Антон Чехов | Моншада
I
— Әй, сопайған неме! Бу жібер! - деп дауыстады денесі аппақ жуан мырза, буалдыр будың ішінде тұрған селдір сақалды, мойнында үлкен мыс кресі бар, ұзын бойлы, арық біреуге қарап.
— Асыл тектім, мен моншашы емеспін, шаштаразбын. Бу жіберу менің жұмысым емес. Қарықтық қойсақ қалай қарайсыз. Қансорғыш қарықтық қоюға бұйырмас па екенсіз?
Жуан мырза қызарған жамбасын сипап қойып, ойланды да:
— Қарықтық па, бір себептен, қойсаң қой. Асығып тұрғаным жоқ, - деді.
Шаштараз моншаның ауыз бөлмесіндегі саймандарына жүгіріп барып келді, бас-аяғы бес минуттың ішінде жуан мырзаның кеудесі мен жауырынында он қарықтық қарауытып тұрды.
— Асыл тектім, мен сізді танимын, - деп сөз бастады шаштараз он бірінші қарықтықты қойып жатып, - сіз өткен сенбіде де жуынғансыз, дәл сол күні аяғыңыздың күсін тазалап бергенмін. Мен шаштараз Михайломын... Тап сол күні сіз менен қалыңдық жөнінде сұрастырғансыз... күні. Есіңізде ме?
— Е-е... Ал сонымен?
— Түк те емес... Қазір аузым берік, сондықтан ғайбат айтудың өзі күнә, асыл тектім, сөйтсе де сізге шынын айтпауға шамам жоқ. Менің ғайбатымды құдай өзі кешірсін, бірақ қазір қалындық атаулы ақылсыз болып кетті... Бұрынғы қалыңдықтар мінезі салмақты әрі байыпты, дінді есінен шығармайтын, ақшалы адамға тиюді қалаушы еді, қазіргілер оқығандарды ұнатады. Оқығанды тауып бер, ал чиновник мырзаны немесе көпестерді көзіне көрсетпе, өзіңді әжуа қылады! Оқығандардың өзі әрқилы, кейбірі, әрине, жоғары шенге жетеді, ал кейбірі өмір бойы хатшылықпен өтеді, өлсе, көмуіне жұмсар қаржысы да жоқ. Осындайлар қазір аз ғой дейсің бе? Бізге солардың бірі келіп жүреді. Телеграфшы... Бәрінен асқан, өз жанынан да ойлап шығара алады, бірақ жуынатын сабыны да жоқ. Бейшараға жаның ашиды... - Кедейі кедей, бірақ адал! Мұндай адамдарды мақтаныш ету керек. Оқығандыққа кедейлік қосылса, ол рақымы мол қасиеттіліктің белгісі.
"Надан!" деген қырылдақ жуан дауыс естілді жоғарғы сәкіден.
Михайло көз қиығымен жоғарғы сәкіге қарады... Қабырғасы ырсиып, сүйегі шыққан бір арық адам сыпыртқымен ішін сабалап отыр екен; салбыраған ұзын шашынан бет-аузы көрінбейді. Михайлоға қадалған, кекесінді, ызалы екі көзі ғана көрінеді.
— Ұзын шаштылардың өзі, - деп көзін қысып қойды Михайло, - идеясы барлар... Мұндай жандар осы кезде соншалықты көбейіп кеткен! Қайсыбірін ұстап бітірерсің... Көрдің бе, шашын сабалақ-сабалақ қылып қоя бергенін, қуарған қу қаңқаның! Христианның жақсы лепесін естісе, бұлар кірпідей жиырылады, арамға ладан түтеткенмен бір есеп. Оқыған, көзі ашықтарға ара түсті! Қазіргі қалыңдықтар, міне, осындайларды жақсы көреді. Нақ осындайларды, асыл тектім! Масқара емес пе? Күзде мені бір священниктің қызы шақырды. "Мишель, - дейді маған, мен бикелердің шашын бұйралаймын ғой, содан солардың бәрі мені Мишель деп кеткен. - Мишель маған бір күйеу тауып бер, өзі жазушы болсын" дейді. Мұның бақытына менің ондай біреуім бар еді... Ол Порфирий Емельянычтың трактиріне барып жүретін жұртты газетке жазамын деп қорқыта беретін. Ішкен арағының ақшасын сұраған адамды табанда құлақ түбінен періп жіберетін... "Не дейсің? Менен ақша алмақпысың? Білесің бе, менің кім екенімді? Кісі өлтірген деп сені газетке жазып жіберу қолымнан келетінін білесің бе?" Сондай бір сұмпайы еді, үсті-басы құс түткендей. Соны поптың ақшасы көп деп қызықтырдым, бикештің суретін көрсеттім де кездестірдім. Кие тұруға кәстөм тауып бердім. Бикешке сонда да ұнамады. Ажарында бейқамдықтың белгісі жоқ дейді. Қандай бекзатты іздейтінін өзі де білмейді!
— Бұл баспасөзге жапқан жала! Оңбаған, - деген қырылдақ дауыс естілді тағы да сол жоғарғы сәкіден.
— Оңбаған мына мен бе? Ым!.. Сіздің бағыңыз бар екен, мырза, бұл аптада менің аузым ораза еді, әйтпесе "оңбаған" дегеніңіздің есесіне бір сөз айтар едім... Сіз, ендеше, жазушылардан екенсіз ғой?
— Мен жазушы емеспін, дегенмен өзің білмейтінді сөз қылушы болма. Россияда талай жазушылар болған. Олар жер бетіндегілердің көзін ашты, міне, осынысы үшін оларды жазғырудың орнына қадір тұтуға тиістіміз. Дүнияуи жазушылар жөнінде де, діни жазушылар жөнінде де дәл осыны айтпақпын.
— Діни адамдар мұндай істермен шұғылданбас болар.
— Сендей надандар қайдан түсінбек. Дмитрий Ростовский, Иннокентий Херсонский, Филарет Московский, шіркеудің басқа да әулиелері өз шығармаларымен ағарту ісіне ат салысқан.
Михайло бұл жауына көзін аларта түсіп, басын шайқады да, қарқ-қарқ күлді.
— Е - е, мынау әлгі бәленің өзі, мырза... - деп күмілжіді желкесін қасып, - Ой-сана жағының бірдемесі... Шашының да ұзыны тегін емес. Тегін емес! Мұның бәрін біз тым жақсы түсінеміз, сіздің қандай адам екеніңізді қазір көрсетеміз сізге... Қарықтықтар осылай тұра тұрсын, асыл тектім, мен қазір... Барып келейін.
Михайло суланған шалбарын жүре көтеріп, жалаң аяғын шалпылдата басып, моншаның ауыз бөлмесіне шықты.
— Моншадан қазір ұзын шашты біреу шығады, - деді ол, конторканың аржағында сабын сатып тұрған балаға қарап, - сен соны әлгі... соны байқап тұр. Идеяларымен жұрттың басын қатырып болды... Идеялары бар... Назар Захарычқа барып келсем бе екен...
— Балаларға өзің айт.
Михайло киім жанында тұрған балаларға:
— Қазір моншадан бір ұзын шашты шығады. Жұрттың басын қатырып жүр. Соны байқап тұрыңдар да, бәйбішеге барып келе қойыңдар. Назар Захарычқа кісі жіберсін, хаттама жасатуға. Әртүрлі сөздер сөйлейді... Идеялары бар... - деп сыбырлады.
— Ол қай ұзын шашты екен? - деп балалар үрпиісе қалды.
— Мұнда ондайлардан ешкім шешінген жоқ. Бар шешінгендер алтау. Міне, мына жерге екі татар, мына жерге бір мырза, мына жерге көпестерден екі адам, мына жерге дьякон... ал бұдан басқа ешкім шешінген жоқ. Сен, сірә, дьяконды... ұзын шаштыға жорып жүрген шығарсың? - десті.
— Жоқтан өзгені шығарасыңдар, сайтандар! Білемін не айтып тұрғанымды!
Михайло дьяконның киімін қарап, шапанын ұстап, кім білсін дегендей иығын қомдап қойды. Жүзінен таңырқағаны байқалады.
— Түрі қандай адам?
— Арық, ақсары... Болар-болмас сақалы бар... Жөтеле береді.
— Ым?.. - деп міңгірледі Михайло. - Ым!.. Онда мен, дін адамына ит болып үрген екенмін ғой... Денисийекеңнің тәңірге жазған жерін қара! Күнәкарлық деген осы! Оның үстіне аузым берік қой, ағайындар! Райдан қайту үшін қалай барамын енді, дін адамын ренжіткен болсам? Құдай, өзің кешіре гөр мендей күнәһарды! Кешірім сұрауға барайын...
Михайло желкесін қасып, бетін тыржита моншаға бет алды. Дьякон жоғарғы сәкіде жоқ болып шықты. Ол төменде шылапшынға су құйып алып жатыр екен.
— Дьякон! Кешіре көріңіз, құдай үшін, мен қарғыс атқанның қылығын! - деді Михайло жыламсырап.
— Немене үшін?
Михайло ауыр күрсініп, дьяконның аяғына жығыла кетті.
— Сіздің ойыңызда идеялар бар шығар деп сезіктенгенім үшін!
II
Никодим Егорыч Потычкин жоғарғы сәкіге шыға беріп:
— Қызыңыздың мінез-құлқы жақсы, сонша ажарлы бола тұрса да, осы күнге дейін күйеуге шықпағанына таң қаламын! - деді.
Басқалар сияқты Никодим Егорыч та жалаңаш болғанмен, қасқа басында фуражкасы бар еді. Басыма қан құйылып, талып қалармын деп сақтанып, әрқашан фуражка киіп шабынатын. Ол әңгімелесіп отырған адам Макар Тарасыч Пешкин деген екі аяғы жіп -жіңішке, көкпеңбек, кішкене ғана шал иығын қомдап қойып:
— Оның күйеуге шықпаған себебі, құдай мені қатаң мінезден мақрұм қалдырған. Тым жуаспын, момынмын. Ал қазір момындықпен ештеңе бітіре алмайсың, Никодим Егорыч. Бұл кездегі күйеудің сыңайы жаман, сондықтан олардың сыңайына сай қимылдау керек, -деді.
— Сыңайы жаманы қалай, былайша айтқанда? Мұныңыз қай тұрғыдан.
— Күйеу дегендер дандайсып кеткен... Оны қалай ұстау керек? Қатаңдық керек, Никодим Егорыч. Оған мәймөңкелеу жарамайды, Никодим Егорыч. Мировойға, Гордовойға тарту, тұмсықтан періп қалабасын шақырту керек, міне, осылай істеген дұрыс. Бәрі де түкке тұрмайтын жандар.
Екі дос жоғарғы сәкіге қатар жатып алып, сыпыртқымен соғына бастады.
Жоқ, неге? Сүйсінгендіктен көзімді жұмып жатқаным ғой...
— Міне, енді... Дашамның қасына еріп жүре бастады. Ескертіп қояйын, Дашаның жасы ол кезде жиырмаға да толмаған, жұрттың бәрі таң қалатындай болатын. Құрмадай! Етжеңді, тұлғасы сымбатты. Стат кеңесшісі Цицеронов - Гравианскийдің басқармасында қызмет істейтін - қызыма гувернанткалыққа кел деп құлдық ұрды, бірақ қызым барғысы келмеді. Катавасов біздікіне келіп жүретін болды. Күн сайын келіп, түн ортасына дейін отырады, Дашамен неше қилы ғылым, физика туралы сөйлеседі... Оған әртүрлі кітаптар әкеліп тұрады, музыка тыңдайды... Бәрінен де гөрі кітапқа қарай ойыса береді. Менің Дашамның өзі де оқыған, кітаптың оған тіпті керегі жоқ, жаман үйретеді, ал ол ананы оқы, мынаны оқы деп, өлердей мезі қылады. Байқаймын, қызды ұнатып қалған. Даша да кет әрі емес сияқты. "Әскери адам емес ол, сондығынан ұнамайды маған, әкетай", - дейді. Әскери адам болмағанымен, теріс емес. Шені бар, жақсы текті, тамағы тоқ, ішкілік ішпейді - тағы не керек енді? Айттырды. Батамызды бердік... Жасау мүлкі туралы сұраған да жоқ... Қарапайым пенде емес, бейнебір перизат, Жасаусыз да күнелте алатын сияқты. Неке қиятын күнді де белгіледік.
Сөйтіп, немен аяқталды дейсіз ғой? Иә тойдан үш күн бұрын Катавасов менің дүкеніме келіп тұр.
Екі көзі қып-қызыл, өңі құп-қу, қатты үрейленгендей дір-дір етеді. Не керек еді десем. Айыпқа бұйырмаңыз, Макар Тарасыч, бірақ мен Дарья Макаровнаға үйлене алмаймын, жаза басыппын дейді. Оның уылжыған жастығына, арулығына қарап, онан бір тиянақ, былайша айтқанда, мінез-құлқынан сонылық табам ба деп ойлап едім, ал ол жылтырағанға әуестеніп дағдыланып қалыпты. Әшекейге әуес екен дейді, еңбекпен ісі жоқ, бәрін ана сүтімен қоса еміпті дейді. Ал менің есімде жоқ, оның не емгені... Айтады да өзі еңіреп жылайды. Ал мен ше? Мен, жарқыным, оған ұрсып - ұрсып алдым да қоя бердім. Мировойға да, оның бастығына да шағым айтқаным жоқ, қалаға масқара қылмадым. Мировойға барсам, онда елге масқара болармын деп қорқып, үйленер еді. Бастықтары қыздың не емгеніне қарамасы хақ. Қыздың басын айналдырған екенсің, енді үйлен. Әне, Клякин көпес, естіп пе едіңіз, мұжық бола тұра істеген ісін көрсеңіз... Оның күйеуі де қасарысып болмаған-ды, жасау ішінен көңілге қонбайтын бір затты байқап қалса керек, сондықтан Клякин оны сарайға алып кіріп, есігін тарс бекітіп алыпты да, білдіңіз бе, қалтасынан оқталған алты атарын суырып алып: "Үйленем деп құдай алдында ант бер, әйтпесе дереу атып тастаймын, сұмырай. Дереу!" депті. Жігітің ант береді де, үйленеді. Міне, көріп отырсыз. Ал бұл менің қолымнан келмес еді. Тіпті, төбелеске де жоқпын... Менің Дашама консистория чиновнигі, хохол Брюзденконың көзі түскен болатын. Ол да дін басқармасынан. Көрді де көңілі кетті. Өзі қызара бөртіп Дашаның қыр соңынан қалмай жүреді де қояды, әртүрлі сөздерді айтып мыжи береді, аһ дегенде аузынан жалын атады. Күндіз біздікінде болады, түнде терезе алдын торуылдайды. Даша да оны жақсы көріп қалыпты. Хохолдың көзі ұнаса керек. Оның көзінде оттың ұшқыны мен түннің қараңғысы бар дейді. Хохол осылай біраз жүрді де, ақыры Дашаны айттырды. Даша көңілі толып, қуанды, ризалығын берді. "Мұның әскери адам болмағанымен дін басқармасынан" екенін, оның өзі интенданттық қызметпен бірдей екенін түсінемін, сондықтан мен оны тым жақсы көремін, әкетай" дейді. Қыз болғанымен де интенданттық қызметтің не екенін түсінгені ғой! Хохол жасауды көріп шығып, менімен біраз саудаласып алғаннан кейін бәріне ризамын, той тездетілсе екен дегендей ишарат жасады. Нақ сол неке қияр күні, қонақтарды көріп, басын ұстай алды да, азар да безер болмасын ба. "Құдай-ай, туған -туысқандары не деген көп еді! Риза емеспін! Үйлене алмаймын! Үйленгім келмейді!" -дегені ғой. Сонан кетті - ай дейсің салпылдап. Мен олай да, бұлай да... Асыл тектім, сен өзің есіңнен адасқанбысың? Туған-туысқаны көп болса, ол соғұрлым абырой емес пе деймін. Көнбеді! Бөркін алды да тайып отырды.
Мынадай тағы бір оқиғаның болғаны бар. Дашамды орманшы Аляляев айттырды. Дашаның ақылы мен мінез - құлқына көңілі толды. Ал Даша да теріс көрмейтін сияқты. Дашаға оның сыпайы мінезі ұнаған еді. Ол шынында да текті жерден шыққан, жақсы адам. Барлық жол - жоралғысымен келістіріп айттырды. Жасаудың бәрін көріп өтті, сандықтардың бәрін ақтарды, салопты күйеден сақтай алмағаны үшін Матренаға ұрсып алды. Маған мүлкінің тізімін әкеп көрсетті. Текті жерден шыққан адам, ол жағынан ондай-мұндай деп жаман атаудың өзі - күнә. Шынымды айтсам, өзі маған ұнады. Менімен екі ай саудаласты. Мен оған сегіз мың сом беремін, ал ол сегіз жарым сұрайды. Саудаластық, саудаластық шайға отырып алып, он бес стақаннан ішіп, соның өн бойында саудаласа беретін кезіміз де болды. Мен оған екі жүз сом қостым, болмайды! Сөйтіп, үш жүз сом үшін айырылысып кеттік. Кетті байғұсың, жылай-жылай... Тым жақсы көруші еді Дашаны! Өзімді-өзім жерлеймін енді, кінәлімін, қатты ренжимін. Оған үш жүз сомды берсем немесе бүкіл қалаға масқара қыламын деп қорқытсам, не болмаса қараңғы бөлмеге кіргізіп алып тұмсыққа соғып - соғып жіберсем болатын еді ғой, жаза басып қалдым, ақымақтық істеп алғанымды енді көріп отырмын. Қайтерсің, Никодим Егорыч, ынжықпын!
— Жуассыз тым. Бұл рас. Жә, болды, қайтатын мезгіл жетті. Басым зеңіп кетті...
Никодим Егорыч біраз шабынып алып төменге түсті. Макар Тарасыч терең бір күрсініп алды да сыпыртқысын бұрынғысынан бетер сермей түсті.
Аударған А.Елшібеков
Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?