Ғабиден Қожахмет | Сыныптас
Әнеттің әйелінің ауылда тұратын шешесі дүние салған еді. Осыған байланысты Әнет әйелі екеуі соған баруға жиналды. Әнеттің өзі бірнеше балаға әке болған, балалары есейіп кеткен үлкен кісі ғой. Балаларының әлі жас кезінде қалаға келіп тұрақтағандары болмаса, өзі де, әйелі де сол ауылда туып-өскен. Әрі екеуі сыныптас.
Әнет ауылға келді. Көпшілік жиналып, үлкен кісіге қызметін жасасып жатты. Әнет те солармен бірге ортасында жүрді. Үлкен кісінің жамбасын жерге тигізетін күні үйге Жәмет келді. Жамет кеше де келіп кеткен. Дүние салып жатқан үлкен кісінің балаларына, қыздарына, жақындарына көңіл айтып шыққан еді. Енді бүгін де келді. Және осы үйге етене жақындығы болмаса да, өзінің жұмыстағы кісі екендігіне қарамастан, осы үй жақта болды. Үлкен кісіні де бейітке қойғанда Жәмет оның балаларымен, жақындарымен бірге еріп барып қойысып келді. Жәмет, негізінен, Әнет пен әйелінің он жыл бірге оқыған сыныптасы еді. Мүмкін осы жерге айналып жүруінің де бір себебі осында болса, екінші жағынан дүние салып жатқан үлкен кісіге деген құрметі, оның балаларына деген тілеулестігі де болар. Жәмет ұзын бойлы, кең иықты келген жан. Ол да бірнеше балаға әке болып отырған кісі. Оның да балалары ересек. Жәмет осы үйде жүргенде үнемі сыныптасы Әнеттің жанында жүрді. Әңгімелессе де, сонымен әңгімелесіп тұрды. Бейіт басына барғанда да Әнеттің жанында бірге кетіп бара жатты. Бейіт басынан келе жатқанда да Әнетпен бірге әңгімелесіп келе жатты. Бейіт басынан келгеннен кейін де Әнет екеуі өзге кісілермен бірге ауланың ортасында өзара әңгімелесіп тұрған еді. Бір кезде Әнет Жәметке тесіле қарап тұрды да, оның жанына жетіп барып:
- Өй, қалайсың, Жәмет?! - дегені елпектей амандасып.
Тұрған кісілер Әнеттің мына қылығына таңданысып қалды. Өйткені Әнет қалжыңдасатын жастағы жас бала емес қой. Ес тоқтатқан үлкен кісі. Оның үстіне дәл қазір қалжыңдасудың не реті бар. Әнеттің бұл қылығына Жәмет те таңданып қарады. Сосын өзіне ұсынып тұрған Әнеттің қолын алды:
- Қалайсың?
- Қашан келдің?! - деді енді Әнет Жәметке қауқылдай сөйлеп.
Жәмет күлді:
- Ау, мен деген азаннан бері жаныңда жүрген жоқпын ба? Мені енді көріп тұрғандай сөйлегенің не?!
Сөйтсе, Әнет азаннан бері жанында жүрген адамды өзінің он жыл бірге оқыған кластасы Жәмет деп мүлде ойламаған екен. Оны осы үйге ағайындас бір кісінің баласы екен деп ойлап жүріпті. Ол да Жәмет сияқты ұзын бойлы, кең иықты келген өздері қатарлы кісі әрі түрі де сәл-пәл Жәметке ұқсас болғандығы бар, сол екен депті. Бірақ басқа жақта тұратын ол келмеген. Әнет оны жанымда жүрген сол, сөйлесіп тұрғанда да сонымен сөйлесіп тұрмын, бейіт басына барғанда да, келгенде де сонымен қатар келе жатырмын деп түсініпті. Әнеттің ұғымында бұл жерде сыныптасы Жәмет жүруге тиісті емес, ол бұл үйдің туғаны емес, туысқаны емес, руласы емес, ағайыны емес, ендеше, Жәметті бұл жерде жүреді деп мүлде ойына да келмеген екен. Жәметтің Жәмет екендігін енді ғана барып байқаған кезде барып Жәметті аулаға әлгінде ғана кірген екен деп ойлап: "Өй, қалайсың, Жәмет?!" - деп жаңа көргендей болып амандасып тұрғаны да сол екен. Осыны білген соң Жәмет те:
- Бәсе, әйтеуір, адаммен бір түрлі сөйлесесің. Мені танымаған екенсің ғой? Әй, Әнеке! - деп Әнеттің мына қылығына біраз ішек-сілесі қатып күліп алды.
Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?