Тоқаш Бердияров | Тойда

  Тоқаш Бердияров | Тойда

Күмбірлеген жана үйдің ішінде Қонысбайдың үйлену тойы басталып та кетті. Ерлі-зайыптылардың денсаулығы үшін және олардың бақытты өмірі үшін дүркін-дүркін тостар көтеріліп, жас семьяға инабатты құттықтау сөздер айтылып жатты.

Жаңа әлгінде ғана пешке салынған көмір қып-қызыл шоқ боп, салқын үйді қыздырып барады. Сол сияқты қызғылт түсті ішімдіктер де тым-тырыс отырған жұртты қыздыра бастады. «Т » әрпіне ұқсас ұзын столды жағалай отырған қонақтар дабырласып, өзара ду-ду әңгімеге кірісті. Мұндай көңілді шақта әркім ағынан жарылып өз мансабын, тұрмыс-күйін немесе күнделікті тіршілігін сөз етеді емес пе?!

Босағада отырған екі қатынның ауыздары сүйреңдей жөнелді:

— Бетім-ау, Шайзада айрылысып кетіпті!

— Жиырма бес жыл отасқан күйеуімен бе?

— Ия.

— Тәуба!.. Алиментін алып тұра ма екен?

— Алғанда қандай, үш баласына елу процент!..

—Мен өзім сауатты әйелдерді жек көремін.

— Е, неге?

— Байының үстінен арызды бұрқыратады да жатады... Қыздарды тек қана шағым жазу үшін оқытпайды ғой, құдағи-ау!..

Бір бұрышта отырған екі дүкенші де өзара жайлап сырласа бастады.

— Ойбай, Үмеке-ау, саудадан пайда түсіру қиындап кетті. Бір кезде таңсық болған тігін машинесі мен түбіт орамал дегендеріңе қазір жұрт пысқырып та қарамайды.

— Несін айтасың,— деп ауыр күрсінді екіншісі,— бес-алты кәмпитті таразыға сылқ еткізіп салып жіберіп, бес-он тиынды жылп еткізіп қалтаға жымқыратын заман әлдеқашан өтті ғой... Екінің бірі — тексеруші. Қымқырғаныңды сезе қойса, әкеңді танытады. Басы ауырған қызыл мұрындарға «ақ телпекті» құйып сатып, там-тұмдап пайда түсіруші едік, оны да құдай көп көрді. Біздің сорымызға ішермендер де азайып барады...

Екі жастың үйлену тойында өз өлеңдерін ыстық шабытпен оқыған қызу қанды ақындар да қызыл кеңірдек боп бір-бірімен дауласып жатыр.

— Сен білесің бе, тәуір жаза бастаған тракторшы ақын қайда?

— Тыңға аттанған болар.

— Сеніңше Хамбай қандай ақын?

— Хамбай ақын емес, Жамбай ақын.

— Сосын әлгі мұртты лирик ше?.. Аты кім еді өзінің?

— Әзіл-оспақ жазатын артист ақынсымақты айтасың ба?

— Жо-жоқ, құрылысшы ақынды айтам...

— Шахтер ақын — Лақаңның талқаны таусылды-ау, ә?..

— Таусылғаны несі, алпыс мың жол өлең-роман жазды дейді ғой!..

Ақындармен жанаса отырған нығыз денелі жігіттер машина жүргізетіндер болса керек. Байқап көрсеңіз, олардың сөз саптауы осы бір жайтты аңғартады.

Ия, Андрей, қара қазан төңкерілді. Жарты-байлық нәпақа көзден ұшты... Кәзір автобус, таксі дегендердің құмырсқадай қаптап кеткен. Ауылдан қалаға, қаладан ауылға тынбай жүріп тұрады. Жүк машинасына кешеуілдеген жолаушылар ғана отырады. Олар да қуланып алған. «Бір сом бере ғой» десең, көздері ажырайып кетеді. «Орындығы жұп-жұмсақ, тап-таза автобустың өзі отыз тиын алады. Сен не көкіп тұрсың, шырағым?..»— деп, ат-тонын ала қашады. «Тиісті жеріне хабарлаймын»,— деп тіпті, машинаңның номерін де қағазға түртіп қояды. Мықты болсаң тақымдасып көр сондай адаммен!.. Қиын, бауырым...

— Бәрінен де ГАИ-лықтардың қорлығы етеді,— деп екінші бір жас жігіт сөз бастап кетті,— тормозыңды ырғап-ырғап кереді. Ол аз болса, баллоныңды тепкілейді. Тұмсығын жақындатып, аузыңды иіскейді. «Жолдамаңды көрсет!»— деп ит рәсуаңді шығарады.

Төр жақта қасқиып отырған колхоз бастығы — Кәупек Кәукенич екі қолын ерсілі-қарсылы ербеңдетіп, орнынан әзер тұрды. Тершіген желкесін арсалаңдап сүрткілеп жатқанда жуан, майлы шүйдесінің терең жыпқылдары оның бет орамалын жібермей қысып қалды. Ол бар күшімен тартып жібергенде орамал «дырр» ете қалды да ортасынан қақ бөлінді. Кәупек Кәукенич қолына іліккен үзінді шүберекпен быржиған бетін рақаттана сүртіп жатты. Желкесіндегі үліп-үліп еткен жыртындыға ол мүлде мән берген жоқ. Тына қалған жұртқа сүзіле бір қарады да, әңгімесін бастай жөнелді.

— Жолдастар!.. Қылышын сүйретіп қыс келеді. Ал біздің дайындығымыз мардымсыз. Шопандарға қой қора салу құрылысы анау айтқандай емес, қарқыны бәсең. Сүрлем қоры жеткіліксіз. «Жантақсайдағы» мая-мая пішенді көрінгеннің малы жеп жатыр. Өлі су ішіп, іш тастаған буаз қойларға табан арасында шара қолдану керек. Қолхозымыздағы жеті жүз елу екі килограмм... Ғафу етіңіздер, то-есть, жеті жүз елу екі бас жылқының тұқымын өсірейік. Яғни, жылқы атаулыны молайтайық!..

Кәупек Кәукенич қолындағы арағын қағып салды. Аузы-басын сүртініп, бұлыңғыр көздерін ерсілі-қарсылы төңкеріп, тағы да сөйлейін деп ыңғайланып еді, қасында отырған сапалақ сары бәйбіше бастықтың етегінен ұстай алды.

— Шалым-ау, саған не көрінді, біреудің тойында екілене сөйлеп? Баяндамаңды кеңсеңе барғанда жасайсың. Көп көкімей тек отыр. Қыздар ән салсын, тыңдайық!..

Бұл жиынның той екендігін сезгендіктен бе, әлде зайыбына бағынғандықтан ба, ләм-мим демей басекең өз орнына қонжия кетті.

Терезе тұсында имиген екі адам отыр. Жүздері солғын.

Өздері көңілсіз. Оқта-текте бір-бірімен ыбыр-сыбыр, күңк-күңк әңгімелесіп қояды. Имек мұрын ақ құбашасы:

— Өсеке, хал қалай?— дейді.

— Несін сұрайсың, Қосеке-ау, арақ ішуді ерте бастап, мінеки, денсаулықтан айрылдық,— деп екінші бір қара жігіт жолдасына мұңын шақты,— дәрігерлер «ас қазаныңның түгі түскен»,— дейді. Былтыр Қырымға барып емделдім. Бір жаманы — ет жеуге және арақ ішуге мүлде болмайды.

— Менің де дертім сол ғой, достым. Бір грамм ішсем де ас қазаным түйіліп, көгеріп-бозарамын.

— Той-думанда елден ерек жабығып отырудың өзі — барып тұрған сорлылық екен.

— Бойында күші жоқ Сарыағаштың салқын суы көңілді қайтіп шалқытсын?..

— ...Кәне, дастарқанға жақын отыр, бауырым, мына сүт қатқан күріш көжені ішіп жіберейік. Біз екеуімізге диет тәртібін қатаң түрде сақтау керек. Әйтпесе денсаулықтан айрыламыз... «Нарзаннан» құяйын ба саған?..

Ал енді бұлармен іргелес отырған егделеу екі адамның әңгімесін тыңдап көрелік. Әңгімені қызыл шырайлы кісі бастады.

Сенесіз бе, мен биыл екі мың еңбеккүн таптым. Шіркін, қойшылыққа не жетсін,— деп селдір жирен мұртын бір шиырып қойды,— мемлекетке артығымен жүн тапсырып, құдақалса, келер жылы көктемде «Волга» машинасын сатып алмақпын! «Еңбек етсең емесің»,— деген осы да!..

— Сіз мені үгіттегелі отырсыз ба, тақсыр?— деді шопанның қасындағы шегір көз, сұрқай жүзді кісі,— қойдың рақатын сіз-ақ көріңіз. Бізге серілік өмір жетеді. Осындай той-томалақ көп болып, көкпар, бәйге үзілмесін. Ақбоз атым аман болса, тегін соғым дастарқанымда. Екі білекті сыбанып жіберіп, үзеңгіні бір тебініп қалсам, үйге тақымым бос қайтпайды. Шіркін, көкпар, ыю-қию дүние-ай!..

Манадан бері аузы тынбаған, қысық көз, шыпылдақ, шұбар келіншек, шарапқа сұғына кіріскен қасындағы күйеуің түйгіштеп-түйгіштеп қойды.

— Аз іш деймін, мас боп қаласың!

Күйеуі әйелінің бетіне тесірейе қарады да:

— Бүйірімді оясың тәртіпсіз неме,— деді жақтырмаған пішінмен. Қолындағы тостағанын төнкере салды. (Әрине, аузына).

— Қап, сені ме! Үйге барған соң сазайыңды бермесем, Ақбике деген атым өшсін!..

Әркімнің бір дерті бар демекші... сөйтіп, не керек, той да тарқады-ау, әйтеуір...



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?