Рафаэль Ниязбек 3 том өлеңдері
Рафаэль НИЯЗБЕК
ШЫҒАРМАЛАР ЖИНАҒЫ
КӨПТОМДЫҚ 3-ТОМ
Алматы 2014
УДК 121.512.122-1
ББК 84 (5 Қаз)-5
Н 65
Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы
бойынша жарық көрді.
Н 65 НИЯЗБЕК Р.
ШЫҒАРМАЛАР ЖИНАҒЫ: Өлеңдер/Р. Ниязбек.
–Алматы: ҚАЗақпарат, 2014.
ISBN 978-601-03-0225-9
Т.3. – 2014. – 380 б.
ISBN 978-601-03-0228-0
Шешенстан Мемлекеттік сыйлығының және Халықаралық
«Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, көрнекті ақын Рафаэль Ниязбектің бұл томында тәуелсіз мемлекетіміздің мерейі, егеменді еліміздің сән-салтанаты, елдік пен ерлік қасиеті, заман келбеті, уақыт тынысы, адамдар арасындағы қарым-қатынас шынайы суреттелген.
Ақынның бұл кітабы елдің елдігін, ердің ерлігін биік рухта жырлауымен ерекшеленеді. Оның ел, жер жайлы толғаныстары, тәуелсіздік жайлы тебіреністері жүрек тербейді.
.
УДК 121.512.122-1
ББК 84 (5 Қаз)-5
ISBN 978-601-03-0228-0
ISBN 978-601-03-0225-9© «ҚАЗақпарат», 2014
«АСТАНАМДА БҰТАҒЫМ ГҮЛ ЖАРАДЫ, АЛМАТЫМДА ТАМЫРЫМ БҰЛҚЫНҒАНДА»
Еркіндік аңсаған елінің, сол еркіндік аңсаған елін жерұйыққа айналдыруды армандаған Ерінің арманын ақын айтпағанда, ақын жырламағанда кім жырлайды?! Ол үшін қалың елі – қазағының ойынан отыз, қырық жыл бұрын емес, жүз жыл озып, мың жыл асып айтса несі айып. Орыстың ұлы жазушысы Лев Толстойды
«Орыс төңкерісінің айнасына» теңегендер де Кенен атамыздың осы сөзін айтқан-ау негізі.
Талантты ақын Рафаэль Ниязбековтің «Қағанат» атты жыр кітабын оқып отырып біз осындай да ойларға шым баттық. Шым батырған, әрине, өзіміз жазғандай, өзіміз айтқандай ойымыздан шыққан өлеңдер мен көңілімізден шыққан теңеулер болды. «Ой түбінде жатқан сөз, шер толқытса шығады, су түбінде жатқан тас, жел толқытса шығады» дегендей, сол шер мен шындықты шебер жеткізе білетін ақындардың бірі Рафқаң. Ол өзінің «Мүмкін құрлық шығармын» деген өлеңінде:
Жыртығына жамау боп қоңыр елдің, Құбылысқа құбылмай көңіл бөлдім. Қызығы мен шыжығы араласқан, Өмір көрдім,
Мен біраз өмір көрдім.
Азаматтың қосылып санатына,
Кір түсірмей күн кештім Ар атына.
3
Жерде жүргім келмеді жұқсыз көп деп, Қыран құстың жармасып қанатына.
Таулары алып Ер жігіт, даласы алып, Көрген емес еш жерде аласарып.
Өмір – өзен болса егер, Сол өзенмен
Толқындарым жарысқан таласа ағып.
Асыл ерлер көп болса нұр тұлғалы, Жақсылық па жағамның жыртылғаны. Ат үстінде жүрмін мен
Көңілімнің
Терезесін біреулер сындырғалы.
Қараулықтың құрымай құрықтары, Көгере ме шындықтың шыбықтары. Сынған кезде терезем жан – жаққа ұшып, Шашыраған сәулемнің сынықтары.
Тұрғанда атып ақ таңым арайланып, Құзырлыға құл болам қалай барып. Сүйегіме сіңірген қасиет көп, Тамырымды қуалап қан айналып.
Арманымды тербетіп жыр ескенде, Шындық іздеп жүрегім күресті елде. Өмірімнің шырағы сөне жаздап, Қайта жанған өліммен тірескенде.
Ғұмыр кешкен Арына кір түсірмей, Өрт жанымды көп тобыр жүр түсінбей. Есік қаққан ажалды қуған жоқ па, Менің асқақ өр Рухым бір кішірмей.
дейді де:
Мені өзіне ұлық көп тең көрмеген, Кербездер де менсінбей кердеңдеген, Ебелек те елемей ербеңдеген; Кебенек те кергіген мені ұнатпай, Қасқыр көрсе құлағы селтеңдеген, Желбуазға қай ақын ұнаушы еді, Үрлеп қойған қарындай жел кернеген. Кіріп шыққан ішіме кісі бар ма.
Мынау сырқат қоғамда емделмеген: Мүмкін кітап шығармын оқылмаған, Мүмкін құрлық шығармын зерттелмеген, –
деп, ойын кенет шорт үзеді.
Ал енді осы өлеңді кім қалай түсінеді, кім қалай қабылдайды? Ой – өресі төмендер «е, өзін жазған екен ғой, кімнен қорлық көрді екен байғұс» деп, кітапты жаба салары хақ. Бірақ әлгі адам осы жырды нақақтан
– нақақ кінә тағылып, азат басы құл болған, сонау Желтоқсан оқиғасы кезінде бар кінәні бір өзі арқалап кете барған қайран да қайран қайсар рухты Қайрат Рысқұлбеков болып оқып көрсе ше?!.
Ә–ә, міне, өлеңнің тылсым тұңғиығы да осы жерде тереңіне шым батырып, жүрегіңді де шым еткізері хақ. Адуынды ақынның асау мақамы мен асыл мәнері де шыңға ұқсап айбарлана қалатын тұс та осы. Неге? Өйткені, асау ақынның жүрегі жырға толып, мелдектегенде арғыдан өр Махамбеттің алдаспанына айналып жарқылдаса, бергіден неге Қайраттың жұдырығы болып түйілмеске?!
Иә, «құлағы өзінен қырық жыл бұрын туады» деп дәріптелінетін ақын атаулының жұмбағы да осында. Өйткені, оның сөзі – бір Махамбет пен бір Қайраттың
мұңы емес, сол бірегей перзенттер арқылы мыңның, миллионның, яғни қалың елі – қазағының мұңы мен мұқтажы болып өзендей ақтарылып жатады. Оны
«Тұрғанда атып ақ таңым арайланып, Құзырлыға құл болам қалай барып. Сүйегіме сіңірген қасиет көп, Тамырымды қуалап қан айналып» деген өлең жолдарын қайта бір оқысаңыз, өзіңіз – ақ түсінесіз.
Арқалы ақынның сондай – ақ:
Кісі деме сен мені күні батқан, Менің өмір өзенім жұлқына аққан. Бөрілікті қаныма неге екпесін,
Бір көк бөрі ішімде ұлып жатқан, –
деп жұлқына басталатын «Қайшылықта ерлердің бағы ашылған» деген асау жыры да, немесе:
Қателігін Уақыт түзеткелі, Тағдырымның жібіген мұз өткелі. Иттер мені маңайлап көрген емес, Көкжал бөрі төрімді күзеткелі, –
деп термелете жөнелетін «Көк бөрі» атты өлеңі де жоғарыда айтқан Ел мен Ер азаттығы туралы ойымызды одан бетер айқындай түседі. Яғни, ақындардың бас азаттығы – оның қасиетті халқының бас азаттығы екеніне көзіңізді жеткізе түсесіз.
«Азаттық» дегенде Махамбетпен бірге ойға орыс халқының ұлы ақыны Александр Пушкин оралады. Александрдің қаршадай болса да қазымыр ақындарша қалам сілтесінен шошыған Николай І мен оның төңірегіндегілер «бұл баланы жын иектеген, мына сұмдық сөздердің бәрін жаздырып отырған сол албасты» деген әңгіме шығарыпты баяғыда. Түрлі
өсекке де таңады. Әйтеуір, оның өлеңдеріне өліп
– өшкен халықтың махаббатын ақын маңынан әлі келгенше аластамақ болған. Міне, сол кезде өзіне опа бермес сатқындықты сезіп қалған Пушкин «мен өзіме өзім ескерткіш орнаттым...» («Я памятник себе воздвиг нерукотворный, К нему не зарастет народная тропа...») деп келетін сұрапыл жырын жазған. Рафқаңның
«Қағанаты» да ақынның өзіне өзі қойған ескерткіші десек артық болмас.
Бір кездері шығыстың Атааллах Ширвани Аррани деген атақты шайыры да:
Не слушай трусливых и низких советов, Беги, Аррани, от дворцовых дверей: Цари никогда не любили поэтов,
Поэты всегда презирали царей, –
деп жырлаған ғой. Сондықтан Николай І – дің кезіндегі мұңлық Пушкиннің бас бостандығының халі де әрісі Аррани, берісі Махамбеттің рухани құлдықтағы қитұрқы күнімен тағдырлас болатын.
Ал бүгін ше? Ал бүгін «сөз түзелді, тыңдаушым сен де түзел» деп ұлы Абай жазғандай, қазақ елі өзінің ғасырлар бойы армандаған азаттығына қол жеткізді. Арранилер мен Махамбеттердің арманы орындалды. Енді еңсесін көтерген еркін елімізде азаттық туралы өксік пен өкінішке орын жоқ.
Десек, сол азат елді, сол ғажап жерді емірене сүю, тебірене жырлау да ақындардың әлімсақтан келе жатқан арманы екенін мойындауымыз керек. Бірақ әр ақынның үні басқа, мақамы бөлек. Мысалы, битке өкпелеп тонын отқа тастағандар болмашыға бола «елімнен кетем» деп мәлімдеме жасаса, оның байбаламын ерлікке балайтындардың бой көрсете
бастайтыны өтірік емес. Егер Рафаэль ақынымыз ойланбай тұрып сөйлейтіндердің сортынан болса, сол солақай топтың ортасында емес, тіпті, басында жүруіне әбден болар еді. Бірақ ол:
Бір айбалта жоқ болған соң белімде, Кімдер мені басынбады жерімде.
Елден кетем десең егер кете бер, Сендей «әнші» толып жатыр елімде.
Көңіліңнің шуылдаса қамысы,
Момын жұрттың тиген шығар қарғысы. Тіршілікте қара басын күйттеген, Сенен гөрі қымбат елдің намысы.
Көз алартып туған елім – анама, Қай бұралқы жармаспады жағама,
Айтпа бірақ сыймай кетіп барам деп, Орыс, орман... сыйған байтақ далама.
Кең далама жеткен сұмдар бұғынып, Сөз сөйлейді бұл күндері сұғынып. Мүмкін сен де қара қанжар шығарсың, Жүрген елде жең ішіне тығылып, –
деп басқа ақындар бара алмаған биіктіктен көрініп, төбе билер ғана жиылатын Күлтөбедей мәртебелі мінбердің басалқалы сөзін айтады.
Ақынның «әнші» деп отырған «қаһарманын» тура мағынасында да, шартты түрде де түсіндіруге болады. Қазір Қазақ елінің байлығын ұрлап – жырлап шетел асқан соң: «саясатшы едік, қуғын – сүргін көріп қашып жүрміз» деп батысқа мұңын шағатын іштен шыққан шұбар жыландар да пайда болған заман. Міне, ақын
жүрегі осы сайқымазақтардың ақиқатын ашып айтып, шын бет-пердесін әшкерелемей тұра алмапты.
Рафқаңның бір жақсы қасиеті өтірік айта алмайтындығында. Ақынға керегі де осы қасиет емес пе. Өтірікті – ақиқаттың ата жауы десек, ол сілімтіктің өлеңге де дос емес екені анық. Оған біз ақынның
«Алматы мен Астана» деген өлеңін оқып отырып анық көз жеткіздік.
Көңілімнің көзіне нұр тұнғанда, Ұран салмай тұрам ба ұлтым барда. Астанамда бұтағым гүл жарады, Алматымда тамырым бұлқынғанда.
Бабалардың өр рухы қолдағанда, Аспанымды қара бұлт торлаған ба. Арқаға жұрт көше ме,
Алматыға
Азаттықтың ақ құсы қонбағанда.
Астананың сәуле есіп келбетінен, Еңку – еңку жер шолып Ер жетілген. Айналайын алмалы Алматыда, Азаттықтың Бесігі тербетілген.
Қоңыр түнде туғанда Ай нұрланып, Күрең күндер жоғалған қайғымды алып, Алатауы бар жандар бармаса егер,
Арлы Астана тұра ма айбынданып.
Керуен бұлттар көгімнен өткен көшіп, Бәйтерегі жайқалған көктеп өсіп.
Астананың жүрегі жылына ма, Алматыдан тұрмаса көктем есіп.
Қай заманда болмаған тақ таласы, Ел басқарып жүрмесін жат баласы. Алматы мен Астана – білсең егер, Тұнық ойлы көзімнің ақ, қарасы.
Ал сізге мағынаға толы мадақ керек болса! Біз білетін ақындар Астананы жырлағанда Алматыны тарс ұмытып кете беретін. Ал Рафқаң «Астана!» деп тебірене отырып Алматысын да ұмытпайды.
Ақын туралы сөзімізді сол арқылы ақын Рафаэльдің
«Елім бірақ мықты екен...» деген өлеңімен аяқтағымыз келіп отыр.
Өзендейін жүгірсе көктем қунап, Құйын неге суырсын өктем тулап? Ардан ғана жаралып ақындары, Ақиқатты, шындықты өткен жырлап.
Аналары жасық ұл бір тумаған,
Ол заманда намыс боп жыр тулаған. Еркектері егеулі найза болып,
Ата жолын ол кезде кім қумаған?!
деген ақын өткен заманның зарын:
Сұм заманда тас болған құм жиылып, Сұм заманда бас болған құл жиылып. Сатқындық та қала ма өрістемей, Қарағанмен көгіңнен күн қиылып.
Сұм заманда сұм қанша дінін сатқан? Бұлбұл қанша күні үшін үнін сатқан? Сөйлемеген жандарды өз тілінде, Сатқын деймін, ағайын, тілін сатқан, –
деп жасындай жарқылдатып, жаңбырдай тасырлатып келіп өлеңінің соңын:
Жүрегіңе сұм қанша жебе тартқан, Қорқау қанша байлығын кемеге артқан? Елім бірақ мықты екен,
Әлі күнге
Сатқындарға бой бермей келе жатқан, –
деп шымырлай түйеді.
Сірә, ардан ғана жаралып, ақиқатты ғана жырлаған тарлан ақынға осындай өр мінез, осындай алдаспан сөз ғана жарасқан – ау.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, Жазушы, Қазақстанның мәдениет қайраткері.
АЛАСАМЫН ХАЛҚЫМНАН
Жүрегімнен неге көшсін көктемім, Әлі де алау от демім.
Қайшыласқан әлем ішінде Алпыс дүркін қуарып, Алпыс дүркін көктедім.
Жас күнімді менен безіп жөнелген Жас гүлдердің көздерінен көрем мен. Көп киіліп етек-жеңі қырқылған Киімдеймін көнерген.
Кейде бірақ жүк артпақ боп үстіне, Атан түйе секілдімін шөгерген.
Сөйлеп келген жыр тілде, Ақынның да шау тартуы мүмкін бе.
Жасымда ылғи лапылдасам от болып, Оты сөнген жанартаумын бұл күнде.
Өжет едім найзағайдан жай тартқан, Күндер қанша жүрегіме қайғы артқан. Кейде өткірмін семсердей
Жаңа шыққан қайрақтан.
Жар жағалап жеткен жаулар секілді Қатерлі ажал төнеді екен қай жақтан?!
Төнсе егерде қалдырмақ боп көшімнен, Қайдан көмек бола қайсын көршімнен. Жанарымнан ағып түскен бір сәуле, Тағдыр оғы көздегенде көзімнен.
Шыбық тиген көзіне Секілдімін бұл күнде Боздап жүрген боз інген.
Көзден қалды деме бірақ, ағайын,
От ұшқындап тұрғанда өжет сөзімнен.
Жанар отым сөнгенімен шырақтай, Көкірек көзім ашылған-ды бұлақтай. “Ел ішінде көзсіз батыр” атанып, Келем әлі жырдың туын құлатпай.
Ар-намысты қайрап ылғи жыр жазам, Ауыр қайғы бара жатса шыдатпай.
Тау басына шыға ала ма алқынған, Мұқалмаймын,
Жаралғанмын жалқыннан. Тамырымды қуалап, Аққан емес салқын қан.
Заман талай айныса да жолынан, Айнып әсте көргенім жоқ салтымнан. Алла жарылқап,
Алатау боп кетсем де, Құдай қолдап,
Қаратау боп кетсем де, Аласамын халқымнан.
***
Есіктері жабылып көңілдердің, Қиянат, қысастықтың көбін көрдім. Жұлынымнан үзілген күндер қанша,
Жұлдыз болып жансам деп көгінде елдің.
Үмітім де көп еді, арманым да, Тіршіліктің қап қойдым шарбағында. Кім-кімнің де жұлдызы сөнбес еді, Көк аспанда жұлдыз боп жанғанымда.
Жер бетінде қаптатып қайғы өсіріп, Жүрген сұм да жоқ емес Айға өшігіп. Жұлдызымды жақса егер бір адамдар, Бір адамдар кетеді қайта өшіріп.
Қараулыққа қидырмай жыр қанатын, Кездерім де жоқ емес бұрқанатын.
Кейде өзімді, ағайын, шамға ұқсатам, Көшелерде бір өшіп, бір жанатын.
ҚҰСЫМ ҚАЙТЫП БАРАДЫ ЖЫЛЫ ЖАҚҚА
Жұлдыз болып жана алмай көгінде елдің, Өмір көрдім,
мен біраз өмір көрдім.
Суық сәуле көзімнен шашыраған, Суынғанын көргенде көңілдердің.
Көмейіме жұп-жұмыр тас тығылып, Жатыр менің ішімде қасқыр ұлып. Адамдардан мейірім жоғалғанда, Жағдайыңды жасай ма жас бұрылып.
Үйден шықпай төріме шегеленген, Сырт айналған достар да тете көрген. Көңілімді ақ қағаз көрем кейде
Кім көрінген шимайлап кете берген.
Зауал туса ер түгел ез болатын,
Кісі еліңнен таппайсың сөз қонатын. Көңіл деген көктемнің гүлі емес пе,
Суық ызғар қарыса тез солатын.
Жұлдыз болып жану да арман еді, Үмітімді бірақ кім жалғап еді.
Көңіл қалса бір атым насыбайдан, Мың атымнан көңілім қалған еді.
Қызар кезде жүрегім қызбай қалып, Көңіліме үлгерген мұз байланып.
Құсым қайтып барады жылы жаққа, Бесінге ауған өмірім күзге айналып.
ТАЛАС СУЫ ТАРТЫЛДЫ ДЕМЕ, ШЫРАҚ!
Жағасына малтығып жеткен кеме, Талас суы тартылып кеткен деме. Өртенбесе өзегі өзенімнің, Сендейлерге тістеніп, кектене ме.
Жағасында жайқалған тал-құрағы, Толқып ағып Таласым жатыр әлі. Тұнығында тұнжырап ақты қанша, Құба талдың жел жұлған жапырағы.
Зауал туған мезгілде қан қаптырған, Шөлдегенде суынан бал таттырған. Тарлан Талас тамыры сардаланың Қазақ, қырғыз арасын жалғап тұрған.
Жұртты аштықта бұл Талас асырады, Алдында оның жүрегім бас ұрады.
Алатауынан қырғыздың басталса да, Даласына қазақтың асығады.
Асықса да қазақтай көңілді елге, Көбесінен ұқсайды сөгілгенге. Менің батыр өлкеме жеткен еді, Жырымдалып жол бойы көрінгенге.
Табиғатты неге адам басынады, Қоғам дерті әлі де асқынады.
Адам қолы жасаған қиянаттан Жанарына Таластың жас тұнады.
...Жалдасаң да жаныңды жатқа барып, Жүрме сен де кесірлі атқа қалып.
Талас суы тартылды деме, шырақ, Арнасында көз жасым жатқан ағып.
СОҚ, САҒАТЫМ!
Шабандығын үйреніп далалы елдің, Неге менің сағатым қала бердің?
Соқ, сағатым! Құштың ба кебін әлде
Шауып-шауып болдырған қарагердің.
Соқ, сағатым!
Бір минут қала көрме,
Тағылмасын мін болып саналы ерге. Соқ, сағатым!
Сенсіз де достар қанша
Жұрт алдында қаратқан қара жерге.
Биігіне жете алмай құлап арман, Жанарыма мұң қанша тұна қалған.
Соқ, сағатым! Кешігіп барамын деп,
Талай мәрте құр қалғам сыбағамнан.
Тіршіліктің жүргенде кешіп өрін, Шабандықты мен қалай кешіремін. Соқ, сағатым!
Бір минут қалсаң егер,
Мен де солай бір минут кешігемін.
Кешікпей де тоқтамай соқ, сағатым! Аялдауға бір минут жоқ тағатым.
Берерімді кетейін елге беріп, Қайырылмай тұрғанда көк қанатым.
Қилы мінез көрсетіп оқыс мүлде, Жүріп жатыр санамда «соғыс» күнде. Соқ, сағатым!
Сен тоқтап қалды екен деп,
Арбам тоқтап қалмайды жол үстінде.
КӨК БӨРІ ЖЫР ІШІМДЕ ЖАТЫР ҰЛЫП
Жылы самал алдымнан ескен еді, Көшті аспанның көзіме кестелері. Жазылса да жүректің дерті айығып, Жазылмады жүректің есті өлеңі.
Даусы естіліп иттердің абалаған, Жүрегімді жұлмалап жаралаған. Шабыт құсым қайда әлгі...
Қанатымен
Көңілімнің әйнегін сабалаған. Күлкілер де естілмей сыңғырлаған, Бұлтты күндей көңілім тұнжыраған.
Көк бөрі жыр жұлқынып шығар еді, Бір пәле бар ішімде шынжырлаған.
Сыртқа атылып шыға алмай аласұрып, Жатыр білем ішімде шамасы ұлып.
Бағым неге аспасын кім-кімнен де, Көк бөрі жыр туса егер бақ асырып.
Қысастығын мен жаққа аттандырып, Кім бөгейді жолыма қақпан құрып. Көк бөріге айналып кетем ылғи
Көк бөрі жыр ішімде жатқанда ұлып.
ЕЛ ІШІ
Дүние түгел құралып сынақтардан, Жауабы жоқ бас қатты сұрақтардан. Балалығым таза еді...
Жүрмін іздеп,
Көшесінде ауылдың жылап қалған.
Сілікпесін шығарған іргелі елдің, Бәрі әділ ме билікте жүрген ердің. Балалықпен бірге егер жоғалмаса, Адалдығы қайда бұл үлкендердің?! Айналғанда ақ бауыр жыр кемеге, Қысастықты көп көрем күнде неге? Өскен сайын адамдар арамданып, Көп киілген киімдей кірлене ме?!
Адалдықтан арамдық биік өсіп, Жаралының келемін күйін кешіп. Егін бітік шыға ма,
Тұрса егерде
Арам шөптің арамза құйыны есіп.
Көңілдері жазира кеңістіктей Үлкендерден бола ма жеміс күтпей. Бірақ білсең ел іші
Бұл күндері
Арам шөбі қаптаған егістіктей.
ЖЕҢЕР ЕДІ МЕНІ АЖАЛ
Арбасына тұрмыстың жегілгенде, Қайтарған жан жоқ еді бетімді елде. Ойладым ба қырсыққа тап болам деп, Желбіреген тұлымым жетілгенде.
Ажал мені “бомбының” астына алған, Шыбын жаным кеудеме бекінгенде.
Мүмкін келген шығармын дүниеге, Дүниенің бір шеті кетілгенде.
Жыршы көрмей қолына домбыра алған, Мені жанға балай ма болбыраған.
Жау ұшағы секілді ұшып келіп,
Сан алуан сырқатпен “бомбылаған”. Өмірімнің беттерін мың аударған, Қайдан опа көрсетсін мынау Жалған. Бір сырқатқа бір сырқат жамалғанда, Үмітімнің көздері қырауланған.
Қапас ойлар қажытып, миым ашып, Азып-тоза бастағам күйім қашып. Бұзып кіріп ішімді өртеді-ай кеп, Үш-төрт сырқат өзара “ұйымдасып”.
Төнсе де өктем табаға қуырғалы, Келе жатыр жыға алмай туымды әлі. Суық көзі ажалдың көп қадалған Өңменімнен жанымды суырғалы.
Емханасы еңселі астананың
Қай сырқаттың бағады қас-қабағын. Ажал кімнің кірмеген есігінен, Талқандаған талайдың тас қамалын.
Шыбын жаным кеудеме бекінгенде, Қайда барам тайсақтап, шегінгенде. Жеңер еді мені ажал
Небір ауыр
Азабына шыдамай берілгенде.
КӨП БЕЙБАҚТЫҢ БІРІМІН БҰЛ КҮНДЕРІ
Күн көгінде тұрғанмен, Ай көгінде, Кешкен кезім жоқ емес қайғы елімде.
Балалығым
Көбелек қуып жүріп,
Сардаланың қалды екен қай белінде?
Түлкі қуып жүргенде түлкі күнде, Ақ қайыңның бүр жарған бүртігінде Жігіт кезім
Мөлтілдеп көз жасындай
Қанша қыздың кетті екен кірпігінде?
Тіршіліктің жүре алмай сай жағында, Айбарлы елдің күн кештім аймағында. Күркіреген күндерім жарқ-жұрқ етіп Жиындардың қалды екен қай залында?!
Жанарыма ақ мұнар мұң қамалып, Күркіреймін мен кейде бұрқап алып. Әр жыл сайын жұлынған жапырақтай Кете барған өмірім жұлмаланып.
Қарыса да мезгілдің суықтары, Жүзіп келем кемедей тұнықта әлі. Әр жылдардан жылтырап көрінеді Өмірімнің шашылған сынықтары.
Биігіне көтерсе асыл арман, Көңілімде жайқалар жасыл орман. Көп бейбақтың бірімін бұл күндері Ойыншықтай өмірін шашып алған.
***
Жүріп келем көз алмай мол нұрлы бақтан, Өмір – өзен арнасын толтыра аққан.
Тамырларым тартылған сым секілді,
Өн бойында бұлқынып ток жүріп жатқан. Шамырқансам көзімде от өріледі, Тасқыннан да жүрегім өте біледі.
Кетсе егерде ток кернеп тамырларды, Шамадан тыс қызуым көтеріледі.
Тіршілікте бақ қуып шауып келемін, Елдің жоғын шарқ ұрып тауып беремін. Әлдекіммен егесіп ұстасқанымда,
Кете ме деп ток соғып қауіптенемін.
Жүрегіне от берген қалғығандардың,
Ток кернеген тамырын алғыр жандардың.
Содан, сірә, жалп етіп түсетіндері Намысыма тиіскен антұрғандардың!
ӨЛМЕСЕМ ЕКЕН ДЕП КЕЛЕМ
Орыстың жүрген жолымен Жүреді қай жұрт бүгінде. Қылқындырып қанды қолымен, Өлтіретін солар түбінде.
Жын ойнап суық көзінде, Баянсыз ғұмыр жүр кешіп. Тұра ма сертті сөзінде, Сайтанға жүрсе мінгесіп.
Қасына жақын жолаған,
Тас шайнап, құмға қақалған. Байлығын жұрттың тонаған Ұлығы ұры атанған.
Өсіріп сұсты сұрмерген, Құзырлы жанды құзға асып, Ұсқыны кетіп үлгерген Көрінген елмен ұстасып.
Қалмасын арқаң осылып, Орыс көп әлі еліңде.
Бұралқы иттер жосылып Жүретін тойған жерінде. Жайқалған қамыс, құрақ та, Өзінің өскен жерінде.
Орыспен дос бол,
Бірақ та
Айбалтаң жүрсін беліңде.
Солардың жүрген жеріне Шөп шықпай тегіс қуарған. Туғасын тартып тегіне, Егінін қанмен суарған.
Алланы жаны қаламай, Арақты ғана ұнатқан. Кісіні көрсе жаны арай, Көзімен көздеп құлатқан.
Ұлысты ертіп қаншама, Азғындық жолға бастаған Орысты ойлап шаршама, Бағыңды байлап жасқаған.
Алланың әділ жолымен Жүргендер жаза баспаған. Ақиқат, ардың қолымен Кімдердің бағын ашпаған.
Ішінде жүріп азаптың, Не теңің деме сөз қуған.
Ұлылары қанша қазақтың Мәскеуге барып көз жұмған.
Ұшаққа мініп барса да, Табытқа мініп қайтатын. Суырып жанын алса да, Шындықты кім бар айтатын?!
Алланың әділ жолынан Тайғанды мүлдем жек көрем. Орыстың қанды қолынан Өлмесем екен деп келем.
КӨКЖАЛ ЕГЕР БОЛМАСАМ...
Көңілінің өзені аққан тұнып, Атам мені жүретін мақтан қылып. Бес жасымда төбеге ертіп шыққан
Көкжал бөрі астында жатқан ұлып.
Мінгестірмей атына жағалының:
- Құлы болма, – деді атам, – нала-мұңның. Төбе үстінде тұрғанда:
- Көк бөрі де,
Жатсын, – деді, – астында табаныңның.
Қазығында кісінеп ат-көлігі, Содан бері атамның шат көңілі.
- Табаныңның астында жатсын, – деді, – Берілмейтін көкжал да жатқа өмірі.
Ашық ұстап жанының терезесін, Өрге жайған бұл атам керегесін. Көк бөріні үлгі етсе, Қайсарлыққа
Баулығаны емес пе немересін.
Майданға ерлер аттанып елде жүрген, Шырақ аз ба мезгілдің желі өшірген. Қасиетін сіңіріп көк бөрінің,
Қайран атам бөрі етіп мені өсірген.
Қызық қуып жүргесін көңілді елде, Бөріліктің білемін жөнін мен де.
Қашатыны иттердің тегін емес Төбем менің алыстан көрінгенде.
Қасиетін бөрінің ел біледі, Рухым қалай тағдырдан жеңіледі. Көкжал егер болмасам,
Өңкей иттер
Ұясына тығылып неге үреді?!
БІР МҰСЫЛМАН ТАБЫЛАР
Кеңістікте шырқалып қаршыға әнім, Биік өсіп, жайқалған Ар-шынарым. Ақындардың бәрі де жұлдыз болса, Жұлдыздардың ішінде бар шығармын. Тал бойымда тұрғанда өз асылым, Дүниеде жоқты іздеп сарсыламын.
Арманымның үмітін неге үзейін, Мұратына арқалап жеткізейін.
Жоқ іздеген шынында жоғала ма, Жер астына жоғалған теңіздейін.
Өмірінің өрт шалып жиі өткелін, Жұлып жеген бейбақ көп бүйректерін. Аштық жылы қырылған қазақтардың Жүрмін іздеп шашылған сүйектерін.
Шаңырағын шайқалтып іргелі елдің, Оу, уақыт, тізгінін кімге бердің?
Арыстарды жазықсыз жапа шеккен Жүрмін іздеп ішінен түрмелердің.
Алтын сандық кеудесі көргенді елдің, Қайта жаққан шырағын сөнген ердің. Соғыстан соң шарқ ұрып көп сабылғам,
Әкемді іздеп ішінен өлгендердің.
Іркітіне қызықпай ірілердің, Айналғанның бірімін үніне елдің. Өткен қыста көз жұмған анамды әлі Жүрмін іздеп ішінен тірілердің.
Жұмыстарын жатқан соң бөтен істеп, Елді ұмытып қалғыған көкеміз көп. Момын жұрттың жоғалтқан асылдарын Суық көрге кіргенше өтем іздеп.
Көңілімнің енші алып жемісінен, Уақыттың у шашып желі ісінген. Кетсем егер жоғалып,
Мені жоқтар
Бір мұсылман табылар ел ішінен.
ҚҰДІРЕТ КҮШ
Сырқат меңдеп,
басымнан бақ тайғалы,
Көңілімнің жүдеулі ақ тайлағы.
Қырға барып, төріне Мәңгіліктің Мүмкін жүрген шығармын жантайғалы.
Емхананың жатырмын төсегінде, Шақырса да қол бұлғап көше күнде.
Ағып бара жатқандай сезінемін Пиғылы жат біреудің өзенінде.
Кеңістіктен жол іздеп тақтайлаған, Бақыт мені адасып таппай қалған. Қайтқан кісі секілді өрт сөндіріп, Өңім содан қызарып нарттай жанған.
Суық сәуле көзімде өрілгенде,
Кім былғасын күл шашып төрімді елде. Бақыт қайта басыма қонар еді,
Бұлт ішінен жұлдызым көрінгенде.
Қазаныңда бұрқылдап құрт қайнаған, Боз жусанды даланы жұрт жайлаған. Баянды елдің мен едім бір баласы, Қай құдірет басыма бұлт байлаған?!
Неге көңіл көзіме құм үйілген, Рухым қайда ел сеніп, жұрт сүйінген? Бақыт құсын маңыма жолата ма, Құдірет күш басыма бұлт үйірген.
КЕШІККЕНДЕ
Қай бақшаға түспедім жас шағымда, Жүзіп келем мен енді басқа ағында. Шақырмаған қонағым секілденіп Сорым шауып жетеді қас қағымда. Қадалғанда көз алмай жат тесіліп, Көңілімде бір ашу жатты есіліп.
Сорым ылғи кетеді алдын орап, Есігімді қаққанда бақ кешігіп.
Талай алтын уақытым желге кеткен, Күндер қайда семсерін сермеп өткен? Кейде өзім де кештетіп есік қағам Көктемдейін кешігіп елге жеткен.
Қырсық шалып, пәлеге кезіккенде, Өмір сүрген қайғы, азап кешіп пенде. Бір сұмырай кетеді алдымды орап, Бастықтарға кіре алмай кешіккенде.
ТАҒДЫРЫМДЫ КӨРЕМІН
Нарық заман қажырлы қауымды кеп, Сүйегіне сүйенген ауыл жүдеп.
Жолбарысы жұлқынған ыза-ашудың Буырқанған теңіздей дауыл тілеп.
Құтырғанда шаң борап, құм суырып, Етек-жеңін жимасын кім суынып.
Бұл қоғамды кір басып, Ауылдардың
Көз жасына малшынып тұр жуынып.
Омырауын жауынға, дауылға ашып, Тірлік етер жұрт қайда қауымдасып? Көшіп барған қалаға аз емес-ау,
Боз жусанды даладан ауыл қашып.
Азғын барда жылатқан өз анасын, Неге жаным шоқтанып қоздамасын. Қалаға ауып ауылдар,
Жұртқа тастап,
Боздатқаны бұл қалай боз даласын?!
Қатер бар ма көгінен төнген күнде, Құйын қанша суырған өр көңілде. Соғыс жүріп өткен бе деп қаласың, Қирап жатқан ауылды көргеніңде.
Азамат ер табылмай Арға қорған, Менің нұрлы көздерім қанға толған. Азып-тозған ауылдан жарығы өшіп, Тағдырымды көремін талқан болған.
ӨР КӨКІРЕК
Қанша шайып, жауса да боз жаңбырым, Қалай сәуле шашады тозған нұрым.
Иір бұтақ секілді қарсы біткен Неге қарсы өзіме өз тағдырым?
Кеудем менің толқыған теңіз еді, Айдынымда шомылып ел жүзеді. Өз тағдырым болмаса қарсы өзіме, Көңілімнің гүлдерін неге үзеді?
Көк бөрілер ішімде ұлып, өріп, Бөріліктің жатқанда ұрығы өніп, Тағдырымның бұл қалай сұстанғаны, Баянды елдің баянсыз ұлы көріп.
Айбарымды бір қырдан асырмаған, Күнім бар ма тағдырға ашынбаған. Жан сарайым қоңырсып бара жатыр, Үй секілді әйнегі ашылмаған.
Жығар мүмкін түбіме азап жетіп, Күннен-күнге барады маза кетіп. Тағдырымды өзіме қарсы айдап сап, Күлгендер көп сыртымнан мазақ етіп.
Келе жатқан ұстасып, тайталасып, Тағдырымнан құтылам қайда қашып? Қырсыққанда дүние
Жүрем кейде
Өзімді өзім жеңе алмай майдан ашып.
Биігімнен сырғанап төмен қарай, Көп сүрініп таяқты жегем талай. Жеңе алмасам егерде тағдырымды, Өр көкірек өзімді жеңем қалай?!
АҚ АРҒЫМАҚ ТҮСІМДЕ КІСІНЕГЕН
Алыстарға атылған жырым – жебе, Тасқа әлі де табаным тіліне ме?
Арыстан дауыс жігіт ем күні кеше, Шықпай қалған құмығып үнім неге!
Көмейіме жұп-жұмыр тас тығылып, Жатыр менің ішімде қасқыр ұлып. Қалың елдің ішінен қай кісі кеп, Алтын сандық кеудемді ашты ұғынып.
Ауласына кірмеген тай кісінеп Еңселі елдің әлі де қайғысы көп. Әрі-сәрі хал кешсе,
Аша қойсын
Алтын сандық кеудемді қай кісі кеп.
Бірақ, бірақ жолына қақпан құрып, Көк бөріні ішімде жатқан ұлып.
Ұстап алып терісін сыпырмақшы, Қаныпезер қылығын мақтан қылып. Дұшпан көздер кесегін лақтырса да,
Көңілімнің өзені аққан тұнып.
Ойда жоқта қан қызып туған елде, Боз далада бағымды қуғам мен де. Боз көйлекті неге өмір кешеді, айтшы,
Боз жусанды жұлқынып жұлған пенде?
Қалай ғана марқайсын көңіл өсіп, Көз алдымда жатса егер өмір көшіп. Атым шабан болса егер жеткізе ме, Қуғанменен бағымды өліп-өшіп.
Бірақ қашан ер жігіт бақ қумады, Бақ қуса да, қырында қақ тұнбады. Анам мені туса да ақын етіп, Биелерден мен мінер ат тумады.
Тал бойымда тебінбей күшім ерен, Солғын тартып барады сұсым неден? Мүмкін менің мінетін атым шығар Ақ арғымақ түсімде кісінеген.
МАРҚҰМ АНАМ ТҮСІМЕ КӨП КІРЕДІ
Өжет еді, Қылыштай өткір еді,
Марқұм анам түсіме көп кіреді. Ақша бұлтқа айналған ақ шәлісін, Желбіретіп ақ тудай көкке іледі.
Қайран анам қыр салтын жете білген, Түлеп ұшқан құс еді мекенінен.
Текті қызы болғасын текті елінің, Текті әкемнің ұстаған етегінен.
Қам көңілін көтеріп қайран елдің, Сауық құрған төсінде сайран белдің, Мені туған соғыстың өрт-жалында, Асыл жары болғасын майдангердің.
Тау төсінде жайқалып тұрған шынар, Ұл таптың дер сан қилы сынға шыдар, Қанды соғыс өртінде анам мені,
От ауызды ақын ғып туған шығар.
Өзі оқытып ұшырған түлегіне Бақыт тілеп, айналған тірегіне. Тоңғанымда қалтырап жапырақтай, Жылытатын мені орап жүрегіне.
Жүрмейін деп жағаға шығып қалып, Қашқан бақты ұстайтын құрық салып.
Анам барда денемді көрген емес Жыртық киім ішінен суық қарып.
Арай шашып, аймалап атқан таңы, Ұлы барда неге өшсін жаққан шамы. Тонға оранып жүрсем де тоңам ылғи Анам қайтпас сапарға аттанғалы.
Өжет еді, Қылыштай өткір еді,
Өртенгенде өзегі от тіледі.
Кім біледі,
Сағынып жүр ме мені,
Марқұм анам түсіме көп кіреді.
КӨП ЖҰМЫЛА БЕРЕДІ КӨЗІМ НЕГЕ?
Ойлы көздің түбіне мұң байланып, Өмір әлде бара ма сұрқайланып.
Бір қара құс, білмеймін, неге екенін, Әлі күнге төбемде жүр айналып.
Тіршіліктен жанымның суынғаны – Сұсты өмірдің жалт беріп құбылғаны. Көп жұмыла береді көзім неге, Жүрмесе егер мәңгіге жұмылғалы?
Айналсақ та айбынды өрісті елге, Көше толы көңілсіз көріністерге. Көзім, бәлкім, уланған... улағасын
Қайта-қайта у сеуіп көнбіс жерге. Сұлулыққа адамдар оқ атқасын, Неге асылын бұл өмір тонатпасын? Жоғалтты ма жарқылын көзім менің, Шырай көркін табиғат жоғалтқасын.
Жоғалтқанда табиғат шынайылығын, Қара жолы ашылған мың қайғының. Дүниені сұлулық сақтаса егер, Сұлулықты қорғағын – шын байлығың.
Шуағынан адамның жылу барып, Құлпырса егер қайыра сұлуланып, Сұлулыққа жанарын суарғанда,
Қай көздің де тұрмай ма нұры жанып.
...Тіршіліктен жанымның суынғаны – Фәни жалған жалт беріп құбылғаны. Көп жұмыла береді көзім неге, Жүрмесе егер мәңгіге жұмылғалы?
АНАМ МЕНІ КӨКТЕМДЕ ТУҒАН ЕДІ
Жамандықтың жерімнен көбі көшіп, Күннен-күнге барады көңіл өсіп.
Айдарынан, қайтемін, жел ескенді, Айдарымнан тұрғанда өмір есіп.
Тығырыққа тағдырым тірелгенде, Күреңітіп ой кешем күрең белде. Арпа ішінде бір бидай секілденіп, Қара тобыр ішінде жүрем мен де.
Ірі мінез жоқ болса іргелі елде, Қайда барам ішінде жүрмегенде? Жаяу қалсам,
Қайтемін жүрегімді
Кісінетіп күреңдей мінбегенде.
Баурайында жетіліп Көктөбенің, Талай дәурен басымнан өткен менің. Анам мені көктемде туған еді, Айналсын деп біріне көктеменің.
Мен туғанда мойынын бұрған шынар, Намысымды қалғысам бір қамшылар. Көгертсін деп тасты да көктем болып, Анам мені көктемде туған шығар.
ӨМІР – КІТАП
Бура – бұлттар төбеме шөккен талай, Жамырасып шуағын төккен де арай. Суық желдің өтінде мұздап қалған Жүрегімді жылытсын көктем қалай?
Өзге жұрттың қуатын ерен көрген, Ел оңа ма намысын терең көмген. Жүргенімде қой бағып, Құдықтарға
Менің бала арманым шегенделген.
Талай мәрте ішіліп шырын қаным, Тайдай тулап есімде шыңғырғаным. Кереңдердің торына түсіп қалып, Шырылдаған торғайдай шыбын жаным.
Ұмытылып тартпада жырым қалып, Қайда алқынып бармады шығындалып. Сай-сүйегім сырқырап уатылған Мылқаулардың қолында сығымдалып.
Тартылсам да өзендей талай тасып, Қысастықтан құтылам қалай қашып. Беті шұбар қатыбас тас қоғамда,
Кім- кімдерге жүр дейсің қарайласып.
Бала жастан аз емес ұғынғаным, Айтылмай жүр бірақ та ғұмырлы әнім. Мен ішетін бұл күнде уға айналған Ұлықтарға ұры деп ұрынғаным.
Елде бірақ еленіп, еленбейін, Ұл туады әлі де менен кейін.
Күйреп жатқан күндерім аз емес-ау, Тауға адасып соғылған кемедейін.
Ілінгенде қандауыр қармағына, Дүңдік қанша оқ атқан арманыма. Не істейді айналып кетсем егер Өмір деген кітаптың тармағына?!
ӨЗ БАҒАСЫН БІЛГЕН ЕЛДЕР
Найзағайдай күркіреп дүрбелеңде, Өлсем, жатам жыр толғап бір белеңде. Елін сатқан кілең ез ер атанып,
Ерлер қанша еленбей жүрген елде.
Елемейтін болса егер есіл ерін, Бұрқақ атып бұлдайды несін елім. Ел ішінде елеусіз жүрген ерге
Қатындардың көп көрдім тепсінгенін.
Нұры сіңбей келе ме санаға Айдың, Күні қараң екен-ау жаны арайдың. Қара орманда сүйегім сырқыраған, Кесілгенін көргенде қарағайдың.
Биігінен үн қатқан мінбелердің Ірілігі қайда бұл іргелі елдің? Көтереді жалғанда кім обалын Ел ішінде еленбей жүрген ердің.
Жырлағанда қазақтың боз даласын, Аруақтанып өзің де қозданасың.
Ту ғып ұстап ерлердің бағын ашқан Білген елдің бәрі де өз бағасын.
ЕСІК ЖАҚТАН БІР ДЫБЫС ЕСТІЛЕДІ
Жаным неге, ойпырмай, кеш түледі? Өткен күн де киімдей ескіреді.
Жылы лебі көктемнің секілденіп, Есік жақтан бір дыбыс естіледі.
Мынау арсыз тірлікте жалықтырған Көңілімді кім сонша қамықтырған? Есік жақтан естілген сол бір дыбыс Асықтырып кімді де жанықтырған.
Көп адасқан бақытым шығар, бәлкім, Дүңкілдетіп есікті қағып тұрған.
ЖАЛҒЫЗ ШЫРАҚ
Орман, тоғай... бәрін де жарып өткен Суық ызғар жүр мені қарып көптен. Қандай боран соқса да, Сөнбейтұғын
Шырағымын әкемнің жағып кеткен.
Әкем менің ер еді жау қашырған, Ол бар жерде өршіген дау басылған. Жауынгерден таужүрек ұрпақ қалса, Көк базар да жаңылмас саудасынан.
Мен деп ойла күн-түні сөнбей жанған Жалғыз шырақ көрсеңіз тау басынан.
ҚАБАҒЫНАН МҰҢ КЕТСЕ...
Қысастықтың көнбедім қандайына, У тамызып сынаған таңдайыма.
Алматыға шыдамай жол тартқанмын, Арманымның жармасып шалғайына.
Кеудемде арман бүр жарып көктегенде, Өмір барын сезінгем отты өлеңде.
Ауылымда жүрер ем қозы бағып, Мені тілдеп біреулер сөкпегенде.
Көңілімнің неге де хошы қанып, Ауылымда жүргенде қозы бағып, Жұрт назарын өзіме аударам ба, Жұлдыздайын құйрықты созыла ағып. Алматыға асығып жеткенімде, Жанған еді бір жұлдыз текті елімде.
Сиыр қоғам мүйіздеп, Күндер қанша
Шығып қала жаздаған шетке мүлде.
Бұл қоғамда бір-бірін түртпектеген Күншіл көп те бүр жарып кім көктеген. Түтін жұтқан қалада ақын қанша Қабағының астынан мұң кетпеген.
Мұң кетсе егер ақынның қабағынан,
Өлең тумай дұшпанға таба қылған. Қабағынан мұң кетсе,
Айырылған
Қызыл бидай секілді сабағынан.
ӘКЕМНІҢ КӨЗІН КӨРГЕН ҚАРТТАР
Туын биік көтерген тұғырлы елде, Жарар еді айналсам ғұмырлы ерге. Мен әкемнің жалғыз тал шыбығы едім,
Шаншып кеткен құнарлы жұмыр жерге.
Көкірегін шермеңде шер кернеген, Шыбықты да жұбатып жел тербеген. Тастап кеткен аға көп орта жолда Еркелетіп қасына ертер деген.
Жетім болсам бір кезде жылап жүрген, Азаматпын бұл күнде құла мінген.
Көз жасы да шығармын мен әкемнің Тасқа тамған тамшыдай тұна білген. Туған елдің көрікті көшіне ерген, Бір әулетпін қуатты өсіп-өнген.
Қайран қарттар азайып бара жатыр Майданда өлген әкемнің көзін көрген.
Зерттелмеген бәрін де әлем көріп, Сыйлайтынмын көңілім сәулеленіп. Сол қарттарға әкемнің көзін көрген Болар емес қайтпасам сәлем беріп.
АТА ҚАЗАҚ
Тұла бойы сомдалған қайғы, азаптан, Қайсарлықты таппадың қай қазақтан Бойын намыс қысқанда тайсақтамай, Мерт боларын білсе де Айға шапқан.
Дала жұрты, әрине, қарапайым, Болашаққа бірге еріп барады Айым. Суық желдің өтінде қалған талай Әрбір қазақ –
қара нар қарағайым.
Құмға адасып құйыны, желі қалған, Боз даланың өр мінез ері тарлан.
Жаяу Мұса секілді беті қайтпай, Жаяу жүріп аттыдан кегін алған.
Тік көтерген Байрағын көк бөрілі, Арлы жұрттың қайда да тоқ көңілі. Ұлан байтақ даласын жаудан қорғап, Ұлы шайқас үстінде өтті өмірі.
Жауға бермей қорғаған боз даласын, Қазақ неге білмесін өз бағасын, Ғасырлардан ғасырға көшін тартқан Өзі киген сауыттай тозбағасын?
Замананың қабағын, сесін бағып, Көңілінің жылынған пешін жағып, Көкжал қазақ ашығып өлер кезде, Асып жеген қоң етін кесіп алып.
Іштен іріп, іріңдеп бүлінбеген, Қасиетін бұл жұрттың кім білмеген. Таулы жерде аңдамай сүрінсе де, Даулы жерде сөз таппай сүрінбеген.
Тартса да азап, өмірден түңілмеген Жаугер жұртқа арпылдап кім үрмеген. Ана алдында тізесі бүгілсе де,
Жау алдында ешқашан бүгілмеген.
Ұран қосқан дем беріп ұраныма, Дүние өзгермей осылай тұрады ма? Қалай десең олай де,
Қабырғалы
Қазақ болып мақтанам туғаныма.
МЕНІҢ КҮНІМ ТУАДЫ
Ұста – өмірдің шыңдалған көрігінде Неге өзгеріс жоқ әлі өмірімде?
Қырсық шалған бұл өмір менікі емес, Суық үрей ұйытқан көңілінде.
Түссем егер қаңбақтай аттан ұшып, Жүрсін қалай менімен бақ қауышып. Кезегімді бергенде,
Нұрлы өмірім
Кете барған секілді жатқа ауысып.
Боз даланы боздатып шиырлаған Күндер зулап өтуде құйындаған. Мендей бейбақ жоқ шығар жер бетінде Өз өмірі өзіне бұйырмаған.
Өзендеймін ауытқып арнасынан, Дариясына өзінің құйылмаған.
Ит секілді жүрмейтін арамдамай, Арандатқан мені де адам талай. Қырсық шалған өмірі жат біреудің Ойда жоқта бұйырған маған қалай?!
Тағатымды уақыт тауысқанда,
Не істеймін жанымның тауы ұшқанда?! Күнім бірақ туады,
Қайта оралып,
Өз өмірім өзіме ауысқанда.
ВОКЗАЛДА
Даң-дұң оймен жүргенде миым қатып, Өмір өте шығады-ау құйындатып.
Кімдер екен, шіркін-ай, Менің өмір
Сүруімді жіберген қиындатып.
Жанарымда жалғыз от тұр ма жанып, Қабағыма көк мұнар мұң қамалып.
Әділетсіз мезгілде кеткен еді Менің өмір жолдарым бұрмаланып.
Түзетілмей келеді әлі күнге,
Өкпе, назым бұл күнде дәрі кімге? Жаны бірге дегенге кім сенеді, Адамдардың шырқалмай әні бірге?!
Қырда қалған қой баққан жетім күнім, Түзу жолдан қайтарсын бетімді кім?
Жат біреудің құм басқан арнасында Ызалы аққан шерлі өзен секілдімін.
Намыс қайда тереңнен тебінетін? Жер де қалмай барады шегінетін. Біреулердің жүр ойнап тақымында Ақбоз ат та әуелі мен мінетін.
Мені өмірге тау тұлға тіреу көрме, Жұрттың бәрі бұл күнде бітеу кеуде. Мен алатын сыйлық та
Кете барған
Сыбаға боп тартылып біреулерге.
Қалай төзіп, шыдағам күйігіне, Оқ атқанда жырыма – киігіме.
Менен бұрын біреулер шығып алған Мен шығатын Алтайдың биігіне.
Арқалаған тірлікте мың күнәні, Өксіп өткен өмірге кім кінәлі? Билет алған пойызым жүріп кетіп. Тоңып
суық вокзалда жүрмін әлі.
КӨКЖИЕКТІ БАҒЫП ТҰРАМЫН
Түнеріп көктен төнетін, Қатерге мен бе көнетін. Көздерім дүрбі секілді Қырымдағыны түгел көретін.
Шөкім бұлт көрсе бұғынған, Қорқақтан көңіл суынған.
Қос қолым – қайқы қос қылыш Жең-қынаптарға сұғылған.
Жайқалып өсіп бау-бағым, Көк орман болған тау жағым. Бес салалы арна емес пе,
Бес салалы жуан саусағым.
Тіс қайрағандар тістіге, Рухымнан менің күшті ме? Қастарым, мүмкін, Ай шығар Қабағымның біткен үстіне.
Биікте жанып шырағым, Бұлқынып аққан бұлағым. Еш найза тесіп өтпеген Қалқаным – қалқан құлағым.
Ақ сәуле тарап санамнан, Күш-қуат жиғам даламнан. Бурыл шашым – антенна
Сыр тартқан барлық ғаламнан. Бойымды билеп бір ағын, Ойымды билеп бір ағын,
Күн қалай батар екен деп, Көкжиекті бағып тұрамын.
АЗАМАТ ЕРДІҢ ТАЛАЙЫ
Арлы анам мені туғанда, Бір жұлдыз жанған аспанда. Тағдырым торын құрғанда, Мейірім күткен тастан да.
Құлдырап бағым қашқанда, Қуанған тобыр сөз қуған.
Көзімді жаңа ашқанда, Майданда әкем көз жұмған.
Шеп бұзған жаулар қайдан да, Құрдымға кетіп жоғалған.
Көз жұмған әкем майданда Қайғым боп елге оралған.
Әкемді атты қай мерген? Қан ішіп сұмдық мастанған. Емшек емес, қайғы емген
Шерлі өмір солай басталған...
Арманын, мұңын арқалап, Жатты өтіп күндер зуылдап. Жетелеп мені нар талап,
Өн бойым қызған дуылдап. Төбемде ылғи жүрді ұшып, Бозторғай – жырым шырылдап. Кетпеді жылап кімге есем, Жаңқалап мені жонғанда.
Кей-кейде мұнар мұң кешем, Көкірегім шерге толғанда.
Әкемнен қалсам адасып, Бір жасқа жаңа толғанда. Тағдырыммен де таласып,
Күн кештім мұздап тоңғанда. Шыңғырған құлын-жүрегім, Қатыгез қолдар шалғымен Арманымды шауып орғанда.
Мұқалған сондай күндері, Мұңымды жатам жастанып, Таулардың нәзік гүлдері Өскен деп ерен тас жарып.
Оңаша жүрсем, өзімнен Сескенем сұмдық жасқанып. Миналап кетсе қайтемін, Басымда сойқан басталып.
Туса да алда қандай күн, Әйтеуір бір тал қармаймын. Көк тұман басқан орманда, Адасып жүрген жандаймын.
Кірпігім үшкір сұр жебе, Ендеше мені күндеме.
Көк тұман басқан орманда Адасып әлі жүр деме.
Ішіне мұздай тоң қатқан, Дұшпанын жеңіп орға атқан Азамат ердің талайы Адасып жүріп жол тапқан.
*** Туғандар асып Алаштан
Жұртына түгел қарасқан. Иттер де көп-ау бірақ та Сүйекке қырғын таласқан.
Ырзығын елдің тауысқан Қаптаған ала сауысқан.
Ер жігіт қанша бұл күнде Сайқалмен сайда қауышқан. Егеулі найза ердің де, Ерерін білмей кімдерге, Алжасып есі ауысқан.
Балауса шөбін текке орған, Көкірегі елдің дерт толған. Адасқан қыран боранда Соғылып тауға мерт болған.
Жұлынып тамыр-түбінен, Жұрт көп те іштен іріген. Қазақты аз деп кім айтар Адасқан ана тілінен.
Қазақстан – қаймақ, кілегей, Қылқытып жұтқан кіл өгей. Сыпырып кеткен байлықты Адасып келген шүрегей.
Жаралған қорқау пішінде Зұлымдық әлі күшінде. Адасып жүрген жұрт қанша Ақ айдын әлем ішінде.
Тектіні терең орға атпай, Кімді кім жүрсін қорлатпай. Адасқан жұрттың біріміз, Болашаққа барар жол таппай.
Білгеннің тілін алмаған Алжасып қайда қалмаған.
Адасқан елді Құдай да
Жөн сілтеп жолға салмаған.
АРҒЫМАҚТАР ТУҒАН ДАЛАДА
Қасқырлар талап түсімде, Сарқылған қуат, күшім де. Тұрғандай кейде сезінем Ұстараның өткір жүзінде. Біреулерге жазықтымын Тірі жүргенім үшін де.
Сан алуан шөптер секілді Кімдер жоқ елдің ішінде.
Жайыңды сенің білер кім, Тұрғанда артпай құны ердің? Ойлы елдің озса ойсызы, Ұрысы ұлық ұлы елдің.
Сор, азап белден кешкенде, Алдыңнан самал ескен бе. Жығылсаң тұяғын төсеген Есектер жоқ па есті елде.
Алысқа тартса көк кеме, Қызынбасын неге от дене? Кемеңгер елде сөз ұқпас Кеңкелес жандар жоқ деме.
Мылтықтар барда оқталған, Жан сақтар бізде жоқ қорған.
Кит өсірген кемел елдің де Иттері де ерен көп болған.
Найзағай ойнап санада, Көрінсем де қилы салада, Күйзелмей қайтем, Шалғыны
Жайқалған жасыл жағада, Ақымақтар қаптап жүрсе егер Арғымақтар туған далада.
АЖАЛ МЕНІ ЖЕРІМНЕН АЙЫРА АЛМАС
Көз жанарым, қабағым мұңға апталып, Емханада жатырмын сырқаттанып.
Төсегімде кей-кейде аласұрам, Қысқы боран секілді бұрқап қалып.
Қырдан басқа қай жерден тұрақ табам, Табыт мініп жөнелсем қырға аттанып.
Болашаққа бет бұрмай, шұғылаға, Көшім ауып бара ма құбылаға.
Сайқал егер болмаса қайран өмір, Қас қағымда мың мәрте құбыла ма.
Ақ шатырын құйын, жел жұлқылаған Емханада жатырмын тұнжыраған.
Қарапайым жан болсам қара жаяу, Шауып келіп, халімді кім сұраған?
Тереземнен ақ сәуле сырғанаған Ару қыз ба жарқ етіп бір қараған?
Күңіреніп күндерім жатыр өтіп, Көкірегін көк мысық тырмалаған.
Мына қарау қоғамда кім болды екен Менің өмір жолымды бұрмалаған?!
Жастық шағым булығып шырғалаңда, Не көрмедім туғалы сұр ғаламда.
Жабысты ма бұл сырқат Ұры – уақыт
Менің қуат-күшімді ұрлағанда.
Көңілімде бір бұлақ тұнып ағып, Жатқанымда жанымның қыбы қанып, Не істеймін, лақтырса ажал мені
Көк жусандай төсектен жұлып алып?!
Асып-саспай жүрсем де кемерімнен, Жан болдым-ау өлімге шегерілген. Ажал бірақ жерімнен айыра алмас, Айырса да боздатып мені елімнен.
ҚАҢҒЫҒАН ОҚ
Адамзат Рухын жоқтамай, Зулайды күндер тоқтамай. Сұр мерген, сірә, көрдің бе, Мылтығын жүрген оқтамай.
Пәрмені күшті кіл мықтың Түбіне жеткен шындықтың. Азамат ердің бірімін Аузында жүрген мылтықтың.
Бөрідей шулап, түнде өрген, Көздеді қанша сұр мерген. Елімде киллер жоқ деме Кісі өлтіріп күн көрген.
Ойы аласа көк талдан Әділет күтпе соттардан. Тәңірім сақтап келеді
Сұр мерген атқан оқтардан.
Зұлымның бәрін жек көрем, Сондықтан сұмдық кектенем. Қаңғыған оқтан қайдағы Өлмесем екен деп келем.
БЕС КҮНДІК ӨМІР
Тік қарасаң адамның көзіне аларған, Қуқыл тартып,
өң-түсі бозара қалған.
Қанды ұрыста ысқырып жебелер кірген Шұрқ тесік сауыттай тоза ма Жалған.
Жаратпаса отын ғып жаға салатын, Тағдырменде тарланмын таласа алатын. Аласартып өмірді үлгерген жоқ па, Аласаны көп туып аласа қатын.
Ой-сана да аласа, Аласа арман,
Болашаққа жас бар ма бал аша барған. Тең-теңімен жүретін заң қабылданып, Кім аласа өзара жараса қалған.
Өмір деген жөңкілген көкала сағым, Қайдан табам біреудің жоқ болашағын. Аласарып барам ба күн өткен сайын, Іштерінде жүрген соң көп аласаның.
Намыс қайрап намысты шабақтағанда, Күнім тауға шыға ма Ар аттағанда.
Ызалы өмір кешпес ем жұлдызым жанып, Иттеріне ит тірлік талатпағанда.
Көк кемеден лақтырып кете баратын, Мені уақыт кәдеге жаратпағанда.
Кім біледі,
Еліме керек шығармын,
Қалың орман ішінде терек, шынармын. Арсыз ажал балтасын көздеп сілтесе, Опырылып омыртқам мен де сынармын.
Бетін дауыл сапырған көлім тыншығар, Қандай қиын жолда да көлігім шыдар. Жана-жана қысқарған пілтесі шамның Менің қалған бес күндік өмірім шығар.
ӨЛГЕНДЕРДІ ТҮСІМДЕ КӨП КӨРЕМІН
Қалай қуат береді отты өлеңім, Құлағалы тұрса егер көк терегім. Ана жаққа жүрмін бе аттанғалы, Өлгендерді түсімде көп көремін.
Өткізсін, өткізбесін мені өзеннен, Қызық көрер шағымда неге өшем мен?
Кейде ұйықтап жатқанда Сығалайды
Өлгендердің кейбірі тереземнен. Көз жұмса да ғашық па ақынға әлі,
Өлген қыздың бұл қалай шақырғаны? Қыз боп мені шақырған сайтан шығар, Көкжиекке күнімді батырғалы.
Ырзығым боп жайқалса еккен егін, Тіршіліктен мен қалай шектелемін? Есігімді бір күні қағар менің Талайлардың түбіне жеткен өлім.
Көсегесі көктей ме көргенді елдің, Көздерінен мұң кетпей өлгендердің. Сөзін сөйлеп жүргенде мен де өлермін Жарық күні жалп етіп сөнгендердің.
Қанша тасқын болса да орғып аққан, Кім қайтарсын ажалдың оғын атқан. Кенет шошып оянсам...
Дүрс-дүрс еткен
Жүрегім екен атқақтап соғып жатқан.
МҮМКІН ҚҰРЛЫҚ ШЫҒАРМЫН
Жыртығына жамау боп қоңыр елдің, Құбылысқа құбылмай көңіл бөлдім. Қызығы мен шыжығы араласқан, Өмір көрдім,
Мен біраз өмір көрдім.
Азаматтың қосылып санатына,
Кір түсірмей күн кештім Ар атына. Жерде жүргім келмеді жұқсыз көп деп, Қыран құстың жармасып қанатына.
Таулары алып ер жігіт, даласы алып, Көрген емес еш жерде аласарып.
Өмір – өзен болса егер, Сол өзенмен
Толқындарым жарысқан таласа ағып.
Асыл ерлер көп болса нұр тұлғалы, Жақсылық па жағамның жыртылғаны. Ат үстінде жүрмін мен
Көңілімнің
Терезесін біреулер сындырғалы.
Қараулықтың құрымай құрықтары, Көгере ме шындықтың шыбықтары. Сынған кезде терезем жан-жаққа ұшып, Шашыраған сәулемнің сынықтары.
Тұрғанда атып ақ таңым арайланып, Құзырлыға құл болам қалай барып. Сүйегіме сіңірген қасиет көп, Тамырымды қуалап қан айналып.
Арманымды тербетіп жыр ескенде, Шындық іздеп жүрегім күресті елде. Өмірімнің шырағы сөне жаздап, Қайта жанған өліммен тірескенде.
Ғұмыр кешкен Арына кір түсірмей, Өрт жанымды көп тобыр жүр түсінбей.
Есік қаққан ажалды қуған жоқ па, Менің асқақ өр Рухым бір кішірмей.
Ер-тұрманын, сайманын түгендеген, Мына жарық Жалғанда кім өлмеген. Мұз боп қатқан сүр қардай көрме мені, Есіктердің алдынан күрелмеген.
Өмірді ерттеп мінгендер Бас білдіріп,
Өлімді де асаудай жүгендеген.
Тасқайнардың суын да қанып ішпей, Жанықсам да жұртымнан жарық үзбей, Сарайларға кіре алмай кірем деген, Солып барам сарғайып сары күздей.
Мені өзіне ұлық көп тең көрмеген, Кербездер де менсінбей кердеңдеген, Ебелек те елемей ербеңдеген; Кебенек те кергіген мені ұнатпай Қасқыр көрсе құлағы селтеңдеген.
Желбуазға қай ақын ұнаушы еді Үрлеп қойған қарындай жел кернеген. Кіріп шыққан ішіме кісі бар ма Мынау сырқат қоғамда емделмеген.
Мүмкін кітап шығармын оқылмаған, Мүмкін құрлық шығармын зерттелмеген.
ІЗДЕР
Серуендеп қайтсам да қырға шығып, Су сепкендей көңілім тұр басылып.
Ескі жұрттан ізімді көп іздедім, Терең көміп үлгерген құм жасырып.
Өмір үшін тағдырмен көп тіресіп, Көктеді ме алдынан көктем есіп. Неге ізімді таппайын,
Жайқалса егер,
Іздерімді қуалап шөптер өсіп.
Көңілімде бір аспан күркіреді, Күркіреген даусынан қыр түледі.
Жал-жал болып жайқалған жасыл шөптер Ізіме өскен шөп шығар, кім біледі?!
Біреулердің асығы алшы тұрған, Мынау арсыз тірлікте сан құбылған. Қанішерден елімді сақта, Құдай, Іздеріне шөп шықпай қан шұбырған.
ӘКЕ РУХЫ
Аштық жылы қырғызға ауып барған, Әкемнен де жыр-думан, сауық қалған. Қайтарында сатып алған ақбоз үйдің Шаңырағына нұр болып жауыпты арман.
Тауы ұқтырған өрлікті, құзы ұқтырған, Жұрттың бәрін ақбоз үй қызықтырған. Анам мені сол үйде туған еді,
Сұм соғыстың кезінде қызып тұрған.
Асыл ерге десек те өлім жоқ деп, Ұшқан жоқ па ысқырып көгімде оқ көп.
Көзі тірі кезінде арлы әкемнің Ақбоз үй де тұратын Өмір көктеп...
Көк жусанын жанымның талай жұлған, Қилы кезде қай көзге арай тұнған.
Әкем менің өлгенде, Қаратаудың
Құлап кетпей бір шыңы қалай тұрған.
Тал-дарақтың жұлынып жапырағы, Сөнген еді көп үйдің шамшырағы. Дауыл соғып өткенде
Ақбоз үйдің
Тұрып қалған құламай шаңырағы.
Сырлы әлемде ұлысы, ұрысы бар, Өрт жанымды кісінің нұрлысы ұғар. Шаңырақты құлатпай сақтап қалған Майданда өлген әкемнің Рухы шығар.
БАСТАП КЕЛЕМ КӨШІМДІ КҮНГЕ ҚАРАЙ
Көшпенділер секілді жиі көшіп, Жолымды ылғи жүреді құйын кесіп. Кісі бар ма дем берген
Жүргенімде
Жараланған бөрінің күйін кешіп.
Көздің жасы мөлдіреп көк кесемде, Әлі талай, білмеймін, от кешем бе. Жұпар атып гүлдемей келем неге, Көктем сайын бүр жарып көктесем де.
Кеңістігім тұрса да арайланып,
Қара бұлт жүр төбемде тағы айналып. Қалтыраған жанымның жапырағы, Суық желдің өтінде талай қалып.
Көсегесі көгерген көшелі елде Қаңғып қалған жан қанша көшелерде. Зауал туса көсеудің күйін кешер, Көшін түзу бастаған көсем ер де.
Еріккенге болмайын күлкі кейін, Үркіп қалған үмітті үкілейін.
Кім ұғынсын Жалғанның жалғандығын, Бақ қашпаса басынан түлкідейін.
Кемеңгері көп елде, кемел елде Арманымды арқалап келем мен де. Менің бақыт жұлдызым жанар еді, Жолбарысы Жамбылдың жебегенде. Кейбір жерде топ жарып өктемдігім, Ақ сәулесін төгеді көктен Күнім.
Айдынымды асырып асқақтайды, Алыстарға естіліп көктемде үнім.
Көркімді ашып көгімде күлген арай, Шұғыласын шашады кімге қалай.
Мұратыма жетсем де, жетпесем де, Бастап келем көшімді Күнге қарай.
ҚАЙҒЫМ МЕНІҢ...
Жүрмесем де күн кешіп таңғажайып, Қатарыңнан бұл күнде қалған да айып.
Кейде киіп үстіме қара киім,
Аза тұтып жүремін қан қарайып.
Сүйрегенде мені алға шынар талап, Арманымды шабады кім жаңқалап? Қара киім үстіме киіп жүрем,
Жыр жазбаған күндерім мұң арқалап.
Көңіл күйін күмбірлеп дала шерткен, Адам аз ба мен құсап жапа шеккен. Өр көңілім қардан да әппақ әлі, Түспесе де үстімнен қара шекпен.
Бір азамат болсам да қарағайлы, Қара шекпен дегенім қара қайғы. Сәуірлердің сәулесін мол сіңірген
Ер жігіттер қайда жүр жаны арайлы?!
Күлмеді ме сұсты өмір бетін беріп, Қайғым менің қай жерде жетілді өніп? Сыпырылып бәрібір түседі ертең, Қабыршағы жыланның секілденіп.
МАҢДАЙДЫҢ СОРЫ
Иттер көп те ерге де, елге де үрген, Бала емеспін желігіп желге мінген. Көк аспанның болса егер бұлты қалың, Соры қалың бейбақпын жерде жүрген.
Қай талапты қалып ем орындамай, Тіршілікте болмады жолым талай.
Бұлты аспанның тұтасып тұрса егерде, Арылады маңдайдан сорым қалай?
Түлкі көрсе қызынып тұра қуған, Кісі бар ма бұл сорды мұра қылған. Сорым менің бес есе қалың болар Таулы өлкенің тұтасқан тұманынан.
Үзілсем де үсіген үміттейін, Жігерімді жасытып үгітпейін. Сорым қайнап жүргенде Ойда-жоқта
Дерт жабысты қан сорғыш сүліктейін.
Бір басыма бір бақыт тұрақтамай,
Жақсам – жаққан шығармын шырақ талай. Сырқатымнан жазылып мен кетермін, Арыламын сорымнан бірақ қалай?!
КҮНТІЗБЕНІҢ ЖЫРТЫЛҒАН БЕТТЕРІ
Уақыттарым жоғалған текке кетіп, Мені қалай көгертсін көктем етіп. Көк пойыздай көпірден өтіп кеткен Өмірімнің көбісі кеткен өтіп.
Құбыланың соққанда өкпек желі, Көңілімнің дүрліккен көк кептері. Жыртылмаған парағы аз қалыпты-ау, Күнтізбенің жыртылып көп беттері.
ТАҒДЫР СЫНЫ
Көбейсе де ұрдажық ұраншылар, Кісі шақпай тұра ма жылан шұбар. Улы тіске оқ болып атылсын деп, Анам мені албырап туған шығар.
Өмір кештім бірақ та тұнжыраған, Жолдарында ақ шаңы бұрқыраған. Күмбірлеген күйінен жаңылдырып, Домбырамның құлағын кім бұраған?
Отау тігіп, мал-дәулет құрағалы Кімге дәрі жанымның тулағаны.
Мүмкін туған шығармын мен анамнан Сыбағамды өмірден сұрағалы.
Сыбағамды біреулер бұрын барып, Қағып кетті жүрмін деп шығындалып. Өмір өгей шешемдей ызғар шашып, Тынды ақыры көзімнен нұрымды алып. Қырық жамау жүрекпен келем енді, Иттер тартқан терідей жырымдалып.
Жүрмегесін тірлікте жинақталып, Жаттым талай ескі үйдей қирап қалып. Жай түсірген төбеме күндер қанша, Бұлтсыз күнгі найзағай сияқтанып.
Қиындыққа қанша жыл шыдағалы, Өмірімді қайтадан құрағалы.
Қатал тағдыр азапқа салған шығар Менің асқақ Рухымды сынағалы.
КҮРКІРЕГЕН КҮН ДАУЫСЫ
Құйылғанда көгімнен нұр сауылдап, Кім болғаным көңілім тұрса ауырлап. Бүгінгінің білімді адамдары
Бірін бірі, қайтейін, жүр сауырлап.
Нұр сауылдап көгімнен төгілгенде, Көріктене түсемін көңілді елде.
Ірілігін көрмедім ірілердің Кісіліктің іргесі сөгілгенде.
Қай дүңдүктің қараймын қабағына, Өлең болып өмірім өрілгенде.
Жұлдызым да жанатын шығар, бәлкім, Жұлдыздардың ішінен көрінгенде.
Арманымның жалынан мықтап ұстап, Шауып келем өткенге жыр бағыштап. Алыстаған кемедей жағалаудан Менен, сірә, көрген бе жұрт алыстап – Көздерінде найзағай жарқ-жұрқ етіп, Өлең оқып тұрғанда Күн дауыстап.
Қуат беріп жаныма есті пенде, Мені жаман демеген ешкім елде. Жарыса өлең оқығым кеп кетеді, Күркіреген Күн даусы естілгенде.
ҚҰДАЙ БАРДА...
Жер бетінің сұмдығын дүлей көріп, Бүткіл ғалам күн кешкен үрейленіп. Ойран салған ойсызда есеп бар ма, Отбасыңа жақсылық тілей келіп.
Көрінгенді көзге ілмей қыра берген, Зұлмат күштер – қатыбас құла мерген. Содан, сірә, жұлдыздар қашып барып, Түнгі аспанға жамырап шыға келген.
Ару қыздай ынтыққан сүйгеніне Қарай қалған жәудіреп сыйлы еліме, Жұлдыздарды ұқсатам жез түймеге Зеңгір көктің тағылған шинеліне...
Жұмақтың да есігін өктем ашып, Күннен-күнге бүлінген шектен асып, Адамдардың шошытып зұлымдығы, Кеткен дейді Құдай да көкке қашып. Құтырынған құйыны қырға тарап,
Күн кешсем де қайғы мен мұң арқалап, Ардан тайып, ала жіп неге аттаймын, Құдай барда көгімнен тұрған қарап.
ЖЕСІРЛЕРДІҢ ЖАН ШЫРЫЛЫ
Көңілімнен тасқындап жыр ағылып, Көзім шайдай ашылған мұң арылып.
Соғыстан соң жетілген жетім едім, Көз жасыма өзімнің суарылып.
Көктемдердің көзінен шуақ көріп, Арман қуғам бұлқынған бұлаққа еріп. Бір ауылдың бірге өстік жетімдері, Бірімізге біріміз қуат беріп.
Әкесі бар балалар бір жүретін, Сабаймыз деп біздерді дүрлігетін. Кілең жетім біріктік,
Қасқыр көрсе,
Иттері де ауылдың бірігетін.
Дүрлікті ауыл мұны естіп, дүрлікті ел де, Үйлеріне тығылып шірік пенде.
Бұлшық еті даланың секілденген, Кілең жетім топтанып біріккенде.
Кім-кімді де есінен бір тандырып, Бәрі шыға келген-ді қырға атылып. Алған беттен жетімдер неге тайсын, Іштерінде көк бөрі тұрғанда ұлып.
Тәңіріге жалынып мына Жалған, Ұрпақтары болатын сұрап алған. Қос жағасы өзеннің секілденіп, Екі жаққа сап түзеп тұра қалған.
Үлкендердің сөзіне құлақ асқан Жетімдердің көңілін қына басқан. Мұрынынан дірдектеп қан аққанда, Әкесі бар балалар тұра қашқан.
Кісіліктің қаратып бетін жерге, Бәрі құлдық ұра ма жетілгенге. Сөзін сөйлеп әкелі балалардың, Бүткіл ауыл жабылған жетімдерге.
Жесірлерге бұйырмай өз тоғайы, Құзырлының қашанда озған тайы. Жетімдерін қорғаған сонда аналар, Кеудесінде шырылдап бозторғайы.
Қайғы-мұңын таратқан үлестіріп,
Сол жылдардың қалса да жыры ескіріп, Жесірлердің сондағы жан шырылы.
Құлағыма әлі де тұр естіліп.
ТАҒДЫРЫМ ТАЛҚАН БОЛҒАНДА
Өскенмін мен де ашынып, Қаламым – найза ұштаған. Жүрегім еді жасырып Кеудеме тығып ұстаған.
Күн кешкен мені сағалап Жүрегіме қанжар сермеме. Сұм аз ба кеткен жаралап, Тықсам да зындан – кеудеме.
Күш-қуат жиып елден мен, Бекінгенде белді буынып, Ажал да зындан – кеудемнен Жүрегімді алмақ суырып.
Ақын көп кеткен арманда, Жарты бақытқа да кенелмей. Жүрегім жарық Жалғанда Келеді, жүдә, не көрмей.
Өмірге жылап келгелі,
Бар ма азап жаным төзбеген. Тағдырдың сұсты мергені Жүрегімнен талай көздеген.
Құламай намыс-тірегім, Ақынмын ардан жаралған. Оқ тескен қызыл жүрегім Жапырақтармен жамалған.
Жыр жазып әппақ қағазға, Ой кешкен ылғи сарылып, Инфарктан өлген жан аз ба, Жүрегінде бомбы жарылып.
Арам шөп өссе шарбақта, Ормайын неге шалғымен. Еліме түсер салмақ та Жүрегіме түскен алдымен. Мұқалмай өмір – орманда, Мұратқа қалай жетермін. Тағдырым талқан болғанда, Жүректен, мүмкін, кетермін.
ӘКЕМ ШЫҒАР
Биігіне көтерген қалың шынар, Асыл еді азапқа жаны шыдар.
Қызғалдақтар – шашырап қырқада өскен, Майданда өлген әкемнің қаны шығар.
Жалт-жұлт еткен жанары жарақтайын, Неге әкемнің өр рухын жаратпайын.
Орақ мұрты әкемнің шығар, бәлкім, Көктегі Ай иілген садақтайын.
Қосқан аты бәйгеден жеке келіп, Өзін ылғи жүретін жебе көріп. Жұлдыздары жамырап тұрған шығар, Көк аспанды құлатпай шегеленіп.
Қысастығы балағын түріп жеткен, Өмір кімге қарасын күліп тектен. Қалың орман – әкемнің шашы шығар
Сұмдықтардан шошынып тұрып кеткен.
Тіршілікте көрмеген мұңсыз қалып, Тас шайнаған тағдырым тұр сызданып. Көзі дей бер әкемнің қанталаған, Көкжиекке батса егер Күн қызарып.
Қай жауды да жеріне қуып барған, Аз ба азамат ажалға құрықталған. Биік құздан құлаған асау өзен Әкем шығар сүйеніп тұрып қалған.
МАХАМБЕТТІ ШАПҚАН ҚЫЛЫШ
Ақиқат барын білсеңіз, Не істейсің кінә таққанда,
Дауылда туған бір теңіз Кеудемде тулап жатқанда.
Атырауға – тойға барғанмын, Көтеріп туын ерліктің.
Мен сонда қайран қалғанмын, Азғанын көріп елдіктің.
Махаңның ұлы тойына Екі жүз өлең арнағам. Кезікпей ердің сойына,
Тірлігін сырттай барлағам.
Тауда өскен қайсар көк шынар Сөйлесе егер ашынып: Жырлаған ақын жоқ шығар Махаңды менен асырып.
Бақ көріп сыйлық, олжаны Өздері бөліп алғасын, Таланттың тарлан көкжалы Сыртқары неге қалмасын.
Байтақ ел байлық қуғасын, Иманын итке байлаған.
Атадан азып туғасын, Жын-пері жерін жайлаған.
Нұр шашсын қалай белеске Тобырдың тозған ажары.
Солардан келді емес пе Махамбет ердің ажалы.
Құдайын жан көп ұмытқан, Құдайдан мұнай артқанда. Мені де солар ұлытқан Жолбарысым жусап жатқанда.
Жетегіне еріп қылмыстың, Көңілімді бөздей айырған. Махаңды шапқан қылыштың Денеме уы жайылған.
Ұстаспасам да жауығып, Сызаты кетпес көңілден. Алматыға қайтқам ауырып, Түңіліп сұрқай өмірден.
Жанымды асқар тау ұғып, Шуағын шашып өткенде, Алты айда әзер сауығып, Үйіме жеткем көктемде.
Абыройы асқан ұлыстың Арына тиіп азбағам.
Махамбетті шапқан қылыштың Зардабынан өле жаздағам.
АҚЫНДЫ ТЫҢДА
Махамбет кешкен шұбар күн Басымнан менің өткенде, Өртенбей қалай шығармын Өртеніп жатқан өткелде.
Еліңді қашан ойлы еткен, Ел билеп ердің жаманы. Ақынды еркін сөйлеткен Махамбет ердің заманы.
Махамбет рухым жебесең, Тайсақтап жаудан кім қайтқан. Дуасыз ауыз демесең,
Хан айтқан сөзді құл да айтқан.
Туындап жатар көп егес, Суырсаң қылыш шыдамай. Құл болған хандар жоқ емес, Құл айтқан сөзді тыңдамай.
Алыстан іздеп жақынды, Жығылдық талай көк мұзға. Тыңдамай арлы ақынды, Адасып жүрген жоқпыз ба?!
ҚАНЖАР МЕН АҚБОЗ АТ
Жоғалтпай ерлер ажарын, Күш-қуат жиған шыңынан. Кавказдың өткір қанжарын Суырам қашан қынынан?!
Ер бар ма еркін елімде Атаның жолын қумаған. Жүзі өткір қанжар белімде, Астымда ақбоз тулаған.
Басына ноқта кигенде, Шешеннің туы құлаған. Қолына қанжар тигенде, Ақырып теңдік сұраған.
Алысты барлап шолғанда, Мұратқа ылғи жететін.
Қазақтар атқа қонғанда, Аруақтанып лезде кететін.
Жаулардың жолы кесілмей, Күн кешем қалай жарасып. Қанжарым белден шешілмей, Боз атым тұрар таңасып.
Жаралған асыл тегінен, Қырағы көзбін шынында. Елімнің қорған – шебінен Өте алмас ұшып шыбын да.
АДАСҚАНДАР
Баянды елден көз жазған бақ адасып, Баянсызға бұйырған тақ адасып.
Аңыраған баладан ана адасып, Анасынан боздаған бала адасып.
Ақыл-ойдан адасып шетінде елдің, Қалғандардан мойны озып жетілген кім? Соғыс жылы адасқан әкесінен
Көз жасы әлі кепкен жоқ жетімдердің.
Теңізінен адасса ақ шағала, Бақыт көрме, сен оны бақ санама.
Адамға адам бұл күнде керек емес, Бәріне де керегі ақша ғана.
Тамырында қан тулап, қуаты асып, Көңілдерден кім жүрсін бұлақ ашып. Бүкіл әлем болса егер алып сарай, Барша халық ішінде жүр адасып.
Жетсе де ерен бұрқырап Күнге демің, Дәурені өткен демегін сұр жебенің.
Кеме адасса,
Халық та адаспай ма
Ғұмыр кешкен үстінде бір кеменің.
Тағдыр-қамшы осқанда арқасынан, Құлаған көп адасып жар басынан. Мойынына қан жүктеп адасқан көп Мына қасап ғасырда қан сасыған.
Мұнарасы дауылда құламаған, Дүр дүние жыртық үй құралмаған, Ар-ұяттан адасқан сұмдары көп,
Соғыс ашпай елдерге тұра алмаған.
Суық сәуле көзімде өріледі, Зауал туса ит болып бөрі үреді. Адасқанды Құдай да ақыл айтып, Түзу жолға салмайтын көрінеді.
БОСТАНДЫҚТЫҢ БУРАСЫ
Шертпе күйлер шерімді қозғағанда, Шерлі өзенге айналам боз даламда. Сай-сүйегім сырқырап кететұғын, Бодандықтың ботасы боздағанда.
Қилы кезде ел іші ірігенде, Жетпес еді көктемге тірі пенде. Боталардың боздауы сап тыйылған Бодандықтың ноқтасы шірігенде.
Жүрміз бірақ қарманып бос ауаны, Алдымыздан қайғы, азап тоса ма әлі. Бодандықтың аты өшіп жоғалғанмен, Бостандықтың бар екен өз зауалы.
Саясаткер бармаған сауық бар ма, Ағашқа өзін өсірген жауықты алма. Тәуелсіздіктің тарысы піспей жатып, Тарлан аз ба айналған тауықтарға.
Күйін кешкен жел үзген жапырақтың, Ақылдыдан бағы артық ақымақтың. Азат елде бәйге алып кілең тұғыр, Аяғына жем түскен арғымақтың.
Барша жұрттың көк қағаз табынғаны, Сансыраған ой кешіп сарылғаны.
Інген қанша қысыр қап шауып жүрген, Бостандықтың бурасы шабынғалы.
Қай тұстан да соғатын желді аңғарып, Ғасыр жүгін жол тартқан теңдеп алып. Бостандқтың бурасы сорлады ма, Көтере алмай Нарықты белден қалып.
ИТ ӨЛІМ
Ызалы ұшқын көзінен шашыраған, Қарттар бар-ау азапқа жасымаған. Жалғыз қалған үйінде бір жетім шал Сатып алып бір күшік асыраған.
Адаспаған кісі еді сағымға еріп, Асыраған күшікті барын беріп. Анда-санда қарайтын көк аспанға,
Көшкен бұлтын жосылған табын көріп.
Ер-тоқымы ауған соң кері кетіп, Бағып-қаққан күшікті серік етіп. Қартайғанда күрең Күн зулайды екен, Қандай асу белден де желіп өтіп.
Қарт кісіні ой қажап жүдеткенде, Білген еді қаларын бір өткелде. Шыға келген күшігі көкжалданып Сумаң қағып арада жыл өткенде.
Көкжалданып көзінде қан қаптаған, Итке жақын баруға жан батпаған.
- Бұның көзін жойғын! – деп қартқа келіп, Кісі жоқ-тын ауылда зар қақпаған.
Кімнің сөзін тыңдасын құлақ асып, Тумысында көрмесе бұлақ ашып. Қасқыр иті бірде өзін талағанда, Құтыла алмай сорлаған тұра қашып.
Ғұмыр кешіп жүрсең де көңілді елде, Мәңгі жүзе бермейсің мөлдір көлде.
- Ит өліммен өлді-ау! – деп жұрт күйінген, Қартты талап өз иті өлтіргенде.
Тауқыметтің төзсе де қандайына, Тағдыр кімнің қарасын хал-жайына. Анасынан туғанда-ақ ит өлімді Жазған шығар марқұмның маңдайына.
ПАРАДОКС
Бүгінде бәрі «кемеңгер», Көрсеңдер жебеп, демеңдер. Кісінеп қалған далада Жылқының етін жегендер.
Бүгінде бәрі «кемеңгер», Көрсеңдер жебеп, демеңдер. Ел билеп жүр-ау, қайтейін, Есектің миын жегендер.
Ар-намыс жоқта қайралған, Парламентке қулар сайланған. Қай ел де есек билеген Миғұла елге айналған.
Сөйлесем егер жасқанбай, Дұшпанды мысым басқандай.
Арыстанға қай ел айналсын, Арыстан ерлер басқармай.
ТҰЙЫҚ ҚАМАЛ
Саумал желі күй тартқан күмбірлеген, Боз далада күмбез көп күңгірлеген.
Өмір бірақ бұралаң жол болса егер, Әрі-бері сол жолмен кім жүрмеген.
Жөн-жобаға көнбеген құлақ асып, Кімге иман үйірсін «Құран» ашып. Өмір орман болса егер,
Сол орманда
Күркіреген күндерім жүр адасып.
Жақсылар да бара ма жатқа айналып, Сорым талай қайнаған қақпайланып. Күңіреген күн қанша?
Өзімді де
Қалың елдің ішінен таппай қалып.
Торғай атып еріккен, шымшық атып, Көрінгенге мені өмір жүр сынатып. Ана жаққа аттанып кетсем деймін, Өлімді де күшіктей қыңсылатып.
Мынау арсыз тірлікте құрамалы, Тұрған тамға ұқсаймын құлағалы. Мен де анадан туғанмын,
Үкі таққан
Үкіметтен сыбаға сұрағалы.
Жан сарайым сәулелі арай кілең, Көктемдерге көктем боп қарай білем. Үкіметім болса егер тұйық қамал, Саңылау тауып ішіне қалай кірем?
Жаратса да қазақты текті ел етіп, Шерменде көп шер жұтқан шетке кетіп. Жылпостарға дауа жоқ,
Қамал тұрмақ
Жүзіктің де көзінен кеткен өтіп.
Адасқан өсек сөзге, күңкілге еріп, Жүрген жоқ па неге де жұртым көніп. Кімге дәрі кісәпір бұл Үкімет
Өз халқына түнерген сыртын беріп.
ЕЛ ҚОРУДЫ АЙТАСЫҢ...
Мертіктірсе көңілдің көк жорғасын, Неге ендеше кеудеме өрт толмасын? Ел торыған ұрылар ұлық болды-ау, Ел қорыған Махамбет жоқ болғасын. Ұры-қары көбейіп жол торыған, Қаншама адам солардың өлді оғынан. Ел қорыған Махамбет жоқ болғасын,
Қызғыш құс та жоғалған көл қорыған.
Жатырына ананың құм байланып, Сорлатқасын елден ер тумай қалып, Ел қоруды айтасың,
көл қору да
Жарар еді кетпесе мұңға айналып.
ЕКІТАЛАЙ КҮН ТУСА...
Басын қағып ұшырған хан Кененің Уақыттың көзінен қан көремін.
Содан, міне, ер қазақ бассыз қалып, Шыға келген бірі боп сал дененің.
Бұндай сұмдық бола ма көргенді елде, Ерлік қоса өлген-ді Ол өлгенде.
Қазақ бассыз қалғанын ойлады ма, Ханның Басы домалап жөнелгенде.
Сол Бас неге табылсын іздегенде, Күдерімді, қайтемін, үзбегенде. Бассыз тұрған қазақ па деп қаламын, Тоқал төбе көрінсе түз белеңде.
Алма-кезек жүгіріп әр төбеге, Ғұмыр кешу жағынып мәртебе ме? Басына ма бұл жұртты кім көрінген, Айналмаса егерде сал денеге.
Қарсы шаппай қатерге бетін беріп, Қазақ өзін жаутаң көз жетім көріп, Екіталай күн туса,
Солқылдаған
Сазға біткен сары ағаш секілденіп.
Намыс қаны бойында бұлқынбаған, Жуас жұртты жалғанда кім тыңдаған, Екіталай күн туса,
мойын-басы
Уын алған жыландай былқылдаған.
Малға өріс қып күтсе де қыр беткейін, Бассыздықтан жатады күйреп кейін.
Екіталай күн туса, хал кешеді
Суға артымен сүңгіген үйректейін.
Көктен түскен жұрт еді жасын тістеп, Мәз болып жүр ішкенге асын істеп. Қазақ қайдан ойлы ел бола қойсын, Тауып алмай жоғалған басын іздеп.
ҰЯТ ХАҚЫНДА
Ағаштай ажыраған жемісінен Үзілген өмір қанша желісінен. Үйінен қашқан бала секілденіп, Ар, иман кеткен безіп ел ішінен.
Ар, иман жер түбіне жоғалғасын, Неге елдің қазынасы тоналмасын? Алдына есігінің шауып келіп, Арсыздық атын неге доғармасын? Үлгерген жас баладай жатқа айналып, Білемін елге ұяттың оралмасын.
Ізінен шаң суырып борандаған, Сақтасын мергендерден сораңдаған. Оқ атып шошытса егер,
Содан қайтып
Көліне аққу құс та оралмаған.
ПЕРІНІҢ ҚЫЗЫ
Бағы ашылған жансың ба жөргегінде, Атың сенің тұр шауып өрге күнде.
Пері қызын сен іздеп көп барасың, Пері қызы шомылған көлге түнде.
Бұлбұл құстай жөнелген бағына ұшып, Көп барасың сол көлге алып ұшып.
Пір атқанның көздері ағып түскен, Пері қыздың көзіне шағылысып.
Бір сұрқылтай шығарсың, кім біледі, Мына өмірге кеп қалған жаңылысып.
Аңдысаң да із кесіп, жолын барлап, Махаббаттың жанбады оты лаулап. Төсегіңде дөңбекшіп жаттың талай, Көңіліңнің көлінде толқын аунап.
Үміт артып жүрсең де күрең күнге, Салмақ салып қайтесің жүрегіңе. Алжаспасаң сөз тыңда!
Пері қызы
Қайдан келсін адасып бұл өңірге.
Күнің бар ма ішіңе шоқ түспеген, Жан болсаң да от бүркіп, от тістеген. Алжасқанның бәрі де
Алып ұшып,
Сен секілді өмірде жоқты іздеген.
БІРЕУ КЕШІП БЕЙНЕТІН...
Керегімді өмірден таңдап алып, Ел ішінде жүрсем де арқаланып, Ер қадірін кім білсін, Қарағайлар
Отын болған мезгілде жаңқаланып. Көк орманда емендер кесілгенде, Не істесін егілмей есіл пенде.
Кесапатқа кім-кім де кезігеді,
Ғұмыр кешіп жүрген соң кесірлі елде.
Орман сиреп, шірік пен шыбық қалған, Дауыл тұрса азынап шырықты алған. Ауыздықпен алысқан асаулар да Саясаттың қолымен құрықталған.
Күйін кешкен ер қанша футболшының Тәртіп бұзып, алаңнан шығып қалған.
Көз жасынан бұл жұрттың жер де кеппей, Бұлақ қанша үзілген елге жетпей.
Бұл кезеңде еленбей еңбек еткен, Еленеді жүргендер еңбек етпей.
Парламентке пірсізді сайлап алып, Күйінеміз,
Оңамыз қайда барып?
Жүргендер көп ақылды кісі атанып, Ақыл-ойын өзгенің пайдаланып.
Құрылмаған бұл өмір жүйеленіп, Жіп секілді шатысқан шиеленіп.
Жаңалығын біреудің ойлап тапқан Жүргендер де жоқ емес иеленіп.
Бітпесе де жоқ-жітік түгенделіп, Алатауды кетеді кім өңгеріп.
Желтоқсанда боздақтар ажал құшқан, Тарпаң мінез асаудай жүгенделіп.
Басшы қанша соларды мүлде ұмытқан, Азаттықтың қызығын жүрген көріп.
Дана жоқта сомдалып дара тұрған, Сандалмаса игі еді сана қуған.
Біреу кешіп бейнетін, Ал қызығын
Басқа біреу көретін заман туған.
ЖЫНДЫХАНА
Өрт салды деп біреулер сырлы Аралға, Қалай кінә тағасың бұл ғаламға?
Жын қоғамның ішінде жүрген соң ба, Кейде ұқсаймын есерсоқ жынды адамға.
Алаң болып жүргенде бірдемеге, Бір пәлеге тап болам күнде неге?
Сұрқылтайлар сұрқымды қашырғанда, Кетсем деймін айналып сұр жебеге.
Мынау жынды қоғамда жыны ұстаған– Қаңбақтайын тағынан кім ұшпаған.
Ақылдыны жынды орта ұққан емес, Салауатты күн кешіп тыныстаған.
Кім-кімді де сап қойып шырғалаңға, Арзанын да жұрт құмар бұлдағанға. Бұл заманда жындыны жынды ұғады, Сосын қайтем айналмай жынды адамға.
Өскен бойда қорсылдап доңыз жеген, Қараулықтан ешқашан қол үзбеген.
Адамдарды кім дейміз, жынды демей, Ойларына не келсе – соны істеген.
Ақыл-ойы қайда әлгі тасқындаған? Кейде сәби секілді қаз тұрмаған. Бұзып ылғи әлемнің тыныштығын, Неге сонша Адамзат азғындаған?!
Күрсінеді соны ойлап құмды дала, Адамдардың сұп-суық сұрқын қара. Жындыларын ұстаған қамап ылғи Аспан асты, жер үсті – Жындыхана!
ЖАТ ЖҰРТТЫҢ ЖАСЫҒЫ
Шортан алып, ұсынған шабағына, Жаттың неге қараймыз қабағына? Асқақ Рухты Алашым арзан болып, Рухы төмен басқалар бағалы ма?!
Қайшылықта от бүркіп, жебе жұтқан, Азамат ер туады кемел жұрттан.
Ел ішінен іздемей пайғамбарды, Өліп-өшіп іздейміз неге сырттан?!
Жұрттың бәрі шыққанда көшеге өріп, Өзен ағып жатқандай өршеленіп.
Көсем жоқтай қазақта жүрміз неге Өзге жұрттың көсесін көсем көріп.
Өзі атқарып жүгірген көп тірлігін Қазақтың кім білмейді өткірлігін. Көк бөрі ел болсақ та таңырқаймыз Бөрі көріп өзгенің бөлтірігін.
Ат үстінде өткен соң бар ғұмыры, Ата жұрттың найзасы – тал-құрығы. Тау қыраны секілді самғай алмас Жат жұрттың екі басты самұрығы.
Маңайына көз салып, қасын керген, Бізде жоқ па ару қыз шашын өрген. Өз бағасын білмейтін елдер ғана Бөтен жұрттың жасығын асыл көрген.
ТІРШІЛІКТІҢ КӨЗДЕРІ
Тамырында тулаған қаны тасып, Қазақ қайда жүрмеген жалын шашып. Жолаушыға мінгізген жалғыз атын, Келе жатқан алыстан арып-ашып.
Көкпар десе, бойында қан қызатын, Қазақ аз ба тастан су ағызатын.
Қонақ келсе үйіне құрақ ұшып,
Түк таппаса, жайратқан жалғыз атын.
Жамыраған жұлдызы көгінде өріп, Қазақ ғұмыр кешсе де көңілденіп, Босағада телміріп отырғаны, Қаңғып келген қонаққа төрін беріп.
Өткен күнін жоғалған сағым көріп, Келер күннің қуанған жалын өріп, Қазақ алып өзгеден үйренбеген, Жүрсе де ылғи өзгеге барын беріп.
Қазыналы қазақтың жерін көріп, Ірге тепкен жат қанша желімделіп. Жомарт кісі атанып,
Көрінгенге
Қанша жерді «жылатты» тегін беріп.
Шыбықты да өсіріп шынар қылған, Елдің қашан көзінен мұң арылған. Жерді неге сатады антұрғандар Бабалардың қанымен суарылған.
Ауыртпалық көп әлі жанға батқан, Өзендердің суы да зарлап аққан.
Жер сатқанның несі артық сұмырайдан – Өзін туған анасын жатқа сатқан.
Шеттен келген шендіні бұла көріп, Жұрт та жаман үйренген бұға беріп. Жер сатқанды астына жөнелтсе ғой, Жер астынан бабалар шыға келіп.
Бір сұмдығын ішіне түйе келіп,
Жат жұрт жерін кетсе ертең иеленіп,
Қазақ неге жерінен қуылмасын, Күннен күнге тағдыры шиеленіп.
Бөріге жем бола ма сайда қалып, Қарағанда көзіне Қайғы аларып. Жері түгел сатылып кетсе егерде, Қазақ күнін көре ме Айға барып.
Ұлықтардың үстіне шекпен жауып, Сұқ көздер көп далаға жеткен шауып. Талайларды тарлан ғып Айға ұшырған Байқоңыр да Ресейге кеткен ауып.
Екі ұрты қан заманды қасқыр көріп, Ғұмыр кешкен қазақты тасқынға еріп, Қырмақ болып тағы да,
Қалар ма екен
Тіршіліктің көздері тас бітеліп.
БҮКІР КЕМПІР
Бүршік жармай тұрғанда қайың жүдеп, Кісі бар ма ойлайтын жайыңды көп.
Белі иіліп бүгілген кемпір тұрды, Ақ сарайдың алдында қайыр тілеп.
Көмек егер бермесе жұрт жиылып, Зауал туар басына бұлт үйіріп.
Жалғандығын жалғанның ұқпай кемпір, Сұрақ белгі секілді тұрды иіліп.
ҚАЙҒЫ АРҚАЛАҒАН ӘЙЕЛДЕР
Садақтайын иілген Айға қарап, Кім арманын ұстаған сайға қамап. Бала арқалап өсірген әйелдердің
Жауыр болған арқасы Қайғы арқалап.
Қашан алға мына жұрт ұмтылады, Жасыны өлген жанарға мұң тұнады. Қайғы арқалап әйелдер жүрсе егерде, Арқалайтын баланы кім туады?
Сескенем деп жалғанның қай күшінен, Төбесіне талайдың жай түсірген, Әйелдердің тууы екіталай, Сыпырылып түспесе Қайғы үстінен.
БАС ТУРАЛЫ
Жанарымның ішінде ғасыр аунап, Барыс аулап күн кештім, қасқыр аулап. Келем әлі уланған Уақыттан
Хан Кененің жоғалған басын даулап.
Арсыз ажал төнгенде хан Кенеге, Азамат ер шайқаспай жан бере ме. Талай мәрте жас қазақ бассыз қалып, Сансыраған айналып сал денеге.
Найзағайдан от емген, жасын сауып, Қатер бұлты тұра ма асылға ауып.
Ел басына қатыбас зауал төніп, Махамбеттің желпінген басын шауып.
Жазып кеткен тарихын тасқа шебер, Заман қайда жүрекке, басқа сенер? Жалтақ болар қай ел де,
Жауыз қолдар
Басын шауып Ерліктің тастаса егер.
Көз суарып көркіне жасыл белдің, Сүртем ылғи өлеңмен жасын елдің. Тірілердің басынан жұлынбаған Бастары көп жұлынған асыл ердің.
Басылмаған мезгілде тасқын әлі Сүрінгенге жолдағы тас кінәлі.
Қай кезде де жұлынып қолды болған Көзсіз батыр, ақылды бастың бәрі.
Қос есігін жұмақтың тұрған ашып, Кісі дей ме Алаштан туған асып.
Өмір қорғап,
Ал өлім жұтпақ болып,
Екі ұдай боп басыма жүр таласып.
ҚАЙШЫЛЫҚ КӨП ӨМІРДЕ
Тірлік етіп, көрсе де күнін бәрі, Келеді әлі шырқалмай ғұмырлы әні. Өмір түгел тұрады қайшылықтан, Адам зерттеп жетпеген түбіне әлі.
Тілін білген жан бар ма тылсым кешіп, Атқа мінген ер бар ма бір күнде өсіп. Қайшылығы өмірдің жоқ болса егер, Шындық неге Өтірікке жүр мінгесіп?
Ала-құла жаралған адамдарға
Ар-ұятты тең бөлген заман бар ма? Қайшылығы өмірдің жоқ болса егер, Қыран аз да,
неге көп жаман қарға?!
Уақытты тұрғанда жыны буып, Тіршіліктің сұрланған түрі суып. Қайшыласқан өмірде жақсылық па, Сорлатса елді ұлыдан ұры туып.
Шындық бәрін жеңгенмен ақырында, Қайшылықтың қанжары алқымында... Азамат ер мінетін ақ арғымақ Ақымақтың жүр ойнап тақымында.
Тірі жанын қатерге ұрындырмай,
Қай заманнан жұрт өткен қуырылмай. Жарқылдаған қылыштар жайшылықта Қайшылықта қан қаптырған суырылмай.
Жұлдыздары жарқырап ерте жанған Жұрттың бәрі мұхитқа кеме салған. Баянды елдің басына бұлт үйіріп, Жалғандығын жасайды неге Жалған?!
Көңілінде біреудің қайғы ұласып, Күркірейді біреулер байлығы асып.
Қайшылық көп өмірде, Содан шығар
Адамдардың жүргені қайшыласып.
ЖАСАНДЫ ӨМІР
Көңіліңнің көзінде тербетілген Кеңістіктің сәуле ізде келбетінен. Шынайы өмір сүрем деп әсте ойлама, Жасандылық жойылмай жер бетінен.
Шындық барда жұлдызы ерте жанған, Шынайылық – шыбық па жерде қалған? Жер бетіне жасанды көлдер орнап, Жасандылық өрістеп кете барған.
Көргенді елдің көрікті көшіне еріп, Көргенсіздік келеді өсіп-өніп.
Жасандылық бар жерде бой көтеріп, Жүрген сайқал секілді төсін керіп.
Аққулардың көз жазған қанатынан, Тұнық көл де жасанды дара тұнған. Бәрі, бәрі жасанды...
Табиғат жоқ
Қаз-қалпында баяғы жаратылған.
Кебін киген жолбике көңілшектің Күлкісі де жасанды келіншектің. Тұрысы да жасанды, жүрісі де Бір бітпейтін ертеңі еріншектің.
Көзім содан ызалы шоқтанады, Тал бойыма қызулы от тарады. Сарт мезірет, сарт мінез өріс ашып,
Сыйластық та жасанды боп барады.
Ұста – өмірде көп нәрсе жасалды деп, Адасады алданып қашанғы көп.
Қыз бен жігіт бір-бірін жорта ұнатып, Махаббат та үлгерген жасанды боп.
Көкке қарай өскенде қыр гүлдері, Ұмтылмайды неліктен жұрт ілгері? Көбі көшіп жасанды мінезге осы, Жасанды өмір кешуде бұл күндері.
Жасытпаған жігерін жүдеу күнде, Жүрсін неге тұрмыстың күрмеуінде. Жасандылық жоқ деме,
Үкіметтің
Қалың елге жолдаған Үндеуінде!
Дүниені жын ойнақ, сайран көрген Сайда неге қалмасын сайтанға ерген. Жасанды өмір сүруге жұртты үйреткен Жасандылық, ойпырмай, қайдан келген?!
ЕКІ ҚАБАТ ЖАС ӘЙЕЛ
Барлық халық қарыздар жұмыр Жерге, Пұл шығарып, тал ексең шығын көрме. Маңдай термен суарып, егін еккен Қандай жұрт та айналған тұғырлы елге.
Бөріктіні жүрсек те ерге балап, Білген бар ма жағдайын ел аралап. Жер бетіне түкірген былш еткізіп, Өкірмейді демегін жер сабалап.
Ауыртпалық түскенде қайыспаған,
Жер бетінен бар ма арман Айға ұшпаған. Соқа тартып мезгілдің мерездері,
Әрі-бері жер бетін айғыздаған.
Азаматтар жоқ болса ер тұлғалы, Қалай еркін жайылсын елдің малы. Миы ойылған адамдай көрінеді Бомбы түсіп, ойылған жердің бәрі.
Жауабы жоқ тұрса Өмір сұрақтардан, Неге ақпасын улы су бұлақтардан.
Кейде уланған адамға ұқсайды Жер Жойқын күшті сұрапыл сынақтардан.
Жұмыр жердің жанары мұңға апталып, Суырады құйынын бұрқап қалып.
Кейде адамға ұқсайды сұлық жатқан Мынау сырқат қоғамда сырқаттанып.
Күндер зулап аққанда екпінге еніп, Теңбіл доптай бет жүзі теңбілденіп, Жұмыр жердің қарыны шертиіп тұр, Екі қабат жас әйел секілденіп.
ҚАЙШЫЛЫҚТА ЕРЛЕРДІҢ БАҒЫ АШЫЛҒАН
Кісі деме сен мені күні батқан, Менің өмір өзенім жұлқына аққан. Бөрілікті қаныма неге екпесін
Бір көк бөрі ішімде ұлып жатқан.
Кісіліктің сапына кірмей қалған, Күншіл көп-ау көзіне мұң байланған. Қызғаныштан ішіне шоқ түскеннің Ішкі әлемі өртеніп күлге айналған.
Мына өмірде түнеріп тұнжыраған Кім намысты оятып шымшылаған? Қыңсыламай жүре ме өңкей жасық Күшіктері ішінде қыңсылаған.
Кім-кімді де ақылды кісі деме, Қара тобыр жаныңды түсіне ме. Іштерінде ит өліп жатқандардың Өлік сасып тұрмасын іші неге.
Күннің көзі шашқанда далаға арай, Қуанбасын шапқылап бала қалай. Қай адам да ішінде аласы бар Жұрттың бәрін жүрмеген алаламай.
Шын сескеніп ызғарлы қалың бұлттан, Ел ішінде бір-бірін жақын тұтқан, Жабы мінген жамандар тұр көбейіп Ерлер жоқта от бүркіп, жалын жұтқан.
Тас қоғамда құралған өтіріктен, Жапа шеккен ер аз ба өткірліктен. Қай ауылда көтерем қой секілді, Көктем туып, ауызы көкке іліккен.
Қиянатты көргенде жаны ашынған, Қайда азамат елді ойлап аласұрған?! Жайшылықта еленбей қандай ер де, Қайшылықта қасқайып бағы ашылған.
ӨМІР – ЖҰМАҚ
Қысқа жіпке мені әкеп жалғай салған Іші мұздай, безбүйрек қандай жалған? Тасқа тұнған мөп-мөлдір таңғы шықтай Тамшы жас бар көзімде тамбай қалған. Өмір кешіп жүрмін бе, кім біледі, Жаңбырлатып, соңынан қарға айналған.
Күндесе де сыртымнан кім күңкілдеп, Көктем сайын бүр жарып жүрмін гүлдеп. Күмбездейін ішінде жел ұйтқыған,
Қуыс кеудем көңілсіз тұр күңгірлеп.
Пісіп, қатқан тағдырдың көрігінде Суық тартып барады өмірім де.
Көлеңкеде сүр қардай жатып қалған Қатқан мұз көп ерімей көңілімде.
Қоңыр қаздай адасқан үйірінен Бір шөкім бұлт төбеме үйірілген. Суырылмай қап қойған жебедейін
Кетпей қойды бір шаншу бүйірімнен.
Жарқ-жұрқ еткен көздерім ұшқын атып, От шашқанда көгінен құс құлатып, Қысып мені тұрғандай қос өкпемнен, Ішіме ылғи Сібірдің мұзы қатып.
Жасығанда жаныңа қуат беріп, Жарылқасын қай тобыр шұбап келіп. Күйген күнім аз емес тозақ кешіп, Бұл өмірге келсем де жұмақ көріп.
ИТТЕРІ КӨП МЕЗГІЛДЕ
Болашаққа жол тартып көсілгенде, Туған елдің бастағам көшін мен де. Жетілсін деп ойлаған көк бөрі боп, Көк бөрі елім тістелеп өсіргенде.
Әділ жолдан уақыт жаңылғанда, Арман іздеп сарсылған сағымнан да. Бөлтірік деп ағайын кекетеді, Бөрілігім жұртыма танылғанда.
Кіріп, шығып хан орда – сарайыма, Иттер және қаптаған маңайыма.
Таланам деп жалғанда кім ойлаған Ақ кіргенде шашыма, самайыма.
Ойда жоқта суықтап, тұмауратып, Қабағыма жүргенде қырау қатып, Жалғыз бөрі болғасын
Кетеді ылғи
Арпылдаған кілең ит құмға аунатып.
Шыңдалсам да өмірдің көрігінде, Суық ызғар тұр есіп көңілімде.
Иттері көп мезгілде өмір сүрген Күні қараң екен-ау бөрінің де.
ҚАЙРАН АУЫЛ
Көңілінің әйнегі қырауланып, Ауыл мұңға кірпігін тұр-ау малып.
Мынау жарық әлемнен таба алам ба, Тоқшылықты іздесем сұрау салып.
Ұмытпаған жан болсам бір Құдайын, Неге ауылдан алыстап бұлдырайын, Құйындары тұмсығын жерге қадап, Шыр көбелек айналған бұрғыдайын.
Көшесінде ауылдың құм суырып, Көз жасына малшынып тұр жуынып.
Жылан бауыр Жоқшылық жетсе асығып, Жемеді елде Қайғыны кім қуырып.
Көз алдында буалдыр сағым билеп, Келе жатыр өлмелі жанын сүйреп. Әлі күнге пісіріп жеп келеді, Қайран ауыл Қайғыдан қамыр илеп.
Жұрттың бәрін ұстаған шаңға қамап Қай басшыны көтерем Арға балап. Жетім бала сияқты ауыл кейде Жалаңаяқ жүгірген жар жағалап.
Шырғалаңның көп түскен әуресіне, Ақша бұлттар – тауының сәлдесі ме? Қайран ауыл қалтылдап тұр ілініп Үмітінің жалғыз тал сәулесіне.
АУЫЛДЫҢ АУЫР ТҰРМЫСЫ
Мейірімді жоққа есепте, Бүгінде кімге-кім бауыр. Ауылдың жылы десек те, Ауылдың жайы тым ауыр.
Ауылдың ауыр тұрмысы Түзеле қойған жоқ әлі. Тарылған емес тынысы – Жұлдызы кімнің жоғары.
Ауылға ырыс орнасын, Кім-кімде өмір қонағы. Жапырып шөптей ормасын Аштықтың өткір орағы.
Жоқшылық сөккен көбесін, Шошынам суық сөзінен.
Үңілсең – өлім көресің Тұңғиық мұңды көзінен.
Ел жайын дейсің сөз етпе Мезгілде тастан жас шығар. Ауылды тепкен өзекке – Ауылда туған басшылар.
Жылылық кетіп ауылдан, Жүрегім сұмдық жүр тоңып. Нарық тұрғызған дауылдан Көркейсін қалай жұрт оңып.
Басшылар – бай да, ел – кедей, Бөлшектеп сатқан даласын.
Арлы ауыл – құнсыз теңгедей, Қаңтарған арба, шанасын.
Ауылдан безсе қарамай, Жазады қалай жарасын? Бір күні жетер...
Баладай
Жерлеуге келген анасын.
КӨКЖИЕККЕ ҚЫЗАРЫП КҮН БАТҚАНДА
Жүрегімен күлетін қуанғанда, Жүрегімен жылайтын қуарғанда. Ақ әлемге дүние айналатын, Әппақ нұрмен жанарын суарғанда.
Табиғаттың жырлаған көркін ашып, Ақын еді танысқан жөн сұрасып.
Іштен жанған жанартау секілденіп, Көкірегінің ішетін өртін басып.
Тіршілікті ақ, әділ жүйе көрме, Құлагер де мерт болған киелі елде. Алатауға сүйеніп тұрушы еді, Басын бұлтқа Алатау сүйегенде.
Көрінгенге шығыстан Күн қызарып, Жанарынан тұратын жұлдыз ағып. Әрбір таңды сарыла көп күтетін, Жаратқанның бара ма түні ұзарып?
Көңіліңе табанын жүре сүртіп, Жүргендер көп тірлікте түлен түртіп. Сағыныштан сарғайған ақын еді, Өмірінің жұлдызын кілең күтіп.
Көкжиекке қызарып күн батқанда:
- Бір күн өлді, – дейтін ол күреңітіп.
Қылтыңы көп қоғамда бас қатырған Ақын туған,
Дос туған, Қас та туған.
Жалғыз тамшы ақынның көз жасы ма, Жалғыз тамшы мөлдіреп тасқа тұнған.
Ақша бұлттан ақ шаңқан желкен керіп, Кеме салған айдынға елден келіп.
Көкжиекке қызарып Күн батқанда, Жалынына өзінің кетті өртеніп.
Жастық шағы секілді жалын атқан, Өлеңі – өзен тау-тастан қарғып аққан. Көкжиекке қызарып Күн батқанда, Ақын шығар деп тұрам жанып жатқан.
АЛТЫНБЕКТЕР ӨЛЕДІ ОҚТАН НЕГЕ?
Құйындары жосылған қырда ағылып, Қарау қоғам әлі де тұр қағынып.
Айға азуын білеген Алтынбекті Қарақшылар кетті атып түн жамылып.
Шың басынан ақ жұлдыз көрінгенде, Туған жігіт болатын көңілді елде.
Арыстары алдымен оққа ұшады, Алты Алаштың іргесі сөгілгенде.
Намысымның сынса егер ақ қайрағы, Қайдан өтсін семсерім жатқа айлалы. Елді ұстайтын арыстар оққа ұшады, Ел басынан тұрғанда бақ тайғалы.
Жүзбеген соң ақ кеме тереңімде, Жапырағын жаймай тұр терегім де. Азаматтар ақырып атқа қонған Оқтан ылғи өледі неге елімде?!
Азуыңды аузыңнан қағып алған Қарақшының қашанда бағы жанған. Алтынбектің анасы боздағанда, Жүрегімде жаңғырып зары қалған.
Тіршіліктің көз жазбай ағысынан, Күндер қайда күркіреп бақ ұсынған. Қорғайды деп ойлама,
Бұл күндері
Шырылдаған Шындықтың сағы сынған.
Қыран құсын ұшырмай ел түлетіп, Қайран заман бара ма кері кетіп.
Алтынбектер өледі оқтан неге, Туын биік көтерген желбіретіп.
Мүмкін құртып тынбақ па кім біледі, Нар қазақты ормандай селдіретіп.
ТУҒАН ЖЕР
Қырға қалай жайылсын елдің малы, Қалталыға сатылған жердің бәрі.
Ел қорғайтын ер жігіт жаяу қалған Тышқандарға жем болып ер-тұрманы.
Жақсылығы өзінен артылмаған Ұлық қанша өз ұлтын алқымдаған. Көк қағазға құл болған бұл заманда, Ел ішінде не қалды сатылмаған.
Сауда қызбай тұра ма етек алған, Момын қанша сатылып кете барған. Ауылдардың тағдырын кім ойлайды, Өкіметтен қол үзіп жеке қалған.
Беті қалың биліктен түңілгенде, Кісі бар ма демейтін сүрінгенде. Жерін жатқа сатқызып құл бола ма, Намыс болса егерде бүгінгі елде.
Көшім жаңа биікке беттегенде, Күйінбейтін шығармын текке мен де. Аунап-қунап, шіркін-ай, қайтар едім, Туған жерім сатылып кетпегенде.
ЕЛЕУСІЗ ЖҮРГЕН ЕРЛЕР
Қазынасын тонаған іргелі елдің, Бағы жанбай тұра ма кірмелердің. Қасиетін бүгінде білген бар ма, Ел ішінде елеусіз жүрген ердің.
Талай пысық болам деп баққа қорған, Ойда жоқта ел билеп датқа болған.
Жау төнгенде елеусіз жүрген ерлер Жұрттан бұрын ақырып атқа қонған.
Шындықты айтсам тілімді кім кеседі, Сайын қырдан ызалы жыр еседі.
Жау кеткен соң тағы да бағы қайтып, Қайран ерлер елеусіз күн кешеді.
Кеш атылып өкірген жебедейін, Әуре болма жөн айтып менен кейін. Ұмытылған ер қанша қалың елде Жағалауда құм көмген кемедейін.
АЖДАҺАНЫҢ ҮШ БАСЫ
Көңілімде бір сәуле өрілгелі, Өрге тарта жөнелген өмір мені. Аждаһаның үш басы елестейді, Ата қазақ үш жүзге бөлінгелі.
Басынған соң жат жұрттың көрінгені, Жатырқамай қайтеді төрім мені.
Бөлінгені қазақтың білсең егер – Қабырғасы қақырап сөгілгені.
Арманымның кемесі күйрегелі, Кім жеткізді қайғылы күйге мені. Бірлігінің жоқтығы бұл қазақтың Ұры-қары елімді билегені.
Шығып қара басына мұнараның, Әлі күнге тартылып тұр Аралың. Үш баласы неліктен ұғыспайды, Еміп өскен ақ сүтін бір ананың.
Көңілінен жүрсе егер күй ақтарып, Айы неге тумасын қияқтанып.
Рухын биік көтерсе жараспай ма, Бір ошақтың үш бұты сияқтанып.
Ар-намысын жоғалған таппай қалып, Сорлады ма ішіне қақ байланып.
Үш атаға бөлінген қайран қазақ Бір-біріне барады жатқа айналып.
Дүниенің көзінен сыр ұққалы, Болашақта ұстайды кім тұтқаны? Аждаһаның үш басы қапылыста Бірін-бірі бас салып тұр жұтқалы.
Кімнің қанын сормаған сүлік-пенде, Бастайтындар көп әлі бүлікті елде. Арыстаннан айбатты болар еді,
Үш Арыстың баласы біріккенде.
СЕН АРҚЫЛЫ
Жалған сөйлеп, ақталып безілдеме, Жол үстінде аумасын көшің неге. Билік сенің қолыңмен,
Қазақ жерін
Саттырғаны, бауырым, есіңде ме.
Керегесін кең жайған дала, белге Неге сонша өшіктің жаралы елге.
–Жерді сату керек! – деп қай сасқаның, Қалың елді қаратып қара жерге.
Тіршіліктің көз салсаң жүйесіне, Елің неге түспеді жиі есіңе.
Қазақ жерін саттырған қай кісі де, Мүмкін емес қалмауы киесіне.
Күлкің сенің жоғалып тылсым белде, Бұралқыдай булығып жүрсің елде.
Жер астына жүрмегін түсіп кетіп, Қазақ жері ызалы сілкінгенде.
Жалғыз сенсің сорлаған қапы қалып, Бір өкініш кеудеңде жатыр ағып.
Билік сені лақтырып кеткен жоқ па, Қазақ жерін өздері сатып алып.
Бұлт ішіне қамалып Ай тұрғалы, Мақтан көрем бүгінде қай тұлғаны. Үй салатын жер таппай сорлауда әлі, Қазақты өзің жерінен айырғалы.
Заман туып келе ме тым ызғарлы, Жұрттың бәрін тұр қинап тұрмыс қамы. Билік сені өсірді,
Сен арқылы
Бір Қаратау қайғыдан тұрғызғалы.
* * *
Еспеді ме жүзінен көктем лебі, Ауылыма бармаппын көптен бері. Уақыттың тоздырып жіберді ме, Құбыладан соғатын өктем желі.
Жақсылығын бұлдаған сұр ғаламда, Арлы ауылым күн кешкен шырғалаңда. Есек неге қаптап жүр,
Бұрындары
Арғымақтар көп туған бұл даламда.
Кімге дәрі бұл өмір тұнжыраған, Қайғысына қайыспай кім шыдаған. Қай ауылға барсаң да,
Бұл күндері
Жоқшылықтың қаншығы қыңсылаған.
Көңілінен арайлы таң тараған Ауылды кім тоздырып, жаңқалаған. Көшесінде құм борап суырғалы, Ала қабын қайғының арқалаған.
Қу сүйегін сүйретіп, қыбырлаған Қарттар қанша кеудесі сырылдаған. Жылан жайлап кеткендей елдің іші, Қуанышын,
Қызығын кім ұрлаған.
Түлкі құйрық заманда бұлғақтаған, Ауыл еді өн бойын күн қақтаған.
Тірі екен деп қуандым, Мұржасынан
Түтіндерін көргенде будақтаған.
* * *
Қанша жігіт болсам да мұнаралы, Көңілімнің тартылып тұр Аралы. Түсінбеймін,
Мені ылғи қырсық шалып, Үлесімнен құр қалам сыбағалы.
Тұлпарымның тұяғы тасқа ұрылып, Өксігенмін көзіме жас тығылып.
Қырсық шалып, құр қалсам сыбағамнан Неге ішімде жатпасын қасқыр ұлып.
Қасиетім көп еді ел білетін, Желді күні жан көп те желігетін.
Біреулердің астында жүрген жоқ па, Ақ арғымақ тулатып мен мінетін.
Иттер тартып, етегі жырымдалған Тіршіліктің болар ма жыры жалған. Мен шығатын биікке
Менен бұрын
Көкесі бар біреулер шығып алған.
Жанарымның ішінде нұры қалған, Тіршіліктің болар ма жыры жалған. Мен кіретін үйге де,
Менен бұрын
Көкесі бар біреулер кіріп алған.
Көп тоздырған жүйкеме тие беріп, Бұл өмірді қайтемін кие көріп.
Мен алатын сыйлықты кеткен жоқ па, Көкесі бар біреулер иеленіп.
Жығылсам да биіктен көп домалап, Жылынғанмын бойыма көктем тарап. Заман туған екен ғой,
Үретұғын
Көкесі бар иттер де көкке қарап.
НАҚАҚ КҮЙГЕН АЗАМАТ
Екі бетің алаулап нарттай жанып, Бәйге алатын жігіт ең шаппай барып. Сорлап, сірә, қалдың ба кім біледі, Адалдығың билікке жақпай қалып.
Уақыттың құйыны суырғалы, Кімді көрге салмады қуырғалы.
Қараулықтың қанжары тұр жалаңдап, Ел ішінен адалдық қуылғалы.
Айнып әсте көрмеген нұр пішіннен, Арыстарды бұл күнде кім түсінген. Ел ішінен табылмай іздегенде, Табылғаның бұл қалай түрме ішінен?!
Дүр дүние қабарып түнергенде, Жәдігер ең жетілген жігерлі елде. Шырқыраған дауысың елге жетті, Баскесерді қасыңа жібергенде.
Тулағанда көңілдің мөлдір көлі, Елдің ара түсер-ау жөн білгені.
Жауыз қолдар бірақ та жүрген жоқ па, Түрме ішінде сені де өлтіргелі.
Жаным содан шошынып сілкінеді, Алабұртып дүние дүрлігеді.
Ер жақсысы түрмеде өлетұғын Заман туып келе ме кім біледі.
* * *
Мына сырқат қоғамға ем іздеген, Тұлғалардан үмітін ел үзбеген.
Биелерді соғымға сойған жақсы, Өз құлынын жерініп емізбеген.
Көңіліме ызалы кек тұнады, Ізгілікке қашан жұрт бет бұрады. Жатқа сатқан баласын шырқыратып, Аналарды дарға асқым кеп тұрады.
Суарылып бау-бағы бүкіл жердің, Бағы жанып тұрса да үкілі ердің, -
Бұл жалғанда зұлымдық тыйылмайды, Егер қатал болмаса үкімі елдің.
АСЫРАНДЫ ИТТІҢ СӨЗІ
Жауар бұлттай қабағы тұнжыраған, Қожайыным бау тағып, шынжырлаған. Тұтқын өмір кешем деп ойладым ба, Сағынышы сағым боп бұлдыраған.
Азаттығы бұйырмай түз тағының, Тартып келем азабын құса-мұңның. Қожайыным шынжырлап ұстағасын, Тағдырыма өлердей ызалымын.
Айдынына жол тартқан кемедейін, Қуанышқа,
Бақытқа кенелейін.
Ей, адамдар, босатшы шынжырымнан, Өлігімді көрсетпей мен өлейін.
Әлденеден жүрегім мұздағанда, Тайсақтайды бата алмай сұсты адам да. Айға қарап ұлимын,
Ұмыт болған
Бөрілігім ежелгі ұстағанда.
Қызық қалмай барады бұл өмірде, Күңіреніп күй кештім күрең күнде. Қожайыным шынжырлап неге ұстайды, Бір қасиет болмаса жүрегімде.
Кейде сұсты көрініп жарақтан да, Үй күзеттім – тыныстап таң атқанда. Итке қалай айналдым
Тәңір мені
Көк бөрі етіп о баста жаратқанда.
Табанымнан ызғарлы сыз өткенде, Кімнің жаны ашыған ізетті елде. Қожайынның жуынды беретіні, Үйін қорғап, күндіз-түн күзеткенде.
Тағдыр мені қайыра шыңдағанда, Өтпес еді өмірім шырғалаңда.
Сатылғанның бәрі де жуындыға, Итке айналмай тұра ма бұл заманда.
КЕЛІМСЕКТЕРГЕ
Құт дарытып қырында кие жүрген, Дала жұртын ел деме түйе мінген. Қынабынан қылышын суыратын, Сөз ызғары өткенде сүйегінен.
Ат үстінде жаралған киелі елге, Қамшы сілтеп, арына тие берме. Қабырғалы қазақты Жүндегенде
Үнсіз шөгіп жататын түйе көрме.
Сұрқай заман құтырып қағынғанда, Қай мұратқа жетеді жабылғанда.
Күлі көкке ұшпай ма, Бұл қазақтың
Кеудесінде бір бомбы жарылғанда.
Күйін кешпей жаралы шағаланың, Туған жоқ па үні боп замананың. Ата қазақ – ойнаған бұлтылдатып, Бұлшық еті емес пе сардаланың.
Уығы боп шаншылып ұғысқанның, Туын биік көтерген туысқанның.
Алысқанның азуын қағып алып, Үзген талай жұлынын жұлысқанның.
Аспанында зуылдап жұлдыз аққан, Қазақ жанын кім сонша тым сыздатқан. Жанартаулар қауіпті білсең егер, Көкірегін от кернеп, үнсіз жатқан.
ҮНДЕМЕУІМ ҚАЛАЙ?
Түкіргендер елдің адал асына, Нанын малып жейді көздің жасына. Үндемеуім қалай?
Қабырғалы қазақтың
Ұйғыр келіп сарығанда басына.
Күнін көріп жүрген кірме текті елде, Құтыра ма мұратына жеткенде.
Үндемеуім қалай? Ер көңілді қазақты
Шер көңілді шешен атып кеткенде.
Қайғы арқалап,
Бәрін кешкен азаптың,
Сайын дала мекені ме мазақтың. Үндемеуім қалай?
Күрдтің сотқар жігіті
Қорлағанда жас баласын қазақтың.
Асқақ рухым бой көтеріп жатқанда, Кімнен қорқам арай жүзген ақ таңда. Үндемеуім қалай?
Қаны таза қазақты
Қаны бұзық өзбек көздеп атқанда.
Көңілімнің жамала ма жыртығы, Айтылса егер бұл өмірдің шындығы. Ай маңдайлы қазағымды атқалы, Енді кімнің оқтаулы тұр мылтығы.
ҚАМЫҚҚАНДА
Қабағы кімнің жылыған, Көңілім талай суыған.
Ашыққан ауыл иттері Ақордаға қарап ұлыған.
Қайғымды қайғы қозғаған, Ел бар ма азып, тозбаған. Ботасы өлген бозінген Ақордаға қарап боздаған.
Қиратып жолды ел жүрген, Желбуаз қанша елірген.
Тарыққан тарлан ауылдар Ақордаға қарап телмірген.
Жанына кімнің нұр сіңген, Қанына кімнің жыр сіңген. Ақордаға қарап Қаратау Күңіреніп ауыр күрсінген.
Шырылын естіп шындықтың, Қай жерде қорғап тұр мықтың. Өтінде қазақ жүр әлі, Оқталған қара мылтықтың.
Дұшпанның құтын қашырған, Халықты қайтсін ашынған.
Ақорданың алтын есігі Қазаққа қашан ашылған.
Сергелдеңге түстім – сенгенде, Еңіреп қалдым – ергенде.
Ақордаға қарап ұлыдым, Ақорда сыртын бергенде.
* * * Таршылықтың бораны борағалы, Ұрылардың жұлдызы жоғары әлі. Азаматтар билікке келеді ме, Туған елін тұқыртып тонағалы.
Туын биік көтермей жігерлі ердің, Тоналғаны бұл қалай іргелі елдің... Бәрі бірдей таза деп кім айтады, Билік айтып, биікте жүргендердің.
Айдын көлдің тұнығы тұнбағалы, Бұл өмірде білмеймін кім бағалы. Ұлық қанша айбынып атқа мінген Асқақ рухын ұлтымның ұрлағалы.
Қуат беріп тұратын елге күнде, Кісі қалмай бара ма сенетін де. Ұлықтары шетінен ұры атанған
Бізден өзге жұрт бар ма жер бетінде.
Кілең сұрқай ел билеп сұр жағалы, Сауық-сайран қанша жыл құрмағалы.
Ұры ұлықтар туатын болған жоқ па, Ұлы елімнен ұлылар тумағалы.
Уақыттың қайғы есіп қанатынан, Қаратаудың көзінен қан атылған... Игі жандар ала жіп аттамайды, Адалдықтың нұрынан жаратылған.
Талай сыпа ел тонап күркіреді, Көңілімде ызалы жыр түледі. Ұрлық қылған ұлықтар о басында, Туған шығар ұрлықтан кім біледі.
* * * Кісіліктің жоғалғалы ізгі үні, Дүниенің бұзылып тұр ұсқыны. Туған елдің жерде қалып жүгені, Көрінгеннің қолында жүр тізгіні.
Ақиқаттың адасқан соң жолынан, Елдің қайдан тусын Айы оңынан. Қандай жұрт та ұшырайды апатқа, Көрінгеннің ере берсе соңынан.
Сардалада тулап аққан Жайығы, Бұл қазақтың қайда асқақ айбыны?! Өз тізгінін көрінгенге ұстатқан
Суға батпай тұрмас жұрттың қайығы.
АРАЛ ҚҰРЫП БАРАДЫ
Арал құрып барады, Кім кінәлі?
Жауап таппай мен соған жүрмін әлі. Адамдар-ай,
Аралды қолдан беріп,
Жүрсіңдер ме арқалап мың күнәні? Күннен-күнге барады құрып, семіп... Енді мәңгі естілмес, мүмкін, әні.
Теңізді ойлап зәр жұтып, мұңданасың, Мұңданасың, кей-кейде тұлданасың. Арал көшпей қайтеді жер бетінен, Дүние сырғып орнында тұрмағасын.
Жарымаған шуаққа, Шұғылаға
Тіршіліктей алқымнан буына ма? Арал сұлық жатыр-ау
Нар секілді
Бетін беріп жығылған құбылаға.
Айдынында Ай жүзген Арал барда, Айбынды еді ақиық адамдар да.
Арал еді өшпеген, Сарқылмаған
Небір қилы кешегі замандарда.
Барып көрші,
Қазіргі Арал қандай?
Үзік-үзік өзек боп жаралғандай. Алақандай айдыны мөлт-мөлт етіп, Тәңіріге жалынып қарағандай.
Тұрған жоқ па Арал боп мұң көздегі, Бүгінде оны кім сезді,
Кім сезбеді?
Жер бетінен жоғалып барады, әне, Мамонтқа ұқсап Арал да бір кездегі.
Өркеш-өркеш қу шөлдің құмағында, Арал еді жоғалтқан бұлағын да.
Жел тербеткен толқыны Сырға болып
Сұлулардың кетті ме құлағында?
Сөйлер болсақ атынан Ақиқаттың, Қажетіне жараған жамиғаттың, - Қайран Арал –
Жүрегі ел деп соққан
Бір перзенті емес пе табиғаттың.
Көл болса да жатқан бір нақ табанда, Бәлкім, ерлік болар ед сақтағанда.
Айналайын бұл Арал бұйым ба еді, Тастай салар лақтырып жақпағанда?
Қайда кеткен елімнің көшелі ері, Жорғалаған майда тіл – шешендері? Аралыма арқырап жетем деген Қайдасыңдар, Сібірдің өзендері?!
Тұрмағасын қарсы алып күліп төрі, Үзілді ме ертерек үміттері?
Қолға алмай ма, ойпырай, Қайда өздері
Барыс жүрек елімнің жігіттері?!
Толқын атқан бір кезде төске ерінбей, Айдынынан барады сес көрінбей.
Арал деген ұлылық емес пе еді, Қалғаны ма шынымен ескерілмей?!
Қарамайтын Аралдың мән-жайына, Сор болды ма жазылған маңдайына? Өзен бұрмау –
Жатқанда өлімсіреп,
Су тамызбау емес пе таңдайыңа?!
АРАЛ МҰҢЫ
Жер бетінен мен енді жоғаламын, Қателігін кешіріп көп адамның. Алып жүрек секілді тоқтап қалған Құшағында даланың демаламын.
Жоғалған көл, теңіздің санатында, Қара жердің демалам қабатында. Айдынымды Ғасырдың желі шайқап, Бара жатыр таусылып тағатым да.
Қатер бұлтын елемей жекелеген, Тап болдым-ау зауалға төтелеген. Кәне, мені сақтаса
Қайда адамдар
Арна тартып суымды жетелеген?!
Қайда адамдар Қуатын сағындырған,
Табиғатты түлетіп бағындырған? Өзен бұрып шөлдерге...
Қайда адамдар
Өзендердің ағысын жаңылдырған.
Күші қайда, Құдірет күші қайда
Не құбылыстың бәрін де табындырған? Адамдардың шынында өзі емес пе Табиғаттың өкпесін қабындырған.
Шаққа жетіп мұңымды шағып тұрмын, Сансыратып санамды сабылдырған.
Көрсетпейді неге енді сол қуатын, Жалғыз мен бе зауалға жолығатын, - Бір жағымда Балқаш тұр Өмір тілеп, Ел-жұртына жолдаған соңғы хатын.
Енді қайтіп өмірім жаңғырады, Көктей солды жағамның бал құрағы. Адамдар-ай,
Мінезі өзгерді деп,
Табиғатты және де жазғырады. Алақандай айдыным
Секілді бір
Қирап түскен бір үйдің шаңырағы.
Қырға шықсаң бір кезде сауық құрған, Көк ала бұлт көшеді ауып қырдан.
Тұз жауатын мезгілге жеттің, елім, Жаңбыр деме көгімнен жауып тұрған.
Қолдағанда ел болып, жебегенде Шалқып, тасып жатпайын неге мен де?! Не бітірді адамдар
Маған құяр
Өзендерді тізгіндеп, бөгегенде?!
Ғарыш кезіп, Күн асып, Айға барған,
Ерлік иісі шықпады айналамнан. Қайдасыңдар мені емген, қарақтарым, Перзенттік парыздарың қайда қалған?!
Жанарымда тұрғанда мұң байланып, Төрінде, айтшы, отырмақ кім жайланып?! Жылай-жылай көзімнің сорасы ағып, Барам тұзды, сортаңды құмға айналып.
Ара түсер табылмай ерен пенде, Тағдыр сыйын, қайтейін, көрем мен де. Кер даланың жұмылған көзі болып, Құмға айналып жатармын кең өлкемде.
АРАЛ ҚЫЗЫ
Тіршілікті жұмарлап, жұлмалаған Сұм ажалды кім жақтап,
Кім қалаған?
Тумай жатып бөбегім жер жастанды, Естімедім үнін де іңгәлаған.
Ерте сөнді жас күнім – Сеземін мен,
Содан жалын кетпейді өзегімнен. Неге екенін білмеймін,
Ажал кейде
Келмейтін де сияқты кезегімен.
Қызық қуып осынау келте күнде, Ғұмыр кешкен тентек те, Телпегің де.
Жарқын кезде Бөпемді жаңа туған
Қара жерге ұзатқам ертеңінде.
Күллі өмірің қасірет, тұрса мұңнан, Көшіп жүрген нең артық тұл сағымнан? Тіршілік боп неге, айтшы, бұлқынбайды, Тірі шыққан нәресте құрсағымнан?
Қашқан бұның жұрт қанша жауабынан? Не көрмедім таланым,
Талабымнан.
Білетіндер айтады: “Бұның бәрі Тұзға айналған Аралдың зауалынан”.
Сонда қалай?! Ардагер, арайлы елім,
Талған жоқ па ұрпақ деп талай белім? Бір жігітке асыл жар бола тұрып,
Ана болуға хақым жоқ қалай менің?!
Қуаныштан жылаған, Қалжыраған,
Ана болғым келеді албыраған. Ұл да сүйгім келеді,
Қыз да сүйгім
Жел тараған тұлымы жалбыраған.
Заманында жарқылдап жалындаған, Кезім бар ма бөпе үнін сағынбаған?
Тұзға айналған Аралдың зауалы ма, Тұз татып тұр ақ сүтім сауылдаған.
Не істеймін?!
Өтем бе бала көрмей,
Мұңымды айтып сыңсиды дала-керней. Аралыңа ел болып ара түскін,
Өзің ылғи Аралдан ала бермей. Не істеймін?
Өтем бе бала көрмей?!
ТЕҢІЗ ҚАЙДА
Теңіз қайда кешегі сайрандаған?
Бүгін жортып құйын жүр тайраңдаған. Құмға шөккен түйелер секілденіп, Кеме қанша сол құмда қайраңдаған?!
Жұлмаланған кемелер, кетіктеніп, Жағалауға асығыс жетіп келіп, -- Түйе құсап ауырлау шөкті ме әлде, Белуардан сор құмға кетіпті еніп.
Жібергесін жағаға сырғанатып, Қалар дейсің қажетке кім жаратып? Су тартылып,
Тірлігі тоқтамаса,
Тұрмас еді кемелер құмға батып.
Көрсетпесе егерде күшін өрде, Қажет емес ұсақ та, ірілер де. Кемелердей тастайды құмға аунатып, Тимесе егер бір пайдаң тірілерге.
Шөлден өліп, қаңсыған аңқалары, Тіршіліктің батады жанға бәрі.
Құмда қалған кемелер – Тірі аруақ
Арса-арса сидиған қаңқалары.
Бұл – кемелер жағаға шығып қалған Жиырмасыншы Ғасырдың жаңқалары!
ЫСТЫҒЫНДА АПТАПТЫҢ...
Жағасына қонбайтын торғай барып, Өлкені әлі адамзат қорғайды анық, Сәті келген бір күні қолдай қалып... Бұл маң бұрын шалқыған теңіз еді, Барады енді борпылдақ сорға айналып.
Көз ұшында көл-көсір аймақты алып, Бетке шыққан тұзды сор қаймақтанып,- Нар өлкенің ұқсайды кебініне
Төсегіне жантайған жайлап барып.
Адамзаттың бұл жерге тері сіңбей, Кете алмады құлпырып ел ішіндей. Кебірленіп үлгерген сортаң жерлер Тұздай салған түйенің терісіндей.
Қайтеді деп,
Қайтер деп мынау жалған,
Абыз қарт па тірлікке сұрау салған?! Сортаң жерлер –
Шапаны үстіне ілген, Сақал-шашы,
Мұрты да қылауланған.
Тірлік қуып үстімен қатынаған, Тақыр жерлер сөгіліп қақыраған,- Тілім-тілім даланың таңдайы ма, Ыстығында аптаптың шатынаған?!
ЖІГІТТЕР-АЙ!
Арал еді бір кезде көк пен жерің, Бірге өткерген өмірдің өткелдерін. Бір-ақ күнде дүр ете көтеріліп, Бәрің бірдей
Бұ қалай кеткендерің?
Жүрген кезде өзара қауымдасып, Алдарыңда қалатын дауыл жасып. Көңілдерін шайдай ғып ашушы еңдер, Ағайынның кей-кейде дауын басып.
Бәріңе де достықтың назы ұнаған, Жігіттер ең үй алған қазынадан. Көп ұзамай күңкілдей бастадыңдар Желі ұнамай сол жердің азынаған.
Содан кейін сендерде жан қала ма, Қол да бұлғап қоштаспай сардалаға,- Үйлеріңді көштіңдер айырбастап, Тарай ұшқан құстардай сан қалаға.
Қарт та айқасқан қатермен, Жас та айқасқан,
Кезде мынау серттесіп, сөз байласқан. Қылықтарың сендердің ұнамады
Бұлт төнгенде Аралды тастай қашқан.
КӨШ НЕМЕСЕ ӘЖЕ ЗАРЫ
Бұлбұлдайын безінген өз бағынан, Құландайын безінген өз қағынан, Ата қоныс жұртымнан көшіп барам, Не болса да көрмек боп өз бағымнан.
Көшпей қайтем – айналам құмға айналды, Күнім және батуға ыңғайланды.
Жалғызымнан немере сүйсем деп ем, Келінім де қас қылып тумай қалды.
Желмаядай желетін мінгенімде, Боталамай сорлатты інгенім де. Айналайын Аралдың арқасы екен, Қызыл-жасыл киініп жүргенім де.
Думандатып, ән салып кешке күнде, Қызғылықты бал дәурен кешкенім де,- Арқасы екен Аралдың...
Қажет болмай,
Қаңсып қалды қайық та, ескегің де.
Бәрі қалды, адыра бәрі қалды, Шарыққа сап тағдыр да жанып алды. Қарғыс атқыр тұз болып, үскірік боп, Жан-тәнімді сан мәрте қарыған-ды.
Сап тыйылып береке-құт та ағылған, Айырылдым-ау қасиет тұтқанымнан!.. Жалғыз үй ек –
Көшкенде ауыл түгел
Қимай атамекенін жұртта қалған.
Қасіреті, Қайғысы, Мұңы ұлғайған,
Кемпір болдым бүгінде мыжырайған. Төрт құлақты қыш үйім қап барады, Тағдырына жандайын қыңырайған.
ЕКІ КӨРІНІС
Замандардан заманға көшіп жүрген Сараңды қой күн батпай есік ілген. Аралды ойлап зыр қағып жүгіруде Арлы жандар бұл күні есі кірген.
Қалжыраған теңіздің халін көріп, Елге рахмет жүгірген барын беріп. Қансыраған тірлікке көп те етпес-ау, Денедегі құйса да қанын бөліп.
Гүлге ораған сан өлке, Сан қырыңды,
Еңбек сауған қарт еді алғыр үнді:
– Оу, дәрігер, Аралға жалға, – деді, – Менің тарлан бұл күре тамырымды.
Заңғар оймен жүргенде асып, толып, Танылмасын неге елге асық болып?! Төреқұлдың баласы – Шыңғыс аға Құйды Аралға Талас боп тасып келіп.
Көкжиекке сүңгітіп құмай-күнін, Жұлдыз, Айға толтырған нұр айдынын, Сол Аралға келін боп түскен апам, Пошта арқылы жолдады бір айлығын.
Иығы асып тұрмай ма тұстасынан, Кісілікті ойласа кім жасынан.
Бір оқушы жіберді Жылдар бойы
Үнемдеген тиынын түскі асынан.
Азамат деп қажетке тұрған жарап, Қуансаң да алайда бұған қарап, Әне біреу көргенде саудагерді, Шыр айналар дүние бір домалап.
Төбесінен сұм жалған анық атқан, Жан екен бір ішіне қаны қатқан. Кешесің бе қылығын –
Тұзды Аралдан
Сүзіп әкеп уланған балық сатқан?
Жаңылмаса болғаны есебінен, Тіршіліктің тал жібін есе білген. Ауру сатып тұрмын деп ойламайды, Ауру балық сатса да неше күннен. Имансызға не дейсің ардан безген, Жаңылмаса болғаны есебінен.
Әттең, оны желкеден бүрсем еді, Соңы немен бітерін білсем еді... Ауру балық жегендер
Бірақ ертең
Ауырмайды дегенге кім сенеді?!
ТҮЙЕЛЕР
1
Түйелермен қоштастық тұштаңдасып, Оған деген көңілден құштар қашып. Қара күштің атасын ұмыттық-ау, Рельс тасып жол салған,
Шпал тасып.
Көз алдымнан жүгірген жылдам қашып, Жазық дала белеңнен, қырдан да асып, Бозінгенді боздаған ұмыттық-ау, Шойын жолға тас тасып, құм да тасып.
Төзім бар ма, сірә, оның төзіміндей, Сезім бар ма, сірә, оның сезіміндей, Паровозға ығысып жол береді,
Өзі салған жолмен де өзі жүрмей.
Түн жетілген қатайып, күн жетілген, Бұрын оның қағатын кім бетінен?.. Кемелерге жүктеді...
Босатылып
Тұз бен балық таситын міндетінен.
Қара атандар тұрғанда қуатында, Түк емес-ті құс қанат құла атың да. Есесіне сыра ішіп,
Жанға шипа –
Менсінбеуге айналдық шұбатын да.
Қол жетті деп паровоз құландарға, Желіктік те желбуаз ұрандарға, Түйелерді шығардық демалысқа, Иір мойны теңеліп крандарға...
Желіп жүріп борпылдақ боз даламда, Қайдағыны шерлі үнмен қозғағанда, Жүйкемізді кеміріп бітті-ау деп те, Жақтырмадық, жарықтық, боздағанда.
Көшіп жүріп даланың құм, тасында, Ала білген жүнін де, шудасын да, Бозінгендер тұқымын мүлде аздырдық, Бұрқ-сарқ етіп қайнаған бурасын да.
Қол үздім деп тірліктен қалған жасып, Ауызынан ақ көбік “шампанды” ашып, Түйелер – иір мойын кемелерім
Маң далада барады маң-маң басып.
2
Шара бар ма мезгілдің сарабына, Топырлатып ап келген Ар алдына. Қайта оралған көліне аққулардай, Түйелер де оралды Аралына.
Тыныс қосып тірліктің тынысына, Көмек берген жандайын туысына, Бұлшық еті даламның секілденіп, Қара атандар кірісті жұмысына.
Өткен-кеткен жайларды толғағанда, Тағдыр иіп, шіркінді қолдаған да.
Құмда қалған кемелер қайтер еді, Күш атасы – қара нар болмағанда?!
Аймақта да сор жауып көп тапталған, Жүре шалып жантақты,
Оттап та алған,
Қанша Бура жүр сүйреп Паровозды
Моторы өшіп, жүрегі тоқтап қалған.
Жолға шығып көз ілмей ала таңнан, Сөйтіп ылғи өздері дара атанған, Қанша “ЗИЛ”-дер батпақтан аман өтті Мың киловат күш дарып қара атаннан.
Омырауын төсеген желге шалқып, Қара атандар ел жүгін келген артып. Тоқтап қалған қаншама Тіршілікті Бура күшпен келеді өрге тартып.
Көкірегімде бір ағыс жайлап ағып, Шым-шытырық отырмын ойда қалып... Бірте-бірте осылай бәз қалпына Келмесін тек дүние қайта айналып.
КАЛИМА
Өліп тірілген балықты осылай атайды.
Автор.
1
Тасқа соқпай маңдайын бұрылмаған, Балық бар ма теңізде қырылмаған... Су астында бір майдан жүріп жатыр Су астының тірлігін жырымдаған.
Мықтыларда болмайды ер кезегі, Ісіп, кеуіп ашылған желге өзегі. Балықтардың не сойы жүрген жоқ па Су айдаған желкілдеп желбезегі.
Адалына қарамай, арамына, Салып көрсең ақылдың сарабына. Қанша балық құрыды түсіп кетіп Жайындардың аждаһа аранына?
Мұрты - өзінің айналған жебесіне, Дақ түсірмей жүйткіген денесіне,- Қанша балық жұтылып кете барды Тістілердің азық боп өңешіне?
Жөн сілтеген кім екен, Бағыт берген,
Қыруды әлде жан ба екен бақыт көрген. Жылан балық түбіме жетті қанша Әлдеқайдан, апыр-ай, ағып келген?!
Жақсылығы өзінен артылмаған, Артылмаған және де қарқындаған Шортандарға жем болған балық қанша Су астында қылыштай жарқылдаған?
Шортан болып жаралсын қайдан бәрі, Балықтың да бар шығар сайтандары?! Күні қараң бәрінен шабақтардың
Тас түйін боп шықпаған майданға әлі.
Ұрпақ үшін бел асқан, Заңғар асқан,
Қайдан болсын тірлігі алға басқан, Күні құрсын шабақтың, Өңештінің
Кез келгені жұтады талғамастан.
Жуан шығар кезі ғой жуастың да, Сырт бергені секілді сырластың да. Қанша балық бір-бірін жұтып келді Күштілердің Заңымен су астында?!
Бұның өзі салмақ боп түсті белге, Арманым да сан мәрте ұшты желге. Мойынсұнып алдында құлдық ұрған Су асты да бағынып күштілерге.
Мықтылары, көк мойын жуандары, Өңештісі, тістісі... қуған бәрі.
Пана таппай қайдан да дүркіреген Балықтар –
Табиғаттың құрбандары!
2
Кезең туып Аралды жырымдаған, Зұлмат бар ма біз әсте ұрынбаған? Өткен-кеткен заманға көз жіберсек, Кезі бар ма балықтың қырылмаған? Тұрғанына қарамай жылап аспан, Адамдар-ай,
Аралдан құлақ ашқан...
Сумен бірге егіске жосып бердік Арықтардың бойымен тұра қашқан.
Дүркіреткен су астын заманында, Небір сойы –
Жақсысы, жаманы да
Қайырлаған кемедей қаңсып жатты, Суы тартылған егіннің табанында.
Судың қайдан балықсыз сәні келген, Табиғаттың бұ да бір әні ме өлген?! Уландырып және де қанша қырды, Су жіберіп Аралға дәріленген?
Жандар болса қайтпексің кілең кеуде, Сөйтіп суды көшкен-ді үнемдеуге.
Табиғи боп тумасаң, Бола ма, айтшы,
Табиғаттың қыр-сырын білем деуге?
Бұл күндері ортайып ырыс қалған, Соны ойласам күнім жоқ тынышталған. Қанша балық айдынға шыға алмады – Адам қолы жасаған қылмыстардан!
Жаңа жетіп теңіздің сағасына, Берген кезде айдынға жаңа шыға, Теңіз бетін сапырған жойқын дауыл Және қырды лақтырып жағасына.
Қара судың сүзгендей қағын барып, Көздегендер баюды жанын салып. Уылдырығын сыпырып алды қанша, Обал демей балықтың қарнын жарып?!
Уыз болып дарыған бар маңына, Уылдырық айналып арманына, Жемқорлардың
Үйінде жатты асылып,
Қанша балық ілініп қармағына?!
Шығарар ма ед соларды көп алдына, Жауап берсін арына,
Қоғамына.
Жоспар үшін балықты босқа қырған Жандар қанша қарамай обалына?!
Атқан кезде шығыстан таңы алаулап, Қызу қанды жігіттер жаны лаулап, Тұқымын да өсірмей құртты қанша, Шойын кеуде кемемен балық аулап?!
Табиғатпен бұл адам тірескесін, Дала желін білді де жылы еспесін, Су астына көшті олар,
Атып, қырып,
Жер бетінің аңдарын түгескесін.
Кемесін де толтырып, қайығын да, Айлығын да айырған, шайлығын да, Адамдар-ай!
Сүзгілеп бітірдіңдер Су астының балығын, Байлығын да.
Іші жылып, жайраңдап сырты күлген, Қыр-сырымды су асты жұрты білген. Калима атты балықпын,
Уа, халайық,
Тіршілікте мың өліп, мың тірілген!
БІР КЕМЕНІҢ ҮСТІНДЕ
Арал жайлы пікір талас
Залға кілең игі жандар жиналған, Жол жүріп келгеннен бе,
Түрлері бар қиналған.
Суырылып сөйлеп жатыр шетінен, Дауылдардың келгендей-ақ өтінен. Алдыменен бірі шығып мінбеге, Шыныдайын жалтырап шырайлы өңі, Жұртқа қарап былай деді:
- Бірде суып,
Бірде жылып өзгереді күн неге?
- Бұны неге айтып тұрсыз?
Сауал ғой бұл әлдеқашан ескірген, Деген дауыс залдан кенет естілген.
- Ой салатын адамға,
Қандай сенің көмегің бар Аралға?
Арал жайы тұрған жоқ па бұл күні Міндет жүктеп бүкіл мынау ғаламға!
Қайда барсын тіл құрғыр жөнге көнбей, Босқа уақыт өткізіп көп бөгелмей,
Әлгі адамның естілді қатерлі үні:
- Ерте кезде бұл Арал пайда болған, Екі дүркін тартылып,
Екі дүркін арнасы қайта толған. Табиғаттың бұ да бір қателігі, Болғанымен кей-кейде сан өрлігі. Жақын жерде, бұл маңда
Жоқ емес пе жылап аққан жылғаң да. Ендеше бұл Аралды құрту керек, Қуаңшылық қанат жаймай тұрғанда Оңтүстік даласында.
Қолдан көл жасау керек Жататын аунап шарасында.
Сонда ғана қорықпай құм бораннан, Ғұмыр кешесің
Өлкеде гүлге оранған.
Енді бірі сөйледі түрегеліп, Күңірене шықпасын күле келіп.
- Құйындаған тірлікте жасып па адам, Кезі бар ма нар күшін тасытпаған.
Жер астының суларын және игеріп, Табиғатты дұрыс-ау жасытпаған.
- Қолдан келсе жақсы ғой жасытпаған, Жаман бірақ бәрінен асықпаған.
Суды қалай, жарқыным, шығармақсың Жеті қабат тереңге қашықтаған?!
Біреу тіпті былай деп есіргені, Өзін көріп өзгеден көш ілгері:
- Көріп жүрмін Аралға жиі барып, Күйзеледі жанымның күйі налып. Жойқын күшпен Аралға жосытайық Көктемеде қар суын жиып алып.
Жұрттың кенет өзгеріп түрлері де, Жыларын да білмеді,
Күлерін де.
Сөзде тұрған, тәйірі, не бар дейсің... Дық қалды, әттең, кім-кімнің жүрегінде.
Және бірі қадалып жұрт көзіне, Көтерілді мезгілдің мінбесіне:
- Табиғат пен адамның арасында Түсініспеушілік бар кейде, Нанасың ба?!
Табиғаттың қателігін түзеткенде Қол жетер деп мол суға,
Бөскен едік біз өткенде. Соның соңы не болды? Немен бітті?
Сөз жүзінде орнаған сол көлді аңсап, Дала күтті,
Бел күтті, Белең күтті.
Бір-ақ айтсам жүйкемді шағып тұрып, Елді босқа келеміз зарықтырып.
Сақта алдымен Аралды, Ертеңдері
Десең егер кетпесін халық құрып!
Сол кезде залдан біреу гүр еткенде, Дір етіп қалысты өжет жүректер де.
- Айрылып өңінен, Келбетінен
Арал көшіп барады жер бетінен. Перзенті боп тағдырын ойлайық та Толқынында толықсып тербетілген.
Ұрындым деп бұл жолы қарт қазаға, Жоғарыға шағынып хат жаза ма?
Кінәліні шетінен тауып алып, Алды-артына қаратпай тарт жазаға.
- Сондай сөздің, жарқыным, керегі не? Айналсаң да туған жер терегіне.
Бұның сенің – балалық Бір кездері
Тас лақтырған қыздардың шелегіне.
Ұшып келіп қонар деп бақ тағы да, Жүре бермей құр босқа ақпа құмда. Суды неге үнемдеп жұмсамаймыз, Күрішті де азайтып, мақтаны да.
- Мақта деген – ақ арман, Ақ шағала,
Оны да ойла... Емес ол ақша ғана.
Күллі әлемнің үстіне ұлпа болған, Нұрдан ғана жаралған ақ самала.
Содан, міне, болмайды мақта өсірмей, Басқа қонған аз ғана баққа есірмей.
Қырын неге қарайды ақ мақтаға, Мінгендердің қайбірі атқа сендей?!
- Жан екенсің көгерген мақтаменен, Және бұрын кіріпсің баққа менен. Құрыса Арал...
Жұлдызың жана қоймас, Арайланып ақ таңың атқанменен.
Сырдың суын тонаған, Сырды ұрлаған,
Омырауыңдағы көп медаль сыңғырлаған. Мәртебеңді асырып көтермек боп,
Өңір бар ма сен үшін жыртылмаған.
Жырта беріп кез келген жердің бәрін, Құртқан және өзіңсің көлдің бәрін.
Жердің сәні емес пе көл дегенің, Кетіргенің бұ қалай жердің сәнін?! Бүйте берсең, жарқыным, атақ үшін Бір күндері тыярсың елдің де әнін!
- Құрыштайын шынығып құрыш күнде, Жүріп келе жатсақ та нұр үстінде,
Арал түгіл,
Тағдырын шеше алмадық
Өзіміз жылда егетін күріштің де.
Естілмеді күріш боп кімнің әні, Кетіп жатыр күрішке судың бәрі. Тірі пенде болсайшы бұны ойлаған, Сайрап келді күріш деп бұлбұлдары.
- Бадана көз күрішті өсіргенде, Жетпек болған мұратқа есіл пенде. Күрішті айтып қаншама қақсасаң да, Су тағдыры бәрібір шешілген бе?
Айтар сөзің осы ма жиынға кеп, Замандас-ай,
Үмітің кесілгенде?!
- Тірлік керек,
Су қажет тірі адамға,
Арал орнап қалмайды жылағанда. Жайып ылғи алақан,
Қалай ғана
Дағдыланып алғансың сұрағанға?!
Жақсы, әрине, бұндайда қармап қалған, Өзендер көп Сібірде тармақталған.
Соның бірін қалайда бұрып әкеп, Жалға бірден Аралға арна ақтарған.
- Ол шығынды өтеуге шашың жетпей, Басың кетпей тынбайды, басың кетпей. Арал, тегі, көсеге көгертпейді,
Арна ақтарған көңілің тасып өтпей.
- Шығын дейміз! Шығынға ара түсіп,
Шыр-шыр етіп жылаймыз дала құшып. Неге, ендеше, жарқыным, ойламаймыз, Жер жастанды қанша әке арақ ішіп?!
Азаматтық көз жазбай міндетінен, Арал жайын ойлауға кім бекінген?
Шетінеген баланы кім ойлайды Жиырмасыншы Ғасырдың індетінен.
Қарт та азалы, көк өрім жас та азалы, Ісінуде ішегі, асқазаны.
Індет деген – өлу ғой, Сұм ажалдың
Қайдан болсын басқа жол, басқа заңы.
Зұлматтарға, зұлымға сан атылған Адам болып Анадан жаратылған Ойламаймыз неге, айтшы, Жарымжан, кемтарлығын Балалардың көбісі жаңа туған?!
Бар ма, сірә, адамның жеңбегені, Қолдайды деп сенемін ел де мені. Нәрестенің кемтар боп туғанынан, Жақсы, әрине, өмірге келмегені.
Келсе егерде –
Күн кешер емделумен,
Дәурені өткен “ХТЗ”-дай жөнделумен. Асыранды қаз да бір, кемтар да бір... Сансырайды анасы “жем” берумен.
Тірлік пе бұл кісіге жөн көрінген, Құба жонға бастайды жол керілген. Мола деп ұқ
Алайда Арал жақтан
Төбе көрсең қазандай төңкерілген.
Ешкімнің де сау емес жұлындары, Сырқырайды сәл жүрсе буындары.
Бағытынан ауытқып кетсе егерде Жұтқалы тұр ажалдың жылымдары. Табиғатты кезінде емдемедік, Емдемеудің кесірі бұның бәрі.
Дімкәстар! Сықырлаған буындары,
Жиырмасыншы Ғасырдың – Шығындары!
- Оу, дәрігер!
Сен құсап сөйлегенде,
Сынаптайын сырғимын кейде мен де. Танытатын шешендік жер емес бұл: “Домалайды қу бас, – деп, той дегенде!”
Аралды айтсаң жанарың мұңданады, Ол кейпіңе бірақ та кім нанады?
Емдеп, сірә, жазбасаң бір баланы, Қыл шылбырда қылқынып тұрған әлі.
Не нәрсені жүрсең де мұра көріп, Талай мәрте лайландың тұна беріп. Оу, дәрігер, не дер ең,
Тұра ұмтылса,
Қабірінен өлгендер шыға келіп?!
- Тұрған жоқ па сорлатып дәрі жетпей, Процентке жүгінсек әрі кетпей.
Көкірегі цифр боп күмбірлеген:
- Процент ...- деп дәрігер міңгірлеген.
Сыздатса да жарасы денедегі, Дәрігердің сөзін жұрт елемеді.
Бір қария тіл қатып өкінішпен:
– Неге? – деді. – Жарқыным, неге? – деді.
Процентпен шырқатып әніңді де, Санмен өлшеп шешеді бәріңді де. Дерт жайлаған жұртыңа,
Не жорық-ау,
Процентпен бөлгесін дәріңді де.
- Тәңіріден еншілеп сұрап алған, Жалған десе, жалған-ау мына жалған... Ақын солай орнынан тұрғанда атып, Сілтідейін зал іші тына қалған.
Ақындардың айбыны кескінінде, Ақ самал боп еліне есті күнде.
Адамзаттың зар-мұңы жатқан жоқ па, Ақындардың азамат сесті үнінде.
Оқ болса егер әуеде көкті тілген, Оны әуелі ақындай текті білген. Айтып-айтпай не керек,
Жалған бәрі,
Бұл жалғаннан Арал да өтті бірден. Соны сезген ақын да отты жырмен Залдың ішін жаңғыртып кетті бірден:
- Сақтамаған Аралды, қорғамаған Кімге керек көз жасың сорғалаған. Қаржы керек, ендеше, әрекет те... Қажет емес майда тіл жорғалаған.
Сөйлейміз кеп көсемсіп бәріміз де, Көмек берген ешкім жоқ әлі бізге.
Арал – біздің ат басы жүрегіміз, Тәнімізге айналған, әнімізге.
Жалған дүние – айналған тұл денеге, Жалған сөзге бүр жарып, гүлдене ме?! Арал кешкен қайғыдан құтылмайды, Келе жатқан бар халық бір кемеде.
Сынға түскен елімнің нар ерлігі, Сынға түскен ерімнің жан өрлігі. Айналдырған Аралды тұзды сорға – Жиырмасыншы Ғасырдың қателігі!
Себеп болған дауға да, Айтысқа да,
Арал тұзы жетеді қай тұсқа да. Бүгін жетсе ағылшын бау-бағына, Ертең жетер АҚШ-тың тау жағына. Арал тұзы жеткен-ді Парижге де, Француздың жармасып қалпағына. Құйын соғып, құтырып қағынғанда Жеткен және Канада алқабына.
Бұны, бәлкім, болмайды ел ескермей, Ақыл қоспай және де кеңес бермей... Европаны тұзды бұлт шарлап та жүр, Кезген сонау бір кезде елестердей.
Жүйтки берсе осылай талмай заман, Не пәлені көресің –
Қандай жаман?! Апат төнсе бір елге, Шыны солай,
Одан тіпті қай ел де қалмайды аман.
Нұрлы әлемнің сөндірмек күнін кімдер, Тірлік семіп,
Солмасын тірі гүлдер.
Сақтайық деп Аралды сапқа тұрып, Жер шарының күллі елі, бірігіңдер!
Ел қалмасын сол жолда жұмылмаған, Жақсы, әрине, бұндайда құбылмаған. Сақтау керек Аралды,
Құйсақ та әкеп,
Шыңыраудан су тартып шымырлаған.
Жетсем егер мұратқа – гүлдегенім, Гүлдегенде ғаламат түрге енемін. Қай кезде де еліммен бір келемін, Болса, шіркін, қасірет – білмегенім. Мен өлгенмен жасайды халық бірақ, Халық өлсе...
Мен бірақ бірге өлемін.
Не көрсе де барлығы бірдей көрер, Барлық халық үстінде бір кеменің! Барлық халық үстінде бір кеменің!!
ҚҰЛАҒАН ЗЫМЫРАНДАР
Атыңнан айналайын Қарқаралы, Ауып жатыр арқадан арқар әлі.
Тұрған жоқ па басыңнан бұлт арылмай Сенің ерте қызығың тарқағалы.
Жетеміз бе мұратқа мұнаралы, Әлі күнге тартылып тұр Аралы.
Кісі өлімі көбейген бұл күндері Зымыраны Ресейдің құлағалы.
Кімге дәрі қаныңның тулағаны, Мүмкін бақыт ұрпақтың тумағаны. Зымырандар көгімнен құлайды ма, Арлы ананың жатырын улағалы.
Келем неге жете алмай тілегіме, Заман азып, ел тозып жүдеді ме. Құлап жатқан зымыран жеріме емес, Құлап жатқан секілді жүрегіме.
Болашаққа жол тартқан ел асығып, Неге ажалды қумайды бел асырып? Дерті асқынып, үміті үзілмесе, Азамат ер өледі неге асылып?!
Ауаны улап, құйынды жел ескенде, Өлік қанша шашылған белес-белде. Неге егеулі найзаға айналмайды, Қайран қазақ тағдыры егескенде.
Кешкен жұрттың бірі еді азап талай, Өткен бар ма тұсынан мазақтамай. Ресей жақтан тұрса егер өлім есіп, Өсіп - өніп көбейсін қазақ қалай?!
* * *
Жолдағысын жапырып жайпап өткен, Зұлмат қанша жер үстін майдан еткен. Сарыарқаның сағымды даласынан Көзді арбаған сұлулық қайда кеткен?!
Күннен асқан айбыны, Айдан асқан, Күндер қайда зұлматқа майдан ашқан? Қаптап өрген киіктер көрінбейді, Сағымдайын жоғалып қайда қашқан?
Шырылдап қорғаса да торғай-Жалған, Айдын көлдер тартылып сорға айналған. Қараулықтың шалғысы,
Қалың өскен
Шалғынымды күн бар ма ормай қалған.
Сарыарқаның төсінен құм суырып, Безінбеді жерінен кім суынып.
Аспанымнан уланған темір жауып, Туған елді тарыдай тұр қуырып.
Дауыл есіп жылдардың қанатынан, Қайран қазақ қайғыдан жаратылған. Сынақтардан тау жанып, тас та жанып, Қара жердің көзінен қан атылған.
Ауа райы бұзылып құбылғалы, Қандай зауал қазақты тұр ұрғалы. Елге төнген қатердің алдын алмай Азаматтар қайда жүр нар тұлғалы?!
Татулықтың бұзылып шекарасы, Бүліне ме, кім білсін, ел арасы. Бұғынады ер неге?
Нар қазақтың
Қан түкіріп жатқанда кең даласы.
Жанарына көк мұнар мұң байланып, Ана қанша сорлаған тумай қалып.
Елдің асқақ өр рухы бірге өлді ме, Асқар тауы жатқасын күлге айналып.
* * *
Жер бетіне шуағын төккен арай, Қара күзге айналсын көктем қалай. Жезқазғанға Елбасы барған еді, Көңіл құсын ұшырып көкке қарай.
Көкке қарай серпіліп жыр ұраны, Ірімеген жұрт едік қымыраны.
Жезқазғанға Елбасы жеткен кезде Орманды елдің құлаған зымыраны.
Жерге түгел түспей ме таңның нұры, Әлде биік емес пе Ар тұғыры.
Елбасының қап қойған жүрегінде Зымыранның құлаған жаңғырығы.
Туған елге қайғысын ұсынғалы – Зымыранды бұл қалай ұшырғаны?
Ызғар шашқан жүзінен білінбейді Сары орыстың ұяттан қысылғаны.
Орманды елдің осы ма жөн білгені, Көріп келем сұмдығын жол жүргелі. Зымыраны, кім білсін, құлады ма, Елбасына бір қатер төндіргелі.
АЙДЫН КӨЛДІҢ АЗАСЫ
Сарыарқаның даласын улағасын, Неге ызалы толқыным туламасын.
Қасиетімді кәпірлер қайдан білсін Ұлы қазақ жерінде тумағасын.
Айдын көл ем толқыған дөңгеленіп, Мені уламай тұра ма жөнге көніп.
Жығылғандар қаншама бұл заманда Қоңыраулы кеудесін өрге беріп.
Қалың елден табылмай жанашырым, Қайғы уына малынған қарашығым. Керексіз боп қалдым ба жұрт аманда Тоналғасын бойымнан бар асылым.
Дүниенің қабағы сыздай қалып, Жүрегімде қалды ма мұз байланып. Улы жаңбыр көгімнен көп жауғасын, Бір күндері ұшармын тұзға айналып.
Қабырғама батқанда қайғы мына, Мұң шағамын қазақтың қай құмына. Қатер барын ішімде сезеді ме,
Аққу құстар қонбайды айдыныма.
Айдыныма құс қонбай дүркіреді, Қашан менің кеудемде жыр түледі. Көл деп мені ойлама,
У салынған
Алып ыдыс шығармын кім біледі.
* * *
Қайғы бораған ақпанда,
Не істеймін дабыл қаққанда,- Қарқаралы жері уланып, Қасірет шегіп жатқанда.
Қайғы бораған ақпанда,
Не істеймін дабыл қаққанда,- Қарқаралы елі уланып, Шетінен өліп жатқанда.
Семсердей өткір қайралып, Майданға шықсам сайланып,- Құритын, сірә, шығармын Итжеккенге айдалып.
Қарқаралы жері молаға Кетпесе екен айналып.
* * * Алтынмен семсер булаған, Ар-намыс қайда тулаған? Жолбарысы жоқ заманда Жолбарыс ұлдар тумаған.
Азамат жоқ-ау қаламда, Қазанат жоқ-ау даламда. Арыстан ұлдар тумаған Арыстаны жоқ заманда.
Қырағы болмай мұрама, Тұнығым қайта тұна ма. Мына сатқын қоғамда Сатқындар тумай тұра ма.
РАКЕТАНЫҢ БІР СЫНЫҒЫ
Ажал қолы жағама жармасқалы, Сілтенбеді неге елдің алдаспаны?
Өлгендердің санына жеткен бар ма, Сарыарқаны қатерлі шаң басқалы.
Өлгендерді көмсе де қара жерге, Жел айтады мұң шағып дала, белге. Бұрын өлгің келмесе ажалыңнан Темір жауған өңірге бара берме.
Туған елдің қуатын көтергелі, Жүргенімде көңілден от өргелі. Сарыарқаның ауасы уланбаса, Жылқылардың бұл қалай жөтелгені?!
Тіршіліктің, ендеше, күйі жалған, Келеді әлі жеткізбей киік арман. Темір жауған өңірде жұрттың бәрі Қайғыдан қара шекпен киіп алған.
Сойқан қанша мен көрген бұл өмірде, Күңіреніп күй шертем күрең күнде.
Ракетаның шашылған бір сынығы Тұрған жоқ па қадалып жүрегімде.
Тіршілікте сезінбей жыр қуатын, Күн туды ма көңілім суынатын. Жүрегіме қадалған сол сынықты Қолы шипа жан бар ма суыратын.
АҚЫН МҰҢЫ
Көңілімді бір кезде нұрға ораған, Ауыл барсам алдымнан құм бораған.
Түн жамылған баукеспе ұрыдайын Қуанышын, қызығын кім тонаған.
Мына қарау қоғамда құрамалы,
Күн кешем бе деп қорқам сұламалы. Ауылымнан еспейді көктем лебі Зымыраны Ресейдің құлағалы.
Кісі бар ма зарына құлақ асқан, Ауыл үстін бұл күні мұнар басқан. Сарыарқаның ауасы уланғасын Аспанынан алқынып қыран қашқан.
Түнергенде қабағын түйіп аспан, Туған елдің жүрегін күйік басқан. Сарыарқаның ауасы уланғасын Қасіретін арқалап киік қашқан.
Мұң ұялап ауылдың қабағына, Ит сарыған заман бұл табағына.
Барған сайын мұңайып қайтам ылғи Сағынышымның жас толып жанарына.
Не айтамын қазақтың қауымына, Қасқырдаймын оқ тиген сауырына. Өлгендердің басына құран оқып, Қайту үшін барамын ауылыма.
Жүрегімді бұл қайғы кескіледі, Қарау Күштер қайсы бір ес біледі. Зымырандар құласа,
Өлгендердің
Ыңырсыған үндері естіледі.
Қатер бұлты басына төнгенде елдің, Бұғынғаны бұл қалай көргенді ердің?! Тірі жүрудің өзі ерлік бұл заманда, Мазасын ап жатқанда өлгендердің.
КИІКТЕРДІҢ КӨЗ ЖАСЫ
Қасіретін кеудеге жиып тұрған Жалған Дүние кімдерге күй ұқтырған. Қарау күшке қылатын шараң қайсы Зымыранын құлатып киік қырған.
Ара түсіп, қырылған киігіне, Шыдамаған жан қанша күйігіне. Адамдарды адам деу қиын шығар Зұлымдықтың қол артқан биігіне.
Мына бұзық заманда құбылмалы, Кімге дәрі жаныңның шыңғырғаны. Сайын дала қан сасып тұрған жоқ па, Сарыарқаның киігі қырылғалы.
Төбесіне ту тіккен биіктердің,
Мұңын кім бар тыңдаған сүйікті елдің. Жерге көміп өлігін жасырады,
Табын-табын қырылған киіктердің.
Болашаққа жол тартқан ел асығып, Сұм зауалды қумай ма бел асырып.
Жер-жаһанға мұң шақпай қалай жатсын Киіктердің өлігін жер жасырып.
Жамандығы көрініп өз басына, Зұлымдықтың, кім кепіл, тозбасына. Мүрдем кетіп жүрмесін бір күндері Киіктердің қалғандар көз жасына.
АНА ҚАСІРЕТІ
Жатырына суырған құм байланып, Жалғыз мен бе сорлаған тумай қалып. Қалай туам –
Құлаған зымыраннан
Аспан асты жатқанда уға айналып.
Арманымды жүрсем де алға асырып, Келем әлі жете алмай таңға асығып. Қалай туам –
Құлаған зымыраннан
Туғандарым жатса өліп талға асылып.
Ауаны улап, даланы бүлдіргелі, Зымырандар қатер боп тұр бүргелі. Пойыздардың астына түсіп өлген
Жас бүлдіршін қыз қанша бұл күндері.
Туған елдің бүлініп тұнықтары, Сырқырайды үйлердің сырықтары. Ажал болып көзіме елестейді, Ракетаның шашылған сынықтары.
Қасиеті тұрса артып көргенді елдің, Өмірінің шырағы сөнген бе ердің. Тумайды деп жазғырма мені, ағайын, Санын қайтем көбейтіп өлгендердің.
Тарғыл тағдыр қызығын бұлдағанда, Не істеймін булығып тулағанда.
Туған бойда у ішкен ұрпақтардан Тумағандар бақытты бұл заманда.
ҚЫЛЫШТЫҢ ЖҮЗІ
Шәмшидин Паттеевке
Тасқын егер кезіксе жүзіп өтіп, Елім талай ұшырған құс түлетіп.
Ойлы Ойықтың аруын құшқан күні – Күрең мінген жігітсің кісінетіп.
Саған тиген айналдым қарындастан, Көңіліңнің бораған шаңын басқан. Ойлы Ойықтың сол қызы болар, бәлкім, Айдыныңды асырып, бағыңды ашқан.
Туған елдің айналып намысына, Кеме салдың заманның ағысына. Тас қоғамда күн кешіп жүрміз әлі, Түн жамылып оқ атқан арысына.
Сөнбей жанып тұрғанда көкте күнің, Елге неге жетпесін көктем-үнің.
Ер жігіттің бірісің бұл күндері, Қаны ойнаған бойында көк бөрінің.
Сайын дала төсінде нұр ағылған, Азамат көп анадан бұла туған.
Қазақ – қылыш болса егер,
Жүзі – сенсің
Найзағайдың шоғына суарылған.
Атқа ақырып қонатын дүрбелеңде, Ерлер аз ба елеусіз жүрген елде.
Ей, бауырым! Қылыштың жүзі болсаң,
Өтпей қалып жүрмегін сілтегенде!
АСТАНАДАҒЫ БАУЫРЖАН ЕСКЕРТКІШІ
Қамал бұзып, қайдан да өте білген Қайран Баукең қашанда төте жүрген. Бой түзеген ескерткіш Астанада – Батырдың асқақ рухы көтерілген.
Тұла бойын толқыған нұрға малып, Сәл тыныстап жатқасын қырға барып. Астананың төрінен түрегелген
Жаңа ғасыр секілді тұлғаланып. Мына қарау қоғамға ызалы ма, Кеудесінде бір дауыл тұр қамалып.
Тулап жатқан тереңін тыңдағасын, Неге менің жүрегім жырламасын. Туған елі көтерген ескерткішін
Ата ерліктің білгесін шын бағасын.
Аспанымда туғанда Ай нұрланып, Күрең күндер жоғалған қайғымды алып. Қай жау бізді басынсын
Батыр тұлға
Астанада тұрғанда айбынданып.
Батыр барда тірлікте жүрегі алып, Туған елге қарайды кім аларып.
Қасиетін ерліктің білгің келсе, Бауыржанның қасына түне барып.
Құлға қонған заманда бақ шатылып, Кімге тұтқа боласың жатқа атылып. Екіталай күн туса,
Қайран Баукең
Тұрған жоқ па қонғалы атқа ақырып.
ТУҒАН ЕЛДІҢ ТӨРІНДЕСІҢ
Қазақтың тұңғыш ғарышкері
Тоқтар Әубәкіровке
Білем сенің бұл күнде өрт көңілің, Алыс-жұлыс тірлікпен өтті өмірің. Көк бөрі еркек сен едің бұл далада, Тік қараған көзіне көк бөрінің.
Көкжал бөрі атанып бөрі ішінде, Тірлік етіп, күн кештің өр пішінде. Арыстанның жүргенін көрген бар ма, Қара қойдың жайылған өрісінде.
Табиғаттың тылсымын жете білген, Арыстандар қашанда жеке жүрген. Азаматтың бірісің бұл күндері, Жүрегіне қадалып жебе кірген.
Айыратын жан бар ма сені еліңнен, Сенбейтінің көп әлі сенеріңнен.
Жер бетінің сұмдығы қажытқанда, Сабыр сақтап, аспадың кемеріңнен.
Көрген емес жалғанда түлен түртіп, Сағынғанда өзіңді жүрем күтіп.
Аспан таза екен деп жер үстінен Талай мәрте булықтың күреңітіп.
Көңіліңнің балта ұрған терегіне, Уын шашпай тұра ма желегіңе.
Бұл қазақтың жықпылын түсінбеген – Үнсіз батып жоғалған тереңіне.
Жер бетіне шуағын төккен арай, Көктем болып жетпесін көпке қалай. Аспан таза болғасын
Кей күндері
Көшіп кеткің келеді-ау көкке қарай.
Жағып талай жұлдызын көңілді ердің, Тіршілікте сан қилы өмір көрдің.
Төрін саған Ақорда қимаса да,
Ей, бауырым, жүрсің сен төрінде елдің!
ҚАЗАҚ ӘЙЕЛІ
Азамат ер бас бағып бұқпалаған, Мына бұзық заманды кім қалаған. Әйел батыр секілді еркектерден Жоқшылықтың көзіне тік қараған.
Өрге сүйреп тартқанда қайран талап, Алтын арай толқыған Айдан тарап. Әйелдердің көрмедім мұқалғанын Ертелі-кеш жүрсе де қайғы арқалап.
Жауар бұлттай түнеріп тұнжыраған, Болашағы бұл жұрттың бұлдыраған. Заттың бәрі қымбаттап,
Бұл күндері
Адам құны төмендеп құлдыраған.
Тіршілікте жоғалтпай өз бағасын, Ту ғып ылғи көтерген сөз сарасын. Әйел ғана төмендеп көрген емес, Алтын сауыт секілді тозбағасын.
Жазы өтсе де өмірдің күзі жетіп, Семсерінің көрмеген жүзі кетіп. Алты алаштың елінде әйел бар ма, Заманды ерттеп мінбеген кісінетіп.
Қилы кезең туғанда кеме батқан, Ару қанша шіреніп жебе тартқан Алтын құрсақ әйелдер деп білемін, Ғасыр жүгін арқалап келе жатқан.
АЙБАЛТА
Арасында екі елдің дау туғалы, Азамат ер қайда жүр тау тұлғалы?! Уланбаған жан бар ма,
Алып Ресей
Улы темір төбеме жаудырғалы.
Түн жамылып бағымды ұрлағалы, Қараулықтың бұзылмай тұр қамалы. Қарқаралы басынан бұлт кетпеді, Қара құйын суырып бұрқағалы.
Көктен темір жаудырған шығар, бәлкім, Асқақ рухын ұлтымның улағалы.
Қайран қазақ туғасын құм, шағылда, Талай тоңған тағдырдың мұздағында. Қаны таза ұрпағын Ресей улап, Қырып жатыр ананың құрсағында.
Ойран салып ойлы елдің келбетіне, Қашан айдап салмады жел өтіне.
Сары орыстан жақсылық кім күтеді, Өлім сеуіп тұрғанда жер бетіне.
Жұрт болса егер қарау боп жаратылған, Ызғар еспей тұра ма қанатынан.
Зымыраны көгімнен құлағанда, Қара жердің көзінен қан атылған.
Шыққан жанның бәрі де жарға ашынып, Өлген жоқ па қайғыдан талға асылып.
Бұл сұмдықты көрем деп кім ойлаған Жеткенде елім арайлы таңға асығып.
Тұнып аққан бұлақты бұла көрген, Көкжал заман шынында құла мерген. Анасы өлген жетім қыз дертке ұшырап, Көк пойыздың астына құлап өлген.
Қазақ енді қай кезде сілкінеді, Заманында мың өліп, мың түледі.
Айбалтасы жоқ елдің қолға ұстаған Күні қараң бола ма,
Кім біледі?!
АСҚАҚ РУХЫ ҰЛТЫМНЫҢ ТІРІЛГЕНДЕ
Қатер бұлтын ысырып елге төнген, Ерде арман жоқ семсерін сермеп өлген. Ұран болған ұлтымның рухы өлгелі, Қара қазақ намысын жерге көмген.
Көз жасымды сімірген мөлдіретіп, Кірме қанша жайғасқан төріме өтіп. Садақ тартар ұл бар ма бұл далада, Адырнасын өгіздей мөңіретіп.
Жұртым, сірә, үлгерген майдаланып, Көгереді көктемі қайда барып.
Күні өтті ме ерліктің кім біледі, Жағымпаздық ел ішін жайлап алып.
Дуалы ауыз абызы датқа болған, Қайран дала бұл күнде жатқа толған. Бұралқы иттер басына сарыса да, Азамат ер жоқ әлі атқа қонған.
Неге бұлай?
Ер жоқ па ел ішінде, Буырқанып жүретін өр пішінде.
Көкжал бөрі жұрт еді бұрындары, Жолбарыстың көп жортқан өрісінде.
Заман ба бұл жамандық етек алған, Мұратына мұқалмай жете ме арман. Арын қорғап, бір қазақ бас көтерсе, Тоғытылып түрмеге кете барған.
Жанарымның ішінде жатқан арай, Тереңімді тулатып аққан талай.
Жат есірмей қайтеді, Бәйтеректің
Бұтақтары иілсе жатқа қарай.
Қорған болған тұғырлы баққа талай, Азамат ер қонады атқа қалай,- Ақорданың ішінен ағындаған Алтын шуақ тұрса есіп жатқа қарай.
Шара қайсы түтігіп түңілгенде, Қасиеттің жоқтығы білінді елде.
Атқа ақырып намысым қонар, бәлкім, Асқақ рухы ұлтымның тірілгенде.
ЖАПЫРАҚ ТУРАЛЫ
Сардаланың аралап атырабын, Буырқанып кеудемде жатыр ағын. Талдың бәрі қайғыдан теңселеді, Жел саусағы жұлғанда жапырағын.
Талдың бәрі теңселіп тұр бағында, Уақыттың тұншығып құндағында. Аяқ асты болам деп ойлады ма, Жапырақтар тұрғанда бұтағында.
Тірлік барда, ел барда бұл өмірде, Дүниеге алаңдап жүрем күнде.
Жапырақты біреулер басып өтсе, Ізі қалмай тұрмайды жүрегімде.
Арай жүзген көзінен нұр төгілген, Ағып жерге түспесін күн көгінен. Бұтағыңнан үзіліп түссең егер, Таптап өте шығады кім көрінген.
Сарша тамыз мезгілде маужыраған, Тіршіліктің көздері жаудыраған.
Сары күздің сап-сары жапырағы- Сары қағаз секілді қаудыраған.
Атанына ауыр жүк теңдеп артқан, Ауыртпалық көп әлі елге батқан. Жүрек екен деп шошып қалам кейде, Жапырақты көргенде жерде жатқан.
АҚЫН БАУЫРЖАН ЖАҚЫПҚА
Мұнар мұңға жүрегін ерте малған, Балалығың булығып елде қалған. Сені туған өлкеде,
Сынақтардан Тау жанған, Тас та жанған, Жер де жанған.
Ғасырларды жетелеп биікке асқан, Тұғырлы елдің жүрегін күйік басқан. Сені туған өлкеде,
Сынақтардан
Сарыарқадан сансырап киік қашқан.
Қайғы ұсынып еліңе бөрте – жалған, Талайлардың көзінде сөнген арман. Сенің мөлдір көз жасың,
Бомбы түсіп,
Қара жерден атылған көлге тамған.
Жігерінің шылбыры есілгенде, Азамат көп жинаған есін елде. Сынақтардың сұмдығы сап тыйылған Даусың сенің күркіреп естілгенде.
Дүниенің сұмдығын жүре көрген, Қарттар қанша қайғыдан жүдеп өлген. Дегелең тау күл болып отқа жанса, Көңіліңде таулар көп түрегелген.
Ақ шыңдардың басына самғай барған, Саған қарсы тұрады қандай жалған.
Жүрегіңде атомдар жарылса да,
Рухы мықты ақынсың жанбай қалған.
МҰҚАҒАЛИДЫҢ РУХЫ СӨЙЛЕГЕНДЕ
Өміріңнен өлең іздеп жүргенде, Шамырқандың дұшпан көздер күлгенде. Қызғаныштың не екенін түсіндің, Қызғаншақтың қызыл иті үргенде.
Көңіліңде бір мөлдір көл тұнғалы, Жанға айналып бара жаттың тұлғалы. Жауыз қолдар саған қарай созылған Жұлыныңды көк жусандай жұлғалы.
Ей, ақыным, кетесің-ау арманда, Үмітіңді ызғарлы үсік шалғанда. Құрт боп түскен тамырына өлеңнің Бақталастық кімді аяған жалғанда.
Қара тобыр өңі қашып қуарған, Атын талай көз жасыңа суарған. Жыр жазып ең сілкілеген қоғамды, Қоғам сенің сілікпеңді шығарған.
Білсең егер жаның содан құсалы, Көңіліңнің еріген жоқ мұзы әлі.
Іштен тынған жанартаусың бұл күнде, Көкірегін от кернеген ызалы.
Бейбіт шақта жыртылса алтын жағасы, Елдің қайдан жазылады жарасы.
Ұлыларға қарағанда бұл күні Ұрылардың артқан жоқ па бағасы.
Қара тобыр күн көрсетпей саған да, Қара бұлтын үйіреді табанда.
Қапаланба,
Ғұмыр кешіп жүрсің сен Ұлыларды сыйламайтын заманда.
ШАРАСЫЗДЫҚ
Жақсылыққа бола туғам өзім де,
Ақ найзағай жарқылдайды сөзім де. Кейде бірақ уәдемнен шыға алмай, Шарасыздық шатынайды көзімде.
Жас күнімде бірге адасқан сағымда, Достар әлі жүрген жоқ па жанымда. Озып келе жатқан атым мертігіп, Шарасыздық буырқанған қанымда.
Қалжыраған қартқа талай күш берген, Жігіт қанша үйде туып, түзде өлген. Жазықсызды ақтай алмай қалғанда, Шарасыздық тал бойымда тістенген.
Тіршілікте көңіл қалып суыған Қиянатқа кімнің іші жылыған. Өкіметке сөзім өтпей,
Ішімде
Шарасыздық бөрі болып ұлыған.
Ар алдында айылын кім жимаған, Жұрттың бәрі құзырлыны сыйлаған. Қолдан келмес шаруаға ұмтылып, Шарасыздық талай мені қинаған.
Қилы шақта пана болған орманы, Азамат ер туған елдің қорғаны.
Жау төнгенде суырылмай қылышым
Шарасыздық қинамаса болғаны.
АЗУ ТІС
Көз жазғалы серкесі, серісінен, Қалмай қойды жамандық неге ізінен. Өзегіне құрт түскен ағаштайын
Іріп жатқан секілді ел ішінен.
Шатырына айналған Айлы аспаны, Бұл қазақтың, білмеймін, қай сасқаны. Іштен іри бастаған жоқ па түге,
Бір албасты ішіне жайғасқалы.
Ел ішінен осылай ірігенде,
Қай мұратқа жетесің жүгіргенде. Екіталай басыңа күн туғанда, Табылмайды қасыңнан тірі пенде.
Қараулықтың қашанда бағы жанған, Қарасы ағып, көзімнің ағы қалған. Зұлым заман толтырып қанға ауызын, Бұл халықтың азуын қағып алған.
Аспанында құс жолы шұбатылған Ел-жұрт еді көзінен нұр атылған. Азу тісі қағылып қапылыста Айырылып қор болған қуатынан.
Бұлт басқалы ақ шаңқан түскі аспанын, Көрген бар ма жарқылдап құзға асқанын. Азу тісі қайыра шықпаса егер,
Қазақ қалай шайнайды ұстасқанын.
КӨК БӨРІ
Қателігін Уақыт түзеткелі, Тағдырымның жібіген мұз өткелі. Иттер мені маңайлап көрген емес, Көкжал бөрі төрімді күзеткелі.
Ақша бұлтын аспанның желкен еткен, Туған елі өсіріп, еркелеткен, - Майданда өлген әкемнің рухы шығар Бұл – көк бөрі шапқылап елге жеткен.
Ару қызды албырап сүйе білген, Әкем туған өңірде кие жүрген. Ердің бәрі өледі оқтан неге?
Көк бөрінің жаралған сүйегінен.
Жақсылық пен жамандық айқасқалы, Көңілімнің күлмеді Айлы аспаны.
Көк бөріге айналып кете берем, Көк бөрі рух төріме жайғасқалы.
Жұрттың бәрі күн кешіп шырғалаңда, Болмай жатыр не сойқан сұр ғаламда. Оқтан өлмей тұра ма көк бөрілер Адамды адам аулаған бұл заманда.
Жанарымда жарқылдап күн күлгелі, Жауыз қолдар желкемнен тұр бүргелі. Көкжал заман өсірген көк бөріні Сұлата ма деп қорқам бір күндері.
ЖЫЛАЙ БЕРМЕ
Өмір өтіп барады, өмір өтіп, Атқан ұшқыр жебесін мөңіретіп. Жылай беріп қайтесің, Мұражайға
Көз жасыңды қоймасаң мөлдіретіп.
Жер сатылып кетті деп жылай берме, Көз жасыңды көл етіп мұнайлы елге. Кімдер келіп өмірге, кім кетпеген Құзырлыны өлмейтін Құдай көрме.
Өзендері жарысып таласа аққан,
Жер бетінде жұрт аз ба санасы артқан. Құндылығын сатпаған қазақ бар ма, Ел атанып жүргенде бала сатқан.
Ата жұрттың көзінде күн күлгелі, Жүргендер көп ел ішін бүлдіргелі. Ат айналып қазығын тапқандайын Жер де иесін табады бір күндері.
Жылдар өтіп, замандар ауысқанда, Өзгереді қарға да,
Сауысқан да.
Туған елге қайтады сатылған жер Жат жұрағат байлығын тауысқанда.
Айдыны асқан заманда Айға қонған, Байлық қанша жоқ жерден пайда болған. Жердің артпай тұра ма қазынасы, Өзендейін арнасы қайта толған.
Тіршілікте өмірді сүйе білген, Елге Қыдыр дарытып кие жүрген. Қорытылмай тұра ма асыл кендер Бабалардың ақ құрыш сүйегінен.
Көңілінің көмбесін сан ақтарған, Жұрттың бәрі бұл күнде жарақтанған.
Құдай беріп тұрғанда, Бұл қазақтың
Жер астына күні жоқ қарап қалған.
МҰҢЫҢДЫ ЖОҚТАП ЖҮРГЕНДЕ
Ел билеп жақсы, жаман да, Желбірейді туым алаңда. Күн кешіп келем қыздардың Кіндігін ашқан заманда.
Қарайып қаным жүргенде, Ара түсті ме бір пенде.
Арыс туатын арудың Етегін жат қол түргенде.
Құнарлы байтақ жерімде, Күйзелмей қайтем тегінде. Қыздарды қорғай білетін Ер жігіт жоқ па елімде.
Жанарым жасқа тұнғанда, Қайтеді шөкпей тұлғам да, Өлгендер көрде өкіріп, Бейіттер жылап тұрғанда.
Жұлдызы жаңа жанғанда, Өлгендер қанша арманда. Күйзелмей қайтем Аналар
Аңырап жұртта қалғанда.
Көкорай шалғын көк белде, Күйзелдім талай көктемде. Қараулықтың қара семсері Қабырғамды шауып сөккенде; Бауыры бүтін қазақтың Бауырын тіліп өткенде.
Мұратқа кімдер жетті елде, Кеудеден тағдыр тепкенде. Күйзелдім талай қазақтың Сатылып жері кеткенде.
Тіршілік барда солатын, Көкірекке шер көп толатын. Егеулі найза ер қайда
Еліне қорған болатын.
Көгімнен жұлдыз аққанда, Күңірендім талай ақпанда, Ақырып теңдік сұраған Түрмеде шіріп жатқанда.
Садағын тартқан шындықтың, Қасиеті қайда бұл жұрттың.
Арыстар кімнен өлмеді, Аузында жүрген мылтықтың.
Қолымды жоқтық байлаған, Бес қаруым қайда сайлаған. Ерліктің өшпес іздері Даламда сайрап жатқанда Ел ішін ездік жайлаған.
Ел билеп жақсы, жаман да, Күн кешіп келем қаламда, Халықтың мұңын жоқтаған – Жоғалып жатқан заманда.
Жайқалып өсіп терегім, Тасқынға толып кемерім, Мұңыңды жоқтап жүргенде Жоғалтып алма мені елім.
АДАЛ БОЛЫП ТУҒАН СОҢ...
Бәйгелерге көп қосқан баптап атын, Жігіт едім даладан бақ табатын.
Қарау қоғам биікке ұшырмады, Арманымның қайырып ақ қанатын.
Дүниенің жаралған жанарынан, Ғұмыр аз ба үзілген сабағынан. Үмітімді ызғарлы үсік шалды, Түнергенде қар жауып қабағынан.
Тұлпарымның тұяғы тасқа ұрылып, Күңірендім көзіме жас тығылып.
Бекежандар әлі де жатқан жоқ па, Қособаның түбінде жасырынып.
Иір бұтағы кесіліп қарағайдың, Ұсақталған кезі бұл нар ағайдың. Қара түнде жарығы кімге жеткен
Жұлдыздары көп сөнген жаралы Айдың.
Жүрегімді сұп-суық мұзға малып, Талай мәрте мұң шақтым құзға барып. Қарау қоғам қамаған қара торға Көңілімнің ақ құсын ұстап алып.
Құзырлыға сөз тасып, жағы талған Жарамсақтың бұл күнде бағы жанған. Намысымды өлтіріп,
қарағайдай
Мүйізімді бұл қоғам қағып алған.
Сайқал өмір бір жылап, бір күледі, Қара тобыр жын қуып дүрлігеді.
Адал болып туған соң Бұл қоғамға
Мүмкін өгей шығармын кім біледі.
СӘЛ БОСАСАМ
Тусам туған шығармын дүрбелеңде, Туым биік тұрсын деп бір белеңде. От бола ма кеудемде,
Жарқыл қағып,
Найзағайдың ішінде жүрмегенде.
Жастайымнан ұмтылып төріне елдің, Атын байлап күн кештім көңілді ердің. Иттер талап, жанымды қорлар еді, Ішінде егер жүрмесем бөрілердің.
Құлдық ұрып табынған піріне елдің, Бәрі бірдей тұлға емес тірілердің.
Тарыдайын кетер ем ұсақталып, Ішінде егер жүрмесем ірілердің.
Жауым қаптап жүргесін ел ішінде, Жүрем ылғи сұстанып ер пішінде. Жауыз қолдар өлтіріп тынған жоқ па, Туған елдің салын да, серісін де.
Дүр дүние тұрғанда қасын керіп, Ақ найзағай кетеді жасын беріп. Аруақтанып жүремін,
Күн кешкесін –
Аруақты кісінің қасына еріп.
Қоғам дерті бой бермей асқынғалы, Тұла бойым бұрқанған тасқын әлі. Сәл босасам –
Желкеме қарғып мініп,
Кім көрінген жүр әлі басқа ұрғалы.
* * *
Дүниеде қым-қуыт дау туғалы, Туған ұрпақ жоқ әлі жау қуғалы. Ерлік ізі сайраған бұл даламда, Азамат ер көп болған тау тұлғалы.
Аспан астын, жер үстін майдан еткен, Тау тұлғалы сол ерлер қайда кеткен?! Үлгергенде жұрт түгел майдаланып, Еркек, сірә, көбейген сайтан ерткен.
Серкелері сертінен тайған талай, Ұран болар ұл тусын сайтан қалай.
Ендеше елдің күн қонып кеудесіне, Еседі деп ойлама қайдан да арай.
Жұрттың бәрі күн кешкен сұр ғаламда, Жүрген жоқ па шырмалып шырғалаңда. Ата қазақ бесігін түзегенде,
Көкжал ұлдар өсер ед бұл даламда.
Жатырына суырған құм байланып, Ана қанша сорлаған тумай қалып. Еркегінде ер мінез болсын қайдан
Көк базарда жүрсе егер құлға айналып.
Тұла бойға сіңірген күн қуатын, Күндер қайда көзіңе нұр тұнатын. Аналардан көз жазып қалдық білем, Ұлтқа тұтқа болатын ұл туатын.
* * * Екіталай күн туса дабылдаған, Ер жігіттің жүрегі қабынбаған.
Төсек – қынап болғанда, денем – қылыш Отанымды күзетіп дамылдаған.
Ізгілікті көп көрген ізетті елде, Қаңтарылып тұра ма кісі өткелде. Отанымның кім бұзсын тыныштығын Менің сардар жүрегім күзеткенде.
Жігіттерді тобына қосып алып, Тірлігіме жүргенде дос қуанып,- Таңсәріде рухтанып түрегелем, Бауыржанның рухына көз суарып.
Туған елдің жүргенде қамын ойлап, Кімдер қызық көрмеді бағын тойлап. Бауыржанның өр рухы,
Кімнен қорқам,
Буырқанып тұрғанда қанымда ойнап.
Шындық іздеп, түн қатып сабылғанда, Тауым қайтып, жігерім шағылған ба. Атқа қонғым келеді ұран салып,
Ата ерлікті аңсап бір сағынғанда.
Көңілімді бұл заман түлеткенде, Атқа ақырып қонар ем жүректі елде. Бірақ ерлік бұл күнде кімге дәрі, Жұрт ұсақтап, ерліктің күні өткенде.
СОҒЫС ЖЫЛЫ ТУҒАНМЫН
Қара бұлтын үйіріп жер-көгіме, Бір қатердің қарамай төнгеніне, - Соғыс жылы туғанмын
Асыл анам
Мені ораған қайғының жөргегіне.
Көз жасыма жанымды жиі малып, Көңілімнің тартылған күйі налып. Ауылымның қозысын бақтым талай Қайғы-мұңның шекпенін киіп алып.
Ойын-күлкі көрмеген он жасымда, Жапырақты жамылғам тонғасын да. Қара қайғы болатын білсең егер, Қасыма еріп жүретін жолдасым да.
Болашаққа көш түзеп беттегенде, Қайтем енді сырымды шертпегенде. Талай мәрте үстіне қарғып мінгем, Қайғыны атам ат қылып ерттегенде.
Жастайымнан бел буып бекінгенде, Қайтаратын жан бар ма бетімді елде. Жетілгенмін қайғыны қайрақ етіп, Жүзім талай мұқалып кетілгенде.
Күндер артта қалғасын тұнжыраған, Ауыртпалық арқалап кім жылаған. Қаратаудай қуатпен жүрем күнде, Қайғы барда қаншықтай қыңсылаған.
Бір өжет күй кеудемді кернегелі, Зауал бар ма тірлікте жеңген мені.
Мүмкін туған шығармын мен анамнан, Қара жерге қайғыны жерлегелі.
* * * Аққудың жоқ па қорғаны, Күңіренді неге орманы.
Аңдыған аңшы қаншама, Көліне келіп қонғалы.
Жұлдыздар жылап аққанда, Қайғырмайын неге ақ таңда, Мылтықты мерген жағада Аққуды аңдып жатқанда.
Келді екен қайдан қаңғырып, Дүниенің аузын қан қылып.
Мылтықтың оқыс даусынан Тау іші тұрды жаңғырып.
Жанарын мұнар шалғанда, Адасқан жан көп жалғанда. Аққуды атқан адамдар Алжасып естен танғанда.
Басыңа бақ боп қона ма, Жаманға әсте жолама.
Аққуды атқан тексізді Түрмеге жаппай бола ма.
Қоғамда мынау құрама, Көзіңнің жасын бұлама. Өзіңе егер сенбесең, Жаманнан көмек сұрама. Аққуды атқан сұр мерген Ақынды атпай тұра ма.
АЛА ШАПАН
Шұғыла, нұрдан жаралып, Күн өткен сайын жаңарып, Ақ шапан киген кісінің Көңілі тұрар ағарып.
Атанын жерге шөгерген, Дүниеде мынау көнерген, Көк шапан киген кісінің Көсегесі көктеп көгерген.
Басына бақыт қонғалы, Елімнің берік қорғаны. Жасыл шапан киген кісінің Жайқалған жасыл орманы.
Қанында намыс тулаған, Жұрт бар ма сауық құрмаған. Қызыл шапан киген кісінің Қызыл иті үрмей тұрмаған.
Өмірдің бітпей таласы, Жыртылмады кімнің жағасы. Қара шапан киген кісінің Ішінде жатар қарасы.
Жүргесін өжет пішінде, Жүрегім әлі күшінде.
Ала шапан киген кісінің Аласы жатар ішінде.
Неге екенін білмеймін, Атысып жүрем түсімде.
ЕЙ, АҒАЙЫН!
Дүниеде ауру көп те жұқпалы,
Ақыл кірмей жүрген жоқ па жұртқа әлі. Жаһандану келе жатыр, ағайын, Сақтанбасаң аждаһа боп жұтқалы.
Беталысы жаман мынау заманның, Күні өрмелеп тауға шыққан жаманның. Іздейтұғын алда зауал туады, Намысыңды табанынан қабанның.
Қарағайдай бітіретін жаңқалап, Уақытты бетке ұстама қалқалап. Саған есік ашады ма Болашақ Бейғамдықтың тауын жүрсең арқалап.
Жалқаулықтың бұлты аспанын торлаған, Қандай ел де рухы қайтып, сорлаған.
Ей, ағайын, кешігеді бәрінен Ертеңіне бүгін дайын болмаған.
Жел көтеріп жырымдаған етегін, Білсең егер өмір – қысқа, келте – күн. Жер бетінен бордай тозып жоғалған Жұрттың бәрі ойламаған ертеңін.
Сардаланың бұтағына сүрінбей, Өмір өтіп жатқан жоқ па білінбей. Тамырыңда туламайды асау қан Ей, ағайын, асқақ рухың тірілмей.
Тас тағдырдың ішіне қан қатқанда, Көп адасқан жұртсың, сірә, ақпанда. Бірақ сенің сілкінбеуің бұ қалай, Жаһандану төніп келе жатқанда.
Екі күннің бірінде ылғи тұтылып, Ғұмыр кештің уақыттан ұтылып. Ей, ағайын, осы бастан қам жаса, Кеткің сенің келмесе егер жұтылып.
АЛАМАНҒА АТ ҚОСТЫМ НЕМЕСЕ АКАДЕМИК СЕЙІТ
ҚАСҚАБАСОВ АҒАМЕН СЫРЛАСУ
Көп зиялы жүргенде жанын бағып, Ізгіліктің жүгірдің шамын жағып. Архивтерден тірілтіп сен шығардың Талай көне тарихтың шаңын қағып.
Көкке қарай самғаған қаршыға әні, Туған елдің өзіңсің нар шынары.
Мүмкін келген шығарсың дүниеге Қарт тарихты тозаңнан аршығалы.
Өзіңді аға, жүрген соң күнде көріп, Көңілімде тұра ма жыр бөгеліп.
Адал болып тумасаң– Ақ періште
Кіндігіңді кесе ме түнде келіп.
Өлең болып өмірің өрілгенде,
Күнің шықты тауға өрлеп көңілді елде. Адалдық па деп қалам келе жатқан Төбең сенің алыстан көрінгенде.
Сардар ерсің тұнығы шайқалмаған, Жорға бар ма алдыңда тайпалмаған. Жүрегіңнің нұрына суарылып,
Орман бар ма кеудеңде жайқалмаған. Шындықты айтып көз жұмсам арман бар ма?! Ақ жағалы ағалар айта алмаған.
Қара қытай тұрғанда қаптағалы, Аға, неге қазақтан жат бағалы? Алпауыттар еліңде жүрген жоқ па, Алты Алаштың өр рухын таптағалы.
Жүрген жоқ па балықтай қақтағалы, Неге ендеше қазақтан жат бағалы?
Елге адал болса егер неге бұлай Азаматтың барлығы ақ жағалы?!
Сарқылатын заман ба бұлағы елдің, Сізге сенем бірі деп тұлғалы ердің. Мерт бола ма бәйгеге қоссам егер, Кісінетіп құлынын Құлагердің.
Кімді көздеп атпады құла мерген, Жұртпыз, бәлкім, қастықты мұра көрген. Алда-жалда туса егер бір Құлагер
Қара құздан қалайда құлап өлген.
Шындық егер жоқ болса көшелі елде, Серттен таймай тұра ма көсем ер де. Қай Құлагер өледі құздан құлап, Адалдықтың жүрегі төселгенде.
Сұм жалғанның сілтеніп қайқы алмасы, Ер жігіттің қалмаған қайда басы.
Аламанға ат қостым Күтсе де алдан
Қараулықтың қайралып айбалтасы.
ДӘРІГЕРГЕ МҰҢ ШАҚҚАНДА
Бекмахан Құралбаевқа
Толқын тулап жататын тереңінде, Дәрігер аз өзіңдей неге елімде?
Дертке ұрынса, Келесің емдеп жазып,
Туған жердің талын да, терегін де.
Қайда туып, қайда өстің - ел біледі, Тұлым шашың ту болып желбіреді. Сені нұрдан жаратып, тудырғаны – Жаратқанның құз кеуде ерлігі еді.
Қуат беріп күдерін үзген ерге, Ақ кеменің бірісің жүзген өрге. Кеудесінде күні бар азаматсың Жүрегінің сәулесі түскен елге.
Момын жұртқа тұрса егер жау шапқалы, Неге қорған болмасын тау шатқалы.
Өміріме сен едің ара түскен Сұлатқанда сұм ажал қаусатқалы.
Сен бар жерде көгімнен күн күледі, Сен бар жерде бусанып қыр түледі. Сырқатымнан сен емдеп жазбағанда, Бәлкім,өліп кетуім мүмкін еді.
Найзағай боп күркіреп күрең күнде, Өрт жалының алаулап тұр өңімде.
Емделсем де жазылмай келе жатқан Бірақ та әлі бір дерт бар жүрегімде.
Талды тербеп көк майса өңірде өскен, Самал қайда аймалап көңілді ескен. Адам қалай жазылсын сырқатынан Мына сырқат қоғамда өмір кешкен.
Жаным кейде құлазып, түңіледі, Сай-сүйегім сырқырап үгіледі. Сырқат қоғам дертінен айыққанда, Жазылатын шығармын, кім біледі?!
ТАЛҒАР ТАУДЫҢ СЫЙЛАСАҢ БІР БИІГІН
Еркін Әзімқұловқа
Биігінде жүрсе де үмітті елдің, Бәрі бірдей өр емес білікті ердің. Еркін, сені, бірі деп арқа тұтам, Кеудесінде тауы бар жігіттердің.
Тамырына қан құйып алма ағаштың, Ат жалында жетіліп тарлан аштың. Дулат елі туса да сені албырап, Азаматы атандың алты алаштың.
Теңіз толқып жатса да көңіліңде, Бақыт сыйлай бере ме өмір күнде.
Бәлкім, көрген шығарсың тозған шағын – Шабындығы жайқалған өңірдің де.
Жанарыңа жарқылдап жыр тұнғалы, Тұғырлы ердің бірісің нұр тұлғалы. Ақ сауыттай күн жеген тозып барам, Алтын жағам сөгіліп, жыртылғалы.
Тарғыл тағдыр қабағын суытқалы, Жан сырымды жүр дейсің кім ұққалы. Талғар жақтан сенсің бе ескен көктем, Жүрегімді мұздаған жылытқалы.
Өте шықты жас күнім көрген түстей, Уым, сірә, жоқ шығар келген ішпей. Кісілердің кеудеге Жұлдыз таққан Жүрген жоқ па сәулесі елге түспей.
Сәулең сенің түскенде жүрегіме, Қан жүгірген қуарған түр-өңіме. Бәйтерегім құлайды қалай менің, Жүрсең егер айналып тірегіме.
Өзендері жарысқан таласа ағып, Даласы алып қазақтың баласы алып. Талғар таудың сыйласаң бір биігін, Ей, бауырым, қалмайсың аласарып.
ЗАМАНАНЫҢ ШЫҢҒЫРҒАН БІР ШЫНДЫҒЫ
Қонысбек Ботбайға
Маңдайына тұрғанда жыр біткелі, Дүниенің бұл қалай дүрліккені?!
Ей, бауырым, баспа аштың Алматыдан Түгел сөздің киесін тірілткелі.
Тектілердің тулаған тереңінде,
Бақ көрмейтін жан бар ма сені елімде. Арай болып еседі саған қарай Айдындарға жол тартқан кеме күнде.
Қатер жоқта,
Жау жоқта елге төнген,
Жұлдыз деме жұлдызды ерте сөнген. Тас қоғамның тудың ба аршығалы Шырқыраған шындығын жерге көмген.
Бұл күндері жігітсің қанжығалы, Орман, тауын тербеткен қаршыға әні. Мүмкін туған шығарсың
Шаң-тозаңнан
Тұғырлы елдің тарихын аршығалы.
Ақиқаттың алдына жүгінгенде, Естімеген жан бар ма үніңді елде. Болашаққа жол тарттың өлең болып, Түгел сөздің киесі тірілгенде.
Сардаланы кетеді кім өңгеріп,
Алғы шептен сені ылғи жүрем көріп. Сардар ердің бірісің атқа мінген
Бес қаруы бойында түгенделіп.
Көрінгенде алыстан жырдың шыңы, Жанарыңнан жоғалған тылсым мұңы. Ей, Қонысбек, қашанда сен деп білем, Замананың шыңғырған бір шындығы!
АҚ СӘУЛЕНІҢ ІШІНЕН СЕНІ КӨРЕМ
Баян Бекетоваға
Бойға жиып қуатын жер-көктегі, Сені туған қазақтың келбетті елі. Мүмкін келген шығарсың бұл өмірге, Қара өлеңмен әлемді тербеткелі.
Самал ескен, сәуле ескен қанатынан, Көңіліңде тұма көп дара тұнған.
Сенсің, сірә, өлеңнің ақ Баяны – Таңның әппақ нұрынан жаратылған.
Қара жерге қалтырап қақ тұнатын Кезде мынау ер бар ма бақ қуатын. Жырлап келе жатырсың айдыныңды, Ел ішінде атанып аққу ақын.
Боз жусанын суарған құба белдің, Сарқылмайды жалғанда бұлағы елдің. Құлагер жыр кеудеңде кісінейді, Естілгенде дүбірі Құлагердің.
Дүниенің қабағы суынғалы,
Заман кімді оңдырған құбылмалы. Қалың қауым бүгінде сені іздейді, Шуағына жырыңның жылынғалы.
Қарай білген кісінің қабағына, Қыздың бәрі өзіңдей саналы ма.
Ақ сәуленің ішінен сені көрем, Үңілгенде жырыңның жанарына.
Шабытыңды шалғыдай шыңдап алып, Қаламыңды жыр жаздың нұрға малып. Биігіне сені әлі көтереді,
Бір Алатау кеудеңде тұлғаланып.
ЕГЕУЛІ НАЙЗА
Қазақтың өжет ақыны – Халықтың нағыз жақыны. Азамат ермін бүгінде Атанған шешен батыры.
Бұрқаған боран, ақпанда Бұлақтар жылап аққанда, Ақырып теңдік сұрағам Қырылып шешен жатқанда.
Жалған дүние, жалғанда Кетпеген кімдер арманда. Шырылдап ара түскенмін Қорғаусыз жалғыз қалғанда.
Сол елге қатер төнгенде, Шайқасып ерлер өлгенде, Жырымды оқ қып атқанмын Жарақты жауын көргенде.
Заманда мынау тас маңдай, Сөйлегем сөзін жасқанбай.
“Ерлердің ісі біте ме, Темір қазық жастанбай.”
Қара құс қаптап аспанда, Қарау күш соғыс ашқанда, Сескеніп қашпай тұра ма, Көзімнен үрей қашқанда.
Тауда өскен қайсар шынармын, Ажалым жетсе – сынармын.
Егемен елді қорғайтын Егеулі найза шығармын.
АБАЙ ЖАҚҚАН БІР СӘУЛЕ
Толқында туғам шыңдалып, Таңертең тұрам нұрланып. Ұлы Абай жаққан бір сәуле Кеудемде менің тұр жанып.
Тәңірден сауға сұрамай, Келемін әлі құламай.
Кімдерге сәуле жақпаған Ғасырда туған ұлы Абай.
Дұшпандар күндеп сыртымнан, Көңілім бөздей жыртылған.
Ұлы Абай жаққан сәулені Сөндірмек болып ұмтылған.
Азамат серттен тайғанда, Жырынды жетіп қайдан да,
Арыстар қанша көз жұмған Мылтықсыз мынау майданда.
Басымды мұнар шалғанда, Кетермін бір күн арманда. Ұлы Абай жаққан сол сәуле Өшеді деме жалғанда.
Күн кешіп қарау қоғамда, Адасқам талай боранда. Қапыда өлсем, сол сәуле Тұрады жанып моламда.
ҚАЗАҚ РУХЫ
Жүрмін деме күн кешіп күміс күнде, Алтын сапты жоқ дейсің қылыш кімде. Азаттықтың ақ таңы атқанменен
Ата қазақ тұр әлі қыл үстінде.
Қай жағына ауарын кім біледі, Қашан оның көзінде күн күледі. Баяғыдай ел іші тыныш болса, Көңілінде неге аспан күркіреді.
Қара жерге намысы көмілгелі, Азып-тозған даланың көңілді елі. Кім басынып басына сарымады, Ата қазық үш жүзге бөлінгелі.
Болашаққа құлшынып ұмтылғалы, Ел еді ғой ұл туған нұр тұлғалы.
Неге, ендеше, бұл қазақ бөлінеді, Аждаһаға тұрғанда жұтылғалы.
Құл-құтанға сүйенген бұл күндері, Қалың жұрттың бар деме бір білгені. Жансыз қанша ішіне кіріп алған
Ала тайдай ел ішін бүлдіргелі. Қылышыңды қайыра қайрамасаң Жауыз қолдар желкеңнен тұр бүргелі.
Жол тартқанда баянды баққа қарай, Дұшпан қанша шоқ салған шапқа талай. Билік төмен тұқырта берсе егерде, Қазақ рухы қонады атқа қалай.
АЛЫП ЖАРТАС
Болашаққа күркіреп үні жеткен, Елдің неге сөнеді күні көктен. Дүниеге атылған оқтың бәрі
Алты алаштың жүрегін тіліп өткен.
Жер бетінің сұмдығын жүре білген, Қайран қазақ алшайып күрең мінген. Дүниені келеді қорғап әлі,
Оқтың бәрін өткізіп жүрегінен.
Күннің нұры түскенде тауға асығып, Қай көршісін қорлады жау басынып. Соғыс өрті ешқашан тұтанбайды, Қазақ жүрген жерлерде дау басылып.
Бейбіт тілеп, жерінде кие жүрген Қазақ жұрты барша ұлтты сүйе білген. Дүниені жылытып келеді әлі,
Суық ызғар өтсе де сүйегінен.
Кеудесінде бұрқанып жатыр ағын, Туған жердің суарып атырабын.
Бір тал шашы қазақтың жерге түскен, Бір теректің жел жұлса жапырағын.
Көрінгенге соқтығып, шырықты алған Бұзық қанша бұл күнде құрықталған. Алып жартас секілді қазақ кейде
Жел өтінде қасқайып тұрып қалған.
НӘРЕСТЕ
Көңілінің көлі жаңа тұнғанда, Нәрестенің әкесі өлді... туғанда. Жібімеді қатал тағдыр қасарып, Омырауын көздің жасы жуғанда.
Көкірегін қара қайғы тілгенде, Көктем болып жетті қашан бір пенде. Дүниеге келмес еді шынында, Әкесінің өлетінін білгенде.
Тумай жатып Бәйтерегі құлаған
Жас нәресте шырқырап бір жылаған. Анасы да бірге егілген аңырап,
Отау тігіп, жаңа тұрмыс құраған.
Жарқыраған кеме жүзген айдыны, Әкесі еді айбыны.
Кімнің асқар тауы егерде құласа, Күн кешеді қайғылы.
Иман қалмай бара жатса адамда, Неге ізгілік жоғалмасын даламда. Әкесіздің күні қараң, ағайын,
Ел жетімдік көріп жүрген заманда.
Бастан бағы тайғанда,
Жетімдерге қатер төнер қайдан да. Сүйеніші жоқтың бәрі жеңілген Оқ шығармай атысатын майданда.
Қайың түнде бүрлеген, Тіршілікте көктем аз ба гүлдеген. Бірақ өңі суық еді сәбидің Көзінде күн күлмеген.
Тербетсе де құс әні, Көңілінің ерімеді мұзы әлі.
Жұдырығын түйіп жатыр нәресте Тағдырына ызалы.
* * *
Жаралған соң қанынан нұрлы ананың, Тозған елді көргенде мұңданамын.
Арыстары шетінен өліп жатса, Қайғысы артпай тұра ма бұл даланың.
Содан, сірә, ашылмай тұр қабағым, Қараулыққа кезеніп тұр садағым...
Жұрт аманда жүрекке қайғы жамап, Өзімді - өзім келмейді тұмшалағым.
Дүниенің көркіне көз тұнғалы, Қайдағыны тұрғам жоқ қоздырғалы. Азаматтар билікке келеді ме,
Туған елді тулақтай тоздырғалы.
Өмір деген бітпейтін айтыс еді, Ашық күнде төбеңе жай түседі. Азаттықтың ақ таңы атқан жоқ па, Елім неге ендеше қайғы ішеді?!
Естілмейді бағымнан бұлбұл әні, Жерім тозып, жұрт азса кім кінәлі?! Байлығымды жат түгел иеленіп, Аузым асқа жарымай жүрмін әлі.
Алты алаштың ел билеп кіл жаманы, Бар ма, сірә, Еменнің сынбағаны.
Қорқам кейде бір күні кете ме деп, Алпауыттар арқалап бұл даланы.
ХАН КЕНЕНІҢ МЫЛТЫҒЫ
Өлген бар ма намыстан пышақталып, Үлгердік пе, кім білсін, ұсақталып.
Сары орыстың сәулетті мүзейінде Хан Кененің мылтығы тұр сақталып.
Тарлан ашып, толысқан кемелімде, Сақталмайды сол мылтық неге елімде?!
Жат алдында көргем жоқ аласарып, Биік өсіп тұрған соң терегім де.
Талай үзген желкесін сан жебенің, Қолда тұрса мылтығы хан Кененің, Ар-намысы тіріліп түрегелген
Қан жүгіріп бойына сал дененің.
Самал еспей жақыннан, жырақтан да, Арманымның ақ шыңын құлатқанда, Қаратпады сары орыс есігінен
Хан Кененің мылтығын сұратқанда.
Желі жоқта тартылған жүйеленіп, Түйін ғой бұл үлгерген шиеленіп. Орыс әлі қайтармай жүрген жоқ па, Хан Кененің мылтығын кие көріп.
Қапталымда жүгіріп желген арай, Нұрым болып сіңеді жерге қалай. Хан Кененің мылтығы тұрса орыста, Атылмауы мүмкін бе елге қарай.
МҰҚАҒАЛИ ЕСКЕРТКІШІ
Сыбағадан талай құр қалған, Ызалы жан ең өзің де.
Кеудеңде дауыл бұрқанған, Найзағай ойнап көзіңде.
Жұлдызы жанбай сөнгенде, Жағады деп саған ел сенген.
Жұрт сені жерге көмгенде, Күңіреніп таулар теңселген.
Арманда кеткен батырсың, Қасиеті сіңген даланың.
Молаңда үнсіз жатырсың, Шуылын тыңдап қаланың.
Келмеске, аға, кеткенің Қайғы ғой, бірақ жасыма. Қоладан құйып текті елің Ескерткіш қойған басыңа.
Соққанда дауыл ысқырып, Елемей суық қарын да, Бойыңды тұр ма қыздырып, Бір ағын тулап қаныңда.
Қарайсың енді далаға, Көзімен қоңыр қоланың. Жолдайсың сәлем, жан аға, Ішінде жатып моланың.
Азамат ерсің нар тұлға, Болашақ алдан күтетін. Дүние толса жарқылға, Тасқа да тамыр бітетін.
Алдыңнан нұрлы таң күтіп, Мұратқа жаңа жеткелі, Кеудеңе сенің жан бітіп, Тұрмысың тіріліп кеткелі.
ҮЙ ӨРТЕНГЕНДЕ
Қилы-қилы өткелден өте білген, Жігіт еді қашанда төте жүрген. Үйі жанып өртенген өзі жоқта, Бір көшенің бойынан көтерілген.
Тағдыр барда ішіне қаны қатқан, Өзендері даланы жарып аққан, Жұрттың бәрі ұмтылған сөндіргелі, Үйді жаңа көргенде жанып жатқан.
Туы биік желбіреп іргелі елде, Тауы асқақтап тұратын бір белеңде. Жігіт үйі түп-түгел отқа оранған Құбыладан жел соғып үрлегенде.
Көз алдында бұлдырап құмай-жалған, Дүниенің барлығы... былай қалған.
Сұп-сұр күйде сазарып тұрды аңырып, Үйін жаңа көргенде күлге айналған.
Жайшылықта жоғыңды тауып беріп, Үй иесі жүретін шауып келіп:
- Құран жанып, ойпырмай, кетті ме, – деп, Тұрып қалған шынында қауіптеніп.
Үміті егер үзілсе жалғайды арман, Жігіт еді жанары шамдай жанған. Үйі өртеніп кетсе де,
Бірақ құран
Құдіреттің күшімен жанбай қалған.
ҚАҢҒЫБАС
Көңіл күйі келгенде шабыттанған, Жігіт еді кей-кейде шалқып та алған. Қаңғыбасқа айналды бұл күндері, Тұрақ таппай көшеде қаңғып қалған.
Құбыладан ызғарлы жел тұрғалы, Азаматқа айналып ер тұлғалы,
Ел қыламын қазақты деп жүргенде, Ішіп кетіп бұл қалай жер қылғаны.
Жанның бәрі жасық боп жаратылған, Сынады ма, кім білсін, қанатынан.
Жігіт еді кезінде Көңілінің
Терезесі ел жаққа қаратылған.
Тас тағдырдың құйыны суырғанда, Не істейді көңілі суынғанда.
Ара түскен бір пенде табылмады, Қызметтен жазықсыз қуылғанда.
Қанша азамат болса да нұр тұлғалы, Кімге дәрі жалғыздың бұлқынғаны. Күшті топтар тағынан тайдырған-ды, Сағын мүлде жігіттің сындырғалы.
Содан, сірә, жете алмай тілегіне, Азғындықтың жол тартқан түнегіне. Көтере алмай ақыры ішіп кеткен Зілдей салмақ түскенде жүрегіне.
Ішпей енді қайтеді күйінгенде, Жанашыры жоқ болса дүйім елде. Ақырында санасын арақ улап, Кете барған қуылып үйінен де.
Содан оның көзінде мұң жүреді, Қай қазақ кеп үмітін үкіледі.
Ей, ағайын, жігітті жазғырма деп, Бір жанартау кеудемде сілкінеді. Қиянатқа төзе алмай ішіп кетіп, Қаңғып қалған ер шығар кім біледі.
ЕЛДЕН КЕТПЕК БОЛҒАН ӘНШІГЕ
Бір қатерге жолығасың түбінде, Қайғы іздері тұрған жоқ па түріңде. Асымды ішіп, табағыма түкірген Қылығыңды кім кешеді бүгінде.
Бір айбалта жоқ болғасын белімде, Кімдер мені басынбады жерімде. Елден кетем десең егер кете бер, Сендей әнші толып жатыр елімде.
Елге сыймай жүдеп жалғыз қалғанда, Дүниеден озған жан көп арманда.
Өрге жүзген өзенінде өнердің Жалғыз кеме сен емессің жалғанда.
Көңіліңнің шуылдаса қамысы,
Момын жұрттың тиген шығар қарғысы.
Тіршілікте қара басын күйттеген Сенен гөрі қымбат елдің намысы.
Көз алартып туған елім – анама, Қай бұралқы жармаспады жағама.
Айтпа бірақ сыймай кетіп барам деп, Орыс, орман ... сыйған байтақ далама.
Кең далама жеткен сұмдар бұғынып, Сөз сөйлейді бұл күндері сұғынып. Мүмкін сен де қара қанжар шығарсың, Жүрген елде жең ішіне тығылып.
КЕЙДЕ ӨЗІМДІ СЕЗІНЕМ
Жүрегімде көрген жоқ сенім өліп, Жыр жазамын қашанда тебіреніп. Жаман болсам, Алатау тұрады ма, Қалың елдің ішінен мені көріп.
Көсегесі көктемде көгергелі, Өрге жүзген қазақтың өнерлі елі. Бір Алатау кеудемде түрегелген Менің асқақ рухымды көтергелі.
Көңілімді жүргесін көктем етіп, Төбем кейде қуанам көкке жетіп. Өкпелеткен шығармын ағайынды, Алатауды көргем жоқ өкпелетіп.
Күннің нұры түскенде шың басына, Көз суарып қараймын тұлғасына.
Сағынғанда көз жасым тамған еді, Алатаудың мөп-мөлдір тұнбасына.
Бұл өңірде өзгеше гүлдің әрі, Естіледі өзгеше бұлбұл әні. Астанаға көшер ем
Ақ босағам
Алатауды қия алмай жүрмін әлі.
Сезімімді қайтейін іркіп кейін, Туған елден жасырып, сыр бүкпейін: Кейде өзімді сезінем
Алатауды
Айналып ұшып жүрген бүркіттейін.
ӘУЛИЕ ҚАРТТАР БАРЫНДА
Бұрынғы кезде, шынында, Әулие қарттар көп болған. Ақ сәуле ойнап шыңында,
Қайғысы жұрттың жоқ болған.
Қасиеті сіңген даланың, Әулие қарттар барында, Тақымы бекіп баланың Ойнаған аттың жалында.
Үрлеген отын үміттің, Әулие қарттар барында, Арыстан кеуде жігіттің Бұлқынған намыс қанында.
Әулие қарттар барында, Жол берген ылғи жарылып, Адасып жұртым сағымда, Сынбаған тауы шағылып.
Әулие қарттар түнде де, Күзетіп жұртын жатпаған.
Қатерлі қиын күнде де, Бірлігін елдің сақтаған.
Сол қарттар барда, Елімнің
Ұйқысы тыныш болатын. Егеулі найза ерімнің Кеудесі нұрға толатын.
Алаштан айдын асырып, Айбынып бәрі жүретін. Сыр бүксең егер жасырып, Көзіңнен оқып білетін.
Сөйлеген кезде ағындап, Арыдан әңгіме қозғайтын. Кетсе егер кейде арындап, Әдептен бірақ озбайтын.
Арғымақ туған даламнан Әулие қарттар кеткелі, Жауыздық алып жағамнан, Қазақтың азған текті елі.
Ел азып азап шеккелі, Сенімін кім бар ақтаған. Әулие қарттар кеткелі, Сасық ауыз шалдар қаптаған.
Қор болдық асыл ұл тумай, Қабағын жұрттың бағатын. Бұл қазақ алға ұмтылмай, Өзен бе кері ағатын.
* * * Сатылып кеткен жерімде, Сөйлемей қайтем қызынып. Алпауыт қанша елімде, Байлығыма жеткен қызығып.
Ұрандап өткен ұлтымның, Ураны сыртқа ағылған.
Жусаны жұпар жұртымның Тауаны қайтып шағылған.
Өлем бе, қайтем, асылып, Ар-намыс мүлде жоғалған. Мұнайым шетке тасылып, Қазынам күнде тоналған.
Тиді екен ненің салқыны, Кезігем қандай қатерге. Тиеліп қазақ алтыны Жөнелген жүйткіп жат елге.
Тиеліп қара көмірім,
Көк мұхит асып жөнелген. Өксімей қайтсін көңілім, Көйлектей тозып көнерген.
Тоналып жатқан жерімді, Азамат бар ма ойлаған. Ойыншық етіп елімді, Алпауыт қанша ойнаған.
Қонармын атқа түбінде, Ер қайда алтын тұтқалы.
Алпауыт қанша бүгінде Елімді жүрген жұтқалы.
* * *
Қасиет жоқ па тегінде,
Жөн сөзге кім бар тоқтаған. Дұшпан көз аз ба елімде, Қазаққа мылтық оқтаған.
Сол сұмдар әлек салғалы, Бұрқанып талай бұлқынғам. Мылтығын тартып алғалы, Ақырып қарсы ұмтылғам.
Құтылып мылтық оқтаған, Тұтылдым айым аманда. Мұңымды кім бар жоқтаған, Ар-намыс өлген заманда.
Қай жерде, елім, жаңылдым, Мен бе екем сені тоздырған. Қылмыскер болып танылдым, Ұлт араздықты қоздырған.
Байлаған ақ боз кермеге, Көрдің бе, елім, толғанып. Қылмыскер болам мен неге, Бұзықтан жүрсем қорғанып.
“Пәледен сақта!..” деп тіле, Көңілге сыр көп түйетін.
Қазаққа зауал жетті ме, Өзге үшін отқа күйетін.
* * * Кісі деп ойы аласа, Мүсіркеп оған қарағам.
Маймылдан Дарвин тараса, Қасқырдан өзім тарағам.
Жүреді қалай секіріп, Арманның асқар шыңында. Маймылдан Дарвин жетіліп, Тараған шығар шынында.
Жайқалсын қалай нұр бағы, Тамыры терең байланып.
Дарвиннің ішкіш ұрпағы Маймылға жатыр айналып...
Кісі деп ойы аласа, Мүсіркеп оған қарағам. Маймылдан Дарвин тараса, Қақырдан өзім тарағам.
Жаралған жанмын өр кеуде, Жүретін өжет от өріп.
Шығамын жауды көргенде, Бөрілі Байрақ көтеріп.
Кім жатсын аңдып жолымда, Көзіме ыза тұнғанда.
Сескенем неден Қолымда
Бөрілі Байрақ тұрғанда.
ЖАЛҒЫЗДЫҚТЫҢ МҰҢЫ
Болашаққа көш түзеп ұмтылғалы, Жанарыма бұл қалай мұң тұнғаны. Қалың елдің ішінен көп сарсылдым, Азаматты таба алмай нұр тұлғалы.
Қуатынан құлпырып жер түлеген, Арқар кеуде ер қайда ел тілеген. Елім кейде ұқсайды қара орманға Қарағайы қырқылып селдіреген.
Зауал туған көңілді мұң басатын, Күндер қайда күркіреп қырға асатын. Құлазыған кездерім аз емес-ау,
Ел ішінен дос таппай сырласатын.
Жара бар ма сыздаған жүрегімде, Күңіреніп жыр жазам күрең күнде. Қалың елдің ішінен дос таппаған Жалғыз кісі шығармын бұл өмірде.
Уақыттың сызы өтіп табанымнан, Суық ызғар ұстайды тамағымнан. Ел ішінде жүрсем де,
Келеді әлі
Жалғыздықтың мұңы өшпей жанарымнан.
Содан, сірә, көңілім сілкінеді, Көгімнен де бұлт көшіп дүркіреді. Қарғаларға қосылмай
Жеке ұшатын
Мүмкін қыран шығармын кім біледі.
* * *
Өмірімді өлеңге арнағалы, Жұлдызымның бұл қалай жанбағаны. Сағыныштың сары атын ерттеп мініп, Ауылыма көп болды бармағалы.
Кемелері қол үзген жағадайын, Неге мені іздесін ара ағайын. Кейде өзімді сезінем,
Елді ұмытып,
Жатқа сіңіп, жоғалған баладайын.
Асқар тауым соғыста құлағалы, Аз ба мені тағдырдың сынағаны.
Анам өліп, жол тартқан құба белге, Көңілінің сарқылып бұлақ әні.
Тал бойымда күн бар ма қан қызбаған, Көтере алмай қайғыны жан сыздаған. Жетім қорған секілді көрінемін,
Жар басында жарбиып жалғыз қалған.
Тауым қайтып, жігерім шағылғанда, Не істеймін жүрегім қабынғанда.
Түсетұғын үй таппай сарсыламын, Барсам егер ауылға сағынғанда.
Көңіліңді мұнар мұң торлағасын, Оңашада торығып толғанасың.
Ауылыңа барғың да келмейді екен, Түсетұғын бір үйің болмағасын.
ШЫНДЫҚТЫҢ БАҒЫ ТАЙҒАНДА
Көңілімнің көктемей жыр көктемі, Өмірімнің өткізбей тұр өткелі.
Бұл шындықтың түбіне жетем десем, Шындық менің түбіме жүр жеткелі.
Жақсылыққа мойыны бұрылмаған, Тас қоғамда өкпесі сырылдаған.
Бозторғайдай шырылдап қалған жоқ па, Жанның бәрі шындық деп шырылдаған.
Биік ұшқан заман бұл көгершін де, Зауалына көндігіп, көнесің де.
Шындық егер зат болса, Тұрады өтпей
Дүкендердің шаң басып сөресінде.
Жұрттың бәрі күн кешіп шырғалаңда, Босып жүрген жоқ па әлі сұр даламда. Бағы тайған шындықты қайтеді, айтшы? Өтіріктің бағы артқан бұл заманда.
* * *
Көсегесі көгеріп өскен елде,
Салмақ салып сөйлеймін сөзге мен де. Өмір – мұхит болса егер,
Айдынында
Жүзіп келе жатырмын өз кемемде.
Тартып жемей өзгенің сыбағасын, Сыйлап өстім өзгенің жыр ағасын.
Ана жаққа аттансам арман бар ма, Өлең сөздің тұрғызып мұнарасын.
Күрең мінген күркіреп күрең белде, Ақын қайда жүрсе де жүрегі – елде. Көктем болып жүгірдім елге қарай, Көңілімде бір көктем түлегенде.
Құба белдің бойына қан таратып, Қостым талай бәйгеге ат жаратып. Ағып өте шығам ба кім біледі, Дүниені өзіме жалт қаратып.
Өлең болып өмірім өрілгенде,
Жанды менің жұлдызым көңілді елде. Асықпаса бола ма,
Көкжиектен
Болашақтың таулары көрінгенде.
Жаратқанның нұры боп жауған арай, Тіршілікте айналсын дауға қалай.
Өмір – мұхит болса егер, Өз кемемде
Жүзіп келе жатырмын тауға қарай.
КӨК БӨРІ ЖЫРЫ
Қандай менің басыма күн тумады, Кеудемде ылғи ызалы жыр тулады. Құлагерлер мертіккен бұл далада
Жер мен көкке сыйдырмай кім қумады.
Дүр дүние балбырап көз ілгенде, Қай қораға түспедім төзімді елде.
Көк аттыға жем болсын деген жоқ-тын, Көкжал заман көкжал ғып өсіргенде.
Жүрген кезде көзімнен тылсым атып, Тағдыр әлі көрген жоқ шын жылатып. Ит тірліктің иттері талағанда,
Кете барғам қаншықтай қыңсылатып.
Үйірінен адасып жеке қалған Арлан аз ба қасқайып төте салған. Көк бөрімін!
Қақпанға түссем егер,
Қиып тастап сирағын кете барған.
Тұла бойым қайғыдан қалса ауырлап, Қуат берген кеудемде асау тулап.
Аңшылардың оғынан жараланып, Жорттым талай санымнан қан сауылдап.
Қойлы ауылдың тұсынан өте беріп, Тауға қарай жол тартам төте көріп. Қолға түссем,
Тартпайын қандай азап, Берілмеген күйімде кетем өліп.
Қатер бардай түбінде кезікпеген, Қарайғанның бәрінен сезіктенем. Азаттығы үшін де бір басымның Небір қилы азапқа төзіп келем.
...Ер-тұрманын бүтіндеп, құрай жүрген Саналы елдің жүзінен шырай күлген.
Азаттығын қорғаған жұрттың бәрі Көк бөрідей азапқа шыдай білген.
БАРА ЖАТСАМ ЕГЕР ДЕ АЛАСАРЫП
Астананың жанары сырға тұнып, Қайыңдары билейді бұратылып. Есіл өзен – Құс жолы шығар, бәлкім, Түсіп қалған жанына шұбатылып.
Бес қаруым бойымда сай тұрғанда, Қара орманды Қаратау қай тұлғам да. Оу, Астана!
Ақ нұрдан жаралдың ба, Аспаныңда толықсып Ай туғанда.
Үміт артып, үкілі түлегіне, Жандар аз ба ер салған күреңіне. Ару қала әлемде бар ма өзіңдей, Туған елдің айналған жүрегіне.
Төрт түлігі қырына түлеп, өрген Ата қазақ өмірге күле келген.
Асқақтаған Астана білсең егер Бабалардың рухы еді түрегелген.
Көңіліме қайтемін мұң жасырып, Аймалайды мойныма нұр асылып. Төбесінде желбіреп Көк Байрағым Айбынымды әлемге тұр асырып.
Кең болғасын алаштың сардаласы, Арыстарды көп туған арлы анасы. Бәйтеректің басына шықсаң егер Көрінеді жаһанның бар қаласы.
Сардаланың төсіне қала салып, Той тойлаған ел едік, қара шалып.
Саған барып қайтамын нұрлы Астанам, Бара жатсам егерде аласарып.
* * *
Сезіп келем мені елім түлеткелі, Мына қауырт заманның күні өтпелі. Көңілімнің көпірі бұзылса да, Өмірімнің ашылып тұр өткелі.
Көз алдымнан жөңкіліп сағым қашқан, Күндер қайда күркіреп бағымды ашқан. Бір ақ дауыл кеудемнен көтеріліп.
Найзағайдан жай тартып жалын шашқан.
Тамырымда бұлқынып жатқан ағын, Неге елесін түксиген жат қабағын. Жүрегімді түсінгің келсе егерде, Ашып оқы жанымның ақ парағын.
Тал бойыма шымырлап нұр сіңгенде, Күмбірлейді күй тартып тылсым кеуде. Жетем ылғи кеудеме күн қондырып, Туған елім қайғы ойлап күрсінгенде.
Асқар таулар алыстан мұнартқалы, Жүрген қанша туымды құлатқалы.
Бозінген ел боздаса алда-жалда Мүмкін туған шығармын жұбатқалы.
ЖҮЗ ЖАСА
Жаңғара Дәдебаевқа
Тағдырының бораны бұрқағанда, Кімдер қайғы кешпеген сұр ғаламда. Туған бала сен едің,
Әкең сенің
Тәңіріден жалынып сұрағанда.
Қасарғанда сазарып мына жалған, Тәңіріден сені әкең сұрап алған. Жылағанда көзінен тамып кетіп, Мүмкін жасы шығарсың тұна қалған.
Көсегесі көктемнің көгергенде, Өрге жүзіп келесің өнерлі елде. Көңілімді жаңғыртқан сен едің-ау, Күздің күрең кешіндей көнергенде.
Көшің сенің жол тартып күнге қарай, Жанарыңда жарқылдап күлген арай. Арсыз жандар араға от салмаса, Болашаққа бармаймыз бірге қалай.
Туған елдің айналып тірегіне, Ей, Жаңғара, жетесің тілегіңе.
Құдай менің кеудеме өлең құйып, Құдай сенің жыр жазған жүрегіңе.
Жеткен талай кезімде мұңға батқан, Көңіліңде өзен көп жырлап аққан. Сені неге ендеше қорғамасын
Ақ жолбарыс кеудемде тулап жатқан.
Өр Таластың сен болсаң бір белесі, Мен емес пе желкенді жыр кемесі. Жамбыл атаң секілді жүз жасағын Қараулықтың дарымай сұр жебесі.
ЕЙ, ҚАСЫМХАН!
Көңіліне көп сырды түйе білген, Түркістанның жерінде кие жүрген. Ақын болмай тұра ма бұл жалғанда Абыздардың жаралған сүйегінен.
Арманыңды ақ самал тербеткенде, Ақын болсын деді ме ержеткенде. Махаббатың ауылда жылап қалған Алматыға жыр қуып сен кеткенде.
Татулықты ұғынған көрші арқылы, Кімге қуат бермеген дос ақылы.
Көше ақыны болғам деп қапалан ба, Шындықты айтар қашанда көше ақыны.
Егескенде тақымын бұрап алған, Кімге опа көрсетсін мына жалған. Сағыныштың көзінен тамып кетіп,
Жалғыз тамшы шығарсың тұна қалған.
Бірақ неге шайқалсын шаңырағың, Көкірегіңде бұрқанып жатыр ағын.
Мүмкін терек шығарсың орманда өскен Дауыл жұлып көрмеген жапырағын.
Торығанда заманның қасқыры ұлып, Жанарыңа көрмеді жас тығылып.
Мүмкін тұлпар шығарсың кім біледі, Кетілмеген тұяғы тасқа ұрылып.
Өр кеудеңде туласа жыр асылы, Жанарыңда жарқылдап тұр жасыны. Ей, Қасымхан!
Тегінде сен шығарсың
Қасымның келер деген бір Қасымы!
МАРҚҰМ САТТАР ЕРУБАЕВТЫҢ ЗАРЫ
1
Қара жерге сүйегім көмілгелі, Қорлап әлі келеді өмір мені. Автовокзал сала ма мола үстіне, Алжаспаса қазақтың көңілді елі.
Құландардың жайылған өрісінде, Жалған емес туғаным өр пішінде. Вокзал салса үстіме жаншып мені, Күңіренбей қайтейін көр ішінде.
Жанарымды мұнар мұң торлағалы, Мені елімнің осы ма қолдағаны.
Қабірімнің үстіне вокзал салып, Сүйегімді бұл қалай қорлағаны?!
Туған қалам көк майса белес те еді, Сағынғанда көзіме елестеді.
Мола ішінде жатқанда күңіреніп, Түркістаннан жылы жел неге еспеді?!
Қалай менің көзімде күн күледі, Бір жанартау кеудемде сілкінеді. Шығып мені кетер деп жер бетіне, Автовокзал салды ма кім біледі?!
Сардаланың көз салып жиегіне, Жаутаң-жаутаң қараймын жиі еліме. Молам вокзал астында қалса, жұртым, Түскен таңба емес пе сүйегіңе!
2
Қолдап, жебеп тұрғанда қыр-даласы, Кісіліктің құлай ма мұнарасы.
Саттар зары жеткенде құлағына, Түркістанның атқа қонған бір баласы.
Тал бойында тулаған асыл қаны, Ақындардың қуатты ашынғаны. Алматыға асығып суыт жеткен Бегманның болатын Қасымханы.
Бұла намыс кеудесін кернегелі, Өлең-жырмен тербеткен ел-кемені, Қасым ақын мәйітті қазып алған Мұхтар жатқан қорымға жерлегелі.
Дүниенің көзінен сыр аулаған, Ақын жанын кім сонша қыраулаған.
Мұхтар жатқан қорымға жерленгенде, Қайран Саттар көрінде бір аунаған.
Талай қилы өткелден өте білген, Ақын еді көзінде от өрілген.
Ертеңінде Саттардың ескерткіші Қасымханның қолымен көтерілген.
Күңіреніп күй тартып күрең күнде, Бақыт жоқ деп ойлама бұл өмірде. Саттар ақын қайыра түрегелген Туған елдің тіріліп жүрегінде!
АҚЫН НҰРЛАН МӘУКЕНҰЛЫНЫҢ РУХЫНА
Құрсағында жаралған арлы ананың, Айбоз ұлы сен едің сардаланың.
Аттан ұшып түстің-ау, амал қанша, Айналғанда үніне замананың.
Жақсылыққа ұмтылып қол артқанда, Қабағына тағдырдың тоң қатқан ба. Желкеніңді жел қиып кете барды-ау, Кемең сенің айдынға жол тартқанда.
Туған елдің бөленіп желегіне, Жаңа-жаңа келгенде кемеліңе, Шықпай сені қалар деп кім ойлаған Сүңгігенде теңіздің тереңіне.
Жүрегіңе тиді ме оқ табанда,
Қара Ертістің қайғысын жоқтағанда.
Менің сардар жүрегім соқпай қалған, Сенің сардар жүрегің тоқтағанда.
Белін буып, белдікпен қынап алған, Көрсетеді кімге опа мына жалған. Айдын көлі Алтайдың білсең егер, Көз жасы еді анаңның тұна қалған.
Найзағайдай күркіреп жиі күнде, Өлгендердің бірісің биігінде.
Бір төбеде жатырсың бұл күндері Тіршіліктің бүлкілдеп бүйірінде.
Сені атына жөнелген мінгестіріп, Өткен күннің өшпейді мұңы ескіріп. Өлді деуге бола ма сені, Нұрлан, Қабіріңнен тұрғанда жыр естіліп.
АЛМАТЫ МЕН АСТАНА
Көңілімнің көзіне нұр тұнғанда, Ұран салмай тұрам ба ұлтым барда. Астанада бұтағым гүл жарады, Алматыда тамырым бұлқынғанда.
Бабалардың өр рухы қолдағанда, Аспанымды қара бұлт торлаған ба. Арқаға жұрт көше ме,
Алматыға
Азаттықтың ақ құсы қонбағанда.
Астананың сәуле есіп келбетінен, Еңку-еңку жер шолып ер жетілген.
Айналайын алмалы Алматыда Азаттықтың бесігі тербетілген.
Қоңыр түнде туғанда Ай нұрланып, Күрең күндер жоғалған қайғымды алып. Алатауы бар жандар бармаса егер,
Арлы Астана тұра ма айбынданып.
Керуен бұлт көгімнен өктем көшіп, Бәйтерегі жайқалған көктеп өсіп.
Астананың жүрегі жылына ма, Алматыдан тұрмаса көктем есіп.
Қай заманда болмаған тақ таласы, Ел басқарып жүрмесін жат баласы. Алматы мен Астана білсең егер, Тұнық ойлы көзімнің ақ, қарасы.
КӨШІ ТҮЗУ ЖОЛ ТАРТҚАН КҮНГЕ ҚАРАЙ
Өткел бар ма күркіреп кісі өтпеген, Сарбаз бар ма Отанын күзетпеген. Қазақ кейде көзіме елестейді,
Ел болам деп бесігін түзетпеген.
Сәуле ағындап құйылған есігінен, Жұрттың бәрі біледі есі кірген.
Жас сәбидің азамат болатыны – Танылады қашанда бесігінен.
Талай сәби әлі де ержетеді, Мына сырқат қоғамды емдетеді.
Бесік көрген егерде ел басқарса, Ел-жұртын нұрға бөлеп, тербетеді.
Алатаудың жаралған құлжасынан, Жанның ылғи кеудесі нұрға ашылған. Білсең егер бесігі түзу елдің
Түзу ұшқан түтіні мұржасынан.
Жұртты неге ертеңге бастамайын, Жақсылықты үлгі етсем қашпа, ағайын. Білсең егер бесігі түзу елдің
Түзу болған жолдары таспадайын.
Көңілінде күмбірлеп күлген арай, Көктем болып жетеді кімге қалай. Білсең егер бесігі түзу елдің
Көші түзу жол тартқан күнге қарай.
ШЫНДЫҚ
Дүниенің көзінен сыр аулаған, Күндер зулап өтуде тыраулаған. Қараулықтың жүзінен ызғар есіп, Терезесін жаныңның қыраулаған.
Қара бұлтын үйірген жаралы айға, Арман айтып бола ма нар ағайға. Қоғам неге кеспесін
Сен секілді
Қарсы біткен бұтақты қарағайға.
Арбаң сынып жатқанда сайда қалып, Жетем дейсің шындыққа қайда барып.
Қара жерге ерлікті көмген жоқ па, Жағымпаздық ел ішін жайлап алып.
Тыя білген тентегін, телпегін де, Азып-тозып бара ма ел тегінде.
Құзырлының қылмысын бетіне айтсаң, Жабыласың түрмеге ертеңінде.
Азу тісі қағылып айтысқанның, Қасиеті артпады қай мыстанның. Қабырғасын бұл қоғам сөккен талай, Қабырғасы халық деп қайысқанның.
Қорлық егер көрмесең – үндемес ең, Көз жасыңа толады күнде кесең.
Ақиқатты жалғанда сен таппайсың, Абақтының ішінен іздемесең.
Буырқанып бойыңда қан тасынып, Қайда тартып барасың алға асығып. Шындық сені қорғайды қалай, айтшы? Сол шындықтың тұрса өзі дарға асылып.
* * * Бостандықтың көзінде күн күлгелі, Жүргендер көп ел ішін бүлдіргелі. Ақиқаттың ақ сөзін айтсам егер, Қараулықтың шеңгелі тұр бүргелі.
Шындықты айтпай тіл содан күрмеледі, Дүр дүние қай кезде түрге енеді.
Басын қорғап, ақиқат жасырынып Өтіріктің көрпесін бүркенеді.
Жүргендер көп арқалап мың күнәні, Өтіріктің бағы артса – кім кінәлі.
Азат елде жүрсем де алшаң басып, Ақиқатты айта алмай жүрмін әлі.
Туған елдің сыйдырмай маңдайына, Жармасқандар көп әлі шалғайыма. Ақиқатты айтпақ ем,
Қалған жоқ па
Тілім менің жабысып таңдайыма.
Өліп кеткен жан қанша шырғалаңда, Оқ атылмай тұра ма сұр ғаламда.
Ер болмаса қатерге басын тіккен Ақиқатты кім айтсын бұл заманда.
Кісіліктің бойлаған тереңіне, Түсірмейді көлеңке терегіне. Ақиқаттың ақ сөзі айтылмаса, Азаттықтың онда елге керегі не?!
ҚАРА ЖЕРГЕ ХАЛЫҚ ИЕ
Мына сайын далада кие қонған Ханның бәрі халыққа ие болған. Елді түзу бастайтын болашаққа Жібі түзу есілген жүйе болған.
Көктем болып жүгірген дала, белге Айналғандар біледі саналы елге: Халыққа егер хан ие болса, бірақ Халық ие болатын қара жерге.
Күрең күндер түскенде жиі есіме, Тіршіліктің үңілем жүйесіне.
Қара халық бүгінде қаңғып қалған Қара жердің айналған иесіне.
Қайда әділдік пір тұтып ел жүгінген, Зардап шеге бере ме кеңдігінен.
Қара жерді шетінен сатқан жоқ па, Тартып алып халықтың меншігінен.
Қарағанда көзіне қайғы аларып, Күн көреді бұл халық қайда барып. Атқа ақырып қона ма кім біледі, Шар болатқа жігерін қайрап алып.
Өзендері бұрқанып жырлап аққан, Арулары алтыннан сырға таққан, Халық қашан қорлыққа төзіп еді, Кеудесінде жолбарыс тулап жатқан.
МАЯ ТАЙПАСЫ
Адамдар мен табиғаттың айқасы Біткен емес – жоқ болса да пайдасы. Ғұмыр кешкен ормандардың ішінде Үндістердің Мая дейтін тайпасы.
Ұнға, нанға зәру тайпа болғасын, Бірін – бірі жаудан қалай қорғасын. Орманына қатер болып төнсе егер, Болашақтың күйін қалай толғасын.
Жұртын кенет бір сұмдыққа бастаған, Бұл тайпаны жан болмады жасқаған. Егін егіп, өсірмек боп жайқалтып, Ормандарын түгел шауып тастаған.
Ыстық күнге қайтсін олар қақталмай, Опық жеді еңбектері ақталмай.
Айықпайтын дертке ұрынып, қырылған Табиғаттың тепе-теңдігі сақталмай.
Жаралғалы жұрт болса егер сор маңдай, Болашаққа жетелесін жол қандай.
Ормандарын отап құртып, Ақыры
Өздері де оталған-ды ормандай.
КӨКЖАЛ БОП ТУСАҢ ЖОҚ АРМАН
Күшіктеп қаншық көктемде, Бауырын жазған көк белде. Ертеңін ойлай бастаған Арада екі ай өткенде.
Суық көп алда тоңатын, Боран көп бұрқап соғатын. Бөлтіріктерінің ішінде Біреуі қанжау болатын.
Қысылса шауып жететін, Қамқоршы қайда сенетін. Ұяласы тұра ұмтылса, Қыңсылап жата кететін.
Күшіктің сыйқын көргенде, Басылып қалған өр кеуде.
Шайқасып қалай құтылсын Басына қатер төнгенде.
Жанарын арай булаған, Қаншықтың қаны тулаған. Күшікті қайтем деді ме, Атадан асып тумаған.
Бойына қызу таратып, Қалғанда аппақ таң атып. Бөлтіріктеріне қанжауды Жоқ қылған лезде талатып.
Жүзімді сұсты сазартып Қасқырға қайтем жаза артып. Туған бойда тұқымын Отырған ылғи тазартып...
Қатер төніп табанда, Өлгендер қанша даламда. Құзынан кетер лақтырып, Құзырлы күш көп ғаламда. Көкжал боп тусаң жоқ арман, Азулы көкжал заманда.
АЗАМАТ ЕР КӨП ЕЛІМДЕ
Мұратына жаңа жеткенде, Өлгендер қанша текті елде. Жыладым –
Жалындап туған жігітті Көшеде атып кеткенде.
Басыңа қатер төнгенде, Қорғасын қалай көр пенде. Жыладым –
Арыстан кеуде азамат Қаңғыған оқтан өлгенде.
Сұмдықты көзің көргенде, Тұрасың атып көрден де. Жыладым –
Көкірегі дария қария Далада қаңғып өлгенде.
Намыстың оты сөнгенде, Жұрт болып жерге көмгенде, Жыладым –
Шындықты айтқан өр ақын Түрмеде шіріп өлгенде.
Аман қап жаудың оғынан, Жүрсе де таймай жолынан, Жігітке неге жылайын Әйелдің өлген қолынан.
Солғындап өмір ажары, Бара ма тарқап базары. Азамат ер көп елімде Әйелден болған ажалы.
АТОМ БОМБЫСЫН ЖАРҒАНДА
Заман беті бұзылса секпілденіп, Бұлт торлайды көгіңді теңбілденіп. Атом түскен жерлерден су шығады, Қара жердің көз жасы секілденіп.
Содан, сірә, тұрамын алағызып, Көз ұшында сағымды дала қызып. Ресей кімді аясын,
Жердің өзін
Жылатқанда көзінен қан ағызып.
Мына озық заманда Айға қонған, Арна бар ма тартылып, қайта толған. Алып бомбы жарылған қай жерден де, Су атқылап улы көл пайда болған.
Қара шұбар жылан боп оратылып, Қара құйын ел жаққа борады ұлып. Сәби қанша ананың ішінде өлген Жер бетіне шыққанда көл атылып.
Қарау күштер тұрғасын ел басқарып, Жорғалайды алдында ер жасқанып. Улы көлден су ішкен жан-жануар
Ақ сүйек боп қырылған жер жастанып.
Күн кешкен соң қоғамда құрамалы, Тауым тұр ма гүрс етіп құлағалы.
Бұл Ресейдің жүргізген сынақтары – Қазақ халқын қырудың бір амалы.
ХАЛЫҚ ЖАУЫ
Ақ нұрынан жаратылған шабыттың, Куә, Алатау!
Куә оған, Жарық Күн.
Ауылдарда жатқан жоқ па тамыры Бәйтерегі биік өскен халықтың.
Жанарына арай тұнған, Нұр тұнған
Сайын дала жұпар атып құлпырған. Алатауы асқақтаған халықтың Ауылдарда қан тамыры бұлқынған.
Жауын қуып, алпыс қырдан асырған, Сол адамдар бүгін түгел ашынған.
Жоқшылықтың жарылғанда бомбысы, Тоз-тоз болып, сынықтары шашылған.
Қайда бұрып қарасаң да бетіңді, Кісі бар ма есіркеген жетімді.
Ауылдардың сиқын көрсең бүгінгі – Өрттен қалған жаралы орман секілді.
Аспанында қайғы бұлты жүзгелі, Алты алаштың күйзелуде ізгі елі. Ауылдарды қиратты ма, кім білсін, Нар халықтың қан тамырын үзгелі.
Көкірегім буырқанған кек кілең, Дұшпан көп те қалай тыныш, тек жүрем. Тамырына балта шапқан халықтың, Жанның бәрін халық жауы деп білем.
КӨК БӨРІНІҢ ТЕРІСІ
Нұрын төгіп тұрғанда көкте күнің, Кімге сенің жетпеген көктем үнің. Жаңаарқаның жігерлі бір жігіті Сыйға тартты терісін көк бөрінің.
Туған елде арайлы таң атқалы, Кісі бар ма қарайтын қабаққа әлі. Жігіт сыйын хош көрдім,
Кей ағайын
Иттеріне жүргенде талатқалы.
Қара жерге тамшылап тері сіңген, Ғұмыр қанша үзілген желісінен. Көк бөрі иіс бұрқырап тұрған еді, Көк бөрінің сойылған терісінен.
Қиянаттан жүрегім езілгенде, Шара қайсы төзбеске сезімді елде. Иттер қаша жөнелді маңайымнан Көк бөрі иіс теріден сезілгенде.
Тіршілікте мұң басқан, қына басқан, Есігімді ез көп те жылап ашқан, Көк бөрі иіс бұрқырап көк теріден Қызғаныштың иті де тұра қашқан.
Жүрегіне жеткізіп көктем үнін, Жыр жазамын тербетіп көп көңілін. Қорқытуға иттерді жарайды екен Терісі де азулы көк бөрінің.
ЕСКЕРТКІШ
Ардақ тұтқан жолдасы мен жорасы Әкем қайда...
Табылғанда моласы.
Ескерткіш боп тұрар еді басында Туған жердің қолдан құйған қоласы.
Соғыс жылы қатер төніп қайдан да, Әкем өлген қанды қырғын майданда. Ердің басы қайда аунап қалмаған Тұғырынан тайғанда.
Жанарынан жас тамып,
Жаудан, сірә, көрмеп еді жасқанып. Қайран әкем суық көрін жылытып, Бір биікті жатқан шығар жастанып.
Қан майданда жүрген өжет пішінде, Әкемді ылғи көрем түнде түсімде. Мүмкін оның жатқан шығар моласы Қара орманның ішінде.
Сары орыстың ойға шомып орманы, Тіл қатпады күңіренген қорғаны.
Табыла ма жан әкемнің моласы, Тағдырымның бастап бармай жолдары.
Қайран әке!
Туған жердің жан бітіріп тасына, Ұлым белгі қоймады деп жасыма. Өзіңе арнап жазған жырдың барлығы Ескерткішім қойған сенің басыңа.
*** Үндемей келіп қабатын Иттер көп, оған таң қалма. Бұзықты жөнге салатын Бұл елде қатал заң бар ма.
Жұлдызы кімнің жоғары, Жұрт түгел соған жағынған. Азамат ерлер жоқ әлі, Әділдік іздеп сабылған.
Тауықсыз таңым атады, Не керек қарын тоқтығы. Жаныма қатты батады, Ұяттың мүлде жоқтығы.
Жағаға шығып қалғалы, Көкірегім сұмдық дерт толған. Зұлымдық етек алғалы, Жазықсыз жан көп мерт болған.
Қанды қол қылмыс жасаған – Алаштың ары саналған.
Құда боп құйрық асаған – Жемқор боп ісі қаралған.
Басыңа катер төндірген – Ұсталған емес тұтылып.
Қастасып кісі өлтірген – Кетеді оңай құтылып.
Халықтың мұңын жоқтаған Жоғалып кетіп жатқанда, Арысқа мылтық оқтаған Жұлдыз боп жанған ақ таңда.
Кірмелер жайлап жерімді, Жанарым жасқа тұнғанда, Әділдік күтпен...
Елімді
Қараулық билеп тұрғанда.
ҚОРҒАЙМЫН КІМДІ...
Көңілдің күні сөнгенде, Дауыл көп бұрқап соғатын. Күн қайда қатер төнгенде Ақырып атқа қонатын.
Тобырға жұртым айналып, Тозғанда қара тулақтай, Парламентке пері сайланып, Қанымды жүрме тулатпай.
Қол соғып ылғи қолдаймын, Егеулі найза елімді.
Бірақ та қалай қорғаймын Сатылып кеткен жерімді.
Мерт болып жатқан кезеңде, Азамат ерлер атылып,
Толқындар тулап өзенде Жүргендер қанша шатылып. Қорғаймын қалай
Жүрсе егер
Зиялы қауым сатылып.
Намысым талай қайралды, Қиянат көріп қайдан да.
Халықты сорған байларды Өлем бе қорғап майданда.
Орманым қашан жайқалды, Айналып өжет өлеңге.
Тән сатқан қорғап сайқалды Оққа ұшып босқа өлем бе.
Жағамнан тағдыр алғанда, Ырқына қалай көнейін.
Жемқорды қорғап жалғанда Соғысып неге өлейін.
Ел билеп жабы, жаман да, Аласарып тұр-ау тау қорған. Қорғаймын кімді...
Заманда
Қазаққа қазақ жау болған.
* * *
Жанарына кек тұнған,
Жұрт болса егер бір кезде жаттан қорғанып шеп құрған. Бұл күндері қазақты
Сұрқай заман бетке ұрған.
Жүрегінде жетіліп, қорытылған құрышы, Қай жұртыңнан кем еді, бұл қазақтың ұлысы.
Алтын жалатқан қынаптан суыратын мезгілде, Суырылмай қалады неге қайқы қылышы?!
Таудай асау толқында күйреген талай кемесі, Дүниені қатердің кезіп жүр ме елесі.
Мұқалмаса ұшы егер Қабырғалы қазақтың
Қараулыққа ысқырып неге ұшпайды жебесі?!
Тіршіліктің біте ме борай соққан ақпаны, Қарау күштер жүректен жүрген жоқ па атқалы. Ей, ағайын, бұл қалай?
Қап түбінде бұйығып, Алмас кездіктің жатқаны.
Адаса ма сағымда, абыздарын тыңдаса,
Қай жауыңды жеңбеген намысқа шауып
шындаса.
Кім көрінген басынып, қорламас еді бүгінде, Егемен елдің егеулі найзасы сынбаса.
Қайран қазақ күн кешкен өз жерінде күйініп, Кімді арқа тұтады айбатына сүйініп.
Кілең кірме ендеше неге есірік атпасын, Бәйтеректің бұтағы тұрса оларға иіліп.
Көкірегін өжет күй атой салып толғаса, Азамат ер қайда жүр туған елін қорғаса. Ата қазақ ақырып тәңірден теңдік сұрай ма, Азаттықтың шыңында өз зауалы болмаса.
АТА ҚАЗАҚ
Құбыладан ызғарлы жел тұрғалы, Кете барған сатылып жердің бәрі. Ел қорғайтын ер жігіт жаяу қалған Босағада шашылып ер-тұрманы.
Қаратауым ызалы күркіреді, Алатауым ашынып жыр тіледі. Жаяу жүріп аттыдан кек алатын Заман қайта туды ма кім біледі.
Қайғы еседі жылдардың қанатынан, Болашағы бұл елдің қара тұман.
Көк бөрілер ұлыды Айға қарап, Көк бөрінің қанынан жаратылған.
Көңіліңді сергітіп, құлшындырған Неге самал еспеді тылсым қырдан. Найза толғап шығатын кезде мынау –
Алты алаштың найзасын кім сындырған?!
Көші адасып жолынан жаңылғалы, Жүрген жоқ па сарсылып сағымға әлі. Тісі кімге батады бұл қазақтың
Азу тісі аузынан қағылғалы.
Кең даланың төсінде тербетілген, Уақыттың мұң көрем келбетінен. Алпауыттар жанығып жүрген жоқ па, Жоймақ болып қазақты жер бетінен.
Күндер қайда, ендеше, бақ қуатын, Неге жырға қоспайды аққу ақын. Бір азамат туса егер,
Мама бие
Азамат ер мінетін ат туатын.
Азаттықтың таңы атып, күн күлгелі, Жүрген қанша ел ішін бүлдіргелі.
Заман қорлай берсе егер, Ата қазақ
Атқа ақырып қонады бір күндері.
Ағындаған бойымен бір жүйенің, Бұған куә шуағы Күн – киенің.
Қазақты аттан қайыра түсіре алмай Сарсылмасына, кім кепіл, дүниенің.
* * *
Дүниенің етегін жырымдаған, Соғыстарда жұрт бар ма қырылмаған. Шерлі жүрек шешенге ара түсіп,
Бір бозторғай кеудемде шырылдаған.
Зұлымдықтың көзіне сан атылған, Ата ерліктен жұрт еді жаратылған. Әділетсіз соғыста арын қорғап, Менің сардар жүрегім ара тұрған. Күмбірлеген бұл кеудем күміс еді, Тіршілікте сан әлі мұң ішеді.
Алда-жалда қиянат көрсем егер, Мені қорғап, араға кім түседі?!
Мына сұрқай заманда жан сыздаған, Тамырымда күн бар ма қан қызбаған.
Дүниенің бәрінен опа таппай, Батырдаймын жау жоқта жалғыз қалған.
Көкжал заман көкжал ғып өсіргелі, Қатарымнан келемін көш ілгері.
Менің ерлік ізімді сардаладан Жүрген жандар жоқ емес өшіргелі.
Кеудесінде ар, иман ұялатқан, Жанның бәрі арманын қияға атқан. Ел қорыған Махамбет өлген жоқ па, Жауыз қолдар жасаған қиянаттан.
РУХ
Сөндіргелі жүрген көп күнімді елде, Не істеймін тірліктен түңілгенде.
Басына ма көрінген, Тамырымда
Рухым болып асау қан жүгіргенде.
Шындық іздеп, жүрегім тілінгенде, Қасиеттің жоқтығы білінді елде.
Басына ма көрінген, Өліп қалған
Рухым менің қайыра тірілгенде.
Туған елдің байлығы тоналғалы, Бар ма, сірә, тірліктің оңалғаны. Кірме қанша төбеме шығып алған Асқақ рухым қапыда жоғалғалы.
Самал желі тербеткен тал-терегін, Күндерімнің көзінен қан көремін. Қапылыста жоғалған рухымды іздеп, Жорттым талай ізімен хан Кененің.
Кеңістіктен рухымды іздегенде, Қалады деп ойлама түз-белеңде. Тереңімде бір толқын туламас ед, Айдынымда ақ кеме жүзбегенде.
Мына жарық жалғанда мың күнәлі, Бағым егер жанбаса кім кінәлі?
Көкжал бөрі көп жортқан сардаладан Жоғалған рухымды іздеп жүрмін әлі.
ОСПАНӘЛІ АҒАНЫҢ РУХЫМЕН ӘҢГІМЕ
Күн сәулесі түсіп тұрса молаңа, Суық көрде өрт жүрегің тоңа ма. Ел ішінде асқақ рухың жүргенде, Аға, сені, өлді деуге бола ма?!
Қателігін бетке айтатын ірінің, Жырға қосып жүрген жоқ па бір інің. Ел ішінде асқақ рухы жүргендер Тізімінен сызылмайды тірінің.
Мұқалсаң да тауың талай шағылып, Ғұмыр кештің шындықты іздеп сабылып. Құба белге жата кеткен шығарсың
Көк аспанның ақша бұлтын жамылып.
Күн күлетін көзің сенің күлгенде, Жатырмын деп әсте ойлама бір белде. Сені, сірә, алмас еді жоғалтып, Қадіріңді ерте ағайын білгенде.
Сені жоқтап бұлқынады бұлақ та, Сені жоқтап теңселеді құрақ та. Сені ағайын қара жерге көмгенмен, Өлеңіңді көме алмады бірақ та.
Алабұртқан өжет мінез пішінде, Аға, сені, көрем ылғи түсімде. Ақбоз атқа мініп шауып жүресің Шұғылалы ақ әлемнің ішінде.
Арман құсың ақ қанатын қаққанда, Арай болып естің талай ақ таңда. Шауып өткен сенсің бе, аға, деп қалам, Зеңгір көктен жарық жұлдыз аққанда.
ЖЕТІМ ҚЫЗ
Жұрттың бәрін тірлікте бұла көрген, Тас бет тағдыр білгенге құла мерген: Жастай қалған анадан жетім қыздың Құрылыста әкесі құлап өлген.
Қайғы торлап ақ жүзін албыраған, Жетім қыздың тұлымы жалбыраған. Шөлдегенде көз жасын сусын етіп, Тұрып жатты үйінде қаңыраған.
Бұлбұл қонған қыз еді таңдайына, Тасы тиген тағдырдың маңдайына. Тісі ақсиып соңынан бір қалмады, Қара қайғы жармасып шалғайына.
Қара құйын алдынан суырғалы, Таршылықтың тарысы қуырғаны. Суырдайын тығылып жатты үйінде, Адамдардан көңілі суынғалы.
Күңіреніп күй шерткен күрең күнде, Жетім қыздың ыза көп жүрегінде.
Ана өмірде жақсылық көре ме, айтшы? Бір жақсылық көрмеген бұл өмірде.
Соны ойласам көңілім сілкінеді, Қашан қыздың көзінде күн күледі.
...Өз жерінде өгейдің күйін кешкен Біз де жетім шығармыз кім біледі.
ПЕРІШТЕ АҚЫН
Елібай (Ли Бо) – қытай халқының ұлы ақыны, бірақ қазақтың тумасы. 701 жылы Шу өңірінде дүниеге келген. Дулығалы Дулат бабаның тоғызыншы ұрпағы. Аспанасты елі оны Алланың ақ нұрынан жаратылған ақын деп күні бүгінге дейін аңыз етеді.
Автор.
Толқынында тулаған жыр арнаның, Ұлтқа тұтқа ұрпағы нұрлы ананың.
Шу бойында Елібай туған еді, Көктен нұры түскенде Ұлы Алланың.
Қара жердің көзінен қан атылып, Қабарғанда ішінен дала тынып. Мүмкін көктен Елібай түскен шығар, Ұлы Алланың нұрынан жаратылып.
Дүниенің қыр-сырын ерте біліп, Тарлан ашқан шағында ел жетіліп. Елібай-шер Қытайға сапар шеккен Жорға жеккен күймеде тербетіліп.
Ақ самалы аңқылдап көңілді ескен, Ақбоз үйдің жан еді төрінде өскен. Аспанасты елінде жыр түлетіп, Періште ақын атанып өмір кешкен.
Оны бірақ бүгінде кім біледі, Қара тобыр сарсылып дүрлігеді.
Ұлы Алланың нұрынан жаратылған Ұлы ақынның көзінде күн күледі.
Тал бойында қазақтың қаны айналған, Қайран ақын жат жерге қалай барған. Қилы-қилы тағдырды бастан кешіп, Талай сөніп жұлдызы, талай жанған.
Туған жері айналып киесіне, Сағынғанда түсетін жиі есіне. Ата жұртын аңсамай күн кешпеді, Атанына жүк артқан, түйесіне.
Кейде оның көзіне мұң қаптырған, Түлкі құйрық заманды кім жақтырған. Елібай-шер жалғанда өр болатын, Құзырлыны менсінбей қылжақ қылған. Қырсыққанда патшаға шай құйғызып, Патшайымын жүгіртіп зыр қақтырған. Даналыққа жеткізген
Далалықтың
Қаны шығар бойында тулап тұрған.
Ізгіліктің бар жерге шамын жаққан, Ақын қашан тыныстап дамыл тапқан. Семсер сілтеп сірескен жүйесіне,
Тас қоғамды сілкілеп шаңын қаққан.
Ғұмыр кешкен ызғарлы жел өтінде, Оның қайғы жоқ деме келбетінде. Торыққанда өзеннің жартасына, Мұң шаққалы баратын ерте күнде.
Ақырында көкке ұшқан құсқа айналып, Күнәсі көп жүре алмай жер бетінде.
ҰЛТ ТАҒДЫРЫ
Қайшыласқан ғаламда,
Қатер төнбей тұрады ма табанда. Кім ойлаған қорқау қаптап кетер деп, Күні кеше Қыдыр жүрген даламда.
Асқақ рухын таптағалы ұлтымның, Бәрін жойған небір асыл ғұрпымның. Қорқау тісін көрсете ме ақситып, Найзасы егер сынбаса өжет жұртымның.
Қорқау күштің бойын түгел жын буған, Ел де, ер де сыналатын күн туған.
Сын сағатта арқар кеуде арыстар Ұлтын қорғап ұмтылған.
Бұралқы иттер жуындыға тойғалы, Күннен – күнге барады асып сойқаны. Жанталасып жүрген жоқ па жанығып, Қазақ ұлтын жер бетінен жойғалы.
Дүр дүние сән-салтанат құрғалы, Еркек тоқты уақыттың құрбаны. Қилы кезде ұлы ұлтымның тағдыры Жалған емес қыл үстінде тұрғаны.
Жақсылыққа түгел мойын бұрғанда, Жұрттан асқан жауыз бар ма бұл маңда. Ей, ағайын, тайсақтама ендеше,
Ұлт тағдыры шешілгелі тұрғанда. Алты Алашқа қорған болам деп туған, Азамат ер арлы анадан туғанда.
МҰҢАЙҒАНДА
Туған елден ар-иман қуылғалы,
Билік тыңдап көрген жоқ мұңымды әлі. Құбылмалы заманның құзыры ма, Жұрттың бәрі бұл күнде құбылмалы.
Арғымақ көп жем жемей қаңтарылған Таршылықтың тарысын қуырғалы.
Көңілімнен бір үрей кетпей қойды, Дүниенің қабағы суынғалы.
Ей, ағайын, қапыда тұрған жоқ па, Қияметтің құйыны суырғалы.
Қасіретін ойласам нұр елімнің, Қаны қашпай қайтеді түр-өңімнің. Зымыраны Ресейдің құлап жатыр, Далаға емес,
Үстіне жүрегімнің.
Барлап егер қарасаң құбыланы, Зұлымдықтың көп әлі сұр жыланы. Жаттан қатер жоқ деме,
Елге қарай
Тұрған жоқ па ұшқалы зымыраны.
Шырылдамай қайтемін шырғалаңда, Жауыз қолдар жармасып тұр жағамда. Бұл қазақты сыртынан кім сатпады, Сатқындардың бағы артқан сұм заманда.
Қалай дауыл туады қанатынан, Қорлау үшін жұрт болса жаратылған. Жатқа жері су тегін сатылғанда Жанарынан ызалы қан атылған.
Жат жұрт келіп төріме жайғасқанда, Ерлік күтіп сарсылғам қай жастан да. Жетімдері жылаған жұртты көріп, Күңіренген періште Айлы аспанда.
Асқақ рухы жоғалған құм шағылда, Жұртым әлі адасып жүр сағымда. Аждаһаға жұтылып кетпесе екен, Құлындары шырқырап құрсағында.
* * *
Жолдың қайда бастаған бұралаңы, Туған елдің таусылып тұр амалы. Астанаға жол тартқан мұңлық қанша, Ақордадан бір көмек сұрағалы.
Жұрттың мұңын тыңдамай басынғанда, Қай мұратқа жетесің ашынғанда.
Құлағына ел зары жетер еді, Алтын тұтқа есіктер ашылғанда.
Күн көрістің жегілген арбасына, Көмек берген жан бар ма қандасына. Ел болдық па, кім білсін, астық емес, Қара қайғы құйылған қамбасына.
Жап-жас қыздың жігітке артылғаны – Ар-ұяттың Аралы тартылғаны.
Сәби сатып күн көрген ана қанша, Қазақ жері жат жұртқа сатылғалы. Заман жақсы болса егер құл бола ма, Ел қорғайтын ер жігіт нар тұлғалы.
Билік құрып бұл жұрттың бар жаманы, Елге қайта оралған зар заманы.
Құралайды көзге атқан мергендейін, Тартылатын күн бар ма Ар садағы.
Тал бойынан әл кетіп қалжыраған, Дала жұрты тарығып зар жылаған. Ей, ағайын, жасыма босқа жүдеп, Қандай қиын күнде де нар шыдаған. Бірақ, бірақ...
Ой кешкен құр сарылып,
Жұрт көзінен көрді ме мұң арылып. Бәйтерегі биліктің тамыр жайып, Биік өскен көз жасқа суарылып.
АУЫЛ ТАҒДЫРЫН ОЙЛАҒАНДА
Туған жерден табанын аудармаған, Ауылдардың көзінен қан саулаған. Көк аттының бәріне көзін сатып, Жетім бала секілді жаутаңдаған.
Көшесінде шаң борап суырғалы, Өз көз жасы ауылдың жуынғаны.
Қандай зауал қазаққа төнген мынау – Шыбын жанын қазанда қуырғалы.
Жүрегіңді қай басшы жылытады, Ізгіліктен безініп, кім ұтады.
Жанның бәрі билікке қолы жеткен .........
Неге туған ауылын ұмытады!?
Таршылықтың күн кешіп қыспағында, Ұмыт қалған жұрт қанша құм шағылда. Ауылдарды неге естен шығарады, Жетілгендер ауылдың құрсағында.
Қилы-қилы өткелден өткен талай, Түсіндірем ойымды көпке қалай. Қара жерден табаны үзілгенде, Ғарыш кеме зулайды көкке қарай.
Соның сырын жаңа ұғып түсінгенде, Қуқыл тартып сазарды жүзім демде. Кісі, сірә, билікке өседі ме,
Қан тамыры ауылдан үзілгенде.
ӘЙЕЛДЕР
Көк бөрілер жортқан байтақ даламда, Таудан сомдап тұрғызылған қамал да. Жырынды жау шапты бірде қаланы Еркектердің қадірі бар заманда.
Қала жұрты берілмеді бір апта, Жаудың күші басым еді бірақ та. Тасқын болып жолын бөгей алмады, Арна ақтарып тулап аққан бұлақ та.
Сарбаздары шайқаста өліп қаланың, Қайғы жұтқан кезі еді бұл ананың. Ер кісі еді жаудың әскер басшысы Қасиетін жоғалтпаған даланың.
Батыр еді болат сауыт киінген, Жаңылмады өжет мінез күйінен:
- Әйелдерге тиіспейміз, Әйелдер
Бір зат алып шықсын, – деді, – үйінен.
Жырынды жау қай тұстан да анталап, Заман кімді тастамаған жаңқалап.
Еркектерін құдай көрген әйелдер Қапқа салып алып шыққан арқалап.
Бұл ерлікті түгел жырлап шартарап, Бәрін көкке көтерсе егер нар талап, - Азат елдің әйелдері бұл күнде,
Ала қапты жүрген жоқ па арқалап.
* * *
Бір қазақты екі ұйғыр өлтіргелі, Көңілімнің бұрқанды мөлдір көлі. Күн ашықта бұлардың қай қылығы – Жүрмесе егер бір қатер төндіргелі.
Арлы Алаштан тұр ма асып Айлы аспаны, Басынғаны бұлардың қай сасқаны.
Бір тал шашы жерге ұшып түспеп еді, Ел ішіне көшіп кеп жайғасқалы.
Ар-намыстың сынды ма алдаспаны, Қай сасқаны жағама жармасқаны. Тойған кезде иесін қабатұғын Асыранды иттердің алжасқаны.
Толқын тулап жатқанда тереңімде, Қысым көрем ендеше неге елімде. Кірмелерге сая боп келеді әлі, Жапырағы жайқалған терегім де.
Қабағына ақ қырау қырбықтанып, Туған елдің аспаны тұр бұлттанып. Өзге ұлттың өкілі түшкірсе де,
Кете барған бұл қазақ тұтқындалып.
Басынғаны бұл қалай кірмелердің, Ірілігі қайда бұл іргелі елдің?!
Қазақ қорқып қалды ма, Өзіне ылғи
Есігі ашық тұрған соң түрмелердің.
ЗАМАНЫНА ҚАРАЙ ҰЛДАРЫ
Ақырып алға ұмтылған, Ақынмын жастай жыр қуған. Ей, ағайын, ойласаң Заманына қарай ұл туған.
Арыстаны көп заманда, Арыстан кеуде ұл туған. Жолбарысы көп заманда, Жолбарыс жүрек ұл туған. Қабыланы көп заманда, Қабылан мінез ұл туған.
Қасқыры көп заманда, Көкжал қасқыр ұл туған. Түлкісі көп заманда, Қулығы терең ұл туған. Қой өсірген заманда, Қойдан жуас ұл туған.
Адамды адам жоқ қылған, Адамды адам отқа ұрған, – Мына сатқын қоғамда, Сатқын ұлдар көп туған.
ҮШ ЖҮЗГЕ ОРТАҚ БАЛАМЫН
(Мұқағалидың ізімен)
Қасиеті сіңген даланың, Ақ сүтін емгем ананың. Сөзін тыңда, ағайын,
Үш Жүзге ортақ баланың.
Ақ Арыспын,
Жыр алыбы Жамбылмын, Өлең боп жауған жаңбырмын. Болашаққа жұртын бастаған Қонаев салған даңғылмын.
Қабыл болған тілегі, Мен де бір елдің түлегі.
Кеудемде менің соғып тұр, Бауыржанның батыр жүрегі.
Ұлы Жүздің
Жолбарыс терісін жамылған Жолбарыс жүрек ұлымын, – Жат сауытқа құймаған Жұпар иіс ұрығын.
Шөлдегенде қанып ішкем мен талай, Тірі сөзің киесі –
Төле бидің тұнығын. Ақиқат жолын ұстанған Алланың адал құлымын,–
Шашасына шаң жұқтырмай өсірген Құлагердің құлынын.
Бетіне басқан шыжғырып, Заманның бұзық қылығын, Екі інім жетіп келгенде Алатау боп қарсы алам Биіктен сомдап тұғырын.
Жібектей жұмсақ самалы Сарыарқада туған бұл елдің Киімі құндыз жағалы, Аттары темір тағалы; Сағым жортқан сары белде Бақ қуып өскен
Жігіттері саналы. Қандай зауал төнсе де,
Ата ерліктің бұзылмайтын қамалы. Қолыма тисе жоқ арман,
Ұлы Абайдың қаламы. Сұлу Сәкен түлеткен Қанаты қатты сұңқармын. Аламан ұлы бәйгеде
Қара салмай алдына Кермені үзген тұлпармын. Алда-жалда ездер кезіксе,
Тау-тасқа салып шыңдармын.
Шыңғыстауда өскен шынармын, Ұлытауды жайлаған ұлармын.
Қылмыстың қара қаншығын Қыңсылатып көрге тығармын. Ақ жаңбыр тоздыра алмаған, Сауыт киген төзімін,–
Төрт құбыланы түгел барлаған Тұнық ойлы Орта Жүздің өзімін. Жанарын мұнар шалмаған
Қырағы өткір көзімін. Тұнып аққан дария – Қаз дауысты Қазыбектің
Дуалы аузынан шыққан сөзімін.
Дауда –
Сөз бастаған шешенмін, Жауда –
Қол бастаған көсеммін. Атомның тозаңынан уланған Сарыарқаны жуындырып Құйып өткен қара нөсермін. Шегінетін мен емес,
Сары орыстың зымыраны құласа, Жүрегімді төсермін.
Кіші Жүзде қатын бар ма, Көзсіз батыр тумаған.
Арқар кеуде жігіт бар ма, Ата жолын қумаған.
Ер-тұрманын жарқыратып, Алтынмен аптап булаған, – Білсең егер, ағайын, Жауынгер елдің бойымда Асау қаны тулаған.
Түгел сөздің сүлейі – Әйтеке би болатын.
Ол сөйлесе тебіреніп тереңім, Көкірегім нұрға толатын.
Жау төнгенде батасын алып жүрегім, Ақырып атқа қонатын.
Сөзімнің айтсам түйінін, Аласарсын қалай биігім.
Күй атасы Құрманғазы бабаның Аруақты Адай күйімін.
Лақтырған тағдыр қысымын, Шындықтың шырқау құзымын. Ел қорыған Махамбеттің
Көл қорыған қызғыш құсымын. Жауын іздеп қадалған
Егеулі найзаның ұшымын.
Ей, ағайын!
Қазақтың байтақ даласы, Бір тұтас дене, қарашы. Бөліне көрме, ендеше, Үш Арыстың баласы.
Бөлінген елдің қашанда, Сөгілген алтын жағасы.
ҚАСҚЫР ҰЯТЫ
Билік құрмай кеуделі ер данасы, Жатқа тола береді кең даласы. Ардан аттай бастады бұл адамдар Ізгіліктің бұзылып шекарасы.
Ар аттаған адамдар баққа жетіп, Жүрген кезде қылығын мақтан етіп,- Қасқыр қойға шаппаған қорадағы, Ала арқанның үстінен аттап өтіп.
Көңілімде бір көктем көктегенде, Сұрақ қойдым өзіме көк белеңде: Адам аттай береді ардан неге, Қасқыр аттап арқаннан өтпегенде?
Тірлігімнің айналған қорғанына, Ойға шомып, көз салам орманыма. Сонда қалай?
Адамға қарағанда
Қасқырда ұят күшті болғаны ма?!
ГҮЛЖАННЫҢ ТУҒАН КҮНІНДЕ ОҚЫЛҒАН ӨЛЕҢ
Жанарымда көктем боп күле білген, Мені сүйген айналдым жүрегіңнен. Босағамды бақыт боп сен аттадың, Сорды қуып іргемді түре кірген.
Жұрттың бәрі заманда күрең мінген, Көп жетімнің бірі едім тірі егілген. Жүрегіме қан құйып, сен емдедің Жебелерді суырып жүрегімнен.
Жанарымның ішіне тұнған арай, Айналмасын сен барда нұрға қалай. Жұлып алдың қолынан
Ажал мені
Сүйреп бара жатқанда қырға қарай.
Бұлбұл құсым бағында сайрағалы, Тұнығымды жүрген көп шайқағалы.
Күнім бар ма мұқалып өтпей қалған Өзің келіп жүзімді қайрағалы.
Туған елдің шақырып төрі күнде, Жұлдыз шашып тұрасың көңілімде. Тіршіліктің көркіне сен айналдың, Тіршіліктің шыңдалып көрігінде.
Өзің барда тулаған тереңімде, Еркін неге жүзбесін кеме күнде. Қасиеті бойында тұнып тұрған Арлы келін атандың сен елімде.
Арманымның ер салып күреңіне, Жетем әлі сен барда тілегіме.
Жүрегіме күн нұры түспегенде, Сенің сәулең түсетін жүрегіме.
Ұстағалы мен сенің білегіңнен, Жанарымда жарқылдап жыр өрілген. Кезің әлі есімде, асыл жарым, Көңілімнің төріне кілем ілген.
Сені іздейтін жұрт болса, Табады ылғи
Жолбарыс жусап жатқан жүрегімнен.
* * * Қабағыма ызғарлы мұз бөктеріп, Сұрқай күндер өтуде тізбектеліп. Қайран өлең кеудеме құйылатын Буырқанып жүргенде іздеп келіп.
Құбылатын заманда өмір демде,
Қайғы жоқ па, мұң жоқ па көңілді елде.
Атқа қонғым келетін аруақтанып, Өжет өлең кеудемде өрілгенде.
Көтеріліп қаламын желпінгенде, Сырқатымнан айығып, дертімнен де. Жырым күй боп кеудемде күмбірлейтін, Көңілімде шерлі әуен шертілгенде.
Өз тағдырым өзіме көнбегенде, Жалғыз қалған кезім көп бөрте дөңде. Тұнық ойлы өлеңім тербететін, Өзегімді өкініш өртегенде.
Жырым тумай торыққан бұл күндері, Ағыстарым тұр білем іркілгелі.
Тұйықталып барам ба кім біледі, Жұмбақ жанға айналып тым күрделі.
Көңілімнің бұлттанып тұр аспаны, Достар қайда жететін сырласқалы. Сағыныштың сарнайды сары желі, Жүрегімнен жылыстап жыр қашқалы.
Ақиқатты айта алмай бұғынғалы, Жалған емес қанымның суынғаны. Азулы өлең жаза алмай жүрмін әлі, Азу тісім түбінен жұлынғалы.
* * *
Дүмді қанша кеудесі желге толған, Бірақ тұлға жоқ әлі елге қорған.
Ақсұңқар құс қай итке жем болмады, Қанатынан қырқылып жерге қонған.
Сыбағасын жеп келген тірілердің, Берік әлі іргесі ірілердің.
Жүргендердің ішінде билік құрып, Арыс бар ма жоқтаған мұңын елдің.
Тауқыметтің тартылып күйі күнде, Күн кешпеген жан бар ма күйігінде. Ұры атанып, түрмеге түсіп жатыр, Билік құрып жүргендер биігінде.
Сардалаға көк тіреп тұра қалған Қаратаудан жұрт еді қуат алған. Іштен неге бұл қазақ ірімесін, Ұлықтары ел тонап, ұры атанған.
Жалт қаратып өзіне дүниені, Арлы анадан тумаса бір киелі,- Ұрыларды өсірген ұлық етіп, Өзгертетін күш бар ма бұл жүйені.
Жанарыма көк мұнар мұң тұнғанда, Қай мұратқа жетемін бұлқынғанда. Мүмкін елдің көгерер көсегесі, Ұлтқа тұтқа болатын ұл туғанда.
ӘКІМ МЫРЗА
Қасиетін ел білген, датқа білген, Сарбаз жоқ та айбынып сапқа кірген. Бірі екенсің, шырағым, әкімдердің Қандастарын қорлауға атқа мінген.
Азаттық кеп бұл елге орнағалы, Әділдіктің бұл қалай болмағаны. Әкім болып қалаға келдің бе, айтшы, Айлы аспанын бұлт болып торлағалы.
Жылап ағып арманы өзенінде, Сырқат қанша көз жұмған төсегінде. Сардаладан жер таппай үй салатын Қаңғып жүрген қазақ көп өз елінде.
Жұлдыздары көгінде жамыраған, Қарттар қанша қабағы салбыраған. Бұйрық беріп үйлерін бұздырғанда, Жүзің сенің нұрланып албыраған. Мүмкін сонда айызың қанған шығар, Аналарды көргенде аңыраған.
Көңілінде бір бұлақ тұнбағасын, Біліп жатыр өмірде кім бағасын. Аналарды боздатып, жылаттың ба, Өзің, сірә, анадан тумағасын.
Жон арқаңа сілтенген қамшы батып, Ертең сені жүрмей ме қарғыс атып. Үйін қорғап, жалынған келіншекті Жендеттерің сабаған зар жылатып.
Мына сұрқай заманда тұнжыраған, Қиянатқа жалғанда кім шыдаған. Әкім мырза!
Төбеттің жаманы да,
Талатпайды қаншығын қыңсылаған.
ӘКЕ РУХЫ
Көңілім мұз боп қатқанда, Жібітсін кімдер ақ таңда. Ағайын ара түспеді,
Мені иттер талап жатқанда.
Қасиет елден кеткенде, Көгерем деме көктемде. Әлгі иттер қашып жоғалған Әкемнің рухы жеткенде.
Бақ бар ма басқа қонатын, Кеудеме шер көп толатын. Қысылған шақта жебеген Әкемнің рухы болатын.
Кемемді жөндеп күйреген, Күні жоқ отқа күймеген.
Әкемнің рухы болатын Мені өрге талмай сүйреген.
Бұлттарды қуып торлаған, Күндері аз ба сорлаған.
Әкемнің рухы болатын Жарақты жаудан қорғаған.
Желкемнен тағдыр бүргенде, Жайпаймын өзім бір демде. Қорқамын кімнен
Даламда
Әкемнің рухы жүргенде.
БАҒЫМ ГҮЛДЕЙ БАСТАДЫ
Қасіреттің шыға алмай қамалынан, Ғұмыр қанша үзілген сабағынан.
Қисық жолға тағдырым бастағалы, Қойған еді мұң кетпей қабағымнан. Сыбаға жеп санамды уладым ба, Қарғыс атқан сайтанның табағынан.
Ақиқаттың алдына жүгінгенде, Қайда барам бәрінен түңілгенде. Адам жаны тазарған білсең егер, Тамырына нұрлы қан жүгіргенде.
Тұманданып көз алдым, сағымданып, Көрмеп еді тірлікте бағым жанып.
Тәңір тауы кеудемде сілкінгенде, Жаным менің тазарған шаңын қағып.
Егіні ерте піскенде ептілердің, Жүрегіне жылуы жетті ме елдің. Намаз оқып, сәждеге мен жығылдым, Тебірентіп тереңін тектілердің.
Жүрген жандар сайтанның есігінде, Ұмытады бір күні есімін де.
Адалдықтың жолынан таймайды әсте, Адалдықтың тербелген бесігінде.
Дүниенің сұмдығын жүре көрген, Қамсыз қазақ қам жемей жүдеп өлген.
Құран рухы бойыма тарағанда, Асқақ рухым тіріліп түрегелген.
Жапырағым тұрғанда қуарғалы, Дұшпан көздің есімде қуанғаны. Бағым гүлдей бастады Жүрегімді
Алланың ақ нұрына суарғалы.
ЕРЛЕР БАРДА...
Қатер бар ма төбесіне төнбеген, Дүниеде кімнен зәбір көрмеген. Ата қазақ жерлесе де өлгенін, Асқақ рухын қара жерге көмбеген.
Аспанында жарық жұлдыз тұнғанда, Айбынданып, асқақтайды тұлғаң да. Қазақ аттан түскен емес,
Тұс-тұстан
Жаудың бәрі көз алартып тұрғанда.
Дүниенің жалғандығын білгелі, Қайран қазақ жұртқа айналған іргелі. Қыр астында жасырынып жүрген көп, Ел ішіне іріткі сап кіргелі.
Ендеше, елім, сақтанбасаң бола ма, Жаудың иті сарымасын молаңа.
Түн ішінде ашық-шашық жатса егер, Қасқыр түспей тұрмас, сірә, қораңа.
Қапылыста жау жағадан алғанда, Талай боздақ өлген шығар арманда. Жолбарыстың жүрегінен жаралған Қазақ қорқып күн кешті ме жалғанда.
Құрсағында тулап жатқан ананың, Болашағын кім болжаған баланың. Сардары боп тумасына кім кепіл, Ерлік ізі сайрап жатқан даланың.
Егескенін елден қуып, көшірген, Өштескенін жер бетінен өшірген, Ат жалында туып-өскен қазақты Көкжал заман көкжал етіп өсірген.
Қара боран құбыладан соғатын, Мүмкін әлі зауал туар тоңатын. Елім жапа шегеді деп ойламан, Ерлер барда атқа ақырып қонатын.
* * *
Туы қайтсін құламай, Бағы қайтқан адамның. Өлген еді ұлы Абай Уын ішіп заманның.
Сөйлесем ерлік хақында, Таймаған әділ жолынан, Махамбет өлген қапыда Қараулықтың қолынан.
Талай жұлдыз сөнген-ді, Айы тумай оңынан.
Ұлы Шоқан өлген-ді, Зұлымдықтың оғынан.
Көкірегі дерт толған Арыс туған ананың. Мағжан ақын мерт болған Құрбаны болып жаланың.
Кімге де қатер төндірген Жауыздың көлі қоғалы. Сәкенді атып өлтірген Қарақшы қарау қоғамы.
Рухыңды жерге көмдірген Жат жұрттың құрған тұзағы. Мұхтарды жарып өлтірген Хирургтің қаскөй пышағы.
Жаралған ел ме азапқа, Толқыны тулап тұнбаған. Бір ұлы бітсе қазаққа
Көз жұмбай, сірә, тұрмаған.
* * * Тереңдерден тамырым нәр алғасын, Жарқылдатып өтпей ме ақ алмасын. Адам тартпай тұра ма табиғатқа, Табиғаттың өзінен жаралғасын.
Қауіп-қатер басыма төнген күнде, Өлсем - өлем жасымай өр көңілде. Қабырғам боп көзіме елестейді, Сынып жатқан бұтақты көргенімде.
Үмітімнің өшірмей шамын жаққан, Күндер қайда күркіреп жалын атқан. Жүрегім боп көзіме елестейді, Жапырақты көргенде жанып жатқан.
Ұлы дала төсінде дамылдаған, Табиғатты жан бар ма сағынбаған. Күнім шығар зуылдап өтіп жатқан, Асау бұлақ арындап ағындаған.
Өрт жүрегім болашақ күнге сенер, Зауал туса, сарсылып құр сенделер. Жарық жұлдыз көгімнен ағып түскен Нұры шығар көзімнің білсең егер.
Болашаққа жетелеп биік арман, Тіршіліктің көңілде күйі қалған. Беті мұз боп қатқан көл
Көзім шығар
Көзілдірік көк мұздан киіп алған.
КӨК БӨРІ
Білсең егер бұл күнде өрт көңілім, Алыс-жұлыс тірлікпен өтті өмірім. Қасқыр еміп өскенім жалған емес, Хас ұрпағы болғасын көк бөрінің.
Шыр көбелек айналған жан ұшырып, Дүниенің көрді ме сағы сынып.
Көкжал заман өсірген көкжал етіп, Азын-аулақ баянсыз бақ ұсынып.
Қағынғандар көп әлі жөргегінде, Қорқау болып түсетін көрге күнде. Талағым кеп кетеді қыңсылатып, Ит тірліктің иттерін көргенімде.
Атқан оқтай зуылдап жөнелгенде, Өмір, шіркін, жарқ етіп өтер демде. Ата қазақ иттерге таланбас ед Бөрілікті ту етіп көтергенде.
Кілең қарау жайғасып төріне елдің, Жеткен қанша түбіне көңілді ердің. Итке айналмай тұра ма бұл қоғамда, Күні қараң болғасын бөрілердің.
Не істеймін, Қайтемін төзбегенде,
Қалғым, сірә, келмейді сөзге мен де. Бөрі қанша санынан жараланған Аңшылары заманның көздегенде.
Сарқылды ма қуаты нар күштің де, Ана қайда туатын арыс күнде.
Қара санға оқ тиіп, Қан сауылдап,
Жортып келе жатырмын қар үстінде.
* * *
Жігіт деуші ем мен сені,
Ар алдында тік тұратын еңселі. Ақиқатты қорғамадың сен неге, Ақиқаттың болсаң егер семсері.
Құбылмалы қилы шақтың өзінде, Ер жігіттер тұрушы еді сөзінде. Уәдеңді ұмытқаның бұл қалай, Ақиқаттың нұры жанбай көзіңде.
Ел қамын жеп, жортуылдап түн жүрген Ер жігіттің жанарында күн күлген.
Табанының бұдыры жоқ, Тегінде
Екі жүзді жан екенсің – кім білген.
Бастан талай өткерсең де сауықты, Сені қашан дала ұқты, тау ұқты.
Қабан қанжар жаудан гөрі бүгінде, Екі жүзді жандар аса қауіпті.
* * *
Сүріндіріп, жықса да қандай жалған, Үмітімді ертеңге жалғайды арман.
Кім біледі,
Бір түйір жас шығармын Дүниенің көзінен тамбай қалған.
Тіршіліктің гүл жарсам бүртігінде, Сөйлемейін мен неге жыр тілінде. Жалғыз тамшы көз жаспын, Тұрып қалған
Дүниенің ілініп кірпігінде.
Бір мұратқа асығып жетем бе деп, Шаршадым ба, кім білсін, бекерге көп. Қара дауыл сілкісе қауіптенем,
Жерге тамып бір күні кетем бе деп.
* * *
Бұлт ішіне булығып Ай батқанда,
Не істейсің сайлармен қайғы аққанда. Қазақстан – қазына,
Қазынаға
Қатер төнбей тұра ма қай жақтан да. Кеудесінен бұрқанып жыр ағылған Ел болса егер Ерлікті мұра қылған, Аумалы да төкпелі бұл заманда, Қайқы қылыш кетпесін қынабынан.
Айналса егер айбынды, саналы елге, Күзет қойсын қарулы дала, белге.
Көрінгенге жем болып кете барған Асқақ рухын көмгендер қара жерге.
Күн кеше ме бұл қазақ қақпайланып, Қазығында тұрса егер ат байланып. Жер бетінде сорлаған жұрт аз емес, Жау төнгенде қылышын таппай қалып.
Оу, ағайын, есіңнен тана көрме, Құлатпады кімдерді жала – керме. Айбалтаңды үйіңде сен қалдырып, Жалғыз өзің орманға бара берме.
Көңілімнің бар шығар бір білгені, Екі көздің бірі жау бұл күндері.
Жансыз қанша ішіңе кіріп алған Елді ішінен ірітіп, бүлдіргелі.
Бойға жиып қуатын құба белдің, Мүмкін бірі шығармын туған ердің.
Жау жасқанбай тұра ма, Айбатынан
Айбалтасы белінде тұрған елдің.
* * *
Дүниенің көзінен сыр аулаған,
Күндер қайда жоғалған қырға аунаған. Сұмдықтардан жүрегім шошынады, Терезесін жанымның қыраулаған.
Жұрттың бәрін азғырып түнде сайтан, Жердің үсті қып-қызыл күнде майдан. Барлық әлем үлгерген қаруланып,
Оқ тиеді, білмеймін, кімге қайдан.
Шомылатын күн қайда шұғылаға, Жалған дүние әлі де құбыла ма. Нарттай жанып, қызарып күн батқанда, Қауіптеніп қараймын құбылаға.
Өмірінің өзені ақпай қалып,
Күні батқан жұрт қанша нарттай жанып. Жат жұрттарға сатылған жас сәбилер, Оқ атпай ма күні ертең жатқа айналып.
Мына шулы өмірде дуылдаған, Кім жетеді шындыққа қуынбаған. Алда-жалда көгімнен жұлдыз ақса, Зымыран ба деп тұрам зуылдаған.
Болашағым тұрғасын тұманданып, Көп нәрсеге қараймын күмәнданып. Қазынаны күзеткен қарауылдай, Дүниенің қабағын тұрам бағып.
ҚАРТ АҚЫННЫҢ СОҢҒЫ СӨЗІ
Жанарымның ішінде мұң қамалып, Жас ағады көзімнен жылғаланып. Жебе қанша қадалған
Жүрегімді
Суарғанда толқыған нұрға малып.
Күңіреніп күй шертіп күрең күнде, Қайғы іздері әлі өшпей тұр өңімде. Бір жақсылық көрмеуім қалай менің, Бар болса егер жақсылық бұл өмірде.
Жұртты жүрсем қорғайтын қалқан көріп, Нан сұрасам алдайды талқан беріп.
Жүйрігімді сан мәрте мертіктірді, Шауып келе жатқанда арқан керіп. Тереңімнен бұрқырап жыр атқалы, Жүрген қанша тауымды құлатқалы. Жаным жылап тұрғанда,
Бір кісінің
Келмегені бұл қалай жұбатқалы.
Тіршіліктен түңіліп, суынғанда, Кімге барып мұң шағам қуынғанда. Бір көк бөрі ішімде ұлыды-ай кеп, Қараулықтың бораны суырғанда.
Тағдыр мені қаншама сілкіледі, Мүмкін асау ағысым іркіледі. Мына сұрқай өмірге жылап келіп, Жылап кетіп барам ба, кім біледі?
АҚЫН АТАМНЫҢ АҚ ШЫҢЫ
Кенен Әзірбаевтың 125 жылдығына
Жолын кесіп көрмеген жан баласы, Алты Алаштың кешірсін арлы анасы. Екі Кенен тумайды
Айға асылып,
Толғатса да тау-тасы, сардаласы.
Талай жойқын тасқыннан жүзіп өтіп, Көңілінен ұшырған құс түлетіп.
Кенен атам өлеңге айналатын Өмірді ерттеп мінгенде кісінетіп.
Тіршіліктің тұрғанда өңі кетіп, Жалғандықтың көбесін сөгіп өтіп, Жыр жебесі алысқа ұшатұғын Адырнасын тартқанда мөңіретіп.
Қабыл болып тілегі, аңсағаны, Ақындардың атанған ақсақалы. Жүрген жердің бәрінен Кенен атам Жауһар жырдың есетін ақ самалы.
Жұлдыздары көгінде жамыраған, Таудың неге қабағы салбыраған? Базар, Назар өлгенде күңіреніп, Кенен атам қайғыдан сансыраған. Ақ ешкіге мұң шаққан
Лағын жоқтап,
Күндіз-түні зар илеп маңыраған.
Қайғы-мұңның қайрағы жанығанда, Буырқанған қуарып арығанда.
Мұнарасы атамның құламайды, Тал бойында қазақтың қаны барда.
Сардаланың көз салған шалғайына, Атамның ән жазылған маңдайына. Дүниені өте ме әнмен тербеп, Бұлбұл егер қонбаса таңдайына.
Көңілінде көк бөрі түлеп өрген, Ақын бар ма бұл күнде жүрегі өлген. Әне, біреу ақ бас шың атам шығар, Алатаудың төсінен түрегелген.
АЗАТТЫҚТЫҢ АҚ САМАЛЫ
Жолбарысым тұрғанда шыңға атылып, Азаптасын тырнағын кім батырып.
Бостандықтың ботасы боздамайды, Қайғы-мұңның торына шырматылып.
Тәуелсіздік қаққанда ақ қанатын, Жұрттың бәрі баянды бақ табатын. Суық қару асынған мына әлемде, Зауал қанша әлі де сақтанатын.
Бесігінде тербеткен құм-даланы, Дүниенің біткен бе шырғалаңы.
Бостандықты көзінен көздегелі, Мылтық қанша оқталып тұрған әлі.
Боз көйлекті өмірім жырымдалып, Қай жау мені басынсын қырына алып. Ауызында оқталған мылтықтардың Тұрған жоқ па жүрегім тығындалып.
Уақыттың көзімде оты өріліп, Болашаққа келемін төте жүріп. Рухым асқақ болмасын неге менің, Рухым көкке тұрғанда көтеріліп.
Қамшы ұстаған қолына бүлдіргелі, Іргелі елдің бірімін бұл күндері.
Елін жаңа белеске бастаса егер, Елбасының бар шығар бір білгені.
Атқа жегіп көрмеген жат шананы, Туған елдің Тыныштық аңсағаны. Туым неге құласын,
Мәңгі-бақи
Азаттықтың тұрса есіп ақ самалы.
БЕЙІТТЕР НЕГЕ ЖЫЛАЙДЫ?
Опа көрмей өтті ме тірісінде, Шығып қалып тірліктің кірісінде. Кейде аңырап анадай,
Кейде сыңсып,
Бейіт неге жылайды түн ішінде?
Қара жерге денесін өлгендердің, Қателігі болды ма көмгенде елдің. Бейіт неге жылайды түн ішінде,
Жазығында көк шалғын, көркем белдің?
Жоғалғанда көгінен сырғып арай, Тас бейіттер жамырап құр жыламай.
Жоқтау айтып қыздайын сыңсығанда, Сай-сүйегің тұра ма сырқырамай.
Құйын тағдыр ұршықтай үйіргенде, Кімдер асып-саспаған дүйім елде.
«Көріңде өкір!» – деп солар қарғаушы еді, Әлдекімге ыза боп күйінгенде.
Арман қуған адамдар туып төрде, Өкіре ме өгіздей суық көрде.
Жылағанда бейіттер түн жамылып, Іштен тынып өксіген тұнық көл де.
Оқтын-оқтын тұрғанда күн тұтылып, Сұм ажалдан кете алған кім құтылып? Өлі тұрмақ бұл күнде жүрген жоқ па, Тірілердің өздері ұмытылып.
Өспеген бе биіктеп шынары әлі, Марқасқалар қайда деп мұнаралы? Жылайды ма бейіттер
Өлген соң да,
Үлесінен құр қалып сыбағалы.
Жатса егерде қазылған үңгірге еніп, Қалай қызсын бүйірі дүбірге еріп. Тірілерге риза емес шығар, бәлкім, Жыласа егер бейіттер күңіреніп.
ҚАЗАҚ ЕЛІ – БАЙЛЫҚТЫҢ ҰЛЫ ОТАНЫ
Болысқанды қойды ма Құдай налып, Жөнелгесін жат жұртқа мұнай да ағып. Ашығады ел неге?
Жүр емес пе,
Бастықтардың жүздері шырайланып.
Ит тірліктің бәрімен тірестірген, Күні бар ма халықтың үні естілген.
«Кедей жомарт» демекші, Жат жұрттарға
Состап-состап сыбаға үлестірген.
Жететінін сезбей ме қауіп жаттан, Бастық қанша фабрика,
Зауыт сатқан?
Қазақстан – секілді алып сиыр
Кім көрінген жармасып сауып жатқан.
Екі санын шапақтап алақайлап, Жатқан-тұрған жетуде бәрі айқайлап. Қазақ елін –
Байлықтың ұлы Отанын,
Жатқан жоқ па тұс-тұстан талапайлап.
Жігіт қанша жағынып жанын сатқан, Ару қанша ақ сүмбіл тәнін сатқан?
Қазақстан айналып саудагерге, Жылтыраған заттардың бәрін сатқан.
Қалталылар бәрін де сатып алып, Қазақ деген жүрмесін аты қалып. Жат қолына өндіріс түгел көшкен, Қалай ғана сатты екен дәті барып?!
Мұратыма мұрт майлап жетем бе деп, Орныққан көп киелі мекенге кеп.
Қазыналы жерімді, Қорқам кейде,
Алпауыттар арқалап кете ме деп.
ТӨРГЕ ЖАЙҒАСҚАН ИТТЕР
Алшаң басып жүргендей айлы аспанда, Азаматтың көздерін май басқан ба?
Қорықтым ба, Ығыстым төмен қарай,
Иті келіп төріне жайғасқанда.
Құлаш ұрып жүрсем де өрге мен де, Не істеймін?
Қайтпекпін көнбегенде.
Төмен қарай сырғанап тағы ығыстым, Және бір ит мені аттап төрлегенде.
Бұны көріп көңілің хош ала ма? Боздағың кеп кетеді боздалаға. Жайғасқанда кілең ит төрге келіп, Шығып қалдым жаутаңдап босағаға.
Жүрген кезде кеудемді желге керіп, Жігерімді құм қылды-ау жерге көміп. Неге өтпесін ғұмырың ит тірлікпен, Жайғасса егер кілең ит төрге келіп?!
АБАЙДЫҢ ЖАРТАСЫ
Жартасқа бардым, Күнде айқай салдым.
Абай.
Мен де барғам жартасқа Абай барған, Айқайласам жаңғырып қарай қалған. Көк аспаннан жауғанда ақ шұғыла, Кеңістіктің кеудесі арайланған.
Шыңғыстаудан күлімдеп Күн қарады, Бүкіл мұнар әлемге нұр тарады.
Күйік басып, у ішкен ұлы Абайдың Жартасына мен бармай кім барады?
Зеңгір көкте толықсып туған Айды, Беті айғыз деп сөккенді кім қалайды? Сұсты мерген сияқты қай заман да Көздеп атқан көзінен құралайды.
Жарғанда атом бомбыны күл қылғалы, Не істесін ер қазақ шың тұлғалы.
Сол жартаста жаңғырып қалып қойған Шыңғыстаудың құлындай шыңғырғаны.
Кім төзбеген азапқа басқа салған,
Тау да жанған бомбыдан, тас та жанған. Ауа көшкен Арқадан арқардайын Адамзаттан қашқан Рух, қашқан Арман.
Содан, сірә, жүрекке шер байланған, Қатер бар ма бұл елге төнбей қалған... Абай барған сол жартас
Ат үріккен
Аруақты, киелі жерге айналған.
Теңіздерден өткенде жүзіп арман, Сол жартаста Абайдың ізі қалған. Жанның бәрі барады тәуеп етіп, Үлбіреген үмітін үзіп алған.
Өлім сепкен далаға түн жамылып, Тажалдарды жүр деме құр қаңғырып. Сардар жұртты құрбанға талай шалған, Сауық құрып, күн кешкен думан құрып.
Сынақтардың жауғанда сынықтары, Күрсінбеді үйінде кім қамығып?
Атомдардың тозаңы бұрқыраған Суырғанда боранын күн қағынып. Абай барған сол жартас содан бері Бомбылардан жарылған тұр жаңғырып!
АБАЙДАН ҚАЛҒАН У
Жанмын ба әлде пошымы келіспеген, Шыңырау да жоқ шығар мен түспеген. Жаман болсам егерде,
Елім мені
Газеттердің бетінен неге іздеген? Ұлы Абайдан артылған удың бәрін, Күнім бар ма толқыта мен ішпеген.
Қайда барсам қарсы алып жарқын дала,
«Кеп қалдың ба, – дейді ылғи, – ақын бала». Тесік қалта ақынмын,
Дәтке қуат:
Бақытым да байлығым – халқым ғана.
Жырым алтын айналып алқасына, Тағылған-ды қызына, қалқасына.
Ел сұраған жақсы мен жайсаңдардай Түскен жоқпын халықтың қалтасына. Шалқасынан шаниып жатса бәрі, Төсек салып ел-жұрттың арқасына, Неге, ендеше, ырсиып айналмасын Қасқыр жеген жылқының қаңқасына.
Халқым күлсе – Нұрландым нұрлы алаңда,
Бірге мен де жыладым жылағанда. Ел ашықса ішімде қасқыр ұлып, Бұратылып мен едім құлаған да.
Қай бетімен жайсаңдар ақталады, Ақыретте жауап ап сұрағанда?
Күндей күлдім күркіреп ашылғанда, Қаһарына айналдым ашынғанда.
Жұрттан бұрын ұмтылып, Тамырында
Ар-намыс боп туладым тасынғанда. Шуағына,
Нұрына мен айналдым,
Көк аспаннан жұлдыз боп шашылғанда. Халық мұңын жырлаудан танған жоқпын, Бақ қашса да бақшамнан,
Басымнан да.
Халқым аман болса екен деп келемін, Халқым артық алтыннан,
Асылдан да.
Көңілін де,
Өзін де арайламай,
Ел жақсысы кеткенде қарайламай.
Мен де өзімше жанықтым халқымды ойлап, Халық қамын ойласа Абай қалай!
Тауларды алға шығармай, Заңғарды алға,
Ел тонаған атылып арландарға, Түгел ішіп Абайдан қалған уды,
Халқын ойлап өлгенде арман бар ма?!
Абай ішкен у құты күміс еді, Қарағанның көзіне күн түседі. Ұлы Абайдан қалған у Тәбәрік қой,
Тәбәрікті мен ішпей кім ішеді?!
МҰНАР КҮН
Мұнар да мұнар, мұнар күн, Бұлттан шыққан шұбар күн.
Махамбет.
Мұнар да мұнар, мұнар күн, Бұлттан шыққан шұбар күн. Көзімді мұнар басқан күн, Басымнан бағым асқан күн.
Алтайы қызыл түлкідей Маңымнан қызық қашқан күн.
Көкжиекке батып тарлан күн, Алқымымнан арлан алған күн. Басыма бейнет салған күн, Жігерім құм боп талған күн.
Ит мұжыған кәуектей Алтын басым қор болып, Үй артында қалған күн.
Мірдің оғы – соқырмын, Отқа жақсаң – отынмын, Атқа ерттесең – тоқыммын. Азынаған суық үйімде Сопайып жалғыз отырмын. Бейуақта келген қонақтай Мезгілсіз жетсе ажалым, Жаназамды өзім оқырмын. Мірдің оғы – соқырмын.
Соқыр болған ақынмын, Халқыма ғана жақынмын. Қарсақтай інге тығылған Үйімнен шықпай жатырмын, Бергенін ішіп қатынның.
Көкірегім толы алау өрт – Жарылғалы тұрған атоммын!
Сөйлеген сөзін шындықтың, Туған ел, менмін бір мықтың. Оқыстан төнер жау болса, Оқтаулы тұрған мылтықпын.
Мұнар да мұнар, мұнар күн, Тауда өскен қайсар шынармын. Сұм ажал балта шапқанда,
Бір күні мен де сынармын. Қара жерге көмсең де, Қайыра көктеп шығармын! Қайыра көктеп шығармын!!
ЖАЛДАМАЛЫ ДҮНИЕ, ЖАЛДАМАЛЫ
Жалдамалы Дүние, жалдамалы... Түңілмеген кімдер бар жаннан әлі? Түңілдірер Дүние жалдамалы.
Қатер төнсе там-тасын тастай қашып, Жандары үшін безінген малдан бәрі. Жаһаннамға жаныңды жөнелтетін Жендет те көп бұл күнде жалдамалы. Шықпасына кім кепіл қарақшылар Жалаңдатқан қанжарын алдан әлі.
Жалдамалы Дүние, жалдамалы.
Қара халық жалданса еңбегіне, Егін егіп,
Мал жайып жер көгіне.
Пайда тапқан сұм қанша бұл күндері Кісі өлтіру айналып ермегіне?!
Жалдамалы Дүние, жалдамалы, Өлім болған жұрттың да салған әні. Өлетінді өлтіріп,
Тиіспейді
Таусылмаған жандарға талқаны әлі. Жалдамалы Дүние, жалдамалы.
Қабан қанжар қадалған тамағына, Көк жендет те –
Күштінің жарағы ма?
Замана да жалданған жалдамалы Жатпай, тұрмай қараған қабағына.
Күйіп-жанып жатқанда ыстығы елдің, Кеткен қанша аузында тістілердің?
Адам түгіл қоғам да жалдамалы, Ыңғайымен құрылған күштілердің.
Бозторғай боп жармасқан талға жаны, Жалдамалы Дүние, жалдамалы.
Ақшаң жоқта қасыңнан табылмайды, Қатындардың байы боп қарғағаны.
Жалдамалы Дүние, самғағалы, Тіршіліктің бәрі де жалдамалы.
Кісі жалдап, үй салып жатқан жоқ па, Арақ ішіп есінен танбағаны?
Қай елді де жаулайсың күшің асса, Генерал да,
Солдат та жалдамалы.
Тарлан ашып жатпаса таңдағаны, Жұлдызының , сірә, онда жанбағаны. Ел басына ешкім де келмейді әсте, Аждаһадай өз жұртын жалмағалы.
Кейде жағдай кетеді ырық бермей Дүниенің сауырын қандағалы.
Қанын ұрттап жатады содан, бәлкім,
Көз жасына халықтың қанбағаны. Патшалар да сұм, мыстан саясаттың Қара құлы емес пе жалдамалы.
...Жалдамалы Дүние, жалдамалы.
АСЫЛ КЕНДЕР КӨП БОЛҒАНМЕН
Қарадан шығып хан болған, Айтқаны алтын заң болған. Қараңғы қазақ халқына Ағарып атқан таң болған – Қайда жүр,
Қайда Абылай?! Еліңді сілкіп алсаңшы,
Үстіне тозаң, шаң қонған.
Жолыңды жаулар тосқанда, Құйындай қаптап жосқанда, Жай отындай жауға атылдың Арқаңнан қамшы осқанда.
Шуақ боп шықтың алдынан Шұбырып халқың босқанда. Жын-тобырға айнал деп пе едің, Қара қазақтың басын қосқанда?!
Сөз сөйлеп нұсқа, қысқа да, Құзырың жеткен құзға да. Ел түгіл пана болғансың Қанаты сынған құсқа да.
Арқадан босқан ел жоқ-ты, Арқарлар ауған қыста да...
Биікте туып би болған, Көргені құрмет, сый болған. Күлгені – күміс теңге боп, Жүргені – күмбір күй болған. Аш-аламанға дәулет боп,
Үйі жоқтарға үй болған.
Самайын күміс қар шалған, Ханды емес,
Халқын қарсы алған. Қайда жүр,
Қайда Төле би?!
Әділдік деп елге жар салған. Бастықтар – бай да, ел – кедей, Алалайды неге тар Жалған?
Себебін айт, асыл абызым, Би болсаң жарық жалғанда Қара қылды қақ жарған.
Қайдасың, Қайда, хан Кене?
Біздерді тірі жан деме. Намысын алған жоғалтып, Өлген жыландай сал дене. Тауып бер елге намысын, Қайдасың,
Қайда, хан Кене?!
Жау сындыра алмаған сағыңды, Жау айыра алмаған жағыңды.
Өз халқың ермей соңыңнан Қайтарған жоқ па бағыңды. Қазаққа жағам деме әсте, Берсең де алтын тағыңды.
Құл болуға үйренген жұртыңды
Ұл болуға үйрете алмай Жігерің қанша шағылды? Кеудеңдегі ұқпай ағыңды,
Үйренген қуып түлкі – сағымды, Халқыңа бүгін не дейсің, Жолбарыс жүрек, хан Кене?!
Тәуелсіз ел болсақ та, Атқан таңын
Арайлап атқан таң деме. Жоғалған намысын тауып бер, Өлген жылан секілді
Бүкіл елің –
Жатып қалған сал дене. Қайдасың,
Қайда, хан Кене?!
Ел қорығын Махамбет! Сен де жоқсың елімде. Көл қорыған қызғышым, Сен де жоқсың көлімде. Асыл ерлер неге жоқ, Асыл кендер, асыл тас Көп болғанмен жерімде?!
СОҒЫСҚА ҚАТЫСПАЙ ОРАЛҒАНДАР
Көгінен заман бар ма оқ ұшпаған, Ақ әділ қоғам бар ма жол ұстаған. Майданға аттанғанның бәрі бірдей Жан беріп, жан алысып соғыспаған.
Теңізші болған бар ма теңіз көрмей, Жеңіске жеткен бар ма жеңіс көрмей. Орденін өлгендердің тағып алып, Оралған жандар аз ба неміс көрмей.
Тірінің бәрі өмірді сайран көрген, Талқаны таусылады тайғанда өрден. Соғысқа қатыспаған тірі оралып, Соғысқа қатысқандар майданда өлген.
Қыр жақтан жылы самал көңілді есіп, Ұл-қызы гүлдей жайнап төрінде өсіп, Соғыстан аман-есен оралғандар Келеді шұғылалы өмір кешіп.
Қол артып бейбіт күнге нұрын төккен, Бақытқа солар әлі бұрын жеткен.
Жеңістің тойы аталып өткен сайын Үй алған,
Мәшина алған Үкіметтен!
Қоғамның улы дерті қанға тарап, Келеді әлі күнге жан жаралап.
Шайқасып қан майданда өлгендердің Отбасы ғұмыр кешкен жар жағалап.
Сөндірмей марқұмдардың шамын жағып, Отбасын таза ұстаған шаңын қағып,
Қам көңіл жесірлердің көз жасына Қай арсыз жемеп еді нанын малып.
Жылытып күн шуағы бетін жердің, Қатайып қос қанаты жетілді елдің.
Күзірлі үйдің бәрі бақша өсірген, Суарып көз жасына жетімдердің.
Жырласам сол жылдардың шерін толғап, Қол соқсын қай сұрқылтай мені қолдап. Соғысқа қатыспаған құзырлы ма, Соғыста өлгендерден елін қорғап.
Жалғанның белден басып қарсылығын, Қанша үйдің соғыс жұтты жалғыз ұлын. Майданның қанды азабын ерлер тартып, Көреді неге басқа бар қызығын?!
Жайлаған Өлермендік сұр даласын, Елміз деп еңсең түсіп мұңданасың. Соғысқа қатыспаған жеп келеді, Соғыста өлгендердің сыбағасын.
БІЛСЕҢ ЕГЕР...
Жүрегіне үңілген кім дұрыстап, Дүр дүние кеудемде тұр тыныстап. Қаны тамған Шындықты келеді әлі Подвалдағы архивте тығып ұстап.
Қандай зауал төнсе де ел шыдайды, Шаңырағы шайқалып желге ұшпайды. Қорықпаса Шындықтан қоғам егер, Подвалдың астында неге ұстайды?!
Ақиқаттың толқынын жүзген жарып, Боздап мұңын шақпаған түзге налып.
Нағыз қоғам Шындығын білгің келсе, Подвалдағы архивтен ізде барып.
Жұрттың бәрі жасқанып, бұқпайлаған, Заман аз ба басыңа бұлт байлаған.
Шындық іздеп түскендер подвалға, Білсең егер қайыра шықпай қалған.
ҚЫТАЙДЫҢ АРЗАН МАТАСЫ
Тәуелсіз болған елімде Тәуелді болып күн кештім. Қазына толы жерімде Жалынып жатқа мінгестім.
Қажырлы күштер топтасқан, Сұмдықты қозғап қайдағы. Тайраңдап талай от басқан Тәуелсіздіктің тайлағы.
Көлденең келген көк атты Бәйгенің алдын тұр бермей. Қанша ару арын тонатты, Етегін жауып үлгермей.
Өткелден жүзіп өткенге Жаралды деме қай күштен. Жете алмай әлі көктемге Қаймақ деп қазақ қайғы ішкен.
Жүректің терең түбінде Абыздың берген батасы. Қазақтан қымбат бүгінде Қытайдың арзан матасы.
ӨЖЕТ АҚЫНДАР
Маңынан шыбын ұшпаған, Ер қайда найза ұштаған?
Өр мінез өжет ақынын Өсірмей қоғам ұстаған.
Шалығы тиген салқынның, Дос емес бәрі жақынның. Сәулесі суық екенін
Есіңде ұста алтынның. Қоғам да әлсіз...
Алдында
Алатауы асқақ ақынның.
Кім туса тулап боранда, Қатер көп төнер оған да. Ауызын баққан ақынның Ақиқат бар ма қоғамда.
Қараулық жұртты басқарып, Бұғынған Шындық жасқанып. Ақындар шынар секілді Қасқайып өскен тас жарып.
Қараулық егер жеңсе елін, Сермеген өлең семсерін, Қай ақын өжет болмасын Ақиқаттың емген емшегін.
Кеудесін намыс кернеген, Соңынан қай жұрт ермеген.
Ақыннан қоғам сескеніп, Қолына билік бермеген.
Сүйреткен қоғам құр басын, Дауыл боп қанша бұрқасын. Сескенбей қайтсін...
Өзінен
Ақындар биік тұрғасын.
Мұз-қардан киген сауытты, Жүрегін дала, тау ұқты.
Жыр жазып қамал бұзатын, Көрсеткен небір «сауықты», Өр мінез өжет ақындар Қоғамға аса қауіпті.
АҚИҚАТ
Сөз ұстанған жігітті өсірмеген, Дүлей аз ба бүгінде сөз білмеген. Көселерін көтеріп төбесіне,
Көсемдерін жұртпыз ба көзге ілмеген.
Жұрттың түгел өзгеріп көзқарасы, Сөз ұғудан қалған-ды боз баласы. Өсек-аяң өңмеңдеп төрге шығып, Сыртта қалған сыралғы сөз сарасы.
Өмір, өлім ұстасып арбасқанда,
Ақша бұлттар өртеніп жанды аспанда. Қайран қазақ дарға асқан Сөз патшасын, Ақ патшаны орыстар дарға асқанда.
Батқан сайын ұялып Күн қызарып, Жылайды аспан көзінен жұлдыз ағып. Жұртпыз әлі санасы өспей қалған, Құрық бойлап өссе де тілі ұзарып.
Арулы елдің кірсе де құрамына, Қарулы елдің айналған шуағына. Тілі ұзарған қазақтың мұңы бірақ Қай құдайдың жетеді құлағына.
Ерсе егер де сағымға бұлдыраған, Қай жұрттың да дәулеті құлдыраған. Жылтыр сөзбен алдайды Үкімет те, Киіміндей қытайдың жылтыраған.
Жұрт болғасын ар үшін алыспаған, Кімдер келіп қайқайтып жанышпаған. Үкі таққан Үкімет үй секілді Ақиқаттың аулынан алыстаған.
Ел-жұртқа өсек тез тарап үлгереді, Қалай бірақ Шындықсыз күн көреді? Өтіріктің өнімі тұрғанда артып, Ақиқаттың барына кім сенеді?!
ОЙЫҚТЫҢ ОЙЛЫ КӨЗІ
Бұлттарды көріп қаптаған, Жылғасы жылап ақпаған, Ойығым мылтық кезеніп, Ешқашан аққу атпаған.
Жақсыны қолдап жақтаған, Қатыны жасық таппаған,
Дуалы ауыз Ойықтың Дуалынан қай жау аттаған.
Бұра тартқанға көнбеген, Қайда да Ойық төрлеген. Егеулі найза ерлері Еңкейіп әсте көрмеген.
Желбіретіп келіп тұлымын, Лайласын кімдер тұнығын. Жусанын жүрсе жұлдырмай, Жұлдырсын қайдан жұлынын.
Аспаны толы құс кілең, Елімнен алғам күшті мен. Көтерілген Күн де жиектен Ойықтың өткен үстімен.
Болашақ күнмен сырласып, Кеудесін тосқан нұрға ашып, Ойықты оңай демегін Уақыттан тұрған рухы асып.
Мылтықсыз қырғын майданда, Қараулық тамыр жайғанда, Алтынды көріп періште Әділет жолдан тайғанда, Ойығым антын бұзбаған, Құйсаң да байлық қайдан да.
Жаралған өжет пішінде, Жолбарыс жүрек күшінде. Ойығым ғұмыр жүр кешіп, Көгілдір әлем ішінде.
Жауымды түре қуғанда, Шабынған ақ бас бурам да. Асқақ рух, ерлік жоқ деме, Сомдалып соққан тұлғамда. Көңілге неге симайын Жұлдызым көктен туғанда, Ойықтың ойлы көзіне Күллі әлем сиып тұрғанда.
ЖАРТАСТАҒЫ ЖАЛҒЫЗ ҚАРАҒАЙ
Тілгілеген аспанды сойқанданып, Бүркіт қашан күн кешкен ойға алданып. Жартаста өскен қарағай бүрген кезде Бір аяғы болар ма қойған қалып.
Тіршіліктің бұзылмай ырғақтары, Жартастың да сыр айтып тұр қатпары. Қарағайдың арбиған тамырлары
Нән бүркіттің секілді тырнақтары.
Сол ерлікпен табиғат тұр тыныстап, Сыр ұғады қараса кім дұрыстап.
Сол бүркіттің жұлынған бір аяғы Тұр әлі де жартасты бүріп ұстап.
ЕСКЕРТКІШ ЖӘНЕ ӘЙЕЛ
Туып, өсіп жетілген бұрқасында, Ақын еді туатын бір ғасырда.
Ескерткішін әйелі жуып жатты,
Айбын сұспен сомдалған қыр басында.
Орамалмен сүртеді суға малып, Ескерткішті алдында тұрған алып. Сенейін бе, беу, дәурен, сенбейін бе? Тұрды сол сәт көзімде мұң қамалып.
Тірісінде арқасын бір ыспаған, Әйел еді қабағы құрыстаған.
Қайдан жетсін ақынның қадіріне Семсер-жырмен жалғанды қылыштаған.
Айтсам егер шындықты арды аттамай, Тура қарап көзіне жалтақтамай.
- Маскүнем! – деп сол әйел сан тілдеген Тірісінде марқұмды ардақтамай.
Жуды қалай ақынның тас мүсінін, Бәрі қалып жайына басқа ісінің? Ескерткішті жуса ол жуған шығар
Естімеуі үшін ел-жұрттың қарғыс үнін.
Олай болса, беу, дәурен, арман бар ма? Батпас еді ер-тұрман тарландарға.
Асыл жары шынымен жар болса егер, Мерт бола ма жұлқынып самғарда алға.
Қыран-ақын құзына самғап барып, Сырын, жырын арайлы таңға ақтарып, - Үлгерді де,
жөнелген Болашаққа
Бойға жиып қуатын, аруақтанып.
Жоқтап, сірә, күйеуін күнде егілген, Әйел боп та бастыққа күнде кірген.
Асыл жары атанып қалғысы бар, Аруағын ақынның күте білген.
Шаштан сүйреп, сәбидей шырылдатқан,
Әйел еді көзінің нұрын жапқан. Дүниеге тойымсыз ашкөз еді,
Күн құрғатпай марқұмды шығындатқан. Бәсе, тегін жумайды тас тұлғаны,
Екі томы ақынның шығып жатқан.
БҰРЫНҒЫДАЙ ЕЛ ҚАЙДА?
Заман мынау тақырлап қыраулатқан, Күрк-күрк жөтеліп тұмауратқан.
Аруана – Дүние ыңыранады, Тақымына сом білек бұрау батқан.
Өкімет те – сұм бала сабап-сабап,
Күлге аунатқан әкесін, құмға аунатқан.
Жанарыңда қайғы мен мұң алмасып, Тұрған жоқ па далаңды тұман басып? Елдің ішін барады жылан жайлап, Безінгесін қағынан құлан қашып.
Құлан қашып қағынан жерінгенде, Сен де безгің келеді еліңнен де.
Неге, ендеше, намысы оянбайды, Тамырында асау қан тебінгенде?!
Мұхит өлмес, алайда, теңіз өлмей, Кім түзелсін алдымен ел түзелмей?
Ер-тұрманы түп -түгел бүтінделіп, Жүрді қашан аман-сау ер күзелмей? Төске салып түзеткен шегедейін, Кім түзелсін алдымен ел түзелмей? Ел болдық-ау, қайтейін, түзелмеген,
Жал-құйрығың қалды ма күзелмеген. Алты қырдан алысты түк көрмейсің, Ақылыңды кім сенің кісендеген?!
Буырқанбай, от шайнап, жалын кешпей, Ер жігіттің жүрсің бе бағын кеспей?
Тәуелсіз ел болсақ та, Ендеше, айтшы,
Залым неге өседі ғалым өспей?!
Зауал туса шамдары сығырайған, Бұрынғыдай ел қайда нұрын жайған? Жөнге көнбей барасың қайда тартып, Қисық ағаш секілді қыңырайған?
Жат жұрағат мысықтай бас салмасын, Оғын сақтап ішіне тымырайған.
ҚАБЫРҒАСЫ ҚҰЛАҒАН ҮЙЛЕР
Будақтаған түтіні сырғаланып, Ауылымның шырағы тұр ма жанып? Тоз-тоз болған үйлердің терезесі Мұңды көзбен қараған қырға налып.
Көшесінде ақ түтек құм бораған, Ауылымды ойрандап, кім тонаған? Аңғал-саңғал үйлерді құс паналап, Көрген сайын көңілді мұңға ораған.
Көшесінде жосыған құм суырып, Туған жерден көшті екен кім суынып? Қуырдаққа неге ауыл айналмасын, Төбесінен төнсе егер күн қуырып?
Күйін кешіп жаралы шағаланың, Бәрі көшкен жағалап қала маңын. Қабырғасы құлаған үйлер қанша Көтере алмай салмағын замананың?!
АДАМ КӨЗІ БІТЕЛСЕ...
Көз салмаған алысқа, қыраттарға,
Бастықтардың алдына жылап барма. Жанға қалай айналсын рухы биік Елін биік бастамай мұраттарға.
Биік мансап – тағына жайғасқалы, Жарқыраған бәрінің Айлы аспаны. Тірі жанды көрмейтін болған түге Көздерінің еті өсіп, май басқалы.
Қалмағасын қасиет сөз-пері де, Тіршіліктің ағымы өзгерді ме? Тас бітеліп көрмейтін болған бәрі Бастық түгіл адамның көздері де.
Көңілінде болмаса ақ самала, Тиын қуған жандарды бақ санама. Жолдағысын түйедей тапап өтіп, Көретіні бәрінің – ақша ғана.
Сардаланың жайлаған кілең төсін Ата қазақ жұртымның құты өлмесін. Адам көзі бітелсе,
Табиғаттың
Көзі неге суалып бітелмесін.
ТҮНГІ АУЫЛДАР
Ат шалдырып қайтсаң да жуық белге, Арманыңды ауылға қуып келме.
Алтын бесік ел іші болса бұрын Бұл күндері айналған суық көрге.
Назы ұнаған ауылдың, жазы ұнаған, Күні жоқ-тын шаттықтан тасымаған. Қазір көрсең, шілденің аптабында Суық ызғар жүзінен азынаған.
Күннің көзі ақ сәуле нұрға ораған, Ауылдардың қызығын кім тонаған? Көшесімен бұл күнде адам жүрмей, Шаң суырып, құтырып құм бораған.
Сауық-сайран, думанды тойдан қалып,
Ауыл түгел жатқасын ойрандалып,
Қарсы алмайды сені ешкім жайраң қағып, Қарсы алса егер соғардай сойқан барып. Өлік шыққан қаралы үй секілді ауыл Қасіреттің үстіне қойған малып.
Тіршіліктің солғындап арынды әні, Сезілуде пейілдің тарылғаны.
Бітеу жара секілді ауыл кейде
Түртіп қалсаң тұрған бір жарылғалы.
Мал сұраған заманда хал сұрамай, Ауыл қалай күн кешсін қалжырамай? Шамдары да жамырап жанбайды екен, Қозы-лағы кешкісін жамырамай.
Мұндай халге жеткізді қандай Жалған, Көшелері жел ұйтқып шаңға айналған. Алып мола секілді көрінеді
Түнгі ауылдар шамдары жанбай қалған.
Көрінсе де сұлу боп таңғы атырап, Сәл жел соқса тұрғаны тал қалтырап.
Қайран ауыл құтылмай қараңғылықтан Көңіліңде жана ма шам жарқырап?
ҚАРТ КІСІНІҢ МҰҢЫ
Ұры-қары көп демей жаны есірген, Ата кәсіп болғасын қанға сіңген, Тоғай, жайлау құлазып қалмасын деп,
Қарт кісі едім
төрт түлік мал өсірген.
Жүргенімде қыр жақта түйе бағып, Қойларымды жөнелген тиеп алып. Жылқымды да кетті айдап түн ішінде Беттеріне қап-қара күйе жағып.
Зауал туып күн-түні сойылдатқан, Төсегіне ел бар ма тойып жатқан?
Ауылда жүр ұрының бәрі түгел Сиырымды шетінен сойып сатқан.
Ұры-қары жүргесін суша ағылып, Жаламайды табанын кім жағынып? Түйемді де түгесіп бітті, түге, Жетіп келіп қараңғы түн жамылып.
Ер жігітке табылмай жұмыс күнде, Бара жатыр тарылып тыныс мүлде. Күмісті де қоймады абдырадан, Үйден түгел сыпырып пүлішті де.
Азғындыққа,
араққа шын берілген,
Жұрттың кетпес, сірә да, жын төрінен. Мен кейде Қазақстан секілдімін
Тонап жатқан байлығын кім көрінген.
БАЗАРҒА БАР, ҚҰНЫҢДЫ БІЛГІҢ КЕЛСЕ
Бұлтты күндей күркіреп мұрат-үнің, Керек десе, көкке де мың атылғын. Базарға бар, құныңды білгің келсе, Базар анық айтады
Кімнің қанша тұратынын.
Джунглидің қабылдап заңын алған Қан базарға бақ сынап бәрі барған. Үйге, түзге тулақтай қажет болмай Жігіт қанша базарда бағы жанған?
Кедей қанша құр жерді сабалаған? Байлар қанша жоқтарды табалаған? Қан базарға барады бұл күндері Жандар ғана базары тарамаған.
Өзге жұрттың елемей кекті үнін де, Базар ғана сөйлейді тек тілінде.
Базар барсаң,
Бәрін де сен білесің,
Тентектің де бағасын, тектінің де.
Қырсық мүлде, Кергіген кесір мүлде,
Жетімнің де бағасын, жесірдің де. Сен білесің
Ердің де анық құнын
Замананың бастаған көшін күнде.
Болашаққа халқыңды ер бастаған Замандарда бар ма асу ел аспаған? Жас арудың бағасын сен білесің Ғұмырында етегін жел ашпаған.
Қасиетін өзгеден ерте білген
Ар-намыс боп қашанда ер тебінген. Ақ сұңқардың бағасын сен естисің Көк аспаннан қуылып жерде жүрген.
Құны жоқ деп теңгенің, Ақшаның да,
Жүре бермей құр босқа ақ сағымда, Базар барсаң бағасын сен білесің, Қаһарлы хан,
Айбарлы патшаның да.
Кісілігі бүр жарып гүлдемеген, Тексіз қанша тектіге күн бермеген? Кескін-келбет...
Бәрін де сен көресің Теледидар түсіріп үлгермеген.
Үлкен Үйде үйренген еркін күліп, Табыс тапқан сұм қанша жеңіл жүріп? Неше алуан әңгіме сен естисің, Өкіметтің жатқанын не бүлдіріп.
Ашылмасын бұрқырап тынысы әлі, Бағы жанған бәрібір гүл құшады.
Бәрін түгел естисің – Кімдер келіп,
Өкіметтің басынан кім ұшады.
Теледидар...
Баспасөз былай қалып, Бойын түзеп,
Белін де қынай барып, –
Кімдер базар өсегін тыңдамайды, Жатқан мынау заманда шынға айналып?
ҚАРАТАУҒА БАРАДЫ АУДАН КӨШІП
Биік соқпай таудай ғып тұғырымды, Дала – таба,
ел қанша қуырылды.
Қаратаудың басынан көш құлаған Заманында ақтабан шұбырынды.
Сұм тағдырдың қамшысы осқылаған Қаратаудың басынан көш құлаған.
Тасып аққан Таластың өзеніндей Қара көзден қанды жас жосқылаған.
Жол бермейтін жігіттің тектісіне, Қай кезде де залымдар епті ісіне. Қаратауға босты жұрт қайта көшіп, Замананың шыдамай тепкісіне.
Жалған Дүние, шынында, жалған десіп, Қаратауға барады аудан көшіп.
Елге тыным болмады-ау, Шара қайсы?
Қырдан да есіп, сұм зауал таудан да есіп.
Нарық деген бір пәле зауал ма ескен, Тарықпаған жұрт бар ма далада өскен? Аудан көшіп барады Қаратауға, Арқардайын Арқадан ауа көшкен.
Заман бар ма қазақты жанышпаған, Жұрт болса да ізінен шаң ұшпаған? Аудан көшіп барады Қаратауға,
Ақ кемедей жағадан алыстаған.
Көңіл, пейіл тарылып шалқып жатқан, Кім-кімге де бұл күні талқы батқан.
Қызметтен талайлар қалды ажырап, Сыпырылған тоқымдай арғымақтан.
Көздерінен қанды жас тарамдалып, Ел-жұрт еді жетілген сан алданып.
Аудан көшіп барады Қаратауға, Зәулім үйі, бау-бағы қараң қалып.
Алма беті түтігіп албыраған, Ел босуда анадай аңыраған. Құлазыған қу дала секілденіп,
Үйлер қанша бос қалып қаңыраған?
Көшсе, мейлі, бақытқа – құтқа бастап, Елді түгел тоздырған қырт та жасқап. Аудан көшіп барады Қаратауға,
Жетім халқын жылатып, жұртқа тастап.
ӨЗ ЖЕРІНДЕ ЖҮРСЕ ДЕ...
Көңілімде бір аспан күркіреді, Елдің қашан көгінен күн күледі? Қаратаудың басынан көш құламай Қайғы құлап жатыр ма,
Кім біледі?!
Қарт Қаратау арылмай күні үрейден, Бейшараға айналып сүмірейген.
Терезесі қираған талқандалып, Көз сияқты ойылып үңірейген.
Қан тамыры үзіліп жұлқына аққан, Суырып тұр жан-жақтан жұртыма ақпан. Үңірейген терезе –
Қара жылым
Тіршілікті түбіне жұтып жатқан.
Жанарында сәуле ойнап, көзі күлген Қала шамы түп-түгел өшірілген.
Қаратаудың байлығы, Қазынасы
Желмаясын желдіртіп есіп жүрген – Бастықтардың қомағай қарынына Көшкен аудан секілді көшірілген.
Байлығына жат жұрттар қол сұққалы, Тек тауқымет – халқымның жолыққаны. Өз жерінде жүрсе де өгей болып,
Аунап бір күн жата ма қоқсыққа әлі? Әнебіреу не нәрсе бықсып жатқан Тұрған жоқ па лап етіп өрт шыққалы?!
БІР ЖЕРЛЕСІМЕ
Сен де мені қасиет, кие көрме, Қытығыма бірақ та тие берме. Құмырсқадай таптаймын деп ойлама, Ел тізгіні тигесін түйелерге.
Менен өзге кімің бар іштеріңде, Жүйелі сөз арнаған жүйелі елге?
Күнім бар ма жүрмеген алау жұтпай, Неге мені шағасың қарақұрттай?
Жазбасаң да ауырған жүрегімді,
Ең болмаса жүрсеңші жан ауыртпай.
Бір жақсылық таппаған жерден, көктен Суықпысың ызғарлы желден де өткен. Сен секілді иттердің кесірінен Бөлтірік те өкпелеп елден кеткен.
Алатаудың айналып тұлғасына, Тірі жүрсем шығады кім басыма? Болашақта кім кепіл,
Мына менің
Туған елдің туы боп тұрмасыма?
Болашаққа,
Ертеңге сенемін мен, Қорықпаймын өкірген мен өлімнен. Жәңгір ханның тепкісі секілденіп, Айыратын сен емес мені елімнен.
Жусанды елде, Өскесін жуалы елде, Қызық қуғам,
Қыз қуғам құба белде.
Мені елімнен ажал да айыра алмас, Өлсем – жатам тыныстап туған жерде.
ДӘРІГЕР ҚЫЗДЫҢ ЖАН СӨЗІ
Сәлем, саған, сындарлы, саналы, аға, Бір сөз айтсам көңілің шам ала ма? Халық мұңын арқалап,
Шерін қозғап,
Жыр жазатын жүрегі жаралы, аға. Бір көзіңе жасадым операция, Екіншісін қоя тұр,
Жаралама.
Сағыныш боп сарылған сардалаға, Емдеп жазбай көзіңді, жан қала ма. Қос көзіңді шырақтай қайта жағып,
Қатарыңа қосамын, сардар аға. Бөренеге ұқсатып өзіңді ылғи
Тал бойыңды балталап, жаңқалама.
Қайда барсын ырқыма көнбей жалған, Сүрінбеген қашанда өлмей тарлан.
Саусағында сәуле бар дәрігермін, Көзін ашқам талайдың көрмей қалған.
Елдің мұңын жоқтаған есіл ер деп, Жұрт ішінде қайғыңды сезінген көп. Дәрігер боп жер басып жүрмін неге, Бір ақынның жазбасам көзін емдеп?
Жұлдыз болып көгінен жыр шашылмай, Ғұмыр кешсін, алайда, кім ашынбай?
Елдің қалай ашылсын көкірегі, Ақындардың көздері жүрсе ашылмай?!
МЫЛТЫҚСЫЗ МЫЛҚАУ МАЙДАНДА
Сөз асырмай басымнан, Жау табам ылғи қасымнан,- Мінезім болса, қайтпекпін, Сүйекке сіңген жасымнан.
Білімдімін – ұғамын, Білекпен кімді жығамын? Ұйықтап жатып,
Түнімен
Тісімді қайрап шығамын.
Аруақ жебеп, қолдасын, Қызғалдақ - Өмір солмасын. Түнімен шықса қайралып, Неге өткір жүзі болмасын?
Суықта мұздап тоңғанда, Жүгірмей қалың орманға. Сақтанып жаудан, бекінгем Қабаттап салған қорғанға.
Сертінен ерлер тайғанда,
Оқ жаусын, мейлі, қайдан да, Қорғаныста жүрген ақынмын Мылтықсыз мылқау майданда.
БАСЫМ – АЛЫП КОМБИНАТ
Ақ бұлттар мен қара бұлт қайшыласқан, Кісінеген төбемде айғыр-аспан.
Қуаныш боп, (сонан ба?) жеткім келіп, Тұрады ылғи елдерге қайғы ұласқан.
Азамат ер болғасын ана туған, Шомылдырып бетімді дала жуған. Әке көрген өткірлеп оқ жонса егер, Ата жолын қашанда бала қуған.
Астаң-кестең жер-көкті майдандатқан, Соқпай, сірә, тұра ма қайдан да ақпан? Басым – алып комбинат
Не сұмдықтар
Бұрқ-сарқ сақылдап қайнап жатқан.
Қоғам таза айықпай тұманынан, Күн туа ма көздерден мұң арылған? Қорытылған басымда құрыш ойлар Көз жасыма қылыштай суарылған.
Күдік қанша басымда қылаң берген, Бірін – қыран, біреуді жылан көрген? Сондай сәтте бұл өмір секілді бір Тіршілікті көздеген Құла мерген.
Түре қумай бұлттарды көгімдегі, Күдік, кірбің ашылмас көңілдегі. Басымда да соғысып жатыр менің Жақсылық пен Жамандық өмірдегі.
ЕЙ, ТАҒДЫР!
Ей, тағдыр!
Мені бұлақ суындай жырымдама, Алданышым - өлеңім,
жырым ғана.
Тысқа мені қол бұлғап шақырмайды, Қызығы мол көрінген бұрын дала.
Жазда шықсам – көшеден шаң бораған, Қыста шықсам – үскірік, қар бораған.
Тіршілігі қаланың қажытқанда Ауыл барсам –
алдымнан зар бораған.
Жарар еді келмесе қайғы айналып, Тынышталам, ойпырмай, қайда барып? Кетсем бе екен көкке ұшып,
Қос жаныма
Қыран құстың қанатын байлап алып?
Ұшсам егер мені, елім, қашқын деме, Қан қыздырып қайнаған тасқын дене. Бір жақсылық болмаса,
иіс тартып,
Көкке қарап ұлиды қасқыр неге?!
ТУЫМДЫ, ӨМІР, ЖЫҒА АЛМАС
Жарқырап тусам күндейін, Жер басып неге жүрмейін? Қыңсылатып қаншық - өмірдің Етегін неге түрмейін?
Бойында бұлғын күш тасып, Ұшқанда таудан құс та асып, Сыбағамды тартып ала алмай, Өмірмен келем ұстасып.
Нарқымды жұртым білгенде, Жатам ба өксіп бір белде?
Сыбағасыз қалай өтпекпін, Сыбанып білек жүргенде?
Ізіне түссе күн-түні, Тына ма соқпай түлкіні.
Туымды, өмір, жыға алмас, Жықса да мені бір күні.
ЕЛЕУСІЗ ҚАЛҒАН ЕРДЕЙІН
Туғасын жасыл бір белде, Жырлаймын дала, қырымды. Көре алмай күнін жүргенде Жұрт қайтсін жазған жырымды?
Қызыл жын көзін жайлаған, Құтырған иттей боранда, Төлегенін оққа байлаған, Бекежаны күшті қоғамда.
Қоғамды сынап, сілкілеп, Жыр жаздым қанша ызалы. Саулығымды жүрсін кім тілеп, Көңілдің бәрі құсалы.
Маңдайым күнге жарқырап, Кездесіп уақыт көп өтпей, Оқимын өлең күркіреп, Арпылдап үрген төбеттей.
Ақынның көзсіз ерлігін Жан бар ма жүрген бағалап? Иіскетіп шуаш терлігін, Кетеді қайта табалап.
Безініп бәрі өлеңнен, Арақпен ішін жылытқан. Зардабын кімнен көрем мен, Ақынын ел де ұмытқан.
Ақынмын,
бірақ пақырмын, Уақытқа мынау не дейін? Елімде жүріп жатырмын Елеусіз қалған ердейін.
ОУ, АҒАЙЫН, ТІРІМДЕ СЫЙЛА МЕНІ
Жүрсем деп те сақталып есінде елдің, Көппен бірге керуен-көшіне ердім.
Тірісінде еленбей жүрген, бірақ, Есіл ердің бірімін,
есіл ердің.
Жатқан нұрлы заманда өшкен жанып, Неге ғұмыр кешемін естен танып?
Жұртта қалған санай ма бұралқыға Көрмесем де керуен – көштен қалып.
Күншілдігі бір бітпей тірілердің, Қалай ғана жұрт ерсін тіліне ердің? Ақымақ та атандым,
амал қанша,
Ұсақтығын айтам деп ірілердің.
Нөсер жырын күркіреп төге келген, Ақын үнін ел қайда жебе көрген?
Жұрт болдық ба, білмеймін, шын танымай
Таланттарын табытқа шегелеген.
Мал соңында салпақтап жүре берген, Елміз бе әлде сезімі, жүрегі өлген?
Талант қанша танылмай тірісінде, Қабірінен ұлы боп түрегелген?
Ойдың жүзіп үйренген тереңіне, Оу, ағайын, жетсең де ерен күнге. Бағаласаң тірімде бағалағын, Алтын тәждің өлгенге керегі не?
Құл жүргесін жолдармен төре жүрген, Жағалауда ит қанша кемеге үрген?
Бағаламай асылын, Елміз, бәлкім,
Өлсе ғана арулап көме білген.
АҚЫНДАР БІЗДЕ КӨП ӘЛІ
Жұлдызы жанған жоғары Халықтың қандай жақыны? Ақындар бізде көп әлі Тартысқа төзбес тақымы.
Жоқтамай мұңын халықтың Атанған Халық ақыны.
Жолбике сондай жандардың Атағын қайтем қызғанып? Бұтағы сынған талдардың Тамырын жатса мұз қарып.
Жайқалмай тұрмас көк орман Шуағын сүйген жарықтың.
Ақын боп өтсем жоқ арман Жырлаған мұңын халықтың. Жатар ем сонда алаулап Ішінде қара табыттың – Қызығын кешіп шабыттың.
ЕЛІМ-АЙ!
Ызғар бар ма жас тәнін қарымаған, Төбет бар ма басына сарымаған.
Елім менің –
бал шырын уызына
Жетім қозы секілді жарымаған.
Жақсылықтың бәрімен тайталасып, Қырғын салып қырқада...
қайдан да асып, - Сөзін сөйлеп бір кезде кедейліктің Соғысып ең Байлыққа майдан ашып.
Қуардың ба жүзіңнен күлкің кетіп, Күбі піскен күн қайда күрпілдетіп? Байлық үркіп кеткендей содан, міне, Итжеккенге қуып ең сүркілдетіп.
Атан сатып күн көрген, түйе сатып, Сиыр сатып күн кешкен, бие сатып. Сол Байлықпен күрестің сонша неге, Құримын деп ойламай киесі атып?
Жейін десең күріш жоқ – күріш басып, Нарық пенен таршылық тұр ұстасып.
Кедейліктен көзің бір ашылмады, Байлық үркіп өзіңнен, ырыс қашып.
Жақсылықтың бәрімен тайталасып, Нең бар еді Байлыққа майдан ашып, Қайран менің, Елім-ай!
БАҚТАЛАСЫНДА СУЫРЫЛҒАН ҚОЙЫН ДӘПТЕР
- Халқым! – деді, көз алды тұмандана,
Қойын дәптер суырған жуан қара. – Туған дала өзіңсің, туған ана.
Дауыс берсең – көгертем, онда сендер
Күн кешесің ұқсамай дуанаға.
Тағы бірі:
- Халқым! – деп шіңкілдеген, Қадіріңді сендердің кім білмеген.
( Қойын дәптер оның да суырғаны) Даусыңды бер,
не керек күңкілдеген, Кенелтемін ақ майға кілкілдеген.
“Халқым!”– десе жіби ме, кім біледі, Көтерілген мінбеге тілгір еді.
Майдалап кеп сөз соңын бір-ақ түйген:
- Көзімде – күн,
күлсе егер шын күледі, Дауыс берсең
сендерге байлық тасып,
Құрақ ұшып алдыңда шың жүреді.
- Халқым! – деді бір дауыс күркіреген, Менен өзге сендерді кім тілеген?
Бастарыңа орнатам алтын заман Қыдыр қонып,
Бақ дарып, Күн түнеген.
Дауыс бергін тек маған имандай сен,
Тау шайқалып даусымнан, қыр түлеген. Тік көтеріп көрмеген туын да әлі, Уақыттың – бәрі де шуылдағы.
Сөйлегенде жұлқынып қойын дәптер
Семсер етіп қынаптан суырғаны.
Өтпесін деп сайлауда жат баласы, Қазақтардың басталған бақталасы. Алды барып түрмеге түсіп жатты Тексерілмей тірлікте ақ, қарасы.
Сөйлегеннің жолы боп кім ұтымды, Сайлау бітті...
озғанның күні туды.
- Халқым! – деген содан соң үн де естілмей, Қалды бәрі жайына...
ұмытылды.
Арман шаршап,
бұл күні үміт талған,
Тығырықтан шығандап кім құтқарған?
Қойын дәптер секілді қара халық Жай күндері тартпада ұмыт қалған.
ДЕПУТАТ МЫРЗА!
1
Маңайына қорған боп, жан-жағына, Өз елінің айналған ардағына.
Бір Ер Түрік ертеде болған екен, Алатау боп жайғасқан хан тағына.
Қандай жауы болмасын қайшыласқан, Хан болыпты бәрінен айбыны асқан. Күркіресе – бұлт шашын жерге жайып, Жасын төгіп егілген қайғылы аспан.
Ел шетіне жайғасып құтайғаны Ұмытылып,
бұзылып былайғы әні,
Соқтығарға сарсылған бүлік іздеп, Қарау ниет қара бет қытай ханы.
Орағытып әр ненің ізін шалған Қытай ханы құбылып түсі жалған. Ер Түріктің атылған оқтан ұшқыр Атын сұрап араға кісі салған.
- Ел алдында бұл мені сынағаның, Тілегіңді хош көрсем – шыдағаным. Ала ғой, – деп тұлпарын бере сапты, Менен қалап сол болса сұрағаның...
Ғашықтығы аздырып, жүдеткен бе, Ызғар сұсын өткізе жүректен де, –
- Айдай сұлу бергін, – деп, – тоқалыңды, Қолқа салған арада жыл өткенде.
- Көк тиын, – деп,– қытайдың құны маған, Бозторғайдай безілдеп шырылдаған.
Тоқалын да қиналмай бере сапты, Жан болсаң деп бауыры жылымаған. Кете барған шырылдап
Тағдыр-итке
Дауа таппай етегін жырымдаған.
Түпке сақтап тісінің уын жұтпай, Түсін сәл-пәл жылытып жылымықтай. Және бір жыл өткенде
Қолқа салған:
- Кең далаңнан жер бер, – деп, –
туырлықтай.
- Тұлпарымды қаладың – қабыл көрдім, Тоқалымды сұрадың – мақұл дедім.
Тыныштығын елімнің ойлап сонда, Келмеп еді қан майдан – дабылға ергім.
Қан ағызып,
жерімді жыра қылған,
Тойдым, – деп те, – көз ашпай лаңынан. Сол Ер Түрік ұрандап атқа қонған,
Ақ семсерін суырып қынабынан.
Қай жауға да қаптаған қара шыбындай, Қарсы шауып нар халқым бағын асырмай, –
Туырлықтай жер үшін туралса да, Қорғап өткен көзінің қарашығындай.
2
Депутат мырза!
Кімге қажет жайшылықтағы өрлігің, Жауап бересің сен бүгін.
Ана сүті – арыңмен, Кеудеңдегі шыбын жаныңмен. Жерімді менің –
сатуға неге жол бердің, Қорғалып келген Бабалардың қанымен.
Найзағай ойнап төбеңде,
Қылша мойның қалғандай бір көгенде. Сыңғыр қолың неге қалды көтерілмей
- Жер сатылмайды, – дегенде. Не тұрды сонда ойыңда, Депутат мырза мойында.
Бар болса егер
Қазақтың асау қаны бойыңда.
Сөйлер ең қорғап жеріңді, Қорғағандай нақақ күйген еріңді. Жер сатпасақ құримыз деп, Сендерге не көрінді?!
Далаң емес пе – көсілдірген жер сенің, Анаң емес пе –
төсін емген жер сенің.
Неге сонша жол бердіңдер құлдырап, Депутатым, еңселім.
Депутат мырза! Қарғысқа әлі қаласың, Жердің кешсең наласын.
Ұғынбағаның ба шынымен жерді сату екендігін сатқанмен бірдей Анасын.
Депутат мырзаІ Билік болса қолымда,
Тұрдың деп те бөгесін боп жолымда. Жарлық берер ем сені ойланбай атуға, Отқа жағып, ұшырар ем күліңді Хақың жоқ деп жер қойнында жатуға. Жер сатуға жол бергендер бұғынып, кім сенеді күні ертең
жол бермейді деп, Елін құл ғып сатуға! Елін құл ғып сатуға!!
ДЕПУТАТ МЫРЗАЛАРҒА НЕ АЙТАСЫҢ?
Тірлігі көп болса да жан сыздатқан, Кінәні заманға артып қарғыс атқан, Өкімет - өгей бала болғаны ма, Туған халқын - әкесін зар жылатқан?
Қаһарлы халық күшін мол байқатып, Ойға да орман болып толғай батып. Депутат мырзаларға не айтасың Жағдайын түзеп алған болмай жатып?
Кең дала айналғасын қорегіне,
Ел-жұрттың енді оларға керегі не? Жағаңа жармасады сенің әлі Жалғанбай жапырақ боп терегіңе.
Жүрегің неге, ендеше, айнымасын, Қолыңнан бар келері – қайғырасың. Халқыңның мұрты қалай жылтырасын, Жіліктің ұстаса егер майлы басын.
Жүгінсін олар, сірә, қайдан арға,
Тек қана «халқым» дейді сайланарда. Артынша тез ұмытып үлгереді, Мансаптан өзге жоқ-ау қайғы оларда. Алдымен ер азбай ма
Арда басың
Жат жұрттың қанжығасына байланарда.
Қазақтың қайғы кешкен тылсым әні, Көкке өрлеп қалай енді құлшынады? Оларға бұйым боп па
Жатқа кеткен
Қыздай боп Байқоңырдың сыңсығаны.
Тұрғанда тулап ағып бойда қаны, Аз ба еді қызық қуып тойлағаны. Еліңді зар жылаған кім ойлайды, Бәрінің құлқын қамы ойлағаны.
Келер күн – тұман жапқан белес бөтен, Көзіме басқа қалай елестетем.
Алғанда жау жағадан... Депутаттар –
Етектен тартқан бөрі емес пе екен?!
Көз алдың тұманданып, сағымданып,
Неліктен күйінбесін жаның налып, - Сайланған депутаттар жеп жатса егер, Халықтың көз жасына нанын малып.
ЖҮРГЕН ЖАНДАР БИІКТЕ...
Көздеп жыға алмайтын тірі мерген, Пенде қанша бір өзін ірі көрген.
Жүрген жандар биікте – Көшкен бұлттар
Бірін қуса жел айдап, бірі келген.
Сөйтіп елдің көгінен бұлт ашылмай Келеді әлі –
Қайтеді жұрт ашынбай. Бұршағына кеудесін тосты қанша
Қайғы кешкен Қаратау тұлғасындай.
Билік болып бәрінің таласқаны, Пенделіктен бір мойын жоқ асқаны. Сол бұлттарды түп-түгел түре қумай Елдің қалай ашылсын көк аспаны.
***
Жанар еді көзімде сөнген арай, Кемем егер жүзгенде өрге қарай. Өмірімнің көбісі кетіпті өтіп, Шығамын деп жүргенде төрге қалай.
Көкірегімде тулайды өлең қалай, Таудан түсіп келемін төмен қарай.
Жұмыр басым егерде аман болса Бұл өмірдің қызығын көрем талай.
Төрі даяр болса егер іріге елдің, Көрі даяр мендейге жылы жердің. Жүремін бе бір күні кім біледі, Тізімінен сызылып тірілердің.
Көрген күнім жоқ еді елден артып, Мерген қанша ту сырттан келген атып. Арбам менің қырқаға сапар шегер Тағдыр мені сызғанда белден тартып.
Сауыт кеудем сөгіліп көбесінен, Мүмкін өлем сатқынның жебесінен. Жерле мені биікке
Тірілердің
Қарап ылғи жатайын төбесінен.
***
Өз елімде жүрсем де арқаланып, Біреу мені кетердей қанға малып. Нән бөрене секілді Қазақстан
Ұшып жатқан жан-жаққа жаңқаланып.
Өз байлығы өзіне бұйырмаған Бұл қазақтың тағдыры қиындаған. Сүт кезінде іріген жұрт секілді Айран болып ешқашан ұйымаған.
Қанша өкпе артсаң да ірілерге, Шыға қоймас өрмелеп күнің өрге. Елге орнаған болатын бұзық заман Табыт тасып жүгірген тірілерге.
Азамат ер оққа ұшып жатқа атылған, Құзырлыға жағынып бақ сатылған. Ірілердің көбісі мақұлық қой Терісімен адамның қаптатылған.
Солар түгел бүгінде ат үстінде,
Бір-бір қаншық қыңсылап жатты ішінде. Өз халқынан бәрі де алыстаған
Сырт айналып жүргесін жат пішінде.
Шаң суырып ізінен, құм бораған, Сұмдар аз ба көңілді мұңға ораған. Солар еді жабылып ел тонаған,
Ал олардың ұятын кім тонаған?!
АЖДАҺА АЖАЛ – АТОМДЫ ЖЕҢГЕН ҚАЗАҚ
Қыл сағақтан қадалып жебе алыстан, Заман қанша Алаштың елі алысқан. Алпамысты албырап туған халық – Тулағанда тумасын неге арыстан?
Арыстан деп бағала, бағалама, Ата жұртты бірақ та табалама. Бәрін жеңген төзімін сауыт етіп, Қазақ бар ма бас иген заманаға?
Қасиетін қастерлеп, Ар ойлаған, Азамат ер қайда елге қарайлаған?!
Ел қорғайтын ер жігіт күн көре алмай, Базар барып, осқыртып арба айдаған.
Арманының құлағын қайшылатып, Күнге ұзатып самғатқан, Айға ұзатып.
Тесік қалта қазаққа бұл күндері
Базар біткен тұрғандай Қайғы сатып. Әйел ғана тірлікте жасымаған, Асыраған күйеуін, қамшылаған.
Арыстанның аң аулап ұрғашысы, Айбар тұтып еркегін асыраған.
Биігіне көтерген белес, шынар, Қайран жұртым кей-кейде елес құмар. Жоқшылығы заманның қол байласа, Бағын байлап тұрғаны емес шығар.
Үлгермеген әлі де күшін сайлап, Бағын елдің қай заман тұрсын байлап? Ар-намысы тіріліп, туламаса,
Түні бойы шыға ма тісін қайрап.
Жүрегінің басына шоқ байланған, Қазақ десе қай жау да тоқтай қалған. Елді осал деп жалғанда кім айтады, Екіталай күн туса оққа айналған!
Жұрт деп және ойлама сыйды ұмытқан, Қобыз тартса қасқырша күйді ұлытқан. Бұл қазақтың қаны ойнап тамырында, Көмір жоқта қызуы үй жылытқан.
Уақыттың бұршағы, жаңбырында Дүниенің ұмытып тарлығын да, Жарық әлем жылынып тұрмас па еді, Қазақ қаны туласа тамырында.
Кекті ызасы қазандай қайнағанда, Тұра алмаған қайқайып Қайғы алаңда. Күні бар ма қазақтың өтпей қалған, Заман-қайрақ қышқырып қайрағанда.
Бұлшық ет боп бұлқынбай тылсым елде, Ер жігіттің қадірін білсін бе ел де?
Көкірегі жердің де қақ жарылған Күреңітіп бұл қазақ күрсінгенде.
Шыбын жанын түңілтіп безіндірмей, Атқа айқайлап қона ма ер сілкінбей. Қилы өткелден су жалдап кім өтеді, Нарық сайқал жалаңаш шешіндірмей.
Қайғыдан да күш жиған қайраттанып, Қазақ неге жүрмесін айбаттанып?
Феникс құс секілді мың тірілген, Қара дауыл соққанда жайрап қалып.
Танады деп ойлама қай күні естен, Желіккен жел алдынан қаймыға ескен. Бұл қазаққа нарық та бұйым емес, Азап кешкен,
Сор кешкен, Қайғы кешкен.
Жаны сірі Семейдің жыр елінде, Тау-тасын да күл етіп, тірегін де.
Атом бомбы жарылып келген жоқ па, Арқар кеуде қазақтың жүрегінде.
Көшін түзеп, жол тартқан күнге қарай, Арлы Алаштың көзінде күлген арай.
Жарылса да мың атом, сөнді ақыры
Жұмыр басын бұл жұрттың бір жара алмай.
Азап-соры атқылап тереңінен, Қайда барса, соңынан ере жүрген, Қазақ жеңбес жалғанда зауал бар ма, Аждаһа ажал атомды жеңе білген?!
ТОЗҒАН АУЫЛДЫҢ ЖАРЫҒЫ
Тамырында бұлқынып қан ойнаған, Тіршілік жоқ бұрынғы дана ойлаған. Жын-ойнаққа айналған құйын ұйтқып, Ауылдың да алаңы бала ойнаған.
Қазақ деген жел қуған қаңбақ па әлі? Жүрген жоқ па өздерін жарға атқалы. Мал баққаны ауылда қалып қойып, Көшкен көбі қалаға жан баққалы.
Тағдырына жігерін жанып өскен, Ауыл жұрты қайтеді жарығы өшкен. Мектебі де жабылған, клубы да, Қаржы жетпей қысқанда танып естен.
Таңдайының тамсанып суын жұтпай, Келе жатқан ауыл да туын жықпай. Көшпей қайтсін қалаға тұрмысы азып, Тозып бара жатса егер туырлықтай.
Шаң суырып, сусыған құмы басқан, Көшелері – ыдыстай сыры қашқан.
Алаңында асыр сап бала ойнаған, Бұралқы иттер таласып ырылдасқан.
Төнсін, мейлі, ауылға көрдей Жалған, Кеудесінде от барда өлмейді арман.
Түнгі шамы әр тұстан жылтырайды, Тіршіліктің көзіндей сөнбей қалған.
ҚОС ПАЛУАН
Төсінен жұлдыз ағып, жымып берген, Мөп-мөлдір көк аспанын тұнық көрген. Күн мен түн –
қос палуан алып дене,
Бір-бірін алма-кезек жығып келген.
Ту болып желбіреген қанша алаңда, Шөкпей ме қажығанда нарша адам да. Жығылды күн палуан кешке қарай Күндізгі ит тірліктен шаршағанда.
Шығыстан қызыл күрең жанғанда арай, Қатерге түн палуан барған талай.
Гүрс етіп құлап түсті Күн палуан.
Жеңіске жетті, әйтеуір, таңға қарай.
Бірі оның –
сәулелерден жебе тартқан, Бірі оның –
Қара түннен перде жапқан. Күн мен түн –
Қос палуан әлі күнге
Бір-бірін жеңісе алмай келе жатқан.
ЕЛІМ БІРАҚ МЫҚТЫ ЕКЕН...
І
Өзендейін жүгірсе көктем қунап, Құйын неге суырсын өктем тулап? Ардан ғана жаралып ақындары Ақиқатты, шындықты өткен жырлап.
Аналары жасық ұл бір тумаған,
Ол заманда намыс боп жыр тулаған. Еркектері егеулі найза болып,
Ата жолын ол кезде кім қумаған?!
Қызы жоқ-тын қырмызы құлпырмаған, Ұлы жоқ-тын намыс боп бұлқынбаған. Еркегі–шер,
Жолбарыс жүректі елде
Ана жоқ-тын арыстан ұл тумаған.
Ақындықтың ұлы Отаны, Батырлықтың ұлы Отаны. Отырардың, шырағым, білесің бе, Көрге айналды неліктен бұла таңы?!
Жік шыққасын қара жер тесігінен, Көз көрмеске жоғалып кеші күлген, Батыр қала Отырар болған опат Жалғыз ғана сатқынның кесірінен.
Жырыңды жау бөрідей қаптағанда, Ерлігі еді елімді сақтаған да.
Ата қазақ жойылып кетер еді, Қарсы ақырып жауына шаппағанда. Кірер ме еді орысқа бодан болып, Әбілқайыр нар халқын сатпағанда.
Жік шыққасын қара жер тесігінен, Жанның бәрі алжасқан есі кірген. Кете барған орысқа бодан болып, Жалғыз ғана сатқынның кесірінен.
Қолтығынан сүйеген құлағанның, Халқым содан боздаған, жылаған мың. Елге зауал төндірмей тынбаған-ау,
Қай кезде де кесірі бір адамның.
ІІ
Сұм заманда тас болған құм жиылып, Сұм заманда бас болған құл жиылып. Сатқындық та қала ма өрістемей, Қарағанмен көгіңнен күн қиылып.
Сұм заманда сұм қанша дінін сатқан? Бұлбұл қанша күні үшін үнін сатқан? Сөйлемеген жандарды өз тілінде Сатқын деймін, ағайын, тілін сатқан.
Күн көрем деп ойлама тегін жатып. Кәпір болған жан қанша тегін сатып? Сатқандар да жоқ емес өз анасын,
Ер атанған сұм қанша ерін сатып? Жер сатылсын дегендер қилы шақта Жүрмесіне кім кепіл елін сатып.
Арды ойлаған жан ғана сөз түсінген, Жанның бәрі құр кеуде көзге ісінген. Сырттан төнген жаулардан,
Тарих куә,
Сатқын шықса, сол жаман өз ішіңнен.
Жұрттың бәрін дос санап сыр ақтарып, Көкемізді жүрмейік бір-ақ танып.
Сенім бар ма?
Бұл кезде сатқындар да
Қаптап өскен саңырауқұлақтанып.
Жүрегіңе сұм қанша жебе тартқан, Қорқау қанша байлығын кемеге артқан? Елім бірақ мықты екен,
Әлі күнге
Сатқындарға бой бермей келе жатқан.
ҚҰЛ БОЛМАЙ ҚАЙДА БАРАСЫҢ?
Болса егер дала бір кеме, Сұсты өмір суық түрме ме? Таланып жатқан ел мынау Атжалман мен бүргеге.
Ер қайда серттен табылған? Жақсыға бәрі жабылған.
Дауыл соқпай, жел тұрмай, Жұртқа ұқсайды елім шабылған.
Шапқылап ізде жер-көктен, Таппайсың шайыр еркектен.
Жұрттан да қайыр күтпегін, Көз жасын төгіп селдеткен. Жолбарыс қалай тудырсын Жолбарыс елден бел кеткен. Түрме – өмір ылғи құралған Жендеттер мен тентектен.
Қарақшы, ұры топтанған Кімдер жоқ мұнда сотталған. Түрме – өмірдің ішінде Мылтықтар қанша оқталған.
Көрмеген сұмдық түсіңде, Кетесің жыртқыш тісіңде. Кесілген бастар қаншама, Түрме – өмірдің ішінде.
Тасы өрлеп өрге жаманның, Күні қараң болған адамның. Жақсы мен жайсаң түп-түгел Табанына түскен заманның.
Жалқаулықты ғана таңдаған, Ұйқысы жұрттың қанбаған. Қараңғы көше –
түрменің
Қуысы шамы жанбаған.
Базарға барсаң жайнаған – Жын-сайтан түгел жайлаған. Сорың қайнап үйге қайтасың, Тіршілік көрмей қайнаған.
Қатынға басы байланған – Ез көп те, ер жоқ қайралған.
Жаралса адам маймылдан, Маймылға қайта айналған.
Сайламай басшы тәуірден, Сыр тартам деме сәуірден. Құл болды қайта ел неге, Өтсе де құлдық дәуірден?
Өзекке теуіп анасын, Аздырған арғымақ даласын. Еліңді құлдар билесе,
Құл болмай қайда барасың? Қаңсыған қаңқа секілді Шашылып сайда қаласың, Билікке қолын жеткермей Азамат ердің баласын.
ТАЗА БОЛСА СУ БАСЫ...
Алатау болса тұлғасы, Кіндігі қайда байланған? Тап-таза болса су басы, Аяғы неге лайланған?
Тумаған жандай анадан, Лақтырады екен кім тасын. Таппайсың байтақ даладан Бұлақтың мөлдір тұнбасын.
Адасып жүрміз әлі де, Азамат ердің таңы атпай. Толқыған көлдің бәрі де У құйған шара табақтай.
Тірідей жерге көмгелі Найзағай қанша ойнаған? Кезеңде мынау өлмелі
Ер қайда елін ойлаған?!
Бөрідей бәрі талады-ау, Табылып жауы қасынан. Қазағым тозып барады-ау, Балықтай шіріп басынан.
Суырып соғып жел талай, Төріңді кім бар тілмеген. Түзейді көшін ел қалай, Басына ақыл кірмеген?
ҚАЗАҚСТАН ҚАСІРЕТСТАНҒА АЙНАЛМАҒАЙ...
І
Жүрген өзін тасқын күш — белді көріп, Күн кешуде бар жерде ел түнеріп.
Төрге келіп Азаттық жайғасқанда Жоқшылық та соңынан келді ме еріп?
Қателіктен,
жасалған қиянаттан,
Қайда барсаң, Тіршілік қирап жатқан. Азаттықты қазаққа құдай берсе, Жоқшылықты өкімет сыйға тартқан.
Жол тартқанда жоқшылық сардалаға, Жеткен еді базар боп бар қалаға.
Ар-намысты саудаға салса базар Сатылмайтын тірлікте жан қала ма?!
Сол базарда жұрт қанша малын сатқан, Малы жоқтар —
қолдағы барын сатқан. Күн көрістің,
Өлмеудің қамын ойлап,
Арын сатқан жан қанша, жанын сатқан? Арлы етегін көрмеген жел көтеріп,
Ару қанша,
Қыз қанша тәнін сатқан?! Қазақстан — айналып нән базарға
Кен қазына, байлығын... бәрін сатқан.
Құйын бетін қайтарған желдің талай, Атанғанын көз көрді ердің малай.
Асылы — арзан, Маржаны — судан арзан,
Көсегесі көгерсін елдің қалай?!
ІІ
Нұр шашпайды қазақтың күні неге, Етегі әлі ашылып түріле ме?
Қан тамыры суалған Тіршіліктер Көктемеде көгеріп тіріле ме?
Қазақ елі болса егер бүгін кеме, Дауыл соқпай,
жел соқпай бүліне ме? Бастап келе жатқанын, кім біледі, Жұрт аманда құдайдың күні неге?!
Зауыттардың сорайған қаңқалары — Жын Ғасырдың шабылған жаңқалары. Түйелері секілді замананың
Ауыр жүктен босаған арқалары.
Қай желдің де алдынан жылы еспесін Сезді ме, әлде...
Өзінің үні өшкесін.
Фабрикалар да тоқтаған, қоймаларда Жүннің бәрін күйе жеп түгескесін.
Зауал туып басына өрті төнген,
Заңы да өлген, бұл елдің соты да өлген... Тіске басар шикі зат сұмдық қат боп, Өндірістер —
Ошақтар оты сөнген.
Мақтасындай құрыған Мақтааралдың, Шақар мінез үні өшіп шахталардың, Көмір жоқта жылынсын Өмір қалай? Артың — дода,
сондықтан көкпар — алдың.
Жұрт өмірді мылтықсыз майдан көріп, Жүрген жоқ па атысып қайқаңда өріп. Үсті-басы жыртылып, дал-дұл болып, Алжасқандай бәрі де сайтанға еріп.
Жүргенін де сезбейді қайда барып, Жүргенін де білмейді қайдан келіп!..
ІІІ
Облыс пен ауданның тарағаны — Уақыт салған айналар жараға әлі.
Басшылардың халыққа қарағаны — Тұрған қасқыр секілді талағалы.
Жарық, нұрсыз жатқасын күндері өтіп, Ел – жолаушы жол шеккен түнделетіп. Баяғы хал — басына өкіметтің
Кімдер келіп жатса да, кімдер кетіп.
Макиндожы тозғасын Тоқшылықтың, Халық киген шекпенін Жоқшылықтың. Қарағайға белгісіз айналары Тамырынан суалған көк шыбықтың.
Бала безген, үйінен ана безген,
Құрт-малтасын табаққа, шараға езген. Іздеуде әлі жоғалған жұмыстарды, Жоқтау айтып кілең жас қала кезген.
Қай қасірет қазақты өтті айналып, Өтпеді ме өзегін өттей жарып.
Тамырлары қиылған Тіршіліктің Сорлай ма енді жүрегі соқпай қалып.
Желпінгенде көздері шоқтай жанып, Жөтеледі күркілдеп тоқтай қалып. Өрім жастың кеудесін құрт жеп жатыр, Бейбіт күнде атылған оқтай барып.
Келіп тұрған заманда қолдан бәрі, Жайқалмайды неге елдің ормандары? Тұғыр тасы қаланбай жатыр құлап, Болашақтың Қаһарман — Қорғандары!
Басшы көп те ойлаған қара басын, Елдің мұңын кім тыңдап сараласын. Тараса да облыс, аудан, ауыл...
Халқым, бірақ, ыдырап тарамасын.
ІV
Заңғар ресторандардан тамақтанған Басшы бар ма ел-жұртты санатқа алған? Қара су мен талқанға қарап қалған, Қорадағы малдарын түгел сатып, Саусақтарын саумалап санап қалған.
Қыр елінің тыйылып сауықтары, Алжасуда есінен ауып бәрі, Үлгергесін аз жылда жұмыртқалап, Қасіреттің қатыгез тауықтары.
Сардаланы сар желіп аралаған
Бір сұмдықтан бір сұмдық балалаған. Қазақты енді тонаса өз қазағы,
Ит қалды ма бұл жұртты таламаған? Өткен-кеткен тарихтан сабақ түйіп, Қазақ бар ма ес жиып саралаған?
Адыра қап айран, құймақ, талқан... Сордың бәрі ауылға жинақталған. Зеңбіректің гүрсілдеп оғы атылмай Қыстақ қанша соғыссыз қирап қалған?!
Байлық қайда жолдармен жиі ағылған, Ұстап әкеп қой сойған сирағынан?
Айтасың-ау,
Ел қанша зар боп қалған
Ұшқан шаңға малдардың тұяғынан.
Қасіретке тап болып ел сенбеген, Ауыл қанша құлашын кеш сермеген? Дір-дір етіп етектен сусыған құм — Жыламсырап иегі кемсеңдеген.
Тірі ауылдар айналып өлі ауылға, Тиын таппай сарсылған дәрі алуға. Төсек тартып сарғайып жатып қалған, Ұшыраған адамдай сары ауруға.
Айырылып тұрпаты, тұлғасынан Сорлағысы келеді кім жасынан? Ауылдардың үні де шықпайды екен, Шықпағасын көк түтін мұржасынан.
Заманыңда нарықтың жебе тартқан, Қайғы-мұңын,
арманын кемеге артқан, — Тірі ауылдар бар әлі,
сіңірдейін
Созылса да беріспей келе жатқан.
V
Нарық қиын жаудан да, Ауыл көшкен ауданға, Ұлтарақ та тимес деп, Көктен шұға жауғанда.
Аудан көшкен қалаға, Бір сілтеп қолын далаға. Кеткеніндей қайрылмай Әкенің туған балаға, Баланың туған анаға.
Айырылмай бағы, құтынан, Көшпей ата жұртынан.
Аман қалған бар ма ауыл Заманның құрсау бұтынан? Рухы биік жоғары, Көшпеген ауыл көп әлі, Болашаққа деген
Бұзылмай сенім — тоғаны.
Ауылдың көшкен орыны, Ауданның көшкен орыны. Үйлері қирап, дөңкиген секілді мола қорымы...
Болашақта туған бір бала Ат арытып терін құрғатпай, Жортса да қанша сабылып, Төсектен безіп түн жатпай. Жұртынан көшкен бір кезде
Ауылдардың орнын жүр таппай...
Ауылдарды көшірген, Аудандарды көшірген, Жақсы менен жайсаңдар, Рухтасын емес,
Руласын өсірген, Өсірген және есірген Сендерді де тірідей Тарих бетінен өшірген.
Тек ізгілік ізгілікке жол берген, Ұры ғана ұрыларды қол көрген. Не істесең әкеңе
Алдыңа сенің сол келген.
Ашық ұстап іргесін
тулағанда ашқан суық түрмесін. Оу, басшылар, болашақта Өздерің тұрмақ молаңды, Ұрпақтарың таппай жүрмесін.
VІ
Сүйінгенді сөкпес ем наша тартып, Күн көргенді қолдар ем наша сатып. Саналы егер ұғынса,
Жамандықтан
Көгергенін бұл жұрттың қашан артып?!
Жүрісінен жорғаны жаңылдырған, Асыл ерді сарсылтып, сабылдырған. Сағымдайын көзді арбап шағыл қырдан, Жер бетінде аң емес, адам ғана Жамандыққа бір табан жақын тұрған.
Күндіз-түні жататын тулап ағып, Теретінін қайтерсің, Шуға барып Ұсталарын білсе де...
Кейде қашып,
Сорласа да қанша күн құмда қалып.
Ұшып түсіп өмірдің ұршығынан, Адам қанша тірлікте мың жығылған? Өлетінін білсе де наша тартып, Жастар аз ба қиылған қыршынынан?
Мән бермеген үңіліп жете өмірге, Төбе кімге бұл күнде, төре кімге?
Жақсылықтан жарқылдап жаралса егер, Асығады бұл адам неге өлімге?!
Өлетінін білсе де наша тартқан, Ұсталарын білсе де наша сатқан. Жамандықтан келеді бір тыйылмай Анасы аттан салса да, даласы аттан.
Апиынның күн санап бағасы артып, Кім-кімді де жіберген аласартып.
Шуға ұмтылды шұбырып көп шуылдақ Жылқы сатып күн кешкен, қара сатып. Азаматтың айбары адыра қалған Апиынның тұрғанда бағасы артып.
Жамандықтың бәрін де ерге таңып, Азуда жұрт көз жасы жерге тамып. Азамат ер өсірмей, жүреміз бе Апиындар өсірген ел атанып.
VIІ
Санасыздар тізгінді ұстағасын,
Ел жағасын ұмытқан, қыз бағасын. Жұрттың бәрін марғаулық билеп алған, Қаны тасып бойында қызбағасын.
Жандары да сүрленіп сала берген, Түріп қойып құйрықтан тұздағасын.
- Тұздалған ет, – деп күлген, – көп
шыдайды,
Мұнар шалып тұрса да Құз, Даласын.
Жаратқанға “шүкір” деп асау қылмай, Жатыр әлі төсекте масаң тұрмай.
Тірісі өліп,
өлігі қорланса да
Жұрттың содан келеді басы ауырмай.
Шаңырағы шарт сынып шатынаған, Ауылдарға қай басшы қатынаған.
Жалқау қойшы секілді малын айдап, Қырға жауып алыстан бақылаған.
Сырын, жырын бәрінің кім білмеген, Тұла бойын май басып іркілдеген.
Поэзия – сұлулық болса егер де, Сұлулыққа ұмтылып сілкінбеген.
Сұлулыққа бастайды елін қалай? Жоқ болса егер сүйегі –
тегінде арай.
Шығын көрген маңдайдан тер шықса да, Темір құспен ұшса да тегін талай.
Көлшіктерге шомылған Балтық көріп, Билейді әлі қаншама шартық келіп.
Кілең мәңгүрт тізгінін ұстағасын Жұрта та түгел барады мәңгүрттеніп.
Тіс жарудан қалғасын ер жасқанып, Кіл ақымақ сорлатты-ау ел басқарып. Азамат ер қайда жүр?
Жұрт тынышта
Құрымаса жасынан жер жастанып.
Азаматтар ұсақтап майдаланған, Санаттан да сызылып сайда қалған. Егістікте қаптаған арам шөптей
Кіл ақымақ ел ішін жайлап алған.
Табанына төселіп жар-құмақтар, Ақымақты да заман бұл әркім мақтар.
Елім не боп барады? Түсінбеймін,
Тақымында ойнаған арғымақтар. Арғымақтар даласы тозбаса екен, Даласына айналып ақымақтар!
VIIІ
Атанғасын бұл қазақ есірткі елі, Ашылмай жүр қай сорға есіктері. Бір ғалым шал тауып ап асыраған Ел көрмеген құбыжық кесірткені.
Балға қонған шыбындай, майға қонған Шағын көлде айдыны қайта толған.
Атқылаған жарылыс, сынақтардан Мақлұқ еді жаңадан пайда болған.
- Жарылыс пен сынақтың зардаптары Жүректерде шор болып қалмақ бәрі. Бірақ мынау кесіртке зор жаңалық, Білсең ғылымның жаңа тармақтары. Қуанғаннан бөркін де аспанға атып:
- Еңбек жазам, – дейді шал, – салмақты әлі. Құбыжық па?
Адамның жаралғалы
Көрсем деген тірлікте бар арманы? Құбыжықтар сынақтан пайда болған Жетістік боп бұл қалай саналғаны?
Кесіртке де ғылымның бұтағы өнген Секілденіп бергенді жұта берген.
Тойғанын да білмеді, жұт секілді Отай келген маңайын, құрта келген.
Жолыққасын жұмаққа армандаған, Жұта берген кесіртке тарбаңдаған. Мені асырап еді деп аямады,
Шалды жұтты алдымен қалтаңдаған. Жалмауызға айналып, содан кейін Дүниені жұтуға жалмаңдаған.
Қайғы-мұңда,
қазада сырт қалған ба,
Атқа қонған ашулы жұрт табанда. Дүниені кесіртке жұтар ма еді, Көзін жойып жабылып құртпағанда.
ІX
Сорпа сіңген етіне, көже сіңген, Жылпос қанша жібектей сөзі есілген? Өкімет те бұл күні опық жеуде Кадрлардан кезінде өзі өсірген.
Ізгіліктің көздерін құйын басып, Жоғалды ма, кім білсін, қиырға асып? Коррупция жайлауда елдің ішін Мығым топтар өзара ұйымдасып.
Үлгергесін кіл сығыр сыбайласып, Ағылуда жат жұртқа мұнай қашып. Аждаһаға айналған кесірткедей Жүрген жоқ па жерді де сынай басып. Олар кімнен сескенсін?
Аузын жапқан
Шыбын жанын берсе де құдайға асып. Егескенде егеулі найза боп та Өкіметтің өзімен жүр айқасып.
Айы туып айбарлы оң жағынан, Күні туып жайдарлы сол жағынан.
Қылмыстарға көк даңғыл жол ашылып, Кісілікке есік те... жол жабылған.
Мойындары бұқадай жуандаған Жемқор қанша жер-көкті лаңдаған?
Бидай өскен далада зұлымдықтың
Қаптап өсіп кетерін кім аңдаған?
Бөліске сап, түгесіп елдің малын,
Құл-құтан ғып тоздырған ердің бәрін. – Кілең жемқор сүліктей кіріп алып, Солқылдата соруда жердің нәрін.
Нағашыдай тапқан бір нақ жиенін, Қонғанын-ай соларға бақ-киенің. Жұмыр жерді қарбыздай жарып жеуде, Жарылды деп қарыны ақ түйенің.
Күннен-күнге ашылған арандары, Қара басын ойлаған арам бәрі.
Өкіметпен жүрсе де жағаласып, Өкіметтің секілді адамдары.
Замананың олар да сауысқаны, Маңайына жиналған таныстары. Көл тауысқан мешкейдей Жүрген жоқ па
Дүниені ішіп-жеп тауысқалы. Қорқау көзбен қараған даласына, У да сеуіп,
тұз құйған жарасына.
Құлқын қамын бәрінен биік қойған Қол да салмай тұрмаған анасына. Түрме көрмей,
халықтан дүре көрмей Сұмдар өлмес – алпауыт тірегі өлмей. Өкіметтен қайран жоқ, Алты Алашым,
Ар-намыс боп сен қайта түрегелмей.
Бауырыңды жайлаған өттей тұнып, Тұқымыңды жұлмасын көктей қылып. Аттан!
Аттан!
Солардың аранына
Қазақстан жұтылып кетпей тұрып.
Аз ба олардың халықты жылатқаны? Байқамасаң жүректен жүр атқалы.
Президент елге Үндеу жолдар ма еді, Топ құрмаса туыңды құлатқалы!
Жатқа айналса өзіңнен туған бала, Бет алғаны қия тас – құламаға.
Жең ұшынан жалғасқан сыбайластар Ертең жаумен жалғаспай тұра ала ма?!
Көшіп жүрген төбеңде бұлтың барда, Сеніп тізгін бердің-ау жылтыңдарға. Бейбіт күнде қаныңды ішкен қулар Не істемейді
Басыңа күн туғанда?! Малын бағып,
Күн көрген қауға жасап,
Ата қазақ жерінен ауған ба азап? Талап жеген секілді қазынаңды, Сау басыңды жүрмесін саудаға сап.
Жармасса да Биліктің тұтқасына, Қонды қашан бақыт боп жұрт басына? Өз иесін жалмаған кесірткедей,
Қайта сені, кім кепіл, жұтпасына?!
X
Дұрыс болмай Биліктің жүйелері, Сорлауда әлі Алаштың киелі елі. Шиедей ғып аузыңды жүрген жоқ па, Қанға жерік қашаннан шиебөрі.
Басына ма кірмелер ешкіге еріп, Жайылмаса қазақтың түйелері.
Жүйрік еді даланың есепке ері, Қалай жетті билікке есектері? Арғымақтың өзін де таңдап мінген Айналмаса игі еді есекке елі.
Билік тиіп кілең қырт аласаға, Атқа міне бастаған бала-шаға. Бірақ әлі піспеген шикі дүмбіл Ұлы Абызға жөн айтса жараса ма?!
Әлденеден үркектеп, елегізбей, Бала-шаға жүре ме ерегіспей.
Қазақстан – ұлы айдын мұхит болса, Мұхит мұхит бола ма кеме жүзбей.
Сырқат қоғам дертінен айықса анық, Кеме жүзер айдынға қайық салып. –
Абыройын өздері кетіре ме,
Жұрт көзіне кілемдей жайып салып.
Тағдырын да,
өзін де айыптамай,
Мұхит түгіл бұрқанған Жайық талай. Мұхит беті туласа аласұрып,
Төтеп берсін дауылға қайық қалай?!
Толқын жарып жүзетін Жайықтарда, Бізде әуелі моторлы қайық бар ма? Болашағы бұл елдің қара тұман,
Көз жіберіп қарасаң байыпты алға.
Жолға шықпай жарағын сайлап алып, Саңлақ қанша сарсылған сайда қалып? Келеді ағып жұрт түгел сең үстінде, Бататынын, кім білсін, қайда барып?!
Ойда жоқта көз жазған серкесінен, Басшы қанша шығарған елді есінен? Сең бұзылса құриды-ау суға батып, Ғұмыр жібі үзіліп келтесінен. – Жағалауға шықпаса аман алып,
Бір құдірет көтеріп желкесінен.
XІ
Алты Алаштан иығы асып туған Асыл ерге мың алғыс асықтырған. Сарыарқасын жат қолға берсін қалай Тақымына Астана басып тұрған?!
Астананың арқаға ауысқаны – Тулағаны бойында барыс қаны. Жылдар бойы арқаға көз қадаған Аждаһамен жер үшін алысқалы. Қазақстан – тәуелсіз атанғалы Жалғыз ғана Ұлы іс ел атқарған Астананың арқаға ауысқаны.
Аспанында, жоқ арман, ұшпаса егер, Бөтен жұрттың алапес сауысқаны.
Қазақ бұрын сөйлесе жерге қарап, Сөйлейді енді биікке – өрге қарап. Астананың жарығы самаладай Үлгермеген әлі де елге тарап.
Қуат беріп тірлікке қалжыраған, Ақпандатып соқсын кеп тау-жырадан. Астананың ақ дауыл, ақ бораны Жұртты, бәлкім, сергітер маужыраған.
Сардары мен сарбазын саптан көрмей, Қай елге де сазарған бақ та келмей.
Атқарғаны Астана өз міндетін, Сарыарқаны сақтаса жатқа бермей.
XIІ
Бәрі мықты бүгінде тірілердің,
Ұлы да елдің, кеудемсоқ құлы да елдің. Шайпау тілді қатындай шаптығады, Қарасаң да шамданып түріне ердің.
Бастарынан құс түгіл сөз асырмас, Мұнарасы секілді ұлы белдің.
Піл боп қалай сүйресін Тіршілікті Айналмаған кіл мәңгүрт піріне елдің.
Жиын-тойдан жүретін қалыс қалмай, Ер жігіттен шығады барыс қандай? Намыстанған басынан сөз асырса, Туған елін тонауға намыстанбай.
Елге, жұртқа жүре ме арпылдамай, Ен дәулетке жеткесін жан қинамай. Жын жинаған бәрі де кеудесіне, Бастарына бармақтай дән жинамай.
Сақал шықпай қартайса жасы үлкені, Бұлшық ет боп тулай ма жасыл белі. Жоқтығынан елімде асыл ердің Тоналуда жерімнің асыл кені.
XIIІ
Үзілмеген қазақтың қырында әні, Жақсылықты сезе ме мұрындары. Арқаға енді бұл күнде адам ауған, Арқар ауса арқадан бұрындары.
Тумағасын айы да қияқтанып, Алматыда көше алмай ұят қалып, Астанаға дүркіреп көшіп барған Көрінеді кілең сұм сияқтанып.
Қарағасын сақаға кеней күні, Қайдан ғана ашылсын көмей тілі. Кедей етіп елді де тынған жоқ па, Басшылардың ақылға кедейлігі.
Жай іздеген жандар да, күй іздеген Көшіп барған қала деп сый үзбеген.
Ауып қайда бармасын, бұл қазақты
Сиыр қоғам шыдатпай мүйіздеген.
Құбырынан күміс те,
құрыш та ақпай, Қазақ қанша сандалған жұмыс таппай? Қырдан қашқан Алтайы түлкідейін Құйрығынан жұмыс та жүр ұстатпай.
Ата қазақ еншіге қайғы алғасын, Соғып өскен тау-тасқа қайран басын. Жұмыс қалай табылсын, оның өзі Қасқалдақтың қанына айналғасын.
Ата қоныс,
Құт мекен жерден көшіп,
Қазақ қайда барады желдеп есіп?! Қараұйыққа Астана орныққасын, Қараұйықты келеді ел де кешіп.
Қыдыр кетіп босаға, қақпасынан, Ұшты ма әлде құс болып бақ басынан.
Түсіп кетіп
шыға алмай келеді әлі,
Қараұйықтың балшығы – тартпасынан.
Өртенсе де орман боп сан арманы, Жаңа Астана – жаңғырып, жаңарғаны. Малтықса да шығады бұл ұйықтан, Рас, болса егер қазақ боп жаралғаны.
Өткерсе де күніне майдан талай,
Қазақ қашан күн кешкен сайрандамай?
Заман бар ма өтпеген төбесінен Құтырынған тайлақтай тайраңдамай.
Қазақ бар ма азапты текке шегер? Көгергені емес пе көктесе жер.
Қазақстан түбінде бір гүлдейді, Қасіретстанға айналып кетпесе егер!
ЖАҺАНДАНУ
Ғасырлардың қойнауын жиі ақтарған, Адамдардан бәрібір ұят қалған.
Дүниенің бұл қазақ бір бөлшегі Бұлшық еті даланың сияқтанған.
Көкжиектен қара бұлт көрінгенде, Қазақ қайда барады бөлінгенде.
Жер бетінде қай жұрт та аман қалмас, Дүниенің көбесі сөгілгенде.
Аққу жүзіп ойнаса тұнық көлде, Ақын асқақ күн кешкен білікті елде. Дүниенің сақталар тұтастығы, Барша жұрты жаһанның біріккенде.
Қазақ бірақ үлгерсе жаһанданып, Қайда ағады көз жасы тарамдалып, Жаһанданып жан сақтау кімге қажет, Сорлағысы келмесе тағы алданып.
Тағдырымның аз ба еді қуарғаны, Тамырымның аз ба еді суалғаны.
Желтоқсанда жарақты жау қылышын Жалған емес қаныма суарғаны.
Қуатты елдер қаруын арқаланып, Бірін бірі жүргенде қанға малып, – Қазақ егер қазақты дос көрмесе, Тозбайды ма ормандай жаңқаланып.
Көк теңгесі үлгерген құнсызданып, Қарамасын неге елге күн сызданып. Жаһандануға қосылса қазақ егер Құрығаны емес пе ұлтсызданып.
Ұласқалы тұрмаса көктем күзге, Неге шуақ жаумасын көктен бізге. Жаһанданса бұл қазақ жоғалады, Сіңген тамшы секілді көк теңізге.
ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ ТАРЫСЫ
Қарасам да әр неге күдіктеніп, Өмір сүріп жатырмын үміттеніп. Аға қанша төріме жайғасатын, Алатау боп үйіме кіріп келіп.
Сауда қуған нарықтың белесінде, Сауынынан айырылған ел есімде. Мұхитында өмірдің жүзіп келем, Шайқатылып күдіктің кемесінде.
Менің өмір жолдарым бұрмаланып, Жанарымда мұнар мұң тұр қамалып.
Суық желдің өтінде өскендіктен Көңіліме мұз қатқан сырғаланып.
Сауық құрып, сайрандап жүре білген Азамат ем түспеген күреңінен.
Әлі күнге келеді суырылмай, Жоқшылықтың жебесі жүрегімнен.
Қалай бағын жайнатсын гүл өсіріп, Таршылықтың үні әлі тұр естіліп. Қайыр кеткен қайырымды қазақтан да, Қазанында қаймағы түгесіліп.
Қалса адасып Тоқшылық түз, белеңде, Көз жасымды қайтемін ішпегенде,
Сұр қаншығы Аштықтың қыңсылар ед, Тәуелсіздіктің тарысы піспегенде.
Туын жығып кетсе де жел суырып, Түңілмеген өмірден ер суынып.
Қонақ келсе үйіме, Берем ылғи
Тәуелсіздіктің тарысын мен қуырып.
АДАМДАРДЫҢ ҰЯТЫ
Құт болсын кімнің қадамы, Бір шыбық екпей далама. Бүгінгі күннің адамы Қатыгез болып бара ма?!
Қызынып жұртқа дес бермей, Тұрғасын бойда күш тасып,-
Бір-бірін бауыр, дос көрмей, Жүргені ылғи ұстасып.
Біле ме алыс, жақынды, Қараулық бойын жеңгендер. Көздемей тұрмас ақынды Аққуды атқан мергендер.
Маңдайдың соры бес елі, Көзімнен жасым жиі ақты. Егемен елдің есері Еркіндік алған сияқты.
Адамдар естен тана ма, Билікке қолы жеткесін. Шағынасың кімге, жан Аға, Әділдік соттан кеткесін.
Қасиет кетіп мияттан Ішімді сұм көп ұлытқан. Адамның беті ұяттан Қызаруды мүлде ұмытқан.
Сөйлейтін ойлы жыр тілде, Адамдар қайда жаны ізгі?! Ар-ұят, иман бұл күнде Қажетсіз бұйым тәрізді.
Бұрсаң да қайда бетіңді, Көресің мұңын даланың. Адамдардың ұяты
Ұмыт қалған секілді Жатырында ананың.
ҚАЗАҚ ЕЛІ
Сұғын қадап,
тұс-тұстан жеткен барлап, Келімсектер болса егер өктем қонақ.
Қазақ елі – керуен қазына артқан, Орта жолда ұрылар кеткен тонап.
Момын жұрттың кеңдігін өзінше ұғып, Қарға-құзғын секілді көзін шұқып,– Құр қаңқасын қалдырған жоқ па түге, Тал бойының шырынын, сөлін сығып.
Тұрса нарық – аш қасқыр төсінде ұлып, Қайдан қойсын еркіне көсілдіріп.
Қазақ елі – қаз мойын ару деп те, Жатқан жоқ па бұл күні шешіндіріп.
Сырын, жырын қашанда дала білген, Дала білген,
ақ шашты ана білген,– Қазақ елі, ағайын, толысса да
Бала сынды ақылы жаңа кірген.
Нарық қысқан бүгінгі тайғанақта, Қараймын деп қашанғы қай қабаққа,– Шауып келе жатқандай қазақ елі, Міне салып қыл арқа жайдақ атқа.
Ел-жұрт еді өр күшін айға да атқан, Қысқан нарық – күні ме қайта батқан.
Анық нәрсе –
бір жерден шығатыны Ауып қалып жүрмесе жайдақ аттан...
ҚАЗАҚ ДЕСЕК
Қазақ десек тиеді өзімізге,
Қойды-ау, әттең, түзелмей сөзіміз де. Жау мен досты сорладық айыра алмай Шел түскен бе
бұ қалай көзімізге?!
Жалғандықпен қаны қас көзін көріп, Тұрсақ та, әттең...
Артынша тез түнеріп.
Қанша жанды түрмеге тықтық әкеп, Жарамсақтың желбуаз сөзіне еріп.
Құйын соқты деймісің шалғай белден, Жарамсақтанып жағынып танбай келген Өзімізден бәрі де, ішімізде...
Бұлт үйіріліп жеткен жоқ қандай да елден.
Өлім, өмір –
қос жылан арбасқанда,
Бұлт та қоса түнерді арлы аспанда. Тұсау салып Мағжанға,
Өзіміз ғой
Кісен болып қолына жармасқан да.
Сұңқар ақын сұмдардың жынын қағып, Аққан еді жұлдыздай түнін жарып.
Өлтірген де өзіміз
Сөйлетпен деп
Ыстық шоқпен Сәкеннің тілін қарып.
Сатқындықты жеткен мол мұра көріп, Оқ атамыз тасадан бұға келіп.
Көзін жойған Ілиясты тағы өзіміз. Түн жамылып қаладан шыға беріп.
Ұйықтатпай да ұйқысын бір қандырып, Талай жанды құрттық-ау тыңнан тұрып. Айтып-айтпай не керек,
Тағы өзіміз
Бейімбетті өлтірген жындандырып.
Бұның бәрі, әрине, өткен күннен, Қайғы болсын сабақ боп жеткен бірден. Ал, қазір ше?
Айдап сап бір қазаққа Бір қазақты...
кім, айтшы, кектендірген?!
Жүрсек, шіркін, бәрін де нардай көріп, Құзға қонған сұңқар деп самғай келіп. Елдің мұңын жоқтаған біреуі жоқ,
Жер бетінде жүргенмен жардай болып.
Сөйлеме деп қойдық та тілін байлап, Шабақтадық жүрегін жырымтайлап. Басын жұта жаздадық сөйтіп кеше Орда бұзар Олжасты жылымға айдап.
Жасығанда бойыңа қайрат берген, Байқап келген өмірді, шайқап келген,–
Ел-жұртым-ау, өр мінез Олжасыңнан Басқа сенің кімің бар айбат көрген?!
Жалтақ болды бұл күні ер шектеліп, Шара бар ма көнбеске келсек те өліп. Қайран қазақ бітуге аз қалдың-ау, Пеште жанған металдай бөлшектеліп.
СЕКСЕУІЛ ЖӘНЕ ҚАЗАҚ
І
Сексеуілді кесетін ара қайда?.. Сындыра алмай шаршаған нар ағай да. Сындырмақ боп ұрғанмен Жаңқаланып,
Сына берген емен де, қарағай да.
Ашуланып, тепсініп жер тепкенде, Намыстанып кете ме еркек пенде.
Өзі сынды келтектің ұрған еді
Сексеуілді жармақ боп келтекпен де.
Қатуланса бере ме ырық пенде, Ұрған еді жармақ боп сырықпен де. Сырық қалай шыдасын...
шарт сынды, әне,
Оқыс үннен дір етті тұнық көл де.
Бұның бәрін манадан тұрған көріп, Атам менің бір ойдан қылаң беріп. Сексеуілді соқты-ай кеп сексеуілмен Алған бойда көтеріп жылдам келіп.
Тонатқандай намысын жұтап қалып, Қанжау жандар қасында тұрды ақталып. Сексеуілдер шыдамай бір-біріне,
Ұшып жатты шарт сынып, бұтақталып.
Арлы етегін жапқалы есін біліп, Дамылдаған далада көз ілдіріп,– Қазақ деген сексеуіл емес пе, айтшы, Сындыратын өзімен өзін ұрып.
ІІ
Кеңістігін кеңейтіп ой кернеген, Биікте өлген бұл қазақ,
ойда өлмеген,–
Жаңбыр шайған жартастай жақпар жүзін Қай жауға да қасқайып бой бермеген.
Қабырғасы қаланып қалған қатып, Қойсын қалай қаласын талқандатып. Бұл қазақты қай жау да ала алмаған Жолбарыстай жолында алған жатып.
Жай түсіріп көк аспан — зеңгір көктен, Жаудырса да шар добын зеңбіректен.
Жалаң қылыш қазақты жеңе алмаған, Туын және жыға алмай желбіреткен.
Қатынын да айдап сап, батырын да, Амал ойлай бастаған ақырында.
Күшпен емес,
қу түлкі аярлықпен
Жоймақ болған көк аспан шатырында.
Барыс жүрек ер еді заңғар алып, Ерлік күшін жүре алмай арқаланып,– Соғылысып шағылып жақпар тастай Ақырында көкке ұшқан жаңқаланып.
Тудырғандай бір ғажап бір ғажапты, Қанатынан оп-оңай қырқа сапты.
Сексеуілдей өзімен-өзін соғып, Жеңген еді аяр жау бұл қазақты.
Намысыңның бұл емес бір сынғаны, Осалдығың болса да...
білсін бәрі.
Талай жауды, нар халқым, көрге тыққан Аярлықты жеңе алмай жүрсің әлі.
ТУҒАН ЕЛДІҢ СЕМСЕРІ
ПОЭМА
Өмірзақ Сәрсеновке
- КӨЗ ЖАСҚА СУАРЫЛЫП ӨСКЕНДЕР
Аспан асты, жер үсті толған азап, Жұртқа қамқор жоқ әлі қорған ғажап. Қызыл Кеңес қынадай қырған жоқ па, Халық жауын түгелдей қолдан жасап.
Бұған куә сұр жағал құмай – жалған, Дүр дүние сол кезде шыр айналған. Аман-есен ұйықтап,
Ертеңінде
Арыс қанша төсектен тұрмай қалған.
Ол күндерді мен қалай бақ санайын, Кімнің қырау шалмады ақ самайын. Оспан қожа атаңды ұстап беріп, Оңашада күпінді қанша ағайын.
Айырылып қапыда ат, тонынан, Оспан атаң көз жұмды жат қолынан. Қожалардың бәрін де қырып салған Ұлы Алланың таймаған ақ жолынан.
Күн көзінен тұрса да нұр құйылып, Тіршіліктің тамыры тұр қиылып.
Ішкені ірің бола ма, Жүрмесе егер,
Адамдарға адамдар бұлт үйіріп.
Самал еспей, нұр еспей қанатынан, Сонша неге жауыз боп жаратылған? Адам қолы жасаған қылмыстардан Қара жердің көзінен қан атылған.
Соғыс ашқан сұмдарды сұраққа алып, Тергесе егер құтылсын кім ақталып. Шара қайсы?
Оралды қара қағаз боп,
Әкең сенің майданға тірі аттанып.
Қарсы алдында тұрған соң қайғы аларып, Опа табам деді ме қайда барып.
Кәмей ағаң көкке ұшып жөнелген-ді, Аққу құстың қанатын байлап алып.
Жүрегіне бейбақтың нұр сіңгенде, Жүрер еді бақ қуып тылсым белде. Ауызынан ақ жалын атылатын Ару ана Ақжүніс күрсінгенде.
Көзді арбаған дүние-ай сағымданып, Қай жесірдің жүгірген шамын жағып. Ақжүністің төгілген көз жасына, Жеді қанша ағайын нанын малып.
Көктен күннің тұрса да нұры ағылып, Жанарынан көрді ме мұң арылып.
Кекке малып шыңдаған қылыштайын Өстің сен де көз жасқа суарылып.
Менің де әкем соғыстан қайтпай қалып, Өскем мен де көз жасқа суарылып.
Көкжал болып жетілген жігіттердің Кеудесінде көк бөрі тұрады ұлып.
Жаздым сені жыр етіп сөз басына, Ақ сауыттай, мен кепіл, тозбасыңа. Жетілгендер көз жасқа суарылып, Елдің әсте қалмаған көз жасына.
- ДИМЕКЕҢНІҢ СӘУЛЕСІ
Қуат алып құнарлы жер бетінен, Ұлтқа тұтқа болатын ер жетілген. Кемеңгердің сәулесі түспесе егер, Кімнің сәуле еседі келбетінен.
Тауға салса жігері шағылмаған, Жігіт аз ба төрге озып дамылдаған. Жүрегіңе үңіліп көрмек болып, Димаш бірде өзіңді қабылдаған.
Жүрегіңе тереңдеп үңілгенде, Көп нәрсені аңғарған түріңнен де. Ақ боз атқа мінгізіп, аттандырған
Шымылдығы шындықтың түрілгенде.
Аты шауып тұрса егер өрге қарай, Азамат ер шықпайды төрге қалай. Жұлдыз болып көгіңде жанып тұрды, Жанарыңның ішінде сөнген арай.
Тал бойыңа ақ арай нұр таралып, Көтерілдің биікке тұлғаланып.
Туған жердің тамырын бұлқындырған Өміріңнің өзені тулап ағып.
Мына сұрқай заманда қайғы атылған, Үйлер қанша тұнығы шайқатылған. Сен бар жердің бәрін де,
Буырқанып,
Таудан аққан бұлақ та қайта тұнған.
Жұртың сені айбарлы сұс көреді, Соның өзі бойыңа күш береді.
Оу, Өмеке, өйткені жүрегіңе, Димекеңнің сәулесі түскен еді.
- ТУҒАН ЕЛДІҢ САРҒАЙДЫ ЖАПЫРАҒЫ
Жеке Басқа жұрт түгел табынғалы, Бастық көрсек тұрамыз жағынғалы. Болашақтың таулары көрінбейді, Жүрміз, бәлкім, адасып сағымда әлі. Туған елдің сарғайды жапырағы, Қонаевтай басшыны сағынғалы.
Қарау күштер жайлаған сұр ғаламда, Қамал бұзам деймісің тулағанда.
Ақиқаттың ауылын кім іздейді, Өтіріктің бағы артқан бұл заманда.
Ертелі-кеш күн кешкен назаланып, Шындығы өлген жұрт аз ба шашы ағарып.
Құтыла алмай сорлаған елдер қанша, Қолдан құдай кезінде жасап алып.
Алға ұмтылсын, ендеше, кім құлшынып, Кешке қарай батады күн күрсініп.
Құзырлының шыға алмай құрсауынан Үкіметтің өзі де тұр тұншығып.
Басқара алмай ел ішін бүлдіргелі, Жұпар атпай тұр әлі қыр гүлдері. Ардың сөзін сөйлеген ердің бәрі, Ажал құшпай тұра ма бұл күндері.
Ер жолына құрылып қара қақпан, Өзен қанша адасып далаға аққан. Қай қазақтың басы деп қайғы жұтам, Басты көрсем домалап бара жатқан.
Көктем болып қарамай желегіне, Кесек атқан сұм қанша тереңіне. Теңдік сұрап, тебінген өз халқына Оқ атқызған биліктің керегі не?!
Зауал туған мезгілде мұнар қуған, Қашан ойлы көздерден мұң арылған. Азамат ер басқармай ел оңбайды, Қонаевтың рухына суарылған.
- ӨЗЕН ЖАҒАЛАҒАН
Тұнық ойлы көзімнен от өріліп, Талай жерге келіппін төте жүріп.
Ұшып бара жатады саған қарай
Ақ сұңқар жыр кеудемнен көтеріліп.
Тұғырлы елдің көз салып түлегіне, Мүмкін жеткен шығарсың тілегіңе. Қонаевтың көңілі
Кім болар ең,
Сәуле болып түспесе жүрегіңе.
Тағдырыңның көп болып бұралаңы, Сені қайда салмады шырғалаңы.
Мүмкін ақын болар ма ең, кім біледі,.....
Бұйырғанда Абайдың жыр қаламы.
Мұқала ма ақ семсер жүзі кетіп, Ерлер күрең мінсе егер кісінетіп. Жағалаудан қол бұлғап тұрдың қанша, Тасқындардың бәрінен жүзіп өтіп.
Тіршіліктің бойламай тереңіне, Бөленем деп ойлама желегіне. Туған елге сәулесі бір түспеген Жуан қарын байлардың керегі не?!
Қызық іздеп сарсылған құба белден, Көңіл қалды қаншама тұлғалы ерден. Байлар, бәлкім, қаша ма мұхит асып, Байлықты артық көрмесе туған елден.
Ер-тұрманын алтындап, күмістеген, Жігіт қанша көкірегіне күн түспеген. Оу, Өмеке, шалқыған даряның Шөлдегенде суынан кім ішпеген.
Бәрін түгел кезсем де көшелердің, Бірі көзге түспеді көшелі ердің.
Бірақ сендей өзенді жағалаған Талған емес ешқашан өзегі елдің.
- ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫ
Намыс қалып жайына, ұят қалып, Байлық қуған жан қанша жиі аттанып. Жігіттерді көп көрдім нар тұлғалы, Жүретұғын асқар тау сияқтанып.
Мүмкін бақыт қонды ма жөргегінде, Жайғасады жардай боп төрге күнде. Бәрі қуыс кеуде боп елестеді,
Сырын тыңдап солардың көргенімде.
Жанарында көрмеген жұлдыз жанып, Соның бірі алдымда тұр сызданып.
Қоқыс салып ішіне Аузын буған
Қара қанар секілді тығыздалып. .............
Дүр дүние алқымнан тұр қылқынып, Алға шықсын мұндайда кім жұлқынып. Туған елдің намысы тапталғанда, Бұлар, бәлкім, көрді ме бір бұлқынып.
Өршіп тұрған мезгілде қылмыс күнде, Кім сөйлесін Ар толғап, құрыш үнде. Атқа ақырып қонатын ер көрмедім, Ұлт тағдыры тұрғанда қыл үстінде.
Бақыт бар ма жалғанда елге жетер, Бейбіт күннің бесігін тербете бер. Адамдардың түрінен көрінеді, Қандай болса қоғамның келбеті егер.
Қарт Қаратау ызалы күркіреді, Қай кезде елдің намысы сілкінеді.
Бәлкім, қазақ қоғамы қоқыс салып, Аузын буған қанар ма, кім біледі?!
- ЕЛ БАСҚАРСА РУХЫ ЖОҚТАР
Дүниенің көзінен сыр аулаған, Күндер қайда көгінен нұр саулаған. Билік үнін шығармай тұншықтырып, Туған елдің кеудесін құрсаулаған.
Ақша бұлты көгінде қылаулаған, Күндер қайда асыр сап қырға аунаған. Туған елдің үмітін үсік шалып, Терезесін ызғары қыраулаған.
Билік көзі қазаққа тұр аларып, Жұртын түгел тоғытып, мұңға малып. Қалай төзем жазылып жатса егерде, Тарихымның шындығы бұрмаланып.
Қалаға ескен зауалы, далаға ескен, Жамандықтың қай кезде қарасы өшкен. Ешқашанда құлдықтан құтылмайды, Ата қазақ ел болмай санасы өскен.
Бәлкім, содан жарамсақ ақсақалы, Ақша,
Байлық... бәрінің аңсағаны. Азаттықтан не пайда?
Тұрмаса есіп,
Адалдықтың аңқылдап ақ самалы.
Қасіреті тұрса егер түр-өңімде, Күңіренбей қайтейін күрең күнде. Жаңаөзеннің қайғысы жазылмайтын Қара дақ боп қалды елдің жүрегінде.
Туған жердің балта ұрған терегіне, Көктем болып қарай ма сері еліне. Жоғын жоқтап, даулаған өз халқына Оқ атқызған биліктің керегі не?!
Көз көрмеске жоғалса тылсым арай, Күшік-арман қайтеді қыңсыламай. Ел басқарса бойында рухы жоқтар,
Елдің рухы жаншылмай тұрсын қалай.
- БӘЙТЕРЕКТІҢ БҰТАҒЫ
Жауын жеңіп, дауын да шеше білген, Туған елдің байыған есебінен, -
Атқа мінген апайтөс ақымақтан Арқар кеуде есті артық есек мінген.
Сағыныштың сазымен тербетіліп, Тауға қарап өспей ме ер жетіліп. Бұрынғылар баулыған ізгілікке Ұрпақтарын қасына ерте жүріп.
Бірі олай тартатын, бірі былай... Бүгінгінің бәрі де тірі құдай.
Сауық құрып, той тойлап, асыр салған Бұл қазақта дәурен жоқ бұрынғыдай.
Билік тисе арманы аласаға, Атқа мінбей тұра ма бала-шаға. Төрге солар жайғасып,
Абыз қарттар
Құйрық басқан көнетоз алашаға.
Түні бойы жортады ұры жатпай, Күзететін ер қайда тыным таппай. Адалдықты кім іздеп сарсылады, Су басынан жатқанда тұнып ақпай.
Тегіс жердің өзінде мың жығылып, Алға ұмтылған боламыз құр құлшынып. Тәуелсіз ел болсақ та,
Ұлттық рухым
Көзін әлі аша алмай тұр тұншығып.
Ару ана асыл ер тумағалы,
Ер шықпады ар-намыс қуған әлі. Алты алаштың тамыры ауылда еді, Тұрған жоқ па құрт түсіп қурағалы.
Арнасында толқындап аққан арай, Жұрт жетеді, ендеше, баққа қалай. Бәйтеректің бұтағы айтшы, ағатай, Неге иіле береді жатқа қарай?!
МАЗМҰНЫ
Астанамда бұтағым гүл жарады,
Рафаэль НИЯЗБЕК
ШЫҒАРМАЛАР ЖИНАҒЫ
3-ТОМ
Редакторы Әлсейіт ОСПАН
Қате түзеуші Қазына НҰРМАХАНОВА Беттеуші дизайнер Мақпал АЙТАҚЫНҚЫЗЫ Техникалық сарапшы Нүркен СҮЙЕУБЕКҰЛЫ
ИБ №13
Басуға 30.07.2014 ж. қол қойылды. Пішімі 84х108 1/32. . Офсеттік басылым.
Қаріп түрі “Journal DT”. Көлемі 20,0 шартты баспа табақ.
Таралымы 2000 дана.
Тапсырыс №13.
«ҚАЗақпарат» баспа корпорациясының баспаханасы
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?