Ахмет Байтұрсынов 150 жыл АШЫҚ ТӘРБИЕ САҒАТЫНЫҢ ӘДІСТЕМЕСІ


ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

М. ӨТЕБАЕВ АТЫНДАҒЫ ЖОҒАРЫ ЖАҢА ТЕХНОЛОГИЯЛАР КОЛЛЕДЖІ МКҚК

Ф-П-10/19.1

ТАҚЫРЫБЫ: АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫНЫҢ ТУЫЛҒАНЫНА 150 ЖЫЛ

АТТЫ АШЫҚ ТӘРБИЕ САҒАТЫНЫҢ ӘДІСТЕМЕСІ

Дайындаған тәлімгер: Заурбеков М.Н.

Қатысқан топ: МГ-01-18

Шымкент, 2019ж.

Күні: 28.02.2019

Өтілетін орын: 311 дәрісхана

Тақырыбы: Ахмет Байтұрсынұлының туылғанына 150 жыл

Мақсаты: 1. Ахмет Байтұрсыновтың шығармашылығы, кітаптары, ғылыми

еңбектері туралы мағлұмат беру. 2. Ақын өмірін оқушыларға үлгі ете отырып, өз елін сүюге, оның

көркеюіне үлес қосуға тәрбиелеу 3. Оқушылардың танымдық деңгейін дамыту

Тәрбие сағатының өту барысы:

 Жүргізуші: -Балалар, бүгінгі тәрбие сағатымыз Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылық өмір жолына арналады.

Ахмет Байтұрсынұлы. Осы бір есім елге таныс болғалы «Мен-қазақпын» деген азаматтың бір селт етпейтіні жоқ та шығар.

-Ахмет Байтұрсынұлы өмірі туралы не білеміз, қане ортаға салайық. Ол кісі қай жылы, қай өңірде дүниеге келген?

Ахмет Байтұрсынұлы

1-оқушы:

Биылғы жыл халқымыздың көрнекті қоғам қайраткері, кешегі Абай, Ыбырай, Шоқан салған ағартушылық, демократтық бағытты ілгері жалғастырушы ірі ғалым, көсемсөз шебері, әдебиет зерттеуші, тюрколог, дарынды ақын- аудармашы Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толған мерейлі жыл.

 2-оқушы:

Ахмет Байтұрсынұлы- қыры мен сыры мейлінше мол адам. Біріншіден, ол қазақ тілінің тұңғыш әліппесі мен оқулықтарының авторы. Ол жазған мектеп оқулықтары 1914- 1915 жылдан 1927- 1928 жылға дейін пайдаланылып келді. Қазақ оқушыларының бірнеше буыны сауатын Байтұрсынұлының “Әліпбиімен” ашып, ана тілін Байтұрсынұлының “Тіл құралы” арқылы оқып үйренді.

3-оқушы:

Ахмет Байтұрсынұлы-қазақ ән-күй өнеріне де терең ой жіберген ғалым. А.В.Затаевичтің айтуынша, ол шебер домбырашы, әнші болған. Халық әндерін, күйлерін жинаған және олардың шығу тарихын да білген.

4-оқушы:

Табиғатынан аса дарынды туған талапты бала Ахмет 1882- 84 ж. әуелі көзі қарақты адамдардан өз үйінде хат танып, артынан жақын жердегі ауыл мектебінен сауат ашады да, 1886- 1891 ж. Орынбордағы мұғалімдік мектепте оқып, білім алады.

5-оқушы:

1895 жылы 1 маусымнан бастап мұғалім болады. Ақтөбе, Қостанай, Қарқаралы атырабында бала оқытады, өмір, тіршілік күресіне араласады, әділет үшін күреседі, байларға қарсылық білдіреді, патшаның отаршылық саясатын айыптайды.

6-оқушы:

1901 жылдан бастап қолы бос кездерде өзі ізденіп, сан алуан, кітаптар оқиды, әдебиетпен айналысады, оқу құралдарын жасайды, өлең – жыр тудырады. Ел ішінде жас, оқыған, еркін мінезді батыл ойшыл бедел- атағы өсе бастайды.

        Ақынның өлеңдері оқылады

«Оқуға шақыру» өлеңі

«Адамдық диқаншысы» 

  • Адамдық диқаншысы қырға шықтым,

Көлi жоқ, көгалы жоқ- қорға шықтым.

Тұқымын адамдықтың шаштым, ектiм,

Көңiлiн көгертуге құл халықтың.

 Қор болған босқа кетiп еңбек, бейнет

Құлдарға құлдықтан жоқ артық зейнет.

Оттай бер, жануарым, екi аяқты-

Адамдық айуанға қанша қажет

  • Жаратқан малды құдай не керекке-

Мiнуге, сою, соғу, жөндемекке.

Жорта бер қамыт киiп, қамшыңды жеп,

Бұйрық жоқ ұрасың деп үндемекке.

 Таяққа етi үйренген қойшы жайлап,

Көк есек қозғала ма түрткенге айдап.

Есептен алдағандай болғандар көп,

Жасықты, асыл ма деп, бiлмей қайрап.

Жүргізуші: Ахмет Байтұрсынұлы- ақын және аудармашы. Оның өлеңдері “Қырық мысал” , “Маса”, “Үзік” деген аттармен 1912 жылдан 1922 жылға дейін бірнеше рет жарияланған. “Масаға” енген өлеңдер қараңғылық, надандық, шаруаға енжарлық, қазақты шағуға дайын тұрған жылан. Оның иесі аяқтары ұзын, сары маса болып ызыңдап, ұйықтап жатқан халқын оятпақшы. (презентация)

Көркемсөз оқушы: Нұрлы

Ызыңдап ұшқан мынау біздің сары маса,

Сап- сары аяқтары ұзын маса,

Өзіне біткен түсі өзгерілмес,

Дегенмен қара яки қызыл маса.

Үстінде ұйықтағанның айнала ұшып,

Қаққы жеп қанаттары бұзылғанша.

Ұйқысын аз да болса бөлмес пе екен,

Қоймастан құлағына ызыңдаса?

Оқушы:

  Ахмет тек өзi ғана жазып қоймай, аудармашылықпен де айналысқан. Ол «Қырық мысал» 1909 жылы Петербург қаласында бастырады. Орыстың классик мысалшысы И.А. Крылов мысалдарының бiр тобын аударған. Крыловтан аудармалары өз елiне тән, жақын екенiн сезiп отырып таңдаған. Бұл тұңғыш аударма едi. Ол «Замандастарыма» деген кiрiспесiнде

 «Орыстың тәржiме еттiм мысалдарын,

Әзiрге қолдан келген осы барым.

Қанағат азға деген, жоққа- сабыр,

Қомсынып қоңырайма, құрбыларым»- дейдi.

«Қасқыр мен қозы»  мысалынан көрініс  

Автор:

Бұлаққа су iшуге келдi Қозы,

Жанында серiгi жоқ, жалғыз өзi.

«Бәрi жоқ, десең шығар, бөрiк астынан»,

Пәле мен қаза алыс па келсе кезi.

Қаңғырған тамақ iздеп бiр аш бөрi

Қозыға жетiп келдi жайнап көзi.

Жемекке кiнә қойып сол арада,

Жала ғып, мiне, Қасқыр айтқан сөзi:

Қасқыр:

«Сен, Қозы, текке қарап жүре алмайсың,

Соқтықпа маған десем, тiл алмайсың.

Мойныңды қазiр жұлып алайын ба,

Суымды неге былғап, лайлайсың»

Қозы:

«Қасқыр, тақсыр, тоқта азырақ

Тергеңiз кiнәм болса ғадiл бiрақ.

Iзiңiз жатқан жерден төмен келiп,

Iштiм мен жүз қадамдай қашығырақ.

Бұл жерден ең аз болса бiр жүз қадам,

Мүмкiн бе лайлауға осы арадан

Сiз түгiл, өзгеге жоқ қиянатым,

Не шара жеткен болса бүгiн қазам»

Қасқыр:

Бекер ме, менiң сөзiм

Бiлесiң жалғаншы деп кiмдi өзiң

Әкеңдi алдыңдағы танимысың

Балам, сен байқап қара, ашып көзiң

 

Осындай сөздер менi күйдiредi,

Десем де шыдайын-ақ етiп төзiм.

Есiмнен өле-өлгенше кете қалмас

Былтырғы осы арада сөккен сөзiң.

Қозы:

«Кезек бер бiразырақ сөзге, тақсыр

Келемiн жарты жасқа күзге, тақсыр

Жаралып дүниеге биыл келсем,

Тиемiн былтыр неғып, сiрә, тақсыр»

Қасқыр:

«Ол енше сен болмасаң, сенiң ағаң,

Ойларың менi жоймақ, келсе шамаң.

Ит болсын, қойшың болсын, қожаң болсын,

Жауыздық ойлайсыңдар бәрiң маған»

Қозы:

«Нансаңыз ағам да жоқ, iнiм де жоқ,

Уа, қайыры нашарлықтан мiнiм де жоқ.

Нақақтан менi тақсыр күйдiресiз,

Жауыздық сiзге ойлаған күнiм де жоқ».

Қасқыр:

«Ол саған әлде күйеу, әлде құда,

Сүймейдi қой атаулы менi жүдә..

Иә бөлең, иә жиенiң, иә нағашың,

Әйтеуiр, саған ұқсас едi о да.

Қой заты талай жәбiр бердi маған,

Соларын мен де iстеймiн ендi саған.

Кегiмдi қойдан алмай кiмнен алам

Тауыспа о деп, бұ деп сөздi оған».

Қозы:

«Тақсыр-ай, еш жазығым жоқ қой менiң,

Жәбiр қой бiреу үшiн күйдiргенiң»

Қасқыр:

«Үндеме! Жетер! Қазiр мұрсатым жоқ

Тұруға ақ-қараңды тергеп сенiң.

Алыпсың жаман әдет қарсыласып,

Сенiмен тұрам ба мен мылжыңдасып.

Айтайын, бiлгiң келсе, Қозым, саған,

Кiнәң сол- жегiм кеп тұр қарным ашып».

Автор:

«Шошиды Қозы байғұс құлқын танып,

Құтылар бiлгенменен онан нағып

Болсын ба Қозы жұмыс Қасекеңе,-

Жөнелдi иығына салып алып.

Орманға Қасқыр кеттi Қозыны алып,

Белгiлi етер iсi алып барып.

Осындай жазықсызды жазғыратын

Әр жерде күштiлер де бар ғой қалып.

Қасқырдың зорлық болды еткен iсi,

Ойлаймын – оны мақтар шықпас кiсi.

Нашарды талай адам талап жеп жүр,

Бөрiден артық деймiз оның несi».

-Қазағым , елім,

                        Қайқайып белің

                        Сынуға тұр таянып

                        Талауда малың,

                        Қамауда жаның,

                       Аш көзіңді оянып» деп халқын келешекке бастаған ақынды ашындырған-патша заманының зұлым саясаты, зорлық-зомбылығы,қорлығы еді.

Жүргізуші: Сонау қылышынан қан тамған қаһарлы жылдары жазықсыз мыңдаған адамдар «Халық жауы» деген жаламен айыпталып, жер аударылып кетті. Кейбір деректерге қарағанда 6 млн. адам қуғын-сүргінге ұшырап, оның 900 мыңдайы атылған. Сондағы 25 мыңға жуық қазақтың ішінде  бес арысымыз Жүсіпбек Аймауытұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Шәкәрім Құдайбердіұлы болған еді.

...Адам өмірінде болатын аумалы-төкпелі уақыт қайғысымен де, қуанышымен де ерекше айқындалатын болса керек. Ахмет Байтұрсынұлы тағдыр толқындарынан, қайғы-қасірет сілкіністерден, тар жол тайғақ кешулерден өткен еді...

оқушы:

Қарқаралыда мұғалiм болып жүргенде патша үкiметiнiң әдiлетсiздiгiне қарсы наразылық бiлдiрушiлердiң қатарында болғаны үшiн, 1909 жылы Семей түрмесiне қамауға алынады. Кейiн қазақ жерiнен тысқары жерде тұруға үкiм шығарып, 1910 жылдың наурызынан 1917 жылдың соңына дейiн Орынбор қаласында тұрады. Семей түрмесiнде жатқанда анасына арнап «Анама хат» атты өлең жазды.

Анама хат

Қарағым, айналайын, қамқор анам

Арнап хат жазайын деп алдым қалам.

Сенi онда, менi мұнда аман сақтап,

Көруге жазғай едi хақ тағалам

Бара алмай, өтiрiкшi болып әбден,

Семейдiң түрмесiнде отыр балаң.

Мал ұрлап, кiсi өлтiрген айыбы жоқ,

Өкiмет- өр зорлыққа не бар шараң

 «Үмiтсiз шайтан болсын» деген сөз бар,

Жолдар көп жәннетке де тарам-тарам.

Оқ тиiп он ішiмде ой түсiрiп,

Бiтпеген жүрегiмде бар бiр жарам.

Алданып тамағыма, оны ұмытсам,

Болғандай жегенiмнiң бәрi харам.

Адамнан туып, адам iсiн етпей,

Ұялмай не бетiммен көрге барам

Көп айтпай, қысқасынан сездiретiн

Балаңның мiнезi бар сөзге сараң.

Кетер деп «суға құлап, отқа түсiп»

Қайғы жеп, менiң үшiн болма алаң,

Репрессия құрбаны болған Ахмет Байтұрсынұлының тағдырынан сахналық көрініске кезек берейік.

  Сот үрдісінен  көрініс

ОГПУ тергеушісі, сұсты қатал үнмен: -Байтұрсынов Ахмет Байтұрсынұлы 1873 жылы Торғай губерниясында бай-болыстың семьясында туған. Ұлты-қазақ. Ол үкіметке қарсы «Алаш» партиясы-ұлтшылдардың жасырын ұйымы. Бұл партия Совет үкіметіне қарсы қастандықтар ұйымдастырған. Байтұрсынов-жат пиғылды, революцияға қарсы, еңбекшілдер үкіметін жек көретін адам. Барып тұрған халық жауы. Байтұрсыновтың айыбы.жасырын қазақ ұйымына неген және ұйымдастырушылардың бірі, ол жасырын түрде ұлтшылдық бағыттағы «Алаш» партиясын ұйымдастырған, қазақ әдебиетіне, баспасөзге сол арқылы теріс ықпал жасаған.Қылмыстық істер кодекісінің 58 бабының 7,8,11 тармақтарына сай Ахмет Байтұрсынов атылсын!

( тергеуші Ахметті жұлқып әкетіп бара жатады)

Ахмет: Қинамайды абақтыға жапқаны,

              Қиын емес дарға асқаны, атқаны.

              Маған ауыр осылардың бәрінен

              Өз ауылымның иттері үріп қашқаны...

             Хош сау бол, Қарқаралы, жуылмаған,

             Айдай бер қалса адамның қуылмаған.

( Ахметті жұлқып алып кетеді, сахнаға Ахмет қайра шығады)

Ахмет: Мен өлсем де өлемін жөнімменен,

              Тәннен басқа не алар ем өлім менен?!

              Өлген күні апарып тығары-көр,

              Мен жоқ болман көміліп тәнімменен.

             Тән көмілер,көмілмес еткен ісім,

             Ойлайтындар мен емес бір күнгісін.

             Жұрт ұқпаса-ұқпасын, жабықпаймын,

            Ел-бір күншіл, менікі-ертеңгі үшін.

Оқушы:

1937 жылы екінші рет ұсталып, сталиндік репрессияның пышағына ілініп, атылады. Қазақ халқы өзінің рухани көсемінен осылайша мәңгіге айрылды.

Асықпаңдар! Артымызда қазы бар,

Тергеп талай, көрлеріміз қазылар…-

деп өзі айтқандай 1988 жылдың 4 қарашасында Қазақ ССР-нің Жоғарғы Соты Ахмет Байтұрсыновты ешбір қылмысы жоқ деп тауып, оны толық ақтау туралы шешім қабылдады. Сөйтіп, ғалымның адал азаматтық есімі қалпына келтірілді

Жүргізуші: -Ахмет Байтұрсынұлының -еңбегі жанған жанның бірі. Істеген ісінің жемісі-соңынан келе жатқан жастар. Оның арты Ахмет Мектебіне тізіліп, кіріп жатқан жас буын, жаңа өсіп келе жатқан қазақ әдебиеті Ах өзінің басшысы деп санайды. Ахаң ашқан қазақ мектебі, Ахаң түрлеген ана тілі, Ахаң салған әдебиеттегі елшілдік ұраны-«Қырық мысал», «Маса», «Қазақ» газетінің 1916 жылдағы қан жылаған қазақ баласына істеген еңбегі, өнер-білім, саясат жолындағы қажымаған қайратын біз ұмытсақ та тарих ұмытпайды.

-Әрине, Ахмет тағылымын бір сәтте оқып білуге болмайды. Оны жылдар бойы оқып үйренуіміз керек. Ахмет Байтұрсынұлының ақын, публицист, ғалым, қоғам қайраткері санатында жасаған барлық еңбегі, тартқан қорлық, көрген азабы, болашаққа сенген үміт-арманы-баршасы ұлы миссияны орындауға, туған халқы үшін қасықтай қаны қалғанша қалтықсыз қызмет етуге арналған.

 Қорытынды:Сандықша” сұрақтары

Мұғалімі: сандықшаның ішінде Ахмет атаның мысалында кездесетін зат жатыр. Оның көмегімен өзіңнің бейнеңді көруге болады. Ол не?

Балалар: Айна

  • Ал мына затты кейіпкер ем үшін киемін деп алады.

Балалар:Көзілдірік

  • Мына затты пайдаланған мысал кейіпкері байлыққа құнығып кетеді.

Балалар: Әмиян

  • А. Байтұрсыновтың өлеңдер жинағының “Маса” деп аталуының себебі неде?

(Өлеңдерін “Маса” етіп жұмсап, ел құлағына барып ызыңдап, ұйқыдан оятуға тырысты)

Я құдайым! Аққа жақ!

Өзіңе аян- мен нақақ.

Аққа деген жолымның

Абыройын ашпай, жап! - бұл шумақтар қай өлеңнен алынған?(“Тілек- батам”)

2. Жас Ахметтің жүрегіне жара түсіріп, “Анама хат” өлеңінің жарық көруіне себеп болған қандай оқиға? (Патша чиновниктерімен қақтығысқа келгені үшін әкесі мен ағасының сотталып жер аударылуы, жазалаушы отрядтың елге жасаған зорлық- зомбылығы)

3. Әйгілі орыс ғалымы Григорий Николаевич Потанинге тарту ретінде Москвада жарық көрген кітабы? (“Ер Сайын” жыры)

4.“Қазақ қалпы” өлеңінде Ахмет Байтұрсынов қазақ елін неге теңейді?

(Теңізде жүзіп жүрген еспесіз қалтылдақ қайыққа теңейді)

5. А. Байтұрсыновтың “Ақын ініме” өлеңі кімге арналған? (Міржақып Дулатовқа арналған)

Ахмет Байтұрсыновтың өмірбаяны

1. А. Байтұрсынов қай жылы дүниеге келген? (1873 жылы)

2. Қай қалада мұғалімдік мектепте оқып, білім алған? (Орынбор)

3. А. Байтұрсынов қай газетке редактор болған? (“Қазақ” газеті)

Жүргізуші:  Ахмет өмірі мен шығармашылығы келер ұрпаққа мәңгілік өнеге болып қала бермек. Ахмет рухына тағзым ете отырып, бүгінгі тәрбие сағатын осымен  аяқтайық.



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?
Пікір жазу
Пікірлер 1
  1. gulbadan1982
    gulbadan1982 03.09.2022 20:54
    0 + 0 -
    керемет