Тәуелсіздік тәңірдің сыйы
Еркіндігін еншілеп, егемендік тізгінін қолына алған мемлекетіміздің Тәуелсіздік туын көгінде желбіреткеніне де міне, биыл 25 жыл толып отыр! 25 жыл! Тарих үшін қас-қағым бұл сәт, жұмыр басты пендеге әжептеуір уақыт. Жас жігіттің ақыл тоқтатып, оңды- солын танып, алға қарай нық басып, өзін көрсетер шағы десек, мемлекетіміздің де тек алға қарай дамып, өркендеу кезеңіне де жетіп отырғанын көзіміз көріп отыр.
Біздің Отанымыз - Егеменді, Тәуелсіз, Қазақ мемлекеті.
Осынау маржандай тізбектеле қалған сөздердің астарында-жатса түсінен, тұрса есінен бір сәт кетпеген бабалардың ғасырлық арман жолы жатыр емес пе?
Тереңнен ойлап, тебірене толғансаң- халқымыздың барша тарихы осы Тәуелсіздік үшін, халқымыздың бас бостандығы үшін күреспен өткен екен.
Мың өліп, мың тірілген қазақ елі қилы- қилы тағдыр тауқыметін көрсе де, ұлт ретінде тарих сахнасында өзін- өзі сақтай білді. Халқымыздың қайсарлығы мен табандылығы арқасында бүгінде еркіндік самалының рахатына бөленудеміз.
Тәуелсіздік - Қазақ үшін ғажап құт.
Ғажап құтқа жүрмейді енді мазақ түк.
Бөрі мінез Бабалардың арманы-
Айналайын, алтын қанат-Азаттық!- деп, ел Тәуелсіздігіне өшпестей ерлік істерімен өз үлесін қосып кеткен Қайраттай ағамыздың өлең жолдарын еске түсірсек, қазақ халқы ұлт болып ұйығалы бері тап бүгінгідей біртұтас, қуатты мемлекет құрып, өз тағдырын өзі шешуге мүмкіндігі болған емес. Қазіргі күнде мемлекетіміздің дүние жүзіндегі ең ірі мемлекеттермен терезесі тең. Ешкімге жалтақтап жатқанымыз жоқ.Осынау жылдар ішінде елімізді ғаламға танытқан көптеген игі істер атқарылуда. Қазақстанның көк аспанында көк туымыз желбіреп, Қазақстан деген елдің бар екенін әлем жұртшылығы мойындағалы қашан. Бүгінгі таңда әлем назарын өзіне аударып отырған қазақ елінің әр күні, айы, жылы жағымды жаңалықтарға толы. Иә, елімізде бейбітшілік пен тыныштық заман.
«Қазақстан - біртұтас жер, біртұтас халық және ортақ келешек»- деп Елбасымыз айтқандай, бүгінгі таңда еліміз түрлі ұлт өкілдерімен бір шаңырақ астында ынтымағы ырысты,бірлігі бекем болып, бір үйдің баласындай жарасты ғұмыр кешіп, еліміздің толағай табыстарын арттыруға өз үлестерін қосуда.
«Ел бірлігі – ең асыл қасиет» деген қағидатты қастер тұтатын Елбасымыздың: « Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын.Тәуелсіз ел атанып, бұрын- соңды болмаған, өзгелермен терезесі мемлекет құрдық. Дүние жүзі сыйлайтын ел атандық. Соның бәрі - бірлігіміздің арқасы!»-деген дана сөздерін әрқашан жадымызда ұстасақ артықтық етпейді.
Еркін елдің қашанда арманы асқақ,
Ой мен еңбек ұштасқан қарбалас шақ.
Ұлыларын әлемнің мойындатып,
Қазақ көшін келесіз алға бастап-деп, Бауыржан Оңғарбаев ағамыз жырлағандай, ел басқару ешқашан да оңай болған емес. Ал, Тәуелсіздікке жаңа іліккен елді қиын кезеңде басқарудың мың батпан ауыр жүгін тек ердің ері ғана көтере алары анық. Оның үстіне халқымыздың бағына қарай, осынау қиын кезеңде ел басқару тізгіні Н.Ә. Назарбаев сынды өз жұртының арман- мұңын сезіне білетін тәжірибелі саясаткер, биік парасат иесінің қолында болуы да бүгінгі биігімізге толымды табыстармен жетуімізде аз рөл атқарған жоқ. Бір ғана «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған бірегей ұлттық жобалар көрмесі мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемдік деңгейдегі беделінің қаншалықты биік екенін танытады.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін де Елбасымыздың мынадай сөздерімен аяқтайын деп отырмын: «Тәуелсіздік- тәңірдің ұрпаққа берген үлкен бақыты,халқымыздың мәңгілік құндылығы. Біз бүгінге дейін барлық жетістіктерімізге Тәуелсіздіктің арқасында қол жеткіздік...
Еліңнің ұлы болсаң, еліңе жаның ашыса, азаматтық намысың болса, қазақтың ұлттық жалғыз мемлекетінің нығайып- көркеюі жолында жан теріңді сығып жүріп еңбек ет. Жердің де, елдің де иесі өзің екеніңді ұмытпа!
Иә, «Халықтың кемеліне келіп, өркендеп өсуі үшін ең алдымен азаттық пен білім қажет»- деп ұлы ғалым Ш. Уәлиханов айтып кеткендей, еліміздің бақытын тербеткен Тәуелсіздігіміз баянды, іргесі мәңгі берік болсын. Сүйікті Отанымыз - Азат Қазақстанды қорғау бүгінгі ұрпақтың қолында. Еліміздің «Мәңгілік Ел» болуына баршамыз ат салысайық ағайын!
Мақтарал ауданы, Асықата кенті
«№121 жалпы орта мектебі» КММ
қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі
Тультаева Перуза Альмахановна
Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?