Баланы қырқынан шығару

Баланы қырқынан шығару

   Шілдехана кешінен кейінгі қуаныш кеші – баланы қырқынан шығару. 20-30 күн өтіп, буындары аздап та болса қатайғанша, нәрестені өз анасы мен әжесінен басқа адам ұстамаған, шомылдырмаған. Және сәбиді қырқынан шығармайынша, қолына алып жұбатқанымен, үлкен қарт кісілер оның бетінен сүймеген. Мұсылмандардың түсінігі бойынша қырқынан шығарғаннан кейін ғана баланың тәні тазарады-мыс. Баланы толық қырық күннен кейін ғана шығару міндетті түрде емес. Ұлды отыз күнге жеткізбей шығару керек екен. Өйткені, халықтың қамын ойлайтын ер-азамат ерте өсіп, жігіт болуы керек. Қырқынан ұзақ уақыт шықпаса ынжық, отбасынан ары бармайтын ұсақ адам болып қалуы мүмкін деген ырым бар. Қызды 30 күннен асырып, кейде 40 күнді толтырып шығарған. Ерте шығарса жеңілтек, қыдырымпаз болады, ал әйел бала байсалды болуы керек. отбасының берекесі, ақылшысы деп қыздың ойлы, салмақты, ақылды болуын армандағандықтан осындай ырымдарды жасаған. Баланың мінезіне, ақылына әсер етуді қазақ халқы бала туа сала-ақ ойлаған. Қырық күн сәби үшін де, анасы үшін қатерлі, әрі қауіпті кезең. Қырық саны қазақта киелі ұғым. Қырқынан шықпаған бала жердің баласы емес деп есептеген және ешқайда шығармаған. Қырқынан шықпаған бала біртүрлі әлсізденіп, көзі тұманданып, қайда қарап тұрғаны белгісіз көзін аударып-төңкеріп тұрады. Ал, қырқынан шыққан бала керісінше көзі жайнап, жанарында от пайда бола болады. Осы қырық күн ішінде есті енелер келіндерін де жас баланы күткендей күтеді. Себебі, күтілмеген анасының кейін аурушаң болып жататынын осыған байланысты. Қырқынан шығару деген не? Баланы қырқынан шығарғанша оны күнде майлайтын болғандықтан, бір ақ жейдені майлаудан кейін кигізуге арнап, басқа киімдерінің астынан кигізген (Бір ай кигізеді дегенге оны жумайды екен деп ойлап қалмаңыздар). Сол майлы жейдені «итжейде» дейді. Жалпы, итжейде деп балаға ең бірінші рет кигізген жейдені айтады. Баланың ең алғашқы киімі – «итжейдені» кіндік шешесі тіккен. Итжейдені кең, мол, ұзын етіп тіккен. Оны бұлай тігудің өзіндік ырымы бар. Мына жалған қысқа ғұмырда таршылық көрмесін, басына тартса, аяғына жетпейтін жоқшылық көрмесін деген ырыммен және баланың денесі нәзік болғасын денесіне батпасын деп, «итжейдені» тігісін сыртына қаратып тіккен. «Қырқынан шығаруға үш әйел таңдалынған. Бір қадірлісіне баланың тырнағын, екіншісіне шашын алғызып, ең сыйлысына баланы шомылдыртқан. Шомылдырып болған соң сәбиге жаңа киімдер кигізеді де, итжейдені бала көтермей жүрген әйелдер ырым ғып алады. Баяғыда, егер ондай адамдар болмаса «итжейдеге» құрт, ірімшік толтырып итке байлап жіберген. Ауыл балалары итті ұстап алып жейдені жыртып, тәбәрік ретінде алған. Бұл – келешекте өздері де ержетіп, үйленіп, балалы болсын деген тілектен туса керек. Шомылдыру. Суды қайнатып, суытып, оған қойдың 40 құмалағын (тазартып, жуып), (қазіргі кезде бұршақ секілді дәндерді салады) оған қоса күміс тиындар, ұл балаға әлденеше асық қосады. Шомылдырып болған соң отырған адамдар асықты, тиынды ырым ғып бөліп алады да, қасық пен тостағанды шомылдырған кісі алады да, тырнағын, шашын алғандарға әр ата-ана өздері қалаған сыйлық жасайды. Шомылдырудың рәсімі. 40 құмалақты қасықтағы сумен қырық рет баланың басына құйып отырады. Әр қасық суды құйған сайын балаға арналған тілек айтылады. Біз төменде біраз тілектің тізімін беріп отырмыз, бірақ, бұлар ен сап қойған сөздер емес, әркім баласын қандай адам қалпында көргісі келсе, сол өз арманын, тілегін айтады. Ана үш, төрт, бес тілектер баланың өз тегіне, ата-баба, нағашыларының аруағына арналады.


Баланы қырқынан шығаруға арналған тілектер

1. Өмірге келген періште (есімі) мына кең дүниеге құт әкел!
2. Өмірің ұзақ болып, үбірлі-шүбірлі бол!
3. Ысты-Дулат аруағы қолдасын!
4. Бәйдібек ата мен Домалақ ана аруақтары жебеп жүрсін!
5. Бөлтірік, Оразымбет аталарыңдай тапқыр шешен бол!
6. Дінмұхаммед атаңдай әділетті, ел қамын ойлаған қазақтың адал ұлы бол!
7. Оттан да, оқтан да сескенбейтін Бауыржан атаңдай батыр бол!
8. Анаңның ғана емес, Адамның ұлы бол!
9. Денсаулығың зор, ер болып өс!
10. Балалық шағың бақытты болсын!
11. Жастық шағың жалынды болсын!
12. Қажырлы, еңбек сүйгіш бол!
13. Еңбегін ылғи жемісті болсын!
14. Іс-әрекетің жеңісті болсын!
15. Ұлтың мен тіліңді сүйіп өс!
16. Жұртыңа сүйкімді, туысыңа жағымды бол!
17. Мейірімді, рақымды бол!
18. Мәдениетті, кішіпейіл бол!
19. Абыройлы, атақты бол!
20. Білімді, оқымысты бол!
21. Парасатты, көсем бол!
22. Ақылды, білікті бол!
23. Ырысты, нәсіпті бол!
24. Досың көп, дұшпаның аз болсын!
25. Құдай көсегеңді көгертіп, арманыңа жеткізсін!
26. Ата-анаңа мейірімді, жақындарыңа қайырымды бол!
27. Дініңе берік бол!
28. Ата салтыңды сақтай біл!
29. Ынтымақ, бірліктің жақтаушысы бол!
30. Жақсы істің бастаушысы бол!
31. Елдің еңбегін елеп, өзгені өзіндей көретін бол!
32. Кеңпейіл, қонақжайлы бол!
33. Сабырлы, кешірімді бол!
34. Менмен, мақтаншақ болма!
35. Текке мал шашпақ болма!
36. Күншіл, қызғаншақ болма!
37. Пайымсыз, қанағатсыз болма!
38. Өнерлі бол: аузыңнан ән, бойыңнан сән кетпесін!
39. Жүрегің кең жігіттің сұлтаны бол!
40. Нәзік сезімді қыздың іңкәрі бол!


   Бұл сөздерді біреуі айтып, екіншісі суды құйып тұрса да болады. Қазіргі жастар балаларын дәл осылай шомылдырмаса да, өнеге мен тәрбиелілікті өн бойына өзек еткен ата салтымызды ұмытпауға шақырып, ата дәстүрінің ықпалын сақтап, адамгершілікпен өмір сүріп, қазақ халқына деген қасиетті сезімін өмірлеріне нәр етуін түсінсе екен деген мақсатпен осыларды айтып та, жазып та құлақтарына құя бергім келеді. Бәлкім, бірінші баласында болмаса да, екінші, үшінші балаларында, келіндерге түйсік кіріп, асыл қазына – ата салт-дәстүрлерімізге зейін қояр, қолданар. Өзі қазақ болып, қазақтың ата салтын білмеген, қолданбаған қазақтар өзін ел ортасында жалаңаш тұрғандай сезінуі керек қой деп ойлаймын. Қазіргі жастар, әрине, өз еркімен суға құмалақ салдыра қоймас. Бірақ, құмалақ зиянды болса бұрынғылар салмас еді ғой. Құмалақты салудың тағы бір себебі, өмірі малға байланысты халқымыздың бала бай болсын деген мақсаты. Кейбір жастар қырқынан шығаруға шақырғанымен, құр ырымын жасайды да, шомылдыртпақ түгіл, кейбірі балаларын көрсетпейді де, кейбірі орап әкеліп бір тырнағы мен шашының ұшын кестіртеді де, «күріктеген тауықша» алып кетеді. Бұл дұрыс емес, үлкен кісінің мейрімімен қырқынан шыққан бала болашақта да байсалды да байыпты болуына әсері тиері сөзсіз. Үлкен адамның алақанындағы биотогының әсері балаға жан тыныштығын әкеледі деген ұғым бар. Тағы бір айта кететін нәрсе, халық аузындағы әңгімелерге сенсек, қырқын шашты түгелдей алып тастаған дұрыс дейді, өйткені қырқын шашын алмаған адамның қарғысы қатты болады дейді. Біздің халық қарғысты ұнатпайды, себебі қарғысты ызамен ашу үстінде ойланбай да айта салуға болады, бірақ қарғыс екі ұшты (екі жағында да ұшы бар) дейді, орынды болса қарғалмаған адамға тиеді, орынды болмаса қарғаған адамның өзіне тиеді дейді. Сондықтан қазақ екі жақтың да амандығын тілеп, шашты түгелдей сыпырып тастаған. «Қырқынан шығару» тойын сөз ете отырып, біз онша мәнін біле бермейтін «қырық» деген сөзде де «жете» сияқты бір қасиет барын аңғаруға болады. Мысалы, сәбиді қырқынан шығарып, оны тазалау. О дүниелік болып кеткен адамдардың қырқын беріп, енді оның келмесіне көз жеткізіп, қоштасу.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?
Пікір жазу
Пікірлер 11
  1. Баланы қырқынан шығару, ата тілегі
    3 + 0 -
    Шығарайық қырқыңнан,
    Ай диларлы құлыным.
    Тырнағыңды алайық,
    Желбіресін тұлымың.

    Алайықшы шашыңды,
    Басыңа бақ қонсын деп.
    Жарқырасын жұлдызың,
    Күлім қағып жүзің тек.

    Абыройлы бол жаным,
    Елің мақтар әрқашан.
    Биіктей бер, өрлей бер,
    Тәнті болып барша жан.
  2. Баланы қырқынан шығару, ана тілегі
    5 + 0 -
    Шығарайын қырқыңнан,
    Тілек тілеп өзіңе.
    Сен аман бол жан қызым,
    Күлкі ойнап жүзіңе!

    Тырнағыңды алайық,
    Жүзің балдай жансын деп.
    Алайықшы шашыңды,
    Бар жақсылық болсын деп.

    Қызым менің гүл қызым,
    Ақылды бол, білімді.
    Жаратқаным жар болсын,
    Сәтті қып әр күніңді!
  3. Баланы қырқынан шығару, аға тілегі
    0 + 0 -
    Тырнағыңды алайын інім менің,
    Күлімдесін деп әркез жүзің сенің.
    Шашыңды да алайық ниет етіп,
    Бітпесін деп әнің мен жырың сенің.

    Денсаулығың зор болсын әрқашанда,
    Мойымағын қамығып, шаршасаң да.
    Батыл болғын Бауыржан атамыздай,
    Қамқор болып әрдайым барша адамға!

    Қуанышты өтсін сенің балалығың,
    Шаттықты боп жан інім бала күнің.
    Абыройлы, білімді, оқымысты,
    Парасатты, құрметті болғын інім!
  4. Баланы қырқынан шығару, әпке тілегі
    2 + 0 -
    Әпкең алсын қолына,
    Шығаруға қырқыңнан.
    Ашық болсын, оң жолың,
    Әрбір күнің құлпырған.

    Тырнағыңды алайық,
    Жүзің жарқын болсын деп.
    Шашыңды да алайық,
    Қадамың оң болсын деп.

    Гүлдей жайнап өсе түс,
    Ұзақ болып ғұмырың.
    Денің сау боп лайым,
    Биік болсын көңілің.
  5. Баланы қырқынан шығару, әже тілегі
    4 + 1 -
    Өмірге келген періште,
    Кең дүниеге құт әкел.
    Шығарайық қырқыңнан,
    Ал қанекей, кел бөпем!

    Шығарсын әжең қырқыңнан,
    Өмірің ұзақ болсын деп.
    Тырнағыңды, шашыңды,
    Алсын жақсы болсын деп.

    Бөлтірік шешен атаңдай,
    Сөзге шешен, тапқыр бол!
    Дінмұхаммед атаңдай,
    Әдідетті, адал бол!
  6. Баланы қырқынан шығару, ата тілегі
    1 + 0 -
    Шығарайық қырқыңнан,
    Балапаным, күн, айым!
    Тырнағыңды алайын,
    Жар болсын деп Құдайым!

    Алсын атаң шашыңды,
    Бауыржандай батыл бол!
    Білімді боп, білікті,
    Жақсылыққа жақын бол!

    Еңбек етер тоқтамай,
    Қажырлы еңбек сүйгіш бол!
    Айналаңа әрдайым,
    Мейірімді, нұрлы бол!
  7. Баланы қырқынан шығару, әке тілегі
    2 + 1 -
    Шығарайын қырқыңнан,
    Ұлым менің құлыным!
    Жаратқаным жар болып,
    Ұзақ болсын ғұмырың!

    Тырнағыңды алайын,
    Жүзің жайнап жүрсін деп.
    Шашыңды да алайын,
    Әр күн саған күлсін деп.


    Әкең саған тілейді,
    Өмірдің бар ғажабың.
    Балалығың күшті боп,
    Арта берсін ажарың!
  8. Оқырман Перизат♥️❤
    5 + 3 -
    Рақмет күшті ❤♥️❤♥️?❤♥️❤♥️
  9. Оқырман Ақбота
    Оқырман Ақбота 10.02.2021 09:10
    2 + 2 -
    Күшті екен рахмет ???????????
  10. аару
    аару 02.12.2020 21:09
    3 + 3 -
    ааа
  11. Аида Аманжолова
    14 + 0 -
    Кызды кыркынан шыгару. 40 соз керек комек?!