп жатыр. «Атыздағы бар су далаға кетті-ау» деп ойлап, осы ойына іштей ашынып та тұр. Кетпенді де ашумен ызалана сілтейді. Әр сілтегенде кетпені ұңғысына дейін батып кетеді. Бір тәуірі жырылған жер атыздың биіктеу тұсы екен. Бұл – атызды тезірек бекемдеуге қолайлы болды. Қияс та жанталаса қимылдап жатты. Жырылған жерден судың ағуы тоқталса да, топырақты үсті-үстіне атумен болды. Ақыры топырақты көңілдегідей тастап болған соң, атыздың басын кетпенімен таптауға кірісті. Бұл кезде Қиястың өзі де едәуір болдырып, ентігіп қалған еді. Үстіне шашылған су мен балшық жұқа шалбары мен көйлегін денесіне жапсырып тастаған. Атыздың жабын кетпенімен қайта-қайта ұрып тастап, өзі де жалаң аяғымен олай-бұлай жүріп, «бітті-ау» дей бергенде бала енді тола бастаған көрші атыздың тұсынан көлкіп жатқан суды көрді. Атыздың жабын жағалай көз жүгіртіп еді, жыртылған жер көрінбеді. Бір жерден оқпан шыққанын ол бірден түсіне қойды. Ентігін баспаған күйі Қияс тағы да жүгіре жөнелді. Енді ол атыз ішіндегі судың бетін тінти қараумен болды. Атыздың қақ ортасында судың беті шұңқырланып жатыр екен. Тіпті құр-ұр, құр-р-р еткен дыбысы да естіледі. Бала суды шалп-шалп кешіп, сол жерге қарай беттеді. Оқпан екен. Қиястың бір аяғы тізесіне дейін батып кетті. Тіпті әрі қарай сумен тартып барады. Ол енді оқпаннан қайта шығып, жағадан шым іздей бастады. Кетпенді қоя салып, бір құшақ етіп бірнеше шымды бір-ақ көтеріп әкелді де, су кетіп жатқан оқпанға тыққыштай бастады. Үлкен кесек шымның бес-алтауын тыққан соң барып оқпан біржола бітелді. Әбден қалжыраған бала балшыққа батқан аяқта- рын кезек-кезек әзер суырып, сүйретіліп сыртқа шықты. Үсті-басының суын сығып, балшығын сүртуге де мұр- шасы келмей, ентіккен күйі кетпеннің сабына сүйеніп біраз тұрды.
Етігін қайта киіп алғысы келіп, солай таман бірер аттап жүрді де, әкесінің мұндай күндері жалаң аяқ жүріп
су суаратынын есіне алған соң, енжар күйде жабысқан балшықтарды түсіру үшін аяқтарын кезек-кезек сермеп қойып, құлақ арықтың жағасына барып отырды.
Сәлден соң ол атымен өзіне қарай жортаңдап келе жатқан Айбол бригадирді көрді. Айбол – осы ауылдағы білікті диқандардың бірі болатын. Соғыс басталған соң жұрт шалдың наразылығына да қарамай бригадир етіп сайлады.
Бригадир анадайдан сөйлей келді.
- Айналайын Қиясжан, жаңа жер бой бермей жатқан болар. Сөйтеді. Қайтерсің енді. Қайыпбектен көріп, кө- кейге түйіп қалғаның бар ғой. Айналайын, енді сендерге де сенім артып жүрміз. Артпағанда шарамыз қанша. Ер-азаматтан ауылда кім қалды? Ешкім де қалған жоқ. Қайыпбек кеткен күннің ертесінде егістік жерлерді жалғыз өзім аралап жүріп, қамығып ағыл-тегіл жылап алдым.
Шал даусы қалтырап, қалтасынан орамалын шығар- ды.
- Жарайды, қарағым, осы алғашқы суынан құтылып алсаң – ерлегенің. Құдай біледі, биыл тары қырғилардың келуіне орай пісетін шығар. Ондай болса құба-құп. Біраз бейнеттен жеңілдеп қаламыз.
Бала Айболдың сөзін үнсіз тыңдады.
- Мына түстік беттегі егістіктен келе жатыр едім. Олар да кешелі бері суарып жатыр. Кеше басқарма келіп асықтырып кетті ғой. Тарының бірінші суын беріп болған соң, жаппай шөп оруға шығасыңдар дейді. Қайыпбектен тағы хат келген жоқ па?
Бала үнсіз.
- Келер, келіп қалар тағы да. Амандық болса, жазып тұрады ғой. Солардың жоқтығын білдірмеуіміз керек, қарағым! Сөйтелік.
Сары атының сауырын шыпырата ұрып, Айбол ауылға қарай жортақтай жөнелді.
Бригадир кеткен соң, Қияс сусын ішіп, нан жеп, біраз тыныстап алды.
* * *
Қияс он төртке енді толды. Бірақ дене бітімі он төрттегі деуден гөрі он алты-он жетіге келіп, буыны беки бастаған бала жігіт деуге бейім еді. Жасынан-ақ ірі, әкесі сияқты мінезі ауыр болып өсті. Жұмыстың қай түріне болса да бейімі бар және тындырымды болды. Сондықтан болар, үй ішінің сиыр арқандау, шөп орып тасу, ертелі-кеш мал жайғау сияқты жұмыстарын Қияс атқаратын. Ал соңғы екі-үш жыл бойы Қайыпбек баласын жанынан бір елі тастаған емес. Тары суарса да, қауын ексе де, кішкене кетпенін иығына салып Қияс қабатында жүреді. Жұрт:
«Қайыпбектің баласы ер жетіп қалды. Баланың кәдеге жарап, бір қолыңды екі еткені осы да» деп сөз ететін болды.
Дене бітіміне орай, өзі қатарлы балалардан ірі болып көрінгендіктен де, көбіне өзінен ересектермен ойнайтын. Өзгелердей қағып-соғып керілдесіп қалатын әдеті тағы жоқ. Үн-түнсіз маңқиып жүріп өзгелердің ыңғайына көне береді. Балалармен ойнай қалса-ақ оның аузын ашып, таңдана қарайтыны – Саян. О, ол әңгімені қалайша құйқылжытады десеңші!
Саян есіне түскенде Қиястың бойы сергіп, тіпті көңіл- деніп кетті.
Соғыс басталмай тұрғанда жаз бойы ауыл балалары мал арқандап бағуға шалғынға кетеді. «Көк егіске тыным бермейді» деп жұрт малын арқандап ұстайтын. Сиыры бары – сиырын, ешкісі бары ешкісін арқандайды. Сондай- да ұзақты күнге балаларды жалықтырмай отыратын Саян болатын. Оның айтқан әңгімелерін өтірік деп ешкім де айта алмаушы еді. Өйткені Саян әңгімені соғып отырғанда,
«осы өтірік айтып отыр екен-ау» деп ойлауға мұршалары келмей, балалар тегіс ұйлығып қалатын. «Көпірме» деген қосымша атты да оған балалар таққан жоқ. Әуелі өзінің шешесі, сонан соң бүкіл ауыл солай атайтын болды.
Ол кезде бала атаулыдан аудан орталығындағы ба- зарға апарып қауын сататын – жалғыз Саян. Өзгелері ересек кісілер. Саян әңгіменің басын тіке базарға тірей-
ді. Қауынды қалай саудалайтынын, жол-жөнекей езіліп, іші түскендерінің өзін мақтап-мақтап өткізіп жіберетінін, ақшаға шалбарының екі қалтасы бірдей толған кезде көйлегінің ішіне салатынын айтады. Қауынды сатып болып магазиннен қызыл суды қалай-қалай сіміретінін ежіктеп тұрып баяндағанда, өзге балалар да жабыла базарға қауын сатқысы келіп, қызығып кетуші еді. Өзге балалар қызыл су дегеніңіздің не екенін де білмейді. Саянның бұдан да қызық әңгімелері бар. Ауылда Нұрсәуле дейтін сұлу келіншек болатын. Қауын піскен кезде ол да өзгелер- мен бірге базарға барып тұрушы еді. Әңгімені айта келе Саянның сонымен де жақындығы болып шығады. Бірақ ол жайдан-жай сондай едім дей салмайды. Мұндайда әңгіменің майын шығарып, дәмдеп айтады.
Нұрсәулемен екеуінің арасында әңгіме біткеннен кейін, Саян өзінің базарда әйгілі атаман екенін де тәптіш- теп дәлелдеп береді.
- Бір рет қауынымды сатып болып, екі қалтамды ақша- ға толтырып, базардан талтаңдап шығып келе жатсам, жаман тамдардың бұрышынан ысқырық естілді. Мен не? Ысқырықты тыңдап тұрайын ба? Алшаң-алшаң басып жүре бердім. Сөйтсем, әлгі жаман тамдардан тізіліп бес бала шыға келді. Байқаймын, ойларында бәле бар. Бір ұзын сирағы тұрып: «Тауарыш, қауындарыңның ақшасы қайда?» – дейді. Мен не? Сонымен сөз жарыстырып тұрам ба? Бірден түсіне қойдым да, қоржынды лақтырып жібе- ріп тұра қалдым. Алдымен ұзын сирағы келе беріп еді, қос аяқтап тұрып ішке бір-ақ тептім. Бәлдібай атамның тіккен етіктерінің өкшесінің қандай болатынын өздерің білесің- дер ғой. Оның үстіне, көкең іштен бекер тепкен жоқ. Біліп тепті. Сонымен ұзын сирақ жуық арада тұрар болмады. Бір мықыр қарасы қабаттаса беріп еді, тұмсықтан бір- ақ қойған кезде, қан дегенің жосып кетті. Сонан соң бір жалақ сары тұр екен. Атылып барып баспен соғып кеп қалдым. Баспен соғудың қандай болатынын сендер біле бермейсіңдер. Дұрыстап соқсаң, анау-мынауларды бірден о дүниеге жіберуге болады.
Жалақ сарым да мұрттай ұшты. Осы кезде қалған
екеуін іздеп жан-жағыма қарасам... жоқ... Әрі іздедім, бері іздедім. Жер жұтып кеткендей. Тығылып тұр ма екен деп, жаман тамдардың ішіне кірдім. Жоқ. Сөйтсем, сужүректер мен ұзын сирақты құлатқан кезде-ақ зытып кеткен екен.
Мұндай әңгімеден кейін Саян ауыл балаларына нағыз қас батырыңның өзі боп көрінеді.
Балалардың Саянның ұшы-қиыры жоқ көп әңгімесінен жалығатын кездері де болады. Ондайда «нағыз суайттың өзі осы. Суайт қана емес-ау, сиқыршы» деп сыртынан жек көріп, қайтып оның әңгімесін тыңдамасқа уәде етіседі.
Бірақ оған өздері шыдай алмайды. Саянның әңгімесін сағынып, оны іздейтін де кездері болады.
* * *
Соғыс басталғаннан кейін балалардың Саянның әңгі- месін тыңдауға мұршалары да болмай кетті. Майданға кеткен жалғыз ағасының орнына Саянның өзі арба ай- дауға шықты.
Бұрынғыдай сиыр, ешкілерін арқандап қойып, шалғын- да аунап Саянның әңгімесін тыңдап жататын заман көз- ден бұл-бұл ұшты.
Енді жаз бойы балалардың бірін-бірі көруінің өзі қиындап кетті. Күзде колхоздың тарысы түгел жиналып болған соң барып, мойындары босады. Жаз бойы шым тасып сенделіп кеткен Саян да үйіне келіп, бұрынғыша балаларды әңгімеге кенелдіріп тастады.
Ол бұл жолы балаларды шұбыртып ауыл сыртындағы қырманның орнына ертіп апарды. Балаларды тарының жұмсақ сабанына жағалай тізілдіріп отырғызып қойды да, өзі сырт киімін асықпай шешіп, балалардың қақ ортасы- на жайғасты. Балаларды бұлай алысқа ертіп әкететін себебі – Саяекең тар жерде, жұрт көзінше еркін көсіле алмайды. Оңашада бөгет жоқ. Саяекең бұл жолы базар маңының әңгімесін айтқан жоқ. Әңгіме тақырыбы мүлдем өзгеріп кеткен. Ағасы Жанарбектің соғысқа қатысқалы қанша немісті қырғанын және қалай қырғанын айтты.
«Қысқа қарай өтпіске алып келіп кетемін» деген хаты келді дейді. Шетте отырған шомбал қара бала «соғыста
өтпіске бермейді» деп еді, Саян оған абыржи қойған жоқ.
- Мә-ә, саған, мынаның сөзін қарай гөр. Соғыста өтпіске бермейді дейді. Соғыс дегенің не екенін білсең екен-ау. Фашистерді шетінен бытырлатып қыра берсең, қыра бер- сең, саған өкімет өтпіске бермей не береді. Өтпіскені айтасыңдар, ең әуелі Жанарбектің қазір неше медалы бар екенін білесіңдер ме?
Балалар Саянға телміре қараған күйі үнсіз отырып қалды.
- Үшеу... Қазірдің өзінде үшеу... Білдіңдер ме? – Саян үш саусағын шошайтқан күйі біраз отырды да: – осыдан Жанарбек көкем өтпіскеге келсінші, медальдарын сау- сылдатып өзім тағып аламын, – деді.
Жанарбек туралы әңгімесін тамамдаған соң, Саян арба айдап жүріп айдаһар өлтіргенін баяндап кетті.
«Әулиенің түбінде айдаһар бар. Бұрынырақта жылына бір адам жұтып тұрған. Кейіннен адам орнына мал жұтатын болыпты» деген әңгіме ауылда анда-санда айтылып жүретін. Сол айдаһар жыланды Саянның өлтірдім дегені балаларға тіпті тосын жаңалық болды. Саянға қарай бір- бір ысырылып қойып, ал кеп тыңда...
- Қас қарайғанша шым тасып, өзім де, арбаға жегіл- ген аттар да болдырып, айдың жарығымен Тарбақты жақтан келе жатыр едім. Бір кезде аттар аяқ астынан үркіп, шыңғырып жібергені. Қалғып келе жатыр едім. Апыл-ғұпыл көзімді уқалап жіберіп, жолға қарасам, қарсы алдымда анадай жерде көлденең түсіп бірдеңе жатыр. Ойбай-ай, басы бар ғой... Недей десем екен-а?.. Әй, анау бар ғой... Анау ше-ше...
Саян айдаһар жыланға теңеу таппай, екі қолымен ауа қармап отырғанда, өзге балалар қорқып, бүрісіп қалды.
- Анау ше-е... Келі бар ғой. Бәлдібай атамның екі адам қатар тұрып түйетін келісі ше? Сондай бар-ау. Мәс-са-ға- ан-н... Иір-иір. Саяекеңнің ондайда қорқудың орнына аруа- ғы қозып кететінін білесіңдер ғой. Мен не? Кері бұрылып қашайын ба? Не де болса арбаның дөңгелегімен мыжып өтуге бел байладым. «Уа, аруақ, қолдай гөр!» – деп ай-
қайлап, қамшыммен екі атты шықпыртып салып-салып қалғанымда, жануарлар әлгі иір-иірдің үстінен секірді дейсің. Арбаның төрт дөңгелегі бірдей мыжып өткенде айдаһар батырың ыс-с-с ете қалды. Мә-ә, айдаһар ыс-с еткен кезде бар ғой, көйлегімнің етегі желп ете қалды. Ал енді содан кейін не болды дейсіңдер ғой. Айдаһар жылан өлді дейсіңдер ме? Тапқан екенсіңдер оп-оңай өле салатын айдаһарды. Бір бұрылып қарасам, айдаһа- рым иір-иір болып арбаны қуып келе жатыр. Ойбай-ау, әуелде оны байқап алмаған екенмін. Ұзындығы бар ғой... Анау бар ғой... Басы осы жерде болса, құйрығы ауылдың жанында, ана Бәлдібай атамның үйінің жанында жатыр деуге болады. Балалардың ішінде Бәлдібайдың үкі көз сары баласы да отырған. Саянның мына сөзін естігенде, оның көзі ұясынан шығып кете жаздады.
- Қорыққан шығарсың, – деп қалды, осы кезде «көпір- менің» жанында отырған сары бала үрейлене сөйлеп.
- Какой қорыққан? Мен не? Ондайда қорықсам не бол- ғаным. Қайта бойыма жігер бітіп, қаһарланып кеттім. Ат- тарды түрегеп тұрып қамшымды үйіре қатты айдадым да, сәлден кейін қайта бұрып айдаһардың үстіне салдым. Жылқы дегенің де қасиетті ғой, шіркін! Қамшымды үйіріп тұрып айдағанымда тайсалмады-ау. Шыңғырып тұрып айдаһардың үстінен қарғығанда арба аударылып кете жаздады. Арбаның төрт дөңгелегі айдаһарды тағы бір мыжып өтті. Байқаймын, айдаһарым әлсіреп қалған се- кілді. Басы Бәлдібай атамның келісіндей болып, былқ- сылқ етіп жол үстінде қозғала алмай жатып қалды. Мен не? Әуелде қорықпағанда енді қорқамын ба? Арбамен олай-бұлай екі-үш жаншып өткенімде айдаһар батырым жан тәсілім етті.
- Айдаһар сол жерде әлі жатыр ма? – деп қалды жанын- да отырған әлгіндегі сары бала, көңілі орныққан күйде.
- Какой жатқан? Жатса не болар еді? Оны көріп мына сендердің жүректерің ойнамалы боп қалады, екіқабат жеңгелерімнің бала тастауы мүмкін. Мен не? Соны ойламады дейсің бе? Ойладым. Әбден ойладым. Жаны кеткенін білген соң, жыланның басын арқанмен шандып,
арбаның қауына байладым да, сүйретіп әкеліп сасық көлге тастадым.
Балалар бұл жолы Саянға: «әй, мынау өтірік шығар» деуге де қорықты. Өйткені сол сәтте Саянның өзі де айдаһардай сұсты болып көрінді.
Саян болса жайшылықтағыдай жайбарақат:
- Әй, сол айдаһар жыланыңды қойшы. Одан да фашис- терді қырғанды айтсаңшы. Шіркін-ай, біздің ауылға бір арба фашист келер ме еді, – дейді. – Әттең, келсе ғой шіркіндер, көкелерінің тойларын көрсетер едім-ау.
Бойларынан үрейлері аздап тарай бастаған ересек балалар: – Бір арбасы келсе қайтер едің? Бәрін де қырып жіберер ме едің, – дейді.
- Өй, сол да сөз бе екен? Бір арба фашисті жайғай алмасам, неғып жүрмін? Онда мен әншейін сужүрек бол- ғаным да. – Сонан соң «көпірме» бір арба фашиспен қалай арпалысатынын айтып кетеді.
- Мәселен, ауылдың шетіне бір арба фашист келді дейік. Арба Бәлдібай атамның үйінің жанына тоқтады дейік. – Бәлдібайдың үкі көз баласының тағы да құты қашып кетті. – Мен не? Қарап тұрамын ба? Қолыма бір келтекті аламын да, немістерге жетіп барамын. Арбаның алдына көлденең тұра қалып, келтегімді аспанға көте- ріп, «атаңның аузын ұрайындар, жекпе-жек! Жекпе- жек! Шық, қанеки, батырың!» – деймін. Олар да шылғи ақымақ емес. Мені тарс еткізіп бірден ата салмайды.
«Бұл не деген жүрек жұтқан бала», – деп, әуелі маған таңырқайды. Сонан соң «сен баланы көрейін», – деп еңгезердей біреуі түседі де маған қарай жүреді. Сол кезде мен қайтемін? «Ата-бабамның аруағы қолдай гөр, жебей гөр» деп, екі білекті түрініп жіберіп, еңгезердей фашистің алдына аршындай басып жетіп барамын да, келтекпен басына беріп кеп қаламын. Басы, сөз жоқ, қақ айрылады. Екінші фашист келеді. Оны келтекпен желкесінен беріп жіберемін. Үшіншісі келе бергенде, іштен бір төбемін де, жалма-жан мылтығын тартып ала қоямын. Өйткені фашистердің бастары да қауақ емес. Менің қызығыма қарап бәрі бірдей отыра бермейді.
Біреуінің мені мылтығымен бас салуы да мүмкін. Соны мен алдын ала сеземін де, мылтықты алған күйі «қол- дарыңды көтеріңдер, иттер» деймін. Біреу мылтығын ке- зеніп тұрғанда қолдарын көтермей көрсінші. Жапырла- сып көтереді. Сонан соң сендерге «аналардың қолдарын байлаңдар» деп бұйыруым мүмкін».
Балалар ойда жоқта өздеріне Саянның мынадай сенім жүктегеніне риза болысып, қозғалақтап қойды.
- Сонда сендер көздерің жыпылықтап, қорқақтамай жағалай қолдарын байлауларың керек. Қолы байлан- ғандарды сиыр қораға қамап қоямыз. Өйткені олар керек болады. Күзде бірін-біріне тізіп қойып, езулерінен түртіп жүріп, тары айдатсаң қандай жақсы.
Әрине, олардың орталарында былшиған семіз гене- ралдары болады. Мен оған тимеймін. Өйткені менің оны- мен дұрыстап сөйлесуім керек. Өзгелерін жайлап болған соң, әлгі былшиған семіз генералдың жағасынан аламын. Қолға түскендерін білген соң, ол сорлы жалғыз өзі не істе- сін? Ербитіп қолын көтереді. Қолына түкіргенім бар ма, оның? Жағадан алған күйі иектің астынан перемін кеп.
Бұл кезде Саян қызды-қыздымен орнынан тұрып кетіп, генералды қалай ұратынын көрсете бастады. Өзге балалар, тап қазір Саян генералмен шын айқасып жат- қандай, үрейлі күйде қарасып отырды.
- Генерал батырдың иек астынан қойған соң-ақ есеңгіреп қалады. Мен не? Енді неден сасам? Кімнен қорқамын? Оны баппен соққылайтын боламын.
Бізбен соғыстыңдар ғой, а... Бізді жеңбек болдыңдар ғой, ә...
Бізді қанжоса етпек болдыңдар ғой..., ә?
Біздің ауылды да алдарыңа сап айдап әкетпексіңдер ғой... Мә, жеңесің...
Мә саған біздің ауылдан сыбаға...
Саян былшиған сары генералды әр ұрған сайын өзгелердің айызы қанып, рахаттанып отырады. Тіпті іш- терінен «шіркін-ай, тағы да ұра түссе екен» деп отыр- ғандар да болды.
Былшиған сары генералды әбден есеңгіретіп соққы- лап, өзі де әбден болдырған кезде Саян топ етіп сабанның үстіне құлай кетті. Құлай кеткен күйі тапжылмастан аспан- ға қарап жатып: «Шіркін-ай, біздің ауылға шынымен-ақ бір арба фашист келер ме еді», – деді. «Келсе ғой, мен өзім- ақ дәл осылай жайғар едім. Құдай ақы, дәл осылай етер едім». Балалар оған үн қатқан жоқ. Үндеуге батылдары да жетпес еді. Ол сәтте бәрінің де құдайдай табынар әулиесі, қас батырлары – орталарында, тарының жұмсақ сабанының үстінде шалжиып жатқан Саян болатын.
Саян аспаннан көзін алмай, өңі сұп-сұр, сазарып жат- қан күйі: «Мен енді соғысқа барамын, – деді. – Сұранып кетемін. Милиция жібермейді, бәрібір қашып кетемін. Әйтеуір кетемін. Кетемін...»
Соңғы сөздерді айтқанда оның еріндері дірілдеп, дау- сы қалтырап кетті. Балалар енді оның соғысқа кететініне де сенді. «Саян бәрібір дегеніне жетеді», – деп ойлады балалар іштерінен. Енді олар дәл қазір орталарында шалжиып жатқан Саян ертең-ақ соғысқа кетіп қалса, күніміз не болады деп қиналып отырғандай. Ол жоқта тағы бір айдаһар жылан шықса, оны арбамен жаншып өлтіретін кім?
Ол жоқта шынымен-ақ ауылға бір арба фашист келіп, Бәлдібай шалдың үйінің жанына түсіп жатса, оларды бай- лап-матап, генералды былш-былш соққылап жататын кім? Тіпті қолдары боста әр түрлі әңгімелер айтып, бойларын сергітетін кім? Саян болмаса, бұлар не істей алады?
Сол жерде балалардың әрқайсысы-ақ Саянсыз күн- дерінің қараң екенін сезді. Енді Саянның соғысқа кетіп қалмай, өздерінің орталарында қалуын тіледі. Бір кезде Саян тағы да өршелене сөйлеп кетті.
- Бәрібір соғысқа мен бармай болмайды. Баруым керек. Барайыншы... Сосын олар көреді менен көресіні! Мен оларды жеңбей қайтпас ем. Сөз жоқ, ауылға оларды жеңіп барып келемін. Қорықпаймын олардан. Қанымды тамшылатып жүріп соғысамын олармен.
- Саянның кірпіктерінің ұшында жас тамшылары мөлтілдеп тұр еді. Сондықтан өзге балалардың да
жылағысы келді. Көзінің жасын саусағының ұшымен сүртіп жатып, Саян тағы да күбірлей бастады:
- Сөз жоқ, мен оларды жеңіп барып ауылға келемін. Сонда сендер қайтесіңдер? Әрине, сендер менің соғыс- тан жеңіспен қайтып келе жатқанымды естіп үйде отыра бермейсіңдер. Арбаға мініп алдымнан шығасыңдар. Бәріміз шұрқырасып Тарбақтыда кездесеміз. Сонда қайтер екенбіз... Бәріміз құшақтасамыз ғой, ә... Сонан соң қайтер екенбіз? Қарқылдасып күлеміз-ау, ә... Жоқ. Бәріміз де ағыл-тегіл боп жылайтын шығармыз... Жылай- мыз ғой, ә? – Саянның бетін жас жуып кетті. Бірақ ол өзі балаларға қарап ақсиып, тістерін көрсете күле қарап отыр еді.
Балалар да Саянға не дерін, не істерін білмей қалды. Күлкісі кеп отырып жылағандары, жылағысы кеп отырып күлгендері қызық болды.
* * *
Көктем шыға-ақ тағы да колхоздың әр қилы тіршілігі басталып кетті. Бұл кезде ауылдағы екі мұғалім де май- данға кеткендіктен, мектеп жабылған. Ересек балалар- дың бәрі де колхоз жұмысында. Саян да ағасынан қалған арбаға иелік етіп жүр. Қияс оны анда-санда ғана көріп жүрді.
Осыдан үш күн бұрын ол Қиястың егістігінің басына шым әкелді. Арбасынан ыржия түсіп келіп ол Қияспен әбден сағынысқан кісіше амандасты.
- Қалай, жеңешем ауруынан тәуір болды ма? – деп Төржанның жағдайын сұрады. Бұл тұста ол есейіп қалған жігітке ұқсап кетті.
- Жақсы ғой, – деді Қияс та оған деген ризалығын білдіре алмай.
- Менің де әжем кейде жатып қалады. Қайсыбір күні:
«Әже, осы жауды жеңіп алғанша ауырғаныңды қойшы», – десем, «Бәтуәсіздің сөзін қара, мен ауырайын деп ауырып жүр ме екем?» – деп, жата кеп ұрысты.
Екеуі қосыла күліп алды.
- Күзде тарыны өткізіп болған соң, тағы да әңгімені гөйітеміз ғой, ә... Құдай ақы, осы күні ішім толып жүр. Сосын бар ғой... Осы күні күшім тасып барады. Біреулермен шайқасқым келеді. Біреулерді шетінен алып ұра берсем деймін. Айтпақшы, жақында Жанар- бектен хат келді. Тәнкі айдайтын болыпты. Тәнкі де- генді білесің бе? Оның жүйріктігін мен саған айтайын, пойызың митыңдап жолда қалады екен. Немістерді сол тәнкімен біздің Жанекең мылжа-мылжа етіп жаншып жүрген көрінеді. Осыдан қара да тұр, Жанарбек соғыстан қайтқанда тәнкінің біреуін ауылға мініп келеді. Әне, сонда көресің тәнкінің қандай болатынын.
Қияс Саянның әңгімесіне елтіп, аузын ашып қалды.
Сәлден соң Саян тағы да әңгімесін жалғастырып кетті.
- Қайыпбек көкем де майданға жетіп қалған шы- ғар, ә...
- Қайдам...
- Қайдамы жоқ, барды ғой. Осы уақытқа дейін бар- май, екі ортада асық ойнап жүр дейсің бе? Барғаны сол, жаудың жағасынан алды ғой. О, шіркін, Қайыпбек көкем балуан ғой, ә, фашистерді мойнынан тышқанша лақтыра беретін шығар. Қайыпбек көкемдей балуан болсам ғой...
Саян сәл мұңайған болып тұрды да, қайтадан жүзі жай- нап қоя берді.
- Бәрібір менің күшім де ешкімнен сорлы емес. Қайыпбек көкемнен кейінгі балуан өзіммін. Өтірік пе? Өтірік деші?
- Рас, – деді Қияс сасқалақтап.
- Ендеше мен де тезірек майданға кетуім керек. Жетеді осы жүргенім де. Осыдан қара да тұр, бір күні арбаны тастап, қолыма бір қауақ көженің суы мен бір таба нан аламын да, «Майдан қайдасың?» деп кете берем. Мен не? Өстіп жүре берем бе? Сөз жоқ, сөйтем.
Оның түсі бұзылып, даусы қатуланып кетті.
- Қайыпбек көкемнен хат келсе айтшы. Қай жерде жүргенін біліп берші маған. Тап сол Қайыпбек көкем жүрген жерге барамын.
Саян осылай лепіріп сөйлей берер ме еді. Сәлден соң атымен жортып келе жатқан Айбол бригадир көрінді. Саян амалсыз арбасына қарай беттеді.
Қиясқа әсіресе оның «Қайыпбек көкеммен бірге соғы- самын» дегені ұнап кетті.
Соншалық жақсы көріп әрі аяп кеткендіктен, ол Саян- ның арбасы ұзап кеткенше соңынан қарап тұрды.
...Бала санасына ұялаған тәтті ойлардан серпіліп, жан-жағына қарады. Бірінен соң бірі суға толып жатқан атыздарға көз жүгіртті. Ой құшағында жүріп-ақ біраз атыздарды суға кілкітіп, құлақтарын бекітіп үлгірген екен. Енді байқаса, құлақ арықтың шығыс бетіндегі қума атыз- дар түгел дерлік су ішіп болып қалыпты. Бір жақсысы, әлгіндегі бір оқпанды бітегеннен кейін, екі-үш атыздың ылди жағынан жырымшылап су қашқаны болмаса, суару кезінде Қияс көп абыржи қойған жоқ. Бірақ мұның да сыры Қиясқа аян. Сағаның түбіндегі көтермеден қорықпай, суды молдау жібергенде ендігі батыс беттегі атыздар да су ішіп жатқан болар ма еді. «Әлі де көбейтуге болады. Тіпті де кеш емес». Бала саға жаққа қарай келе жатып та «әлдеқашан сөйтуім керек еді. Сонда бүгін бар жерді суарып та болар едім» деп өзін-өзі кінәлап қойды.
Күн түске таянып қалған кез. Лаулаған қапырық ыстық даланың да еңсесін басқандай. Үп еткен самал жоқ. Таңертеңнен бері әр тұстан естіліп тұрған шаң-шұң дауыстар да енді мына аптапқа малтығып қалған секілді. Бала тершіген маңдайын әлсін-әлсін көйлегінің ете- гімен сүртіп қойып, сағаға келді. Келген бойда әуелі салқын сумен беті-қолын жуды. Едәуір салқындап тұла бойы жайланып қалғандай болды. Сонан соң сағалықтың екі жағынан біраз шымды жағаға шығара бастады. Енді су тарыға қарай тіпті мол кетіп жатты. «Осылай еткенім дұрыс болды. Несі бар, мұндай суға төзе алмайтын көтерме бола ма?» деп, бала жағада екі аяғын салқын
ағын суға малып отырып, өзін-өзі жұбатып та қойды.
Ол енді құлақ арықты жағалап тарылыққа қарай беттеді. Жұлқынып аққан мол су тарылыққа да жетті. Дәл қазір осы судың жарысын батыс беттегі атыздарға да
бөліп жіберуге болады. Онда тарыны бүгін суарып бітуі де мүмкін. – Бала осыны ойлады да, кетпенмен жалма- жан арықтың батыс беттегі шеткі атызға түйіскен жерін ашып жіберді.
«Міне, табылған ақыл. Бүгін тарыны түгел суарып бітсем, қандай жақсы. Бригадир де риза болар еді. Анам ше? Ол да қуанар еді-ау?..»
Қияс өз-өзіне риза болып, көңілденіп кетті. Дәл қазір ол өзін байырғы диқандарша сезінді. Әкесін есіне алды. «Ол кісі болса да тап осылай жасар еді. Бұлай жасамауы мүм- кін емес. Жерді бөліп-жармай бірден суарған жөн. Егіс те сонда біркелкі көктейді деп айтқанын Қияс талай естіген.
Әйтсе де құлақ арықтың екі бетіндегі атыздарды алма- кезек бақылап, аралап жүру балаға оңайға түскен жоқ. Бірде ана шеттен, бірде мына шеттен атызды жырып қашқан су оны біраз қалжыратып та тастады. Сонда да ол суды молайтқанына ешқандай өкінген жоқ. «Тарыны бүгін суарып бітуім керек» деген ой да санасына әбден орнап алды. Әлсін-әлсін сағаның түбіндегі көтермеге де соғып, байқап қояды. Әзірге сыр берер сыңайы байқалмады.
...Күн тас төбеде тұр. Бала күн алауымен быршып терлеп кетті. Маңдайынан, бетінен аққан терін әлсін- әлсін көйлегінің етегімен сүртумен болды. Көйлегіне сіңген ащы тер сүрткен сайын көзін ашытып та жіберді. Осы тұста бала тағы да әкесін есіне алды. Ол да көйлек- дамбалы денесіне термен жабысып, тал түсте кетпенін иығынан тастамай жүгіріп жүрер еді. Бір ғажабы шаршап абыржығандығын ешкімге сездірмейтін. Тіпті жұмыс істеп жүргенде өзгелермен сөйлесу деген оның табиғатында жоқ-ты. «Шіркін-ай, қазір көкем жанымда болса ғой». Бала бір сәт іштей күрсініп те қойды. Өзінің әкесін са- ғынып қалғандығын да сезді. Кеткелі бері әкесінен бір-ақ хат келгендігіне Қияс ренжулі еді. «Күнде, тым болмаса күнара біреуін неге жазып тұрмайды екен».
Бала бірауық ағаштың көлеңкесінде отырып сусындап тыныстауға да уақытты әзер тапты. Онда да ұзақ отыра алған жоқ. Түс қайта ас-су алып інісі Сауыт та келуі тиіс. Сонан соң босаған ыдыстарды алып қайта кетеді. Қияс
інісін аяп та кетті. «Ары-бері жүріп, ыссылап шаршайтын шығар. Не істеп жатыр екен өзі?»
Бәрі де бірқалыпты, ойдағыдай сияқты еді. Құлақ арықтың екі бетіндегі атыздар да бірінен соң бірі шірей толып, баланың көңілі жайланып келе жатқан. Кенет саға жақтан судың оқыс сарыны естілді. Қиястың көңілі бір жайсыздықты сезгендей болды. Абдыраған күйде кетпенін иығына іле сала, саға жаққа қарай жүгіре жөнелді. Аяғы-аяғына жұқпай, ентіге жүгіріп келе жатып ол «бәлкім, көтерме құламаған шығар» деп ойлады. Бұл – баланың өзін-өзі жұбатуы еді. Болмаса көтерменің ақиқат құлағандығын ол алғаш судың сарылы естілген кезде-ақ білген.
Көтерменің бір жағын орып, сарылдап далаға кетіп жатқан суды көргенде баланың көзі шарасынан шығып, қорқыныштан тұла бойы қалтырап кетті. Не істерін де білмей сасқандықтан, бала судың құлап жатқан жеріне барып, талтайып тұра қалды. Ылдиға қарай бар екпінімен құлап жатқан су екпіні баланы теңселтіп жіберді. Құлаған жердің көлемі үш-төрт қадамдай. Дәл қазір осынша жерді бітемек түгілі бала судың ағысына да қалт-құлт етіп әзер шыдап тұр. «Жоқ, мен бітей алмайтын шығармын бұл жерді. Бой бермес. Судың бәрі де далаға кетті». Ызаланғаны соншалық баланың көзінен бырт-бырт жас шықты.
«Бәлкім, айқайлауым керек шығар. Біреулер көмекке келер». Бірақ тал түс кезіндегі дауыстың ұзап кетпейтінін де Қияс жақсы біледі. Сондықтан өзінің осы бір тым шарасыз халін сезіп, өксіп-өксіп жылаған күйі жұлқына ағып жатқан суға көлденең жата кетті. Күндікке кетпеннің сабына сүйенгендіктен ғана шыдап тұр екен. Бала ызадан булығып құлай кеткен кезде, оны долы ағыс екпінімен бірер аунатып та жіберді. Қияс өкси жылаған күйі үстінің суы сүмектеп, орнынан тұрды. Біраз жерге ағыспен ілесіп кеткен кетпенін ұстады.
Ол енді бойын кернеген ашу-ызадан бірте-бірте арыла бастады. Жылағанын да қойды. Қайта бойын бір қайсарлық сезімі билеп алғандай. «Бұл жерді менің қалай да бітеуім керек» деп ойлады ол іштей. Мұнысының
әншейін далбаса ой емес екеніне де ол сенгендей еді. Енді құлақ арықты біржола бітеп, алдымен суды тыю үшін кетпенін қос қолдап ұстаған күйі сағаға қарай жүгірді. Әлгінде ғана жағаға шығарып кеткен шымдар- мен қайтадан сағаны бітей бастады. Шымның үстінен бастыра топырақ тастады. Енді құлақ арыққа кетіп жат- қан бір қасық та су жоқ.
Бала алқынған күйі кетпенінің сабына сүйеніп бір сәт тұрды да, аяғын сүйрете басып, көтерме жаққа жүрді. Жұлқына аққан судың бәрі де көлкіп ылдида жатыр. Бала енді аспай-саспай жүріп әуелі жақын маңнан шым тасып, құлаған жерге тастай бастады.
Мұндайда әкесі Қайыпбек тым сабырлы болатын.
«Оқасы жоқ, балам, асықсаң, күйінсең, ісің бүлінген үс- тіне бүліне береді» деп қойып, неге де болса көнтерлі әдетпен жұмысын жалғастыра беретін.
Бала құлаған жерге біраз шым тастаған соң, енді топырақ атуға кірісті.
Бұл кезде күн де ауа бастаған еді. Жанды нәрсенің бәрін де ерітіп жіберетіндей қайнаған мына ыстықта көтермені бітеу он төрт жасар балаға оңайға түспейтін секілді.
Қияс әлсін-әлсін бетінен, маңдайынан жосыған терді көйлегінің етегімен сүртумен болды. Сонда да болмайды. Ащы тер қасынан төмен сорғалап, көзіне құйылады. Бірақ бала әзірге мұның бәрін де елер емес.
Ол құлаған жерге өзі ылдида тұрып, топырақты құ- лаштай лақтырып жатты. Ыза топырақ жұбын жазбас- тан топ-топ етіп түседі. «Көкем болса да осылай атар еді топырақты». Ол әкесін есіне алды. «Жоқ, ол кісі тіпті қашықтан атар еді. Және көкемнің кетпені қандай. Кет- пені жерге бір батқанда кішігірім ошақтай жер опырылып қалады». Қиястың қолындағы шешесінің кетпені болатын. Майданға кетерде әкесі «менің кетпеніме шамаң келе қоймас, шешеңнің кетпенін ұстай бер», – деп, өз кетпенін сөренің биік белдеуіне қоса сыммен орап кеткен.
Бұған дейін бала «анамның кетпені де болады» деп, әкесінің кетпенін ұстауды ойламаушы да еді. Дәл қазір ол әкесінің кетпенімен топырақ атуды армандады. Тіпті ше-
шесінің кетпені қолына тым жеп-жеңіл болып кеткендей болды. «Онымен топырақ атқан қандай өнімді болған болар еді. Ол кезде мына кетпенді Сауытқа бере салар едім».
Осы бір тәтті ойлар баланы шабыттандырып жіберді.
Он төрт жасар баланың тәп-тәуір шыныққан бұлшық еттері бұлт-бұлт ойнап, күнмен тотығып қарайған мойны мен білек терілерінде тер тамшылары моншақша жыл- тырайды.
Осындай алаулаған шілденің ыстығында әкесінің қасқайып тұрып кетпен шауып, тершіп, көйлек-дамбалы денесіне жабысып тұратын сәттерін Қияс талай көрген. Сонда «көкем неге шаршамайды екен» деп таңқалушы еді. Кейде тіпті әкесі аңыз-ертегілердегі батырларға ұқсап көрінетін. Дәл қазір өзінің де сол әкесіне ұқсап, қасқайып топырақ атып тұрғанына бала дән риза еді.
«Құдай біледі, мен қазір көкемнен айнымаймын. Топы- рақ тастауым да тіпті аумайтын болар. Бәлкім, сырттан қараған біреу «мынау Қайыпбек емес пе? Сол ғой, бәтір- ау» деп таңырқаған да болар еді.
Осы ойлармен ол тіпті құлшынып, қимылын бірте-бірте үдете түсті.
Сәлден соң барып ол өзінің шаршағанын сезе бастады. Қатты алқынып кетті. Отша шарпыған күн алауы тіпті шыдатар емес. Шөл де қысып барады. Таңертең ызаға көмген қауақтағы салқын көженің суын түс кезінде-ақ ішіп тауысқан. Қатты шөлдеп кеткен соң, ол сағаға барып, ағын судан ішіп келуді ойлап, бірақ «тағы бір он кетпен атайын, он бес... жиырма-а» деп, өжеттікпен кетпенді өршелене сілтеп жатқанда, сырт жағынан «Қияс-с» деген жұмсақ үн естілді. Сауыт екен. Қолында қауағы мен көне дастарқан- ға оралған наны бар. Өзі әбден боршып терлеп, екі беті күнге пісіп, қызарып кетіпті.
Екеуі ағаштың көлеңкесіне келіп отырды. Сауыт асыға дастарқанның орауын шешіп, қауақтағы айранды да алдына жақындатып жатты. Жұмсақ шаштарының ара- сынан тер тамшылары жылт-жылт етеді.
Қияс інісін аяп кетті.
- Шаршаған шығарсың, – деп оның арқасынан жайлап сипап қойды.
- Жоқ. Бір қауақ айран көтергенге де шаршаймын ба? Қияс қайтып үндеген жоқ. Қауақты басына көтере күннің ыстығымен енді көпіршіп аши бастаған айранды сіміріп алды. Сусыны қанып, көңілі жайланып қалды. Тұла бойынан бұрқ-бұрқ тер көтерілді. Қауақты көлеңкеге қарай жылжытып, өзі бір жапырақ нанды үзіп ала сала, қомағайлана асап, борпылдақ топыраққа қисая кетті. Түстіктен жайлы самал соқты. Денесі де сергіп көңілдене бастады. Ол өз-өзіне риза болып, көтерме жаққа қарап қойды. Оның құлаған жерге тастаған топырағы әлі көтер- менің деңгейіне жете қойған жоқ-ты. Әйтсе де бала өзінің осы бір қимылына аса ризалықпен қанағаттанып отырды.
«Егер көкем болса, бүгін арқамнан қаққан да болар еді» деп ойлады.
Сауыт бетінің терін алақанымен сүрткіштеп біразға дейін үнсіз отырды да, ағасы тамақтанып болған соң барып сөйлей бастады.
- Өзің шаршадың ба?
- Аздап қана.
–Көтерме құлап қалыпты ғой. Қияс бұл жолы үндеген жоқ.
- Бүгін сиырды қойнауға арқандадым.
- Аударып арқандадың ба?
- Аудардым. Сосын қайтып келіп, апама шай қойып бердім. Шай ішіп, апам борша-борша боп терледі.
«Кешегіден тәуірмін» дейді.
Шешесі туралы айтқанда Сауыт өзінше байсалды сөйлеп, ағасын жұбатпақ болған ниетін де байқатты.
Қияс оның тершіген басынан жайлап сипап қойды.
- Енді үйге қайтасың ғой?
- Қайтайын.
Сауыт үстін қағына тұрды. Таңертең Қияс әкелген бос қауақты қолына ұстады.
- Апама не дейін? Тары суарып жатыр дейін бе? – Сауыттың мұнысы «апама көтерменің құлағанын айтайын ба?» дегендегісі еді.
- Көтермені қайта соғып жатыр екен де.
Сауыт мұрнын бір тартып қойды да, қауағын бұлғақтата көтеріп, талдың көлеңкесінен ұзап, ауылға қарай кететін жалғыз аяқ жолға түсті.
Інісі кеткен соң да Қияс талдың көлеңкесінде біраз отырды. Ішіне ас барған соң тұла бойы босап, маужырай бастады. Көзі қайта-қайта ілгіштене берді. «Шіркін-ай, кішкене көз іліндірсем ғой» деп те ойлады. Ұйқының дәл қазіргідей тәттілігін ол бұрын аңдаған емес еді. Бірақ көзін сәл жұмса болды-ақ, ол тастай қатып ұйқыға кете- рін жақсы білді. Сондықтан да бала ұйқының сиқырлы күшіне берілмей, басы бұлғақтап, көлеңкеде біраз отыр- ды. Осылай отыра берсе жұмысқа деген ынтасының жоғалатынын да әкесінің айтуынан білуші еді.
Ол өзін-өзі зорлай, бұлғақтай тұрып, қолына кетпенін алды да, көтермеге қарай жүрді.
Бұл кезде күн бесіндіктен ауып та кеткен. Күннің алауы да ептеп басыла бастады.
«Көтермені бүгін бітіруім керек. Сонда ғана тарыны уайымсыз суара беруге болады» деп ойлайды бала ұйқы ұялаған көздерін алақанының сыртымен қайта-қайта уқалап келе жатып. Аспай-саспай топырақ ататын жері- не келіп тұра қалды да, екі алақанына кезек-кезек түкіріп алып, кетпенді сілтей бастады.
Ол байырғы кетпеншілерше қимылдады. Тұрысы да мығым. Кетпенді де бірқалыпты сілтейді. Көздеген жері- не түсіп жатқан топыраққа да көңілі тояттап тұр. «Көкемнің кетпенін шыңдап алмасам болмас. Мынау не деген өнімсіз еді», – деп, бала қолындағы кетпеніне назырқана қарап қой- ды. Тіпті өзінің ер жетіп қалғандығын да бүгін аңдағандай.
Оның осы сәттегі қиялы тым ұшқыр әрі тәтті еді.
«Шіркін, әлі тары да пісер... Даланы күңірентіп қоримыз- ау... Сақпанды сартылдатып аспанға атамыз-ау...
Ала-ла-а-а-айй, ала-ай... Жеп қойды-ау, торғай, –
деп айқайлағанда дауыс дегенің жеті қабат аспанды тіліп өтпей ме?... Оған дейін апам да тәуір болар. Бәлкім, соғыс
та бітіп, көкем аман-сау қайтып келер. Шіркін, көкем келсе ғой»...
Бала ақырын ғана күрсініп қойды.
Күн еңкейіп, даланы қуырып жіберердей алаулаған ыс- тық бірте-бірте қайта бастады. Қияс көтерменің құлаған жерін бітеп болып, енді екі жақ бүйіріне жағалай топырақ ата бастады. Өзі ісінің сәтті бітіп келе жатқанын іштей сезген сайын, бала тіпті шабыттана қимылдады. «Көкем болса ғой. Маған қандай риза болар еді. Егер менің көтермені қайта соққанымды естісе ғой. Мен оған хат жазамын. Дәл осының бәрін айтып хат жазамын. Сонда ол қандай қуанар екен».
Қиястың өз-өзіне риза болғаны соншалық, көтерменің екі бүйіріне тастаған топырағы жетерлік болса да, қи- мылын тоқтатпады.
Ақыры ол көтермені жағалай көзбен шолып өтті де,
«жетер енді», – деп түйді іштей. «Енді су мына арықты қанша шіреп ақса да, бұл көтерме сыр бере қоймас».
Бала көтерменің жағасын асықпай жүріп кетпенімен таптап шықты. Әбден тапталған ыза топырақ кешкі күн сәулесімен жалтырап жатты. Енді Қияс таңертең келіп, суды тарыға қарай жіберуді ғана ойлады. «Енді бұдан мықты көтерме жоқ шығар» деп кетпенінің сабына сүйе- ніп тұрғаны да сол еді. Ту сыртынан аттың дүбірі ес- тілді. Айбол бригадир екен. Әншейінде анадайдан сөй- лей келетін әдеті еді. Бұл жолы олай емес. Атын тебініп көтерменің жанына келді. Қияс та үндеген жоқ. Тіпті бригадирдің бетіне тура қарай да алмады. Дәл осы сәтте оған күні бойы мықшыңдап бітірген мына көтерме мақтаныш етуден гөрі, өзін айыпты етер іс сияқты сезілді.
Төмен қарап тұрған күйі жалаң аяғымен кетпеннің жүзін сипай берді.
- Көтермені дұрыстапсың, қарағым.
Бала «көтермені құлатып алыпсың ғой» дейтін шығар деп ойлап еді. Шалдың бұл сөзі Қиясқа демеу болды. Өзіне таяп келіп, Айбол мейірбан дауыспен: – Жарайды, қарағым, қалған атыздарыңды ертең-ақ суарарсың. Үйге
қайта ғой. Өзің де шаршаған шығарсың, – деді. «Қарағым» деген кезде Қиястың көзінен жас та шығып кете жаздады.
- Қайтамын ғой, ата! – дегенде дауысы қалтырап та кетті.
- Бәрекелді, жігіт болды деген осы. Мен бүгін келінді
«балаң ер жеткен екен» деп қуантайын.
Айбол бұрылып, ауылға қарай беттеді. Бала енді бір жерден тақиясын, бір жерден етігін, босаған қауағын жиыстырып үйге қайтуға әзірленді. Сөйтіп жүріп батып бара жатқан күн сәулесімен жарқырап жатқан су толы атыздарға қарап алды.
«Көтерме құламағанда ғой, бүгін біржола бітіріп қай- тар ем». Бір қолына кетпенін, бір қолына қауағын ұстап, бала жабырқау күйде борпылдақ топырақты кеше үйіне беттеп бара жатты.
Қияс шаршау дегеннің не екенін бірінші рет бүгін ұқты. Іс үстінде ет қызуымен байқамаған екен. Ауылға келе жатып ол тұла бойының дел-сал боп, өзінің әбден қалжырағанын, шаршағанын білді. Иығындағы әншейінде жеп-жеңіл сезілетін кетпенінің өзі зіп-зілдей сияқты. Етігінің табанына тап бір қорғасын байлап қойғандай.
Аяқтарын әр басқанда, жерден әзер көтереді. Бірақ ол сыр бермеуге тырысты. Іштей «шаршағанымды ешкімге білдірмеуім керек» деп түйді. Солай етті де. Ауылға жақындаған соң еңсесін көтеріп, жүрісін де дұрыстай бастады. Ауылдың шетінде бір топ бала жүр екен. Олардың жанынан өткенде Қияс иығындағы кетпенін де дұрыстап ұстап, өзін аса бір салмақты күйде танытты. Бұрын осындайда балаларға қосыла кетіп, бір ауық ойнап та кететіні бар еді. Бұл жолы олардың жарыса сөйлеп, біраз жерге дейін қабаттаса жүргеніне де мән берген жоқ. Қияс өзін дәл осы сәтте әкесіне ұқсатып келе жатты.
Ол да жұмыстан қайтқанда осындай бір аса салмақты, сабырлы, томаға-тұйық күйінде қайтып келе жатушы еді. Үйдің жанына келген соң кетпенін дүрс еткізіп жерге нықтап қойып, сөренің айыр ағашына ілінген қауақтағы ашыған көженің суын түрегеп тұрған күйі сіміруші еді. Кейде ықыластана сімірген кезде, қауақтың кәскегінен
сорғалаған сумен Қайыпбектің омырауы алпа-салпа болып қалатын.
Қияс та сөйтті. Үйдің жанына келе бере иығындағы кетпенді жерге дүрс еткізе салмақпен қойып, сөренің үстіндегі күндізгі қапырықпен бықырап ашыған көженің суына қомағайлана қол созды да, сімірді кеп...
Қайыпбек те дәл осылай сіміретін. Қияс қауақты орта- лап барып басын көтерді. Тер дегенің тұла бойынан бұрқ ете түсті. Жалма-жан бала көйлегінің етегімен бетін сүртіп жатты. Әкесі мұндайда қалтасынан құлаштай бет орамалын суырып жатушы еді. Бала болмашы ісімен-ақ әкесіне ұқсамай, өзінің балалығына бұрып кеткеніне аз- кем қабақ шытып та қойды.
«Ертеңнен бастап қалтама орамал салып жүремін», – деді ол іштей.
Апасы күнде үйдің көлеңкесіне төсек салдырып, төсегінің айналасына құдықтың салқын суын шаштырып жатушы еді. Бүгін де сөйтіпті. Басына қос жастықты қабаттай қойып, шалқасынан жатыр екен. Бала өзінің қалжыраған қалпын жасыра, алшаңдай басып шешесіне қарай жүрді.
Бір тізесін бүге апасының дәл жанына келіп отырды. Төржан әлденеге жылап алған секілді. Жанары суланып, көзінің айналасы қызарып кетіпті.
- Әлгінде бригад атаң келіп кетті, – деді Төржан ақырын ғана ентіккен үнмен.
Бала өзі туралы Айболдың айтып кеткенін білді. Бірақ ол үндеген жоқ. Өзінің сабырлы күйін сақтап, шешесінің жанында отыра берді. Төржан аса мейірімді қалпымен жүзін бұрып, ып-ыстық алақанымен маңдайынан сипап,
«айналайын, әбден шаршаған шығарсың», – дегенде барып Қиястың көңілі бұзыла бастады. Шешесінің ыстық алақаны оның сары алтындай сақтап отырған сабырын күл-талқан етіп, буын-буынын босатып жібергендей болды. Тіпті Қиястың ағыл-тегіл жылағысы келіп, өзін әзер басты. Ыршып шыққан көз жасы кірпігінің ұшында ғана мөлдіреп тұрып қалды. «Әкеңнен хат келді», – деді Төржан бір қолымен жастығының астын сипалап жатып.
Сәлден соң әлденеше бүктеліп, орамалға оралған хатты Қиясқа ұсынды. Бала хатты асыға оқи бастады. Әкесі әуелі ауылдың амандығын сұрап, сонан соң өзінің есен- саулығын, майданға кіргендігін жазыпты. Бұл тұсты бала асығыс, көз жүгіртіп оқыды да, өз аты аталған жерден тиянақтап, салмақпен оқи бастады.
«Қарағым Қиясжан, апаңның қас-қабағына қарап жүрсің бе? Ер жетіп қалдың ғой. Ендігі жерде үйге өзің бас-көз болғайсың. Колхоздың жұмысында жүр- ген шығарсың. Тарыны сепкен боларсыңдар. Бірінші суын бердіңдер ме? Өзіңді әбден шаршатқан да шығар- ау, Қиясжан. Айтпақшы, сағаның түбіндегі көтерме қайтті? Бірінші суға шыдай алды ма? Сауытжан да балалығын тастап, үй ішіне қолқабыс етсін. Оған өзің үлкендік жасап, үйрете жүр. Аман-сау көріскенше.
Қайыпбек». Қияс хаттың әр жеріне қайта-қайта көз жүгіртіп, біраз үнсіз отырды. Сонан соң хатты қайта бүктеп, орамалға орап апасына берді. Өзі шешініп, жуынуды ойлап орнынан
тұрды.
Екі шелек суды маймаңдап әзер көтеріп, есік алдына Сауыт та келді. Өзі самауыр қайнатқалы жүр. Ақ жолақ дамбалының су-су болған балағын түріп алыпты. Келе сала самауырдың күлін төгіп, су құйды. Жер ошақтағы қазанда да әлдене қайнап жатыр. Етігін шешіп жатқан Қиястың жанына келіп: «Көкемнен хат келді. Оқыдың ба?» – деді қуанышын жасыра алмай ыржия күліп қойып.
Қияс басын изеді. Сауыт құманға су құйып әкеліп берді.
- Саянның ағасынан қара қағаз келіпті. Естідің бе?
- Ол не?.. Хат па?
- Жоқ... жау бар ғой... Анау ше-е... Жанарбекті өлтіріп кетіпті.
Қиястың тұла бойын үрей билеп кетті.
- Саян есітті ме?
- Түсте жұмыста жүрген жерінен ертіп әкелген. Сонан кемпір-шалдар айтты ғой.
Қияс Саянды аяп кетті.
- Жылады ма?
- Жоқ-қ... Шалдар айтқанда бар ғой... безеріп жерге қарап үнсіз отырды да, бір кезде Жанарбек туралы айтқан қағазды жұлып алып, ауылдың сыртына қарай жүгіре жөнелді.
- Сонан соң қайтып келді ме?
- Кешкісін бір-ақ келді. Келгенде қалай келді дейсің ғой, ә... Көзі қып-қызыл боп, беті ісіп кеткен. Үсті басы шаң-шаң. Түсі суық. Біз жанына жақындап баруға қорық- тық.
Қиястың көз алдына айдалада жалғыз өзі өкси жылап, аунап жатқан Саян келді. «Көптің көзінше көз жасын көрсеткісі келмеген шығар. Неткен қайсарлық».
Дәл осы сәтте Қиястың Саянды көргісі келді. Бірақ қазір баруға батылы да жетпейтін секілді. «Ертең-ақ көрермін. Егістің басынан іздеп тауып алармын» деп, ол өзінің сабырсызданған, үрейлі күйін әзер басты.
Сауыт пісірген, айран қатқан жүгері көжесін қомағай- лана ішіп отырып: «Көкеме хат жазуым керек. Дәл қазір жазып әзірлеп қоямын» деп, іштей сол хатты жазуға асығулы күйде отырды. Өзі жасаған көжені ағасының сүйсіне ішкеніне Сауыт та көңілденіп қалды.
- Саянның үйінің сиырын да мен арқандап жүрмін. Өзі жұмыста ғой.
Қияс оны үнсіз ғана құптаған болып бас изеді. Сауыт аузының айналасы сағал-сағал болып отырып:
- Қияс, қазір екеуіміз бірігіп көкеме хат жазайықшы, – деді.
- Жазамыз.
- Мен қалам-қағазды дайындап қояйын. Хатты қалай етіп бүктеуді де үйреніп алдым.
Тамақтан соң екеуі қосарлана жүріп үйге төсек салып, шешелерін екі жақтап сүйеп, орнына жатқызды.
Сәлден соң Төржан ұйықтап та қалды.
Сауыт ыдыс-аяқты жиыстырды. Оның бұл кәсіпке ма- шықтанғанына да біраз болды.
Қияс әкесінің кетпенін алып, шүйдесін суға батырып қойды.
Үй ішінің жұмыстарын жайғап болған соң, екеуі біл- телі шамның түбіне қабаттаса отырып, хат жазуға кірісті. Әуелі екеуі бөлек-бөлек жазбақ болы. Сонан соң Қияс- тың ғана жазуына Сауыт келісім берді.
Қияс хатты «Басқадан артық көруші, көкеміз Қайыпбек», деп бастаған кезде, Сауыт: – Мен болсам
«Көке-е!» – деген сөзбен бастар едім, – деп кішігірім дау туғызды. Қияс асықпай отырып ақ қағаздың бетіне қаламын қисаңдатып жаза бастады.
«Басқадан артық көруші, көкеміз Қайыпбек, қалай аман-есен жүрсің бе? Фашистерді шетінен қырып жа- тырсыңдар ма? Сенің солай болуыңа бұл жақтан апам Төржан, сонан соң біз – Сауыт екеуміз тілектеспіз. Көке, хатыңды алдық. Көке, хатты неге жиі жазбайсың? Апам тәуір болып келе жатыр. Көке, қазір ауыл түгел тарыны егіп жатыр. Айтпақшы, мен бүгін сағаның түбіндегі көтермені қайта соқтым. Ертең тарының бірінші суын беріп боламын».
Қияс осы тұста жігерленіп кетті. «Қалайда бұл ісіме көкем риза болуы тиіс», – деп ойлады ол.
«Сауыт та аман-сау жүр. Бетімен ойнап кетпейді. Апам екеуімізге шай қойып, көже істеп береді» – дей беріп еді, Сауыт Қиясты жеңінен тартқылап отырып:
«Күбіні де өзі пісіре беретін болды» дегенді қос деп өтін- ді. Қияс ол өтінішін орындады да.
Одан әрі Қияс тағы да не жазсам екен деп ойланып қалды. Сауыт мұның хатты тағы да жалғастыра түсуін күте-күте қалғи бастады.
Сәлден соң хатқа тағы да жаңа жолдар жазыла бастады.
«Көке, өздеріңнің жағдайларың қалай? Фашистерді біраз қырған шығарсыңдар... Айтпақшы, Саянның ағасы Жанарбекті жау өлтіріп кетіпті ғой. Көке... Қалайша байқамай қалдыңдар, а...
Көке, жақында Саянның өзі соғысқа барамын деп жүр. Жібермесе қашып кетемін, әйтеуір кетемін дейді. Ол бар ғой, көке... Ол барады. Сонан соң немістерге көресіні көрсетеді. Ол бар ғой, ол жеңіп келеді.
Көке, біз сені әбден сағындық. Қалайда аман-есен келші»...
Көз жасы жазып отырған хатына тамып та кеткендік- тен, ол енді өзінің жылағандығын көкесінен жасыруды ойластырды. «Көке, мен хат жазып отырғанда мына Сауыттың ойнап су шашып жібергенін қарашы».
Бұл кезде Сауыт басына алақанын жастанып қисайған күйі ұйқтап та кеткен.
«Көке, мен ертеңнен бастап жұмысқа сенің кетпенің- ді алып шығамын».
Бала «бұл ойыма да көкем риза болуы тиіс» деп ойлады.
«Қош бол, көке! Мен, Сауыт және апам» деп қолын қойды да, Қияс хатты Саянның үйретуі бойынша қиғаш бұрышты етіп бүктеп, сыртына әкесінің атын жазды.
Бұл кезде Қиястың да көзі ілгішектеніп, бойын ұйқы жеңе бастаған еді. Әуелі інісін көтеріп жастыққа жатқызды. Сонан соң оның жанына өзі де қисайды.
Әбден қалжырап шаршаған бала көп те жатқан жоқ. Сәлден соң-ақ, оң қолымен інісінің мойнынан орай құ- шақтаған күйі ұйқтап кетті. Қияс сол түні үздік-үздік түс- тер көрді.
...Бітік тары өсіріпті. Мұндай бітік тарыны ол бұрын- соңды көрген емес. Кіл бір нар қамыстар дерсің. Өзінің бойынан әлдеқайда биік. Иілген сабақтарын айтсаңшы. Әр дәні бұршақтай-ау.
Ауруы әбден меңдеген соң жеті жасар Шорманды әжесі жақын ағайындарының бірі – Қиянбектікіне жіберуді жөн көрді.
Шоқатайдың «Белорусымен» барасың дегенде Шор- ман қуанып қалды. Асығыс киімдерін жиыстыра бастады. Әжесінің айтуымен оған көрші кемпір су жаңа туфлиі мен көйлегін, сандыққа салып қойған костюм-шалбарын алып берді.
Шорманның қуанышында шек болған жоқ. Көкшіл көз- дері күлімдеп, туфлиінің шаңын алақанымен сүрте бас- тады.
Көрші кемпірдің көмегімен әп-сәтте киінді. Костюмі тым үлкен екен. Саусақтарының ұшы жеңінен әзер көрінеді. Шалбарының балағы да тым ұзын болған соң әлденеше қайырылды. Қуанғанынан әрі тракторға мінуге асығып, кемпірден: «Шоқатайдың тракторы келді ме екен? Қашан жүреміз?» – деп әлсін-әлсін сұраумен болды.
Әбден киініп алған соң, белі кең соққан шалбарының ышқырлығын бір қолымен демеген күйі әжесінің жанына келді. Әжесі ыңқылдап, қатты ентіккен күйі басын әзер көтеріп, мұның шашынан иіскеді. Ұзын жеңінің ішінен саусақтарын әзер тауып алып, қайта-қайта сүйді.
- Айналайын, бара ғой. Бар-р... – Әжесінің дауысы қал- тырап, көзінен жас тамшылары көрінді.
- Әже, мен Шоқатайдың тракторымен қайтып келемін. Әжесі Шорманды қайта еңкейтіп маңдайынан сүйді.
Еріндері ып-ыссы.
- Бара ғой, қалқам...
Бала әжесі сүйген жерін алақанымен бір сипап қойып, есікке қарай беттеді.
Кең киімімен ебедейсіз қозғалып, Шорман сыртқа шық- ты. Сыртқы есіктен шыға сала-ақ Шоқатайдың қызыл
«Белорусін» іздеді. Трактор тамның сырт жағында күр- кілдеп оталып тұр екен. Бала қуанғанынан: «Шоқатай аға», – деп айқайлаған күйі жүгіре жөнелді.
Трактор кабинасына отырған соң Шорманда тіпті ес қал- мады. Төңіректі бір шолып қарады. Трактор ішінен де айна- ла анық көрінеді екен. Кабина терезесіне тілін тигізіп көрді.
Ескі қыстақты мекендеген бұл шағын ауылға машина- тракторлар жиі келе бермейтін. Тек осы көктемнен бастап су жаңа «Белорусымен» Шоқатай келіп-кетіп тұратын болды. Сондықтан да ауыл балаларының Шоқатайдың тракторы көрінгеннен-ақ қарсы жүгіретін әдеттері бар. Жайшылықта бірі Шоқатайдың «Белорусы», бірі тіркемесі болып тіркесіп ойнайды. Үлкейгенде Шоқатайдыкіндей бір-бір «Белоруське» ие болуды қиялдайды. Солардың бірі – Шорман. Шоқатай үйлеріне жиі келетіндіктен, ол оған өзгелерден гөрі үйір болып алған.
- Қиянбектікіне барам-м... Әжемнің өзі айтты, – деді асыға-үсіге, қабатына келіп жайғаса берген Шоқатайға.
- Бұрын қыдырып па едің?
- Бір-ақ рет.
- Тракторға мініп көріп пе едің?
- Айбаршаның үйіне барғанда мінгем.
Сонан соң екеуі де үнсіз отырды. Трактор үлкен жолға түсті. Шоқатай темекі тұтатты. Шорман терезеден жол жие- гіне қараумен болды. Сәлден соң іші пысты. Шоқатаймен әңгімелескісі келді.
- Аға, тракторың неге қызыл?
- Бояған ғой.
- Үлкейгенде осы тракторды маған бересің бе?
Шоқатай Шорманға қарап ыржия күліп, бір қолымен арқасынан қағып қойды.
- Беремін.
Бала тағы да әрдеңелерді сұрағысы келіп еді, трактор дауысымен қабаттаса сөйлесу едәуір қиынға соқты. Сонан соң трактор селкілімен тербетіліп отырып қалғып кетті.
Ол трактор үлкен ауылдың шетіне келгенде ғана оян- ды. Шорман мұндай үлкен ауылды бұрын көрген жоқ-ты. Сондықтан терезеге тақала отырып, ақ шатырлы қаз-қатар салынған үйлерге, көшеде сапырылысқан көп адамдар- ға көз алмай қарады. Әлгі үлкен ауылдан өтіп, трактор бұралаңдаған жолмен алыстан мұнартып көрінген тауға қарай тағы ұзақ жүрді.
Ақыры бұлар көк шалғынды қойнауға тарыдай шашыла салынған шағын ауылға жақындап, шеткі үйдің жанына
келді. Кабинадан секіріп түсті де, Шоқатай Шорманды көтеріп алды.
Үйден әуелі ырғала басып мол денелі Қиянбек шықты. Шорман бұрын оны бірнеше рет көрген. Үйлеріне барып тұратын. Соңынан арық қара қатын ере шықты. Бұл әйелді Шорманның бірінші рет көруі.
- Оу, Шорман бала, келдің бе? – деп Қиянбек мұның костюмінің ұзын жеңінен әзер көрініп тұрған қолын алды.
- Ойбай-ау, Оштай апамның дәу жігіті осы ма? – деп, әлгі қара қатын Шорманның тершіген маңдайынан бір сипады. Сонан соң екеуі де Шоқатаймен болып кетті. Қара қатын сөз берер емес.
- Айналайын, Шоқатайжан-ау, керек уақытта келе қалғаныңды қарашы. Бір машина тақтайды орталықтан қалай әкелерімізді білмей, мына ағаңмен екеуміз әбден дал болдық. Көп жасағыр... Бала-шағаңның игілігін көр- гір-р... Айна-ал-айын... – Қара қатын Шоқатайдың жеңінен ұстап айрылар емес.
- Әй, сабыр етсеңші. Балалар әуелі сусындап, демін алсын. – Қиянбек жуан дауысымен гүрілдей сөйлеп, әйе- ліне ұрысқан болды.
- Ие, сөйтсе сөйтсін. Ұяттағы-ай. Мен де келмей жатып бас салған екем-ау. Үйде ашыған көженің суы бар. Ішкен- де шекелеріңді жаратын құдықтың салқын суы тағы тұр.
Қара қатын енді үйге қарай жүгірді. Шорман да қазір байқады. Ол жалаңаяқ екен. Жауырыны іріген көне көй- легінен денесі жылтылдап жүр. Шорман оған күлімдей қараған күйі Қиянбек пен Шоқатайдың соңынан еріп үйге қарай беттеді.
* * *
Қиянбек әйелімен екеуі ғана тұрады. Сондықтан бо- лар, алғашқы күннен-ақ Шорманның қимылын, сөйлеген сөзін қызықтап қауқалақтап жүрді.
Шоқатай кеткен соң үшеуі отырып шай ішті. Шорман- ды төрге отырғызды. Өзі әбден ыстықтап әрі кең киім жараспай тұрғандықтан, «әкеңнің киіміндей қолпылдат- пай әкелші, былай іліп қояйын», – деп қара қатын өзі
шешіндіріп, Шорманның костюм-шалбарын төргі бөлмеге алып кетті.
Шорманның ауылының, әжесінің халін сұрады. Өзіне олардың әбден ден қойып отырғанын білген соң, Шорман да еркін сөйледі. Әжесінің ауырып жатқандығын, өзінің мұнда біраз күнге қыдырып келгендігін айтты. Қара қатын да қостап қойды.
- Міне, жігіт болайын деген бала. Біздің там салып жатқанымызды біліп, көмектесуге келген ғой. Кесек таси аласың ба?
- Білем-м, әжем екеуміз тауық қора соққанда кесегінің бәрін мен тасығам.
Көйлегін керіп тұрған қарнын алақанымен сипап отырып, баланың бұл сөзіне Қиянбек кеңкілдеп тұрып ұзақ күлді:
- Ойпырмай, мын-наның сөзі... Тауық қора соғып ем деш-ші.
Қара қатын да шиқылдап жатыр.
Шорман аз-кем ыңғайсызданып қалды. Әжесімен екеуінің көктемде тауық қора соққаны рас-ты. Ол кезде әжесі де сап-сау еді. Бұл лайын жасап, әжесі екі көзді қалыппен кесек құйған. Енді соны қалай дәлелдерін білмей қиналды.
Шайдан соң сыртқа шықты. Қиянбектің жаңадан салып жатқан алты бөлмелі үйін түгел аралап шықты.
- Әй, Шабаркүл, күн ауып кетті. Кесек тасысайшы, – деп Қиянбек ас үйде күйбеңдеп жүрген қара қатынды шақыр- ды. Өзі қол арамен әлдебір тақтайларды кесе бастады.
Шорман да Шабаркүлмен бірге кесек тасуға шықты.
Шабаркүл оған кесекті қалай көтеруді, қайда, қалай қою керектігін үйретті.
Сонан соң жанынан өтіп бара жатқан екі баланы ша- қырып алды.
- Әй, мұнда келіңдер, мына Шорманжанмен таныс- тырайын.
Біреуі Шорман қатарлы да, екіншісі ересектеу екен. Екеуі аяқтарын еріне басып, бұлардың жанына келді. Шорманға, «бұл қайдан келген бала» дегендей, таңырқай қарасатын секілді.
- Кішкене кесек тасысыңдар. Сонан соң бірге ойнай- сыңдар.
Ересектеуі кеуіп жатқан кесектерді жиыстыра баста- ды. Кішісі жан-жағына алақтай қарап тұрыңқырап қалып еді, Шабаркүл ұрса жөнелді.
- Ойбай-ау, мына неме неғып тұр, әй. Маған қонаққа келіп пе едің? Әкең сияқты, басқаның ісіне бақырайып аяғын баспайтын біреу боларсың өзің. Көтер мына кесекті ақың кетсе де!
Қолына бір кесекті ұстата қойды. Бала мұрнын бір тартып қойып, кесекті амалсыз ұстады да, Шабаркүлдің соңынан ере берді.
Үшеуі тамның маңына кесектерді үйіп тастады. Кесек- ті көптеп көтергені үшін Шабаркүл Шорманды мақтады.
«Сендерден кіші болса да қаруы бар екен» деді.
Балалар шаршай бастады. Шорманның да демалғысы келді. Бірақ Шабаркүл әлдене деп ұрсып жүре ме деп, сыр берген жоқ. Үй иесінен жуыр маңда рұқсат болмаған соң, екі бала тамды айнала беріп үйлеріне қарай жүгіре жөнелді.
- Әй, қайда кеттіңдер?
Шабаркүлдің айқайына олар мойын бұрған жоқ.
- Жарайды, азанда келе қойыңдар. Аздап қолқабыс етерсіңдер.
Шабаркүл көйлегінің шаң-шаң болған бір шалғайын қаққыштап тұрып: «Әттеген-ай, енді сәл көмектескенде, біраз кесек тасылып қалатын еді. Жүгермектердің зып етіп кете қойғанын қарашы», – деп күңкілдеп қойды.
* * *
Арада екі күн өтті. Шорман үй-ішіне едәуір үйренісіп қалды.
Бұл үйдің жұмысы күн шықпастан басталады. Әуелі Шабаркүл тұрады. Қора айналып қашқан ешкіні әлде босанып кетіп, түнімен енесін еміп шыққан бұзауды қарғап-сілеп жүріп, малдарын сауады. Сиырын айдап апарып табынға қосады. Қой-ешкілерін ұзатып айдап
салады. Сонан соң үлкен шойын қазанның астына от жағып сүт пісіреді. Самауырға шоқ салып қойып, тұрып қалған сүзбесін жаяды. Көзден таса болса-ақ совхоздың егініне қарай беттейтін қозы-лағы тағы бар. Бір ғажабы: не істесе де жау қуғандай асығып жүріп істейді. Сондық- тан болар, ауыл адамдары оны «Қиянбектің жорғасы» дейді.
Қиянбектің өзі кештеу тұрады. Былқ-сылқ еткен ауыр денесін әзер игеріп есік алдына шығады. Бұл кезде Шабаркүл оған құманмен су әзірлеп қояды. Қиянбектің намаз оқуды бастағанына көп болған жоқ. Алғашқы күн- дері намаз уақтысын өткізіп алып, кеш тұрып қалып та жүрді. Ондайда Шабаркүлді кінәлайды.
- Жұрттың бәрі бес уақыты намазын түгендеп жүр деймісің. Алаңсыз оқымай жүрген кездерің де болды ғой. Қайта, құдайға шүкір, ниетің түзу. Шариғатта құман салдыратып барып дәрет алғанның өзі намаз оқығанмен бірдей екен, – деп Шабаркүл де жұбату айтқан болады.
Шабаркүлдің жұбату айтуымен көңілі жай түскен соң, есіктің алдындағы сөреге аяқтарын айқастыра отырып:
«Өзің не істеп жүрсін?» – дейді керенау күйде. Мұндай сәтте Шабаркүл малдарды жайғап болғандығын, шайдың да қайнағандығын айтуы тиіс.
Қиянбек оның айтқандарын ықылассыз тыңдаған болып: «Бүгін денем алдырмай қалған ба?» – деп, екі қолын бырт-бырт еткізе кезек-кезек сілкілейді.
- Енді үйдің әлегі ғой. Күннің шығуы мен батуы бір тынбайсың. Абайласаңшы.
- Әлгі баланы тұрғыз. Кесек тасысын. Өзі ұйқышыл неме ме, қалай?
- Оштай апам бетінен қақпай өсірген ғой. Ұйқысы барлау екен.
Сонан соң Шабаркүл жұлқылап Шорманды оятады. Үшеуі таңертеңгі шайларын ішеді де, жұмысқа кіріседі.
Қиянбек әлдебір тақтайларды жонып, аралайды. Есік- терезелердің орнын қарыстап немесе белбеумен өл- шеп жатады. Шабаркүл мен Шорман кесек құйып, кепкен кесектерді үйдің бөлмелеріне тасиды.
Осындай қиқы-жиқы жұмыстармен олардың әр күні өтіп жатты.
Түс кезі болатын. Күн тым ыссы еді. Әбден шарша- ғандықтан, бәрі есік-терезесі қымталған салқын үйде де- малып жатқан. Қиянбек аһылап-уһілеп, жалаңаш кеудесін алақанымен қайта-қайта сабалап, дөңбекшумен болды.
- Япырмай, мына құдайдың күнінің ысуын-ай. Үй салуды қайдағы бір жайсыз жазда бастадым білем осы...
- Мұздай суға түсіп алсаң қайтеді? Әлде көженің суынан сіміріп аласың ба? – Шабаркүл бәйек болып жүр.
- Әй, көженің суынан әкеле қойшы. – Ырсылдап отырып қызыл қауақты басына көтере ұзақ сімірді де, Қиянбек төсегіне қисая кетті. Бұрын түс кезінде ұйқтап дағдыланбағандықтан, таңертеңнен кесек тасып шар- шаса да, Шорманның ұйқысы келмеді.
Қараңғы бөлмеде қарманған сәтінде қолына алғаш ілік- кен фуфайканы басына жастаған күйі, үнсіз жата берді.
Шабаркүл табалдырықтың аузына таяу жатқан. Әлден уақытта:
- Шал-ау, ояумысың? – деген сыбыры естілді.
- Е, немене?
- Айбарша мен Есенжолды көріп пе едің?
- Е, көрмей қара басып па?..
- Жай, білесің бе дегенім ғой. Екеуінің айдай баланы тірі жетім етіп кеткенін айтамын-ау. Жалғыз қамқоры Оштай апам еді.
Шабаркүл әлдекімге аяныш білдіргендей ауыр дем алды.
- Әй, сен осындай бір жұртта қалған әңгімені қоқытпай жатшы. Аз уақыт көзімізді ілейік.
Қиянбек олай-бұлай дөңбекшіп біраз жатты да, қорыл- ға басты. Шабаркүл одан әрі үндеген жоқ.
Олар әңгімесін алғаш бастағанда-ақ Шорман елең ете қалған. Өйткені Айбарша мен Есенжол туралы бұрын да көп естіген. Тіпті үйге келген кемпірлерге солар туралы айтып, әжесінің ағыл-тегіл жылап алған кездері де есінде.
Шорман Айбаршаны екі рет көрді.
Осыдан бір жыл бұрын әжесі оны Айбаршаның үйіне
ертіп барған. Өзі теміржолда істейді екен. Тілі енді шыға бастаған баланы Шорман қайтқанша ойнатып жүрді. Айбарша да Шорманға бірден ыстық көрінді. Әсіресе оңашада кеудесіне қысып тұрып, өзін қайта-қайта сүй- гіштеген бір сәті Шорманның есінде ұмытылмастай бо- лып қалып қойды.
Шарап дейтін күйеуі бар екен. Оны Шорман ұнатпады. Түсі суық. Оның үстіне Шарап Шорманды жақтырмаған сыңай танытты. Тіпті бұлар қайтамыз деп отырған күні әлдебір себеппен Айбаршаға ұрсып та алды.
Әжесі мен екеуі Айбаршаның үйінде екі-ақ күн болды. Бірақ сол екі күн Шорманның есінен кетпей қойды. Әрдайым: «Әже, Айбаршанікіне тағы да барамыз ба? Айбарша қашан келеді?» – деп, әжесін мазалап жүрді. Ақыры Айбарша келді. Ол Шорманға көп алма әкелді. Шорманға алған костюм-шалбары да бар екен. Баланың ол күнгі қуанышында шек болған жоқ. Түнде Айбарша мен әжесінің ортасына жатты. Іштей Айбаршаның өздерімен бірге қалып қоюын да қалап еді.
Бірақ ол бір түнеді де, ауылына қайтып кетті. Сонан соң қайтып келген емес.
Ал Есенжолды ол әлі көрген де жоқ.
Жаңағы сыбырды естіген соң Шорманның енді тіпті ұйқысы келмеді. Шабаркүл де ұйқтады-ау деген кезде сытылып сыртқа шықты.
Күн күйіп тұр екен. Көңілсіз күйде тамның көлеңке шетіне қарай жүрді. Дәл қазір үйіне қайтып кеткісі келді.
Осы кезде трактор гүрілі естілді. Келе жатқан Шоқа- тайдың «Белорусы» екен. Шорман қуанғанынан трактор- ға қарсы жүгіре жөнелді.
- Шал-ау, келіп қалды. Тақтайды алып келе жатыр, – деген Шабаркүлдің дауысы естілді. Көзін уқалаған күйі сүрініп-қабынып іштен Қиянбек шықты.
Трактор тоқтаған соң Шоқатай кабинадан асықпай түсті. Бұрынғыдай көңілді қалпы жоқ.
- Шоқатай аға, менің үйге қайтқым келеді. Аяушылық білдіріп, жанына ентіге жүгіріп келген Шорманның ол шашынан сипады.
- Әжең базарға кетті. Саған көп-көп алма әкелемін, – деді.
- Қайдағы базар? Мені алып кетпеді ме?
- Ана-ау, таудың ар жағындағы... Саған «жыламай жүрсін, қайтып келемін» деді.
Шоқатай қолын алыстан мұнартқан тауға қарай сілтеді. Бала жабырқаған күйі үн-түнсіз теріс айналып кетті.
Бүл кезде дабырласып Қиянбек пен Шабаркүл де келген. Тақтайларын уақытылы әкелгені үшін Шоқатайды кезек- кезек айналып-толғанып жатыр. Шорман жанынан кет- кен соң, Шоқатай оларға әлдебір жайды күбірлеп айтып тұрды. Сөз арасында Шорманның әжесінің аты аталды. Бірақ оның не айтып тұрғанын Шорман трактор гүрілінен толық естімеді.
Бала жүрегі сәл өрекпіді де, артынан ұмытып кетті. Ертеңіне Қиянбек пен Шабаркүлдің үйі жанына гүріл-
деген Шоқатайдың тракторы тағы келіп тоқтады. Біраз кемпір-шалдар келіп тіркемеге мінді. Бәрі де дабырла- сып Оштай кемпірді әңгіме етісті. Кішкентай Шорманға аяугершілік білдірген болды. Шабаркүл: «Сенің ауылыңа барып қайтамыз» деген соң, оның да барғысы келіп, Шорман тракторына су құйып жатқан Шоқатайдың жанына келді.
- Аға, мен де кетемін. Әжемді сағындым.
- Сені ертең кабинаға мінгізіп алып барамын. Бүгін адам көп. Кабинаға сыймайсың.
- Олар қайда барады? – Шорман сұқ саусағымен тірке- меде отырғандарды нұсқады. Шоқатай әуелі не дерін білмей мүдіріп қалды. Қолындағы бос шелекті қоя сала, Шорманның жанына келіп, шашынан сипады. Маңдайынан сүйді.
- Олар қыдырып барады. Ал, сен осында бол, жарай ма?
Шорман үнсіз басын изеді. Шабаркүл жанына келіп арқасынан қақты.
- Айналайын, сен үйде бола ғой. Амандық болса, кешке келіп қаламыз. Өзіңді мына Шоқатайдың келіншегіне дайындап кеттім. Асханада бір тостақ айран тұр. Қар- ның ашқанда, нан турап жерсің. Қозы-лақты байқай жүр. Егінге түсіп кетсе, бригәдір қыр соңымыздан қалмай-
ды. – Тіркеме дөңгелегіне аяғын қойып жармаса бере тағы да: – Айналайын, Шорманжан, әйтеуір, үйді есіз тас- тай көрме, – дегенді қосып қойды.
Қиянбек пен Шоқатайдан өзгесі тіркемеге жайғасты. Трактор гүр-р, гүр-р етіп біраз тұрды да, үй сыртындағы жолға қарай қозғалды.
Үйде жалғыз қалғандықтан, Шорман көңілсіз күйде болды. Тамның көлеңкесінде ала мысықты ермек етіп біраз отырды. Шоқатайдың үйі бұл арадан біраз қашықтау болатын. Шабаркүлмен бірге еріп барғанда оның жаңа еңбектеп жүрген бөпесін жұбатқаны бар. Келіншегі де Шоқатай сияқты ақжарқын адам. Шорманға бірден ұнады. Кетерінде шалбарының бір қалтасын толтыра конфет берген. Сонда кетіп қалғысы келіп тұрды да, Шабаркүлдің
«үйден ұзап кетпе» дегені есіне түсіп, ойланып қалды. Іші пысқан соң, салынып жатқан тамның терезесінен жерге қарғып ойнады. Бір секіргенде аяғын ауыртып алған соң, оны да қойып, үйдің көлеңкесіне келіп отырды.
Түс таянған кезде алғаш келген күні кесек тасысқан екі бала қасына келді. Ұзын бойлысының аты Мұратбек, кішісінің аты Сағын екен. Үшеуі кесектен үйшік қалап ойнады. Егінге беттеп бара жатқан қозы-лақты бірге қай- тарып келді. Сонан соң суға түсуге каналға барды. Ойын қызығына түскен соң, Шорман Шабаркүлдің «үйден ұзап шықпа!» дегенін ұмытып кетті. Үшеуі ұзақ шомылды. Бір- біріне әбден үйренісіп те алды. Мұратбек өзінің алдағы күзде екінші класқа баратынын айтып мақтанды. Жағада жатқан ескі газетті екеуіне судыратып оқып берді. Канал жағасында ұзақ ойнап, су сорған беттерін алақандарымен сипалап қойып, үшеуі үйге қарай келе жатты. Тал түс. Күн күйіп тұр.
- Торғайдың ұясынан зұмыртқа алайық, – деді Сағын ойда жоқтағы ұсынысына өзі де риза болып. Астыңғы бір тісі түсіп қалғандықтан, ш менен ж-ны осылай бұзып айтады екен.
- Дабай, алайық, – деп Мұратбек бірден қостады. Шорман үндеген жоқ. Бірін-бірі қостап ауылға қарай жүгіре жөнелген екеуінің соңынан еріп келе жатты.
- Біз кесе бес зұмыртқа алғанбыз, – деп Сағын есе сөйлеп алға түсті. Мұратбек те қалысар емес.
- Ой, ұяға қолды тығып жіберсек, өзіміз деген торғай- дың өзін де суырып аламыз.
Үшеуі Қиянбектің үйінің жанына келді.
- Нұрбұқаның ескі тамына барамыз.
- Ой, ол алыс қой, – Мұратбек жаратпаған сыңай танытты.
- М-мен-н таптым. – Сағын бір кезде айқайлап жібер- ді, – сендердің-ң... Шабаркүлдің үйінің ауызғы бөлмесін- де қарлығаштың ұясы бар. Мұратбек те қостай кетті.
- Кілт сенде ме? – Шорман үндеген жоқ. Кілтті каналға кетерде есіктің табалдырығының астындағы қуысқа тығып кеткен болатын.
- Дабай, кілтті әкел, есікті ашамыз.
- Ашуға болмайды.
- Біз үйден ештеңе де алмаймыз. Ұядағы зұмыртқаны ғана.
- Бәрібір, есікті ашпаймын.
- Ой, мынау не дейді-ей. Сендей көк көзді бір-ақ ұрып жылата салармыз.
- Біздің ауылдың балалары көп. Забылып қалса, сен мылза-мылза боласың, – деп, Сағын сәл шегініп барып, жұдырығын түйіп қойды.
- Өй, мұны мен өзім-ақ... – Шорманға Мұратбектің жар- маса бергені де сол еді, үй жақтан Шоқатайдың келіншегі шыға келгені.
- Е, сендер мұнда жүр ме едіңдер? – Ол бұлардың төбелеске бейімделіп тұрғанын байқаған жоқ.
Екі бала тұра қашты. Шорман ызадан алқынған күйі үйге қарай жүрді.
- Ойнап кетіпсің. Қозы-лақты егінге түсіп бара жат- қан жерінен мен қайырдым. Шабаркүл жеңешем ұрсып жүрер. Енді үйде бол.
Шоқатайдың келіншегі үйіне қарай кетті.
Шорман есікті ашты. Есіктің ашылуы мұң екен, дәл төбесінен зу етіп қарлығаш ауызғы бөлмеге енді.
Ауызғы бөлмедегі қарлығаштың ұясын Шорман кел-
ген күні-ақ көрген. Ұя тіреу ағаштың жоғарғы жағында болатын.
Ол шиқ-шиқ етіп ұясына кіріп кеткен қарлығаштың сыртқа шығып тұрған айыр қанатына ұзақ қарады. Есікті жауып кеткеніне өзін кінәлі сезінгендей, сыртқы есіктің босағасына сүйенген күйі тұрып қалды.
Есіне әжесінің ертегісі түсті.
* * *
Шорманның әжесі соншалықты ертегіші кісі емес-ті.
Бәлкім, ол кісінің білетіні де осы жалғыз ергегі шығар.
Үйге Айбарша келіп кеткен күннің кеші болатын. Екеуі де көңілсіз күйде қалды. Шорманның екі сөзінің бірі Айбарша. Төсекке жатқан соң да көпке дейін көз ілмеді. Айбарша туралы әр нәрсені сұрап әжесінің мазасын алды.
- Әже, ол енді қашан келеді?
- Амандық болса, келіп қалар.
- Мен оны жақсы көрем, әже... Сен ше?
- Айналайын, Айбаршаны кім жек көруші еді. Жұрттың бәрі де жақсы көреді. Үйден әлгінде кетсе де сағынып қалғандаймын. Бір-ақ түнеп, құмарымызды да қандырма- ды ғой, – деп әжесі Шорманды кеудесіне қысып, бетінен сүйді. Әжесі жаз күндері төсекті үнемі далаға салатын. Бұл Шорман үшін де көңілді. Үйде жатқандай тым- тырыс болмайды. Есектердің ауылды көшіре ақырғаны, байлаулы сиырлардың пысылдағаны анық естіледі.
Төбеден жапырлап тұрған жұлдыздар да бала үшін бір түрлі қызық еді.
Аспанға қарап ұзақ үнсіз жатқан. Төсегінің жанына шешіп қойған бәтеңкесі мен шалбарына қарап, есіне тағы Айбарша түскен.
- Әже, ол үйіне жетіп қалған шығар?
- Иә, ендігі жеткен де шығар. Астында жүрдек ат. Өзі де асығыс еді.
- Әже, Айбарша неге бізбен бірге тұрмайды? Неге кетіп қалған?
Әжесі жауап орнына күрсінді.
- Есенжол да біздің үйдің адамы ма? Бәрі де айтады. Кеше Халықбектің баласымен ұрсып қалғанымда оның да әжесі: «Қарашы өзін, Есенжолдан аумайды. Көзі тұздай боп қақтығысуға әзір тұрады», – дейді. Неге олай дейді? Шынымен мен Есенжолға ұқсаймын ба?
Әжесі көпке дейін үнсіз жатты. Қайта-қайта күрсіну- мен болды. Кеудесінің бір қалыпты сырылы естіледі. Бір кезде барып: – Шорманжан, әлі ұйықтаған жоқсың ба? – деді.
- Жоқ, ұйықтағам жоқ. – Ысырылып әжесіне қарай тақа- ла жатты. Жұп-жұмсақ кішкене қолдарын оның кеудесіне қойды.
- Ұйықтамасаң, мен саған ертегі айтып берейін.
Шорман бетін әжесіне қарай аз-кем бұрды да, пыс-пыс етіп жата берді.
...Ерте-ерте, ертеде аты әлемге мәшһүр хан болыпты. Ханның жасы 70-ке келгенде әйелі ұл тауып, дүниені дүркіретіп той жасаған екен. Той өте сала жас сәби кенет сырқаттанып қалады. Хан барлық балгер, тәуіп- ті жинапты. Барлығы да баланы жаза алмайтындығын мойындайды. Қаһарына мінген хан балгер, тәуіптер мен,
«сенің салақтығыңнан ауырды» деп, баланың күтушісі 65-тегі кемпірдің де басын алмақ болыпты.
Кемпір үйіне келіп, зар илеп жылайды. Сонда кемпір- дің зарын төбесінен қамысы салбыраған ескі лашығына ұя салып жүрген қарлығаш тыңдайды.
- Шиқ-шиқ, жылама, әже. Хан баласын жазу менің қо- лымнан келеді, – депті.
- Уа, адамзаттың досы, қасиетті қарлығаш, сен мені құтқара гөр!
- Шиқ-шиқ, құтқарамын, әже. Алабас, Қарабас деген екі тау бар. Одан өткен соң Ажал атты көл жатыр. Сол көлдің ар жағында Өмір атты ұланғайыр жерде Жүрек деген гүл өседі. Баланың емі – сол гүлдің ұнтағы. Мен ертең жолға шығамын.
- Адамдарға рақымы күшті, қарлығаш... Мен сенің жолыңды күтемін.
Кемпір зар илеп қала беріпті...
Шорман көрпесін кеудесінен ысырып тастап, әжесіне қарай ысырыла түсті.
...Қарлығаш жолға шығады. Басынан қар кетпейтін Ала- бас тауына жетіпті. Ол тауды дуакеш мыстан мекендейді екен. Мыстан жанды нәрсені Алабастан әрі асырмай, дуа- лап тастайтын болыпты. Қарлығаш тау үстінен бұлттардың арасына жасырынып, Алабастан әйтеуір өтіпті.
Қарабас деген тауға жеткен екен... Бұл таудың күндізі де, түні де адам айырғысыз қараңғы, тас түнек болады екен. Таудың биіктігі сондай, аспанмен түйісетін жерінде құс сиятындай ғана саңлау болыпты. Тауды мекендеген жеті басты дию Қарабасқа қарай келе жатқандарды жеті күншілік жерден біліп отырады-мыс.
- Қарлығаш Қарабастан өте алмай бір апта жүріпті. Айласын асырып диюдың көздерін түгел шұқып алады. Бірақ алып дию сонда да жібермейді. Ақыры Қарлығаш диюдың әбден қалжырап, мызғып кеткен сәтін пайдала- нып, таудан ұшып өтеді.
- Әже, диюға ұсталып қалған жоқ па?
- Жоқ, айналайын. Аман-есен өтті.
Шорман көңілі жай тапқандай еркін дем алды.
- Алдынан Ажал деген көл шығыпты. Ол көлдің суы улы болғандықтан, маңына жанды нәрсе бармайды екен. Көлдің шетінде қанатты құс қонақтардай бұта да бол- майтын көрінеді.
Қарлығаш көлдің үстімен алты күн ұшады. Қанаты әбден талып, шаршайды. Тіпті талай рет көлге құлап түсе жаздайды. Сонда да бірақ соңғы күшін жиып ұша береді. Жетінші күн дегенде барып Өмір атты жердің жиегіне әрең ілігеді.
- Әже, әбден шаршады-ау, ә?
- Шаршамағанда ше? Әзер дегенде ес жиып, Жүрек деген гүлді тауып алады.
Гүлдің ұнтағын таңдайына басып алып, асығыс қай- тадан ұшады.
Тағы да Ажалдың үстінен алты күн ұшады. Көзінен айырылған дию қарлығашты иісінен танып, айқайлағанда Қарабастың маңы азан-қазан болыпты.
Алабастың басынан тағы да бұлттардың арасына жасырынып өтеді.
Арада екі ай өткенде, қарлығаш елге әрең оралады. Келсе, кемпірді зынданға тастапты. Дүниенің төрт бұры- шынан шақырылған балгер, тәуіптер баланы жазар еш ем таппай, бір бөлмеде мүлгіп отыр екен.
Қарлығаш елеусіз ғана бала жатқан бөлмеге ұшып кіреді. Бастары алынатын күнді күтіп еңіреген күтушілер- дің дауыстарын естиді. Қарлығаш өлім қаупінде жатқан баланың аузына Жүрек гүлінің ұнтағын тигізуі мұң екен, бала қолын ербеңдетіп, жұмулы көзін ашып, күлімсірей бастайды. Хан қуанғанынан жылап жібереді.
Хан баласының жазылу құрметіне ұлан-асыр той жасайды. Бірақ баласының ойда жоқта жазылу себебін біле алмай қайран қалыпты.
Баласы әбден айығып, той тарқаған соң, Қарлығаш хан тағына ұшып келіпті.
- Шиқ-шиқ, патша ағзам, балаңызды жазған менмін, екі айшылық жердегі Өмір атты мекеннен Жүрек деген гүлдің ұнтағын әкелдім. Сол ұнтақпен балаңыз жазылып кетті, – депті.
Хан не дерін білмей сасып қалады.
- Уа, ендеше баламның атын Қарлығаш қояйын. Тағы да тілегің болса айт!
- Шиқ-шиқ, патша ағзам, зындандағы күтуші кемпірді босатсаңыз. Мен екі айшылық жолға сол кісінің көз жасы үшін шыққанмын.
- Тілегің орындалады, қасиетті Қарлығаш.
Хан бұйрығы бойынша күтуші кемпір зынданнан шығады.
Арада талай жыл өтеді. Әке орнына таққа отырған бала елінен қарлығаштарға арнап арнайы ұялар жасатыпты. Ел жұрты оны Қарлығаш хан деп атайды. Сол елді күллі Қарлығаш әлі күнге дейін қоныстайды екен.
Ертегі аяқталған соң, екеуі де көпке дейін үнсіз жатты. Әжесі Шорманның көрпесін қымтай түсіп, «Айналайын, енді ұйықта», – деп жұмсақ алақанымен шашынан сипап қойды.
Шорманның көз алдына Ажал көлінің үстінен қалық- тай ұшып келе жатқан, диюмен алысып жүрген, бұлтпен араласып Алабас тауынан өтіп келе жатқан Қарлығаш қайта-қайта елестеп өтіп жатты.
- Әже, сол Қарлығаш қазір қайда екен? Бәлкім, Қарлығаш ханның елінде болар.
Шорман әжесін қайтып мазалаған жоқ. Ашық аспан- дағы шоқша жарқыраған жұлдыздарға қарады. Сол жұл- дыздардың ара-арасымен әлдеқайдан қанаты суылдап Қарлығаш ұшып келе жатқандай...
Әжесінің иығына қолын салған күйі, ұйқы тығылған көзін бір ашып, бір жұмып жатып, ақыры, бала маужырап ұйықтап кетті.
Сол жазда Шорман өздері отырған үйге қарлығаштың ұя салуын асыға күтіп еді. Үйдің төбесінен салбыраған су ағардың арасынан ұя салған шымшық торғайлардың дауысынан құлақ тұнардай болды.
Бірақ қарлығаш ұя салған жоқ...
Содан бері арада бір жыл өтті. Шорман әжесінің ертегі- сін ұмытқан жоқ. Есіне түскенде: «Әже, Қарлығаш диюмен қанша күн алысып еді?» – деп қайталай сұрап алатыны бар. Ондайда әжесі де көңілін қалдыра қоймайды. Ұршық иіріп, әлде жүн түтіп отырып, басынан аяғына дейін қай- та айтып беруден ерінген емес. Сірә, сол ертекті әжесі айрықша ұнататын сияқты еді.
* * *
Кешкісін ауылдан кеткендер қайтып келді. Трактор тоқтағанда, Шорман да жүгіріп барып, кабинадан түсе берген Шоқатайдың костюмінің етегінен ұстай алды.
- Аға, әжем қайтып келіп пе?
- Қайтып келу қайда. Қоржынының екі басына теңдеп әкеле жатқан алмалары жол-жөнекей ауып қалыпты.
- Қандай алма? Былтырғы Айбарша әкелгендей ме? Шоқатай: «Мына сенің басыңа жете қабыл», – деп,
май иісі аңқыған алақанымен баланың басынан бір сипап өтті.
Шорман әжесінің келмегеніне аздап ренжісе де, ауып қалған екі қоржын бас алма айтылғанда, аздап күлімсіреп қойды.
Жұрт үсті-бастарының шаңын қаққыштап, тіркемеден түсіп жатты.
Кабинадан бұлғақтап Қиянбек те түсті. Түскен бойда ескі жер ошақтың жиегіне отыра кетіп, лақылдатып құсып алды. Жанында шаңнан көзі ғана жылтырап, күйіп-пісіп Шабаркүл жүр:
- Үйбай, мына сорлы өле жаздапты-ау. Әй, бәсе иіс тиеді-ақ қой деп едім... Ақыры тиіп тыныпты. Өзіңе де обал жоқ. Кәбеңкеге құмарын қайтерсің? Есі қалғыр трәктірдің кәбеңкесі де кәбеңке болып па, крәсін сасып...
Қиянбектің қолтығынан ұстап, жер ошақтың басында біраз отырды да, демеп үйге қарай жетеледі. Қалпағы мен плащын Шорман алып жүрді.
Кеш бойы киімін шешіндіріп, төсек салып беріп, Шабаркүл Қиянбекпен әуре болды.
Кешкі шай үстінде Шорман оларға үйге Мұратбек пен Сағынның келгенін, қарлығаштың жұмыртқасын алдыр- маймын деп олармен шекісіп қала жаздағанын айтып еді. Бірақ үй иелері оған пәлендей елең ете қоймады.
Үй ішіндегі сан алуан жұмыстың көпшілігі Шорманға да қатысты. Тыртаңдап жүріп кесек тасиды. Қозы-лақ қайырады. Шабаркүлдің: «Шорман-ай, тауықтарға жем шашып келші. Қорадан жусан әкелші!» деген шауып кел, барып кел жұмыстары өз алдына. Тіпті Мұратбек пен Са- ғынды да шекісіп қалғаннан кейін Шорман ұшырата ал- ған жоқ. Оған мұршасы да болған жоқ. Бір жолы соларды тауып алып, ойнап қайтуды ойлап, үйден ұзай бергені сол еді. «Сен де қыдырма болайын дедің бе? Одан да екі кесек көтерсең де пайдалы жұмыс бітірсейші. Әлде мұрындарын сүрте алмай жүрген сол бір немелерсіз тұра алмайсың ба? – деп, Шабаркүл кейіп тас-талқан болды.
Содан кейін ешқайда шықпайды. Әбден зерігіп кетті. Шоқатай келсе, әжесін сұрап біліп, аулына қайтып кетуді де ойлап жүрді.
* * *
Жаңа үйдің қабырғасы өріліп, енді жабар кезде Қиян- бектің қалада тұратын қызы мен күйеу баласы келді.
«Бұрын да: «Үйдің жабылу қарсаңына келіп қалар. Барып көмектесеміз депті ғой», – деп Шабаркүл жиі айтатын. Олардың Гүлжан деген қызы бар екен. Өзінің Шорманмен бойы бірдей. Екеуі тез шүйіркелесіп кетті. Жаңа үйдің бөлмелеріне жасырынбақ ойнады. Бұл жолы Шабаркүл Шорманның ойнағанына кейіген жоқ. Қайта өзі бұларға арнайы келіп: «Ойнаңдар, қарақтарым», – деп, Гүлжанның бетінен қайта-қайта сүйіп, Шорманға: «Гүлжанның көйле- гін былғап қойып жүрме» дегенді ескертіп қойды.
Екеуі кешке дейін ойнады. Тіпті көңілді болды. Гүлжан да ойыннан зерікпейді екен. Өзі күлегеш-ақ. Көзі күлімдеп әр нәрсені айтып күле береді. Онысына Шорман да қосылады. Кешкісін Гүлжан далаға, папасы мен мамасының ортасына жатты. Өзгелерге бұрынғыша үй ішіне төсек салынды. Шабаркүл: «Айналайын, менің қасыма жата ғой», – деп әрі-бері шақырып еді, Гүлжан келмеді. Сонан соң ерінбей барып, жатқан жерінен бетін шолп-шолп сүйіп, қайтып келіп орнына жатты. Онысын: «О несі екен, баламен бала боп далбақтап шауып жүргені», – деп
Қиянбек жаратпаған болды.
Шорман әдетінше басына Қиянбектің ескі фуфайка- сын жастап, әр жерінен жүні шығып кеткен ескі көрпені сүйретіп, қабырғаға тақай салынған көрпешеге қисая кеткен. Оған осы бір көріністердің бәрі де өзгеше ыстық көрінді. Әжесін есіне алды...
Айбаршаны да ойлады. Тіпті оның соңғы келуіндегі әжесімен екеуі ортаға алып жатқан түні, кезек-кезек айма- лағаны, өзінің оларға еркелегені көз алдынан сол қалпында тізіліп өтіп жатты. «Неге келмейді екен Айбарша... Әлде мені сағынбай ма?.. Тіпті келмейді, болмаса бір рет келіп кетсе қайтеді?» Көзі жасаурап кетті. Есенжолды да ойлады. Оны әңгіме етушілердің бәрі жамандайды. Тіпті әжесінің өзі жек көретін. «Айбаршаны жазықсыз тастады», – деп ұрсады. Шорман ондайда үнсіз тыңдап отыратын.
Ұйқысы келмеген соң Шорман әлденеше аударылып түсіп дөңбекшумен болды.
- Гүлжанды осы жолы алып қалсақ қайтеді? – деген Шабаркүлдің дауысы естілді. Қиянбек ұйқысырап ыңыр- сып, бір аударылып түсті.
- Не дейді? Жалғыз қыздарын бізге беріп, өздері қуыршақ ойнай ма? – Шабаркүл үнсіз қалды. Сәлден кейін барып Шабаркүл: – Мына бала да есейіп қалған, елікпейді ғой, – деді. Қиянбек бұл жолы жауап берген жоқ. Пыш-пыш деп, ауыр дем алып жатты да, артынша қорылға басты.
Шорманның ұйқысы тіпті ашылып кетті. Ол Қиянбек пен Шабаркүлдің әңгімесін жете түсіне алған жоқ. Бірақ
«мына бала» деген Шабаркүлдің сөзі оны әлденеге қатты мазасыздандырады.
Көп ұзамай Гүлжан мамасымен екеуі қалаға қайтып кетті. Шорман үшін тағы да көңілсіздік басталды.
Жаңа үйдің қабырғасы бітіп, енді төбесі жабыла бастаған. Ол енді кесек тасудан да құтылды.
Жаңа үйге қажет болғандықтан, Қиянбек ауызғы бөл- медегі тіреу ағашты алмақ болды. Тіреудің белағашпен түйісер жеріндегі ұядағы қарлығаштың балапаны әлі қанаттана қойған жоқ-ты.
Соңғы күндері ғана оның шиқ-шиқ еткен әлсіз дауысы естіле бастаған.
Шорман балапан үшін әбден-ақ мазасызданды. «Бала- пан ұшып кеткенше, бәлкім, қоя тұрар» деп дәмеленді. Бірақ Қиянбек: «Обал болмас па екен?» – деп қобал- жыған Шабаркүл мен күйеу баласының сөзін тыңдаған жоқ.
- Қарлығаштың балапаны қашан қанаттанады деп отырамыз ба? Балапан көзін ашқан соң обалы жоқ.
Сонан соң үшеуі тіреудің салынатын жерін әзірлеп алу үшін жаңа үйге кіріп кетті.
Ұяда жалғыз балапан ғана қалған болатын. Қасындағы біреуі жақында ғана ұясынан құлап өлген. Өзгелер кеткен кезде Шорман тіреуге саты қойып өрмелеп шық- ты да, ұяның ағашқа жапсырылған жерін кішкене қол-
дарымен тырмалап ажыратып, әзер дегенде қолына алды. Қызылшақа балапанға бір сәт қызықтай қарады да,
«әлдекім көріп қоя ма» деп көйлегінің ішіне тығып жібе- ріп, есік алдына шықты. Қиянбектер үйдің ішінде әлдебір жайға сөз таластырып, күңгірлеп жүр екен.
Шорман есік алдындағы құрт жаятын өреге қарады. Қарлығаш ұясына келерден бұрын көбіне соның үстіне қонақтап тұратын. Бірақ ол көрінбеді.
Бала көйлегінің ішіндегі ұяны абайлап ұстаған күйі мал қораға қарай жүгіре жөнелді.
Мал қора үйден отыз-қырық қадамдай жерде еді. Ол жартылай жер кепе етіп жасалған қораның түкпіріне кірді. Жан-жағына қарап ұяны қоятындай жайлы орын іздеді. Кенередегі бір қуысқа әкеліп, ұяны жайластырып қайта орнатты.
Түс қайта Қиянбек күйеу баласымен екеуі тіреудің ұшын балтаның шүйдесімен ұрып белағаштан тайдырды да, жаңа үйге алып кетті.
- Япырмай, жануар-ай, ұясының бұзылатынын біліп алып кеткені-ау, – деп Шабаркүл ғана ұяның ұшты-күйлі жоқ болып кеткеніне бастан қатты таңырқады.
Қарлығаштың ұясы туралы одан кейін сөз болған жоқ. Арада біраз уақыт өткеннен кейін барып, Шорман қар- лығаштың ауызғы бөлмеге ұшып келгенін көрді. Ауызғы бөлмеде олай-бұлай парылдай ұшып көпке дейін шиқыл-
даумен болды. Сонан соң өренің үстіне барып қонды.
Шорман оны көзінен таса еткен жоқ. «Бәлкім» қораға қарай жүрсем, соңымнан ерер» деген оймен қарлығашқа жалтақ-жалтақ қараған күйі, қораға қарай жүгіре жөнелді. Бірақ қарлығаш оның соңынан ұшқан жоқ.
Бала оны қораның аузында ұзақ күтті. Күнге быршып, тершіген маңдайын алақанымен анда-санда бір сүртіп қойып, үй жаққа қарайлаумен болды. Әлден уақытта қар- лығаш ұшып көкке көтерілді. Шорманның үстімен ұшып өтті. Баланың қолын көтере: «Балапаның мұнда... қораға» дегеніне елең еткен де жоқ. Алыстап кетті. Шорман соңы- нан еріп біраз жерге дейін жүгірді де, үйге қарай қайтты.
Ертеңіне қарлығаш тағы келді. Ауызғы бөлмеге кірді
де, олай-бұлай пырылдап ұшып ышқына кеп шиқылдады. Ұзақ уақыт өренің үстіне қонақтап отырды.
Содан кейін қарлығаш қайта оралған жоқ.
Шорман мал қорадағы балапанға жиі барып тұрды. Ол әуелгі кезде қарлығаш балапанының не жейтінін де білген жоқ. Сонда да ұяның жанына нанның үгіндісін, та- ғамдардың қалдықтарын апарып қойып жүрді. Тіпті ескі қаңылтыр тостақты толтыра су құйып қойды.
Арада бірталай уақыт өтті. Балапан ұясынан пырылдап ұшып түсіп, қайта барып қонатын болды.
Түс таянған кез болатын. Төбесі енді жабылған жаңа үй- дің ішінде Қиянбек пен Шабаркүл өзара сөйлесіп отырды.
- Мына бөлмеге түкті кілемді, ана бөлмеге тақыр кілемді тұтамын. Шифоньерді түкпірге қоямыз, – деді Шабаркүл қызыл қауаққа ашытылған көженің суын сапы- рып отырып.
–Мына кішкене бөлмеге жуалдызыңды да кіргізбейсің.
Оны ұстахана етемін, – деді Қиянбек.
- Ойбай-ау, мен оны ас бөлме болады деп жүрсем.
- Саған бөлме жетуші ме еді, сірә. Көженің суынан құйшы, қане.
Қиянбек бір кесе көженің суын бір-ақ сімірді. Жуырда ғана ұстарамен тықырлап алынған басын олай-бұлай си- пап қойды. Көзін уқалады. Сөйтті де: «Осы менің көзім ауырып жүргені», – деп өз-өзінен күңкілдеп қойды. Оны- сын Шабаркүлге арнап айтса да, ол ыдыс-аяқ жиып жүріп естімесе керек. Жауап бере қойған жоқ.
- Әй, менің көзім ауырып жүр деймін, – деді Қиянбек тағы да қатқылдау үнмен, Шабаркүлге ежірейе қарап.
Шабаркүл бәйек бола қалды.
- Ойбай-ау, сөйтіп жүрсің бе? Енді өзің де ұзақты күн желдің өтінде. Қиқым түсті ме. Қане, көрейінші. Есіз қалғыр, осы үй біткенше сенің сорың шығар.
- Айна әкелші, самбырлап сөйлей бермей.
Шабаркүл жалаңаяқ күйі етегінің шаңын да қақпастан үйге қарай жөнелді. Бір дөңгелек айнаның сынығын алып келді.
- Есіз қалғыр, осыдан жаңа үй бітсе, адамның бойын- дай бір айна алып қоймасам, кәнеки.
Бұл кезде Шорман үйдің басқа бір бөлмесінде өзінше ойнап отырған. Оған Қиянбек пен Шабаркүлдің барлық сөздері естіліп жатты.
- Әй, өзіңнің де денсаулығың болмай жүр-ау, – деп Шабаркүл Қиянбектің жанына жалп етіп отыра кетті.
Қиянбектің дауысы да енді жуастау шықты.
- Әлгі өлердей құсатыным қай күні еді?
- Ойбай-ау, соны да ұмыттың ба? Оштай апамның өлетін күні ғой. Ойпырмай, сол жолғы қорыққанымды-ай! Әлдебір темірмен кесек сынығын ұнтап ойнап отырған Шорман селт етіп Шабаркүлге қарады. Сонан соң орны-
нан ұшып тұрып жанына келді.
- Өтірік, әжем өлген жоқ... Өлмейді.
Кішкене көкшіл көздері шақырайып шатынап кетіпті. Әлгі сөзді айтқаны үшін Шабаркүлді жеп қоя жаздап тұр.
- Шырағым, Шорман-ау, мен бір басқа кемпірді айтсам...
- Сен де қайдағыны шығарып, қағынып отырасың, – деп Қиянбек Шабаркүлге кейіген болды.
Шорман одан әрі тыңдаған жоқ.
Үйден шыға сала ауыл сыртындағы жолға қарай жүгіре жөнелді. Көзінен жас парлап, ағыл-тегіл жылап келеді. Соңынан Шабаркүлдің әлдене деп айқайлағанын тыңдағысы да келмеді. Тұла бойын ыза мен өкініш би- леп, әлдебір өксік қысады. «Үйге барамын. Әже, мен сені көргім келеді. Жоқ, сенбеймін. Әже!..» Ол борпылдаған топырақты кеше, жүгіріп келе жатып, өксігін көпке дейін баса алмады. Қанша жүгіргенін де білмейді. Бір кезде ескі арықтан өте бере сүрініп кетіп құлап түсті. Сол күйі орнынан тұрған жоқ. Тұрғысы да келмеді. Көйлегінің етегі қарынына дейін түріліп, ол сол күйі ағыл-тегіл жылай берді.
Әлдеқайдан трактор гүрілін естіді. Шоқатайдың трак- торы екен. Үйінен шығып, ауыл тұсынан оралып өтетін өзге бір жолға беттеп барады.
Шорман көзіндегі жасты көйлегінің етегімен апыл- ғұпыл сүрте салып, солай қарай жүгіре жөнелді.
- Шоқатай аға, тоқташы... Тоқта-а!.. Шоқатай көптен бері Қиянбектің үйіне соқпай кеткендіктен, Шорман оны
іштей күн сайын күтіп жүруші еді. Іші алай-түлей болып кетті. – Шоқатай аға, мен ауылға қайтамын. Кеткім келеді. Ала кетші, Шоқатай аға... Бұл мен ғой. Әжемнің өлгенін неге айтпадың? Мені алдапсың. Мен енді саған сенбеймін. Ешкімге де...
Бала әбден титықтап шаршап, алқынған кезде жолдың жиегіне отыра қалды.
Трактор көрінбей кетті. Тек жолды бойлай шұбатылып шаңы ғана қалды.
Шорман кешке дейін үйге кірмей жүрді. Тамақ та ішкен жоқ. Ойнауға әлде бір іспен айналысуға зауқы болған жоқ. Қарлығаштың балапанына су апару үшін мал қораға келді. Бұл кезде балапан секіріп ұшып шоқақтап, ұя маңында жүр екен. Қаңылтыр тостақпен әкелген суын ұя жанына қой- ды. Сонан соң ұшып-қонып жүрген балапаннан көз алмай, Шорман есік алдына тізерлей отыра кетті. Балапан шиқ- шиқ етіп, бұған таяу жорғалап келді де, қайтадан ұясына қарай жүрді. Анасы сияқты, мұның да кеудесінде ақ жолағы бар екен. Өзге жері қап-қара. Шорман оған қарай алақа- нын жайды. «Келе ғой. Сен менен қорықпа»... Балапан жерден пыр-р етіп ұшып ұясының жанына қонды.
«Мен де жалғыз қалдым. Әжем енді жоқ. Сен түсініп тұр- сың ба?» Бұл сәтте Шорманның көңілінде әжесінің ерте- гісіндегі адамдармен тілдесетін қарлығаш тұрды. «Бәлкім, бұл да қазір тіл қатар. Есітіп түсініп тұрған шығар!..»
Ол алақанын балапанға қарай жақындата түсті. «Қорық- па менен. Қолыма қоншы, кел. Сен аспанды шарлап ұша- тын болған кезде Өмір деген мекенге сапар шеге аласың ба? Ол Алабас, Қарабас деген таулардың, Ажал деген көлдің ар жағында. Есіттің бе? Ол жерде Жүрек деген гүл өседі. Гүл-л... Сол гүлдің ұнтағын қанатыңа қысып... Жоқ, онда төгіліп қалуы мүмкін. Өйткені сен қанатыңмен ұшасың ғой. Таңдайыңа басып әкелесің...» Былай деген адамша Шорман сұқ саусағын тіліне тигізіп қойды.
«Сонда менің әжем тірілер еді. Ол дәріден жазылмай- тын адам болмайды деп өзі айтқан. Сен мені түсіндің бе?» Бала мұрнын бір тартып қойып, тағы да балапанға қолын соза түсті. «Келші енді... Сен менен қорықпашы.
Қашан ұшасың? Онда барып қайту қиын. Сонда да сен ұшып баршы!!»
Балапан шиқ-шиқ етіп ұясына еніп кетті. Баланың көзінде жас тамшылары дірілдеп тұрды.
Арада бірнеше күн өтті. Балапан еркін ұша алатын болды. Кейде далада ұзақ-ұзақ ұшып жүреді. Шорман оның ұясына жиі келіп, су, нан үгінділерін қойып кетіп жүрді.
...Тағы да қаңылтыр тостақпен су әкеле жатқан бола- тын. Мал қораға кіре берерде шиқ-шиқ етіп төбесінен қалықтап өткен қарлығаштың балапанын көрді. Бірден таныды. Ол енді тіпті биіктеп ұшатын болыпты.
Су толы тостағын ұстаған күйі Шорман аңтарыла қарап біраз тұрды. Сонан соң тостақты жерге қоя салды да, балапан ұшқан жаққа қарай далбақтап жүгіре жөнелді. Балапан ауыл сыртындағы қырқаға қарай ұшты. Бірде биіктеп, бірде төмендеп ұшқан балапанға жете алмаған соң, ол ұлтанының тігісі сөгілген туфлиін шешіп алып, лақтырып тастады.
Шабаркүлдің «топли алып берейінші» дегеніне де талай күн өтті. Алғашқы кезде: «Енді қашан әкелесіз», – деп күнде сұрайтын еді. Қайсыбір күні: «Немене, табаныңды аяз қарып бара ма? Құдайдың шілдесінде сен түгілі, мен де жалаңаяқ жүрмін ғой», – деп ұрысып тастаған соң қайтып сұрауды қойған.
Қарлығашқа ілесіп ол жүгіре берді. Үйден де ұзап кетті. Оның табанына қиыршық тастар бата бастады. Бірақ Шорман ештеңені де елеген жоқ. Оның екі көзі көкте. Тас төбесінде ұшып бара жатқан қарлығаштың балапанында. Оған тіпті қызыға қарайды.
«Сен тіпті ұшқыш екенсің ғой. Мен саған жете алмай келем. Сен менімен бірдей ұш, жарай ма?» Бала ентіге бастады. Сонда да жүгіріп келеді. «Сен менің әжемді тірілтетін дәрі әкелуге дәл қазір барасың ба? Сөйтші. Әжем болмаса қайда барамын? Сен Қарлығаш ханның еліне де соғарсың. Онда қарлығаштардың бәрімен кез- десесің. Мүмкін, сенің де шешең сонда жүрген шығар... Сен маған ренжіген жоқсың ба? Ренжіме. Мен сені құт- қардым ғой».
Бала көйлегінің етегін бір қолымен түріп әкеп, тершіген маңдайын сүртіп қойды. Балапаннан көз алған жоқ.
«Айтпақшы, сен Айбаршаның үйінің үстінен өтесің. Мен оған өкпелеп жүрмін. Бұл жаққа келмей кетті. Туфлиімнің жыртылғанын айтшы. Көйлегім де тозды. Неге келмейді екен. Өкпелеп жүр деші... Жо-жоқ, сағынып жүр де. Мен оны шынында сағындым. Есіттің бе, қарлығашым...
Мен оны түнде түсімде көрдім. Ол да сағынып қалыпты. Ұзақ сүйді. Сонан соң құшақтасып жатыр едік... Оянып кетсем, жалғыз өзім.
Сен, мүмкін, Есенжолды да көрерсің. Оны бәрі де жамандайды. Бәлкім, жақсы адам шығар. Бірақ ол неге мені іздемейді? Мен оның баласымын ғой. Осылай деп әжемнің өзі де айтқан. Айбарша екеуі мені неге тастап кетті. Неге? Екеуіне де айтшы. Сағынып жүр деші. Ең болмаса бір күнге келіп көріп кетсінші. Бір күнге...»
Балапан бірте-бірте биіктеп, алыстап кетті. Бірақ оны енді Шорман көре алған жоқ. Көзін жас жуып кетті. Қырлы тастардың табанын тіліп кеткенін де елеген жоқ. Жүгіре берді.
Бала көзінің жасын көйлегінің етегімен тағы бір сүрт- кенде, оған алыстан қарауытқан тау мұнарына қарай жылжып бара жатқан аппақ ұлпа бұлттардан өзге ештеңе көрінбеді. Ұзақ қарады. Қарлығаштың балапанын қайтып көре алмады. Бәлкім, ол ұлпа бұлттардың арасына жасы- рынып Алабас тауының үстінен өтіп бара жатқан болар.
Көзінің жасы мөлтілдеп тұр. Түпсіз көк аспаннан көз алар емес.
* * *
Ертеңіне мал қорадағы қарлығаштың ұясына тағы барды. Қыл-қыбыр аралас, балшықтан шебер жасалған ұяны қолына алып ұзақ қарады.
Сонан соң Қиянбек пен Шабаркүл мал қорадан әлдебір нәрсені іздеп жүріп, сындырып қоймасын деп, қараңғылау кенереге тығып, сыртына кесек сынықтарын қиюластыра қалап қойды.
Ол енді қарлығаштың ұшқан ұясына қайтып оралуын күтті.
Қош бол, ата!
Повесть
Почташы Мерекбай анадайдан айқайлап келеді.
- Жөке, ау, Жөке-е! – дейді дауысы қырылдап. Бақшаға кіретін құлақ арықты тазалап жүрген Жөкең қария оның айқайын алыстан есітсе де, онша мән бере қойған жоқ.
«Тәңір алғыр, мынаған не болған ауылды басына көте- ріп?» – деп, қайта кейістік білдіргендей болды.
- Уа, Жөке деймін! – деп, әлі де айқайлап келеді Мерекбай. Тыртысып жүрмей келе жатқан есегінен бетер ентелеп. Өзі ердің үстінде қопаң-қопаң етеді.
- Е-е, сонша не болды? – деп Жөкең жақындап қалған Мерекбайға ажырая қарады.
- Шүйінші, балаңнан хат келді.
- Қайдағы бала? – Қарттың дауысы тіпті жайбарақат әрі зілді шықты.
- Алматыдағы ше! Әлгі нәук балаң.
- Ә-әй, сен Толасжанды айтып тұрмысың?.. Толасжан ба?.. – Қарттың даусы оқыс бұзылып, қолындағы кетпенін тастай беріп, әлі есегінен түсе алмай, тырбаңдап жатқан Мерекбайға қарай ұмтылды.
- Айналайын-н, шүкірім-ай! – деді дауысы бұзыла Мерекбайдың қолындағы шылбырмен қоса ұстаған кон- вертті ала беріп. – Хат жазғысы келген ғой. Жаман әкесін есіне алған шығар. Ел-жұртын ұмытпағаны. – Кемсеңдеп сөйлеп жүріп конверттің аузын апыл-ғұпыл аша бастады. Ішінен шыққан бір бет қағазды, тап бір өзі судыратып оқып беретіндей, бетіне тақап тұрып, көзімен бір шолып өтті. Сосын Мерекбайға жалт қарады. – Әй, сен қырылдауық неме, мына хатты бірдеңе етсеңші.
Мерекбай сасып қалды.
- Жөке-ау, менің де сауатым шамалы ғой. Әлгі бала- шаға дегендей. – Мерекбай басындағы құлақшынын жұ- лып алып, бұлғаған күйі, үйге қарай айқай салды. – Уай, Толасбайдан хат келді. Хат...
Жөкең соңғы жылдары бір шаңырақтан жалғыз қал- ғанымен, үйінің жанында немере інісі Шәден көрші тұ- ратын. Екі үйдің түтіні бөлек шығады демесе, тіршілік жағдайында араласып кеткен.
Алдымен жарыса жүгіріп Келес, Шолпан, Көктембай,
Жорабайлар жетті. Жұмыстан енді келген бойда үстінің шаңын қаққыштап Шәден де келді. Оған ере «ойбай-ау, құлағыма сенейін бе, сенбейін бе» деп, жаулығын жүре түзеп, қорадан Салжан шықты. Жөкеңнің жүзі күлімдеп, бар қуанышын әжімді жүзі айғақтап тұр.
- Оқыңдар мынаны, – деп ол жанына жапырлай кеп тұра қалған балаларға жадыраған кейіппен жағалай қарап өтті. Үнінен мақтаныш лебі де білінеді. Сонан соң, «аңырып, аузыңды ашқанша оқы мынаны» деп, дәл жанында тұрған Көктембайға қолындағы хатты ұстата салды. Көктембай әлі мектепке барған жоқ-ты. Ол мек- тепке өткен жылы баруға тиіс еді. «Жасың толықса – басың да толығады деген, әзірше шешеңе қолқабыс ете бер» деп, көкесі жібермеді. Ал Жөкең бұл жайды ұмытып та кеткен болуы тиіс.
Жөкеңнің бұл ісіне таңырқаған Келес пен Шолпан, әуелі бір-біріне «бұ несі» дегендей жымия қарап алды да, екеуі қосыла күліп жіберді. Көктембайдың ызасы келді.
Хаттың оқылуын асыға күтіп, ентелеп тұрған Жөкең
«Әй, сен көзің бадырайып неғып тұрсың, – дей беріп, – алда құдай-ай, сен әлі шкөлге де бармаған екенсің ғой», – деп, хатты қолына қайта алып, Шәденге берді. Балалар оның бұрын газет, әлде кітап оқып отырғанын көрген емес. Бірақ ол сөз арасында «ілгеріректе оқыған едік, біз оқыған- да мынадай еді, анадай еді» дей беретін. Сондықтан Шәденнің хат оқуына балалары ерекше ықыласпен назар аударды.
Жұрттың қаумалағанынан да қысылды ма, Шәденнің де оқуы онша мандымады. «Басқадан артық көруші» деген үш сөзді. «Ба-а, баа-а» деп бірауық тұрып зорға оқыды. Дегбірі қашып тұрған Жөкең: «Ей, қамауда қалған текедей бақылдай бергенше, жөндеп оқысаңшы», – деп кейістік білдірді. Салжан да ұрсып ала жөнелді.
- Ойбай-ау, сен қашаннан бері саңқылдап хат оқығыш болып ең... Бер мына балаларға!
Шәденнің де берекесі кетті. «Құ-у, құұ, – дей беріп, – Әй, оқуы түспегір бастан кетіп қалған екен. Оқымыш кісі- лердің де хат жазғаны қызық қой. Жазуының бәрі подпыс
сияқты», – деп, хатты Келеске ұстатты. Келес бірден саң- қылдатып оқи жөнелді. Сөздері түсінікті әрі анық. Жөкең жұмсақ селдір сақалын саусақтарымен тарамдап, көзін хаттан аудармай ұйып қалды. Шәден болса аз-кем ыңғай- сыздана, басынан бөркін алып желкесін қасыған болды.
Хат соншалықты ұзақ жазылмапты. Толасбай өздерінің амандығын, докторлық қорғайын деп жүргенін айтыпты. Әйелі екеуі курортқа бара жатып соғатынын және баланы аз күн шалдың жанына тастап кететінін ескертіпті. Хат оқылып болған соң, бәрі де үнсіз қалды. Бар жазғаны осы ғана ма дегендей, Жөкең Келестің қолындағы хатқа әлі де жұтына қарап тұр. Үнсіздікті Мерекбай бұзды.
- Бәрекелде, – деді ол басындағы күн жеген айыр қал- пағын алақанына сарт-сұрт ұрып қойып. – Бәрекелде, әкесін ұмытпаған ерді айт. Осы күні кейбіреулер маңғыт- саңғыт деп, алды-артына қарамай кетіп жүр емес пе?
- Гурортке барамын дегені ақыл-ақ қой. Оқу дегенің де кісіні ауру ететін нәрсе. Доктір боламын дегені әлі оқыңқыраймын дегені ғой, сірә, – деп, Шәден де әзінше жорамал жасаған болды.
- Ойбай-ау, қайнымыздың үйленгеніне жеті жыл боп- ты. Келініміз бен әлгі біздің Жорабаймен жасты баласын көрсек екен. Қайда бара жатып соқса да, соғып кетке- нін айтсайшы. – Салжан сөйлеген күйі үйге қарай кетті. Жөкең үнсіз қалды. Бар болғаны хатты бір бүктеп, бір жазған күйі, тіс жармастан тұра берді.
Толасбай – Жөкеңнің жалғыз ұлы. Алматыда оқу біті- ріп, қызметте қалып қойған. Осыдан екі жыл бұрын шеше- сі Әлима қайтыс болғанда, «екі-үш күнге ғана сұранып ем» деп, Толасбайдың тек өзі асығыс келіп кеткені бар- ды. Сонан соңғы хабар – осы хат.
Балалар Жөкеңнен көз алар емес. Әсіресе Көктембай қарттың әрбір қимылын қалт жібермей бағып тұрды. Егер атасы жылап жіберсе, өзі де қосыла кетуге әзір еді. Бір кезде Жөкең иегі кемсеңдеп, «Айналайын-ай, – дей беріп, хатты бүктеп жанқалтасына салды да, – жаман шалды ұмытпағаны да шырағымның», – деп, дауысы қалтырай түсіп, шапанының қалтасынан үлкен орамалын шығарып,
ұшымен көзін сүртті. Бәрі де тарай бастады. Үстінің қалған шаңын қаққыштап, қайта-қайта түкірініп Шәден де кетті.
- Хош-ш, Жөке, ал енді мен кеттім! – деп, Мерекбай да қозғалып, беліне байлап алған есегінің бас жібінің ұшын шеше бастады. Ерінің үзеңгісі болмаған соң, есегін қақпайлап әкеп, теңкиіп жатқан жиде томардың жанына тұрғызды. Сөйтті де қарғып мініп, екі аяғы жерге тиердей боп салбыраған күйі, біраз жүріп барып, қайта бұрылып:
- Жөке, хош енді. Жас та кеп қалды. Осы істің өзін қойсам да болар еді. Әлгі пенсиесі түспегірге екі жылым кем болып тұрғаны. Тыртыса түскен есегін аяқтарымен тепсініп қойып, – бәтшағар, мына жаман есек те қартай- ды, – деп жөтеліп қойды.
- Есегі малаяқ екен, – деді Жорабай мұрнын шұқып тұрып. Көктембай желпініп кетті.
- Ох, шіркін, біздің ақ есекті айтсай!
Екі аяғы салбырап, қайта-қайта тепсініп бара жатқан Мерекбайға балалар қызыға қарап тұрып, ұзатып салды. Жөкең екі қолын беліне салып, жайлап үйге қарай аяң- дады. Жүзі нұрланып, қуаныштан еріндері де дірілдеп кетті. Ол хатты әкеп берген Мерекбай почташыға, оны оқыған мына балаларына да риза еді. Сондықтан үйге келе жатып, алды-артын қаумалаған немерелерінің бас- тарынан кезек-кезек сипап, олармен қосыла күлісіп, өзінше шүкіршілік етіп, күбірлеумен болды.
Сол күннен бастап шал ерекше қуаныш сезіміне бө- ленді. Әлденеге асығып алаңдайтын секілді. Үй ішінде де әлде бір себептермен жиі күліп, көңілді сергек жүрді. Бұрын Толасбайды жиі ұрсып, сөгіп жүретін. «Қаңғыбас неме, жалғыз әкесіне зер салмаған... Ол енді жұрт бол- майды. Оны оқу бұзды. Әйелі мен баласы да жат болды. Болмаса айында-жылында бір келіп, жаман шалды қуан- тып кетсе етті» деп мұңаятын. Кейде тіпті, «Келмесе келмесін, тентіреген неме. Көмусіз қалар деймісің. Мына Шәденнің жаман мұрынбоқтары аман болсын» дегенді айтып, кәдімгідей Толасбайдан күдер үзетін.
Енді олай демейді. Үйге сырттан біреу келсе, «Біздің Толасжаннан хат келген екен», – деп сөзін бастайды.
Сонан соң олардың жуық арада келетіндігін айтады...
«Доктір деген бірдеңесі бар екен, енді соны оқимын деп- ті», – дейді. «Бұл Толасбайдың оқуы бітпеді ғой!» дегендер болса, «Е, е, бұл білім дегеніңнің өзі таусылмайтын кен секілді ғой. Біздің Толасжан соның қызығына түсіп кетті- ау деймін», – деп өзінше ризашылық рай танытады.
Күн өткен сайын Жөкең баласын асыға күтті. Хатта ай- тылуына қарағанда, олар поездан жексенбі күні түспекші болатын. Кейде шал отыра қап саусағын санайды. «Сәр- сенбі, бейсенбі, жұма, ісен-н... – саусақтарын бүгіп оты- рып, – Мұндайда енді құдайдың күні таусылмайды» деп, кейіп те қояды.
Тіпті үйге сыймайтын болып кетті. Темір-терсекті шұ- қылап, көбіне үйдің жанындағы бақшаны айналдырған болып, сыртта жүреді. Болмаса Көктембайды ертіп жың- ғыл қиюға кетеді. Атасымен еріп жүру Көктембайға да көңілді. «Мен де барамын» деп қыңқылдаған соң, Жора- байды – алдына, Көктембайды артына мінгізіп үйден шықты. Ауылдың айналасы түгел жыңғыл. Бірақ Жөкең есектің басын станция жаққа бұрды. Себебін айтпаса да, Көктембайдың іші сезеді. Сондықтан ақырын ғана:
- Ата, Толасбай көкемдер қашан келеді? – деп, ата- сының белінен құшақтаған күйі алға қарай сәл итініп қойды.
Жөкең есектің үстінде отырып, тағы да саусақтарын бүгіп әлек болды.
- Бейсенбі, жүма ісен-н... Пәлі... үш күн бар әлі, – дейді көңілді дауыспен.
Жыңғыл қиып жүріп те шал әлсін-әлсін демалып, балтасын иығына салған күйі тұрып, станция жаққа қарап қояды. Шып-шып терлеген маңдайын көйлегімен сүртіп тұрып Көктембай да қарайды.
- Ата, Толасбай көкемнің баласының аты кім еді?
- Әй, шынында сол жаманның аты кім еді өзі? – Жөкең қапелімде сасып қалды. – Шәрен-н, Шәріп... Жо-оқ, Шәріп пе еді, – деп басындағы бөркін кейін қарай бір қозғап қойып, бірауық ойланып қалды. Сосын барып кенет жүзі жадырап. – Е, не, ойбай, Шәден екен ғой, ұмытып жүр-
сем, – деп кеңкілдеп күліп қойды. Шалдың бұл қылығына екі бала шектері қата күліп алды. Атасының жанына жүрелей отырған Жорабай:
- Иә, саған, ол көкемнің аты ғой, – дегенде, Жөкең тағы да сасқалақтап қалды.
- Әй, солай ма еді? Солай екен-ау. – Шал әлсін-әлсін күбірлеп отырды да, – Әй, кім білген сол итіңнің атын, – деп шырт еткізіп түкіріп салды.
Ақыры Толасбайлар да келді. Олар Қилыбайдың үш аяқты мотоциклімен келіп, қораның сыртына тұра қал- ғанда, Жөкең үйдің жанында кетпен сап жонып, ал Көктем- бай мен Жорабай қораның ішінде жасырынбақ ойнап жүрген. Толасбайларды алдымен Жорабай көрді.
- Ойбай, біреулер келді, – деді ол, шляпасын баса киіп, қарны қабақтай боп мотоциклден түсіп жатқан Толасбайды көре сала.
Айналасын ағаштың үгіндісіне толтырып, бейхабар отырған Жөкең келіні далбақтай жүгіріп жанынан өте шыққанда барып, селт етіп жоғары қарады. Әуелі қоранын сырт жағынан әлдекімдердің қараңдаған бастарын көрді. Мотоциклдің әлі де өше қоймаған дүрілін естіді. Сонан соң барып жыңғыл қораның саңылауынан сығырая қарап отырып, үстін қағып жатқан Толасбайдың тұлғасын көрді.
- О-оһоу! – деп көтеріле беріп, тұра алмай орнына қайта отырып қалды. – То-о... То-оласжан, – деп соза дауыстай беріп, алдында үйіліп жатқан ағаштың үгінділерін ысыра беріп, қалт-құлт ете түрегелді. Сонан соң әлгінде өзі жонып отырған кетпен сабына сүйенген күйі, әуелі белін жаза алмай, біраз жерге дейін еңкеңдеп жүріп келіп, – айналайын, Толасжан-н! – деді.
Бірақ шалдың сөзін ешкім естіген жоқ. Жөкеңнен өзгесі үйме-жүйме болып жиналып қалыпты. Шал қалбақтап, қораның есігінен шыға бергенде барып, басына май-май шәпкесін бастыра киіп алған Қилыбай:
- Шал келе жатыр, атам келе жатыр, – деп өзгелердің дабырын басты. Әуелі Толасбай келіп, Жөкеңнің мой- нынан құшақтады. Шал баласын жібермей кеудесіне ұзақ қысты. Көзінен жас парлап, иегі кемсеңдеп тұрып,
«айналайын, айналайын» деп әлсін-әлсін күбірлеп қояды. Сонан соң келінін құшақтап, маңдайынан сүйді. Ал бойы Жорабайдан сәл ғана ұзындау, маңдайына кішкене кекіл қойған, мұрыны Толасбайдың мұрыны сияқты қоңқақтау, бірінші рет көріп тұрған немересін құшақтай алып, Жөкең еңкілдеп жылап жіберді. Баланың бетінен, мойнынан, кішкене қолдарынан сүйіп-сүйіп, иіскеп, ағыл-тегіл жыла- ды кеп... «Қайтсін-ай енді» деп Салжан да жаулығының ұшымен көзін сүртіп жатты.
Қонақтар үйге қарай жүрді. Орталарында Жөкең. Шал кішкене немересінің қолынан ұстаған күйі, әлі де солығын баса алмай, әрқайсысының сөзіне тек басын шұлғып, ортада келеді. Жөкеңнін өз үйі Шәденнің үйімен іргелес салынған. Бірақ «жалғыз өзім шошайғанша» деп, ол көбіне Шәденнің үйінде болатын. Толасбайдан хат келісімен-ақ, өз үйінің іші-сыртын Салжанмен бірге ретке келтірген еді. Енді көпшілікті өз үйіне қарай бастады.
Балалар да дабырласып, қызықтап жүр. Өзгелер сияқты, Толасбайлардың келуі Көктембайға да ерекше әсер етті. Ол бұрын да апасы мен көкесінің сөздерінен
«Алматыда Толасбай деген оқымыш көкең бар» дегенді көп еститін. Сол Алматыда тұратын дөкей оқымыш көке- сін көруге ол да құштар еді. Әжесі өлгенде «Толасбай да келіпті» дегенді естіген. Бірақ көп адамның ішінен есінде сақталмапты. Енді, міне, өзін де көрді.
Басында қалпақ, қарыны кебежедей. Көктембайдың есіне колхоз председателі түсті. Оның су жаңа жеңіл машинамен ауылға әлденеше келгенін көрген. Толас- байдың қарыны да сол председательдің қарыны сияқты екен. Әсіресе Толасбайдың әйелін көру балаларға қызық көрінді. Алғаш көргенде-ақ Көктембай «ерніне қараң- дар» деп, Келес пен Жорабайды түрткілеген болатын. Жорабай бірден «қан ғой» деп жорамалдады.
- Иә, саған қан. Сондай да қан болушы ма еді. Ол бояу. Бізде сондай апай бар. Үнемі осылай еріні қып-қызыл боп жүреді.
Әйелдің бұйраланған шашы да Көктембайға таңға- жайып боп көрінді. «Қилыбайдың шашы сияқты екен» деп
қойды іштей. Сонан соң маңдайына кекіл қойған кішкене бала туралы да ойлады.
Жөкең Көктембайды өз балам дейтін. Екеуі бірге жатады. Кейде қыдырса да, Жорабай мен Келесті «айда, боқмұрын немелер, өз балам тұрғанда» деп жолатпай, Көктембайды ертеді. Көктембай да атасын жақсы көретін. Ол: «Толасбай екеуміз ғана атамыздың баласымыз, тіпті атам мені Толасбайдан да жақсы көреді» деп ойлаушы еді.
Атасы: «Толасбай деген ит қой ол. Қаңғыбас қой.
Рақатты осы Көктемімнен көрермін» деп жиі айтатын.
Енді, міне, сол атасы Толасбай үшін, тағы да әне бір ернін бояған әйел мен кекілді бала үшін еңкілдеп жылап жүр. Және сол баланы қалай құшақтап сүйді десейші. Мұны дәл солай етіп құшақтап сүйді ме екен... Көктембай- дың мұрны пысылдап кетті. Тіпті олар келгенде мұны адам екен деп ойлап, іздеген де жоқ-ау! Кекілді баланы сүйіп жатқанда дәл жанында тұрды.
Сонда атасы бұған қараған да жоқ. Көктембайдың жыла- ғысы келді. Атасына ол бірінші рет қатты өкпеледі. Жұрт- тың бәрі дабырласып үйге кіріп кеткенде, ол далада қалды. Үйге кіргісі келмеді. Тамды айналып бақша жаққа кетті.
Баласы келген күннен бастап-ақ, Жөкеңде ес қалған жоқ. Далбырап-ақ жүр. Баласы мен немересін, келінін, кезек- кезек айналып-толғанады. «Шәден, Шәріп, Шәден» деп адасып жүрген немересінің аты Шеген екен. Қазақша анық сөйлей білмейтін келінін Файруза деуге тілі келмеген соң, Жөкең «Парыз келінім» деп атап кетті. Ал Салжан болса, оның атын келген бойда-ақ «Орыс келін» қойып алған.
Жөкең баласы мен немересіне бақшаны аралатты. Жылда не егіп, не қоятынын, қандай өнім алатынын тү- сіндірді. Өткен жылы қарбыздарының ірі болғанын, екі- үшеуін Толасбай кеп қалар деп, қыстың ортасына дейін сақтап, ақыры шіріп кеткенін қинала әңгімеледі. Қора- қопсысын көрсетті. Әлима сауып жүретін ала сиырдың әлі тірі екенін айтып, соны енесінің көзіндей көріп, келін алып кетіп сауып жүрсе дегенді айтты. Онысына Толасбай мырс етіп күлді де қойды. Шәден болса: «Шәрлі жерде
сиыр ұстай алушы ма еді. Жүре берсін кең жерде» деп, Жөкеңнің бұл ойын жаратпаған рай білдірді.
Бәрі де қораның жанындағы ұзын белдеу ағашқа жаға- лай отырып біраз әңгімелесті. Шал жорғасын сөз етті. «Бұл маңда ондай жорға жоқ. Денім сауда біраз шайқалтып едім. Қазір жорға түгілі, есекке зорға шыдаймын» деп мұңайды.
- Алып кетпек түгілі, ауылға келгеніңде де мінбейсің соны, ал сәті түсіп, алып кетіп, мініп жүрсең, кәніки. Пәлі... Баяғының жігіттері-ай!.. – Жөкең күрсініп қойды.
- Е, оқымыш адамдар жорғаңды қайтсін? Болгәға мінеді де. Әніки, осы заманның болгәсі. – Шәден тағы да Жөкеңнің сөзін жаратпай, бетін сырт бұрып отырды.
Толасбай көп сөйлемейді. Жүзі де салқындау. Қандай әңгіме болса да, сызданып үнсіз тыңдайды. Шал кеп сырын ақтарды. Жасының келіп қалғанын, жыл санап денсаулығының төмендеп келе жатқанын айтты. Жиденің бұтағымен тақыр жерді олай-бұлай сызғылап отырған баласынан көз алмай отырып: мОсылай Алматыда жүре бересің бе, елге келсең етті» дегенді айтты.
Толасбай үндеген жоқ.
- Өлсем көмусіз қалам демеймін. Қартайған соң жалғыздық болмайды екен... – Жөкең тағы бір ұзын сонарлау әңгімеге түсе бергенде, сызданып үнсіз отыр- ған Толасбай басын көтере бір қырын қарап отырып, қатқылдау дауыспен:
- Мұнда да ел-жұрт бар ғой, – деп әкесімен әңгімені шарт үзді.
Жөкең де үндемей қалды.
Аз күн болса да Жөкең қарияның үй іші у-дуға бөленіп, жарастығын енді тапқандай болды. Үйге ауылдың кемпір- шалдары келіп, шалға «көзайым болдың ба?» айтысты. Әншейінде үйіне қамаса кірмейтін балалар жылтыңда- сып, бірі кіріп, бірі шығып жүрді. Үйіне күніне әлденеше рет шай кіріп, тамақ істелді. Шал осының бәріне іштей қуанышты еді. Марқұм Әлима кемпірінің тірісінде бұл үйдің іші осындай думанды-тын, қызықты-тын...
Толасбайлар көп кідірген жоқ. Екі күннен соң-ақ «уақы- тымыз болып қалды» деп асығыстық ыңғай білдірді.
Толасбайдың өзінің әлі де бірер күндей болсақ деген ыңғайы бар еді. Әйелі оң қабақ білдірмеді. Тіпті осы ауылды ұнатпағандығын сездіріп, «Шегенді де курортқа бірге ала кеткеніміз жөн» деп тапты. Дегенмен ерлі- зайыпты екеуі оңаша ақылдаса келіп, курортқа баламен барғанның жөні келмес әрі баланы осында біраз уақытқа қалдырып кетеміз деп алдын ала айтып қойған соң, шалға да аздап аяугершілік жасаған болды. Сонымен үшінші күні жолға шығуға әзірлік жасалды. Баланы тастап кетуге біржола келіссе де, кетер сәтте Файруза: «Мұнда баланың жай-күйі қандай болар екен? Ауырып қалмаса етті. Көрші балалар да Шегенмен бірге ойнауға жайсыздау білем» деп, күйеуіне әлсін-әлсін өз дүдәмалын ескер- те берді. Толасбай пәлен деп өз пікірін айта алған жоқ. Ақыры олар Шеген балалармен ойнап кеткен сәтте тағы да Қилыбайдың үш аяқты мотоциклімен станцияға кетті. Шығарып салуға Шәден баратын болды.
Баласы мен келіні тым асығыс аттанып, құмарынан шыға алмай әрі олардың бұл ісін көңіліне алып қалған- дықтан, Жөкең олармен үйдің жанында жабырқаулау қоштасты.
Шалдың шығарып салуға баруын баласы мен келіні де қажет деп тапқан жоқ.
Ауыл балаларымен үйренісіп кету Шегенге оңай бол- мады. Әсіресе қазақша жөнді тіл білмейтіндігі оны оқ- шаулай берді. Бұрын әке-шешесінен ажырап кермеген- діктен де, әлсін-әлсін жылап, алғашқы кезде Жөкеңнің де, Шәденнің үй-ішінің де мазасын алды.
Баласы мен келінінің асығыс кеткеніне іштей мұңайып қалса да, шал немересінің аз күн де болса жанында қал- ғанын медеу етті. Немересінің тіліне өзі жөнді түсінбей- ді. Әйткенмен соның шүлдірей сөйлеп жанында жүргенін қызық көреді.
Шегеннің кей-кейде әке-шешесін іздеп, жылайтын да әдеті болды. Ондайда баланың өзіне елікпегеніне әрі тілін ұқпағанына шал да ызаланып кетеді. Мұндай жағдай баланың түнде жатар кезінде, сонан соң ұйқыдан тұрған сәттерінде жиі ұшырасты.
- Мына жабайы неменің маңдайыма сор болуын-ай! – деп күңкілдейді. Сонан соң: «Әкеңнен көрмеген ұшпақты сенен көремін бе? Әйда, қайқай Алматыңа ма, гурортыңа ма» деп ұрсады. Бірақ шалдың ашуы тез қайтады. Ар- тынша айналып-толғанып, ашумен айтылған сөздерін жуып-шайып жатады.
Әр жазда Жөкең аралға барып шөп орады. Бұл талай жылдан бергі әдеті. Арал ауылдан бес-алты шақырым- дай жерде. Бір замандарда сол арал дарияның ортасы екен деседі жұрт. Кейіннен дария ауып кетіпті-міс. Қазір ол жер дариядан едәуір шығандап қалған. Табиғатында еңбеққор Жөкеңнің шөп ору сүйікті кәсібі. Сондықтан да ол шөп ору науқанын бастарда өзінше едәуір дайындық- тар жасайды.
Шалғы-орағын қайрап, жаңадан саптайды. Есек арба- сын жөндейді. Шөп оруға киетін киімдерін әзірлейді.
Осы дағдысын ол осы жазда да ұмытқан жоқ. Жөкеңе жақсы көмекші әрі жолсерік бар. Ол – Көктембай. Көк- тембай атасымен еріп биыл екінші рет шөп оруға бар- мақшы. Қағылез әрі іске икем болғандықтан, Жөкең қай жұмыс болса да, Көктембайды жанынан тастамайды.
Баласы мен келіні кеткен соң, үш-төрт күннен кейін шөп оруға жиналды. Күн тынық та жылы еді. Шал аяғына су өтпес үшін резинка етігін киіп, Шәденнің ескі костюмін иығына жамылды.
Көктембай тым көңілді еді. «Мен де барам, мен де барам» деп Жорабай мен Келестер шуласқанда, солар- дың ішінен атасының тек өзін таңдап алғанын іштей мақтаныш етеді. Кеше кешкісін шай үстінде атасы:
«Шөпке Көктембайды ала кетемін. Өзгелеріңнен пайда жоқ» дегенде, жанында отырған Келес, Жорабайларға қарап, «естідіңдер ме» дегендей, бір-екі жөтеліп қойғаны бар.
Есекке арба жегілді. Көктембай шөп жиятын айырын иығына салған күйі есек арбаның үстіне тырмыса шығып кеп, атасының жанына отырды.
Жорабай жалаң аяқ күйі біраз жерге дейін арбаның соңынан жүгіріп отырды да, бұлар жолсыз тартқасын
барып қалып қойды. Арбаның дөңгелектерін тықырлата ақ есек жайлап жүріп келеді. Жөкеңе оның осы жүрісі де жеткілікті. Қолындағы жіңішке жыңғыл таяқты бұлғақтатып отырып, ыңылдай бастады. Қай әннің жұрнағы екенін өзі де білмейді. Әйтеуір жас күнінде тыңдаған бір әннің әуені болса керек. Не де болса көкірегінен берік орын алып қалған екен.
Атасы ыңылдап ән айтқан кезде Көктембай да басына киген көкесінің көне айыр қалпағын олай-бұлай ырғап қойып, үнсіз отырды. Ол атасының ыңылдап айтатын осы бір әуенін әлденеше тыңдап жүр. Бір жолы: «Ата, осыдан басқа өлең айтшы», – дегенде, Жөкең кеңкілдеп ұзақ кү- ліп: «Білгенімнің өзі осы-ақ, шырағым», – дегені бар. Басы жоқ, аяғы да жоқ, атасының таусылмайтын осы әуені Келес пен Шолпанның, тіпті ауылдағы ересек қыздар мен жігіттердің әндеріне мүлдем ұқсамайды. Сондықтан да Көктембай бұл атамның өз әні шығар деп ойлайды.
Сол әнін атасы, міне, тағы да бастады. Көктембай үнсіз тыңдап отыр. Ақ есектің де жүрісі бір күйінен танар емес. Қатты да емес, жай да емес, бір қалыпты күй.
Ақ есектің қартайғанын Көктембай да жақсы біледі. Оның бұрын жүргіштігін айтып атасы сөз арасында: «Бұл маңда мұндай есек жоқ» деп мақтап отыратын.
Өткен жылы көктемде есек қодық туған. Қодық ене- сінен аумай қалған аппақ болды. Балалар оны қызық көріп, жаңа туған кезінде жанына көп барғыштап жүрді. Қодық пысқырынып, секіріп енесінің жанына тығылады. Енесі де қызғанып балаларға құлақтарын қайшылай қарап қояды. Ақ қодық өскен сайын сүйкімді, әдемі болды. Енесінің жанында жүріп, олай-бұлай дүсірлете шапқылап, «О-оһа» – деп ақырғаны да жарасымды-ақ.
Жөкең ақ қодықты Көктембайға атады. Есейген соң оны Көктембай мінетін болды. Сол үшін Көктембай қандай қуанды. Тіпті ол ақ қодықты ауылдағы балалардың бәрі- нен де қызғанатын болды. Оған қодықтың қалай шапқаны, ақырғаны, жан-жағына үрке қарап тұрып астаудан су ішкені – бәрі де ғажап әсем көрінді. Сол қодықтың тек қана өзіне меншікті екеніне Көктембай масаттанып жүрді.
Тіпті оны бір жолы ұстап алып мінгісі де келді. Келес, Жорабай – үшеуі қодықты тар, ашық қораға қамағаны әлі есінде. Құлағын қайшылап, тар қораның ана түкпіріне бір, мына түкпіріне бір шапты. Балалар оны ұстаймыз деп көп әуреленді. Келес енді құлағынан шап беремін деп тақай бергенде, ұзын кірпіктерін қаққыштап еліріп тұрған қодық Келестің жанынан секіріп өтіп, Жорабай тұрған жақтағы қораның аласалау жерінен зып етіп қарғып кетті.
Балалар аң-таң боп, жер сипап қалды.
Арада жаз өтті. Күз өтті. Жерге қар түсті. Ақ қодық едәуір үлкейіп қалды. Суықтан тоңбасын деп, Жөкең оның үстіне ескі шапанның бір шалғайын жауып, бекемдеп таңып тастады. Көктембайға қодықтың алдағы көктемде тайқар болатынын айтып қуантты.
Көктем де шықты. Шынында да қодық кәдімгідей есейіп қалды. Тіпті кейде енесінен бөлек те жайылатын болды. Көктембайдың қодығына деп атасы ноқта есіп берді.
Көктем ерте шыққандықтан да, ауыл маңындағы ша- бындық тез жетілді. Шодыр қарауыл шабындықты жиі аралайтын болды. Үйі басқа фермада тұратын, оны ауыл адамдары түгел біледі. Талай рет ауылдың шабындыққа түскен сиырларын қамап қойып, жұртты шұбатқаны бар. Көктембай да оны талай рет көрген. Мұрты едірейген қарабұжыр кісі шабындыққа барған балаларды боқтап, атпен қуатын.
Шабындық жиегінде жайылып жүретін ақ тайқар бір күндері көрінбейтін болды. Оның жоғалғанын әуелі Көк- тембай байқады. Сонан соң Жөкең іздестіре бастады. Есекке мініп екі-үш күн тоғай аралап қайтты. Ақ тайқар табылмады. Көктембай тайқарының шын жоғалып кет- кеніне қатты мұңайды. Үнемі атасынан қай жерлерден іздегенін, енді қайдан іздейтінін сұрап, кейде өзі де қосыла іздеп жүрді.
Арада он бес-жиырма күндей өтті. Ақ тайқардан із-түз болмады. Бір күні көрші фермаға батаға кеткен Жөкең үйге тым ашулы оралды. Шәденге әлденелерді қолын оңды-солды сілтеген күйі, қызулана айтып, ара-арасында тілдеп те жіберді. Көктембай атасының әңгімесін түгел
тыңдап алған жоқ. Әңгіменің соңғы жағын ғана тыңдап, аңғарғаны: атасы ақ тайқарды Шодырдың қорасынан көріпті. «Мынау менің тайқарым», – деген Жөкеңді, Шодыр: «Сенің тайқарыңнан өзгені жер жұтып па? Әйде жөніңе... Бұл тайқарды өзімнің жиенім әкеп берген», – деп жолатпады. Шалды балағаттап қайдағы жоқты айтқан сияқты. Тіпті екеуі аздап жұлқысып та қалыпты. Шал- дың шекпенінің жағасы жыртылыпты. Осыны естіген Көк- тембай Шодырға қатты ызаланды. Егер оған әлі келсе, тап қазір барып, өзін сілелете соққыға жығып, ақ тайқар- ды мініп келер еді... Әттең...
Одан кейін де арада екі ай өтті. Көктембай ақ тайқарды да, Шодырды да қайтып көре алған жоқ. Бір күні ойда жоқта сырттан Жорабай еліріп кірді.
- Ақ тайқар келді, ақ тайқар... Қора жақта жүр, – деді ол табалдырықтан аттай бере ентігіп тұрып. Үйде Жөкеңнен өзгелер түп-түгел шай ішіп отырған. Алдымен Көктембай үйден атып шықты. Одан кейін Келес пен Жорабай... Ең соңынан бір қолына құлақшынын, бір қолына костюмін ұстап: «Әй, осылар не деп тұр өзі. Қайдағы тайқар? Әлгі шал қайда кетті?» – деп жайбарақат сөйлеп, Шәден де қораға қарай жүрді.
Көктембайдың көзіне ақ тайқар оттай басылды. Нағыз өзі. Ақ тайқар жанына жүгіріп келіп, үйме-жүйме боп тұра қалған бұларға ақ тайқар едірейе қарады. Өзі тіпті өсіп кеткен. Мойнында салбырап жүрген тұтамдай бас жібі оның қашып келгендігін білдіріп тұр. Ақ тайқар бұларға ұзақ қарады. Қарап тұрды да, айналып кетті.
Бір кезде қораның саңылауына тұмсығын тығып тұ- рып «О-оһа» деп, ақырып қойды. Тайқардың дауысы да өзгеріпті.
- Енесін іздеп тұр, – деді Көктембай өзгелерге. Келес пен Жорабай да қостап бастарын изеді. Костюмінің жеңін сұғынып жатып Шәден де: «Алда, жануар-ай, мал дегенмен де біледі-ау», – деп, аяугершілік жасаған болды. Сонан соң тайқарды қораға кіргізбек боп, бәрі жан-жақтан қамауға алды. Тайқар бұрынғыдай атылып тұрған жоқ. Моп-момақан күйде өзі келіп қораға кірді.
Кешқұрым көрші ауылға қыдырып кеткен Жөкең үйге қайтып оралды. Ақ тайқардың енесімен табысқаны да балалар үшін қызықты болды. Бірін-бірі көре сала, екеуі қосыла ақырып ауылды азан-қазан етті. Сонан соң ұзақ иіскесті. Жөкең де қуанып жүр. «Алда жануарым-ай» деп, тайқардың мойнынан, құлағынан сипады.
Бірақ осы бір қуаныш ұзаққа бармады. Күн бата қарагер атын екпіндетіп Шодыр келді. Ол қорада тұрған тайқарды көре сала, атының басын солай бұрды.
«Шодыр келді» деген сөз үй ішіне «әзірейілі келді» де- гендей, тым салқын естілді. Сыртқа алдымен Жөкең, оған ілесе Келес, Көктембай, Жорабайлар шұбыра шықты. Кешкі шай денесіне енді дарып, тершіп отырған Шәден:
«Осы тайқар да қыздың қалың малынан жаман болды- ау», – деп күңкілдеп еді. Шай құйып отырған Салжан: «Е-е, шығайық та, шалымызды әлгі ожар қарауыл ұрып кетіп жүрер», – деген соң барып, сипақтап киіне бастады.
Жөкең қораға тақай бергенше Шодыр, тап бір жеке малына иемденгендей, байлаулы тайқарды шешіп алып, жібінен жетектеген күйі қорадан шығып келе жатқан.
- Таста деймін тайқарды! – Белбеуін жол-жөнекей буынып, жүзі түтігіп келе жатқан шалдың даусы да қатқыл шықты.
- Тастамаймын. – Шалдың сөзіне Шодыр ыққан да жоқ.
- Тастамасаң, тастатамын, есірік неме. – Тайқардың бас жібіне жармаса берген шалды Шодыр өңменінен ите- ріп қалды. Шал жерге домалап түсті. Бұл кезде шалдың алды-артын орап балалар да келіп қалған. Шодырдың мына тірлігіне шыдай алмай Жорабай «әкеңді!» деп қалды. Келес Шодырға ұмтыла беріп, оның «тәйт» деген даусынан қаймығып, кейін қайтып кетті. Көктембай жерге шалқалай құлаған атасын жалма-жан тұрғызып алды.
Жөкең Шодырға қайтып ұмтылған жоқ. Денесі қал- шылдап ашуға булыққан күйі бір орнында тұрып қалды. Атына міне бере Шодыр шалқая қарап тұрып: «Сен шал менен әлі көрмегеніңді көрерсің», – деді. Ашуға әбден булығып тұрғандықтан, шалдың бір ауыз сөз де айтар
мұршасы болған жоқ. Келес Шодырдың атын үркіткен болды. Алдына тайқарды салып, ол атпен тасырлатып шауып бара жатқанда Жорабай тағы бір боқтап қалды. Көктембай атасының жанында тұр. Ол Шодырға не істеу керек екенін ойлап та үлгерген жоқ. Бірақ оны барынша жек көріп кетті. Атасын қатты аяды.
Шодыр кетіп қалған соң барып: «Немене, әлгі бізге қарамағаны ма», – деп аяғын самарқау басып Шәден келді. Үй жақтан: «Әй, аяғыңды бассаңшы енді», – деп Салжанның жекіре айқайлағаны естіліп тұр. Шәденге ешкім тіл қатқан жоқ.
Сонан кейін ақ тайқар қайтып оралмады.
...Кедір-бұдыр жермен дөңгелектері тоқылдап, арба ырғала жылжып келеді. Күн ысып кетті. Көктембай басы терлеген соң қалпағын алдына алып отырды. Жөкең әрдайым бір шырт түкіріп қойып, үнсіз отыр. «Әні» аяқ- талған.
Көне костюмнің төс қалтасына, жан қалтасына қолын жүгіртіп, насыбай шишасын әзер тауып алды. Шишасының аузын бармағымен басқан күйі, танауына тақап тұрып ұзақ иіскеді. Иіскеп отырып «әп-птіш-ш-у-у» деп оқыс түшкіріп қалғанда, асықпай жүріп келе жатқан есек бірден атып ала жөнелді. Көктембай да селк етіп бұрыла берем деп, арбадан құлап қала жаздады. Арбаның салдырына қосыла Жөкең кеңк-кеңк күліп алды.
Күйік аралға келген соң Жөкең есегін арбадан шыға- рып, арқандады. Күн қатты ысып кеткендіктен өзі көйлек, ыстан, етігінен өзгесін тегіс шешіп тастап, қолына шалғы- орағын алды. Бұл араның мия аралас қамысы жылда бітік өсетін. Биылдыққа арнайы кеп соқпаса да, ауа райына қарап, Жөкең «шөп жаман болмаса керек» деп бажайлап жүретін. Шалдың жорамалы теріс болмапты. Шөп биыл да ығып қалыпты. Талтайып тұра қалып, шалғы-орағын биіктігі ышқырлыққа ілігетін бітік шөпке сар-р, сар-р еткізіп салып жібергенде, шал өз қарқынына өзі риза боп қалды.
«Әлі де қайратым бар екен ғой, шүкір», – деп іштей, лезде ойдым-ойдым болып ашылып қалып жатқан жерге бір-екі рет күлімсірей қарап қойды.
Жөкең жасында қарулы еді. Ол шөп те орған. Егіс те еккен.
Шал соғыстан бұрынғы жаздарды есіне алды. Мына шойын жолдың аржағында созылып жатқан кең жазыққа егіс егетін. Жаңа отау құрған кездері. Онда Әлима да жас еді. Уыздай келіншек. Сонда түс-кеш деген жоқ еді- ау. Күн ұзақ кетпен шауып, үйлеріне жатар орынға әзер келуші еді.
- Ой-хой, шіркін-ай! – Жөкең тершіп келе жатқан маң- дайын ақ көйлегінің жеңімен сүрте бере күрсініп салды.
Енді, міне, қартайды. Әншейін үй орнындай жердің шөбін жусатқанға қиратып бара жатқандай қуанады. Шүкіршілік етеді. Қазір бір шай ішім уақыт қимылдаған соң-ақ қалжырап қалатынын ұмытқандай. «Иә, ондағы қажыр-қайрат қайдан болсын? Бәрі де жоқ. Адыра қалды. Ондағы Әлимасы да жоқ қазір. Қаңқиып жалғыз өзі қалды. Бала да кетті. Осы қауқарсыз күш-жігері сарқылған қалі ғана». Осы бір ойлар шалды қапаландырып жібергендей де болды. Өз-өзіне ызаланып кеткендей, шалғы-орағын бұрынғыдан да қызу қарқынмен оңды-солды өршелене сермей берді.
Түс кезінде жиденің көлеңкесінде отырып шай ішті. Термоспен әкелген шайды Жөкең кәдімгі төр алдында отырғандай молдасоқынып, терлеп-тепшіп ішті. Ақ көйлегі терменен денесіне жабысып қалыпты. Бірақ жүзінде шаршау белгісі жоқ. Қайта өз-өзіне риза боп жазылып отыр. Күнге күйген жүзі алабұртып, анда-санда мұрнын бір тартып қойып, етпеттеп жатқан күйі нан жеп жатқан Көктембайға жымиып қарап қояды.
- Шаршап қалдың ба, балам?
Көктембай аударылып түсіп, атасына таяу жатты.
- Шаршаған жоқпын. Өзің ше? – Бала атасының тарамыс қолын сипады. Нан шайнағанда шошаң-шошаң ететін сақалына қызықтай қарап біраз жатты. Шайға қанайын деген соң, Жөкең тіпті көңілденіп кетті. Бала- сының күнмен қарайып кеткен мойнынан, арқасынан си- пап: «Бәрекелде, міні, азамат деген. Атасымен бірге шөп орып жүр. Ал әлгі Шеген мен Жорабай деген мұрынбоқтар
ауылда топыраққа аунап жатыр», – деп кеңк-кеңк күліп алды. Жөкең әкелген ыдыстарын жиыстырып, дорбасына салып жатқанда, Көктембай шыдамсыздана: «Ата, кейін де келеміз бе?» – деп сұрап қойды.
- Келеміз, келеміз.
Шайдан кейін де біраз демалып, Жөкең кешке дейін тағы да орақ орды. Орған шөптерін баулады да, есек арбасына толтыра шөп артып, есекке Көктембайды отырғызды.
Ауыл мен екі араның жолы жайсыз. Жөкең дөңгелегі тоқылдап, шиқылдап баяу жылжып келе жатқан арбаның соңынан шалғы-орағын иығына асынған күйі бір қолына умаждай ұстаған костюмімен бетін, мойнын сүртіп алды.
Ақ есек жай жүріп келеді. Осы қалпына қарап шал
«арбаға шөпті көптеу тиеп жібердім бе» деп ойлады.
Ол талай жылдан бері шөп тасиды. Бәрін де осы ақ есекпен тасиды. Енесіне тартып ақ есек те қарулы болды. Жөкең арбаға қанша бау тиесе де, сыр берген кезі болған емес. Бірақ соңғы жылдары шал оны көп жұмсамайтын болды. Зәуіде бірдеңе таситын боп қалса да аз тиейді. Шал ақ есектің қартайғанын ол сыр бермесе де сезеді. Жаны- мен сезеді. Себебі өзі де қартайды ғой. Таяқ тастам жердегі ырғаңдап бара жатқан қос дөңгелектің арасынан біріне-бірі ілесе көтерілген есектің батпақ-батпақ тұяқтары көрінеді.
Шал күрсініп салды... Мұның да қартайғаны. Алда, жануар-ай...
Арбаның дөңгелегі шиқ-шиқ етіп барып тоқтап қалды. Біраз жер қалып қойған Жөкең қаттырақ жүре бастады. Көктембайдың ықылаған дауысы естіледі. Екі аяғын теп- сініп, қолындағы жыңғыл таяқпен жон арқасын ұрғыштап қояды. Болар емес. Ескі арықтың орны екен... Есек ыш- қына тартып, арбаны орнынан бір-екі қозғады да, қайтып тұрып қалды.
- Ата-ау, жүрмейді, – деді Көктембай ызаланған дауыспен. Шал қолындағы костюмі мен шалғысын жерге тастады. Есегінің тарта алмай тұрғанын сезіп тұр. Өзі әбден терге малшынып, құлағы салбырап кетіпті. Шал алақанымен ақырын ғана жалынан, құлағының асты-
нан сипады. «Шаршадың ба, жануарым, шаршадың ба? Қартайдың ғой. Солай... Қартайғаның да...»
Ақ есек өзін кінәлі сезінгендей салбырап тұр. «Өзім де көп артыппын, – деп шал өзін-өзі кінәлап қойды. – Бүгіннен кейін күн құрып қалғандай. О, тәңірі, дүниешілік, итшілік деген-ай... Адам баласы мынауың көп қой деп айтар еді. Бұл не десін енді. Есек қой». Жөкең Көктембайға: «Ал қане, айда», – дей сала, өзі арбаның қауынан итере бас- тады. Бар күшін сала итерді. Ақ есек барын салды-ау, сірә... Арбаның дөңгелегі сықыр-сықыр етіп бір орнында аз уақыт тұрды да, ақырындап жылжып кетті. Тершіген маңдайын көйлегінің етегімен сүрте Жөкең шалғысын, костюмін алып, тағы да арбаның соңынан ерді. Топырағы жал-жал боп шөгіп қалған ескі арықтың орнына қарады. Бір кезде осы арықпен күріш суарушы еді. Осы арықты Жөкең де иығына кетпенін салып талай жағалаған. Шы- ғырмен тартылған дарияның суы деген бұрқырап ағып жататын. Шал: «Е-е-ей, тіршілік-ай», – деп күбірлеп қойды. Сол каналдың енді өткен-кеткен есек арбаны аз- кем ұстауға ғана құдіреті жеткен де...
Шалдың ойына соғыс кездеріндегі жаздар түсті...
Осы өңірге алғаш күріш еккен кез. Күріш дегенің ну болып бітіп қалды. Онда қазіргідей заман қайда? Егетін де өздері, оратын да өздері. Таситын да өздері. Осы ақ есектің енесі кереметтей қарулы еді. Осы арадан бес шақырым жердегі Төменарықтың Заготзерносына най екі қап күрішті теңдеп апарғанда былқ етпейтін. Әне, сол кездері есек дегенің қандай қажет еді. Қаруы бар есектер қолдан-қолға тимейтін. Екі адам алты есекпен күріш тасиды. Біреуі – өзі. Екіншісі – Мерекбайдың баласы Жасақ. Онда кіп-кішкентай, құлағынан күн көрінетін сары бала еді. Енді о да үйлі-баранды болып, бір мәгәзінді ұстап отыр. Онда үш есек. Жөкеңде үш есек. Күніне екі қатынайды. Түннің бір уағында өздерінің де, есектердің де сілелері қатып келетін. Жол бойы жатып қалатын әккіс есектерді тұрғызумен, ауып қалған астықты қайта тиеумен-ақ шаршайды. Жасақтың бір көтерем есегі болу- шы еді. Өзінің көтеретіні бір қоржын сұлы.
Үстіндегі астығымен борпылдаған жолдың топырағы- на жатып алып, баланың ызасын келтіретін. Жәкеңнің әлі есінде. Бір жолы күн қапырық ыссы болды. Екеуі алты есекті қатар айдап келе жатқан. Әлгі есегі топырақты борпылдата кешіп келе жатып, бір кезде жатты да қалды. Ал тұрғызып ал. Жасақ қолындағы ұзын шыбықпен бас- тан, жонынан ысылдатып ұрып жатыр. Әке-шешесін, жеті ата-бабасын тергеп боқтап жатыр. Есек тұрар емес. Өзінің есектері де бөгелектеп, жайсыз келе жатқандық- тан, Жөкең оған қарайлай алмады. Жасақ тіпті болмаған соң, «ойбай-ай, ойбай» деп жылаған күйі ақ есектің басын құшақтай беріп, құлағынан тістелесін бір.
Кейіннен осы оқиғаны айтып Жөкеңнің талайды күл- діргені бар. Бірақ дәл сол сәтте күле алған жоқ. Жасақты айналып, толғанып жұбатып, есегін тепкілеп жүріп тұр- ғызып берген. Әне сол кезде есек дегенің кәдімгідей тұлға еді. Жұрт бір-біріне дос болып, тамыр болып қиыла өтініп сұрап алатын. Ал енді ше? Түкке керек емес. О да бір жартылай егесіз зат. Қаласа өрісте жүрген жерінен мініп жүре береді. Солай-й...
Шал шаршағандықтан жай жүрді. «Ақ есек те әбден титықтаған білем, – деп ойлады ол, – ақырын ғана жыл- жып келе жатқан арбаға қарап қойып, – үйге шейін жете алса етті».
Ойлағанындай-ақ арбаның дөңгелегі шиқ-шиқ етіп барып, бір жыңғылдың ескі түбіріне тіреліп тұрып қалды.
Көктембайдың: «Ата-ау, ата-а», – деп асып-сасқан үні естілді. Жөкең қолындағы шалғысын арбаның қауына қыстырды. Костюмін Көктембайға ұстатты. Есектің тұла бойы шылқыған тер болыпты. Жөкең айқастыра тарт- қан арқанды ағытып жіберіп, баулықтарды жерге тастай бастады.
Он бес-он алты бауды тастап болған соң, арқанды қайта тартты. Өзі арбаның қауынан итере беріп, тағы да Көктембайға «айда» деп қойды. Есек бұл жолы арбаны жеңіл тартып кетті.
«Әбден қартайған екен», – деп ойлады шал әлі де арбаның қауынан қолын алмаған күйі.
Ауылға жақындаған сайын жер кедір-бұдыр болған- дықтан әрі есегін тым аяп кеткендіктен, Жөкең әлінше арбаны итерісіп келе жатты. Өзі де шаршап, ентігіп қалды. Қатты шөліркеді. «Осы маған не азап, алжығанда, – деп өзіне-өзі кейіп те қойды. – Ит тіршілік те әйтеуір... Болмаса өзімді қинап, есекті қинап нем бар... Мал... Шөп... Не үшін қажет?.. Кімге керек? Құдай жалғыз баланы да қаңғыр- тып жіберді». Шалдың бойын ыза кернеп кетті. Бала- сын есіне алды. Қандай етіп оқытып еді оны. Кемпірімен екеуі ауыздарынан жырып беріп жүріп... Институт бітірген соң тағы бір үш жылдық оқуға түстім деген хаты келді. Кемпірімен екеуі сарғайып тағы да үш жылдың бітуін күтті.
Үш жыл да бітті. Несін айтасың, «осында жұмысқа қал- дым» деген хабар тағы жетті. Кемпірімен екеуі ренжіген болды. Ренжігеннен не пайда? Арада тағы да уақыт өте берді. Енді, тіпті амандығын білдіріп жазған хатқа да зәру болды. Сөйтіп жүргенде «үйлендім, ақша керек» деген хат келді. Кемпірімен екеуі асып-сасып қалды. Жиған- тергенін түгел сатып, керек дегенін салып жіберді. Жөкең:
«Тойына барамыз ба, қайтеміз?» – деп еді, кемпірі:
«Екеуміз жетектесіп жүріп адасып кетерміз. Ол жақтың ырду-дырдуын бітірген соң өздері де келер», – деді.
Арада тағы бір жыл өтті. Олар келер болмады. Ақы- рында кемпір мен шал екі-үш ауыз сөз жазылған хатқа зар болды.
Сонан соң Жөкеңнің өзі Алматыға барды. Келінін көр- ді. Немерелі болған екен. Иіскеді. Бірақ шал барған кезде баласының да, келінінің де қабағы қатулы болды. Баласы бірдеңесін қорғай алмай құлапты. Сонан соң ашылып сөйлесе де алған жоқ. Үш-төрт күн өтті. Олар тұратын бесінші қатарға шығып-түсу де Жөкеңе оңай болмады. Жол-жөнекей екі-үш дем алады. Балконнан төмен қараса, басы айналады. Айналасының бәрі есік-терезе. Әр жер- ден басы қылтиып жүрген біреу. Жөкең қарайды да қай- ран қалады. «Құдая тоба, жер жетпей қалғандай бәрінің аядай жерге тығылғаны, ә», – дейді... Қайсысының орыс, қайсысының қазақ екенін ажырату қиын. Өз келінінің де таза қазақ екеніне шүбә келтіріп жүрді.
Баласы мен келіні жұмысқа кетеді. Немересін яслиге береді. Жөкең азаннан кешке дейін тізесін құшақтайды да отырады. Іші пысты. «Үш-төрт күннен кейін қайтамын», – деді. Ешқайсысы қайтпа деген жоқ. Келіні телефон соғып, поездың түнде болатынын анықтады. Толасбай поезға шығарып салды. Жөкең күткендей: «Елге барамын немесе сендер келіңдер» дегенді айтқан жоқ. Екеуі де бір-біріне онша жарыла қоймайды. Толасбай да құлап қалып, салы суға кетіп жүрген кезі. Ал Жөкең оған өкпелеген болды.
Сыпайы қоштасып жүріп кетті.
Зымырап тағы бір жыл өтті. Толасбайдың «қорғадым деген хаты келді. «Енді кеп қалар» деп үміттенді. Бірақ келмеді. «Сен шал бәрін бүлдіріп келгенсің. Болмаса неге келмейді. Бездіріп жібердің», – деп марқұм кемпірі құлағының құрт етін жейтін.
Сөйтіп жүргенде ауырып қалды. Ұзақ та жатқан жоқ. Бір айға жетер-жетпес төсек тартып жатты да, мәңгілікке көзін жұмды.
Баласының сол жолы бір келіп кеткені бар. Онда да кемпірінен айрылып, қамкөңіл болып отырған әкесінің мауқын басардай болған жоқ. 2–3 күн болды да, «Мәскеу- ге ұшатын едім», – деп кетіп қалды. Сонан соңғы төбе көрсеткені осы жолғы келуі.
Шал табан жолынан көз алмаған күйі есек арбаның соңынан ілбіп еріп келеді. Есек арбаның бұрынғы тоқылы, шиқылы. Үйге де жақындап қалыпты. Шал қаттырақ жүріп есегімен қабаттаса жүрді. Көктембайдың шәпкесі қисайып кетіпті. Түрінен шаршау белгісі білінеді.
Ақ есек те басы салбыраған күйі, баяу аяңмен келеді. О да ой үстінде келе жатқан сияқты. Бәлкім, тайқарын ойлап келе жатқан шығар, кім білсін... Шал дауыстап:
«Шу, жануарым, шу», – деп қойды. Бірақ дауысы әмірлі емес, аянышты шыққандай. «Қайтсін, бұ да қамкөңіл ғой. Тайқарынан айрылды». Шал күрсінді. Есегінің жалынан сипаған күйі: «Шу-у, жануарым, міне, үйге да жеттік», – деп қойды. Тап бір өзінің мұңдасымен сөйлесіп жатқандай.
Ақ есек басы салбыраған күйі арбаны шірене тартып келеді...
Олар үйге жеткенде қас қарайып, қараңғылық үйіріле бастаған. Есек арбаның тықырлап келіп, мал қораның жанына тоқтағанын үй ішіндегілер түгел сезді. Шәден шұбар орамалмен маңдайының терін сүртіп, ірге жақта жатқан терсіңді құлақшынын қолына ұстады.
«Құдай-ай, терлеп отыр ем. Мыналар да бір жайсыз келді-ау» деп күңкілдей жүріп, костюмін иығына іле, гало- шын тырпылдатып сыртқа шықты. Бұл кезде Көктембай ақ есектің басынан ұстап, Жөкең арбадағы баулаулы шөпті қораның төбесіне лақтырып жатқан.
- Немене жай келгендерің? – деп, Шәден арбаға таяп бере ыңырсып сөз бастап еді, бірақ оған тіл қатқан ешкім болған жоқ. Әбден қалжыраған шал сөйлеуге де ерініп тұрған. Көктембай болса қолына өзінің, атасының киімдерін, шалғы-орақты құшақтап, әрі есектің бас жібінен ұстаған күйі, көкесіне көзінің астымен қарап қойды.
Шәден арбаны айналып, олай-бұлай біраз жүрді. Әке- лінген шөпке көңілі тола қоймады. Жөкеңмен қабаттаса, бір бау шөпті ала беріп: «Азаннан бері орған шөптерің осы-ақ па?» – деп күңкілдеп қойды.
Шал тіл қатқан жоқ. Көктембай арбадан ағыта бергенде, терге малшынған күйі ақ есек денесін сілкініп-сілкініп қойып қораға қарай кетті.
Сол күннен кейін Жөкең сырқаттанып қалды. Асқа да тәбеті болмады. Сыртқа шыға беруге де зауқы жоқ. Шөпке де қайтып бара алмады. Шәден: «Бұл шал үйкүшік болайын деген екен» деп ойлады.
Түс қайтқан кез болатын. Бір топ балалар Сәулебайдың үйінің жанында ойнап отырған. Іштерінде Көктембай мен Жорабай бар. «Ауылға әртістер келіпті» деген хабар балаларға көктен жұлдыз түсіпті дегендей естілді.
- Шөпшілерге келіпті. Өзгелерге ақшамен қояды екен,
– деді ересектеу, шашы құлағына түсіп кеткен қара бала.
– Кинодан қымбат, – деп оған қосарлана кетті хабарды ала келген саржалақ. Бәрі де үйді-үйлеріне жүгірісті. Көктем- бай мен Жорабай да үйге қарай қабаттаса жүгіріп келеді.
Ауылға артистердің бірінші рет келуі. Бұрын жылына бір рет кино әзер келетін.
Маңдайының терін шаң басқан алақанымен айғыздап жіберіп, Жорабай ентіге сөйледі:
- Көкем ақша берсе болғаны ғой.
- Қайдам... Бәрі бір маған атам береді. Жорабай Көктембайға бұртия қарап қойды.
- Бәрібір көрем.
Олар шөпшілер жататын үйдің жанынан өтіп бара жатып, үсті жабық машинаны қоршап тұрған көп адам- дарды көрді.
Бұл кезде колхоз председателімен ойын көрсетуге келген артистердің жетекшісі келісе алмай айқайла- сып жатқан. Плащының шаңын да қақпаған мұртты кісі:
«Адамың аз. Біз қайтамыз», – дейді. Председатель ыр- сылдап әзер сөйлеп тұр.
- Жо-жоқ. Қарағым... Қарақтарым, мұнда мал азығының берік қорын жасау үшін, яғни бір жарым жылдық қорын жасау үшін айқасып жатқан, күн-түн демей еңбек етіп жатқан майталман жандар – механизаторлар, шөпшілер, тырмашылар... ие-е... Қалай еді... Солар бар. Біз ауданға доложить етеміз. Қалайынша бұлайынша... Сіздер пьеса қоймай... Жо-жоқ. Қарағым, қарақтарым...
Басына газет қалпақ киген шөпшілердің бригадирі де председательді қостап қойды.
- Иә, бұл өзі қалай. Біз Сәкеңді қостаймыз. Доложить етеміз. – Бригадирді қостап шөпшілер де шуласты. Олар тағы бір ауық айқайласып барып, ақыры келісті. Артистер ойын көрсететін болды.
Екі бала ыстық топырақты борпылдата кешіп, үйге қарай жүгірді. Жорабай есіктің алдында жүрген Келес пен Шолпанды көре сала: «Әртіс-стер-рр», – деп анадайдан ентіге айқай салды.
- Әртістер келіп шөпшілерге ойын қояйын деп жатыр.
- Сә-Сәулебайдың үйінің жанында, – деп Жорабай қосымшалап қойды. Шолпан аузын ашып, аңырып қалды. Келес нан көміп жүрген апасына жүгірді.
- Әртістер кепті дейді, апа...
- Не дейді, әй, қандай әртістер ол біздің ауылға ада- сып келіп жүрген? Көкелеріңе айтыңдар.
Бұл кезде Шәден иығына кетпенін салып бақшада жүрген. Балалар бірін-бірі қуа шулап, солай қарай жүгір- ді. Келестің «әртіс кепті, көке», – дегеніне Шәден онша мән бере қойған жоқ. Құлақ арықты бітеген балшықты кетпенімен ысырып сыртқа шығарып жатқан күйі: «Е-е, қаңғырған неғылған әртістер түге», – деді де қойды. Балалар шуылдап, кезек-кезек естігендерін айтып жатыр.
Шәден бәрін де жүре тыңдады. Тек Көктембай «елу тиыннан билет береді екен» дегенде барып, «не дейт» деп шошып кетті.
- Иттің удайын қара. Оны көргенше үйде отырсам қайтеді. Бас-басыңа елу тиын тауып беретін мені міністір деп пе едіңдер? Әйда, шулаған немелер.
Балалар үнсіз қалды.
Сәулебайдың үйінің сыртына тау-тастың суреті бар үлкен мата тұтылды. Оның бетіне шымылдық құрылды. Күндіз председательмен ұрсатын мұртты кісі заттарын түгелдеп, әркіммен қызу-қызу сөйлесіп, асып-сасып жүр.
«Еңлік – Кебекті» қояды екен деген хабар тарап кетті. Балалар «Еңлік – Кебектің» не екенін түсінген жоқ. Тағы да үйге қарай жүгірісті. «Қаңғырған немелер» деп Шәден әртістерді кінәлап жүр.
- Солар не пәтуәлі нәрсе көрсетер дейсің, жұртты алдап, ақша алу. – Балалары қаумалап қоймаған соң, қалталарын қаққыштап жүріп, бір сомдық қағаз ақша мен сылдыратып қара бақырларды шығарды.
- Әй, Келестің көкесі-ау, өзіміз бармаймыз ба? Айында- жылында келетін бір әртіске, – деп, Салжан да барғысы келген ыңғай танытып еді, Шәден кейіп тастады.
- Саған не жоқ сиырдай боп. Ақша жоқта, балалардан зорға құтылып тұрсам. Бұныкі не екен желігіп.
- Құдай-ау, жетпей қал. Сен байғұс дүниеден ақыры жетпей өтерсің.
- Тарт деймін тіліңді! – Шәденнің көздері шатынап кетті.
– Әртіс деген сайтан. Саған ол неге керек. Шалдың жүрісі анау, қисаңдап. Шайы бар, суы бар дегендей.
Бұл кезде Жөкең есіктің алдында отырған. Шәден
«Шалдың жүрісі анау, қисаңдап» дегенді ерекше екпінмен айтып, онысын тауып айттым-ау дегендей масаттанып қалған.
Осылай улап-шулап жүргенде, несін айтасың, ауылға түгел тегін қоятын болыпты. Ақшаны колхоз төлейді-міс деген хабар жетті. Балалар қуанып қалды. Асыға-үсіге киініп, бірін-бірі жетелей Сәулебайдың үйіне қарай тартты. Шәден бұл жолы үндеген жоқ.
- Әлгі теңгеңді қалтаңнан түсіріп аларсың, – деп бер- ген ақшасын Келестен қайтып алды. Балалар ойын бас- талардан бір сағат бұрын жиналды. Бір-біріне әртістер дегеннің кімдер екенін түсіндірген болды. Құрулы тұрған тау-тастың суретін қызықтады.
- Үйдің маңын шаңдаттыңдар, жүгермектер, – деген Сәулебайдың айқайын да тыңдаған жоқ. Спектакль бас- талғанша шуласты да жатты.
Ымырт үйірілді. Шөпшілер келіп қостан тамақ ішті. Сонан соң олар да екеу-үшеуден Сәулебайдың үйінің жанына келе бастады. Ауылдың адамдары да жиналды. Жанында Салжанды ертіп, жаңа жүріп жүрген Қазтайды көтеріп Шәден де келді. Бұл кезде Көктембай, Жорабай, Шеген, Келес, Шолпандар үйден әкелген көне текемет- тің бір бөлігін төсеп, көп балалардың ортасында ұйлығы- сып отырған.
Шәденнің келгенін алдымен көрген Жорабай Көктем- байдың иығынан түрткіледі.
- Қарашы, көкем де келіпті.
Көктембай бұрылып қарады. Ол көкесін келеді деп ойлаған жоқ-ты. Шәденнің жүзі әлгіндегідей емес, жарқын. Тіпті «отырсыңдар ма, шырақтарым», – деп жылы ұшы- рап қарап қойды.
Ойын басталмас бұрын ортаға председательмен ұры- сып қалған мұртты кісі шықты. Ол біраз сөйледі. Жұрт қол соқты. Сонан соң председатель шықты. Ол әуелі шөпшілерге біраз ұрсып алып, «алдағы уақытта шөп ору қыза түссін» деп сөзін аяқтады. Жұрт оған да қол соқты.
Ақыры шымылдық та ашылды. Тау-тастың арасынан
«шек-шек, кебенек» деп басына ескі бөрік киген біреу
шыға келді. Балалар ду күлді. Үлкендер де күлді. «Көріп отырсың ба?» дегендей, Жорабай Көктембайға көңілдене қарап, иегімен сахнаны нұсқап қойды.
Алғашқыда Көктембай көзін жыпылықтатып, аң-таң күйде таңырқай қарап отырды. Оған әлгі адам шынымен тау-тастың арасынан шыққандай сезілді. Тау дегенді есті- гені болмаса, көрген емес. Өткен жылы атасы тау жақта қой бағатын туысқандарына ертіп барамын деп жүрген- де, өзі ауырып қалды. Көктембай суреттегі биік шыңға таңырқай қарады. Өзін таудың түбінде отырғандай сезінді. Бір кезде шыңның басына қараймын деп, Сәулебайдың үйінің төбесінде жататын шаңырақты көргенде барып, қарсы алдында ілулі тұрған сурет екенін есіне алды. Еңлік пен Кебектің кездесуі қызықтырды. Екеуінің де киімдері жарасымды. Өздері де қандай сұлу.
- Уа, шіркін, міні қыз бен жігіт, тәйірі, қазіргілерде не пәтуа бар. – Көктембайдың арт жағында отырған шанамен шөп таситын қарт тракторист даурыға айқайлап, қолымен құлақшынының төбесін бір басып қойды.
«Қилыбайлар неге өстіп жүрмейді екен?» деп ойлады Көктембай. «Несін айтасың, Сәулебайдың баласы пәлен жерден келіншек әкелейін деп жатыр екен» дейді. Соңынан дым да жоқ. Сосын жүріп тағы да «Ойбай, алайын деп жүрген қызы біреуге қашып кетіпті», болмаса «Қыз айнып қалыпты» дейді.
Ауылдағылардың құлағы да үйреніп қалды. Алғашқы кезде балалар да «келіншек келеді, той болады» деп дуылдасып қалушы еді. Енді олар да селт етпейді.
Өткен жылы сол Қилыбайдың қарындасы Сәлима ұза- тылды. Көктембай әлі ұмытқан жоқ. Әуелгіде қызға құда болып еретіндігіне Шәден де қуанып жүрді. «Біздің Сәукең береке дарыған. Біздің Сәукең теңдесі жоқ кісі ғой», – деп күнде мақтайды. Салжан екеуі отырып құдалардың әкелетін тоғыздарын айтып, таңдай қағады. Күйеу баланы мақтайды. «Өзі реңді, текті жерден шыққан екен. Біздің Сәлимажан да, несін айтасың, сылқым ғой», – дейді. Ақыры той болды. Күйеулер келді. Тойға апаратын малды таңдау кезінде Салжан мен Шәден ұрысып қалды. Шәден
бір аяғынан ақсап жүрген шыбышты апара салмақ болды.
«Ойбай-ау, өзің сабаудай құда болып қыздың соңынан ерейін деп отырсың. Қара жетелеп баратын жөнің бар ғой», – деп Салжан шықты. Ақыры қой апаратын болып келісті. Қойды Шәден жетеледі. Көктембай мен Жорабай айдады. Онда Келес пен Шолпан оқуда болатын. Салжан су жаңа ақ жаулығын дағарадай етіп тартып алып, алға түсті. Бәрі тойға келді. Балалар да көп жиналды. Қызық, көңілді болды. Асық ойнады. Шашу теріп жеді. Тіпті Көктембайдың үйге қайтқысы да келмеді.
Бірақ ойламаған жерден, алғашқыда жарқылдап қыз- мет етіп жүрген Шәден кешкісін тас-талқан болып ашулан- басы бар ма. Балаларын шақырып ап: «Киініңдер, кетеміз. Әтесіне нәлет мұндай тойдың», – деді. Қыздың соңы- нан еретіндер көбейіп кеткендіктен, Шәден бармайтын болыпты. Салжанның да қабағы түсіп кетіпті. Бәрі үйіне қайтты. Көктембай мен Жорабай қызықты қимаса да, амалсыз апасы мен көкесінің соңынан ерді. Жол-жөнекей Шәден бұрқылдап ашуланумен болды.
- Әтесінәлет, бүйтіп қыз ұзатып, той қылғандарының... Осы сен «қой жетелеп бармасаң, сәніміз болмайды» деп құлағымның құрт етін жеген.
Салжанда бұрынғыдай екпін жоқ.
- Есіз қалғыр, кім біліпті бүйтіп тірліктерінің береке- сіз болатынын, – дейді күңкілдеп. Үйге келген соң да екеуі Сәулебайдың тойын сөз етумен болды. Шәден Сәулебайды «Ақымақ, алжыған шал» деді. Салжан да қостады, күйеу баласының да, құдасының да пошым- дары келмеген біреу екенін айтты.
Көктембай олардың сөзін үнсіз тыңдап, пештің жанын- да отырды. Ол кімдікінің дұрыс, кімдікінің бұрыс екенін білген жоқ. Әйтеуір тойға қайтып барғысы келді. Балалар- мен қайта ойнауды ойлады. Апасы мен көкесінің енді ол тойға қайтып бармайтындарын сезгендіктен, олар сыртқа шығып кеткенде, Жорабайдан да жасырынып, Сәулебайдың үйіне қарай тартты.
Сол күні бұлтсыз айлы түн болды. Балалар түннің бір уағына дейін Сәулебайдың үйінің жанында тығылыспақ
ойнады. «Қыз аттанатын болды» дегенді естігенде ба- рып, бұлар көппен бірге есіктің алдында топырласты. Екі қолтығынан екі әйел ұстаған Сәлима үйден сыңсып жылап шықты. Шешесі мен Сәулебай да қосыла жылады. Үйдің сырт жағында Қилыбай да қорқылдап тұрды. Кемпірлер түгел жылады. Сонан соң тележке тіркеген
«Белорусь» тракторы күркілдеп кеп, есіктің алдына тұра қалды. Почташы Мерекбай қолын көтеріп: «Қойыңдар енді! Уа, Сәуке, болды енді», – деп жұртқа басу айтқан болды. Сонан соң Сәлиманы екі әйел сүйеген күйі апарып
«Белорустың» кабинасына отырғызды. Құдағилар мен құдалар тележкаға отырды.
Бір етігінің қонышын қайырып, бір етігінің қонышын қайырмаған мыртиған қара жігіт, кабинаға секіріп мініп, жұрттың айқай-шуына қарамай, тракторды жылжыта бастады. Түн сүттей жарық еді. Сондықтан да бәрі анық көрінді, – кімнің қалай жылағаны, не істегені... Бір әйел Сәлиманың шешесінің қолтығынан сүйеп, өзі де жылап жүріп, көйлегінің етегіне сүрініп бір аунап тұрды. Трактор күркілдеген күйі алысқа ұзап кетті.
Көктембай үйге балалармен бірге түн ортасында қайтты. «Сен болмасаң Сәулебайдың тойы тарамас, сірә», – деп көкесі біраз ұрсып алды. Бірақ оның ұрысын елеген Көктембай жоқ.
Сәлиманың күйеуге кетуі балаға ұмытылмас әсер қал- дырды. Сәлима да Еңлік сияқты сұлу еді. Бірақ күйеуінің қандай екенін көре алған жоқ. Есенді Көктембай ұнатпады. Оны өзінше Шодырға ұқсатты. Ал Абыз шал Көктембай- ға бірден ұнады. Оның түрі де, сөзі де атасына ұқсайтын секілді. Өзінің атасы сияқты ақылды, мейірімді көрін- ді. Атасының шалдардың ортасында отырып, кей-кей- дегі мақалдап сөйлеп кеткендегі екпіні, тіпті сөйлегенде сақалының шошаңдап кететіні – бәрі-бәрі Абызға ұқсас. Көктембай отырған жерінен ысырылыңқырап, сахнаға таяп отырды. Абызды анығырақ көргісі келді.
Алақанын жайып Кебекке бата беріп тұрған кезде
«ата» деп ақырын дауыстағысы да келді. Бірақ үндеген жоқ. Атасының үйде қалғанын есіне алды. Ауырып қалма-
ғанда келетін еді. «Шақырып келсем бе екен?» деп те ойлады. Мазасызданған күйде жанындағыларға қарады.
Шеген ұйықтап қалыпты. Жорабай арқасын Келеске сүйеген күйі бақырайып қарап отыр.
Еңлік пен Кебектің өліміне отырғандардың бәрі де күйзелді. «Алда, боздақтар-ай» деп, әлгіндегі қарт трак- торист тағы да дауыстап қойды. Көктембай бұрылып қарап еді. Орамалымен көзін сүртіп отыр екен. Салжан да жаулығының ұшын қолына ұстап тұр. Көктембай тағы да Сәлиманы есіне алды. «Тележкамен кетсе де, олардікі жақсы екен» деп ойлады. Еңлік пен Кебектің не үшін өлгеніне ол онша түсіне алған жоқ. Тек жұрттың айтуымен ғана біліп отырды. Сонан соң Көктембайдың көзіне де ұйқы тығыла бастады. Одан әрі қандай оқиғалар болғанын анық білмейді. Көзін бір ашып, бір жұмып қалғып кетіп, қайта оянып отырды.
Ойын аяқталды. Бірін-бірі қағып-соғып, жұрт орында- рынан түрегелді. Бір-екі бала топыраққа аунаған күйі ұйықтап қалыпты. Біреулер көздерін уқалап тұр. Аһылап- үһілеп, күрсініп жүргендер бар. Шәден: «Алда иттер-ай, ұйықтап қалғансыңдар ма?» – деп Шолпанды жұлқып оя- тып, Шеген ұйқысын аша алмаған соң, былқ-сылқ еткізіп арқасына салып алды. Бәрі тізіліп үйлеріне қайтты. Шәден күңкілдеп сөйлеп келеді.
- Бұл иттердің әртіс көрген несін алған.
- Әй, тегін көрді, сенің нең шығын болды.
- Ой, шіркін-ай, қарық қылды. Шетінен қалғып-мүлгіп...
- Алда боздақтар-ай, әлгілерді айтсайшы! Өлтіріп тастады ғой! – Салжан кәдімгідей мұңая сөйледі.
- Кімді айтасың? – Алда келе жатқан Шәден Салжанға бұрылып қарады.
- Әлгі қыз бен жігітті айтам.
- Ей, әртіс деген не істемейді. Мен шынымен өліп қалған шығар десем. Артынан екеуі де ыржиып жұртқа сәлем беріп тұр ғой.
Жөкең әлі ұйықтаған жоқ екен. Үнемі Көктембайды ғана жанына алып жататын шал соңғы кезде Шегенді көбірек икемдеп жүр.
Сол әдетімен тағы да: «Әлгі Шеген ұйықтамай келді ме?» – деп көйлек-дамбалшаң орнынан түрегелді. Шеген- нің былқ-сылқ еткен денесін көтеріп алды.
Бәрі де төсек салып жата бастады. Көктембай да ата- сының жанына жатты. Бірақ бірден ұйықтай алмады. Тағы да Абызды есіне алды. Ол туралы атасына қызық-қызық етіп айтып бергісі келді. Ақыры шыдай алмай, кішкене алақанымен атасының сақалынан, бетінен сипап жатып:
- Ата, сенен айнымайтын шал бар екен, – деді.
- Қайда?
- Әртісте.
- Тап мына мен сияқты ма?
- Сендей, ата деймін...
- Құдай тоба... – Жөкең күліп алды.
- Мына мен сияқты болса, әртісің де қиын болмады ғой. – Көктембай тағы да бірдеңелер айтып, атасына бә- рін де түсіндіргісі келді. Ақыры не айтарын ойлап жатып, мұрны пысылдаған күйі ұйықтап кетті. Сәлден кейін
«ақымақ неме» деп, Жөкең орнынан түрегеліп, оның ашық қалған денесін көрпемен қымтады. «Сен сияқты әртіс шал көрдім» дейді. Мен сияқты болса – әртіс бола ма, ақымағым...
Өз-өзінен Жөкең қараңғы үйде кеңк-кеңк күліп алып, екі немересінің ортасында маужырап ұйықтап кетті.
Таңертең Көктембай Сәулебайдың үйінің маңынан бұзау қарап жүріп председательмен ұрысатын мұрттыны және тағы бір ұзын бойлы жігітті көрді. Екеуі де сөйлес- кен күйі Көктембайдың жанынан өтіп бара жатты. Ұзын жігіттің түр-тұлғасы, әсіресе сөйлеген сөзі таныс сияқты. Көктембай қолындағы жыңғыл таяғын сүйреткен күйі, ілесе жүріп, әлгі жігіттің бас-аяғын шолып шықты. Қайда көріп еді... Көзін жыпылықтатып аз-кем ойланған болды. Есіне түсті. Түндегі шал болып ойнаған жігіт. Сол-л...
Көктембай бұрынғыдан да көрі жүгіре басып, жігітке ілесе жүрді. Баланың басында атасының ескі көк тақиясы бар-ды. Шалбарының ұзындығы тізесінен сәл ғана төмен түседі. Әлденеге күле сөйлеп келе жатқан жігіт соңынан ілесіп келе жатқан баланы көріп, сәл күлімсіреген қалпы
бұрыла беріп, баланың басынан сипады. Қалың қабағы- ның астындағы үлкен қара көздері де күлімдеп тұр.
- Дәл өзі. Кешегі шал... Қилыбайлардан сәл-ақ үлкен екен ғой.
Көктембай да оған аузын аша, ыржия қарады.
- Атың кім?
- Көктембай...
- Кімнің баласысың? – Жігіт жалпақ алақанымен арқасынан сипағанда, Көктембайда ес қалмады. Бір шекесіне қисая берген тақиясын түзеп:
- Ш-шәден-н... Жо-о-жо-қ... Атам-м, – деп асып- сасып қалды.
- Шәденің кім?
- Көкем ғой.
Жігіт Көктембайдың кішкене мұрнын қысып қойды.
- Нешінші оқисың?
- Оқуға барғаным жоқ. Көкем жібермейді. – Көктембай оған өзінің мұңын шаққандай, жабырқай қарап қойды. Мұртты кісі бұл екеуінің әңгімесіне араласпай, екі-үш қадам алда кетіп бара жатты.
- Оқасы жоқ, балақан... Оқисың... Оқисың... – Баланың көзі жайнап кетті.
- Қашан, осы жазда ма?
- Әрине, осы жазда.
- Ал сосын кім боласың?
- Мен бе, мен-н... – Көктембай тақиясын шекесіне қарай ысырып қойып, жігітке күлімдей қарады.
- Мен әр-тіс болам...
- Молодец! – Жігіт баланың тақиясын төбесінен көтеріп ап, қайта кигізді.
- Атым кім дедің?
- Атым Көктембай...
- Көктембай-й... Тамаша ат. Шамасы көктемде туғансың ғой.
- Иә, «көктемде мал төлдегенде тудың, сосын атыңды Көктембай қойдық» дейді апам. – Көктембай мұрнын бір тартып қойып, жігіттің өзіне созған қолынан ұстады. Енді, тіпті екеуі қол ұстасып келеді.
- Ал сен түнде спектакль көрдің бе?
- Көрдім, сіз шал болдыңыз ғой. Мен со шалды жақсы көрем. – Жігіт қап-қара көздерін төндіріп кеп, баланың бетіне бір сәт үнсіз қарап келе жатты да, маңдайынан сүйіп алды. Көктембай қып-қызыл боп қызарып кетті. Жігіттің сүйген жерін алақанымен сүрте беріп:
- Аға, енді қашан келесіңдер? – деп сұрады.
- Келеміз... Сөзсіз келеміз.
- Осы ауылға ма? Қашан? Келер жазда ма?
- Иә, айналайын, осы ауылға келер жазда тағы да келеміз.
Көктембай ойланып қалды. Келер жаз дегені ұзақтау көрінді.
- Қыста келмейсіздер ме?
Жігіт Көктембайдың маңдайынан сипады.
- Біз асығыспыз. Жүргелі жатырмыз. Хош-ш!
Жігіт жүгіре басып, әлгі мұртты кісінің соңынан кетті. Көктембай оның мұртты кісіге қалай жеткенін, сонан соң оған бірдеңелерді айтып келгенін көріп тұрды. Тіпті қолымен мұртты кісіге Көктембайды нұсқап көрсетіп те қойды.
Олар Сәулебайдың үйіне кіріп кеткен соң да, Көк- тембай біраз күтті. «Тез арада шығар» деп ойлап еді. Бірақ олар шыға қоймаған соң, жыңғыл шыбығын иығына салып, бұзауын іздеп кетті. Түске таяған кезде барып ол артистер мінген машинаның үйдің жанынан өткенін көрді. Бірақ көп адамның ортасынан өзі білетін сары жігітті көре алмады. Сонда да көп баламен бірге машина жандарынан өткенде айқайлап қолын көтерді, мүмкін, ол жігіт өзін көрген шығар...
Сол күннен бастап балалар үй ішінде әртіс боп ойнау- ды қолға алды. Бұрында да бірі – апа, бірі – әке, бала боп, үйшік-үйшік ойнайтындары бар-ды. Олар енді «шын» әртіс боп ойнамақ болды. Әуелі «Еңлік – Кебекті» қолға алды.
Келес пен Шолпан «Еңлік – Кебек», Көктембай Абыз болды. Жорабай Жапал болуға қарсылық етпеді. Шегенді әртіс болуға «жарамсыз» деп ұйғарысты. Бірақ бұл ойынның сәті болмады. Өйткені ойынға тағы біраз әртіс-
тер керек болды. Сонан соң Жорабайдың «шек-әй, шек» дегенінен басқа бір-бірлеріне не деуді де білмеді.
- Енді Толасбай көкем боп, ойнайықшы, – деді Көк- тембай. Бұл «Еңлік – Кебектен» көрі оңайлау соқты. Келес көйлегінің ішіне бесіктің жастығын тығып алып, сыртынан Шәденнің жуан белдігін тақты. Бұл оның То- ласбай болғаны. Көктембай атасы болуды қалады. Бар болғаны басына тымақ киді. Беліне белбеу тағып, сәл-пәл еңкейіп жүретін болды. Шолпан Файруза боламын деп – қызыл қаламмен ернін шиедей қызартты. «Мені ойынға қоспайсыңдар» деп өкпелеген соң, Жорабайға Шәден болу тапсырылды. О да Шәденге ұқсап бақты. Шеген өз ролін өзі ойнап, Келес пен Шолпанның жанына ерді.
Келес пен Шолпан – Толасбай мен Файруза болып Шегенді ертіп сыртқы есіктен кіреді. Оларды Көктембай қарсы алады. Айналып-толғанып бәрінің беттерінен сүйе- ді. Жорабай сүйіспейді.
Ол Шәденге ұсап жай: «Аман-есен жүрсіздер ме, шырақтарым?» – дейді. Толасбайдың ғана қолын алады. Саусағымен Шегенді нұсқап: «Мына неме де адам боп қапты ғой», – дейді.
Бұл ойын өздеріне ұнағандықтан, әлденеше қайта- ланды. Екі-үш күнге дейін жалғасты. Сонан соң қызыл қалам жөнінде ептеген дау болып қалды. «Ұшын құрт- тың» деп Келес қарындашын Шолпанның ерін бояуына бермей қойды.
Оның есебіне ойынға тағы бір «жаңа спектакль» қабыл- данды. Қилыбайдың өткен жаздағы Алматыға барып, оқуға түсе алмай қайтып келгенін ойнамақшы болды.
Келес – Сәулебай, Шолпан – Қилыбайдың шешесі, Жорабай – Қилыбай, Көктембай – Қилыбайды құлатып жіберген мұғалім болды.
Ауызғы бөлмеде: «Алла-ай, Қилыбайжан оқуға түсіп келсе болғаны ғой» деп «Сәулебай» мен «кемпірі» отыра- ды. Ішкі бөлмеде Көктембай көзіне Шәденнің шаң-желге киетін үлкен көз әйнегін киіп отырады. Ол – «прәпесер».
Қолына екі-үш кітап ұстап, ішкі бөлмеге «Қилыбай» кіреді. Кітабын ашып күбір-күбір оқыған болады. Көктем-
бай үндемей отыра береді. Оқиды, оқиды да, өзінен-өзі Қилыбай гүрс етіп текеметтің үстіне құлай кетеді. Бұл оның оқуға түсе алмай «құлағаны». Сонан соң орнынан атып тұрып, ауызғы бөлмеге шығады. Жай кетпейді. Қисаңдап мас болып кетеді. Өткен жазда Қилыбайдың құлап қайтқанда ауылға мас болып келгенін бәрі де біледі. Алдынан ауызғы бөлмеден айналып-толғанып әкесі мен шешесі шығады.
«Ордина, модрина, шодрина», – дейді «Қилыбай». Бұл орысшалағаны. Сосын «Сәулебай»: «Ойбай, кемпір, мынау не деп тұр?» – деп сасқалақтап қалады.
- Қайдан білейін, шал-ау, менен көрі қайта өзіңнің нан сұрап жейтіндей бірдеңең бар еді ғой, – дейді шешесі.
«Қилыбай» қисалаңдап тұрып, ашуланып: «Кадрина»,
- дейді. Бұл «құлап қалдым» дегені. «Шешесі» бай-байға басады.
- Ойбай, шүкірім, оңбай құлапты ғой. Құдая, Алматысы құрысын. Сүзектен тұрғандай боп өзі азып кетіпті.
«Әкесі» де бай-байға басады.
- Құдай-ау шейін... Оқымасаң оқымай кет. Жаман әкең арба айдап-ақ адам болған. Әлгі Жөкеңнің прәпесер баласының пайдасы тимеді ме. Тимесе тимесін. Көз алдымда қараңдап жүрсең болғаны. Қайта арақ ішкізіп, әтәңәлет Алматың бұзып жіберіпті ғой баламды.
«Әкесі» қолынан ұстайды. «Шешесі» шешіндіреді. Ше- шіндіріп жүріп «шешесі»: «Құлаған деген оңай ма, күйікпен ішкен ғой», – дейді. «Әкесі» де қостайды. «Е-е, енді мұн- дайда ішпегенде, қайда ішеді?» – дейді. Сонан соң екеуі жабылып жүріп «құлап келген баласын» ұйықтатады.
Ұйықтап тұра сап Жорабай ойынды қайта бастап кетеді. Осындай ойын үстінде, оқудан құлаған болып, текеметтің үстіне шаншылып құлаған кезде, текеметтің астына жасырып қойған атасының тасқайрағы шекесіне дәл тиіп, ойын сәтсіздікке ұшырады.
Ауызғы үйге Жорабай мас болып шығудың орнына өкіріп жылап шықты. Бұрынғыдай орысшалаудың орнына ойбайлай берді. «Әкесі» мен «шешесі» не істерін білмей сасып қалды.
Ойын осы оқиғадан кейін уақытша доғарылды.
Арада бір айға жуық уақыт өткенде Толасбай мен Файруза да келді. Бұл жолы көліктің реті болмаған соң, чемодандарын станция кезекшісіне тапсырып, Файруза қолына тек Шегенге алынған киімдер мен алма салынған торды алыпты.
Құдықтың жанындағы үюлі құмға ойнап жатқан бала- лар оларды көре сала, бірінің соңынан бірі тұра жүгірісті. Төрт шақырым жерге жаяу жүру оңайға түспеді. Толас- бай көйлегі мен костюмін шешіп алып, мәйкешең күйінде ырсылдап, Файрузадан біраз кейінде келеді екен. Файруза да терге малшынған. Бірақ оның халі Толасбайдікіндей тым аянышты емес.
Тек қана трусиімен, үсті-басы құм күйінде жеткен Шегенді әуелі Файруза аймалап, құшақтады. Толасбай да құшақтаған болды. Өзі қатты ырсылдап тұрғандықтан, ол Шегенді құшақтаған күйі жолдың жиегіне отыра кетті. Жанына келген Көктембайға костюмін, Жорабайға көй- легін ұстатты.
Файруза да белін таянған күйі түрегеп тұрды, аз-кем тыныстаған болды. Күнге күйген жып-жылтыр мойнында тер тамшылары жылтырайды. Шашын бұрынғыдан көрі күзеп, қысқартыпты. Ол Шегенді көп айналып-толғанды. Денесінің, шашының арасының құмын қақты. Күнге күйген денесін сипап тұрып Толасбайға орысшалап әлденелерді айтып жатты.
Көктембай оның түтіккен жүзінен-ақ әйтеуір баласы жө- нінде бірдеңелерді айтып жатқанын жақсы ұқты. Толас- бай ырсылдаған күйі бет орамалмен быртиған білектерін, мойнының терін сүрткіштеп, әлі желпінумен отыр еді. Ол Файрузаның сөзіне тек бас изеумен жауап берді.
Есік алдында қарсы алған Жөкең, Салжандармен олар салқындау сәлемдесті. Тіпті Жөкеңнің:
- Иә, шырақтарым, аман-сау келдіңдер ме? Біз де қашан келер екен деп, күтумен отыр едік, – деп, қауқалақтай сөйлегеніне, Толасбай жүрдім-бардым ғана жауап берді. Файруза болса үйге кірмей жатып-ақ Салжанға баланы қалай болса солай күткендігін ескертті. Салжан да құрауыз қалған жоқ.
- Қарағым-ау, – деп сөзін сәнмен бастады. – Біз бала күту дегеніңізді білмейміз. Топыраққа, күлге аунап жүріп өзі адам болады. Мына өзіңнің байың да тулақ төсеніп, тымақ жастанып жүріп-ақ өкімет болды ғой.
Файруза үндеген жоқ, балаларға әкелген алмасын таратты. Ең үлкенін әрі қып-қызылын Шегенге ұстатты. Толасбай құдықтың мұздай суына жуынған соң барып едәуір тынығып қалды.
Түскі шай оншалықты көңілді бола қойған жоқ. Толас- бай мен Файруза балаларын ортаға алған күйі, өздерін- ше орысша сөйлесіп отырды. Шегеннің де тіпті Жорабай, Көктембайлармен шаруасы болмай кетті. Мамасының, біресе папасының мойнына асылады. Әншейінде қолға түскен қоянның көжегіндей, көзі баттиып тып-тыныш отыратын бала құтырды да кетті.
Жөкең қайта-қайта жөтеліп отырып, баласына өзінің соңғы кезде сырқаттанып жүргенін айтты. Толасбай де- несін сүлгімен желпіп шынтақтап жатқан күйі: «Емделу керек», – деді. Сонан соң пәтуәлі әңгіме болған жоқ. Шәден жұмыста болатын. Оны сұраған да, жоқтаған да ешкім болған жоқ.
Бұрын Жөкең Шеген мен Көктембайды екі жағына алып жатушы еді. Бұл түні Жөкең мен Көктембай екеуі ғана бірге жатты. Төргі үйден Шегеннің шықылықтап күлгені, орысшалап әлденелерді айтқаны естіледі. Көктембай атасының белінен құшақтап алған күйі ішкі тамнан шыққан Файруза мен Шегеннің дабыр-дүбір сөзіне құлақ түріп жатты. Толасбай жастыққа басы тиісімен-ақ қорылға басқан. Көктембай атасының әлі де ұйықтамай жатқанын білді. Тіпті оның Шегенге өкпелі екенін де байқады. Төсекке жатар кезде күндегі әдетімен Жөкең «Шегентай- ау, Шегентай» деп икемдемек болып еді, Шеген шалдың сөзін құлағына да ілген жоқ. Папасы мен мамасы жата бастаған ішкі бөлмеге жүгірген бойда кіріп кетті. Сонан соң шал: «Алда ит-ай», – деп шапанын бір, шекпенін бір ұстап жүріп, шала шешінген күйі төсегіне қисая кеткен. Көпке дейін ол теріс қарап жатты. Көктембай шалдың бір-екі ауыр күрсінгенін де естіді. Сонан бір аударылып
түсіп, өзіне қарап жатқанда бала атасының сақалының су екенін байқады. Ойына ештеңе алмастан: «Ата, сенің сақалың неге су?» – деп сұрап еді, атасы жауап орнына Көктембайды өзіне қарай тартып қыса құшақтап алды. Сақалын баланың бетіне басқан күйі кемсеңдеп жылады. Бала әуелі атасының жылап жатқандығына сенерін де, сенбесін де білмеді. Бетіне атасының көз жастары тамып, оның бүкіл денесі селкілдеп жатқанын сезгенде барып шын жылап жатқандығына сенгендей болды. Ол енді атам жылап жатыр екен деп ойлады. Осы ойы оның тұла бойын шымырлатып та жіберді.
- Ата, неге жылап жатырсың?
Атасы үндеместен саусақтарымен Көктембайдың маң- дайына түсіп тұратын кекілін сипай бастады.
Көктембайдың да иегі кемсеңдеп кетті.
- Ата, деймін-н... ендеше мен де жылаймын-н. Ол атасын өкпелеткен Шегенді, Толасбай мен Файрузаны – бәрін де жек көріп кетті. Көпке дейін солығын баса алмады. Ақыры өксіп-өксіп жылап ықылық атқан күйі атасының суланған сақалына бетін басып, кішкене қолдарымен белінен құшақтап жатып ұйықтап кетті.
Ертеңіне Толасбайлар қайтуға жиналды. Өздері стан- цияға дейін Қилыбайдың мотоциклімен кететін болды да, шығарып салуға Жөкең есекпен баратын болды. Үй ішіндегілермен қоштасу да көңілдегідей болған жоқ.
«Баламды жөнді күтпедіңдер» деген соң-ақ Салжан да қылтиып қалған.
- Келін шырақ, ауылды көріп алдың, енді келіп тұрасың ғой, – деді де, отын әкелуге қора жаққа қарай кетіп қалды. Жөкең есегін суарып жүрген. Кетушілердің жанында тек қана күйбеңдеп Шәден қалды. Қайта-қайта қайыр-қош айтысып жүріп, Толасбайға «шалдың науқасы дендеп бара жатқан сияқты, зер сап тұру керек, олай-бұлай бола қалса қаржы да керек» дегенді ескертті. Толасбай үнсіз тыңдады. Пәлен деп тіл қатқан жоқ. Осылай тұрғанда арылдап кеп Қилыбайдың мотоциклі тоқтады. Қонақтар мотоциклге жайғасты. Олар ауылдан шығысымен-ақ Жөкең де есегіне ер салды. Ақ есегі көптен бері қора
маңынан шыққан жоқ-ты. Өзі де арып, әбден қу сүйегі қалған. Тіпті қатты итерсең де құлап кетердей. «Алда жануар-ай, – деп күбірледі шал есегінің ноқтасын кигізіп жатып. – Баяғыда жүгендеп мінетін едім, жүгендемесе – көнбеуші едің, бәрі де өтті-ау...» Сонан соң үзеңгіге аяғын сала беріп «ап-па» деп артыла бере, аяғын ердің үстіне жеткізе алмай, жерге қайта түсті. «Айтпақшы ол кезде мен де қарғып мінуші едім-ау...»
Ердің басынан қайта ұстап, қайта жармасып, әзер дегенде ердің үстіне жайғаса бергенде шалдың көзінен жас парлап кетті. Кәрі есек аяғын теңселе басып станцияға қарай жүрді.
Үстінде көзінің жасын сәлденің ұшымен сүртіп, қалт- құлт етіп кәрі шал отыр...
Қайтарда шал есегін жетелеп келді. «Ауырып тұр екен, бекер мініппін», – деп ол іштей өкінумен болды. Есегінің ер-тоқымын сыпырып, ашық қораға кіргізді. Алдына жем- су әкелді. Ештеңені татпастан есек екі күн тұрды. Қарап тұрып денесі дірілдейді. Шал есегінің жанына қайта-қайта келгіштеп жүрді. Онысын Шәден жақтырған жоқ. «О несі екен, тұлпары өлетіндей қиналғаны, – деп қойды бір жолы.
- Одан да тоғайға апарып тастау керек, енді өлмегенде қайтеді?» Шал Шәденге салқын жүзбен қарады да қой- ды. Үшінші күні ақ есек өлді. Қалай өлгенін шалмен бірге қораға ере келген Көктембай да көрді. Жатқан жерінен серең етіп есектің төрт аяғы бірдей аспанға көтерілді де, көзі аударылып, төңкеріліп аз-кем жатып, төрт аяғы қайтадан жерге түсіп, қимылсыз қалды. Қайтып тіршілік белгісі білінген жоқ.
Жөкең екі қолын беліне ұстаған күйі, қимылсыз тек әлсін-әлсін денесі дірілдеп жатқан есегіне қарап ұзақ тұрды. Тұрды-тұрды да, қораның сыртына шығып, есек арбасын қолмен итеріп әкеп ішке кіргізді. Көктембай да шалдың ойын түсіне қойды. Екеулеп есекті арбаның үстіне салды. Шал шұбатылып кеткен белбеуін қайта байлады. Бастырманың төбесінде жатқан кетпенін алды. Көктембай екеуі арбаны итеріп, ауылдың сырт жағындағы бір топ шеңгелге дейін әкелді. Шал белбеуі мен бөркін
алып бір түп шеңгелдің басына ілді, сонан соң алақанына бір түкіріп алып жер қазуға кірісті. Көктембай атасының белбеуі мен бөркі ілінген шеңгелдің түбіне келіп отырды. Ақ есектің өлгені атасына едәуір батқанын бала жақсы сезді. Сондықтан да ол шалдың түйілген қабағына, оның кетпен сілтесіне қарап моп-момақан күйде отырды. Ауырып жүргендігіне қарамастан, атасының мынадай қызу қарқынмен жұмыс істеп жатқандығына қайран қал- ды. Бала ернін қайта-қайта жалап қойып:
- Ата, енді тайқары іздемей ме? – деді.
Шал баласының жүзіне жалт қарады. Қарады да кетпенінің шүйдесін жерге тіреді.
- Іздейтіні бар, іздемейтіні бар. Кім білсін... – Шалдың дауысы шаршау күйде шықты. Кетпеніне сүйеніп тұрып күрсінді. Шалдың ойына Толасбай түсті.
Кеше есегімен митыңдап станцияға барса, поезд да келіп қалған екен. Қызыл шәпке киген тәпелтек жігіт: «Ата, балаңыз мына вагонға мінді», – деп, бір-бірінен айнымай қалған вагондардың біреуін нұсқады. Жөкең әлгі вагонның алдына барып әрі тұрды, бері тұрды. «Ау, шал келетін еді» деп есіктен бір рет басын қылтитса қайтер еді, өзі кірейін десе, балтыры бесіктей бір семіз әйел шүлдіреп маңына жолатар емес. Сөйтіп тұрғанда поезд да жылжып кетті.
Шалдың баласымен қоштасқысы келіп еді, оның енді көпке дейін келмесін де сезген. Науқасы күн санап әлсіретіп барады. Көре де алмауы мүмкін. Сондықтан оған біраз сыр ақтарғысы келіп еді. Тіпті ақтық сөзін... Кетіп қалды. Келді... кетті...
Шалдың ол туралы ештеңе ойлағысы келмеді. Кет- пенін ақырын ғана сілтеп, жас топырақты түйдек-түй- дегімен сыртқа атып жатты. Ол шұңқырды тізесінен кел- генше қазды да, тағы да шұңқырдың тереңдігін, ені мен ұзындығын көзбен шолып шықты. Серейіп жатқан есектің жансыз денесін аунатып әкеп әлгі шұқырға итеріп тастап, ең соңғы рет бірауық үнсіз қарап тұрды. Есегі тұмсығын сәл көтеріп, алдыңғы екі аяғын бүге түскен күйі сұлық жатыр. «Бұ жануармен де біраз уақыт бірге жасастық.
Алда, дүние-ай! – деп шал кетпенін ырғап қойды. – Бұл есектің тайқар кезінде Толасбай бала еді... Қанша жыл, қанша уақыт өткені-ей. Мен де қартайдым, аһа, мен де бірге қартайдым-ау, сосын не кінә... Тәйірі, қара жерге түскен соң есегі не, адамы не?»
Шал енді топырақты кетпенменен ақырын ғана ысырып шұқырға тастай бастады. «Ата, өткен жылы ана ақсақ қойшының есегі өлгенде көмбей-ақ, тоғайға апарып тастады ғой», – деген Көктембайдың сөзі шалдың ойын бөліп жіберді. Ол біразға дейін тіл қатқан жоқ. Ернін жымыра тістеген күйі топырақты шұқырға қарай ата берді. «Есек түгілі, адамды да көмусіз қалдырайын деп жүргендер аз ба?..» Бірақ бұл ойын баласына айтқан жоқ. Оған:
- Әй, ақсақ қойшың ақымақ екен, – дей салды. Сонан соң өзіне: «Аз ба екен сондайлар, жүр емес пе жер ба- сып, – деп ызбарлана күбірлеп қойды. – Не істерсің, қайтерсің иттерді...» Бірақ кімге кейіп, кімге ызаланып тұрғанын өзі де білмеді. Басын сыртқа бұра беріп былш еткізіп бір-ақ түкірді. Жүзінен мына өзін қоршаған дүниеге, тіршілікке – бәріне-бәріне түкіргендей ызғар сезіледі. Ол кетпенін құлаштай сермеп, есегі көмілген шұқырға топырақ атып жатты...
Қайтарда тағы да есек арбаны өзі итеріп келді. Кезінде Күдебай деген ұста құрдасы істеп беріп еді, бұ-дағы тозып, шабақтары сына бастапты. Иә, есек арба да енді егесіз қалды.
* * *
Күз де жақындады. Келес пен Шолпанның оқуға кететін күні таяп қалды. Ауылда мектеп жоқ. Бұрын болған төрт жылдық мектепті оқушылардың саны жетпейді деп жауып тастаған. Сонан соң ауылдың балалары әр жерге тарап кетті. Келес пен Шолпан аудан орталығындағы интернатқа орналасты. Көктембайдың жасы қазір сегіз-тоғызға кетіп барады. Оқуға өткен жылы бару керек еді, «бір жылша қоя тұрайық, бала-шаға жұбатуға да, қолқабыс етуге де керек қой» деп Шәден жібермей қойды. Енді жаңа оқу жылы жақындаған сайын: «Көке, мен де барамын», – деп
Көктембай әлсін-әлсін ескертіп қояды. Онысына Шәден тағы да мән бермей жүр.
- Қысқа қарай мына шешең босанғалы жүр, емізулі баласы тағы бар, соларды кім жұбатады? – дейді. Көктембай үй іші тірлігіне икем. Сондықтан Салжанның да айрылғысы келмейді. «Келесі жазда оқысаң да кенже қалмассың», – деп жұбатып қояды. Келер жазда Жорабайдың да оқуы керек.
Көктембай оқуға баруға асығулы-ақ. Демалыс сайын Келес пен Шолпан поездан түсіп үйге келгенде оларға қызыға қарайды. Биыл ол қалай да оқимын деп жүруші еді. Әсіресе оқуға алты-жеті күн қалды дегенде келіп, осы ауылдағы интернатта оқитындардың тізімін алып кеткен шашы бұйра қара жігіттен едәуір үміткер болып қалған- ды. Ол Көктембайдың да аты-жөнін жазып алып: «Биыл қалай да оқисың», – деп кеткен. Одан бері де үш-төрт күн өтіп кетті. Келес пен Шолпан кететіндерін әлсін-әлсін мәлімдеп, жиналумен жүр.
- Осы оқу дегенді де бір болмайтын уақытта бастайды, екен, – дейді Шәден кейіп. – Күзде абыр-сабыр кезең ғой, әркімнің өз тірлігі бар дегендей, бала-шағаны пайдалана қояйын десең, армияға жиғандай сыпырады да кетеді. Қыста бастаса да, жазға дейін дүниенің оқуы бітпей ме?
Онысына: «Сенің мұғалім болмай сорлап қалғаның- ай», – деп Салжан рақаттана күліп алады. Келес Шәден- мен бірге шөп тасиды, жаздай егін суарысты, оның үй- дегі күйбеңіне де жақсы көмекші.
Сондықтан болар, Келестің енді кетіп қалатындығын Шәден кәдімгідей уайымдап жүр.
Балалар оқуға жүретін күні таңертең бәрі шұрқырасып дастарқан басына жиналды. Шолпан шай құйып беріп отыр. Салжан мал саууға кеткен. Жөкең соңғы күндері тек өзімен-өзі. Сыртқа да көп шықпайды, тамақты да көбіне алдырып ішіп, ішкі бөлмеде жатады. Дастарқанға ең соңынан келген Шәденге оқуға кететіндер мұң-мүддесін айтып жатты. Келес бәтеңкесінің ескілігін, кітап алуға ақша керек екендігін айтты.
- Салақсыңдар, шеттеріңнен салақсыңдар... – Құлақ-
шынын желкесіне қарай ысырып қойып, Шәден балала- рына жағалай ежірейе қарап шықты. – Әкелерің баз- дың бастығы деп жүрсіңдер ме? Абайлап кимейсіңдер ме, түге. Ақша-ақша дейді, шеттерінен аузын ашып. Аспаннан ақша жауып жатыр деп есіттіңдер ме? Тағы не керек? – деп қолына ұстай берген бір жапырақ нанның шетін сындыра, шай құйып отырған Шолпанға қарады. Шолпанның дауысы жыламсырап:
- Менің бантигім жоқ, – деді.
- О, иттің балдары, түге. Айттым ғой әне, бұлардікі өмірі түгелденсе, кәнікей. Тағы да бәнтек деген бәлесі шықты. Былтырғың қайда?
- Былтыр менде бантик болған жоқ. Лент тағып жүрдім. Басқа қыздардың бәрі де бантик таққанда, мен-н... – Сөзін аяқтап болмастан Шолпанның көзінің жасы мөлтілдеп кетті.
- Әнекей, бұлардың көз жасы дайын. Ит-ау, олар бантик тақса – әкелері сенің әкеңдей сушы дейсің бе, күнге күйіп қаңғып жүрген. Шеттерінен бай-патша, қызметкер өңшең. Сол лентіңді биыл да таға бер. Бантикті кейін бойжеткен соң алып беремін.
- Иә, саған, – Шолпан теріс қарап отырды.
Көктембай бір қапысын тауып, «мен де оқуға барамын» дегенді айтқалы отырған, енді көкесінің күйіп-пісіп отыр- ған күйін таныған соң, бәрібір жібермесін сезді... Жорабай жастыққа жантайған күйі әрқайсысына бір қарап, нанды күйсеп жатыр.
- Тағы нелерің жоқ? – деді Шәден шайын ұрттап қойып.
Енді Келес мұңын шаға бастады.
- Менің оқуға киетін формам жоқ, былтырғым тозып қалған.
- Менің де. Маған көйлек тіктіру керек, – деді Шолпан жыламсыраған күйі қайта бұрылып. Шәден тіпті шатынап кетті.
- Ал ендеше жыртыңдар, қақыратыңдар бәрің де, мен жүрейін шарадай басым шақшадай боп, борма деген бәлесі тағы шықты. Ит немелер, ақыры өздеріңе киім
шақ келмесе, үшкілдеріңе жалаң аяқ, жалаң бас қуайын ба осы кеп... – Келес пен Шолпанға кезек-кезек ежірейе қарап біраз отырды. Басындағы бауы байланбаған құлақ- шынының екі құлағы ол сөйлеген сайын селтең-селтең етеді. Бір кезде барып сабасына түскендей болды.
- Шешелерің ере барады, – деді салмақтылау дауысымен.
- Сол бірдеңе етер. Ал енді әркіммен жағаласып, жар- маспай, жөндеп жүріңдер, киім деген сондайдан құри- ды. Осыдан лаждап екеуің де жетінші бітірсеңдер... Сол болады маған. Сені тракторшының оқуына беремін. – Сұқ саусағын Келеске қарай шошайтты. Сонан соң саусағын Шолпанға қарай бұрды. – Сен не болсаң о бол, ерніңді бояп, шашыңды қырқып сандалып кетпесең болғаны. – Шәден шалбарының қалтасына қолын салып, әлденеше бүктелген бір бес сомдық пен бір үш сомдықты шығарып Келеске ұстатты.
- Мә, мынаған кітап, титарад аларсыңдар. – Тағы бір қалтасына қол салып, шет-шеті қырқыла бастаған бір сомдықты алып Шолпанға ұсынды. – Мә, бантик ал. – Көзінің жасын алақанымен сүртіп отырған Шолпан бір сомдықты ысырып тастады.
- Иә, бұл жетпейді.
- Қарай көр-әй, әтеңенәлеттің. Ойпырмай, осы күні арзан нәрсе көрсем көзім шықсын. Немене, енді оған да он сом керек пе?
Шолпан жауап берген жоқ, қайтадан теріс қарап отырды.
- Ендеше бантигіңді де шешең алып береді. Бұ да бір керекке жарар, – деп бір сомдығын қайта алып, қалтасы- на салып қойды. Сонан соң жанында жатқан қамшысын қолына ұстаған күйі үйден шығып кетті. Шайдан кейін Келес пен Шолпан жүруге дайындала бастады. Салжан да өткен жылы төркінінен киіп келген су жаңа қара костюмін киіп, басына тартылмаған ақ жаулығын салды. «Қайтарда ол-пұл ала келермін» деп екі бірдей сумка алды.
Көктембай көңілсіз, тағы да оны оқуға жіберер емес, тіпті Келес пен Шолпанның киініп сыртқа шыққанын те- резеден көріп тұрып, жылап жіберуге де сәл-ақ қалды.
Әлгінде Шолпан: «Апа, Көктембай қашан оқиды?» – деп еді: «Е, құдай-ау, енді соның оқығаны қалды ма. Шет- теріңнен босып кетсеңдер... Армандарың сол ғой. Сен екеуің әкім-ұлық болсаңдар да – жетер», – деп қойды.
- Көктем-м, Келестер кетейін деп жатыр, – деп танауы делдиіп сырттан аяғын апыр-тапыр басып Жорабай кірді. Қысқа көйлегінен қарны жарқырап көрініп тұр. Көктембай оған бұрылып қараған да жоқ. Көзінен дөңгеленген жасты жеңімен сүртіп тұрып:
- Мейлі, – деді. – Кете берсін... Жорабай пысылдап кеп жанына тұрды.
- Көктем, сен өзің-ақ кетіп қалсай, сүйтсең қайтеді?
Бәрібір сені жібермейді.
Көктембай үндеген жоқ. Сұқ саусағымен терезенің әйнегін үйкелеген күйі тұра берді. Жорабай мұның бетіне жалтақ-жалтақ қарады да, бұрынғыдан да көрі тығылып кеп тұрды.
- Ендігі жылы екеуміз де барамыз. Кетіп қаламыз, жарай ма?
Көктембай басын изеді.
Есікті жартылай ашып тұрып Салжан Көктембайға тапсырмалар берді.
- Әй, сен екеуің қаңғып кетпей, ана баланы жұбатың- дар, төлдерге зер салыңдар, ана шалға, әкеңе шай құйып бер. Мен амандық болса ертең кештетіп келермін.
Көктембай теріс қараған күйі тыңдады. Салжан есікті нықтап жаба, жаулығын жүре жөндеп, шығып кетті. Биылғы оқудан Көктембай тағы қалды. Түнеукүні жазып әкеткен мұғалімнен хабар жоқ.
Мұнымен түйедей құрдас магазинші Жасақтың баласы биыл екінші оқуға кетті.
Көктембай көңілсіз күйде қалды.
Сол күні кешке қарай Жөкеңнің ауруы қатты асқын- ды. Қызып-тершіп, тұла бойы зілдей боп, қозғалуы да мұң болды. Қарадай жатып аһылап-уһілеп, ентіге береді. Әуелгіде екі бала не істерін білмей қатты қорықты. Бар болғаны шалдың: «Су әкел, үстіме көрпе таста, аяғымды
бас», – деген қысқа әмірлерін орындаумен жүрді. Кешке қарай жұмыстан Шәден келді. Ол келген кезде шал аздап қана дамылдап, көзі жұмулы күйде ояу жатқан.
Бірақ шалдың ауруы үдей түсті. Тіпті әлденелерді айтып, сандырақтап кетті. Шәден де сасайын деді.
- Осы шал ойда жоқта жүріп кетпесе етті деп, өзінше күңкілдеп те қойды. Ақыры болмаған соң Сәулебайды ертіп келуге кетті. Сәулебайдың ауыл-аймаққа жарайтын молдалығы да бар. «Мағзұмның өзі рұқсат етті» – деп, соңғы жылдары ауылдағы алым-салықтарды да өзі жинап жүр. Балаларды да сүндеттей береді.
«Биыл күзге қарай сүндетке отырғызамыз», – деп Шәден Көктембай мен Жорабайдың да құлағына құйып қойған, сондықтан да болар Сәулебайдың аты аталған кезде Жорабайдың көзі баттиып, үрейі ұшып кетті. «Мен Сәулебайды ертіп келейін», – деп Шәден үйден шыға бергенде-ақ көзі жыпылықтап, Көктембайға қарай тығыла түсіп отырды.
Сәлдесінің бір ұшы иығына түсіп, бір кезде Сәулебай келді. Кәлошін асыға шешіп, бірден Жөкеңнің жанына шөкелей отыра:
- Ау, жағдай қалай, Жөке, бұл мен ғой, Сәулебаймын, – деп көрпенің астына қол жүгіртіп, шалдың денесін сипа- ды. Жөкең сөйлеген жоқ. Таныдым дегендей басын изеп қана ишарат жасап қоя салды.
- Япырмай, денесі алаулап жатыр ғой, алда пақыр-ай... Кеселдің беті жаман екен. – Сонан соң қолына тәсбісін алып отырып, бірқалыпты қоңыр дауыспен ыңырсып, әлденелерді айта бастады. Екі бала оның айтып-айтып келіп, «үш-шт» деп қалған кездерінде селк-селк етіп бір- біріне қарап қояды. Ақыры екеуі бір-біріне сүйенген күйі отырып қалғып кетті.
- Иттің балалары-ай, бұларға не жоқ екен, жатпай ма екен жайына, – деп, Шәден екеуін кезек-кезек шешіндіріп төсектеріне апарып жатқызды.
Ертеңіне үйге тағы да екі шал келді. Сәлделері дағарадай болып, бәрі Жөкеңнің жанында күбірлесіп,
әлденелерді сөз етісті. Шәден жұмысқа шыққан жоқ. Шалдар отырған соң Көктембай мен Жорабай да ішкі үйге кірмеді. Тек кешке қарай, шалдар бір-бір құманды көтеріп сыртқа шығып кеткенде, Көктембай жалғыз өзі атасының жанына келді.
Шал көрпені кеудесіне дейін жамылған күйі, сәлдемен басын әлденеше орап алып, шалқасынан жатыр екен. Ол Көктембайды бірден таныды. Қолымен ымдап, жанына шақырып алып, басынан сипады. Әлденелерді айтып күбірледі. Бірақ дауысы анық естілген жоқ. Көктембай онысы айналғаны шығар деп ойлады. Баласының бетін кеудесіне басып, жұп-жұмсақ шашынан иіскеді. Сонан соң көзінен бырт-бырт жас домалап жылады кеп. Тіпті бүкіл денесі селкілдеп кетті.
- Ата, жыламаңызшы, ата... – Сөйтті де бала өзі де қосыла ағыл-тегіл жылады.
Сырттан құмандары салдырап, шалдардың үйге келген дыбысы естілді. Көктембай бетін алақанымен көлегейлеп сыртқа шығып кетті.
Кешке Салжан келді. Келес пен Шолпанды интернатқа орналастырыпты. «Есіз қалғыр, көшедегілердің жаны сірі екен. Олай-бұлай бір күн сандалғанға өлесі болдым», – деп, аһалап-упілеп сөйлей кірді.
Шәден шалдың жағдайын айтқан соң барып, әңгімесін доғарып, өзін-өзі ретке келтіре бастады.
Түнге қарай шалдың жағдайы тағы да ауырлады.
Аласұрып, тіпті ара-арасында сандырақтап та қояды.
Көктембай ауызғы бөлмеден оның Толасбайдың атын әлденеше қайталап жатқанын да естіді.
- Алда, пақыр-ай, қайтсін, перзент қой, – деп шалдар өзара күбірлесіп, күрсініп жатты.
Жорабай бөпесін құшақтаған күйі ұйықтап қалған. Көктембайдың ұйқысы келмеді. Оның тағы да атасы-
ның жанына барғысы келіп еді. Бірақ кіріп баруға батылы жетпеді. Атасының аянышты әлсіз дауысын қалт жібермей тыңдап жатты. «Атам Толасбайды неге іздеді? Қайта-қайта айтты ғой. Мен болсам іздеме оны, айтпа дер едім».
Баланың көзіне мөлтілдеп жас үйірілді. Сөйтіп жатып, қалғып та кетті.
Таңертең тұрғанда атасының ішкі үйде емес, сыртқа жаңадан тігілген қараүйдің ішінде жатқанын білді. Үйдің іші-сыртын қаптап, у-шу боп жылап-сықтап жүрген көп адамдарды көрді. Салжан екі бүйірін таянып босағада отыр. Шәден де еңкілдеп жылап тұр.
Бала әуелгіде ештеңеге де түсінген жоқ. Ол күні жұрт толастамай, бірінен соң бірі келумен болды.
Ертеңіне барып атасының жансыз денесін машинаға салды. Машинаға Көктембайды да мінгізді.
Көктембай қазылған шұңқырға атасының ораулы дене- сін қалай салғанын, сонан соң қалай көмгенін көрді.
Баланың есіне атасының есекті көмгені түсті. Екеуінің де көмілуі оған бір түрлі ұқсас көрінді. Енді атасы да жоқ. Ақ есек те жоқ... Атасын көміп, ауылға қайтып келе жатқан адамдардың арасында бұл да келе жатты. Өзгелер енді мұның атасын ойлап та келе жатқан жоқ сияқты. Екі- үш шал қайдағы бір жастықтағы істерін айтып күліседі. Шәден ақсақ қойшыға жазда қосқан малының жағдайын сұрап келеді.
Бәрі де Жөкеңді ұмытып кеткен секілді. «Қалайша тез ұмытады олар. Неге ұмытады? Тіпті атамның өлгеніне көп уақыт болған жоқ қой».
Бала әркімге жалтақ-жалтақ қарап қояды.
Шәден Толасбайға телеграмма берген. Бірақ одан хабар болмай кетті.
Ауылдағы балалардың бәрі де оқуға кеткен. Көктембай жалғызсырап жүрді. Өзі қатарлы ешкім жоқ. Ол үй ішінің енді жібермесіне әбден көзі жетті. Бала көтеру, мал жайғау, алып келу, барып келу – бәрі де Көктембайдың мойнында. Ол өзін жазып алып кеткен мұғалім жігіттен үміт күтіп еді. Бірақ ол қайтып я келмеді. Ойнайтын да ешкім жоқ. Бір рет Жорабай екеуінің үйде ешкім жоқта әртіс боп ойнағаны бар. Көктембай Жөкең болып ауырып жатты. Жорабай Шодыр алып кеткен ақ тайқар болды.
- О-оһо! О-оһо! – деп сырттан ақырып ойнақтап кіреді.
«Жөкең» орнынан тұрып: «Жануарым-ай, пә-пә», – деп тайқардың денесінен сипайды. Бірақ бұл ойын екеуін онша қызықтырмады. Тіпті Жорабайдың өзі де: «Иә, атам ауырып жатқанда тайқар келген жоқ қой», – деп жарат- пағандығын білдірді.
Сонан соң екеуі атасының өлгенін ойнамақшы болды. Шолпанның ескі орамалымен бетін бүркеп, Көктембай серейіп жатты. Жорабай Шәден болып басына құлақшын киді. Ерніне қағаз жапсырды. Ерні тілім-тілім боп жарылып кеткен соң, Шәден сол кезде ерніне қағаз жапсырып жүрген. Сонан соң, бүйірін таянып тұрып, ойбайға басты. Бір-екі ойбайлап: «Көктем, көзімнен жас шықпайды, қайтем», – деп еді, Көктембай:
- Жастың керегі жоқ, – деді. – Көкем де құр ойбайла- ғаны болмаса, көзіне жас алмаған. – Сонан Жорабай тағы ойбайға басып, осылай ойын қызып жатқанда үйге Шәден кіріп келді.
- О, ырымдарыңның, әтесінәлет... Сендер тағы біреуді жалмағалы жүр екенсіңдер, – деп есікке қарай жылыстай берген Жорабайды бір түйіп қалды.
Ол енді шынымен ойбайлады. Жас деген тарам-тарам боп бетін жуып кетті.
Көктембай ұйықтап жатқан боп, сол қалпы жата берді. Бұл олардың соңғы ойыны болды.
* * *
Арада жиырма күндей өткенде барып Толасбай келді. Жалғыз өзі. Ол келгенде де үйде Шодыр және бата қыла келген екі-үш шал отырған. Толасбай жылаған жоқ, Шәден мен Салжаннан бастап отырғандармен жағалай көрісті де, төрге барып отырды. Сақалы аппақ, басына бөрік киген бір шал құран оқыды. Сонан соң барып бірі-бірінен жай-жағдай сұрасты. Құран оқып болған соң да Салжан:
– Тарыққанда арқа сүйер, Асқар тауым еді аташым, Адасқанда жол сілтер,
Ақылшым еді аташым... Ой-бай-и, –
деп жоқтаумен болды.
Шалдар жағы «қой енді шырақ» деп басу айтқан соң барып тиылды.
- Е, е, балам, әкеңнің иманын берсін, құдай өздеріңе денсаулық-қуат берсін, – деп әлгі құран оқыған ақсақалды шал Толасбайға қарай бұрылып отырды. – Өзіңді де көр- мегенімізге көп болды, аман-сау жүрсің бе? Жазғытұры бір көргенімде «Балам келді» деп Жөкең мәз-майрам боп жүр екен. Онда тіпті қуатты-тын. Алда, бейопа, жалған-ай, осы да... Кім бар, кім жоқ деп болмайды. Кеше ғана құба жон- ның төсінде талай көкпар тартысқан, талай ырду-дырду, қызықты-қызықсыз тіршілікті бірге өткізген Жөкең еді... Ол да кетті. Өтіп бара жатқан бір күн. – Ақсақалды кісі костюмі- нің қалтасынан орамалын алып, көзін сүртті. Жанында отырған шалдардың да иектері кемсеңдеп қалды.
- Шіркін, тамаша адам еді ғой, – деді Шодыр төмен қарап отырған күйі. Бірақ қара сұр жүзі өзгерген жоқ. Дауысы да қатқыл, өкініп емес, әлдекімге кейіп отырғандай естілді. Толасбай үндеген жоқ. Тек шалдар түгел көздеріне жас алып жатқанда о да, көзіне жас алмастан, орамалымен бетін сүрткен болды.
- Ия, шалды жіберіп алдық. Бәрімізге ақылшы еді, өзіңді де марқұм өлерінде көп сұрады, – деп Шәден де құлаштай орамалын бетіне басып, еңкілдеген болды. Көктембай мен Жорабайды құран оқылып болысымен- ақ: «Барыңдар», – деп Шәден сыртқа шығарып жіберген. Шыққан бойда Жорабай ойнап жүрген топ балаға қосылып кетті. Көктембай қораның жанында байлаулы тұрған ақ тайқарды көрді. Ақ есектің тайқары. Бала жүгіріп жанына келді. Ол бұрынғыдан көп есейіп, өзгеріп кетіпті. Үстіне ешкінің терісімен қапталған ер салыпты. Ақ тайқар байлап қойған шылбырын сылдырата сүйретіп, қораға қарай мойнын созып, ақырып қояды. Дауысы да бұрынғыдан жуандап кеткен. Көктембай жанына таяп кеп ноқтасы-
нан ұстап тұрып, сауырынан сипады. «Қалай өсіп кеткен өзі» деп іштей оған таңырқай қарап тұрып, мойнынан, тамағынан сипай берген кезде тайқар пыр-р ете қалды. Құлақтарын қағып-қағып қойып, басын шұлғыды. «Сенің өзіміздің үйге келгің келе ме? Мен сені алып қаламын». Тайқар балаға қарап, кірпіктерін қаққан күйі тұра берді.
«Білемін, келгің келеді. Мен сені жібермеймін, Шодырды сенің маңыңа да жолатпаймын».
Тайқар шылбырын сылдырата қораның аузына таяу барып, тағы ақырды. Бұл жолы дауысы тіпті қатты естілді. Көктембай шылбырынан ұстап оны өзіне қарай тартты.
«Мүмкін, сен енеңді іздеп жүрген шығарсың. Солай ма? Пә... пә». Бала қос алақанын жайып, оны өзіне қарай шақыра бастады.
Тайқар шалбырын сылдыратып тағы да кері бұрылды.
«Сен оны іздеп жүрсің ғой. Ол өліп қалған. Сен жоқта атам да өлді. Сен оларды білмейсің. – Бала тайқардың жанына келіп, моп-момақан тұра қалған оның мойнынан құшақтады. – Сен енді кетпе, жарай ма? Осында біржола қал». Баланың сөздерін тайқар қимылсыз тұрып тыңдады. Қодық кезіндегідей жер тарпып тулаған жоқ. Тіпті баланы жатырқамады да, құшағында қимылсыз сұлқ тұрды.
Үйдегілер абыр-дабыр сөйлескен күйлері сыртқа шықты. Шалдар жағы ауылдарына қайтатын болды да, Толасбай, Шодыр, Шәден үшеуі Жөкеңнің зиратының басына барып құран оқып қайтуды ұйғарды. Шодыр қам- шысын қолына ұстап, қораның жанына келгенде Көк- тембай шылбырынан ұстап тайқардың жанында тұр еді.
- Былай тұр, бала, – деп Шодыр емін-еркін шылбырдың ұшын шеше бастады.
- Тұрмаймын, бұл сенің тайқарың емес.
- Не дейді-ай, мына неме, сартылдап тұр ғой өзі. – Ол қалың қабағының астынан шүңірек көздерімен Көк- тембайға төне қарады.
- Бермеймін, бұл атамның тайқары, үлкейгенде мінесің деп маған берген.
- Не деп тұр мынау, әрі тұр сандалмай. – Өңмендеп
жанына келіп қалған баланың көкірегінен жұдырығымен итеріп жіберді. Көктембай құлай жаздай барып, қайта түрегеліп кетті. Жылаған жоқ, бойын ыза көрнеген бала үзеңгіден тарта ұстап, тұрып алды.
- Қап, мынадан бәлеге қалғанымды-ай, – деп Шодыр не істерін білмей, Көктембайға, тайқарға кезек-кезек қараумен болды. Бұл кезде жандарына Шәден келіп қалған.
- Көке, мынау біздің тайқарды... – Көктембайдың сөзін ол тыңдаған да жоқ, келген бойда шапалақпен тартып жіберді.
- Жүгірмектің танығышын қарай көр, құныкер болар деймін өзі. – Бала ұшып түсті. Етпеттеп жатқан күйі ол ұзақ жылады. Бойын ыза кернеп кетті. Қуып жетіп Шодырға тағы да жармасқысы келіп еді, бірақ көкесінен қорықты.
- Мен әлі үлкейгенде саған көрсетермін, – деп Шәден мен Толасбайдың ортасында тайқардың үстінде қонжиып бара жатқан Шодырға жұдырығын түйді.
Олар бір топ шеңгелден әрі асып, көрінбей кеткен соң барып орнынан тұрды. Үсті-басын қақты, оның жылаға- нын көріп жұбату айтар да ешкім болған жоқ. Өксіп-өксіп жылап түрып, көйлегінің етегімен бетін сүртті. «Қайтсем де тайқарды алып қаламын, ол менің тайқарым. Маған атам берген». Қолына қораның үстіне салған шыбықтың біреуін суырып алып жолға түсті.
Көктембай келгенде әлгі үшеуі Жөкеңнің зиратының басында шөкелеген күйі қатарласа отыр екен Шәденнің ауызы жыбырлайды. Құранды сол оқып отырған сияқты. Тайқарды өздерінен он шақты қадамдай қашыққа, шеңгелге байлапты. Тайқар баланы көрген бойда танауын пыр-р еткізіп қойып, бұған қарай бір-екі қадам жүріп келіп тоқтады. Көктембай оның жанына келіп тұрды. «Қарай көр өздерін. Атамның қимас адамдары секілді, ата, сен олардың құрандарын қабылдама, керегі жоқ». Бала жайдан жай тұрып, ентігіп, жүзі ашудан түтігіп кетті.
Отырғандар құрандарын болысымен орындарынан тұрды. Тұрған бойда Шәден «садағаң кетейін, көкем-ай»
деп жылаған боп, еңкеңдеп барып зираттың бір түйір кесегінен сүйді.
- Марқұм, жақсы адам еді, – деді Шодыр белдігін ағы- тып, қайта буып жатып. Толасбай сызданған күйі зиратты айналып, олай-бұлай жүрді де:
- Күмбездеп үй орнату керек болар, – деді. Шәден:
- Ол жағын өзің білесің, қалқам, бізде қаржы қайдан болсын, жартымсыз айлық аламыз, басы артық мал да жоқ. Балалар ер жеткенше көрген күніміз осы да.
- Көрерміз енді... – Толасбай екі қолын қалтасына салған күйі ауылға қарай жүрді.
Шодыр келіп тайқардың жібін шешті. Шәден Көктем- байды көре сап: «Әй, сен жүгермекті кім шақырды?» – деп тұра ұмтылды. Бала міз баққан жоқ.
- Тайқарыма келдім.
- Әй, сен ит, қай жылғы дауыңды даулап жүрсің, кет деген соң кет енді! – Баланы жағасынан ұстап тұрып, тағы да шапалақтап тартып жіберді. Бала тағы да ұшып түсті. Бұл жолы Шәденнің шапалағы тіпті қатты тиді. Бірақ ол әлгіндегідей жылаған жоқ Кішкене қара көздері от шаша, жүзі түтігіп, орнынан қайта тұрды. Шәден мен Шодыр өздерінше әңгімелесіп ұзап барады екен. Бала атасының зиратына қарай жүрді. Келген бойда өксіп- өксіп жылап, зиратты құшақтай етпетінен жата кетті. Әлі де ескіре қоймаған жас, бос кесектер баланың денесіне бір түрлі жұп-жұмсақ тиді. «Тыңдашы мені, ата... бұл мен ғой. Көктембаймын. Саған бүгін кімдердің келгенін біл- дің бе? Толасбай, Шодыр, көкем... Қабылдама олардың құранын, ата, қабылдама! Тыңда-ма... Көкемнің бүгін мені қалай ұрғанын көрсең.
Ата, мен оларды жек көремін. Бәрін де. Шодыр өз тайқарымды өзіме бермейді, зорлықшыл. Мен әлі үлкей- генде оған көрсетемін.
Ата, Толасбайдың күмбездеп үй соғу керек дегенін естідің бе? Мен естідім. Керегі жоқ. Керегі жоқ күмбезде- ген үйінің... Мына өзіңнің жұп-жұмсақ, таза топырағың- ақ жетеді. Ауырып жатқанда оның атын неге атадың?
Мен Толасбайды бәрінен де жек көремін. Оны ұмытшы. Біржола ұмытшы, ата...
Мен сені жақсы көрем, ата. Түсімде көріп жүрмін. Сағындым сені. Мен сенің қалай өлгеніңді көре алғаным жоқ. Ұйықтап қалыппын. Сен мені іздеген шығарсың, ата? Жылаған шығарсың... Сен неге өлдің? «О дүние деген жақсы болады, адамдардың бәрі де рақатты өлгеннен кейін көреді» деуші едің ғой көкем, апамдарға. Мүмкін, онда саған жақсы, жайлы болған шығар. Солай ма? Шодыр, Толасбай сияқтылар онда жоқ па? Шодыр сені жақсы адам еді деп әншейін мақтады. Бос сөз. Көкем өтірік жылады. Мен көріп тұрдым. Көзіне бір түйір де жас алған жоқ. Ата, олар сені алдайды».
Бала аударылып түсіп, шалқасынан жатты. Жылаға- нын қойды. Топырақ-топырақ болған көйлегінің жеңімен бетін сүртті. Жаздағы «әртісте» Абыз шал боп ойнаған ұзын сары жігітті есіне алды. «Қайда жүрсің сен, Абыз аға... «Біздің ауылға қашан келесің? Тағы да жаз шыққан соң ба? Шөпшілер келген кезде ме? Келші, Абыз аға. Менің де сен сияқты әртіс болғым келеді. Атамның ролін ойнар едім. Толасбай, Шодыр боп та ойнай алам. Мен олардың қандай адамдар екенін жұртқа танытар едім». Бала сол қалпында жатып қалғып кетті.
* * *
Ол әлдекімнің түрткілеуімен көзін ашып алды. Жанын- да Жорабай тұр.
- Неғып жатырсың Көктем-м, мен сені іздедім, – дейді.
Бәтеңкесінің жыртығынан башпайлары жылт-жылт етіп, көрініп тұр. Өзі ыстық күнде боржып, әбден терлепті. Кішкене қолдарымен Көктембайдың үстінің топырағын қақты.
- Көкем сені ұрды ма? Ұрдым, – деді ғой апама. – Көктембай басын изеді. Онан әрі тіл қатпастан орын- дарынан тұрып, бірін-бірі жетелескен күйі үйге жүрді.
Сол күні Шәден түннің бір уағына дейін ұйықтаған жоқ.
Салжан екеуі шаруа жайын әңгімелесті.
- Бастық қой бақ деп жүр. Соның реті қалай болар екен, мал басы да көбейіп барады. Теріс те болмас еді, – деді Шәден. Бірақ Салжан: «Қысы-жазы көшіп-қонып», – деп жаратпаған шырай танытты. Сәлден соң барып, бір ау- нап түсіп, Шәден Салжанның бүйірінен түртті.
- Әй, сен қара басып әлден ұйықтайын деп жатырсың ба? Толасбай шалдан қалған малды әңгіме еткен жоқ па?
- Жоқ. Айтқан жоқ.
Шәденнің көңілі енді орныққандай. Ауыр бір күрсініп қойды.
- Жарықтық шал да мезгілімен дүниеден кетті. Көп жатып мезі ете ме деп едім, абыройы бар екен.
Шәден одан әрі де біраз жайды әңгімелегісі келіп еді, тыңдайтын ешкім болған жоқ. Салжан да ұйықтап қалды. Сосын «Ұйқышыл неме» деп, Салжанға кейіген болды да, іргеге бетін берген күйі о да қалғып кетті.
Ертеңіне ойда жоқта ақ тайқар ауылға келді. Оның қа- шып келгенін Көктембай бірден білді. Ақ тайқар қораны айналып, тағы да әлсін-әлсін ақырып жүрді. Көктембай оны қораға кіргіземін деп жүргенде атпен Шодыр қуып келді. Ай-шайға қаратқан жоқ, қайтадан алдына сап қуа жөнелді. Онымен тағы да қарсыласуға Көктембай Шәденнен қорықты.
Толасбай Алматыға қайтатын болды. Бұл жолы оны Шәден асты-үстіне түсіп жүріп шығарып салды.
Арада екі-үш күн өткенде ауылға машинамен жазда Көктембайды «оқуға барасың» деп жазып әкеткен бұйра шашты қара жігіт келді. Шәденнің үйіне кірді. Көктембай оны бірден таныды:
- Ағай, мені оқуға әкетіңізші! Оқығым келеді, – деді үйге қабаттаса кіре беріп. Жігіт жымиып күліп қойды.
- Әкетемін, әкетемін, балақан...
Үйге кірген соң көп бөгелместен Көктембайды оқуға алып кетуге келгендігін айтты. Уақтылы оқуға жіберме-
гендігі үшін Шәденге реніш білдірді. Әуелгіде Көктем- байды жіберуге Шәденнің көнгісі келмеді. «Бала менікі, оқытсам да, оқытпасам да еркім» деп тырысып отырып алып еді. Мұғалім жігіт Көктембайды облыс орталығын- да жаңадан ашылатын интернатқа жіберетінін, онда киім, тамақ – бәрі де тегін болатынын айтты. «Бәрі де тегін болады» деген сөз Шәденге ұнап қалды. Әуелгіде
«облысыңа барамын деп адасып кетіп жүрмесін» – деп қауіпсінсе де, келісім берді. Тіпті:
- Әлгі біздің Келестер оқып жүрген интернат әншейін нашары білем, киім, кітабын өзіміз сатып алып беріп жүрміз ғой, – деп қойды.
Сол күні Көктембай оқуға жүретін болды. Оның қуаны- шында шек болған жоқ. Әне-міне дегенше киініп те алды. Жорабай ағасының кететіндігіне қуанып та, мұңайып та жүр.
- Көктем, сен енді қашан келесің?
- Анау-у-у, қыстың ортасында, – Көктембай қолын алысқа сілтеді.
- Туу-у, Келестер келгенде ме?
– Иә...
- Көктем-м, қыста кел, біз саған дарбыз сақтап қоя- мыз, – деп Жорабай қолын көтерді. Салжан да баласын көтерген күйі келген екен.
- Айналайын, сау бол, жақсы оқы, – деді.
Шәден де көңілді секілді. Қораның аузында тұрып:
- Әй, күшік неме, өзі де оқуға құмар еді, – деп күңкілдеп қойды.
Машина гүрілдеп біраз тұрды да, жүріп кетті. Машина- ның гүрілімен қосыла Жорабай әлдене деп айқайлап еді. Көктембай анық ести алмады. Бұрылуға құлап кетемін бе деп қорықты.
Машина дәл Жөкеңнің зиратының жанынан өтті. Таныс төмпешік Көктембайдың көзіне оттай басылды. «Мен оқуға бара жатырмын, ата, мен әртіс боламын. Ата, сені ұмытпаймын, жиі-жиі келем ғой. Келемін... Мен сені ал- дамаймын. Қош бол, ата!»
Баланың көзінен шыққан жас тамшыларын жел іліп әкетіп жатты. «Мен кетіп барам. Ата, қош бол... Айтпақ- шы, осыдан екі күн бұрын үйге ақ тайқар қашып келді. Ол қораны айналып қайта-қайта ақырумен болды. Енесін іздеген шығар. Бәлкім, сізді де ата...
Ата, ол әлі талай қашып келеді. Біржола келуі де мүмкін. Ал Толасбай көкем...
Оны білмеймін...»
Иегінен келген кузовтан екі қолымен мықтап ұстаған күйі бала көз ұшында бұлдырап қалып бара жатқан төмпешіктен көпке дейін көз алған жоқ.
Машина алыстап барады.
Жиырма
Менің көпке дейін ұйқым келмеді. Кештетіп басталған жауын әлі тыйылған жоқ. Сабалап құйып тұр. Терезе дәл тұсымда еді. Елеңдетіп ұйықтатар емес.
Үйдің іші тастай қараңғы. Шіркін, ұйқы деп біздің кө- кемнің ұйқысын айт. Ертедегі алыптарша ұйықтайды. Кө- зін жұмса-ақ күркіреп қорылға басады.
Қазір де үйінің ішін басына көтеріп жатыр. Сықырлауық кереуеттің о шетіне бір, бұ шетіне бір аунаймын. Оразбай әлі жоқ. Оны ойласам, жыным келеді. «Осы жауында жетісіп келерсің шылқып» деп кекетіп те қоямын.
Сыртқы есікті іліп қояр ма еді өзін дірдектетіп... Жо-оқ онсыз да жетісіп келмес. Әйтеуір, сол бір сары қыз сор болды ғой өзіне...
Мен бұрын Оразбай ағамды қандай жақсы көруші едім. Ол да мен десе, ішкен асын жерге қоятын. Осыдан тұп-тура бір апта бұрын екеуіміз нілдей бұзылдық. Иә, ауылға әне бір үнді кино келген күннен бастап...
* * *
- Кө-ке-е!..
Менің даусым соншалық бұзылып шықты-ау деймін. Балтасын белбеуіне қыстырып, даладан ойда жоқта кіріп келген көкем әуелі селт ете қалды.
- Әй, Жаб-б-ы, Жабай-йжан! Саған не болды? – деп жаныма кеп отыра қалды.
- Киноға апармайды, – деп Оразбайды нұсқадым.
Иегім кемсеңдеп кетті.
- Неге апармайды. Неге апармайсың, ей? – деп көкем ішкі бөлмеге кіріп бара жатқан Оразбайға алара қара- ды. – Сенің сәніңді бұза ма, осы бала? – Ағам үн-түн жоқ ішке кіріп, киетін киімдерін көтеріп қайта шықты.
–Ол көруге болмайтын кино.
- Не дейді-әй? Ол қайдан шыққан зәкүн. Жұбатардың үлкен баласы көріп, кіші баласы көрмей-ақ қойсын деген?! Үйбай-ай, мынаны-ай, ер жеткеннің жөні осы деп! Осы баланы апармай көрші, менен туғаның рас болса...
Көкемнің кішкене шоқша сақалы кәдімгідей шошаңдап кетті. Мен үнсіз отырмын. Әлгіндегідей емес, ашу-ыза тарқайын деген секілді. Мұрнымды қайта-қайта тартып қойып, көкеме бір, Оразбайға бір қарап қоямын. Оразбай
көйлегін қолына ұстаған күйі теріс қарап тұрып қалды. Көкем әлгіндей деп отырған соң, киінуге де батылы жетпеді. Ақыры маған «киін» деді. Даусы зілді шықты. Тарлау соғып жүрген керзі етігімді тепкілеп жүріп әрең кидім. Костюмімнің сыртынан қоярда-қоймай жүріп көкем Оразбайдың жұмысқа киетін күпәйкесін кигізгенде, өзім- нің кішкентай әліме қолпылдап кетті.
Клубқа біраз жер қалғанда Оразбай тоқтады. Менің тершіген маңдайыма қарап, біраз тұрды. – Айттым ғой суық тиеді, – деп жуан даусымен гүж етіп, сұп-суық ала- қанымен маңдайымды сипады.
- Сен өзің клубқа бара берсең қайтеді?
- Өзің ше?..
- Мен біреуді ертіп келемін, – деп күрмеле сөйлеп, ауылдың шетіндегі үйлерге қарай қолын сілтеді.
- Өзің-ақ кіре берсең қайтеді?!.
- Сосын қайтарда қайтемін? Ағайым біраз үнсіз тұрып:
- Ендеше, бізді күт, – деді де, әлгінде қолын сілтеген жаққа қарай жүрді.
Мен клубтың жанына барып тұрдым. Ойым шарта- рап. «Бізді күт дейді-ей. Сонда кім біреуі? Босқа ақшаны құртып», – деп іштей кіжініп қоямын.
Клубтың маңында теңселіп ұзақ жүрдім. Оразбайлар әлі жоқ. Тіпті ызам келді.
Не істерімді білмей, сарсаң болып тұрғанымда, Ораз- байлар да жетті-ау, әйтеуір. Қасындағы ұзынтұраның қыз екенін білгенімде, ішім қып ете қалды. Тани кеттім. Мектепке пионервожатый боп келген сары қыз. Ол маған жақындап келіп, күлімсірей қарап, бас изеп амандасты. Мен үндегенім жоқ. Әсіресе үстімдегі күпәйкемнен ұя- лып, жерге кірердей болдым. «Оқушылар олпы-солпы киінбеуі керек» деп қай күні құлағымызға құйып еді-ау. Бәрібір көкем пальто алып бермесе, мен қайтейін... Көкем де қызық-ау осы. Кейде осыларды айтып шағынсам-ақ:
«Сенің қай сәніңе келіспей барады осы. Оразбайдың ескісі де жетеді», – деп бет бақтырмайды.
Біз соңғы орындарға келіп жайғастық.
Алдымызда ересек кісілер отырғандықтан, маған кино көру тіпті қиынға түсті. Дегенмен үндегенім жоқ. Мен бір-
деңе деген күнде де құлақ асар Оразбай жоқ. Бәрінен де сонысына жыным келді. Ішке кіргелі маған назар салған емес. Оң жағында отырған сары қызбен болып кетті.
Кино мен үшін аса қызық болған жоқ. Бақырайып қарап отырғаным болмаса, жөнді ештеңе ұға алмадым. Тек, бір қыз бен жігіт қол ұстасып жүрді. Құшақтасты... Содан бір қалғып барып, қайта қарағанымда әлгі қыздың жылап отырғанын көрдім. Қыз көп жылады. Оразбайларға қарасам, бар зейіні кинода. Тіпті, сары қыз қолына орамалын алып, әлсін-әлсін көзін сүртіп отыр екен. Олай-бұлай қарасам, ағыл-тегіл боп жылап отырғандар да бар. Мен түк ұққаным жоқ. Тағы да көзіме ұйқы тығылды. Тағы да қалғи бастадым.
Біреудің жұлқылауымен оянып кеттім. Көзімді уқалап орнымнан тұрдым, кино аяқталыпты. Жұрттың бәрі сыртқа шығып кеткен.
- Құп, кино көреді екенсің-ей, азаматым! – деп Оразбай кіжініп қойды. Сары қызға білдірмей күпәйкемнен ұстаған боп, жұдырығымен арқамнан бір нұқып алды. Сары қыз үндеген жоқ. Бетіме күлімсіреп бір қарады да, есікке қарай беттеді. Үшеуіміз сыртқа шықтық. Клубтан ұзай бере Оразбай кібіртіктеп, маған қайта-қайта қарайлай берді. Ыңғайын танып-ақ келемін. Мені жанына ерткісі жоқ. Әттең, үйге жалғыз қайтуға қорқамын-ау, болмаса осы екеуімен қосақтап қойса да бірге жүрмес ем. Бәрінен де вожатый қыздан ұялдым. Ертең мектепке барған соң ұрсар ма екен деп те ойлаймын. Оқушылар көруге болмайтын киноға кірдің деп. Мейлі, ұрысса... Анау жетіншідегі Әлтек пен Шойбек те келіпті ғой.
Оразбайлар біраз күбірлесіп тұрып, ауылдың шетіндегі үйлерге қарай жүрді. Амал жоқ, мен де соңдарынан ілес- тім. Аяқтарын санап басып, Оразбай мен сары қыз қолтық- тасып барады. Олардың соңынан екі қолды күпәйкенің терең қалтасына сүңгітіп жіберіп, оқта-текте мұрнымды тартып қойып, мен де келемін. Екеуі күбір-күбір әңгімеле- сіп барады. Не айтып бара жатқандарын кім білсін?
Олар үлкен ақ үйдің жанына кеп тоқтады. Тани кеттім, сары қыздың үйі. Енді үйге қайтатын шығармыз-ау деп қуанып қалдым.
Жоқ... Біз қайтпадық. Тіпті қайтамыз деген ой Ораз- байдың басына кіріп-шығатын емес-ау, сірә. Сары қыз
да бір қолымен есіктің тұтқасынан ұстап майысып тұрып алды. Әй, Оразбайға жынымның келгені бір... Кім біліпті, өзі де бәдік екен, әйтеуір сол түні сары қыздың құлақ құрышын қандырды-ау.
«Шіркін-ай, осы кезде жылы төсекте ұйықтап жатар ма еді? Мені киноға айдап келген қай қырсық. Мынау екеуі осылай-ақ таңды атырар, сірә? Мені ұмытып кетті-ау деймін өздері...»
Мен жөтеліп қалдым. Естісін деп әдейі қатты жөтелдім. Маған жалт бұрылған сары қыз Оразбайдың иығына асып тұрған қолын ақырын босатып, төмен қарап қалды. Ол сол күйі біраз тұрды да, бір кезде ағама қарап: «Жабай жаурап қалды ғой», – деп ақырын ғана күбір етті.
«Ей, мынаның есі бар екен-ау өзі». Бір түрлі ішім жылып кеткендей болды. Бірақ Оразбай міз баққан жоқ. Ол сары қызға бірдеңе сыбырлайтындай, еміне жақын- дады. «Сыбырласа сыбырласыншы осы. Тезірек кете- тін», – деп ойладым. Осы кезде тым тақалып қалған Оразбайдың бетіне сары қыз шапалағымен шарт еткіз- гені. Мен аңырып қалдым... «Ей, мынаусы қалай-ей, вожатый болсаң қайтейін?» – деп жанына жетіп барғым келді. Бірақ өзіміздің бұрынғы Оразбай болса, ақысын жібере қоймас деп өзімді-өзім тоқтаттым. Бір қызығы, Оразбай ашуланған жоқ. Бұрынғысынша алабұртқан күйі сары қызға телміре қарап тұра берді.
Біз үйге қарай қайтқанымызда бейуақыт болып қалған еді. Әйтеуір, өзім ұйқыдан мең-зең боп, әзер жүріп келе жаттым. «Әй, Оразбайға еріп, киноға келгенімнің соңы осы болар... Кино көрмей кетсем де...»
Өзім булығып келе жатқанда ананың жынымды келтіргені. Бір қолымен қапсыра құшақтап алып: «Жаурадың ба, Жабай... Ұйқың келді-ау, айналайын?» – деп ет-бауыры елжірей қапты. «Ей, неңе жетісіп келесің, қыздан таяқ жеп?» – дегім де келді... Бірақ үндегенім жоқ. Сол сәтте
оны сондай жек көріп кеттім.
«Оразбай айдаладағы біреуді киноға апарып жүр, ақшаны құртып...» дегенімде, «ойпырым-ай, осы әтәңе нәлет кино деген сор болған шығар. Құдай-ай, қайдағы бір сайтанның ісін әлдеқандай ғып!» – деп көкем біраз тулады. Апам үндеген жоқ.
Сонымен Оразбай екеуіміздің арамыз әзірше онша емес.
* * *
...Кенет ашылған есіктің тықырынан селт етіп, басымды көтеріп алдым. Оразбай ма деп қалып едім, сөйтсем апам екен. Апам төр жақта қорылдап ұйықтап жатқан көкеме қарап тұрып: «Сақтай гөр-ай, мына байғұс үйді көшіріп жібере ме қайтеді?» – деп ернін бір сылп еткізді. Сонан кейін ақырын басып кеп мен жатқан кереуеттің ернеуінен сипады. Оразбайдың келген-келмегенін білгісі келген болар.
Мен шыдай алмадым.
- Әлі келген жоқ! – дедім ойда жоқта дүңк еткізіп.
- Жабай-й... Жабайжан-әй, сен әлі ояумысың? – деді.
- Мен, апа... Ояумын, – деп үнсіз жата бердім., Апамның жүрегі енді орнына түскендей, ақырын ғана «уһ-а» деп кереуеттің ернеуіне кеп отырды.
- Апа, осы Оразбайға не жоқ? Жұмыстан шаршап кел- ген соң жатпай ма демалып?
Апам үндемей отырып, бір кезде мырс етіп күлгендей болды. Қараңғыда оның жүзін байқай алғаным жоқ. Жұм- сақ алақанымен шашымнан сипап, саусақтарымен мұр- нымнан қысып қойды.
- Жігіт қой ол. Қазір тұп-тура жиырмаға шығыпты. Онда не жұмысың бар сен жаманның? – демесі бар ма.
- Не, жігіт болса сөйтіп қаңғып кете ме, жүдә, түннің бір уағында келеді мұп-мұздай боп, бүгіннен кейін бөлек жатамын...
Көрпені тарс бүркеніп, теріс қарап жаттым.
Апам кеңкілдеп күлді. Бір кезде көрпемнің шетін ашып, еңкейіп кеп, басын дәл кеудеме қойды. Демі ып-ыстық.
- Әй, сен жаманға не десем екен, енді? Маған жаның аши ма? Жоқ па? Соны айтшы? – деді.
- Ашиды.
- Жаныңның ашитыны рас болса, бүйтіп бұртимас едің-ау, сен ақымақ. Енді алпысқа келгенше арса-арса боп қазан-ошақпен алысып жүрейін бе мен? Сен де жас емессің, әй. Есің кірді. Баяғыда сенің жасыңда келін түсіреді екен, құдай-ау... Оразбай түгілі, – деді апам. Мен түк ұққаным жоқ.
менің інілерім
Әңгіме
Жұмысқа мініп баратын тор дөненді суара қояйын деп жетелеп, кешкілік құдыққа келе жатсам, қайдан шыққанын білмеймін, жаныма Асанәлі ентігіп жетіп келді. Бет-аузы аппақ ақ шаң. Көзі ғана жылтырап тұр. Асанәліні біздің үй іші «Арызқой» деп атайды. Көрген-білгенін жеткізіп тұруға, ептеп шағым айтуға әлден-ақ қайымдығы бар. Ол құдыққа дейін томпаңдап жаныма еріп келді. Әрдайым бір ышқырын көтеріп қойып, маған жалтақ-жалтақ қарап қояды.
- Аға, дейім-ау, Оразәлінің қолын көрдің бе?
- Көрдім.
- Бөрібайдың Қамалымен төбелескен. Екеуі, міне, төбелесті, – деп Арызқой бас бармағын шошайтты. – Қыз- дар сияқты тырнауық екен өзі. Оразәлі әкесін танытты-ай кеп. Шындасақ қой, жеңіледі. Бөрібайдың төрт баласы – біз жабылып барсақ, не істей алады, аға, ә?
Тіпті күлкім келді. Арызқойдың танауы делдиіп кетіпті.
Біз бір үйде ағайынды сегізбіз. Мен дүниеге келгенде апамның қуанышы қойнына сыймаған екен. Содан кейін тағы төрт-бес жыл өткесін бір-біріне аттары да, өздері де ұқсап қалған: Оразәлі, Қасымәлі, Насырәлі, Асанәлі, Жасанәлі, Досанәлі, Тасанәлілер өрбіпті. Осы ауылда
«Жәпектің ыздиған немелеріндей» деген бір сөз бар. Со бір ыздиған «немелер» біз боламыз.
Былтыр қыста үлкен атамның үйіне Сарыағаш жақта- ғы құдасы қыдырып келген. Бір күні оңаша отырып сол кісі: «Осы Жәпек құданың үйінде қара-құра көп көрінеді, бала-шағасы қанша болды өзі?» – десе, атам біздің ат- тарымызды бір-бірімізге шатастырып, сары мүйіз шақ- шасымен әр саусағын бір түрткен күйі отырып қалыпты. Ақыры болмаған соң: «Әй, со немелерді бір күні барып, төсекте жатқан жерінен басып, санап алмасам болмас, сірә. Өріп кетсе, бой бермес соларың», – деп орнынан тұрып кеткен екен. Атамның сол сөзі күлкіге айналып кетті. «Сарекең сөйдеген екен», – деп жұрттың көзінен су аққанша күлгенін талай көрдім...
Арызқой екеуіміз үйге келдік. Жаздыгүні далаға жат- қан бір қиямет жұмыс қой. Әсіресе біздің үйдің іші кешке
қарай елден көшіп келгендей сапырылысып кетеді. Апам болса ас әзірлеп беруден өзгесін өз мойнымызға артып қойған.
Жаңа ғана су сеуіп, сыпырылған жерге Оразәлі үлкен ақ алашаны жайып жүр. Бас жағымызға көкемнің ескі тонын ұзынынан тастай салыпты. Сөйтіп жүріп, ойын- нан жаңа ғана келген Қасымәлі мен Насырәліге ұрсып қояды. – Далаға неге түнемейді екен? Сапылдап тауып келетінін айтам-ау үйді.
Айғыз-айғыз білектерін сипалап біраз тұрды да, ол екеуі тізіліп үйге кіріп кетті.
Бір кезде үлкен ала көрпені сүйрете көтеріп Асанәлі келді. – Қызыл көрпенің астарын жаратпай тастапсың- дар, – деп жатыр апам. Өзім де көрдім: жырым-жырымы шығыпты.
Ертеңіне дейін жамап қоярмын, бүгінше бас аяқтасып осы көрпенің астына сыясыңдар, – дейді апам.
Сегізіміз бірдей жалғыз көрпенің астына сыйып кеттік. Әдеттегіше, апамның екі жағына жатқысы келіп, Досанәлі мен Тасанәлінің бастары қисайып еді.
- Қарақтарым-ай, сіркем су көтермей жатыр. Базар көкеңе барыңдар, – деп маған сілтеп жіберді. Бірінің бірі аяғынан шымшып, тебісуден басталған көрпе астындағы
«майдан» біреулерінің сыңсып жылауымен тынды.
Біздің аяқ жағымызда опыр-топыр болып жатқан аяқ киімдерді жөндеп қойып, күйіп-пісіп көкем жүр.
- Бұл немелердің сегізі сегіз рудан келгендей қыр- қысатыны несі екен-ай? Не жетпейді? Қой деймін-ей, түге, – деп қояды екпіндеп. Бірақ қолы түгілі, өзі де жақын- дамайды.
- Ол қайсы-ай, ұлып жатқаны. Сойып салшы жетпегір- ді. Қап, терлеп жатқанымды. – Апамның көрпенің астынан булыға шыққан даусымен бәрі жым болды.
- Сойып салшы дейді-ей. Әй, сен де қойшы осы. Балаларға келгенде жының қозып тұрады-ау. – Көкем енді апама түйілді. – Басыңның жарығы бар білем осы, өйтпесе бала бола ма, түге. Өсімелде-ақ ыздиып-ыздиып жігіт болғанда көрерсің бұларды.
Апам төсектен басын көтеріп қолын бір сілтеді:
- Әй, жігіт болмай кетсінші. Солар жігіт болам дегенше менің шашым қудай болар, сірә. Сен не білесің, қалқиып жүргенім болмаса, қарадай сансырап қалғаным жоқ па осы күні. – Апамның даусы әлсіреп шықты. Соңғы сөзін айтарда ұзақ-ұзақ жөтеліп алды.
Апамның біраз жылдан ауру-сырқаулы екені рас, әсі- ресе соңғы күндері жатуы көбейіп кетті. Апамды іштей аяп қана тым-тырыс жатырмыз.
- Не дейсің? Не дейсің енді маған? – деп көкем де босаңсып қалды. – Тіпті болмаса әлгі бәлнисесіне апа- рамыз да... Әйтеуір жаман немелердің көз алдында қарайып жүргенің қол ғой... Үлкендері оқу деп, басқа деп кетіп қалса, қиын тие ме саған, кім білсін... қайт дейсің енді. Қолдаяқтай келін ала қоюға балаң жас. Он жетіге енді шыққанда жүнжіп кетеді ғой.
Мына сөзді естігенде менің ішім бүлк ете қалды. Бір қы- рындай жатқан бетімнен аударылып түсіп, аспанға қара- дым. Қоп-қою бұлттарға қарап жатып ойланып қалдым.
...Інілерімнің бәрі де мұрындары пысылдап ұйқыға кет- ті. Арызқой екеуіміз Досанәліні ортаға алып жатқанбыз. Менің кеудеме басын сүйеген күйі ол да қалғып кетіпті. Көзі жыпылықтап Арызқой ғана ояу жатыр. Ояу екенім- ді білгісі келгендей, алдымен жеңімнен тартып барып:
«Базар аға» деді бір кезде.
- Не дейсің?!.
- Осы Насыр, Қасымдар бір жаққа барып оқимыз деп жүр ғой.
- Иә, енді кетеді. Интернатта жатып оқиды.
- Сосын келіп тұра ма? – Арызқой аударылып түсіп, маған тақалып жатты. Ауызынан шыққан демі құлағым- ның түбін жылытып барады.
- Жоқ, келмейді. Несіне келсін... Апама айтып күнде ұрыстырасың. – Арызқой үндемей қалды. Сол күйі бетін бұрып әкетіп, теріс қарап жатты. Көрпенің бір шетінде Қасымәлі мен Насырәлі жатыр екен. Екеуіне қарап күлкім келді. Күндіз де ымы-жымы бір екеуі құшақтасып, беттерін түйістіре жатыпты.
Өздері екі аяқтының жалқауы. Кеше көкем екеуіміз тамның төбесін сылап жүрсек, лай тасып жүрген Қасым мен Насырымыз үшті-күйлі жоқ. Шарқ ұрып іздеп жүр- сем, екеуі де мал қамайтын кепенің қараңғы бұрышында отыр екен. Не деп отыр деп, әдейі есіктің саңылауынан құлағымды тоса қойдым.
- Қолым жарамай қалды-ей, сенің ше? – деп қояды Насыр.
- Менің де, осы Базарәлі қалай, ә, көкем не айтса да салпақтап жүргені.
- Әй, саған бірдеңе айтайын ба? Сен әлі оны білмейсің,
- деді Насыр Қасымға қарай ысырылып. – Сен білесің бе Нұрғызды, онымен біздің Базекең тәуір екен. Ых-хы-ых...
- Алдыңғы күні кинода байқадың ба? Өзі де жабысып айырылысар емес. Апам да біледі. Бірақ теріс көрмейді. Базарәліні биыл неге оқуға жібермеді дейсің...
- Әй, қойшы, оның бойы мендей-ақ қой.
- Кімдей болса да сол. Базарәлі бір күні алып келсе, жеңеше дейсің бе?
- Ал сен ше?
- Мен атын атай саламын.
- Мейлі.
Насыр қаттырақ күліп кетіп, бір кезде Қасым «тс-сс» деп сұқ саусағымен шошайта қойды.
Екеуін алдыма салып, дедектетіп лайға ертіп әкел- дім...
Бірінің үстіне бірі аяқ-қолын салып, айқаса түсіп, іні- лерім ұйқыда жатыр. Тек Арызқой ары-бері аударылып түсті де, ыңырсып күбірлей бастады.
- Айтпаймын. Олла-ла-һи. Ендігәрі... – Бетіне қарасам, көзі жұмулы, ұйқысырап жатыр екен. Үйдің жанынан кө- кемнің жөтелген дыбысы естілді. «Мына бұлттың түне- руінің жаманы-ай. Түн ортасында жауып берсе, мына немелер тағы да ыршу-шыршу болады-ау, енді» деп кө- кем кәдімгідей қамқорсып сөйлеп жүр. Екі қолымен белін басып, енді есікке қарай жүрді. Ақ көйлегі малмандай тер болып, арқасына жабысып қалыпты.
- Таңның атысы, күннің батысы қыбыр-қыбыр, ой,
дүние-ай, қайтерсің енді. Жаман немелер, түге. Аман болсаңдар, түбі бір жерден шығарсыңдар. Ол босағада жатқан келінің үстіне отыра берді. Апам әлі ояу жатыр екен.
- Ай, Базардың көкесі-ау, қауынның басына барып жатпайтын ба едің? – деп жастықтан басын көтеріп, көкеме қарады.
- Е, құдай алар дейсің бе? Барамыз да... – Көкем енді жайласып қалтасынан шақшасын алды. Менің тіпті ұйқым келер емес. Көкемді аяймын.
Бір көрпенің астында тебісіп жатқан сегіз тентектің ұйқысын күзетіп отырған сиқы мынау. Енді ғой қауынның басына барады. Онда қанша сенделерін кім білсін? Осы әліне өзінің бейілі кетпей, біреудің жөніне жүрген емес.
Өзі айтқандай, тірі болсақ, бір жерден шығармыз, әйтеуір. Мен дәрігер болуды армандаймын. Ал мына айқыш-ұйқыш жатқан қара сирақтарды кім білсін...»
Көрпемді кеудеме дейін тартып қойып, аспанға қара- дым. Дәл төбеде қара бұлт әлі түнеріп тұр. Шығыс жақтан шатыр-шұтыр етіп найзағай ойнап кетті.
Мен де іштей: «Ойпырай, осы күн шынымен жауып бермесе етті» деп тіледім.
Перзент
Әңгіме
- Көке-е-е...
Кекілі маңдайына түскен арық қара бала есікке жақын- дай беріп, бір жапырақ нан ұстаған қолымен бетін басып еңіреп қоя берді. Кішкене қара сумкасын бір қолымен кеудесіне қысып алған. Солқылдап жылап қабырғаға сүйене кетті.
- Ұлымай, құры енді... – Бұл сөзді қысыла сыбырлап айтқан Зұлқия әлгінде баланың бүйірінен бұрап өткен сумақай қолымен енді көз қылып, арқасынан қақты.
- Құдай-ай, қит етсе күн жаумай су болып тұрғаны... Бір сорға кезіккен шығармын, сірә... – Көкшіл көздері шатынап баланы жеп барады. Қолындағы ернеуі сынық зерлі кесені айналдыра қарап тұрып:
- Өңшең жетім-жесірді қайдан жеткізді-ай. Ойбай-ау, ойбай, тамтығымды қалдырмас енді. Өз қотырын өзі қа- сып отырғаны жақсы еді, – деп тағы біраз безілдеді.
Ішкі бөлмеде тілдей тас қайраққа пышақ жанып отырған сопақ бет, арық сары шал баласының даусын анық естіді. Селт етіп есікке қарады. Жүрегі зырқ ете қалғандай боп, еңсесі түсіп кетті. Асығыс тұрып бір қолына белбеуін, бір қолына тымағын ұстап ауыз бөлмеге шықты. «Бала неме бірдемені бүлдірді ме екен. Баламысың деген... Осы да енді», – деп өзін-өзі жұбата шыққан Сапекең Зұлқия- ның соңғы сөздерін естіді. Шашы жалбырап, қабырғаға жабысып өксіп жылап тұрған баласын көргенде бір түрлі көңілі жабырқап, дегбірі қашты.
Бірақ сыр берген жоқ. Қаншалық аяп еміреніп тұрса да, баласына жақындамады.
- Тәйт-ай, не болса соған жылай бермей. – Келініне көз қып айтса да еріндері дірілдеп кетті. Есік жақта әлі бұрқылдап жүрген келінінен жүз тасалап, терезенің ал- дына барып тұрды.
Сапекең сыртқа шыққанда, Алпысбай сумкасын есік- тің ілгегіне іліп қойып, құлақшынының бауын байлап тұр екен. Әкесіне жасты көзімен бір қарады да, мұрнын бір тартып қойып теріс айналды. Қолына сумкасын алып, қораның үлкен есігіне бет алған.
Сапекең де ере жүрді. Қолпылдаған сары тонын қым- тай буынып ап, босағада сүйеулі тұрған кішкене ақ тая- ғын қолына ұстап, баласының соңынан ентелеп келеді. Үй айнала бере Алпысбайы жаутаң-жаутаң қарап тұра қалғанда, енді не дерін білмей, тек баласының көңілін жұбатып жібергісі келді. Ет бауыры елжіреп, қапелімде аузына сөз түспей, абыржып тұрып қалды.
- Шүкірім-ау, қолың жаурамай ма? – деп шидей сау- сақтарын ұстай бергенде Алпысбайы жылап қоя берді. Әкесінің белбеуіне басын қойып, ұзақ өксіді. Үшінші рет... шешесі өлгелі баласының үшінші рет осылай егіле жылағанын көріп тұр.
Сапекеңнің көңілі босап, енді болмаса баласына қосы- лып кетердей жыларман халде тұрған сияқты.
- Қой енді жетер, құлыным, оқуыңнан қаларсың, – деп еңкейіп кеп, алақанымен баласының көз жасын сүртті.
Алпысбайдың соңынан ұзақ қарап тұрды. Баласы мектепке баратын жалғыз аяқ жолмен, басын төмен салып ілбіп барады. Артына қолын айқастыра ұстап тұрып: – Құлыным, өмір жасың өксіп өтпесе не қылсын.
«Қайтейін, тағдыр басқа салған соң» деп күрсінгенде, бір тамшы көз жасы домалап сақалына тамды.
Сапекең азанғы шайын жөнді ішкен жоқ. Екі-үш кесе- ден соң ыдысын төңкеріп, келінінің «ішіңіз» деп ернін жыбырлатқанына да көңіл бөлмей, өзінше бата етіп, ор- нынан тұрып, қораға қарай жүрді. Тор дөненді жетелеп әкеп, үстіне ешкінің терісімен қапталған көнетоз ерін салды. Кемпірінің көзі тірісінде өз қолымен тоқып берген ат дорбасын әкеліп ердің басына ілді. «Ұмытып кеткен жоқпын ба», – деп ішкі қалтасынан шақшасын іздеді. Жадағайының төс қалтасында бұлтиып тұр екен. Буын-буыны сықырлап Сапекең торы дөненінің үстіне қонғанға дейін қайда бара- рын да ойлаған жоқ-ты. Маңдайын алақанымен көлегейлеп, олай-бұлай қарап тұрды да, атының басын ауылдың түстік жағындағы үлкен адырға қарай бұрды.
...Күн шыңылтыр аяз екен. Сары тонының жағасын көтеріп, екі жеңін қаусырынып алды. Сары тазысы жор-
тақтап жанында келеді. Таза ауаға шыққан соң ба, бойы, денесі жеңілденгендей сезінді.
Бірақ Алпысбайы қайта есіне түскенде Сапекеңнің іші әлем-жәлем боп, көңілі бұзылып кетті. Ойына әрдеңелер түсті.
...Осыдан аттай бір жыл бұрын кемпірі Бәтима қайтыс болды. Қырық жыл отасқан, қырық жыл тұздас-дәмдес болған қосағы. Алпысбай – екеуінің ғұмырларында емі- реніп сүйген жалғыз ұлы. Арыздасарда да қайта-қайта аманат қып тапсырып еді-ау. Сапекеңнің тұла бойы шымырлап кетті. Тонының жеңін көтеріп әкеп, көзінің алдын сүртті.
...Жетім бала, жесір шал. Бауыры жоқ-ты. Лаждап біраз уақыт күн кешті. Бәтимадан қалған ошақтың шоғын сөндірген жоқ. Сүйегі қатайып қалған кісіге ауыр екен. Ақыры ағайындары кеңесе келіп, екі құлағы тас керең ауыл арасындағы жесір әйелге қосып еді. Үй ұстап, дүние ұсатып көрмеген бейбақ екен, тұз-дәмдері жараспады. Киім-кешегін түйіп ап ақыры тайып тұрды. Сонан кейін жақын інісінің қолына кірді. Ынжық іні. Шайпау келін. Өтіп жатқан күн...
Базбіреу: «Сапарбек шал қаңғыбас болып кеткен, алжыған», – дейді. Десін... Қайдан білсін бұл жұрт. Әйтеуір соңғы кезде үйде көп отырғысы келмейді. Кемпірі өлгелі етік тігуді де қойған.
Сапекең әлдеқайдан талып жеткен дауыстан селк ете қалды. Сейілбек қойшы екен. Тымағы жалпылдап сона- дайдан шауып келеді.
- Опыр-ай, Сапекең бе-әй... Сапекең... Жарықтық-ай, есен-сау жүрсіз бе? Әйтеуір ел-жұрт, бала-шаға тегіс аман ба? – Арғы атасы Көбекпен кездескендей, өліп-тірі- ліп амандасты. Атынан түсіп, қос қолын ұсынып, Сапекең- мен ұзақ сілкілесіп тұрып алды.
- Өстіп ауыл аралап, өзіңіз сияқты үлкен кісілердің қолын алып тұрайын десең, Жәке-ау, мына өкіметтің малы... Тастап кетсең әтеңе нәлет, қасқыр қырады. Жаман қатынның да аяғы ауырлап, – деп тағы бірдеңелерді айтып мыжып барады.
Сапекеңнің шақшасын алып, бір шөкім насыбайды таңдайына қағып сап, атын тебініп кеп, Сапекеңмен қабаттаса тұрды.
- Жәке-ау, өзіңіздің де жағдайыңызды ойламай жүрген жоқпыз. Мына «Боройнақта» бір жесір қатын бар екен. Өзі жап-жас. Аздап ұстамалы кеселі бар дейді. Дегенмен, құдай сақтасын, ініңізге дәрет су жылытып дегендей...
- Жетер, мыжың неме, – деп Сапекең тыйып тастады.
- Мен саған қатын тауып бер дегенім жоқ. – Қою қара мұртын ширатып қойып, тағы да сөйлеуге оңтайланған Сейілбек күрмеліп қалды.
Сапекең атын тебініп қап ілгері жүрді. Қатын іздеп жүр дей ме мені осы жұрт. Лезде қабағы түсіп, жүзі суып кетті. Сейілбек біраз жерге дейін жанаса жүрді.
- Жәке-ау, етігім бітті ме, соны айтыңызшы. Жаман қатынның мәсісі тозып, соны ұлтарып бере қойсаңыз. Ілесбайдың қатыны күн бермейді дейді. Тіпті балаңызбен келіп қанша күн қонақ болсаңыз да көтерер ем, Жәке-ау, деймін, тіпті. Көктемде бар ғой қозы берейін... – Сапекең жөнді құлақ аспаған соң, тағы да бірдеңелерді сымпылдай сөйлеп қалып қойды.
...Кештетіп кеп, баурайға салынған екі үйдің шеткісіне түсті. Әділбектің үйі екен. Көсеудей қара қатын салқын ғана қарсы алды. Оның қас-қабағына қарап жатқан Сапекең болған жоқ. Шешініп біржола жайғасып отырды. Қара қатын Әділбек келгенше ләм деп тіл қатқан жоқ. Сұлама пештің үстінде бүлкілдеп қайнап жатқан қазанымен болды.
Қас қарая күллі суықты арқалап үйге Әділбек кірді.
Домбыра шертіп отырған Сапекеңмен қол алысып амандасты.
- Күлше, әй, Күлше... Малды өзің қоралап келмесең, мен тегі, – деп екі алақанын жайып пештің түбіне отыра кетті. Сақалына қатқан мұзын алақанымен уқалап-уқа- лап жіберді.
- Артыңдағы есікті жабуды да үйренбей-ақ өттің- ау, сен сорлы, ызылдатып, – деп күңк етіп, қара қатын қолындағы көсеуімен киізбен қапталған есікті итеріп
қойды. Әділбек үндеген жоқ. Тымағын шешіп, терсіңді тақиясын бір желкесіне ысырып қойып отыра берді.
Үшеуі отырып ет жеді. «Самаурынның оттығы еріп кетіп еді», – деп қара қатын құманмен шай берді. Сөзге сараң момын Әділбек жөнді әңгіме қозғаған жоқ. Шай ішіп отырып өткен түні интернатта жататын балаларының келіп кеткенін айтып, өзінше соларды айналып, толғанып отырды.
Тек қана: «Сапеке, осы етік тігуді қойып, тазы ертіп жүргенді қолайлы көргенсіз бе?» – дегеніне Сапекең ба- сын изей салды. Ләм деп тіл қатқан жоқ. Әділбек одан әрі не деудің есебін таппағандай, тықырлап алдырған басын ұзақ қасып отырып: «Менің бір іңір ұйқым бар еді», – деп ала жастықты бауырына алып, төрге қарай қисая кетті. Сол күйі қорылға басты.
«Таң атқанша тасқа жатқандай болам-ау»... Іргеге са- лынған жалғыз қабат көрпешеге Сапекең қисая кетті. Еті қашқан қу сүйекке тықылдап батып барады. Ақырындап көрпесінің бір шетін астына басып барып жаны жай тап- қандай болды.
Көрпесін бүркеніп көпке дейін ояу жатты. Әлден уақыт- та есік ашылып, сырттан біреудің кіргенін білді.
- Байғұс-ау, мынау кім, томардай боп, теңкиіп жатқан?
- Етікші кісі...
- Етікшісі кім-ай...
- Былтыр кемпірі сарыптан өлген ше? Құдай-ай, осы аңшы ма, жылқышы ма, өңкей қаңғыбастардан қалдым бәлеге, тентіреп...
- Е... е... – Әлгі әйел даусын созып тұрып қалды. Сапекең жыға таныған жоқ. Әйтеуір даусы таныс секілді.
- Байғұс шалдың қайбір жағдайы болып жүр дейсің.
Қартайғанда төтенше іс болды-ау.
Қара басы болса бір сәрі... баласы.
- Өзіне де сол керек, алжығанда қатын таңдаған несін алған.
- Қойшы әрман... Жаманшылығын көрген жоқ ек. Ей, бәрінен де баласын айтамын-ау байғұстың, күн бермейтін сияқты ғой долы келіні. «Жетім қозы тас бауыр» деген.
Ертең әкесі өлген соң, аман болса, есек қып жіберер оны. Есек қып.
Соңғы сөздерді естігенде Сапекеңнің жүрегі шым ете қалғандай болды. Жас деген бетін айғыздап кетті. Оқыс дыбысымды шығарып аламын ба деп, ернін жымыра тістеп алды.
«Еңіреп жүріп алпысымда көрген перзентім. Алпы- сым...» Көз жасы жастыққа тырс-тырс тамды. Ойына Бәтимасы түсті.
«...Қайран Бәтекем... Сен тірі болсаң... Жапырайған бал- шық үйдің қисық түтіні үзілмегенде. Айналайын Алпысым жайнап жүрер еді-ау, мынау өмірде сен болғанда...»
Жаздыгүні өзін «Алпысбайды оқытатын апайымын» деп таныстыра келген, ұзын бойлы арық қара қыз: «Ата, балаңызды апарып интернатқа беріңіз, енді солай еткен қолайлы», – дегенде:
- Интернат-пінтірнатың құрып кетсін. Көзімнен таса етпеймін, – деген-ді. Арық қара қыздың әрі-бері үгіттегені- не көнген жоқ.
- Қайдан көнейін... Қалай ғана сыярмын қу басым...
Жалғандағы көрген жалғызым...
Сапекең көрпесін серпіп тастағанын байқамай қалды. Өз ойымен өзі боп білмеген екен. Шам сөніпті. Үйдің іші тұрт тағаш қараңғы. Қара қатын жатқан бұрышқа қарап күрсініп қойды. «Алжығанша қатын таңдап» дейді. Қайдан білсін...
Тұла бойы өртеніп бара жатқандай күйіп тұр. Көрпесін ысырып тастап, жалғыз қабат көрпешенің үстіне көйлек- дамбалшаң шалқасынан жатты. Басына кіріп-шығып жатқан ой деген қым-ғуыт. Әйтеуір енді ұйықтай алмасын сезді.
Ол кірпік қақпай бақырайып жатып таңды бозартты. Таңғы намазға әлі ерте. Сапекең сонда да орнынан тұрып, аяқ жағына қойған мәсісін іздей бастады.
Күн май тоңғысыз жылы екен. Түніменен қар жауыпты. Сары тонын желбегей жамылып, Сапекең сыртта біраз жүрді. Торы дөненге шөп салынбаған екен. Сол күйі қаңтарулы қалыпты.
Үйге қарай жабырқап қайтты. Кенет ойына Алпысбай түсті. «Азанмен тұрып, етік-шұлғауын кептіріп қоюшы едім. Алда құдай-ай, менің қаңғып жүргенім мынау. Сенің алдыңда алсашы енді...»
Үйге қарай асығыс жүрді. Қайтуды ойлады. Дәл қазір жүріп кеткісі келді. Үйге кіріп ер-тоқымын, қамшысын ала шықты. Қара қатын да енді тұруға қамданып жатыр екен. Ашық қалған есіктен: «Құдай-ай, тықыр-тықыр етіп бір тыным болсайшы. Таң атпай бұ несі екен-ай. Алжыған соң»... – деген даусы естілді.
Сапекең ер-тоқымын көтерген күйі тор дөненге келді.
Атын ерттеп жатып тоқым етіп жүрген Алпысбайдың ескі күпәйкесін қолына ұстай бергенде көзінен жас ыршып кетті.
- Алда айналайын-ай, – деп күпәйкенің жеңінен си- палады. – Амандық болса, сол інтернәтіңе апарармын енді. Өкімет бағады ғой. Әйтеуір жабырқатпас. Несі бар. Сағынсам – барып аймалап, мауқымды басып тұрармын. Маған қалған одан басқа не бар енді?
Сапекең атына мінді. Сары тонының жағасын көте- ріп, тымағын байлап алды. Шығыстан қылаң иектеніп таң бозарып келеді. Қар әлі қыламықтанып тұр. Сары тазысы әудем жерде жортақтап барады.
мазмұны
Повестер
Редакторы Зәуреш Башбаева
Суретшісі Меруерт Данабаева
Техникалық редакторы Гүлмаржан Сәбитова
Көркемдеп, компьютерде беттеген Әйгерім Молдахметова
Баспаға Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің
№ 0000082 мемлекеттік лицензиясы 2005 жылы 11 қаңтарда берілген
ИБ № 08
Басуға 01.09.12 ж. қол қойылды. Пiшiмi 60х901/ .
Офсеттiк басылым. Әрiп түрi “Arial”. Офсеттiк қағаз. Шартты баспа табағы 13,57. Есептік баспа табағы 15,0.
Таралымы 2000 дана мемлекеттік тапсырыс + 1000 дана баспа есебі бойынша.
“Таймас” баспа үйi” ЖШС. Алматы қаласы, Абай даңғылы, 153-үй, 27-офис.
Факс: 266-21-14, тел.: 250-09-95, 250-09-96, 250-09-97, 250-09-98.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?