Ғабиден Қожахмет | Мектеп вальсі

  Ғабиден Қожахмет | Мектеп вальсі

- Айнұрды айтамын-ау, - дейді апасы. - Айнұрды айтып отырмын! - дейді сонан соң, "кімді айтып отырғанымды өзің біліп отырсың ба?" дегендей. Бұл - апасының үлкен ағасына қарап дастарқан басында сөйлеп отырғандағы кейпі.

- Ау, біліп отырмын ғой, - дейді ағасы. - Айнұр деген өзімізбен қарайлас
оқыған жігіттер емес пе?

- Сол бала мектепті алтын медальмен бітірді ғой, - дейді апасы.

- Ау, Айнұрлар деген мықты оқыған жігіттер ғой! - дейді ағасы. - Айнұрлар деген мектепте мықты оқыды емес пе?!

- Әне! Оқысаң, сол баладай болып оқы! - дейді апасы. - Ауылдың қарапайым ұлы. Мектепті өзінің білімімен алтын медальға бітіріп шықты.

Апасы соңғы сөзді айтқанда бұлар отырған жаққа қарап отырып айтады. "Осыны сендер үшін айтып отырмын, өздерің бірдеңе түсініп отырсыңдар ма?" дегендей.

- Сол бала қай ғылымның соңына түсті? - дейді сонан соң тағы да ағасына қарап.

Апасы осыны өзі біліп отырып әдейі сұрайды. Бұл - апасының бұларға тәрбие берудегі методикасы.

- Техника ғылымы, - дейді ағасы. - Айнұр техника ғылымынан қорғады ғой.

- Әне! - дейді апасы тағы да бұлар отырған жаққа қарап. - Техника ғылымы!

"Техника" деген сөзді айтқанда апасы бір түрлі салмақ түсіріп айтады.

- Тоқболат та осы мектепті бітірді ғой? - дейді сонан соң тағы да ағасына қарап. - Тоқболатты айтып отырмын?

- Иә, осы мектептің түлегі ғой, - дейді ағасы. - Осы мектепті бітірді.

- "Өркендінің" баласы ғой, - дейді апасы "Өркендеу" деген ауыл жақты бір нұсқап көрсетіп қойып. - Осы мектепті бітірді. Қайбір жылы сол бала әкеңе келді. Ойпырм-ай, өзін үлкен адамдарша ұстайды. Елдің тарихын сұрады ма, жердің тарихын сұрады ма, ауылдың тарихын сұрады ма? Әне, болатын баланың өзі сөйтіп ескі сөзді керек етіп жүреді ғой. Болмайтын бала тек бүгінгісімен өмір сүреді. Кәдімгі жүректері аблығып, аблығып. Ұшып-қонып. Тек көзінің алдында тұрғанды ғана көреді.

"Соның бірі сендер ғой" дегендей апасы бұлар отырған жаққа шүйліге қарайды. Сонан соң:

- Сол бала қазір қайда? - дейді өзінің кәнігі әдісіне көшіп, сұрағының жауабын өзі біліп отырса да.

- Қызылордада ғой, - дейді ағасы.

- Не қызмет істейді?

- Облыстық газетте. Әдебиет бөлімін меңгереді. Ол кісі филология ғылымының кандидаты ғой.

- Әне! - дейді апасы тағы да бұларға қарап. - Әдебиет бөлімін меңгереді!

"Әдебиет" деген сөзді айтқанда апасы техника деген сөзді айтқандағыдай, тағы да салмақ түсіре айтады. Сірә, адамға техника да керек, әдебиет те керек дегендей.

"Сол бала осы мектепті бітірді", - дейді сонан соң тағы да бұларға қарап отырып. "Әлде маған сенбей отырсыңдар ма?" дегендей қарар еді.

Осылай мектептің ілгерідегі түлектерімен бірге мектептің бұрынғы директорлары да, мектептің бұрынғы ұстаздары да қатарласа айтылып жатар еді.

Арада біршама уақыт өтті. Бір күні өзі де сол мектепке әдебиеттен сабақ беретін мұғалім болып барды. Бірде педсоветтің үстінде мектептің директоры: "Келесі жылы мектебімізге 50 жыл толғалы отыр", - деді. Бұл әңгіме содан кейін қозғала қоймаған еді. Келесі жылы ойына түсті. "Сол әңгіме былтыр айтылмап па еді? Онда мектепке 50 жыл толып отырғаны биыл ғой". Мектеп жайлы бірдеңе жазғысы келгені сол еді, көз
алдына дастарқан басында отырған ақ жаулықты апасы елестеп кеткені:

"Айнұрды айтамын-ау. Сол бала мектепті алтын медальмен бітірді ғой".

"Болатын баланың өзі ескі сөзді керек етіп жүреді ғой. Болмайтын бала тек бүгінгісімен өмір сүреді. Кәдімгі, жүректері аблығып, аблығып..."

Бұл жазылған дүние мақамға салып орындалатын мектептің бұрынғы түлектері мен ілгерідегі ұстаздарының аты аталатын мектеп тарихына байланысты жазылған жыр еді.

Арада бір жыл өтті. Осы жыл мектептің өзінің 50-түлектерін ұшыратын жылы болатын.

Бірде мәдениет қызметкері болып істейтін сазгер жігітке: "Мектепке 50 жыл толды. Биыл мектеп өзінің 50-түлектерін ұшырғалы жатыр.
Осылардың құрметіне бір ән жазсайшы", - деді. "Өлеңін жазып алып келсейші", - деді сазгер жігіт.

Бұл әңгіме ақпан айында айтылған еді. Арада үш ай өткенде мамыр айы басталысымен-ақ, көктемнің жайма-шуақ күнімен бірге ашық тұрған сынып есіктерінен әр үзіліс сайын мектептің бітіруші 50-түлектері өз мектептерінің әнін шырқап жатты. Ана мектеп 50-ге келді. Ана мектеп өзінің 50-түлектерін ұшырғалы тұрды. "Қожабақы мектебінің вальсі" әнінің сазының авторы - бұл күнде Қазалы аудандық мәдениет Орталығының директоры болып қызмет атқаратын Кемеңгер Өтеп. Түлектер әнді қайта-қайта шырқады. Сонан соң өздерінің соңғы қоңырауларына арналған салтанатты жиындарына алып шықты. Мектеп бітіру кешінде әуелетті.

Жазылған дүниелердің ар жағын ойласа, сол бір дастарқан басында анда-санда жаулығын бір түзеп қойып үлкен ағасына қарап сөйлеп отырған апасы көз алдына келеді. Ал кейде тіпті сона-а-у жылы соғыстан оралып, 20 жасында мектептің меңгерушісі болып, одан кейін басқа қызметке ауысқанша, сол қызметті 2 жылдай атқарған, ол кезеңде Қазалы қаласында орналасқан оқу бөлімі мен ауыл арасын атпен жол қылып жүрген, әлі апасына қосыла қоймаған шақтағы әкесі көз алдына елестеп кететіні де бар.

Facebook


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?