ШЕР - Тұңғышбай әл-Тарази


ХХІ ғасыр – адамның жан-дүниесін ақтарып шығаратын ғасыр. Күллі ғаламшарға жайылып бара жатқан өркениет адам баласының әрқайсысының ішкі рухани арналарын ашып, ақиқатын өзге өлшеммен таразылауда. Бұл орайда, әсіресе, өнер саласындағы тұлғаларға түсіп тұрған салмақ ересен. Олар өздерінің бұрынғы өмір тәжірибелері мен өнер-қазыналарын жаңаша сараптап, әлемдік даму негіздеріне сәйкес өзгеше қорытып, қайта қорытындылап, мүлде басқа сапада жаңа ұрпақтың алдына қоюға тиіс. Бұл – ғасыр талабы.

Бұл – аса көрнекті театр және кино актері, режиссер, Қазақстанның халық артисі, ҚР Мемлекеттік және Жастар одағы сыйлықтарының, Халықаралық Жамбыл, Махамбет атындағы сыйлықтардың лауреаты, өнертану ғылымының кандидаты, ЖАК профессоры Тұңғышбай Қадырұлы Жаманқұловтың төртінші кітабы. Бұған дейін қазақ оқырмандарына өз қаламынан шыққан «НАЗ» (2000 ж.), «СӨЗ» 1-том (2008 ж.), «СӨЗ» 2-том (2008 ж.) кітаптарымен кеңінен танымал болған Тұңғышбай әл-Таразидің (Жаманқұловтың) «ШЕР» деген атпен ұсынып отырған осы кітабы, негізінен, бұрын-соңды баспасөз беттерінде жарияланып келген мақалаларының жиынтығы. Кітап «шымылдықтың ар жағы» және «шымылдықтың бер жағы» атты екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде ғалым актердің бұрынырақта бастау алған ғылыми-теориялық зерттеулері мен өзіндік еркін ой-толғаныстары жалғасын тапса, екіншісінде театр шымылдығының арғы-бергі жағының көрермен көзінен қалтарыстағы перделерінің бетін ашуға тырысқан әңгіме-сұхбаттары жинақталған. Ертеректе, шәкірттерінің дипломдық жұмысына арнап тәржімалаған «Жел үрлеген жалын» атты бір актілі драмасы да осы кітапқа еніп отыр. Кітаптың тілі шұрайлы, автордың ой-пайымдары батыл. Сахналық тұлға ретіндегі кейбір жеке көзқарастары мен әріптестерінің көпшілікке танымал кескін-келбетін кейіптеудегі таным, талғам өресі өзіндік сипаттарымен ерекшеленеді. Өнерпаз тұлғалардың қызық та қиын өмірінен хабардар болғысы, зер салғысы келетін оқырманға бұл кітаптың айтары мол. Көрнекті театр қайраткерінің әдеттегі таптаурын жолға сыя бермейтін оқшау ой-тұжырымдары мол қамтылған бұл еңбегіндегі өмір мен өнер шындығының ақ-қарасын зерделі оқырман өз көңілінің сарасымен пайымдап, бағалай алады деген ойдамыз.

Мақалалары мен сұхбаттарының кей тұстарында автордың өз заманына, замандастары мен қазіргі кино-сахна өнеріне деген ымырасыз отты ойлары да жарқыл береді. Ол өнердегі тұлғаның қай-қайсысына да тән дара мінезі болса керек. Кітап өнерді шынайы қадірлейтін қауымға арналған. 

УДК 792

ББК 85.33

Ә 54

Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитеті

Ой түбiнде жатқан сөз Шер толқытса шығады.

Ә 54

«Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша шығарылды

әл-Тарази Т.

Шер (Шымылдықтың ар жағы мен бер жағы) / Тұңғышбай әл- Тарази – Алматы: «Өнер 21-ғасыр ҚҚ», 2013, — 384 б.

ISBN 978-601-209-216-5

Асан Қайғы

 ХХІ ғасыр адамның жан-дүниесін ақтарып шығаратын ғасыр. Күллі ғаламшарға жайылып бара жатқан өркениет адам баласының әрқайсысының ішкі рухани арналарын ашып, ақиқатын өзге өлшеммен таразылауда. Бұл орайда, әсіресе, өнер саласындағы тұлғаларға түсіп тұрған салмақ ересен. Олар өздерінің бұрынғы өмір тәжірибелері мен өнер- қазыналарын жаңаша сараптап, әлемдік даму негіздеріне сәйкес өзгеше қорытып, қайта қорытындылап, мүлде басқа сапада жаңа ұрпақтың алдына қоюға тиіс. Бұл ғасыр талабы. Бұл аса көрнекті театр және кино актері, режиссер, Қазақстанның халық артисі,

ҚР Мемлекеттік және Жастар одағы сыйлықтарының, Халықаралық Жамбыл, Махамбет атындағы сыйлықтардың лауреаты, өнертану ғылымының кандидаты, ЖАК профессоры Тұңғышбай Қадырұлы Жаманқұловтың төртінші кітабы. Бұған дейін қазақ оқырмандарына өз қаламынан шыққан «НАЗ» (2000 ж.), «СӨЗ» 1-том (2008 ж.), «СӨЗ» 2-том (2008 ж.) кітаптарымен кеңінен танымал болған Тұңғышбай әл-Таразидің (Жаманқұловтың) «ШЕР» деген атпен ұсынып отырған осы кітабы, негізінен, бұрын-соңды баспасөз беттерінде жарияланып келген мақалаларының жиынтығы. Кітап «шымылдықтың ар жағы» және «шымылдықтың бер жағы» атты екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде ғалым актердің бұрынырақта бастау алған ғылыми-теориялық зерттеулері мен өзіндік еркін ой- толғаныстары жалғасын тапса, екіншісінде театр шымылдығының арғы-бергі жағының көрермен көзінен қалтарыстағы перделерінің бетін ашуға тырысқан әңгіме-сұхбаттары жинақталған. Ертеректе, шәкірттерінің дипломдық жұмысына арнап тәржімалаған «Жел үрлеген жалын» атты бір актілі драмасы да осы кітапқа еніп отыр. Кітаптың тілі шұрайлы, автордың ой-пайымдары батыл. Сахналық тұлға ретіндегі кейбір жеке көзқарастары мен әріптестерінің көпшілікке танымал кескін-келбетін кейіптеудегі таным, талғам өресі өзіндік сипаттарымен ерекшеленеді. Өнерпаз тұлғалардың қызық та қиын өмірінен хабардар болғысы, зер салғысы келетін оқырманға бұл кітаптың айтары мол. Көрнекті театр қайраткерінің әдеттегі таптаурын жолға сыя бермейтін оқшау ой-тұжырымдары мол қамтылған бұл еңбегіндегі өмір мен өнер шындығының ақ-қарасын зерделі оқырман өз көңілінің сарасымен пайымдап, бағалай алады деген ойдамыз.

 Мақалалары мен сұхбаттарының кей тұстарында автордың өз заманына, замандастары мен қазіргі кино-сахна өнеріне деген ымырасыз отты ойлары да жарқыл береді. Ол өнердегі тұлғаның қай-қайсысына да тән дара мінезі болса керек. Кітап өнерді шынайы қадірлейтін қауымға арналған.

ISBN978-601-209-216-5

УДК 792

ББК 85.33

© әл-Тарази Т., 2013

© «Өнер 21-ғасыр» қоғамдық қоры, 2013

АЛҒЫ СӨЗ ОРНЫНДАҒЫ АҒАЛАР ОЙЫ

  •  Сарабдал суреткер салған жол

 Қазақстанның халық артисі, ҚР Мемлекеттік және Жастар одағы сыйлықтарының лауреаты, өнертану ғылымының кандидаты, профессор, қазақ театры мен киносының майталман қайраткері, ел ішіндегі ең қадірлі һәм танымал актерлеріміздің бірі Тұңғышбай Жаманқұлов

  • өнер жасаушы ғана емес, сол өнердің кәсіби деңгейі мен болашағы жайлы ой қозғап жүрген ірі тұлға. Ол өзі айтқандай, өтірік өнер жасаушылар мен жалған марапат жолында неден де болса тайынбайтын, қасиетті де киелі өнерді қара басының қамы үшін тәркі етіп кете беретін жағымпаздар мен жылпостарға, кекшілдер мен жікшілдерге мейлінше жаны қас өнер иесі. Ақиқат айтамын деп кейде ащы да кетіп қалатын тұстары бар. Бұл үшін оны кінәлаудың қажеті жоқ. Сыпайылап айтқанды елең қылмайтын құлағы мүкіс, санасында саңылау жоқ жасанды өнершілерге айғайлап айтпасаң естімейді, айызың қанбайды. Оның жанына бататыны да сол баяғы ескі кесел
  • өнердегі кеудемсоқтық, жалғандық, қызғаншақтық пен жарамсақтық, түймедейді түйедей, тарыдайды таудай етіп көрсетуге тырысатын өнердегі өлермендік. Тағы да өз сөзімен айтқанда, «өресі жетпейтін өнерге өңмеңдей беретін Бейімбеттің мырқымбайлары» оның жан айғайын туғызбай қоймайды.

 Тұңғышбай бұл кітабымен өзінің қалың көрермендерін оқырманға айналдырып, көкейге түйген ойларын жеке кітап етіп ұсынып отырғаны аса құптарлық қадам деп ойлаймын. Осыған дейін көпшілік оны актер әрі режиссер ретінде танып, мойындап келсе, енді ол кейінгі жылдары мүлде жаңа қырынан театр мен кино сыншысы һәм терең зерттеуші-ғалым ретінде көрініп жүр. Таза суреткерге тән сараптау мен талдау, өнердегі өтірікті

білімдарлықпен әшкерелеу, таза өнер мен жалған өнердің ара жігін біліктілікпен ажыратып бере білу – Тұңғышбай Жаманқұловтың басты қасиеті және өзіне ғана тән даусы, өз үні, өз топшылауы. Оның мақалалары мен сұхбаттарын баспасөз беттерінен талай оқып, «Мәдениет» журналының беттерінде солардың біраз бөлігін жариялаған да едік. Енді сол еңбектердің бәрі бір кітапқа топтастырылып, оқушы қауымға ұсынылып отырғаны өте құптарлық жай деп есептеймін.

 Бұл кітап арнайы мамандар үшін ғана емес, қалың көпшілік үшін де құнды да қызғылықты еңбек болмақ.

Дулат Исабеков,

 жазушы-драматург, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты

  •  Іні әріптестің ірі еңбегі

 Жалпы, сахнадан түспей, тиянақты өнер көрсетіп жүріп, өзінің және төңірегінің шығармашылық әлемі жайында толымды теориялық зерттеу жазып жүрген актер әзірге жоқ десе де болады. Тұңғышбай Жаманқұлов сылбыр дамитын тарпаң мінезді, асау жалды театртану іліміне жаңа да батыл талдауларымен келгенін қанағаттылықпен атап өтуіміз керек. Осыған дейінгі пікірлер мен театр сынында етек алып, дәстүрге айнала бастаған «жауырды жаба тоқу» сияқты шындықты бүркемелеу әдеттерін батылдықпен бұзып, сахналық өмірдің арғы-бергісі мен іші- сыртын ашып айтуда автор түреннен жол салады. Өнер мен өмірдің ащысы мен тұщысын сылап-сипамай шынайы әңгімелеуде Тұңғышбай Жаманқұловтың «арпа ішінде бір бидай» сынды, адалдықтың ала жібін аттамайтыны қолыңыздағы туындыдан анық байқалады. Алғашқы кітабы

«Назда», кейінгі екі томдық «Сөз» атты ғылыми зерттеуі мен естелік-эсселеріндегі шындықтың жалауын мұнда да еш төмендетпегені өз әріптестерін адами һәм суреткерлік ерлік пен өмірлік ұстанымға адал болуға жетелейтіндей.

Маман Байсеркеұлы, ҚР халық артисі, ұстаз-режиссер,

профессор

...Я каждый раз на сцену - как на исповедь!!

Она мне как плаха

и пьедестал...

(Орыс актерлерi айтатын

әннен)

БІРІНШІ БӨЛІМ

ШЫМЫЛДЫҚТЫҢ АР ЖАҒЫ

(Ғылыми зерттеулер мен мақалалар, аударма)

БІР ҚОЙЫЛЫМ – МЫҢ БІР УАЙЫМ

немесе

Тараз театрындағы бірінші кеш

 Қазақстанның театр өнерінің бүкіл ел ішілік дамуы мен өркендеуінің жарқын көріністерінің бірі – Жамбыл облыстық қазақ драма театрының бүгінгі шығармашылық жолы. Өткен ғасырдың отызыншы жылдарында шымылдығын ашқан бұл қасиетті өнер ошағы бұрылыс-бұлтағы көп өнерпаздық сүрлеудің барлық ойпаң-қыратты өткелдерінен абыройлы өтті. Актерлік құрамында кезінде Шәріпбай Сәкиев сынды халық арасынан шыққан хас таланттар болған бұл театр бүгінде Әулиеата өңірінің ең әйгілі өнерпаздары деңгейіне жеткенін ашып айтуымыз керек. Бұған дәлел театрдың қалыпты шығармашылық дамуы, оған себеп алабөтен даңғазалықтан ада, орнықты һәм еңбекқор ұжымының татулық тәрінен өрбіген өнегелі, алашапқындықтан аулақ, қоңыртөбел болғанмен, қарымды да өркенді қызметінде екені күмән тудырмайды. Қайсыбір жылдары кейбір көркемдік басшының ойдақ-сойдақ басқару стилінен бір- екі жыл талғамдық адасушылық көрген театр қазіргі кездері едәуір табыстарға жетіп жүргенін жасырмаған ләзім. Қайткен күнде де театр өнерінің табыстары мен тоқыраулары кезеңдік, әлеуметтік я болмаса қоғамдық формациялардың өзгеріп, құбылуына ғана емес, төтелей ол ұжымды басқарып, бағыт-бағдарын екшелеп отыратын тұлғаға, ұжым серкесіне де байланысты екенін мойындау керектігін білсек те, осы бір шындыққа етіміз үйренбей-ақ қойғаны көңілге қаяу түсіреді. Бұл проблема, тек облыстық театрлардың ғана емес, орынды-орынсыз мақталып, кеуделеріне нан пісіп жүрген алматылық өнер ұжымдарына да тиесілі. Рас, бүгінде мәдени һәм қаржы орталығы саналатын Алматы театрлары бұл өнердің көшбасшысы екенінде ешбір дау жоқ, алайда алыс боп есептелетін қайсыбір облыстық ұжымдарға мұрын шүйірмей тең өлшемде қарайтын уақыт әлдеқашан жеткен, өйткені айтарға ғана алыс боп есептелетін бұл «ауылда» да әжептәуір ауыз толтырарлық қойылымдар жиірек дүниеге келері жасырын емес. Сабырлылығы мен кішіпейілділігі

асып-төгіліп, аңқылдап жүретін бұл өнер ошақтары өздерінің қарым-өрелерін бажайлап беру үшін Алматыдан сыншы-міншілерді аттай қалап шақыртып-ақ жатады, алайда, ол шіркіндердің көпшілігі «билік» айтарда білімділік биігінен көрінді немесе әділеттің ала жібін аттамады дегенге көздің жетуі қиындау. Аңқау елге арамза молда көрініп, өтірік мақтап, я болмаса, танауларын аспандатып даттап кететіндері жасырын емес. Сондағы уәждері мен талдауларында ғылыми негіз бар ма, жоқ па, оны ажыратып жатқан ешкім болмайды. Өйткені, әлгі сыншы-сымақтың ондай негізге алдымен өз өресінің жету-жетпеуі екіталай, ал оң мен солды танып қалған облыстық театрлардың білікті өнерпаздары әлгі сыншымыз «кімсің – алматылық» болған соң, иба мен сабыр, тәртіп сақтап, іштей тынып қала береді, көбісі олардың негізсіз «әләуләйліміне» келіспейді, жандары жараланып жатса да, мельпоменаның көзіне шөп салмай, азапты «өмірін» жалғастыра береді. Бұл қасиет олардың ынжықтығынан немесе талғам деңгейінің пәстігінен болмаса керек, өнерге деген есепті емес, ессіз берілгендігінде, мәжнүн махаббатында, орталықтық адуын кеуде «мен тұрғанда – сен кімсіңдерден» әлдеқайда әдептілігінде болар.

 Театр теориясы мен ғылымының ұйығына түсіп, Ұлттық ғылым академиямыздың М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының аға қызметкері ретінде арнайы тапсырма алғандықтан, Тараз театрының бағыт-бағдарын талдап көру ниетіміз әп дегенде осындай ойларға жетелеген. Оған бірден-бір себеп, облыстық ұжымдардың біразының өмірі мен қам-қарекетінен азын-аулақ хабарымыз болғандықтан және де олар жайында айтылып-жазылып жүрген, зерттеу деп зерделеуге келе бермейтін кейбір кедей, арзан пайымды әсер-жазбалармен таныстығымыз еді. Қазақ театр сынының жалғыз жауынгері, сексеннен асса да сыншылық сертінен таймай, шын сынның өртінен қаймықпай жүрген жалғыз ғылым докторы Б.Құндақбайұлынан өзге, айту мен жазуға аса сақ А.Қадировты қоспағанда анау дейтін театртанушы жоқтың қасы екені де ақиқат. Ал, Әулиеаталық өнер ұжымының өрелі орда екеніне төл театрының 70 жылдық тойын тап-тұйнақтай етіп ұйымдастырып, онда да аста-төк

һәм ысырап дастарқанға емес, зерделі мереке-фестивальға айналдырғанын көрген, соған қатысқан талайлардың көзі жетіп, көңілі шаттанғаны тағы да ақиқат. Сондағы шаралардың бағдарламасы аясында көзіміз шалған бір-екі спектакльге ішіміз жылып қалғандықтан, күнделікті ағымда жүріп жатқан репертуардағы алғашқыда қоңыр қозыдай қарапайым саналатын қойылымдардың талғам-өресі мен қарым-қажырының ара жігін ажыратуға асыққанымызды жасыра алмаймыз. Адалын айтар болсақ, алғашқы үкілі үмітіміз алданбады, шығармашылдық ұжым бірқалыпты өмір сүріп жатыр екен. Өзге облыстық театрлар айлап

«демалып», сахналарына мүк шығып, шымылдықтарын шаң басып жататынын білетін біз, туған Таразымызда аптасына үш-төрт қойылым ойналып, көрермен залы әжептәуір жиналған адам демінен жылып, жадырап тұрғанын көріп, қуанып, марқайып қалдық, спектакльдерді сыдырта, сүйсіне қарап шықтық. Басып айтайық, қасып айтайық, өзгелер сынды жерлестік, жиендік, туыстық деп аталатын аурудан алыс қондық. Жалпақшешейлерше жауырды жаба тоқып, жасып емес, жанымыз ашығаннан, әлімсақтан белгілі бірбеткейлігімізге басып, ғылыми-теориялық тұрғыдан артық-кемін ашып қарауға тырыстық. Сол сүреден саулап келген, сан-саққа сапар шеккен сара талдау, саналы зерделеуіміздің әзірге бір ғана қойылым төңірегінен өрілген, сөйте тұра мың сан мұңға шөктірген, арман деген ащы зарға бөктірген ой-тізбегіміз өз ойымызша төмендегіше түзілді. Айтпай кетуге болмас тағы бір ашық мәселе – бұл жазбалар жеке ойымыз, біздікі ғана жөн дейтін жүгенсіздіктен де, иншалла, аулақпыз. Хош, сонымен...

 Актер әрі режиссерлікті қосақтап жүрген, енді міне драма жанрына да жанаса бастаған Оразбек Әлімбековтің «Бір түп алма ағашы» атты мелодрамасы бүгіндері Қазақстанның күлліге жуық облыстық театрларының репертуарынан берік орын алған сыңайлы. Уақиғасына бір отбасының аянышты тағдыры өзек болған бұл пьеса біраз жылдардан бері сол театрлардың кассалық ойыны болып тұр. Сонау 90-жылдың ортасында Қарағанды театрының сахнасында өмірге келген бұл туынды Жезқазған қаласындағы ол кездері жылда

өткізілетін театр фестивалінде алғаш көрсетілген болатын. Шынымызды айтайық, ұнамаған. Режиссурасы есімізде жоқ, сірә автордың өзі болуға керек, шамасы. Драманың уақиғасы, конфликтілердің түзілу әдісі ескі сүрлеу ізімен, көңілшек қазақ көрерменін баяғыдай көз жасын көлдетіп жылату мақсаты көзделгендіктен бе, әйтеуір көңілге қонбағаны ақиқат. Мұндай кері серпілісті сезімге жетелеген сол кезеңде көптеген театрларда әлі де орын алып келе жатқан, жазған автордың ізімен ғана жүретін режиссуралық үрдіс еді. Пьеса қалай жазылса, соны айнытпай сахнаға көшіре салу да режиссерлік боп есептелген уақыт болатын. Ондай режиссураның жөргегіне құндақталып, аяқ-қолы мен ой-қиялы тұсаулы актерлер қауымы да ешбір қарекет, қимыл көрсетпей, құдды орта мектептің әдебиет пәнінің үйірме мүшелері сынды рольдерін сахнада тұрып «оқып» қана шығатын. Бүгіндері жиі айтылып жүрген актерлік ойын режиссурамен теңдей суреткерлік өре деген өлшем, театр төрінен тарпаң мінезді болғанымен ақылдылығынан алымды актер Нұрмұхан Жантөринмен бірге қуылып,

«сахна патшасы – актер» атты ұғым көзден бұл-бұл ұшып, құлдыраңдаған құл-марионет өнер құнжыңдаған кез еді ол. Одан бері талай су ақты, мұз еріп, тоң жібіген, ол тұрмақ орындаушылық өнерді опырып-таптап, бастарын көтертпей отыз жыл бойы омыраулаған Мәмбетов режиссурасының – жойқын узурпаторлық «тепкісінің» де уақыты бітуге таяу. Режиссураның реті мен пошымы Мәмбетов мектебі деп есептейтіндердің жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай жамырай бастағаны бар-ды. Сынықтан басқаның бәрі жұқпалы демекші, сол себепті де қойылымды көңілімізге едәуір секем алып қарағанымыз анық. Пьесаның әдеби ұстынының жоғарыда келтірілген кемшілігінен хабардар болғандықтан да жаңа шешім, соны стиль, бөлек қалып, өзге режиссуралық «оқуды» күтіп, К.С.Станиславскийдің теориялық талдау тілімен айтқандай, адам жанының құлыпты құпиясының құндағы іспетті көрінетін, қан шымылдықтың ар жағындағы сахна деп аталатын құдіретке демімізді ішке ала көз тігіп, «төртінші қараңғы қабырғаға» дегбірсіздене үңіле түстік.

 Алайда, қойылымның режиссері Мұрат Ахманов біз күткендей күрделі шешім іздеп күлбілтелемегенге, аса алашапқындап әуре болмағанға ұқсайды, спектакльдің архитектоникалық, формалық жағын ерекшелеуге, ешқандай жаңалық ашуға тырыспаған екен. Соған қарамай, жаныңды ауыртып жабырқатып отыратын уақиға желісі, ең бастысы, актерлердің әрекет табиғилығы, шынайы сезімге шомылған өміршең ойындары арқылы спектакль көрермен жүрегіне әжептәуір жол тапқан сыңайлы. Қойылым жеңіл қаралады, сахнада басы артық, көзге өрескел көрінетін мизансценалар, кейде орынсыз қыстырылып жататын режиссерлік финттер де жоқ. Сахналық уақиға пьеса ізінен ауытқымай, сабырмен жылжып отырады.

 Суретші де қарапайым, қойылымды көруге келген көрермен пьесаның атын ұмытып қалмасын деп әдейі әйгілегендей, сахнаның дәл ортасынан бір түп үлкен алма ағашы көрінеді. Әр жерден ара-тұра жарыққа шағылып әлде алма, әлде шыршаның ойыншықтары ма екен, әйтеуір жылтырап бірдеңелер назарға ілігеді. Тозығы жетіп, қисая бастаған үй айнала қоршалған шарбақтың қалдығы бас иенің жоқтығын еріксіз еске салады, марқұм болған әкелерінің бір кездері балаларына қолдан жасап берген ойыншық ағаш ат болса, жетімсіреген күйі елеусіз шайқалады. Әдемі-ақ көрініс.

 Музыкамен безендірілуі де қиыннан қиыстырылып, өзгеше әуен мен екпін іздестіріліп, я арнайы сазгерге жаздырылмаған. Жетпісінші жылдардан бастап көп уақыттар бойы әр жаңа жылда теледидардың экранынан түспейтін Эльдар Рязановтың «С легким паром...» фильмінің лейтмотивтік әуені.

 Басты рольдегі Қазақстанның халық артисі, театрдың еңбекқор өнерпаздарының бірі Мәкен Рахымжанованың нұсқалауындағы Дәметкен бейнесі көптеген театрлардың сахнасында талайдан бері тапжылмай жүріп келе жатқан қойылымдарындағыдай, күнде болмаса да, күнара көріп жүрген жалғызілікті кейуана. Жұмыс бас-ты болып, әрқайсысы өз от басы-ошақ қасы, жеке проблемаларымен күйкі тірліктің күйбеңінде жүрген ұл-қыздарының қамына

қайғыратын қаймана қамкөңіл әйел. Актрисаның мол тәжірибесі мен шеберлік қырларына шәк келтіруден аулақпыз, алайда осы тақылеттес рольдерді сахналауда қазақ театрларының бәріне де тән таптаурындықты бірден байқағанымызды жасырмаймыз. Аналардың бәрі де міндетті түрде жесір, ойлылығы мен мұңлылығы бір сарынды, айтқан сөздері мен істеген істерінің бәрі де «жағымды», сонда-а-й бір жақсы-ы адам боп келеді. Неге екені белгісіз, әйтеуір бір бұрқыраған, буырқанған мінезді аналарды сахнадан көрсетуге қимаймыз ба, құдды шеше сыйламайтын кәпір боп қалатындай көрініп, ана деген таза ұғымды былғап алатындай боламыз ба, өкінішке орай, соншама үлбіретіп, шарасыздандырып, аяғын жер иіскетпей көтермелеп, ойдан шығарылған жансыз сүлдені көрерменнің санасына тықпалаймыз келіп. Осындай өтірікке жақын кейіпкерлер, талай елдің өнерімен таныс, көп нәрсені түсінетін көзіқарақты көрерменнің көңіліне қаншалықты қонымды екенінен хабарымыз болмайды. Адам сенбейтін ертегі ұйымдастырып, өзімізді өзіміз сол ертегіге сендіруге тырысатынымыз тағы бар. Мейлі, тіпті автор солай жазсын-ақ дейік, өмірде сондай барлық жағынан да «жағымды» аналар бар делік, алайда режиссер мен актерлердің суреткерлік сызбасы мен өмірлік

«мұңлық-сұмдықтан» өрбіген сахналық шындықтың тұнбасы деген қайда? Немене, өмірде өздерін «жақсы» көрсетуге тырыспайтын, тіптен ол жайлы ойламайтын, ойлауға уақыты да, құлқы да жоқ қарапайым, тырбаныш тірлігін үнсіз тындырып жүретін, басқан ізі білінбейтін, аналық парызы мен махаббатын бұлдаудан мүлде хабарсыз аналар жоқ па? Бұл орайда ақталмақшы болып, алдымызға көлбеңдеп тосар уәжіңіз – сахналық шындық пен өмірлік шындықтың көркемдік ара жігі шығар. Сонда өмірлік шындықты сахнаға икемдеп көркемдеу дегенде, ойдан шығарылған өтірік өмір ұйымдастырып, жалған бейне жасау керек пе? Мелодрама дегенге миға сыймайтын бейнелер мен құлаққа кірмейтін уақиғалар құрастырып, шындығы мен логикасы нәкүмән, шикі дүние жазып не керек, оны енді сахнада сол күйінде цирктің үйретілген аттары сынды қайталап көрсетудің қаншалықты қажеті бар?! Алайда,

осындай драмашылар мұндай шығарманың тым саяз, шикі күйінде болатынын, айтар ойын жеткізерде (егер бар болса, көбіне уақиға желісін айтар ой деп ұғынатынымыз өтірік емес) шашыраңқылыққа ұшырап, ұтқыр сөйлем мен мәнді тіркес құрастыра алмай, көшеде, жол-жөнекей айтыла салатын салақ сөйлемдерге, олақ уақиғаларға ұрынатындарын мойындарына ала бермейді. Өзінің театр мен драма жөніндегі еңбегінде зерделі зерттеушілердің бірі Э.Бентли былай дейді: «...Соңғы онжылдықтарда осындай шикі негіздерге сүйеніп, диалог құрастырмақ болған бекер әурешілікке куәгер болып жүрміз – өйткені, бәріміз сол сұрқай өмірдің құрсауындамыз, соны өзімізге әуес қылып алдық; сұрқай болғанда да «өмірдегідей» дейтін күбір- сыбыр мен күлдібадам сөйлемдерден ұялмайтын болдық. Сондықтан да, таза өнер мен жай өмірдің айырмаларының бәрін талақ етуге бойымыз үйреніп алды. Осындай, жай өмірдегі қарабайыр сөйлемдермен әдіптелген мінез-құлық пен уақиғаны көркем шығармаға қолдануды натурализм деп атап жүрміз» [Бентли Э. Жизнь драмы. – М.: Искусство, 1978. 77 б.]. Сол үшін де, «шынайы өмірді жазамыз» дейтін, театр теоретигі Э.Бентлише айтсақ натуралист, «өміршең» драматургтер шынтуайтына келгенде, өнермен үш қайнаса сорпасы қосылмайтын «тап өмірдегідей» солғын суреттері мен қарабайыр сөйлемдерін таза өнердің шикілік сыймайтын сырлы табағына түсіріп алуы бек мүмкін. Пьесалардың екінші бір түрі көшеде, ас үйде ауызекі айтылатын қарадүрсін сөздерден тұратын болып жүр. Онда қазақтың шұрайлы тілдік образы мүлде жоқ, керісінше дүбараланған, ретті-ретсіз бұрмаланған, әуені мен ырғағы бұзылып

«орыстанған», орынды-орынсыз «қыдырып жүрген» кедір- бұдыр, кібіртік сөздерден тіл сынады. Мұндай пьесаның уақиға желісі бір қалыптылығынан, жадағайлығынан іш пыстырады, онда жарқын өмір де, жарқын көңіл де жоқ. Енді бірі – пьеса деген аты болмаса, драма деуге дәтің шыдамас ұзын сонар баяндау мен шикі диалогтарға жіктелген, өзі мен өзіне таныс-туыстарының басынан өткен жұтаң уақиғаларға құрастырылған қатардағы, әйтеуір бір қарап шығуға болатын ортақол прозалық шығармаға жақын.

Ондай «пьесалардың» қойылуы былай тұрсын, аяғына дейін оқылуы да дүдәмал. Бірақ, кім біледі, бұлай кесіп айту да артықтау болар, бәлкім, қойылып та жатқан шығар, «әр кәллә- дә – бір қиял» деген, түптеп келгенде, бәрі де театрдың көркемдік ұжымын басқарып отырған, оның репертуарлық саясатын бажайлайтын, біз жоғарыда тілге тиек етіп кеткен

«бастықтың» басқару тәжірибесінен гөрі талғам-білімі мен суреткерлік өре-қарымына, адами парасат-пайымына да байланысты екенін уақыт талай көрсетті.

 Дей тұрғанмен, драмағаасүйдегіауызекісөзарзандық етеді десек те, күнделікті тұрмыста пайдаланылатын әңгімелесу тілімен байланыс та қажет, ол стиль сахналық шығарманың сүйегінде сақталуы тиіс. Сипаты жағынан жасандылау емес, жай әңгімелесу тіліне құрылған драматургиялық диалог натурализмнің негізгі үлгісін сақтайды. Бір жағынан қарағанда, натурализм пьесаларда спектакльдің көркемдік деңгейін түсіріңкіреп алатын сияқты, әсіресе, қарақты өнер

– қарапайым деректі хроникаға, қарабайыр суреттерге бет бұрғанда осындай қауіп тудырады. Сөйте тұра натурализмнің пайдасы да, өз жетістіктері де бар, оны мойындау керек. Ең бастысы, ол, қойылымға өмірдің әсіре қоспасыз шындығын енгізеді. Залдағы көрермен сахнадан өзіне үйреншікті сөздерді естігенде, көмескіленбеген ойды түсінгенде бірден өзін таниды, өзі күнделікті араласып жүрген адамдарын көреді. Көреді де «иә, бұл маған таныс, менің көршім солай дейді, менің шешем тура осындай» деп, сахнадағы оқиғаға алаңсыз сенеді. Әсіресе, драматург жекелеген жерлерде, қалада, ауылда айтылатын диалектілерді пайдаланса, көрерменге ол тіпті жақын көрінеді. Қазіргі көрерменнің біраз бөлігі натурализмдік үлгідегі пьесадан түзілген спектакльдің анық, түсінікті түрін қабылдайды. Ал, қайсыбірі сахнадан күнделікті күйкі тірлікте таптырмайтын, нағыз өмірде жоқ сезімді, онда бола бермейтін уақиғаны негізге алған, алайда шындықтың шылбырынан ажырамаған арманшыл пафостан да ада емес, поэтикалыққа жақын өзге өлшемдегі, ойы орманды, сыры сындарлы, қалың қатпарлы қойылымдарды тамашалағанды ұнатады. Талғамға талас жоқ деген.

М.Рахымжанованы бүгінгі күнгі қазақ актрисаларының

жүйрігі ретінде мойындай отырып, бұл жұмысын ойда жүрген проблемаға теориялық талдау жасау үшін тілге тиек ретінде пайдаланғанымызды ескертіп, төл театрымыздың режиссурасы мен драмашыларына деген наз ретінде жоғарыда жіктелген айығар-айықпас ауруларымыздың аты мен түсін жасырмай айтып, ащы шындықтың бетін ашуды қаттылық деп есептемейміз. Өйткені ол дерт қазақ театрының үлкенді-кішілі сахналарының барлығын да дерлік жайлаған десек болады, керек десеңіз атағынан ат үркетін Әуезов театрын да айналып өтпеген. Жадағайлатып, орағытып, көңілжықпастық қолпашпен көтермелеп, өп-өтірік мақтаған мардымсыз мақалалардан ұшпаққа ұшпаспыз, ол дегеніңіз адуын мінезді автор мен арзан өнерлі актерге, кісілігінің кілті аспанда жүретін режиссерге жағынып, жақсы көріну емес, қасақана жасалған қысастық, қажет десеңіз қастандық деп білуіміз ақыл болар еді. «Өтірік, өсек, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ – бес дұшпанымыз» екенін әлдеқашан ұғынуымыз керек-ті. Әйткенмен, біздер – актер ағайындар, хәкім Абайдың осы өлеңін сахнадан сәндендіре

«мәнерлеп», майын тамыза оқып тұрып, қатпары қалың астардың көздеген межесін өз бойымыздан іздеп, осы бір кестелі сөздің көшелі де сындарлы байыбына бару баршамыздың басымызға келе бермейтіні, келсе де келісті мән бермейтініміз, ойланбайтынымыз өкінішті!

 Пьесаның басты конфликтісінің кілті ретінде автор ұсынып отырған өзекті кейіпкер – мүгедек Мақсат та көрерменге аяныш сезімін тудыру үшін әдейі жазылған образ сияқты. Автор да, режиссер де спектакльдің уақиға шиеленісінің негізгі «бомбасы» ретінде осы Мақсаттың аянышты халін алға тосады. Бұл да асып бара жатқан өнерпаздық адалдық емес сияқты, онсыз да қолыңды шошайтсаң, жылағысы келетін көңілшек, боркемік көрерменнің көз жасын үйірілдіру үшін пайдаланылған авторлық аярлық десе де болғандай. Адалына келер болсақ, адам баласының кемісті мүшелерін, туа бітті ауру-сырқау, кембағал жаратылған бейшара күйлерін шығарма тақырыбы жасау – абайлап айтқанда да асып бара жатқан тапқырлық емес. Виктор Гюгоның атақты романындағы Квазимодоның

жөні де, жосығы да бөлек призмадан қол бұлғайтыны түсінікті шығар. Романда кейіпкердің кембағалдығы емес, керемет кісілігі басты тақырып қой. Өнер атаулының көкейкесті мақсаты сахнадан аянышты сезім туғызу емес, эстетикалық ләззат, рухани тазару, көрерменге ой салу, катарсистік күй кешу болар. Санамызға осындай ойлар сыналап кіріп отырған бізді қанша жерден тасбауыр, тасжүрек деп иянаттап, рационалистер қатарына телігенмен, ақиқаты осы. Былайғы өмірдің өзінде де, көшеде кездейсоқ уақытта қандай да бір мүгедекке кездесе қалсақ, оған қол шошайтып көрсетпей, керісінше ол адамды байқамаған сыңай танытып, асқан әдеппен сырт айналамыз емес пе? Өйткені, онсыз да жаны жаралы жанды айналсоқтап, «үй, байғұс-ай» деп, жанымыз ашыған сыңай танытқанымыз сол адамның қам көңілін одан сайын босату болып табылмай ма? Осынымыз адамгершілік пе, әлде қол ұшын берген түріміз бе? Мұндай «жанашырлығымыз» әлгі адамның кері серпіліс сезімін тудырып, іштей қарсылығына, сізге деген жек көрінішіне, ашынысына ұласатыны белгілі. Жалпы айтқанда, адам баласының дене мүшелерінің кембағалдығын өнер тақырыбы етіп алу суреткерлікке жатпайтынын біразымыз білмейтінге ұқсаймыз. Осыдан отыз-қырық жыл бұрын рольдің орындалуының биік шыңы сахнада қорсылдап, көз жасын көлдету болып келгені де белгілі. Сонда әлі күнге дейін сахнадан ботадай боздап, бауыры езіле «жылау» деген адамның ең бір аянышты күйі – драмашының ең «ұтымды» стилі мен актерлердің орындаушылық талантының шырқау биіктігінің жоғарғы өлшемі болып қала бере ме? Қашанғы?! Көшеде әлдеқашан ХХІ ғасырдың алашапқын заманының арсыл-гүрсіл аласапыраны ойқастап жүр емес пе?! ХVIII ғасырдағы француз философы Дени Дидро табандап отырып мынаны айтқан екен: «тек қана сезім жетегіне үйірсектіктен ортақолды актерлер шығады, ал ортақолды сезімталдықтан нашар актерлер қатары көбейеді; сезімге көп бой ұрмаған, ақылы алда жүретін естиярлардан тамаша актерлер пайда болады» [Дидро Д. Парадокс об актере / Пер. К.Державина. – Л.-М.: Искусство, 1938. 51 б.]. Актердің орындаушылық әдістері мен оның суреткерлік табиғатын

көп зерттеген ғалым сол кезде-ақ, олардың шығармашылдық қасиетін жай әншейін ғана орындаушылық машықтан биік қоятындығы, жалпы актерлердің естияр, ізденімпаз, қажет десеңіз, сөз бен сезім пернелерін терең зерттейтін ғалым сынды болуы керектігін мегзеп отырған сыңайлы. Осыдан кейін, Мұрат роліндегі күш-қажыры мен есіл еңбегі еш, ынта-ықыласы адал актерге не уәж айтып, Б.Байкүшіковтің тәп-тәуір талантын таразылап, нендей талдауға салуға болады? Актер байғұстың автор мен режиссердің саяз қиялының бекер құрбаны, «атқа жеңіл – телпекбайы» ретінде арамтер болары, қара жерге қарары да осы тұс. Сахналық ғұмырын жаңа бастаған, әзірге тамыры жуандай қоймаған жас актердің жойқын екпінін су сепкендей басып, шығармашылдық адуынын жасытатын, суреткерлік бастау- бұлағының көзін тұмшалайтын тізе де осындайдан етек жаяды. Өйткені, автор мен режиссерді өзінің туған атасынан артық сыйлап қалған тәрі биік тәртіпті өнерпаздың «олай емес, былай ғой» деп қарсы пікір айтып, өз ойын әдіптеуге әдебі жібермейді. Үлкеннің бетінен алу былай тұрсын, көзіне тіке қарауға именетін қазақы актерлердің көп трагедиясының бірі осы. Білгенге – беттен алу бір басқа да, біліктілікпен білім салыстыру, қажет жерінде жарыстыру, өре мен талғам төңірегінде айтысу бір басқа. Мұндай шырмауықты үзуге батылы жетпегендердің бәрінің де дерлік ескі сүрлеудің ізінде жүре-жүре жүйкесін тоздырғаннан өзге, орташа актерлердің қатарын көбейткеннен басқа шарасы қалмайды, келе-келе шығармашылдық ынжықтыққа ұласатыны да, шау тартатыны да ащы шындық.

 Шерменде жанұяның қыздарының үлкені Әлияны орындаушы актриса анда-санда шектен шыға, уақиға мен актерлік ойынын ширықтыру мақсатында орынсыздау айғайға басатыны болмаса, негізінен рольдің өзіндік салмағын арқалай алған. Әрекет шындығы, логикалық жүйелілік, жүріс-тұрыс пен мизансценалар табиғилығы, ең ақыры, көбімізге жете бермейтін сахналық сүйкім деген өнерпаздық еректіктің бәрі де өн бойынан табылады. Дегенмен, оның күйеуіне деген шектен тыс бетпақты

«билігі», ол байғұсты соншама тұқыртып жерден алып,

жерге салуы қисынсыз көрінеді, тіптен артықтау сияқты, ұлттық менталитетке салғанда да томпақтау. «Қазақ десең – өзіңе тиедінің» керіндей, өзге ұлттың өзегімізге жетпіс жыл бойы кірген сүйел-мерездерінен ажырауды мақсат тұтудың орнына, былайғы өмірде де, сахнадан да соларды үлгі еткендей ал кеп жарнамалаймыз. Қазақтың қыздары ер кісінің, мейлі тіпті некелі байы, ноқталы тайы болсын, бетіне бажырайып қарамақ былай тұрсын, кезінде бөріктінің алдын да кесіп өтпеген ғой. Мұқағали ақынның текті анадан тәлім алған, қарсы келіп қалғанда қылықты кірпігін де көтермей ығыса берген қыз балаға арнап шығарған «мен жолымды берейін, өт, қарағым, ақ сүтінен айналдым, сені тапқан текті ананың» деген өлеңге бергісіз ұлағат сөздері ұлттық ибаның иманды көрінісі емес пе. Осының бәрін ойластыра отырып та, ұлтымыздың осы бір ұлы құндылықтарын құрдымға жібермей, тым болмаса сахнада амалын тауып оңтайластырып аяқ асты етпеуге, өзгеде кездесе бермейтін ұлттық кепиеттің кілтін тауып кірістіріп жіберуге болады ғой. Бұл қасиетті, қазақы кие- қағбаны өнер адамы, әсіресе күйкі тірлігі мен сахналық өмірі астасып кеткен актер қорғамағанда кім қорғайды, кім насихаттайды? Бұл тұста, бой бермей тұрған драматургтің ұсынып отырған жағдайының да шалалығы болар, әйтсе де актриса ол олқылықтарды түзеуі, қажет тұсында автормен

«айтысып», тізгінді өз қолына алып, артық жерін күзеуі керек емес пе? «Түзе» дегенде, біз пьесаны қайта жаздыруды, немесе оны қысқартып редакциялауды, болмаса бас-көзсіз бастырмалата, жөн-жосықсыз сөз қосуды айтып отырғамыз жоқ, сақа актерлік шешім мен шынайы шығармашылдық қиялдың шырқау шабыты арқылы, бәрін де ақтап шығуға болатын ақылды әрекет күшінің алапат екпіні арқылы ешнәрсе қосып-алмай-ақ, арзанын қымбаттатып, айқайлы жағдайды сыбырға көштіре алатын қарымды суреткерлік қасиетті тілге тиек қылып отырмыз. Италияның ұлы актері, әрі дарабоз драматургі Эдуардо де Филиппоның мына бір пайымы еріксіз еске оралады: «Менің пьесаларымның тартысты әрекеттері әдетте, қоғам мен жеке тұлға арасында өрбиді. Оқиға қоғамдағы қайсыбір әділетсіздікке деген

қарсылықтан, немкетті сана салқындығынан, уақыты өткен салт-дәстүр заңдылықтарына көңіл толмағандықтан бастау алып, эмоциялық қақтығысты әрекеттерге ұласып жатады. Әлеуметтік әсері аз, майда-шүйде, күйкі идеялар мен табақ- аяқтөңірегіндегітақырыптардыңменүшін маңызыболмайды.

«Менің» жұмысым қолжазбамның соңғы парағына жазатын

«соңы» деген сөзбен тәмәмдалады, ары қарай актерлер мен көрермен үшеуіміз бірігіп істейтін «біздің» жұмысымыздың кезеңі басталады. Егер менің шығармамда сегіз кейіпкер болса, оған тоғызыншы болып көрермен қосылады. Мен соның үніне көбірек құлақ тосам, оның шығармаға түсірер ендігі үлесіне үлкенірек мән берем, өйткені, түптің түбінде, мен қойған заманауи сұрақтарға берілетін соңғы һәм нақты жауапты көрермен береді» [История зарубежного театра

/ Под ред. Г.Н.Бояджиева. М.: Просвещение, 1977. ч.3, 85 б.]. Театр әлемінің нағыз қара нар қайраткері ретінде Италияның алғыр актері қалай дәл айтқан. Біздегі кейбір керенау авторларға сабақ болардай, шаншу боп қадалардай шындық емес пе?! Көп жылдық өз тәжірибемізден белгілі, қайсыбір қаламгердің, күлдібадам комедиясын көрерменге күшеніп ойнап жүрген біздерге «әй, айналайын актер ағайындар, ештеңе ойнамай-ақ, менің жазғанымды сахнадан дәлме-дәл айтып беріңдерші, сол да жетеді!» деп кердең қаққаны бар. Сахна өнерінің кепиеті мен қасиетін бағалай білмеудің, «мен тұрғанда, сен кімсің» деген даңғойлықтың, өзін ұлы өнер Театр мен сол өнерді ұлықтайтын ұлағатты Көрерменнен көш ілгері, ақылды, салауатты санайтын кердеңі көп «кемталанттың» (А.Сүлейменовтен), біз арнайы сілтеме жасап, санаға сығымдап тықпалап отырған Эдуардо де Филиппоның мегзеген «менінің», өзінің жазған соңғы парағында қалғанын, ендігі жерде театрда Актер мен Көрермен патшалық құратынын білмейтін білімсіздіктің белгісі осы емес пе? Сондықтан, өнер толғағы тұсында, роль жасаудың азапты репетицияларында именіп, иіліп, иба сақтаудың қажеті шамалы, себебі автор да, режиссер де ет пен сүйектен жаралған өзіміздей-ақ адам. Олардың да қателесуі мүмкін, қайсыбір құрсаулардың күрмеуін іздерде қарымы мен адымы жетпей, шатқаяқтауы да ғажап емес.

 Біз суыртпақтап сөз қылып, төңіректеп «тиісіп» отырған Әлияның роліндегі актриса А.Сағынбекова сахналық сымбаты мен табиғи сүйкімі әдемі боп жаратылған қыз бала екені бірден көзге ұрады. Облыстық театрдың труппасына таптырмайтын сұңғақ бойы қолайлы-ақ, сұқтанарлықтай сұлу өнерпаз. Алайда, сахна деген сүйкімі мен кепиеті мол сәнді мекенге күнделікті күйкі өмірдегі барлық күйік-үсікті, қоқысты, жолсыздық пен жүгенсіздікті, кір мен қожалақты, настық пен нәкәстікті, ластық пен кәкір-шүкірді сол күйінде сүйрелеу – үлкен суреткерлік емес, сүреңсіздік, жұмсартып айтқанда білімсіздік екенін табиғатынан талантты боп туған есті қарындас естен шығармағаны абзал. Ол сұмдықтар мен сұрықсыздықтардың бұл өмірде бары бар-ау, тек солардың өзі сүйрікті сезіммен, суреткерліктің таза тезінен, ұлттық иба мен ұлағаттық биігінен, естияр эстеттік еректіліктің қырынан келіп көрсетіліп жатса ғой, шіркін. Сахнадан жамандық пен кірді, дүниені жайлаған иттік пен шошқалықты, екі күннің бірінде кездесіп тұратын ырың-жырың, қоқыс-құсықты көрсету үшін көп ақылдың керегі жоқ. Керісінше, өмірдегі тазалық пен әдемілікті, тәр мен тағзымды, мына қиюы кетіп кежірлене түскен кезеңнің мүкті күстерінен арашалауға тырысу – азаптың азабы. Бұл азапты арқалайтындардың есебінде біз де бармыз, болуға да тиіспіз, өйткені актер адамның, суреткердің екінші бір атауы – азапкер-ді!

 Ал енді, сол Әлияның күйеуі Тұрсынды ойнаған актер спектакльдің соңына қарай «ашыну мен ашылуына» қарағанда, олжігітсоншалықты сорлы емесекеніанықталады. Ендеше, ол жігіт өз намысы, ой-пиғылы анық, тек заманның түлкі бұлтаңына үйрене алмай жүрген адал жігіттердің бірі. Алайда артист Ә.Шоңбаев осы маңызды детальді қаперінен шығарып алған сыңайлы. Демек, ойынның басынан бастап- ақ біз бұл жігіттің бір құпиясы, өзіндік мінез құлқы мен адамгершіліктің шегарасын аттамайтын азаматтығы барын сезінуіміз керек еді. Олай болған жоқ, көрермен әп дегеннен бір жігерсіз, ынжық, адуын әйелінің табанында жаншылып жатқан, намыссыз, ішкіш, боркемік адамды көреді. Сондықтан да соңғы сахнада іріленіп, мінез көрсетіп, айғайға басуының, әйеліне тап-тап беруінің психологиялық

негізін таба алмадық, ол жігіттен мұндай қылық шығуына сену де қиын, оның бұл әрекетінің шындыққа үйлеспегені де содан болар. Онымен қоса, Әлиядай оң-солын жақсы білетін, намысты да, жігерлі қыздың дәл Ә.Шоңбаев сомдағандай ынжық жігітті өмірлік жар ретінде таңдауы да сенімсіз көрінеді. Міне, біз пьесаның архитектоникасындағы тағы бір логикалық жағынан қисынсыздыққа тап болып отырмыз. Теориялық талдауға салмай, Асқар Тоқпановша

«тоқпақтасақ», үстірт қарап, жоғарғыдай олқылықтарға тоқтамай-ақ, тіпті ойға алмай-ақ қоюға да болады. Пьесаның сюжетін қайталап шығып, актерлер мен режиссерді ретін тауып, мақтап-мақтап, міндетті бірді-екілі ескертпелер жасап, жауырды жаба тоқып, жанамалап-жайдақтатып, сыдыртып, сылдыр суға шомылдырылған шалап дәмді шала мақала да жазып шығуға да болар. Бұл күндері білікті көрініп, білегі мен сүйегі жуандаған қазақ театрына керегі осы ма, шығармашылдықтың шыңына жетпек болып аспанға ұмтылдырған мақсат тауымызды аласартқаннан биіктіктің рақатын шеге алармыз ба? Өзімізді өзіміз алдарқатқаннан асқан аярлық болар ма? Рас, талап деңгейін тым биікке көтеріп жіберген шығармыз. Оның несі жаман? Талап биіктеген сайын талғам да биіктей түспей ме? Өнер атаулының сұлтаны, ұлы мәртебелі Театрдың таңдаулы мекені – талғам биіктігі, пьесадағы уақиға өрісінің логикалық қисыны, кейіпкерлерінің іс-әрекеттерінің психологиялық шынайылығы, заманауи сұрақтарға бекзат жауаптар алатын жер емес пе?

 Хош, делік… Спектакльде бірден-бір ерекшеленіп, жүріс-тұрысы мен сөз саптауынан көрерменнің көзайымына айналған кейіпкер, екінші қыз Ләйләнің күйеуі Зарқымбекті ойнаған Ұлан Әбзалиев. Бұл актердің сахнада өзін өзі еркін ұстауы, оқиға желісіне әдемі бояу араластырып, оны көркемдей, шырайландыра, шынайыландыра түсуі – суреткерлік ой-қиялының ұшқырлығының жарқын дәлелі. Ол да мына қиюы кетіп, кемері мүжілген өмірге бейімделудің біраз қиындығына түсіп жүргенімен, жүнжіп, сары уайымға салынып, немесе үміті үзіліп, бар нәрседен баз кешкен адамдай ішкілікке бой ұрып, ұнжырғасы түскен боркемік жас

емес, керісінше алдына әжептәуір мақсат қойып, оны жүзеге асыру жолында әбжіл қимылдар жасап жүрген әрекетшіл азамат. Жалпы осы актердің сахнадағы іс-әрекеті мен жүріс- тұрысынан, өз ролін өзі режиссуралау деген дегдарлықты, көп сахнагердің санасына келе бермейтін саңлақтықты тануға болады. Көз тимесін, Ұ.Әбзәлиевтің актерлік бабы мен режиссерлердан бағы баянды келіссе, болашақтағы таңдаулы тарландардың қатарында болатынына күмән келтіргің келмейді.

 Қандай да бір ерек роль ойнамасын, қайсыбір кейіпкердің киімінің ішінде болмасын, қарсы алдыңда тұрған адам актердің ақыл-ойының тереңдігі мен интеллектісі көзіқарақты көрерменге бірден байқалады. Әрине, біз актерлерден талап етіп отырған көркемдік құндылықтар алдымен пьесаның өзінің өн бойында болғаны абзал. Пьесада жоқ нәрсені орындаушы актер қанша толғатқанмен аспаннан тудыра алмас. Дей тұрғанмен, қай кейіпкердің, қай заманның, қандай адамның болса да ролін орындаушы актер шын мәнінде жан-жақты, білімді адам болуы керек, өйткені көрермен алдына шығатын сол, спектакльдің көркемдік тағдырына жауапты да, кейде автор мен режиссердің шалалығына «кінәлі» де өкінішке орай, актер. Ауыздан шыққан аталы сөзі мірдің оғындай болуы тиіс, не айтып тұрғанын алдымен өзі ұғынуы, аруақты сөздің астарын аша білуі асқан шеберлікті, тектілік пен терең білімді талап ететінін ұмытпауы керек. Оған қосымша дайындықтар мен

«толғақтар» да аса қажет. Егер пьеса тарихи болса, актер сол пьесада қозғалып отырған сол кездегі тарихи оқиғаны түгел білуі, біліп қана қоймай, өз көзқарасы, өз пайымы болуы шарт. Егер пьеса ғалым жайлы болса, актердің өзі ойнап отырған кейіпкері шұғылданатын ғылыммен тереңірек танысып алғаны жөн. Осы ерекшеліктер сақталмай роль сәтті шықпайды, атүсті ойналады, оған көрермен де сенбейді, спектакльдің де жолы болмайды. Мұндай жағдайда қоюшы режиссердің өзі де білімді, парасатты тұлға бола отырып, актерге қойылар талапты күшейте түсуі, актердің білімін көтеруіне, ізденуіне ықпал етіп, тең суреткер ретінде бір мәміледе, бір мақсаттың үдесінде болғаны абзал. Әрине,

бұдан актер режиссерге бәрін жүктеп қойып, өзі рольден, қойылымнан мүлде тыс қалсын деген ұғым тумауы тиіс. Актер болашақ спектакльдің тағдырына жан-тәнімен, ынты- шынтысымен араласады, өзінің пікірін, жалпы спектакльдің бүкіл идеясына суреткерлік парыз бен ождан, ой-өре, қарым- қажырына сәйкес, шығармашылық көзқарасын білдіріп отырғаны жөн. Ол үшін дүниетаным, білім көкжиегі кең болуы керек. Ағалық әукеміз түскен Ұ.Әбзалиевке бұл ойларымызды әдейі арнап отырғанымызды алымды актер дұрыс түсінеді деп ойлаймыз. Жас кезде бәрі жарасымды, балғын табиғилығы басым өрімтал өнерпазға алғашқыда бәрі де оңай, қисынды көрінуі бек мүмкін. Алайда, алда қаншама азапты күндер мен толғақты шақтар бар. «Жәдігөй» режиссерлер, жас актерлердің жастығын малданып, өз қажетіне, бойындағы барын өзінің режиссерлік финттеріне пайдаланып, ал оның болашақтағы баспалдақты жолдарына алаңдау былай тұрсын, кейбірі ағалық тәжірибелі ақылын айтпайтындары,рольсайынөсетүскенінқалауқайда-а,алдағы шығармашылдық тағдырына жандарын ауыртпайтындары жалған емес. Сондықтан, актердің ұстараның жүзінен де бетер қылпылы мол болса да қызықты һәм азапты өмірі тек өзіне ғана байланысты екенін өз басымыздан өткендіктен де, қайталап, қадап айтуға мәжбүрміз.

 Қойылымдағы бүкіл отбасы мүшелерінің үміт еткен үлкен ағалары Ерғалидың роліндегі театрдың бүгінгі қара нарындай барлық ауыртпалығын көтеріп жүрген «қараборбай» бейнеткер артист Жүніс Әлімбековтің жұмысы бөлек әңгіме етуге тұрарлық елеулі еңбек. Актердің сахналық бейне жасауы, рольдің психологиялық қырларын ұштауда Жүніс зерделі зергердей жауапты ізденіспен келетіні аңғарылады. Уақиға желісі басталғанда біз Ерғалидың өмірінің жақсы қалыптасып, бір кісідей бақытты ғұмыр кешіп жатқан қалалық көп интеллигенттің бірі ретінде қабылдаймыз. Тіпті кей тұстары туған інісі Мақсаттың өтініш еткен кітабын, көзілдірігін әкелуді ұмытып кеткен қатігез, безбүйрек аға ретінде жақтырмай отырасың. Бір қатынның соңында кетіп, анасының, бауырларының не күй кешіп жатқанынан бейхабар тасбауыр, бір басының қамынан ары аса алмайтын

томаға, тоңмойын-тұйық арзан адам сияқты болып көрінген. Дей тұрғанмен, Ж.Әлімбековтің сахналауындағы Ерғали іні-қарындастарына ақыл айтып, тіпті «қол жұмсап», күйеу балаларына жөн сілтеп, үлкендігін ортаға салатын тұстары бар екен, онысы әрі өте сенімді. Амал нешік, уақиға ширыға келе оның шынайы бет пердесі ашылып, аяқ астынан бүкіл өмірі аянышты алданышпен өтіп келе жатқан бейшара адамның трагедиясына тап боламыз. Алайда, актер Ж.Әлімбеков бұл қатпарларды айғақтамай, ішкі иірімдерге малып, өте сараң суреткерлік әдіспен там-тұмдап қана нұсқалайды. Нағыз бүгінгі күннің сырбаз суреткері сынды әрбір сөзіне, әрекетті көзқарасына, тұспалы түсінікті һәм астарлы қимыл-қозғалысына сүйсініп отырасың, сахнадағы нағыз сұңғыла шеберлікке айызың қанып қарайсың. Өзінің осындай терең де нәзік актерлердің қатарында екенін Ж.Әлімбеков білмеуі де бек мүмкін, білсе де менмін дейтін мас кеуде Жүніс сияқты сахнаны ессіз сүйетін азапкерлердің қаперінде болмайтыны заңдылық. Зады, қарымды актер қаншалықты талантты болса, соншалықты қарапайым келері белгілі ақиқат. Өйткені олар өмірдің өзіндей шынайы да, таланттарының көтеріңкі табиғаты құнарлы, өнерлері есер- ентікпелі де, есептеулі де емес, емеурінді, астарлы. Жүністің заманына дейінгі әрі үрдіске, әрі дертке айналған арзан актерлік тәсіл мен жосық жайында терең теориялық талдау жасалып айтылған мына бір пайымға назар аударалық: «... Натуралистік бағыттағы театр роль дайындағанда, қалың жағылатын портреттік грим мен сөйлеу мәнерінің ерекше түрлері (акцент) мен әдістерін қолданып, дауыстың басқа, өзгеше тембрлерін пайдаланатын орындаушылық өнерде кейіпкержандылық мектебіне біршама жақындайтын актерлер тобын шығарды, – деп жазды В.Мейерхольд. Бұл бағыттағы театр актерлерден адам жанының ішкі қатпарларына үңілуден гөрі, міндетті түрде ашық та айқын мәнерлі, ешбір астарсыз, сөз ұшығын кейінге қалдырмай, айтпаса да түсінікті болатын үнсіздіктерге үңілмей, ой қатпарларын бірден ақтара салмайтын екіұдайлықтан ада, керісінше бәрі де түсінікті, бәрі де жарқын, қою бояулармен көзге анық көрінетін түр мен түске әдейі

малынған әрекеттерге баруды талап етеді, сондықтан да натуралистік театрда актерлік шеберліктің асыра сілтеу әдісі көзге ұрып-ақ тұрады. Бұл театрда тұспалмен, астармен, ішкі әрекеті мол емеурінмен роль орындау жоқтың қасы» (Вс.Мейерхольд. К истории и технике театра. О театре, Санкт-Петербург, 1913г. 16-17 стр.). Актердің табиғаттан көшірме жасауға деген талпынысын сөз етіп отырған еңселі теоретик, әйгілі режиссердің пәрменді пайымымен келісе отырып, оның тұжырымының келесі тұсына назар салғанымыз абзал. Бұрын-соңды көп әңгіме бола бермейтін

«табиғилыққа өзгеше серпін, жаңа леп қосу» деген нәрсе кезкелген режиссер мен актердің ең басты мақсаттарының бірі болып табылады ғой. Енді өз ойшылымыз, асқан шешен, қазақтың алғашқы кәсіби режиссері, ғұлама ұстаз А.Тоқпановтың мына бір «тоқпақты» толғамына тағы бір ой жүгіртіп көрелік: «...Драматургтің де, оның шығармасынан туған спектакльдің де идеясын халыққа көрсету, ойын оған толық жеткізу жөнінде әрекет етуші – актер. Егер актер бейне жасауды ойдағыдай түсінбесе, түсінсе де орындай алмаса, жаны бар, мақсаты бар мінез-құлқы ерекше дара сахналық бейне тумайды. Автордың сөзін тек жаттап алып, ең тәуір дегенде баяндаушы дәрежеде қалып қояды. Мұндай жағдайда пьеса идеясы өмірге айналмай, әрбір сөздің айтылу себебі ашылмай, процесі көрінбей, ешқандай әсері жоқ жаттандылықта қалып қояды» [Тоқпанов А. Сахна саздары. Режиссер көзімен. Алматы: Жазушы, 1969. 107 б.]. Осынау тайға таңба басқандай етіп, өз кезеңінен озып, ертелеу жасалған тұжырымға «негіз» болған сол кездегі актерлердің көбіне-көп тек қана орындаушылық қалыпта болғаны, ол кезде жалпы театр өнерінде тек қана режиссердің ықпалы үстемдік құрып, ал актерлер спектакльге керекті бұйым- бутафория ретінде жаппарқұл-марионеттік, орындаушылық қана деңгейде жүргенін ескерсек, ұлы ұстаздың сол кездің өзінде-ақ актер мамандығын өте жоғары бағалап, оның спектакльді қоюшы режиссермен теңдей суреткер бола білу керектігін баса айтып кеткендігіне риза боласың. Айтса-айтқандай-ақ, келе-келе ол әдет, яғни актердің тек орындаушылық-марионеттік тұлғасы қазақ театры

тарихындағы 1960 жылдардан бастау алып, тоқсаныншы жылдарға дейін билік құрған, актерлерді спектакльге тек бутафориялық бұйым ретінде пайдаланған менмендік, узурпаторлық режиссураның дүниеге келуіне басты себеп болды. Театр сахнасында тек қана режиссерлік жүйе басымдылық көрсетіп, актерлік өнер асқан аяусыздықпен табан асты болып таптала бастағаны жайында жоғарыда жанамалап айтып өткен болатынбыз. Мұндай тізеге басуға көнбеген, көне алмаған алымды әрі ақылды актер Нұрмұхан Жантөрин ақыры театрдан кетіп тынғанын көбіміз білеміз, ал ондай шынайы суреткерлік мінез танытып батылдыққа бара алмағандары, «ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғыс» боп тұрған «фюрерчиктердің» (А.Сүлейменовтен) қуыршақ- ойыншығы күйінде, іштей тынып, кейде сынып-мүжіліп, бойындағы сайрап тұрған суреткерлік-санаткерліктің қайнар бұлағының көзін ашудың орнына көпе-көрнеу тұншықтырып, шығармашылық еркіндіктеріне жете алмай күйіп-пісіп, ішіп-күрсініп, өкініп өткен актерлерді көзіміз көрген. Әзірге азапты өнердің мазағына шыдап, құл да болса, тұл тіршіліктерінен арыла қоймаған ақ адал һәм жанкешті өнерпаздар Жүніс Әлімбеков пен Ұлан Әбзалиев сияқты актерлерді мұндай тағдырдан әуелі өздерін өздері, сонан соң Алла-Тағалам сақтасын!

 М.Ахмановтың режиссурасымен сахнаға шыққан біз көрген бұл қойылым дүниеге асығыс келгені көрініп тұр. Спектакль тек актерлердің адал еңбегі мен сахнадағы сақа өнерпаздық сезімінің күштілігі арқасында ғана бұл асығыстықты байқатпай, көрерменге тәп-тәуір көркем шығарма ретінде көрінеді. Басқа театрларда байқала бермейтін, әсіресе қазақ актерлерінің көбінің қолынан келе бермейтін сахналық шынайылылық – Тараз театрының ерекшелігі, актерлер қауымының ағзалық тазалығы, адалдығы деп білу керек. Қойылымдағы бір ғана эпизодтық көрініске жегілген театрдың үлкен буынының өкілі Нұрсипат Салықованың жұмысы да әп-әдемі, рольдің үлкен- кішілігіне қарамайтын нағыз сахна шебері ретінде Көрші әйел бейнесін тап-тұйнақтай етіп, характер жасаудың әдемі үлгісін көрсеткен. Актерлік ұшқыр қиялмен берілген рольді

әспеттеп, жонып жасқауда шабандығы байқалған Ләйлә бейнесіндегі Ж.Құлтаева ғана. Бұл олқылыққа, меніңше режиссер көбірек кінәлі сияқты. Жас актерлермен жұмыс істеуде қоюшы режиссерлер аса мұқият болғаны жөн деп білеміз. Амалын тауып ақша табу, қапылыста қағып кететін қаламақы үшін жасалған асығыс келген шығармашылдық толғақ ешқашан жақсы дүние тудырмаған. «Көңілсізден

– көзсіз бала туады» дейді мақалшыл қазақ. Драманың өз сүйегінде солғындау жазылып, мінез-құлқы мен әрекеті ақталмаған Ләйлә сияқты рольге режиссерлік қиялмен қонымды детальдар қосып, орындаушы актермен бірлесе ізденіп тер төкпесе, оның үстіне асығыстық белең алса, әлі буыны қатпаған жас актерлерге әрі қиын, әрі обал. Шығармашылдық өмірінің алғашқы кезеңдерінде, әзірге тамыры жуандай қоймаған қоймалжың шағында естияр режиссердің кездескені – жас буын үшін жолы болған жұлдызды шақпен барабар. Өкінішке қарай, онсыз да өрті мен дерті қатарлас қатігез өмірде мұндай бақытты кездер аз, әсіресе өнер әлетінде некен-саяқ…

 Жалпы, біз бүгін сөз еткен бұл қойылым, бүтіндей бір театр төңірегінде ұйысқан ұстыны берік ұжымның азапты әрі жанкешті тірлігінің панорамасынан түгелдей хабардар етпесе де, сан алуанды шығармашылдық амплитудасының барлық шегарасын танып-білуге әлі талай таразы-талдауды керек ететіні белгілі. Тек біздің ғана пайымымызбен парақталған бұл зерттеу – түгелімен жөн, қатып қалған қақ, немесе соңғы сөз еместігі ақиқат қой. Дей тұрғанмен, әртүрлі жанрдағы, әрқилы талғам мен тақырыптардан құралған көне Тараздағы жаңалыққа жаны құмар, табан бедері белгілі театрдың бүгінгі тыныс-тіршілігі көңіл толатын қанағат сезімдерге жетелейді, талай биіктерді бағындыра алатын алуан мүмкіндіктері мен өрелі қадамдары қуантады.

Мамыр, 2008 ж.

ТАРАЗ ТЕАТРЫНДАҒЫ КЕЛЕСІ ТӨРТ КЕШ

 Осыдан аз ғана уақыт бұрын Тараз театрын тілге тиек етіп жазған «Бір қойылым, мың бір уайым» атты көлемді мақаламызда («Қазақ әдебиеті», №8, 9; 6-13 наурыз) төл драматургиямыз төңірегіндегі біраз мәселелердің басын шалған едік. Режиссура мен актерлік шеберліктің құпия сырларын да саралап көрген болатынбыз. Ойлы оқырман орынды ұққандай, көкейкесті мақсат білгірсіп, я көлгірсіп көлденеңнен кемеңгер көріну емес-ті. Бір Тараздың бір ғана спектаклі жайында сөз болғанмен, жалпы бүгінгі қазақ театрының жай-күйі жайлы мың бір уайымның мұңы екені айқын еді. Рас, салмағы батпан, алайда сабырлы ерге арналған сараптау-ды. Дей тұрғанмен, бір ғана қойылымның құнары арқылы бүкіл бір шығармашылдық ұжымның тегіс тыныс-тіршілігін түгелдеу мүмкін емес қой. Ашығын айтсақ, ол мақала Тараз театрының бүгінгі көші турасындағы ұзын сонар зерттеудің басы ғана болатын. Бүгін соның жалғасын, яғни кейін тамашалаған кезекті төрт кештен көрген-білген- түйгенімізді тиянақтап көруді ниет қылып отырмыз.

 Сандаған аспаптардың сан түрлі үндерін бірыңғай үйлесетін үндестік заңына бағындырып, құлақ құрышын қандыратын сиқыр әуенге ұластыру күші оркестрді оңтайлап үйіретіндирижердің дегдарлы табиғаты, таланты – сілтемелеп тұрған таяғының ұшына ұялайтыны сияқты, театр өнерінің құдірет-қияметі де оны басқарып отырған бағбан басшыға, оның кез келген ортамен тіл тапқыштығына немесе қулық- сұмдығына құрық бойламайтын құпия-тәжірибесіне емес, өлшемі өзге өнерпаздық өре-қарымы мен талғам-таразысына тәуелді екені бесенеден белгілі. Тараз театрының бас режиссері Қуандық Қасымов біздің көз алдымызға осының алдындағы көлдей мақаламызда мұң арқалап, жанығып, жанымыз ауыра сөз қылған мәселелерді, шер-қайғымыз бен арман-мүдделерімізді ұғатын, жастардың шығармашылдық тағдыры үшін шынайы жанашыр бола алатын бірден- бір естияр, көкірек қағуынан қарапайымдылығы басым қажырлы да қарымды суреткерді елестетеді. Қуандықтың қиялы зерек, әр қойылымға әрқилы жолдармен, өзге

эстетикалық өлшеммен келуге тырысатын еңбекқор адам. Біздің назарымызға Таразда өткен екінші кеште іліккен келесі бір қойылым, сонау жетпісінші, сексенінші жылдарда жазылған сері қаламгер Сәкен Жүнісовтың «Қысылғаннан қыз болдық» атты комедиясы. Екпіні жедел, ентікпесі көп, эстетикалық талғам мен шығармашылық порым, қағида-қалыптың өзгеруі мен ауысуының көз ілеспестей жылдамдықта болатын үстіміздегі ұшқыр заманда уақыты өткен, уақиғасы ескі, сүйегі сарғыш тартқан шығарманы сахналау дәл бүгіндері қауіпті. Өйткені қазір заман мен талғам танымастай өзгерді. Кешегіні көжеқатық ету – сыншыл да міншіл, кірпияз көрерменнің алдында әрі ұят, әрі ыңғайсыз. Оның үстіне бұл комедия сан ғасырлардың сүзгісінен өтіп келген классика емес, өз заманының ғана қанжығасына сайланып жазылғанын жүрексінбей, ашығын айтып мойындаған жөн. Бір ғана дәлел айтайық. Бұл күндері ауыл мәдениеті дейтін мекемелі ұғым жойылғанын бәріміз де білеміз. Бұрынғыдай көркемөнерпаздар үйірмесіне ұйысу, ауылдың клубына жиналып, ойын қою, әсіресе, вокальді инмтрументальді ансамбль ұйымдастыру дегендер келмеске кеткен ескі-құсқы әдет, ертегі сияқты болып қалған нәрселер ғой. Соған қарамастан Қуандық көрерменге көрікті көңілашар бола алатын сүйрікті дүние жасапты. Көңілашар болғанда да тәп-тәуір мюзиклге жақын, жанрын өздері өте орынды таңдап телігендей, іш пыстырмайтын әзіл-қалжыңға, ән-күйге толы музыкалық комедия болып шыққан. Мұнда да Алтынбек роліндегі Ұ.Әбзалиевтің өнерпаздық өресі ерекшеленіп көрінетінін ауызға алдымен алған жөн. Кейінгі кездері, әсіресе эстрада театрларында көбірек етек алған қыз-келіншек, кемпір-сампырларды жігіттердің ойнауы жиіленіп кеткені шаршы топты шаршатқаны былай тұрсын, жиіркендіретін болып жүр. Жұртты жөн-жосықсыз күлдіруді, орынсыз ырбаңмен, ауырдың үсті – жеңілдің астымен, амалдап ақша табуды мақсат тұтқан, мейрампаздық пен масқарампаздыққа жақын актерлік ойыннан теріс айналып жүрген көрермен жетіп артылады. Әйелдерді ерлердің ойнау үрдісі сонау Қаллекейден (Қалибек Қуанышбаев) бастау алғанын біріміз біліп-білмегенмен, кейіндері өмірге келген

«Тамаша» ойын-сауық ота-уынан жалғас тапқаны, оның басы-қасында осы жолдардың авторының болғаны да белгілі шығар. Алайда, сол «Тамашаның» алғашқы қойылымдарын есінен шығара коймаған есті көрермен сол кездегі Нағашы мен Жиеннің келіншек-кемпірлердің рольдерін кескіндеп- кейіптегенде, әйелдің киімін әлем-жәлемдеп түгел киініп, жүндес балтырларын жалаңаштауға дейін барған әбестіктерін әсте байқамаған болар. Бажайлап көз салса, ол кездері біздер әйел киімінің тек қана бір деталін пайдаланып, үстіміздегі үтікпен мұқият үптелген костюм-шалбарымыз бен қарақты галстугімізді еш шешпейтінбіз. Сахнаның санатты салтанаты мен сүйрікті сәнін бұзбай, мұздай киіміміздің қырын сындырмай, сахнаның салтын, ер-азаматтығымыздың парқын, өнерпаздығымыздың нарқын, қадірін кетірмей, басымызға я кимешек, я орамал тастай салатынбыз. Бұл – актер өнерінің әдебі мен ауыздан шыққан ащы әзілдің әдемі өрілуінің әсерлі көрінісі, сахна мәдениетінің сарабдалдығы, мәні, сәні, мәуелі сипатындай болатын. «Әзілің жарасса – атаңмен ойна» деген таза қазақы менталитетті мақалдың киесі барын көбіміз ұға алмай жүрген кездің өзінде осындай тәлім мен тәрбиелікті қаперімізден шығармаған едік. Осы мақалдағы жарасса деген дәйекті сөзге деректі мән бере бермейтін бүгіндергі берекесіз әзілқойлар қазақтың қасиетті қалжыңы мен милы мысқылын жерге қаратып жүргені ақиқат. Өнер әлетіндегі ғылыми-теориялық талғамда, эстетикалық ілімде сахна төріне сапар шегетін жасақты жанрлардың әзірге қазақшаланбаған қағбасы «комичное- трагичное, смешное-безобразное» деп дестеленетін кемерлі категорияларға бөлінуінен хабары кем білімсіздер үшін үстемелеп айтып, орысша ұғыммен ұңғылап ұқыптасақ, мейрампаздықтың шутовствоға, масқарампаздықтың клоунадаға жақындығы саяз саналарына сіңе қояр ма екен? Сол себепті де, мейрампаздық пен масқарампаздық театр сахнасының емес, цирк аренасының сүрлеулері екенін, эстетиканы «екіге» оқыған еркелер ежіктеп жаттап алғандары ақыл болар еді. Алайда, аңғалдау актерлерді былай қойғанда, шіренген сыншы-міншілердің ішінде де сахна мен аренаны шатастыратындар бар екені еске түссе,

орта жолда опырылып-мүжіліп, қолымыздан қаламымыз түсіп кететіні жасырын емес.

 Әңгімеміздің аужайын әуелгі тілімізге тиек болып отырған комедия-қойылымда қыз болып киінетін Алтынбек- Әбзалиевке ауыстырсақ, жоғарыда біздің жанымызды ауыртып, ағымыздан жарылып, жаманатты болсақ та аманаттап арылып айтқан жанрлар бұл спектакльде жоқ. Тек драматург түзген ситуация мен режиссер реттеген мизансцена, уақиға желісінің ығымен жүріп отыратын ықтырмалы мақсат бар. Актер Әбзалиев онсыз да жымиып отырған көрерменді қытықтап күлдірмейді, өзі орындап отырған образының психофизикалық қалыбының жетегінде ғана әрекет етеді, және онысы өте шынайы, табиғи. «Менің әзілкеш пьесаларым көрерменнің ішек-сілесін қанша қатырып жатса да, астарында алапат мұң, қайғылы хал бар», – дейді күлкінің құдіретті құнын білетін Италияның ұлы актері, әрі дарабоз драматургі Эдуардо де Филиппо [Г.Бояджиев. От Софокла до Брехта... М.: Просвещение, 1988. 293 б.]. Талантты, ойшыл-драматургтің тағылымды толғамының астарын тарата түсіндірсек, алымды актер, сындарлы суреткер үшін көрерменді күлдіру қаншалықты жауапты болса, оны ойға шомдыру, өз мұңы жоқ емес оның жан-дүниесіне үңіле білу де соншалықты маңызды екенін меңзеп тұр емес пе. Сол үшін де, сахнада комедиялы, күлкілі бейнелер жасау – қазақ актері үшін қатерлі шаруа. Орта ғасырдағы үрдістей, бетіңе былш дегізіп шіріген жұмыртқа, я болмаса бұзылған помидор лақтырмаса да, «өй, мынау не айтып тұр!» деп, өре түрегеліп, театрыңды тастап кететін көрермен екінің бірінен табылады. Ұлан осыны жақсы түсінетін сыңайлы, өйткені жұртты жөнсіз күлдіргісі келетін

«әртістік құрты» сараң, орынсыз ырбаңнан ада, юморы ушықпайды, сатирасы сабырлы. Мен осыған қуандым. Осы талаптың үдесінен шығып, күлкіге көмілген көзіңе қораш көрінбей, орынды әрекет үстінде жүретін, орындап отырған образының ғана мақсатындағы Ыбырай – Ж.Әлімбеков, Майра – А.Сағынбековалар да жан сүйсінерлік, жүрекке жылы бейнелер жасаған. Омырауына «жабысқан» баласын да еш естен шығармай, «қоғамдық жұмысты» да әлсіретпей,

екі арада әлекке түсіп, зыр жүгіріп жүрген Майрадан әуесті көзіңді айыра алмайсың. Қайтсем, ауылымның абыройын алға сүйреймін деп, жастар мен жасамысының басын қоспақ болып қалбалақтаған Ыбырай да жаныңа жақын. Ал, қалалық Эдикті әдіптеп жүрген Б.Байкүшіков шырыны мен шындығы аздау орысша акцентпен сөйлемекші болатын әдісі әлі де ширата түсуді керек етіп-ақ тұр. Бұл күндері Қалтай Мұхаметжановтың «Бөлтірік бөрік астында» атты көпке мәлім комедиясындағы Марфуға мен Арыстанынан қалған дүбәрәлықты, естен шыға бастаған елуінші жылдардағы актерлік әдістің шаң басқан сүрлеуінің ізімен жүріп, ескіні ежіктеп езе берудің қажеті бола қояр ма екен? Босаңдау роль болып шыққан Болтайдың (Ә.Шоңбаев) шешесін ойнап жүрген Ш.Жәменкеева да өзі кейіптеп отырған Сәбирасын

«қысылып», ұялып ойнап жүргендей әсер қалдырады.

«Жынды» жастардың жетегіне ілесе алмай, жасы үлкендігін байқатып алып, қойылымның көкейкесті үрдісіне көніңкіремей, екі арада амалсыздан жүрген «әртіс-апай» екендігін еріксіз есімізге салатын сыңайлы. Шәмшәгүлдің суреткерлік сүйегінің мықтылығын жақсы білетін біз, әйтеуір осы спектакльде өнерпаздық арқасы қозбай, тартыншақтап жүргеніне таң қалдық. Жұмат роліндегі М.Қожалиевке, Айгүл (М.Ешімова), Сәния (Г.Қойшыбаева), Эльмира (Ж.Құлтаева) мен Хадишаны (Е.Қалыбаева) ойнап жүрген әріптес іні-қарындастарыма сахна құдіретінің құрметіне бөлену үшін, шынайы шабыт пен қолтық сөгетін актерлік шабыс тілегім келеді. Берілген рольдің үлкен-кішілігі, ұтымды-солғындығын еске алмайтын есепсіз ықылас пен есті ізденіс болмаған жерде табыс та аз болады, өнердің киесі де өкпелейді.

 Театрдың өрелілігі мен репертуарының көркі іспетті көрінген біздің келесі тамашалаған қойылымымыз – қаламы қуатты, аузы дуалы драматург Дулат Исабековтің «Пері мен періште» атты психологиялық шығармасы. Бұл тақырыпты әркімге жалын ұстата бермейтін асау иірімдерге, терең философиялық дүниелерге бара алатын бағлан ойлы, батпан құйрықты режиссері, тұлғалық қасиеті мол актерлері, жүректерінің түгі бар театрлар ғана репертуарына ендіре

алатыны ақиқат. Драманың уақиғасы күнделікті өмірден алынса да, бұл күндері ондай отбасылық проблемалар екінің бірінде кездесіп жатқанымен, шығарманың көрерменнің көкейіне салар ойы зіл батпан, эмоциялық салмағы қорғасындай ауыр. Қазір кімдер ажыраспай, кімдердің ошағы ойран болмай жатыр дейсіз?! Араларына шайтан кірген ерлі- зайыптылар кетісерде бір-бірінің беттерін жыртып, дүние- боғын бөлісіп шат-шәлек. Арадағы бейкүнә перзенттердің көкіректері қарс айрылып, жас жүректері жаңқаланып, жандарына жазылмас жара түсіп, мезгілінен ерте есейіп жататын үрпілерінен өрген көгенкөздердің күйінішті көңіл күйі көбінің қаперлерінде болатыны да, бола тұра қалған көңілдері жібімейтіндері де өзекті өртер өкініш. Амал не, тағдыр ит талайларды тәлкекке салып қойған ғой. Осының бәрі адамдардың шектен шыққан шамшылдық қасиеттерінен, бірінен-бірін артық санап, ала жіпті аттап, албасты басуынан. Оның үстіне кеңестік мүттәһәм идеологияның әйел теңдігі деген лақап ұранмен, онсыз да ұшынып тұрған бүгінгі «ұмай- аналардың» бетпақты қылығына май құйып ұранқайлатып, шығыстың ұзын шашты, ұлы қылықты, сынық мінезді төмен етектілерін тентек есекке теріс мінгізе екілендіріп, ерлеріне айбат шегудің ерсілігін тарс есінен шығарып, тайраң мінез көрсеттіріп, албат қылықпен айлақыландырып қойғаны тағы бар.

 Бір жақсысы, тағы да сол Қуандық Қасымовтың қапелімде қара-пайым көрінгенмен, рабайлы да зиялы режиссурасы арқылы Дулат Исабековтің бұл мелодрамасындағы ортаға тасталар әңгіменің төркіні ол айтқандай бәкене бойлы бұйығы тұрмыстық, табақ-аяқтың төңірегіндегі, қазан-ошақтың айналасындағы кикілжің мен «беттері ашылып кеткен» ерлі-зайыптылардың бет тырнасқан, бұлқан-талқан айқай- шуының уақиғасыемес, ситуациясыедендежатқан сырмақтан биік, боғауыз былапыттан аулақ поэтикалық сарында, өзге өлшемде, кінәздік кісіліктің кемерінен, жоғарыдан өрілген екен. Жалпы, Исабеков – ибалы драматург, қандай да бір басқа халықтың тарихы мен тақырыбын қарақты қаламының ұшына қадағанмен, шынайы ұлттық ойлау жүйесінен еш ауытқымай, уақиға өрілуі, ой толғағы мен сөз саптауы таза

қазақы болып шығады да, қарапайым тақырыптың өзін өзге қанға араластырмай өзеурете, кірлетпей таза өрнектейді. Пьесаларындағы сюжет сүресі қаншама қызыл қырғын мен қыран-топан күлкіге көміліп жатса да, әсте ұлттық әдептен асқан емес, қазақы менталитеттен еш алшақтамайды, әмбе шығармасының әлпетінен ұлттық колориттің ұяты мен иісі аңқып тұрады. Бір қарағанда бәрімізге таныс, ана ауыл мен мына ауылдың ортасында, қандай да бір қоғамдық, я болмаса заманауи өзгерістер мен әлеуметтік қақтығыстардан аулақта, күнде болмаса да күнара өтіп жататын қарапайым уақиға болғанмен, астарындағы әдемі поэтикалық пәтікті аңғармау мүмкін емес. Дәл осы пьесада екінің бірінде кездесіп тұратын, жұрттың бәріне етене таныс ерлі-зайыпты екеудің екіге жарылып ажырасуын түпкі тақырып пен негізгі мақсат қылып алуға да болады, және ол шешім тым қателік, немесе қарадүрсіндік болып та көрінбес еді. Мәселе, бұл проблеманы кімнің қалай оқуында, нендей призмада қабылдауында ғой. Пьесаның атын автордың өзі емексіте, ерекше емеурінмен «Пері мен періште» деп атауында «іштен шыққан шұбар жыланына» деген ерекше махаббат пен қызғаныштың қызуы бар, оқушы мен қоюшыны шығарманы ұғынарда таптаурындықтан сақтандырар асқақты астар менмұндалайды. Ал ситуация болса – қарапайым, кәдуілгі бірі екіншісін менсініңкіремей кетісіп жатқан ерлі-зайыпты. Бірінің аты Құлахмет, екіншісінің есімі Сафура, арадағы үшінші – Смағұл. Сырттан сығалайтын, екеуіне де етене тәнті, көріп отырған көрерменнің жүріп жатқан уақиғаға көзқарасы мен көңіл күйінен хабардар ететін, екі арадағы көзге көрінбес байланыс көпір іспетті Сапар. Есімдері ел арасында көптеп кездесетін қарапайым, бар болғаны төрт-ақ адам. Алайда, Қуандықтың нұсқалауындағы бұл қойылымды көріп отырып, күнделікті күйкі өмірдегі тырбанып жүрген тірлік тауқыметінен төрт елі жоғары көтеріліп, тазарып қалғаныңды байқайсың. Құдай қосқан қосағына көңілі толмай, жанын қоярға жер таппай әуре- сарсаңға түсіп, сандалып шарқ ұрып жүрген Сафураны да (М.Әлімбетова) жамандыққа қимайсың, сол жарының жанын түсініп, олқысын толтыра алмай опынып, пұшайман болған

Құлахметті де (Ж.Әлімбеков) кінәлай алмайсың. Пайым- парасаты мен іс-әрекетінің әдемілігіне әукең түсіп отырып, сезім мен сұлулықтың салтанат сарайын іздеп санасын дел-сал еткен М.Әлімбетованың Сафурасын тоғышарлық күймен, қазақы мимен, еркектік пиғылмен оңбағандыққа, жезөкшелікке тели алмайсың. Себеп сол – адам баласы тазалыққа құштар, әдемілікке әуес, биіктікке құмар, жақсылыққа жерік. Күнделікті мимырт тірлік, сұрқай сурет – пенделіктен жоғары жаратылған, іш пыстырар пәтігі арзан пәруәнә қоғамға құл бола алмайтын пері тұрпаттағы адамға түрмемен бірдей. Жарық аз, сәуле солғын, ауа тапшы. Алланың ең сүйікті құлы, ұлы суреткерлік шабытпен Өз қолымен жасаған (мұлтым бар), Өзі жаратқан ұлы шығармасы

– Адам Ғаләий Сәләмнің сұлулыққа құмар сүмбіле ұрпағы шуағы мол шашылған пейішке бергісіз мекенді, кеудеңді кере тыныстайтын жұмақты аңсайды! Былапыт пен былыққа көмілген, күнәһәр Жердің бетінен ауасы мен аурасы таза Аспанға көтерілгісі келеді. Оның несі айып, несі мін?! Пенде біткеннің пәкенеліктен биіктікке талпынуын орыс ойшылы Н.А.Бердяев былайша тұжырымдайды: «Адамның рухы үнемі өзін транцензус жасап отыру керек, өзінен жоғары нәрсеге ұмтылуы тиіс. Тек сонда ғана адам жоғалмайды, ғайып болмайды, өзінің ойлағанын іске асырады» [Әбішев Қ. Әлеуметтік философия. Алматы: Ақыл кітабы, 1997.

160 б.]. Міне, біз Майра Әлімбетовадай сұлу да білікті актрисаның ақылды өрнектеген Сафурасын осылай қабылдадық. Сол күні шаршаңқырап ойнаған Қарабай Сатқанбаевтың Смағұлын да жек көріп кетпедік. Әдемілікті аңсаған, үйлесімділік іздеген, бақыт деген соқыр құстың өз иығына қонғанын күткен кәдімгі өзіміздей ер-азамат деп қабылдадық. Алайда, Құлахметтей таза көңілге кірбің сала алмай, өзгенің Сор қамалы арқылы өзіне Бақ сарайын орната алмайтындығын ақылымен ғана емес, бүкіл болмыс- бітімімен ұққан, атадан ұл боп туған Смағұл – сұлулық пен сұңғылалықтың символындай көрінген Сафурадан бас тартуын да құптадық. Мырқымбайлық ұғыммен айтқанда, көзіне шөп емес, шөмеле салған Сафурасын сағына да сарғая күткен Ж.Әлімбековтің асқан шеберлікпен суреттеген

Құлахметін, қарабайыр пиғылмен ез деп емес, ер деп түсініп құшағыңа қысқың келеді. Сапарды мүсіндеген тегінен тәуір артистігі тепкілеп тұрған М.Ақүрпековтің де естілігіне, суреткерлік сипатына қызықтық, алда талай тартысты рольдерде көрерімізге еш күмәніміз болмай, көңіліміз орнықты күй кешті. Ақыр аяғында бәрі де орнына келді. Парасат биігінде жүрген парықты адамдар осылай болса кәні, кезеңнің кердеңі мен заманның запыранын бекзаттықпен қарсы алса кәні. Шарқ ұрған көңіл тыныстап байыз тапқанда, ойыңа өз төңірегіңнен артық төр, өз айналаңнан асқан үйлесім, өзің біліп араласып жүрген адамдардан әдемі әлем жоқ екеніне көзің жетіп, бірі кем дүниеге, сондықтан да өкініші көп өміріңе тәу етіп тәубе қыласың да, Жерұйық іздеп шарқ ұрған, ақыры Жиделі-Байсынды тиянақ еткен асқан эстет, далалық пәлсәпәші баба Асан Қайғының мына бір зарына еріксіз құлақ түресің:

«Өз барыңды жамандап, Асыл қайдан табарсың?! Алған жарыңды жамандап, Асқанды қайдан табарсың! Ақ тоныңды жамандап, Атлас қайдан табарсың, Өз басыңды зорайтып, Теңдес қайдан табарсың?»

[ҚР ҰҒА Сирек жазбалар қоры.

333 бума, 19 дәптер, 19-18 бб]

 Қорыта айтқанда, бұл қойылым – тараздықтардың өрелі театрлар қатарының алдыңғы сапынан орын алатындығының айғақты көрінісі. Тұрмыстық тақырыптағы, не болмаса уақиға қуысып, қызық ситуацияларға құрылған қойылымдардан биік ерекше сымбатқа, поэтикалық пошымға бара алатын, ойлы һәм өрелі көрерменнің үдесінен шыға алатын шығармашыл ұжым екенідігінің дәйекті дәлелі іспетті.

Театрдың репертуарында он жылдай уақыт орын алып

келе жатқан «Құдалар» атты ойлы трагикомедияны көргенде де режиссер Қ.Қасымовтың тағы да ыждыһатты қолтаңбасын бірден байқадық. Қырғыз драматургі М.Байджиев пен қазақ режиссері Қадыр Жетпісбаевтың шығармашылық тандемінен туған бұл пьесаның уақиғасы екі халыққа ортақ құдалық дәстүрінің қызықты әрі шытырман әрекеттеріне негізделген. Жұрттың бәріне етене жақын құда түсу, тойға дайындық, екі жақтың да алашапқындап естерін шығаратын салттық кәделерді орындау тұсындағы тартысты диалогтар мен пьесадағы сюжет желісін ушықтыра түсетін қисынды һәм кермелі кедергілер орынды-ақ өрілген. Үйленуші жастардың өзімшіл максималистік пиғылдары мен ата-аналарының, ағайын-туыстарының алдында

«ұятқа қалмаудың» жолындағы жалған кеудемсоқтық қасиеттері де әсерлі, әрі нанымды. Шамадан тыс шіренуден шығатын, негізсіз күпініп кісімсулерінен, орынсыз одыраң шамшылдықтарынан туындайтын күлкілі де қызықты әрекеттерінің шым-шытырығында шат-шәлек болып жүрген пьеса кейіпкерлері, әрқайсысының жеке-жеке тағдырлары мен ішкі иірімге толы психологиялық қайшылықтарымен шынайы ерекшеленген. Ұяң ұлтымыздың өте әдемі салт-дәстүрлерінің атрибуттары сақталып, оның асқан әдептілікпен, ұлтжандылық инабатпен, ерекше тәрмен, тағзыммен мәуелі мизансценаларға кіріктірілгенін көріп көзің қуанып, көңілің бірленетінін де жасырмаған абзал. Бұл ойларымызға нақты дәлел айтар болсақ, спектакльдегі режиссуралық қолтаңба ретінде анық байқалатын, және оны табандап тұрып енгізіп, оған әдейілеп, ерекшелеп мән берілетін салттық кәделердің, яғни жаңа түскен келіннің басына орамал жабу, оның маңдайынан(!) ата-енелік ерекше еміреніспен өбу, қайыната мен қайыненеге сәлем салу, сахнаның қақ ортасынан бір түсіп, бір көтеріліп тұратын, көрерменнің көзайымына айналған қасиетті тұмардың төңірегіндегі ритуалдар сияқты қанымыздың қағынан, тәріміздің тегінен тепкілеп тұрған, бүлкіл-сеңі бұзылмай, колориті кескілесең де кемімейтін қуатты құбылыстар намысыңды оятып, қаныңдықыздырып, текті жатырыңа қайта жетелейді, манаураған ұжданыңа қамшы салады. Ұжымға

ұзақ жылдар тыңғылықты, өлшеусіз бола тұра елеусіз еңбек еткен сахна суретшісі марқұм Нартәжі Құдайбергеновтің қарапайым да қарақты қаламымен әрленген қойылым көзге өте жылы көрінеді. Уақиға түзілімі де өзіміз де «сүріп», күнде көріп-біліп, басымыздан кешіп, екіміздің бірінде кездесіп жүретін жағдаяттардан алынған, бәрі сенімді, өз өзегіңнен өрбігендей етене, майдан қыл суырғандай жұмсақ, жаныңа жағымды. Ауылдық аңғал Күрішбек (Ж.Әлімбеков) пен Сайраш (М.Рақымжанова), қалалық қағылез Бөпіш (А.Сәтібеков) пен Көкіштердің (М.Әлімбетова) мінез-құлық, сөз саптау, әрекет үйлесімділіктері өте шынайы, жарасып-ақ тұр. Жүйрік актер Жүніс пен алымды артист Алтайлар ешбір әсіре ойыннан ада, құдды сахнада емес, өмірде жүргендей өте шынайы әрі шеберлігі шегенді өнерпаздық қасиет танытқан. Алтайдың сахналық сүйкіміне қоса, ұшқыр қиялынан туындайтын тапқыр актерлік детальдары тәнті етіп, көрерменді елітіп әкетеді, риясыз көңілден езу тартып отырасың. Стол үстіндегі сөмке мен бөтелкені сан құбылтып ойнатуы нағыз сахналық шеберлік, табан асты тапқырлық, өнерпаздық ұшқыр қиялдың қуаты. Теориялық зерттеуіміздің басында айтқанымыздай, бұл театр бұлдырықтай бұла да жұмыр актерлерге жарыған. Қарасаң көз тоятын, құшақтасаң құшағың толатын тұрпаттылардың тоғысқандығының көрінісі осы емес пе, Жүніс пен Ұлан, Алтайларға Жасұзақ Әйтпенбетов пен Жұмахан Әбдіқадыровтарды, Қарабай Сатқанбаев пен Спандияр Мұқышевтарды, Гүлшат Қыпшақова мен Шәмшәгүл Жәменкееваларды қосарлап атасаң – ешкімнің тақиясын тарылтпайтын таланттар, ертеден салсаң – кешке, еңістен салсаң – төске озар, тозаңы басылмас талайлы аламан бәйгінің алдын бермес тарландар қатарында бола алатындары әсте дау тудырмайды! Әттең, Әулиеатадан алысқа, өнер атаулыдағы өтіп жататын аруақты жарыс-көкпарлардың небір аламанына апаратындардың, дүлдүлді додаға қосатындай күші бар құдіреттілердің құлқы өнерден өзгеге өзеуреп, қалтаның ғана қамында қалып барады. Өнегелік пен өркениеттіліктің ұлы өлшемін көрсетіп, Өнерді құдірет тұтатын Третьяковтар мен Бахрушиндер қазақтың пешенесіне жазылмай-ақ келеді, «іңгәлап» туған

тұрымтай ұл, «теңгелеп» өлер шығайбайларға айналып, несін айтасыз, әй бір «жарыдық» қой. Әйтпесе, ерекше сымбат пен сахналық сүйкімге ие Майра Әлімбетова Тараз театрының ғана емес, талай театрдың бағы десе де болар еді. Тіл тазалығы, сұңғақты бой, білімпаз шығармашылдықтың бәрі де бір басынан табылатын сүбелі суреткерлік қасиеттер – М.Әлімбетованың актрисалық мол мүмкіндіктері мен алуан ауқым-диапазондарының дәлелі. Мольерлік Мартина мен қазақы Көкіштің арасы бір көштік жер болса да, Майра асқан сарабдалдықпен сақа өнерпаздықтың сапалы өресін танытқан. Қызын оңтайлы ұзатпақшы боп ұлардай шуылдап, бейберекеттенген қалалық құдағидың күлкілі болғанмен қылықты шыр-пыры өмірдегі шындықтан аулақтамай, сахналық шұрайлы шынайылыққа жеткен. Қалалық болғандықтан да қаһарлы құдағи болғысы кеп жүрген Көкіштің күллі әрекетіне сенесің, барлық сөзіне иланасың, қалалық қуықтай пәтерінің қай қуысында жүрсе де көз назарың қыр соңынан қалмай, қадағалап отырасың. Актер мен режиссердің бір мақсаттың үдесінде болып, көрерменді соңынан ертіп елітуінің, оның назары мен ықыласын уысында мықтап ұстап, матап, «арбап» алып, басқа жаққа алаңдатпай, көзге көрінбес көген-жіптермен күрмеп-байлап, жұмса – жұдырығынан, ашса – алақанынан ажыратпауының айқын мысалы да осы емес пе? Қойылым ұлттық менталитеттен ауытқымай, бүгінгі күнмен үндесе отырып, әлемге танымал музыкант Энрико Мариконенің сызылта сырғыған, семіп қалған сезімді де елжіретер сазды әуені де ортақ мүддеге бағынып, әдемі үйлесім тауып, сүйкімді дүние болып шыққан.РежиссерҚ.Қасымовтыңшығармашылықтың шырайлы шуағы төгілген тәрлі төңірегіне топтанған театрын ессіз сүйетін, істеген істеріне мұқият, талапты да талантты, әрі азапкер актерлерінің табысты еңбегіне дән риза боласың. Францияның артқы ғасырдағы атақты актері һәм ұлы драматургіЖан-БатистдеМольердіңклассикалық комедияларыныңішіндеезутарттырмайтынбірде-бір шығармасыжоқ.А.Бекбосынныңтәр-жімәлауындағы, себеп-салдары белгісіз «Бәледен құтылдың, медицина!» деген түсініксіздігі мен қисынсыздығы жоқ емес қазақша

атау жамылған, негізі – «Лекарь поневоле» деген тап- тұйнақтай тақырыбымен әлемге әйгілі пьесасы – солардың ең бір сүйектісі. Драматургтің қаламының өзіндік әдіс- қарымына сай, бірінің үстіне бірі үйелмендене өрбіп отыратын шым-шытырық ситуациялар бір қарағанда көрерменді еш жалықтырмауға керек-ті. Алайда, театрдың бұл қойылымы тұтастықтан ажырап, әр түрлі, әр сапалы матадан жамалып қолайсыздау құрастырылған құрақ көрпедей әсер еткенін жасыра алмаймыз. Шымылдық ашылар-ашылмастан, «театр ішіндегі театр» тәсілін қолданған режиссер М.Ахманов қойылымның бір деммен өтетін тынысын жоғалтып алған сыңайлы. Әуелі Мольер заманына сай киінген кейіпкерлер қимылсыз мүсіндер ретінде көрініп, бара-бара «тіріліп» билеп кетуі, сахнаның екі қолтығынан театр өнерінің эмблемасының кейпіндегі бірі күліп, бірі жылаған маска киген екі актердің ебедейсіз қимылдармен әлгі мүсіндерге араласа бере алдын ала фонограммаға жазылып қойған мәтіндерді «айтуы», аз десеңіз, декорацияның сыртынан қарсы сәуленің жарығынан елес болып көрінетін Мольер мырзаның өзі «сөйлеп» кетуі сияқты қойылымның басталуын асыға күтіп отырған көрерменнің сабырын сарқып алады екен. Қаншама режиссерлік қолтаңба деп те, өзіндік өзгеше шешім деп те қарағанның өзінде, үш рет басталмақшы болған спектакль, ашыған қамырша созылады да басталмай жатып іш пыстырар созбалаңқылыққа түседі. Осы орынсыздау көрінетін штрих, әлі де аз болғандай, қойылымның соңына да «тіркелген». Кезінде, М.Әуезов театрында Н.Жантөриннің қатысуымен қойылған, сол Мольердің өз басынан өткен тағдыр-тәлкегіне арналған М.Булгаковтың «Жендеттер» спектакліндегі «Ажал құшқым келеді...» деп басталатын асқан эстет Асқар Сүлейменовтің өз жанынан қосқан өлеңін де осы қойылымнан естідік. Әсілі, жақсы нәрсені жамағанның, қайыра пайдаланғанның сөкеттігі жоқ шығар, алайда аламан бәйгінің адымы мен құнан жарыстың қолтық сөгері өзгешелеу екенін ұмытпаған абзал. Әйтсе де, Алтай Сәтібеков басты рольде көрініп, оның төңірегіне топтасқан талантты актерлердің табиғи, шынайы ойындарының

арқасында сахнадан кәдімгідей Мольер заманының суреттеріне сүйсінерің жалған емес. Бұл әсіресе, театр тілімен әдіптелетін, негізгі уақиғалардың ара-арасында өтетін прологті сахналарда айқын сезіледі. Негізгі сахналардағы әлем-жәлем суреттерден «шаршаған» тұста, орманның ішінде өтетін әлгі уақиғалар көрерменді он төртінші король Людовиктің салтанантты сарайларынан бөлек, қара орманы, қара халқы да бар қиялымыздығы қыз мінезді Францияға жетелегендей әсерге салады. Бұл – осы қойылымды қыл қаламымен әспеттеген суретші Р. Сапаралиеваның көкірек көзіне қонақтаған суреттің табысты тұсы болар деген ойдамыз. Қаншама біліктілік көрсетіп, сырлы бояуды оңды-солды сілтей бергенмен, спектакльдің сыны мен қалып-сықпытын тап баса алмай қиял қаламын әрлі-берлі сілтеп әлекке түсетін суретшілер де жоқ емес. Тараздықтардың көптен бергі көрікті тірліктерінің көрінісі болып табылатын суреткерліктің туыстығы мен табанды достығының куәсі – көршілес қырғыз елінің сарабдал суретшісі Маратбек Шарафадиновпен шығармашылдық сыбайластығынан туған тін-төркіні бөлек қойылымдарды көріп талай тұшынған болатынбыз. Жасыратыны жоқ, батыс елдерінің шығармаларын сахналағанда қазақ актерлерінің қазақи (орта азиялық дейікші) қалып-ұстындары мен биологиялық сүйек-скелеттерінің бөлектігі бадырайып көрініп, қанша сәнді киініп, жағасына жабо жапсырғандарымен, жарасым таппай, жапалақ сынды жапырайып қалатыны жасырын емес қой. Тақымы көкпаршы тұлғалы талтақ боп, үзеңгі жабыса жаратылған қазақтың Жомарт, Жексенбайларының фрак киіп едірейіп, еуропалық Жеронт, Маттиастары бола қалғандары күлкі болмаса да, күрсіністі жымиыс тудыратынын бүгіп қайтеміз. Мұндай сезімдер ата театрда өзін атпалмын деп ұғынатын,атағы ат үркіткенмен, шатағына шайтан сүрініп жығылатын бір актердің құрметіне қойылған, қадірінен қойыртпағы көп қайсыбір спектакльден аңғарғанымызды айтқанымыз айып емес шығар. Уақиғасы өтіп, заманауи мәселелері ескіріп, күресінде қалып көгеріп кеткен күлшедей, дәмінен зәрі көбірек пьесаны шаңдатып-шатпақтағаннан ұтқан театрды

да, аңқау елге артық көрінем деп көстеңдеген режиссерді де, көкпаршыл аяғы қисайып азаптанып жүрген актерлерді де ұшпаққа ұшырған жоқ болатын. Жауырды жаба тоқып, көңілін аулап, жадағайлата жанамалай сыдырта салынған сын-сымақ болмаса, кісімсіп кекірейген, тындырған ісінен кердеңі көшеге сыйғызбай жүретін, ескі адуынан әлі күнге арыла қоймаған актерді сыйлап-сыймықтап бірді-екілі ебедейсіз жазылған марғау мақалалар болмаса, «міні – жаным, міні– иманым» депжалаулата-жабыла мақтағандарды естімедік, мерзімді баспасөзден де кездестіргеміз жоқ-ты. Бұл жерде жалпы қазақ актерлеріне төрткүл дүниелік классика болып табылатын еуропалық үлгідегі пьесалардан аулақ жүрсін деген ессіз емеурін емес, шамаға қарап шалқаю керектігін еске салу ғана. Заты мен аты бөлек роль орындамақшы болған актриса-актердің жағасына киер жаболары, беліне қыналар корсеттер, қынына қыстырар қылыш-шпагалары мен үкілі қалпақтарының жарасымды жағын көп ойлап, орнын табу, қазақы тұрпатты қалпын қарынға жіберіп былшитып жайып алмайтын сұңғақтық сақтап, орны мен бойы ғана емес, суреткерлік сойы, ойы биік болуға талпыну керектігін, «төбеңде жүретін» режиссер мен суретшіге де қойылар талаптың таудай екенін ескерту ғана. Тараздықтардың бұл қойылымын көргенде сахнада жүрген самала актерлер түгелімен француз болып кетті деп те айту күпірлік болар, әйтсе де Мольердің қарапайым қара халық жайында және сол халықтың ішіндегі сарай жағалап вассал болмақ ниеттерімен тырбанып-тыраштанған кейіпкерлері төңірегінде табиядай боп тамаша түзілген тап осы шығармасы жоғарыда намысымызға кеп қылып қақпайласақ та, жанымызды жеп айтып өткендей соншама қораш болып көрініп, қара жерге қаратқан жоқ, әйтеуір. Мартина (М.Әлімбекова), Люсинда (М.Ешімова), Жаклина (Г.Қыпшақова), Николь (М.Рақымжанова) роліндегі актрисалардың түгелі дерлік көз сүріндірер сүйкімінен айрылмай өте әдемі, әрі қылықты көрінді. Тіпті қанша әспеттеп, парик киіп, жабо тағып әдіптегенмен қазақы тұлғасынан ауытқи алмайтын Жасұзақ Әйтпенбетовтің Жеронтын да жымиып қабылдайсың. Ал, Сганарель мен

Мартина кейпіндегі А.Сәтібеков пен М.Әлімбетова ғажайып актерлік тандем жасай білген. Екеуіне ешбір мін де, сын да таға алмай, тесіле қарап, текті жүйріктердің табысты шабысына қуана куә болғанымызды айтпай кету айып болар еді. Сөз саптауларының тазалығы, сахнадағы жүріс- тұрыстарының табиғилығы, сұңғақты сұлу бойларына жараса кететін киім-киістері – бәрі де әдемі. Алымды актер Алтай кез келген келбетті театрға таптыра бермейтін, тұлғасы мен сымбаты келіскен кесек тұрпатты өнерпаз екен. Қазақ актерлерінің суреткерлік сарайы ашылуына аспалы көпірдей әсер ететін Мольердің шығармалары екені рас болса, Сганарель ролінде А.Сәтібеков судағы балықтай еркін, суытылуы сапалы жүйріктей сүмбіл, ақау-шалалықтан ада, төрт құбыласы түгел үйлесім тапқан талант ретінде танылды. Көзімізге түсе қоймаған өзге қойылымдарда қанша кемшілігі мен қойыртпағы болса да, оң жамбасынан келген осы ролінде рабайы келіскен, қолайы келгенде қолтық сөге шаба алатын бестідей аламан бәйгенің алдын берместігі байқалды. Әттең-ай, қалпымыз бен парқымызды білмес нарық дейтін кер заманға кез болып, үнсіз өксіп, жіпсіз байланып, «жүн жеп, жабағы тышып» өтіп бара жатқан өмірімізге өкініш айтқаннан не пайда. Әйтпесе, Алтай мен Майраны, Жүніс пен Ұланды, Спандияр мен Жұмахандарды, басқа да бабы келіскен шетте жүрген соң шепте болмайтын облыстардағы орда бұзар актер-актрисаларды Алматы мен Астана сахналарына шақырып, қойылымдарға қатыстырып, өнер-көкпар жасатып, Сганарель мен Ричардты, Мартина мен Көкіш, Бөпіш, Құлахмет, Күрішбектерді қалай ойнап жүргендерінен хабардар етіп, керексе – қалай ойнау керектігін көзге шұқып көрсететіндей мүмкіндік туғызса ғой! Оны ойлайтын оңды шенеунік кем, олардың ойына салатын, қамыңды жеп, оны-мұныңды сайлайтын Одақ та жоқ. Маңдайымыз тайпиған, еңбегі еш, тұзы сор сормаңдай болған соң, айттың не, айтпадың не!?

 Тараздықтардың сахнасынан көрген бес қойылымнан (біріншісі жайлы бұрын сөз болған) алған әсеріміз әсте де әсірелеусіз, әуел баста алдымызға қойған мақсат-мүдденің шиырынан шықпағанын тағы бір қайталағымыз келіп отыр.

Көбіне актерлік өнерге ден қойып, әуейі күй кешкенімізді де жасырмаймыз. Сол себепті де сахнаның патшасы актер өнері мен оның былайғы өмірдегі азапты тағдыры жайында алуан- алуан ойларымызды да ортаға салдық. Әдептен асырғамыз да жоқ сықылды, жауырды жаба тоқып жасырмағанымыз да байқалатын шығар. Еліміз егемен болып, «өз қотырымызды өзіміз қасу» керектігіміз рас болса, жеткен жетістігімізге мақтанып, шикі-шалалығымызға, дүбәрә-дүмшелігімізге, одыр дарақылықтан туған содыр талтаңымызға күйіп- піскеніміз айып болмас. Өткендегі өтірік бопсаларға көз жұмбай, талғам аясын қайта таразылау керектігін ұғыну – ауыр да болса, ауқымды мақсат. Үш-төрт беттік миниатюра былай тұрсын, отыз беттік пьеса жазғаннан гөрі үш жүз беттік романды оңайситын қадірі артық қаламгерлерімізге де ой салғанды жүрек жұтқандық, яки сөкеттік көрмедік. Қазақы қанмен жазылған пьесаның кейіпкерлерінің арасында Апанасий жүрмесе, көшіміз ауып қалатындай көрінетін көгенді кезеңнен өткенімізді ұқпай жүргендердің теліген тәр мен тәртібін ен тәуелсіз есті батылдық керектігі де айқын. Алайда қазақ жазушыларына еуропа әсіресе, орыс драматургтерінің таңдаулы пьесалары үлгі ретінде қызмет еткенін де ешкім жоққа шығармайды. Қазақ драматургтері пьеса жазуды А.Чехов, М.Горький сияқтылардан үйренгені де өтірік емес. Сонымен қатар, ұлттық драматургияның өзіндік стилін қалыптастыруда ә дегеннен қазақ әдебиетінің, әсіресе, ауыз әдебиетінің әсері болмай қойған жоқ-ты.

«Жалпы, әдебиет пен ұлттық әдебиеттің өзара қарым қатынасы диалектикалық процесс, – деп атап көрсетеді ойы мен пайымы бөтен өзге құрлықтың ойшылдары Р.Уэллек пен О.Уоррен. – Еуропалық деңгейдегі көркем ойдың жалпыға бірдей көрінетін өзгешеліктері әр елде әртүрлі өрбиді, әйтсе де, жалпыға бірдей ортақ жолдан алшақ жүретін, ұлттық дәстүрлердің бір-бірінен айырмашылығын анықтайтын суреткерлері болады, әр елдің өзінің ерекше тартылыс күші, ділі, тіні бар» (Р.Уоллек, О.Уоррен. Теория литературы. М., 1978, 324 с.). Сонау отызыншы жылдардың өзінде Мырқымбай мен «Майданға» бірде-бір орысты қоспай- ақ, қазақтың қаны сұйылмаған драматургиясының діңгегін

қадап кеткен Бейімбет Майлыұлына, сол кісінің пьесаларын панацеяға балап, бас ұрар сәжде қылмасақ та, ұлттық сипаты сембеген сахналық эстетикасына қазіргі қажырымыз бен білігімізді, әдебіміз бен мәдениетімізді, иба мен интеллектімізді қосып қайта оралу – кертартпалық немесе қолдан келмес іске ұмтылу емес сияқты. Тек, Мәскеуде оқып, мәңгүрттеніп кетпесе де, қағынан жеріген құландайын күй кешкен, әлем мәдениетінен әжептәуір хабардар ұрпақтың «ұрып» айтатын мазағы – «мәмбетизмінен» абай болғанымыз ләзім. Қай істің де әдепті, мәдениетті, білікті, биік талғамды, озық ойлы, орамды суретті, «сыңғырлаған өңкей үйлесімнен», әлемдік эстетика әлетінен табылғаны жөн десек, асыра сілтеп, ақылгөйсімейтін шығармыз, айға шауып мерт болуды да мегзеп отырмаған болармыз.

Наурыз, 2009 ж.

САРЫАРҚАДАН САЛҒАН ӘНДІ АЛАТАУДАН ТОСТЫ ЖҰРТ

(Астана театрының Алматыдағы гастролінің аужайына салынған зер)

 Алматыдағы гастрольдік сапарын «Абай» қойылымынан (М.Әуезов, Л.Соболев; «Абай», реж. Әлімбек Оразбеков) бастағанарманқала астаналықтардың екпініат шаптырғандай болғаны рас. Орынды, елордамызға орын тепкен, тегеуріні мықты, телісі құрықты театр. Қалай тайраңдаса да, тотай еркелесе де ерікті. Жүйрік болғаны, биік болғаны елге сын. Бұл жолғы сапардың мақсат-мүддесі де құптарлық. Алматы – мәдени, ғылыми, талғами, өрелі интеллектуалды орта, оған сөз жоқ. Ұлттық театр өнерінің атасы, қазақтың өнер керуенінің өрелі көшін бастаушы, елдіктің, кемелдіктің ұранын тастаушы, елбасы саясатының белсенді қоштаушысы. Қазақ елінің қай кемеріндегі болмасын, қазақ-орыс театрларының апталап келіп, жата-жастана ең жақсатты өнерін көрсетіп, «бата» алып кететін бақуат қала бұл. Актерлеріміз осында оқыған, режиссерлеріміз осында

«тоқыған», суретшілеріміз де сызуын осында «сызған». Арамза молда болатын аңқау ел де жоқ мұнда, талғамы биік тәрлі көрермен бар. Қалпыңның парасын, қарым мен өренің сарасын, қолтық сөгер шабыс пен қара жаяулықтың арасын көрсете алатын кәделі жұрт керек-ақ. Ол – Алматы. Жаны шыға, жан ұшыра мақтайтын жалпақшешейлердің жалғаны мен шынын ажырататын естиярлар облыстық театрларда жетіп артылады, алайда оларға керегі, әрине, ауыр да болса, әділетті талдау ғой. Арқадан қағып, «сен жақсы да мен жақсы» деген аярлықтың құйрығы бір-ақ тұтам, бұл да анық, дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Сапар шымылдығының ашылуына алқымға шыққан

«әкемтеатрдың» ақсақалдары мен боссақалдары аталы сөз айтып оңдыра алмағанымен, босаға аттаған қонақтарға деген еректі елпілдеу, ыстық ықылас аз-кем болса да байқалған. Салақтау көрінген алматылықтардың қарсы алу салтанатына орай, астаналықтардың өнері пысықтау шықса екен деген тілек бізде, көрерменде болғанын ашық айту керек. Жоқ, шымылдық ашыла бере, сахнадағы әжептәуір әсемдік пен тазалықты көріп, тебіреніске толған тілеуіміздің теріске шықпағанына қуандық. Қараңғылық сейіле бере, қақ ортадан дөңгеленген таза дүние іспетті құшақа сыймас шар көрінді... Бәлки Жер, бәлки Шер шары. Ол шар әлден уақытта көкке көтеріле бере айнала қоршаған Абайдың шәкірттері, кейінірек ауыр мұң арқалаған Өзі де көріне бастады. Ол кенет екі Абайға жарылды...

 Қойылым осылай басталды. Спектакльдің сүйрікті қалпына, суретіне, декорацияға көз салдық, қап, әтеген-ай, екі қапталдан созыла әлдебіреуді іліп алғысы, әлде әлденеге

«үйреткісі» бар асауға салар құрықтар көріне бастады. Құрықтар,.. қайдан көріп едім, ә, есіме түсті,.. бұрын болған. Мыслы, Ерғали Оразымбетовтің 2002 жылдары қойған

«Қозы Көрпеш – Баян сұлуында». Хош деңіз, Абайдың алты жасар балаға да таныс «Жүрегімнің түбіне терең бойла, Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла...» деген жолдармен кестеленетін кесекті өлеңі оқыла бастады. Өлеңі бітер- бітпесте, оң қапталға барып, артына көз тастады, біреу- міреуді іздегендей, әлдекімнің кезегі келгендей ме, қалай?!..

Рас екен, түкпірден тағы бір Абай бізге қарай емініп келе жатты... Бұны да бір жерден көрген сияқтымын,.. е,.. елуінші жылдары Шәкен Айманов қойған қойылымды елестеткен екен ғой... Онда оң қапталға келіп ақыл айта бастайтын актердің қолында кітап бар еді дейді көргендер, естуімізше, әлгі кітаптың бетінде не жазылғанын оқыған сайын сол уақиға айна-қатесіз сахнада қайталанады екен. Сонымен,

«үлкен Абай», солай да, солай қарағым, мыңмен жалғыз алыстым,.. деп зарлаған сайын Кіші Абайдың басынан небір «құқайлар» өте бастайды, үлкен Абай соған қар-р-ап тұрады! Мен ұқпай отырған ұтымды шешім шығар деген дәмемен шыдамымды шақырып отыра бердім. Онысын ауыздықтай алмаған Болат Атабаев бірінші көріністен соң- ақ залдан шығып кетті, оған мұндай театр ұнамайды, ол тек қана эксперименттік қойылымдарды ғана мойындайтын болған. Онша оңып тұрған қасиет емес. Театрлардың бәрі де спектакльдерін атабаевша теріс қою міндет емес қой, деп, ол қылығына іштей қарсылық жасағандай болдым...

 Спектакль бітті. Сонымен, нендей құбылыс болды, жалпы, қойылымның құны қандайлық, көркемдік сапасы мен салмағы қай деңгейде деген ой қамап, алдымен алған әсерлерімізді қорыта келгенде, әркіммен бір ұрсысатын пендеки Абай бар да, ақын Абайды іздеп таба алмағанымызға көзіміз жеткендей... Тағы да сол өз қазағымен ғана ұрсысып,

«қайран сөзін қор қылған, тобықтының езіне» өкпелеп, аяғы жер иіскемейтін, кестелісөзінкезкелгенжерге тықпалап, ақыл мен нақыл айтып жүрген, ет пен сүйектен жаралған кәдімгі адам сияқты кісіні емес, мүсін Абайды көрдік. Пайғамбар ақынды қалай асқақтатсақ та орынды, алайда бізге ол кісінің пенделіктен көтерілу сиқырлары мен ойшылдық өлшемге өту құпиялары қымбат қой. Кіші Абайды «қадағалап», кіріспеске кірісіп, өзімен-өзі күйіп-пісіп, арагідікте кішісімен қол алысып амандасып жүрген үлкен Абай (Т.Мейрамов), жалпы қойылымның архитектоникасына, эстетикалық ерекшелігіне нұқсан келтіріп тұрғандай ма, қалай?.. Қысқасы, көзге шыққан сүйел сияқты, адамның зықысын алғандай... Ойыны да, сөз саптау мәнері де, жүріс- тұрысы да сол баяғы, «байғожаның таяғы», осыдан қырық

жыл бұрынғы «шеберлік». Осы орайда, ойымда көптен бері қонақтап жүрген, сахнадағы кестелі келетін шешен сөзге қатысты, кәсіби маман ретінде маза бермейтін мына бір теориялық талдау көлденеңдей берді... Қарсы алдыңдағы

«қан шымылдықтан» алатын алғашқы әсерде, ділмар сөзбен көркемделген рольге актер тарапынан көп күш жұмсаудың қажеті жоқ секілді көрінеді. Өз сөзіңді дәл және мәнерлі дауыспен жеткізе алсаң, шығармашылық табыс өзінен өзі келетіндей көрінетіні бар. Көптеген актерлер шешендік сөзден құралған монологтарды асықпай, әр сөзді нақ жеткізсе болды деп есептейді. Әдетте, көп жағдайларда олар дауыстың екпініне күш салады. Осы орайда В.Немирович-Данченко былай деген екен: «...актер-орындаушының шеберлігінің ең көп бөлігі қай «сөзден» басталуға тиісті дауыс екпінін табуға бағытталады. Ал, актер-тудырушының, керісінше, сөзі табиғи, жеңіл және кезінде айтылуға тиісті, «тілге жеңіл, жүрекке жылы» (Абай) боп көрінеді, сонда әлгі сөзді қалай айтам деп тыраштанудың да, ойнайтын кейіпкерінің сыртқы күйзелістерінің көріністері туралы күшенудің де, зорайтып ойлаудың да қажеті болмай қалады [Немирович-Данченко В.И. В спорах о театре, СПб. 1992. 82 б.]. Мысалымыздағы алғашқы сөз болған актерлік ойынның қателігі – сөздің жетегінде кеткендігінен туындайды. Сөз қаншалықты көтеріңкі, әсерлі де әдемі, тіпті сұлу да-уыспен әуенді айтылып, ерекше маңызға толы болса да, нағыз суреткер – актер әуелі кейіпкерінің өмірімен терең танысып, тыныстауы керек, оның сөзін суық қайталаумен шектелу аздық етеді, және де ондай үстірт әсірелік шынайы өнер де емес. Актердің жан-дүниесі, парасат-парқы, интеллектуальдық өресі мен оның жүрегімен жеткізетін пьеса мәтіні ол жасаған сахналық кейіпкер бейнесіне жымдасып кіріккенде ғана образ сәтті болатын сияқты. Біздікі ғана жөн деп көкірек қақпай-ақ қоялық, алайда адалы осы екені анық. Өз басымыздан өткен соң, академик Әлкей Марғұланша қиыстырсақ, «бірдеңе білген соң» айтамыз да.

 Әлімбек Оразбеков режиссер ретінде әдемі ізденістерімен ауызға ілігіп жүрген жүйріктердің бірі. Сырт көзге бәрі де оңай көрінеді ғой, болмаса, тарғыл заманда жазылған

ұлы Мұхаңның табиядай өрілген пьесасының тінін бұзбай жаңа жолға салу, жаңа қалыпқа көшіру онша оңай толғақ емес шығар. Сөз театрына арналып жазылған дүниені әрекетті қойылымға айналдырудың машақатын бір кісідей ұғуын ұғамыз-ау, бірақ қайтып?! Қалай?! Дегенмен, суретшінің аса сараң қаламынан туған, тап-тұйнақтай таза жасалған декорация, режиссерге артық-ауыс тұрмыстық күйгелектіктен арылуына мегзегендей... Осы мақсатпен ойға келген пьесадағы қысқартулар дұрыс жасалған сыңайлы, алайда уақиға желісі сығымдалған соң, Қанікей, Көкбайлар, Әзімхандар араласқан әңгіме желісі «әумиін» болғандықтан, ойынның өн бойында кісі өлімі көбейіп кеткен. Айналасы жиырма минуттың төңірегінде Айдар, Әбіш, Мағаш сахнада кезек-кезек ажал құшады. Қойылымның «есігінен сығалағандай» ғана салдарда қалған бұл үшеуі де, Ажар бейнесі де, Әйгерім де көмескіленіп кеткен. «Аңқау елге ақыл айтып жүретін» жалғыз орыс Долгов та қысқарып кеткен соң, Абайдың үйін тінту себебі де сендірмейді. Ол сахнаның режиссерлік шешімі сөз қылуға тұрарлық па, қайдам, әйтеуір сол тінту «операциясына» қатысқан кейпі ұсқынсыз солдаттарды ығыстыра шеттетіп, «қуып шыққан» Абайдың шәкірттері мен тілеулестерінің «революциялық демонстрациясы» сияқты мизансцена – мақтаулы Әлібекті әуелеп тұрған әп-әжептәуір биігінен солқ еткізіп қара жерге бір-ақ түсіргенін көргенде, тілден қалып, күлкіміз тыйлды, кіретін тесік таппадық... Әйтсе де...

 Жалпы, спектакльдің көркемдік стилистикасы назар аударуға тұрады. Ерекше эстетикасы бар, таза қойылым... Тек құрықтарды айтам да, бір жерде көріп қойған соң, көңіл шіркіннің түкпіріне қонақтамай-ақ қойды, амал не. Қайталаулар бола береді ғой, «онда тұрған не бар дейсің» деп, сарсаң болған санаңды сабырға шақырасың, көнесің. Яғни, өзіңді-өзің зорлайсың... Ал, өнерге зорлық жүре ме?.. Әйтсе де...

 Екінші, кіші Абайдың гриміндегі Нұркен Өтеуілов жақсы актер екен, тілі таза, сахналық сүйкімі мол. Соңымыздан ерген кейінгі толқындардың легінен Нұркен тақылеттес актерлер некен-саяқ екенін еске алсаң, Өтеуіловке кәдімгідей

елжірей бастайсың. Еңбегі адал, есі толық, өнерпаздық табиғаты ешбір селкеусіз жаралғандығының куәсі сол емес пе, қойылым біткенше Нұркеннің соңынан еріп, әрбір айтқан сөзіне сеніп, тілеуін тілеп отырасың. Бұл – табиғи дарын, актерлік табыс. Жалпы бұл жас өрен астаналықтардың шығармашылдық ұжымының жауһарларының бірі десе де болғандай. Сонан соң, театр үшін жаралғандай, қарасаң көз тоятын, құшақтасаң құшағың толатын Ерлан Малаев та осы сипатқа лайықтының бірі. Керімді түйсініп ойнайды, сахнада еркін, қимыл-әрекеті шынайы. Бір байқалған нәрсе – ол өзі өте қымбат нәрсе – жастардың көбі сахнада еркін «өмір» кешуге ұмтыла-тыны көзге ұрып тұр,

«театрша сөйлеу, әртісше ойнау» деген қазақы сахналық жабысқақ дерттен аман екен. Тек сол еркіндік, бара-бара әлдебір алдымыздағы апайтөс ағаларымыздың адами һәм артистік тайраңына, әпербақандығына ауысып кетпесе жарады... Басқа актерлер нұсқалаған Тәкежан, Нарымбет, Оразбайлар Абайға лайықты қарсылас бола алмай қалғаны да көңілді қабаржытты. Қарсыластар «лагерінен» жалғыз Жиреншеге ішің жылиды, Жанқалдыбек Төленбаевтың орындауындағы бұл образдың ішкі иірімдері, сөз әрекеті, ой ағысы оң назарыңды аударады. Қойылымда айтпай кетсең, атасы өлетін бір кешірілмес салақтық бар, ол – Сырттан бидің келеке-мазақ бейнесі. Қазақта би – қабырғалы ұғым. Сойылға көнбей, сөзге ғана құлайтын сүйекті жұрттың сындарлы сипатындай. Тырыли арық, табаны бұдырсыз бұла актерге бұл рольді бере салу – қателік, тіпті немкеттілік, спектакльдің тініне түскен сызат. Актер жетіспесе, Еркін Жуасбектің өзі-ақ ойнаса болғандай екен, әгәрки әлдебіреулердей алғашқы мамандығы актерлығынан айнып, «ұялып», сахнаға шығуға «арланып» жүрмесе, азын-аулақ ғалымдығы адымын қысқартып, жаңа басталған басқармалығы терісін қалыңдатып жібермесе... Бұл қуыршақ театры емес қой, кір- қожалаққа мән бермей, күресіннің шаңын көтере салатын!

 Астаналық театрдың актерлік труппасының іріленіп, қомақтыланып келе жатқаны осы сапарда өте орнықты көрінді. «Менмін» деген актерлер мен актрисалар қатары молая түскені, осы театрды арғы-бергі қалыптасу

кезеңдерінде басқарған Жақып Омаров, Қадыр Жетпісбаев, Әзірбайжан Мәмбетовтердің қажыр-қайраттары, төккен терлері текке кетпегені, тілектері тепкі, еңбектері еш болмағаны қуантады. Алматыдан, ары мен беріден аттай қалап алдырған өнерпаздардың алпыс пайызы ұжымнан ойып тұрып орын тепкендігі көрініп-ақ тұр. Әзірге

«адасып» жүргендері де жетерлік шығар. Әуезов театрынан тұра «қашпай» өз қалауымен, жанұялық себептерімен ауысқан Қазақстанның халық артисі Гүлжан Әспетова осы театрдың діңгекті, үлкен суреткеріне айналып үлгергеніне куә болғанымызға қуанғанымызды айта кеткеніміз жөн болар. Әуезов театрында жүргенде өзімізге әпкелігінен әріптестігі басым, әрі қадірі қымбат болған Гүлжанды көп жоқтағанымыз, өзгеге қимағанымыз да рас. Сол себепті суреткерлігі мен сүйкімі артық партнеріміздің барған жерде бағы ашылғанын тілеп жүргеніміз жасырын емес-ті. Осы айшықты ойларымызға сүйрікті себеп – біз көрген келесі қойылым. Ол – Джон Патриктің «Қымбатты Памелла» атты аса қуатты, көрнекті, ойлы, білікті пьесасының режиссер Ю.И.Ханинга-Бекназар сахналаған спектаклі. Өте тамаша! Міне, нағыз өнер, көркем дүние! Пьеса да, режиссура да, актерлер ойыны да айыз қандырарлық болып шыққан. Басты рольдегі, әзелдегі әңгімемізге арқау болып отырған Гүлжан Әспетова мұнда нағыз хас шеберлерше аспандаған. Бәрі де орынды, бәрі де шынайы. Ойындары мен мінез-құлықтарында, сахналық көңіл күй, рольге қажетті психофизикалық қалыптарында, тіпті бүгіндергі тал бойында ешбір мін жоқ, өнерпаздық өресінде ешқандай жасандылық та, өнерпаз ретінде өзге елдің өзек- қалыбына қол жүгіртерде көбіміздің желі-көгенімізден, нұсқа-ұсқынымыздан көрініп қалатын «қазақбайшылық» та жоқ. «Әкемтеатр» деп әспеттеген ата театрымызда сол Әспетоваңыз «тұсалып», қысылып, булығып, «шығар төрге шыға алмай, жығар жерде жыға алмай» жүрген екен- ау деген де ой қылаң бергені жасырын емес. Ал, мұнда, сарайы молынан ашылып, қалықтап ұшып, қанаттанып, суреткерліктің шынайы биік өлшеміне көтерілген Әспетованы, «аруақты» актрисаны көрдім, көрдім де тоба

қылдым, «тіл-аузым тасқа» деп ырымдап, айналама түкіріп те қойдым! Өзгелердің қаңсығын таңсық көріп, онысы мен мұнысындай екен деп, өлшем көріп, теліп, теңестіріп әлек болатын әуейі жұрттығымыздан жеріп, өз жүйріктеріміздің жыртығын жамап, алқалап, аялағанымыз артық болмас. Әспетова кешегі кеңесті қойып, бүгінгі биік деп жүрген бірсыпыра елдердің ерке актрисаларынан еш кем емес. Сахна сиқырының бірден-бір куәсіндей, кейіпкержандылық мектебін еркін ауыздықтаған, өз өнерін ессіз сүйген, айналасына шығармашылдықтың шынайы шуағын шашқан арқалы актриса Гүлжанды «төңіректеген» жас буын өкілдері Нұркен Өтеуілов, Алтынай Нөгербек те сол шуаққа шомылып, актерлік шеберліктің пилотажын көрсетті деп айтуға болады. Қыр арқасында қырықтан астам роль ойнап тастаған кәнігі «қақпас» емес, жап-жас Нұркеннің қолтық сөгер қабілеті таң қалдырды, кеудесіне нан піскен кердең актерлердің көбінің тағдыр-талайына жазбаған, сахналық образ жасаудың керемет мысалын көрсетті. Табиғилықтың төрінен көрінетін әрбір іс-әрекеті, үстіне не кисе де жараса кететін, онша көзге ұра бермейтін шағын дене бітіміне қонған өнерпаздық қуаты, сахнаның о шеті мен бұ шетіне, асты мен үстіне зыр жүгірген күйгелектігі, жанын қоярға жер таппаған мазасыз кейпі ешбір ерсіліксіз, мінсіз, түсінікті, ұғынықты. Бір қарағанда қарапайым боп көрінетін орта бойлыдан сәл ғана асатын нәзіктеу жаралған қалпы, оның өнерпаз ретіндегі биіктігін, салмақтылығын, тереңдігін паш етіп тұрғанын көріп, ырза көңілдің тоғайма күйін кешесің. Бұл

– жүйріктіктің, алымды актерлік шеберліктің белгісі, роль табиғатын түйсініп, еңсеріп, оның ішкі-сыртқы қалпына еніп қана қоймай, қазақы ұғыммен айтқанда ұңғып, ноқталап, тұсап, «ерттеп мініп алу» өлшеміне көтерілгендігінің айғағы. Өтеуіловтың өрнекті суреткерлігі, драманың уақиғасын ойнап шығу ғана емес, оған деген өзінің адами көзқарасы мен кезеңінің жара-дертін бағалау қасиеттерінің, аламанға айтар ойының, ақыл-есінің толық, ет пен сүйегінің пәлсәпәлық, шын өнерпазға ғана тән шер-шемендіктің, өре биіктігінің көрінісі. Кейпіне енген кейіпкерінің кестелі, қызғылықты һәм қисынды әрекеттерінің жүйе-желісі,

анықтығы қанық мақсат-мүддесі, көкейкестісі, алға тартқан арман-алданышы ап-айқын, әмбеге түсінікті. Ақша мен байлықты армандайтын, кәдімгі өзіміз күнде көріп, кездесіп тұратын пәкене пенделіктен, парықты пәтікке, парасатты кісілікке көшуінің жымы білінбей жымдасуы да, ең бастысы

«мен осындаймын» деп күжіреймеуі де, басқан ізі білінбеуі де, шіренбей міндетсінбеуі де шеберліктің құзар шыңы. Сымбаты келісті Сырым Қашқабаевтың да өнерпаздық мүмкіндіктері асып-төгіліп жатқаны, адами һәм сахналық сүйкімінің молдығы – ертеңгі алар биіктіктерінің берік баспалдағы. Қып-қысқа ғана эпизодта басты рольге барабар салмақ көтерген Ерлан Малаевтың кәнігі шебердей ақаусыз мүсінделген актерлік жұмысына, зергер ұстаның зерлі өрнегіндей өрілген өнерпаздық табысына риза боласың. Әрине, қоюшы режиссердің бұл тұста, ала бөтен бөлек қалып, қиыннан қиысқан көркемдік шешім іздеп әлек болмағаны айдан анық. Өйткені драманың өзінің негізі, тіні, сүйегі асыл. Пьесаның ешбір қоспасыз, қарау өтіріксіз, ойдан шығарылған шикі уақиға желісінсіз, күшеніссіз, жеп- жеңіл әрі қарапайым құрастырылғанына тәнті болып, шіркін, біздің жазғыштар неге осылай жаза алмайды деп жігерің құм болады екен. Қысқасы, бұл қойылым кез келген алыс- жақын шетелдік театрлардың өре-қарымымен бой таластыра алатынына ешқандай күмән жоқ, «біздерде де осындай бар» деген орынды мақтанышпен иық теңестіруге болады.

 ...«Үйдегі көңіл-қарықты, базардағы нарық бұзады» деген мағнасы терең мақал, адам баласының алай-бұлай күйінің барометріндей екен. Алдында ғана айшықты спектакль көріп, алқын-жұлқын болып алабұртқан көңілдің су сепкендей болғаны қиын түйін. Бүгінгі күннің тақырыбы, жастар проблемасы дегендей болған келесі спектакль («Махаббат мелодрамасы». Авторы Қанат Жүнісов, реж. Болат Ұзақов.) кешегі көрікті ойымды күл-талқан етті! Міне, осы қойылыммен өздерінің облыстық, ауыр болса да, аузымыз бармаса да айтайық, перифериялық театр екендігін көрсетіп алды. Драматургиясы солғын, режиссурасы күлгін. Ал, кеше ғана тәнті етіп, айналасына сүйкім шашқан талантты актерлер мұнша өтірік табиғилыққа барады деп

ойламаппын. Болат Атабаевтың залда болмағаны жақсы болды, Асқар Тоқпановша айғай салар ма еді, әлде қандай жағдай болар еді! Әңгіме желісін өнердің тар жол тайғақты соқпағы жайлы өрбуін ниет қылған автор (Қ.Жүнісов) мақсатын ұғуға, құптауға болар, алайда ол ойдың әдіра қалғанын көріп, жайғаса отырған күрсімізге сыймай, ілгерілі кейінді ырғалақтап әлек болдық. Өкініштісі, (әлде шыны солай ма) автор да, театр да өнер жолының қиындығын продюсердің төсегіне жатумен, режиссердің құшағына кірумен пайымдайды екен. Ол мәселе адамның жеке шаруасы емес пе, әнші ме, сауыншы ма, әкім бе, археолог пе, кәсіпкер ме, нәсіпқор ма, мейлі, әркім өз ышқырына өзі ие болуы керек қой, асылы. Кім көрінгеннің көрпесінің астына сығалау емес қой, өнер мұраты. Өмірде шәнда- шәнда кездесіп қалатын нас қылық – назар салып сөз етіп, оны көзіқарақты көрермен алдына тосатындай, қоғамның көкейкестісі қылатындай тақырып емес еді. Драманың басты проблемасы ол емес, өнерпаздықтың толғақ-талайы, артист деген әуейі де арманшыл халықтың ғазапты еңбегі, жанын жалаңаштап, шынына қосып мұңын шерткен, құпиясы мен сырын ашып санатты ортаға салуға мәжбүр ететін сахна сиқыры, кезеңінің тезегін, заманының жарасын, қоғамының наласын арқалаған шер мен шемені, шығармашылдық өренің өлшемі, талант деген құдіреттің құны, өнер жасаудағы тәр мен талғам түйсігі, суреткерліктің санатты әлемі болса керек-ті. Бұл ойларға тамаша дәлел болатын, әлгі сарауыз продюсерді сахналаған, сары тісті болып қалған Кеңес Нұрлановтың келеңсіз, нұрсыз ойыны да аз «көмек» жасап тұрмағанын ауыр болса да айтуға мәжбүрміз. Алматыдан аттай қалап, аттандырып көшіріп алғандардың ішінде, артистігінен азаматтығы артығы екеу болса бірі өзі еді Кеңестің. Сахналық сүйкімі анасынан дарығанмен, суреткерлік пәтігі кем түсіп жатқанын көріп, қатты қынжылдық. Жігіттігі асқанын талай көрген Кеңесіміздің орындауға ыңғайлы-ақ рольді еңсере алмай, шығармашылдық ебедейі қашқанын жақсыға жори алмадық. Бұл жерде рольдің астарын ашып бермеді, драмалық негіздегі бары осы, қойылымның шешімі шала болды деп, өкпені өзгеге, режиссерге, авторға арта салуға

дайын тұратын бәлеқор көңіл де көжеқатықтыққа жарамай тұр. Әншілігіне ғана емес, сұлулығы мен сүйріктігіне қызыққан еліккіш сезіммен бе, әлде шын сүюден әукесі түсті ме, осы екі араның ара-жігін ашып алу керек пе еді, және олардың біріне ең негізгі жетелейтін күш ретінде табынған дұрыс па еді? «Мен оған ғашық болып қалдым, Оспан» деген салқын сөздері әлгі екеуінің бірінің де маңайына жуымай тұрғанын, я жүректен, я еркектік ұлы сезімнен шықпағанын

«қашан өлетінін ғана білмейтін» мен де, кеще емес көрермен де сезіп отырды-ау, шамасы. Ал, өзім бір кісідей сөзі де ісі де саф деп білетін Кеңес те, ол сезімді ешқашан ойыншыққа айналдырмайтын мен және мен тақылеттестер де, әйелге, төмен етектіге деген Аллаһтан келетін ақиқи тартылыс күшін тазалық пен әсемдіктің аспани әлемінен келетін құдірет деп білеміз емес пе, ендеше оны соншама кірлетпей, қожалақтатпай, пәктікке суарылып, сұлуландырып суреттесе керек-ті. Қарау өмірде онсыз да қарабайырланып бара жатқан, адамзат баласына ғана тән, өзіндей қарсы жыныстыға құмар қылған хас қызығушылықты кепиеті кеткен киноны қойып, енді театр сахнасынан садыраласақ, не болдық!? Жерде жатқан нанды көтеріп биікке қоюды әдет қылған қасиет дарыған қазақ, аяқасты болып жатқан ұлы сезімді аспандатуға бейім емес пе еді! Пьесада жоқ болса, мейлі, автор қасыңда емес пе, ол да өнер адамы, тіпті ақындығы да бар деп естідік, айтысып, тартысып дегендей, актерлік һәм адами позицияңды дәлелдеп, ықылық ата ықпал етпеуші ме еді ортақ іске?! Режиссерге құл, авторға тұл болмауды біздер бастап, Кеңестер қоштап, актерлік өнердің сөз ғана жаттайтын жаппарқұл-орындаушылық қана емес, керек десеңіз кісілік, құтты біліктік қадам, тұлғалық қасиет екенін айтып қана емес, айғай салу керектігінің кезеңі келгені қашан, тіпті уақыты өтіп, көштен қалып барамыз емес пе!?

Эдуардо «әріптестің» әдейілеп меңзеп айтатынындай,

«тоғызыншы кейіпкерге», залдағы көрерменге, яғни бізге құлақ тосар болсаңыз, берер «жауабымыз» тәтті емес, осыдан сәл жоғарыда түзілген тотыяйын қосылған таттай болып тұр, құрметті астаналық әріптестер. Сахналық бейнені өмірдегі өзінің мінез-құлқына теліп, үйреншікті ым-ишаратына,

күнделікті сөз саптау әдетіне, «барымен – базар» пайым- парасатына ғана иек артпай, ой қатпарын қалыңдатып, өре сүбесін семіздетіп, мақсат-мүддесін пісенттеп, тырп еткізбей кісендеп, шідерлеп, бұғаулап алуға әбден болатын басты рольді пышыратып, көңілсізден туған көзсіз баладай сенімсіз шимайлағандарыңызға қарадай күйініп, ішіміз іріді. Образдың сызығы да, қызығы да жоқ, қарсы алдымыздағы қан шымылдықтың аржағындағы қасиетті мекенде, кепиетті сахнада өзіміз күнде көріп, қол алысып жүрген кәдуілгі Кеңес қана кердең қағып, қаңғалақтап жүр. Сахнада өзін- өзі ойнауға хақылы, кәдімгі деуге тұрарлық қазақта бірді- екілі тұлғаның ғана хұқығы болған, олар Қаллеки мен Серке, Құрманбек пен Рахия, Сәбиралар ғана болатын. Қалғанымыздікі құр арамтерлік. Құлаққа сырға, иекке сақал, көзге кірпік жапсырып әлектенген әпербақандардікі бекер тыраштану. Көрерменге Кеңестің Кеңес екенін дәлелдеудің аулы а-алы-ыс, мекерленіп міндет қылуға әлі ертерек-ті. Сахнаның кепиеті дегеннен шығады, бұл қызықты қараңыз, өмірде өте сүйкімді Кеңестің сол кештегі сахнада құты қашып, біз түгіл қыз көз тартар түгі қалмағанын айтуға аузым бармаса да, амал жоқ, айтып, «Платон – досым, бірақ шындық қымбат» деген Аристотель ақылгөйдің пәдәрлі һәм пірлі сөзін арашаға шақыруыма тура келіп отыр.

 Қойылымға қатысқан басқа өнерлілер жайында да намысымыз буып «жағадан алардай» жанайғайға салуға болар еді, бұл жолы «ет бауыр, емшектесіміз» Кеңесті ғана

«құрбандыққа» шалдық. Әйтпесе, ылғи да үміттендіріп жүретін Болат Ұзақов та, табиғатынан тәрбиелі Қанат Жүнісов те, погоны жарасты полицейді оңдыра алмай, ардың-күрдіңделген, одыраң-содыраңдаған, себепсізден- себепсіз «адал» адам бола қалған әпендіні жасаған Жәнібек Мұсаев та, алпысыншы жылдардан адасып, әжептәуір жасты артына қалдырған осынау күнәһар жердің үстінде емес, аспаннан түскендей болып, апырақ-тапырақтанған, басқаны қойып кезінде кеңес өкіметі де орнамаған аңқау ауылдың адамы, тіпті телевизор көрмеген, түктің мәнісін білмеген апасы болып жүрген актрисамызға не жорық? Кезінде талай биіктікте көрінген, сүйкімі мен суреткерлігі ешкімнен кем

емес келбетті жан Жанат Чайкина да, бүгінгі күннің заманауи өнерпазы дейтін, жаңашыл дейтін, жас дейтін, кеше ғана бәлки білікті, бәлки құрықты ұстаздың алдын көрген дейтін, Кеңестің емес, көрерменнің, біздердің биік талабымыздағы, ұшқыр қиялымыздағы кейіпкер Әмірдей азамат жігіт

«ғашық» та болатындай, естен танып асық та болатындай ештеңесін көзіміз шалмаған шошақай қыз Ақсәулеңіз де көңіл толтырмады. Естуімізше, бағдарламада жазылғандай екінші құрамдағы артистер де аз тер төкпеген болар, оған шәк жоқ, бәлки біз іздеген табиғилық пен шынайылықты солар тапқан болар, «көрген көзде жазық жоқ», оларды көрудің реті келмегеніне өкініштіміз. Көрсек, бәлки, бұл одағай ойларымыз бен солақай сынымыздан қайтармыз, кім білген!? Бәлки, Алматыда ғана ауытқып, ал Астанада қарық қып жүрген болар, кім білген!?..

 ...Әу баста әнге жерік қазақтың көптеген театрлары кейінгі кездері музыкалы комедия, мюзикл жанрына жиі барып жүр. Жарасымды, жап-жақсы қойылымдар өмірге келіп жатыр. «Аудармаға ауып бара жатқаны несі?» деп жөнсіз кінә таққыш шемен ойлы шенеуніктердің орынсыз

«ұлтжандылықтарына» сене қою қиын. Таза өнерде ұлт болмаушы еді біз білгенде, оның үстіне адам баласына ортақ ойлар ортаға тасталып жатса, әлгі сөздер әдіріссіз жақтан соққан жел, айдалаға атылған шығасыл оқтайын. Ұлтжандылық пен өнерді ұлтқа бөлудің арасы ат шаптырым. Бүгінде Әуезов театрында әуелеп жүріп жатқан «Аршын мал аланның» авторы қазақ болмағанының не айыбы бар? Тереңге барсақ, түбі бір түркілер тақырыбы, шығыстық иба, мұсылмандық тәр, иманды тәрбие, ортақ ой. Одыраңдап орыс бола салуға жақын өзімізге обал жоқ. ендеше қанымыз туыс «қардаш» дейтін өзегі бір елдің өзгеге ауытқи қоймаған шығыстық, ұлттық, елдік, патриоттық пәтіктеріне қызығып, пәдәріне бой ұрғанымыз ұятты іс пе?

 Хош, деңіз... Көрерменіне көңілді кеш сыйлағысы келгеннен бе, әлде театрларының «муздрама» атын жамылғанын ақтағысы келгеннен бе, әйтеуір астаналықтар әлемге атышулы «Ханума» комедисын сахналапты. («Гамарджоба!». А.Цагарели, Г.Кончели; реж. Е.Тәпенов.)

Ерекше қалыппен қойылған еңселі спектакль көретін шығармыз деген есек дәмеміз, сахна ашыла салысымен жүзеге аса қоймағанын бірден айта кеткеніміз жөн шығар. Жоқ, бұл ойымыз актерлердің жанкешті еңбегін жоққа шығарып, қойылымды іске алғысыз етуден туындаған жоқ. Сөз басында айтқанымыздай, бұл комедияны талай театр сахналарынан көріп, көзімізді суғарғандықтан, күткен нәрсемізді қапелімде таба алмай, әдемілік пен үйлесімділікке қана алмай қалғанымыз рас болғандықтан төтеден келіп отырмыз. Тәуір-тәуір шешімдер, әуезді де әсерлі дауыспен шырқалған әндер баршылық. Әсіресе, көпшілік сахналарындағы қатар түзген жастардың көзтартарлақ билері, парлап, хорлап, бір кіісідей ұжымдасып ши шығармай айтуға тырысқан ариозолары мен әндері назар аударарлық. Ал, жалпы алғанда спектакль шашыраңқы, ортақ форма табылмағандай, иі қанбағандай, «бөтекесі» толмағандай көрінді. Жанр мәселесі де шатастырылған сыңайлы, музыкалық комедия деуге де, мюзикл деуге де, гротесктік сайқымазақтық деуге де болады. Бірақ соның біріне де жауап бермейтіні өкінішті. Бірді-екілі актерлер айшықты еңбектенген, алайда олар босқа арамтер болып жүргендей, өйткені қойылымның режиссурасы бір тиянаққа түзілмеген сияқты, жалпы көркемдік шешімі табылмағандай, тіпті уақиғаның соңынан еріп қана отырғандай әсер береді. Ал, пьесаның уақиғасы шым-шытырық, өте қызғылықты, тау халқының тас үгітер әзіл-қалжыңы іш пыстырмайтыны әмбеге аян. Режиссер мен актер қиялын сан саққа жүгірте алатын драматургиялық тегеуріні барлығынан болар, бұл пьесаның алыс-жақын шетел театрларының түгелі дерлігінің сахнасынан арғы-бергі жылдарда айшықты орын алғандығы. Аудармашы (Е.Жуасбек) пьесаның «Ханума» деген керіштей қатқан, сан заманнан санаға сіңіп кеткен, әлемге әйгілі әп-әдемі атын білгішсініп бекер өзгерткен екен деп ойладық. Әлде режиссер солай шешті ме екен, кім білсін?! Грузиндердің «гамарджоба» деген амандасу сөзі бұл шығармаға тақырып болардай салмақтың, я болмаса қазақтарға түсінікті болсын дейтіндей дәрменсіз мақсаттың үдесінен шыға алмай қалған сияқты. Мысалы, «Айман –

Шолпанға» «ассалаумағалейкүм» деп ат қойғаннан қандай шығармашылдық ұтыс бар, нендей «ақылдылықтың» кернеуі көрініп тұр! Қойылым авторлары ойлағандай,

«ханума» сөзін ұқпайды-ау деген қазақ «гамарджобаны» қайдан ұқсын. «Көрермен шақырады» деген жетім үміттің жетегінде болған шығар дейін десең, оған да томпақтау. Сонда бұлардан басқа қандай ой, қандай суреткерлік сүре жетелегеннен аты өзгергенін түсіну қиын, әйтеуір біздің аз ақылымыз жете қоймады, бір кісіге жүк боларлық тәжірибеміз, арғы-бергіден хабары бар көрген-білген, жиған-терген, оқыған-тоқығаны бар, «ой, онда тұрған не бар?» дейтін «жалпақшешейліктен» (қазақпыз ғой!) де ада емес ғазиз басымыз аз-мұз әлекке түскенін айта кеткен артық емес шығар. Ал, көрерменнің басын әлекке салу өнерпаздық емес, ғаламтордан сала құлаш «сабақ» алып жүргендерді таң қалдырам деп тыраштанған күшеніс те сондай.

 Қойылымның солғын режиссурасымен жарысқандай болып, суретшінің де қиял-ғажайыбы біздерді ондай өреге, әдемі әлемге көтере алмағанын әу бастағы секемімізбен сендіргендейміз. Қарадүрсіндетіп, оңды-солды қалам сілтеуге ғана жетерлік қызмет жасалғаны соқыр көзге де бадырайып көрініп тұр. Сахнаның әбзелі, бутафориясы, декорациясы өте арзан, көзтартарлық дәнеңе де жоқ. Тәпеновтің өзі көп тамсанатын, мәстіріміз де, мәңгүртіміз де мәре көретін мәскеулік атышулы Е.Вахтангов театрының, күні бүгінге дейін сахнадан түспей келе жатқан «Турандот ханшайым» қойылымында тіпті, қол сүртетін сүлгіні де суреткерлікпен пайдаланғанын бұл тұсқа уәж қылу орынсыз. Таганрогта туса да, сол Мәскеуге текке табынғанды тәрк еткен, тіпті талақ етіп өткен Антон Чеховтан асырып айта алмаспыз. Аты мәлім пьесасындағы «В Москву! В Москву!» деген ащы кекесінін ұқпай жүрген орыси қазақтар арамызда әлі де жүр ғой. Ал, вахтанговтық қойылымның бүгінгі күнге сахнадан түспеуінің салдар себебінің бірі – онда шырқау биікке көтерілген шығармашылдық қиял, тас түйінделген режиссерлік шешім бар. Сонан соң, біздердегідей ботадай тоздыру емес, болғанға болысу бар, талантқа табыну болмаса да, тағзым бар. Ал мұнда қазақы салақтықтың исі аңқып

тұрғанын айтпай кетсек, баталы сөздің атасы өледі. Қатты айтыпсың деп, қаһар шегетін қазақы аяққап көкіректілерді аяп, обал-сауап ойласақ, қайда барамыз, «дос жылатып айтар» деген де сол қазақтың өз сөзі, өтірік мақтаудан өрге шығар болсақ, осы күні Алатауымыздың ғана емес, Эверестің құзар шыңында жүрер едік қой.

 Актерлердің азапты еңбегі осындайда ысырап болып, бір емес, бірнеше қайнауы кем қойылымға жан бере алмағандарының орны толмас өкінішке апарары да ақиқат. Болмаса, сол күні әншейіндегі ашық даусы тарғылданып, қарлығып, сөз саптауы судың астынан шыққандай болып сұрқайлана естілген (онысын өзі де мойындады), ауырып ойнаған Қуандық Қыстықбаев, еңбекқорлығы мен сахналық қажыр-қайраты ерен Ерлан Малаев, сүйкімі мен адуындығы асып-төгілген, әдемілігіне шеберлігі жарасқан, ауқымы кең актрисалық мүмкіндіктеріне режиссерлер тарапынан әлі де мол назар аударылмай жүрген Айнұр Жүгінісова, жаныға алақтаған, жаңылтпаш айтудың жарысына қатысып жүргендей, соншама тез сөйлеп, сорпа тері шыққан Жанқалдыбек Төленбаев, басты рольдегі Айнұр Бермұхамбетовалардың еңбектері шырт-пырт шашыраңқы болса да дуылды қол шапалақтаулардың өтеуіндей ғана болғаны аян.

 ...«Кезінде айтылмаған сөздің атасы өледі» деген кесекті, кестелі сөзге жығылып, тағы бір көркем дүниені талдай кеткенді жөн көрдік. Ол – Алматы гастролінің репертуарлық тізіміне ілікпеген, өзіміз Астанаға әдейілеп барғанда көріп тамашалаған, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Ләйлі Бекназар- Ханинганың бенефисіне арнайылап қойыл-ған комедияның (Е.Жуасбек, «Сен үшін...» реж. Н.Жұманиязов) «азан шақырып» автор койған әдеби аты «Түн» болатын. Жүгіртіп оқып шыққанымыз бар-ды. Оң көзқарас ұялатқан. Сөйте тұра, сахнаға сапары қалай болар екен деген көңілімізде қаяу қалғанын елең қылмау қиянат екенін жасырмаймыз. Қазаққа жүгенін ұстатпай жүрген жанрлардың бірі, әрі бірегейі драматургия болғандықтан, дүние есігін ашқан әрбір жаңа пьесаны сақ оқитынымыз да сондықтан. Алғашқыда толған үміт, артынша қырық күдік ұялайтыны жасырын емес. Пьеса

түзудің алуан түрлі әдісі бар шығар, кім санапты, алайда біздің қаламгерлердің көбіне көп құр баяндау мен уақиға қуалаудан, алакеуімде туған әңгіме мен новелласын дүрсін диалогқа айналдыра салудан әрі аса алмай жүргенін мойындасақ, қағынан жерігендігіміз бола қоймас. Арамызда жүрген, актер деген алтыншы сортты адамдардың азапты еңбегінен хабардар Қалихан Ысқақ, Әкім Тарази, Дулат Исабеков, Роза Мұқанова, Шахимарден, Сұлтанәлі Балғабаев, Иран-Ғайып, Нұрғали Ораздарға қатысы жоқ қатты сөз. Шекспирді шемішкеше шағып, Чеховыңды шыр айналдырып оқып, Әуезовті алып ұрып, Мүсіреповті мүжіп болдым дегендердің өздері драма жанрымен бетпе-бет жеке келгенде, белдері майысып береке таба алмайтындарының сиқыры неде екенін білмейтіндері көп. Ол сиқырдың көп сырын біз де біле бермеспіз, білсек, білек сыбанып өзіміз кірісіп кетпейміз бе. Білем деп бет бақтырмайтын бірді-екілі әпербақан, берекесіз қаламын әрлі-берлі сілтеген болды, бірақ ол сабаз да бұл жанрдың көсегесін көгертті дей алмаймыз. Басы ашық бір нәрсе бар, ол – театр деген қазанның қақпағын ашып қарау, яғни қойылым дүниеге қалай келеді, әдеби жанр түріндегі пьеса, сахналық жанрға

– спектакльге қалай айналады, өнерпаздық шешім деген не, форма, қалып, мақсат, көкейкесті мақсат, идеялар қалай жүзеге асады, шығармашылдық шабыт қай қияға бастайды, орындаушылық шеберлік, интеллектуалдық өре, суреткерлік сөре, қарым, білім, талғам, тәр, қойшы әйтеуір, режиссер мен актердің көркем туынды туғызардағы толып жатқан толғақ-жерігінен хабардар болу. Осыларды ұққан қаламы бар бәдәуи, бәлкім драматургия дейтін жағалауға жақындар. Онда да ол шіркіннің, әлгі жағалауды айтам, үшбу жазбалардың авторы ғылыми дәлелдеуге тырысқан оқылатын бір түрі, қойылатын бір түрі, айтылатын бір түрі кесе көлденеңдейді десек, үміткерді қатты үркіте қоймаспыз. Хош деңіз... Пьеса жазудың ең оңай, әрі әмбеге аян түрі – ойын ішінде ойын жасау – сонау Мольер заманынан келе жатқан (бәлки, қалған) иістене бастаған ескі әдіс болған соң,

«Түнге» көз жүгірткенде, автордың қолданған (бәлки, көп

бәледен қорғанған) қалпын қазақы санамызға әп дегеннен сіңіре алмаған шығармыз. Әдетте, А.Пушкиннің «поэта надо судить по его же выбранному закону» деген айшықты сөзін қанша қаперге алмақшы болып әлектенгенмен, театр деген тарлан өнерді ойын деп оңайлатуға қайран көңіл көнбейді- дүр, қайрылып келіп қарсы бола береді, тіпті қаламайтыны рас. Себеп, қазір мольер заманы емес, театр өнері ойын да емес, «келіп, демалып кететін» жер де емес, қазақтың қанына қазықтай қағылған қанатты өнерге, саясатқа да бергісіз санатты өнерге, тек-көгенін көздейтін мәрелі ұстынға, әдемілік әлеміне, еңсесі биік ерекше өлшемге, өмірлік қалыпқа айналғанын культурологпын деп жүрген қыли қыртымбайлар, тракторист-трайболистер ұға алмай жүр... Хош, ол – өз «ауруымыз», өзімізді «третей сотындай» сезінетін өн-бойымызда ондай шіреніс шікәнә жоқтығына шүкір етіп, межелі мақсатымызға көшейік. Аты аталған екіұшты дүниені сахналауға бұ күнде «тамыры жуандап қалған» Нұрлан Жұманиязов келісім берген екен, автор- бастықтың талапты тегеуріні ме, әлде өз қалауы ма, салдарын кім білсін, оның анық-қанығын тексеру қаперімізде жоқ, басты назарымыз қойылымның көркемдік құндылығына ауысқан. Айта кеткен абзал, басымызда мұндай «харам» ойлардың қылаң беруі бекер емес, жүндес білектің кейде өз қалауыңның ық жағына шығармай, желбір жүректі желкелеп, жел өтіне итеріп тізеге басары жоқ емес, екінің бірінде бар. Өнер білектің емес, жүректің ісі екенін біле-білгенмен, қаперде бола бермейді ғой... Тек, әйтеуір, сол бастық жарықтықтың текпіні мен екпіні, айғай-сүрені, өре-қарымы мен өлшем парасы, тек-көгені таза өнер төңірегін төңіректесе қанеки... Нұрлан-режиссердің өз қолымыздан актерлік диплом алғанын білетіндіктен, бұл «ауылдың әуенін» қалай айтып жүр екен деген алаң күйде болғанымыз да жасырын емес. Жоғарыда тілімізге тиек еткен сол Мольердің

«Скапенін» жақсы қойыпты деген қауесет те естідік, алайда қауесет пен көзкөргеннің арасы біраз жер, ретін күткен күпті күйде көп жүргеніміз де хақ. Дей тұрғанмен, Нұрланның бұл жұмысы күдікті көңілді тұрақты орнына түсіргенін айтсақ

болады екен. Сол күні спектакль ерекше актерлік шабытпен ойналды. Ләйлі Ақназарқызының мерейтойына деген ұжымдық ықылас па екен, әлде актрисаның айналасына еш маза бермейтін өзгеден табылмас қажыры мен қазымырлығы ма екен, әлде сол күні залда кино өнері болмаса, театр әлемін аз менсінетін, қиылып шақырсаң да қолы тиіп күнде келе қоймайтын министр мен әзелдегі арманы өзге, мақсаты басқа қала әкімдігінің адамдарының отырғаны ма, әйтеуір қойылым зор табыспен өткені ақиқат. Дуылдаған ду қол шапалақ та, құшақ-құшақ гүлдер де сол күні, таза өнер – театрға деген шынайы ықыласқа, сағынышқа айналған сар шекпенге қарық қылды. Кезінде ондай атмосфераға талай бөленген біздің көңіл спектакльдің көркемдік құны жайына қарай ауытқи берді... Алдымен, өзіміз оқып, әп дегендегі көңілге келген кірбіңнің кетуін, пьесадағы «ойын ішіндегі ойынның» қалай шынға айналғанын күттік. Қарсы алдында

«қан төгіліп» жатқан қойылымға да қалт ете қоймауға, ешнәрсеге таң қалмауға үйреніп қалған қазақ көрермені қалай қабылдар екен деген де ой болды. Өйткені өтірік ойнап, табаны жерге тимейтін, шындығы күмән шығарма жазып, оны теріс тәрбиелі маргинал мыжғылап қойып, есіміз барымызға «неге бұлай» деуге дес бергізбейтін бетпақтыққа көніп, тек орындаушылық-марионеттік әлжуаз «әртістікке» шарасыз, амалсыз үйреніп, жағымпаз-жарбаңдықпен

«күйленіп», адал еңбегімізді арзандатып, тәтті азабымыздың аруақты дәмін ащылатып алған өзіміз-ді. Сөз қадірін бір білсе – қазақ білуге керек-ті, алғашқы пьесалары аңыздар мен эпостық шығармалардан құралған ұлттық театр, сол қазақы санаға тастай сіңген тас қорғаннан, сөз театры деген тебінгіден, атойлаған «айқайдан» арылуы үшін, қанша қатты естілгенмен, екі арада қазалы ұрпақ алмасуы болмаса, өзге қалыпқа көшуі оңай емес-ті. Ертелеу есейген, жаңалыққа талпынып көрген бірді-екінің ерікті жол іздеп еркінсуі, шідер үзуі сатқандық есебінде болғаны әлі күнге күн тәртібінде ғой. Сәті келіп тұрғанда сән іздемей, кезінде көз майын тауысып, күресінде қалған көп парақты ақтарғандағы зерделеуге қатысты зерттеулеріміздің ішінен тағы да есімізде

қалған мына бір пәтуалы пайымды қарастырып көрсек қазымыр болып көрінбеспіз: «Эпоста, – дейді Г.Гачев деген білімір теоретик, – сөзсіз ештеңе жоқ. Материалдық негіз ретіндегі сөздің тінінен басталып, біздің ішкі пайымымыз іске кіріседі де, рухани қабылдау әлемімізбен араласып, қиял-ғажайыпқа ұласып кетеді. Театрда жағдай бөлек, онда жанды тіршілік бар, сахнадағы сөз адамдардың өміріне, іс- әрекеттеріне сәйкестене қызмет етеді. Ал, күнделікті өмірде, ауызша айтылатын сөздерде оншалықты өзіндік жүйе, я болмаса, көкейкесті мақсатқа бағынған байланыс болмайды, ол бар-жоғы жанды қимыл-қозғалыстардың іс-әрекетімен араласқа түскен, жалпы оқиға желісін түсінуге қажетті қызметші, көмекші, ой ұшығын жетелеуші ғана [Гачев Г.Д. Содержательность художественных форм. Эпос, лирика, театр. – М.: Просвещение, 1968. 262 стр.]. Расын айту керек, сол күні сұлу мерекеге ұласқан кештің негізгі себебі – селкеуі көп пьесаның емес, өмірге оңынан келген,

«жанды тіршілік» кешкен, автордың «ой ұшығын жетелеушілікке» жеткен спектакльдің, өзіміз әманда зарығып күтетін, қай жағынан қарасаң да сұлу, орынды өрілгендігі. Режиссурасы да тап-тұйнақтай, сахнада актерлерге көсіле шабатын құрақ көрпедей жер қалдырмаған сансыз қораптардан құралған «декорация» да, уілінен шуылы көп музыка да құлаққа түрпі, көзге күлкі көрінген жоқ. Ең бастысы, өзіне арналып қойылған қойылымда арқалы актрисамыз Ләйлі актерлік шеберліктің құзар шыңына бет алған бедерлі суреткерге айнала бастағанын көріп, шеріміз тарқап, шемен көңіліміз босағанын айтпақшымыз. Сахна мен өнерпаздық сананың өрелі тоғысқанына, табиғилық пен шығармашылдықтың шынайы үйлесім тапқанына, образдың сахналық әрекет- қарекеттерінің өмірдегіден алшақтамағанына, сөз бен ой иірімдерінің бірігіп-кіріккеніне, екінің біріне берілмейтін адами сұлулықтың, сүмбіле-сүйкімділіктің құты қашпай, өзеуреген көрерменнің көзайымы бола алғанына, суреткер ретіндегі неше қатпарлы тереңдік пен шектеусіз шеберлік мүмкіндіктердің куәсі болғанымызға тоғайып-толқып,

қалқып ұшып, өзге әлемге, өрелі өлшем еліне көтерілгенімізді, өзіміз де кей кездері кешетін шығармашылдық рахатқа бөленгенімізді мақтанышпен мойындағанымыз рас. Өзіміз бұрыннан өнерлі беймазалығын білетін, білімділікке құштарлығынан да хабардар Ләйлі, ата театр мектебін аттап кетпей, баталы жолын санасына қаттап, жадысына жаттап өткенінің қуатты куәсі осы ролі болғаны жүрек жарар қуанышқа бөлегені ақиқат. Актрисаның жүйріктігін мойындау үшін, мыңның емес, бір рольдің өзі жеткілікті екені түйсіктіге түсінікті шығар. Ал, бір рольді биіктете білгеннің мыңды жығар біліктілігі болары да белгілі.

 Бұл сапардан түйгеніміз бен «күйгеніміз» қатар өрілгенін біраз әңгіме қылдық. Арасында «әтегеніміз» де болды, ол – «Үйлену» мен «Қарагөзді» көріп көзімізді суыта алмағанымыз. «Бірі кем дүние» демекші, көңілдегінің бәрін бірлеп, кейінгінің ақысынан дәмеленбей, тағы бірде тәтті кештерді бастан кешу рахатын болашаққа қалдыра тұрғанымыз да дұрыс шығар... Елордалық серілердің

«Сарыарқадан салған әнін» әлі талай рет Алатаудың бөктерінен тосып, қосылып айтуға, тұшынып тыңдауға жазсын... Қалай дегенмен, қарымды актерлері, дарынды режиссерлері, салымды басшылары бар көңіл қалдырған азырақ күдіктен гөрі көбірек үміт ұялатқан, шалғайда жатқан елуден астам еңбегі еш, тұзы сор, басқан ізі білінбейтін, алайда егемен елінің еңселі патриоттары болып жүрген азапты болса да асқақты, талантты актерлері жетіп артылатын, аймақтардағы тобашыл театрларымыздың біразынан жүйрік, онынан озық көрінген елордалық өрнегі ерек өнер ұжымының алдағы жасампаз жеңістеріне жабыла қол шапалақтайтын жалынды шақты, шуақты кезеңді күтейік, ағайын!

Мамыр, 2010 ж.

НОҚТАҒА БАСЫН СҰҚПАҒАН ...

(Ойлыларға арналған актерлік ода)

...Тірлігімде сыйласпаған ағайын, Мен өлгенде жыласаң – Құм құйылсын көзіңе!!!

 Махамбет

 Ұлттық санамыз «уланбай» тұрғанда, оған саумалап кірген, талпынар мәре деп танып маңдайымызды тірейтін, бас ұратын бір ерекше сәжде бар болатын, ол – әдеп, тағлым, кішіпейілділік, ұяң иба, жанашырлық пен бауырмалдық, тәр мен өре, тағы да басқа қазақ үшін қасиетті ұғымдар- тұғын. Сонан соң, бәлкім, ең бастысы болар, кең даланың кемерінен асып жығылатын еркіндік. Ешнәрседен емінбей, еркін ойлап, еркін сөйлеп, еркін ойнап, еркін күліп, еркін жүріп, қысқа өмірді қиқаламай, қиқуламай еркін сүріп жатқан ел едік. Эпостарымыз бен ертегілеріміздің сала құлаш ұзын сонарлығы мен ғибратты тарамдылығы, шер- шеменділігі, қарапайымдылығы мен асқақ арманшылдығы ұлт мәдениетінің өзге ұғымдағыларға ұқсамайтын мәуелі өлшемінің, ұлылығы мен өміршеңдігінің, емін-еркіндігінің мысалындай еді. Үйлесімділік пен үндестікке малынған мамыражай күйіміздің сеңі бұзылмас сылқым жанды, сұлу тәнді әдемілікке, салиқалыққа құштар салауатты жұрт болатынбыз. Бүгіндері жеріміз тарылып, пейіліміз тарынған, басымыздан сөз асырмайтын тарғыл заманда өмір сүріп жатқандықтан ба, жетесіздеріміз қаны мен қағынан жеріп байып-көбейіп, өрелілеріміз өмірде бастары қосылып бір қазанға сыйыспайтын, бір-бірінің қадірін біле бермейтін, кейде білгісі де келмейтін, өкініштеріміз өзегімізді өртейтін өксікке ұласса да, қасымыздағы қандасымызға қайрылып та қарамайтын жұртқа айналдық. Оның есесіне «кейін кіретін ақылымыз» асып төгіліп жатады. Есте жоқ ескі замандар көшінен өткен аталарымыздың атына ас беріп, бәйге-көкпар ұйымдастырып, мешіт салдырып, көше,

елді мекенге солардың атын қойғызып әлекпіз, оған да шүкір. Бірақ соның бәрі кеш. «Ештен – кеш жақсы» деген мақалға әуестігіміз сонша, кейін кірген ақылымызды, бүкіл өкінішіміз бен жоғалтуларымыздың бәрін сол мақалға теліп, тіреп қоямыз да, жоғымыз табылғандай, өкініштеріміздің орны толғандай күй кешіп, тоқмейілси қаламыз. Не нәрсенің де «түбінің қайыр» болатынына сеніп, жыртық көңіліміз бен жаралы жүрегімізді бірлеп, өзімізді өзіміз алдаймыз. Тас жарар тілді Махамбеттің осы бір ода жанрына жақын боп шыққан ой-жазбаларымның шекесіне шікірейте эпиграф етіп алып отырған, жоның түгіл жаныңнан таспа тілер қылыш қылпылды сөзі қаперімізде бол-майды.

 Қазақ актерлерінің марқасқа өкілі, тумысы мен табиғаты бөлек, шеген өнерлі, шерлі тағдырлы Нұрмұхан Жантөрин жайлы сыр шертерде санама шым-шымдап алдымен осы ойлар оралды. Шеген өнерлі дейтінім, Жантөрин – Жаратушының назары түскен тума талант, арқалы, арлы актер. Актер өнері ұлт пен оның танапты табиғатының, қанатты рухының мысалы десек, бұл кісінің өнердегі орны халқымыздың қаны сұйылмаған қаймақты менталитетімен тығыз байланыста, тар жол, тайғақты тағдырымен тура пропорционалды. Сондықтан да, өнерпаз бақыты деген ұғым болса, бұл кісі актер ретінде осы ұғымға толық сай, сахна мен экранда жолы болған, өнер әлемінде бағы жанған, елінің көзайымына айналған. Өйткені әрбір ролі халық жадында, сол халықтың өткені мен кеткенінің, бары мен жоғының, тапқандары мен жоғалтуларының іздері актердің Азиядан басқа құрлықпен еш шатастырмайтын бет-жүзі мен сол құрылықты мекендеген текті ұлыстардың түгел қасіретін аңғартып тұратын мұңды көзқарасында, арсыдан, ғасырлар астынан естіліп тұрғандай көрінетін шұрайлы, қазақи қоңыр үнінде жатқандай. Ол ойнаған кейіпкерлердің барлығы дерлік көрермен көкейіне тайғанақтамай қонақтаған көк кептерлер сияқты, өйткені оларды ұлт табиғатынан ажырата алмайсың, іздегені, жоғы табылып, жаны жай тапқан, алаң жүректің ең асыл түкпіріне барып орныққан, шөлін қандырған мамыражай мауық іспетті. Өзегі бөлек өзгелерден таңылған қағысы мен қоймалжыңы бөлек, басқа жүректің соғысы мен

бөтен қанның бүлкілінен ада, өнердегі қалпының ұлттық табиғилығы һәм қазақы қаймағы бұзылмаған колорит деп осы құбылысты айтсақ керек.

 Шерлі тағдырлы дегенім, нәсілі жүйріктердің шабан айналасынан шегер азабы мен көрер қорлығы барын бәріміз де білеміз, алайда шарасызбыз. Суреткер тұлғаланған сайын, өзгелерден оқ бойы ұзап, ешкімге, әсіресе, пәкене бойлы пигмейлерге ұқсамай іріленген сайын, сыпсың сөзге ілігіп,

«жау» тауып, көпе-көрінеу көмескілендіріліп, қызғаныш дейтін қызыл иттің ырылына қалып, кедір-бұдырлы өмірге кез болары заңдылыққа айналғалы қашан. Нұрмұхан Жантөрин хас өнерде бақ дарыған актер бола тұра, лас өмірде сор тағдырға жолыққан адам. Сондықтан болар, оның көзі мұңға толы шерлі тостағандай төңкеріле тұңғиықтанып, ал өзі өзге халықтың құрметіне бөленгенмен, өз қауымынан қасірет шеккен, еркіндік пен қанаттылықты кісендеп, қазықтаған мұрындыққа мойымай, еріксіз шөккен қаһарлы қара бурадай, жарылуға шақ тұрған жанартаудай әсер береді. Актер алдымен адам, сол үшін де оның бағы мен баяны өзі кешіп отырған кезеңіне, қоғамына, қаумалаған айналасына тәуелді. Қоршаған ортасы – белсіз драматургиядан бастап, жөнсіз режиссура, нәрсіз әріптес, тәрсіз басшылық пен көзсіз көрермен болғанда, құр даңғаза дақпыртқа, текке алданыштаған қызыл да жасыл қуанышқа, айғайлы-сүренді ұранқайлыққа дара тұлға тұшына қояр ма? Ұғымға обалы сол, осындай актер адам, өліде ғана айрылатын аурасынан – өнер «ауласынан», тіріде табынатын қағбасынан шеттетіліп, театрдан «қуылған». Ұжымға ұңғып ене алмай, бос балласт боп, тиіп-қашып, бағы жанбай, бақай есепте, күңкіл сөз бен қатынөсекті төңіректеп, жұмыстан қашып, я сұраусыз да қажетсізболып сыртта қалып, болмаса, ісіоңбай, ролі шықпай, шиырлап, «шөгіп» қалса бір сәрі! Жоқ, дер шағында, Кебегің мен Қодарыңды, Шоқаның мен Фархатыңды, Петручио мен Гортензиоңды, Ягоң мен Докторыңды, Танабай мен Абакиріңді, Мырзағали мен Сәнжаныңды, қойшы әйтеуір, ағымдағы репертуардың сексен пайызын арқалап жүрген атпал уағында, қазағың түгіл одағыңның өнерінің төрінде жүргенде! Бұларға шептен шеттетіліп жүріп-ақ, сырт

қалған сахнаны сарыуайымға айналдырып, сартап болып сарғайған сағыныш арқалаған кезеңдерінің өзінде, жасып жүріп жасаған кереметтері Макбет пен Мольерді, Сұлтан Бейбарысты қосып айтпағанда! Осынау ащы шындықты бүгіндері қанша жадағайлатып, жайдақтатқанымызбен, көзі де ашық, төбесі де тесік текті жұрттың жадысына жабу бола алмайтынымыз ақиқат-дүр. Қуғынға ұшыратқан қорғаны мық, тіреуі нық қолбала тұлғаны «ығай-сығай мырқымбайлар мен қали-ғали қыртымбайлар» тұлпарларға ғана лайық тақ-тұғырға отырғызбақ боп, күлкілі болмаса да қораш көрінерін ойламай, қаһарманның шоқпарын шор беліне байлатып қанша тыраштанғанымен, бәрібір қалқанқұлақ есектен құлын емес қодық туатыны дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома екенін екі күннің бірінде есіне алса игі. Ендеше, «болары – болғанды, қанды бояуы сіңгенді» көріп тұрып көрмегендей, тіпті түк те болмағандай жасыра бүркемелеп жөн-жосықты жасытудың, ашық шындықты бозтұмандатудың жөні қайсы?! «Екі қошқардың басы...» дейтін белгілі мақалға телитіндей, ерегіскен екеудің екіншісінен осы уақытқа дейін ондай қошқарға тән тектілік көрмедік, тек тұлпарға лайық өмілдірік тағып, өкіріп әкіреңдеп, қақырық шашып ақыратыны болмаса... «Құласаң – нардан құла» дейтін атадан қалған асыл сөзге қонақ берсек, жылқы жарықтық үстінен құлаған адамға күдірейген жалын жастық қылғанда, есек атты харам хайуанаттың төсейтін тұяғының жанға қатты бататыны белгілі. Ал, аруана нардың мамық өркешіне әлімсақтан зәруміз. Шын жүйрік боп туғандарға сол қайғы, тұлпар тектілерге осы мұң. Батыраштарымыздың ұрпағы азаюдың орнына, өзге өңге ие болып өсіп-өнген, жапырағын жайған.

 Хош, сонымен Нұрмұхан Жантөринді театрдан қуып, өрелі өнерін өңештен буып не таптық десеңізші?! Қуушылар мен соларды қолдаушы құлдыраңбайлардың айтуынша, «өзі кінәлі, соншама шіренбей, қайысша қатып-семген қасаң мінез көрсетпей, аспандап кеткен асқақтығынан артына қайрылып қарап, мойынтұрыққа мойнын созып, қорлық пен боқтығы, айтағы мен айғайы көп шалағай, алағай да бұлағай, шалақазақ-маргиналдыққа малына бастаған өнерге

қарсылық білдірмей, шідер үзбей тізе бүгіп, бастан персе амалсыздан өліп, арттан тепсе шарасыздан көніп жүре берсе ғой, ештеңе де жоқ еді. Небір рольдерді ойнар еді. Бағынып өткен басқалар секілді омырауы қаңылтыр мен қатырма қағазға толып, тоғайма күй кешер еді. Ол да СССР(!)-дің халық артисі болар еді, СССР(!)-дің Мемсыйлығының неше дүркін лауреаты атағын ол алмағанда кім алар еді?! Ал енді не болды? Ерегестен не тапты? Кімнің қай жері қисайып, нендей шікәнәсі кетті?» – дейді... Дейді... Сонда қаймағы қалың қазақ өнерінің, жандары жалын төгер арда актерлерінің алдыға жетелер мәресі, талпынар төбесі, бажайлар биігі бүгінде өзінен өзі жоқ болған СССР екен ғой сонда? Сол төрт әріптің атына бола затымыздан безіп, өз қағымыздан жеріп, қанымызды сұйылтып, сүтімізді ірітіп, тегімізді терістеп, соры қалың қаймана қазағымыз үшін емес, кеудемізге қадайтын қаңылтыры үшін қан шымылдықтың ар жағынан қан сорпалайды екенбіз ғой! Апырай, сол төрт әріп болмаса, таланттыларымызды тағалайтын ұстахана, телміретін тәліми өлшем, бой түзейтін шарайна, ой күзететін биіктік, табынатын Қағба қалмаған екен де! Сондықтан да аруақты басын ноқай наданның нойыс ноқтасына ию керек болған да?! Жас кезінде торай нәсілдіден жасамысында шошқа шығады деп менің «жаман» атам Жаманқұл жиі мақалдайтыны содан екен ғой!

 Жауырды жаба тоқымай, шындықтың тыртық бетін көпе- көрінеу бүркемелемей айтар болсақ, актер Жантөриннің шығармашылдық трагедиясына бірден-бір һәм жалғыз себепкер – алпысыншы жылдарда Әуезов театрының басына келіп, әуелден мөлдіреп келген, шымырлап бойға жайылып тұрған ұлттық колоритті белден басып, берекесін кетірген, алайда қазақ театрының шығармашылдық бағытын күрт өзгерткен, сөйтіп, отыз жылдан астам үстемдік құрып, өресін биіктеткен, шынайы жетістіктерге жетелеген, және желкелеп отырып жеткізген Әзірбайжан Мәмбетов екені айдан анық. Дәл сол жылдардың алдында ғана Тәшкеннің театр институтын үздік дипломмен тәмамдаған, білімі артықтығы анадайдан көзге ілінетін кесекті өнерпаз Нұрмұхан Жантөриннің де жұлдызы шырқау биіктен

жарқырай шығып, көз қарықтыра бастағаны да театр тарихын зерделі зерттеген батылдығы белгілі болғанмен беделі пәс шын сыншылардың сөз сызбаларынан сезгенбіз, көлденеңдегі кім көрінгендердің көмескілеуінсіз-ақ байқағанбыз. Яғни, екі тұлғаның екі түрлі тағдыр талайы мен тағлым тартыстарының, білім белестерінің, кісілігі кем керістерінің,.. дұрысы – тебістерінің тұяқты іздері осы сүрлеуде сайрап жатқанын санасы соқыр емес адам сөзсіз аңдайды емес пе? Сонымен, бір кезеңде, бір уақытта, бір өнер сахнасында, екі түрлі мектеп пен екі түрлі азаматтық пайымдардың сыйыса алмауының себеп-салдарын кім ашық айтып зерделеді, әрі қарсы келген хас жүйрік асаулардың нені бөлісе алмай, нендей сиқырлардың арқасында екеуінің жолы екі жаққа айрылғанын қай ара би ара жігін аша алды екен?! Бүгіндері жайшылықта бастары қосыла алмай, есендесу былай тұрсын, бірінің-бірі көңіл көкжиектерінің есігін де қақпай қаскөйлерше қасарысып, қарсы емендей қайыспауларының себебін сезе алған азамат болды ма? Сезгендер болған шығар, алайда оны айғақтап ашып айтып, ақыл сап, өнер тағдырын уысында ұстағандарға жеткізіп, құлаққағыс қылып араша болғандар, немесе ерегіскен екеудің есіре тасыған мейманасын басып, екпіндеріне тоқтам айта алып орындарына қойған, ағалық жасаған, ақсақалдық еткен адам жоқ болса керек. Қазір де сол, ұйысқан қыршаңқылық пен «мен тұрғанда сен кімсің» дейтін ішіне пышақ айналмас паң құлықтан кенде емес қазақ өнерінің айналасы әлі де аруақты ағалыққа, кең кісілікке бара қойған жоқ. Әуезов театрының екі бірдей тарпаңдары бола тұра, тарландыққа жете алмай, талақтары тарс кетсе де, былайғы, аузын ашса жүрегі көрінетін аңғал жұрт олардың есімдерін естен шығармай, екі сөзінің біріне қыстырып отыратыны жалған емес. Осы театрдың алтын ғасыры деп асыра сілтеніп аталып жүрген кезең, актерлік арда өнердің қаралы жылдары болғанын да шығармашылдықтың шын жанашырлары қаға берісте, ықтырмада, қамығып-қамкөңілденіп, бөлек шығып әңгіме қылатыны өтірік емес. Қазақ театрының режис- сурасына Мәмбетовтің узурпатизмі мен маргинализмі айшықты әріптермен жазылғанмен, оның ұлттығы сүттей

ұйыған актерлік өнерінің үрдісі тарихынан Нұрмұхан Жантөриндей тарланның жарқын жолы, орындаушылықтың ұлттық мектебі, ерек есімі асқан аяусыздықпен «сызылды»! Келешекке, кейін келген біздерге осы жоғалту мен жетістіктің қайсысы қымбат, қайсысы өкініш, ойлантатын тұсы не? Жалпы, қазақ театрының тарихы мен жылнамасына режиссер Мәмбетовтің жетістігі ме, жоқ әлде асқақтығынан азап көрген саңлақ актер Жантөринді жоғалту ма, қайсысы қасиеттірек? Мәмбетовтің дақпыртымен жеткен жалауы көп жетістіктерімізге мақтанатынымыз ба, Жантөриннің актерлік жолын жоғалтып алып, қарабет болғанымызға қапаланатынымыз ба? Енді осы сұрақтардың жауабын іздеп көрелік.

 Тағдыр талайына тап келген өз кезеңінде, өнердегі арзандыққа, пәкенелік пен пигмейлікке қарсы боп, қанжығаласып, шындық айтып шулатып, «хамствоға» барып

«қан болып», әсіре қызыл әпербақандықтан алшақ әлемде шығармашылдық өмірі «өртеніп», өксіп өткен, алайда асқақтығын ақсатпаған адуын ақсақал Асқар Тоқпановтың мына бір «тоқпағына» құлақ қояйықшы: «Драматургтің де, оның шығармасынан туған спектакльдің де идеясын халыққа көрсету, ойын оған толық жеткізу жөнінде әрекет етуші – актер. Егер актер бейне жасауды ойдағыдай түсінбесе, түсінсе де орындай алмаса, жаны бар, мақсаты бар, мінез- құлқы ерекше, дара сахналық бейне тумайды. Автордың сөзін тек жаттап алып, ең тәуір дегенде баяндаушы дәрежесінде ғана болады. Мұндай жағдайда пьеса идеясы өмірге айналмай, әрбір сөздің айтылу себебі ашылмай, процесі көрінбей, ешқандай әсері жоқ жаттандылықта қалып қояды» [Тоқпанов А. Сахна саздары. Режиссер көзімен. – Алматы: Жазушы, 1969. 107 б.]. Осынау тайға таңба басқандай етіп, өз кезеңінен озып, ертелеу жасалған тұжырымға «негіз» болған сол кездегі актерлердің көбіне- көп тек қана орындаушылық-құлдық қалыпта болғаны, ол кезде жалпы театр өнерінде тек қана режиссердің ықпалы үстемдік құрып, ал актер «сорлылар» спектакльге керекті бұйым-бутафория ретінде жаппарқұл-марионеттік, орындаушылық қана деңгейде жүргенін ескерсек, ұлы

ұстаздың сол кездің өзінде-ақ актер мамандығын өте жоғары бағалап, оның спектакльді қоюшы режиссермен теңдей суреткер бола білу керектігін баса айтып кеткендігіне риза боласың. Айтса-айтқандай-ақ, келе-келе ол ағым, яғни актердің тек орындаушылық-марионеттік тұлғасы, қазақ театры тарихындағы 1960 жылдардан бастау алып, тоқсаныншы жылдарға дейін билік құрған, актерлерді спектакльге бутафориялық бұйым ретінде пайдаланған менмендік, узурпаторлық режиссураның дүниеге келуіне басты себеп болды. Театр сахнасында тек қана режиссерлік жүйе басымдылық көрсетіп, актерлік өнер асқан аяусыздықпен табан асты болып таптала бастады. Мұндай тізеге басуға көнбеген, ноқай ноқтаға бағлан басын сұқпаған, негізі көршілерден көргенінен туған көшірме режиссураға, ұрдажық узурпатизмге көне алмаған жалғыз Нұрмұхан Жантөрин ғана болды, ал ондай шынайы суреткерлік мінез танытып батылдыққа бара алмағандары, аңқау елге арамза молда боп, «ақ дегені – алғыс» боп тұрған «фюрерчиктердің» (А.Сүлейменовтен) қуыршақ-ойыншығы күйінде, іштей тынып, кейде сынып-мүжіліп, ішіндегі сайрап тұрған суреткерлік-санаткерлікті көпе-көрнеу көміп-тұншықтырып, шығарма-шылық еркіндіктеріне жете алмай күйіп-пісіп, ішіп-күрсініп өткен актерлерді көзіміз көріп, көңліміз құлазыған. Есі барда екі кітаптың парағын тауысуға таланы жетпеген бірді-екілі есерсоқтардың бүгінгі күнге де жетіп, күнге ағарған сақалын арамзалыққа былғап, әпербақан кейіпте жүргенін сезіп, санамыз сыздаған. Сол ардақты Асқар ағаның қаға берісте қажып айтатын, қатты айтарларының ішінен есімізде қалғаны: «о-ой, Нұрмұхан актер еді ғой, ақылды еді ғой, тұлпар текті тайбурыл еді ғой, қор қылды ғой қолдан жасалған мифтер мен ергежейлілер, амал не!» деп, аһ ұрғанын құлағымыз шалып қалған-ды. Неге олай болды десеңізші? Себебі көп шығар, біз білетіні – сол заманда бастау алған, «бармақ басты, көз қыстылық» дейтін, әл-әзірге қоймалжыңдана қоймаған қоғамды жайлай, дәніге бастаған жұқпалы мерез, уы терең дерт болатын. «Бидің айтқанын құл да айтады, алайда аузының дуасы жоқ» дейді Төле би. Бабалар мегзеген «бидің

дуасы» жұқпаған соң, құл болып құдыраңдап, іштарлыққа бой ұрып, сахна деген сәнді мекенді садыралап, сыбыр-күбір сыпсың сөзге, өсек-аяңға айналдырып, төбе мен тауды, терең мен саязды, биіктік пен кеңістікті шатастырып, таза өнерді талан-таражға салып, өнер ауылына ағайынгершілік пен жең ұшынан жалғасуды әкеледі, жабыны тұлпар, қарғаны сұңқар етуге үйретеді, алтынды мыстан, темірді көмірден ажырата алмастай халге жеткізеді. Ең сорақысы осы жайт. Суреткерлік мекеннің тым-тым таза болуын бұлжымас қағидаға айналдырған К.С.Станиславскийдің өзі өнерпаздық студия шә-кірттерімен болған көп әңгімелерінің бірінде мынандай өкініш айтқан екен: «Өмір болған соң, тамыр-таныстық, ағайын-туыстық, өтініп-зорлап, өзеуреп, табиғат бермеген өнерпаздықты қанжығалап, бүктеп-таңып тықпалаушылық, т.с.с. көптеген келеңсіз жағдайлар суреткерлікке талабы жоқ көп адамдарды актерлік студияға, тіпті театрларға кіріктіріп жіберетін тұстар, өкінішке орай кездесіп жатады. Әдетте, осындай оқыстан, ойда жоқтан пайда болған актер, режиссер- сымақтар өнер ошағын өресіз өсек-аяңға, сыбайлас- таныстыққа, садыра-әділетсіздіктің мекеніне, мибатпаққа айналдырады да, бүкіл шығармашылық ұжым соның ұйығында малшынып, берекесіз былғанышта өмір кешеді» [Беседы К.С.Станиславского. Записаны з.а. РСФСР К.Е.Антаровой. Под общ. ред. Ю.С.Калашникова. Всеросс. театр. общество. – М., 1947. 52 б.]. Басқа-басқа, өрімтал һәм керімсал өнер әлемінде мұндай құбыжық құбылыстың етек алуы, оның жасампаз өзегіне тат боп таматын пітнә, тепкіден бетер қатты тиетін соққы екені даусыз.

«Болмағанға – болыспа», «бұлақ көрсең көзін аш», «шын жыласа соқыр көзден жас шығады» деген емес пе?! Әйткенмен, сәулесіне Аллаһ бір нәрсе бермесе түк шықпайды, ол – хақ. Дегенмен, қолдағанға көніп, болысқанға еретіндей, пәдәрлеріне пәтік бергеніне ішің жылиды. Ал, санасына сәуле біткен, алайда артында тіреуі жоқ шын жүйріктер, алды-артын кес-кестер қотыраш-батыраштардан қалай сақтанбақ. «Бейталант – бейтарап, ал кемталанттың кіріспейтін жері жоқ» дейді асқан эстет Асқар Сүлейменов. Таланттыларды қорғау керек, ал кемталанттар олимпке

барар жолды өздері-ақ тауып алады, дейді орыстың ойшыл актерлері. Болмаса, Жантөрин де «сау сиырдың боғы», жерде жатқан желөкпе сынды тегін тетелес, оңай қарсылас емес-ті,

«жат» дегенге жата кететін, әлдекімге айтақтарда алдына тасталатын майлы сүйекке тісін тигізу үшін күресінге аунай салатын көпек иттерден биік, нағыз қасқыр алар қазақы төбеттейін азулы болғанын қанаттастары опынып-өкінсе де,

«ханға қол шошайтпас» қол қысқалықтан қажыса да, оңаша шығып жер шұқылап, қадап айтып отыратынын керең болғыр құлағымыз естіген. Мәскеуден оқығандарды бойы қортық, ойы мыртық, сойы тыртық болса да алқалап, артыққа балап, ара би санап, төрге тартатын тәртіп арамызда әлі де бар. Келе сала сол жақтан көріп, көңіліне қонақтатып келген шығармашылдық қалып-порымның, маргинал эстетикасының енді біздің сахнаға көше бастағанына есі кете қоймаған Жантөринге қырыс мінез, қырсыз көңіл танытқан, ақыры «өзі» арыз жазып кетуін мәжбүр еткен Мәмбетовтің жеке өз ұтысы мол, әрине. Рас, қаны мен тәлімі өзге өлшемдегі он шақты қойылымды айшықты қойып, қазақ театрын қазақы емес қазналы биіктікке көтерді. Ал оның алдындағы атақтары жер жарып, дүмпуі дүр сілкіндірген Жантөриннің Шоқан, Қодар, Кебек, Сырым, Доктор, Яголары, Шәкен Айманов пен Хадиша Бөкееваның, Шолпан Жандарбекованың Петруччиосы мен Катаринасы, Ақаны мен Ақтоқтысы, Зәмзәгүл Шарипованың Қарагөзі, кешіріп қойыңыз, өзге режиссуралық өрелер сөресінің сүрлеулері болатын. Атын атап, түсін түстесек, қазақ театрына өлшеусіз, әрі өңмеңсіз, қанын сұйылтпай, кесіп- қиқаламай, ұлттық менталитетке деген аса ұқыпты, асқан әдепті махаббатпен, абаймен, сыйластық-сүйкіммен келіп, ұлттық ғұрып пен тағылым-тәрлерімізге сайланып қойылған ол қойылымдардың кісілігі артық келген «қожайындары» М.И.Гольдблат пен А.Мадиевский, Утеганов пен Пыжова, Бибиковтар еді. Мәмбетовтің әр жылдары «шулатқан» шығармалары «Ана – Жер-Ана», «Қан мен тер», «Ваня ағай» сынды сымбатты спектакльдерінің тек алғашқысында ғана Жантөрин Қасымның бейнесінде көрінгенін кейбір абайсызда «құрып» кетпеген фото-құжаттардан білеміз. Ал,

кезінде, бүгіндергі емес, сол кездегі ағалардың кеңдігінің мысалындай болған ұлы Мұхтар Әуезовтің қандас, қаламдас, өкшелес бауыры Қалтай Мұхаметжановтың дуалы драматургиясын додалы даудан қызғыштай қорғаштап, «Біз бұл күлкіге дән ризамыз» атты, әдейі ме екен әйтеуір, тек

«күлкісін» қадап жазған әйгілі мақаласын есепке алмағанда, режиссурасын, осының алдында ғана киностудияға көркемдік жетекші боп жылыстап үлгірген Ш.Аймановтың өзі аймандай қылып сынап, театр тініне тексіздіктің ене бастағанын бажайлаған «Бөлтірік бөрік астындасының», немесе «Дон Жуанның думанының» табыстары осы күндергі он алты маусым бойы сахнадан түспей келе жатқан, кейбір шелді көздерге әдейі ілінбейтін классикалық комедиялық қойылымдардан асып кетіп ұшпаққа жеткен артықшылығы шамалы-ақ! Рас, «Ана – Жер-Анасы» саңлақ актрисалар Сәбира Майқанованың телегей тектілігі, адуын мінезі мен ақылман суреткер Фарида Шәріпованың толағай таланттарының да арқасында отыз жыл бойы сахнадан түспеді! Актерлік ойыннан ұтысқа бөленген сүренді режиссураны мойындау керек, отыз жыл бойы оңды-солды сілтеді, алдындағысын тістеді, артындағысын тепті, ойына келгенін істеді. Қарсы келгенін қапты. Төңірегіне бірде-бір жүйрікті жолатпады, соңынан ешкімді ертпеді, Утеганов Ресей асты, М.Байсеркенов, М.Қосыбаев, Б.Омаров, Е.баев, Ж.Омаров, Е.Тәпенов, Д.Арынғазиева, Қ.Жетпісбаевтар

«сыйыспаған» бастарын жан сауғалап басқа өңірден нәпақа теріп кетті! Хадиша Бөкеева, Елубай Өмірзақов, Камал Қармысов, Қалкен Әділшынов, Сейфолла Телғараев, Мұқтар Өтебаев, Күлзипа Сыздықова, Матан Мұраталиев, Раушан Әуезбаевалар роль күтумен, театрдың кіреберіс қақпасы алдында ұзақ жылдар сарылып отырып, шығармашылдық өмірлерін өртеп алды. Ал Жантөрин ше? «Тесік моншақ жерде қалмас», шет қалған деген талма дертке шалдыққанмен

«өлген» жоқ! Мәмбетовтің пәрмені мен дәрмені жете қоймайтын облыстарда он шақты, кинода қырық шақты роль жасауын жасады-ау, алайда, жетім күй кешті. Өнерпаз өз сахнасынсыз, бесті жүйрік бәйге жазықсыз, дөнен айғыр ауыздығын шайнап түсер салым додасыз, дарабоз батыр қан

майдансыз қалды! Ешбір емен есікке енген жоқ, еш пендеге зар айтып, жан жағына зәр шашқан жоқ. Орманды ортада жүрсе де, оң мен солға алақтап, қаптай бастаған қозғалыстар мен партиялардың сойылын соғып, ешбір үндеу хаттарға қол қойып аласұрған жоқ, жалғызілікті өмір, оқшау ғұмыр кешті. Кісіге қиянат та жасамай, қысқа жіпті көлденеңге көмекті қол ұшын да ұсынбай, айналада болып жатқан аламанға араласпай саяқ өтті. Өнер еліндегі бірді-екілі биіктіктерді, толағай деп жүрген табыстардың ешқайсысын да мойындамай, азды-көпті жетістіктерге қуанбай, қырсық мінезі, қыңыр әдеті қыр соңынан қалмай, қауқары кем кісіге, соңынан ерген ініге жылқы қылындай да қолқабыс жасамай, жалқы адамға жақсы сөзін де қимай, жалғыз жортқан жаралы көкжал сынды азуынан,.. мұлтым бар, өз аузынан, «ой, опасыздар, мен деген, танысаң – адаймын, танымасаң – Құдаймын» деп көкірегі қарс айрылып, дөңайбат шегіп өткенін шыққыр көзіміз де көрген! Сәкен Серінің «Ақан сері» романындағы қанжығасында салаңдап келе жатқан қасқырдың терісіне тесіле қарап, басты кейіпкердің опынып айтатын мына бір одағай сөзі ойға оралады: «Әй, өзіңнен де бар-ау, азу тісі ақсиған албасты арлан!»...

 ...Бұл ода ауанында жазылып отырған менің де одағай жазбаларымда Жантөриннің жасаған жан-жақты, жасақты, кесекті, келбетті кейіпкерлері мен қазақ өнеріне сіңірген қисапсыз, есепсіз, қомақты, қыруар еңбегін ғылыми- теориялық негізде тиянақтап зерттеп, сан-сапасын түзіп, тізбелеп шығуды мақсат тұтпағаным қадалып оқып, қақшиып отырған оқырманға ойларымның орта жолында-ақ түсінікті болған шығар. Ол жағы жазудай-ақ жазылған, айтудай-ақ айтылған, одан шыққан мүйіз кәне!? Жасытып жадағайлатып, алдарқатып айналып өтіп, көлеңке жағын көлегейлеп, күмілжіп-көлгірсіген, көпе-көрнеу көмескілендірілген, жауырды жаба тоқыған, іштен тынып, бір бармағын бүгіп, ішіндегісін жасырған, «қыли қыртымбайлар мен ығай-сығай мырқымбайлар» жазған мақала-шатпақтар шаш етектен. Кейіндері де, Арагідік шығып, арыға бара алмаған естелік кітап пен альбом жинақтарда жарияланған белсіз бәдіктер мен әлсіз аңсаулардың дені – тұспалы тым аз, тұманды-

түсініксіз, жанамалай, жадағай сыдыртылған, қан-сөлсіз өлексе сынды зорлап құрастырылған сюжеттер, «кімсің – әйгілі Жантуриннің өзінің» іні-қарындастары іспетті болып баққан, жанын жалғыз солар ғана түсінетін сынды бақай есепті тілектестер мен рахилалардың да шатпақтарының ішінде де әділін айтып, жараның аузын тырнамаса да, тым болмаса сыздатып, шырылдатып жазған ештеңесі бола қойған жоқ. Басқалай жазғыштардың да бірде-бірінің батылы я пәтігі жетіп, зауалсыз болған зорлықтың, қарау қысастықтың, батпан шындықтың бетін баттитып ашып, төркінін тауып, турасын айтсақ, Жантөриннің жан қайғысының, тұлғалық трагедиясының атын атап, Мәмбетовтің маргиналдық мейманасының тасып төгілгендегі түйе табан тізесінің ізінің түсін түстеген жоқ-ты. Себеп, режиссер – бастық, соған тәуелдіміз, «әй» деуге әже, «қой» деуге қожа бола алмаймыз, қол шошайтуға қорқамыз. Рольді сол береді, өмірдегі бағымызды сол ашады, өнердегі бақытымызды, беті аулақ, кежір күйленіп кесірленсе өзімізге бұйыртпай, керзі етігімен топтыгиндерше таптап тастайды. «Өзі болған қыз төркінін танымас» деген. Тұлпар болмаса да, алтынмен апталған, күміспен күптелген. Рас, актер ел алдына шығатын сол елдің еркесі, бәлки тентектігі, жындылығы да болары заңдылық. Алайда актер екенмін деп әпербақанданып, жындана беру де жөнсіз-дүр. Олардың ішінде жындылығын кешіріп, тентектігін түсініп еркелетуге, алқалауға болатындары да бар шығар. Еркелету ғана емес, «жынды» актердің жындылығын көтеретін, керексе, аялайтын есті режиссер қане. Әдетте, тентектік талантты актерге ғана жарасқан. Өнер әлетінде аңғал актердің тентектігінен маңғаз, әрі маргинал режиссердің жындылығы қауіпті, өйткені оның қолында билік, өнердегі бағыңның алтын қақпасының кілті, тәңір дарытқан талантыңды таразыға сала алар

«тақыт» бар. Білген жөн, актер өнері, әсіресе театрдағысы – рахымсыз, пәруәнә сынды бір кештік, бүгін бар – ертең жоқ. Ең өкініштісі осы, ең қасиетті тұсы да сол. Өйткені театр өнері, кино емес – тірі өнер! Кино – қанша қызғылықты, тап өмірдегідей табиғи болғанмен, бәрібір кешегі, таспаға түсіріліп алынған «қимылдайтын» сурет. Ал, Театр бүгінгі,

тіпті осы кештегі, көз алдыңдағы, қан шымылдықтың ғана аржағындағы тірі актердің тірі жүрегінің қағысы! Сол ұлы мәртебелі Актер – сол қасиетті сахнада патша болғанмен, өмірде жалшы, қолында я биліктің бишігі, я қаржылық қамшысы жоқ, айналасында да оны адам екен ғой деп, елеп- ескеретін естиярлары керең, табан тірер төңірегі мылқау. Асып тумаса да, артып туған сергек сезімталдығының, бір кісілік ақылының бүлкілі мен ұлтжанды адал жүрегінің дүрсілі арқасында, аяғының астындағы аядай сахнада ғана бар-жоғы үш-ақ сағат патшалық құрады! Тайпиған маңдайымызға орай қадірімізді білмес қайқы заманға кездестік, амал не. Мұны ұғына қоятын ел ағаларының ролін орындап емес, ойнап жүрген әкім-қаралардың гаргантюалық ойлары тым алыста, сол жағалауда, аспанда, ал олардың дос- жараны болғансып оң жағынан табылатын асан-үсендер болса, актер атты ұлттың қасиетті өлермендерін бағалап, ұлы өнерлерінің алдында олардың әкіми-асқақ бастарын игізудің орнына, өз қара бастарын шенеуніктің оң көзіне іліктіру үшін тоң табанын жалап, қырсыз балақ-етегін жағалағандар, пендеки бас пайдасының ғана қамымен қартайып келе жатқан қарадүрсіндер, айналасын жалмайтын пантагрюэльдер, пигмейлер.

 Шамама қарамай, менің ұнатпайтын нәрселерім көп, кейде осы мінезім үшін өзімді өзім ұнатпаймын. Асып та, тасып, артық-кем айтқан одағай, алағай да бұлағай, алайда бұқпантайы кем, бұйығы емес, «буырқанып бусанған, мұздай темір құрсанған» бұрқ-сарқ ойларым менің өзімдікі ғана, ол жарықтықтардың көпшілік жұрттың талғамы мен тәріне, көңілі мен көзқарастарына сай келуі міндет емес, және де тек менікі жөн дейтін кеудемсоқтықтан да аулақпын.

«Аплатон – досым, алайда шындық қымбат!» Жартылай шындықты да иттің етінен жек көрем, жауырды жаба тоқып, көптің талғамын шатастыратыны үшін, үлде мен бүлдеге бөленген, алтынды-күмісті айыл-тұрмандармен күптелген цирктің аттарын да ұнатпаймын – бір түйір қант үшін тізесін бүгер бүгежектігі, тексіздігі үшін! Ұнататындарым да жоқ емес, мойындайтындарым да баршылық. Құлагер тектес қазақы жылқыны ұнатам, қайсыбір сасық малдардай күйіс қайырмайтындығы, бәйгіге шабар алдында ат дорбаға көз

салмайтындығы үшін! Қызығып, ішім қыж-қыж қайнап, күрсінетіндерім де жетіп артылады. Кешелері Ресейдің екі атпал актері Олег Янковский мен Александр Абдулов дүние салды. Ел болып күңіреніп, жата-жастана жылап-еңірегенде етектері жасқа толды! Топырақ астына түскеніне тоғыз күн дегенде, теледидарларынан сыныптастарын, көршілерін, ұстаздарын, тіпті көңілдестерін тауып алып, арнайы хабар ұйымдастырып, бүкіл ресейлік телеаза жасады. Ал біз, талайлы табыстарымызға есімізден танып, жүрегіміз жарылып, киіз қалпағымызды аспанға лақтырмасымыз әмбе жұртқа аян, тек шын асылдығы өзімізге ғана белгілі жоғалтуларымызға осы бүгін шын жылап, артық туған жүйріктерімізді осы бүгін жөндеп, шындап жоқтай алмаған соң, тоқсан жылдан кейін тоңымыз еріп, толағайларымызды шаң басқан томдардың ішінен тоңқаңдап іздегенімізден не пайда?! Болары болып, бояуы сіңіп, көпірден өтіп алған соң, «әттеген-айлап», анадан көріп, мынадан жеріп, жабулы қазанды жабулы күйінде «күн-фаякүн» қалдырып, еш жазығы жоқ заманға теліп, ішіміз іріп, бармақ тістеген кейінгі ақылымыздан не пайда!?

 ...Кеш кірген ақылымды, кеш ашылған көзімді, кеш келген батыл қылығымнан кеш жазған шатпағымды кеш, нойыс ноқтаға бас сұқпаған, өмір жолы шулы, алайда мөлдір өнері нулы, ұлы Актер Нұрмұхан Жантөрин!!!

Кеш, аға!.. Әруағың риза болсын... Ештен кеш жақсы...

Тамыз, 2009 ж.

БӘКЕҢ БИІКТЕТКЕН ӨЗГЕ ӨЛШЕМ

(Бағыбек Құндақбайұлы аруағының құрметіне шертілген мұң)

 Бәкең... Бәкең жайлы естелік жазам деп ойламаппын... Көпке дейін қолыма қалам ұстай алмай, тартыншақтап жүргенімді бажайласам, шынайы ғалым ағаның кісілік пысы басып жүр екен. Қазір де сол күйді кешіп отырмын.

Қолым жүрмейтін сияқты. Өзі пәниде жүргенде ол кісі жайлы жазу оп-оңай екен ғой деген ой қашқақтайды, бұрынырақ тындырып тастау керек еді бұл істі, қашанда кешігіп, кейін қалып, өкініп, өксіп жүретініміз-ай осы... Бүгінде бақида болған соң, ту сыртыңнан өзі бақылап тұрғандай, қадамым қысқарып, кібіртік басып, байыз таба алмай, берекем қашып отыр... Екі қолым байлаулы, жан- жағым темір құрсауда отырғандаймын... Бұл фаниде болса болса ғой, «ой, мырқымбай, былай бастасайшы» деп бағыттап жіберер еді де, сонан соң, жазғандарыңды жаныңды ауырта шимайлап, түкке тұрғысыздай етіп, ай кеп сызғылаушы еді. Біраздан кейін, «дегенмен сенің әнебір ойыңа көңіл тоқтайды екен, тарта бер, сол өз жолың дұрыс екен» деп тізгініңді босатып қоя беретін. Ал, бүгін сол Бәкеңнің зерттеу мектебінің заңдылықтары ойым мен бойымды буып, бүгежектетіп қойғандай... Өзі қайта-қайта қадап айтатындай, айдалаға лақпай, тастүйіндеп, пісенттеп жазуға қақпайлаған, теориялық негіздің іргетасынан ауытқымай, білім көкжиегінен ұзамай, нақтылыққа көрші қонуды талап етіп отыратындығы есіме түсіп отырған соң, көсіле алмай отырған сияқтымын... Босат, мені Бәке, бұным сыни мақала, не диссертация емес, бұл Сізді сағынғандағы мұңмен пішілген сал шекпенім, есімді жиғызар естелігім... Жібер, тізгінімді...

 Зерттеу – зерделеу деген сөзден шыққан шығар. Зерделеу – жай адамның жиі айналысатын қасиеті еместігі белгілі. Адам баласының бүгінгідейін неше мың түрлі икемге ие бола алғандығы, осы бір Аллаһ-Тағаланың бойына дарытқан ерекше һәм құдіретті қасиеттерінің арқасында болар. Икем дегенде біз, он сегіз мың ғаламды жаратқан Жаратушы Иеміздің, Ұлы Суреткердің, Жер бетіндегі бар тіршілік пен жан-жануарларға (оның ішінде шебер мүсіндеген ең сүйікті құлы Адам (С.Ғ.С) да бар), жан беріп, өлшеніп берген өмір кешуін бойларына дарытқанда, ең бір сүйкіммен сомдаған Адам баласына, өзге тіршілік иелерінен оқшаулап жады мен сезім, мұңаю мен қуану, ойлау мен осы зерделеу сияқты ұлы құдіреттерді сыйлағанының арқасында жетіп жатқан жетістік пен қасиеттерімізді айтамыз. Адам

Ғалайс-Сәләмның бүгінгі ұрпақтарының қолынан келмейтін нәрсе бұ күнде кемде кем. Ғарышқа ұштық, Жер түбіне де түстік. Жаратылыстың небір құпияларын да ұқтық, адам баласын қолдан жасауға да (астағфиралла!) үйрендік. Алайда, Аллаһ-Тағаланың дарытқан әлгі ойлау мен зерделеу құдіретін қолдан жасай алмасымыз аян, өйткені ол – тек Ұлы Жаратушының ғана ісі, ол құпияның сырын бір Өзі ғана біледі.

 Хош, сонымен зерттеу қасиеті Жоғарыдан келетін икем екен. Тек соны орнымен оқсата білу де парасаттылық шығар. Болмаса, қолындағы балтамен өзі отырған бұтақты шабатын шолақ әумесерлер өздерін ұстамын деп есептейтіні жасырын емес қой. Ретін біліп болмай жатып, берекетін кетіретін бейталанттар да жеткілікті. Басына қонған азын-аулақ соқыр бақты тақ деп ұғып тапырақтаған топтыгиндер де бар.

 ...Әп-әжептәуір, еліне еңбегін сіңірген атышулы арқалы артист кезімде, танымалдылықтың тарландар шығар олимпіне ешкімнің септеуінсіз, қан сорпалап, емін көтеріле алған маған, енді ғылым жолына түсіп, жастықтан өтіп жасамыстыққа, егделікке иек артқан тұста кандидаттық диссертация жазу не жорықтығы былайғы жұртқа түсініксіз. Былайғы деймін, өз айналамдағы аралас-құраластарымның да ауыздары аңқиғанын сезгем. Керек десеңіз, өзім де таңмын. Жұрт жеті кітап жазып қорғай алмай жүрген ғылыми дәреженің маған нендей қажеттілігі барын түсінетіндер өтеден мөте аз болғаны ақиқат. Атаққұмарлықтан дейін десе, сексен сегіз атағыма сексен тоғызыншының қосылғаны селт еткізер уақиға да емес. Алайда, бұл атақ емес, дәреже! Оған парқы мен шама-шарқы жететіндер ғана жете алатынын ол кезде өзім де ойламағам. Бәріне себепкер Бәкең болатын. 2001 жылы «Наз» атты базына кітабым жарық көрді, оны да атым шықсын деп жазғам жоқ, жазбауға амалым қалмағандықтан жазғам! (Қызық, Лев Толстой да сөйткен екен.., бұным әзіл енді...) Бәсірелері бөлініп, иелері белгіленіп, нарқы мен парқы меншіктеліп, белгілі топқа телініп қойған Әуезов театрына ғайыптан-тайып басшы болам деп сегіз жыл сергелдеңге түскенімнен, табаны күректей төрт жыл таланғанымнан дос та, дос емес те хабардар-тын. Осының

оң-терісін өзім орын-орнына қоям ба деген есек дәмеден басталған жазбаларым – менің ерік-жігеріме бағынбай, бастан өткен баян-повеске, арғысы өнер жайлы ой-пайымға ұласып кеткен. Алғашқылардың бірі болып Бәкең оқып шығыпты, онда онша оң пейіл жасаған жоқ-ты. Актер деген алтыншы сорттың адамдарының алғашқы кітабы болмаса да, кейінгі буыннан оны оқуы күмәндерін қойып, жазатын болыпты деген кекесін-қауесетті сейілту мақсатында баспаның қызметкерлері Ұлттық кітапханада тұсаукесер жасады. Менмін деген ығайлар болды, мен тұрғанда сен кімсің дейтін бугай-сығайлар төбе көрсеткен жоқ. Бәкең де сөйледі, сөйлеген жоқ – талдады. Мақталдық, онда да,

«апырмай актер де кітап жазады екен-ау» деген сыңайда. Сол күні кешке Бәкең телефон шалды, «сенің зерделеуге бейімің бар екен, айды аспанға бір-ақ шығарып, диссертация жазсаң қайтеді, тақырыбың өзіңнің рольдеріңдегі шешен сөздің орны» дегені. Өтірік айтпайын, күтпегенім рас, бірақ

«ой, қайтесіз, неғылам оны, қолымнан келмейтін шығар» деп мәймөңкелегем жоқ. Баяғының батырлары бейбіт өмірде ешкімнің есінде болмай, елден оқшау жерде үй тігіп, үйкүшік боп жататын көрінеді. Күндердің күнінде бүйірден тиген

«Ойбай, батыр, жау шапты!» хабарын әкелген жаушыға «Кім шапты?» демей «Қайда?!» деуге ғана шамасы келіп, сауытын шала-пұла кие, әлгі хабаршы қол шошайтып көрсеткен жаққа тұлпарын омыраулап, патырлатып шаба жөнеледі екен. Ол – нағашы, я қайын жұрты ма, онда шаруасы болмайды!

...Сол айтқандай, «жөн сілтеп, жол көрсетсеңіз – кеттік, қайда?!» дедім! «Давай!» деді Бәкең! Содан басталды... Құдыққа түстім де кеттім... Жеті жыл бойы жәукемделдім Бәкеңнің «жұмхұриятында». Жеті мәрте жөнделіп қайта жазылған жұмыстың сызылмаған беті қалмаған шығар-ау! Сондағы қағаз шетіне жазатын ескертпе-шимайларының дені «қайда лағып кеттің», «мынауың бос сөз», «Гётеден, Дени Дидродан қара, В.Радлов, Г.Гачев, А.Янушкевич, А.Бентлиге көз жүгірт, А.И.Левшинді ақтар, М.Әуезовті, Р.Нұрғалиевті, З.Қабдоловты, Сейіттің (Қасқабасов) жазғандарын парақтап шық», «сапырылған сөзді көбейтпе, шешенсіме, сен филологиядан емес, театртанудан қорғайын

деп отырсың, нақтылықтан айныма», «бұл тарау басқа тақырыптың әңгімесі, қайта жаз» болып келеді. Әбден сілікпем шықты! Екінші ғылыми жетекшім, академик Сейіт Асқарұлы Қасқабасов ағамыз болмағанда, тағы да жеті жыл жүрер ме едім, кім білген. «Болды енді, қинама, Бәке, жұмыс пісті, бұл ініміз бір-біріне жымдастырып екі ғылымның есігін қаққан екен, бәйгеге қосайық» дегенде, басын шайқап,

«әлі де иін қандыратын жерлері бар еді, жарайды» деп, зорға келіскендей болды. Кейін аңдадық қой, Бәкең мен түскен құдықтан шыққысы келмей, ғалым ретінде рахат шегіп жүрген екен, тағы да тереңдей түссе деген ізгі ниеттен туған қанағатсыздық сезімнен ажырағысы жоқ күй кешіпті. Қорғап болғаннан кейін де, басшыларына қайта-қайта айта жүріп мені, Ғылым Академиясына кіші қызметкер етіп жұмысқа да қабылдаттырған болатын, шамасы, суып қалмасын, ол құдықтан шықпасын деген «арам» ойы болған шығар... Актермін ғой, әр кеменің басын ұстаған – кином бар, театрым, теледидар, тойларым дегендей... Сол екпінмен «Сөз» деген ортақ атпен екі томдығымды да шығарып жібердім емес пе. «Шер» деген атпен төртінші жинағым да дайын тұр. Санамалап отырғаным, осылардың бәрі Бәкеңнің «айтағы» мен түртпектеуінің дүмпуі арқылы дүниеге келген еңбектер, өзімді тануға талпынған зерттеулер мен пайымдар, ұлы өнердің парқы мен нарқы жайлы ойлар, тынған істер. Шынын айту керек, ол кісі кеткесін божырап, босбелбеуленіп кеттім. Жоспарланып, нобайы көрініп келе жатқан докторлық та көмескіленіп, назардан тыс қалып барады. Енді оның кімге керегі бар деген сайтан ой да қылаң бере бастады, құдды соның бәрін Бәкең үшін жасап, шын кіріссем, қолымнан көп нәрсе келетінін Бәкеңе ғана дәлелдегім келгендеймін...

 ...Бұрын білекті едім, бірді жығуға қажырым жететін. Бәкеңнің арқасында мыңды болмаса да онмен белдесуге бейімделдім, ардың-гүрдің әпербақандар абайлап сөйлесетін болды, жел жағымда жүрмейтін жағдайға жетті. Рас, қарсыма шықпай, сыртымнан сыпсыңдайтындардың саны да жетерлік, оларға Бәкеңше, «ой, мырқымбайлар, білгендерің сол болса, амал не, аман жүріңдер әйтеуір» дей саламын. Өйткені,.. мен олардан биікпін демей-ақ қояйын, бірақ басқамын, өзге өлшемдемін, Бәкең көтеріп кеткен өлшемде...

 ...Бәкең – шынайы ғалым еді... Ол кісіге ол икем – Жоғарыдан дарыған...

Қыркүйек, 2010 ж.

АРАЛДАН ӘЗІЛ ОЗДЫРҒАН...

(Құдайберген Сұлтанбаевты іздеу)

 ...Өмірден өткендер туралы естелік жазуым көбейіп барады, бәлкім қымбаттарым мен қызығым азайып бара жатқандықтан болар. Құдайберген Сұлтанбаев та бұ дүниемен бүгін-ертең қош айтысады деп ойламаған, қаперіме алмаған болуым керек, шамасы. Жарық дүниеде жоқ екеніне әлі де сеніңкіремей, пендекилік күй кешудемін. Әзірге қасымда жоқтығы шын сезіліп, сағыныштың сал шекпенін кие қоймағандаймын. Құдайы көршімін, үй арасында үй жоқ, көше жақтағы кабинетінің шамын жұбайы Дәкен өшірмей жағып қояды. Күндегі әдетінше, Құдекең кейбір министрдікінен еш кем емес атшаптырым жұмыс столына шұқшиып, бірдеңелерді шимайлап отырған сияқты көрінеді маған... Қағаз-қаламға, құжат-суретке, хат-хабар мен жазба- сәлемдерге өте мұқият Құдекең ылғи бірдеңелерді түгендеп, қаттап, пісенттеп, буып-түйіп жүруге қатарластарымыздың ішіндегі ең пысығы еді. Қатарлас түгілі, амандастардың да туған, жүрген, «бұзған-сызған» күндерін ұмытпай, пошта арқылы ашықхат салып, құттықтап жүретін. Мен ондайға салақпын, «өгіздей» болғанша өз туған күнімді

«тойлау», қаперге алып, қатарластың құттықтап, қол қысуын күту сияқтылар ойда болмаушы еді. Кейіндері әдеттене бастадық қой, оған да үйреткен Құдекең... Әгәрки мына компьютер болмағанда, бұрындарғы жазған-сызғандарым, айтқан сөздерім, сурет-құжаттарым шашылып жататын, іздегенде таба алмай әлек, шат-шәлек боп жүретінмін. Алғашқы кітабым «Наздың» қолжазбасын, тезис-түртпе, ескертпелерін бүгінге дейін жоқтаймын... Кезіндегі

«оқсатып» айтқандарым, «жусатып» жазғандарым қайда қалмады дейсіз, жазушы болмаған соң, хатқа түскендердің

қадірін білмей, қағаз-құжатқа ысырап көңіл көрсеттік қой, өкінішті, әрине.

 ...Екеуміз арадан қыл өтпестей тату, ажырамас дос болдық деп айта алмаймын, Құдекеңнің талғамына ық жақтан дөп келу оңай дүние емес-тін. Қырғи мінез, қаннан келген өр кеуде бар-ды... Шығармашылдық, сахналастық, қатарластық, жолдастық достық бір басқа. Бастысы, өнер жасауда арамызға адалдықтан басқа еш ібіліс кіре алмаған. Беті аулақ, олай болған күнде екеумізді де Ұлы Өнердің кепиеті атар еді! Халықтың ықыласы мен сүйіспеншілігінен махрұм қалар едік бәлкім... Замандас болған соң сырлас, мұңдас, армандас болдық. Әуезов театрының босағасын аттауына себепкер болғанымды біреу біліп, біреу білмес... Марқұм Қадыр Жетпісбаевтың кезінде тәп-тәуір дүмпу тудырған «Құлыным менің» қойылымына гитара шертетін көше селтеңбайын іздеп, кім бар екен деп қарманған кезінде, ретін тауып Қадекеңнің құлағына сыбырлап жібергенім себеп болмасы бар емес пе? «Ертең ертіп кел, көрейік» дегені... Содан бері, «әкемтеатрдың» отына бірге күйіп, күліне қосылып көмілу басталған... Бұл – ақиқи! Өнер еліндегі, оқшаулағанда театр тауанындағы «тахыт пен бақыттың» биік баспалдақтары өзара бөлісіп қойылған, біз секілді сары ауыз «салага-кірмелерге» орын жоқ кезеңде, азар да безер болып өз жолымызды іздегеніміз ақиқи! «Орда бұзар отызға» кеп қалсақ та, театр сахнасының төрі түгіл, табалдырығынан орын таппай «тепкі» көргеніміз де ақиқи! Эстрада мен киноңызды қоя тұрыңыз, біздер үшін бірі белсіз, бірі сөлсіз күйде-тұғын. Райымбек Сейітметов ағамыз 1976 ма екен, әйтеуір осы шамалас жылдың 1-сәуірінде, Республика (ол кезде Ленин) сарайында «Күлкі Күнін» атап өтпекшіге арналған құрама-концертке қоюшы-режиссер болып, жарықтық Оспанхан Әубәкіровтің ешкімге тиіспейтін

«Балық» деп аталатын миниатюрасын орындауға «іздегеніне сұраған» болып, бір ұзын, бір қысқа Құдекең екеуміз көзіне түсіп, қаперіне ілігіппіз... «Аяғы бар балық пен қолында таяғы бар балық» содан бастап дүркірей жөнелді! Сол кездегі Кеңес Одағына танымал барлық юмористердің репертуарын көріп-біліп, көжеқатықтанып біраз «азықтанған» екеуміз,

атақты одессалық қуақылар Ильченко мен Карцевтің стилін таңдап, оның қазақи жолына түстік; ол – «Нағашы мен Жиен» әзілдері боп шықты. «Құдай сыйлап», сол кездегі министр Жексенбек Еркімбековтің ықыласына кезігіп, үкімет есебінен екеумізге ерекшелер ғана саудалайтын құпия «складтан» мұздай екі костюм-шалбар сатып алынып, 1979-дың қақаған қысында, VI Бүкілодақтық эстрада артистері конкурсынан, Петербордан (ол кезде Ленинград) бір-ақ шықтық! Одақтық әжуаның арыстаны Аркадий Райкин төрағалық еткен ордалы жюридің оң көзіне ілігіп, қызық болғанда, бір домбыраны екеулеп тартып, бір ауыз орысша қатырып сөйлеместен-ақ «дипломант» боп оралдық. Бүгіндергі атағынан ат үркетін «Тамаша» сода-а-ан кейін басталған, ол

«ойын-сауық отауы» аталған телехабардың, концерт сайын жұрттың ішек-сілесін қатырып, қазымырланып бара жатқан Құдекең екеуміздің жұрттың «қышыған жерін күлкімен қаситын» әзіл-қалжыңымызға әукелері түсіп, қиялдары қозғандықтан, теледидардағы жігіттердің «қолдары қызып, көздері қызарып» құшырланғандарынан, анығы Камал Смайылов ағамыздың «ана екі жігітті пайдалансаңдаршы» деген нұсқаулы діттеуінен, Құдекең екеуміздің бұрын- соңды бола қоймаған, ерекше эстрадалық-миниатюралық орындаушылық мәнерімізден бастау алғанын айтып қоймасақ, арада«ақылгөйлер» мен«білгірлер» араласып, бізді

«Тамаша» адам қылды деп айтатындар шығып жүр. Негізі, керісінше болатын. «Тамаша» деп ат қойған да өзіміз едік. Бұл проект басталғаннан басы-қасында болып, режиссерлік етіп өте көп еңбек сіңірген, қазақшаға шорқақтау болғанмен ұстыны ұлтжанды, марқұм Лұқпан Есенов ағамыздың біздің аузымыздан шыққан әр қағытпамызға қарқылдап күлгеннен басқаға шарқының аз болғаны да, ал алғашқы редактор Қойшығұл Жылқышиевтың осы атты қолдап, «дұрыс екен» деп бас шұлғығаны да шындық-дүр. Шынымды айтам деп сырымды ашып отырған шығармын, қысылатын дәнеңем жоқ, барым осы, қыжылы көп қырыс мінезім көп қазаққа белгілі, көлгірсіп қайтейін. Менің де «жалымды теріс тарап», жел жағыма абайсыз келу – әжептәуір ауыр шаруа. Бұлтақ- сұлтақты ұната бермейтін, «бұралаң-айналма» жолдарды

ұғына қоймайтын, шиырлап шын жақта жүретін «жынымды» Құдекең де білетін, тораңғының қисық бұтағындай қыңыры көп мінез-құлқымыз өзімізге аян, «құдаша, әлім-сәлім, сырыңыз маған мәлім» деген...

 ...Сөйтсе де, екеуміздің бір-бірімізге деген суреткерлік сүйкіміміз асып-төгіліп жатушы еді. Қызылордалықтардың сөз саптауы мен ерекше мақамды термелерін естігенде есім шыға еліріп кететінім Құдекең үшін керемет «көзір» болатын. Сыр өңірін жайлаған туысы мен бітімі бөлек туыстардың әзіл-қалжыңы мен парықты сөйлем құрауына әуестігімнің құмарын Құдекең қандыратын... Әсіресе Сыр сүлейлерінің түрікпен шалыс жырларын, Кете Жүсіп пен Дүр Омар, Жиембет, Рүстембек, Көшенейлердің кернейлі күңіренуі менің мазамды кетірердей тәнті қылатын.

«Шырағым, шынмен ия, саумысың хи, Басыңнан бақ-даража таймасын күй, Парықсыз, ақпа құлақ ақмақ болмай, Көрінсе нұсқалы сөз көңліңе түй, Ай сайын әр насихат аңлытамын, Қаупайлап, толқи ма деп қатпаған ми! Тұрғанда бидай бітеу нан болмайды, Теріден тон болмайды көрмеген и!» деп, аңырата келіп қайрылатын, ерекше кестеленіп келетін, қазақтың өзге аймақтарындағы әуен-ырғақтан мүлдем өзге естілетін төкпе жырларға есімнен жаңылардай әлі күнге әуеспін! Тек айта да, қайталай да алмаймын! Өйткені, қаным қызылордалық емес. Сықпыт-тұрпатым кәрі Сейхұнның емес, ерке Таластың суына сусындаған тараздықпын, амалым не!? Ол мақамдарға Құдекең тұспалмен, ептеп жағалайтын, кемдігі Кете руынан емес, өзі әзілдеп айтатындай «Бони-М» (Төртқара) де емес, қарапайым Құрманай деген атадан болғандығынан.

 ...«Құрманай» демекші... Бұл Құдекеңнің руы, үрім- бұтағы, тұқым-тұқияны осы тек-көгеннен тарайды, арғы атасы, Кіші жүздегі алты ата Әлімдер. Сабыр қылыңыз, руға бөлінушілік бәлдірге баламай тұра тұрыңыз, ондай дерттен аманмын... Әңгімемнің ауаны бөлек... Биыл ерте көктемде, ҚұдекеңніңжүзінеАралғабардым,топырағыналғашбасуым... Аудан әкімшілігі ұйымдастырып, қаражат-шығынын түгел көтеріп алған асқа, ат шаптырым кафедегі пірлі дастарханға жиылған ағайындары мен жерлестері менімен жабыла

амандасып, жылы сөздерін жаудырып жатқан. Әрине,

«майыстырып», ортадан қабырға қайыстырып сөз сөйледім. Бір кезде егделеу тартқан қария, «Ей, Тұңғышбай, қарағым, сен Құдайбергеннің шын нағашысысың, оның жөні былай» деп төбемнен жай түсіргені... Сөйтсем, Құдекеңнің арғы атасы Құрманай, менің атақты бабам Бәйдібек бидің кіші қызынан туған ұрпақ екен! Құдекең маған шын жиен болмай кім болады, сонда? Бұл не?! Төтеден, жоғарыдан түскен назар ма?! Біріміз нағашы, біріміз жиен болып ел алдына шығуымыз, бір Алла(һ)ның әмірі ме?! Құдекең мұны білді ме, білсе маған неге сездірмеді екен!? Мүмкін, оның қажеті бола қоймаған да шығар, өйткені біздер былай да бірге болатынбыз, бөлінбеуші едік, ру тұрмақ, жерге! Қазақ деген рудың емес, тудың төңірегінде едік. Солай едік... Астан кейін қайтар жолымда осы ойлармен оңаша қалған мен, қанша жүрдек дегенмен, Аралдан Қызылордаға жеті сағатта зорға жеткен поездың купесіне сыймай, әлем-жәлем күй кешіп, жеті минутқа көзімді іле алсамшы!

 ...Ұйқы мен мазадан баз кешу аз болды ма, өтті ғой біраз сүрлеу... Өнер жолының бұрылыс-бұлталаңы, қатігез қарамағы мен қаһарлы төңірегі талай тәтті арманымыз бен балаң тазалығымызды тас-талқан еткенін айтсам, «тағы да жылай бастады-ау» деп айыпқа бұйырар ма екенсіз, ағайын?!.. Құдекең екеуміздің ел арасындағы танымалдығымыз соншама шарықтап, аспандап тұрған кездерде қалайша әйгіліліктен басымыз айналып, табанымыз жер тіремей, талып түспегенбіз деген ойға қалам, қазір... Көшеде жүрудің өзі қиындық туғызған күндер болған. Қаумалаған қарындас, алқалаған ағайында қисап жоқ еді. Алла(һ)ға шүкір, әрине. Алайда, атағымыз аспандаған сайын, қара шаңырағымыздағы бізге деген көзқарас басқаша бола бастамасы бар ма? «Эй, вы, трепачи!» – деп кекететін басшымыз. Кезінде жиілеу болып тұратын көрерменмен кездесулерге екеумізді екінші сорттылардың қатарына қосып, шетке ысырып, өздері төрде

«кең сөйлеп, кесек турайтын» да, біз етекте, көрерменнің көңлін аулайтын қосшылар боп қала беретінбіз. Құдай сақтасын, бұнымыз төрге таласу емес-ті, кішілік пен ізеттен хабары бар қазақтың сүттей ұйыған ортасынан

тәлім алған тәлабалармыз ғой. Пәлсәпә соғып, пайғамбар көрінген «пірәдарлардың» «пашпырты» біткен соң, кезек екеумізге келетін... Сол-ақ екен, алдыңғылырдың аумалы- төкпелі, «арбамен жүріп, ойын қоятынбыз, ойбой, біз не көрмедіктен» тұратын таптаурын әңгімелері мүлдем ұмыт болып, халық қоғадай жапырылып біз жаққа «жөңкілетін»... Атынан ат үркетін аға-апалар, мына екі заржақ қайдан шыға келді демесе де, «е, ыржаң да өнер боп па, жеңіл-желпіге іші пысып отырған халық құмар ғой, қол шошайтсаң да күле береді бұл қазақ», – деп, босағаға ысыра салуды әдет қыла бастаған-ды. Кездесудің соңын күтпей, Кеңес Одағының артисі деген көпшігі бар кекірейген көсемдері сахнадан жылыстап шығып та кететін. Солардың бірі, әрі бірегейі маған жерлес, оған рулас, бүгіндері бітімінің бір саусағы бүгулі, бөлек пе, бөстеки ме, әйтеуір біртүрлі жанрым деп жар салып жариялап, өткеннен көп кейіндеп барып «есіне» түсетін, ойдан шығарып жазылатын күнделіктерімен

«мұңданып» (әлде бұлданып па екен) жүрген бір ағамыз болатын. Бірақ ағамыздың ол «жазбаларында» мына эпизод әрине жоқ...

 ...Атырауда (ол кезде Гурьев), ата театрымызбан гастрольде жүрміз. Әлі есімде, сексенінші жылдың қыркүйегі. Атам Жаманқұл мен тараздық теміржолшы әкем Қадыр, араларына қырық күн салып о дүниеге сапар шеккен жыл еді ол. Көңілім жабырқау, аралдық теміржолшы әкесі Тәуекелден әлдеқашан «айрылып қалған» Құдекең қасымнан қалмайтын, әрі сүр бойдақ кезі. Тараздың су шаруашылығы институтында менімен бірге оқыған атыраулық курстастарым Саламат, Ибрагим, Тимур, Сейітнәбилер мені тауып алған, бәрі кішігірім мекеменің бір-бір бастығы, күнде қонақтамыз. Құдекең екеуміз «козырныймыз», ал Әнуар, Уайыс, Төлеубек, әйелдері артист еместіктен олар да саяқ, яғни «бойдақ қосшылар», бірге жүреміз. Ас-та төк дастархан, шалқасынан көңіл! Көшеде жүру – проблема. Үлкендер сыр білдірмегенмен, ту сыртыңнан сыбыр да күбір әңгіме қылып тұрғандарын құлағың естіп, «арқа көзің» шалып тұрады. Ал балаларға не керек, қонақүйден театрға дейін соңымыздан шұбырады да отырады. Ол –

ол ма, ыстық ықылас пен шексіз ризашылығын білдіргісі келгендей, соңымыздан «әй, нағашы, ей, жиен» – деп, кесек атып әлек. Құдекең намыстанып, оларға «қойыңдар, ұят болады» деген ым жасап, сұқ саусағымен аузын басып әлектегенмен, менің «арқа көзім» оларды көрмей тұра ма?! Кешкі қойылымға келе жатқан едік, жиналған халық бізді көрсін дегендей театрдың қақпасының қарсысында әлгі ағамыз қатарлас құрдастарымен өз «репертуарында» анекдот сапырып, қалжыңдап тұр екен, елпелеңдеп келіп,

«Ассалаумағалейкүм, аға» деп қос қолын ұмсынып амандаса берген Құдекеңнің жағынан «кетші-ей, әрі» деп, шапалақпен тартып-ақ жібергені... «Жын ұрған ба, мына кісіні?..» деп, шегіншектей берген Құдекеңді жетелеп, грим бөлмемізге қарай сүйрей жөнелдім... Бұл болған уақиға, төбеде Құдай тұрған... Ағамыздың орынсыздау әзілі шығар деп ол кезде ауыр алмап едік...

 ...Менің де жетісіп жүргенім шамалы еді, ол «шапалақ» маған таяқ боп тигендей болды. Бой-бой болып сөгіліп,

«Қарагөздегі» Сырым боп егілемін, бірінші акт біткенше, аңғал көрермен менен Нағашыдан басқа ешнәрсе көрмей әлек. Одақтық экранға «Қан мен тер» фильмінің де сапары басталған, онда да сол. Әйгілілік асып-төгіледі, алайда еңбектің бәрі еш көрінеді. Қысқасы, елге, ата мен әкеден жетім қалғаннан ба, әлде атыраулық балалардың кесегі

«тигеннен» бе, «естияр» боп, мұң байлап, есім жиылып оралдым. Шығармашылдық жолайрықта екенімді ауыр да болса ұғына бастадым. Көп күйзеліс пен қимастықтан қажыған күндердің бірінде Құдекеңе сыр аштым, әңгімені төтеден бір-ақ бастадым, «кетейік «Тамашадан» дедім. Әрі қарай, тәтті ауыздың дәмін кетіреміз, ендігіміз өзімізді өзіміз қайталау болады, өнерде бір ғана кейіпте қалу қаупі күтіп тұр, ойланайық, арғысын басқалар жалғастырсын. Шығармашылдық өміріміз алда, екеуміз бұл өнердің шыңына жеткендейміз, айтудайын айттық, дегендейін дедік, «қытықтадық, ши жүгірттік», қазақтың ұйқыдағы намысын әдебі мол, өнерлі әзілмен «әйттік-бүйттік», әйтеуір ояттық, ендігіміз инерция, тағысын тағылар... Құдекең

«шалқасынан» түсті! Қатты өкпеледі, бұл – «Тамашаның»

бүгінгідей бір қора емес, екі-ақ актерден ғана тұратын, ақша қумаған, бірде-бір билет сатылмаған, жай ғана студиялық хабардан үш мың орындық Сарайға шығып, шырқау биіктен қол бұлғаған шағы, керегесін керіп, уығын қадап, шаңырағын бақандап, «отау» боп құрылғанына бар болғаны бір жарым- ақ жылдың жүзі болған уақыт!

 ...Сонымен, мен кеттім. Құдекеңнің өкпесі біраз жылдар тарқамай, көңілінде керіш боп қала берді... Менің өзім де алай-дүлей күй кешіп, ең бір қымбатымнан айрылғандай, жалғыз Құдекеңе ғана емес, өнерге опасыздық жасағандай, сол қадамым қателік болмады ма деп неше жыл азап шеккенім өзіме ғана аян ғой, қайсыбірін айтайын, өз дертім – өзімде... Кейіндері Құдекең депутат болып жүргенінде оның сол бір керішті күйін менің қарсылас оппоненттерім – «әлгі» ағаларымыз бен солардың төңірегін жағалаған «тағаларымыз» жақсы-ақ пайдаланып үлгерген... Дегенмен, уақыт емші менің сол азабымды да, Құдекеңнің өкпе-назын да емдеп жазған болар, өте келе, менің бұл батыл да шұғыл шешімімнің шығармашылдық өмірбаяным үшін дұрыс болғанын екеуміз де іштей ұқтық деп ойлаймын. Бәрібір ел жадынан кеткем жоқ, қайта «екеуіңнің кезіңде

«Тамаша» қандай еді, шіркін» деген көзіқарақты көрерменнің сарыуайым сағынышына айналдық, қадірімізді білдірдік. Егер мен сонда, әсіре қызыл қимастықпен «Тамашада» қалып қойсам, Абылай мен Әбілқайыр, Қайырхан мен Тәңірберген, Ақан сері мен Жәнібек хан, Ораз-Мерген, Кир патша мен Құнанбай, Демесін мен Фиеско, Хлестаков пен Астров, «Сардардағы» Шонай мен «Адасқандардағы» Шал кейпіндегі Жебірейіл пайғамбар сияқты кесекті дүниелерім сахна мен экранға, «бұл дүниеге» келе алмай қалар ма еді, кім білген?!

 Алайда, Құдекең эстрада сахнасында менсіз онша көп жалғыссыраған жоқ. Төңірегіне Бақыт, Шолпан, Лидия, Тоқсын, Уайыс, Мейірмандар топтасып, «Тамашаны» басқа биікке көтерді, өзі сол «Тамашаның» «танкісіне» айналды, өзі өлердей сүйетін Аралынан әнге бергісіз әзіл оздырды, өнерсүйгіш халықтың саялы сүйіспеншілігінде болды, аялы алақанында алқаланды. Ащы шапалақты алдыңғы

«ағасынан» асып түспесе кем емес, қатепті қара нардай қабырғалы өнер жасады, өзі де аға болды, соңынан шәкірт ертті, тұманды жолайрықта емес, тауанды тауарихта қалды.

 ...Өмірден өткендер туралы естелік жазуым көбейіп барады, бәлкім қымбаттарым мен қызығым азайып бара жатқандықтан болар... Жоғалтуларымның санын көбейттің, қымбаттарымды азайттың, Құдеке!.. Сал шекпен жамылдың...

«Ит көйлекті бұрын тоздырған» үлкендігіңе қарамай, көбіне кішілік жасап, кісілік көрсетуші едің, бағамды біліп, қадірімді көтерген, парқым мен нарқымды арттырған кезің аз болмап еді... Енді мен шын жалғыз қалдым... Сен биіктегі бізден жырақтаған парықты қымбаттарға қосылдың... Мен ойпаңдағы одыраң нарықты арзандар, сақалы күнге ағарған асан-үсен, қырттар мен «қыли қыртымбайлар», қазымырлар арасындамын...

 Шын нағашың Тұңғышбай әл-ТАРАЗИ, қыркүйек, 2011 ж.

МОЛДАХМЕТ ҚАНАЗДЫҢ «КЕК» АТТЫ ДРАМАСЫНА

(Пісуі кем пьесаға салынған шер)

 Драманың үлкен ізденіс пен ерекше ықыластан туғаны көрініп тұр. Автор сонымен қатар, тақырыпты, уақиға желісін тарихи деректерден орынды құрастырып, бұрын-соңды жазылған пьесаларда көп кездесе бермейтін соны эпизодтар келтіріп, шығарманың көркемдік деңгейін салмақтандыра түскен. Қазақта өлген адамды, әрине, себеп-салдарларына орай, қара жерге беру дәстүрі дәл осы драмадағы ситуацияға сай, екіұдай күйде қалуы – тосын әрекет және көкейге де қонымды. Тағы бір назар аударатын мәселе – драманың тілі шұрайлы, қазақы. Өмірде де, әдеби ортада да көп естіле бермейтін өте сирек қолданылатын жергілікті халықтың сөз қоржынында қалып қойған сөз саптау мәдениеті әдемі пайдаланылған. Айтуға да, оқуға да оралымды, құлаққа

жағымды. Кейбір жекеленген эпизодтар елең етерліктей қызықты түзілген, мысалы, Жанқожаның Ресей жандаралы жіберген «сөлкебайын» мойнына емес, қамшысына ілдіруі, Ладыженскийдің хатын қайта-қайта оқытатын тұсы өте әсерлі, әрі шындыққа жақын, көрерменді жалықтырмайтын, сахнаға көшуі әрекетті болатын «жанды» көрініс.

 Драмада уақиғаға, тақырыпқа деген көзқимастықтан жазылған ұзын сонар монологтар көптеп кездеседі екен, қаншама көркем жазылып, басты кейіпкер Жанғожаның бейнесін жарқырата көрсетпек ойы болса да, сахналық заңдарға сәйкес келе бермейтіндіктен, драмадағы әрекеттер ағысын тежейтін, өрбіп келе жатқан уақиға желісіне тұсау болатын, қажеті шамалы артық дүниелер де баршылық. Әсіресе, төртінші көріністегі автор өзі «режиссерлік» етіп қосып отырған, «прожектормен» өтетін сөз тартысы... Әлбетте, сөз ұғынар құймақұлақ қазаққа жағымды-ақ, алайда сахналық әрекетті әлсіретеді, театр тәртібіне керағар баяндаулыққа апарады... Ал, сахна өнері баяндау емес, іс- әрекет орны. Сахнаға сахнаның сыртында өткен уақиғаны айтып беру үшін емес, болған уақиғаны актерлер өздері, көрерменнің көз алдында орындап, көрсетіп,.. қажет болған жағдайда сол уақиғаны өз бастарынан кешкені анағұрлым қызықты.

 Оңды, әрі жаңаша тәсілде жазылған эпизодтың бірі Жанғожаның теріс бата беретін сахнасы. Оның алдындағы Бекмырзамен өтетін сахна да өте ұзақ. Жалпы, бір рет пайдаланылған сөйлем мен іс-әрекет, айтар ой, мақсат- мүдде, негізгі шиеленістер мен себеп-салдарлар (қайта-қайта айтыла беретін «ойда – орыс, қырда – қоқан, қайдан пана табар қара қазақ» деген секілді) пьесада көп қайталанбағаны ләзім, өйткені сахна өнері оңашада отырып оқитын емес, алқа отан бас қосып, болып жатқан уақиғаға «араласып» отырып, көріп-тыңдайтын өнер екені ылғи есте болғанының көп пайдасы бар. Айта кетер тағы бір жайт, драмадағы кейіпкерлер саны онша көп те емес, алайда солардың әрқайсысының пьесадағы орны мен салмағын ойластырған абзал. Және де көркем шығарманың заңдылықтарына сәйкес, олардың тағдыры қалай басталып, немен аяқталатынын,

яғни әрбір бейненің сахналық өмірінің басы мен соңын міндетті түрде тиянақтау керек сияқты. Әйтпесе, жылт етіп көрініп, жоқ болып кететін бірді-екілі кейіпкерлер бар екен. Пьесадаұлтымыздыңерекшементалитетін айғақтайтын көптеген тағылымдық сахналар да баршылық. Мұсылманшылықтың, сөз бен сертке тұрудың, үлкенді сыйлау мен құрметтеудің, сөзге құлаудың неше түрлі мысалдарын көптеп кездестіруге болады. Пьеса жазудың орысша тәсілін қабылдап, өз құндылықтарымызға шүйіріп қарауға үйреніп қалған маргиналдық аурудан арылу жағын ойлаған ойлы қазаққа үйренетін тұстар да жоқ емес. Кейбір режиссер-сымақтардың өнерімізге жасаған жақсылығынан гөрі келтірген зияны шаш етектен екенін біріміз біліп, көбіміз білмейміз. «Батпандап кірген аурудың мысқалдап шығары»

сияқты, ойға салатын, қолға алатын шаруалар әлі де көп.

 Жалпы алғанда драма өте қомақты, жүгі де орасан. Халқымыздың басынан өткен небір зобалаңдардың қаншалықты ауыр болғанын, және оның ұлттың тағдыры мен өзек-сүйегіне, ұрпақ тәрбиесіне, салт-санаға, мінез-құлыққа тигізген салқыны, пысымыз баса-көктеліп, еркіндігіміз езіліп-жаншылып, қанымызға сіңдірген құлдық қасиет т.с.с. нәубеттерді қаның қайнамай, жүрегің ауырмай түйсінуде селқос қалдырмайтын, намысқа итермелейтін, еліңнің өткені мен көрген қорлығына күйзелмей, ашынбай қала алмайтын көркем дүние туғандығын баса айта кеткен жөн.

 Әлбетте, 100 бетке таяу пьесаны сахналау мүмкін емес, алайда кілті мен көркемдік шешімін таба алған суреткерге материал мол. Уақиға желісі шымыр түзілгендіктен, сөз сөйлеудің сұлу да қою тілді мәнерін майқамдап алмай, маңызы терең монологтарды қысқартып, ықшамдауға қиындау түсетіні анық. Асылы, реті келіп жатса, тарихи тақырыпқа түсірілуге болатын толық метражды фильмнің жүгін толық көтеріп кете алар шығарма екен, әттең, не керек?! Ондай күн «Көшпенділердің» масқарасынан кейін алыстап-ақ кетті-ау, амал қанша, «бір қарын майды, бір құмалақ шірітер» деген...

25 наурыз, 2007 ж.

ЖЕЛТОҚСАН КӨТЕРІЛІСІ ЖӘНЕ МЕН...

(Мені медальға ұсынғандарға қарата салынған қиғаш ой)

 Кезінде, «Қазақ әдебиеті» газетінде, кеш те болса еш емес, желтоқсаншыларды марапттау туралы бастама көтерілген болатын. Оған қуандық, тақырыбы да, талабы дұрыс. Алайда, тағы да сол қазағымыздың бұра тарту, туғанына ту ұстату, қыбын тауып қырыс мінез таныту, жауырды жаба тоқу сияқты қисық мінезіне басар қыңыр әдетінен арылмағандығына көзіміз жеткендей болып, ішіміз ашыды. Сол бастаманы көтермек болып, «бастары қосыла» қалған зиялылардың тізімінде желтоқсан көтерілісі жайлы ауыз ашуға хақысы жоқтар да жел жағында жүр екен. Онсыз да әр жерде ойы саяз болғанмен, «тарысы піскен жерде» бойын жиі көрсетуге әдеттенген әсіреңкі жөрнәлістер «дайын асқа тік қасық» бола қапты. Жалпы, бұл көтерілістің саяси, тарихи мәні мен ұлттық намысқа қайрақ болған жайын айтатындай пәтікті кісілердің қатарына қосыла кететіндей тұлғалықты оларға кім бере қойған десеңізші! Сол желтоқсанда, шырылдаған жастардың даусын құлағын бітеп тыңдап, қан кешулі талапайды терезеден жасырынып, «қызықтап» қарап немесе, соның ертеңіне-ақ «өздері отыз жыл күткен» Колбиннің төңірегіне құнжыңдап жиыла қалып, оқу ордаларын аралап, онсыз да опырылып, қан жұтып тұнжырап жүрген желтоқсандық жастарға «ақыл» айтып, «ұялтып» ұрсып жүргендер бүгіндері қаһармандық танытып, патриот, ұлтшыл болып, «жау кеткен соң, қылышын тасқа шауып» жүр; тіпті оған тарихи баға бермек болып, төбеге шығып, төске өрлеп, «третей сотының» толық мүшесі сынды тайраң қағатындарын қайтерсің? Көзінен қанды жасы парлап, шашы жұлынып, басы жарылып, намыстары аяқасты болған, кейіндері «талақ етілген» тағдырлары табанға тапталған, қоғамның қоқысы сынды шетте қалған сол жастардың кепиеті атады-ау деп қорқу – қаперінде жоқтығы жүрегіңді

мұздатады. Амал жоқ, қанша қапа болғанмен, өз қолыңды өзің кесесің бе, «қазақ десең – өзіңе тиеді!».

 Мен желтоқсанда алаңға медаль алам деп шыққам жоқ. Ерлік те көрсеткем жоқ. Мені онда шырылдаған жастардың даусы еріксіз сүйреп, жетелеп алып кетті, ұлттық намысым ғана итермеледі. Ол ерлік те, батырлық та емес, жай ғана адамдық қасиет, ағалық парыз. Қазақ қасиет пен парыз үшін орден алмаған, марапатталмаған. Бәрі рас, қан-жоса болғаным, төрт ай тергелгенім. Рас, жұтынған Құнсеркин сынды тергеушілердің әлдекімдерге куәлікке жүргізіп, үлгілі коммунистің алаңға арақ ішіп шыққан мастығын дәлелдетпек болып, «бастаушы сол» дегізіп, сатқындыққа итермелегендері де, адамгершілігімді аяққа таптап, сана-сезімімді, бүкіл арман-мұратымды тас-талқан етіп, жігерімді құм қылып, ит- терімді басыма қаптап, балағаттап іске алғысыз еткендері де рас. Алайда, мені егер өтірік айтсам, 12 жылға соттамаққа үркіткендеріне қарамастан, «мас емес, аяғы ауырып жүрген, соған спирт жаққан шығар» деген далбаса арашам аяқасты болып, кейіндері астаналық болған «үлгілі коммунист» ағамыз сондағы бір өсекші газетке мені «сатқын, тастап қашып кетті» деп жазып, көпе-көрнеу күйе жағылғаны да рас. Алайда, сол қаралы күндері менің ойымда қазағымның ел екендігі, бас көтерер ерлері жетерлік екендігі еш есімнен кетпеді, үмітімді үзбеді. Алаңда нахақ көздерінен жас тамып, аяусыз қанға боялған қарындастарым мен бауырларыма ет- бауырым елжіреп, егілгенім де, керек десеңіз солар үшін бой-бой болып сөгілсем де, соңымыздан ерген өрлі де өрелі өренге деген мақтаныш сезімде болғаным да рас. Ал, әншейінде аузымен құс тістеген, кейбір кекірейген, кекірігі асып-тасқан, қызмет пен қызыл беделдің құлағын қысып ұстаған, біздерге аға, алаңдағы жастарға әке буын боларлық шенқұл бәленшекеңдер, орыссыз өмір сүре алмайтынымызға сенімді Кеңестер Одағының халық маргиналдары алаңның шетін ала аулақта, қолдарын каверкот пальтосының қалтасынан шығармай, қызықтап қара-а-п тұрғаны да рас. Қасымдағы сондай бір, «алаңда қызық боп жатыр» деп

«Қонаевтың кеткенін» орынбасарының кабинетінде бір бөтелке коньякпен жуып, қызып алған, есіріп-елірген елеулі

«ердің» менің «Жигулиіме» мініп алаңға барғаны да, сол алаңға жиналған ұлтжанды жастарды жақтырмай, кекетіп- даттаған есір ыржалаңынан алшақтап, қайнап жатқан

«қанбазардың» қақ ортасынан бір-ақ шыққаным да рас. Растығының екі дәлелі – осыларымды өз көзімен көрген, сол күндердегі орынбасары Қалмахан Бейсенбиев те, сол кеште театрға көз жасы көл дәрия боп егіліп, қорған іздеп келген Гүлбаһрам Жүніс те әзірге жер басып жүр, тайқымас, төбеде бір Алла(һ) бәрін көріп, біліп тұр емес пе. Алаңда тоғыз балл теңіз толқынынан бір де кем емес ұлтжандылық дауыл мен намыстан көздерінен жас парлап, солығын баса алмай, ентігіп тұрған бауырларыммен сөйлесіп, басу айтып,

«ертең де қайта келерсіңдер, бүгін жаурамай қайтыңдар» деп тұрған менің қасқа маңдайыма үндеместердің қасақана атқан мрамордың сынық тасы тиіп, көзі-басымды қан жауып кеткені де рас. Ол қанды жуып, басымды бинтпен таңып берген өскемендік Гүлмира қарындастың кейін табылғаны да рас. Әлгі уақиғаның соңын ала жастарды жаппай таптаған

«Метель» операциясы басталған кезде, таңулы басымнан көтерілісшілігімді таныған кеңестік керзі етіктің, дойыр- қамшының, дубинканың астында қалып, өлі мен тірінің арасында, екіұдайда жатқанымда, мені танып, үстіме құлай кетіп, тура ажалдан аман алып қалған сол кездегі милиция майоры, бүгіндері бәрінен баз кешіп, Талдықорғанда тұрып жатқан бауырым Есмұрат Ерболғанов екені де рас! Тағы да растығы, алаңдағыларға араша түскен жалғыз Есмұрат емес шығар, оларды неге шеттетуіміз керек?! Бәрін бастаған театр институтының төрт жігіті, қанға боялған қандас бауырларымыз, сөз жоқ, ерлік жасағандар! Ал соларға әлі келгенше пана болып, қызметі мен креслосын, погонын әдіра еткендер де ерлікке барабар іс істеді, олар бас пайдасын ойлаған жоқ, бүгінгілердей осы кезеңнің қым-қуытын пайдаланып, аяқ астынан қаһарман, ұлтжанды, парасатты бола қалғандар емес. Өтірік өрге баспайтынын, әр қиянатқа бір зауалдың барын ұмытпайық!

 Мен әртүрлі марапаттарға ұсыныс жасаған газеттегі тізімді жасаған кім болса да, кісілігін бағалай отыра, бұл мәселеге аса мұқият болғанды, пенделік қыртымбайлықтан

аулақтап, әділдіктің аулына жиі ат басын тіреуді өтініп сұраған болар едім. Өз атымнан Есмұрат бауырымды әлгі тізімдегі марапаттардың біріне іліктіруді ұсынамын, елімізге еткен азды-көпті еңбегіміз еленбегенмен, қылған бірді-екілі міндетіміз осы болсын… Хош, пенделіктен биіктеп, бұл жараның кезеңдік орнын ойласақ…

 …Желтоқсан – Кеңестік идеологияның тіліп жіберсе қан шықпайтын қалың бетіне сілтенген алғашқы жойқын қамшы. Ұлттық намыспен ойнауға болмайтынын ол қоғамның ойшылдары талай ескертсе де, шектен шыққан ұлыоростық бедеу саясаттың солдаттары дәл соны естен шығарып алғанының салдарынан бұрқ еткен көтеріліс ол. Тыныш жатқан жыланның құйрығы басылды. Қайта бұл қозғалыс Советтердің ең момын, ең аңқау, ең көнбіс, ең тобашыл, ең бейбіт елінде – бізде басталғанына шүкірлік ету керек, бұл дүмпу басқа республиканың бірінде белең алса жағдай ушығып кетуі де бек мүмкін еді, азаматтық па, ұлт-азаттық па, әйтеуір алапат соғыстың өрті лап етуі ғажап емес-тін. Бұл ғадауатты көбіміз қаперге алғамыз жоқ, тіпті сол кеңестің қарғыбаулы көпек иттеріндей алдына тасталған майлы сүйекке, кеудесін «көркейткен» қаңылтырға дәнігіп қалған дүбәрәлар ол көтерілісті қолдаған жоқ, керісінше алаңға шыққан жастарға лағнат айтып, Колбиннің аяғына жығылып, көпе-көрнеу Қонаевты иянаттап, сәті түссе, Соломенцевтің шапанының етегін сүюге дайындардың да шыққандары жетерлік. Солардың бір-екеуі менің арқа тұтып, осының алдында ғана тіліме тиек етіп сөз қылған, алқалап жүрген ағаларым еді, олар алаңға жастарды емес, сәбеттерді қолдап, кезінде өздерін қолпаштаған Қонаевына деген жасырын қарау ойы қағынан ірің боп жарылып шықты. Тіпті, атағынан ат үркетін бірі, жастарға шыр-пыр болып аз да болса араша мен басалқаға жараған, таяқ пен тоқпақтың астында тапталған іні-қарындастарына бауыры езіліп, қастарында жүріп басы да жарылған, кейіндері тергеуге таңылып шерменде болып сенделіп жүрген Жаманқұловты,

«үй-й, сорлы декабрист» деп көзге шұқып күліп, мазақ еткен. Алаңға шыққан жастарды «наркомандар» деп иянаттап, Колбиннен кешірім сұраған қарабет хатқа қол қойған.

Бүгіндері бірі бұлт етіп өзгере қалып, аяқасты «ұлтжанды» болып, желтоқсанда нахақ жараланғандардың тізіміне ілігіп, қаһармандығын қанағат тұтпай, көкірек қағып міндетсініп, бірі мойны үзілгенше созылып, сол қаһармандыққа жетпекші боп әлек. «Ойбай, ол хатқа мен қол қойғам жоқ, ол кезде Мәскеуде жүргенмін, сыртымнан қойып жіберіпті, менің оған қатысым жоқ» дегендей қатын-байбаламға салып жүргені жағаңды ұстатады. Мейлі, Мәскеуінде жүрсін, бірақ ол кезде ондай хатқа діттеген кісілерінің, «осы кісі қол қояды-ау» деген сенімді адамдарының өздерінен телефон арқылы болса да ауызекі келісімін алмай, газет бетіне атып жіберсе де баспайтын үрдістің қатаң сақталатыны екінің біріне аян-ды. Желтоқсан – қазақтың өзінің ішіндегі қарау ойлылардың да шынайы бет-пердесін ашып берген құдірет. Колбин енді бір-екі жыл тұра тұрғанда, қанша қазақ бір-бірін сатып, қанша вагон арыз жазылар еді! Ол төбеттің төңірегіне топтанған меңдібайлар мен камалилар қазақ елін бөлшектеп, оңтүстігін өзбекке, батысын түрікпенге, шығысын қытайға, солтүстігін орысқа пышақ үстінен бөліп жіберер ме еді, Алла білсін! Құдайдың көзі оң болып, Нұрсұлтан ағамыздың жолы ашылып, туды өз қолына алмағанда күніміз не болар еді!? Үрейіміздің бекер еместігі анық қой, өйткені ұлты жайлы елу жыл «ұлы сөздер» айтып, том-том қып сәбетшіл сұрыпты қыруар кітаптар жазған қайсыбір топырағың торқа болғыр «ақсақалымыз», сол Колбиннің келгенін отыз жыл күткенін өзіне барып айтқан жоқ па? Бүгіндері, сол аңсарлары әлі басылмаған тірі жүргендері, әлі де сол сәбетін сарғая сағынғандары, арсыз армандары әдірә қалғандықтан, іштей тынып, сырттай іріп, ит мініп, ирек қамшылайды. Аты-жөнінің алдына «СССР» деген төрт әріпті жазба- саң – әлі келсе атып жіберуге әзір.

 Желтоқсан – жара. Жазылғанын күтейік. Сонан кейін барып, «көтерілісшіміз» деп көкірек қаға бермей, оның сабақтары жайлы жиі-жиі ойға шомайық. Тайпалықтан биіктеп, тақта отырған өз патшамыздың төңірегіне топтасайық.

26 қыркүйек, 2006 ж.

ӘШІМ ДАМОЛЛА, АТАМ ЖАМАНҚҰЛ, ХАЗІРЕТ ӘБСАТТАР ҚАЖЫ, САҒАТ АРЫНОВ ЖӘНЕ БАСҚАЛАР...

(Мешіт жайлы толықтырылған мұң)

 ...Адам баласы қаншама саналы боп жаратылғанмен, қысқа ғұмырындағы кездесіп тұратын күрмеулерді шешуге келгенде шарасыздық танытып, дүниедегі жақсы мен жаманды, жалған мен шындықты, әділет пен жөнсіздікті айыра алмай азап шегеді. Бүгін жақсы дегені ертең жаман, керісінше, кешегі жаман дегені бүрсігүні жақсы боп шығады да шақшадай басы, шарадай болып, көңіл көкжиегіндегі армандарының тас-талқаны шығып жатады. Бір-біріне жасаған қиянаттарынан, шешімі оңайлықпен табыла қоймайтын сұрақтардан екі дүниеге де көңілдері қалып, мұқым дүниені тәрк етіп, күнәһәр күйге де түседі. Әділет іздеп әлек болады. Бақ соқыр кейде (тіпті жиірек десе де болады), арам пиғылдының басына қонады. Ол болса, сонысын (Бақтың соқырлығын) пайдаланып, момындарды басынып тізесін батырады, бір Құдіретке деген сенімін жоғалтады, ризығынан айырады, көңілін қалдырады.

 Адам баласының хал-күйі осындай. Жан-жағынан шырмаған сансыз көмескілердің сұлбасын анықтап, түйіні қиын жұмбақтардың астарлы жауабын таба алмай басын тауға да, тасқа да ұрады. Айналасындағы өзі сияқтылардың бәрі де өзімен өзі, көмек берер, ақыл айтар ешбір пенде жоқ. Міне, сондай бір шерменде шақта, адам баласы жанына маза, дертіне шипа іздеп қарманысқа түскенде, бір Жаратушының барына сенбеске амалы қалмайды. Сонда барып, Дүние-Ғаламды жаратқан бір Құдіретті мойындап, өзі сол Құдіреттің кішкене ғана бөлшегі екенін ұғынып, тәубеге келіп, сабасына түскендей болып саябыр табады, мамыражай күй кешеді. Арагідік сол Құдіретпен тілдескісі, мұңын шаққысы келіп, жүзін өзіне беймәлім Көкке бұрып, жалбарына бастайды. Тек соның жолдарын біле алмай,

қалай, қай тілде сырласып, ықыласын аударса Хақ-Тағалаға тезірек, әрі ұғынықты жетер екен деп мазасынан айрылып, көкірегін толтырған шерін тарқата алмай шерменде болады. Жалғызсырайды. Жол көрсетер, я ақыл айтар біреуді іздейді. Сол біреу кім боп кездеседі, сұрқы мен ғұрпын тергемесек те, парқы мен нарқы қандай-ды?! «Бері кел, мына жол дұрыс, менімен бірге болсаң адаспайсың, Құдай бір, пайғамбар хақ деп хақиқи жолды көрсететін кім? Сөзі қандай, одан соңғы ісі қандай? Пайым-парасаты, сөзіне ұйытардай, соңынан ертердей кісілік кілті, діни ғылымхалдағы, өре-қарымы, білім-танымы қай деңгейде?

 Міне, осы тұста адасулар мен алданулар көптеп кездеседі. Арагідік арғы мен бергінің бәріне сенімсіздіктер де пайда болуы бек мүмкін. Өйткені, бір ғасырға жуық уақыт бойы

«дін – апиын» деп аталған идеология қазымырлана жұмыс істеді емес пе. Өйткені, қызыл комиссарлар халықтың жүрегінің түкпірінен орын алған шариғат заңын, дін жолын өз «дінімен», қызыл идеологиясымен ауыстырмақ болып жанұшыра жанықты емес пе. Біраз замандар өткен соң, ұрпақ ауысқан кезде ешнәрсеге таң қалмайтын, ешнәрседен тартынбайтын атеистер, турасын айтқанда, дінсіздер мен маргиналдар пайда болды. Ел ішінде бірді-екілі мұсылмандығынан сақтап қалған шал-шауқандар болмаса, қаптаған құдайсыздар заман тізгінін қолына алды. Ислам жолы, оның ғылымхалдары мүлдем ұмытылып, қайтыс болған адамға бір аят құран шығару былай тұрсын, дініміз жайлы жөні түзу әңгіме айта білетіндерден ешкім қалмады. Ел тексізденіп, ұлттың ұрығы азды. Өз қазағымыздан шыққан шолақ белсенділеріміз орыс діндәрінің ұрпағы, ұлы жазушы М.Булгаковтың Швондерлерінен асып түсіп жатты. Жетпістен асқан Шәкәрімді айдалада тышқақ лақ құрлы көрмей, көпек иттей атып тастап, тым болмаса бетін топырақпен көлегейлемей, айдаладағы құдыққа итере салғандары жүрегіңді мұздатып қана қоймай, зәр-иманыңды жеті қат жердің астына жібереді.

 ...Мен өскен ауылда, өз көзіммен көрген, бұрындары Әшім дамолланың мешіті деп аталатын айдалада иесіз қалған

есек қора бар еді. Күн ысыған кезде қасынан өтсеңіз, нәжіс- қоңыстың иісі әңкіп, қой-ешкі, шыбындаған қодық-есекке толып, шаңы шығып жататын. Қазақ мешітті «құттыхана» деп атағанда, бұл қасиетті орын неге осындай күйге түсті екен деп ойлаушы едік. «Елу жылда – ел жаңа, жүз жылда қазан» деп замана көшін оп-оңай түсіндіретін осы мақалдың қалай шыққанына да таң қалмай тұра алмайсың. Алайда, ғасырлар қатпарынан бүгінге дейін жеткен, небір құқайды көріп аман қалған қазақтың текті қариялары қаптаған қызыл үндеулер мен «жаңа өмірдің» кәпірістан әдеттері задына зорлап телініп жатса да, бес уақыт намазын тастамаған болатын, жылда егетін қауын-қарбызы қазан боп жатса да, құтпан намазын қаза қылмайтын. Заманның сұрқайланып, тектің аза бастағанын байқап жүретін менің Жаманқұл атамның құтпан намазы көл-көсір көз жасы мен ботадай боздаған өксік аралас оқылушы еді. Қыртысы білінбейтін жайнамазының құбыла жағына қамшысын көлденең тастап, алды-артын кес-кестеген кесір ұрпақтың тайраңы мен кердеңіне көзінің қиығын да салмай, тек қасында, селдір сақалын жуардай болып төгілген көз жасын көріп, балаң бауырым езіле, түкке де түсінбестен қосылып жылап отырған менің кекілімді, кемсеңдеген үнінен діріл қаққан дертті саусақтарымен салалап тарап, өзегіңді өртеген мұңды әуенін жалғастыра беретін еді. Бұл әуен намаздан соңғы

«намаз» болатын. Сондағы естіген зарлы әңгімелерден есімде қалғаны – төңкеріс деген нәубет жылдары сол төңіректің әзиз діндәрі Әшім атты дамолланың сол мешітін бұзуға келген ХТЗ дейтін «қызыл» трактордың темір табанының астына өкіре құлап, «мені де таптап кетіңдер, мұны көргенше көрге кіргенім артық» деп аһ ұрған пірәдар алты күн бойы аза тұтып, ақыры көп ұзамай құсадан өлгені жайлы уақиға... Әлгі «қызыл» тракторлар болса, қайта-қайта бұзыла беріп, ақыры, оның темір тісті суық табанынан емес, кежір заманның тезінен мүжіліп, өзінен-өзі қирай бастаған мешіттің жанында қисайған күйі, сол бойы жөнделмей, тетіктері әр жерде шашылып әдіра қалған көрінеді... Ал, менің кейіндері көріп жүргенім, сол қасиетті орынның төрт қабырға болып, қирап қалған қаңқасы ғана екен. Бұл күндері

ол қаңқа да ізім-қайым жоғалды. «Қызыл» тракторлар қанша тырысса да ақыры түгелдей бұзыла қоймаған мешіт, Әшім дамолланы жоқтай-жоқтай, «жаңа заманның» қызыл-жалқын желін де менсінбей, екі өкпе тұсынан әдейілеп салынғандай болған тас жол мен темір жолдың ортасында қалған күйі, әрлі-берлі өткендерге сыры мен тарихын ішіне, тереңге бүгіп, өзінен өзі мүжіліп, ақыры жермен-жексен болды...

 ...Алматыдағы айлап, жылдап әзер салынып біткен ақ мешітті көргенде зердеме менің кішкентай «ауылымда» қалған Әшім дамолланың әлгі мешіті, кежір заман жайлы Жаманқұл атамның кемсеңдеп айтатын жоғарыдағы әлгі әңгімесі оралады. Түгелдей төрт ұрпақтың тамырына балта шапқан алашапқын заман да артта қалуын қалды-ау, тек тегімізге түскен сызат әлі де жүректі сыздатады. Басына шәпкі, қолына пәпкі ұстап, қызыл аурумен ауызданып, кәпірленіп қалғанын байқамайтын біздерге әке ұрпақ, әлі де сол әләуләйімін аңсайтындай, мешітті менсінбей, Хақ-Тағаланы жантәсілімде, Құран-кәрімнің қасиетті аяттарын құрдасын қара жердің қойнына берерде ғана есіне алатындай. «Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі» деген мақалды үстірт ұғынып, өзі өлмейтіндей, бір зауалдың барын сезінбейтін, бір Аллаһтың алдына баратынын ұғынбайтын кежір умен уланған ұрпақ бәрібір бұрынғысын, қисынды-қисынсыз жерге араласып, бүйректен сирақ шығарар кесірлі кезеңін көксейді. Болмаса, ай-шай жоқ, Әулиеата жақтан естілген жөнсіз-жосықсыз «ойбай, облыстық қазақ театрының бұрынғы атын өзгертіп, Асқар Тоқпановтың атын берейін деп жатыр, бұл елде жүзге бөлінушіліктің, рушылдықтың өрті өршіп барады» деген аттан салынар ма еді? Қазақ театр өнерінің хас ақсақалы, ұлттық актерлік мектептің негізін қалаушы Тоқпановты жүз бен рудың шылығына малып не керек? Шаншардың қуы Қалибек Қуанышбаевтан, күлдіргі Қаллекиден қазақтың алғашқы сахналық хакім Абайын жасаған, Мұхтар Әуезовтей дүлдүлмен әңгіме- айтысы жарасып, екі дүниелік дос болған, тіпті сол Тараз театрының сахнасында Абайды алғаш сөйлеткен, екі дүркін сол театрға басшылық қана емес, ақсақалдық жасап мерейін аспандатқан, орыс қана емес, исі кеңес кезінің сөзшең-

сұрқылтайы Ираклий Андрониковтан алты мөлшер биікте аспандаған, бүгінгі күнге арман болған бұрынғының батагөй биіндей, ғұлама білгір, толағай шешен, көзсіз батыр, шенсіз уәзір Тоқпанның Асқарына бір театрдың атын қимау – қарау арамдық, кәпір сараңдық емес пе? Тіпті, театрдың атында тұрған не бар? Кезінде Тараздың орталық алаңында ондаған жылдар бойы орын тепкен «күн көсемін» тас тұғырдан тайдырып, орнына сан ғасырлардан сандалкөгін желдіртіп келіп, тізгін тартып жайғасқан Бәйдібек баба ескерткіші жайында да осылай аттандаған көрінеді, өзін «ардагер- жорналшы» санайтын Сағат Арынов деген ақсақал.

 ...«Батпандап кірген ауру – мысқалдап шығады» деген, осыдан сәл-ақ ертеректе, ұлан-ғайыр еліміздің солтүстігі мен қиыр шығысын айтпай-ақ, қазақилығы мен мұсылмандығы сүттей ұйыған дейтін тарихы терең, ұлы Жібек жолының бойынан бақилық тыным тапқан Қарахан бабаның мәңгілік тұрағы, Айша Бибінің тұмары, Тектұрмастай әулиесі, киесі бар көне Тараздың өзінің өзек тұсынан өтетін ұзын сонар даңғыл жолының ең бір көрікті деген жерінде, тәуелсіздіктің «алғашқы қарлығашы» болып, «мені көрдің бе» деп менмұндалаған, намысымызды қара жерге қаратқан, ал алтындатқан мұнарасы мен кресі аспанға шаншылған шіркеу салынған болатын. Сондағы тапталған намыс пен сұйылған қанның сұрауы жүзге, руға қарамай-ақ, мұқым қазақтың қасқа маңдайының тайқылығының белгісі емес пе еді!? Сонда салмаған «аттанды» Сағат ақсақал шығара бастаған-ау! Қайсыбірін айтайық, орысынан гөрі орыстанған Арыновтары көп біздің көне тараздықтар ел болып, есіміз жиылып, етегімізді жаптық па дегенде, араға ондаған жылдар салып, «Әулиеата мешіті» деп айдар тағып, айғайлатып бастаған құттыхана мешітімізді «салақ қатынның садыра ошағындай» кеспірсіз күйінен айырып, тәңір жарылқағыр жаңа әкім Қанат бауырымыздың арлы қимылының арқасында қайтадан бақуаттандырып, абаттандырып, кісі ұялмайтындый етіп кеше ғана бітіріппіз. Онда да ел ішінен қаражат жинап, дуылдатып, шулатпай-ақ, ың-шыңсыз, еш міндет қылмай дегендей. Ал, көп уақыт бұрын, Көне Тараздың сол күре жолындағы селикат кірпіштің ең таңдаулысынан

өрілген, кресі мен мұнарасын шырқау биікке шаншытып әлгі шіркеу салынғанда да қол созып, «жылу жинап» жүрген бір орысты, я оның бір діндәрін көрмеген едік. «Бұларың не деп

«буырқанып, бусанған, мұздай темір құрсанған», атой салып аттандаған Арынов ақсақалды да көрмеген едік. Көргеніміз

– уақыты жеткен аталарымызды жер қойнына бергенде, Құран шығарылып жатқан жерден сәл ғана аулақта, мазарат- мүрделерді сағалап, аят оқып отырған молдамен жарыстыра тост айтысып, «ақмойынды», кеңестің атышулы «қырлы стақанына» толтыра сыңғытып жатқан, атеизммен уланған ұрпақтың сықпыты болатын. Көргеніміз – өз атын шақырған көкектей, айдаладан біреудің айтағымен аттан салатын, көпе-көрнеу өтірік жазуға Құдайдан да қорықпайтын,

«жорналшылар» болатын. Көргеніміз – өзінен кейінгіні өзектен тепкен, кеңестік қаңылтырға кеудесін толтырып алып, соның қолаңса буына мастығы әлі күнге тарқамай, күні кеше «колбинші» боп, одан қазақтың қаны басына тепкен жастары, оларша «нашақорлар» үшін жалбарына кешірім сұраған, енді бүгін ұлтжанды болғансып, ол кезде қол қоймағансып, бұл кезде күлдібадам кітабын кірпіш милы қандасы «қыли қыртымбайға» жаздырып, өтірік пен ойдан шығарған ой-сымақтарын күнделік қып түзген, иман деген ұғымды бұзған, мүһминдік өлшем күдерін үзген, ақсақалдықтан ада, ағалықтан жұрдай кісімсіген міскіндер болатын... Көрдік, небір заманды көрдік, мүфтиін сабаған (астағфиралла!) қоғамды да көрдік. Бұл ақиқат қой! Ақ- қарасын уақыт өзі екшеп жатар, алайда «көрер жарығы бар» қазақтың Діни Басқармасына жылы жүзінен адами тазалық лебі есетін Әбсаттар қажы келіп, тұралап қалған «Басқарма- сымақтың» басынан бастап қаз-қаз тұрғызып, тәлтіректеген аяғын тәй-тәй бастырғаны да ақиқат. Бұрындары қазақтың мешітінің айналасына дүмшелер мен ауру-сырқау, кем- кетіктер жиналатын. Қайыр-садақа сұраушылар мен жылу жинаушылар мекені боп елестейтін қасиетті орын қазір тазарып, келімді-кетімді сырт көз сыншылардың күлкісі мен дос көңілдердің күйінішінен арылдық. Хазіреті Әбсаттар қажының қыруар қызметінің арқасында құттыхана мешітіміз енді шын мәніндегі Аллаһ-Тағаланың Үйі дәрежесіне

көтеріліп, аспанды аялаған күмбезі алтындалып, әр жұмада намазға жиылған жамағаттың басымы өзіміз болып, өзіміз болғанда оның көпшілігі соры қалың соңғы ұрпақтан,

«қырлы стақан» мен «қырмызы коммунистерден» пінә болса да ағзасы таза боп жаратылған жас ұрпақ екендігіне қуанасың. Бас мүфтидің басты реформасы десе де артық емес, ең алдымен мұң жайлаған мұсылманшылықты, абыройы арзандап кеткен исламды аспани ілім екендігін айғақтап, тіпті оған дін деген жалпы, жалқы ұғым тарлық ететінін дәлелдеп, мұсылмандықты пәлсапалық өлшемге, мәдени тұғырға, ғылыми түсінікке көтергенінде! Ислам діні өте әдепті, терең білімді, асқан абыройлы, саф таза, ниеті мөлдір, тілегі қабыл, құшағы бауырмал, әдеті мен мәдениеті озық, кішіпейіл де шынайы һәм биік дін екеніне көзімізді жеткізіп, көкейімізге нұр ұялатқаны да ақиқат! Бұрындары, өзге діндердің өлермен өкілдері қойын-кітапша, жарнама-қағаз, түрлі-түсті суреттермен әсем безендірілген басылымдарымен ой-санамызды жаулап үлгеруіне аз- ақ қалғанда, Әбсаттар хазіреттің жеке қажыр-күшінің арқасында ақпарат әлемінде бұрын-соңды болмаған, болар- ау деп үш ұйықтасақ түсімізге кірмеген «Иман» журналы 7 мың, «Ислам және өркениет» газеті 34 мың данамен шығып жатқаны адам сене қоймайтын жаңалық, әрі бөркіңді аспанға лақтыратын, жоғың табылған, есебің түгелденген есепсіз қуаныш емес пе! «Ауруын жасырған – өледі» деген, жалған намыстың құлы болып жасытып, жадағайлатпай турасын айтсақ, бұрындары мешіттен келді деген молдалар, үстіне баяғының бақсы-жыраулары немесе, сіңірі шыққан кедей ауылдың әуесқой театрының артистері киетін ұсқынсыз, қызылды-жасылды қыжым шапанын жамылған дәруіш- дүмшелер сияқты елес беретін. Арагідік ресми кездесулер мен басқадайын шара-басқосуларда өзге діннің өкілінің өре мен қарым жағынан оқ бойы озықтанып тұратынын көріп, ішімізден іріп, ұнжырғамыз түсіп, жерге қарардай ұялып отыратын кездер де болғанын жасырсақ – оның қай жері ұлтжандылық, қай жері имандылық! Құрманғазы оркестрі қазақтың басқадай ұлттық киімі жоқтай, түгелдей Абылайдың сұлтандар киер сұсты шапаны мен қараға

келіспес хан қалпағын киіп алып, оның қасиетті тағын тәрк еткендей етіп, сахнадан күмбірлетіп күй ойнайтындай, дін адамы десек, міндетті түрде айналасы әртүрлі арзан өрнекпен әдіптелген «құда шекпен» кигеннен басқаға өре- қарымымыз жетпестей болғанымыз да есте ғой. Бүгіндері бірінен соң бірі өтіп жатқан халықаралық деңгейдегі діни басқосуларға қаздай тізіліп келе жатқан қазақ діндәрларының ортасында, төгілдіре желбегей жамылған ақ шекпені әсем көрінетін Әбсаттар Хазіреттің адами сүйкімі көз қуантады, айналасындағы имамдардың жарасымы бөлек ақшаңқан киімдері де өте орынды, әрі қонымды. Осы титтей нәрсенің өзі Бас мүфтидің эстетикалық өресінің биіктігіндей, ерек тәлімінің белгісіндей. Ал енді уағыз айту, төрткүл дүниенің діндәрларының ортасында отырып білікті сөз саптау, шешендіктің шырқау биіктіктеріне баяғының көшелі билеріндей көсіле сөйлей білу – білгенге, дініміздің ғана емес, мемлекеттік мерейіміздің үстем болуының тағы бір көрінісі.

 Мешіт деген, осыдан аз-ақ уақыт бұрын өлім-жітімге бір аят құран мен садақа-сауқат, құрбан шалу мен ораза айт кезінде ғана еске түсетін. Қазір қаншама іс-шаралар істеліп жатқанын естіп-біліп, құлағдар болғанда қуанышың қойныңа сыймастай күн кешетінімізді жасырмаймыз. Басқасын былай қойып, бұрындары есімізге келмеген мүбәрак Мәуліт мерекесі – Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа с.ғ.с. туылған күнін ерекше шапағатпен атап өту – мүһминдердің жыл сайынғы асыға күтетін сындарлы салтанатына айналды. Әбсаттар Хазіреттің жеке өзінің ұйымдастыруымен, алғашқыда азын-аулақ адам жинап кішігірім ғимараттарда өтіп жүрген бұл мереке, бүгіндері Республика Сарайының кең залына сыймай, кемерінен асып, тіпті Республика алаңына ұласардай жағдайға жетті, иншалла!

 Текке жамандап не керек, кеңестік кезеңнің арқасында ұлт болып ұйысқалы жеткен бір жетістігіміз, шыққан биігіміз – ғылым мен білімге деген алапат құштарлықтан шөлімізді қандыра сусындағанымыз әмбеге аян. Сол арлы ғылымның біздерге көмескі әлемін сусамырша сіміре зерттеген, алғашқы арабтанушы ғалым ретінде басқа өлшемге өтіп

кеткен Әбсаттар Дербісәлі ағамыздың тат баса бастаған ұлт ұятына ара түсіп, дін исламға қызмет етуге келуі – ұлы Тәуекел, жауапты Қадам!

 ...Ел жаққа жиі бара бермейтін болдым, бара қалсам, бүгіндері басқалардікі боп кеткен кішкентай, тумасам да өскен «ауылым» 27 разъезге тоқтамай, жолдас-жора, ағайынның ортасына, аудан орталығы Асаға тартып кетем... Ал, жол бойында сыры мен мұңын тереңге жасырып, келетін кезеңін күтіп жатқан Әшім дамолланың «төмпешік- мешітінің» тұсына келгенде, «атымның» тізгінін тартпасқа амалым қалмайды... Қиялымды қытықтап, көз алдыма сағымданып, өткен заман... көшкен сурет елестейді. Көк күмбезі күнге шағылыса көкке өрлеген мешіттің айналасына қарақұрымданып, намазға жиылып жатқан қисапсыз халықты көрем, өзегіңе құйылып, алпыс екі тамырыңды иіте үздігіп естілген сиқырлы үн, іш-бауырыңнан қыл суырғандай әсер етіп елжірей азынаған, көк аспанға асып, ұласып кетіп жатқан азанды естимін... Көк күмбездің үстінде ақ шапаны желбіреп, аяғы жерге тимей, аспанға ілініп Әшім дамолла қалықтап тұрғандай... Намаз оқып тұр ма, әлде мешіттің айналасында қирап жатқан, сыры мен сыны кетіп, түсі сұрқай тартқан тракторларға нәлет айтып тұр ма, ажырата алмаймын... Әне, ақсаңдай басып, ешқашан шаң болмайтын мәсісінің қыры сынбаған гәлөшін шеше бере, жұртпен бірге намазға жығыла берген атам – азанды ныспысы Иманқұл жарықтықтың, жеңгелері теліген жария атты Жаманқұл рахымелінің сұлбасы... Маған бұрылған мұңды жүзінен бұл жолы көз жасы емес, саябыр тапқан нұр көрінгендей...

«Балам-ай, сенің де маңдайыңның соры бес елі болды-ау, Алла ақырын қайырлы қылғай, тек еліңнің бағы он бес елі екенін көргей, соған шүкір қылғай, тәубеңді ұмытпағай» деп күбірлегендей...

ДОСХАН ТУРАЛЫ БІР ҮЗІК…

(Астарсыз шер)

 Екеуміз де хас өнерпаз Хадиша Бөкееваның шәкірттеріміз, бір мектептің түлегіміз, бір айдың перзенттеріміз, жұлдызымыз – таразы. Бойымыз бөлек болғанмен, өмір мен өнер жайлы ойымыз, пайымымыз бір.

 Мен сол толқымалы таразы болғандықтан да, өнерге теңселіп жүріп кештеу келдім, үркектігімнен, қалауымды құзар биікке қойғандығымнан, өзіме сенімімнің аздығынан, суреткерлік әлемнің сүйріктігінен сескенгендіктен...

 Мен Досекеңнен үлкенмін, қазан айының екісінде Алланың әмірімен пайғамбар жасына жеттім. Ал ол – осы айдың жетісінде алпысқа келді…

 Жыл санау – онша жақсы нәрсе емес, суреткерлік сүреде жүрген біздер үшін ол мұң санаумен барабар… Аман жүрсең, жасыңа жас қосыла береді ғой, сақал ешкіге де бітеді дейді, кінәмшіл қазағым. Мәселе – қосылған жастың санында емес, сарынында десем, ұғындыра алар ма екем, айналамды… Сан

– математикалық өлшем, ал сарын… Сарын – үн,.. дауыс,.. өре,.. ол – кеңістікте,.. алыста,.. биікте,.. тереңде,.. ағзада...

 Досхан табиғатынан терең – домбырашы, әнші; сондықтан да ойшыл. Ән мен күй, адам көкірегінің күмбірі, қоңыраудың салдыр-гүлдірі емес.

 Досхан жаратылысынан жүйрік, бәйгіге бейім. Жабы тектілерден бөлектігі, олардан озатыны сондықтан...

 Досхан іс-қимылға шымыр, сахна мен экранда тастүйін жинақы, олпы-солпы емес, жұрт назарын жаулағаны да сол себептен.

 Досханның ағзасы зерек, құлағы түрік, қабылдауы жылдам. Хадиша апамыздың аузынан түспейтін, ең мақтаулы шәкірті болғанына мен куә. Техникалық жоғарғы оқу орнында сопромат пен теориялық механиканы біраз кеміріп келген мен, сахнадағы балаң сезімге бой алдыра алмай, «ол неге олай» деп бордай езіліп жүргенімде ол оза шауып, тәләбалардың алдына шығып алған-ды...

Досхан бұл күнде бәтуалы тұлғаға айналған, өнер жолына

қарасаң көз тояды, өре өлшемінің биіктігінен бөркің түседі. Ол бұған шіренбей, күшенбей, сұранбай, қиналмай, ессіз сүйетін өнеріне есепсіз төккен ақ терінің арқасында желіп жүріп, азабына көніп жүріп жетті. Өмірдің бұрылысына бой бермеді, бұлтағына ермеді. Өнер деген ордалы Елде жүргендердің түгелі осылай болса игі. Айналасы аман, кісілігі кенен, пендешілігі төмен. Алқа қотан ағайынға айтары мол, кейінгіге ағалығы кең. Дос-жаранға бай, бес қаруы сай, көңілі жай. Ортада көсем, сөзге шешен.

 Мен Досхандай жүйрікпен аламан бәйгеде жүлделі жүргеніме шүкірмін, бір заманда, бір кеңістікте, бір биікте, бір тереңде екендігіме тәуба қыламын. Досханмен мақтанамын.

Қазан, 2011 ж.

БЕКЗАТ ӨНЕРДІҢ БИІГІ МЕН КҮЙІГІ...

(Мұқым қазақ театрының сарабына түскен ой)

 Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойын халқымыз үлкен жетістіктермен қарсы алғалы отыр. Бұл жеңістер тарихи тұрғыдан қарағанда аз ғана уақыт ішінде тәуелсіз еліміздің қарышты жасаған алып адымдары. Мұны барша әлем қауымдастығы толық мойындады. Оның бір дәлелі Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына бір жыл бойы төрағалық етіп толымды жұмыс жасап, жыл аяғында еліміздің бас қаласында ЕҚЫҰ саммитін және Азиада ойындарын сәтті өткізуі және Астана декларациясының қабылдануы. Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың ұстанған жолының саралығы мен даралығын өмірдің барлық саласында болып жатқан іргелі өзгерістерден сезініп келеміз. Экономика, қаржылық-банк, инновациялық технологиялар, білім беру, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы т.б. секторларындағы елеулі жетістіктеріміз өмірдің барлық саласында көрініс беруі мәдени-рухани өміріміздің де бой түзеуіне, сан алуан қырымен дамуына алып келді. Әлбетте, қазақ мәдениеті бұрын-соңды болмаған

еркіндік пен өрелік биіктігіне жетті. Кез келген әлемдік өлшемдердегі кеңістіктен өз орнын алды деп есептеймін. Бұрын бұйығы күйде барымыз бен нарымызды сыбырлап қана айта алсақ, қазір емін сөйлеп, еркін тыныстаймыз емес пе? Кеңестің кезінде арсыдағы сақ дәуірін қойып, Абайымызды абайлап мақтаушы едік. Мұхаңның Лениндік сыйлыққа ұсынылатын кезеңі есте болар. Міндетті түрде соңына Соболев атты «тамырын» ертпесе, бәйгеден озар ма еді, озбас па еді? Абылай, Төле, Қазыбек, Әйтеке, Мағжан, Жүсіпбек, Шәкәрімдердің аты аталуының өі екіталай еді ғой. Кенже дамыса да кем адымдамаған театр өнерінің арғы-бергі ауқымының өзі назар аударарлықтай «арқан мен тұсаудан» арылды емес пе? Қазақ театрының шет елге барғанын бұрын-соңды естіп пе едіңіз? Тәуелсіздік кезінде қазақ театры Иранға, Францияға Египетке, Түркияға өнерін көрсетіп, ешкімнен кем емес екенін айғақтап, еңсесін көтеріп қайтты. Солтүстік облыстарымызда қазақ театры ашылмақ түгілі ол жаққа гастрольдік сапарға шығуға жүрексінетін кезіміз көп болған-ды, қазір сол өңірлердің бәрінде де қазақ театры ашылып, ұлт иісі аңқып, қазақ әнінің әуені асқақтады. Қызылжарда, Павлодарда, Астанада, Көкшетауда, Өскеменде, Қостанайда, Оралда, Ақтөбеде, Ақтауда, Талдықорғанда, Түркістанда бұрын түстеріне кірмейтіндей болған оннан аса қазақ театрлары дүркіреп, бірінен соң бірі ашылып, ұлтық өрнек пен оюға малынған шымылдықтарын желбіретті. Бұрындары есеп беру үшін ғана есте болатын ұлтық театрлар мен ансамбльдер ұйғырша, өзбекше, немісше, кәрісше емін сөйлеп, еркін дами бастады. Қазақстанның кәріс театры Сеулде, неміс театры Мюнхенде, Өзбек театры Тәшкенде, Ұйғыр өнерпаздары Шыңжаңда шымылдықтарын Қазақстаннанбыз деп кеуде кере желбіретті. Өзге елдерде өнер ордалары жабылып, атышулы өнерпаздары Мәскеу, шетел асып тентіреп жатқанда бізде Шымкент пен Астанада опера театрлары, ұлтық өнердің өзге түрлерінен жаңа қойылымдар қойылып, эстрада әншілеріміздің қазақы үні аспандады. Ұмыт болған төре-сұлтандарымыз, ұлт зиялыларымыз бен батыр-би, бағландарымыздың аруағын әуелетіп, қаншама той деуге бергісіз, беріш боп қатқан

тегіміз бен тамырымызды жібітетін баталы астар, аста-төк көңіл көтерулер өткізіп, өткеннен ғафу өтіндік, ертеңге тәтті де бекзатты тілеулер мен аманаттар арттық десеңізші! Бұлардың бәрі әлдебір қағынан жеріген құландар іліктеп сөз қылатындай тойшылдық немесе әпербақандық емес, жоғымызды түгендеу, жадымызды жаңғырту, үмітімізді үкілеу, ес жиып, етек жабу емес пе! Мәдениет деген ұғымды кең көлемде ұғынар болсақ, тегіміз бен жады мәдениетінен бастап, сөйлеу, ойлау, армандау, жазу, айту, тіпті қонақ қабылдау, қарсылап-шығарып салу, күту, олардың қасында өз-өзімізді ұстау мәдениеті де, өре кеңдігі мен мәре теңдігі де, қала салу қалпы мен әлеуеті де шырқау биікте ғой!

 Қазақстан өзінің театр өнерін дамытуда тәуелсіздік алғаннан кейінгі 20 жылға жуық аралықта біраз шаруалар тындырды. Басқа елдер барынан айырылып, өнер ордаларын жауып жатқанда, Елбасымыздың өзінің жеке қамқорлғымен, тікелей қатысуымен кең-байтақ еліміздің түкпір-түкпірінде жаңа 10-нан астам театрлар ашылып халыққа қызмет көрсете бастады. Бұл салада жасалынып жатқан іргелі істерге, елеулі жетістіктерімізге көңіл марқая отырып мәдениетіміз бен өнерімізде соның ішінде рухани өміріміздің ажырамас серігіне, қоғамдық-әлеуметтік өміріміздің айнасына айналған – театр өнерін өркендетуде әлі де болса қиюы келмей жатқан тұстарды терең ашып қарайтын кез келген секілді. Қайта құру, кеңестік мемлекеттер құрылымының ыдырауы, өтпелі кезең қиындықтарымен, тәуелсізіктің алғашқы он жылдығындағы қаржылық дағдарыстарға қосарлана бұрынғы мәдени байланыстары үзіліп, әбден қан-сөлінен ажырай бастаған театр өнері қазір жаңаша қарқынмен дами бастады. Жұмыс жасау негізі репертуарлық театр болып қалыптасқан Қазақстан театрларының бүгінгі жеткен белесін, бағындырған көркемдік деңгейін сақтап қалу қажеттігі күн тәртібінен түскен жоқ. Оның зымыраған уақыт тынысын сезетін, замана тыныс-тіршілігімен қатар соғар жүрек дүрсілін айқындайтындай толыққанды жұмыс жасауына жағдай жасау, қоғам өміріндегі орнын құқықтық тұрғыдан қайта қарауды, заң шығару және атқарушы билік мекемелерімен қайшылыққа түспей, керісінше, түсіністікпен,

шығармашылықпен жұмыс жасауына мүмкіндік беретіндей етіп реттеу қажеттігі бүгінгі күніміздің басты мәселесі. Осы аралықта жіберіп алған алтын уақыт, бейберекет, еркін шығармашылық кеңістікке жіберіліп, бет-бетімен кеткен театр өнерінің тамыр соғысын, тірлік-тынысын, оның рухани-идеологиялық ұстанымдары мен бағыт-бағдарын тұтастай қайта қарайтын кез келді. Егемен еліміздің жаңа даму белесінде өнер мекемелерінің алдына қойып отырған Елбасымыздың соны талаптары үрдісінен шығу үшін театр шығармашылдығын ұйымдастыруды, басқаруды, құрылымдық деңгейде түбегейлі қарастыруды қажет етеді.

 Қазақстан театрларының әлеуметтік және шығармашылық жағдайы әлемдік өре биіктігі тұсынан келгенде сын көтермес жағдайдан да төмен. Мәдениет министрлігінің құзырында бүкіл республика бойынша концерттік мекемелерді, филармонияларды, ансамбльдерді, 3 ұлттық (кәріс, неміс, ұйғыр) театрларды қосқанда бар-жоғы 9-ақ ұжым бар. Ал, Қазақстанда тек қана театрлар саны 51-ден асады. Олардың 3-еуі опера-балет, 16-сы орыс, 9-ы қуыршақ, жоғарыда көрсеткеніміздей, Сайрамдағы өзбек театрын қосқанда, 4-еуі өзге ұлттық. Басқалай толық санын ашып айтпай отырғандағы уәжіміз Өскемен, мен Ақтөбеде орыс және қазақ труппасы бір театр, яғни ресми бір мекеме болып саналады. Сол сияқты біраз облыстарда негізгі құрамға қосақталған қуыршақ труппалары да бар. Осылардың бәрінің де сұрқай деңгейдегі өмірі мен өнерінің тағдыры, өте аз мөлшерде бөлінетін қаражат көзі облыстық әкімшілікке телінген. Театр қызметкерлерінің жалақылық қоры – орташа өмір сүру минимумынан әлдеқайда аз, сондықтан олар қайыршылық күй кешуде, ал кейбірінің шығармашылық деңгейлері, күлбілтелемей, жасырмай шынайы қатты айтқанда, көрген кісіні ұялтып төмен қаратады, бұл мәселелер тіптен назардан тыс қалуда, айналысып жатқан ешкім жоқ. Театрдың, әсіресе оның зәулім ғимаратының, қайсыбір режиссері немесе актерінің облыстық әкімшілікке тек өздерінің жиылыстары мен мәдени шараларын өткізу үшін ғана қажеттілігі бар. Шығармашылық ұжымның репертуарында қандай пьесалар, қалай қойылып, оны қай актер қалай орындап жүр, мұнымен

олардың шаруасы болмайды және ол мәселені айқындап, саралап бере алатын облыстық мәдениет департаментінде кәсіби мамандар ешқашан болған емес. Әйтеуір бір қуаныштысы, Қазақстанда бірде-бір театр жабылған жоқ, қайта он шақты жаңа өнер ошағы шаңырақ көтерді, бір- бірімен жарыса салынған немесе күрделі жөнделген 38 театр ғимараттары, әрине, көз қуантады, оның ішінде Қарағанды қаласында Н.З.Нығматуллиннің әкімшілігі кезінде ерекше дизайнды, ең көрнекті алаңға асқан ықтияттылықпен С.Сейфуллин атындағы қазақ театры үшін жаңадан ғимарат салынды. Сондай-ақ Қостанай қаласында әкім С.Кулагиннің тегеурінді қажырының арқасында осы жылдың 1 желтоқсанында І.Омаров атындағы қазақ театрына су жаңа ғимараттың кілті табыс етілмекші. Алайда Елбасымыздың ізгі ниетімен атқарылып жатқан ол игі істер мен шынайы қамқорлықтар қазақстандық театрлардың ішкі шығармашылық арзан өміріне, өкінішке орай кері пропорционалды. Уәжіміз нақты болуы үшін құжаттық ақпарларға жүгінейік.

 Қазақстандағы 51 театрдың 7-інде өзінің жеке ғимараты жоқ, олар: Семейдегі Ф.Достоевский атындағы орыс, Шымкенттегі орыс, Астанадағы жас көрермендер, Көкшетаудағы орыс, Тараздағы орыс, Ақтөбе мен Шымкенттегі әзіл-сықақ театрлары. 4 театрда әлі күнге жөндеу жұмыстары жүргізілмеген, олар: Шымкенттегі қуыршақ, Арқалық қаласындағы қазақ жасөспірімдер және Ақтаудағы Н.Жантөрин атындағы театрлар. Алматыдағы Республикалық неміс театрының жөндеу жұмыстары жоспарсыз ұзақ жүргізіліп жатқанынан актерлері әр есікке бас сұғып, әлекке түсіп жүр.

 Бүгінгі күні 22 театр пәтерге мұқтаж, 21 театр мемлекет тарапынан үй немесе ипотекалық баспана алуға қаржылай көмек алған. Алайда баспанасыз жүрген қызметкерлерлің саны өте көп. Таратып айтпай-ақ, бір ғана К.Байсейітова атындағы опера-балет театрында 117 артист, Ақтөбеде 25 артист, Шымкенттегі опера-балет театрында 22, Өскемендегі Жамбыл атындағы театрда 21 артист, Алматыдағы Н.Сац театрында 17 артист, Қ.Қожамияров атындағы ұйғыр

театрында 16 артист, Көкшетаудағы Ш.Хұсайынов атындағы театрда 15, орыс театрында 8 артист баспанасыз жүргені көңілге кірбің ұялатады. Ақтөбедегі «Екі езу», «Алақай», Атыраудағы Махамбет атындағы, Оралдағы А.Островский атындағы, Шымкенттегі орыс, әзіл-сықақ, қуыршақ және Ж.Шанин атындағы қазақ, Тараздағы орыс және қазақ, Жетісайдағы Қ.Жандарбеков атындағы, Арқалықтағы қазақ жас өспірімдер, Қостанайдағы орыс, Петропавлдағы қуыршақ, Павлодардағы А.Чехов атындағы орыс, Семейдегі Абай атындағы қазақ, Қарағандыдағы академиялық муз- комедия театрлары көп жылдар бойы ешқандай да пәтермен қамтамасыз етілмеген.

 Жоғарыда айтылғандардың тікелей әсерінен аймақтардағы театрларда кәсіби маман тапшылығы ушығып тұрғаны жасырын емес. Бәрінде дерлік, өрелі режиссер, талантты актерлер, басқалай кәсіби мамандар жеткіліксіз, жоқтың қасы десе де болады, өйткені жоғары оқу орнын бітіргендер ол жаққа ат ізін салмайды, бәрі Алматы мен Астананың теледидар, радио, киностудияларын төңіректеп, той-томалақтарын жағалап жүр. Себеп көп, ол – өте төмен жалақы,нақтымысалдаркелтірерболсақ, Т.Ахтановатындағы Ақтөбе театрында актер 27.300, Махамбет атындағы Атырау театрында 30.000, Шымкенттегі опера-балет театрында 32.000, Сайрамдағы өзбек театрында 25.000, Түркістан театрында 34.800, Шымкенттегі қуыршақ театрында 29.000, Тараздағы қазақ театрында 31.700, Көкшетаудағы Ш.Хұсайынов атындағы театрда 24.000, Қостанайдағы І.Омаров атындағы қазақ театрында актер 33.366; режиссер 35.938, Арқалықтағы қазақ жасөспірімдер режиссер 35.938, Арқалықтағы қазақ жасөспірімдертеатрында орташа білімді актер 24.095, жоғары білімдісі 35.938; режиссер 44.923; Астана қаласы, Қ.Қуанышбаев атындағы театрда актер 34.400, режиссер 35.500, Астана қалалық жас көрермендер театрында актер 35.000, режиссер жалғыз Н.Жақыпбаев 60.000; Семей қаласы Абай атындағы театрда 32.000, Өскемендегі Жамбыл атындағы театрда 38.560 теңге жалақы алады.Ең жоғарғы жалақылық көрсеткіш М.Әуезов театры мен Абай атындағы және К.Байсейітова атындағы опера-

балет театрларында ғана, онда да М.Әуезов театрында базалық мамандық оклады (базовый должностной оклад) 17.697 теңге, оған 2.64 есе (коэфициент для исчисления должн. окладов) мамандық окладқа арнайы 1,72 есе өсім (министрліктің үш театрға арнайы қосқан повышающий коэфициенті) қосылғанда ең жоғарғы еңбекақы 80.358; оған жоғарғы категориясы үшін 8849 теңге көбейіп, барлығы

89.206 теңге төленеді. Салыстырмалық мақсатында, Ресейдің мемлекеттік театрларындағы жас актерлердің айлық жалақысы 2000 АҚШ доллары төңірегінде екенін сөз арасында айта кеткеніміз артық болмас. Біздің министрлік пен театр басшыларының БАҚ беттерінде көрсетіп жүрген 120.000-130.000 теңгесі ұжым басшысының сол сомаға театрдың жеке қоры тарапынан қосатын 50 пайызымен бірге санағандағы мөлшері. Ал, ҚР халық артисі сияқты құрметті атағы бар артиске ай сайын бар болғаны 1700 теңге ғана қосылады, ал сол атағы жер жарған халық артисінің зейнеткерлікке шыққандағы зейнетақы мөлшері тіпті ұят, бар болғаны 49.000 теңге тағайындалады екен. Зейнеткерлікке 45 жасында шыққан полиция капитаны, естуімізше, 120.000 теңгені ғана қанағат тұтатын болып шықты. Ал, 75 жастағы өнердің «генералы» Асанәлі Әшімов, ол «құрметтің» тізімінде жоқ.

 Облыстық театрлардың актер-режиссерлерінің ортақ мұңдары бар, ол – республика бойынша мәдени ортадан, назардан тыс қалу, ол – құзырлы мекеме – ҚР Мәдениет министрлігінің тікелей назарында болмай, өз елінде ғана оқшауланып, жетімдік күй кешу, ол – аулақта болса да жанкештілікпен жасаған көркем туындыларының, талантты актердің өрелі ойынының, режиссердің өресі өзге қойылымының, қалыбы мен пошымы бөлек театр суретшілерінің азапты еңбегінің көзге ілінбей, тіпті ұмыт қалып, перифериялық санатта болатынын сезіну.

 Кеңестік идеологияның үрдісімен келе жатқан театрларды басқару жүйесі, яғни Көркемдік жетекші, Бас режиссер деген қызмет-лауазымдардың, әлдеқашан уақыты өткен. Бұлар, жанашырлықпен тереңірек ойлағанда, шығармашылық ұжымның шынайы өнер жасауына үлкен кедергі келтіреді.

Дәлеліміз – көп жылғы шығармашылдық тәжірибемізден түйілген, ол – төмендегідей: Әдетте, бұл лауазымдарға режиссерлер тағайындалады да, театрдағы эстетикалық, репертуарлық, ерікті актерлік ойын мен құлашты режиссураның дамуына адуынды тосқауыл қойылады, түптеп келгенде бүкіл бір театр сол режиссер-бастықтың жеке амбициясы мен әлжуаз өре-қарымының құрбаны болып қала береді. Себебі, олар тек өз қалауы бойынша репертуар таңдайды, азды-көпті парасаты мен білім парасына сай арзан, белсіз тақырыптарды арқау еткен пьеса авторларымен жұмыс жасап, өздеріне ұнаған актерлерге ғана рольдер мен атақтар «бұйырып», талап-талғамы мен шығармашылдық мүмкіндіктері әрқалай өнер иелерін әділетті басқаруға қолдары қысқалық етеді. Ұжымдағы өзінен кейінгі және бағынышты кезекші режиссерге репертуар таңдау, еркімен роль бөлу, болашақ қойылымның қалып-деңгейі мен өзіндік ерекше шешіммен емін жұмыс істеуіне мейлінше құлықсыз болғандықтан да, барынша аяқтарына тұсау болып бағады. Бастықтың өзі режиссер-қоюшы болғандықтан, қандай да бір тәуірлеу режиссерлік жұмыстың өзінен асып кетпеуіне бар «күшін» салады. Тіпті «көз қылып» сырттан режиссер шақырса да өзінен төмен суреткерді таңдайтыны аян. Рольдер де бастықтың төңірегіне жандайшаптанып жиналған онша жүйрік емес актерлерге тиеді. Осыдан барып, орташа спектакльдер, қызықсыз рольдер пайда болады. Құрамдағы бас режиссерге немесе көркемдік жетекшіге бағынышты режиссердің суреткерлік еркіндігі аяқасты болып, құқығына қол сұғылу бүгіндері барлық театрларда әдетке айналып кеткен. Бәрімізге белгілі, баспасөз беттерінде де министрліктің коридорларында гу-гу әңгіме болған, кейбір театрлардағы айтыс-тартыстардың төркіні осы басқару тәсілінің ескіргендігінен болып отырғанын мойындауымыз керек. Мысалы, Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ театрындағы шығармашылдық ұжымның 90 пайызы, аты әжептәуір мәшһүр режиссер Ерсайын Тәпеновтің басқару стиліне, суреткерлік қарымының бірқалыптылығына, ұжымға жаңа леп, соны үрдіс, өзгеше режиссерлік қалып әкелудегі енжарлығына қарсы шығып, көтеріліс жасады

десе де болады. Ал, Тәпенов мырза ұжым мүшелерінің шығармашылдық аштықтан туындаған талап-тілектерін түсінгісі келмей тәрк етіп, шамшылдық мінезіне салып, өзі арыз жазып, театрдын кетуге мәжбүр болған. Мұндай жағдай Республикалық Қ.Қожамияров атындағы ұйғыр театрында да болғанынан хабардармыз. Бәлкім, басқа театрларда да осы мәселе ушығып тұрғаны хақ, көбінің үндемей тыныш жатуы – ол театрдағы шығармашылдық ахуалдың жоғарғы деңгейде екендігінің көрінісі емес, керісінше, «күл болмасаң, бүл бол» дейтін, немкеттілік, немесе қазақи момындықтан туындайтын «неғыламыз, бір мәнісі болар» деген есек дәме, я болмаса, «айттың не, айтпадың не – бәрібір оңып жатқан дүние жоқ» дейтін пессимистік пиғыл жайлағанын неге жасырамыз? Театрлардағы мүлгіген тыныштықтан қорқу керек, тіпті содан сақтанған дұрыс шығар, өйткені сілтідей тыныштық тек қабірстанға жарасқан. Ал нағыз, ізденгіш шығармашыл ұжым шулап, дуылдап, биіктеп, аспандап, арғы-бергі фестивальдар мен бәйге-жарыстарға қосылып, шапқылап жатуға керек-ті. Қайсыбір қазақстандық театрдың алыс-жақын шетелдік жарыстарға қатысып, жүлде алмаса да бүлдеге іліккенін көрдіңіздер? Тек 1999 жылдан екі жыл қатарынан М.Әуезов театрының Уфа қаласындағы

«Туғанлық» фестивалінде бас жүлде алған «Қабыл – Адам Ата перзенті» қойылымын Шотландияның (Англия) Эдинбург фестиваліне үш мәртебе шақыруына сол кездегі мәдениет министрлігі нәйеті алты-жеті адамның Англияға баруына керекті жол қаражатын көтеріп, қолдап-қолпаштау былай тұрсын, ол оқиғаны құлағына да ілмеген болатын. Ол кезде ол театрда көркемдік жетекші деген лауазым болмаған, әр режиссер өз қойылымының ғана көркемдік жетекшісі ретінде жауап беріп, оған ешкім я басшылық, я ақылшылық етпеген-ді. Бүгіндері түк жоқ деп ауызды қу шөппен сүртпейік, бізде талантты режиссерлер, жүйрік актерлер, шүкір баршылық. Мысалы, Тараздағы Қуандық Қасымов, Астанадағы Нұрқанат Жақыпбаев, Алматыдағы Болат Атабаев, Қостанайдағы Ерсайын Төлеубаев, Ақтаудағы Гүлсина Мерғалиева, Оралдағы Мұқанғали Томановтар, жаңа қалыптағы, ерекше эстетикалық

өлшемдегі суреткерлер, алайда олардың бәрі де көркемдік жетекші басқаратын театрлардан азар да безер болғандар. Назар салып қарасақ, көбіне көркемдік жетекші, немесе бас режиссер басқаратын театрларда басқаша ойлайтын, немесе жаңа келген жас режиссердің үні шықпайды, табаны тұрақтамайды, амалсыздан өздері бір театрға бастық болып барып, ойларындағы өзге пайымды қойылымдарын жүзеге асырғысы келіп тұратыны жасырын емес. Ал құзырлы мекеменің оларға сеніп, бас режиссердің тізгіні берілгенше шығармашылығы шау тартып, үміті жіңішкеріп, қажыры қартайып қалатыны аян ғой. Шынтуайтына келгенде, режиссер режиссерге бастық болып, қойылымды олай емес, былай қою керек деп, өз ойы мен талғамын таңу – қай жағынан алсақ та, ақылға сыймайтын нәрсе. Суреткерлік деген оқшау әлем, оған өзгенің араласуы әдепсіздік, әрі кеткенде әпербақандық қой. Сондықтан, нарықтық қатынастарға көшудің тиімді жолдарының бірі – осы мәселені түбегейлі қайта қарап, театр өнерінің нарықтық қатынастар мен заманауи талаптарға, әлемдік өре-қарымға сай болатындай, қойылымдардың нарқын биіктететін мүмкіндіктер тудыра алатын жаңа қазақстандық ЕРЕЖЕСІН жасау. Театр сияқты шығармашылық ұжымды, нәзік мекемені басқару – өресі биік, амбициядан ада тұлғаға ғана жарасады. Режиссер болса, тек қана жеке суреткер ретінде бағаланып, реті келсе оған басшылықтың тізгінін бермеген абзал. Ол тек өз қойылымының ғана «бастығы» болғаны жөн. Төңірегіне өзімен мұраттас актерлермен бірігіп, қауымдасып, шынайы шығармашылық жұмыспен айналысуы үшін осы жүйе дұрыс. Сонда тек өрелі спектакль қоюмен ғана айналысатын режиссердің басқамен шаруасы болмай, тек қойылымының көркемдік сапасын ғана ойлайтын болады.

 Батыс елдеріндегі үрдісте, ондай басқарушыны Интендант деп атайды, бізше Театр Төрағасы десе дұрыс болатын сияқты. Басқа қосарланатын басшылық болмауы керек. Режиссерлікка «бас» деген тіркесті қосақтағаннан ол режиссердің таланты тасып кетпейді, талант пен суреткерлік қарым – я бар, я жоқ, ол болмаса, жай әншейін қанатсыз маман, шанаға жегілген жабы тектес ортақол орындаушы

ғана. Ал, жүйріктің аты жүйрік емес пе, оған алтын алқа, немесе қарапайым кендір жүген сал, шабандоз бала әккі ме, жоқ па бәрібір, ол ат бәйгеден бірінші келеді. Сондықтан бас емес, театрда жүйрік режиссердің жұмысы құнды, бағалы. Әдетте, шын жүйріктер алтын өмілдірікке құштар бола бермейді. «Көркемдік жетекші» деген лауазым да ақылға салып бажайласақ, тіпті ерсі болып көрінеді. Көркемдікке жетекші не үшін керек? Көркемдік деген өнер категориясына жетекшілік жасау түсініксіз нәрсе екенін мойындайтын уақыт жетті. Сондықтан жалпы басшылықты режиссерден басқа кез келген суреткер тұлғаға тапсырған ақыл. Ол актер бола ма, драматург бола ма, әлде мәдениеттанушы ойшыл ма, бәрібір.

 Театрдың Төрағасы мемлекеттік құзырлы мекемемен шартқа отырып, ұжым өмірінің барлық саласына жауап беретін бірден-бір тұлға болуы тиіс. Сонда театрда басқаруға таласушылық, өкпе-наз, арыз жазушылық, шығармашылдық аштық, әділетсіздік сияқты осы күнге дейін орын алып келе жатқан келеңсіздіктердің жойылуы бек мүмкін. Мемлекетпен келісімшартқа отыратын Театр Төрағасына ауқымды түрдегі басқару мүмкіндігін берген жөн, сонда одан мемлекеттік сұраныс пен талап та жоғары болады.

 Сонымен бірге, ең маңыздысы – театр режиссерлерін әлеуметтік жағынан қорғау керек, яғни авторлармен жұмыс жасауда, тақырып таңдауда, көркемдік өресі өзге, әрі ерекше спектакль қоюда шығармашылық еркіндігінен айырмай, өзінің қойылымының авторы ретінде бағалап, тиісті жалақысынан бөлек қаламақы төлеуді заңдастырған абзал. Сонда оның шығармашылдық құқығы қорғалып, суреткерлік ынтасы ұлғая түседі. Бір театрда кем дегенде 3-4 тең құқылы режиссер келісімшартпен жұмыс істеуі тиіс. Олар бір-бірімен шығармашылық бәйгеге түскендей әсерде болып, қайткенде де жоғарғы деңгейдегі қойылым қоюға тырысатыны белгілі. Театрдың актерлік труппасы да осы режиссерлердің ниеттес, мұраттас, бір мақсат пен талғам биігіндегі актерлерінен тұратын болады. Ұжым балластан арылады, бос селтеңбайлық, орынсыз міндетсіну де сап тыйлады. Бұл талаптарға сай келе алмайтын актерлер, амал жоқ басқа театрдан орын, не өзіне теңдес, өнер жасауда

ұғыныса алатын режиссер іздегені абзал. Ал театрдың аға актерлері үшін Төраға арнайы қаражат іздеп, олар үшін пьеса жаздырып, режиссер таңдап, шығармашылық қажеттіліктерін өтеп тұруды назарында ұстағаны жөн.

 Суреткерлік құқығы аз, өзінің таңдау еркіндігі жоқ, автор мен режиссерге тәуелді мамандықтың иесі актерлерге деген көзқарасты да түбегейлі өзгерткен жөн. Бүгінде актерге бәрі қожа, есік көзіндегі вахтердан бастап, етектегі есепші, құзіреттегі режиссер, оның көмекшісі, труппа бастығы, өрт сөндіруші, тігінші, етікшіден төбедегі дөкей бастыққа дейін актерге қожаңдап, қол шошайтатыны жасырын емес. Ал театрдың негізгі еңбекқоры, режиссердің ой-қиялының дұрысы мен бұрысының орындаушысы, оның көрермен алдындағы ұяткері мен жауапкері – бәрі-бәрі актер! Яғни театрдың негізі – АКТЕР! Сөйткен азапкер актер айына отыз роль ойнаса да алатыны бір жалақы. Он емес-ау, анда- санда бір-екі рольді зорға орындайтын маңғаз актердің де алатыны сол бір жалақы. Әділет қайда сонда, еңбегіңе қарай көретін зейнетің қайда? Сондықтан актерлерге еңбекақы төлеу үрдісін түбегейлі өзгерту керек, орысша айтқанда стимул болу керек, яғни жалақы мөлшері еңбегіне, оның сапасы мен психологиялық салмағына сай бағаланып тағайындалуын заңдастыруды қашан қолға аламыз? Яғни қойылымның көркемдік жүгін көтеріп тұратын басты немесе негізгі роль атқардың ба, оның орындаушы авторы ретінде тиісті қаламақы, немесе сол қызметіңе лайықты жалақы ал. Кішігірім эпизодтық рольдерге жегілдің бе, театрдың ағымдағы репертуарының көбінен боссың ба, онда тұрақты белгіленген еңбекақыға риза бол. Бұл жерде кезінде, ертеректе жасаған еңбегіңіз үшін берілген атақ- даңқтың буын ортаға салудың жөні жоқ. Қазіргі еңбегіңіздің сапасы мен нарқы қандай? Айына отыз роль ойнайтын, театрдың негізгі шығармашылық жүгін көтеріп жүрген жас актердің жазығы қайсы? Яғни театрдағы жалақы төлеудің ит жылғы ескі түрі, бәрін бірдей теңгермешілдікке таңған атамзаманғы әділетсіздіктің тамырына балта шабатын уақыт әлдеқашан жетті! Бұл мәселе де қайта қарауды күткеніне сан жылдар өтті. Еңбекақы мен оны тағайындайтын тиісті

министрліктердің бұл мәселеге келгенде құлағы бітелгеніне жарты ғасыр болып қалды, алайда солардың есігінің алдында отыратын хатшы қызы халық сыйлайтын сүйікті актерден он есе артық айлығы бар екеніне мен еш шүбә келтірмеймін.

 Бүгіндері театрлардың бәрінде дерлік «Көркемдік кеңес» деген аты бар да заты жоқ құрылым бар, ол, әрине, ақылдасу ретінде ғана құзырға ие. Алайда, кейбір театр басшыларына ол кеңес – өздерінің шамшыл, жеке бастың тізелі шешімдерін өткізу үшін пайдаланылатын «жамылғы». Бұны да түбірімен өзгерту керек. Кеңес ешқашанда көркемдік болмауға тиіс. Көркемдік өре – актерлердің ойыны, драматургтің ойлы пьесасы, режиссердің суреткерлік қарымы мен ерекше шығармашылдық ұстанымы арқылы жүзеге асады. Қай елде, қай шығармашылық ұжымда кеңесіп жасалған көркем шығарма, бір суретшіге екінші суретші ақыл айтып картина жазғанын көрдіңіз. Режиссура мамандық емес, бірегей суреткерлік қалып, оқшау әлем, құпиясы терең субьективті дүние, оған ешкімнің араласуына хақысы жоқ. Аса қажет боп бара жатса, көркемдік кеңестің орнына ақылдастар алқасы болсын, бірақ оған басшыға тәуелді актерлер, пьесасын өткізуге мүдделі драматургтер, тамыр-таныстар,

«бармақ басты-көз қыстылар» мүше болмауы керек. Оған жергілікті зиялылар, мәдениеттанушылар, жазушылар, театр сыншылары, әдебиетшілер, журналистер, суретшілер, гуманитарлық мекеме басшылары, зейнет демалыстағы атақты актерлер мүше болуы мүмкін. Ақылдастар алқасы тек ақыл-кеңес құқығына ғана ие болуы шарт, театр басшылығы үшін олардың кеңесі бұлжытпай орындалатын қағида немесе жоғарыда айтқанымыздай «сілтеме, сүйеніш, жамылғы» еместігі баса ескертілгені дұрыс. Олай болмаған күнде «қойшы көп болса, қой арам өледінің» кері келуі бек мүмкін.

 Жоғарыда санамалап айтылған бекзат өнеріміздің алған биіктері мен қордалы «күйіктерінен» бір кісідей хабардар, жан-дүниесі өнерге жақын тартып тұратын мәртебелі Президентіміз, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 2009 жылдан бері театр өнері жайында табандылықпен қойып келе жатқан мәселелерінің бірде-біреуінің тиісті мекемелер тарапынан

орындалмауы үрей ұялатады. Президент осы түйінді шешу мақсатында 4 мәртебе нақты тапсырма берген болатын. Соңғысы жазушы-драматург Әкім Таразидің баспаөздегі белгілі мақаласына орай берілген нақты нұсқауы, ол – театр ұжымын басқаруды нарықтық қатынасқа орай оңтайландыру еді. Осыған байланысты кейбір театр басшыларының ҚР Президент әкімшілігінің Ішкі саясат басқармасына берген жауабынан республикадағы бірде-бір театрдың ұжым мүшелері таныс емес шығар, қайтарылған жауаптағы уәждердің барлығы да ашық айтылмай, өзара талқыланбай, үстірт түрде жасалған сияқты. Ақылдаспақ болып шақырылған бірді-екілі «азулы» театрлардың әрі директор, әрі көркемдік жетекші, әрі бас режиссер ретінде үш бірдей тақта бір өздері отыратын басшылары президент тапсырып отырған театрларды нарықтық қатынастарға икемдеу, олардың өздеріне ыңғайсыз әрі тиімсіз болғандықтан, ондай соны үрдіс-жаңалыққа үзілді-кесілді қарсы болыпты деп естідік, және солардың ыңғайы мен уәждері арқылы президент әкімшілігіне «дәлелді» жауап қайтарылып, тағы да жабулы қазан жабулы күйінде қалып отыр. Ал, 3000-нан астам мүшесі бар, 5000-ға таяу театр қызметкерлерінің жалғыз жоқтаушысы Қазақстан Театр қайраткерлері одағына министр-лік тарапынан «бұл мәселеге сіздер қалай қарайсыздар?» деген мәзірет те болған жоқ. Өйткені, аталмыш одақтың аты бар да заты жоқ болған, бағы ашылмаған, соры қалың қоғамдық ұйым. Одақтың бағы мен соры деп отырғаным – соңғы қырық жылдай шамасында одаққа басшылық еткен ай мүйізді ақ серкелерінің сергелдеңінен туындаған назынан базынасы мол бейбәтуә сөз. Дей тұрғанмен, «өнбейтін дауды, өспейтін бала қуады» деген текті сөзді терең ойлы қазағымыз тегін айтпағанын білеміз. Азуын айға білеген ағамыз Ә.Мәмбетов (қара жер хабар бермесін), одақты бүгінгі жамағаттың жадынан кете бастаған сонау жетпісінші жылдардан бері үздіксіз басқарып, өзіне керегін сайлап, төрі мен босағасын түгел «жайлап» болған соң, тоқсаныншы жылдардың топалаңында оған таудай тірек болудың орнына тоңмойындана томсырайып, одақтың ойран-топаны шығып жатқанда, сүйеніш болмай,

сынық сүйем болса да «сыйға сый – сыраға бал» жасамай, керісінше садыралап кеткенін айтпасақ – адал сөздің атасы өледі. Әйтпесе, кезінде сол одақтың арқасында талай сыймықтанып, тіпті бұрынғы КСРО-ның Жоғарғы Кеңесіне депутат та болып сайланып, талай көңілі жайланған болатын. Бәрі де орынды ғой, бұл – кейбіреулер сөз қылатындай қызғаныштың, я болмаса өш алудың кері емес, өкініштің уыты, өйткені ол кезде Әзекеңнен асатын кіміміз бар еді, еркеленудей еркеленді, алқаланудай алқаланды, еселі еңбегі еш кетпей, еліне елеулі, халқына қалаулы болды. Үлкен суреткер ретінде Одаққа да, жақын шетелге де танымал болды, тарпаң талантына талас жоқ-ты. Ал азаматтығына келсек, ұлт деп соғар жүрегінің лүпілін тыңдасақ – қынжылтары қыруар болғаны есімізге түсе қалса аса ұятсыз көрінбеспіз. Ұлттық театр өнерінің мерейін қаншама аспандатса, соншама телілік пен тентектік жасап, қазақы тіл мен ділді, тәр мен тағлымды қара жерге қаратқан тұстары асып-төгіліп жатқанын айтсақ, әйкәпірліктен гөрі, әділдіктің аулынан табылатын шығармыз. «Оу, талантқа қанша тайраңдаса да жарасады, тентектік кімде болмайды, ол не сөз» деп жауырды жаба тоқып, жасырып-жадағайлатып не керек, «ауруын жасырған өледі» демей ме, әрі кінәмшіл, әрі бауырмал, «неғылайыны» көп қазағым. Айтсақ, біліп айтамыз, бұдан былай бұлай болмаса екен деп, атағынан ат үркетін алтын өмілдірікті алдымыздағы әпербақан ағаларымыз ақсақалдыққа бой ұрып, айылын тартса екен деп айтамыз, амал қанша, қаперіне қыстырып жатқан олар жоқ, қайта барған жері мен кірген есігіне, қолы жеткен мен сөзі өткендерге өсектеп, артындағыларға атан түйе көтерері қиын қара күйе жағып, өзінен басқаны іске алғысыз ететіндері айдай әлемге аян. Болмаса, кезінде Мәртебелі Президентіміздің жеке өз ұйғарымымен Одаққа тегін берілген Желтоқсан көшесіндегі көп қабатты көрікті ғимарат

«күн-фаякүн» боп қолды болар ма, тәп-тәуір тірлік жасап, еліміздегі барлық дерлік театрлардың киім-кешегін, жасау- жабдығын пішіндеп-тігіп, оқа-түйме тағып, түгендеп отырған кішігірім тігін фабрикасы ізім-қайым құрдымға кетер ме, біздер бірін біліп, бірін білмейтін нешеме

меншіктер, гараждар, көліктер, жер телімдері, егемен болып бөлініп, бәріне еге мәскеудегі «үлкен үйден» енші аларда ешнәрсемізге де ие бола алмай, ортақ меншікте болған қыруар үлесіміз түгелімен, іздеушісіз Ресейде қалып қойған демалыс орындары, сауықтыру мекемелері, қойшы, әйтеуір тағы басқалардан, қасқа маңдайдайын қағылып, аузымыз кепердей аңқиып, мақау аңқаулығымыздан маңқиып, әлде миякі ақымақтығымыздан тәңкиіп, азын-аулақ

«байлығымыздан» баз кешіп, бірді-екілі барымыздан айрылып қалармыз ба? Одан беріде Жібек жолы көшесінің бойынан бұйырған бұзылған моншаны паналаған Одақ, бес- он жылдай бұйығы өмір кешкен екен. Одақтың Төрағалығынан кеткісі келмей кердеңін аямаған ағамызды

«әкелеп-көкелеп, зорға ауыстырғанда», орнына қай ауылдың егініне түскені есіне кірмеген, елпеңі есепті, ертеңіне епті бала Еркін Жуасбек «сайланып», жайланғанша, есін жиып есінегенше де бес-алты жылдың қоңыр күзі мен қаһарлы қысы өтті. Бұл тұп-тура енді іздеудің, түгендеудің жөні жоқ дейтін заңнама-кодекстердің баптарына тап келіп, өнбейтін даудың өңін өзгертіп үлгеруіне қажетті мерзім-ді. Еркін бауырымыз есептесер уақыттың кеп қалғаны еске түсе сала есін тез жиып, есепке жүйрік есіктес фирма «Казинторг» серіктесінің астары мол «ақылымен», «пешат басып, қол қойып», мұралы моншадан модалы ғимаратқа айналып қалған әжептәуір шаңырақты шаш-етектен пайдаға батыратын зәулім сарай салмақ ниеттерімен тас-талқан етіп бұзады, тулақтай да болса меншігінде болған жер телімін серіктесіне «сатады», «ал, давай, бастадық!» деген аттанның қиқуына тап болған ғимаратты, жылан бауыр экскаватордың күрек тісі қирата қопарып бола салысымен дағдарыс деген тап келіп, бұрынғы қаупайлап отырған шаңырақтың орнында енді үңірейген ор қалады. Сонымен бәрі бітеді, «Жарық астау алдындағы» Одақ далада, серіктесі сағада қалады. Әлбетте, «Казинторгтің» есебі түгел ғой, запастағы қора- жайына жайғасып алып, аңысын аңдығандай, екі жыл бойы құрғақ уәде мен сылдыр сөзге семіртумен келеді. Бастарында не ойы барын бір Алла біледі, әйтеуір Одаққа жаны ашып жарылқағысы келетін көңілшектігі көзге онша көрінбейді-

дүр. Басымыздағы «бағымыз» деп алқалаған мәскеушіл ағамыз сол одақты алаңдамай, ауыспай қырық жылдан астам

«басқарып», артына соқпағы нәкүмән із, астары бейпіл сөз қалдырған Әзекең болғанда, әлгі айтқандарымыз сор емей немене?! Соңынан қалған біздерге осылардың қайсысы қымбат, қайсысы өкініш – қайсыбір ісіне қабырғамыз қайысар, қай бір қымбат қылығы бөркімізді аспанға атыртар?! Өзінің жеке ғимараты жоқ, бұрындары меншігінде болған барлық дүние-мүлкі ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетіп ысырап болған, бюджеттен бір тиынға да қаржыландырылмайтын мемлекеттік емес мекеменің, бүгінде баспанасыз далада қалған Қазақстан театр Қайраткерлері одағының көрген күні қараң. Соған қарамастан, басқаға қол созып сұрамшақтанып, байлардың есігін күзетіп жүріп, «Театр.kz» журналын, тумысында тұңғыш рет көрген театр сценографтарының көрмесін ұйымдастырып, каталог шығарып, тағы да тұңғыш рет жыл сайын, көктемде 27 наурызда – Халықаралық Театр күні берілетін республика-лық

«Еңлікгүл» атты театр өнерінің кәсіби сыйлығын тағайындадық. Телефондық байланыстарымызға қаражат таппай қиналсақ та, орталық офисі Парижге орналасқан, мүшелігіне 100-ден аса мемлекеттер кіретін І.Т.І мен (Халықаралық Театр Институты), кеше ғана Қытайдың Чунцин қаласында құрылтайы өткен А.Т.А-ға (Азия Театрларының Альянсы) Қазақстанның абыройы үшін толық мүше болуға ниет қылып, байланыс жасадық. Қазақстандай қарқара елімізге, елдің маңдайына біткен, есімі әлемге әйгілі Елбасымызға сүйеніп, Халықаралық Азия театрларының алғашқы фестивалін әсем елордамыз Астанада өткізейік деп те сол жерде айтып қалдық. Әйтсе де екіұдайдамыз, өйткені Мәскеудегі ТМД елдерінің Театр одақтарының Халықаралық Конфедерациясына жетім мүше екеніміз елдің көбіне аян, алайда жылына бір рет төленетін 700 еуро жарнаны төлей алмай, жерге қараймыз. Жоғарыдағы екі бірдей еңселі халықаралық Театр қауымдастығының есіктерін кеудеміз көтеріле аттай алар ма екенбіз деп, есіміз кетіп, есеңгіреп жүргеніміз жасырын емес. Өйткені өзге

елдің есінде болғанмен, өз еліміздің тиісті мекемесінің есебінде жоқпыз. Бір білеріміз, Ресейдің Театр қайраткерлері одағының Төрағасы А.Калягиннің қабылдауында болу, В. Путиннің алдын көруден қиын. Сол Ресей елінің Мәдениет министрлігі театр туралы жасайтын қаулы-қарарларын, оң өзгерістерін қайраткерлер одағының ұсыныс-тілектеріне сүйеніп жасаймыз дегенді әжептәуір әңгіме қылғанын құлағымызбен естідік. Облыстық театр-ларымыздың жай- күйін жақсарту мақсатымен біз сөйлескен әкімдердің барлығы да дерлік бұрындары ҚР Мәдениет және Әлеуметтік қорғау, еңбек министрліктерімен ұсыныс-хат алмасылып,

«ақылдасылып» жасалып қойған қасаң қаулы-шешімдерді сол министрліктердің құзырлы құжаттары арқылы жасаймыз, енді оны өзгерте алмаймыз деп бас шайқайды. Ресей театрлары болса, қойылымға керекті оқа-түймелерді сатып алуға міндеттелген мемлекеттік тапсырыс деген тасбауыр қаржыгерлердің шығарған ойсыз қаулысынан, өздерінің театр қайраткерлері одағының табандап қойған талап- тілектеріне оң құлақтарын қойғаннан құтылды деп естідік. Ал, біз әлі күнге балет бишілерін 63-ке дейін көн біткен тізесін сыздата сырқыратқанға мәзбіз. Айтсақ сөзіміз өтпейді, ұсынсақ қолымыз жетпейді. Парламентке барған, айтады-ау деп үкілеген өнерпаздарымыз ертесінде-ақ үні шықпайтын мұңсыз майрампаз боп шыға келетіні өкінішті. Төл министрлігіміз анда-санда өткізіп тұратын коллегия- жиылыстардың біріне де Театр Қайраткерлер одағы шақырылмайтыны, тіпті қаперінде болмайтыны өкінішті; облыс орталықтарындағы театрлардың әлеуметтік һәм шығармашылдық хал-жағдайынан әжептәуір хабары бар, олардың мұң-мұқтажын, талап-тілектерін, өре-қарымын білетін бірден бір қоғамдық ұйымның жанашыр даусының құлаққа ілінбейтіні өкінішті; шалалау өтетін жыл сайынғы театр фестивалін бірігіп қолға алайық, әр аймақтардағы театрлардың басын қосып, форумдар өткізіп, мастер-кластар жасайық; актер, режиссер, суретші, жарықшы, тіпті жас драматургтерді жинап алып, алыс-жақын елдердегі сол өнердің озық үлгілерімен сусындататын, үйренетін әрекеттер жасайық деген ықыласты талпынысымыздың да еске

алынып еленбейтіні өкінішті; сол арқылы сахналық қойылымдарымыздың көркемдік өресін көтеруге мұрындық болсақ деген ізгі бастамаларымыз бен ниеттерімізге қолдау сұраған қаншама өтініш, хат-хабарларымыз ұшты-күйлі жауапсыз, немесе «бұл жылдыққа қаражат қарастырылмаған» деген салқын сөзбен шектеліп, шеттетіліп қала беретіні өкінішті.

 Қазақстан театрларындағы сол 5000-ға таяу актерлер мен қызметкерлерінің азапты еңбегі шындығында елеусіз. Азапты еңбегі елеусіз дегенім, республикамызда 51 мемлекеттік, 10-ға таяу жекеменшік театр ұжымдары бар дедік. Санаңызшы, алпыс театр күнде кешке халық алдына шығып, спектакльдер қояды, орта есеппен әр кеш сайын 300 көрерменге өнер көрсетеді делік. Жыл он екі айдың 60 күнін алып тастасақ, бір ғана театр ұжымы жылына 90,000 адамды сахнадан көрсетілетін сәнді әлемімен қауыштырады екен. Ал алпыс театр жылына шамамен 5.400.000 көрермен жинайды. Бұл – есеп білген кісіге елімізді құрайтын халықтың үштен біріне жетіп жығылады. «Естіген мың сөзден – бір көз көрген артық» деген, оқылған бір бөлек, айтылған бір бөлек, ал көзбен көргеннің әсері әсіресе ерек екенін екінің бірі біледі емес пе. Театрды тәрбие орны деп есептемегенде, еліміздегі үш адамның бірі қасиетті сахнадан айтылатын қаншама игілік, нешеме тазалық, эстетикалық ләззат, пайымды парасат, патриотты насихат, ұлттық иба мен әдеп, тәрлі тағлым, табиялы талғаммен қауышады екен. Жадымыздағы жоғымызды түгендеп, жоғалтуларымызды табуға тырысып жүрген, есте жоқ ескі заманды елестетіп, сағыныштың сал шекпенін желбегей жамылдыратын тарихи тақырыптарды былай қойғанда, жеткен жетістіктеріміз бен заманауи сұрақтарға қадерінше жауап іздеп, бірде тауып, бірде таппай аласұрып тұшынып, елжіреген елжандылық қасиеттерін арттырып, Елбасымыздың ардақты арманы мен ол кісінің алдымызға қойып жүрген асқақты мақсат-мүдделеріне өнер тілімен үлес қосқан қойылымдарды көрген көрерменнің көңлі өсіп, қажыр-қайраты молая, еліміздің ертеңіне сенімі еселене түсерін еске салғанымыз есепті есалаңдық болмас. Ал сол театрдың актер-азапкерлерінің бір базарға жетпейтін

жалақысын бұлдап, міндетсінгенін көрдіңіз бе, мемлекеттің қисапсыз ақшасын судай сапырып, оңды-солды «жаратып жасаған» күлдібадам дүниесін көлденең тартып көкірек қағатын киношы әріптестерін күндегенін көрдіңіз бе? Жоқ, театр артистері салиқалы сабырмен, басқан ізі білінбес тектілігімен телегей өнері мен еңсегей елі үшін есептеспей еңбектеніп жүрген «кедей жомарттар». «Бас жарыл- са – бөрік ішінде, қол сынса – жең ішінде». Бұл жерде біз театр әлеміндегі шаш етектен асып жығылатын шығармашылдық проблемалардың бәрін көлденең тартып отырғамыз жоқ, бер жағын ғана сөз еттік, ол бөлек әрі ұзақ әңгіме.

 Театр өнері – бекзат өнер. Мінезі мен ағзасы, сүйегі жылқы тектес. Атамыз қазақ жылқы күтуде салақтық жасамаған, қасиеті мен қадірін кемітпеген. Күтім мен жемнен де кенде қылмаған, емен ағаштан ер, атлас-шәйіден жабу, алтыннан таға, күмістен жүген-үзеңгі, өмілдірік-құйысқан, айыл- тартпа өруге аянбаған. Сондықтан да қазақтың сәйгүліктері бәйгеге шабар алдында ат дорбаға көз салмаған. Ұлттың ұятындай ұлағатты театрымыздың көтерем күй кешуі елдігімізге сын, сүйегімізге таңба. Суытылуы сәтті болса, иесінің мейрімін сезсе, тегінен тұлпар сүйекті қазақ театры тез-ақ бауырын жиып, балиғатқа қайта жетіп, түлеп, түрленіп шыға келеді. Ойқастаған күйі, оза шауып талай бәйгенің алдын алатыны ақиқат. Ал, бүгіндері – қазақ театры дертті, жауырды жаба тоқымайық. Ертең кеш болады.

Қараша, 2011 ж.

ТҰЯҒЫ ҚАТТЫ, ТАЛАЙЫ БАҚТЫ ТАРЛАН

 Платон – досым... Алайда ақиқат қымбат!

Аристотель

 ...Әзекең екеуміз жайлы алып қашпа әңгіме көп. «Екеуі ит пен мысықтай бопты, Тұңғышбай орнын тартып алыпты, желтоқсанда бірін-бірі сатып, тіпті бір-бірін тастап қашып

кетіпті-мыс» деген қарау өсектер жыртылып айрылады. Әзекең көзден кеткенде, «желтоқсанда жеген таяғы ақыры түбіне жетті» деп салды белгілі баспасөзде бір нәкәс. Бос әңгіме, қырт сөз! Ол кісінің орнын ешкім тартып алған жоқ, ауыстыра қоятын балама да болған емес. Бүгіндері де Әз-ағаңның театр өнеріне жасаған қыруар еңбегі мен көтерген биігіне жетеқабыл бола қалатындай әзірге мен білетін ешкімнің сұлбасы көрінбейді. Арагідік аты шығып жүргендердің пошымы бөлек, жолы басқа. Дұрысы, осылай болуға керек, екінші Мәмбетовті қайталай алмайсың, оның қажеті де шамалы, өнерде әркім өз сүрлеуін тапқаны, өз жолымен жүргені жөн. Бүгіндері екінші Мәмбетов болғысы келіп түштаңдап жүргендер, ол кісінің айғайы мен «идиотына» ғана өрелері жетіп жүргенінен бейхабар.

«Идиот» дейтін тіркес тек Әзекеңе ғана келісетін, өзіне жарасатын. Еліктеу дұрыс шығар, солықтау – сорлылық, ақмақтық... Рас, желтоқсан уақиғасы Әзекеңнің дақпыртты даңқы мен шегенді тамырына алғаш «сызат» түсірген нәубет, саяси көзқарасын емес, астындағы «тағын» қозғалтқан дүмпу. «Солай да, солай, не дейсің, Мәмбетов көтеріліске қатысыпты-мыс, таяқ жеп, емханаға түсіпті, өзі қаптыртып алған екен» деген атақтан-шатақтан жер болып жапа шеккен Әзекеңнің орнын алғаш Асанәлі Әшімов «тартып» алған- ды. Біз, біраз жастар, бұл шешімге үзілді-кесілді қарсы болдық, жоғарыға өзіміздің Азикті орнына қайтарыңыздар деп, қолымызды қойып, хат жаздық... Өз дастарханының басындағы «мәслихатымыз» үстінде отырып сол хатқа шиырлап қойған қолынан кейіндері бірді-екілі босөкпелердің бас тартқаны бар, жаңа бастықтың кабинетіндегі жеке кездесу, «әңгіме-дүкендерден» кейін... Бізбен де ондай

«дүкен» өткізілген, алайда, әңгімеміз хатта жазылғандардан әрі асып, бөрік намысы ортаға түскен қайсыбір кісілік ардың аздығы бетке басылып, соңы аға-ініліктен ажырап тынғанбыз. Ашық қудалау мен «отырсақ – опақ, тұрсақ

– сопақ» күйде жүргенімізде, бір жыл өтер-өтпесте жаңа мәдениет министрі М.Ахметова әділдік орнатып, театрдың төріне Әзекемізді әзер деп қайтарып алғанбыз...

Бұл оқиғадан көп кейін, желтоқсаннан жеті жыл өткен

соң, 1993 жылдың шілдесінде министр Еркеғали Рахмадиев театрдың әкімшілік басшылығын маған жүктеген... Әзекең өз орнында, көркемдік жетекшілікте-тін, көлігі де, кабинеті де, «вертушкасы» да өзінде, ол кісіні қозғаған ешкім жоқ-ты. Менде алғашында олардың бірі де, тіпті көлігім де болмады. Алайда, ағамыз менің директорлыққа тағайындалғанымды қабылдамай шарт сынды, үзілді-кесілді қарсылық жасады. Менімен тілдеспек, түсініспек болғандағы айтқан уәжі –

«бұл орынға неге отырдың идиот, өз еркіңмен кет!» – болды. Осы сыңайлы әңгіменің өрбитінін Әзекеңнің құрдасы, министр Ер-ағаң алдынала маған ескерткен болатын, «шыда, тозығы жетіп, тұралаған театрыңды жөнде, ағаңды ащы судан аулақтатуға барыңды сал!» – деген... Бұл шынайы құрдастық көңіл, ақасақалдыққа тән жанашырлық еді. Мен сол тапсырманы орындауға кірістім. Содан басталды! Екі- үш айдан соң, Ер-ағаңның тақ уақыты бітіп, орнына келген жаңа министр С.Әшляевтің алдына Әзекеңнен арыз түсті,

«солай да солай, Жаманқұлов кетсін» деген. Келесі, 1994 жылдың мамыр айында Өзбекстанда қазақ өнерінің күндері өтетін болды, сол шараға біздің театрдың қатысуына менің де еңбегім аз сіңбеді. Ең алғашқы режиссерлік жұмысым, қарашаңырақтың сахнасына шығуына Әзекеңнің өзі мұрындық болған итальян драматургі К.Гоццидің «Турандот ханшайым» қойылымы көрерменнің ең сүйікті көзайымына айналып, дүрілдеп тұрған кезі еді. Елбасы да жанұясымен бірге тамашалап, аса қатты ризашылығын білдірген. Алты-жеті мәрте көріп, құмары қанбаған халықтың қисапсыз ықыласы мен театр есігін сындырардай нөпір сүйіспеншілігінен хабардар көрермен бұл қойылымды әлі күнгеаңсайтыныжасырынемес. Министр Серік Сопыжанұлы Әшляевтің кеңесімен осы спектакльді Өзбекстандағы қазақ өнері күндерінің аясында Тәшкен мен Самарқанға апару бағдарламасына қосуға Әзекең аяқ астынан азар да безер болып, табанды қарсылық көрсеткені. Кабинетіндегі талғам мен өре жарыстырған екеуара ұзақ «ұғынысудан» соң, екеуміз алғаш рет бір өзеннің екі жағалауында екенімізді білдік, білдік те тұңғыш рет билік пен талғам таласына түстік. Айтыстық, тартыстық, мәмілеге келу өте қиын болды,

дегенмен «Турандот» Самарқан мен Тәшкенге барды... 1995 жылы келесі министр Мамашевтың атына тағы да арыз түсті. Талғат Асылұлы мені шақырып алып, қатты сөздерге келіп, мұқият тексерем деді, кінәратым болса, аямайтынын айтты. Үш айдай тексерілістен өтіп болған соң, театрға үлкен «делегация» келді, министрдің қатысуымен жиналыс болды. Әзекең «ашуы» тарқамағандықтан жиналыс төріне шықпады, кіші залдың ортасында әрлі-берлі сенделіп жүріп алды, мен де төменде болдым. Тексеру комиссиясының ұзын сонар баяндауынан кейін, министр Мамашев сөз алып, Әзекеңді тағы да төрге шақырды, ағамыз дөңайбат шегіп, «ничего не знаю, или он, или я!» деп, шақыруын қабыл алмады. «Олай болса, мен екі түрлі бұйрық дайындап әкелдім, ұжымның көзінше соның біріне ғана қол қоям, Әзеке» деді де, маған нахақ «ескерту» жасалады, театрдағы көркемдік жетекші һәм бас режиссер деген лауазым жойылады, режиссерлік алқа құрылады, басқару тізгіні бір ғана адамда, директорда болады деген бұйрығына ұжымның көзінше қолын қойып, жиналысты жапты да, жоғарғы жаққа Әуезов театрындағы ахуалға нүкте қойылғаны жайында тиісті ақпарат жөнелтемін деп, бірге келген бір қора қызметкерлерін ертіп кетіп қалды. Мен Әзекеңнің қабылдау бөлмесіне барып, ағаның ашуының тарқағанын күттім. Сөйлестік, өкпе айтыстық, шер тарқаттық, «қағыстырдық».

«Аға, дедім, кабинетіңіз осы, көлігіңіз де астыңызда, біраз уақыт өткен соң, бәрі орнына келеді, министрдің де ашуы қайтады, сабаңызға түсіңіз, атақ-даңқыңызда «бас» деген қыстырма болмағанмен, сол баяғы Әзекесіз, театрыңыз да өзіңіздікі. Менің жұмысым шығармашылығыңызға жағдай жасау, үлкен басыңызды кішірейтіп, майда-шүйдеге шаршамаңыз» деген басу сөздерімді айтқандай болдым. Алайда, біраз күндерден кейін, Абайдың 150 жылдығына дайындап жатқан қойылымын тастап, бір жапырақ қағазға

«Жаманкулову, прошу уволить меня» деген үш-ақ ауыз сөз жазып, кадр бөліміне қалдырып кетіпті. Төбемнен жай түскендей болды, састым. Бірді-екілі апаларымды ортаға салып, қайтармақ болған ниетім далада қалды. Бикен Римова, Шолпан Жандарбекова апайлар, алдына барып маған араша

түскендері үшін ауыр-ауыр, балағат сөздер естіпті. Өзімнің Хадиша Бөкеева апайым қорықты ма, бармады. Күте- күте, күдер үзілген соң, әлгі арыз орнындағы бір жапырақ қағазға бұрыштама соғуға дауаламай, министрге апарып көрсеттім. Аздаған үнсіздіктен кейін, жаңағы қағаздың сол шекесіне «Жаманқұловқа. Өтініші орындалсын» деген бұрыштаманы Т.Мамашев қойды. Құданың құдіреті, сол қағаз кейін ұшты-күйлі жоғалды, бәле іздесем, көшірмесін жасатып тығып қояр ма едім, кім білген... Ол арыздың

«күн-фаякүн» болған сырын Әзекеңмен талай жыл хатшы ретінде қызметтес болған, ал менің кезімде арыз- бұйрықтарды сақтап, құжат ретін тігетін арнайы бөлімді басқарып отырған қарындасым Шолпан білер... Әзекең

«әдетінен» жаңылмай, кейінгі министрлердің бәрінің де есігін қағып шықты, тіпті сол кезде Мемлекеттік Тергеу Комитеті (ГСК) деген атпен әйгілі болған, «қылышынан қан тамған» аса құпия әрі қаһарлы мекеменің бастығы, қату қабақты Жармахан Тұяқбайдың да кеңсесіне бір адам ертіп барыпты... Министрлермен сан рет «сұбхаттасты». Әзекеңді қайдам, осы ұзын-ырғалы «круизден» рахат шекті деп айта алмаймын, қимаймын, алайда айналасындағы алыпсоқ-апайтөстердің жандары жай тапқаны хақ...

 Шынның жүзіне жүгінсек, Әзірбайжан Мәмбетов желтоқсан көтерілісін іштей құптаған жоқ... Сол бір алмағайып күндері қасында мен болғанымды ешкім жоққа шығармайтын шығар... Жетімдіктің кермек дәмін татып, балалар үйінде өскен, жастайынан орысша тәлім алған, рушылдық аурумен уланбаған дейтін Әз-ағамның, сол күнгі кеште, театрда «желтоқсанды жуып» отырғандарының үстінен түсіп, көңілім қабаржу көрген. Сондағы бірге жуған орынбасары Қалмахан Бейсенбиев әзірге жер басып жүр ғой... Осы «отырысты» театрға алаңнан «пана» іздеп келген, өкініші уытты жасқа толы көзімен көрген Гүлбахрам Жүніс те дін аман. Орынбасарының аядай столының төңірегіндегі айтылған тостар мен абыр-дабыр әңгімені керең болғыр құлағымыз естіген, ағып түскір көзіміз көрген... Кештеу уақыт болып, астындағы көлігін жіберіп қойған ағамыз,

менің «Жигулиіммен» үйіне жетіп алмақ ниетпен, репетиция жасап жатқан жерімізден жоғарыға шақырып алған соң, сол бір шағын «мерекенің» үстінен түсіп қалған сыңайымыз да сондықтан еді... Үйге қайтып келе жатып, жолай «арқа қозып» алаңнан бір-ақ шыққанымыз да сондықтан-ды... Әзекең қызықтап, алаңның шетінде қалып, менің бірден таныған жастардың кеу-кеуімен «қан базардың» қақ ортасынан табылғаным да сондықтан-ды... Жастардың толқулы көңілдеріне қапелімде қолдан келген басу сөздерім мен ақылымды тауыса бере, басыма қарау қолдан тиген мрамор тастан қаны сорғалаған жараны өз қолымен таңып берген өскемендік қарындасым Гүлмираның «аға, кетіңіз бұл жерден, сіз танымалсыз, суретке түсіріп алып жатыр» деген шырылды жетегімен, шетте сол күйі состиып тұрған Әзекеңді сүйрелей алаңнан ығыса бергеніміз сол еді, «Метель» операциясы басталып, апай-топайдың астында қалғанымыз да сондықтан-ды... Соңымыздан қандары қарайып жеткен сойылшылардың салмақты дубинкасының алғашқысы бойым сорайған маған тиіп, аз уақытқа естен айрылып құлаған менің үстіме милиция майоры Ерболғанның жата кеткені, тура ажалдан құтқарғаны да сондықтан-ды... Есім жиылғандағы алғашқы сөзім «Әз-ағаң қайда?» болғанын, мені қапталымыздағы тұрғын үйдің подъезіне итермелей кіргізіп беріп, «ол кісіні штабқа алып кетті» деген жауабын Ерболған да растар!.. Бір жерде жатып қалды ма деген далбасамен, алаңнан төмендегі аллеядағы шұңқыр мен арық қоймай жанығып іздеген мен, Әзекеңнің ортаншы баласы Адаймен хабарласып, аттан салғандай театр директорының орынбасары Х.Дадаевты төсегінен тұрғызып, ақыры Адай екеуміз Геологостройдағы емхананың нейрохирургия бөлімінен тауып, таңғы сағат төрттің шамасында басының жарақаты таңылған, әлі ашуы тарқамай «арқаланып» тұрған ағамызды Совминнің емханасына орналастырып барып, жанымыз жай тапқаны да сондықтан-ды... Сондықтан да кейіндергі «үш әріптердің» үш ай тергеуі кезінде, сол түні сол алаңда «дубленка киіп жүрген» Ә.Мәмбетовті түк таппаған соң, «көтерілісті ұйымдастырушы», сезікті етіп, құйрығына шала байламақ болғанда, үш әріптің алыпсоқтарына «если

Мамбетов националист, то моя бабушка балерина!» деген ащы әзілмен шыланған зілді жауапты берген, «ол кісі мас емес-тін, аяғы ауырып жүргендіктен қисалаңдаған» деген далбасаны айтқан да мен!.. Көкте Құдай тұр!!! Алаңда бірге болсақ та, әлгі алыпсоқтарға берген жауаптарымыздың желісі жымдаспай, әрқилы бола берген соң, ағамыздың сол түнгі «көңіл күйі» алағай да бұлағай болғаны да ол жазғандарды біраз шатастырып, тергеу ұзаққа созылмасы бар ма... Алайда, 1987 жылдың ақпан айындағы Қазақстан Компартиясының желтоқсан көтерілісі туралы болған кезектен тыс Пленумында Колбиннің жасаған баяндамасына

«желтоқсанда кейбір атақты өнер адамдары да саяси солқылдақтық көрсетті» деген тіркеспен ғана ілігіп аман қалдық... Дей тұрғанмен, арада он бес жыл өткен соң, «Астана Информ» газетінің бетінде мені иянаттап, «желтоқсанда, тастап қашып кетті» деген қарау мақаласы жарық көрді! Бұл мен үшін желтоқсандағы басыма тиген шоқпар мен мрамор тастан ауыр болғаны рас, алайда Әзекеңнің «ит мінезі, құдай сүйер қылығы» аз болса да, ондай қысастыққа бара қоймайтын сенгіш, таза жүрегі мен аңғалдығын жақсы білетін мен, діттеу мен итермелеудің кімдерден болғанын сездім, сездім де, «мұныңыз не» деген жоқпын. Ол сол кездердегі, арсыздығын бетіне басып, біраз жастар теріс айналған кісісымақтың кесірінен тағдыры талқан болған жан досымның намысын қуғаным үшін әлі күнге дейін соңыма шам алып түсуге шаршамай жүрген, менің қасиетті әулиеатамның суын ішкен әпербақан ағасымағым мен бейопа

«батыраш-қотыраштардың», қасиетсіз кемталанттардың

«қайрауынан» келген қағажу еді...

 Жүйріктердің айналасына жанашырлардан гөрі жандайшап-жымысқылардың көбірек төңіректейтіні белгілі ғой. Өкпелеген сыңай танытып, қанына қанша қарайып жүрді дегенмен, Әз-ағам мені іштей жақсы көрді. Бірде, жоғарыда айтылғандай, өзіне дос-сияқ, туыс-сымақ тікқасықтардың ортасында отырғанын көріп қалып, тотияйыны көп тілінгір тіліммен «аға, сіз ешқандай жүзге жатпайсыз ғой, туған жеріңіз Ресейде, сонау Волгоград қаласының іргесіндегі Паласовка деген жер. Ал ол жерді ежелден алты алаштың бірі ноғайлар мекендеген. Сіз ноғайсыз, Қамбар батырдың

тұяғысыз» деген әзіліме, «да.., солай ма, ты откуда знаешь, иди отсюда, идиот!?» дегендегі өкпесі мен таңданысы, қыжылы мен сұрағынан гөрі мұңға толы бадана көздері әлі есімде...

 Мен Әзекеңнің қазақ театр өнеріндегі феноменін ешуақытта көмескілеп, қабылдамаған сыңай танытып, я болмаса ол кісінің суреткерлік ұстынын, режиссуралық стилін жоққа шығаратындай, азамат ретіндегі пәтік- парасатын иянаттап, аузымнан әбес сөз шығарған емеспін. Ақтық сапарына аттанғанда қабырғам қайысып, бауырым езіліп жоқтағанмын. Баспасөзде жарық көрген эпитафиямды оқығандар, қасында жүрген қандас һәм төрлес бауырлары мен шапағатын көп көрген «шантрапалардан» дәл сондай шынайы көз жасын төккені кемде кем болды дегендер бар... Мен Әзекеңмен театр өнерінің төңірегіндегі өзге талғам таласы мен жаңаша қалып сарасы, бір орнында тұрмайтын дәуір мен уақыт тынысы жайында айтысқа, жұдырықсыз

«рингке» шыққаным рас. Ринг – білесіз, спорт алаңы, төбелес төбесі емес. Спорт – қарым мен алым, әдіс пен әбжіл тайталасы. Әз-ағаң қазақ театр өнерінің олимпті төрін отыз жыл бермеді. Ол аз уақыт емес, «елу жылда ел жаңа, жүз жылда – қазан» деп қазекең бекер айтпайды... Ел жаңарғанына да он шақты көктем мен күз өткен-ді. Абайламаса, алдыдағы әдет пен ғұрыптың, талғам мен тәрдің қазан болар жылдары да жақын-ды. Алайда Әз-ағаң басқарған кеме ескі ескекті тастауға асықпады... Ағамыз алдыңғы толқын легінен болғанда, біз кейінгі толқын тегінен болатынбыз. Салмақ пен қармақ салуымыз, спортшыларша сызсақ, білек пен жүрек қағыстарымыз бен білік категорияларымыздың бөлектігі дәлелдеуді қажет көрмейтін аксиома-дүр. Әр толқынның өз кемері, өз кернеуі, өз сүрлеуі болмас па? Әрине көпіршегі де болады, алайда олардың үні бәсең, екпіні әлсіз, әйтсе де қашанда алдыда жүретіні де белгілі...

 Мен актермін. Тудырушы суреткермін. Марионет емеспін. Мені иянаттайтын білімсіз бәдәуилер бұл сөздің парқын ұқпас. Режиссер – құл иеленуші, ал актер құл емесін алғаш айтушылардың бірімін... Жоқ, мұлтым бар, ең алғашқысы бәлкім, «қайран сөзін қор қылмай», айтпай,

салғыласпай жасаған қарсылығын театрдан кетіп көрсеткен Нұрмұхан Жантөрин болар... Бұл кісінің кинодағы қалаулы әр шыңын да, театрдағы талаулы бар тағдырын да, «зар- мұңын» да білеміз... Сыртыңыз сыр бүккенмен, ішіңіз ықпайды, біледі... Сол Жантөриннің режиссерлік «тізеге» қарсылығынан көрген азабының алғашқы ақтаушысы менмін. Екеуінің ортақ мәмілеге келе алмай, дұрыс- бұрыстықтарын өздері үнсіз мойындап, бұл фаниден іштей азап шекпей өтпегендерін кім біліпті?!.. Әзекең екеуміздің тартысымыз да актер мен режиссердің сахнадағы алатын орнының төңірегінде еді, егер өнер жасаудағы дәлелді уәждеріммен қалыптасып келе жатқан суреткерлік өре- пайымдарыммен іштей болса да келіспесе, актер ретінде мойындамаса, өзі сеніп берген, қаншама айтыс-тартыстың арқасында әжептәуір айшықты шыққан, кино мен сахнадағы рольдерім мені өнердің құзар биігіне көтерер ме еді! Режис- сер – мамандық емес, суреткерлік қалып, актерлерге әкіреңдейтін әпербақан да емес, қосарланып көркем шығарма тудырушы тандем. Бірінің бірінен еш артық- кемдігі жоқ шығармашылдық дуэт. Екеуі де бүгіндері жоғары білімді, иықтасып өнер жасаушы; кезеңінен кең, қоғамынан бір мысқал биікте болып, дерті мен сертін тап басып, көрерменмен сыры терең ой бөлісуші, бөлек әлемге бірге көтерілушілер. «Табиғаттың үні бәсең, ал менің есту қабілетім одан көш ілгері» деген екен Эйзенштейн деген білгір. Өнерде жүрген өлермендердің бәрінің орны мен ұстанымын осылай саралаған жөн-дүр... Бірі режиссер болғандықтан бос айғайшы – бірінші сорт та; ал енді бірі актер болғандықтан сол айғайды талғамай тыңдаушы немесе соған үнсіз көнуші ынжық – екінші сорт емес! Осы бір өнерпаздық һәм шығармашылдық айтыс-тартысты, пендеки текетіреске айналдыруды ниет еткен нәкәстардың ағаның көзі тірісінде жолдары болып, дегендеріне жетіп, мүжік асықтарының аз уақытқа болса да алшы тұрғаны мені әрине мұқалтты, әділеттің ауылы тым алыста екеніне қаншама рет көз жеткізді! Шаршатты...

 …Бір уақиға еске түскені… Әшімов деген ағамыз Шоқан туралы көп сериялы фильм түсіріп, Әуезов театрының

үлкен залында алғашқы үш сериясының тұсау кесерін театр ұжымына көрсетті. Аса ықыласпен тамашаладық, ол кезде «кімді көрсең – бәрі дос» уақыт, сарауыз балапанбыз,

«тамырымыз жуандамаған», екеуін де шынайы «ағалаған» кезіміз-ді. Өзі жас жазушы, жас кинорежиссер Сатыбалды Нарымбетов, әзіл-сықақтың әуенінде бірге әупірімдеген Құдайберген Сұлтанбаев үшеуіміз ғой деймін, «Күзгі бұралаң жол» деп аталатын Сатыбалдының дипломдық қысқа метражды фильміне түсіп жүрген кезіміз болар шамасы, театрда жайылған дастарқанға қызмет жасап, зыр жүгіргеніміз есімде. Ол дастарқан Асекеңнің шаңырағында жалғасын тауып, қасымызда Әз-ағаң бар, Майра жеңгеміздің апыл-ғұпыл болса да, асқан табиялықпен ұсынған дәм-тұзын татып отырғанда, Әз-ағаң мен Асекең шарт та шұрт шекісті де қалды. Неден бастау алып кеткенін байқай да қалмадық, екеуі де бізге естуге тиіс емес, ауыр-ауыр сөздерге барғанын көңлімізге алып қалғанымыз рас. Оқыстан куәгері болып, кірерге жер таппай қипаққа қалдық. Қойыңыздар деуге үшеуміздің де дәтіміз жетпеді, сөзіміз өтпес, кеудеміз пәс жастармыз, оның үстіне бізді адам қатарына қосып отырған кісі жоқ. Асүйде шәйін жайғамақ болып жүрген Майра жеңгеміз ерегеске бөгеу бола алмай, көзінің жасына ерік беріп еңірегенін көзіміз шалды. Құдайберген жұбатқан болып, дарақылау шыққан әзілге бұрмалағанының әсері болмады… Ашуға булыққан Әз-ағаң, «бұл үйге неге келдім, кетемге» басты. Үйден үшеуміз бірге шықтық, Құдекең сол үйде қалды ма, әйтеуір қасымызда болмаған сыңайлы, жөнекей ағаны жұбатқан болдық. «Мұрнын сонша аспанға көтеретіндей тау қопарып тастап па, әуелі актерлығын оңдырып алмай ма, фильм созылыңқы, кинодан гөрі театр элементтері өріп жүр, замечание көтермейтін неткен идиот еді өзі! Можно подумать, что только один такой умный, а мы все тупые, что кроме него никого нет вокруг! Тоже мне, пуп земли нашелся, пигмей несчастный!» деген монологтар екпіні үстін-үстін сапырылысып жатты… Арақтан емес, көбіне ашудан қызыңқыраған Әз-ағаны үйіне кіргізіп, Ғазиза-апамызға табыстағанша, мән-жайға қанығып үлгерген ол апамыз да жылап, ауыр үнсіздік орнаған соң,

үшеуіміз де жыларман болып, Жұбановтардың пәтерінен сүмірейген күйі, қапа-мұң шапанын жамылып шықтық… Шынымды айтайын, мен Әзекең жағында болдым, жасы да, жолы да үлкен, Асекеңнің Аймановтан кейінгі әкесі болмаса да, өнердегі ғана емес, өмірдегі де ағасы ғой. Не де болса да «еркелігіне» кешіріммен қарау керек пе еді деп ойладым. Ал фильмге келсек, менің есімде тек Шоқанды ойнаған Сағи інімнің сүйрікті болмысы, сұлу тұлғасы, ерекше сүйкімі ғана қалды… Оның үстіне ол кезде пәлендей ой айтуға шаламыз, өнер парасын талдап, сын тағып, талдау жасауға суреткерлік сүреміз орнығып үлгермеген болатын. Тағы есімде қалғаны Әзекеңнің ашуы тарқап үнсіз қалған тұстарында бүкшиіп, кішкене бойы одан сайын қушиып, Жұбановтардың кең пәтерінің елеусіздеу бұрышына сыймай, бүк түсіп отырған шарасыздығы… Мен сонда алғаш рет Әзекеңнің шын жетім екенін, өзін қоршаған көп қырттың ішіндегі шынайы жалғыздығын, күйректі күйін сездім.

Әзекең, өзінің алдындағы могикан ағалар жолын

«жаңартып» қайта салған реформатор болғаны да, алайда өзінен кейінгі інілерінің «күлдір де күлдір кісінеуін» бірден қаламаған жойқын консерватор, актер өнерін таптап өлтіруші, өзінің басқыншы һәм төпелі, адуын режиссурасын ғана өзеуреткен өктем узурпатор болғаны да ақиқи! «Консерватор» сөзі менікі, «узурпатор» – Асқар Сүлейменовтікі. Айтпаса сөздің атасы өледі деген... Бүгінде жұрт әбден ығыр болған, тек асыра мақтаудан тұратын,

«ойнамайтын-күлмейтін», құламайтын-тұрмайтын, табаны жер иіскемейтін, ішпейтін-жемейтін, суы көп сөздердің, тас тұғырда тұрған суық ескерткіштей жансыз жазылған естелік, өтірік күнделіктердің керегі не? Бәріміз де пендеміз, мүлті жоқ, төрт құбыласы түгел кім бар? Бұ дүниеге енді қайтып келмейтін, өмір жолы алағай, өнер жолы бұлағай, ата мен анадан асып туған; Тереңдігі мен пәстігі, Кісілігі мен пенделігі, Кеңдігі мен тарлығы, Жүйріктігі мен шабандығы, Кінәздігі мен қарабайырлығы қатар дарыған дара Тұлға – Әзірбайжан Мәмбетов, Әз-ағам жайлы менің түзген ой-көгенім осылай болып шықты... Арнап жазып отырған ол кісі жайындағы естелік кітапқа басыла ма,

басылмай ма – оған күмәндімін, алайда өз жинағым мен өз жүрегімде осындай кермекті әуенмен орын алып, көңіл сарайымда әуелеп тұратынына еш күмәнім жоқ! «Жауырды жаба тоқып», жасытып, жадағайлатып, болмағанды болды деп, болғанды асырып, ойдан қосып, қолдан көсем жасап не керек, жартылай шындық пен өтірік мақтанды көпіртіп, кейінгіні шатастырғаннан ұшпаққа ұшпасымыз аян ғой...

 Артығымды кешір, кемдігімді ұмыт, заманымның заңғарларының бірі, кезеңімнің кердеңі, өткенімнің өртеңі, онсыз да қиындау боп, сорпа термен келген тағдырыма аялы алақаның мен тасыр тұяғың тиген, қастарыма дос болған, достығымды ұқпаған, аңғалдығың өзіңе жүк болған, адалдар артыңда қалып, тізеңді көріп, аярлар айналаңда жүріп, оңыңа қонған, мәңгүрттер мәшһүр атыңды малданған, ал өз затың көбіне жайдақтар мен төбешіктерді төңіректеген, алайда қазақ өнерінің асқар тауы болған, Азик-аға, Әзеке!

Аруағыңа бас идім, разы бол...

Мамыр, 2012 ж.

«...КІНӘЗ»

(Мейірман Нұрекеев туралы зерлі сөз)

 ... У меня хватило ума чтобы так глупо прожить жизнь!

Фаина Раневская

 Артистер қауымының ішінде шынайы өнерпазға лайық серілері мен сыпалары, кісілік тұрпаттарына кінәздік қасиет сіңіргендері баршылық. Көбіне еркетотай, қылжақбас, аңқаулығы алты атқа жүк болардай, таза көңілді, кей-кейде шала білімді келетіндері бары да көлденең жұртқа белгілі. Сондықтан да қазақ кекетіп, «ой, әртістер де адам ба, жүрген бір жынды көбелектер ғой» деп онша менсінбей, немесе күлкі қылып мазақ ететіні өтірік емес. Кейбір атағынан ат үркетін әпербақандарын артық алқалап, аспандата мадақ-марапаттайтын шенеуніктер «осы бәлелер тыныш

жүрсінші» деп, көлденеңге көз қылып көлгірсіп, өп-өтірік сыймықтайтынын көбіміз шын көріп, шірене қалатынымыз бар. Биліктің батпан пұшпағына ие шенеуніктердің

«құдайдың құлағын ұстаған-сымақ» қайсыбірлері өнер адамдарының бірді-екісімен дос болғансып, арқасынан қағып, басынан сипап жағдайын жасағансып, былайғы ел арасынан елеу тауып, ұпай жинайтын жымысқы қылықтарын да байқамай, бос далақтап жүргеніміз қаншама. Қаламы шалыс, тілдері кере қарыс жазғыштар атышулы артистерден иіні бөлек сұхбат алып, әйгіленбек жолында. Жөрнәлістеріңіздің – телесі, радиосы, газеті, жорналы бар, бәр-бәрі де – материал, хабар жасап, «екі жеп биге шығады», ал артистер айдалада қала береді. Өнерпаз жайлы ой айтқанда, оның шер-қазанынының қақпағына үңіліп, азабына күйіп айтқанға не жетсін, құпия-сырын ашқанда «сүйіп» ашса ғой шіркін... Күлдібадамдап, атқа жеңіл – телпекбай етіп, үстірт сөйлеп, ғылыми зертке салмай, біліп айтпай, қазып жазбай қор қылатындары уайым... Қарғаны көре тұра сұңқар, есекті көзепара тұлпар ету қылмыс, кейінгіге қалдырылған «аманатты» кінәрат. Бұл жерде «қол сынса – жең ішінде, бас жарылса бөрік ішінде» деген ақиқатты жасырар жалпақшешейлік орынсыз. Өзіңді- өзің көтермелеу бір бөлек те, көтеремді күпіндіру басқа. Мен төменде білгенім мен көргенімді, жүрегіме түйгенімді қаз- қалпында, сол күйінде түзуге тырыстым. Кейіннен шеккен уайым мен мұңыма шыладым, кезінде айтпаған шыным мен ашпаған сырыма кілт салдым, сөкпессіз...

 Мейірман деген кінәз өнерпаз болған, бүгіндері көзден кеткен соң көңілден де кететін түрі бар. Ел арасында ащы суға әлжуаз, біреудің жалғызы, өмір иірімдері мен өнер еліндегі жұғымдылығынан жолы болғыш екені әйгілі-дүр, алайда сахнаның серісі, көрерменнің көзайымы, халықтың сүйкімдісі болғанын кейінгі қазақ ұмыта бастады. Оны айтасыз, көзіміз тірі біздің де атымыз көмескіленіп барады. Замана төрі мен ел алдында елпеңі көп селтеңбайлар мен ырбаңы асқан әсіреқызыл мырқымбайлардың қадірі артуда. Оның себебі, арзан мен қымбаттың қадірін қашанда кеш біліп, бармақ тістеуге келгенде алдына жан салмайтын өз

ағайының мен өнер басқарған-сымақ болып жүрген «құлақ шығарарға ерікті қазаншыларыңның» белден төмен беделі мен тауық жемейтін шикі тарыдан арзан талғамы. Сонан соң, туысы мен тамырын, ағасы мен «жағасын» көзапара

«көсемсіту», иілмегенді «естен шығару» әдісімен, өз тілдерімен тиектегенде «аутсайдер» жасап, шүмектен қағуды асқан шеберлікпен меңгерген бүйірі мықты бишікештер.

«Әй дейтін әже жоқ, қой дейтін қожа..» қайтыс болған... Дүние кірледі, тазартуға уақыт та құлық та жетпейді, ар арзандады – бағасын арттырумен ешкім айналысып жатқан жоқ, жағалай тиын қуалаған жұрағат. Өшкен үн, жайлаған жын. Жақында сол жын жайлаған, кірлеген дүниеден азар да безер болған, табиғатынан таза бір жас өрен, балаң өнерпаз аспанға секіріп арсы дүниеге аттанып, аузымызды кепердей етті, жағамызды ұстатты, естен тандырды... Алайда сол аспаныңда да таза дейтін бір шөкім бұлт та қалмағаны ол қыршынның қаперіне келді ме екен?.. Пушкин деген пірадар айтпаушы ма еді, «жер үстінде шындық жоқ-ты – бұл анық! Ол жарықтық аспаннан да табылмас...» – деп... «Нет правды на земле! Но его нет и выше!..» әгәрки қазақшасын

«қатырсам», орысшасы осы тақылеттес-ті...

 Әңгімеміздің ауаны мәжнүн өнерлі Мейірман да орындалуы беймағлұм арзан арманнан, алдамшы ертең мен кір пиғылды бүгіннен қашқандай арғы дүниеге тым асығыс ерте кеткен... Сахнадан сыпа көрініп, мұңсыз- қамсыз сияқтанатын ол, сыртқа бәлендей сыр шашып, кезең жайлы ой толғап, заман жайлы запыран шегіп немесе

«бұларың не» деп мына біздердей айналаға атой салған емес. Бұл жалғаннан кетерін білгендей, сахнада ғана шын ғұмыр сүретіндей, айналадағы қызылда-жасыл, алқында- жұлқын өмірмен уақытша ойнап жүргендей көрінген екен маған... Мейірман – бүгіндері келмеске кетті деп жүрген кеңес үкіметінің керзі етікті бәлшебегі, керім жақтасы, оның жоспар-жобаларын бар жігерімен, ынты-шынтысымен орындап жүзеге асырушы, өз кезеңінің кесекті азаматы, колхоз-совхоздарының белсенді әрі ұзақ жыл бастығы болған әкесі Рахмет ақсақалдың жалғызы, жалғасы еді. Қазақ жалғыздың бетінен қақпайтыны әлімсақтан әйгілі.

Сондықтан да Мейірман, сыр елінің арасында абыройы атан түйеге әжептәуір жүк болатын атымтай әкесінің арқасында Алматының бес-алты жоғарғы оқуларының есігін ашып көрген «көреген». Солардың бірінен де байыз таппаған кінәз баласы Мәскеудің М.С.Щепкин атындағы театр өнері институтынан бір-ақ шыққанын естіген Рахмет ақсақал, қызылордалық қырсық сөзуарлығына басып, «бұның не, ей, пәдәріңе нәлет» демеген екен... Анасы да Шиелінің төңірегіндегі отағасы қырық жылдай басшылық еткен елді мекеннің орта мектебінің көп уақыт директоры болыпты. Бір үйде екі бастық, ойхой деген, Мейірманның әрине,

«ішкені алдында, ішпегені артында»-дүр. Алматыдағы ЖенПиден басқа барлық институтқа түсірген әкем мен шешеме өкпем жоқ дейтін, Мәкең қалжыңдап. Сөйте тұра әке-шешесінің қызылодалықтарға ғана тән мінез-құлықтары мен сөз саптауларын сүйрікті махаббатқа малып, шебер түрде қайталап, қылжақ ететін... Шиелінің жон арқасынан шиырлап өтетін темір жолын, оның сиқыры мен сыңғыр- салдыры көп стансасын үнемі сөз қылып отыратын... Темір жол қай елге болмасын, бөлек мәдениет, өмірге деген ерек көзқарас әкеле ме, қайдам, жол бойында өскен ұрпақ пысықтау келетінін жиі айтатын. Өзінің де өзге елдің әдеті мен қалжыңынан бір кісідей хабары болушы еді. «Екеуміз темір жолдың қара майын, шпалы мен релсін, подбойкасы мен накладкысын, противоугонкосын, ең бастысы тәрбиесін таныған, тіпті Тәшкен көрген ұрпақпыз ғой, Тұңғыш, дейтін маған, мына қалхозниктер бізді қайдан ұқсын, кел екеуміз өзара сөйлескенде өзбекше гәпірісайық, Әшірәлі түсінуі мүмкін, ал Әнуар сияқты «ауылбайлар» аңқиып отыра берсін» – деп, арқа-жарқа күлетін... «Тәшкен көрген» деген тіркес біздің оңтүстік өңірінде – оқыған, оң-солды танитын, парық пен нарықтан хабары бар, қағылез, пысық адам дегенді білдіретін ұғым болатын. Орысша анекдоттар мен одессалық қырт әңгімелерге де шебер еді, тіпті тау халықтарының бірі шешенше де білетін сияқты көрінетін.

«Эх, Одесса-мама, век свободы не видать!» деп солардың түрмеліктерінің «блатной» тілінде термелей жөнелгенде, бұған бұл қайдан жұққан өнер деп, күлкіден ішегімізге

ие бола алмай түйіліп, басымыз қатушы еді... Сол Әнуар Боранбаевпен ол да сыралғы дос болатын, оның арқа жерінен, торғай топырағынан өскендігін қағажу етіп, «ей, Өтей, еліңде не шойын жол, не кішігірім станса, болмаса разъезд, тіпті сорайған жетім столбы жоқ, осы сенің Амангелді бабаң кіммен соғысып, нендей революция жасап жүр? Мына мидай далада бос далақтап шаба берген бе? Сонда Лениннің идеясын қай уақытта, қалай меңгеріп, оның измімен қалайша танысып-түсінісіп, тізе қосқан» деген сияқты ұзын сонар қалжыңдарымен Әнуардың аузын аштырмай тастаушы еді. Қызыл тілге келгенде қамшы салдырмайтын сөзуар болғанмен, алайда табиғатынан тәртібі мол, тайталасқа кем Әнекең, оңды жауап айта алмай, тілден қалатын...

 ...Мейірман әкеден ғана жалғыз емес-тін, өмірден де дос пен тиянақ, өнерден тегеурін мен теңдік, әрі-беріден соң әділет таппай, өзегін өртеген өкініш пен жалғыздықтың зардабын шеккені жүріс-тұрысынан, мінез-құлқынан аңғарылып тұрушы еді. Жалғыздық Мейірманның жан серігіндей сияқты еді. Әңгіме-дүкен құрып, сырласып, ой бөлісіп, қоғам мен өмір жайлы айтысып, әділдік пен әсемдік іздеп, белсенді болып жүргенінен өз басым хабарсызбын. Тұрпатынан тектілігі мен біліктілігі теуіп тұрса да, білек сыбанып сөз жарыстырғанын байқамаппын. Қазір ойлаймын, ой-қиялының озықтығы мен ақыл-парасатының биіктігіне теңдес таппаған соң, бос әлекке түспеді ме екен деп... Бәрін әзіл-қалжыңға аудара салып, күйкілі көп қу тіршіліктен бойын аулақ ұстап, саяқ ғұмыр кешкен сыңайлы. Әлгі «Тамашадағы» өзі жиі ойнайтын ауыл қариясының «е, маған бәрібір ғой» дейтін бейқатынасты, селсоқ болғанмен күрсініс пен запыранға толы шығасыл сөзі Мейірманның шынайы келбеті мен тұрпатын көлегейлейтін шымылғы- пәрәнжісіндей, өзінің жеке зарындай көрінетін... Арлыларға артын беретін ит-дүниеге қолын шығарып, соның өзін мазақ еткендей, бізге де, өзіне-өзі де күліп тұрғандай болатын.

 «Қазақ десең» дегендей, артист десең – өзіңе тиеді... Қаңғыбаспыз ғой. Гастрольдік сапарлар, алыс аймақтарды аралаудан жалықпайтын, концерттер мен кездесулерден шаршамайтын азапкер халықпыз... Нан табу керек, нанға

жағып жейтін май табу керек... Тіпті ит арқасы қияндағы ауыл-аймақ, тіпті картаға кірмеген, керексе ойда да жоқ отделениелердің де арасын жол қылған мәңгілік жолаушымыз... Екібастұз ашық көмір карьерлерінің даңқы дүркіреп тұрған кез екен. «Тамашамен» концерт қойған өнерпаздарды сыйлап-сыймықтамақшы болған көмір бассейнінің комсомол хатшысы артистерге сол ашық карьерлерді көрсетуге экскурсияға алып кетіпті. Таңнан басталған лекция-шеру карьерден карьерге көшіп жүріп, түс мезгілінің таяп қалғанын ұмытқан әлгі хатшыға Мейірман, «ей, секретарь, енді қанша карьер көреміз» деген сауалға түсінбей, мақтаныш сезіммен әлі үш- төртеуі бар, негізгісі «Богатырь разрезі» деген келесісі» дейді. Қаталап, «шөлдеп» келе жатқан Мейірман, «ей, секретарь, ендеше мені мына простой карьеріңе көміп кете беріңдер, богатырьлерің өздеріңе бұйырсын» депті. Бірден ұқпай қалған хатшы, біраздан соң ғана өз маңдайын өзі шапалағымен бір салып, аулақта қаздай тізіліп тұрған автокөліктерінің багажниктеріндегі «шай-суандарына, походный дастархандарына» алқын-жұлқын жармаса берген екен, дейді сол оқиғаның басында болған куәгерлері...

 ...Ұлан-байтақты Ұлытау өңірінің Шет ауданы деп аталатын бір шиырына орналасқан шөкімдей елді мекенге келдік, бір жылы. Ауылдық жерде қонақүй қайдан болсын, бас көтерер дейтін бірді-екілі үйді-үйге үш-төрт артистен түсіріп алатын үрдіс бар-тын. Ішіміздегі атақтыларымыз ауыл бастығының немесе парторгтың, қалған «жалаңаяқтар» комсоргтың, қала берді ауылдық клуб меңгерушісінің үйіне қона кететінбіз… Сол кездің бастығы – ауыл парткомы бізді, бір топ жас артисті шеткі көшедегі жалғызбасты кейуананың үйіне ұмар-жұмар түсірді де, өз жайына кеткен болатын. Әлгі партком әкеп тастаған бір асым етті қазанға салып жатқан шешейдің қасына барып, ошаққа еңкейе берген Әшірәлі Кенжеев, «апай, мына қазаныңыздағы еттің жартысын жақсылап балбыратып, жартысын шалалау пісіріңізші, арамызда асқазаны ауырып, ішкірттеніп жүрген бір қайныңыз бар еді» деп Тілектес Мейрамовты нұсқағаны... Мейірман мырс ете қалған, мен оның өнбес өтінішін онша жақтырмаған

сыңаймен теріс бұрылып кете бергем. «Әй, қарағым, – деді әлгі шешей, мынау қазан, оның ішіндегі әлгі бастық- сымақтың әкеп тастаған «зәләтір» қойдың бір борбайы, қалай піседі, солай жейсің!» – деп ошақтың астындағы отты көсеп-көсеп жіберді... «Әй, Әшкөн-ай, – деді күйініп, Мейірман, – өзіңнің Абай-базарыңда жүргендей... Бұл сенің өзбек аралас Шымкентің емес қой, «хоп, мәйлі әкаджан, хаммасын пісенттеп, кәтта зор кәуап қылып, пачах-пұчағын шығарамын» дейтұғын! Қазанда нең бар еді-ей, дымдап пісіретін дімләмаң есіңе түсіп кетті ме, сенің қаңлылық аңқаулығыңнан қарбызды – қауын, қауынды «діңке» деп жейтін арғын-найманға мазақ болдық қой!» – деп, қолын бір сілтеп қоржын тамға кіріп жоқ болған... Кешкі спектакліміз аяқталып, манағы тырыли арық қойдың еті желініп, ертесіне әлгі пәкене үйдің түпкі қоржынында бұйырған шала ұйқыдан ерте оянған мен далаға шықсам, әлгі шешей бір шелек мұздай суды Мейірманның басына сарылдатып құйып жатыр екен. Мәкеңнің бір қолында ол кезде оңайлықпен табыла бермейтін бір құты шетелдік шампунь! Қолаң шашын қобыратып жуып жатқан Мейірманға «апырай мына әтірің сабыннан бетер көпіргіш екен, қайдан алып жүрсің, қарағым» деп қояды... Маған қарап, «мына бала ауырып қалмай ма, құлқынсәріден тұрып алып, істеп жатқан тірлігі мынау, су болса мұздай, жылытып берейін десем, қажеті жоқ дейді, өзі қаланың шала туған баласы...» деген. «Жоқ, жеңгей, мен шашымды күнде таңертең осындай мұздай су мен шампуньға жуам, қайта осы екеуі таусылса ауырып қалуым мүмкін!.. Қала болғанда менікі Қызылорда деген шаһар, ол кешегі сіздің қазанға түсіп кете жаздаған Әшірәлі ғой, Абай-базар деген кеңес өкіметі орнамаған, айдалада өзбек ағайындардан ұмыт қалған ауылда, бейуақта дүниеге келген», – деп, қоржынтамда қойдың жүнінен қабылған қоңыриісті көрпені құшақтап, әлі ұйықтап жатқан құрдасын тағы да қағыта бастаған... «Иә, апай, бұл қайныңыз шойын жолдың бойында, Шиелі деген стансада туған. Князьдің тұқымы, өзін қазақ емес, қыпшақпын дейді» – деп мен де тілімнің тікенді тотияйынын қыстырып жібергем... Содан бастап, мен Мейірманды «кінәз» деп атап кеттім, әңгімемнің

әу басынан тіліме тіркеп, қайта-қайта «кінәз» деп қақсап отырған себебім содан.

 ...Өмірден өтерінен екі айдай уақыт бұрын, ойда-жоқта кабинетіме Мейірман кіріп келгені... Өңі солғын, назары пәс, кейпі шаршаған. Театрдан шығып кеткеніне жеті-сегіз жылдың шамасындай уақыт өткен кез болатын. Арқалықтан кетіп, аз уақыт Алматыдағы балалар театрына табан тіреп, содан кейін бізге ауысып келген. Ә.Мәмбетов қойған Ф.Эрвенің «Мадемуазель Нитушында» түрме бастығы, В.Шекспирдің «Асауға-тұсауында» Мадам-қатын, А.Әшімов қойған Ғ.Мүсіреповтің «Амангелдісінде» Тымақбай сияқты кіші болғанмен, айшықты рольдер жасаған-ды. Сергелдеңі көп сексенінші, талапайы мол тоқсаныншы жылдардың басында кино әлеміне көбірек араласып кеткен мен, театрдың ішкі тіршілік-тынысынан, досым Әнуар Боранбаевтың арам қол ластаған тағдырынан, Мейірманның театрды тастап біржола «Тамашаға» кетуінің себеп-салдарынан хабарым кем-ді. Пайымдауымша, тегі мықты тентектің сол кездері қадірі мықтап кете бастаған қара шаңырақтағы өгіз арбаға мінген сынды, бейынталы, тасбақалы тіршілікке кінәз көңлі толмаған сыңайлы. Ал, «Тамашада» Мейірманның сарайы ашылып, қолтық сөге қызмет қылғаны жұртқа белгілі. Сахнада не істесе де, нендей әңгіме-миниатюраға араласса да бір қора қойдай жамыраған басқаларынан бәсі артық болып кеткен-ді. Естуімше, кейіндері Мәкеңді «Бауыржан- шоудың» шоумендері де икемдеп, «Тамашадан» жырып, өздері иемденіп алыпты. Елу жасын да ел алдында сол жігіттер тойлапты деген қауесет те жеткен...

 ...Кабинеттегі әңгімені Мейірманның өзі бастады, әуелі «ее-еһ!» деп күрсініп алатын әдетінен бұл жолы да жаңылған жоқ. «Мен шаршадым, Тұңғыш...» – деді бірден. Айналамыз арзандап кетті, дүниені кір басты, табан тірер қызық таусылғандай. «Қатын ауру, бала жас» деп баяғыда аталарымыз тақпақтап отырғанда, күлуші едік, сол жағдайға мен де тап болдым. Айман ауырады, білесің. Әзілден де қайран көңіл қалып барады, бәрі бос әңгіме, арзан ыржақ. Театрдан бекер кеткен екенмін, балалық дейін десем, ол кезде қырықтың қырқасында едім, шамасы, шалалық, әлде

әсіреқызылға құмарлық па екен... Болары – болды, өтті, кетті... Қысқасы, мені театрға қайта ал, бәрін қоямын, «бәрін тастадым, бәрін де ұмыттым» деп Қодар жынды айтушы ма еді, «Қозы-Көрпеште»... Өмірдің тепкісінен мен де жеңіле бастағандаймын, менің қағбам осы қара шаңырақ қазір шығармашылықтың қызу көкпарында екенін, білікті өнер жасауға деген батыл бетбұрыста жүргенін байқап жүрмін... Ол көкпарға менің де салым сала алар қауқарымның қажырынан, тұлпарымның талай бәйгі-жарысқа қосыла алатынынан күдер үзуге ерте шығар деген үмітім бар...» – деп бір-ақ тоқтады. Мен де әзіл-шыны аралас бірдеңелерді айтып, пәс көңілін көтермек ниетіммен, «енді астыңда елуіңде мінген атың бар, сахна түгілі, сол қызыл «Жигулиіңді» қисаңдап айдауға ұялатын шығарсың. Театрдың іші ызыңды өсек екенін білесің, өзің естігендей, қара шаңырақты қарымды бәйгіге қосумен бірге жынды судың да иісінен тазартудың «соғысындамын», ол дерттен арылмасақ, жаңа өзің айтқан өнер көкпарының қадірі мен кепиеті қашып кетпей ме, бәдәуиленген өнерде береке болушы ма еді. «Ой, Тұңғышбай Мейірман досының ол «еркелігін» көрмейді ғой, бізге ғана найзасын сілтей беретін шығар» деген сөзге қалдырмассың» деп, орынсыздау сөйлеген болдым. «Ей, әлгі Ибрагимов дегеннің Республика Сарайының сахнасына дардай ғып шығарып, жұрттың көзінше мінгізген мәшинесін айтып отырсың ба, оны Бауыржан жиеніміз қайтарып алып қойған, әншейін, көрерменге қылған көзі ғой, рекламасының сиқы екен, пиар дей ме ондайды, қайтесің соны сөз қылып!» деді де, қалай, арызымды жазайын ба?» – мен сөзін доғарды.

«Әп» дегеннен дайын емес жауабымның орайына, ойыма оңтайлы себептің келе қалғаны... Таразда, Абай Сүйінбаев деген бөлем бар-тын, алдағы сенбіге той жасамақ ниетін білдіріп шақырып кетіп еді, бірді-екілі достарыңызды ала келсеңіз, тойдың сәні кіріп, жүдә рахат болар еді деген. Сол есіме түсіп, Мәкеңе тойға бірге барайық деп қолқа салдым, қыдырыстап қайтайық, көңіл көтерейік дедім. Аз- мұз ойланған Мәкең, кез келгеннің «жүре ғой» дегеніне ере бермейтін кінәздік мінезін зорлап сындырғандай болды ма, әлде менің көңлімді қалдырғысы келмеді ме, әйтеуір «е,

мейлі, маған бәрібір ғой!» деп, «Тамашадағы» қариясының бейқатынасты, дүйім жұртқа жаттанды болып кеткен белгілі сөзін қыстыра салғаны... Ал менің есіме Мәскеуде бірге оқыған достарының бірі Тұрсын Құралиевтің жиі айтатын бір уақиғасы түсе кеткені. «Бөрі аштығын білдірмес, сыртына жүнін қампайтар» демекші, Мейірман-кінәз ешқашан өз басының қиындықтары мен проблемаларын әркімдерге көлденең тартып айтып зарланбаушы еді. Концерт-кездесулердің ыңғайы келмей, құр айлыққа қарап тақыл-тұқыл күйге түсіп қалған кездерінде де сол достарын кезекті «сұхбат-кездесулерінен» кейін пәтеріне әрдайым сүйрей жөнелетін әдеті барын білетінбіз... Бір күні сондай күйде мырзаланып келе жатқан Мейірман, подъезіне кіре бере қайта атып шығып, Тұрсын досына «ішке кіріп қарап шықшы, көршілердің бірінің төбесі көрінбей ме екен» депті. Этажды үйдің баспалдақты дәлізін бір шолып шыққан Тұрсын, ешкімнің жоқтығын айта салысымен, «ал, соңымнан тез жүгіріңдер» деген күйі, жоғарыдағы пәтеріне екі-ақ аттап жеткен екен. Кейін мұндай қылығының мәнісін сұраған досына, «е-ей, сен де бір ымға түсінбейтін дүбәрә екенсің, көршілерімнің бәріне де қарыз болсам қайтем» деп, мәз-мейрам болып, көзінен жас аққанша өзіне тән ақжарқын да астарсыз күлкісіне басатын көрінеді.

 …Қызметтік көлікпен таң қылаң бере Таразға сапар шеккен екеуміз, жол қысқартып, ой, бір шер тарқаттық дейсің! Барарда да әзіл мен күлкі, кейде мұңға толы әңгіме, қайтарда да сол. Тойда Мейірман жиналған халықтың оң назарында болды, көбі «стақан соғыстыра алмадық қой» деп өкініп жатты. Көліктің артқы орындығына шәниген екеуміздің аузымыз бір босамаған шығар. Иығындағы жауапты концерттерге ғана киетін, ішкі жан қалтасы бөлем ұстатқан «конвертпен» қалыңдаған шымқай қара велюр костюмін алғы орындықтың арқасына «кигізіп», өзі аса қатты күтіп қадірлеп киетін, пошымы бөлек, ұш- тұмсығы сүйрік, аямай лактелген туфлиін шешіп қойып,

«байқа, ұзын сирағың сыймай басып кетіп, қалыбын бұзып жіберме, сен мұндай топылиді түсіңде де көрмегенсің» деп, аңқылдап күліп қояды. Бір қызығы, осы туфлиін керемет

«сыйлайтын», ауыл сахналарындағы концерттерде онысын жұрт сияқты жерге қоймай, бөлек, биікке, терезе текшесіне жайғастырып, Данагүл қарындасына «мына қалхозниктер басып кетпесін, қарайлап жүр» деп тапсырып жүретін... Алматының жарты жолы қалғанда, Шу өзенінің үстіндегі көпірден өте, бой жазуға көліктің тізгінін тарттық. Сыртқа шығып, керіліп-созылып алған Мейірман, «ойпырмай, сен нағыз тасжүрек екенсің ей, тым болмаса көзге тамызардай бір «каплі» татырмадың ғой, сенен қусаң құмалақ түспейтін шығар» дегенде, «ешкім жоқ қой, багажникте бөлем салып жіберген сауқатта бірдеңе бар шығар, ол өзі түсінетін жігіт» дегенімде, «қой-е, қалжыңым ғой, тоқталдым деген соң тоқталдым» сыңайлы жауап алдым...

 ...Пушкин көшесіндегі пәтеріне келіп тоқтадық. Көліктен түсе бере балконына қарап, айғай салғаны, «Айман, шық бері, принимай гостинцы! Бұл сорлы мені танымай қалатын шығар, сау келер кезім тым аз еді ғой» деп тұр. Менің есіме курстасы Тұрсынның айтқан әлгі әңгімесі түсіп, үнсіз жымидым да, «мына айғайына қарағанда қарыздарынан құтылған болды ғой» деген оймен жүргізушіме ана заттарды түсіре бер деген белгі бердім. Багажникке салынған бір- екі жәшік шикілі-пісілі ет, иығына жабылған шапан, сыйға тартылған «шымкентский двухбортный» костюм- шалбар, мұқият теңделіп оралған екі кілемді түсіріп жатқан жүргізуші Магамедке, «ей, ана кілемнің бірі Тұхаңдікі, сен бәрін аударып тастадың ғой» дегенде, «жоқ, Мәке, екі кілемді де саған атаған, бірін үйдегі жеңгемізге деді ғой» деп, мен де қиыннан қиыстырып жібердім. Маған сыни көзбен ұзақтау қарап алды да, «менің қатыным, бүгін точно жүрегі жарылып өлетін болды» деп, арқамнан қақты.

«Тұңғышбай, мен негізім жарыған, әкемнің арқасында ешбір нәрседен жоқшылық көрмеген адаммын, «кейде қысқа жібім күрмеуге келмей жүргенмен», дүние-боққа қызыққан жерім жоғын білесің ғой, алайда рахмет саған, мені бір шелектей қылып сыйладың, ең бастысы мыналарды көріп тұрған көршілерімнің іші күйетін болды» деп құшағына қысқаны бүгінгідей есімде... Бірер апта өткесін, жуынып-шайынып, таза киімденіп, арызымды жазып келемін деген уәдесін

алып, мен де атымның басын қарашаңырағыма бұрғамын... Көліктің әйнегінен асырып, «велюр костюмің мен лактелген үшкіртұмсық туфлиіңді киіп кел, шашыңды да шампуньмен жууды ұмытпа, Князь!» деген әзілімді қалдырдым...

«Обязательно, суық сумен, ең қымбат шампуньмен!» деген жауапты қалжыңы құлағыма жетіп жатты...

 Алайда, осы уақиғадан бір-екі ай өтер-өтпесте Мейірман Нұрекеев, сол екі арада Гүлжан Қалыбаева қарындасы ұйымдастырған «Күлкі керуенінің» соңғы бір гастрольдік әзіл-сықақ концертінен қатты сырқаттанып оралып, Әуезов театрына қайта ораламын деген уәделі арызын жаза алмай, жеке арманын арқалап, тез арада пәниден бақиға асығыс аттанып кетті, ат басын арсыға бұрды... Белгіленген «тәртіп» бойынша, халық артистері ғана соңғы сапарын бастайтын ата театрдың екінші қабатындағы салтанатты фойесінен арғы дүниеге аттанған бірінші «жай» артист Мейірман болды... Өйткені ол шаңырақ – Мейірманның арманды, әрі құтты мекені еді, өйткені ол – атақ-шатақсыз да халықтың өз артисі болатын, өйткені ол – тумысынан текті еді, Кінәз еді...

Саршатамыз, 2012 ж.

БАС ТЕАТРДЫҢ БҰРЫНҒЫ БАҒЫ МЕН БҮГІНГІ БАБЫ...

(Шығармашылық шыншылдық аулынан салынған зер)

...Айтпаса сөздің атасы өледі.

Халық мақалы

...Дыхание правды сурово, но чисто.

Ромен Роллан

 «...Ән – ауруым. Тыңдамай, не қосылмай өте алман!» – деген сөзі бар Арқаның ақиығы Ақан Серінің... Ақандайын

асқан эстеттің, таза бекзаттың, кісікиік кінәздің, ерек туған өнерпаздың ұранхайлы сөзін ұстанғанда, жанайқайыма жалау ретінде емес, қамырыққан көңілімнің қаяуын басар қалқан қылсам дедім... Алайда, Ақан қайда, біз қайда?! Айналасының саңырау кезінде арқадан ән оздырған асқақты, аруақты көңілін көк кептердей, көгершіндей көкке шарықтатқаны неткен құдірет, не деген керемет! Кейде ойлаймын, айналаңның саңырау болғаны, төңірегіңді ластаған лайлы пиғыл мен кір көңілдердегі садыралықтан шүкір екен-ау деп... Саңырауға бәрібір, ешнәрсемен ісі жоқ, тыныш тылсымға тәнті. Оңың мен солыңнан табыла кететін, құлағы да, көзі де барлардың саналарындағы садыраны қайтпексің? Қайтып тазартасың?

 Мен де дерттімін... Менің «ауруым» – театр деген текті өнер, оның сиқыры мен сынын, сырын терген, бәтуалы бабы мен бақуатты бағын көрген, мұңын шерткен, парқын іздеген, көлденеңді көк аттының қанды қанжығасына сауға етпеуді көздеген, қадірі мен қасиетін көмескі көлеңкеде қалдырмай, шақырайған күнгейіне жеткенін көргісі келіп шарқ ұрған шермендемін... Сондықтан да оның аңғал жүрегінің қағысын тыңдамай, арысы мен берісін бұлдамай, құмықты үнін ұқпай, запыран зарын айтпай, дегдарлы дертін ертпей өте алман...

 Ұлы Мұхаңның атын жамылған театрдың басынан не жағдайлар өтпеді? Кешегі көзден кетіп, көңілден ұзай бастаған могикандарымыз шымылдығы мен бетін ашқан өнер ордасы алғашқыда аламанның сырласы мен мұңдасы, өртеңі мен ертеңі, арманы мен ар-ұяты, келешегі мен кермекті кешегісі бар, есте жоқ ескісіне қиял сапарын шектіретін қатепті нардай қара шаңырағы ширақ, ескегі есті, желкені жараулы, мықыны мықты кеме сынды болатын. Қаллеки мен Серке, Елағаң мен Құрағаң, Әміре мен Иса, Жұмат, Қапан, Қажымұқандар көтерген «кірдің» тасы қырқыншы жылдарға дейін алғашқы, ілкі мәре-маягінен адаспай, атпал толқыны аударылып-төгілген алмағайып, алып мұхит сынды заманында ауытқымай еркін жүзіп, жоталы-төбелі, таулы- қыратты, ақпанды-дауылды сардалада жараулы құр аттай арындап шауып, жамағатына жайлы келген сар желісінен жаңылмаған екен... Орысы мен оймауыты, жебірейі мен

жәдігөйі басқарған кезде де ұлттық қағынан жерімей жасаған өнері қазақы ою-өрнекті, қаны сұйылмаған қақты бола білгенін сарғайған суреттерден көргенбіз. Мұртты көсемнің ұлттық саясатының ұтымды әдісі болған Мәскеудегі қазақ өнерінің 1936 жылғы он күндігіне қатысқан жалғыз көзі тірі Хабиба шешеміздің жасаурап айтатын естелігін жаның сүйсінбей тыңдау – тасбауырлық шығар... Кейін келіп қосылған Камал, Сейфолла, Рахия, Гүлзипа, Сәбира, Хадиша, Бикен, Шолпан есімді шоқтығы асқақ самородок сары алтындар саф алтындай сап түзегені жаныңа жайлы жылу мен жаймашуақ жаз ұялатады... Өнер ордасының орта жасында ұлттық реңктің ұясына там-тұмдап ақау түсе бастаған у-шуы көбейген ұлар заманда да тереңдегі тегіне теппеген, қою қанды қағынан қашпаған тұстарда Ыдырыс пен Нұрмұхан, Раушан мен Фарида, Райымбек, Матан, Есболған, үлкен Әнуарлардың әуені – әуейі жүректерге арманшыл, әрі аңғал, сонысымен қыбыңнан қыл суырған сынық, әрі сүйкімі шексіз, сүйріктігі мінсіз Шәмші әндеріндей санаңа сабырмен сіңген, абайлап айыз қандырған, ептеп еңсе көтерген, есте жоқ ескі заманнан, алаң да бұлаң есіңді алып еліктіретін ертегідейін, ебелек отқа семірген ертеңге апаратындай ерекше кезең болыпты-ау!.. Ол кез өнерін өмірім деп санаған сандалкөктердің заманы екен ғой! Бүгіндергілердей сол өнердің қасиетін қашырып, оны өмірім демей, өңмеңі етіп, жекелеп, мұрнын тесіп жетектеп алған көк өгізіндейін, ерттемей жайдақ мініп, қауқарсыз біткен қарына қалқан, мықынсыз келген қынына қанжар еткен қатігездердің қолжаулығына айналмаған кез екен де... Бақытты жандар екен де олар, бас театрдың бағы да солар болған екен де! Кейінгі жылдар сол аталар мен апалар, аға- әкпелер әкелген баталы баққа малдану, бақуатты барлыққа баздану екен ғой деген дертті, кермекті, шым-шымдап шерлі мұң келеді шерменде болған көңілге,.. әрине – ұққанға, шыншылға, білгенге...

 Күпіну үшін де емес, күдік іздеушілерге жауап та емес, төменгі әңгіменің төркінін – Казақтың мемлекеттік М.Әуезов атындағы академиялық драма театры ұжымының 1993 жылдың шілдесінен, 2001 жылдың қоңыр күзіне

дейінгі, атап айтқанда, осы жазбалардың авторы театрға жаңа басшы боп келгенінен бергі шығармашылық һәм шаруашылық қызметінің шағын мағлұматын қысқаша тізбелеуден бастау – алдағы ауыз толтырып айтарымызға қажетті қисын. «Айтпаса – сөздің атасы өледі» деп атам қазақ басына түскен соң айтқан екен де. «Болғанды – болды» деуден гөрі, болмағанды бұлдау әдетке айналған заманда, шақшадай басыңды шарадай даудан, хақ арыңның нахақ таланудан аман қалуы қиын шаруа екені – екіұдай емес, шырылы естілмес шындық. Бүгінгі бұлдыр дүние кешегі күмбір күйді ұмыттыруға келгенде алдына жан салмайтын, соңынан шаң ілестірмейтін болды. «Барып едім, жоқ екен, айтып едім – мақұл дедінің» кезеңі келгенін кеш білгендер көппіз... Бәлкім азбыз...

 Егеменді ел болып еңсе жаңарғаннан кейін театрдың шымылдығы да жаңарса керек. Аға буын жасап кеткен рухани қорымызды қайта жаңғыртып, жасампаздандыру ұлы міндет. Қызыл идеология тиімсіз деп тыйым салынған, тым қысылып айтқандықтан қымбатты қыбы табылмаған ұлт мұрасы, халқымыздың басынан кешкен, тым тереңге батқан тарихы ұлан-ғайыр. Тарихты ұмытсақ – тарих қайта келіп өзіңді соғады. Біз қайта-қайта таяқ жеуден шаршаған жұртпыз. Ел тарихындағы сансыз ақтаңдақтарды айтпағанда, теріс түсіндіріліп, жыртық үй мен жырындыдан басқаны бізге қимаған тарихшылар мен «социалистік реализмнің» жемісі де жаңа редакцияны, шынайы шығармашылық ұстанымды ұстауды талап етеді. Дәл сол, тоқсаныншы жылдардың басында театр осы тұрғыда жаңа бет-бағытпен іске кірісіп кеткен болатын. Көрермен ең алдымен өзінің кім болғанын танымай, кім боламын деген сұрауды өзіне қоя алмайтыны белгілі. Бұл бір жағы кешегі өктемдік- үстемдікке, бүгінгі соның шаң беріп қалатын қиғаш-қиғаш қыжыртпасына жауап болса, елдің елдік іргетасының өткені, заманалар көші өзгерте алмайтын болмысы, өнердегі көркем бейнесі болады-ау деген ұлы мақсат болғаны ақиқи еді. Театр алдымен осы тақырыпты бір жүйеге келтіріп, түбі осы сипатты өнер керуенінің басында болмаққа бел буғаны әмбеге аян, және ол мақсатын екі мыңыншы жылдың бас

кезеңіне абыроймен орындап та үлгерген. Басы, отызыншы жылдары атылып кеткен Е.Замятиннің «Еділ патша – Аттиласынан» бастап, Иран-Ғайыптың «Шыңғысхан», Ә.Кекілбаевтың «Абылайхан», Шотландияның Эдинбург қаласында өтетін, Еуропа елдерінің елеулі қойылымдар жарысына үш мәрте шақыру алып, қол қысқалығынан қатыса алмай, қағажу қалған К.Аширдің «Қабыл – Адам Ата перзенті», театр залын сан жылдар кемерінен асыра толтырған М.Байсеркеұлының «Абылайдың ақырғы күндері» мен жиырма бес ғасыр арсыдағы жадымызды жаңғыртқан Шахимарденнің «Томирисі», одан бергі тарихты қозғайтын М.Әуезовтің «Қилы заман», Қ.Ысқақтың

«Жан қимақ» (1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысының

80 жылдығына), Р.Мұқанованың «Мәңгілік бала бейне», әлемдік жауһарлардан М.Метерлинктің «Соқырлар», К.Гоццидің «Турандот ханшайым», М.Ғапаровтың «Тұзды шөл» сынды талай еларалық фестивальдарда жүлде мен бүлдеге бөленген тағы да көптеген тақырыптардың алды сахнаға шықты, енді бір дайымы әдебиет бөлімінің қолында жатқан, жұмыс үстінде отырған авторлар да болған. Театр жанынан «драматургтер лабораториясы» ашылып, оның алғашқы еңбектері – А.Тасымбековтың идеясымен қаруланып, театрдың ұжымдық қойылымы болған «Кібенек киген арулар», Б.Римова, Б.Атабаев, Ж.Медетбаевтардың суреткерлік қиялы мен сүйрікті қаламынан туған «Абай десем...», Ә.Тарази мен Қ.Ысқақтың «Алатау сынды алыбым – Жамбыл» атты, әртүрлі жарыстарда әжептәуір бәйге қанжығалаған сүйекті шығармалар көрерменге жетті. Әрине, бұл жалпы бағдарламаның бір шеті ғана еді. Жазықсыз қуғын-сүргінге ұшыраған, дүниеден ерте кеткен аға буын еңбектері де біздің мәдениетіміздің тарихы, олар да сахнадан дәмететіні белгілі. Аталмыш спектакльдердің қойылымына үкіметтен бір тиын қаражат сұрамай, демеуші іздеу арқылы, болмаса театрдың тиындап жиған өз күшімен сахнаға шыққан туындылар-ды. Әрине, қаржы табуға жүгірген де, тер төккен де театр жетекшісі екенін екінің бірі біледі. 1995 жылы халықаралық театр күніне арнап, алғаш рет бүгіндері жақсы дәстүрге айналған М.Әуезов театрының

жеке өзінің «Наурыз-95» фестивалі өткізіліп, осы жылы ғана қойылған 11 қойылым жарысқа түсті, озықтарына ақшалай-заттай сыйлық жасалып, ел экономикасы еңсе көтере алмай, өзге театрлар кезекті мардымсыз жалақысын ала алмай жүрген алмағайып кезеңде, кедей-жомарт әріптестерінің көңілі ауланды, театр әкімшілігі ешкімнен көмек сұраған жоқ, өнерге опасыздық жасап, театрын тастап, ешкім тентіреп кеткен жоқ, шаңырағы шайқалған жоқ. Жаңа басшылықтың кезінде, қайта бұрындары ат ізін салмаған «орысы» көп деген облыстарға гастрольдік сапарлар жасалды. Бұрындары «із» салынған, қайта-қайта барып, қадірін кетірген оңтүстік өңірлерді былай қойғанда, Петропавл, Қостанай, Өскемен, Көкшетау, Ақмола, Ақтау, Жаңаөзен сияқты елді мекендердің сахналарында арман болған Әуезов театрының аруақты қойылымдары мен атақты артистерінің жүрек қағысы мен қолтық сөгер шабысын көруге көзіқарақты көрермен қоғадай жапырылып жатты. Жоғарыда санамалап айтылған, тарихымызды түгендеген айшықты спектакльдерді көріп, көңілдері өскен халық өткенімізбен «көрісіп» көзайым болды. Ал, шымкенттіктер театрға байғазы деп жеңіл автокөлік, павлодарлықтар жас артистерге пәтер «сыйлап» жатты. Тоғыз жылға таяу сол басшылықтың кезінде, экономикамыздың тұралап тұрған шағында, театр ұжымы 48 пәтер алып, тістегеннің аузында кетіп бара жатқан жатақханадан 6 бөлмесін меншіктеп үлгерді, сан жылдарғы пәтер-кезекті тізетін киіз-кітапың соңғы парағы сол 2001 жылы жабылғанын бүгінгілердің

«ұмытқаны» өкініш емес, күткен, белгілі жағдай. Ол шаруа – басшыныңұжымыалдындағы азаматретіндеорындауға тиісті парызы болатын. Бұрынғы басшылық кезінде репертуардан себепсіз түсіп қалған Б.Римованың «Абай-Әйгерім», Иран- Ғайыптың «Мен ішпеген у бар ма!», Ж.Б Мольердің «Ақмақ болған басым-ай» спектакльдері жаңарып, көрермендермен қайта табысты. Абайдың 150-жылдығына әзірленіп жатқан өз инсцинировкасын жалғастырмай, өкпешіл Ә.Мәмбетов ағамыз тастап кеткен соң, бір айдың ішінде театр бар күшін салып «Абай десем...» атты символикалық драманы Жезқазғанда өткен республикалық фестивальге бәйгеге

қосты, еңбек зая кеткен жоқ, жүлделі бірінші орынды алды. Бірақ, сол жарысқа қатысуға керекті бүкіл шығын мен 40 адамның жолкіресіне дейін қосқанда аз қаражат емес, ол да табылды. Үкіметіміз мардымсыз жалақының өзін екі-үш айлап кешіктіріп әзер беретін кезеңде, ата театрдың ұжымы айлық жалақысын бір күн кеш алып көрген емес. Тоқсаныншы жылдардың алмағайып кезінде театрға ат ізін салмай кеткен халықты қайтарудың тиімді жолы репертуар тақырыбының жоғарыда тізбелегендей салмақтылығы екені бірінші себеп болса, екіншісі «Көрермен» деген арнайы агенттік құрылып, 800 орындық дағарадай кең залды бос қалдырмаудың әдісі оларды «қуып» әкелмей-ақ табылды, бүгіндері ол жылдары халық аз келді деп нахақ айтылып, жөнсіз күйе жағылып жүрген албаты сөздер бекершілік. Көрермен театрға ағылып келе бастаған, қара шаңырақ қазір де осы тәсілдің пайдасын көріп отырғаны жасырын емес.

 Шаруашылықтың бейберекет жіберілуінен, тым құрыса кісілікке тиісті жанашырлық, жауапкершілікпен қарайтын ие болмағандықтан театрдың әсем ғимаратының да алқам- салқамы шыққан болатын. Соның нәтижесінде, 15 жыл бойы суағар тұрбалар бітеліп қалғандықтан, төбедегі су жылға тауып сорғалап, көрермен залын садыралап тамшылап тұрған. Жаңа басшылық алдымен жұмысын осыдан бастап, қолы жеткен, беделі барған орындардан қаржы- қаражат, көмек іздеді. Қала әкімшілігіне «зорлап» қол ұшын бергізіп, сол кездегі есеппен қаланың қыруар қаржысын жұмсаттырып, театр шатыры қайта жабылды. Сыртқы мрамор әшекейлерінің де құлай бастағанына да тура 10 жыл болыпты. Оған да ешкім мән бермей, әйтеуір адам шығыны болмасын деген далбасамен қоршай салған түрменің темір торы секілді сым-рабицалы шарбақ ғимаратты айнала 9 жыл тұрғаны есі бар елдің есінде болар. Тағы да қала әкімшілігінің қаржылық қалтасының арқасында, естуімізше барлығы 40-45 миллиондай ақша жұмсалып, қоршау алынып, мрамор әшекейлер шетелдік тәсілмен қатайтылып, қалпына келтірілді. «Естуімізше» деп қадап айтуымызға себеп, манадан бергі санамаланып отырған миллиондар театр шотына түскен емес, біз тек «орындалды» деген актіге ғана

шиырлап қол қойдық. Істен шығып қалған сыртқы шырақ, жарық жүйесі де жөнделіп, іске қосылды. Он жыл бойы су, жылу, канализация жүйелерінің құбырлары тазартылмаған, жыл сайын өтірік ақпар беріліп тұрғандығы да ақиқат. Театрға қанша су керек, қанша жылу, қаншама энергия жұмсалатынын ешкім есептетпеген, ондай аппаратура да болмаған, тіпті, өрт қаупін білдіретін сигнализация да қойылмаған екен. Құрметті қонақтар мен үкімет адамдары түсетін бөлме де құнсыздықтан атқораға айналып кеткен еді. Сол кездегі Совет ауданының әкімшілігі өз қаражатына жаңадан жиһаз сатып алып, жөндеуден өткізіп, кісі қабылдар көрікке жеткізді. Дыбыс жүйесінің желілері де әбден шіріген, өрелі техниканың өркен жайып тұрғанына әжептәуір уақыт өтсе де, театрда жөні түзу бірде-бір микрофон қалмағаны таңқаларлық жағдай еді. Қала әкімінің нұсқалауымен, театр басшысының көлдария көз жасымен «Оргкапстрой» фирмасы өз қаражатына Германиядан сол кезге сай жаңа аппаратура сатып әперіп, театрдың «көмейін ашты». Бүкіл сахналық- техникалық, механикалық жүйелер қараусыз қалғандықтан, жұмыс істемей қаңырап қалудың аз-ақ алдында еді, тіпті сылап-жағатын жағармай табуға дейін жүгіретін адам болмапты. Әрине, бұл да реттелді. Қаншама есік-терезе, тұрмыстық әбзел-мүліктер қираған. Соның бәрі жөндеуден өтіп, театрға лайық орнын тапты. Бұрынғы басшының жалғыз қара «Волгасынан» басқа транспорт түгел тоқтаған еді. Су жаңа екі автобус, бір РАФ сатып алынды, бұрынғы қаңқа-жұрнақтары қалған ескі РАФ, УАЗ, «Москвичтер» жөндеуден өтті. Сатып алынған машиналардың біразының кұнын демеуші «Биржа Қазақстан» фирмасы төлеп берді.

«Жылап-сықтап» жүріп үкіметке тағы да 30 миллиондай қаржы бөлдіріп, алып ғимараттың ішкі бөлме-қоймалары, дәліз, босаға, есік-терезе, кіре берістері де күрмеуге келмейтін аз сомаға ағымды жөндеуден өткізіліп, көз қуантатындай жағдайға жетті. Осының бәріне ел экономикасының ең қиын тұсында қаржы тауып, ретіне келтіру, жаңадан жасату сол кезгі «сормаңдай» жетекшінің кезіне тап келді. Содан...

 Бас театрдың кемелденіп келе жатқан бабына қайсы біреулер аяқ астынан «күмән» келтіріп, алдағы күткен

күмәнсіз бағын байлауға бар күшін салып, соңғы үш жыл қатарынан «айқай» іздеген ақпарат көздерінде асқан қатігездікпен қожалақтап, сабынға кетпейтін кірге, тартып шығарарға саратандай түйенің өзіне әжептәуір жүк боларлық садыралы сор-ұйыққа итерді. Сол бір жуалы ауыздардан шыққан суы көп мақалалар мен нахақ қаралауларды дуалыға санаған «сандалма союз» – шикі шенеуніктер бекер таңылған өсек-аяңның байыбына бармай,

«жаптым жала, жақтым күйенің» ежелгі ауру-керуеніне еріп, бас театрдың түзу желісті желмаясын тұп-тура он екі жылға тоқтатқанын, сүріндіргенін, «тұсағанын» түсінген жоқ. Түсінгені исінген жоқ, исінгені түйсінген жоқ. Қаһарлы асан-үсен ағасымақтардың қабағы ашылса, табағы толса, құлағы тынышталса болды да, ағанасы жарық, қағанағы қарық – тұралаған театрды қайтсын! Қиналыс жылдары артта қалып, қаржылық өрлеу жылдары есік қаққан, ел еңсесі көтеріліп, үкімет аяққа тұрғанда, «мавр өз міндетін атқарды (Шиллерден)», енді оның қажеті жоқ, «есектің күші адал, еті арам (қазақтан)» – ат ауыстырар сәт келді, бітті.

 Содан бері он екі жыл өтті. Он екі жыл деген шығыста бір мүшел. Мүшел жаста бала – жігіт, жігіт – аға болады. Орда бұзады, қыр асады. Аға – ақылын ат теуіп алжымаса, ақсақалдыққа, батагөй қарттыққа бет бұрады. Олай болмаған күнде береке қашқан қауымнан қасиет қашады, кепиеті азады, үлкеніне батагөйлік бұйырмайды. Сонымен, «бас театрдың бабын» іздеген ізшілдің он екі жыл бұрын нахақтан тартқызған тізгінінен кейінгі бір мүшелде «бас театр зар бабына келді» деп айтарға бүгін пәтігі жете алар ма? Айта салуы да мүмкін-ау, тілде сүйек, ауызда жиек жоқ деген, бір аттаған ар-ожданнан екі рет аттау бұдырсызға бұйым ба. Сол бір белден басылған, ардың-гүрдің уақыттардан бас аяғы бес- алты жыл өтер-өтпесте, ғимараттың ішкі жөндеуіне ғана 360 миллион теңгені жеткізе алмағанына өкінетін, театр шотына түсіп жатқан қыруар қаржыны қайда жұмсарын білмей басы қатқан «дайынға тап» басшылар келді. «Бас театрдың бабын» табады деген себепті салдар еткен жаңа басшылықтың

«әкелінуінен» үкілі үміт күтілген-ақ шығар, шын мақсатын бізден басқа кім білген... Заманымыз түзелді, экономикамыз

шырқау биіке көтеріліп, Ұлы Мәртебелі Президентіміздің сарабдал басшылығы мен саналы икемінің арқасында елімізде жаңадан оннан астам театр ашылды, Қазақстандағы барлық өнер ғимараттары күрделі жөндеуден өтіп, кернеуі кең түсуге тиіс әлемдік бағамға тең шығармашылыққа лайықты барлық техника-әбзелдері жасақталды. Ең бастысы күнге шағылысып, көз қарықтырар әсем Астанамыз бой көтерді, күні кеше ғана айдай әлемге атой салардай «Астана-Опера» театры бой көтерді, ұлттық өнеріміз төрткүл дүниенің төріне шығардай мүмкіндіктер мен еңсеміз еңкеймес абырой- атаққа кенелдік. Елбасымыздың ерен еңбегі еліміздің төбесін көкке жеткізгенін дүние жүзі мойындады. Ал, енді не жетпейді! Сайра бұлбұл! Ұш! Ақандайын әніңді оздыр арқадан! Арқалы өнеріңді алты қырдан асыр!.. Алайда... Алайда, бұл қиқудан артта қалған жалғыз қазақтың драма өнері болғаны бөстекі сөз еместігі керең мен соқырға да аян. Өзге өнер ошақтары – опера, балет, көркемсурет, тіпті кино және эстрада да әжептәуірге келетін өрелі биікке көтерілді – бұл анық, ал қазақтың ұлттық театры әлі күнге арбаға мініп жүр десек, әбестік жасамайтын шығармыз, ащы да болса анық шындық осы... Жауырды жаба тоқу – жаны ашығанның ісі емес.

 Әуезов театры – қазақ өнерінің атасы, бас театры екенін еміренген болып еске салған осыдан он екі жыл бұрын жазылған бас газеттегі сол «бас» мақаланың авторы болатын. Мақаланы оқыған адам не даттау, не мақтау екенін түсіне алмай әлек еді. «Солай да солай, анаусы да жаман емес, мынаусы да назар аударарлық, алайда мінезі шатақ, бірбеткей, ыққа жығылу жоқ, қысқасы бас театрдың бақанын көтеріп жүрген атпал актерге директорлық обал, орнынан алу керек, бітті» сыңайлы, отырып қалған қыздың өтірік сыңсуындай болып көрінген. Алайда, «бас мінші» жазды, бас газет басты – «сауда – сақал сипағанша», бір нәтиже шығару керек. Не амал бар, тағар кінә мардымсыз, жүріп жатқан жұмыс бар, іркіліс те жоқ емес, айшықты, табысты қойылымдар да көбірек сыңайлы. Елбасының өзі төрт мәрте тамашалаған спектакльдердің дүмпуі де тегіннен емес. Жоқ, бар кінә – театрда шу көбейіп кетті, тыныштандыру керек!

Тыныштық керек! Аяқ астынан ақыл табыла кетті – театрды басқару моделін өзгерту арқылы ойдағыны орындау керек! Ойдағы орындалды, бұрынғы бір басшының атқарып отырған ісін «оңтай-ландыру» мақсатында бір орынға үш адам бастық боп келді. Сонымен, бәрі бітті. Дүркіреген дақпырт, күркіреген күндей, арқыраған тасқындай болып шулап жатқан театр бір сәтте тылсым тыныштыққа батты. Сонымен, не керек, мимырт тірлік етек ала бастады. Жоқ, мұлтым бар, мимырт емес, репертуардағы реңі бөлек қойылымдардың басына қаралы күн туа бастады... Сахналық ғұмыры енді басталған «Абылай хан» туралы екі қойылымның да бір-ақ жылда құрдымға кетуі, сүйегі мықты салынған «Қабыл – Адам Ата перзентінің» ешбір жері селт етпей ағымдағы репертуардан сызылып тасталуы, он алты жыл жұрағаттың көңілін қалдырмаған «Турандоттың» тексіз тоқалдан туған түртіншек баладай қыр асты күресінге сапар шегуі – түске кірер «іскерлік» болды. Олардың орнына опырық ойлы кәрі-құртаң, бел-жалсыз ойлы, бедеу тақырыпты, саяз талғамды, саз балшықты баян ететін шатпақтардан құралған қойыртпақ қойылымдар бас театрдың «басына бақ бүркітін балапандатты» дегендер де табылды! Кезінде көркемдік кеңестің кем бағасын алған, театр тартпасында қайтадан жазылуын күтіп, жарыққа шыға алмай түнеп қалған «Сергелдең болған серілер», «Әңгідүк»,

«Өмірзаялар» қылы да қисаймай сахнаға сапар шекті.

«Көктөбеде кездескен» Ұлы Отан соғысының зардабы мен ар азабын қатар шеккен бес майдангер дос араға алпыс жыл салып, ғайыптан тайып ауған соғысында! Қандағарда жүрді, онсыз да маңдайы тайпы, соры қайқы Аралды қорлаудай көрінген «Апат», себепсіз аты өзгерген «Пара», себепті атын да, кермекті затын да өзгерте алмаған «Үйлену», қазақы қалпы бұзылмай кеміс «неміс» болып сахнада сұрықсыз сап түзеген, сарсаңы сансыз, дауы біздің қансыз, тіні бізге икемсіз, түгі де жарасымсыз, режиссурасы «момын, біркелкі тәуір», қоңыр қойылым «Ымырттағы махаббат», кемпірлері ана, өздері мына дүниеде қалып, зар шегіп, тағдырына налып, тағлымсыз запыран жұтқан шал-шауқанның шерін шерткен «Үміт үзгім келмейді», «Сағыныш пен елес»,

«Жүрейік жүрек ауыртпай», ұлттық өзеннің ескегін есуден гөрі, ит жылғы кеңестік кезеңнің кестесін өретін, бай мен кедейді жіктеп, «сәбеттік сөздің қаламы» болған «Мөлдір махаббат», сол өткен уақыттың нафталин иісті шоқпарындай, дүмшелікті ардақтап, дінді ғайбаттайтын «Ай тұтылған түн», ұлттың рухани азабынан гөрі, қазақи мазағы басым

«Күлеміз бе, жылаймыз ба...», қырық жыл бұрын қысыр қалған, жарығы баяғыда сөніп, күресіндегі күлі де көкке ұшқан, «пашпырты» біткен «Шырақ жанған түн», көңіл бірлетіп, көз тоқтатар Еңлігі де, қаныңды қоздырар Кебегі мен Есені де жоқ, ақкөңіл Жапалы мен қисық Еспенбеті де нәгүмән, қазақ театрының алғашқы қарлығаш-пьесасы саналатын, классика деген ұғымға қай жағынан болса да дөп келетін, театрдың қасқа маңдайына аты алтын әріппен жазылған ұлы Мұхтар Әуезовтің «Еңлік-Кебегі» мен қайта- қайта сахналанса да Абайы да, нобайы да ашылмаған «Абай» т.с.с. қойылымдар не мақсатпен сахнаға сапар шеккенін түсіне алмай шерменде болғандар жоқ емес. Құдды бір көрерменді зорлап жылатуды шеберлік санаған, оны кеще көріп, кем қараған, ортадан ой тастаған боп, мезі етіп, езіп ақыл айтып, «жөнге салып», бала-бақша мен мектепше тәрбиелеп, «ой, солай да солай болды, заман жаман болды, күніміз қараң болдыны» мақсатты қақсаған, қарттар үйінің қауымын, «қай-қайдағы бауырын», арғы бетте емделуге қол ұшын сұрап демеуші іздеген тәрсіз телехабардай, өрелі көркемөнердің орнына көнелі публицистикалық дүмше дүниелер қаптады. Сентимент – көз жасы баяғыда құрғаған сексен сегіз проблемалы көрерменді селт еткізер нәрсе еместігін қоғам баяғыда ұққанынан бейхабар басшылықтың қайыстай қатқан өре-қарымын өзгерту мүмкін емес қой. Сол қойылымдарды қоятын болдық деген дегдары кем, бағдары бұлдыр бұйрық оқылып жатқанда, «апырай, бұл қойыртпаққа менің атым қосылмаса екен» деп кіші залдың кішкене орындығының астына алты бүктетіле кіріп, кірпідей жиырылатын, ал аттары аталып, бейықылас «бұйырылған» күлше-рольге қарадай қымсынатын сарауыз жастар да, сарықарын жасамыстар да барын айтсақ – албасты атанар ма екенбіз... Өзге театрларда рольге таласу болғанда, ал ата

театрда одан адасу, азар да безер боп рольден қашу барын сөз қылсақ – өсекші боп көрінерміз бәлкім, қайтейік, қайсыбірін айтайық... Бір мүшелдік ғұмырында, жыл сайын сайран салған сан жарыс-фестивальдардың, бәйгі- көкпарлардың біріне де қатыспай-ақ, жылы жүзін, басқан ізін білдірмей-ақ, жалын да күжірейтпей-ақ өткенін, бәсі артық дейтін бас театрдың орда бұзбаса да, ортадан оза шығуға тиіс сол он екі жылды жалауы желбіреп өткен қуанарлы бағы дейік пе, тең құбылалы бабы дейік пе? Сол жылдарда елді болмаса да төлді елең еткізер, теңізді болмаса да көлшікті толқытар бір қойылым өмірге келіп, он екі жыл бойы рольсіз, яғни жұмыссыз, нахақты «әйкәпір» болған бәдәуидің тауы шағылса да, сол он екі жылда бір рольді бедерлі жасаған пәдәрлінің бағы ашылды ма екен? Қаптап жүрген қарағай мүйізді бүгінгі актерлерден асқақ та, асау Әнуар неге шықпай жүр, нау Нұрмұхан нағып ықпай жүр? Раушанның үні, Фариданың мұңы қайда? Сәбира, Хадиша, Бикен, Шолпан жарық-тықтарды қозғап, «шалақазақ» деп құйрығына шала байлаған Мәмбетовті меңзеп күнәға батпай- ақ қоялық! Оларды қайталауды емес, солар шыққан биіктерді байқамауды айтамын! Роль тудырудағы жанкештілікті, сахна деген сәнді мекеннен ой қозғаудағы базкештілікті айтамын! Айналаңдағы арзанға кереңдікті, жүрегіңдегі қымбатқа тереңдікті айтамын! Айтамын да, жан-жағымның бәрі майда, үстірт, желпі, әркелкі, әрсыдырғы күйдіргісі мен күлдіргісі шатасқан шүйде екеніне шерленгеннен не пайда! Бас театр деп бақан ұстап, елдегі елуден астам өнер ұжымдарының ұқсап бағары, алға ұстары, иық теңері, үйренері осындай болғанға опынғаннан не пайда! Осы уайым күйік-ұйығына батырғанда, кезінде кеңдігі сала құлаш көрінген қағба- сахнаңа сыймайсың – қасиеті қашқан сыңайлы; Абылайша ақырып теңдік сұрайын десең – сенікі жөн дейтін төмендегі төңірегіңде құлағы естір қосшы жоқ! Қайсыбір әкім-қаралар халыңды сұрамақ түгіл, шөл қинап қиналсаң қара су да татырмайтын тасжүрек, ең ақыры амандығыңнан хабарсыз, тіпті қабылдауға да ықылассыз. Өнерден басқа өлшемнің бағын ойлап, бауырлары езіліп, бастары қатып жүргендері жаныңды түршіктіреді. Дүниеде біз де бармыз-ау деген

дауысың зор болған сайын, қадырыңды қор қылуға қысылмайтын қырсыз әрі мұңсыз айналаң жігеріңді құм, жүрегіңді жүн жасауға шебер. «Қандасына қасқыр да қас қылмайдының» керімен, кезі-кезі келгенде, көңілге қарап, жалпақ шешейленіп «жақсы екен, тәуір екен» деген жартылай емес-ау, ширекке келмейтін «шындықты» айтқандардың бірі өзіммін. Сөйте-сөйте, белсізді белді деуге, жөнсізді жөнді деуге етің үйрене бастайды екен. Сөйте-сөйте, сүтті айран деп, қойыртпаққа қайран қап, есекті тұлпар санап, қарғаны сұңқарға балап, ескі мен жаңаның, жақсы мен жаманның, ауру мен аманның аражігін ажырата алмас, олақтың олқы қаққан шегесіндей мыжырая бастағаныңды сезбей, тіпті соған мәз болуды ар санамайтын саппас санатында екеніңді байқамай қалады екенсің. Рас, қаға берісте, қалтарыста «әп, бәрекелді» дегізген «Сұлу мен суретші» спектаклінің бірінші актісі, режиссурасы ретсіз, үш жарылған еркегі кепсіз болғанмен «Жынойнақтағы» Қымбат Тілеуованың жарқ еткен, меңіреу мұхитта қалт еткен жұмысы, «Ұлы мен Ұрының» екінші актысы сияқты ілуде бір көрінген табыстарды көрмеген қияс-ты, атамаған ұят-ты. Өзіміз жайлы оң сөз айтсақ, өгіз тентек атанармыз. «Жоқ» деген салқын сөзге «түк» дегенді қосақтау артық екенін ұқпайтындай жара ниет, қара жүрек емеспіз...

 Актер мамандық емес, тұлғалық өлшем деп қанша зар салғанымызбен, оны құл сияқты шідерлеп, өресі қысқа көгенде қамап ұстайтын қатігез әдет әлі қалыптан шықпай, соңымыздан қалмай келеді. Режиссер – құл иеленуші узурпатор емес. Ал актер деген – тек орындаушы ғана емес. Спектакль қоюшы әлгі әріптесімен тандем жасайтын тең суреткерді, өнер тудырушы актерді белсіз режиссура икемсіз пьесаға зорлап таңып, көзіқарақты көрерменнің алдында қара жерге қарату аса үлкен тапқырлық та, көркемдік биіктік те емес. Актер ғана емес, жалпы театрдың өресінің өсуі ақылды драматургия мен оның қадірін онан сайын асыра алатын ұшқыр режиссураға төтелей байланысты екені дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Театр басшысының қарым-қажыры мен эстетикалық талғамын таразылайтын бірден-бір дауа – ол репертуар ауаны, режиссурасы мен суреткер актерлерінің

азапты еңбегі, ғажапты талғамы мен зерделі өресі. Репертуар – пәтуалы пьеса тақырыбы (мазмұны ғана емес) мен оны өмірге әкелетін рабайлы режиссураның көркемдік шешімі (мизансцена құра білу ғана емес) және жараулы жүйрік актердің сар желісі арқылы көрнектелінеді. Осы үш өлшемді өнімді етіп ұқсата білу, көкпар-додаға қосарға дұрыс жарату, аламан бәйгеге білгір атбегіндей суытып қосу

– әрине, төрдегі басшының төтелі интеллектісіне, көшелі көрегендігіне, көкейіндегі көрікті талғамына тікелей тәуелді. Мен өзім жақсы адаммын, тек актерлерім мен режиссура ұятқа қалдырып жүр, тартпамдағы пьесалардың да пәтігі таң қаларлық емес деген сырғытпа сылтау – себеп емес, салдар. Жақсы адам боп көріну – суреткерлік өлшем де, шеберлік те, мамандық та емес. Бас изегіш, «бастан келсе – өлгіш, арттан келсе – көнгіш», тәртібі табиялылық та актердің шығармашылдық биіктігінің де, суреткерлік жүйріктігінің де белгісі емес. Адам сенбейтін шым-шытырық уақиға құра білу де, драманы тек диалог құру деп ұғатын жазушыға драматургпін деп кеуде соғуға хақы бере бермейді.

 Шығармашылыққа да, шаруаға да кұнт керек. Құнтсыз басшы шаруаның ғана емес, шығармашылықтың да кұнын түсіреді. Театр – тұтас алғанда тірі организм. Тірі организмнің тірі болуы үшін көп нәрсе керектігін бәріміз білеміз. Әрине, оның да шырқау сағаттары, шау тартар сәттері де болар. Бірақ, оны сол тоқыраулардан алып шығатын – әр ұрпақтың әр буыны ғана емес, солардың ішінен суырылып шыға алар жанкешті, азабын арқалай алар Тұлға. Орысшалаған- да – Лидер! Тұлға жасайтын тірлікті, можантопай тұлып жасай алмайды! Ал, Тұлға мінезді келеді, өзі де тыным таппайды, төңірегіне де тыныштық бермейді. Таза өнер тылсым тыныштықта тумайды. Халық өнер шаңырағының жаңғыруын, жаңаруын тұлға бола алатын буынның озық өкілдерінен, есті тентек, тегінен талантты азаматтарынан күтеді. Ал балаң һәм қорғансыз, алданғыш һәм сенгіш, жәудіркөз ұжымды көптің біріне басқартып, кәсіби өнерді көрінеу ақсатып, төрдегі «жазулы» мен төңірегіндегі азулыға жағатын жаппарқұл жабыны төрге шығарып, шикі жегізіп, тұлпарды есек жарысқа салып, кешегіні бүгін ас

қылып, қырық жылғы қырқылжыңды әндетіп, өрекпіген кеудесін аяң-өсекпен ауыздықтап, өткенін өсектеп, кеше аға бола алмай қалып, бүгін сақалы текке ағарған шауқандарға артындағысын аяусыз тепкілетіп, буынсыз иянаттатып, қалтырлы қолы жетімді мен жылтырлы сөзі өтімді жердің бәріне жамандатып, қолынан іс келер тарланын кісенмен тұсап, аяқтарынан шалу – парықты өнегені қояйықшы, бәтуалы өнерге деген кешірілмес қиянат. Бүгінгі тозығы жеткен тізгін қолына тиген жаңа басшы осы бір балдыры тым тереңге тамырлаған, ақсақалы айныған, өндір жасы қаймыған, айығуы қиын ауруы дендеп кеткен сор-батпақтан аман өте алар баталы ұл бола алса – бас театрдың бағы қайтып, байрағы қайта желбірер бәлкім, үмітсіз – шайтан деген. Бақ сынап таққа ғана табыну мен тақты ұлт мүддесіне табындыра білу – екі басқа дүние ғой. Біріншісі – індет, екіншісі – қасиет. Қасиеттің көмескі көлеңкеде қалғаны, індеттің жарыққа шыққаны қандай қауіпті.

 Өз құдығыңа түкірме деген де сөз бар, қазақта... Алайда сол қазағым суы борсыған құдықтан малын да суармайды, ондай құдығының суын тамшысын қалдырмай түгелдей шығарып тастайтын әдетінен жаңылған емес. Өйткені ол құдықтың суы улы болатынын, онымен сусындаған адам түгілі мал екеш мал да абайламаса төтелей ана дүниеге тартып отыратынын, аман қалса айықпас дертке шалдығатынын да білген. Менің мұным – ұғарға шағар мұңым екені де рас, көретін күнім екені де рас, суы борсып, құлақты бұлағы бітелген, кернеуі кірлеген, тазалығы күмәнді құдықтың суын өзім де ішетінім рас. Ендеше, қаталаған шығармашылдық шөлімді қандыратын кәусарымның көзін аршуға тырысуым – дем жетпегендегі тырбану екені де рас. Өйткені, ән – ауруым. Тыңдамай, не қосылмай өте алман...

Т. Макарская

Аударған: Т. Жаманқұлов

ЖЕЛ ҮРЛЕГЕН ЖАЛЫН

/Огонек на ветру/

Бір бөлімді пьеса

Қатысушылар:

Анна Михайловна Вера – оның қызы Люба – көршісі Маша

Тоня

 Селолық үйдің ас бөлмесі. Сыртқа шығатын және ішкі бөлмеге кіретін есіктер. Терезеге ескілеу одеял жабылған.

 Орыс пеші, оның бұрысына сәтен пердемен перделенген, арғы жағы төсек. Керме жіпте жаялықтар жаюлы.

 Қабырғаға тақалып ұзын орындықтар тұр, үстінде жол заттары және түйіншек жатыр. Орындықтың астында бір бетон керосин тұр.

 Ортада ас столы, айналасында кішкене орындықтар. Стол үстінде керосинмен жанатын май шам, табақ-аяқ. Жол жүрердегі ыбырсыған жағдай, үй иелері көшудің қамында дерсің. Сахнада Анна Михайловна мен Вера. Вера арлы-берлі жүріп жүр, қолында құндақтаулы нәресте, әлдилеп ұйықтатуда. Анна Михайловна заттарын реттеп, керектілерін түйіншекке салып жатыр.

 Вера /әлдилеп/ Орманға да жетерміз, Фашистен қашып кетерміз.

 Анна Михайловна: Мұныңа бала ұйықтар ма, ән салмайсың ба?

Вера: Ән дейсіз бе? /Әндетіп/ Қанды соғыс тоқталар...

Қайтар бәрі еліне ... Жарқын өмір басталар...

 Анна Михайловна: /Юбкасын алып/ Шевиоттан тігілген. Сақтап жүр едім. Әкең айтып еді. «Анна, тұрмысымызды аздап дұрыстап алған соң, саған шевиоттан юбка сатып әперем» – Әперуін, әперді-ау, бірақ киіп, қызығын көруге жазбады.

Вера: Оны да ала жүр.

 Анна Михайловна: Керегі не. Орманда қажеті бола қоймас /Сәл кідіріп, юбканы ұзын орындықтың үстіне қояды/.

Ақырын ғана, бірақ тынышсыздана терезе қағылады.

Анна Михайловна мен Вера үнсіз.

Вера: Біреу келу керек пе еді?

 Анна Михайловна: /сабырмен/ Жоқ... Үйіміз көшеге жақын ғой. Кез келген адам кіре береді де…

Терезе тағы қағылады.

/Вераны тоқтатып/ Мен қарайын...

 Вера: Кейін тұр, мама. /Баланы Анна Михайловнаға береді/.

Анна Михайловна: Верочка...

 Вера: /Терезеге қарап/ Люба-апай?.. Бұл кісі неғып жүр? Анна Михайловна: /үркіп/ Любка?! /Вераға баланы береді/ Қазір ашайын. /Босағаға шығып, Любамен қайта

кіреді/

Вера: Не боп қалды?

 Люба: /асығып/ Ештеңе. Ауылдың бар қатыны бала- шағасымен біздің үйде тығылып отыр. Сенің белгіңді күтіп отырмыз.

 Вера: Сен несіне елпелеңдеп келе қалдың? Рұхсат жоқ қой.

 Люба: Олар жоқ мұнда. Романовтардың шөп қорығын қоршауға алыпты, шыбын ұшырмайды. Меніңше, қару- жарақ, оқ – дәрі таситын сияқты. Күні бойы машиналары тыным таппады. Ал хуторда тірі пенде жоқ. Бірлі-жарымы ған көше бойлап әрі-бері өтеді, болды. Олардың бізді қарауылдайтын жайлары жоқ білем.

 Анна Михайловна: Ендеше сол шөп қорығын қоршай берсін. Ал біз осы кезде тайып тұрамыз.

Люба: Мен де соны айттым, жолымыз болып тұр.

 Вера: /терезеге келіп/ Мен мына одеялды алып тастаймын, жарықты көретін шығарсыңдар.

 Анна Михайловна: Қайтарда бақша арқылы жүрсең көзге түспейсің. Ал, көшеден бәрі көрінеді.

Люба: /Мұңайып/ Күте-күте көзім де талды...

 Вера: Қатындар қажып отырған болар. Келісім бойынша әйелдерді бастап, өзенге бақша арқылы шық. Жағаны қуалай жүрсек, орманға да жетеміз. Онда партизандар күтіп отыр.

Люба: Тезірек сонда жетсек екен...

 Вера: Бәрі де баяғыда келісілген. Текке әбігерленіп керегі не?

Люба: Саспа, қызым..

Вера: Хутордан қаншама адамды алып шығуымыз керек!

Ал, ана сұмдар көшеде тірі тышқан көрсе, құтырып кетеді. Партизандардан жүректері әбден шайлыққан.

 Люба: Мен түнде көзге көп түсе бермеймін. Мына шешең біледі.

Анна Михайловна: Нені біледі дейсің?

 Люба: Қыз кезімде Федормен кездесуге жүгіргенімді айтам.

 Анна Михайловна: Любка! Қайдағыны еске алады екенсің.

 Люба: Әр түн сайын жүгіруші едім. Ал, шешем байғұс мақтанып әлек. «Менің Любкам босағадан аттап баспайды. Өзі піскен алмадай балбырап тұр», – деуші еді.

Анна Михайловна: Туһ! Не деп кеттің?

 Люба: Содан үйден шықпай жүріп-ақ дүниеге Васюткам келе қалды емес пе?

Анна Михайловна: Қойсаңшы енді.

 Люба: /Вераға/ Әлбетте шешем байғұс шашымды әбден тартқылады. Федяның да жотасы иінағаштан таяқ жеді. Бірақ Васюткам шешемнің мейірімін оятып, ашуын басты- ау. /Аздан соң/ Уақыт шіркін де ағын судай ғой, өтті де кетті. Сол Васюткам қазір солдат. Қай жерде...

Анна Михайловна: Оралады, Любаша.

Люба: /жыламсырап/ Бәрі оралмас.

 Анна Михайловна: Біздерге, әйелдерге, қазір жалғыз міндет жүктелген. Ол – бала-шаға қорғау. Бұлар жел үрлеген қызыл шоқ қой. Ендігі өмір солардікі.

 Люба: Өміріміз қалай әдемі болып басталып еді.! Есіңде ме? Сенен басталып еді ғой Аннушка!

Анна Михайловна: Неге менен?..

 Люба: /Вераға/ Бізді колхоз қыламыз дегенде мұнда не болмады десеңші! Романовтардың шөп қорығында жиылыс өтіп жатыр. Сенің әкең бірдеңелерді айтып, даусы қарлықты. Бір қарасам, Аннушка үйіне кетіп барады екен. Ал мұндағы еркектер мен қатындар дауласып әуре. Содан бір кезде, осы Аннушка сиырын жетекте-еп келеді. Ақ сиырын...

 Анна Михайловна: Сиырыма «Звездочка» деп ат қойған едім.

Люба: Сиырым-ақ еді өзі де! Асырап отырған сол емес пе.

Үйде бақандай бес бала. Жиылған жұрт Аннадан көзін алмай, аң-таң болып қалыпты. Ал, ол ақырын ғана, өзі тумысынан момын ғой, «Колхозға жазып жатқан қайсың?» – дейді. Ал қарай ғой бұл қатынға! Сиырын жетектеп әкеліп, колхозға кірмекші! Сол-ақ екен, жын тарағандай, бақсы кеткендей, жұрттың толқығаны басылды да, қорқып жүргендері батыр боп кетті.

 Вера: Сөйтіп, колхозға бірінші боп жазылған болды ғой. Анна Михайловна: Ия, бірінші боп жазылдым. Әр адамның басына шешуші сағат туады. Сол сағатты қалт

жібермеу керек.

Люба: Қой, кетейін. Жарықсыз отырмын.

Анна Михайловна: Терезеңе перде тұт та, шам жаға бер.

Люба: Керосинім бітіп қалған еді.

 Анна Михайловна: Бізден алсайшы /Ұзын орындықтың астындағы бидонды алады/.

Люба: Керегі жоқ. Сонымыз дұрыс та болар...

Вера: Неміз дұрыс?

Люба: Үйден қараңғыда кеткеніміз.

 Вера: Дұрыс айтасыз, солай болу керек. Аналардың біреу-міреуі кіріп қалса, бізді үйлерінде деп ойлауы тиіс.

Үнсіздік

 Анна Михайловна: /Қолайсыз тыныштықты бұзбақшы болып/ Болды-ау деймін, ия, айтпақшы, жарты бидон керосин бар екен ғой. /Вераға/ Тығып тастаса шіркінді.

Вера: Мен ауланың бір жеріне көміп қоярмын.

Анна Михайловна: Қайтып келгенде де керек қой.

 Люба: Барып, қатындардың көңілдерін орнына түсіре тұрайын.

Вера: Белгіні күтіңдер. Енді келме.

Люба: Күтеміз, күтеміз /Кетеді/.

 Вера: Кішкентай кезімде мені үлкендердің, әкемнің атын қосып атағанды армандаушы едім.

Анна Михайловна: Бала біткен үлкеюге құмар.

 Вера: Оны айтпаймын. Құрметтеп, қадірлеп тұрса деуші едім /Баласын әлдилей береді/.

 Анна Михайловна: Жатқыза тұрсайшы. Орманға жеткенде шаршайсың ғой. Ұйықтады ма?

 Вера: Ұйықтады. /Баласын перденің артындағы төсекке жат-қызады/.

 Босағадан Тоня мен Маша көрінеді. Тоня қатты қалжыраған, таяққа сүйеніп тұр. Маша мең-зең, өз ойында. Қобыраған шашына ақ түсе бастапты. Тоня өздеріне назар аударғанын күтіп, үрке қарап тұр. Байқаусызда бұрылған Анна Михайловна бұларды көреді.

Анна Михайловна: Қайдан жүрсіңдер?

Тоня: /селқос/ Сәлеметсіз бе?

Вера: Кімсіңдер?

Анна Михайловна: Бұл жаққа қайдан тап болдыңдар?

Тоня: Эвакуациядан.

Вера: Түнделетіп неғып жүрсіңдер?

 Тоня: Апайым Хабаровскіде тұрушы еді. Шешем эшелонға отырғызып жіберген болатын, ал поезымызды жолда немістер бомбалап тастады.

Анна Михайловна: О, тәңірім, қайда?

Маша: Бомбалады.

 Тоня: /Машаға назар аудармай/ Мен вагоннан шығып, тұра қаштым, ал бұл менің соңымнан қалмады. Аты Маша. Адамдардың барлығы бұл жаққа жоламаңдар, мұнда немістер бар дейді.

Маша: Неге келмеске. Мұнда жақсы, тыныш.

Вера: Тыныш деймісің? Мұнда ма?

 Тоня: Онымен сөйлеспей-ақ қойыңыз. Қайта қазір тәуірлеу. Әйтпесе күні-түні шыңғырумен болған.

Вера: Ауыра ма?

Анна Михайловна: Соғыстың салған жарасы ғой, сірә!

 Тоня: Кездескен кісілердің бәрі «алысырақ кетіңдер», – деді.

Вера: Мұнда да қаптаған немістер.

Тоня: Немістер! Енді қайттік!

 Анна Михайловна: /Стол маңында/ Алдымен тамақтанып алған жөн. Отырыңдар.

Маша абайлап столға жақындайды.

Отыр, Машенька.

 Тоня: Ақшамыз да, киіміміз де, түгіміз жоқ. Хабаровскіде апайым бар... Жалғыз еді...

Анна Михайловна: Не дейсің?

Тоня: /Жылайды/ Мен енді құрыдым.

Вера: Жылама! Көздің жасы адамның жігерін жасытады.

Бір сенің басыңа түскен нәубет жағдай емес.

Маша: /Жайбарақат тамақтануда/ Несіне жылайсың?

Айнала тыныштық. Сондай жақсы.

Тоня: Үніңді өшірші! Жақсы дейді ғой!

Анна Михайловна: /Тоняға/ Кел, отыр. Қайтесің оны.

Тоня: Рахмет. Сіздің атыңыз кім?

Вера: Менің мамам, Анна Михайловна.

 Анна Михайловна: Аня апай десеңдер де болады. Мен сендерге борщ құйып берейін.

Вера: Документтерің бар ма?

 Анна Михайловна пеш үстінен кастрюль алып ыдыстарға борщ құя бастайды.

Тоня: Бар. Қалтамда болатын.

Анна Михайловна: /Тоняға/ Ала ғой, іш!

 Тоня: Рахмет. /Анна Михайловнаның қолынан табағын алады/

Вера: Комсомолсың ба?

Тоня: Комсомолмын. Бірақ қорқам, зәрем жоқ.

Вера: /Қатқыл/ Билетің қайда?

Тоня: Өзімде. Бомбалаған кезде қолымнан тастамадым.

Анна Михайловна: Тамақ іш. Алаңдама.

Вера: Қолыңнан тастамағаның дұрыс болған.

 Анна Михайловна: Бұдан былай ыстық тамақ ішуге жағдай келе бермейді.

Тоня: /іркіліп/ Немене бір жақа кеткелі жатырсыздар ма?

Кетуіміз керек пе?

 Вера: Ертең түгел жиналыңдар деп приказдарын іліп қойыпты. Өткен аптада Заречныйлықтарды да осылай жинаған...

Анна Михайловна: /Сөзді басқаға аудармақ болып/

Киім-кешекті уайымдамаңдар, тауып береміз.

 Вера: /шешесінің сөзін естімегендей/ Қатарға тұрғызып қойып: «Туыстары Қызыл Армияда жүргендер бір қадам алға шығыңдар!» – депті.

Анна Михайловна: Мүмкін, қажеті болмас, Верочка.

Вера: Қажет, мама. /Тоняға/ Содан бәрі де алға шыққан.

Ішінде Ольга Петровна да бар.

Тоня: Ол кім?

Вера: Мұғалима. Күйеуі де, балалары да жоқ болатын.

«Мен, – депті, – жиырма жыл бойы оқушыларымды Отанға деген үлкен сүйіс-пеншілікке үйреттім. Солардың бәрі бүгінде Отан үшін қан кешуде»... Ақыры Заречнаяда тірі жан қалдырмады.

Тоня: Енді қайттік? Не істейміз.

Вера: Орманға кету керек.

 Анна Михайловна: Біздің хутордың бәрі де, солдаттың балалары, солдаттың қалыңдығы, бәрі де бір туыстай болып кеткен.

 Тоня: Маған Хабаровскіге жетсем болды. Ар жағын жаяу жүгірсем де бір амалын табар ем.

 Маша: /Селсоқ/ Қанша жүгіргенмен, ақыры бір тоқтауға тура келеді.

Тоня: Қайда тоқтаймыз! Аузыңды жапшы, осы сен!

Анна Михайловна: Қайтесің! Сормаңдайым-ай!

Маша: Апай! /Анна Михайлованың құшағына тығылады/

Анна Михайловна: /Вераға/ Столды жинастыр.

Вера: Керегі не, мама!?

 Анна Михайловна: /алдағы күнін аңғарғандай/ Бұл біздің үйіміз! Жина дедім мен саған!

Вера: Жарайды, жинармын.

 АннаМихайловна:Менбұларғакиім-кешек қарастырайын /Дәлізге шығып кетеді/.

Вера ыдыстарды жинастыра бастайды.

Маша: Мен көмектесейін.

Вера: Кел, көмектес.

Тоня: Мамам мені эшелонға зорға орналастырып еді...

Тым болмаса сенің жағдайың дұрысталды деп қуанған болатын. Біз болсақ, бомбаның астында қалдық... Алеша енді маған қайда хат жазарын білмейтін болды ау. Мен де оның қайда екенін білмеймін.

Вера: Майданда ма?

Тоня: Майданда. Июльден бері.

Вера: Менікі де сонда. Әкем де. Ағаларым да. Бәрі де!

...Мұндамын, балапаным! /Пердені ысырып, нәрестеге үңіледі./ Ұйқыда. Жылағандай болғаны.

Тоня: /Төсек басына келіп/ Ұл ма?

Вера: Ұл.

Төсекке Маша да жақындайды. Ол да нәрестеге қарайды.

Тоня: Ұйықтап жатыр.

Вера: Өзі сондай тынышты бала, бәрін түсінетін сияқты.

...Ия, әлдиіміз ащы сүтпен ауызданды-ау.

 Маша: Көрпеше! /Төсектен ыршып кетеді/. Онда да осындай көрпеше болған!

Вера: Неге таңданып тұрсың?

Анна Михайловна кіреді. Қолында көкірекше мен орамал.

Маша: Апай?

Анна Михайловна: Не болды?! Мынау көкірекше, саған.

Маша: Нәресте!... Қызыл көрпеше!... Неге?

 Анна Михайловна: Оның әртүрлісі болады. Ұл балада көкшілі, қыз балада күлгіні, кейбіреуінде... /Машаны төсектен алып кетеді. Вераға/ Қымтап қой, ұйықтай тұрсын

/Пердені жауып қояды/.

Маша: Мен көргенмін... қызылын... Тек қайда көрдім?...

Есімде жоқ.

 Анна Михайловна: /Орамалды Тоняға беріп/ Ал сен, мына орамалды жамыл.

Тоня: Рахмет /Орамалды иығына жамылады/.

Вера: Мама, тездетейік.

Анна Михайловна: Боп қалды ма?...

 Вера:Уақытболды/Керуліжіптеннәрестенің жаялықтарын ала бастайды/.

 Анна Михайловна: Кеткеніміз бе? /Орындыққа сылқ етіп отыра кетеді/.

Вера: /Шошынып/ Мама!

Тоня: Сізге не болды?

 Анна Михайловна: /есін жиып/ Сендерге не жоқ? Мен кемпірге не, отыруға да болмай ма? /Орнынан тұрады/ Ал, жиналайық.

 Вера нәрестеге керек заттарды түйіншекке салып, түйе бас-тайды.

Маша стол үстін жинастырады.

 Тоня: /ормалға оранып/ Хабаровскіде терезеге перде де ұсталмайды дейді. Сенемісің осыған?

 Вера: Хабаровскідегі әкелеріміз де, күйеулеріміз де, бәрі де қазір майданда, Тоня.

 Анна Михайловна: Мынаны сен ки, Машенька / көкірекшені нұсқайды. Кетеді/.

 Маша: Рахмет. /Столдан кастрюльді алып, әлденені есіне түсірмек болады/ Кастрюль?!..

Вера: Кастрюль.

Маша кастрюльді стол үстіне қайта қояды.

 Ең бастысы, орманға жету. Көзге түспегеніміз жөн. / Жедел/ Сендерді ешкім байқап қалған жоқ па?

Тоня: Жоқ.

Маша: /селқос/ Бір неміс көрген.

Тоня: Қайдағы неміс?!

Вера: Қай жерден?

Маша: Көшеден.

Тоня: Біз ешкімді де кездестірген жоқпыз.

Маша: Көшеде, орындықта отырған.

Тоня: Жоқ! Жоқ! Мен ешкімді көргенім жоқ.

Вера: Анықтап айтшы. Кім отырды? Қайда?

 Маша: /қатыссыз/ Несі бар? Отырды. Жай ғана. Тыны- ыш.

 Тоня: Тыңдама оны. Аузына келгенін лағып отырғанын қарашы.

Вера: /Тоняға/ Солай деп ойлайсың ба?

Тоня: Ия, солай, ешкім де болған жоқ. Ол айта береді.

 Вера: Бірақ ол, көшеде, орындықта отырған деді ғой. Сен анық ешкімді көрмедің бе?

Тоня: Ешкім болған жоқ деймін.

Вера: /Толқып/ Кету керек. Тезірек.

Анна Михайловна кіреді.

 Анна Михайловна: Жүн шұлықтарды таба алмай жүргенім. Бәрі ыбырсып кетіпті. Құдды магазин дерсің.

Маша: Магазин? Сен дүкенге барасың ба?

Анна Михайловна: Біз орманға барамыз, Машенька.

 Маша: /есі кіргендей/ Мен тұз сатып алмақ болып, дүкенге кеткен едім.

 Тоня: Бұл жынды қылар бізді. Бірдеңелерді біресе ұмытады, біресе қайта есіне алады.

Анна Михайловна: Әзірге асүйде отыра тұралық.

Маша: Ас үй?... Ол қайда?...

Анна Михайловна: Тыныштал, қызым.

Маша: Ал, магазин қайда?

Тоня: Бұл көресіні көрсетер бізге. /Вераға/ Мен кінәлімін.

Қайдан ғана ертіп әкелдім екен?

Вера: Қой, оның не?

 Анна Михайловна: Ия, айтпақшы енді есіме түсті, шұлықтарсандықта екен ғой.

Маша: Апай! Мен сенен қалмаймын.

Анна Михайловна: Мейлі, жүре ғой. Жүр.

 Анна Михайловна мен Маша көрші бөлмеге кетеді. Вера жиналып жатыр. Енді тамақ алып, түйіншегіне соларды салуда.

 Тоня: Шешем байғұс күйеуге шықпай-ақ қой деп, құдайдың зарын қылып еді. Бәрібір айрылысасыңдар деп... Өйткені, Алешаға повестка келген. Сонымен, біздер тоғыз- ақ күн ерлі-зайыпты болып өмір сүрдік.

 Вера: Ал біз дүрілдетіп той жасадық. Менің Володям тракторист еді. Қазір танкист.

 Тоня: Мен ательеде жұмыс істедім. Әйелдер көйлегін тігетін бөлімде. Өзіме тойға арнап, әдемі көйлек тігіп едім.

 Вера: Біздің тойымыздағы қаптаған адамдарды айтсаңшы, аула ішінде биледік. Володя екеуміз ақырында қашып кетуге ұйғардық. Бірақ сол мезетте қырсыққандай, жұрттың бәрі

«ащы-ащы!» деп айғайламасы бар ма? Жібермейді. Мамам құтқарды. Бізде, Романовтардың шөп қорығы деген жер бар. Соған жасырынып кіретін бір құпия жол бар екен. Біздің хуторда оны ешкім де білмейді. Шешеме оны атасы айтқан екен. Содан мамам: «Ал сонда тайыңдар, балалар», – деді. Ех, Тоня, сол түнгі аңқыған шөп иісін айтсаңшы! /Бетіне орақты тақап/ әлі күнге дейін менің шашымнан шөп иісі аңқып тұратын секілді. /Тоқталып/ Қазір сол қорықта фашистер...

Тоня: Қорқынышты.

Вера: Мен педучилищеде оқымақшы едім.

 Тоня: Бәрінің тас-талқаны шықты. Енді ол қайда, мен қайда?

 Вера: Менің – мұғалимам Ольга Петровнадай болғым келіп еді.

Тоня: Енді оның несін айтасың?

Вера: Соғыстан кейін барам!

Тоня: Қайда?

 Вера: Педучилищеге! Володя оралад. Қайтадан: «Сенің шашыңнан шөп иісі аңқиды», – деп аймалайды. Ұлымды өзім оқыған мектепте өзім оқытам.

 Анна Михайловна мен Маша кіреді. Маша түйіншекті, ал Анна Михайловна тон алып кіреді.

 Анна Михайловна: Міне, бұларға да керекті заттар алдым.

Маша түйіншекті стол үстіне қояды.

Ештеңе етпейді қыздарым, ең бастысы – елмен бірге болу.

Тоня: Аня апай...

Анна Михайловна: О, не, Тонечка?

Тоня: Әншейін. Орамалыңыз жылы екен. Рахмет.

 Анна Михайловна: /Вераға/ Әкеңнің тонын жасырып қойсам деп едім.

Маша: Кастрюль!.. Мен макорон пісірмек болғам...

 Тоня: /Шыдамсыздана/ Доғар енді... «Кастрюль», «ас үй», «Дүкен»!.

 Маша: Апай! Есіме түсті. Дүкенге бардым. Кезек көп екен. Кенет, жер қозғалып кетіп, гүрс етті. Тура біздің үйге түсіпті. Жүгіріп далаға шықсам, үйім жоқ. Түсінеміз?

Анна Михайловна: Түсінікті. Енді бәрі түсінікті.

 Маша: Асүйде макарон пісіріп жатқан едім. Леночкам қасымда жатқан болатын. Мен оны қызыл көрпешеге құндақтап қойған едім. Оның көрпешесі қызыл болатын! Есіме түсті! Бәрі де есіме түсті! /Төсекке барып тізерлеп отыра кетеді, қайта тұрады, жастыққа бетін басады/.

Тоня: Маша, тыныштал!

Вера: Мама!.. Сұмдық қой.

Анна Михайловна: Тимеңдер оған.

 Тоня: Мен мұнысын білгем жоқ. Тіпті сұрамаппын да. Басымда жалғыз-ақ ой болды, ол – Хабаровскіге жету болатын.

Вера: Енді қайттік мұны?

 Анна Михайловна: Есі кіреді, қояды. Ана біздің қайыңды қарашы, жай түсіп, өртеніп, бүгіліп жараланған еді. Күн жылысымен-ақ, бүртік жара бастады ғой... бәрін жеңеді. / төсекке отырып, Машаның басынан емірене сипалайды/

Дәлізден ентіге басып Люба кіреді.

Люба: Верка!

Вера: Саған не болған Люба-апай? Тағы келдің бе?

Люба: /ақырын/ Қырсық?

Анна Михайловна: Ақырын!

Люба: Немістердің естері шығып, үркіп жатыр.

Вера: Неден? Кімнен үркіп жатыр?

 Люба: Пешке үймелеген тарақандардай бүкіл хуторды тінтіп, аралап жүр. Менің үйімнің тұсына автоматы бар біреуін қойыпты.

Анна Михайловна: Не болды екен?!

Люба: Өз тілінде оттап жүр. Не дейтіндерін кім білген?

 Вера: Мүмкін, әлгі көріп қалған шығар? Мыналарды деймін,.. әлгі...көшеде, орындықта отырған.

Люба: Кімді көріп қалды дейсің?

Тоня: /кінәлі/ Мүмкін, мен байқамаған шығармын.

Басымда тек Хабаровскі болды.

Люба: Бұлар қайдан келді?

Вера: Эвакуациядан. Поездары бомбаланыпты.

Люба: Тезірек кету керек енді. Вера: Олар сезіп қалған болса ше? Люба: Онда құрыдық, Верка!

Вера: Сабыр ет. Не болғанын білу керек, әуелі.

Тоня: /сенімсіз/ Мүмкін, мен барғаным дұрыс шығар...

Вера: Сен біздің хуторды білмейсің.

 Люба: Барлау – менің шаруам. Мені қараңғыда ешкімде байқамайды.

Анна Михайловна: Сөйт, Любаша, біліп кел. Люба: Эх, маған бір автомат керек болып тұрғаны! Вера: Абай бол, Люба апай!

Люба: Қам жемей-ақ қой. Ал сендер жинала беріңдер.

/кетеді/.

Вера: Айтпақшы, Тоня, азықтарды ала бер. Мама!

АннаМихайловна:/Машанытұрғызбақболып/

Машенька, кету керек.

Маша: /орынан тұрады/ Жуынып алсам ба деп едім...

Анна Михайловна: Дәлізде. Су да бар, айна да сонда.

/Машаның шашын реттеп/ Бар, бара ғой...

 Маша дәлізге шығып кетеді. Вера нәрестені құндақтай бастайды. Анна Михайловна азықтарын жинайды Тоня түйіншектерін түйіп жатыр.

Тоня: Қолымнан келмей жатыр.

Вера: Әлі-ақ үйреніп кетесің. Әкел, мен көмектесейін.

Маша кіреді.

Маша: Менің шашым қап-қара еді, ал енді...

Люба кіреді.

Вера: /Любаға/ Ия? Қалай?

Тоня: Не болыпты?

Анна Михайловна: Қалай, Люба?

Маша үнсіз Любаға қарайды.

 Люба: /аздаған үнсіздіктен соң/ Тұра тұрыңдаршы-ей! Командирге баяндаймын. Партизандар Верканы осындағы бастық етіп тағайындаған. Барлаушының анықтаған жағдайын баяндаймын. Саспаңдар, қатындар! Немістер босқа үркіпті.

Анна Михайловна: Жаратқан, жарлығыңа рахмет!..

Вера мен Люба оңаша шығады.

 Люба: /ақырын/ Жағдай қиын Вера. Өте жаман. Селоны қоршап алыпты.

Вера: Қалай біліп үлгердіңіз?

 Люба: Шатырға шығып ем. Менің үйімді білесің, биікте, ал ай болса жап-жарық. Бәрі де көрінеді. Түгел қоршауға алыпты.

Вера: Қосымша әскері келіп пе?

 Люба: Жоқ. Романовтардың шөп қорығынан қарауылдарын алып тастапты. Бірлі-жарымы болмаса, басқаларын түгел хутордың айналасына тізіп қойыпты.

Вера: Мүмкін, сытылып шығармыз.

 Люба: Қайдам, күзеттері тым жиі тұр. Не істейміз енді, Вера?

 Вера: Романовтардың қорығынан қарауылдарын алып тастапты дейсің бе?

Люба: Түгел емес, бірлі-жарым бар. Енді қайттік?

 Вера: Сабыр ет /қолындағы нәрсеге қарап/. Тұра тұр. Ойлануға мұрша берші. Бір минут. Міндетті түрде балаларды ала кету керек. Кейінірек аттандырамыз.

Люба: Тезірек ойлан. Таң атқанша үлгеріуміз керек.

Вера: Ойланып болдым.

Люба: Не?

 Вера: /Любаға жауап бермей, дауыстап/ Демек, бәрі дұрыс қой?

Люба: /абыржып/ Не дұрыс?!

 Вера: /ақырын/ Үндеме. Адамдарымызды аман-есен алып шығайық. Алып шығамыз.

Люба: Сені ұға алмай тұрмын.

Вера: /дауыстап/ Демек, келістік қой.

Люба: /Түсінбей/ Не жайлы?!

Вера: Менің белгім бойынша адамдарды алып шық.

Люба: Қандай белгі?

 Вера: От,.. жанған отты көре салысымен, дереу әйелдер мен балаларды ертіп, бақшаның ішімен тартыңдар. Солай келісейік.

Люба: Оған енді...

 Вера: Люба-апай, командир менмін. Айтылған нәрсені орында. Таң ата партизандар отрядына жетесіңдер.

Люба: Верочка...

 Анна Михайловна: Немене, Люба бір күдігін бар ма, қалай? Біздің отбасымыз сөзін жерге тастаған емес. Өзің білесің ғой.

Вера: /Любаға/ Бар. Түгел дайын отырыңдар. Ұқтың ба?

Люба: /Ұқпай/ Ұқтым.

Вера: Бар. Бара ғой, Люба апай!

Люба кетеді.

Анна Михайловна: Немістер тынышталған-ау, шамасы?

 Вера: /жауап бермей/ Сен әкемнің тонын жасырып қоям деп едің? Уақыт аз қалды.

 Анна Михайловна: /тонды алып/ Қазір, қазір... /есікке бейттейді/

Вера: /шыдамай/ Мама!..

 Анна Михайловна: /тоқтай қап/ Саған не болды, қызым?..

 Вера: /өзін-өзі ұстап/ Ештеңе де. Тонды ескі-құсқы бірдемемен жаба салсайшы.

 Анна Михайловна: Таба алмастай етіп жасырайын. / Кетеді/.

Вера: Маша!

Маша: Не?

Вера: Ұстай тұршы. /Нәрестені бермек болады./

Маша: /үркіп/ Жоқ!

Вера: /еміреніп/ Ала ғой.

 Маша: /іркіле басып, Вераға жақындайды, нәрестені алып, бауырына басады/ Кішкентайым,.. кішкентай екен ғой, әлі...

 Вера: Аты – Павлик. Корчагиннің құрметіне қойылған. Өскен соң: «Туған жерің?» – деп сұрайды ғой. Ал, біздің хуторды ешкім де білмейді. Тіпті ауданның картасында да ілінбеген. Сондықтан оны қоршауға алу немесе жер бетінен құртып жіберу оп-оңай. Бірақ біз, тірі қалуға міндеттіміз!

Маша: Вера...

Вера: Не?

Маша: Хуторды немістер қоршаған ба?

Вера: Иә.

Тоня: Енді не істейміз?

Вера: Сіріңке берші.

Тоня: Оны қайтесің?

Вера: Әпер деймін. Пештің жанында жатыр.

 Тоня: /пештің жанына барып, сіріңке әкеп береді/ Не істегелі жүрсің?

 Вера керосин толы бидонды алып, дәлізге шығатын есіктің жанына қояды. Орындықта жатқан қара орамалды алып басына жамылады.

Тоня: Тым болмаса шешеңе айтып кет!

 Вера: Үндеме. Енді менің сағатым соқты. Ең бастысы, осы уақытты қалт жібермеу керек. Әйтпесе, кейін өкінішпен қалай өмір сүресің?!.

Тоня: Жібермеймін! Сен абдырамай ақылға сал, ойлан.

 Вера: /жұмсап/ Ойландым. Сен де сүйткенсің. Сен комсомол билетін сақтап қалдың емес пе, Тонька.

Тоня: Иә, әрине. Онсыз бола ма?

 Вера: Дұрыс, құрбым! Белгіні күтіңдер. Мен Романовтардың шөп қорығына кіретін құпия жолды білемін.

Сонда барам. Ал сендер сол арада дереу тарта беріңдер. Тез кетіңдер. Таң атқанша үлгеру керек.

Тоня: Верочка...

Вера: Қимылдаңдар! Сіріңке!

Тоня Вераға сіріңкені береді.

 Мені күтпеңдер. Қуып жетем. Бұл – бұйрық! Володя қайта оралған соң, оған біздің шашымызды соғыс өртеді, енді түтіннің иісі шығады дермін. Кейінірек, дүниеде тыныштық орнағанда, басқа қыздардың шашынан шөп иісі аңқыр... Ал мамама былай деңдер... /ұзын орындықта жатқан юбканы көріп, қолына алады/ Жоқ, ештеңе демей- ақ қойыңдар. /Сәл кідіріп, юбканы түйіншекке салады, бірақ бір бұрышы көрініп тұрады/ Мен қуып жетем /Машаға/ Ал егер кешіксем, Павлик саған аманат, сақтай біл.

Маша: Жақсы, шамам келгенше сақтаймын. Вера киросин толы бидонды алып жылдам шығып кетеді. Тоня: Машенька! Аня апайға не дейміз?..

 Машаның бір қолында нәресте, екінші қолымен кеудесіне басын қойған Тоняны құшақтайды. Анна Михайловна кіреді.

 Маша: /Тоняны итермелеп/ Түйіншекті иығыма іліп жібер.

 Анна Михайловна: Жасырдым-ау әйтеуір! Ескі- құсқымен бетін жауып тастадым. Әкеміз соғыстан келгенде, кім біледі, ол тон әжетке жарап қалар. Вера қайда?

Маша: Кетті...

 Анна Михайловна: /ас үйде бидонның жоқтығын байқап/ Бидонды да ала кетті ме?

Маша: Ала кетті...

 Анна Михайловна: Дұрыс жасаған. Керосиннің босқа ысырап болғаны жақсы емес. Мынасы несі? Жарық қой, деймін. /Терезеге жақындап, пердесін сәл ашады/ О,Тәңірім! Бірдеңе өртеніп жатыр ғой. Вера! Вера! Романовтардың қорығы өртеніп жатыр! /Пердені жабады, түйіншектің шетіне шығып тұрған юбканы көріп/ Бұл не? /Юбканы суырып алып, Тоняға/ Мұны кім салып қойды?

Маша: Вера салды...

Анна Михайловна: ...Қызым,.. Верочка!!!

Асүйге қолында автоматы бар, ентіге басып Люба кіреді.

 Люба: Ал, қатындар! Жолымыз ашық. Тездетіңдер! Романовтардың қорығы өртеніп жатыр. Немістердің бәрі солай қарай кетті. Жел де көтеріле бастады. Енді жетеміз. Автоматымыз да бар!

Маша: Автоматты қайдан алдыңыз?

 Люба: Е, оған менің үйімнің қасына кім кел депті!?. Не керек болды деймін? Үй менікі. Қаруландық деген осы. Қозғалыңдар, қатындар, тезірек!

 Анна Михайловна ас үйден көрші бөлемеге қарай жүреді, қимылдары ұғымсыз. Қолындағы юбка еденде сүйретіліп барады. Ол есікке бара тоқтайды, көрерменге теріс қарап тұр.

Люба: Бұған не болды?

 Маша: /терезеге тұтылған пердені жұлып алады/ Вера белгі берді.

 Люба: Верка!?.. Аннушка... құрбым-ау... /Жыламас үшін аузын орамалмен жаба қояды./

Анна Михайловна терезе алдына барады.

 Тоня: Аня-апай? Мама! Мама, естимісің? Ол бізді қуып жетеді. Бізбен бірге болады. Мен де... мен сіздерден ешқайда кетпеймін. Ешқайда! Мен партизандарда қалам. Мен енді ештеңеден қорықпаймын. Рахмет сізге. Бәрі үшін рахмет, мама!

 Люба: Кету керек, Аня. Балалардың тағдыры мойынымызда.

Анна Михайловна: Иә-иә.

 Люба: Жел тұрса, әуелдегі әлсіз шырақ жалындап, лаулай түседі емес пе? Қаһарланады. Енді өшіру жоқ. Жүрейік, Анна.

Тоня: Люба – апай, автоматты маған беріңіз.

Люба: Ата білемісің?

Тоня: Атқыштар үйірмесіне қатысқам. Білемін.

Люба: Ала ғой.

 Тоня Любадан автоматты алады, иығына түйіншектің біреуін асады.

Люба екіншісін алады.

Тоня: Маша!

 Маша: Мен дайынмын /Көкірекшені киіп, оның етегімен нәрестені қымтайды/.

Тоня: Жүру керек, мама.

 Анна Михайловна: Мен сендердің арттарыңнан барам. Соңынан. Егер Верочка... қуып жетсе... мен өзім қарсы алам.

 Люба: Ол иттердің аузын аңқитып, қалай жетті екен қорыққа?!

Тоня: Апай... ол жолды Вераға мамасы,.. мамам көрсеткен.

 Анна Михайловна: Бара беріңдер. Барыңдар. Мен ақырғы рет қарайыншы. /Терезеге қарайды/

 Тоня, қолында нәрестесі бар Маша, Люба кетеді. Анна Михайловна терезе алдында біраз тұрып, ең соңынан ол да кетеді.

ЭПИТАФИЯЛАР

Әзірбайжан Мәдиұлы Мәмбетовпен қоштасу

АЛЫПТАР ТОБЫНЫҢ АҚЫРЫ ЕДІҢ...

 Қазақ режиссурасының асқар тауы құлады... Өткен ғасырдың алпысыншы-сексенінші жылдарының өнердегі феномені, құбы- лысы, қазақ театрының аспанында отыз жыл бойы жарқыраған, көз қарықтырған құйрықты жұлдыз ағып түсті... Отыз жыл бойы омыраулаған, алдына жан салмаған, бәйге-жүлдені ешкімге бұйыртпаған, алқаланудан еш кемістік көрмеген, өз елінің де, өзге жұрттың да көзайымына айналған хас жүйріктің тұяғы тесілді, аяғына жем түсті... Алыптар тобының көзі мен аузына іліккен, енді өзі де алыпқа айнала бастаған ақсақал шаққа жете бере, сол могикандардың соңынан мәңгілікке тым асығыс сапар шекті... Енді бұл кісі де сағынышқа айналып, сал шекпен киіп, арсыдан арсыға кетіп барады... Ірілігі мен майдалығы, кісілігі мен пенделігі, телілігі мен тентектігі, ұлылығы мен балалығы қатар өрілген пәниінен бақиына аттанды...

 Қош, Әзеке… Қош, Азик аға!.. Ібіліс араласқан түсініспестікпен, біліп-білмеген, ұғып-ұқпаған тайталастар мен текетірестер, айтыс-тартыстар төңірегінде мүлт кеткендеріміз болса – кеш!..

Мен кештім...

Алладан алдың жарық, иманың сәламат болғанын тілеймін... Бақұл бол...

ШЫМЫЛДЫҚ

 Алматы. Тамыз-Қыркүйек,

Фарида Шәріповамен қоштасу

Тұңғышбай әл-ТАРАЗИ,

Алматы. Қараша, 2009 ж.

1983 ж.

ФАРИДА ЖҮРЕК ТОҚТАДЫ...

 ...Қазақ өнері қара шәлі жамылды... Асқақты өнер иесі – нәрлі жүректі, еңбекқор нәзік білекті, нұрлы көзді, сүйрік сезімді, ой- санасы биік, қиял-ғажайыбы жүйрік, қайталанбас хас талант – Актриса өтті дүниеден... Фарида Шарипова бақиға аттанды... Қасиетті сахнаның сандуғашты сазының үні өксіді, кепиетті мекенінің орны үңірейді, ол киген сәукелелер мен сақина- білезіктер, тағынған шолпылар,.. жүрек-орамал оранған қыз-

армандар, әйел-аналар,.. қан сорпалы-азапты рольдер,.. сүрген өмірлер, айтылған жырлар, шертілген сырлар, ақтарылған шерлер жетім қалды... Қан шымылдық қара бояу түрге енді, шаңырақтан жас тамды, көрермен залының самала шамы сөнді... Фарида-өнерпаз, Фарида-сезім, Фарида-ақылман, Фарида-жүрек,.. Фарида-жеңгем сал шекпен киді,.. Сары уайым-сағынышқа айналды... Жоқтардың санын көбейтті...

Бақұл бол, қайталанбас, қайтып келмес қымбат жан!.. Иманың жолдас болсын...

Әдебиет пен өнер – абыройжарыстыратын жер емес…

Асқар Сүлейменов

Тұңғышбай әл-ТАРАЗИ..,

Алматы. Қазан, 2010 ж.

Құдайберген Сұлтанбаевпен қоштасу

ҚАТАРЛАСЫМ, ҚАРА НАРЫМ, ШӨКТІҢ БЕ?!

 ...Қазақ өнерінің қабырғасы тағы сөгілді. Аламан бәйге мен тай жарыста көптен озған әмбебап хас жүйріктің аяғына жем түсті, ажал атты тұтқиылдағы төтелі орға құлады... Құдайберген Сұлтанбай өтті дүние-жарықтан... Әжуаның арланы,

«Тамашаның» тарланы, театрдың тортөбелі тынышталды... Мазасыз жаны жай тапты, сұраусыз өнері әдіра қалды. Есесі кеткен ысқаяқ өмірмен есеп айырысты, Кеңсай жақтан қол бұлғады, көзден ғайып болды, көңілден мекен тапты. Соры қалың Аралдың ары жіңішке ардағы сал шекпен жамылды. Сары уайым сағынышқа айналды, жоқтардың санын көбейтті... Сахна атты сәнді мекенде серіктес болған серім едің, өз жолымызды, ізгі ізімізді салған, үзеңгі қағыстырған қатарласым, қара нарым, шөккенің бе?! Қарасаң көз тоятын, құшақтасаң құшағың толатын, әзілдессең құмарың қанатын, сөйлес қылсаң шерің тарқайтын шермендем.., шырқау биікке кеттің бе, әлде тылсым тереңге баттың ба?! Әлде, бұл өмірден құмарың қанды ма?! Қымбатыңды бағалай алдық па, қадіріңді білдік пе?.. Қалай болғанда да кеш, біздерді, тірілерді!.. Беймәлімге кеттің,

бейопадан өттің! Қош, бауырым!

Жаның жаннатта, иманың жолдас болсын... Бақұл бол...

ЕКІНШІ БӨЛІМ

ШЫМЫЛДЫҚТЫҢ БЕР ЖАҒЫ

(Таңдамалы сұхбаттар, одағай ойлар)

«Нағашың» Тұңғышбай әл-ТАРАЗИ...

Желтоқсан, 2010 ж.

«ТЕАТР – МЕНІҢ ҚАСИЕТТІ ҚАҒБАМ»

(«Егемен Қазақстан» газетіне берілген сұхбат)

Тұңғышбай әл-Тарази...

 Қаншама жылдардан бepi еліне етене таныс осынау есімнің алдына атақ лауазымдарының сөлкебайларын саудыратып анықтауыш қоюдың қажеті бар ма? Белгілі қағидаға жүгінсек, қайта, керісінше, кезінде Тұңғышбай Жаманқұловтай топ жарып шыққан дара дарын иесіне берілгендігі қазір сол атақтардың өзін көркейтіп, беделін көтеріп тұрған жоқ па. Шалдың баласы, Жаманқұлдың

«жаманы» қазақ өнерінің халқы хан көтeріп қадірлеген, жұрты жыртыла айрылып ардақ тұтқан, мемлекеті мойындаған, үкіметі үкілеген жақсысына айналды. Әке-шешесінің тұла бойы тұңғышы, әттең, атасының сүйіктісі болғасын амал бар ма, туған анасы, яғни

«жеңешесі» үшін өмір-бақи «Әйбала» атанған Тұңғышбай. Қазақи ділдің, ағыл-тегіл өлең-жыр мен суырылған шешен тілдің уызына жарыған Мойынты-Шу, Қаратау-Жаңатас өңіріндегі 27-ші разъездің жүгірмегі Тектұрмас әулие тербетіп тұрған Тараз топырағынан түлеп шығып, қазақ өнері мен мәдениетінің ендігі әлетте балталаса бұзылмас тарихына кірді. Ұлттық театр мен киномыздың аймаңдай саңлағы дерлік абырой биігіне көтерілді, тұлғалық дәрежеге жетті. Сегіз кырлы, бip сырлы бекзат болмысымен өнер киесін елжіреп сүйе білу сыйын тәңірім Тұңғышбайға мейірленіп тартқан екен. Мұны да біз жай ділмәрсіп айтып отырған жоқпыз. Тұңғышбай өнернамасы, өнерінен ажыратып болмас өмір тарихы айтқызады бұл риясыз пайымдарды. Осынау әмбебап сырбаз өнерпазда өзінің суреткерлік миссиясын соншальқты нәзік түсінер сезімтал жүрек барлығы да қазақ көрерменінің талай жылдардан бepri көз қуанышы, көңілінің сүйініші дер едік. Өміріңнен ажыратсаң адыра қалатын, жан тазалығының кәусар бұлағынан сусындамаған күні қу медиен шөлге айналар, шындықтан көз жазган шақтарда көрсокыр кереңнен

бетер шошындыратын өнердің киесі мен құдіреті жайында қазақ театры қарашаңырағыньң тұлғалы ұстынындай Тұқаң, Тұңғышбай әл-Таразидың ұстамды да ұста толғaныcтapын тыңдаудың өзі бip ғанибет-ау.

 – Әуел бастан әлхиссалап айтарым, айтып та жүргенім сол, өнер бөліп-жаруға келмейтін біртұтас ғажайып әлем. Оның сала-сала алуан қырлары бір-бірімен жұлын- жүйкедей байланысып жатыр, тарам-тармақтары қан тамырларындай тартылады, оның ешбірін білместікпен үзіп алуға болмайды. Сахнаның сыртында да өмір бар. Екеуі қaқ жарылған сәттен бастап шынайы суреткерлік өлшем өледі. Сахнада тоғышарльқ пиғылға орын жоқ. Сахна – адамзаттың кіршік түсірмей аялайтын ең сұлу да сырбаз сезімдерінің көрініci. Ол арзан ойынның емес, күpсінic аралас көктем көңілдің қымбат күлкінің барқадар тал бeciгi, түcінe білгенге табалдырығынан аттағанда-ақ таңғажайып әлем басталатын театр – киелі, қапиетті, қасиетті Қағба. Мен нақ осындай өнер әлеміне өлердей ғашықпын. Шамамның келгенінше, өремнің жеткенінше мен осы Қағбаның ішінде «ойнауға» емес, өмір сүруге тырысамын. Шығармашылық жолымда бітірген бірдеңелерім бар болса, осының арқасы шығар. Мұндай жанкештілік неге керек десеңіз, бipeyre жағыну үшін, не болмаса көпке танылу үшін емес. Азаматтық сынында арылу үшін керек. Және де биіктік деген асқарды сағыну үшін! Тереңдік деген тұныққа табыну үшін! Шындық деген жоққа сарылу үшін! Тазалық деген тәпсірге бағыну үшін! Мен осы күйікке айналған арман-аңсарларға жетпекші болып шарқ ұрған, сол жолда кей шақта от-жалынға да шарпылған шермендемін.

Тұқа, бұл айтқандарыңызды сіздің өнердегі кағидатыңыз деп білсек, әрбір адам өз кәсібін дәл сіздей құрметтесеші деген ой ұшқыны да біp тасадан қылаң беретіні анық-ау.

 – Таңдағаным кәсіп емес, құдайдың бұйыртқан нәсібі десек, жөн болар. Өстіп жаңылыс басқан қаламгер ағайындарға ылғи осындай түзету жасаймын. Актер,

режиссер, суреткер, жалпы, өнер атаулы мамандыққа жатпайды. Бұл дегеніңіз өмірлік ұстаным. Бүкіл болмысыңды түгелдей, тұтастай билеп, баурап алатын қасиет, саналы сезім, сезімтал сана. Kicілік те, парық та, парасат та осының ішінде. Осы критерийлер тұлғалық деген толағай ұғымға алып барады. Осылардың бәрі менде бар деп күпірлік етуден аулақпын, бірақ Алла-Тағала санама тап осыны түсінетіндей аз-мұз сәуле себелегеніне мың да бip шүкірлік етемін.

– Тұқа, өзіңіз айтқандай, өнердің киелі әлеміне қолыңыздан жетелеп кіргізіп жіберген қамқор ұстаздардың ішінде кімдерді атар едіңіз? Қазақ театрының алыптарынан, могиканның соңғы тұяқтарынан қандай тағылым ала алдыңыз, жаныңызға кімдерді жақынырақ тұттыңыз?

  Бұл арада бip ескертіп қоятыным, «өк деген өгізге де ауыр» демекші, әуелі кім де болса жетекке көнетінді, санасында саңылауы барды, болайын деп тұрған баланы жетелейтінін ұмытпайық. Әйткенмен, өлең жазатын, ән салатын, онша-мұнша пьесаларда ойнайтын өнерім мектеп қабырғасында жүргенде-ақ белгілі болғанымен, мен басқа мамандықты қалағанмын. Сөйтіп, Алланың назары ауған шақта мендей күнәһар пенде табиғат дарытқан бұлан бұлқынысын басып, Жамбыл гидромелиоративтік құрылыс институтында озат студенттердің бipi болып оқып жүрген. Сол бетімде «бөтелкеден жынымды шығарып алмай» оқи бергенде бүгінде сол саланың біркөрме беделден де кұралақан қалмаған белгілі бip маман қайраткері болып жүретініме де күмән келтірмеймін. Өйткені, қолға алған қай icтi де жеріне жеткізер тынғылықтылығым мен жауапкершілігім өзіме аян. Өнер әлемінің есігінен сығалап, қасиетті табалдырығынан аттағаным үшін екі адамның есімін өмір бойы қастерлеп келемін. Есіктен сығалаған қазақтың әне-міне дегенше төрден табылатынына да тipi мысалдың бipi менмін. Инженер болам деп жанығып жүрген менің азап арқалайтын бағыма болар, Жамбылдың облыстық театрына

«Абайды» қою үшін Асекең – Асқар Тоқпановтай өнер

пайғамбарымыздың келе қалғаны тағдыр-талайымды күрт өзгертіп, мүлдем басқа қиянға бастады. Атақты боксшымыз Cepiк Қонақбаевтың әкесінің туған ағасы, мектеп директоры, әдебиет пәнінің мұғалімі Ерімбет Қонақбаев ағайға Асекең:

«Өнерлі балалар театрға келмей жүр. Артисті ойыншық деп есептейді» деп қынжылса, Ерімбет ағам: «Ойбай, Асеке, осындай бip бала бар, өзі әнші, өзі өлең жазады» деп мені көкке көтере мақтайды. Мұндайда қарап тұратын Асекең бе:

«Маған дереу келтір сол баланы!» деп әмір өтеді. Тараздың

«Атшабар» деп аталатын алаңы бар. Қақ төрінде Лениннің ескерткіші болатын, қазір Бәйдібек бабамыз тұр. Сол арада екінші курстың емтихандарына дайындалып жүріп, жаңағы екі ағаға ұшыраса кеткенім. Сәлемімді алар-алмастан:

«Міне, мана айтқан бала осы!» деді Ерімбет аға қуанышын жасыра алмай. Асекең сол арада менімен шұқшия танысып, басын бip жағына қисайтып отырып ұзақ қадалды.

 – Ы, инженер боламын де! Омай шіркін, итырғын инженер сенсіз де аз еді! ...Сен маған кел. Мен сені адам қыламын. Адам! Сен герой болатын немесің. Соны білемісің, ей, тасмаңдай!

 Осы сөздер ішімде ұйықтап қалған сайтанды теуіп оятты. Асекең «Абайдың» репетициясына қатыстырып, Айдардың рөлін берді. Театрдың гастрөлімен біраз жерді шарлап та қайттым. Алты ай бойы Асекеңнің аллажар дәрістерін тыңдап, 69-дың күзінде Алматы консерваториясының актерлік бөлімінің білдей бір студенті боп шыға келдім. Ұлы актриса Хадиша Бөкееваның класы бойынша! Хадиша апай мен үшін ұлы ұстаз да бола білді. Сахна сиқырларын меңгеруге көмектесумен бірге аналық айнымас жанашырлығын да танытты. Екінші курста қолымнан жетектеп «әкемтеатрға» әкеліп, Әзірбайжан Мәмбетовті көндіріп, ілеспе аудармаға отырғызып кеткен де осы кісі. Көп жылдар өткеннен кейін сол әкемтеатр сахнасындағы мерейлі салтанатымның үстінде өз анам Гүлхарамен бірге өнердегі анам Хадиша Бөкееваның қолдарынан ұстай, екеуінің ортасында мейірлеріне бөленіп, қoc анамның құшағында аяланған сәттерімдегі бақытымды қазір ауызбен айтып қалай жеткізермін. Содан сүйікті театрымның майлық-сулығы бола жүріп, әуелінде майда

рөлдер мен массовкаларға қатыса жүріп, қатарымыздан қара үзетін қисынға келгенбіз. Асекеңнің қамшылаулары қорқыныштан арылтқан. Хадиша апай сахна мәдениетіне тәрбиеледі. Там-тұмдап өнер мұратын санамызға сіңіре бастадық. Осы ретте Абай мен Әуезовтен асқан бағдар-меже жоғына көзіміз жетті. Қалыптасып шыңдалу жолдарымда

«Тұңғышбаевский» деп еркелетер Серағаң – Серәлі Қожамқұлов, мені ылғи да «пірсиян» деп атайтын Сәбира Майқанова, баяғының батырындай Ыдырыс Ноғайбаев, зерделі Нұрмұхан Жантөрин, ақылы кенен Кененбай Қожабеков, адуын Әнуар Молдабеков сынды аға ұрпақ асылдарының өнері мен өнегесі, кесек мінездері мен таза табиғаттары бұрын табындырса, қазір сағындырады-ақ.

– Өнердегі өз ұстанымыңыз хақында не айтар едіңіз?

  Жалпы, менің өмірім мен өнерім қамшының таспасындай қатар өріліп, біте қайнасып, сабақтаса дамыды. Өнерге шынайы, ілтифатты көзқарасқа жетудің жөні бөлектігін де келе-келе аңғардық. Ізденіс оқу-тоқу барысында Товстоногов, Ульяновтардың, басқа да ғұламалардың кітаптарын тауып алып оқып, зерделедік. Наполеон айтқандай: «Әуелі ұрысқа кірісіп кет, содан соң көре жатасың» деген кағида театр табиғатына да жат еместігін сезіндік. Халық театрдан не көpгici келеді, сол жоқты сен іздеуің керек. Ол үшін тек сахнада емес, өмірде де ойланып- толғана жүру қажеттігін түйсіндік. Шынайы әртіс сахналық өмірін өз өмірінен алшақтатпайды. Ол өзі бейнелейтін замана құбылыстарын, сомдайтын кейіпкерінің сезім-сырларын өз жүрегінен өткізуі керек. Ұнамды, ұнамсыз кейіпкер деген ескірген ұғыммен мен келіспеймін. Кімді ойнасаң, соның күйін кешуің керек. Жауыздың да өз шындығы, өзінің әділеті болады. Соның шындығы үшін сен де шырылдай біл. Сонда шынайысың, сонда суреткерсің.

 Мен өзімнің шығармашылық жолымда осы ұстанымды айнымас темірқазық eтіп келемін. Осы бағдардан жаңылмай, алғашқы асуларда Луиджи Пиранделлоның «Өгей қызындағы» Директор, М.Әуезовтің «Айман – Шолпандағы»

Көтібар, «Таңғы жаңғырықтағы» Бақтығұл рөлдерін алып шыққан соң біраз жерге шаптық... Хлестаковты да ойнадық. Рөлдің төресі Эдип патша да бұйырды. Цезарьға «Сенбісің, Брут!» деп аһ ұрғызып, аз да болса армансыз ойнаған Бруттың жан сырына бойладым. Қайран «Қаракөздегі» Сырым арқылы Сексен алтының Желтоқсанында отаршы озбырлығына қарсы наразы-назымды ақтарғам. Серке Қожамқұлов, Әнуар Молдабеков, Фарида Шәріпова сынды сахнамыздың сырбаз саңлақтарымен қатар ойнап, өнерде әріптес ретінде бәсекелесу бақытын да иелендік. Сөйтіп, келе-келе театрдағы толғаныстарымды Людовик XIV «күн королінің», Абылай ханның, Кир патшаның, Жәнібек ханның бейнелері тұғырландырып, тұлғаландыра түcті.

– Тұқа, қыран қабақ, құс тұмсық, қия маңдай порымыңыздың өзi де патша көңілмен патшаларды мүсіндеу үшiн жаратылған сияқты-ау, тегі?

 – Бастапқыда мұндай порымның маған қырсығы да тиген. Біраз уақытқа дейін режиссерлер фактурасы қазаққa келмейді деп киноға түсірмей жүрді. Біреулер мені өзбек, қарашай, түрікпен де шатыстырды. Ал, мені «пірсиян» деп атайтын Сәбира апай өмірбаянымдағы құпиямды жақсы білетін. Бұл құпияның мәнісі сол, шешем Гүлхара, шахсауен деген рудан шьққан иран қызы. Бірақ шахсауен дегені парсы да емес, бacқa да емес, қыпшақтардан жасақтаған шаһ гвардиясы екен. Есейгенде мен осы нағашы тегімді мақтан тұтатын болдым. Егер ұл атаулы нағашыға тартатыны рас болса, менің қанымда да, жанымда да ирандық қыпшақтардың табиғаты жоқ деп айта алмаймын. Дегенмен,

«фактурасы қазаққа келмейдісі» де айналып келгенде алдамшы әсер болып шықты. Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тері» экрандалғанда режиссер Әзірбайжан Мәмбетовке

«Мосфильмнен» көмекшілікке келген мәскеулік қосалқы қоюшы Юрий Мастюгин мен автор Әбдіжәміл ағаны көндіріп, бас кейіпкер Тәңірбергеннің рөліне мені таңдады. Қалай болғанда да, шынайы қазақтығымды, қазақи жан- дүниемді сырт көз сұңғыла сыншылдығымен жақсы аңғарса

керек. Отыз жасымда алғаш киноға түciп, таланымды ашқан Тәңірберген бейнесі өзім үшін аса қымбат. Кинода мен мүсіндеген бұдан соңғы бip қымбат бейне – Кейкі батыр. Марқұм Ақан Нұрмановтың «Құланның ажалы» романы көпшіліктің есінде болар. Кейкінің руы Құлан Қыпшақ дейді Қалихан Ысқақов көкем. Олжас Сүлейменов пен Амангелді Тәжібаевтың арманда кеткен арыстан арыс туралы фильмі ақырында «Ақырғы аманат» аталып, атышулы Кейкі Ораз мерген боп өзгерген-ді. Әрине, кер заманға сыймай кеткен трагедиялық тұлға экран мен сахнаға күні бүгінге барша ашынған ащы шындығымен жете алған жоқ. Осы рөлден бастап тарихи тұлғаларға басқаша карап, оларды ұлт тағдырынан бөліп емес, ұлт тағдырының тебіренісіне бөлеп түсінуге тырыстым. Кейкі мені келешекте сәтімен бейнеленген, жеті ғасырдың астынан жан айқайы естілген

«Отырардың күйреуі» фильміндегі қыпшақ Қайырханға, одан Маман Байсеркенов пен Әбіш Кекілбаев пьесаларында:

«Сыртта ылаң, іште жылан, шытырман мен шырғалаң!»,

«Білекке емес, білікке сенер күн туды!» деп толғайтын Абылай ханға, одан Ардақ Әмірқұловтың «Жас Абай» фильміндегі Құнанбайға жеткізіп салды. Мені осы ұлы аруақтар қолдады деп білсем, күпірлігім емес. Сахнада Абылай хан боп салтанат кұрған, Абылай хан кейпінде Нұрсұлтан Әбішұлының құттықтауын қабылдаған сәулелі сәттер сірә да ұмытылар ма! Одан бұрында, 1992 жылдың 16 желтоқсанында, осыдан аттай 16 жыл бұрын, Тәуелсіздігіміздің бip жылдық, тойы үстінде Елбасымыз бip күнгі жарлығымен кеудеме екі бірдей белгіні қатар қадап, Қазақстанның Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атақтарын да өз қолымен табыс етіп еді-ау. Бұрынғы хандарымызды өнерде қастерлеп тірілткеніміз үшін бүгінгі Президентіміз марапаттап жатса, елдігіміздің бip көpiнici осы емес пе деп толғанамын іштей.

Баяғыда «Тамашаны» бастап дүрілдеткен, көңілсіздеу күңгірт шақта халыққа күміс күлкі сыйлаған қайталанбас ғажаптар осынау толағай табыстарыңыздың тасасында қалып қойды деп өкінбейсіз бе, Тұқа?

  •  Оған не үшін өкінбекпін? Қайта «Тамашаға» байланып қалмай, атақ-абыройымыз аспандап тұрғанда содан кетуге ерік-жігер тапқаныма мың шүкір. «Тамашаны» ұнатпағаннан, менсінбегеннен емес. «Іштен шыққан шұбар жыланды» кім жек көрсін. Сол кезде көп келеңсіздіктерді астарлы әзілмен, уытты күлкімен айттық. Күлкінің астында ушыққан үлкен мәселелер жатқанын ел білді. Бұл өзі халқымыздың қалғып кеткен бip алуан өнері болатын. Кезінде Қаллеки мен Серке ағалар театрмен бipre осы эстрадалық жанрды қатар алып жүрген. Құдайберген екеуміз соны тірілткенбіз. Өзгеше өң- пішін бердік. Онымыз халық жүрегіне тез жол тауып, бip-aқ жылда адам айтқысыз танымалдыққа жеттік. «Тамашадан» кетерде көп қиналдым. Бipaқ кетпеске болмады. Себебі, театр мен кинодағы үлкен рөлдер көмескіленіп бара жатты. Содан ішімнен батылдық тауып, шорт кестім. Өйтпегенде, Абылай, Әбілқайыр, Қайырхандарға қолым жетпей қалуы да кәдік еді. «Біз өз миссиямызды орындадық, жас толқынға орын босатайық, бізді басқа ұлы істер күтіп тұр» деп Құдайберген досыма да айтқам. Өз басым «Тамашаға» да тәнтімін, арзанға малданғандай болмай, одан кетуге бойымнан күш тауып, үлкен өнер өpiciнe шыққаныма да ешбір өкінбеймін.
  •  Өзіңіз айтқандай, өнер жолы Алматы мен Қапшағайдың арасындағы тақтайдай тeгic күре жол емес. Желтоқсанда да соққы жеп күйзелгеніңізді білеміз. Оған бола кейбіреулерше декабрист атана қояйын деген сіз де жоқ. Әйтпесе, «Сахнада Ерлерді ойнап жүріп, Айналыпсың, Тұңғышжан, өзің де Ерге» деген ақын ағамыз Рафаэль Ниязбековтің сөзі сөз-ақ. Әйткенмен, өнердегі ең қиын, тауқыметі молырақ болған шағьңыздан бipep ғибратты тәмсіл айта кетсеңіз?
  •  Маған батқаны Желтоқсанда соққы жегенім де, үш әріптің қанымды ішіп тергегені де емес, кейбір ceнiп жүрген ағалардың «Әй, декабрист, өй, ішіңді!...» деп кекеткені еді. Уaқыт – ұлы емші, тыртығы қалғанмен, ол жаралар да жазылды дейікші. Өйткені, өнер адамының тағдыры бәрібір азапқа толы. Бірақ ол iзгi мақсат көздегендіктен де

қайырлы азап, Өз басым М.Әуезов атындағы театрдың директоры, көркемдік кеңестің жетекшісі болған 1993-2001 жылдарды өз өмірімдегі ең ауыр кезең деп есептеймін. Осы кезде өзім азамат ретінде, өнерпаз ретінде, суреткер ретінде қалыптасқан сүйікті театрымды, қазақ өнерінің қарашаңырақ ордасын сақтап қалуға бар күш-жігерім мен ыждаһатымды салдым. Жиған-терген аз-мұз абырой- беделді соның жолына құрбандыққа шалдым. Театрдың ішкі-сыртқы жағдайы күйреудің, құрдымға кетудің аз-ақ алдында тұрды. Моральдық та, материалдық та ахуалы өте ауыр болды. Тұс-тұстан шабуыл көбейді. Осындай шақта жұрттың бәріне жақсы көрінумен, жалпақ шешей болумен жағдайды түзеу мүмкін емес еді. Мемлекетіміз әлі нығаймай тұрғанда ол екіжузділікпен парапар-ды. Елбасымыздан бастап катаң шешімдер қабылдап, қайраттанғанда, сондықтан, мен де белді бекем буғыздым. Бұрынғы атақ- даңктың буына малынып міндетсінуді тыйдым, тәртіпке шақырдым, баяғы еркетотайлықтан арылта бастадым. Мұны бipey түсінсе, бipey түсінбеді. Бірақ мен босаңсымай, дегеніме жеттім. Қиыннан қиыстырып қаражат тауып, тозып бара жатқан театр ғимаратын жөндеп көркейттік, шығармашылық жұмыс та бөлек өреге көтерілді. Отызға жуық отбасы пәтер алды, Үкімет бip тиын бере алмаған кезде демеушілер тауып, бір маусымда 10-11 спектакль қойып, Театр атты ұлы кемемізді нарықтың топан суына тұншықтырмай, аман алып шықтық. Көрермендеріміздің өнерге деген тартылыс күшін әлсіретпедік, халықты өз театрынан көз жаздырмадық. Ақсақалдыққа жетпей қалған кейбір ағалар бұл еңбегімді мансұқтап, пұшайман еткенімен, төккен тер, жұмсаған жігер ақталмай қалған жоқ. Мен соған қуанамын.

  •  Тұқа,көрерменді,әсіресеқазақкөрерменін толғандырып жүрген тағы бір сұрақ. Көп әңгіме болған

«Көшпенділер» фильміне көңіліңіз тола ма?

Шынымды айтайын ба?

  • Әрине!
  • Олай болса, айтайын. Көңілім толмайды.

«Көшпенділер» фильмінің, трагедиясына соның төңірегінде жүрген жігіттердің ұлттық намысының кемдігінен жол берілді деп есептеймін. Осы орайда Елбасы артқан үміт-сенімді ақтай алмай қалғанымызға, солардың санатында жүріп Әбілқайыр ханның рөлін ойнаған мен де налимын. Меніңше, бөлінген ақша абайламай жүріп артығырақ шашылып алынған. Ақырында қаражат жетпей, фильмнің үштен бipi игерілмей, уақиғаның көпшілігі сценарий бойынша түсірілмей қалды. Жұртқа ұсынған мына фильм – Сергей Бодровтың қолда бар материалдан құрап-сұрап жасаған күлдібадам бірдеңесі. Әйтпесе бұл да жоқ еді. «Қазақфильмге» келіп жатқан жаңа басшылық келешекте қазақ тарихын экрандауда ұлт әдебиетіндегі жақсы үлгілерге иек артса, құба-құп. Манадан бepi ащы сынды да, өнердің азапты жолын да аямай түйреп айтып жатырмын. Соны жақсы көргеннен айтамын. Театрды, өнерді, әріптес қауымды жақсы көргеннен. Ендеше, мен әңгімемді қазақ жырының Құлагері Ілияс Жансүгіровтың мына бip шумағымен түйіндейін:

Халқыңның сырын өзің білесің де, Ісіне күйесің де, күлесің де, Қаласың кейде кейіп, кейде мәз боп, Әйтеуір сол халықты сүйесің де!

– Әңгімеңізге рахмет. Өнер жолында өзіңізге табыс тілейміз.

Әңгімелескен Қорғанбек АМАНЖОЛ,

«Егемен Қазақстан». Желтоқсан, 2008 ж.

«ЖАҢА ФИЛЬМ»

журналына берілген сұхбат

  •  Сізді бақытты өнер иесі қатарына қосуға болады ма? Жалпы өнер адамының бақыты неде?
  •  Өнер иелерінің бәрі бақытты, өйткені олар білектің емес, жүректің ісімен айналысады. Ұққанға, өнер – тек жүректің ісі. Ешқашан да, ешкімді де алдамайтын, әйткенмен, өзі көп алданатын жалғыз қорғанышсыз құдірет – жүрек. Бұл өмірде жиі кездесіп жататын түсініспеушіліктер мен ырың- жырың проблемалар мен кикілжіңдер (қажет десеңіз, әртүрлі деңгейдегі соғыстар да) салқын ақылдың салдарынан туады. Әгәрки, ақыл жүректің әміріне бағынып, жиі-жиі қызынып тұрса, адамдар арасында бейбіт ымыра, мамыражай күй орнаған болар ма еді, қайтер еді!? Мені, егер өнер адамы деп есептесеңіз, бақыттылардың ішінен іздеңіз, адаспайтын шығарсыз. Біздер, адамдар арасындағы сол түсініспеушілік пен әртүрлі деңгейдегі келеңсіздіктерді (оған сананың саяздығын да қосыңыз) тақырып етіп, солардың шешімін табу мен себеп-салдарын іздеудің эстетикалық тәсілінің ұстыны арқылы өнер тілімен сахна мен экраннан ақыл емес, уағыз да емес, мұң мен сыр шертеміз. Өнер адамының бақыты қайсыбір саяздар ойлайтындай, атақ, даңқ пен орден, медаль санының көптігінде деу жұмсартып айтқанда білместік. Атақ, даңқ – тек арқадан қағу ғана, бақыт емес. «Бәрекелді, жарайсың» деп анда-санда қолпаштағанға қоқырайып, аспанға ұшып, соны бақыт деп ұғынып, басымыз босқа айналатын болса, онда ол – бейшаралығымыздың дәлелі, санамыздың «семіздігінің» көрінісі. Өнер адамының бақыты сахна мен экраннан сындарлы «сөз сөйлеп», сүйекті рольдері арқылы көрерменнің (халқының деп түсініңіз) көңіліне көркем сезімді көбірек һәм жиірек ұялатуға мүмкіндіктер болғанын сезіну. Екі арада орнаған, көп артистің қолынан келе бермейтін көзге көрінбес көгілдір байланыстардың бақуатты рахатын кешу. Бұл – менің ойым, басқалардың басында не барын қайдан білейін. Өзі атақ пен даңққа белшесінен батып

алып, басқаның бас ауруын түсінбеген соң, ақылгөйсиді дейтін міншілердің уәжіне айтарым, мен атақ пен даңқтың соңынан жанығып, жанұшырып жүгірген емеспін, кезінде оған уақытымның жетпегені де дұрыс болған шығар, әйтеуір

«ауырмай-сырқамай» аман қалдым. Менің атақтарым мені (Аллаға шүкір!) өзі іздеп тапты. Осыны анық білем.

  •  Сіздің пайымыңызда бүгінгі қоғамдағы театрдың алатын орны қандай?
  •  Қоғам деп қай қоғамды айтып отырсыз? Өйткені, жалпы, бүгінгі қоғам мен біздің қоғамның арасында әжептәуір айырма бар. Жалғыз театр ғана емес, өнер атаулының орны сол қоғамның өркениеттілігінің дәрежесі мен көрінісіне тура пропорционалды. Қазақ десең – өзіңе тиеді, «театрға, не киноға барып, демалып қайтайықшы» дейтін, өнерді моншамен, теңіз, курортпен тең санайтын бауырларыма не деп өкпе айтайын. «Құрысын, көрерменнің көңілі қалып қалады, келмей қояды» деп театрдың билетінің құнын 300- 500 теңгеден асыра алмай, ақылы дәретханаға кіретін бағамен барабар болған қоғамда оның қандай орны болушы еді? Атыс-шабыс, кісі өлтіру мен эротикаға көмілген киноларға төлейтін ақшасын санамайтын сайтан өнердің құлдарына бәрібір, Ібілістің арбауына түскен міскіндерді құтқара алмаспыз, сірә. Мен, өзімізден де көп кінә бар, шалалар мен ұрылар жасайтын «қырт-мырт» кино мен олақтар қойған салақ спектакльдерді сөз қылмаймын, таза өнердің тағдырын тілге тиек етіп отырмын. Әлбетте, мәдениеті биік, ұлт ұяты мен тағдыр-талайына берік өркениетті елдерде өнер мемлекеттік идеология орнында, қадірлі де құрметті. Егер Ұлы Өнер әлгі айтқандай ермек үшін, демалу үшін ғана бағаланып, өз қоғамына қажетсіз болса, неге осыдан 2500 жыл бұрынғы құдайлар мекен еткен Грекиядан бастау алған ұлы мәртебелі театр, күні бүгінге дейін өлмей келеді? Өнер деген – қоғамның жүрек қағысы. Қоғам жүрексіз болған сайын мұз құрсанып суына береді. Ал, Сіз болсаңыз оның қоғамдағы орнын айтасыз. Ұққанға, ең алғашқы өнерпаз – Алла-Тағала! Он сегіз мың ғаламды жаратып, топырақтан

Адамды (Ғ.С.) мүсіндеп, оған жан бітіру – өнерпаздықтың ең биік шыңы емес пе!? Пенделер әлі күнге ол биіктікке жете алмай келеді, астағифиралла, жетем деп күпір болмай-ақ қойсын! Бағзы замандағы Бабыл мұнарасының тағдырынан хабардармыз ғой!

  •  Қазіргі ұлттық кино өнерінде режиссерлеріміз кәсіби емес актерлермен жұмыс істейді. Бұл бүгінгі актерлердің осалдығы немесе штампталғандығынан емес пе?
  •  Кәсіби емес актерлермен жұмыс істеуге «құмар» режиссерлер кәсіби актерлерден қорқыққандықтан. Өзінің әлсіздігін жасырғысы келген түрі. Кәсіби актер режиссермен тең суреткер, олардың осыны мойындауға батылдығы мен

«жігіттігі» жетпейді. Сіз айтқандай осал, штампталғандар да жоқ емес шығар, алайда режиссердің мықтылығы соларды ажырата білуде ғой. Көшеден таңдаған актрисасына көңілі толмай өкініп, шынтағын шайнап жүргендердің көбін білемін. Тағы бір қитұрқы себебі, пысық продюссер мен қолы суық режиссер үшін кино түсіруге бөлінген ақшаны ұрлауға кәсіби еместер ыңғайлы, олар бергеніне риза. Ал, қағазда қанша жазылғанын кім біліп жатыр, кәнігі тексерушіңнің өзінің де көзі сүрініп кетеді. Жеке киностудиялардың көптеп ашылып жатқанының көп себебінің бірі осы.

  •  Соңғы уақытта өнер әлемінде сіздің көңіліңізге қандай құбы-лыстар қатты әсер қалдырды?
  •  Журналистің, экономистің, ұятсыздың, дінсіздің, білімсіздің режиссер болып кино түсіргендері! Сынық сүйем сыншылық сипаты жоқтардың жыртық сөздері тыңдалып, «дәурені» жүргені! Олақ режиссердің салақ спектаклінің киелі сахнада «сайран» салуы! Театр атты ұлы орданың ойпаңға орнығып, төңірегіңнің соған көндігіп, түк болмағандай тоқмейілсуі! Осыларды көруге, шара қолдануға тиісті шенеуніктің көзіндегі былшықты шелдің шегендісі! Иә, бұл нағыз «Құбылыс!» Қыңырайып, қисаймай сөйлесем, өнер туындыларынан болып жатқан жаңалықтар бар шығар, бірақ өз көзіммен көрмеген соң, әзірге үнім шықпайды.
  •  Бүгінгі қазақ кино өнерінде қандай жетістіктерді бағалауға болады?
  • Әлем таныған кинорежиссер Ардақ Әмірқұловтың

«Қош, Гүл-сары» фильмін соңғы жылдарғы жетістік деуге әбден болады. Аузы аран, ділі дүмбіл директорға тізесін бүкпейтін тарпаңдығы мен тектілігінен он жылдай ол

«ортадан» жырақ жүріп қалған жігіт болатын. Басқалары да балақтарын түріп, «табандарын тіліп» талай кино түсірді ғой, кейбірі тіпті ұялмай-қызармай Мемлекеттік сыйлыққа да ұсынылған болатын, бірді-екілі ұятсыздар сөре-мәреге сүре-мүре сүйрелесе де әйтеуір, абырой болып өтпеді. Кейінгі жылдары түсірілген қайсыбір фильм-сымақтарды естияр достарым «көрмей-ақ қойғаның дұрыс болар, бекерге

«ауырып» қаларсың» деп кеңес берген болатын, тыңдадым. Сол Ардақтың бір топ шәкірттері үйірімен шұрқырап, білектерін сыбанып кинорежиссураға келіпті деп те естідім, бұл да жақсы нышан.

  •  Әр кезеңнің өз жұлдыздары бар. Кинода, мейлі театрда болсын, нақ бүгінгі күні идеал боларлықтай актерлер бар ма, жоқ болса, неге?
  •  Қайдан білейін, қарағым, театр мен киноңыздың қадірі кетіп, кепиеті азған кезеңде қандай жұлдыз жарқырай қойсын? Өнер өз киесінен ажырап, құтынан айрылған соң, жүнін жұлған тауықтай қыт-қыттағанға кім мойнын бұрар дейсің? Жолдан қосылған «жолбике актерлер» өздерін- өздері жұлдыз санағанмен, олардың жарқырағандарын көре алмаған басқалардың да, менің де көзім соқыр шығар. Өнердің өзі идеал болмай тұрғанда, бұл сұрағың итшілеп жүрген актерлер жайына жауаптауға әл-әзір ертелеу боп тұр- ау.
  •  Режиссер А.Әмірқұловтың «Отырардың күйреуі» фильмінде Қайырхан, «Қан мен терде» Тәңірберген (реж. Ә.Мәмбетов пен В.Мастюгин), «Сардарда»

(Б.Қалымбетов) Шонайды сомдадыңыз. Осы рольдерде ұқсастық бар ма? Қандай заңдылықтарға сүйенесіз?

  •  Ұқсастығы сол – бәрі де менің жүрегіммен жасалып, сол рольдерге деген менің есепсіз, көзсіз махаббатыммен, тәр мен тағлымы батпан менің тәжірибеммен, азын-аулақ жиған-терген менің ақыл-парасатыммен өмірге келген. Мен білетін маңызы бөлек бір-ақ заңдылық бар, ол – қай рольді де оған деген ғаламат ғашықтықпен, ес-түссіз сүйіп жасау керек, аз төледі-ау деп «күйіп» жасамай! Ақшасы аз болса да сол рольді орындайтын актердің ақылы аз болмауға керек, тақымы «баз» болмауға керек, басы «таз» болмауға керек, кешкен «балшығы» саз болмауға керек! Отыздан аса киноға түстім, бірде-біреуінен оңым мен солымдағы жыртығыма жамау боларлық оңды қаламақы алған емеспін, әйтеуір актер жазғанға төлеуге жетпей жататын қарғыс атқыр қаражат. Қайсыбір кездері актерлерден гөрі сейф аңдыған «вахтерлер», вертолеттер мен «ветродуйлер», иттер мен жылқыларға әлдеқайда көп жалақы төленетін жалқаяқ замандарды да бастан кештік. Алайда, тағдырыма ризамын! Тәңірбергенге, Ораз-Мергенге, Қайырханға, Әбілқайырға, Абылай ханға, Құнанбайға, Шонайға да ризамын! Олар мені азаматтыққа баулыды, шыншылдыққа тәрбиеледі, саңлақ суреткерлікке сүйреді, шығармашылдық биікке көтерді! Дүйім жұртымның ду қол шапалағына көмді, егемен елімнің ерек ықыласына бөледі!
  •  «Мен бір күн болса да, әрекетсіз өмір сүргенді қылмыс деп санаймын», – дейді Н.Островский, өнерде бүгінгі күнге дейін түйгеніңіз...
  •  Өнерде түйгендерім мен өмірде «күйгендерімнің» бәрі де өз меншігім... Екеуінің ара жігі алыс емес. Кеше ғана алпысты «аударып» тастадық. Артыма қарайласам, азды- көпті тындырғандарымыз бар екен, тәуба! Сыйландық, сыймықтандық. Отызда орда бұзыппыз, қырықта қыр асыппыз! Елуімізде еңселі, еселі еңбегіміздің арқасында ел есінен орын да алыппыз, Аллаға шүкір! Осы уақытқа дейін

театр мен кинода кесекті рольдеріммен бірге, соңымыздан кезекті шәкірт ертіппіз, кермелі кедергілерге де төтеп беріппіз. Актерлердің алғашқысы болып, кандидаттық диссертация қорғап, Республика Сарайында жеке концерт өткізіппіз. 2001 жылғы «Наз», биылғы жылы жарық көрген екі томдық

«Сөз» атты үш кітаптың авторы боппыз. Түйгендерім мен

«күйгендерім» сонда түзілген, қажет еткендер тауып алып оқыр. «Құрыш қалай шынықтыға» жете қоймаса да, алайда Тұңғыш қалай «тұншыққанынан» хабардар етуге жарап қалар деген есек дәмем бар.

  • Отбасыңыз туралы әңгімелесеңіз...
  •  Ой, менің өз басым мен отбасым жайлы жұрт өзімнен артық біледі. Өсек терген журналист ағайындарыма керекті күйіп тұрған өзгерістер мен шалт қимыл, шалыс қадам, бұрылыс-бұлтақтар жоқ. Сол баяғы – әкемін, жармын, ағамын, көкемін, атамын. Алпыстан асып кеткендерге інімін.

Сұхбатты жүргізген: Гүлзат Мамытова, Т.Жүргенов атындағы

Өнер академиясының студенті.

2 желтоқсан, 2008 ж.

«ШАЙНАЙ-ШАЙНАЙ, ШЫНТАҒЫМ ҚЫЗЫЛ АЛА ҚАН...»

«Жұлдыздар отбасы» журналына берілген сұхбат

  •  Аға, уақытым жоқ дегеніңізге көнбей, алпысқа келді деп алқы-мыңыздан ала түсіп, телефонмен сұхбат алып едік. Сол күнгі соңы бітпей, шолақтау болып қалған сұхбатымызды жалғастырсақ деп едім...
  •  Ақыры, алқымнан ала түскеннен кейін, «алпыс» деп атын атап, түсін түстемей-ақ қойсаңыз да болар еді... Мен

бұл сөзді, жасымды өтірік жасырмақ болып, қыздарша қылымсығаннан емес, алпыстағы адамның алқымынан алдым деген, қазақы тәрбие-ұғымға келіңкіремейтін кедірлеу көрінген сөзіңізге араша түсіп жатқан түрім ғой... Алғашқы сұхбатымыз шолақ болса, шолақ болсын, тек олақ болмаса игі... Әйтпесе, алпысқа келдіңіз деп қадап айтқаныңызға қарағанда, бұл жаста олақ көрінгеннен гөрі, аз айтып, саз шығатын шолақ шыққаны-мыз оңды шығар... Оның үстіне кестелеп сөйлеп кесімді ой тастағанмен, келісіп-құлап, оған тоқтап, сөздің парқын біліп жатқан жамағат та жоқтың қасы десем, ауызды қу шөппен сүрткен болмаспын...

  •  «Сақал бітті деп, ақыл айтудан аулақпын» депсіз бір сөзіңізде. Дегенмен, алпысқа келіп айтары болмағаннан жаман ештеңе жоқ шығар, аға?
  •  Рас, сақал ешкіге де бітеді. Сақалды сәндікке қойып алып, семіз сөйлеп, арық шығып жатқанша, бір елі ауызға екі елі қақпақ та керек кейде... Мұхтар Шахановша шегелесек,

«сақал-шашын күнге ағартқан қарттар бар, жасы жүзге келгенмен». Масқара болып, солардың қатарынан көрініп қалмайын деген сақтық қой менікі. Айтары жоқ, айқайы көп алпыстардан да кенде қазақ емеспіз – ол шындық. Сорақы- сы – ол шындықтың өліммен барабар екенін ұқпайтындар да бар, амал не, қазақ десең өзіңе тиеді.

  •  «Адам алпысқа толғанда қайтадан сәбилік кезең басталады» дейді екен жапондықтар...
  •  Жапондықтарда неміз бар, өзімізді оңдырып алайық та, әуелі... «Алпысқа келгеннен ақыл сұра» деген біздің бабаларымыз. Алпысқа келгендердің бәрінің ақылы тасып бара жатқаннан айтылмаған шығар бұл астарлы сөз... Шамасы, тыңдар құлақ болғаны жөн деп тұр-ау... Алпысқа келуін-келіп алып, айналаңда аға деп сыйлайтын адамның болмай қалғаны қорлық қой. Өнегең ұялы, аузың дуалы болмаған соң, «әй, қойшы сол осырақ шалды» деп тіліп айтатын ділі қатты інілер бар. Қазақтың алпыстағыларына сәбилік емес, сақилық жарасқан...
  •  Тұңғышбай аға, өзіңіз айтпақшы, шыбын жаныңыздың шырылы болып шыққан «Наз» деп аталатын кітабыңызы оқып, «шынымен мынау Тұңғышбай ағаның өмір жолдары ма?» деп таң қалғанмын. Әсіресе, атаңыз бен әжеңіздің сізге деген махаббаты есімде қатты сақталып қалыпты. Бәрінен бұрын кітаптың атауы қызықтырды мені...
  •  Оқысаң – оқығаныңа рахмет, тоқысаң – тоқығаныңа құлдық. Бірақ таң қалдым дегенің көңілге күмән ұялатады... Ойдан құрастырылған шығар деген шайтан ойыңның қылаң беруі мүмкін ғой... Шіркін-ай, адам өмірін ойдан құрастыра алса ғой... Шындығым да сол, шырылым да сонда. Сені таң қалдырған «әртістер да жаза білуші ме еді» деген ойпаңнан келген ойдың өскіні ғой. Есейіңкіреген кезде, көкіректің көзі, жүректің сөзімен жазылған соң, мемуардан гөрі көркем шығармаға көбірек ұқсаңқырап кеткен болар. Көкейкесті мақсат біреуді таң қал-дыру, өтірік қосып ерекше көріну емес-тін, алдыңдағы ақ қағазбен мұңдасу еді. Жазушы болам деп емес, жаза баспай ой бөліссем деген бәдәуи күйден туған тірлік қой.

«Наз» деген атында да гәп бар, кітаптың онша көп емес бетінің бәрін оқып шыққан адамға ғана білінетін одыраңы көп ортама, кедірі мен кежірі мол кезеңіме, тісі мен тізесі батқан аға ұрпаққа деген өкпеге бергісіз інілік наз бар... Ал атам мен әжеме деген махаббатым мен үйірсектігімді үшбу жазбамда онша ұқсата алмадым деп ойлаймын, ойбо-ой, олар бұ дүниеге қайта келмес пірәдарлар еді ғой...

  •  Кітабыңыздың біссімілләсін «Еркектің қоры – күлегеш, қатынның қары – күлегеш» деп бастапсыз. Неге бұлай бастадыңыз?
  •  «Қазақ деген бір ел бар атқа мінген, Жұлдыздар мен жел тілін жатқа білген» деп кестеленетін әнім бар, ақын досым Ұлықбек Есдәулетовтің өлеңімен жазылған. Өзінен сөзі ұзын қазақпыз, артистерді адам қатарына қоспайтын, кезіге қалсаң, «Тамашаңдағыдай» бір күлдірші-ей» деп қақсайтын.

Солардың теріс пиғылына тамызған тотияйын, қыңыр тіліне қадаған тікенім ғой. Ал, қорлық пен қарлықтың не нәрсе екенін ұғатын балаға ұқсайсың ғой, таратып айтпай- ақ қояйын. Ойнасақ та ойлап сөйлейтін, күлсек те кермек көңілді ұмытпайтын елміз ғой. Менікі «жуас түйе – жүндеуге жақсы» деген жөнсіз момындықтан, дарақпайлықтан алыс жүрейік деген арман ғой баяғы...

  •  Жақында өзіңіз кірпішін қаласқан «Тамашаның» тізгінін қолға алдыңыз. «Тамашаның» сахнасында нендей өзгерістер болуда?
  •  Өзгерістер әзірге жоқ, алайда өзгерейік деген «соғыс» жүріп жатыр. Қашан бітері, кімдердің жеңері белгісіз. Менікі қолға алу емес, қолғабыс болу. Жекенің меншігіндегі желкенге қалай ық боларсың? Бастысы, бөстекі былапытқа тосқауыл, әдепсіз әзілге арқан керіліп жатыр. Аңқау елге арамза молда болмай, милы мысқыл мен ақылды әжуаның аулын іздеп жүрміз. Өзгеше порым мен ерекше қалыптың да қосына қонақтаған да – біліктілік.
  •  Тұңғышбай аға, үлкеннің үлкендігі шашының ағымен немесе жүзіндегі әжімімен өлшенбесе керек?! Сіз елдің баласы қызыға қарап, еліктейтіндей дарабоз өнер шеберісіз. Алайда бүкіл ғұмыры сахнада өткен Жаманқұлов үшін осы биікке жету оңай болмаған шығар?
  •  Саналы ғұмырым сахнада ғана өткен жоқ, оның сыртын- да да өмір бар. Екеуі екі жарылған сәттен бастап, суреткерлік деген өлшем өледі. Сахна – керауыз қазағымның қағытып айтатынындай, «демалатын», ойнайтын орын емес. Киелі, кепиетті, қасиетті қағба. Онда «ойнауға» болмайды, шын- дау керек! Көрерменге көріну үшін емес, өнерді басқарып отырған шенеунікке жағыну үшін емес, көпке танылу үшін де емес. Арылу үшін! Биіктік деген асқарды сағыну үшін! Тереңдік деген тұныққа табыну үшін! Шындық деген жоққа сарылу үшін! Тазалық деген тәпсірге бағыну үшін! Мен осы күйікке айналған биіктіктерге жетпекші болып жүрген

шермендемін! «Оңайың» не, қарағым-ау, айтып тұрған?! Со- нан соң, «үмітсіз – шайтан» деген, өмірім өтті деп өкінішке ұрынарым жоқ, алда армандар көп!

  • Қадыр Мырза Әли ағамыз, бізге берген сұхбатында

«Тоқ баладан жазушы шықпайды» деген болатын. Ал, Сіз қандай бала боп өстіңіз?

  •  Шешем мені туғанда қалжа жеген, құнан қойдың сорпасын ішкен. Өзім де әжем Баршагүлдің омырауынан сүт шығарғам, алайда уызға жарымағаннан емес. Шешемнің тұла бойы тұңғышымын, сүтсіз қалар жөнім жоқ. Ақын- жазушылар мен суретші-актерлердің киер киім мен ішер асқа аш болуы міндет емес, олай болған жағдайда отаны мен қоғамына, әлпештей алмаған мемлекетіне сын. Ауызы аққа тимегеннен атпал азамат тууы екіталай. Қадыр ағаның айтып отырғаны – рухани аштық. Суреткер – бірі кем дүниенің орнын толтырмақ боп әлекке түсіп жүрген әпенді. Алланың назары түскен, өзге өлшемдегі адам.
  •  Адам баласының бойында қандай да бір ұшқын жарқ ете қалса, оның бастауын туған жердің топырағынан, өскен ортасының өнегесінен іздеп жатады. Ендеше Сізді Тұңғышбай атандырған қай топырақ?
  •  Тектұрмас Әулие тербетіп тұрған Тараз топырағы. Оңтүстіктің ордалы елі. Ата тегімнен бері тепкілеп тұрған ұлтжандылық пен бауырмалдық. Атам – Жаманқұл-шешен, әжем Баршагүл пірәдар, соғыста қан көрген әкем Қадыр, атам мен әжемнің бар қасиеттері мен өсиеттерін бойына сіңірген шешем Гүлхара. Өзімнен кейінгі үш інім, жеті қарындасым. Өскен ортам Мойынты-Шу, Қаратау-Жаңатас темір жол телімдерінің бойы. Араласқан ауыл-аймақ, бота-тайлақ, құрбы-құрдас, жасы мен жасамысы аралас көрші-қолаң, ағайын-жұрт. Сонан соң, осы қарашаңырақ – М.Әуезов театры, барымен де, базарымен де. Артығымен де, кемімен де. Осында жүріп Өнер атты құдіретпен қауыштым, қауқылдастым. Өстім, өндім, биіктеп-тереңдедім, құладым- тұрдым, оқыдым-тоқыдым, жүрегім жарылардай қуандым,

көкірегім қарс айрылып жыладым! Саязды кештім, тереңге баттым, кеңістік пен тұңғиыққа құлаш ұрдым.

  •  Сіз сан саланың ішінен «Өнер» атты жауапкершілігі атан түйеге жүк артқандай, өзіңіз айтпақшы «күлкісінен күрсінісі көп» кәсіпті таңдадыңыз. Бұл әлем Сізді несімен қызықтырды?
  •  Біріншіден, таңдағаным – кәсіп емес, нәсіп. Актер, режиссер, суреткер деген шығармашылдық; – мамандыққа жатпайды. Бұл әлем – мамандық емес, өмірлік ұстаным. Кісілік. Парық. Қадам. Осы критерийлер Тұлғалық деген ұғымға алып барады. Осылардың бәрі менде бар деп күпірлікке бармаймын, тап осыны түсінетіндей Алла Тағала санама аз-мұз сәуле дарытқанына шүкір. Алайда, мақсат осы. Осыған жетсем деген жетек бар. Рас, күрсінісі көп. Өз бойыңдағы кеміктермен күресу, төңірегіңдегі арзандармен алысу, ұлтыңның таражға түскен тағдыры мен тарихына деген қайғы. Өзің өзегіңмен сүйген, ең таза әлем деп келген, бүкіл өміріңді арнаған, қадір тұтып, қасиет іздеген өнеріңнің кепиетінен айрылып, кем бағаланған, атқа жеңіл- телпекбай күй кешуі. Алдыңдағы ағаның ардың-гүрдіңі мен кейіндегі ініңнің салдыр-гүлдірі санаңа сарыуайым егеді. Атам айтушы еді, «ақмақтың аты арып, тоны тозбайды». Осыдан кейін өзіңіз де ойлап көріңіз, сіз айтқандай «кәсіп» пе бұл, мен айтқандай күрсінісі көп емес пе, қай жерінде күлкі бар?
  • Аға, актер деген кім өзі?
  •  Адамдарға ессіз ғашық азапкер. Ұлтын есепсіз сүйген ұлан. Кезең мен қоғамының мұңын арқалаған шерменде.
  •  «Отырардың күйреуі» фильміндегі Қайырхан роліңіз өте сәтті шықты. Шебер сомдадыңыз. Қайырхан болып мұңға батып, Қайырхан болып күңірену, шегіне жеткізе шерлену Сізге қиын соққан жоқ па?

 Жоқ. Ұлтымның өткеніне өлерменмін. Сол киноға түсіп жүрген кездерде жеті ғасырдың астынан айқай салып тұрған Қайырханның даусын естіп тұрғандай күй кешкем. Мен өзімді өткен заман мен бүгіннің арасындағы өткел сынды сезінемін. Кейде осы мақсат үшін актер болған шығармын деп те ойлаймын. Қайсыбір тоғышар қазаққа қияли көрінем деп әсте қорықпаймын. Жалпы, күшеніп өнер жасауға болмайды. Шын өнер дүниеге оңай келуі керек, толғағы да жаныңды ауыртпағаны жақсы. Көрерменге жағынып та жанталасудың, жанығудың қажеті жоқ. Сыйласа – сый кісімін, сыйламаса – бір кісімін. Патша көңілдері білсін. Тек актерлік шеберліктің өзге, соны тәсілін іздеп, бұрынғы сүрлеулеріме түсіп кетпейін деп әлекке түсіп, азаптанғаным рас. «Сардар» фильмінде де сондай күй кештім.

  •  Бақытты адам деп өмірде жолы болған, кәсібінен бақыт тапқан, жүрегі тыныш адамды айтатын шығармыз. Ал, Сіз үшін бақыттың өлшемі қандай?
  •  Бақ – соқыр. Кім көрінгеннің иығына қона салады. Иығыңа бақыт құсы қонғанын ұғыну да бақыт. Үркітіп алмау – даналық. Құдай кещеліктен сақтасын! Бақытта басқалай өлшем боларын менен гөрі ақылдылар айтатын шығар. Мен жер басып аман, күннің көзін көріп сау, адамдар арасында сәләмат жүргенімді бақыт деп санаймын. Басқасы өз қолымда.
  •  Жалпы, өлеңнен, өнерден бақытын тапқан жандардың көпшілігі өмірден бақытын таба алмай жатады. Кезі келгенде кесек-кесек сөйлейтін ағалар осы сұрақтың аясына келгенде кібіртіктеп қалады. Бұл шығармашылық адамдарының тым талапшыл болғаны ма, әлде аса сезімталдығынан ба?
  •  Екеуінен де. Өнер мен өлеңнен тапқан бақытты азсыну – пендешілік болар. Ол – Алланың дарытқан қасиеті, түсірген назары. Тәубешіл болған дұрыс. Өмірдегі бақытты өнердегі

бақыттан бөле-жара қарау, екеуін екі бөлек әлемнен іздеу де алаңғасарлық. Бақыт деген бір-ақ ұғым емес пе? Ал анда жолым болғанмен, мұнда болмады деген нәрсе – мазасыздық, тынымсыздық. Бұл да өмірге ғашық ететін құдіретті күш, бақытқа талпындыратын серпіліс, ол тек адам баласына ғана біткен қасиет. Бақытқа адам тойған ба, алайда қанағат деген ұғым бар. Бірі кем дүниенің қай кемтігін толтырарсың?

  •  Қазақтың басынан аштық та, тоқтық та өтті. Талай тарихқа арқау болған халықпыз. Сіздіңше қазақ деген қандай ел?
  •  Құдайдың ең шебер жаратқан құбылысы. Алла Тағала қазақты жақсы көреді, еркелетеді. Байқайсыз ба, қапа болғанда сол Құдайдың өзін жерден алып-жерге салатын қазақтан басқа халық бар ма? Бірін бірі шұқылап жүрсін деп қазақтың қолына таяқ ұстатып қойғаны да бекер емес сияқты. Қызығына қарап отыру үшін әдейі істегендей. Өзің айтқандай қазақтың қара басы қайда соғылмады?! Жұбан ағаша сілтесек, мың өліп, мың тірілген! Менің атам Жаманқұлдың тілімен тіліп сөйлесек, тамырына нешеме балта шабылған. Алайда, бір Алланың әмірімен халық ретінде құрып кетпей, өз алдына мемлекет болып, төрткүл дүниені жайлаған сан мыңдаған ұлттардай өз жерінде өмір сүріп, ұрпағын өсіріп, өркениетті мемлекетін құрып жатыр. Тілі де, діні де бар. Ақын-жазушылары, артистері, театры мен киносы, «Жұлдыз» деген де, «Жұлдыздар отбасы» деген жорналы да бар.
  •  Аға, мен сіздің сөз мәйегін ағыза, шебер сөйлегеніңізге қарап таңқаламын. Сөз қадірін білесіз. Актер емес, жазушы болып кетуіңіз мүмкін бе еді?

– Қарағым, маған таң қала бердің ғой. «Хабар» агенттігінен

«Таң қалмаңыз» деген хабарды жиі-жиі қарап тұрсайшы. Олар ештеңеге таң қалмауды үйрететін көрінеді... Сөз қадірін білгеннің бәріне жазушы болу міндет емес. Жазғанды оқи

білген, оны өзің сияқты тоқи білген де бекзаттық. Есте жоқ ескі замандардағы Қараменде бидің шерлене айтарындай

«сөз ем болудан кетіп, ауыздан шыққан жел есебінде болған заманынан» сақтасын... Жоқ, жазушы бола алмас едім. Актер болмасам, инженерлік оқуымды тәмамдап, әуелі бір трестің бастығы, кейіндері әртүрлі деңгейдегі әкім бола алмай қалсам да, олигарх болар едім, оның түк те қиындығы жоқ екен, бетіңді тіліп жіберсе, қан шықпастай қара бастың қамын күйттесең болды...

  •  Барлық нәрсенің өлшемі абырой емес, ақшаға тірелген мына аласапыран заманға қарап отырып, қандай ой түйесіз?
  •  Ой емес, мұң түйемін... Алайда, қай заманда да солай болған. Шығыстың жеті жұлдызының бірі, Әлішер Науаидайын алыпты Бас Уәзірлікке тағайындаған падишах Хұсейін Байқараның заманында да ақша адамгершіліктің алдына шыққан...
  •  «Көбіне рахметтің орнына шапалақ жеймін» дегеніңізге қарағанда көп қиянат көргенсіз-ау деймін...
  •  Көргем, көріп те жүрмін, көре беретін шығармын... Бірінде білімнен тапсам, бірінде тілімнен табамын... Бәріне өзім кінәлімін, шыннан емес, судан тұратын сұхбат беріп, тек жүрсем – тоқ жүрер едім, домаланып көп жүрер едім... Пешенеме солай жазылған шығар...
  •  Абайша айтқанда, Алла азаматты махаббатпен бірге жарат-қан. Өміріңізге шуақ төгіп, көңіліңізге жастық сыйлаған естен кетпестей, жүректен өшпестей махаббатыңыз болды ма?
  • Неге болмасын, ол – өз мұңым, өз бақытым...
  •  Жарыңыз Дәрия өзіңіздің шәкіртіңіз. Жас алшақтықтарыңыз да біршама. Дариядай сұлумен өміріңіздің қосақтасуы тағдырдан ба, талғамнан ба?

де.

– Өз сұрағыңа өзің жауап беретінің жақсы екен... Екеуінен

  • Аға, ұлыдан ұлы туа бермесі анық. Десек те, сіздің

Адам жанының құпиясының кілті әркімнің қолында болса, өмір қызық болмас еді...

26. Жаман мен жақсыны ажырата білу – даналықтың белгісі дейді ғой. Сіздіңше жаман адам мен жақсы адам

жолыңызды қуған перзенттеріңіз бар ма?

 – Жоқ. Болмаса екен де деймін, өйткені аса балажанмын. Мен көрген қорлық пен әділетсіздіктің дәмін ұрпағымның татпағанын қалаймын...

  •  Артысып-тартысып жүріп, алпысқа келдіңіз Қарттықтың аулына сапар шегуге дайынсыз ба?

 – Дайын болсаң да, болмасаң да ол жарықтық қыр соңыңнан қалмайды... Осыны ұққанның өзі дайындық шығар... Қазына шалдық бұйырмай, қазымырлыққа тап болам ба деген қорқыныштың бары рас. Алайда, Алланың жазған, маңдайыма бұйыртқан тағдырына ризамын.

  •  Аға, тіршілік бар жерде кінә бар. Кінәсіз пенде болмайтын шығар. Дегенмен өз қателігін ауыздықтай білу де – ердің ісі. Біліп-білмей шалыс басқан кезіңіз болды ма?

 – Неге болмасын, болды. Адамдар арасында, жер бетінде жүргем жоқ па? Екі аяқты пендемін, түсінбеген, түсініспеген тұстар көп. Шайнай-шайнай шынтағым қызыл-ала қан...

  •  Аға, мен де өзім туралы көп білгім келеді. Бірақ соның тәсілін білмей-ақ қойдым. Сіз ше, өзіңізді толық зерттеген жансыз ба?
  •  Адамның басы – Алланың добы, ал жаны – сол аспандағы Құдірет қана ұғатын тылсым. Құранда «Күн – фаякүн» деген тіркес бар, құпиясын бір Алла ғана білетін. Өзің зерттеп біле алмай жүрген жаныңды өзге қайдан білсін.

деген кім?

  •  Жаман мен жақсы басқа. Жаман адам мен жақсы адам деген бір басқа. Екі дүниедегі жақсы мен жаманды біліп, тануға болар. Ал, адамдардың жаманы жоқ. Өйткені ол – Аллаһ-Тағаланың ең талантты көркем «шығармасы», сүйіп жаратқан пендесі. Тек өзара түсініспеушілік бар. Бәрін бүлдіретін осы.
  •  Өнердің ұсақталып бара жатқан бүгінгі заманында сахнақұдіреті мен актертұлғасынсақтапқалғанөзіңіздей ағалардың барына қуанасың. Бірақ, мәңгілік ештеңе жоқ қой. Үміт артып, «біздің орнымызды ойсыратпайды-ау» дейтіндей, іні-қарындастарыңыз бар ма?
  •  Аллаға шүкір, бар. Қазіргі жастардың, кісілігі былай тұрсын, пірлі дастарханға бата да жасай алмайтын алдыңғы толқын ағалардан еректігі мен айырмашылығы бірден көзге ұрады. Заманның қатігездене, қасқырлана түскеніне қарамастан, бұлар тобашыл, мұсылманшылығы таза. Жұма намазға баратындары, ораза ұстайтындары көп. Діндар болып кетпегенмен, бір құдіретке табыну – бөлек қасиет. Жалпы, ұққанға – дін мен өнердің егіз тұстары жетерлік. Ұқпағанға дауа жоқ.
  •  Аға, қарапайым адамдар өнер адамдарын төбесіне көтеріп, қастерлеп жатады. Бірақ, сол ағалардың жанына жолай қалсаң, бірін-бірі жерден алып, жерге сала бастайды. Өкінішке орай, мәнді сұхбат орнына күңкіл сөз естіп қайтасың. Неге бұлай?
  •  Апырмай, менікі қалай боп шықты екен?! Ол – кезінде тамыры-мызға шабылған кеңестік балтаның іздерінің сырқырауынан ғой... Дегенмен, әр кезеңнің жұқтырған әр

түрлі мерезі бар. Оған күйзелме, қарағым, кешірімді бол. Атам қазақ айтпаушы ма еді, «молданың айтқанын істе, істегенін істеме» деп. Қайсыбір ағаларыңның пендешілігі мен қарадүрсіндігін, арзандығын көріп қалсаң, көзіңді жұма сал, «бес саусақ бірдей еместі» түсінетін ақылың бар сияқты ғой... «Қайсыбірін айтайын, шандыр бетім тартайын» деген екен бір кейуана шешеміз, өзге халықтың өнерпаздарының өздері жайлы да, тұстас әріптестері жайлы да білікті де бауырмал ой таратқандарын естіп те біліп, көріп те жүріп, менің де ішімде қызғаныштың қызыл иті қыңсылайды, амал не...

  • Аға, спортпен шұғылданасыз ба?
  •  Жүгірумен. Нан табам деп... Нанға жағып жейтін май табам деп...
  • Өмірлік ұстанымыңыз?
  • Адалдық.
  •  Автокөлігіңізді өзіңіз жүргізесіз бе, әлде жүргізушіңіз бар ма?
  • Өзім.
  • Сырт көзге сұсты көрінесіз. Түр-түсіңіз кинодағы

«хандарға» ұқсайды. Көптен дара көрінесіз. Кімге тартқансыз?

  •  Кинодағы болса да шүкір... Әкеме тартқам. Шешем солай туған.
  • Тілегіңіз?
  • Елім, тілім, ділім, дінім аман болса екен.

Жылым – тышқан. Жұлдызым – таразы. Сусыным

  • айран. Тағамым – қазақтікі. Актерім – Әнуар Молдабеков. Әншім – Жұбаныш, оның «Ауылым» әні... Спортшым – Марат Мәзімбаев. Ақыным – Ғалым Жайлыбай, Маралтай Ыбырай, Аманхан Әлім. Жазушым – Асқар Сүлейменов, Әбіш Кекілбай, Қалихан Ысқақ, Әкім Тарази, Несіпбек Дәутайұлы. Автокөлігім – Джип. Сыйлығым – Роза гүлі. Иіссуым – DOLCE & GABBANA. Қызық уақиғам көп. Естен кетпес шағым – балалық. Әзіл әңгімем – атамдікі.

«МӨЛДІР БҰЛАҚ»

журналының сұрақтарына жауап

  •  Тұңғышбай аға! Сіз менің атаммен жасты екенсіз. Бірақ, екеулеріңіздің араңыз жер мен көктей. Сіз ғой жап- жассыз. Қартай-мауыңыздың сырын білуге болар ма екен?

Нұргүл Мұхамедиярова, Батыс Қазақстан облысы.

    •  Атаң жастайынан ауыр жұмыста болған ғой, шамасы. Өмірден өз орнын табу оңай шаруа емес адамға, біраз қиындықтарды басынан кешкен болар. Жас кезінде менің құрдасым біраз «сілтеді» ме, бәлкім... Сенің папаң да атаңды ертеректе көп ренжітіп алмады ма екен, соны да сұрашы, қызым. Ал менің өмірім тек қызық пен қуаныштан тұрды деп айта алмаймын, біраз құқайды біз де көрдік. Алайда, соның бәріне түсіністікпен қарауға талпындым, өзімді-өзім мүжіп, қиналып, қажып, жанымды жегідей жеп жанықпағаным болмаса... «Жынды суға» көп үйір болғам жоқ, темекіні де тастағаныма ширек ғасыр болды. Ең бастысы, өзім ұнатқан шаруамен айналысам, айналама әдемі әзілмен қараймын, өзімді- өзім күтем, уақтысында емделем. Жалпы, тәртіпті өмір сүруге тырысам, бір күнімді босқа жібермей, тірліктің тырбаңында жүруді ұнатам, уақытым өтіп барады, қартайып қалдым-ау дейтін ой менде болмайды. Күтініп, таза киініп, ылғи да күлімдеп жүрген соң, солай көрінетін

шығармын, әйтпесе соншама жас көрінбейтінім ақиқат қой, сенің атаң да сақал-мұртын қырып, қатқан костюм киіп, әдемі галстук тағып алса, онша айырмамыз болмайтын шығар...

  •  Менің әртіс болғым келеді. Ата-анам «бүгінгі заманда әртіс болып күн көру қиын. Театр – үлкен қалада, спектакль ешкімді қызықтырмайды. Киноға түсу оңай емес, әнші көп» дейді. Сіз маған қандай ақыл айтасыз?

Мадина Баймағамбетова, Оңтүстік Қазақстан облысы.

  •  Қызым, ата-анаң өте дұрыс айтады. Егер «күн көру үшін» артист болам десең, ата-анаңның айтқанын тыңда. Рас, артист болып күн көре алмайсың. Өнер – білектің ісі емес, жүректің ісі. Ақшаны «білекпен» табады, ал жүрекпен... тек мұң арқалайсың. Жалпы, өнер жолы – ауыр жол, соған шыдас бере алатындарға ғана оның құпия кілті ашылады. Қазіргі заманда өнер қоғамның ең соңғы орнында. Өнерді бағалау, таланттыларды қадірлеу – алдағы болашақтың ісі шығар. Театрдың, киноның тасы өрге домаламай тұрғаны да рас, өйткені олардың басы-қасында қолы мен пиғылы таза емес, тек өз қара басының қамын күйттейтіндер көбірек. Өнерпаздардың, яғни актерлердің көбінің көңіл күйі пәс, еңбегі орынды бағаланбаған соң, қоғамына қажетсіздігін сезген соң, таза өнер жасауға құлықтары жоқ, тіпті бала-шағасын қалай асыраудың амалын таппай әлек боп жүргендері мол. Ал, «жолыңды болдырып, тасыңды өрге домалататындай» жоғарғы жақтан тамыр- таныс, әкім-қаралардан дос табу – ілуде бірінің ғана қолынан келеді. Бұл – «заманың түлкі болса – тазы боп шал» деген мақалға орай айтылған наз ғой. Біле білсең, өнерпаздық пен түлкі бұлтаңдық үйлеспейтін ұғымдар. Осылардың біразына көндім деп өзіңді өзің азапкерлікке қисаң – кел өнерге, әйтпесе, басыңды ауыртпай-ақ қой, қарағым...
  •  Аға, біздің үйдің үлкендері «Тұңғышбай мен Құдайберген болмаған соң, «Тамашаның» сәні кетті», – дейді. Теледидардан алыстауыңыздың себебі не?

Елдос Тоқтарбаев, Алматы облысы.

  •  Мен баяғыда кеткем ғой, Құдайберген ағаларың сол сәні кеткен «Тамашаның» соңынан біразға дейін салпақтаған... Әр нәрсе – уақы-тында, қарағым...

«Жігітке – жеті өнер де аз» дейді, біздің аталарымыз. Тағы да «Өнерді үйрен де – жирен» деген нақыл сөзі бар. Бір нәрсені шиырлап езе бергеннен ештеңе шықпайды, ол отауды қарапайым телехабардан үш мың адамдық Республика сарайына жеткізіп салып, қимасам да қош айтысқан едім... Құдекеңе де сол жолды таңдауын қалап кеңес бергем, «бір сарындылыққа, қайталау жолына түсіп кетуің мүмкін, ойлан» деп, көнбеді, өз ақылымен іс қылған шығар... «Мені тастап кеттің» дегендей, біраз жыл бұртиып жүрген. Ал, мен бір ғана «Тамашаны» төңіректеуді аз санадым да, онысына онша мән бермей, театр мен кинодағы шығармашылдық өмірімді жалғастыра бердім. Ақыры, Абылай хан мен Әбілқайыр хан, Қайырхан мен Құнанбай, Ораз Мерген мен Шонай, Сырым мен Ақан Сері, Эдип патша мен Брут сынды кесек рольдерім дүниеге келді... Театр сахнасында «Томирис»,

«Қазақтар», «Турандот ханшайым», «Тұзды шөл» сияқты сүйекті спектакльдерге режиссерлік еттім, «Өнер адамы» атты жеке эстрадалық ән кешімді өткізіп, альбом шығардым. Алғашынада «Наз», кейіндері екі томдық

«Сөз» деген атпен, әрқайсысы 21-22 баспа табақтық үш кітап жаздым, өнертану ғылымынан диссертация қорғадым... «Тамашада» талтаңдап жүре бергенімде осылардың бірінің де іске аспауы әбден мүмкін еді. Теледидардан емес, «Тамашадан» алыстауымның ең негізгі себебі осы, шығармашылдықтың шырқау биігіне талпынудан.

  •  Тұңғышбай аға, бұл Сізге жиі қойылатын сұрақ шығар. Балалық шағыңыз жайлы әсерлі етіп айтып беріңізші.

Толғанай Асылханова, Шығыс Қазақстан облысы.

  • Иә, өте жиі қойылатын сұрақ, сондықтан да менің

«Наз» деген кітабымды тауып алып оқысаңдар, қомақты жауап алар едіңіздер, амал не оны табу қиын... Ауылда өстім, теміржолдың бойына орналасқан кішігірім, қазыналық үш- төрт үйден тұратын разъезде. Атам мен әжемнің тәрбиесінде болдым, бала-бақша көргем жоқ, әртүрлі алабажақ ойыншықтарым да болған емес, әкем анда-санда ағаштан жасап беретін мылтық, арба, машина сияқты қарабайыр дүниелерді қоспағанда... Үйдегі балалардың үлкені болған соң, көбіне жападан-жалғыз ойнайтынмын. Өткен-кеткен поездарға қол бұлғап, айдалада арман қуып, атамның дастан-жырлары мен әжемнің ертегісін еліте-елжірей тыңдап, тұйықтау, қиялилау болып өскенім рас. Әжем екеуміз енелерінен ажыратып қозы бағатынбыз, ол кезле қазақ қой сауатын, оның айраны керемет қою болушы еді... Теміржол бойымен көше берген соң, он шақты мектептің есігін аштым... Алайда алғашқы, кейінгі ұстаздарым есімде. Жоғарға сыныпқа барғанда әдебиетке құштар болып, біраз кітап кемірдік, өлең де жазған кездерім болған, біразы аудандық, облыстық газеттерге шығып көрген. Айта берсе таусылмайды ғой, балалық шақ деген адам болып қалыптасудың басы, азаматтықтың алғашқы апыл-тапыл баспалдақтары емес пе...

  •  Аға, әртіс болу бала кездегі арманыңыз ба? Өзіңіз қандай мамандықты таңдап едіңіз?

Бақытбек Бақытқалиұлы, Ақмола облысы.

  •  Бала кезде адам арманмен өмір сүреді. Арманның шегі жоқ болатын, бүгін шофер, машинист болсам деп, ал ертеңіне ұшқыш болуды армандайтынбыз. Кейіндері математик, географ, химик, ақын болғымыз кеп те талай

жерге барғанбыз... Жақсы көретін ұстазымызға еліктеуші едік, әрі сол кісінің сабағын жақсы оқуға тырысатынбыз... Біздің кезіміздегі ұстаздар парасатты сияқты көрінуші еді, амандасқанда міндетті түрде бас киімімізді шешіп амандасатынбыз. Кейіндері ес кіре бастағанда әдебиетші болғым келді, сосын үнді фильміндегі Радж Капурға

«ғашық» болдық та, киноға түсуді армандадық. Әдебиетке, жыр-дастандарға, ақындарға құмарлық – ақыры, солардың бәрінің басы қосылатын үлкен өнерге алып келді ғой... Өнер жолы ауыр болғанмен, балалық, таза көңілмен, ол ауыл әділетті, таза деп ойладық қой, қайдан білейік... Сөйтсек, өмір деген нәубеттің өз бұралаңдары, өз қулық-сұмдығы, өз заңы бар екен...

  •  Тұңғышбай аға, Сіз қазір «Әл-Тарази» атанып жүрсіз. Ата-тегіңізді өзгертудің маңызы неде?

Әлішер Саламат, Оңтүстік Қазақстан облысы, Сайрам ауданы.

  •  Ресми құжаттарымдағы ата-тегім өзгерген жоқ, тіпті орысша ұғымдағы «Джаманкулов Тунгишбай Кадирович» дегенді де өзгерте алмай қалдық. Қазақы ұғыммен ата- тегімізді қалай жазуды әлі де оңтайластырып болған жоқпыз ғой. Біреулер «тегі», енді бірі «әулеті», қайсыбіріміз «ов, евтен» құтылудың жолы осы екен деп, атасының атын тоқ еткізіп жазып жүр ғой. Ол жалғау-шылауы жоқ қаптаған аттардың қайсысы өзінікі, қайсысы атасыныкі, қайсысы әкесінікі екенін ажыратып алу қиын. Мен, ойлай-ойлай, бағзы заманғы шайыр, жырау, оқымысты болып, бүкіл әлемге шығыстың ұлылығын танытқан бабаларымыздың үрдісімен туған топырағымның атауын әдеби-мәдени бүркеншік етіп, орысшасы литературный псевдонимдікке таңдадым. Мен ежелгі, екі мың жылдан астам тарихы бар, қасиетті Тараз топырағынан жаралғанмын, және оны орынды мақтан етем. Сондықтан да «Тұңғышбай әл- Тарази» аталып жүрмін, мән-маңызы – Тараз топырағынан бастау алған Тұңғышбай болып шығады, онша жаман емес сияқты. Ал, атам Жаманқұлды, әжем Баршагүлді,

әкем Қадырды ерекше ардақ тұтам, олар да сол Тараз топырағынан жаралған.

21 қаңтар, 2009 ж.

«КЕШЕГІ БИІКТІК – БҮГІНГЕ ҚӨЖЕ ҚАТЫҚ БОЛА АЛМАЙДЫ»

(«Алаш айнасы» газетіне берілген сұхбат)

  •  Тұңғышбай аға, біз сіздің алғашқы режиссерлік туындыңызға дайындықтарыңыздың үстінен түскен соң, әңгімемізді де осы тұрғыда бастасақ. Халық Түңғышбайды актер ретінде таниды, режиссерлік сіздің өмірлік тәжірибеңізден туды ма, әлде өнеріңіздің жаңа қыры ма?
  •  Халық мені біраз қырымнан таниды деп білем. Алайда, «Алаш айнасы» әлі жас, ысылмаған басылым болғандықтан, мені онша біле бермейтіндігі бірінші сауалының өзінен байқалып қалды. Мен режиссер ретінде осымен алты қойылым қойған адаммын, және талай ішкі фестивальдарымызда талай рет «қанжығамды қандап», жүлде де байлағанмын, қазымырланып, оның бәрін қаза беріп қайтейін. Бұрынғы бесеуінің бәрі де айналамды аузына қаратты демейін, әйткенмен, қазақ көрерменінің көңілін қылп еткізгені өтірік емес-ті. Оның төртеуі осы Әуезов театрының сахнасында жарық көрген, өздеріңіз айтқандай, «үстінен түскен», әзірше дүниеге келе қоймаған

«Аршын мал аланды» қоспағанда, мен сахналаған үш спектакль күні бүгінге дейін «әкемтеатрдың» сахнасынан түсе қойған жоқ. Ақыры хабарларыңыз жоқ екен, атын атап, түсін түстеп айта кетейін. Олар – кезінде Т.Жүргенов атындағы өнер Академиясындағы шәкірттерімнің күшімен оқу театрының сахнасына шығарған жалпы нобайы оннан асып жығылатын дипломдық спектакльдерді есептемегенде, аты бүкіл әлемге мәшһүр италия классигі Карло Гоццидің

«Турандот ханшайымы», мысалы, 1994 жылдан бері Алматы

көрерменінің көзайымы болып келеді, қырғыз драматургі М.Ғапаровтың «Тұзды шөлі» – 1995 жылы, Шахимарденнің

«Томирисі» – 2000 жылы, Қ.Ысқақ пен сол Шахимарденнің

«Қазақтары» – 2006 жылы, Д.Исабековтің «Бонапарттың үйленуі» атты комедиясы – 2005 жылы Орал театрында сахналанған. Енді міне, өзім – өз, екі көзім төрт болып, сәті түсер сағатын сегіз жыл күткен, сөзін де музыкасын да өзі жазған әзірбайжан халқының классигі, Гүзейір Гаджибековтің бүкіл түркі әлеміне ортақ, дүние жүзіне атышулы «Аршын мал аланының» кезегі келді-ау әйтеуір. Мұнда ұлы түркіден тараған ұлыстардың әмбесінің жанына жақын ән де, күй де, би де, әдемі әзіл де жетіп артылады. Бұл шығарманың бірден-бір артықшылығы сол – әлі күнге шырайы кеппеген, шығыстық мәдениеттің шуағы кетпеген түркілік менталитеттің мәуесі мөлдіреген күйі молынан келген. Қазақ сахнагерлері бұл туындыға талай рет ат ізін салған болатын. Әр жылдары Тараз театрында, Семей, Қарағанды т.б. аймақтардың өнер ордаларында қойылған, естияр елге етене таныс туынды ғой. Енді міне, әйгілі

«әкемтеатрдың» да сахнасына сапар шекпек. Сұрағыңыздың келесі тұспалына көшелік. Режиссерлік деген – я хобби, я кәсіп, сіз айтқандай «қыр» да, я болмаса еріккеннің ермегі- дүр де емес, ол – өмірлік Ұстаным, ол – Қадам, ол – өзге Өлшем, ол – сындарлы суреткерлік Сүре! Мен торта танитын, қорқа табынатын режиссура – осы «ауылдан ас қорытып» жүрген қайсыбіреулер сынды, автордың қағазға түсірген уақиғасын сол күйі, тым болмаса «умаждамай» сахнаға көшіре салу, немесе, аңғал актерлерге сөздерін жаттатып қойып сахнадан сыдыртып айтқызып шығу ғана емес, арман- тілегі мен көрген-білген-түйгенін, парасат-пайымы мен уайымын алдындағы ақ қағазға «шағынған» драматургтен кейін, азаматтық жүрек қанымен, суреткерлік жанымен, кісілік тезінен, көкірек көзімен қараңғы сахнаға қайтадан қанмен «жазып» шығу. Және де дәл уақтысында, тура кезі келгенде! «Кезі келгенде» деп мен, сегіз жыл сарылып күтіп сарғайғанымды сөз қылып отырғам жоқ, кезегін емес, тезегін де емес, кезеңін айтамын. Қазақ айтады ғой, «кезінде айтылмаған сөздің атасы өледі» деп, суреткерлік сөзімнің

талайы айтылмай қалып, атасы өлген, айтылса да естір құлақ табылмай, шерменде күйлі шемен болған кезім мен кезеңім көп менің, оның қайсыбірін айтайын! Осыдан кейін дөнен көңілдік ермектен туды ма, әлде кемел өмірлік тәжірибеден туды ма, саралай беріңіз. Жалпы, білектің емес, жүректің ісі боп есептелетін өнермен «ойнауға» болмайды ғой, оны еріккеннің ермегі сынды ойыншық ету де күнә. Абай хакім не дейді, «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін»..

  •  Таңдауыңыз неге «Аршын мал аланға» түсті? Шығарма туралы бір ауыз айта отырсаңыз.
  •  Біраз себебін жоғарыда қопарып кеттім-ау деймін. Шығарма сонау 1913 жылы жазылып, Отан соғысы жылдарынан соң, осы аттас кино да түсірілген. Кеңес кезінің өнеріндегі ең үлкен шығармалық уақиға боп есептеліп, кезінде мемлекеттік сыйлық та алған. Сонан соң, Әуезов театрындағы актерлердей азапкер, әмбебаптар бүгінде аз. Кейінгі кездері бір топ жастар қатарымызға қосылып жатыр, солардың дені музыкалық комедия бөлімін тәмамдаған жоғары білімді жас өрендер – әнге де, биге де икемі келген талапты артистер. Солардың «қамау терін» аларлық, яғни ертеден салсаң – кешке, еңістен салсаң – төске оза аларлық, аламан бәйгіге шыдас берерлік шын жүйріктерге жарасар шығарма – осы «Аршын мал алан». Бүгіндері бұқаралық ақпарат құралдарының беттерін басып кеткен «дағдарыс-дағдарыс» деген пәледен елдің есін жиярдай, басқа басалқалы дүниеге, яғни өрелі Өнер әлемінің төңірегіне телміртердей қарекет керек сияқты. Саясаткерлігім ұстап отырғам жоқ, алайда қарызын төлей алмай қарманып, кредитін уайымдап зарланып, күңіреніп жүрген қаймана жұрттың көңілін әсерлі әуенмен, өрнекті өнермен аулап, шегенді шер түбіне емес, әуелеген ән, әспетті әзілмен өрілген ордалы ой түбіне шөгеру ақыл ма деймін. Содан соң, ұжымымыз «Әкемтеатр» дегенге әуейіленіп, ылғи да бір қайғылы хал, тарихи трагедия, пәлсәпалық драма,

кейде өз атына сай емес босбелбеу бәдік дүниелер ғана шертілетін шаңырақ қана емес, төрткүл дүниедегі заманауи театрлар сынды текті, өзекті, кесекті жанр деп есептеліп, ерекшеленіп жүрген мюзиклды да қоя алатын эстетті, синкретті сәйгүлік екенін еске салу да санада бар.

  •  Өткен жылы алпыстың асқарына келіп, мерейтойыңызды атап өттіңіз. «Парасат» орденіне ие болыпсыз. Құтты болсын! Қазақта «Алпысқа келгеннен ақыл сұра» дейді ғой. Біз сізден өміріңізден түйгенді сұрасақ...
  •  Өзін ақылды санайтын надан көп болғанмен, ақыл тыңдайтын адам азайған заман ғой қазір, мен де қайбір жарытар дейсің... «Тобықтының езіне» сөзі де, өзі де қор болған хакім Абай да сол бір адыра қалатын алпысқа келмей, ана дүниеге аттанып кеткені ақыл болған ба деп те қаласың кейде... «Еліңде ақылды қарт болса, жазылған хаттай емес пе, қажырлы жас болса, ерттеулі аттай емес пе» деп, тілегі терең, арманы арлы, аузы дуалы ақсақалын алқалап, марқаятын қазақ едік, кеңес кезеңінің санаға әбден сіңіп қалған күрмеулі кендірінен бе, әлде кежегесінен кейін тартқан кежір ұрпақтың кезегі келді ме, қайдам, әйтеуір алпысқа келгендерді іске алғысыз етіп аспаннан қарайтын заман болды ғой. Әй, бірақ, бәрі демейін, ақсақалдық түгіл аға бола алмай жүрген шал-шауқандар да шаш-етектен ғой, қазақтың қазына шалының қадірін қара бақыр еткендер де бар. Сондықтан болар, бұл жасқа келгенде ақыл айтудан гөрі, айналаңдағы алаңғасарлар амандасуы былай тұрсын, аттан қашан аударып тастар екен деген сынды тақыл-тұқыл күй кешетін болдық. Алды-артын ойламай арпитын, құқайыңыз түгіл, құдайдан да қорықпай қарпитын ардың-гүрдің апайтөс, Момышұлы көп айтатын шантрапалардың, жас максималистердің күні туғандай. Шала экономист, шарғы культуролог, дүбәрә делдал, дімкәс басшылар мен аран ауыз шенеуніктің

шіренген заманы. Елін ойлап, ұйқы-күлкі, мазадан айрылған Елбасының ерік-жігерін құм, талап-тілегін құр ететін жүрек жұтқан жылмаңдар жер үстінен жойылмай, ел үстінен есепті байыған байшыкештердің ұлтына, жұртына деген ессіз махаббаты мен патриот- пәтігі парасаттанбай көңілден күдік, сезімнен күп айықпас. Мені, өнерім – өмірім, парқым – халқым, жұртым – жұлыным деп білетін өнердегі ұлан-ағам деп есептесеңіз – ең бірінші қайғы-мұңым, шер-шеменім, ой-пайымым, тырбаң-түйгенім осы. Білгенге ел мен ұлт қамы – биіктегі саясаткерлер мен министрлердің ғана бас ауруы, жастық көрмес жарғақ құлағы емес, төменде жүрген біздің де балтырымызды сыздатып, жанымызды жейтін жегі. Өткен – өтті, оны жыр ғып айта бергенше, бүгін мен ертеңді қам қылсақ жөн- ді. Ал, Аллаһ-Тағаланың жеткізген алпысымен және азын-аулақ еңбектерімді, жол-жорамды Мәртебелі Президентім ерекше елеп-ескеріп, кеудеме таққан

«Парасат» орденімен құттықтағандарыңызға рахмет! Екі ортада «ойдан шығып қалған» он жеті жылдан кейін, маған адаспай жеткен марапатқа дән ризамын, шүкір! Бұны да маған көп көріп, қарсы болып, көзге көрінбес кермелі кедергілер жасап бағып, түртіп- телефон шалып, бұтадан бұқпантайлаған Батыраштар да болған көрінеді, қазақпыз ғой, алайда түбі қайыр, Құлагерім сүрінбепті!

  •  Сіздің кинода сомдаған хандардың рөлі өзіңіздің тұлғаңызға сай, әрі қарапайым көрермен сізді ханның бейнесінде танитындай. Егер құлдың рөлі ұсынылса, көңіліңізден шығатындай сомдай алар ма едіңіз?
  •  Жоқ, сіз теліп отырған құлды ойнай алмас едім, ойнамас та едім... Есерлеу кезде,.. бәлкім... Қазір естімін деп екіленбей-ақ қояйын, алайда қанға сіңген құл қасиеттен арылған адаммын. «Шалқайғанға – шалқаям, ол Құдайдың ұлы емес!» Жасы үлкендігін ескеріп жаным ашып, мұсылманшылығым жібермей

сыйлап-сыймықтағаным болмаса, сақалдының бәріне бірдей бас ие бермеймін, ол түбіт ешкіге де бітеді! Қадірі аздардың, кішігірім креслосына бола құдайдың қолын ұстаған боп ісінген, қыңырайып кісімсіген сабаздардың, шікәнасы тасып шікірейіп шіренгендердің қолдарына су құймаймын! Сонан соң, өтірік ойнай да, ойлай да, айта да алмаймын... «Құл» дегенде қандай құлды айтасыз? Еске сала кетейін, есті құлды – құл деуге болар ма? Мәселен, Шекспирдің «Король Лиріндегі» Шут-сайқымазақ құл ма? Төле бабамыздан қалған текті сөз бар, «Бидің айтқанын құл да айтады, алайда аузының дуасы жоқ» деген. Киімі құлдыкі болғанмен, пайымы бидікі боларлық қаншама қасқалар болған бұл қазақта! «Би болмасаң да, би түсетін үй бол» деген. Кімді ойнайын мейлі, құлды ойнайын, жынды ойнайын

  • би пайымды, хан пошымды ұлды ойнағаным жөн- дүр! Содан соң маған тиесілі рольдердің дені батыр мен бағлан, төре-сұлтандар-ды, құл-құтан, ұлтандар емес! Мұнда да бір гәп бар шығар.. Иранбек ақын жиі айтады, «ит те сүйекті артына қарап жұтады» деп. Реті келгенде айта кетейін, бір-біріне бауыры езілген өр қазақта жалпы құл да, «құл» деген ұғым да болмаған ғой, оны ойнай алмайтынымның бір себебі, ірі себебі осы шығар...
  •  Халық сізді «Тамаша» арқылы таныды. Жақында «Тамашаға» да 30 жыл толды. Осы уақытқа дейін «Тамашадан» қаншама театр бөлініп шықты. Өз кезінде халықты күлкіге бөлеп, мән- мағыналы әзілімен көпшіліктің көңлінен шыққан

«Тамашаның» орнын қазіргі театрлардың ішінде қайсысы баса алды?

    • Әзірге «Шаншар»! Сіз сөз қып отырған алғашқы

«Тамаша-ның» орнын басу, я болмаса одан асырып бір нәрсе жасау онша оңай жұмыс емес. Одан бөлініп шығып, оңдырып жүргендері де шамалы. Жалпы, эстрада жанрын ерттеп мініп еркелік жасау екінің бірінің

қолынан келе бермейтін шаруа екенін қарадүрсіндер, көп кемталант біле бермейді. Ендігәрі алғашқы

«Тамашаның», оны дүниеге келтірген Тұңғышбай мен Құдайбергеннің орнын басу, оларды ауыстырам, көмескілендірем, ұмыттырам деп есекдәмелену абайлап айтқанда ақмақшылық. Біздер кезінде таза өнер жасағанбыз, енді бүгін оны «кірлетпек» боп кісәпірлену де бекер әурешілік. Рас, бүгінгі «Тамашаның» да, соған

«қыстырылып» дүниеге келген басқаларының да сәні де, мәні де аздау, өйткені ақшаға алакөзденіп пірлі өнердің киесі мен кепиетінен қорықпай, қасиетті сахнада әйелше киініп, көшелі шаруа тумайды. Отыз жылдығының алдында сол шаңырақтың мәдениеті мен әдебіне әсер-септігім тие ме деп бір-екі ай бекер сенделдім, таптаурын боп кеткен тобанаяқтарды тізгіндей алмадым. Тамырлары «жуандап», талтаңдары тереңдеп кеткен екен. Есім барда ертерек кетіп қалғаныма қуандым. Асылы, олардан мен баяғыда кеткем ғой, содан бастап қызығы кете бастаған болатын. Ал, Құдайберген ағаларың сыр беріп сәні көмескілене бастаған

«Тамашаның» соңынан біразға дейін салпақтаған... Әр нәрсе – уақытында ғой, біз бастаған тірлікке жас толқынның, жаңа лептің, өзге өренің қажеті сезіле бастағанын ұғу, оған көндігу де оңай нәрсе емес. Кейін қосылғандар көпке дейін көшін қисайтқан жоқ, дегенмен. «Жігітке – жеті өнер де аз» дейді, содан соң біздің аталарымыз. Тағы да – «Өнерді үйрен де – жирен» деген ақылға бергісіз нақыл сөз бар. Бір нәрсені шиырлап езе бергеннен ештеңе шықпайды, ол отауды аз жылдың ішінде қарапайым телехабардан үш мың адамдық Республика сарайына жеткізіп салып, қимасам да қош айтысқан едім... Құдекеңе де сол жолды таңдауын қалап кеңес бергем, «бір сарындылыққа, қайталау жолына түсіп кетуің мүмкін, ойлан» деп, көнбеді, өз ақылымен іс қылған шығар... «Мені тастап кеттің» дегендей, біраз жыл бұртиып жүрген. Пендеміз ғой, өкпе жоқ. Ал, мен бір ғана

«Тамашаны» төңіректеуді аз санадым да, онысына онша мән бермей, театр мен кинодағы шығармашылдық өмірімді жалғастыра бергем. Ақыры, Абылай хан мен Әбілқайыр хан, Қайырхан мен Құнанбай, Ораз Мерген мен Шонай, Сырым

мен Ақан Сері, Эдип патша мен Брут сынды кесек рольдерім дүниеге келді... Театр сахнасына «Турандот ханшайым»,

«Тұзды шөл», «Томирис», «Қазақтар» сияқты сүйекті спектакльдерге режиссерлік еттім. 2001 жылы «Наз», ал, 2008 жылы екі томдық «Сөз» деген атпен үш кітап жазып шығардым, өнертану ғылымынан диссертация қорғадым... Республика Сарайында театр актерлерінің алғашқысы боп

«Өнер адамы» атты жеке эстрадалық ән кешімді өткіздім, жеке альбом шығардым. Талас жоқ, Ермек Серкебаев ерек жаратылған тұлға, олармен өнер жарыстыру өңде де, түсте де жоқ, құдайым сақтасын! Қайрат Байбосыновтың әншілігі де бір басқа, менікі тіпті бөлек, дауысқа ғана сиынып-күшеніп, білекпен емес, сүйекпен, жүрекпен айтам. «Әу» демейтін қазақ кем десек, мен сол артығының тізіміндемін, «ән – ауруым, не тыңдамай, не қосылмай өте алман» деп Ақан сері айтқан-ды, қылымсып, оң жақта отырып қалған қыздай өзгеге ұнау үшін емес, күңіреніп-күйініп өзіме жылау үшін ән айтам, тыңдағысы келмегендерді қинамаймын, концертіме келмей-ақ қойсын, тіпті теледидарының үнін өшіріп тастасын, көңілім баяғыдай! «Болдым- толдым» деп тоқмейілсіп, кешегі биігімді көже қатық етіп тоңқаңдап, сол баяғы, «байғожаның таяғы» дегендей бір «Тамашада» ғана талтаңдап жүре бергенімде осылардың бірінің де іске аспауы әбден мүмкін еді.

  •  Сізді әзіл-сықақ театрларының концертінен көреремен ретін-де жиі көреміз. Бүгінде қазақы қалжыңның сапасы төмендеп, әзіл арзандап кетті деген пікір жиі айтылады. Бұған сіздің көзқарасыңыз?
    •  Ағамыз деп алқалап шақырып, ақыл-кеңесімді тыңдағысы келетіндері бар. Шақырғаннан қалмауға тырысамын. Сонан соң, солардың көпшілігі менен оқыған, ал оқымағаны маған еліктеп тоқыған төл шәкірттерім. Көрерменнің көзіне күліп отырғаныммен, концерттің соңында жоғарыдағы сіз айтқан пікірді растап, сын айтып, шенеп-мінеп, шәкірттеріме таяқ

жегізем. Амал не, көз қылып бірі ұқса – бірі қыңбайды, оны да мөлиген көздерінен көріп тұрам. Көкейкестісі ақша болған соң, несіне босқа арамтер болайын деп араласпауға, үндемеуге де болар, менің қолымнан сол немкеттілік келмей-ақ қойғаны! Айтам, жазам, жаманатты болам! Ұнатпайтындары да бар. Өкпелеп, амандаспай кеткендері де жетерлік. Тіпті кейбір әзілдердің авторлығын иемденіп алды деп сұйық сұхбатында нахақ айыптағандары да болды. Білгені сол болса, «көшке берген тайлағын қайтып алсын!» Кезінде қайсыбір авторларды Алматыға сүйреп әкеліп, атақ-даңқын мәшһүрлеуге септігім тигені болмаса, атын жамылу былай тұрсын, бірде-бірінің үйінен бір шәугім шай ішкен емеспін, оны айтасыз, сол кездердегі «Тамашаның» кассеттері де жоқ қолымда, керек десеңіз! Оның жөнін – бәрін иемденіп, өз бөксесіне басып, кассетасының сыртына суретім түгіл атымды жазуға арланған, жөнді «шатағы» мен жосықты атағына мәз болып малдану түгіл, әңгіме- дүкеннің бәрінен сырт қалдырып, хабар салмай, тіпті төте топырақты өлім-жітімге де араластырмаған албат қылықты «тарландардан» сұрасын!

  •  Театр, кино, сатира – осылардың қайсысы сіздің таби-ғатыңызға жақын?
    •  Актермін ғой, бәрі де! Табиғат деген тылсымды ұғып болған жоқ адам баласы, ұқпай-ақ қойсын түгелдей! Әйтсе де адам баласының қолынан көп нәрсе келеді! Кезінде Адам Ата (ғ.с.) ұрпақтары Абыл мен Қабыл Жұмақтан Жерге түскен соң, өмір сүру үшін бірі мал бақса, екіншісі егін еккен екен. Өздері өмір нәрін сепкен сол Жер-Ананың үстіне өлім ұрқын себу де солардың қолдарынан келген тірлік! Адам деген – он сегіз мың ғаламды жаратқан Ұлы Суреткер Аллаһ- Тағаланың ең сүйікті құлы, өз қолымен топырақтан жасап шығарып жан, бітірген Ұлы Шығармасы. Сондықтан да Адам баласының өзек-жанында

Ұлы Қасиет бар. Бірақ біз сол қасиеттердің парқын білмей, майдаланып барамыз, бір-бірімізді күндейміз, қызғаныш деген қызыл итке, бәтуәсіз қу дүниеге құл боламыз, Ібілістің арбауына түсіп, небір сайтан қылыққа бой ұрамыз. Үлкеніміз – үлкендей, кішіміз – кішідей ізет көрсетіп, бір-бірімізге езіліп бір туған бауырдың күйін кешпей, алдын тістеп, артындағысын тебетін тексіз тарпаңның мінезін танытамыз. Менің атам Жаманқұл пірәдардан естігенім бар-ды,

«Ерегіскен екеудің жасы үлкені ақымақ» деген. Тағы да жиі айтатыны: «кішкентайында торайдан, үлкейгенде шошқа шығады». Адам баласының осындай да, басқалай да болмысы мен төңіректеп, зерттеп жүрген Ұлы Өнердің ұлы мұраттары емес пе? Ал, кино да, театр да, сатира да өнер дейтін бір ауыл ғой, қайсысынан шет қалайын, бәрі де жақын, бәрі де мен жағалайтын жағалау!

  •  Шығармашылық адамы кез келген дүниені жанға жақын алып, жүрегі тез жараланады емес пе? Сіз өмірден түңіліп, қатты шаршаған кезіңізде нені жаныңызға жұбаныш етесіз?
    •  Ондай кезде жұбаныш жоқ! Быт-шыт, тас-талқан болам. Адам боп бұ дүниеге, өнерге келгеніме өкінем, кәдімгі қарапайым қазақтардай, Аллаһ-Тағалаға айғай салам! Жаңғырық болмаған соң, айналамда меңіреу тыныштық орнайды, содан соң сабама түсемін, тәубе қыламын. Болды, «жын тарады, бақсы кетті!» Бала- шағамдыаймалайбастаймын,қалаберсе,қолымакетпен- күрегімді алып, бақшамдағы қияр, қызанақ, құлпынай, қауын-қарбыздарымның түбін қопсытып, шөбін шауып, суғарамын. Қыста қар күреймін. Сөредегі мені күтіп жатқан кітап-қағаздарымды қопарып, компьютерге үңіліп, жазу-сызудан өшімді алам. Ет пісірім уақыттан соң, Дәрия екеуміз күрең шәйді сораптап отырып, мамыражай күйге енеміз. Дауыл тынады, бұлт ыдырайды, күн жылиды. Қырғыздарша қиқырсақ: «Жашооу керемет!» боп шығады.
  •  Қазақ киносы, театры өнері әлемдік дәрежеде танылу үшін не істеу керек деп ойлайсыз?
    • Осыны мен ғана ойлауым керек пе, басқа

«ұлылардан» сұрасаңдаршы. Мен айтарымды талай рет айтқанмын, одан шыққан ешқандай мүйіз жоқ. Бір және анық білетінім, олардың төңірегінде Бауыржан Момышұлы айтқандай шалалар мен шантрапалар, ұрылар мен қарылар, ұрдажық держимордалар, гаргантюалар мен пигмейлер, соқырлар, Асқар Сүлейменовше сілтесек, маргиналдар мен фюрерчиктер, білімсіздер мен кеудемсоқтар, Асқар Тоқпановша тоқпақтасақ, қисық аяқ мегежіндер мен қолдан жасалған мифтер, мәңгүдіктер жүрмеу керек! Мен осыларға толық қосыламын! Ең бастысы, өнер өз мемлекетінен жетімдік көрмеу керек, өнерді қолдауда, оған қаражат бөлерде шөміштен қысып, «қылмыс жасайтын» қаржы министрін орнынан алып тастау аз, оны енді қайтып үкімет мүшелігіне жолатпаған, биліктің олимпінен аластатқан ақыл. Олар өз елінің бұлбұлдарын қадірлей алмағандықтан, өзгелердің ұзақ-қарғаларының қарқылын өршітіп алады.

  •  Қазақ мәдениетінің, өнерінің болашағынан үміттенесіз бе, жоқ, көңілде күдік көп пе?
    • «Үмітсіз – шайтан» деген. Күдіктен гөрі үміт көп.
  •  Сіз актер ретінде ғана емес, режиссерлік, әншілік қы-рыңыздан танылып жүрсіз, халық біле бермейтін басқа қандай өнеріңіз бар?
    •  Бұрын өлең жазғам, аудандық, облыстық газеттердің бетінде біразы жарық та көрген. Қазір, өнертану ғылымымен айналысам, сол ғылымның кандидатымын. Докторлық та қорғасам деген жоспарым бар.
  •  Газет-журналдардан, теледидардан сіз туралы айтылған сындарды құлағымыз шалып қалады. «Тұңғышбай сахнада ән айтса да, әзіл айтса да айғайға басады» дейді. Өзіңіз қалай ойлайсыз?
    •  Бұл сұраққа жауап беріп қойдым-ау деймін. Мен туралы сын айтатындарға пысқырмаймын, өйткені олар тапсырыспен сынайды, я болмаса, көре алмаған көп қырттардың ісі. Қолдарынан ән айту, әзілдей білу, сөз сиқырын ұғыну келсе, оларға біреу қой деп пе? Амалым қайсы, бір-бірін түрткілетіп қойған заманым, қадірімді білмес қарамағым бар, «итпен құда болсаң, боқпенен тойың болады» деп Жаманқұл пірәдар бірдеңе білген соң айтқан да. Ол жайлы ойлап бас қатырып, жүйкемді тоздырып қайтем?

«Бөрі жеген бөксем бар, иттен несін аяйын», – дейтін тағы менің сол Жаманқұл дейтін «жаман» атам. Ит үреді, керуен көшеді...

  •  Қандай музыка тыңдайсыз? Қандай кітап оқисыз?
    •  Шығыс халықтарының дәстүрлі музыкасын, әндерін өте жақсы көремін. Қазағымның батысының да, арқасының да, түстігінің де, тіпті сыр сүлейлері Дүр Омардың, Жиембеттің, Рүстембектің, Көшенейдің мақамдарын жайбарақат тыңдай алмаймын, қолымнан келмеседе,қосылғымкептұрады.Сараймәдениетіқатты сіңген өзбектің әншілерінен Насиба Абдуллаеваны, Шерали Жураевты «жылап» отырып тыңдаймын. Кітаптардан көбіне тарихи тақырыптағыларын, қысқа әңгімелерді, новеллаларды ұнатам. Мерзімдік баспасөзде жарық көретін ақындардың өлеңдерін міндетті түрде шолып шығамын. Жақында ғана тараздық ақын Болат Бекжанның ақылды өлеңдерін оқып, әжептәуір ләззат алдым.
  • Бойыңыздағы өзіңізге ең ұнамайтын мінезіңіз?
    •  Далақпайлық. Адамзаттың бәріне сеніп қалып, аузым күйіп, басыма тиіп жатады, сонда да абайлау деген нәрсені ұмыта берем. Кейін өкінем, амал қанша, пойыз кетіп қалған соң. Аузыма да берік болуды әдет қыла алмай жүрмін, көмейге келген ретті сөз атасын бүгіп қалу, жұтып жіберу жағынан ұяттымын, тұзым жеңілдігінен бе, кейде шындыққа үйірсектігімді малданып, бәлелі «достарым» мен арамы ағаларым, өзінің ішкі қыжылынан туған өсек ойларын, мен айтпасам да «Тұңғышбай солай деп жүр» деп ел ішіне, әсіресе жоғарғы жаққа таратып жібереді. Аузымнан дәл сондай сөздің шықпағанын дәлелдей алмай аң-таң боп, күйіп-пісіп мен қалам.
  •  Достық пен махаббат дегенді қалай бағалайсыз?
    •  Ой, ол Аллаһ Тағаладан келетін қасиет қой. Мен шын достық пен шын махаббатты айтам. Әйтпесе, қазіргі кездері тарысы піскен жердің тауық-достары, есепті күйеу мен төсекті «жарлар» жетіп артылады ғой. Достың үш түрі болады дейтін менің атам Жаманқұл- рахымелі, «тұмсықтан қан шыққанша, қалтадан мал шыққанша, кеудеден жан шыққанша». Ал, өнерден дос табу мүмкін еместердің бірі екен... Осы тұрғыдан келгенде, менің достыққа деген талабым тым биікте, махаббат жайлы пікірім тіпті аспанда!
  •  Сіз сырттан қараған адамға өте бақытты боп көрінесіз. Шын мәнінде сіз бақыттысыз ба? Ең бақытты сәтіңізді еске түсіре аласыз ба?
    •  Аллаһқа шүкір, бақыттымын! Өнер сүйер егемен, тарихы терең елім бар, сахна дейтін төрім бар, атадан мирас қалған кең-байтақ жерім бар, өз елімнен шыққан Елбасым бар! Ақылымды ат теппей, осыларды ұғынған

күнім – ең бақытты сәтім. Қалғандары солардың арқасында келген бақыт!

  •  Сізді балажан адам дейді. Баладан немере тәтті деп жатады. Сіздің балаларыңыз әлі кішкентай. Қайсыларын қатты еркелетесіз?
    •  Ол – рас. Өзім он бір баланың тұңғышымын, бауырларым да балаларымдай боп кеткен. Өзегімді жарып шыққан өз балаларымды өмірімнен артық жақсы көрем, есімнен тана еркелетем, тентегін де, тектісін де. Ал, немерелерім өз әке-шешесінің қолында, анда-санда қолға тиеді, іштей ғана елжірейсің...
  •  Қазіргі кезде тіліміз де, дініміз де, діліміз де бұрмаланып, ұлттық құндылық дегенге не дерімізді білмей қалып жатырмыз ғой. Ұлттығымызды сақтап қала алмау қаупі тұрған жаһандану заманында қазаққа дауа болар дүние бар ма?
    •  Бар. Төбеңдегі бір Аллаһ Тағаланың ақиқи екендігіне, бәрін де көріп, біліп отырғандығына сену. Үш жүз дегенге үш-төртке бөлінбей, ортақ бір Анадан, Қазақ деген бір Атадан таралғанымызды түйсіну. Бөліну – ауру, бөріге жем болудың ең оңай жолы екенін алдымен аға буын, содан соң солардың дертіне шалдыққан, қолына биліктің, байлықтың бишігі тиген орта буын да ұғынып, өзге өлшемге өту! Абай хакімнен асырып не айтушы едік,

«біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең – істің бәрі бос!»

  •  Бүгінде өнер адамдарының көпшілігі намазға жығылып, дінге бет бұруда. Сіз мұсылманшылықты қаншалықты ұстанасыз?
    •  Иншалла! Әзірге намаз бен оразадан басқасын ұстануға тырысамын. Намазға білімім, оразаға шыдамым жетпей жүр. Шыдам деп тамақтың тыйымын айтпаймын, ауыздан шығып кететін ауыр сөздерді мегзеп отырмын.

Жөнсіздік пен жүгенсіздікті, аярлық пен арамдықты, әділеттің аяқ асты болғанын көргенде қарап тұра алмаймын, айтып қаламын, әрі ауыр айтамын. Жауырды жаба тоқысам – өнерпаздығым қайсы?! Өнер – менің өмірімнің қағбасы. Отыз күн оразада өнерге «отпуск» беру қолдан келмей жүр... Әйтпесе, Жаманқұл деген қазына шалдың баласымын ғой, айқайласам да, аузымда Аллаһ, сөз бастауда «біссімілләдан», іс басатарда «ләһәулімнен» жаңылмауға тырысамын, қолым мен пиғылым, ниетім, дәретім таза!

  • Бүгінгі заманға айтар датыңыз бар ма?
    •  Бар. Қайсыбірін айтайын. Аз айт, көп айт – елдің бірлігін, амандығын, өткені мен болашағын мансұқ етпейтін, есті ұрпағымен көгеріп көктейтін тамырына талай балта шабылған Қазақ деген еркін халықтың тәу етіп отырған Тәуелсіздігін көп көре көрме, Құдайым! Сыртыңды берме, көштен қалдырма, сәулесі салқындап бара жатқан, әйтсе де бізге әукесі оң келіп қарқындап келе жатқан Заманым! Басымызға қондырған бағың баянды болсын, еліме еркіндік әкелген алтын Ғасырым!!

Әңгімелескен

Айнұр Сенбаева

«ҚАЗАҚСТАН-ZAMAN»

газетіне берілген сұхбат

  •  Тұңғышбай мырза, сізге қоңырау шалып хабарласқанымызда жаңа қойылымға дайындық үстіндемін дедіңіз. Құпия болмаса, ол қандай қойылым? Сол жайында айтып берсеңіз?
    •  Әзербайжан халқының мақтанышы, классик суреткері, сөзі де сазы да өзінікі Үзейір Ғаджыбековтің атақты «Аршын мал аланы». Бұл өзі сонау 1913 жылы жазылған дүние, және

сол жылы Әзербайжанның ұлттық театрларының бірінде сахнаға шығыпты. Білесіз, ол – әзірге кеңес келмеген кез ғой. Кейіндері кеңес кезінде, фашистермен қырғын соғыс жүріп жатқанда осы аттас фильм де түсірілген. 1946 жылы сол фильмге қатысқандар түгелімен Сталиндік сыйлыққа ие болған екен. Басты рольді ойнаған Рашид Бейбутов атты алапат әншінің әзіз даусын біздің буынның да құлағы шалып қалған... Мұнда ұлы түркіден тараған ұлыстардың әмбесінің жанына жақын ән де, күй де, би де, әдемі әзіл де жетіп артылады. Бұл шығарманың бірден- бір артықшылығы сол – әлі күнге шырайы кеппеген, шығыстық мәдениеттің шуағы кетпеген, түркілік менталитеттің мәуесі мөлдіреген күйі молынан келген. Қазақ сахнагерлері бұл туындыға талай рет ат ізін салған болатын. Әр жылдары Тараз театрында, Семей, Қарағанды т.б. аймақтардың өнер ордаларында қойылған, естияр елге етене таныс туынды ғой. Енді міне, әйгілі «Әкемтеатрдың» да сахнасына сапар шекпек. Басты рольдерде дені өз шәкірттерім мен өзім деген, менен оқымаса да тоқыған шәкірт «еместерім» ойнайды. Өнерде мұраттастық деген ұғым үлкен роль атқарады ғой. Сонан кейін, өзің бастық болмаған соң, оң жағыңнан орын алатындар «жоғалып», қас-қабағыңа қарап, қажетінде қасыңнан табыла қалатындар азайып, ықтасын ықылас суыған тұста «қылкөпірден» аман, әрі абыройлы алып шығатын, сол мұраттастар... Бұл бергі шындығым, ал арғы шындығымды айтсам, театрға өзге өлшем, талтаң талғам келген тұста «сыртта» қалып қойса да сыр білдірмес сырмінездік танытқан, қаңқу сөз бен қызыл өсектен аулақ болып, қызметінен қол үзбей жүріп-ақ, былтыр ғана Құрманғазы атындағы консерваторияның вокал бөлімін күндіз оқып жүріп бітірген «Әкемтеатрдың» талантты актрисасы Дәрия Жүсіпке, елгезек актер Ерлан Біләловқа, шырайлы өнерпаз Шынар Асқароваға, дуалы артист Дулыға Ақмолдағат.б.төлшәкірттерімеарнапқойыпжатырмын. Бекер обалы не керек, алғашында жүрексіндіргенімен, театр басшылары да, қойылымның көпшілік сахнасына

мюзиклдық талабына сай жегілген театрдың кейінгі жастары да көңілімнен шығып, маған деген ерекше сыйластықтарын сезініп, «семіріп» жүрген жайым бар.

  •  Жоғарғы техникалық оқу орнында дәріс алып жүрген жас Тұңғышбай үшін Құрманғазы атындағы консерваторияның актерлер дайындайтын бөліміне қабылдану қиындық тудырмады ма?
    •  Неге тудырмасын? Актер болу оңай деп айтқандардың аузын бұзар едім... Техникалық вуз таза есептің, нақты білектің, ал өнер – хақты жүректің ісі. Бұрындары ән айтып, өлең жазып әуейіленгенмен, кейіндері сызу мен қисапқа қоңданып қалған қасаң көңілдің көрігі көпке дейін қиял көкжиегіне көндіге қоймай, сахна өнеріндегі қалаулы өмір шындығының қолайын таба алмай аласұрғаны жасырын емес. Кезі келгенде, бас білдірмес бақыр басым мезі болғанда техникалық вузыма қайтпақ та болғам. Санам ұққанмен, сенімім ықпай, сезімім бой бермей, қақайып қатыңқырап қалған қалып-табиғатым көнбей, тұрлаулы тұғыр таппай тапырақтағаным да шындық. Исаак Ньютон айтқан екен дейді, табанымды тірейтін тұғыр тауып берсеңдер, дүниені төңкеру түк емес деп... Ақыл мен сезімді, өз табиғатыңды тізгінге алып, тізеңе көндіру, қысқасы, өзіңді-өзің ауыздықтау – ауыр іс. Ақылы аз алаңғасардан, сезімі семген суық міскіндерден актер шықпайтыны – дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Өмір болған соң, осы екі кернеуден табылатын тобанаяқ кемталанттардың актер аулына адасып жүріп ат ізін салған салпаңқұлақтар да жетіп артылады... Кепиеті мен нарқын кемітіп, парқын арзандатып жүрген азын-аулақ арамза «молдалар» да жоқ емес... Өнер аулының қадірін кетіріп, атқа жеңіл телпекбайландырып жүрген де солар... Қайсыбірін айтайын...
  •  Институт қабырғасында оқып жүргенде өзіңізді актер ретінде мойындатқан қандай көрініс еді?
    • Құдіреті күшті СӨЗге жеткен көріністерде! Сөз қадірін

сезіп, ауыздан шыққан сөздің әдібін жымдастырып, астарын аспандатып айта білсең, «тас жарады, тас жармаса – бас жарады»! Актер өнерінің нәлі әрекеттен тұрса, әрекеттің көкесі қазақтың осы қарапайымдап қана, қағыта айтыла салынған мақалында жатқан жоқ па?! Сөз дегенде мен, жаман актердің жаттап айтатын жалпылдақ декламациясын тілге тиек етіп отырғам жоқ, оның сарыны мен салмағын, түрі мен түсін, әуені мен әуезін, тіпті иісін індетіп отырмын. Менің екінші курста, сөзге келгенде ғана, оның құдірет-күшін ұғып қана қоймай, жан-тәніме «тігіп», сөл-шырынын сығып, дәмі мен мәніне сіңіп, ұйығына бойлағанда ғана көкірек сарайым ашылып, құнан жарыста қолтық сөге құлаш ұра бастадым. Әйтпесе, бірінші курстың «этюд» деп аталатын болбыр баланың босаң ойыны сияқты бәдәуи дайындықтарында миығымнан күліп, маңқиып отыратынмын. Техникалық вуздың үшінші курсынан қоңы қатып, сопромат пен сызу геометриясының, жоғарғы математикаларының майын ішіп мәңгірген миымның есерлеу ертегіге сенуі былай тұрсын, «неге келдім» дегенге сайған кездері көп болған... Ұстаздарымның да менен қайран көңлі қала бастап, осы баланы «өз аулына» қайтаратын шығармыз деген ойқұдықта жүргендерін байқап, көпті көрген қу технарь болғандықтан да талай «бәлені» сезіп отыратын едім... Кейін ғой, бұл өмірге қайта ғашық болып, әу бастағы ақынжанды арманыммен қайта қауышып, алыстап кеткен аңғал балалығымды қайтарып алып, сахналық сенім мен шындыққа жақындағаным...

  •  Өзіңіз туралы кітабыңызда: «Актер болудың азапты күндері... Хадиша апайдың кезекті «шапалағынан» соң» деген суретіңіз бар екен. Сол шапалақтың сазайы мен азапты күндердің сырын айтып берсеңіз?
    •  Ол күндердің сырынан мұңы көп болды ғой. Бұл өнер деп атала-тын әлемге өзім де қорқа-қорқа келгендіктен, алғашында асау мінез танытып жалынан ұстатпай, жанына жолатпады емес пе?! Актерліктің қадірін аса биіктетіп, екінің бірі ертоқым сала алмайтын сырбаз өнер екенінен хабардар

мен, алғашында көп жасқаншақтадым... Қатыңқырап кеткен табиғатым да иілмей, анау-мынау «алдауға» көнбей қойды. Басқа оқу орындарындағыдай кітапханада бір сөтке отырып, тапсырманы судыратып жаттап алып, оқытушыға сыдыртып айтып шығып семіз бағаны белге байлап алып, сессиялардан секіріп өтетін жағдай жоқ. Оқитын кітабың – өз табиғатың, жаттайтын теоремаң – өз жаның, өз жүрегің. Шығаратын есебің – жүйкең, жаныңды жейтін жегің – ақыл-санаң, пайым-парасатың! Кітапханаң – қоршаған ортаң, қиюы қалың, тілі мен тылсымы түсініксіз заманың! Осының бәрінің үдесінен шығу үшін он мың кітапты оның алдында оқып тастамасаң – онда бос сандалыс! Онда – қайт аулыңа, техникаңа барасың ба, қой бағасың ба, өзің біл! Алайда, ол кезде қойшылардан көп кітап оқитындар аз болатын. Осындай «қолдан келмес іске ұмтылып, азат басың болған құл» ұйық-батпанды ұққаннан артық азап бар ма дүниеде! Актерлік дегеннің мамандық емес, Кісілік екенін, әмбеге мәлім болғандықтан да беймәлімдікке бет бұрар Қадам екенін, Тұлғалыққа апарар соқпағы белгісіз сүрлеу екенін, бетегеден биік, жусаннан аласа болса да,

«соқтықпалы, соқпақсыз, мыңмен жалғыз алысар» Жол екенін, Даралық екенін екі күннің бірінде ұрыспай ұқтырып отыратын Хадиша-апамыздың сабағы, шала боп келген біздерге, шантрапаларға шапалақ емей немене?!

  •  Театрдасомдағанрольдеріңіздіңарасынан жаныңызға ерекше жақын роль деп қайсысын атар едіңіз?
    •  Іштен шыққан шұбар жыландардың қайсысы алыс болар дейсіз, бәрі де жақын. Осы «сомдаған» деген сөз маған онша ұнамайды. Менің білуімше, актер сомдамайды, кешеді! Псевдокультуролог, әр бұтаның түбіне бұтын көтере беретін, көпек ойлы қанден пиғылды қыли қыртымбайлардың сүйікті сөзі болар, әйтсе де түк жарасып та, жүйеленіп те тұрған жоқ. Киесі бөлек сүйекті сөзді, келсін-келмесін оңды-солды сілтеп кепиетін қашырып болдық, амал не... Ал, сұрағыңыздың сойына келсек, әрине, мен бедерлеген сахналық һәм экрандық бейнелерімнің ішінде Абылай ханның орны

ерекше, делқұлы Демесін де – дегбірімді алып жасаған ролім. Эдип патша, Брут, Сырым, Адам (ғ.с.), Жәнібек хан; кинода Тәңірберген, Қайырхан, Әбілқайыр, Ораз-Мерген, Шонай,.. қойшы, әйтеуір санамалап сабырыңызды сарқымай-ақ қояйын, Аллаһқа шүкір, бұйырғанын еңсердік, талай асуды алған сыңайлымыз, біраз биікке шыққанға ұқсаймыз, талай таудан асқандаймыз, бедерлі белдерден асып, ен жайлауға көшкендейміз, талай ғұмыр кешкендейміз...

  •  Тегіңізді неге әл-Таразиге ауыстырдыңыз? Ғұламалар дәстүрін жалғастырғыңыз келді ме, әлде Тараздан екеніңізді білдіргіңіз келді ме?
    •  Есепте екеуі де бар. Ғұламалықты қия қоймассыз, болмасақ та ұқсап бағуға хақымыз бар шығар... Әуелгіде, өзге ұлттың теліген атауынан құтылудың далбасасынан туған ой еді, кейіндері ерегеске айналып кеткен шегенді шешім болды. Мен Жаманқұл деген қазына шалдың немересімін. Атамның өз аузынан естуімде ол кісінің азан шақырып қойған есімі Иманқұл екен, кеңестің жандайшаптарының ноқайлығынан, желікпе жеңгелерінің қазақы ибамен қайнысының атын атамай, «Жаманқұл» деп атап кеткен жалған ныспысының төлқұжатына жазатайым жазылып кеткенін атам рахымелі жылап отырып айтатын. Түзетпек болған әрекетінен түк шықпаған жарықтық, ақыры Жаманқұл боп кете барған екен... Ес жиылып, етек жабылған тәуелсіздік жылдарындағы

«ов» пен «ев», «ичтерден» құтылмақшы болған зиялы мен қиялилардың ұзын сонар айтыстарынан да ақыры түк шықпады ғой. «Тегі» болайық деді, «әулеті» болайық деді, енді бірлері атасы мен әкесінің атын тоңқ еткізіп құжаттарына жаздырып алғандардың қайсысы әке, қайсысы ата, қайсысы өзі екенін ажырата алмай ақмақ болдық емес пе? Ескі болса да естияр замандардағы Мұхамед Хайдар Дулати, Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Әбу Бәкір Кердері деп ру, тайпа аттарын жамылуға сабыры аз ақылымыз бен пәтуа бермес пәтігіміз жетпеді, қып-қызыл пәлеге қалатын болдық. Он ойланып, мың толғанып туған топыраққа, бір-екі емес, жетпіс жеті ата-бабамның сүйегі жатқан киелі топырақтың

есіміне жүгінбеске амалым қалмаған мен, осы әл-Таразиді құп көрдім. Ресми құжаттарға ауыстыра алмасам да, қағаз бен ауызға жиі алынып, жадыға жатталып қалды әйтеуір, Аллаһ ақырының нәсібін берсін!

  •  Өзіңіз сомдаған хан Абылайдың өзінде «әттеген- ай» деген арманы қалып кеткені белгілі. Сондай-ақ, сіз, М.Әуезов атындағы Мемлекеттік драма театрын басқарып тұрған кезіңізде сондай орындала алмай кеткен арман-мақсаттарыңыз болды ма?
    •  Болғанда қандай! Басшы болып тұрғанда керіш боп қатып, күреңітіп кеткен, кеңес кезінен шемен боп шегенделіп қалған, вышинскийдің заманынан бері беріштенген, актерлердің еңбекақысын өлшеп бағалайтын ескі заңды, категориялар мен актерлердің авторлық құқықтарын қорғайтын теріс пиғылдарды өзгертемін деген ізгі ниетім із- түзсіз қалды. Өнер адамдарының өзге тізімде болғаны – ел өркениеттілігінің ерекше көрінісі екенін ешкімге дәлелдей алмадым... Сол кездегі еңбек министрі Саят Бейсеновтен бастап, Коржоваға дейін құдайдың зарын қылып қаншама арза жаздым, «ойбай, өлдім» десең қара су татыратын ақылын ат, санасын тат теппеген бірді-бір атқамінер шенеунік таба алмай шерменде болып қала бердім... Қазақ театрының тарихында алғаш рет, өзіміз-өз, көйлегіміз бөз болып, дүние жүзілік ең үздік дейтін театрлар фестиваліне, Шотландияның Эдинбург қаласына төрт мәрте шақырту ала отырып, нәйеті алты адам ғана ойнайтын қойылымды Англияға алып баруға керекті алпыс мың доллар ақша таба алмай, арманда кеттім. Осы өтінішімді Елбасына жеткізгенімде, ол кісінің орындалсын деп табандап тұрып тапсырғанын Алматының сол кездегі әкімі В.Храпунов «күйеу бала» да аяқсыз қалдырды... Ол бір – ерек шығарма боп шыққан «Қабыл
  • Адам ата перзенті» атты қойылым еді, ақыр аяғында оның аты да, заты да кейінгі ірілердің кежегесі кейін тартылып, өшіп, ұмытылып кетті... Ақшаның қат кезінде басшы болсам да, театрды аздырып-тоздырмай, жылап-сықтамай, шіреніп- шікіреймей, ешкімге міндетсінбей еселеп еткен еңбегіміздің

арқасында қаншама өресі биік, сүбесі қалың қойылымдар қойдық, нешеме актерлік жетістіктер болды, солардың ең таңдаулыларын бәйгеге қосып, бағымызды сынағанда, Мемлекеттік сыйлық беру жөніндегі комиссиясының мүшелерінің ішінде жүрген өз ағаларымыздың арамдығынан екі-үш мәрте сызылып қалдық... Қаншама актер-режиссерлердің бағы байланып, меселі қайтып обал болды десеңізші... Ол жүйрік қойылымдардың ішінде сол

«Қабыл...», сол «Абылай хан», сол «Мәңгілік бала бейне», сол «Томирис» атты спектакльдер бар еді, амал не... Айта кетерлік бір жайт, сыйлыққа ұсынылғандардың тізіміне өзімді еш қосқан емеспін, мен ол марапатты сонау тоқсан екінші жылы «Отырардың күйреуі» фильмі үшін Елбасының өз қолынан алып қойғам, ол кезде әжептәуір әділеттік бар болатын, мені «сібірден бір вагон ағаш ұрлапты» деп жоғары жаққа жалған өсек таратқан ағаларым да әреке деген көк аурудан аман сияқты еді...

  •  Өнер ғылымына ден қоюға не себеп болды? Зерттелмей жатқан салаға жаныңыз ашығаны ма, әлде мансап үшін бе?
    •  Екеуі де емес. Ғылымға мансап үшін де емес, жаны ашып емес, жанын салып, керексе, жанын беріп араласу керек екенін ұғындым. Бірінші себеп – айналысып жүрген

«аулымның» қыры мен сырын, құпиясы мен тылсымын, тереңі мен биігін, нұры мен мұңын түсіну ғана емес, түйсіну үшін, қысқасы өзім үшін, ол «елдің» де еңсесі биік емен есігін қақтым. Екіншісі – өнерде жүрген өлермендер мен азапкерлердің құнын кемшін бағалап, кекететіндер мен мұқататындадың жағын айырып, жағасын жырту үшін! Үшінші, ең соңғы себебі – актерлердің да адам санатына қосылып кітап оқып, тіпті соны өзі де жаза да алатынын дәлелдеу үшін!

  •  Қазіргі қаптап кеткен коммерциялық фильмге көзқарасыңыз қандай?
    •  Онша жаман емес. Тек шынайы өнер жасау ниетінен таймаса, кәсіби-білімділік биігінен табылып отырса, көркемдік көкжиегі арзандамай, жоғарғы эстетикалық талапқа сай сөреден көріне алса... Мұндай қиғаштықтан із кескендер – «Қазақфильмдегі» қолтырауын, әбжыландардың аранынан қашпақ болып жүрген шығармашылдықтан басқа қарау ой қолдарынан келмейтін жансебіл жандар ғой. Еліміз бен Елбасымыздың өзін ұятқа қалдырған қола дүние «Көшпенділердің» жырынан хабардар қайсыбір ағайындардың, әлгі қасқыр қолқалылардың құдайдан да қорықпайтынынан түңілген соң, тауып жүрген амал- айлалары да... Аттары шығып, ел аузына ілігіп жүргендерінен әзірге «Сатайфильмнің» ғана шығармалары көңілге қонып жүр, басқаларыныкі тек ақша қуушылық, әзірге босбелбеулеу көрінді маған... Фильм деген, еріккеннің ермегі болмас, көркем дүние болу керек-ті, мақсат – елді еңіретіп жылата беру емес қой, жай өмірде көп кездесетін көңіл босатарлық бопса уақиғалар көркем шығармаға тақырып бола беруі міндет емес, ол шынайы шығармашылдыққа да жатпайды... Бұл өзі ұзақ әңгіме, себеп-салдарларын бір-екі ауыз сөзбен індете қою екіталай...
  •  Сіздің әншілік қырыңызды танытқан «Өнер адамы» атты әннің авторы Қадырғали Көбентайдың: «Кез келген актер әнді әншіден жақсы айтады» деген пікірі бар. Жеке басыңыз, сіз, соған келісесіз бе?
    •  Келісем! Әншілердікі – нәсіпті кәсіп, ал актерлердікі – жүректен шыққан күйік пен ұйық, шер-шемен мен мұң-зар... Әншілер күйі келсе де, келмесе де күнде айта береді, ал актерлер кейде айтады, онда да ән айтпауға амалы қалмағандықтан... Ұққанға екеуінің айырмасы жер мен көктей. Әдемі дауыс құлаққа жағымды, ал біздікі жүрекке... Ақан серінің «ән – ауруым...» дейтіні осыдан ғой. Абай хакім де айтпайды ма, «құлақтан кіріп бойды алар, әнді сүйсең – менше сүй» деп... Осындағы «құлақты» ғана ойлап, «бойға» мән бермейтін әншілер өкпелемес, жүрекпен айту көбінің үнінен, қала берді қолынан келмей жүргені де ақиқат.
  •  Әндеріңіз көбіне бард стилінде орындалады. Ол сіздің дауыс тембріңізге сай келгендіктен бе, әлде жаныңызға жақын болғандық-тан ба?
    •  Барым осы болғандықтан. Қай стиль екендігінде де, даусымның тембрінде де шаруам жоқ. Жаныма жақын әнді ғана айтатыным рас, онда да біреуге ұнау үшін емес, өзім үшін. Тегім мен тембрім ұнамайтындарға жалынбаймын, мен айтқанда телевизорының бетін, радиосының отын өшіріп тастасын, «көшке берген тайлағын қайтып алсын», орысын тыңдасын, оймауытымен мұңдассын, көңілім баяғыдай...
  •  Бала кезіңіздегі езу тартар екі-үш қызық оқиғаларыңызбен бөліссеңіз?
    •  Енді езу тартпайтын болдым, өйткені ол – сағынышқа, сары уайымға айналған...

Сұхбаттасқан

Алина Бақтыбаева

Тунгышбай аль-Тарази:

«НЕ НАДО ПОДЫГРИВАТЬ ПУБЛИКЕ»

 Главный эпический герой казахского кино 80-х Тунгышбай аль-Тарази (Жаманкулов) востребован и в эпоху нулевых. В театре казахской драмы имени Ауэзова идут сразу три его постановки, среди которых первый в Казахстане мюзикл «Аршин мал алан». Только что закончились съемки фильма «Заблудившийся», где в паре с российской звездой А.Мерзликиным аль-Тарази сыграл харизматичного главы мафии. Он ведет телевизионную программу «Открытая Азия», которая вещает на все страны Центральной Азии, и «тамадит» на главных правительственных торжественных мероприятиях... Тем не менее, народный артист Казахстана, лауреат ордена «Парасат» признается, что порой сомневается, правильно ли поступил

когда-то разменяв надежную профессию инженера на зыбкий путь актера.

– Есть такое выражение: «У войны – не женское лицо». Но вот я слышал от многих актеров – больших актеров, что у театра – не мужское лицо. То есть вообще лицедейство есть профессия, мягко говоря, дамская… Вы согласны с этим утверждением?

 – Актер это вообще не профессия. Это поступок. Это состояние души. Но в последнее время я мучительно размышляю над тем, не сделал ли я в свое время ошибку, когда бросил технический вуз и поступил на театральный факультет. Иногда мне кажется, что у театра сегодня вообще лица нет. Потому что искусство стало каким-то… безличным, что ли. Вот когда чувствуешь себя призванным, когда вещаешь с кафедры, имя которой – Театр, когда ощущаешь себя едва ли государственным мужем, выполняющим особую миссию – вот тогда сомнений не возникает. Однако сегодня основания для этих сомнений есть. Пойми: сегодня содержать семью на актерскую зарплату не просто трудно, но еще и стыдно. Кто знает, может лучше было бы стать хорошим инженером, а искусство просто любить бескорыстной любовью, очищенной от забот о хлебе насущном… Кто знает.

– Неожиданное признание. Не предполагал услышать его от человека, который олицетворяет блистательный успех. Однако много лет назад, когда вы совершили свой поступок и резко изменили судьбу, такие сомнения вряд ли вас терзали, не так ли? Как вы вообще на это решились? Что это – безрассудная отвага молодости?

 – Не такой я уже был и молодой. К тому времени мне уже пошел двадцать второй год… Я бросил свой технический институт на третьем курсе и поступил на первый курс театрального. А ведь учился неплохо! «Сопромат» сдал на отлично, теоретическую механику, начертательную

геометрию, высшую математику… Я и в школе учился очень хорошо, особенно точные науки мне давались легко…

– Что, даже в школьной самодеятельности не участвовали?

 – И в драмкружке занимался, и в школьном хоре пел, более того – стихи писал тайком! Но вот об актерской карьере, честно говоря, всерьез не думал. Были, конечно, всякие розовые видения о каком-то Эльдорадо, где все прекрасно, где тебя оценят по достоинству, где будут взирать на тебя с обожанием и внимать тебе со вниманием! Ну и тому подобные тайные мечтания. Тайные даже от себя! А жизнь вокруг была грубее и проще. Большая семья, я – старший сын, на меня надеются, поэтому нужно овладеть надежным ремеслом. Ну и все. Вопросов нет. И вдруг – приезжает в Джамбул ставить спектакль легендарный Аскар Токпанов. А он был знаком с директором школы, в которой я учился, фамилия его была Конакбаев, это дядя знаменитого боксера. Они встретились, разговорились. Токпанов сетовал: талантливой молодежи нет, не с кем работать, некого учить ремеслу… А мой директор ему: слушай, Ас-еке, у меня тут есть один, по- моему, он вам подходит, но, боюсь, мы его уже потеряли, он на инженера учится. Токпанов насторожился: кто такой? А ну покажи мне его! И они меня нашли! И Аскар Токпанов сразу разглядел во мне актера. И эту, как казахи говорят, дремавшую во мне змею разбудил и превратил в дракона. Спрашивает: ты что здесь делаешь? На инженера учишься? Без тебя не обойдутся, что ли? Давай-ка, парень, приходи завтра на репетицию. Просто посмотри. Он ведь хитрющий был… Ну, я пришел. А это разве можно было назвать репетицией? Извержение вулкана! Лекция-спектакль! Театр одного актера! Помнишь Ираклия Андроникова?

– Ну, разумеется

 – Вот это было что-то подобное. Только Андроников был такой мягкий, ироничный, а Токпанов был внушительнее,

монументальнее, что ли… Господи, он мог говорить непрерывно часов шесть подряд и как говорить! Все это было безумно интересно, ярко, страстно, образно, во всем был потрясающий энциклопедизм… Я впитывал в себя все звуки его голоса, и чем больше я его слушал, тем сильнее разгоралась во мне безумная жажда знания… Словом, он меня околдовал, зачаровал и увел за собою в театр… Вот с тех пор такие понятия как «режиссура», «педагогика», «человек искусства» существуют для меня в образе Аскара Токпанова. Это был настоящий рыцарь театра – бескомпромиссный, бесстрашный. Он презирал, ненавидел фальш, бездарность, посредственность. Мог встать во время плохого спектакля и прямо в зале, на глазах публики закричать: « Что за халтура!? Прощай, театр!» И выйти вон. Могу смело сказать, пусть на меня обижаются, - равному ему по сей день нет. И мы будим до-олго еще тосковать по такому явлению, каким был Аскар Токпанов…

– Еще один человек оказал на вас влияние в студенческой моло-дости, это ваш педагог Хадиша Бокеева…

 – Естественно. Она тоже принадлежал к числу людей, бескорыстно преданных искусству. Очень простая, незащищенная, легко ранимая.

– Учиться у нее было интересно?

 – Да, но у меня были сложности, особенно на первом курсе. Она меня хотела отчислить из-за профнепригодности.

– Вас?!

 – Я катастрофически не успевал по актерскому мастерству. Этюды не получались. Незаконченное техническое образование давало о себе знать. Я был приучен к математической логике, знал, что такое сопротивление материалов, а тут черт знает что: лежит на столе газета, а мне предлагают поверить, что это змея и испугаться.

Но это ведь газета! В общем, воображения не хватало. Слишком я уже был взрослый. Хорошо получались этюды у семнадцатилетнего Досхана, он легко показывал всяких там животных, птиц, утка у него получалась как живая… В общем, я уже тайком подумывал о бегстве. Об отступлении на заранее заготовленные позиции. Но Хадиша Бокеева – добрая женщина – все-таки перетащила меня на второй курс, а там уже была работа с текстом, и я почувствовал почву под ногами, дело пошло…

– А когда вы окончательно поняли, что все-таки не ошиблись в выборе ремесла?

 – Как ни странно, это произошло не на театральных подмостках, а на съемочной площадке фильма «Кровь и пот». Я претендовал на эту роль в условиях очень жесткой конкуренции с уже состоявшимися актерами, обладателями громких имен! Я рядом с ними был никто, в театре играл крошечные эпизоды. Как правило музыкальные, когда нужно было что-то там спеть… Но Абдижамиль Нурпеисов сразу же разглядел во мне Танирбергена, и сопостановщик Мастюгин Игорь Матвеевич, режиссер из Москвы, был с ним полностью согласен. Вот они и убедили Азербайжана Мадиевича Мамбетова, что это моя роль. Он не без колебаний, но согласился. За что я ему по сей день признателен и благодарен. Вот на съемках этого фильма я понял, что актер это не просто исполнитель, а он полноправный соавтор замысла. Моя трактовка образа Танирбергена выходила за рамки написанной роли, я угадал ее тайный подтекст, который противоречил идеологическим установкам того времени, и Абдижамиль Нурпеисов с этим согласился. Молча, не говоря ни слова, одобрил ее. Вот тогда я понял: актер должен идти дальше текста! Иногда даже против текста! И, в общем, этому принципу я не изменяю и поныне. То есть беру на себя смелость заполнить персонаж самими собой, как это делают лучшие американские актеры, такие, например, как Джек Николсон.

– Вам нравится Джек Николсон?

 – Очень нравится. Я смотрю на его работу с благоговением. Потому что он делает ее так, как ее и следует делать. В каждой роли он поворачивается к зрителю какой-то новой гранью, в которой опять узнаешь его – Джека Николсона! Господи, как же много у него этих граней! Это великий актер.

– Вы сыграли много ролей, изображающих крупных политических деятелей, военачальников, ханов, вы, несомненно, обладаете героической харизмой, кроме того, вы – самый красивый казахский актер, это не комплимент, это очевидно. Но ведь здесь серьезная опасность – наработать положительные штампы, от которых актеру очень трудно избавиться, и тому много примеров…

 – …Михаил Ульянов! Великий актер, но всегда – маршал Жуков! Даже в «Ворошиловском стрелке» – разжалованный, уволенный на пенсию, униженный, но – маршал Жуков. Я это прекрасно понимал. И поэтому стал заниматься эстрадой. С Кудайбергеном Султанбаевым мы работали в жанре эксцентрического дуэта, и какая слава на нас обрушилась! Какие финансовые перспективы открывались! Ей-богу, мои драматические герои стали как-то бледнеть и меркнуть. Выхожу на сцену в костюме хана, а в зале смех и выкрики: «Тамаша»! И тут я снова насторожился, так дело не пойдет, это другая маска, но это все-таки маска, которая вскоре прирастет к лицу так, что не оторвать. И через два года я ушел из «Тамаши».

– То есть лавровый венец императора вы с легкостью меняли на дурацкий колпак скомороха и наоборот?

 – Конечно! Ибо плох тот актер, который стесняется балаганного происхождения театра! Нельзя давать зрителю возможности привыкнуть к себе в одном амплуа. У меня бывали случаи, когда днем я смешил публику в

«Тамаше», а вечером того же дня заставлял ее глубоко вздыхать в трагедии, я добился того, что и там и здесь меня воспринимали « в полный рост», без всяких «подпорок» эстрады или кино. Люди должны были мне верить здесь и сейчас! Скоморошить… или как это правильно сказать по- русски…

– «Скоморошить» мне нравится, но, вероятно, правильнее будет – скоморошничать…

 – Так вот, скоморошничать тоже нужно уметь. Следует вообще различать трагическое, комическое и – безобразное. Сегодня искусство эту грань переступило. Понимаешь, есть физиологические потребности – еда, питье и прочее. И сегодня искусство низведено в сферу этих низменных потребностей: сделайте нам вкусно, сделайте нам красиво, веселите нас и ни в коем случае не «грузите», мы вам не за это деньки платим! И артист начинает не играть, а подыгрывать публике и тем роняет достоинство профессии. А ведь подлинное искусство должно причинять и боль в том числе, как причиняет боль игла внутривенной инъекции…

– А почему, по-вашему, исчезла или исчезает потребность общества в этой болезненной, но целительной инъекции, в этом «духовном хлебе», который не похож на французскую булочку?

– Мы сами в этом виноваты.

– Кто это «мы»?

 – Мы, артисты. Мы стали неразборчивы. У нас не хватает сил, мужества отказаться от дряни, от, извини, говняной роли, мы бросаемся на любую работу, потому что – деньги нужны. Превозмогая отвращение, брезгливость мы все-таки идем на это. И я такой. Думаешь, я с радость иду на «корпоративки»? Работаю в роли «тамады»? Но иным способом я сегодня не смогу содержать свою семью, а я мужчина, и это мой долг!

Однако здесь есть одно «но»: какая бы ни выпала работа – нельзя «халтурить», нельзя позволять себя унижать, нельзя опускаться до безобразного комикования в стремлении во что бы то ни стало угодить «почтеннейшей публике». Я стремлюсь любую корпоративную вечеринку превратить в полноценный спектакль! И пусть среди трехсот человек меня услышат десять-пятнадцать – это уже результат. Ведь это мои зрители, мои современники, мои казахстанцы, мои алматинцы, и я должен донести до них свою любовь, свою боль, свое сочувствие. Пойми, я никого ни в чем не обвиняю, ни на кого не обижен, просто такое выпало нам время – непростое. И как бы я ни рассуждал сегодня о правильности выбора своей профессии, но в глубине души я уверен: это она меня выбрала. А значит нужно жить и выполнять свои обязанности. Честно и добросовестно.

Беседовал для журнала «QAZYNA» Владимир РЕРИХ.

Сентябрь, 2009 г., №5

«АБЫЛДЫ ӨЛТІРГЕН ҚАБЫЛДЫҢ ДА ҰРПАҚТАРЫ

ЖЕР БАСЫП ЖҮР...»

(«Сақшы» газетіне берілген сұхбат)

1-2. – Тұңғышбай аға, өзіңіз берген бір сұбхатта: «Өнер

  • өте нәзік ұғым. Өнер – білектің емес, жүректің ісі, ал жүрекке әмір жүрмейді», – депсіз. Осы өнердің төрінен бүгінгі күндегі тәртіп сақшылары аз насихатталып жатыр, мәселен киноиндустрияда, театр сахнасында... Өнер, яғни «нәзік ұғым арқылы полицияның оң имиджі артатыны сөзсіз. Тәртіп сақшылары жайлы тамаша фильм шығып жатса, ол халықтың жүрегіне жетпей ме? ...Ресейде құқық қорғау органдары жайлы қандай кинотуындысын алсаңыз да олардың отанға деген адал қызметі қарқынды насихатталған. Бұл мәселенің бізде әлі де дұрыс жолға қойылмауына не себеп?

 – Біріншіден, өнердің басты мақсаты – насихат емес, ақыл айтып, қалай өмір сүруді үйрететін оқу орны, немесе уағыз айтатын Аллаһтың үйі – мешіт те емес. «Нәзік ұғым» дегенде де, ол сонша бір қажыр-қуатсыз, әлжуаз дүние екен деген ой туындамаса керек. Өнер – кім көрінген домбаздап ермек қыла беретін, ойын емес екенін ескертуден туған тілектер ол. Абай хәкімнің әмбеге белгілі «Түңлікбайдың қатыны, атың Шәріп, Жарымаған күйеуге сен бір ғаріп, ...Көрінген ит кетеді сарып-сарып» деген аштылау өлеңіне алда-жалда көзің түскен болар... Қазағын Абайдай алқалаған, алайда сол Абайдай «жаңқалаған» ақын кемде-кем. Себеп – сол елін ессіз сүйгендіктен, есін жиғызудың амалынан. Амалсыздан барып, «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым, Ұстарасыз аузыңа түсті-ау мұртың, Жақсы менен жаманды айырмадың, Бірі қан, бірі май боп, енді екі ұртың!!» демей ме! Қазір де қайбір қымбатымыздың, «жақсы мен жаманымыздың», төріміз бен етегіміздің, өнеріміз бен кереңіміздің, қайсыбір атпал азаматымыздың шын қадірін біліп жатырмыз дейсің?!

«Қолда барда алтынның қадірі жоқ...» та баяғы. Қолдан шығарып алып «өкіндім-айдың» пайдасы бола қояр ма екен? «Тірлігімде сыйласпаған ағайын, Мен өлгенде жыласаң, Құм құйылсын көзіңе!» – дейді Махамбет те. Жөйіт жұрты айтады ғой, «мұсылманның кейінгі ақылымен дүниені төңкеруге болады», – деп. Сол айтпақшы, оң- солына икемі аздар да өнерді былай жасау керек деген ақыл айтып, театр теориясының бақшасын жүндей түтіп жүр.

«Қой, дейтін қожа жоқ», амал қайсы, олар Қалтай ағам айтпақшы, «қожазаменитель» болып кеткен. Қазір қазақтың бәрі артист, бәрі әнші, бәрі режиссер, бәрі драмашы, бәрі киношы, екісінің бірі сыншы, кез келгені сол «нәзік» деп жүрген өнерді басқарушы болып алды емес пе? Көңіліңізге алсаңыз да айтайын, «артист» деген аударылмайтын латын сөзін «әртіс» деп жазатын «жұрнәлістеріңіз» де ақ ешкіні алқымынан бауыздамай, қайрауы кем пышағын буынсызға ұратындары бар, қайсыбірін айтайық... Хош деңіз... Енді тәртіп сақшыларына байланыстыра қойып отырған, алайда екінің бірінің ойында жүрген, үштің бірінің мойнына ілінген екі сұрағыңның да «енесін ұрып, есін тандыратын» жауаптарды тыңда.

 Полиция қызметкері де адам баласы. Әлбетте, өнер тақырыбы бо-луына толықтай хақы бар. Кино жасауға, театр сахнасынан орын алуына әбден болады. Болғанда қандай! Бірақ оны кім жазады, жазғандарына кім режиссер болады? Ол кезде «Келініңіз» жай ойыншық болып қалуы бек мүмкін. Тәртіп сақшылары не көрмейді, қай құдықта жүрмейді, кімдермен алыспайды дейсіз. Ол құсық сынды құқайлардың бәрін мұрнынан тізбектетіп өнерге әкеле беру міндет емес шығар, әйткенмен, әңгіме жасауға тұрарлық, назар аударуға боларлық, тіпті еліктеп-елжіреуге тұрарлық, айта берсек, жүрегіңе жақын алып, жаныңды ауыртарлық қаншама оқиғалардың, нешеме сұмдықтардың ортасында жүреді ғой ол жазғандар. Осы тұрғыдан келгенде, көршісінің есік құлпысының тесігіне сығалауға құмар бүгінгі қазаққа сол шытырман оқиғалар экранға арбалған албастыдай есін алдырар мартудан бетер әсер етері анық қой. Кезінде кедей болса да, кісінің шошаласына көз салмайтын қазақты, кеңестік идеология кез келгеннің етегіне сығалауды, бірінің үстінен бірі арыз жазуды, көршісі мен көлденеңіне көр қазуды санасына сыналап сіңдірді емес пе? Сондықтан да, бұл күйіп тұрған тақырып, көрерменге қарық болатынына шүбә келтірмейді. Тек сол шытырмандарды ширатып жазатын, драма мен сценарийлерді тектілік пен білікті тұрғыда түзудің құпия сырын білетін, сыртынан жүре алатын сыралғы суреткер кәні! Мазмұнын ғана көріп, мәні мен тәріне, астары мен сәніне, ибасы мен иіне, сыпасы мен сынық үйлесіміне, талғам биіктігі мен тазалығына, тұнықтығы мен тұңғиығына зер сала алатыны аз керенау көрерменнің көзін ашар көкірек сарайы кең, ұлтжанды ұл, өнерпаздығы оң, тас досының талғаты емес, хас өнердің зәузаты болатын белі мен белбеуі өз күшінікі дейтін режиссер кәні! Қазақ өнерінде ондайлық актер де, режиссер де бары бар, алайда олар тектілігінен тұйық, таланттылығынан тарпаң, жүйріктігінен жадау күйде, тек білімділігінен бетпақ емес, жараулығынан жалмауыз емес. Оларға жол тар, алды- артына «су сеуіп» тайғақтандырып қойған тасмаңдайлар бар. Іштерінен тынып, тас бекітілген індерінен шыға алмай әлек. Жоғарымен әмпей досы жоқ, төмендегілерінің «халың

қалай» деуге көңіл қошы жоқ. Айналасы «ойбай, өлдім!» десе де қара су татырмайтын, татыра алмайтын ынжық, тартыншақ. Сіз сөз қылып отырған Ресейіңіздің есепсіз түсіріліп жатқан ессіз сериалдарының тым биікте тұрған талғам таразысысына сай келуінің аулы алыста, алайда таланттылары мен тарпаң мінезділеріне еркіндік беріп, екі күннің бірінде жаңа киноның тұсауы кесіліп жататыны қызығарлық һәм қызғанарлық жағдай. Ол – елдіктің көрінісі. Оны айтасыз, кино сияқты сүйкімі онша көп емес көрінетін сол ресейліктердің театр қайраткерлерін, оларды оқшауландыратын қоғамдық ұйымдарын, яғни Одақтарын алып қараңызшы, абырой сыпаттары министрлерінен де биікте сияқты. Жасап жатқан шараларынан басың айналады, театр өнері кино сынды қимылдайтын сурет емес екенін жақсы білетін ресей үкіметі, оларды ерекше қадірлейтінін өз көзімізбен көріп, алмағайып бірер шарасына төбе көрсетіп, қатысып келген айдаладағы біздің мерейіміз өсе түскенін жасырып қайтеміз. Ал, қазақтың киношыларының жасаған бәлдір батпағына жиналған намысы бекем, алайда үміті жетім көрермендер санынан, сырбаз болғандықтан да онша әйгілі емес, сыпайылығынан қарапайымдығы басым қазақ театрларының залына жиналатын қазақтардың саны бәленбай есе көп екенін есеп-қисаптан хабары бар кез келген шенеунік шын санаса көзі жетер-ақ еді, не шара, есеп білетіндерінен гөрі есептемейтіндердің, өз есебіне келгенде жүйріктердің саны артық. Біздің Елбасымыз өнер десе ішкен асын жерге қоятын елгезек жан екені төрткүл дүниеге аян, алайда ол кісінің үмітін ақтап, шын қуантып жүрген киношылар, турасын айтайық, әзірге жоқ. Ол төңірекке өңшең бір сумақай, сұғанақ қолды біреулер топтасып алған сыңайлы демеске амалың қалмайды. «Қырамыз, жоямыз» деп, мемлекет ақшасын күректеп шашып, күлдібадам кино жасауға беттері шімірікпейді, кешке көрген ол киносының сықпытына құсқың келгенмен, ертесіне ұялмай-қызармай тағы да ақша алып, енді келесі бидай-былдырығын түсіре бастағанын естігенде тілден қалғанмен таң қалмайтын болдық. Өзге елдің қаражатымен өз елінің қадірі мен қасиетін қашыратын жылым фильм түсіргіш маргинал киношыларға

әзірше дауа да, «әй дейтін әже де жоғы» жанды ауыртады, амал не? Жат жұрттың, шет елдің кекетіп берген сый- шекпенін бұлдап, мақталуынан басы айналған мұндайларды қазақ санатына қоспай-ақ қойса да болар!

  •  – Сізді халық талапты шәкірттер тәрбиелеп, олардың талантын ұштаған ұстаз ретінде де сыйлайды. Шәкірттеріңіздің бірі Сәуле Әбединова: «Тұңғышбай ағаның шеберханасында екі жыл дәріс алғаным бар. Сонда ол үнемі: «Сахна – қасиетті қағба. Сахнаның киесінен қорқу керек. Сахнаға шыққанда «бісіміллә!» деп оң аяқтарыңмен аттаңдар. Сахна бір-ақ сәтте әуелетіп аспанға көтереді, немесе бір-ақ сәтте құлдилатып шыңырауға лақтырады...» дегенді әр сабақ сайын қайталайтын. Бар білгенін үйретуден жалықпайтын»,
  • дейді. Сол қасиетті сахнада «бісміллә» деп, Отандық полицияның ролін сомдауға қалай қарайсыз?
    •  Ондай тәжірибем бар, Қазақ теледидарында кезінде бірнеше сериялы бейнефильм жасалынған, Оны В.Голосков деген режиссер түсіріп еді. Ол ертеректе, М.Есболатовтың министр кезінде болған уақиға. Сол кісінің басынан өткендерінің негізінде жазылған, болған уақиғалардың ізімен түсірілген дүние болатын. Мен басты рольде, сол министрдің аға лейтенант лауазымындағы прототипін атқарғам. Ол фильмнің қазір қай жерде шаң басып, немесе шіріп жатқанын бір Аллаһ білетін шығар, жоғымызды іздеуден гөрі барымызды жоқ қылып жіберуге «мәстір» елміз ғой. Белгілі тәртіп пен жарғы бойынша, ол кезде құқық қорғау қызметкеріне мұрт қоюға болмайтындықтан, онымды қырып тастап, бірер ай тып-типыл боп жүргенім бар. Театрға кіргенімде, күнде көрісіп, әзіліміз жарасып жүретін әріптесім Бақыт Жанғалиева танымай қалып, сызылып, «сәлеметсіз бе, ағай» деп, қылымсып амандасқаны есімде. Осы кішкене эпизодтың өзі-ақ, біз сөз қылып отырған полицейлеріңіздің қыз-келіншектер арасындағы қадір-қасиетінің қаншама екенін анық көрсетіп тұрған жоқ па? Ал, Бақытыңыз болса, ол кезде басы бос, қылшылдаған жас, көрерменнің

көзайымы, театрдың көз сүріндірер таңдаулысы болатын. Әрине, пьесасы мен сценариінің сүйегі кәсіби деңгейде жазылып, дос-тамырларын ғана түсіретін «асан, үсен, түке, тәкеңдерден» басқа шынайы көркем дүние жасағысы келетін нағыз суреткер режиссер менің суреткерлік санатымды ұнатып қолқа салса, кейпім мен кеспірім кейіпкердің ішкі- сыртқы қалып-нұсқасына сай келіп жатса, неге сомдамасқа? Сөз арасында айта кеткім келіп тұр, ішімде тұншығып қалмасын, маған осы бір «сомдау» деген сөз онша ұнамайды, актерлерге емес, мүсіншілерге қойылатын сұраққа пайдалану керек шығар. Негізі, кейіпкердің кейпін кешу десе, сол арқылы өз ішіндегі ой-пайымдарын жалаңаштау, тіпті болмаса, ролін атқарған, жасаған, орындаған деген дұрыс сияқты көрінеді маған. Ал Сәуленің мені ұстазым деп санап саралағанына, көрген-білген-тергендерім мен айтқан әңгіме-дүкендерім әлі есінде екеніне көңілім босап, ішім жылып отыр. Аузымды ашсам, аржағымнан жүрегім мен шынымның шеті шығып қалатын бейбақ басым, кезінде ол шәкіртімнің маған өзеннің ар жағынан тас атқандарға тілектес болғаны еріксіз есіме түскенін несіне жасырайын. Рас, журналист ретінде еш жаққа бүйрегі бұрмай, қалыс тұруы керектігін түсінуін түсінем-ау, алайда сол кезеңде, сол бір қараниет қыртымбайлардың арбауына түсіп қалғанын ол да білмеген шығар, ондай сақтық пен қулыққа үйретпеген өзім едім. Жалғыз Сәуле емес, басқа шәкірттерімнің де жетістіріп сәлем беріп жүргені шамалы, заманның бұрылыс- қалтарыстарына бой ұрып, басқа «аға», өмірлеріне қажетті өзге «ұстаз» тауып алғандары да баршылық, ұятты бетіміз қызарғанмен, миятты етіміз үйрене бастады ғой оған. Сахнаны қастерлеуді қайта-қайта қадап айтатыным есінде қалған Сәулеге мың алғыс, ол маған емес, сахнаны ойын деп кемсітетін, құнын арзандататын оспадарларға керек. Өткенде, сол Сәулемен бірге оқыған Ұлан Нүсіпәлиевтің

«Айқын» газетіне берген сыр-сұхбатына да тәнті болдым. Ағамыз болмашыға босай салатын бопты, қартаяйын деген бе деген ойдан аулақ болсын, әзірге зар бабымдамын, күрескерлігімнен тайғам жоқ, сол баяғы айқасқаным – айқасқан! ...Тек шындық пен әділет үшін күрестің көбіне жеңіліске ұшырайтыны мұңайтады.

  •  – Тұңғышбай аға, өнертану ғылымының кандидаты ретінде өз пікіріңізді айта кетсеңіз, отандық ведомстволардың тілін түзеу үшін, М.Шаханов айтқандай, тіл полициясын енгізсек дұрыс болар...

  Мен диссертациямды қазақтың шешендік өнері мен актерлік шеберлік төңірегіндегі байланыс пен сөз құпияларын зерттеу тақырыбында қорғағам. Сондықтан бұл жайлы тілімді қышыта берсең, талайға кетіп қалармыз. Рас, шенеуніктердің көпшілігі өз тілімізде ойын жеткізе алмайтындары жанымды ауыртады, тіпті ашындырады да. Шын кіріссең, шыбынның да тілін үйреніп, шүйіркелесіп кетуге болады ғой. Оны айтасыз, әлі күнге қазақша көсіліп сөйлей алмайтын қазақ актерлері да бар, оны қайтесіз! Мұхтар ағамызша, «өйту керек, бүйту керек» деп, елдің берекесін ала берудің де қажеті жоқ шығар. Елбасымыз қазақшалап, өзім деп айтқан өзек жарар сөздерді керенаулықпен кейінге қалдырып жүретін өзіміз емес пе? Өзге ұлтқа өктемдік жасамай, өзіміз өз тілімізде сайрайықшы әуелі! Қазақша кітап оқиықшы, жаман ба, жақсы ма, қазақ театрының қойылымдарынан қалмайықшы! Жүректен шығып, құлақтан кіріп, бойыңды алар қазақ әндеріне құлақ түрейікші! Жаман дейтін қазақы қылықтың, шала шекспирлердің, қыли қыртымбайлардың, асан-үсендердің, мәке-сәкелердің жолын кесейікші, жақсыға тізгін қияйықшы! Тілден гөрі ар полициясын енгізуді ойлау керек боп қалды ендігі!

  •  – Елбасы жолдауында ІІМ-ге қатысты тапсырмалар көп. Жалпы, сіздің ойыңызша, ел тыныштығын сақтауда олардың үлесі қандай? Сақшылардың жалақысын көтеру
  • олардың жұмысына деген ынтасын, әлеуметтік мәдени деңгейін қаншалықты арттырады?
    •  Қазақ деген тәртіптілігі мен көнбістігі, сөзге құлағыштығы, момындығы мен бауырмалдығы бір басынан асқанмен, қайыру білмес асау жұрт. Ел болған соң, кем-кетіксіз бола ма? Жеріңді көтеріп көшіп кете алмайтын, салт-санасы сан алуан құдайы көршілерің бар.

Төріңде көгеріп-сазарып көгілдір экран тұр, дүниенің төрт бұрышынан неше түрлі сұмдықтарды алақаныңа салып беріп отырған. Өзінің таңсығынан гөрі өзгенің қаңсығына құмарта кететін алып-ұшпа жастарымыз, алақ-жұлақ еркелігіміз, әркімге бір еліктегіш елпең мінезіміз де бар. Сырттан келіп, сынымызға сына қақпақшы болатын қара ниетті кірмелер, қаншама қоғамдар мен секталар, қазақтың осындай табыстарға жетіп, өзі сындылырдың оза шапқанын көре алмайтын көп дұшпан да жоқ емес. Әрине, сақ болу керек, әрине сақшылардың үлесі мол. «Үй артында кісі бар», абай болған жөн. Иен далада еркін өскен халықты жүген- құрықсыз бос жібере салуға да болмайды. «Әй, дейтін әже», қашанда керек. Тас түйін боп бірігудің, қауқылдасқан ел болудың жолы ауыр, бас ие керек, басалқалы тәртіп керек. Сақшылардың өмірі өзгелер қызығатындай онша оңып та тұрған жоқ, қиыны қиын. Жасалынып жатқан шаралар да жоқ емес. Еңбектері бар. Алайда бәрі керемет, жанымыз тыныш, ертеңіміз емін деп өтірік айта алмаймын. Қоғамдағы қиюы кеткен кем-кетіктерді, тәртіп бұзушылықты, ең бастысы, елдің ұйқысының тыныш болуына келсек, білек сыбанып кірісер шаруалар көп-ақ. Өз басымнан өткен бірер уақиғаны ғана еске салайын. Менің автокөлігіме осымен бесінші рет шабуыл жасалды, яғни тереземді сындырып, іште жатқан бүкіл құжаттарымды ұрлаттым. Тіпті, кезекті біреуі тап қала әкімшілігінің алдында, шаңқай түсте болды. Әдет бойынша, полицейлерді шақыртам, болған жайды баяндаймын. Ол жігіттер менің өзімді екі сағаттай тергеп, саусағымның іздерін, неғып жүргенімді, бұл жерге қашан, не себеппен келгенімді тиісті қағаздарына жазып, қысқасы, менің өзімді тергеп болған соң, ақыр аяғында қайта арыз жазуыма ақыл бере бастайды. «Мейліңіз, ерік өзіңізде, дейді олар, біз бұған қылмыстық із қозғаймыз, сізді әлі де талай рет кеңсемізге шақыртамыз, жауаптаймыз. Бірақ, сізге зиян шектірген ұрыны жұғарақпанда ұстап, құжаттарыңызды тауып береміз деп, сізге уәде бере алмаймыз. Ал, бізге бұл істің созылмалы болғаны абырой әпермейді, ашылмаған көп істердің санын көбейткені болмаса» деп, өзімді ұялта бастайды. Сонымен, «ойбай, жаздым-жаңылдым, өзім

кінәлі, құжаттарымды қайда жоғалтқаным есімде жоқ, сөзімді қайтып алдым» деп зорға құтылам. Ал бұл жолғысы, бұрынғыларынан бөлектеу, машина тонаудың жаңа үлгісін ойлап тапқан екен, әлгі сабаздар. Алдымен дөңгелегін пышақпен тесіп, оның желі шығып тоқтағанынша соңыңнан жүріп отырады екен, «болған іске» өкінгеніңмен, амалсыз қосалқы резинаңды мықшыңдап ауыстырып жатқаныңда, салоныңды тінтіп, керегін алып жөніне кете беретін бопты. Әрине, екі-үш күн өткен соң, «құдай жарылқап», Рысқұлов пен Емцова көшесінің қиылысындағы «Ильзат» кафесінен «сіз құжаттарыңызды бізде ұмыт қалдырыпсыз, бізде жатыр, алып кетіңіз» деген хабар келгені. Қуанғаным сонша, әлгі кафенің сатушы келіншегіне сүйіншімді табыстап, құжаттарымның түгел екеніне көзім жеткен соң, әлгі ұрлаған сабаздарға кәдімгідей риза болып қалдым, өйткені мұндай «мырзалықты» бірінші рет сезініп отырмын. Алдыңғы төрт рет ұрланғанымда, теледидарға, «Пан и каға»

«за вознаграждение» деп зар илеп хабар бергеніммен, ізім- қайым ошар болмаған соң, салпаңбайлықпен құжаттарымды жарты жылдай әуре болып жүріп, зорға қайта жасатқам. Бір қарағанда, бұл өзі онша мән бере қоймайтын уақиға болғанымен, маған қаншама эмоциялық азап болды десеңізші? Өгіздей кейпіңмен соншама ашықауыз- аңқаулығыңа күйіп-пісіп, өзіңді өзің күстәналайсың, «жылап ішіп, шыңғырып «кіш» етіп» тапқан азын-аулақ нәпақаңнан айрылғаның жігіттік намысыңды жермен-жексен қылады. Үйіңде саған сеніп, қолыңа қарап отырған бала-шағаңның аузынан жырып, еңбектеніп тапқан табан ақы маңдай теріңнің үлесі айдаладағы бір алаяқтың оңай жемі болғанына налисың. Талай-талай баскесерлерді ауыздықтап жүрген полицейлердің осындай кішігірім алаяқтықтың тамырына балта шаба алмай қалатындарына қайранмын. Пессимистер болса, «өй, олардың өздері солармен сыбайлас, проценттерін алып тұрады» деген сұмдықты айтады, кімнің аузына қақпақ боласың. «Майда-шүйде» деп мән бермегеннің аяғы осындай сенімсіздікке апаратыны ақиқат қой. Меніңше, қылмыстың майдасы болмайды. Бұл жерде ел намысы ортаға түсетінін, мемлекетіміздің абыройы арзандайтынын әсте естен

шығармаған абзал. Ал патриоттық сезім алатын жалақымен тура пропорционалды емес, біз де жүрміз ғой, Асанәлі Әшімов екеуміздің айлық жалақымыз жетпіс мыңнан зорға асады. Бұл – театрлардағы ең үлкен жалақы, «Рамсторға» екі кіріп шығуға жетеді, облыстағы азапкер актерлердің түсіне де кірмеген сома. Алайда, күнде кешке көрермен алдында

«қол сынса – жең ішінде» болып зорайып, жанымызды жалаңаштап, отансүйгіштік пен ұлтжандылықтың ақшаға айырбасталмайтын үлгісін көрсетеміз.

  •  – ІІМ қызметкерлеріне қатысты қызықты оқиға өміріңізде болды ма?
    •  Өте көп, қайсыбірін айтайын. Мәселен, МАИ қызметкерлері артымнан қуып келіп, мені таныған соң, көңіл күй, ұнжырғалары түсіп кетеді де, «аға, жүре беріңіз, әшейін амандасайын деп едім» деп қала береді. Сыйлағанына рахмет, мен өзі кәнігі жол ережесін бұзушы әпербақан емеспін, тәртіпті болуға тырысамын, дегенмен, кейде байқамай қаласың ғой. Ертеректе, Сағындықов деген майор жігіт, тоқтатып алып, маған әбден мораль оқып бәле қылған. «Ну и что, если Вы артист, надо обязательно нарушать, кто Вам дал такое право, платите штраф» деп қоймайды. «Ағатай, екеуміз де қазақпыз ғой, өз тілімізде ұрысшы!» деп намысына тиген соң ба, зорға қоя берді. Мен де қырсық екем, ақыры бір тиын айыппұл төлемей жөніме кеттім. Есімде мәңгі қалғаны – қызықты емес, алайда оның ұмытылуы да мүмкін емес, жанымның ешқашан жазылмайтын жарасы, желтоқсан көтерілісі кезіндегі уақиға. Ресейдің карательдерінің табанының астында тепкіленіп жатқан мені ажалдан алып қалған сол кездің милиция майоры Ерболғанов Есмұрат деген азамат болатын. Бүгінде Талдықорған қаласының тұрғыны, «мен сүйтіп едім» деп ешқашан міндет қылмаған мінезді жігіт.
  •  – Қоғамның беделді ел-ағасы ретіндесізді қоғамдағы қандай қылмыс түрі алаңдатады, және онымен күресу шаралары қандай болуы керек?
    •  Қылмыс атаулының бәрі алаңдатады, ол деген дерт қой. Дерттің ауырын да, жеңілін де емдеп жазбай болмайды емес пе, әйтпесе асқынып кетеді. Жеңіл екен деп жасырудың да қажеті жоқ, «ауруын жасырған өледі» дейді атам қазақ. Кісі өлтіру, ұрлық жасау былай тұрсын, күншілдік те қылмыс, мұңсыздық та – қылмыс. Ұлтын, елін сүймеген де, ол үшін күймеген де – қылмыс. Жақынына жаны ашымағандық та, немкеттілік те – қылмыс! Қылмыссыз қоғам – адамзаттың ежелгі арманы, амал қанша, ол тек Аллаһ Тағаланың құзырындағы Жұмақта ғана орнаған шығар... Ізімізге Ібіліс түскен соң, жазатайымдар көп болады ғой. Абылды өлтірген Қабылдың да ұрпақтары жер басып жүр... Адам баласының көз жасы құрғар жер бетіндегі мамыражай тыныштық үшін күрес толастамай-ақ қойсын!
  •  – Арманыңыздағы әлі ойналмаған роліңіз бар ма, алдағы шығармашылық жоспарларыңыз қандай?
    •  Көп. Әрбір күнім арман. Онсыз таңым атпайды, ертеңімнің, өмірімнің мәні таусылады. Мен актермін, Адам баласының өмірін, тағдыры мен арман-мүддесін жақсартудың жолындағы шермендемін. Бұл мақсаттың шегі жоқ.

«АБЫЛАЙ ТУРАЛЫ ҚОЙЫЛЫМДАРДЫҢ ОБАЛЫ...»

(«Аңыз адам» журналының сұрақтарына жауап)

  •  Драматург Дулат Исабеков «Тұңғышбай Абылай ханды Абылайдың өзінен де артық ойнады-ау деймін» депті. Театрдағы сомдаған рөлдеріңіз ішінде шоқтығы биік Абылайды сомдау бақыты қалай бұйырды, сізге?

 – Дулат ағамыз айтқыш-ақ қой. Қашан, қай жерде, қай күні айтты екен – ол жағы маған беймәлім. Сол сөздер айтылғанда қасында болғандар да маған жеткізген емес,

соған қарағанда, Дүкеңнің ол бағасымен «келіспейтіндер» естіген ғой. Әншейінде Дулат ағаның аузынан шыққан әрлі де зерлі сөздерін қағып алып, қанжығасына байлап алуға әзір «ығай-сығай, мырқымбайлар мен қыли қыртымбайлар» лезде жан-жағына жалаулатып үлгеретін-ді. Бұл жолы олай болмаған болу керек, әйтпесе, «қазақтың өзінен сөзі ұзын» деген, бумерангпен өзіме де жетіп қалар еді ғой. Дулат аға өзіме де «мен бір жерде, бір кісілерге, я бір басылымға сен жайлы осылай дедім» деп те міндет қылған жоқ. Бұнысы нағыз тұлғалық қасиет, өйткені менің Абылайым – тек менікі ғана емес, қазақ дейтін қазына халықтікі. Мен де сол қазақтың бірімін. «Қырдым-жойдым» деп те көкірек қағудан аулақпын. Менің солай ойнамауға хақым да жоқ болатын, өйткені Абылайдай ардақтыларымызды сағынғанымызға бір ғасырдай уақыт болып қалған-ды. Ол сағыныш сал шекпенге айналып, тегімізге шер де, шемен де болып тереңдеп кеткен- ді. Сол тереңнен, арсыдан атылып шыққан Абылай ол. Айналасы үш жылдың әлетінде екі мәрте Абылай болып, арсыдан «айғай» салдым қазаққа. Бірі М.Байсеркеновтің, екіншісі Ә.Кекілбаевтың қаламы емес-ау, амалынан, амалы да емес-ау тауанынан «тулап» шыққан шерлер-ді. Ол айғайдың қай айғай екенін ұқпаған сақалдары күнге ағарған дәлдүріштер де болды, амал не... Қалай бұйырғанына келсек, ол – жазмыш! Кезіме, кезеңіме, кезегіме келген Несібе! Жоғарыдан, Жаратушыдан келген Бұйрық! Мүмкін, мен осы ұлы МАҚСАТ үшін дүниеге келген шығармын... Абылай туралы осы уақытқа дейін ешнәрсе жазылмай жүргені – менің пісіп-жетілуімді күтіп жүрген шығар, Ұлы Мәртебелі Бұйрық! Бұқар жырау былай дейді:

Ей, Абылай, Абылай! Мен өзіңді көргенде, Тұрымтайдай ұл едің, Түркістанда жүр едің, Үйсін Төле бидің Түйесін баққан құл едің!

Жаныс Қыбырайдың үйінде Түнде туған ұл едің,

Әкең - күмән, әуелден, Оны да мен білемін!...

 Бұқар бабаның осы өлеңін көбіміз білеміз, алайда – әдейі білмеген боламыз! Алтынсарының Ыбырайының «Бір Аллаға сиынып, Кел, балалар оқылық!» дегеніндегі алғашқы жолын «жоғалтып» алған сияқты, мысалы. Әйтеке, Төле, Қазыбектердің саяси шешімімен, «жоғалып кеткен төре тұқымы» Сабалақты 22 жылдан кейін «тауып» алып, хан сайлағанның ұшығы қайда жатқанын да «білмеген боламыз», амал не... Әйтпесе, Түркістанды билеп тұрған Уәли сұлтан, хан тұқымы Әбілмансұрды «қапелімде жоғалтып» алып,

22 жыл бойы іздемейтіні несі? Іздесе – төрелердің бала жоғалтқаны жайлы зарлаған запыран жырлары ауыздан- ауызға тарап, бізге неге «Мұңлық-Зарлықтай» болып жетпеген? Ол «негелердің» жауабы – Бұқар жыраудың шегелеп айтқан жырында жатыр! Мен – Қыбырайдың ұрпағы болмағанмен, Жаныспын! Менің ойнағанымды қалап тұр, Төтеден келетін, Себеп пен Салдар! Абылай – менің қанымда жатыр! «Қалай бұйырды» дейсің... Осылай!.. Жауап – осы! Анау деп, мынау деп, неғылайын!

  •  Ә.Кекілбаевтың «Абылай ханында», М.Байсеркенов- тің «Абылайдың ақырғы күндерінде» хан рөлін сомдадыңыз. Сол рөліңізге дейін және рөліңізден кейін қандай күй кештіңіз? Жалпы, Абылай хан тұлғасы сізге несімен қымбат болды?

 – Әбіш ағаның«Абылайханы» елбасқару, жұмхыриятболу ісіндегі нақты, қазыналы әрекеттерімен, милләт болудағы бел буған бекіністерімен, ал, Маман ағаның «Абылайдың ақырғы күндерінде» сол атқарған ісін таразылаған адамдық базыналығымен, шынтақ шайнатқан өкініштерімен қымбат. Қазағын қасық қаны қалғанша сүйіп өткенімен, сүйе отырып, көп қылығына күйіп өткенімен қымбат! Мен де тап сондай күй кешкенімді айтсам, адам нанғысыз, алайда шыны осы! Өнерде, Әуезов театры деген «елімде», мен де бекіністеріммен, өкініштеріммен, қазынаммен, базынаммен

басымды тауға да тасқа да ұрғаным, нахақ күйгенім – адалдар үшін аңыз емес, ақиқат!

  •  «Абылай хан» спектаклі қазақ сахнасында бірнеше рет сахналанды. Сіз ойнаған қойылым несімен ерекшеленеді?
  •  Кешіріңіз, бірнеше емес, бір-ақ рет сахналанды. Несімен ерекше дейсіз бе, себепсізден себепсіз «өмірі» қысқалығымен. Бірінің сахналық өмірі бес, екіншісінікі екі-ақ жыл болды! Қазақ сахнасына Абылай хандардың орнына «Әңгүдік» деген қойылымдар келді. Бұл кезде хандар мен сұлтандарға орын болмады. Ұлтандар сахнада сайран салды, сақалды байтөбеттерге сол ыңғайлы болды! Мәдениетсіз министрлікке бәрібір, әйтеуір тыныштық керек, «күл болмасаң – бүл бол»... Ал тыныштық театрға емес, қабірстанға жарасқан-дүр!..
  •  Біз көріп жүрген Абылай хан бейнесіне шынында да сіздің кейпіңіз, әсіресе сұстылығыңыз дәл келетін сияқты. Ұлы тұлғаны сомдау қаншалықты қиынға соқты?
  •  «Қиынға соқты, ой қиналдым» деп, «көпірік, өтірік- актерлер» сияқты көлгірсімеймін. Қиналсам, Абылай болып қиналдым, қалай ойнаймын деп емес. Өйткені кәсіби актермін, драмашыға құл, режиссерге тұл емеспін. Сұсым дәл келгені – тұсымның дәл келгені емес пе, хан болмасам да суреткерлік ісімнің дәл келгені емес пе! Көкшетауда болған қойылым кезінде, Абылайдың көзін көргендердің алтыншы ұрпағын арқаландыра толқытқан, өнер сарайының қабырға-шаңырағын теңселткен пысым дәл келгені емес пе! Көкшеде қонақтап қалған Абылайдың аруағының қолдағаны шығар – менің қалықтап ұшқаным, күнаһар жерге әзер түскенім!
  • «Көшпенділердегі» Абылай хан туралы не айтасыз?

Түк те айтпаймын. Өйткені ол – «Көшпенділер» емес,

ондағы Абылай да емес. Ол – қалмақ ханы Қалдан Серен туралы ойдан шығарылған өңез. Шашылған қаржы.

Сұрақ жолдаушы

Әлия Құдайбергенова

ӨНЕРЛІГЕ СЫН АЙТУ – ӨРЕЛІНІҢ ІСІ

(«Мәдениет» журналының сұхбаты)

  •  Қазақстанда он шақты эстрада жанрындағы әзіл- сықақ театрлары бар екен. Қазақтың алғашқы ойын- сауық отауы «Тамашадан» бері жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай көбейген осы театрлардың арасында мемлекет тарапынан арнайы фестиваль ұйымдастырса қалай болады? Бұны санның негізінде сапаға көшудің бір жолы десек болмас па?
  •  Өте дұрыс айтасыз. Түрмеден гөрі театрлардың көбейгені – еліміздің зайырлылығын, өркениетінің биктігін көрсетеді. Сонымен қатар, олар – мейлі, қандай театр болсын, әзіл-сықақ па, басқа ма, жеке ме, мемлекеттік пе, әйтеуір, өнер деген өлкеден. Өнер, білесіз, өзгеше өлшем, ерекше әлем. Өнермен қауышқан әрбір адам экзерсиске
  • тазаруға талпынады. Тазару дегенді кең аумақтан түсіну керектігі белгілі болар. Өнері биік қоғам да – таза қоғам. Өнерін алқалаған мемлекеттің абыройы асқақ, пендеки проблемалары аз. Қай ғасырды алмаңыз, өнерін, әдебиетін өркендеткен жұмхұрияттың атауы тарихқа алтын әріптермен жазылған, ол елдің ұлы суреткерлері бүгінде өз мемлекеттері мен заманының паспорттары сынды. Арғыдағы Грекия мен Рұм мемлекеттерін айтпағанда, бергідегі Франция мен Италия, Алмания, ХVII–XVIII ғасырдағы Ресейдің өркениеттерін ойлағанда, сол кезеңде қоғамын қозғалтқан, ұлтын үкілеген мемлекетінің мерейін үстем еткен ұлы суреткер-тұлғалары ауызға алдымен түседі.

Ал, енді олардың, әлгі театрларды айтам, өре-қарымдары

мен хал-қадерлері, қалып-орындары дегенге келсек, ол басқа мәселе, өзге өрнек. Әрине, бұл іштегі қыжылдың сыздатар жері көп, «келгенде Жиенқұлға шықпайды үнім» дегендей, ойласатын, қайта қарайтын, емдейтін, жазатын жаралар жетіп артылады. Міне, осы орайда, өре-қарым мен бағыт-бағдарды бажайлайтын, алға мақсат-мүдде қоятын, қазақы тәр мен тәлімді биіктететін, жол мен жора, қалып пен қағиданы мәрелеп алатын жағдаяттарды оңтайлау мақсатында, сіз айтып отырған фестивальдардың орны бөлек, бағасы өлшеусіз, көмек-сауабы қыруар. Және бұл шара мемлекет тарапынан бастау алуы, қолдау табуы ауадан да артық қажеттілік, дәлелдеуді керек етпейтін аксиома. Театр жеке болмақ тұрмақ, жетім болса да мемлекет қарауында болғаны міндет, өйткені ол – ұлттың үздігіп шығар үні, елдің еңсесінің әні, халықтың хал-ахуалы. Ал мемлекет халыққа қызмет етпей ме? Ендеше оларды күресінде қалдыруға болмайды. Өнерді саралау мен бағалау мәселесіне келсек, бұл – таза шығармашыл одақтардың еншісі, өйткені олар мемлекеттік емес ұйым болғандықтан да, талдаулары тәуелсіз, ойлары орамды, біліп айтады, «қышыған» жерін, қисық тұсын тауып, тіліп айтады. Әйтпесе, Абай хәкімнің,

«өнерге әркімнің-ақ бар таласы» деген тіркестерін бұрыс түсініп, көрінген көлденең көк атты өнерге сарашы болып, салымызды суға кетіріп жүргені бар. Өз арамыздың өзінде шала сауатты ығай-сығай мырқымбайлар, жалпақ шешейлер мен рушыл трайболист-тракторист қыли қыртымбайлар қарадай күйдіріп жүргені де жетеді. Ата сақалы аузына түскен асан-үсендеріміз де сөзі өтер мен қолы жетер жерлерде тауымызды шағып, жығып беріп, жерге қарататыны тағы бар. Өнер жайлы өрелілер сөйлегені керек-дүр.

  •  Соңғы кезде сатирик пен қоюшы-режиссер, артистердің арасында бұрынғы Л.Есенов, Ж.Әбдірашев, О.Әубәкіров, Ш.Смаханұлылардың кезіндегідей шығармашылық бірлестікте жұмыс істеу қалып бара жатқан көрінеді. Осылардың басын біріктіретін арнайы ұйым немесе одақ құру қажет пе? Жалпы, әзіл-сықақ театрлары қай құзырлы мекемеге бағынады?
    •  Әзіл-сықақ театрларының жекелері ешкімге де бағынбайды. Жалпы, өнер аулының бағыну деген бәледен аулақ болғаны ләзім. Бағыну деген – бас ию ғой, құлдық ұру, құлдыраңдау – өнерпаздың ісі емес және олар жағалайтын жағалау емес. Өнердің қасиетіне, кепиетіне құл болу керек, оның кәсібилік төрінен көрінетін қағидаларына бағыну керек, өнерпаздықты аярлықпен, білімсіздікпен, содырлықпен араластырмау керек. Таза өнерді тізеге басу – тексіздік болып табылады. Онсыз да бір театрға бес бастық қожаңдайды, директор, бас режиссер, көркемдік жетекші, бас әкімші, көркемдік кеңес төрағасы, труппа бастығы... Немесе, үш бастықтың қамшысын бір өзі бүктеп, тақымдап отырғандар бар. Олардың айғайы мен сүрені үш айлық жерден шығып ,құлағыңды керең етеді, өз тәлімін теліп, өз бойының жетер биігіне ғана созылады. «Арыстан тобын ит бастаса...» дегенді айтпайын десең де аузыңа амалсыз түседі. Көрген-білгеніміз бір кісіге жүк боларлықтай болған біздің бір көзіміз жеткені – театрға режиссердің басшылық еткені көп кедергінің ең негізгісі. Режиссер өзі қоятын қойылымға ғана басшы, яғни инициаторы болуы, төңірегіне өзіне теңдей суреткер актерлердің басын қосып, ортақ көркем шығарма тудырулары керек. Бір қойылымның «айғайшысы» бүкіл театрға қожаңдауы шығармашылдық ұжым мүшелерінің ұйпа-тұйпасын шығаратыны, актерлердің әлгі қожайынға құлдыраңдай алғандарының «бағы жанып», момындары мен жеке батырлары назардан тыс қалып, көз жастары көл, жігерлері құм болып, жік-жікке бөлініп, берексіздік белең алары ақиқат. Әлгі ойы өзге, бойы қысқа «айғайшы», өзінікін ғана дұрыс деген өзімшілдікпен өзінен еш қысқа емес өзге режиссердің ішкі құпиясына, лабораториясына қол сұғуға дейін барған қасиетсіздікті көзіміз көрген, көңіліміз суыған соң сөз қылып отырмыз.

 Сіз айтқан авторлармен ақылдаста болу, бірігіп жұмыс істеу сияқты қауымдастықтар әлдеқашан әдіре қалғанын өзіңіз де біліп отырсыз. Оның себеп-салдарын ептеп қана суыртпақтатқандаймын. Ал енді одақ құру жағына келсек, жаңадан велосипед құрастырудың не қажеті бар, келсін, зарларын айтсын – тыңдаймыз, талқы өткіземіз, жетер жеріне

жеткіземіз. Қазақстан Театр қайраткерлері одағы деген бұрыннан бар, тек кезінде атағынан ат үркетін ағаларымыз апай-топайын шығарып, солардың қолдарына су құйып жүрген кейінгі іні-бастық сиырқұймышақтатып барып, бұрынғы бары мен базарынан айрылып, бәдәуи болып қалған өлімші халі болмаса... Тірілтпекші болып тырбаңдап жүрген осы жолдардың авторы біз пақырыңыз. Ой, бәрекелді деп оң жағымнан табылып, тіреу болғысы келіп жүрген жамағат аз, есесіне кезінде осы одақты ойсыратқандардың қасында жүрген, көрсе де көрмеген болған, білсе де бұларың не демеген дәлдүріштер, енді бүгін әркімге ақылшы болғансып, сынап-мінеп, қайтер екен деп қиқайып, өтірік тұлға, тарысы піскен жерге тауық болып жүр. «Театр.кz» деген журналы да бар ол одақтың, ешкімнің жеке меншігі, ақшалының мүддесі емес, осыған бас болу былай тұрсын, мақала беріп, сұхбат жасауға да кергиді әлгі әпербақандар. Оқа емес, бұл бізге жаңалық та емес, талайын көргенбіз, нахақ таланғанбыз, «итпен – ит боламыз ба», қайта шыңдай түседі, бекиміз. Жұмыс жүріп жатыр, одақ тіріледі, төңірегімізде екі мыңдай тілекшілеріміз бар. Жеке эстрада театрларының өнерпаздарын өгейсітпей бауырымызға тартудамыз.

  •  Драма театрларының тарихы арнайы зерттеліп, еңбектер де, сыни мақалалар да жазылып тұрады. Былайша айтқанда қазақ «Театртану» ғылымының мектебі бар деп айтуға болады. Ал әзіл-сықақ театрлары туралы сыни мақалаларды баспасөз беттерінен көре бермейміз. Әр театр өз арбасын өзі сүйреп жүр десек те болады. Әзіл-сықақ театрларын арнайы зерттеп, сыны мен мінін айтып, бағыт-бағдарын айқындап отыратын сыншылар неге жоқ?
    •  Эстрада театры тұрмақ, бас театрлардың өздерінің өре- қарымын саралап бере алатын сыншылардың өзі некен-саяқ. Театртану ғылымындағы жалғыз ғылым докторы Бағыбек ағамыз да маңдайымызға сыймай, бақиға кетті. Алты кітап оқымай аспандап жүрген ақсақал-көксақалдардың өздері ағамыздың өнердің тазалығын, өнерпаздың білімділігін

қалайтын «ала көзінен» айылдарын тартушы еді... Сол кісінің тәрбиелеген бірді-екілі, білімді ұл-қыздары бар, бірақ олардың әлі азу тісі кемік, сындары үркек, менмін деген кейбір театр туралы жазушылар бет бақтырмай жүр. Театр ғылымы бар, оның теориялық іліммен суарылатын сыны бар және мен әдейі жоғарыда сипап өткен театр туралы жазушылар бар. Араларындағы әжептәуір айырманы айыра алмайтындарға уәж айтып керегі жоқ, тек халықтың эстетикалық талғамын умаждайтыны жанға батады. Жалпы, өрең жете бермейтін жерге өңмеңдей беру – мырқымбайлардың ісі екенін Майлин ағамыз баяғыда айтқан ғой... Сонан соң, сын деген жалпы өнерге бағыт-бағдар сілтейтін, «третей соты» емес, ол бағыт-бағдар баяғыда айқындалған. Сын дегенді біз әлі күнге мін деп түсініп жүрміз, «әне жері олай емес, мына жері бұлай болмауға тиіс» сияқты жазу – сын емес, бәлдір- батпақ. Сын – ұққанға зерттеу, зерделеу – ақыл айту, дәрі тағайындап беру емес. Зерделі өнерпаз бүгінгі сынды неге ұнатпайтынын білесіз бе? Өйткені, әлгі сыншы-сымақтың өре-қарымы өзінен төмен, оған қарамай ақыл айтатыны тағы бар. Мұрныңды шүйіріп, кісімсіп ақыл айтқаннан гөрі өнерпаздың өмірге әкелген көркем дүниесінің тылсым сырын ұғуға бейілденіп, сынап-мінемей, суреткер ретінде танып, құпиясын ашуға тырысқан, түсінуге ұмтылған жөн-дүр. Ал біздегі «ақылмандар», «ол былай болу керек қой, баяғыда солай болған ғой, анау кісі былай ойнаған ғой, мына кісі солай сөйлеген ғой» деп рецепт те бере бастайды. Қалай болу керек жөнінде әлгі өнерпаздың одан бұрын он ойланып, жүз толғанғанынан бейхабар білімсіздің боз сөзін қайтсін? Сонан соң баяғыда былай болған екен деп, бір орында тапырақтап тұра бер деп сол баяғылар айтып кетіп пе? Қазақта, «баяғы – Байғожаның таяғы» деген астары терең сөз бар, ой тоқтатуға лайық. Аңқау елге арамза молданың уақыты әлдеқашан өткен. Не жазсаң да ұғып, біліп көкіректің кердеңінен ауысып емес, көз майын тауысып, қазып жазу керек, кейінгіге күлкі болмай. Ал эстрада жанры жайында жазбайтын, жаза алмайтын себеп-тері – ол ауылдың иістері мұрындарына келмейді ғой, білім де жоқ, өз тарапынан білуге тырысу

да жоқ. Өнердің бұл парасы бізге кейін келген, ұмытылып барып тірілген, зерделеу де кештетіп жатқаны содан болар.

Жүргізген

 Ақмоншақ Ахмет. 22 қыркүйек, 2010 ж.

«ӨМІР – ЕҢ НАШАР ТЕАТР!..»

(«Алтын орда» газетіне берілген сұхбат)

  •  Мен сізді алғаш рет Жамбыл қаласындағы Жамбыл педагогикалық институтының қабырғасында студент болып жүрген кезімде, 1989 жылы көріп едім. Біздің оқу орны сізбен кездесу өткізген болатын. Сол жолы ГИДРОда оқығаныңыз туралы айтқаныңыз есімде. Өнерге қалай келдіңіз, не себеп болды? Әңгімені осыдан бастайықшы. Егер өнер адамы болмағанда кім болар едіңіз?
    •  Мүмкін, бір облыстың әкімі, я бір олигарх болар едім... Бірақ кім біледі, мен тақылеттес арманшыл, әуейі болып өскен ұрпақтан, әділдік пен адалдықтың аулында жиі болғандардан мен айтқандай пысықтардың шығуы екіталай ғой... Біз математика мен поэзияға, физика мен өнерге құмар болып өскен, мектептегі өмірімізді ең таза, ең шыншыл, ең арманшыл ретінде әлі күнге аңсайтындардан, ұстаздарының аттарын бүгінге дейін жатқа біліп, аман жүргендерінің алдын кеспей, әуелгі әдетіміз бойынша бас киімімізді алып амандасатындарданбыз... Мектепте өте жақсы оқыған мен, адалдық деген ауылды айналып өтуден өте нашар, қулық- сұмдық пен қасыңдағы ойы озық сыныптасыңа қызғаныш дегеннен «ноль» деген баға қойылатын «топас» болдым. Хакім Абай айтпақшы, «кімді көрсең – бәрі дос» еді... Он біріншіні бітіргенде, мен де «елмен» бірге Алматыға келгем... Халық шаруашылығы институтына... Екі сынып қатар бітірген жыл еді ол... Ең мықты бөліміне құжат тапсырыппын, бір орынға 25 үміткер... Қысқасы, конкурстан өтпей қалдым, бір балл жетпей... Ол кезде бақандай бес сабақтан емтихан

тапсыратынбыз, солардың бірі, неге екені белгісіз география- тұғын... Содан «қарабет» болып елге қайттым. Үйден шықпай үш ай жаттым, намыс қой... Сыныптастардан бағы жанып, дәрігерлер институтына түскен Исатай деген досымнан бір күні хат алдым, солай да солай, Алматы деген осындай, оқу өте қиын екен, сендерді сағындым,.. деген сияқты. Байқаймын сөз саптауы бұрынғыдан басқа сияқты, әдеби тілмен жазады, мен білмейтін тіркестер кездеседі... Жауап хат жазу керек. Мен де одан қалмайын деп, еңсемді жиып, өлең кітаптарға бас қойдым. Ол кездегі «модный» ақындар

  • Жұмекен Нәжімеденов, Қадыр Мырзалиев, Мұқағали, Тоқаш Бердияров, Төлеген Айбергеновтер еді ғой... Сөйтіп жүріп, ұят болғанда өлең жаза бастадым емес пе?!.. «Уілдеп алдыңнан ызғырық, Сары аяз бетіңді шарпиды, Терезе әйнегін сызғылап, Суреттер салыпты сан-қилы...» дегендей ғой, баяғы... Сен айтқан Гидро институтына түсердің алдындағы бір жылдың әлетінде аудандық «Шұғыла» газетіне біраз өлеңдерім шығып, кісікиіктене бастадық... Менің егжей-тегжейімнен хабардар оқырмандар біледі – саяқтау өскен адаммын, «ауылым» – 27 разъезд деген темір жол бекеті, тұрғындары екі-үш жанұя ғана. Ертелі-кеш үйден шықпайғы әдетім әлгі – өлең оқу, шатпақтап бірдеңе жазу, домбырамен ыңылдап ән салу... Саржамбас боп жата бермейсің ғой, әкеме көмектескен болып шалғымен шөп шабам, бақшадан картоп қазамын, оларды әкем екеуміз базарға шығарамыз, он бір балаға киім-кешек, шай-суан қант-шай керек деген сияқты... Шатып-пұтып жұмысқа да тұрдым, мектепте жүргенде көркемөнерпаздар үйірмесінің белсендісі едім, аудандық мәдениет бөлімінің бастығы Мырзахан Жаңабергенов ағамыз мені жақсы көруші еді, автоклуб меңгерушісі етіп қойды да, Елқаттаған құмындағы қойшылар қыстауын аралап, «қаңғырып» кеттім... Әлгі өлең-сымақтар сонда шатпақтала басталған... Келесі жылы сен білетін Тараздағы Гидромелиоративтік құрылыс инмтитутына түстім. Екінші курсты бітіргелі жүргенде Алланың әмірімен Асқар Тоқпановты кездестірдім, ол кісі ішімде ұйықтап жатқан «жыланды» теуіп оятты... «Беске» оқып жүрген оқуымды тастап, «жын-шайтанға» ілесіп кете

бардым... Сөйтіп жүріп, өнер аулынан бір-ақ шықтық, ол кезде артист деген кәдімгідей қадірлі еді, әркімнің қолынан келе бермейтін, бір Алланың әмірімен келетін икем, ерекше өлшем болатын,.. кейін ғой, алтыншы сорттыларға айналып шыға келгені. Жалпы біздің ұрпақ екі формацияның ауысар тұсына тап келіп, маңдайлары таңқиып қалды, әкелеріміз соғыстан контузия алып келді, ол жара жазылғанша да заман өзгеріп сала берді, алдыңғы орынға ақша шықты, өнер, әдебиет сияқты дивиденттері көзге көрінбейтін өлшемдер күресінде қалды, бұрын өнерлілерге қоғам мақтанышпен, қызығушылықпен қараушы еді, енді керісінше «ой, бейшаралар-ай» деп мұқатып, өп-өтірік «жандары ашитын» сыңай танытады, алайда қиналдым десең қара су татырмайтын таскерең кезеңге, тасбауыр төңірекке кез болдық. Сөйтіп, бүгінгі пысықтардың, ұры-қары, әкім- қаралардың кекетіп айтатын «қияли», яғни аутсайдерлер қатарына қосылып кеттік. Өнер деген ауыл – пәтіксіз поездан қалып қойған алаңғасар жолаушылардың елі, бауырым... Обал-сауап әдіра қалған, ар-ұяты «капут» болған адалдар мен арманшылдардың стансасына ол поезд тоқтамайды... Келесі поезды сарғая күтуге өтіп бара жатқан уақыт пен өмірің шыдата ма. Сол екі арада шығармашыл шабытың шау тартуы, ол кезде тағы бір формация ауысып үлгеруі мүмкін, немесе ол поезға отыруға билет сатылмауы, не қаражатың да жетпеуі кәдік... Кейде, бәрін тастап, әлгі қатігез поездың соңғы вагонына жармасып-ілігіп, заманның ағымына ілесіп кетіп-ақ қалғың келеді, қан-сөлсіз, сәулесі суық заманға қажетсіздігіңді ұғынғаннан асқан қасірет жоқ. Аш қалдық деп ашкөзденіп отырғам жоқ, өлместің күнін көруге ебіміз жетеді ғой... Гидромелиоративтік-құрылыс институтында жап-жақсы-ақ оқып едім, обалы не керек... Жоғарғы математика, сызба геометриясы, сопромат, теориялық механика, жоғарғы физика, жоғарғы химия, металдар технологиясы,.. қойшы әйтеуір, көп нәрсе кемірдік қой, одан шыққан мүйіз кәні... Қалай келдің деп сұрайсың, осы күні кейде қалай кетсем деген сайтан ойдың шырмауында шиырлап жатам.

  •  «... ешкім өзінің қандай екенін көрсетпейді де, бетперде киіп жүріп, роль ойнайды. Жалпы, бүкіл қоғамдық өмір – үздіксіз комедия ойнау» депті Шопенгауэр. Сіз актер, яки азамат ретінде осы ойға алып қосарыңыз бар ма? Адамдар шындықтан неге қорқады?
    •  Шындық деген шіркін, адам баласына өзінің Алланың қолындағы ойыншық екенін жиі еске түсіретін аксиома. Жоғары білімің бар жігітсің, аксиома деген – дәлелдеуді қажет етпейтін теорема. «Жата бермес шындық ит босағада» деген тіркесті нәшопенгауэр Шаханов көкеміз ақындықтың екпінімен еліріңкіреп жазған ғой, ағамыз бекер айтады, ол шіркін жата береді босағада... Айтақтамасаң... Айтақтайтын

«ақмақтар» азайған қазір, тіпті жоқ болып та кетті-ау деймін. Алдына тасталған, алтын жалатқан сүйек тағы бар... Ешкім ешкімнен артық еместі жоққа шығарған, арлы өмір сүруді ақмақтық санаған, өлшеніп берген өмірде алып қалғанды, жеп қалғанды, бек болғанды, жырып қалғанды, сүріп қалғанды, бүріп қалғанды жөн санайтын көн заманда, азғантай ғана қызық көруге жазылған тоң уақытта, ол иттің құйрығын басып қайтеді, қапелімде өзін қауып алуы бек мүмкін... Өйткені Шопенгауэр айтқандай, адамдардың сырт болмысының алпыс проценті өтіріктен тұрады. Бөрілер аштығын білдірмей, сыртына жүнін қампайтса, адамдар бір-біріне сыр мен шынын көрсетпеу үшін күжірейеді. Сондықтан қорқады, ол жарықтық жарыққа шықса жанды ауыртады. Жан жалғыз, ауырта беріп неғылады, жұрттың бәрі шынайы актер дейсің бе, жанын жалаңаштауға бейім... Рас, бәрі де «үздіксіз комедия ойнайды», алайда өте нашар ойнайды, адамдар өте нашар «актерлер», олардың ойыны мен шынының ара жігін ажырату қиын – арамдық пен қулық астасып, араласып кеткендіктен. Ал нағыз актердің ойыны мен шынының айырмасы әп дегенде-ақ білініп қалады, себебі шын дарынды актер өмірде де, сахнада да ойнамайды...

  •  «Өмір – ең жақсы театр, тек өкініштісі, репертуары түкке тұрғысыз» – дейді және бір ойшыл. Бұған келісу,

келіспеу әркімнің дүниетанымындағы нәрсе шығар. Менің білгім келетіні, «Әкемтеатрдың» бүгінгі репертуары сізді қаншаықты дәрежеде қанағаттандырады? Кезінде өзіңіз де осы театрда басшылық қызметте болдыңыз, көңіліңіз нені ойлап марқаяды? Нені істей алмай кеттім- ау деп қынжылады?

    •  Жоқ, өмір – ең нашар театр, сондықтан да оның репертуары түкке тұрғысыз, ондағы «рольдер» де дұрыс бөлінбеген. Роль бөлуші режиссер – Бақ деп аталатын Соқыр Құс, қонбауға керек жерге қонады, қолында таяғы жоқ зағип адамның қалт-құлттаған қадамын елестетеді. Сондықтан да адамдар өнер-театрға келеді, өмір-театрдың өтірік ойындарынан, нашар «актерлері» мен қызықсыз

«репертуарынан» жалыққан соң...

 Өзім ішінде жүрген, «әлім-сәлім сырын білген» әкемтеатр жайлы ой айту... ой болғанда оның бүгінгі өресі жайлы сыр ашу – онша оңай да, абыройлы да іс емес. Менің бір Алладан басқадан қорқа бермейтінімді білесің, әңгіме онда емес. Басшылықтан кеткеннен кейін, табаны күректей төрт жылдан соң айтып едім – әкемтеатр 60-жылдардың деңгейіне түсіп кетті, «Абылайхандардың» орнына

«Әңгідүктер» келді деп... Ертесіндегі лездеме-жиналыста әжептәуір сөз болып, «тергеліп», әлдекімдердің айтағымен

«өз құдығымызға түкірмеу керек қой» деген сыңайлы репликалар тасталған. Түк болмағансып, «біреу бірдеңе деді ме» дегендей пысқырып та қарамай, жер қозғалса қозғалмай отыра бергем. «Бөрі жеген бөксем бар, иттен несін аяйын»,.. айтылған сөз – атылған оқ. Үркетін үкіңіз мен емес, айтқанымнан қайтпайтыным әмбеге аян, кез келген ортада, ой таласының жекпе-жегінде «отвечаюмын» ғой. Ал, айттық, одан не шықты, «осы Тұңғышбайға ешнәрсе ұнамай-ақ қойды, айта берсін, не тындырар дейсің» деген сияқты мән берілмей қала берді... Апырмай, осы кісінікі жөн сияқты-ау, назар аударайықшы дейтіндей құзырлы мекемемізден адам болған жоқ. Басшы болған жылдары

«қырдым, жойдым» деп көкірек қақпай-ақ қояйын, апайтөс қарсыларымның да, мүләйім жанашырларымның

да,.. бәрінің де іші біледі. Қолымнан келгеннің біразын істей алдым, шығармашылдықтың төңірегін ластан, әпербақандықтан, бетімен кеткендіктен, бөтен иістен, қаны өзгенің қаңсығынан тазарттым, талақ тасталған бетпақ қатындай күй кешкен театрға жаңа суреткерлік қалыптың,

«ұмыт болған» ұлттық менталитеттің, әділет пен жөн- жосықтың, шынайы өнерпаздықтың дәнін септім... Қағынан жеріген құлан-маргиналдардың қағажуында қалып келе жатқан қазағымның батыр-билерін, хан-сұлтандарын төрге сүйредім, эрамыздан бес ғасыр ертедегі ғұндар мен сақтардың даусын, есте жоқ ескі замандардың запыранын жеті қат жер астынан шығарып, арсыдан атой салғыздым... Ең бастысы – адал, батыл, бел ауыртып, бой сөгілтіп жұмыс істедім, қай-қайсысының да бетіне бажырайып тура қарай алам, алқалағандарымның да, тізе батырғандарымның да! Арым таза! Ұйқым тыныш! Алқаласам – таланттыларды, тұлпар тектілерді, адал пиғылдыларды алқаладым, тіземді батырсам – шалалар мен кеудесі кердең, алайда іші бос қоңырауларға, бейталант-пысықай жабыларға батырдым! Ал бүгінгі бүлдіргілерге бүгінгілер жауап берсін, Өнер атты кепиеттің алдында!

  • Біз «Тамашаны» бала кезімізден бастап көрдік.

«Тамашадан» сіз кетіп қалған соң қызық болмай қалғаны да есте. Сіз театр мен кинода Абылай хан, Тәңірберген және сол сияқты көптеген кесек образдарға бардыңыз. Өзіңіз сомдаған қай кейіпкерге жаныңыз жұбанады? Өзіңізді таптыңыз ба?

    •  «Қыз кеткен соң ауылдан қызық кетті» дегендейсің ғой... Міне бұл да аксиома. Сені қайталай алатын алаңғасардың тентек тәлкегіне айналсаң – құның кем. Мен кеткен соң, менімен бірге кетті менің эстрададағы эстетикам, ділім, тінім, пайымым, парасатым! Арлы да әдемі, әдепті әзілімді де, әлжуамды да өзіммен бірге ала кеттім! Мен ала кетпей «тастап» кетсем де, оны оқсатып пайдалана алмайды кейінгілер, олары қайталау болады, ал қайталау – өнерпаздық емес, майрампаздық. Өз жолдарын салсын – сайрап жатса,

өз эстетикасын телісін – қайнап жатса, өз білімдерін сіңірсін – бойлап жатса! Біздің салған ән бөлек, ой бөлек, мән мен мазмұн бөлек. Осылай болуға керек! Іздесін, сағынсын көрермен, сағыныштың сал шекпенін жамылсын. Ол «Тамаша» енді қайтып келмейді! Қолда барда алтынның қадірі жоқ! Эстетика іліміндегі орысша тілдегі «смешное, безобразное» деп келетін категорияларды қазақ «күлдіргі мен күйдіргі» деп екшейді. Солардың, яғни күлдіргі мен күйдіргінің ара жігін ажырата алмайтын әпербақандардың арбасына мінген аңқау көрермен өздерінен көрсін. Ұнатпаса – бармасын! Барған екен – бүгінгі күлдібадам күйдіргіге ырза болсын! Заманына қарай амалы деген, әр кезеңнің өз сұрқылтайы болады! Құлағыңның түбінде күнде сайрамайтын Бұлбұлы да болады. Олардың да үнін, әнін ажырата білген жөн.

 Әрине, Абылай хан, Тәңірберген, Қайыр хан, Әбілқайыр, Құнанбай, Жәнібек, Қараменде би, Кир патша, Демесін, Ақан сері, Эдип патша, Марк Брут, Сырым... Бұлар менің

«дерттерім», барым, нарым... Тарқалған Шерім... Шертілген Мұңым... Ақтарылған Сырым... Жүректегі Сыным! Сүйектегі Шыным! Бағыма айналған Сорым! Сорыма айналған Бағым!!! Осылар арқылы Өзімді таппасам, аузыма әлгіндей сөз түсер ме? Солармен қауышқан жүрек, солар арқылы жұбанбаған жан садаға кетпей ме? Дегенмен, бағым бар екен! Аллаға мың да бір шүкір!!!

  •  Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясында сахна сарбаздарына дәріс оқыдыңыз. «Аттың ізін тай басар» дегендей шәкірттеріңіздің көбі қазір ел алдында өнер көрсетіп жүр. «Әке балаға сыншы» ғой...
    •  Бес дүркін шәкірт ұшырдым. Бұл – жиырма жылдан астам өмірімнің сарпы. Тәрбиелегем жоқ, тәрбие – бесіктен. Үйреткем де жоқ, ол тәлімнен. Тек баптадым, қаупайладым, жондым, аяладым, сипап-сыладым, өзек-негіздеріне дақ, тәлім-табиғаттарына тат түсірмей, соңымнан ерттім. Бұзбай-жармай, ұрмай-соқпай өзім ессіз қастерлейтін Сахна-Мекенге, өзім есепсіз сүйетін Ұлы Өнер Еліне

үкілеп шығарып, аттандырып жібердім... Адалымды, тәр мен тағлымымды, қадір-қажырымды, өре-білімімді, мән- мұңымды, сыр-шынымды алдарына жасырмай жайып салдым... Ұққаны – ұтты, ұқпағаны да ұтты, көштен қалған жоқ, ұлтжанды азамат болып өсті, «қазақпысың» дегенде қара жерге қарамайтын, «иә, сол халықтың ұлымын!» деп, бажырайып тұратын бел балаға айналды. Желтоқсанда

«жараланса да», ақпанда мұздамады. Әуезов театрының алпыс, алыстағыларының отыз пайызы, ұстаз алдымды көргендер... Ту солардың қолында, репертуардың ауыры арқаларында... Бәрінің де тағдыры маған ұқсас, өнердегі өтірікпен қағысып, әділдік үшін алысып, есектермен

«жарысып» жүріп жатыр.

  •  «Көшпенділер» картинасы біраз дауға өзек болды. Осы фильм туралы ақ-қарасын өз аузыңыздан естісек.
    •  Айтпаймын, айтып болғанмын. Мылжың емеспін, бір нәрсені мыжып, езе беретін. Бүлдіргендер батыр болса – өздері айтсын! Әй, бірақ олар батыр емес,.. қағыс ойлы қ...
  •  Халық сіздің әншілік қасиетіңізді де жылы қабылдады. Сіз орындаған «Өнер адамы» әні бұл күнде күллі өнер адамдарының әнұраны іспеттес. Әнші ретінде сахнаға тұңғыш рет көтерілгенде қандай сезімде болдыңыз?
    •  Ән айта білу – сыршылдық. Сырын ашуға сараңдардың табиғаты әншілік ауылдан аулақ. Даусы келсін-келмесін, іштей ыңылдап жүретін адам да сыршыл. Айдалада жалғыз жүріп, «Құтылар күн бар ма екен, Осы қойдан бір күні- а-ай» деп зарлаған қойшы Кенен, сыршыл әрі мұңшыл болғандықтан ақын Кенен болды. Жалпы, қазақ сыршыл һәм мұңшыл халық. Мұңдана білу де тәтті сезім, керіштей қатқан кәпір көңілден құдай сақтасын! Мені де «қойшы» деуге болады, Ыстының қызы Баршагүл әжем екеуміз енелерінен бөліп қозы бағатынбыз, ол кісі қой сауатын. Қойдың айранын ішіп көрмеген ұрпақ, ол дәмді сезбеген соң, қазақи иісі кем

боп өсті амал не, сондықтан да ағзаларында кінарат бар, орыс бола қалуға жылдам. Ауызданғанда өзге дәммен азықтанса, солай болмағанда қандай болады, оларды жазғырудың жөні жоқ. Судан өткен дөнен аттың артқы аяғын сілкитіні сияқты!?.. Қазақы баласың ғой, естіген шығарсың, білетін боларсың, қайсыбір атбегі сыншының қайсыбір патшаның мақтаулы тұлпарының кемістігі – құлын кезінде сиырдың сүтін ішкені жайлы айтқанын. Тамыр-текке түскен кінәрат қиын болады, өрімтал кезде көрген жетімшілдік те өсе келе қатыгездікке, тіпті жетесіздікке апаратынын ата-бабамыз бекер айтпаған. Біздің алдымыздағы апайтөс ағаларымыздың қайсыбір кездерде кейінгіге қатыгездік жасап, алдын тістеп, артын тебетіні де сондықтан. Әкелері кебін киіп соғыстан келмеді, ауыл біткен ағасыз, қариясыз қалды, қалжаның сорпасын ішіп, көкірегі иімеген аналары таңмен бірге тезек теріп, күн баласы үй көрмегендіктен, қағынан өрген қараларының арқасынан қағылуы, маңдайынан иіскелуі кем болды. Менің де шикілік кінәратым бар, соғыстан контузия алып, жамбасына жабысқан немістің оғымен бірге тал бойына порохтың исін тамызып келген әкенің үрпіненмін. Бірақ мен ол иіске мұрнымды көп жарғам жоқ, тұңғыш немересі болған соң, атам Жаманқұл мен әжемнің бауырында бұла болып өстім, ертегі мен эпосқа, жырлар мен шешендік сөзге шомылып, мейірім қанған қазақпын. Қозының соңындағы әжемнің ыңылын құлағыма ғана емес, құйқама дейін сіңірген шығармын. Сахнадан ән айтуыма деген құлшыныс пен серпіліс содан шығар... Әйтпесе, атымды шығарайын деген ой қаперіме кірмеген, айтпақшы, ол кезде онсыз да менің атағым мен шатағым Қазақстанды шарлап тұрған... Әжем әнді өзі үшін ыңылдайтын, мен де солай, өзім үшін айтамын, шер тарқатқым келеді, ой өрбіткім келеді, мұң байлағым, сыр сыздатқым келеді. Менің ойлы әндерімді тыңдауға шыдамы жеткендермен мұңдаспын, доспын, «бұған ендігі жетпегені ән еді» деп кекеткендермен арам алыс алашпын... Ән айту – шахмат, биллиард, карта ойнау емес. Ол – жүректің ісі, бұл «іспен» байыз таппай

«қышынған», ілік таппай ісінген, кеудесіне кекірік толған, адамды сүюі өтірік болғандар «айналыспайды». Әнді

көлеңкесі кеміс, бөтекесі беріш, көкірегі керіш, ізі нас, ойы ластар айта алмайды. Ән дауыстан тумайды, сыпа-тазалықтан, кісілік-кінәздіктен, өзгеше өлшем- қалыптан туады... Қазақтың «әжептәуір ән еді – пұшық айтып қор қылды» деген сөзінің байыбына, тереңіне барсаң, әлгі сөздерімнің астарын ұғасың... «Ән – ауруым, не тыңдамай, не қосылмай өте алман...» Ақан Серінің осы эстетикалық ұстанымы – сенің бұл сұрағыңның нұсқалы жауабы. Және мұны басқа емес, басқалар емес, Ақан айтып тұр! Сері айтып тұр!

  •  Өмір қысқа, өнер шексіз. Қазір ғылыммен айналысып жүрге-ніңізден хабардармыз. Қай тақырып, қай бағытта еңбек етіп жатырсыз?
    •  Біраз белден астық. «Үлкейдік, қайғы ойладық, ұлғайды арман...» Хакім Абайдың «қартайдық» деген сөзін аузыма әдейі алмай отырмын. Ол кісі елуінен аса бере қартайғанын мойындаған екен, біз білмейтін себебі көп шығар... Заманы солай, адамы алай, мұңы батпан, арман-шері таттан, өзі зор болғанмен, «сөзін қор қылған тобықтысы», «халқы надан болған соң, қайда барып оңаларын» білмей, ерте қартайған шығар,.. арсыға асыққан болар... Біз сияқты селтеңбай өмір кешкендер, не деп тез қартаямыз, бітірген түгіміз жоқ. Ақсақалдыққа қарасақал кезден дайындалмай, аспаннан түскен, пірлі дастарханда бата қайыра білмейтін, «Құлһу- Алланы» қақпайтын, қазада қабырға қайыстырып көңіл айта алмайтын, саптауында жөні түзу бір мақалы жоқ, күнге ағарған сақалы тоқ «аташкалар» бар. Алпысқа келіп алып, алты жасар баланың ісін істейміз, бар тындырарымыз көршімізді жамандау, артымызды шұқылау, үстімізден арыз жазу, жақсыны көрмеу, бір-бірімізді өлсе мойындамау, босқа күжірею, текке мыжыраю, битке өкпелеу, буынсызға пышақ ұру, сөзге қыңыраю, өсек айту, өтірік мақтану, туға таласу, руға бөліну. Кәріліктің қасиетін қашырмай қартайғандар аз, шал санаулы, шауқан көп, қазымыр қырт қыруар, қазына қария кем, қияли екінің бірі, зиялы ілуде біреу.

...Өнер елі серкелер мен еркелердің елі, алуан-алуан

жүйріктер де, аңғал-саңғал сәуіріктер де өріп жүр. Біріне табынсаң, бірінен қағынасың. Бірінен тойынсаң, екіншісінен қарның ашады. Бірі сүйіндіріп өрге сүйресе, енді бірі күйіндіріп жерге қаратады. Қарапайым халық болса, бәрін де таниды, жақсы көреді, кемін кешіреді, күледі, «итің – әртіс қой» дей салады. Жалпы, Өнердің демей-ақ қояйын, өнер адамдарының қазақ ішінде қадірі кем. Өмір ғой... Неге солай екенін білгім келіп, білгіштердің жазғандарына бас қойдым. Кітап жазбақ түгіл (біреулердің жазып бергенін бұлдап, иемденіп жүргендерден басқа), тіпті оны оқымайтын әпербақан аға әріптестерімнің қатарын көбейткім келмей, қолыма қаламды қайта ұстадым. Екпінім қатты болған болу керек, тіпті өнертанудан диссертация жазып тастаппын. Қорғадым, сахнадан түспей жүрген қазақ актерлерінің тарихында бірінші болып. Сахнадағы сөз сиқырын зерттедім, шешендік сөздің тас жарар да бас жарар сырын ұғуға тырыстым. Ғылым – қорғасыннан ауыр орта екен, белім ауырды, қолым талды, көз майым таусылғандай, жүрегім де шайлығып қалғандай еді... Алайда, өзге өлшемге өтіп алған соң, орта жолдан тоқтаған айып болмай ма, енді ұлттық фольклордың театрмен өзектестігіне ден қойдым, терең құдық екен, батып барам... Кейде кер жалқаулық та қыр соңымнан қалмайды, бәрін тастап, жылы жауып қойып, қағаз- қаламнан баз кешіп айдалаға лағып кетем,.. қазақпын ғой! Қатын-бала асырау керек, қара қазан, сары баланың қамын күйттеуге – ғылымың да, өнерің де мақұрым! Жеңгеңнің бір етігінің бағасын көтере алмайтын көтерем нәпақасы бар... Шапқылаған өмір... Қасқырдың тамағы түзде, жортуылда дегендей... Құдай ақырын қайырлы қылсын...

  •  Алпысты алқымдап тұрған сәтте сізді аз нәрсе мазаламаса керек-ті. Өмірден не алдыңыз, не бердіңіз?
    •  Өмірмен есептесетін саудагер емеспін, алған-бергенімді санамаймын. Бар болғаны өмірді шексіз сүйемін, Аллаһ- Тағаланың Адам баласына сыйға тартқан Дүние-Жарықтың әр күніне ризамын. Мазамды алған «мисыз» ойларымды айтудай-ақ айттым-ау деймін... Атам Жаманқұл тоқсан

жасаған текті қазақ болатын, иншалла, менің де әлі ризығым бар шығар, жетпісті жәукемдеп, сексеніңізден секіріп, тоқсаныңызбен тату-тәтті болсам деген амбицияға толы арман жоқ емес. Әзірге ат үстіндемін, өмірмен есептесетін уақытым келгенде көре жатармыз... Сендер де армандаңдар, аман болыңдар!

Сұбхатты жүргізген

Маралтай Райымбекұлы

Қараша, 2010 ж.

«...ӨЗІМДІ САТУДЫ ӘДЕТ ҚЫЛМАДЫМ»

(«Халық сөзі» газетіне берілген сұбхат)

– Сіз − әншісіз, театр актерісіз, кино актерісіз, режиссерсіз... Қайда барсаң − Тұңғышбай әл-Тарази. Театр қайреткерлері одағының төрағалығын алдыңыз. Бұл сіздің жан-жақты болуға деген құлшынысыңыз ба, әлде шығармашылық қуатыңызды қайда жұмсарыңызды білмей жүрсіз бе?

  Біріншіден, мен әзірге аттан түскен жоқпын. Сахнаға да шығамын, көкпарға да шабамын, бәйгеге де қатысуым бек мүмкін. Спорттық жарыстардан веложарысқа, баскетболға да қатыса аламын. Қажет болса. Күш-қажыр әлі, Құдайға шүкір, бар. Өнердің тілімен кейде саясатқа да араласа аламын. Содан соң мен елімнің, мемлекетімнің патриотымын. Қай жағынан да тезірек жақсы болып кетсе екен деген көкейімдегі ұлы мақсат. Жасым біразға келді, өнердің оңын, солын, кемін, кетігін, биіктігін, тереңдігін – бәрін ұғынатындай дәрежеге келдім, өзім соның оңтайлануының жолдарын білетін сияқтымын. Әр нәрсеге кірісетін себебім сол. Театр қайраткерлері одағын қолға алғаным – бұл одақтың өліп бара жатқанын байқап, бірақ оның керектігін түсінген Мәдениет министрлігіндегі жігіттер қолқа салды. Өлуге таяу одақ, қиынға соғып жатқаны рас. Қиындықтан қорықпаймын деп ардың-күрдің сөз айтпай-ақ қояйын, қолым бармайтын,

«ойпырмай, енді қайтемін» дейтін де тұстарым болады. Алайда мәселені шешу үшін «Умный гору обойдет» деп орыстар айтпақшы, басқа жолын іздеймін. Әу баста мен өнерге келгенде әнге ғашық болып келдім. Сондықтан әнді ерекше жақсы көремін. Ойлы әндерді жақсы көремін. Әзіл әндерді де, сезімнің әндерін де жақсы көремін. Әнді, негізінде, өзім үшін айтамын. Сол арқылы тазарғым келеді.

– «Театр – менің қасиетті қағбам» деген сөзіңіз есімізде қалып-ты. Бірақ неге сізді театр сахнасынан актер ретінде көре алмай кеттік? Рөл жазылмай жатыр ма, режиссер шақырмай жатыр ма, әлде өзіңіздің құлқыңыз жоқ па?

 Ішімдегі кішкентай дертімнің қылын шертіп жібердің. Байқасаңыз, актерлер қартаймайды. Мен Ромеоны, Қозыны ойнамаспын, бірақ Ромеоның әкесін ойнауым бек мүмкін. Болмаса, Қарабайды ойнауыма да болады. Драматургияны анау деп, мынау деп айта береміз, бірақ жақсы болсын деген ниетпен айтамыз. Жоқ емес, драматургия бар, бірақ қазаққа жалын ұстатпай жүрген жанр екені рас. Дүние жүзілік биіктікке көтеріле алмай жүргеніміз өтірік емес. Ал сахнадан көрінбей жүрген себебім – театрға жаңа басшылық келгенде менің ойнаған рөлдерімнің барлығы репертуардан алынып тасталды. Себеп-салдарын түсінбеймін. Мен де өзіме сынмен қарайтын, өз кемшіліктерімді түсінетін адаммын. Әсіресе ішімнің ашитыны «Абылайхан», «Абылайханның ақырғы күндері», «Қабыл – Адам ата перзенті». Мысалы, кезінде

«Тұзды шөл» деген спектаклімді өзім алып тастадым. Өйткені ол уақтысынан сәл ерте қойылды да, қазақ көрермені оның көтеріп отырған пәлсапалық, эмоциялық, эстетикалық жүгіне дайын болмады. Мен қойған «Турандот ханшайым» сахнада жүргеніне 20 жылға таяу уақыт болса да, бір ауыз сөзбен аталып өтілмей, былтыр ләм-мимсіз алынып тасталды. Оның бәрінің себеп-салдарын іздемей-ақ қояйын, түсінемін, әр театрға келген жаңа басшылық өзінің эстетикалық талғамын телиді. Өзі қалай ойланса, соның төңірегінде өзгелерді де жұмыс істеткізеді. Осы тұрғыда театрды басқару жөніндегі менің жаңа бір, тосын ойларым бар.

– Қандай ойлар?

  Режиссер, ол қанша жақсы адам болса да, қанша талантты маман болса да өз деңгейіне қарай тартады. Ал бұған моральдық құқығы жоқ. Бұл жеке режиссердің театры емес. Әзекең, Әзірбайжан Мәмбетов, Әуезов театрын үлкен биікке көтерді. Қара жер хабар бермесін, оған ешқандай дау жоқ. Бірақ ол кісі басқарған 30-40 жылдың кейінгі 10-15 жылы текке кетті. Себебі, эстетикасының, режиссерлік кредосының уақыты өтіп кетті де, ол кісі бұрынғы шапқан бәйгесінің жүлделерімен малданып жүре берді. Мұны ол кісі дүниеден өткеннен кейін айтып отыр деп есептемесін оқырман қауым, мен мұны оның көзі тірісінде де айтқанмын. Театрда басшы режиссер делік. Ол төңірегіндегі режиссерлерді менсінбейді емес-ау, бірақ бәрібір екінші сатыға қояды. Жақсы пьеса түссе, оны міндетті түрде өзі қояды, міндетті түрде ең жақсы актерлерді өзі алады, ал екінші режиссерге қалған- құтқаны бұйырады. Бұл – кемшілік емес, заңдылық. Сол үшін театрдың басшылығына режиссерді қоюға болмайды. Жалпы, театрда бас режиссер, көркемдік жетекші деген лауазым болмауы керек. Бұл – шенеуніктік жұмыс. Тақ. Ал режиссер, көркемдік жетекші деген – суреткерлік өре. Суреткер таққа отырмайды. Театрға басшы қоюда шетелдің бір әдісі бар. Интендант деген, өкіметпен келісімге қол қойған тұлға театрдың басына отырады. Бірақ ол режиссер болмауы керек, актер болуы мүмкін, суретші де, жазушы да болуы мүмкін. Ол жан-жағына төрт-бес режиссерді жинайды. Өзі режиссер болмағандықтан, өзгелермен тайталаспайды. Ал режиссерлер ешқайсысы «бас» емес, теңдей болғандықтан, бір-бірінің жұмысына араласа алмайды. Олар тек қана шығармашылықпен айналысады. Сөйтіп, әрқайсысы бірінен-бірі озуға тырысатын топтардан театр труппасы құралады. Ал жетекші олардың бәрін ұйымдастырудан рахат шегеді. Театр басшысының сыбайлас актері де жоқ, жақын режиссері де жоқ, сонда әділеттілік орнайтын сияқты көрінеді.

– Өзіңіз де театрды басқардыңыз ғой. Ең қиын кезеңде бас-қардыңыз. Сол кезде сізге таяқ болып тиген не нәрсе?

  Марқұм Әзекең менің театрға басшы боп келуіме үзілді-кесілді қарсы болды. Өйткені ол кісі мені білмейтін. Актер ретінде ғана танитын, оның өзінде менің арғы- бергімді, парқымды, салмағымды онша танып болмаған кезі болатын. Мен ол кісімен бірге жүрмейтінмін, сол заман- ның әдісі бойынша айтайын, бірге ішпейтінмін. Жарбаңдамайтынмын қасына барып. Әзекеңнің моральдық жағынан шаршаңқырап жүргенін түсінген министр Еркеғали Рахмадиев осы қарым-қатынастарымызды біліп, мені әдейі директор қойды. Ол кісінің ыңғайына түсіп кетпейтінімді білді де, «Әзекеңді қорға» деді. Әр түрлі жағдаяттардан. «Жаман әдеттерден» дейікші. Мен қорғауға тырыстым, бірақ ол кісі маған үзілді- кесілді қарсы болды. «Әзеке, сіз шаршамаңыз. Ұсақ- түйекке араласпаңыз, неғыласыз? Сантехниктерге қарамаңыз, еден жуушыларға айқайламаңыз, тек қана өнер жасайық, спектакльге не керек, мен өзім тауып беремін. Тек спектакль қойсаңыз болды. Маған осындай тапсырма берілді. Басшы болып, айқайлап, қадіріңізді кетірмеңіз» деп талай айттым. Отыз жылдай басқарып қалған адам, айқайшылығын мен алып қойған соң, көнбеді. Сонымен, менің үстімнен арыз жазылды. Е.Рахмадиев кеткеннен кейін басқа бір министр келді, оған да жазды арызды, ол арызды тексеріп үлгермей, өзі кетіп қалды. Мамашев келді, ол арызды тексеріп-тексеріп, не істерін білмей, ақыры театрға келгенде Әзекең жұрттың көзінше шапшып, «Қайтсең де аласың бұл жігітті, − деді. − Мен мұнымен істемеймін. Не мен тұрамын, не бұл тұрсын». Талғат Мамашев қарап-қарап отырды да, ол кезде театрда ақша да жоқ, «Бар мүмкіндігінше жұмыс жасап жүр, болмайды. Әзеке, сіздің ультиматумыңызды қабылдай алмаймын. Бірақ сізді сыйлағандықтан Тұңғышбайға қатаң сөгіс жариялаймын да, екеуіңізді татуластырамын. Бұл – бірінші бұйрығым. Ал екінші бұйрығым бар, бұған көнбесеңіз, екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды екен, сіз жай режиссер болып қаласыз. Бас режиссер деген мәртебеңіз болмағанымен, онсыз да қазақ театрының Бас режиссерісіз. Сіздің есіміңіздің өзі атақ» деді. Ол кісі

көнбей қойды. Сонымен, министр «Театрдың көркемдік жетекшісі» деген мәртебесін алып тастады. Бұйрықпен. Режиссерлік коллегия құрамыз, теңдей режиссер болады деп қалдырды да кетті. Әзекең жиналыстан үш-төрт ай өткенде арыз жазып, кетіп қалды. Мен ары да жалындым, бері де жалындым, үлкен апайларды жібердім, ағаларды жібердім, өз кабинетінде отыра берсін, министрдің ашуы тарқайды, орнына қояды... Болмады, кетіп қалды. Абайдың

150 жылдығы, ол кісі «Абай» спектаклін қойып жатқан. Тастап кетіп қалды. Менің өкпелегенім, қатты таяқ жегенім осы болды. «Абайды» тастап, режиссерлік жұмысын тәрк етіп, театрды сатып кеткені мен үшін қатты соққы болды. Әзекеңнен ондай нәрсе күткен жоқ едім. Ертең фестивальге барамыз деп отырған кезіміз. Амал жоқ, жігіттерді жинап алдым, Болатты, Қайратты, Әубәкірді шақырып алдым. Болат айтты, менде бір идея бар еді деп. Марқұм Бикен апай да Абай туралы бірдеңе жазып жүр едім деп алып келді. Жұмабай Медетбаев ағамыз да Абайдың Қара сөздерінен өзімше бір бағдарлама дайындап жүр едім деп, ол әкеліп берді. Соның бәрін бір қазанға қайнатып, бір жарым айдың ішінде «Абай десем...» деген эстетикалық өлшемі бөлек спектакль қойдық та, фестивальде бірінші орын алдық.

– Сіз басшылықта болған кезде қойылған біраз жаңашыл спектакльдер көп уақыт жүрмей сахнадан түсіп қалды. Оның себебі неде?

  •  Жаңалық ылғи тосырқай қабылданады. Орыстарда сөз бар: «Инициатива наказуема» деген. Театрда жаңашыл спектакльдер қойыла бастады. Бірақ қазіргілер айтып жүргендей халық аз келген жоқ. Ол кезде көрермен болмады, театрдың жағдайы қиын болды деп жүр – өтірік бәрі. Театрдың залы толып отырды. Өйткені қателескен спектакльдерімізді де «ойбай, не дейді, бір шатақтау спектакль қойылыпты» деп келіп отырған көрермендер көп болды. Өтірік айтпасын. Театрға директор болған кезімде гастрольге де бармай қалған жыл болған жоқ, театр залының бос болған кезі де болған емес. Көрермен залы жартыдан асып отырды, аншлаг болып

отырды. Жылына 11-12 жаңа спектакль қойған кезіміз болды, ол дегеніңіз – айына бір жаңа спектакль деген сөз, оны жұрт көріп те үлгере алмайды тіпті. Әрине, көрерменнің арасында әртүрлі толқу болды. Тіптен тосын көрінген дүниелерді кейінірек алып тастадық. Өйткені халық келмей қойды. Қарсы болды. Мысалы, Болат Атабаевтың «Тоғышардың тойы» орысша айтқанда «хулиганский» спектакль болды. Бірақ мен оны ағымдағы репертуарымызға әдейі жібердім, кейін, қазақы талғамға орайлы келмегеннен кейін, өзіміздің де оған көзіміз жеткен соң алып тастадық. Онда тұрған не бар? Басты тауға да ұру керек, тасқа да ұру керек, сүріну керек, жығылу керек... орнынан тұрып, үстіңді қағып, қайта жүру керек қой. Театр тірі нәрсе, ілгерілі-кейінді, жоғары төмен болып тулап, шуылдап жату керек. Тым-тырыстық тек қабірстанда болады емес пе?

 – Кезінде сіздің үстіңізден арыз домалатқан кісілер қазір театрда бар, олармен қарым-қатынасыңыз қандай?

  •  Шыдай алмай театрдан шығып кеткендер бар, дегенмен көбі әлі жүр. Келіп, «көке, мен жазған жоқ едім, үстімнен қол қойып жіберіпті» дегендер болды, онысы рас екен. Біразы кейін мені қолдап арыз жазғандарға қосылып кетті. Әзекеңнен айрылу қиын болғаны рас. Оларды мен түсінемін, түсінемін де, ешқандай алакөздік жасамаймын. Менің өзімнің зәрем ұшып кетті. Әзекеңе табынып жүрген адамдармыз ғой. Ол театрды тастап кетіп отырған кезде... Жалғыз мен үшін. Сонда мен не? Халық жауымын ба? Мен Әзекеңе не жаздым? Әзекеңнің ұғымында трайболистік түсініктер де болған екен, оны кейін түсіндік қой. Мен әзілдейтінмін: «Әзеке, сіз детдомда өскен қазақсыз, сізге рудың, жүздің керегі не?.. Туған жеріңіз Астрахань облысы, Паласовка деген жер. Ол жерде жүз деген жоқ, жақсы білеміз ғой. Ноғайлардың жері. Сіз, мүмкін, Алты алаштың бірі Ноғайдың баласы шығарсыз, қайдағы жүз сіз айтып отырған?» деп. «Иди отсюда, дурак» дейтін маған. Соның бәрін ойлағанда, әрине, іштей қарның ашиды. Біздің алдымыздағы буында ол ауру болды. Сол аурудың әлі де бар екеніне жаным ауырады.

Әйтпесе, Павлодарда, Атырауда, Ақтауда қанша достарым бар. Мен Қаллекиден басқа осы театрдың могикандарының бәрін көрдім. Құрманбек Жандарбеков, Елубай Өмірзақов, Серәлі Қожамқұлов, Қапан Бадыров... Бәрін өз қолыммен қойдым. Жас актер кезімде де, директор болғанымда да. 100-ге таяп қалған Қапан ағам, мен директормын ол кезде,

«Мен кетем, қарағым, мені Шәкен мен Елубайдың қасына қой» деді. Елубай, Шәкендер аралас зиратта жатыр. Соны ойлап отыр екен. «Қарағым, менің әйелім орыс. Алпыс жыл бірге тұрған кемпірім менің қасыма жантайсын». Ағам солай өтініш жасап, орын таба алмай қалай қиналдым десеңізші. Храпунов ол кезде қаланың әкімі, Италияда ма, бір жерде жүр екен, ұялы телефонын тауып алдым. Мынандай жер тұр, соны бермей жатыр, астында канализация бар дейді, соны қазып көрейікші, рұқсат беріңізші деп, тұтқаны қабырстанның бастығына бердім. Трактормен қазып көрдік, ештеңе жоқ. Ана кісіге бұйырып тұрған жер екен, сонда қондырдық. Кейін кемпірі де қасынан жай тапты.

– Неге «Қазақтар» секілді кезеңдік спектакльдер мемлекет тарапынан еленбей жатады?

 Марапат түгілі, мен қойған спектакльдер гастрольдік сапарға да шықпайды, фестивальге де қатыстырылмайды. Олар – субъективтік көзқарастардың құрбаны. Мен барар жерге бара аламын. Бірақ менде өзімді-өзім марапаттау, өзімді-өзім тықпыштау деген әдет жоқ. Рас, спектакльдерім тиісті жерден көрсетілмейтіні жанымды ауыртады. Әй, мынау дұрыс екен деген газетке бірер мақала басылады. Бірақ соны министрліктегі адамдар оқымай ма, әлде оқыса да мән бермей ме, немесе мән берерде біздің басшылыққа қоңыраулатып барып ала ма, білмеймін. Театрдың басшысымен жақсы қарым-қатынастамын, үлкен аға ретінде сыйлаймын, «аға, аға» деп тұрамын, бірақ әлгі дерт ол кісінің қанына сіңіп қалған.

– «Аршын мал аланды» қоярда театр директоры декорациясына, костюмдерге ақшаны аямағанын айтқан

еді. Сол спектакльді сіз әйелім үшін қойдым депсіз. Сол рас па?

 Рас. Өйткені Дәрия актриса ретінде көп кедергі көріп жүр. Оған рөл де ықылассыз беріледі, мақтау да ықылассыз. Айыбы – менің келіншегім. «Аршын мал аланды» шынында Дәрия үшін қойдым. Мен директор болған кезімде де оны еркелеткен жоқпын. Рөлден рөл ойнады деп жазды кейбіреулер, өтірік. Өзім қойған «Турандотта»,

«Тұзды шөлде» ойнады, Қайрат Сүгірбеков оны актриса ретінде жоғары бағалап, бірнеше рөл берді. Болат келді,

«Абылайханда» кішкентай эпизод берді. Болды. Сосын Томиристі ойнады. Аз ойнаса да, сүйекті-сүйекті рөлдерді ойнады. Шығармашылық аштық бар онда. Актриса ретінде жаман актриса емес. Ағылшынша судай, Консерваторияның күндізгі бөлімін бітірді, театрда ол сияқты әнді өте сауатты айтатын адам жоқ. Директорлықтан кетерде маған Есмұхан аға «Тұқа, қоям дегеніңді қоясың» деп уәде берген. «Фархад

  • Шырынды» қоямын деп едім, оны Асанәлі Әшімовке беріп жіберді. Тағы бір пьеса жаздыртып жатырмын, оған қалай рұқсат аламын, Құдай біледі. Аттан түскенім жоқ дегенім осы, ойымда біраз дүние бар. Құдайға шүкір. Актер ретінде мені төрге отырғызбады, жілік мүжітпеді деген пендешіліктен биікпін. 8 жыл директор болғанда өзіме 8 грамдық қағаз алған емеспін. Былтыр ғана 60 жылдығымның алдында «Парасат» орденімен марапатталдым. Өмірімде бірінші алған наградам осы. Атақты мен оған дейін алып алғанмын.

– «Өнер адамы» деген әнді орындап жүрсіз ғой. «Ешкім бізді шын түсінген жоқ бірақ...» деп мұңайып тұрасыз. Өмірде де солай ма, әлде «шын түсінетін» адамдарыңыз бар ма?

  Жоқ деп айтпай-ақ қояйын. Мен бұл әнде жалпы өнер адамына деген көзқарас тұрғысынан айтып тұрмын. Кейбір жас артистер үйлі боламын дегенде құда түсуге бардым. Адуын енелерді көрдім: «Әртес те бай болып па?!»

деген. Содан шыққан базына ол. Жалпы, өнер адамы – мемлекеттің маңдайындағы жақұты. Ол – халықты тіршілік теперіштерінен көтеріп, басқа әлемге жеткізуге талпынатын азапкер. Сол азаптан рахат шегетін адам.

– Әңгімеңізге рахмет.

Сұбхаттасқан

Әсия Бағдәулетқызы

…БЛИЦ-ИНТЕРВЬЮ

(«Халық сөзі» газетіне берілген жедел сұхбат)

Тұңғышбай аға! Сау-саламатсыз ба?

 «Кино&сериал» журналына материал қажет деп едім ғой, сол бойынша сұрақтар жіберіп отырмын. Мұнда өзіңіздің түйгендеріңізді тұжырымдап берсеңіз деген бұйымтай бар. Өйткені формасы сұхбат емес,

«толғаныс»☺. (Әр ұғымға 3-4 сөйлемнен анықтама берсеңіз, жетіп жатыр). Сосын, журналдың мұқабасына келетін сапалы фотосуретіңізді де салып жіберсеңіз, қатып кетер еді.

Сәлеммен: Әсия Бағдәулетқызы.

 Ескерту: уақыты өте тығыз болып тұр. Алтын уақытыңызды бөліп, жауап беруге мүмкіндігіңіз болып жатса, бұл жақсылығыңызды өле-өлгенше ұмытпаймын☺. Сонымен,

Сіз үшін Өмір...

  •  Алла(һ)ның берген сыйы. Аспандағы Жұмақтан, амалсыздан қуған соң, Адам Ғалайис-Сәламның ұрпақтарына өзі Жұмақ жасап алатындай етіп, сана мен ақыл дарытып, Жер-Анаға жіберген... Ал адамдар болса, Ібіліске еріп, Жер-Ананы «жәукемдеумен» келеді. Өмір – поэзия, оны прозаға, тозаққа айналдырып жүрген өзіміз... Алла(һ)- Тағала адамдардың тілдерін әртүрлі ғып, түсіністіктен

айырып жібермегенде, Өзімен теңеспек оймен бе, бәлкім аспандағы Жұмаққа қайта оралу үшін бе екен, олар әйгілі Бабыл Мұнарасын аспанға дейін салып алар ма еді...

Сұлулық...

  •  Көздің құрты. Тән сұлулығын айтам. «Сыңғырлап өңкей келісім» деп Абай хәкім айтқандай, сұлулық деген – нәзіктік, мөлдірлік, үлбірлік, түзулік, тазалық, симметрия, параллель... Ал, жан сұлулығы көкірегі соқырларға көрінбейді. Бұлар да Алла(һ)ның өзінің аса ықыласпен жаратқан пендесі Адамды елжірей сүйіп, сүйсініп, шын жүрегімен, ерекше мейірлене жасайтын «шығармасы», құдіреті.

Қызғаныш...

  •  Қызыл ит. Дерт. Адам баласының ағзасына, мендік эгоизм мен меншіктік менталитет пайда болғанда, Ібіліс жіберген індет. Тобашылдық бар жерде ол ит «үрмейді де, ырылдамайды». Әй, қайдам, алайда иттің аты ит қой... Сүйіспеншіліктен туындаған қызғаныш деп, адамдар өзді өзін алдарқатуға болмайды, демек, ол сезім екеудің бірінде жоқ болғаны...

Тәуелділік...

  • Құлдық. Кемістікті мойындау. Ноқтаға көнушілік.

Ынжықтық. Тұяқ серіппеуді әдетке айналдыру.

Отбасы...

  •  Ұя, өтен, шаңырақ, ұрпақ, шүйірке, жылу, ошақ, шаңырақ. Жалғас, аманат, бала, немере, шөбере, шөпшек, немене... Шежіре, ата, баба, әулет, ру, ел, ұлт, халық, мемлекет.

Бақыт...

  •  Соқыр құс. Сондықтан, кім көрінгеннің басына қонады. Қадірін білген ұялатады, білмеген үркітеді. Адам баласы өмірбақи сол құстан көз алмай, күтіп өтеді, қонар ма деген соқыр үмітте болады. Бақытты өз қолымен жасаймын дейтіндер де болады, адамбыз ғой, айта береміз... Қолдан жасалған нәрсенің қадірі болғанмен, қасиеті болмайды. Соқыр да болса, әлгі құсқа не жетсін, өйткені ол да Алла(һ) ның әмірімен қонады-ау деймін...

Жалғыздық...

  • Жапалық.Ортаңнаноқшаулық.Өзгеөлшем.

Айналаңның арзандығын сезіну. Биігің пәс, тереңің саяздағанына қапа болу. Бұл – ақылы барлардың ауруы, ақылсыздар жалғыздықты сезінбейді ғой. «Ақымақтың аты арып, тоны тозбайды» дегенді атам Жаманқұл рахымелі жиі айтатын. Алайда, жалғыздық Алла(һ)ға ғана жарасқан. Біздікі әшейін пендешілік.

Махаббат...

  •  Мән. Мазмұн. Өмірдің мәні мен мазмұнын айтамын. Бұл да адам баласына Алла(һ)ның жіберген құдіреті. Жалғыз адамға ғана емес, бүкіл жан-жануарға да дарытылған сиқыр. Олар тек оны сезіне алмайды, оларға жүрек дейтін

«жұдырық» берілмеген. Махаббат бар жерде – аспандау, ұшу бар, мұңдану бар. Сағынып-сарғаю бар. Аһылап- үһілеу бар. Аспандау деген, Жұмаққа жақындау емес пе?! Демек, махаббат – Жұмаққа талпыну! Адам баласына әдейі, аспандау үшін, қуылған Жұмағына талпыну үшін махаббат деген сезімді ұғынуды дарытқан-ау, Аллаһ-Тағала...

Тағдыр...

  •  Адамдардың өздері, өз қолымен жасайтын тәлкегі. Өзің жасаған нәрсеге өкпелеуге болмайды... Қоғам мен заманның тәлкегіндегі тағдыр – зауалды күнә. Ол зауалмен күресіп немесе амалсыз мойынсұнып шейіт болғандардың жаны жәннатта шығар... Зауал жасағандар – тозақта болар...

Балалық шақ...

  • Көрген түс. Періште шақ. Пәктік пейіл. Кірсіз көңіл.

Таза таным. Дүние-Жарықтың таң сәрісі.

Тектілік...

  • Тереңдік. Қаннан келеді.

Ұлылық...

  • Биіктік. Алла(һ)дан дариды.

Өнердің мақсаты...

  •  Өмірдегі өтіріктерден алшақтату. Кездесе бермейтін әділет пен шындықтың аулына жол сілтеу. Адам баласының бір-біріне бауыр екендігін көзге шұқып айту. Жүректеріне көбірек құлақ асып, ақылдарын ат теппеуін ескерту. Жоғарыда тізіп өткендерімнің бәрін қан-жүректен шығатын лүпіл сөзбен, өмірдегіге бергісіз сахналық іс-әрекетпен көрермен мен өлермен бауырларға аманаттау.

Болар осы.

Ойыңнан шықпай қалсам, теріс бұрылып кетпессің...

ағаң Тұңғышбай әл-Тарази.

30 сәуір, 2011 ж.

«ЖҰЛДЫЗДАР ОТБАСЫ»

журналының телефон арқылы тікелей сұхбаты

– Орта мектепті бітіре салып Құрылыс және су шаруашылығы институтында оқыпсыз. Соған қарағанда, бала кезіңізде инженер болуды армандағансыз-ау, аға?..

Абай, Райымбек ауданы, Алматы облысы

 – Жоқ, инженерлікті армандаған емеспін. Жұрттың бәрі сондай мамандыққа талпынды ғой, ол кезде. «Көппен бірге көрген ұлы той» демекші, оның үстіне класс жетекшім Тасжүреков, Құрманбеков деген ағайларым өте талапшыл болатын, менің нақты мамандықты қалағанымды жөн санайтын. Оның үстіне мектепте өте жақсы оқыдым, математика, химия, физикаға әуес болдым. Өнерге де құмарлығым жетіп артылатын, бірақ «артист» деген өте қиын және біз сияқты ауылда өскен бұйығылардың қолы жетпейтін мамандық, оған өрем жете қоймас деп тартыншақтағаным рас.

– Өзіңіз театрға қанша жасыңызда алғаш рет барып едіңіз?

Еркебұлан, Үржар ауданы, ШҚО

  •  Нақты есімде жоқ, 3-4 сыныпта жүргенде ғой деймін, өйткені 4 сыныпта оқып жүргенде алғаш сахнаға шыққаным есімде, үнді актері Радж Капурдың «Мен барамын Бомбейге...» деген әнін орындағам. Сол жылдары біздің

«Еңбек» деп аталатын менің 27-разъезіме жақын шағын ауылға көршілес қырғыздың қуыршақ, Тараздың жергілікті

театрының артистері гастрольдік сапармен келіп тұратын. Сахнаға емініп, ең алдында, жерде отырып көретінбіз.

  •  Талантымен топты жарған драма театры мен киноның танымал актерісіз. Талай өнерпазды тәрбиелеген ұстазсыз, режиссерсіз, бір кездері басшы да болдыңыз. Халық сіздің еңбегіңізді бағалап, жақсы көреді. Жақында өнертану ғылымының кандидаты атандыңыз. Бұл лауазым сізге не үшін қажет болды?

Марат, Жалағаш ауданы, Қызылорда облысы

  •  Өзім үшін. Өнерде жүрген біз сияқты «әуейілерді» көп қазақ бағаламақ түгілі, байыбына барып жете түсінбейді де. Баланың ойыншығы көреді, мазақ деп есептейді, түкке тұрмайтын нәрсе, оп-оңай дүние деп ойлайтыны жасырын емес. Оған көбіне өзіміз, артистер кінәліміз, орынсыз ыржалақтап, алқалы топта орынды сөз, оңтайлы ой тастай алмайтын ақмақтарымыз бен «сақал-шашын күнге ағартқан», дастарханға батырып бата жасай алмайтын, қазада қабырға қайыстырып көңіл білдіре алмайтын әпербақан, ақылсыз ақсақалдарымыз жоқ емес. Диссертация қорғап, кітап жазбақ түгілі, оны оңдырып оқымайтын артистер де өкінішке орай баршылық. Өзім бүкіл өмірім мен білімімді сарп еткен Ұлы Өнерімді осындай арзан ой мен пәтіксіз пиғылдан арашалау үшін жасаған «далбасам». Дегенмен, ғылымға бой ұрам деп, өзім де әжептәуір тереңге баттым, толыстым, рахат шектім.

– Аға, сіздің есіміңіз аталса, көз алдыма бірден Абылай ханның тұлғасы келеді. Байқасам, театрда да, кинода да үнемі тарихи тұлғалардың кейпін сомдап келесіз. Сізге режиссерлер мұндай рөлді беруге неге құмар деп ойлайсыз?

Бақыт, Қарағанды қаласы

 – Бұл жайлы солардың өздерінен сұраған дұрыс-ау, әйтпесе мен олардан я сұрап, я «сатып» алады ғой деймісің.

«Әркім өзінің шыққан тауының биік болғанын қалайды» демей ме, атам қазақ.

– Театр сахнасында Әлішер Науаиды да, Хлестаковты да, Прометейді де, Сырымды да, Ақан серіні де, Абылай ханды да есімдерін атай берсек жалғасып кете беретін көптеген тарихи тұлғалардың, көп спектакльдердегі басты кейіпкерлерің бейнесін сомдадыңыз. Сізге әр рөлдің өзінше ыстық екендігін білемін, сонда да болса, жүрегіңізге ең жақыны қайсы, қайсы рөлді сіз ерекше шабытпен ойнадыңыз?

Айгүл, Есік қаласы, Алматы облысы

 – Сахнада, Абылай хан, Демесін, Мырзахмет, Ақан сері, ал кинода Қайыр хан, Шонай, Әбілқайырларды.

– Театр актері ретінде театр сыншыларының ескертпелеріне қаншалықты назар аударасыз?

Гүлназ, Алматы

 – Білімсіз ескертпелерін тыңдамаймын, мақалаларын соңына дейін оқымаймын. Біреудің айтағымен жазылған (ондайлар да аз болған жоқ) шатпақтарға пысқырмаймын да.

– Көрермен ретінде қайсы драма театрдың еңбектерін көп ұнатып, барасыз?

Эльмира, Панфилов ауданы, Алматы облысы

 – «Шаншар» театрының қойылымдарын сүйсініп қараймын. Жамбыл облыстық қазақ драма театрының кейінгі жылдардағы спектакльдерін ұнатамын. Бізге фестивальға келген қырғыз театрының түркімен режиссері Какаджан Ашир қойған Шыңғысхан туралы драмасына көңілім толды. Ғ.Мүсірепов атындағы балалар театрының Сағызбай Қарабалин қойған «Балкон» спектаклі де тәуір дүние боп шыққан. Біздің М.Әуезов театрында да жүйрік қойылымдар табылып қалады.

– Аға, 1980 жылдары Кеген ауданы, Темірлік ауылына

бір топ киногерлер келіп кино түсіріп еді. Солардың арасында сіз де бар болатынсыз. Ол кезде мен 6-сыныпта оқитынмын. Бала кезім ғой, сол фильмнің атын, қашан экрнаға шыққанын біле алмадым. Мүмкіндік болса, сіз айтсаңыз?

Нұргүл, Алматы

 – Мен білгенде Темірші деген ауыл деуші еді. Онда Сатыбалды Нарымбетов ағаңның «Күзгі бұралаң жолдар» деп аталатын қысқа метражды алғашқы дипломдық жұмысын түсіргенбіз. Негізі Сайын Мұратбековтің осы аттас повесінен алынған. Сатыбалды ағаңыз ол кезде жас, кеудесіне нан піспеген, қазағын кәдімгідей жақсы көретін. Кейін ғой, нағашылары қырғыздарға көңілі көбірек ауып кеткені.

– Қазір қандай фильмге түсіп жатырсыз? Мүмкіндік болса, сол фильмнің қысқаша мазмұнын, өз рөліңіз туралы айтып өтсеңіз?..

Саяжан, Талдықорған қаласы

 – «Қазақфильмде» режиссер И.Вовнянконың «№001 жүк» деп аталатын 8 сериялы телевизиялық фильмге, орталық рольдің бірі Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің Төрағасының роліне түсіп бітірдім. Уақиғасы Өскемендегі ядролық шикізаттың шетелдіктердің қолына түсіп кетпеуі жайындағы детектив. Бұлармен қабаттастыра Қалдыбай Әбеновтің «Баһадүр» атты, деректі-көркем фильмінде тағы да ханның, Салқам Жәңгірдің роліне де түстім.

– Аға, көптеген жыл сахнада, экранда халық назарына көп кейіпкерлердің бейнесін ұсындыңыз. Орындаушылық өнердің қыр-сырын оқушыларға үйреттіңіз. Көп жылғы тәжірибеңізден түйгеніңіз бойынша айтыңызшы, актер деген кім?

Әйгерім, Алматы қаласы

 – Актер деген – азапкер. Еңбегі еш, тұзы сор. Алайда, ұлтының патриоты, елінің еңселі ұлы, мемлекетіміздің жанашыр жаршысы.

  •  Актер – сезімнің адамы дейді. Ал, сіз сезімге сенесіз бе?
  •  Жоқ, алдымен ақылдың адамы болуы керек. Сезім қорғанышсыз келеді, оған ақылдың қақпайы керек. Сезім тек актерге ғана емес, барша адамдарға керек, тасжүрек, кәпір болып кетпес үщін.

Маған ән орындағаныңыз керемет ұнайды. Ән жинақ шығар-майсыз ба?

Еркебұлан Бабасов, Ақтөбе

 – «Меломан» фирмасы биыл ерте көктемде «Өнер адамы» және «Біз әлі кездесеміз» атты екі альбомымды шығарған. Солардың дүкендерінде сатылып жатыр, рас болса, тез бітіп кетеді екен деп қуанып жүр олар. Тағы да шығарайық деген қолқа салған, қарсы болғам жоқ.

– Аға, қазіргі әзіл-сықақ театрларының жұмысына деген көзқарасыңызды білгім келеді? Бір кездегі

«Тамашаның» тарланы Тұңғышбай аға жан-жаққа шашырап, өнер көрсетіп жүрген ұжымдардың басын біріктіріп, «Тамаша» секілді үлкен театрға айналдыру туралы ойламайды ма екен?

Айнұр Бердімұратова, Қызылорда облысы, Шиелі кенті

 – Көзқарасым онша емес, арзан күлкіге ауысып барады, қайтейін, «іштен шыққан шұбар жылан» ғой... Ал, олардың басы ешқашан бірікпейді, өйткені бизнес – қатыгез әлем.

– «Көршілер» телехабарының бір түсірілімінде «Еркін Рақы-шовтың «Жетімдері» кино емес» дедіңіз. Осы фильм

шыққан соң, жетімдерге жанашырлардың көбейгеніне талай рет куә болдым. Өзіңіз кино түсіргіңіз келмей ме?

Рамазан, Қарағанды облысы

 – Келеді, алайда ақшам, ақшалы әкім, бизнесмен «досым» жоқ. Е.Рақышевтың оқиғасы ойдан шығарылған өтірігіндей дүниені өнер деп есептеуге болмайды. Ол үшін деректі кинолар, жанашыр көбейтуге «Жди меня», «Бармысың, бауырым», «Алақан» сияқты телебағдарламалар бар. Кәсіби өнердің мақсаты көрерменді жылату емес. Оны өнер тақырыбы етіп алғанда, шығармашылдық, суреткерлік өре деген өлшемге «еніп» барып, елді емірендіру керек. Қазақ атамзаманнан жетім-жесірге жанашыр. Ол жаңалық емес, ал өнер тақырыбы терең, биік, өре-талғамы жоғары, білімір болуы шарт.

– Өзіңіз игерген мамандыққа қатты өкінген сәтіңіз болды ма? Болса, қашан, қай кезде? Нақтылап айтып берсеңіз?..

Марат, Алматы

 – Біріншіден, мен мамандық «игерген» жоқпын, Басқа қалыпқа, өзге өлшемге өттім. Етікші, инженер, аспаз, дәрігер т.с.с. – бұлар мамандық. Ал, актер – мамандық емес, тұлғалық қасиет. Актерді мамандық деп игеріп, «актер» болып жүргендер – марионеттер, сайқылар, кемталанттар... Осындай екенін ұқпайтындармен кездескенде, «аңқау елге арамза молда» болып, ұлы өнердің қадірін кетіріп жүргендерді жүгендей алмағанда, арзан бағаланған білектің ісі емес, жүректің ісі өнер - аяқасты болғанда өкінетінім бар.

– Тұңғышбай аға, егер көңіл күйіңіз болмаған бір күні үйіңізге қонақ келіп қалса, қалай қарсы аласыз? Сіз қаншалықты қонақжай адамсыз?

Айнұр, Семей қаласы

 – Қонақ – құт. Қайта көңілімді көтеруге тырысамын. Арқа-жарқамын деп өтірік айта алмаймын. Асылы, қонақтың айтып келгені дұрыс қой. Заман болса мынау, алашапқын.

– Ұл-қыздарыңыз қандай іспен айналысады?

Аида, Ақтау қаласы

 – Үлкен ұлым Сыртқы істер министрлігінде елшілікте. Ортаншым кеден қызметкері, қызым шетелдік банкілердің бірінде жұмыс жасайды. Кіші ұлым 8-сынып, кенже ұлым 1-сынып оқушылары, кіші қызым 4 жаста.

– Қазіргі арманыңызды білуге бола ма?

Ақерке, Мақат ауданы, Атырау облысы

 – Аман-сау болу, Өлімші халден де өтіп кеткен Қазақстан Театр қайраткерлері одағын аяғынан тік тұрғызу. Ұл- қыздарымның өмірден өз орнын табуына қолқабыс ету, Алладан солардың тілеуін тілеу.

«БОЙЫМДАЙ БОЙ ТАПСАМ ДА, ОЙЫМДАЙ ОЙ ТАППАДЫМ...»

(«Оңтүстік Қазақстан» газетіне берілген сұбхат)

  •  Тұңғышбай аға, ҚР Театр қайраткерлері одағының төрағасы ретінде бүгінгі театр тынысы туралы не айтар едіңіз? Өткен жылы болған басқосуларыңызда бұрынғы репертуарлық коллегияны жаңғырту, театр өнерін тың тұрғыдан қайта құру бағытында бірқатар толғақты мәселелерді сөз еттіңіздер. Ауыл-аймақтағы, облыс орталықтарындағы театрлардың хал-ахуалы шын мәнінде сын көтермейтіні рас. Осы орайда алдағы уақытта өзекті мәселелер қаншалықты шешімін таппақшы?

 – Дәл бүгінгі таңда жаңаша жолмен театр өнерін алға қарай дамытуды қолға алу республикадағы барлық театрларды жүйелі басқару тетігін ойластырудан басталу керек. Қалыптасқан жағдайда республика театрлары екі бірдей ресми мекеме Мәдениет министрлігіне және жергілікті әкімшіліктерге тікелей тәуелді. Алайда ол мекемелерде театрмен арнайы айналысатын кәсіби мамандар тапшы. Олардың жұмыстарында жылдан-жылға өзгеріссіз, бірсарынды таптауырындылық пен қайталау басым. Қоғам өміріне тигізер ықпалы, еліміздің мәдени һәм рухани өмірінде алатын орны үлкен театрды, оның мол мүмкіндігін толық пайдалану көздері мен жолдары назардан қалыс қалуда. Қайсыбір театрларда көңілді селт еткізер жақсы шығармашылдық жаңалықтар болғанымен, бұл республика көлемінде жаппай құбылыс болмай келеді. Бұған дейін театрларды республика көлемінде дамыту мәселесі ғылыми-кешенді түрде зерттеу қолға алынбаған. Бірнеше (5-10) жылдарға арнайы түзілген жоспарлы да жүйелі бағдарламаның болмауы бұл шаруашылықты өз бетіне босаңсытып жіберген. Осы саланың арнайы мамандары қазақ театрының өзекті мәселелерін күнделікті ішінен көріп-біле жүріп, оны қалай шешудің жолдары, оң бағытқа салу керектігі жайлы жаңа ұсыныстарын министрлікке талай рет кездесулерде, семинарлар мен дөңгелек үстел отырыстарында жасағанымен, бұл мәселе баяғы жартас сол жартас қалпынан өзгермей келеді. Бұл қалыптасқан тығырықтан шығу жолдарын Қазақстан Театр қайраткерлері Одағы (ҚТҚО) қоғамдық ұйымы тарапынан ғана орынды шешімі табыларын өмірдің өзі дәлелдеп отыр. Өйткені, бұл Одақ шенеуніктік құрсаудан тәуелсіз, және бұл салада айтылуға керек батыл ойлар мен жаңалықтарды бірден бір қолдай алатын қоғамдық ұйым. Кезінде Қазақстан Жазушылар одағы секілді толымды жұмыстар атқарған бұл ұйым, өзінің жетекші рөлін аумалы-төкпелі кезеңде немкетті басшылықтың салдарынан жоғалтып алған. Қазақстан Театр қайраткерлері Одағы бүгінгі жаңа

қызметкерлерінің екпінді әрі сындарлы жұмысы арқылы өз орнын келешекте табады деген ойдамын. Қазақ театры бүгінгі таңда өте батыл және түбегейлі реформалық өзгерістерді қажет етеді. Енді ол қалай, қандай үлгіде жүргізілуі керектігін тізбектеп көрейік.

 Реформа ең алдымен Мәдениет министрлігінің өзінен басталуы керек. Бұл ретте министрліктің республика мәдени- рухани өмірімізге жасайтын ықпал-әсерінің әлсіреп кеткені, тек қағазбастылық пен таптаурын жауап-хаттар, ешқандай біліктіліксіз, салқын қара көрсетулікке, мемлекеттік маңызы үлкен шаралардың ашылу мен жабылу рәсіміне құрама концерттер ұйымдастыруға ғана салынып кеткені кәдімгідей ойландырады. Мысалы, министрлікте театр мен кино саласының қыруар жұмысын жалғыз маман атқарады, және оның осы саланың қыры мен сырына қанық кәсіби маман екендігіне ешкімнің басы ауырмайтын сыңайлы. Қазір бізде мемлекеттің есебінен қаржыландырылатын 52 театр бар десек, соның 9-на ғана Мәдениет министрлігі

«қожалық» етеді. Қалған театрлардың барлығы өзді-өзімен жергілікті әкімдердің аса ықылассыз қарауында күн кешуде. Бұлай бөліну республиканың біртұтас театралды картасын қалыптастыруға, мәдени-рухани өміріміз кеңістігін бөлшектеп үлкен зардабын тигізуде. Қазір театрлардың қаржылық, шығармашылық мәселелерін бір орталықтан реттеп отыру қажеттігі туындап отыр. Сондықтан, облыстардағы театрлардың барлығын да Мәдениет министрлігінің құзырына көшіру керек екендігі ашық мәселе болып қалды. Облыс әкімшілігін де ол өнер ұжымдарына жасап отырған қаржылық, әлеуметтік қолғабыстарынан босатпай, сол күйі қалдырған абзал. Сонда шалғайдағы ұжымдар екі жақтың да назарында болып, ол театрларда азапты қызмет етіп жүрген актерлар, режиссерлер, басқа да мамандар шетте қалған елеусіздерміз деген үрейден ада болып, орталықтардағы өнер ордалардан еш кем еместігін сезінген сайын өрелі, биік өнер жасауға бейілі арта түскен болар еді. Бұл мәселе реттелмесе театрларымыздың әлеуметтік, һәм шығармашылық деңгейінің қазіргіден де төмеңдеп құлдырай беретіні даусыз.

  •  Театр қайраткерлері одағын құрудағы мақсаттарыңыз не болды? Бүгінгі таңда елімізде 4 академиялық театрдан өзге өнер ордасының жағдайы өте мүшкіл. Артистердің әлеуметтік жағдайы адам аярлық. Сіздің Одақ осы мәселелердің оң шешімін табуына қаншалықты ықпал ете алады?

 – Айналайын журналист қауым-ау, Қазақстан Театр қайраткерлері Одағының құрылғанына келесі жылы 50 жыл толады! Ал сіздің сұрағыңыз аспаннан түскендей. Алайда, міне, бұл жағдай – Одақтың бұрынғы басшыларының жұмысының өте жақсы «көрсеткіші» шығар...

 Сұрағыңыздың келесі кебіне көшелік. Хош деңіз, кеңестік идеологияның үрдісімен келе жатқан театрларды басқару жүйесі, яғни Көркемдік жетекші, Бас режиссер деген лауазымдардың әлдеқашан уақыты өткен. Бұлар қызыл империяның кезіндегі ауыздан шыққан сөзді аңдып отыру үшін ойдан шығарылған бұдырсыз қызметтер ғой. Ал бүгінгі күні, бұндай қаптаған қоқима «бастықтар» шығармашылық ұжымның шынайы өнер жасауына үлкен кедергі келтіреді, суреткерлік еркіндіктің тамырына балта шабады. Әдетте, бұл лауазымдарға режиссерлер тағайындалады да, театрдағы жаңаша эстетикалық, репертуарлық ауқымға ноқта, ақжарма актерлік ойын мен өзге қалыптағы режиссураның дамуына тұсау салады. Тоқ етерін айтып, түптеп келгенде, театрлар бір ғана бастықтың амбициясы мен суреткерлік өре-қарымының құрбаны болып, «бодан» күй кешеді. Әлгі

«бастықтар» тек өз білігі мен қалауы бойынша репертуар таңдайды, төңірегіне өзінен аспайтын «белсіз» режиссер жинайды, өздеріне ұнаған, құлдыраңдаған актерлерге ғана басты рольдер беріп, тек соларды ғана марапат-атақтарға ұсынып, алуан ойлы ұжымды әділетті басқаруға ниеттері шалқасынан емес, бір қырынан, «сыбыр-жыбырдан» келетіні айдан анық нәрсе. Ұжымдағы өзіндік ой-санасы тереңдеу, өресі биіктеу келетін қосалқы кезектегі режиссерге пьеса таңдау, өзіндік ой-еркімен роль бөлу, болашақ қойылымның басқалай қалып-деңгейін іздеп, өзінің ерекше қолтаңбасымен, өре-шешімімен жұмыс істеуіне барынша

кедергілік жасап, аяқтарына «кісен» салып бағуға тырысады. Түсінікті нәрсе ғой, бастықтың өзі де режиссер-қоюшы,

«қазаншылық» қолда болған соң, қандай да бір режиссерлік жұмыстың өзінен асып кетпеуіне күшін салады да. Тіпті, көз қылып, сырттан режиссер шақырса да, өзінен төмендеуін таңдайтыны аян. Басты рольдер де бастықтың төңірегіне жандайшаптанып жиналған онша жүйрік емес, ноқтаға үйренген жабы тектес ынжық актерлерге тиеді де, жалпы қойылымның шығармашылық құндылығына кешірілмес нұқсан келтіріледі.

 Сондықтан, нарықтық қатынастарға көшудің тиімді жолдарының бірі – осы мәселені түбегейлі қайта қарау. Жалпы, өнер ұжымын, театрды басқару емес, қаупайлау керек. Ал мұндай қызмет өресі биік, пендеки амбициядан ада, атпал тұлғаға ғана жарасады. Режиссерлер болса, тек қана тәуелсіз суреткер ретінде оқшау бағаланып, олардан басшылықтың тізгінін аулақ ұстаған абзал. Ол тек өзі режисерлік ететін қойылымының ғана «бастығы» болғаны жөн. Төңірегіне өзімен өнерпаздық мұраттары бірге, ойлас, сырлас, талантты актерлермен қоғамдасып, шынайы шығармашылық жұмыспен айналысуы үшін осы жүйе дұрыстың дұрысы. Сонда ғана, тек өрелі спектакль қоюмен ғана айналысатын режиссердің басқамен шаруасы болмайды, алаңдамайды, бүгежектемейді, тек өз қойлымының сәтті шығуын ғана ойлайтын болады. Сонда ғана оның, «мен қатыратын едім, анау аяқтан шалды, мынау мешайт етті» деген аяр арамзалығы жүзеге аспайды, не көрсе де, аспанға ұшса да, омақаса құласа да өзінен көреді.

 Сонымен бірге оларды әлеуметтік жағынан да қорғау керек, яғни тақырыбы өзіне жақын пьеса авторларымен жұмыс жасауда, өресі биік жаңа спектакль қоюда шығармашылық еркіндігінен айырмай, пьеса мен онда ойнайтын актерлерді таңдау еркіндігінен ажыратпай ғана емес, өзінің қойылымының авторы ретінде бағалап, ай сайын алып отыратын айлығынан бөлек, әр қойылымының көркемдік табысына орай қаламақы төлеуді де заңдастырған абзал. Сонда оның шығармашылдық құқығы қорғалып, суреткерлік ынтасы ұлғая түседі. Бір театрда кем дегенде

    • тең құқылы режиссер келісімшартпен жұмыс істеуі тиіс. Олар бір-бірімен шығармашылық бәйгеге түскендей әсерде болып, қайткенде де жоғарғы деңгейдегі қойылым қоюға тырысатыны белгілі. Театрдың актерлік труппасы да осы режиссерлердің мұраттас актерлерінен тұратын болады, балласт боп бос жүрген селтеңдердің, «алкөкіректердің, әпербақандардың» саны азаяды. Ал, жалпы басшылықты режиссерден басқа кез келген суреткер тұлғаға тапсырған жөн. Ол актер бола ма, драматург бола ма, әлде мәдениеттанушы ойшыл ма бәрібір, егер режиссер болса да қарсылық жоқ, тек оған ол театрда қойылым қоюға рұқсат берілмегені оңды. Батыс елдеріндегі үрдісте, ондай театр басқарушыны Интендант деп атайды, бізше «Төраға», немесе

«Театр Мүдірі» десе дұрыс болатын сияқты, «мүдір» деген түркі сөзінен қашпағанымыз абзал, орыстың «директорын» өгейсітпей жүрдік қой неше жыл. Төраға мемлекетпен келісімшартқа отырып, театрдың барлық қажет-қаражатын жасаушы, режиссерлер мен актерлерге, қойылымға керек нәрсені түгендеуші, шығармашылдық атмосфераның барометрі болғаны жөн.

 Шынтуайтына келгенде режиссер режиссерге бастық болып, қойылымды олай емес, былай қою керек деп әкіреңдеу қай жағынан алсақ та, ақылға сыймайтын нәрсе емес пе? Қылқалам шеберлерінің бір-біріне ақыл айтып,

«олай емес, былай жаз, мына жерге күлгін емес, қызғылт бояу жақ» деп тұрғанын көргендер бар ма?! Суреткерлік деген оқшау әлем, өзге өлшем, ол әлемді былғамас, өлшемді арзандатпас болар, ол құпияға өзгенің араласуы, қол сұғуы – әдепсіздік, әрі кеткенде әпербақандық.

  •  Өткен ғасырдың 60-80-жылдары қазақ театрларының алтын ғасыры деп есептеледі. Осындай гүлдену дәуірі қазақ театрларына қайта келуі мүмкін бе?
      •  Ол жылдары орысша гүлденгенбіз... Дегенмен, гүл жарықтықтың ұлты болмайды ғой. Үмітсіз – шайтан деген... Неге келмесін, гүлдену... Қазақ елі таланттыларға қашанда кенде болмаған, тұлпарларына тұсау салмаған, қыздарының

бетін жаппаған, сөйлер сөзге дес бермеген, сал-серісіне жалғыз ешкісін сойған, төріне сүйреп, астына патсайы көрпе төсеген, қолтығын құс жастыққа жастандырған...

  •  Жазушы Бексұлтан Нұржекеев «бүгінгі қазақ прозасында уақыт тынысы айқын аңғарылады, бүгінгі күннің кейіпкерлерін сомдап жатырмыз» деп есептейді. Алайда, біз сол бүгінгі күннің кейіпкерлерін театр сахнасынан неліктен көре алмаймыз? Сіздің ойыңызша, бүгінгі күннің басты кейіпкерлері кімдер болуы керек?
      •  Бүгінгі күннің адамдары, яғни сіз бен біз болуымыз керек. Ойдан шығарылған өтірік кейіпкерлердің құны бір тиын да тұрмайды қазір. Ақылы толысқан жұртқа ақыл айту – алаңғасардың ісі, ал өнерпазы алаңғасар болса, ұлттың соры. Бексұлтан ағамыз сияқты «сомдап жатырмыз» деп айтуға азаматтық арым жібермейді, суреткерлік пәтігім жетпейді. Өтірік айта алмайтынымды айналам жақсы біледі. Қазақ театры дертті... Әлі өз жолын, қазақы бағдарын айқындаған жоқ. Орыс театрының салып берген сара жолымен келеміз, оның үлкен айыбы да жоқ, әрине. «Би болмасаң да, би түсетін үй бол» демей ме, қазағым. Менің Жаманқұл атам

«Боларыңда – болып өт! Боз жорғадай желіп өт! Болмасыңды білген соң, Болған ердің қосын жек!» деген мақалды көп айтушы еді. Астарына үңіліңізші, бүгінгінің қазымыры емес, өткен ғасырдың қазына шалы, ақылманы нені меңзеп отыр, өзің жолын таба алмасаң, кекіреймей өзгеден үйрен деп отырған жоқ па? Сол орыс театры бүгіндері бізден оқ бойы озып, шаңын да көрсетпей кеткенін көргенде, ішіңде түлкі тұншығып, ит ұлып, арыстан арам өлердей ашынады.

«Бойымдай бой тапсам да, Ойымдай ой таппадым» дейтін тағы да сол Жаманқұл пірәдар. Жоғарыдағы сіздің сыздықтата сұраған сұрағыңыздан гөрі, орманды орыстың тұрағын көксегендей болып, «қазақ театрының алтын ғасыры» деп отырғаныңыз өзге елдің өресімен жасалған жасанды дүние,

«марусяның мияуы» десем, жағамнан алар ма екенсіз! Рас, орыс театрының мектебіне қазақ өнері қарыздар, ол мектепті төрткүл дүние мойындаған, алайда өз қағымыз қайда,

өз үніміз неге құмық, өз ізіміз неге көмескі... Тіл қазақша болғанмен, діл басқашалығын айтсам, айыпқа бұйырар ма екенсіз!? Орыстың тарихы мен мәдениетін білуге келгенде өздерінен асып кеткен талантты қазақ өзіне келгенде өгіз аяң! Неге олай? Дүниенің төрт бұрышын таны, жайла, тілін біл, мәдениетін таны, сұлуына сұқтан, алайда ағзаңнан алыстағаның, тегіңнен теріс бұрылуың – бодан аурудан арыла алмағаның ғой... Қайсыбірін айтайын... Жарар, шыли арыға кетіп барам, осы жерден тізгін тарта тұрмасам, тағы да сөзге қалармын, тұзым жеңілдеу еді...

  •  Сіз өнертану ғылымының кандидаты, профессорсыз. Ғылым жолына бет бұруыңызға не себеп болды? Екі томдығыңыз бен «Наз» деген өмірнамалық кітабыңыз жарық көрді. Өнер адамының жазушылыққа бет бұруын көп көріп, көп түйгендігінен деуге бола ма? «Айтарың болмаса, әдебиетке келме» деген ұстанымды ескерсек, айтарыңыз болған соң әдебиет ауылына бет бұрғандайсыз ба, қалай?
      •  Ғылымды, әдебиетті өнер емес деп кім айтты, театрды ғылым, әдебиет емес деп кім айтты? Үшеуінің де ат байлар мекені – өнер деген текті де дертті Ел! Лев Толстой романдарын «жазбасқа амалым қалмаған соң жаздым» деген екен... Кітап жазуым – әдебиетке келуім емес, «біздің жағдай осылай!» деуім. Оқығысы келіп, ойланғандар үшін жақынмын, «әртіс те кітап жазатын болыпты ғой» деп сайқыланғандар үшін ғапылмын, жұмбақпын. Өнертану ғылымына «мен өзі не істеп жүрмін?» деген мазасыз сұрақ үшін миымды ашыттым. Өзім үшін қорғадым, артисті «әртіс» деп кекетіп, адам еместерге қосатын ет бауыр емшектестерім үшін арландым, өз қадірін арзандатып, күштінің қолына су құятын өзектестерім үшін қорландым. Не десеңіз – о деңіз, артистердің арасынан шыққан алғашқы һәм жалқы ғылым кандидаты менмін.
  •  Халық сізді театрдағы рөлдеріңізден гөрі «Тамаша» ойын-сауық отауындағы және кинодағы («Қан мен тер»)

рөлдеріңіз арқылы жақсы таниды. Ал, өзіңіз өнердің қай саласына басымдық берер едіңіз?

      •  Театрға. Ондағы сіз көрмеген-білмеген рольдерім – сырым мен шыным, құпиям, сондықтан театрды бәрінен жоғары қоям. Өйткені ол – тірі өнер. Киноңыз – қимылдайтын сурет, оның өзін де осы күні техника жасайтын болды. Ал,

«Тамаша» сияқты жылт етпе жанрдың толғағы жансыз, «тез оңатын әсіре қызыл». Өнерден гөрі ыржаңға айналып барады. Астары арзан, ойы жеңіл. Қалжың ретінде карауға болар...

«Бұра сөйлеген – күлгенге жақсы» деген ғой кінәмшіл қазақ. Ол да керек шығар. Кісімсіп, күнде күжірейе беруден де адам жалығады ғой... Ауызға қақпақ қойылған қаһарлы заманда, әзілмен астарлап, талай нәрсе айтқанбыз, ал бүгін,.. бәрі де ашық-шашық... Не деуге болады?

  •  Сатиралық театрлардың қойылымдарына жиі қатысаты-ныңызды байқаймыз. О баста өздеріңіз бастаған «Тамаша» ойын-сауық отауы, «Бауыржан-шоу»,

«Терісқақпайлар» бүгінде бар-жоғы белгісіз жағдайға жетті. Бір ғана «Шаншардан» басқасын көрермен жоғалтып алды. Маман ретінде бұл құбылысты қалай бағалар едіңіз?

      •  Алдында ғана себеп-салдарын ашып айтып кеттім ғой деймін, айтарлар азайғанда тіл байланады. Ол отаулар пәруәнә көбелек сынды бір кештік қана. Қоғамның «қотырын» тап басып, «қанын» шығарып қасымаған» соң, қазақтайын қайыру білмес ерке халық, жақпаса қайрылмай кететіні хақ. Қазір «қол шошайтқанға» күле беретін есерлердің есі кіріп қалған шақ.
  •  «Әкемтеатрға» директор болып барғаныңызда жасы 60-тан асқан актерлерді зейнеткерлікке жібердіңіз. Соның арасында Асанәлі Әшімов пен Меруерт Өтекешова да бар еді. Қазақтың маңдайына біткен дара дарындары бір-бірін қолдап, қорғап жүрудің орнына мұндай қадамға баруына не себеп болды екен? Әуезов театрындағы

қызметіңіз арқылы өзіңізге жау арттырып алған жоқсыз ба?

      •  Асанәлі Әшімов зейнеткерлікке емес, басыбүтін театрдан шығарылған. Не жайлы сөз қозғасақ та, тұспал мен өсек-аяңға бет бұрмай, әңгіменің ақиқатына көшкен жөн ғой... Ол кісінің зейнетақы алып жүргеніне де екі-үш жылдың нобайы болып қалған. Кәсіпкерлікпен айналысам деп, театрдың маңайына жоламай кеткеніне 12 жылдың күзі мен көктемі өткен. Сонда да, тиісті жалақысын ай сайын үйіне апарып беріп тұратынбыз... Әз-екең марқұм ашуланып, жарты жалақыға түсіріп тастаған еді, мен толығына көшіргем. Театрдан жалғыз Әшімов қана емес, атынан ат үркетін Хадиша Бөкеева, Шолпан Жандарбекова, Бикен Римовалармен қоса Торғын Тасыбекова, Нүкетай Мышбаевалар да шығарылған. Ол кезде жоғарыдан сондай нұсқау келген болатын – ұжымды 25%-ға қысқартыңдар, зейнеткерлер штаттан шығарылсын деген. Театрдың штатында түкке қажетсіз 12-13 адамнан тұратын, ылғи ақсақ-тоқсақ, «орыс пен оймауыттың» кемпір-шалынан құралған оркестр-сымағы бар болатын, соларды қысқартып, бірді-екілі зейнеткерді демалысқа жіберіп, әлгі 25%-ға «ілдә- ілдәлап» жеткізген едік. Кейін, «есебін тауып» жоғарыда аты аталған «азулы аға, аяулы апаларымызды», келісімшарт дегенді ойлап тауып, жоғары жаққа «ананы айтып, мынаны айтып», түсіндіріп жүріп, әйтеуір қайта шақырып, түгендеп алғанбыз. Ал, Әшімов «әке-көке» деген шақыруымызға құлақ аспай, сол кеткеннен мол кеткен. Ал, Өтекешева ол кезде әлі де қазақша қой қайыра алмайтын... Қазір ғой, ұлттық намысы ояна бастағаны... Әрине, ол қыздарды қайта шақыртып алатын-ақ едім, арадағы жәдігөй аға-сымақтарға еріп, сот жағалап кеткендері болмаса... Өкпе-назға қалғаным рас, алайда «жау таптың» дегеніңіз артықтау... Қайбір жау дейсіз оларды... Тек шығармашылдықтың мұхитында енді еркін жүзіп, омыраулап келе жатқан театрдың желкенінің желбіреуі тоқтап, қайырлап қалғанын кейінгі кердең уақыт дәлелдеп берді емес пе...
  •  Театрды қиын кезеңде басқарғаныңызды білеміз. Әйтсе де шығармашылық адамдары өнер үшін өзара түсіністікпен жұмыс жасауына болмады ма? Мысалы, Әзірбайжан ағамен араңызды қандай мысық кесіп өтті?
      •  Кеткен адамның артынан керіс сөз айту – кісәпірлік болар... Айтыссам да, мен «әкең, шешең» деген әбес сөзге барған емеспін, інілік әдептен асқан кезім болған емес.

«Өкшесін басқаным» рас... Ал, әлгі мысықтар әлі күнге жер басып жүр... Болары – болды, бояуы сіңді. Мәйітінің басында, жаназада тұрып, мен бәрін де кештім дегенмін...

  •  Теледидардағы бір бағдарламада театр корифейі Асанәлі Әшімовпен айтысқаныңызды ел ұмыта қойған жоқ. Осындай аңыз адаммен айтысқандағы мақсатыңыз не еді?
      •  «Корифейдің» орынсыз кердеңіне көне беру керек пе? Аңыз адам екен, «аңыздығын» аяқасты қылмасын. Сіз

«көтеріп» тұрған биіктіктен көрінсін. Өз басымның әдептен асқан кезім болған жоқ, «мынауыңыз дұрыс болмады, мына жерде артық кеттіңіз» деп айта аласыз ба? Күмәніңіз болса, ол бағдарламаны қайта көріңіз. Мақсат біреу ғана – өмірде көбіне жоғалып кететін әділетті өнерде жоғалтпауға тырысу, кейінгіге тепкі көрсетпей, өзіңдей қарау, бұрынғыны құрметтеу.

  •  Сізді сегіз қырлы, бір сырлы деуге болады. Әйтсе де әншілік өнерге, ән шығаруға уақыт кетіруіңіз дұрыс па? Өйткені сізді көрермен қауым бәрібір нағыз артист деп қабылдайды емес пе?
      •  Сіздіңше нағыз артист деген кім? Өзіңіз «сегіз қырлы бір сырлы» деп көпшік қоясыз да, әнде неңіз бар дейсіз!? Сұрағыңыз ардың да, ойыңыз күрдің екен!? «Жігітке жеті өнер де аз» деген, сіз бен біздің атамыз қазақ емес пе?

«Ән – ауруым, тыңдамай, не қосылмай өте алман!» – деген Ақан серінің ұран сөзінде мен де тұрам... Уақыт кетіріп

жүрсіз десеңіз, әнімді тыңдамаңыз, патша көңіліңіз білсін! Сізге ұнау үшін ырбаңдайтын оң жақта отырған қыз емеспін. Менің «әншімін» деп көкірек қаққанымды қашан көрдіңіз, айтсам, өзім үшін айтам. Менің әнім естіле бастағанда радиоңызды өшіріп, телевизорыңызды көшіріп жіберіңіз, ерік өзіңізде.

  •  Өнердедосыңызкөппе?ҚұдайбергенСұлтанбаевтың қазасына қатты қайғыруыңызға қарағанда үзеңгілес досыңыз болған сияқты. Өнер жолында достығыңыз жарасқан қимас адамдарыңыз кімдер?
      •  Бүгінде өнерде досым жоқ. Бұрын болған, олар – Әнуар Боранбаев, Әшірәлі Кенжеев, Уайыс Сұлтанғазин, Мейірман Нұрекеев... Өмірде достарым жетіп артылады, алайда олар әкім-қаралардан емес, ақын-жоралардан, дәрігерлер, физиктер, тарихшылар, суретшілер, іскерлер. Атырау мен Ақтауда, Көкшетау мен Қызылорда, Шымқала мен Түркістанда, Ақтөбе мен Павлодарда, Өскемен мен Семейде, Қостанайда, Тәшкенде, Мәскеуде, Истанбұлда, Американың Массачюсетс штатында мені білетіндер, дос санайтындар табылып қалады.
  •  Талай шәкірт тәрбиелеп шығардыңыз. Ал өзіңіз кімге шәкірт болдыңыз? Ұлағаттайтын ұстаздарыңыз кімдер?
      •  Хадиша Бөкееваның шәкіртімін. Құрманбек Жандарбеков, Нұрмұхан Жантөрин, Әнуар Молдабеков, Иннокентий Смоктуновский, Ефим Копелян, Джек Николсон, Аль Пачиноларды ұстаз тұтып, ұқсағым келеді.
  •  «Өткелде ат ауыстыруға болмайды» десек те, қалың қазаққа Тұңғышбай Жаманқұлов болып әбден танылып алғаннан соң әл-Тарази болудың не керегі бар еді?
      • Орыстың мақалы – тіліңізге тиек қылып отырғаныз.

«Ов» деген жалғау да орыс тіркесі. Содан құтылудың, қазақыланудың қамынан. Тараз топырағы менің ата-тегімнің

«жамылған көрпесі», жалғыз Жаманқұл рахымелінің ғана емес. Сол топырақтың атын алғаным – арғы бабаларымның датын орындағаным!

  •  Өнер адамдарының отбасылық жағдайы бүкіл елдің қызы-ғушылығын тудыратыны рас. Осы орайда жап- жас Дарияға үйленуіңізді немен түсіндіресіз? Екеуіңіздің көзқарасыңыз қалай үйлесті? Үйленген кездеріңізде ол Сізден әлдеқайда кіші еді ғой?
      •  Бұрыс айтып отырсыз, «әлдеқайда» емес. Мен қылшылдаған қырықтың үстінде, ол жайнаған жиырманың жетегінде болатын. Қазір сол «жап-жас» Дәрияңыз қырықтың аулындағы сапарда. Мен пайғамбар жасын алқымдадым. Алла(һ)ның берген үш перзентіне әке-шешеміз. Кіші қызымыз төрт жастан енді асты, «алпысбай» кеп қалса қайтеміз деп ұялыңқырап жүрген жайымыз бар.

Сұбхатты жүргізген Үмітхан Алтаева Сәуір, 2011 ж.

«ӨНЕР – ҚАН ЖҮРЕКТІҢ КӨРКЕМДІГІ»

(«Керемет» журналының сұрақтары)

  • Аға, сіз бір әңгімеңізде: «ұлы Мұхтар Әуезовтің

«Еңлік-Кебегіндей» жалғыз ауыз сөзі бір әртістің он әрекетіне татитын, қазақ сөзінің қуатын танытатын пьеса әлі күнге жазылған жоқ»-депсіз. Қазіргі жазылып, сахналанып жатқан пьесалар қазақ сөзінің қуатын таныта алып жүр ме?

      •  Мұхаңның «Еңлік-Кебегі» қазақ драматургиясының ерекше құбылысы. Өйткені бұл дүние екі киіз үйді жапсарластырып құрылғандалалық сахнадатуған. Мұхаңның

өзі сахнаға «декорация» есебінде орналастырылған кебеженің ішінде тығылып отырып алғашқы «актерлерге» суфлерлық жасаған екен. Суфлерлік дегенді ұмыттық қой, қазіргі жастар білмейтін де болар, ол – сөзін ұмытқан актерлердің есіне салып сыбырлап отыратын ерте кездегі театр қызметкері. Ал «актерлер» сол ауылдағы өнерге қыры бар қарапайым кісілер болыпты. Мұхаңның жазған алғашқы нұсқасы бойынша «ойнай» бастаған әлгі актерлер, уақиғаның бір шиеленісті жеріне келгенде, пьесадағы мәтінді «ұмытып», өз беттерінше айтыса кеткен көрінеді. Сонда Мұхаң кебеженің ішінде қимылсыз отырған күйі олардың аузынан шығып жатқан кестелі де кесекті сөздерді сол күйінде қағазға түсіре берген көрінеді. Бұл сонау 1917 жылы болған екен, ал Мұхаң ол пьесаны неше дүркін қайта жазып өңдегенін білсеңіз ғой, кейде тіпті бұл шығарма ол кісінің «дертіне», өмір салтына айналып кеткен сыңайлы. Соңғы, «қызыл бұрыш» қоспай, таза жасаған нұсқасы 1922 жылғысы. Менің айтып, таң қалып отырғаным бұл пьесаның өмірге келу сиқырының жоғарыдағыдай болғандығынан. Өмірдің өзінен алынғандығынан, кебеженің ішіндегі авторды ұмытып, билердің «роліндегі» ауыл азаматтарының аузынан емес, ынты-жүректерінен шығып, «шындап» кеткен айтысының шығарманың тірі тініне айналуынан. Пьеса дүниеге осылай, жүрекпен жазылып келуі керек. Ондағы сөздер айтылатын емес, қозғалатын, «кісі өлтіретін», мазаңды кетіретін, өлі сөз емес, тірі сөз болғанда ғана сахналық қуаты болады, тамырында балықтың қаны ағып жатқан артистің өзін алдына салып «айдап» әкете алады.

  •  Сөз қадірін ұғындырудағы аға буынның әрекетіне көңіліңіз тола ма? Аға буынның айтқанын құлағына құйып, көңіліне тоқитын құлықты жастар бар ма, бізде?
      •  Ондай аға буын бүгінде жоқ, келмеске кетті арман боп, өнерге адалдықтың мысалы мен кейінгіге «жалған» боп. «Ол ағалар былай болған, басымыздан былай сипаушы еді» деп еске алсаң, бүгінгі жастың аузынан сілекейі ағады. Бүгінгі аға буында қазымырлық бар, қазыналық жоқ. Шал аз, шауқан

көп. Сондықтан ақсақалдыққа жасы жеткенмен, пірадарлық пайымға мысы аулақта ағаның аузынан шыққан арзанды ұйып тыңдайтын жастарды мен әзірге көре алмадым. Сақалы беліне түскенмен, аталы сөзі болмаған соң, олар не істесін? Пірлі дастарханда батаға, топырақты өлімде тоқтамға жоқ боссақал кімге дәрі, кімнің шікәнәсі!? Қазіргі жастар талапшыл, әрі біздерден гөрі тобашыл.

  •  Сізді ойға алғанда көпшіліктің ойына ең алдымен, өзіңіз сахналаған Абылай хан түседі. Қазір сахнадан сырт жүрген тұста, аға айтыңызшы, Абылай ханды қаншалықты шынайы ойнай алдыңыз? Жіберген кемшіліктеріңіз қандай? Көпшілік осы бейнеңізді дұрыс бағалады ма?
      •  Ұлы мәртебелі көрерменнің ойына алдымен мен кейіптеген Абылай хан түссе, демек, бір шығармашылдық құбылыстың болғаны, шүкір Аллаға. Театр өнерінің кинодан айрмашылығы мен құдіреттілігі – роліңді күн сайын жаңаша, адамша кескіндеп, өрлене, шерлене беруіңе, кешегі мұлтыңды ертең түзетуіңе, арзан түскен тұсыңды кейінгі қойылымда қайта қымбаттатуыңа мүмкіндік бар. Театр – тірі өнер. Алайда, сіз айтқандай мен сахнадан сырт жүргем жоқ, оны кім айтты екен? Кім айтса да, бос сөз! Бір расы бар әлгі өсектің, ол – мен бүгінде Абылайсыз жүрмін, көре алмаған кейбіреулердің қыжылы басым болып, ол қойылымның репертуардан алынып тасталғанына сегіз жылдың күзі мен көктемі өтті. Аңғал көпшілік сахнадағы Абылайды аңсап, қайда кетті деп қанша аттандағанымен, ниеті қабыл болмады, шырылдап-шырылдап, күңкілдеп-күңкілдеп қойды... «Жабулы қазан, жабулы күйінде» қалды...
  •  Аға, өмірдің шындығын айтуға келгенде қаншалықты бел-сендісіз? Ақсақалдыққа аяқ басқан тұста сізді ойландырып, толғандыратын қандай жайлар бар?
      •  Белсенділігім асып-тасыған соң, жабылардың жапқан жаласына қалып жүргем жоқ па? Жұрттың бәрі білетін

дәл осы қасқа қасиетімді қайта сұрағаныңызға қарағанда, мені шаршап, шау тартқан шығар деп ойлаған боларсыз. Жоқ! Өнердегі шалалық пен шантрапалық, өтірік пен өсек, арамдық пен аярлық, күншілдік пен міншілдік әлі күнге менің аяспас жауым, күрес алаңым. Ал, менің өнерім – өмірім, өмірім – өнерім! Ойландыратын – сол өнердің аяқ асты болуы, нарықтық қоғамның қысымынан парықты кісіліктің солуы!

  •  Өзіңіздің өміріңізбен тығыз байланысты театр, кино мәсе-лелерінің қазіргі хал-ахуалына қандай баға берер едіңіз? Біздің осы салалардағы өнеріміз қаншалықты өсті, кемшіл түсіп жатқан тұстары қандай?
      •  Менікі – жеке пікір, оның объективті себептерге саятыны міндетті емес. Айтсаң – алапес көрінесің, айтпасаң – өзің азап шегесің. Жақсы бола түссе екен деген оймен айтқаныңды жау көретін жамандар көп. Жалпылама айтсақ, соншалықты күйреп жатқан ештеңе жоқ сияқты, алайда аспандап, биіктеп бара жатқаны да шамалы. Кино – ақша құмар, театр шақша құмар боп барады. Астарлағанымды санасында сәулесі бар оқырман ұғар, бәлкім.. Мен өз өнерімнің патриотымын, тек мырқымбайлыққа қаспын. Қазақстанда 52 театр, жалғыз киностудия бар, дей тұрғанмен, екеуінің «дүрдараздығы» – мемлекеттік көзқарастың екеуіне бірдей әділетті еместігінде. Театр өнеріне деген мемлекеттік алақанның салқындығы сонша, тіпті бір фильмге күйіп тұрып бөлінетін қаражаттың төрттен біріне де жетпейді. Ал, театрлар күнде кешке, жылына 300 күн дейікші, көрермен алдына шығып, азды- көпті, арзанды-қымбатты өнерімен шамамен үш миллионнан астам адамды эстетикалық ләззатқа, сүйрікті сезімге бөлейді екен. Енді солардың көкірек қағып, міндетсінгенін көрдіңіз бе, балам аш, өзім жалаңаш деп жылаңқылық жасағанын естідіңіз бе? «Бас жарылса – бөрік ішінде, қол сынса жең ішінде». Керісінше, киношылардың керенау кердеңінен хабардар болсаңыз да, судай шашылған қаржыға қысылғанын көрмейсіз. Кейбір «асатпай жатып құлдық» болып, «қырам- жоямы» жер жарған, қолдау-дүмпуі аспандаған, арқалы

деген әкімнің өзі кеңесші болған фильміңіздің жинаған көрермені отыз мыңға жылап жетсе – шүкір ғой! Қазақтың киносы құрыды демеймін, тек жақсы деп ауыз толтырары аз, шашқан қаражаты қисапсыз. Театрыңыз детдомда өскен жетім баланың күйін кешуде, бейнеті мол, зейнеті шөкім, еңбегі еш, тұзы сор, ал ақша жағын ауызға алмай-ақ қоялық. Осыдан кейін «андайсың, мұндайсың» деп талап қою – қожанәсірлік.

  •  Сіз театрдың басшылығынан кеткен кезде артыңыздан көптеген алыпқашпа әңгімелер айтылды. Жалпы, сіз қауесетті қалай қабылдайсыз? Қаншалықты сабырлысыз, ұстамдысыз?
      •  Кеткен басшының артынан бөстеки сөз айтыла береді. Қазаққа ай мен күннің төсіне қазық қағып берсең де жақпайсың. Не жасасам да мен өзімнің осындай тірліктің қолымнан келгеніне қуанып жасадым. Есеп күтпеген еңбегімнен рахат шектім. Қызметкерлерге 40-тан астам пәтер, театрдың меншігіне жатақханадан 6 бөлме, 20-ға жетіп жығылатын адамға құрметті атақ берілуіне сеп болғанымды өзім түгіл өзге театрдағы әріптестерім әлі күнге жыр ғып айтады. «Ой, Тұқаңның кезіндегі заман қазір сағынышқа айналды ғой» деген сыпсың – мені тыныш ұйықтатады десем, дұрыс болатын шығар...
  •  Театр артисі Дәрия Жүсіппен шаңырақ көтергенде де көпшілік арасында сіздер жайлы көп қауесет айтылды. Бірақ бүгінде сіздер көпке үлгі көрсетерлік өнегелі отбасы болып отырсыздар. Жас қызды өнегелі ана, үлгілі жар болуға тәрбиелеуде сіздің қаншалықты көмегіңіз болды?
      •  Менің көмегім болған жоқ, Дәрияның өзі солай жаратылған. Менің етегімнен ұстағанда жиырманың екеуіндегі қызды жас деуге бола ма? Қыз бала табиғатынан ер-азаматының қадірін арттыруға, қара басын сыйлауға жаралғанын білмесе не болғаны? Дәрия уызынан жарыған ұрғашы, қазақы әдебі мен шығыстық ибасы асып-

төгілетін оңтүстік өңірінен. Менің басшы кезімде, оның ойнаған бірді-екілі ролін көп көріп, «қатыны болған соң, қомақты көзқарасқа ие боп жүр» деген қиянатты сөзге қалған. Бүгіндері Дәриясыз қойылған қойылымның сәні болмайтындай халге жетті. Жиырма жылға жуық еңбегі бағаланып, мен басшылықтан кеткен соң он жылдан кейін қайраткер атағын алды, әлгі өсекке таққан тәбдірсіздердің бірінің де үні шыққан жоқ! Бұл да менің кезінде кесірлі сөзге қалған есіл еңбегімнің адалдығының куәсі шығар.

  •  Кинода, театр сахнасында сомдай алмай қалдым немесе шығара алмай қалдым деген бейнелеріңіз бар ма? Сахнаға шығуға ұсыныстар түсіп жатса қайта барар ма едіңіз? Жалпы аға, қазір сіз немен айналысып жүрсіз?
      •  Қанағат деген қастер бар, бұйырғанға шүкірлік еткен жөн. Біраз жерге шаптық, төбе шықтық, тау астық. Артығы да болды, кемдігі де жоқ емес, айыз қандырардай толыққанды шығармашыл өмір кештім. Алайда,

«болдым, толдым» дегенді менің аузымнан естімейсіздер.

«Ән – ауруым, не тыңдамай, не қосылмай өте алман!» Ақан серінің осы өмірлік сөзі – менің өнердегі ұстанымым. Аттан әл-әзірге түскем жоқ, театрдың тізіміндемін, кейіптеген рольдерім, септеген режиссерлік қойылымдарым бар.

«Ананы ойнасам, мынаны сахналасам» деген армандар ешқашан таусылмайды. Бүгіндері маза мен ұйқыдан айырып, арсалаңдатып жүрген қоғамдық қызметім бар – Қазақстан Театр қайраткерлері одағының Төрағасы деген. Менің алдымдағы «пысықтар» оң мен солға «шашып-жымқырып», кейінгі отыз жылдың балдыр-батпағына калош қып киіп, күресінге тастап кеткен. Құдды, Пушкиннің ертегісіндегі жарық астауы дерсің. Осыны тірілтіп, жолға қойып, келесі

«дайын асқа тік қасық» адамға үкілеп берсем деген мүдде бар.

  • Күнделік жазасыз ба?
      • Жоқ. Бір ағам жазып жүр ғой, соның әр сөйлемінде

барсың деп айтады, оны қапелімде оқығандар. Неғылам үлкенмен «жағаласып».

  • Қаншалықты ауқаттысыз?
      •  Орташа, қатын-бала асырап отырмын. Киер киім мен ішер асқа кенде емеспін. Анда-санда келіншегімнің әйелдік

«еркелігін» көтере алатын кездерім де болып тұрады...

  •  Бала тәрбиесінде ұстанатын қағидаларыңыз қандай?
      •  Жөйіттерше. «Сен мықты қазақсың, сенен асар ешкім жоқ» деген мағынада. Содан ба екен, үлкеніміз де, ортаншымыз да мақтау қағаздан көз жазған емес. Қызымыз Аққу сұлу бес жаста, бетінен қақпаймыз.
  •  Жақында Алматыдағы «Турандот» мейрамханасы өртенді. Біреулер оны сізге тиесілі орын дейді. Жеке бизнесіңіз бар ма?
      •  Менің септігім тиген мейрамхана екені рас, алайда, маған тиесілі емес. Жеке бизнесім әзірге жоқ. «Бөрі азығы
  • жолда».
  •  Қолыңыз бос уақыттағы айналысатын ермегіңіз не? Хоббиіңіз бар ма?
    •  Помидор, қияр, қызылша егемін, суғарамын, шөбін шабам. Күзде жинаймын. Алма, алмұрт, шие. қара өрік, абрикос, қара, қызыл қарақат, жүзім ағаштарым бар. Ермегім солар, сонан соң кітап жазу, жақында «Шер» деген атпен төртінші кітабым жарық көрмекші.
  •  Аға, сіз бір кездері сахнаға шығып ән де салдыңыз. Және өзіңіздің салмақты қоңыр даусыңызбен тыңдаушының жақсы ықыласына да ие болдыңыз. Қазір осы қабілетіңізді шыңдауда қандай жұмыстар атқарып жатырсыз?
    •  «Тыңдаушының жақсы ықыласына ие болдыңыз» дегеніңіз рас болса, көңілімді көктем еттіңіз. Мен өзі, жаңадан аты шығып келе жатқан «жас» әншімін ғой?!. Мұндай жылы сөздер жан семіртетіні жасырын емес. Көбіне ешкім айтпайтын, айта да алмайтын әнге әуес болғандықтан, өте сирек айналысамын. «Ән айтсаң да, жаныңды жеп айтасың» деген. Жанға жақын әннің тууы қиындау. Екі альбомым шыққан. Бір жаңалығым, біраздан бері Дәрия эстрадалық әндерге ден қоя бастады, жуық арада бір альбомға жетіп қалар, оның жоғары вокальдық білімі барын біреу біліп, бірі білмес...
  •  Сіздердегі өнерге құштарлық балаларыңыздың бойынан байқала ма?
    •  Үлкеніміз Ақсұлтан домбыраға ғашық. Өзінен-өзі жүріп үйреніп алды, енді гитараға ауыспақшы. Ақсұңқар екінші сыныпта, Аққудың ыңылы құлаққа жағымды естіледі, әнге құмар болатын шығар...

15 қыркүйек, 2011 ж.

«ТЕАТР – ДЕМАЛАТЫН ШИПАЖАЙ ЕМЕС...»

(«Жас қазақ» газетіне берілген сұхбат)

Тұңғышбай аға, өзіңіз басқарып отырған Қазақстан Театр қайраткерлері одағынан редакциямызға бір емес, екі рет хат келді. Бұл хатыңыз жалғыз бізге емес, басқа да басылымдарға жеткен болуы керек. Соған қарағанда қазақ басылымдары аударып қолданып жүрген «артист»,

«лауреат» деген сөздер қытығыңызға қатты тиген сияқты ғой...

 – Иә, жалғыз қытыққа ғана емес, намысқа да. Бұл хатты қазақтың жазба әдебиеті мен өнер мәдениетіне деген немқұрайлықтан арылу үшін ұлтжандылық пен патриоттық сезіміме малып жазып отырмын. Рас айтасың, екі қайтара,

барлық БАҚ өкілдеріне, телерадио қызметкерлеріне, тіпті облыстық тиісті мекемелердің бәріне де жаздық. Интернетте де бұл мәселе үлкен талқыға түсіпті, танысып шықтым, қолдап жатқандар өте-мөте көп. Сыртымнан қарсы болып, дөңайбат шегіп жатқандар да баршылық. «Біз орыс тілінен құтыла алмай жүргенде, Тұңғышбай сенің бұл қиғылығыңды қалай түсінуге болады», – деген ойлар бар. Сырттан, өзге тілден, арабтан, парсыдан, орыстан, латыннан енген көптеген сөздердің қазақша баламасы жоқ, болса да қазақы нұсқасы дұрыс табылмаған. Қайсыбір санаға сіңіп кеткен сөздерді аударудың еш қажеті жоқ дегенді табандап отырып айтқым келеді. Кезінде Есмағамбет Ысмайылов деген ағамыз 500-ге тарта сөздің қазақша аудармасын тауып, сөздікке енгізген екен. Ондай дұрыс аударма-баламалар болып жатса, еш қарсылығымыз жоқ. Мәселен, бүкіл дүние жүзі халқының қолданысындағы футбол, волейбол, баскетбол, теннис сияқты терминдерді аударудың не қажеті бар. Өнерде, музыкада, теорияда, ғылымда қолданатын кейбір сөздердің де баламасын дұрыс таппасаң, оларды айту ыңғайыңа қарай бұрмалап, қадірін қашырудың жөні бар ма? Футболды теппе доп, баскетболды дорба доп деп аударып, газеттерге басып жүргендерін көргенде қарадай күйініп, жерге қарамасқа амалың қалмайды. Қазақтың сөзін өзге халық кекеткен сыңайлы етіп, өз ыңғайына бұрмалап жатса жақтырмайсың ғой. Сол сияқты кейбір барлық тілдерге ортақ болып санаға сіңіп кеткен терминдерге тиіспеген дұрыс. «Тиатыр, деректір, прәпесір, дәсент, жөрнәліс, әртіс, кәмпәзитір, белсебет, аптобыс, тірәктір, липті» деген сияқты ауызекі айтқанға оңай сөздерді тура солай хатқа түсіру ұлтымызды, оның тілін арзандатады, қарабайырландырады. Бұдан өзіміздің абыройымызға, шұрайлы да бай, нұсқалы да ырғақты, кестелі де дестелі тіліміздің сүйегіне таңба түсіп, адами нарқымызға нұқсан келеді емес пе. «Артист» дегеннің негізгі түбірі латын сөзінен алынғаны екі кітап оқыған адамға да белгілі. Ал, латын – білетін боларсыз, ұлттық тіл емес, ондай ұлт жоқ екенін мені кекететін ақылгөйлерге құлақ қағыс қылсам, ат құйрығын кесісіп, «арам алыс алашпын» деп алыстап кетпес. «Арт» – суреткер, шығармашылдық

деген мағынаны білдіреді. Енді оны «әртіс» деп аудару – біріншіден білімсіздік, екіншіден грамматикалық қате. Себебі грамматика заңдылықтарында қазақтың кестелі сөзі естілуі бойынша жазылмайды. Мұндай нәрсеге салақтық көрсете беретін болсақ, тіліміз байырғы қасиетінен айрылып, оны ешкім бағаламайтын болады. «Жақыныңды жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін» деген мақалды, аталы сөзге құлаған,

«сөз тапқанға қолқа жоқ» дейтін асқан эстет халқымыздың өзі айтқан. Интернетте маған біреу «лауреат» гректің

«лавр» деген сөзінен шыққан деп жазыпты. «Тұңғышбай ағаға «иегері» деген сөз ұнамаса, «жапырақ жамылған» деп жазайық», – деп кекетіпті. Мен бұған күлдім де қойдым, кекетсе – кекшиіп қалсын. Бірақ түптеп келгенде ол адам әлгі сөздің түбірін тауып айтып отыр. Біледі екен. Бүкіл дүние жүзі «лауреат» деп айтып жүргенде, біз «иегер», «жүлдегер» деп жатамыз. Сен малыңа, көлігіңе иегерсің. «Лауреатты» лауреат, «артисті» артист деп қалдырғанды өнертануда сөз бен сахна құпиялары тақырыбынан диссертация қорғаған, тек сахнаны ғана сағалаған емес, ғылым мен теориялық ілімді жағалаған ағаларың ретінде талап етуім орынсыз болмас. Әлі күнге дейін еліміздің барлық театрлары тиісті ресми құжаттарға, баспасөз құралдарында «әртіс» деп жазып жүр. Ал, «Алматы ақшамы» газеті маған ерегісіп, тіпті өздерінің жақсы көретін, маңайына шаң жұқтырмайтын ағасының атақ-даңқын да солай «әртіс» деп жазады. Беталбаты бетпақтанбай, байыбына барып, ұғып-түйсініп, үйіңдегі қатын-балаң ғана емес, жалпы халық оқитын басылымдарға не болса соны шимайлай бермей, білімді, мәдениетті жазуға, әдепті сөйлеуге тырысайық.

– Қоғам қайраткерлері деген ұғым бар еді. Ал Театр қайраткер-лері деген тіркес қайдан пайда болған?

 – Бұл да – орыс тілінен аударылған сөз. «Союз театральных деятелей» дегеннен. Алдағы уақытта біреу маған осы атаудың дұрыс баламасын тауып берсе, қарсы емеспін. Бірақ театрда актерден басқа режиссер, суретші, театр басшылары қызмет етеді. Олар енді театр қайраткері болмағанда, басқаша қалай

айтылады. Қазағым, оның өнері мен өзегі деп, сахна дейтін мекенде азапты өмір кешіп жүрген өз өнерпаздарымызға енді қайраткер деген қанатты сөзді көп көрмей-ақ қойсақ қайтеді!..

  •  Өткен жылы театр қызметкерлеріне құрмет көрсетіп, үздік шыққандарын «Еңлікгүл» сыйлығымен марапаттадыңыз. Жиын соңында оны «Оскарға» теңеп жібердіңіз...

  Несі бар, біз кімнен кембіз. Үздік келген, биіктен көрінген өнерпаз әріптестерімізге құрмет көрсету – асып-тасқандық, артық кеткендік емес шығар. Шетелдің өнер саласында жеткен жетістіктерінен асып түсуге талпынудың айыбы бар ма? Таза еңбектің үрдісінде, әрдайым ізденіс үстінде, мазасыз күйде жүретін, шайлығына жетпейтін айлығы бар театр қызметкерлерін жылына бір рет халықаралық деңгейде атап өту – парыз сияқты көрінеді маған. Қазақтың кейбір қалталыларының сыбайлас-туыстарына «таратып- бөліп» беріп жүрген «Тарлан» сыйлығы құдыққа түскендей, құрдымға кетіп, «күн-фаякүн» болды. Соларды есепке ала отырып бұл күнді, яғни 27 наурыз Халықаралық Театр Күнін еліміздің тағы бір санатты мерекесіне айналдырып отыруды мақсат етудеміз. Бұны «Оскар» деп одыраңдамай, қарапайым ғана «Еңлікгүл» деп атадық. Бұл – қазақтың ерте көктемде, көлденеңнің қолы жете бермейтін биікте, тауда өсетін ерекше қалыпты гүлі. Еңлік дегеніміз – қазақ театрының шымылдығын ашқандардың бірі Мұхтар Әуезовтің «Еңлік- Кебек» пьесасындағы бас кейіпкер, құлаққа сіңісті болып кеткен есім.

  • Одақ басқа қандай жұмыстар атқарып жатыр?

  Көптеген маңызды жұмыстарды атқаруға дайынбыз. Қазақ-стандағы барлық театрларды қамқорлыққа алып, деректік базасын жасап, олардың әлеуметтік, шығармашылдық жай-күйін ойлап, тиісті жерлерге құлаққағыс қылып қана қоймай, оларды жүзеге асыруды

талап етіп отырамыз. Былтырдан бері алғаш рет «Театр.кz» журналын шығара бастадық. Әртүрлі тақырыпта ғылыми- тәжірибелік көрмелер мен басқосулар ұйымдастырып жүрміз. Бірақ қаржы кемдігі қолбайлау болып жүр. Мысалы, Мәдениет министрлігінің құзырына бар-жоғы тоғыз-ақ театр қарайды. Ал, еліміздің он төрт облысында, әр тілде, әртүрлі жанрда қызмет етіп жатқан 52 театр бар. Оның он алтысы – орыс, біреуі – неміс, біреуі – өзбек, біреуі ұйғыр, біреуі – кәріс тіліндегі театрлар. Қалғаны – қазақша. Тоғыз қуыршақ, екі опера-балет театры бар. Солардың барлығы жергілікті әкімшіліктің ғана қарауында. Ал әкімшілік мәдени ошақтарға кәсіби түрде басшылық жасай алмайды. Тек қана қаржы бөледі де отырады. Оның ішінде қандай қойылымдар қойылып жатыр, актерлердің орындаушылық деңгейі, пьесаның мазмұны қандай, оған мән бермейді. Шенеуіктік көзқарас пен шығармашылық адамдарының өмір салты, пайым-парасаты ұштаса бермейді. Облыстағы театрлар кәсіби тұрғыға, әлемдік өркениетке, тіпті бүгіннің талабы нарықтық өлшемдерге сай келмесе, елдігімізге сын.

– Қазір театрларымызда шетел драматургтерінің шығармалары аударылып беріліп жүр. Бұл сонда өзімізде жақсы драматургтер жоқ деген сөз бе? Әлде өзгені өрге озырып, өзімізді кері тарту ма?

 Жақсы драматург жоқ деп айтсам, аузымды қу шөппен сүрткен боламын. Бірақ бүгінде дүние жүзінде театр өнерінің өскені сонша, біз әлдеқайда артта келе жатырмыз. Халық телеарна, ғаламтор арқылы неше түрлі шетелдік қойылымдарды тамашалап жүр. Біздің кейбір театрлардағы қойылымдарды көргенде, жұмсартып айтқанда қарның ашады. Ол үшін көрерменді кінәлауға болмайды. Біз өзімізді қамшылауымыз керек. Әсіресе, режиссураға көп көңіл бөлу қажет. Драматургия – тек әдебиеттің бір жанры ғана емес. Ол

  • ерекше әлем, әркімге жалын ұстата бермейтін асау тұлпар. Мұның қамшылар жағына келіп, үзеңгісіне ілігу, сылап- сипау оңай емес. Кезінде Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов сынды ағаларымыздың өзі драматургияға аса үлкен абаймен,

дайындықпен келген. Кейбір жазушыларымыздың 30 беттік драма жазғаннан, 300 беттік роман жазу он есе оңай деп мойындағанын өз құлағыммен естігем. Демек, 30 беттің ішіне 300-600 беттік романның ой салмағын кіргізу құдіреті қиынға соғатыны айғақ. Драматургияның мақсаты белгілі бір уақиға құру немесе соны қуалау ғана емес. Бұл жанрдың астары мен үстері ерекше. Халыққа сахна арқылы ақыл айтуға болмайды, өйткені қазіргі халық сенен он есе ақылды. Халықты өнердің ерекше әдісімен, астарымен өзіңе баурап, соңыңнан ертіп алуың керек. Бұны бүгінгі жас драматургтер ұға бермейтіні аян. Оларды режиссерлер де көбінде түсіне бермейді. Керісінше, кейбіреулері жап-жақсы пьесаның астарын ұқпай, жаратпай тастауы бек мүмкін. Кезінде Чеховты да орыстар түсінбеген болатын. Ал қазір қалай бағалап отыр. Себебі ол іш пыстыратын туындылары арқылы да, Ресейдің сол кездегі бар шындығын, өмір салтын, дертін, пайым-парасатын жеткізген. Біз де сондай кәсібилікке, құзар биіктікке жетуіміз керек. Тарихи тақырыптарды да аша отырып, қазағымыздың ұлттық менталитетінің өре биіктігін, мұңы мен назын, ақыл-парасатын, тектілі пәлсәпасын тілге тиек ете білуіміз – мәрелі мақсат.

  •  «Режиссерлер де жазылған драманың астарын түсіне бермейді» деп отырсыз... Бәлкім кемшілік режиссерде шығар?
  •  Режиссер дегеніміз – айқайшы «кәмәндір» емес, пьесаны жазған автормен, орындаушы актермен тең суреткер. Режиссер актерді алдында автор жазып берген сөзді жаттап алып, сахнада тек соны айтып қана шығады деп ойламауы керек. Бұл – өте қате пікір. «Бірінші – драматург, екінші – режиссер, үшінші – актер» деп есептеген өте-мөте жаңсақ пікір. Бір қазанда қайнағандықтан, үшеуі бірігіп «толғатуы» тиіс. Актер драматургтің жазғанын түсініп қана қоймай, оны одан сайын тереңдету мақсатында өз ойы мен өмірлік тәжірибесіне сүйеніп, тіпті мына жерін түзету, я өзгерту керек деп айтатындай дәрежеге жеткені абзал.

– Бір сұхбатыңызда «қазіргі актерлер жаттап алып айтуға құмар» депсіз...

  Қазіргі айтып отырған мәселем де осыған саяды. Қазіргі актерлер орындап отырған рөліне өз өресін, жүрегін, санасын, талғамын қоспай жүргені өтірік емес. Мен, жалпы, актерді мамандық деп есептемеймін. Ол – өзінше бір бөлек қалып, ерекше әлем. Өзінің тереңі мен биігін, әлемін, білімін орындап жүрген роліне қоса алмағандарды арзан актер деп есептеймін. Өмір ғой, кейде менің де тек сөзді жаттап алып орындап шығатын кезім болады. Режиссер мені, мен оны түсінбей жатамыз. Менің жоғарыдағы айтқан өзіме де қойып жүрген талабыма жетуге кедергілер, себеп-салдарлар жетіп артылады. Шала драматургия, уақыттың тығыздығы, қаражаттың кемшіні, т.с.с. Осының бәрін жеңіп шығып, көркем дүние жасасақ, сонда ғана біз өз ісімізге адал бола алғанымыз.

– Кезінде Серке Қожамқұлов, Елубай Өмірзақов, Құрманбек Жандарбеков және тағы да басқа туа біткен талантты тарландар шоғырының өнеріне куә болған сіздің толқынның үлкен мектептен өткені рас. Енді қазіргі жастар сіздердің мектептеріңізден қандай тәлім- тәрбие алуда. Үміттеріңізді ақтап, тұяқтарыңызды басып келе жатқандары бар ма?

 Бар, әрине. Олардың арасында жорға жүйрігі, аламан бәйге, құнан бәйгеге қосылатындар да бар. Әр бәйгенің өзінің жететін мәре қашықтығы бар ғой. Әңгіме басқада. Ол жүйріктің бабы, тегі, дайындығы мен өресі қандай? Мұндай қолтық сөгер шабысқа бір күнде, немесе тек дипломмен ғана келе алмайды. Оған ұзақ та, сындарлы уақыт керек. Азамат, тұлға ретінде қалыптасуыңмен қатарласа келетінін айтсақ па екен? Актерлікті мамандық емес деп отырғаным да – осы. Сахнаға шығып сөз айту үшін пәтік, құқық керек. Ауыздан шыққан бір ауыз сөздің мың сан сұрауы бар, ұққанға ол сұрау үлкен жауапкершілікті талап етеді.

– Қазіргі уақыттағы театрдың ақсақтап тұрған мәселесі не?

  Шығармашылық, суреткерлік деңгейде дүние жүзі жеткен биіктікке жете алмай жатқанымызда. Өзімізбен- өзіміз өз қазанымызда қайнап жатырмыз. Мұрнымыздың астында тұрғанды ғана көріп отырмыз. Соны бір үлкен тақырып деп ойлаймыз. Халық театрға келгенде демалу керек дейді кейбіреу. Ол дұрыс емес. Театр демалатын шипажай емес. Театр – ерекше әлем, тірі өнер. Халық театрға не үшін келеді? Өмірде көре алмайтын шындығын, өмірде кездеспей жүрген бір әдемілікті, өмірде жете алмай жүрген тазалықты іздеп келеді. Ал сол әдемілікті іздеп келген көрерменге ақсақ-тоқсақ, жылаңқы, өтірікке толы жарамсыз қойылымдар қойып жатсаң, әрине, қарындары ашып кетеді. Театрға демалу үшін емес, ерекше бір әлемге ену үшін келеді көзіқарақты көрермен. Оны ғылыми теориялық тілде

«катарсис» деп атайды. Ол күйкі трліктен тазару деген терең ұғымды білдіреді.

– Осыдан бес жыл бұрын қазаққа «қазақы театр керек, әзірге адасу үстінде» депсіз. Қазір жолын тапты деп ойлайсыз ба?

  Тапқан жоқ. Ол жол бір күнде табылмайды. Бізде бұрын театр өнері болған емес. Бесікке бөлеу, текемет басу, сыңсу деген дәстүр-салтты театрға жақын элементтер болған. Бірақ олар театр деп аталған жоқ. Оның бәрі этномәдениетке кіреді. Бүкіл дүние жүзі мойындаған театр өнеріне біз орыс театрының жолымен келдік. Орыс театрының әдебі, мәдениеті, толымы, тосымы бізге үлгі болды. Барлығын солардан алдық. Орыстың театр жолын бүкіл дүние жүзі мойындаған. Қазақ орыс театрының архитектоникасы мен теориясын негізге ала отырып, алайда өз тамырынан ажырамау керек деп ойлаймын. Қазақыландыру дегеніміз – өзіміздің таза ұлттық реңкімізді, өмірге деген көзқарысымызды, сөйлеу, ойлау, армандау, сүйіну-күйіну, араласу-құраласу мәнерімізді театр деген ұғымға тоғыстыру.

Бұл әлбетте, ұзақ уақытты талап етеді. Біз сахнада таза қазақ тілінде сөйлегенімізбен, әлі күнге дейін сол орыс театрының жолымен келе жатырмыз. Осы жолмен жүре отырып, театр сахнасында қазақы жүректі қақтыру керек. Бізді қазір қазақ тіліндегі орыс театры деп айтуға болады. Театрдың ұлттылығы – сөйлеп тұрғанда тілінде ғана емес, ділінде.

– Осы уақытқа дейін 60-тан астам рөлді сомдап шығыпсыз. Жүрегіңізге қайсысы жақын?

 Бәрі жүрегіңнен шыққан соң, бөліп-жаруға болмайды. Десе де театрда Абылай хан, Жәнібек хан, Ақан сері, бұрындары ойнаған «Қаракөздегі» – Сырым, «Жоғалған достағы» Мырзахмет тағы басқалар. Кинода «Отырардың күйреуіндегі» Қайырхан, «Ақырғы аманаттағы» Ораз мерген,

«Қан мен тердегі» – Тәңірберген, «Сардардағы» Шонай, Жуырда ғана экранға шыққан «Адасқандар» фильмінде Шал кейпінде көрінген Жебірейіл пайғамбарды сомдадым. Осылардың бәрінің де «жүрегінің түбіне терең бойлап, жұмбағын» шын ынта-ықыласыммен ойлап, өз биігіммен

«өмірін сүріп» шықтым деп үміттенемін.

– Тұңғышбай аға, әншісіз, сатириксіз, актерсіз, бірнеше киноға да түстіңіз. Сізге осылардың қайсысы атақ-даңқ әкелді?

Негізі, халыққа мені танытқан – ұлы мәртебелі өнер. Өнер

  • қазақтың қанында бар қымбат қасиет. Сері келді десе қазақ ішкенасынжергеқояды. Ақан серініңбіркереметсөзібар:«Ән
  • ауруым, не тыңдамай, не қосылмай өте алман» деген. Ауру дегенді Сері биік ұғымда айтып отыр. Ән қайдан шығады, ішіңдегі шемен боп қатқан шеріңді тарқатқың келгенде. Маған бір жас журналист қыз мынадай сұрақ қойды. «Аға, жасыңыз ұлғайған шақта ән айтып неңіз бар. Жастар айтып жүр ғой», – деп. Сонда мен: «Қарағым, әнді жастар ғана айтсын деген қағида бар ма еді, білмеппін. Ән жасқа емес, жан дүниеге жақын емес пе. Жүректің лүпілі мен күйзелісіне, тәтті мұң мен рахат сезімге бөленгенде ән шығады ғой.

Жасамыс адамда жүрек болмай ма екен», – деп жауап бердім. Табиғат берген қасиетті, мұңым мен шерімді жасырмай, ішімде тұншықтырмай, жарыққа шығара алғаныма еш өкінбеймін де, ұялмаймын. Тыңдағысы келмегендерге өкпе де артпаймын, ол – менің дертім, менің ішкі сырым. Ондай сыр мен қасиет адам баласының бәрінде бар. Бірақ соған аса мән бермей, томаға-тұйықтыққа бой алдырып, немесе сыртқа шығара білудің жол-тәсілін таппай жүретіндер көп.

– Театр көрермендері «Тұңғышбай Абылай ханды айғайлап ойнайды» деп сынап жатады.

  •  Бүкіл қойылым бойында бақыра бермейтін шығармын, кезі келгенде шығар... Анау-мынауға көне қоймайтын, өзінен сөзі ұзын қиғаш мінезді қазақтың басын қоспақшы болып «астаң-кестеңі» шығып жүрген азапкер Абылайдың айғайлағанында не сөкеттік бар. Әсіресе, анау, Маман Байсеркеновтің «Абылай ханның ақырғы күндері» спектаклі жүріп жатқанда сахнадан кетпесем екен, осы қойылым аяқталмаса екен деген оймен жан-дүниемді түгел ақтаруға бейіл болушы едім. Кестелі сөздерімнің тез-ақ тәмамдалып қалғандығына өкінетінмін. Тағы-тағы ақтарылғым келіп тұратын. Абылайдың аһ ұрған өксікті сөздерін өр дауыспен, ерек үнмен, көкірегіңді күмбірлетіп, арсыдан атой салып, көтеріп сөйлемесең, өнердің көкейкесті мақсаты орындала ма? Абылай ханның азабын, жанын жеген жегісін, еліне деген ерек махаббатын таныта аласың ба? Міне, менің саханадағы «айғайшылдығымның» себебі – осы. Көрерменді ботадай боздатып, қойылым біткен соң, өзім де ел алдына шығып, тәжім етіп тұрып, іштей боздап тұрамын. Көз жасым көл-дария болып, тарам-тарам ағып, үн шығармай еңкілдеп тұрамын. Неге? Бұл – менің де қазақ ретіндегі, азамат ретіндегі жүрек қағысым, ынты-шынтым, өнерпаз ретіндегі ұстанымым. Ұлы мәртебелі сахнаның, ойы батпан образдың құдыреті осында. Абылай сол кездегі ішкі-сыртқы солқылдақ саясаттан шығар жол таппай, өзі үшін де, айнала торлаған өзге үшін де күйіп жүрсе, мен сахнада, театрдың төрінде өртеніп-жанып, өкпе-бауырым езіліп тұрып еңірегенде,

көмейіңде лықсып-кептеліп тұрған кесекті сөздер қалайша сылбыр, қалайша сыздықтап шықсын? Негізі, мен үш сағаттық қойылым бойы айғайлап тұрмаймын, өтірігі көп бопса – айтып отырғаныңыз. Айқай салмауға амалың қалмаған тұста, керек жерінде ғана атой салатыным рас. Ал әлгі сіз тіліңізге тиек еткен «тиіспе» сөз – менің аяғымнан шалып, көпе-көрнеу арзандатқысы келіп жүргендердің таратып жүрген өсегі мен аяңы, іші қуыс қоңыраулардың үні ғой.

– Бір сұхбатыңызда өзіңізді «Тұңғышбай деген – оңбаған, сұрқылтай, шындықты бетке айтатын, айғайшыл адам» деп сипаттапсыз. Сол шындығыңыз үшін аяғыңыздан шалған жоқ па?

  •  «Өзін-өзі мақтаған – өгіз тентек» болмай, керісінше өзіңе сын көзбен қарай білген де жаман қасиет емес шығар... Он жыл бұрындары сол кездегі бірді-екілі әкім- қаралардың, солардың етегін сүйіп, өсек тасыған, қазына қариялыққа жете алмаған қазымыр шалдардың кәдімгідей

«қазақи аяқтан шалуын» бастан біз де кешірдік. Ертеректе министрліктің жүгенін ұстаған жігіттердің тарапынан да қысым көрдік. Қазір олардың ілуде бірі болмаса, бәрі де сыйлайды, құрметтейді, сөзімді жерге тастамайды. Ал бұрын менің айдай әлемге белгілі болған азын-аулақ қадірім мен еңбегімді жоққа балап, Астанада өтіп тұратын төр сахнаға жібермеген, тіпті «ұмыт қалдырған» кездері де болған. Әкім дегеніңіз – өзі басқаратын өңірді көркейту үшін мәртебелі Елбасымыздың уақытша тағайындаған қызметкері емес пе, білгенге олар – бүгін бар, ертең жоқ. Ал менің өнерім – мәңгілік. Ел басқарған адам кең болса игі, бір жүздің ғана дертімен «ауырған» іші тар, қатыгез,

«аласы ішінде» әкімдер, Аллаға шүкір аз, әрі олардың

«құйрығы бір-ақ тұтам». Олар – менің өнерімнің парқы мен нарқын ұға алмайтын, біздерді жаңа заманның поезынан қалып қалған «аутсайдерлер» деп кекетіп жүрген кресло мен құлқынның ғана құлдары.

– Қанша шындықты айтып жүрсеңіз де саясатқа араласпапсыз.

  Мен саясатқа саясаткер ретінде емес, ұлтымның өнерпазы ретінде араласамын. Абылайдың монологтарын, болмаса Абайдың мына өлеңіне зер салшы:

Қалың елім, қазағым, қайран жұртым, Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың.

Жақсы менен жаманды айырмадың, Бірі – қан, бірі – май боп енді екі ұртың. Өздеріңді оңалар дей алмаймын,

Өз қолыңнан кеткен соң, енді өз ырқың. Бас-басына би болған өңкей қиқым, Мінеки, бұзған жоқ па елдің сиқын?

 Осыны 1986 жылы, желтоқсан көтерілісінің сызы кеппей жүргенде, ел алдындағы кездесулерімде «айғай салып» оқыдым. Түйсігі бар адам үшін мұны ол жылдары, Абай-хәкімнің бұл «айғайын» сыбырлап айту да қылмысқа баланатын еді ғой. Қазірлері бәрі батыр, бәрі «желтоқсаншыл» болып алды...

– 80-жылдары халыққа сатирик ретінде танылдыңыз. Ол кезде сатириктердің де, сатира театрларының да саны да санаулы еді. Ал қазір сатиралық театрлар да, өзін сатираның шеберімін дейтіндер де жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кетті. Қазіргі сатираның хал- күйіне көз жіберіп көрдіңіз бе?

  Бүгінгі сатираның жағдайы тым нашар деп айтуға келмес. Шоу-бизнеске айналған соң, оның ішіне шөп те, шалам да араласып кетті. Жоғарыда ұлы мәртебелі өнердің шын парқын саралай білетін басшы қақпайлап отырмаса, ақшаның соңында кеткен өнер жақсылыққа апармайды. Қазақта «дәніккеннен құныққан жаман» деген ақымаққа да ұғынықты сөз бар. Біз кезінде ақшаға емес, таза өнерге дәніккен едік, өйткені өнер жүректің ісі екенін санамызға сыналап кіргізген ата көргендік пен ана сүтіне қанғандық еді.

Елдің есінде болар, ол кезде үш мың орындық өнер сарайына бірде-бір билет сатылған жоқ. Ал қазір бәрі сатылады. Яғни, құныққандар көп. Қазіргі сатира театрларының кемшілігі

  • құнығуда. Не айтып, не қойғанында шаруасы жоқ. Қазақ бұрын дұшпанымен әзілдессе де, әдептен аспай әзілдескен. Қазір белден төмен түсіп кеттік. Ауыздан ақ ит кіріп, көк ит шығады. Мәдениетсіздігімізді, білімсіздігімізді көрсетіп, ұятты болып отырмыз.

Сұхбаттасқан

Елдос Өмірзақұлы

«ӨНЕР БІЗГЕ ЕМЕС, БІЗ – ӨНЕРГЕ ҚЫЗМЕТШІМІЗ…»

(«Алаш айнасы» газеті үшін)

  •  Тұңғышбай аға, сіз белгілі актерсіз, режиссерсіз. Бүгінде Театр қайраткерлері одағын басқарып отырсыз. Осы Одақтың мақсат-мүддесі қаншалықты айқын? Сахна қайраткерлеріне, өзіңізге, жалпы, елімізге берері, пайдасы бар ма?

 – «Қазақстанның Театр қайраткерлері одағын басқарып отыр» дегеніңіз артықтау, өйткені оның басқаратын дәнеңесі де жоқ. Біріншіден, далада отыр, ғимаратынан айрылған, қызметкерлеріне жалақы төлеуге қаражат көзі суалған, бұрындарғы арғы-бергі байланыс, тыныс-тіршілігі тоқталған, тек тұяқ серпер тұсында, одақ ретінде жабылуға шақ қалған тұста маған қарай ысыра салынған соры қалың қоғамдық ұйым ғой. Менікі – өлімші халдегі одақты тәлтіректетіп аяғына тұрғызу. Менің осы күйімді «басқару» деп айтуға бола ма? Болмаса, кезінде Мәртебелі Президентіміздің жеке өз ұйғарымымен Одаққа тегін берілген Желтоқсан көшесіндегі көп қабатты көрікті ғимарат «күн-фаякүн» боп қолды болар ма, тәп-тәуір тірлік жасап, еліміздегі барлық дерлік театрлардың киім-кешегін, жасау-жабдығын пішіндеп-тігіп, оқа-түйме тағып, түгендеп отырған кішігірім тігін фабрикасы ізім-қайым құрдымға кетер ме, біздер бірін

біліп, бірін білмейтін нешеме меншіктер, гараждар, көліктер, жер телімдері, егемен болып бөлініп, бәріне еге Мәскеудегі

«үлкен үйден» енші аларда ешнәрсемізге де ие бола алмай, ортақ меншікте болған қыруар үлесіміз түгелімен, іздеушісіз Ресейде қалып қойған демалыс орындары, сауықтыру мекемелері, қойшы, әйтеуір тағы басқалардан, қасқа маңдайдайын қағылып, аузымыз кепердей аңқиып, мақау аңқаулығымыздан маңқиып, әлде миякі ақмақтығымыздан тәңкиіп, азын-аулақ «байлығымыздан» баз кешіп, бірді-екілі барымыздан айрылып қалармыз ба? Одан беріде Жібек жолы көшесінің бойынан бұйырған бұзылған моншаны паналаған Одақ, бес-он жылдай бұйығы өмір кешкен екен. Одақтың Төрағалығынан кеткісі келмей кердеңін аямаған марқұм Әз- ағамызды «әкелеп-көкелеп, зорға ауыстырғанда», орнына қай ауылдың егініне түскені есіне кірмеген, елпеңі есепті, ертеңіне епті бала Еркін Жуасбек «сайланып», жайланғанша, есін жиып есінегенше де бес-алты жылдың қоңыр күзі мен қаһарлы қысы өтті. Бұл тұп-тура енді іздеудің, түгендеудің жөні жоқ дейтін заңнама-кодекстердің баптарына тап келіп, өнбейтін даудың өңін өзгертіп үлгеруіне қажетті мерзім- ді. Еркін бауырымыз есептесер уақыттың кеп қалғаны еске түсе сала есін тез жиып, есепке жүйрік есіктес фирма

«Казинторг» серіктесінің астары мол «ақылымен», «пешат басып, қол қойып», мұралы моншадан модалы ғимаратқа айналып қалған әжептәуір шаңырақты шаш-етектен пайдаға батыратын зәулім сарай салмақ ниеттерімен тас-талқан етіп бұзады, тулақтай да болса меншігінде болған жер телімін серіктесіне «сатады», «ал, давай, бастадық!» деген аттанның қиқуына тап болған ғимаратты, жылан бауыр экскаватордың күрек тісі қирата қопарып бола салысымен дағдарыс деген тап келіп, бұрынғы қаупайлап отырған шаңырақтың орнында енді үңірейген ор қалады. Сонымен бәрі бітеді, «Жарық астау алдындағы» Одақ далада, серіктесі сағада қалады. Әлбетте,

«Казинторгтің» есебі түгел ғой, запастағы қора-жайына жайғасып алып, аңысын аңдығандай, екі жыл бойы құрғақ уәде мен сылдыр сөзге семіртумен келеді. Бастарында не ойы барын бір Алла біледі, әйтеуір Одаққа жаны ашып жарылқағысы келетін көңілшектігі көзге онша көрінбейді- дүр. Басымыздағы «бағымыз» деп алқалаған мәскеушіл

ағамыз сол одақты алаңдамай, ауыспай қырық жылдан астам

«басқарып», артына соқпағы нәкүмән із, астары бейпіл сөз қалдырған Әзекең болғанда, әлгі айтқандарымыз сор емей немене?! Соңынан қалған біздерге осылардың қайсысы қымбат, қайсысы өкініш – қайсыбір ісіне қабырғамыз қайысар, қай бір қымбат қылығы бөркімізді аспанға атыртар?! Өзінің жеке ғимараты жоқ, бұрындары меншігінде болған барлық дүние-мүлкі ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетіп ысырап болған, бюджеттен бір тиынға да қаржыландырылмайтынмемлекеттік емесмекеменің, бүгінде баспанасыз далада қалған Қазақстан Театр қайраткерлері одағының көрген күні қараң. Соған қарамастан, басқаға қол созып сұрамшақтанып, байлардың есігін күзетіп жүріп, «Театр.kz» журналын, тумысында тұңғыш рет көрген театр сценографтарының көрмесін ұйымдастырып, каталог шығарып, тағы да тұңғыш рет жыл сайын, көктемде 27 наурызда – Халықаралық Театр күні берілетін республикалық «Еңлікгүл» атты театр өнерінің кәсіби сыйлығын тағайындадық. Телефондық байланыстарымызға қаражат таппай қиналсақ та, орталық офисі Парижге орналасқан, мүшелігіне 100-ден аса мемлекеттер кіретін І.Т.І мен (Халықаралық Театр Институты), кеше ғана Қытайдың Чунцин қаласында құрылтайы өткен А.Т.А-ға (Азия Театрларының Альянсы) Қазақстанның абыройы үшін толық мүше болуға ниет қылып, байланыс жасадық. Қазақстандай қарқара елімізге, елдің маңдайына біткен, есімі әлемге әйгілі Елбасымызға сүйеніп, Халықаралық Азия театрларының алғашқы фестивалін әсем елордамыз Астанада өткізейік деп те сол жерде айтып қалдық. Әйтсе де екіұдайдамыз, өйткені Мәскеудегі ТМД елдерінің Театр одақтарының Халықаралық Конфедерациясына жетім мүше екеніміз елдің көбіне аян, алайда жылына бір рет төленетін 700 еуро жарнаны төлей алмай, жерге қараймыз. Жоғарыдағы екі бірдей еңселі халықаралық Театр қауымдастығының есіктерін кеудеміз көтеріле аттай алар ма екенбіз деп, есіміз кетіп, есеңгіреп жүргеніміз жасырын емес. Өйткені өзге елдің есінде болғанмен, өз еліміздің тиісті мекемесінің есебінде жоқпыз. Бір білеріміз, Ресейдің Театр қайраткерлері одағының Төрағасы А.Калягиннің қабылдауында болу –

В.Путиннің алдын көруден қиын. Сол Ресей елінің Мәдениет министрлігі театр туралы жасайтын қаулы-қарарларын, оң өзгерістерін қайраткерлер одағының ұсыныс-тілектеріне сүйеніп жасаймыз дегенді әжептәуір әңгіме қылғанын құлағымызбен естідік. Облыстық театрларымыздың жай- күйін жақсарту мақсатымен біз сөйлескен әкімдердің барлығы да дерлік бұрындары ҚР Мәдениет және Әлеуметтік қорғау, еңбек министрліктерімен ұсыныс-хат алмасылып,

«ақылдасылып» жасалып қойған қасаң қаулы-шешімдерді сол министрліктердің құзырлы құжаттары арқылы жасаймыз, енді оны өзгерте алмаймыз деп бас шайқайды. Ресей театрлары болса, қойылымға керекті оқа-түймелерді сатып алуға міндеттелген мемлекеттік тапсырыс деген тасбауыр қаржыгерлердің шығарған ойсыз қаулысынан, өздерінің театр қайраткерлері одағының табандап қойған талап-тілектеріне оң құлақтарын қойғаннан құтылды деп естідік. Ал, біз әлі күнге балет бишілерін 63-ке дейін көн біткен тізесін сыздата сырқыратқанға мәзбіз. Айтсақ сөзіміз өтпейді, ұсынсақ қолымыз жетпейді. Парламентке барған, айтады-ау деп үкілеген өнерпаздарымыз ертесінде- ақ үні шықпайтын мұңсыз майрампаз боп шыға келетіні өкінішті. Төл министрлігіміз анда-санда өткізіп тұратын коллегия-жиылыстардың біріне де Театр қайраткерлер одағы шақырылмайтыны, тіпті қаперінде болмайтыны өкінішті; облыс орталықтарындағы театрлардың әлеуметтік һәм шығармашылдық хал-жағдайынан әжептәуір хабары бар, олардың мұң-мұқтажын, талап-тілектерін, өре-қарымын білетін бірден-бір қоғамдық ұйымның жанашыр даусының құлаққа ілінбейтіні өкінішті; шалалау өтетін жыл сайынғы театр фестивалін бірігіп қолға алайық, әр аймақтардағы театрлардың басын қосып, форумдар өткізіп, мастер- кластар жасайық; актер, режиссер, суретші, жарықшы, тіпті жас драматургтерді жинап алып, алыс-жақын елдердегі сол өнердің озық үлгілерімен сусындататын, үйренетін әрекеттер жасайық деген ықыласты талпынысымыздың да еске алынып еленбейтіні өкінішті; сол арқылы сахналық қойылымдарымыздың көркемдік өресін көтеруге мұрындық болсақ деген ізгі бастамаларымыз бен ниеттерімізге қолдау сұраған қаншама өтініш, хат-хабарларымыз ұшты-күйлі

жауапсыз, немесе «бұл жылдыққа қаражат қарастырылмаған» деген салқын сөзбен шектеліп, шеттетіліп қала беретіні өкінішті.

  •  Бір кездерде «Шығармашылық одақтардың күні өтті» деген де пікірлер болған еді. Сіз бұған қалай қарайсыз? Сондай-ақ қазіргі таңда Театр қайраткерлері одағына лайықты балама бар ма?

 Жоқ, болмайды да. Өйткені мәдениетті шенеуніктер басқарады, қаржыны солар береді, сондықтан театр әлеуметтік һәм қаржылық астауға үңілгендіктен, министрлікке мүдделі. Яғни шығармашылдық еркіндігі жоқ. Ал, мәдениет деген ұғым – басқарылатын мекеме емес, жасалынатын өлшем. Министрлік театрға бөлген қаржысын қайда жұмсағанын ғана сұрақтың астына алады, алайда не қойдың, қалай қойдың, кім, қалай ойнады, өре мен қарым деңгейі, басқару әдісі нендей күйде, онымен шаруасы болмайды, оған уақыты да, «аурудың» атын атай алатын батылдығы да, ақ-қараны, шикі-шаланы ажырата білетін маманы да жоқ. Ал, сіз аузыңызға алып отырған

«одақтардың күні өтті» деген салқын сөздің астары өте қауіпті, өйткені өнердің өре-қарымы мен таразы-талғамы басты уайым-қайғысы есептелетін шығармашылық одақтар өлсе, суреткерлік те өлетін шығар. Керісінше, «ойбай, өлдім» десең де қара су татырмайтын, қасаң уақыт, нарық заманы кезінде арашаға жарар, зарыңды жеткізер, сөзіңді сөйлер жалғыз осы шығармашылық одақтар емес пе? Жан-дүниеңе, жүрегіңе компьютермен «сыр айтып, саяхат» жасайтын сызы суық кезеңге бой алдырсақ, адам атаулы трансформерлерге айналудың аз-ақ алдында екендігімізді мойындағанымыз жөн. Олай болған күнде шығармашылық одақтың қажеті жоқ, суреткерлік деген сәулелі өлшем де көзден бұл-бұл ұшады. «Аватар» атты компьютердің білегімен жасалған техноөнер көзіңе жас келтіргенмен, өтірік екені есіңнен шықпайды емес пе? Ар жағында адамның араласқаны сезіліп тұрмай ма? Бәрібір Адам жүрегі мен қиялынсыз ең жоғарғы технологиялық қондырғы өз патшалығын құра алмайды. Шын өнер білекпен тумайды, жүректен туады. Білекпен,

тапсырыспен «туған» картиналар мен спектакльдер қансыз- сөлсіз, жансыз-мұңсыз болып, қытайдың алюкобонды сияқты аз күндік арзан мүлікке айналатынына еш күмән келтірмеңіз.

  •  Сіздіңойыңызша,театрдыңбүгінгіқазақ қоғамындағы орны қандай? Проблемасы неде?

 Қазақстан театрларындағы 5000-ға жетіп жығылатын актерлер мен қызметкерлерінің азапты еңбегі шындығында елеусіз екені сіздің осы сұрағыңыздың төркінінен туындап отыр. Азапты еңбегі елеусіз дегенім, республикамызда 51 мемлекеттік, 10-ға таяу жекеменшік театр ұжымдары бар бар. Санаңызшы, алпыс театр күнде кешке халық алдына шығып, спектакльдер қояды, орта есеппен әр кеш сайын 300 көрерменге өнер көрсетеді делік. Жыл он екі айдың 60 күнін алып тастасақ, бір ғана театр ұжымы жылына 90.000 адамды сахнадан көрсетілетін сәнді әлемімен қауыштырады екен. Ал алпыс театр жылына шамамен 5.400.000 көрермен жинайды. Бұл – есеп білген кісіге елімізді құрайтын халықтың үштен біріне жетіп жығылады. «Естіген мың сөзден – бір көз көрген артық» деген, оқылған – бір бөлек, айтылған бір бөлек, ал көзбен көргеннің әсері әсіресе ерек екенін екінің бірі біледі емес пе. Театрды тәрбие орны деп есептемегенде, еліміздегі үш адамның бірі қасиетті сахнадан айтылатын қаншама игілік, нешеме тазалық, эстетикалық ләззат, пайымды парасат, патриотты насихат, ұлттық иба мен әдеп, тәрлі тағлым, табиялы талғаммен қауышады екен. Жадымыздағы жоғымызды түгендеп, жоғалтуларымызды табуға тырысып жүрген, есте жоқ ескі заманды елестетіп, сағыныштың сал шекпенін желбегей жамылдыратын тарихи тақырыптарды былай қойғанда, жеткен жетістіктеріміз бен заманауи сұрақтарға қадерінше жауап іздеп, бірде тауып, бірде таппай аласұрып тұшынып, елжіреген елжандылық қасиеттерін арттырып, Елбасымыздың ардақты арманы мен ол кісінің алдымызға қойып жүрген асқақты мақсат-мүдделеріне өнер тілімен үлес қосқан қойылымдарды көрген көрерменнің көңлі өсіп, қажыр-қайраты молая, еліміздің ертеңіне сенімі еселене түсерін еске салғанымыз артық болмас. Ал

сол театрдың актер-азапкерлерінің бір базарға жетпейтін жалақысын бұлдап, міндетсінгенін көрдіңіз бе, мемлекеттің қисапсыз ақшасын судай сапырып, оңды-солды «жаратып жасаған» күлдібадам дүниесін көлденең тартып көкірек қағатын киношы әріптестерін күндегенін көрдіңіз бе? Жоқ, театр артистері салиқалы сабырмен, басқан ізі білінбес тектілігімен телегей өнері мен еңсегей елі үшін есептеспей еңбектеніп жүрген «кедей жомарттар». «Бас жарылса – бөрік ішінде, қол сынса – жең ішінде». Бұл жерде біз театр әлеміндегі шаш етектен асып жығылатын шығармашылдық проблемалардың бәрін көлденең тартып отырғамыз жоқ, бер жағын ғана сөз еттік, ол бөлек әрі ұзақ әңгіме.

  •  Осыдан біраз жыл бұрын театрларымыз жаппай тарихи тақырыптарға ойысып кетіп еді. Қазір керісінше, жеңіл-желпі қойылымдар, ән-бимен, мюзиклмен әрленген жартылай шоу дүниелер көбірек орын алып жүр. Осының сыры неде? Талғам ауысты ма, әлде талап өзгерді ме? Қазақ театрының өсуіне немесе өшуіне осы жаңалықтың ықпал-әсері қаншалықты?
    •  Талғам ауысқан жоқ, биіктеді, ал талап деген ұшты- күйлі жоғалған. Бұл алашапқындық – кеңестік идеологияның үрдісімен келе жатқан театрларды басқару жүйесі, яғни Көркемдік жетекші, Бас режиссер деген қызмет- лауазымдардың кесірінен тиянақ таппай, тапырақтауынан туындап жатқан адасулар. Бұлар, жанашырлықпен тереңірек ойлағанда, шығармашылық ұжымның шынайы өнер жасауына үлкен кедергі келтіреді. Дәлеліміз – көп жылғы шығармашылдық тәжірибемізден түйілген, ол – төмендегідей: әдетте, бұл лауазымдарға режиссерлер тағайындалады да, театрдағы эстетикалық, репертуарлық, ерікті актерлік ойын мен құлашты режиссураның дамуына адуынды тосқауыл қойылады, түптеп келгенде бүкіл бір театр сол режиссер- бастықтың жеке амбициясы мен әлжуаз өре-қарымының құрбаны болып қала береді. Себебі, олар тек өз қалауы бойынша репертуар таңдайды, азды-көпті парасаты мен білім парасына сай арзан, белсіз тақырыптарды арқау еткен пьеса авторларымен жұмыс жасап, өздеріне ұнаған актерлерге

ғана рольдер мен атақтар «бұйырып», талап-талғамы мен шығармашылдық мүмкіндіктері әрқалай өнер иелерін әділетті басқаруға қолдары қысқалық етеді. Ұжымдағы өзінен кейінгі және бағынышты кезекші режиссерге репертуар таңдау, еркімен роль бөлу, болашақ қойылымның қалып- деңгейі мен өзіндік ерекше шешіммен емін жұмыс істеуіне мейлінше құлықсыз болғандықтан да барынша аяқтарына тұсау болып бағады. Болмаса, әртүрлі жанрда жұмыс істеу бар да, тисе терекке, тимесе бұтаққа ұрыну бар. Немесе, көрерменнің көңлін табам деп шалбар шешу, орынсыз ырбаң, маңқа қызарғанша қорсылдап жылауға итеретін мезі маелодрамаға бой ұру бар. Театрда тек тарихи драма, трагедия, мюзикл, классика ғана қойылсын деген қағида жоқ. Бір ғана талап бар, ол – биік өлшем, суреткерлік өре, көркемдік құдірет. Ал бұлар, кешіріңіз, қалпақпен ұрып алатын жер жорғалаған бөдене емес, талант деген құзар биіктік! Ол биіктік – Жоғарыдан, Жаратушыдан келетін икемнің ғана еншісі! «Қазақ десең, өзіңе тиеді», кеше ғана опера театрынан

«Анна Каренина» балетін көрдім, қоюшы режиссері мен суретшісі – өзге ұлттың өкілдері. Не деген үйлесімділік пен келісім! Не деген тазалық, не деген биік суреткерлік! Жаңалық та мол, бұрынғы таптаурын ізді, қалыптасқан қалыпты бұзудағы батылдық та асып төгіледі! Алайда сол ықылым замандардан бері келе жатқан үрдісті сүрлеу сынды болған балет заңдылықтарын талқан етіп бұзып-жарған қиғаш, оғаш көрінетін қисынсыздықтардан үрікпейсің де, іш тартып жиырылмайсың да! Ішімді қызғаныштың қызыл иті тырнағанда, жанымды қоярға жер таппадым. Жүрміз ғой, режисерміз, суретшіміз деп, кеуделеріміз аяққаптай болып! Неге біз, әлгілердей өнер жасай алмаймыз! Бір білетінім – бізде жеткен жетістікке тоқмейілсу басым, мазасыздық аз, білім мен талғам деген жарықтықтар да қайта қарауды, толықтыруды қажет еткеніне қай заман. Тағы бір білетінім, өнер деген құдіретке жеңіл-желпі қараймыз, біз өзімізді өнерден биік санаймыз! Театрды, бекзат өнерді галош қып киіп алғанбыз! Өзімізді өнерге емес, өнерді өзімізге қызметші қылып алған әпербақанбыз!

  •  «Қай жағынан алғанда да театр көрерменнен бір қадам алда жүруі керек» деген ойды сіз үнемі айтып жүресіз. Ал дәл қазіргі жағдайда солай болып отыр деп айта аламыз ба? Және оған не себеп?
    •  Көбіне алда да емес, соңда да емес, айдалада лағып жүргендер жетіп артылады. Жылаңқы тақырып, әсіреңкі актерлік ойын, сахнада көркем дүние емес, пьесасымақтың уақиғасын алабажақ киім киіп алып, әдеби композиция етіп, ортаға шығып оқып беретін орта мектептегі лекция сабағын елестететін театр қайбір мәренің алдына түспек? Көрерменге ақыл айтуға құмар драмаделдердің, түсініксіз бидай-былдырық сахналаған сайын өзін өзгешемін деп сандалатын режиссерлердің, қырық жылғы сүрлеумен сүмірейіп ойнап жүрген актерлердің тасы өрде тұрғаны үрейіңді ұшырады. Бір қызығы, осыларды көруге пәтігі шыдайтын, қабылдайтын көрермен барда, өзіңді өгіз тентек сезінесің. Демек, біз ұлт ретінде осындай өтірік өнерге ғана татимыз, шамасы, өзімізге керегі осы болса керек. Әуезов пен Мүсірепов театрларының анда-сандағы тәуір-ау деген қойылымдары жалпы қазақ театрының жоғын түгендей алмайтыны ақиқат қой. Жамбыл, Батыс Қазақстан, Атырау облыстық, Астанадағы жастар театрының кейбір қалыбы бөлек, эстетикасы ерекше ізденістерін қоғамымыздың талғам тауанына тым баяу қабылданатыны да жасырын емес. «Тамашаны» оңашада ұрсамыз, «Бауыржан-шоуды» жерден алып жерге саламыз, алайда солардың концерті болғанда Республика сарайының залын кемерінен асырып толтырып отырамыз. Қазақпыз деп көкірек қағамыз, алайда Алла Пугачеваға алты мың долларға таласып билет сатып алуға сараңданбаймыз да, қазақ театрының билеті алты жүз теңгеге өссе, аттан саламыз! Не деуге болады?! Орысша жазғанда, артист деген латын сөзін бұзбай жазамыз да, ал қазақ газеттері келісіп алғандай, түгелдей «әртіс» деп жазып, кекетеміз. Әлбетте, түк жоқ деп, ауызды қу шөппен сүрткенім қатігездік болар, бірді-екілі таза өнер жасап жүрген актер-режиссерлеріміз, театрларымыз, қалыбы бөлек қойылымдарымыз да жоқ емес бар, алайда олар оң көздің немесе «алдыңғы» шептің тізімінде емес, өзгеше ойлайтын

«біртүрлі қиялилар» қатарында. Жалпы өзіміз өнердегі өзге түрге, тосын жаңалыққа, ескі қалыпты бұзуға, түреннен жол салуға үркектеу екенімізді мойындайтын шығармыз дейін десем, бұған да ұяттымыз.

  •  Бізде кейбір спектакльдер 10-15, тіпті 20 жыл бойы сахнадан түспейді. Мейлі, олар жақсы да шығар, бірақ

«Бес бойдаққа бір той» мен «Мәңгілік бала бейнені»,

«Ең әдемі келіншек» пен «Бөлтірік бөрік астынданы» немесе тағы басқаларын соншама жыл бойы қайталау беруге қандай қажеттілік бар?! Осы тенденцияға сіз қалай қарайсыз? Мұны өзгерту мүмкін бе?

    •  Бұл проблеманың екі түрлі «есебі» бар. Біріншісі – көрерменнің азаймаған ықыласы, яғни әлі де бұл қойылымдарға халықтың сұранысы бар деген сөз. Екіншісі – жаңа қойылымдардың белсіздігі мен қызықсыздығы, ескілердің орнын басып, немесе асып түсіп жататындарының тапшылығы. Сонан соң, біздің театрлар – репертуарлық үрдістегі өнер ұжымдары. Бір ғана қойылыммен бірнеше жыл бойы «күнін көретін, нәпақасын теретін» шетел театрлары бар, алайда олар сол бір ғана қойылымымен төрткүл дүниені аралап, «қаңғырып» жүреді, яғни қаңғыбас жеке театрлар. Қазағымыз БАҚ беттерінде

«әртіс» деп кекететін, алтыншы сортты адамға санайтын, атқа жеңіл – телпекбайға балайтын өнерпаздарын ел ақтатып қаңғыртып қоймас деген үміттеміз, есек дәмеліміз. Олай болған күнде, қазақ театрын орнынан тұрмастай етіп өлтіріп аламыз, біздің менталитет пен тобырлық мәдениет оған әзірге дайын да емес. Тап осы тұста да Одақтың ортаға тастар «одасы» керек, қанындағы қағын емес, астындағы тағын ойлайтын шенеуніктерге бәрібір, олар «ақылды» бастарын ауыртпай артист қауымнан аулақ жүруге құлықты. Ол қара күнді тудырмас үшін, әлбетте репертуар мәселесіне, режиссерлік қарым мен актерлік шеберлікке, спектакльдердің көркемдік құнына, эстетикалық өресіне басты назар аударған ақыл.

  •  Біреу білер, біреу білмес, бірақ Әуезов театрына өзіңіз басшылық еткен тұста әр алуан эксперименттер жасалып,көркемдікшешімітың,формасытосын,жаңаша талғамдағы көптеген спектакльдер қойылып еді. Және олар, негізінен, Болат Атабаев пен Қайрат Сүгірбековтің сахналауында шыққан. Өкінішке қарай, «Абылай хан»,

«Қабыл Адам Ата перзенті», «Тоғышардың тойы»,

«Абай десем...», «Үкілі Ыбырай», «Кебенек киген арулар»,

«Алатау сынды алыбым», «Құбыжық», «Шолпанның күнәсі», «Ғашықтық дерті», «Дүние-думан», сонан соң «Абылайдың ақырғы күндері», өзіңіз сахналаған

«Турандот ханшайым» сияқты көрерменге кезінде айшықты ой салып, ұнаған спектакльдердің бірі де бүгін сахнада жоқ. Сондай жақсы дүниелерді біржолата лақтырып тастамай, ара-тұра болса да шығарып тұруға Одақ тарапынан ықпал етуге болмас па еді?

 –«Әуезовтеатрынасізбасшылықеткентұста»дегентіркесті қоспай қойыңызшы сұрағыңызды, өйткені ол ұмытылған, санадан сызылған. Ондай уақыт болмағандай; 1993-2001 жылдары Әуезов театры өмір сүрмегендей; ешқандай жақсылық болмағандай; ол жылдары театрға көрермен келуі сап тыйлып, залдары бос тұрғандай; он жыл бойы ешбір қалаға гастрольдік сапар ұйымдастырылмағандай; жылына жаңадан он бір спектакль қойылмағандай; Шотландияға (Англия) Эдинбург фестиваліне үш жыл қатарынан шақыру алмағандай; қырық сегіз пәтерге, алты жатақханаға қол жеткізілмегендей; Құман Тастанбеков, Гүлжан Әспетова, Шайза Ахметова, Әнуар Боранбаев, Әшірәлі Кенжеев, Тілектес Мейрамов – халық артисі; Мәнуара Абдуллина, Баян Имашева, Салиха Қожақова, Шәмшәгүл Меңдиярова, Уайыс Сұлтанғазин, Төлеубек Аралбаев, Жұмагүл Мейрамова, Нұрзада Тәшімовалар еңбек сіңірген артист атағын менің кезімде емес, тоқсаныншы жылдың басында, не екі мың біріншінің соңында алғандай; өкімет бір тиын қаражат бөлмесе де, он алты жыл бойы сылақ көрмей шіріп, казарма сынды «қоршауда» тұрған театр ғимараты үкіметтік жоспарда атымен жоқ қаражатқа ағымдық жөндеуден өтпегендей; ұжым мүшелері айлап-жылдап жалақы ала алмай қор болып,

аш-жалаңаш жүргендей; халықпен жұмыс істеудің жаңаша түрі «Көрермен» агенттігі құрылмағандай; ине мен түймеге көк тиын бөлінбей «жылап ішіп, шыңғырып дәретке берып» жүрсек те, жыл сайын 27-наурызда өтетін «Театр көктемі» атты Әуезов театрының өз фестивалін «Пушкин тіріліп келіп» жасағандай; Болат Атабаев, Қайрат Сүгірбеков өздері аспаннан түсіп, ғайыптан тайғандай суреткерлік сарайлары ашылып, атақ-даңқтары жайылғандай; жоғарыда сіз санамалап отырған спектакльдер театрдың сахнасында емес, көрерменнің түсінде болғандай… Театрларда сондай, кезінде болған жеңіс пен жанкешті істі «көзапара ұмыту», еңбегіңді еш қылып құмда ізін, сайда санын қалдырмау, барды жоққа, жоқты зорға балау үрдістері әбден қанға сіңген, амал қанша… Жаңа басшылық келісімен, жаңа ма, ескі ме – өз талғамы мен білгенін «тыққыштайтыны» жөн бе, емес пе, арасын айырып беретін ешкім жоқ. Бәлкім ол да дұрыс шығар, менікі ғана дұрыс дейтін даңғойлықтан құтылудың бір жолы осы болуы бек мүмкін… Мәмбетов – Мадиевскийдің, Гольдблаттың, Мажурин мен Утегановтың; Обаев – Байсеркеновтің, Сүгірбеков пен Атабаевтың; Теменов – Сейітметовтің, Мен Дон Уктың, Жақыпбаевтың қойылымдарын «тарихқа жіберіп-тазалап» отыратын басшылық-командалық «әдет» қыр соңымыздан қалмайды, ал қайтесіңдер! «Ұнамайды» оларыңыз, ал не қыласыңдар!!! Басқа бастық келді, басқа көже пісірілді, басқа қасық таратылды, табақ пен талғам өзгерді! Көнсең де осы, көнбесең де солай болады! Көжеге таласуға ұят, ал талғамға талас жоқ деген!!! Ақ етек ишан болмай- ақ қояйын, мен туралы жазылған ұзын сонар табалау мен қаралауға құлақ қойсам, өзім де солай болған шығармын деп қалам! Одақтың осындайларға «оларың не» деген одыраңы көбейе бастағанда, айтқанын іске алғысыз етіп, абыройынан айырған, өлімші халге түсірген сол «ағалардан» қалған

«кеп» болатын. Сонымен, бүгінде «әй дейтін әже, қой дейтін қожа» жоқ. Әйтпесе Одақ – кейбір «өзім білемдіктері» өркен жайғандарға айылын тартқызуға шамасы мен шарқы, парқы мен батылдығы жететін жалғыз мемлекеттік емес мекеме. Министрлігіміз мұндайда үнсіз, театрларда мүлгіген болса да, тыныштық болса – болды. Оқасы жоқ, бәрін орнына

келтіреміз, қирағанды жөндегенбіз, құлағанға талай сүйеу болғанбыз, «қапқа тары салғанбыз»…

  •  Осы орайда туындайтын бір сұрақ, біздегі сахнагерлер қауымының режиссерлерді бағалау, мойындау, қадіріне жету мәдениеті қай деңгейде? Ол мейлі, марқұм Қайрат Сүгірбеков болсын, мейлі Жанат Хаджиев немесе Нұрқанат Жақыпбаев, болмаса Әубәкір Рахимов болсын, қай-қайсысының да талап-талғамын, қабілет-қарымын, парасатын өз деңгейінде қабылдап, орнымен пайдалана алдық па?
    •  Бәленің бәрі режиссерлерді театрларға бастық қоюдан басталған. Ол шіркіндерге билік тізгінін берген күннен бастап, суреткерлік ауылдан ауа жайлайтынын өздері де сезбей қалады. Режиссер деген – мамандық емес, суреткерлік қалып. Ол өз қойылымының ғана «бастығы», театрдың емес. Марқұм Қайрат Сүгірбеков Талдықорған театрының басшылығынан азар да безер болып, ақыры қашып кетіп, зорға құтылған болатын, алайда өмірі қысқа болды, амал не.

«Бас режиссері жоқ театр бола ма» деп өзеурейтін көпірмелер бар. Режиссерге «бас» деген тіркесті қосқаннан оның таланты тасып кетпейді, ол тіркесті қоспағаннан таңы айрылмайды! Бүгіндері біраз театр сол «бассыз-ақ» өмір сүріп келеді. Бастықтың өзі режиссер-қоюшы болғандықтан, қандай да бір тәуірлеу режиссерлік жұмыстың өзінен асып кетпеуіне бар «күшін» салатыны, тіпті «көз қылып» сырттан режиссер шақырса да өресі өзінен төмен әріптесін таңдайтыны аян. Рольдер де бастықтың төңірегіне жандайшаптанып жиналған онша жүйрік емес актерлерге тиеді де, орташа спектакльдер, қызықсыз рольдер пайда болады. Құрамдағы бас режиссерге немесе көркемдік жетекшіге бағынышты режиссердің суреткерлік еркіндігі аяқасты болып, құқығына қол сұғылу бүгіндері барлық театрларда әдетке айналып кеткен. Бәрімізге белгілі, баспасөз беттерінде де министрліктің дәліздерінде де гу-гу әңгіме болған, кейбір театрлардағы айтыс-тартыстардың төркіні осы басқару тәсілінің ескіргендігінен болып отырғанын мойындауымыз керек. Мысалы, Ж.Аймауытов атындағы Павлодар

облыстық қазақ театрындағы шығармашылдық ұжымның

90 пайызы, аты әжептәуір мәшһүр режиссер Ерсайын Тәпеновтің басқару стиліне, суреткерлік қарымының бірқалыптылығына, ұжымға жаңа леп, соны үрдіс, өзгеше режиссерлік қалып әкелудегі енжарлығына қарсы шығып, көтеріліс жасады десе де болады. Ал, Тәпенов мырза ұжым мүшелерінің шығармашылдық аштықтан туындаған талап- тілектерін түсінгісі келмей тәрк етіп, шамшылдық мінезіне салып, өзі арыз жазып, театрдын кетуге мәжбүр болған. Ал, Аймауытов театры «өлген» жоқ, қал-қадарынша өмір сүріп жатыр. Мұндай жағдай Республикалық Қ.Қожамияров атындағы ұйғыр театрында да болғанынан хабардармыз. Бәлкім, басқа театрларда да осы мәселе ушығып тұрғаны хақ, көбінің үндемей тыныш жатуы – ол театрдағы шығармашылдық ахуалдың жоғарғы деңгейде екендігінің көрінісі емес, керісінше «күл болмасаң, бұл бол» дейтін, немкеттілік, немесе қазақи момындықтан туындайтын

«неғыламыз, бір мәнісі болар» деген есек дәме, я болмаса,

«айттың не, айтпадың не – бәрібір оңып жатқан дүние жоқ» дейтін пессимистік пиғыл жайлағанын неге жасырамыз? Театрлардағы мүлгіген тыныштықтан қорқу керек, тіпті содан сақтанған дұрыс шығар. Ал нағыз, ізденгіш шығармашыл ұжым шулап, дуылдап, жығылып-тұрып, биіктеп, аспандап, арғы-бергі фестивальдар мен бәйге-жарыстарға қосылып, шапқылап жатуға керек-ті. Қайсыбір қазақстандық театрдың алыс-жақын шетелдік жарыстарға қатысып, жүлде алмаса да бүлдеге іліккенін көрдіңіздер? Тек 1999 жылдан екі-үш жыл қатарынан М.Әуезов театрының Уфа қаласындағы

«Туғанлық» фестивалінде бас жүлде алған «Қабыл – Адам Ата перзенті» қойылымын Шотландияның (Англия) Эдинбург фестиваліне үш мәртебе шақыруына сол кездегі мәдениет министрлігі нәйеті алты-жеті адамның Англияға баруына керекті жол қаражатын көтеріп, қолдап-қолпаштау былай тұрсын, ол оқиғаны құлағына да ілмеген болатын. Ол кезде ол театрда көркемдік жетекші деген лауазым болмаған, әр режиссер өз қойылымының ғана көркемдік жетекшісі ретінде жауап беріп, оған ешкім я басшылық, я ақылшылық етпеген-ді… Сондықтан да, ең маңыздысы – театр режиссерлерін әлеуметтік жағынан қорғау керек, яғни

авторлармен жұмыс жасауда, тақырып таңдауда, көркемдік өресі өзге, әрі ерекше спектакль қоюда шығармашылық еркіндігінен айырмай, өзінің қойылымының авторы ретінде бағалап, тиісті жалақысынан бөлек қаламақы төлеуді заңдастырған абзал. Сонда оның шығармашылдық құқығы қорғалып, суреткерлік ынтасы ұлғая түседі. Бір театрда кем дегенде 3-4 тең құқылы режиссер контрактімен жұмыс істеуі тиіс. Олар бір-бірімен шығармашылық бәйгеге түскендей әсерде болып, қайткенде де жоғарғы деңгейдегі қойылым қоюға тырысатыны белгілі. Театрдың актерлік труппасы да осы режиссерлердің ниеттес, мұраттас, бір мақсат пен талғам биігіндегі актерлерінен тұратын болады. Ұжым балластан арылады, бос селтеңбайлық, орынсыз міндетсіну де сап тиылады. Бұл талаптарға сай келе алмайтын актерлер, амал жоқ басқа театрдан орын, не өзіне теңдес, өнер жасауда ұғыныса алатын режиссер іздегені абзал. Ал театрдың аға актерлері үшін Төраға арнайы қаражат іздеп, олар үшін пьеса жаздырып, режиссер таңдап, шығармашылық қажеттіліктерін өтеп тұруды назарында ұстағаны жөн.

 Суреткерлік құқығы аз, өзінің таңдау еркіндігі жоқ, автор мен режиссерге тәуелді мамандықтың иесі актерлерге деген көзқарасты да түбегейлі өзгерткен жөн. Бүгінде актерге бәрі қожа, есік көзіндегі вахтердан бастап, етектегі есепші, құзіреттегі режиссер, оның көмекшісі, труппа бастығы, өрт сөндіруші, тігінші, етікшіден төбедегі дөкей бастыққа дейін актерге қожаңдап, қол шошайтатыны жасырын емес. Ал театрдың негізгі еңбекқоры, режиссердің ой-қиялының дұрысы мен бұрысының орындаушысы, оның көрермен алдындағы ұяткері мен жауапкері – бәрі-бәрі Актер! Яғни театрдың негізі – АКТЕР! Сөйткен азапкер актер айына отыз роль ойнаса да алатыны бір жалақы. Он емес-ау, анда- санда бір-екі рольді зорға орындайтын маңғаз актердің де алатыны сол бір жалақы. Әділет қайда сонда, еңбегіңе қарай көретін зейнетің қайда? Сондықтан актерлерге еңбекақы төлеу үрдісін түбегейлі өзгерту керек, орысша айтқанда стимул болу керек, яғни жалақы мөлшері еңбегіне, оның сапасы мен психологиялық салмағына сай бағаланып тағайындалуын заңдастыруды қашан қолға аламыз? Яғни қойылымның көркемдік жүгін көтеріп тұратын басты

немесе негізгі роль атқардың ба, оның орындаушы авторы ретінде тиісті гонорар, немесе сол қызметіңе лайықты жалақы ал. Кішігірім эпизодтық рольдерге жегілдің бе, театрдың ағымдағы репертуарының көбінен боссың ба, онда тұрақты белгіленген еңбекақыға риза бол. Бұл жерде кезінде, ертеректе жасаған еңбегіңіз үшін берілген атақ- даңқтың буын ортаға салудың жөні жоқ. Қазіргі еңбегіңіздің сапасы мен нарқы қандай? Айына отыз роль ойнайтын, театрдың негізгі шығармашылық жүгін көтеріп жүрген жас актердің жазығы қайсы? Яғни театрдағы жалақы төлеудің ит жылғы ескі түрі, бәрін бірдей теңгермешілдікке таңған атамзаманғы әділетсіздіктің тамырына балта шабатын уақыт әлдеқашан жетті! Бұл мәселе де қайта қарауды күткеніне сан жылдар өтті. Еңбекақы мен оны тағайындайтын тиісті министрліктердің бұл мәселеге келгенде құлағы бітелгеніне жарты ғасыр болып қалды, алайда солардың есігінің алдында отыратын хатшы қызы халық сыйлайтын сүйікті актерден он есе артық айлығы бар екеніне мен еш шүбә келтірмеймін.

  •  Былайынша, театр өмір сүріп жатыр. Жаңа премьералар өтуде. Бірақ бәрібір тақырыбы жөнінен де, режиссерлік шешімдері тұрғысынан да ерекше құбылыс дерліктей дүниелер кемде-кем сияқты. Сонда театр дағдарды ма әлде көрермен ретінде біз кейін қалдық па? Жалпы, театр, оның репертуары, жаңа премьералар туралы ашық, ащы әңгімелер неге айтылмайды?
  •  Өйткені «тәттіге» құмармыз, жауырды жаба тоқимыз, шетімізден жалпақ шешейміз! Айтқыштарға – «апасныйлар, скандалистер» деген айдар тағып, жұртқа жексұрын, әлемге әйкәпір жасауға мәстірміз! «Шантрапалар! Драмаделдер! Қисық аяқ мегежіндер, бездарщиналар!» деп, ақырып атой салатын Асқар Тоқпановжоқ! Шала Шекспирлердің, толмаған Толстойлардың, ығай-сығай мырқымбайлардың, «сам ызнайыт сәрсенбайлардың», қали-ғали қыртымбайлардың дәурені, салған сайраны – бұл заман! Ашық айту үшін

«жабық» жүрмеу керек, бүксімеу, бықсымау керек! Көзсіз батырлықтың да қажеті шамалы, тек бетсіз кісәпірлік ауа

жайылмаса болды. Өтірікті мақтамау, шындықты даттамау – міне осы қасиет қашпаса ғана «арқадан киік аумайды»!

  •  Дәл қазіргі уақытта өзіңізді ерекше мазалайтын не нәрсе? Қандай датыңыз бар?
  •  Датыңды тыңдайтын құлақтың кереңдігі мазалайды! Батпандап кірген сырқаттың тереңдігі мен мысқалдап шығар баяулығы жаныңды ауыртады. Ұлтжандылықтың суып бара жатқаны, ойыншыққа айналған өнердің шынайы суреткерлікті қуып бара жатқаны, кісәпірліктің өрлеп, кісіліктік күйіп бара жатқаны, дүбәраның би, дүдәмалдың пұл болғаны мазалайды!!! Ағалар ақсақал бола алмай, қазына қариялыққа жете алмай, қазымыр шалдық деген арзан жағада қалбалақтап қалғандары алаңдатады!!! Алайда, үмітсіз – шайтан деген. Бұл кезең де өтеді! «Базарбайдың Төлеген, бұдан да өтіп жөнеген!»

Сұбхатты жүргізген

Роза Қараева

«ҮЙІРІНЕН АЙЫРЫЛҒАН...»

(«Босағада жатқан шындық ит»)

  •  НұрмұханЖантуринменбіріншіретқашан кездестіңіз? Қандай әсерде болдыңыз ол кісіден?
  •  Бұл кісімен қашан кездескенім нақты есімде жоқ. Алғашқы «кездесуіміз» «Поэма о любви» деп аталған Қозы Көрпеш – Баян сұлу эпосы негізінде тұсірілген фильмді көруден басталған болар. Темір жолдың жылжымалы вагон-клубында, бала кезімізде есіміз ауып, аузымыз аңқиып тамашалаған кино еді ғой. Онда қазақ өнерінің барлық марқасқалары түскен болатын. Камал Қармысов, Қалыбек Қуанышбаев, Шолпан Жандарбекова, Серке Қожамқұлов сынды корифейлерді экраннан алғаш көруім шығар... Кейіндері, өнер аулына ат басын тіреген жылдары

«Қазақфильм» киностудиясының дәліздерінен көзіміз

шалатын. Қасына баруға батылым жетпей, қарсы келіп қалғанда ғана қол созысып қалушы едік... Әлдекімдердей, актермін деп айлақыланғанын, кеуде керіп ерсі қылық көрсетіп, есіріктенгенін немесе әлдекімдерге жаутаң қағып елпелектегенін байқамаппын. Жалғызіліктеп, саяқтап, шеттеп жүретін сияқты еді. «Жалғыздық – Құдайға ғана жарасқан» деген ғой қазағым, алайда қазір ойлап отырсам, бұл кісі жалғыздықтың запыранын көп шеккен-ау деймін... Жалпы, жалғыздық – ойлы кісінің келбеті емес пе, айналасы толған жабы болса, тұлпарға мұң ғой... Бүгіндері, тірі кезінде ескерткішке айналып алған екінің бірінде болатын шікәнә шікіренуді де ол кісіден байқамаппын. Бәлкім, сондықтан да жанынан нұр, көзінен мұң көретінім жасырын емес-ті.

  • Нұрмұхан ағаның тегі туралы айтып берсеңіз.
  •  Ол кісімен аралас-құралас, табақтас-бөтелкелес болмағанмын, аулақтау жүріп, алыстан сыйласқан кісімін, сондықтан бұл сұрағыңа жауап бере алмаймын. Бұл жайында білетінім, баспасөз беттерінде жарияланған, кезінде өзі жазып кеткен жағдаяттар ғана. Театр институтында сабақ беріп жүрген кездерінде ұстаздар біресе Нұрмұхан Сейдахметович, біресе Дәулетович деп жүрді, себебін соңыра білдік қой. Өзі де атышулы Адай руынан екендігін, нағашы атасының нәмінде болғанын кейіндері әзілмен әспеттеп жеткізген. Қазақы пайыммен зерделесең, текті қазақ екені тұрпаты мен іс-қимылынан, сөз саптауынан, кесек мінезінен анық аңғарылып тұрушы еді.
  •  Халық Нұрмұхан ағаны тек кино және театрдағы рольдерінен таниды. Ал өмірде ол кісі қандай еді? Жалпы, бақытты болды ма?

 – Бақыт деген – бақуаттылық емес, шығармашылдық бақыт пен адами бақытты бөлек қарайтын кез аз емес. Нұрмұхан сияқты ұлы актерлердің бақыты шығармашылығында шығар... Олай болса, қанша «қуғындалып», тиянақ таппай жүрсе де, өнерде бағы жарқырап жанған, ендеше ол кісі бақытты. Ал, пендеки бақытқа жеткенін-жетпегенін өзі ғана

білетін шығар... Жалпы ол кісі тұрмыс-салты, отбасы, қара басы жайында тіс жармайтын... Естуімізше, қайсыбір кездері жанұясынан кетіп қалып, бірнеше уақыт жатақханада тұрған деп еститінбіз. Тұрмыстың ба, әлде театрдан нахақтан кетуінің бе күйігінен ащы сумен біраз жыл «жолдас» болған дегенді де құлағымыз шалған, оны енді сол кездерде қасында болғандардың іші білер... Актер үшін өнер ауласынан, суреткерлік аурасынан «аулақтаудан» артық трагедия жоқ шығар, Жантөрин бұл қорлықты да көрген адам. Бұл сор ма?! Сор болғанда қандай! Өнердегі «узурпатизмнің, шығармашыл ұжымды басқарудағы фюреризмнің» (Асқар Сүлейменовтің афоризмі), бір кісінің талғамы мен «тізе- бармағына» көну, «тепкісіне» таңылу мен табыну кесірінің сықпыты осы!! Әммеге аты мен даңқы, шекпені мен шеберлігі жайында мәлімі артық Ә.Мәмбетовтің былайғыға тәлімі кем мекерлігінің «жарқын» көрінісі – Жантуриннің театрлық тағдыры! Өз қойылымына ғана «бастық» болуға керек режиссер деген еркеден әсіреңкі «серке» жасап, бүкіл ұжымға «ұр-тоқпақ» тізгінін берудің түбі – қайыр емес, қайғы екеніне көз жеткізгеннің мық мысалы осы! Басында біз де ұқпағанбыз, «екеуіне не жетпеді» деп, Әзекең жағына шығып, Нұрмұхан ағаның кежір мінезіне сайып, кедір қылығын құптамағанбыз... Ештен кеш жақсы, шын себебін кейін, өз тамырымыз жуандағанда, өз талғамымыз биіктегенде, өз өреміз өсе бастағанда ұқтық қой! Кезінде

«Қазақ әдебиеті» газетіне жазған алғашқы «Жол бұралаң...» атты портрет мақаламды, Нұрағаң туралы орысша түзілген

«Я – актер, высшее проявление создателя» атты естелік кітапқа, әйелі ме, әлде әуейілерінің бірі ме, Ә.Мәмбетовпен қатарластыра, оны ақтап, «екі мықтыны» салыстыра жазыпсың деп қоспай қойған. Бүгіндері, әуелгі алдамшы пиғылдан аулақтаған біз, жұбайы Маргарита Викторовна, қызы Жанна Нұрмұханқызымен бір өлшемде ой бөлісіп, ұғысатын болдық...

  •  Сіз актердің қай рольдерін көзіңізбен көрдіңіз? Ол кісінің актерлік шеберлігінен қандай әсерде қалдыңыз?
  • ҚарағандытеатрындаЖақыпОмаровқойған

Шекспирдің «Макбетіндегі» Макбетті, Әуезов театрына азға ғана басшылыққа келген А.Әшімовтың шақыруымен (бекер обалы не керек, Ас-ағамыздың аз батырлығының бірі осы қылығы) қайта оралып, мәскеулік режиссер В.С.Мажурин қойған М.Булгаковтың «Жендеттеріндегі» (орысшасы

«Кабала святош») Жан Батист Мольерін, С.Асылханов қойған Оразбек Сәрсенбаевтың «Қош бол, Бөрібасарындағы» Шалын көрдім. Соңғы ролін, желтоқсан көтерілісіне

«қатысуына» байланысты, себебі белгісіз, беймағлұм

«көлеңкеде» жүрген Ә.Мәмбетовтің театрға тағы оралатынын естіп, зорға ойнаған... Ертесіне Нұр-ағамыз ізім-қайым қайта

«жоғалған»... Алған әсерім екіұдай, «Жендеттерде» сахналық серіктес болдық... Ол кісінің актерлік шеберлігі жайындағы асқақты ойым онша аспандамағанын қабырғам қайысып мойындағаным жөн, «Аплатон – досым, алайда ақиқат қымбат»! Сахнадан сан жылдар бойы аулақтаған саяқ ғұмыр, өз дегенін істеген-ау деген дертті түйсік санамды жайлағанын жасыра алмаймын. Театр актерлері сахнаның әрі пәтуәлі патшасы, әрі басыбайлы құлақкесті құлы; ал кино өнеріне қанша өңмеңдесе де «көңілдес» күйде болатыны менен басқалардың аузына түспей ме, қайдам?! Шыны – осы!!! Сахнадан бір күнге шеттесең, мың күнге барабар сағынышы санаңды салдықтың сандығына, шамаңды шаулықтың аулына бір-ақ лақтыратыны аксиома, яғни дәлелдеуді қажет етпейтін теорема. Әлкей Марғұлан айтпақшы, «бірдеңе білген соң айтасың да, білмесең – аузыңда құм»! Бұл ойларыма, сыншымын деп жүрген міншілдер, келіспес, «көшке берген тайлағын қайтып алсын!»

  •  Актер ретінде Нұрмұхан ағаның қандай ерекшелігін баса айта аласыз?
  •  Театрға деген ессіз махаббатын, есепсіз сағынышын! Терең білімдарлығын, текті тұлғалығын! Өнерге адалдығын, режиссерге құл емес, тең туралығын! Өнерде бос селтеңбай еместігі, өмірде боркемік, жасық-жадау, «атқа жеңіл – телпекбай» еместігі! Тарпаң аттай тізе бүгіп, жылап-сықтап, жоғары-төменге сөз салмай кетуін, Тайбурыл тұлпар сынды ат дорбаға көз салмай өтуін!
  •  Нұрмұхан аға бір жылдары театрдан киноға кетуге мәжбүр болуына не себеп болды деп ойлайсыз?
  •  Шет жағасын жоғарыда айттым, кезінде, Әз-ағаның көзі тірісінде, жазғам, ол – Ә.Мәмбетовтің маргиналдық, тобыр-алаңдық, білек бастылық, актерлік өнерді аяусыз мыжғылаған тегеурінді режиссурасы мен өнердегі ұлттық колоритті асқан қатігездікпен таптап өлтіруге аз қалған тізелі узурпатизмі!
  •  ЗамандастарыНұрмұханЖантөриндіқалай бағалаушы еді?
  •  Сол кезеңдегі «менмін» деген, аламанға қатысып жүрген актерлердің бәрінен оқ бойы озық білімдарлығын, оңашада ауыздарынан суы құрып айтып отыратын. Еске алар әңгімелерінің дені өкініш пен аяушылықтан, өздерінің арашаға жарамаған әлсіздіктері мен дәрменсіздіктерін күрсініспен мойындаудан тұратын. Амал жоқ, бастықтың қолы ұзын, құлағы көп, «ханға қол шошайтуға болмайдының» керінен Нұрмұхан дегенде, араша түгіл атын атай алмай, салдары суға кетіп жүретіндерін талай байқағам...
  • Нұрмұхан ағаның дінге көзқарасы қандай болды?
  •  Анық білмеймін, намазға жығылатынын, Құран оқып, төңірегін ұйытқанын естіген емеспін. Әйелі өзге діннің адамы болғанмен, шіркеуге барып шоқынады екен дегенді де, астағфиралла, құлағым шалмады. Ойымша, көп оқитын білімдар адам болғандықтан, бұл мәселеге пәлсәпалық тұрғыдан қараған шығар...
  •  Нұрмұхан ағаны соңғы рет көрген сәтіңіз есіңізде ме?
  •  ...Аядай ауласы бар, бұрынғы Совет көшесіндегі Кино үйінің қуықтай фойесінде жатқан қарапайым, мұңлы мәйіті...

есімнен кетпейді! Қайтып келмес, қайсар да ұлы актерімен қазақ елі осылай қарабайыр қоштасқан... Қабырғасы қайысқандар аз болған жоқ, әрине... Халық өте көп болған... Қадірін білетін ұлы актриса Хадиша Бөкеева, Фарида Шәріповалар өксігін баса алмай, өкпелері солқылдағаны есте... Сол кезеңнің аудандық, қалалық, республикалық партия, атқару комитеттерінің басшыларының және... Ә.Мәмбетовтің ол жерде төбесі көрінбеген сияқты...

Шындықты айтқызған өнертану кандидаты

Анар Еркебай.

Қаңтар, 2012 ж.

Боларыңда болып өт! Бозжорғадай желіп өт! Болмасыңды ұғынсаң – Болған ердің қосын жек!!!

ЖАМАНҚҰЛ пірадардан…

«ТЕАТР РЕЖИССЕРІНЕ ЕРКІНДІК КЕРЕК!..»

(Шығармашылық еркіндікке төгілген шер)

 Тағы да газеттен телефон шалынды… Түсінбей жатырмыз, дауға айналып бара жатқан тақырыпты талдап бересіз бе?.. – Сұ-рақтарыңның сыңайын электр поштама салып жібер, қарындасым, дедім… Көп ұзатқан жоқ…

  • …Тұңғышбай аға, менің сұрақтарым төмендегідей...
  •  Аға, Театр өнері қайраткерлерінің ХІІ республикалық практикумында «интенданттық жүйе» туралы сөз қозғалды. Бұл жүйе туралы білмеген біз, мәселенің мән- жайын толық түсіне алмадық. Бірақ сол кезде болған пікірталастардан ұққанымызша, бұл жүйе қазіргі театр құрылымын біраз өзгеріске ұшыратуы мүмкін екен.

Театр қайраткерлері Одағы көтеріп отырған осы мәселе төңірегінде айтып өтсеңіз. Бұл қандай жүйе?

  • Бұл жүйе қазақ театрына не бермекші?
  •  Театр үшін тиімді болса, өзге театрлар бұл жүйеден неге қорқақтап отыр?
  •  Бұл мәселені көтергеніңізге 2 жыл болғанын айттыңыз. Осы екі жылдың ішінде жоғарғы жаққа ұсыныс жасап көрдіңіз бе?

Хо-ош, деңіз… Мақұл ендеше.., ал, бастадым!…

  •  Қазақстан театрларының әлеуметтік және шығармашылық жағдайы әлемдік өре биіктігі тұсынан келгенде сын көтермес жағдайдан да төмен. Мәдениет министрлігінің құзырында бүкіл республика бойынша концерттік мекемелерді, филармонияларды, ансамбльдерді, 3 ұлттық (кәріс, неміс, ұйғыр) театрларды қосқанда бар- жоғы 9-ақ ұжым бар. Ал, Қазақстанда тек қана театрлар саны 51-ден асады. Олардың 3-еуі опера-балет, 16-сы орыс, 9-ы қуыршақ, жоғарыда көрсеткеніміздей, Сайрамдағы өзбек театрын қосқанда, 4-еуі өзге ұлттық. Басқалай толық санын ашып айтпай отырғандағы уәжіміз Өскемен, мен Ақтөбеде орыс және қазақ труппасы бір театр, яғни ресми бір мекеме болып саналады. Сол сияқты біраз облыстарда негізгі құрамға қосақталған қуыршақ труппалары да бар. Осылардың бәрінің де сұрқай деңгейдегі өмірі мен өнерінің тағдыры, өте аз мөлшерде бөлінетін қаражат көзі облыстық әкімшілікке телінген. Театр қызметкерлерінің жалақылық қоры – орташа өмір сүру минимумынан әлдеқайда аз, сондықтан олар қайыршылық күй кешуде, ал кейбірінің шығармашылық деңгейлері, күлбілтелемей, жасырмай шынайы қатты айтқанда, көрген кісіні ұялтып төмен қаратады, бұл мәселелер тіптен назардан тыс қалуда, айналысып жатқан ешкім жоқ. Театрдың, әсіресе оның зәулім ғимаратының, қайсыбір режиссері немесе актерінің облыстық әкімшілікке тек өздерінің жиылыстары мен мәдени шараларын өткізу үшін ғана қажеттілігі бар. Шығармашылық ұжымның репертуарында қандай пьесалар, қалай қойылып, оны қай актер қалай орындап жүр, мұнымен олардың шаруасы болмайды және ол мәселені айқындап, саралап

бере алатын облыстық мәдениет департаментінде кәсіби мамандар ешқашан болған емес. Проблема, айта берсек, көп қой, бірақ ең негізгісі, Театр қайраткерлері одағының аттан салмасқа амалы болмай отырған тұсы – қазақ театр режиссурасының өлімші, дертті халі! Театр режиссурасын

«тірілтпей», еш биікке, оны Мәртебелі Президентіміз асқан білгірлікпен көтеріп отырған «нарықтық қатынастарға бейімдей» алмаймыз, әлемдік өлшемге көтеріле алмаймыз! Театр режиссурасының үшбу дертінің «анамнезі» мен емін біздің одақ төмендегіше түзеді.

  •  Кеңестік идеологияның үрдісімен келе жатқан театрларды басқару жүйесі, яғни Көркемдік жетекші, Бас режиссер деген қызмет-лауазымдардың, әлдеқашан уақыты өткен. Бұлар, жанашырлықпен тереңірек ойлағанда, шығармашылық ұжымның шынайы өнер жасауына үлкен кедергі келтіреді. Дәлеліміз – көп жылғы шығармашылдық тәжірибемізден түйілген, ол – төмендегідей: Әдетте, бұл лауазымдарға режиссерлер тағайындалады да, театрдағы эстетикалық, репертуарлық, ерікті актерлік ойынменқұлашты режиссураның дамуына адуынды тосқауыл қойылады, түптеп келгенде бүкіл бір театр сол режиссер-бастықтың жеке амбициясы мен әлжуаз өре-қарымының құрбаны болып қала береді. Себебі, олар тек өз қалауы бойынша репертуар таңдайды, азды-көпті парасаты мен білім парасына сай арзан, белсіз тақырыптарды арқау еткен пьеса авторларымен жұмыс жасап, өздеріне ұнаған актерлерге ғана рольдер мен атақтар «бұйырып», талап-талғамы мен шығармашылдық мүмкіндіктері әрқалай өнер иелерін әділетті басқаруға қолдары қысқалық етеді. Ұжымдағы өзінен кейінгі және бағынышты кезекші режиссерге репертуар таңдау, еркімен роль бөлу, болашақ қойылымның қалып-деңгейі мен өзіндік ерекше шешіммен емін жұмыс істеуіне мейлінше құлықсыз болғандықтан да барынша аяқтарына тұсау болып бағады. Бастықтың өзі режиссер-қоюшы болғандықтан, қандай да бір тәуірлеу режиссерлік жұмыстың өзінен асып кетпеуіне бар «күшін» салады. Тіпті «көз қылып» сырттан режиссер шақырса да өзінен өресі төмен суреткерді таңдайтыны аян. Рольдер де бастықтың төңірегіне жандайшаптанып жиналған онша жүйрік емес актерлерге тиеді. Осыдан барып, орташа

спектакльдер, қызықсыз рольдер пайда болады. Құрамдағы бас режиссерге немесе көркемдік жетекшіге бағынышты режиссердің суреткерлік еркіндігі аяқасты болып, хұқығына қол сұғылу бүгіндері барлық театрларда әдетке айналып кеткен. Бәрімізге белгілі, баспасөз беттерінде де министрліктің коридорларында гу-гу әңгіме болған, кейбір театрлардағы айтыс-тартыстардың төркіні осы басқару тәсілінің ескіргендігінен болып отырғанын мойындауымыз керек. Мысалы, Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ театрындағы шығармашылдық ұжымның 90 пайызы, аты әжептәуір мәшһүр режиссер Ерсайын Тәпеновтің басқару стиліне, суреткерлік қарымының бірқалыптылығына, ұжымға жаңа леп, соны үрдіс, өзгеше режиссерлік қалып әкелудегі енжарлығына қарсы шығып, көтеріліс жасады десе де болады. Назар салып қарасақ, көбіне көркемдік жетекші, немесе бас режиссер басқаратын театрларда басқаша ойлайтын, немесе жаңа келген жас режиссердің үні шықпайды, табаны тұрақтамайды, амалсыздан өздері бір театрға бастық болып барып, ойларындағы өзге пайымды қойылымдарын жүзеге асырғысы келіп тұратыны жасырын емес. Ал құзырлы мекеменің оларға сеніп, бас режиссердің тізгіні берілгенше шығармашылығы шау тартып, үміті жіңішкеріп, қажыры қартайып қалатыны аян ғой. Шынтуайтына келгенде, режиссер режиссерге бастық болып, қойылымды олай емес, былай қою керек деп, өз ойы мен талғамын таңу – қай жағынан алсақ та, ақылға сыймайтын нәрсе. Суреткерлік деген оқшау әлем, оған өзгенің араласуы әдепсіздік, әрі кеткенде әпербақандық қой. Сондықтан, нарықтық қатынастарға көшудің тиімді жолдарының бірі – осы мәселені түбегейлі қайта қарап, театр өнерінің нарықтық қатынастар мен заманауи талаптарға, әлемдік өре-қарымға сай болатындай, қойылымдардың нарқын биіктететін мүмкіндіктер тудыра алатын жаңа қазақстандық ЕРЕЖЕСІН жасау. Театр сияқты шығармашылық ұжымды, нәзік мекемені басқару – өресі биік, амбициядан ада тұлғаға ғана жарасады. Режиссер болса, тек қана жеке суреткер ретінде бағаланып, реті келсе оған басшылықтың тізгінін бермеген абзал. Ол тек өз қойылымының ғана «бастығы» болғаны жөн. Төңірегіне өзімен мұраттас актерлермен

бірігіп, қауымдасып, шынайы шығармашылық жұмыспен айналысуы үшін осы жүйе дұрыс. Сонда тек өрелі спектакль қоюмен ғана айналысатын режиссердің басқамен шаруасы болмай, тек қойылымының көркемдік сапасын ғана ойлайтын болады. Батыс елдеріндегі үрдісте, ондай басқарушыны Интендант деп атайды, бізше Театр Төрағасы десе дұрыс болатын сияқты. Басқа қосарланатын басшылық болмауы керек. Режиссерлікқа «бас» деген тіркесті қосақтағаннан ол режиссердің таланты тасып кетпейді, талант пен суреткерлік қарым – я бар, я жоқ, ол болмаса, жай әншейін қанатсыз маман, шанаға жегілген жабы тектес ортақол орындаушы ғана. Ал, жүйріктің аты жүйрік емес пе, оған алтын алқа, немесе қарапайым кендір жүген сал, шабандоз бала әккі ме, жоқ па бәрібір, ол ат бәйгеден бірінші келеді. Сондықтан бас емес, театрда жүйрік режиссердің жұмысы құнды, бағалы. Әдетте, шын жүйріктер алтын өмілдірікке құштар бола бермейді. «Көркемдік жетекші» деген лауазым да ақылға салып бажайласақ, тіпті ерсі болып көрінеді. Көркемдікке жетекші не үшін керек? Көркемдік деген өнер категориясына жетекшілік жасау түсініксіз нәрсе екенін мойындайтын уақыт жетті. Сондықтан жалпы басшылықты режиссерден басқа кез келген суреткер тұлғаға тапсырған ақыл. Ол актер бола ма, драматург бола ма, әлде мәдениеттанушы ойшыл ма, бәрібір. Театрдың Төрағасы мемлекеттік құзырлы мекемемен шартқа отырып, ұжым өмірінің барлық саласына жауап беретін бірден-бір тұлға болуы тиіс. Сонда театрда басқаруға таласушылық, өкпе-наз, арыз жазушылық, шығармашылдық аштық, әділетсіздік сияқты осы күнге дейін орын алып келе жатқан келеңсіздіктердің жойылуы бек мүмкін. Мемлекетпен келісім-шартқа отыратын Театр Төрағасына ауқымды түрдегі басқару мүмкіндігін берген жөн, сонда одан мемлекеттік сұраныс пен талап та жоғары болады.

  •  Еуропа елдерінде мемлекеттің толық қарауындағы ұлттық театрлардан басқа муниципалды театрлар дегендер бар. Олар да мемлекеттің қарауында, алайда оны басқаруды қалалық үкімет немесе министрлік белгілі бір тұлғаға – біз жоғарыда сөз қылып отырған Интендантқа тапсырады. Яғни ол тұлға өзіне тапсырылған театрдың толық шығармашылдық өмір қалпына мемлекет атынан жауапты болады. Ол елдерде

бас режиссер, көркемдік жетекші, көркемдік кеңес дегендер атымен болмайды. Интендант өзінің қалауымен труппа жинақтайды, режиссерлер жинайды, олар белгілі мерзімге немесе бір қойылымға арнайы шақырылып контрактіге отырады. Басты назар аударатын мәселе интендант актерлік ойынға, роль бөлуге, режиссураға араласпайды, өзі де спектакль қоймайды. Шақырған режиссерлері мен актерлерінің көркемдік деңгейі жоғары қойылым жасауына барлық жағдайды жасайды, керек нәрсенің бәрімен қамтамасыз етуге міндетті, өйткені өз қарауындағы өнер ошағының қойылымдары көркемдік жағы мен эстетикалық өресінің деңгейі үшін үкімет алдында жауапты. Сондықтан да төңірегіне тек таланты адамдардың болғанына мүдделі. Ал шақырылған режиссерлер мен актерлер да өз жұмыстарының жоғары деңгейде болуына барын салады, себебі контрактідегі талаптарды орындамаса, нашар спектакль қойса – келесіде шақырылмайды, контрактіде көрсетілген міндеттемені интендант та орындамауға хұқылы, оған қоса өзге театрлардың да олармен байланысы үзіледі. Қатал, әрине, дегенмен өз ісіне жауаптылық жағына келгенде назар аударуға болады.

  •  Біз ұсынып отырған жүйе бұдан көп өзгеше, еуропалық үрдіс біздің менталитетке, қазақы қанымызға келе бермейді, және де біздегі театрлардың түгелі дерлік репертуарлық үлгідегі, актерлік жанұялық пен ұрпақ алмасулыққа негізделген ұжымдық мекеме. Біз тек қана бұл үрдістің екі жағына ғана назар аудардық, яғни театрлардағы этаждық басқармашылдық (директор, бас режиссер, көркемдік жетекші, көркемдік кеңес төрағасы – көбіне осылардың бәрі бір қолда екені аян) пен жалпы режиссураға қатысты жағын ғана көздеп отырмыз. Яғни режиссерлерды көркемдік жетекшінің, бас режиссердің құрсауынан босатып, оларға шығармашылдық еркіндік беру арқылы қазақстан театрларындағы мүлгіген шығармашылдық «тыныштық» пен суреткерлік құлдырауды жоюды басты мақсат еттік.
  •  Бұл жүйеден азар да безер болып қашқақтап отырғандар некен-саяқ, алайда олар Қазақстан театрларының «мүйізді серке-сымақтары» боп жүргендер, сондықтан қандай да оң өзгерістерге кежегесінен кейін тартары ұғынықты.

Өйткені олар өз театрларының кішкентай «корольдері», ақ дегендері алғыс, қара дегендері қарғыс, білгендерін істейді. Өзі жазады, өзі қояды, актерлерін «құл» ретінде тәуелді етіп ұстайды, үнін шығарса рольден, атақтан, жақсы сөздерден айырады. «Жалмауызға да жан керек» деген… Актерлердің қайсысы қалай ойнап жүргені, өре-қарымы, жалақысы жайлы жоғары мен төменге солардың сөзі

«өтімді». Министрліктегі тиісті комитеттер мен бөлімдер, бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай, өнер ошағының жай- жапсары жайлы әлгі «корольдерден» телефон арқылы қажетті «ақпарат» алып отыратыны белгілі, соларға ғана сенеді, солардың ғана сөзі – сөз, ісі – іс, тек солардікі ғана дұрыс! Бұл жүйеге қарсылар соншалықты көп те емес, белгілі театрлардағы белгілі «фюрерчиктер» (Асқар Сүлейменовтің афоризмі). Егер Театр қайраткерлері ұсынған жүйені қолдаса, олар біз жоғарыда айтып өткен

«этажды» басшылықтан босайды ғой! Бүкіл бір ұжымды билеп-төстейтін батпан құйрықтан айрылады ғой! Олардан басқа да режиссерлер шыға бастап, бастарына бұлт үйіріледі ғой! Тағы бір себебі бар, сол «фюрерчиктер» кезінде өздері өйтіп-бүйтіп жүріп өлтіріп тынған Театр қайраткерлері одағының «тіріле» бастағаны да олар үшін тиімсіз. «Жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты!» Бүкіл қазақстан театрларының жай-күйін ойлайтын, өнер мәресі мен өресін саралайтын, театр еліндегі «третей сот» өздері ғана еді, енді… Бұл жүйені қолдайтындарға келсек, оны санамалап қайтеміз, «шіркін-ай, осыларың жүзеге асса, қуанғаннан көкпар берер едім» дейтіндердің саны қарсылардан өтеден мөте көп, геометриялық прогрессиямен өсіп жатқанын айтпай-ақ қояйын. Бір айтарым, бұлар қазақ театрының қарапайым «қара өгіздері», кедей жомарттары мен азапкерлері, бетегеден биік, жусаннан аласалары, кекірейген кеудемсоқтары емес.

  •  Театр өнерінің өсу-құлдырау феномені оның басында отырған қарымды, әрі әйгілі, сұңғыла Тұлға-Суреткерге байланысты екені рас. Алайда, жүз жылда бір келетін ондай Суреткерді қайдан табамыз?! Келгенін күтіп, құлдырай береміз бе? Ресей театрларындағы О.Ефремов, Г.Товстоногов, Грузияның Р.Стуруасы, Латыштардың А.Някрошюсі, біздің

Ә.Мәмбетовымыз енді қайтып келмейді! Сонан соң, театр өнерінде қойылым сайын құбылыс жасау мүмкін емес! Әлгі өздеріне өздері «дән риза» «фюрерчиктер» таланттарын қайда «шашарын» білмей дал болса, Болат Атабаев сияқты жеке авторлық театрын ашып алсын, сонда барып білгенін істесін! Ал мемлекеттік мекемені, ондағы қаншама актерлер мен басқадай өнерпаздарды «иемденіп», олардың талғам- тыныстарын аяқасты ететін «құл иеленушілігі» мен өзінің жеке басты ойқастаған «ізденістерін» жүзеге асыратын сынақ алаңы, яғни антреприздік театрға айналдырып алуы үшін менмендік дерті меңдеген, шектен шыққан шамшылдық қана емес, миуалы өнерпаздыққа малынған пәтуалы Пәтік керек! Бүгінгі бірді-екілі «фюрерчиктердің» әр қойылымы құбылыс деп айтатындар болса, менің және бірдеңенің жөн-жосығын біліп-көре алатын кез келген «өтірік, өсек, мақтаншақ» емес, арлы әрі адал, әрі батыл ойлы, ұлтжанды, көзіқарақты көрерменнің саралауы мен қарсысына әкеліңіздер!

  •  Осы мәселелердің төңірегінде, Театр қайраткерлері одағының атынан, оның іріп-шіріген тізгінін ұстағалы қолым жеткен, сөзім өткендерге айтудан кенде емеспін. Оның алдында да, баспасөзге беріп жүрген иіні ащы интервьюлерім мен ғылыми мақалаларымда талай қақсағам. Былтырдан бері «Нұр Отан» партиясының жанынан «Мирас» деп аталатын өнер мен мәдениеттің жайын қаузайтын Кеңес ашқызып, оның алғашқы отырысындағы талқылау тақырыбы бүгінгі театр мәселесі болуын да жүзеге асырдық. Шүкір, «Нұр Отан» ХД партиясының Төрағасының Бірінші орынбасары Н.Нығматуллин мен сол Кеңестің тұрақты төрағасы Қуаныш Сұлтановтың, депутаттар А.Бижанов, Т.Мұхамеджановтардан қолдау тауып, тиісті министрлік басшыларымен бетпе-бет кездесудің сәті түсті, ащы шындық айтылды, ақыл-кеңес құрылды, кейбір облыстардағы тиісті басшылырдың да жергілікті театр туралы толғам-есебі мен ой-пайымдары тыңдалды. Кеңес мүшелері мен жай-күйге қаныққандардың қарсы болып жатқандары жоқ, керісінше, қазақ театрының шынайы бар-мәзірінен қоспасыз һәм бүкпесіз хабардар болып, балтыр сыздалық күйзелістерін білдірді. Әрине, жұмыс та жасалып жатыр, күрес те жалғасуда. Жаңа министрлікпен де осы үрдіс жайында

түсінісу, ұғынысу әрекеттері жасалды. Театр қайраткерлері одағының бұл ұсынысын Жазушылар одағының драматургия секциясы қызу қолдап, жаңа Қазақстандық Театр ережесінің тұжырымдамасын жасап жатыр, біздің де концепциямыз да дайын. Күні кеше Парламент депутаты, комитет төрайымы Дариға Назарбаева ханым да бізбен кездесуінде осы мәселеге ерекше назарын аударып, оң ықыласын білдірді. …«Инициактива – наказуема» дейді орыс тілазарлары. Жаңалыққа үркек мінезді елміз, алайда түбі қайырлы болатынына сенеміз, өйткені біздің ниетіміз таза, мақсатымыз оң.

«Айқын» газетінен, Сабина Зәкіржанқызы

«...БҮГІНГІЛЕР ЗАМАННЫҢ ТАМЫРЫН ЕМЕС,

«ҚАМЫРЫН» ИЛЕП ЖҮР...»

  •  Атыңызға қарап-ақ отбасының тұңғышы екеніңізді байқаймыз. Бала Тұңғышбай қандай еді?
  •  Мен отбасының тұңғыш нәрестесі ғана емес, атам мен әжемнің де тұңғыш немересімін. Үлкен үйдің еркесі болдым дей алмаймын, ата мен әженің меншігі ретінде өз әке- шешеме жолай алмағандықтан, олардың мейіріміне молынан шомылдым деп те айта алмаймын... Керісінше, әжемнің есті ертегілері мен жұпар иісіне тұшынып өстім. Тұңғыш бала болғандықтан, көбіне өзіммен-өзім ойнайтынмын, саяқ жүретінмін. Жарық дүниемен жалғыз өзім сырласатынмын, ыңылдап әндететінмін, кейін шатпақтап өлең де жаздым, домбыраға үйірсектедім. Арманшыл, қиялшыл болдым. Әкем теміржол құрылысшысы еді, содан болар, разъезден-разъезге жиі-жиі көшіп-қонатынбыз, жиі мектеп ауыстыратынбыз, шамамен он бір жылдықты он бір мектепте оқып бітірдім- ау деймін. Тентектікке баруға, бала болып бұзықтық жасауға сыныптастардың жиі өзгеретіндігінен қолым тимеген болу керек, жақсы оқушы ретінде ерте танылғаным да сондықтан шығар... Әйтпесе, қазақтың көп қара баласының мен де бірі едім. Бұл жайлы алғашқы кітабым «Назда» жақсы

әңгімелейсіз дейді ол кітапты оқығандар... Әйтеуір «кейін кірген ақылмен» ойдан құрастырылған күнделік емес, оқылуы оңай, мазмұны онша жаман болмаған соң, сондай баға берілген шығар...

  •  Әңгімеміздіөнержолындағыалғашқы қадамдарыңыздан бастасақ.
  •  Осы сұраққа жауап бере-бере ұят болды. Бәрі біледі ғой... Ол ұзақ әңгіме, былай болған деп қысқа қайыруға қимайсың, оның үстіне бүкіл өміріңнің өлшемін атүсті әңгімелеу – қатігездік... Өнер деген өлшемге еріккеннен келмегенім ақиқат. Басқа оқу орнына өресі мен өзегі жетпегендердің

«тілің таза, көзің қыли болмаса, түсіп кетеді екенсің» деген қауесеттеріне құлағандықтан келмегенім де ақиқат. Тәп- тәуір оқып жүрген техникалық жоғары оқуымды «оқи алмағандықтан», күрделі емтихандары мен сызу-сызбаларын есептей алмағандықтан, немесе сызбалы геометрияның, квантты физиканың, жоғары математика мен сопроматтың, механика теориясының, металдар технологиясының теоремалары миыма кірмегендіктен тастап кеткем жоқ, саналы түрде өнер еліне ат басын тірегем... Қалап келгем, білегіме емес, жүрегіме балап келгем... Жолым мен бағым ашыла қоймаған театр босағасындағы бес жылда, тастап кеткен техникалық институтыма қайтсам ба деген ойдың болғаны да рас... Әгәрәки, менің бағыма келген «Қан мен тер» фильмі болмағанда, ол «арам» ойымның іске асуы әбден мүмкін еді... Адам тану – азапты іс екені қандай хақ болса, актердің де өмірінің болжамы мен аужайын тап басу сондай хақ, әрі қатерлі... Еленбей кетуің, «көшке ілінбей» қалуың, хақтан бетер хақ. Бірақ кім білген, кете алар ма едім, алмас па едім. Өнерге келу де ерлік, орныңды таппаған соң, кету де ерлік! Тәуба, Құдайдың көзі оң болып, менің жолым болды... Алғашқы «ерлігім» өтелді! Отызымда Тәңірберген, отыз жетімде Әбілқайыр хан, қырық екімде Қайырхан, қырық бесімде ата театрдың тізгіні, қырық жетімде Құнанбай, қырық тоғызымда Абылай хан, елуімде Адам Ата (Ғ.С.), елу екімде Кир патша, елу бесімде Ақсұңқар ұлым, елу сегізімде Аққу қызым келді дүниеге, елу тоғызымда өнертанудан диссертация

қорғадым! Алпысымда «Адасқандар» фильмінде Жәбірейіл пайғамбардың әлеміне енуге мүмкіндік туды... Шүкір, табан ақы маңдай тер талай оттан аман алып шықты, тереңге батырды, талай биікке жеттік. Еңбегіміз еленді, ешкімнің

«көлеңкесінсіз», ешкімге «иілусіз», «күйеусіз», «рулассыз», ешкімге «доссыз», ешбір «сүйеусіз», «ащы сусыз», дәрі- дәрмексіз, жарбаңсыз, ырбаңсыз...

  • Қазіргі заманғы драматургия жайлы не айтасыз?
  •  «Жоқ» деп айтқан жөнсіздік, ал драмадай асау ат көп адамға жалын ұстатпай жүргені де ақиқат. Пьеса жазу диалог құрастыру емес, уақиға құра білу де емес. Отыз беттік драма, үш жүз беттік романның ауыр жүгін көтерер зіл батпан. Өзімізден өзге елдің өрелі туындысын тілге тиек етсең, өзегіңе шоқ түседі, бірақ амал қанша... Чеховтың пьесаларын оқығанда, бір қарағанда, ешнәрсеге қатыссыз көрінетін қарапайым сөз тізбегінің астында астарлы өмірдің аласапыран қақтығыстары қалай көмкеріліп жататынын байқамау мүмкін емес. Сырт көзге ешқандай уақиға тізбегі жоқ сияқты, кейіпкерлер тіптен басқа әңгіменің шылбырын ширатып отырған сыңайлы, алайда, тұспалды ой мен уақиға желісі судың бетінде емес, астында, тереңдегі иірімнен ағып жатқанын сезесің. Бадырайтып ештеңе айтпайды, бірақ бұрқыраған әрекеттер тартысы, буырқанған уақиғалар желісі көрерменді жіпсіз байлап, тырп еткізбей тұсап тастағандай. Ал біздердегі айтар ойдың бәрі ерін ұшындағы сөзге жабысып, сорпаның бетінде қалқып жүрген жүрек айнытар кілкіген май сияқты бетінде жүреді, кейіпкерлер өз сөздерімен енді не болатынын, немесе баяғыда не болғанын, немесе сахнаның сыртында өтіп жатқан уақиғаны сарнаты- еп отырғандары. Сосын бұрынғы өткен заманды уайымдап, қайғырып жылап, жұрттың көңілін босатуды негізгі мақсат тұтып, «көкіректері қарс айрылып, аһ ұрып» жүргендері. Сахнадағы уақиғаны сөзбен айтып шығу драманы ширықтырады деп қатты қателесеміз, өтіп жатқан уақиға сол сахнада, көрерменнің көзінше өрбігені жөн, драма сюжеті сахнада актердің аузымен айтылса – онда ол баяндау. Баяндау басқа жанр, сахнада әңгіме айту емес, әрекет ету,

тура өмірдегідей сүру керек, сонда ғана көрерменнің іші пыспайды, есінемейді. Өмірде болған тарихи оқиғаны өзек еткен пьесаның жөні бөлек, дей тұрғанмен тарихты нақпа- нақ, тап сол күйінде жазып шығу да драма жанрының көсегесін көгертеді деп айту қиын... Онда ол драмадан гөрі деректі хроника болып шықпай ма... Хроника да – өнер туындысы, алайда пьеса емес. Пьеса – көркем шығарма, хроника – дерек. Тарихи уақиғаны пьесаның тақырыбы ретінде таңдағанда, оның көркем шығарма талаптарына жауап бере алатындай тұстарын ойлай бермейміз... Тағы да табандап айтатын бір мәселе – пьеса, драма белгілі бір автор жазған әдеби жанр ретіндегі бөлек әдеби көркем шығарма, ал спектакль сол пьесаның ізімен театр режиссерлері мен актерлерінің авторлығымен жасалған бөлек сахналық көркем туынды. Осы ерекшелікті ұққысы келмейтіндер екі жақтан да, авторлар мен театр қызметкерлерінен де табылады. Сол себептен де аяғы жер иіскемейтін, жұртқа ақыл үйретіп, мезі қылатын, көркемдік шындықтан аулақ сахналық қойылымдар дүниеге келіп жатады. Бұл қалай, неге бұлай болды деген сауалдың төңірегінде «мына баланы сен таптың ба, мен таптым ба» деп, бір-бірін кінәлап әлек. Бірі автордың жазғаны осы деп қашқақтайды, екіншілері театрдың бары сол болды деп сырғытады. Пьесаның негізінде жасалған, өзге пошым мен астарға «ауыстырылған» өзге көркем шығарма-спектакльді көріп, «не бүлдіргенсіңдер» деп, ер- тоқымын бауырына алып тулаған, «айналайындар, ештеңе ойнамай-ақ, менің сөздерімді айтып шығыңдаршы» деп өрекпіген талай авторларды білеміз... Театр тек сөз айтып шығатын орын емес, оны жаттап айтуды бірінші сыныптың оқушысы да біледі... Бұл – өзін бірінші, ал театрды екінші санайтын ақылсыз, білімсіз демей-ақ қояйық, жұмсартып айтқанда қызғаншақ авторлардың амбициясы. Автор мен театрды сапқа тұрғызып, әскердегідей «бірінші, екіншіні» санату – шығармашылық әлемнің тірлігі еместігін түсінген дұрыс болар...

  •  Заман ағымына байланысты көрермендер де өзгеріп отырады. Соңғы буын көрермендеріне көңіліңіз тола ма?
  •  Соңғысына көңілім толмайды. Әсіресе, ұстаздары театрға «қуып» әкелетін бүлдіршін жастарға. Спектакль басталарда, көрермен залының жарығы бәсеңдей бастаса- ақ болды, ысқырып, дауыс көтеріп дабырлай бастайды. Ұялы телефондарының жарығын қосып, айқыш-ұйқыш сілтеп, көрермен залын бейнебір стадионға айналдырып берекесін кетіреді. Бұл нағыз мәдениетсіздік, әдепсіздік, тексіздік. Театр – құдіретті де қасиетті мекен, онда білек емес, жүрек «іске» кіріседі. Жүрек – нәзік, әрі кінәмшіл, секемшіл. Сахна өнері – спорт емес, сүйрікті сезімнің лебі, сұлулық пен тазалықтың әлемі. Сахна өнері деп мен, КВН мен сатираны айтып отырғам жоқ, шынайы театрды меңзеп отырмын. Жоғарғы екеудің де өмір сүруге хақысы бар, қайткен күнде де, қылжақпастық хас өнерден басқа өлшем мен ендікке орналасқан, олардың өз көрермендері болады. Сондықтан, залға жиналған көрермен қайда отырғанынан хабардар болғаны жөн. Қол шошайтсаң күле беретін, мөңіресең де шапалақ ұратын, шикі мен пісіліні талғамай асай беретін, арзан мен қымбаттың ара жігін ажырата алмайтын көрерменнің көптігі ұлттың өресін төмендетеді. Өресі төмен елдің тамыр-тегіне сызат түседі. Таза өнер мен базардың, терең мен саяздың ара жігін ажырата алмау – көрерменнің өзіне сын екенін ұғыну керектігін айтсам қатты кетті демессіздер. «Қазақ десең – өзіңе тиеді», өзімізге де обал жоқ, не болса соған далақтап, анау да жұлдыз, мынау да құндыз деп, шикі түсті, шала істі жас өнерпаздарды өтірік алқалап жалмаңдатып, аузынан бір нақыл сөз шықпаған, сақалы күнге ағарған жасамысымызды «алаштың азаматы» деп төбеге шығарып тайраңдатып қойған!
  •  Футболшының ойынды қойған соң бапкер болатыны сияқты, актёрдің режиссерлікке көшетінін көріп жүрміз. Сіздің де «Турандот ханшайым», «Томирис», «Қазақтар»,

«Аршин мал алан» сынды қойылымдарыңызды жұртшылық тамашалады. Болашақта көрерменге тағы қандай дүниелер ұсынбақсыз?

  •  Ұсынатын «құқым» болса, ұсынарларым да, тұшынарларым да көп қой. «Қайран сөзі қор болғанның»

тізіміндемін десем не дер едіңіз... «Бастығың соқыр болса, бір көзіңді қысып жүр» дейтін қазағым қандай ақылды! Бірақ мен бір көзімді қыса алмай әлекпін. Театрдағы бастықтардың соқырлығынан ойымдағы дүниелер жарық көре алмай, арманда кетіп барады... Кім біледі, «біздің көшемізде де той болар» деген орыстардың үмітті нақылы бар ғой, театрға жаңалықтар келіп жатыр, еленерміз, ескерілерміз дегендей... Біраз ой-армандарымызды айттық, қайсысына «қазаншының» ықыласы ауады, Аллаһ біледі... Олардың ішінде Шекспир, Лопе де Вега, Назым Хикмет, Тахауи Ахтанов бар...

  •  «Театр – мен үшін қасиетті қағба» деуіңізден-ақ, театрды бәрінен жоғары қоятыныңыз аңғарылады. Әлі күнге дейін орыс театрының салып берген жолымен келе жатқан қазақ театры өз жолын, қазақы бағдарын айқындауы үшін қандай қадамдар жасалуы қажет?
  •  Алдымен Ұлы Мәртебелі Өнерге мемлекеттік көзқарас керек. Өнерпазды сайқымазақ ретінде кемсітіп қарайтын шенеуніктік көзқарастың көзін жою керек, ондайларды биліктен қуу керек. Өнер ұлттық идеологияның өзегі екенін ұққан күні оның ұлттық жолы, қазақы бағдары өз- өзінен айқындалады. Сонан соң өнер тізгінін билік ретінде ұстаған бүгінгі шенділер аренадан кетуі керек. Өнерге билік жүргізуге болмайды, оған аялы алақан, қамқорлы қаупай, өрелі білік, тұлғалы тұрпат, суреткерлік қуат, иманды ұят керек. Биліктің бишігіне иелер, қағынан жеріген құлан сынды өзгенің қаңсығын таңсықтанып, Безруковтың театрын, Крутойдың қыртын, Потап пен Настяның «намазын» төрге шығарып, өз ұлтының өнерінен үстем санаған соң, «қайтып адам болайын»! «Сахнадан сәлем» деп сәнді аталған сол мерейтойға алмағайып шақырылған Әуезов атындағы ата театрдың, өзге өлкелердегі өнер шаңырақтарының үкілеп әкелген қойылымдарына, тіпті олардың бар-жоқтығына пысқырылмаған соң, «қайда барып оңайын»! Сол дүрбелеңде өзгенің өнерін тықпаламай, өзіңнің асылыңды асқақтатса болмас па... Мәскеудің қайсыбір театры «байғазылыққа» әкелген А.Чеховтың «Апалы-сіңлілі үшеуіне» қосарлап,

мысалы, Әуезов театры әкелер болар Ә.Кекілбаевтың

«Абылай ханын» да тойшыларға көрсетсек, қай жері кемдік етер еді! Өткен ғасырдағы іріп-шіріген Ресейдің реңін жоқтаған, «Мәскеуге! Мәскеуге!» деп ұрандаған орыс қыздарының қыжылы қазақтың қай жеріне шікәнә! Жоқ,

«ауылдастың аузы сасық», Мәскеуге, Лондонға, Брюссельге, Бернге бейілміз... Қашсақ та сонда, тасысақ та сонда тасимыз! Талғамы асып, білімі «биіктеп» кеткендері сонша – Қаллеки театрының төрінен бірде-бір шенеуніктің толысқан төбесі көрінбеді, амал не. Қайтеді, «қаға берісте» қағып кеткен қаржысына Ла Скалаға барып, жоғарғы санаттағы әуенге ұйып, «ұйықтап» келмей ме одан да. Бір ғана шүкірлік, осы ашуыма тосқауыл, базынамның бәрін ұмыттырады – әйтеуір Елбасымыздың қазақы қаны сұйылмаған, өз ұлтын есепсіз сүйеді, ұлттық өнерге жүрегінің бүлкілі қанық, халықтың мұңды һәм сырлы әндерін тамылжыта салғанда, қосылып шерленгің келеді, арсыдағы ата-бабаның арманы орындалғандай күй кешесің...

  •  Өзіңіз айтқандай, артистердің арасынан шыққан алғашқы һәм жалқы ғалымсыз. Ғылым саласына қаншалықты үлес қостым деп ойлайсыз?
  •  Ғылымға үлес қосу үлкен сөз. Талдауыммен таныс болғандар ол еңбегімді үлес деп таныса қанағат. Өзімде ондай ой жоқ. Не істеп жүргенімді ұққым келіп, актерлік өнердің қыр-сырын теориялық тұрғыда өзім үшін зерделедім. Өнерге еріккеннің ермегі, ойыншық ретінде қарамай, ғылыми тараптан таразылаған жөн екендігін «әртіс те адам ба» деп кекететін қайсыбір мысқылшыл қазаққа дәлелдегім келді. Сол жылдары сахнадан нахақтан сырттап қалған кезеңімнің орнын толтырып қана қойғам жоқ, төңірегімдегі топастыққа көзімді аштым, онымен ой-күресті одан сайын күшейттім. Жүйеленбей жүрген білімімді реттегендей, тиянақтағандай болдым, білмесімнің жетіп артылатынына көзім жетті. Өзгені қайдам, өзім рахат шектім. «Бір өлім бары рас, тек қасапшы бауыздаса екен» деген ақ ешкінің арманын ұқтым. Сыншымын деп шіреніп жүрген кейбір міншіге жаным ашитын болды.
  •  «Іштен шыққан шұбар жылан» демекші, «Тамаша» ойын-сауық отауының қашан да жүрегіңізге жақын екенін білеміз. Әйтсе де, кезінде аты дүрілдеген «Тамашаның» бүгінде өзге әзіл-сықақ театрларының көлеңкесінде қалып қоюына не себеп? Бауыржан Ибрагимов эстрада артистерінің одағын құрыпты. Мұның аталмыш жанрдың дамуына қаншалықты әсері болмақ.
  •  Ең негізгі себебі – өнер мен өренің, оларды таразылай білетін білімнің бір өлшемде теңгерілмеуі, Суреткерлік пен ақшаның сыйыспайтын алшақтығы. Жараспайтын әзіл мен жанаспайтын оспақты өнерге араластырған соң, ауыздағы арзан сөздің әрі кетеді. Сонан соң, қалай десеңіз де, орны толмайтын кісілер демей-ақ қояйын, нәрселер болады. Ол

«Тамаша» енді қайтып келмейді! Құдайберген «тіріліп», мен қайта атқа қонып атой салсақ та, тура сол кездегідей болмайды! Кезең басқа, өзен басқа... Біз сол заманның тамырын тап басқанбыз... Бүгінгілер заманның тамырын емес, «қамырын» илеп жүр... Қайдан білейік, ол жанрға ат басын тірегендердің «жалт етіп, жоқ болғандарының» саны артып барады, кім білген... Одақ бола ма, басқа бола ма, тек сол «жалт етер де, жоқ болудың» теориялық себеп-салдарын зерделеуге ақыл-білімдері жетсе бопты да...

  •  Бүгінде Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясы түлектерінің көпшілігі асабалықпен айналысып жүр, неліктен? Жалпы, осы оқу орны туралы ойыңызды білсек.
  •  Неліктен деріңіз бар ма, себебі көп қой, мен тек маңыздыларын айтайын. Біріншіден, актерлік шеберлікті оқыту жүйесі қарабайырланып кеткен. Теория мен тәжірибе ғылыми өлшемде қабыспайды. Көбіне сахна иісін сезбегендер немесе тәжірибесін ғылыми зердеге сала алмайтындар сабақ береді. Өнерге ұстаздық ету – аса жауапты да ауыр нәрсе. Атағынан ат үркетін, кезіндегі керек десеңіз, кеңестердің халық артисі атағын алып, сахнада айшықты қызмет еткен қабырғалы актеріңіздің кез келгені ұстаздыққа жоқ. Ұстаздық – ерек құбылыс, жазушылардың бәрі бірдей драматург бола алмайтыны қандай ақиқат болса,

кеудесі аяққаптай кез келген актер ұстаз бола алмайтыны сондай ақиқат. Алайда, мұны мойындайтын парасат иелері аз. Шәкіртті оқытатын, елітіп соңыңнан ертетін, ұлы өнерге тәнті етіп ұйытатын атақ-даңқ, алыпсоқ кеуде емес, білікті пәтік, сонан соң ұстаздың жеке басының тұлғалық тұрпаты. Өнер – әуейі әлем, оның бақ құсының көзі төбесіне орналасқан, тіпті соқыр десе де болғандай, кейде кім көрінгеннің иығына қона салады. Ондай «аузының салымы барлардың» өнер тәжірибесі оңай, атақ-даңқты қалпағымен қағып алған, яғни «бел ауырмай, маңдай терлемей» келген бедел. Ондайлардан ұстаз шықпайтыны бесенеден белгілі, дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Шәкірттерді әу бастан білімдарлыққа, сахна құдіретіне, сезім сиқырларына табындыруға бейімдемегендіктен, сіз айтқандай орынсыз ыржаң мен арсыз асабалықтың аулынан табылатыны сондықтан. Қазіргі асабалар – сылдыр сөзді алқын-жұлқын сапыратын, дәм-тұзсыз, мағна-мәнсіз құр дабыра, отырған жұрттың мазасынкетіріп, миынсуқылатын бәдіктер. Ал нағыз асабалық – үлкен парасаттылықты, мәйекті мәдениеттілікті, ерекше интеллектіні, ерен эрудицияны, энциклопедиялық білгірлікті, қысқасы, тұлғалық қасиет дарыған дара кісілікті, ортадан ой тастау мен сөз саптаудың асқан шеберлігін, сонан соң ел алдындағы елеулі сүйкімділікті талап етеді ғой, шала шәкірттерде ол қайдан болсын...

  •  Абылай хан, Әбілқайыр хандай тарихи тұлғаларымызды сомдап жүрген сіздің, өнер саласының ақсақалы Асанәлі ағамыздың жас әнші Қайрат Нұртас туралы кинодан көрінуіне не түрткі болды? Қаржылық қажеттілік дейін десек, сіздерде ол жағы жеткілікті емес пе?
  •  Менікі қаржылық... Ал, Әшімовтікін білмеймін... Әнші баланың ата-анасы да қиылып қоймады, жастардың сүйкіміне айналған інімізге ағалық септігіміз тисе жарар дедік.
  •  Хадиша Бөкеева, Құрманбек Жандарбеков, Нұрмұхан Жантөрин, Әнуар Молдабеков сынды дара дарындардың

шәкірті екеніңізді білеміз. Өзіңіз қандай ұстазсыз? Өнер әлемінде өрге өрлеген шәкірттеріңіздің бірқатарын атап өтсеңіз?

  •  Мен сияқты ұстазын ұлықтай білетін шәкірттерім бар болса, өздері айтсын. Үйретіп қана қоймай, олардан да үйренетін, байқатпай өз өре-қарымымды таразылап алатын, білгенімді байыта түсетін «қумын». Өнер-білімнің шегі мен шегарасын, оңы мен солын, тереңі мен биігін, қадірі мен қасиетін, бағасы мен бағамын шәкірттеріммен бірге іздеуге талпынамын. Әйтеуір ұстазына көңілі толмай, қарындары ашып, ректорға арыз түсіріп, шәкірттері «бұл кісіде оқығымыз келмейді» деген сияқты кесапатқа киліккем жоқ әзірге... Сорақысы сол, мұндай да жағдай болған...
  •  Кинода я болмаса театрда сомдаған рөлдеріңіздің бірінен сын естіген сәтіңіз болды ма? Жалпы, өзіңіз сынды қалай қабылдайсыз?
  •  Болды. Жөндісіне құладым, жөнсізіне пысқырғам да жоқ! Көбіне тапсырыспен, қиястықпен жерден алып, жерге салған сын-сымақтар болмай қалған жоқ, «айғайшы», «даусы қарлыққан» деген сияқты. Қай рольді қалай ойнағанымды өзімнен басқа ешкім білмейді, кезінде қандай басшы болғанымды бәрі де дерлік іштей жақсы біледі, алайда ол шындарын сыртқа шығаруға сараң. Түгелін қатырдым деп өзім де ешқашан айтқан емеспін. Біреуге жақсаң, біреуге жақпайсың, «әр кәлләда бір қиял» деген, әркімнің көңілі өзінше жоғары, білім мен талғам, мінез бен мазмұн әрқилы болған соң, әділет те әртүрлі толқында, кемиық кемерде... Қайсыбіреулер жөрнәлістігін жарытпай жүріп, мұрнына иісі бармайтын мәдениеттану мекеніне қарау қолын салып жүр. Адалды аттап, ақ өнерді даттап, мысы мүшкіл ағасын мақтауды мақсат тұтқан миякі мінші-сыншымын деп... Әділін айтсам, бүгіндері білгір сыншыға зәруміз, олар жоқ, о дүниеге кеткен... Бұ дүниедегілерінің базалық білімі тапшы, теориялық тегеуріндері бос, сондықтан да «тарысы піскен жердің тауықтары», тапсырыстың, субьективті пікірдің құлдары... Қаулап өсіп келе жатқан қыздар бар, алайда әзірге қазаққа тән сынықты әдебі мен қыз балаға тән қылықты

ибалары шектен шығады, алыс тұспалмен жазады, батыл емес...

  •  Асқаралы алпыстың бел ортасына таясаңыз да, аттан түскен жоқсыз. Қайта еңбекке деген құлшынысыңыз арта түскендей ме, қалай? Өмірде тынбай тірлік етіп, сіз секілді қайсарлы, жігерлі болудың сыры неде?
  •  Бұқпантайлаған өмірді иттің етінен жек көремін. Айтарымды айтамын, қолымнан келетінді жасауға тырысамын. Төңірегімнен тайсақтамаймын, жұрттың бетіне тіке қараймын, өйткені кісіге жасаған қиястығым жоқ. Бетке айтқанды бетсіздікке балайтын пікірге қарсымын. «Дос жылатып айтады, дұшпан күлдіріп...» демей ме қазағым. Төбедегімнің төмендегенін көрмесем деген тілек күшті. Алайда аярлық алға шығып жатқанда үнсіз қалу қолымнан келмейді. Тау қопарар күшімді сезінемін, оны іске асырып пайдаланатын, қажетке жұмсайтын амал өзгелердің қалтыраған қолында, жалтыраған сөзінде болып өзегімді талдырып жүр. Сол жөнсіздік пен мырқымбайлыққа, сасық қулыққа қарсылық көрсете алмай жігерім құм... Дегенмен, Дон Кихот емеспін, жел диірменге найза салмаймын, басқа түссе – баспақшыл күй кешуге мәжбүрмін. Бүгінде менің де атағымнан ат үркеді, алайда тоқмейілсіп, «болдым-толдым» деген даңғойлықтан аулақ болуға ақылым жеткеніне шүкір... Соңыңнан ерген өндір жастардың өзіңнен еш кем еместігін ұғып, солар шығар биікке талпыну, олардың өресіне ұмтылу, керексе, сол жастардан үйрену, солардың талғам-талабы мен білім-парасына үйірсектеудің парқын ұққан қандай! Жас шамамыз басқа болғанмен заманымыз бір ғой... Өткеніңмен өзеуреудің жөні жоқ, бұлданудың да реті шамалы. «Бізден кейін ешкім жоқ» деп артындағысын теуіп, алдындағысын тістейтін өмірде тозған шал, өнерде арзан шауқандардан түршігемін... Мұң шегемін... Қапа боламын...
  •  Бүгінде тележүргізуші ретінде де көгілдір экраннан көрініп жүрсіз. Соған қарағанда үнемі жұрт назарында болғанды қалайтын сияқтысыз...
  •  Жоқ, керісінше, кейде, қарапайым көптің бірі болғым келіп, ел ішіне сіңіп кеткім келетіні бар. Жұрт назарында болудың жауапкершілігі ауыр, үнемі сол биікте жүру оңай емес. «Халық – Құдайдан бір жас кіші» деген аталы сөз бар қазақта... Елдің ықыласын суытып алмай, көз алдында қадіріңді кетірмей, көңілін қалдырмай, арзандамай аман жүру – басты арман...
  •  Өзіңіз әділқазылық еткен «Жұлдызды сәт» жобасында шын жүйрікті анықтау қиынға соқпады ма?
  •  Қазы деген сөзге әділ сөзін қосарлауды қаламаушы едім... Қазы болған соң, әділ болу міндет деп ұғынатынмын. Сөйтсем, бұл тіркес, бүгінгі заманға сай айтылып жүр екен... Бүгінгі басшылар мен қосшылардың, әкім-қаралардың, қазылар мен билердің, яғни прокурорлар мен соттардың сорақы әділетсіздігін, «ешкі мен сиырдың» жетегінде кеткен жазылмас дерттерінің түсін танып, көп жағдайда түрін де көріп жүрген мен, «уайым түбі – тұңғиыққа» батып жүргенім де жоқ емес... Сіз жоғарыда айтқан жобаны ұйымдастырушылар мені көнбесіме қоймады, себебін кейін түсіндім. Менің ел арасындағы азын-аулақ беделім мен сырт көзге сүйкімім, қысылтаяңда қисынын табар сөз табарым керек екен оларға... Оны ұққандарына шүкір... Алайда, ол жоба – кәдуілгі шоу, яғни ойын екенін аңғал көрерменнің ұққысы келмейтін адалдығына тәнті болғанымды жасыра алман... Түптің түбінде, біз емес, ұялы телефон шешті ғой жеңімпазды...
  •  Бір сұхбатыңызда: «Бүгінде өнерде досым жоқ» деген едіңіз. Өнер адамдары бір-бірін жақсы түсінеді деуші еді, сіздің досыңыз жоқ болғаны қалай?
  •  Өнер – жарыс. Қалу бар, озу бар,.. Сағынайдың асынан басталған әділетсіздік те асып-төгіледі... Құлагерлердей жүйріктерді батыраштар әлі көздеп жүр... Қодарлар мен Бекежандардың дойыр қамшысы да үйлесім мен тазалықтың үстіне үйірілуін қойған жоқ... Бір-бірімізді жақсы түсінген, бір өлшемде ұғысқан, айналаңдағы әділдік пен өнердегі тазалық үшін «ұрысқан», жігіттік сөзде тұрысқан достарымнан

айырылып қалғанымды әнге қосып айтқанмын... Қазір жалғызбын... Айналам – ақылын ат тепкен, қазақы қалыптан айныған шауқан, жігері жасық, құлағы кесік қаймыған шалапай...

  • Өмірде өкінген сәттеріңіз болды ма?
  •  Болды. Базар заманы келіп, өнер аяқ асты болғанда сәл кеш туғаныма өкіндім. Бүгінгі нарық дейтін білектің ісіне қарық заманда жүректің ісі дейтін ұлы өнердің өнбес нәпақасымен қатын-бала асырау ұят екенін ұққанда өкіндім. Алдымдағы бірді-екі ағамның бәтуалы ақсақал бола алмай, боссақал, бейшара күйін шыққыр көзім көргеніне опындым... Қаллекиді, Құрманбекті, Елубайды еске алдым, Серке ағайды, Сәбираны сағындым... Асқар Тоқпановты аңсадым...
  •  Өнер жолы ауыр жол екені бесенеден белгілі. Бұралаңы көп осы жолдағы басыңыздан өткен қиын бір кезеңдерді тілге тиек етсеңіз...
  • Өнердегі соңғы бір мүшел өмірім ең қиын кезеңім...

«Тақтан» түскенімді емес (қайбір тақ дейсіз оны), өнерлі ер- тоқымы аумай, үстінен түспеген бәйгі атымның аяғы он екі жыл шідерде болғанын айтамын. Он екі жыл сахнаны сағынып өттім... Он екі жыл бойы Әуезов театрында қойылып жатқан қойылымдарда маған лайық бір роль болмағаны қинады... Белсіз, сөлсіз, мұңсыз, үнсіз, ділсіз, күнсіз спектакльдер менің ғана емес, елдің де еңсесін елең еткізбегені ешкімнің есіне кіріп, «бұл қалай» деген бір бірәдар болмады... Бастықтың басы басқаға жетпеді. Тек жүрген соң, домаланып көп жүрді, саязды кешті, таязды талшық етті, театр талықсыды, өлместің күйін кешті, соны аңсаған, шүкір қылған шауқандардың нафталині мұрын жарды...

  •  «Саясатпен айналыспасаңыз, саясат сізбен айналысады» демекші, жақында өткен әкімдер сайлауы, жалпы, еліміздегі сайлау жүйесі, қоғамымыздағы саяси- экономикалық ахуал жөнінде айта кетсеңіз.
  •  Қазіргі саясат, сайлау жүйесі бүгінгі күннің тиесілісі. Толық демократия болуы әзірге мүмкін емес, қалай болғанда да демократия қадағалануы керек. Бұл оны таптау деп отырғаным жоқ, «қадағалау» деп баса айтып отырмын. Қадағалаудың артында қорғаштау да жатыр... Бет-бетімен, бейберекет кету анархияға алып баратынын ұғынған артық емес. Әсіресе, қазақ сынды қайыру білмес, көңілшек, еліктегіш, артын көп ойламайтын, аңғал да таза көңіл халыққа еге болып, қаупайлап, қақпайлап отырған артық етпейді. Жалпы алғанда, елдегі саяси-экономикалық жағдай орнықты. Ең бастысы Елбасымыз іскер, ұлтын есепсіз сүйетін үлкен парасат иесі, алды кең, арты кешірімді адам. Қайсыбір кетіп жатқан әттеген-кемшіліктер түбінде түзелетін шаруалар. Қатты алаңдардай, қиюы кетіп, қирап жатқан ештеңе жоқ. Ел аман, жұрт тыныш, заманның жаңа ырғағына төселіп алды, ертеңіне сенімі орныққандай... «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» заман демегенмен, көрші елдерден көш ілгері екенімізді есі барлардың бәрі де біледі емес пе... Басқаны былай қойып, кеше ғана бой көтерген көз қарықтырар «Астана-Операдай» ғасырға кететін ғимарат қатарымыздағы қай елде салынды! «Бірі кем дүние» дегендей, бірді екілі мүлт кетулер болмайтын заман бола ма,

«бес саусақ бірдей емес»... Жанымды жеген біраз «жегіні» жоғарыда айтудай-ақ айттым. Менің дертім ұлы өнер, сол аяқ асты болмаса екен, әлемдік деңгейге өзгеге еліктемей, соларды ғана зор санамай, өзімізді қамшылай, қазақы қанымыз сұйылмай да талай жетістікке, ұлттық өнердегі көшелі биіктерге көтерілуге болады ғой деген ашулы, әрі жасулы арман ғой менікі...

  •  Ұлтымыздың болашағын ойлағанда көңіліңізді не нәрсе алаңдатады?
  •  Тіл мен ділдің болашағы. Онда да, төрде отырған шенеуніктердің өз ұлты мен тіл-діліне немкеттілігі. Ессіз карьераның тексіз құлына айналып, сұғанақтанып бара жатқандары жаныңды түршіктіреді. Ешнәрседен тайсақтамай, талғамай жымқыру мен әр саладағы жемқорлықтың, онымен күрес күшейген сайын тереңдеп,

тойымсызданып бара жатқаны үрейіңді ұшырады. Осы дерттің дендеп кеткендігін еңкейген кәрі мен еңбектеген балаға дейін біледі... Аяқ астынан «байыған», билік басына аярлықпен барған өзімізден басқа ұлттың өзгеге жаны ауырмасын, бір бармағы ішінде болатын аярлығын жиі ұмытатынымыз өкінішті.

  •  Мемлекетіміздің өнер адамдарына қамқорлығына көңіліңіз тола ма?
  •  Жоқ. Жалақы аз, зейнетақы ұят. Қадір арзан. Айтулы артистер «барахолка» базарынан киінеді, назарлары пәс, ұсқындары жұпыны жүреді. Білгенге өнерлісін қайыршыдай күйге түсіру – өлім демей-ақ қояйын, мемлекетке сын. Бүгіндері өнер адамынан гөрі шіренген шенеуніктің абыройы атан түйеге жүк. Өйткені түшкіргің келсе де шалапай шенеуніктің алдына барып, «жығылуға» тура келеді. Өнер бағасы мұрнына бармайтындар, еңбегіңнің, маңдай теріңнің бағамынан хабарсыз болса да, саған тиісті жалақының мөлшерін солар тағайындайды, онда да қаптың түбінде өздерінен, алпауыттардан артық-ауыс бірдеңе артылып жатса. Тіпті атаққа да солардың нұсқау-шаралары арқылы ұсыныласың. Олар да ұялмай-қызармай, иіс білмес мұрындарын шүйіріп, лайықтыларды «елеп-талғайтын» құқыққа ие. Содан да, аяқ астынан ешкім білмейтін, «еңбек сіңірген қайраткерлердің» қаулап шыға келетіні... Мәдениет, өнер туралы заңды қайта қарамаса, көрген күніміз осы. Қазақстанда – орысын, қазағын, немісін, кәрісін, ұйғырын, қуыршағын қосып санағанда 54 театрды құрайды, ал мүйізі қарағайдай мәдениет министрлігі бар-жоғы 9-ақ театрға «қожа». Қалғандары «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында», сұмдық қой! Мәдениет министрі үкімет сағатында осы мәселені көтеруі керек деп ойлаймын. Шүкір, Парламентке, дегдарлы қарындасымыз Дариға Нұрсұлтанқызының назарына біраз ойлар салдық, ұғыстық, үміт оты жанғандай...
  • Әлі де ойнасам деп армандайтын рөлдеріңіз бар ма?
  •  Бар. Ойнасам ба дейтін де, я кино, я қойылым қойсам ба дейтін де арман көп. Оны ұғынар, қолыңды ұзартар кім бар дейсіз? Өз жайыңды өзің ойламасаң, қасыңдағылар қиналғанда қара су да татырмайтын тасжүректер. Өзің ойлауың үшін «орда бұзуың», іске асуы үшін қаражат көзінің «қойнауын» табуың керек. Бір Иманғали қайсымызға жетеді?!...
  •  Сіз «Әне-міне бақ қонардай боп тұратындардың» қатарындасыз ба? Әлде, өзіңізді бақ қонған өнер адамымын деп есептейсіз бе?
  •  Иә. «Бақ» деп өнер бағын мегзесеңіз, шүкір, оның дәмін татқан, жолы болған, Құдайдың көзіне іліккендердің бірімін. Ал, байлық – қолдың кірі, ол жағынан ұяттымыз, кезінде ештеңені «қаптырып» қала алмадық. Ұят пен намыс тұсау болды, жұрт жапа-тармағай жан-жағын

«жалмап» жатқанда, біздің ойымыз қара шаңырақты өтпелі кезеңнің өткелінен аман алып қалудың қамында болды, «анау болды, мынау болды».. «Аутсайдер» атансақ та, әйтеуір, Аллаға шүкір, тамағымыз тоқ, киіміміз бүтін, ұйқымыз тыныш...

  •  Өнер адамдарының жеке өмірі көпшілікті қызықтыратыны сөзсіз. Қырықтың қырқасына шыққаныңызда жиырмадағы қызғалдақтай құлпырған Дәрия қызды қалай қолыңызға қондырдыңыз?
  •  Ол енді менің жеке шаруам, өмір бәйгесінен бұйырған «жүлдем». Қалай екенін айтпай-ақ қояйын... Қызғалдақтай құлпырған Дәрия қызыңыз кезінде Оңтүстіктің, бүкіл Қазақстанның қыз сыны жарыстарында бас жүлделердің біразын беліне байлаған. Басқа сұлулар шетелге, байшыкештердің жетегіне еріп кетіп жатқанда, өз елінде қалған жалғыз қыз осы. Өзге ұлтқа «қолды» болмай, қазақ өнерінің қабырғасын ұстазы Хадиша Бөкеева апайының нұсқаған жолымен ары ұзартып,

қолынан келгенше көркейтіп жүргенінде менің де ептеген септігім бар шығар...

  •  Отбасында бала тәрбиесіне қаншалықты көңіл бөлесіз? Балаларыңыздың өнерге деген бейімі бар ма?
  •  Балажанмын. Қатты ұрса алмаймын. Еркелетемін. Биыл қызым Аққу бірінші сыныпқа барады. Алдындағы ағалары Ақсұлтан мен Ақсұңқар жыл сайын мақтау қағазға оқып жүр. «Бестік» баға алмаған күндері мамаларының қаһары қатты болатынын біледі...
  •  Өнер адамының басынан түрлі қызықты оқиғалар өтетіні белгілі. Сондай бір қызықты оқиғаңызбен бөліссеңіз...
  •  Өнер адамының өмірін қызық санайтындай, қызығатындай дәнеңесі жоқ, қызығынан «шыжығы» көп екенін білер ме екенсіздер... Шын өнерпаз мұңшыл... Қызық оқиғадан гөрі мұң шерткеніміз дұрыс шығар... Аталы сөз аузына түспейтін бірбоссақалағамыздайарзан анекдотайтып, аңқау елге арамза молда болар жайым жоқ... Жолымыз ауыр, тұзымыз жеңіл адамдармыз, аяғымыздың шалысы, сүрініс- қабыныстарымыз қаймана жұртқа бадырайып көрінеді. Басқа мамандықтың адамдарының өмір жолы мен «қызық- шыжықтары» асып-төгіліп жатса да, біздің «мүлтіміз» түрпідей тиеді. Көбіміз елдің ықыласының қадірін ұқпай, тәртіпсіз тайраңға берілер жайымыз жоқ екенін білмей, бұл дүниеден жеңіл-желпі, желіп өтіп барамыз...

Сұхбатты жүргізгендер:

 Гүлмира Садық, Орынбек Сахидәулетұлы

ЭПИЛОГ ОРНЫНА…

САТҚЫНДЫҚ ЖАСАМАҒАН АДАМ

(Сырт көзден салынған зер)

Ол – атақ-даңқтан кенде емес...

Ол басшылық қызметтер де атқарды... Ол – әнші де...

Ол туралы ақиқат пен аңыздың неше атасы ел кезіп жүр...

 Алайда халық оны ТҰҢҒЫШБАЙ деп біледі. Солай деп атайды.

Достары Тұңғышбайды Адам деп таниды. Нағыз актер ретінде мойындайды. Қырын қабақ танытатын қастардың да болуы – өмір заңы шығар...

 Шексіз көк аспан... Шетсіз кең дала... Ескі әуен... Қобыз сарыны... «Жаратқан ием! Сен бізді өз бейнеңнің болмысы мен үлгісінен жаратып, ұрық шашып, ұрпақ көбейтуімізге бәтиғаңды бердің. Тәубемізден танып кетпеуді ғана ескертіп, бізге жерге иелік етіп, бүкіл тірі жан-жануарларға да билік жүргізуге де иелік берген Өзің. Құдіретіңе құлдық ұрдық, Жасаған!.. Бізден кейінгі ұрпақтың жүрегіне ізгілік нұрын төге гөр! Олар жер бетінде қызғанышсыз, кексіз ғұмыр кешуіне себеп бола гөр! Олардың бір-біріне деген бауырмалдығы мен берік махаббат сезімін жүректерінде толтыра гөр!..»

Адам Ата Алла Тағалаға осылай деп жалбарынады. Өз күнәсі үшін ғана емес, ұрпағының күнәсі үшін де!..

 Тұңғышбай Жаманқұлов бенефисі «Қабыл – Адам Ата перзенті» қойылымындағы осынау монологпен басталды. Онан соң...

Актер бірде патшалардың патшасы ұлы Кир бейнесінде

«кетпе менің қасымнан...» деп Тұмар ханшайымның ақылы мен көркіне тамсанса, енді бірде: «Талауға түсер малың бар, таласқа түсер жерің бар, талықсып жатқан елің бар, есесі кетер ұлың бар, етегін ашар қызың бар... Көресің бе,

әлеумет!..» деп хан Абылай болып үш жүзді соңынан ертіп ұлы жорық бастайды. Қазақ кегін қуады...

Кей жұрт «Абылай ханнан» кейін Тұңғышбайға

«айғайшыл актер» деп кінә артты. Өр Абылайдың өксікке толы өктем сөздерінің бояуын ашу үшін өр дауыс керек. Тұңғышбайда ол дауыс бар. Өр мінезді хан болмысының қатпарын түсіну үшін өр мінез керек. Тұңғышбай – өр мінезді актер. «Іш қазандай қайнағанда» хан түгілі нәзік жанды ақын да өктем сөйлейтіні хақ. Ал Абылай қалайша сызылтып сөйлемек? Тұңғышбайдың күн күркірегендей дауысын

«құр айғай» деп емес, елі үшін аһ ұрған ханның азапты үні, жанайғайы деп қабылдаған жөн болар. Абылайдың күйі мен күйігі актер көкірегінде бұрқ-сарқ қайнап, сыртқа лықси төгіледі. Абылайдың өксігі көрерменге жетеді. Тарихи тұлғаның бейнесі бүгінгі ұрпаққа бір адым жақындай түседі. Көрермен Абылайдың арман-мұңын да, зар-заманның зарын да жүрегінен өткізіп, Абылаймен бірге егіледі. Тарам- тарам көз жасы бетін жуған, елім деп еңіреген Абылай бейнесіндегі Тұңғышбайды сахнадан талай көрдік. Сонда Тұңғышбаймен бірге көрермен де көз жасын сығып алып отырды. Көрерменнің сахнадағы оқиғаға сеніп қана қоймай, сол оқиғаға жанымен еніп, оны жүрегімен қабылдауы – күнде бола бермейтін құбылыс. Бұл – образ құдіреті. Кейіпкер мен актердің біртұтас әлемге айналуы...

 Тұңғышбай – қазақы сөздің мәйегін терең түсініп қана қоймай, оны ой қазанында қорытып, жүрек елегінен өткізіп, көрермен жүрегіне жеткізе білетін актер. Сөз киесі туралы ойын ол былай кестелейді: «Қазақ өмірінде, қазақ сахнасында қазақ сөзіне тең келетін әрекет жоқ. Қазақ – сөзге тоқтаған халық. Қазақ – сөзбен «бауыздаған» халық. Қазақ – ердің құнын екі ауыз сөзбен шешкен халық... Бүгінгі қазақ сөзінің азып бара жатқаны – театрдың ғана емес, бүкіл мемлекеттің, ұлтымыздың трагедиясы!..» дейді. Шешендік өнердің театрда алатын орны туралы Тұңғышбай Жаманқұловтың ғылыми жұмыс жазып, кандидаттық диссертация қорғауы – оның сөз киесін сезініп қана қоймай, бұл мәселені көптен зерттеп-зерделеп жүргендігін дәлелдесе керек.

Тұңғышбай – талапты шәкірттер тәрбиелеп,

олардың талантын ұштаған ұстаз. Тұңғышбай ағаның шеберханасында екі жыл дәріс алғаным бар. Сонда ол үнемі: «Сахна – қасиетті қағба. Сахнаның киесінен қорқу керек. Сахнаға шыққанда «бісміллә!» деп оң аяқтарыңмен аттаңдар. Сахна бір-ақ сәтте әуелетіп аспанға көтереді, немесе бір-ақ сәтте құлдилатып шыңырауға лақтырады...» дегенді әр сабақ сайын қайталайтын. Бар білгенін үйретуден жалықпайтын...

 М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында қырық жылға жуық қызмет еткен Тұңғышбай Жаманқұлов кеше ғана осы қара шаңырақта өзінің 60 жылдық мерейтойын атап өтті. Халық алдында есеп берді. Ел назарына ұсынылған бірнеше қойылымдардың үзінділері мен экран арқылы көрсетілген кино-үзіктер – актер галереясындағы

«байлықтың» жүзден бірі ғана шығар. Дегенмен бұл кеш – Тұңғышбай Жаманқұлов шығармашылығының тұтас картинасын көз алдымызға әкелгендей болды. «Қазақфильм» Ұлттық компаниясы ұсынған «Тұңғышбай феномені» атты деректі фильмді тамашалағанда актер өз көрермендерімен сырласқандай әсер алдық.

 Бүгінгі кеште көрермендер Тұңғышбай Жаманқұловтың орындауындағы «Барып қайт, балам», «Өнер адамы», «Бір күн озып бара жатыр бір күннен» әндерін тыңдағысы келген болар. Алайда ол кісі халыққа «Біз әлі кездесеміз» атты жаңа ән тарту етті.

 Кеш соңында Әкемтеатрдың көркемдік жетекшісі, Қазақстанның халық артисі Е.Обаев мерейтой иесіне құттықтау телеграммаларын табыс етті. Елбасы Н.Назарбаев өз құттықтауында: «Құрметті Тұңғышбай Қадырұлы! 60 жасқа толған мерейтойыңыз құтты болсын! Сіз – еліміздің театр және кино өнерін дамытуда өзіндік үлкен орны бар, жан-жақты дарын иесісіз. Сіздің бойыңыздағы театр сахнасы мен кино экранындағы алуан асқарлы бейнелерді айшықты етіп көрсете алатын табиғи талант пен ізденгіштік қасиетті өнерсүйер қауым әрдайым жоғары бағалайды. М.Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театрының сахнасында және ұлттық кино өнеріміздің жауһар туындыларында сомдаған кейіпкерлеріңіз көрермендер жүрегінен өшпес орын алды деп айта аламыз...» деп актер шығармашылығына

жоғары баға береді. Сонымен қатар театр басшысы Сенат төрағасы Қ. Тоқаевтың, Мемлекеттік хатшы Қ.Саудабаевтың, ҚР Президентінің Баспасөз хатшысы Б.Исабаевтың, басқа да ел ағаларының жылы лебіздерін жеткізді. ҚР Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының, Мәдениет министрі М.Құл-Мұхаммедтің құттықтау хаттарын вице- министр А.Бөрібаев табыс етті. Жамбыл облысының әкімі Б.Жексембиннің атынан мерейтой иесіне шапан жабылды, ал Алматы қаласының әкімі А.Есімов темір тұлпардың кілтін табыс етті. Актердің жерлестері оның «Сөз» атты екі томдық кітабын шығаруға ат салысыпты.

 Тараздағы гидромелиоративтік-құрылыс институтын тастап, Асқар Тоқпановтың «тоқпағы» мен Хадиша Бөкееваның аялы алақанына топ ете қалған Тұңғышбай бір сөзінде: «Сахнаға сатқындық жасағаным жоқ» депті. Сахнаға ғана емес, Ол – Адам деген абыройлы атқа да, Қазақ деген ұлтқа да сатқындық жасамаған азамат. Биік тұлға. Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, өнертану кандидаты, профессор Тұңғышбай Жаманқұлов – актер ретінде ғана емес, білгір ұстаз, білікті басшы ретінде де қазақ өнеріне бергені де көп, берері де мол алтын қазына.

Тек қадіріне жете алмай жүргендейміз...

Сәуле Әбединова,

театртанушы-журналист

МАЗМҰНЫ

АЛҒЫ СӨЗ ОРНЫНДАҒЫ АҒАЛАР ОЙЫ

Д.Исабеков. САРАБДАЛ СУРЕТКЕР САЛҒАН ЖОЛ.4

М.Байсеркеұлы. ІНІ ӘРІПТЕСТІҢ ІРІ ЕҢБЕГІ.6

БІРІНШІ БӨЛІМ ШЫМЫЛДЫҚТЫҢ АР ЖАҒЫ

(Ғылыми зерттеулер мен мақалалар, аударма)

БІР ҚОЙЫЛЫМ – МЫҢ БІР УАЙЫМ НЕМЕСЕ

ЕКІНШІ БӨЛІМ ШЫМЫЛДЫҚТЫҢ БЕР ЖАҒЫ

(Таңдамалы сұхбаттар, одағай ойлар)

«ТЕАТР – МЕНІҢ ҚАСИЕТТІ ҚАҒБАМ»

(«Егемен Қазақстан» газетіне берілген сұхбат).192

«ЖАҢА ФИЛЬМ» ЖУРНАЛЫНА БЕРІЛГЕН СҰХБАТ202

«ШАЙНАЙ-ШАЙНАЙ, ШЫНТАҒЫМ ҚЫЗЫЛ АЛА ҚАН.»

(«Жұлдыздар отбасы» журналына берілген сұхбат).207

«МӨЛДІРБҰЛАҚ».219

«КЕШЕГІ БИІКТІК – БҮГІНГЕ ҚӨЖЕ ҚАТЫҚ БОЛА АЛМАЙДЫ»

(«Алаш айнасы» газетіне берілген сұхбат).224

«ҚАЗАҚСТАН-ZAMAN» ГАЗЕТІНЕ БЕРІЛГЕН СҰХБАТ238

«НЕ НАДО ПОДЫГРИВАТЬ ПУБЛИКЕ».247

«АБЫЛДЫ ӨЛТІРГЕН ҚАБЫЛДЫҢ ДА ҰРПАҚТАРЫ.254

ЖЕР БАСЫП ЖҮР...» («Сақшы» газетіне берілген сұхбат).254

«АБЫЛАЙ ТУРАЛЫ ҚОЙЫЛЫМДАРДЫҢ ОБАЛЫ. » («Аңыз адам»

журналының сұрақтарына жауап).264

ӨНЕРЛІГЕ СЫН АЙТУ – ӨРЕЛІНІҢ ІСІ

(«Мәдениет» журналының сұхбаты).268

«ӨМІР – ЕҢ НАШАР ТЕАТР!..»

(«Алтын орда» газетіне берілген сұхбат)273

«.ӨЗІМДІ САТУДЫ ӘДЕТ ҚЫЛМАДЫМ»

(«Халық сөзі» газетіне берілген сұхбат).284

…БЛИЦ-ИНТЕРВЬЮ («Халық сөзі» газетіне берілген сұхбат).292

«ЖҰЛДЫЗДАР ОТБАСЫ» ЖУРНАЛЫНЫҢ ТЕЛЕФОН АРҚЫЛЫ ТІКЕЛЕЙ СҰХБАТЫ295

«БОЙЫМДАЙ БОЙ ТАПСАМ ДА, ОЙЫМДАЙ ОЙ ТАППАДЫМ. »

(«Оңтүстік Қазақстан» газетіне берілген сұхбат).301

«ӨНЕР – ҚАН ЖҮРЕКТІҢ КӨРКЕМДІГІ»

(«Керемет» журналының сұрақтары).313

«ТЕАТР – ДЕМАЛАТЫН ШИПАЖАЙ ЕМЕС. »

(«Жас қазақ» газетіне берілген сұхбат).320

«ӨНЕР БІЗГЕ ЕМЕС, БІЗ – ӨНЕРГЕ ҚЫЗМЕТШІМІЗ…» («Алаш айнасы» газеті үшін)332

«ҮЙІРІНЕН АЙЫРЫЛҒАН...» («Босағада жатқан шындық ит»).348

«ТЕАТР РЕЖИССЕРІНЕ ЕРКІНДІК КЕРЕК!..» (Шығармашылық еркіндікке төгілген шер)353

«.БҮГІНГІЛЕР ЗАМАННЫҢ ТАМЫРЫН ЕМЕС,

«ҚАМЫРЫН» ИЛЕП ЖҮР...».361

С.Әбединова. САТҚЫНДЫҚ ЖАСАМАҒАН АДАМ

(Сырт көзден салынған зер)378

ТҰҢҒЫШБАЙ ӘЛ-ТАРАЗИ

ШЕР

(Шымылдықтың ар жағы мен бер жағы)

«Өнер 21-ғасыр» қоғамдық

қорының төрайымыҚарлығаш Оспанова

РедакторыЕрмек Ерназаров

СуретшісіМәди Қамашбаев

Компьютерде қалыптағанҚорлан Қошамбаева

ИБ № 1094

Басуға 20.10.2013 берілді. Пішімі 84х1081/ .

Шартты баспа табағы 20,0. Офсеттік басылым.

Таралымы 2000 дана.

Тапсырыс №

«Өнер 21-ғасыр» қоғамдық қорының мекенжайы: Алматы қ., “Керемет” ықшамауданы, 7-үй, 26-пәтер; Тел: 8(727) 394-52-08; 394-37-74

E-mail: oner-21-gasyr@mail.ru



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?
Пікір жазу