Адам балық - Александр Беляев - Роман


Роман
Алыс қиырдағы ыстық елде су жағасындағы жартастың ұшар басында бір үй тұр. Бұл үйде Құдай өмір сүреді. Жергілікті аборигендер өзінің ізгі еңбегімен кедей шаруалар мен балықшыларға көмек жасайтын данышпан хирург – доктор Сальваторды осылайша атайды. Бірде доктор Сальватор кішкентай баланың өмірін акуланың желбезегін трансплантациялау арқылы сақтап қалады. Содан кейін баланы өзіне қалдырып, оны өзі тәрбиелей бастады. Осылайша амфибия-адам Ихтиандр пайда болды.

Table of Contents

«СУ ПЕРІСІ»

ДЕЛЬФИНГЕ АТША МІНІП

ЗУРИТАНЫҢ СӘТСІЗДІККЕ ҰШЫРАУЫ

ДОКТОР САЛЬВАТОР

НАУҚАСТАНҒАН НЕМЕРЕ ҚЫЗ

ҒАЖАЙЫП БАҚ

ҮШІНШІ ҚАБЫРҒА

ШАБУЫЛ

АДАМ-БАЛЫҚ

ИХТИАНДРДЫҢ БІР КҮНІ

ҚЫЗ БЕН ҚАРА ТОРЫ КІСІ

ИХТИАНДРДЫҢ ҚЫЗМЕТШІСІ

ҚАЛАДА

ТАҒЫ ДА ТЕҢІЗДЕ

БОЛМАШЫ ӨШ АЛУ

ЗУРИТАНЫҢ ШЫДАМЫ ТАУСЫЛДЫ

КЕЛЕҢСІЗ КЕЗДЕСУ

СЕГІЗАЯҚТАРМЕН ШАЙҚАС

ЖАҢА ДОС

ЖОЛДА

БҰЛ – «СУ ПЕРІСІ!»

БАР ЖҮРІСІНЕ САЛ

ТАҢҒАЖАЙЫП ТҰТҚЫН

ИЕСІЗ ҚАЛҒАН «МЕДУЗА»

СУҒА БАТҚАН КЕМЕ

ЖАҢАДАН ТАБЫЛҒАН ӘКЕ

ЗАҢ ШЫТЫРМАНЫ

ДЕЛҚҰЛЫ ДАНЫШПАН

АЙЫПКЕРДІҢ СӨЗІ

ТҮРМЕДЕ

ҚАШУ

Александр Беляев

Адам балық

Орыс тілінен аударған

Х.Тілемісов.

«Адам-балық» – су астында өмір сүре алатын жігіт жайындағы шығарма. Алыс қиырдағы ыстық елде су жағасындағы жартастың ұшар басында бір үй тұр. Бұл үйде Құдай өмір сүреді. Жергілікті аборигендер өзінің ізгі еңбегімен кедей шаруалар мен балықшыларға қайыр қылып, сауап жасайтын данышпан хирург – доктор Сальваторды осылайша атайды. Бірақ доктор тек қана ем-дом жасап табиғаттың қателіктерін түзетумен ғана шектелмейді, ол Құдайға лайықты іс- әрекетке барады. Ғылымның ең озық жетістіктерін пайдалана отырып және өзінің талантының арқасында ол екі стихияда өмір сүре алатын, бірақ адамдық тіршілік шындықтарына икемделмеген адам жасап шығарады.

«СУ ПЕРІСІ»

Б і р і н ш і б ө л і м

Аргентина жазының қаңтардағы қапырық түні. Қараңғы аспанда жұлдыздар жамыраған кез. «Медуза» зәкір тастаған күйі тырп етпестен жағада тұр. Шолп-шолп соққан толқын да, сықырлаған кеме құрал-жабдықтары да түн тыныштығын бұза алар емес. Мұхит бейне қалың ұйқыға шомғандай.

Кеме палубасында жартылай жалаңаш інжу тергіштер жатқан. Жұмыс пен аптап ыстықтан қалжыраған байғұстар аунақшып, аһылап-үһілеп, ұйқысырап жатып ара-тұра айқайлап та жібереді. Аяқ-қолдары әлсін-әлі ербең ете түседі. Бәлкім, түстерінде ежелгі жаулары акулаларды көріп жатыр ма, кім білсін. Осынау үп еткен желі жоқ тымырсық күндерде жұрттың жұмыстан титықтайтыны соншалық, інжу теру аяқталған соң, байғұстардың қайықтарын палубаға көтеруге де шамалары келмейтін. Әйткенмен, соны көтеріп те қажеті жоқ-ты: ауа райы өзгерерліктей еш белгі білінбеген. Сондықтан да қайықтар түнемелікке зәкір шынжырына байлаулы күйінде, су бетінде қалдырылған. Тақтайшалары тегістелмеген, такелаждары дұрыстап тартылмаған, жиналмаған үш бұрышты желкені самал желмен сәл-пәл дірілдей желбіреп қояды. Палубаның бак пен ют арасындағы бос жерінде тау-тау болып үйіліп інжу қауашақтары, маржан тастарының сынықтары, терімшілер байланып ап су түбіне түсетін арқандар, тапқан қауашақтарын салатын кенеп қапшықтар, бос күбілер жатыр. Кеменің артқы жақтауына тақау тұрған діңгектің түбіне ішіне ауыз су құйылған және сабына шынжыр байланған темір ожауы бар, үлкен күбі қойылған. Күбінің айналасында палубаға су төгілгеннен қалған қара дақтар көрінеді.

Мезгіл-мезгіл терімшілердің біресе анасы, біресе мынасы ұйқылы-ояу күйде ұйықтап жатқандардың аяқ-қолдарын баса- маса, қалбалақтап жүріп су тұрған күбіге қарай беттейді. Көздерін де ашпастан ожауды толтыра қылқылдата жұтады да, бейне бір су емес, таза спирт ішкен кісідей кез келген жерге сұлай-сұлай кетіседі. Терімшілерді қинайтын шөл еді: ертеңгісін жұмысқа барарда тамақ ішу қауіпті – адам деген мұндайда судың қысымын қатты сезінеді, сол себепті олар күні бойы, қашан су бетіне қараңғылық түскенше аштан-аш жүріп жұмыс істейтін де, тек ұйықтар алдында ғана тамақ ішуге мәжбүр болатын, оның үстіне беретіндері тұздалған ет болса...

Түнгі күзетте үндіс шалы Бальтазар тұрған. Ол – «Медуза» шхунасының иесі, капитан Педро Зуританың ең жақын көмекшісі болатын.

Жас шағында Бальтазар әйгілі інжу теруші болған: ол су астында тоқсан, тіпті жүз секундқа дейін қала алатын – бұл әдеттегіден екі есе көп-ті.

«Қалайша деймісің? Себебі біздің кезімізде баули білетін және бұған сәби кезіңнен машықтандыратын, – деп әңгімелейді Бальтазар інжу теруші жастарға, – мәселен, әкем мені Хозенің жел қайығына оқуға бергенінде, менің он жасар шамасындағы бала кезім еді. Оның он екі бала шәкірті болды. Ол бізді былайша үйрететін: суға ақшыл тас немесе қауашақ лақтырады да: «Сүңгіп алып шық!» – деп бұйыратын. Сосын әр лақтырған сайын тасты бірте-бірте тереңірекке тастайтын. Алып шықпасаң құрығаның – кендір арқанмен немесе өрме қамшымен жоныңнан таспа тіледі және иттің күшігіндей ғып суға қайта лақтырады: «Қайта сүңгі!» – дейді. Әне, бізге сүңгуді сөйтіп үйреткен. Содан соң бізді су астында неғұрлым ұзағырақ болуға машықтандырды. Тәжірибелі қарт терімші алдымен теңізге өзі сүңгіп, зәкірге кәрзеңке немесе ау байлап келеді. Ал біздер содан соң сүңгиміз де, әлгілерді су астында жүріп шешуге тырысамыз. Содан қашан шешкенге дейін сыртқа көрінбей-ақ қой. Ал көрінсең – қамшы мен арқанға арқаңды тосуыңды біл.

Біздерді аямай сабайтын. Бұған бірен-сарандар ғана төзе алатын. Ал өз басым бүкіл аймақтағы ең озық терімші болып шықтым. Табысым да тәп-тәуір еді».

Қартайған кезінде Бальтазар інжу іздеу тәрізді қауіпті кәсібін тастағанды. Сол аяғын акула шайнап жарымжан етсе, зәкір шынжыры бүйірінің борша-боршасын шығарған. Оның Буэнос-Айресте кішігірім дүкені болатын да, ол сонда інжу- маржан, қауашақтар және теңіздің сирек кездесетін тастарын сататын. Бірақ жағада жүрсе теңізді сағынатын да, ара-тұра інжу теруге аттанатыны бар-ды. Кәсіпкерлер де мұны бағалай білетін. Ла-Плат шығанағын, оның жағалауларын және інжу қауашақтарының көбірек кезігетін жерлерін Бальтазардан артық білетін жан адам жоқ-ты. Терімшілер де сыйлайтын мұны. Ол бәрінің де – терімшілердің де және олардың қожайындарының да тілін таба білетін-ді.

Ол жас терімшілерді осынау кәсіптің небір қимылдарын меңгеруге баулитын: тынысыңды қалайша ұстауға болады, акулалардың шабуылына қайтіп тойтарыс беруің керек, кейде көңілденген кездерінде – сирек кездесетін інжуді қожайыннан жасырып қалудың жолдары қайсы – осыған шейін айтып берер еді.

Иә, кәсіпкерлер, қайық иелері оның қадірін білетін: бір қарағаннан-ақ інжуді тани білетіндігі және қожайынның пайдасына сирек кездесер інжулерді шапшаң сұрыптап бере алатындығы үшін бағалайтын.

Сол себепті де кәсіпкерлер оны әрі көмекші, әрі кеңесші ретінде өздерімен бірге жиірек алып жүруге ынталы еді.

Бальтазар бір шағындау күбінің үстінде жұп-жуан сигарасын шегіп отырған. Діңгекке ілінген шам сәулесі оның бетіне түсіп тұрды. Жақ сүйегі аса сорайған емес, сәл шығыңқы, қыр мұрынды және жанары кең, сұлу көзді – нағыз арауканға1

1 Араукан – Оңтүстік Африка үндістері, Чилидің негізгі халқы солар.

тән пішінді кісі еді ол. Бальтазардың қабағы біресе ауыр жұмылып, біресе баяу қайта ашылады. Ол қалғып отырған. Бірақ оның көзі ұйқыда болғанымен, көңілі ояу, құлағы сақ. Ол қатты ұйқыға шомған сәтте де құлақтары сергек қалыпта төнген қауіптен сақтандыратын. Ал тап қазір Бальтазар тек ұйқыдағылардың күрсіністері мен күбірлерінен басқа ештеңе естіп отырған жоқ-ты. Жаға жақтан шіри бастаған інжу қауашақтары – моллюскілердің сасық иісі мүңкіп тұр

–      ішіндегі інжулерін оңайырақ алу үшін оларды әдейі солай шірітіп қоятын: өйткені тірі моллюскінің қабыршағын аршу бір қиямет-ті. Дағдыланбаған кісіге бұл иіс күлімсі дүние болып көрінер еді, ал Бальтазар соған рақаттанатын секілді. Інжу тергіш қаңғыбас үшін бұл иіс оның бостандықтағы өмірінің және теңіздегі қауіпті тірлігінің бір белгісі іспетті.

Әдетте ішіндегі інжуін алғаннан кейін қауашақтың ең ірілері «Медузаға» тасылып әкелінетін.

Зуританың есебі түгел: ол қабыршақтарды түймелер мен ілмектер жасайтын фабрикаға сататын.

Бальтазар ұйықтап отырған. Көп ұзамай әлі кеткен саусақтары арасынан сигарасы сусып түсті.

Басы салбырап кеудесіне құлаған.

Бірақ кенет оның санасына мұхит жақтан талып естілген бір дыбыс жеткендей болды. Дыбыс жақынырақтан қайталап естілді. Бальтазар көзін ашып алды. Әлдекім керней тартқан тәрізді еді, содан соң сергек те жас адамның даусы: «Әу!» деп айқайлағандай, ал енді бір сәтте онан да қаттырақ: «А- а!..» деп дауыстағандай болды.

Кернейдің музыкалы әуені кеменің сиренасына, ал әлгі көңілді де көтеріңкі үн суға батып бара жатқан кісінің жан ұшырған айқайына мүлде ұқсамайтын. Бұл деген бір жаңа, бейтаныс әуендер еді. Бальтазар орнынан тұрды; оған ауа бір түрлі салқындай бастағандай сезілді. Ол жақтауға жақындап барып теңіз төріне тесіле қарады. Жан жоқ. Тым- тырыс. Бальтазар палубада жатқан үндісті аяғымен түртіп оятты да, ал анау түрегелген соң, сыбырлап былай деді:

–      Айқайлайды. Бұл, сірә, сол болса керек.

–      Мен түк естіп отырғаным жоқ, – деді үндіс-гурон1 да сыбырлай, өзі тізерлей отырып тың тыңдаған күйі.

Сол-ақ екен, керней үні оқыс сарнап, оған қоса:

–      А-а!.. – деген айқай естілді.

Әлгі дыбысты естіген гурон бейне біреу төбесінен бишік үйіргендей бұға қалды.

–      Иә, бұл, сірә, сол болса керек, – деді гурон, тісі-тісіне тимей сақылдап.

Басқа терімшілер де оянды. Олар бейнебір тас қараңғы түн үрейінен мына әлсіз де сарғыш сәуле ғана аман сақтап қалатындай шам жарығы түскен тұсқа жиылып, үрпиісіп отыр. Бір-біріне жабысып, ұйлығыса тыңдай қалған. Керней сарыны мен әлгі дауыс тағы бір рет алыстан талып естілді де, сосын тым-тырыс болып тұншықты.

–      Бұл – сол...

–      Су перісі, – деп сыбырласты балықшылар.

–      Біз бұл арада енді қала алмаймыз!

–      Бұл акуладан да қауіптірек!

–      Қожайынды шақырыңдар мұнда! Әлдекімнің жалаң аяқ сылп-сылп дыбысы естілді. Палубаға түк басқан кеудесін тырналап, есінеген күйі қожайындары Педро Зурита көтерілді. Үстінде көйлегі де жоқ, кенеп дамбалы ғана бар, жап-жалпақ былғары белбеуіне тағылған револьвердің қабы салбырап тұр. Зурита жұрттың қасына тақады. Шам жарығы оның ұйқылы-ояу, күнге күйген қола тәрізді жүзіне, маңдайына салбырай төгілген қалың бұйра шашына, қап-қара қастарына, жоғары қарай едірейе қалған түбіттей мұрты мен сәл қырау шалған сақалына түсіп тұрды.

–      Не болып қалды?

Оның барылдаған салмақты үні, сенімді қимылы үндістердің есін жидырды, білем.

Олар жамырай шулап қоя берді.

Бальтазар «шуламаңдар» дегендей қолын көтеріп белгі берді де, өзі сөз бастады:

1 Гурон канадалық үндіс тұқымдас халық

–      Біз оның... су перісінің даусын естідік.

–      Көзіңе бірдеңе елестеген шығар! – деп жауап қатты Педро ұйқысын аша алмай, басын төмен салбыратқан күйі.

–      Жоқ, жаңылыс емес. Біз: «а-а!» деген айқай мен керней үнін түгел естідік! – деп шу ете қалысты балықшылар.

Бальтазар әлгі қимылын қайталап жұртты тыныштандырды да, сөзін жалғады:

–      Мен өз құлағыммен естідім. Бұлайша тек су перісі ғана керней шалады. Теңіз бетінде бұлайша кернейлететін және айқайлайтын басқа ешкім де, ештеңе де жоқ. Бұл арадан дереу кетуге тиіспіз.

–      Соқ өтірікті, – деп сәл еріне жауап қатты Педро Зурита.

Оның жағалаудағы әлі шіріп бітпеген, сасық қауашақтарды қайыққа тасығысы, қысқасы, зәкір көтергісі келмеген.

Бірақ ол үндістерді де үгіттеп көндіре алмаған. Олар абыржулы, қолдарын ербеңдетіп у-шу болып: егер Зурита зәкірді көтермейтін болса, жағаға өздері шығып, Буэнос- Айреске жаяу кететіндерін айтып бажылдасты.

–      Су перісін сендермен қоса сайтан атсын, түге! Жақсы. Біз таң ата зәкірді көтерейік, – деп күңкілдеген күйі капитан өз каютасына қарай кетті.

Оның ұйқысы енді шайдай ашылған. Ол шам жағып, темекісін тұтатты да, шағын каюта ішінде бұрыштан-бұрышқа теңселіп жүрді де қойды. Ол осы теңізде жуық маңда пайда болған, балықшылар мен жағалаудағы жұрттың зәресін алған түсініксіз жан туралы ойға шомған.

Ол пәлені әлі еш адам көрмеген, бірақ анау өзі туралы сан рет жұрттың есіне салған. Сол туралы небір аңыздар тарай бастаған. Теңізшілер мұндай ертегілерін әлгі пәле естіп қалмасын дегендей сыбырлап қана айтатын.

Оның біреулерге зиянын, енді біреулерге ойда-жоқта көмегін тигізген жайттары бар-ды. «Бұл – теңіз тәңірісі, – десетін қарт үндістер – ол мұхит тұңғиығынан мың жылда бір-ақ рет, оның өзінде жер бетінде әділеттілікті қалпына келтіру үшін шығады».

Католик священниктер болса, жоққа сенгіш испандарға оны «су перісі» деп иландырмақ болады. Оның келу себебі жұрттың қасиетті католик шіркеуін ұмыта бастағандығынан деп насихаттайды.

Осынау сыбыстар бірден бірге тарап, ақыры Буэнос- Айреске де жеткен. «Су перісі» бірнеше апта бойы өсекқұмар газет тілшілері мен сайқымазақтардың сүйікті тақырыбына айналды. Егер мәнәйі себептермен қайықтар немесе балықшылар кемелері суға кетсе немесе балықшылар аулары жыртылса, яки ұстаған балықтары әлдеқалай жоғалса, бұған жұрт «су перісін» кінәлап шыға келетін. Ал енді біреулері

«пері» кейде балықшылар қайығына ірі-ірі балықтар салып кетеді екен және тіпті бірде суға батқан кісіні құтқарыпты- мыс деп те әңгіме таратқан.

Басқасын айтпағанда суға бата жаздаған бір кісінің былай әңгіме таратқаны рас еді: суға батып кетуі мұң екен, әлдекім арқа жағынан тіреп теңіз бетіне қайтадан итеріп шығарған да, сүйреп отырып жағаға жеткізген көрінеді, ал оның аяғы құмға іліккені сол-ақ екен, құтқарушысы қас қағым сәтте толқынға сүңгіп жоқ болып кетіпті-міс.

Бірақ бәрінен қызығы, әлгі «періні» көзімен көрген тірі жанның болмағандығы еді. Осынау құпия жанның түрі қандай екенін суреттеп бере алатын ешкім жоқ-ты. Әрине, көрдік дескендер де аз емес-ті, солардың айтуынша – «перінің» мүйізі, ешкі тәріздес сақалы, арыстандікіндей табаны және балықтікіндей құйрығы болады-мыс немесе оны адамдардікіндей аяғы бар, мүйізі қарағайдай алып құрбақа етіп суреттейді кейбірі.

Буэнос-Айрестің әкім шенеуніктері бастапқы кезде мұны жұрттың ойдан шығарған өтірігі деп әлгіндей әңгімелерге және газет мақалаларына назар аудара қоймаған.

Бірақ наразылық өте-мөте балықшылар арасында бірден бірге күшейе түсті. Көптеген балықшылар тіпті теңізге шығуға жүрексінегін болды. Балық аулау азайып, жұрт балық тапшылығын сезінді. Содан кейін барып жергілікті өкімет орындары бұл оқиғаны зерттей бастады. Бірнеше бу катерлері мен полицияның жағадағы күзетінің моторлы қайықтары бүкіл жағалауға қатысты мынадай бұйрықпен сапарға аттандырылды: «Жағалаудағы тұрғындар арасында дүрбелең туғызып, бүлік шығарып жүрген белгісіз біреу ұсталсын». Полиция Ла-Плат шығанағы мен бүкіл жағалауды екі апта бойы тінтіп, тіміскілеумен болды, жалған әңгімені әдейі таратқаны үшін бірнеше үндістерді тұтқындады да, бірақ «перінің» ұсталатын түрі байқалмады.

Полиция бастығы бұл маңда ешқандай да «пері» атаулы жоқ, мұның бәрі надан халықтың шығарып жүрген сандырағы, әрі ондайлар түгел тұтқындалады және тиісті жазаларын тартады деп ресми хабарлама жасады да, балықшылардың өсек-аяңға құлақ аспай, балық аулауға шығуларын айтып, үгіттеді.

Біршама уақыттай мұның пайдасы да тиді. Алайда «перінің» әзілі тынбаған еді.

Бірде, түн ішінде, жағадан көп алыста жүзіп жүрген балықшылар, өз қайықтарына қайдан келіп түскені белгісіз бір ешкі лағының маңырағанынан шошып оянған. Енді бір балықшылар ауларын тартып қараса, оны біреу тілгілеп кетіпті.

«Перінің» қайта пайда болғанына қуанған қаламгерлер енді жауапты ғалымдардан күтсін.

Ғалымдар да үнсіз қарап қалмады.

Біреулері мұхитта адамның қолынан ғана келетін тірліктер жасай алатын теңіз әзірейілдері болуы мүмкін емес деп есептеді: «Егер, – деп жазды ғалымдар, – мұндай пәле мұхиттың әлі жете зерттелмеген тереңінде пайда болса, онда бір сәрі». Дей тұрғанмен ғалымдар мұндай жан иесінің ақылды қарекеттер жасай алатындығына шүбә келтіретін. Ғалымдар мен полиция бастығы бір ауыздан мұны бір қылжақбастың жасап жүрген сұмдықтары санаған.

Бірақ ғалымдар ойы да бір жерден шыға қоймаған.

Кейбір ғалымдар бір кезде су қызы, су перісі, су монахы мен су епископы туралы әсірелеп жазған швейцарлық табиғат зерттеуші Конрад Гесснерге1 сілтеме жасады.

«Қалай дегенде де көне және орта ғасырлық ғалымдар жазғандарының көбі, жаңа ғылым ескі ілімді мойындамағанына қарамастан, ақыр соңында шындыққа айналған. Құдай тағаланың құдіреті күшті, демек, біздерге, ғалымдарға, тұжырым жасағанда, басқа жұрттан гөрі мейлінше сыпайыгершілік пен сақтық жасау ләзім», – деп жазды кейбір қарт ғалымдар.

Айтпақшы, осынау сыпайы да сақ жандарды ғалым деп атаудың өзі қиын еді.

Өйткені олар ғылымнан гөрі кездейсоқ ғажайыпқа көбірек сенетін және олардың дәрістері уағыз насихатқа көбірек ұқсайтын-ды. Ақыр соңында, айтыстың шешімін табу мақсатында ғылыми экспедиция шығарылды. Экспедиция мүшелеріне «перімен» кездесу бақыты қонбады. Бірақ олар

«белгісіз біреудің» (қарт ғалымдар «біреу» орнына «мақұлық» деген сөзді қолданылуын талап етті) неше түрлі әрекеттерін естіп білді.

Баспасөзге жарияланған баяндамаларында экспедиция мүшелері былай деп жазды:

1.      Кейбір жерлердегі құм қайраңдарынан біздер адамның енсіз табандарының ізін кезіктірдік. Іздер теңізден шығып келіп, қайыра теңізге еніп кеткен. Әйтсе де мұндай іздерді жағаға қайыққа отырып келген кісінің қалдыруы да ықтимал.

2.      Біз зерттеген ау торлары өткір қарумен тілінген болуы мүмкін. Бәлкім, аулардың су астындағы үшкір жартастарға немесе бір кезде батып кеткен кемелердің қалдықтарына ілініп, жыртылуы да ықтимал.

1 Конрад Гесснер – XVI ғасырдың ғалымы. Көп уақыттар бойы табиғат зерттеушілерге ықпалы күшті болған. «Хайуандар тарихы» атты кітап жазған кісі.

3.      Көрген кісілердің айтуларына қарағанда, дауыл жағаға судан тым алысқа лақтырған дельфинді әлдекім түн ішінде сүйреп теңізге қайта түсірген секілді, оның үстіне құм бетінде адамның сояудай тырнағының ізі қалған. Сірә, әлдебір мейірбан балықшы дельфинді теңізге сүйреп әкетсе керек.

Дельфиндердің балықты қуып жүріп, жағаға қарай топтап айдайтыны, тайызға шығарып тастайтыны, сөйтіп, балықшыларға көмектесетіні болады. Ал балықшылардың дельфиндерді қауіп-қатерден құтқарып қалатындары да – жиі кездесетін оқиға. Әлгі сояудай тырнақ ізін адам өз саусақтарымен әдейі сызып қалдыруы да, жұрт оны тырнақтың ізі деп қабылдауы да әбден мүмкін.

4.      Лақты әлдебір қылжақбастың қайықпен әкеп, әдейі тастап кетуі ықтимал.

Ғалымдар «Пері» қалдырған жұмбақ іздердің шешімін табарлықтай басқа да түрлі дәлелдемелер келтірген.

Ғалымдар бір де бір теңіз құбыжығының мұншалықты қиын қарекеттер жасай алуы мүмкін емес деген тұжырымға келген.

Әйтсе де бұл түсініктемелер жұрттың бәрін бірдей қанағаттандыра алмады. Тіпті бұл түсініктемелерді нанымсыз деп бағалағандар ғалымдардың өз ортасынан да табылды. Неше жерден айлакер және қажуды білмейтін қылжақбас болса да, бір кісінің жұрт көзіне ілікпей осыншама қарекеттер жасауы мүмкін емес-ті. Бірақ ғалымдар өз баяндамасында атап көрсетпеген ең басты бір дүние мынау еді: «пері» өзінің ерліктерін тым қысқа уақыт ішінде әрі бір-бірінен қиырда жатқан жерлерде жасап үлгеретіні анықталған. Демек, «пері» мейлінше шапшаң жүзе біледі немесе оның елден ерек бір аспаптары бар, яки болмаса «пері» жалғыз емес, олар бірнешеу. Бірақ олай екені рас болса, онда мына қалжыңның астарында әрі түсініксіз, әрі аса үрейлі бірдеңелер жатқаны. Педро Зурита каюта ішінде ерсілі-қарсылы теңселіп жүріп осынау таңғажайып оқиғаларды түгел еске түсірді. Ол таңның

қалай атқанын және кішкене әйнек арқылы ішке қызғылт сәуле түскенін де аңғарған жоқ. Педро әлден соң шамды сөндіріп, жуына бастады. Төбесіне жылы су құйып тұрып ол палуба жақтан шыққан үрейлі дауыстарды естіді. Зурита жуынып бітпестен баспалдақтармен жүгіре басып жоғарыға көтерілді.

Белдеріне кенеп белдемше байлаған жалаңаш терімшілер кеме жақтауы жанында қолдарын ербеңдетіп, жөнсіз бажылдасып жатты. Педро төменге қарап, жатарда ғана байланып қойылған қайықтардың жіптері шешіліп, бос жатқанын көрді. Түнгі самал оларды едәуір жерге, ашық теңізге апарып тастаған. Енді таңертеңгі бәсең жел оларды жағаға қарай баяу қуалап келе жатыр екен. Шашылып тасталған қайық ескектері шығанақ бетінде қалқып жүр.

Зурита терімшілерге тездетіп қайықтарды жинаңдар деп бұйырды. Бірақ ешкімнің де палубадан төмен түскісі келмеді. Зурита бұйрығын қайталап айтты.

–      Пері тырнағына іліккің келсе, өзің-ақ бар, – деп жауап қатты әлдекім.

Зурита револьвердің қабына жармасты. Терімшілер тобы кері шегінді де, діңгек түбіне топтаса бастады. Терімшілер Зуритаға өшіге қарасып қалған. Қақтығыс болардай көрінген. Бірақ осы сәт Бальтазар килікті.

–      Араукан ешкімнен де қорықпайды, – деді ол, – акула да мені жей алмаған, шалдың қу сүйектеріне перің де қақалар. – Осылай деп ол қолдарын төбесіне көтере жақтаудан суға бір-ақ секірді де, таяу тұрған қайықтардың біреуіне қарай жүзе жөнелді.

Енді терімшілер түгелімен жақтауға жетіп, Бальтазардың қимылын байқап тұрды. Қарттығына, аяғының кемдігіне қарамастан ол тәп-тәуір жүзетін. Құлаштай жүзіп, қайыққа малтып жетті де, қалқып жүрген ескекті ұстай алып, қайыққа мінді.

–      Арқан пышақпен қиылған, – деп айқайлады ол, – және әдейілеп қиылған. Пышағы ұстара тәрізді өткір болса керек.

Бальтазарға ештеңе болмағанына көздері жеткен терімшілердің бірнешеуі соның артынша-ақ суға күмп берді.

ДЕЛЬФИНГЕ АТША МІНІП

Күннің шыққаны жаңа ғана еді, аяусыз күйдіре бастады. Күмістей жалтыраған көгілдір аспанда шөкімдей де бұлт жоқ, мұхит беті тып-тыныш. «Медуза» бұл кезде Буэнос-Айрестің түстігіне, жиырма шақырымдай жерге тоқтаған. Бальтазар- дың ақылымен зәкір судан екі айыр болып шығып тұрған жартасты жағалауы бар шағын шығанаққа тасталған-ды.

Қайықтар шығанақ бетінде шашырай жүзіп жүр. Әр қайықта, әдеттегідей екі-екіден терімші бар: бірі сүңгісе, екіншісі оны судан тартып алады. Сосын олар орын алмастырады.

Қайықтардың бірі жағаға тым жақындап келген-ді. Сүңгігіш арқанның ұшына байланған бор кесегін аяғымен орап алды да, шапшаң сүңгіп теңіз түбіне түсті.

Су жылы әрі мөп-мөлдір еді – теңіз түбіндегі әр қиыршық тасқа шейін анық көрініп жатқан. Жағаға жақындау тұстан су асты бақшасының бұталары іспетті маржан тастар сойдиып- сойдиып көрінеді. Сол бұталардың ара-арасында алтын-күміс түстес кішігірім шабақтар асыр салып ойнап жүр.

Сүңгігіш теңіз түбіне жетіп, еңкейе жүріп тез-тез қауашақтарды теріп, белбеуіне қыстырылған қапшыққа сала бастаған. Оның еңбектес серігі – үндіс-гурон, арқанның бір ұшын тас қып ұстаған күйі қайықтың жақтауына асыла еңкейіп, су түбіне көз тастап отыр.

Кенет ол сүңгігіштің орнынан ыршып түсіп, қолдарын ербеңдете арқанға шап бергенін көрді және ананың жіпті қатты жұлқып қалғаны соншалық, гуронның өзін суға әкете жаздады. Қайық теңселіп кетті. Үндіс-гурон жолдасын тездете тартып алды да, оның қайыққа мінуіне жәрдемдесті. Сүңгігіштің аузы аңқайып ашылған, өзі әрең тыныстайды, көздері бақырайып шарасынан шығып кеткен. Қола түстес қоңырқай өңі сұрланып, тіпті бозарып кетті.

–      Акула ма?

Бірақ сүңгігіш түк жауап қата алмады, қайықтың түбіне сылқ құлап түсті.

Теңіз түбінде мұның зәресін кетірген не пәле болуы мүмкін? Гурон еңкейіп су түбіне тінтіне қарады. Иә, ол жақта бір оғаш оқиға болып жатқандай. Манағы шабақтар қырғи тиген құстардай су асты орманының түкпір-түкпіріне тым-тырақай зытып бара жатты.

Содан кенет үндіс-гурон су асты жартасынын бір бұрышынан бейне бір қызғылт түтін тәрізді әлденені байқап қалды. Әлгі қою түтін төңірегіндегі суды қызғылт түске бояп тұс-тұсқа тарала бастады. Тап сол сәтте әлдене қараң ете қалды. Бұл – акуланың денесі еді. Ол ақырын бір аударылып түсіп, жартастың ар жағына қарай кетіп жоғалды. Су астындағы бұл қызғылт түтін, әлбетте, тек теңіз түбіне таралып аққан қан болуы мүмкін. Онда не болғаны? Гурон жолдасына қарап еді, анау аңқиған аузымен ауа қармап, аспанға қарап алақтаған күйі, қозғалуға да шамасы келместен шалқалап жатыр екен. Үндіс дереу ескекке жармасты да, ойда-жоқта дертке ұшыраған әріптесін «Медузаға» дереу жеткізгенше асықты.

Ақыры сүңгігіш жігіт те есін жиған, бірақ ол тілден айырылған тәрізді – басын шайқап, ернін көнтитіп, ысылдап- пысылдап, құр ыңырана береді.

Кемеде қалған терімшілер сүңгігіштің тіл қатуын күтіп оны айнала қоршап тұрған.

–      Сөйле! – деп жекіді ақыры бір жас үндіс сүңгігіштің иығынан жұлқылап. – Жаныңның барында сөйле деймін енді.

Сүңгігіш басын шайқап біраз жатты. Ол ақыры қырылдап үн қатты.

–      Көрдім... Су перісін.

–      Тап өзін бе?

–      Әу, айтсаңшы енді былжырамай! – деп шыдамсыздана баж-бұж етісті терімшілер.

–      Қарасам – акула. Акула тұп-тура маған қарай келе жатыр. Құрыдым дедім! Алпамсадай түсі қап-қара, аузын да ашып үлгерген, енді-енді мені жалмауы тиіс-ті. Қарасам

–      тағы біреуі жүзіп келеді...

–      Басқа акула ма?

–      Су перісі!

–      Өзі қандай болады екен? Басы бар пәле ме?

–      Басы деймісің? Иә, бар секілді. Көздері – тостағандай дерсің.

–      Егер көздері болса, онда басының да болғаны, – деп сенімді түрде мәлімдеді жас үндіс. – Өйткені көздері бірдеңеге жабысып тұруы тиіс те. Ал қол-аяғы бар ма екен?

–      Шеңгелдері көлбақаныкі тәрізді. Саусақтары ұп-ұзын, жасыл түсті тырнақтары және жарғақтары бар. Тұла бойы балық қабыршағы тәрізді жып-жылтыр. Әлгі акулаға қарай заулап кеп шеңгелін сілтеп кеп қалып еді – тіліп түсті! Акуланың бауырынан бұрқ етіп қан саулап қоя берді...

–      Ал енді аяғы қандай екен? – деп сұрады терімшілердің бірі.

–      Аяғы деймісің? – сүңгігіш есіне түсірмек болып сәл ойланып қалды. – Аяғы мүлде жоқ. Ұп- ұзын құйрығы бар. Ал құйрығының ұшында – екі жылан.

–      Сен қайсысынан көбірек қорықтың – акуладан ба, әлде періден бе?

–      Періден, – деп анау ойланбастан жауап қатты. – Жанымды сол алып қалса да, сол құбыжықтан қорықтым. Бұл – сол еді...

–      Иә, бұл – сол.

–      Су перісі, – деді үндіс.

–      Пақырларға көмекке келетін су тәңірісі, – деп қарт үндіс оны түзетіп қойды.

Бұл хабар лезде шығанақты шарлап, інжу теріп жүрген қайықтағыларға жетті. Терімшілер кемеге жанталаса жетіп, қайықтарын тездетіп тией бастады.

Жұрт әлгі «су перісі» құтқарған сүңгігішті қаумалай ортаға алған. Ол деген құбыжықтың танауынан қызыл жалын атқылағанын, ал тістері кісінің саусағындай сойдиған бір пәле екенін қайталап айтып берумен болды. Пері деген құлағын қайшылайды екен, әлгінің екі бүйірінде қанаттары, ал арт жағында ескек тәрізді ұзын құйрығы болады екен.

Беліне шейін жалаңаш, ақ түсті шолақ шалбар киіп, туфлиін жалаң аяғына іле салған, басында сабаннан тоқылған қоқырайма қалпағы бар Педро Зурита жұрттың әнгімесіне құлақ түре, аяғын тырп-тырп басып, палуба үстінде ерсілі- қарсылы жүрген.

Әңгімешінің бөспелігі арта түскен сайын, Педро соның дені, акула шабуылынан зәресі кеткенде, әлгінің өзі ойдан шығарған бірдеңелер екеніне көзі жете түскендей.

«Әйтсе де, бәлкім, бәрін бірдей ойдан шығармаған шығар. Акуланың қарнын біреудің жарғаны рас қой: су беті қызарып шыға келді емес пе? Үндіс өтірікті соғып отыр, дегенмен, шындықтан да тым алшақ емес. Бұл бір қызық оқиға болды ғой, сайтан алғыр!»

Зуританың ойын осы сәт жартастың ар жағынан оқыс естілген керней үні бөліп жіберді.

Бұл дауыс «Медуза» экипажының төбесіне жай түскендей әсер етті. Әңгіме атаулы кенет тыйылды, жұрт боп-боз болып шыға келді. Ырымшыл терімшілер құдайына жалбарынысып, керней үні шыққан жартас жаққа үрейлене қарасып қалған. Жартасқа таяу мұхит төсінде бір топ дельфин асыр салып жүр екен. Бір дельфин топтан бөлініп шығып, бейне кернейдің шақыруына жауап қайтарғандай қатты пысқырды да, сосын жартасқа қарай шапшаң жүзіп барып, ә дегенше құздың астына жасырынып үлгерді. Жұртты зарықтырған тағы бірер сәт өтті. Терімшілер кенет әлгі жартастың арғы жағынан шыға келген дельфинді көрді.

Оның арқасында атша мінген бір пәле – әлгінде ғана сүңгігіш әңгімелеген «құбыжық» отыр екен. Перінің денесі адамдікі тәрізді де, ал маңдай тұсында машинаның шамы тәрізді ме, әлде баданадай көше шамы секілді ме, әйтеуір, күнге шағылыса жалт-жұлт еткен көздері бар екен, терісі көгілдір күміс тәрізді жылтырайды, ал білектері көлбақаның аяғына ұқсас та, жап-жасыл салалы саусақтары жарғақпен жалғасқан. Аяғының тізеден төменгі жағы су ішінде еді. Онысы құйрыққа ұқсас бірдеңе ме, әлде кәдімгідей адамның аяғы ма, ол арасы әзірше беймәлім. Әлгі оғаш жанның қолында ирелеңдеген ұп-ұзын кернейі бар екен. Ол кернейін тағы бір рет шалды да, адамға ұқсап сылқылықтап күлді, әрі кенеттен таза испан тілінде: «Тезірек, Лидинг1, алға!» деп айқайлап жіберді де, көлбақаның табаны іспетті қолымен дельфиннің жып-жылтыр арқасына бір салып қап, екі бүйірінен тебініп-тебініп қойды. Сол-ақ екен, әлгі дельфиннің жүрдек аттай лекітіп заулай жөнелді...

Терімшілер еріктерінен тыс шу ете түсті.

Белгісіз шабандоз жалт қарады. Адамдарды көрді де, ол кесірткедей шапшаңдықпен дельфиннің арқасынан сырғып түсіп, артына жасырынды. Дельфиннің арқасындағы жасыл көл бір сәт жануарды тағы салып кеп қалсын. Тіл алғыш дельфин әлгі құбыжықпен бірге суға сүңгіді.

Қосарланған қос мақұлық, су астымен жартылай шеңбер жасап жүзіп барды да, ә дегенше су асты жартасының сыртына жасырынып үлгерді...

Осынау оқыс оқиғаға бір-ақ минуттай уақыт кетті, ал көрермендер көпке шейін естерін жия алмай есеңгіреп тұрды. Терімшілер у-шу болып, жағаларын ұстасып, палубада әрлі-берлі жүгірісумен әлек. Үндістер тізерлей отырыса қалып,

1 Лидинг ағылшынша – жетекші деген

су тәңірісінен жандарына сауға сұрап жалбарынып жатты. Бір жас мексикандық сасқанынан өрмелеп діңгекке шығып кетіп, енді сол жерден бақырып баж-бұж етеді. Негрлер жағы трюмге тығылысып, бұрыш-бұрышта бүрісіп отыр. Інжу теру дегенді ойлап болмайтын. Педро мен Бальтазар жұртты тәртіпке әрең шақырды. «Медуза» зәкірін көтеріп, терістікке қарай бет алды.

ЗУРИТАНЫҢ СӘТСІЗДІККЕ ҰШЫРАУЫ

«Медузаның» капитаны болған оқиғаны ақыл таразысынан өткізбекке өз каютасына келген-ді.

–      Жынданып кетерсің, түге! – деп күңкілдейді Зурита, басына бір құмыра жылы су құйып жатып. – Су перісі кастильдік ерекшеліктерді сақтай таза сөйлейді. Бұл не? Неткен шатақ? Естен танғанымыз ба? Бірақ бүкіл команданың бірдей естен тануы мүмкін емес қой. Тіпті екі кісінің бір мезетте бірдей түс көруі мүмкін емес. Ал біз теңіз құбыжығын түгел көрдік емес пе? Бұл – талассыз шындық. Демек, қалай сенгің келмесе де, ондайдың бары рас болғаны да.

Зурита тағы да төбесіне су құйды да, сергу үшін басын қылтитып терезеден тысқа шығарды.

–      Қалай болғанда да, – деп ойын жалғады ол, өзі сәл саябыр тауып, – бұл құбыжықтың адамға тән есі бары және оның естиярлық әрекеттер жасай алары анық. Ол деген, сірә, суда да, құрғақта да өзін бірдей сезінетін болса керек. Сосын ол деген испан тілін біледі, демек, онымен сөйлесуге болады. Ал егер де... Иә, егер де сол құбыжықты ұстап алып, қолға үйретсе және оны інжу теруге зорлап көндірсе қайтер еді? Су ішінде өмір сүре алатын бір құрбақаның өзі терімшілердің тұтас бір артелінің қызметін атқара алар еді ғой. Сосын түсетін табыстың тиімділігін айтсаңшы! Қалай дегенде де әрбір терімшіге терген інжуінің төрттен бір бөлігін беруге мәжбүр болып отыр емес пе?! Ал мына құрбақа су тегінге түсер еді. Әу, бұлай етсе, ең қысқа мерзім ішінде-ақ жүздеген мың, тіпті миллиондаған пезет1 тауып, байып шыға келер еді-ау!

Зурита қиялға батты. Күні бүгінге дейін байимын деп үміттенетін, інжуді де өзге жұрт ауламайтын тұстан іздейтін. Рас, Парсы шығанағы, Цейлонның батыс жағалауы, Қызыл теңіз, Австралия сулары – міне, бұл інжуі мол жерлер бұдан тым қашықта жатқан және одан жұрт көптен бері інжу іздеуде еді.

Мексика немесе Калифорния шығанақтарына, Фома мен Маргарита аралдарына бармақ па? Ең тәуір американ інжуі ауланатын Венесуэла жағалауларына жүзіп барарлықтай Зуританың мүмкіндігі жоқ-ты. Бұл үшін оның кемесымағы тым ескі әрі терімшілері жетіспейтін, ал кәсібін мейлінше өркендетуі қажет-ақ еді. Бұған Зуританың қаржысы да жетпейтін. Сол себепті де ол Аргентина жағалауларында қалып келген. Бірақ енді! Енді ол, егер қолына «су перісін» түсіре алғандай болса, бір-ақ жылдың ішінде байып шыға келер еді.

Ол Аргентинадағы, бәлкім, тіпті Америкадағы ең бай адам болып шыға келер еді. Ақша деген билікке де жол ашар еді. Педро Зуританың есімі ел аузынан түспес еді. Бірақ мейлінше сақ болуы тиіс. Сосын ең алдымен құпияны мұқият жасыра білуі керек.

Зурита палубаға көтерілді де, аспазға дейін қалдырмастан, жұртты жинап алып, сөз бастады:

–      Су перісі туралы өсек таратқандардың не күйге ұшырағанын сендер білесіңдер ме? Оларды полиция тұтқындаған, қазір бәрі түрмеде отыр. Егер су перісін көрдік деген сөз ауыздарыңнан байқаусызда шығып кетердей болса, қай-қайсың да құритындарыңды күні ілгері ескертіп қойғым келеді. Бастарыңды түрмеде шірітеді. Түсінемісіңдер? Сондықтан да егер өз жандарыңды қадірлесеңдер, пері туралы жан адамға тіс жарып ештеңе айтушы болмаңдар.

1 Пезет – испанша сом.

«Жә, бұларға бәрібір ешкім сене қоймас: осының бәрі тым ертегі тәрізді бірдеңе, – деп ойлады Зурита, сосын өз каютасына Бальтазарды жеке шақырып ап, шын жоспарын тек соған ғана ашып салды.

Бальтазар қожайынын ыждаһатпен тыңдады да, сәл ойланып отырып жауап қатты:

–      Иә, бұл жақсы. Су перісі жүздеген терімшіге татиды. Қол астында су перісінің болғанына не жетсін?! Бірақ оны қайтіп ұстайсың?

–      Тормен, – деп жауап қатты Зурита.

–      Ол акуланың қарнын жарғаны секілді торыңды да тілгілеп тастар.

–      Біз темір тор жасата аламыз ғой.

–      Ал оны кім ұстай алады? Біздің сүңгігіштерге «пері» деген атын айтсаң болды, тізелері қалтырап шыға келеді. Бір қапшық алтын берсең де, олар бұған бара қоймас.

–      Ал, сен ше, Бальтазар? Үндіс иығын қиқаң еткізді.

–      Мен еш уақытта су перісін аулап көрген жан емен. Аңдып жүріп ұстау да оңайға соқпас, рас, ет пен сүйектен жаралған жан болса өлтіру де қиын болмас. Бірақ сізге пері тірідей керек қой.

–      Сен одан қорықпаймысың, Бальтазар? Сенің су перісі туралы ойың қандай?

–      Теңіз үстінде ұшып жүрген ягуар немесе ағашқа өрмелеп шығатын акула жайлы менің не ойлауым мүмкін? Бейтаныс жыртқыш қауіптірек. Бірақ мен сондай қауіпті жыртқыштарды аулағанды жақсы көрем.

–      Сыйлығыңды аста-төк қып берем, – деп Зурита Бальтазардың қолын бір қысып қойды да, өз жоспарын әрі қарай айқындай түсті. – Бұл іске қатысушылардың неғұрлым азырақ болғаны ләзім. Сен өзіңнің арауканыңмен ақылдасып көр. Олар батыл да тапқыр жандар. Бес адам іріктеп ал, одан көп болмасын. Егер біздің қулар келіспесе, сырттан ізде. Су перісі әдетте жағаға жақын жүреді. Ең алдымен оның үңгірін табу керек. Сонда оны торға түсіруіміз де оңайырақ болмақ.

Зурита мен Бальтазар іске жедел кірісті. Зуританың тапсырысы бойынша сымнан түбі жоқ бөшке тәрізді ау жасалды. Аудың ішіне «пері» шырмалып қалуы үшін кендірден өрмекші торы тәрізді тағы бір пәле тоқыттырып салдырды. Терімшілермен есеп айырысты. Бальтазарға

«Медузаның» экипажындағы араукан тайпасынан екі үндісті ғана су перісін аулауға көндірудің сәті түсті. Қалған үшеуін Буэнос-Айрестен жалдап алды.

«Перінің» ізіне түсуді «Медузаның» экипажы оны тұңғыш көрген шығанақтан бастау ұйғарылды. «Періде» күдік тумауы үшін кеме әлгі кішкене шығанақтан бірнеше шақырым қашықтау жерге зәкір тастады. Зурита мен оның серіктері негізгі мақсаттары балық ұстау екенін аңғартпақ болып ауық- ауық қайықтарына мініп балық аулап жүрді. Сөйте тұра олардың арасынан үш кісі кезектесіп, жағадағы жартастар арасына жасырынып, шығанақ суында не жаңалықтар барын астыртын жіті аңдумен болды.

Екінші апта аяқталуға жақын қалған, ал «періден» еш сыбыс білінбеген.

Бальтазар жағалаудағы тұрғындармен біртіндеп таныса бастады, оларға балықты арзанға сатып алдаусыратты және олармен әр түрлі әңгімелер қозғаған боп, әңгімені ақырын аңдаусызда «су перісі» жайлы қозғайтынды шығарды. Осынау әңгімелерден қарт үндіс өздерінің аулайтын бағытты дұрыс белгілегендерін білді. Шығанаққа тақау жерде тұратын көптеген үндістер осы маңнан керней үнін есіткендерін және құмнан соның іздерін байқағандарын әңгімеледі. Олар әлгінің өкшесі адамдікі, бірақ башпайлары недәуір ұзын екенін айтып ант-су ішісті. Үндістер кейде жағадағы құмнан кісінің арқасының ізін де аңғарған, сірә, бұл оның дем алып жатқанынан қалса керек.

«Пері» жағалауда тұратын жұртқа ешқандай қырсығын тигізбеген, сондықтан бұлар оның анда-санда келіп кеткенде қалдыратын іздеріне онша назар аудармайтын болған. Ал «перінің» өзін ешкім көрген емес.

«Медуза» сырт көзге балық аулаған сыңай танытып шығанақта екі апта тұрды. Екі апта бойы Зурита, Бальтазар және жалдамалы үндістер мұхит бетін мұқият қадағалаумен болды, бірақ «су перісі» көрінбей қойды. Зурита абыржуға айналды. Ол әу бастан шыдамсыз әрі сараң кісі болатын. Әр күні ақша тұрады, ал «перісі» құрығыр өзін күттіріп қойды емес пе?! Педро енді шүбәлана бастады. «Егер «пері» табиғаттан тыс бірдеңе болса, онда оны аумен ұстай алмайсың. Сонсоң ондай жын-шайтанмен байланысудың өзі қауіпті ғой

–      Зурита діндар кісі болатын. Әлде «Медузаға» түбі керек бола ма қайтеді деп кресін көтертіп, қасиетті сыйлықтарын арқалатып дін қызметшісін жалдап алғаны дұрыс болар ма екен? Бұл – қосымша шығын. Бірақ, бәлкім, «су перісі» жын-шайтан емес, жұртты құбыжық болып қорқытып-үркіту үшін перінің киімін киіп жүрген әлдебір қылжақбас, мықты жүзгіш біреу болып шығуы да ықтимал емес пе? Дельфин ше? Әу, оны, басқа мақұлықтар тәрізді қолға үйретуге және баулуға әбден болады да. Осы ниеттен бас тартсам қайтер еді, түге?

Зурита кім де кім «періні» бірінші көретін болса, соған сыйлық беремін деп жариялады да, тағы да бірнеше күн күте тұруды ұйғарды.

Оның бақытына, үшінші аптаның басында «пері» ақыры белгі бере бастады-ау.

Бірде Бальтазар күндізгі аулаған балығы тиелген қайығын жағада қалдырды. Ертеңгісін ертемен оны сатып алуға жұрт келуі тиіс-ті.

Бальтазар бір таныс үндіспен кездесу үшін фермаға кеткен, ал жағаға қайтып келсе, қайығы бос жатыр. Бальтазар салғаннан-ақ мұны жасаған «пері» деп түйді.

«Шынымен-ақ, осыншама балықты жеп қойғаны ма?» деп таңырқады Бальтазар.

Тап сол түні күзеттегі үндістің бірі шығанақтың түстік жағынан керней сарынын естіпті. Енді бір-екі түн өткенде, жас араукан өзінің ақыры «перінің» ізіне түскенін хабарлады. Сөйтсе анау дельфинмен бірге жүзіп келіпті. Бұл жолы бірақ «пері» дельфинді атша ерттеп мінбеген, қайта бір қолымен әбзелден – жалпақ қайыс қарғыдан ұстап, дельфинмен қатарласа малтып отырған. Шығанаққа жеткен соң «пері» әлгі қарғыны дельфиннің мойнынан шешіп алып, мақұлықты арқасынан қағып қоштасады да, жағадан төніп тұрған бір жартастың астына тереңдей сүңгіп жоқ болады. Дельфин болса су бетіне көтеріліп ап, заулай жүзіп көзден ғайып болады.

Зурита арауканды тыңдап болып, оған сыйлық беруге уәде етті де, былайша сөз бастады:

–      Бүгін күндіз пері өз үңгірінен енді қайтып шыға қоймас, сірә, сондықтан біз шығанақтың түбін зерттеуге тиіспіз. Бұған кім тәуекел ете алады?

Белгісіз құбыжықпен су түбінде жолығысып қалуы мүмкін бұл сапарға аттануға ешкімнің жүрегі дауаламаған.

Бальтазар алға шықты.

–      Мына мен! – деді ол қысқа ғана. Бальтазар сөзіне берік жан еді.

«Медуза» әлі сол зәкір тастаған күйі тұрған. Күзеттегіден басқа жұрт енді түгел қопарылып жағаға шықты да, шығанақтың әлгі жағадан төніп тұрған жартасты жағалауына қарай үдере аттанды.

Егер жаралана қалсам тартып алсын деп Бальтазар беліне арқан байлады, пышақ алды, екі тізесінің арасына тас қыстырды да, суға күмп берді.

Араукандар оның оралуын асыға күтісіп, шығанақтағы жартастар көлеңкесі түсіп тұрған көгілдір мұнар ішінде қараңдап жүрген даққа тесіле қарасып тұрды. Қырық, елу секунд, минут өтті – Бальтазар қайтып оралған жоқ. Ақыры ол арқанды жұлқып белгі берді де, оны су түбінен суырып алысты. Тынысын алған соң Бальтазар тілге келді:

–      Жер асты үңгірге апаратын тар қуыс екен. Бірақ ол акуланың құрсағындағыдай тас қараңғы. Су перісі тек сол үңгірге ғана тығылса керек. Айналасының бәрі – теп-тегіс жар.

–      Өте жақсы! – деп дауыстап жіберді Зурита. – Тас қараңғы болғаны тіптен жақсы! Біз оған ау құрамыз, ал балықтар соған түседі.

Көп ұзамай, күн батысымен үндістер мықты арқанға байлап темір торды үңгірдің аузындағы суға тастады. Арқанның ұшын жағадағы қазыққа байлады. Бальтазар әлгі арқан-торға біреу сәл тиіп кетсе сыңғыр ете түсерліктей етіп қоңыраулар байлап қойды.

Зурита, Бальтазар және бес араукан жағаға жайғасып ап, үн-түнсіз бағып отырды.

Кемеде ешкім қалған жоқ-ты.

Қараңғылық тез қоюлана түсті. Ай туды, оның сәулесі теңіз бетін жарқыратып тұрды. Төңірек тым-тырыс еді. Жұртты белгісіз бір толғаныс биледі. Бәлкім, бұлардың тап қазір балықшылар мен інжу іздеушілердің зәресін алған ғажайып құбыжықты көрулері ықтимал ғой.

Түнгі сағаттар асықпай, жайлап жылжиды. Жұрт қалғи бастады.

Кенет қоңыраулар сылдырлап қоя берсін. Жұрт орындарынан атып тұрып арқанға жармасып, ауды тарта бастады. Ол зілдей екен. Арқандар дірілдейді. Торға әлдене түскен, сірә.

Міне, ақыры ау да теңіз бетіне көтерілді, айдың бозғылт сәулесімен соның ішінде тыпырлап жатқан жартылай адам – жартылай мақұлықтың денесі көрінді. Ай жарығымен баданадай көздері мен күміс тәрізді қабыршықтары жарқырап көз қарықтырады. Торға шырматылған қолын босатып алмақ болып

«пері» кереметтей жанталасты. Ақыры сәті түсті. Ол жіңішке белбеуіне қыстырылған пышағын суырып ап торды қия бастады.

–      Қия алмайсың, босқа әуре болма! – деп сыбырлады Бальтазар аңшылық қызығына беріліп кетіп.

Бірақ, таңданарлығы сол, пышақ дүние сымнан тоқылған торды қиып берді. «Пері» шебер қимылдап, тесікті кеңейте түсті, ал терімшілер болса ауды жағаға тартып жеткізбекке жанталасулы.

–      Қаттырақ! Әуп-әуп! – деп баж-бұж етеді Бальтазар. Бірақ олжа енді-енді қолға ілігеді-ау деген сәтте «пері» әлгі ойылған тесіктен суға құлап түсті де, мың сан тамшыны шашырата, тұңғиыққа сіңіп ғайып болды.

Терімшілер аһ ұрып қолдарындағы ауды тастап жіберді.

–      Тамаша пышақ! Сымды кеседі! – деп мәз болып жатыр Бальтазар. – Су асты ұсталары бізден гөрі шебер болғаны да.

Зурита басы салбыраған күйі, бейне бар байлығы су түбіне кеткен кісідей телміре қарап қалған.

Сосын ол басын көтеріп, ұлпа мұртын бір жұлқып қап, аяғымен жер тепкіледі:

–      Болмас деймін, бәрібір, дегенің болмас! – деп айқай салды ол. – Менің бас тартқанымнан гөрі сенің су асты үңгіріңде мүрдем кетуің тезірек болар, түге. Мен ақшамды аяман, мен сүңгуірлерді сатып алам, мен бүкіл шығанаққа тормен қақпан құрып тастаймын, сөйтіп, сені қолыма түсірмей қойман!

Ол батыл да табанды, алған бетінен қайтпайтын бірбеткей кісі еді. Педро Зуританың бойында испан жаулаушыларының қаны тектен текке ағып жатпаса керек-ті. Жә, сосын бұл шайқастың енді мәні бар дүние еді.

«Су перісі» табиғаттан тыс, құдіретті періште емес екен. Ол Бальтазар айтпақшы: ет пен сүйектен жаралса керек. Демек, оны ұстап алып, қол-аяғын шынжырмен байлап, Зурита үшін мұхит түбінен інжу теруге пайдалануға әбден болады. Оны тіпті теңіз тәңірісі Нептуннің өзі үш ашалы таяғымен қорғаса да, Бальтазар оны ұстамай қоймайды.

ДОКТОР САЛЬВАТОР

Зурита ақыры қоқан-лоққысын шынымен жүзеге асыра бастады. Ол шығанақтың түбіне аран сымнан тосқауылдар тартқызып, барлық бағыттарға ау мен қақпандар құрып тастады. Бірақ әзірше оның құрбандығына шалдыққандар тек балықтар ғана болатын, «су перісі» тегі жердің тесігіне кіріп кеткендей ұшты-күйлі жоқ-ты. Ол қайтып көрінбеді және титтей де белгі байқатпай қойды. Оның қолға үйреткен дельфині күн сайын дерлік шығанаққа келіп, бейне өзінің әлгі керемет досын серуенге шақырғандай біресе сүңгіп, біресе пысқырынып бекер әуре болып жүрді. Досы көріне қоймады, ақыры дельфин ашуланған сыңай таныта соңғы рет бір пысқырынды да, ашық теңізге қарай заулай жөнелді.

Ауа райы бұзылды. Шығыстан соққан жел мұхит бетіне толқын әкелді, шығанақтың суы төменнен көтерілген құмға араласып лайлана бастады. Енді су астында не болып жатқанын ешкім аңғара алмас еді.

Зурита асау толқындарға көз тастап, талай сағаттар бойы сарылып жағада тұратын. Таудай толқындар бірінен соң бірі тізбектеле жөңкіледі, сарқырама секілді жарға соғады, ал судың астыңғы қабаты құмның бетімен ысылдай сырғып, жолай кезіккен қиыршық тастар мен қабыршықтарды сүргілей сүйретіп, Зуританың аяғының астына әкеп тастайды.

–      Жоқ, бұлай етуге болмайды, – дейді Зурита, – басқадай бірдеңе ойлап табу керек. Пері деген теңіздің түбінде өмір сүрсе керек және өз үйшігінен бері шығатын ойы жоқ, сірә. Демек, оны ұстап алу үшін оған өзіміз баруымыз, су түбіне жетуіміз керек. Бұл енді басы ашық мәселе!

Содан соң тағы бір күрделі қақпан жасап әуре болып отырған Бальтазарға қарап, Зурита былай деді:

–      Дереу Буэнос-Айреске аттан да, сол жақтан ішіне оттегі құйылған сауыты бар екі сүңгуір киімін әкел. Бұған тек ауа қысымын реттеуіші бар әдеттегі сүңгуірлер киімі жарамайды. Перісі құрғыр оның шлангісін қиып жіберуі ықтимал. Оның үстіне бәлкім, бізге біраз уақытқа су астына сапар шегуге тура келді. Айтпақшы, электр шамдарын ұмытпай ала кел.

–      Сіз не, періге қонаққа бармақпысыз? – деп сұрады Бальтазар.

–      Сенімен бірге, әрине, кәрі досым. – Бальтазар басын изеді де, жолға шықты.

Ол сүңгуірлердің киімі мен шамдарды ғана емес, сонымен бірге әлдебір ирелеңдеген қола пышақтар ала келді.

–      Қазір мұндайды ешкім жасай алмайды, – деді ол, – бұл араукандардың көне пышақтары, мұнымен бір кезде біздің арғы аталарымыз, көңіліңізге келсе де айтайын, ақтардың, яғни, сіздің арғы аталарыңыздың қарындарын жарған.

Зуритаға бұл тарихи анықтама аса ұнап тұрған жоқ-ақ, бірақ ол пышақтарды ұнатқан.

–      Сен тым сақ екенсің, Бальтазар.

Келесі күні таң атысымен, толқынның күштілігіне қарамастан, Зурита мен Бальтазар үстеріне сүңгуір киімін киіп, теңіздің түбіне түсті. Өздері үңгірдің аузына құрып тастаған ауларды азаптанып жүріп тарқатты да, тар қуысқа енді. Айнала тастай қараңғы. Аяқтарымен жер басып тұрып, пышақтарын суырып алысты да, сүңгуірлер шам жақты. Сәуледен шошынған ұсақ балықтар әуелде тым-тырақай қашып еді, артынан бірте-бірте бойлары үйренді ме, әйтеуір, соның көгілдір жарығына шыбынша үймелеп, әбігерге түсті. Зурита оларды қолымен ысырып қуалаумен болды: қабыршақтары күмісше жалтырап көз қаритын. Бұл деген біршама үлкен: биіктігі кемінде төрт метрдей және ені бес- алты метрдей үңгір екен. Сүңгуірлер бұрыш-бұрыштарын тінтіп қарап шықты. Үңгір бос және онда тірі жан тұрмайтыны түсінікті болды. Мұны тек теңіз толқындары мен жыртқыштардан қашқан ұсақ балықтар ғана мекендесе керек. Аяқтарын сақтықпен басып Зурита мен Бальтазар ілгерілей жүрді. Үңгір бірте-бірте тарыла бастады. Кенет Зурита қайран қалып қалт тоқтады. Шам сәулесі олардың алдын кес-кестеп тұрған темір торға түскен-ді.

Зурита өз көзіне өзі сенбеді. Ол темір шыбықтарды қолымен шап беріп ұстай алып, темір тосқауылды ашпақ болып қатты сілкілеп көрді. Бірақ оған торкөз тырп етпеді. Оны шам жарығымен мұқият зерттей қараған Зурита әлгі шарбақтың бір шеті үңгірдің жонып тегістелген қабырғасына мықтап қағылғанын және оның ілмегі мен іштен қондырылған есігі бар екенін аңғарды.

Бұл деген тағы бір жаңа жұмбақ еді.

«Су перісі есті ғана емес, оның мейлінше дарынды жан болғаны да.

Ол дельфинді қолға үйреткен, оның металл өңдеуден хабары бар. Ақыр соңында өз баспанасын қорғау үшін ол теңіз түбінде темір тосқауыл қоюға жараған. Бірақ бұл ақылға сыймайды емес пе! Су астында жүріп темірді шыңдауы мүмкін емес. Демек, ол су астында өмір сүрмейді немесе ең бері дегенде ол судан аз уақытқа болса да жер бетіне шығып жұмыс жасайтын болғаны».

Су астына түскендеріне бірнеше минуттай ғана уақыт өтсе де, сүңгуір қалпағының астындағы ауа тапшылық ететіндей көрініп Зуританың екі шекесі зырқылдап әкетіп барады.

Зурита Бальтазарға белгі берді де, олар су асты үңгірінен кері шықты, олардың мұнда бітірер басқадай шаруасы қалмаған, содан су бетіне көтерілді.

Оларды тыпырши күтіп тұрған араукандар сүңгігіштердің аман-есен шыққандарын көріп қатты қуанды.

Басындағы қалпағын шешіп тыныс алған соң, Зурита сауал қойды:

–      Сен бұған не айтасың, Бальтазар? – Араукан алақанын жайды.

–      Меніңше, бізге оны бұл арада ұзақ аңдуға тура келеді. Пері, сірә, балық жеп қоректенетін болса керек, ал онда балықтан көп нәрсе жоқ. Біз оны үңгірінде аштықпен қатыра алмаймыз. Ана шарбақты динамит қойып бұзу керек, бары сол ғана.

–      Ал сен, Бальтазар, үңгірдің екі аузы болуы мүмкін деп ойламаймысың? Айталық, бірі шығанақ жақтан да, екіншісі жер бетінен, ә?

Бальтазар мұны ойламаған екен.

–      Ойламасаң, ойлау керек. Маңайды тінтіп көру бұрын неғып ойымызға келмеген? – деді Зурита.

Енді олар жағалауды зерттей бастады.

Зурита жағадан ең кемі он гектарды алып жатқан үлкен жер учаскесін қоршап тұрған ақ тастан қаланған биік дуалға тап болды. Зурита әлгі қабырғаны түгел айналып шықты. Бүкіл дуал бойынан ол қалың қаңылтыр қапталған бір ғана қақпа тапты. Қақпаның ортасы ойып жасалған, тиегі іштен салынатын кішкене темір есігі бар екен.

«Нағыз түрме немесе бекініс қой мынауың, – деген ойға қалды Зурита, – Қызық екен! Фермерлер тап мұндай қалың да биік дуалдар салдырмайды. Ішке көз тастарлықтай тым құрыса бір тесік немесе ойық болсашы бұл қабырғасы құрғырда».

Төңірегі – ессіз, елсіз, тағы табиғат қана қоршаған: сұр да жалаңаш жартастар, кей тұстан тікенекті бұталар мен кактустар ғана көрінеді. Төменде – шығанақ.

Зурита бірнеше күн бойы осы дуалды айналшықтап кетпей қойды, ұзақ уақыт бойы темір қақпаға тесіле қараумен болды. Бірақ қақпа ашылар емес: оған не кірген, не шыққан жан байқалмайды. Ішке көз тастарлықтай тым құрыса бір дыбыс шықсашы.

Кешкісін «Медузаның» палубасына қайтып оралған соң, Зурита Бальтазарды шақыртып алды да, былайша сауал қойды:

–      Сен ана шығанақтың желкесіндегі бекіністе кім тұратынын білемісің?

–      Білем, мен оны фермаларда жұмыс істейтін үндістерден сұрастырғам. Онда Сальватор тұрады.

–      Сальватор дегенің кім өзі?

–      Құдай, – деп жауап қатты Бальтазар. Зуританың таң қалғаны сонша, оның қалың қара қастары үрпиіп кетті.

–      Сен не, қалжыңдап тұрмысың, Бальтазар? Үндіс сәл жымия күлімсіреді.

–      Мен естігенімді айтып тұрмын. Көптеген үндістер Сальваторды ажалдың арашашысы, тәңірі санайды.

–      Иә, ол неден арашалайды екен?

–      Өлімнен де. Олардың айтуынша, оның қолынан келмейтіні жоқ. Сальватор небір ғажайыбыңды жасай алады. Соның салалы саусақтарының ұшында адам тағдыры тұратын болса керек. Ақсақтарға ол жаңа аяқ, тірі аяқ бітіреді, соқырларға қырандікіндей қырағы көз береді және тіпті өлгенді тірілте алады.

–      Қарғыс атсын! – деп күңкілдеді Зурита, ұлпа мұртын саусақтарымен төменнен жоғары қайырып отырып. – Шығанақтың ішінде су перісі, ал шығанақтың үстінде – құдай. Сен қалай ойлайсың, Бальтазар, сол пері мен құдай бір-біріне қолғабыс жасайтыннан сау ма екен?

–      Мен ойлаймын, миымыз ашыған сүттей болып әбден шіріп кетпей тұрып, біз осынау ғажайыптардан ат-тонымызды ала қашқанымыз абзал болар.

–      Сальватор емдеп жазған кісілерден сен өз көзіңмен көрген біреуің бар ма?

–      Иә, көрдім. Маған аяғы сынған біреуді көрсетті. Сальваторға барып шыққаннан бері әлгі кісі киіктей орғитын болған. Сосын Сальватор қайта тірілткен үндісті көргенім бар. Бүкіл ауыл шулап отыр: Сальваторға оны өлген соң апарса керек – бас сүйегінің быт-шыты шыққан және миы ақтарылып жатса керек. Ал ол Сальватордан тірі де көңілді оралған. Өліп тірілген соң үйленген. Тәп-тәуір бір қызды алыпты. Сосын тағы үндіс сәбилерін көрдім...

–      Демек, Сальватор сырттан кісі қабылдайды екен ғой?

–      Тек үндістерді ғана. Сосын олар да бұған жан-жақтан: Отты жер мен Амазонкадан, Атакама шөлі мен Асунсионнан келеді екен.

Бальтазардан осындай мағлұматтар алған Зурита Буэнос- Айреске барып қайтуды ұйғарды.

Сол жақтан ол Сальватордың шынында да, үндістерді емдейтінін және олардың арасында кереметтер жасайтын керім адам деген атаққа ие болғанын білді. Дәрігерлермен сөйлесіп көріп, Зурита Сальватордың аса дарынды және тіпті кемеңгер хирург екенін, бірақ сөйте тұра өзге көрнекті кісілер тәрізді оның да келеңсіз қылықтары барын есітіп білді. Сальватор есімі Ескі және Жаңа жұрттағы ғылыми топтар арасында кеңінен танымал екен. Америкада ол өзінің хирургиялық операцияларды батыл жасай алатындығымен әйгілі болған. Науқастың халі мүшкіл жағдайда, басқа дәрігерлер операция жасаудан бас тартқан кездерде, Сальваторды шақыртады екен. Ол еш уақытта бас тартып көрмеген. Оның батылдығы мен тапқырлығында шек жоқ. Империалистік соғыс кезінде ол француздар майданында болған, онда тек ұдайы адамның бас сүйегіне операциялар жасаған. Мыңдаған адамдар оған өз өмірлері үшін борыштар. Бейбітшілік орнаған соң ол өзінің отаны Аргентинаға оралған. Дәрігерлік қызметі мен жер сатудағы сәтті қадамдары Сальватордың орасан зор байлыққа ие болуына игі әсер еткен. Ол Буэнос-Айрестің маңынан бір жер учаскесін сатып алған да, оны алып дуалдармен қоршатқан – оның қызық әдеттерінің бірі еді бұл – сосын соған кіріп алған да, жұртты емдеу дегенді мүлде тоқтатқан. Ол енді зертханасында тек ғылыми жұмыспен ғана шұғылданатын. Енді, ол тек өзін аспаннан түскен тәңірі деп санайтын үндістерді ғана қабылдап, ішінара емдейтін.

Зуритаға Сальватордың өміріне байланысты тағы бір қызық жайтты білудің сәті түсті. Сальватордың қазіргі кең-байтақ мекен-жайы орналасқан жерде, соғыстан бұрын тас дуалмен қоршалған, ішінде бақшасы бар, шағын үй тұрған екен. Сальватордың соғыстағы кезінде бұл үйді бір негр мен бірнеше алпамсадай ит күзетумен болған. Осынау сенімді күзетшілер аулаға адам баласына аяқ бастыртпай келген.

Соңғы кездері Сальватор өз маңын бұрынғыдан да бетер құпияландыра түскен. Ол тіпті өзінің университеттес жолдастарын да үйіне жолатпайтын болған.

Осының бәрін білген соң Зурита мынадай шешімге келді:

«Егер Сальватордың дәрігер екені рас болса, оның науқасты қабылдаудан бас тартуы мүмкін емес. Неліктен маған ауыра қалмасқа? Мен науқас ретінде Сальватордың үйіне бір кіріп алсам, ар жағын көре жатпаймын ба?»

Зурита ақыры Сальватордың мекен-жайын қоршаған темір қақпаның қасына барды да, тарсылдата бастады. Қоймай- қоймай ұзақ тарсылдатты, бірақ оған есік ашқан ешкім болмады. Зығырданы қайнаған Зурита бір үлкен тасты көтеріп алды да, қақпаны сонымен соққылай бастады, ал оның дабыры тірі түгіл өлі кісіні оятарлықтай еді.

Қабырғаның ар жағындағы алыс түкпірден иттер үре бастады да, ақыры есіктің кішкене тесігі сәл ашылды.

–      Не керек? – деп сұрады әлдекім шала-шарпы испан тілінде.

–      Науқас кісімін, есігіңді аш, тезірек, – деп жауап қатты Зурита.

–      Науқас кісі бұлай тарсылдатпайды, – деп жауап қатты әлгі дауыс, сосын тесіктен әлдекімнің көзі көрінді:

–      Дәрігер қабылдамайды.

–      Оның науқасты қабылдамауға құқы жоқ, – деді Зурита қызбаланып.

Тесік жабылды да, әрі қарай кеткен аяқ тысыры естілді. Тек иттер ғана шабалана ұрумен болды. Боқтық атаулысын түгел тауысқан Зурита кемеге қайтып оралды. Сальватордың үстінен Буэнос-Айреске барып арыздана ма әлде? Бірақ одан шығар не пайда бар? Зурита ызадан жарылып кете жаздады. Оның ұлпа мұртына қауіп төнген тәрізді, өйткені оны жұлқылай-жұлқылай зықысын шығарғаны сонша, әншейінде едірейіп тұратын мұрттары енді ауа қысымының тым төмен екенін бейнелейтін барометр тәрізді салбырап кеткен-ді.

Бірте-бірте сабасына түсіп, бұдан әрі не істеуі қажеттігін ойластыра бастады.

Ол ой тереңіне шома түскен сайын оның күнге күйген қоңырқай саусақтары ұлпа мұртты қайтадан жоғары қарай шиыра бастаған, барометр қайыра жоғарылады.

Ақыры ол палубаға шықты да, жұрт күтпеген жерден зәкір көтеруге жарлық етті.

«Медуза» Буэнос-Айреске аттанды.

–      Жақсы болды, – деді Бальтазар. –Әйтпесе қаншама уақытты босқа сарп еттік! Ол періні құдайымен қоса сайтан алсын, түге!

НАУҚАСТАНҒАН НЕМЕРЕ ҚЫЗ

Күн күйдіріп барады.

Қалың бидай, жүгері және сұлы егілген алқаптарды жағалап отыратын шаң басқан қара жолдың бойымен бір кәрі, өзі жүдеу үндіс келе жатты. Үстіндегі киімі алба-жұлба. Қолына көтеріп алған науқас сәбиі бар, оған күн тимесін деп бетін ескі көрпешемен бүркеп алған. Сәбидің жанары жартылай жұмылулы. Мойнына үп-үлкен ісік шыққан. Шал байғұс байқаусызда сүрініп кеткен шақтарда, сәби сорлы қырылдай ыңырсып, көздерін ашып алады. Шал тоқтай қалып, мүсіркеп, сәл сергітейін деген оймен бетін үрлеп қояды.

–      Тек тірі жеткізе алсам жарар еді! – деп күңкілдейді шал, сосын жүрісін тездете түседі.

Темір қақпаның қасына келген соң үндіс сәбиді сол қолына көшіріп, оң қолымен темір есікті төрт қайтара тықылдатты. Есікшедегі кішкене тесік сәл ашылып, әлдекім қараң етті де, ысырмасы сықырлап, есік ашылды.

Үндіс табалдырықты жүрексіне аттады. Қарсы алдында үстіне ақ желең киген, бұйра шашы аппақ қудай бір негр тұр еді.

–      Дәрігерге келдік, сәбиім науқас еді, – деді үндіс.

Негр үнсіз бас изеді, есікті жапты да «соңыма ер» дегендей белгі берді.

Үндіс жан-жағына көз тастады. Олар жалпақ тас тақталар төселініп тасталған шағын ғана аула ішінде тұр еді. Бұл ауланың бір жағында биік те сыртқы дуал болса, ал екінші жағында – ауланы мекен-жайдың ішкі бөлігінен бөліп тұратын тапалдау қабырға бар екен. Бір тал көк шөп немесе бұта жоқ – нағыз түрменің ауласы дерсің. Ауланың бір бұрышында, екінші қабырғаның есігі алдында, биік те кең әйнектері бар ақ үй тұр. Үй жанында бір топ үндістер – еркегі мен әйелі аралас–жерде отыр. Көбінің қолында баласы бар.

Сәбилердің бәрі дерлік сап-сау көрінеді. Әлгілердің кейбіреулері «тақ па, жұп па» десіп қауашақтармен ойнаса, енді біреулері үн-түнсіз күресіп жатыр, ақ шашты қарт негр олардың шуламай, ың-шыңсыз ойнауын бақылап тұр.

Үндіс шал шарасыздан үйдің көлеңкесіне, тақыр жерге отыра кетті де, бет-аузы көгеруге айналған, тым-тырыс жатқан сәбиінің бетіне жел үрлей бастады. Үндістің қасында аяғы күп болып іскен тағы бір үндіс кемпір отыр екен. Ол үндіс шалының тізесінде жатқан сәбиге бір қарап қойып сауал тастады:

–      Қызыңыз ба?

–      Немере қызым, – деп жауап қатты үндіс.

Басын бір шайқап қойып, кемпір тағы да тіл қатты:

–      Батпақтың жын-перісі дуалаған екен немере қызыңды. Бірақ бұл кісі жын-періден де күштірек. Ол батпақтың жын- перісін қуып шығады, сосын немере қызың құлан-таза жазылып кетеді.

Үндіс ризалық білдіре бас изеді.

Ақ желеңді негр науқастарды аралап кеп, үндістің сәбиіне бір қарады да, есік жақты нұсқады.

Үндіс шал едені тас тақталардан өрілген кең бөлмеге келіп кірді. Бөлменің тап ортасында бетіне ақ жамылғы жапқан ені тар ұзынша үстел тұр екен. Күліңгір шынымен қапталған екінші бір есік ашылды да, ішке ақ желеңді, ұзын бойлы, кең иықты қоңыр жүзді доктор Сальватор енді. Көмірдей қара қасы мен кірпігі ғана болмаса Сальватордың басында бір тал шаш жоқ екен. Сірә, ол шашын ұдайы тақырлап алдыртатын болса керек, өйткені төбесі де тап өңі тәрізді күнге күйіп, қоңырқай тартқан. Қошқар тұмсығы, біршама шығыңқы сүйірлеу иегі және жымқырылған еріндері оның өңіне мейірімсіздік және тіпті жыртқыштық кейіп береді екен. Қой көздері сұсты-ақ. Оның жанарынан үндіс шал қатты қысылды.

Үндіс басын иіп ізет етті де, сәбиін ұмсынды. Сальватор шапшаң да сенімді, әрі мейлінше сақ қимылмен науқас қызды үндістің қолынан алды да, бала оранған шүберекті сыпырып тастап, оны бөлменің бұрышында тұрған жәшікке қарай лақтырып жіберді және дөп түсірді. Үндіс жалба-жұлба шүберегін жиып алмаққа жәшікке қарай қисалақтап бара жатқан, бірақ оны Сальватор жеки сөйлеп тоқтатты:

–      Қалдыр, тиме!

Сосын қызды үстелге жатқызды да, өзі оған қарай еңкейді. Ол үндіске бір қырын тұрған. Сондықтан ба, үндіске кенеттен ол доктор емес, кішкене құсқа төнген құзғын тәрізді көрініп кетті. Сальватор саусақтарымен сәбидің тамағындағы ісікті ұстап қарады. Әлгінің саусақтары да үндісті қайран қалдырды. Бұлар деген өңкей сорайған сұмдық шапшаң саусақтар еді. Оның буын-буындары тек қана төменге емес, бір бүйірге және тіпті жоғары қарай да иіле беретін секілді. Әдетте қорқақтар санатына жатпайтын үндіс шалы осынау бейтаныс кісі туғызған үрейге мойынұсынбауға тырысып бақты.

–      Тамаша. Өте жақсы, – дейді Сальватор, бейне бір ісікті қызықтағандай, оны саусақтарымен басып көріп.

Қарап біткен соң Сальватор үндіске бұрылып былай деді:

–      Қазір айдың жаңасы. Бір айдан соң келесі айдың жаңасына кел, әне, сонда қызыңды сап-сау күйінде қайтып алатын боласың.

Ол сәбиді шынылы есіктің арғы жағына, ванналар, операция жасалатын жер және науқастар жататын палаталар орналасқан жаққа алып кетті. Ал негр бұл кезде қабылдау бөлмесіне жаңа емделушіні – аяғы ауру кемпірді ертіп келе жатты.

Үндіс шал Сальватордың артынан жабылған шынылы есікке бас иіп тағзым етті де, тысқа шықты.

Тұп-тура жиырма сегіз күннен кейін әлгі шынылы есік қайта ашылды.

Есік көзінде үстінде жаңа көйлегі бар, сап-сау, екі беті нарттай немере қызы тұр еді. Ол атасына үрке қарайды. Үндіс тұра ұмтылып, қолынан шап беріп ұстай алды да, бетінен сүйді, тамағына үңіліп қарады. Ісіктің белгісі де қалмаған. Операция жасалынғанын тек көрінер-көрінбестей қызғылт тыртық ізі ғана аңғартқандай.

Қызы атасын кеудесінен итереді, ол ол ма, бұл байғұс көптен ұстара көрмеген иегін тақап бетінен сүйгенде сақалы тікенектей қадалды ма, кім білсін, немересі шыңғырып жіберді. Қолынан жерге түсіруіне тура келді. Қыздың соңынан іле Сальватор келіп кірді. Бұл жолы доктор күлімсіреп, қыздың төбесін еркелете сипап қойып тіл қатты:

–      Ал, қызыңды ала ғой. Сен оны дер кезінде әкеліпсің. Енді бірер сағат кешіккенде, мен екеш менің өзім де оны тірі сақтап қала алмайтын едім.

Үндіс шалының әжім басқан көне өңі жиырылып, еріндері дірілдеп, көзінен жас парлап қоя берді. Ол сәбиін қайта көтеріп ап, кеудесіне қысып-қысып қойды да, сосын Сальватордың алдына тізерлей жүгініп, өкси отырып былайша тіл қатты:

–      Сіз менің немеремнің өмірін сақтап қалдыңыз. Сорлы үндіс соның есесіне өз өмірін құрбандыққа бергеннен басқа не ұсына алады сізге?

–      Сенің өміріңнің не қажеті бар маған? – деп таңырқады Сальватор.

–      Мен кәрімін, бірақ бойымда қуатым бар, – деп сөзін жалғады үндіс, әлі сол жүресінен отырған күйі. – Мен немеремді шешесіне – өз қызыма апарып беремін де, сізге қайтып келем. Жасаған жақсылығыңыз үшін қалған өмірімді сізге қызмет етуге арнағым келеді. Мен сізге ит секілді адал қызмет етем. Тек осындай қайырымдылық жасаудан бас тарта көрмеуіңізді өтінем.

Сальватор ойланып қалды.

Ол жаңа қызметшілерді өте сақтықпен, әрі сирек алатын- ды. Рас, жұмыс жағы табылар еді. Иә, істер жұмыс аз емес-ті, Джимнің жалғыз өзі бақ күтуден де артылмайтын. Мына үндіс ыңғайлы кісі секілді, ал доктордың өзіне салса, қызметке негр алғаны қолайлырақ тәрізді.

–      Сен маған өз өміріңді сыйға тартам, соны қайырымдылықпен қабылда деп тұрсың ғой. Жақсы. Дегенің болсын. Сонда сен қашан қайтып келе аласың?

–      Айдың алғашқы ширегі аяқталмай тұрып осында болам,

–      деді үндіс, Сальватордың желеңінің етегін сүйіп жатып.

–      Есімің кім?

–      Менің бе?.. Кристо – Христофор.

–      Бара ғой, Кристо. Мен сені күтем.

–      Кеттік қызым! – деді шал немере қызына қарап, сосын оны қайтадан көтеріп алды.

Қыз жылап жіберді. Кристо кеткенше асықты.

ҒАЖАЙЫП БАҚ

Бір жетіден соң Кристо қайтып оралғанда, доктор Сальватор оның жанарына тіктей қарап тұрып, былай деді:

–      Ықылас қойып тыңда, Кристо. Мен сені қызметке аламын. Сен енді тегін тамақтанатын боласың және тәп- тәуір еңбекақы төлеймін...

Кристо қолын сермеп, азар да безер болды:

–      Маған түктің де керегі жоқ, тек сізге қызмет етсем болды.

–      Тоқта, тыңда, – деді Сальватор сөзін жалғап, – саған бар жағдай жасалады. Бірақ менің де саған қояр жалғыз талабым бар: сен бұл жерден не көрсең де тісіңнен шығармайтын боласың.

–Бір ауыз сөз шығарғаннан гөрі, тілімді кесіп, итке тастағаным артық емес пе?!

–Байқа, басыңа ондай бақытсыздық орнап жүрмесін, – деп ескертті Сальватор. Сосын доктор ақ халат киген негрді шақырып алды да, былайша бұйырды: – мұны баққа ертіп апар да, Джимнің қолына табыс ет.

Негр үнсіз бас иді де, үндісті ертіп ақ үйден шықты, Кристоға таныс аула арқылы екінші қабырғаның қасына барып, темір есікшені тықылдатты.

Қабырғаның арғы жағынан иттердің үргені естілді, есік сықырлады да, баяулап барып ашылды.

Кристоны есіктен итеріп баққа кіргізді де, негр есіктің арғы бетіндегі екінші бір негрге көмейден шыққан түсініксіз бір үнмен айқайлап әлдене деді де, кетіп қалды.

Кристо зәресі ұшып қабырғаға жабыса қалды: өйткені бұрын-соңды бұл көрмеген қызғылт-сарғыш түсті, қоңыр дақты бір еңгезердей мақұлықтар бұған қарай өкіріп-бақырып ентелеп келеді екен. Егер Кристо бұларды айдалада көрсе, қорқау қасқыр деп таныр еді. Бірақ бұған қарай лап қойған пәлелер итше абалай ма, қалай? Тап қазір Кристо үшін өзіне қай жыртқыш шабуыл жасағаны бәрібір еді. Ол таяу тұрған бір ағашқа қарай тұра қашып, бұтақтан-бұтаққа шапшаң өрмелей жөнелді. Негр иттерге кобра жылан тәрізді айбат шегіп ысылдады. Мұнысы иттерді дереу тыныштандырды. Олар үруді қойып, жерге жата-жата кетісті де, көздерінің астымен негрге қарап, алдыңғы аяқтарын созып жіберіп, тұмсықтарын соның үстіне салып тым-тырыс жатты.

Негр қайыра ысылдады, рас, бұл жолы ағашқа мініп алған Кристоға арналып еді мұнысы, ол қолдарын ербеңдетіп, үнділікке жерге түс деген белгі берді.

–      Сен немене жыланша ысылдайсың? – деді Кристо, өзі орнынан қозғалмай. – Тіліңді жұтып қойғанбысың, түге?

Негр ашулана ыңырсыды да қойды. «Ол, сірә, мылқау болды ғой» деп ойлады Кристо, сол сәтте Сальватордың ескертпесі есіне түсті. Шынымен-ақ, Сальватордың өз құпиясын айтып қойған құлдарының тілін кесетін болғаны ма? Бәлкім, мына негрдің де тілі кесілген шығар-ау... Осы сәт Кристоның үрейі ұшқаны соншалық, ол тіпті ағаштан құлап түсе жаздады. Оның бұл жерден қайткен күнде де және неғұрлым тезірек қашып құтылғысы келді. Ол өзі отырған ағаш пен қабырғаның арасы қанша жер екенін ойша өлшеп көрді. Жоқ, секірсе де жете алмайды екен... Ал негр ағаштың қасына келді де, үндісті аяғынан ұстап ап төмен қарай жұлқылап тарта бастады. Көнуіне тура келді. Кристо ағаштан секіріп түсіп, жадырай күлімсіреген болды, оған қолын ұсынды да, достық кейіп таныта сауал қойды:

–      Джимсің бе? – Негр басын изеді.

Кристо негрдің қолын құшырлана қысты. «Тамұққа түстің екен, жын-сайтандармен де тіл табыс» деген ойға қалды да, сосын дауыстап:

–      Сен мылқаумысың? – деп сұрады. Негр жауап қатпады.

–      Тілің жоқ па?

Негр баяғыша ләм-мим демеді.

«Аузына үңіліп көрер ме еді?» деп ойлады Кристо. Бірақ Джимнің тегінде ыммен де сөйлескісі келмейтін секілді. Ол Кристоны қолынан жетелеп қызғылт-жирен аңдардың қасына апарды да, оларға қарап әлдене деп ысылдады. Аңдар орындарынан тұрып, Кристоның қасына келді, оны иіскеледі де, самарқау күйде әрі қарай кетті. Кристоның жүрегі орнына түскендей болды.

Джим қолын бұлғап белгі берді де, Кристоны бақ аралатуға ертіп әкетті.

Тас төселген әлгі сүреңсіз аулаға кереғар бақ ішінде жасыл шөп пен гүл сыңсып тұр екен. Бақ терістікке қарай созыла, теңізге жақындай түскен сайын, бірте-бірте төмендей береді екен. Бетіне уақтап үгітілген қызғылт түсті қауашақтар төселген сүрлеу жолдар тым-тырақай қаша жөнелгендей. Жол шеттерінде түрліше кактустар және көк-жасыл түсті шырынды агавалар1, сарғыш-жасыл тартқан сан алуан гүлдер егіліп қойылған.

Шоқ-шоқ шабдалы мен зәйтүн ағаштарының көлеңкесінде ала-құла ашық түсті гүлдері аралас қалың шөп өскен. Көк шөптердің ара-арасынан айналасына ақшыл тастар қаланған хауыздар жылтырайды. Биікке шапшыған субұрқақ суы ауаны тазартып тұр.

Бақ ішінен сан дауысты құстардың сайрағаны, шиқылы мен шырылы, хайуандардың өкіріп-бақырғаны, ұлығаны мен қыңсылағаны естіледі. Кристо өз ғұмырында мыналар тәрізді небір ғажайып аңдарды көрген емес-ті. Бақтың ішінде еппен, бұрын-соңды бұл көріп-білмеген аңдар жүр.

Міне, жасыл мыс тәрізді жон арқасы жарқырап алты аяқты кесіртке жолды кесіп өтті. Бір ағаштың бұтағынан екі басты жылан салбырап тұр. Екі бірдей қып-қызыл аузын ашып, ысылдап қоя берген екі басты жыланды көргенде, Кристо сасқанынан бір жағына қарай ыршып түсті. Негр оған қарап әлгіден де қаттырақ ысылмен жауап қайырған еді, жыланы құрығыр ауада басын шайқап қойып, ағаштан сырғып түсті де, қалың қамыс арасына кіріп жоқ болды. Тағы бір ұзын жылан екі аяғымен жорғалап жолдан шығып жасырынды. Сым тордың арғы жағынан қорс-қорс еткен бір торай көрінді. Әлгі неме маңдайындағы жалғыз көзімен тесірейіп Кристоға қарай қалған.

Бүйірлері бір-біріне жабыса біткен екі егеуқұйрық бейне екі басты, сегіз аяқты құбыжық іспетті қызғылт жолдың үстімен қатар зымырап барады. Кей-кейде әлгі қосарласқан мақұлықтар өзара келісе алмай қалады: оң жақтағы тышқан оңға қарай тартса, сол жақтағысы солға қарай сүйрейді де, екеуі назалана шиқылдасады. Бірақ әр кез оң жақтағысы жеңетін секілді. Жол жанында бүйірлері жабыса біткен – «сиамдық егіз» тәрізді екі биязы жүнді қой жайылып жүр.

1 Агава – жапырағының талшығы қалың, әрі шырын өсімдік. Оның талшығынан мата, шырынынан сусын жасайды.

Олар егеуқұйрықтар секілді керіспейтін сияқты. Олардың еркі мен жігері, сірә, ежелден бірігіп, кірігіп кеткен болса керек. Кемтар байғұстардың біреуі Кристоны өте-мөте қайран қалдырды, ол – үсті-басы тыржалаңаш, қызыл шақа алпамсадай ит еді. Ал оның арқасында бейне сол иттің ішінен өсіп шыққандай болып, кіп-кішкентай маймыл: кеудесі, қолы, басы бар кәдімгідей маймыл жарбиып отыр. Ит Кристоның қасына келіп құйрығын бұлғаңдатты. Маймыл басын кекшеңдетіп, қолдарын ербеңдетіп, өзі жабыса біткен иттің арқасын шапақтап, Кристоға қарап әлдене деп баж-бұж етеді. Үндіс шал қалтасына қолын сап бір түйір қант суырып алды да, оны маймылға ұсынды. Бірақ әлдекім оның қолын шалт қимылмен бұрып жіберді. Арт жағынан ысылдаған дауыс естілді. Кристо жалт қараса, Джим екен.

Қарт негр маймылға тамақ беруге болмайтынын Кристоға ыммен және қимылмен түсіндіріп бақты. Сол сәтте-ақ кішкене денесіне тотының басы қондырылған бір торғай ұшып кеп Кристоның саусақтарының ұшындағы қантты қағып әкетті де, бұтаның артына кіріп ғайып болды. Сәл алысырақта жайылып жүрген сиыр басты бір жылқы мөңіреп қоя берді. Жылқының құйрығы қондырылған екі лама қатарласа жарысып алаңға шықты. Шөптердің, бұталардың, ағаштардың ара-арасынан Кристоға ерекше бір хайуандар, аңдар мен құстар таңырқай қарасып қалған, олар: мысық басты иттер, әтеш айдарын таққан қаздар, мүйізі қарағайдай қабан шошқалар, бүркіт тұмсықты түйеқұс – нандулар, пума денелі қошқарлар... Кристоға өзі есінен шатасқандай болып көрінді. Ол көздерін уқалап-уқалап қойды, басын субұрқақ суының астына тосып көрді, бірақ ешқайсысының пайдасы болмады. Ол суаттардан балық басты қанатты жыландарды, көлбақа тәрізді балықты, денесі кесірткенікіндей ұп-ұзын әйдік құрбақаларды

көрді.

Кристоның қайыра қашқысы келіп кетті.

Міне, ақыры Джим Кристоны үстіне құм төселген үлкен алаңшаға алып келді. Алаңшаның тап ортасында жан-жағын пальма ағаштары қоршаған, аппақ мәрмәрдан мавритандық стильде салынған вилла тұр екен. Пальма ағаштарының ара- арасынан қақпалар мен ұстындар көрінеді. Дельфин бейнесінде мыстан жасалған субұрқақтардан су атқылап, алтын балықтар асыр сап жүрген су қоймасына жаңбыр себелеп тұр. Бас кақпаның алдындағы ең басты субұрқақ – дельфинді атша мінген мифтегі Тритон1 тәрізді қауашақ-сырнай тартып отырған жас жігіт бейнесінде жасалған.

Вилланың арғы жағында тағы бірнеше тұрғын үй мен қызметшілер баспаналары, ал одан әрі қарай ақ қабырғаға шейін созыла қаптап жатқан тікенекті кактус өсімдіктері.

«Тағы да қабырға!» деп ойлады Кристо.

Джим үндісті бір шағын ғана салқын бөлмеге ертіп кірді. Ол бөлменің бұған тиесілі екенін ымдап түсіндірді де, Кристоны жалғыз қалдырып, тысқа шығып кетті.

ҮШІНШІ ҚАБЫРҒА

Аз-аздап Кристоның өзін қоршаған ғажайып ортаға бойы үйрене бастады. Бақ іші толы аңдар, жыландар мен құстар түгел қолға үйретілген болып шықты. Олардың кейбіреу- лерімен Кристо тіпті достасып та алды. Өзін алғашқы күні қатты састырған қорқау қасқыр бейнесіндегі иттер енді оның соңынан қалмайтын, қолын жалайтын, еркелейтін болып алды. Ламалар мұның алақанынан нан алып жейтінді шығарды. Тоты құстар иығына қонып алатын.

Бақ пен аңдарды тап Джим тәрізді мылқау он екі негр бағып, күтеді. Кристо олардың бір-бірімен өзара сөйлескендерін де еш уақытта естіп көрген емес. Әрқайсысы үнсіз жүріп жұмысын тындырып жатады. Джим солардың басқарушысы ма, қалай. Ол негрлерді бақылайды және оларға міндеттерін бөліп береді. Ал Кристо, өзі де күтпеген жерден Джимнің көмекшісі болып тағайындалды. Кристоның көп аса жұмысы жоқ-ты, беретін тамағы да тәуір. Оның өз

1 Тритон – грек мифологиясы бойынша теңіз толқынының тәңірісі болып саналады. Теңіз қауашағын сырнай ғып тартып, толқын шақыратын немесе оны басатын болған. Ол көбіне-көп дельфинге мінген күйде бейнеленген.

тұрмысына өкінетін жері жоқ-тын. Оны мазалайтын бір ғана жайт – негрлердің әдейі қасарысқандай үндемейтіндігі.

Бұлардың тілін Сальватордың кестіріп тастағанына еш күмән қалмады. Бір қызығы, өзін Сальватор шақыртқан сайын, Кристо: «Тілімді кесетін шығар» деген ойға қалатын. Бірақ көп ұзамай Кристо өз тілі үшін қауіптенуді қойды.

Бірде Кристо Джимнің зәйтүн ағашының түбінде ұйықтап жатқанын көрді. Соны пайдаланып, Кристо ұйықтап жатқан кісінің аузына үңіліп қарап, қарт негрдің тілі орнында екенін анықтады. Содан соң үндістің де көңілі тыншыған.

Сальватордың жұмыс күні дәлме-дәл бөлініп қойылған. Таңертеңгі жетіден тоғызға шейін доктор ауру үндістерді қабылдайтын, тоғыздан он бірге дейін операция жасайтын, ал содан соң өз вилласына кететін де, сондағы зертханада жұмыс істейтін. Ол аңдарға операция жасайтын да, оны ұзақ зерттейтін. Бақылау мерзімі біткеннен кейін, Сальватор әлгі хайуандарды бақ ішіне жібертетін. Кристо үй ішін жинап жүріп кейде оның зертханасына да кіретін. Онда көргендерінің бәрі де мұны қатты қайран қалдыратын. Онда ішіне әлденендей ерітінділер құйылған шыны сауыттарда түрлі тірі мүшелер сақталады екен. Айталық, кесіп алынған қолдар мен аяқтар дербес өмір сүріп жатады. Бір кереметі: әлгі денеден бөлек жатқан, бірақ әлі тірі мүшелер дертке ұшырай қалғандай болса, Сальватор оларды емдеп, қайта тірілтіп алып жатады.

Осының бәрі Кристоның зәресін ұшыратын. Бұдан гөрі бақ ішіндегі мүгедек мүсәпірлердің арасында болғанды тәуірірек көретін-ді.

Сальватордың үндіске көрсеткен сеніміне қарамастан, Кристоның үшінші қабырғаның арғы жағына өтуге батылы бармады. Ол мұны қатты қызықтыратын. Бірде түс әлетінде, жұрттың бәрі дем алып жатқан кезде, Кристо сол биік қабырғаның қасына жүгіріп барды. Қабырғаның арғы жағынан ол балалардың дауыстарын естіді – үндіс тілінде сөйлейтіндерін де аңғарды. Бірақ ара-тұра сәбилердің дауыстарына қосарласа әлдекімдердің шіңкілдегені,

шыңғырғаны естіліп қалады, олар, сірә, басқа бір тілде балалармен таласып жатқан тәрізді.

Бірде Кристоны бақ ішінде кезіктірген Сальватор мұның қасына келді де, әдеттегісіндей көзіне тіктеп қарап тұрып, былай деді:

–      Сенің менде жұмыс істегеніңе бір ай болды, Кристо, мен саған ризамын. Төменгі бақта менің қызметшілерімнің біреуі науқастанып қалып еді. Соны сен ауыстырасың. Онда көп жаңалықтар көресің. Бірақ әнеугүнгі келісіміміз есіңнен шықпасын, егер тіліңнен айырылғың келмесе, аузыңа мықтап ие бол.

–      Сіздің мылқау қызметшілеріңіздің арасында жүремін деп мен онсыз да адамша сөйлеуден қалып барам, – деп жауап қатты Кристо.

–      Онда тіптен жақсы. «Үндемеген үйдей пәледен құтылады». Егер сен аузыңа ие болсаң, көп алтын пезо алатын боласың. Мен науқастанып қалған қызметшімді әрі кетсе екі аптада аяғынан тұрғызармын деген үміттемін. Айтпақшы, Андыны жақсы білемісің?

–      Мен таулы жерде туғанмын.

–      Өте жақсы. Айуанханамды жаңа аңдармен, құстармен толықтыра түсуім керек еді. Мен сені өзіммен бірге ерте кетейін. Ал енді бара бер. Сені төменгі баққа Джим ертіп апарар.

Кристоның көп нәрсеге бойы үйреніп қалған еді. Бірақ оның төменгі бақтан көрген сұмдықтары күткенінен әлдеқайда сорақы болып шықты.

Күн шұғыласына бөленген кең алаңдағы көк шалғында өңшең тыр жалаңаш балалар мен маймылдар асыр салып ойнап жүр. Бұлар әр түрлі үндіс тайпаларының балалары еді. Әлгілердің арасында тіпті тым кішкентайлары да – үш жасқа жетер-жетпесі де бар, ал ең ересегі он екілер шамасында. Бұл балалар Сальваторда емделушілер еді. Олардың көпшілігі

–      ауыр операциялардан аман қалғандар, демек, өз өмірлері үшін Сальваторға борыштылар. Тәуір бола бастаған сәбилер

осылайша бақ ішіне ойнауға жіберіледі де, ал кейін әл жиып сауығып алған соң ата-аналарына қайтарылады.

Мұнда балаларға қоса маймылдар да жүрген. Өңкей құйрықсыз маймылдар. Маймылдардың денесінде бір тал жүн жоқ.

Бәрінен де қызығы – әлгі маймылдардың біреуі тәуір, біреуі нашарлау болғанымен, түгел адамша сөйлейтіндігі еді. Олар балалармен айтысады, керіседі, шіңкілдек дауыстарымен шыр-шыр етіседі. Бірақ дегенмен маймылдар сәбилермен тіл табысқан, олардың балалармен керілдесуі өздерінің бір-бірімен ұрысқандарына қарағанда анағұрлым аздау.

Кристо әу бастан бұларды шын маймыл ма, әлде адам ба, тап басып айыра алмады.

Кристо бақ ішін аралап танысқан соң, мұның көлемі жоғарғы бақтан анағұрлым шағын екенін және шығанаққа қарай күрт ылдилай созылғанын, әрі бір шеті қабырға тәрізді тік жарға барып тірелетінін аңғарды.

Теңіз, сірә, бұл қабырғадан көп алшақта жатса керек. Дуалдың арғы жағынан жарға соққан теңіз толқынының сарыны естіліп тұрды.

Бірнеше күн өткен соң, әлгі жартасты зерттеп көрген Кристо оның қолдан жасалған дүние екенін анықтады. Қалың жыныс арасынан Кристо сұр темір есік тапты, сырт көз оны жартастан айыра алмауы үшін әдейі сұр бояумен сырлап тастаған екен.

Кристо тың тыңдады. Жартастың арғы жағынан толқынның шолпылынан өзге түк дыбыс естілмеді. Мына тар есік қайда апарар екен? Теңіздің жағасына ма?

Кенет дабырлаған сәби үні естілді. Балалар жапырлай аспанға қарасып тұр екен. Кристо да басын көтеріп қарап еді

–      бақ үстімен баяу жылжи ұшып бара жатқан балалар ойнайтын шағын да қызыл шарды көрді. Жел шарды қуалап теңізге қарай әкетті.

Бақ үстімен ұшып кеткен кәдімгі балалар ойнайтын кішкене шар Кристоның көңілін қатты қобалжытты. Ол тынышсыздана

бастады. Содан науқас қызметшінің сауығып оралуы мұң екен, Кристо тұп-тура Сальваторға барды да, сөз бастады:

–      Доктор! Көп ұзамай сіз бен біз Андыға аттанбақпыз, бәлкім, ұзақ болармыз. Маған қызым мен немеремді көріп қайтуға рұқсат етіңізші.

Сальватор қызметшілерінің ауладан шыққанын ұнатпайтын да, жалғыз бастыларды ғана жинайтын. Үн-түнсіз Кристо Сальватордың көзіне телміре қарап қалған.

Сальватор түсін суыта Кристоға жақтырмай қарады да, мынаны есіне салды:

–      Келісімді есіңнен шығарма. Аузыңа ие бол! Үш күннен қалмай орал. Тоқтай тұр!

Сальватор басқа бөлмеге еніп кетті де, одан ішінде алтын ақшалар сыңғырлаған тері қалта алып келді.

–      Мынау сенің немере қызыңа. Ал мынау сенің ауызбастырығың.

ШАБУЫЛ

–      Егер ол тап бүгін де келмейтін болса, Бальтазар, онда мен сенің көмегіңнен бас тартамын да басқа бір ептірек әрі сенімдірек кісілер жалдайтын боламын, – деді Зурита, ұлпа жүнді мұртын жұлқылай отырып.

Бұл жолы Зурита қалаша ақ костюм және күнқағарлы қалпақ киген. Ол Бальтазармен Буэнос-Айрестің маңында, әлгі өңделген егістік жер бітіп, пампастар басталатын тұста жолығысқан.

Ақ көйлек пен көкшіл жолақ шалбар киген Бальтазар жол шетінде, күнге күйіп сарғайған шөптерді шымши жұлқылап тым-тырыс отырған.

Ағасы Кристоны Сальваторға жансыз етіп жібергеніне енді оның өзі де өкіне бастаған.

Кристоның Бальтазардан он жас үлкендігі бар еді. Жасамыстығына қарамастан Кристо әлі де ширақ әрі мықты болатын. Өзі пампас мысықтары тәрізді айлакер еді. Сөйте тұра оған сенуің де қиын еді. Бастапқыда ол ауыл шаруашылығымен айналыспақ болды, бірақ ол бұны зеріктіріп жібергендей көрінді. Содан кейін портта ішімдік сататын дүкенше ұстап еді, бірақ ішімдікке тым үйір болып кетті де, көз ұзамай тақырға отырды.

Соңғы жылдары өзінің кереметтей айлакерлігін, ал кейде тіпті зымияндығын танытып Кристо небір күдікті істермен айналыса бастаған. Мұндай адам жансызға лайықты-ақ, тек бұған сеніп болмайтын.

Егер өзіне тиімді болса, ол туған інісін сатып кетуге бар. Бальтазар мұнысын білетін, сол себепті де Зуритадан кем абыржып отырмаған.

–      Сен өзің жіберген әуе шарыңды Кристоның көретіндігіне сенімдімісің?

Бальтазар екіұштылау иығын қиқаңдатты. Оның осынау шатақтан тезірек құтылып, үйге қайтқысы, шарап қосып суық су ішкісі әрі ертерек жатқысы келіп отырған.

Батып бара жатқан күннің соңғы сәулесі төбенің арғы бетінен көтерілген шаңға түсті. Тап осы сәтте ащы әрі ұзаққа созылған ысқырық естілді. Бальтазар селк ете түсті:

–      Бұл – сол!

–      Бәсе!

Кристо сергек адымдап бұларға қарай келе жатты. Ол қалжыраған үндіс шалына мүлде ұқсамайтын. Тағы бір лекіте ысқырып қойып, Кристо таяп келді де, Бальтазар және Зуриталармен амандасты.

–      Ал қалай, су перісімен таныса алдың ба? – деп сұрады одан Зурита.

–      Әзірше жоқ, бірақ ол сонда. Сальватор періні төрт қатар қабырғаның артына тығып қойған. Басты шаруа тынды: мен Сальватордың қызметшісімін және ол маған сенеді. Науқас немере қыз хикаясы сәтті шықты. – Қуақы көздерін сығырайта Кристо күліп жіберді– Ол қыз сауығып алған соң дүниені бүлдіре жаздады ғой. Немересін жанындай жақсы көретін атасына ұқсап емірене сүйіп, құшақтап құшып жатсам, ол есуас неме жоламай, жыларман болып есімді шығармасы бар ма. – Кристо тағы біраз күліп алды.

–      Сен ол немере қызыңды қайдан тауып ең? – деп сұрады Зурита.

–      Ақша табылмайды, ал қызды табу әлдеқайда жеңіл ғой, – деп жауап қатты Кристо. – Сәбидің шешесі дән риза. Мен одан бес пезо қағаз ақша алдым да, ол сап-сау қызын қайтып алды.

Ал Сальватордан алтын пезо толтырылған ауыр қалта алғаны жайлы Кристо жұмған аузын ашқан жоқ. Әрине, оның ол ақшаны қыздың шешесіне берер ниеті де жоқ-ты.

–      Небір сұмдық Сальваторда. Нағыз айуанхана, – деді де Кристо көрген-білгенін шұбыртып айта жөнелді.

–      Мұның бәрі өте қызық екен, – деді Зурита, сигарын тұтатып жатып, – бірақ сен ең бастысын – періні көрмегенсің ғой. Бұдан әрі не істейтін ойың бар, Кристо?

–      Бұдан әрі ме? Андыға барып біршама қыдырыстап қайтпақпын, – деді де Кристо Сальватордың аң аулауға баратын сапарын сөз етті.

–      Өте жақсы! – деп дауыстап жіберді Зурита. – Сальватордың учаскесі басқа жұрттікінен оқшаулау. Оның жоқ кезін пайдаланып, біз Сальватордың мекен-жайына шабуыл жасаймыз да, су перісін ұрлап әкетеміз.

Кристо келіспей басын шайқады:

–      Сілеусіндер бастарыңды жұлып алар, сосын сіздер періні таба алмайсыздар. Бастарың аман қалса да, мен таба алмағанды сендер таба алмайсыңдар.

–      Ендеше, былай болсын, – деді Зурита сәл ойланып қап. – Сальватор аң аулауға кеткен кезде біз оның жолын торуылдайтын боламыз, оны тұтқындаймыз да, төлеміне су перісін талап етеміз.

Кристо епті қимылмен Зуританың жан қалтасынан шеті шығып тұрған сигарасының біреуін жұлып алды.

–      Рақмет сізге. Торуылдау дегеніңіз тәуірірек. Бірақ Сальватор алдап кетеді: төлем төлеуге келісімін береді де, кейін бермей қояды. Бұл дегенің испан емес пе... – Кристо шашалып қалды.

–      Сонда сен не ақыл айтпақсың? – деді Зурита енді реніш білдіре.

–      Сабыр ет, Зурита. Сальватор маған сенеді, тек әзірше төртінші қабырғаға шейін ғана жібереді. Доктор өзіне қалай сенсе, маған да солай сенетін болуы керек, әне, сонда ол маған су перісін де көрсететін болады.

–      Қойшы-ей?

–      Тап солай. Сальваторға қарақшылар тарпа бас салады,

–      деді Кристо Зуританың кеудесіне саусағымен нұқып, – ал мен – енді ол өз кеудесін соқты – араукан адал азамат, оны өлімнен құтқарып қалам. Сонда Сальватордың үйінде Кристо білмейтін құпия қалмайды («Қалтама қосымша алтын пезолар да құйылатын болады» деп іштей аяқтады ол ойын).

–      Несі бар, мұның жаман ой емес. Олар Кристоның Сальваторды қай жолмен бастап баратынын ақылдасты.

–      Біз жолға шығар күні мен қабырғаның сыртына қызыл тас тастайтын болам. Әзір тұрыңдар.

Шабуылдың жоспары мұқият ойластырылғанына қарамастан, бір күтпеген жағдай істің барысын бүлдіре жаздады.

Зурита, Бальтазар және порттан жалдап алған он баскесер гаучолардың1 киімдерін киіп, әрі мықтап қаруланып, салт ат мінген күйлерінде өз құрбандарын елден шалғайлау жерде тосып тұрған.

Тас қараңғы түн болатын. Олар ат аяғының дүбірі естілер ме екен деп елеңдеп күтіп тұрған. Бірақ Кристо Сальватордың қазір бұдан бірнеше жылдар бұрынғыдай аң аулауға бармайтынын білмеген еді.

Қарақшылар таяп қалған мотор үнін оқыс естіді. Ана бір төбеден көз шағылыстыра шам сәулесі жарқ ете түсті. Аттылар не болғанын түсініп үлгергенше, алпамсадай қара автомобиль олардың қасынан зу етіп өте шықты.

Зурита ашына балағаттап, күйіп-пісті де қалды.

Бальтазардың бұған күлкісі келді.

1 Гаучо – пампастар арасында өмір сүретін жартылай тағы малшылар тайпасы, үндіс қаны басымырақ метистер. Тамаша шабандоздар.

–      Налымаңыз, Педро, – деді үндіс. – Күндіз күн ыстық қой, Сальватордың машинасында екі күні бар екен, сондықтан түнде келе жатыр. Күндіз олар дем алатын болады. Біз оларды дем алып жатқан жерлерінде қуып жететін боламыз,

–      деді де Бальтазар атын бір тебініп қап, әлгі машинаның артынан шаба жөнелді.

Оған басқалары ілесті.

Бір-екі сағаттай шапқан аттылар кенет алыстан жылтыраған отты аңғарды.

–      Бұл – солар. Олар бірдеңеге ұшыраған болды. Тоқтаңдар, мен еңбектеп барып, біліп қайтайын. Мені күте тұрыңдар.

Іле аттан қарғып түсті де, Бальтазар жыланша жорғалай жөнелді.

Бір сағаттан соң қайтып оралды.

–      Машинасы жүруге жарамай тұр. Бұзылған. Олар соны жөндеп жатыр: Кристо күзетте тұр. Асығуымыз керек.

Басқасының бәрі ә дегенше болды. Қарақшылар тарпа бас салды. Сальватор есін жиып үлгергенше оның, Кристоның және үш негрдің аяқ-қолдарын байлап тастады.

Жалдамалы қарақшылардың бірі, тонаушы топтың басшысы – Зурита көзге түспеуді ұйғарған – Сальватордан бас бостандығы үшін орасан көп төлем талап етті.

–      Мен төлеймін, тек босатыңыздар, – деп жауап қатты Сальватор.

–      Бұл сенің құның. Ал сен қасындағы серіктерің үшін де осынша құн төлеуге тиіссің.

–      Бірден ондай сома төлей алмаймын, – деп жауап қатты Сальватор сәл ойланып қап.

–      Ендеше, оны өлтіреміз! – деп шу ете түсті қарақшылар.

–      Егер біздің шартымызға көнбейтін болсаң, таң атқан соң сені өлтіреміз, – деді қарақшылардың басшысы.

Сальватор иығын бір қиқан еткізді де, былайша жауап қатты:

–      Ондай қазына қолда жоқ.

Сальватордың сабырлылығы қарақшы екеш қарақшыны да қайран қалдырды.

Ұсталғандарды машинаның арт жағына қалдырып, қарақшылар тінту жүргізді де, ақыры спирт қорын тауып алды. Олар әлгі спиртті таласып ішіп, тым-тырақай мас болып ұйықтап қалды.

Таң біліне бере, әлдекім ақырын еңбектеп Сальватордың қасына келді.

–      Бұл мен ғой, – деді Кристо сыбырлап. – Қолымды босатып алудың сәті түсті. Сосын жасырынып барып күзеттегі қарулы қарақшыны өлтірдім. Қалғандары ұйықтап жатыр: Шофер машинаны жөндеген. Тез қашуымыз керек.

Олар асығып-үсігіп автомобильге мінді, негр – шофер моторға от алдырды да, машина орнынан ытқи қозғалып, жолға түсе заулай жөнелді.

Арт жақтан айқай-шу, бейберекет атылған мылтық дауыстары естілді.

Сальватор Кристоның қолын құшырлана қысып қойды.

Тек Сальваторлар кеткеннен кейін ғана, Зурита өзінің қарақшыларынан Сальватордың құн төлеуге келіскенін естіді.

«Не пәле екені белгісіз су перісінен гөрі, – деп ойлады Зурита, – сол құнын алып қана қойғаным тиімді ме еді, әлде?» Бірақ ол кезең өтіп кеткен еді де, енді тек Кристодан хабар күтуі ғана қалған-ды.

АДАМ-БАЛЫҚ

Кристо Сальватор өзінің қасына келіп: «Кристо, сен мені бір өлімнен құтқардың. Енді менің қол астымдағы дүниеде сенен жасырар сыр болмайды. Жүр, саған су перісін көрсетейін» дер деп күткен.

Бірақ Сальватордың бұлай етерлік ойы болмаса керек. Ол өзін құтқарғаны үшін Кристоға мол сыйлық берді де, өзінің ғылыми жұмыстарымен шұғылданды.

Уақытын босқа кетірмей, Кристо төртінші қабырға мен құпия есікті зерттеуге кірісті. Ол көпке шейін түк бітіре алмады, дегенмен, қояр да қоймай жүріп, Кристо ақыры тетігін тапты. Бірде, әлгі есікті сипалап жүріп ол көзге ілінер-ілінбес томпиған бірдеңені тапты да, соны басып қалды. Кенет есік сырғи ашылды. Сөйтсе ол отқа өртенбейтін темір шкаф тәрізді ауыр да қалың дүние екен. Кристоның жып беріп арғы жағына өтуі мұң екен, есік іле қайыра жабылсын. Ол біршама сасқалақтап қалды, есікті жағалай ұстап байқады, сол дөңестеу тұстарын басып көрді, бірақ есік ашылмады.

–      Өзіңді өзің торға түсірдің деген осы, – деп күңкілдеді Кристо.

Бірақ басқа амалы да қалмаған. Өзі білмейтін Сальватордың құпия бағын аралап көруге тура келген.

Кристо қалың бақтың арасына кірді. Бүкіл бақ жан-жағынан қолдан қаланған жартастардан жасалған биік қабырғалармен қоршалған шағындау шұңқырға орналасқан. Теңіздің толқындары ғана емес, жағадағы құмға сырып тастаған сәттегі қиыршық тастардың сырылына шейін естіліп тұрады екен.

Бұл арада, негізінен, әдетте дымқыл топырақта ғана өсетін ағаштар мен бұталар шоғырланған. Күнді қалқалаған үлкен бәйтеректердің көлеңкесінде кішігірім бұлақтар сылдырап ағып жатыр. Ондаған су бұрғақтардан атқылаған су шашырандылары ауаны дымқылдандырып тұр. Миссисипидің ойпатты жағалауларындағы тәрізді ылғалды жер екен. Бақтың тап ортасында төбесі жайпақ шағын ғана тас үй тұр. Оның қабырғаларын тұтасымен шырмауық көмкерген. Әйнектердегі жасыл жамылғылар төмен түсіріліп қойылған. Үйде жан баласы тұрмайтын тәрізді.

Кристо бақтың арғы шетіне дейін барды. Мекен-жайды шығанақтан бөліп тұрған қабырғаның түбінде жан-жағын қалың ағаш қоршаған, аумағы кемінде бес жүз шаршы метрдей және тереңдігі кемі бес метрлік төрт бұрышты кең хауыз бар екен.

Кристо жақындай бергенде, қалың жыныс арасынан әлдебір мақұлық бұдан қорқып, суды шашырата хауызға қойып кеп кетті. Кристо да абыржып тоқтап қалды. Сол!

«Су перісі». Ақыры Кристо көретін болды оны.

Үндіс шал су қоймасының қасына барып, мөлдір суға көз тікті.

Хауыздың түбінде, аппақ тас тақтаның үстінде үп-үлкен маймыл отыр екен. Ол су астынан Кристоға әрі үрке, әрі таңырқай қарап қалған. Кристо да қатты қайран қалып тұр: маймыл су астында еркін тыныстайды екен. Бүйірі бір көтеріліп, бір басылып, тыныстағаны көрініп тұрды.

Бірте-бірте есін жиған Кристо еріксіз күліп жіберді: балықшылардың зәре-құтын қалдырмай жүрген «су перісі» кәдімгі қос мекенді маймыл болып шыққаны да.

«Бұл дүниеде небір ғажаптар болады десеңші!» деген ойға қалып тұр қарт үндіс.

Кристо өзіне өзі дән риза: ақыры бәрі-бәрін біліп тынды. Бірақ ол бір жағынан түңіліп тұрған. Мына маймыл әлгі құбыжықты көрдік дегендердің айтқанына ұқсамайды ғой, түге. «Қорыққанға қос көрінеді» деген осы екен-ау!

Айтпақшы, қайтуды ойлауы керек еді-ау. Кристо кейін, есікке қарай қайтып, қабырғаның түбіндегі бір биік бәйтерекке өрмелеп шықты да, аяғын сындырып алуы мүмкіндігін біле тұра, биік дуалдан жерге қарғып түсті.

Аяғына енді тұра бергені сол еді, Сальватордың даусын естіді.

–      Кристо! Қайда жүрсің?

Кристо жол шетінде жатқан бір тырнауышты ала сап, қуарған жапырақтарды жинай бастаған.

–      Мен мұндамын.

–      Кеттік, Кристо, – деді Сальватор, жартасқа жасырынған құпия есікке қарай бастап. – Бері қара, мына есік былайша ашылады, – деді де Сальватор Кристоға таныс есіктің жоғарғы жағындағы сәл дөңестеу тұсын басып қалды.

«Доктор кешікті, мен періні көріп қойғам» деп ойлады Кристо.

Сальватор мен Кристо баққа енді. Шырмауық көмкерген тас үйдің қасымен жүріп Сальватор хауызға қарай беттеді. Маймыл көбік шашып, әлі су ішінде отыр екен.

Кристо оны тұңғыш көріп тұрғандай қайран қалып, ышқына дауыстап жіберді. Бірақ сәлден кейін оның шын таңырқауына тура келді.

Сальватор маймылға тіпті назар аударған да жоқ. Ол бейне бұған кедергі болатындай қолын бір сермей салды. Маймыл сол сәтте судан жүзіп жағаға шығып сілкінді де, ағаш басына өрмелей жөнелді. Сальватор еңкейіп шөптерді сипалап жүріп, бір шағын ғана жасыл пластинаны басып кеп қалды. Қатаңдау шуыл естілді. Хауыздың бір шетіндегі еденнен есік ашылды. Бірнеше минут ішінде хауыздың ішіндегі су ағып бітті. Әлгі есік қайта жабылды. Енді бір бүйірден темір баспалдақ шыға келді, онымен хауыздың түбіне түсуге болатын еді.

–      Кеттік, Кристо.

Олар хауыздың ішіне түсті. Сальватор аяғымен тақтайлардың бірін басып еді, тағы бір есік ашылды – хауыздың тап ортасында екен – кеңдігі бір шаршы метр. Темір баспалдақтар жер астына қарай кеткен.

Кристо Сальваторға еріп жер асты үңгірге кірді. Олар едәуір ұзақ жүрді. Ішке төбедегі есіктен күліңгір сәуле түсіп тұрған. Бірақ көп ұзамай ол да ғайып болды. Олардың төңірегі тастай қараңғы еді. Жер асты дәлізде аяқ дүрсілі ғана жаңғырып естіліп тұрды.

–      Сүрініп қалма, Кристо, қазір жетеміз. – Сальватор бір тұсқа келгенде тоқтап, қабырғаны қолымен сипалады. Сөндіргіш тетіктің шыртылы естілді де, айнала самаладай жарық болды. Олар сталактитті үңгірде, ауыздарына темір сақиналар тістеген арыстандар суреті салынған қола қақпаның қасында тұр екен. Сальватор әлгі сақиналардың біреуін ұстап жұлқып қалды. Ауыр есік жылжи ашылды да, серіктестер тағы бір қараңғы залға енді. Тағы бір тетік шырт етті. Күңгірт шар бір үлкен үңгірге жарық түсірді, оның бір қабырғасы шыныдан жасалған екен. Сальватор бұл шамды сөндіріп, басқасын жақты: үңгір іші тастай қараңғыланды да, ал қуатты прожекторлар әлгі шынының ар жағындағы қуысқа сәулесін төкті. Бұл алып аквариум – дәлірек айтсақ, теңіз түбіндегі шыны үй тәрізді дүние еді. Жер астында маржан шоғырлары мен балдырлар бой түзеп өсіп тұр да, солардың арасында асыр сап кішкене шабақтар жүзіп жүр. Содан кенет Кристо әлгі балдырлар арасынан шығып келе жатқан табаны әп- әйдік, адамға ұқсас бірдеңені аңғарды. Бейтаныс құбыжықтың денесі күмістей жылтыраған ақшыл-көк қабыршықтарға толы екен. Әлгі мақұлық шапшаң, да ширақ қимылмен шынылы қабырғаның қасына жүзіп келді де, Сальваторға қарап басын изеді, сосын шынылы үйдің ішіне енді де, артқы есігін жапты. Камера ішіндегі су тез сарқылып аға бастады. Белгісіз жан екінші есікті ашты да, бұлар тұрған үңгірге енді.

–      Көзілдірігің мен биялайыңды шеш, – деді Сальватор. Бейтаныс жан тіл алып көзілдірігі мен биялайын шешіп еді, Кристо қарсы алдында тұрған сұңғақ бойлы сұлу жігітті

көрді.

–      Танысыңыздар: Ихтиандр, адам-балық немесе дәлірек айтсақ, амфибия, сосын су перісі де осы, – деп таныстырды жас жігітті Сальватор.

Жігіт жадырай күлімсіреп үндіс шалға қолын ұсынды да, таза испан тілінде сөйлеп қоя берді.

–      Сәламатпысыз!

Кристо үн-түнсіз күйі ұсынылған қолды алды. Қайран қалғаны сонша, тіл қатуға шамасы жоқ-ты.

–      Негр, Ихтиандардың қызметшісін айтам, науқастанып қалыпты, – деді Сальватор сөзін жалғап. – Мен сені Ихтиандрдың қасында бірнеше күнге қалдырмақпын. Егер сен жаңа міндеттеріңді жақсы атқарардай болсаң, онда мен сені Ихтиандрдың тұрақты қызметшісі етіп қалдырам.

Кристо үнсіз бас изеді.

ИХТИАНДРДЫҢ БІР КҮНІ

Әлі түн, бірақ таң сібірлеп келе жатқан. Ауа жылы да дымқыл, магнолия, тубероз, резеда гүлдерінің хош иісі мұрын жарады. Жапырақ атаулы мүлгіп тұр. Тым-тырыс. Ихтиандр бақ ішіндегі құм төселген сүрлеу жолмен жүріп келеді. Белбеуіне қыстырылған қанжары салақтап аяғына соғылады, көзілдірігі, қолға және аяққа киетін биялайы –«көлбақа табандары» көрінеді. Тек аяғының астында сытырлаған қабыршақ құм дыбысы ғана тыныштықты бұзып тұр. Сүрлеудің өзі буалдырланып әрең көрінеді. Екі жағынан ағаштар мен бұталар қарауытады. Су қоймаларынан көтерілген бу жеңіл тұманға айналған. Кейде Ихтиандр бұтақтарға соқтығысып қалады. Оның шашы мен ып-ыстық шекесін ауық-ауық таңғы шық бүркіп өтеді.

Сүрлеу күрт оңға, ылдиға қарай бұра тартты. Ауа барған сайын салқындап, дымқыл тарта бастаған. Ихтиандр аяғының астындағы тас плиталарды аңғарды да, ақырын жүріп барып тоқтады. Аспай-саспай шынысы қалың алпамсадай көзілдірігін, қолы мен аяғына биялайын киді. Өкпесін кере ауа жұтып ап, суға қойып кеп кетті. Су денесін кәдімгідей сергітіп, алқымындағы желбезегі салқын тарта бастады. Желбезегінің желкендері біркелкі қозғалысқа енген адам енді «балыққа» айналып еді.

Қолын құлаштай бірер қимыл жасап еді, Ихтиандр су қоймасының түбінен бір-ақ шықты.

Жігіт тас қараңғы тұңғиықта еркін жүзіп келеді. Қолын созып жіберіп, тас қабырғадағы темір тұтқаны тауып алды. Соның қатарында екіншісі, үшіншісі... Сөйтіп, ол төбесіне шейін су толы тоннельге жетті. Алдан соққан қатты да суық ағысқа қарсы біраз жер жүзді. Бір сәт төменнен серпіле секіріп су бетіне шықты – бейне бір жылы ваннаға енгендей сезінді өзін. Бақтың су қоймаларында жылынған су тоннельдің бетімен ағып отырып ашық теңізге құятын. Енді Ихтиандр ағысты бойлай жүзе алады. Қолдарын айқастыра шалқасынан жатып ап бас жағымен ілгері жүзіп келеді.

Тоннельдің шеті де таяу қалған. Сонда теңізге шығар тұста төменнен, жартастың ара-арасынан қатты қысыммен су атқылап жататын. Соның ағысы сүйрелеген қиыршық тастар мен қауашақтардың тысыры естілді.

Ихтиандр етпетінен аударылып түсіп, алға қарады. Тас қараңғы. Қолын алға созып байқады.

Су сәл-пәл салқындай түскен. Алақандары темір торға барып тиді ақыры, оның сымдарын жұмсақ та тайғақ теңіз өсімдіктері мен қауашақтар қаптаған. Сол торды бойлап жүріп, жігіт өзіне белгілі күрделі ысырманы тапты да, соны ашты. Тоннельден шығар есікті бітеп тұрған ап-ауыр тор көзді есік баяу сырғып ашылды. Ихтиандр сол саңылау арқылы сып етіп ар жағына өтті. Шарбақтың есігі қайта жабылды.

Суды аяқ-қолымен бірдей есіп адам-балық теңізге қарай бет түзеді. Су іші әлі қараңғы еді. Тек тастай қара тұңғиықтан кей-кейде түнгі жылтырауық жәндік пен көмескі-қызғылт медузалар жалт етіп көрініп қалады. Бірақ таң да таяп қалған- ды, сондықтан болар, жылтырауық жәндік атаулылар да бірте-бірте шамдарын сөндіре бастаған.

Ихтиандр алқымындағы желбезегі тұсынан мыңдаған ұсақ шаншулар сезіне бастады – тынысы тарыла түскен. Бұл деген

–      жартасты мүйісті артқа тастағаны. Мүйістен әрі өткенде теңіз суына саз балшық, қиыршық құм және түрлі заттардың қалдықтары араласып ластанатын. Су тұщылана бастады – бұл осы маңнан теңізге өзен суы кеп қосылады деген сөз.

«Ғажап, өзен-көлдердегі балықтар лай, тұщы суда қайтіп өмір сүреді екен, – деген ойға қалды Ихтиандр. «Сірә, олардың алқымындағы желбезектеріне қиыршық құм мен лай бөлшектерінің еш әсері болмағаны да».

Ихтиандр біразырақ өрлей жүзіп барып, оқыс оңға, түстікке қарай бұрылды да, содан соң қайыра төмен қарай сүңгіді. Бұл араның суы тазарақ. Ихтиандр жағалаумен жарыса, оңтүстіктен солтүстікке қарай, Парана өзенінің құйылысына шейін ағатын су астындағы суық ағысқа түскен, бұны тек-сол өзен ғана шығысқа қарай бұрып әкететін. Ағыс тым тереңге дейін бойлай ағатын-ды, бірақ жоғарғы шегі теңіз бетінен он бес-жиырма метрдей ғана-тын. Енді Ихтиандр өзін осы ағыстың еркіне билетсе болады – өйткені ол мұны теңіз төріне шейін жеткізіп сала алады.

Сәл қалғып алса да болар. Қауіп-қатер жоқ: әлі қараңғы, демек, теңіз жыртқыштарының ұйқыдағы кезі. Күн шығар кездегі ұйқы қандай тәтті!

Судың температурасын, су асты ағыстың өзгерістерін ол терісімен сезініп келеді.

Міне, құлағына күмбірлеген қатқыл дыбыс шалынды, сосын ол тағы-тағы қайталап естілді. Бұл зәкір шынжыр- лардың дыбыстары еді: шығанақта, Ихтиандрдан бірнеше шақырымдай жерде, балықшылар кемелері зәкір көтеріп жатқандығының белгісі бұл. Таң таяу. Ал, міне, сонау алыстан талып жеткен біркелкі гүріл естілді. Бұл «Горрокстың»– Буэнос-Айрес пен Ливерпуль аралығына сапар шегетін ағылшындық алып теңіз кемесінің моторы мен ескегінің үні.

«Горрокс» әлі қырық шақырымдай жерде. Ал даусы қалай анық естіледі десеңізші! Дыбыс деген су астында секундына мың жарым шақырым шапшаңдықпен зымырайды ғой.

«Горроксты» түнде көргеніңіз қандай ғажап – самсаған шам нұрына бөленген тұтас бір жүзбелі қала дерсің! Бірақ оны түн ішінде көргің келсе, кештен-ақ ашық теңіз төріне шығып кетуің керек. Өйткені Буэнос-Айреске «Горрокс» таң атып, күн шашырай шығып, жұрт шамдарын сөндірген кезінде келеді. Жоқ, енді қалғудың реті келмес: «Горрокстың» ескектері, рулі мен моторлары, оның денесінің дірілі, жарқ- жұрқ еткен шамдары теңіз тұрғындарын еріксіз оятатын болды, түге. Сірә, «Горрокстың» келе жатқанын алдымен естіген дельфиндер болар да, жаңа Ихтиандрды сақтандырған да солардың шолп-шолп сүңгуінен көтерілген жеңіл толқындар болса керек. Сосын олар, сөз жоқ, кемеге қарай жарыса жүзіп бара жатқан шығар-ақ.

Кеме моторларының гүрілі тұс-тұстан шыға бастады: порт пен шығанақ ұйқыдан оянғаны бұл. Ихтиандр соңғы ұйқыдан сергиін дегендей көзін ашып алып, басын шайқады, қолдарын құлаштай сермеп, аяғымен серпіліп, теңіз бетіне қарай көтерілді.

Сақтық жасап басын судан сәл шығарып, жан-жағына қарады. Жақын маңда не кеме, не қайық жоқ екен. Енді ол аяғымен сәл демей, беліне шейін судан көтерілді.

Бірқазан құстар мен шағалалар теңіз бетіне тым таяу төмендеп ұшады, кейде кеуделерімен немесе қанаттарының ұшымен айнадай жарқыраған су бетін сәл тілгілеп өтеді де, содан пайда болған су шеңберлері баяу жылжып тарасып жатады. Ақ шағалалардың даусы сәбидің жылағанын еске салады. Әне, алып қанаттары суылдап, жел өтере, Ихтиандрдың үстінен аппақ қардай орасан зор альбатрос- дауылпаз ұшып өтті. Оның қауырсын қанаттары қара, тұмсығы қызыл, тек ұшы сарғыштау, ал табандары қызғылт сары келеді. Ол шығанаққа қарай беттеп барады. Ихтиандр оған сәл қызғана қарайды. Оның қанаты ғой созып жібергенде кемі төрт метр. Тап сондай қанаты болар ма еді, шіркін!

Батыс бетте түн алыс таулардың артына жасырынған. Әлден-ақ шығыс жақ алқызылданып келеді. Теңіз бетінде көзге ілінер-ілінбес кішкене толқын пайда бола бастаған және соның бетінде – алтын түстес ағыс аңғарылады. Ақ шағалалар биігірек көтерілсе, түстері қызарып көрінетін әдеті. Бозғылт су бетінде шұбар, көгілдір және көкшіл жолақтар пайда болған: бұл жел көтеріле бастағанының белгісі. Көкшіл жолақтар бірте-бірте көбейе түсті. Жел қатая бастағаны. Құмды жағалауда әлден-ақ ұлпа толқынның сарғыш-ақшыл тілдері жылтылдайды. Жағаға таяу тұстағы су жасыл реңк алған.

Балықшылар кемелерінің тұтас бір флотилиясы жақындап келеді. Әкесі «жұрт көзіне түсуші болма» деп қатты ескерткен- ді. Ихтиандр тұңғиыққа тереңдей сүңгіді, денесі салқын ағысты сезіне бастады. Сол мұны жағадан алыстата, шығыс бетке, теңіз төріне қарай қақпақылдай жөнелді. Жан-жағын теңіз тұңғиығының ақшыл көк түсті қараңғылығы қоршаған. Маңында балықтар жүзіп жүр, олардың дені ақшыл-жасыл түсті, кейбірінің қара дақтары мен жолақтары бар тәрізді. Қызыл, сары, қоңыр, лимон түстес балықтар да бейне ала- кұла көбелектер тобы тәрізді ерсілі-қарсылы жосып жүр.

Жоғары жақтан гүріл естілді, су қарауытты. Бұл теңіз бетіне тым таяу ұшқан әскери гидроплан еді.

Бірде осындай гидропланның суға қонғаны бар. Ихтиандр жасырын жүзіп барып әлгінің қалтқысының темір қазығына жармассын, содан... өліп қала жаздағаны: гидроплан ойламаған жерден оқыс ұшып кетпесі бар ма?! Ихтиандр он метрдей биіктен секіріп үлгерді.

Ихтиандр басын көтеріп қарады. Күн сәулесі тас төбеден дерлік түсіп тұрған. Тал түстің таянғаны. Су беті әдеттегідей төмендегі саяз жердің қиыршық тастарын, ірі балықтарды, Ихтиандрдың өзін көрсетіп тұратын айна тәрізді емес-ті қазір. Тап қазір айна беті қисайып-мисайып, иіліп-бүгіліп, дамылсыз қозғалысқа енгенді.

Ихтиандр жоғары көтеріле бастады. Толқын бар екен. Міне, ол судан басын шығарып қарады. Толқындар жал- жал болып жөңкіле бастаған. Пәлі, айналасы керемет қой! Жағаға таяу тұстағы толқындар өкіріп-бақырып тастарды тасырлата домалатып, тентек мінезін көрсетуге кіріскен. Сол тұстың суына шейін жасыл-сарғыш түске енген. Оңтүстік- батыстан қатты жел соғып тұр. Үдей түскен толқын жалдарында бірте-бірте ақша бұйралар пайда бола бастаған. Су шашырандылары ұдайы Ихтиандрдың үстіне түседі. Ол бұған және майдай жағады.

«Неліктен бұл, – деп ойлайды Ихтиандр, – толқындар өзіне қарсы жүзсең, көкпеңбек болып көрінеді де, ал арт жағыңа қарасаң, бозаңдау тартады?»

Толқын жалдарынан көтерілген бір топ қанатты балықтар көрінеді. Әлгілер біресе көтеріліп, біресе толқын жалымен бірге төмен түсіп дегендей жүздеген метр жерге дейін ұшып барып қонады да, сосын бірер минуттан кейін судан қайыра атылады. Ақ шағалалар аласұрып, зар жылайды. Кең қанатты, ұзын құйрықты шапшаң құс – фрегаттар ауаны тілгілей ұшып жүр. Үп-үлкен имек тұмсықты, тырнақтары сояудай, жасыл сұр реңкіне қоңыры аралас қауырсынды, тамағының асты қызғылт-сары болып келетіні – бұл еркегі. Ал соны айналшықтап жүрген түсі ақшылдау, әсіресе кеуде тұсы аппақ екіншісі – ұрғашысы. Әне, онысы лақтырылған тастай төмен қарай құлдилай құлап еді, келер сәтте-ақ тұмсығына күмістей жылтыраған көгілдір түсті балықты қыстырып ап қайыра көтерілді. Дауылпаз – альбатростар да ара-тұра атойлап шығады. Дауыл көтерілерінің белгісі бұл. Найзағайлы жауын бұлтына қарсы енді тағы бір тамаша батыл құс – паламедея да ұшып шыққан шығар-ақ. Өйткені найзағай бұлтын әсем әнімен қарсы алу – оның әдеті. Соның есесіне балықшылар қайықтары мен сәнді яхталар желкендерін кере көтеріп, жағаға қарай жылыстап барады, дауылдан қашып бара жатқандағысы.

Су беті қошқылдана қарауытқан шақ, бірақ қалың су қабаттары астында жүріп-ақ күннің – үп-үлкен ақшыл дақтың қай тұста екенін аңғаруға болатын. Бағытын белгілеп алуға осының өзі жетіп жататын-ды. Күн көзін бұлт басқанға дейін саяздау тұсына жетіп алуы керек, әйтпесе таңертеңгі астан қағылдым дей бер! Ал қарны аша бастағанына көп болған. Тас қараңғыда не қайраңды, не су асты жартастарын көре алмайсың. Ихтиандр енді аяқ-қолын бірдей сермеп – нақ көлбақа тәрізді жүзіп келеді.

Мезгіл-мезгіл ол шалқасынан жата қалып, көк-жасыл алагеуім арқылы бағытын бағдарлап алады. Кей-кейде саяздау тұсқа жеттім бе дегендей алдыңғы жаққа көз тастап қояды. Судың қалайша өзгергенін оның желбезектері мен терісі де тез сезінетін: айталық, қайраң тұста судың қалыңдығы теңіз төріндегідей емес, әрі ащылығы да кемиді, әрі онда оттегі көптеу – қысқасы, суы жанға жайлы да жеңіл тиеді. Ол мұндайда суды тілімен жалап та байқайды. Тәжірибелі қарт теңізшілердің жердің жақындағанын ерекше белгілері арқылы анықтайтын қасиеттері бар емес пе?

Су бірте-бірте ақшыл тарта түсті. Оңы мен солынан өзіне ежелден таныс су асты жартастары байқала бастаған. Солардың ара-арасында шағын үстірт бар да, сол тас қабырғаға барып тірелетін. Ихтиандр бұл тұсты су асты шығанағы деп атайтын. Небір аласапыран кезінде де бұл маң тып-тыныш дерлік жататын еді.

Тым-тырыс су асты шығанағына жиылған балық атаулы неткен көп еді десеңізші! Балық сорпасы қайнатылып жатқан қазандағы балықтар іспетті ыбыр-жыбыр. Ұп-ұсақ, қоңыр немесе денесінің орта тұсында қоңыр жолақтары бар және құйрығы да сары, оған қоса қиғаштай тартылған қоңыр жолақты, қызыл, көкшіл, көгілдір балықшалар – олар біресе ғайып болып кетеді де, біресе тап сол араға қайта қаптап шыға келеді. Су бетіне көтеріліп, жан-жаққа көз тастасаң – құж-құж қайнаған балықтарды көресің, ал төменге қарай қайта сүңгісең, әлгілер зым-зия жоқ тәрізді.

Ихтиандр мұның себебін әлгі балықтың біреуін қолымен ұстап көргенге шейін айыра алмай қойған-ды. Сөйтсе оның денесі адамның алақанындай ғана шағын да, ал өзі мейлінше жайпақ біткен бірдеңе екен. Сол себепті де әлгі балықтарды су ішінде төбеден қарап аңғару қиын екен.

Міне, таңертеңгі асы да дайын. Теңіз үстіне төніп тұрған құлама жартастың астындағы теп-тегіс алаңшада құжынаған устрица. Ихтиандр жүзіп келіп, әлгі алаңшаның қуыстау тұсына қисая жатты да, тамақтануға кірісті. Ол устрицаны қабыршағынан сығып алады да, аузына салып кеп жібереді. Бұл, тегі, су астында да тамақтана беретін: түйір затты аузына салып қалады да жымқырылған ерні арқылы бір ұртын томпайта қойып тамақпен бірге кірген суды қайыра ытқытады. Рас, мұндайда аздап болса да су жұтады, әрине, бірақ ол теңіз суын ішіп дағдыланған жан еді.

Жан-жағында балдырлар жайқалып тұр, бұлар – жапырақтары шұрық тесік, жасыл түсті огаралар, жасыл түкті мексикандық каулерптер, нәзік те қызғылт интофильдер. Бірақ тап қазір солардың бәрі бір түсті – қоңыр сұр боп көрінетін тәрізді: өйткені судың өзі қара қошқыл – тыста найзағай мен дауыл толастамаған. Ауық-ауық күннің күркірегені дүңкілдеп естіледі. Ихтиандр мұндайда төбе жаққа бір қарап қояды.

Неліктен айнала кенет қарауытып қоя берді? Ихтиандрдың тап төбе тұсынан бір қара көлеңке пайда болған. Мұның не болуы мүмкін? Таңертеңгілік асын ішіп болған. Енді тысқа шығып байқаса да болар, Ихтиандр төбеден төнген жартасты жағалай жаңағы қара көлеңке түсірген затқа қарай көтеріліп келеді. Сөйтсе бір алпамсадай альбатрос су бетіне қонып отыр екен. Құстың қызғылт-сары аяғы Ихтиандрға тіпті таяу жерде тұрды. Ол қолын алға қарай созып жіберіп, альбатростың аяғынан шап берді. Құс шошып кетіп, алып қанаттарын жайып жіберіп, Ихтиандрды судан сүйрей, аспанға қарай көтеріле ұшты. Бірақ ауада Ихтиандр денесінің салмағы бірден ауырлап кеткендіктен, құс байғұс жұмсақ кеудесімен жігітті жаба суға қайыра құлап түсті. Ихтиандр, әлбетте, дауылпаздың қанжардай қызыл тұмсығымен өзіне тап бергенін күтіп тұрмады, кенет сүңгіп кетіп, бірер секундтан кейін басқа бір тұстан қайыра шыға келді. Альбатрос болса аспанға шапшып жатқан жал-жал таудай толқындардың үстімен шығысқа қарай ұшып бара жатқан.

Ихтиандр шалқасынан жатқан-ды. Найзағай басылған шақ. Күн енді сонау шығыс жақ бетте күркірейді. Дегенмен, жаңбыр әлі шелектеп құйып тұрған. Ихтиандр рақаттана көзін жұмды. Әне, ақыры көзін қайыра ашып түрегелді, денесі жартылай судағы күйі жан-жағына көз тастап қойды. Ол өте биік бір толқынның жалында жатқан. Жан-жағындағы дүние атаулы: аспаны, мұхиты, желі, бұлты, жаңбыры, толқыны бәрі-бәрі араласып, астасып, гүрілдеген, шуылдаған, өкірген, бақырған, сатырлаған, гүтірлеген доп-домалақ бір шумақ сулы жіп тәрізді бірдеңеге айналған. Жал ұшындағы көбіктер бұйралана буырқанып, толқындар жонына көтерілгенде, жыланша ирелеңдеп, айбат шегеді. Су таулары біресе биікке қарай екпіндей шапшиды да, келесі сәт қар көшкіні тәрізді лек-легімен төмен қарай құлдырай жөнеледі, ақ бас толқындар аласұрып, нөсер жауын шуылдап, сұрапыл дауыл аш қасқырдай ұлыған шақ еді бұл.

Жер басқан жан атаулыны үрейлендірер дүние Ихтиандрды қуанышқа бөлейтін. Әлбетте, бұдан да сақтанбаса болмайтын, әйтпесе алып толқынның астында қалу қаупі бар. Рас, Ихтиандр толқындарды балықтан кем билеп-төстемеген. Тек оларды тани білуі тиісі кейбіреуі жоғарылы-төменді сүйрей жөнелсе, енді бірінің атып жіберіп тоңқалаң асыруы бар. Ол толқын астында қандай әрекет етуді де, жел басылғанда толқын атаулының қайта зым-зия болатынын да білетін: алдымен ұсақ толқындар, содан соң ірілері жоғалатынын, ал тымықтағы уақ толқындардың ұзақ уақыт бойы тыншымайтынын айыра білетін-ді. Ол жағалаудағы толқындарға аунап-қунап ойнағанды тәуір көретін, бірақ мұның қауіпті екенін де түсінетін. Бірде толқын оқыс алып соғып Ихтиандрды тоңқалаң асырған да, ол теңіз түбіне басымен соғылып, есінен танып қалғаны бар. Кез келген адам мұндайда суға батып кетері күмәнсіз еді, ал Ихтиандр суда жатып есін жиған.

Жаңбыр басылды. Ол найзағаймен қоса шығысқа қарай жосып жөнелген-ді. Жел өзгерген. Тропикалық терістіктен жылы леп соға бастаған. Бұйра бұлттар арасынан көгілдір аспан ойықтары көрінеді. Бір сәт күн сәулесі де бұлтты тесіп өтіп, толқындарға соқты. Оңтүстік-шығыс беттегі әлі түнерулі, тұнжыраулы аспанда қосарлана кемпірқосақ пайда болған. Мұхит беті танығысыздай өзгеріп сала берген. Өте-мөте күн нұры себелеген тұстары қорғасындай қара сұр реңінен айырылып, көгілдір, ойық-ойық ашық жасыл түске енген.

Күн! Қас қағым сәтте-ақ аспан мен мұхит, жағалау мен алыс таулар күрт өзгеріп сала берді. Жауын мен дауылдан кейінгі дымқыл да жеңіл ауа қандай ғажап еді десеңізші! Ихтиандр біресе өкпесімен таза да шипалы теңіз ауасын сімірсе, біресе желбезегімен тез-тез тыныстайды. Адамдар арасында тек Ихтиандр ғана дауыл, найзағай, жел, толқын, жаңбырдың аспан мен мұхитты, ауа мен суды астастырып жіберген кезінен кейінгі тыныстың қалайша кеңитінін, әрі судағы оттегінің қалайша көбейетінін жетік білетін. Мұндайда балық атаулы, бүкіл теңіз мақұлықтары атаулы түгелімен жанданып, жадырап сала берер еді.

Нөсер жауын мен дауылдан кейін теңіз түбіндегі ну жыныстардан, су асты жартастарының тар қуыстарынан, қалың өсімдіктер мен қайраңдардан қаптап ұсақ шабақтар, соларға ілесе тұңғиық тереңнен ірі-ірі балықтар, ең ақырында, толқын әлсіреп, теңіз әбден толастаған кезде, әлсіз де нәзік медузалар, түк салмағы жоқ, мөлдір түсті шаяндар, тағы басқа теңіз жәндіктері өріп шыға келеді.

Міне, күн нұры толқын бетіне түсті. Төңіректегі су түгел көгілдірленіп сала берді, ұп-ұсақ су көпіршіктері күнге шағылыса жалт-жұлт етеді, көбік атаулы ысылдайды. Ихтиандрға таяу жерде бұған көңілді, қуақы да әуесқой жанарларын қадай оның достары – дельфиндер асыр салып жүр. Олардың жылтыраған қара қоңыр жон арқалары толқындар арасынан жылт-жылт көрінеді. Шалпылдатып су шашысып, осқырынып-пысқырынып, бірін-бірі қуалап ойнап жүр. Ихтиандр сықылықтай күледі, дельфиндерді қуалап ұстап, солармен бірге жарыса жүзеді, қосылып суға сүңгиді. Оған сірә, мына мұхит та, мына дельфиндер де, мына аспан мен күн де тек бір өзі үшін жаралғандай көрінетін болса керек.

Ихтиандр бір сәт басын көтеріп, көзін сығырайта күнге қарайды. Ол батысқа қарай маңып барады екен. Көп ұзамай кеш түспек. Бүгін мұның үйге ерте қайтқысы жоқ-ты. Көгілдір аспан қашан қоныр тартып, көкте жұлдыздар жымыңдағанша, оның тап осылай теңіз бесігінде тербетіліп жата бергісі келеді. Әйтсе де, көп ұзамай оны осынау әрекетсіздік те жалықтырған. Оған таяу маңда кішігірім теңіз мақұлықтары қырылып жатқан-ды. Ал бұл соларды құтқара алатын. Ол су бетінен сәл көтеріле, алыстағы жағаға көз тастады. Құмды шығанақтың тайыздау тұсына қарайды. Әне, мұның көмегі сол маңға қажет-ті. Өйткені теңіз толқынының шапши жатқан тұсы сол маң еді.

Осы тұста құтырынған толқын әр дауылдан соң жағаға тау-тау балдырлар мен неше түрлі теңіз жәндіктерін: медузаларды, шаяндарды, теңіз жұлдызшаларын, ал кейде аңқау дельфиндерге шейін айдап шығарып тастайтын. Медузалар көп ұзамай-ақ түгел өліп тынатын, кей балықтар суға қайыра сырғып түсетін, әйтсе де көбі жағада қырылып жатар еді. Шаяндар ғана түгел дерлік мұхитқа қайтып оралатын. Кейде толқындар жағаға шығарып тастаған құрбандықтарды теріп жеу үшін олардың өздері жағаға шығатындары бар. Ихтиандр әдетте осынау жағаға шығып қалған теңіз мақұлықтарын ажалдан арашалауды ұнататын. Дауылдан кейін ол сан сағаттар бойы теңіз жағалауын жағалап, әлгілердің құтқаруға жарайтындарын тірі алып қалатын-ды. Суға апарып тастаған балықтары құйрықтарын бұлғаң еткізіп зытып бергенде, бұл мәз боп қарап тұрар еді.

Жартылай ұйқыға шомған кей балықтары суға апарып салғанында, алғашында бір қырындай немесе қарнымен жүзіп жүріп, ақыры есін жиған сәттерін көргенде, ол кәдімгідей қуанатын-ды. Міне, ол жағадан бір үлкен балықты көтеріп суға әкеле жатыр; балық оның қолында шоршып жұлқынады, ал Ихтиандр сықылықтай күліп, «тыпыршыма, біразырақ шыдай тұр» деп үгіттейді оны. Әлбетте, егер ол мұхит төрінде жүріп, қарны ашқан сәттерде кезігер болса, тап осы балықтың пәрша-пәршасын шығарып рақаттана, тірідей жеуден тартынбас еді. Рас, ол шарасыздықтан туатын жауыздық қой. Ал мұнда, жағада, ол – теңіз тұрғындарының құтқарушысы, досы, қамқоры.

Әдетте, Ихтиандр теңіз төріне барарда да, жағаға қарай шығарда да сол су астындағы ағысты пайдаланатын. Ал бүгін мұхит пен аспаннын әдемілігі соншалық, оның ұзақ уақыт бойы су астымен жүзгісі келмеді. Жігіт біресе сүңгіп кетіп біраз уақыт су астымен жүзеді де, сосын балық аулаған теңіз құстары тәрізді қайыра су бетіне шыға келеді.

Күннің соңғы сәулесі сөнген. Батыс жақ беттегі сарғыш жолақтар біртіндеп батып барады. Түнерген толқындар, бейне қара сұр көлеңке іспетті бірін-бірі қуалай зымырайды.

Сырттағы салқын ауадай емес, су іші жып-жылы. Төңірегі тас қараңғы, бірақ қорқынышсыз. Бұл кезде ешқандай шабуыл бола қоймайды. Күндіз жортатын жыртқыштар ұйқыға кеткен де, ал түнгі жортуылшылар әлі шабуылға шыға қоймаған.

Міне, оған керегі енді табылды: теңіз бетіне таяу ағатын терістік ағысы еді бұл. Әлі басылып тынбаған кішкене өлі толқындар осынау су астындағы өзенді жоғарылы-төменді тербетіп қояды, бірақ ол ыстық терістіктен салқын түстікке қарай баяу жылжып бара жатқан. Ал одан недәуір төменіректе соған қарама-қарсы түстіктен терістікке бағыт алған суық ағыс бар. Ихтиандр жағаны бойлай ұзақ жүзгісі келгенде, осынау ағыстың екеуін де пайдаланатынды.

Бүгін ол терістік беткейге қарай тым ұзап кеткен еді. Енді мына жылы ағыс мұны тоннельге шейін апарып тастауы тиіс. Тек қалғып кетіп, одан әрі өтіп кетіп жүрмесе болғаны.

Бірде осылайша болып еді. Ол біресе қолдарын желкесінің астына айқастыра салып жатады, біресе қайыра жайып жібереді, біресе аяқтарын алшайтып, сосын қайтадан жиып ала қояды – бұл дене шынықтырумен айналысқандағысы. Ағыс оны түстікке қарай айдап келеді. Жып-жылы су және аяқ-қолдарын баяу қимылдатқаны оны тыныштандыра түсіп, рақат сезіміне бөлейтіндей.

Ихтиандр аспанға қарайды – көз алдында күлдей уақ жұлдызшалары жымыңдаған аспан күмбезі. Бұл, сірә, түнгі шырақшылар шамдарын жаққан, әрі мұхит бетіне көтерілген шақ. Кей тұстарда қараңғыдан көгілдір және қызғылт мұнар көрінеді – сәуле шашатын ұсақ жәндіктердің тығыз шоғырланғанының белгісі бұл. Жұмсақ та жасыл сәуле шаша, баяу жылжып шарлар жүзіп барады. Ихтиандрдың тап қасынан дерлік медуза жылтырайды – ол осы сәтте шілтерлі және ұзын шашақты ерсілеу қалпақ бүркеген шам тәрізді, әлгі шашақтары медуза қозғалған сайын бейне жел соғып желбіреткендей тербетіліп қояды. Қайраңдау тұстарда әлден- ақ теңіз жұлдызшалары жанған. Бір сәт тұңғиық тереңдерден түнгі жорыққа шыққан ірі жыртқыштардың оттары зулап келе жатады. Олар бірін-бірі қуалап, шырқ айналады, әлгі оттар біресе жанады, біресе сөнеді.

Міне, тағы бір қайран. Маржан өсімдігінің ирелеңдеген

бұталары мен жапырақтарының ішкі жағынан әлдекім көгілдір, қызғылт, жасыл, ақ түсті шамдар жағып қойған дерсің! Маржандардың кейбірі жыпылықтаған бозғылт сәуле шашса, енді бірі әбден балқыған аппақ металл іспетті.

Жер бетінде тұрсаң, түн баласына тым алыс аспандағы ұсақ жұлдыздарды, ара-тұра айды ғана көрер ең. Ал мұнда, су астында мыңдаған жұлдыздарды, мыңдаған айды, жұмсақ та нәзік сәуле шаша жанып тұрған мыңдаған түрлі-түсті күнді көре аласың. Мұхит түні жер бетіндегі түннен әлдеқайда әсем де көрікті!

Соны салыстырып көргісі келгендей Ихтиандр су бетіне көтерілді.

Ауа жылыныпты. Төбеде жұлдыздары қаптаған қара көк аспан күмбезі. Көкжиекте күміс тәрізді дөп-дөңгелек ай табақшасы тұр. Айдан бүкіл мұхит бетіне күміс жол тартылып тасталған.

Порт жақтан созылыңқы, жіңішке үнмен қышқырған гудок даусы естіледі. Бұл – алып кеме «Горрокстың» қайтуға бағыт алғанының белгісі. Әйтсе де, уақыт тым кеш болып қалыпты- ау! Таң атар уақыт та таяу. Ихтиандрдың үйден шыққанына тәулікке таянған. Әкесі, сірә, ұрсатын болды-ау енді.

Ихтиандр тоннельге қарай бағыт алды, сымдардың арасына қолын сұғып жіберіп темір тордың есігін ашты, тастай қараңғыда тоннель ішімен жүзіп келеді. Осынау қайтар жолда, әдетте ол теңізден бақтағы хауызға шейін баратын су астындағы суық ағысты бойлай жүзетін-ді.

Иығы әлденеге соғылды да оянып кетті. Ол хауыз ішінде еді. Жедел жоғары көтерілді. Өзіне таныс гүлдер иісі араласқан ауаны ол енді өкпесі арқылы жұтып, тыныстай бастады.

Бірнеше минуттан соң ол әкесі бұйырғанындай, кереуетке жата кетіп, ұйқыға шомды.

ҚЫЗ БЕН ҚАРА ТОРЫ КІСІ

Бірде ол найзағайлы нөсерден кейін мұхитта сайрандап жүзіп жүрген-ді.

Су бетіне көтерілген Ихтиандр өзіне таяу бір толқын үстінен балықшының қайығынан дауыл жұлып әкеткен ақ желкен қиындысы іспетті әлденені аңғарды. Жақындай жүзіп барып, ол әлгінің адам екенін – әйел, дәлірек айтқанда, жас қыз екенін көріп қайран қалды. Қыз денесі тақтайға шандып байланған.

Мына кереметтей сұлу қыздың шынымен-ақ өліп жатқаны ма? Ихтиандрдың әлгіге абыржығаны соншалық, тумысында тұңғыш рет мұхитты өлердей жек көріп кеткен сәті де осы шығар.

Бәлкім, қыз байғұс тек есінен танып жатқан шығар? Ол қыздың салбырап кеткен басын көтеріп, түзетіп жатқызды да, өзі тақтайдан ұстап, жағаға қарай жүзе жөнелді.

Ол бар пәрменімен шапшаң жүзіп келе жатқан, тек қайыра салбырап түскен қыздың басын дұрыстап жатқызу үшін ғана ауық-ауық тоқтайтын.

Ол бақытсыздыққа ұшыраған балықтарға айтатынындай қыздың да құлағына сыбырлап: «Сәл шыда!» деп қояды. Ол қыздың көзін ашқанын тілеген, бірақ содан өзі қорқатын да. Қызды тірілей көргісі келеді, әйтсе де өзін көрсе қыз шошып кете ме деп те қауіптенеді. Көзілдірігі мен биялайын шешіп ала ма, әлде? Бірақ оған көп уақыт кетеді ғой, әрі саусақты биялайсыз жүзу қиыныраққа түседі. Ол қыз жатқан тақтайды жағаға тезірек жеткізбекке қаттырақ итере, жанұшырып келеді.

Міне, толқын шарпуы күшейген тұсқа да жетті. Бұл маңда сақтанбаса болмайды. Енді толқынның өзі-ақ бұларды жағаға қарай айдап әкеле жатқан.

Ихтиандр әлсін-әлі аяғын созып жіберіп, теңіз түбінің тереңдігін байқайды. Ақыры ол тайыз тұсына да жетіп, қызды жағаға шығарды, тақтайдан шешіп алды, көтеріп бір бұталар өскен құм төбеге апарып жатқызды да, оның есін жидырмақ болып әлекке түсті – қолдан демалдырып байқады.

Оған қыздың кірпіктері жыбырлап, қабағы дір еткендей көрінді. Ихтиандр қыздың кеудесіне құлағын тосып, жүрек соғысын тыңдап еді, әлсіздеу де болса соғып жатқанын аңғарды. Қыз тірі... Оның қуанғаннан айқайлап жібергісі келді. Қыз көзін сығырайта ашып, Ихтиандрға қарап еді, өңінде сұмдық үрей белгісі пайда болды. Сосын қыз көзін қайыра жұмды. Ихтиандр әрі ренжіп, әрі қуанып тұр. Қалай дегенде де ол қызды бір ажалдан құтқарды. Енді оның зәресін алмауы үшін кетіп қалуы қажет. Бірақ оны мына дәрменсіз күйінде қайтіп тастап кете алады? Осылайша ойға шомып тұрғанда, ол арт жақтан шыққан ауыр аяқ тысырын естіп қалды. Бұдан әрі ойланып тұруға болмайтын.

Ихтиандр толқын шарпуына басымен сүңгіп кетті де, су астымен жүзіп жартасты сілемдерге қарай бет алды, ақыры бір жартасты паналай су бетіне қайта шығып, жаға жаққа ұрлана көз тастады.

Құм төбенің ар жағынан басында кең жиекті қалпағы бар, мұртты әрі шошқа сақалды қара торы кісі шыға келді. Әлгі испан тілінде ақырын ғана: «Міне, өзі, құдайға құлдық!»– сосын қызға қарай жүгіре жөнелді де, содан кенет оқыс мұхитқа қарай бұрылып, толқынға қойып кетті. Малмаңдай су-су күйі қыздың қасына жүгіріп барып, қолдан дем алдырып көрді (енді мұнысы неме керек?) Қыздың бетіне үңілді... Оны сүйді. Тез-тез қызбалана сөйлеп әлденелерді айта бастады. Ихтиандр кейбір сөздерін ғана еміс-еміс естіп қалды: «Мен ескертіп ем ғой сізге... Нақұрыстық болды бұл... Тақтаға байлау ойыма келгенінің мұншама тәуір болғанын көрмеймісің...»

Қыз көзін ашып, басын көтерді. Өңінен таңырқауы, ызасы, реніші аралас үрей нышаны аңғарылады. Шоқша сақалды кісі әлі де қызбаланып әлденелерді айтып жатыр, қыздың аяғынан тұруына көмектесіп, құмға отырғызды. Тек жарты сағаттан кейін ғана олар жолға шыға алды. Екеуі Ихтиаидр жасырынып тұрған тастың дәл түбінен өтті. Қыз әлгі сомбреро киген кісіге қабақ шыта былайша үн қатты.

–      Сонда мені құтқарған кісі сіз болғаныңыз ба? Алғыс айтам! Тәңір жарылқасын сізді!

–      Тәңірі емес, тек сіз ғана жарылқай аласыз мені, – деп жауап қатты қара торы кісі.

Қыз бұл сөздерді естімегендей сыңай танытты. Ол үнсіз қалып, біраздан соң қайыра тіл қатты:

–      Ғажап екен. Маған қасымда әлденендей бір құбыжық тұрғандай көрініп еді, әлде бұл елес қана ма екен?

–      Әрине, сізге солай елестеген ғой, – деп жауап қатты серігі. – Әу, бәлкім, ол сізді өлді деп түсініп, жаныңызды әкетуге келген әзірейіл шығар. Дұға оқып жіберіңіз де маған сүйеніңізші. Менің қасымнан сізді ешқандай әзірейіл тартып әкете алмайды.

Олар – әлгі тамаша қыз бен оны құтқардым деп қызды сендірген оңбаған қара торы кісі – мұның қасынан өте шықты. Бірақ Ихтиандр оның өтірігін әшкерелей алмады. Мейлі, енді не қылса о қылсын – Ихтиандр өз міндетінен құтылған. Қыз бен оның серігі құм төбеден әрі асып кете барды, ал Ихтиандр әлі солардың соңынан қарап тұрған. Содан соң басын мұхит жаққа бұрды. Ол неткен алып және иесіз еді!.. Толқын бір сәт құм үстіне бауыры күмістей жалтыраған бір көкше балықты атып жіберді. Ихтиандр жан-жағына қарап еді – жан адам жоқ екен. Ол тығылған жерінен жүгіріп шығып, балықты шап беріп ұстай алды да, теңізге қайыра лақтырып жіберді. Балық жүзе жөнелді, бірақ Ихтиандрдың көңілі әлденеге құлазып сала берді. Ол елсіз жағаны қыдырыстап балықтар мен теңіз жұлдызшаларын теріп, соларды тасумен болды. Бұл жұмыс оны бірте-бірте еліктіріп әкетті, оған әдеттегідей шат-шадыман көңіл-күйі қайта оралды. Ол жағадағы жел денесін күйдіріп, желбезегін кептірген сәттерде суға сүңгіп-сүңгіп алып, қас қарайғанша

осы тіршілікпен әуреленді.

ИХТИАНДРДЫҢ ҚЫЗМЕТШІСІ

Сальватор тауға Ихтиандрға қызметімен жаққан Кристоны ертпей, жалғыз кетуді ұйғарған. Мұнысы үндісті де қатты қуантқан: Сальватор жоқ кезде оның Бальтазармен кездесуі оңайлай түседі. Кристо «су перісін» тапқанын әлден-ақ Бальтазарға хабарлап үлгерген-ді. Енді тек Ихтиандрды қайтсе ұрлап әкете алмақ, соны ақылдасулары тиіс-ті.

Кристо қазір сыртын шырмауық көмкерген ақ үйде тұратын да және Ихтандрмен жиі кездесетін болған. Олар тез достасып кеткен. Адам қоғамынан аласталған Ихтиандр өзіне жер бетіндегі өмір туралы әңгімелеп берген үндіс қартқа тез бауыр басып кетіп еді, Ихтиандр болса теңіздегі өмірді ең әйгілі деген ғалымдарынан да артық білетін және Кристоға су астының небір керемет құпияларынан сыр шертетін-ді. Ихтиандр жағырапияны тәп-тәуір білетін: оған мұхиттар, теңіздер, ең басты өзендер белгілі болатын; оның астрономиядан, навигациядан, физикадан, ботаникадан, зоологиядан біршама хабары бар-ды. Бірақ ол адамдар жайын аз білетін: жер бетін мекендейтін нәсілдер туралы аз-мұз бірдеңе естігені бар, халықтар тарихынан хабары мүлде күңгірт, көмескі еді, ал адамдар арасындағы саяси және экономикалық қарым-қатынастар жайында білері бес жасар сәбидікінен артық емес-ті. Күндіз, күн ысыған шақта, Ихтиандр жер асты үңгірге түсетін де әлдеқайда жүзіп кететін. Ақ үйге ол ыстық қайтқан соң оралып, онда таң атқанша болатын. Ал егер жаңбыр жауып тұрса немесе теңіз бетінде дауыл көтерілгендей болса, ол күні бойы осы үйден шықпайтын-ды. Дымқыл ауа жағдайында ол өзін жағада ғана сергек сезінетін.

Үй шағын ғана, не бары төрт бөлмеден тұратын. Соның ас үйге жапсарлас біреуіне Кристо орналасқан. Оған таяу ас үй, сосын кітапхана болатын; Ихтиандр испан және ағылшын тілдерін білетін. Сосын ең соңғы шеткісі Ихтиандрдың жатын бөлмесі. Сол жатын бөлменің тап ортасында хауыз бар еді. Кереуеті қабырғаға тақап қойылған. Ихтиандр кейде сол кереуетте дем алатын, бірақ көбінесе хауызда жатқанды ұнататын. Әйтсе де, жол жүрерде Сальватордың Кристоға былайша мықтап тапсырғаны бар: Ихтиандр аптасына ең кемі үш түн кәдімгі кереуетте жатып, ұйықтауы тиіс. Кешкісін Кристо Ихтиандрдың жатын бөлмесіне келіп, егер жігіт кереуетке жатуға келіспесе, нағыз күтуші кемпір тәрізді күңкілдеп жүретін:

–      Ал, маған суда жатқаным көбірек ұнайды, жаныма жайлы, – деп қарсылық білдіреді Ихтиандр.

–      Доктор сені кереуетке жатсын деп бұйырған, әкенің тілін алу керек.

Ихтиандр Сальваторды әкем дейтін, бірақ Кристо бұған шүбәлі еді. Рас, Ихтиандрдың өңі мен қолдарының терісі тым ақшыл түсті, бірақ кім біледі, ол су астында көп жүретіндіктен ағарды ма екен, әлде. Ихтиандрдың сопақша келген беті, қыр мұрны, жұқа ерні, кең шаралы өткір көздері

үндістің араукан тайпасының жігіттерін еске түсіргендей, айтпақшы, Кристоның өзі де осы тайпадан болатын.

Кристоның енді Ихтиандрдың бұған белгісіз бір материалдан тігілген, қабыршақты костюмі ұдайы жауып тұратын денесін көргісі келеді-ақ.

–      Сен не көйлегіңді түнде жатарда да шешпейсің бе, түге? – деп сұрады ол бірде жігіттен.

–      Неге шешем? Менің қабыршағымның еш кедергісі жоқ, қайта оңтайлы. Желбезекпен тыныс алуыма әрі терімнің тыныстауына түк зияны тимейді және сонымен бірге ол бар пәледен қорғайды: мұны акуланың тісі де, тіпті өткір пышақтың жүзі де кесе алмайды, – деп жауап қатты Ихтиандр төсегіне жатуға оңтайланып.

–      Ал көзілдірік пен биялайды не үшін киесің? – деп сұрады Кристо кереуеттің қасында жатқан таңғажайып биялайды қарағыштай отырып.

Олар жасыл түсті резеңкеден жасалған әлгінің саусақтары резеңкеге қондырылған буын. Буын қамыстармен ұзартылған және бір қызығы әлгілердің ара-арасына жарғақтар жапсырылған. Аяққа арналған саусақтары қолдікінен де ұзынырақ.

–      Биялай менің шапшаң жүзуіме септігін тигізеді. Ал көзілдірік теңіз түбінен дауыл суырған топырақтан қорғануға қажет. Мен оны ұдайы киіп жүрмеймін. Бірақ көзілдірік кисем, су астындағы дүниені дұрысырақ көрем. Көзілдірігім болмаса су астында өзіңді тұманда жүргендей сезінесің, – деді де бір жымиып қойып Ихтиандр сөзін жалғады:– Кішірек кезімде әкем маған көрші бақта тұратын балалармен ойнауға рұқсат еткен кездері болған. Мен солардың хауыз ішінде биялайсыз малтып жүргендерін көріп қайран қалғам:

«Биялайсыз суда жүзуге бола ма екен?» деп сұрадым олардан. Ал олар менің қайдағы биялайды айтып тұрғанымды түсінбеді, өйткені мен олардың көзінше биялай киіп суға түспейтінмін.

–      Сен қазір де шығанаққа шығып жүзесің бе? – деп қызықтай сұрады Кристо.

–      Әрине. Тек бір бүйірдегі су асты тоннель арқылы шығам. Әлденендей бір залымдар мені торға түсіре жаздаған, содан бері мен мейілінше сақ жүруге мәжбүрмін.

–      Ім... Демек, шығанаққа шығатын басқа да су асты тоннелі бар екен ғой?

–      Тіпті бірнешеуі бар. Сенің менімен бірге су астында жүзе алмайтының өкінішті-ақ! Мен саған небір ғаламаттарды көрсетер ем. Неге бұл адамдардың бәрі бірдей су астында өмір сүре алмайды екен, ә? Екеуміз менің теңіз тұлпарыма мініп серуендер едік қой, шіркін!

–      Теңіз тұлпары дейді? Ол не пәле тағы?

–      Дельфин. Өзім ғой оны үйретіп алған. Байғұс! Дауыл бірде оны жағаға шығарып тастаған екен де, қанатын қатты жаралап алыпты. Мен оны сүйретіп әкеп суға қайта түсіргем. Бұл бір қиямет жұмыс болды: дельфиндер құрғақта судағыдан әлдеқайда ауыр болады екен. Жалпы, сіздерде бәрі-бәрі әлдеқайда ауыр. Тіпті өз денеңе шейін солай. Су ішінде жеңілірек өмір сүресің. Иә, сонымен, мен дельфинді сүйреп суға әкелдім, ал ол жүзе алмады, демек, қорегін тауып жей алмайды деген сөз. Мен оны ұзақ, бір ай бойы балық беріп асырадым. Сол уақыттың ішінде ол маған үйреніп қана қоймай, тіпті үйір болып кетті. Біз достасып алдық. Басқа дельфиндер де мені біледі. Ал теңіз төрінде дельфиндермен қосылып асыр салу деген ғажап! Толқындар, шашыранды су, күн, жел, шуыл! Теңіздің түбі тіпті тамаша! Қоп-қою көгілдір ауа ішінде жүзіп жүргендей сезінесің өзіңді. Тып-тыныш. Өз денеңнің салмағына шейін білінбейді. Ол мейлінше еркін, жеп-жеңіл, қалай қимылдасаң да еркің. Менің теңізде талай достарым бар. Мен сіздің құстарды жемдейтініңіз тәрізді кішкене шабақтарды жем беріп асыраймын, ал олар үйір-үйірімен соңымнан қалмай шұбап жүргені.

–      Ал дұшпандарың ше?

–      Дұшпандарым да бар. Акулалар, сегізаяқтар. Бірақ мен олардан қорықпаймын. Өйткені менің пышағым бар.

–      Ал егер олар тұтқиылдан жасырынып кеп бас салса ше?

Ихтиандр бұл сауалға қайран қалды.

–      Әу, мен олардың келе жатқанын алыстан сезем ғой.

–      Су астында жүріп сеземісің? – деп өз кезегінде Кристо да таңырқап жатыр. – Тіпті олар ың-шыңсыз білдірмей жүзіп келсе де ме?

–      Әрине, солай. Мұнда түсінбейтіндей не бар? Құлағыммен естимін және бүкіл денеммен сезінем. Өйткені олар малтып келе жатқанда, су астында да толқын тербелісі пайда болады емес пе, ал сол шайқалыс жыртқыштың өзінен бұрынырақ жетеді ғой маған. Мен соны сезінем де жалт қараймын.

–      Тіпті ұйықтап жатсаң да ма?

–      Әрине.

–      Бірақ балықтар...

–      Балықтар оқыс шабуылдан апатқа ұшырамайды, олар өзінен күшті жауға әлі жетпегендіктен жапа шегеді. Ал мен олардың бәрінен де мықтымын. Мұны теңіз жыртқыштары да біледі. Сондықтан олар маған таяу жүзіп келуден қаймығады.

«Зуританікі дұрыс: мына тәрізді теңіз жігіті үшін тер төгуге болады, – деп ойлады Кристо, – бірақ мұны су ішінде ұстау да оңайға соқпайды. «Бүкіл денеммен сезінем!» деді емес пе жаңа?! Тек қақпанға түсіп қап жүрмесе. Зуританы құлақтандырып қою қажет екен».

–      Су астындағы тіршілік неткен ғажап! – деп Ихтиандр әлі сұқтануын қояр емес, – Жоқ, мен теңізімді сіздердің қапырық, шаң-топырақты жеріңізге еш уақытта да айырбастай алман!

–      Неліктен ол біздің жер болады? Сен де сол жердің перзенті емеспісің? – деді Кристо. – Сенің шешең кім болып еді?

–      Мен оны білмеймін... – деп екіұдай жауап қатты Ихтиандр. – Әкем шешең сені туысымен өліп қалған дейді.

–      Бірақ ол, әрине, әйел ғой, балық емес, адам ғой.

–      Мүмкін, – деп келісті Ихтиандр. Кристо күліп жіберді.

–      Енді сен маған мынаны айтшы: сен неге тентектік жасадың, балықшыларды ренжіттің, олардың ауларын қиып, қайыққа тиелген балықтарын аударып тастадың?

–      Өйткені олар балықты шектен тыс көп аулады, жеулеріне жетерліктей ғана алмады.

–      Ал олар балықты сату үшін аулады емес пе? – Ихтиандр түсінбей қалды.

–      Өздерінен басқа да жұрттар жесін... – деп түсіндірді үндіс.

–      Әу, адамдар сонша көп пе? – деп таңырқады Ихтиандр.

–      Оларға не жер бетіндегі құс пен аң жетпегені ме, шынымен- ақ? Олар неге мұхитқа қол сұғады?

–      Мұны саған бірден айтып түсіндіру қиын, – деді Кристо, өзі есінеп тұрып. – Ұйықтайтын уақыт болды. Байқа, әлгі ваннада жатып жүрме, әкең ренжір, – деді де Кристо кетіп қалды.

Ертеңгісін ерте келсе де Кристо Ихтиандрды орнынан баса алмады. Тас еден су-су болып жатыр екен.

–      Тағы ваннада ұйықтаған екен ғой, – деп күңкілдеп жүр үндіс шал. – Сосын, сірә, теңізге кеткен болды.

Таңертеңгі асқа Ихтиандр көп кешігіп келді. Ол әлденеге ренішті еді. Бір түйір бифштексті айырымен әрі-бері түрткілеп отырып, ақыры былай деді:

–      Тағы қуырылған ет қой.

–      Тағы сол, – деп қатқыл үнмен жауап қатты Кристо, – доктор осылай бұйырған. Ал сен тағы теңізден шикі балық жеп тойып келгенсін, ғой, түге? Бүйте берсең, қуырылған астан шығып кетерсің. Сосын тағы ваннаға жатыпсың. Кереуетке жатқың келмейді, өстіп жүргенде желбезегің ауадан жеріп, сосын бүйіріме шаншу қадалды деп қыңқылдайтынды шығарарсың тағы. Міне, таңертеңгі асқа да кешігіп келдің. Доктор келген соң, осының бәрін де айтам. Мүлде тыңдамайсың мені.

–      Айта көрме, Кристо. Менің оны ренжіткім келмейді.

–      Ихтиандр басын салбыратып жіберіп ойға шомды. Сосын ол бір сәт басын көтеріп, үндіс шалға мұңды жанарымен қарап, сөз бастады:

–      Кристо, мен бір қыз көрдім. Мен дүниеден, тіпті мұхит түбінен де мұндай сұлу жан көрген емен...

–      Ендеше, сен біздің жерді неге жамандайсың? – деді Кристо.

–      Мен дельфинге мініп жағалаумен серуендеп жүргем және оны Буэнос-Айреске тақау тұстағы жағалаудан көрдім. Өзінің көздері көкпеңбек те шашы алтын түсті, – деді де Ихтиандр тағы былайша қосып қойды. – Бірақ ол мені көріп шошып кетті де, тұра қашты. Көзілдірік пен биялайды бекер киген екем де?– Сәл үнсіз қалып, сосын ақырын ғана тағы былай деді. – Бірде, мен мұхитқа батып кеткен бір қызды құтқарған едім. Онда мен қыздың бет-әлпетіне көңіл қонып қараған жоқ ем. Оу, бәлкім, бұл сол қыз шығар? Меніңше, ол қыздың да шашы алтын түстес тәрізді еді. Иә, иә... Енді есіме түсті... – Жігіт ойланып қалды, сосын айнаның қасына барып, тумысында тұңғыш рет өзіне-өзі көңіл тоқтата қарап қалды.

–      Ал сосын сен не істедің?

–      Мен оны күттім, бірақ ол қайтып оралмады. Кристо, ол енді шынымен-ақ ғұмыр бақи теңіз жағасына келмес пе екен?

«Бәлки, бұған қыздың ұнағаны тәуір болды, білем» деп ойлады Кристо. Бұған шейін Кристо қаланы мақтаса да Ихтиандрды Буэнос-Айреске баруға көндіре алмаған, ал бара қалса, жігітті Зурита оп-оңай ұстап алар еді ғой.

–      Қыз, бәлкім, жағаға келмес те, бірақ мен саған оны тауып алуыңа көмектесем. Сен қаладағыларша киінесің де маған еріп қалаға барасың.

–      Сонда көре аламын ба оны? – деп саңқ етті Ихтиандр.

–      Онда қыздар көп. Бәлкім, әлгі жағада отырған қызды да көруің мүмкін.

–      Кеттік, ендеше!

–      Қазір кеш болып қалды. Қалаға шейін жаяулап жете алмайсың.

–      Мен дельфинге мініп барамын, ал сен жағамен жүріп отырасың.

–      Шапшаңын қарай гөр, мұның, – деп жауап қатты Кристо, – біз ертең ертемен бірге аттанамыз. Сен шығанақтан шыға келесің, ал мен сенің киімдеріңді алып жағада күтем. Сосын әлі костюм тауып алу қажет қой. («Түн ішінде бауырыммен жолығысып үлгерем» деп ойлап қойды Кристо). Сонымен, ертең таң қылаң бере аттанамыз.

ҚАЛАДА

Ихтиандр шығанақ жақтан жүзіп кеп жағаға шықты. Кристо қолына қалалық аппақ костюм ұстаған күйі оны күтіп тұрған. Ихтиандр оған бейне жылан қабығын әкелгендей тыжырына қарап сәл тұрды да, ақыры бір күрсініп қойып амалсыз киіне бастады. Сірә, ол костюмді сирек киетін болса керек. Үндіс шал жігіттің мойнына галстук тағуына жәрдемдесті, сосын оны айнала қарап шығып, Ихтиандрдың келбетіне разы болды.

–      Кеттік, – деді Кристо көңілденіп.

Үндіс шал Ихтиандрды қайран қалдырмаққа қаланың ең басты көшелерімен – Авени де Альвар Вертпстің бойымен ертіп жүрді, мавритан үлгісінде салынған кафедральды шіркеу мен ратуша орналасқан Виктория алаңына апарды. Фуэрто алаңын және Бостандық ескерткіші тұрған Жиырма бесінші май1 алаңын көрсетті, тамаша сұлу ағаштардың ортасындағы президент сарайын таныстырды.

Бірақ Кристо қателесіпті. Үлкен қаланың шуылы, қарбаласы, шаңы, қапырығы, сеңдей соғылысқан жұрты Ихтиандрды естен тандырған. Ол жұрттың арасынан іздеген қызын таппақшы болып жанталасты, қайта-қайта Кристоны жеңінен тартып, сыбырлайды:

–      Сол!.. – бірақ, ол қателескенін де іле аңғарады. – Жоқ, бұл басқа қыз...

1 1810 жылы 25 мамырда Ла-Шата провинциясы «Хунту» революциялық одағын құрды, жергілікті өкіметті тұтқындап, уақытша үкімет жариялады және Испаниядан бөлініп шықты.

Түс кезі. Күн шыжып кеткен, жан төзіп болмайды. Кристо жер астына орналасқан бір шағын мейманханаға кіріп тамақтанып шығуға ұсыныс жасады. Бұл ара салқын екен, бірақ іші у-шу әрі қапырық. Кір-қожалақ, олпы-солпы киінген біреулер мүңкітіп темекі тартып отыр. Ихтиандр әлгі түтіннен тұншығуға айналды, оның үстіне аналар қолдарындағы қыртыс-қыртыс газеттерін бұлғалақтатып, бұған түсініксіз әлденелерді айтысып, айқайлайды. Ихтиандр суық суды өлгенше көп ішті, бірақ асқа зауқы соқпады және мұңды үнмен былайша тіл қатты:

–      Мына ығы-жығы халық арасынан қыз іздегеннен гөрі теңізден таныс балығыңды іздеп табу әлдеқайда оңайырақ шығар. Қалаларыңыз жексұрын екен! Мына ара әрі қапырық, әрі мүңкіген сасық. Бүйірлерім шаншып ауыра бастады. Үйге қайтқым келеді, Кристо.

–      Жақсы, – деп келісті Кристо, – тек менің бір танысымның үйіне соға кетелік, сосын үйге қайтармыз.

–      Ешкімдікіне де кіргім келмейді.

–      Ол тап жол үстінде. Көп кідірмейміз. – Есеп айырысты да, Кристо Ихтиандрды ертіп тысқа шықты. Алқына дем алып, басы салбыраған күйі Ихтиандр Кристоның соңында салпақтап келеді, олар ақ үйлердің, кактустар, зәйтүн және шабдалы ағаштары өсіп тұрған бақтардың қасымен кетіп бара жатты. Үндіс шал оны жаңа порттағы бауыры Бальтазардың үйіне бастап келе жатқан-ды.

Теңізге жақындағанда Ихтиандр дымқыл ауаны құшырлана жұтты. Үстіндегі киімдерін шешіп тастап, суға қойып кеткісі келді тіпті.

–      Қазір жетеміз, – деді Кристо, серігіне сенімсіздікпен көз тастап қойып.

Олар теміржолдан әрі өтті.

–      Келдік. Осында, – деді Кристо, сосын олар қара көлеңке дүкенге келіп кірді.

Ихтиандрдың қара көлеңкеге көзі үйренген сәтте, ол қайран қалып жан-жағына зерделей көз тастады. Дүкен теңіздің түбін еске салғандай екен. Сәкілердің үстін және еденнің тұтас бір бөлігін қаптаған қауашақтар алып жатыр – ұсағы, ірісі бар, ирелеңдегені, жартыкеші бар. Төбеден маржан, теңіз жұлдызшаларының жіптері салбырайды, теңіз балықтарының қаңқалары, кептірілген шаяндар, басқа да неше түрлі теңіз тағыларының тұлыптары ілініп тасталған. Нәрсе- қара сататын үстелде, шыны астында жәшікке салынған інжу моншақтары көрінеді. Жәшіктің бірінде қызғылт моншақтар іріктелген екен – оларды терімшілер «Періштенің терісі» деп те атайтын. Өзіне таныс дүниелерді көрген соң Ихтиандрдың көңілі біршама тынышталған тәрізді болды.

–      Демал, бұл арада әрі салқын, әрі тыныш, – деді Кристо, жігітті ескі тоқыма орындыққа жайғастырып жатып.

–      Бальтазар! Гуттиэре! – деп айқай салды үнділік.

–      Сенбісің әй, Кристо? – деген дауыс естілді екінші бір бөлмеден. – Мұнда кел.

Кристо әлгі бөлмеге апаратын тәпелтек есіктен әрі қарай өтпек болып екі бүктетіле еңкейді.

Бұл Бальтазардың зертханасы еді. Ол дымқылдықтан өңінен айырылған інжу моншақтарын әлсіздеу қышқыл ерітіндісіне салып, әр беретін-ді. Кристо арт жағындағы есікті мықтап жапты. Төбе жақтағы кішкене терезеден күн мына қап-қара екі үстелдің үстіндегі шыны ыдыстарға әлсіз сәулесін себелеп тұр екен.

–      Амансың ба, бауырым. Гуттиэре қайда?

–      Көршілерге үтік әкелемін деп кеткен. Қыздың ойында шілтер мен бантиктен басқа не болушы еді. Қазір келеді, – деп жауап қатты Бальтазар.

–      Ал Зурита ше? – деп сұрады Кристо аптығып.

–      Жоғалып тынды ғой бір жаққа, қарғыс атқыр. Кеше екеуіміз шамалы керісіп қалып ек.

–      Бәрі сол Гуттиэре үшін шығар!

–      Зурита деген пәле оның алдында құрдай жорғалап-ақ бағады. Ал анау оған: «Керегің жоқ, керегің жоқ!» деп без- без етеді. Ол қызға не істей аларсың? Ерке де қыңыр. Өзіне кәдімгідей кеуде біткен. Мың жерден сұлу болса да кез келген үндіс қызы осындай күйеу тапқанына құдайына құлшылық айтуы керектігін түсінгісі келмейді, түге. Жеке меншік қайығы бар, терімшілер артелі бар, – деп күңкілдейді Бальтазар өзі інжу моншақтарын ерітіндіге салып жатып. – Сірә, Зурита ызадан тағы ішіп кетсе керек.

–      Енді қайттік?

–      Сен не, ертіп әкеліп пе ең?

–      Отыр осында.

Бальтазар есіктің қасына барып, қызықтап, құлып салынған тесіктен сығалап қарады.

–      Көре алмай тұрмын, – деді ол сыбырлап.

–      Үлдіріктің қасындағы орындықта отыр еді ғой.

–      Көре алмай тұрмын. Онда тек Гуттиэре ғана. Бальтазар жанталаса есік ашып, Кристо екеуі дүкенге енді.

Ихтиандр шынымен жоқ болып шықты. Қараңғылау бұрышта Бальтазардың асырап алған қызы Гуттиэре ғана тұр екен. Даңқы Жаңа порттан да әрірек жайылған өте сұлу қыз еді бұл.

Ол тегі, ұялшақ, сөйте тұра тентектігі де бір басына жетерлік жан болатын.

Әдетте, бұл қыз сызыла тұра салқын үнмен: «Жоқ!» дегенді жиірек айтатын-ды.

Гуттиэренің Педро Зуритаға ұнағаны да рас еді. Оның бұл қызға үйленгісі келген. Бальтазар қария да қайық иесімен туыстасуға және тіпті онымен сыбайлас болуға қарсы емес- ті. Бірақ Зурита қандай ұсыныс жасаса да қыз: «жоқ» деп жауап қайтаратын. Әкесі мен Кристо бөлмеге келіп кіргенде, қыз басы салбырап төмен қарап тұр еді.

–      Саламатпысың, Гуттиэре, – деді Кристо.

–      Жаңағы жігіт қайда? – деп сұрады Бальтазар.

–      Мен жігіт жасыратын жан емеспін, – деп жауап қатты қыз күлімсіреп. – Мені көруі мұң екен, ол маған үрейлене көз тастағандай болды да, орнынан атып тұрды, кенет кеудесін басып қаша жөнелді. Жалт қарап үлгергенімше, есіктің алдына бір-ақ шығыпты.

«Іздегені осы қыз болды» деп ойлады Кристо.

ТАҒЫ ДА ТЕҢІЗДЕ

Ихтиандр ентіге тыныстай теңіз жағалауымен жүгіріп келеді. Әлгі қаладан құтылысымен-ақ ол оқыс жолдан кілт бұрылып, тура теңізге қарай тартқан. Ол жағадағы жартастың біріне барып жасырынған да жан-жағына бір қарап алып, тез-тез шешініп, киімдерін тас арасына тыққан, сосын теңізге қарай жүгіріп барып, суға қойып кеп кетті. Соншалық қалжырағанына қарамастан ол, сірә, бұрын-соңды тап қазіргідей екпіндей жүзіп көрмеген шығар-ақ. Балықтарға шейін бұдан шошып тым-тырақай қашысып жатты. Қаладан бірнеше мильдей қашықтаған соң ғана, Ихтиандр су бетіне таяу көтерілді де жағалауды жағалай жүзді. Мұнда ол өзін үйіндегідей сезінетін. Оған су астындағы әр тас, әр шұңқырға шейін таныс. Міне, мына тұста, құмды қайраңға жабыса дерлік «үй-күшік» аталған қамбалалар өмір сүреді, одан әріректе бұтақтарымен ұсақ қызылқанат балықтарды жасыра, қызыл түсті мархон талдары өсіп тұр. Мына бір суға батқан балықшылар қайығын екі бірдей сегізаяқ мекен еткен, жуырда олардың жаңа ұрпақтары пайда болған. Әне бір сұр тастардың астында шаяндар өмір сүреді. Ихтиандр сағаттар бойы солардың тірлігін қызықтаудан жалықпайтын. Ол солардың жем іздеп шығып жеңіске жеткен шақтарын да, соған керісінше сегізаяқтар шабуылына тап келіп, тырнақтарынан айырылған, яғни жеңіліс тапқан кездерін де білетін. Ал жағаға таяу жартастарда устрица қауашақтары қаптап жатыр еді. Ақыры, шығанаққа таянған кезде, Ихтиандр судан басын шығарып, айналасына көз тастады. Ол толқындар арасында асыр салып жарысып ойнап жүрген дельфиндер тобын көрді де, даусын ұзақ соза қатты айқайлады. Соған жауап ретінде алпамсадай дельфин қатты пысқырды да, досына қарай шапшаңдата жүзді, оның жылтыраған жон арқасы толқыннан бір көрініп, бір батып, заулап келе жатты.

–      Тезірек, Лидинг, тезірек! – деп айқай салды Ихтиандр өзі де қарсы жүзіп бара жатып. Ол ақыры дельфинге шап берді. – Әрі қарай жүзейік, тезірек, алға!

Жігіттің еркіне бағынған дельфин ашық теңізге қарай, жел мен толқындарға қарсы аңыратып келе жатты. Ол кеудесімен толқындарды қақ жара, көбік шашып, заулап-ақ келеді, бірақ оның бұл шапшаңдығы да Ихтиандрды әлі қанағаттандырмайтын секілді.

–      Болсаңшы, Лидинг! Тезірек, шапшаңырақ!

Ихтиандр дельфинді әбден титықтатты, бірақ бұл толқын кешкен серуені де оны тыныштандыра алмады. Ол кенет әлгі жылтыр арқадан теңізге сырғып түсіп, сүңги жөнелді де досын қайран қалдырды. Дельфин оны сәл тосты, пысқырды, сүңгіп байқады, қайта шықты, жақтырмай тағы бір пысқырды, сосын құйрығымен кілт бұрылып, анда-санда артына бір көз тастап қойып, жағаға қарай бет алды. Оның досы су бетіне қайтып көрінбеді де, ол өзін қуана қарсы алған жас дельфиндер тобына барып қосылды. Ихтиандр болса қара көлеңке су түбіне қарай бойлай сүңгіп бара жатты. Оның оңаша қалғысы, өзіне өзі келіп, күні бойы бастан кешірген оқиғаларының мәнісін саралап, ой елегінен өткізгісі келген. Ол қауіп-қатерді де ұмытып, алыс қиырға қарай кеткен. Өзінің неліктен басқа жұрттан өзгеше – теңізге де, жерге де жат жан болып жаралғанын түсінгісі келген-ді.

Оның сүңгуі саябырлана түскен. Су бірте-бірте тығыздалып, денесіне салмақ түсіре бастаған, тыныс алуы қиындап бара жатқан-ды. Бұл тұста қараңғылық тіпті көк-жасылдана, қоюлана түседі екен. Теңіз жәндіктері де сирегірек жолығыса бастаған. Олардың көпшілігі Ихтиандрға таныс емес-ті, ол, тегі, мұншалықты тереңдікке барып көрмеген еді. Осынау қара көлеңкелі тым-тырыс тіршіліктен тұла бойы тітіркеніп сала берді. Ол дереу жоғары көтерілді де, жағаға қарай малти жөнелді. Қып-қызыл сәулесін суға төге күн көкжиекке батып бара жатқан. Әлгі қып-қызыл сәуле көгілдір түсті сумен қосылғанда, теңіз суы неше түрлі түске – нәзік ақшыл- көк, қызғылт немесе жасыл-көк бояуға боялғандай көрінеді екен, Ихтиандрдың көзілдірігі жоқ еді, сондықтан да су астынан қарағанда теңіз бетін балықтарша көріп келе жатқан; атап айтқанда, ол жайпақ емес, конус тәрізді – бейне өзін алып шұңқырдың ішінде жүргендей сезінген. Шұңқырдың жиегі қызыл, сары, жасыл, көк және күлгін түсті әдіппен көмкерілген секілді. Конустың арғы жағында жалтырап су беті жатыр да, оған су астындағы заттар: жартастар, балдырлар және балықтар суреті айна іспетті түсіп тұр.

Ихтиандр етпетінен жатты да жағаға қарай жүзді, сосын қайраңға таяу тұстағы су астындағы жартастың арасына барып жасырынды. Балықшылар қайықтарынан түсіп, оларды жағаға қарай сүйрей бастады. Әлгілердің бірі аяғын тізесіне шейін суға батырды. Ихтиандр су бетінен шолақ аяқ балықшыны көрсе, ал судың ішінде тек аяғын ғана аңғарды, аяқтары айнадай жарқыраған су бетіне көлеңкесін түсіріп тұрды. Екінші бір балықшы иығына шейін суға түсті. Сол сәтте су ішінде басы жоқ, төрт аяқты, құбыжық тәрізді бірдеңе байқалды, бейне екі бірдей кісінің бастарын кесіп тастаған да, бірінің иығын екіншісінің иығының үстіне апарып қондырған дерсің. Жұрт жағаға жақындағанда, Ихтиандр да оларды балықтар тәрізді: шарға сәулелері түсіп тұрғандай күйде көрді. Олар тап жағаға таяп келгенде, бұл адамдарды басынан аяғына шейін көре алатын. Сол себепті де жұрт өзін байқап қалмай тұрып әрі қарай кетіп үлгіретін.

Осынау басы жоқ, төрт қолы бар немесе денесіз құр бастары ғана бар пәлелерді Ихтиандр шын жақтырмайтын болған. Адамдар... Олардың абыр-дабыры көп, жиіркенішті темекі тартады, үстерінен сасық иіс мүңкиді. Жоқ, дельфиндермен болғаны әлдеқайда жақсы – олар таза да көңілді. Ихтиандр бір кезде дельфиннің сүтін қалай ішкені есіне түсіп, жымиды.

Қиыр оңтүстікте бір шағын ғана шығанақ болатын. Оған кемелердің теңіз жақтан баруына су асты жартастары мен құмды жарты арал кедергі жасайтын-ды. Жағасы жартасты әрі құлама жар болып келеді. Бұл шығанаққа балықшылар да, інжу терушілер де бара қоймайтын. Аса терең емес, түбіне кілем тәрізді қалың өсімдік қаптаған. Жылы суда балық атаулы көп-ақ. Осы араға көп жылдар бойы қатарымен ұрғашы дельфин келіп жүретін және осынау жылы шығанақта балалайтын – екеу, төртеу, кейді тіпті алтауын табатын. Ихтиандрды жаңа туған дельфиндер қатты қызықтыратын да, ол сан сағаттар бойы тырп етпей, шөп арасына тығылып алып, әлгілерді бақылайтын. Кішкене дельфиндер біресе су бетінде аунақшып ойнар еді, біресе шешелерінің емшегіне таласып, бірін-бірі тұмсықтарымен түрткілесіп, итерісіп әуре болып жататын. Ихтиандр сақтық жасап отырып, бірте-бірте оларды өзіне үйрете бастады: балық ұстап әкеп кішкене дельфиндерді асырайтын-ды. Бара-бара кішкене дельфиндер де, оның шешесі де бұған бой үйретіп алды. Ол енді соларды ұстап алып, атқылай ойнап, түртіп кетіп дегендей, асыр салатынды шығарған. Мұнысы, сірә, оларға да ұнаса керек

–      мұның соңынан қалмайтын болып алды, жігіттің сәлемдемесін арқалай әлгілерге жақындап келуі мұң екен, анадайдан андыздай, анталай ұмтылысатын, ал сәлемдемесі дәмді балықтар немесе кейде олардан да тәттірек кішкентай сегізаяқтар болатын.

Бірде өзіне таныс ұрғашы дельфин жаңа ғана балалап, сәбилерінің ас ішуге де әлі келмейтін ақ уыз кезінде, яғни тек енесінің сүтін ғана қорек ететін шағында, Ихтиандрға осы дельфиннің сүтін неге өзім ішіп көрмеске деген ой келді.

Содан не керек, ол білдіртпей жүзіп барып, ұрғашы дельфинді бауыр жағынан құшақтай алып, емшегін еме бастасын... Дельфин болса мұндай шабуылды күтпесе керек зәре-құты қалмай шығанақтан тұра қашсын. Ихтиандр да қателігін түсініп, мақұлықты бірден қоя берді. Сүтінің балық дәмі басымырақ екен. Үрейлі ене емшегіне жармасқан жаңа «ұрпағынан» шошынғаны сонша, теңіз түбіне қарай зым-зия жоқ болып кетеді де, ал балалары сасқалақтап, абыр-дабыр болады да қалады. Шешелері қайтып оралып, оларды бастап басқа бір шығанаққа әкеткенге дейін Ихтиандрға әлгі зердесіз балықтарды қайта-қайта қайыруға тура келді. Тек бірнеше күн өткен соң ғана, әлгілер бұған қайта үйренісіп, достасып алды.

Кристо шынымен-ақ сасайын деді.

Ихтиандр үш тәулік бойы көрінбей кеткен еді. Ол әбден қалжыраған, боп-боз болып, бірақ әлденеге разы күйінде келді.

–      Қайда жоғалып кеттің сен? – деп қатқыл сауал қойды үндіс шал, өзі Ихтиандрдың келгеніне іштей қуанып тұрса да.

–      Теңіздің түбінде, – деп жауап қатты Ихтиандр.

–      Неге бозарып кеткенсің?

–      Мен... Мен өліп қала жаздадым, – деп тумысында тұңғыш рет өтірік айтты Ихтиандр және Кристоға өз басынан бұдан көп уақыт бұрын өткен бір оқиғаны жыр етіп айтып берді.

Теңіздің түбінде жартасты үстірт бар екен, ал сол үстірттің тап ұшар басына таяу сопақша келген үп-үлкен қазан шұңқыр болады – нағыз су астындағы тау көлі екен бұл.

Ихтиандр сол су астындағы көлдің бетінде жүзіп жүрген. Оны әлгінің ашық сұр түсті түбі таң қалдырды. Содан төмен қарай сүңгіп, бағдарлай қарап, Ихтиандр одан бетер қайран қалады. Сөйтсе тап астында теңіз хайуандарының моласы жатыр – шабақ балықтан бастап акула мен дельфиндерге шейін – бәрі-бәрі осында екен. Олардың арасында жуырда ғана құрбан болғандары да бар секілді. Бірақ олардың денесін талап жатқан күж-күж қайнаған теңіз жыртқыштары – шаяндар мен балықтар байқалмайды. Бәрі тым-тырыс, өлі тыныштық орнаған. Тек кей тұстарында ғана көл табанынан газ көпіршіктері көтеріліп жатқаны аңғарылады. Ихтиандр әуелде әлгі шұңқырдың шет жағын ала жүзіп жүрген-ді. Содан бір уақ төменірек түсіп көреді, сөйтсе желбезектері кенет сыздап қоя берді, ол тұншыға бастайды, басы айналып қоя береді. Есінен тана жаздап құлап түседі де, шұңқыр түбінің бір шетінде талықсып жатады. Екі шекесі зырқылдап, жүрегі аттай тулап, көз алдын қып-қызыл тұман мұнарлайды. Көмек берер жан жоқ. Кенет ол тап қасына селкілдей жиырылып құлап түскен акуланы байқап қалады. Сірә, ол мұны аңдып, соңынан қуып келген де, су асты көлінің мынадай жан түршігерлік кісі уландырар өлі суына өзі де қалай іліккенін аңдамай қалса керек. Іші мен екі бүйірі көтеріліп-басылып, аузы ашылып кеткен, аппақ әрі егеудей тістері сойдиып тұр. Акула жан тәсілім күйінде. Ихтиандрдың денесі түршігіп қоя берді. Жағын тістеніп алып, желбезегіне су кетпеуі үшін сақтана тырысып, Ихтиандр еңбектей тырбанып көл жағасына шықты-ау ақыры, сосын тәлтіректей тұрып ілгері аттады. Басы айналып кетіп, қайыра құлап түсті. Сосын сұр тастарға табанын тіреп серпіліп, қолдарымен жалдай жүзіп, көл жағалауынан он метрдей әрірек кетті-ау, әупірімдеп.

Әңгімесін аяқтаған Ихтиандр өзі бір кезде Сальватордан естіген мына бір пікірлерін қосып қойды:

–      Сірә, бұл шұңқырға әлдеқандай бір зиянды да улы газ жиылса керек, бәлкім, күкіртті сутегі болар, әлде көмір тотығы ма, кім білсін,– деді Ихтиандр. – Білесің бе, теңіз бетінде бұл газдар қышқылданады да сен оны сезе қоймайсың, ал ол бөлініп шығатын шұңқырда ол пәле соншама көп жиналатын болса керек қой. Ал енді маған тамақ әкеп бер, мен ашпын.

Таңғы тамағын тез-тез ішіп, Ихтиандр көзілдірігі мен биялайын киді де, есікке қарай беттеді.

–      Сен не, осы үшін ғана келіп пе ең? – деп сұрады Кристо, көзілдірікті нұсқап. – Өзіңе не болғанын айтқың келмей тұр ғой, сірә?

Ихтиандрдың мінезінде бір өзгешелік пайда болған-ды: ол сырын айтпайтын әдет тапқан.

–      Сұрамашы, Кристо, маған не болғанын өзім де білмеймін, – деді де жігіт тез басып бөлмеден шығып кетті.

БОЛМАШЫ ӨШ АЛУ

Көк көз қызды інжу сатушы Бальтазардың дүкенінен ойда-жоқта кездестірген Ихтиандардың сасып қалғаны сонша, дүкеннен шыға қашып, теңізге күмп берген. Енді оның сол қызбен қайта жолығып танысқысы келеді-ақ, бірақ соны қайтіп жасарын білмейтін. Ең оңайы, әрине, Кристоның көмегіне сүйену, соны ертіп бірге бару. Бірақ Кристоның көзінше қызбен жолығысқысы келмеген. Күн сайын Ихтиандр өзі қызды алғаш кезіктірген теңіз жағасына жүзіп барады. Ертеден қара кешке дейін жағалаудағы жартастардың артына жасырынып отырады, есіл-дерті қызды бір көру. Жағаға жеткен соң қызды шошытып алмау үшін көзілдірігі мен саусақты биялайын шешіп тастап, үстіне ақ костюмін киіп алады. Кей күндері тұтас тәулік бойы жағадан кетпейтін, түн баласына теңізге сүңгитін де балық және устрицалармен қоректеніп, шала ұйықтап шығатын, ал таңертеңгісін, күн шықпай тұрып, өзінің күзет орнына кеп жайғасатын-ды.

Бірде кешкісін ол інжу сатушының дүкеніне барып қайтуға бел буды. Есіктері ашық жатыр екен, ал үлдіріктің қасында қарт үндіс отыр екен, қыз үйде болмай шықты. Ихтиандр жағаға қайтып оралды.

Жартасты жағалауда үстіне жұқа ақ көйлек және басына қамыс қалпақ киген бір қыз тұр екен. Ихтиандр қасына баруға жүрексініп, кілт тоқтады. Қыз әлдекімді күтіп тұрса керек. Мезгіл-мезгіл жол жаққа бір қарап қойып, қыз дегбірсізденіп ерсілі-қарсылы жүре бастады. Жартастың бір бұрышына жасырынып тұрған Ихтиандрды ол, әрине, байқаған жоқ.

Міне, ақыры қыз әлдекімге қол бұлғады. Ихтиандр жалт қарап, жол үстінде тез-тез басып келе жатқан алып денелі, ұп-ұзын, кең иықты жас жігітті көрді.

Ихтиандр мына бейтаныс кісідей ақшыл шашты, жарқын жанарлы жанды бұрын-соңды кездестіріп көрмеген-ді. Әлгі дәу қыздың қасына таяп келді де, күректей алақандарын соза, жылы шыраймен амандасты:

–      Сәлеметпісің, Гуттиэре!

–      Сәлеметсің бе, Ольсен ! – деп жауап қатты қыз.

Бейтаныс кісі Гуттиэренің кішкене де нәзік алақандарын құшырлана қысты.

Ихтиандр оларға жақтырмай жек көре қарады. Көңілі жабырқау тартып, тіпті жылап жібере жаздады.

–      Әкелдің бе? – деп сұрады дәу Гуттиэренің інжу алқасына қарап тұрып.

Қыз басын изеді.

–      Әкең біліп қоймай ма? – деп сұрады Ольсен.

–      Жоқ, – деп жауап қатты қыз. – Бұл менің жеке меншік інжуім, оны қайда жұмсағым келсе, сонда жұмсай алам.

Гуттиэре мен Ольсен сыбырлай сөйлесіп, жартасты жағалаудың шетіне дейін барды. Сосын Гуттиэре інжу алқаны мойнынан шешіп алды да, жібінің ұшынан ұстап тұрып жоғары көтеріп, алқаға сүйсіне қарап былай деді:

–      Қарашы, батар күннің сәулесінде інжу моншақтардың қалайша құлпырып кеткенін. Мә, ала ғой, Ольсен...

Ольсеннің қолын созғаны сол еді, кенет алқа оқыстан қыз қолынан сусып, теңіз түбіне түсті.

–      Құрттым-ау! – деп баж ете түсті кыз. Ольсен мен Гуттиэре қатты қынжылысып теңіз жағасында тұрып қалды.

–      Бәлкім, оны сүңгіп алуға болатын шығар? – деді Ольсен.

–      Бұл ара өте терең, – Гуттиэре және тағы былай деді:– Не деген бақытсыздық, Ольсен!

Ихтиандр қыздың налыған кейпін көріп тұрған. Ол енді қыздың інжуді ақшыл шашты дәу жігітке сыйлағалы ниеттенгенін де ұмытқан. Қыздың қайғысына Ихтиандр немқұрайды қарап тұра алмады: ол жартастың артынан шыға келді де, Гуттиэренің қасына жетіп барды.

Ольсен қабақ шытты, ал Гуттиэре Ихтиандрға әрі қызыға, әрі таңырқай қарап қалған – ол мұның анадағы дүкеннен қашып кеткен жігіт екенін таныған.

–      Сіз, сірә, теңізге інжу алқаңызды түсіріп алдыңыз, білем? – деп сұрады Ихтиандр. – Егер қажет десеңіз, оны алып беруіме болады.

–      Ең шебер інжу тергіш атанған менің әкем де мұны алып шыға алмас еді, – деп қарсылық білдірді қыз.

–      Мен тәуекел деп көрейін, – деп сыпайы ғана жауап қатты Ихтиандр.

Сөйтті де Гуттиэре мен оның серігін қайран қалдыра, үстіндегі киімін де шешпестен, биік жардан теңізге бір-ақ секірді де, толқынға еніп ғайып болды.

Ольсен не дерін білмей тұрып қалды.

–      Бұл кім? Қайдан шыға келді өзі?

Бір минут өтті, екіншісі өтті, ал жігіт әлі көрінбейді.

–      Өлді ғой, – деп үрейлене үн қатты Гуттиэре, толқындарға телміре қарап тұрып.

Ихтиандр өзінің су ішінде өмір сүре алатынын қыздың білмегенін қалайтын. Бірақ алқаны іздеудің қызығына беріліп кетіп, уақытты есептей алмай, терімшілердің су астында болатын тиесілі мерзімінен сәл асып кеткенін аңғармай қалған. Сыртқа шыға келіп, жігіт күлімсірей тұра былайша тіл қатты:

–      Сәл шыдаңыз. Су түбінде жартастардың сынықтары тым көп екен, іздеп табу қиын. Бірақ мен оны табам. Сөйтті де қайта сүңгіп кетті.

Гуттиэре өзгелердің інжу тергенін талай көрген-ді. Ол әлгі жігіттің су астында екі минуттан астам бола тұра еркін тыныстап тұрғанына, тіпті шаршау белгісі байқалмағанына қайран қалды.

Екі минут өткенде, Ихтиандрдың басы су бетінен қайта көрінді. Жүзі бал-бұл жайнаған күйі ол қолын судан көтеріп, алқаны көрсетгі.

–      Жартастың бір шығыңқы тұсына ілініп қалған екен, – деді Ихтиандр сабырлы кейпімен, алқынбастан, оны бейне басқа бөлмеден шығып тұрған кісі дерсің, – егер інжу жарықтың біріне түскенде, әрине, оны ұзағырақ іздеуге тура келетін еді.

Ол жартастармен шапшаң өрмелей жағаға шықты да, Гуттиэренің қасына келіп оған әлгі алқаны ұсынды. Үстіндегі киімі малмаңдай, су сорғалап тұрған, бірақ оған назар аударған жігіт жоқ-ты.

–      Алыңыз.

–      Рақмет сізге, – деді Гуттиэре өзі жігітке қызықтай қарап тұрып.

Үнсіздік орнады. Үшеуі де бұдан әрі не істеулері қажеттігін білмейтін. Гуттиэре Ихтиандрдың көзінше алқаны Ольсенге беруге бата алмай тұрған-ды.

–      Айтпақшы, інжуді мына жігітке бергіңіз келген секілді еді ғой, – деді Ихтиандр Ольсенді көзімен нұсқап.

Ольсен қып-қызыл болып кетті, ал қысылып қалған Гуттиэре:

–      Иә, иә, – деді де алқаны Ольсенге ұсынды, ал анау оны үн-түнсіз күйі алды да қалтасына сала салды.

Ихтиандр іштей мәз. Бұл онын өзінше болмашы өш алуы іспетті еді. Дәу жігіт жоғалған алқаны Гуттиэреден алып тұрғанымен, қызға мұны Ихтиандр берді емес пе?!

Қызға ізетпен бас иді де, Ихтиандр жолға түсіп, тез-тез басып жүріп кетті.

Бірақ Ихтиандрдың бұл қуанышы ұзаққа бармады. Соны ойлар мен түрлі сауалдар мазалай бастады. Ол адамдардың табиғатын жақсы білмейтін. Ана ақшыл шашты дәу жігіт кім? Гуттиэре інжу алқасын неліктен соған сыйлады? Шың басында тұрғанда олар не сөйлесті?

Бұл түні де айқайымен балықшыларды шошындыра, дельфинге мініп теңіз бетін ұзақ шарлады ол.

Келесі ұзақ күн бойы Ихтиандр су астынан шықпай қойды. Көзілдірік киген, бірақ биялайсыз күйінде ол теңіздің құмдақ түбінен інжу қауашақтарын іздеумен болды.

Кешкісін Кристоға бір соғып кетті, анау мұны күңкілдеп қарсы алды. Ертесінде, үстінде киімі бар жігіт Гуттиэре мен Ольсен жолығысқан жартасты жағалаудан бір-ақ шықты. Ана жолғы сияқты, қас қарая, сол араға алдымен Гуттиэре келді.

Ихтиандр жартастың артынан шығып қыздың қасына барды. Оны көріп Гуттиэре таныс кісісіндей бас изеп сәлемдесті де, күлімсірей тұрып былайша сауал қойды:

–      Сіз мені аңдып жүргеннен саумысыз?

–      Иә, – деп қарапайымдылықпен шынын айтты Ихтиандр.

–      Сізді тұңғыш рет көргелі бері солай... – Сосын сәл қымсына тұрып тағы былай деді:– Сіз өз алқаңызды анаған, Ольсенге сыйладыңыз ғой. Бірақ сіз соны берместен бұрын інжуді тамашалап біраз тұрдыңыз. Сіз інжуді жақсы көремісіз?

–      Иә.

–      Ендеше, мынаны алыңыз... менен, – деді де ол қызға інжу моншағын ұсынды.

Гуттиэре інжудің құнын білетін қыз еді. Ихтиандрдың алақанында жатқан інжу бұрын-соңды көрген және әкесінен естігендерінің бәрінен қымбат дүние еді. Аппақ түсті, еш жеріне мін таға алмастай әп-әйдік інжу моншақтың салмағы кемі екі жүз карат және бағасы, сірә, бір миллион алтын пезодан кем түспес, түге. Гуттиэре аң-таң болып біресе таңғажайып асыл тасқа, біресе қарсы алдында тұрған сұлу жігітке қарайды. Күшті, ширақы, дені сау, бірақ сәл ұялшақ, үстіне қыртыстанған ақ костюм киген ол Буэнос-Айрестің бай манап жігіттерінің біріне де ұқсамайтын. Бір қызығы, ол өзін бұрын-соңды білмейтін бейтаныс қызға мынадай сый ұсынып тұр.

–      Алсаңызшы, – деп қайталады Ихтиандр енді өжеттікпен.

–      Жоқ, – деп жауап қатты Гуттиэре басын шайқап. – Мен сізден мұншалықты қымбат бағалы сый қабылдай алмаймын.

–      Бұл тіпті де қымбат сый емес, – деп қызбалана қарсы дау айтты Ихтиандр, – теңіз түбінде мұндай інжулердің талай мыңы жатыр.

Гуттиэре күлімсіреді. Ихтиандр қызарып қоя берді де, сәл үнсіздіктен кейін қайыра тіл қатты:

–      Алыңыз, өтінем сізден.

–      Жоқ.

Ихтиандр қабақ шытты: бұл ренжіген түрі еді.

–      Егер өзіңізге алғыңыз келмесе, – деп қасарысты Ихтиандр, – онда анау үшін... Ольсен үшін алыңыз. Ол бас тартпайды.

Енді Гуттиэре шамданды.

–      Ол өзі үшін алмайды, – деп қатқыл үнмен жауап қатты қыз. – Сіз ештеңе де білмейсіз.

–      Демек, алмайсыз ғой?

–      Жоқ.

Сол-ақ екен, Ихтиандр інжуді құлаштай сермеп теңіз төріне қарай атып жіберді де, үнсіз күйі басын изеп, жолға қарай жүре берді.

Мына қылығы Гуттиэрені таза естен тандырды. Ол қалшиып қатып қалған. Миллион сомдық байлықты жай тас тәрізді теңізге лақтыру деген не сұмдық! Қыз қатты қысылды. Мына түсініксіз жігітті неге ренжітті соншама?

–      Тоқтаңыз, қайда барасыз сіз?

Ал Ихтиандр басы салбыраған күйі ілгері жүре берген. Гуттиэре оны қуып жетіп, қолынан ұстап, жүзіне қарады. Жігіттің көзінен жас тамшылап келеді екен. Ол бұрын жылау дегенді білмейтін, сондықтан ба, көз алдындағы заттардың неліктен бейне теңіз түбіне көзілдіріксіз түскендегідей буалдырланып, көмескі көрінетініне қайран қалып келе жатқан-ды.

–      Кешіріңіз. Мен сізді ренжітіп алдым, білем, – деді қыз жігіттің қос қолын бірдей қыса ұстап.

ЗУРИТАНЫҢ ШЫДАМЫ ТАУСЫЛДЫ

Осы оқиғадан кейін Ихтиандр әр кеш сайын қалаға таяу жағалауға жүзіп барып, тас арасына тығып қойған киімдерін киіп, Гуттиэремен жолығысатын жартас маңына жиі баратынды шығарған. Олар әр түрлі әңгіме айтысып, теңіз жағасында ұзақ қыдырыстайтын.

Гуттиэренің жаңа досы кім еді? Ол жағын өзі де тап басып айтып бере алмайтын. Ол әжептәуір ақылы бар, тапқыр, Гуттиэре біле бермейтін көп нәрседен хабардар, бірақ сөйте тұра қаладағы кез келген бала білетін кейбір қарапайым нәрселерді ұғынбайтын. Мұны қалай түсіндіруге болады? Ихтиандр өзі туралы әңгіме айтқанды жақтырмайтын. Шындықты айтқысы келмейтін. Қыздың бар білгені, Ихтиандр – дәрігердің баласы, әкесі, сірә, өте ауқатты кісі болса керек. Ол баласын қаладан және жұрттан жырақта тәрбиелеген әрі оған біржақты да қызық тәрбие берген тәрізді. Кейде олар жағада ұзақ отырып қалады. Аяқ астарында толқынын атып теңіз жатады. Төбеден жұлдыздар жымыңдасады. Олар кейде үн-түнсіз қалады. Ихтиандр

мұндай сәттерде өзін бақытты жан санайтын.

–      Қайтар уақыт болды, – дейтін қыз.

Ихтиандр лажсыздан орнынан тұрып, оны қаланың шет жағына дейін шығарып салатын да, содан жүгіре басып жағаға жетіп, тездетіп киімін шешіп, үйіне қарай жүзе жөнелетін.

Ертеңгісін, таңғы тамағын ішкен соң, ол үп-үлкен бір ақ нанды қолтығына қыстырып ап, шығанаққа қарай беттейтін. Теңіздің құмдақ түбіне жайғасып алып, әлгі нанды балықтарға жем ғып үлестіретін. Аналар үйір-үйірімен топталып келіп оны айнала қоршап алып, қолтығының астына шейін кіріп кетіп, қолындағы қалашты шүпірлесе, таласа жеп жатар еді. Кейде осынау шабақтардың арасына ірі балықтар еніп кетіп, әлгілердің өздерін тым-тырақай қуып беретін-ді.

Ихтиандр мұндайда орнынан түрегеп, қолын сермелеп әлгі жыртқыштарды қуалап әуреленетін де, ал шабақтар соның артына жасырынар еді.

Ол інжу теріп, оларды су асты үңгіріне таситынды шығарды. Іске құлшына кіріскені сонша, көп ұзамай-ақ өңшең сұрыпталған маржандарды төбедей етіп үйіп қойды.

Ол өзі де білмей Аргентинадағы, бәлкім, тіпті бүкіл Оңтүстік Америкадағы ең бай кісі болып шыға келді. Егер қажетсінсе ол, тегі, дүние жүзіндегі ең бай адамға айнала алар еді. Бірақ баю деген жігіт ойына кіріп те шықпайтын.

Өмір осылай жайбарақат өтіп жатқан. Ихтиандрдың жалғыз өкініші – Гуттиэренің шаң-тозаң, қапырық, у-шу қалада тұрып жатқандығы болатын. Шіркін, ол да бұл секілді у-шу мен ығы-жығы халықтан алыста, су астында өмір сүре алар ма еді! Қандай ғажап болар еді-ау! Ол қызға жаңа, бейтаныс тіршілікті таныстырып, су астындағы тамаша гүлдерді сыйлар еді. Бірақ Гуттиэре су астында өмір сүре алмайды. Ал жігіт жер бетінде өмір сүре алмайды. Бұл соңғы кезде онсыз да ауада көбірек болып қалып жүр. Ал мұнысы ізсіз өтіп жатқан жоқ: қызбен бірге жағада отырған шақтарында бүйірі әрі жиірек, әрі қаттырақ ауыратынды шығарған. Бірақ бұл қашан қыздың өзі кеткісі келгенге шейін неше жерден сыздатып ауырса да сыр білдірмеуге тырысатын-ды. Ихтиандрды мазалайтын тағы бір жай бар: анадағы ақсары дәу жігітпен Гуттиэре не туралы сөйлесті екен? Ихтиандр кездескен сайын Гуттиэреден осыны сұрап білгісі келеді-ақ, бірақ қызды өкпелетіп алам ба деп қауіптенетін.

Бірде кешкісін кыз Ихтиандрға ертең келмейтінін айтты.

–      Неге? – деп сұрады жігіт қабақ шытып.

–      Қолым бос емес.

–      Нендей шаруа?

–      Мұншалық әуестік ету әбестік болады, – деп жауап қатты қыз күлімсіреп, сосын: – шығарып салмай-ақ қойыңыз,

–      деді де тез-тез басып кетіп қалды.

Ихтиандр теңіз тұңғиығына сүңгіді. Түн баласына мүк өскен бір тасты төсеніш етіп жатты. Көңіл-күйі жабырқау тартқан. Таң алдында ғана ол үйіне қарай беттеген.

Шығанаққа таяу тұстан дельфин атып жүрген, өңшең қайық мінген балықшыларды көрді. Оқ тиіп жараланған бір алпамсадай дельфин аспанға атылып барып суға қайта құлап түсті.

–      Лидинг! – деп үрейлене сыбырлады Ихтиандр.

Балықшылардың біреуі бұл кезде қайықтан теңізге секіріп түсіп, әлгі жаралы жануардың су бетіне қалқып шығуын күткен. Бірақ дельфин аңшыдан жүз метрдей қашық жерден шығып, ауыр тыныстай ауа қармап, қайыра тереңге сүңгіп ғайып болған.

Балықшы дельфинге қарай шапшаңдата малтып жөнелді. Ихтиандр да енді досына көмектеспекке ілгері ұмтылған. Әне, дельфиннің қайыра қалқып шығуы мұң екен, балықшы ойы шап беріп желбезегінен ұстай алды да әлсіреген жануарды қайыққа қарай сүйрей жөнелді.

Ихтиандр су астымен жүзіп отырып, балықшыны қуып жетті де оның аяғын тісімен тістеп кеп алды. Балықшы өзін акула қапқан екен деп жан ұшырып аяғын тыпырлата бастаған. Қорғанбақ болып екінші қолындағы пышағын жауына сермеген. Соққы барып Ихтиандрдың қабыршақпен қапталмаған желкесіне тиді. Ихтиандр балықшының аяғын қоя беріп еді, анау жанталасып қайығына қарай қашты. Жаралы дельфин мен Ихтиандр шығанаққа қарай малтыды. Жігіт бір сәт дельфинге «соңыма ер» деп бұйырды да өзі су астындағы үңгірге сүңгіп кетті. Бұл арада су беті үңгірдің жартысына шейін ғана жететін. Қуыс арқылы ішке ауа келіп тұратын. Бұл жерде дельфин де қауіптен құтылып, еркін тыныстай алатын-ды. Ихтиандр оның жарасын ұстап көрді. Сөйтсе ол онша қауіпті жара емес екен. Оқ терісінен өтіп, майға барып қадалған. Ихтиандр оны саусағымен суырып алды. Дельфин де шыдап бақты.

–      Жазылады, – деді Ихтиандр, досын арқасынан қағып-

қағып қойып.

Енді өз қамын жемей болмайтын еді. Ихтиандр су асты тоннелімен шапшаң малтып, бақтың тұсынан көтерілді де, ақ үйге барып енді.

Жігітті жаралы күйінде көрген Кристоның зәресі ұшты.

–      Саған не болған?

–      Дельфинді құтқарамын деп ұмтылғанымда, балықшылар жаралады,– деді Ихтиандр.

Бірақ Кристо мұнысына сене қоймады.

–      Менсіз тағы да қалада болған шығарсың? – деп күдіктене сұрады ол жігіттің жарасын байлап жатып.

Ихтиандрда үн жоқ.

–      Қабыршағыңды кішкене көтерші, – деді де Кристо Ихтиандрдың иығын сәл жалаңашталды.

Үндіс шал жігіт иығынан қызарған дақты байқады. Әлгі дақтың түрі Кристоның зәресін ұшырды.

–      Ескекпен ұрған ба? – деп сұрады ол, оның иығын сипалап тұрып. Бірақ ісігі жоқ екен. Сірә, туа біткен дақ болса керек.

–      Жоқ, – деп жауап қатты Ихтиандр.

Жігіт дем алуға өз бөлмесіне кетті де, үндіс шал қолдарымен жағын таянған күйі ойға батып отырып қалды. Ол осылайша ұзақ отырды, сосын орнынан тұрды да бөлмеден шығып кетті.

Кристо қалаға қарай бет алған, Бальтазардың дүкеніне ентіккен күйі енді де, үлдіріктің қасында отырған Гуттиэреге сезіктене бір қарап қойып, сауал тастады:

–      Әкең үйде ме?

–      Ана жақта, – деп жауап қатты қыз, басқа бөлмені иегімен нұсқап.

Кристо зертханаға енді де, есікті жауып алды.

Ол бауырының бұрынғыша сол інжу моншақтарын сумен шайып отырған үстінен шықты. Бальтазар бұл жолы да әуелгідей кейісті күйде екен.

–      Сендер кісіні жынды қылатын шығарсыңдар, түге!– деп күңкілдей бастады Бальтазар. – Су перісін әлі күнге шейін ертіп әкелмей жатыр деп Зурита бұрқылдайды, ал Гуттиэре күн ұзаққа бір жаққа кетіп, ол жоқ болады. Зурита туралы тыңдағысы да келмейді. «Жоқ! Жоқ!» дегеннен басқаны білмейді. Ал Зурита айтады: «Осы күткенім де жетер! Ең дұрысы зорлап алып қашамын. Жылап-жылап басылар да көндігер...» Ал одан неше түрлі пәлені күтуге болады.

Кристо бауырының мұңын тыңдап болып былай деді:

–      Айтпақшы, менің су перісін ертіп әкеле алмай жүрген себебім, ол да Гуттиэре тәрізді күн ұзаққа әлдеқайда менсіз кетіп қалып, қарасын көрсетпей қояды. Ал маған еріп қалаға келгісі жоқ. Тіл алуды қойды, түге. Ихтиандрды дұрыс баға алмадың деп доктор да сыбағамды беретін шығар әлі...

–      Демек, Ихтиандрды тезірек ұстап беру немесе ұрлап әкету керек, сонда Сальватор келгенше, сен де оның үйінен кетіп үлгересің...

–Тоқтай тұр, Бальтазар, сөзімді бөлме, бауырым. Сендер Ихтиандр мәселесінде мені тым асықтырмаңдар.

–      Асықтырмағаны қалай?

Кристо өз жоспарын айтуға жүрексінгендей сәл күрсініп қойды.

–      Не десем екен... – деп бастады ол.

Бірақ тап осы сәтте дүкенге әлдекім сырттан енді де, бұлар Зуританың барқыраған даусын естіді.

–      Ал керек болса, – деп күңк ете қалды Бальтазар інжу моншақты ыдысқа тастап жатып, – тағы сол!

Зурита есікті жұлқып ашты да, зертханаға енді.

–      Ә, ағайынды екеуің де осында екенсіңдер ғой. Сендер мені алдауларыңды қашан қоясыңдар, түге? – деп тиісті ол біресе Бальтазарға, біресе Кристоға қарап тұрьш.

Кристо орнынан тұрып, сыпайы күлімсіреді де, сөз бастады:

–      Қолдан келгенді аяп жатқаным жоқ қой. Сабыр ету керек. Су перісі – жай балық емес. Оны иірімнен оп-оңай суырып ала алмайсың. Бір рет сәтін түсіріп ертіп әкеліп ем, өзіңіз мұнда болмай шықтыңыз; су перісі қаланы көрді де ұнатпады, білем, мұнда қайтып келгісі жоқ.

–      Келгісі келмесе, қойсын. Осы күткенім де жетер. Осы аптада екі бірдей шаруаны тындыруым керек. Сальватор әлі келген жоқ па?

–      Жуырда келіп қалар.

–      Демек, асығуымыз керек. Қонақтарды қарсы алуыңды біл. Мен сенімді кісілерді іріктеп қойдым. Сен тек есікті ашуыңды білесің, Кристо, қалғанын өзім реттеймін. Бәрі дайын болған соң Бальтазарға хабар берем, – деді де ол Бальтазарға бұрылып қарап, тағы сөйлеп кетті: –Ал сенімен мен ертең қайыра сөйлесем. Бірақ, есіңде болсын, бұл ең соңғы әңгімеміз болмақ.

Ағалы-інілілер үнсіз бас изесті. Зурита шығып үлгермей жатып-ақ, үндістердің түрлері өзгеріп сала берді. Бальтазар ақырын ғана сыбырлай балағаттап жіберді, Кристо әлдебір ойға батып тұрған тәрізді.

Дүкен ішінде Зурита сыбырлап Гуттиэреге әлдене айтты.

–      Жоқ, – деген Гуттиэренің жауабын бір-ақ естіді ағайындылар.

Бальтазар мұңайып бас шайқады да қойды.

–      Кристо! – деп шақырды Зурита. – Соңыма ер, сенің бүгін маған керегің болып тұр.

КЕЛЕҢСІЗ КЕЗДЕСУ

Ихтиандрдың көңіл-күйі онша емес-ті. Мойнындағы жарасы сыздап ауыртады. Денесі күйіп барады. Ауада тынысы тарылып, берекесі кетіп тұрған. Бірақ ертеңгісін науқастығына қарамастан Гуттиэрені қарсы алу үшін жағадағы жартастың қасына барған. Қыз түс кезінде келді.

Күн дегенің жан төзгісіз ыстық еді. Күннің аптабынан, ұсақ ақ тозаңнан Ихтиандр алқына бастаған. Оның теңіз жағасында қалғысы келген, бірақ Гуттиэре асығулы еді, қыздың қалада тығыз шаруасы бар екен.

–      Әкем бір шаруаларымен кетпек те, ал дүкенде мен қалуға тиіспін.

–      Онда мен сізді шығарып салайын, – деді жігіт, олар қалаға қарай құлдилай тартылған шаң-тозаңды қара жолдың үстімен кетіп бара жатты.

Оларға қарсы басын төмен тұқыртқан күйі Ольсен келе жатыр екен. Ол әлденеге абыржулы болса керек, қастарынан өте шықты, тіпті Гуттиэрені де байқаған жоқ, оны қыздың өзі дауыстап шақырды.

–      Менің оған айтар екі-ақ ауыз сөзім бар, – деді Гуттиэре, Ихтиандрға қарап, сосын кері бұрылып, Ольсеннің қасына барды.

Олар сыбырласып әлденелерді тез-тез айтысып жатты.

Қыз оған бірдеңе деп жалынатын тәрізді.

Ихтиандр солардың артында бірнеше қадамдай жерде ғана келе жатқан-ды.

–      Жақсы, түн ортасы ауған соң, – деген Ольсеннің даусын естіді ол. Дәу жігіт қыздың қолын қысып, басын изеді де тез-тез басып кете барды.

Гуттиэре Ихтиандрдың қасына келгенде, жігіттің екі беті мен құлақтары өрттей қызарып жанып тұрған. Оның Гуттиэремен Ольсен туралы ашық сөйлескісі келген-ді, бірақ соны неден бастауын білмей тұр.

–      Бұдан әрі төзімім жетер емес, – деп бастады ол сөзін алқынып тұрып. – Менің білуім керек... Ольсен жайын... Сіз менен сыр жасырып жүрсіз. Сіз онымен түнде кездеспек болдыңыз. Сіз оны сүйемісіз?

Гуттиэре Ихтиандрды қолынан ұстап, оған мейірлене көз тастады да, күлімсіреген күйі сауал тастады:

–      Сіз маған сенемісіз?

–      Мен сенем... Өзіңіз де білесіз, мен сізді сүйем. – Ихтиандр енді бұл сөздің мәнісін білетін, – бірақ мен... бірақ маған соншалықты ауыр.

Мұнысы шындық еді. Ихтиандрды беймәлім жай қинайтын, оның үстіне тап сәл сәтте бүйірі де шаншып, жанын қатты қинап тұрған. Ол алқына бастаған. Бетінің ұшындағы қызылдары жоғалып, өңі боп-боз болып кеткен еді.

–      Сіз қатты науқассыз ғой, – деді қыз да енді абыржып.

–      Тынышталыңыз, өтінем сізден. Сүйкімді балақайым-ау. Менің сізге бар шындықты айтқым келмеп еді, бірақ

кеудеңізде күдік қалмауы үшін айтайын бәрін. Тыңдаңыз, ендеше.

Әлде бір салт атты кісі бұлардың қасынан құйғытып өте шықты да, бірақ Гуттиэрені көріп қалып атының басын қайта бұрып, екі жастың қасына келді. Ихтиандр өңі қара торы, жасы тоқтасқан, ұлпа тәрізді жұмсақ мұрты едірейген, шоқша сақалды бейтаныс біреуді көрді.

Бір кездерде, әлдеқайдан бұрын Ихтиандрдың бір көрген кісісі тәрізді өзі. Қалада ма? Жоқ... Жә, теңіз жағасынан көрген шығар-ау.

Салт атты қамшысымен етігінің қонышын бір салып қап Ихтиандрды бастан-аяқ сезіктене бір шолып шықты да, Гуттиэреге қол беріп амандасты.

Қолын шап беріп ұстап, ол күтпеген жерден қызды жерден көтеріп әкетіп, қолынан сүйді де, күліп жіберді:

–      Қолға түстің бе! Ол қабақ шытқан Гуттиэренің қолын қоя берді, сөйте тұра ызалана үн қатты: – Үйлену тойы болғалы жатқанда, қалыңдықтың бейтаныс жігітпен қолтықтасып қыдырып жүргенін бұрын-соңды кім көрген, түге.

Гуттиэре ашулана бастаған, бірақ ол оны сөйлетпей, одан әрі бастырмалата жөнелді;

–      Әкең сені күткелі қашан? Мен дүкендеріңде бір сағаттан кейін боламын.

Ихтиандр оның соңғы сөздерін естуден қалған-ды. Кенеттен көз алды қарауытып, өңешіне әлденендей бір түйіршік тұрып, тынысы тоқтап қалғандай сезінді. Оның бұдан әрі ауада қалуына болмайтын еді.

–      Сонда сіз... дегенмен, мені алдаған болдыңыз ғой... – деді ол көгерген еріндері дірілдеп.

Оның сөйлескісі – бар өкпесін ашып айтқысы және бәрі- бәрін білгісі келген, бірақ ауруы шыдатпай, есінен тануға айналған-ды.

Ақыры Ихтиандр жағаға қарай тұра жүгірді де, тік жартастан теңізге бірақ секірді.

Гуттиэре шыңғырып жіберді, әрі теңселіп кетті. Сосын ол Педро Зуритаға қарай ұмтылды:

–      Тезірек... Тез кұтқара көріңіз оны! – Бірақ Зурита тырп етпеді.

–      Өзі суға батып өлгісі келген кісіге менің кедергі жасамайтын әдетім бар, – деді ол.

Суға қойып кету үшін Гуттиэре жағаға қарай жүгірді. Зурита осы сәт атын тебініп қап қызды қуып жетті де, ат үстінен еңкейіп иығынан ұстап, алдына көтеріп алды да, жолды шаңдата шаба жөнелді.

–      Мен өзіме кедергі жасамаса, өзгеге де кедергі келтірмейтін кісімін. Міне, осыным тәуір болды! Әу, есіңді жисаңшы, Гуттиэре!

Бірақ Гуттиэре жауап қатпады. Қыз талып жатқан. Тек әкесінің дүкеніне жеткенде барып ол есін жиды.

–      Әлгі жас жігіт кім еді? – деп сұрады Педро.

Гуттиэре Зуритаға деген ызасын жасырмай, тесірейе қарады да, тіл қатты:

–      Жіберіңіз мені.

Зурита қабақ шытты. «Есуастық, – деп ойлады ол, – романының кейіпкері суға кетіп тынды. Сонысы тәуір болды». Содан соң дүкенге қарап тұрып Зурита айқай салды:

–      Әкесі! Бальтазар! Бармысың, әй!.. – Бальтазар жүгіріп шықты.

–      Мә, қызыңды ал. Сосын маған алғысыңды айт. Мен өлімнен құтқарып қалдым мұны, қызың бір сұлу жігіттің соңынан суға кете жаздады. Міне, осымен екінші рет қызыңды ажалдан арашалап алдым, ал бұл деген әлі күнге мені жатырқайды. Жә, көп ұзамай оның бұл қиқарлығына тыйым салатын болармыз әлі. – Ол қарқылдап күліп жіберді. – Мен бір сағаттан кейін оралам. Келісімімізді ұмытпа!

Бальтазар қорлана тұра басын иіп, қызын Педроның қолынан алды.

Салт атты болса атын бір тебініп қап, шаба жөнелді.

Әкесі мен қызы дүкенге кірді. Әлі құрыған Гуттиэре орындыққа сылқ етіп отыра кетті де, алақандарымен бетін басты.

Бальтазар есікті жауып алды да, дүкен ішінде ерсілі- қарсылы теңселіп жүріп, әлденелерді қызбалана әрі тебірене айтып жатты. Бірақ оны тыңдаған жан жоқ-ты. Бальтазар бұл ақылын тап солай сөреде жатқан кептірілген шаяндар мен теңіз балықтарына айтса да болар еді.

«Ол суға батты, – деп ойлады қыз, Ихтиандрдың түрін көз алдына елестетіп. – Байғұс! Алдымен Ольсен, одан соң мына Зуритамен қисынсыз кездесуі. Мені қалыңдық деуге қалайша аузы барады, түге! Енді бәрі-бәрі құрыды...»

Гуттиэре жылап отыр.

Қыз іштей Ихтиандрды аяйды. Қарапайым, ұялшақ, оны Буэнос-Айрестің қуыс кеуде, өркөкірек жігітсымақтарымен салыстырып болар ма, сірә?

«Енді не істеуі керек? – деп ойлайды қыз. – Ихтиандрға ұқсап теңізге батып өле ме? Өзін-өзі өлтіре ме?

Ал Бальтазар болса әлі сөйлеп тұрған-ды.

–      Сен түсінемісің, Гуттиэре? Бұл деген тақыр кедей болып қалу деген сөз. Осы дүкеніміздегі өзің көріп жүрген дүниенің бәрі Зуританікі. Менің өзіме тиесілісі осының оннан біріне жетпейді. Бүкіл інжу атаулыны біз комиссияға Зуритадан аламыз емес пе? Ал егер сен одан тағы да бас тартар болсаң, ол бүкіл тауарды тартып алады да, менімен енді қайтып істес болмайды. Бұл дегенің жұрдай болу! Таза тақыр кедей ету деген сөз! Жә, ақылың бар еді ғой, сенің, қызым, мына қартайған сорлы әкеңді аясаңшы тым болмаса...

–      Айтып біт: «Қысқасы, соған күйеуге шық!» десеңші.

Жоқ! – деп қатқыл жауап қатты Гуттиэре.

–      Қарғыс атсын! – деп баж ете түсті Бальтазар, ызадан жарыла жаздап. – Егер олай болса, онда... онда... Мен емес, сенің шаруаңды Зуританың өзі тындырады, ендеше!

–      деді де үндіс шал есікті тарс жауып, зертханасына кетіп қалды.

СЕГІЗАЯҚТАРМЕН ШАЙҚАС

Теңізге бір-ақ секірген Ихтиандр сәл уақытқа жер бетіндегі сәтсіздіктерін мүлде ұмытты. Ып-ыстық әрі қапырық жерден кейін салқын су оны тыныштандырып, бойын сергітті. Бүйірінің шанышқаны да басылды. Ол кеудесін кере еркін тыныстады. Оған дем алуы қажет-ті, сондықтан да ол жер үстінде не болғанын есіне алмауға тырысты. Ихтиандрдың қарекет жасағысы, қимылдағысы келген. Немен айналысса екен? Ол тас қараңғы түнде жартастың басынан теңізге секіріп, оның түбінен бір-ақ шығуды ұнататын. Бірақ қазір уақыт тапа тал түс еді де, теңіз төрінде әр тұстан балықшылар қайығының түбі қараң-қүраң етіп көрініп қалып жүрген-ді.

«Мен былай етейін. Үңгірдің ішін тәртіпке келтірейін» деген ойға қалды Ихтиандр.

Шығанаққа төніп тұрған тік құзда етегі сонау терең түңғиыққа қарай жайылып кеткен, су асты жазығын алақандағыдай аңғаруына мүмкіндік беретін алып арқалы бір үңгір болатын-ды.

Ихтиандр бұл үңгірді көптен ұнататын. Бірақ онда жайласпастан бұрын ішіндегі тұрақты тұрғындары – нешеме түрлі сегізаяқтардан тазартуы тиіс-ті.

Ихтиандр көзілдірігін киді, қолына ұшы сәл қисықтау өткір пышақ алды да, үңгірге қарай батыл жүзіп берді. Үңгірдің ішіне бірден кіріп баруға қорқынышты еді де, ол жауларды сыртқа шығарып алып шайқасуды ұйғарды. Ол көптен бері осы маңда су астында жатқан қайықтың шанышқысы барын білетін. Соны көтеріп алды да әлгі үңгірдің аузына таяп барып, шанышқыны ішіне сұққылай бастады. Бейтаныс біреудің мазалағанын жақтырмаған сегізаяқтар жыбырлай бастады. Арқаның шетінен ұп-ұзын, ирелеңдеген сирақтары көріне бастады. Олар аса сақтықпен шанышқыға жақындай түсті. Ихтиандр әлгі ирелеңдеген пәлелер қармап үлгергенше шанышқысын тартып ала қояды. Осы ойын бірнеше минуттарға созылды. Бұл сәтте медуза Горгонның шашы тәрізді ондаған сирақтар үңгірдің бер жағына шығып та үлгерген. Ақыры, алып денелі, кәрі сегізаяқ мына келімсектің сыбағасын тартқызғысы келгендей соғысуға оңтайланды. Ол мұрттарын жыбырлатып бүкіл денесімен түгел бері шықты. Ихтиандрдың зәресін кетірмекке уын шашып судың түсін өзгертті де, жауына қарай жылжи бастады. Ихтиандр шанышқысын тастай бере, бір жағына қарай жалт беріп, шайқасқа әзір тұрды. Екі ғана қолы бар адамның сегіз бірдей сирақты жаумен шайқасы оңайға түспесін Ихтиандр білетін. Сегізаяқтың бір сирағын қиып түсіргенінше, қалған жеті аяғымен-ақ қол-аяғыңды қармап үлгіретінін де түсінетін. Сондықтан да жігіт не де болса, пышағын әлгінің жанды жеріне, яғни денесіне шаншып үлгеруді шешкен. Құбыжықтың сирақтарының өзіне әбден таяп қалған сәтін аңдып тұрды да, Ихтиандр оқыс қимылдап сегізаяқтың басын көздей ілгері ытқыды.

Мұндай оқыс қимыл әр кез сегізаяқты қапыда қалдыратын.

Мақұлық есін әрі аяқтарын жиып, жауын қармап үлгергенше кемі төрт секундтай уақыт өтетін. Ал бұл уақытта Ихтиандр шапшаң сермеп қап, пышағымен сегізаяқтың денесін қақ жарып, жүрегін тіліп түсіп, әр қимылы жүйкелерін үзіп үлгеретін-ді. Бұл жолы да солай болды. Енді мұның денесін уысына қармап үлгерген алып мақұлықтың сирақтары әлсіреп, былқ-сылқ болды да қалды.

–      Біреуі құрыды!

Ихтиандр қолына қайтадан шанышқыны алды. Бұл жолы оған қарсы екі бірдей сегізаяқ шыға келді. Оның бірі Ихтиандрға қарама-қарсы келе жатты да, екіншісі алдан соғып арт жағынан тарпа бас салуға ұмтылды. Бұл енді өте қауіпті жағдай еді. Ихтиандр өжеттікпен қарсы беттегі сегіз- аяққа тап берді, бірақ ол оны өлтіріп тынғанша, арт жақтан шабуылдаған жау мұны мойнынан орап үлгерген-ді. Жігіт шалт қимылмен әлгіні тап тамағының астындағы тұсынан орып кеп қалды. Сосын жауына жалт бұрылды да, сирақты қиып түсірді. Жаралы сегізаяқ басымен қайғы болып,

арпалысып, су түбіне қарай кетті. Ал Ихтиандр болса енді қарсы беттен тиіскен жауын жәукемдей бастады.

–Үшеу, – деп санап қойды Ихтиандр.

Әйтсе де шайқасты біршама тоқтата тұруына тура келген. Үңгірден сегізаяқтардың тұтас бір отряды шыққан, бірақ әлгіндегі қанды шайқастар суды лайлаған да еді. Ал мұндай қоңыр мұнар қараңғыда қарманып жүріп-ақ жауын ұстай білетін сегізаяқтар үшін тиімдірек еді. Ихтиандр болса оларды көре алмайтын. Ол шайқас алаңынан аулағырақ кетіп, суы таза тұсқа жетті де, соңынан қуып, әлгі мұнардан шыға келген тағы бір сегізаяқты өлтіріп тынды.

Ара арасында үзілісі бар бұл шайқас бірнеше сағатқа созылды1.

Сегізаяқтардың ең соңғысы өлтіріліп, су қан-жыннан тазарған шақта, Ихтиандр теңіз түбінде тау боп үйіліп жатқан әлгі мақұлықтардың денелері мен жантәсілімде қыбырлаған сирақтарын көрді. Ихтиандр үңгірге кірді. Іште әлі де болса үлкендігі адамның жұдырығындай, ал сирақтары саусақтай ғана кішігірім сегізаяқтар бар екен. Ихтиандрдың оларды да өлтіріп тастағысы кеп тұрды да, бірақ оларды аяп кетті:

«Бәлкім, баулып көруі керек шығар. Мұндай күзетшілердің болғаны артық болмас еді».

Үңгірді алып сегізаяқтардан арылтқан Ихтиандр енді өзінің су асты мекеніне жиһаздар қоюды ұйғарды. Ол үйден аяқтары сом темір мәрмәр тақтадан жасалған үстел және екі бірдей қытай вазасын әкеп қойды. Үстелді үңгірдің ортасына орнатты да, әлгі вазаларды соның үстіне қойды, сосын ішіне топырақ толтырып, теңіз гүлдерін отырғызды. Су шайған топырақ бастапқыда вазалардың үстінде түтін тәрізді жүзіп жүрді де, біраздан соң ол да ғайып болып, су тазарды. Тек гүлдер ғана бейне самал жел өтіндегідей су толқынымен тербетіле қозғалып тұрды.

1 Бұл арада автор көркем әдебиеттегі сегізаяқтар кісіге шабады деген дәстүрді негізге алған. Ал, шындығында, осы заманғы биологтар мен акванавтардын байқауларына сүйенсек, сегізаяқтардың кісіге шабуыл жасауы тым сирек, әрі қорғаныс ретінде ғана болатын оқиға.

Үңгірдің ішкі қабырғасында бейне табиғаттың өзі тас орындық жасап қойғандай бір шығыңқылау тұсы бар екен. Үңгірдің жаңа қожасы соған барып шалжиып жатып алды азырақ. Әлгісі тастан жасалған дүние болғанымен, су ішінде оның салқындығы аса көп біліне қоймайды екен.

Сөйтіп, бұл деген үстел үстіне қытай вазалары қойылған бір түрлі қызық бөлме болды да шықты. Көптеген әуесқой балықтар келіп, жаңа қоныстанушыны қызықтап қайтты. Кейбіреулері тіпті үстел аяқтарының ара-арасымен зымырап, бейне иіскеп көргілері келгендей жаңағы вазалардағы гүлдерді тұмсықтарымен түртіп байқады, тіпті Ихтиандрдың бас жағын айналшақтап жүзіп жүрді. Мәрмәр түсті бір бұзаубас балық үңгірге келіп кірді де, шошып кетіп, құйрығын бір бұлғаң еткізе, кері қаша жөнелді. Едендегі аппақ құмның үстімен маң-маң басып, бір шаян келіп кірді де, үй иесіне тағзым еткендей мұртын бір көтеріп қойып, үстел астына барып жайғасты.

Ихтиандрға өзінің осынау бір қарекеттері қатты ұнаған.

«Мекен-жайымды тағы нендей заттармен әшекейлей түссем екен?» деп ойлады ол. – Есік алдына ең бір әсем суасты өсімдіктерін егейін, еденге інжу моншақтарын төгейін, ал қабырғаның шет жақтарына інжу қауашақтарын шашып тастайын. Егер бұл су асты бөлмемді Гуттиэре көрсе қайтер еді... Бірақ ол қыз мені алдап жүр ғой. Әу, бәлкім, алдамайтын да шығар-ау. Ол Ольсен туралы айтып үлгере алмай қалды емес пе?» Ихтиандр қабақ шытты. Иә, жұмысты тындыруы мұң екен, ол өзінің өзге жұртқа ұқсамайтын өзгешелігін, жалғыздығын еске алды. «Неге бұл басқа жұрт су астында өмір сүре алмайды? Мен жалғызбын. Әкем тезірек келсе екен! Мен содан сұрар ем...»

Оның су астындағы мекен-жайын тым болмаса біреу- міреуге көрсеткісі келіп кетті. «Лидинг» деп еске алды Ихтиандр дельфинін. Ихтиандр ирелеңдеген қауашақтың бірін алды да, теңіз бетіне көтеріліп сарната тартты. Көп ұзамай өзіне таныс пысқырынған дауыс естілді – дельфин әр кез шығанақ маңында жүзіп жүретін-ді.

Қасына жүзіп жеткен дельфинді еркелете құшақтай алды да былай деді:

–      Ер соңымнан, Лидинг, мен саған жаңа бөлмемді көрсетейін. Сен деген өміріңде үстел мен қытай вазаларын көрген пәле емессің ғой.

Сосын өзі суға сүңгіп кетті де, Ихтиандр дельфинге соңынан еруге бұйырды.

Алайда дельфин өте мазасыз мейман болып шықты. Үп- үлкен әрі қолапайсыз денесімен үңгір ішіндегі суды толқытқаны соншалық, үстел үстінде тұрған вазалар теңселіп кетті. Оны азсынғандай тұмсығымен түртіп қап, әлгі үстелді құлатып түсірді. Вазалар да ұшып түсті, егер жер бетінде болғанда, олардың күл-талқаны шығатын еді. Тек шошып кетіп, әдеттен тыс шапшаңдықпен жартасқа қарай бір бүйірлей қашқан шаян болмаса, бұл жерде ештеңе бола қойған жоқ-ты.

«Неткен ебедейсіз едің!» деп ойлады Ихтиандр досы туралы құлаған үстелді көтеріп қойып, үстіне вазаларды қайта қондырып жатып.

Сосын дельфинді қайыра құшақтап, оған былайша тіл қатты:

–      Бірге тұрайық, осында қал, Лидинг.

Бірақ дельфин басын шайқап, тынышсыздана бастады. Ол су астында ұзақ қала алмайтын-ды. Оған ауа қажет еді. Қысқасы, қанаттарын қағып-қағып қойып, дельфин үңгірден шығып, теңіз бетіне қарай тартты.

«Лидинг екеш Лидинг те су астында менімен бірге тұра алмайды, – деп мұңая ойға шомды Ихтиандр оңаша қалған соң. – Тек балықтар ғана болмаса. Бірақ олар дегенің топас және үркек пәлелер ғой...»

Содан ол өзінің тастан жасалған төсегіне барып қисайды. Бұл күн батқан кез еді. Үңгір іші тас қараңғы. Сәл шайқалған су Ихтиандрды тербете бастаған.

Күні бойы қарбалас тірліктен қалжыраған Ихтиандр қалғып кетіп еді.

ЖАҢА ДОС

Ольсен бір үлкен қайықтың жақтауына асыла су түбіне зер салып отырған. Күн көкжиектен жаңа ғана көтеріліп, қия түскен сәулесімен шағын айлақтың мөлдір суының түбіне шейін көрсетіп тұрған-ды. Қайраңды түбінде бірнеше үндістің еңбектеп жүргендері байқалады. Олар мезгіл-мезгіл тыныс алу үшін су бетіне көтеріледі де, қайыра сүңгиді. Ольсен терімшілердің қимыл-әрекеттерін жіті бақылап отыр. Күн әлі ерте, дегенмен, тымырсық ыстық. «Маған да неге суға түсіп салқындап алмасқа, бір-екі сүңгіп шықпасқа?» деп ойлады да, ол тез-тез шешініп жіберіп суға қойды да кетті. Ольсен бұрын-соңды тым тереңге сүңгіп көрмеген-ді, дегенмен, бұл тірлік оған ұнады және өзінің су астында үндістерден де көбірек жүре аларына көзін жеткізді. Ол інжу іздеушілерге барып қосылды және осынау жаңа қарекет өзін бірден баурап әкетті.

Үшінші қайтара сүңгігені сол-ақ еді, теңіз түбінде тізерлеп отырған екі үндіс орындарынан шапшаң атып тұрып, бейне бір жайын немесе арабалық қуып келе жатқандай жанталаса жоғарыға ұмтылғандарын аңдап қалды. Ольсен арт жағына бұрылып қарады. Сөйтсе өзіне қарай күміс түсті қабыршағы бар, көздері орасан үлкен және аяқтары көлбақанікі тәрізді жартылай адам – жартылай көлбақа ма, бір пәле жүзіп келеді екен. Аяқтарын көлбақа тәрізді тарпып-тарпып қойып, қатты серпіліспен тақап қалған.

Ольсен тізесін көтеріп орнынан тұрғанша, әлгі құбыжық мұның қасына жетіп келді де, өзінің көлбақалық қолдарымен мұның қолдарын шап беріп ұстап алды. Зәресі кеткен Ольсен әйтсе де әлгі мақұлықтың өңі әп-әдемі адам бейнелі бірдеңе екенін аңғарып қалған, оны тек алпамсадай адырайған, жалт- жұлт еткен көздері ғана бүлдіріп тұр. Әлгі сұмдық мақұлық өзінің су астында жүргенін ұмытып кеткен бе, әлдене деп сөйлейтін секілді. Ольсен, әрине, оның сөздерін естіп тұрған жоқ-ты. Ол тек ананың жыбырлаған еріндерін ғана аңғарған.

Беймәлім мақұлық қос қолдай ұстап Ольсеннен айырылар емес, түге. Ольсен аяқтарымен серпіле секіріп атылды да, бос қолымен суды қармай жоғарыға қарай көтеріле бастады. Құбыжық әлі де мұның бір қолын жібермей соңынан ілесіп келеді. Су бетіне көтерілісімен Ольсен қайыққа шап беріп, аяғын сермеп ішіне секіріп түсті де, әлгі қолдары көлбақаның табанындай жартылай кісіні жұлқи итеріп қап еді, анау қайыра суға күмп етіп құлап түсті.

Ал қайық ішіндегі үндістер бұл кезде суға секіріп-секіріп түсіп, жағаға қарай жан ұшыра малти жөнелген.

Ал Ихтиандр қайыра қайыққа жақындап, испан тілінде Ольсенге қарап тіл қатты:

–      Тыңдаңызшы, Ольсен, менің сізбен Гуттиэре туралы сөйлесуім қажет еді.

Мына сөздер Ольсенді су түбінде көрген сәтінен бетер қайран қалдырды. Ольсен заты басы істейтін, батыл жігіт болатын. Егер мына бейтаныс жан оның атын және Гуттиэрені білетін болса, оның құбыжық емес, адам болғаны да.

–      Тыңдап тұрмын сізді, – деп жауап қатты Ольсен. Ихтиандр қайықтың тұмсығынан көтеріліп, малдас құра, қолдарын кеудесіне айқара ұстаған күйі жайғасып отырды. Бейтаныс кісінің жарқ-жұрқ еткен әрі алпамсадай адыраңдаған жанарын мұқият зерделей келе Ольсен:

«Көзілдірік!» деген тұжырымға келген.

–      Менің атым – Ихтиандр. Анада мен сізге теңіз түбіне түсіп кеткен алқаны әперген едім ғой.

–      Әу, онда сіздің көздеріңіз бен қолдарыңыз адамдікі секілді емес пе еді.

Ихтиандр күлімсіреді де, әлгі көлбақанікі тәрізді қолдарын сермеп-сермеп қойды.

–      Шешіледі, – деп қысқа жауап қайырды ол.

–      Өзім де солай шығар деп ойлап ем. Үндістер осынау оқыс әңгімені құлақтары естімегенімен, жартасқа жасырына бақылап тұрған.

–      Сіз Гуттиэрені сүйемісіз? – деп сұрады Ихтиандр сәл үнсіздіктен соң.

–      Иә, мен Гуттиэрені сүйем, – деп қарапайым жауап қатты Ольсен.

Ихтиандр ауыр күрсініп қойды.

–      Қыз да сізді сүйе ме?

–      Қыз да мені сүйеді

–      Бірақ ол мені де сүйеді ғой.

–      Бұл оның ісі. – Ольсен иығын қиқаң еткізді.

–      Қалайша оның ісі болмақ? Ол сіздің қалыңдығыңыз емес пе?

Ольсен бұған таңырқай көз тастады да, тағы сол сабырлы кейпінде жауап қатты:

–      Жоқ, ол менің қалыңдығым емес.

–      Сіз өтірік айтасыз ғой? – деп бұрқ етті Ихтинандр, – анада ат мінген қара торы кісі оның қалыңдық екенін ашық айтқан.

–      Менің бе?

Ихтиандр қысылып қалды. Жоқ, қара торы кісі Гуттиэрені Ольсеннің қалыңдығы деп атап айтқан жоқ-ты. Бірақ жап- жас қыз әрі кәрі, әрі олпы-солпы сол қара торы кісінің өзінің қалыңдығы болуы мүмкін емес қой? Ондай бола ма екен? Қара торы кісі, сірә, оның туысы болуы... Ихтиандр енді сұрақты басқа бір қырынан қоюды ұйғарды.

–      Иә, сіз мұнда не істеп жүрсіз? Інжу іздедіңіз бе?

–      Шынымды айтсам, маған сіздің бұл тергеуіңіз ұнап тұрған жоқ, – деп жауап қатты Ольсен түнере, – егер мен Гуттиэре арқылы сіз туралы бірер дүние сұрап білмеген болсам, сізді мына қайықтан итеріп тастар едім де, әңгімеміз де сонымен тәмамдалар еді. Пышағыңызға жармаспай-ақ қойыңыз. Мен сіз көтеріліп үлгергенше, ескекпен басыңызды жарып үлгере алам, білдіңіз бе? Бірақ мен інжу іздегенімді сізден несіне жасырайын.

–      Мен теңізге атып жіберген үлкен інжу тасын ба? Оны сізге Гуттиэре айтып па еді?

Ольсен басын изеді. Ихтиандр мәз-мейрам.

–      Әне, көрдіңіз бе? Мен сізді сол інжу тасынан бас тартпайды деп айттым ғой ол қызға. Мен сол інжуді алып, сізге апарып беріңіз дедім емес пе. Қыз келіспеді, ал енді өзіңіз азаптанып іздеуге мәжбүр болып отырсыз,

–      Иә, өйткені ол енді сіздің дүниеңіз емес, теңіздікі. Егер мен оны тауып алар болсам, ешкімге қарыздар болмас едім.

–      Сіз інжуге соншалықты құмармысыз?

–      Мен әшекейге құмартар қыз емеспін ғой, – деп қарсы дау айтты Ольсен.

–      Бірақ інжуді әлгі... қалай деуші еді? Иә! Сатуға болады,

–      деп мағынасы өзіне түсініксіздеу сол бір сөзді есіне түсірді Ихтиандр, – сөйтіп, көп ақша табуға болады емес пе?

Ольсен келісетінін білдіре тағы басын изеді.

–      Демек? Сіз ақшақұмар екенсіз ғой.

–      Сізге не керек өзі, түге? – деп енді Ольсен ашу шақыра бастады.

–      Гуттиэренің неліктен сізге інжу сыйлайтынын білгім келеді менің. Сіз оған үйленбекші болып едіңіз ғой, солай емес пе?

–      Жоқ, менің Гуттиэреге үйленейін деген ойым болған емес, – деді Ольсен. – Және тіпті ондай ойға енді келер болсам да кеш қалдым. Гуттиэре басқа біреуге әйел болған.

Ихтиандрдың өңі бозарып сала берді де, ол Ольсеннің қолынан шап беріп ұстай алды.

–      Шынымен-ақ әлгі қара торыға ма? – деп үрейлене сұрады ол.

–      Иә, ол Педро Зуритаға күйеуге шықты.

–      Әу, ол деген... Менің ойымша, ол мені сүйетін секілді еді, – деді Ихтиандр сыбырлай.

Ольсен оған ниеттестікпен көз тастады да, шолақша келген қорқорын тұтатып, темекі тартып, сосын былай деді:

–      Иә, менің байқауымша, қыз да сізді сүйетін. Бірақ сіз оның көз алдында теңізге бір-ақ секіріп, біржола батып кеттіңіз емес пе? Басқаны қайдам, қыздың өзі осындай тұжырымға келгені анық.

Ихтиандр Ольсенге таңырқай қарап қалған. Рас, жігіт Гуттиэреге өзінің су астында өмір сүре алатыны жайлы еш уақытта айтып көрген емес-ті. Әлгі жартастан секіргенін қыздың мұны өзін-өзі өлтірді деп қабылдауы мүмкін деген ой еш уақытта ойына кіріп те шықпаған.

–      Мен Гуттиэрені өткен түнде ғана көрдім, – деді Ольсен ойын жалғап. – Сіздің қаза тапқаныңыз қыздың жанына қатты батқан, сірә. «Ихтиандрдың өліміне мен кінәлімін» дейді қыз байғұс.

–      Ал ол неліктен күйеуге тез шығып кеткен? Ол деген... Мен оны өлімнен құтқарып қалдым емес пе? Иә, иә! Мен Гуттиэрені баяғы суға батқан қызға ұқсайды деп көптен топшылағам. Қызды жағаға шығарып жатқыздым, өзім жартастың артына жасырынып қалған болатынмын. Ал содан соң әлгі қара торы келген – мен оны бірден таныдым, ол неме қызды өзім құтқардым деп өзеуреп жатқанын да естігем.

–      Гуттиэре бұл оқиғаны маған айтқан, – деді Ольсен. – Қыз бірақ өзін кім құтқарғанын – Зурита ма, әлде енді-енді есін жия бергенінде жалт етіп көрініп, жоқ болып кеткен құбыжық тәрізді біреу ме, бұл арасын қыз ашық білмейді. Оны құтқарғаныңызды қыздың өзіне тура айтып бермедіңіз бе?

–      Мұны өзімнің айтуым бір түрлі ыңғайсыз секілді. Оның үстіне, қашан Зуританы көргенше мен құтқарып қалған қызымның тап Гуттиэре екенін дөп басып айта алмадым емес пе? Япырмау, қыз қалайша оған келісім беріп жүр, ә?

–      деп сұрады Ихтиандр.

–      Оның қалай болғанын, – деп селсоқ жауап қатты Ольсен. – Менің өзім де түсінбеймін.

–      Білетіндеріңізді айтып беріңізші, – деп өтінді Ихтиандр.

–      Мен түйме жасайтын фабрикада қауашақ қабылдаушы болып істеймін. Гуттиэремен де сонда танысқам. Қыз қауашақ әкелетін, қолы бос емес кезінде әкесі өз орнына соны жіберетін. Таныстық, достастық. Кейде портта кездесіп, теңіз жағасында серуендейтінбіз. Қыз маған өз басына түскелі тұрған бақытсыздықты айтатын: оған бір бай испан құда түсіпті.

–      Соның өзі ме? Зурита ма?

–      Иә, Зурита. Гуттиэренің әкесі, үндіс шалы Бальтазар осы некелесуге өте мүдделі кісі болғандықтан, қызын мұндай жұрт қызығарлық күйеуден бас тартпауға барынша үгіттеп бағады екен.

–      Қызығатын несі бар екен, сонша? Кәрі, жексұрын, мүңкіген сасық иісті біреу, – деді Ихтиандр шыдай алмай.

–      Бальтазар үшін Зурита – тамаша күйеу жігіт. Оның үстіне Бальтазардың Зуритаға ірі сома ақша берешегі бар көрінеді. Егер Гуттиэре соған күйеуге шығуға келісім бермейтін болса, Зуританың Бальтазарды тақыр кедей етуге мүмкіндігі бар еді, өзіңіз ойлап қараңызшы, осындай жағдайдағы қыздың күйі қандай боларын. Бір жағынан күйеусымақ қырындап мазаласа, екінші жағынан әкесі ұдайы қарғап- сілеп, қорқытумен болады...

–      Ендеше, Гуттиэре неге Зуританы үйден айдап шықпайды! Неліктен сіз, алпамсадай алып азамат әлгі Зурита деген немені соққыға жықпайсыз?

Ольсен күлімсірей түсіп, ойға батты: бір қарағанда Ихтиандр топас жігіт емес тәрізді, ал қойған сұрақтары жаңағыдай. Бұл өзі қайда өсіп, кімнен тәрбие алған жан, түге?

–      Бұл деген сіз ойлағандай оп-оңай дүние емес, – деп жауап қатты Ольсен. – Зурита мен Бальтазарды заң, полиция, сот қорғаған болар еді. – Ихтиандр әлі түк түсініп тұрған жоқ-ты. – Қысқасы, бұлай етуге болмайды.

–      Ендеше, қыз неге қашып кетпейді?

–      Қашып кету оңайырақ еді, әрине. Қыздың әкесінен қашып кеткісі де келген және мен оған көмектесуге де уәде еткенмін. Шынымды айтсам, көптен бері өзім де Буэнос-Айресті тастап, Солтүстік Америкаға кетем бе деп жүргем. Сосын Гуттиэреге бірге кетейік деп ұсыныс жасағам.

–      Сіздің оған үйленгіңіз келіп пе еді? – деп сұрады Ихтиандр.

–      Өзіңіз қызық жігіт екенсіз, – деді Ольсен тағы күлімсіреп. – Мен айттым ғой жаңа, біздер тек достар ғанамыз. Ал одан әрі не болуы мүмкін еді, өзім де білмеймін.

–      Ал неге қашып кетпедіңіздер?

–      Өйткені біздің жолдық қаражатымыз болмады.

–      Шынымен-ақ «Горрокске» мініп сапар шегу соншама қымбатқа түскені ме?

–      «Горрокс» деймісіз? «Горроксте» тек миллионерлер ғана сайрандай алса керек. Сіз немене өзі, Ихтиандр, айдан түскеннен саумысыз, түге?

Ихтиандр қысылып қалды, қып-қызыл болып кетті де, өзінің қарапайым нәрселерден де хабары жоқтығын аңғартпау үшін Ольсенге ондай сұрақтар бермеуді ұйғарды.

–      Біздің тауарлы-жүргіншілер кемесіне мініп аттануға да ақшамыз жетпеді... Ал барған жеріңде де күн көру үшін төлейтін қаржы қажет емес пе? Аяқ астында жатқан тегін жұмыс жоқ қой.

Ихтиандр оның неге бұлай екенін Ольсеннен сұрап білгісі келді де, бірақ өзін-өзі тежеді.

–      Сол себепті де Гуттиэре інжу алқасын сатпақшы болған.

–      Қап, оны білсем ғой! – деп саңқ етті Ихтиандр, өзінің су астындағы қазына байлығы есіне түсіп.

–      Нені айтасыз?

–      Жоқ, жәй әншейін... Айта беріңіз, Ольсен.

–      Қашуға бәрі-бәрі әзір болған-ды.

–      Ал мен... Сонда қалай? Кешіріңіз... Демек, ол мені де тастап кетпекші болғаны ма?

–      Мұның бәрі сіздер әлі таныспай тұрғанда басталған- ды. Ал содан соң, менің білуімше, қыз, сізге ескертпек те болған. Бәлкім, тіпті бірге аттанайық деп ұсыныс жасағысы да келген шығар. Сосын тіпті қашатыны жөнінде сізге айтып үлгере алмаған күннің өзінде жолшыбай хат жазып хабарлау ниеті болған шығар, кім біледі.

–      Ал неге менімен емес, сізбен еріп қашады ол? Сізбен ақылдасады, сізбен бірге қашпақшы болады!

–      Мен оны бір жылдан бері білем, ал сіз...

–      Айта беріңіз, айтыңыз, менің сөздеріме мән бермей-ақ қойыңыз.

–      Иә, мәселе былай. Бәрі-бәрі әзір болған, – деп сөзін жалғады Ольсен. – Бірақ тап сол сәтте Гуттиэренің көз алдында сіз суға батып өлдіңіз, ал Зурита кездейсоқ Гуттиэренің сізбен тұрғанын көріп қалған. Таң сәріде, фабрикаға барар алдында, мен Гуттиэренің үйіне соқтым. Менің бұрын да солай еткен кездерім болған. Бальтазар сырт көзге маған жаман қарамайтын-ды. Бәлкім, ол менің жуан жұдырығымнан қаймығатын шығар, әлде, кім біледі, Гуттиэренің қыңыр мінезінен тойып, Зурита қыздан жеритіндей болса қажет болар деп, маған екінші күйеу жігіт есебінде қарай ма екен. Қалай дегенде де, Бальтазар біздің кездесуімізге кедергі жасамайтын да, тек екеуің бірге Зуританың көзіне түсе көрмеңдер деп өтінетін. Әлбетте, үндіс шал біздің жоспардан мүлде бейхабар еді. Осы таңда мен Гуттиэреге өзімнің кемеге билет алып қойғанымды айтуға және қыздың кешкі сағат ондарда әзір тұруын ескертуге барғанмын. Маған алдымен Бальтазар жолықты, өзі әлденеге абыржулы екен. – Гуттиэре үйде жоқ... Сосын ол... үйде мүлде жоқ, – деді маған Бальтазар. – Осыдан жарты сағат бұрын осында жалт-жұлт еткен жаңа машина мінген Зурита келген. Көрдің бе кереметін! – деп дауыстап жіберді Бальтазар. – Автомобиль дегенің біздің көшеде сирек кездесетін дүние ғой, оның үстіне ол автомобиль тұп-тура тап сенің үйіңе кеп тұмсық тірер болса. Гуттиэре екеуміз есік алдына жүгіріп шықтық. Зурита машинасынан түсіп жерде, аңқайып ашылған есігінің қасыңда тұр екен, ол Гуттиэреге базарға шейін қыдырып барып қайтайық деп ұсыныс жасамасы бар ма? Ана қу Гуттиэренің күнде осы кезде базарға баратынын білетін-ді. Гуттиэре жалтыраған машинаға қызығып қарап тұрған. Өзіңіз де білесіз ғой, жас қыз үшін оның қаншалықты алдамшы дүние екенін. Бірақ Гуттиэре де қу ғой әрі сеніңкіремей тұрса керек. Ол сыпайы ғана бас тартты.

«Көрдіңіз бе, не деген қисық қыз!» деп баж етті Бальтазар, бірақ күліп жіберді. Ал Зурита саспады: «Байқаймын, сіз ұялып тұрсыз ғой, – деді ол. – Олай болса, мен сізге көмектесіп жіберейін». Шап беріп қызды құшақтай алды да, көтеріп машинаға отырғызды. Гуттиэренің «Әке!» деуге ғана шамасы келді, әлгілер «ә» дегенше көзден ғайып болды.

«Мен оларды қайтып оралмас деп ойлаймын. Зурита оны не де болса үйіне әкетті», – дей тәмамдады әңгімесін Бальтазар, – бір байқағаным, ол осынау оқиғаға қатты риза болып тұрған тәрізді.

«Көз алдыңызда қызыңызды ұрлап әкеткен, ал сіз түк болмағандай, тіпті қуана әңгімелеп тұрсыз ғой, түге!» дедім мен Бальтазарға ызаланып.

–      Мен несіне мазасызданам? – дейді Бальтазар таңырқап.

–      Басқа адам болса бір сәрі, онда әңгіме басқаша, ал Зуританы мен көптен білем. Егер ол сараң неме автомобиль сатып алуға ақшасын аямағаны рас болса, демек, оған Гуттиэренің қатты ұнайтын болғаны. Әкетсе – үйленеді де. Ал қызыма сабақ болады, өйтіп бекерге қыңыраймасын! Бай адам аяқ астында жатқан жоқ. Оның жылайтын да жөні жоқ. Зуританың Парана қаласынын түбінде «Долорес» дейтін мекен-жайы бар. Онда шешесі тұрады. Сірә, ол менің Гуттиэремді сонда алып кетсе керек».

–      Сіз сонда Бальтазарды сабамадыңыз ба? – деп сұрады Ихтиандр.

–      Сізді тыңдар болсам, менің тегі, төбелестен көз ашпауым тиіс қой, сірә, – деп жауап қатты Ольсен. – Шынымды айтсам, тап сол сәтте Бальтазарды ұрғым келгені де рас еді. Бірақ дүниені бүлдіріп алармын деп қоя қойдым. Мен өзімше әлі ештеңеден ұтыла қойған жоқ шығармыз деп ойладым.

Егжей-тегжейін сізге айтып жатпай-ақ қояйын. Әлгінде айттым ғой, менің Гуттиэремен кездесуімнің сәті түсті.

–      «Долорес» мекен-жайында ма?

–      Иә.

–      Сонда не, сіздің әлгі лағынет Зуританы өлтіріп, Гуттиэрені құтқарып ала алмағаныңыз ба?

–      Тағы сабау, тіпті өлтіру керек екен ғой! Сіздің мұншалықты қанқұмар екеніңізді кім білген.

–      Мен қанқұмар жан емеспін! – деп қынжыла сөйледі Ихтиандр көзіне жас алып тұрып. – Бірақ бұл дегеніңіз сұмдық қой!

Ольсен іштей Ихтиандрды аяп кетті.

–      Оныңыз рас, Ихтиандр, – деді Ольсен, – Зурита мен Бальтазар – жаман кісілер, оларды жек көруге де, жақтырмауға да әбден болады. Оларды тіпті сабаса да болар еді. Бірақ өмір деген сіз ойлағандағыдан гөрі күрделірек болса керек, Зуритадан қашудан Гуттиэренің өзі бас тартты.

–      Өзі? – деп сұрады Ихтиандр сенбей.

–      Иә, өзі.

–      Неліктен?

–      Біріншіден, қыз сіздің қаза тапқаныңызға сенімді және өзі үшін суға кетіп өлді деп санайды. Сіздің өліміңіз қызды қатты қайғыртады, білем. Ол байғұс, сірә, сізді шынымен сүйетін болса керек. «Енді менде не өмір қалды, Ольсен?

–      деді қыз маған, – Енді маған ештеңенің де қажеті жоқ. Мен үшін екі дүние бірдей. Зурита шақыртқан дін басы некемізді қиып жатқанда, мен түк түсінгенім жоқ. «Құдай тағаланың еркінсіз ештеңе де жасалмайды, – деді дін басы менің саусағыма сақина кигізіп жатып. – Ал тәңірім қосқан жарды адам ажыратпас болар». Менің Зуритадан бақыт таппасыма көзім жетеді,бірақ тәңірінің қарғысына ұшыраймын ба деп қорқам, сондықтан мен енді одан кетпеймін».

–      Әу, бұл деген әумесерлік қой! Қайдағы құдай? Әкем «құдай деген – сәбилерді алдау үшін ойдан шығарылған ертегі» дейді, – деп Ихтиандр дауыстап жіберді. – Қалайша, сіз оны үгіттеп көндіре алмадыңыз?

–      Гуттиэре, өкінішке орай, сол ертегіге сенеді. Діндарлар оны әбден сендіріп, шоқындырып қойған, түге: мен оны үгіттеп көндірмек болып көптен әуреленгем, бірақ, жүдә, сендіре алмай қойғам. Ол тіпті «шіркеу мен құдай туралы қайтып сөз етсең, достықтан ажырасамыз» деп қорқытты емес пе? Күтуге тура келді. Ал галсиендеге барғанда, менің оны үгіттеп жататын уақытым болды ма, түге. Бірер ауыз ғана тілге келіп үлгердік. Иә, айтпақшы, қыздың тағы мынаны айтқаны есімде қалыпты. Гуттиэремен некеге отырған соң, Зурита масаттана күліп тұрып былай депті: «Жә, бір шаруаны тындырдық! «Құсты ұстап торға қамадық, енді балықты ұстауымыз қалды!» Ол неме қайдағы балық екенін қызға түсіндірген де, ал ол маған айтты емес пе, Зурита енді су перісін ұстау үшін Буэнос-Айреске аттанбақ, әне, сонда Гуттиэре миллионер ханым болып шыға келеді екен. Сол іздегені сіз емессіз бе? Сіз ғой еш зақым көрмей, су астында еркін жүре аласыз, інжу терушілерді қорқыта аласыз...

Ихтиандр сақтық жасап, Ольсенге сыр бермеді. Неге бүйткенін өзі де түсіндіріп бере алмас еді. Сол себепті әлгі сауалға жауап қатпастан қайыра өзі сұрақ қойды:

–      Ал Зуритаға су перісі не үшін қажет екен?

–      Педро су перісіне зорлықпен інжу тергізбекші. Егер сіз шынымен су перісі болсаңыз, онда сақтаныңыз!..

–      Ескертпеңізге рақмет! – деді жігіт, Ихтиандр өзінін жасаған істері туралы жағадағы жұртқа түгел белгілі екенінен, өзі туралы газеттер мен журналдардың көп жазғанынан мүлде бейхабар еді.

–      Жоқ, болмайды, – деп оқыс сөз бастады Ихтиандр,

–      менің оны көруім керек. Тым болмаса ақырғы рет көріп қалуға тиіспін. Парана қаласы ма? Иә, білем. Парана өзенімен жоғары өрлей отырып жетуге болады. Ал Парана қаласынан әлгі «Долорес» мекен-жайына қайтіп жетуге болар еді?

Ольсен түсіндіріп берді.

Ихтиандр Ольсеннің қолын қатты қыса тұрып:

–      Кешіріңіз мені. Мен сізді жау санаушы едім, сөйтсем дос тауып тұрмын. Қош болыңыз. Мен Гуттиэрені іздеуге аттанбақпын.

–      Қазір ме? – деп сұрады Ольсен күлімсіреп.

–      Иә, бір минутты да босқа жібере алман, – деп жауап қатты да Ихтиандр суға бір-ақ секіріп, жағаға қарай жүзе жөнелді.

Ольсен тек басын шайқады да қойды.

ЖОЛДА

Е к і н ш і б ө л і м

Ихтиандр жолға тез жиналды. Ол жағаға жасырған киімі мен башмақтарын суырып алып, пышақ салатын қыны бар белбеуімен әлгілерді арқасына шандып байлады. Көзілдірігі мен биялайын киді де сапарға шықты.

Рио-де-Ла-Плата шығанағында көптеген мұхит пароходтары мен кемелер, қайықтар мен баркастар тұрған. Олардың ара-арасында сусылдай жүзіп жүкші катерлер жүр. Су астынан қарағанда, әлгілердің түптері су бетіндегі жан- жаққа бытырай жайылған су қоңыздарын еске түсіргендей. Зәкір шынжырлары мен жұп-жуан темір сымдары су асты самырсындарының жіптіктей жіңішке шыршалары іспетті көрінеді екен. Шығанақтың түбі тау-тау боп үйілген нешеме түрлі қалдықтарға толы, мұнда не жоқ дерсің: темір сүймен де, тас көмір үйіндісі де, қоқыс та, шлангтердің кесінділері де, желкендердің тілімдері де, бидон да, кірпіш те, сынған шишалар да, қалбырлар деймісің, әйтеуір, бықыған бірдеңе, ал жағаға жақындай түссең, иттер мен мысықтардың мүрделеріне шейін жатыр.

Су бетін жұқа ғана мұнай көбіктері жапқан. Күн әлі ұясына қонбаған, бірақ су астында жасыл-сұр түсті ымырт үйіріле бастаған шақ-ты. Шығанақтың суын лайландыратын құм мен тұнбаны мұнда әкелетін Парана өзені еді.

Егер шығанаққа кеп қосылатын осынау өзен ағысы болмаса, Ихтиандрдың мына кемелер шытырманы арасында адасып кетуі де ықтимал еді. «Ғажап, бұл адамдар неткен салақ еді» деп ойлады ол су астындағы қоқыр-соқыр үйінділерге жиіркене қарап. Ол шығанақтың орта тұсымен, кемелердің түптеріне жақын тереңдікте малтып келе жатқан. Шығанақтың мына лай суында ол ыссы бөлмеде тұншығуға айналған кісі тәрізді тынысы тарылып, берекесі кетті.

Кей тұстарда оған су түбінде жатқан адамдардың мүрделері мен малдардың қаңқалары жолығысып қалып отырды. Әнебір еліктің бас сүйегі жарылған, ал мойнынан тас байланған арқан ұшы аңғарылады. Демек, бұл арада әлдекімнің қылмысы көмулі жатыр. Ихтиандр осынау жексұрын маңнан тезірек құтылуға асықты.

Бірақ ол шығанақты бойлай неғұрлым жоғары өрлеген сайын, қарсы ағыстың да қатты серпінін сезіне бастады. Малтуы қиындай түсті. Мұхитта да мұндай ағыстар кезігетін, бірақ олар бұған көмектесетін: өйткені жігіт олардың бағытын білетін-ді. Оңтайлы соққан желді пайдаланатын теңізші тәрізді ол да мұндай ағыстарды өз мүддесіне асыра білетін. Ал мына тұста жалғыз ғана қарсы ағыс бар екен. Ихтиандр тәжірибелі жүзгіштердің бірі еді де, оны ілгері тым баяу жылжуы қынжылтып келе жатқан.

Кенет әлдене тым жақын жерден, мұны соға жаздап зу етіп өте шықты. Сөйтсе ол кемелердің бірінен тасталған зәкір екен. «Әйтсе де, бұл арада жүзу қауіпсіз емес екен» деген ой келді де, Ихтиандр жан-жағына зер сала қаранды. Сөйтсе арт жағынан өзіне таяп кеп қалған кемені аңғарды.

Ихтиандр енді төмен сүңги жөнелді, кеме тап үстінен өте бергенде, соның астыңғы жақтау теміріне жармасты. Әлгі темірге жабысқан қауашақтар біршама екен, солар мұның қолымен мықтап ұстауына септігін тигізді. Тап мынадай күйде су астында жатуы да аса оңтайлы емес, бірақ соның есесіне кеме сүйрегендіктен, оның жүзу шапшаңдығы артты. Атырау аяқталды да, кеме енді Парана өзенімен жүзіп келе жатты. Өзендегі лай тұнба адам айтқысыз екен. Оның үстіне мынадай тұщы суда Ихтиандрдың тынысы тарылатын. Оның қолдары қарысып қалған, бірақ кемеден де айырылғысы жоқ-ты. «Бұл сапарға Лидингпен бірге аттанбағаным өкінішті-ақ!» деп ол дельфинді де есіне алды. Бірақ өзенге шықса дельфин өліп те кетер ме еді. Лидинг бүкіл сапар бойы су астымен жүзіп бара алмас еді ғой, ал Ихтиандр су бетіне көтерілуге қауіптенетін, өйткені өткен-кеткен жүргіншілер ығы-жығы болатын.

Ихтиандрдың қолдарынан әл кете бастады. Оның үстіне ол аш еді, күні бойы нәр татпаған. Амалсыздан аялдауына тура келген еді. Ол кеменің түбіндегі шығыңқы темірден босанып, өзен түбіне қарай сүңги жөнелді.

Қараңғылық қоюлана түскен. Ихтиандр тұнбалы өзен түбін сипалап көрді. Бірақ қолына не жалпақ камбала, не устрица қабыршағы ілікпеді. Оның о жақ, бұ жағынан тұщы суда өсетін балықтар зулап өтіп жатты, бірақ оларды ұстау тәсілін біле бермейтін, оған бұлар теңіз балықтарынан гөрі қулау көрінетін. Бұларды ұстау оңай емес-ті. Тек түн қараңғылығы әбден түскенде, балықтар ұйқыға шомғанда барып, оның қолына бір ірі шортан ілікті. Еті қаттылау, әрі балдыр дәмді болады екен, бірақ әбден ашыққан жігіт оны түйір-түйірімен, сүйек-мүйектерімен қоса асап, рақаттана жеді.

Енді демалуы керек еді. Бұл өзенде бір жақсысы, жайын балықтан немесе сегізаяқтардан қорықпай ұйықтап алуына болатын. Тек ұйықтап жатқанда, ағыстың төмен қарай қақпақылдап ала жөнелгенінен сақтануы қажет. Ихтиандр өзен түбінен жақпар тастар тауып, оларды жал етіп бір жерге жиып, төсек салды да, соның біреуін құшақтай жатып ұйқыға шомды.

Әйтсе де, ол ұзақ ұйықтай алмады. Көп ұзамай-ақ ол өзіне таяп қалған кемені сезінді. Ихтиандр көзін ашып еді – кеменің белгі шамын аңғарды. Кеме төменгі жақтан келе жатыр екен. Жігіт орнынан ұшып тұрды да, әлгі кемеге жабыса кетпек болып оңтайланды. Сөйтсе мұнысы түбі жып- жылтыр моторлы қайық болып шықты. Ихтиандр қолға бірдеңе іліктірем бе деп қарбанып жүріп, ескек винтіне ілігіп кете жаздады.

Ихтиандр ақыры өзен бойымен жоғары өрлей жүзген жүргіншілер кемесіне жармасып үлгергенше, ағысты бойлай төмен қарай талай кемелер өтті.

Парана қаласына Ихтиандр өстіп жүріп жетті. Оның сапарының алғашқы бөлігі аяқталды. Ал бұдан да ауыр бөлігі

–      жер бетіндегі сапары жатқан-ды.

Таң біліне, Ихтиандр қаланың у-шулы айлағын артқа тастап, жүзіп отырып елсіз жерге жетті де, жан-жағын бағдарлап барып жағаға шықты. Ол көзілдірігі мен саусақты биялайын шешіп, оларды жағалаудағы құм арасына жасырды, костюмін күнге кептіріп алып киді. Қыртыс-тыртыс киімдерімен ол қайыршыға ұқсайтын. Бірақ оны уайым ғып жатқан бұл жоқ- ты.

Ихтиандр Ольсен айтқан оң жақ жағалаумен жүріп отырып, қарсы кезіккен балықшылардан Педро Зуританың «Долорес» атты мекен-жайының қай жерде екенін сұрастырумен болды.

Балықшылар оған сезіктене бір қарап қойып, бастарын шайқасады.

Уақыт зымырап өтіп жатты, күн болса ысып барады, ал ізденісінен әлі түк өнген жоқ-ты. Жер бетінде жүргенде онсыз да бейтаныс болғандықтан ба, Ихтиандрдың жол табуы қиынға түсетін-ді. Аптап ыстық азапқа салды, басы айнала бастады, ол, тегі, есеңгіреуге айналды.

Бойын сергітпекке Ихтиандр бірнеше рет шешініп, суға сүңгіп те алды.

Ақыры күндізгі сағат төрттердің кезінде сәті түсіп бір қарт шаруаға жолықты, түріне қарағанда жалшы болса керек.

–      Сен мына даламен былай, төтелеп тарт. Бір үлкен тоғанға жетесің, көпірден өтесің, содан шағын төбешікке шыға келесің, әне, сол жерден өзіне керек мұртты Долорес ханымды табасың.

–      Мұрттысы несі? «Долорес» дегеніңіз – мекен-жай емес пе?

–      Иә, мекен-жай. Бірақ сол үйдің иесі – кәрі кемпірді де Долорес деп атайды. Долорес – Педро Зуританың шешесі. Жұп-жуан мұртты кемпір. Оған жұмысқа жалдана көрме. Тірідей жеп қояды. Нағыз мыстан. Зурита жас әйел алған деседі. Ол байғұсқа ана енесі күн көрсетпес-ақ, – деп бәрін ақтарып салды сөзуар шаруа.

«Гуттиэрені айтып тұр ғой» деп ойлады Ихтиандр.

–      Ә, ол алыс па? – деп сұрады ол.

–      Кешке дейін жетесің, – деп жауап қатты қария, күнге бір қарап қойып.

Ихтиандр қарияға алғысын айтып, бидай мен жүгері егілген егістікті бойлай тартылған сүрлеу жолға түсіп, жүгіре басып кете барды. Тым тез жүргендікі ме, шаршауға айналды. Жолы кұрғыр ақ лента тәрізді шұбатылып таусылар емес, түге. Бидай алқабы ақыры жайылымға ұласты, онда бір отар қой жайылып жүр екен.

Ихтиандр әбден қалжырады, бүйірлерін әлдене түйнеп ауыртып барады. Қаталап келеді. Төңіректен – жұтым су табылар түрі жоқ. «Тоғанға тезірек жетсем екен!» деп қояды іштей Ихтиандр. Екі жағы суалып, көздері шүңірейіп кеткен, тынысын алқына, әрең-әрең алады. Қарны ашты. Бірақ бұл жерде оған тамақ қайда? Әне, алысырақтағы жасыл шалғында қойшысы мен иттері бірдей күзеткен бір отар қой жайылып жатыр. Тас дуалдың ар жағынан шабдалы мен апельсин ағаштары және салбырап пісіп тұрған жемістері көрінеді.

Мұндағы дүниенің бәрі мұхиттағыдай емес. Мұндағының бәрі жат кісінікі, бәрін бөліп тастаған, бәрін қоршап тастаған, бәріне күзет қойылған. Тек иесіз саналатын құстар ғана еркін ұшып, жол бойында қиқу салып жүргені. Бірақ оларды ұстап ала алмайсың. Жә, сосын оларды ұстауға болар ма екен өзі? Бәлкім, оларға да ие табылып қалуы. Иә, мұнда су қоймалары, бақшалар мен мал табындары арасында жүріп-ақ, аштан немесе шөлден өліп кетуің оп-оңай.

Ихтиандрға қарсы екі қолын артына ұстаған, жылтыр түймелі ак китель, ақ қалпақ киген, белдігінде оқшантайы бар жұп-жуан бір кісі келе жатыр екен.

–      Айтыңызшы, «Долорес» мекен-жайы әлі алыс па? – деп сұрады Ихтиандр.

Жуан кісі Ихтиандрға күдіктене қарады,

–      Иә, саған не керек еді? Қайдан келе жатырсың?

–      Буэнос-Айрестен... – Кительді кісі сұқтана қалды.

–      Менің онда біреулерді көруім керек еді, – деп қосып қойды Ихтиандр.

–      Қолыңды соз, – деді әлгі месқарын. Мұнысы Ихтиандрды қайран қалдырды, бірақ мұнысын жамандыққа жорымады да, ол қолын созды. Месқарын қалтасынан «білезік» (қол кісенін) суырып алды да, оларды Ихтиандрдың қолдарына тез-тез салып, кілттей қойды.

–      Әп, бәлем, қолға түстің бе, – деп күңкілдеді әлгі жылтыр түймелі кісі, сосын Ихтиандрды бүйірінен бір түртіп қап, ақырып жіберді: –Жүр! Мен сені «Долореске» жеткізейін.

–      Менің қолымды неге кісендедіңіз? – деп сұрады Ихтиандр таңырқай, өзі қолдарын жоғары көтере, әлгі білезікке қарап тұрып.

–      Жап аузыңды! – деп қатқыл үнмен ақыра сөйледі месқарын. – Жә, жүр!

Ихтиандр басы салбыраған күйі, жол бойымен сүметіліп кете барды. Кері қайтармағаны мұндай жақсы болар ма?!

Ол өзінің нендей күйге ұшырағанын түсінбей келе жатқан. Ол өткен түні көршілес бір фермада кісі өлімі және үй тонау болғанынан, қазір полицияның шарқ ұрып қылмыскерді іздестіріп жатқанынан бейхабар еді. Үсті-басының қыртыс- тыртыс күйімен өзгелерге сезік тудырғанын сезген жоқ. Сапарының түпкі мақсаты туралы айтқан екіұшты жауаптары оның тағдырын біржолата шешкенді.

Полицей оны тұтқындап, енді Ихтиандрды Паранаға, түрмеге аттандырып салу үшін жақын маңдағы ауылдардың біріне айдап әкеле жатқан.

Ихтиандр бір ғана жайтты түсінген: ол бас бостандығынан айырылды, демек, оның сапарына өкінішті бір кедергінің пайда болғаны.

Ол сәті түскен жағдайда қайтсе де өз басын дереу босатып алуға бекінді.

Сәті түскеніне мәз жуан полицей масайрап, ұп-ұзын сигарасын сораптауға кіріскен. Ол арт жақта да, ал түтіні жел қуалап Ихтиандрды тұншықтыруға айналған. Ихтиандр алқына бастаған.

–      Түтіндетпей қоя тұршы, тынысым тарылып барады, – деді ол артына бұрылып, айдаушысына қарап.

–      Не-е? Темекі тартпа дейді, ә? Ха-ха-ха! – полицей күліп жіберді, беті жиырылып, әжімденіп шыға келді. – Қарай гөр, науетектігін! – деді жігіттің бетіне қарай бір будақ түтінді үрлеп жіберіп: – Жөнел!

Жігіттің бағынбасқа лажы қалмады. Ақыры Ихтиандрдың көзі көпірлі тоғанды шалып қалды да, еріксіз жүрісін шапшаңдата бастады.

–      Долоресіңе жетуге асықпай-ақ қой! – деді месқарын. Олар көпірдің үстіне шықты. Көпірдің орта тұсына жете бере Ихтиандр кенет жақтауға асыла беріп, суға күмп берді.

Полицей қолдары байлаулы кісіден тап мынадай қылық шығады деп күтпеген.

Ал Ихтиандр болса әлгі месқарыннан анау келесі сәтте жасаған әрекетті күтпеген еді. Полицей де Ихтиандрдың соңынан суға қойып кеткен, өйткені ол қылмыскер суға кетіп өледі деп қауіптенген-ді. Полицейдің ойы оны тірідей жеткізу болатын: қолына бұғау салынған тұтқын суға батып кетсе, нағыз әлек сонда болмақ. Полицейдің Ихтиандрдың соңынан жанталаса қуғаны соншалық, ол неме жігітті шашынан ұстап үлгерді де жібермей қойды, түге. Сол себепті шашын жұлып ала ма деп қауіптенген Ихтиандр енді оны су түбіне қарай сүйрей жөнелсін. Көп ұзамай-ақ Ихтиандр полицейдің саусақтары ажырап, мұны қоя бергенін сезінді. Ихтиандр бірнеше метрдей әрірек малтып барып, полицей су бетіне қайыра шыға алды ма екен деген оймен басын судан шығарып байқады. Сөйтсе, анау су бетінде тырбаңдап жүр екен де, Ихтиандрдың басын байқап қап баж ете түсті:

–      Батып кетесің, лағынет! Маған қарай малты! «Әу, мынасы табылған ақыл екен» деп ойлады да Ихтиандр кенет айқай салды:

–      Құтқара көріңіз! Батып барам.,. – деді де су түбіне қарай сүңги жөнелді.

Су астында жүріп ол полицейдің қайта-қайта тереңге сүңгігіштеп өзін іздеп жанталасып жүргенін қызықтады. Ақыры түк шығара алмасына көзі жетті ме, полицей жағаға қарай тайды.

«Қазір кететін шығар» деп ойлаған Ихтиандр. Бірақ полицейдің кететін түрі жоқ еді. Ол тергеуші орындардан кісілер келгенше өліктің қасында қала тұруды ұйғарған. Өйткені суға кеткен кісінің мүрдесі тоған түбінде жатқанынан істің мүддесіне тигізер түк пайда жоқ қой.

Тап осы сәтте көпір үстімен есекке жүк артқан бір кісі өтіп бара жатты. Полицей әлгі шаруаға қапшықтарын түсіріп тастап, мұның хатын алып, дереу жақын маңдағы полиция учаскесіне аттануға бұйырған. Ихтиандрдың жағдайы енді мүлде қиындауға айналды. Оның үстіне тоған түбінде сүлік

дейтін пәле қаптап жүреді екен. Сол құрғырлар Ихтиандрдың денесіне жабыса-жабыса кетіп есін тандырды, әлгілерді сыпырып үлгере алар емес. Мұндайда тым сақтықпен қимылдамаса болмайтын, өйткені су беті қозғалды дегенше- ақ полицейдің мұны байқап қалуы мүмкін еді.

Жарты сағат өткенде, манағы шаруа қайтып оралды да, қолын жол жаққа қарай сілтеп әлденендей белгі білдірді, сосын асығыс-үсігіс қапшықтарын есегіне артып ап зытып берді. Енді бес минут өткенде, жағаға үш бірдей полицей жақындап келді. Әлгінің екеуі төбелеріне көтеріп жеңіл қайық, ал үшіншісі – ілгекті бақан мен ескек әкеле жатыр.

Қайықты көлге түсірді де, олар суға кеткен кісіні іздей бастады. Ихтиандр олардың іздегенінен қорықпайтын. Бұл үшін мұнысы тығылмақ ойнағанмен бірдей еді, ол тек орын ауыстырумен болды. Әлгілер көпір түбіндегі тоғанды бақанмен тінте түгел қарап шықты, бірақ өлікті таппады.

Ихтиандрды тұтқындаған манағы полицей қайран қалып, қолдарын жайып аң-таң болып ол тұр. Ихтиандрға осының бәрі қызық секілді. Бірақ көп ұзамай оның халі нашарлады. Полицейлер әлгі бақанмен тоғанның түбіндегі лай балшықты қозғамасы бар ма? Су лайланбасын ба, сосын. Енді Ихтиандр қол ұшы жететін жердегі нәрсені көре алмайтын қалге ұшырады, ал бұл деген қауіпті жағдай еді. Ал ең бастысы – оттегі аз мына суда ол желбезегімен дем ала алмай тынысы тарыла бастаған-ды. Оның үстіне мына лай бұлты бір пәле тағы.

Ихтиандр алқынуға айналды және желбезегінің ара-арасы күйдіре бастағанын сезінді. Бұдан әрі төзуіне болмай қалды. Ол еркінен тыс ыңырсыды, аузынан бірнеше қайтара көбік атып шықты. Не істеуі керек? Тоғаннан шығуы тиіс – басқадай амалы қалмады. Қандай қауіп төнсе де шығуы тиіс. Оны, әрине, дереу ұстап алады, бәлкім, тіпті сабап- сабап, түрмеге апарып қамап тастаулары. Бірақ бұл үшін бәрібір енді. Ихтиандр тәлтіректеген күйі тоғанның тайыздау тұсына барды да, басын судан шығарды.

–      А-а-а-а! – деп жан даусы шыға бақырып жіберді де полицей жағаға тезірек жетпекке қайықтан қарғып түсіп, қаша жөнелді.

–      Құдайым, сақтай гөр! О-о!.. – деп баж ете қалып екіншісі қайық түбіне құлап түсті.

Жағада қалған екі полицей дұғаларын оқып жалбарынып жатыр. Боп-боз, зәрелері ұшқан байғұстар бірінің артына бірі жасырынып әуре.

Ихтиандр мұны күтпеген және үрейдің себебін де бірден түсінбеген. Кейін барып испандардың өте ырымшыл әрі діндар халық екені есіне түсті. Сірә, полицейлер өлген кісі қайта тіріліп келіп отыр деп ойлаған секілді. Ихтиандр енді олардың зәресін ұшыра түсіруді ұйғарды: ол тістерін ақситып, көздерін бақшитып, шыңғыра ұлып, жағаға қарай баяу жүріп келді де, жол үстіне түсіп алып, аспай-саспай аяңдап кете барды.

Полицейлердің бір де бірі тырп ете алмады, Ихтиандрды ұстауға ұмтылмады. Аруақтан қорқып, діндарлық буған байғұстар қызметтік борыштарын естен шығарып үлгеріп еді.

БҰЛ – «СУ ПЕРІСІ!»

Педро Зуританың шешесі Долорес мейлінше тоқ, тұмсығы имек, иегі сүйір, мыстан кемпір тәрізді біреу еді.

Қою мұрты бет-пішінін бір түрлі сүйкімсіз, тіпті жексұрын етіп тұратын. Әйелдер қауымында сирек кездесетін осынау әшекейдің әлегінен оны өлке жұрты «Мұртты Долорес» деп атап кеткен.

Ұлы келіншегін ертіп келгенде, кемпір беті шімірікпестен Гуттиэрені бастан-аяқ бір тінти қарап шыққан. Долорес кез келген кісінің бойынан алдымен кемшілігін іздейтін. Гуттиэренің сұлулығы кемпірді қайран қалдырған, бірақ ол сыр бермеген-ді. Алайда асүйге барып әрі-бері ойланған соң, ол Гуттиэренің сұлулығын – басты кемшілігі деп тапқан, өйтпесе ол мұртты Долорес болар ма еді.

Ұлымен екеуі оңаша қалған сәтте, кемпір басын шайқап- шайқап қойып сөз бастаған:

–      Әдемі! Тіпті тым әдемі екені– Сосын бір күрсініп қойып сөзін жалғаған:– Мынадай сұлудан көрер азабың да аз болмас... Дегенмен, испан қызына үйленуің жөн еді. – Тағы сәл ойланып барып, былай деген: –сосын тәкаппар екен. Ал қолдары жұп-жұмсақ, нәзік, нағыз ақсаусақ болар.

–      Иілдіреміз, – деп жауап қатты да, Педро шаруашылық есептерімен бола берді.

Долорес бір есінеп қойды да, баласына кедергі жасамайын деді білем, әрі кешкі салқынмен таза ауа жұтқысы келіп бақ ішіне шықты. Ол айлы түнде ойға шомуды ұнататын.

Бақ іші мимоза өсімдігінің хош иісіне толы екен.

Ақ лилиялар ай жарығында жалт-жұлт етіп ағараңдап көрінеді. Лавр мен фикус жапырақтары көзге көрінер-көрінбес қимылдап қоятын секілді.

Долорес ұдайы көгеріп тұратын хош иісті ақ гүл – мирталардың арасына қойылған отырғышқа жайғасып ап, әдеттегідей қиялдауға көшті: ол көп ұзамай көрші учаскені сатып алады, онда биязы жүнді қой өсіретін болады, жаңадан сарай салдырады.

–      Өй, тұқымың құрғыр! – деп баж ете түсті кемпір бір сәт, өзінің жағына алақанымен бір салып қап. – Осы масасы құрғыры-ақ кісіге маза бермейді, түге.

Бірте-бірте көк аспанды бұлт басты да, бақша ішін қара көлеңке тұмшалады. Көкжиек жақтан ашық-жасыл жолақ айқын көріне бастады, бұл Парана қаласы шамдарының сәулесі түскендегісі.

Содан кенет аласа дуалдың ар жағынан әлдекімнің басын көріп қалды бұл. Әлгі кісі кісенделген қолдарын алға соза, аса сақтықпен қабырғадан бері қарай секіріп түсті.

Кемпір қорқып кетті. «Бақшаға каторжник1 түсті» деп ұйғарды ол. Оның айқайлағысы келіп еді, аяқтары қалтырап

1 Айдауда болған адам.

қозғала алмады. Амалсыздан орындыққа отырған күйі әлгі кісіні сырттай бақылады.

Ал қолы кісендеулі кісі бұта-бұтаның арасымен үйге жақындап келді де терезеден сығалады.

Содан кенет – әлде қағыс естіді ме, әлгі кісі ақырын дауыстап қана:

–      Гуттиэре! – деп шақырды.

«Ә, сұлу сылқымның осындайы бар ма еді! Танысының түрін қарай гөр! Бұл сұлудың баламмен қоса мені де өлтіріп, мекен-жайымызды тонап, мына каторжникпен қашып кетіп жүрмесін» дегеи ойға қалды Долорес.

Кенет кемпірдің тұла бойын келініне деген сұмдық жеккөрініш пен ащы табалау сезімі биледі. Сол сезім бойына қуат бітірді. Кемпір атып тұрып үйге қарай жүгіре жөнелді.

–      Ойбай, тез! – деп сыбырлады Долорес ұлына, – бақшаға бір каторжник түсті. Ол Гуттиэрені шақырып тұр.

Педро бейне үйі өртеніп жатқан кісідей асығыс ұмтылды, жолда жатқан күректі көтеріп алып, үйді айнала жүгірді.

Қабырғаға тақау үсті-басы лас, қолына кісен салынған бейтаныс біреу терезеге телміре қарап тұр екен.

–      Қарғыс атқыр!.. – деп күбірледі де, қолындағы күрекпен жігітті төбесінен бір салып өтті.

Жігіт дыбыс та шығармастан жерге сылқ етіп құлап түсті.

–      Бітті шаруасы... – деді ақырын Зурита.

–      Бітті, – деп қостап қойды Долорес, бейне баласы бір улы шаянды өлтіргендей сарынмен.

Зурита шешесіне сұраулы пішінмен қарады:

–      Мұны қайда тастаймыз?

–      Тоғанға, – деп жөн сілтеді кемпір, – тоған суы терең.

–      Судың бетіне шығып жүрмесе.

–      Аяғына тас байлаймыз. Мен қазір... Долорес аптығып үйге қарай жүгірді, ішіне өлікті салатын қапшық іздеп әуреленді, Бірақ ертеңгісін ол қап атаулыны түгелімен бидайға толтырып, диірменге аттандырған-ды. Сондықтан ол бір жастықтың тысын және ұзын арқан алды.

–      Қапшық жоқ, – деді ол ұлына. – Мына сейсепке тас толтыр да, арқанмен қолындағы кісеніне мықтап байлап таста.

Зурита басын бір изеп, өлікті арқалаған күйі бақшаның шет жағындағы шағын тоғанға қарай сүйрелей жөнелді.

–      Үстіңді былғап алма, – деп сыбырлайды Долорес, сейсеп пен арқанды көтерген күйі баласының соңынан сүйретіле басып келе жатып.

–      Жуарсың, – деп жауап қатты Педро, әйтсе де, өзі қаны жерге тамсын деп жігіттің басын төмен қарай салбырата қайта орналастырып жатып.

Тоған басына жеткен соң Зурита жастық тысына тас толтырып, оны жігіттің қолындағы кісенге мықтап байлады да, денесін тоғанға атып ұрды.

–      Енді киім ауыстыру керек. – Педро аспанға көз тастады.

–Жаңбыр жауады білем. Ол таң атқанша, жерге тамған қанды шайып тастайды.

–      Тоғанда... су қанмен қызарып жүрмес пе екен? – деп сұрады мұртты Долорес.

–      Қызармайды. Тоған суы ағынды... Қап, қарғыс атқырай!

–      деп қырылдай сөйледі Зурита үйге қарай беттеп бара жатып және терезелердің біріне қарай жұдырығын түйіп қойды.

–      Міне, сұлудың сиқы! – деп қыңқылдайды кемпір де баласының соңынан еріп келе жатып.

Гуттиэреге үй төбесіндегі бөлме тиген. Қыз түн баласына көз ілмей шықты. Ауа тымырсық, әрі сары масасы бір пәле. Гуттиэренің ойын небір көңілсіз жайттер билеген. Қыз Ихтиандрды, оның өлімін естен шығара алмай қойған. Ол күйеуін сүймейтін, енесін бірден жек көріп кеткен. Осынау мұртты мыстанмен Гуттиэреге талай жылдар бірге тұруға тура келгені ме...

Тап осы түні Гуттиэреге Ихтиандрдың даусы естілгендей болып көрінді. Ол мұны атын атап шақырды. Бақша ішінен әлденендей шу, әлдекімдердің сыбыр-күбірлері естілгендей болды. Гуттиэренің бұл түн ұйықтай алмасына көзі жетті.

Қыз ақыры бақшаға шықты. Күн әлі шыға қоймаған кез. Бақ ішін таңертеңгі алагеуім басып тұрған. Бұлттар ыдырай бастады. Шөп пен ағаш үстіне қалың шық қонған. Үстінде жұқа желеңі бар, жалаң аяқ күйі Гуттиэре көк шөптің үстімен келе жатты. Кенет ол тоқтай қалып, жерге зер сала қарады. Оның терезесі тұсындағы жалғыз аяқ жол үстіндегі құмға қан тамып қалған. Дәл осы жерде қанға боялған күрек те жатыр.

Түн ішінде бұл маңда әлденендей қылмыс жасалған, сірә.

Әйтпесе мына қанды із қайдан пайда болмақ?

Гуттиэре өз еркінен тыс әлгі ізбен жүріп отырып, тоған түбінен бір-ақ шықты.

«Қылмыстың ізі осы тоғанға келіп тірелгеннен сау ма екен?» деп ойлады қыз жасыл түсті су бетіне үрейлене көз тастап.

Сөйтсе, жасыл түсті су астынан бұған Ихтиандрдың өңі қарап жатқан секілді. Шекесі тұсындағы терісі тілінгені байқалады, өңінен азап пен қуаныш белгісі бірдей аңғарылады, Гуттиэре суға батқан Ихтиандрдың өңіне көз алмастан қарап біраз тұрды. Шынымен-ақ, мұның есінен алжасқаны

ма?

Гуттиэренің бастапқыда қашып кеткісі де келген. Бірақ кете алар емес, жігіт өңінен көзін тайдыра алар емес, түге. Ал Ихтиандрдың өңі бірде-бірте су бетіне көтеріле бастады. Тыныш жатқан суды сілкіндіре, әне, басы қылтиып көрінді. Ихтиандр Гуттиэреге қарап кісендеулі қолын созды да, боп-боз өңі сәл күлімсірей, бұған тұңғыш рет «сен» деп тіл қатты: – Гуттиэре! Жаным менің! Ақыры сені таптым-

ау, Гуттиэре, мен... – Бірақ ол сөзін аяқтамады.

Гуттиэре екі қолымен басын ұстап, үрейлене шыңғырып жіберді.

–      Жоғал! Көзіме көрінбе, байғұс елес! Мен сенің өлі екеніңді білем ғой. Ендеше, елесің неге келеді маған!

–      Жоқ, жоқ, Гуттиэре, мен өлгем жоқ, – деп тез-тез жауап қатты әлгі елес. – Мен суға батқан жоқпын. Кешір мені... Мен сенен бір жайтты жасырып ем... Неге олай еткенімді өзім де білмеймін... Кете көрме, тыңдашы мені. Мен тірімін, сенбесең қолымды ұстап көрші..

Жігіт оған қарай кісендеулі қолын ұсынды. Гуттиэре оған әлі бажырая қарап тұрған.

–      Қорықпашы, мен тірімін... Мен су астында өмір сүре алам. Мен жай әншейін кісілердей емеспін. Анада суға секіргенде, теңізге батып өлгем жоқ-ты. Суға секірген себебім

–      құрғақ ауада тынысым тарылып, өліп қала жаздағандықтан сөйткем.

Тәлтіректеген Ихтиандр әр ненің басын бір шалып, асығып- аптығып сөйлеп тұр:

–      Мен сені іздедім, Гуттиэре. Бүгін түнде терезеңнің тұсынан кеп дауыстап тұрған сәтімде, күйеуің мені басымнан бір салып қап талдырды да, тоғанға сүйреп әкеп тастады. Суға кірген соң есімді жидым. Тас толтырылған қапшықты шешіп тастауымның сәті түсті, бірақ мынаны, – Ихтиандр кісенді көрсетті, – шеше алмай-ақ қойдым.

Қарсы алдындағының әншейін елес емес, тірі жан екеніне Гуттиэре енді сене бастаған:

–      Ал сіздің қолыңызға бұғау салып жүрген кім? – деп сұрады қыз.

–      Мен оны саған кейін айтып берермін... Бірге қашайық, Гуттиэре. Екеуміз менің әкемнің үйіне барып жасырынамыз, ол арадан бізді жан адам іздеп таба алмайды... Сонда екеуміз бірге тұратын боламыз... Әу, қолымнан ұстасаңшы, Гуттиэре. Ольсен айтады, мені жұрт «су перісі» дейтін көрінеді, бірақ мен кәдімгідей адаммын. Сен неге қорқасың менен?

Ихтиандр үсті-басы балдыр мен батпақ басқан күйі тоғаннан шықты. Әлі құрып көк шөпке отыра кетті.

Гуттиэре де енді оған қарай еңкейіп, ақыры қолынан ұстады-ау.

–      Байғұс балақайым-ай, – деді қыз.

–      Неткен тамаша кездесу! – деген кекесінді дауыс естілді осы сәтте.

Олар жалт қарасып, таяу кеп тұрған Зуританы көрді. Зурита да Гуттиэре секілді түн баласына көз іле алмаған.

Гуттиэренің шыңғырған даусын естіп, баққа шыққан да, бұлардың әңгімесін бастан-аяқ тыңдаған. Педро қарсы алдындағы жігіттің өзі ұзақ уақыт бойы аңдып, қолға түсіре алмай қойған «су перісі» екенін естігенде, өлердей қуанып, оны дереу «Медузаға» жеткізуді ұйғарған еді.

Әйтсе де сәл ойланып барып, басқаша шешімге келген.

–      Сізге, Ихтиандр, Гуттиэрені доктор Сальватордың үйіне әкетудің сәті түсе қоймас деп ойлаймын. Өйткені Гуттиэре

–      менің әйелім. Сіздің өзіңіз де әкеңізге аман жете алар ма екенсіз, түбі. Себебі сізді полиция күтулі.

–      Әу, менің түк жазығым жоқ қой! – деп шыр ете түсті жігіт.

–      Жазығы жоқ кісіге полиция мынадай білезік кигізбес болар. Ал егер сіздің менің қолыма түскеніңіз рас болса, менің борышым – сізді полицияға апарып тапсыру болса керек.

–      Сіз шынымен-ақ солай етпекпісіз? – деп сұрады күйеуінен Гуттиэре ызалы үнмен.

–      Солай ету – менің парызым, – деп жауап қатты Педро, иығын бір қиқаң еткізіп.

–      Тәуір болар еді-ау соның, – деп осы кезде қайдан келе қалғаны белгісіз Долорес кемпір араласты әңгімеге, – каторжникті қалаған жағына қоя беріп не көрініпті? Бәлкім, әлгі кісенді кісінің біреудің терезесінен сығалап, біреудің әйелін ұрлағысы келген қасиеттері үшін салған шығар, түге? Гуттиэре күйеуінің қасына барып, қолдарынан ұстай ап, мейірімді үнмен былайша тіл қатты:

–      Қоя беріңізші оны. Өтінем сізден. Сіздің алдыңызда менің түк күнәм жоқ.

Баласы келінінің сөзіне еріп кете ме деп қорқып, Долорес қолдарын ербеңдете, баж ете түсті.

–      Тыңдама оның сөзін, Педро!

–      Әйел өтінген соң, амалым жоқ, – деп сыпайыгершілік танытқандай болды Зурита. – Мен келістім.

–      Үйленбей жатып қатыныңның уысынан шыға алмайтын болған екенсің ғой, сорлы, – деп күңкілдеді кемпір.

–      Сен қоя тұршы, шешесі. Біз қазір сіздің кісеніңізді кесеміз де, үстіңізге тәуірірек киім кигізіп, «Медузаға» апарамыз. Рио-де-Ла-Платаға жеткен соң, сіз қажет десеңіз, жақтаудан қарғып, қалаған жағыңызға кететін боласыз. Бірақ бір шартымды орындасаңыз ғана, мен басыңызға бостандық берем: сіз Гуттиэрені ұмытатын боласыз. Ал сені, Гуттиэре, мен өзіммен бірге ертіп ала кетем. Өстісек, қауіпсіздеу болармыз.

–      Сіз мен ойлағандағыдан әлдеқайда тәуір кісі екенсіз,

–      деп шын көңілден айтып салды Гуттиэре.

Зурита масаттана мұртын ширатып, келіншегіне қарап басын бір изеп қойды.

Долорес баласын жақсы білетін – оның әлдеқандай бір қулық жасағалы тұрғанын кемпір бірден сезе қойған-ды. Тек сол ойынын құптай түскісі келіп, көз қылды етіп жорта ренжіген сыңай танытты:

–      Әлден-ақ аузына қаратқан екен! Жүр енді солай табанын жалап!

БАР ЖҮРІСІНЕ САЛ

–      Ертең Сальватор келеді. Мені безгек ұстап босатпады, ал сен екеуміздің көп нәрсені ақылдасуымыз керек, – деді Кристо Бальтазарға қарап. Олар Бальтазардың дүкенінде отырған. – Тыңдашы, бауырым, ықылас қойып тыңда, сосын ойымды шатастырып алмауым үшін сөзімді бөле көрме.

Кристо үнсіз қалды, сәл ойланып барып, сөзін қайта бастады:

–      Біз ғой екеуміз Зурита үшін талай қызмет жасадық. Ол бізге қарағанда бай, ал енді оның бұдан да керемет байығысы келеді. Оның су перісін ұстағысы келеді...

Бальтазар әлдене айтпаққа оқталып еді.

–      Үндеме, бауырым, үндеме, әйтпесе айтпағымды ұмытып қалармын, түге. Зурита су перісін құл ғып ұстағысы келеді. Ал сен су перісінің не екенін білемісің? Ол – қазына. Ол шетсіз-шексіз байлық көзі. Су перісі теңіз түбінен інжу тере алады, небір ғажайып інжулеріңді таба алады ол. Ал сол су перісі теңіз түбінен тағы басқа да байлық көзін таба алады емес пе? Теңіз түбінде сарқылмайтын қазынасы бар талай кемелер шөгіп жатқанын білесің. Ол соны біз үшін әкеп бере алады. Мен біз үшін деп отырмын, Зурита үшін емес. Сен Ихтиандрдың біздің Гуттиэрені сүйетінін білемісің, бауырым?

Бальтазар бірдеңе деп жауап қатпақ еді, Кристо оған сөз бермей, бастырмалата жөнелді:

–      Үндеме, тыңда. Мен біреу сөзімді бөлсе, шатасып, ойымдағыны айта алмаймын. Иә, Ихтиандр Гуттиэрені сүйеді. Менен ештеңені жасырып қала алмайсың. Осыны білген сәтте, мен деген мынадай ойға қалдым емес пе: «Жақсы. Ихтиандр Гуттиэреге өлердей ғашық бола түссін. Оның Зуритаға қарағанда әлдеқайда тәуір күйеу бала болары даусыз». Сосын Гуттиэре де Ихтиандрды сүйеді. Мен Ихтиандрға кедергі жасамай, сырттан бақылаумен болдым. Мейлі, кездесе берсін.

Бальтазар бір күрсініп қойды, бірақ әңгімешінің сөзін бөлмеді.

–      Мен әлі бәрін айтып болғам жоқ, бауырым. Әрі қарай тыңда. Мен сенің есіңе талай жылдар бұрын болған бір оқиғаны салмақпын. Мен баяғыда сенің әйелің туысқан- дарынан қайтып келе жатқанда – оған да бір жиырма жыл болып қалды-ау деймін – соның қасында болғам. Есіңде ме, шешесін қойысуға әйеліңнің тауға барғаны? Жолда келе жатқанда босана алмай қаза тапты емес пе? Сәбиі де өлген. Онда мен сені ренжітпейін деп бар шындықты айтпағам. Енді айтайын. Сенің әйеліңнің жол үстінде өлгені рас, ал сәбиің бірден өліп қалмаған, рас, тым әлсіз еді. Бұл оқиға бір үндіс ауылында болған. Сондағы бір кемпір таяу маңда Сальватор деген өлгенді тірілтетін керемет құдай бар екенін айтқан. – Бальтазар елең ете қалды.

–      Әлгі кемпір тірі сақтап қалу үшін сәбиді сол Сальваторға апару керек деп кеңес берген. Мен соның ақылына құлақ асып, сәбиді Сальваторға алып барайын. «Құтқара көріңіз!» дедім оған. Сальватор баланы ұстап көрді де, басын шайқап былай деді: «Мұны құтқару қиын». Сосын оны алып кетті. Мен кешке дейін күтейін. Кешкісін бір негр шықты да: «Сәби өлді!» деді. Содан соң кетіп қалдым. Мәселе мынада, – деді Кристо сөзін жалғап. – Сальватор сәбидің өлгенін негр арқылы хабарлады ғой. Жаңа туған жас сәбидің – сенің ұлыңның – меңі барын байқап қалғам. Ол меңнің қандай екендігіне шейін есімде қалыпты. – Кристо сәл үнсіз қалып, қайтадан жалғады әңгімесін. – Жақын арада әлдекім Ихтиандрдың мойнын жаралаған. Соның жарасын байлап бермекке, қабыршағының жағасын ашып қараған сәтте, оның мойнынан тап сенің ұлыңның меңі тәрізді мең көрдім емес пе?!

Бальтазардың көзі шарасынан шыға Кристоға карап қалған, ол абыржыған күйі былайша сауал қойды:

–      Сен, не, сонда, Ихтиандрды менің ұлым деп ойлаймысың?

–      Үндеме, бауырым, дыбысыңды шығарушы болма және тыңда мені. Иә, мен тап солай ғой деп ойлаймын. Мен Сальватор шындықты айтпады-ау деп ойлаймын. Сенің балаң өлген жоқ және Сальватор одан су перісін жасап шығарған.

–      О-о, сорлы басым! – деп бақырып жіберді Бальтазар.

–      Оған қалайша дәті барды екен! Мен ол Сальваторды өз қолыммен буындырып өлтірейін, түге.

–      Жап аузыңды! Сальватор сенен әлдеқайда күшті. Сосын кім біліпті, менің қателесуім де мүмкін ғой. Жиырма жыл өтті ғой содан бері де. Мең деген басқа бір сәбиде де болуы ықтимал. Ихтиандр – сенің балаң, бәлкім, сенің ұлың болмауы да. Мұндай жағдайда сақтық керек. Сен айталық, Сальваторға барасың да Ихтиандр менің ұлым деп жариялайсың. Мен сенің куәң болам. Сен оған «ұлымды қайтар!» деп талап етесің. «Ал бермесең, балаларды мүгедек еткенің үшін ісіңді сотқа берем» деп қорқытасың. Ол бұдан қорқады. Егер мұның да пайдасы болмаса, онда сен сотқа барасың. Егер сотта да Ихтиандрдың сенің ұлың екенін дәлелдей алмасақ, онда ол Гуттиэреге үйленетін болады, өйткені Гуттиэре сенің асырап алған қызың. Сен сонда әйелің мен ұлыңды аңсап, зарығып жүргенде, осынау жетім қыз Гуттиэрені мен саған тауып әкеп бергем...

Бальтазар орындықтан атып тұрды. Ол аяқ астындағы шаяндар мен қабыршақтарға сүріне-мүріне ерсілі-қарсылы жосып жүр.

–      Ұлым менің! Ұлым менің! О, неткен бақытсыздық десеңші!

–      Неге бақытсыздық болады? – деп таңырқады Кристо.

–      Мен ғой сенің сөзіңді бөлмей ықылас қоя тыңдадым, енді сен де менің сөзіме құлақ ас. Сен безгекпен науқастанып жатқанда, Гуттиэре Педро Зуритаға күйеуге шығып қойған.

Мына жаңалық Кристоны қайран қалдырған.

–      Ал Ихтиандр... менің бақытсыз балам... – Бальтазардың басы салбырап кетті. – Ихтиандр Зуританың тұтқынында!

–      Мүмкін емес, – деп қарсы дау айтты Кристо.

–      Иә. Иә, Ихтиандр қазір де «Медузада». Мана таңертеңгісін маған Зурита келіп кетті. Ол бізді мазақтады, бізді қорлады да, тілдеді де. Ол бізге сендер мені алдап келдіңдер деді. Өзің ойлашы, ол Ихтиандрды біздің көмегімізсіз ұстап отыр емес пе! Ол енді бізге көк тиын да төлемейді. Ал керек десең мен енді ол ақша берсе де алман, өз ұлыңды өзің сатуға бола ма екен, түге?

Бальтазар торығулы еді. Кристо болса бауырына жақтырмай көз тастады. Енді батыл қимылдаулары қажетті. Бірақ мына күйінде Бальтазардың іске пайдасынан гөрі зияны көбірек тиюі мүмкін еді. Ихтиандрдың Бальтазардың тұқымы екеніне Қристоның өзінің де көзі жете бермейтін. Рас, Кристо жаңа туған сәбидің мойнынан мең көрген. Бірақ ол бұлтартпайтын дәлел бола ала ма? Ихтиандрдың мойнынан мең көрген соң Кристоның осынау ұқсастықты пайдаланып байығысы келгені де шындық еді. Бірақ ол өзінің осынау әнгімесін Бальтазар бұлайша қабылдайды деп ойлап па? Оның есесіне Бальтазардан естіген жаңалықтары Кристоны шын шошытқан.

–      Қазір жылап отыратын уақыт емес. Қимылдау керек. Сальватор ертең ертеңгісін келеді. Қайратыңды жи бойыңа. Күн шыға бере, мені порт маңынан күт. Ихтиандрды құтқаруымыз керек. Бірақ байқа, Сальваторға өзіңнің Ихтиандрдың әкесі екеніңді айтып қойып жүрме. Зурита қай бағытқа кетіп еді?

–      Ол айтқан жоқ, бірақ терістікке қарай кеткен болар деп ойлаймын. Зуританың Панама жағалауларына барғысы келгені қашан?

Кристо басын изеді.

–      Есіңде болсын; ертеңгісін, күн шығар алдында, сен жағада болуың керек. Тіпті кешке шейін күтуіңе тура келсе де тырп етпестен отыр, күт.

Кристо үйге қайтуға асықты. Ол түн баласына Сальватормен кездесетін сәттерін ойлап шықты. Сальватордың алдында өз басын арашалап алуы қажет-ті.

Сальватор таң алдында келді. Кристо өңінен әрі өкініш, әрі жанқияр жанашырлық сезімін аңғарта доктормен сәлемдесіп тұрып, мұңая сөз бастады:

–      Біз бір бақытсыздыққа ұшырадық... Шығанаққа жүзіп бара көрме деп Ихтиандрға құдайдың зарын қылдым, бірақ тіл алмады...

–      Оған не болды? – деп аптыға сұрады Сальватор.

–      Оны ұрлап, қайыққа салып әкетті... Мен... – Сальватор Кристоның иығын бүре қысып, көзіне тіктей қарады. Бұл қас қағымдай сәтте өтті, бірақ әлгі жанарға шыдай алмай, Кристоның еркінен тыс өңі өзгеріп сала берді, Сальватор қабақ шытты, әлдене деп күбірледі де, Кристоның иығын бүрген саусақтарын босатып, тез-тез сөйледі:

–Бүге-шігесін маған кейінірек айтарсың.

Сальватор негрді шақырып алып, оған бұл үшін түсініксіз тілде әлденендей сөздер айтты да, сосын үндіс шалға бұрылып, өктем үнмен былай деді:

–      Ер соңыма!

Жолдан шаршап келсе де дем алмастан, киімдерін де ауыстырмастан Сальватор үйден шыға жөнеліп, баққа қарай асыға аяңдады. Кристо әрең-әрең еріп келеді. Үшінші қабырғаға жеткен кездерінде бұларды екі негр қуып жетті.

–      Мен Ихтиандрдың қарғылы төбетіндей соңынан қалмай қойдым, – деді Кристо шапшаң жүрістен алқына сөйлеп.

Бірақ Сальватор құлақ аспады. Доктор енді хауыз қасында, ашылған шлюз арқылы су түгел сырғып ағып біткенше, аяғымен жер тепкілеп тыпыршыды да тұрды.

–      Ер соңыма, – деп қайыра бұйырды Сальватор жер асты баспалдақпен төмен қарай түсіп бара жатып.

Кристо мен екі негр тастай қараңғыда Сальватордың соңынан еріп келе жатыр. Жер астындағы бұралаң- бұлтарыстарды жақсы білетін кісі екенін таныта Сальватор сол қараңғыда бірнеше басқыштардан бір-ақ секіріп, аптығып келеді.

Төменгі алаңшаға түскен сон, Сальватор анадағыдай шам жағып жатпады, қайта қараңғыда қарбанып жүріп, оң жақ қабырғадағы бір тесікті бұрап ашып, тастай қараңғы дәлізбен тағы ілгері жөнелді. Бұл тұста баспалдақтар жоқ екен де, Сальватор шам жақпай-ақ жүгіре басып жөнелді.

«Кенет әлдеқалай құрылған торға тап келіп немесе шұңқырға құлап кетсем қайтем?» деп ойлап келеді Кристо өзі Сальватордың артынан жүгіріп келе жатып.

Олар ұзақ жүрді, ақыры Кристо еденнің ылдилай, төмендей бастағанын аңғарды. Кейде Кристо су сыбдырын естігендей болады. Міне, ақыры сапарлары аяқталды білем. Алда келе жатқан Сальватор бір сәт тоқтай қалып, шам жақты. Кристо өздерінің ішіне су толған, төбесі сопақша, ұзыннан-ұзақ үлкен үңгірде тұрғандарын көрді. Әлгі төбесі бірте-бірте төмендей суға төндіре салынған ба, қалай? Бұлар тұрған тас еденнің жеткен жерінен, су ішінен Кристо шағындау сүңгуір қайықты аңғарды. Сальватор, Кристо және екі негр соған барып мінді. Сальватор каютаға енісімен шам жақты, негрлердің бірі төбедегі люкті жапты, екіншісі моторды айналдыра бастады. Кристо бір кезде қайықтың селк ете қалып баяу бұрылғанын, су астына қарай түсіп, әлгіндей баяулықпен ілгері жылжығанын сезінді. Бір-екі минуттай өтті білем, олар су бетіне қайта шықты. Сальватор мен Кристо көпіршенің үстіне көтерілді. Кристо бұрын-соңды сүңгуір қайыққа мініп көрген кісі емес-ті. Ал мына теңіз бетін тілгілей сызып келе жатқан сүңгуір қайықты көрсе, небір тәжірибелі кеме жасаушылардың өздері де қайран қалар еді. Оның құрылысы ештеңеге ұқсамайтын ғажайып бірдеңе, әрі моторының куаты да керемет болса керек. Толық қуатын қоспағанның өзінде қайық су бетінде сұмдық жылдамдықпен заулап келе жатты.

–      Ихтиандрды ұрлаушылар қай бағытқа бет алып еді?

–      Жағалауды бойлай терістікке қарай кетсе керек, – деп жауап қатты Кристо, – рұқсат етсеңіз, жолдан менің бауырымды ала кетсек болар еді. Мен оған ескерткем, ол жағада күтіп тұрса керек.

–      Неге?

–      Ихтиандрды ұрлаған інжу тергіш Зурита деген біреу.

–      Сен оны қайдан білесің? – деп күдіктене сұрады Сальватор.

–      Мен бауырыма Ихтиандрды шығанақтан алып қашқан қайықтың түр-түсін айтып беріп ем, ол оны «Медуза» деп таныды. Педро Зуританың қайығы осылай аталады. Зурита Ихтиандрды, сірә, інжу тергізу үшін ұрлап әкетсе керек. Ал менің бауырым Бальтазар інжу теретін теңіз тұстарын жақсы біледі. Оның бізге пайдасы тиеді.

Сальватор сәл ойланды.

–      Жақсы. Біз сенің бауырыңды ала кетелік. Бальтазар да бауырын порт маңындағы жағада күтіп жүрген. Қайық жағаға қарай жақындады. Бальтазар жағада бір кезде баласын тартып алған, сөйтіп мүгедек еткен Сальваторға қабақ шыта, жақтырмай қарап тұрған. Әйтсе де үндіс Сальваторға ізет көрсете бас иді де, қайыққа қарай малтып келді.

–      Бар жүрісіне сал! – деп бұйырды Сальватор.

Сальватор бұл сәт капитан тақтайшасында мұхит төсіне тесіле де тінтіне көз тастап тұрған-ды.

ТАҢҒАЖАЙЫП ТҰТҚЫН

Зурита Ихтиандрдың қолына салынған кісенді арамен кесіп босатты, оған жаңа костюм кигізді де, құм арасына жасырған биялайы мен көзілдірігін өзімен бірге ала жүруіне рұқсат етті. Бірақ жігіт байғұстың «Медузаның» палубасына мінуі-ақ мұң екен, Зуританың жарлығы бойынша үндістер оны ұстап алып, трюмге қамап тастады. Зурита азық-түлік қорын жасап алу үшін Буэнос-Айреске сәл аялдады. Ол Бальтазарға жолығып, өзінің жолы болғанын айтып мақтанды да, Рио-де Жанейроны бетке алып, жағалауды бойлай ілгері жүріп кетті. Ол Оңтүстік Американың Шығыс жағалауын айналып өтіп, інжуді Кариб теңізінен іздей бастаймын деп жобалаған.

Гуттиэрені ол капитанның каютасына орналастырған. Зурита оған Рио-де-Ла-Плата шығанағына жетісімен Ихтиандрды өз еркіне жіберем деп уәде еткен-ді. Бірақ бұл өтірігі көп ұзамай-ақ ашылды. Кешкісін Гуттиэре трюм жақтан шыққан айқай мен ыңырсыған дауыстарды естіді. Ол Ихтиандрдың даусын таныды. Зурита бұл кезде жоғары палубада жүрген- ді. Гуттиэре каютадан шықпақ болып әрекет жасап еді, бірақ сыртынан құлыпталған болып шықты. Гуттиэре жұдырығымен есікті ұрғылады, оның даусына жан адам жауап қатпады.

Ихтиандрдың айқайын естіп Зурита бажылдай балағаттады, капитан тақтайшасынан түсті де, соңына үндіс матросты ертіп трюмге енді. Трюм іші мейлінше қапырық, әрі қап-қараңғы екен.

–      Неге айқайлайсын, сен? – деп дүңк ете түсті Зурита.

–      Мен... тұншығып барам, – деген даусын естіді ол Ихтиандрдың, – сусыз өмір сүре алмайтын едім. Бұл жер сұмдық қапырық екен. Теңізге жіберіңізші мені. Келесі күнге шейін шыдай алмауым, өліп кетуім мүмкін...

Зурита трюмнің қақпағын сарт еткізіп жапты да палубаға көтерілді.

«Осы неме, шынында да, тұншығып өліп жүрмесін» деп сасуға айналды Зурита. Ихтиандрдың өлімі бұл үшін мүлде тиімсіз болатын.

Зуританың жарлығымен трюмге күбі әкелініп, матростар соған су тасып құйды.

–      Мә, саған ванна, – деді Зурита Ихтиандрға қарап, – жүзе бер! Ал ертең таңертеңгілік сені теңізге жібертем.

Ихтиандр жып етіп күбідегі суға күмп берді. Есік көзінде тұрған үндіс матростар мынадай шомылысқа таңырқай қарасып тұр. Олар «Медузадағы» тұтқынның – «су перісі» екенін әзірше білмейтін-ді.

–      Барыңдар, палубаға! – деп зекіді оларға Зурита.

Күбінің ішінде малтымақ түгіл, түрегеп те тұра алмайтынсың. Ихтиандрға басына шейін суға малыну үшін тізерлей отыруға тура келді. Бұл күбіде бір кезде тұздалған ет сақталса керек. Суға сол иіс тез сіңді білем, байғұстың бұл арадағы тіршілігі де, манағы тымырсық трюмдегіден сәл-ақ тәуір болып шықты.

Бұл кезде теңіз бетінде оңтүстік-шығыстан соққан жел қайықты терістікке қарай заулата қуалап бара жатқан-ды.

Зурита капитан тақтайшасында кеп тұрып қалды да, тек таң алдында ғана каютасына қайтып оралды. Ол әйелін әлдеқашан ұйықтап қалған шығар деп ойлаған. Бірақ ол жіңішке үстелдің қасында, иегін қолымен тіреп ояу отыр екен. Бұл кіріп келген соң Гуттиэре орнынан тұрған төбеге асып қойған май шамның сәулесімен Зурита әйелінің бозаң тартқан, қабақ шытқан кейпін аңғарды.

–      Сіз мені алдап соқтыңыз, – деді әйелі қатқыл үнмен.

Әйелінің ызалы жанарынан Зурита сәл қысылып қалды да, сонысын білдіртпеу үшін бойын еркін ұстай, мұртын бір ширатып қойып, әзілдей сөйледі:

–      Сізден алыстап кетпеу үшін Ихтиандр «Медузада» өз еркімен қалды.

–      Өтірік айтасыз! Сіз барып тұрған оңбаған, арсыз адамсыз. Мен сізді иттің етінен жек көрем! – Гуттиэре кенет қабырғада ілулі тұрған үлкен пышақты жұлып алып, Зуритаға қарай сілтеп кеп қалды.

–      Мәс-саған!.. – деп күңкілдеді Зурита. Ол шалт қимылмен Гуттиэренің білегінен шап берді де, бар күшін сала қысып кеп қалып еді, Гуттиэре лажсыздан қолындағы пышағын түсіріп жіберді. Зурита аяғымен теуіп әлгі пышақты каютадан тысқа қарай лақтырды да, әйелінің қолын қоя беріп, тіл қатты:

–      Осылай еткен дұрыс болар! Сіз тым абыржулысыз.

Бір стақан су ішіп жіберіңіз.

Сосын ол каютадан шыға жөнелді, есікті сыртынан құлыптады да, жоғары палубаға қарай жөнелді.

Шығыс жақ алқызылдана алаулап келеді екен, көкжиектің ар жағынан көтеріліп келе жатқан күн сәулесімен жеңіл бұлттар жалын тілі тәрізді алауытып көрінеді. Таңғы ашқылтым ауа мен самал жел қосылып желкенді кере желбіретіп тұрды. Теңіз бетінде шоршып секірген кішкене балықтарға қырағы көз тігіп, аспанда ақ шағалалар ұшып жүрді.

Күн шықты. Екі қолын артына ұстаған күйі Зурита палуба үстінде ерсілі-қарсылы жосып жүр.

–      Ештеңе етпес, көндірмей қойман, – деді ол есіл-дерті Гуттиэреде болып.

Бір сәт матростарға қарап, желкендерді жинауға жарлық етті. Зәкір тастаған «Медуза» толқын үстінде тербеліп тұрған- ды.

–      Маған шынжыр беріңдер және трюмдегі кісіні осы араға әкеліңдер, – деп бұйырды Зурита. Ол Ихтиандрды інжу теруге неғұрлым тезірек пайдаланғанша асық еді.

«Айтпақшы, теңізге түссе бойы сергір» деп ойлады ол.

Екі үндіс алдына салып айдаған Ихтиандр көрінді. Оның түрі қалжыраған. Ихтиандр жан-жағына қаранды. Ол жуан діңгек – мачтаның түбінде тұрған. Қайық жақтауынан бірнеше қадамдай ғана жер. Кенет Ихтиандр тұра ұмтылып жақтауға жетті де, енді-енді қарғығалы еңкейе берді. Бірақ тап осы сәтте Зуританың жуан жұдырығы оны төбесінен қонжитсын келіп. Жігіт ессіз-түссіз палубаға талып құлады.

–      Асықпау керек, – деді Зурита ақылгөйсіп. Темірдің сыңғыры естілді, бір матрос Зуритаға ұшында темір құрсауы бар ұзын шынжырды ұсынды.

Зурита осы шынжырмен ессіз жатқан жігітті белінен бір орап алды, белдікке құлып салды, сосын матростарға қарап айқайлады:

–      Енді басына су құйыңдар.

Көп ұзамай жігіт есін жиды, өзін бұғаулап тастаған шынжырға таңырқай қарап қойды.

–      Енді сен менен құтыла алмайсың, – деп түсіндірді Зурита. – Мен сені қазір теңізге жіберем. Сен соның түбінен маған керек інжу қауашақтарын теретін боласың. Неғұрлым інжуді көбірек тапсаң, солғұрлым теңіз астында көбірек боласың. Ал егер сен маған інжу қауашақтарын теріп бермейтін болсаң, онда мен сені трюмге апарып қайта жабамын да, сен ұдайы күбінің ішінде отыратын боласың. Түсіндің бе? Келісемісің?

Ихтиандр басын изеді.

Ол теңіздің таза да мөлдір суына тезірек түсу үшін Зуритаға бүкіл әлемдегі қазына байлықты түгел әкеп беруге әзір еді. Зурита шынжырмен бұғауланған Ихтиандрды, матростар желкенді қайықтың жақтауына әкелді. Гуттиэре қамалған каюта қайықтың екінші бетінде болатын. Зурита әйелінің

Ихтиандрды шынжырлаулы күйі көрмегенін жөн санаған. Ихтиандрды шынжырымен қоса теңізге жіберді. Шіркін, үзіп кетер ме еді мына шынжыры құрғырды! Бірақ ол тым берік дүние еді. Ихтиандр жазмышқа лажсыздана мойынұсынды. Ол інжу қауашақтарын теріп, бүйіріне байланған қапшыққа сала бастады. Темір кұрсау бүйіріне батып, тынысын тарылтады. Дегенмен, әлгі тымырсық трюм мен сасық күбідегіге қарағанда Ихтиандр тап қазір өзін жұмақта жүргендей сезінген.

Матростар кеме жақтауынан мына таңғажайып құбылысқа таңырқай қарасып тұр. Уакыт зымырап өтіп жатыр, ал теңіз түбіне түсірілген әлгі кісінің қайта шығар түрі жоқ, түге. Бастапқыда су бетіне ауа көпіршіктері шығып жатқандай еді, бірақ көп ұзамай олары да ғайып болған.

–      Егер оның кеудесінде бір түйір ауа қалған болса, мен акулаға жем-ақ болайын, оллаһи. Сірә, мынауың су ішінде өзін балықша сезінетін бәле болды ғой, – дейді қарт терімшілердің бірі су түбіне қарап тұрып.

Теңіз түбінен тізерлей жылжып жүрген жігіт бейнесі айқын көрініп тұрған-ды.

–      Бәлкім, бұл әлгі су перісінің өзі шығар! – деп сыбырлайды матростардың бірі.

–      Кім болса ол болсын, капитан Зурита байлыққа белшесінен бататын болды, – деп жауап қатты штурман. – Мынадай терімшінің бір өзі оныңа татиды.

Ихтиандр «көтер» деген белгі ретінде шынжырды жұлқи тартқан кезде, күн тал түске таяп қалған шақ еді. Әлгінің қапшығы қауашаққа толы екен. Тағы да теру үшін оны босату қажет-ті.

Матростар таңғажайып терімшіні палубаға тез көтеріп шығарды. Бәрі де терімнің қаншалықты сәтті болғанын білгенше асығулы еді.

Әдетте інжу қауашақтарын моллюскілері шіріп түсу үшін бірнеше күнге дейін ашпай қояды, сөйтсе асыл тасты аршып алу оңайға түседі. Ал қазір матростардың және Зуританың өзінің де шыдамы таусылған шақ-ты. Сондықтан олар қауашақтарды аршуға бірден кірісіп кетті.

Матростар жұмыстың аяқталған шағында дабырласып, кеу-кеулесті-ай кеп. Палуба үсті әдеттегіден тыс абыр-дабыр болды да қалды. Бәлкім, Ихтиандрға бір тамаша жер табудың сәті түскен шығар. Қалай да оның бір жолғы олжасының өзі шаш етектен еді. Інжу тастарының жиырма шақтысы өте салмақты, түрі де тамаша, әрі түсі де әдемі дүниелер болып шықты. Алғашқы аулаудың өзі-ақ Зуритаға тұтас бір байлық әкелді. Ірі інжу тастардың кейбіріне тамаша да жаңа қайық сатып алуға болатын. Баю жолына түскен Зуританың арманы жүзеге аса бастаған-ды.

Зурита матростардың інжу тастарға ашқарақтана қарасып тұрғандарын аңғарды. Мұнысын жақтырмай қалды. Ол асығып-аптығып асыл тастарды сабан қалпағына тыққыштап жатып, сөз бастады:

–      Сәресімізді ішелік. Ал сен, Ихтиандр, тамаша терімші екенсің. Менің бос тұрған бір каютам бар еді. Мен сені соған орналастырмақпын. Ол арада тынысың тарылмайтын болады. Сосын саған арнап абажадай үлкен қалайы бак сатып алмақпын. Бәлкім, оның саған түбінде керегі де бола қоймас, өйткені сен күн сайын теңізде жүзіп жүретін боласың ғой. Рас, амал не, шынжырлаулы күйіңде, әйтпегенде қайтерсің? Әйтпесе сен бақа-шаяндарыңның арасына барып тығыласың да, қайтып келмей қоярсың, түге.

Ихтиандрдың Зуритамен сөйлескісі жоқ-ты. Бірақ ол осынау дүниеқор кісінің торына түсіп қалғандықтан, өзінің қара басының қамын ойламасына да болмайтын.

–      Сасық күбіден гөрі бак тәуір болар, – деп жауап қатты ол Зуритаға. – Бірақ мен тұншығып қалмас үшін сізге оның суын жиірек жаңартуға тура келетін шығар.

–      Жиірек болғанда қанша?

–      Жарты сағат сайын, – деп жауап қатты Ихтиандр, – ең әдемісі, әрине, ағын судың ұдайы болып тұрғаны да.

–      Пәлі, сен тіпті менменсуге айналдың білем, түге. Мақтауымыз мұң екен, сен тіпті дандайсып, талап қоюға, қыңырлануға айналдың ғой.

–      Бұл қыңырлық емес, – деп жігіт те кейістік білдірді.

–      Менің жағдайым... түсінсеңізші сіз, егер, айталық, үлкен балықты шелекке салар болсаңыз, ол бірден ұйқыға шомады емес пе? Балық су ішінде жүргенде оттегімен қоректенеді, ал мен деген... өте үлкен балықпын ғой, – деп қосып қойды Ихтиандр күлімсіреп.

–      Оттегіңді білмеймін, ал суын жаңартпаса, балықтың өліп қалатынын мен де жақсы білем. Сенікі рас та шығар. Бірақ сенің бағыңдағы суды ұдайы жаңартып тұру үшін менің қаншама адам жалдауым керек, білесің бе, тым қымбатқа түсіп жүрер, түге. Сен бүйте берсең, мені қу тақырға отырғызарсың!

Ихтиандр інжудің бағасын білмейтін және Зуританың терімшілер мен матростарға ақыны сомдап емес, тиындап қана беретінінен де хабарсыз еді. Жігіт Зуританың сөздеріне иланып қап, дауыстай сөйледі:

–      Егер мені ұстау сізге қымбатқа түсер болса, онда мені теңізге қоя беріңіз! – деді де Ихтиандр мұхит жаққа көз тастады.

–      Қарай, гөр өзін! – деп қарқылдап күліп жіберді Зурита.

–      Өтінем! Мен сізге інжуді өз еркіммен-ақ теріп әкеп берейін. Менің көптен жинап, тау ғып үйген дүнием де бар,

–      деді де Ихтиандр палубадан тізесіне шейінгі қашықтықты қолымен нұсқап көрсетті... – Олар дән тәрізді теп-тегіс, жып-жылтыр, әр қайсысының үлкендігі бұршақтай... Бәрін сізге берейін соның, тек босата көріңіз мені.

Зуританың тынысы тарылып сала берді.

–      Оттапсың, – деп қарсылық білдірді Зурита, жай, немқұрайды сөйлеуге тырысып.

–      Өмірімде ешкімге өтірік айтып көрген жан емен, – деп Ихтиандр ашуланды.

–      Ал сенің қазынаң қай жерде жатыр сонда? – деп сұрады Зурита, енді жүрек толқынысын жасыра алмай.

–      Су асты үңгірінде. Лидингтен басқа ешкім білмейді оның қай жерде екенін.

–      Лидинг? Оның кім?

–      Менің дельфинім.

–      Ә, солай ма еді! Бұл не өзі, өңім бе, әлде түсім бе, – деген ойға қалды Зурита, – егер мына айтқандары шындық болса, ал мұның өтірік болмауы да мүмкін, – онда менің армандағанымнан да асып түседі емес пе? Мен шылқыған бай болып шыға келем. Менімен салыстырғанда Ротшильдтер мен Рокфеллеріңе шейін кедей болып көрінер әлі, түге. Ал мына жігітке сенуге әбден болатын секілді. Сертіне сеніп, еркіне жіберіп көрсем қайтер еді, өзін?»

Бірақ Зурита істің адамы еді. Ол біреудің сөзіне сену дегенді әсте білмейтін. Ол енді Ихтиандрдың қазынасын қайтсе қолға түсірудің амалдарын ойластыра бастады. «Егер Ихтиандрға Гуттиэре өтініш білдірер болса ғана, ол бас тартпайды және қазынаны өзі әкеп беретін болады».

–      Түбі сені босатып қоя беруім де мүмкін, – деді Зурита,

–      бірақ саған әзірше осында қала тұруға тура келеді. Солай. Оның бір себептері болып тұр. Осында қала тұрғаныңа кейін өзің де өкінбейтін боласың әлі. Еркіңнен тыс қонағым болғаныңа қарамастан, саған қолайлы жағдай жасағым келеді. Бәлкім, әлгі тым қымбатқа түсетін бактың орнына сені үлкен темір торға қамағанымыз қолайлырақ болар, сірә. Тор сені акулалардан қорғайтын болады, сосын сені ол торыңмен қоса теңізге батыратын боламыз.

–      Әу, менің ауада да болуым қажет қой,

–      Несі бар, біз сені ауық-ауық көтеріп алып тұрамыз. Бұл біздің бакқа су тасып толтырғанымыздан әлдеқайда арзанға түседі. Қысқасы, сені риза етеміз, жағдай жасаймыз.

Зуританың көңіл-күйі көтеріңкі шағы еді бұл. Ол таңертеңгі ас үстінде матростарға бір стаканнан арақ бергізді, мұндайды бұрын кім көрген!

Ихтиандрды қайыра трюмге апарып тықты, бак әзір емес- ті. Зурита капитан каютасының есігін көңілі қобалжи ашты, есік көзінде тұрып Гуттиэреге інжу толы қалпағын көрсетті.

–      Берген уәдем әлі есімде, – деп бастады сөзін ол күлімсіреп тұрып. – Әйел деген әдетте інжуді ұнатады, сыйлық тартқанды сүйеді. Ал інжуің көп болуы үшін, терімшің керемет болуы тиіс. Сол үшін де Ихтиандрды тұтқындадым емес пе?! Қарашы, таңертеңгі ғана терімін!

Гуттиэре інжулерді көзінің астымен бір шолып өтті. Таңырқағанын сездірмеуге тырысып бақты. Әйтсе де Зурита мұны байқап қалды да, масайрай мырс етті:

–      Сен Аргентинадағы, бәлкім, тіпті Бүкіл Америкадағы ең бай әйел болғалы тұрсың. Сенде бәрі болады. Мен саған корольдерге шейін қызығатын салтанатты сарай салдырып берем. Ал қазір сол болашақ сыйлығыңның кепілдігі ретінде мына інжудің жартысын ал менен.

–      Жоқ! Қылмысты жолмен табылған бұл інжуіңнің бір түйірінің де қажеті жоқ маған, – деп қатқыл жауап қатты Гуттиэре, – сосын өтінем, мазамды алмашы, түге.

Зурита әрі қысылып, әрі күйініп тұр: тап мұны күтпеген-ді.

–      Тағы бірер ауыз сөзім бар. Сіз, бәлкім, – деп ол сөзі салмақтырақ шығуы үшін тіпті «сізге» көшті. – Ихтиандрды босатып жібергенімді қаларсыз?

Гуттиэре ананың тағы нендей қулық ойлап тұрғанын аңға шыққысы келгендей Зуритаға сенбестікпен көз тастады.

–      Сонда не айтпақсыз? – деп салқын сауал тастады ол.

–      Ихтиандрдың тағдыры сіздің қолыңызда. Тек сіз Ихтиандрға су астында сақтаулы жатқан інжулерін

«Медузаға» жеткізіп бер деп бұйырсаңыз болды, әне, содан соң мен оны қалаған жағына жібере алам.

–      Ендеше, айтқандарымды ұғып алыңыз. Мен сіздің бір де бір сөзіңізге сенбеймін. Сіз інжуді қолға түсіріп аласыз да, Ихтиандрды тағы шынжырлап тастайсыз. Менің дүниедегі ең өтірікші әрі қиянатшыл кісінің әйелі екендігім қаншалықты рас болса, мұның да соншалықты шындық болары даусыз. Осыны есте сақтаңыз және бұдан былай мені өзіңіздің күдікті де қылмысты істеріңізге араластырамын деп әуре болмаңыз. Қайталап айтам, мазамды алмаңыз.

Басқадай бірдеңе деудің жөнін таппады да, Зурита шығып жүре берді. Өз каютасына барып інжуді дорбаға ауыстырып төкті де, оны сандыққа салып, аузын құлыптады, сосын палубаға қайта шықты. Әйелімен ренжіскеніне жаны қиналған ол жоқ-ты. Ол жұрт қолпаштайтын байбатша сезінді өзін.

Ол капитан тақтайшасына көтеріліп, сигарасын тұтатты. Болашақ байлық туралы ой жанына жайлы тиіп, толқытып тұрған. Әр кез сақ жүретін ол тап осы жолы матростардың топ-топ болысып, әлдене сыбыр-күбірге басқанын аңғармай да қалған.

ИЕСІЗ ҚАЛҒАН «МЕДУЗА»

Зурита сойдауылға қарама-қарсы, кеме жақтауына жақын тұрған. Штурманның белгі беруі мұң екен – матростар тұс- тұстан Педроға тап берсін. Олар қарусыз еді, бірақ есесіне көп болатын. Әйтсе де Зуританы жеңу де оп-оңай шаруа болып шықпады. Зуританың ту сыртынан екі матрос жабысқан. Зурита бір сәт жұрттың ортасынан сытылып шығып, бірер адым кері шегінді де, бар күшін жұмсай жақтауға қарай шалқалай құлады.

Матростар ыңырси ыңқылдап, құрбандарын лажсыздан қоя берді, өздері палубаға құлап-құлап түсті. Зурита болса қайтадан атып тұрып, қарсы келген жаңа жауларына жұдырық жаудырды. Ол еш уақытта револьверін жанынан тастамайтын, әйтсе де шабуылдың күтпеген жерден басталғаны соншалық, Зурита мылтығын қабынан суырып үлгере алмаған. Ол енді сойдауылға қарай баяу шегініп барды да, сосын кенеттен маймыл тәрізді шапшаң қимылмен жоғары қарай өрмелей жөнелді.

Матростардың бірі аяғына жармасқан еді, бірақ Зурита бос аяғымен әлгіні төбесінен теуіп қалды да, есінен танған матрос палубаға құлап түсті. Зурита марсқа шейін көтеріліп үлгерді де, боқтап-балағаттап жүріп соған қонжиып отырды. Ол револьверін суырып алып, айқай салды:

–      Қасыма жақындаған кісінің басының мылжа-мылжасын шығарам!

Енді не істерлерін білмей шуылдасып төменде матростар түр.

–      Капитанның каютасында мылтықтар бар!– деп айқайлайды штурман даусын жұрттан асырғысы кеп. – Жүріңдер, есігін бұзамыз!

Бірнеше матрос люкке қарай кетті.

«Құрыдым, – деп ойлады Зурита, – атып өлтіретін болды!»

Ол бір оқыс көмек күткен кісідей теңіз жаққа қарады. Өз көзіне өзі сенбей Зурита «Медузаға» қарай мұхит бетін тілгілей сұмдық шапшаңдықпен заулап келе жатқан сүңгуір қайықты көрді.

«Тек су астына сүңгіп кетпесе екен! – деп ойлады Зурита.

–      Тақтайшасында кісілер тұр. Шынымен-ақ мені байқамай өтіп кетер ме екен?»

–      Көмектесе көріңдер! Тезірек! Өлтірді! – деп бар даусымен айқайлады Зурита.

Сүңгуір қайықтағылар мұны көрсе керек, сірә. Жүрісін бәсеңдетпестен, қайық тұп-тура «Медузаға» қарай келе жатты. Бұл кезде люктен қарулы матростар да көтерілген. Олар жапа-тармағай палубаға жүгірісіп шықты да, енді абдырап тұра-тұра қалысқан. «Медузаға» қарай қару-жарақты сүңгуір қайық – сірә, әскери қайық болса керек – таяп қалған-ды.

Мына шақырусыз келген куәлердің көз алдында Зуританы атып өлтіре алмайсың ғой.

Зурита мәз-мейрам. Бірақ масайрауы көпке созылмады. Суңгуір қайықтың үстінде Бальтазар мен Кристо тұр екен де және қастарында – қыран жанарлы, жыртқыш тұмсықты серейген біреу бар.

Әлгі кісі қайық палубасында тұрып былайша айқай салды:

–      Педро Зурита! Сіз өзіңіз ұрлап әкеткен Ихтиандрды дереу қайтаруға тиіссіз! Бес минутқа мұрсат берем немесе қайығыңыз су түбінен бір-ақ шығатын болады.

«Сатқындар! – деп ойлады Зурита Кристо мен Бальтазарға өшпенділікпен көз тастап, – басымнан айрылғанша Ихтиандрдан айырылғаным артық болар».

–      Мен қазір ертіп келейін оны, – деді Зурита өзі сақтықпен төмен сырғып келе жатып.

Бұл сәтте бастарын сақтаулары қажеттігін матростар да түсінген. Олар кішкене қайықтарды дереу теңізге тастап- тастап жіберді де, соларға топырласа мініп, жағаға қарай тартты. Әркім өзінің жанын қорғайтын сәт туған еді.

Зурита баспалдақпен жүгіріп өз каютасына жетті де, інжу салынған дорбашығын тауып алып, оны қойнына тықты, белбеуі мен орамалын да ала жөнелді. Келесі сәтте ол каютаның есігін ашып Гуттиэреге барды да, оны қолына көтеріп ап палубаға алып шықты.

–      Ихтиандр науқастанып қалды. Сіз оны каютадан табасыз, – деп айқайлады Зурита, өзі Гуттиэрені көтерген күйі жүгіріп жақтауға жетті де, әйелін бір қайыққа отырғызды, сосын қайықты суға түсірді де, өзі де қарғып мінді.

Сүңгуір қайықпен оны қуудың реті жоқ-ты: су тым тайыз еді. Бірақ Гуттиэре сүңгуір қайықта тұрған Бальтазарды байқап қалған.

–      Әке, Ихтиандрды құтқара көр! Ол ана... – Бірақ ол сөзін аяқтай алмады, Зурита жаңағы орамалмен әйелінің аузын жауып, белбеумен аяқ-қолын байлай бастады.

–      Босатыңыз әйелді! – деп айқай салды Сальватор мына зорлығын көріп қап.

–      Бұл әйел менің жұбайым, менің ішкі ісіме араласуға ешкімнің де хақысы жоқ! – деп айқайлап жауап қатты Зурита, өзі ескегін тезірек есуге тырысып.

–      Әйелге бұлайша зорлық жасауға ешкімнің құқы жоқ! – деп ашу шақыра айқайлады Сальватор. – Тоқтаңыз, әйтпесе атам!

Ал Зурита ескегін ескілей түсті.

Сальватор револьверден оқ атты. Оқ қайықтың жақтауына тиді.

Зурита Гуттиэрені көтеріп алып, өзі соның артына жасырынып ап айқай салды:

–      Енді ата беріңіз!

Гуттиэре бұлқынып, арпалысып жатыр.

–      Барып тұрған оңбаған екен! – деді Сальватор револьверін лажсыздан төмен түсіріп.

Бальтазар қарғып теңізге түсіп, қайықты қуып жетпек болып малти жөнелді. Бірақ Зурита да жағаға жетіп қалған. Ол ескекті құлаштай есіп-есіп жіберді де, көп ұзамай толқын кішкене қайықты құмды жағалауға қарай лықсытып жіберді. Педро Гуттиэрені қолтығына қыса сүйрелеп жағадағы жартастардың артына жасырынып үлгерді.

Зуританы қуып жетпесіне көзі жеткен Бальтазар енді кемеге қарай жүзіп, зәкір шынжыр арқылы палубаға көтерілді. Сосын баспалдақпен төмен сырғып түсіп, жағалай жүгіріп Ихтиандрды іздеді.

Бальтазар кемені түгел, тіпті трюмге шейін аралап шықты.

Бірақ жан адам таба алмады.

–      Ихтиандр бұл кемеде жоқ! – деп айқайлады Бальтазар Сальваторға.

–      Жоға, ол тірі және осы маңда болуы тиіс! Гуттиэре:

«Ихтиандр ананың...» деді емес пе? Егер әлгі жауыз оның аузын бітеп тұншықтырмағанда, біз оны қайдан іздеуді білер ек, – деді Кристо.

Теңіз бетін көзбен шолып өтіп Кристо бір тұста сорайып шығып тұрған кеме мачтасын байқап қалды.

Сірә, бұл араға жуық маңда кеме батып кеткен болса керек. Ихтиандр сол апат болған кеменің ішінде жатқан жоқ па екен?

–      Бәлкім, Зурита Ихтиандрды мына батқан кемеден қазына іздеуге жіберген шығар? – деді Кристо,

Бальтазар палубада жатқан ұшында құрсауы бар бір шынжырды көтеріп алды.

–      Зурита, сірә, Ихтиандрды осы шынжырмен байлап суға түсірген болды. Шынжыр болмаса, Ихтиандр қашып құтылған болар еді. Жоқ, оның апат кемеде болуы мүмкін емес.

–      Иә, – деді Сальватор ойлы пішінде. – Біз Зуританы жеңдік, бірақ Ихтиандрды таба алмадық.

СУҒА БАТҚАН КЕМЕ

Зуританың ізін қуған бұл кісілер, әлбетте, «Медузада» бүгін таңертеңгісін болған оқиғадан бейхабар еді.

Түні бойы матростар әрі айтысып, бері айтысып ақыры таң алдында мынадай шешімге келген: сәті түскен шақта Зуританы дереу өлтіріп, Ихтиандр мен кемені иеленулері керек.

Таң қылаң бере Зурита капитанның көпіріне көтерілген. Жел басылған. «Медуза» сағатына үш сүйемдік шапшаңдықпен баяу жылжып келе жатқан-ды.

Зурита мұхит бетінен көрінген әлдебір ноқатқа қарап тұрған. Дүрбімен қарап ол суға батқан кеменің радиомачтасын аңғарды.

Көп ұзамай Зурита су бетінде қалқып жүрген құтқарушы шеңберді көрді.

Зурита қайықтың бірін түсіріп, әлгі шеңберді әкелуге бұйырды.

Шеңберді көтерген кезде, Зурита ондағы: «Мафальду» деген жазуды оқыды.

«Мафальду» суға батқан?» – деп таңырқады Зурита. Ол осынау пошта және жүргіншілер таситын американдық алып кемені білетін. Бұндай кемеде бағалы дүние аз болмасқа керек. «Егер Ихтиандрға кемедегі байлықты тасытып алсам қайтер еді? Бірақ соған шынжырдың ұзындығы жете қояр ма екен? Әй қайдам... Егер Ихтиандрды шынжырсыз, бос жіберсең, ол қайтып оралмайды...»

Зурита ойға шомды. Ашкөздігімен Ихтиандрдан айырылып қалам ба деген үрейі арпалысып жатты.

«Медуза» судан сорайып шығып тұрған сойдауылға қарай ақырын жылжып, таяп қалған. Матростар жақтауға асыла жапырласа қарасып тұр. Жел мүлде тынған. «Медуза» тоқтады.

–      Мен бір кезде осы «Мафальдуде» қызмет етіп едім, – деді матростардың бірі. – Үлкен, әдемі кеме. Тұтас қалашық іспетті. Ал жүргіншілері өңшең бай американдықтар.

«Мафальду», сірә, өзінің апатқа ұшырағанын радио арқылы да хабарлай алмай суға батса керек, – деген ойға қалды Зурита. Бәлкім, радиостансасы бүлінген бе, кім білсін. Әйтпесе маңайдағы порттардан неше түрлі жүйрік катерлер, глиссерлер, яхталар қаптаған болар еді де, олардың үсті толған үкімет өкілдері, т ілшілер, фотографтар, кинооператорлар, журналистер, су асты қызметшілері болар еді. Кешеуілдеуге болмайды. Тәуекел деп Ихтиандрды шынжырсыз жіберіп көруге тура келеді. Басқа амалы жоқ. Бірақ оны қайтып келуге қайтып көндіре аларсың? Егер тәуекелге бел буар болса, онда Ихтиандрды өз бостандығының құны – інжу қазынасына жібергені әлдеқайда тиімді емес пе? Бірақ сол інжу қазынасының құны анау айтқандай ма екен, түге? Асырып айтып тұрған жоқ па екен әлгі Ихтиандр?»

Әрине, ол қазынаны да, мына «Мафальдумен» теңіз түбінде жатқан байлықты да қолға түгел түсіргені абзал болар еді. Інжу қазынасы ешқайда қашпас, оны Ихтиандрдан өзге ешкім таба алмайды, тек Ихтиандрдың өзі Зуританың уысынан шығып кетпесе болды. Ал мына «Мафальдудің» байлығы бірнеше сағаттан кейін-ақ мұның қолына ілікпей кетуі бар.

«Сонымен «Мафальдуден» басталық», – деп тұжырды Зурита. Ол зәкір тастауға бұйырды. Сосын каютасына барды, әлденендей бір хат жазды да, сол бір парақ қағазды ұстаған күйі Ихтиандрдың каютасына қарай тартты.

–      Сен хат танушы ма ең, Ихтиандр? Гуттиэре саған бір хат жіберіп еді.

Ихтиандр хатты тез-тез оқып шықты:

«Ихтиандр! Өтінішімді орындай гөр. «Медузаның» қасында суға батқан бір кеме жатыр. Сен теңізге түсіп, сол кеменің ішінен не қымбат дүние тапсаң да түгел осында әкелуге тиіссің. Зурита сені шынжыр байламай, бос жібереді, бірақ сен «Медузаға» қайтып оралуға тиіссің. Мен десең осыны жасағайсың, Ихтиандр, сонда сен тезірек азаттық алатын боласың. Гуттиэре».

Ихтиандр бұрын-соңды Гуттиэреден хат алып көрмеген, оның жазуын танымайтын. Ол хат алғанына қатты қуанды, бірақ іле ойға қалды. Егер бұл Зуританың қулығы болып шықса қайтеді?

–      Гуттиэренің өзі неге көп сұрамайды? – деп сұрады Ихтиандр, хатты көзімен нұсқап.

–      Ол сәл сырқаттанып қалды, – деп жауап қатты Зурита,

–      бірақ сен қайтып оралған соң оны көретін боласың.

–      Ол бағалы дүниелердің Гуттиэреге не қажеті бар? – деп сұрады Ихтиандр әлі де сеніңкіремей.

–      Егер сен нағыз адам болсаң, мұндай сұрақ қоймаған болар ең. Әдемі киінгісі келмейтін, небір асыл тастарды таққысы келмейтін әйел бола ма екен, сірә? Ал ол үшін ақша қажет. Суға батқан кеменің ішінде жатқан ақша ас та төк. Қазір олар иесіз – ендеше, саған оларды Гуттиэреге неге әкеп бермеске? Ең бастысы – алтын ақшаларды іздеп табу. Онда поштаның былғары қаптары болуы тиіс. Оның сыртында жүргіншілердің бойында алтын заттар, қолдарында алтын сақиналары болуы...

–      Сіз не, сонда мені өліктерді тінтеді деп тұрмысыз? – деп сұрады Ихтиандр ызаланып. – Жалпы, мен сізге сенбеймін. Гуттиэре сараң емес, оның мені тап мұндай шаруаға жұмсауы мүмкін емес...

–      Лағынет! – деп баж ете түсті Зурита. Ол тап қазір Ихтиандрды үгіттеп көндіре алмаса, ойға алған ісінің аяғы құрдым боларын сезінген.

Сондықтан болар, Зурита бойын тез жиып ап, жадырай күлді де, былайша сөз бастады:

–      Байқаймын, сені алдай алмайды екенмін. Саған шындықты айтуға тура келеді енді. Ал, ендеше, тыңда.

«Мафальдудің» алтынын алғысы келетін Гуттиэре емес, мына мен. Бұған сенетін шығарсың?

Ихтиандр еріксіз жымиды:

–      Әбден!

–      Өте жақсы, ендеше! Міне, сен маған шын сене бастадың, демек, тіл табысады екенбіз. Иә, алтын маған керек. Егер де «Мафальдудегі» алтын сенің інжу қазынаңның құнына жетерліктей болса, онда мен сені алтынды әкелген сәтіңде- ақ мұхитқа, өз еркіңе жіберем. Бірақ қырсыққанда, сен маған, ал мен саған сенбейтін болып тұрмыз емес пе?! Менің күдіктенетінім: егер сені суға шынжырсыз бос жіберсем, сен сүңгисің де сосын..

–      Егер қайтып келем деп уәде берсем, онда сөзімде тұрам.

–      Менің оған көзім жете қоярлықтай оқиға болған жоқ қой әзір. Сен мені жек көресің, сондықтан сөзіңде тұрмас болсаң да таңырқамас едім. Бірақ сен Гуттиэрені сүйесің және ол не өтініш айтса да сенің оны орындарың хақ. Дұрыс па? Әне, сол себепті де мен онымен келісіп келдім. Ол, әрине, менің сені босатып қоя бергенімді қалайды. Сондықтан да ол сенің бостандық алар жолыңды жеңілдету үшін хат жазып, маған беріп жіберіп отыр. Енді бәрі-бәрі түсінікті ғой саған?

Зуританың бұл айтып тұрғандары Ихтиандрға көңілге қонымды, шындыққа жанасымды болып көрінді. Бірақ Ихтиандр Зуританың егер «Мафальдудегі» алтын мұның інжу қазынасынық құнына тұрарлықтай болса ғана босатам деген шартын аңғармай қалды...

«Ал оны салыстырып көру үшін, – деп іштей ойға батып тұр Зурита, – Ихтиандр өзінің інжуін де әкелуі тиіс – мен одан осыны талап етем. Әне, сонда менің қолыма «Мафальдудің» алтыны да, інжу қазынасы мен Ихтиандрдың өзі де түседі емес пе?».

Бірақ Ихтиандр Зуританың не ойлап тұрғанын қайдан білсін. Зуританың ашықтан-ашық саудасы оның растығына мұның көзін жеткізді де, Ихтиандр сәл ойланып барып келісімін берді.

«Бұл алдамайды» деп ойлады ол.

–      Кеттік, тезірек.

Ихтиандр палубаға тез-тез көтерілді де, теңізге бір-ақ секірді.

Матростар Ихтиандрдың теңізге шынжырсыз секіргенін аңдап қалған. Олар Ихтиандрдың суға батқан «Мафальдудің» алтын қорын алғалы аттанғанын да бірден түсінген. Шынымен- ақ бүкіл байлыққа Зуританың бір өзі ие болмақ па? Енді асықпаса болмайтын, сондықтан да олар Зуритаға тарпа бас салған.

Кеме командасы 3уританы қуалап жүрген шақта, Ихтиандр суға батқан кемені зерттеуге кірісіп кеткен-ді.

Үстіңгі палубаның апандай люгі арқылы жігіт үлкен үйдің сатыларын еске салатын баспалдақтарды бойлай төмен қарай жүзіп кеп, бір кең дәлізден бір-ақ шыққан.

Бұл ара қараңғылау екен. Тек ашық калған есіктерден ғана әлсіз сәуле себелеп тұрған.

Ихтиандр ашық тұрған есіктердің бірі арқылы жүзіп өтіп салонға енді. Үп-үлкен дөңгелек иллюминаторлар жүздеген адамдар сыйып кететін керемет кең залға күңгірт жарығын түсіріп тұрды. Ихтиандр әлгі әдемі шамның үстіне мініп алып, жан-жағына қарады. Бұл деген өрескел көрініс еді. Ағаш орындықтар мен шағын үстелдер сумен бірге төбеге шейін көтерілген де, толқынмен теңселіп тұр. Шағын ғана эстрадалық алаңшада қақпағы ашық қалған рояль тұр. Еденге жұмсақ кілемдер төселген. Қызыл ағаштан қаланған, лак жағылған қабырғалардың кей тұстары қобарси бастаған. Қабырғаға таяу пальма ағаштары көрінеді.

Ихтиандр шалқалай қозғалып, шамнан түсіп, әлгі пальмаларға қарай жүзді. Кенет ол таңырқай тоқтады. Әлдекім мұның қимылдарын айнытпай қайталап өзіне қарсы жүзіп келе жатты. «Айна» деп болжады Ихтиандр – әлгі алып айна салонның ішіндегі затты күңгірт те болса түгел көрсете қабырғаны тұтас ала орналасқан.

Бұл маңнан қазына іздеп таппассың. Ихтиандр дәлізге қарай жүзді, тағы бір палуба төменірек түсті, тап жаңағы салон тәрізді керемет кең бөлмеден шыға келді. Сірә, мейманхана болса керек. Буфет сөрелері мен үлдіріктерде және сол маңдағы еденде шарап құйылған шишалар, қалбырлар, түрлі қораптар жатты. Су қысымымен көптеген тығындар шишаның ішіне еніп кеткен де, ал қалайы қораптар жаншылып қалған. Үстелдер үстіндегі ыдыс-аяқтар сол қалпында қалған, тек ыдыстардың кейбірі, күміс шанышқылар мен пышақтар шашылып еденде жатыр.

Ихтиандр каюталарға қарай беттеді.

Ол американ сәнімен жабдықталған, үлде мен бүлдеге бөленген талай каюталарды аралап шықты, бірақ бір де бір өлік мүрдесін кездестіре алмады. Тек үшінші палубадағы бір каютадан ғана күп болып іскен, төбеге тақау қалқып жүрген кісі мүрдесін көрді.

«Сірә, көпшілігі қайықтарға мініп қашып құтылған болды ғой» деп ойлады Ихтиандр.

Бірақ үшінші кластық жолаушылар орналасатын ең төменгі палубаға түскенде барып, жігіт жан түршігер көріністің үстінен шықты: бұл каюталарда қаптаған еркек, әйел, балалар мүрделері қалқып жүр екен. Ақ нәсілдер де, қытайлар да, негрлер мен үндістер де бар арасында.

Кеме командасы ең алдымен бай жолаушыларды құтқаруға күш салған да, басқаларын тағдырдың тәлкегіне қалдырған сияқты. Кейбір каюталарға Ихтиандр кіре алмады: есіктерді өлі денелер бітеп тастаған.

Жанталас кезінде жұрт бірін-бірі басып-жаншып есікке таласқан да, соңғы құтылар жолды өздеріне өздері кесіп тастаған, түге.

Ұзын дәліздерде де баяу қалқыған мүрделер көрінеді.

Су ашық иллюминаторлар арқылы еніп, ісінген мүрделерді толықсыта тербетіп тұр. Ихтиандрдың зәресі ұшты да, ол осынау су асты бейітінен қашып құтылғанша асықты.

«Япырмай, мені қайда жұмсағанын Гуттиэренің шынымен- ақ білмегені ме?» деген ойға қалды Ихтиандр. Шынымен- ақ, ол Ихтиандр өліктердің қалтасын ақтарып, шамадандарын тінтеді деп ойлады ма екен? Жоқ, ол бұлай жасауы мүмкін емес! Сірә, бұл тағы сол Зуританың арамдық қақпанына түскен болды... Мен қазір теңіз бетіне қайыра шығамын да,

–      деп ұйғарды Ихтиандр, – Гуттиэренің өзі палубаға шығып, өз аузынан айтуын талап етем».

Жігіт шытырман есік-тесіктер арқылы бейне балықша сырғи отырып жоғарыға шапшаң көтерілді. Ол екпіндей малтып, ә дегенше «Медузаға» жетті.

–      Зурита! – деп шақырды ол. – Гуттиэре! Бірақ оған ешкім жауап қатпады. Үн-түнсіз «Медуза» ғана теңіз бетінде теңселіп тұрды.

«Қайда кеткен бәрі? – деп ойлады жігіт. – Зурита тағы не пәле ойлап тапты екен?» Ихтиандр сақтықпен жүзіп кемеге жақындады да, палубаға көтерілді.

–      Гуттиэре! – деп қайыра айқайлады ол.

–      Біз мұндамыз! – деген Зуританың жағалаудан талып жеткен даусын естіді жігіт.

Ихтиандр жалт қарап еді – жағадағы бір бұтаның түбінен жасырына қарап тұрған Зуританы көрді.

–      Гуттиэре ауырып қалды! Бері қарай малты, Ихтиандр!

–      деп айқайлады Зурита.

Гуттиэре ауырып қалған! Ол қазір барып көреді оны. Ихтиандр суға секіріп түсті де, жағаға қарай малти жөнелді.

Гуттиэренің:

–      Зурита өтірік айтады! Қаш, Ихтиандр! – деген тұншыға шыққан даусы құлағына келген сәтте жігіт жағаға жақындаған да болатын.

Жігіт жалт бұрылып суға қайта сүңгіп кетті. Жағадан недәуір алысқа кеткен соң барып, ол су бетіне көтеріліп, арт жағына көз тастады. Жағадан ағараңдаған әлденені көзі шалды.

Бәлкім, оның құтылғанын қоштап Гуттиэренің берген белгісі болар бұл. Оны енді қайтып көрер күндері болар ма екен?.. Ихтиандр ашық теңізге қарай шапшаң малтып кете барды.

Алыстан бір кішкене кеме көрінді. Төңірегіне ақ көбік шаша, үшкір тұмсығымен суды тіле кеме оңтүстікке қарай бет алып барады.

«Адамдардан аулақ болайын» деп ойлады да, Ихтиандр тереңге қарай сүңгіп, су астына жоқ болды.

ЖАҢАДАН ТАБЫЛҒАН ӘКЕ

Ү ш і н ш і б ө л і м

Бальтазар сәтсіз аяқталған сүңгуір қайықтағы сапарынан кейін көңілсіз күйде еді. Ихтиандрды таба алмады, Гуттиэремен қоса Зуританың да қайда кеткені неғайбыл.

–      Қарғыс атқыр, ақ нәсілдер! – деп күңкілдеді қария өз лашығында оңаша отырған күйі. – Жерімізден қуып, өзімізді құл еткен солар емес пе? Балаларымызды кәріп етіп, қыздарымызды ұрлайтын да осылар. Олар енді тұқым- тұқиянымызды қалдырмастан құртып тынбақ.

–      Амансың ба, бауырым! – деген Кристоның даусын естіді Бальтазар. – Шүйінші! Жаңалықты естідің бе? Ихтиандр табылды!

–      Не дейсің?! – Бальтазар орнынан атып тұрды, – Тезірек айт!

–      Айтам ғой, тек сөзімді бөлмеші, әйтпесе мен не дегім келгенін әп-сәтте ұмытып қалам. Ихтиандр табылды деймін.

Менің анадағы айтқаным келді: ол суға батқан кемеде жүрген екен. Біз әрі қарай кеткенде, ол су бетіне көтерілген де үйге қарай жүзіп жөнелген.

–      Ол қазір қайда? Сальватордікінде ме?

–      Иә, Сальватордікінде.

–      Мен, ендеше, Сальваторға барам да, баламды қайтып беруін талап етем...

–      Бермейді ол! – деп қарсы дау айтты Кристо. – Сальватор Ихтиандрдың мұхитта жүзуіне тыйым салып қойды. Кей-кейде мен оны жасырын жіберіп қоям...

–      Береді! Егер бермесе, онда мен Сальваторды өлтірем!

Жүр, кеттік.

Кристоның зәресі ұшып, қолдарын ербеңдетті.

–      Таң атқанша шыда, тым болмаса. Мен «немере қызымды» көргім келеді деп, Сальватордан әрең сұранып шықтым. Сальватор қазір тым күдікшіл. Көзіңе тіктеп қарағанда, тура пышақпен тіліп түскендей, түге. Өтінем сенен, тым болмаса таң атқанша шыда.

Түні бойы Бальтазар шығанақтағы бір жартасқа барып, толқындарға қарап отырды да қойды. Теңіз толқын атып жатқан. Оңтүстіктен соққан суық та қатты жел толқын бетіндегі ақ көбікті жағадағы жартастарға атқылай аласұрады. Жағаға да тау-тау толқын шарпып жатты. Ай аспанда жөңкіле көшкен бұлттардың ара-арасымен анда-санда ғана бір көрініп қап, әлгі толқындарды арагідік қана жарық қып тұр. Ақ көбік шашқан мұхит бетінен қалай тесіле қараса да, тірі жанды көре алмай отыр Бальтазар. Таң қылаң берген, ал Бальтазар баяғы сол жағадағы жартас үстінде жәпірейіп отыр. Қара қошқыл мұхит суы сәл сұрлана бастаған, бірақ ол сол баяғысынша елсіз, жұртсыз күйі.

Бальтазар кенет селк ете түсті. Оның жіті жанары қалың толқын арасынан қараң-құраң еткен әлденендей бір бейнені, шалып қалды. Адам! Бәлкім, суға кеткен біреудің мүрдесі болар! Жоға, мынауың екі қолын желкесіне қойып, жай әншейін шалқасынан жатқан біреу. Шынымен-ақ сол болғаны ма?..

Бальтазар қателеспеген. Бұл – Ихтиандр еді... Бальтазар орнынан тұрып, екі қолын кеудесіне баса, бар даусымен бақырды:

–      Ихтиандр! Құлыным-ау! – деді де қария теңізге күмп берді.

Жартастан құлаған ол тым тереңге сүңгіген еді. Ал қайта су бетіне көтерілсе, маңайында жан адам жоқ болып шықты. Толқындармен арпалысып жүріп Бальтазар қайыра сүңгіген, бірақ бір алып толқын мұны аударып-төңкеріп қақпақылдап ала жөнеліп жағаға атып жіберді де, сосын күңкілдей ысылдап, кері қайтып кетті.

Малмаңдай болған байғұс Бальтазар тәлтіректеп орнынан әрең тұрды да, әлгі толқынға бір қарап қойып, терең күрсінді.

«Шынымен-ақ, қорыққанға қос көрінгені ме?»

Жел мен күн үстіндегі Бальтазар киімін кептірген соң, ақырын аяңдап Сальватордың мекен-жайын қоршап тұрған қабырғаның қасына барып, темір қақпаны тоқылдатты.

–      Бұ кім? – деп сұрады негр терезенің тесігінен сығалай қарап.

–      Докторда бір маңызды шаруам бар еді.

–      Доктор ешкімді қабылдамайды, – деп жауап қатты негр, содан соң терезе тесігі жабылды.

Бальтазар қайта-қайта есік қақты, бажылдады да, бірақ оған ешкім қақпаны аша қоймады. Қабырғаның ар жағынан тек айбат шеге ырылдаған иттің үні ғана келіп тұрды.

–      Тоқтай тұр, бәлем, қарғыс атқыр испан! – деп жұдырығын түйіп айқайлады да Бальтазар қалаға қарай тартты.

Сот кеңсесіне таяу жерде «Пальма» атты пулькерия1 –

көненің көзі іспетті қалың тас қабырғалы тапал бір үйсымақ

1 Ішімдік сататын трактир іспетті дүкен.

болатын. Кіре берісте төбесіне ала шатыр жабылған үстелдер мен орындықтар, көкшіл вазаларға қойылған кактустары бар верандасы болатын. Веранда іші тек кешке қарай абыр- дабырға енетін. Күндізгісін жұрт тапал да болса салқын да жайлы үйдің ішінде отырғанды ұнататын. Пулькерияны бейне сот кеңсесінің бір бөлімшесі дерлік. Өйткені сот мәжілісі жүріп жатқан кезде, соған келген жоқшылардың жауапкерлердің, куәлердің, әзір тұтқынға алынбаған айыпкер атаулының бұған соқпай кететіні болмайтын, сірә.

Олар мұнда өздерінің кезегі келгенше, уакыт өткізу үшін шарап пен карта ойынын ермек қып отырар еді. Ал сотта не болып жатқанын сот кеңсесі мен «Пальма» арасында ерсілі- қарсылы шапқылап жүретін пысықай балақайлар әлсін-әлі хабарлап тұрар еді. Мұнысы жұртқа да қолайлы болатын. Неше түрлі шүбәлі істерді қуушылар мен жалған куәлер де осы маңды торитын және ашықтан-ашық ұсыныс жасауға беттері бүлк етпес еді.

Бальтазар өзінің дүкеніне байланысты бұл «Пальмада» талай рет болған. Ол өтініш арыз жазуға көмектесе алатын кісіні осыдан таба аларына сенімді еді. Сол себепті де Бальтазар тура осында беттеген.

Ол тез-тез басып верандадан өтті, салқын вестибюльге енді, рақаттана тұрып салқын ауа жұтты, маңдай терін бір сүртіп тастап, қолына іліге кеткен бір балақайдан жөн сұрады.

–      Ларра келді ме?

–      Дон Флорес де Ларра келген, өз орнында отыр, – деп тақ-тақ сөйлеп жауап қатты балақай.

Атын қобырайтып дон Флорес де Ларра деп жүрген кісісі бір кездегі кішігірім сот қызметкері болатын – пәре алғаны үшін қызметтен қуылған. Енді оның клиенттері көбейген: кім де кімнің шүбәлі ісі болса, сол осынау ұсақ- түйек қулық-сұмдықтың жөн-жосығын білгіш бәлекетке өтінішпен келгіштейтінді шығарған. Бальтазар да онымен талай істес болған.

Ларра готика үлгісінде жасалған, табанша тақтайы шығыңқы терезенің түбіндегі үстел қасында отырған. Оның алдындағы үстел үстінде ішіне шарап құйылған саптыаяқ пен бүйірі шығыңқы күрең портфель жатыр. Әр кез іске әзір сиялы қаламы сарғыш түсті көнетоз шапанының төс қалтасына қыстырылған.

Ларра – жұп-жуан, қасқа бас, екі беті мен мұрны қып- қызыл, тақыр бас, әрі тәкаппар кісі. Терезеден соққан самал жел оның селдіреген ақ шашын желпіп-желпіп қояды. Тіпті сот председателінің өзі де клиенттерін мұншалықты салтанатпен қарсы алмайтын шығар, түге.

Бальтазарды көрген бетте ол немқұрайды бас изеп, қарсы алдында тұрған тоқыма орындықты нұсқай белгі берді де, сөз бастады:

–      Өтінем, отырыңыз. Не шаруамен келдіңіз? Шарап ішкіңіз келе ме? Әлде карта ойнайсыз ба?

Әдетте тапсырысты ол беретін де, ал ақысын клиент төлейтін.

Бальтазар естімеген сыңай танытты.

–      Үлкен шаруа бар. Маңызды шаруа, Ларра.

–      Дон Флорес де Ларра деңіз, – деп түзетті делдал саптыаяқтағы шараптан бір жұтып қойып.

Ал Бальтазар оның мұнысына назар аудармады.

–      Ісіңіздің мәнісі неде?

–      Сен білемісің, Ларра...

–      Дон Флорес де...

–      Тәйт әрі, мұндайыңды танымайтын біреуге айт! – деп Бальтазар ашуланып жекіп тастады. – Мәселе қиын болып тұр.

–      Әу, ендеше, айтсаңшы тезірек, тәйірі, – деп енді басқаша сарында бастады әңгімесін Ларра да.

–      Сен су перісін білесің ғой?

–      Тікелей таныс болған кісі емен, бірақ елден естігем, – деп үйреншікті әуеніне басты Ларра.

–      Ендеше, былай! Жұрттың «су перісі» деп жүргендері – менің ұлым Ихтиандр.

–      Олай болуы мүмкін емес! – деп баж етті Ларра, – сен араққа тойып алған шығарсың, Бальтазар.

Үндіс шал үстелді сарт еткізіп қойып қалды.

–      Кеше кештен бері дым сызғам жоқ, түге, тек бірер жұтым теңіз суын айтпасаң.

–      Демек, жағдайың одан да нашар болғаны...

–      Есіңнен ауысқансың демекпісің? Жоқ, менің есім дұрыс.

Ләм деме және сөз тыңда.

Сөйтті де Бальтазар Ларраға бүкіл тарихты айтып берді. Ларра үндісті тіс жармастан тыңдады. Оның ақ шалған қастары барған сайын керіле түсті. Ақыры ол шыдай алмады білем, өзінің байсалды ірілігін де ұмытып, быртиған семіз алақандарымен үстелді салып қап, саңқ етті:

–      Сайтан атсын!

Алдына ақ алжапқыш таққан, қолына кір-кір орамал ұстаған бір жасөспірім жүгіріп келді.

–      Не бұйырасыз?

–      Мұзымен қоса екі шиша сотерн!– Сосын Бальтазарға қарап Ларра тағы саңқылдай сөйледі:

–      Тамаша! Ғажап іс! Шынымен-ақ, осының бәрін өзің ойлап шығардың ба? Ал шынымды айтсам, мұндағы ең бір әлсіз жер – сенің әкелігің.

–      Сен сенбей отырмысың?– Бальтазар ызадан булығып қызарып кетті.

–      Жә, жә, ренжіме, шалым. Мен саған заң қызметкері ретінде айтып отырмын: сотқа салмақты дәлел бола алмайды мұның: тым әлсіз сылтау. Бірақ оны да түзеуге болады. Иә, сөйтіп, көп ақша табуға болады.

–      Маған ақша емес, ұлым керек, – деп қарсы дау айтты Бальтазар.

–      Жұрттың бәріне ақша керек, өте-мөте сен секілді семьясына жаңадан кісі қосылып жатқандарға керек, – деп ғибратты сарында сөз бастады да Ларра көздерін қулана сығырайтып, тағы былай деді:– Сальватордың ісіне байланысты біздің ең бағалы және ең сенімді дәлеліміз оның қандай тәжірибелер және операциялар жасайтындығын білгеніміз болып отыр. Осы төңіректе біз оған қастық жасай білсек, осынау алтын қапшықтан – Сальватордан пезеттер дауылды күнгі піскен апельсиндерше төгілетін болады, білдің бе?

Бальтазар Ларра құйған стакандағы шарапқа ернін тигізді де қойды және былай деді:

–      Менің ұлымды қайтарып алғым келеді. Сен осы жөнінде сотқа арыз жазып беруге тиіссің.

–      Жо-жоқ! Өйтуге әсте болмайды! – деп зәресі ұшқан кісідей без-без етеді Ларра, – бұдан бастау – бүлдіру деген сөз. О жағын кейінге қалдырайық.

–      Сонда сен қандай ақыл айтпақсың? – деп сұрады Бальтазар.

–      Біріншіден, – Ларра быртиған семіз саусақтарының бірін бүгіп қойды, – біз аса бір әдептілік сақтай Сальваторға хат жазатын боламыз. Біз оған оның заңсыз тәжірибелері мен операциялары өзімізге белгілі екенін хабарлаймыз. Егер ол біз соны жұртқа жария етпесін десе, мол ақша төлесін. Жүз мың. Иә, жүз мың – бұл ең аз дегенде... – Ларра сұраулы пішінде Бальтазарға қарады.

Анау қабағын түйген күйі үнсіз отыр.

–      Екіншіден, – деп сөзін жалғастырды Ларра, – біз әлгі айтылған соманы алған соң – ал оны аларымыз шүбәсіз, біз Сальваторға бұрынғыда да бетер сыпайыгершілік таныта тағы бір хат жолдаймыз. Біз оған Ихтиандрдың шын әкесі табылғанын және біздің қолымызда бұл жөнінде бұлтартпайтын дәлелдер барын хабарлаймыз. Біз оған әкесінің баласын қайтарып алғысы келетінін және бұл үшін соттасуға да әзір екенін, ал олай бола қалса Сальватордың Ихтиандрды қалайша сорлатқаны әшкереленуі мүмкіндігін жазамыз. Егер де Сальватор соттаспай әрі баланы өзіңе қалдырғысы келсе, ол онда біз көрсететін бір кісілерге белгілі бір жерде және белгілі бір уақытта бір миллион доллар төлейтін болсын дейміз.

Бірақ Бальтазардың оны тыңдағысы келмеді. Ол шишаны қолына ап, ананы шекесінен қонжитқысы келіп оңтайланды. Ларра бұрын-соңды Бальтазардың мұншама ашуланғанын көрмеген.

–      Ашуланба. Қой енді, менікі қалжың ғой. Тасташы ана шишаңды! – деп баж ете қалды Ларра, қолдарымен қасқа басын көлегейлеп.

–      Сен!.. Сен!.. – деп бақырып қоя берді ызалы Бальтазар.

–      Сен маған туған баламды сат деп, Ихтиандрдан бас тарт деп ақыл бермекпісің. Әлде сенің жүрегің жоқ па? Әлде сен адам емес шаянбысың, бүйімісің, әлде саған әкелік сезім атаулы жат па!

–      Бес! Бес! – деп енді өз кезегінде Ларра бажылдады ашуланып, – бір емес бес әкелік сезім бар менде! Бес ұлым бар менің! Бірінен бірі өткен бес албастым бар! Аузын арандай ашқан бесеу! Білем, түсінем, сезінем! Сенің ұлың да ешқайда қашпас! Сәл сабыр сақта да сөз тыңдасаңшы.

Бальтазардың ашуы басылды. Ол шишаны үстел үстіне қойды, басын төмен салбыратып көзінің астымен Ларраға қарады.

–      Ал, сөйле!

–      Бәсе! Сальватор бізге миллион төлейді. Бұл сенің Ихтиандрға беретін еншің болмақ. Ал, әрине, маған да бірдеңе жырымдайсың. Машақаттанғаным үшін және осыны ойлап тапқан авторлығым үшін – жүз мың сомдай бірдеңе берсең нең кетеді, тәйірі. Екеуміз тіл табысармыз ғой. Сальватор миллионды төлейді. Басымды кесіп берейін! Ал төлегеннен кейін...

–      Біз оны сотқа береміз.

–      Сәл сабыр етші енді. Біз баспагерлер мен ең ірі газет концерндерінің редакторларына осынау таңғажайып қылмысты хабарлағанымыз үшін, айталық жиырма-отыз мың сом төлеңдер деп ұсыныс жасаймыз, ұсақ-түйек шығынға ол да керек болады. Бәлкім, біздің қолымызға астыртын полицияның құпия қаржысынан да нәпақа түсіп қалуы. Өйткені мұндай істе полиция тыңшылары да мәнсапқа ие болуы бар емес пе? Қысқасы, біз Сальватордың ісіне орай келер ақшаны түгел қолға түсіріп аламыз, әне, сонан соң, мейлің сотқа бере бер, онда әкелік сезіміңді айтып жалбарын, Фемида1 қолдап, сүйікті ұлыңды құшағыңа қысып, мауқыңды басар күн тусын дейміз де. – Ларра стакандағы шарапты түбіне шейін бір-ақ сімірді, саптыаяқпен үстелді сарт еткізді де, Бальтазарға масайрай көз тастады.

–      Ал енді не айтар екенсің?

–      Мен онсыз да дәм сызбай, күндіз күлкі, түнде ұйқыдан айырылған жанмын. Ал сенің істі сағызша соза бергің келеді, түге, – деп бастады сөзін Бальтазар.

–      Әу, мұның бәрін не үшін айтып отырмын? – деп қызбалана сөзін бөлді Ларра. – Не үшін? Миллиондар үшін! Миллиондар! Немене, сен мұны түсінуден қалғанбысың? Сен жиырма жыл бойы Ихтиандрсыз да өмір сүрдің емес пе?

–      Сүрдім. Ал енді... Қысқасы, сотқа арыз жазып бер.

–      Әй, мынауың, шынында да, ақыл түсінуден қалған ғой!

–      деп баж етті Ларра. – Есіңді жи, оян, ақылыңа кел, Бальтазар! Түсін! Миллиондар! Ақша! Алтын! Дүниедегінің бәрін сатып алуға болады. Ең тәуір темекі, автомобиль, жиырма кеме, мына пулькерия, бәрі-бәрі сенікі...

–      Сотқа арыз жаз, әйтпесе мен басқа делдал табам, – деп үзілді-кесілді айтты Бальтазар.

Ларра да ендігі үгітінен түк шықпасын түсінді. Ол басын шайқады, күрсінді, түсі оңып кеткен күрең портфелінен қағаз, төс қалтасынан қаламұшын суырып алды.

Бірер минутта-ақ сотқа Сальватордың үстінен Бальтазардың баласын заңсыз алып, сорлатқаны туралы арыз жазылып, әзір болды.

–      Соңғы рет айтам: ақылға тоқта! – деді Ларра.

1 Фемида – грек мифологиясындағы әділдік құдайы.

–      Әкел бері, – деді арызға қолын созып үндіс қария.

–      Бас прокурорға бер. Білемісің? – деп ақыл үйретіп жатты Ларра клиентіне, өзі мұрнының астынан мыңқылдап:– Баспалдақта сүрінгір, аяғың сыңғыр! –деп қарғап тұрды.

Прокурордан шығып келе жатып, Бальтазар үлкен ақ баспалдақтың үстінде Зуритамен жолығысып қалды.

–      Сен мұнда неғып жүрсің? – деп сұрады Зурита, үндіс шалға сезіктене қарап. – Менің үстімнен арыз айтып жүргеннен саумысың?

–      Бәріңнің де үстіңнен арыз айтса болар еді, – деп жауап қатты Бальтазар, бүкіл испанды мезгеп, – бірақ өйте алатын кім бар? Менің қызымды қайда зытырдың?

–      Маған «сен» деп сөйлейтін күш қайдан бітті саған? – деп морт сынды Зурита, – егер әйелімнің әкесі болмасаң, таяқтың астына алар ем өзіңді.

Зурита дөрекілікпен Бальтазардың қолын итеріп тастады да, баспалдақпен жоғары көтеріліп, үлкен емен есіктің біріне еніп кетті.

ЗАҢ ШЫТЫРМАНЫ

Буэнос-Айрестің прокурорына сирек жолығысатын бір мейман – жергілікті кафедральдық шіркеудің епископы Хуан де Гарсилассо келген-ді.

Прокурор – жуантық, тәпелтек, көздерін май басқан, шашын келте ғып қырықтырған және мұртын боятқан қатыгез кісі – епископқа сәлем бермекке креслосынан атып тұрды.

Үй иесі қадірлі мейманды өзінің үстелінің қасындағы ауыр былғары креслоға ізетпен отырғызды.

Епископ пен прокурор бір-біріне кереғар кісілер еді. Прокурордың өңі быттиған, семіз, әрі қып-қызыл, ерні дүрдиген және танауы алмұрт тәрізді жалпақ кісі. Қолдарының саусақтары шолтитып кескен кеспектей быртиған бірдеңелер, ал шарадай төңкерілген жуан қарнының үстіндегі түймелер ауық-ауық теңселген майлы денеге төзе алмай енді- енді үзіліп түскелі тұрғандай.

Епископтың өңі мейлінше жүдеулігімен әрі қуқылдығымен қайран қалдыратын. Сәл дөңестеу келген қусырылған танауы, істік иегі мен көкпеңбек дерлік жұқа еріндері оның иезуиттік бейнесін әдейі айқындай түскендей.

Епископ еш уақытта кісі бетіне тура қарамайтын, бірақ сөйте тұра ол әңгімелесіп отырған кісісінің қимылын қалт жібермейтін. Епископтың ықпалы орасан еді және ол қиын да қалтарысы мол саяси ойынды басқарып, бағыттау үшін діни қызметін қиналмастан-ақ тастай тұратын-ды.

Үй иесімен сәлемдескен соң епископ келген шаруасына бірден кірісті.

–      Менің мына бір жайды білгім келеді, – деп ақырын ғана сауал тастады епископ. – Профессор Сальватордың ісі қазір нендей күйде?

–      Ә, құзіретіңізге құлдық мәртебелім, сіз де бұл іске ынталы ма едіңіз! – деп сыпайылықпен даусын көтере сөйледі прокурор. – Иә, бұл деген ерекше іс!– Үстел үстінде жатқан бір жуан папкіні алып кеп, парақтарын аударыстырып отырып сөзін жалғады прокурор:– Педро Зуританың хабарлауы бойынша, біз профессор Сальватордың үйіне тінту жүргіздік. Зуританың: Сальватор мақұлықтарға неше түрлі сұмдық операциялар жасайды деген мәлімдемесі толық расталды. Сальватордың бақшасынан нағыз кемтар мақұлықтар фабрикасын таптық. Бұл дегенің енді бір ғажап! Сальватор, мәселен...

–      Тінтудің нәтижесі туралы газеттен оқығам, – деп жұмсақ үнмен сөзін бөлді епископ. – Сіздер Сальватордың өз басына қандай шара қолдандыңыздар? Ол тұтқындалды ма?

–      Иә, ол тұтқындалды. Оның үстіне, біз қалаға заттай дәлел ретінде айыптаушының куәсін, Ихтиандр есімді жас жігітті алдырдық, су перісі деп жүргеніміз де сол. Жұрттың көпке шейін аузынан түспеген атақты су перісі Сальватордың айуанханасындағы құбыжықтардың бірі деп кім ойлаған! Қазір

сарапшылар, университет профессорлары сол құбыжықтарды зерттеумен шұғылдануда. Біз бүкіл айуанхананы, сонау бүкіл заттай дәлелдерді қалаға түгел әкеле алмадық, әрине. Бірақ Ихтиандрды әкелдірдік және сот кеңсесінің төменгі жертөлесіне қаматып қойдық. Біз үшін оның азабы да аз болып тұрған жоқ. Мына қызықты қараңыз: ол сусыз өмір сүре алмайтын болғандықтан, оған арнап су құятын үлкен ыдыс жасатуға тура келді. Ол, шынында да, сусыз өліп қала жаздады. Сірә, Сальватор ол жігітті адам-балыққа айналдыру үшін сәбидің ағзасына шектен тыс бір өзгерістер жасаған болса керек. Біздің ғалымдар қазір соны зерттеу үстінде.

–      Маған көбіне-көп керегі Сальватордың тағдыры, – деді епископ баяғы сол баяу үнмен. – Ол қай статья бойынша жауапқа тартылмақ? Сосын сіздің пікіріңіз қалай: ол сотталуға тиіс пе?

–      Сальватордың ісі – сирек кездесетін заң шытырманы,

–      деп жауап қатты прокурор, – шынымды айтсам, бұл қылмысты қай статьяға жатқызуды әлі шешкенім жоқ. Ең оңайы, әрине, Сальваторды заңсыз вивисекцияға1 барғандығы және анау жігітке зақымды залал келтіргендігі, кемтар еткендігі үшін айыптауға болар еді...

Епископ қабақ шыта бастады.

–      Сіз сонда не, Сальватордың осынау қимыл- әрекеттерінде қылмыс құрамы жоқ деп ойлаймысыз?

–      Егер бола қалды дегенде қайсысы? – деп ойын жалғады прокурор. – Маған әлденендей бір үнділік Бальтазар дегеннен тағы бір арыз келіп түсті. Ол Ихтиандрды менің балам еді деп сендіргісі келеді. Дәлелдері әлсіздеу, бірақ біз, егер де сарапшылар Ихтиандрды, шынында да, соның баласы деп анықтап берсе, онда сол үндісті айыптаушының куәгері ретінде пайдалана аламыз деп ойлаймын.

1 Вивисекция – ғылыми зерттеу мақсатында тірі жәндікті сою.

–      Демек, әрі кеткенде Сальваторды дәрігерлік жарғыны бұрмалаушы ретінде ғана танып, оны әке-шешесінің рұқсатынсыз, сәбиіне операция жасағаны үшін ғана соттауы мүмкін десеңізші?

–      Сосын, бәлкім, мүгедек еткені үшін қосымша айыптауы. Бұл деген ауырлау қылмыс. Бірақ бұл істі қиындатып тұрған тағы бір жағдай бар. Сарапшылар, рас, бұл олардың ақырғы пікірлері емес, жан-жануарды мұндай кіріптарлыққа ұшырату, жан түршігерлік операция жасау сау адамның ойына кіріп те шықпас еді деген тұжырымға ойысатын секілді.

Сарапшылар, бәлкім, Сальваторды ес-түсін білмейтін, жынданған кісі деп те тануы.

Епископ жұқа еріндерін жымқырған күйі үстелдің бір шетіне қадала қарап үнсіз отыр. Сосын ол сыбырлап дерлік тағы да үн қатты:

–      Мен сізден мұны күткен жоқ ем.

–      Нені дейсіз, мәртебелім? – деп сұрады прокурор абыржып.

–      Әділ соттың қорғаушысы сіздің өзіңіз Сальватордың әрекеттерін ақтайтын сияқтысыз, оның операцияларының пайдалы дүние екендігін дәлелдегіңіз келетін секілді.

–      Әу, онда тұрған қандай сөкеттік бар?

–      Сосын қылмыстың құрамын анықтауға да қиналатын сияқтысыз. Шіркеу соты – көк тәңірісінің соты – Сальватордың әрекеттеріне басқаша қарайды. Сізге көмектесуіме және аздап кеңестер беруіме рұқсат етіңіз.

–      Өтінем сізден, – деді прокурор қысылып қап. Епископ жай бастап бейне уағызшыдай, әшкерелеушідей даусын бірте- бірте көтере сөйледі:

–      Сіз Сальватордың әрекетін пайдалы дүние дейсіз, ә? Сіз ол кемтарлыққа ұшыратқан жануарлар мен адамдарды өздері бұрын ие болмаған бір артықшылықтарға жетті деп санайсыз ғой, сірә? Бұл не дегеніңіз? Шынымен-ақ, тәңірімнің адам баласын кемеліне жеткізбей жасағаны ма? Шынымен-ақ, адам денесін кемеліне келтіру үшін профессор Сальватордың араласуы қажет болғаны ма?

Прокурор тырп ете алмай, төмен қарай тұнжырап отыр.

Ойда жоқта оның өзі шіркеу алдында күнәһар болып шыға келді емес пе? Ол тап мұны күтпеген еді.

–      Сіз, немене, қасиетті жазуды, Болмыс кітабының бірінші тарауындағы, жиырма алтыншы сүредегі: «Содан кейін тәңірім: өзімізге ұқсаған, өзімізден аумайтын адам жараталық» дегенін немесе одан әрі жиырма жетінші сүресіндегі: «Сөйтіп, тәңірім өз кескініне ұқсас адамды жаратты» деген сөздерді ұмытып қалғанбысыз? Ал Сальватор болса сол бейнені бүтіндей өзгерткісі, кескінін бұрмалағысы келеді екен, ал сіз – нақ сіз мұны пайдалы дүние деп таниды екенсіз!

–      Кешіріңіз, әулие әкей... – деуге ғана шамасы келді прокурордың.

–      Жасаған ием өзі жаратқан пендесін тамаша, тұтас бейне деп таппап па еді? – деді епископ рухтанып. – Сіз адамдар заңының тармақтарын тәуір білесіз, ал тәңірі заңының тармақтарын ұмытады екенсіз. Сол Болмыс кітабының әлгі бірінші тарауының отыз бірінші сүресін еске алыңызшы: «Сол- ақ екен, тәңірім өзі жаратқандарының бәрін көрді және мұндай жақсы болар ма» делінген ғой. Ал сіздің Сальваторыңыз оның бір жерлерін жөндеу, түзету, кәріп қылу қажет деп шамалайды, адамдар да қос мекенді жәндік болсын деп санайды, ал сіз де осының бәрін тапқырлық және пайдалы іс деп есептейсіз. Бұл тәңіріні жамандау емес пе екен? Ең қасиеттімізді қорлау емес пе екен? Дінді қадірлемеушілік емес пе екен? Әлде бізде азаматтық заңдар діни қылмыскерлерді жазаламайтын болып па еді? Егер жұрттың бәрі сізге қосылып: «Иә, құдай тағала адамды нашар жаратқан. Адамды қайта жарату үшін доктор Сальватордың қолына беру керек» деп жамырай қайталаса не болар еді? Бұл деген дінді сұмдық масқаралау емес пе?.. Тәңірім өзі жаратқандарының бәрін жақсы деп тапқан, жан-жануардың бәрі-бәрін. Ал Сальватор хайуандардың бастарын ауыстырады, терілерін өзгертеді, жаратқан иемді масқаралау үшін шын мәнінде тәңірім шошырлық құбыжықтар жасайды екен. Ал сіз болсаңыз, Сальватордың қимыл-әрекеттерінен қылмыс құрамын таба алмайды екенсіз!

Епископ сәл аялдады. Ол өз сөзінің прокурорға қалайша әсер еткенін сезіп бір масайрап қалды, сәл үнсіз отырды да, даусын бірте-бірте көтере, жай сөйлеп кетті:

–      Мен жаңа Сальватордың тағдырын білгім келерін айттым. Ал мен сонда Ихтиандрдың тағдырына немқұрайды қарай алам ба екен? Бұл пақырың тіпті христанша аты жоқ сорлы болып отырған жоқ па? Өйткені, «Ихтиандр» гректерше тұп-тура: адам-балық деген сөз. Мейлі, тіпті бұған Ихтиандр кінәлі болмай-ақ қойсын, мейлі, ол тек құрбандық болып-ақ қойсын, бірақ ол бәрібір құдай қарғаған, дінді қорлаған жан. Оның тірі жүргенінің өзі жұрттың ойын сан- саққа жүгіртіп, неше түрлі күнәһарлық пікірлерді оятуы, адал жанды арбауы, әлсіздерді қобалжытуы бар. Ихтиандр тірі жүрмеуі тиіс! Ең тәуірі: оны тәңірімнің өзі алғаны, яки болмаса осынау бақытсыз жанның басына тағдыр жазған кінәраттарының кесірінен о дүниеге аттанып кеткені құп болар еді, – епископ көп мәнділік аңғарта прокурорға бір қарап қойды. – Қалай болғанда да оның айыпталуы, жұрт көзінен таса, бостандықтан ада болуы тиіс. Сосын оның да азды- көпті қылмысы бар емес пе: ол балықшылардың балығын ұрлаған, ауларын тілгілеп кеткен және ақыр соңында олардың зәрелерін ұшырғаны сонша, қала балықсыз қалды емес пе?! Қысқасы, құдайсыз Сальватор мен оның қолдан жасаған жексұрын баласы Ихтиандр – шіркеуге, тәңірге, көк аспанға жат адамдар! Демек, олардың көзін жоймайынша шіркеу қаруын қолдан тастамақ емес.

Епископ өзінің әшкерелеуші сөзін одан әрі жалғастыра берді. Прокурор болса осынау сөз тасқынына тосқауыл қоя алмай, басы салбырап, мүсәпір күйінде үнсіз тыңдап отырды.

Ақыры епископ сөзін аяқтаған соң барып, прокурор орнынан тұрып, епископтың қасына барды да, қатаң үнмен сөйлеп кетті:

–      Христиан ретінде, өз күнәмді жуу үшін сізге барып тәубаға келем. Ал ресми қызметкер ретінде маған көрсеткен көмегіңіз үшін шын жүректен алғыс айтам. Енді Сальватордың қылмысы маған айқын болды. Ол айыпталады және тиісті сазайын тартады. Әділ сот семсері Ихтиандрды да сырт қалдырмайтын болады.

ДЕЛҚҰЛЫ ДАНЫШПАН

Доктор Сальваторды сот процесі мұқата алмады. Түрмеде ол өзін өте сабырлы, өз күшіне өзі сенген кісі ретінде ұстай білді, тергеуші және сарапшылармен жолығысқанда, оларға бейне үлкен кісінің сәбиге көрсететін камқорсуы тәрізді сыңай танытатын.

Оның табиғатына енжарлық деген жат еді. Ол көп дүниелер жазды, түрме ауруханасында бірнеше рет ғажайып операциялар жасап үлгерді. Оның түрмедегі пациенттерінің арасында түрме бекетшісінің де әйелі бар еді. Қатерлі ісік өміріне қауіп төндірген. Кеңес беруге шақырылған дәрігерлер: бұл жағдайда медицина әлсіз дегенді айтып, әйелге көмектесуден бас тартқан шақта, Сальватор оның өмірін сақтап қалды.

Сот болар күн туды. Соттың ат шаптырымдай кең залы кірем деушілердің бәрін бірдей сыйғыза алмады.

Жұрт деген дәлізде топырласып, үй алдындағы алаңға шейін қаптап кетті, ашық тұрған терезеден сығаласып, өліп барады, түге. Көптеген әуесқойлар сот үйінің қасында өсіп тұрған ағаштардың бұтақтарына жайғасып отыр.

Сальватор сабырлы күйі айыпкерлер отыратын орындыққа келіп жайғасты. Оның өзін-өзі тәкаппар ұстайтыны соншалық, сырт кісіге ол айыпкер емес, қайта соттың өзі боп көрінетін секілді. Сальватор қорғаушыдан бас тартты.

Нешеме жүздеген жанарлар қадала қалған. Бірақ Сальватор тіктеп қарай қалса, оған төтеп берер жан жоқ.

Ихтиандрды көргісі келгендер бұдан аз емес, бірақ ол залда жоқ еді. Соңғы күндері Ихтиандрдың денсаулығы нашарлап кеткен де, ол ұдайы дерлік күбідегі су ішінен шықпайтын, бір жағынан мазасын кетірген қызыққұмарлардан қашқандағысы бұл. Сальватордың сотына Ихтиандр тек айыптаушының куәсі ретінде ғана – дәлірек айтқанда, прокурордың тілімен сөйлер болсақ: заттай дәлелдің бірі ретінде қатысуы тиіс.

Ихтиандрдың өз басының қылмысты істері кейін, Сальватордың сотынан соң жеке қаралуы керек болатын.

Прокурордың бұлай етуге мәжбүр болған себебі – епископ Сальватордың ісін тездет деп асықтырумен болды да, ал Ихтиандрға қарсы айыптар жинау үшін көп уақыт қажет еді. Прокурордың тыңшылары «Пальма» пулькериясында Ихтиандр айыпкер ретінде қатысуы тиісті болашақ процеске қажетті куәлерді аса сақтықпен, сөйте тұра мейлінше жігерлілікпен жинастыра берді. Әйтсе де епископ: егер құдай тағала Ихтиандр пақырды о дүниеге алып кете қойса, ең дұрысы сол болар еді дегенді прокурорға әлсін-әлі ескертумен болды. Мұндай өлім – жасаған иемнің дүниеге әкелген пендесін өзгертуге адам қолы араласқанда не боларының ең ұтымды дәлелі болып шығар еді.

Ғылыми сарапшылыққа шақырылған университеттің профессоры өз тұжырымдарын оқып берді.

Сот аудиториясы ғалымдардың пікірін бір де бір сөзін қалт жібермей, өте ұйып тыңдады:

–      Соттың талап етуі бойынша, – деп бастады сөзін соттың бас сарапшысы, жасамыс профессор Шейн, – біздер профессор Сальватор зертханасында операция жасаған хайуандар мен Ихтиандр дейтін жас жігітті тексеріп қарап шықтық. Біз оның шағын ғана, бірақ білімпаздықпен

жабдықталған зертханасы мен операция бөлмесін де қарап көрдік. Профессор Сальватор өз операцияларында электр қайшыларды, ауру жұқтырмас ультра күлгін сәулені және сол сияқты жетілдірілген ең жаңа хирургиялық техникаларды қолданып қана қоймай, өзге хирургтерге әзірше белгісіз бір керемет аспаптарды қолданады екен. Сірә, олар осы кісінің тікелей тапсырмасы бойынша жасалса керек. Мен профессор Сальватордың хайуандарға жасаған тәжірибелеріне көп тоқталып жатпаймын. Бұл тәжірибелер түпкі ойы аса батыл және жүзеге асырылуы одан да керемет операцияларға айналған: бұлшықет тарамдары мен тұтас мүшелерді ауыстырып жамау, екі хайуанды бір-біріне тұтастырып тігу, қос тыныстыны бір тыныстыға айналдыру немесе керісінше жасау, еркек малды ұрғашы ету, жасартудың жаңа тәсілдерін қолдану т.т. Сальватордың бағынан біз 14 жасқа дейінгі неше түрлі үндіс тайпаларының балаларын жолықтырдық.

–      Балаларды қандай күйде көрдіңіздер? – деп сұрады прокурор.

–      Барлық баланың да дендері сау, әрі шат. Олар бақ ішінде асыр салып, неше түрлі ойындар ойнап жүрді. Олардың көпшілігін Сальватор өлімнен арашалап қалған. Үндістер оған қалтқысыз сенген де сонау алыс түкпірлерден, Аляскадан бастап Отты жерге шекті қиырлардан іздеп келген, араларында эскимостар, ягандар, апачилер, таулапангилер, санапандар, ботокудтер, панолар, араукандар бар.

Залдан әлдекімнің күрсінгені естілді.

–      Барлық тайпалар балаларын қаратуға осы Сальваторға әкелген.

Прокурор тыпырши бастады. Епископпен арада болған әңгімеден кейін бүкіл ойы басқадай бағыт алғаннан кейін ол Сальватордың атына айтылып жатқан мынадай мақтау сөздерді тыныш отырып тыңдай алмайтын, сол себепті де сарапшыға сауал тастады:

–      Сіз Сальватордың операцияларын пайдалы және мақсатты деп айтудан саумысыз, сірә?

Бірақ сот төрағасы жүзі суық, ақ шашты шал, сарапшы әлгі сауалға қоштап жауап қата ма деп қауіптенді білем, тезірек сөздерін бөлді:

–      Сотқа сарапшының ғылыми мәселелерге деген көзқарасының қажеті жоқ. Сөзіңізді жалғай беріңіз. Араукана тайпасының түлегі Ихтиандрды тексергендеріңізден не шықты?

–      Оның денесі жасанды қабыршақпен қапталған, – деп сөзін жалғады сарапшы. – Ол әлденендей бір беймәлім, икемді де созылмалы, бірақ мейлінше берік заттан жасалған. Бұл заттың тұжырымы әлі жасалып біткен жоқ. Суда жүргенде Ихтиандр кейде бүктетілуі екіге теңдей келетін ауыр флинтгластан жасалған, шынысы да айырықша көзілдірік киеді екен.Оның су астындағы дүниені анық көруіне мұның көп пайдасы тиген. Ихтиандрдың денесінен қабыршақты шешіп алған кезімізде, біз оның қос жауырынының астынан диаметрі он сантиметрлік дөп-дөңгелек тесікті таптық, оларды акуланың желбезегіне ұқсас бес бірдей жіңішке тілкемдер жауып тұрады екен.

Зал ішінен таңырқап, таңдай қаққан дыбыстар естілді:

–      Иә, – деп сөзін жалғады сарапшы, – бұл бір қарағанда ақылға сыймайтындай, бірақ Ихтиандрда адамның өкпесі де бар, сөйте тұра акуланың желбезегі де бар. Сондықтан да ол жер бетінде де, су ішінде де өмір сүре алады.

–      Адам-амфибия ма? – деп кекете сұрады прокурор.

–      Иә, бір себептен солай, қос тынысты, қос мекенді адам.

–      Иә, Ихтиандрда қалайша акуланың желбезегі болуы мүмкін, – деп сұрады төраға. Сарапшы қолдарын кең жайып ишарат білдірді де, қайыра тіл қатты:

–      Бұл жұмбақ, оның сырын, бәлкім, профессор Сальватордың өзі айтқысы келер. Біздің пікіріміз мынаған сайды: Геккельдің биологиялық заны бойынша, әрбір тірі жәндіктің өзінің өсу барысында жер бетіндегі осынау тірі жан-жануардың ғасырлар бойғы өткен жолын қайталары хақ.

Мәселен, адам баласын бір кездерде желбезегі арқылы тыныс алған ата-бабаларынан тараған деп толық сеніммен айтуымызға болады.

Прокурор орындығынан көтеріле беріп еді, төраға белгі беріп тоқтатып қойды.

–      Өсуінің жиырмасыншы күнінде адам ұрығында бірінің артына бірі тіркескен төрт желбезек бүктесіндері пайда болады. Бірақ кейінірек адам ұрығында желбезек аппараты қайта өзгереді: алғашқы желбезек доға – есту сүйектері бар құлақ тесігіне және евстахий түтігіне айналады; желбезек доғаның астынғы бөлігі иекке айналып өсіп шығады, екінші доға қосалқы бөлшекке және тіл асты сүйегіне, үшінші доға көмейдегі домалақ шеміршекке айналады. Біз профессор Сальваторға Ихтиандрды жатырда жатқан ұрық кезінде оның өсуін тоқтатудың сәті түсті дей алмаймыз. Рас, ғылымда нағыз ересек адамның мойнында, иегінің астында өспей қалған желбезек тесігі кездесетіні белгілі жайт. Бұларды былайша айтқанда мойын ісігі (фистула) деп атайды. Бірақ шеміршектің мұндай қалдығымен, әрине, су астында өмір сүре алмайсың. Ұрық дұрыс өспеген жағдайда екінің бірі болуы тиіс: иә, шеміршек өсіп-дамиды, бірақ ол есту органдарының есебінен немесе басқадай анотомиялық өзгерістер туғызу жолымен дамиды. Ал онда Ихтиандр не балық, не адам емес, басы жетілмеген құбыжық болып шығар еді немесе адамның табиғи өсу жолы жеңуі тиіс, ал ол шеміршектерді жою есебінен ғана өріс алады. Әйтсе де Ихтиандр әдеттегідей дені сап-сау жас жігіт, оның есту қабілеті, иегі де көп-көрім, өкпесі де жұрттікіндей, тек осылардың сыртында онда табиғи қалыптасқан шеміршек те бар. Шеміршек пен өкпе қайтіп жұмыс істейді, олардың бір- бірімен байланысы қандай, су шеміршекке ауыз бен өкпе арқылы бара ма, әлде су шеміршекке біз Ихтиандрдың жауырынының астынан тапқан дөңгелек тесік арқылы өте ме, бұл арасын біз білмейміз. Егер біз анатомиялық сою жүргізгенде, бәлкім, бұған жауап берер де едік. Қайталап айтайын, бұл жұмбақ, оның шешімін тек профессор Сальватордың өзі ғана айта алады. Профессор Сальватор бізге Ихтиандрдың егіз бауырлары іспетті – ягуарға ұқсас иттер, адам білмейтін таңғажайып мақұлықтар мен қос мекенді маймылдар қайдан шыққанын түсіндіріп беруі тиіс.

–      Сіздің жалпы тұжырымыңыз не сонда? – деп сұрады төраға сарапшыдан.

Ғалым және хирург ретінде өзінің де аты әйгілі профессор Шейн ашықтан-ашық былай деді:

–      Шынымды айтсам, бұл мәселеде мен түк түсінбеймін. Тек мынаны ғана айта алам: профессор Сальватор жасаған істер тек кемеңгердің ғана қолынан келеді. Сальватордың хирургтік шеберліктің шыңына шыққаны сонша, сірә, оған адам мен хайуанның денесін өзінің қалауымен қалай еткісі келсе, солай бөлшектеп отыруға, қайтып жинауға немесе қажетінше өзгертуге шамасы жететін болған. Ол мұны шын мәнісінде тамаша жүзеге асырғанына қарамастан, оның батылдығы мен ойының ұшқырлығы... делқұлылықпен шектесіп жатқандай.

Сальватор кекесінмен мырс етті.

Әлбетте, сарапшылардың мұның халін жеңілдету үшін түрмеге емес, ауруханаға орналастырулары үшін, оны есінен ауысқан делқұлы деп жариялауды ұйғарғанынан бұл бейхабар еді.

–      Менің оны делқұлы деп жариялауға да негізім жоқ, – деді сөзін жалғап сарапшы Сальватордың кекесінін байқап қап, – бірақ қалай дегенде де, біздің ойымызша, айыпкерді жынданып ауырғандарды жатқызатын санаторийге жіберіп, ұзақ мерзімдер бойы психиатр дәрігерлердің бақылауына алу қажет.

–      Айыпкердің жынданғаны жайлы сотта бұрын мәселе көтерілген жоқ. Сот бұл жаңа жағдайды талқылайтын болады,

–      деді төраға – Профессор Сальватор, сарапшылар мен прокурордың кейбір сауалдарына жауап беруге құлқыңыз соқпас па екен?

–      Иә, – деп жауап қатты Сальватор, – мен түсінік берем. Бірақ ол сонымен бірге менің соңғы сөзім болып та есептелсін...

АЙЫПКЕРДІҢ СӨЗІ

Сальватор сабырлы күйі орнынан тұрды да, әлдекімді іздегендей зал ішін бір шолып шықты. Келгендердің арасынан Сальватордың көзі Бальтазарды, Кристо мен Зуританы шалды. Бірінші қатарда епископ отырған. Сальватор соған тесіле қарап қойды. Сальватордың жүзінде сәл жымысқы күлкі білінді. Содан соң ол жанарымен әлдекімді іздеп, бүкіл зал ішін тінте қарап шықты.

–      Мен бұл залдан жәбірленген жанды көре алмай тұрмын,

–      деді ақыры Сальватор.

–      Жәбір көрген кісі мен! – деп кенет орнынан оқыс атып тұрып, айқай салды Бальтазар.

Кристо бауырын жеңінен тартып қап орнына отырғызды.

–      Қайдағы жәбірленушіні айтып тұрсыз сіз? – деп сұрады төраға. – Егер сіздің айтпағыңыз хайуандар туралы болса, онда сот оларды бұл араға әкеп қажеті жоқ деп тапты. Ал Ихтиандр, адам-балық, осы сот үйінің ішінде.

–      Мен құдай тағаланы айтып тұрмын, – деп жауап қатты сабырлы да салмақты күйі Сальватор.

Мына жауапты естігенде төраға қатты таңырқап, креслоға шалқалай отырып ойға қалды: «Шынымен-ақ, Сальватордың жынданғаны ма? Әлде ол түрмеге түспеу үшін әдейі есалаңданып тұр ма?»

–      Сіздің мұнымен не айтқыңыз келеді? – деп сұрады төраға.

–      Мен сотқа бәрі түсінікті болуы тиіс деп ойлаймын, – деп жауап қатты Сальватор, – бұл істе ең басты және бірден бір жәбірленуші кім? Сірә, тек құдай тағала ғана болса керек. Соттың пікірі бойынша, мен соның ісіне қол сұғып: соның беделін түсіргім келетін секілді. Ол өзі жаратқан жан баласына риза күйде еді, енді кенет әлденендей бір доктор шыға келеді де: «Мынауыңыз нашар істелген. Мұныңыз қайта өзгертуді қажет етеді» дейді екен. Сосын тіпті тәңірінің жаратқандарын өзінше кесіп-піше бастайды екен...

–      Бұл құдайға тіл тигізу! Мен айыпкердің әлгі сөздерін хаттамаға түсіруді талап етем, – деді прокурор, өзінің ең бір қасиетті сезімдеріне тіл тигізгені үшін қорланған кісідей кейіп танытып.

Сальватор иығын қиқаң еткізді:

–      Мен тек айыптау актісінің мазмұнын жеткізіп тұрмын. Бүкіл айыптау осыған сайып тұрған жоқ па? Мен іспен таныстым. Бастапқыда мені тек вивисекция жасағаным және біреуге зақым келтіргенім үшін айыптаған. Енді маған тағы бір айып тағылып отыр, ол дінді қорлаушылық. Бұл жел қай жақтан соғып тұр? Кафедральды шіркеу жақтан емес пе екен? – солай деп Сальватор епископ жаққа көз тастады.

–      Бұл процесті жасаған өздеріңіз, мұнда өзі көзге көрінбегенімен, айыптаушылар жағында, жәбірленуші ретінде құдай тағала тұр да, ал айыпкердің орындығында менімен бірге айыпкер ретінде Чарльз Дарвин отыр. Бәлкім, мен осында отырған кейбіреулерді өз сөзіммен тағы да ренжітіп алуым мүмкін, дегенмен, хайуандардың және тіпті адамдардың ағзасы әлі де жетілмеген әрі жетілдіруді қажет етеді деген пікірімді тағы қайталап айтқым келеді. Бұл ойымды осында отырған кафедральды шіркеудің бастығы епископ Хуан де Гарсилассо растайды деп үміттенем.

Мына сөз бүкіл залдағыларды қайран қалдырды.

–      Он бесінші жылы, менің майданға аттануымның аз-ақ алдында, – деп жалғады сөзін Сальватор, – маған қадірменді епископтың ағзасына кішігірім өзгеріс енгізуге, оның соқырішегін, яғни басы артық, әрі зиянды қосымша затты кесіп тастауға тура келді. Осылай болмап па еді? – деп сұрады Сальватор епископқа тесіле қарап түрып.

Хуан де Гарсилассо тырп етпестен отыр. Тек оның сұп- сұр беті сәл қызарғандай болды және жіп-жіңішке саусақтары азырақ қалтырағандай.

–      Сосын менің ертеректе жеке тәжірибе ретінде кісіні жасартуға байланысты операциялар жасап жүрген кезімде, тағы бір оқиға болған жоқ па еді? Өзін жасартуды өтінген кісінің бірі – құрметті прокурор сеньор Аугусто денің өзі емес пе еді? – Бұл сөздерге прокурор қарсы дау айтқысы келіп оқталып еді, бірақ оның сөздері жұрттың күлкісіне көміліп естілмей қалды.

–      Мен сіздің басқа нәрсеге алаңдамауыңызды өтінем, – деді төраға сұсты кейіпте.

–      Бұл өтініштің соттың өзіне бағышталғаны анағұрлым орынды болар еді, – деп жауап қатты Сальватор, – бұл сұрақты қойған мен емес, соттың өзі ғой. Осында отырғандардың бәрі – күні кешегі маймылдар, яки тіпті балықтар, тек сөйлеуге және тыңдауға мүмкіндік алғандар, өйткені олардың шеміршек доғалары сөйлеу мен есту органдарына айналғандар деген ой кейбіреулердің зәрелерін ұшырғаны өтірік пе? Жә, тіпті маймыл немесе балық болмаған күннің өзінде солардың ұрпақтары, – сосын тыпырши бастаған прокурорға қарап Сальватор тағы былай деді:– Саспаңыз! Мен бұл арада даму теориясы жайында ешкіммен айтысқалы немесе лекция оқығалы тұрғаным жоқ. – Сосын сәл тоқтап барып, Сальватор қайыра сөйлеп кетті. – Бар бәле адамның хайуаннан өрбігенінде емес, оның сол хайуандықтан құтыла алмағандығында... Дөрекі, жауыз, жөнсіз. Менің ғылыми әріптесім сіздерді бекер қорқытты. Ол ұрықтың жетіліп өсуі туралы айтпай-ақ қойса да болатын еді. Мен ұрыққа ықпал жасап немесе хайуандарды будандастырып көрген емен. Мен хирургпін. Менің жалғыз қаруым пышақ қана. Хирург болғандықтан менің адамдарға жәрдемдесуіме, емдеуіме тура келгені рас. Науқастарға операция жасаған кезде жиі- жиі бұлшықет тарамдарын, түрлі-түрлі органдарды, бездерді ауыстырып, қайта жамауға тура келеді. Осы тәсілдерді жетілдіре түсу үшін мен алдымен хайуандарға тәжірибе жасап көрдім. Өз зертханамда операциядан шыққан хайуандарды ұзақ бақылаумен болдым, ондағы ойым – басқа, кейде тіпті әдеттен тыс жерге ауыстырылып, кіріктірілген органдардың бұдан арғы жай-күйін анықтау, зерттеп білу еді. Бақылау мерзімі біткен соң, хайуандар баққа көшірілетін. Менің үйімдегі бақ-музей осылай пайда болған. Мені өте-мөте бір- бірінен табиғаты алшақ жатқан мақұлықтарға: мәселен, балықтар мен сүтқоректілерге, яки керісінше тәжірибе жасап көру қызықтырды. Бұл салада ғалымдар мүмкін емес деп есептейтін нәтижелерге қолым жетті. Мұнда әдеттен тыс не ғажайып бар? Бүгін мен жасағанды күні ертең кез келген қатардағы хирург жасайтын болады. Профессор Шейнге неміс хирургі Зауербрухтың соңғы жасаған операциясы белгілі болар деп ойлаймын. Ал оған адамның дертке ұшыраған сан етін сирақ етімен ауыстырудың сәті түскен.

–      Ал Ихтиандр ше? – деп сұрады сарапшы.

–      Иә, Ихтиаңдр – менің мақтанышым. Ихтиандрға операция жасау кезінде қиындық тек техникалық жағынан ғана болған жоқ. Мен адам ағзасының бүкіл әрекетін өзгертуге мәжбүр болдым. Көздеген мақсатыма – өміріне қауіп төнбесіне көзім жетіп балаға тікелей операция жасалғанға шейін алдын-ала жасалған тәжірибелерде алты бірдей маймылды өлтіріп алдым.

–      Бұл операцияның мәнісі неде еді? – деп сұрады сот төрағасы.

–      Мен балаға жас акуланың шеміршегін ауыстырып орнаттым да, ол жер үстінде де және су астында да өмір сүруге мүмкіндік алды.

Жұрт арасынан таңырқаған дауыстар естіліп қалып жатты. Залда отырған кейбір газет тілшілері өз редакцияларына мына жаңалықты жеткізу үшін телефонға тұра жүгірісті.

–      Кейінірек бұдан да зор табысқа қолым жетті. Менің ең соңғы жұмысым өздеріңіз көрген қос мекенді маймыл жер үстінде де, су астында да қанша жүргісі келсе, сонша жүре алады, ал денсаулығына ешқандай зақым келмейді. Ал Ихтиандр сусыз әрі кетсе үш-төрт тәулік қана өмір сүре алады. Сусыз жерде ұзақ күндер өмір сүру ол үшін зиян: өкпесі шаршайды, ал шеміршектері кебеді де, Ихтиандрдың бүйірінде шаншу пайда бола бастайды. Өкінішті жай сол, мен жол жүріп кеткен кезде, Ихтиандр мен белгілеген тәртіпті бұзды. Ол ауада тым көп жүріп қалды, өкпесін әлсіретіп алды, ауыр дімкәсқа ұшырады. Оның ағзасындағы тепе- теңдік бұзылды, ол енді өмірінің көп уақытын су астында өткізуге мәжбүр болмақ. Адам-амфибиядан ол адам-балыққа айналды...

–      Айыпкерге сұрақ қоюға рұқсат етсеңіз, – деді прокурор сот төрағасына қарап, – Сальваторға адам-амфибия жасау ойы неден туған және оның көздеген мақсаты не?

–      Ой жаңағы айтқанымдай, адамның жетілмегендігі. Бірте-бірте даму процесінде өзінің ата-бабаларымен салыстырғанда көп артықшылықтарға қолы жеткенімен, адам сонымен бірге хайуандық өсіп-өрбу кезеңінің ең төменгі сатысында бойында бар көп қасиеттерден айырылып қалған. Мәселен, су астында өмір сүру адамға аса көп артықшылықтар берген болар еді. Ендеше, адам баласына осы мүмкіндікті неге қайтарып бермеске? Хайуандардың даму тарихынан біз жер бетіндегі жан-жануарлардың және құстардың бастапқыда судан – мұхиттан өсіп шыққанын білеміз. Біз кейбір жер үстілік мақұлықтардың суға қайтып оралғанын да білеміз. Дельфин басында балық еді, құрғаққа шықты, сүтқоректі жануарға айналды, бірақ кейін кит тәрізді сүтқоректі күйінде қалғанымен, суға қайтып оралды. Кит те, дельфин де өкпесімен дем алады, Дельфинге қос тынысты амфибияға айналуына жәрдемдесуге болар еді. Ихтиандр менен мұны өтінген де, олай етсек оның дельфин досы Лидинг мұнымен бірге ұзақ уақыттар бойы су астында сайрандаған болар еді. Мен дельфинге осындай операция жасап көрейін деген ойда жүр едім. Адамдар арасындағы тұңғыш балық және балықтар арасындағы тұңғыш адам – Ихтиандр жалғызсырамас еді бұлай етсек. Ал егер бұған еріп мұхитқа басқа адамдар да кіріге аларлықтай болса, өмір мүлде өзгеше болар еді. Онда жұрт аса қуатты қатерді

–      суды жеңген болар еді. Сіздер оның қуаты, соның дүлей күші қаншалықты екенін білесіздер ме? Сіздер мұхит- теңіздердің алып жатқан көлемі үш жүз алпыс бір миллион елу мың шаршы километр екенін білесіздер ме? Жер бетінің жетпіс пайыздан астамын елсіз су кеңістігі алып жатыр деген сөз бұл. Ал осынау азық-түлік қоры мен өндірістік шикізаты сарқылуды білмейтін алып кеңістік дұрыс пайдалана білсек, милллондаған, миллиардтаған адамдарды асыраған болар еді. Үш жүз алпыс бір миллион шаршы километрден астам бұл кеңістік – тек су бетінің өлшемі ғана ғой. Ал адамдар су астының бірнеше қабаттарына орналасқан болар еді. Иә, миллиардтаған адамдар қысылып-қымтырылмай-ақ мұхитта еркін өмір сүрген болар еді.

Ал оның қуаты ше! Сіздер мұхит суының күннің жылу знергиясының жетпіс тоғыз миллиард ат күшіндей қуатқа теңін жұтып жатқанын білемісіздер? Егер мұхит жылуын ауаға беріп жатпаса және басқа да босқа жоғалтулары болмаса, мұхит әлдеқашан қайнап кеткен болар еді. Былайша айтқанда, оның бойында шетсіз-шексіз қуат қоры жатыр. Жер бетіндегі адам баласы оны қалай пайдаланып отыр? Ешқандай да десек керек.

Ал теңіз ағысының қуаты ше! Бір ғана гольфстрим Флорида ағысымен қосып есептегенде, сағатына тоқсан бір миллиард тонна суды жылжытады. Бұл үлкен өзенмен салыстырғанда мыңдаған есе көп. Және бұл теңіз ағыстарының біреуінің ғана қуаты ғой. Ал жер үстіндегі адам баласы оны қалай пайдаланып отыр? Ешқандай да десек керек.

Жер үстіндегі тірі жан-жануар өздігінен аспанға ұша алмайды және жер астын үңгіп аса тереңге кіре алмайды. Мұхитта болса, өмір барлық жерде – экватордан полюске шейін, судың бетінен еніп тұңғиық тереңіне шейін ондаған шақырымдай бойлай тіршілік бар.

Мұхиттардың ұлан-ғайыр байлығын біз қайтіп пайдаланып отырмыз? Балық аулаймыз, басқаша айтқанда, біз мұхиттың бетіндегі байлығын ғана қалқып аламыз да, ал тереңіндегісіне таза тимейміз. Губкаларды, маржандарды, інжуін, балдырын ғана аламыз – не бары осы ғана.

Рас, біз су астында кейбір жұмыстар жүргіземіз. Көпір тіреулері мен плотиналар орнатамыз, батып кеткен кемелерді көтереміз – не бары осы ғана. Бірақ соның өзін көп қиындықпен, көп қауіп-қатерлерге бас тігіп, тәуекелмен жасаймыз, кейде кісілерді құрбан етуге шейін барамыз. Жер үсті адамының сорлылығы соншалық, ол су астында екі минут те өмір сүре алмай өліп кетеді. Қайдағы жұмыс сонан соң?

Егер адам су астында скафандрсыз, оттегі аспаптарынсыз өмір сүріп, еңбек ете алса, мәселе мүлде басқаша болар еді. Небір ғажап қазыналар көзін ашқан болар едік! Мына Ихтиандрды алыңыз. Ол маған бірде...

Жә, мұны айтсам, мен адамдардың дүниеқор, ашкөздігін оятып алам ба деп қорқам. Басқасын айтайын. Ихтиандр бірде маған теңіз түбінен сирек кездесетін металдар мен кен жыныстарының кейбір үлгілерін әкеп көрсетті. Жә, сабыр етіңіздер, ол маған мүлде кішігірім үлгілерін ғана әкелген, ал олардың су түбіндегі қоры орасан көп болуы әбден ықтимал.

Ал суға батқан қазыналар ше?

«Лузитания» атты мұхит кемесін ғана еске алыңыздар. Бір мың тоғыз жүз он алтыншы жылдың көктемінде немістер оны Ирландия жағалауында суға батырды. Қаза тапқан бір жарым мың жолаушылардың бойындағы асыл заттарын есептемегенде, «Лузитанияда» жүз елу миллион доллар алтын ақша мен елу миллион сомдық алтын болған. (Залдан таңырқап таңдай қағушылар дабыры естілді). Оның сыртында

«Лузитанияда» Амстердамға апара жатқан гауһар тас толтырылған екі қобдиша бар еді. Сол гауһар тастардың арасында бір өзінің құны сан миллион сом тұратын, дүние жүзіндегі ең керемет асыл тас – «Калиф» те болатын. Әрине, Ихтиандрға ұқсас адам да ондай тереңдікке түсе алмас еді, ол үшін тұңғиық тереңдегі балықтар тәрізді судың ауырлығын көтере алатын арнайы адам жасап шығаруға тура келер еді. (Прокурордың ызалы айқайы естілді). Айтпақшы, бұл тұрғыда да мен қолға алса, іс тындыруға болар еді деген ойдамын. Жә, бәрін бірдей айта беруге болмас.

–      Сіз, тегі, өзіңізді бәрі-бәрі қолынан келетін тәңіріге теңегіңіз келеді, білем?

Сальватор бұл қағытпа сөзге назар аудармады да сөзін жалғай берді.

–      Егер адам баласы су ішінде өмір сүруге қалыптасардай болса, онда мұхитты, оның түпсіз терең тұстарын игеру ісі де алып адыммен алға басқан болар еді. Теңіз атаулы біздер үшін ұдайы құрбандық тілейтін табиғаттың дүлей күші болып қала алмас еді. Біз суға кеткен бауырларымызды жоқтап, зарлап жыламас едік.

Осы сәт залдағы бүкіл жұрт адамзат су асты тіршілігін жаулап алған заманда өмір сүріп отырғандай сезінсе керек өздерін. Мұхитты бағындыру небір ғажап игіліктер әкеледі екен-ау! Тіпті төраға екеш төраға да шыдай алмай былайша сауал қойды:

–      Әу, олай болса сіз неге өз тәжірибеңізді баспасөз арқылы жария етпедіңіз?

–      Мен айыпкерлер орындығына отыруға асыға қоймадым,

–      деп күлімсірей жауап қатты Сальватор, – сосын мен өзім ашқан жаңалығым біздер өмір сүріп отырған коғамдық құрылыс жағдайында пайдасынан гөрі зияны басым дүние бола ма деп қауіптендім. Ихтиандрдың төңірегіндегі шайқасты естіп отырсыздар. Менен өш алу үшін сотқа хабар жеткізген кім? Ол – мынау, менің Ихтиандрымды ұрлап әкеткен Зурита дейтін біреу. Кім біледі, ал Зуритадан Ихтиандрды соғыс кемелерін суға батыруға пайдалану үшін генералдар мен адмиралдардың тартып алуы мүмкін еді. Жоқ, мен Ихтиандрды және Ихтиандр тәрізді жандарды күрес пен ашкөздік етек жайған елде, ғажайып жаңалығымды адам баласының қайғы-қасіретін одан әрі өршіте түсуге пайдалануы мүмкін елде көпшілік игілігіне айналдыра алмас едім. Мен мына жайтты ойладым...

Сальватор сәл ойланып қалды да, сөз сарынын күрт

өзгертіп, былай деді:

–      Айтпақшы, мен мұны ашық айта алмаймын. Әйтпесе мені есуас, делқұлы санап жүрулері, – деп Сальватор күлімсіреген күйі сарапшыға қарап қойды. – Жоқ, менің есуас, тіпті делқұлы данышпан да атанғым келмейді. Мен есуас та, делқұлы да емен. Айтыңыздаршы, мен ойлағанымды жүзеге асырдым емес пе? Еңбегімнің нәтижесін өз көздеріңізбен көрдіңіздер ғой. Егер менің бұл әрекеттерімді қылмыс деп санасаңыздар, онда мені аямай соттаңыздар. Мен сіздерге кешірім ете көріңіздер деп жалынбаймын.

ТҮРМЕДЕ

Ихтиандрды куәландырған сарапшылар жас жігіттің дене құрылысындағы қасиеттерін ғана емес, сонымен бірге оның ақыл қабілетіне де назар аударуға тиіс еді.

–      Қазір бізде қай жыл? Қай ай? Қай күн? Қай апта? – деп сұрайды сарапшылар.

Ал Ихтиандрдың жауабы біреу-ақ:

–      Білмеймін.

Ол ең бір қарапайым сұрақтарға жауап беруге қиналатын. Әйтсе де оны жынды деп те атауға болмайтын. Өзінің өмір сүруі мен тәжірибесінің ерекшеліктеріне орай ол көп жайттерді біле бермейтін-ді. Ол былайша айтқанда үлкен сәби күйінде қалған. Сондықтан сарапшылар мынадай тұжырымға келген:

«Ихтиандр – қабілетсіз жан». Бұл оны сот жауапкершілігінен құтқаратын еді. Сот Ихтиандрды жауапқа тарту жөніндегі істі доғарған және оған қамқоршы тағайындаған. Оған қамқорлық жасауға екі кісі таласты, олар Зурита мен Бальтазар еді.

Зурита кек алу үшін сотқа хабарлады деген Сальватордың пікірі рас еді. Ал Зуританың Сальватордан тек Ихтиандрдан айырылғаны үшін кек алып қана койғысы келмеген. Зуританың басқа да бір көздеген мақсаты бар еді. Оның есіл-дерті Ихтиандрды қайыра қолға түсіру еді де, сол үшін өкіл әке болуға тырысқан. Зурита ондаған інжу моншақтарын тыққыштап сот мүшелері мен қамқоршылар кеңесінің басшыларын сатып алған. Енді Зурита көздеген мақсатына жетуге таяп қалған-ды.

Өзінің әке екенін дәлел етіп Бальтазар да қамқоршы құқығының берілуін талап етті. Әйтсе де оның жолы болмады. Ларраның жан салып кіріскеніне қарамастан, сарапшылар Ихтиандрдың осыдан жиырма жыл бұрынғы Бальтазардың баласы екендігіне сене қоймады. Өйткені оны растайтын кісі жалғыз Кристо еді, оның үстіне ол Бальтазардың бауыры, сондықтан сарапшылар тарапынан толық сенімге ие бола алмады.

Ларра бұл іске прокурор мен епископтың араласқанын білмейтін. Бальтазар сотқа жәбір көруші, яғни баласын біреу ұрлап алып, мүсәпір еткен әке ретінде тек процесс кезінде ғана қажет еді. Ал Бальтазарды шынымен әке ретінде тану, оған Ихтиандрды қайтарып беру – сот пен шіркеудің есебіне енбеген, олардың ойы Ихтиандрдың көзін мүлде құрту болатын.

Бауырының үйіне көшіп келген Кристо енді соның тағдыры үшін мазасызданатын болған-ды. Бальтазар біресе сағаттар бойы ұйқы мен тамақты да ұмытып, ойға шомып отырып қалады, біресе кенет тынышсызданып, дүкен ішінде ерсілі-қарсылы теңселіп жүріп: «Ұлым-ау, ұлым-ау!» деп айқайлайтынды шығарды. Мұндай минуттарда ол испандарды өзі білетін тілдердің бәрінде боқтап-балағаттап шығады.

Бірде осындай ашулы айқайынан кейін күтпеген жерден Кристоға былай деді:

–      Былай енді, бауырым, мен түрмеге кеттім. Ихтиандрды бір көру үшін бүкіл інжуімнің ең таңдаулысын күзетшілерге берем. Мен онымен сөйлесем. Оның өзі мені әке деп танитын болады. Туған ұлыңның өз әкесін танымауы мүмкін емес. Оның бойындағы менің қаным өзіне тартпай қоймас.

Кристо ағасын әрі-бері үгіттеп көріп еді, еш көмегі болмады. Бальтазар қасарысып отырып алды.

Бальтазар ақыры түрмеге аттанды.

Күзетшілерге өтініш айтып аяқтарына жығылды, жылап- сықтады, жалынып-жалбарынды, қақпа мен түрменің ішкі есігі арасына інжу моншақтарын шашып тастады, ақыры Ихтиандрдың камерасына шейін жетті-ау.

Темір тор тұтылған шағын терезесымақтан жарық өлімсіреп түсіп тұрған осынау кішкене бөлменің іші қапырық ыссы, әрі мүңкіген сасық екен, түрме күзетшілері бактағы суды сирек алмастырады, өзгеше тұтқынды асырайтын тамағы – балықтың қалдықтары еденде шашылып, сасып бықсып жатыр, оны да жинай қоятын кісі жоқ.

Терезеге қарсы қабырғаға темір бак қойған.

Бальтазар ішінде Ихтиандр тығылып отырған сол бактың қасына келіп, күңгірт су бетіне қарап сәл тұрды.

–      Ихтиандр! – деді Бальтазар жай ғана. – Ихтиандр...

–      деп қайталап шақырды.

Судың беті толқығандай болды, бірақ жігіт судан шыға қоймады.

Тағы сәл күтіп тұрды да Бальтазар қалтыраған қолдарын жылы суға батырды. Қолы жігіттің иығына тиді.

Бактан кенет Ихтиандрдың су-су басы көрінді. Ол иығына дейін судан көтеріліп, сауал тастады:

–      Кім бұл? Сізге не керек?

Бальтазар түрегеп отыра қалып, алақандарын алға соза сөйлеп кетті:

–      Ихтиандр! Саған әкең сорлы келіп тұр. Сенің шын әкең мен ғой. Сальватор сенің әкең емес. Сальватор залым кісі. Ол сені азапқа салды... Ихтиандр! Ихтиандр! Әу, маған туралап қарасаңшы! Шынымен-ақ, туған әкеңді танымай тұрмысың?

Су жігіттің қалың шашынан боп-боз өңіне сорғалап, иегінен тамшылап тұрды. Қапалана, сәл таңырқай қарт үндіске қарап қалған ол:

–      Мен сізді білмеймін, – деп жауап қатты жігіт.

–      Ихтиандр, – деп баж етті Бальтазар, – маған жақсылап қарап алшы өзің! – деді үндіс қарт кенет жігіттің басынан шап беріп ұстай алып, өзіне қарай тартты да, көзінен ып- ыстық жас ағыза баланы шөпілдетіп сүйе бастады.

Күтпеген мейірімнен басын алып қашамын дегенде, Ихтиандр бактағы суды шайқап қап, тас еденге лақ еткізді. Әлдекімнің қарулы қолдары Бальтазарды желкесінен бүріп, ауаға көтерді де, бұрышқа қарай лақтырды. Бальтазар еденге дүрс етіп құлады, тас қабырғаға басын соғып алды. Көзін ашып алғанда Бальтазар өзіне төніп тұрған Зуританы көрді. Оң қолының жұдырығын түйіп алған Зурита сол қолына әлденендей бір қағаз ұстаған да, соны масайрай бұлғалақтатып тұр.

–      Көремісің? Бұл мені Ихтиандрдың қамқоршысы етіп тағайындаған бұйрық. Саған бай баланы басқа жерден іздеуге тура келеді енді. Ал мына жігітті мен ертең ертемен үйге алып кетем. Түсіндің бе?

Бальтазар әлі жерде жатқан, оған ызалана, айбат шеге кіжінді.

Ал келесі сәтте Бальтазар аяғынан тік тұрды және бажылдай бақырып жауына тап берді де, оны алып соқты. Үндіс шал Зуританың қолынан қағазды жұлып алып, аузына салып жіберді де, өзі испанды түйгіштей берді. Қиян-кескі

шайқас басталды да кетті.

Қолына кілттерін ұстап, есік алдында тұрған түрме күзетшісі қатаң бейтараптық сақтауын жөн деп шешсе керек, тырп етпеді. Ол шайқасқан екеуінен де параны мықтап алған, төбелестеріне кедергі келтірмеуді ұйғарған. Тек Зурита шалды қылғындырып, тұншықтыруға айналған кезде ғана, абыржып, тіл қатты:

–      Қылғындырып өлтіре көрмеңіз!

Алайда долданып алған Зурита күзетшінің сақтандырғанын құлағына да қыстырған жоқ, егер камераға тағы бір бөтен кісі енбегенде, Бальтазардың халі мүшкіл болатын еді.

–      Тамаша! Қамқоршы мырза өзінің қамқоршылық құқығын қалайша қорғау қажеттігін дәлелдемекші болып жатыр екен ғой! – деген даусы шықты Сальватордың. – Сіз не қарап тұрсыз? Әлде сіз өз міндетіңізді білмеймісіз?

–      деп зекіді Сальватор күзетшіге, бейне өзі түрме бастығындай.

Сальватордың зекуі, шынында да, әсер етті. Күзетші төбелескендерді ажыратуға кірісті.

У-шуды естіп басқа күзетшілер де жетті жүгіріп, ақыры көп ұзамай Зурита мен Бальтазарды екі жаққа ажыратып әкетісті.

Зуритаға бұл шайқаста өзін жеңімпазбын деп санауына болатын. Бірақ жеңілді деген Сальватор әлі де болса бақталастарынан күштірек еді. Тіпті осында, мына камерада, тұтқындағы жағдайында Сальватор оқиғалар мен адамдарға басшылық етуін тоқтатпаған.

–      Мына сотқарларды камерадан әкетіңіздер, – деп бұйырды Сальватор, күзетшілерге қарап. – Менің Ихтиандрмен оңаша қалуым керек.

Күзетшілер бағынды. Қарсылық білдіріп, балағатта- ғандарына қарамастан, Зурита мен Бальтазарды алып кетті. Камераның есігі жабылды.

Дәліздегі дауыс бірте-бірте алыстап бәсеңсіген кезде, Сальватор бактың қасына келді де, судан басын қылтитып тұрған Ихтиандрға былай деді:

–      Тұр, Ихтиандр. Камераның ортасына шық, менің сені қарауым керек.

Жігіт бағынды.

–      Міне, былай, – деп сөзін жалғады Сальватор. – Жарыққа жақында. Тыныс ал! Тереңірек. Тағы да. Тынысыңды алма. Солай...

Сальватор саусақтарымен Ихтиандрдың төс сүйегін тықылдатып көрді де, ауық-ауық алқынып тұрған жігіттің дем алысын тыңдап көрді.

–      Алқынамысың?

–      Иә, әке, – деп жауап қатты Ихтиандр.

–      Өзің кінәлісің, – деп жауап қайырды Сальватор. – Саған ауада мұншама ұзақ қалуға болмайтын еді.

Ихтиандр басын салбыратып ойға шомды. Сосын кенет басын көтеріп алды да, Сальватордың көзіне тіктеп қарап тұрып былай деп сұрады:

–      Неге болмайды, әке? Неге жұрттың бәріне болады, маған болмайды?

Сальваторға сотта жауап бергеннен гөрі, мына астарында кінәлауы бар жас жанарға төтеп беру анағұрлым қиынға түскен. Бірақ Сальватор соған да шыдады.

–      Өйткені сен жер бетіндегі адам баласының бір де біреуінде жоқ қасиетке иесің: су астында өмір сүре алатын жансың... Егер де, Ихтиандр, саған жұртқа ұқсап бірыңғай жер бетінде ғана өмір сүресің бе, әлде тек су астында ғана тұрмыс кешесің бе, қалауыңды ал десе, сен қайсысын қалар едің?

–      Білмеймін, – деді жігіт біраз ойланып барып. Оған су астындағы өмірі де, жер бетіндегі тіршілігі де, Гуттиэресі де бірдей қымбат еді. Бірақ Гуттиэре енді бұған жоқ қой.

–      Енді мен мұхитты артығырақ көрер ем, – деді жігіт.

–      Өз ағзаңдағы тепе-теңдік заңын бұзып, сен болашақ тағдырыңды бұрынырақ таңдап алған болатынсың, Ихтиандр. Енді сен тек су астында ғана өмір сүре алатын жансың.

–      Тек мынадай сұмдық лас суда емес, әке. Мен мұнда өлетін түрім бар. Менің мұхит төріне кеткім келеді!

Сальватор іштей күрсінді.

–      Сені бұл түрмеден тезірек құтқару үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймын, Ихтиандр. Шыда! – деді де жігітті иығынан бір қағып қойып, Сальватор Ихтиандрды тастап, өз камерасына кетті.

Ені жіңішке үстел қасындағы орындыққа отырып ап, Сальватор ұзақ ойға шомды.

Кез келген хирург секілді бұл да талай сәтсіздіктерге ұшыраған. Ол шеберлік шыңына жеткенге шейін мұның пышағы астында да талай адам өмірі қиылған-ды. Әйтсе де ол сол құрбандары жайлы ойланып та көрмеген. Ондаған адам қаза тапса, мыңдаған кісіні өлімнен құтқарған. Бұл арифметикаға ол іштей толық қанағаттанулы еді.

Ал Ихтиандрдың тағдыры үшін ол өзін жауапты санайтын. Ихтиандр оның мақтанышы еді. Ол бұл жігітті өз еңбегінің ең бір сәттісі санайтын. Ал оның үстіне бұл Ихтиандрға бауыр басып қалған, оны туған баласындай көретін. Тап қазір де Ихтиандрдың денсаулығы мен оның болашақ тағдыры Сальваторды қатты ойландыратын.

Камераның есігі қағылды.

–      Кіріңіз! – деді Сальватор.

–      Мен сіздің мазаңызды алмас па екем, профессор мырза?

–      деп сұрады ақырын ғана түрме күзетшісі.

–      Түк етпейді, – деп жауап қатты Сальватор, орнынан көтеріле бере, – әйелің мен балаңның денсаулығы қалай?

–      Рақмет сізге, тамаша. Мен оларды енеме, бұдан алыстау жерге, Андыға... жібердім...

–      Иә, оларға таулы жердің ауасы шипалы болар, – деп жауап қатты Сальватор.

Күзетші кете қоймады. Есік жаққа бір қарап қойып, ол Сальватордың қасына тақап келді де сыбырлай сөйледі:

–      Профессор! Әйелімнің жанын алып қалғаныңыз үшін мен өмір бақи қарыздармын, сізге. Өйткені мен оны шексіз сүйетінмін.

–      Алғыс айтып қайтесіз, бұл менің парызым ғой.

–      Мен сізге қарыздар болып қала алман, – деп жауап қатты бекетші. – Сосын жалғыз бұл ғана емес. Мен шала сауатты кісімін. Бірақ мен газет оқимын, демек, профессор Сальватордың кім екенін түсінем. Мұндай кісіні кім көрінгендермен, қайыршылармен және қарақшылармен түрмеде ұстауға жол беруге болмайды.

–      Менің ғалым достарым, – деді Сальватор күлімсіреп,

–      мені қояншық ауру ретінде санаторийге апарып тығуға келісті білем.

–      Түрменің санаторийі сол түрменің өзімен парапар, – деп қарсы дау айтты күзетші. – Тіпті одан да өткен: сіздің маңайыңызда қарақшылар орнына өңшең жындылар болады. Сальватор есі ауысқандардың арасында! Жоқ, жоқ, бұлай болуы мүмкін емес!

Даусын бәсеңдете сыбырлай сөйлеп, күзетші былай деді:

–      Мен бәрі-бәрін ойластырдым. Отбасымды тауға жіберуім де тегін емес. Мен сіздің қашып кетуіңізге жағдай жасаймын да, өзім де зытып отырам. Жоқшылық айдап тыққан еді бұл жұмысқа, бірақ шындап келгенде иттің етінен жек көрем мұны. Мені таба алмайды, ал сіз... осынау діндарлар мен көпестер билеген қарғыс атқыр елден кетесіз. Айтпақшы, менің сізге тағы бір жайды айтқым келіп еді, – деп сөзін жалғады ол, қорғалақтап сәл отырды да, – мен сізге қызмет құпиясын, мемлекеттік құпияны айтқалы отырмын...

–      Айтпай-ақ қоюыңызға болады, – деді Сальватор сөзін бөліп.

–      Иә, бірақ... менің өзім жасай алман... ең алдымен өзіме жүктелген жан түршігерлік бұйрықты орындай алман. Өмір бақи өкініші кетпес еді. Ал егер сол құпияны ашып қойсам, мені арым қинамайтын болады. Сіз мен үшін көп жақсылык жасадыңыз, ал олар... Менің бастықтарға еш берешегім жоқ, оның үстіне олар мені үлкен қылмысқа итермелеп отыр.

–      Солай ма? – деп қысқа ғана сұрақ қойды Сальватор.

–      Иә, мен Ихтиандрды Бальтазарға да, қолында рұқсат қағазы бола тұрса да қамқоршысы Зуритаға да бермейтінін білдім. Иә, мол-мол пара бергеніне қарамастан Зурита да оны ала алмайды, өйткені... Ихтиандрды өлтіру ұйғарылды.

Сальватор сәл елең ете қалды.

–      Солай деңіз? Айта беріңіз!

–      Иә, Ихтиандрды өлтірмек, аузынан «өлтірілсін» деген сөз анық шықпағанымен, мұны талап еткен көбіне-көп епископ болды. Маған у берді, сірә, цианды калий болса керек. Бүгін түнде мен уды Ихтиандр отырған бактағы суға араластыруым керек. Түрменің дәрігерін сатып алған. Ол Ихтиандрдың түбіне жеткен нәрсе – оны амфибияға айналдырған сіз жасаған операция деген дәлелдеме жасайды. Егер мен бұйрықты орындамасам, онда мені қатты жазалаулары мүмкін. Ал менің отбасым бар емес пе... Кейін олар мені де өлтіреді және оны жан адам білмейтін болады. Мен деген басыбайлы солардың қолындамын. Бір кездерде мен қылмысты болғам... кішігірім... тіпті кездейсоқ дерлік... Бәрібір мен қашуды ұйғарғам және қашуға қажетті әзірліктер жасағам. Бірақ менің Ихтиандрды өлтіргім келмейді, әрі өлтіре алмаймын да. Мұншалықты қысқа уақыт ішінде екеуіңізді бірдей құтқару қиын, мүмкін емес дерлік. Бірақ сіздің өз басыңызды құтқара аламын. Мен бәрі- бәрін ойластырдым. Мен Ихтиандрды да аяймын, бірақ сіздің өміріңіз қажеттірек. Сіз өз өнеріңізбен басқа да Ихтиандрды жасай аласыз, ал дүние жүзіндегі бір де бір адам сіздей жанды, Сальваторды өмірге қайтып келтіре алмайды.

Сальватор күзетшінің қасына келіп, қолын қысты да былай деді:

–      Рақмет сізге, бірақ мен өз басым үшін мұндай құрбандықты қабылдай алмаймын. Сізді ұстап алып, соттаулары мүмкін.

–      Ешқандай құрбандық болмайды! Мен бәрі-бәрін ойластырдым.

–      Тоқтаңыз. Мен өз басым үшін мұндай құрбандықты қабылдай алмаймын. Бірақ егер сіз Ихтиандрды құтқарар болсаңыз, онда мен үшін өзімді құтқарғаннан да гөрі, көбірек жақсылық жасаған болар едіңіз. Менің денім сау, қуатым бойымда және мені бостандыққа шығаруға көмектесе алатын достарым да көп. Ал Ихтиандрды дереу құтқару керек.

–      Мен мұны сіздің бұйрығыңыз деп қабылдаймын, – деді күзетші.

Анау шығып кеткен соң, Сальватор күлімсіреп, дауыстай сөйледі:

–      Осыным дұрыс болар. Мейлі, жанжал алмасы ешқайсысының алақанына түспей қойсын!

Сальватор бөлме ішінде ерсілі-қарсылы жүріп, ақырын сыбырлай «байғұс бала!» деді де үстелдің қасына келіп, әлдене жазды, сосын есіктің жанына барып тықылдатты.

–      Маған түрменің күзетшісін шақырыңыз. Күзетші келген соң, Сальватор оған былай деді:

–      Тағы бір өтініш. Сіз мені Ихтиандрмен жолықтыра алар ма екенсіз, соңғы кездесуіміз болсын!

–      Онда тұрған түк қиындық жоқ! Бастықтардан ешкім жоқ, бүкіл түрме біздің билігімізде.

–      Өте жақсы. Иә, және бір өтініш болғалы тұр.

–      Қызметіңізге әзірмін.

–      Ихтиандрды босатсаңыз, сіз маған шексіз көп жақсылық жасайтын боласыз.

–      Әу, сіз, профессор мырза, маған сонша көп жақсылық жасадыңыз емес пе...

–      Жарайды, есептестік делік, – деді оның сөзін бөліп Сальватор. – Бірақ менің де сіздің отбасыңызға көмектескім келеді және ондайлық мүмкіндігім де бар. Міне, хат. Мұнда тек мекенжай және «S» деген бір ғана әріп жазылған: ол әріп Сальватор дегенді білдіреді. – Осы мекенжайға жолығыңыз. Ол сенімді кісі. Егер уақытша жасырына тұрғыңыз келсе немесе қаржы қажет болса...

–      Бірақ...

–      Ешқандай «бірағы» жоқ. Мені тезірек Ихтиандрға жеткізіңіз.

Камераға Сальватордың кіріп келгеніне Ихтиандр таң қалды.

Ихтиандр бұрын-соңды оны тап осы жолғыдай мұңды әрі мейірімді күйінде көрмеген еді.

–      Ихтиандр, ұлым менің, – деді Сальватор, – екеумізге мен ойлағаннан да ертерек айырылысуға тура келіп тұр, бәлкім, ұзақ көріспеуіміз. Мені мазалаған жайт сенің тағдырың еді. Сені мыңдаған қауіп-қатер қоршаулы... Егер сен мұнда қалсаң, онда өліп тынасың, ең тәуір дегенде – Зуританың немесе сол секілді жыртқыштың тұтқыны боласың.

–      Ал сен ше, әке?

–      Сот, әрине, мені соттайды және түрмеге тығады, онда маған екі жылдай, ал, бәлкім, тіпті одан да көбірек отырып шығуға тура келеді. Мен түрмеде отыратын кезде сен кауіпсізірек жерде және бұл маңнан неғұрлым алысырақта болуға тиіссің. Ондай орын бар, бірақ ол бұл арадан тым алыста, Оңтүстік Американың арғы бетінде, одан батысқа қарай, Ұлы мұхитта, Туамоту аралдарының бірінде немесе оны басқаша Жазық аралдар деп те атайды. Сенің оған жетуің оңайға түспейді, бірақ сенің сол жолда көретін азаптарың мұнда, туған үйіңде, Ла-Плата шығанағында көретін көресіңнің жанында түк те емес. Залым жаудың құрған торы мен қақпанынан құтылғаннан гөрі, әлгі аралдарды іздеп табу анағұрлым жеңілге түседі.

Қандай жолды сызып берсем екен саған? Сен батысқа карай бағыт алып, Оңтүстік Американы терістік жағынан да, түстік жағынан да айналып өтіп бара аласың. Екі жолдың да жақсы және жаман жақтары бар. Терістік жолы біршама қашығырақ. Оның үстіне бұл жолды таңдасаң, саған Атлантикадан Панама каналы арқылы Тынық мұхитқа қарай жүзуге тура келер еді, ал бұл қауіпті. Сені өте-мөте шлюздерде ұстап алуы, немесе – сәл аңғырттық жасасаң, абайсызда кеме басып-жаншып кетуі мүмкін. Каналдың ені онша кең емес, әрі түбі де терең емес: ең кең деген тұсы – тоқсан бір метр, тереңдігі – он екі жарым метр. Ең жаңа терең сулық, мұхит кемелерінің килі канал түбіне тиер-тимес жүзіп өтеді. Оның есесіне, сен ұдайы жылы суда жүзіп жүрер едің.

Панама каналынан батысқа қарай үш бірдей мұхит жолы жатыр: екеуі – Жаңа Зеландияға, біреуі Фиджи аралдарына апарады және содан әрі қарай кетеді. Орта жолды таңдап алып және кемелерді байқай жүріп, ал, бәлкім, тіпті соларға жабысып алып, сен барар жеріңе дерлік жетіп қалар едің. Не болғанда да Жаңа Зеландияға баратын жолдың екеуі де Туамоту архипелагы аймағын қамтиды. Саған сәл терістікке қарай көтерілуге тура келер еді.

Түстік жақ жол жақындау, бірақ онда саған оңтүстіктің мұз көшкіні жапсарлас жататын суық суымен жүзуге тура келеді, өте-мөте, егер сен Отты жердегі Горн мүйісін – Оңтүстік Американың ең түстік шетін айналып өтер болсаң, осыған тап боласың. Магеллан бұғазына енер болсаң, оның толқыны тіпті де қатты. Кемелер мен пароходтарға қарағанда сен үшін, әрине, оның қауіптілігі шамалырақ, дегенмен де, қауіпті. Желкенді кемелер үшін ол нағыз мола іспетті еді. Шығысында ол кең, батысында – тар және жартастары мен аралдары тарыша шашылып жатыр. Батыстан соғар аса күшті дауылдар суды шығысқа қарай – демек, саған қарама- қарсы айдайды. Мұндай су иірімдері күшті жерде сен екеш сенің өзің де су астында апатқа ұшырайсың.

Сондықтан да мен саған Магеллан бұғазы арқылы емес, жолды ұзартқаның – Горн мүйісін айналып өткенің дұрыс деп кеңес берер ем. Мұхит суы әдетте бірте-бірте суиды. Сені соған дағдыланар және саулығын сақтай білер деп үміттенем. Ішер ас жайлы қор жасаудың қажеті болмас, ішетін суың тәрізді ол да әр кез қол астыңда. Сен бала күніңнен бері теңіз суын ауырмай-сырқамай ішіп дағдыланған жансың.

Горн мүйісінен Туамоту аралдарына жол тауып бару – Панама каналы арқылы барғаннан гөрі, біршама қиындыққа түсуі де мүмкін. Горн мүйісінен терістікке қарай кемелер жүзетін мұхит жолы жоқ. Мен саған бойлық пен ендікті дәл көрсетіп бермекпін, сен оны өзіңе арнап менің тапсырысым бойынша әдейі жасалған арнайы аспап арқылы анықтап отыратын боласың. Рас, бұл аспаптар сенің жүгіңді біршама ауырлатады, еркін қимылдауыңа қолбайлау болады...

–      Мен өзіммен бірге Лидингті ала кетем. Жүкті сол көтеретін болады. Мен Лидингпен айырылыса алармын ба, сірә? Ол онсыз да мені сағынып қалған шығар?

–      Кімнің көбірек сағынғанын қайдам, – деп тағы күлімсіреді Сальватор. – Сонымен, Лидинг. Өте жақсы. Туамоту аралдарына барып жетесің делік. Саған енді оңашалау жатқан маржан аралын табуға тура келеді. Ерекше белгісі: онда алыстан атойлап мачта көрініп тұрады, ал мачтаның ұшар басында желбаққыш балық суреті салынған. Жадыңа тұту қиынға соқпайды. Бәлкім, сен осы аралды іздеп бір ай да, екі ай да, үш ай да уақыт жұмсарсың, ештеңең кетпейді: ол араның суы жылы, устрицасы молшылық.

Сальватор Ихтиандрды кісінің сөзін бөлмей үнсіз тыңдауға тәрбиелеген, бірақ Сальватордың осы түсініктемесінің тұсында Ихтиандр шыдай алмай кетті:

–      Ал мен желбакқыш балығы бар аралдан не таппақпын?

–      Достар табасың. Сенімді достар, солардың камқорлығы мен мейіріміне бөленесің, – деп жауап қатты Сальватор. – Онда менің ескі досым – ғалым, француз, атақты мұхит зерттеушісі Арман Вильбуа тұрады. Мен онымен осыдан көп жылдар бұрын Еуропада болғанымда танысып, достасқам.

Арман Вильбуа – бір керемет адам, бірақ менің тап қазір ол туралы саған айтып жатуға уақытым жоқ. Сен оны өзің танып білерсің және оны Тынық мұхитта оқшау жатқан оңаша аралға апарған тарихын да естірсің деп үміттенем. Бірақ ол жалғыз басты емес. Онымен бірге өте бір сүйкімді, мейірбан жан – әйелі, ұлы мен қызы тұрады. Қызы сол аралда туған, оның жасы он жетілерде болса керек, ал ұлы жиырмалар шамасында. Олар сен туралы менің хаттарымнан біледі, сені өз отбасыларына, бірге туған бауырындай қарсы аларына сенімдімін... – Сальватор сәл мүдіріп қалды. – Әрине, саған енді өміріңнің көбірегін су ішінде өткізуге тура келеді. Бірақ достық кездесулер мен әңгімелесулер үшін күніне бірнеше сағатқа жағаға шығып тұруыңа болады. Мүмкін, сенің деңсаулығың түзеліп кетуі, әне, сонда сен бұрынғыша судағы тәрізді ауада да ұзағырақ жүре алатын боласың.

Арман Вильбуа саған екінші әке бола алатын кісі. Ал сен оның мұхит зерттеудегі ғылыми жұмыстарында таптырмайтын көмекші болып шығасың. Мұхит пен оның тұрғындары жайлы сенің қазір білетіндеріңнің өзі ондаған профессорға азық болар еді, – деп Сальватор мырс етті. – Дарақы сарапшылар сотта сенен әдеттегіше: бүгін қай күн, қай ай деп сұрады, ал сен оған жауап бере алмадың, өйткені мұның бәрінің сен үшін түк қажеттігі жоқ еді. Егер олар сенен тым болмаса су асты ағыстары, судың температурасы, Ла-Плата шығанағындағы және соның маңындағы судың тұздылығы жайлы сұраса, сенің жауаптарыңнан тұтас бір томдық ғылыми еңбек жасап шығаруға болатын еді. Ал егер сенің су асты сапарларыңа Арман Вильбуа тәрізді аса тәжірибелі әрі тамаша ғалым жетекшілік етер болса, сенің білерің және жұртқа берерің қаншама мол болар еді десеңші. Сен екеуің, мен бұған сенімдімін, мұхит зерттеу саласында бұл ғылымды өркендетуде жаңа дәуір жасап, бүкіл дүние жүзін дүрілдететін боласыңдар әлі. Сенің есімің Арман Вильбуамен қатар тұратын болады, мен оны жақсы білем, осылай етуді соның өзі талап ететін болады. Сен ғылымға, сөйтіп, бүкіл адамзатқа қызмет ететін боласың.

Ал егер сен мұнда қалар болсаң, сені дөрекі, ашкөз адамсымақтардың опасыздық ниеттеріне қызмет етуге мәжбүр ететін болады. Мен сенің атолланың мөлдір де таза суы мен Арман Вильбуаның отбасынан тыныш өмір табарыңа сенімдімін.

Тағы бір ақыл айтайын.

Мұхит төріне шығысымен, ал бұл жағдайың тіпті бүгін түнде-ақ болуы мүмкін, су асты тоннелі арқылы дереу үйге тарт (үйде қазір өзімізге сенімді Джим ғана бар), навигациялық аспаптарды, пышақ және басқаларын ал, Лидингті тап та мұхит бетіне күн көтерілгенге шейін сапарға аттан.

Қош бол, Ихтиандр! Жоқ, көріскенше сау тұр! Сальватор өмірінде тұңғыш рет Ихтиандрды құшақтап, құшырлана сүйді. Сосын ол күлімсіреп тұрып, жігітті иығынан бір қағып қойып былай деді:

–      Мұндай азамат ешқайда да қор болмайды! – деді де бөлмеден тез шыға жөнелді.

ҚАШУ

Ольсен түймелер фабрикасынан әлгінде ғана келіп, түскі тамағын ішуге отырған. Әлдекім есік қақты.

–      Бұл кім? – деп айқай салды Ольсен, кедергі келтіргенін іші жақтырмай.

Есік ашылды да ішке Гуттиэре енді.

–      Гуттиэре! Сенбісің? Қайдан жүрсің? – деп саңқ етті Ольсен әрі таңырқай, әрі қуана орындығынан тұрып жатып.

–      Сәламатпысың, Ольсен, – деді Гуттиэре. – Тамағыңды іше бер. – Сосын есік жақтауына сүйеніп тұрып тағы былай деді:

–      Мен күйеуіммен және оның шешесімен енді қайтып бірге тұра алар емеспін. Зурита... Ол маған қол көтеруге шейін барды... Сосын мен одан кеттім. Мүлде кеттім, Ольсен.

Мына жаңалык Ольсенді тамағын тастай тұруға мәжбүр етті.

–      Мынауың бір күтпеген жағдай екен! – деп сампылдай сөйледі ол. – Отыр! Сен өзі әрең-әрең тұрсың ғой, түге. Бұл калай? Сенің айтқаның қайда: «Құдай қосқан қосақты адам айыра алмас болар» деп. Қайттың ба райыңнан? Тіпті жақсы. Қуаныштымын. Сен не, әкеңе қайтып бардың ба?

–      Әкем ештеңе де білмейді. Зурита мені әкемнің үйінен тауып алар еді де, үйіне қайтып әкетер еді. Мен бір құрбымның үйіне барып жасырындым.

–      Иә... енді сен не істемексің?

–      Мен зауытқа барып жұмысқа тұрам. Менің саған келген шаруам, Ольсен, зауытқа орналасуыма көмектессең деп едім... Мейлі, қандай жұмыс болса да...

Ольсен абыржи бас шайқады да:

–      Қазір бұл қиын. Мен, әрине, тырысып көремін де, – деді де сәл ойланып, қайыра сауал қойды Ольсен. – Ал күйеуің бұған қалай қарайды?

–      Менің оны білгім де келмейді.

–      Ал күйеуің әйелінің қайда екенін білгісі келеді де, – деді күлімсіреп Ольсен. – Сен Аргентинада екеніңді ұмытпа. Зурита сені таппай қоймайды, содан соң... Сен өзің де білесің ғой, оның соңыңнан қалмасын. Заң мен қоғамдық пікір сол жағында.

Гуттиэре ойланып қалды да, кенет батыл жауап қатты:

–      Несі бар! Олай болса мен Канадаға, Аляскаға кетем...

–      Гренландияға, Солтүстік полюске! – деді де Ольсен енді сабырмен сөзін жалғады. – Біз мұны ақылдасалық. Сенің мұнда қалуың қауіпті. Менің өзім де көптен бері осы арадан кетсем бе деп ойланып жүргем. Мен осында, Латын Америкасына не үшін келдім десеңші? Мұнда әлі күнге дін үстемдігі басым екен. Анада қашып кете алмағанымыз өкінішті-ақ. Зуритасы құрғыр сені алып қашып үлгерді де, билетіміз де, ақшаларымыз да далада қалды емес пе?! Тап қазір сенде де, сірә, тап менікі сияқты Еуропаға баруға жол қаражаты жоқ шығар. Бірақ бізге бірден Еуропаға бару да міндетті емес. Егер біз – менің «біз» дейтін себебім қашан сені қауіпсіз бір жерге жеткізгенге шейін мен сені қасымнан қалдырмаймын, егер біз тым болмаса, көршілес Парагвайға, ал әдемісі – Бразилияға дейін жете алсақ, онда Зуританың сені таба қоюы қиынға түседі де, ал біздің Штаттарға пемесе Еуропаға өтуге уақытымыз болады... Сен білемісің, доктор Сальватордың Ихтиандрмен бірге түрмеде жатқанын?

–      Ихтиандр? Ол табылып па еді? Неге ол түрмеде? Мен оны көре алам ба? – деп Гуттиэре Ольсенге сұрақты үсті- үстіне жаудырсын кеп.

–      Иә, Ихтиандр түрмеде және оның көп ұзамай қайтадан Зуританың құлына айналуы мүмкін. Қисынсыз процесс, Сальватор мен Ихтиандрға қисынсыз айып тағылған.

–      Бұл сұмдық екен! Сонда не, оны құтқаруға болмай ма?

–      Мен соған талпынып көріп-ақ едім, бірақ түк шықпады. Бірақ күтпеген жерден түрме күзетшісінің өзі бізге ниеттес болып шыға келді емес пе?! Бүгін түн біз Ихтиандрды құтқаруға тиіспіз. Мен әлгінде ғана екі бірдей хат алдым: бірі Сальватордан, екіншісі түрме күзетшісінен.

–      Менің Ихтиандрды көргім келеді! – деді Гуттиэре. – Саған еріп баруыма бола ма?

Ольсен ойланып қалды.

–      Болмайтын шығар деймін, – деп жауап қатты ол. – Сосын сенің Ихтиандрды көрмегеніннің өзі жақсы шығар.

–      Неге олай дейсің?

–      Өйткені Ихтиандр науқас. Ол балық ретінде сап-сау да, ал адам ретінде ауру.

–      Түсінсем бұйырмасын.

–      Ихтиандр бұдан әрі ауада көп жүре алмайды. Ол егер сені көріп қалса, не болғанымыз? Ол үшін бұл өте қиын оқиға, жә, бәлкім, сен үшін де солай болуы. Ихтиандр сенімен көрісем деп талпынады, ал ауада өмір сүру оны таза құртып тынады.

Гуттиэренің басы салбырап қоя берді.

–      Иә, сенікі жөн шығар... – деді ол ойланып барып.

–      Онымен өзге жұрттың арасында әл жетпес кедергі – мұхит жатыр. Ихтиандрдың тағдыры шешіліп қойылған. Бұдан былай теңіз суы оның үйі, әрі бірден бір өз ортасы болмақ.

–      Әу, ол онда қайтіп өмір сүреді? Шетсіз-шексіз мұхит төрінде жападан-жалғыз адам-балық пен теңіз құбыжық- тарының арасында өмір сүрмек пе?

–      Ол байғұс бұрыннан да су астында бақытты өмір сүріп келе жатқан жан еді ғой, егер... – Гуттиэре қызарып сала берді. – Енді, әрине, ол бұрынғыдай бақытты бола алмайды...

–      Қойшы, Ольсен, – деді Гуттиэре мұңды үнмен.

–      Бірақ уақыт бәрін емдейді. Бәлкім, ол жан тыныштығын қайта табуы да. Ол енді тап солай, балықтар мен теңіз құбыжықтары арасында өмір сүретін болады. Егер оны ажалынан бұрын акула жеп қойып жүрмесе, қашан қартайғанша, шашын ақ шалғанша солай өмір сүреді де... Ал өлім ше? Өлім қайда барсаң да бірдей...

Қас қарая бастаған шақ, бөлме іші кәдімгідей қараңғы еді.

–      Әйтсе де менің кететін уақытым болды, – деді Ольсен орнынан тұрып жатып.

Гуттиэре де орнынан көтерілді.

–      Мен оны тым болмаса алыстан көре аламын ба? – деп сұрады Гуттиэре.

–      Әрине, егер көріп тұрғаныңды оған сездірмейтін болсаң.

–      Иә, мен уәде берейін.

Ольсен сүңгуірдің киімін киіп, түрме ауласына Коронель Диас көшесі жағынан шыға келгенде, қас қарайған кез еді.

Күзетші мұны айқайлап тоқтатты:

–      Қайда барасың?

–      Су перісіне теңіз суын әкеле жатырмын, – деп жауап қатты Ольсен, түрме күзетшісі үйреткеніндей.

Түрмеде әдеттен тыс тұтқынның – теңіз суы толтырылған бакта отырған «су перісінің» барын және оның тұщы суда өмір сүре алмайтынын түрме күзетшілері түгел білетін. Сол үшін теңіз суын ара-тұра арбаға орнатылған үлкен күбімен әкеліп, жаңартып тұратыны да белгілі еді.

Ольсен түрме үйіне тақап келді де, бұрышты айналып өтіп, асхана мен түрме күзетшілері кіретін есік бар тұсқа беттеді. Күзетші бәрін әзірлеп қойған екен. Дәліздер мен кіре берісте тұратын күзетшілерді түрлі сылтаулар тауып жан- жаққа жұмсап жіберген. Қасына күзетші ерген Ихтиандр түрмеден еркін шығып жүре берді.

–      Кәне, тезірек күбіге секір! – деді күзетші. Ихтиандр да өзін күттіріп тұрмады. – Жөнел!

Ольсен делбені бір қағып қойып түрмс ауласынан сытылып шықты да, Авени де Альварды бойлай, Ритеро вокзалының жанымен, тауар стансасының түбімен тартты.

Олардың соңынан жасырынып кетіп бара жатқан әйелдің көлеңкесі әр тұстан қараң-құраң етіп қалады.

Ольсен қаладан шыққанда, түн ортасына таяп қалған. Жол теңізді жағалай жарысып отыратын. Жел қатая бастаған. Толқындар жағаға лықсып келіп, шу көтере тастарға соққылап жатты.

Ольсен жан-жағына қарағыштады. Жол бойында жан адам байқалмайды. Тек бір қиырдан шапшаң заулап келе жатқан автомобиль шамының жарығы ғана алыстан атойлап көрінеді.

«Өтіп кетсін».

Қышқыра әрі жарығымен көз шағылыстыра автомобиль қалаға қарай зу етіп өте шықты да, көп ұзамай көрінбей кетті.

–      Уақыт болды!– Ольсен артына қарап, Гуттиэреге жасырынуға белгі берді. Сосын күбіні тықылдатып, айқай салды:

–      Келдік! Шық! – Күбіден бас көрінді.

Ихтиандр жан-жаққа қарады, тысқа тез көтерілді де, жерге секіріп түсті.

–      Рақмет, Ольсен! – деді жігіт, су-су қолымен дәудің қолын қатты қысып.

Ихтиандр демікпесі ұстаған кісідей ентіге тыныстайды.

–      Ештеңе емес. Қош болып тұр! Сақ болғайсың. Жағаға тым жақындама. Тұтқынға түсіп қалмауың үшін, адамдардан абай бол.

Ихтиандрдың Сальватордан қандай тапсырмалар алғанын тіпті Ольсен де білмейтін.

–      Иә, иә, – деді Ихтиандр алқынып. – Мен тым алыс шығанға кетем, бір де бір кеме бармайтын тым-тырыс жатқан маржан аралдарына қарай жүзбекпін. Рақмет, Ольсен! – деді де жігіт теңізге қарай жүгіре жөнелді.

Толқындарға жете бере тоқтап, ол кенет айқай салды:

–      Ольсен, Ольсен! Егер күндердің күнінде Гуттиэрені көре қалсаңыз, менен оған дұғай-дұғай сәлем айтыңыз, өмір бақи ұмытпаймын деді деңіз!

Жігіт теңізге қарай атылды, айқайы қоса шықты:

–      Қош бол, Гуттиэре! – деді де суға сүңгіп кетті.

–      Қош бол, Ихтиандр!.. – деп ақырын ғана жауап қатты Гуттиэре жартастың артында жасырынып тұрып.

Дауыл көтерілді, адамды аяғынан шалып жығатын түрі бар, түге. Теңіз буырқанып, құм ысылдап, тастар күтірлеп жатты.

Әлдекімнің қолы Гуттиэренің саусақтарын қысты.

–      Кеттік, Гуттиэре! – деп Ольсен мейірлене жарлық етті.

Ол Гуттиэрені ертіп қара жолға түсті.

Гуттиэре теңіз жаққа тағы бір рет көз тастады да, Ольсеннің қолтығынан ұстап, қалаға қарай бет алды.

Сальватор кесімді мерзімін өтеп үйіне қайтып оралды да, қайыра ғылыми жұмыстарымен айналысты. Ол әлденендей бір алыс сапарға әзірленіп жатты.

Кристо бұрынғысынша соған қызмет істеп жүрген.

Зурита жаңадан кеме сатып алып, Калифорния шығанағында інжу аулаумен жүр. Америкадағы ең бай кісі болмағанымен, оның тағдырға өкпесі жоқ-ты. Мұртының ұштары барометрдің тілі тәрізді жоғары қысымды бейнелейтіндей.

Гуттиэре күйеуінен айырылып, Ольсенге тиіп алды. Олар Нью-Йоркке көшкен және сондағы қалбыр зауытында жұмыс істейді. Ла-Плата шығанағының жағалауындағы жұрт «Су перісін» әлдеқашан ұмытқан.

Тек кейде, тымырсық түндерде қарт балықшылар тылсым түннен оқыс дыбыстар шыға қалса, жас балықшыларға:

–      Су перісі інжу қауашақтарын кернейлетіп өстіп сарнаушы еді, – дейтін де, сол туралы аңыз әңгімелерін айта жөнелетін. Буэнос-Айресте тек бір ғана кісі еді Ихтиандрды ұмытпаған.

Бүкіл қаланың балалары атаулы өзі кәрі, әрі шала есті, қайыршы үндісті түгел танитын.

–      Әне, су перісінің әкесі келе жатыр! – деп шуласатын. Бірақ үндіс шалдың балаларда шаруасы болмайтын.

Испан кезіге қалса, сорлы шал әр кез бұрылып қарап, артынан бір түкіретін де, әлденендей қарғысын айтып күңкілдейтін.

Ал полиция Бальтазар қарияға тимейтін-ді. Ол байғұс тып-тыныш жүретін қояншық еді де, ешкімге зияны болмай- тын.

Тек теңізде дауыл көтерілген шақтарда ғана, үндіс шал қатты әбігерленіп, беймазаланатын.

Ол дедектей жүгіріп теңіз жағасына жететін, су шайып кетеді-ау деп қауіптенбестен жағадағы жартастардың біріне мініп ап, қашан дауыл басылғанша, күндіз-түні бірдей айқай сап тұрар еді:

–      Ихтиандр! Ихтиандр! Құлыным-ау!

Ал тымырайған теңіз сырын ашар емес, түге.

Оглавление

«СУ ПЕРІСІ»

ДЕЛЬФИНГЕ АТША МІНІП

ЗУРИТАНЫҢ СӘТСІЗДІККЕ ҰШЫРАУЫ

ДОКТОР САЛЬВАТОР

НАУҚАСТАНҒАН НЕМЕРЕ ҚЫЗ

ҒАЖАЙЫП БАҚ

ҮШІНШІ ҚАБЫРҒА

ШАБУЫЛ

АДАМ-БАЛЫҚ

ИХТИАНДРДЫҢ БІР КҮНІ

ҚЫЗ БЕН ҚАРА ТОРЫ КІСІ

ИХТИАНДРДЫҢ ҚЫЗМЕТШІСІ

ҚАЛАДА

ТАҒЫ ДА ТЕҢІЗДЕ

БОЛМАШЫ ӨШ АЛУ

ЗУРИТАНЫҢ ШЫДАМЫ ТАУСЫЛДЫ

КЕЛЕҢСІЗ КЕЗДЕСУ

СЕГІЗАЯҚТАРМЕН ШАЙҚАС

ЖАҢА ДОС

ЖОЛДА

БҰЛ – «СУ ПЕРІСІ!»

БАР ЖҮРІСІНЕ САЛ

ТАҢҒАЖАЙЫП ТҰТҚЫН

ИЕСІЗ ҚАЛҒАН «МЕДУЗА»

СУҒА БАТҚАН КЕМЕ

ЖАҢАДАН ТАБЫЛҒАН ӘКЕ

ЗАҢ ШЫТЫРМАНЫ

ДЕЛҚҰЛЫ ДАНЫШПАН

АЙЫПКЕРДІҢ СӨЗІ

ТҮРМЕДЕ

ҚАШУ



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?
Пікір жазу