Ғабиден Қожахмет | Концерт

  Ғабиден Қожахмет | Концерт

Сахнаның үстінде ұзынды-қысқалы екі адам тұр еді. Бұл концерт әдеттегі концерттерден қызықсыз көрінетін сияқты болды. Өйткені келіп жататын концерттердің адамы көп боп дүмеп жүретін. Мұндай концерттердің негізі, әдетте, облыс орталығынан келеді. Өздерінің сөздерімен айтқанда, Қызылорда облыстық филармониясының жанынан құрылған. Сахна ашылғанда барабанда, гитараларда ойнайтын жігіттері тұрады. Олар әншілерді сүйемелдейді. Енді бірде бұл жігіттер қаздай тізіліп сахнадан шығып бара жататын. Демек, сахнаға дәстүрлі әнші көтеріледі деген сөз. Осы кезде концерт жүргізушісі дәстүрлі әншіні хабарлай бастайды. Әншіге берілетін барлық атақ-абыройдан да артық түсер бір сөз бар еді. Ол сахнаға көтеріліп келе жатқан дәстүрлі әншіні Ғарифолла Құрманғалиевтің шәкірті деп хабарлаған сөз. Дәстүрлі әншіге адамдардың тарапынан құрмет пен қошемет көрсетілуі үшін осы сөздің өзі де жеткілікті еді. Ал келген концерттің құрамында филармонияның күміс көмей әншісі Күлән Қалымбетованың болуы адамдарға шабытты көңіл сыйлайтын. Әншіге деген халықтың құрметі мен ықыласы тым ерекше еді.

Жекелеген аспапта ән салатын әншілер де келетін. Сондай әншілердің бірі Геннадий Шульга болды. Осы Геннадий Шульга келе жатыр десе, нәзік жандылардың алабұртып кететіні несі екен. Сірә, олар Геннадий Шульганың сырнаймен сызылтып салатын әніне ғашық болса керек.

Өр көңілім саған қарай сүйреген,
Әнім едің шырқай салған кештерде.
Тұрып-тұрып қайтушы едім үйге мен,
Терезеден сенің шамың өшкенде.

Тіпті тура қарай алмай көзіңе,
Жолыққанда көңіліңнен шықпадым.
Сені баурап кете алмадым өзіме,
Содан болар, сен де мені ұқпадың.

Содан болар, бұрылып бір қарамай,
Кеттің ұшып, арман құсым аңсаған.
Көгершінмен қайырласқан баладай
Бақыт тілеп қала бердім мен саған.

Бұл - сол кездегі Геннадий Шульганың орындауындағы халық сүйіп тыңдайтын әндердің бірі еді.

Ал "Яшлык" анасамблінің келуі адамдарды тіпті дүрліктіріп жібере жаздады. "Яшлык" тамылжыған жаз айында келген еді. Сондықтан жазғы клубта өткен концертке адам өте көп жиналды. "Яшлык" енді қайтып келе ме, келмей ме, сондықтан "Яшлыкты" көрген де арманда, көрмеген де арманда" десті адамдар.

Цирк те келетін. Олардың концертінің кезінде, қайдан ұшып шығып жатқандығы белгісіз, аппақ көгершіндер клубтың терезесінің карнизіне барып қонақтап тұрды. Көгершіндерден балалар көзін ала алмай қалды. Көбіне қала балалары ғана асырап, олардың шатырлары мен антенналарында қонақтап тұратын осындай аппақ көгершіндер балалардың арманы еді. Бірақ көгершіндер бір түрлі көрінді. Қанша дегенмен, сиқыршылар ұстаған құстар емес пе. Адамдар сахна үстіндегілерді сиқыршылар, көзбояушылар дейтін.

Ал клоунның мықшыңдап сахна үстінде тұрған кір тасын көтермек болған әрекеті адамдардың күлкісін туғызды. Қалбаңдаған клоун зіп-зілдей кір тасын қайдан көтерсін. Бірақ клоун ап-ауыр кір тасын иығына дейін көтере алды. Сонан соң тастың салмағымен өзі қаңғалақтап кетті. Бұл адамдардың күлкісін одан әрі туғызды. Кенет клоун тасты бұлғап-бұлғап тұрып адамдарға қарай лақтырып жібергені. Зіп-зілдей кір тасы адамдарға қарай зырқырап ұшып келе жатты. Адамдар басына тас түсіп кетердей қорқып кетті. Клоун тасқа әлдебір көзге көрінбейтін жіп пе, резеңке ме таққан болуы керек, кенет зырқырап ұшып келе жатқан кір тасын өзіне қарай тартып ала қойғаны. Сөйтсе, тас дегені кір тасының сипатында жасалған ауа толтырылған резеңке екен. Адамдар клоуннан алданғанын білгенде, ду етіп күлді. Сөйтсе, клоунның манадан бергі мықшың әрекеті мұның шын кір тасы екендігіне адамдардың сана-сезімін жеткізіп алу үшін жасалса керек. Ал сонан соң тасты адамдарға қарай лақтырып жібергенде... Адамдар клоунның өнеріне дуылдатып қол соқты.

Енді сахна үстінде ұзынды-қысқалы екеу ғана тұр еді. Кенет олардың кішкентайы өзін тап-таза қазақ тілінде таныстырып, жасым 32-де дегенде, адамдар таңданып қалды. Өйткені оны бойына қарап 32-ге келе қойған деп ойламаған еді. Ол сахна үстіне бір жігіт шықсын деді. Ұзынды-қысқалы екеу сахнаға шыққан жігітке орындықты ұстатты да, сенің құшағыңда бойжеткен қыз тұр, сен онымен вальс билеуің керек деді. Әдетте, жігіт мұндай күлкілі ұсыныстан бас тартуы керек еді. Бірақ күтпеген жағдай орын алды. Жігіт орындықты алды да, сахна үстінде шыр көбелек айналып, вальс билей жөнелді. Адамдар қыран-топан. Өйткені музыка жоқ еді. Ал жігіт болса, орындықты құшақтап алып вальс билеп жүр. Сонан соң ұзынды-қысқалы екеу оны тоқтатты. Сөйтті де, оған сен боксшысың дегені сол еді, ол орындықты қоя салып, лезде боксшыға айналып шыға келді. Адамдар күліп жатыр. Ал жігіт болса, теледидар ішіндегі кәнігі боксшылардай-ақ көзге көрінбейтін қарсыласымен шайқасып бағуда. Кенет оған сен футболшысың деп еді, ол футболшыға айналып шыға келді. Допты аяқта қақпақылдайды және қақпаға қарай бағыттайды. Ұзынды-қысқалы екеу не десе де, ол оны сол заматта орындайтын. Сахна үстіндегі екеу сахна үстіне кімді шақырса да, осылай елді қыран-топан күлдіреді. Сөйтіп, олар елді күлкіге кенелтіп, елмен жылы қоштасып барып, аттанып кетті.



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?