Ғабиден Қожахмет | Жас жұбайлардың анасы
Ана ауыр науқасқа шалдыққан еді. Төсек тартып жатып қалған. Осы кезде оның жалғыз ұлы үйленді. Ана өз өмірінде бұл тойды асыға күткен еді. Онда үнемі өзін тойдың ортасында мәре-сәре боп жүгіріп жүрген қалпында елестететін. Бірақ анаға қазіргі сәтте ауыр науқасы бұған мүмкіндік бермеді. Оның орнына тойда сіңлілері жүгіріп жүрді ғой. Сонда да ана төсегінде жатып алып, ұлының үйленіп жатқандығына қуанып жатты.
Той да өтті. Адамдар тарап кетті. Тек ананың жанында кеше ғана үйленген жас жұбайлар қалды. Жастар үнемі ас ішетін мезгіл болғанда, ананы да өздерімен бірге ас ішуге шақыратын еді. Бірақ ана оған жарамайды ғой. Дегенмен үнемі: "Мені өздеріңнің ас ішкелі жатқан бөлмелеріңе апарып жатқызыңдаршы, - дейтін ана. - Мен сендердің қатар отырып ас ішіп отырғандарыңды көріп жатқым келеді".
Жұбайлар ананы өздері ас ішкелі жатқан бөлмеге әкеліп жатқызады. Анаға өзінің сүйікті ұлы мен ұлының жары - өзінің келінінің қатар отырып ас ішіп отырғанын көру ұнайтын болуы керек. Ана өзі ас ішпесе де, ұлының ас ішіп отырғанын көріп жатқандығына қуанады. Оны енді ана уайымдамайды. Оның енді қарны ашып қалмайды. Оның тамағын беретін адамы бар.
Ананың ұлы спортшы жігіт еді. Мүмкін ол әр жарысынан оралған сайын, ана оны өз қолымен тамақтандырған шығар. Сонда ұлы анасына еркелеп отырып, өзінің жарыста қалай жеңгендігін, қарсыласына қандай әдіс қолданғандығын мақтанып отырып айтып берген болар. Анаға осы бір өзінің соқталдай ұлы әлі бөбек сияқты көрінетіндігі қызық. Ана оны мақтаныш ететін еді. Оның енді киімі кіршең тартып жүрмейді. Мүмкін ана оны өз қолымен талай рет жуып та берген болар. Ана ендігі сәтте ұлын өзінің сүйікті келініне тапсырып жатқан секілді еді. Ғұмырының соңғы күндерінде осы бір көріністен шүкіршілік етіп, қуат алып жатты.
Ана көп ұзамай көз жұмды. Аналар - өмірге ұрпақ қалдырып барып өтетін жандар. Ал олардың ұрпақтары жалғаса береді.
Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?