Қазақтың 100 поэмасы 5 том


УДК 821.512.122

ББК 84 Қаз 7-5

Қ 17

Қазақстан Республикасының Мəдениет жəне ақпарат министрлігі Ақпарат жəне мұрағат комитеті

«Əдебиеттің əлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша шығарылды

Қ 17 Қазақтың 100 поэмасы / құраст.: Ж.Аймұхамбет, А.Əлімұлы; алғысөзі мен түсініктерін жазған Ж.Аймұхамбет.

– Алматы: «Жазушы», 2013. 5-том. – 376 бет.

ISBN 978-601-200-454-0

 Қазақ поэмаларының бесінші кітабына ұлттық поэзиямыздың көрнекті өкілдері Фариза Оңғарсынова, Мұхтар Шаханов, Кең- шілік Мырзабеков, Əбдірəштің Жарасқаны, Темірхан Медетбек, Иран-Ғайып, Серік Ақсұңқарұлы, Ұлықбек Есдəулет, т.б ақындар- дың сан алуан тақырыпты арқау еткен эпикалық туындылары кір- гізілді.

УДК 821.512.122

ББК 84 Қаз 7-5

ISBN 978-601-200-454-0 (5-том)

ISBN 978-601-200-449-6 (ортақ)© «Жазушы» баспасы, 2013

АҚБӨБЕК ЖЫРЛАРЫ

 Ақбөбек пен Қайыптың мұңды махаббаты туралы аңыз Маңғыстауда кең тараған. Өнерпаз кедей жігіт Қайыпты сүй- ген бай қызы бір түнде онымен қашып кетеді де, тауда үш қүн паналайды. Қайып аң аулап кеткенде, қуғыншылар Ақ- бөбекті қолға түсіріп, Форт-Александриядағы (Форт-Шев- ченко) түрмеге қамайды. Қайып жиһан кезіп кетеді.

Даламен сырласу

Дала, менің жеңешемдей

кетіпсің ғой құлпырып тым!

Маған пəлен демесең де, жанарында нұр тұнып тұр.

Көктеменің күн шуағын сағыныпсың, ұғып тұрмын.

Үйде мен де тыншымадым –

құлпырдың да, қызықтырдың.

Тыным көрмей жыршы құс-ақ саған арнап жаңаша əнін,

түріне тым тұрсың ұқсап

əжем терген алашаның.

Тіршіліктің бəрі бүгін, бəрі бүгін бір түледі.

Таулар ғана кəрілігін

сезінгендей күрсінеді.

Сілкінбеді, шөге берді, қажыған ба өмір соғып?

Асқақ кейпі келе ме енді, ойлағанмен көңіл солып...

Кəрі таудың құшағына тұрақтамай бұлақ-қыздар,

қарт жүрегін құса қылып

кетіп жатыр құлап құздан.

Қатпар шыңның мүжік басын келемеш қып, қарашы əні,

жеткізбей жүр күліп қашып жалаң аяқ бала сағым.

...Мен түнімен көз ілмедім, көңілім де тыншымайды.

Бір бейтаныс сезім менің жүрегімді шымшылайды...

Жеңеше

Жеңешетай, тоқташы, құшақтайын сені бір!

Тасташы сол от басын, отырмашы емініп.

Жақын келші жаныма, жанарыма үңілші!

Шаттық көрсең, жадыра, отырма тек түк үнсіз.

Сен қуансаң, ақылдым, қуанамын деуші едің.

Ағадан да жақындау

көремін ғой мен сені.

Жаным бүгін шашты гүл, əлем бақыт сыйлап тұр!

Махаббаттың мастығы қуыршақты жинатты.

Көзінде оның сағым-нүр тұнып тұрған секілді.

Жүрегімді, жанымды ұғып тұрған секілді.

Сол жанарда – қонысым, қуанышым не түрлі.

Менің жаным онысыз күнсіз аспан секілді.

Айтшы маған жыр етіп, есіңе алшы бүгін бір,

Алғаш жүрек дір етіп,

ғашық болған күніңді...

Түңілу

Адайлар мені маңдайға біткен күнім деп, қастерлеп аса мақтайтын –

аймаққа кетсе атағым менің дүбірлеп,

бетімнен бірі қақпайтын.

Сүйікті болса, еркелеу болып кететін əдеті шығар пенденің:

бір басқа менің еркелігім де жететін,

ел еді сонда сенгенім.

«Бөбекте де арман бар ма екен» дейтін қыз біткен,

жігіттер жүрді жыр арнап.

Оңымнан туар бақытым – Айым біз күткен сағым боп өтті бұлаңдап.

Жұлдызы болдым елдегі думан-қызықтың, алдыма шығар кім бар-ды.

Енді мен бүгін «күнəһар болып, батасын елдің бұзыппын»

сүйгенім үшін бір жанды.

Ата-ана қайда бетіме жел боп келмеген, беремін дейтін тілегін?..

Əлпештеп жүріп безеді неге ел менен, жасыды-ау əбден жігерім...

Құса боп өтсе қыздары елдің сəні ме, халқым-ау, қалай төзгенің?

Алдамшы екен ғой мынау жалғанда бəрі де, махаббатымнан өзгенің.

Сөнбейтін сезім

«Атыңнан айналайын Бөбек деген».

Қайыптың əні

Дауысың келді-ау құлаққа, сағынышым, құсалықтан Бөбегің арыды шын.

Кеше мені азаптап көп сұрады:

«Қай бетке ұшып кетті, – деп, – тағы құсың?» Сенің əнің сайрап түр көкіректе,

ойламашы азаптан өкінед деп.

Менің бойым өрт тұрған.

Қосылмайтын

жүректердің, жаным-ау, оты көп пе?

Қайда жүрсің қамығып, сұңқар құсым, бізден бақыт қиялдай бұлттарды шын.

Бөбек сендік жанары жұмылғанша, арнаса да дүйім ел мың қарғысын.

Төксін теріс батасын, жала, кегін –

 өзгермейді өзіндік жан екенім, ұқсын, мынау ұға алса, көр кеуделер,

сөнбей-тұғын сезімдер бар екенін.

Ашыну

Түрмедегі Ақбөбекті патша офицері қорламақ болады.

Селтиген сары!

Жетіспей тұрғаным сен едің,

келдің бе тағы көлгірсіп зымиян күлкіңмен! Ұстай алмассың Бөбектің шəйі желегін, əзер болса, дозағым болар бұл түрмең.

Ит өлген жерден келді екен сені кім айдап, қаңғыбастарға мекен болған ба бұл аймақ?! Тірілей мені тəлкек қып қойған мұндайға соқыр екен ғой Құдай да!

Күні кеше сен «жабайылар» деп шікірейіп тұрдың емес пе,

сары жез мұртың тікірейіп тұрды емес пе! Жабайыны жөнге саламын десең, алдымен мəдениеттілігіңді елестет!

Жолама маған,

қолаңса-сасық, күлімсі исіңнен жерінем, қорқытам деме – талай қорқудан

батыр боп алдым тегі мен,

сенсіз-ақ көрген азабым бастан асып тұр мынау даланың шонжарлары мен бегінен.

Тірілей сенің құшағыңа енбен, жүн ерін,

Аю мойныңа асыла алмайды Қайыпты ораған білегім!

Асқақтығым асып, ашуың қысса, жарып же жабайы қыздың жүрегін!

* * *

Өмірге тұрар үш күнім Туған жер, елдің ішінен жанашыр болды түн ғана: дегендей бəрін түсінем, жасыра қойды жылғаға. Тауға да жеттік ентігіп, бұлақ-қыз күлді сылқылдап. Жұлдыздар жиі. Жел тымық. Қос жүрек қана тұр тулап.

Жастанып жұпар жусанды, Көрпеміз – түннің шəлісі, От сезімдерден бусанды қаңырап қалған тау іші...

Жүректер жалын. Мекен – күз. Жанарға бақыт-нұр қонып.

Тілеумен жаттық екеуміз тұрғай деп мəңгі түн болып. Таңдағы түстей тəтті еді өмірге тұрар үш күнім.

Таптады қыршын сəтте бір тырнағы заман – күштінің. Азапқа салсын.

Жүдеп мен

кінəлі жандай жасыман: Айнымас асау жүрекпен ақ сезіміме бас ұрам!

Арман

Елестейді жанбаған бағым əлі, Сорлы жүрек сол күнді сағынады...

...Ақбөбек пен Қайыптың қызығы деп, тойлы ауылға қəрі-жас ағылады.

Балалар мəз. Думанға күлкі ұласып, жаңа жерді жатсынып, жылқы қашып...

Көк шалғынға көміліп жас құлындар, жатса-ау, шіркін, желіде шұрқырасып!

Қыз жүрегін жігіттер байқап ашып, отырады өзара тайталасып.

Қатар-қатар тігілген ақ жұмыртқа отаулардың түндігін айқара ашып.

«Кетеді-ау, – деп, – жат жұртқа ұя салып»... Кейде келген құдадан сый аталып, отырады кемпірлер «өріс қой» деп,

жаулық ұшын көз жаққа жиі апарып.

Сонда бұл маң түп-түгел жатпайды анық, жолаушы да тыңдайды тоқтай қалып.

Жас күйеуді ортаға ап жеңге біткен сабылумен жүреді нарттай жанып.

Таңданады сол тойға халық тұрып (қызық думан көрген бе жалықтырып!), жарқылдасып жүреді ағаларым

жиған-терген дүниені сарып қылып!

Əн-күйіңді сен бүгін бұлдама деп, достар тұрса даланы жырға бөлеп. Сонда біздер бақыттың толқынында қос қайың боп, дүние-ай, ырғалар ек!

Қол жетпеске талпынар көңіл деген, аңсауменен бұл күнді өмірде мен өтемін ғой, Құдай-ай, құсалықтан жалғыз тамшы жас қалмай төгілмеген...

Бақыт аңсап балалық күн кешіп ем, болмағаны-ау бармақтай бір несібем... Бұл қапырық қуыстан құтылармын, қалай шығам заманның түрмесінен...

«САЙРАҒАН ЖЕТІСУДЫҢ БҰЛБҰЛЫМЫН...»

Сараның жырлары

Арнау

Ақын Сара, саңлағы жыр-жарыстың, шашылғандай бейуақта шыңнан ұшқын, арманшылдау жанымды алау шарпып, қанатымды жырыңа шыңдап ұштым.

Арман – жолда шың-құздар өріндегі адастырмай албырттау көңіл мені – Жалқы Темірқазығым – Махамбет те, Жыр-Шолпаным – өзіңсің көгімдегі!

Жыр-əлемде жолдар аз таң нұрындай, зулап өтер дауылға, шаңға ұрынбай, бұралаң жол, бұрқасын өткелімен сендік тағдыр менің де тағдырымдай...

Бас тарттым да басқаның соқпағынан, жол таңдадым жел ұрып, шоқ қарыған. Адасайын, адассам, шағылысқан Темірқазық, Шолпанның оттарынан!

1

Сайраған Жетісудың бұлбұлымын, айбынды, үнім асқақ, нұрлы жырым, айтыссам, ақ бұлақтай ақтарылам, кешпеймін кейбіреудей жыр жылымын.

Өсірген өжет етіп өлке мені, елдердің елдігімен көркем елі.

Жырымда найзағайдың ұшқыны бар –

тіл тартпай талай ақын өртенеді!

Жырыңнан жүректерде нұр жанбаса, жықпаса, жығылмаса, жынданбаса, күймесе, қайғырмаса, мұңданбаса,

жылтыңдап жайдақ судай жылмаңдаса, жыр емес, ондай жырың – құр далбаса!

Жыршы емес, елдің жүгін тарта алмаса, таңдайға алмас сөзді арқандаса,

іштегі буырқанған жай тасқынын жасқанып, ақтара алмай жалтаңдаса!

Жаныңда құрсаулаған бір ақ шабыт, таулардан тасқындаған бұлақша ағып, бір екпін əкелмесе жасыл жайға,

не мазам – ондай жырға құлақ салып!

Жыртпаса мұң сауытын бұлқып адам, иығы арылғандай мұң күнəдан,

жыр жанын дауылдарға бастамаса –

мың артық-жыр көгінен бір құлаған!

Құрта алмай шапқыншының сан жасағы, азапты асыл жыр мен əн қашады.

Жыр сөзі – шындық сөзі. Қашанда да жердегі жыр күресі жалғасады.

Күн кешсін, азап шексін құлдықта адам, Бəрібір жоғалмайды шындық тəмам.

Қашанда асылдарды «арзан» дейді түйсігі аз, тымырсықтар жырды ұқпаған.

Даланың жазылмайды заңдары да, Бірақ бас бұрғызбайды зарла, жырла; ақылға, асыл сөзге, өнерліге

бас иген қаһар төккен хандары да.

Алмас жыр жанарымдай жарқылдасын, ұқсын да тау өзінің паң тұлғасын, сезінсін дала өзінің шалқарлығын, тынбасын, тума бұлақ сарқылмасын!

2

Жетісуым! Кең далам, жақұт далам! Сұлулықты сендегі жат ұқпаған.

Жұмақ дəмін ең алғаш ес білгенге жеті өзеннің бойында татыпты адам.

Жаннат жерде көрмеген таңдай қатып, жыр жанаттын ұрпаққа жалғайы уақыт. Жүрегіме əн құйған, жасыл өлке,

сенде туып, сендей өскен қандай бақыт!

Сезбей өстім бағыңда жел екпінін, жырларымды тербеді желек-гүлің. Сен сіңірдің қаныма туған жерді Қалай сүйіп өтудің керектігін.

Кернегенде бұлбұл үн дала таңын, жыр маржанын жұртыма таратамын. Даңқым кетсе үш жүздің даласына,

Сендік – менің жырым мен бар атағыма!

3

Шыңдарға көп қарадым, қызықтым заңғарларға. Ой қуып от талабым Атпаған таңда бар ма?!

Тар соқпақ жол көремін тайғанақ шатқалдардан. Ақ арман өңгеремін Шыңдағы ақ қарлардан.

Жаңғыртып жоталарын шырқаймын құз басынан. Жаныма от аламын найзағай сырғасынан.

Асқақ бір күйге енемін шақырып жыраққа арман.

Кішілік үйренемін күміс үн бұлақтардан.

Құздарды құрсап алған,

етпейтін сұр бұлтты елең, көк-жасыл шыршалардан мəңгілік тірлік көркем.

Ұмтылам, жондарды асам, құздармен кездесемін.

Алатау, сен болмасаң, биікті сезбес едім.

4

Байеке, жаралғансыз нық тұғырдан, ел билер ерлер ғана жұртты ұғынған. Ұрлаған бір жылқыны мен төлеймін – жігітті босатыңыз тұтқынынан.

Қуарып көгал қалар бұлақ кепсе, есейіп ер шыңдалар сынақ шексе. Байлығы, бағы барға сөз бе, тəйірі, жігіттің тақымында бір ат кетсе!

Толғанмен толқынданып жылға малға, өмірдің сыңдары көп тұрған алда.

Біреу бай, біреу жаяу, біреу мықты... Теңдікке дала тапшы бұл заманда.

Ел бастап, ат мінгенмен кем күн бүгін, жарытпас, сезе алмаған ел тірілген.

Бостандық – тұңғыш байлық бұл далада, жігіттің қайтарыңыз еркіндігін.

Бақ деген, байлық деген – жанға қонақ, шығады ажал бір күн алдан орап: азабын тартқан ел де қуанады

ұшқанда алтын тақтан хан домалап.

Мейірім – басты ұраны ерікті елдің, бір жолға жас жігітке ерікті елдің, Далада қыз тілегі қабыл ғой деп, Сіздегі мейірімге сеніп келдім.

5

Шалқыды бүгін бір думан, əнімді мен де бастадым, думанды көрсем саспадым, жігітті көрсем жыр қуған жүректі кернеп асқақ үн, əуенімменен жасқадым.

Қызыл тіл, құздың жайындай, шатырлап сынып, шаш жалын! Жанынан безсін қастарым.

Туласын жүрек тайынбай, жебесін сөздің тастағын, шалдуар мінез, шат-шағым тұрғанда жырдан айырмай жатталып қалсын жақсы əнім. Ашырмай аузын басқаның, шаңқай түс шілде айында жайнасын лаулап жас жаным, қызыл тіл, жырдың жақ шаным!

6

Аққудай жүзіп айдында жұптарын жазбай тараған, бақытқа бөгіп бал арман, адамның бəрі өмірге махаббат үшін жаралған. Қайғы-мұң түссе көңілге қаймығып ұшар жанардан, қызығып сонда қара маң. Тұмарсыз атар таң алдан, қатерлі, қауіп жерлерде, қиындық басқа келгенде құландар сатпас сыңарын, қалдырмас жауға тұрағын. Қос аққу-сынды сендерге жарасым, жастық бер, күнім, салма деп мəңгі жер жүгін, болма деп бақыт кемді-күн батасын берді ел бүгін.

7

Уа, жарандар, жақсылар, жақсылар сөзді топшылар, қадірі болса халқына азамат-ерге бақ шығар; тақырдың көркі қақ шығар; əділет кетсе хандардан халқына шаттық аз шығар;

жазықсыз көзден жас шығар, бірлігі тайып басынан, ірмекті сүттей ашыған абыройы елдің шашылар, жаулары таптап басынар.

Табалап сонда жат сынар, табанға салса тас сынар, балтаға тисе басты ерік талқаны шығар жас шынар. Алауыз болса ағайын, қақырар қара шаңырақ, ұрпағы кетер жамырап.

Қайғыда келмей қасыңа, бақ құсы қонса басыңа жаныңа жетсе асыға – жауың боп шығар түбінде, ондайға сенбе, жүгінбе!

Далаба дауға дала бай, ақылмен аңдап қарамай, өкпелеп кеткен баладай, қарыстай қара жер үшін табылмай титтей келісім, шулату бекер ел ішін жараспас жайсаң жақсы ұлға, қара бас қамын күйттеген жат қылып жандай жақынын шалғайға тігер шатырын.

Азамат атқа шапқанда қыспаса жұрты тақымн, күңкілдеп тұрса ақырын береке кеткен ел болар, дұшпанға таба, жем болар,

тасқынның алдын тоспаса, алапат асау сел болар, жақсының көңілі кең болар.

8

Қызы едім Тастанбектің, атым – Сара, дарамын туа біткен ақыл, сана, еркінмін, нəзік жанмын, тəкаппармын – осылай тəлім берген ақылшы ана.

Жаны ізгі жақсыларға жырым-несіп, аққудай жүрмін айдын нұрын кешіп. Жеңгелер, сендер осы неге бүгін жанымнан шықпайсыңдар күбірлесіп?

«Күйеуге?» Қызық екен мыналарың, бұл жайлы мен ешкімнен сұрамадым.

«Ұят қой?» Маған қазір қымбатырақ мынандай күйеуіңнен бұлақ-əнім!

«Не дейміз?» «Жазымыш қой!» Жыла, жаным! Жаны – жат, керең кеуде – бұл адамның.

«Жақсы ауыл?» Ауыл жақсы қай кезде де, қажетсіз ақ ордалы құдаларың!

«Отырып...» (Түу... көнеді-ау бастан өтсе). Табамын өзім қатар жас – керексе.

Бұл не сөз, Құдай-ау! Сендер үшін өзгеден менің жолым басқа емес пе?!

Қайда əлгі ағаларым! Шақыр бермен! Аялап алақанда, жақын көрген.

Көрмеймін күйеуіңді, жүре алмаймын –

Тұншығып, жасқа толып жатыр кеудем.

Басыма тағдыр құрық салды ма шын, арнайтын аға біткен бар мұрасын, көтеріп ат үстінен алушы еді, жылатып қоя ма енді қарлығашын?

Ағалар – асқар тауым, сүйенгенім, осы ма жасын отқа күйер жерім? Маңыма жақындамай құрып қалсын дəл мұндай жаны соқыр күйеулерің!

Кешсе де қыйын жолдар ызғыр, батпақ, далада əйел сүйген, қызды ардақтап.

Таңдаймын қалауымды! Еркімді бер табамын дала кезіп, құздарды аттап!

9

Үш жүзді даңқы кеткен Сара басым, Сазымен табындырған дана, жасын, Айтысып əлек болған талайлардың Тірідей оқытқанмын жаназасын.

Айтыста келе алмады маңыма адам, елімнен жанға қуат, жалын алам.

Топан-жыр төгілгенде ақын біткен тасқында ыққан қойдай маңыраған.

Далада атады таңдар əлі күліп, нұрымен аялайды арманды үміт. Соңымнан ұрпақ келер жас қырандай кететін жеке жортқан арланды іліп.

Келер жас ой теңіне шашса жақұт – жоқ менде басқа тілек, басқа бақыт, құландай құрық көрсе шығандаған соңына от тұяқтан тас боратып!

Даланың көз ашырмай ақ шаңдары, өнерді соғар талай тас, жарға əлі... Аялап еркелеткен елі барда ақынның болмақ емес басқа арманы.

Тартқандай шатқалдармен құзға дара, жыр жолы оңай емес қыз балаға, тағдыры-толқындары тал қайықтай сең ұрып шырқ үйірген мұз жағада.

Өнерге жат жасанды, жалған қылық, қараңғы көңілдерде шам жандырып, шындықтын ащы үнімен, тəтті үнімен жаулайды дүниені таңдандырып.

Жыр-сəуле тұмандарда түн аптаған жақын кеп жанды еліткен, жырақтаған. Шабыт та – шəлкез мінез, шілдерді үзіп Жылғада жортып жүрген бір ақ табан.

Ақынның жүрегі мен сыры-жырда, кешеді ойдын тасқын, тұнығын да. Жан күйі кейде дауыл, кейде нəзік, көп жұрттар ұға бермес қылығын да.

Өнерге ойдан қашап сөз өрнегін, қан жүріп, төгіледі өлеңнен үн. Тыныштық рақатын тұл қып ақын, өмірін арнап соған берер деймін.

10

Өтеді уақыт, өтеді өмір демде... Қабырғасы жылдардың сөгілгенде, мылқау мінез құяды мұзды суын алаулаған сезімге, көңілдерге.

Мəңгі жасыл бақтарды қар басады, жазғы түндей адамның арда шағы. Мезгіл желі бағытын тез өзгертіп, тақсырлар да, тақтар да алмасады.

Түтесе де уақыттың ұшқан шаңы, адамды өмірлік күш тартады.

Бір-бірінсіз күні жоқ жəне адамдар бір-бірінің ғұмырын қысқартады.

Көл тартылып, жанартау өртенгенмен, тіршіліктің заңдарын Жер теңгерген. Тылсымдарда тұншықсын, бірақ та адам нұр сəулелер күтеді ертеңдерден.

Тек үміттің отымен ғұмырлы адам, бұл – тірлікте бүгінгі, бұрындағы əн, тыныштықта жаны жай күн кешеді құламаған, тасқынға ұрынбаған.

Далаға жат көлеңке, күңкіл, күдік, жанға мəңгі нұр шашып бір күнгі үміт, ұнатады қырдағы ел найзағайлар түнектерді түргенде сілкіндіріп.

Дүбірлерден жатады қыр жаңарып, сілкіністер күтеді мұнда халық: қан тулаған жүректер елеңдейді, арғымақтар өткенде зулап ағып.

Өмірің де – шырқайтын жалқы бір əн, əуенінен өрт екпін, қарқын ұғам.

Аққан жұлдыз секілді ғұмырың да,

мəңгі ұшқандар қалсын тек жарқылынан!

Арғымақтай өтсе де ғұмыр ағып

(бұл – ежелден тірліктің сыры қанық),

Адам мəңгі жалғайды үміттерді бір-бірінен көкпардай іліп алып.

Мезгіл көші жылдарды алмастырып, өтеді өмір, менде де қалмас тұрып. Жырым қалсын жанымның ұшқыныдай жүректердің үмітін жалғастырып.

11

Көңілге өкпелемеймін шатыққа бөлемедің деп, сыр маржан өрер едім деп, шабыттың шатқал-құзынан жыр-бұлақ төгер едім деп.

Өмірге өкпелемеймін жүргенде ерен елім деп, ескеріп елемедің деп,

тылсымды жыр-теңіздердің тұңғиық тереңі едім деп, жердегі сан жұлдыздардан мен тіптен бөлек едім деп.

Наз айтпан төрешіге де өгейдей алалағаның деп, тым арзан бағалағаның деп, елімнің еркесі – мені жүлдегер санамағаның деп.

Өзіме өкпелеймін:

күнгей ғып сырлы жалғанды жабыққан мұңды жандарды адамдай тапқан мұратын күлдіріп шаттандыратын, шуақты жырларым аз деп, халқыма бұлдарым аз деп, сосын от жылдарымда мен найзағай жырларымменен жылмаң жүз, күңкіл кеуденің көбесін сөкпедім-ау деп, сөйтіп бір өтпедім-ау деп өзіме өкпелеймін.

12

Шығанға самғағанда бұлбұл үнім, серпілген «байтал, бəйге» – шынжыр ұғым. Ақындар жапалақтай жер құшады Шалғанда қыл мойыннан жыр-құрығым.

Алқынып атқа қонған сансыз жігіт қалатын айтысқанда жансыз бұрып. Арқаның аты шулы Біржанын да жібергем ащы терге малшындырып.

Жүргем жоқ аз тобырдың тауып тілін, тақпай-ақ қойдым соның даңқ гүлін. Ұқпаса ұқпас мені кей кеуделер, халқыма жетсе болды шабытты үнім.

Сəуле – жат, бұғатындар жай жылымда күңкілмен көме алмайды Айды құмға. Халқымның маған деген сезім селі – даңқым да, бақытым да, байлығым да,

Жыр дарып, бұйырмаған айла маған, кейде, рас, бармағымды шайнап алам. Жалпылдап жағынумен барлық жұртқа жақсы боп көрінеді жайдақ адам.

Өлсем де, мен бұлайша көріне алам, дəл содан қонбаса да қолыма арман,

Аз күндік шекпен кисін – ондайлардың өнерде, өмірде де жолы жалған.

Бағым деп таңдамадым байдың ұлын, жаны ынтық жақсылармен жайлы күнім. Ақбоз үй арғымағын мінгізбесін – алдымнан тосады елім сəйгүлігін.

Туған ел, еркелеттің, жасқамадың, өзіңмен көңіл – көктем, асқақ əнім. Самғатқан жыр-құсымды махаббаты ақ ниет аяулы іні, жақсы ағаның.

Қашаннан сеніп өткен дала жырға, шаттықта, шайқас тол сан ағында. Қан тамған жерге əн де сіңген,

сол жөргек мені өсірген белеп ұлға.

Ел барда мойыл көзден тамбас мұңым, Алатау асқарымен жалғасты үнім.

Шырқайын – ұрпақтардың жанарында Мəңгілік жарқылдасын алмас жырым!

ТАНАКӨЗ

Ізгілік пен ізеттің байлауында,

Мама қаздар самғайтын қойнауында, Достық атты қазына аралы бар Сонау Мақсат тауының жайлауында.

Жұрттың бəрі баруға құштар оған, Құштар бол деп тіпті ешкім қыстамаған, Өзін мəңгі бақытты санайды екен,

Сол аралдан от алып ұшқан адам.

Шаттығы сай болса да тал бойына, Бұлбұл қонып жатса да таңдайына, Ол аралды көруді көп адамның Қатал тағдыр жазбапты маңдайына.

Бірін-бірі күндеумен жылан, қарға. Үні шықпай жатады бір аңғарда.

Онда жалғыз деген сөз атымен жоқ, Жеке дара ұшпайды қырандар да.

Нар талабын салса да қандай жолға, Тілектес дос пейілдер самғайды алға. Жүрмейді онда сатқындар, саудагерлер Опасыздар, отсыздар болмайды онда.

Асау жылдар толқынын кешкің мейлі. Сенім заңы оларда ескірмейді.

Соқпайды онда самалы пенделіктің, Тиындардың сыңғыры естілмейді.

Алда теңіз, арқада дала барда, Талабымыз табанды бола ала ма? Биік ұстап бірліктің ақ желкенін, Біз де жүзіп барамыз сол аралға.

Намысыңның көйлегін сиялатсаң, Сияға атар оғыңды ұяға атсаң, Екеуміз де қираймыз, жүрегіңе Егер титтей жалғандық ұялатсаң.

Ізгілік пен ізеттің байлауында,

Мама қаздар самғайтын қойнауында, Достық атты қазына аралы бар Сонау Мақсат тауының жайлауында.

Алаулаймыз шығыстың ақтаңындай, Кезіміз жоқ жататын ақтарылмай.

Сол аралға, арман не, жетіп өлсек,

Тек жете алмай қайтудан сақта, «құдай!»

Бірінші бөлім

I

Мұрат!

Тағдырына өкпе айтып мұңаймаған, Құрбы қыздың көзінде нұр ойнаған Екеумізге ортақ бір бақыт бар деп Кім ойлаған, ол кезде кім ойлаған?!.

Сен ер жеткен таулы өлкеде мен де ер жеттім, жан досым, Мен тербеткен бір арманды сен тербеттің, жан досым.

Мен гүл терген тау бөктерін сен де кездің талмастан, Қарлы шыңдар қол бұлғайтын бізге бөркін алмастан.

Ет асса апам, көңіл шіркін жоғалтқандай жалқысын, Саған сақтап қоятынмын бір жіліктің жартысын.

Екеуміз де екі ананың еркесі едік тел өскен, Ерте есейіп, бақыт күткен арман атты белестен.

Біздің қатал тағдырымыз қалай шебер тоғысқан, Екеуміздің əкеміз де оралмады соғыстан.

Бір-бірінен жан аяспас дос болыпты олар да.

Дос болыпты. Біздің достық содан өнген болар ма?

Менің əкем жау шебінде жаралы боп қалғанда, Жан досымды қалай қиып қалдырам деп арманда,

Көкірегін қарша жауған оқ пен отқа қалқалап, Сенің əкең үш күн бойы алып жүрген арқалап.

Айналасы қалың өлік, қалың орман өрт толған, Сол орманда екеуі де жау оғынан мерт болған.

Не жетеді, келер күнге деген кəусар сенімге, Екі досты ажырата алмапты ғой өлім де.

Екеуі де көз жұмыпты құшақтасқан қалпында, Екі өмірдің жалғасы боп біз қалыппыз артында.

Ал анамыз бізді, сірə, көрген емес бөлектеп, Ауыр күндер өтіп жатты, соғып жатты жел өкпек.

Тірі адамның тіршілігі бітпейді ғой, əрине, Тұрып жаттық əкемізден қалған мына тар үйде.

Күндер жылжып аға берді, біз білімге бас қойдық, Он екіден асқан кезде жұртқа еліктеп шаш қойдық.

Міне, солай жігіт болып шыға келдік кекілді, Бір бақшада жарыса өскен қос бəйтерек секілді.

Күнде-күнде гүл іздеп біз жайсаң, жасыл алаптан, Қосылып əн айтатынбыз, қайтатынбыз сабақтан.

Кім біледі, бізбен жүрген соры ма, əлде бағы ма, Ортамызда орта бойлы қыз болатын тағы да.

Көзіне оның көз жетпейтін бұл ауылда тең келер, Сондықтан да Танакөз деп атай-тұғын жеңгелер.

Қуансақ та, қайғырсақ та қасымызда – Танакөз, Танакөзбен көңілді еді біздің ерке бала кез.

Жол қысқарсын дейміз-дағы жоқтан барды құрай кеп, Біз екеуміз Танакөзді мазақтаушы ек былай деп:

«Жанарыңнан жас кетпейтін жасық болсаң бағаң не, Тағы қиын өжет болсаң нарт – қызба.

Сайранбайдың танасына көзің тартты амал не? Енді бірақ ақылыңды тартқызба!»

Ол да бізді аямайтын. Жоқтан барды құрай кеп, Менің қалқан құлағымды мазақтайтын былай деп:

«Білесің бе, өмір деген өрекпіген бір ағын, Əркім содан өзіне тəн сыбағасын даулайды Сенің мына сыпырадай құлағың ше, құлағың, Пернебайдың қодығының құлағынан аумайды! Ах-ха-ха. Ах-ха!..»

Мен тұра кеп қуатынмын, ол тұра кеп қашатын, Жеткізбейтін, сонысына көңілі мəз боп тасатын.

Қайран қамсыз балалық-ай, оған қазір дау бар ма? Күлкімізден жаңғырығып жатушы еді таулар да.

Ту төменде жан біткеннің асықтырып тағатын, Ақ көбігін шашып тұрып, Ақсу күліп ағатын.

Оның мөлдір суын ішсек шыққандай боп құмардан, Кеудемізде үнсіз ғана бұлқынатын бір арман.

Үшеу едік. Қайда барсақ қасымызда – Танакөз, Танакөзбен көңілді еді біздің ерке бала кез.

ІІ

Балаң жылдар байқатпастан өте шықты аяңдап, Балалықтың біздің бастан көшкендігін баяндап. Балалық шақ – іңкəр дəурен сұңқар тауын шарлаған, Өз көктемін сағынбайтын, аңсамайтын бар ма адам?

Кеудемізде сенің ізің, сенің күзің жатады Балалық шақ – боямасыз ақ көңілдер отаны. Аяймын мен аналарды балаларын алдаған. Аяймын мен балаларды ойыншығы болмаған.

Балалық шақ – гүл жазира, балалық шақ – байтақ əн, Қартаямыз, бірақ саған ораламыз қайтадан.

Саған оймен ораламыз, көңіл шалқып айтады əн, Ал сен қайтып келмейсің-ау, оралмайсың қайтадан.

Зеңгір көктен нұр төгілген сол бір көктем əлі есте, Гүл қуалап бірге шықтық қызғалдақты белеске.

Қарт Алатау қуанғандай перзенттерім келді деп, Танакөз де жымияды қара көзі мөлдіреп.

Тауды мақтап тастан-тасқа секіреді бал бұлақ, Алдынан құз кездесерін ойлай ма екен ол бірақ?!

Ойламайды, ол мезетте ойламадық біз-дағы Бəлкім, оған кінəлі ме жастығымыз қызбалы.

Нақ сол күні кеудемізде бір құпия от жанып, Екеуміз де Танакөзге гүл ұсындық шаттанып.

Ол мəз-мейрам. Иығына түскен қара шаш қандай! Қандай əсем. Шырша таудан екі бұлақ қашқандай!

Тым жайдары, мейірімді мына тана көз қандай, Ол қараса көл де тұнып қалатындай қозғалмай! Бақытыңды соның ғана маңдайына жазғандай, Қарамасаң төзіміңнің терезесі тозғандай.

Өтті солай тұңғыш рет тынышымды бұзған күн, Тұңғыш рет сенен, досым, Танакөзді қызғандым.

Сол күнгі ойлар кеудемізді нəзік мұңға толтырды, Үшеуміздің алдымызда екі тарау жол тұрды.

Оянсақ та бал сезімнің алғашқы асау əнінен, Аппақ, адал достығымыз биік тұрды бəрінен.

ІІІ

Гүлдер екі шешек атты, талдар екі көктеді, Бұл өмірден менің асыл, аяулы анам кеткелі.

Ерте кетті ол мына тарлау маңдайымның сорына, Жалғыз қалып кешіп бардым нағашымның қолына.

Талпынса да тата алмады тағдырының жемісін, Ол сорлы ана не көрмеді, не көрмеді мен үшін.

Тым болмаса көре алмады, ер жеткенін ұлының, Үлгермеді келініне өргізуге бұрымын.

Үлгермеді, өзі соны арман етіп жүрсе де, Қатал, қыңыр тағдырына қарсы қарап күлсе де.

Ақсу екі тасып өтті, қырлар екі көктеді, Бұл өмірден менің ғазиз, асыл анам кеткелі.

ІV

Нұргүл апа – сенің анаң, жан еді бір ақылды, Қолға аттестат алған күні бізді өзіне шақырды.

Қажыды ма жылдар бойы арқалаудан арманды, Соңғы кезде өзін тіпті науқас меңдеп алған-ды.

Төсегінен əрең тұрып, келді-дағы күлімдеп, Иығымызға қолын қойды саусақтары дірілдеп

– Қарақтарым, ер жеткеннің белгісі ғой, міне, бұл, Екі əкенің келер күнмен жалғадыңдар жүрегін, –

Деп жымиды, жанын бір ой тербеткендей тасқынды, Жанарында жазғы шықтай екі тамшы жас тұрды.

Сосын жайлап барды-дағы көк сандықты ақтарды, Сыртта құстар сырлы сазға бөлеп жатты бақтарды.

Нұргүл апа демі толқып ерке желдей еспелі, Көк сандықтан екі көйлек алып шықты кестелі.

– Бірге еді ғой сенің анаң екеуміздің сырымыз, Он жыл бұрын ырым етіп тігіп едік мұны біз.

Он жыл бұрын. Егіз қозы секілді еңдер онда да, Жұрттың бəрі екеуіңе көз қадайтын таңдана.

Сағымдай боп ой арбаған нұрлы күнге жетпекке, Екеуіңді тұңғыш рет ертіп бардық мектепке.

Екеуіңді екі орынға бөліп еді мұғалім, Мұғалімге жалт-жалт қарап екеуің де жыладың. Мен ұстазға жақын барып өтінішпен сұрадым:

«Бұл екеуін бөле көрме, бөле көрме, шырағым».

Ұстаз үнсіз күлімдеді, болар бір сыр байқаған, Екеуіңді бір партаға отырғызды қайтадан.

Ой – шуағы мол өмірге көздеріңді ашқалы, Əліппені алға жайып ұстаз сабақ бастады.

Сол сəт біздей бақытты жан болмаған да шығар-ақ, Көпке дейін терезеден қарап тұрдық сығалап.

Қайттық үйге жұбанысып, қуанысып, сырласып, Сеніміміз байлам тауып, қиялымыз қырды асып.

Қай да қанат сермесе де тірі адамның досы – үміт, Ақ шайыдан көйлек тіктік екеуіңнен жасырып.

Сендер мектеп бітіргенде, сый етуге бел байлап, Сақтап қойдық. Өтті жылдар ойлар легін алға айдап.

Келер көктем белестерін оймен шарлап кей күн біз, Екеуіңді тым ертерек ер жетсе екен дейтінбіз.

Біз асықтық, алдағы асау болашаққа асықтық, Асықтырды бізді өмірге деген өжет ғашықтық.

Жап-жас едік, сұлу едік, бірақ ерге шықпадық, Арманда өлген екі достың шаңырағын жықпадық.

Бізді намыс асырады, қиындықтан шықты алып, Екеуіңнен артық бақыт бар деп тағы ұқпадық.

Аңсаған күн келді бүгін, мұны еске алмау мүмкін бе, Бірақ марқұм сенің анаң жете алмады бұл күнге.

Көнеді адам, көнеді екен пешенеге жазғасын, –

Нұргүл апа көңілі босап іркіп алды көз жасын.

Сыртқа шықтық үстімізде желбірейді ақ көйлек, Біз достықты ұғып өстік сөнбей-тұғын от қой деп.

Бұл ақ көйлек – екі əкенің шапағаты секілді, Екі ананың бізге деген махаббаты секілді.

Екі аналық ар-намыстың жемісі бұл ақ көйлек, Екі əкенің достығының жеңісі бұл ақ көйлек.

Біздер іштей серт етістік ана үмітін ақтауға, Достық гүлін кеудемізде мəңгі тірі сақтауға.

ІV

Терең өзен ағысындай уақыт үнсіз жылжыды, Біз оқуға бара алмадық, бара алмадық бұл жылы.

Туған ауыл құшағында еңбек жолын бастадық, Шарықтаған достық əнін тау самалы қашты алып.

Кеудесінде кең даланың, арасында ең жырдың Жыланбауыр тракторға тіркеуші боп сен жүрдің.

Мен қырманға орналастым есепші боп «айбарлы»,

Ал Танакөз комсомолдың хатшысы боп сайланды.

Хатшы болып сайланған соң, бұрын еті тірі қыз, Бар билікті қолға ап алды, сол боп алды піріміз. Түске дейін шөпшілерде, түстен кейін қырманда, Оның тіпті араласпас жұмысы жоқ бұл маңда:

Алып ұшқан қыз қиялы, сірə, тыным тапқан ба? Бірде ауыл сарайында жиын өтіп жатқанда:

Алматыдан өкіл келді, желке шашы бір қарыс,

Аты – Оралхан, ал кəсібі – жазушы əлде журналист

Бойдақ па өзі? Танакөзден айырмастан жанарын, Əлденені сүйкеп жатты сусылдатып қаламын.

Апта өтпей-ақ жігіт жазған мақаланы газеттен Жадыраса – дабырласа оқып шықтық кезекпен.

Танакөзді суреттепті жақын тартып аялай, Əй, сабазың, сөз асылын төккен екен аямай.

Мұнан кейін хаттар қаптап кетті дейсің не түрлі, Күзді күнгі талдан ұшқан жапырақтар секілді.

Өзге біреу ортақтасып жүре ме деп бағыма, Жүрегімнен бір қызғаныш бой көтерді тағы да.

Кім болжапты, қандай жолдар күтер екен бізді алдан, Қандай таулар қорғар екен бізді өмірде ызғардан?

Əлде ызғардан қашқандарға боламыз ба біз қорған, Жалт бұрылып кетпейміз бе қорқып жалтыр мұздардан?

Ол кездері мұның бəрі болатын тек ізгі арман.

Екінші бөлім

I

Танакөз!

Біздің қайсар достықтың даңқы сіңген, Өткен күнге оралып балқысын дем.

Жарты сырым шертілді жан досыма. Енді саған шертейін жартысын мен.

Қия жолда күлгенмен үміт алдан, Талай-талай нарлардың жүгі талған. Еске алмай-ақ қояр ем сол шақтарды, Еске алмауға болмайды, ұмыта алман.

ІІ

Бұлбұлдар əнін шерткенде əсем бағынан, Гүл жапқан алау қырлардың арғы жағынан Түсімде көрдім өзіңді бірде, қалқатай.

Ай туған кезде ағарып алтын алқадай,

Қыр жатқан кезде құлағын түріп, елеріп, Аппақ бір нұрға бөленіп,

Мамырлы таңдай албырап, лаулап нұр жүзің, Биіктен жанып жұлдызың,

Алғашқы жауған ақ қардай Орамал тартып басыңа, Келдің сен менің қасыма

Төменде таудың өзені жатты гүрілдеп, Жапырақ біткен дірілдеп,

Ай тұрды жүзі күлімдеп, Менің де жаным нұрланып,

Жартасты жарып шыққан бір қызыл гүлді алып Өзіңе, айнам, ұсына берген кезімде

Үрей сап шаттық сезімге, Биікте таудан тас құлап Азан да қазан бар маңай, Өзіңе деген сол гүлді

Бере алмай қалдым, арман-ай.

Сейіліп сəтте-ақ қырқаны жапқан арай нұр, Боз тұман келіп басты да,

Бейнеңді лезде жоғалтып алдым, қалай бұл?

Шақырдым атап атыңды сенің, жаңғыртып бүкіл тау ішін, Қырларды кезді, қырқаны кезді сені іздеп менің дауысым, Қуантып тұрып қалайша маған кеттің сен, еркем қатпай тіл. Көңілімнің таңы түнерді демде, өзіңді таппай атпайтын.

Жарқ етіп жанып, жалп етіп өшкен армандай, Құрақтар мұңлы əн салғандай,

Бұлақтар тоқтап қалғандай, Тағдыр мен тағдыр жалғанбай, Үміттің белі талғандай.

Елестер қаптап көзімді.

Ай туған кезде ағарып алтын алқадай, Түсімде көрдім өзіңді,

Түсімде көрдім, қалқатай.

Оянып кетсем кел еді екен таң атып, Алатау бөркін алтындай нұрға жалатып,

Төменде жатқан еленбей Төбе мен қырға қарайды

Саған да Тəңірім биіктік берсін дегендей.

Қырқадан ұшқан кер маңдай маңғаз үш аққу Таңменен бірге таласып,

Көрінбей кетті

Долана сайдан ары асып,

Біріне, бəлкім, оқ тиген болар, бəсеңдеу ұшып барады, Бəсең бір əнге салады,

Мұң бар ма, қайдам осынау əнде сөзбенен айтып болмайтын, Айтқанмен орны толмайтын,

Өзгенің емі қонбайтын.

ІІІ

Нақ сол күні кешкілік

Тоғай жақтан қалды күлкің естіліп, (Құлағымның дыбысшылын нетерсің). Жалт қарадым, жалт қарасам асыға, Суға кетіп бара жатыр екенсің,

Екі-ақ аттап жетіп бардым қасыңа.

Есінде ме, су шашысып ойнадық, Жастық шақтың есер əні бойды алып, Екі-ұштылау сөз айтып ем аңдамай, Екі минут тұрып қалдың ойланып.

Бəлкім, қиял кемесінде жүздің бе? Екі-ұшты еді тағдырымыз біздің де.

Жалқын сəуле шашып еді батқан күн, Жас баладай, мəз-мейрам боп шаттандың.

Алдымыздан қалың тоғай қалқалап, Иығымыздан түксиеді жар қабақ.

Мəңгі ажырап қалатындай даңқынан, Айнымайды сол қатулы қалпынан.

Сақ-сақ күліп бұл дүниенің мұңынсыз, Бұлақ қана ағып жатыр тынымсыз.

Тоғай іші емес еді көңілсіз, Тұра бердім мен үнсіз,

Əрең-əрең бір батылдық жинап ем, Бірақ ол да сияқтанды сенімсіз.

Бақытым ше!

Егер айтсам шынымды,

Əлі күнге аңғармайды ол мұңымды.

Мен дегенде аңғал əрі құлақсыз, Қорқам содан бола ма деп тұрақсыз. Осы сəтте батылдығым тіл қатты:

«Қою керек бұлғақты,

Адымыңды тұсаулайды жасықтық. Кеудеңдегі ерке үміт пен ақ арман Дүниеге ғашықтықтан жаралған,

Ерте ажырап қалмақпысың, солардан?

Қозы Көрпеш егер батыл болмаса, Барар ма еді іздеп сұлу Баянды?

Іздеп барды. Міне, содан ғажайып, Махаббат пен ұлы достық оянды.

Ойлашы өзің, жасықтықта бақ бар ма? Көзге ілінер мүсіні жоқ мақтарға.

Бұл қай тұрыс, кей жандардың тағдырын, Жарты мөнет шешіп кетіп жатқанда?».

Батылдандым, қарсы алдымда сен тұрдың, Қарсы алдыңда ойға кетіп мен тұрдым.

Өзімді өзім ұстаудан да қалдым ба, Бəлкім, саған өшпес жара салдым ба?

(Кешір мені, кетсем сол сəт ұсақтап) Рұқсатсыз сүйдім сені құшақтап.

Кенет-кенет сыбдырлатып құрақты, Бұлақ жақтан шыға келді бір атты.

Бұл кім өзі, сезім көлін шайқаған? Бізді көріп жалт бұрылды қайтадан.

Танып қалдым. Досым екен ол менің, –

Мұрат, деуге əрең жетті дəрменім.

Тоқтамады, қамшылап көк дөненді, Үйге қарай шауып ала жөнелді.

Ашуландың. Жанарыңа мұң қонды Маған қарап: – Қылығыңды бұл жолғы Ер жігітке ұқсатпадым – дедің сен, Бекер ғана ұсақтадың – дедің сен.

IV

Содан менің Мұрат досым көрінбеді бір апта,

Жаз жылыстап, сары ала күз қонып жатты қыратқа.

Көрінбесін, ал жұмысқа келмегені қалай бұл? Осы сұрақ көкейімде тұрып алды талай күн.

Іздеп барсам, үйінде екен, сəл жымиып қарсы алды, Тым байсалды қарсы алғаны маған тағы ой салды.

Нұргүл апам қуанып жүр, шіркін қандай асыл жан, Сүйіп жатыр, маңдайымнан, иіскеп жатыр шашымнан,

  • Əлде мені сағындыра түсейінші деп пе едің, Мұның қалай, тентегім-ау, тым хабарсыз кеткенің?

Мұның қалай, қайда жүрсің, іздетіп ем, таппадым, Досың саған айтпады ма үйленгелі жатқанын?

  • Жоқ, – дедім мен төмен қарап, – кімге? – дедім артынан, Лезде қалың ойлар қамап көңілімді шалқыған.
  • Кімге, – дедім – бұл жолы да шықты даусым тым қатты Мұрат маған күлімсіреп: – Зеркүлге, – деп тіл қатты.
  • Кімді таңдау, ол, əрине, сенің ғана еркіңде, Сүймейсің ғой, айтшы, қалай үйленесің Зеркүлге?
  • Жалған! – деді ол, – жалған, – деді, бетін басып қолымен –

Артық айтпа, жете таныс емессің ғой онымен.

    • Білем, – дедім, төмен қарап, білетінім рас-ты, Білуші едім шешесін де ойы желтең, тілі ащы.

Зеркүл соның жалғыз қызы қабағына қараған, Бұл маңайға былтыр күзде көшіп келген қаладан.

Жұмыс та жоқ, оқу да жоқ жүріп жатқан тектен-тек, Ал шешесін күйеуімен ажырасып кеткен деп,

Жұрт айтып жүр. Мұнда қанша шындық барын кім ұққан? Жə, жарайды, керегі не сылтау іздеп сынықтан.

Əйтсе де, өткен бір қызықты өз басымнан кешірген Ұмыта алман əлі күнге, өшіре алман есімнен.

Жаз келгенде намысты жан қол қусырып жатқан ба? Қырман жақта аттанушы ек ояна сап ақ таңда.

Көлік күші жеткілікті, адам күшін таба алмай, Жəрдем сұрап шапқылайтын бригадир Қоғамбай.

Осынау бір тынымсыз жан қамшылаған торы атын Əзілқой-тын, əрі менің жақын жездем болатын.

Жұмыстан соң тамашаға батайын деп еркін бір, Қоғамбайды шешесіне ертіп бардым Зеркүлдің.

Біз келгенде қызы құйған ақ кеседен шай ішіп, Жас бəйбіше жатыр екен төр алдында майысып.

Қызы жылдам сырмақ төсеп, төрге жастық тастады, Қоғамбайым жайласып ап, əңгімесін бастады:

  • Дұрыс, дұрыс, сізге жүдə ұнар болар мына күй, Колхоздың да жайын бір кез ойлау керек, құдағи?
  • Жə, түсіндім, əңгімені созбаған жөн бет алды, Қария ма десем сізді, «бала» екенсіз сақалды.
  • Қой, шырағым, ақылға кел, таста мұндай ызыңды, Жұртпен бірге еңбек етсін, жібер ертең қызыңды!
  • Бара алмайды, ал анығы керек болса, бармайды, –

Деп құдағи қасарысып, өз сөзінен танбайды.

  • Барғызамын, – Қоғамбай да басты айқайға, – барасың! Колхозға айтам, ауданға айтам мəселеңді қарасын,
  • Тіпті бар ғой қорқарым жоқ, қарай берсін, қарасын, Ауданыңның бір бастығы менің туған нағашым.

Қыз шешесі бұрқан-тарқан, ойы бардай жұлыспақ, Бас аманда есік жаққа жетіп алдым жылыстап.

...Ертеңгілік ел ұйқыдан жаңа-жаңа тұрғанда,

Көк орамал тартқан бір қыз келе жатты қырманға.

«Бəрекелді» деп алғысын жаудыруда Қоғамбай, Зеркүл екен, жылаған ба, екі көзі добалдай.

Жанарында жаңа оянған өжеттіктің нұры бар, Байқауымша анасымен сөзге келген түрі бар.

Адам жаны таулы шатқал, алуан-алуан қыры бар, Осы қыздың жүрегінде не сыр барын кім ұғар?

Бəлкім, бейбақ талпына ма арманына жетем деп, Ел сөз ғып жүр бір жігітке ғашық болған екен деп.

Ол жігітпен жолығуға тыйым сапты анасы, Ана сөзін жыға алмапты, ұяң қыз ғой шамасы.

Мүмкін, бəрін ұмытар ол, ұмытпаса сор болар, Біздің жаққа көшіп келген себебі де сол болар.

Жазбайтын бір жарасы жоқ, емші дейді ел уақытты, Бірақ досым осы қызбен бола ала ма бақытты?

Ұзақ ойлар дүмпуінен ашылғандай құлағым,

Мен Мұратқа бұрылдым да: – Той қашан? – деп сұрадым.

Үндемеді ол, ізет сақтап тұрғаны ғой баяғы, Апам айтты: «Менен сұра, келесі айдың аяғы».

V

Той басталды. Қоңыр күздің бір лайсаң кезі еді, Өткел бермей тасып жатты ашулы Ақсу өзені.

Шаттық хабар қуандырып, көз көргеннің талайын, Ақ тілегін айтып жатты алыс-жақын ағайын.

Үлкен үйде қыз-бозбала би билесе, əн салып, Кəрі əжелер терезеден сығалайды тамсанып.

Домбырасын кербез ұстап, мұртын сылап жайраңдай, Жұбайларға қарап қойып той бастады Сайранбай:

«Шарықтап бақытың жүр өмір көгін, Үй болған қос бəйтерек, армысыңдар! Той үстінде гүлдесін көңілдерің,

Ақ ниетті достардың алғысынан!

Бұл жүрек қуанышқа тойған емес, Сол алғыстан гүлдесін дала мынау. Мұратжан, сабау басты бойдақ емес, Сен пілдей күйеу болдың, қарағым-ау.

Тосады сыбағасын алдан көп күн, Жаныңның оты мəңгі жалындасын. Киноға жеке барар халден кеттің, Сен енді келін болдың, қарындасым! А-ха-хау. А-е-ей!»

Бұл байғұстың қай жерінде бұғып жатқан ақындық, –

Деп өзара əзілдесіп, риза боп жатыр жұрт.

Той дегенде жүрек оты лапылдамас жан бар ма? Əлденені есіне алып жымияды шалдар да.

Ал Мұраттың жүзі сынық, көңілсіздеу ол неге?

    • Мұнда кел, – деп ертіп кірді мені шеткі бөлмеге.

Ертіп кіріп үнсіз қалды терезеге қадалып, Мен де тұрдым алардай боп төзімімді ада ғып.

Сəлден кейін сөз бастады тауға қарап көлбеген:

  • Танакөзді көре алдың ба, тойға неге келмеген?

Селк еттім мен отқа шарпып алған құстай қанатын:

  • Ертеңгілік көргенімде жылап тұрған болатын.

Ұға алмадым, түсінбедім бұл ажарсыз күйіне, Түсте барсам, кетіп қапты əпкесінің үйіне.

Мен Мұратқа қарап едім, қарадым да таң қалдым, Таң қалғаным – жанарына жас тұнғанын аңғардым.

Мөлдір шықтар кірпігінен үзіліп кеп сол шақта-ақ, Терезенің жақтауына тамып жатты моншақтап.

Тамып жатты. Жүрегінің пəк сезімін алдар кім? Танакөзді сүйетінін сонда ғана аңғардым.

Аңғардым да аласұрдым, бармағымды тістедім, Айналайын адал достық, неткен мұнша күшті едің?

Айналайын көзсіз достық (көзсіздігің бағалы), Өз басыңның бақытынан тұрыпсың-ау жоғары.

Өз басыңның қайғысын да жұтыпсың-ау білдірмей, Жытқыр түндер қинады ма кірпігіңді ілдірмей?

Бəлкім, маған кінəң да жоқ, кінəмді де кешірдің, Лаулап жанған өз отыңды, өзің қалай өшірдің?

Білмейтін бе ең, алтыным-ау, бақыт деген ауысқақ, Жүрегіңнің іңкəр əнін неге айтпадың дауыстап?

Тұра алмадым бұдан ары, тұра алмадым мен шыдап, Шығып кеттім жігерімді өкінішім қамшылап.

Екі жастық бірлігі мен қуанышын толғаған Құлағыма келіп жатты қыз-бозбала салған əн.

Той өтті үшеуімізді күрсіндіріп,

Сен жүрдің жанарыңа бір сыр бүгіп. Мен айттым:

    • Дос көңілді махаббатқа тіреу етсек қайтеді, Əнімізді біреу етсек қайтеді?

Сен айттың:

    • Шулы өзеннің табанында жатса да, Тастар ылғи тас күйінде қалады.

Мақсатына жəуміт қайғы батса да, Нағыз достар дос күйінде қалады.

Тұрақтылық барабар зат маржанға, Біз де, құрбым, бағынайық сол заңға.

VІІ

Адамбыз ғой, сондықтан да қателесіп жатамыз, Кейде түн боп түнереміз, кейде таң боп атамыз.

О, Тəңір-ай, жасты қара, жасты қара көздегі, Көбіне біз кінəлауға бейімдеуміз өзгені.

Бүгін, міне, туған жерден кетіп барам шалғайға, Тілегім сол: көзім өткір, көңілім ояу болғай да!

Мүмкін, əлі алда талай бақытымды сынармын, Сүрінермін, намысыма сүйенермін, тұрармын.

Ерік берсең орға жығып кетер бір күн асау қан, Сақта Тəңір қателікті біле тұра жасаудан!

Егер жылдар саты болса, достық оның шегесі, Шеге сынса сатыңыздың сөгіледі көбесі.

Əзір менің шегем аман, байлығым сол жалғыз-ақ, Сондықтан да өкінбеймін, таңдадым деп жолды ұзақ,

Қашқаны үшін қарлы қыстан, қаһар шашқан күздерден, Мүмкін, құстар əлдеқайда бақыттырақ біздерден.

Қырау сақал күз келгенше, жаз қызығы жетеді, Жаз өткен соң өскен жерін тастайды да кетеді.

Мен де кетіп барам, еркем, оқу іздеп тым алыс, Мұңайғанда сенің күлкің болушы еді жұбаныш.

Бірақ мені құс секілді баянсыз деп ойлама, Көкірегім туған жермен бір соғады қайда да.

VІІІ

Өзіңді еске алам да толғанамын, Неліктен жүдеп кеттің сен, қарағым? Төсінде адасқандай кең даланың,

Қай жаққа, қайда тартар жол қарадың?

Дел-сал боп тұрғанында, сол шақ мына, Жалт беріп, үркек үміт аңсатты ма, Жоқ, əлде жанбай сөнген бақытыңның, Бейкүнə сағынышы шаршатты ма?

Ал сау бол, сау бол мəңгі арман – арым, Мəңгіге еске аларым, толғанарым.

Өтінем, мүсіркеме, – қорланамын, Бақытым бол деп сені зорламадым.

Бейнет пен үміт тауы арасында,

Еш қызық көрмей өтті ол, нанасың ба? Жамылып, көктем гүлін анам жатыр, Ескерткіш қоя алмадым моласына.

Үнімен қоңыр назды домбыраның Мен саған мамыр сазды əн құрадым. Санасам, борышым көп, барлығын да Келер күн үлесіне қалдырамын.

Тек мына аман тұрсын, нұрлы Отаным, Туламас көңіліңді тулатамын.

Əніммен, ала құйын жырымменен. Мен əлі құлағыңды шулатамын.

Өзеннен қадыр кетер ақпаған соң, Жайраңдап тасып, толқып жатпаған соң. Барамын алыс ұшып, Танакөзім, Өзіңнен жылы сезім таппаған соң.

Кеудеңде жалын жатыр лапылдаған, Мұратжан, қандай ыстық атың маған. Мен сенің аласармас достығыңды Əлемге айту үшін ақын болам.

Əзірге ел назарын аудармадым, Тілей бер төбешіктің тау болғанын, Мен кеттім білім қуып Алматыға,

Қайтадан көріскенше сау бол, жаным!

Жолым болды еріп едім, сеніп едім үмітке, Сенім деген жеңіс алып келеді екен жігітке.

Студентпін, шаттық сезіп атар таңның үнінен, Кəусар томдар айдынына құлаш ұрам түнімен.

Қызық та көп, қызыл-жасыл гүлдер де көп бақшада Қызыққам жоқ, əзір оған бұрылуға жоқ шама.

Қайда ұмыту, бал күндерден тағдырымыз бір аққан Апта сайын сағынышты хат аламын Мұраттан.

Хат аламын. Мұнша маған неге уайым жейді екен, Кейде ақша жібереді, тарығып жүр дей ме екен?

Əр хат сайын əр қилы сыр. Əңгімеміз азбайды,

Мұрат бірақ Зеркүл жайлы бір ауыз сөз жазбайды.

Бойшаң терек сары орамал жамылғанда бақтағы, Ойда-жоқта шорт үзілді сағыныштың хаттары.

Төрт тағандап, төрт ай өтті, жаным тыным таппады, Бес ай өтті, алты ай өтті, ешкім жауап қатпады.

Күнде барып хабар күттім, почта есігін тоздырдым, Жан досыма өкпеледім, Зеркүлді де жазғырдым.

Аң-таң болып жүргенімде, ауыл жаққа алаңдай, Біреу ішке кіріп келді. Бұл кім – десем Қоғамбай!

Қайран жездем! Қуанышым сыймағандай қойныма, Кітабымды тастай салып, асылдым-ау мойнына.

Көңілі жібіп, ол да аймалап сүйіп жатыр бетімнен, Содан кейін сұрақтарды жаудырдым мен шетінен.

  • Ауыл қалай, астық қалай, мал жайлаудан қайтты ма? Нұргүл апам бақуат па, маған сəлем айтты ма?

Бұлай қарай аттанарда Танакөзді көріп пе ең? Мұрат қайда, Зеркүл қайда, хат жазбайды неліктен?

Жездем тіпті өзгермеген, баяғыша көрікті, Колхозшылар съезіне делегат боп келіпті.

Бірақ менің сұрағыма жауап қатпай үдеріп

Тұрып қалды, тұман басқан күз күніндей түнеріп.

  • Е, шырағым, өмір қатал, өкінгенмен бар ма амал, –

Деп күрсінді ол: – Досыңа бір бақытсыздық орнаған.

Қашан болсын диқаншының жаны тыным тапқан ба? Долана сай маңайында күздік жыртып жатқанда.

Жазатайым қалып қойған трактордың астында,

(Қой бекем бол, айналайын, пайдасы жоқ жастың да)

Оңай соқпас, жас адамның бастан бағы ауғанда, Түн ішінде улап-шулап, алып бардық ауданға.

Кеудемізге бой тоңдырған суық ойлар кептеліп, Таң атқанша аурухана ауласынан кетпедік.

Тірі қалды, екі аяғын кестірді де тізеден, Андамасаң мүйіздейді, тағдыр кейде сүзеген.

Содан бастап жан досыңның шаңырағы кертілді, Үш айдан соң шешесі кеп, алып кетті Зеркүлді.

Алып кетті, Тəңір атқыр, мейірімсіз арам-ай, Хал үстінде жатқан қартаң анаға да қарамай.

Сорлы анаға қайдан жеңіл тисін мұның салмағы, Бастан жүрек ауруы бар, емдеткенмен болмады.

Жұмды көзін. Қайғысына бүкіл ауыл тербеліп, Сенің марқұм анаң жатқан Көкшоқыға жерледік.

Мұрат енді қайда бармақ, қарар кім бар күйіне? Жібергелі жатқан білем мүгедектер үйіне...

Тастай қатып қалдым, тілсіз, шегіндім де бір адым, Бұдан əрі ештеңені естімеді құлағым.

Ештеңені естігім де келмеді.

Қалай сынбақ игі достың мақсатының шөлмегі.

Сыну деген немене бұл, қасірет пе, мазақ па? Тірі жүрсем жібермеймін оны мұндай азапқа.

Оның əні үзілгенше менің əнім үзілсін, Достыққа адал бола алмасам,

Өз сертімде қала алмасам,

Онда мені туған елдің тұзы ұрсын!

Сүйенішім едің менің, өзің едің кеңісім, Өмірімде болған шығар жеңілісім, жеңісім, Бірақ аңғал күндеріме ұялам,

Ұйқымды да, күлкімді де, Керек десең, өмірімді қия алам, Асыл досым, сен үшін!

Ал сен мұндай жалынышты тіпті қажет етпейсің, От үстінде шешек атып, қар үстінде көктейсің.

Сенің жаның аяулы.

Сен бəрінен жек көресің, мүсіркеуді, аяуды.

Намысың мен өжеттігің

Туған елдің шекарасын күзеткен Сақшылардай міз бақпастан тұр ояу. Иə, иə кімге керек құр аяу.

Мұнша биік жанармысың, Мұнша шалқар болармысың,

Мұнша дарқан болармысың, Құдай-ау!

X

Кеш.

Ауданға келіп қонды мен отырған самолет, Төбемізде теңбіл-теңбіл аспан тұрды ала көк.

Тым асығыс жүгіреді жүрегімде тасып қан. Такси қуып жете алмайды қиялымды асыққан.

Аурухана.

Дəрігерге сұрағымды жаудыра,

  • Мұрат қайда? – дедім толқып.
  • Алып кетті аулына.

Такси қайта жолға түсті, Шымылдығын жапты түн,

Мына бізден қызғанғандай кең даланың шаттығын.

Көзіме ыстық көрінеді туған ауыл бейнесі, Алатау тұр алқам-салқам ағытылған жейдесі.

Анау жатқан бүлдірген сай – қалың жыңғыл арасы, Анау, əне бізді өсірген анамыздың моласы.

Қырға өрмелей жүріп барып жағасымен бұлақтың, Машинаны тоқтаттым мен, үйі мынау Мұраттың.

Тоқтаттым да қуанышпен қарап қалдым таңданып, Үлкен үйдің əйнегінен тұрды жарық шам жанып.

«Зеркүл қайтып келді ме екен?» – деймін іштей ойлана, Жақын барып терезеден сығаладым жай ғана.

Кітап оқып Мұрат отыр шат-шадыман көңілі, Тірлігінен көңілсіздік көрмегендей өмірі.

Бар назарым Мұратқа ауып, алғашында сезбедім, Жанындағы Зеркүл шығар, болар дейсің өзге кім?

Міне, қызық осы шақта жүзінен нұр тасыған Сені көрдім, Танакөзім, жан досымның қасынан.

Айналайын асыл əнім, бейнесіндей ақ таңның. Сені көріп тебірендім, сені көріп шаттандым.

Сұлусың сен, қатал күндер арытпаған жаныңмен, Тағы мені ғашық етші, қалықтаған əніңмен.

Достық жырын қайталаудан жалықпаған əніңмен Түсіндім ғой, кеш болса да түсіндім ғой бəрін мен!..

Бір өзімшіл пенделіктің ауқымынан босанып, Тауға қарап ұзақ тұрдым жанарыма жас алып.

Ұзақ тұрдым.

Бізді қалай тоғыстырды жол мұнда,

Қадірлім-ау, сенің іңкəр махаббатың алдында,

Сенің ұлы дос жүрегің алдында Асқар таулар басын исін,

Басын исін! Түгі де жоқ таң қалар, Екеуіңнен асқақ емес, биік емес енді олар!

Сендер өшпей жаныңдаршы, Сендер бақыт табыңдаршы, Онсыз өмір мəнді ме?

Екеуіңнен бұл бақытты егер титтей қызғансам, Соқыр болып қалсын көзім мəңгіге!

Кез келгеннің қолы жетпес, Кез келгеннің жолы жетпес,

Айналайын ұлы достық, айналайын атыңнан, Құлатпашы мені мəңгі осы биік сатыңнан, Айналайын ұлы достық, айналайын атыңнан!

МАХАББАТТЫ ҚОРҒАУ

Кіріспе яки ғашықтар жазған хаттардан

І

Біз екеуміз жолықтық, Бірақ тым кеш жолықтық,

Достасудан от тұтап, қоштасуға қорықтық. Маған құйды жарығын сенің көңіл-терезең, Арқамызда – құзар шың,

Алдымызда – өр өзен.

Өр өзеннен өтуге кім береді қайықты,

Кім бар бізді түсінер, қане, кім бар байыпты? Ал қайықшы – қиқар шал

Жалынғанмен не бітті?

Қайығына қабаған итін байлап кетіпті... Япырай, біз соншама дəрменсіз боп тудық па? Бойымызда жоқ екен итті алдайтын қулық та.

II

Көбелектің «кеселі» –

Тұрақсыздық деседі.

Гүлден алған шапағатты сезімі Келесі бір гүлге жетпей өшеді. Өз мінезі өзіне үкім кеседі...

Менің саған айтпағым да осы еді!

III

Амал бар ма, махаббатқа жан пидалық ете алмадың, Аққу-арман жалт бергенде, қуып көрдің, жете алмадың. Жете алмадың, Көлеңкеңнен алыс ұзап кете алмадың, Жанар майын жағып біткен машинадай оталмадың.

Еркің қайда, Сертің қайда,

(бөркін қайда, құрып қалғыр?)

Ең шешуші кез келгенде, тілің тістеп тұрып қалдың.

Еңселім деп ойлаушы едім Еркелеуші ем ерге балап,

Ең шешуші кез келгенде тұрып қалдың жерге қарап.

Артық қорлық бар ма əлемде сенгеніңнен безінуден, Құлай сүйген адамыңның осалдығын сезінуден...

Көз жасымды көрсетпеуге тырыстым мен саған бірақ, Сен деп шыққан сенімімнің биігінен барам құлап.

Махаббатқа жан пидалық етпедің бе, Бəрі бекер! Енді қалған қызығыңның нарқы кеміп, мəні кетер.

Өзінің ең қасиетті əнін қорғай алмаған жан

Басқа істе де қабілетсіз... бағы мəңгі жанбаған жан.

Сірə, бағың жана қоймас, басқан ізің, кетті кейін,

Əйтсе де, мен жылап тұрып, жолың болсын деп тілеймін.

IV

Бақшадан алма ұрлаған баладай нақ Кеудемде үркек сезім салады ойнақ. Отыздың орманында жүргенімде Алдымнан шықтың, айнам, ағатайлап.

Сен мендік бар шаттықтың төресі ме ең, Жүр едім өткен шақтың елесімен.

«Мұнда кел, мұнда кел» деп қол бұлғадың Жиырманың көк балауса белесінен.

Селк еттім даусыңнан шошығандай, Жүр едім өз мұңымды өшіре алмай. Жиырмамда алдап кеткен махаббаттың Күнəсін əлі күнге кешіре алмай.

Сен болып қайта жанды-ау сағынышым, Бəлкім, тар маңдайымның бағымысың. Бəлкім, сен менен қашқан махаббаттың Ойланып қайта соққан шағымысың.

Сол болсаң, қолыңды бер, жүр, қарағым, Сен барған жерге мен де бір барамын.

Көл едім тасымаған, тасыттың ғой, Бақша едім бағы тайған, гүлге орадың.

Кəнекей, жалыныңа жалға мені, Күтіп тұр пəк махаббат, арман елі. Өмірде мені алдаған адамдар көп. Тек қана сен алдаушы болма мені!

V

Ар алдында, адал, ақпыз десек те Сан сұрақтар алар кейде жағадан. Мүмкін, бізді таңар шулап өсекке, Мүмкін, бізді түсінбейді көп адам.

Алуан ұғым алуан жаққа тартады, Сан көңілдің тұйығына малтыдым. Ғашық болып көрмегендер бар тағы, Олар бізді қайдан ұқсын, алтыным.

Көзімді алмай маздап жанған оттардан Саған сенем, Саған сенім артамын.

Қорықпаймын түсінігі жоқтардан Жүрегі жоқ адамдардан қорқамын!

  • Саматтың жұбайы Айжанармен жекпе-жек

Замана тұр бөркін алып ойланып,

Сол түнгі ойлар кетті бізді қайда алып?.. Сол түні біз сенің туған сіңліңнің

Он сегізге толған күнін тойладық –

Мен қуана тост көтердім қызға арнап:

  • Ал сапарың сəтті болсын, қызғалдақ. Өмір мынау:

Қатар тосқан жеңілі мен ауырын, Қайғысы мен сауығын,

Шуағы мен дауылын.

Бүгін, міне, сенің туған күніңде Қандай тілек айтсам екен, бауырым?

Саған байлық тілер ем мен, бірақ ол бір əңгүдік, Есігіңнен кіргенімен паң күліп,

Жүргенімен шеру тартып, сəн құрып, Саған жолдас бола алмайды ол мəңгілік.

Бəлкім, ерлік тілер ем мен тамыр алған төзімнен, Ерлік сезім бірақ сенің табылады өзіңнен,

Онсыз адам жүре ала ма соқпақтар мен жолсызда. Ал сұлулық тілер едім, сұлусың сен онсызда.

Қайтсем екен?

Мен одан да бүкіл адам аңсаған,

Бүкіл адам сан мың жылдар арман етіп шаршаған, Азы жетіп, ал сан мыңы тек елесін тамсаған,

Кез келгеннің бақшасында піспейтін, Кез келгеннің уысына түспейтін,

Зор махаббат тілейінші мен саған –

Деп едім.

Тіпті сол сəт ұқпай қалдым себебін, Сен орныңнан кенет атып тұрдың да,

    • Махаббат жоқ! – деп күрсіндің ызғар шашып қабағың. Мен жүзіңе аң-таң қалып ежірейе қарадым,

Қарап едім жасқа толып кеткен екен жанарың.

    • Махаббат жоқ! – дедің тағы, – ол əншейін далбаса, Ғашықпын деп,

Сүйемін деп, Сенем деп,

Адамдардың бірін-бірі алдайтыны болмаса, Махаббат жоқ, ол əншейін далбаса!

Айтып-айтпай не керек,

Бір кез мен де мына сіңлім сияқты Ұяң едім,

сұлу едім керемет.

Менің асқақ сезімімнен үміткер

Аз болмайтын біздің жақта жігіттер.

Қатал, қиқар тағдырынан тек махаббат сұраған, Махаббатты таппай қойман деп талпынса бір адам,

Ол мен едім.

Бірақ бүгін сол сезімнен не қалды?

Сондағы үміт талдан ұшқан жапырақтай жоғалды. Қазір момын күйеуім бар жəне екі-үш балам бар, Жағдайым жоқ ештеңеге алаңдар.

Не ішемін, не киемін демеймін,

Мəселесін шешіп алғам қарын менен көмейдің. Міне, қара, саусақтарым көрінбейді алтыннан, Тек баяғы шат қиял жоқ сан тарапқа шарқ ұрған, Тек баяғы жігіттер жоқ тереземді торыған, Олардың да бағы алыстау болған шығар сорынан. Кездескенде жалқау тартқан басын изеп өтеді Ұлын ертіп соңынан.

Жылдар бойы алаңдаумен қуатымды сарқыдым, Босқа шаштым жігерімнің жарқылын.

Жер бетінде махаббаттың бар екені шын болса, Айтшы, кəне, мен неліктен жолықпадым, жарқыным?

Үндемедім, тарылғандай кеңісім Мосқал көрші жауап берді мен үшін.

  • Иə, иə, өміріңе өкпелісің, қарындас, Оған біраз себептер бар,

Тірлікте бір бекеттер бар кілтін таппай алынбас.

Ырық бермес бөгеттер бар не түрлі,

...Алматыдан шыққан жолдың барлығы, Отырарға бастап алып бармайтыны секілді. Өмірдегі сан салалы жолығу мен жүздесу, Табысу мен кездесу,

Талпыну мен түйісу, Сағыну мен сүйісу,

Тіпті кейде одан да өзге сезімдер Махаббатқа бастап бара алмайтыны белгілі,

Махаббат ол – жан мен тəннің тізе қосқан ерлігі.

Не болды екен сені мұнша жүдеткен, Үміт қайда жүрегіне гүл еккен?

Сұлулығың кем емес қой Баяннан, Ақылың да кем түспейді Жібектен. Сенде де бар тым сезімтал көз, көңіл Көңілі мен көздеріндей өзгенің.

Айлы кеште саған да айтты ғашығың Ұлы Абайдың Тоғжанға айтқан сөздерін.

От боп өртеп ғашықтықтың ықпалы, Əн қостыңдар...

Жұрт қуана құптады. Талпындыңдар, Алқындыңдар, ал бірақ

Одан Қозы, сенен Баян шықпады.

Неге бұлай?

Өмір бақи бұл сұрақ

Өтер, мүмкін, намысыңды шымшылап.

Қайда жүрсе тек өз əнін айтатын, Елікпейтін өзге шу мен сарынға, Қажымайтын қар мен желдің өтінде, Махаббат та ұқсайды ұлы дарынға, Шын дарындар аз ғой жердің бетінде.

Иə, махаббат қайсар құзды жарып өтер тасты жол, Махаббатта сезім ғана ойнамайды басты рөл,

Ұға алмадың сен оны, айнам. Жеткен жерге талабың мен ақылың, Сезімің мен батылың,

Қырсыққанда, жетпей қалды шыдамың,

Əне, соның кесірінен қаншама жыл жыладың.

Шыдам жоқта, төзім жоқта, Көкірегіңде көзің жоқта,

Жүрегіңде ерлік жоқта қорғай алар шаттығын, Махаббат та жоқ, күнім!

Кездер аз ба ой көргенді көз көрер, Отын өзің жаға алмаған,

Өзің іздеп таба алмаған асылды Таппайды деп неге ойлайсың өзгелер?

Қарашы, əне, мына сіңлің сияқты Инабатты, албырт əрі ұятты, Алаулаған желегі

Соңымыздан асау ұрпақ, арынды ұрпақ келеді. Оларға пəс болар əлі

Бізге биік көрінетін төбелер. Біз сүрінген кезеңдерден,

Біз жүзуге жасқанған өзендерден, Солар жүзіп өтеді деп сене бер.

Бұған күмəн келтіруің азаматтық болмас та. Бүкіл адам іздегенмен бақыт жолын, бақ жолын, Ешкім оңай таба алмайды Абайы мен Тоғжанын. Өйткені асқақ азаматтық жоқ жерде,

Қайсар сенім жоқ жерде, Махаббат та жоқ, жаным!?

Ортамызда қалжың айтып бір жігіт, Отыр еді қалың жұртты күлдіріп.

Отыр еді бізден гөрі сіңліңе Жақын, сырлас екендігін білдіріп.

  • Ал мен таптым Тоғжан сынды пəк жанды, – деді ол Масаң діріл қосып сөзіне.
  • Өзін Абай болмаған соң, Мазалама Тоғжанды, –

Деді сіңлің жас үйіріп көзіне...

  • Ғайша

Ғайша жеңгей сүйген жарын аттандырды майданға... Сенген жүрек серттен оңай тайған ба?

Соғыс бітті.

Ал күйеуі келмеді. Үш жыл күтті.

Бес жыл күтті...

Өлді деген суық сөзге сенбеді.

Тұманға орап тілекті Тағы төрт-бес жыл өтті.

Тəтті арманын көңіліне тоқ санап, Күте берді сағат санап, сəт санап.

Кейде аусар тағдырына нала боп Көкірегінде маздап, ұйтқып жанады от. Тым құрыса, Тым құрыса, Құдай-ай, Алданыш қып отыратын бала жоқ.

Артса да үміт бір күннен соң бір күнге, Жалғыз жанға жараспайды күлкің де. Болмады ғой.

Болмаған соң ақыры

Көрші қартқа ерге шықты бір түнде.

Сол түн тыныш ұйықтады Жаңа үмітін жағып бір,

Кеудесіне қанағаттан тағып гүл... Ал таңертең арман болған күйеуі Терезені қағып тұр.

Ғайша сорлы күйіп кетті бұл қорлықты көргенде, Тастай қатып қалды тілсіз, естен тана үдеріп, Сонан кейін шашын жайып жіберіп,

Күйеуінің аяғына құлады.

Құлап жатып ағыл-тегіл жылады, Жылап жатып зарлады,

Өзін-өзі жерге соғып қарғады.

...Махаббаттың құм секілді мінезі жоқ сырғыма, Жүргенімен көп опық жеп алданып...

Ғайша кенет орнынан сүйретіліп тұрды да, Бір ғана ойға табан тіреп түбірлі,

Ту еңісте тасып жатқан долданып,

Асау Ақсу өзеніне жан ұшыра жүгірді...

Бағаласаң, махаббатты бағала, Бағаласаң, махаббатты бағала... Сəлден кейін сорлының Орамалы ғана жатты жағада.

  • Түркістан аңызы

Он төртінші ғасыр тудырған ғаламаттар- дың бірі Түркістандағы Қожа Ахмет Иас- сауи ескерткіші. Бірақ өкінішке орай, осы алып ғимараттың бас қанатын сəулеттен- діру жұмысы аяқталмай қалған.

(Газет мақаласынан үзінді).

Талай-талай биікпаз асылдарды Теңескенде келтірмей иығынан, Ескерткіш тұр Қаншама ғасырларды Ұзатып сап, күлімдеп миығынан.

Жалқау, қиқар түйедей тартыншақтап, Жылжыды өмір үстімен кемел жердің. Ескерткіш тұр ұлылық қалпын сақтап, Даңқын сақтап данышпан шеберлердің.

* * *

Мизам түсіп, күз қызығы қалған кезде азайып, Түркістанда бір ескерткіш бой көтерді ғажайып. Күннен-күнге келбеттеніп, күннен-күнге сəн құрып, Нəн ескерткіш бой көтерді жұртты өзіне таң қылып.

Сан мыңдаған күл-құтандар ертелі-кеш тынбастан, Сар даланың кеудесіне жазып жатты бір дастан.

Мерейі асқан зарлы дастан секілді еді ол дегенмен, Иран, Үнді елдерінен жеткізілді шеберлер.

Жалынына темір балқып, илеуіне тас көнер, Хас шеберлер арасында болатын бір жас шебер.

Ол туралы жұрт айтатын:

«Өнерінің өрті бар,

Тəңір қалай жарылқайын десе, əрине, еркі бар. Саусағының салымы бар, сосын, əттең, бөркі бар... Ал əйтпесе, қызда сирек кездесетін көркі бар».

Қайран шебер қалбаң қағып, еркін алып тынысын, Басқарып жүр ескерткіштің ою-өрнек жұмысын.

Қор бейнеттен жұрт кешкілік дем алғанда болдырып, Түркістанды түрлендіріп əн бастайтын сол жігіт.

Ол əн салса, қапас, тұйық кеудесінде жел тұрып, Бірде жарын, бірде анасын көз алдына келтіріп, Басыбайлы батпан мұңы сəл де болса кертіліп, Күл-құтандар жадырасып, қалатын бір серпіліп.

Ол əн салса, ұзақ түнді кірпік ілмей атырған, Сəукелелі қыз шығатын шеттегі алтын шатырдан.

Тілек сайын тізгіндескен неткен іңкəр өмір бұл,

Сол бойжеткен балдызы еді қаһарлы Ақсақ Темірдің.

Міндет ауыр. Хан бұйрығы мəмілеге қарай ма? Ғимаратты енді аз күнде бітірген жөн қалай да.

Шеберлерді ықыластап, ынталамақ ниетпен Хан оларға балдызының қызметін сый еткен.

Хан балдызы – Мəрзия ару ішке бүгіп мұратын, Күнде түсте шеберлерге сусын əкеп тұратын.

Сырт көздерді қалдырмайын дейді ме өрттің өтіне, Паң бойжеткен жұқа ғана перде ұстайтын бетіне.

Гүжбан тағдыр иығына нені артса да көнердей Шебер жігіт Мəрзияға ғашық еді өлердей.

Ғашығының айдай жүзін бір көруге тамсанды, Бірде сусын əкелгенде пердесіне қол салды.

Қыз қымсынып тұрып қалды, тұрып қалды күлімдеп, Алма беті гүл-гүл толқып, оймақ ерні дірілдеп.

Сосын, лəм деп тіл қатпастан, еркін басып шеткері, Өзіне арнап орнатылған ақ шатырға беттеді.

Мосқал шебер күйіп-пісті:

«Қарағым-ау, мұның не,

Көпсінгенің осы нұрсыз шабаталы күнің бе?

Сезіміңнің төзім жібін албырттығың қиды ма, Енді қайттің,

Əлде басың өкпелі ме иығына?

Пітінелі болмақ енді саған мына атар таң, Ертең ерте Ақсақ Темір оралады сапардан.

Болған жайды балдызы оған айтпай, сірə, тұрмайды, Айтты, бітті, жаның онда жаһаннамға зырлайды.

Солай, ұлым. Əміршіден енді рақым іздеме, Бірақ сенің кесепатың соқпай кетпес бізге де».

Жігіт боп-боз.

Қаны қашып сөзін зорға бастады,

(Бедерсізін бұрын қалай сезбей келген достары).

  • Туысқандар,

Қамданайық, амал-айла жасайық... Біреу айтты:

  • Бүгін түнде ұйымдасып қашайық!

Келісілді. Бірақ, бірақ... жөн болды ма қашқаны? Хан əскері қуып ұстап зынданға əкеп тастады.

Енді ненің мəні қалды. (Мұңдан, мейлі мұңданба?!)

Ертеңгілік Мəрзиядан хат кеп түсті зынданға.

Жігіт жылдам оқып шықты дір-дір етіп қолдары, Қыздың хаты мынау еді сондағы:

«Бір күнде ашып мінезіңнің бар қырын, Тез сөндірдің жігеріңнің жарқылын.

Ұнап еді батылдығың алғашқы, Тырағайлап қашқаның не, жарқыным?

Жарылардай саған құштар сезімнен, Өзімді-өзім тұсаулаушы ем төзіммен. Өлімнен де қаймықпаған тілекті Қалай оқи алмағансың көзімнен?

Өнерің бар қараған жұрт қанбаған, Əнің анау аспанымда самғаған.

Құдай саған бəрін беріп, Тек қана Ерлік бермей қойғанына таң қалам.

Енді бəрі өшті, Сенді.

Далбаса.

Амал қанша əз сенімім алдаса?! Сен өлді деп өкінбеймін, əттең-ай,

Бітпей қалған мына ескерткіш болмаса!

Бұлақ өмір сүргенімен құрақсыз Сезім өмір сүре ала ма мұратсыз ? Жүрегінде ерлігі жоқ адамның Барлығы да махаббатқа тұрақсыз!»

КҮЛТЕГІН ТАС

Бөрілі еді байрағың – Бөріктің жауын қайдағы Бөрліккен койдай қашырған, Айхай да түркі аймағы!

Ер үсті болып тұғырың, Ескен бір желдей ғұмырың. Күнге де қарап құйғытып, Айға да қарап ұлыдың.

Қадырқан қойын жайладың, Қазы жеп, қарта шайнадың. Түмен де түмен жылқыны Түн жазығына айдадың.

Өтүкен тауын жайладың, Өжеттен қаған сайладың. Мұншама жерді жамбастап, Мұртыңды қанға майладың.

Бекілі шөлін жайладың, Беліңе садақ байладың. Күркіреп тұрып жауатын Көктемгі бұлттай қайнадың.

Сырдан да кешіп өттің сен, Қырдан да есіп өттің сен. Бөріше ойнай қайда да, Бөрліккен қойдай еттің сен!

Құлыңның өзі құл ұстап, Күңіңнің өзі күң ұстап, Желпінген Көгі мен жер-суы, Жеңіспен ғана тыныстап...

Қағанағы карқ

Қағанды сол бір жылдары Қаптап кеп Көктің ұлдары, Тұлымдыңды құл қылғалы, Бұрымдыңды күң қылғалы, Ордаңа ойран салғалы – Құрыққа сырық жалғады: Ағылтып жұмсак қазынасын. Пүлішіменен алдады, Күмісіменен алдады,

Бал тіліменен алдады, Жылы сөз, жылтыр жүзінің Жарқыныменен алдады, Жібегі сынды жіптіктей Жүрісіменен алдады, Күлісіменен алдады!

Байлық боп сонда баққаның, Байқамай қастық қақпанын, Күміспен қамшы күптедің, Алтынмен арба аптадың...

Аға мен іні дауласып, Таққұмар бектер жауласып, Кəнеки сөйтіп тапқаның?!

Көншіген көңіл жайланып, Көкала жылқың шайланып, Көп иттің бірі көбімен Көкбөрі – төбет байланып, Қағаның алтын шатырда Төрт жағы түгел сайланып, Төрдегі бекзат, батыр да – Қамқа, жібекке оранған Айналды семіз қатынға, Қоласты – қойға айналып!

Ашынған күндей құркірі Басылған бұлар түркі-ді... Табғаштар калың əскермен Тап берді келіп бір түні!.. Дүр дүниеде дəурені

Дүркіреп тұрған жұрт едің, Кеп жауға салып əурені, Күркіреп тұрған түркі едің.

Құрыкқа сырық жалғап-ай, Құлдыққа табғаш салғаны-ай. Күңіреніп Орхон бойында Күлтегін тастың қалғаны-ай! Егілтіп əлі күн-айды, Күлтегін тас жылайды

Еске алып Елтерістерді, Елбиге қатын, Ұмайды... Тəңіріден тілек сұрайды. Сұрайды сұр тас сыр төгіп:

«Көк Тəңірі ұлы түркі едік – Көп дұшпанын түңілткен, Бастылыны жүгінткен, Тілерсектен бір салып, Тізеліні бүгілткен –

Көкбөрі көкжал түркі едім, Көгменнің жерін жайлап ек... Қағанды кеше жұрт едім, Қағаным енді қайда?!» – деп. Жылайды күлтас Күлтегін:

«Жауды бір көрсек, жайнап ек! Ерлігі елді жұрт едім,

Елдігім енді қайда?!» – деп. Алданып қалған түркілер, О, қайран аңғал түркілер!

Түре де қуып түркіні, Түбіңе жеткен табғашың – Қағып тұр келіп бұл күні Қазақтың қасиет Қағбасын! Қаптады (қараң тұс білем) Қап-қара пиғыл-ауаңмен: Қазақты ескі-құсқымен – Алам деп арзан тауармен! Төнгендей зауал бір шағы, Көңілі бүгін күпті көп:

Қарындастардың құрсағы Қарақытайдан жүкті боп;

Қанар да қанар қапшығын Арқалай қатын-қалаштар, Армандап жүріп жақсы күн, Аңырып қалған Алаш бар!

Көргенде көзің жұтайды, Жаныңды үрей жаңқалап – Көген көздерім қытайды Көтеріп жəне арқалап...

Ойым жоқ оған өшікпек, Ордамда менің басқа сыр... Күн шыққан шəрге кешіп кеп, Күлтегін тұғыр таста тұр.

Астана жұртқа арай мол Айбарыменен мақтан боп, Қамығып кейде қарайды ол:

«Қастан да достан сақтан!» – деп.

Айтады: «...түркі басынан Бірлігі жоқтан бақ тайды. Тəуелсіздік деп тасыма, Сақтансаң, Құдай сақтайды!

Тек сонда тартар Тəңірім гүл, Тексіздің зауал кеші бар...

Аштықта – тоқтық қадірін біл, Тоқтықта – аштықты есіңе ал.

Сендерден соны сұранам, Сенгей де ергей жетекке – Халқының басын құраған Қағанның сөзін екі етпе!..»

Қаңдай сый тартар алда күн, Қазаққа жүзі жарқын ба?..

Қаламаймын мен қалғанын Қара тас – жоқтау артында!

Нұрыңды, Тəңірім, нұрдан соң, Төбеден бізге төге бер!

Енді бір елу жылдан соң,

«Сары орыстықтан» құтылып,

«Қара орыстары» ұтылып, Қазақ та, мүмкін, көгерер?!

Көлдерім аққу-қазданып, (Сенбеуге оған орны жоқ) Көбейер саны аз халық, Жалаңаштарым тонды боп. Түнеймін тозақ-азапқа, Түк етпес ішер кемдігім... Ешқашан бірақ қазаққа:

«Жоғалтты, – деп, – елдігін!» Жазғыза көрме тасқа өлең

Өсиет етіп қашаған!

Жар болғын өзің, Жасаған! Бостандық – жалғыз баламның, Бар-жоққа балдыз баламның Болса екен дейін басы аман!

Əумин!

ТƏҢIРТАУ

Мұқағали рухына

Түс

Тау жылжып келе жатыр! О, сұмдық-ай!

Кiм көрген алапатты тосын бұлай?! Алыптың əр аттамы – апат, опат... Жалбарын, жан иесi,

Шошын, Құдай!..

Адымдап келе жатыр Тау қалаға, Алматы, тау қозғалса, сау қала ма? Жапырып, езiп, жаншып, басып өтпек, Басыңды сауғала не, сауғалама!..

Келедi алп-алп басып Дию, Алып, Қабағын қара түндей түйiп алып.

...Тəңiрден бұйрық келсе жазатайым, Пенденiң күнi қараң, күйi ғарiп...

Тау құлап келе жатыр аспанымен! Ес кеттi етектегi жас-кəрiден.

Құдайдың құжынаған құлдары өңшең Құтылмақ қайда барып, қашқанымен?

Тау жылжып келе жатыр. Түре көшiп!

Тажалмен тауфиқ тапқан кiм егесiп? Боларын бiр сұмдықтың бiлгендейiн Күннiң де күлгiн тартты iреңi өшiп...

Түсiп тұр алабөтен қалаға сын: Қаймана қайда тығар қара басын?

Сыймаған бiр тарының қауызына Көрсең-ау жан мен тəннiң жағаласын!..

Таланға тастай алмай басанасын Сормаңдай соққылап жүр тасқа басын.

...Қаскөй жүр қамба жақты қағып-сiлкiп, Мешкей жүр айналсоқтап асханасын.

Мiнi, жұрт! Мiнi, тобыр! Мiнi, халық! –

Тулаған тайқазанда тiрi балық!!! Бiр кеще айдалаға безiп кеттi Көнетоз көлiгiне мiнiп алып!...

Қашқанмен қайда барып бас паналар? Қашқанның жөнi, жолы басқа болар... Ойраннан опат болған Отырардай Өледi-ау осылайша астаналар...

Таудың да бар деушi едi аруағы... Туралап келдi ме, əлде, Тəңiр оғы? Жамағат,

Жанұшырған, Жанталасқан

Жан-жаққа жау қуғандай жамырады! Келедi Тау адымдап, ақырындап,

Я, Құдай!

Алапаттың ақырын бақ. Сəлден соң...

Сəулеттi үйлер сəн түзеген Сiрiңке қорабындай жапырылмақ!

Таусылып ақында айла, Пақырда амал,

Онсыз да азып-тозып жатыр ғалам... Сəлден соң...

Қала үстiне қара түнек

Алапат орнамақшы Ақырзаман!..

Кiм түсер тайталасқа, ерегеске?

Не болмақ бiр қаланың дерегi өшсе?

Адамзат апатының бiр айғағы –

Помпейдiң соңғы түнi келедi еске...

* * *

Келедi Тау қозғалып, Ғаламат Тау!

Шоқыну, Шошу, Қашу, Балағаттау...

Адамзат арғы-бергi Тажалына

Мұншалық қорқынышпен қарамапты-ау!..

Сəлден соң...

Ақыретпен қосылмақ Тау. Торығу,

Кiмге керек тосын даттау? Адамзат арғы-бергi Ажалынан

Мұншалық зəресi ұшып шошынбапты-ау!..

Сəлден соң...

Тiрлiк демi таусылады.

Қаланы қараңғылық қаусырады. Ақ жүзiн Алматының нұрға малып Алтынмен аптамайды таң шуағы.

Тұратын қала маңын қоршап дəйiм Алма бақ,

Қайда қалмақ арша, ақ қайың?.. Медеудiң мұз айдыны бiр жалт етiп Жоғалар көзден тамған моншақтайын...

Тобырдың тойлағанша ас-тамағын Тəңiрдiң бақсам еттi қас-қабағын? Үзедi-ау жойқын апат Көктөбенiң Абыздың қобызындай аспа жолын?.. Алтын тəж,

Алқа таққан Сарайларым,

Басыңнан бал-бұл ұшар қалай бағың?

Төбеден төнiп келе жатқан Тауға Төменнен жаутаң-жаутаң қарайладым.

Жаңылған машайықтай тəубасынан Қай мiскiн əрi аттасын ауласынан?!

...Етегiн қағып-сiлкiп, Ендi бiрде

Бұлт тарап барады екен Тау басынан.

Құлазып Иранбағы, Құлан қағы,

Аузына бiр Алланы кiм алмады?!

...Еңiске,

Ендi бiрде, ен жайлауға

Қозғалып барады екен тұман-дағы!

О, тоба-ай!

Ендiгi бiр қарағанда:

Айналып бара жатты Тау Адамға!!! Тау емес,

Алдыңда тұр алып Адам, Алматы,

Есiңдi жи сау-аманда?!

Шошынба,

Есiңдi жи сен де, ақыным:

Тау емес,

Алдыңда тұр ең жақының! Өзiңнен өзге ешкiмдi елемеушi ең,

Ей, пенде, кiрген шығар ендi ақылың?! Тау емес,

Алдымда тұр алып Адам, Таудайын тұлға берген Тəңiр оған! Ну сыңсып,

Бауырында бұлақ өрiп,

Жанында Өмiр – Өзен жамыраған!

Тау емес,

Алдымда тұр алып Ақын, Алып ақын,

Ағынан жарылатын!

Жанындай жақын көрiп жарық күндi, Жадынан тастамайтын халық атын.

Қарашы, Жаратқанның жарылқауын?! Таңсығым,

Алдымда тұр Тəңiртауым!

...Жал-жал құз, Жабағы бұлт арасынан

Жадау жүз жасыра алмай жабырқауын...

Жанары жас баладай тұнық едi... Қабағы қабарыңқы, сұлық өңi.

...Үзiлiп арамыздан үнi, демi, Бiрмезгiл мызғып, көзiн iлiп едi...

Тоң жерде, Торқа жерде, Кебiр жерде Төрiңнен,

Көрiңнен де жерiнгенде,

Табыттың тас-талқаны шыққан шығар, Оянып ұйқысынан керiлгенде!

Өрнегiн Көктем салып күрең белге, Өрмегiн тiршiлiктiң Күн өргенде, Табыттың тас-талқаны шыққан шығар, Оянып ұйқысынан шiренгенде!

Қияға қыран бейiм қалықтауға, Түспейдi өзi келiп балық та ауға. Жайланып жата алмайды Ақын жерде, Айналып кеткенiнше алып Тауға!

Жапанға жарғақ құлақ жаңғырықты үн, Жанары бiр жалт етiп қалды Үмiттiң... Алдымда алпамсадай Ақын тұрды Келгендей мекенiнен Мəңгiлiктiң.

Апырай, тау ма? Ақын ба?

Тiл қатқан кiм?

Маған да, маңайға да жұмбақтау бұл. Жадымда жаңғырып тек жатты сөздер, Салмағы қорғасындай зiл батпан кiл:

    • Жай тауып жатушы едi табытта кiм? Қапасқа қайдан сыйсын алып тəнiм?! Қалдырып кебiнiмдi,

Келiп тұрмын

Көрмекке Жаратқанның жарық таңын. Қаймана..,

Қала iшiнде қашып-бұққан

Не бiлер шын адами ғашықтықтан? Жұрт та бiр – қыбырлаған құрт та бiр-ау, Жүтпағын жұмырына тасып, тыққан!

Ес қайда шiркiндерде? Сабыр қайда?

Қоя алмай жүрген бiреу жанын жайға... Апырмай, алты алашым мына менi Алдына кеп тұрса да танымай ма?

Алатын жынын қағып жырындының Кəдесi қайда кеткен бұрынғының?

Кешегi қызып жүрген Қызталаққа Шынымен ұқсамай ма түрiм бүгiн?

Ақырып қалсам ба екен анауына?! Бақырып қалсам ба екен мынауына?! Шынымен мына шибұт шiркiндердiң Бiрi кеп оралмай ма шылауыма?

Желi де, ебi де жоқ қанатының Əне бiр Шегiрткенiң қара түрiн? Бiлмейдi-ау,

Қайдан бiлсiн кiлең кеще

«Кеңсайға» ерте ме кеш баратынын...

Аз тоқтап, Айтатыны əлi бардай

Көшеге көз салды Ақын налығандай.

Даусынан Гулливердiң гүрiлдеген Жасқанды жан бiткеннiң жаны қалмай:

      • Шоламын қыр басынан қала маңын, Көрсем деп көз тоқтатып əр адамын. Есiктен Елес болып енемiн де, Қайтадан қапасыма ораламын.

Тұншыққан көк түтiнге қаланы аяп, Қайтамын алды-артыма қарамай-ақ.

...Кетпейдi тек есiмнен əлi күнге Сол бiр Қыз...

Сол бойжеткен жалаң аяқ...

Сол бiр Қыз... Топылайын қолға ұстаған Келгiштеп қорым жаққа, Қонғыш маған.

Арасын екi дүние жалғай-тұғын

Кiм бiлсiн, осы ма, əлде, болмыс, ғалам...

Сол бiр Қыз...

Қазақ қызы, қадiрлiм-ай!

Кешiкпей кеп жүретiн қабiрге ұдай. Онсыз да опат болған ожданымды Ойлап па ем жазалар деп Тəңiр бұлай?

Сол бiр Қыз..,

Қара шашын қанға малған

Қараусыз мұзда қатып, қарда қалған! Қайтерсiң тас жүректi жiбiтпесе, Алаулап алаңдағы жанған Арман?!. Тас емес қабырғамды қысқан менiң!

(Темiрдей тегеурiндi ем, ұстамды едiм...)

...Сол бiр күн көз алдыма келе қалса, Құлазып сала берер құштар көңiл.

...Кей күнi түсiме енiп Мыстан менiң, Сезiнем дүмше дүлей – дұшпан демiн. Сол-содан Қарлығашым үйден безiп, Сол-содан көре алғам жоқ құстар легiн...

Қаныма қайта дарып күш қайнаған, Тұншығып..,

Тыншыға алмай тiс қайрағам!

...Мен кейде бұрқ-сарқ қайнап қазанымда! Мен кейде қанаты жоқ құсқа айналам...

Қайырылған қанатынан құсымды ойлап, Шығамын таң атқанша тiсiм қайрап!..

Түсiмде қара Мыстан қайта оянып, Iшiмде қара жылан ысылдайды-ақ!

Айта алмай бiр ауыз сөз елге өксiген Сол түнi тар табытта дөңбекшiгем... Кiм бiлсiн, қара Жердi қарс айырып, Қайтадан қабiрiме енбекшi ме ем!!!

Бабаның өткен-кеткен қозғап бəсiн, Не бiтер ертелi-кеш сөз баққасын?.. Түс-өңi замананың құбылғанда Түседi қартқа салмақ, боздаққа сын.

Iшiңдi iндей қазса iрiткiлер, Қойныңа хор қызы емес, бүлiк кiрер. Ел қашан ер тұлғасын ерте танып, Ер қашан ел намысын бiрiктiрер?!

Қаншама қағынса да Доңыз – ғалам, Қойнына қара шыбын қонғызбаған: Қан жуған қара шашын Желтоқсанда Рух болып көрiнедi сол Қыз маған!!

...Бұл өмiр кiмге бесiн, Кiмге екiндi...

Iнiшек, қабыр жаққа бұр бетiңдi. Құласа...

Кiрпiш болып қалан барып, Жыласа...

Жұбат, жаса құрметiңдi.

Қорымын қорлатпайды ұлы халық! Ұқсауға ұлы жұртқа жұмылалық.

Баспайды қасиеттi қабыр маңын, Тастайды арамшөбiн жұлып алып!..

Қайран, жұрт,

Қауқары жоқ көбiк құрлы,

Қай дұспан қамалыңды бөрiктiрдi?

...Қаланы қабағының астына алып, Маңайды маңғаз Ақын шолып тұрды:

– Ар қалай? Алаң қалай? Анаң қалай?

Азғындап барасың-ау, адамдар-ай, – От шашып ойға, қырға ойлы көзi Оқыстан кiлт бұрылды маған қарай:

– Iнiшек, бiлесiң бе, бiлесiң бе, Бұл күнде кiм өсуде, кiм өшуде? Сопысы бар өмiрдiң, сотқары бар, Соры қайнап күндерiн түгесуде.

Бiрi күлiп жүредi, бiрi налып, Бiрi бықсып жүредi, бiрi жанып.

Армансызбен алысқан күнiм құрсын, Армандының артында тiрi қалып...

Жаһанның қаһаны үшiн жаратылған Кiмiң бар Абайдайын дара туған?! Абызың, ақсақалың қайда бүгiн Сөйлейтiн ел атынан, ар атынан?

Жүргенi, күлгенi де жалған кiлең Күндерiң күлбiлтеге қалған бiлем? Қоғамды шаң-тозаңнан дүркiн-дүркiн Қалаймын қағып-сiлкiп алғанды Мен!

Ойлайтын ұлың қайда халық қамын? Жүрушi ем көз тiрiмде танып бəрiн. Тамырын талайлардың тап басар ем, Қайтейiн, табыттамын, табыттамын...

Теңдессiз, Тегеурiндi Тектi кiлең –

Заманы Ер Түрiктiң өттi бiлем?.. Ел азса, ер өксiсе – құл-құтан мен

«Қуыршақ құдайлардың» көптiгiнен!!!

Ұл басқа, Ұлық басқа, Құлық басқа...

Таң қалма Тақ пен Табыт ұрықтасса. Өзiңдi ел мақтаса – есiңдi жи, Көзiңдi шел қаптаса – сылып таста!

Мəн қайда?

Мақсат қайда нысаналы? Мақсатсыз ой да, бой да тұсалады. Көңiлшек, шегiншектер ел билесе, Келiмсек, өлiмсектер күш алады!

Кiмiң бар Хақтан ұлы? Елден ерек?

Тəңiрiм еншi берген Ерге бөлек. Айтқаны Ұлықпанның кəмiл келсе, Бұлт та Күннiң көзiн перделемек...

Өседi, Өнедi жұрт, Жаңарады...

Сарғайып ой орманы, сана бағы... Тобырға айналады тобасыз жұрт, Қабiрге айналады қала маңы...

Айлакер Əзəзiлдiң əр амалы Сайтанның сарқытынан нəр алады. Өлеңi ел iшiнде есен жүрсе,

Келедi бұл ағаңның жорамалы...

Сөзiмдi айт үлкенге де, кiшiге де, (Тiрiлер өлгендердi түсiне ме?..) Жүрегiм Жыр елiнде соғып тұрса, Кiрермiн өңiне де, түсiне де!

«Ақбоз бұлт – аруақтың кебiн кие Алатау керi-кейiн шегiндi...» де. Орнымнан ойға түсiп,

Ауық-ауық

Алармын тынышыңды сенiң, Дүние!!!

Кимеген аруақтың кебiн көптен Қайтадан Тау орнына шегiндi еппен. Тау емес,

Тау дегенiм – Ақын екен,

Жазасын талайлардың жеңiлдеткен!

Кiм көрдi? Кiм байқады? Тау ма?

Ақын ба?

Оқиға болды осындай Алматымда.

...Түсiмнен шоршып-шошып оянғанда, Таялып қалған екен таң да атуға.

Өң

Қайран, Ақын! Қайғыңды қабылдадым:

Тағдырыңмен тамырлас қаным, жаным... Сен iрiсiң!

Мен тiрi...

Ал – əзiрге

Өкiнбеудiң, өлмеудiң қамындамын.

Сен iрiсiң! Алыпсың! Ұлысың да!

Ұлыменен болады ұғысуға. Ұлы болып туғанмен, Айтар сөздiң

Тiл ұшында тұрғаны құрысын да!.. Түсiнбесе жайыңды жамағайын, Сарғаярсың сары ауру, санадайын... Ғалам мұңын қондырып қабағына, Заман жүгiн көтерген Толағайым!

Ұғынбаса жайыңды жамағайын, Түнерерсiң түнемел моладайын. Ождансызға қараған күнiң құрсын, Орынтаққа қонжиған қоладайын!..

Қайран, Ақын... Қайтейiн,

Амал бар ма,

Заманына зауықшыл адамдар да: Ой күтулi – қайғы-мұң оранғанға, Той күтулi – тотыдай таранғанға... Бауырың ба iсiнген,

Заман ба, əлде? Жүрегiң бе сыздаған, Жараң ба, əлде?

Бақ пен таққа,

Бақилық бар мен жоққа

Басыбайлы мына жұрт бағамдар не?..

Ақын – жалғыз, Жатырдан!

Жақыннан да!

Жалғыздықты Жаратқан мақұлдар ма? Күннiң өзiн тiлдейдi күншiл қауым, Қап тауына қарасын батырғанда.

Кемеңгер де аз емес «кеңес» берер, Кеңес беру – кiсiге емес пе өнер?

«Ақыл дорба» асынып жүргендердi Хан қасына қайымдап,

Ел ескерер...

Ал сен...

Ал сен бiрiн де көзге iлмедiң!

Тез гүлдедiң, Тез солдың, Тез бүрледiң...

Балқымасын жасырған жанартаудай Не жатқанын iшiңде сездiрмедiң.

Өрттей жалап өзектi өткенде өлең, Көкке шырқап,

Көрiстiң көктемменен!

«Күпi киген қазақтың қара өлеңiн»

Шен тақпай-ақ қайырдың шекпенменен.

Жүрекке жол бар деумен төте қандай, Сезiктiден сен жүрдiң секем алмай.

Оң бүйiрде жатты Ажал, Қособада

Төлегендi торыған Бекежандай...

Оң бүйiрде қауiптi мина алаңы Бар дегенге кiм нанып, иланады? Ақын ғана қалайды жан азабын, Ақын ғана «минадан» қиналады.

Қиналады...

Қу заман – қуыс, өлi...

Қиналған соң су емес, «у» iшедi! Түсiрмейдi жары оны көктен жерге, Түсiнгiсi келмейдi туыс, елi...

Жақынға да ол жұмбақ, алысқа да, Пақырға да ол қымбат, танысқа да... Ақын – тағдыр,

Ақындық – Тəңiр сыйы,

Тар қапасқа тағдырын табыстама! Сарғаймасын,

Сауықсын, Сайран құрсын!

Жұмақжайға жұмбағын айналдырсын. Бала ғой ол!

Алаңсыз ойнап жүрiп,

От басарын оқыстан қайдан бiлсiн?!..

* * *

Қайран, Ақын! От басты...

Азалы елi.

Оң бүйiрден оқ тидi – Ажал оғы. Қарасаздың жүрегi қарс айырылды,

Азабы едi – аз-кем күн, Ғазал емi...

Қарасаздың кеудесi аһ ұрғанда, Ақыннан да,

Айырылдық ақылдан да: Телегейдiң тұңғиық тереңiне Қайғы бiздi ұқсады батырғанға.

Ақын бiзден, Айырылдық бiз ақыннан, Əн үзiлiп,

Сəтте бiр муза тынған...

Қаралы көш қыр асып кете барды Қырым жаққа қыздайын ұзатылған.

Қырдан асып барады қаралы көш, Санадағы сарынмен самал үндес... Көз байланып,

Көкжиек қозға айналып,

Бұлт бауырын жалады жаралы кеш...

* * *

Ақын аңғал, Сал салғырт, Батыр аңғырт...

Қамсыз жүрiп тағы да қапы қалдық. Жел кеуденi кергенде,

Желiк буып,

Белдеудегi аттайын оқырандық!

«Бас-басына би болған...» кiлең дөймiз! Бiлмегендi...бисiнiп «бiлем!» деймiз.

Тұңғиыққа жолымыз тiрелсе де, Үйiң күйгiр Ұяттан тiрi өлмеймiз!

«Ажал айтып келмейдi кiм-кiмге де...» Айтасың-ау, айтасын, шiркiн, неме!

Өзегiмдi өрт шалып өксiсем де, Өз-өзiме келедi күлкiм неге?

Ақын неден дерттендi? Ойладық па?

Ақын неге мерт болды? Ойладық па?

Ата-баба айбыны қайда бүгiн Жұлдыздармен жүздескен қой бағып та!?

Ақын неге жылады? Ойладық па?

Ақын неге құлады? Ойладық па?

Жаңғалақтап,

Нұсқалы жолдан аттап, Қаңғалақтап барамыз қай бағытқа?

Ақын неден дерттендi? Ойладық па?

Ақын неден мерт болды? Ойладық па?

Зеренiне аспанның зейiн салып, Тереңiне теңiздiң бойладық па?

Елден бөлек еншiмiз – «егес» болып, Ненi ескермей жүрмiз бiз,

Ненi ескерiп?

Ынтымақтың көтерген Тайқазанын Бiр ошақтың үш бұты емес пе едiк?!

Адам қамы –

Қоғам мен замандағы Саған да ортақ емес пе, Маған-дағы?

Ақжаулыққа мұң шаққан ақын неге Тұлпар тектi бiр тұяқ таба алмады?

Қамсыз, Мұңсыз,

Қайғысыз неткен елмiз? Көресiнi бiз əлi көп көрермiз...

Қара өлеңдi пiр тұтқан Пiрəдардың Қадiрiне бiз қалай жетпегенбiз?!

Жамбасшыл шал, Жасық ұл, Жалқау аға...

Ала-құла алашпыз «алтау ала...»

«Қонарыңды сай бiлсе...» – қаңбаққа мiн!

«Ұшарыңды жел бiлсе...» – қалқы ауада!

Қайда?

Қайда жан гүлi? Əн арқауы?

Сансыратты-ау сананың самарқауы... Жалт қаратқан жоқ па едi жамиғатты Жарылысы – Ақынның жанартауы?!

Тiршiлiктен бейхабар тыныс-демi Шынымен-ақ кеудемiз қуыс па едi? Өкiндiрмей жүр ме əлi ешкiмдi де Алданышпен Ақынның «у» iшкенi?

«Шын ақынның өмiрiн өлгенде бiл...» Шерi шексiз не деген шермендемiн? Жарық күннiң қадiрiн бiлемiз-ау, Көкжиекке көз жұмып, енгенде Күн...

«Шын ақында мұң басым, қайғы қалың...» Ақынмын ғой,

Шүбəсiз жайды ұғамын.

Жер пендесi перiште бола алмайды, Көктiң ұлы ОЛ!

Ағасы Айдың ару!!!

Шын ақынға тағдыры қырын келер... Таусылмайтын Тəңiрiм ғұмыр берер.

...Көз алдымда –

Елжiреп ел дегенде

Қолына алып жүрегiн жүгiрген Ер!..

Көз алдыма келедi алып Ақын, Адамзаттың қайғысын жаны ұғатын... Алматыға құшағын ашып тұрып Алатаудың ұшарын сағынатын!..

Көз алдыма келедi Алып Бала:

Басқан iзi айшықты, анық, дара... Жарыққа да,

Құлшынып Тамұққа да,

Ақын тыным таппайды табытта да!!!

Табыт деген немене, Жыр тұрғанда!

Жырға ұйыған артыңда жұртың барда. Жарқ етпей ме дүние,

Күн нұрымен

Көкжиектiң көбесi жыртылғанда!

Табыт деген немене, Тамұқ деген,

Жыр-жүрегiң бiр соқса халықпенен?! Үндеседi ұлылық ұлылықпен, Тiлдеседi алып та алыппенен:

«...Бiлмейдi екем... Қолымнан келмейдi екен,

Жоқты аңсап, жоқ сусынға шөлдейдi екем. Қой ендi тыйылайын, бұғынайын, Ойымды орасанға бөлмей бөтен.

Жасырмай ойымды айттым

 талай-талай, Қайтейiн, кеттi бəрi қарайламай...

...Айтарын ашып айтқан абайламай, Дариға-ай,

Махамбеттер, Абайлар-ай?!»

...Табыт деген не, тəйiрi, Тамұқ деген,

Тас түнектен ұмтылса жарыққа өлең?! Үндеседi ұлылық ұлылықпен, Тiлдеседi алып та алыппенен:

«...Сен болған шақ бұлыңғыр,

тұнжыр маған...

Əйтсе де, аямапты құрғыр заман.

Болат Пушкин тiрiлiп кете ме деп, Тұғырыңды болатпен шынжырлаған.

Қарадым сенiң қола мүсiнiңе, Қоланы да болады түсiнуге.

Менi Тəңiрiм жаратқан табынуға, Сенiң мəңгi хақың жоқ кiшiруге!..»

* * *

Бүркiп нөсер,

Дүние-ай, бұлтың көшер...

Ұлы көшке iлесiп жұртым да өсер.

Мен Мұқаңның рухына мұңым шақтым, Ал менiмен мұңдасып, кiм тiлдесер?..

БОСТАНДЫҚТЫҢ БАСЫ

Шабыттың көптен бері оты жанбай, Жүр едім көркем сөзге отыға алмай. Жүргенде көркем сөзге отыға алмай, Өртеліп көлге айналған Отырардай.

Рухы Мағжанның аян берді:

«Бойыңда жаның болса аянба енді». Шын ақын алмағайып осы тұста, Өлеңнен Алатаудай қояр белгі.

Десең де бұл заманның ақыны арық. Сыртыңнан жүрген жоқсың бақыланып. Қаймықпай қайығың сал иірімге,

Өзені бостандықтың жатыр ағып.

Иірімдер, Көгілдір иірімдер,

Сен маған ойдың көкжал үйірін бер. Өлеңім теңіз болып үйірілгенде, Бүлкілдеп жатсын туған бүйірімде ел.

Иірімдер, Көгілдір иірімдер,

Көгілдір толқынды үйіріңдер. Көгілдір сəуле үйіріліп көкірегіне, Бір басып алсын мынау күйігін жер.

Тəуекел,

Жырға бұрдым бетімді бұл.

Тартпа енді етегімнен жетім ғұмыр Арқасы қозып кетер аруақ десе, Ақын да көзсіз батыр секілді бір

1

...Жолға шықты Ол. Еместі зеріккеннен,

Қашанда намысым бір бөрікті ермен.

«Ұлтыңның жоғалтқанын тауып кел» деп, Еркін ел бөрісіне ерік берген.

Жамылып Азияның шар аспанын, Бетке алып зеңгір-зеңгір Манас тауын, Сол бөрі жортуылдап бара жатыр, Тілеймін, аусай басып, адаспауын.

Тілеймін,

Тілегендей құдайдан бақ, Тілеймін,

Күйкі тірлік былай қалмақ.

Көкжалдың шоқтай жанған жанарында. Дүние бір айналмай шыр айналмақ.

Тілеймін,

Дуалы ауыз абыз болып, Тілеймін,

Маңдайыма тамыз қонып,

Алаштың бар мен жоғын түгендейтін, Бұл жорық – Қайталанбас нағыз жорық. Тілеймін,

Бер, сəттілік, Бер, несібе.

Жаратқаннан сен де тіле!

Бұл жорық тарихқа жыр боп еніп, Қалдырар өз соқпағын жер бетіне. Кəусарын Ана жерге тегін беріп, Көкектің күркірейді көгінде бұлт. Заулайды жылдамдықты бітеу жұтып, Терліксіз,

Тебінгісіз, Темір көлік...

Жауынмен жусан бөртіп, Тал қабынып.

Жапалақ жабысады жарға бұғып.

Жауқазын қар астынан мойнын созып, Бейтаныс жолаушыға қалды аңырып.

Ниеті сүттен аппақ, Судан жаңа,

Бөрідей азулы боп туған дара, Бішкек пен Алматының ортасында, Келеді ойға шомып Думан бала:

«Еске алу өткен істі салтта бар-ды, Əнеки, Аңырақай артта қалды.

Сол тауда ата жауын аңыратқан, Қалайша ұмытайын мəрт бабамды...

Сырымды көрінгенге түсіндірмен, Басар ем, түсіндірсем, мысыңды мен,

«Жаралған ет-сүйектен мен де адаммын». Қанатты құс емеспін ұшып жүрген.

Қанатты құс емеспін ұшып-қонған, Маңдайға əжім ерте түсіп болған. Демек, мен азаматпын, пендемін де, Тағдырдың талқысында пісіп-толған.

Бай да емен,

Кедей де емен кемсеңдеген, Шүкірлік,

Қу емеспін ел сенбеген. Бар менде қоңыр тірлік, Қоңыр мінез.

Елімнің жоғын тауып берсем деп ем.

Шындықтың үңілгенде келбетіне, Сөзімді іркіп қалам мен несіне.

Құндылық Һəм құнсыздық деген ұғым, Кедей деп, бай деп жұртты бөлді екіге.

Банкирдің іші дыт-дыт, Сырты майлы,

Аяғы сүрінсе де, Сылтымайды.

Доллардың ыстығы күрт көтерілсе, Теңгенің сай сүйегі сықырлайды...

Балалар базарға сап қу асықты, Атызға қауын еккен жуа шықты. Асауды қазақ қалай жуасытса Қазақты – Нарық солай жетелеп жүр.

Болғасын Нарық – Базар, Базар – Нарық.

Ымыртта ораласың азан барып, Ұлардай шу-шу еткен саудагер жұрт, Жүйкеңді тоздырады мазаңды алып.

Мойында, мойындама, Нарық күшті.

Көзіңе елестетер алып құсты. Заманның шеңгелі екен бұл жайытың, Құрсағын семіздің де жарып түсті.

Шарасын шалқар көлдің сортаң жапты, Құтырған тұз борасын қолқам қапты.

Əлжуаз, аяғы ұзын, қолы қысқа –

Басы жоқ бостандықтың қорқам қатты.

Құдай-ау, бостандықтың басы қайда, Жігерім оны айтқанда тасымай ма. Таулар да таңырқасып ойланып тұр, Биіктен домалатып тасын ойға...

.............................................................

...Қазаққа, қырғызға да тасы мұра, Қордайдың келіп қаппын асуына. Жарықтың ұқсайды екен, ұқсайды екен – Құлжаның шіге түскен асығына.

Асудың кіндігінде тұман қалың, Қарашы жолдың сонша бұрандауын Дариға, кім түсінер осы жолдай, Менің де көңілімде күман барын...

2

Ылғалын топыраққа тегін беріп, Көкектің күркірейді көгінде бұлт.

Күн бата Елші үйіне кілт бұрылды, Екпіннін баяулатқан темір көлік.

...Сол бала Елшіліктің үйінде отыр. Қоңырқай, баз баяғы күйінде отыр.

– Датым бар, айтар сізге Елші ағасы, Қазаққа, қырғызға да тиімді өкіл.

Тоспады құжат сұрап көршім жолдан, Ел-елде жақсы екен ғой Елшің болған. Жақсы екен ғой,

жақсы екен, жақсы екен ғой,

Елшіңе еркін кіріп, еркін қонған.

Білесіз, ерікті елде, Ерікті ұлмын.

Келмейді желең сөзбен желіктіргім Ақынның ақ батасын алайын деп, Алдыңа, Мұхтар аға, келіп тұрмын.

Тұлпардың тұқымы едім тағасы нəн, Жол көрсем,

Дүрмек көрсем аласұрам.

Хан Кене сар сүйегін іздеп келдім, Қырғыздың тауларының арасынан.

Алдынан тау шыққандай асқаралы, Елшінің күр өзгерді қас-қабағы.

– Бауырым, біздің халық, біздің дала, Көрді ғой, небір сұмдық, масқараны.

Алдырған қанжарменен «қарын шашын», Бəрекелді,

Ей менің «барымташым».

Аруағы желеп-жебеп атамыздың,

«Құлым!» деп Құдай сені жарылқасын.

Тау күйі,

Бізге мəлім дала күйі, Алғайсың оны есіңе, бала, жиі.

«Ұялап сары шіркей самайыңа», Балалар қолтығыңа қара бүйі.

Інішек, бұл сөзіме қайран қалма, Олжасын тегін берер майдан бар ма?! Тағасы тұлпарыңның тозып түсер, Тасына қара жолдың қайралғанда.

Дей көрме жүре берем көсе болып, Жел ойнар сақалыңмен өсе беріп. Алуан ой,

Алуан қиял, Алуан соқпақ,

Кигізер бір басыңа неше бөрік.

Демеңіз жолаушыға бəрі дайын, Жарық күн,

Күңгірт тартар жарық айың. Торығу,

Күмəн, Күдік,

бұлттай қаптап,

Сарғайтар санаңды да сары уайым.

Таулардың шатқалында қасқыр ұлып, Ұшырар үрейіңді тасқын ұрып.

Құлағың шың-шың етер, жүрек шаншып, Кетердей екі көзің тас жұмылып.

Жоқ іздеу сондай қиын, Сондай қиын.

Ашиды ашудастай ойдан миың.

Жоқ іздеп, сен жүргенде айлап-жылдап. Сағынып бала-шағаң,

Сорлайды үйің.

Іздеу қиын,

Онан да табу қиын

Бұл жолдың нар көтерер ауыр күйін. Бас құсап домалайды қара қаңбақ, Ұйытқыса орай, борай дауыл, құйын.

Қаламдас, соның бəрін сен көресің, Олжаңды құрбыңмен тең бөлесің. Тасындай диірменнің шыр айналып Тарих дөңгелесе, денгелесін.

Қойнауы миуалы толған баққа, Мұнартты Кекілік тау оң қол жақта. Елші ақын екі иығын қомдай берді, Қағылез қара бала қонғанда атқа.

3

Қарасаң етегіне басынан кеп, Баурайы ағынды су, жасыл өрнек. Тау көрдім Кекілік деп аталатын, Өргізетін кекілігі тасынан көп.

Таулардың сөйлегені – жаңғырғаны, Тау тілін түсіне ме жанның бəрі.

Үңілсең сора-сора тас бетіне, Білінер жаңбыр дағы, Қанның дағы...

Сөйлеші,

Сөйлеші тау, күңіреніп,

Қалғандай батыр Манас бүгін өліп. Сөйлеші,

Сөйлеші тау, Тау сөйлеші,

Шертілген шежіреңе жүгінелік.

Тау ғана таудай сырды айта алады, (Сөзімді жартас құптап, қайталады)

– Хан Кене елімаенен қоштасқан жер, Əнеки, анау жалпақ сай табаны.

Қас қыран тау жайлаған қонды сорға, Сор емес, жаңылысып қонды торға. Сай сала, бұта-бүрген қарауытып, Шыққан күн тұтылғандай болды сонда.

Іркілді долы өзендер, Оппай жарды,

Тамыры тас бұлақтың соқпай қалды. Қызғалдақ бұршақ ұрған шоқтай сөніп, Тек қана қыран көзі оттай жанды.

Жаңғыртып ат тұяғы тау, даланы, Тұс-тұстан қалың жасақ қаумалады. Түрілген жең-етегі түмен тобыр, Көңілін бір батырға аударды.

Қып қызыл таудың дүлей өртін кешіп, Манаптар дауырғады керкілдесіп.

«Көкжалы Сарыарқаның азу алмас, Дізерлеп алдымызға келсін» десіп.

Келмеді. Тапжылмады, Хас батырың,

Аласа да арқасынан таспа тіліп. Имеді асқар ұстап алтын басын, Бүкпеді тізесін де тас батырып...

Тапталып табанында жасыл желек,

Бас манап шолақ сайдай тасынды ерек.

«Айт, кəне, датың болса, Кенесары, Патшаға тізең емес,

Басың керек!»

Қырғыздың қарт жырауы былай деді:

«Кешірсін жаратушы құдай мені, Жігіттер, бас алуға асықпаңдар, Қазақтың маған мынау – Ұнайды ері.

Тарих ойға салды қарт бабамды, Сарғайып талай заман артта қалды. Болғанда қырғыз – айдын,

Қазақ – аққу,

Аққуды атпау ата салтта бар-ды.

Тұрса да тасып қаның, Асып бағың,

Шырағым, асықпағын, асықпағын. Қырғыздың қасиетті топырағына Бауырымның төкпеңіздер қасық қанын».

Бас манап «Оттама!» деп тебінді атын, Амалсын шырт түкіріп шегінді ақын.

«Айт жылдам, датың болса Кенесары, Өмірден енді саған кебін жақын».

Туып едім кеше мен, Кіндігі жұпар əкеден. Жатыры алтын шешеден. Сарбаз едім тым қатал Ақ орданың ошағын –

Ат үстінде қылышымен көсеген. Секілденген селеуі,

Сарыарқа деген жер еді Қара құмын сапырса –

Алтынға бөгіп қалатын, қайран біздің қазақтың, Қолдағы жез елегі.

Сарыарқа үшін саз кештім Қазақ үшін қар кештім

Ниеті бұзық кəпірдің, қорлығына шыдамай, Сасық қара қан кештім.

Есіней, есіней ес кірді Көш үстінен көш жүрді

Ақ патша өз қолымен басымды кессе жөн еді, Құлға неге кестірді?

Хош, Сарыарқа саңлағым Хош, Алашым, аңлағым Хош, Манастың таулары, Хош, Манастың ұопағы Өзің ойлан ар жағын...

Жиырылып туым көктен түсті менің, Талайды алып соққан күштің едім.

Ей, манап, ей, халық, тыңдасаңыз Бар еді үш арманым,

Үш тілегім,

Тұрғанда бас – иықта, Бойда – жаным,

Боларын тап осылай ойламадым. Қол жиып қырғыз-қазақ баласынан, Екпіндеп Еділ-Жайық бойламадым.

Таланып алтын кені, Қалың малы

Сарыарқам жауларынан арылмады Артымда ұзатылмай апам қалды, Сақталған май секілді қарындағы.

Көңілдің айтар ақтық базынасын Арқаның желі тыңдап, азынасын Халқыма кетіп барам табыстамай, Көмілген ақ ордамның қазынасын.

Суырып алғанымда қанжарымды Жайратып тастаушы едім жан-жағымды. Қанжарымды ордама тапсырыңыз Сыпырып алсаңыз да мал-жанымды.

Ей менің есіл жұртым, Есіл елім

Келмейді естен танып есінегім.

Тот басып қалмасыншы сол шіркінді, Жауымның түкті басын ксіп едім.

Тағдырдыңбасым түсіп күш, наласы, Асқынып бара жатыр іш жарасы.

Батырдың қолындағы өткір қанжар –

Пақырдың мұртын басар ұстарасы...

Тапсырдым ұрпағыма ұлы ісімді Демеңдер бұр батырдың қыры сынды. Басымды екі шаппай, бір-ақ шапсын, Қайраңдар жетілдіріп қылышымды.

Шоқ түсіп қапияда өзегіме, Ажалдың тұрғандаймын кезегіне. Бар еді алтын қасты қайың ерім, Оны да табыстаңдар өз еліме.

Секілді жамыраған дала гүлі Қазақтың ірге жаяр бар ауылы. Батырдың атқа салар ер-тоқымы – Бесіктің ең сенімді қарауылы.

Басынып желдей ескен еркін жанды Басымнан біреу келіп бөркімді алды. Алса алсын, бассыз бөрік керек болса Артымда лапылдаған өртім қалды».

Күмбірлеп ағып жатқан бұлақ-сынды Батырдың күрсінгені құлаққа үрді.

Маңдайын оң қолымен сүйемелеп, Кемсеңдеп Кейуана жылап тұрды

Жай ойнап Орта Азия аспанында, Жарқ етті алмас қылыш қас-қағымда Жер қозғалып, бұрқ етті топырағы, Қақ айырылып түскендей тас қабырға.

Маңайын үлдеменен бүлдеге орап, Кірпігін қансыраған гүлге қадап, Кесілген Кене ханның басындай боп, Құзардан батты қызыл күн домалап.

Тау солай таудай сырды айта алады, Сөзімді жартас құптап, қайталады. Жас қанындай батырдың шашыраған, Үлбіреген қызғалдақ сай тағаны.

Байға да пана болмай жарлыға да, Күңіреніп тау мен тасы қалды дала. Қаһарлы қарақандай ханның басы, Байланып кете барды қанжығада

Жапанды жалпағынан басып өтіп, Толғанда қырық беске жасы жетіп, Қапталын қайың ердің қанға бояп, Барады бостандықтың басы кетіп...

Біреудің темір құсын жалға мініп, Жаратқан Тəңіріме жалбарынып.

Тағы да жоғымды іздеп сорлап келем, Мазасыз ойдан басым қақ жарылып.

Жо, жо, жоқ,

«Сорым» демей бақыт дейін Айтарын айта жатар уақыт кейін Жер түгіл, алты қабат аспанға да,

Бір түйір меңдей болып батыпты ойым.

Ой – бақыт,

Қона қалған маңдайыңа, Ой – шарбат, Тамшылаған таңдайыңа

Ой деген – таптырмайтын ұшқыр күлік Ұшырып, қондыратын шалғайыңа.

Ой деген – бір елгезек қолқанатың Шығарар шырқау көкке ол қанатың. Ой деген – сүйген жарың,

Сүйген балаң

Сен үшін масайрайтын, қорланатын

Ой деген – баққан малың Жиған мүлкің

Ойланып арың үшін қиған күлкің. Ой деген – ақ аралас самай шашың, Ой деген – əдемілеп қиған мұртың.

Ой, бірақ, сыңсып тұрған орман емес, Ой, бірақ, алдырмайтын қорған емес. Ой деген – шыңға біткен жалғыз шынар, Ал, шынар жапырақсызболған емес.

Мінетін тұлпар болса, қамшы дайын Тұлпарсыз ашылмайды жан шырайым. Самолет қонды, міне, Мəскеуге де, Бұлттан сорғып түскен тамшыдайын...

О, Мəскеу,

Қоймайсың-ау, тіл қатқызбай, Көкшіл көз,

Ақсары жүз, Сұңғақ қыздай.

Кел бермен, мұңдасалық, сырласалық, Көңілдің көк терегін ырғап, бұзбай.

Сұлуға қарамайтын көзін сүзіп, Қазақтың баласы едім сөзім сылық Бойжеткен, мені мүмкін түсінерсің Сырымды айтып тұрмын өзімсініп.

Бұл жақта сана түлеп, Ой жаңарған,

Қалса екен орындалып ойдағы арман. Келіп ем хан Кененің басын іздеп, Мұндағы музейлер мен қоймалардан.

Қарт тарих жарға талай тұйықталды, Жүректе содан қалған күйік бар-ды Хандардың қанжығада басы кетіп Орнында салбыраған сүйек қалды, Айырылып тіл-жиек қалды.

Кесілген қу бастарды патшаға, Арбалап, қанжығалап тиеп барды.

Салынған кілең асыл тастан өріп, Неліктен музей біткен басқа жерік. Біз көрдік өрттің небір сұрапылын, Кетердей жалынынан аспан еріп.

Жоғалған басы осында қырғыздың да, Жоғалған басы осында қазақтың да, Жоғалған басы осында шешеннің де, Жоғалған басы осында тəжіктің де, Жоғалған басы осында өзбектің де...

Жазылған заң-жосығы мүлде бөлек, Табылар мұражайдан күнде дерек. Теңдікке,

Еркіндікке талпынбаса,

Қу бастар болар дейсің кімге керек?!

Жымиды түсінгендей ару қала, Қуанды жылы сөзге зəру бала. Самсаған мұражайдың тізімі тұр, Қаланған граниттен қабырғада.

Тырнадай қатар-қатар тізілген бас, Маржандай су түбінен сүзілген бас. Қылышпен желкесінен қиылған бас, Санайсың бір сөреден жүзін жалғас.

Бір келген мұражайға талай келіп, Санынан жаңыласың санай беріп, Домалап көз алдында түмен бастар, Иесіз жалбырайды талай бөрік...

Қалардай естен танып есі бар жан, Сөзімнің солай десем, несі жалған. Бастардың көгені екен бұл мұражай, Қабырдан қазып алған,

Кесіп алған... Кештері-ай,

Москваның шулы көп, Құлаққа естілмейді су үні кеп.

Əлдене жарқылдаса селт етесің, Алғандай жанарыңнан суырып от.

Кештері-ай,

Москваның сауығы көп,

Құрғақ жел гуілдейді, жауыны жоқ. Талықсып таңға жақын қалғып кетсең, Шақырар құлағыңа тауығы кеп.

Есінеп бір бұрышта Думан отыр, Бөрідей қос құлағы шулап отыр, Жүдеген,

Тымауратқан, Қалжыраған,

Салғандай түні бойы суға көпір.

Тағыда тереңірек ойлан, бала, Архивтің тозаңына тойған, бала.

Киелі атасының басын іздеп, Күлкіні, ойынды да қойған бала.

Бұзылып көңілімнің күй, ырғағы, Таптырмай іздегенің қиындады. Кетер-ау архив шаңы жағаңдағы Кетер ме ойдың табы миыңдағы.

* * *

«Қала екен,

Күндізінен түні жарық, Шіркін-ай,

Жатар ма едім тыным алып. Секілді менің басым аквариум Ойларым қыбырлаған тірі балық, Мазалайды миыма кіріп алып...

Салдырған Петр патша, Питер қала,

Маужырап ұйықтап жатқан секілді ана. Ақ түнмен шымқап алған тұла бойын, Көрерсің ақ самайдың шетін ғана...

Оранып ақ сəулеге толқындары, Жосылып, Нева өзені жортуда əлі. Ұқсайды үкілеген ақ ботаға,

Ақ бұйра өркеш-өркеш солқым жалы.

Көлеңке көрінбейді қараңдаған, Болмайды көңілің де,

Санаң да алаң.

Жүрсе де қай бұрышта, қай көшеде, Көреді айдан анық адамды адам.

Алдын жан салмастай мың ғасырда, Ақ түнмен аршыл ақын сырласуда.

Шіркін-ай, бақытты-еді Пушкин қандай, Бұрқырап бұйра шашы тұр басында.

Болғасын басы бүтін, Шашы бүтін,

Маңдайы, қос жанары, Қасы бүтін.

Не жесін бүтіндікке о, дариға-ай Ешкімге жібермеген асыл ырқын».

Ақ түнді жамылып ап Думан отыр, Жүрегі ақ толқындай тулап отыр. Шоршиды ақ шортандар айдындарда, Салғандай ақ иірім суға көпір,

«Нұрланып ақсары əйел кереді қас, Мөлтілдеп жанарына келеді жас.

Мына бас Кейкі атаның басы дейді,

«Бір жоқты бір жоқ табар» деген рас.

Қарт Волга ағылады, ағылады, Ақ түннен ине түссе табылады. Кененің ғазиз басы табылмаса, Ақ түннің керегі не дабыралы.

Бұл күнде мейірімге адам қасаң, Көңілім алаңдай бер, алаңдасаң. Көрінем туған елге қай бетіммен, Жоғымды айлап іздеп таба алмасам. Кеудені қалжыратып, қайғы қысса, Ет жүрек езілгіш те, айнығыш та.

Құдай-ау, Кенекемнің жұмыр басын, Қай музей жасырды екен, қай қуысқа.

Жан едім жалған жанып, тасымаған, Сырымды достан қайтіп жасыра алам. Жоғалса іздеп табу қиын екен, Болсыншы, ағаларым басың аман.

Білгіштер дүниені жалған дейді Талайдың көңілі одан қалған дейді. Жалған ғана емес-ау, жауыз екен, Барыңды алдап-арбап, жалмап жейді.

Көтерген көркем сөздің жүгін бөлек, Қаламдас кеше жүрген бүгінде жоқ.

Кетесің деп түбінде сен де осылай, Дұғасын жел құлаққа күбірлемек.

Кеш туып, неге ақындар Ерте өледі.

Жүрегім соны ойласам, өртенеді. Отыз бенен қырықтың арасында Алаштың кетті талай еркелері.

Суық хабар жеткенде, «елшіліктен», Жұматай бірге кетті Кеңшілікпен, Жүмекен, Сағи сынды ағаларың, Сүйегін əлде қашан жер шіріткен.

Жауынмен, көкірегін дауылға ашып, Бел асты Мұқағали ауыр басып...

Көз жұмды кеше ғана Нүкеш ағам, Ақындар кетіп жатыр қауымдасып.

Төніп тұр ақындарға қауіп əлі, Кетті Сейсен, Тынышбай, Дəуітəлі. Бес қаруын асынған сұм ажалдың, Үстінен шешінген жоқ сауыт əлі.

Ақындарға, ей, заман, қабағыңды аш, Мешкейлердің оларға жаны ауырмас. Қабағыңды аш,

Ей, заман қабағыңды аш. Көңіл күпті,

Ой алаң, Жанарым жас.

Сиқырлы саз, Асыл жыр, Асыл аңыз.

Ақындарға бал беріп асыраңыз. Ақындарды бал беріп асырасаң, Өмір бойы қатпайды басыңа мұз.

Түсінемін,

Ақ тілек бата сырын.

Мүмкін емес, ақылдан шатасуым. Ақындардың жүрегі қуансын деп, Басын іздеп келемін атасының...

Ақындардың өлгені ашынғаны, Қуаңтартып тартып жасыл тау, Жасыл бағы

Құл қожадай зынданға өзі түсіп Дамылдайды ғарышта жасын жаны Ойран салса заманның ақымағы Сол жасындар аспаннан атылады.

Атылып кеп түскенде төбесінен Жауыздықтың қарасын батырады Болмаса да көл көсір сый, табағым, Күмбірлете шертемін күй табағын Шонжарлардың арқасынан қаси бермей Ақындардың маңдайын сипаладым.

Ақ самалдай аңқылдап ағаларым, Жүрегіңде білемін жара барын. Ақшалының мінгеспей арқасына Ақындарды келеді жағалағым.

Мəңгүрттіктен болсын деп басым аман, Ақындарды ылғи да қасыма алам.

Рухы мен санасын ашықтырмай, Қара өлең ғой қазақты асыраған.

Ей ажал,

Қылымсынбай, аш, бетіңді, Көзімнен талай ащы жас секірді Інісін ағасынан айырмақшы, Айырылған иығынан бас секілді...

Жүрген кезде жұмыр бас ойдан қатып, Ауық-ауық түс көріп қойған бақыт.

Шырын ұйқы шырғалап Думанжанды, Аунақшиды төсегін «ойбайлатып»,

Жатыр екен түс көріп қандай ғана, Түлкі қуып жүр ме екен талды айлана.

Құр ат мініп шықты əлде қыз қуарға, Оянса екен көңілге салмай жара.

«Шүйінші елім, Шүйінші, Сүйін халқым. Шүйінші Отан,

Алдыңда күйім жарқын. Шүйінші аға,

Тең құрбы, замандасым,

Жеңіп шықтым заманның қиын нарқын. Шүйінші дос,

Сүйініп жарқылдашы. Шүйінші бер, Заманның нар тұлғасы. Шүйінші,

Шүйінші бер, Үкіметім,

Хан Кененің табылды алтын басы.

Шүйінші бер,

Сен-дағы – Қос Палата. Шүйінші бер,

Бəйгеге қосқан ата.

Дұшпаным, сен де маған шүйінші бер, Көңіліміз жүрейік қош жараса

Ел екенмін, Тəуелсіз Ел екенмін.

Елдігімді əлемге елетермін Шапағатты,

Шуақты күн секілді,

Иығында басы тұр Кенекемнің...

Ноқта, Бұғау,

Сыпырдық жүгенді енді, Қасіреттен арылттық шүлен жерді. Аяғы бар,

Қолы бар, Босы да бар,

Бостандығым мінеки түгенделді.

Түгенделдім. Алақай түгенделдім.

Азаттықтың келбетін түгел көрдім. Енді менің келмейді бұғауланғым, Енді менің келмейді жүгенделгім.

Бүлінгенім алақай, бүтінделді, Бүтіндіктің ел жұртым құтын көрді. Қара ошақтың үш бұты тастай берік, Бүлдірем деп қас жауым құтырма енді.

Кептер түстес қолыма жалауымды ап, Еркіндікті,

Елдікті, Қалауым нақ

Басы бүтін осынау бостандықты, Күзетуге дайынмын қарауылдап.

Ұзағынан сүйіндір жаратқаным, Күн шыққанын,

Һəм көрдім таң атқанын.

Көп іздеген жоғымды тауып келіп, Тарихымныңтолтырдым парақтарын».

Жүрек тулап, Көңілім құрақ ұшты, Құрақ ұшып,

Болжадым тым алысты. Думанжанның өңі деп түсінемін. Түсіндегі ақ жарқын қуанышты.

Ой салған бүгінге де, Кешеге де.

Ой салған əке, бала, Шешеге де

«Бостандықтың басы» атты бұл дастанды, Алланың өзі жазды пешенеме.

ƏПКЕ

I

От өшер – кезi келсе ол да суып,

Он үш жас, сенiң бейнең болмас ұмыт. Елеңдеп тұрам ылғи сенi iздеумен, Өмiрдiң көшi ағылған жолға шығып.

Өшпейтiн өмiрiмнiң iзiндей ме ең, Есiмде бүгiнгiдей жүзiң, бейнең. Жалтылдап көз алдымнан бiр кетпейдi Сондағы терiм сiңген қызыл жейдең.

Құлындай құлдыраңдап шапқылаған Сен де бiр сəби едiң пəк күнəдан.

Қайтушы ек жарыса кеп, кəусар жұтып, Ауылдың сыртындағы ақ тұмадан.

Онда мен мөлдiр едiм, өндiр едiм, Кеудеме құстар үнi толды менiң.

Он үш жас, алабұртып, мойнымдағы Ал қызыл орауыштай желбiредiң.

Бəлкiм, сен ең бақытты кезiм бе едiң? –

Көңiлiм – аспан едi, көзiмде – Күн. Сонда ғой мынау жарық дүниенiң Кеңдiгiн тұңғыш рет сезiнгенiм.

Əлде сен сиқыры мол сезiм бе едiң? –

Қиялдап түндер бойы көз iлмедiм. Бейтаныс бiр əлемге, əйтеу менi Енгiзiп жiберiп ең, безiнбедiм.

Əлде сен ұшып кеткен құс емес пе ең? –

Ғайып боп, айналыпсың түс, елеске. Ғарыштан жеткен жұлдыз жарығындай, Сəулесi сол күндердiң түседi еске.

II

Мүмкiн бе мұны жүрек ұмытпағы? –

Көңiлде тұрып қапты тұнып бəрi. Наурыздың үш жаңасы туған едi:

Үш тəулiк – түннен озып, күн ұтқалы.

Анадай иi жұмсақ, мырза бұл ай, Шыққан кез жауқазындар дүр жамырай. Көк қаулап, адам аузы аққа тиiп, Балалар уыз iшiп бiр жарыды-ай.

...Сəния – əпкем менiң, балаң əлi, Оқитын интернатта қаладағы.

Ойына бiткендей-дi естиярлық, Жасы оның он жетiге қарағалы.

Мен үшiн ондай қамқор жан бар ма едi, Өбектеп, сəби көрiп алған менi.

Бұзақы баладан да, бұтадан да Қорғайтын жеткенiнше əл-дəрменi.

Басталып каникулы көктемдегi, Ауылға алып-ұшып жеткен де едi. Бетiмнен қайта-қайта сүйедi кеп, Көрмеген əдетiнше көптен берi.

Ондай жан жоқ та шығар нұр бейнелi, Анамдай еркелетiп тұр ғой менi.

«Кəнеки, киiп көршi, дəл ме екен?!» деп, Шығарды сөмкесiнен бiр жейденi.

Киюшi ем бiрде қысқа, ұзын кейде, Үстiме қона кеттi-ау қызыл жейде. Жайнаңдап екi көзiм шыға келгем, Құлпырып қызыл гүлдей жүзiм бейне.

Есiмде қуанғаным сонда қалай, Кiшкене бөлмемiзге толған арай. Шекемнен шекiрейiп, шертiп басам, Адымдап оңға қарай, солға қарай.

Əпкемнiң бармағынан бал жалаған, Мен де бiр торғай едiм қорғалаған. Үлкендер көп айтатын «бақыт» дейтiн Көрiнген шыт жейде боп сонда маған.

III

Əпкешiм, сырласайын ендi өзiңмен, Жаныңның отын жағып менде жүрген. Булыққан көңiлiмнiң бұлқынысын – Қалған бiр белгi деп ұқ сол кезiмнен.

Кештiм бе жаралы мұң, налалы күн, Болдым деп айта алмаймын дана бүгiн. Сондайда сынай қарап ту сыртымда Тұрғандай он үш жасар балалығым.

Он үшiм түсiме енсе кейде келiп, Бiр жасап қалам ылғи, ой көгерiп. Əпкешiм, түседi еске сол балалық, Өзiң боп, сен кигiзген жейде болып.

Кейiнде көп қызықпен тоғыстым ба, Қарын тоқ, киiм көк боп, толыстым ба? – Бəрi де татымастай, он үшiмде

Көзiмнен ыршып шыққан сол ұшқынға.

Шынымен сол жейденi ұнаттым ба, Жоқ, жүдеу көңiлiмдi жұбаттым ба?.. Əйтеуiр, жел өтiне қарсы жанған

Шырақтай шырқ үйiрiлдiм, гүл аттым да.

Жан əпке, сен де мұны сəттi аңдадың, Есiмде сонда қалай шаттанғаның.

Еңсемнiң түспейтiнiн өзiң барда Сездiм бе, құс қанатын қақты арманым.

Құсасын көңiлiмнiң бiр ақтарып, Тығылғам құшағыңа құлап барып. Бетiме тидi сенiң ыстық жасың... Содан соң бекiп алдың, қуаттанып.

Содан соң серпiлдiң де күлiмдедiң, Жаныма жылы тиiп үнiң, демiң.

«Ғұмырлы, бақытты бол, бүгiн, мiне, Бiр мүшел жасқа толдың, күнiм!» дедiң.

Нұр шашып жалын атқан жəудiр көзiң, Есiмде сондағы айтқан əрбiр сөзiң.

Жаттап та қаттап алған соның бəрiн, Балалық албырт көңiл, алғыр сезiм.

Деп едiң: «Ендi, мiне, жiгiт болдың, Жұлдызы биiк тұрар үмiттi ердiң.

Өмiрдiң жақсысын да, тапшысын да Қазiрден жiтi барлап, ұғып көргiн.

Уақытың ойланатын жеттi, мiне, Өмiрдiң тез мұқалма тепкiнiне. Жетерсiң мұратыңа – алданбасаң Көйлектiң көктiгiне, көптiгiне.

Талабың таудай болсын, қарашығым, Қаттай бер көңiлiңе жан асылын.

Ежелден талапты ерге қанат бiткен, Сол ғана сенiң жалғыз жанашырың.

Болма əуре барға тасып, жоққа налып, Басыңда тұра бермес тоқ балалық.

Қуатым, ұстамды бол, көбелекше Ұрынба бейсауат бiр отқа барып.

Кезiгер алдан талай қатер, кесел, Елiңе, бiрақ, қалқам əкелме сор. Ойыңда от, бойыңда өр сенiм болсын, Қамқоршы анаң да осы, əкең де сол.

Арманның заңғарына көз бұрарсың, Басыңнан талай бақты оздырарсың. Жарығым, аман болшы, тiрi жүрсең – Сен əлi сан жейденi тоздырарсың...»

Əпкешiм, сен осылай демеп пе едiң, Дем берiп, жiгерiмдi жебеп менiң.

Қиналсам – өзiң болып, сөзiң келiп, Қанша рет созды маған көмек қолын.

Ол кезде мен де бала, сен де бала, Егiз қаз секiлдi едiк көлдегi ана. Сiрəда ойладық па, уақыт бiздi Бөлiп те тастар-ау деп əр арнаға.

IV

Есiмде сол күндердiң кескiнi əлi, Күркiреп мешiн жылы – көштi қары. Талпынып өсiп келе жатты солай, Қалқиып қара бала қос құлағы.

Есiмде талпынғаным, алқынғаным, Сəуiрдiң самалындай аңқылдадым. Қынынан жаңа ғана суырылған Жалаңаш қылыштай да жарқылдадым.

Əпкежан, кiм түсiнер сендей менi, Көңiлiң мен дегенде көлдей ме едi! Бiлмеймiн, қанша уақыт жүрдiм киiп Сыйлаған өзiң маған сол жейденi.

Балауса көңiлiмнiң не сырлары

Бас құрап, таңғы шықтай қосылғаны, Содан соң ақ бұлақтай жосылғаны – Сол кездiң еншiсiнде, есiмде əлi.

Əпкетай, есiме алсам бүгiн сенi, Жеткiзiп айта алар ма тiлiм соны. Жейдем де алау түстес, жалау түстес, Көзге ұрып сонадайдан тұрушы едi.

Құмар ем қызыл түске бала жастан, Кигенмiн қызыл жейде мен о бастан. Қызығып бала бiткен, жерде қалса, Жемiрлеу қызыл бұзау ала қашқан.

Құштар ем қызғылт түске бала жастан, Қиылып қарағандай маған аспан.

Бiр уыс алау болып мен де кеше Ал қызыл бұлт iшiне араласқам.

Қырандай томағамды толғап таңнан, Қиянға қанатымды қомдап барғам. Ақиық армандарым сол мезетте Жұлдыздар кеудесiне орнап қалған.

V

Есiмде қозы баққан бiр күндерiм, Жартасқа дауыс жалғап, күңгiрледiм.

Мен сонда қарт Байжандай, таптым бəлкiм, Жылтырап ашық жатқан жырдың кенiн.

Қолымда кiтабы бар ұлы ақынның, Құс тұмсық құз-шоқыға шығатынмын. Ұшуға ендi оқталған қаршығадай, Ұмсына өлең оқып тұратынмын.

Ақынның тiлi жеңiл, сөзi майда, Жүрекке жылы тиер, сезiм, ойға. Қарнымның ашқанын да сезбейтiнмiн, Ұмытып лақтар қайда, қозы қайда?

Бiлмеймiн, кезқұйрық па, бүркiт пе едi? –

Кенеттен қозыларды үркiткенi... Құйылып келе жатты, жұта салып, Қайтадан жiберердей бүркiп менi.

Болмады мұршам менiң ойлануға, Келмедi жалтаруға, бой бағуға.

Əлгi жойт аққан бойы қона кеттi –

Үстiме, күннiң ақшам-бейуағында.

Есте жоқ: шыңғырдым ба, жыладым ба, Жан дəрмен тiрестiм бе, құладым ба?

Ұйпалап өте шыққан бiр құйынның Ызыңы қалып қойды құлағымда.

Пəлекет шүйлiктi екен көрiп ненi, Əлде бiр ерiккенi, желiккенi?

Тасадан тап беретiн қарақшыдай, Олжалап кетпек пе едi жеңiп менi.

Бұл дүлей елестеткен көзге ненi? Мен емес, өзге ме едi – көздегенi? Сойылдай соғып өтiп, сол мезетте Жартасқа соқтыққандай тез жөнедi.

Дəнiккен озбыр шiркiн жат ұяға, Менi əлде тар көрдi ме тақияға. Тастаққа бiр аунатып кете барды, Есептен жаңылғандай қапияда.

Құзғынға жем болуға таядым ба? Шамам аз, шарам да жоқ аянуға. Ғайыптан аман қалдым, құтқарушым – Беймəлiм: аяғым ба, таяғым ба?

Бiлмеймiн, қанша жаттым есеңгiреп, Япыр-ау, бұл не деген есерлiк ед!

Бiр кезде есiм кiрiп... көзiмдi ашсам,

«Тұр-тұрлап» оятып тұр көсем жүрек.

Сəл жаттым көңiлiм пəс, көшем жүдеп, Кеткендей бiр сұғанақ есемдi жеп...

Садақа берiп ең-ау сол күнi сен:

«Сақтай гөр пəлекеттен кеселдi!» деп.

Болды ма қабыл сенiң бұл тiлегiң? Күлкiммен көз жасыңды сүртiп едiң. Ол кезде бiлдiк пе бiз, əпкешiм-ау, Жылдардың бұлты қалай дүркiрерiн?

Кiм бiлсiн, тап болармын қай ағынға, Жолымды жоғалтам ба мая-құмда?

Мен əйтеу, тағы құстан жеген едiм Тағдырдың ең алғашқы таяғын да.

Бiлмедiм не күтерiн ертең менi, Бiлгенiм – балапанның жем тергенi...

Күн сүйiп маңдайымнан, кекiлiмдi Жел тарап, бесiгiмдi жер тербедi.

Ұя сап қойнына Күн, балағына Ай, Алаңсыз өте шығар балалық-ай!

Бал дəурен қызығына қайта батып, Жайраңдап жүре бергем баяғыдай.

VI

Ал ендi сол күндердi есiме алсам, Сезiмнiң ақ бұлағы қосылар сан. Көңiлдiң қоламталы шоғырында Жылдардың шоғы жатыр – көсiп алсаң!

Талайдың бұл өмiрде мұңы қайтқан.. Титтей ұл тiрi қалды iрi жойттан.

Кезiнде бiр дүрлiгiп ауыл-аймақ, Кейiнде жырдай етiп, күлiп айтқан.

Балалар мұны өзiнше талқылаған, Көбiне бұл қызықтың нарқы ұнаған. Кейбiрi бұтын шаптап, бiрi мақтап, Қарадай қайсыбiрi қалтыраған...

Не керек, «қорқақ» та мен, «ер» де менмiн, Көбейдi бiлгiшсуi көрмегеннiң.

Қысылып, бiр қызарып, бiр бозарып, Топ бала ортасында терлеп «өлдiм».

Бiрi шықты езуi көпiрiп кеп:

    • Бұл алдап тұр, бəрi де өтiрiк, – деп, –

О заман да бұ заман, кiм көрiптi Құс адамды бүргенiн екi бүктеп?

Ендi бiрi: – Осынша бөсiп...– дедi, –

Сенбес бұған бала да бесiктегi. Бүркiт түсiп үстiңе, аман қайтсаң, Мен мұрнымды берейiн кесiп, тегi.

Ежiрейдi үшiншi бала маған:

    • Иə, бəсе... мұрны да қанамаған.

«Шықпаса атың – жер өрте» дегендейiн, Бос сөз ғой, қай ақымақ нанады оған.

Тамам бала солайша даурығысты, Жүгiрттi де сан-саққа «даулы» құсты.

Даурыққандай «жеңдiм, – деп, – жауды күштi» –

Атақ алдым, «ерлiктiң» аулы ығысты.

Мақтанайын деген де ойым жоқ-ты, Не дерiмдi бiле алмай, миым қатты. Терiс қарап, амалсыз жер шұқыдым, Көпе-көрiнеу көпшiлiк «мойындатты».

Тiл болса ғой, о шiркiн, қозыларда, Осы дауды тұрмас ек созып онда!

Шындықты айтар бiр куə шықпаған соң, Қылжақ қуған қызба топ сөз ұғар ма?

Бiраз жерге барыстық сол дабырмен, Соқтығам деп тағыға – «сорладым» мен. Дəлелi жоқ шындықтың құнсыздығы Тұңғыш рет миыма сонда кiрген!

VII

Осылай өзiмдi-өзiм «қорладым» мен, Шындықтың тағдырын да сонда бiлгем. Жаныма нақақ жала қатты батты, Тiкендей тəн сыздатып қолға кiрген.

Өмiрдiң бiр сабағын алғам солай, Əңгiдей – құмнан «соққан» қорған-сарай. Топ бала «сөз бiттi» деп тарап кеттi, Ақиқат бiр сырымды жалған санай.

Аш мысық тырналасын, ал iшiмдi, Шырқырап торғай-жүрек жан ұшырды. Үнi ащы, ашық күнгi найзағайдай,

Бұл жағдай осып өттi намысымды.

Қайран да бала көңiл от оранған, Намысшыл, сəл нəрседен секем алған.

Жəутеңдеп қала бергем сол жолы мен, Топ бала «жау» жеңгендей кете барған.

Сол шақтың сапар шексем қиырына, Ендi мен күлкi үйiрiп миығыма, Сағына еске алам да, шаң қонбаған Шөлдеймiн сəби көңiл тұнығына.

Сонда ғой... қалыс қалған қыздар жағы,

«Ерлiктi» олар менен қызғанбады. Қимады «бөспе» деген атаққа да, Демедi: «Суайт шiркiн, бiздi алдады».

Iшiнде бар едi бiр сүйкiмдi қыз (Көбiмiз сүйкiмдiге икiмдiмiз), Қиыла қараушы едiм оған мен де,

Дейтiндей: «Жетi түнде ұйқымды бұз!»

Мейманам төгiлгенде, мен «жеңiлiп», Көзiме жұрттан ерек сол көрiнiп, Есекке терiс қарап мiнгендейiн, Кетуге аз қалып ем жерге кiрiп!

Ол болса, қиғаш қасы дiр етiп бiр, Шеттеген, нұрлы жүзiн жүдетiп құр. Амал не, тiл байлаулы, көптiң мысы Қайран да жiгерiмдi құм етiп тұр.

Түсiме сол қыз кiрiп, бейне менi Жаладан қорғап, толғап сөйлер едi:

«Мұратжан жалған айтып көрген емес, Балалар, ұят қой бұл... қой!...» дегенi...

Осы сөз, түс болса да, дем беретiн, Кей мезет бала қиял ерленетiн.

Кiм бiлсiн, нышаны да болар-ау бұл, Қилы бiр тағдырлардың мен көретiн.

Сол қыздың аты, сiрə, Үмiт пе едi?.. Желпiнтiп кетушi едi, күлiп, менi:

«Əдейi ыза қылып айтады жұрт, Соған да жаси ма екен жiгiт, тегi.

Қағытпа əзiл сөздi шын көресiң,

Сен қайтiп бұл түрiңмен күн көресiң. Қалайша ерiккен ел жүндемесiн, Өзiңдей – iшiндегi үндемесiн.

Сөз керек, балаларға қызық керек, Табылар байқайтындар сүзiп те көп. Тапқыр тiл, өжет қимыл – серiк болса, Шығарсың тосқауылды бұзып кенет.

Соза алмас əркiм қолын құр жарауға, Ыңғайлы – жуас бұзау жұлмалауға. Байқасаң, аңқаулар кеп түседi екен, Ебi бар ерiккендер құрған ауға».

Осы сөз бiтiрдi ме қанат маған,

«Жал сүзiп», кекiлiмдi тарақтағам. Асырып «өнерiмдi» көп құрбымнан, Кейде бiр аш бөрiдей алақтағам.

Өзiмше көп толғанып, сан ойлана:

«Ұнжырғам түскен, – деймiн, – қалай ғана? Өзiне өтiрiгi майдай жағып,

Шаң жұқпай жүрген жоқ па талай бала...»

Кейде бiр өзiмдi өзiм қайраймын ба? – Бу атып, бұрқ-сарқ етiп қайнаймын да. Елiктеп өзгелерге, зерттеп бақтым Неше атасын «ойбай» мен айғайдың да.

Бiрақ мен сыйыспадым бұл «өнермен», Күндерiм көп блса да күле келген, Қаныма сiңiп қалған бiр мiнездiң Бағын да, азабын да жүре көргем.

Бас тарттым мысыққа ұқсап майпаңдаудан, Бəс тiгiп өттiм талай «сойқан» жолдан.

Мен шеккен зардап аз ба, осы өмiрде, Шындықты «қисынды» етiп айта алмаудан.

Балалар қара сирақ, ала мойын Кейiннен есейдi де, тарады ойын. Көтерiп сонда менi, қомдап едi Қанатын балғын топшы балаң ойым.

VIII

Жадымда сол жылдардың сырлары жүр, Кеудемде толқынданып тулады жыр.

Естiп ем ескi жартас жаңғырығын, Жолығып бiр қарияға бұрнағы жыл...

Қарт та сол оқиғаны есiне алып, Сөйлеп бiр кеткен едi шешiле ағып:

    • Ол кезде қырықтағы жiгiтпiн мен,

«Қымыз бен қызық қайда – қосылалық...»

Сондай бiр жиын-тойда, əңгiмемiз Өзiң боп, көп естiлдi əрлi лебiз.

Қымыздың буы бойға тарағанда Қызынып дуылдастық, ал, мiне, бiз...

Бал ашып ерiккендер қызу кейде, Даурығып, өздерiнше гүлжiлдей ме:

«Қызылға қанатты құс өш келмей ме, Бəрiне кiнəлi, – деп, – қызыл жейде...»

Дау-талас өрши келiп, қызады əрi, Бiлгiш көп, жорамалдар ұзарады.

    • Тегiннен тегiн емес... Көресiңдер, Шығады нағыз жiгiт бұдан əлi...
    • Əй, тоқта... Не екен өзi сол түскенi? Шағын ба, əлде əйдiк зор құс па едi? (Аталып шықты барлық құс бiткеннiң Тұрпаты, пошымы мен өң-түстерi).
    • Жə, қойшы... Қорыққанға қос көрiнер, Қарғадан қалған шығар сескенiп «ер».

Əйтпесе, қалай аман қалды дейсiң, Құрдан-құр ербеңдетсе қос қолын ол?

      • Кезқұйрық – қанаты егер далпылдаса...
      • Сақтай гөр, қара құс та қарқынды аса... Пəленiң аулақ бетi... Атай көрме,

Ол ендi оңдырмайды алқымдаса.

      • Жүрегiм сезедi-ау бұл... соны ұғамын: Байғұстың болмаса игi соры қалың.

Бейкүнə, жазған бала қайдан бiлсiн, Алдынан не хикмет жолығарын...

Сол кезде топ iшiнен бiр өктем үн

Саңқ еттi: – Тəйт əрi, – деп. – Бұ не еткенiң? Қайдағы жамандықты бастадыңдар,

Осы ма жас балаға тiлектерiң?

Жоқты айтып отырсыңдар, жүдеп тегiн, Тас па, əлде саз балшық па жүректерiң? Мұратжан – ердiң ерi, он үшiнде Бiлекпен қысып көрген үлек белiн.

Бұл сөзге кеттi бiреу арқаланып:

      • Баланың тым алысқа тартары анық. Қарға деп, кезқұйрық деп кемсiтпеңдер, Бүркiтпен күш сынасқан ол нақ алып.

Бəлкiм, ол нағыз тұйғын қыран шығар, Шынында ердiң ерi бұған шыдар.

Өктем күш тегеурiнiн бұзып-жарып, Өз бағын өр намысты ұлан сынар.

Мен бiлсем, Мұратжанға бақ қонады, Жетiспей жүрмесе тек баптағаны...

Қарашы, шоқтай жайнап тұрған жоқ па Қилы ұшқын шашыратқан от жанары.

Түбiнде бұл балаға дарын қонар, Айтса да, сұңғылалық қанында бар.

Дегдар би емес пе едi арғы атасы, Тастының мол суындай ағынданар.

...Қария көңiлiне көп сыр сақтаған,

Соны айтып, құс жастыққа шынтақтаған. Тасқынды тасты өзен түссе есiме, Қарадан-қарап тұрып сусап қалам.

Иə...

Сол күнi ауылда бiр той боп жатқан, Тойшы жұрт гуiлдесiп, жайраң қаққан. Бəрiнiң əңгiмесi мен болғанда, Көңiлге ой салар көп жайды аңдатқан.

Бiлмеймiн, қайсысының сөзi келдi? Бұл күнге жеткенiнiң көзi көрдi: Ер жiгiт қилы күнге кезiгер-дi,

Мен соны жүргендеймiн сезiп ендi.

Жоқ бүгiн қызыл жейде... тозып қалды, Уақыт та бiраз жерге озып барды.

Кеудемде, бiрақ менiң, қоздап жатты Үмiттiң қызыл шоғы... соны ұққам-ды.

Қалды да қызыл жейде тамсандырған, Күн жеттi өзгешелеу əн салдырған.

Аспанға қарап едiм, со мезетте

Бiр жарық жұлдыз көрдiм қарсы алдымнан.

Мен соны арманым ба деп қалғанмын, Ұшып-ақ кетсем бе деп оқталғанмын. Сиқырлап жас жанымды жарық жұлдыз, Қияннан көз айырмай, көп толғандым.

Асығыс жолға шыққам кешкi ымыртта, Əпке, сен қалып ең ғой ескi жұртта.

Екеумiз кездеспедiк содан қайтып, Бейне бiр айналғандай қос құрлықа.

Сен менен алыстасың, əпкешiм-ау, Салып та жүрсiң бе, əлде көпке сұрау.

Көзiмнен ыршып шыққан төрт тарам жас Жырымның жолдарындай жатты осынау.

Тұтатып қызыл шоқты кеудемдегi, Қызулы үмiттерге ерген менi – Шоқтанған жұлдыздардың шоғырынан Көрiп те қалдың ба, əпке, сол кездерi?

Жеттiм бе, дегенiме жетпедiм бе, Мезгiлсiз қурадым ба, көктедiм бе? Қасымда жоқтығыңнан, қанша запыс Тарттым мен тағдырдың тар өткелiнде.

Көрдiм бе не көрсем де – көресiмнен, Жұрт құрлы өттiм бiраз белесiмнен. Мен, əйтеу, жансам-дағы, сөнсем-дағы, Жан əпке, шығармадым сенi есiмнен.

Мəуесiн көңiлiмнiң қыжыл жей ме? –

Кетедi жеңiл тартып тұзым кейде. Сабама түсiредi сонда менi, Балалық байрағындай қызыл жейде.

Х

Есiмде тағдырыма бал ашқандар,

Жоқ жерден айтыс бастап, таласқандар.

Тап басып айта алмаймын, қайдан шықтым: Жолынан адасқан бар, əрi асқан бар.

Жанды ма ел қатарлы бағым менiң – Жанымнан жанашыр боп табылды елiм. Жолықтым жақсыларға, солар маған Сыйлады көңiлiнiң дарулы емiн.

Бiреуден əлде менiң күйiм кем бе, Кеткен жоқ құт-береке үйiмнен де. Қарымын өз халiмше қайтарам деп, Еңбегiм азды-көптi бұйырды елге.

Тапшылық көрдiм демен киiмнен де, Сан жейде түсiп қалды иiннен де.

Əйтсе де, əпке, сенi есiме алам, Кейде бiр бап таба алмай, күйiнгенде.

Шаптасып толқынмен де, құйынмен де, Долы күш қаңбақ құрлы үйiргенде, Есiме алам сенi, сараң серi – Тағдырдың тас қабағы түйiлгенде.

Сойылын елден бұрын бұзық қамдар, Содырға мүйiз бiтсе – сүзiп қорлар.

Болды ма «жүнiм қызыл», қарсы алдымнан Сан шықты маған да бiр «қызыққандар».

Бiлмедiм, қай жауыздың харам iсi? –

Əлде бiр кезқұйрығы, қарақұсы. Жарықтық бүркiттiң де дара күшi, Оның да қызыл көрсе жанады iшi...

Кiм бiлсiн, тағдыр жазған несiбем бе? Қандай бiр сұрқылтайдың өшi менде. Əйтеуiр, көлеңкесi көл жапқандар Жапыра жаздар едi сесiмен де.

Тоқпақтай қағып өтiп бұлшық етпен, Сыдырып жон терiмдi қыршып өткен – Жыртқыштың тырнағына iлiккенде, Торғайдай шықты даусым шыр-шыр еткен.

Болғанда – мен сұр көжек, кiмдер барыс? Ұстадым азулыдан iргемдi алыс.

Өзiңе елеңдеумен өттi-ау жылдар, Жан əпке, iздеп сенен бiр қорғаныш.

Кейде бiр лепiргендер жепiргенде, Кетедi күңiренiп жетiм кеуде.

Зар болдым залп үнiндей лебiзiңе, Маңдайым тасқа тиiп, өкiнгенде.

Мен де бiр көк балауса емес пе едiм, Басымнан аз ғұмырда не кешпедiм. Япыр-ау, өтiрiк пе, əлде шын ба, Тағдырмен осыншама егескенiм?

Сағынған жетiм бұлттай теңiз демiн, Үмiттiң жiбек жiбiн мен үзбедiм.

Бұл жаным нөсер тiлеп булыққанда, Жан əпке, сенi iздедiм, сенi iздедiм.

Қайтейiн, қанатым да жоқ-ты ұшарға, Бейшара көбелекше от құшам ба?

Дем бере айтқан сөзiң сонау жылғы, Күмбiрлеп құлағыма жеттi сонда.

Көмiлiп көк толқынға, ақтым бойлап, Бұдырсыз жалтыр мұзда жаттым жайрап. Сол кезде ғайыптан сен үн қаттың да, Таттанған жiгерiме таптым қайрақ.

Есiмде сондағы айтқан кеңестерiң, Сен маған баз қалпыңда елестедiң.

«Сан жейде тоздырарсың, тiрi болсаң, Жарығым, аман жүршi!» демес пе едiң.

«Алданып қалма, – деушi ең, – тоқ күнiңе, Көйлектiң көптiгiне, көктiгiне.

Ұмытпа ер борышын, ел намысын, Əр iсiң лайық болғай тектi iрiге».

Айтпаймын өзiмiн деп тектi iрiнiң, Елеусiз жүрген көптiң тек бiрiмiн. Ез деп те ешкiм менi айта қоймас, Кейде бiр найзағайдай өткiр үнiм.

Жоқ менiң ер едiм деп бөсер жайым, Көнтекке – келтек барда, кесел дайын.. Менiң де бұршақ жауған күндерiм мен Басымнан өттi талай нөсерлi айым.

Бұйырар деп жүргенде сый iзгiге, Көңлiмнiң ышқынды ма күйi үздiге. Кең жерде тап болдым ба тар өткелге, Жем болып кете жаздап мүйiздiге.

Жазмыштың кей тəлкегiн жазу күнə, Алдымда жатты ма əлде қазулы ұра.

Екi аяқ еркiндiктен жерiдi ме, Жем болып кете жаздап азулыға.

Көбiрек жолықтым ба ұяттыға, Көзiмнiң сорасы əлде жиi ақты ма? Бетiмдi қан жоса ғып тiлдiрдiм бе, Мiскiн боп тырнақты мен тұяқтыға.

Кезiгiп тiстiлер мен күштiлерге, Жотамды жондырдым ба үскiмен де. Мазағын тағдырымның көтерем деп, Азабым тыныш жатқан түстi ме елге?

Үйренiп қиын тiлiн күрестiң де, Алпауыт, алыптармен тiрестiм бе? Болмаса, желдi күнгi ақ шырақтай, Қасқарып бiр жандым ба, бiр өштiм бе?

Айтайын қайсыбiрiн... Қаншама ағын Соққылап, жүрегiмдi паршаладым.

Жан əпке, мынау жарық дүниеде, Өмiрдiң алдым мен де сан сабағын.

Заманға дөп келдiм бе ақыл озған, Кезеңге кез болдым ба батыр азған. Сəттерiм аз болмады – жазық жерде Мүлт кетiп, аяқ асты қапы жазған.

Ақылым бар ма десем бiр кiсiлiк, Əлдекiм қарсы алдымнан күлдi iсiнiп. Ақситып азу тiсiн, еттi тəлкек, Көзiнен ызғар есiп, зiлдi-суық.

Өзiңше əулие боп туғаныңмен, Қулықты жеңе алмассың құр дарынмен. Аңырып тағдырдың тар айрығында,

Ат басын қайда ғана бұрмадым мен. Бiр түспей тақымыма даңғыл жорға,

Қанша рет көшке ере алмай, қалдым жолда. Атының майын сұрап айлалының,

Өзiмдi өзiм сатып алдым зорға.

Осы елдiң мен болғандай ақымағы, Бiреулер шалғынымды жапырады. Достың да қымбатына пұлым жетпей, Жiлiгi – арзанының татымады.

Мен сонда мүжiлдiм бе, үзiлдiм бе, Əлде бiр зар болдым ба құзырлы үнге. Күйсе де күреңiтiп жүзiм Күнге, Кеппедi кеудемдегi сызым мүлде.

Мен көрдiм – талтүстегi iңiрлердi, Мен көрдiм – өлiп қайта тiрiлгендi. Безерген бетiме де күлкi үйiрiлмей, Кезерген ернiм тозып тiлiмделдi.

Кез болды – жақын күндеп, жат тiлдеген, Көз көрдi безгенiн де бақтың менен.

Дүниеден көшiп «ана» жаққа қарай, Кенеттен өшiп бара жаттым деп ем.

Өтiп-ақ кеткенi ме отты кезiм,

Көк жасық тарта бердi көп мiнезiм. Сол кезде, жаным əпке, жан ұшырып, Көмекке жер түбiнен жеттiң өзiң.

Жанған бiр шырақ едiм маздау үшiн, Жалп етiп сөнерiмдi сездi-ау iшiң.

Сол кезде, жаным əпке, естiлген-дi Саңқ етiп құлағыма өз дауысың.

      • Қарғам-ай, жүдегенсiң қалай ғана, Сарсылып бiттiң бе əлде сан ойлана. Абайлап жүрсең еттi, бейқам болсаң – Шағады құмырсқа да, талайды ара.

Күнiм-ау, мұнша неге күйiң кеткен? Соншама жұмсақ едi иiң неткен.

Əлде сен қорландың ба, қол қысқада Үнемдеп ұстаймын деп тиынды еппен.

Ашпысың, не болмаса киiм жоқ па, Əлде бiр итарқа ма – үйiң жаппа?

Жұлдызы биiк тұрар жiгiт үшiн

Шыж-быжы тiршiлiктiң бұйым боп па?

Болды ма қатарыңнан төмен бағың, Көңлiң де таппады ма кемел бабын? Қылыштай жарқылдайтын кезiңде бұл, Тоттана бастағаның неден, жаным?

Сен, сiрə, мұндай ма едiң, мұндай ма едiң? Жүлдесiн алар деушi ем мың бəйгенiң.

Қарайып қап түбiнде қалмасыңа Күмəнiм болмай-тұғын қылдай менiң.

Сенгенмiн таймасыңа мұздан сенiң, Сезгенмiн көңлiңнiң де қызған шоғын. Жол тауып шығар деушi ем, сенi тосқан Он мыстан құлатса да құздан селiн.

Көрушi ем əкетердей жауды өңгерiп, Өзiң-ақ қалғансың ба жəукемделiп. Тiрлiктiң тар қамытын кигеннен соң, Пiлдiкке алғансың ба əбден көнiп.

Сен деушi ем – өмiрге бiр туса ғашық, Болар деп ойламадым мұнша жасық. Жiлiктiң басы шоршып ұшпас па едi, Жiгiттiң ауыр мысы тұрса басып.

Байлық пен мансап қуып кеттiң бе əлде, Түстiң бе күйректiктен, жоқ, бұл халге. Барға – асып, жоққа жəне жаси көрме, Тек сонда жүректе от, екпiн бар де.

Қуатым, бұға берме, серпiл ерше, Құм болар еркiн еңсе – сертiң өлсе. Келмейдi топан су да тобығынан, Ер жiгiт намысының өртiне енсе.

Қиямет көпiрiне жол тiрелсе,

Көз байлап соқыр тұман, жер түнерсе, Қанатын тосар саған Таң шапағы, Күнiң – түн, улы үрейдiң дертi жеңсе.

...Жан əпке, көлдей сенiң пейiлiңдi, Үнiңдi сағынып ем мейiрiмдi.

Ендiк пен бойлықтарды көктей өтiп, Ақыры жалт қаратты-ау зейiнiмдi.

Бiлмеймiн, таң ба, кеш пе – анық қай уақ, Көгiлдiр нұрға бөгiп қалыпты аймақ.

Шығыстан ескен желдей, сенiң үнiң Кеткен-дi жiгерiмдi жанып, қайрап.

Мен содан күш алдым ба қуаттанып, Бойымды тiктеп алғам, құлап барып. Дүние дидарына жалт қарасам,

Ай туып келе жатты құлақтанып.

Сол сəтте... Өң бе, түс пе, о Тəңiрiм, Кеттi ме артық соғып не тамырым: Мен Оны тағы көрiп, таң боп тұрдым, Айналып кеткен кезде жотаны Күн.

Ол тұрды түпсiз əлем түкпiрiнде,

...Қасымда... Қол созым жер тiптi мүлде. Көрiктiң аузындағы шоқтай жайнап,

Ал қызыл нұр-бояуы жұқты гүлге.

О, сонда мен сорлыда ес бар ма едi? Армандай сол Жұлдызым тосты, ал менi! Оймақтай жанарымның ойпаңында

Бiр буда гүл боп тұрды достар легi! О, сонда менде қалған ес бар ма едi,

Мендей де iшпей-жемей мас бар ма едi? Өлгенiм тiрiлгендей, өшкен жанып,

Сол жұлдыз қол созымда тосты-ау менi. Бiр жұлдыз жанып тұрды-ау шоқ сəулелi...

ХI

...Сол күнi түсiмде мен сенi көрдiм.

Жарқ етiп жарты аспанда бала бүркiт, Жалбыр шаш жабағы бұлт барады үркiп.

Қылтиып Күн құлағы көз көрiмнен, Күншығыс тұрған едi алабұртып.

Сол ма екен қыз-дүние сүйген бояу, Көйлегiн ақ жiбектен кигендей-ау. Ару Күн алтын шашын судыратып, Өр басын сəндi iзетпен иген баяу.

Əлгi бiр бала бүркiт оттай жанып,

Ақ шаңқан күмбез бұлтты өттi айналып. Менiң де құс-көңiлiм дүр сiлкiндi, Көзiмнiң ұшына ыстық шоқ байланып.

Жан əпке, көресiң бе, сенесiң бе, Шынымен өзiңсiң бе, елесiң бе? Қасыңда Сүйкiмдi қыз, сен тұр едiң Шаншылған Қыран шыңның төбесiнде.

Түсiм деп айтсам ба екен, өңiм деп пе?..

...Жеткен-дi саған созған қолым – көкке. Өйткенi сен тұр едiң Күн қасында, Сөйттiң бе əлде маған көрiнбекке?

Тұр едiң маған қарап күлiмсiреп,

«Жаным-ау, тоңып қапсың, жылыншы!» деп. Мен сенi күнде көрiп жүргендеймiн,

Мен сенi көргендеймiн бiрiншi рет.

Бiр жылу сол күлкiңнен сезiндiм де, Айналып жүре бердiм өзiм Күнге...

...Түсiмде сенi көрдiм, жаным əпке, Талықсып таң алдында көз iлдiм де.

ХII

Жан əпке, көрдiм сенi... Жүрсiң бе аман?! Сезiм – құс, ақ қанаты сусылдаған.

Екеумiз егiз елiк емес пе едiк,

Бiр таудың бұлағынан сусындаған.

Естiсiн дауысымызды, бiлсiн ғалам, Ағынан жарыла бiр күлсiн далам.

Көк тiреп өркештенген өр тауларым Жеткiзiп хабарыңды тұрсын маған.

Сол бiр күн... бiз екеумiз жолыққан күн, Мен сенi Күн қасынан көрiп қалдым.

Биiктеп бара жаттың көз алдымда, Жетпес деп созған қолым – қорыққанмын.

Мен көрдiм жанарыңнан жарық нұрды, Сөзiңдi жел жеткiздi, тау ұқтырды.

Аспаннан ақ моншақтар шашылғандай, Сiркiреп бiр ақ жаңбыр жауып тұрды.

Нұрлы бiр жаңбырларды кiм тiлемес? Нөсерi жоқ болса – бұлт күркiремес. Сен барсың, жаным əпке, сондықтан да Бақытсыз болуым да мүмкiн емес.

Жан əпке, түсiнбешi терiс менi,

Мен де ендi бала емеспiн он үштегi... Болды ма жолым ауыр, оны да бiл – Бар болса көңiлiмнiң кемiстерi.

Киiп ем қызыл жейде жалқындатып, Кешiп ем саз-балшықты балпылдатып... Мен бүгiн қоңыр төбе басына кеп, Отырмын ойларымды салқындатып.

Басына қоңыр таудың келетiнмiн, Сол тұстан өзiңдi анық көретiнмiн. Қолыңда ақ орамал желбiреген, Үстiнде ақша бұлттың сен отырдың.

Есiмде балалық шақ, баяғы кез... Есiмде мейiрiмдi, аялы көз.

Содан ба, iзгi үмiттер жетегiнде –

Ешкiмнен күтпеушi едiм аяр мiнез.

Əпкежан, ренжiмешi, өтiнемiн, Тұтатты үмiтiмнiң отын елiм.

Қоштасып қызыл жейде киген күнмен, Жұлдызды арман қуып кетiп едiм.

Таптым ба, таппадым ба жұлдызымды, Күй кештiм бiрде салқын, бiр қызулы. Бəрiнде жебеп менi жүрдiң өзiң, Биiктен жарқыратып нұр жүзiңдi.

Қайсыбiр қарлы шыңнан қалдым аспай, Шөл қысты кейде менi – қарным ашпай. Сонда да өзiң шықтың қарсы алдымнан, Қанатымен су сепкен қарлығаштай.

Көрсе де бұл өмiрде көптi көзiм, Еп құрып күн көретiн жоқ мiнезiм. Ар-ұят сынға түскен шақтарда да Iзгiлiк рухы болып жеттiң өзiң.

Кейде өмiр ызғарын да тақап өтер, Ал бiрде көңiлiңнен қапа кетер.

Менi де арқа тұтқан жандар болса, Сендегi мейiрiмнiң шапағаты ол.

Өзiңдей жандар барда көтерген үн, Өмiрге өкпелеуiм бекер менiң.

Сенiң сол мейiрiмiң болмағанда,

Тас бауыр қатыгез боп кетер ме едiм?..

Өмiрге көптi берiп, алсам аздап, Елiме махаббатым жанса маздап, Сен берген мейiрiмнiң арқасы ол да, Кеудеме үмiт шоғы толса қоздап.

Тiрелсе жолым кейде тосқауылға, Арқасын тiлеулестер тосты ауырға. Мың мəрте қарыздармын бүгiнде мен, Өзiңдей ƏПКЕ, АҒА, ДОС, БАУЫРҒА.

Жүрекке iзгiлiктiң егiлгенi –

Көңiлге жарық сəуле себiлгенi.

Мұңайсам – маңдайымнан сипап тұрып, Сүрiнсем – сүйеп қалды елiм менi.

Жақсыдан көрмей жүрсем жаттық əлi –

Бiр сезiм көңiлiме пəк тұнады:

Ол – сенiң жүрегiңнен бастау алған Адамдық мейiрiмнiң ақ бұлағы.

ХIII

Əр сəтi ой ұқтырып, сыр тыңдатып, Зыр қағып өтiп жатқан шiркiн уақыт! Жүректi жарып шыққан шаттығың мен Көңiлге шуақ сыйлар күлкiң – бақыт.

Мен де ендi бала емеспiн он үштегi, Толықты көңiлдiң көп кемiстерi.

Өмiрдiң сан белесi артта қалды, Кезекпен алмастырып еңiстi өрi.

Көп болды қызыл жейде кимегелi, Күлге аунап, ыстық құмға күймегелi. Көнердi жейде түгiл, шапандар да, Үзiлiп үлгiрместен түймелерi.

Дəл солай ай жаңарып, күн ескiрер, Өзге бiр тiршiлiктiң үнi естiлер.

Алдынан бақыт күткен адамдарға Уақыт та тосын сыйын үлестiрер.

Жылдарың қош айтысар жылдамдатып, Аяғы жерге тимей зырлар уақыт.

Алтайы қызыл түлкi секiлденiп,

Бiр байыз таптырмас-ау қуған бақыт.

Жылдарың өтсе‚ мейлi... Қалсын Арың, Сөндiрме көңiлiңнiң шамшырағын.

Тойған бар, бұл дүниеде тоңған да көп, Шарқ ұра iздейдi олар жан шуағын.

Өтсе де қаншама қыс, күзiң неше, Өзегi жақсылықтың үзiлмесе,

Қайтадан көктеп шыққан дəндей болып, Көбейер бiреуiне жүзi iлесе.

Тереңнен тамыр тартып, тарайды əлi, Бүгiннiң, келер күннiң арай бағы.

Құнарлы топырақтан қуат алып, Бас құрар адамзаттың жаңа ойлары.

Жаңа ойлар жақсылыққа жар болғай-ақ! Е-һе-һе-е-й!.. Зор дауысым, заңғарды оят! Жамандық кетпесiн тек тағы да озып,

Бет-жүзiн, түрi-түсiн жалған бояп.

Күрессек, ал солармен күресейiк, Жақсылыққа жақсылық тiлесейiк. Жарық дүние есiгiн ашқан сəби Өссiн тек дана ойлармен бiр есейiп!

Өмiрде милысы мен данасы көп, Жүргейсiң жүдегеннiң панасы боп. Адамдық мүйiрiмдi, бiлемiн мен, Жақсылық атаулының АНАСЫ деп. Мейманасы асқандар неңнен ыққан? – Сенгенi жауыздықтың – сол мен ұққан. Жақсының жалғыз ауыз жылы сөзi – Бiр жұтым судан тəттi шөлде жұтқан.

Пейiлi адамзаттың тарыларда, Жауыздық сылтау iздер қағынарға. Көңiлден өктемшiл ой аласталмай, Өмiрден өшпендiлiк арылар ма!

Жаныңды ызғар қарып өтер кей күн, Ерiтiп көңiл мұзын кетер мейiрiм.

Адамдық ақ пейiлдiң уызымен Сəбилер ауызданса екен деймiн!

Нұрланып iзгi жандар тiлегiмен, Күн күлер – мейiрiмнiң реңiнен. Əлемдiк сыйластықтың қызыл жiбi Өтедi əр адамның жүрегiнен.

Сол Күннiң бағам десең қас-қабағын, Мен оның бiле алмадым басқа амалын: Бiр Жорық керек шығар талқандайтын Өзiмшiл өктемдiктiң тас қамалын.

Iшiнде сол қамалдың – жүректер бар! Оларды жалықтырды түнек торлар. Қақпасын солқылдата соғады, əне, Жол iздеп бостандыққа бiлек, қолдар.

...Бұл өмiр тосар алға сан сынағын, Шешiп те үлгiрмессiң бар сұрағын. Қайғы емес соның бəрi – Тарыққанда

Мейiрiмнiң қорек етсең тамшы нəрiн.

Қорғаны болсам деумен қорланғанның, Бұл жаным толқын атып, толғанды əр күн. Жүрегiм жұмсақ, түсiм жылы болса, Арқасы ол – мейiрiмi мол жандардың.

Сақтанып суық көзден, не кейiстен, Өзiмдi жүрем ылғи демей iштен.

Мендегi ұран да сол, мұрам да сол –

Болса екен мейiрiмнiң мерейi үстем!

Өмiрдiң бола бермес жолы жатық, Кезiгер жалама құз, жары да тiк. Уайым емес ол да, бəрiнен де, Жанашыр тiлекшiңнiң бары – бақыт.

Жылуын төксе жаздың шуақ кешi, Шым-шымдап бүлкiлдейдi бұлақ төсi. МЕЙIРIМ ұрығын себер жүректерге, Əркiмнiң бар болса екен бiр ƏПКЕСI!

Жақсылық жақсылыққа жалғанғаны –

Адамның жарық жұлдыз, жанған бағы.

Мен бүгiн жар саламын: «ЖАСАСЫН!» деп, IЗГIЛIК БАҚШАСЫНЫҢ БАҒБАНДАРЫ!

ҮЛБІР СҰЛУ

Қырғыз ақыны Роза Мұқашоваға

Бүгіннен бөлек болған бұрынғысы, Көзайым көркемдіктің туы, үлгісі Жетісу –

Жаратылыс деген күштің Тамаша, таңғажайып туындысы!

Жұмақтай тазалыққа ашылған жер. Жұмбағын ғасырлардың жасырған жер. Жерге де сұлу болу қиын екен,

Жебесі жаудың пырдай шашылған жер.

Көк таулар көк қарағай жамылған жер, Көктемде мəуітіге малынған жер.

Бағындай баяғы өткен патшалардың Кəусар су сурет салып ағылған жер.

Мəуесі дүниенің көктеген жер, Алысқа «Жібек жолы» беттеген жер. Жау көздер қызықса да, қызғанса да, Бір қызыл жолбарысы кетпеген жер.

Сыңсыған сұлу тоғай, орман – əн жер. Жыраулар жылнамалар толғаған жер. Армандай жерұйықтың əр сүйемін Батырлар басын тігіп қорғаған жер.

Жетісу – сырғалы су, сыңғырлы өлең, Жетісу – жезтаңдай күй күмбірлеген. Үйлескен нəзіктікпен осы өлкеде Болыпты бір сұлу қыз Үлбір деген.

Үлбірдің ерекше екен мерей гүлі. Ауылдың қырындайтын көбейді ұлы.

Асқақ та сұлу екен айрықша, əттең, Айыбы – əкесінің кедейлігі.

Қаракөз хабар берер зеректі ойдан. Табылар мұңаярлық себеп бойдан. Ұлына бір шонжар бай атастырып Туғаннан қалың малын төлеп қойған!

Келген жоқ күйеу жігіт бұл жаққа əлі,

«Қашып кет», – деп біреулер қылжақтады. Көп болды, күбір-сыбыр өсек тарап, Жанарын жас арудың мұң жапқалы.

Түгел сəн –

Түзенгені, таранғаны.

Айнаға қарап тұрып алаңдады. Араға адам салып, күйеу жағы Биыл да келеміз деп, келе алмады.

Жазғы түн салқындатып гүл құрақты, Желпісе сылқым бұлақ – сыңғыр қақты. Ақсүйек, алтыбақан көп күтеді Ауылдың ару қызын Үлбір атты.

Күттіріп бүкіл жасты үзілдірді.

Күз болмай, үсік шалды қызыл гүлді. Өзі ақын, өзі сұлу болғаннан соң Құрбылар шақырады қыз Үлбірді.

Соңынан сұлу қыздың кім ермейді? Сұңқар құс көгілдірді ілер дейді.

Сұрауын сұрай-тұғын жері бар деп, Анасы жиын-тойға жібермейді.

Санамен сөндіре алмай отын іштің, Жүректен алаулайды жетім ұшқын. Жүрегін жыр мен өлең жұбатады Той көрмей,

Торда отырған тоты құстың...

Алыстан əн-жыр тыңдап, Құр күрсіну,

Көңілі бір күн түлеп, Бір күн сыну.

Жігіт жоқ. Жіби-тұғын ата-ана жоқ, Күтуден құса болды Үлбір сұлу.

Сыр іздейді əр түрлі əңгімеден, Малсыз кедей тең емес малдыменен... Əрі-сəрі жүргенде хабар жетті –

«Күйеу жігіт дүние салды» деген. Көргені ғой

Салғанды ғаріп басқа,

Ол жазғанда жоқ еді айып басқа. Он екіде бір гүлі ашылмастан Кете барған кез болып айықпасқа.

Өлді жігіт, басталды бұлдыр мəңгі. Естімейді тылсым күш шыңғырғанды. Ерік те жоқ, жар да жоқ,

Есеңгіреп,

He болғанын түсінбей Үлбір қалды.

Аты кетті таралып ізгі есім боп, Киліккендей кенеттен жүз кесір кеп, Көзін ашып көрмеген күйеуі үшін Ару Үлбір аталды қыз-жесір деп.

Ол кез үшін белгілі жас емесі, Балалықтың біткендей бəсі, елесі. Дау болатын түрі бар

Екі ауылға

Төлеп қойған қалың мал мəселесі.

Бай не қылсын кедейдің жалынғанын, Кімнен көрсін тағдырға бағынғанын. Жалғыз ұлдан аямай, көп төлеген Қайтарыңдар деп отыр қалың малын.

Бастырмайды адамның ісін алға, Аяқ асты бəрі тез ұшынар ма?

Қыздың малы не болсын көп кедейге

Кеміп кеткен... Өтеуге күші бар ма?

Құлдай болды байлаулы есіктегі, Сұлу қызы cop болды өсіп тегі. Беріңдер деп бай отыр

Онда –

Қызды

Жамағайын сəбиге бесіктегі. Осы болды Үлбірдің есіткені, Қара жердің табылса тесіктері...

Бай аулынан, басы бос еркек шықпай, Атастырды сəбиге бесіктегі.

Ойлаған жоқ бойжеткен жабығар деп, Берем десе, байларда əлі мал көп.

Əкетеміз деп отыр, Жас сəбимен

Бірге тұрып, өсіріп, бағып ал деп.

Тағдыр – шебер, өмірді өрнектеген, Бала жарды не сұмдық тербет деген.

«Үлбіретіп Үлбір деп неге қойған? Құрғыр екем, маңдайдан cop кетпеген».

Осылайша бір уақ мұңаяды. Жыр жазады бір уақ тыңаяды.

Жылағаннан не пайда, жылады деп, Қыз байғұсты жалғанда кім аяды?

Жұрт жиылды.

Бір қауым қиналысты. Көтерейік маңдайға сыйған істі. Ата-баба жолы деп,

Ақ батамен

Рұқсатын беруге ұйғарысты.

Жұрт дағдарған Қыз жағында бүкілі,

Естілгендей жас жүректің лүпілі. Гүлдей ерін алқызыл боп ашылып,

Былай деді Үлбір сұлу үкілі:

    • Қалың малмен кірген болса берекең, Құрбаныңа жарар тоқты мен екем.

Сен не дейсің шырылдаған балаңа, Дегеніне жете алмаған, жан əкем?!’

Байдың малын қай малыңмен төлейсің? Төлемі – мен.

Төрт түлігің көбейсін.

Қалың талдың арасында қайың ем, Ардақтаған ағаларым, не дейсің?

Бойжеткеннің болашағы – бір мұнар, Алдарыңда мен сияқты үлгі бар.

Белгісізге белді буып барам ба, He дейсіңдер,

Бірге ойнаған, құрбылар?

Болушы еңдер біздің жақтан үміткер, Бодауына беріп отыр ғұрыпты ел.

Еркімменен ойнамадым еркелеп, He дейсіңдер,

Бозбалалар, жігіттер?

Бəрі – өткінші, сезіп тұрмын жаңа шын. Бəрін үнсіз бақылайды дана шың.

Үміт отын жаға алам ба жат жерде, Сен не дейсің,

Ақ сүт берген, анашым?!

    • Шыдамай əрең тұр ем мен, Сөз болса маған тірелген.

Айтылар арман мол менде, Орманым түгел жайқалып, Орап ем жібек жөргекпен, Сен өмірге келгенде.

Амандық сұрап жер көктен, Ақ бесігіңді тербеткем.

Шырын ұйқымды бөлгенде...

Уылжып тұрған бауыры Шешең де бүгін шерменде.

Момақан туған ақ қозым, Рақым мезгіл шақта өзім Киелі тұмар таққыздым. Көрпеше құрап қиықтан, Аузыма түсіп сүйікті əн Ұлпа мамыққа жатқыздым.

Айта берейін несін мен, Шашыңа жұпар гүл бөлеп, Басқа баладан бір бөлек, Бал қаймақ беріп өсіргем. Өзіңе деген мейірімім Ағып тұр сүт боп төсімнен.

Ақылың артық туған соң Амандығыңды сұрап ек. Сұқтана қарар көрген жан Сұлулық деген бір əлек!

Жүректі жиі қақтырған Сезімталдыққа үйретпей, Баулыған едім сабырға, Сергек боп тусаң, амал не, Қайысты бүгін қабырға.

Асылым менің сəулетті, Асырап баққан əулетті. Əкеңнің сөзі заңға тəн, Алланың аты – уағда, Айнымас əкең, сірə да, Беремін десе,

Бар, ботам!

Қарағым, алыс кетесің, Қалдырып жүрген ізге шаң. Риза қылмай əкесін, Бақытты болған қыз қашан?

Менде де болған сəн-көрік, Қарт əкең алған мал беріп. Кетейін десе,

Кете алмай, Үміттеріне жете алмай

Талпынған сенің анаң да. Қызғалдақ ғұмыр – қыз дəурен Тез өтер əрбір заманда.

Кіре алмай қалың топқа əлі, Құтқарып алар жоқ халі, Келіп тұр ағаң,

Нарбозың.

Ұрғашы басы – ноқталы, Əкеңді жерге қаратпа, Беремін десе,

Бар, қозым!

Қоштасып басын шұлғиды Көктеуге шыққан толы гүл. Тигізсе тағдыр қырғиды, Қиғылық салып бола ма, Берсе де сəби балаға –

Ата-бабаның жолы – бұл.

Ақ уыз бенен күн сіңген, Айналдым сенің иісіңнен. Табиғат заңы осылай – Туған үй болса – тар мекен, Күрсініп өтер əр уақ,

Қыздан да мұңлы бар ма екен? Жар болсын, Алла, жарығым, Айттырған жерге,

Бар, көкем!

    • Жүректегі күйден бетер күмбірдің Тіліменен ортаңа кеп үлгірдім. Мықты билер! Айттыңыздар үкімін Бір ауылдың үкісіндей Үлбірдің.

Таңдай жүзін тұнжыратып құрғыр мұң, Əділеттің жағын іздеп тұр қүрбым.

Арманым жоқ, жарай алсам, жамиғат, Құрбанына қуанышым – Үлбірдің.

Төлеп қойған екен байлар малын бір, Азат басқа азап болды-ау қағынғыр. Бесіктегі жас балаға жар дейді Жанған шамдай жарқыраған ақ Үлбір!

Жаным еді таң жұлдызға балаған, Қарауға да жасқанушы ем мен оған. Қиянатқа қалай қиып тұрсыңдар Еркіндігін беріңіздер қалаған!

Атым – Жұма, аз ауылдың баласы ем. Ақиқаттан іздер жүрек жарасы ем.

Қатты батты қатігез заң, қатал заң, Үлбір десе, үлбір еді жаны əсем.

Қауыз жарып ашылады гүл бірде, Гүл ашылса қуанбайды кім бірге. Бұйдасы бар бота екенін білсем де, Бала күннен ғашық едім Үлбірге.

Тас төбеде тілеуқор боп тұр əлі ай, Қазақ қызы жар таппай ма жыламай? Кінəлі ме,

Айтыңдаршы, Көрмеген

Құланының ажалына құралай?!

Уыз иісі арылмаған тəнінен Нəрестеге қимай тұрмын əлі мен. Бүгін менің жас жүрегім жанып тұр, Сүю деген қиын екен бəрінен!

Ертең – тағдыр қостамаса, биге – мін. Өрімталды білер жөнсіз игенін.

Бесіктегі нəресте де жігіт боп, Іздемей ме өзіне тең сүйгенін?

Асылдығы танылатын жай көзге,

Үлбір – арман, білмеймін мен айды өзге.

Қазақ елім!

Қара қасты қыздарың

Қалауына жете алады қай кезде?

Тірлігіме түсіретін тосын із Сəулем еді сəні бөлек осы қыз. Əке, сізде аяушылық бар болса, Үлбірменен екеумізді қосыңыз.

Жас жүректің ұғынбайды жайын кім? Жапырағын өртемеңіз қайыңның.

Бақ десеңіз малыңызды бағайын, Шап десеңіз жауыңызға дайынмын!

Үлбірдің екі көзі шамнан нұрлы, Еркі жоқ, əттең қозы-бағлан құрлы. Жұманың іңкəр тілек ұсынысы Ожарын бай аулының шамдандырды.

    • He деп тұр бұл əдепсіз бізге бүгін, Білеміз əр нəрсенің біз де құнын.

Сеніп тұр қай күшіне, Қай малына,

Бұзақы бұзып тұрған қыз көңілін?! Біреудің жесіріне

Жан ұшыра

Жабысар иесі ме, танысы ма?

Сүйенген тіл мен жаққа бұл есерсоқ, Тиіп тұр бар ауылдың намысына!

Ол рас – əмеңгері жастау ұлан, Жас өсер, есің болса, қаш дауынан. Кедейдің заржағына бермек түгіл,

Келіннің ұстатпаймыз шашбауынан.

Ақымақ! Тапқан екен шын ғашығын, Кім едік бола-тұғын құлға шығын? Қауым жоқ отыратын сөзін тыңдап, Шашы ұзын, ақылы қысқа ұрғашының

Түріне сенген екен толған күндей! Тұра ма өмір бақи жалған бірдей?

Қызарған аз ғана күн беттің əрі Жоғалар жаулық салса, солған гүлдей!

Ей, құда! Ерге қарыз жайыңды аңғар, Жесірін адамынан айырмаңдар.

Шығамыз таң сəріден жолға, Қызды

Жеріне бара-тұғын дайындаңдар!

Айттырған жерге əкесі Берерін-дағы білмеді. Бермесін-дағы білмеді. Тəлкекке салған тағдырын Ішінен ғана тілдеді.

Қорғаймын деп те айта алмай, Қарғаймын деп те айта алмай, Үндемей ғана тыңдады Ешкімнің бетін қайтармай.

Таба алмай тура сөз ұтқыр, Жанары топты кезіп құр, Жалтақтай берді жол таппай... Үлбір де мұны сезіп тұр.

Амалсыз əке əлі үнсіз. Күрсіне берді дамылсыз. Үмітпен Үлбір қарады Болашағына мəлімсіз.

Табылмай көңілдің бар баламасы, Тарасты ел. Берілмекші қонақасы. Аз ауыл абыр-сабыр.

Қызды сыртқа

Шақырды тетелесі – жан ағасы.

      • Шарадай болды-ау бүгін, жаным, басың, Жан ағаң қалай шыдап, дамылдасын.

Жүрмей-ақ қояйын мен жерді басып Өзіңді жылатқанша, қарындасым.

Жүргейсің келіскендей, қабақ ашып, Дайындал, күдік салмай араға ашық. Бұл елден əкетемін өзіңді алыс, Кеткенде ел ұйқыға далаға шық.

Батады саған батса, Ағаңа əр сын,

Айтайын дегенімді шамаларсың. Ар жағы Алатаудың – қырғыз елі, Сол елді біраз уақ паналарсың.

Көзіңді көрдім бүгін «босат» деген, Болып тұр саған жəрдем осы-ақ менен. Əзірлеп киіміңді білдірмей шық,

Түн ауа келіп тұрам қос атпенен.

Үлбірдің жас жүрегі бір нəзік-ақ, Артында ақ қаласы, гүл жазы қап. Сипалап ақбоз үйдің дөдегесін

Қия алмай туған үйді тұрды азырақ.

Сонан соң аяқтарын əрең басты, Қобалжып екі бауыр алаңдасты.

«Алла» деп, жүйрік атқа мінді сұлу, Қалдырып ата-ананы, замандасты.

Кез екен бұлт жапқан бір тұнық көкті, Белгісіз болашаққа бұрып бетті.

Қараңғы түн қойнынан жарық іздеп, Қос бауыр қос атпенен жүріп кетті.

Ілесіп жол білетін ағасына, Қарайды қараңғыда даласына.

«Аз ғана түсейікші», – дейді Үлбір қыз Жеткенде Іле өзені жағасына.

Тағдыры осылай-ды мың-мыңдардың... Тереңнен мазалайды Үлбірді əр мұң.

Себездеп таң жарығы шығыс жақтан, Басталған əн сабағы бұлбұлдардың.

Қоштасып бас изейді ақырын гүл, Ұялап жүрегіне жақын үн бір.

Аз ғана арыздасты айдын көлмен Əнші Үлбір, аяулы Үлбір, ақын Үлбір.

      • Аман бол, аймалаған Іле суы, Мүмкін бе қара тасқа гүл өсуі? Қатыгез заңға қарсы қиын екен Қазақтың қыздарының күресуі!

Білемін, келмейтінін балалық бал, Бағыма жасамады заман ықпал.

Шығайын бір шомылып толқыныңа, Қапалы мұң, шерімді сен алып қал.

Қалыңдар аман-есен, Қаз, үйрегім.

Оянды қимастығым қазір менің. Қаңқылдап жүргейсіңдер сəнге бөлеп, Жайнаған Жетісудың жазын керім.

Өтейтін өткен малды бар ма ауылым? Билердің маған құлақ салмауы – мұң. Жеткізем еркіндікке дейді жалғыз Жасымнан сырлас өскен жан бауырым.

Жағаңда жанып өскен бір қыз едім, Ел-жұртқа қадірімді білгіземін.

Тұнжырап жұлдыз өңім, қарай-қарай, Паналап кетіп барам қырғыз елін.

Жағдаймен

Іздеп барам жат несібін,

Жадыңда бір балаңның сақта есімін. Аман бол! Атамекен мен сыймаған, Аман бол,

Ақ айдыным, Ақ бесігім!

Тəуекел!

Tap соқпақпен Үлбір кетті,

Тау ішін ат тұяғы күмбірлетті. Ағасы асығыстау жол бастады Мойнына алғаннан соң бір міндетті.

Ілесіп Үлбір бала, үн қатпайды. Жүрегін жатыр ма екен тырнап қайғы? Бас шұлғып қалың қамыс сусылдаса, Қоштасып тал-қайыңдар бұлғақтайды.

Артына, ырым сақтап, бұрылмайды. Боз ала самал соқты бір ыңғайлы.

Үлбірмен қоштасқандай бозторғайлар

Мазасыз махаббатпен шырылдайды.

Ағасы бастырады қарқынды атын, Алда – тау, тəкаппар да салқын да тым. Жарық боп келе жатыр,

жүрген сайын

Қалғандай қараңғылық, артында – түн.

Қия алмай мейірімін төккен таң бір,

Қызыл күн – қып-қызыл боп кепкен тандыр. Құс ұшып, құлын шапқан кең далада

Қыз басы сарсаң болған неткен тағдыр!

Пыр етіп бұлдырық құс алға ұшады. Аяулы əр бұтасы, əр нышаны.

Құдай-ау, неткен көркем сурет еді –

Қанаттас тау, даланың таңғы шағы!

Келеді көкесінің жетегімен,

Көк шалғын тартатындай етегінен. Таба алмай бара жатыр бағын ару Мұнша кең, мұңша сұлу мекенінен!

Қынай белін шымқай жауып қызыл бүр, Қына – қанға бояғандай жүзін қыр.

Дала жатты өрттей жанып ымыртта, Жетісуға жетпей тұрды қыз Үлбір.

Сол кеткеннен оралмады сол Үлбір, Періштелер қорғады ма жолын бір? Сыр айтпайды толқындары Іленің, Үндемейді биік таулар көгілдір!

Өмір – кілем, түрлі жіптен тоқылған. Өмір – кітап, бізден бұрын оқылған. Өткен күндер – тамырлары дарақтың, Үлбір жайын баяндайын, оқырман.

Жаңа өмірі жалғасқанда гүл – қыздың, Жүрегінде жатты салқын жұлдыз мұң. Жұлдыз мұңы – сағынышы еліне, Тамып түскен топырағына қырғыздың.

Пəк болса да жауыздықтан, Күнəдан,

Мұңсыз болып қала алмайды бұл адам. Азаттыққа жеткізсе де ағасы, Көкірегінде көгілдір мұң туады əн.

Еркіндікке Үлбір еді ұмтылған, Жатырқамай қырғыз елі бір туған. Таппаса да жан қалауын түгелдей, Жібек көңілін жамаған-ды жыртылған.

Қара көзі – қара шүңгіл, түнгі айдын. Аппақ өңі суретіндей нұрлы айдың.

Үлбір сұлу ағасымен екеуі

Қызметіне жалданыпты бір байдың.

Ем іздеген замананың сызына Екеуіне

ел қарапты қызыға.

Қалдыра алмай қарындасын, ағасы

Үйленіпті қырғыздың бір қызына.

Үйреніпті олар онда тұруға, Бөленіпті көңілдері жылуға.

Сөз салушы көбейіпті Үлбірге, Кім қызықпас өзі ақылды сұлуға?

Нəзік еді, асыл еді үміті,

Үміт деген – ақ ешкінің түбіті. Біздің Үлбір əжемізге өмірлік

Жар болыпты қырғыздың бір жігіті.

Екі бауыр мекендеп сол алапты, Тумаса да,

Туған жерге балапты. Біздің Үлбір əжемізден Бір ауыл

Үрім бұтақ, асыл ұрпақ тарапты.

Тірі адамның сыбағасы біраз, ə? Күндер өтер бірі қалып, бірі оза! Сол Үлбірдің шөпшегі екен – Қырғыздың

Тамаша бір ақын қызы Роза!

 БІРЖАН САЛ. ҚОЯНДЫ ЖƏРМЕҢКЕСІ

...Дақпырты жəрмеңкенің жетті бұрын, Аралап кең өлкенің кетті қырын.

Уақыт –

екі ғасыр Өларасы

Қадаған қатар-қатар кеп құрығын.

Уақыт –

екі ғасыр Өларасы,

Құбылған қас-қабақтай дем арасы. Бірі – ескі,

алаңғасар ерке жасы, Секілді екі дүние шекарасы.

Уақыт –

екі ғасыр Өларасы,

Қазақтың əлі бейқам кең даласы. Жəрмеңке ...өтсе яки жасауылдар, Əйтпесе, шенді келсе елге аласы, Сол кезде бір сілкініп, бір оянып, Қалады, бір ойланып бел баласы.

Уақыт –

екі ғасыр Өларасы,

Дау-дамай қаңқу толы ел арасы. Еліріп елдің биі – «ел ағасы», Тұғыры, ойлайтыны –томағасы. Еңіреп, өксіп-өксіп... тұр дағдарып Жарлысы, жақыбайы, жалаңашы.

Уақыт –

екі ғасыр Өларасы,

Құбылған қас-қабақтай екі арасы. Бір дəуір – алдында тұр дар ағашы, Бір дəуір – өрмеледі өрге тасы.

Қазақтың Қояндыдай жəрмеңкені Көрген жоқ арғы атасы, бергі атасы.

Көрген жоқ мəймөңкелеп, жəрмеңкелеп, Сауда істеп, тиын тауып, сəлден тілеп. Өлшетсе кемдеңкіреп, сəлдеңкіреп, Көрген жоқ көмек сұрап, жəрдем тілеп. Көз сатып көрген емес жəне қазақ, Тасынан таразының дəрмен тілеп.

Алса алған –

дожыналап, долбарымен,

Алса алған – қадақ-қадақ салмағымен. Алса алған – құлаш-құлаш кезіменен, Алса алған –

ауданымен, аумағымен. Алса алған – байлығымен, сесіменен. Алса алған –

ұлпатанын ұлтанымен, Алса алған – босағасын көсігімен.

Ал берсе – үйір-үйір, қосақ-қосақ,

«Аз ғой деп үсті-үстіне асатпасақ». Бірінен біреуі асып, үстемелеп, Береді қанды қызыл қасап жасап.

Осылай,

осылайша елу жылдан,

Ақ патша жəрмеңкені желі қылған. Қазақтың кең даласын сол желімен Жұп-жұмсақ желбезекке жемі қылған.

Алмай-ақ түз елінен ұрып, тартып, Кісендеп жəрмеңкеге кіріптар ғып, Даланың бөрілерін алған матап, Бөрінің құны емес пе – құныққандық!

Қызғанған қызыл итке таланғанын, Білді ме, білмеді ме – талай қауым.

Ту қойға тарақ сатып алғанға мəз, Ту бие бір бүтіндеп жамауларын.

      • Қайттық, – деп, – Қояндыдан жəрмеңкелеп, Келгендер дес бермейтін елге ентелеп.

Иісі жоқ алдамшы бір иіс суды, Алғаны борша-борша термен төлеп.

Бұл қазақ əуей ел ме, əсіре ел ме, Тым жомарт – дəмімен де, асымен де. Тым жұмбақ күйімен де, əнімен де, Сөзге мəрт – байғазысы, бəсімен де.

Тым жомарт, тым жомарттық, тым мəрттігі, Морттығы емес пе екен – сынғақтығы.

Патша ағзам от шығарып біледі іштей, Ұрғанда бір қаттыға, бір қаттыны.

Жомарт деп жомарттыққа сене бермей, Жұмбақ деп жұмбаққа жол бере бермей. Тым мəрт деп мінезіне көне бермей, Патша ағзам ұстап отыр бұл халықты Торына тары шашқан бөденедей.

Қоянжым Қояндыны – иісмайлап, Ақ патша басқа-басқа бір істі ойлап. Көпеске балалайка, гармошканы Саттырып құлағына күміс байлап.

Думан ғып, жəрмеңкені даңғаза ғып, Еркіндік бергендей боп... елге жағып. Ішіне түз елінің кірсем дейтін, Ішінен сыр ала алмас пенде жарып.

Қоянжым – Қояндының жəрмеңкесі, Қазақтың келетін жер сал-серкесі.

Солардың арқасында араласып Жататын сахараның салқар төсі.

Айырбас ауыс-түйіс, мал мен мүлік, Қалмасын орны толмай əбден біліп.

Көлгірсіп көпес біткен... сөзден сыңай, Іздейді шыға ма деп əннен бүлік.

Біледі дүние жинап, дүние терген, Үйірілер қас-қабаққа бір көтерген. Үймелер қызыл көрсе құмырсқадай, Тауықтай жаңа төккен күлге төнген.

Жəне үйір жылтыраққа, жылтылдаққа, Бірінен біреуі асып, артылмаққа.

Күледі сылқ-сылқ етіп, сығыр көпес:

    • Бере бер, теміріңді алтын жақ та!

Күледі сығыр көпес сықылықтап, Күледі татар тілмаш сылқ-сылқ құптап.

Дей-тұғын: «сарт садағам!» сарт екеш сарт, Күледі майлап алған мұртын мықтап.

Саудагер европалық, азиялық, Арзанға түскеннен соң қазына, құт, Осынау дарқандығы дарақы елдің Қызықтап салт-дəстүрін, сөзін аңдып.

Сыр тартып суыртпақтап əр қырынан, Танылар талансыздық тағдырынан.

О, ғажап,

 қойдай жуас момын елдің Қайтерсің ақ алмастай алғырынан!

Əн қандай,

 кең даладай көмей қандай, Тойғандай,

ішпей-жемей тоғайғандай.

Осындай əн шығарған момын елдің Ішінде ашылмаған сарай бардай.

Мұңы ма,

махаббат па,

əлде үміт пе,

Əлде айтқан аманат па – мəңгілікке.

Əйтеуір қалдырған ел қалай болсын, Тарихтың бір шетінде белгі, нүкте...

Əр тұстан, əр қиырдан, əр тараптан, Келгенде сал-серілер əн боратқан. Манағы дүние қоңыз пенделердің Қалады дымы шықпай аруақ атқан!

Бұл кезде сығыр көпес, сарт сықсыңдап, Күлмейді... барлығының күлкісі сап!

Бұл өзі ырду-дырду думан да емес, Білгенге – ілкі сабақ, ілкі сынақ.

Көзге ілмей дүние-мүлік байды сыбап, Сөз демей билер айтқан шарғысымақ. Бөлектеу дүниеліктен, пенделіктен Бұларды ойлантатын мəңгі сұрақ.

«Бұлар кім?

Бунтарьлар ма біздегі» деп, Ұқсастық сығыр көпес іздеді көп. Серігі – əн-күй екен...

Сезігі сол – əн-күйдің айтары көп, іздері көп...

Əн мен күй. Мал мен дүние. Талан мен бақ,

Қоянжым – Қояндыда талайды арбап, Дүниеден өзі биік өнерлі де,

Келетін дүние құлы – талай зар жақ.

Дүние-ай,

 дүние деген шыр көбелек, Біреуге үлде менен бүлде керек. Біреуге рақат керек, мұң не керек, Біреуге байлық керек, жыр не керек, Біреуге патша керек, ел не керек, Біреуге ханша керек, күң не керек.

...Бір жылы Қояндыға келді Біржан, Күлкісі, күрсінісі мүлде бөлек.

Дүние көз алдында бір дөңгелеп,

Осы ойлар көкірегіне бір демде кеп, Тарылып кең дүниесі бара жатқан, Жіберді туған халқын жырмен жебеп.

«Базарың құтты болсын, ардақты елім, Қоянды ту көтерген думан жерім.

Қарқара, сұлу Көкше – жер шоқтығы, Сарыарқа алтын бесік асқар белім», – Деп келіп,

 қайырмасын қайран Біржан, Демімен жан-күйіне айналдырған. Аймақка алтын сəуле ұйытқандай Дүйім ел дем арасы қайран қылған.

«Мөлт еткен көз жасындай күміс көлін, Майда ескен қоңыр салқын жібек желің. Оқжетпес, Көкшетауды мекендеген Телқара ерке атанып өскен жерім», –

Деп келіп,

 қайырмасын қайран Біржан, Қайырып, сағынышқа айналдырған. Осында он-сан орыс...

басқа ұлты бар,

Мынау əн – бəрін бірдей ойландырған.

Мынау əн, мынау бір үн, мынау сарын, Татқызып сағыныштың шын кəусарын. Халқының көтерді бір рухымен Алдында саудагердің сынған сағын.

Дүниеге,

дүниелікке ділгер емес,

Бұл Біржан дүние қуып жүрген емес. Біржанға дүние-мүлік неге керек, Күнде той жүрген жері, күнде кеңес.

Бұл Біржан дүниелікке ділгер емес, Дүние үшін əн айтпайды күлді-көмеш. Біржандай айта алатын қайсың барсың, Біржандай бəріңде бар тіл мен өңеш.

Біржандай бəріңде бар тіл мен өңеш, Айналаң Біржан көрген бірдей егес.

Біржандай айта алатын

 қайсың барсың, Біржанмен жүректерің бірдей емес.

Біржанмен жүректерің бірдей емес, Бірге өсіп жүрсеңдер де бірге іргелес. Біржандай айта алатын қайсың барсың, Шындыққа тура келсе, міңгірлемес.

Бұл Біржан сондықтан да дара Біржан, Жүрекке халқын қалқан, пана қылған. Атағы асып кетті сондықтан да Атығай, Керей, Уақ, Қарауылдан.

... Сол Біржан – осы Біржан, қайран Біржан, Келе сап Қояндыны қайран қылған.

Біржанды «келеді» деп күтуші көп, Жиналған иісі қазақ ойдан-қырдан.

... Сол Біржан – осы Біржан, қайран Біржан, Келе сап қайран қылған, ойландырған.

Ішінде көп болыстың күтінулі,

Көз алмай Көлбай-Жанбай қара қырдан. Сонда да сырын шашпай томағалы,

«Келмесе кетсін, – дейді, – одан əрі, Бірдеңе аламыз ба, тəйірі алғырдан».

Біледі ел: Біржанның да мұнда барын, Ел мұңын өз мұңы ғып жырлағанын. Біледі ол Көлбай-Жанбай қитұрқысын, Ұмтылып Поштабайдың ұрмағанын.

Осы жол Көлбай-Жанбай қағып алып, Біржанға қолы жетсе бағы жанып кетердей бола-тұғын себебі бар,

мал мен бақ əулетіне əрі дарып.

... Бұл жылдар – соңғы жылдар Қояндының көтерген тек сауда емес – ноян жүгін.

Сауда мен саясаттың сыртын сылап, Ақ патша аямай тұр аярлығын.

Халықтың кіру үшін ішіне үңгіп, Табуға болғанымен не бір сұмдық! Алдымен Біржан сынды тентектердің Аузына салу керек темір сулық.

Айтқышын «айтағына» ергізе алса, Асауын қой торыға жеңгізе алса.

Көргіштің, көріпкелдің көзін байлап, Көнбістің ықпалына көнгізе алса.

Мінеки, бірінші айла – бірінші амал, Бұл айла – бұл халықка бұрын сонар. Құрықты салу керек білдірместен,

Жылдам ел – жылқы мінез ұғынса ығар...

Сондықтан Көлбай-Жанбай керек құрал –

Айласы іске асуға медет қылар. Буынын алу үшін бұл халықтың Жіберер буын құртын демеп бұлар.

Осы оймен күлəн көпес – Столетов, Мерезі іште шіріп, іште бекіп,

Тағы да бір айласын іске асырып, Тағы да бір мерейін үстем етіп.

Халыққа шекесінен қарамаққа, Өзгеден өзін биік санамаққа,

Біржанды Көлбай-Жанбай берсе матап, Оны да ұпайы үшін салмақ отқа.

Оны да ұпайы үшін уысқа ұстап, Түсірмек темір торға – құрыш қыспақ. Біледі ол «бунтарьлардың» бүлік тілі Қасарса қиып түсер қылышқа ұқсап.

Сондықтан Көлбай-Жанбай көсеуімен Көсейді ол ... қазақты өз кеселімен.

Бөрісін айдап салмақ, бөлтірігін, Салымен, серісімен, шешенімен.

Күпті еді Көлбай-Жанбай күтінулі,

Тіккізген Біржанға деп бүтін үйді. Біледі Біржан мысы жібермесін Байлыққа күшенуді, күпінуді.

Сонда да байлық буы бас игізбей, Көңілге алағызған басу іздей.

Өздерін алдарқатты: «Əуейге бір,

Үй тіккен бар ма аңғал, – деп, – осы біздей...»

Бұл ойды сыртқа бірақ шығара алмай, Тілдерін өзі тістеп шыдағандай.

Жаңа алған сеніміне Столетов, Сенерлік бар ма ықпалы... сынағандай.

Сенерлік бар ма ықпалы... сал-серіге,

Заманның араласып əр шебіне, Халқының ұқсайды олар өлшеміне. Солардың ең бунтарын ұстау керек. Егерде көнсе ыңғай, көнсе ебіңе.

Солардың ең мықтысы көнсе ебіңе, Көп амал керегі жоқ есебіңе.

Бунтарьға Біржан сынды, көпшік тастап –

Кейіннен айналдырмақ көсеуіне.

Біледі Столетов – кəрі сығыр, Дүние бір тегершік – бəрі шығыр. Алдаудың заңы – сауда саясаты,

Айдаудың бұл халыққа заңы – Сібір.

Бұл үшін Көлбай-Жанбай, Біржан да бір,

Қайсына ісі түссе – бір зауқайыр. Ұлдары отар елдің – бəрі де құл, Ешқашан күтпейді бұл құлдан қайыр.

Сал Біржан шаршапты да, шаңытыпты, Сонда да келді əн салып... жаны күпті. Созады қайырмасын «ардақты ел» деп, Ел-жұртын жан-жақтағы сағыныпты.

Құшаққа елін-жұртын сыйғыза алмай, Созады Біржан даусын... мұңды жандай. Мұңы ғой ел-жұртына махаббаты Қанбайтын мəңгі бақи бір құмардай.

    • Біржанжан!
    • Біржан құрдас!

(Біржанды танымайтын бір жан болмас.) Су сеуіп қанатымен Қояндыға Келгендей бола қалды бір қарлығаш.

    • Сен кімсің?
    • Атбасардан, ат айдаушы.
    • Сен кімсің?
    • Қасапшымын, һəм қайрақшы.
    • Сен кімсің?
    • Мен кереймін – шын кедеймін.
    • Анау ше!?
    • Ə, ол ноғай, сырнай-бақсы. Біледі – анау жалшы, анау малшы, Біледі – анау би де, анау даушы.

Біледі – анау бай да, əне Ылаушы, Ал анау – күпір көпес, һəм алдаушы.

Ал анау – бірді-бірге айдап салып, Даттаушы, жала жауып жамандаушы, Қоянжым – Қояндыда екі топ бар, Залалсыз жəне соны залалдаушы!

Ешкім жоқ бірақ соны айта алатын, Ешкім жоқ беттен қағып қайтаратын. Көргенде осындайды... сал Біржанның Үн-түнсіз қалатыны байқалатын.

...Шеттегі үй Біржан түскен көзге қораш, Бұл үйде бірақ қазір өзгеше нəш.

Калықтап қараша үйден əн қанаты, Жоқ еді əзіл-қалжың сөзде толас.

Біреулер біреулерге ілесе кеп, Біржанды көріп жатыр... Міне себеп!

      • Сайраған Орта жүздің дүлдүлі осы!
      • Азамат!
      • Ұл-ақ екен – үлесі ерек!

Ағылып əрбір тұстан жаппай халық, Қараша үй жəрмеңкеге кетті айналып Қоянды əн-базарға ұқсап тұрды,

Дау-дамай, сауда-саттық тоқтай қалып.

Біржанға айқара ашпас кім есігін, Сонда да қараша үйдің иесі кім! Иесі емес пе ертең, беу, бейшара-ай,

Көлбай мен Жанбайлардың дүресінің.

Иесі – орта шаруа, отты кісі, Маңдай тер, мехнатты ақтық ісі. Біржанның «Айтпай сұлу» əніндегі Айтпайдың жамағайын жақсы інісі.

Сал Біржан сонау жылдар көп салдыртқан, Адамға ақын ынтық асқан жұрттан.

Арқада аяулы ару – Айтпай сұлу Ұғысқан дос-жар еді қас-қабақтан.

Ал мынау сонда талай ат байлаған Бала еді, танып Біржан тоқтай қалған. Кешегі қимасының көзін көріп, Жанары жалғыз сəтте шоқтай жанған.

      • Ал, қалқам, бүгін сенде қонағасым, Іздемен ел төресін, ел ағасын.

Тек, рас туған жұртты сағынғаным, Өзің де білесің ғой ел арасын...

Хабар бер ел-жұртыма мен келді деп, Бұйырсын солармен бір адал асың!

Деп Біржан, қараша үйдің төріне озып, Қомданған сыпырғандай томағасын.

...Караша үй айналған кез əн-базарға, Осында сауық көңіл, сəнді ажар да. Ортада Орта жүздің дүлдүлі отыр Əлдекім менсінбесе алда-жалда.

Осында Қояндыға ағылған жұрт, Жеткізбей дүние – түлкі, сабылған жұрт. Дүниенің, пенделіктің құрсауынан

Бір сəтке босаған жұрт, арылған жұрт.

Созады Біржан даусын қоңыр қаздай, Халқынан,

ел-жұртынан көңіл жазбай. Жалғанның жалында ойнап, айтады ол

Қалмасын уақыт озбай, өмір тозбай.

Жалғанның жалында ойнап отырса да, Халқының мұңы толы ақыл-сана.

Жатқандай жүрегінде шемен болып, Жібімей сел ұрса да, от ұрса да.

Бұл кезде күйіп-пісіп Көлбай-Жанбай, Қыстығып, өз-өзінен қор болғандай. Анада хабар беріп, қолқа салған, Қолқасы енді, міне, жер болғандай.

«Осы жол Қояндыға келсе Біржан, Арнайы бізге түссін» деп шақырған. Біржанның көңілі биік,

қайдан білсін,

Кергіген байлығына екі антұрған.

Біржанның бұл қылығын кешіре алмай, (Ашуы тарқамайтын өшін алмай.) Даланың қанды балақ қорқаулары

Не шаппай, не шаба алмай, не шыдамай.

Іш қайнап, ұрынарға амал таппай, Қарайды қараша үйге қабақ қақпай. Көтерген Қояндыны өз басына Өзінен басқа мұнда адам жоқтай.

      • Көрдің бе, мынау иттің басынғаны-ай, Түсірсек екен мұның бəсін қалай!

Бейшара-ай, өз бақытын басқа тепкен Қасиетін не құндамай, не сыйламай.

Əйтпесе, ақ ордаға алты қанат Түспей ме... даяр тұрған сəн-салтанат. Əуелі ұлықтарға көрсетпей ме, Қазақгың күллі өнерін келсе арқалап.

      • О, пəлі-ай!
      • Молодец! – демей ме олар,
      • Бис-бис! – деп, жаны шығып жебейді олар. Молырақ асатады көмейге олар,

Шен-шекпен бере алады беделге олар.

Ал бірақ соны білер Біржан бар ма. Біржан ғой келе салған бұл жалғанға. Шалқақтап, шатқаяқтап заманына Өзі ырза,

Өзіне-өзі бұлданғанға.

Əйтпесе, қара табан көп қазаққа,

Əн айтып түсе ме адам текке азапқа. Өз атын өзі осылай қор қылғаны Өзіне қысастық па,

Жоқ, мазақ па!...

Əуей ме, Əсіре ме, Əулекі ме,

Жүрегін ашып-шашып елге түге, Білмейді, жақаурату, жалтақтауды, Шындықгы орнатардай жер бетіне...

Орнатар, Иə, орнатар, Ал, орнатар,

Түп-түзу сара жолдай заң орнатар.

    • Көреміз, – деді Көлбай, –

бас жағына өлгенде домбырасын ала жатар.

    • Қап бəлем! – деді Жанбай жанып көзі, –

Хан да өзі, қара да өзі, халық та өзі. Бұл иттің көз алдында өскен етті, Сылитын келген екен анық кезі.

Сөйткенше Біржанға да хабар жетті, Бұл хабар елеңдетті əлеуметті.

«Үйімде Қояндының игілері, Күтеміз... бəлкім Біржан келер» депті.

Ішінде қараша үйдің күлді Біржан, Күлді де бір күрсініп тынды Біржан.

    • Мен сонда ұлық іздеп келіппін бе?! –

Ішіне қаны қатып тұрды Біржан.

    • Мен сонда Қояндыға ұлық іздеп Келдім бе, сауда-саттық пұлын іздеп. Саудагер, көпестердің құнын іздеп, Жымысқы қулықтардың жымын іздеп, Жылымдай сұмдықтардың сырын іздеп.

Соларға қызмет ете келіппін бе, Əлде мен шен-шекпенге еліктім бе,

Əлде мен бақ-байлыққа қызығып па ем, Өзімді ел-жұртымнан бөліппін бе.

Өзімді ел-жұртымнан бөлдім бе мен, Бөлуге, бөлшектеуге көндім бе мен. Кеудемде бір мысқалдай мұңым бар ма, Еңіреп елге айтпаған, ел білмеген.

Халықтың жаралған жан зар-мұңынан, Зар-мұңын бағалайды барлығынан.

Біржанға бақыт, байлық неге керек, Халқының ажыраса тағдырынан.

Ендеше, сол Біржанды ел-халқынан Ешбір жан бөле алмайды бұл қалпынан. Біржан да қарсы хабар жөнелтті енді:

      • Жіберер емес мынау туған-тумам!

«Түскендей илеуіне құмырсқаның, Туғанын тапқан екен, туысқанын!» Деді де Көлбай-Жанбай, тартты ішіне Қанының қатып қалған бір мысқалын.

Кеш батты,

Іңір түсті – қоңыр салқын.

Қалың жұрт Қояндыда емен-жарқын. Осынау қараша қос маңайында

Қарсы алып жатты Біржан келген халқын.

Небір əн жерде қалқып, көкке өрлеген, Бүгіннің мұңын жалғап өткенменен.

Білгенге осы емес пе өз халқының Көкірек – көзін ашып кеткен деген!

Сол кезде шекетулі ағаш күйме Жақындап келе жатты қараша үйге. Осы еді күлəн көпес Столетов, Аңдатпай сұмдығын да, пəлесін де.

Жыландай жымын жауып, жылжи келіп, Мойныңа оралатын шынжыр болып.

Білетін қазақтардың ара жігін, Кететін ажыратсаң құн-жын болып.

Талай жыл Қояндыда осы əдіспен, Жан алған ылғи қанды-қасап іспен. Даланың қанын сору айла-амалын Үйреніп туғандай-ақ осы-ақ іштен.

Сұмдық та, сайқалдық та сыяды оған! Зымиян, ал өзінше – зиялы адам.

Дүниеге, атақ-баққа арын сату –

Қанына жөргегінде-ақ ұялаған.

Білген ол Біржан тегін əнші емесін, Көргісі келген сосын əуселесін.

Жетеді бұл қазақта əулекі əнші, Алатын «əлеулаймен» елдің есін.

Ал мынау...

ал мынаның даңқы бөлек,

Сипайды маңдайынан халқы да ерек. Халқына бұл айтады қатты-қатты, Түспеген тентек халық талқыға көп...

Бүл халық тезге көнбес, сөзге көнер, Ісі ұсақ,

ірілікті көздеген ел. Алауыз алтыбақан... ал сонда да

Ұйытқы ұйымынан безбеген ел.

Ақынның айтқанынан аспаған ел, Айланың құрығынан қашпаған ел. Ақынын төбесіне тік көтеріп, Əкімін ақынымен жасқаған ел.

Əнеки, соған мысал Көлбай-Жанбай, Намыстан əзер-əзер қалды-ау жанбай. Біржанға бір қолқасын өткізе алмай, Алдында дүйім жұрттың қор болғандай.

Осыны сезе сала Столетов, Мерейін асырмаққа үстем етіп, Келеді Біржанменен танысуға,

Іш мерез – айла-амалы ішке бекіп.

«О, Біржан! Мырза, Біржан! Сіз бе, Біржан!

Өнерге өле ғашық біз де бір жан.

Тəнті едім атыңызға сыртыңыздан, Талантсыз туа салған... сіз не қылған!..

Таңғалам,

Атыңызды естіп сырттан,

Сом алтын кездескендей ескі жұрттан». Сумаңдап күлік көпес – күлəн мінез, Табанда талай рет қас құбылтқан.

«Рақмет,

өнер сүйген қалпыңызға,

Бір дəстүр қанға сіңген халқымызда, Қазақтың тууы да, өлімі де – əн,

Əн біздің – сертіміз де, антымыз да!

Дəм берер шаршағанда, шалдыққанда, Əншіні сыйлайды елі – сондықтан да! Халықтың жүрегіне бұл қасиет, Адалдық ар ісі боп орныққанда, Халқының мұңын мұңдап,

Қарсы тұрар

Əншісі қорлықгарға, зорлықтарға. Халқынан айыра алмас сүйікті əнін, Иесін ажал алып, жер жұтқанда.

О, тақсыр, төрлетіңіз! – деді Біржан, Өнерді жасардағы көзсіздік пен Өнерді сүйе алудай Ерлік бар ма?!»

      • һм... – деді, – һм, – деп қалды көпес сонда, Тап болған жоқ екенмін топас жанға.

Көкжалдай көзсіз бунтарь осы шығар, Жүздесіп жаңа ғана бет ашқанда,

Жүзің бар, бетің бар деп қарайламай, Мынауың сөйлейді өзі қалай-қалай!.. Жүзіндей ұстараның қылпып тұр ғой, Ұстасаң қиып түсер абайламай.

Сезді ол ішкі есептен жаңылғанын, Бекерге қараша үйге сабылғанын.

Айламен алып түсіп, наркескеннің Шапқанын көрмек еді, шабылғанын.

Қолында ойлап еді ойнатпақты,

Ол үшін айла-амал да ойлап тапты. Сондықтан қол қусырып Көлбай-Жанбай, Үй тігіп, жағдай жасап, бəйек қақты.

Көзіне ілмегенін сездірмеуі – Біржанның əдеті еді бəз күндегі. Қылғынып Көлбай-Жанбай,

 қараша үйге Қарайды құртыменен көздің жегі. Мұндайда алып түсер жалғыз айла – Сынаптай бой балқытар сөздің жөні. Сол оймен күлəн көпес «шабуылға» Шыққанын тірі жанға сездірмеді.

«О, шіркін! –

Біржанменен тамыр болса, Түсетін алақанға салым қанша. Бір əні – бір отар қой, үйір жылқы, Тағы да зеңгі баба – табын қанша!

Ұстаса уысында Біржан салды, Қайырып қажеті не қырдан малды.

Бұл қазақ өзекжарды шындықты айтса, Өлімге бас тігерін енді аңғарды.

Ол үшін Біржандай от қолда ойнаса, Өртесең сол отпенен – қан қайнаса. Сол оттың əміршісі өзің болып, Өшірсең, «өлдім ғой» деп ойбайласа.

О, солай,

 солай шіркін, жолың болса, Қазақтың даласында алым қанша! Өзінің құзғынымен көзін шұқып, Өзінің бұлбұлымен жанды уласа».

Діттеген арманы осы – арамзаның, Асырған арам ниет – заман заңын.

Біржанды ол бір-ақ сəтте тани қойды Халқы үшін көзсіз, ессіз – жаралғанын.

Таныды,

таныды да тына қалды,

Сап тынды, сынық мінез – сынап əлгі. Біржан да бала емес қой танымайтын Сұрқия сырдаң мінез сұм адамды.

      • Сіз, Біржан таланттысыз?..
      • Онда не бар!
      • Құр бекер шашып жүрсіз...
      • Шашылса – аспанға ұшпас, жерде қалар.
      • Сіз сонда нарқыңызды білесіз бе?
      • Нарқымды халқым білер, ел бағалар.

Қырсық қой, қияңқы ғой, қой, мынауың,

Көрдің бе, қияс-қияс ой бұрауын. Халықшыл бунтарынан Ресейдің, Аузынан түскендей боп айнымауын.

Түспесін құрығына сезіп бірден, Көзінде жанған оттан сезіктенген. Бірер əн тыңдаған боп, түсінген боп, Содан соң күлəн көпес безіп берген.

Сол түні ол Орынборға хат айдаған,

«Арқада əнші бар» деп атойлаған.

«Ниеті патша ағзамға терісқақпай, Халықшыл, бұқарашыл – жат ойлы адам.

Халықты əніменен арбайды екен, Надан ел соңына ерсе – қалмайды екен. Түрі бар жүректерін жұлып берер,

Түбі оны назарға алмай болмайды екен».

Осылай Орынборға қарау хабар, Жөнелді... «жаңалығы» бар ойланар. Бұрын тек алым-берім мал туралы Немесе жүн туралы қанар-қанар

Құлпырып жете-тұғын қызыл өсек, Ел ішін оттай үрлеп, қаузап-көсеп. Бұл жолы əнші жайлы кетті хабар:

«Бұл елде бекер екен жау жоқ десек,

Сонда кім,

мынау əнші іріткі емей,

Əр сөзі бұйда бұзар – бүлік көмей. Заманмен жағаласып сөйлейді екен, Алдымда патша демей, ұлық демей.

Қайткенде болмас мұның бумай аузын, Тіл деген бірде тəтті, бірде жазым».

Осындай емеурінді еппен айтып, Жөнелтті ол Орынборға тіл қағазын.

Сал Біржан, ақын Біржан, əнші Біржан, Халқының жаралғандай жан сырынан. Сондықтан өсек-ғайбат өтпейді де, Тимейді көтергенмен қамшы бұған.

Сондықтан заманынан биік Біржан, Халықсыз – тосап судай түйық Біржан. Заманының қоңырауындай кеудесі бар, Зар-мұңы сол заманның ұйып тұнған.

Сондықтан ортасынан озық Біржан, Ел-мұңын ет жүрекке жазып туған.

Сол мұңын – шырқап салған сазы ұқтырған. Сондықтан қаймығады Көлбай-Жанбай, Сондықтан күлəн көпес безіп тұрған.

Біржан – ер, Біржан – көзсіз, Біржан – нəзік, Аз емес алдынан ор жүрген қазып.

Замана сауалы ғой – Біржан əні, Сұраған кімнен кінə, кімнен жазық. Қайтеді ол күлəн көпес көлгірлігін, Айырған Көлбай-Жанбай елдің жігін. Қайтеді ол

Қояндының жəрмеңкесін, Қоспаса ортақ оймен ер кіндігін.

Қайтеді ол дүние-жиһаз, мал-мүлікті, Онсыз да Біржан – Біржан, болды мықты. Біржанның қас-қабағын бақты халқы, Біржанның айтарына ел болды күпті.

Базары жəрмеңкенің əнге айналып, Жан-жақтан Біржанды іздеп, жауды-ай халық.

Атағын Қояндының осы күзде Əкетті Біржан əні шалғайға алып.

Сал Біржан сауық құрып, он күн, он түн. Босатып ділгірліктен елдің еркін.

«Базарың құтты болсын, ардақты елім!» Деп шырқап, халқын жинап жол жүрер күн.

Қол бұлғап, көзін шылап кете барған, Кеудеде өкініш пен жетеді арман.

Аттанып бара жатты ол Қояндыдан, Бүлікшіл, «бунтарь» деген атақ алған...

МАХАМБЕТ РУХЫНЫҢ МОНОЛОГЫ

І

Алағай да бұлағай

Ай дүние-ай, дүние-ай! Оң жағымнан бір соққан, Сол жағымнан бір соққан Омыртқамды опырып, Қабырғамды қаусатқан Орай да борай күнім-ай!

Сонау бір, сонау кездерде Емендей берік иықтан, – Зеңбіректің добындай! – Дүңк еткізіп Қаройды Құлап басым түскенде, Қаптаған қара дұшпаным Қорқырап аққан өңештен Қып-қызыл ыстық қанымды Жапырлап келіп ішкенде – Шыбын жаным сол сəтте Көкке шығып кетіп ед!

Шыр айналып шырқырап Жеті қабат сол көктің

Ең түбіне жетіп ед!

Мен сияқты батырдың, Мен сияқты ақынның – Деміменен от үрлеп, Шоқ сапырып жататын – Кеудесінен бұрқ етіп

Ұшып шыққан шыбын жан Көнер ме, сірə, ырыққа, Көнер ме, сірə, құрыққа!

Шыр айналып шырқырап Шыбын жаным ақыры –

Басқа түссе бас кескен, Тасқа түссе тас кескен, Кетіскенмен кектескен, Егескенмен өштескен Айналды ғой Рухқа!

ІІ

Мен Махамбет Рухы!

Азаттықтың жолында Азап пен сорды таңдадым! Əдірə қалды арманым.

Қапалықтан мұң ішіп Өз-өзіммен алыстым. Өкініштен у ішіп

Өз-өзіммен қарыстым! Кеше жерге сыймап ем, Енді бүгін шегі жоқ Көкке сия алмадым: Елімді ойлап егілдім, Жерімді ойлап Сөгілдім.

Айтқан сөзім шер болды, Аққан жасым көл болды.

Аппақ мақта секілді Ақ бұлттар үстінде Асыр салып ойнаған Періштелер келіп те Мен байғұсты жылаған Жұбандыра алмады.

Арғы заман түбінен Улап-шулап күңіренген Аруақтар да жиылып Уандыра алмады.

Қайғы менен мұңымның Таудай еді салмағы, Дауылдай еді сарыны, Ормандай еді қалыңы.

Төбелердей толқыны Төңкеріліп құлайтын Теңіздей еді дауысы. Сере-сере сеңдерді Бір-біріне мінгізіп Сол теңізге айдайтын Алапат еді ағысы.

Ондай мұң мен зор қайғы Қалай ғана шыдатсын!

Ондай мұң мен қайғыны Қалай ғана жұбатсын!

ІІІ

Көзден аққан сорасы Қара жерге құйылып Теміреткі – сор болған. Денедегі жарасы Шұбар тастай дөңкиіп

Кеуіп қалған шор болған. Ай, елім-ай, елім-ай!

Сыймай тұрар аспанға Қара бұлт секілді– Сыймай тұрар кеудеңе Қалың да қалың шерің- ай!

Еділ менен Жайықты Іле менен Ертісті– Бəрін жиып алып кеп Сорғалатып селдетіп Күні-түні құйсам да Əй, халқым-ай, бəрібір Қасат-қасат қайғыңды Жуып кете алмайды.

Тоғайларды жапырып, Ормандарды опырып Жүз-жүз жылдар жасаған Балтыры тастай бекіген,

Тамыры – терең, басы – ұшар Бəйтерек пен еменді

Тамырыменен қопарып Ұзынынан сұлатқан; Жерді қағып тулақтай Топырағын сапырып Жеті қат көкке шұбатқан Ап келсем де дауылды – Көкірегіңе шемен боп Қатқан қара жартастай Сенің қара қайғыңды Қуып кете алмайды.

Сеңгір-сеңгір өркешті, Керуен-керуен таулардың – Жалпақ алып сауырын

Қып-қызыл болып құтырған Найзағайлармен сабалап – Орындарынан тұрғызып Алдыма салып айдап кеп, Сенің алып қайғыңды

Сол тауларға тіркесем, – Сол таулардың бəрі де Қатар тұрып тартса да, – Сенің бірақ қайғыңды Жұлып кете алмайды.

Ойланса егер, ойлары Жеті қат көкке жететін, Толғанса егер, толғағы Жеті қат жерге жететін, Дүниенің ғұлама Асылдарын жиып кеп Жылдар бойы жылап мен Айтсам егер қайғымды, Ғұламалар бəрі-бір

Сенің түпсіз қайғыңды Түгелімен сезініп Ұғып кете алмайды.

Атаңа нəлет жалғанның Көзімді арбап бір алған, Көңілімді арбап екі алған Шетсіз де шексіз айдыны-ай!

Сол айдынға сыймастан Ағайын мен ағайын

Ат құйрығын кесісіп, Тар жерлерде қиысқан. Түндей болып қабарған, Киіздей болып ұйысқан

Шетсіз де шексіз қайғың-ай!

IV

Шамырқанса шарт кеткен, Қаһарланса парт кеткен Қарсы келген дұшпанның Ақырып басып арынын, Ақтарып шашып қарынын, Текедей тексіз бақыртып, Иманын көктен шақыртып Ажалға жанын тапсырған – Кеше де кеше күндерде Қандай да қандай ел едім. Кімдерден осы кем едім?! Қозғалып кетсем жөңкіліп Тастарды жұлып ағатын Сапырылған сел едім.

Арнаға сыймас арыны Сатырлаған сең едім. Он сегіз мың ғаламда Бар атамен тең едім!

Кімдерден осы кем едім! Кезеріп ерін, таңдайы Шөлдеп келген жан болса Алдында шалқып жататын Шалқар да шалқар көл едім. Ұясынан құлаған Балапандай шырылдап Панасыз қалған жан болса – Қолтығынан демеген

Нар өркешті бел едім. Қара ормандай көк едім. Төрге шықсам төбе едім! Төмен жақта жүре алмас Ақар-шақар таудағы

Құлжадай асқақ өр едім. Өшім кеткен дұшпанға Найзадай ұзын ызалы, Қылыштай өткір кек едім. Кеше де кеше күндерде Кімдерден осы кем едім?!

Қайран да қайран жерім-ай!

«Жатып қалған тайлағы Жардай атан болған жер! Жабағылы тоқтысы

Қой болып, қора толған жер. Шортаны қара бақандай, Бақасы сары атандай, Балдырғаны білектей, Баттауығы жүректей, Қымыздығы күректей, Сонасы қоңыр үйректей» Қайран да қайран жерім-ай!

Аспандағы бұлтты Алдымызға өңгеріп Ап кететін биік ек! Ежең де ежең егесіп Ерегіскен дұшпанға – Он екі қанат ордасын

Домалатып қаңбақтай! –

Дауыл болып тиіп ек! Торықтырған жанымды Тар кезеңге жолықсам Биік жардың үстінен Қара нардай қар асап, Мұздан көбе киіп ек!

Қаптаған қалың жылқымыз Қара судан өткенде

Қара судың бетіне Май қататын еді ғой. Май қататын суымды

Шоршып жатқан балығы Қара қазан секілді Қайнататын еді ғой!

Кедейімнің жұртында Бөтен елдің байлары Қызығатын зат қалған. Ұлдарым мен қыздарым Алтынменен апталған, Күміспенен қапталған.

Мыңғырған сан қойлардың Бір түнеген жерінде

Кере қарыс келетін Көн қалатын еді ғой. Қалың шөптің ішінде Енесінен адасқан Төл қалатын еді ғой.

Желп-желп еткен шудасы Түйелерім желдеген Жоталардай еді ғой.

Қара нарым сораптап Су ішкенде талтайып Жалғыз өзі бір көлді Қотарардай еді ғой!

Сондай да сондай ел едік! –

Он жастағы баласы Төбеге шығып шіреніп Көтерілтіп құс атқан!

Қандай да қандай жер едік! – Қоғасынан май шығып Құрағынан сүт аққан.

Билерім мен бегімнің Жеңді білек қазы мен Қымыз бенен шұбаттан Құрсақтары қампиған. Малай екеш малайы Жүре алмастан мамырлап Бұтқа толып талтайған, Сайран да сайран елім-ай!

Қайран да қайран елім-ай!

V

Сондай да сондай елімді Ақырында не етті?

Өзгелерден кем етті!

Тауға да ұрды басымды Тасқа да ұрды басымды. Жуынды құрлы көрмеді Асту да астау асымды. Даладағы шөптей ғып

Бір-бірлеп жұлды шашымды. Бауыздалып тамақтан

Қаным судай шашылды. Табалдырыққа салып таптады Ардағым мен асылды.

Кеше ғана қолыма Су құюға зар болған

Басынды дұшпан, басынды. Қалаларыма доп атты.

Доп атқанда мол атты. Төбеті алып алқымнан Шəуілдеген қандені Балтырымды қанатты.

Ұлтарақтан бес бетер Даламды кесіп талады. Сапырылып жататын

«Сандық толы сары алтын» Қазынамды тонады.

Алаң да алаң жұртым-ай, Пешенеңе тірліктен Бұйырғаны осы ма?!

Дұшпан түгіл сол кезде Күлкі де болдым досыма. Ұзын Еділ бойынан Етектей жерді алмадым.

Жайылып жатқан Жайықтан Сенектей жерді алмадым.

Осылай болды-ау ақыры! Құм ішінде адасып

Қыңсылаған күшіктей Қаңғып та қаңғып қалғаным.

Істік тұмсық бəлелер Текелердей бақылдап, Арымды ашып бүлдіріп Аруыма асылды.

Тыя алмадым мен сонда Қос жанардан ағылған Еділ менен Жайық боп Сорғалаған жасымды.

Тұлымдымды тұл қылды, Айдарлымды құл қылды. Атаңа нəлет қас дұшпан Жігерімді құм қылды.

Қара бұлт ішінде Жасындармен алысып Жата-тұғын жарқылдап Наркескендей намысым Тот басқаны сол болды. Қатепті қара нарлардың Қия бір жерден өте алмай Дұшпан жаққан оттардан Шоқ басқаны сол болды.

Аспандағы айдай боп Тұра-тұғын жарқырап Маңдайымды айырды. Қыран ұя салатын Бұтағындай еменнің Сіңір сүйек қолымды Артыма бұрап қайырды.

Көре-көре барлығын Айбалта тиген шыбықтай Үмітім де қырқылды.

Қара барқыт секілді Көздің жауын алатын – Қақ айырылып қақырап Қара жерім жыртылды.

Қорлық пенен зорлықтан Ел күңреніп жатты ғой. Қорлық пенен зорлықтан Жер күңреніп жатты ғой. Қорлық пенен зорлықтан Көр күңіреніп жатты ғой.

Бір қорлықтың үстіне Бір қорлық кеп құйылды. Бір зорлықтың үстіне

Бір зорлық кеп жиылды. Таба алмайтын кез келді Өзің тіккен үйіңді!

Əкесі мен баласы Атысатын кез келді. Сəл көтерсең басыңды Алайып қарар кез келді. Ағайынның арасын Арандатар кез келді.

Заман туды осындай Төзбегенді қуырып, Түтіп жеген төзгенді.

Етпетімнен жатқызып Мойыномыртқамды сындырып Басып тұрды-ау тіземен.

Көтеріліп орнымнан Қашан енді түзелем!

Дəл желкемнен соғылған Ізі жатыр келсаптың.

Сол келсаптың дүміне Қабырғамды күйретіп, Қарақұсты қаусаттым! Əй, құдай-ай, құдай-ай! Улап-шулап артымда Тоз-тоз болған елімнің Қалғаны ма жер қауып, Кеткені ме осылай

Құм мен күлдің ішінде Жан сауғалап, жан бағып.

Теңдік деген ұраны – Қазақ деген ел үшін! – Түрме болып шықты ғой, Елдік деген ұраны

Кете-тұғын ит сарып Ірге болып шықты ғой.

Ақырында ел деген Бірін-бірі талаған

Бүрге болып шықты ғой.

Сонан кейін еліме Үңірейген көздері, Үдірейген сөздері Əрең-əрең ілінген Сүйегіне сүйегі, Сояу тісі ақсиып Түсіп кеткен иегі. Дүниеден ұмытқан Қасиет пенен киені. Екі бұты шидей боп

Қарны кеуіп тырсиған Қабырғалары ырсиған Ашаршылық жетті ғой. Қасіретті етті ғой.

Қорадағы малымыз Қынадай болып қырылды. Даладағы жанымыз Шөптей болып жұлынды. Кімге айтамын қайғымды, Кімге айтамын мұңымды?!

Солай да солай, құдай-ай, Босаға да жүрді ғой

Өз елінде өз елім. Тасаларда жүрді ғой Өз елінде өз елім.

Соны ойлаған кезімде Қызыл қаны сорғалап Тілінеді жүрегім, Өртенеді өзегім!

Іріткендей іріді Менің асыл ұрығым. Құлақ кесті құлдықта,

Күлді-көмеш күңдікте Өтті менің ғұмырым!

VI

Қайран да қайран, жұртым-ай! Сайран да сайран, жұртым-ай! Аспан астын толтырып Кернеп бір кеткен шаттығым Көнбей де тұр ғой ырқыма-ай!

Елімді езіп ез қылған Жерімді түтіп тоздырған Азап күнім өтті ғой.

Көк байрағын көтерген, Ақбоз атын астында Күлдір-күлдір кісінетіп Азаттығым жетті ғой.

Мен Махамбет Рухы!

Мен сол кезде жөнелдім! – Жартасқа өскен еменнің Қарсы біткен шом өзек Бұтағынан идірген Сүйектей берік садақ пен Жау қанына шөлдеген, Ала өгіздей мөңреген Адырнадан атылып

Заулап ұшқан жебедей Жөнелдім ғой сол кезде Жерге қарай көгімнен!

Заулап ұштым жеріме! Заулап ұштым Еліме! Мен ұшқанда Көгімнен Қара аспанды айырып, Қара түнді тілгілеп, Қара ауаны қақ жарып

Ағып жатты жұлдыздар, Аппақ болып кетті ғой Жұлдыздардан шың-құздар!

Мен Махамбет Рухы! Заулап ұштым Жеріме! Заулап ұштым Еліме! Екпінімнен заулаған Айналам кетті тітіреп, Айналам кетті күркіреп.

От секілді соққанда, Оқ секілді соққанда Аспанымда жиылған

Ауқым-ауқым бұлттар – Қораға жиған шөптердей! – Жанып кетті лап етіп.

Сол бұлттарды қақ жарып Ойнап жатқан жасындар Екпініме шыдамай

Сөніп қалды жалп етіп.

Түстім келіп Жеріме! Түстім келіп Еліме! Еділімді екі аттап, Жайығымды бір аттап, Нарынымды үш аттап, Теңізімді құшақтап, Қуанышымды арқалап Жерді кезіп жөнелдім, Елді кезіп жөнелдім.

Ішіне де сыртына Əулиелер жинаған, Жаратқан жалғыз Құдайым Шапағатын сыйлаған– Далада жатқан Қаратау!

Қасиетіңнен айналып Суыңды іштім зəмзəм деп, Əмбиелердің демі деп Желіңе бетті тигіздім.

Маңдайына сол таудың Маңдайымды тигіздім!

Сол, сол кезде, сол кезде, Тебіренген Қаратау Тұрып кете жаздады-ау! Жүріп кете жаздады-ау!

Қуаныштан шалқыған Əрі қарай кеттім мен. Алатауға жеттім мен! Бауырына құладым Кернеп кеткен шаттықтан

Солқылдап сонда жыладым. Шалқып кетті Алатау, Толқып кетті Алатау!

Ысып кетті оттай боп Қара суық ызғары.

Күтір де күтір бұзылып Денесіне жабысқан Құлап жатты мұз-қары!

Ұлытауға бардым да Ұлағатты сездім мен. Маңғыстауды кездім мен. Баянтауды кездім мен.

Көкшетауды кездім мен. Шыңғыстауды құшақтап Ұғып тұрдым ғаламат Құдіретін сөздің мен!

Алтай тауым қарсы алған Арқасына мінгізді.

Шыңдарына шығарып Олай да бұлай жүргізді. Желді жұмсап сонан соң Хандар ғана отырар

Ақ шатырдай ақ бұлтты Дəл төбеме ілгізді.

Сарыарқамның үстіне Жеті жасар баладай

Жеті күн бойы аунадым. Желдей есіп зауладым. Нөсер болып сауладым. Шөп боп өсіп қауладым. Шешілгенді байладым, Үзілгенді жалғадым.

Түн де құштым, күн құштым. Қаздарменен қаз болып, Аққулармен аққу боп, Сұңқарлармен сұңқар боп– Құстарменен бірге ұштым.

Қуаныш пен шаттыққа Толып кеткен мелдектеп Бара жатты қызық боп Бір күнімнен бір күнім. Бостандық алған елімнің Асып тұрды айбары.

Күміс болды құйылған Қыздарымның тұлымы. Алтын болды құбылған Ұлдарымның айдары.

Мен Махамбет Рухы! – Азаттығымен Елімнің Мен осылай табыстым, Мен осылай қауыштым!

VII

Мен Махамбет Рухы! Ау, Елім-ау, Елім- ау! Енді ғана өз қолың Өз аузыңа жетті ғой. Атаңа нəлет азап күн

Келмеске енді кетті ғой.

Дегенменен, Елім- ау! Жан-жағыңа қарап ал. Ала жібін тастайтын Араңда əлі ала бар.

Шала-шоғын тастайтын Араңда əлі шала бар.

Қарап ал, Елім, қарап ал! Байлық жатыр қампайған Қойыныңда, қомыңда.

Сол қойныңа көз салған, Сол қомыңа көз салған Жапырлаған ел жатыр Шығыс пенен Батыста, Оңың менен солыңда.

Қиын-қыстау асу бар Жүре-тұғын жолыңда.

Айыра біл, Елім-ау, Досың менен қасыңды! Ешкімге име басыңды Тізеңді бүкпе ешкімге! Басыңды иіп қор болсаң Жанбай жатып өштім де!

Бірақ, Елім, тыңдап ал! Болдым, болдым, болдым деп Талтайта берме бұтыңды Толдым, толдым, толдым деп Томпайта берме ұртыңды.

Бұзатын іс бұл шырқыңды.

Ау, Елім-ау, Елім-ау! Мен Махамбет Рухы! Сенің тұла бойыңа Қуатымды құям деп Бұл дүниенің үстін мен Əлі талай кеземін!

Тайғақ бола көрмесін Сенің асар кезеңің.

Жарқырап жатсын көлдерің, Сарқырап ақсын өзенің.

Ғасырлардың түбінен Күре тамырмен нəр алған

Жанартау құйған құрыштай Берік болсын Өзегің!

ҒАРЫШ-ҚАЗАҚ

Бастау

Уа, Тоқтар – құрдасым! Бұрдым саған жыр басын. Бар болмысың – бөлекше, Сен – ерекше тұлғасың.

Ұшып барып, қырансың –

Мекендеген күн қасын. Барар жерге бір бармай, Жетер жерге бір жетпей – Белгілі ғой тынбасың.

Бағың – айдай жарқырап, Сағың – əсте сынбасын. Жұртың сенің – сырласың. Халқың сенің – мұңдасың. Жігіттер жүр жаныңда, Күш-жігерін шыңдасын.

Салмайсың ғой көзіңді, Бір көруге өзіңді Сұлулар жүр сыланып, Тағып – жүзік, сырғасын.

Қатар қойса өзіңмен, Қазір сенен кім басым?! Дау келсе де алдыңа, Жау келсе де алдыңа Белгілі ғой, белсеніп – Қиналып та, қымсынып, Қыңқ етпесің, қыңбасың.

Мұқатқан да кекеткен, Тартса дұшпан етектен, Түсінгенге бұл да – сын. Тұлпар десе – тұлпарсың, Сұңқар десе – сұңқарсың.

Жоғалтпайтын ешқашан –

Сыры менен сымбатын. Алаяқтар алыста, Жақындауға қымсынып, Сұрқы бөлек сұмырай Көрсетеді сұлбасын.

Тайраңдаған талайды Тəубесіне келтіріп, Тақымына қылбұрау Сала алмасаң, дүние-ай, Өзің сынды ұлға – сын. Демеген ғой Хадисте – Қазынасын халықтың Ішіп-жесін – жырғасын.

Өзге емес, өзіңсің – Қимасым да, қымбатым – Мақтанышпен ұрпағы, Айтып жүрер күнде атын! Азаматсың ең ізгі, Айналасың теңізге – Барлық өзен бағытын Саған қарай бұрғасын.

Ағызады бар бұлақ Саған қарай жылғасын. Көрсетеді уақыт –

Кім бəкене, кім басым? Тартып туған тегіне, Шырқап шыққан көгіме Тұңғыш рет қазақта

Сенсің нағыз – шын батыр! Ұранысың ұлтымның – Сырбаз сұлтан сүйікті,

Кең кеуделі, иықты. Арна тартып аспанға, Сен таңдадың биікті.

Мен айтайын, тыңда сыр... Сенің салған жолыңды Жалғай берер ұрпағың, Өтсе-дағы – мың ғасыр!

Қарқаралы құшағында

Бұл тауды – атышулы Арқадағы, Ежелден ел біледі – Қарқаралы. Құшағы – қалың орман, Көгілдір көл, кең дала –

Жасыл шалғын – шартарабы.

Шыққан соң бір шомылып Шайтанкөлге, Бет түзеп ауылыңа қайтар жерге, Алдыңнан Мамыр деген ауыл шығар, Кеткен соң көтеріліп қайқаң белге.

Мамырдың мыңғырған мал маңайында, Тағдырдың сан талапай талайында

Бұл дала берекелі мекен болған

Кең жайлау – көшіп-қонған ағайынға.

Сарыарқа – сараласаң қай жағын да, Құрт пен май, кім татпаған қаймағын да? Жиын-той қысы-жазы арылмаған Қашаннан Қарқаралы аймағында.

Əсем күй, əн мен жырдың мəңгі өлкесі, Əсерлі сұлулықтың сəнді еркесі.

Алдыңда ізі жатыр, аттап бассаң, Атақты – Қояндының жəрмеңкесі.

Қоянды жəрмеңкесі қойнында – Тарихтың өткен талай тойы мұнда. Аянып қалмаған жұрт осы арада Салтанат – сауығын да, ойынын да.

Қоянды – Біржан салдың барған жері, Ақанның аңыраған арманды елі.

Топ жарып Жарылғапберді, Айтбай ақын, Құмары қалың елдің қанған жері.

Даланы уысында ұстағасын, Дұшпандар қалай оны қыстамасын?! Əдейі шаршы топта шалқып тұрып

Мəдидің шырқаған жер – «Үшқарасын».

Ақ мұнар Таудың басын шарпыған жер, Аққулар айдын көлде қалқыған жер.

Сүйгені осы арада теңін тауып, Күйлері Тəттімбеттің шалқыған жер.

Қауқылдап Қариялар кеңескен жер, Саңқылдап Сұңқар – қыран тел өскен жер. Маңайын Мамыражай шуақ билеп, Майраның Майдақоңыр əні ескен жер.

Сұлулар сүмбіл шашты, қынаған бел, Ептілік, ерлігімен ұнаған ер.

Қайыспай – қалың елі қайран қалып, Қажымұқан қайрат-күшін сынаған жер.

Ерлердің талай бағы жанған жері, Кəусардан – жан сусыны қанған жері.

«Бір өзі – бір театр» – Қалибектің Шыр етіп, кіндік қаны тамған жері.

Неше бір көсемдердің, шешендердің Көрді жұрт кер жорғадай төселгенін. Уақыт сылып алып, тұла бойға Уытын таратпады кеселдердің.

Содан ба, бойда шапшып намыс қаны, Бас қосып жақындағы, алыстағы, Көбейіп кең өлкенің көкжалдары, Даланың туды небір арыстаны.

Ол кезде бастан бақыт аздау ұшты, Керімсал, көктем көңіл жазға ауысты. Қазаққа қазына мен құт сыйлаған Қазыбек – кəдуілгі Қаз дауысты!

Қазыбек қаз дауысты – бидің биі. Болуы заңды – ықылас сыйдың жиі. Дауларда шашасына шаң жұқтырмай, Топ жарып өте шығар тұйғын күйі.

Бəріне куə соның Қарқаралы, Жалғанның жалпақ жатқан

Жарты аралы, шапқанда суырылып тұлпарлары, Қалады қуырылып жер танабы.

Жалғасып бір-біріне аспан-жері, Құтылып кете алмаған қашқан бөрі. Құда боп Құнанбайға шырт түкіріп, Алшаңдап Алшынбайдың басқан жері.

Қол ұшын беріп талай қысылғанға:

    • Жаратқан, бұра гөр, – деп, – ісімді оңға, – Қалада – Қарқаралы мешіт салып, Құнанбай тəуеп еткен мұсылманға.

Көрініп əділдігі қазылықта, Осылай тіл тауыпты өзі жұртқа. Намазын бес уақыт қаза қылмай, Құнанбай екі барған қажылыққа.

Халқына берген билік бағасы ұнап, Қалың ел Қаракесек – жағасы бақ. Абай да Қарқаралы қаласына Келіпті талай рет нағашылап.

Келгенде нағашы елі – Қалың Шаншар, Қуанып қалады екен жаны кəусар.

Абай да араласып кетеді екен,

Ел іші тұра ала ма болмай дау-шар?

Бəріне жүріпті Абай араласып, Көрмеген айтар сөзден ол адасып.

Шаншарлар: – Нағашыға тартқан ұл! – деп Мақтапты жан-жағынан қамаласып.

Көңілге қашан болсын ауыл – көрік. Қиялға қосылады дауыл – желік.

Абай да талай рет таңырқапты

Қара орман – Қарқаралы тауын көріп.

Аңыздар бұл өлкеде анық үстем, Алаулап өлең деген жалын іштен, Буынан боз даланың шабыт алып, Суынан Тасбұлақтың қанып ішкен.

Қайыңды, Қарағайлы Қарқара тау... Болғандай бар адамға ортақ отау.

Өзі де «Қарқаралы» деген сөздің Өзгеше, неткен ғажап дарқан атау?!

Жайына – жайбарақат жата алмастан, Бұл жерді аяғымен Ахаң басқан.

Алты ай қыс ақ түрменің дəмін татып, Қиналған хабар-ошар, хат алмастан.

Кездер көп бұл жалғанда ғапыл басқан, Жас жігіт жүре ала ма шатылмастан?

Патшаға «Петиция» жасамақ боп, Ақбайдың Жақыбымен ақылдасқан.

Ел солай бүлінген соң іргесінен, Тарихтың қалай қалмақ құр көшінен?! Ақыры қуғын-сүргін, алас-күлес, Семейдің бір-ақ шыққан түрмесінен.

Зұлматтың сиқы осындай жат орнатқан, Түсірген тұзағына – қатал қақпан.

Ол аздай, бұл Семейдің түрмесінде Əлихан Міржақыппен қатар жатқан.

Тарихтың сөз бастасаң мысалынан, Жалғанда аз болмаған құсалы жан. Патшаға ең алғашқы қарсы шеру – Басталған Қарқаралы құшағынан.

Кейіннен бұл өлкеге кеңес келіп, Тарихта қалды ол да белес болып. Жетпіс жыл ту даланы теспей сорып, Бұл күнде өкінішті ол – естелік.

Жаңбырдай қара аспаннан қайғы бүркіп, Биелер іш тастады... Айғыры үркіп.

Қазақты таққа бөліп таластырып, Кедейге – көпшік қойып, Байды құртып.

Осылай əр ауылда кеңес құрып, Зорлықпен бай-кедейді теңестіріп,

Ежелден еркін елдің есін алды –

«Коммунизм...» дегенді елес қылып.

Болмайды коммунизм – болған емес! Бəрі де бұралқы сөз – жалған елес! Бостандық – басыңдағы еркіндігің, Бұл бақыт – көрінгенге қонған емес!

Бірақ ол бəрінен де болған епті, Жусатып, бай, байшыкеш, молда, бекті... Жетпіс жыл қалың елдің қанын сорып, Келмеске коммунизм ол да кетті.

Осылай өтті дүние, өтті дəуір. Халықты тұралатып көп күн ауыр. Даланы бір сілкінтіп тастау үшін Желдетіп, жеделдетіп, жетті дауыл.

Бəріне куə соның Қарқаралы, Халықтың қайтқан күнде бар талабы. Қашанда – ел аманда, жер аманда – Жақсылық жарып шығып жол табады.

Бас құрап арман-үміт тоғысқан соң, Ел-жұртым ерлік жасап табысқан соң, Күн туды əлеуметке мамыражай,

Бес жылғы ойран-асыр соғыстан соң!

Тоқтар туған күн

Мың тоғыз жүз қырық алты – жыл көшінде, Атақты Қарқаралы іргесінде

Шыр етіп дүниеге Тоқтар келді Жайнаған жаз айының шілдесінде.

Су толып өзен-көлдің кемеріне, Құлпырып қайыңы да, емені де. Жазылып жалпақ елдің арқа-басы, Жаздың да келген кезі кемеліне.

Төбеден төнгенменен күміс күні, Көп аса сезілмейді күн ыстығы.

Бөленіп ақ бесікке бөлек дүние –

Даланың тербеліп тұр тыныштығы.

Бір сəтте – жасағандай мінажатты, Таулардың тас төбесін қына жапты... Болды да аспан асты – ағыл-тегіл, Сарқырап, сай қуалап бұлақ ақты.

Айдынды күні-түні паналаған Аққулар қос қанатын сабалаған. Бұлттарын будақ-будақ бұрқыратты Тып-тыныш тұрған аспан бағанадан.

Мүлгімей тыныштықта мүлде асығып, Кеткендей гүлдің бəрі қырға шығып. Білгенін табиғат та жасап бақты,

Күн көзі бір ашылып, бір басылып.

Найзағай – жарқылдаған жаудың кəрі, Назарын жалпақ елдің аудырғалы Жиылып Қарқаралы құшағына Қосылып кеткендейін таудың бəрі.

Осы еді – о бастан-ақ арман күткен. Даланың қыр арқасы талған жүктен. Тығылып Қарқаралы қолтығына, Бір жерге жиылғандай орман біткен.

Жарғаққа тимегендей жар құлағы, Тағдырдың жетпегендей жарлығы əлі. Тоғысып бір арнаға толас таппай Даланың құйылғандай бар бұлағы.

Онсыз да күн қызығы аз болғандай, Айдынға сансыз аққу-қаз қонғандай. Кешегі қиян-кескі соғыстан соң Табиғат тұңғыш рет мəз болғандай.

Ел-жұртым артқа тастап ауыр күнді, Сонымен жел басылып, дауыл тынды. Болмаса төтеп берер тегеурінің, Бостан-бос бере қоймас жау ырқыңды.

Шаттықтан жарылардай жер жүрегі, Жырлайтын қуаныштың келді жөні. Қалған ел есеңгіреп, соғыстан соң

    • Сəбидің үнін естіп елжіреді.

Бұл қазақ мəпелейді отбасын көп, Ардақтап аталарын: «текті, асыл», – деп. Есімін жас сəбидің «Тоқтар» қойды:

«Бар қырсық осыменен тоқтасын!» – деп.

Əлемде бейбіт заман орнасын деп, Əуенін тыныштықтың толғасын деп, Қол жайып, бата қылып тіледі жұрт:

«Бұл қырғын енді қайтып болмасын!» – деп.

Өтеді уақыт солай жоқ-барменен, Алмасып жақсы-жаман шақтарменен. Тəу етіп, дүние тұрды дүйім елге

Үн қатып:

    • Тоқтар!
    • Тоқтар!
    • Тоқтар! – деген.

Бірақ та уақыт шіркін тоқтамады. Жанарын келешекке көп қадады. Алтын күн күміс шуақ төгілдіріп, Халқымның қайта жанды бақ-таланы.

Тарихы туған елдің хатқа көшіп, Бұйырып адал дəм-тұз татқан несіп, Кең дала – Қарқаралы құшағында Осылай келе жатты – Тоқтар өсіп!

Балалық шаққа саяхат

Ол ылғи жүгіреді тауға қарай. Зымырап, зулап сонда заулағаны-ай!.. Өзенді, көлді тіпті бір-ақ аттап, Кедергі болмас оған тал-қарағай.

Жүгірсе алды-артына бір қарамай, Өзгеше жаратылған бір баладай.

Жалаң бас, жалаң аяқ жүгіреді

Ол ылғи – ылдиға емес, қырға қарай.

Əзірше елі-жұрты жүр аңғармай, Кеудеде ұлан-асыр ұран бардай. Бұлттармен араласып, қиял кезіп – Қияға құйқылжиды қырандардай.

Нұр шашып жанарынан өрген арай. Орыны табатындай төрден орай.

Көңілі алабұртып бала бүркіт Тартады – төменге емес, өрге қарай.

Қашанда көтеріңкі иық, кеуде. Кетердей көк аспанға тиіп кейде. Əуелден аласаны місе тұтпай, Ол өзі – бейім тұрар биіктеуге!

Өзінше ойнап жатса бала біткен, Бағзыдан бұл қызықты дала күткен. Қарайды ол бəріне де тым биіктен, Қайыңдай – шың басына дара біткен.

Берген соң тал бойына дала нəсіп, Биікке қай кезде де бала ғашық.

У да шу – балалардың ойынына, Шыдамай, кетер сосын араласып.

Сол сəттен алау оттай ойын қызып, Сен-дағы тұра алмассың бойың қызып. Көргендей боласың сен кең далада – Дүрліккен дүниенің тойын қызық.

Мəз болып балалар да Тоқтарына – Ойынның кіріп кетер көкпарына. Əр үйдің бұзығы да, қызығы да, Жойдасыз жүгенсізі, ноқталы да.

Қосылып ұзыны да, қысқасы да. Жосылып ересегі, тұстасы да.

Қазағы орысымен араласып, Көрінер небір ұлттың нұсқасы да.

Табылар, бəрі-бəрі табылады. Күресте көрсетуге бағын əлі. Болса да қанша бала осы топта, Барлығы бір тоқтарға бағынады.

Белдессе – жықпағанын, жыққанын да, Сөйлессе – ұқпағанын, ұққанын да, Ым қағып тəубесіне келтіретін –

Бəрі де бір Тоқтардың ықпалында.

Ішінде бұзықтарын, сотқарларын, Əлжуаз, момын болып шет қалғанын, Шетінен байлап-матап қойғандай-ақ, Ұстайды былқ еткізбей Тоқтар бəрін.

Бөлмейді – жатың ба əлде туысың ба? Жарасаң жетіп жатыр жуысуға.

Қыспайды, қинамайды, сөйте тұра, Ұстайды Тоқтар бəрін уысында.

Алаулап бойындағы жалыны ішкі, Жаралған жаны – жайсаң, тəні – күшті. Балалар қарасирақ бұл ауылда Тоқтарға бəрі бірдей бағынышты.

Атойлап ол да талай шығып еді, Бұзықтар қорқып одан бұғып еді. Баласын біреу сабап кеткен жандар Тоқтардан көмек сұрап жүгінеді.

Тоқтарға бəрі құштар жолығуға, Оңтайлы – оны қолдап, оны ұғуға. Сонан соң бəрін барлап, бəрін аңдап Қояды Тоқтар өзі орынына.

Сүйеді анасы да жаны үздігіп, Біледі перзентіне парызды жұрт. Тоқтарды бала жастан ауылдастар – Айтатын əрбір ісін аңыз қылып...

Бір жаста – бесігінде бұлқынады, Екіде – еңбектеуге ұмтылады.

Үш жаста – үкілеген үміттей боп, Қияға қанат қағып зырқырады.

Төрт жаста – төсегінен атып тұрып, Тұлпардай тұғырында жұлқынады. Бес жаста – бесенеден белгілі боп, Белдеуде байлаулы аттай бұл тұрады. Алтыда – айқасқанын алып ұрып, Талайдың шыбын жаны шырқырады. Жетіде – желігінен бір басылмай, Белгісіз қайда барып бір тынары.

Сегізде – серке санды тұлпар мініп, Тау-тастан табылмады бір тұрағы. Тоғызда – толысқанын енді біліп, Жанғандай жанарының нұр-шырағы. Он жаста – орда бұзған батыр сынды, Белгілі – биігіне бір шығары!

Жігіттік жолы

Өзгеден өсті Тоқтар ерек болып, Бітімі, болмысы да бөлек болып. Əр ісі, əр қимылы əлем үшін – Кəдеге жарайтындай керек болып.

Біршама тұла бойы – тұлғасы да. Шыршадай тұрақтаған шың басына. Жүргені, тұрғаны да, отырғаны – Лайық көрінеді бір басына.

Түр-түсі – тамылжыған таңғы бақтай. Күлкісі – жанға жайлы бал-бұлақтай. Кей сəтте тым мазасыз күй кешеді, Тыпыршып – кермедегі арғымақтай.

Көңілі – кейде шалқар көлдей болып, Кей сəтте тарылады – шөлдей болып. Бір сəтте, алай-түлей, салқар дала – Сарнаған сарыарқада желдей болып.

Қабағы бір ашылса – жаздай болып, Айдынға қонған аққу-қаздай болып.

Қабағы бір жабылса – қыран дүние, Көрінер көптің өзі аздай болып.

Кей сəтте – жайлы, жұмсақ – гүл өңденіп, Тұрғандай дайын тұлпар – мінер көлік.

Кей сəтте тамағына тас тығылып, Кетеді тамырлары білеуленіп.

Бір сəтте – жанарынан жалын күліп, Кетеді нұр-шуаққа малындырып.

Бір сəтте – дүлей мінез дамыл бермей, Кетердей дүниенің бəрін қырып.

Бір сəтте – мəз болады баладайын, Бір сəтте – қозғалады данадайын. Бір кезде – көрінеді таудай болып, Бір кезде – керіледі даладайын.

Жүрегі – ағайынға жуыстығы, Тілегі – туған елдің тыныштығы. Байқасаң бір басынан байқалып тұр Тұлғасы – табиғатпен туыстығы.

Келтірмей келте уақыт – қанша ырыққа, Тұрса да аңсары ауған аңшылыққа,

Қол ұшын берген талай ағайынға Тайталас, тайғақ кешу, таршылықта.

Үздігіп əлденеге елікпеген,

Қыз қуып бəзбіреудей желікпеген. Келтіріп тұлғасын да, сымбатын да Табиғат аямай-ақ көрік берген.

Жігіттің жөні бөлек – иықтысы, Қызығар қыз біткеннің сүйіктісі. Қазір-ақ қарасынан көрініп тұр Түбінде бір болары – биік кісі.

Зерделі – көңіліне тоқу ғажап. Шабыттың жүректегі отын қаузап. Жігіт ол – жеті жұрттың тілін білген, Тас түйін, спортта – үздік, оқуда – озат.

Жігіт ол – арғымаққа, атқа құмар. Тағдырдың қатал дəмін татқаны бар. Əнге де – əуестігі байқалады,

Аз-мұздап айта-тұғын тақпағы бар.

Болмады бұған бөтен бұрынғы жұрт. Кеткен жоқ дəстүр-салтқа қырын жүріп. Өңгерді қанжығаға кіл «бесікті», Меңгерді – техника тілін біліп.

Білмесе – білгендерден сұрап білді, Бұзылса – бұзылғанды құрап білді. Ұршықша иірді ол игілікке – Мінгенде машина мен тракторды.

Жасынан азамат боп үміт ақтар, Ел-жұрты ерендігін біліп мақтар. Қырандай Қарқаралы құшағынан Қияға қанат қақты –жігіт Тоқтар!

Теміртауда

Ерен жігіт еңбек жолын – Теміртаудан бастаған. Арман толы аспан көңіл, айналасы – асқақ əн. Қилы күндер құшағында қимылына ісі сай, Қиналса да – қиындықтан қашпаған.

Қайсар жігіт қайыспады, тура жүріп, тік басып. Жүрген де жоқ бəзбіреудей, жиын қуып, жұптасып. Қызметті ойламады, қызығына батам деп,

Тірлік етті – «трестерде» күні-түні жүк тасып.

Шебер жігіт шен қумады, шеп құрмады – шегендеп. Шоқты қаузап, шойын құйды қиындықты көгендеп, Өміріне өрнек тартып, өрге қарай ұмтылып, Бəзбіреудей жоспар жасап, бастық болам деген жоқ.

Тай тұяғы тасқа тисе тағасы да болған жоқ. Арқа сүйеп ардақ тұтар ағасы да болған жоқ. Ертелі-кеш алған істі алшысынан түсіріп, Күні-түні еңбек етсе, бағасы да – болған жоқ.

Дүниенің барлық жүгі иығына тиеліп, Бар жақсыны бір өзінің жүрегіне ие ғып, Теміртауда жүрді жігіт тепсе темір үзетін, Тек өзінің ақылы мен қайратына сүйеніп.

Қарайлап та қарамады, айналасы толған қыз. (Қызық қуып біз де талай Теміртауда болғанбыз). Əміріне көнген жоқ ол, əлдекімнің сөзіне, Тəңіріне сиынары – құдай жалғыз, ол жалғыз.

Жалғыздыққа жалықпайды, елмен бірге – жүрегі. Майырылмас қолындағы қайласы мен күрегі.

Ажырамас туған жерден түлеп ұшып кеткенше, Ұлтпен бірге, жұртпен бірге арманы мен тілегі.

Ерлік жасау ойында жоқ, ел меселін қайтармай. Бақ пен ырыс бір басында төгілмей де шайқалмай.

Кеуде керіп, «мен бармын!» деп мінбелерде сөйлемей, Теміртауда жүрді жігіт – білінбей де байқалмай.

Теміртауда жүрді жігіт – тұла бойдан тер төгіп. Алаулаған, жалаулаған от жүрегі – өртеніп.

Тағдыр дəмі кермек қандай, татып-білген кісіге, Ер көңілге ермек болмай, ерте кеткен – еркелік.

Теміртауда жүрді ол да, түскен жоқ ол – аспаннан. Ізде оны жасыл гүлден, бүршік атқан жас талдан. Сол кездегі жүздің бірі, мыңның бірі секілді, Тоқтардың да еңбек жолы – Теміртаудан басталған!

Токарь болды – нөпір жолды байқау үшін ол алдан. Құрыш дене ұлы істерге үлгі болып жаралған.

Əр қияға – партияға мүше болып кірген жоқ,

Не болса да басқа түссе – көремін деп таланнан.

Елмен бірге еңбек етіп, темір жонып заводта, Теміртауда, не бір таңда, күйіп-піскен о да отқа. Жалындады, дамылдады – қайта кірді айқасқа, Тайғанақта, ай мен апта, сағатта.

Жалыны ол – жанған оттың, қызуы мол шақтардың, Дабылы ол – шапқан аттың, дүбірі мол көкпардың.

Ел біледі, жер біледі, біз білеміз сонан соң, Теміртауда болғандығын, толғандығын –Тоқтардың.

Жайсаң жігіт жалын оттай – тұла бойы – жайнаған. Ғұмыры бар, тұғыры бар, тастан табан таймаған.

Текті жігіт тап осылай өмір – таудың өзінде Теміртаудың тасты еріткен қазанында қайнаған.

Баз біреудей қиындықтан қаймыққан жоқ, бұққан жоқ. Баз біреудей тəтті тілеп, бал-шараптан жұтқан жоқ.

Былықтардың батпағына батқан жоқ, Ұлықтардың алдын орап, ұпай санын ұтқан жоқ.

Жаман əдет-ғұрыптарды тұтқан жоқ. Теміртауда туғандар мен тұрғандардың бəрі де, Болашаққа белді бекем буғандардың бəрі де

Бұл Тоқтардай ең биікке – самғап көкке шыққан жоқ!

Бəзбіреудің шымбайына батқан жоқ, Əлдекімнің ыңғайына көнген жоқ.

Жан достарын – жолдастарын сатқан жоқ. Зерек жігіт, ерек жігіт ел намысын берген жоқ.

Бұған куə – бүкіл əлем, ұлан-байтақ жер мен көк. Теміртауда туғандар мен тұрғандардың ішінде Бұл Тоқтардай ең биікке – сеңгір көкке

Самғап, сірə, көрген жоқ!

Ғарышқа қадам

Жалындап жарқырайтын, жанатын да, Арындап арғымақтай ағатын да.

«Бір қазақ бар, – деген сөз белең алды, –

Байқоңыр, ғарышкерлер санатында».

Өмірдің Өзгергенмен жүзі күнде, Тарихтың жоғалмайды ізі мүлде.

«Бір қазақ бар, – деген сөз желдей есті, –

Болашақ ғарышкерлер тізімінде».

Қалмай ма қадірліні ел аңғарып, Түсінер текті халық, терең халық.

Бұл хабар құлағына тиісімен Елбасы жата алмады елең қағып.

Жатпады жауап іздеп сұрағына. Қашанда халық тəнті қырағыға. Есті сөз, еселі сөз – ел ішінен Естілді елбасының құлағына.

Кісіге бəрі де оңай сөз ұғарлық, Ісіне о бастан-ақ өзі қанық.

Тоқтатып топ ішінен бөліп алып, Тоқтармен тіл қатысты өзі барып.

Cөзіне, пейіліне, тұлғасына, Көргеннен тəнті болып бір басына. Тоқтар да елбасына ырза болып, Ылдидан шыққандай ол қыр басына.

Бұрыннан жолыққандай танысына. Деді ол: – Уақыт керек, əлі шыда. Қажыма, қарекет ет, қарап жатпа, Халқыңның қызмет қыл – намысына!

Тоқтар да осы сөзге арқаланып, Өзі де – азамат қой – дарқан анық.

Сол күні ғарышкерлер шат-шадыман, Сырласты Елбасыны ортаға алып.

Жер қандай, жайнап тұрған аспан қандай?! Жөні жоқ жас батырдың жасқанғандай.

Алқынып соққан жүрек, айтқан тілек –

Ғарышқа алғаш қадам басталғандай.

Көңілі Тоқтардың да тояттанып, Шалқыды – кеудесінен ой ақтарып. Кіргендей – құшағына Қазақстан, Жүр еді – көптен бері саяқтанып.

Сөзіне Елбасының қанаттанып, Бір іске бекінгендей талаптанып.

Тапсырса, тағы да ұшып көксеңгірге –

Аттанбақ арманы үшін – азат халық!

Қазағым ұшты ғарышқа

Ол – аспанда, мен – жерде – ара қашық. Азаматқа – асқар тау, дала – нəсіп.

Көз алдыңды көгілдір толқын билеп, Қара бұлттар, ақ бұлттар араласып.

Көк аспанда – бұлттардың керуені, Қара жерде – жұрттардың серуені. Табиғаттың тап өзі табыстырған,

Бұл да болса – шаттықтың шеруі еді...

Жайға қалып – күлгенің, керіскенің, Алыс-жұлыс, төбелес, періскенің... Жердегінің бəрі де пенде болып, Аспанға ұшсаң – өзісің періштенің!

Мен – жердемін. Жүйткиді ол – аспанда. Биікке ұшса тоқтауға толас бар ма?

Көк сеңгірдің көбесін кірш-кірш тесіп, Қандай ғажап ғарышқа жол ашқанда?!

Қандай ғажап ғарышқа биіктеген?! Жері бар ма жүректі иітпеген?!

Көк сеңгірге қиялмен тақап-тақап, Кеткендейін менің де тиіп төбем.

Ол – аспанда, əрине, мен – жердемін.

Жерден жаннат бар ма екен, жерден – керім?! Ақ аспанның қақпасын ашып тастап,

Қандай ғажап, ғарышты меңгергенім?!

Асқар таулар, Абылай асқан белдер, Аққу-қазға құшағын ашқан көлдер. Көк кемесі зымырап ұшқан кезде, Қандай жақын арасы – аспан мен жер.

Айтты деме əсте бір емге өтірік, Аспан мен жер арасы тербетіліп... Ол аспанда зулайды, ал мен болсам,

Тақымымды қысамын жерде отырып.

Кеудесінде болған соң қазына – бай. Тұра алар ма зуламай, азынамай?!

Екі аяғым жер басып тұрғанменен, Екі көзім аспаннан ажырамай.

Биіктікке құмармын, баспалдаққа. Қара бауыр ұқсаймын қасқалдаққа. Тағатымды тауысқан осы сəтте

Бар тілегім ауысқан – аспан жаққа.

Қия-шыңға қалықтап қыран кетті, Шартарапқа шарықтап бір əн кетті. Əннің аты – кəдімгі «Қаракесек» – Дүрліктіріп тұрардай ұран көкті.

«...Сұрасаң руымды – Қаракесек, Досымнан дұшпаным көп қылған өсек...» Жер де – бір, аспан да – бір, айырмасыз, Аңғарып болар емес – арада есеп.

Бəрібір, ол – аспанда, мен – жердемін, Бір ғана бағыттамын – шеңбердемін. Қыранның қара жерді қатар іліп Көрдім мен – қанжығаға өңгергенін.

Тиген соң қазақ ұшпай намысқа көп, Ант беріп, қолға талай нан ұстап ек... Мың мəрте қайталаймын енді, міне:

«Қазағым ұшты менің ғарышқа!» – деп.

Бұл сөзді қайталадым талай іштен, Мұндайда рух деген қалай үстем?! Бір сəтке тазарасың періште боп, Артық сөз – азат болып анайы істен.

Ұшудан көрген емес қыран қажып, Ұлтымның ұлағаты ұланға азық.

Бардым да Бейсеуовке: «бүгін – қазір Бер, – дедім, – өлеңіме бір əн жазып!»

Ол-дағы бойда күшін бір аяр ма, Шабытқа тіл бітеді тыңаярда.

Шалқытып əсем əнді, бұрқыратты –

Бүк түсіп отырды да – рояльға!

Алаулап сезім оты жанатындай, Ғарышқа ол да ұшып баратындай, Сырнайын сырсандықтың соққылайды, Дірілдеп қарлығаштың қанатындай.

Сазгерді сол бір сəтте шабыт кернеп, Жүрегі қайта-қайта қағып, тербеп, Бір əнді бұрқыратты бұйра толқын, Бусанып тұла бойы – ағып терлеп.

Əсет те əннің, шіркін, құлагері, Бұл күнде əсем сазгер – мұрагері.

«Қазағым ұшты менің ғарышқа!» – деп Шыққан əн сол сəттегі мынау еді:

«Тұрамын қалай таңданбай, Айтсам бір екен əн қандай?! Ғарышқа ұшып ер қазақ, Халқымның бағы жанғандай.

Атағы кетті алысқа, Биікке қарай қарышта. Елімнің даңқын көтеріп, Қазағым ұшты ғарышқа!

Қияда қыран түлейді, Жігерің жеңді үрейді. Айналып жерге келгенше Амандық елің тілейді.

Ырзамын нұрлы таңдарға, Қуанбай қалған жан бар ма?! Қазақтың ұлы ұшқан соң, Жеткендей болдым арманға!»

Ғаламшардан қарағанда

Дүние бара жатыр жанып неге?! Жарқылдап, жан-жағына жарық бере,

От құсып, ақ жалынға араласып, Зымырап бара жатыр – алып кеме.

Зымырап бара жатыр, зырыл қағып, Соңында гүрілдеген бір үн қалып. Үйінде əкесінің жайғасқандай, Ішінде Тоқтар отыр күлім қағып.

Сабырлы. Сол баяғы сергектігі. Алғандай құшағына жер-көк мұны. Көтеріп туған жердің тұғырынан Аялап – алтын бесік тербеп тұрды.

Командир Александр Волков тұрды, Көкжалдай жаңа келген жортып қырды. Қасында австралиялық – Франк Фибес, Тоқтар да – тұңғыш рет толқып тұрды.

Үшеуі – үш мемлекет – «үштағаны» –

Тізгіні бір кеменің ұстағаны. Кеменің іші түгел нұрға толып, Күдіктің көлеңкесі тыста қалды.

Бірлесіп, білек қосып, бейімделе, Қарайды бір-біріне мейірлене.

Адамдар алыс жолға аттанғанда, Дарқандық дариды екен пейілге де.

Зымырап, айға қарай ұшты кеме, Құштарлық – ғажап сезім құшты дене. Өр тұлға бір-бірімен тұтасқандай, Табынып – бір тəңірі, күштіге де.

Бəрінде бір-ақ бағыт, бір-ақ тілек, Болашақ – бір үміттен шырақ тілеп. Қосылып бір-біріне лүпіл қағып, Тапқандай тар кеудеде тұрақ – жүрек.

Бір болып мұраты да, мақсаты да, Тарихтың үлес қосып жақсы атына, Кірісіп кетті сол сəт – аманаттай Берілген тапсырма бар бас-басына.

Зулайды – алып кеме көкке қарай, Көңілге қуанышы төккен арай.

О, Тəңір! Үш батырдың ерлік жолы Бір сəтке тағат тауып тоқтамағай!

Ақжолақ із қалдырып жанды нарттай, Зулайды – қайтсін енді жан құмартпай?! Аспанның аясында – алып кеме Атойлап арындайды арғымақтай.

Аспанның алып асу биіктерін, Көрдің бе жер-ананы иіткенін?! Үшеудің ішіндегі маған жақын Тоқтар ғой, ол – өзімнің кейіпкерім.

Ұйықтамай таңға дейін кей күндерде, Қосылып елдің қамын жейтіндерге. Тоқтарды топтан бөліп, дара тұлға, Сомдайын – кейіпкердің кейпін мен де.

Бақытты күні оның бүгін анық. Жанарын жер-жаһанға тігіп алып, Қарайды – дүниеге, дүйім елге, Бұл Тоқтар ең биікке шығып алып.

Қырандай дара самғап қиырдағы. Маңдайға осы шығар бұйырғаны. Өзімен бірге самғап келе жатыр Жалауы, туған жердің түйір дəні.

Дүниенің шындығын да, сұмдығын да Көрді ол – тану керек кімді мұнда?!

Биіктен қарағанда – жердегілер Айналып кетеді екен қыл-қыбырға.

Ал бірақ бəрі ғажап – Тоқтар үшін. Құр босқа жұмсамайды жоққа күшін. Сан сұрақ жан-жүрегін мазалайды, Қамшылап бойындағы от-намысын!

Осылай – ой-сұрапыл қысталайды. Бағыты тұрғанменен нұсқап айды.

Дүние – алабажақ, алас-күлес,

Ол тірлік бұл тірлікке ұқсамайды.

Байқалып білмегенің, көрмегенің. Үстіне көзің салсаң зор дененің.

Бар сырын жасыра алмай дірілдейді –

Биіктен қарағанда жер дегенің.

Тегеурін – бір қақтығыс бар ма тыста, Жатқандай – қиратып та, орнатып та. О бастан – оңтүстік бар, солтүстік бар,

Орталық, шығыс та бар, бар батыста та.

Қарасаң жоғарыдан төмендерді, Таппайсың кереметті – кемеңгерді. Сенбейді ол – көзі көрді, мына жерді Бəрібір тұтас дене дегендерді.

Мына Жер – Тілім-тілім, Шимай-шимай, Қалпы жоқ бірін-бірі қимайтындай.

Дүние атыс-шабыс, алай-түлей, Адамдар жер бетіне сыймайтындай.

Халықтың түзелмейді қалпы мұнан. Көрінер бара-бара салты күмəн.

Емініп Еуропа, Азияның –

Аз күнде алғалы тұр алқымынан.

Қапырық Африка қапылғалы, Денесі от-жалын боп лапылдады. Ал анау Америка – алабажақ, Тұр, əні, түртіп қалсаң атылғалы.

Білмейсің – қайда рақат, қайда бақыт, Аттасаң – табаныңды тайғанатып.

Ресей – қалың орман құшағында, Тұнжырап, тұрғандайын ойға батып.

Қанша жаз, тыным таппай неше қыстан, Быт-шыт боп кешегі күн, кешегі ұстам, Шақ қалып күл-талқан боп жарылуға, Шыныдай шытынап тұр – Шешенстан.

Қағысып, қақтығысып, ерегесіп, Табысып, тағы қайта төбелесіп, Жауласып бір-бірімен жатқан елдер Келмейді мəмілеге неге десіп.

Десек те, батыс та бар, шығыс та бар, Қалайша бірін-бірі ұғысты олар?!

Астына піл-табанның түскеннен соң, Жаншылып өліп жатыр құмырсқалар.

Шайқалып қалды шаруа, қалды кəсіп. Заманның арты – қырғын, алды – нəсіп. Бақасып бір-бірімен батыс-шығыс, Оңтүстік солтүстікпен салғыласып.

Дүниенің осылайша басы қатып, Баласы ойнай алмай асық атып... Өзбектер – өз алдына жөңкіліп жүр, Жемісін жер жүзіне шашыратып.

Дегендей ойдағы істің жөні келді, Қытай да тапқан сынды жемін енді... Тəжіктер тапа тал түс қайыр сұрап, Қазақтың қақпасына емінеді.

Ауғандар ауа көшіп таудан тауға, Жолығып көз ашпастан жаудан жауға... Тынышы ішіндегі – Қазақстан.

Тоқтар да деді ішінен: – Тəубе! Тəубе!

Түсінсең бұл дүниенің мəнін берік. Жер-ана жатады екен нəрін беріп. Бұл жолы білді Тоқтар тұрарыңды, Биікке көтерілсең – бəрін көріп.

Дүниеде батыс та бар, шығыс та бар. Тұтас деп ой мен қырды кім ұстанар?! Жатыр ол – жанталаса қаруланып, Əзірге түрі де жоқ тынышталар.

Дүниеде шығыс жоқ деп, батыс жоқ деп, Арпалыс, алас-күлес, атыс жоқ деп

Кім айтар – төрт құбыла тыпа-тыныш, Жалғанда шимай-шатақ, шатыс жоқ деп?!

Бір белең асып түсіп бір белеңнен. Дүние босамаған дүрбелеңнен.

Кей елде кердеңдеген қылмыскерлер Босып жүр, орын таппай түрмелерден.

Осы жай сабақ болар əр адамға, Халықтың кəдесіне жарағанда. Дүниенің баршылығын, таршылығын Білесің – тек биіктен қарағанда!

Жиырма жылдан соң

Думандатып онсыз да қысқа күнді, Залдың іші – шадыман, тыста – мұңлы. Астанада тойладық аз ғана топ –

20 жылдық... Ғарышқа ұшқаныңды.

Сен ұшқан күн бəрінен ерек еді, Қайталанбас тарихта дерек еді. Аз ғана топ тойладық... Астанада, Бүкіл қазақ тойлауы керек еді.

Кім жалыққан – сауықтан, салтанаттан, Кенде емессің, əрине, мархаббаттан.

Құрақ ұшып, құттықтап келіп жатты Азаматтар – ағылып əр тараптан.

Құттықтады – мықтылар, марғасқалар, Күй төгіліп, мұндайда əн басталар.

Ақ тілегін ағытқан – арасында

Орал, Олжас, Нұртай мен Балташ та бар.

Шырқап кетсе қосатын таңды таңға, Əн арнаса Ғаділбек қалғытар ма?!

Арнап келіп Ырысбек жұбайымен, Əміржан да осында, Жармұхан да.

Талай ақын ағызды жыр жалынын, Орны толып ойдағы-қырдағының,

Жүрегімен сездіріп, тілегімен, Мырзатай мен Мəулен де ырзалығын.

Жаса, Тоқтар! Кеудеңнен күй сөнбесін, Қалай саған арулар сүйкенбесін?!

Басқосуды жандырды дүрілдетіп

«Тамадаға» кəнігі – Дүйсен досың.

Мұндай тойды, шіркін-ай, ел аңсар ма?! Ғайыбынан ғарыштың оралсаң да...

Шағын залда өтсе де, мына тойың –

Жатты естіліп есімің – ғаламшарға!

Бар қазағым өзіңдей батыл болсын, Білекке – күш, жүрекке – ақыл толсын. Оқырманым оқысын, осы тойда

Ақ тілегін ағытқан ақын досың:

«Кең кеудесін қашанда намыс қысқан, Шақыратын бір арман алыс тұстан.

Бұл қазақты ел екен деп айтқызған –

Бүгін сенің мерекең – ғарышқа ұшқан!

Басылсын деп бір сəтке шемен-күйік, Сен келесің жүрекке өлең құйып.

Дəл сол күні – адамзат баласында Ешбір пенде болған жоқ сенен биік!

Сен бастадың осылай ғажап істі, Айырғандай қоладан таза мысты. Еңсем сол сəт ерекше биіктеді, Уа, дариға, ғарышқа қазақ ұшты!

Көрмеп едім дəл мұндай бұрын сурет, Шыға келді нұр бейнең күлімсіреп.

– Қазақ ұшты ғарышқа! – деген сөзді Ел-жұртыма айтқыздың бірінші рет!

Түкпіріңнен танылып текті қылық, Бүкіл əлем бір сəтте кетті біліп.

Бірінші рет қазақтың баласынан Бұлтты жарып ұштың сен көкті тіліп!

    • Тəубе! – дейді тартқанмен ел азапты, Уа, Тəңірім! Жұртыма бер азаттық!

Өзіңменен сол сəтте туған жерге –

Тəуелсіздік оралып келе жатты!

Дəл сол күнгі ажарлы аспан қандай?! Жанарыңнан мөлт етіп жас тамғандай. Тəуелсіздік сол кезде қазақ үшін Қазан айы басынан басталғандай.

Айтқанменен туды деп күнім азат, Бір сыры бар білгенге мұның ғажап.

Ресейдің өзін де мойындатқан Тоқтар, Тоқтар – мен үшін ірі қазақ!

Жалын болып ортамда лапылдайсың, Басыңды иіп ешкімге шатылмайсың. Сен неғұрлым биіктеп, алыстасаң,

Сен соғұрлым – халыққа жақындайсың!

Халқың үшін жүресің толғаныста,

Сен байланып қалғансың сол намысқа. Сол биіктен қараған кең далаңда Жортып жүрген ұқсайсың жолбарысқа!

Бар биікке құштарсың, бар асуға, Шындық үшін дайынсың таласуға. Шын жолбарыс – қамыстың арасында, Сен жолбарыс – халықтың арасында!

Бəсең болсаң басынбас дұшпан кімді, Арши алмай кеудемді қысқан мұңды. Тəуелсіздік туды деп түсінемін – Нағыз қазақ ғарышқа ұшқан күні!

ҚАРАҚАЗАН ҒАСЫР

(Драмалық дастан)

Оқиғаға:

Ана (əрі Айша келін), Ұлы (əрі кішкентай Берік), Иіс кемпір,

Сəнім əжей, Едіге қарт,

Қасым рухы

жəне қиырдағы қоңыр ауылдың өлі-тірі тұрғындары мен əр алуан тағдырлар қатысады;

Өтетін жері:

жұмыр жердің төсі, қазақ жері; кейіпкерлердің жан жүрегі, ой төрі; рух атаулының мəңгілік мекені – ғарыш көк пен аспан айдыны.

Мезгілі:

ХХ ғасыр, 30, 50, 90-жылдар.

Ана мен ұлдың алғашқы сұхбаты

АНА. Күндер қандай сен көретін бар тағы? Тағдыр саған қандай жүгін артады? Неге сонша өрекпиді жүрегім...

Хабар жоқ па?

Көзім менің тартады...

ҰЛЫ. Ой қажытқан. Өкпелеме, жан ана, Көзің тартса, тыным керек санаңа. Домбыра тарт. Таза ауа жұт. Бой сергіт. Бір барып қайт туған ауыл, далаңа...

АНА. Білем, ұлым, алаңдаулы көп күнің.

Жасырмаған, жаның неден шекті мұң?!

Жүрек құрғыр сезетіндей əлдене, Жалғасы елдің жалған айтпас тектінің.

ҰЛЫ. Жо-жоқ, ана... Жүдемеңіз болмасқа.

Жай, əншейін...

Айтам кейін қол боста.

Ауыс-күйіс – жоғарыда, төменде. Өзгерді өмір.

Қоғам басқа... Жол басқа...

АНА. Жер орнында, ел орнында емес пе? ҰЛЫ. Бəрі осында. Билеуші де, Кеңес те... АНА. А, Жаратқан, жары Құдай-жалғыздың.

Сақ жүргейсің дау-таласта, егесте. Сақ жүргейсің көз бен тілге ілінбей, Алған асу, шыққан тауың бүлінбей. Қан мен кектің сұрауы бар қашанда. Заман – бөрі...

Хабар келіп білінбей.

ҰЛЫ. Жо-жоқ, ана, қиналмаңыз болмасқа.

Дəуір басқа, Сіздер жүрген жол басқа. Айтқанменен, түсінбейсіз бəрібір.

Кең отырып, сырласайық қол боста...

АНА. Сезіп тұрмын... ҰЛЫ. Қинама, ана, бекерге,

Дəурен өтті алданатын шекерге. Өзгерді өмір. Түбірімен өзгерді.

Сіздер... Біздер... Тұрғандаймыз екі өрде.

АНА. Тура айтсаң да дұрыс айттың көзге сен, Қазақ үшін болған əр кез сөз – көсем. Тілеуім де, ниетім де – жолыңда,

Анаң сенің болайын ба, сезбесем?!

ҰЛЫ. Өтінемін!..

АНА. Арың айтсын шешімін.

Ақылға сал. Сөкпе мені, кеш, ұлым... Заманың ба?

Өкпелеткен адам ба?

Ойланып ал, айтпас бұрын кесімін.

Үндемейсің... Үнсіз тыну – ой басы, Ой – қазына, Ойланшы, ұлым, ойлашы; Қол жалғашы домбыраға төрдегі, Ойлап барып, жүрегіме бойлашы.

Аяқ бармас, қол жетпеске, сөз өтпек, Сөз жетпесе, күй сөйлейтін безектеп. Жүрегінде бұл анаңның көп сыр бар... Домбыраға қалды білем кезек кеп...

Өтінерім – сөз төркінін бұрмағын, Ұйып тыңда көңілімнің жыр бағын. Сен туарда əнге жерік болған ем, Құлағымнан үзілмей бір қырдағы үн.

Сезім оты өртеп бойды, аспанды, Жанарымнан жалын болып жас тамды. Мына сазға құлақ түрші! Кел, ұлым!

Бір алапат жүрегімде басталды.

Ернеуінен асып-тасқан көлдейін, Көктемдегі долы мінез селдейін... Тоғыз перне жеткізе алса жарады, Ішек бойлап ерен сезім, келді ойым?!

Күй-тағдырым кеудемдегі өрілсін, Бар өмірім, бар мұратым көрінсін. Жер үстінің адал жүрек жандары

Тыңдап, тоқып, айтсын алғыс, жерінсін.

Бұл күйімде сенің де бар арманың, Бала күнің жағалаған жар маңын. Қарақазан ғасырым бар – тағдырым, Тым ертелеу салған бізге қармағын.

Бұл күйімде аруақтардың бар үні, Дəуірімнің екпіні бар, арыны.

Əлде кімге тым мұңдылау естіліп, Жақпауы да мүмкін тіпті сарыны.

Əлде кімге секілді боп үн ескі, Іздеуі де мүмкін шуақ – күнесті; Ұғынғанға рухы бар ұлтымның Ұран қылған ерлік пенен күресті.

Түсін, ұлым,

Ана мұңы, міне, осы:

Айлы түні, қаралы іңір, күнесі; Шақырамын, жер үстінің жарлары, Жесірлері, жүрегіме түнеші!

Түнеңдерші! Күймен осы өтінем!

Көз жасының кеудеме кеп отымен Қоныңдаршы!

Мұз боп қатқан жібітіп, Оятайық ой-сананы шетінен.

Серпіл, ұлым, күй сазына түр құлақ. Туласын ой шанақ төсін ұрғылап, Тоғыз перне, қос ішектің бойымен

Тау жаңғырып, ақтарылсын жыр-бұлақ.

Құлақкүйі

Киіп ескі бешпеті мен жейдесін,

Бір дəуірдің бастап қоңыр ой көшін, Күй атымен «Қарақазан ғасыр» боп, Тамырларда атқақтап бір сөйлесін:

Менің қайғым сөйлесін! Сенің қайғың сөйлесін! Мұңды көңіл кірлеткен Жуып шердің жейдесін...

Ел қайғысы сөйлесін, Көл қайғысы сөйлесін,

Ұлын күткен ананың Сел-қайғысы сөйлесін!

Жер қайғысы сөйлесін, Төр қайғысы сөйлесін, Жарын күткен келіннің Шер-қайғысы сөйлесін!

Түн қайғысы сөйлесін, Күн қайғысы сөйлесін, Жетім өскен жер тістеп Ұл қайғысы сөйлесін!

Шың қайғысы сөйлесін, Шым қайғысы сөйлесін, Жиырмасыншы ғасырдың, Мұң-қайғысы сөйлесін!

Шын қайғысы сөйлесін!

Сенің қайғың сөйлесін! Менің қайғым сөйлесін! Қара шанақ шалдығып, Қозғасын бір ой көшін.

Дала мұңы сөйлесін, Бала мұңы сөйлесін, Ана мұңы сөйлесін, Қалам үні сөйлесін, Ғалам үні сөйлесін, Заман үні сөйлесін! Сөйлесін бір!

Сөйлесін!

Сенің қайғың сөйлесін! Менің қайғым сөйлесін! Ұлым!

Шанақ сөйлесін!

Əлқисса:

Шолпандайын жаңа оянған таңдағы Сұлу сезім сұлу төрге самғады; Ана-көңіл ала-құйын ой-мұңын

Күймен өстіп күмбірлетіп жалғады...

Жала

Бірінші күй

(немесе Ананың алғашқы сыры)

І. Біздің əн

Ауыл-үйдің ағараңдап сыртында Ай Көз байлана əн салушы ек бір тынбай; Тірлік жүдеу болғанымен, көңіл тоқ, Тату еді, жыр-сауыққа жұртым бай.

Аспан...

Дала...

Кеште салқын самғап əн, Қалмаушы еді ошақ оты жанбаған. Қоңыр ауыл қоңыр əнін тербетіп, Кешті ғұмыр – өзін-өзі жалғаған.

Сол əнменен толқып түнде бар ғалам, Сен туған ең, жалғыз ұлым – жан балам. Қырық жеті...

Жетім-жесір... Шілдеде...

Сол əнменен қайғы-шерін алдаған.

Ғашық жүрек əнге ешқашан тоймаған, Қиналғанда сол күндерді ойға алам.

Ойға алам да... Сілкінемін мен іштей, Шабыт алып қиял атты қоймадан.

Айдай шындық – əн өмірді шыңдайды. Əн бар елде – сенім берік, сынбайды. Əкең марқұм сен туғанда бір шалқып, Сол əнменен тербетіпті түнде Айды...

Сол əнменен шығарып сап сан ай, күз: Жеңіс тойын тойлағанбыз талай біз, Көктем туа наурыз көже таратып, Қыркүйекте ұзатылды талай қыз.

Сол əнменен сейіл құрдық, бақ бардық, Аққу-айдын... Армандарды ақтардық. Адам Ата, Хауа Ананың салтымен, Шат-шадыман – талай тойды атқардық.

Сəуір талай сол əнменен көгерді, Мамыр туды...

Құстар келді... Шөп өрді...

Өстік, өндік – сол əнменен жалғастық, Соқа салдық; алдық асу, көп өрді.

Колхоз құрдық... Əкең сенің салды ұран. Сол əнменен елді оятты қалғыған.

Ағаш қиып бар жігіті ауылдың Мектеп салды ескі мешіт алдынан.

Көтермек боп шағын ауыл еңсесін, Кірісті олар үлкен іске бел шешіп, Көше бойын көшет қадап көгертті, Қайта жөндеп басқарманың кеңсесін.

Бəрін тіпті бітірердей бір кезде,

Жалт-жұлт етіп, жігер қайнап, нұр – көзде, Ұйқыны да, күлкіні де ұмытып,

Əкең сенің күйге оранып жүрді өзге...

2. Əке мінезі. Айдалу

Өткір еді...

Тау суындай тасыған.

Кезі жоқ-ты жөнсіз жерде жасыған. Арын, жарын серік етіп ең жақын, Екі елі де қалдырмайтын қасынан.

Екі сөздің бірі əрқашан ел еді, Елмен ойы егіз еді, тел еді,

Дос қайғысын, қуанышын бөлісер Қай кезде де дайын еді көмегі.

Əзілменен «түйреп, сүйреп» кей досын, Думандатып өткізетін той, кешін;

Жомарт еді əкең марқұм, жұртқа – адал, Шешіп берер үстіндегі жейдесін.

Отқа түсер қажет жерде керексе... Қисайды ма?

Қасқаятын – терекше.

Ақ көңілдің ақ көңілі мен білер, Жан еді əкең ары таза ерекше...

Жори алман бұл мінезін жаманға, От иеміз көпшіл еді əмəнда.

Кек дегеннен ада-күде жан еді, Болмысымен сенетін-ді заманға.

Кім-кімге де бұландатпай шешімін, Қысқа сөзбен қайыратын кесімін. Мұны да мен кемшілігі дей алман: Қай кезде де тура айтқанның несі мін?

Оғаш кетіп, жолды бұзған кем күні, Жұрты сүйген бір мінезі – кеңдігі, Жиындардың сəні жоқ-ты Қасымсыз, Алғыр ойы, тез жететін елге үні.

Дауға түссе, тілі мірдей, оқ еді, Тиген жерін ойып түсер шоқ еді. Ел аласы ішінде ғой... Кім білген? Қасым қайдам?

Тілеуқоры көп еді.

Сондықтан ба? Сенгіш еді елге тым. Келе-келе менің де оған өлді етім.

«Батыр – аңғал» деген сөз де рас-ау, Қаздай еді ол ен жайлаған көл бетін.

Аңғармаппын. Аңқау қандай, жас болғам? Желке тұстан атыларын тас қолдан...

Дос пен жауды таразылай алмаппын, Құстай болып ақ айдынға мас болған.

Жаны – жайсаң. Көңілденсе, көл еді. Ашуланса, сəуірдегі сел еді.

Адал жанның қай қылығын айтайын Көктемдейін желбіреген желегі?..

Мен де мөлдір, ол да таза – өскін ек, Əскер үйі кеш жетілген, кеш түлеп. Тылдағының бəрін дос деп ұғатын Сенгіштігі жолын оның кесті кеп.

Құдайға да қарайтындай қасқайып, Жаранынан көрмеген бір жас тайып. Əкең сенің адам еді... Амал не?

Өткір тілі болды білем басты айып.

Басқарма да Қасым барда ығатын, Қозықбақтар сөз айта алмай бұғатын. Хатшы келсе, келе қалса уəкіл, Мінбеге де Қасым алғаш шығатын.

Мынау дұрыс, мынау бұрыс дегенді, Тұңғыш айтқан таң қалдырып көп елді, Қасым еді біздің елде, мен білсем, Тілмен тергеп қоғам атты «көгенді»...

Күтпеуші еді «əліп соңын» баптанып, Білмеуші еді сөз сөйлеуді сақтанып. Қызыл тілі абыройға бөлеген

Оны аңдаусыз ажал болып қапты анық.

Тынып іштен, өзімді өзім сөгемін... Əлі жұмбақ. Айта алмаймын себебін. Кімнен көрем?

Кім айыпты? Күдік көп...

Жауап – бұлдыр, ойдан азап шегемін.

Обалы анық, достан ба, əлде жаудан ба? Ғаріптен бе? Білмейді ешкім саудан ба? Əлде кімнің айтуымен бір түнде Ұсталды да...

Алып кетті ауданға.

Қасым мықты. Жау алмайды дегенге, Ұқсатыппын оны берік еменге.

Бармақ тістеп, кеш түсіндім бəрін де, Көз алдымда байлағанда көгендеп...

«Қате болар...» – жанарында мұз жатты. Жүрегіме қадалғандай біз қатты.

Мен үрпидім. Шошынды апам, жылады ұл, Қоржын үйдің қолқасын бір сыз қапты.

Қою түнде қарауытты қара шың, Мені иіскеді, сүйді сені, анасын:

«Сөз алмайды оқ алмаған адамды», Деді нығыз көзбен шолып даласын.

Түнгі ауылдың келбетіне қарады, Бір ауыр дем көкірегінен тарады, Күрсінді де қара түнге сіңді үнсіз, Қара аспанның жасаурады жанары.

Алып кетті бір-ақ күнде, бір түнде, Жұртқа ұқсадық ұшыраған үркінге... Қабағыма мұң қонды алғаш сол түні, Дəл сол түннен сап тиылды күлкім де...

Əлқисса:

Қозғап баяу кеудедегі ғасырды, Осы арада күй баяулап басылды. Көкірегін сипады да əз ана,

Күрсінді үнсіз, көздің жасын жасырды.

Əлденуақ күйге еніп бір қырағы, Мейірлене домбырасын бұрады. Құлағына құлақ тосып алды да, Сəл бұрылып, перзентінен сұрады.

Ана мен ұлдың екінші сұхбаты

АНА. Қос пернеден құстай ұшып самғаған, Айта қойшы, не түсіндің, жан балам?

ҰЛЫ. Кейде біздің əніміз бен күйіміз Кейінгіге жетпей ме деп... Шамданам?!

АНА. Иə, тағы...

Не аңғардың? Жасырма!

ҰЛЫ. Зіліңіз көп қарақазан ғасырға...

Өкпеңіз көп, қиянатшыл кездерге Жалбаң қағып, жалғыз жанға бас ұрған.

Аярланып, марапатты асырған, Ар-ұятты аяққа сап, қашырған, Өкпелісіз арсыз мына əлемге

Өзеуреген шен-шекпенге, тасырға...

Жүректерде мұз боп қатқан күшті ақпан, Сенім атты ақ шағала құсты атқан

Сол күндердің аязы бар Сізде əлі Жандарды адал асқан, атқан, ұстатқан.

Тыным бермес мазасыз ой-жанталас, Кеміретін ой-сананы бар талас;

Сол күндердің солығы бар Сізде əлі, Намысы бар өле-өлгенше тарқамас...

АНА. Сабыр, ұлым! Қызбаланба! Тыңдағын. Сыйласа да қайғысы мен мұңды əнін... Ол күндерім маған ыстық ерекше Адал сезім аялаған құндағын.

Ол күндерде мұқалмаған арыны, Жастығымның жалындаған бар үні; Аш-жалаңаш болсақ-тағы мойымай, Бөліп жеген қара талқан, тарыны, Ол күндерде жастығымның бар үні...

Əрине ұлым, күлген сəтім кемде-кем, Əкең жоқта мейірімге шөлдеген.

Пасықтарға бірлі-жарым ашынып, Топырақты шаша алмаймын елге мен.

ҰЛЫ. Қиын кезде бола алмаған араша, Қайдағы елді еске алдыңыз балаша?! Ел ме екен сол қосағыңды айдатып, Ал өзіңді? Шаққан талап араша...

АНА. Ұлым!

Ұлым!

Астам айтпа! Асықпа!

Көңіл – соқыр, ашу – дұшпан, тасытпа!

ҰЛЫ. Ел ме екен сол?

АНА. Елде нең бар? Ел дегенің ет-бауыр. Сөйлемегін ұқсап қай бір жасыққа.

ҰЛЫ. Айдалғанды көре тұрып кінəсіз, Қалай ғана басыласыз? Тынасыз? Елің егер дер кезінде ес жиса, Көкірегімді қабар ма еді мына сыз?

Ойланшы, ана, Ағарғанын шашыңның?!

Жалғыз кінəң – жары болдың Қасымның. Ал əкемнің жазығы не сондағы?

Ойлап соны бала күннен ашындым.

Жасырмаймын. Əлі күнге ашынам, Балғын шағым еске түссе жасыған... Ел ме екен сол тентеретіп жетімін, Арысының безіп кеткен қасынан?

Ел ме екен сол?!

АНА. Тоқтат, ұлым! Шатаспа!

Бұлай тіпті сөйлемейді бақас та. Жолдан шықпа!..

Ел – Ана ғой киелі.

Кие қиын. Анаменен тақаспа!

Ел – Ана ғой... Ел қайғысы – мол қайғы, Елі-жұртын даттағандар оңбайды.

Елсіз ердің құны, балам, көк тиын, Есер ұлға есті бақыт қонбайды.

Ел – Ана ғой...

Елге күйе жақпаңдар!

Есі кетер елге садақ атқандар. Ел киесі жібермейді ешкімді,

Ел беделін мəпелеңдер, сақтаңдар!

Ел – Ана ғой...

Есті, қарғам, білгейсің,

Елге өкпелеп, бекер, бекер тілдейсің. Ел – құнарлы топырағың... Тек сонда Бүр жарасың, шешек атып, гүлдейсің.

ҰЛЫ. Анажан-ау!.. АНА. Ел демесек...

Түсер ме едік біз отқа?

Түсер ме еді əкең марқұм дұзаққа? Тірі жаннан қара бақыр пəре алмай, Айдалар ма сыймай заңға, КЗОТ-қа?

Ел деп, ұлым, біздің ұрпақ соғысты, Ел деп, ұлым, дос сезімдер тоғысты. Ел деп, жүріп қатал шақта қайыспай, Қара халық атқарды ерен, көп істі.

Айтшы, қане, сыйғызбақсың қай заңға?! Ел деп əкең жараланған майданда,

Ел деп əкең дозақ отын кешкен-ді Өле-өлгенше «жаламенен» тайгада...

ҰЛЫ. Ел дегенің?..

АНА. Соғыстан соң сансырап,

Тозған ауыл, ес жимаған қансырап. Жетім... Жесір.. Етегіне сүрінген, Кеуделері – жұлым-жұлым сан сұрақ.

Ел дегенім... Аш-жалаңаш қалалар, Өрт жалаған ормандар мен далалар.

«Қара қағаз», «Карточкасын» құшақтап, Боздағының жолын күткен аналар.

Ел дегенім... Қалың орман, текті емен, Тамыр жайып, жапырағы көктеген.

Ел дегенім менің момын жүрегім Өз жыртығын өзі жамап, көктеген...

ҰЛЫ. Толқып, тулап, кеудемізден көшті күн, Айыптама, артық кетсем, кеш бүгін. Сіз шындықты толғадыңыз күйменен, Мен шындықты жүрегіммен естідім.

АНА. Құлыным-ай, сен де мені сөкпегін, Тағы көрме тағдырыма текке мін. Күймен осы жасығымды жұбатып,

Жандым, күйдім, ел деп жүріп, көктедім.

ҰЛЫ. Кешір, ана!

Кешір! Кешір! Сөкпегін.

Куəм менің: жерде – өзің тек, көкте – күн. Күймен осы көзімді ашып мен де алғаш, Күнді көрдім, сені көрдім, көктедім...

Күй сарыны таныс бала кезімнен, Күймен осы тау, даланы сезінгем. Жылап жатып, тербетіліп бесікте, Күймен осы емшек еміп, көз ілгем.

Күйдегі ерен шер-қайғыға малынып, Құлдық ұрып, жалбарынып, жалынып, Сұрағанда сен əкемнің саулығын

Мен де жатқам төсекте оны сағынып...

Əлқисса:

Толқып ана домбырасын қолға алды, Қолға алды да теңіздейін толғанды. Ойлы кейпін қадап алыс қиырға, Ұшар құстай сілкініп бір қомданды.

Түсті есіне сол бір зауал күн бөлек... (Қатал тағдыр қалды дейсің кімді елеп?!)

Алақандай ауыл сұмдық сескенген Қасымды алғаш əкеткенде түнделеп.

Көрші-қолаң, туыс-туған ұйығып, Отырды да əуелгіде бұйығып.

Сосын бəрі бармақ болды ауданға, Араша айтып азаматқа жиылып:

      • Мүмкін емес!
      • Құдай ақы сенбеймін... Деді бірі:
      • Қорлығына көнбеймін!

Барамын да сөйлесемін тергеумен, Бəрін өзім реттеймін, жөндеймін.

      • Мен де барам!
      • Мен де!
      • Мен де...
      • Барамыз!

Шуласты кеп шағын ауыл. Дала...

Күз...

      • Қасымдайын... Сыйлады осы халқын кім?
      • Қайсың, қане, Қасымдай боп талпындың?
      • Жала!
      • Жала!
      • Жаласына көнбейміз...
      • Сақтаймыз, – деп, біз сынығын алтынның... Кеуде қақты. Əлде кімдер көпсінді:
      • Пронтовикке тимесін! – деп тепсінді. Шуласты да...

Тарап кетті келген ел,

Нөсерлетіп өте шыққан көк сынды.

Нала

Екінші күй

(немесе Ананың екінші сыры)

І. Қараша. Қатқақ

Көбі ауылдың күйіп-жанды, ашынды. Тарады жұрт...

Тарқады ашу, басылды.

Қазақы ауыл пəтуасы болса осы, Бірте-бірте ел ұмытты Қасымды.

Аудан алыс... Алаңдадық бір апта. Бармады ешкім тергеуге де сұраққа. Жалтақтадық. Қара жолға қарадық. Қырау қонды қабаржытып қыратқа.

Əкең марқұм ұсталғанда күз еді, Оңтүстікке құстар бетін түзеді.

Өтті бір ай... Ұшты-күйлі хабар жоқ. Қараша кеп құйрық-жалды күзеді.

Жауын-шашын.. Жол үзілді осылай. Күн артынан күндер өтті тосып ай. Бірте-бірте кісі аяғы сиреді,

Қасым бар да келе-тұғым жосымай...

«Бауырымдап» жүре-тұғын бұрынғы, Баз біреулер көрмегенсіп бұрылды; Ақ дегенім қара болып шықты да,

Ал «мықтылар»?..

Болды нағыз жырынды...

Қайдан ғана айырайын мен бейбақ?! Сеніппін ғой жүргендерге «қолдай» қап. Қыры-сырын кейін білдім көп істің, Көбіне оның баға бердім енді ойлап.

Жел сабады майыстырып көк талды, Күте-күте көз, көкірек көп талды.

Талай мəрте мен ауданға жиналдым, Əжең-дағы бармақшы боп оқталды.

Талай...

Талай...

Көк аспаннан жай ұрды,

Пəк сезімнің ақ көйлегін айырды.

«Сабыр, келін, аман болса келер», – деп, Едіге қарт жолдан неше қайырды.

Айтты ағайын: «аудан алыс жер шығар?!»

«Алыс шығар»... – деді қостап көрші бар. Айтты Едіге:

«Алыста емес мəселе... Елміз ғой біз...

Ерді іздейтін ел ішінен ер шығар.

Қарт та болсам, айтайын мен шынымды, Алжыдыға жорымаңдар мұнымды.

Қайсың? Қане! Айтыңдаршы? Ер барда... Ұлдың дауын іздеп еді тұлымды?!»

Едіге қарт селкілдеп кеп шүйілді, Қыран қабақ қар жауардай түйілді. Еркек біткен жер шұқыды көзімен, Ана атаулы «алласына» сиынды.

«Қайсың барсың?» тіліп өтті көкті үні. (Сірə шалдың түсті есіне от күні) Үнсіз тынған топқа қарап салды айқай:

«Сойыңдар, – деп, қорадағы тоқтыны!»

Шынасыл шал көк бəкісін қайрады, Қас-қағымда қара тоқты жайрады... Құдайға атап ас берді де, сосын қарт Арба жегіп, тор бестісін айдады.

Жел сабады жапырақсыз көк талды. Ауыл тынып, тынып іштен топ қалды. Бөркін басып Едіге қарт бел буып, Қара жол мен қара жонды бетке алды.

Əлқисса:

Өтті күндер... Ізім-ғайым жоғалды. Қазан ұрды Көкбастау мен көгалды. Қарашада қабаржыды ұлып ой,

Сезім сынды... Сілкіне алмай тоналды.

Басып талай мұң мен шердің «тетігін»,

Сан жасытып жесірі мен жетімін;

Бір жылдай боп созылды-ай кеп таусылмай, Қара жолдан хабар күткен жеті күн.

Өтті күндер... Жауын-шашын боранды, Ұрлап-қашып жүректерден мол əнді; Өтті күндер үміт-күдік шарпысқан, Едіге қарт ентіктіріп оралды.

Қабақ қату,

Өңі сынық оралды,

Қаймықтырып қара күз бен боранды.

«Сырқатпын», – деп сылтауратып жолды ауыр, Келген күні түйе жүнге оранды.

Оранды да жатып алды тіс жармай, Жағын ашса, біреу сөзін ұстардай.

    • Қасым қалай?
    • Аман... Шүкір... – Сөз қысқа. Қысқа күні күздің қойды қысқармай.

Содан басқа сөз айтпастан жатты үнсыз, Қып-қызыл күн ұясына батты үнсыз.

Келген ел де үнсіз-түнсіз тарасты, Көздер үнсіз... Қабақ үнсіз...

Жақ та үнсіз...

Таулар үнсіз... Ауыл үнсіз бүрісті.

Қалт-құлт етіп қыс қамына кірісті. Аудан жақтан жүдеп қайтқан есті қарт Ойын жұртқа байқатпауға тырысты.

  • Едіге қарт

Қарт Едіге, мəрт Едіге көп көрген, Қилы-қиын замандарды өткерген; Жасқанбастан жағаласқан кезінде Азулары алты қарыс бектермен.

Би-болыстан, төреден де ықпаған, Қажет жерде жаға жыртқан, бұқпаған, Едігенің елге мəшһүр мінезі –

Тепсе темір үзе-тұғын мықты адам.

Момындарға сүйеу еді, сеп еді, Қонақ келсе барын үйіп-төгеді,

Ел білетін кең мінезі – жомарттық, Сараңдарға қадалатын жебе еді.

Дұшпанына – кесіп түсер алдаспан, Қаталдықпен қай кезде де «қандасқан»; Едігенің ел сүйетін мінезі – Айтқанында тұра-тұғын танбастан.

Елдірмейтін ел алдында қызынып,

«Сен» демейтін жөнсіз жерде бұзылып, Едігенің елге мəлім мінезі – Айтқанында тұра-тұғын танбастан.

Елірмейтін ел алдында қызынып,

«Сен» демейтін жөнсіз жерде бұзылып, Едігенің елге мəлім мінезі – Сүйкенбестен отыратын жүзі нық.

Өмірде оның көрмегені кемде-кем, Көргенімен талайларды «жөндеген». Қара күрке... Боз үйде де болған ол, Бұйырғанын артық-кемсіз теңдеген.

Əн де салған. Домбыра да шертетін, Бүркіт ұстап, тазыны да ертетін;

Жас кезінде қылаң мінген, боз мінген, Ал кейінгі мінген аты бөрте-тін.

Қалың елді қанжылатып, жұлқылап, Хан жайлауда қамыққанда гүл, құрақ;

«Райымбек!» деп ұран салып, оқ атқан, Он алтыда қол бастаған мылтық ап.

Осы Едіге...

Ел бастаған Едіге,

Тартып туған тамырына, тегінге; Қан тамғанда атқа отырған аттандап, Қарқара мен Шалкөденің шөбіне.

Кезде сол бір ел басына күн туған, Кезде сол бір ер басына сын туған, От пен оқтың арасынан бораған, Осы Едіге... Арыстандай ұмтылған.

Арулардың жанарына жас тұнып, Ал аналар маңдайымен тасты ұрып, Боздағанда боздақтарын түгендеп, Осы Едіге... Белді буған бас тігіп.

Осы Едіге...

Ел жігерін үкпестен,

Ел намысын қолдан бермей, бүкпестен, Қайрат қылған қырандайын қиялап, Алатаудың асқарында – тікте өскен.

Су да кешкен, қар да кешкен, шөп кешкен, Ұлықпен де, бүлікпен де беттескен.

Төңкерісте «қызыл қыран» атанып, Кеңес үшін қанын төккен, кектескен.

Таяқ жеген, таяқты да жегізген... Колхоз құрып, түрен салған өгізбен. Едігенің ел сыйлаған мінезі – Ерлік, еңбек – бойындағы егіз дем.

Шалғы ұстаса кірісетін жең түріп, Дауға түссе, тең сөйлеген, тең тұрып.

«бес патшаның дəмін татқан» алып қарт Осы өлкенің «құлағы» еді ең түрік.

Жас шағында күлдіретіп боз атын, Бəйге десе, көкпар десе қозатын; Осы өлкенің «білегі» еді Едіге

Ер мінезді, елге жайған өз атын.

Орақ мұрын, қыран қабақ, кескінді, Ашуланса, тау мінезді көшкін-ді; Осы өлкенің «жүрегі» еді Едіге Өсек айтып, даттамаған ешкімді.

Сол Едіге «ақты» көрген, «бандыны»,

«мəнсізді» де, көрген талай «мəндіні», Аштық жылы түршіккені жадында, Өзегінде – өлгендердің мəңгі үні.

Сол Едіге... Босып шығып қосынан, Пана таппай жауы түгіл досынан, Қалың қазақ қырылғанда...

Осылай

Ет бауыры езіліп бір шошыған.

Тау, жырадан, кең даладан сұлаған, Талшық таппай ісіп-кеуіп құлаған Қандастарын көрген сəтте...

Осылай

Өксіп-өксіп, іш құста боп жылаған.

Сол Едіге... Нар Едіге... Көп көрген...

Жазғытұрым жемтік іздеп көкте өрген, Құзғындарды көрген сəтте...

Осылай

Бір түйір жас қолқасына кептелген.

Сол Едіге... көк бүркіті көп ілген, Құзғындардан қатты шошып, шегінген. Көрген кезде сүйектерді қырдағы

Дəл осылай ағыл-тегіл егілген.

Сол Едіге, нар Едіге. Жоқ бүгін.

Соғыс... Бес жыл... Қанжылатып өтті күн. Күзеп кетті жал-құйрығын – үш ұлын Жұтты майдан... көкірегінде – көп тығын.

Көп тығыны – көп арманы кешегі, Көк орманы кейде шулап көшеді. Еске түссе үш құлыны – үш ұлы, Сынап-қайғы көкірегін теседі.

Кетті күндер қаймығуды білмейтін, Өтті күндер қайғыруды мін дейтін.

Енді, міне, қайран қартың қарайып, Жатыр төрде қауқары жоқ үндейтін.

Үнсіз үйдің майшам жанған төрінде, Үнсіз көніп кеудедегі шер-үнге,

Сол Едіге... Жатыр тынып, міз бақпай, Он сан ойдың арпалысып өрінде.

  • Едігенің ойы

Сонда қалай? Қалай сонда болғаны? Қай сұмырай көзі қиып, жолдады? Миға қонбас сұмдық іс қой, апыр-ай! Қасым өскен ұл емес пе қолдағы?!

Жалғыз тұяқ кешегі өткен Арыннан, Қарын шашы өз қолыммен алынған, Бала емес пе көз алдыма өскен ол, Кеше ғана тал бесікке таңылған?!

Қаз-қалпында... Көз алдымда тұр анық: Бала-Қасым жағалаған жыраны,

Жігіт-Қасым өз еркімен аттанған Қырық бірде майданға алғаш сұранып.

Жасын-Қасым жасқанбаған көп істен, Батыр-Қасым қайта оралған жеңіспен, Асыл-Қасым – мақтанышы осы елдің, Еңбегімен көтерілген еңістен.

Аға-Қасым елдің қамын ойлаған, Қылыш-көңіл, от жүректі ойлы адам, Əке-Қасым отау тігіп, жар сүйіп, Ұрпақ сүйіп, шілдехана тойлаған.

Сонда қалай? Қалай сонда болғаны?.. (Қарт қамығып, қабаржып ой толғады, Күрсінгенде көкірегі – от-жалын, Домбыраға тіл біткендей қолдағы...)

Пиғыл жоқ-ты бір сөзінде жат, бөтен, Болар ұлды қай сұмырай сатты екен?!

Қасым десе Қасым еді – қаршыға, Қандай арам қай тасадан атты екен?!

Қара ниет қандай ғана көп көрді, Кінəсі жоқ жалын жанды, текті ерді?! Мен сенбеймін!

Қасымды жау дегенге...

Қандай пасық, қай мінезін жек көрді?!

Əлқисса:

Қартың қанша болса-дағы шыңдалған, Езді білем, көкірегін мұңды арман.

Өкіндіріп өрт жалады өзегін, Орамалмен сүртті көзін дымдалған.

Жөткірініп алды-дағы тым қатты, Кмпіріне көз тоқтатып, тіл қатты:

      • Аудан жақтың аузы жаман, бəйбіше, Тағылып тұр Қасымжанға мін қатты.
      • Қайдағы мін?
      • Суық сөзді айта алман.
      • Жүрек сезген... Келген сəтте-ақ байқалған. Иіс байқұс қабағыңды көргеннен,

Құлай жаздап, босағада шайқалған... Байқұс, бала-ай!..

Не жазды екен соғұрлы?!

      • Жазығы ма? Бастағаны тобырды. Осы ауылдан біреу оны көрсеткен, Сезем...

Сезем...

Қасымды бақастықтың оғы ұрды.

Қызғыныштың қызыл иті талады, Қан жамылды балтыры мен балағы. Қасым, сірə, оралмайды жуықта, Айдайды алыс...

Абақтыға жабады...

      • Не деп тұрсың? Ойбай! Ойбай!..
      • Боздама!

Қатқан шерді кеудедегі қозғама! – Үш құлыны түсті ме əлде есіне, Дауыс салып қараңғыда созды ана.

Созып-созып өксіп-өксіп тиылды:

    • Жалған-ай! – деп жаратқанға сиынды.
    • Қазан көтер, – деді шалы Сəнімге:
    • Отты жөнде. Əкел отын, қиынды.

Шалың қайта домбырасын қолға алды, Терезеден сыртқа қарап толғанды.

    • Шақыр, – деді, – Иіс пенен келінді. Амал қанша? Естіртейік болғанды.

Айтпақ болып өксіп кеткен жалғызды, Едіге қарт қиын іске барды ізгі.

Иіс кемпір, Айша келін екеуін Бесіктегі Берігімен алғызды.

Пеш жағылды... Үй жылынды... Бірақ та

Төртеуі үнсіз. Көңілдері – жырақта. Берік қана былдырлайды ораулы, Келді сағат жауап айтар сұраққа.

Есті қартың сөз салмағын жүйелі, Ең əуелі домбыраға сүйеді.

Тартты бір күй бұрын ешкім білмейтін, Өмір жайлы, тірлік жайлы киелі.

Батырыңның босап буын, сүйегі, Кəрі жүрек жас қамырдай иеді... Ел айтатын əлі күнге тамсанып, Мына бір күй өмір жайлы киелі, Тартқан сонда Едігенің күйі еді...

  • Едігенің естірту күйі

Аспан. Дала. Кең дейді. Кемді жұрты емдейді.

Жаман менен жақсыны Заман өзі жөндейді, Асыл менен жасықты Ақыл-сана өңдейді, Батыр менен пасықты Ел таниды, көнбейді... Күнгейдегі өрлердің Қияқ шөбі шөлдейді, Ел сүйетін ерлердің Ошақ оты сөнбейді...

Аспан. Дала. Кең дейді, Қоғалы жер көл дейді, Көл, сулы жер – құйқалы, Көл жағалай ел дейді,

Ел ішінде бір атты, Ел тірегі бел дейді, Көл төсінде бір аққу,

Қалқып ұшып көлбейді, Аққу төгіп зар-мұңын, Сағыныштан шөлдейді, Ел сыйлаған арлының Асыл сөзі өлмейді.

Аспан. Дала. Кең дейді. Ерін сүйер ел дейді.

Даналарын аялап, Ұшырмаған желге ойды Халық мінсе ашуға Көктемдегі сел дейді, Болмас онда басуға, Қызыл судай көнбейді, Төгіп-шашып бар мұңын, Толқын ұрып көлбейді, Ел сүйетін арлының Арман-ойы өлмейді...

Аспан. Дала. Кең еді. Кеңге жұрты сенеді. Сенген елдің көңілі Сарқылмас бір кен еді,

Ел сөзіне кім-дағы Басылады, көнеді, Көнбесе елі шыңдағы Ақиықтай төнеді.

Сабыр, қалқам, тарар түн, Көк шыбығың өнеді, Сабыр түбі – сары алтын, Сабыр бəрін жеңеді.

Аспан. Дала. Кең еді. Кеңге халқы сенеді. Елге, жерге сенгеннің Шөбі шүйгін өнеді, Сенбегеннің шырағы Жанбай жатып сөнеді, Өзені мен бұлағы Көлге жетпей семеді.

Арманды жан алдырмас, Арман, үміт тел еді,

Мұң-қайғыға шалдырмас, Сенім түбі жеңеді.

Аспан. Дала. Кең еді. Кеңге жүрек сенеді. Қасым сынды қайсар ұл Бұл қиырда кем еді, Момынына ауылдың сүйеу еді, сеп еді, үстіменен ауырдың жүргендерге жебе еді.

Тар пиғылын пенденің, Түбі адалдық жеңеді,

«жау!» жегенге сенбегін, Қасым аман келеді.

Аспан. Дала. Кең еді. Кеңге көңіл сенеді.

Ұлдар қалып, апыр-ай, Мен кеткенім жөн еді. Селкілдетіп сексенде,

Құдай мені шенеді, Өлмес дəрі ексең де, Маған тимес көмегі... Бəріне енді Едіге Мойынсұнып көнеді, Адал ұлдың еліне Келеріне сенеді;

Көк орман мен көп көлді Асарына сенеді,

Қилы-қилы өткелді Басарына сенеді, Қиналса да қайыспай, Жетеріне сенеді, Асулардан майыспай Өтеріне сенеді, Қарашада шалғынның Соларына сенеді, Мамыр туа балғынның боларына сенеді;

қаңтардағы еменнің тоңарына сенеді, наурыз туа көгеннің толарына сенеді,

жаз-жайлауға көп елдің шығарына сенеді, туған елдің көгіне

бір қуаныш келеді, соған түбі Едіге, сеніп жатып өледі...

Қызыл сулы далаға Қараң өлең шөп өнеді, Сəуле сеуіп санаға Таңда жұлдыз сөнеді, Үміті бар өлмейді, Үміт, сенім тел еді, Кебін киген келмейді, Кебенек киген келеді, Туған ауыл көгіне

Бір қуаныш енеді,

Соған түбі Едіге Сеніп жатып өледі...

Аспан. Дала. Кең еді. Кеңге Отаны сенеді. Сенген елдің əманда Көгереді желегі...

Жалғасады жасарып, Жайқалады көл, егін, Жетіледі жас, арық, Бесікке ұлды бөлегін, Үміті бар өлмейді, Көңіл аттай желеді, Кебін киген келмейді, Кебенек киген келеді... Келеді! Келеді!

Əлқисса:

Мінезіндей Едігенің өр, биік, Мына күйде сезім-биік, шер – биік! Домбыраның өне бойын балқытып,

Кетті білем аспан да иіп, жер де иіп.

Алпыс екі тамырды күй тербеді, Тербеді де қозғады ойды төрдегі. Мына күйдің сарыны ма?.. Сарыны Пендеңді де оятардай көрдегі.

Əлдилеген... Əуелеткен... Тербеткен...

Ауыр еді мына күйде шер неткен?! Бір сарын бар

Асау, Мұңды, Өзгеше,

Бұрын-соңды естілмеген жер-көктен.

Кезіп сарын тау-жыраны, аспанды, Сілкіді кеп емен, шырша, жас талды,

Айша келін атып шықты шыңғыртып, Ал ананың жанарынан жас тамды.

Жылады ана... Солқылдап кеп жылады, Көлдетті де көздің жасын бұлады, Немересін біреу алып кетердей, Ұмтылып кеп тал бесікке құлады.

Шерлі анаға Сəнім кемпір қосылды, Едіге қарт естіді үнсіз қос үнді.

Боздауынан қос ананың ораулы Бесіктегі Берік қатты шошынды.

Дір еткендей қырдың қара шалғыны, Шерлі дауыс өксіп-өксіп қалғыды.

Іште – бесік, сыртта – тау мен Ай мұңды, Өлмес күйдің жүректерде талды үні.

Шыр еткендей қырдың қара шалғыны, Шерлі дала өксіп-өксіп қалғыды; Суық хабар келген күнгі Беріктің

Тау-жыраның құлағында қалды үні...

ҚАЛАДАН КЕЛГЕН ҚЫЗ

Ақжелең дəурен алыстап, көзіңнің алды мұнартты-ау.

Базары көшкен таныс бақ, басыңа сенің мұң артты-ау!

Мұң артты-ау айлы түндердің арманға толы сəттері.

Қайырылмай кеткен күндердің Қайғысы қандай тəтті еді.

Шаттық пен қайғы ауысса, шүкірлік қылар – ер кісі...

Кешегің демін тауысса, кележақ күннің белгісі!

Мезгілге болған кім ие, адамның бəрі – мүскін-ді.

Қызылды-жасыл дүние –

қапыда көрген түс сын-ды!

Дүниені билеп дүрсініп,

мəңгілік тұрар салт бар ма?

Күйзеле берме күрсініп,

көңілің күңгірт тартқанға!

Жөнің бе жүнжіп езбін дер, Жүретін алғы жолды ойла! Ауысар кезде мезгілдер –

аспан да жылап алмай ма?

...Бетіңнен ұят, ар кетсе,

қайтейін, Уақыт, бейпілім?!

Қылтасы қыздың жарқ етсе, дізесі... дірілдей-тұғын...

Жанының жоқ бір алаңы, тұмадай тұнық санасы,

Кинодан көрген қаланы –

мен едім ауыл баласы!..

Қаладан келген ауылға,

қыз едің қысқа көйлекті...

Қарамай сыншыл қауымға қағатын болдым «əйнекті».

Аңдудан мені арланбай, ақшамда аздап «ішіп» кеп,

Ақкөздеу ағаң арландай –

ақырушы еді «күшік» деп!..

Қарауылдан шаршамай, қалғанда жиі беттесіп,

Қызғаншақ інің қаршадай –

қуатын еді... ит қосып...

Жайымды сен де сезінбей, сезінбей көңіл күйімді;

Түнімен кейде көз ілмей, күзетіп жүрдім үйіңді.

Атандым «ауру айкезбе», ауырлау тиді сол маған...

Ойласам қазір, ол кезде,

он беске жасым толмаған.

Шалдардан сергек сақтана, шығарам шаққа даусымды.

Телміріп темір қақпаңа, тағатым əбден таусылды.

Жасамау үшін «қателік»,

 шуламау үшін жұрт түнде, Ініңе кəмпит əперіп,

«аузын алдым» иттің де.

Ішімде ізгі мұратым,

іздетті маған жол жаңа,

«қызылға» жұмсап тұратын ағаңа болдым «қолбала»...

Алдыңда бағамды өсіріп,

«ақынға» жəне айналдым...

Жолдадым жырын көшіріп, Қуандық, Тұманбайлардың!

Болды ма жүрек кілтіндей –

булығып жазған «хаттарым»,

имене басып, іркілмей

есігіңді алғаш аттадым...

Бағымыз солай ашылып, Жанымыз сезіп жылуды;

Оқитын болдық жасырып,

«Қозы Көрпеш – Баян сұлуды...»

Бағымыз солай ашылып, Үріккен үміт оянды...

Оқитын болдық жасырып, оңаша... Омар Һаямды...

Бағымыз солай ашылып, Көңілге желік кірді де;

оқитын болдық жасырып,

оңаша «Мың бір түнді» де!..

«Қаймана бала тым арық,

қайдан да келген» дегізбей,

«есепті» бірге шығарып, еркелеп жүрдік – егіздей...

Адалдық болса санаңда –

айтпайтын онша «тек-текті».

«Балам» деп кетті анаң да,

əкең де: «Балам» деп кетті.

Берілер солай баға көп –

жасасаң қалай сый кімге...

Ізетпен інің «Аға» деп,

исімді таныды итің де!..

Сүйсіне сырттай күлімдеп,

ауысып «Сізден» – «Сен-Менге»,

ақкөңіл ағаң: «Інім» деп,

«қайным» деп кетті жеңгең де!

...Жақындай берді арамыз, жарқылдап əн де айтамыз.

Мектепке бірге барамыз, мектептен бірге қайтамыз!

Жақындай берді арамыз, жарқылдап əн де айтамыз.

Киноға бірге барамыз, кинодан бірге қайтамыз!

Жақындай берді арамыз, жарқылдап əн де айтамыз.

«Вечерге» бірге барамыз,

«Вечерден» бірге қайтамыз!

Саған да, маған сөз ерді, білмеймін: Қашан? Қай күні?

Əдептен аттап ежелгі –

болыппыз ауылға «əйгілі»...

Жел түтіп біткен тамтығын, жер кепе түгел жан-жағы;

жалғыз-ақ көше бар-тұғын, жататын шығып шаңдағы...

Елемей елдің өсегін,

 өршіген өрттей айнала; бойымен сол бір көшенің,

баратын едік қайда да...

Қазақы мінез қыздар сақ, құрмайды серуен ашық бір!

Жүретін едік біз болсақ –

жұп жазбай қолтықтасып кіл!

Тік ұстап туын ақ ардың, тымырсық топқа жиі енбей;

көрінсек керек: олардың

көзіне шыққан сүйелдей!..

Кенеттен түстік алқаға,

кім екен бұған жазықты?

Баттитып біздің партаға

былай деп біреу жазыпты:

(Қылмыстан бетер қиын боп, қырсыққа шалды сол «өлең»)

«Он + (плюс) Она = любовь!

Қыз Жібек + (плюс) Төлеген!»

Оқиға болды ерек бұл, ойлантқан кəрі-жасты да.

Дікілдеп дүмше директор тергеудің алды астына:

    • Деп айтқандарға:

«Жат қылық!» Тиіскендерің рас па?.. Гуляйттап, махаббат құрып,

сүйіскендерің рас па?..

Түрінен суық жасқанып, танытсақ-тағы жақсы əдеп;

директор дереу басқарып, басталып кетті «Педсовет».

«Ал, сөйле!» деген жоқ ешкім, алыстан қозғап əрнені:

    • Бүгінгі «большой» кеңестің саяси мəні бар» – деді...

Ауданға бүкіл қылды əйгі, Зəкүнге қиғаш, дөрекі іс...

Мақұлдамайды мұндайды, Моральдық біздің кодекс!

Кешірер мүмкін, миы су, ақылы-есі кем кісі...

Он беске толмай сүйісу –

оңбағандықтың белгісі!..

Байбалам салар соншалық, бұлтартпас айғақ аз бірақ...

Тағылған айып болса анық,

бұл деген – нағыз «разврат!»

...Тұрғандай тірлік қылында,

қай жаққа білмей шығарын.

      • Безобраз! – деді – Шынында! міңгірлеп мосқал мұғалім.

Бұзылды бүкіл жұрт өңі, бұлқынар бізде лаж жоқ...

Шу ете түсті бір тобы:

– Шынында, «безобраз!» – деп.

Бір марғау басын мүк басқан, төндірді көктен тосын бұлт:

      • Бесіктен белі шықпастан –

«Ілубоб» деген не сұмдық!

Шараң жоқ өзіңді ақтауға, шарам жоқ өзімді ақтауға,

Біреулер сені даттауда, біреулер мені даттауда.

      • Көрдің бе көлгір-аярын, күледі бекер сырты құр...

Жыланның жеген аяғын, жылмақай жердің құрты бұл!

Қылымсып тұрса сайтандай, қалайша көзін сүзбейді ұл...

Сəурікті көрген байталдай,

қаланы құртқан қыз ғой бұл!

Сен емес едің жылауық,

Мен емес едім жылауық...

Сен жылай жаздап бірауық,

Мен жылай жаздап бірауық,

Қыстығып зорға тұр едік, қанымыз шапшып қолқаға,

Шегіртке құсап шіреніп, комсорг шықты ортаға...

Жымқырса керек «өлермен»,

 сөмкеңді жиі ақтарып; өртеніп іштей өлеңмен

өзіңе жазған хатты алып,

шаттанып біраз бөгелді, мақтанып жəне мастана,

дауыстап оқи жөнедді,

деп қойып «Неткен масқара!».

«Келші, сəулем, күн бетіңді көрейін, Сүйші, сəулем, тұншығып мен өлейін! Жет жұлдызым, жылжып қана жібектей,

Жұлдызды – жүзік, Айды – алқа ғып берейін.

Сөзің – сиқыр, есті тұман басқандай, ессіз жүрек дария болып тасқандай. Күлкің, Күнім, күндей күміс табаңқа Мінсіз сұлу меруертті шашқандай...».

Оянып ойсыз мың сұрақ, оқуға толық үлгіртпей –

апайлар бетін шымшылап,

деп жатыр: «Рас, сұмдық қой!».

    • Хат жазып қызға комсомол қайдағы сөзді айта ма?!

Əулие ме екен соншама ол, өлгені несі? Ой, тоба!..

Бітіріп үлкен бір істі,

төбесі көкті тіреген, –

ойқастап əлгі тіміскі

оқыды тағы бір өлең:

    • «Сүй, жан сəулем, тағы да сүй, тағы да, Жылы, тəтті у тарады қаныма...

Бұл лəззаттың бір минутын бермеймін, Патша тағы, бүкіл дүние малына!

Құшақтатып нəзік талдай беліңнен, Сүйгіз, сəулем, тəтті балдай тіліңнен. Бой шымырлап, талықсыды жүрегім, Балқып денем, барам еріп деміңнен...».

Сызылып... ұялып... болмашы, Салды да түлкі бұлаңға:

      • Бұл ұзақ хаттың жалғасы –

«боғауыз» – деді, – бұдан да!

Біздерді сөзбен іреуде ел, ессізі... еден тепкілеп.

Жағасын ұстап біреулер, біреулер жатыр «жетті» деп.

Байқаймын, ақыл соң енді, талқыға түсті егесті ой:

      • Жас бала мұндай өлеңді жазуы мүмкін емес қой!
      • Белгісіз бұрын баршаға, ал сонда, мұны жазған кім?
      • Кімдікі, мейлі жазған кім? өлеңі, сірə «Азғанның!»

Індете іздеп дерек бір, иісшіл иттей... өшігіп... алқымнан алды директор:

      • Алдың, – деп, – қайдан көшіріп?

Оралмай қойған тіліме – ойымның «құлпын» ашқалы, Əдебиет мұғаліміне əңгірлеп сауал тастады:

      • Тимесін, «жаманаты» кеп, тақпақты мынау жазған кім?
    • Өкімет қылған «запрет»,

өлеңі, – деді ол, – Мағжанның!

Меніңше, осы шоқынды ұл, аздырар адам ақылын – Мағжанмен қоса оқып жүр, маскүнем орыс ақынын!

Директор: – Қалай ел өссін? Кейінгі ұрпақ «Керкеткен!..» Айттым ғой, – деді, – кеңестің Саяси мəні бар деп мен!

Парторг шолып қиядан, қандырды сөзге «құнарлы»...

    • Кеңестік алтын ұядан аластау керек бұларды!

Əлгі айтқан ақындарымыз – Қас қой! – деп жатыр біреулер! Берейік ақыл бəріміз –

жас қой, – деп жатыр біреулер!

Сен тұрсың көзің алақтап, мен тұрмын көзім алақтап... Біреулер жатыр сені ақтап... біреулер жатыр мені ақтап...

Құлатар жарға қуғындай – қаңқудан, бəлкім, қорықты; жиналыс соңын шу қылмай, директор былай қорытты:

    • Аяғын шалыс басады ер, аттарда өмір есігін!..

Кінəсін мойындаса егер –

көрейік жасап кешірім!

Күлімдеп суық көзінде ой, риза болды «білгіш» көп:

Кеңпейіл адам өзіңдей –

Кешіре-тұғын қылмыс! – деп.

Махаббат жолын шектеткен, моральға көніп «шын ізгі», қуылмай қалдық мектептен мойындап «қылмысымызды».

Ашудың бетке оты ұрып, алқынып албырт тұр кеуде! Ант бердік: «Бірге отырып», Жұптасып бірге жүрмеуге!»

(Бəлеге бастар желік бұл, болмайды мұны білмеуге!..) Ант бердік: «Бірге теріп гүл, алысып ойнап-күлмеуге!».

Ақындық жолын шектеткен ақылға көніп «шын ізгі», Қуылмай қалдық мектептен мойындап «қылмысымызды».

Ант бердік: «Мағжан атын да» ауызға мүлде алмауға!»

«Еліктеп «Азған» ақынға, Еліріп сайран салмауға!».

«Тəлкекті неткен тағдыр ең сезсемші – сезім сөнерін... Ақиқатты айтсам: алдымен ант берген мына мен едім!

Кезде сол: мəңгі сенерің, сыналар соңғы сəт келген, ант берген мына мен едім – мен едім мына жалт берген!

Келер ме «Қайта кел!» десем, талқыға түскен мұнар күн...

Сол сəттен бастап, əлде сен санаттан мені шығардың?!

Алыстай берді арамыз, аңқылдап əн де айтпаймыз. Мектепке бөлек барамыз, Мектептен бірге қайтпаймыз.

Алыстай берді арамыз, аңқылап əн де айтпаймыз, Киноға бөлек барамыз, Кинодан бірге қайтпаймыз.

Алыстай берді арамыз, аңқылдап əн де айтпаймыз,

«Вечерге» бөлек барамыз, Вечерден бірге қайтпаймыз.

Арқасын тосқан ауырға, жанымды жіпсіз ноқталап: қайырылмай кейде ауылға, қалаға кеттің апталап...

Көз жауын алды бар тұлғаң, тұрса да ішің жиі ұлып; бұзылдың асыл қалпыңнан, қызылды-жасыл киініп...

Құбылып жүзің шуақты, қыдырып өңкей сылқыммен; құдайдың қызы сияқты – қарайтын болдың сыртыңмен!

Суындың маған сен солай, суынған жоқпын мен бірақ. Мəңгіріп жүрдім қаншама ай, мұң жұтқан жүрек қан жылап!

Суындың маған сен солай, суынған жоқпын мен бірақ.

Деп күлдің бірде: «Пей, гуляй! Махаббат деген – сандырақ!»

Жаға ма, мейлі, жақпай ма, аспадың құлақ сөзге енді... Мақпалдан жұмсақ мап-майда мінезің қатты-ақ өзгерді...

Ажарыңменен гүлсің тек, амалым қайсы – бұл іске?.. Сабаққа қолды бір сілтеп, салындың жайдақ жүріске!

Шарапқа шөлі қанбаған – сауыққа болдың сүйкімді... Ойнатып үйде мен қалам інің мен төбет итіңді!..

Сүмелек менің сиқымды інің де сонша жақтырмай;

Өзің мен төбет итіңді байбалам салды «бақтырмай».

Келешек үшін аңсаған, кетпеуің үшін азғындап, қасыңда жүріп мен саған қиылып қанша жаздым хат!

Бақытымды ажарлай-тұғын – өзің деп өлмес арманым, өмірі жаза алмай-тұғын өлеңімді алғаш арнадым!

Жауабыңды айтпай дəйекті, алдадың аңқау жүректі...

Арада зырғып ай өтті, арада жылжып жыл өтті!..

Жиілеп «құшақ жайған күн», белгісіз талай бел астың...

Тайғағын кешіп тойлардың, тұманды түнде адастың!

Көбейіп кейін «Туған күн», тұрмадың қолға ыршып тым... Дариясын кешіп думанның, дауылды түнде тұншықтың!

Сайраса – сөзге көк тасқын, Серілер аз ба... ысқаяқ...

Ойнақтап барып от бастың он алты жастан аспай-ақ!

Жанымның жүзі түтігіп, тулаған торда кептерше, асықтым мектеп бітіріп, ауылдан алыс кеткенше!

Түрпідей тиді құлаққа – түскені құлап туымның... Бас тігіп биік мұратқа, біртіндеп мен де суындым!

Алтын шаң ұшар тағамнан, күнге де жеттім теп-тез-ақ. Алдымда тұрды ақ арман, алдымда тұрды көп ғажап!

Көп ғажап көрдім шынында, биікке қарай бастап бақ...

Алатау, Алтай шыңында, оқыдым өлең асқақтап!..

Сырыңды айтпай ұғысқан сезімтал жаннан қашпақ кім? Батыс пен Қиыр шығыстан бауыр да таптым, дос таптым!

Қимайтын үзіп алуға Гүлден де жаны нəп-нəзік,

Үйлендім айдай аруға –

көзіне көзбен хат жазып!

Мінезіменен мəрт ұлдың – мойымас өнер жолында, домбыра болып тартылдым, дəулескер күйші қолында!

Жер бетін біраз шарладым, ақынға біткен тағдырмен. Қобыз да болып сарнадым, сырласып күзгі жаңбырмен!

Жылаған, күлген кезім көп, тыныштық бар ма – ой барда?! Өрге де шықтым өзім боп, төрге де шықтым тойларда!

Қаланың қылжақ қызына қынадай қырар сөз айттым. Тайғанап мидың мұзына, онымды қазір азайттым.

Азайтқан жоқпын бірақ та, жырыммен сырымды айтуды. Сол үшін жылда бір апта ауылға барып қайтуды...

Сондай бір сапар үстінде, өрімдей өндір көп қыздың, орталарына түстім де,

«Кездесу кешін» өткіздім...

Тұрғанмын оқып текті өлең, Сілкіп бір тастап шашымды,

«сырлы аяқ сыны кетпеген» көзіме оттай басылды!..

Жұмбақтау екен күлгені, жүзінде жұбау жатыр мұң.

Анықтап атын білгелі –

саусақпен іліп шақырдым.

Тақуа салтты бұзғым кеп:

    • Таныспыз, – дедім, – мен білсем?
    • Қаладан келген қызбын! – деп, қалжыңмен жауап бердің сен.

Қалмаған шығар түс менде, жылдардың қойнын қозғадың. Есімің еске түскенде – есімнен тана жаздадым!

Алқымнан алды ар мені, құшағымды ашып құладым. Жазығың сенің бар ма еді, Жаным-ау неге жыладың?..

Көзіме Өзім сенбедім, болыпсың бордай көңілшек. Қасіретімсің сен менің – сарқарын қара келіншек!..

Келеді көп сыр ақтарғым, Кіршіксіз серуен құрайық!.. Меккесі махаббаттардың – Мектепке барып тұрайық?..

Жастықтың нақақ назы ұрған, Кімдерге кінə артамыз?..

Атымыз ойып жазылған бар ма екен əлі партамыз?!

ҚОРҚЫТТЫҢ КӨРІ

(Драмалық дастан)

 Аса құрмет тұтатын Иманғали Нұрғалиұлы Тасмағанбетовке арнадым

Кейіпкерлер:

ҚОРҚЫТ – Абыз.

АЖАЛ – Жаналғыш Қызыл Қанат Əзірейіл.

БИЛЕУШІ БЕК – Қаһан.

САРЫН-АРУ – Қорқыттың əйелі. ҚАРАҚОЖА – Оғыз-Ата – Қорқыттың əкесі. ҚАМҚА – Қыпшақ-Ана Қорқыттың шешесі. РƏПІЛ – Қорқыттың досы

НИКЕ – Қорқыттың көңілдесі.

ДАУЫС – дауыстар.

ХАЛЫҚ. Қырық қыз...

 Оқиға Расул (Мұхамед) Пайғамбар заманына жақын тұста (VІІ–VІІІ ғасырда) Баят (Сыр-Дария өзені) бойын- да өтеді...

Екінші бөлім

Үшінші көрініс

 ...Оғыз-Қыпшақ елінің Билеуші Бек – Қаһаны қайтыс болып, жұрт соны азалап жатады... Табыт... Қазулы Көр...

ДАУЫСТАР

    • Қыршын кетті-ау...
    • Тылсым кетті-ау, Жарығым...
    • Оғыздың Ер-Ұланы еді...
    • Қыпшақтың Хас Қыраны еді...
    • Қанатынан қайырылды... Қалың Ел...
  • Қыр-арқасынан майырылды... Қайран Жұрт...
  • Гəуірлердің Боданынан босатып еді...
  • Ала атына мінсе –
  • Ата-Дұшпанын

Қара Албастысы басатын еді...

  • Көрден – Өрге –

Өгіздей сүйреп ед...

  • Ширек Ғасыр –

Халықты жеке билеп ед...

  • Һаділ ет –

Ет-жақынына бүйрегі бұрмайтын еді...

  • Шет-Алысына да –

Қиянат қылмайтын еді...

  • Бақ-Талайына таласар –

Теңдесі жоқ еді...

  • Амал-айласы көп еді...
  • Өтірікті – Шындай, Шынды –

Құдай ұрғандай қылып айтатын еді...

  • Кедей көңіліңді –

Сөз қөбігімен байытатын еді...

  • Ұтылып тұрып –

Ұтатын ед...

  • Түйені –

Түгімен жұтатын ед...

  • Қарашыдан шыққан ед...
  • Тəж бен Тақтың –

Тəсілін əбден ұққан ед...

  • Армансыз билеп-төстеп ед...
  • Бұл – Бегіміз,

Біз – Бегіміздің бөстегі ек...

  • Қарекетсіз-қамсыз қалдық...
  • Қаһансыз-Хансыз қалдық...
  • Сендей соғылдық...
  • Əттең-ай,

Енді, не қылдық...

  • Өзі түсіп –

Орнын ешкімге бермейтін ед...

  • Сұмырай ажал – Қызыл Қанат Əзірейіл Аманат-Жанын алмаса –

Мəңгі бақи өлемейтін ед...

 (...Күн – тұтылып, Жер – қозғалғандай болады... Қобыз Сарыны естіледі...)

    • Ойбай...
    • Мынау – əлгі... кім еді...

... Əулиенің Бақсы-Арыны...

    • Қорқыттың Қобыз-Сарыны ғой...
    • Қорқыт келеді...
    • Қорқыт...

ҚОРҚЫТ

...Не үшін – сонша, Шулайсыңдар, Қалың Ел?!

Кім үшін – мұнша,

Көз жастарыңа қарық қып – Көңіл-көлдеріңді Улайсыңдар,

Қайран Жұрт?! Нені жоқтап, Кімді –

Қайғырып жатырсыңдар?!

ДАУЫСТАР

    • Игі-Жақсымызды жоқтап...
    • Билеуші Бегімізді –

Қаһанымызды қайғырып жатырмыз...

    • Бас-Ноқтасыз қалған – қапылмыз, Əулие...

ҚОРҚЫТ

Жақсы Адам ба еді, Шынымен?!

ДАУЫСТАР

    • Жақсы Адам еді...
    • Жақсы Адам...
    • Жақсы...
    • Бек Жақсы...

ҚОРҚЫТ

Сендім!

Сендім – сөздеріңе!

Жасы көмген көздеріңе... Бек жақсы Адам болса, Мендік лаж қанша?!

Шыққан жанын шырғалап, Қуып тығып көрейін – Тұздап қатқан Тəніне?!

 (...Сол қолындағы Шырғай-Ағаштан жасап алған Қобызын Көр топырағына тастап салып, оң қолындағы қоңыраулы Асасына жүгініп Бақсылығына басып, Арқасы қозып, аруағын шақырып, Жын-Перілерімен «тілдесе» ба- стайды...)

...Кəні?! Кəні?! Бəріңе!

Жасыңа да кəріңе! Жалған шор!

Жалған шор! Жалған шор! Жалған шор...

Тəнін тастап шыққан Жан –

Талайлардан қалған шор!

О, Жалған шор! Жалған шор!

...Алтын Таққа лайық – Қаһан-Бас та қапқан шор! Табытында тырайып – Көзін ақ шел жапқан шор! Шарболатын қолған алған – Қаһар-Бас та өпкен шор!

Билік айтып толғанған –

Наһан-Бас та шеккен шор!

Бұл – неткен шор?! Неткен шор! Көні қатып, кепкен шор!

Ақсақалдан басталып, Көксақалға жеткен шор! Шорлығына мастанып – Келекесі еткен шор!

Қара Аспаннан төнген шор! Қайғы емшегін емген шор! Жүрек қанын суалтып,

Көз жасына көмген шор. Қара Жерге сиған шор!

Қасірет-мұңын жиған шор! Қылпасынан түсіріп, Қыршынынан қиған шор... Бұл – Зорлығын ұққан шор! Зымиян шор! Зытпан шор! Оғыз-Қыпшақ Ардағы – Бегіміздің жұтқан шор!

Жұтып – жым-жырт жытқан шор! Жытқан Шорды табуға – Жындарымды шақырдым?!

Тауып – шаңын қағуға – Ой, аһ ұрдым! Аһ ұрдым! Перілерім, қайдасың?!

Қайсы, қандай жайдасың?! Жақсы Бектің Жанының, Ойла да тап айласын?!

...Қарасаң-шы, бар ма екен, Өркеші жоқ Нар ма екен?! Су ішінде сүйрік пе, Суырылған жүйрік пе?!

Мыңнан озған тұлпарым, Шыңға қозған сұңқарым?! Жануарларым, сөйлеші?! Танып алғаным, сөйлеші?! Мазмұны жоғың əрі тұр, Мəні барларың, сөйлеші?! Кəріп жанды қамшылап, Сілекейін тамшылап, Көгімдегі Көп Пері,

Көп Перінің Серісі –

Аты шулы Көк Бөрі?! Қаражал, жазған Қасқырым, Таси берші, Тасқыным...

...Аһ... Уһ...

...Аһ... Уһ...

Жалған шор! Жалған шор! Жалған шор! Жалған шор...

 (...Əлі бітіп, құлап түседі... Табытта жатқан Билеуші Бекке «Жаны» оралмайды... Амал-айла-шарғысы түгесіліп, оң-солына қорғана қарап)

...Əй, Əлеумет!

Бұл – қалай болғаны?! Барым – Жоққа айналып, Сау-Тірлігім оңбады...

Əл-дəрменім мүлдем...

құрыған сыңайлы...

Аш-Қасқырым – мүрдем...

 ұлыған сыңайлы Қуат-Қайратым –

Тұла-Бойымды тастап, Қашқан сыңайлы...

Ақыл-Санамның да Айбатын – Құдіретті Бір Күш жасқап – Басқан сыңайлы...

...Билеуші Бектерінің –

Жанын алған кім еді?!

ДАУЫСТАР

  • Тəңірінің Түнегі...
  • Сұмырай Ажал...
  • Қызыл Қанат Əзірейіл...

ҚОРҚЫТ

Е-е... Бəсе?! Бектің жаны – Сонда екен ғой ...

ДАУЫСТАР

  • Сонда...
  • Сұмырай Ажалда...
  • Қызыл Қанат Əзірейілде...

ҚОРҚЫТ

Олай болса,

Бақсы-Құшынаштықтан –

Не мəдет?!

Жын-Перілерден –

Не əлемет?! Былай болсын... Құлағыңды сал,

Ақылымды ал, əлеумет?!

Қолың босың ба, Əлде,

Көңілі хошың ба, Сол Əзірейілді –

Шақырыңдар осында?! Сəл деп алып,

Ұрыс салып көрейін?! Сəтін салса,

Оның өзін өлтіріп, Тəубесіне келтіріп, Бектеріңнің Билеуші – Жанын алып берейін!

АЖАЛ-ДАУЫС (Көр түбінен).

Бұл Дүниелік Үлесің: Сен –

Жер Бетінде Қырық жыл ғана Өмір сүресің, Қорқыт!

ҚОРҚЫТ

Кім?!

...Не дейді?! Былшылдапсың! Оттапсың!

...Мен – Қырыққа... əлі...

АЖАЛ-ДАУЫС

Пəлі?! Бүгін –

Тура Қырықтасың! Яки,

Мендік Ырықтасың, Қорқыт!

(Күледі...)

Ха-ха...

ҚОРҚЫТ

Жо-жоқ...

Ім...

Ия... Ия...

Рас айтасың... Келдім...

Келдім – Қырыққа...

...Немене,

Іздеп Фəни Қисынын – Қиян кезген Қорқытқа, Қырық –

Қара Құлып па?!

АЖАЛ-ДАУЫС

Құлып! Құлып!

Жауабы жоқ Сұрақсың...

 (...»Жер жарылып – Жік шығып, Екі Құлағы – Тік шы- ғып» – Көр түбінен – Ажал-Жаналғыш-Қызыл Қанат Əзі- рейіл көтеріледі... Азалы Халық – зəрелері ұшып, сілтідей тынады...)

Жанына рахымы түспейтін – Неткен Сараң-Шұнақсың?! Ашып қара Көзіңді!

Бары-Жоғың – Қырықта Перғауынша сезінесің – Өзіңді?!

Перғауын тұрмақ, Пайғамбар да емессің! Пайым қуған Елессің! Пенде екеніңді – Ұмытпа!

Қарадай Кəрге ұшырап, Хас-Қаһарға ұрынған – Тəкаппарды –

Тəңірім сүймейді –

Тас-Емшегі иімейді!

ҚОРҚЫТ

Мен –

Қорқып барым... сұрыңнан...

...О, Сақалы қудай, Көзі будай,

Өзі – Қараңғы Көрдей, Қату Қарт,

Сен қайдан шыққан Пəлесің?!

АЖАЛ

Ой, Ақымақ Кеще! Өлгелі тұрып өзеуреп, Менің қудай сақалымды, Будай көзімді,

Қараңғы Көрдей Өзімді – Өлəлі еткен неткен Немесің?! Сезбеймісің Ажал Көгенін!

ҚОРҚЫТ

Ақырымның кімнен келерін –

Біліп өлсем деп едім...

АЖАЛ

Білгің келсе,

Көп ақ сақалдарды тұл қылғам, Сақалым – содан қудай!

Көп қара көздерге құм құйғам, Көзім – содан будай!

Қараңғы Көрдей Себебім: Қолыңнан келмеске ептеніп – Мені өлтіремін деп,

Тəубеме келтіремін деп, Сыртымнан күш көрсеткенің үшін, Тəңір-Иемдей бейне тектеніп – Билеуші Бекке

Жанын қайтарамын деп,

Жұрт алдында ерсі-еткенің үшін –

Жаныңды алсам ба деп едім! Алайда, қалай?!

Жаныңды бересің бе, Əлде,

Меніменен –

Ұрыс салып көресің бе?! Мен – Жаналғыш-Ажал – Қызыл Қанат Əзірейілмін...

ҚОРҚЫТ Е-е...

Қызыл Қанат Əзірейіл деген –

Сен бе едің?!

АЖАЛ

Ия, мен...

ҚОРҚЫТ

Мынау –

Билеуші Бектің де Жанын алған сен ғой?!

АЖАЛ

Мен!

ҚОРҚЫТ

Əй, қайдам...

АЖАЛ

Немене,

Күмəнің бар ма?!

ҚОРҚЫТ

Болғанда қандай! Мына түріңмен... Сен жан алып,

Жан береді дегенге –

Кім сенеді?!

Тілерсегіңді тірсегіңе соқпай, Жайыңа қарап жүрсең еді, Бейшара?!

АЖАЛ

Онда, Мықтал?! Құдіретіме –

Көзіңді дерең жеткізейін:

Билеуші Бекті тірілтіп, Сені –

Қорқытты құрбаны еткізейін!

 (...Билеуші Бектің бетін жеңінің ұшымен сипап өтеді... Табытта жатқан Билеуші Бекке жан бітіп, түк болмағандай, Басын көтеріп, Аяғына мінеді...)

БИЛЕУШІ БЕК

Уа, Қара Тобыр! Бұл –

Қай жиын?!

(...Жан-жағына шола қарап) Кімді азалап жатырсыңдар?! (...Халықта – үн жоқ...) Қиын – Түйін!

Табыт?!

Кімнің Табыты?!

(...Көр топырағы үстіндегі Қобызды көріп)

Қобыз?!

Кімнің Қобызы?! (Қаһарланып) Кімнің Қобызы –

Дедім ғой Мен Сендерге?! Қобыз – Кімдікі?!

ДАУЫСТАР

    • Қорқыт...
    • Қорқыттың...
    • Қорқыттың Қобызы...
    • Қорқыттың Қобызы, Əміршім!

БИЛЕУШІ БЕК

Көр?!

Кімнің Көрі?!

(Халық тым-тырыс...)

Кімнің Көрі?! Кімдікі?! (Ажалға) Сенікі ме, Өлімтік...

АЖАЛ (сасып).

С-с-с... сен... сені... Жо-жоқ...

М-м-м... мен... мені... Жо-жоқ...

Менікі емес...

БИЛЕУШІ БЕК

Кімдікі...

(Ажалдың жауабын тоспай, Халыққа)

Кімнің Көрі –

Дедім ғой мен Сендерге! Көр – Кімдікі?!

(...Күн тұтылып, Жер қозғалғандай болады...)

ДАУЫСТАР

  • Қорқыт...
  • Қорқыттың...
  • Қорқыттың Көрі...
  • Қорқыттың Көрі!
  • Қорқыттың Көрі!
  • Қорқыттың Көрі!

БИЛЕУШІ БЕК

Қорқыт – өлген бе?!

...Жақ-Сүйегі сынған екен ғой –

Өліп тынған екен ғой, Ақыры...

ДАУЫСТАР

  • Жо-жоқ...
  • Жоқ...
  • Тірі... əлі...
  • Əзірге... өле қойған жоқ...
  • Өлген жоқ... Əміршім!

БИЛЕУШІ БЕК

Өлмесе – қайда?!

ДАУЫСТАР

  • Өле-тұғын жайда...
  • Көр аузында...

БИЛЕУШІ БЕК (Қорқытты көріп).

Қорқыт?! Қорқытпын де!

Қобызымды күн-түн аңыратып –

Алмағайып Заманда,

Қарсы қойып Қоғамға –

Қара Тобырды толқыттым де!

 (...Көр топырағы үстіндегі Қобызды қолына алып тұ- рып)

...Бар Пəле – кімде, Қорқыт?!

Айтшы, Қобызда ма, Сенде ме?!

ҚОРҚЫТ

Тек!

...Пəле –

Өзің тақылеттес – Ақыл-есі кемде, Билеуші Бек!

БИЛЕУШІ БЕК

Олай болса,

Өз обалың – Өзіңе, Құм құйылсын Көзіңе! (...Азалы Халыққа) Қара Тобыр?!

Сұрағанға – Тілеген:

Осы Үкімім –

Түйткіл болып Көңілге,

Жай таптырмай жүруші еді Өмірде! Бəрі-бəрі –

Бəріңе!

Жасыңа да Кəріңе! Қорқытты –

Тірі күйінде,

Қобызымен қос көміңдер –

Қайтып шықпайтай ғып Көріне!

(Қолындағы Қобызды Көрге тастайды...)

Ал, мен кеттім... Билігімді құруға – Қойдан қоңыр Еліме! Бау-Бағымды,

Тəж-Тағымды сағындым...

НӨКЕР-ДАУЫС

Былай!

(Кетіп бара жатқан Билеуші Бекке жол ашып)

Былай тұрыңдар?! Былай...

ҚОРҚЫТ (Билеуші Бектің соңынан).

Құдды – Қуыршақ-Құдай...

 (...Қара Тобыр – Билеуші Бектің əмірін орындап – Қорқытты Көрге тығуға лап қояды... Ажал «Жə!» деген- дей – қолын көтереді... Бəрі – сап тиылады...)

АЖАЛ (Қорқытқа)

Қалай, Қорқыт?! Құдіретіме –

Көзің анық жетті ме?!

ҚОРҚЫТ

Жетті...

АЖАЛ

Билеуші Бек –

Келекесі етті ме?!

ҚОРҚЫТ

Етті...

Бір ұққаным: Өлген Адам –

Қайтып тірілмейді екен!

АЖАЛ

Неге,

Олай дейсің?!

ҚОРҚЫТ

Билеуші Бек – Өліден де бетер! Ол – Тірі-Өлік!

АЖАЛ

Тірі-Өлің деймісің?!

ҚОРҚЫТ

Демеймін! Уайымын жеймін: Ертеңгі Күнім – Қараң...

АЖАЛ

Онда,

Бүгін жаныңды алам! Тап қазір...

ҚОРҚЫТ

Дат?!

Алдияр Əзірейіл!

АЖАЛ

Датың болса, Айт?!

ҚОРҚЫТ

Айтсам – Айтшы, Əзірейіл?! Аспан асты – Жер үсті Толып бітті –

Билеуші Бек іспеттес Ісіп-кепкен Құдайға: Білгендерін – істейді, Білмесіне – күштейді! Шала,

Шикі – шетінен:

Кім жіберген Бұларды –

Осыншалық бетімен?!

АЖАЛ

Қапаланба һəм қайғырма?! Қорқыт,

Сен түсінем:

Жан-Дүниеңде – шұрай бар ...

Уақасы жоқ!

Бұлар –

Жалған Құдайлар!

ҚОРҚЫТ

Шын Құдай – кім?!

АЖАЛ

Шын Құдай – Жалғыз! Біреу-ақ!

Ол – Тəңір! Қалғандары – Жалған!

ҚОРҚЫТ

Жалғанды –

Тəңір сүйе ме,

Ене-Ағзасы ие ме?!

АЖАЛ

Жоқ! Сүймейді!

Жалғанды түгел – Кешіреді Тəңірі! Бəрі –

Соның Əмірі:

Солай етіп жаратқан ...

ҚОРҚЫТ

Бəсе?! Бəсе! Жез де – Бұлар –

Алтын буын жалатқан!

... Мен ше?! Мен?!

Мен де –

Жалған санатты, Күш түсіріп Өңешке, Өзіме-Өзім:

Құдаймын дедім емес пе?!

АЖАЛ

Жо-жоқ... Қорқыт! Сен бе?! Сен –

Жалған санатты емессің!

...Сен бе?! Сен –

Бөтен-төтен Ұғымсың! Сен бе?!

Сен –

Тəңірдің Қателігісің –

Шын боп бақтың! Соның үшін, Осынша

Басыңа пəле таптың: Өзің жаққан Отыңа, Енді,

Өзің жылынасың – Дереу жаныңды аламын, Яки,

Көктей жұлынасың! Қырық Жасың – Көрге түсер Басың!

ҚОРҚЫТ (өзіне-өзі).

Əттеген-ай... Мұны

Бұрын білсем-ші?! Жалған Өмір сүрсем-ші?! Ұқсап-бақпай – Болмасам,

Артты қысып жүрсем-ші...

(Ажалға)

О, Əзірейіл?! Жанымды алма – Кешіре гөр ...

АЖАЛ

Өй, Ақымақ! Менен несін

Сұрайсың сен кешірім?! Менде –

Не тұр!

Мен деген тек – Орындаушы ғанамын ... Тəңір Құлы –

Қара Күштің Иесімін! Кешірімді – Жаныңды –

Сұрау лазым –

Тəңірінің өзінен!

ҚОРҚЫТ

Жан беруші, Жан алушы –

Тəңірінің өзі ме?!

АЖАЛ

Өзі емей, Кім?!

Өзі!

ҚОРҚЫТ

Бəсе?! Бəсе!

Білгенімнен –

Көп менің білмегенім: Бұл – неге

Айналшық жеп жүр деп едім... Бəсе?!

Бəсе!

Əуел баста-ақ сезіп ем –

Сенің де Мендей Түбің дүмбіл екенін! Сəл сабыр ет...

Мінəжатын етемін: Мен Тəңірдің өзімен – Тілдесемін тезінен!

(Қос қолын Көкке көтеріп...)

О, Тəңірім! Дүниедегі Биіктердің

Бəрінен де Биіксің! Кімді болсын – Тереңіне батыратын –

Құпия-Жұмбақ Ұйықсың! Құдіретіңнің – Теңдессізін ұғындым!

Шын Таныдым! Құлақкесті Құлыңмын! Жүрегімнің Жарық Күні – Өзіңсің!

Таңғажайып таусылмайтын Сезімсің! Мəңгі-Бақи табындырар – Тылсымында тəлім көп:

Алар болсаң Əз-Жанымды –

Өзің ал,

Қызыл Қанат Əзірейіліңе –

Бере-тұғын жаным жоқ!

(...Күн тұтылып, Жер қозғалғандай болады ...)

ТƏҢІР-ДАУЫС (Көктен, күркіреп).

Қызыл Қанат Əзірейіл! Ақымақ –

Мені таныды! Түсті Оған –

Жүзімнің Нұр-Жарығы! Соның үшін,

Ол –

Орнына өз жанының, Тауып берсін –

Жанын басқа біреудің ...

АЖАЛ (Қорқытқа) Естідің бе, Тəңірінің Əмірін?!

ҚОРҚЫТ

Естідім! Естідім де –

Тығырыққа тірелдім! Менің үшін

Көрге түсер кімім бар?!

Жаның қайдан Таппақпын мен біреудің?! Тапқан күнде,

Жаныңды

Бер деуге Оған, Қалай дəтім барады?!

АЖАЛ

Ойлан?! Толған?! Азын-аулақ

Уақытың бар əлі ...

ҚОРҚЫТ

Ім... ім ... Таптым! Таптым!

Осы Топтың ішінде: Қарақожа дейтін Əкем бар, Қамқа дейтін Шешем бар. Жан аяспас жойқын Ер – Рəпіл дейтін Досым бар.

Нике дейтін ...

Жəне ...

Көңіл-Хошым бар.

...Тағы бір жайт – ойланар, Сарын-Ару – жан-жарым ... Аяғы – ауыр... Сарынның ... Бұл хəлімнен – бейхабар ... Бұдан басқа,

Не дейін?!

...Осыларды – Шығар ортаға, Берер болса,

Жанын сұрап көрейін?!

АЖАЛ (Қаралы Топқа).

Аты аталған – Жанбопсалары Қорқыттың, Жеделдетіп Топтан шық?! Кəні?!

Кəні ...

 (...Аты аталған кісілер, ажалдан қорыққандарынан ғана, қалтырап-дірілдеп, Топтан бөлініп, ортаға шыға ба- стайды...)

Оғыз-Ата – Қарақожа... Қыпшақ-Ана – Қамқа... Рəпіл-Дос...

О-һо... Нике ...

Неғып тұрсың оқпансып?! (... Қарақожаға) Əкесімісің Қорқыттың?

Балаң үшін –

Беремісің жаныңды?

(Қарақожа үндемейді ...)

... Əкесімісің

Деймін саған Қорқыттың?! Мына ... туған Балаңды – Танымадың ...

Таныдың?!

ҚАРАҚОЖА (Ажалға).

Мені неге қинап тұрсың, Жарығым ...

Қайдан білем мен байғұс, Кім екенін Əкесі –

Көр Иесі Қорқыттың?! Шешесінен сұрап көр – Сол біледі анығын ...

... Əке деген – құр аты, Еркек біткен – сұрбойдақ...

ҚАМҚА (Қарақожаға дүрсе қоя беріп).

Не деп тұрсың, ей, сен өзің?! Кəрі қақпас! Алжыған!

Өй! Өңезін... Өңезін! Қай бетімді жыртайын...

О несі екен... Масқара-ай... Жалғызынан безініп?!

Өзін – Бедеу сезініп ...

(Ажалға)

Тапқаным жоқ күлге аунап,

Бала –

Осының Баласы!

(Қарақожаны көрсетіп)

Жан беретін Кісің де – осы, Шырағым...

Менің берер –

Артық-ауыс жаным жоқ... Осыменен –

Болсын тəмəм сұрағың...

(...Топтың ішіне сіңіп бара жатып, Қарақожаға)

Өй, Албасты ... Жалап ішкен соң, Жан-Сауға –

Бұралқы иттей сұрын!

ҚАРАҚОЖА (Қорқыттың аяғын құшып).

О, Арыстан туған Ұлым! Сен туғанда –

Ыңғай Нардан

Тоғыз Үлек сойғызып,

Оғыз-Қыпшақты лықа тойғызып –

Ұлан-асыр Той жасағанмын! Шүленімді – таратқанмын: Төрт Құбыламды Түгел – Ауызыма қаратқанмын!

Сонымды ұмытпа –

Жүрегімді суытпа?!

... Анау, Əзірейіліңе айт!

Қаратауымды алсын –

Жайлауы болады.

Ақ Отауымды алсын –

Ойнағы болады.

Үйір-үйір Жылқымды алсын –

Мінері болады.

Ақтылы Қойларымды алсын –

Шідері болады.

Алтын-Күмісімді алсын –

Жинаған ...

Жанымды өзіме қи,

Балам ... Айт, Ажалыңа?!

Өмір деген – тəтті, Өлім деген – қатты! Жан – қымбат...

Жанымды бере алмаймын –

Қисын –

Көзімнің жасын тисын?! Айт?!

Айт?! Айт, Балам?!

Айт... Ажалыңа...

 (...Қорқыт аяғын құшқан Əкесін тастап, Рəпіл-Досына беттейді...)

ҚОРҚЫТ

Рəпіл-Досым, Не дейсің?!

Бай емессің Əкемдей, Мендей – тақыр кедейсің...

РƏПІЛ

Егер Сен –

Ғайыптан күсіп,

Ақ Мұнаралы қамалға түсіп – Гəуірлерге тұтқын болсаң: Ғұмыр бойына теріп,

Тірнектеп жиған барымды беріп, Ыстығыңа – күйіп,

Суығыңа – тоңар ем... Құтқарар –

Мықтың болар ем!

... Жан беруге – Осалмын! Əкең біліп айтады, Адамға – жан – қымбат... Мені,

Қорқыт, Кешір...

Дос санатынан – өшір!

 (...Қорқыт Рəпіл-Досын тастап, көңілдесі Никеге бет- тейді...)

ҚОРҚЫТ

О, Нұрлы Жарық Күндерімнің куəсі, Мұңлы Ғаріп Түндерімнің куəсі – Никем менің?!

Тəн қызуына мастанып – Бөленіп бал-сезімге, Өбісе-өбісе хоштанып – Өліп-өшкен кезіңде:

«Жанымнан да артық көрем!» –

Деуші едің, Сен не дейсің,

Беремісің жаныңды?!

НИКЕ

Мен не дейін, Қорқыт?!

Рас! Рас!

Бəрі – Рас!

Өмір-хошың болғаным да –

Рас!

Көңілдесің болғаным да –

Рас!

Бұған қоса... Қабырғамды сөгіп, Ащы терімді төгіп, Көк етімді жыртып,

Əл-дəрменімді құртып –

Айыратын еріктен,

Көмір-шоқты Көрік-дем –

Өзің сынды Тегеурінді Еркектер Тəн идіре сүйгенде –

Тұла-бойымның қорғасындай Балқитыны да – рас-ты!

Көңілімнің Дария ормасындай Шалқитыны да – рас-ты!

Бірақ ...

Сені

«Артық көрем жанымнан!» –

Деп айтқаным,

Есіме түспей тұрғаны ...

... Көп болды ғой, Бəлкім,

Содан –

Қатып-семген Құштарлықтың Тамағы – Күз гүліндей қурады ...

 (...Маңдайы тасқа соғылып қайтқан Бекіредей күй кеш- кен Қорқыт бұдан əрі не істерге білмей дағдарып, өмірден баз кеше бастайды... Кенет... Сарын-Ару, сүріне-қабына, Топты қақ жарып, жанұшырып келе жатады...)

САРЫН-АРУ

Мен беремін жанымды, Мен боламын – Қорқытымның құрбаны! (Ажалға)

Алар болсаң, Əзірейіл,

Мына менің жанымды ал?!

АЖАЛ (аң-таң болып).

...Сен – кімсің?

САРЫН-АРУ

Мен –

Қорқыттың жан-жарымын...

АЖАЛ

Куəң ...

САРЫН-АРУ

Тəңірдің Жарық Күні –

Рахман Нұры – куə! Үстімдегі Көк – куə! Тəңірдің өзі – куə!

Астымдағы Жер – куə! Тағдырдың Тезі – куə!

Адам-Ата – һау-Ана – куə! Ішімдегі Шарана – куə!

Мен –

Қорқыттың жан-жарымын, Таныңдар?!

Жарымның Садағасы! Алар болсаң, Əзірейіл,

Мына менің жанымды ал?!

 (...Ажал-Жаналғыш-Қызыл Қанат Əзірейіл Сарын-Ару- дың уəжіне разы болғаны сондай, əз-міндетінен тайқып – қос қолын төбесіне қойып бір сəт лахуа-тірлік тұтқыны- на түседі...)

АЖАЛ (өз-өзіне əзер келіп).

Сарын-Ару... Атқаның Ерге – қару, Елге – дару ... Мың жарден

Əзірейіл болсам-дағы, Сендей текті Əйелдің Жанын алу – Келмейтіндей қолымнан... Жəне ...

Оның үстіне ... Аяғың – ауыр ... Жүкті екенсің, Жарқыным...

... Қалдырмай-ақ

Қойсаң нет-ті жолымнан ...

Мен ... асығыс ...

Алайда ... Тəңірінің Əмірін Орындамасқа – Не жөнім бар ...

ҚОРҚЫТ

Онда,

Менің жанымды ал?! Алмас бұрын,

Көзінің жасын төкпейін, Нəрестедей жылауық – Қобызымды «əлдилейін» Бірауық!

Ұлы Арманда кетпейін, Қош айтайын – Сахарама,

Далама ...

Жан-жарыма...

Жарық Дүние көрмеген –

Жатырдағы Балама ...

Əзірейіл, Қалай?!

Осы айтқаным бола ма, Көңіліңе қона ма?!

Беремісің рұқсат...

АЖАЛ (қуанып кетіп) Болғанда қандай, Қонғандай қандай, Абызым...

(Қорқыттың Қобызын алып беруге Көрге түсіп жатып)

Рұқсат! Рұқсат...

(Көр ішінен...)

Міне,

Шырғай-Қобызың...

ҚОРҚЫТ (Бұ Дүниемен қоштасып).

...Ал, Дүние! Ойнадым-күлдім – Мəнің жоғын білдім. Жыладым-сықтадым –

Жалғандығың – ұққаным. Іштім-тыштым – Құйрығымды қыстым... Қош бол...

Қош...

(Қобызын аңыратып) Қорқыт деген немесе – Тек келіп,

Тек кетті деме!

(Қобыз-Сарынға қосылып)

...Қалың жыныс діңінен – Айырып алған, Қобызым. Шырғай-Ағаш Түбінен – Майырып-Ағаш түбінен – Майырып алған Қобызым. Желмаяның тері-құйызын – Күйек қылған, Қобызым.

Ортекенің мүйізін – тиек қылған, Қобызым. Бесті Айғырдың құйрығын –

Ішек қылған, Қобызым. Тəңірің бұйрығын – Күсеп тынған, Қобызым. Құлағыңды бұрайын, Хақтан мəдет сұрайын. Сұрағыма Жауап болмаса, Қобытқыңа – күй-табақ,

Қобызым, саған, сый-табақ, Мағына-мəнсіз, мазмұнсыз, Мына Жалған Фəнидің – Түп Енесін ұрайын!

 (Көр ішіндегі – Ажал-Жаналғыш-Қызыл Қанат Əзірейіл ізім-қайым жоқ болады... Соны сезген Қорқыт, Қобызын одан сайын зарлата түседі... Қобызын тоқтатса, Қара То- быр: «Қорқыттың Көрі!», «Қорқыттың Көрі!» деп шулап қоя береді, ал, Қобызын тартса қоя-қояды... Осыны аңда- ған Қорқыт, Сарын-Арудың ілестіріп, топ ішінен сытылып шыға бастайды...)

...Ізім-қайым –

Қызыл Қанат Əзірейіл – Ажал атты сүр мерген! Тездеп кетіп тыналық, О, Аруым,

Бұл жерден?!

Қобыз тылсымын ұққандаймын, Тəңір құрсауынан шыққандаймын: Сен Ұлымды тапқанша –

Менің сілем қатқанша... Жүр,

Кеттік...

Желмаямды тездеп сояйын, Терісін желдеп қояйын.

Желденген тері-кілемнің, Қасиеттеп түрін ояйын. Сыр-Дария суы бетіне – Кемелдеп, кеңдеп жаяйын...

...Жаным мен Тəнім –

Үстіңде, Сарын-ау,

Сенен не аяйын... Кеттік...

Кеттік... Жүр, Кеттік...

Төртінші көрініс

 ...Қорқыт Жерұйығын іздеп киелеп мінген Желмая- сын сойып, оның терісінен жасаған Қасиетті Кілемін төсеп, су бетінде ажалын аңдып отырғанда, Сыр-Дария жағасына бала көтерген Сарын-Ару ақсаңдай басып ке- леді... Өзі арып-ашқан Əйелдің емшегінен сүт шықпай, аш Бала уанбай жылай береді...

САРЫН-АРУ (Баласын жұбатып).

Əуп-пай...

Əуп-пай...

Əуп-пай...

Əуп-пай, Балашым, Жыламайтын Данасың. Тəңір-Иеге мың Тəубе – Көрсеткеніне Жағадан, Жан-Əкеңнің қарасын?! Əуп-пай,

Əуп-пай, ашпысың,

Қос Емшегім, таспысың?! Аш бала – Аш Əйелге, Доспысың, ажал, қаспысың... Əуп-пай...

Əуп-пай...

Əуп-пай-ай...

ҚОРҚЫТ (Сарын-Ару гөйіне қосыла ыңылдап).

Əуп-пай...

Əуп-пай...

Əуп-пай-ай...

 (...Қауқарсыз, хəлсіз отырып, Қобызына «Əуп-пай» күйін шалады...)

Əуп-пай...

Əуп-пай...

Əуп-пай-ай... Айналайын, Балам-ай, Асыл туған Анаң-ай. Су бетінде – сүлдерім,

Есіл-дертім – Жағадай-ай. Əуп-пай...

Əуп-пай...

Əуп-пай-ай... Айналайын Баламды – Саққа бөлген Санамды.

Жылай бермей, бір мезет –

Аясаң-шы Анаңды?! Əуп-пай...

Əуп-пай...

Əуп-пай-ай... Айналайын Ұлымнан –

Ми жалғасы – Жұлыннан. Аясаңшы-Əкеңді – Пəлекетке ұрынған?!

Əуп-пай...

Əуп-пай...

Əуп-пай-ай...

Қас-қабағы қатулы – Ата-анаң ойға батулы. Туылған соң Азаптан – Ғажап қойдым –

Қазақ қойдым атыңды ...

Əуп-пай...

Əуп-пай...

Əуп-пай-ай...

 (...Күні-түні көз шырымын алмай, əбден қажыған Абыз, Қобызын күйлеп отырып, қалғып кетеді... Осы сəтте, Жы- лан кейпіне енген – Ажал-Жаналғыш-Қызыл Қанат Əзірейіл,

жағадан жүзіп келіп Қорқытты шағып алады... Күн – тұ- тылып, Жер қозғалғандай болады... Қобыз Сарынынан ішін тарта тынған Жел қайта күшейіп гуілдей соғады, тоқта- ған Ағын-Су – қайта тасып-ағады...)

Қайран-ай... Қапыл келдің-ау... Тейіңе –

Ақыр көндім-ау...

(Жан-тəсілім етерін сезіп, ажалға)

...Өлімнен Адам

Қашып құтылмайды екен... Соңғы Датым,

Əзірейіл...

...Менің өзім қара едім, Қарадан шыққан ала едім. Түйнегім – тəтті болғай-ды, Удан да ащу – Пəлегім...

(Қобызын ажалға тапсырып)

...Аманатта, Ажал, Ұлыма – Ғажабыма – Қазаққа –

Қорқыттың Шырғай-Қобызын...

(...Жағаға иендей бойлап қарап)

...Аман болсын... Қыпшақ-Оғызым...

...Қазалыға жерлет –

Абызын...

(...Иегін қағып)

...Өмірді –

Мұншалық сүйгенім:

Өлімге –

Сонша бас игенім...

(...Ажал Қорқыттың Қобызын қолынан алып, біресе, кеу- десінен жаны шығып бара жатқан Абызға, біресе, Абызға жете алмай – Жағада шырылдап тұрған Ана мен Балаға қарақтап ұзақ тұрып қалады...).

Екінші бөлімнің соңы

АКАДЕМИК МАРҒҰЛАН

1.

Тергеуші: «– Мағжан ақын, сайра! – деді, Əлкейді білесің бе? Қайда?!» – деді.

«– Білемін. Əлдеқашан өлген болар... Көрмедім көптен», – деді, қайран ерім.

Ақынның жүзін барлап қарады да,

«Өлген», – деп, жазып қойды қағазына. Аяғын айқастырып Мағжан отыр,

Қан жауып қара көзге қабағынан.

2.

Тұлпардың ұшқырлығы тұяғында, Адамның ұшқырлығы қиялында. Уақыттың ұшқырлығы қайшыласып, Жарысқан заманалар сияғында!

Шешеннің сөз ұялар таңдайына, Құттының бақ ұялар маңдайына. Адамзат мəңгі сəби шырматылған, Құзырлы Қызыр ата шалғайына.

Дарынның бақ пен соры дарынында, Адамның қандайлығы қалыбында.

Күмістің күмістігі ауырында, Қайыңның көркемдігі қабығында.

Шарылдап тіршіліктің шарығында, Қаңылтыр қайралсам деп жанығуда. Күшіктей көзін ашпай өтер жасық, Жалғанның жарқыраған жарығында.

Адамның адамы бар ала-құла, Бірі үйір – күнге, бірі – қараңғыға.

Жарықтан жан ұшырып жалтаратын, Жарандар болады екен жанарлыда.

Жердің де жаннаты бар, тақыры бар, Пенденің жомарты бар, пақыры бар. Жалғанның жаныңды арбап, ақылды алып, Тарылып тасыр тартқан ақыры бар.

Сұлудың сұлулығы кейде қайғы, Қашырар құттың құтын кейде балық. Құс төсек жұпарымен есіңді алған, Ол-дағы кейде жайсыз, кейде жайлы.

Əр сөздің бағы, білсең, мағынадан, Мағынамен асырар бағын адам.

Сөзі көп күпілдеген заман дозақ, Өртейді өтірікке жамыраған.

Ақиқат жүректегі сырларыңда, Сабырдың сары алтындай құндағында. Сабыр ет, сабыр – Алла қазынасы, Сыйлар тек, оны əулие құлдарына.

Тұяқ жоқ кетілмейтін озғанменен, Қанат жоқ кесілмейтін созғанменен. Ай жұқарар етіктің нəлісіндей,

Он төртінде толықсып толғанменен.

Көз басыр, көңіл көкті шолғанменен, Бақ баянсыз байыздап қонғанменен. Түбі тесік бос күбі – бұла тірлік, Толықсып таусылмастай болғанменен.

Шаттықтың бесігінде тербетілген, Армансыз адам бар ма жер бетінде? Күн падиша күнəсіз деп сенеміз, Көз тігіп қарай алмай келбетіне!

Төрт құбылам түп-түгел дегенменен, Тартылыс күші бəрін шегендеген.

Күміс барып қонса егер күн бетіне, Алтын өз аяғымен келер деген!

Кейде осы көп қарайсың текті еріңе, Арманға жетті ме деп, жетпеді ме? Арманнан Манас, Шоқан, Қабанбай зор, Мағжан да, Əлкей де сол тектілерден.

3.

Қарасам назар салып жан-жағыма, Жер қайысқан тағдырдың салмағынан. Боз тірлік бозторғайдай шырылдайды, Ит тісті ит тіршілік қармағынан.

Көмейі күлімсіген ар жағынан,

Сақтай көр сұрқылтайдай заржағынан. Жүгінсем жүгінемін Абайыма, Əлиханға, Ахмет, Мағжаныма!

Сөз арнасам, арнаймын – тар бұғауда,

Тау жыққан Қаныш, Мұхтар, Марғұланға. Тамсанып, айтағына бұлаңдасаң,

Тар бұғауың айналар қарғыбауға.

Сар даланың тас жарған дарақтары, Сендерсіз Сахараның таңы атпады. Тегінен текті уызын қанып ішкен, Құты биттей құжынап балақтағы.

Сұм тірлік «абақты ғой саналыға», Ұқсады тағдыр талай тажалыңа.

Сыймағанға өмірдің шанағына, Арашашы Алланың ажалы да!

Сендерді отқа салды, суға салды, Күйдіріп өзегіңді уға малды.

Қайтпаған соң қылшылдап алдаспандай, Былшылдап, алтын баулы қынға салды!

Бықыған жындыхана, түрмедегі, Басыңда би биледі бүргелері!

Тозаққа белуардан бірге батты, Толарсақтан саз кешіп жүрген елім!

Түйедей соңғы жүгін үйіп артты, Күйелеп күлін артты, күйік артты. Қаракүйе тигендей ақ киізге,

Батты əбден Күні батқыр күйі қатты.

Табанда итжеккені, Ақ теңізі, Қайыстай ақжем болып жатты езіліп. Шақпақтай шоқ шайнаған шыға бердің, Түзуі сол емес пе Хақ көзінің.

4.

Жеті атадан шынжыры үзілмеген, Айбынынан қас-жауы дірілдеген. Батыр да көп, қазақта бағлан көп, Басқан жері теңселіп, дүбірлеген.

Солардың ортасында дараланар, Жаралған Хəкімдерің дара-дара.

Жас Шоқан Абылайдай ойланып тұр, Кіргендей Алматыға жаңа ғана.

Жолаушы ол бір хəкім жоқ іздеген, Жолсызда жол іздеген, жөн іздеген. Ордасын Орыс – Қытай бірдей танып, Туырлықты үйінен қол үзбеген.

5.

Шоқан десе, Əлкей тілге оралып, Көкірегім мақтанышқа толады. Əлкей, білсең, хəкімдіктің Манасы, Сол Манаспен сəлемдестік, қол алып.

Қос дананың сөзін хат-хат шоламын, Шоламын да қат-қат ойға шомамын, Көшкен ойға, түбегімен Қоланың, Арасында дəуірімен қоланың.

Бұзылды ырғақ, бұзылды сөз, байқағын, Бұзылса да, ойдағымды айтамын!

Дəуірлерін Қола менен Қоланың, Жалғастырған қайдағың мен айтағың!

Біздің қазақ «жол бермеудің» маманы, Жол бермейді, таппасаң бір амалын. Жөн тапқанша жолсыз жерде жолаушы, Қырық қайла тұрар «маман» қазағың!

Шоқан – Əлкей арасында қанша арыс, Қазақтың бұл «кəсібінен» шаршады!? Құрып-құрып қырық тордан өткенді, Қырып, қырып.

Мақтайды ақыр тамсанып.

Сен де мұны.. менен артық білесің! Шетсіз-шексіз шіркіндердің тіресі. Озық техно-ло-гия-мен,

Олар да,

Жетілдіріп келе жатыр күресін.

Сөзден –сезім, жүрегімнен қан қашты, Оралайын əуеніме алғашқы!

Жанарыңды аш,

Жыр оқиық, замандас, Қабағыңа қарап басар албасты!

6.

Марғұланның Əлкейі, Хақан-ұлы,

Қапысы жоқ жер жарған атағының. Арғы атасы Олжабай – Толыбайдан, Батырлықпен аты озған қатарынан.

Олжабай əрі батыр, əрі білге, Абылаймен сəні бір, аты бірге.

Жасыбай – жаннатты жер, жəуһарлы көл, Аруағын əлдилейді əлі күнге.

Олжабайдың ағасы, тетелесі, Орман би ел еркесі, ел егесі.

Орманнан: Жаяу Мұса – Омар – Олжас, Қазақтың берекесі, керегесі.

Қазағым немере мен шөбересін, Əспеттеп, үміт көрер неменесін. Халықтың хас ұлдары Əлкей, Олжас, Ғаламға жарқыраған терезесі.

Толықсыған Толыбай шаңырағы, Ұрпақ сайын дəуірлеп жаңғырады. Əу бастан сағанағы сарық болып, Масайрап қарық болған қағанағы.

Ту ұстап, ел-жұрт үшін жанып-күйген, Ер есімін жүрекке халық түйген.

«Ала ту» деп ат қойып арқаланып, Басқан ізін топырағымен алып сүйген.

Ажалсыз батыр екен, салып ойран, Олжалап сан жоңғардың басын жойған.

«Атқан оқ Олжабайға тимеген соң, Абылай «Қу жарғақ» деп атын қойған!»

Жау жүрек, айлалы, Алла сабыр берген, Ол жайлы тараған көп аңыз да елге.

Жас батыр бірде қалғып кетсе керек, Ат шалдырып отырып сағым белде.

Сұр жылан сонда бойлап балағынан, Ысқырып төнген дейді тамағына.

Қабағын қақпай батыр жата берген, Тесірейіп жыланның жанарына.

Арбасып Олжекеңмен жылан жатқан, Мұздай боп ұйып бойы сылаң қаққан. Сəл ашық отыз тісі қалған қатып, Сияқты күні бұрын құрған қақпан.

Сылқ түсіп жылан мойны арбасқаннан, Ауызға қашып кірген алжасқандай.

Жыланның басын сол сəт күрек тісі, Сақ етіп шауып түскен алдаспандай.

Қытырлатып бір шайнап, бүркіп тастап, Тұрған екен жыланды сілкіп тастап.

Сұм ажал айырылған бүркіт бастан,

Қыл шылбырдай қираңдап үркіп қашқан.

Айыз қанып аңызын Мағұланның, Тыңдап едім баса алмай жан құмарын. Елестеп күллі қазақ Олжабайдай, Көрініп жаудай бəрі əбжыланның.

Сұр жыландай советтік кепке қанып, Қайталап, сол аңызды еске аламын. Бұрынғы батырлардың сөзі дана, Сөйлеген қызыл тілін кекке малып.

Ол да бір алмағайып басқа заман, Басқа ғалам, қайралған тасқа қалам. Олжабай, Едіге би Құлынды үшін, Хат жазған Катерина1 патшаға да:

«Қайтар! – деп, – Құлындыдай асылымды, Шырайлы ел, шұрайлы жер, жасыл нулы!» Тулақтай жер дауының басы бұл-ды, Тулатқан кейін талай ғасырыңды!

7

Алтын тон жарасады жағасымен, Жайнайды қарашығың аласымен. Толықсып төрт құбылаң ашылады, Болғанда атасына баласы тең.

Бабаның баққан ісі балаға сын,

Жер жайлы сіңген содан санаға сыр. Əлкейді елді шарлап, жер таныды, Тартуға ат тізгінін жарағасын.

Батасы бабасының дарығаны,

Жеті қат жерді ақтарып, сарылады.

1 Екатерина ІІ. Олжабай мен Едіге би 1772 жылы Құлындыны, қазақ елінің солтүстігіндегі біраз жерлерді қайтаруды сұрап қатын патшаға хат жазға- ны белгілі.

Ғасырдың ғасырларға күнде жортқан, Ғылымның піл қайратты қабыланы.

Жер кезіп, ел адақтап ала жаздай, Іздейді құм астынан қала талмай. Алты ай қыс ақ қағазға ой түзеді, Қамалып бөлмесінде алақандай.

Көргені көзін ашып Баянауыл, Атағы алты алашқа аян ауыл!

Имантай, Мəшһүр Жүсіп, Жаяу Мұса, Сағынысып сырласқан саялы ауыл.

Кіндігін көмген жері ордалы ауыл, Олжабай, Дулат өскен қордалы ауыл. Жасыбай – Шідертіні кең жайлаған, Аруақ қолдап қасиет қонған ауыл!

Тұсауын кескен жері жылқылы ауыл, Жылқысын көсемдеген сылқым ауыл. Баласы бес жасында қисса толғап, Бөлеген əн мен күйге жұрты ауыл.

Сүндет тай мінген жері арқалы ауыл, Əн көктеп, күй шалқыған шалқар ауыл! Шолпысы түн лебімен сыңғырлаған, Аруы ақмаралдай алқалы ауыл.

Ат жалын уыстатқан аталы ауыл, Ат жолы алыс шыққан баталы ауыл. Абылайдың ақ туын желбіреткен, Атағы Хан Ордамен қатар ауыл.

Майраның əн-күй қонған ағаш үйі, Кең дала түгел сыйған аласа үйі.

Əлкейдің де бірер жыл, оқу қуған, Болған-ды құтты ұясы, тамаша үйі.

Керекуде, көмейден лағыл шашқан, Майрасы Уəлидің бағып-қаққан.

Он бесте ет жүрегін бозбаланың, Əнші үні шымырлатып дамылдатқан.

Қайтадан туған ауыл дəмі тартып, Оралған арқа-жарқа білім артып. Бала ұстаз он алтыда шəкірт ұстап, Оқытты жазу-сызу, ілім шартын.

8

Он алты, он жетіге аяқ басқан, Жігітті арман-мұрат саяқтатқан.

Аңсары Мағжан, Мұхтар дүбір салған, Арқа мен Семейінен таяқ тастам.

Саулаған сұлулықтың нұры көктен, Гүлдəурен қысы көктем, күзі көктем. Уақыттың рақатты дариясы, Аққудай ұшып-қонып жүзіп өткен.

Осы кез мамыра-жай, бақытты шақ, Жүректің басындағы жақұтқа ұқсап. Жұбатып, сылап-сипап арбайды əлі, Қиналып, қысылғанда ашып құшақ.

9

Ертістің кемесіндей, ахау Семей, Петрбор, Стамболға тақау Семей. Алтай мен Тарбағатай арасында, Бұлғақтап бұла туған асау Семей!

Сақадай алшы түсіп жатқан Семей, Алаштың аруағы асқан Семей!

Тербетіп дана Абайды бесігінде, Теңселіп терең ойға батқан Семей!

Сол Семей Əлкейді де арбап алды, Мақпалдай жылқыдағы таңдап алды. Қайнаған қара қазан қазақы өмір, Қаратпай алды-артына, самғаған-ды.

Күшікбай, Бөрлі, Ақшоқы, Қасқабұлақ, Шежіре құйма құлақ, ақпа бұлақ.

Ақылды алмай ма адам бұрынғыдан, Өткеннің қойны-қоншын ақтарып ап.

Алдында аңсұңқардай ұшқан самғап, Табысқан марқасқалар Мұхтар, Мағжан. Абайдың Жəбірейіл, Тұрағұлын, Көрсетті Шыңғыстаудан Мұхтар жалғап.

Қасында ақын Мағжан, шешен Мұхтар, Құлпырды тайбурылдай көсем шыққан. Дүние-ай, бəрі көзден бұл-бұл ұшып, Кетерін балаң жүрек кешеу ұққан.

10

Барлығы бір сəттегі тамаша еді, Заманның өтті шайып нала, шері. Тоғайдан пыр-пыр етіп ұшты кетті, Торғайдай тоз-тоз болып талай сері.

Қабынған қалың елдің жарасы еді, Сол елдің тұғырдағы баласы едің.

Жарылып шұрқ-шұрқ жара жатты сыздап, Жабысып құл-құтандық жаласы енді.

Құтыртқан құл-құтандық ұраны еді, Ұранға тұнды жұрттың құлағы енді. Көр соқыр заман туды көр көкірек, Тұнжырап сөніп көңіл шырағы енді.

Апыр-ай, Мұхтар қайда, Мағжан қайда!? Жанашыр жайшылықта жандар қайда? Бақсының моласындай айдалада, Қалқайып қара басы қалғандай ма!?

Құсалық ішке түсіп бүріп алды,

Кіл жансыз қыр соңында жүріп алды. Қыл бұрауда қылқынды,

Тəңір қолдап,

Əйтеуір əупіріммен тірі қалды!

Тас құрсау Петропавел қамалында, Тас қапты казематтың табанында. Кеспірі жындыхана деген иттің2, Қорлықтың қап-қарала бағанындай.

«Орыстың ата жауы – Едігені, Не сұмдық хас батырға телігені!?

Халықтың намыс қуған арысы деп, Марғұлан қарадай құр желігеді!

Құлқына Едігедей сұрқияның, Бермеген əділ баға партиялық. Қарадай үстем таптың батыр, биі, Қалайша халық үшін жан қияды?..»3

Əлде өзі, əлде сөзі жақпады ма, Көбейді тоқпағы да, шатпағы да. Ақыры жердің астын қазып кетті, Сақтанып құрулы аспан, қақпанынан.

Маңғыстау, Бетпақдала, Алтай, Арқа, Сырласты ғұламамен арқа-жарқа.

Қорқыттың қобызындай іштен тынды, Қабірдің қалың сырын тарта-тарта.

Жер қазған айдалада, кісікиік, Кісінің көрінді енді ісі күйік. Қуылып оннан-мұннан, тыйым көріп, Жұмыссыз да торықты іші күйіп.

2 Қызы Дəнелдің (Дəмелі) жазбаларында Петропавел қамалында казематта қамалғаны, ақыры жүйке аурулары емханасына жатқызылғаны айтылады.

3 Соғыстың соңғы жылдарында (Қараңыз: Б.Степанов, «Большевик Казахстана» журналы, 1944 ж.) қуғын-сүргіннен аман шығып ғылымға біржолата бой ұрған ғалымды саяси көзқарас турасында сынау етек алды. Əрине, осының барлығы Ə.Марғұланның «архивке» шомуына себепші болды. Оның жеке өмір жолының деректерінің аз айтылғандығын, аз сақ- талғандығын, аса көп жариялана қоймауын, өзінің де жазғандарын жа- рыққа шығаруға асығып, құлшына бермейтін мінезін осы себептермен де түсіндіруге болады. Кейбір зерттеушілер бұл мінезін даналығы, жеке ба- сының мəдениеті мен сыпайылығының ерекшілігі деп түсіндіріп келді. Ол да дұрыс. Басты себеп тарихи ахуалда жатыр.

Іздейді түбінде бір халық тегін, Айбаты арыстандай алып тегін. Басқаның бəрі арзан, бəрі жалған, Əлібін айырмасаң əліппенің.

Өмірдің байлауына жетті бұрын, Ниетін Кемелдікке кетті бұрып.

Баз кешіп қу тіршілік, базар күннен, Түскендей қылуетке кешті ғұмыр.

Мұны айттым осы жерде еске түсіп, Йассауи, Шəкəрім, Мəшһүр Жүсіп.

Бір болып сыртта – Халық, іштей Хақпен, Адамның сырын оқып, білген ісін.

Адамның жүрегіне түскен сəуле, Біреуге шырын мəуе, біреуге əуре. Адасса – бірі ұқпай, бірі ұғынып – Жол табар, көзін ашып іштен тəубе.

Кен іздеп Қаныш кетті тасты жарып, Кент іздеп Əлкей кетті жерді қазып. Біреулер тойды бақты, біреулер – қой... Бағасын береді өзі енді халық.

11

Тергеуші: «– Мағжан ақын, сайра! – деді, Əлкейді білесің бе? Қайда?!» – деді.

«– Білемін. Əлдеқашан өлген болар... Көрмедім көптен», – деді, қайран ерім.

Қосымша сөз үстеді бұған енді:

«Қияли, шалығы бар бір жан еді. Келгенде Зылиха елден, Марғұланов, Жолығып, жол көрсетіп тұрған еді.

Науқасы ақыр меңдеп алды-ау, – дейді, Жүйкесі емханаға салды-ау, – дейді.

Жоғалды сол кеткеннен үшті-күйлі,

Бір жерде төбешік боп қалды-ау», – дейді.

Ақынның жүзін барлап қарады да,

«Өлген4», – деп, жазып қойды қағазына. Аяғын айқастырып Мағжан отыр,

Қан жауып қара көзге қабағынан.

Елестеп кетті көзге маңғаз жігіт, Панардай қос жанары жанған жігіт. Арбалып ақынның ақ сезіміне, Ағалап бауырындай қалған жігіт.

Іздеп кеп бала жастан танысқаннан, Бауындай тонның ішкі табысқан жан. Жырларын жаттап алғыш сал бозбала, Күндердің куəсіндей алыс қалған.

«Өлген... «– деп, жүзі төмен, күрсінді аға: –

«Сол жігіт... Сол бір үміт жүрсінші аман! Тозаққа мені өртеген сен түспеші, Бауырым, осы ғана біздің шама...»

Арада жылдар өтті, күндер өтті, Тұмшалып бір деректер бір деректі. Түбінде темір тордың жат жердегі, Қауышқан Мағжан – Əлкей күн де жетті.

Өр Мағжан бір қуарды, бір қуанды, Өзегі бір жыртылып, бір жұбанды. Қайраншыл қайратына қайран қалып, Қасқайған дүлдүл жігіт, бұлбұл жанның.

Жатқанда қинап мазақ, жаншып азап,

«Ағалап!» – іздеп келген жалғыз қазақ!

4 «Күдіктілердің» ұзын-сонар тізіміндегі Əлкей Марғұланның аты-жө- нінің тұсында «Өлген» деген пысықтама жазу бар. Тергеу қағаздарында Мағжан Жұмабаевтың «əлдеқашан өлген болар, дімкəс, шалығы бар жігіт еді» деген мағынадағы жауабы тіркелген. Осының өзі Əлкейдің аман қа- луына себеп болғандай. Жым-жылас көрінбей кеткен жас ғалымды өлді- ге санап, сүргіннің əуелгі кезеңінде індетіп іздемеген тəрізді. Профессор Ш.Елеукеновтің Мағжан туралы белгілі монографиялық еңбегінде де осынау мағлұматтар дерегі дəйекті жазылған. Өмірбаян деректеріне қара- ғанда елдегі қуғын-сүргін, қиын-қыстау күндерде жас ғалым Ленинградта, Москвада білім қуып, оқу қуып, жұмыс істеп, ғылым іздеп (1926–1930, 1931–1938 ж.ж.) жүріп қалған.

Адасқан үйірінен құлын-тайдай, Кісінеп, шұрқырасып қалды жарап.

Қуғынның басқа түсіп күйі кезбе, Құлазып, жалғыз-жарым жүрген кезде, Үйірін іздеп жеткен жалқы жүрек, Күйігін екеуі де бірдей сезген.

Жарасар бір-біріне жусан – жалбыз, Дара еді екеуі де мыңнан жалғыз.

Ұғармыз елжірескен көңіл тойын, Оқушым, ел ішінде туған жанбыз.

12

«Əлкейді көзің шалып қалмады ма?»,

«Мағжанға барды ма екен, бармады ма?» –

Шығады осы сұрақ кезек-кезек, Мағжан мен Зылиханың алдарынан.

Соловки... басқа дала, басқа қала... Сор дүние. Жер шола, аспан ала. Ар жағы арал-арал концлагерь, Ленинград ажары маска ғана!

Соловецк... Аппақ кебін жапқан аймақ, Өліктей кебін киген қатқан аймақ.

Əлдилеп аруақтай арыстарды,

Көк мұздан ызғар шашып жатқан аймақ.

Қаумалап ұры-қары, мұз-қарымен, Қарсы алған қазақ қызын ызғарымен. Боталап шүңірейген үңгір көзі, Қалбақтаған саяси құлдарымен.

Қарсы алған тіміскілеп тергеуімен, Тікенек темір керме белдеуімен.

Мың сұрап бір сұрағын кезек-кезек, Санасып сарсаң қылып сенбеуімен.

Зылиха соның бəрін көріп қайтқан, Тағдырдың талқысына көніп қайтқан.

Бозарып жат қаланың ақ түніндей, Жалпылдап жанған үміт сөніп қайтқан.

Майорға5 шындықты айтты, жасырмады, Өткізген жол азабын басындағы.

Тексеріп сұрағанын қайдан білсін, Əр сəтін Мағжанының басындағы.

Отыз сегіз...қаңтардың он бесінде,

«Əлкей кім?» деп тергеген, ол да есінде. Айтқаны сұр қағазға түсіп жатты, Ызбарлы тергеушінің бөлмесінде.

«Бармапты Мағжанды іздеп, «ешкім елеп», Тек Əлкей бір жүздесе кепті», – деген,

«Жоғалып ол да із-түссіз кетті...» – деген, Ішінен: «Жүрсінші аман» деп тілеген.

Тергеуші қақпан құрып, тор тастапты, Жылы-жылы сөз теріп, «жол бастапты». Зылиха əпкесі де қарлығаштай,

Су сеуіп қанатымен қорғаштапты.

«Бейкүнə оқушы еді, балаң еді, Қиялшыл, бір оқуға алаң еді.

Петергофта, тоналып сорлағанда, Сол бала қол созуға жарап еді».

Жат жерде, жанашырсыз қалғанын да, Тоналып, жан ұшырып, талғанын да. Ұсынған жиырма бес сом Əлкейінің, Жəрдемін, берген дəмін алғанын да.

Тізбелеп айтты түгел қазақ қызы, Қорлыққа түскен түздің «азат»қызы. Дүние-ай, қусырылған көн етіктей, Адамға атқан таңын санатқызып.

Басқа ешкім іздеп-сұрап келмегенін, Əлкейін қайта айналып көрмегенін,

5 Ақынның жары Зылихадан 1938 жылы 15 қаңтарда жауап алған майор Дмитриенко. Əлкей туралы бұл жолы да сұралып, мағлұмат жазылған.

Жасырмай ақын жары айтты түгел, Қайысып қабырғасы, шерге белі.

Зылиха, Мағжан сөзі ойласқандай, Сəйкесіп, бір шығарды айды аспанға! Сеніскен жүрек қандай, сенім қандай, Серттескен мұңдас қандай, айлас қандай!?

13

Өтті ғой небір дəурен, дауыл жылдар, Пендені жаңылдырған, сабылдырған. Маздатып алты алаштың ақыл-ойын, Ғалымның хаты мəңгі табындырған.

Қайтейін оның хатқа бəрін тізіп, Жеткізген шəкірттері нəрін түзіп. Ерлігін Ер Манастың жаттағандай, Айтайын бір-екеуін мəнін сүзіп.

Хатталған мақтанышпен əр төбесі, Кавказдың Қобан – заңғар мəртебесі! Мұз басқан кəрі Сібір жер-суының, Қарасұқ аспандатқан əуселесін.

Қобан мен Қарасұқтың6 арасында, Ортада, жайсаң қазақ даласында, Белгісі мəдениет сезілмейді,

Десетін мың-мың жылдар шамасында.

Беғазы-Дəндібайды ашты Əлкей, Кеудесін надандықтың басты Əлкей. Алашта өркениет жоқ деп тұрған, Шуылдап шыбын-шіркей састы шəркей.

Атасу, Бетпақдала, Ұлытаудан, Ежелден алтын мен мыс, күміс саулап. Кен қазып атам қазақ темір алып,

Қой жайып, бие байлап, қымыз сауған.

6 Қобан мəдениеті, Қарасұқ мəдениеті. Академик Ə.Марғұлан ғылым назарына Беғазы-Дəндібай мəдениетін əкеліп қосты.

Тақырбас талай мықты ақылдасты, Ақыры бас шұлғысып мақұлдасты. Беғазы-Дəндібайдың арқасында, Қазаққа кең дүние жақындасты.

16

Алғашқы сапары еді студенттің, Күмбірлеп күйдің шері іште кеткен. Сол күйді Бөкейханның Əлиханы7, Естіді Маңғыстауға бірге жеткен.

Бұл сапар есін алып студенттің, Қоздатты қоламтадай ішкі дертті. Профессор Əлихан Бөкейханов, Əлкеймен бір-екі ауыз тілге кепті.

Құрметті қыр баласы, ғұламасы, Қазақтың арқа тұтар бір ағасы. Тұратын ажыратып оң мен солын, Халықтың алтын діңгек мұнарасы.

Жүдеулеу, Салқын қабақ. Жүзі сынық.

Кезі еді қуғындалған бір ұшынып. Күндерде қылша мойным талша деген, Астында «Кіші окябрь» қылышының.

7 Ленинградта бірінші курсты бітірген жылы (1926 ж.) Əлкей Хақанұлы ұстазы, профессор С.И. Руденко басқаратын Маңғыстау этнология экспе- дициясына қатысуға шақырылды. Сол жолы Батыс өлкесінің жер, шаруа- шылық жайын, экономикасын зерттеуге Ленинградтан профессор Əли- хан Бөкейханов қатысқан екінші бір экспедиция қатар аттанады. Ұлттық энциклопедия дерегі бойынша, Ə.Бөкейханов бұл кезде Ресей ҒА қыз- меткері, экспедиция мүшесі болған деп көрсетілсе, енді бір мəліметтер бойынша Ленинград университетінің профессоры, экспедиция басшысы деп жазылған. Əлкей Марғұлан Бөкейхановты ел ішінде хан көтеріп құр- меттеп қарсы алғанын өз көзімен көрген, кейінде ол жөнінде айта жүрген. Ə.Бөкейхановтың Ақтөбеде «Москвадан рұқсатсыз шығып кеткен» деп ұс- талып, біраз уақыт Бутыркада тергеліп, босатылғаны туралы деректер осы кезеңге сəйкес келеді. Бəлкім, əуелде ел ішіне жіберсе де, Маңғыстаудан бастап Əлиханды тік тұрып күтіп алған қазақ жұртының ықыласын көрген

«Кіші октябрь» көсемдерінің қорыққандықтан жасаған əрекеті болуы.

Кезі еді туған жерден шетте жүрген, Өзегін серт жемірген кек кемірген. Келуге кебенекпен кере адымдап, Жаралу керек шығар көк темірден.

Марқасқа, кіріп келді, қыр баласы, Аруағы талайлардан тұрғн асып. Адайлар ұран салсын атып тұрып, Көргенде жайсаң ерін туған асыл.

Құрметтеп хан көтеріп, құрақ ұшып, Пейілі қалың елдің құлады шын.

Тай сойып таршылықта, бата беріп, Мейірмен құрмет қылып, сұрады ісін.

Қалың ел Əлиханын білген екен, Көкейге сөзін түзіп жүрген екен. Марқайып көңілі өсіп тұрды ағасы, Күн кешкен бірде өгей, бірде бөтен.

Адайлар... ел еді ғой бағы жанған, Шын ерін кебенекте таныған да! Əйтпесе, заман еді аң мен адам, Жеріген жерінен де, қағынан да.

...Көргенде Ер мен Елдің қауышуын, Егіліп кетті Əлкей де тауысылып.

Ұяда ұйығаны-ай берекенің, Түзелгені-ай Əлихан дауысының!

Алдында арбалғандай бір айнаның, Қалың ел шыға амады шыр айналып. Əлихан жарқылдасын, жалындасын, Ұмытып егілгенін, мұңайғанын.

Көргенде Ер мен Елдің сырласқанын, Əлкейдің мөлдіреп бір тұнды аспаны! Елжіреп, өзегіне жас байланып, Атқызды қара көзбен қымбат таңын.

Ағаның сырын əбден ұқты Əлекең, Ақылын еске мəңгі тұтты Əлекең.

Ақтөбеден...

Ағасын əкетті алып...

«Мəскеуден рұқсатсыз шыққан екен..»

18

Теңемен алыптарға сені неге?! Манасқа, Шоқан, Қаныш, Едігеге! Он бесте қас батырдай топқа түстің, Танылдың жиырмада еліңе де.

Он бесте Мағжан көрген жерге жеттің, Əлиханмен жиырмада сапар шектің.

Отызда ғылымды ақтап, орда бұзып, Олжабайдың жолымен қудың кекті.

Жұмбақ жан.

Тылсым тағдыр жұмбақтаған.

Жұмбақта тумақ па адам, тынбақ па адам? Сөзіңнен төгілді де мың хақиқат,

Өзіңмен бірге кетті жұмбақ ғалам.

Тұлпарға көсіліп бір шаппау қиын, Адамға төгіліп сыр ашпау қиын.

Толған ай он төртінде толықсымай, Күлімдеп күнге нұрын шашпау қиын.

Арғымақ арқыраған шідердегі, Арындап аспанға ұшса, жүдер ме еді!? Алаштың арыстары-ай, айға атылған, Шұбатып шідері мен жүгендерін.

Заманда тысы – жылтыр, астары – жау, Қажалап қолда шынжыр, баста бұғау, Балуандай жауырыны жерг тимес, Тағдырды мың төңкеріп тастадың-ау!

Езгенде еңсеңді – мұң, жанды азабың, Қыңқ етпей маңғаз басқан нар қазағым. Əлихан, Мағжан келді.

Өзің жоқсың.

Тағдырдың қылғанына бар ма амалың.

Уақытқа артсақ енді базынаны, Əлкей жоқ алтын көмбе, қазыналы. Марғұлансыз марқасқа мына ғалам, Жоғалтып ап тұрғандай мағынаны.

Əлкей жоқ отты жұтып, шоқты басқан, Алаштың аруағы үшін жоқты тапқан. Марғұлан, Мұхтар басқа,

Басқа басқа,

Тоқсан тобыр айғыр деп тоқты баққан.

Əлкей болмақ пенде көп талай-талай, Тыңдап көр, құйқылжиды қалай-қалай?! Тірсектері дірілдеп нар жүгінен,

«Тыңқ» еткізіп қояды абайламай.

Алыптың жүгі ауыр, жолы соқпақ, Тектен-тек жүрген жоқ ел оны жоқтап. Алашқа Марғұландар керек, керек, Бұл күнде бүлкілдеген киіз, тоқпақ.

Тоқпақтап мүйіз тоқпақ Киіз қазық,

Билейді ирең-ирең кирең қағып. Ылдидан қамшы салмай төске өрлеген, Не жетсін шын жүйрікке түйген жалын.

Шын жүйрік өршелене өрге шауып, Тынысын табан жолды кеңге ашады. Жүйріктің жанарымен қарағанға, Көрінер көк те сағым, жер де сағым.

Иілмеді марқасқа, маңғаз Əлкей,

Шын жүйрік, шаршы топты жарған Əлкей. Бұтақтай қарағайға қарсы біткен,

Бой бермей, ішін сақтап қалған Əлкей!

Алаштың ғылымдағы пір дарасы, Төрінде туған елдің тұр бағы асып. Абылай, Мағжандардың арасында, Аруағын аспандатқан қыр баласы!

ҚАРҚАРАЛЫ – ҚАРАОРМАНЫМ

Асау теңіз арнасына толды кеп, Қайт үйіңе –

Содомың мен Гоморыңа, болды... кет! Тұрсиыңды сыпырады су астының толқыны, Жəлеп қусап қимай сені соңғы рет.

Қайт үйіңе

Содомың мен Гоморыңа, болды... кет!

А. Вознесенкий.

АВТОРДАН

 1997 жылы тамыздың 16-жұлдызында, сағат 14.30-да Қарқара- лы ормандарын қалың өрт шалды. Бидайық, Ақтерек, Жиренсақал Əулие, Комиссаровка алқаптарына айдаһарша бас салған қызыл жалын əлі күнге дейін көз алдымда тұр. Өрт шыққанда мен Жи- ренсақал Əулиенің етегіндегі шешемнің үйінде едім. Өрттің лебі маңдайымды шарпыды. Кеңес өкіметі Қарқаралыны қызойнақ жа- сап еді. Енді бұл отойнаққа айналды!

 Қарқаралыда, қалың өрт кезінде адамдық-азаматтық құбылыс- тың қарасы көрер көзге көпе-көрінеу көмескі тартып, пенделік- өзімшілдік өлермендік пиғыл айқұлақтана көзге түсті. Қорқыныш- тысы – осы. Қарқаралы жасылынан айырылып, қаралы қарағайдың қара жердегі тамырлары жанып жатқанда РУХАНИ ЕРГЕЖЕЙЛІ қолына ара ұстап, қара орманға бас салды!

 Қарағайдың қалай өртенгенін өз көзіммен көрдім. Оның 1 метр тереңдіктегі тамыры жан-жағына 10–15 метрдей жайыла таралады екен. Ысылдап жанып жатыр... Айдаһар секілді! Бойынан бөлінетін эфир майы өз-өзінен лапылдай береді. Қарағай – Қарқаралының алтын тəжі! Патшаның тəжі өртеніп жатыр! Құл-құтан – мəз...

 Баяғыда хан тақтан түскен күні – Алаш аттан түсіп еді. Жа- яу-жалпылы, аш-жалаңаш, тексіз тобыр ақ патшаның аяғына жы- ғылып, Абай сын тезіне алған антиқазақтық қасірет: көрсеқызар жалмауыз, алтыбақан алауыздық атқа мінді де, ұлттык, менталитет бұзылды. Бодандық ұлттың өзегіне түскен құрт еді. Өртенген ор- манның да өзегі – құрт. Діңі мен қабығын жеп, көкті көрсе, көзі

атыздай болып бас салатын құрт – бұл! Оны тазалап, аластап құрт- паса, ол қара күлге айналады. Қазір ҚАРА ОРМАН күңіреніп тұр. Өмірді өрт пен дерт алды. Адамзат бір кезде Алланың кəріне ұшы- раған күнəһарлар мекені – Содом мен Ғомораға қайта оралды...

 Ел ішінде біреулер орманды қасақана, əдейі өртеді деген сөз де бар. Қарау ойлы пендеден о да шығады. Тəңірі түбін қайырлы қылсын де.

 Мен үшін Қарқаралының киесі бөлек. «Шайтанкөл – аққу меке- нім» еді ол. «XX ғасырдың жиырма сəті» осы жерде дүниеге келді. Қасиетті топырағына еміреніп, Қасым – Музасына тебірендім.

 Мен оның тауының əрбір тасына, орманының əрбір бұтағына ғашық едім.

 Ол туралы ода жазса ғана сауап болар еді. Өрт менің өзегімді өртеп, жүрегімді қап-қара ғып тастады. Бозбала кезден көкейде жүрген көмескі көркем дүнием «Қарқаралы – қара орманым...» айыптау актісіне айналып кетті... Соған өкінемін.

І. ТЕКТІ

Хакім Зəкішевке

Қайран анаң ақын болсын деді ме, Бір өксік бар өзегінде қап қойған. Қайран əкең хакім болсын деді ме, Хакім деген ат қойған.

Əкім болып толтырғанда төріңді, Өр ұлыстан айыл жимай, өр үнді – Кремльдің сарайынан көзіңе Кəпір емес – Ер Сеңкібай көрінді!

«Уа, армысың!

Бармысың сен, құлыным?!» –

Естідің де ұлы атаңның ұлы үнін:

«Мені тастап қайда кеттің?!» – деп сонда, Көк Бөріше көкке қарап ұлыдың!

Орындары ойсыраған көп текті,

«Аһ!» дегенде аузынан кеп от төкті. Сен тексіздей бас имедің заманға, Бас игендер –

Бақа-шаян боп кетті... Дулығасы қасқияды қақ төрден,

Қылыш та тұр жаудың басын қақ бөлген.

Көк Бөрінің күшігіне сол кезде

Көк ит бастап, көп ит қоштап – тап берген! Сары ит пенен қара ит сонда қоса үріп, Ойда қалды ойындары осылып:

Əкімдікке – Хакімдігің қосылып, Хакімдікке – Ақындығың қосылып, Батырлығың қосылып...

Қарағай ең – от тигенде тұтандың, Бекзат едің – жұлыныңнан жұқардың, Сеңкібайдан қалған соңғы тұяқ ең, Арасында – өңкей құл мен құтанның! Жау қашырар бір батырдың айғайы, Дау қашырар бір ақынның таңдайы. Бір жақсыдан бір-ақ тұяқ қалса да, Бір қауымның жарқырайды маңдайы. Кезеңді асып, өзенді асып, өртенді, Қайдан табам көз арбайтын көркемді?

Қарқаралы – хан жайлау-ды сен барда, Сен кетіп ең – қараорманым өртенді!

...Заман көшті. Көк пенен Жер күңіренді, Дүние бір сұрқия сұр түрге енді.

Сеңкібайдың аруағына тапсырдым, Бақа-шаян басып алса бұл жерді!

IІ. ЖЕТІ ЖАСАР ҚАРАҒАЙ

Жеті жасар қарағай – Жеті жасар баладай. Қалың өртке шалдыққан Қарқаралыға қарамай,

Қарағанды басына қалай келдім, балам-ай? Қарқаралы көгалы, Қарқаралы гөзалы, Сені көрсем, Құдай-ау, арқам неге қозады?! Қарқаралы таулары – өртке түсіп, лаулады! Аласұрып тау-дағы – атан түйеше аунады!

Тəңірі жоқ... бар болса, нөсер неге жаумады?! Қарқаралы қайыңы – Алаштікі, айыбы.

Ит те содан байыды, құс та содан байыды! Мынау не «Хан-талапай»?!

Қалмады ма бір талы?

...Сұлу болма, балақай: сұмырайлар – құртады!

Жеті жасар қарағай –

Жеті жасар баладай.

Атпай қойды-ау ала таң, алаң ойлар келді шақ: Ойға түспе, балапан, опынасың мен құсап, Қалың өрттің ішінде отырасың мен құсап!

IIІ. ШАЙТАНКӨЛ

Мұңлы Шайтан – Құдайдың қуған жаны... Абай

Сұм Шайтан күллі əлемді күлкі етіп кеп, Мəз болған...

Қақ айырылып, дүңк етіп көк – Жұмақтан Алла оны қуып шығып, Құлапты Шайтанкөлге күмп етіп кеп... Бұл Шайтан қартаймайды – кіл жас екен, Осы бір Дүниемен құрдас екен.

Түссе егер ер көзіне есін алған, Жынысы еркек емес, ұрғашы екен. Ол осы елден бұрын Күнді көрген, Гүлді де бұрын көрген мұңлық елден. Ол тіпті хор қызынан сұлу екен,

Ол түскен көл де əдемі күллі көлден. Арбайтын елді қолаң шашы ма екен, Анары, əлде Айдай қасы ма екен?

Баһадүр батырға емес, Ақынға емес –

Туғалы саф Алтынға ғашық екен! Жердің де бірге жасап нуыменен, Ағады сақ-сақ күліп суыменен.

Алтынға өзі арбалып, Өзгені де

Арбайды соның сиқыр буыменен. Күледі,

Күңіреніп жылайды екен,

Тəнін ол жұпар шөппен сылайды екен. Періште алтын көрсе – жолдан тайып, Шайтанның құшағына құлайды екен. Көзіңе көрінбесін жастай шалып, Көрінсе көзіңе – құрт, басқа – ой салып, Бауырына алтын басқан айдаһар да

Қашады қазынасын тастай салып! Тоқтатпас кінə да оны, күнə да оны, Шайтанның бір-ақ мұрат, бір-ақ ойы: Алла мен адамға бір күлсе болды, Малынып саф алтынға тұла бойы.

...Алашым айырылып түр-түсінен, Айныды адамзат та үрдісінен.

Маза жоқ күндіз, Түнде – тұрам шошып

Сол сұмның сылқылдаған күлкісінен...

ІV.ӨРТ

Құлашын төскейдегі өрт серпе келе, Құлады төсектегі көрпеге де.

Үйездеп, есі шығып лағып қалған Мына жұрт үйде отырып өртене ме?! Аллаң да, адам да ұмыт, Ар-дағы ұмыт. Елде енді ес жиюға қалмады үміт.

Аярмен арбасуға халі келмей, Алашым лағып отыр барға кіріп...

Көңілде ой, көкте, əне, Ай адасып жүр, Барады қайда жөнеп Алашым бұл?

Ақсақал, қарасақал төрде отырған, Бір басқа мас боп неге таласып жүр?! Біреуі Қырымға асып, Ұрымға асып, Абылайсыз қосылмаған бұрын басы. Көшімді кім бастайды өрге қарай?! (Бəрі де мына шалдың – Ру басы!) Қашан да бір оңалмай қойған ісі, Сұм заман!

Ойында – ойран, бойда – мысы: Ойнаған неше түрлі оңбағанмен, Келіп тұр қазақпенен ойнағысы. Топырақта ата-баба құты қалған,

Сайтаннан қалай қашсам құтыла алам? Жерімді салайын ба?!

Қалғаны – сол!

Елімді... баяғыда-ақ ұтып алған!... Жалмауыз дүниеде, іші кепкір, Сандалам... Абылайдың түсі деп – бұл.

Алдына құс салмайтын Құлагерім Етке өтіп бара жатып, кісінеп тұр! Заманның арты кең бе,

Басы – қыспақ,

Арбаса «Хан-талапай» – асық ұшпақ. Мен жүрмін Батыраштың базарында, Қолыма Құлагердің басын ұстап!

V. ЦИВИЛИЗАЦИЯ ШАРАНАСЫ

Құрт кеп түскен қарағайдың діңіне енді қарамашы, Тамам дүние – осылардың киер киім, тамақ-асы: Мотор-ара ұрттарына сыйып кетті қара орманым, Бұ заманның құрттары да – Цивилизация шаранасы!

Мен Компьютер-Пенде көрдім – Цивилизация шаранасы!

Қасиет жоқ, қасірет жоқ – қалқиған бір қара басы. Миы толы қалың цифр, басын ашып қарамашы: Жүрегі жоқ! Ішек-қарын бар...

Бұл – Сайтанның баламасы!

VІ. БАЙМАҒАМБЕТ ПЕН ШЕРНИЯЗ

Дегелеңде – дерт, Қарқаралыда – өрт.

Исатай мен Махамбет болу қайдан-ды, Шернияз – құс тас төбемде айналды. Маған да бір Баймағамбет керек-ті – Тауып алдым!

Қайран көңіл жайланды.

О, дүние-ай, шексізден де шексіз – дүр, Кеудемдегі сырымды айтсам кексіз бір, – Тексіз болды, бірақ, со бір Байекем, Бетсіз болды – Сөз ұқпайтын бетсіз бұл! О, Байекем, көріп болғам күштіңді!

Көңіл күпті, қан қарайған, іш мұңды, Сен орысша сөйлейсің ғой – сөйлеші, Менен терең түсіне алсаң Пушкинді. Көсемдікті қой да, одан, кел, түңіл: Сен Абайды оқымайсың – мен түгіл.

Бір шыбықпен Алашты айдау – арманың, Біз бір – жүрген ел ішінде еркін ұл, Колбинді де көрген жұртпыз, сен түгіл! Қой, Байекем, күн тиместен – ірімей, Қой, Байекем, су тиместен – шірімей.

Шернияздар шейіт болып тым ерте, Шерін соның тартқыздың-ау тірідей! Арулаймын деп жүргенде ұлт арын, Тозып бітті ұятым мен ұлтаным; Мені саған қор ғып, қайда кетті екен

Қайран менің Баймағамбет сұлтаным? Дегелеңде – дерт,

Қарқаралыда – өрт...

VIІ. ҚАРҚАРАЛЫ

Ей, қойшы, күнім... осынау бейіш, салқын бақ Жаныма жағып, отырмын мен де салқындап. Бұтада осы жайғасып, біраз дем алам, Креслосын кім берер дейсің алтындап.

Ей, қойшы, ей, күнім... Иран бағыңнын іші – не? Имандай шыным: осы жер кірген түсіме.

Осы бір тоғай, осы бір тау да жетеді, Патша бола алмай, ақын боп кеткен кісіге. Иə, білем осы көгалға көктен қарадың, Ташкенде талай сұлудың шашын тарадың,

Шайтанкөлдегі Лəйлəні көрген жоқсың ғой, Көргенде оны не болар едің, қарағым.

Не деген ғажап мөлдіреп аққан тоғаны, Қарқаралыдай ғаламда бір жер жоқ əлі. Патша болмайын деп пе едім осы аймаққа, Ақын боп кеттім – өзіме соның обалы.

Ей, қойшы, ей, күнім... айтпашы иран-бақтарды, Сайрады, əне, жан сырын құстар да ақтарды.

Патша болған соң құлдану керек біреуді, Мен бала күннен сүюші ем Спартактарды. Альпіге шығып, асқарға аяқ салдың ба?

Ей, қойшы, ей, күнім... қалайық осы шалғында. Жиренсақалдың басына шыксаң мен құсап, Жаһана күллі жатпаушы ма еді алдыңда.

Арабқа барып, Алашқа көктен қарадың,

Шалқып та іштің Шам шаһарының шарабын. Мен саған күллі ғаламды бере салайын, Қарқаралыны бір күнге берші, қарағым.

VIIІ. ШАЙТАННЫҢ ШЕРУІ

Күл болғанда қауызынан гүл, От басқанда қынаны, Айдаһардың аузынан бір Сары Шайтан шығады.

Шайтан өртке араласып, Сақ-сақ күлсе бір ұшып, – Періштелер қара басып, Қалады екен бүрісіп...

Өртті өрге түре айдайды, Жасылына жақындап;

От болмаса жүре алмайды, Күле алмайды сақылдап. Ой мен қырға оқша ағады, Қос обаны қоса аттап,

Ел мен ерге от салады, Қу мен сұмды қосақтап!

Сасықтар мен пасықтардың Санасында күледі ол,

Қан жылаған ғашықтардың Арасында жүреді ол.

Түлкі бұлаң түрін көргем, Абылайдың асында.

Ол жүреді сұлу көл мен, Сұлушаштың қасында! Езулеп кеп емеді де от, Бүркеді оны гүлге кеп. Оған нұрдың керегі жоқ, Оған қара түн керек.

Сұлу көздің қиығында Жүреді де жарқылдап: Сұмырайдың иығында Күледі кеп – қарқылдап! Қарағайға қарғып жетіп, Қара орманның ішінде, Көзі ілінсе қалғып кетіп, Күл көреді түсінде.

ІХ. ӨРТ ПЕН ДЕРТ

Дегелеңді дерт алды, Қарқаралыны өрт алды.

Шыңырауда көзі біткен бұлақ – тұл. Өзегіне өрт кеп түскен құрақ – тұл. Алматыда, Көшесінде Саинның Ұлттық Ұят бетін басып,

Жылап тұр! Бозда, жаным... Замананың перісі,

Арамданған ауылы мен кеніші:

Сен – қазақтың соңғы шерлі Жамалы, Мен – қазақтьщ соңғы Ақан Серісі!

Бозда, жаным...

Шырқ айналған шағалам,

Қалай сені қанатыңнан қаға алам? Көз жасыңнан көкірегіне өрт түсіп, Бір ұл туар Ұмадайын Анадан!

Бозда, жаным... Өзегіңе от толып,

Күнəһар боп күңіренші, Сот болып!

Тəні қалып Ғомора мен Содомда, Ұлттық Рух ұшып кетті...

Жоқ болып!!! Алашым жоқ! Сайтан соққан, Сорлаған...

Мен – Төлеген, Қыз Жібек-ті Ол – маған!

Махаббат – құс, қос қанаты қайырылып, Ұшамын деп көкке қанат қомдаған: Оны-дағы қортық Қодар қорлаған,

Сені-дағы қортық Қодар қорлаған! Алашым жоқ!

Сайтан соққан, Қорлаған,

Жоқпын оған мен де, Жоқ қой Ол – маған!

Ұлы кеткен Ғомора мен Содомға, Қызы кеткен Ғомора мен Содомға, Мен қазақтың соңғы ақыны сорлаған...

X. ЗАР

Қарқаралы, қайда көктің жасындары, қайтейін, Сенен – бір өрт,

Менен – бір дерт басылмады, қайтейін. Пенделердің көзіндегі құрты болдың, қайтейін,

Салған өрт пен жанған өрттің жұрты болдың, қайтейін. Ғаламдағы жалғыз пірім, Қарқаралы-ау, қайтейін, Сенен – бір шер,

Менен – шемен тарқамады-ау, қайтейін... XІ. АТЫҢНАН АЙНАЛАЙЫН

Дегелеңге дауасы жоқ дерт енді, Қарқаралыда – Қараорманым өртенді. Қараорманым... үрпиді де тұлымы, Қараң қалып – құрыды.

Қарқаралы тауын аса бергенде Қаракөздің түсіп қалды бұрымы! Тамұқ оты – тасында,

Ғабдиман да көрінбейді, Қасым да. Қара жылан ордасымен көшіп кеп, Ысылдап тұр – Қарқаралы басында! Сұлулық бір сəтте – өлді!

Қарқаралыны қара дию қақ бөлді. Жұмақ жатқан бауырында сол таудың Көз алдымда Тамұқ оған тап берді!

Өрт түбіне, дерт түбіне жетер ме ой? Мұқағали айтқан: бəрі – бекер ғой, О, Тəңірі, Жұмақ пенен Тамұқтың Екі арасы бір-ақ қарыс екен ғой!!!

Дəуітəлі ағам айтып кеткен анығын, Көзбен көрдім,

Тамам ойын таныдым:

Осы жерде – Өмірім мен Өлімім, Осы жерде – Жұмағым мен Тамұғым! Сарыарқада осы жұмақ – аралым,

Жұмағымда Мəжнүн болып барамын. Хор қыздары Шайтанкөлдің бетінде, Қара шашын тарқаттым да,

Тарадым!

Аралымда ашылды да араным,

Мас болдым мен сарқып ішіп шарабын, Қарағайдай жас болдым мен, қарағым! Нұры ашқанда саңылауын сананың, Гүл ашқанда... жас шыланып жанарым, Айдау жолмен адамзатқа жол тартып, Қарқаралыдан – ғаламзатқа қарадым!

Əкем-дағы айта алмады: «Тоқта!» деп, Шешем-дағы айта алмады: «Тоқта!» деп. Қапылыста түсіп кеттім бір күні, Қасымнан бір қалып қойған отқа кеп...

Қараорманнан бұрын түсіп отқа кеп,

«– О, Тəңірі, өрт басарың жоқ па?!» деп, Сұрап едім тіл қатпады ол маған,

Тұла бойым – содан бері соқпа дерт... Шыбын жаным бір тіріліп, бір өлді, Көкірегімнен көк аспанға жыр өрді. Жиделісай өңі кіріп, құлпырып, Жиренсақал өксіп-өксіп жіберді.

Сонан шыққан Қасымдайын ұлт үні, Жасындайын жойқын екен күркірі.

...Жұмағымды біреулерге тастай сап, Мен Тамұқтан бір-ақ шықтым бір күні... Өрт түбіне, дерт түбіне жетер ме ой?

Мұқағали айтқан: бəрі – бекер ғой, О, Тəңірі, Жұмақ пенен Тамұқтың Екі арасы бір-ақ қарыс екен ғой!!!

XIІ.ТӨРЛЕ, БЕКЗАТ АЗАТТЫҚ

Төрле, Бекзат Азаттық! Түбіме жеткен – құлқын-ды. Құл мен күңді мазақ қып, Ақсүйек қылшы ұлтымды! Дегелеңді дерт алды.

Қарқаралыны өрт алды.

Құдайсыз қап, болды-дағы құл – тұлға,

Ұлысым да аңырады, ұлтым да. Генералдар көшіп кетті Мəскеуге, Дегелеңнің дерті қалды жұртында. Қарау пиғыл таңдайыма татыды. Қараорманым өртке түсті-ау ақыры. Қараөткелде қарағайдан үй салды, Қарқаралының қашып кеткен əкімі. Дегелеңге дауасы жоқ дерт енді, Қарқаралыда – қараорманым өртенді.

...Алаш дейтін Ару қыз-ай, қайтейін, Көрінген ит ашты-ау сенің көрпеңді!

XIIІ. СЭМ АҒАЙ

Сэм ағай, кел, төріме шык, жоғары, Дүниенің сенсің қыдыр қонағы.

Мынау менін Мəңгүрт байым болады, Мынау менің Мəмбет байым болады, Сенің даңқын өртеп біткен өзегін, Мəңгүртім де менсінбейді өз елін.

Құйрығын жеп, майын ішкен көженің Мəмбетім де менсінбейді өз елін.

Барар жер жоқ, басар тауы – Сокыр бір! Жемтік көрсе қарғадайын шоқыр кіл.

Өз жерінің қазынасын өзі ұрлап, Өз еліне өзі күліп отыр – бұл.

Ұлтын көрсе – ішер астан қақпайлар, Қыртын көрсе – шапан жауып, ат байлар. Анасы оның Алаш емес –

Құл мен Күң!

О, тегіңе тартпай қалғыр, Тартпай қал!

Мəңгүрт те – мəз, Мəмбет те – мəз, елжіреп,

Мұхит асып Сэм ағайым келді деп.

...Пушкинді оқып тауысқандай, Екеуі

Уитменді окып жатыр енді кеп. Кел, Сэм ағай, көтеріліп өр еңсе,

Мен де біраз жырлайыншы Гомерше: О, дүние-ай, осы екі шонжардан,

Екеуміздің көсегеміз көгерсе,

Мен де біраз жырлайыншы Гомерше! Мемлекеттік буржуазиям – осы – інің! Түс үңгірге!

Одан неге шошыдың?

Мемлекеттік люмпен-пролетариат –

Шаша салған шаранасы осының! Мен аспанда ұшып жүрген бұлт едім, Телегей бір теңіз-нөсер ұлт едім, Техас болам əлі мен де,

Қалаға –

Көшіп келді, міне, күллі люмпенім. Түс үңгірге, жан-жағыңды аңдап ап, Бүрге талап, Аузы-басы қан жалап, – Жүрген шығар Франсуа Вийоным* Қаламсап ап қолына һəм қанжар ап! Қайтсін бұлар оның жырын?!

Қақпайлар!

Ана тілі – аспанға атқан ақ қайнар: Анасы – Ұмай,

Атасы оның – Көк Тəңірі, О, түбіңе тартпай қалғыр, Тартпай қал!

Сэм ағай, кел, төріме шық, жоғары, Дүниенің сенсің қыдыр қонағы.

Мынау менің Мəңгүрт байым болады, Мынау менің Мəмбет байым болады.

ХІV. ТƏУБЕ ЖЫРЫ

Нанға шығып – құран алма, Құранға шық та – нан ал! (Қазақтың қанатты сөзінен) Қара күл, қара шаңды ап, Қолыңа қара да тұр: Қараорман – қара шаңырақ, Тұл болып бара жатыр, Пұл болып бара жатыр.

Жан мен тəн аласұрды. Кеш, Алла, Алашыңды! Түсейін сабама кеп,

Күнəсыз бала сынды, Ішейін қара суды!

Енді ұқты есі кіре:

    • Тəңірін – ұлы! – деп бұл. Құнанбай мешітіне, Камалтин мешітіне Құдайдың құлы кеп тұр!

Көз жасын сығып, арып, Сандалып сансырамас, Құранға шығып алып, Құдайдан нан сұрамас! Өзегін өртеді өлең, қиырсыз қия-белі – Тəңіріне еркелеген Түркінің тұяғы еді.

Тəңірі! Сүйші еріп,

Пендеңді зарлы, мұңды, Сел-сел ғып құйшы келіп Махаббат, жаңбырыңды, Таң нұрыңды!

Қажыдым қара күлден, Қарау ой, қаралы үннен. Абайға барамын мен!

Аллаға барамын мен!!! Ел болар есі кіре:

    • Тəңірін – ұлы! – деп құл. Құнанбай мешітіне, Камалтин мешітіне, Құдайдың құлы кеп тұр...

Қарағанды Қарқаралы Қарағанды

КӨК АЛА ҮЙРЕК

Кеудемнен көкала үйрек қош деп ұшты.

Кемпірбай.

І

Ойласам оқиғаны өткен-кеткен, Қайнайды көкірегім кек тербеткен. Мен-дағы біраз күндік жолаушымын, Шапқылап олай-бұлай ат терлеткен.

Астана, Алматыға алаңдамай,

Ат басын бұрдым, Семей, саған қарай. Қайдасың, Көкала үйрек – сөз киесі, Өзіңді бұл жалғаннан табам қалай?

Кім білсін көктесің бе, жердесің бе, Сəулең жүр ақындардың зердесінде. Бұлбұлдай ұзақ таңға сайраушы едің, Бір кезде Кемпірбайдың кеудесінде.

Елестің адам қалай түсін білсін, Сусылдап, сағым болып ұшып жүрсің. Өзіме өзім жұмбақ көрінгенде,

Кім сенің тағдырыңды түсіндірсін?

Сен ашсаң құпияңды, мен де ашайын, Сезімнің тұнығынан шөл басайын.

Аққудай бауыр төсеп жүзем десең, Өлеңнен айдын шалқар көл жасайын.

Айналып аман жүрсең бір соғарсың, Көрсетпей келбетіңді тұмшаларсың. Таба алмай Кемпірбайдың топырағын, Маңайға меңірейген мұң шағарсың.

Аспанға шығып кетсең түсші бері, Жанымның жарқылдасын күш-жігері. Деуші еді алмағайып тылсым сырын, Адамнан бұрын сірə құс біледі.

Сен бірақ құс емессің шындығында, Түйінсің шешілмейтін бұл ғұмырда. Жалғызсың жаралғалы білетінім, Əлемнің алты бірдей құрлығында.

Бермейін қиялыма қайтіп ерік, Тұйыққа қамалғанда ой тіреліп. Мүмкін сен дəл қасымда күрсінесің, Үкілі домбыраның кейпіне еніп.

Жайыңды, асыл құсым, мен түсінем, Шықпайсың сағынғанның сен түсінен. Маған да анда-санда аян беріп, Алланың құр қалдырма еншісінен!

Уайымсыз ғұмыр кешер қандай кісі, Ақынға біткен қайғы – ел қайғысы. Жарқ етіп, шақпақ жанып, от тимесе, Білтенің өздігінен жанбайды ұшы.

Қашаннан жағы сембес сарнағанның, Тұсында бір Сұрқылтай əр заманның. Қанындай қасқалдақтың қасиетім, Кетер ме уысында қармағанның.

Белгілі баста дəурен көп тұрмасы, Кім білсін іздегенім жоқтың қасы. Бар еді менің де бір бозторғайым, Кезіксең қанаттыға қақтырмашы.

Жаз келсе гүл көйлегін дала кимек, Құбылтып кемпірқосақ садақ имек. Шүйгіші көлден-көлге, судан-суға, Көзіме бір көрініп, Көкала үйрек?!

ІІ

Қайнатқан қасіреттің тайқазанын, Семейге құлағың сал, ей, қазағым! Астында қасапхана күңіренген, Дауысын естимісің беймазаның?

Өмірдің сəуле төккен сарайына, Бір мезет аруақтарды ал ойыңа. Семейге жолың түсіп келе қалсаң, Соға кет қасапхана маңайына.

Мезгілсіз сары уайым шақырдым ба, Батырса кінəлама ақын мұңға.

Айырылған моласынан Кемпірбайдың Аруағы арпалысып жатыр мұнда.

Кетті ғой қияпатты қиын заман, Сапырып қара шаңды құйындаған.

«Дұға қыл Кемпірбайдай бишараға», Өзіне өз қабыры бұйырмаған.

Жан еді өнерсізді дос етпеген, Өлеңсіз тамағынан ас өтпеген.

«Семейде топырағым болар білем», –

Деп еді арыздасып Əсетпенен.

Азабын екі дүние арасының, Бермесін басына адам баласының. Амал не таптырмай тұр сол топырақ, Орны жоқ Кемпірбайдың моласының.

Сөйлесе тоқтататын соққан желді, Көзі еді Бұхар жырау, Ақтанберді. Тып-типыл еткендерді қарғыс атсын, Ол мəңгі мекен етіп жатқан жерді.

Біреулер бұйрық беріп масаттана, Бір кезде салыныпты қасапхана. Сол үшін талқандалған қалың зират, Халықтың білетіні осы-ақ қана.

Аруақтың көрден шығып қаңқа басы, Бақидың басталыпты жанталасы.

Жалғасып келе жатыр содан бері, Өлі мен тірілердің жер таласы.

Тажалдың күні шықса шалқып алдан, Жұқ болмас жұмырына жарты жалған. Беттері тірілердің бүлк етпепті, Тұрағын өлілердің тартып алған.

Əйтеуір көргеніне мəз күндерін, Жасапты қасапшылар өз білгенін. Бірақ та білмейді олар мекенінен, Киесін Кемпірбайдың бездіргенін.

Аруақтар аласұрып тыншымайды, Обалын шіркіндердің кім сұрайды? Моласын мұңдасының қайта таппай, Жалғыз-ақ Көкала үйрек шырқырайды...

ІІІ

Бүгінде қасапхана қаңырап тұр, Есік жоқ, терезе жоқ аңырап тұр.

Түрмесі қырып-жойған қызыл майдан, Қоғамды салады ойға Тəңір атқыр.

Қапыда қылыш тисе желкесіне, Ғұмырдың кім кезікпес келтесіне? Жалт берген қалың қойды қанға бастап, Түседі арандатқыш серке есіңе.

Талайлар сол серкедей жалаң қаққан, Өз елін өзі сатып арандатқан.

Жем болған ит пен құсқа ақырында, Хайуандай айдалада арам қатқан.

Қасаптың ордасына қан сасыған, Қазағым қора-қора мал тасыған. Моласын Кемпірбайдың іздеп жүріп, Бұл жерден Көкала үйрек сан шошыған.

Шошынып Көкала үйрек ұшып кеткен, Қорқады қонақтауға түсіп көктен.

Қайғырып қайдан оны есіне алсын, Көркеуде кесір заман ісіп-кепкен.

Құйттай құс көп нəрсені ұғынбайды, Зар жылап зеңгір көкте шырылдайды. Қаңсыған қасапхана үрей шашып, Түн болса жердің асты шуылдайды.

Естілер аруақ үні тыңдағанға,

Түкпір жоқ зар жетпейтін бұл ғаламда. Сүліктей су түбіне кім кетпеді,

Дүние толқын атып тулағанда.

Қорланып күн кешкенбіз сірə қандай? Тəңірге жалбарынып жылағандай.

Атқанда арыстарды қойдай тізіп, Қайда деп сүйегін де сұрай алмай.

Зұлымға ойрандаттық ортамызды, Үндемей суырса да қолқамызды. Таптатсақ намысыңды кешір, баба, Жандағы жоғалтып ап балтамызды.

Дүркіреп өте шықты дүрбелеңі, Тарихтың қанға бөгіп бір белеңі. Көрмесе алдыменен құдай өзі,

Көз жасын қалың елдің кім көреді?

Сағымдай мұнарланып шілдедегі, Алаңсыз ағады Ертіс іргедегі.

Жүр ме екен Көкала үйрек шырайналып, Семейдің түнгі аспанын мұң көмеді.

Тигенде Жаратқанның шын көмегі, Тылсымға тұтқиылдан тіл береді. Қасында қасапхана тұрмын жалғыз, Ғайыптан қасіретті үн келеді.

Япыр-ау, аруақ па екен шыныменен, Зарлайтын ауық-ауық түніменен.

Қапалы Көкала үйрек шығар мүмкін, Үн қатқан Кемпірбайдың тіліменен?

Көмекке мұңлы дауыс шақырады, Біресе ашуланып ақырады:

– Еске алар кім бар, – дейді – Кемпірбайды, Тоналып, типыл болған топырағы?

Адамың, албастың бар, шайтаның бар, Көрімнің тыныштығын шайқадыңдар. Болмаса жеті атамда алашағың, Бақилық баспанамды қайтарыңдар?!

Алдайды жалған дүние бүгін жолдас, Аруағын зарлатқан ел түбінде оңбас. Ей, қазақ бүйте берсең, аз ұрпағың Торғайдай тозып бітер, түгің қалмас.

Көтеріп қорлығын да, мазағын да, Қиналдық қасіреттің азабында.

Аруақтар аза тұтып жатқаннан соң, Болмайды енді ешқашан маза мұнда!

Бұл сөзден төбе құйқам шымырлады, Құлағым одан сайын шыңылдады.

Бірдеңе айтпайсың ба дегендейін, Өзіме өз жүрегім сыбырлады.

Сөйледім сасқалақтап мен жай тұрмай, Қала ма іштегі сөз енді айтылмай:

– Атыңды атағанға кешірерсіз, Ассалаумағалайкум, нар Кемпірбай!

Жасыңнан сиқырлы əлем сырын бақтың, Көрінсе Көкала үйрек күлім қақтың.

Қоянды жəрмеңкесі өз алдына, Өлеңнің жəрмеңкесін дуылдаттың.

Тектінің тұқымы едің түбің мықты, Екпінің егескеннің туын жықты.

Қасқадан төбел туған тұлпар едің, Қазақта мұқым киіз туырлықты.

Сөзіңнен көк семсердей суырылған, Апшысы айтысқанның қуырылған. Шұбырды тыңдағанның сілекейі, Баладай аузын ашып тілі уылған.

Намысын қорғаймын деп алты Алаштың, Сөзбенен сойылдастың, балталастың.

Артына ат айналмас тар кезеңде, Жауыңмен жағаласып жанталастың.

Пендені алды-артына қаратпаған, Жалғанның жазымы көп жалақтаған. Обалың өткендердің мойынында, Берейін енді жауап не деп саған?

Шашқанда сүйегіңді саудыраған, Білемін көл жылаған, тау жылаған. Қалмады-ау саусағыңның ұнтағы да, Құлағын домбыраның сан бұраған.

Пенденің келмегенмен танығысы, Көрінер айдан анық Тəңір ісі.

Тіріге байтақ дала тарлық етсе, Кең сарай өлгендерге қабір іші.

Ғайыптың құсы екен ғой ғұмыр деген, Ұшқаны, қонғаны да білінбеген.

Қуылған сол сарайдан сені жоқтап, Жылаймын бəйіт айтып жырымменен.

Кеткен соң бастан билік жараса ма, Еркінде бодандықтың таласа да.

Семейде не мұсылман, не қазағың, Түспепті сүйегіңе арашаға.

Ілесіп келе жатқан тым арғыдан, Бəленің басқан ізін кім аңдыған? Айдаһар сырттан төніп жұтынғанда, Ысқырып іштен шығар шұбар жылан.

Қорымдар күңіренеді жат қорлаған, Не қалды жерімізде тапталмаған?

Қабатын аттап бассаң аяғыңды, Өзіңе өзің құрған қақпан жаман...

– Əй, балам, бұрын-соңды қайсы қазақ, Осылай болып еді сайқы мазақ?

Тұқымы хас тұлпардың азған кезде, Көк есек қос құлағын қайшыламақ.

Қонбаса Көкала үйрек қайта жерге, Қалады не қасиет байтақ елде?

Көктегі періштелер төмен түсіп, Шығады ібіліс пен шайтан өрге.

Төрлетсе ата жауың кердең қағып, Тұрғаның босағада телмең қағып. Мазарын мазақ етсе мыңқ етпейтін, Намысы сөнген халық – өлген халық!

Дауысы Кемпірбайдың болды ғайып, Орнымда қала бердім мен мұңайып. Сол сəтте аспан жақтан Көкала үйрек, Қанатын көбелектей келді жайып.

Төбемде айналады шыркөбелек, Білмеймін бұл ғажапқа кім не демек? Үйректің кейпінде деп ойлаушы едім, Құс емес, ұсқыны да мүлде бөлек.

Торғындай қанаттары дірілдейді, Сусылдап ұшқаны да білінбейді. Төгіліп сүйкімді бір нəзік сəуле, Толқытып жүрегімді күлімдейді.

Қон десем иығыма ол қонбайды,

«Қайтесің, – дейді, – мендей сормаңдайды?» Сайраған Кемпірбайдың кеудесінде,

Ежелгі еркін күнін армандайды.

Сұрайды: «Кемпірбайды көрдің бе? – деп, Сен де іздеп топырағын келдің бе?» – деп. Жылайды бірі – көкте, бірі – жерде,

Не шара жаратқан соң тағдыр бөлек?

IV

Ұшады Көкала үйрек жерге қонбай, Аспанның төрін мəңгі таңдағандай. Ешкімге, ештеңеге сене алмайды, Періште жолықпаса əлде қандай!

Жерінген жер бетінен соншалықты, Кім оған зейін қойып, зер салыпты. Киесі өлең-жырдың енді оралмас, Төгетін ағыл-тегіл мол шабытты.

Кездесіп қияметтің өткеліне,

Қай заман Кемпірбайдың өткеніне. Моланы медеу тұтып жүруші еді, Амалсыз шығып кетті шеткеріге.

Сиқырлы Көкала үйрек құлағына, Шалынбай аруақ үні тұрады ма? Келеді қайдан болсын салып ұрып, Баяғы бауыр басқан тұрағына.

Заматта бір қиырдан жетеді де, Кетеді, шырайналып өтеді де. Белгісі Кемпірбайдың қалмаған соң, Алмайды басқа жанды қаперіне.

Демейді мүлгиін де, қалғиын да, Ұшады аласұрып əр қиырға.

Аңсайды Кемпірбайдың бала күнін, Айналған ұстатпайтын жел-құйынға.

Тамған жер Кемпірбайдың кіндік қаны, Кеткендей тұңғиыққа сүңгіп тағы.

Зұлматтың ошағында күлге айналған, Атажұрт Дегелең мен Мыржықтағы...

Қуалап ұйтқи соққан заман желі, Қаңғып жүр Көкала үйрек содан бері. Қым-қуыт түпсіз, терең кең əлемде, Пенде жоқ мұны сезер жаман жері.

Қазағым, көрінгенге жалпылдамай, Есің жи, бір-біріңді алқымдамай.

Халықтық қасиеттен жұрдай болсаң, Қайырылып Көкала үйрек қонсын қалай?

Ол енді қона алмайды – зор қайғыда, Зарлайды, жауыздарды қарғайды да. Ажалсыз жаралған соң амалы жоқ, Жүреді көк аспанда самғайды да.

Бар оның қанатында ғаламат күш, Дамылсыз жер мен көкті аралатқыш. Адамнан қайыр күтіп қапаланбас, Алланың бір өзіне аманат құс!

ҚОСҮРЕЙЛЕР ҮЙІ

«и тогда,

Все постели земные прокляв,

Шла бы по всей Вселенной Любовь!..»

Ақын арманы

* * *

Жүрек түгіл, бұл жайды

айтуға ауыз сыздайды!

...Қызылбеттеу кісіге Қызық – қымбат, қыз – қайғы...

Бақытты көп, Саналы аз,

жынды да бар... обал, ə-ə? Жындыхана жайлы, аға-а, жыр жазуға бола ма?

Есуас та бас шайқар сауал шығар бұл. Бірақ,

елемейін десем де, еңсемді езіп, бұрғылап, Қашсам – қалмай ізімнен Қажап біткен жайт еді – ессіз əлем жайлы, аға, бір толғансам қайтеді?

* * *

«Өмір – күрес!» деп жүріп өзімізден жеңілдік...

Кімді жықтық, нені ұттық, ұқтық нені,

не білдік?

Ауыр-ауыр томдарды ақтарғанмен күні-түн, Ащы арманың азайып,

семірді ме үмітің, Жігітім? –

Бас көтерсе батпан ой, зынданымда мың сұрақ Қабырғаны тырнайды қамаулы итше қыңсылап.

Алданбайтын арзанға аш Сауалдан қашқанда, Құла түзде

Құлақты тығындап ап, аспанға

    • «Айт жауабын!» деп кейіп, Қажып кетіп бірде мен. өзіме өзім:

«Жынд-ы-е...» деп, Жыным келіп күлген ем.

Мешел ойы май құйсаң тұтанбайтын жазғанға, тауықкөзге,

тантыққа,

Бөксе құлы Азбанға, тала-ай қыртқа, құрдасқа

«Жынды-ай...» деп ем амалсыз,

...Есіл менің жүрегім, еш нəрседен хабарсыз!

* * *

Ерте жасап күнəні, еңірейміз кеш біліп!

...Ажарсыздау ауланың айналасы – Естелік, ал ішінде – ғаріптер,

ашық айтсақ, жындылар –

ақсақалдар,

ағалар, замандастар, құрбылар...

Кім бұлар?

...Шын ессізді көргенде ақыныңа ес кірді –

«Ақымақ!» – деп,

«Сорлы» – деп айта алмадым ешкімді,

Сау кісінің сандалтқан

аз ба бізді əлегі –

ал...

сұра аула – ақылдан алжасқандар əлемі, Кірпияз ең кінəмшіл,

сазайыңды ал, Санам –

...жындыхана ішінде теңселіп жүр

қанша адам?!

* * *

Осы жайлы толғану естелік пе? Білмеймін...

Жүрегіме кескінін кетті қашап зілдей мұң.

Көзді тырнап алардай көріністерден қашып біз, Теріс қарап,

Тезірек ұмытуға асықпыз:

Ғұмыр қысқа, Жан – нəзік,

жүрек – жалғыз, сыздағыш,

Біреу үшін қинауға қимайды оны Қызғаныш... Жалт бұрылып,

жан мұздап,

жаудай көріп кектескен, Сұр ауланы бір сыбап,

«Жайлау» жаққа кетпекші ем... (Оңай, оңай ойлы дос,

«жанын аяп қалды» деу –

Ойланып көр,

табылар тəуекелі бар біреу?)

  • Қоянжүрек болмаңыз зиянсыздан құр бұғар, Қорықпаңыз –

естіден сескенеді жындылар, екі етпейді айтқанын,

Жүр, жүріңіз, – деп күліп, қақты арқамнан

ақ киіп, ауру баққан Тектілік. Ғұмыр сынды-ау үрей де:

шыдай білсең – қас қағым, Қорқынышым көз ілді.

«Басқанікі – басқа мұң. Талайсызды мүсіркер Тəңір емен. Не ақым бар?

Жындынікі – өз соры... Жырлау керек ақындар!..» Ақ жаңбырдан шошитын ақсаусақ қыз – өлеңді,

Аһ ұрғызып,

аяусыз жылатпай-ақ мен енді,

    • Жындыхана, сені де, бір көрейін! –

деп кестім,

«Жұқпалы дерт емес қой –

жынды болып кетпеспін?!..»

* * *

«Үш күннен соң тозаққа үйренетін» көз, көңіл,

көре-көре,

көрден де қаймықпастай кезде бұл, Мұздағансып маңдайым, Сыздағансып жүрегім,

Өп-өтірік қиналып, өзгергенсіп тұр өңім, Арзан-арзан күрсініп,

күңіренгенсір мен емен! –

Көріп тұрмын...

Не деймін талайсызға, Не берем?

Əр көрініс дегендей: «Жанарыңды бұл ары!» –

Жаны дертті жандардың жындыхана – тұрағы.

Біреуі – аға, бірі – іні... замандастар, құрбылар –

ақыл-естен арылған бақытсыздар... (Жындылар!)

Ана біреу жылайды,

Мына бірі күледі. (Алжасқанмен санасы, сыздай ма екен жүрегі?) Сау кісіше –

ас ішіп, кейде кенет түнеріп,

Əлденені айтады арманы өлген тірі өлік.

Есті əлемдей

мұнда да бар əркімнің өз «мені» –

ессіздер де

«Өзім» деп, көзге ілмейді өзгені! Мағынасыз көз,

Мəніссіз қимыл, кескін... Сөзі ала...

өңшең міскін

өзеуреп таласады өзара... Бұл жерде де талайдың табысыпты тағдыры – Əркімнің өз аспаны, өзіне тəн жаңбыры,

қары – мұзы қат-қабат төбесінен төнеді.

Барлығында дерт біреу –

бақытсыздық көгені.

(Көз шыдайды-ау көруге!..)

...Көк мұз қарып денемді, Арал, сенің еске алдым, Құмға батқан кемеңді...

* * *

«Енді білдім –

біз неге бақыттымыз, құндымыз...» –

Ойға сүңгіп шығып ем,

«Ой-а-а...» деді мұңды қыз, (Жасты жанар,

жасық жүз – мұң белгісі, десек те,

Жылау... күлу... бұл жерде...

алынбайды есепке!) Əлде кімге арнайды

мұңын, сырын, қайғысын? –

Əндетеді ақырын ақылы тұл байғұсым:

«Əлди, əлди,

бойыма ертең бітер балам-ау!

...жарай ма екен

жігітке көз төңкеріп қарамау? Сүймегенің үйде отыр,

шын сүйгенің далада-ау... Сүю деген –

жаныңды өз қолыңмен жаралау, Қараңғы кез – шаңқай түс, Жазда болар – қар, аяз,

Түннен жарық түк те жоқ –

Тəнің – тəтті, санаң аз...

Шын күлгенің не сенің – бастай көрме жат ырым, Жалмауыз көз жас жігіт көріп қояр –

ақыры-ын...

Таң мен гүлден ажарсыз тағы не бар? Қарғам-ау,

Қарамын деп,

саған да айтар ма екен қарға дау? Күлдей күлкі,

тас сезім, тəтті қайғы, өтірік –

еркін алма ботамның, есін мүлде кетіріп.

Көш, көш, көш... кө-өш, күндерім,

күңің сенің мен емес, тəңір,

сені тəрк еткем, тəтті үмітті жебемес... Шектен шыққан қайғыдан

Сетінеген кесте едім... Қой, жылама, бөпешім... қорқатындай не істедім?..»

* * *

«Мен құдаймын! –

бір науқас қарқ-қарқ күлді қарғаша, –

Құлдық ұр да,

Қол қусыр, жыла, жалын – далбаса...

...Сендерді жеп тауысам –

Неткен тəтті жемтік ең! Жо-оқ, жемеймін,

Жемей-ақ, «же-еп қоя-а-мм!..» деп өлтірем.

  • Құдай емес, – деп мені ыза қылған өздерің,

«Жарылқашы!» деп енді, Жаутаңдайды, ə, көздерің? –

Қай-қайсыңа бір менің шапағатым... жетеді?

Қан жылама,

Өңшең ез, қайыршылар мекені!

...Құдайлықтан шаршадым, жеріп, жерге түстім мен – жынды деп пе ең,

Жалықпай жарылқайтын үстіңнен? Тоқта...

тағы біреулер бақыт тілеп жылай ма –

Шаршап біткен Құдайға?

...Жынды болу ұнайды, ə-ə?

..............................................................

жарымес қой деп пе едің жатып ап шыңда

құдай боп жалғыз қиналар... –

ақымақсың ба?..»

* * *

«Апа-а...

еңкілдеп жылайды алжып кеткен ер кісі, –

Апа-а... –

Неге кісінің кісіні бар жеңгісі?

Мен өзімнен басқаның барлығынан жеңілем, Күші жоқта қулық бар...

менде не бар? Не білем?

Өмір сүрдім дегенім – өңі жаман түс көрдім, Кіріп кеттім ішіне кіл ақымақ күштердің...

Соры қалың біреуді жылатып ем, Сауап па?

Ақ қайыңды омырып құлатып ем, –

сол-ақ па?

Ажалдының өмірі – алашұбар жолақ па? Алашұбар ойларға,

апа-а,

мені тонатпа...

Жолақ-жолақ өмірден қарғып өте алмадым, Безбет құмнан су жасап, қарғын ете алмадым – Талайларды аттырдым –

тал шоқпармен тақты ұрдым... Талдап жұлып сақалын,

жоқ күнəсін таптырдым...

...Ат та мінгем,

Қолыма қару да алғам – бəрі есте, Отызда едім... əлде, отыз жетіде?.. Қазір болдым нəресте...

Бұл дүние ақ неге? Ойламаппыз біз пақыр – Аппақ сүттей Алқапта қара, қанды із жатыр!

Апа-а...

Бақытты ұлың емес пе ем, Көктемім көп,

Күзім – кем?

Шоши берем неге мен... жерде қалған ізімнен?..»

* * *

    • «Асанқайғы» атанды мына науқас бозбала, – деп дəрігер ымдады, – не дер екен, қозғама...

«Мұнар, мұнар, мұнар күн... мұнартпашы-ей, мұндар шың!

Адам менен Хауаны есте тұтқан кім барсың!

...ешкім де жоқ.

...атарға бір-біріне тас-тасып, бəрі ақылдан алжасты ағайынмен қастасып...

Бəрің маған аталас, аналассың, жындылар – бір-біріңді танытпай, басып тұр-ау бір мұнар... түк көрмейді-ей көздері... түк түспейді есіне,

тозарың бар, тоз-тоз боп... –

тудық бірге несіне? Түгел жұтар бəріңді түпсіз қара қуыстың аузына кеп кептелдік.

...қадірі жоқ туыстың... Соғыс,

алдау, қан, мылтық...

қаптап кеткен жас қабір... бірге тудық бəріміз – бауырлармыз тасбауыр...

  • Бір-біріне кектеспе, кекей күлме,

оқ атпа-а!.. –

Деп жылап ем,

ақылың жеткен жері сол-ақ па? Есі дұрыс дүние-ау,

елестеп тұр не саған? Құлаймыз ба құрдымға?.. Кілең туыс...

есалаң...»

* * *

Жындыхана,

мен сені бір көрейін деп келдім, Жындыхана,

мен сені аяп тұрып, жек көрдім!

Жындыхана,

əзірге қанаты аман кептермін...

...Алақандай ескі аула, бəрін бастан өткердің: түйірі жоқ сананың, түйіні жоқ кептердің... Олар дертті,

Мен есен,

естіліктен жыладым,

«Жындыхана-а...

сенің де шексіз екен шыдамың!»

* * *

Жанары – өлі, суық, сұр,

сұрақ – мүсін бір ғаріп күбірлейді,

қарайды жан-жағына ұрланып:

«Құтырынып тұрғаны-ай, құйындардың ойда сан! Бəрі ұйқыға кеткенде... басын тығып қоймасам барлығының...

Тұра сап, тас-талқан боп іздесін, тығып қойып...

қайтарам – күдерлерін үзбесін! Ертеректе,

есімде,

«егіз қоян шекелі»

бір басты ұрлап көміп ем, Қайтып берсем нетеді?.. Алғаныңды қайтармау – арды қажар сұрақ-ау...

Берер-ақ ем,

Өз басын танымайтын шығар-ау...

...сол, сол қызық...

Сол қызық: солған гүлдей құлаған

соқталы ердің денесі..емес пе еді дін аман? Қысқа түнде қырық кеп,

жаны мені қарғайды –

Неге ендеше денесі басын қайтып алмайды?

...тағы да ойнап көрейін – қалғыңдаршы тезірек, Ұрлап, тығып тастайын, тұрғанында кезі кеп!

...басқанікі мына бас, өзімдікі денем ғой... Қорықпаңдар –

кейіннен тауып əкеп берем ғой...»

* * *

«Жындыхана

Сенің де тастан екен шыдамың...»

  • Түсіңізге енбей ме түндерде кеп мына мұң? Ақиқатын айт маған,

айналайын дəрігер!

...Қанша мұңды көтеріп келе жатыр кəрі Жер, Ал, сіз қалай күн сайын көріп жүрсіз?

Дəрілер

Ішесіз бе, жүйкені шыңдап, шыдар мынаған

Күш беретін? Дəрігер,

жүрсіз қалай дін аман? – (Мен сұрадым амалын Тектіліктен сұрадым, Қарауытып жанарым, шыңылдайды құлағым!..)

  • Сабыр... – дейді Мықтылық, (Құрып кетсін сабырың!..)
  • Қайда да бір тіршілік: Жары – бақыт, жары – мұң, Жарақ алма жау жоқта, ойлап алмай, бүлінбе – Əлем түгел дертті емес – тəубе айт соған,

күлімде... Жүйкеңді бақ,

жүректі сала берме əуреге –

Есті Əлем бар, арлы Əлем,

Сау Əлем бар –

тəубе де!

Сол Əлемді аз ба əлі жүрген аңдып, торып мұң?

Ал сен

аз-мұз алжасқан адамдардан қорықтың. Мен де аяймын оларды,

аяғанмен жоқ амал.

Көре-көре көңілім – күн тоздырған орамал. Қорқынышты демесең сықпыты мен сияғы,

Жаны науқас бұл топтың шыбынға жоқ зияны,

Иə, күніге сан рет көрем, жаным шыдайды –

Мен қорықсам –

қорқамын

дүниеден былайғы...

    • Рас, – дедім, – рас-ау... Ақиқатқа бас ұрдым – Жалғыз дерті емес бұл біздің Есті ғасырдың!
    • Сабыр, – дейді, – ендеше... ауру баққан Тектілік.

«Сабыр түбі шынында сап-сары алтын» деп біліп,

Көндім, Көрдім,

Көкірек күрсіне алмай сыздады –

«ҚАНША ДЕРТПЕН АЛЫСУ КЕРЕК ЕКЕН

БІЗГЕ ƏЛІ?»

* * *

...Шашы ағарған өңі жас,

жүзі кісі көргісіз,

Бозбаланың күлкісі жылағанға бергісіз:

«Аңыз қызы Күнікей! алдамаймын деп едім,

Жарамады жалға да жалғаны жоқ өлеңім... Жүректерді гүл еткен

О, жастықтың аптабы!

...Кіл жалғаншы

жаныңа шегірткеше қаптады.

Көздеріңді сол көктем қойды мүлде басыр қып – Бек құмарттың...

алдыңда тайраңдаса Тасырлық.

  • Сегіз қырлы серім-ай... мынасы ше, қай қыры? – деп аң-таңсың...

қарасам – Шегірткенің айғыры!

  • Жаса, – дейді ол, –

жасасын арсыз күлкі, айғыр – күн!

...Мен...

...сол түні...

...шындықтың...

...шашын жұлып...

...қайғырдым...

Көніп едім зорына біз өкшелі тепкіңнің –

«Сенсіз өмір – тұл!» – десем,

«Мəжнүн ит-ай...» деп күлдің... Кешір,

Кешір,

бек кешір – болған іске арланба: жете алмастай еткен – сен

бір алдамай арманға...

«Алдамаса аз-аздан...адам...арам өледі... алдау еме-ес...

қулық қой... серіліктің өлеңі...» – деп жұбатты бір ойым, Тəуекелге бел будым –

таттым солай армансыз алдап... дəмін мен де... удың!

Соны...

менің...

амалым...

біткені деп есепте –

...өзің келіп құладың өлім түстес төсекке... Арман бітті. Алдандың.

Көл айырылды қазынан!.. Шындығыма күлем деп, арзандаған Қазынам –

Аңыз қызы Күнікей!.. таппай қойды-ау іздеп ел... Емен түбі – ермен шөп... ебін тауып, бізге кел...»

* * *

...Семіз науқас күңкілдеп, шықпай қойды қасымнан:

«Қиялилар...

құр əуре... жоқ нəрсеге бас ұрған. Барды жоққа шығарып...

баянсыз деп қарғанып...

...бас ұратын шындыққа бас изеуге арланып,

Өздеріңді алдауға өле ұмтылып, құмартып,

өткен өмірлеріңнен өлі мысық мың артық! Қу тақырды егіс деп, Тауды бұзып, тегістеп,

бүкіл тірліктеріңді жүресіңдер кері істеп...

Мен сендердің мұншама қызығыңа күлем деп Қалып едім шашалып...

Қойдыңдар ə, шідерлеп?..

Жалынар деп бұл мені жүрсіңдер ме,

...не-е сендер?..

мұнша қытықтамаңда-ар –

мен күлмесін десеңдер...»

* * *

    • Дəрігер... а, дəрігер?

Бермей қойдым мен тыным, –

Сөзі түзу бұлардың, Себебі не дертінің?

    • Адам жаны – құпия... Себебі ме? Кім білген...

Əлі күнге осыны түгел ұқпай жүрмін мен. Бұл топ – тыныш.

Басқа да науқастар бар қауіпті,

Ал мыналар

бұл дертті Сыртқы Əсерден тауыпты: Қорқыныштан,

қайғыдан, өкініштен, үрейден...

Ауыр ойдан – азаптан... кесел тапқан біреулер...

* * *

Сау кісі деп,

сенгендей саудагер де сөзіне,

Мына науқас кейіді (Біреуге, əлде, өзіне?...)

«Күлем, күлем, күлмеңдеп, сосын... Жалғыз жылаймын... жалғыз-жалғыз жабығу – жазасы ма Құдайдың?!

Түскен құртын жасырып... алмасына,

ар санап,

Шіріп кетті шілдеде алмалы бақ, қанша бақ...

Сол бақ – жалғыз... Мен – жалғыз,

...мың, мың жалғыз – мың жалғыз; Тағдыр бөлек,

Дегенмен...

Бізді өлтірер мұң жалғыз. Сен кеп мені жылаттың – мен біреуді жылаттым... Жалғыз жүрген біздерді қажайтын да –

бір-ақ Мұң!

жарты көңіл – жалғыздар... бүтін болу – арман-ау!

Көкірегіңде бар ма ызғар –

Кел, емдейін жазған-ау... Жүзің жүдеу,

жан – жетім, жүрегіңде құлып бар,

Сол құлыпты ашпайсың, Құр сілдерің тұрып та...

Көзім көрген сол дертті емдемекші ем –

безіндің, Есігіңді іліп ап, еңіредің, езілдің. Қалай кірем?

Жұбатсам деп ем сені –

ұқ мұны –

Ұлуға ұқсас бар адам: өз миының тұтқыны! Шық түрмеңнен,

бекерге ақтан күтпе алалық... Сенбеймісің?

...ендеше, отыр солай қамалып! Жалғыздықтан жарылсын жынды біткен! Мен десе...

Өл де маған!

...Өтірік зар жылама ендеше...»

* * *

Қара киген қарт ана, Қайырылмасқа болмады, Өз «шындығын»

өрекпіп айтып берді ол-дағы.

«Ботам аман келеді... сол келген соң мен өлем,

«Əжелеп» жүр бір қыздың жанарыңда немерем! Ұзақ күттім...

ол енді шыдамайды... келеді – Мен білем ғой... білемін, көрге көнбес немені!

Ала алмай жүр мені ажал, жарылып жүр ызадан –

Ботам келсін –

бопсаны көрсетеміз біз оған...

«Жаудан өлді балаң» деп əзілдейді көршілер,

«Есіңді жи!» деп кейіп, есімді алды емшілер, Бұдан əрі күтпеймін – ботам менің, келші!

Ке-ел...

Шамам келмей барады шын сырымды іркуге –

Ботам да жас, жау да жас,

Жауласуы мүмкін бе? Кешіккені –

мен білем,

өзіне ұқсас жау жігіт, Менің буыршынымның албырт көңілін аудырып, екеуі де...

қаруын қарға көміп қалың қып, таңдап кеткен шығар-ау,

қамқа киген қалыңдық?

Жауы несі тəйірі... бар балада бар ана –

анасы бар азамат жауыздыққа бара ма?

...дəл өзіндей бозтайлақ... Тарпысуға бармайды – ақымақтар,

ботамды «жауда өлді» деп алдайды. Ботам аман келеді,

Сол келген соң мен өлем! Жанарында сол қыздың жүре тұрар... Немерем...

Айналайын тəттім-ау, Əкеңе ұқсап туарсың...

Сені де «өлді» дегеннің өз өзегі қуарсын!

...кішкентайым,

сүюден өзге...сен де түк білме, əкеңе ұқса...

...анаңды дəл осылай күттірме...»

* * *

Сылқ-сылқ күліп, сыбырлап, мына науқас көз ілді:

(Міз бақпайды дəрігер, Еті үйренген, Төзімді...)

«Нан қиқымын,

қанттын сəл шаңын теріп жеді деп, қилы-қилы у сеуіп,

қинайсыңдар мені кеп!

Амал ойлап құртпаққа, боласыңдар ақтабан, Миығымнан күліп мен,

үнсіз,

іштей мақтанам:

    • Тарақаннан зормысың? Мен – Тарақан!

...бар ма уың? Тағы да сеп... Мен қалам,

мерт болғанда барлығың!

бір түймеге ілулі күллі өмірі... Қасқалар,

Заманақыр өткен соң, Ғұмыр менен басталар...

Улап мені мəз болып,

масайраңдар, құба-құп... Мейлі,

шаршап жүрсем де, тəубе етемін қуанып:

Кеуделерің тым асқақ, ақылдарың ұтқыр-ақ, Бірақ,

бір-ақ өкінтер Ақиқат бар мықтырақ: маған шашқан бар удан

(болмас мұны мəнді деу!) –

өздеріңе сайлаған Тажалдарың əлділеу. Садағасы кетейін, мырзалығы-ай Құдайдың – Ядролық апатқа...

тек Мен ғана Шыдаймын8... Шыным – осы.

Жəндікпін...

Жек көр... мейлің, жек көрме –

8 Ең қарапайым материя болғандықтан, ядролық апатқа өрмекші мен та- рақан ғана төтеп бере алатынын физиктер дəлелдеп отыр дейді дəрігер.

Тірі қалам жалғыз мен... сендер...

күл боп кеткенде...

Дəрігерге, науқасқа,

маған (саған) кезек кеп, Жалынады бір ғаріп, Жанығады безектеп:

«Менің сорлы миымды сұры бөлек суық тұр! Іс айналды қиынға...

Көргенімді ұмыт-ты-ыр! Қай-қайдағы қара түс кезек-кезек елестеп, табалайды у-шу боп –

«Өмір жұмақ емес! « деп...

Сорлы басым сақтайды темір торлы зердеде, қасірет пен қайғыны –

Жаралғалы Жер – кеме жас кетпепті көзінен... Соның бə-рін,

бір ғана мен көргендей сезінем.

Соның бə-əрі...

Сəт сайын көз алдымнан өтеді –

Есті адамның түбіне ҰМЫТА АЛМАУ жетеді. Ұмытпасаң қайғыны – бақыт сенен безеді.

Саналы өмір, себебі –

Екеуінің кезегі.

...Орнап қалған ішіне қалғу білмес миымның,

Қасіреттерден құтқар! – деп сайтанға да сиындым – Түсінбейді...

тірі жан бере алмайды қол ұшын –

Жазылмайтын жалғыз дерт –

ӨЗ САНАММЕН СОҒЫСЫМ...

Естен танайыншы деп, ермек – əуре іздеп ем.

Қалмай қойды ізімнен қаралы елес...жүздеген

Қалмай қойды ізімнен... Қорқыныштар Əлемі. Осынша дерт –

ƏЛЕМДІ ҰМЫТПАУДЫҢ...

əлегі.

Қараны еске салар деп елемеймін ақ түсті –

Қара құзғын іледі

көз қуантар ақ құсты...

«Ұмытпа!» деп

мені анам қарғады екен несіне –

Қуанайын десем-ақ Сол түседі

есіме...

Күйдіріп тұр күн көзі –

ал, Санамда суық тұр.

Қа...-йы... – ры... – мың... қалса егер, Көргенімді ұмыттыр!

...ұмыта алмай...

ақыры... көнгенімді ұмыттыр-р...»

* * *

    • Мұндай жуас

жалғанда жəндікті де жасқамас, –

дейді доктор, –

ғажап жан ана отырған қасқабас, Жалт қарап ем –

Жарқ етті дертке қимас бір маңдай,

Шошайтады саусағын дəріс оқып тұрғандай:

«Күдікшіл де көзге ілместей, тым жүдеу, Күллі əлемді үнсіз кезіп жүр Біреу...

Ешкім оны

қосып мақтан – өсекке,

еш мекеме ала алмайды есепке. Үнсіздігі...

жүдеулігі түк емес, –

Көзге мүлде көрінбейді ол. Құр елес. Елестеп те жарытпайды, еске де түсе қойып,

Дəметпейді ештеңе.

    • Көрінбесең, күпсіңбесең – кім елер?

тым болмаса...төбелес боп түрегел! –

деймін ылғи, тыңдамайды Ол мұны –

жүрмейді оған жер бетінің зорлығы...

«Ойда жоққа сендірмексің мені ойнап...» –

деме –

біздер келістірдік нені ойлап?

...Сенбеймісің?

Сенбеген соң көрмейсің – сезінбесең көрінбейді ол... Мөрдей Шын:

...Күллі адамзат ұмыт еткен, тым жүдеу,

жұмыр Жерді үнсіз кезіп жүр Біреу! Үнсіз көріп,

ұлылықты, ұятты...

Ұран салмай Сені мен Мен сияқты, біліп бə-əрін,

тағы-тағы білмек боп,

түнгі жетім сəуледейін дірдектеп, Күлмей көріп...

көріп бəрін күрсінбей, Еш қылықты қуаттамай, мінсінбей,

жалғыздық пен үнсіздіктен жарылмай, Бояна алмай,

Болмысынан жаңылмай, (біз секілді

адам да емес –

пенде емес!)

Үнсіз кезіп жүргені рас жерді Елес!

...Сенбейді ешкім!

Менің ғұмырсерігім

айна алдында бояп тұрып ерінін айтады ақыл:

«Қайдағыны бастама!

Жазсаң жазшы, тек... ұсынба баспаға –

«Оқу өтіп кеткені-ау! « деп күлер ел, Рас көрсең – к... қ...

жүре бер!

Кім сенеді жарты ізі жоқ елеске –

есуасым,

есті əлеммен егеспе!

Жүрсе жүрсін... ой секілді қаңғыбас – Ол жайлы сөз ақша боп та мандымас. Ой –шыңырау. Ит – тірлігің тым келте, Мені бақпай,

Сөніп кетіп жүрме ерте...» Сенбеймісің?

Сенбейтінің – көрмейсің.

Сезімі жоқ сені қайтсін Мөрдей Шын? Мен – сезінем...

Сезіндім де түнердім:

Жерді кезіп жүргені рас біреудің! Ол – Ұлы Рух!

Күллі əлемге жаны ашып жүрген мəңгі.

Сөйлеп қайтсін данасып:

Күллі əлем деп сыздағанмен жүрегі, Көзге түссе-ақ мерт боларын біледі – Қайшылық пен жарасымнан тұратын Əлем...

оның ұға алмайды Мұратын. Тыңдап болмай, тырқ-тырқ күлме, сен бірден!

Өзім білем.

Сене алмасаң, сендірмен –

Сол Біреуді сезген Күні бар адам, Сол Біреуді көрген күні бар адам, Жүректей Жер арылады жарадан! –

Адамдардың

азабы да – санадан,

Дүниеден ажалы да – Санадан...

...көрер қызық, Ғажабы да – Санадан!

...Жерді кезіп,

жылап іштей жүр Біреу.

...осыны айтсам,

«Жын-ды-е...» дейді...

...ба-ар адам!»

* * *

Осы жайлы ой толғау естілік пе? Білмеймін:

қашсам, қалмай қажытты көз тіксінер, зілдей Мұң. Қызыл сөзбен кестелеп, қызға оқитын өлеңім қылғынғандай қиналды-ау... Бұл тірлігім не менің?

«Бақытты кө-өп,

...Ойлысы – аз... жындысы бар тіршілік...» Əзер шықтым ауладан,

жан-иманым түршігіп!

  • Талайлы елдің ұлысың – жүйкеңді бақ, –

деп күліп, Қақты арқамнан ақ киіп,

ауру баққан Тектілік,

...Сап, сап,

тентек жүрегім, жүдеп қалдың сен неден? Бір ғұмырға жететін,

бақ пен сордан кенде емен, Бірақ, бірақ...

жындылар... сорлыларға обал, ə? Жындыхана жайлы енді жыр жазбауға бола ма?! (Көріп тұрып,

көзіңді тұмшалауға болмайды) –

Не шымшыса кеудемді – менің сөзім сол жайлы.

КЕК

І. Себеп

Ұқсатып шəуілдеген күшікке Айды, Кеудесін тырналайды мысық қайғы. Жарасын ауырсынып жатқан ұлды, Анасы боз өкпемен ұшықтайды.

Жығылған соққыға ауыр кер кедейді, Ашөзек ажал алсын көрге мейлі, – Жіберіп мүңкір-нəңкір нөкерлерін, Қу Құдай ақ-қарасын тергемейді.

Боздаған бозінгенше борықтағы, Зарлы ана, ұл ойында жорық қамы. Қызылы біткен қырман секілденіп, Көңілдің жаман екен торыққаны.

Басқа бұл түскен оқыс бір сын еді, Қабынып Қаратаудың тұр сілемі. Қайғысын қараңғылық құндақтаған, Қам кеуде көкірек кере күрсінеді.

Қанды кек күннен күнге қозданады, Басылмай болмас, сірə, өз баламы. Мүлгиді мүлəйім түн мүсəпірдей, Ажарсыз Ай алыста қозғалады.

Көңілің қала-тұғын құлазып-ақ, Ұрыншақ жел далада тұр азынап. Қараша қайырымдылық көрсетпейді, Басатын желөкпені біразырақ.

Ойпырмай, орамалдай оңған бұл күз, Аймақты қымтап апты толған шың-құз.

Түндіктен қырық құрау, шұрық тесік, Көзіне тығылады тоңған жұлдыз.

Қабағы қара түннің құрысқалы, Шешімін таппай шемен тұр іс тағы... Тоятсыз дүние-құрсақ тарлық еткен, Əз ана дөңбекшиді бұрыштағы.

Шыбынын шырқыратқан бүлік-бұрау, Қара көз қанды жасқа тұнып тұр-ау. Қарымта қамын ойлап күрсінеді, Қайран жас қам жүрегі қырық құрау.

Табылмай тағы өмірдің түп-тұрағы, Құрдымға құйын-ойды ықтырады. Мардымсыз жанған мына май шам ғана, Мазасыз тірлік барын ұқтырады.

Көңілдер бар дейсің бе таза мұнда, Беріліп жүректері аза-мұңға, –

Қара түн... Қара бала... Қара кемпір, Қайнайды қасіреттің қазанында.

О, дала, дала енжар керіледі, Марғау тірлік өтуге ерінеді. Шетсіз-шексіз созылған кеңістікте,

Шашақты Күн шықпастай көрінеді.

Бұлақтай буыны босап тұйықталған, Ай анау тұр аса алмай биік талдан. Талықсып ұйықтап кетті таң алдында, Қос мұңлық сүттей-ақ бір ұйып қалған.

...Құлдырап құланиек атты таң да, Аппақ нұр тарап салқын жатты маңға. Көзге ұрып қораш дүние қомсынатын, Өкініш жемсаудағы батты жанға.

Қабынған Қаратаудың сілемдері, Жарасын жарық салып бір емдеді.

Түнімен түндік қаққан есер желің, Ессізін ес жиғанда білер ме еді...

Несіне, ей, табиғат, назданасың, Түнімен куə болған аз ба жасың? Соныңа көңіл бөлмей, мосыны іліп, Шықты Ана алып сыртқа аз ғана асын.

Тағдырдан қайтып қалған бақ-таланы, Көнбіс жан əлденеден сақтанады.

Күйбеңдеп жүрген кемпір салмағынан, Шыныдай шытынайды қақ қабағы.

Қиналып жатқан жалғыз күйгелегі, Көңілі ішке қайта сүйреледі.

Асығыс мосыға от жаға салып, Сүрініп етегіне үйге енеді:

    • Еңсеңді көтер, балам, езілмегін, Шамалы шығар түнде көз ілгенің. Жазғаны пешенеге осы болар, Көр енді қарастырып өзің де емін.

Алланың бұл да басқа салғаны да, Қырына қиямет бай алмады ма?! Іргені аулақ салып аттанайық,

Төзе алар жағдайым жоқ қалғанына.

Кетейік Қызыл асып жырақ, қарғам, Табармыз табан тірер тұрақты алдан. Сіңірі шыққан біздей кер кедейге, Ұштығын ұстатар ма шұнақ жалған?!

    • Шаң қылып шуатылған шудадайын, Қуырған қарақшы емен түу маңайын. Тоғыз ай көтергеннен ауыр тиді-ау, Анашым, қалайша енді туламайын?!

Жалғыздық адымымды тұзақтады, Құдай да бере қоймас құжат тағы.

Баратын ара түсіп ағайын жоқ, Көп болған шығар Үрді ұзатқалы.

Жігіт ем күн өткізген ат жалында, Тірліктің кешіп батпақ, қатқағын да. Мінезді кіді байға қырын келіп, Бірбеткей қылығымнан жақпадым ба?

Бəс беріп, жағдайым жоқ бəс алатын, Қуат бер енді өзің Қособа-түн.

Қарымым жеткен жерде қарымта алып, Қарайтып қанын қуса, тоса аламын.

Осылай, апа, ойым ұласқалы, Кеудемнің күңірентіп тұр аспаны, – Деді де Əйтім үнсіз аяқ асты,

Іш тартып əлденеден сыр ашпады.

Бесіктен белі шығып, төңіректі, Шолғалы қанша қоңыр өмір өтті?! Даланың төсін басқан күзгі қатқақ, Бейне бір бетке шыққан теміреткі.

Ұрылған Қарашаның салқынына, Күн деген ұғып болмас жалқыны да. Еңсесін көтертпейді ертелі-кеш, Қазақтың қан сасыған салты мына.

Бəрі есте...

Сонау белде Үр қызбенен, Құмарта құмжуаны бірге іздеген. Ілкіде алдап ару шыға-тұғын, Інісін таяқ тастам жүргізбеген.

Үйір боп жүре-тұғын топ бала тым, Бойжеткен Үрге ілесер жоқ болатын. Бұрымы бос буындай бұлаң қағып, Жанары көз қаритын, шоқтанатын.

Аумайды топ қызғалдақ от өрімнен, Оңаша оқшау шығып, жеке өрілген.

Ана тұс жатушы еді жал-жалданып, Жонындай жолбарыстың көтерілген.

Əй-əйдің ауылына сан барғалы Қаншама тамашаны таң қармады. Қуалап аққан қандай тамырыңды,

Ақ бұлақ шапшып жатқан аңғардағы.

Сары бел сағым кешкен сарғалдақты, Қаларын ақжемденіп аңғармапты.

Əсіре, алабөтен гөй-гөй шақта,

Сала алмай кеткен жаман бар қармақты...

Осылай ала құйын алып ұшқан,

Сал дəурен аумайды екен сағыныштан. Бақ қонар деп жүргенде аңдамапты, Аңдысын аңдығанын тағы мыстан.

Илейтін əке көнді қамырша епті,

Таба алмай жатқанында сабыр – шекті, Өкпесін суық шалған емдеймін деп, Есінде жинағаны тамыршөпті...

Үр де оның көңілін қимай жинасатын, Кеудесін сонда ауыр күй басатын.

Əйтпесе, үйкүшіктен аулақ еді, Үйірлеу болмай-тұғын үйге аса тым.

Өтті əке, жалғыздықтың татты дəмін, Осы екен десе тағдыр – қат қыламын. Деп тағы айта алмады Үрге-дағы:

«Жалғыздық жүрегіме батты, жаным...»

Жесірдің бой түзеген бір шыбығын, Көркейтті, көгерді де бүршік-ұғым. Емес қой көңіл деген қалған бұйым, Тірі жан жасайды екен тіршілігін.

Ес жиып, іңкəріне қарайлады Құлпырып жатқанда ыстық бар аймағы.

Үрменен түнде кейде жолығатын, Жеңгесі берген сыйлап шарайнаны.

Шығармай қойып Үрді «түрмесінен», Қатқыл бай тандырғанда бірде есінен, – Қыз жанын қытықтады назды ырғақпен, Əн салып ауылының іргесінен.

«Бір арша едің шыққан тау басына, Қоймайтын аңсарлардың аумасына. Қарадай қасқалдақ қыз іңкəр болып, Сақина тілеп алдым сау басыма.

Сарғайып сары белден таң да атады, Азабың, сезем, жанға сан батады.

Аттанып бара жатқан алдиярың Өзіңе əн сəлемін самғатады.

Кездесу болады бір алда тағы...»

Атқарып қалтқысыз қызметін, Əн солай барып... барып үзілетін.

Денесі қызып жатқан қыздың үйде, Моншақ жас кірпігінде тізілетін...

...Төсекте өтіп жатыр қайран ғұмыр, Сала алмай сонау кезгі сайранды бір. Жастықтан басын жұлып ала-тұғын, Жетеді құлағына қайдан дүбір?

Жаныңа найза салып қалды бірақ,

Бір сезім, тұрмақшы еді... алды құлап. Көзінде ұршық-дүние шыр айналып, Дауысын қайтқан қаздың шалды құлақ.

Көңілі көгендегі қозыдайын, Анасы сүйей берді... сөзі уайым. Өзегі өртенуге аз-ақ қалып,

Жас төгіп жіберуге көзі қайым.

  • Тобықтан қақты – құладық, Балтырдан қапты – жыладық,

Ұмсына беру мойынды, Мүлік емес шығар мұралық.

Кетейік Қызыл асып жырақ, қарғам, Табармыз табан тірер тұрақты алдан. Сіңірі шыққан біздей кер кедейге, Ұштығын ұстатар ма шұнақ жалған?

Төсекте өтіп жатыр қайран ғұмыр, Сала алмай сонау кезгі сайранды бір. Жастықтан басын жұлып ала-тұғын, Жетеді құлағына қайдан дүбір?!...

2. Түн. Қақтығыс

    • Шауып кетті!
    • Аттан! Аттан!
    • Құр кетпеді!

(Біткен бе қазақтағы дүрмек, тегі)

    • Апырай, топқа жалғыз соқтығысқан, Не деген жанкешті еді, бірбетті еді?!

Осындай азан-қазан арпалысты, Көрген жан көзін жұмып, тартады ішті. Көкжалдай бөлтірігін баулып жүрген, Тиісу кіл жылқыға арта түсті.

Арада ай өтті ме, күн өтті ме, Шошынтып қосты, түкті жүректі де, Жиі айқай шыға-тұғын болды қырда, Туырлық секілдентіп түнек тіле.

    • Болмайды жеткізбесек Бай-екеңе, Бүгінгі түн тағы да жəй өте ме?
    • Ұмытпа ұрымталдан ұрған кезде, Қарымы мінгеніне сай екен де.

Жатысы Байтоғайдың баяғыдай, Соғымын қыс қамдаған сояды бай. Қамысқа жүгерінің собығындай Тойынып, тебінбеген саяғы қай?!

Қыстықты қамдап алған қамыс баулап, Болса да жайлауына алыстау жақ.

Қыстауы Сырдың бойы, мардан шайла, Бабадан бабасына ауысты-ау бақ.

Осылай ой кешеді оңашада, Көңілін алаңдатпай бала-шаға.

Тайлақтай ноқталанған жетекке еріп, Жүреді көнбіс іні, қаласа аға.

Қаймана емес кезген қайдағы елді, Айналған жан ғой қазір байға белді. Бір құшақ аязды ертіп аяқ асты, Жылқышы мұртты жігіт шайлаға енді.

  • Ассалаума...
  • Асығыс жүрісің не?

Шалалық бар ғой білем бір ісіңде. Ауызын буған өгіз сияқтанбай, Жауап бер, жарбаң неме, тірісің бе?

Шатады мына байың төрден нені, Бар ма еді түссе ортаға ерден кемі?! Намысы найзаланып ұрдажықтың, Сығымдап ұстап тұрып бердеңкені.

  • Бай-еке, бас сауғалап безінбедім, Қазармын, қарымы келсе, өзім көрін. Қанынан қарайған жан қарымташы – Көкжалдай тиюінен сезінгенім.
  • Жетеді!

Атты əзірле, аттанамын!

Көрмеген əлі қайтып бақ-таланым. Бағатын жағдайым жоқ, бас сауғалап, Қайдағы жалғызбасты жат қабағын.

Жүрегі сезінеді кім екенін, Қайтарар кезі келді-ау бір өтемін. Біртіндеп қараңғылық қоюланып, Қылымсып, қымтай түсті түн етегін.

Үрдіккен үркек көңіл қайда аумады, Арғымақ арқыраса байлаудағы.

Оқыстан от тигендей болып кетті, Жылқының жықпыл-жықпыл сайлау жағы.

    • Аттан! Аттан!
    • Сойқан соқты!
    • Құр кетпеді!

(Біткен бе қазақтағы дүрмек, тегі) Қарымта-барымтаның бодауына, Түскендер сүрен салып бірбетті еді.

Аттылар қақтығысып қыр асқанда, Күпсек қар борандатып тұр аспанға. Дүние дөңгеленіп кетеді екен, Кіжіну килігуге ұласқанда...

Сойылға тігіп сотқар шара басты, Жанкешті жалаңтөстер араласты. Қапаста көтеріліп қарлы құйын, Астасып көк пен жердің барады асты.

    • Уа, ұрынды!
    • Қапысын қақ!
    • Қақпайлама!

Жанары əлеуметтің оттай жана, Ұршықша үйірілген ақтаңкермен, Ұрымтал жерден тиіп, соқты айнала.

    • Тағы сол!
    • Қайтар басын!
    • Сойқан неме,

Бұл жолы бұғыңқы жұрт бейқам деме, Қақтығыс толқын болса жал-жалданған, Көмілген сол толқынға ойпаң-кеме.

Жырынды жылқышылар сойылдасып, Сездірді Əділбайдың ойын да ашық. Қылшығы қылаң ұрған қалың жылқы, Оңаша шыға берді мойындасып.

  • Уа, қайтар!
  • Айда қатты!
  • Құйын дерлік!

Бұл қазақ қай уақытта тыйым көрдік, – Жатқанда ер жастанып, тоқым төсеп, Жүргенде бала белде, иінде ерлік.

Қарымды қарымташы қаша ұрысқан, Секілді арпалысқан аш арыстан, Қашанғы əдетпенен қақтығысты,

Бас беріп, қанды кекте бас алысқан.

Сияқты тиген жайсыз шалық қайғы, Тұмшалап бұйра бұлт алыпты Айды. Жамылып қою түнді бұқпантайлап, Бастаушы барлаушылық танытпайды.

Тағылымы тас түйілген түздің қатты, Өңіне ұрып табы сыздың жатты.

Үзіліп жалғасатын жүрдім-бардым, Бұл деген əңгіме емес тізгін қақты.

Секілді көкпаршы алған салым мүлкі Айлалы айналмаға шалынды ілкі, Оңаша ойнап оқыс шыға келді, Қылшығы қылаң ұрған қалың жылқы.

  • Ал, кеттік,

Енді қайта бас бұрмағын!

(Сезеді байдың тобын састырғаның.) Қартадай қатпар-қатпар қараңғылық, Қалды алып қаға беріс жас құрбанын...

Кенеттен тиген дауыс оң бүйірден, Құйындай көтеріліп жолды үйірген, – Серігін серт байласқан мертіктірді, Сексеуіл жігерімен қолды үйірген.

Келеді салып артта сал бір күрең, Өзіне өзі сенген алғыр білем,

Лүп еткен желге ұшып кете-тұғын, Бұлар да емес еді жалбыр кілең...

Қоян жон, қамыс құлақ, қақпан белді, Ұршықша үйірілдіріп Ақтаңкерді, – Қарсы ақты «а, Құдайлап» Əйтім-дағы, Қапысы қараң байдың баққан келді.

Кешпейтін кереметтей түзің жайды, Қанды кек қала-тұғын ізің қайғы.

Секілді жарық қамыс жалған мына, Ішектей ішін тартып ызыңдайды.

Алыстан бағып қалған жат сұлбасын, Жіберді Əділбай да аттың басын.

Келмейтін келісімге кесапаттай, Болмайды екен Тəңір қат қылғасын.

Тұратын абыройын түріп көріп, Сəулесін Айдың түскен құрық делік. Бүрісіп бүйідейін қалады екен, Дүние берілген соң бүлікке ерік...

ҚАРА ПИМА

Бiрiншi тарау

I

Алай да дүлей ақ боран, Ысқырып, ұйтқып, бұрқырап. Аттаған жанды қақпадан, Қақпақыл қылар жұлқылап.

Апшысын жердiң қуырып, Аранын аспан ашқандай.

Ақ бұлттан қылшық суырып, Алапат күшпен шашқандай.

Мына үй жансыз сықылды, Күртiкке кеткен көмiлiп.

Мұржадан шыққан түтiндi Жатыр ма жалмап жел үрiп?

Түтектен түк те көрiнбес, Үйшiкте жатыр ит бұғып. Үйдегi бала көз iлмес, Көңiлiн көп ой күптi қып.

II

Төсектен қолы салбырап, Қорылдап жатыр Əкесi. Жабағы мұрты жалбырап, Бораннан келген бетi осы.

Келдi де, мiне жығылды Арсы да гүрсi киiмшең. Сақалын қойған қыруды, Сықпытсыз көрсең түрiн сен.

Түнерiп қыртыс қабағы, Жөтелiп қояр əредiк.

Төсектен жерге тамады, Етiктiң лас қары ерiп.

Түймеден түк жоқ тондағы, Шалбардың анау жыртығы. Əйелi қайтыс болғалы, Iшiп жүр, мiне күн-түнi.

Iшуге сылтау табылар,

«Iшемiн, – дейдi, – күйiктен». Қызған соң айтар əнi бар:

«Өмiр-ау, неткен сүйiктi ең!».

III

Баланың жайын еске алып, Көршiлер күнде келiп жүр. Жылы ұстап үйдi, пеш жағып, Уақтылы тамақ берiп жүр.

Басқалар жуып киiмiн, Күтiмiн алған баланың. Еденiн сүртiп үйiнің, Қарасып қояр сабағын.

Қаршадай ғана жетiмек, Өзегiн өртер нала-мұң. Шөлдейдi шерлi көкiрек, Мейiрiмiне Ананың.

Əкесi болса күнде мас, Қалғалы қашан жұмыстан. Ақылды ешбiр тыңдамас, Достармен түгел ұрысқан.

«Iшудi қой» деп келгенде, Жанашыр достар, көршiлер.

«Қоямын мұны өлгенде, Арағың болса, бершi» дер.

Салса да талай жиналып, Түспедi пайда талқыдан. Серт берсе бүгiн қиналып, Қайта iшiп кеткен артынан.

Қызып ап кейде «сорлым» деп, Құшақтап ұлын жылайды.

«Арақты ендi қойдым» деп, Төсекке барып құлайды.

Əкесiн сонда бас салып, Кемсеңдеп, ернiн тiстелеп, Көзiнен ыстық жас тамып, Жалынар: «Əке, iшпе!» деп.

Əкесi, бiрақ оянса, Ауырған басын уыстап, Тордағы байғұс қоянша, Құнысып бойы құрыстап.

Түк таппай қойнын ақтарып:

«Сен барсаң берер көршiлер, Пəленнен қарыз ақша алып, Дүкенге барып келшi» дер.

«Қалтамда түгiм қалмады, Өртейдi қайғы iшiмдi.

Жазылса басым болғаны, Қоямын, – дейдi, – iшудi».

Айықпас iшсе жетiлеп, Уəде талай желге ұшып. Өткiзiп шөлмек кетiп ед, Бүгiн де мiне келдi iшiп.

Бiреудi сыбап дөрекi, Қызара бөрткен сиықпен. Былдырлап жатып қор еттi:

«Өмiр-ау, неткен сүйiктi ең»...

IV

Көршi кеп мiне бүгiн де, Əзiрлеп тамақ балаға:

    • Дайындал, – дедi, – жүруге, Барамыз ертең қалаға.

Басылса мынау борасын, Жүрермiз ертең, қарағым. Оқитын ендi боласың Интернатында қаланың.

Ол жерде, жаным, бəрi бар, Ғажайып əсем мектебi.

Жақсы ұстаз, дос та табылар, Ол жақта қызық көп, тегi.

Мұз айдын қандай ол жерде, Барғанда өзiң көресiң.

Бередi коньки сендерге, Достармен бiрге тебесiң.

Бiр үйде тұрып көп бала, Сабақты бiрге қарайсың. Ойнайсың бəрiң топтана, Баруға, кəне, қалайсың?

    • Əкем ше?
    • Əкең емдеуде Азғана уақыт болады. Емделiп үйге келгенде Iшудi мүлдем қояды.
    • Ура! – деп бала қуанып, Мұңайып сосын:
    • Итiмдi

Жүрейiн, – дейдi, – бiрге алып, Қимаймын, сондай сүйкiмдi...

V

Тiзесiн құшып диванда, Бiр кезде Бала мызғыды,

Бiлмейтiн сынды тұр ма алда Тағдырдың ащы тұздығы?

Гуiлдеп боран далада, Көшенi қармен көмедi. Түсiнде Бала қалада Зырлатып коньки тебедi.

Интернат... Айдын....

Жап-жарық...

Көп адам...

Бұл жүр iшiнде...

Анасы бұған таң қалып Қарап тұр екен түсiнде.

Жанары қандай, жанары! Мейiрiм тұнған шүпiлдеп. Сүйедi келiп Баланы:

  • Бармын ғой, жаным, шүкiрдеп.

Бетiне бетiн тақап тым, Бала айтар:

  • Ендi кетпе! – деп.
  • Сабақтан кеше екi апсың, Өзiңе қалдым өкпелеп.

Кетемiн!..

Бол, – деп, – хош-аман... –

Анасы ғайып жоғалды.

  • Кетпешi, Апа, «бес» алам!... –

Кемсеңдеп Бала оянды.

Жуыпты бетiн көз жасы, Ойында Ана елесi.

Зеңгiптi басы болмашы, Тоңазып қапты денесi.

Əкесi басын көтерiп, Акырды қолы дiрiлдеп:

    • Жылағаныңша кет өлiп, Бастама жаман ырым! – деп.

VI

Əзер деп басып солығын, Əйнектен тысқа қарады. Аспанда нұрсыз өлi Күн, Еңкейiп кетiп барады.

Бəсеңдеп боран тынысы: Борайды жердi бауырлап. Əкесi тұрды тырысып, Қабақтай басын ауырлап.

Естiлдi сырттан ысқырып, Отыр бұл неғып жөнемей. Ойнап жүр бəрi,

Үскiрiк,

Бұрқасынды да елемей.

«Достарым жүр ғой далада, Отырғанша үйде қамалып, Кетем деп ертең қалаға, Айтайын да бiр жаңалық!..»

Киiнбек едi...

  • Отыр! – деп, Əкесi тиып тастады.
  • Салып қой пешке отын! – деп, Қалтасын қармай бастады.

Киiм жоқ

Тесiк тиын жоқ,

(Бiр кезде болған, əрине!). Үйде де ешбiр бұйым жоқ, Араққа салған бəрiн де.

Сатылған:

Қой мен сиыры,

Домбыра, сағат, кiлем де. Жарының бүкiл киiмi... Табылмас қазiр бiрi емге.

Ойында шөлмек «күлiп» тұр, Ғашығындай боп ең қымбат. Шытынап басы сынып тұр, Шағады миы солқылдап.

Қалтасын қайта сiлкедi, Қазына тауып алардай. Көзiмен үйдi тiнтедi Сататын нəрсе таба алмай.

Сенделген сарсаң күйiмен, Шөлiркей аңсап қимасын. Қолтықтай шықты үйiнен Ұлының қара пимасын.

Жалынышты үнмен тiл қата, Жанында ұл жүр айналып.

  • Пимам ғой менiң бұл, папа, Барасың оны қайда алып?

Ызалы жүзi ызғар боп, Əкесi:

  • Кетшi ей, – десе де, Баласы:
  • Пимам, пимам! – деп, Бiрге ере шықты көшеге.

Жабысты жолын кес-кестеп, Көз жасы тарам-тарам боп:

  • Пимамды, Əке, тастап кет, Қалаға қалай барам?.. – деп.

VII

Кешкiрген мезгiл. Тауықтар

Шақырып жатты қорада.

Табанын кеттi қарып қар, Елейтiн оны Бала ма?!

Қызараң қақты күртiктен, Жалаңаш тобық сол шақта. Мөлт еткен тамшы кiрпiктен Айналды мұзды моншаққа.

Қамшыдай қатқан түрi бар, Əкесi басты аршындап.

Қабаған иттей сүрi қар, Табанда жатты арсылдап.

«Пимамды қалдыр, папалап», Баласы қалмай жүгiрдi.

Шарт етiп шойын шапалақ Омбылап қарға жығылды.

Қанғандай содан айызы, Əкесi ұзап барады.

Қанды қар болып ауызы Соңынан Ұлы қарады...

Үскiрiк үрлеп есiрдi, Əкенiң үзiп қарасын. Етiктiң iзiн өшiрдi, Жүгiрiп жаяу борасын.

Дегендей «ендi өшемiн» Күн бетi күңгiрт тартты да, Сапырды қарын көшенiң, Қаһарға мiнiп «қарт құда»...

Екiншi тарау

I

Мынау үй жансыз сықылды, Күртiкке кеткен көмiлiп.

Мұржадан шыққан түтiндi Жұта ма, жалмап, жел iлiп?..

Бастырған мұртын сəндi етiп, Нар кеуде,

Тiп-тiк иық кең. Келедi бiреу əндетiп:

«Өмiр-ау, неткен сүйiктi ең!».

Оралды сол бiр кеткеннен, Үйiне Əке «емделiп»...

Есiкте құлып... Жоқ пенде...

Аш ит жүр жалғыз сенделiп...

Есiкке жеттi ентелеп, Жинаған жандай бұл есiн. Ит қана келiп еркелеп, Қарсы алды жалғыз иесiн.

Қаңырап жатыр тұрағы... Абдырап, сасқан күйiнде. Бара сап ұлын сұрады Көршiнiң кiрiп үйiне.

II

Күмiлжiп көршi:

  • Ден сау ма?
  • Ұлымды?
  • Ұлың – қалада...
  • Интернатта ма ол сонда?
  • Жатыр ғой ауруханада...
  • Науқас па? Қалай?

Қай уақтан?

  • Айтады «суық шалған» деп, Боранда, бiлем, көп жатқан Ұлың – сау...

Түк те болған жоқ...

Жығылып жатқан жерiнен Балалар тауып алыпты.

Бұрнағы күнi барып ем –

Берi қарап бетi қалыпты.

Қорқатын түк жоқ... Бiтедi Ойдағыдай боп бəрi де... Өзiңдi ылғи күтедi Қарамай жатып əлiне.

Бəрi де жақсы... Жазылар...

Үйiңнiң мiне кiлтiн ал. Жартылық пенен қазы бар, Бойыңды аз-мұз жылтып ал...

    • Атама! Ұрттап тағы мен... Құрысын...

Болғам шаталып... Ұлыма сыйлық алып ем, Берейiн соны апарып...

III

Қар күреп болып, Пеш жағып,

Келтiрдi үйiн бап күйге. Жары мен ұлын еске алып, Жападан-жалғыз жатты үйде.

Өртенiп жатыр өзегi, Ұзақ түн едi бұл неткен?! Ағады ойдың өзенi,

Түбiне ойдың кiм жеткен?!

Өзiнiң өткен өмiрiн Қараса барлап, Саралап:

Қыруар жұрттың көңiлiн Жұтатқан екен жаралап...

Дүниеден өтiп жан-жары, Басына қайғы түскенде,

Ұмыт боп үйi, мал-жаны, Салынып, тозып iшкенде.

Жанашыр дос пен жақыны, Ақылмен де айтты, ұрсып та. Достардың бiрақ ақылы Қонды ма мұндай қырсыққа?!

Тыңдамай өскен жасынан Өзiнен басқа ешкiмдi.

Асқанда барып басынан Қатесiн ендi кеш бiлдi.

Тұғырдан өзiн құлатқан Iшкiлiк десе жеркенiп, Өкiнiш пенен ұяттан, Өлердей болды өртенiп.

Терiс бiр жолға түсiп ап, Тайғанап,

Құлап,

Құлдырап.

Жiгерi құм боп, пышырап, Жоғалғанда үмiт бұлдырап...

«Құрыған,

Бiткен адам» деп,

Қол сiлтеп кетпей достары, Тегiн бе бұған алаң боп, Қатарға əкеп қосқаны?

Басынан өттi-ау қилы күн, Ол күннен мүлде безiндi. Ұлына алған сыйлығын Құшақтап ендi көз iлдi.

Өкiнiш...

Нала...

Мың күдiк...

Өң менен түстiң арасы... Жатқандай болды шыңғырып,

«Пимамды бер!» деп баласы...

IV

Таңертең келген үйiне, Достарын көрiп шаттанып. Шайдан соң буып-түйiне Ұлына кеттi аттанып.

Қобалжу енген түрi бар, Келедi Əке аршындап. Қабаған иттей сүрi қар Табанда жатты арсылдап.

Сан сезiм iште арбасып,

«Ұлым...» деп жаны езiлген. Уайым-күдiк алмасып, Көңiлден күлкi безiнген.

Самолет дейтiн құспенен Жедел-ақ жеттi қалаға.

Ақшаңқан автобуспенен Тiрелдi ауруханаға.

V

Ақ төсек. Аппақ бөлмеде

Шалқалап жатқан көрдi ұлын. Тұрмайды атып ол неге?

Танымай ма əлде, келдi кiм?

Қарады өңi қуарып,

    • Келдiң бе, Əке?! – деп Бала. Жатқанын оның қуанып Жанары айтты тек қана.

Қазақы қара көздерi, Қарайды мұңмен жаудырап. Абыржып Əке төзбедi, Аузынан сөзi саудырап.

    • Бармысың, жаным, балам-ай?! Соңына назар салмастан

Жылатып кеткен қарамай, Əкеңдi кешiр алжасқан...

Қалайсың?

Тəуiр болдың ба? Естiдiм суық тидi деп.

Келдiм ғой жер боп мен мұнда, Кешiр... – деп ұлын сүйдi кеп.

Сонан соң сасып, күйбеңдеп, Суырып сəлем-сауқатын.

Шығарды «мынау үйден» деп, Əкелген асын-ауқатын.

  • Сыйлығы да бар Əкеңнiң Шыққанда өзiң кисiн деп, Жап-жаңа пима əкелдiм, Аяғы тоңбай жүрсiн деп!

Бұрқырап боран борасын, Тоңбайсың ендi сен, əсте?! Қарашы, мiне, қарашы, Тамаша пима емес пе?!

Жөтелден сонда қиналып, Қолымен басып өкпенi.

Баласы:

  • Ендi пиманың...

Қажетi маған жоқ... – дедi.

  • Не дейсiң?

Не-е, – деп, – құлыным? – Бойынан қайрат, əл кете, Ақ жамылғаны ұлының Үстiнен жұлып алды Əке.

Қараса... кеште баяғы... Пиманы сатып ант ұрған... Үсiген екi аяғы...

Кесiлген екен балтырдан!..

VI

Аһ ұрды Əке қинала, Қолынан сусып жабылды Көмiрдей қара пимаға

Ақ қардай аппақ жамылғы...

Сəл ғана тершiп шекесi, Баласы жатыр қалжырап. Еңiрегенмен əкесi Босаған да жоқ ол, бiрақ.

Көзiне қалған мұң ұйып, Есейген, ойлы пiшiндi.

    • Əке, – деп əрең жымиып, –

Қойдың ба, – дедi, – iшудi?..

Дəрiгер кеп дəрi-дəрмекпен, Өлшедi Бала қызуын.

Жатыр ол тыңдап əйнекте Ұшқан бiр шыбын ызыңын.

Шыбынды қуды маңынан, Қолға алып дəрiгер шыбығын.

    • Тимеңiзшi, апай, – жалынам, Ол, – дедi, – менiң шыбыным...

Əйнектен сəуле бөлшек боп, Əкенiң түстi басына.

Бұл, əлде оның сол сəтте Ағарып кеткен шашы ма?..

ТҮСІНІКТЕР

 Фариза Оңғарсынова. «Ақбөбек жырлары». Бұл поэмаға арқау бол- ған Маңғыстау жеріне кең тараған Қайып пен Ақбөбектің махаббаты.

 «Сайраған Жетісудің бұлбұлымын». Ф.Оңғарсынованың «Сайраған Жетісудің бұлбұлымын» поэмасы ақын, өнерпаз қыздың тағдырын сурет- теуімен ерекшеленеді. Өнерлі болып туса да мұң-шерден айықпаған Сара Тастанбекқызының болмысын лирикалық сыршылдық, психологиялық тереңдікпен танытқан поэма.

 Мұхтар Шаханов. «Танакөз». «Танакөз» ақынның шынайы достық- ты, адал махаббатты, ізгілікті дəріптеген поэмасы. Сюжеті өмірден алын- ған поэма лирикалық толғамға құрылған. 1970 жылы жарық көрген.

«Махабатты қорғау». Махаббат триптихтерінен түзілген пома. 1978

жылы жарық көрген.

 Есенбай Дүйсенбайұлы. «Күлтегін тас». Ұлттық рухты, түркілік тектілікті паш еткен шағын поэма ақынның жыр жинақтарында жария- ланған.

 Исраил Сапарбай. «Тəңіртау». Ақынның Мұқағали рухына арнаған, ақындық болмысты, адамгершілік мəселелерді лирикалық-философиялық тұрғыда толғаған туындысы.

 Жəркен Бөдешұлы. «Бостандықтың басы». Азаттық жолында күрес- кен қаһарман ерлердің рухын лирикалық-философиялық тұрғыда жыр ет- кен бұл поэмада кешегі күн мен бүгінгі күн сабақтастырыла суреттелген. 2007 жылы «Сөздік-словарь» баспасыеан шыққан «Бұрылыс», 2009 жылы

«Атамұра» баспасынан шыққан «Құбылыс» жинақтарына кірген.

 Ғұсман Жандыбаев. «Əпке». Адамгершілікті, бауырмалдылықты ар- қау еткен поэма. Лирикалық кейіпкер əпке болмысын, оның мейірімін, ба- лалық шақтың қызықты да жарқын сəттерін жырлайды.

 Күлəш Ахметова. «Үлбір сұлу». Аңыз оқиғасын арқау еткен бұл поэ- мада ақын өткен күндерге ақындық қиялмен шегініс жасайды. Ақынның бірнеше жыр жинақтарына енген.

 Кеңшілік Мырзабеков. «Біржан сал. Қоянды жəрмеңкесі». Поэмаға арқау болған Арқадағы сал-серілік мектептің ірі өкілі Біржан сал Қожа- ғұлұлы өмірінің бір сəті. Ақын өнер адамының психологиясын, əлеумет- тік ортадағы орнын шеберлікпен суреттей білген.

 Темірхан Медетбек. «Махамбет рухының моноголы». Романти- калық сарындағы бұл поэма күрескер ақын Махамбеттің рухани бітімін ақын атынан айтылған монолог арқылы танытады. Поэма мерзімдік «Ана тілі» басылымында жарияланған.

 Серік Тұрғынбекұлы. «Ғарыш-қазақ». Қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Əубəкіровке арналған бұл поэма «Фолиант» баспасынан жеке кітапша болып жарық көрген. Жинаққа қысқартылып ұсынылды.

 Нұрлан Оразалин. «Қарақазан ғасыр». Замана шындығын эпикалық кеңістікте толғаған туынды. Ақынның 1997 жылы «Атамұра» баспасынан шыққан «Құралайдың салқыны» кітабынан алынып, қысқартылып берілді.

 Əбдірəштің Жарасқаны. «Қаладан келген қыз». Сюжетті лирикалық поэма. Бұл естелік поэмасының желісімен көркем фильм түсіріліп, ол туынды халықаралық фестивальдардан бас жүлделерді жеңіп алған.

 Иран Ғайып (Иранбек Оразбаев). «Қорқыттың көрі». Белгілі ақын Иран-Ғайыптың «Қорқыттың көрі» атты дастаны ел аузында кең тара- лып, халық жадында көне дəуірлерден жатталып келе жатқан мифтік сюжетке негізделе жазылған. «Қорқыттың көрi» аңыз дастаны – аңызды өзiнiң көркемдiк-идеялық мақсаттарына сай өңдендiре, өзгерте драмалық тартысқа құрған, Қорқыт-Абыздың күрделi де тылсым болмысын танытқан мифопоэтикалық астары терең туынды. Дастан 2001 жылы жеке кітап болып шыққан.

 Асқар Егеубай. «Академик Марғұлан». Қазақтың ғұлама ғалымы, ар- хеология мектебінің негізін салушы Əлкей Марғұлан образын поэтикалық тұрғыда танытқан туынды. Ақынның 2005 жылы «Атамұра» баспасынан шыққан «ХХ ғасырдың екі сағаты» жинағына енген.

 Серік Ақсұңқарұлы. «Қарқаралым – қараорманым». Ақынның та- биғат пен ұлттық рухты астастыра отырып толғаған поэтикалық туынды- сы. Қарқаралы орманының өртке орануы, сонымен бірге табиғи көркіне адамдар қолымен қастық жасалуы поэманың өзегіне алынған. Ақынның 2005 жылы шыққан «Төбемнен жауһар жауып тұр» жыр жинағына кірген.

 Несіпбек Айтұлы. «Көк ала үйрек». ХІХ ғасырда ғұмыр кешкен Кем- пірбай ақын рухына бағышталып, ақындық рухты поэтикалық кеңістікте толғаған туынды. 2006 жылы шыққан «Тоғыз тарау» поэмалар жинағынан алынды.

 Мейірхан Ақдəулетұлы. «Қосүрейлер үйі». Ақынның өмірдің ащы шындығын, адамзат трагедиясын арқау еткен философиялық сарыны ба- сым туындысы. 2005 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан «Бейуақтағы мінəжат» кітабына кірген.

 Аманхан Əлімұлы. «Кек». Өткен күндер оқиғасы арқау болған шағын поэма.

 Ұлықбек Есдəулет. «Қара пима». Маскүнемдікке салынған əке мен қайғылы жағдайға ұшыраған бала тағдырын, өмір шындығын арқау еткен туынды. Ақынның жыр жинақтарында жарияланған.

МАЗМҰНЫ

ФАРИЗА ОҢҒАРСЫНОВА (1939 жылы туған)

ҚАЗАҚТЫҢ 100 ПОЭМАСЫ

5-том

Редакторы Сəндібек Жұбаниязов Көркемдеуші редакторы Нұрлан Тазабеков Техникалық редакторы Зайра Бошанова Компьютерде беттеген Гүлмира Өтенова

ИБ № 7283

Басуға 28.07.2013 қол қойылды.

Қалыбы 84×1081/ . Қаріп түрі «Times New Roman».

32

Офсетті басылым.

Шартты баспа табағы 20. Баспа табағы 23,5.

Таралымы 2000 дана.

Тапсырыс №

Қазақстан Республикасы, «Жазушы» баспасы, 050009, Алматы қаласы, Абай даңғылы, 143.



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?
Пікір жазу