Әбіш Кекілбаев | Бәсеке

  Әбіш Кекілбаев | Бәсеке

I

Қыз өссе қырсық көбейеді деген рас екен. Әйтпесе, тап бүгінде Балпан байдың мұрты қисаятын жөні бар ма?! Құла сағым көп жылқының алды суды Шіліктіден ішкенде, арты сонау алты көштік Тасқайнарға жаңа құлап, аспан астын ақ шаң қылып жатысы анау. Қойдың саны қазір қаншаға жеткенінен өзі де бейхабар. Әйтеуір, жабағы жүн қырыққанда саудагер Шүрен күніне он арбадан қалаға жөнелтіп тұрып, жарты ай дегенде зорға тауысты. Көшен ақын Балпан байдың көшкен жұртында әр бұтаның түбінде бір-бір түйе ұмыт қалады деп жырлап жүр.

Құдайға шүкір, әкімдермен де қабағы оң: ауыздарын майлап-майлап қысы-жазы бірдей қапырық ұзын қапыдан құтылып, мынау жарыса аққан екі өзеннің алқабын түгел бір өзіне қаратты. Басына қыстайды, аяғына жайлайды, екі ортадағы елу көштік ен дала мұның өрісі. Осы анада жаз басында ғана соғып кеткен ақ патшаның ұлығы астындағы көк арбаның тертесін жерге кіргізіп жіберетіндей маңғазданып келіп еді, қоңыр марқалардың зауза айындағы туырылған уыз еті мен жарықтық қымыздың жібітпейтін пейілі бар ма! Әлгі сабазың кетерінде бұны қалыңдығынан бетер аймалап, қайта-қайта құшып зорға қоштасты. Балпекеңнің де білмейтінін ит жесін — ұлықты шығарып салыңдар деп артына алты жігіт ертіп, елдің шетінен екі жүз ісекті айдап апарып, қалтасына ақша қып салып беріңдер деді. Баласын үй ішіне қант-шай әкел деп қалаға жұмсап, екі арбаны аузы-мұрнына шыққанша өңештен өтетіндердің ең бір жылы-жұмсағынан сықады. Ол ұлық үйіне Шіліктің бойынан қызырға жолыққандай қызара бөртіп, асып-тасып барғанда бәйбішесінің алдынан марқаның ақ уыз құйрығын асып отырғанын көреді. Сосын ол көкесінің атын ұмытса ұмытар, тап Балпанды ұмыта алмас. Бұдан былай о бәлемнің қарыны шұрқыраса да, Балпан деп шұрқырайтын шығар.

Патшағардан бір сескеніп, секем алған жері — алдында ғана берген қымызыңды ішінде тышқан жүргендей үрке қарап, үпіріп ішіп отырып, есіктен Ажар кіріп келгенде жирен мұрты жыбырлап, көзі күлімдеп, құдайы берді де қалды. Аузына келгенді оттап, былдырықтап мәз-мейрам болды. Балпан бай оның тіліне түсінбесе де, бұл нәлет ас қайырып бата қылып отыр дейсің бе, қызыма қызығып отырған шығар деп ойлады. Алдында ғана оқтау жұтқандай илікпей отырған ұлық табан астынан жадырап сала берді. Қолына иттің басын ұстатсаң да көрер емес, екі көзі Ажарда. Балпан қызы құрғырыңның көзін құрт деп бәйбішесіне ымдады. Қашаннан Балпан байдың қасы мен қабағына қарап қалған бәйбішесі Ажарды апарып, Өтегеннің отауына кіргізіп, ұлық кеткенше көрінбе деп қамап қойды. Ұлық сосын шақшасын ұмытқан насыбайшыдай әлденеге есеңгіреп, назары сынып қалды. Балпан бай бұ патшағар жаңағы қызды тауып әкел деп бақырып-шақыра ма деп жаман қорқып еді, айналайын, олар біздің мына өз атқа мінерлеріміздей қыз көрсе, құлқыны құрып, босағаңды мойнына іліп жүрмейді екен, етке тойып ап, қымызға қанып алып, торсиып жатты да қойды.

Балпан бай сонау бала күнінен әй-шәйсіз отасып келе жатқан бәйбішесіне со күні қатты ренжіді, қыздың қырсық екеніне де сонда көзі жетті. Бақса, сұлу қызы бар кісі де астына ұрлықтан түскен ат мінген адамдай боп шықты. Өз-өзіңнен қуыстанып, жұрттың жүзіне телміріп, екі көзің тостағандай болған бұ не дәурен! Ана Можан байдай жылына бір ұлдан табатын кең құрсақ, кебеже қарын қатын алғанда, малың бақташысыз, дәулетің мұрагерсіз, шаңырағың иесіз қалады деп қорықпай, жағаң жайлау, омырауың төскей, төрт жағың төрт құбыла боп отырмас па едің. Можанның қайын енесі пақыр да ұлды көп тапқан кісі еді, үйіне қашан барсаң да жан-жағыңнан бұзаушық бас қара бала толып жүретін; қашан барсаң да түбегі қаңсып, жөргек сасып отыратын. Асылы, әйел алсаң анасына қара, жолдас ертсең әкесіне қара дегенде баяғы шалдар қымыз ішіп, қызара бөртіп, шалықтап отырып емес, бастарына бірдеңе мықтап тиген соң айтқан болды ғой. Әй, аруағыңнан айналайын ата-баба, мал бағып, мақал шығарудан басқаны білмеген сендердің айтқандарыңды түгел орындап жүрсек те, басымыз бүйтіп айналмас еді-ау. Ести тұра ұқпай, ойымызда сайрап тұрса да ұмытып кетіп, құдай атады ғой бізді.

Әкесі марқұм бұл он беске ілігер-ілікпесте үйінен су шыққандай ел айнала далақтап шапқылады да жүрді. Бір күні үйдің іргесіне дейін шауып келіп, атынан түсті де, қамшысын іліп жатып, қақ төрде жататын қызыл тазыны көрмей, қарнын басып кетіп қаңсылатып, бүкіл ауылды азан-қазан қылды. Сасқанынан бұндайда шаңқылдап боқтайтын әдетін де ұмытып, әпірейіп тұрды да қалды. Қайың тазы қашан қаңсылағанын қойғанша әкесі байғұс аңырып, аузына сөз түспеді. Тазы әрі-бері тызалақтап безіп жүрді де, ақыры үйдің артындағы үюлі жүктің көлеңкесіне тығылып тыншыды. Әкесі төрде сілейіп әлі тұр. Кемпірі: «Оу, сен сабазға не болған?» — деп еді, сонда барып тіл бітті. «Е, қатын, Қыдырбайға құда түстім, ырзық дарыған үй еді, қызын беретін болды», — деді. Әкесі байғұс өзі әйел алғанда да тап бүйтіп қуанбаған шығар. Есіктің алдында жападан-жалғыз асық иіріп ойнап отырған бұны шақырды. «Әй, жаман, жасық, доңыз неме, қатын аласың ба?» — деп сұрады. Бұл да әкесінің сөзінің ыңғайына қарап, «жасық, доңыз» атанғанша, қатын алып, құлағымды тыншытайын деген болу керек:

«Алам!» — деді. Бұл Маржан сүйтіп түсірген бәйбішесі ғой. Обалы не керек, пақырдың ырзығы десе дегендей екен. Ол осы үйдің есігінен аттағалы бұл ауыл бір жұтап көрген емес. Ана жылы соңғы баласының үстінде қиналғанда арғы түбі түрікменнен келген сауса бұлақ қызыл мая ғана табан астынан іші тасырайып жарылып өлді. Содан басқа Маржан ұстаған ыдыс-аяқтың сынса сынғаны бар шығар, оған біткен мал мен баста шығын жоқ. Бұрындары ырғалып-жырғалып жұрттың ең соңында қалатын бұл ауылдың көші ол келгелі елдің ең алдымен аттанатын болды. Ұстаса үйі сәнді, пісірсе асы тәтті. Маржандай әйел кемде-кем. Құдайға шүкір, артындағы дәулетке, төбесіндегі қара шаңыраққа ие бар. Маржан біраз жыл бала көтермей торықтырып барып, Өтегенді туды, араға бір-ақ жыл салып, Ажарға жүкті болды. Екі баласының да қол-аяғы балғадай, батпанақтай-батпанақтай. Жұрт шіркіннің көзі жайына қарап жүре ме, әсіресе, кемпір жағы: «Алла-ай, осы келіннің тапқан баласы-ай!» — деп ауыздарының суы құритын еді. Енді, міне, Ажардың өзі он сегізге кетіп барады, содан соң Маржан бір рет құрсақ көтерді де, қазан асып жүргенде ошақтың бұтына оратылған жыланнан шошып түсік тастады. Сосын қайтып етегі қанамады. Балпан бай ішінен осыған жұрты құрғырдың көзі тиген жоқ па деп те ойлайды. Оған бала көтермедің деп өкпелейтін де жайы жоқ. Құдай тек осы бергенін ұзағынан сүйіндірсе болды.

Иекке сақал шығып, бетке иман жүгірген кезде Балпан байды енді ештеңе иектей қоймас. Осы жұрттың қайтып қақпаны шапқыр, тазысы алғыр болатынына бұл түсінбейді. Анау жылтыр көз, тәмпіш мұрын Сайыптар өзінің қара орманы бұйырмағандай, өзге үйлердің көрпесін тоздырып жүр. Сырт қарасаң сып-сыпайы, пайғамбардың аузына жап-жаңа түскен періштедей Зейнелдің өзінің төсек жорғасы мықты деседі. Бұның бұрын, о да етегіне намаз оқып жүрмесе де, тап үйіне уақтылы қонып тұратындай тәртібі бар шығар деп ойлайтын бір адамы — Сеңгір. Сөйтсе, ішіне саудыратып арықтан өлген малдың сүйегін салған қара қапшық арқалатып қойғандай жілігі сылдырап жүріп, о неменің де біраз бұлтарысы бар екен. Оны әне бір жылы Алтау аулындағы тойға барғанда байқады. Келген еліміз бір ғой деп бір үйге түсті. Бұл қымызы тәтті, асы мол тойлы ауылдың күмбіретіп тіккен ақ үйінің айқара түрілген салқын самиян іргесінде керегенің бір-бір көзін жастанып, іштерін сипап, қайдағы-жайдағыны соғып жатқан шал-шабырдың қасында аузы аңқиып әңгіме тыңдап отырса, Сеңгір бір кіріп, бір шығып тіпті тыным таппай қойды. Ошақ басылармен сөйлескен боп, қазан сапырып, самаурын қойып жүрген келіншектердің ыңғайын аңдиды, ән тыңдап, қызық көргісі келген боп, сауық құрып жатқан жерге барып, есіктің алдында өнерпаз жігіттерге қошамет айтып, тойды қыздырып отыратын азулы жеңгелерге тиісіп, сөзден сөз тудырып, қылжақтаса кетеді. Сөйтіп жүріп-ақ, талай кер миықтың оң қабағына тап болыпты. Бір күні ақсақалдар бастың аудармасын сарқытқа бұларға беріп еді, орта жолдан Сеңгір иемдене қойды. Жалма-жан көздің біреуін алақанына ағызып, табақтас отырған етті-жеңді көзі күлімдеген әдеміше сары келіншекке ұсынды. Ойда жоқта бұл да байқап қалған екен. Сеңгір көзді беріп жатып, шынашағымен келіншектің сақина салған саусағын сипады. Келіншек те бірдеңені іші сезсе керек, жымиып күліп қойды. Бұның қасында жататын Сеңгір сол күннен бастап қашан кеткенше түннің бір уағында оянып кетсе, орнында жоқ боп шығады.

Жұрты құрғыр сайтанмен табақтас болып қалғандай, осындай ылдым-жылдым ұры қулықты қайдан үйреніп ала қояды. Анада бір мұртын қағып отырып, айнаға көзі түсіп кетіп еді, тұсында бұ да тап жұрт үркетіндей жігіт болмапты. Анау екі самайдан ай қасқаланып, торсиып бөліне шыққан жалпақ кең маңдайы, періштенің аузынан түскендей мүп-мүсінді болмаса да еркек кісіге лайық етті қыр мұрыны, сәл бұйығылау болғанмен, ылғи күлімсіреп тұратын қой көзі, етті-етті қайқайған еріндері, соның бәрін молынан сыйғызған үлкен дөңгелек беті, қанды қоңыр жүзі, қатарларынан ертерек шыққанмен, ерсі қайқайып кете қоймаған еркек адамға бір түрлі орнықтылық бітіріп, егделік сән беріп тұратын қозы қарыны, ортадан жоғары бойы, етті-жеңді денесі — осының бәрін құдайекең кез келген еркекке құшақтатып жатыр ма? Әйелдер еркектің бұдан артық келбеті мен сымбатын шайына езіп іше ме... Сөйтсе де мұның Маржаннан басқа әйелдің көйлегіне қолы тиіп көрген жоқ. Асылы, бұған әйел қарамайды емес, мәңгі кісідей маңқиып жүріп, мұның өзінің көп нәрсеге көзі түспейтін тәрізді. Баяғы жас жігіт кезінде құрдастары Балпан қызы бар үйге қонғанда қу кемпірлер қонақ түнде қозғалар ма екен деп, ұйықтап қалған соң көрпесінің үстіне бір уыс құмалақ қойса, таңертең сол құмалақ бір сынық құмалақ шығыны жоқ, әлгі орнында тұрады екен деп күлісіп жүретін. Сол қалпымен әлі келеді.

Әйтпесе, бұл секілді дәулеттілердің талайы жас иіс сүйіп, үш-төрттен тоқал құшақтап отыр. Әлгі жабуы тұрмайтын жарбай түйедей ылғи бір иығына қисайып жүретін қыңыр Қоразхан құрдасының өзі екі әйел алды. Ал бұл болса... Тфу, мынау құда түсіп, қыз сұрап қылқылдаған көп жұрт әбден алжытайын деген екен. Баяғыдан бері жүріп-жүріп, енді не әңгі есектің миын жегендей, әр немені бір ойлап отыр. Балпан бай ызаланып түкіріп жіберді. Қайта дер кезінде Қыдырбайға тұзақ салып үлгерген марқұм қара шалға рақмет айтуы керек қой, әйтпесе өзіне салса, мына жүрісімен қатын қайда...

Балпан енді Маржанды қойып, өзіне ренжіді. Ренжімей қайтсін, қызы қылтиып бой жеткелі бір күн іргесі тыныш тұрған емес. Бір «салаумағалайкүмнің» соңынан бір «салаумағалайкүм», біреуін белдеуден аттандырып жатсаң, сылаңдап тағы біреулері түсіп жатады. Ақ патшаның анадағы ұлығын қойшы, қалтасына сар құлақ түсетін болғасын, ол неме қызды қайтсін. Бірақ ұлық кісіні ренжітіп алам екен деп қатты састы. Асты-үстіне түсіп бақты. Ғұмыры бетіне тік қарап көрмеген Маржанға да сол күні тілі тиді.

— «Қызды қырық үйден тый» деген қайда? Үйде қонақ отырғанда үстіне неге кіреді? Аға-жеңгесінің отауына бара тұрса болмас па? Енді оны тұлымын желпілдетіп алдымызға алып отыратындай ес білмейтін бала емес қой. Аулымыздың үстінің ат көпір боп жатқаны мынау. Көрмей ме, білмей ме? Білмесе сен қайда жүрсің, ана жеңгесі Жазыл қайда жүр? Апырау, адам өзінен туған бала түгілі, есігінің алдындағы итке де жөн, әдеп үйретеді ғой.

Өмір бақи мұның аузынан осынша қатты сөз естіп көрмеген Маржан бір түрлі жермен-жексен болып, үн-түнсіз үйден шықты. Мұның айтқан сөздері батты ма, әлде ауылдың үстін осынша айқай-сүренге салып, қыз тапқанына қамықты ма, көзі жасаурап көңілі босап кетті. Барып ап Ажарға ұрысса керек. Ол содан қайтып ауылға қонақ келе жатса, ағасының отауына қарай безе жөнеледі.

Бірақ Балпан байдың құлағы тыншымады. Күніне екі-үш ауылдан құдалық түседі. Солармен әрісі шариғаттан, берісі ата-бабаның үрдісінен айтып, мәслихат соғып отырғанда тіпті шаруаға айналуға да қолы тимейді. Қарайған малын бір алланың өзіне тапсырып, бірінен соң бірі қаздай тізіліп, келіп жатқан қолқашылармен әңгіме дүкен құрып отыруға бұл пейіл болғанмен, келгендер разы емес. Үйіңнен қыңырайып шығады да, сыртыңнан қаңқу таратады, сүйегіңнен өткізіп тіл тигізеді, атаңның аруағына, қызыңның арына тиеді, менсінбеді деп жауығады. Қызын келін ғып түсіре алмаған қиқарлар енді бұның жылқысын қолды қылмаққа жанталасып жүрген көрінеді. Аз ғана ағайын біресе мұның өзіне алаң боп, біресе малына алаң боп әбден бастары қатты. Енді мұның өз аулынан, ағайын арасынан қолқашылар көбейе бастады. Олар бұдан қыз сұрамайды. «Бірге туғанмен, бірге өлмек жоқ деген. Қызды кім тумады. Қайсысының қызы өле-өлгенінше қасында отыр. Қайта бетінің қызылы, атының абыройы орнында тұрғанда құтыл. Ел дегенді білесің ғой, қараптан-қарап алакөзденіп жүретін жұрт енді ілік табылғасын төбеңнен қиқу кетірмейді. Шалқар дәулетің болғанмен, оған ие болатын адамың шамалы. Өтегенжан екеуің қасығып келген қай дұшпанға қайрат қыла аласыңдар. Онан да ойлан. Саған атасыз, дәулетсіз кісі құда түсіп жатқан жоқ. Қай-қайсысының да өзі өзіңе тең, баласы балаңа тең. Бетіңе күле қарайтын біреуіне бер де жібер», — дейді. —

Ағайынның бұл сөзіне Балпан байдың өзі де ден қойып жүр. Ең азы үйіңе қонған қонақтың да кірген-шыққанын аңдып, тың тыңдап жату кімге мұрат дейсің. Құтылғысы-ақ келеді. Әсіресе ақ патшаның ұлығы келгенде қатты сасқанынан кейін-ақ қызын тезірек құтты жеріне қондыруды ойлады. Бірақ кімге... Енді құда түсе келген біреуіне беріп жіберсе, бұған дейін құда түскендер одан сайын өшікпей ме...

Балпан байдың өзіне-өзі иттей ыза болатын жері де осы. Бәрібір баянды бала болмайтынын білген соң, ең бірінші құда түсіп келген кісіге ұзатып жіберіп, қарап жүріп қалың қазаққа жек көрінішті болмай, түн баласы жүрегің зіркілдемей, аш құлақтан-тыныш құлақ неге отырмады екен. Әй, өзін де өлтіретін кісі жоқ. Бірақ артының бүйтіп қырсығарын қайдан біледі? Қыз өсіріп отырғаны осы. Бұрын-соңды өзі құдаға жүріп көрген жоқ. Өзі үйленгенде асық ойнап отырған жерінен әкесі шақырып алды да: «Пәленшенің қызына құда түстім, аласың ба?» — деді, — алды. Өтеген ер жеткенде қайын жұртына жиендеріңді өздерің аяқтандырыңдар деп еді, нағашылары Жазылды әкеп түсірді. Ол екі ортада өз қызы да бой жетіпті.

Кеше ғана еркелеп, мойнына асылып жүретін Ажарының қай уақытта ер жеткенін өзі де білмей қалды. Бір күні үйіне қасында тағы бір көк сақалы бар Можан жетіп келді. Баяғыда асықты бірге ойнап, молланың алдын бір көрген қалқан құлақ, сығырық неменің қай келгенін тергеп жататын еді, қол қусырып қонақ етті. Әншейінде әрі итеріп, бері жығып жүрсе де, күнде-күнде келіп, босаға тоздырып жатқан жоқ қой деп, бір қоңыр марқаны сойғызды.

Жас марқаның еті былқып асылып жатқанда қайдағы-жайдағыны айтып, қалжыңдасып отырып шай ішейін десе, Можаны бір түрлі сынық, сүйреп салған жағына да жүрмей сылқ түсе береді. Үсті-басы да бұрынғысындай емес, бұл жолы тым тыраш. Жаздың ыстығына қарамастан басында құндыз, жағасында құндыз. Омырауын қасқа ілгекке ілген ақ шайы көйлегі де ине-жіптен жаңа шыққандай сусып тұр. Уақытымен ораза ұстап, намаз оқып, тақуалық етіп жатпаса да аяғына көксауыр кебіс пен жұмсақ мәсісін қабаттап киіпті. Енді-енді бозғыл енген сұйқылт сақалын қайта-қайта сипап, мұртын шалғылайды. Әдетте, бұл оның опыр-топыр көп баласына, қалай болса солай киінген ебіл-себіл үсті-басына көп күле беретін болған соң, құрдас қып қалжыңдап отырғаны ма екен деп те қалды. Олай болса қалжыңының алдын орағысы кеп:

—Сіздің үйдегі құрдас тап мұншалық ісмер емес еді. Үсті-басың түзеліп қалыпты. Сен осы тоқал алып жүргеннен саумысың? — деді.

Әншейінде аузына ақ ит кіріп, көк ит шығып, көмейіне сөз іркіп отырмайтын Можан сәл салғырт ыржың етті де үндеген жоқ. Балпан бай құрдасын онан сайын сөйлеткісі келіп, әлгісінен де қаттырақ қалжың айтты.

—Әй, сенің осы үсті-басыңды сылап-сипап сыздануың жаман екен, үйдегі құрдас аман ба өзі? Ол өліп қалып, жас иіс іздеп жүрген жоқпысың? — деп еді. Можан аузына апара берген шыны аяғынан басын көтеріп алды. Кеңсірігіне керги біткен келте танауы таңырайып, басы қосылмай бет-бетіне қашып тұрған күл өңдес мұртына күлкі үйірілді.

— Құрдасың өлсе, хабар береміз ғой, әзірге сау, — деді.

— Е, аман болсын пақыр, ана он шақты баласының көз жасы тұрғанда құдай алмас, алса сен антұрған айналаға хабар шаптыруға да ақылың жетпес, — деді Балпан бай, іштей құрдасының бұл келісі мен мына отырысына таңырқағанын енді жасырғансып.

Можанның бетіне болмашы қызыл жүгірді, бірақ үндеген жоқ. Тізесінде жатқан сүлгіні маңдайына бір апарып қойды да, шайын іше берді. Сосын қайтып Балпан да үндемеді. Дегенмен бұл келіске түсінсе Маржан түсінген шығар деп, әйеліне қарап еді. О да әлденеге екі ұдай отыр. Күйеуіне де, Можанға да қарап қояды. Шамасы, бұл екеуінің арасынан да мысық жүгіріп өткен бе, сөздері неге қиыспайды деп, таңырқап отырса керек.

Можан дастарқан жиылған соң да жақ ашпады, былғары шашақ тағып, күлтелеп тастаған арқар мүйіз жылтыр шақшасынан насыбайды быртық алақанына ерекше бір нәшпен екшеп құйып, тілінің астына басты да, түрулі іргеден сыртқа сырт-сырт түкіріп қойып жата берді. Үндемесең үндеме деп Балпан бай тырс етпеді. Бірақ ішінен жаман Можан бұнша неге тымсыраяды деп аласұрып отыр; не де болса үйіне барсаң шұлғауын мойнына іліп жүретін Можанның тойған қозыдай томпиып отыруында бір гәп бар. Әлде әнебір жолы арсы-күрсі келіп былтыр алдырған асыл үлегіңді інгеніме шөгеріп алайын дегенде, Балпан бай бір жағын қалжыңға сүйеп, бір жағынан жұрттың бәрі өздері үлек алдырса, малдары жетпей отырғандай, бұның үлегінен тұқым қалдыруға жан-жақтан анталасқандарына қитықтанып отырған-ды. Можанға жөн сөйлеспей қойды. Жалпы лепіріп сөйлеп, леки күліп жүргенмен Можан сараң кемпірдің түйген шүберегіндей шамалыға ішін алдырта қоймайтын тымырсық кісі. Балпан байдың аяқ астынан мардамсып қалғанынан о да дық жиып сазарып алды. Әйтпесе, енді бір қолқаласа: «Бар, інгеніңді әкеліп, шөгеріп ала қой», - дейін деп тұр еді. Можан сыздап, атының сауырын аямай бір жосытып алды да, екі иығы елбе-селбе боп, аулына қарай шаба жөнелді. «Барсаң бара ғой», - деп бұ да қала берді. Арада бір-екі күн өтпей жатып, сопылық құрып жүргендей өне бойына шаң жуытпайтын сипаншақ Сайып келіп, інгенін қайтып әкетті. Әнеу күндері бір барып келген адамдар Можан: «Бақ-дәулет адамды тасытпай қоя ма? Балпан енді үлегінің астынан таматын ылғалға дейін барған кісінің ажары мен базарына қарап үлестіретін көрінеді, — деп шалуаттап отыр деген. Мына келісі де сондай бір қыр жасағаны шығар.

Көк шөпке тойынған жас марқаның еті қашанғы қайнасын, шайдың дастарқаны жиналған соң көп ұзамай-ақ сүйегі сылынып шыға келді. Екі әйел қазанды екі жақтан көтеріп үйге әкелді. Үйдің ішіне былбырап піскен жас еттің уыз иісі жайылды. Өне бойынан бір кесек қара ет көрінбейтін ақ май жіліктер шара табаққа шолп-шолп секіреді. Бір алдырса жемсауынан алдыратын Можан бүлк етсе осы жолы бүлк еткен шығар деп, құрдасына қарап еді, қайын атасының үйіне келген күйеудей әлі сызылып отыр.

Тал түсте піскен уыз ет өз-өзінен тәбет оятты. Үлкен табаққа екі қонақ, Өтеген мен бұл -төртеуі қарады да, Маржан бастаған ауыл-үйдің әйелдері қазан қасында қаужаңдасып жатыр. Ет желінді. Табақ қайтарылды. Жазыл келін орнынан тұрып, иіліп тағзым етті. Енді үлкен-үлкен аламыш қаусар кеселер мөлтектей толып сорпа келді. Қонақтар оны да ұзақ сораптап баптап ішті. Әншейінде мырс етпей отырған тылсым үйдің ішінде қазір ыссы сорпаны баппен сораптаған ысылдан басқа дыбыс жоқ. Қолға су құйылды. Көк сақал қонақ ас қайырды, сосын ұзақ мақамдап бата қылды. Ол кісінің бұл үйдің есігінен аттағаннан бері төрге отырып жатып екі-үш ауыз сөз есен-сау сұрасқаннан басқа жақ ашқаны осы. Дастарқан жиылған соң, төс қалтасынан қыстырып қойған кәрі жіліктің инедей жіп-жіңішке садағын алып, тісін шұқыды.

Сол тіс шұқып отырған күйі:

— Ал, Балпанжан, қонағасыңа алла разы болсын. Біздің келген шаруамыз мына Маржан келінім екеуіңізде еді. Сізден рұқсат болса, қалған балалар сыртқа шыға тұрса қайтер екен, біздің бір оңаша сөзіміз бар, — деді.

Қазан-аяқ жақта қаз қатар тізіліп отырған ауыл-үйдің әйелдері орындарынан үнсіз көтеріліп, сыртқа шығумен болды. Өтеген, Жазыл, Ажар да отауға кетті. Бұл төртеуі оңаша қалды. Балпан байдың буын-буынын діріл алып, жаңағы табаққа жайғасып отырған орнынан төрге ығысуға да мұршасы болмады. Бұған қараған аз ғана туысқанның хабары күнде келіп тұр, ауру-жіту адам жоқ сияқты еді. Маржанның қартаң шешесі қаза болды екеннен басқа ойы жоқ. Бірақ ондай болған күнде бұларға хабар шаптырып, садақаға алдыруы керек еді ғой.

Көк сақал бір керіліп-созылған, сөйлеген сөзі ішіңді пыстыратын адам екен. Бұлар жаутаңдап әлі отыр. Ол тісін тазалап болып, шәкесінен жорғалаған күйі қазандық орнына барып, түкірініп қайтты. Сосын барып шегір көзін бұған қарай салғырт бұрып, ыңылдап сөйлей бастады. Бұл қапелімде оның сөзіне зер салмай, еріне шыққан ыңылына ғана құлақ тосты. Маржан да аңтарылып қалыпты. Бірақ мұқият тыңдап отырған сияқты. Ендеше, кісі шошырдай ештеңе болмағаны. Балпан да көк сақалдың сөз ыңғайын түсінгісі келіп еді, ыңыранып тым әріден бастапты. Бұл пенденің өнбегі-өспегі, бала сүймегі, баласының да өзіндей боп түтін түтеткенін көрмегі — бәрі қызық екенін, бұның өзі тек біздің, ата-бабамыздың ғана үрдісі емес, дүние жаралып су аққалы, он сегіз мың ғалам орныққалы, сонау ықылым заманнан бергі адамзаттың өніп-өрбуінің тек осыған ғана байланысты екенін бір қайырып өтті. Сосын Адам атамыз Хауа анамызды, одан бергі Мұхамбет пайғамбарды, Әзірет-Әлі бабамыз бен Фатима анамызды жатқан жерлерінен бір-бір аударып түсірді. Мұхамбет пайғамбардың өзі күйеуін сыйлап, қолбасы қылғанын еске салды. Балпан бай бұл шариғатты әр жер, әр жерде естуі бар болғанмен, тап осы арада неге айтылып отырғанына таңырқады. Қонақ енді әулие, әмбие, сахаббалар қауымының құлағын тыншытып беріге, мына екі аяғымен жер басып жүрген жұмыр басты пақырларға ауысты. Әңгіме әрі аунап, бері аунап ақыры бұны мен Можанға кеп тірелді, екеуінің де тәңірі жарылқаған бақытты, ырзықты кісілер екенін айтты. Сосын қайдағы бір жалғыздық туралы сөз кетті. «Құдай көптен жарылқай ма, аздан жарылқай ма о да белгісіз; дегенмен көп бала көлдеуде ойнаса, жалғыз бала жар басында жүреді дегенді де ұмытпау лазым», -деп бір өтті. Сосын Өтегенжанның қанат-құйрығы келте екендігі әңгіме болды. Осы арада манадан бері үн-түнсіз тыңдап отырған Маржанның көзі жасаурады. Бұл да бірдеңеден секем алып, сыртта шыжыған шілде болған соң, түндігі түсірулі қара көлеңке үйдің ішінде қанаты сынған шыбындай еміс-еміс ызыңдаған қоңыр әуенге құлағын тосты. Қонақ құдды құран оқып отырғандай әр сөзін бір ай созады. «Ұл — ұрпақ, қыз — өріс» деген. Жат жұртқа жаралса да, қыз балаңыз жаңғыз бауырын жалқы қылмас». Бұ не дегені? Маржан көзінен тырс-тырс тамған көз жасын қайта-қайта жаулығының ұшына жасырады. Құлағында енді Ажардың аты ызыңдап тұрып алды. Бұған да, Маржанға да біраз қолпаш айтылды. Өздеріндей көргенді ата-ананың баласы болған соң қызығамыз дейді. «Можан да, ол үйдегі келін де бір құдай деген жандар. Жаңғыз Несіпбай ғана емес, одан кейінгі қара сирақтар да Өтегенге жал-құйрық болады...» Маржан сөздің сыңайын түсінген болу керек, көзінің жасын сүртіп, бұған қарады. Бұл алақтап Можанға қарады. Можан шақшасын шұқылап тымпиып отыр. «Іштен шыққан баланы кісіге қимақ та оңай емес, ойланыңдар», деп көк сақал қонақ сөзін бітірді.

Үй іші тым-тырыс. Балпан бай дел-сал. Қанша сұғына тыңдаса да, ештеңені жөнді түсінбеген тәрізді. Маржан бірдеңе айтпайсың ба дегендей көз тастады. Бұл мынау үй ішіндегі қапырық ауа мен үнсіздіктен тұншыққандай тамағын кернеп, дем шығарды. Әркім өзімен-өзі боп мең-зең отырып қалған үшеуі бұған жалт бұрылды. Бұның не айтарын білмей тосылып отырғанын байқады ма, әлде ана жүрегі қапелімде, бұл әңгімені тез тындырып қояды деп қорықты ма, кенет Маржан сөзге килігіп:

— Сөзіңіздің бөтендігі жоқ. Бірақ баламыз әлі жас. Он алтыға енді шығып отыр. Әлі бірер жыл ұстап қызықтамақ ойымыз бар. Баланың билігі әкеде ғой, айтсын, — деп әңгіменің аяғын бұған тосты.

Бұл біраз үнсіз отырып қалды. Екі қонақтың қолқасына енді түсінді.

— Шешесінің айтқаны менің де көкейіме қонып отыр. Көп бала қызықтап та көрген кісі емес едік. Екі баламыз үйелмелі-сүйелмелі боп енді бой түзеп келе жатыр еді. Әзір үйімізде жүре тұрғаны жөн болар, — деді.

Көк сақал бар айтарын жаңа ұзақ ырғап, сарқып алса керек, иығын қомдап, бір ыңыранып қойды да, үндемеді. Можанның сол тымсырайған қалпы. Манадан бергі бей-жай өңіне сәл қан тепкен. Енді сөздің ыңғайы келмеді. Маржан орнынан тұрып, самаурынға беттеп еді, тырс етпей отырған Можанның беті желіндеп, бір түрлі қабарып:

— Құрдасжан, шай қойып әуре болма, енді жүреміз, — деп жүктің арасына қыстырған қамшысына қол созды.

Маржан сабасын сапырып, қымыз ұсынды. Қонақтар тек еріндеріне тигізіп кері қайтарды. Сосын орындарынан тұрды. Оларға ілесіп Маржан мен Балпан да сыртқа шықты. Можан атына күміс бас ер, көк жона салыпты. Қонақтар бұлармен ауыз жыбырлатып, қоштасқанның ретін жасады.

Балпан бай мен Маржан үй сыртында намаздыгердің көлеңкесіндей ербиіп-ербиіп тұрып қалды. Солай біраз аңырып тұрды да, аяқтарын ілби басып үйге кірді. Балпан байда әлі үн жоқ. Жаңа ғана екі қонақ отырған төрдегі төсек көрпеге қарай береді. Маржан қазан-аяқ жақтағы орнына озып, көзін жаулығының шетімен бүркеп, тығылып жылап жіберді.

Балпан бай шыдай алмады. Оң жақ керегенің басында ілулі тұрған сырма ақ киіз қалпағын киіп, тысқа шықты. Ауылдан әлі ұзап жарымаған екі аттының соңынан көз салды. Ол екеуі де маңдайларын көлеңкеге беріп, құйрықтарын ерсілі-қарсылы ербеңдетіп, мимырт аяң дап, аттарын көп қыстамай, сүмпиіп-сүмпиіп кетіп барады.

Ол ауылдың артында анадай жерде екі иығын сарт-сұрт сабап, бөгелекпен алысып тұрған атына беттеді. Ойы — Көгендісайда қой тоғытып жатқандарға барып, біраз даң-дұңның ішінде болып, бой сергітіп қайтпақ. Бұл келсе жұрт қойды тоғытып бітіп, күннің ыстығы қайтқанша су басына иіріп қойып, қойыртпақ ішіп отыр екен. Анау-мынау шаруа жайын сұраған, өріс көрген боп, әрі-бері жүрді де атын ілбітіп ауылға қайтты.

Ол оралғанша ыстық басылып, көлеңке ұзарыпты. Ауыл үйдегі қатын-қалаш тегіс сыртқа шығыпты. Балпан бай атынан түсіп, көлеңкеде шешесінің қасында отырған қызына беттей алмай үйге кіріп кетті, сәлден кейін Маржанды шақырып, сусын ішті. Сосын қашан күн батып, ауыл үйдің аяғы басылғанын күтіп жатты да қойды.

Кешке тамақ үстінде Ажарға көзі түсіп кетіп еді; бұрын екі беті бөтекедей боп, томпиып жүретін қызы бүгін тым сұңғақ көрінді. Анасы манағы қонақтардың неге келгендерін айтып қойған ба, өңінде бір жабығылық бар. Қызының бетіне шұқшия қарауға ұялып, бір түрлі іші-бауыры елжіреп, көзін тайдырып әкетті.

Маржан түні бойы үсті-үстіне уһілеп, қырық дөңбекшіп ұйықтамай қойды. Қыбыр етпей тым-тырыс жатады-жатады да, бір уақытта көкірегі тарс жарылардай күрсініп, аунап түседі. Бұл әйелінің не ойлап жатқанын іштей ұғынып аяп кетті. Әлдене деп тіл қатқысы келді. Бірақ өзінің де омырауы толып жатыр еді, ауыз аша алмай, теріс аунап түсті.

Көп ұзамай ауыл арасының азғантай жүргіншісі Можанның құдалықтан қалай қайтқан әңгімесін жеткізді. Тымырсық неме өшін кімнен аларын білмей түтігіп кіріп барса, босағадан төрге дейін сирақтарын созып-созып тастап, көсіліп көп баласы отыр екен, шетінен шыбыртқының астына ап, сыртқа қуып шығыпты. Орта жолда қасына еріп келген қарт нағашысы Себепбайды да сөзіңнің дауасы, сақалыңның киесі жоқ деп тілдепті. Өкпелеген нағашы жиенінің үйіне кіріп-шықпастан аулына тартыпты. Қатын-баладан өш қайтпаған соң, Можан ертеңіне атқа мініп, ауыл-ауылды аралайды; қай ауылға барса да айтатыны — Балпан байдың қызына қалай құда түскендігі. Можан бұның әбден ит терісін басына қаптапты. Бір баланың қамы үшін атының шабын солқылдатып, әрлі-берлі өңкеңдеп шаба беретін марқұм қара шалға арқа сүйеп, дүниеден мақұрым қалған, ештеңенің парқын білмейтін көргенсіз, о да бір, қой соңындағы қойшысы да бір, үйіне келгенде қымыздың иісі, сыртқа шыққанда көңнің иісі танауына келсе болды, жарық дүние орнында тұр екен деп көңілін бірлеп, ұлықтардың аузын майлап, өріс тартып алғанына жарыла мақтанып тайраңдап жүретін со дарақыдан не пәтуа табылушы еді депті. Мына сөз насырын қасыса да, Балпан бай жаман неменің бұл айтқанының жаны да бар шығар деп бір мырс етіп күлген де қойған. Бірақ одан арғы сөздері шымбайына тіпті батыңқырады. Қадырбайдың сары қызын жер астынан тауып алған сары алтындай көреді, қашан көрші ауылдың есегі ақырғанша өз басымен ақыруды да білмейтін мәңгі есектей қатынының айтқанын қайталағанына мәз депті. Жаман Можан қой бағып жүрмей сөз бағып жүрген пәле боп шықты. Қауға бас Балпанның сыйлайтын ата-бабасы — дәулет, байлық та, сиынатын аруағы — бақ пен мәртебе, менің орныма анау баласы болыс Байсал мен қара бақырды саулықтай қоздатқан саудагер Шүрен, болмаса анау аңшыға ерген тазыдай ұлықтардың жанынан қалмайтын жандайшап Бекестің әкесі құда түссе, қызын бір ауыз сөзге келместен мінгестіріп жіберер еді деп, алды-артын бірдей тұсап-матап қойыпты. Можанның сөзін естіген ауылдар: «Е, ол Балпанға құда түсіп көретін екен», — деп төстерін ұрып отыр деседі.

Содан қайтып көз ұшында қарайған көрінсе Балпан байдың зәре-құты қалмайтын болды. Ол қашан ауылға жеткенше үйге отыра алмай бір шығып, бір кіріп, сыртынан тон пішіп әбден мазасы кетеді. Можаннан соң біразға дейін аяқ сиреді.

Бір күні жылқыны аралап ауылға қайтып келе жатып, үй сыртында кермеде тұрған құла жылқыны көрді. Атынан май ішкендей боп, жүрегі суылдап зорға түсті. Үйіне кірсе - төр алдында құс жастықта жантайып Байсал жатыр. Әр жер -әр жерде келте ұшырасып жүргендері болмаса анық-қанық таныс емес еді. Оның неге келгенін айтпай-ақ біліп қабағы түсіп кетті. Сонда да сыр алдырғысы келмей, сыпайы амандасты. Ауыл-үйдің амандығы мен шаруа күйін сұрады. Байсал да әр сөзін сылап-сипап сөйлейтін сырбаз кісі-ді. Сауалына шүкірлік айтып, бұдан да жай сұрады. Өріс пен суатты, осы жаз бен келер қыстың сыңайын сөз етті. Етті-жеңді шағын денесін ширақ ұстап, көп нәрсені қиығымен ғана шалып, іштей аңғарып отыратын әдеміше қой көзін ешкімге, ештеңеге тіктемеді. Өңді дөңгелек жүзін сырт орай салмай, пейілінің түзулігін білдіріп, сөз арасын үзбей, баппен сөйлеп отыр.

Бұрын-соңды есіктен аттап көрмеген Байсалдың бұл келісіне қанша таң қалғанмен, ойлаған күдікті жерден шықпаған соң, о да естен шығып, Балпан байдың тамағынан қайтадан дұрыстап ас жүре бастаған кезде тағы да қос атты бейтаныс қонақ сап ете қалды. Олар көп сызылып отырмады. Шайдың дастарқаны жиылысы-мен-ақ қазан кіргенше келген шаруаларын айтты. Байсал өткен жолы тегін келмепті. Қалада орыс оқуын оқып жатқан кенже ұлын үйлендірмек екен. Баяғыда кемді күн жолдас болған Қыдырбайдың жиені ғой, жаман бала болмас деп қыз көре келіпті. Аулына бала да, ата-анасы да әбден ұнады деп барыпты. Енді араға көп күн салмай құдаларын жұмсапты. Қанша дегенмен

Оң жақ дастарқанның жайымен жүрген Маржанның көзі ыдыс-аяқта болғанмен, құлағы -бұларда. Балпан да анадағысындай емес, өзі сараң тіл қатып, көбіне қонақты сөйлетіп отыр. Қонақтың әр сөзін таразылап, ар жағынан астар іздеп, іштей аңдысулы. Шай үсті де әр қиядан әңгіме қозғаған салихалы мәжіліске толы болды. Балпандай емес, жүріс-тұрысы көп болыстың әкесі біраз нәрседен хабардар екен. Бірақ онысы мақтанбай, масаттанбай, бұны да өзімен тең көргенді-білгенді санап, аса бір ерекше жарасымды сыпайылықпен мәслихат шертеді. Әр сөзінен тәрбие, білік, кісілік көрініп тұр.

Дастарқан жиылған соң да әңгіме желісі үзілмеді. Мұның өрісін мақтады, жайлаулары мен суаттарын сипаттады. Күнде келіп көріп жатпаса да айтқанының бәрі дәл. Қонақ өріс пен суатты көп әңгімелеген соң, көмейінде қолқа тұрған жоқ па екен деп қалып еді, ондай ештеңе байқалмады.

Сөйтіп отырғанда ас та келді. Тамақтан соң Балпан байдың көңіліндегі күдік тіпті күшейді. Таң атқалы арғы-бергіден әңгіме қозғап отырған қонақ табақ қайтқан соң, бір сәт тынып қалды. Сосын Маржан ұсынған кәусар кесе қысырақтың қымызын орталап ішіп, аққа бата қылды. Балпан бай Ажардың атын қашан айтар екен деп тықырши күтіп еді, қонақ ол жайында тіл қатқан жоқ. Бұл қонақтың сөзін ести алмай, қағыс қалдым ба деп өз құлағына өзі сенбей отыр. Қонақ құдды ойын танып қойғандай бұған бұрылды. Әншейін шаруа көздеп шыққанын, сосын ауылдың тұсына келген соң, аттап өте алмай, есендік білісуге соққанын айтты.

Байсал орнынан көтерілді. Балпан бәйбішесі екеуі сыртқа шығып аттандырып салды. Болыстың әкесі анадай жерге ұзап кеткен соң барып, ерлі-зайыпты екеуі бір-біріне қарады, бірақ тіл қатысқан жоқ. Иықтарынан бір зіл батпан жүк түскендей, екеуі де ауылдың сыртындағы бие байлаған желіге беттеді.

болыс аулы ғой, тап бетімізден қаға қоймас десе керек, бұлар көк сақал қонақ құсап көктегіні бір айтып, жердегіні бір айтып, жан-жақтан қармап жатпады; ерсі тасыраң да жасамады, келген шаруаларын ұзақ ырғап, көп толғамай қысқа айтты. Балпан бай мен Маржан қапелімде, үрпиісіп қалғанмен, тап ана жолғыдай сасқан жоқ. Қонақтарды тыңдап отырғанда жаман Можанның ауыл арасына күңірсітіп жүрген лақабы Балпан байдың шымбайын тызылдатты. Балпан шынына келгенде, Байсал сияқты көргенді жерге қыз беріп, болыстай ұлықпен дәмдес, сүйек іліктес болуға онша кет әрі емес; бірақ Ажарын әлі жас көреді, жат-жұртқа қиюға обалсынады, оның үстіне, Байсалға қызын берсе, Можан ертең атына мініп, құдайы беріп; «Әне айтқаным келмеді ме!» - деп айқай салатыны көңілінен шықпай отыр. Ырысы асып, онсыз да күншіл көз көбейіп тұрғанда, тал түсте ел-жұртқа таба боп, қызыл сөздің пышағына ұрынғысы келмеді, Байсал да біразды білетін адам ғой, бұныма бір түсінсе сол түсінер деп ойлады, ал енді түсінбесе, тап бұның да дәл қазір көп қорқа қоятындай қоңы жұқа емес еді; мына құдаларды да алдыңғы құдаға айтқан жауаппен қайтарғысы келді.

Байсал аулының адамдары анадағы Можандай емес, тортаң-тосыраңсыз аттанды. Енді қандай сөз тарар екен деп елеңдеп еді, болыс аулы үн-түнсіз жатып алды.

Балпан бай болыстың әкесі Байсалдың да қанжығасы құр қайтқаны басқа жұртқа басу болатын шығар деп ойлаған. Ел іші қызық қой, біреулер: «Апырау, болыстың інісіне бермейтіндей қандай қыз өзі, Балпанның қатыны жан баласын жолатпайтын адам емес, алтын туғаннан сау ма?! — деп екіленсе, енді біреулері: «Қой-қой, Байсалды жерге қаратып жіберсе, бұл Балпаның әбден тасқан екен. Ол енді құдайын да танымас», — деп жағаларын ұстайтын көрінеді. Байсал құр алақан қайтқан соң, біраз жұрт бұған қарап жүріп жауығып, бет алдын бір көріп қайтуға құлшынысты.

Арада көп ұзамай ауыл шабуға келе жатқандай, соңына айғыр топ адам ертіп әйгілі даукес Даржан түсті. Үйге қоңқақ мұрны күлбірей қызарып, көк жалтыр көзі шатынап ызғармен кірді. Қақ төрге барып, нығызданып отырып алды, қасындағы қалың нөкері түгел жайғасып болғанша ләм-мим деген жоқ. Қызы бой жеткен үй қонағының келіс жайын да сұрай алмай пұшайман болды. Даукес Даржанның қолыңды қусырып, қос етек болып жүргеніңде де дұрысымен аттануы екіталай екенін әуелден білетін Маржан қонақтар тегіс отырып болысымен қонақасы жайғауға сыртқа шығып кетті. Маржанның өзі бастап амандық-саулық сұрар түрі жоғын байқаған Балпан қонақтарға тегіс көз жүгіртіп: «Ел-жұрттарың аманшылық па?» — деп тіл қатты. Қонақтар жапа-тармағай жауап берді, бірақ дауыстары бәсең шықты. Көптің артын ала Даржан да ернін қыбырлатты. Сосын Балпан қонақасы жайғасуға бара жатқан боп есікке беттеді. Бұл үйден шыға бере-ақ күңкіл-сүңкіл әңгіме тірілді. Балпан ауылдың сыртындағы қозының ішінен құйрығы теңкиген бір қасқа марқаны әрең жетелеп келе жатқан. Өтегенді үйге жіберіп, шай қайнағанша шаруаға айналған боп сыртта жүре тұрды. Үй ішіндегі әңгіме бірте-бірте өрши түсіп, кеу-кеуге ұласты, ара-тұра қарқ-қарқ күлкі де естіліп қалады.

Самаурынға ілесіп бұ да үйге кірді. Төр алдына көсіліп кең дастарқан жайылыпты. Дастарқан жайылған соң жаңағы жел буаз әңгіме де басылыпты. Даржанның серіктері дастарқандағы жал-жал бауырсаққа, ірімшік, құртқа, өрнекті шыны аяқтарға, тортасы айрылған май мен қызыл күрең қуырдаққа ауыздарына алмай жатып тойып қалғандай томпия қарайды.

Шай ұзақ ішілді. Дастарқанды, үй ішін сынап-мінеп отырған қонақтар үй иелері келген соң, жаңағы өзара кеу-кеу әңгімелерін тыйып, енді біржола ішу мен жеудің қамына кірісіпті. Май тиіп жылт-жылт еткен қияқ мұрттар шай құйған шыны аяқтың біресе о жағынан , біресе бұ жағынан жылтың-жылтың ұрлана сығалап қояды.

Даржанның шамалыда сөз бастайтын құлқы жоқ. Балпан қонақтарды шайдан соң да өздерімен-өздерін тастап, сыртқа кетті. Даржанның неге келгенін айтпай-ақ біліп отыр. Өзінен аумаған көк шұнақ тентек, көбік ауыз даукес, әулекі баласы бар еді. Соған Ажарды айттырмақшы ғой. Бұл жолы Балпан қобалжыған жоқ. Байсалға бермеген қызын Даржанға қайдан берсін. Даукес неме қайтып қиястанса да илікпеуге бекінді.

Тамақ желінген соң қаужаңдасқан көп тына қалды. Олар осында ор марқаның етін жеу үшін емес, Даржанның дауын қызықтауға келгенін, оларды Даржан сөзімді естісін деп әдейі ертіп келгенін Балпан бағана-ақ білген. Даржанның келгелі сызданып, шырай танытпауы да қасындағы көп шуылдақтың алдында түс бермеуге тырысқаны.

Даржан малдасын құрып тіктеліп отырды. Сыртқа шығып кеткен Маржанның келуін күтті. Маржан келген соң бақшиған бажырақ көзін оған бір, Балпанға бір қадап өтті. Сосын сөз бастады. Сәл айқай аралас тарғыл даусын көтеріп, баппен бастады.

— Ау, Балпан, Маржан, бұрын да көріп жүрген дастарқанымыз ғой, қонақасыларыңызға рақмет! — деді. — Қыз өсірген үй қонақтың бұйымын сұрамай-ақ білетін. Менің бұл жүрісімді айтпасам да, аңғарып отырған шығарсыңдар. Арғы атам азуы алты қарыс Алтай, өзім қатарымның қайсысымен де терезем тең бір ауылдыңақсақалымын, өріс тоздырып, суат сарқып жатпағанмен басымда үйім, алдымда аз ғана нәпахана дәулетім бар, баламның да жеті мүшесі түгел. Ұлдың ержеткені,ыздың тез кеткені - мұрат деген, осы үйдегі анау бой жетіп отырған баламның аты кім еді, соны бұйымшылай келдім, ал не айтасың? — деп көкшіл көзін қанталағанқызыл етімен көміп, бір бағжаң етті де, Балпанның аузына телміріп отырып қалды.

Балпанның бұл күткен сөзі. Манадан бері ол былай десе, мен былай дейін деп қарманған сөздері қапелімде көмейіне оралмай, өңіне күрең қошқыл қан жүгіріп үнсіз отырды да, не де болса тәуекелге бел буып:

— Дареке, келісіңіз де, жүрісіңіз де дұрыс. Қызды кім сұрамайды, қымызды кім ішпейді деген ғой. Оның бөтендігі жоқ. Баламыздың бой жеткенін өзіміз байқамасақ та, жұрт байқап қалыпты. Осында сізден де бұрын сөз салып келген кісілер бар еді. Соларға айтқан сөзіміз, сізге де айтқан сөзіміз. Біріңізді биік, біріңізді аласа көріп, алалап жатқан біз жоқ. Баламыздың әзірге қолымызда бола тұрғанын жақсы көреміз, — деді.

Даржан айтарыңды айтып болдың ба дегендей мелшиіп біраз отырды. Сосын керегенің көзіндегі қамшысын алып, тізесіне басты.

— Солай де, Балпан. Ызғындай ұл өсіргенде де өзгеге иық көрсетпейтін қазақ едік. Қызы бой жеткен соң жұрттың бәріне шекесінен қарайды дегенді сенен көрдік. Е, немене, сені мен менің қатыным, енеден тумай, жерден шығып па! Олар неге ата-анасының қасында отырмай біздің қасымызға жатып жүр? Айналайын, көңіліңе келсе де айтайын, енді сен жазмыштың жазуы, тәңірінің лазымы дегеннің бәрін де ұмытқан екенсің. «Артық біткен он саулық, о да жауға қол жаулық», — депті ғой. Соған мастанып бүкіл ағайынмен сүйек араласпаймын дегенің не сұмдық? Маржан келіннен басқа ұрғашы тапқан ұрғашы құрып қалмаса, баламыз қатынсыз қалмас. Ал енді қызым тірімде сияпат, өлгенде басыма оқылатын мінажат болады десең, өле-өлгенше қолыңнан шығарма. Әуелден жұрттың діңкесін құртқызып туған қыз түгілі шаңырақтың жел бауындай тірегім деп отырған ұлдың өзі бет-бетімен лағып кетіп жүр. Ал енді ана балаң көкірегіңе күл төксе, ағайынға өкпелеме! — деп, жер тізерлеп орнынан көтерілді.

Іргенің топырағы жапа-тармағай дүркірей жөнелді. Даукес Даржанға қыздан да гөрі керегі осы шығар. Оған шамданып, мінез шығарса, шын масқара болмақшы. Балпан бай бармағын шайнағандай болып, отырған орнынан тұра алмай шөгіп қалды.

Содан қайтып, әуелден оңға баспаған шаруа оңалуды қойды. Атақты, дәулетті адамдар келгенде, бірін-бірінің алдында жерге қарата алмады. Саудагер Шүренді де, тілмаш Бекесті де, осы өңірді аузына қаратқан Алшағыр биді де әлгі жауаппен аттандырды. Ал енді осындай игі жақсыларға бермеген қызын мың жерден дау салса да Даржан сияқты даңғаза қазақтарға қайдан ұстата қойсын. Әйтеуір, бұған құда түскен ешкімнің жолы оңбады. Ақыры екі жыл бойы аулының үстін ақ тозаңға бөктірген көп құданың да аяғы тыйылды. Көгендегі көп марқаның да жандарын құдай сақтады. Бірақ құдалар тыншығанмен, Балпан байдың көңілі тыншымады. Мылқау жым-жырт тыныштықтан көңіліне үрей жүгірді. Сол-ақ екен, пәлен жылдан бері тұяғы сетінемеген жылқысы жайылыстан қалды, күн батса болды, ай астынан тиген жау әрлі-берлі қуалап, әбден ала өкпе қып бітірді. Барымташылар біресе бұ жақтан тиіп, біресе о жақтан тиіп ізін ұстатпай қойды. Бұ қорлыққа шыдай алмай анадағы ұлыққа сөз салып көріп еді, ел арасында Балпан бай қызы өтпеген соң орысқа бұлдап сатпақ көрінеді деген өсек дүр етті.

Ежелден жүйрік көрсе аяғын сындырғанша, ару көрсе абыройы төгілгенше ішкендері ас болмайтын әдет бар емес пе, енді жұрт бұның жылқысынан гөрі қызына көбірек тиісетінді шығарды. Бұрын жылқысын қуалайтын науша. жігіттер енді түн ауа аулына тиіп, үйіне сүйкеніп ұйықтатпайды. Қыз қорыған - жылқы қорығаннан да жаман екен. Түн болса есіктің сыбдырын, керегенің сықырын аңдып аңтарылып жатқаны. Аулына келген сұғанақ балалардың талайы таяқ жеп қайтып жатса да, елдеріне бәрі: «Бітірдім, қырдым, жойдым» деп баратын көрінеді. Енді Балпан өзінің құлағының тыныштығын құдайы садақаға беріп, қызының айрандай төгілгелі тұрған абыройын сақтап қалу үшін бассауғаға көшті. Бір кезде тас бұршақтай жауып кеткен көп құдалардың аяқтарына теп-тегіс жем түсе қалуы да тегіннен емес. Енді жұрттың елдіктен айрылып, қашан бұның я өзі, я қызы мүсәпір болып, аяққа жығылғанша қайрылмасқа бет бұрғаны белгілі болды. Балпан бай соны ойлағанда күндіз күлкісі, түнде ұйқысы келмейді. Ойлай-ойлай басы қатты. Ағайынға ақылдасып көріп еді, тұсында айтқан тілді алмадың деп олар да қоңторғайсыды.

Енді Балпан бәрінен де күдер үзіп, бір іске белді бекем буды. Ат ізін салыспай, ара суытып кеткен ағайынның бетін қайтаратын, жан-жағынан найзасын шошаңдатып, тістерін қайрап, жалаңдап отырған көп дұшпанның жүздерін жылытатын жол табуға тырысты. Ел ішіндегі аузы дуалы дейтіндердің бәріне де сөз салып көрді. Құдайға шүкір, қызы бүкіл аймақтың аузының суын ағызып, жігіттерін сеңдей соғылыстырған айтулы сұлу. Өзі болса, осы өңірдегі ең дәулетті адам. Жұрт қанша кекірейгенмен, бұл иліксе шалқая алмайды. Сөйтіп жүргенде сау болғыр Сауытпай құда түсе келді. Балпан бай оған да қолын қусырып, қонақасысын беріп: «Сәке, бұйымшылауыңыз дұрыс. Бірақ сізден бұрын да талай адам қолқа салып еді, баламыз әзірге қолымызда бола тұрсын деп ешқайсысына анық-қанық жауап бермеп едім. Соған көп ағайын өкпелеп жүрген көрінеді. Тілеуі алдындағы жас қой, халықтың назарына қалдырғым келмейді. Енді мен ешкімді атағына, абырой, дәулетіне қарап алаламайын, қызымды өнері асқан, жүйрігі озған, күші басым жігіт алсын. Оған ағайын риза болса, мен ризамын. Екі баламның қызығы үшін дүние-мал аямаймын. Бүкіл ел-жұртымның алдында бәсекеге түсіп, бәйгеге ие болған жігітке қызымды ұзатамын», — деді.

Сауытпай айтқан лақапты бүкіл аймақ түгел естіпті. Ат құйрығын үзісіп кеткендер қайта келе бастады. Ертең құдай бұйыртып құдамдал бола қалсақ, бетімізге шіркеу болмасын дегендер Балпанның үйінен тағы да бір-бір марқаның басын мүжіп отырып, бұның жөн болған, ағайынның алдынан қалсын, сұлу қыз өнері асқан өрен жігітке барсын деп баталасты. Сосын Балпанның да дені жайылды, кеше ғана кедейдің құрым күркесіндей құрдым көрінген дүние кеңіп сала берді.

Балпан бай айналаға қызға таласатындардың бәсеке қызығын күземнің алдында өткізем, өнер салыстырам дегендерге де, бәсеке қызықтаймын деушілерге де есігім ашық деп хабар шашты.

II

Балпан бай қайтадан алшаңға басты: Құдай қаласа, осы өңірдегі ең батыр, ең палуан, ең өнерпаз, астына сәйгүлік мінген ата дәулеті мықты жігіт оған күйеу болғалы тұр. Әлгіндей өрен жігіт өсірген іргелі елмен сүйек іліктеспек. Оның үстіне бұл өлкеде бұрын-соңды болып көрмеген ұлан-асыр той жасап, сонау көз ұшында дөңкиіп-дөңкиіп жатқан көгілдір белдерден де асып неше бір рулы елге даңқы кетпек, өлген соң да талайлардың аузынан түспейтіндей боп аты шықпақ.

Күзем алуға санаулы күн қалғанда қасына айғыр топ адам ертіп пәлен күн жүріп, болашақ тойды жасайтын ыңғайлы жер қарады. Әрі қарап, бері қарап тоқтаған жерлері осы болды. Қанша ат шаптырам десе де үзеңгі қағыспастай, тақтайдан жазық қара дөң; күнбатысында ирелеңдей ағып өзен жатыр. Өзеннің шығыс бетіндегі екі домалақ төбенің күңгейін ала Балпанға қараған ағайын-жекжат ақ уыздай қылып алпыс үй тігеді. Өзеннің жағасындағы көк майса шалғынға ұзыннан-ұзақ желі құрылып бие байланады. Екі домалақ төбенің ортасындағы қасқа жыраның екі бетінен жүзден астам жер ошақ қазылады, ошақ сайын бір-бір тай қазан асылады. Той болатын жерде онсыз да қара-құраң көп болғандықтан аруана маялар бір түстік жерде бөлек ауылда сауылып, сүті сабамен жеткізіліп тұрады. Анау екі Қыземшек төбе ертең бәйгеге мәре болады, аттар одан қырық шақырым жердегі қарауыл төбеден айналады. Екі ортада төрт жерден көтермешілер тұрады.

Ауылдағы жігіттердің бәрі осы күннен міндет бөлісіп алған. Жіліктің ыңғайы мен табақтың оңтайын білетін жігіт ағасы отыз еркек ошақ басы болады, астына тұла бойында бармақтай меңі жоқ мөлт күрең торы ат мінген қырық жігіт табақ тасуға жүреді, үй сайын бір-бір жігіт саба пісуге тұрады. Көтерменің қырық жігітін қайын жұрты Қадырбай аулынан алдырмақшы. Тойдың дастарқанына керек тәтті мен таңсық асты тауып әкелу үшін екі рет қалашы шығарды. Мен ағайын деген ауылдың бәрінен ыдыс-аяқ жиналды. Алпыс үйдің әрқайсысына екі самауыр қойылмақ. Шай кұйып беруге келіндердің ішінде өңі ажарлы, шайы тәтті, ыбылжып отырмайтын пысық сақа келіншектер іріктелді. Ажардың қасындағы нөкер қыздардың өзіне екі үй толмақ. Патшағар тап мұндай дархандықты жұрт қыз ұзатқанда түгілі, әкесіне ас бергенде де көрмеген шығар. Тек сәті түссін деңіз. Сосын мына Балпан байдың атын аспан астындағы алты сан алаш түгел білетін болады әлі.

Балпан бай екі күннен бері қасына ауылдың бас көтерер азаматтарын түгел ертіп, тойға тігілген үйлерді көріп жүр. Төселген кілем, бау құры мен киізін, керегелердің сүйегін көріп, мынау пәленге, мынау түгенге лайық деп бәсекеге ат салысам деген ауылдардың әрқайсысына алдын ала еншілеп қойды. Бие байланатын желі мен ат байланатын мама ағаштардың да орнын өзі таңдап берді. Сосын бір топ бәйбішелермен дастарқанға төгілетін тағамдардың түр-түсін ақылдасты. Бүгін кешке қызының жасауын тағы бір көріп шықпақ. Оны үстіне үй тігіп бөлек көш қылып жөнелтпек. Қызға берілетін дүние, мал әлдеқашан іріктелген. Енді соны ақырғы рет қапысыз қарап алмақ. Болғалы тұрған тойдың ең үлкен қызығы, той тарқатар салтанаты - қызының көші. Әр түйенің омырау-құйысқанына асыл алқа, күміс жүзік, моншақ тағылады, бұйдасы жібектен есіледі. Шаңырақ артқан түйеден басқаның бәріне бір-бір қалы кілем жабылмақ. Сондай сылдыраған-сыңғыраған сәнді көшті қыздың жаңғыз жеңгесі Жазыл жетектейді. Келіні басына үкілі сәукеле киіп, астына ақ шаңқан жорға мініп, күлтелі көшті тарта жөнелгенде қыздың қасына еріп баратын қалың нөкер қапталдан жүре сыңсып жөнеле береді. Қыз нөкері де өңшең жорға мінеді. Көшен ақын бөтен ауыл, жат босағаға аттанып бара жатқан қалыңдық пен артында жылап қалған ата-анасына термелеп басу айтады, сол арада Балпан ауылының адамдары ақын жігіттің қанжығасына екі өркеші баладай буаз ақ інгенді бұйдасынан байлайды. Ақын табан астында Балпанның осынша жомарттығына, көл-көсір тойына мақтап өлең шығарады. Ол тойға жиналғандардың бәрінің де құлағында қалады. Сосын Көшен қыз барған ауылдағы тойға бәйгеге түсетін жүйрік аттар мен ортаға шығатын әнші-күйші палуандарды бастап, бір шоғыр боп бөлек аттанады.

Балпан байдың не білетінін жаман Можандар осындай ылдырмақ-сылдырмақ сәнді көш шеру тартып шыға келгенде түсінеді. Құдаларының көңілі өседі, бұнымен сырттай шіренісіп жүретін кердең мойын пысықтардың ауыздарына біржола құм құйылады.

Балпан байдың көз алдында сәнді көш қазір аттанып бара жатқандай елестегенмен, той қарбаласындағы ауыл сәнді көшсіз де әдемі еді. Сонау көз талдырар алыста сүле-сүле жалдар көгереді. Жан-жақта тіс тимеген, тұяқ жаншымаған соны жер. Шаң ұшпайды. Тойға тігілетін алпыс үйдің көбі қатар түзеп, артының киізі жабылып жатыр. Ақ уыз үйлердің ара-арасынан жаңа тігіліп жатқан үйлердің қып-қызыл керегелері мен көкшіл шаңырақтары мынау қоңыр далаға тобымен кеп қона қалған аппақ қаздай ақ жұмыртқа ауылдың сәнін асыра түсіпті. Қарулы-қарулы жігіттер шаңырақ көтеріп тұрып, күрек тістерін ақсита күліп, уық шаншып жүрген келіншектерге қалжың айтады; уық шанып жүрген келіншектер үкілі сәукелелерін бұлғаңдатып, қос етек шәйі көйлектің жеңін иыққа сырғытып, аппақ білектерін аспандата созып, неше түрлі көзді арбар қылыққа салып, бұрала басады. Жөн-жосық көрсетуге келген мама бәйбішелер жаулықтары қарқарадай боп, үй тігіп жатқандардың уықты қалай шанышқанына, керегінің қалай жайылғанына, шаңырақтың тым аспандай кетіп, үйді сүмпитіп тастамауына, я тым төмен көтеріліп, уықтың бәрін ішке жығып, үйді жапырайтып жер табандатып жібермеуіне бас-көз болып, анадай-анадай жерлерге шығып қарап, ақыл айтып жүр. Жаңа ғана қызыл керегесі көрініп тұрған жалаңаш үйлер уығы тегіс шаншылып болған соң айқұш-ұйқыш айқара тартылған қызыл ала бауларға, уықтан салбыраған күлтелерге көміледі. Сосын үй сыртына қардай аппақ ақ киіз жабылады.

Сонау қасқа жыра бойында жер ошақ қазып, тай қазан асып жүргендер абыр-сабыр. Үй тігіп болған келіндер иығына иін ағаш салып, шелегі мен құлағындағы күміс сырғасы, мойнындағы алқасы мен шаш бауындағы шолпылары қосыла сыңғырлап су алуға өзенге беттеді. Алыста көз ұшында ертең тойға сойылатын тайлар мен құнан қойлар қоңыр жалдан ақ желең шаң көтеріп қылт-қылт құлап келеді. Онсыз да ажарлы ауылдың сәнін асыра түсейін дегендей ортадағы екі ақ шаңқан үйден Ажардың нөкер қыздары шықты. Қызыл, ақ сары - өңкей ашық түсті шәйі көйлектері көлеңдеп, шолпы таққан бұрымдары тобықтарына түсе шұбалып, өзен жаққа сейілге тартты. Жаңа ғана қоңырайып жатқан күңгірт дала кенет сарғалдақ, қызғалдақ гүлге толып, құлпырып кеткендей болады.

Мынау өз қолынан орнатып жатқан сән-салтанат, қызу қарбалас Балпан байдың көзін қытықтап, көңілін өсірді. Өз-өзінен масаттанып, ертең күн көтеріле келе бастайтын қонақтардың алдында сергек көріну үшін тынығып алуға үйіне бұрылды.

Той алдындағы түн де қарбаласқа толы болды. Әйел жағы атымен көз іліндірген жоқ. Түні бойы шыны аяқтар сыңғырлап, ертеңгі дастарқанның тамағы мен ыдыс-аяғын үй-үйге бөлісті. Әрлі-берлі абыр-сабыр жүріс таң атқанша бір басылмады.

Еркектер жағы елең-алаңнан тұрып ошақ басына топтасты. Шақыр-шұқыр пышақ қайралды. Тайларды күн ысып кетпей тұрып жығып, жіліктеп алу керек болды. Қасқажыраның бойында әне жерде де, мына жерде де жайрап жатқан бір-бір тай. Мосқал еркектер білектері сыбанып ап етін жіліктесе, сары кедір әйелдер ішек-қарнын аршиды. Жас әйелдер мен жігіттер өзеннен су тасып, табанынан таусылып жүр.

Үйлердің маңындағы қарбалас та олардан бір кем емес. Үй-үйдің бәрі төсек жайып, қонақтарды қарсы алуға жанталасып жатыр. Ауылдың алдында күн нұрымен жалт-жұлт етіп, ұзыннан-ұзақ самауырлар сап түзепті. Күн шыққан соң Жазыл бастаған бір топ келіншек нөкер қыздардың ортасына түсіп, қалыңдықты киіндірісті. Қыз аттанып кеткенге дейін басына асыл тастармен әшекейленген құндыз бөрік, үстіне төрт етекпен күлтелендіріп тіккен сарғыш қамқа көйлек киіп, сыртынан аймақы жасыл масатыдан желең шапан жамылмақ. Мойнына жақұт алқа тағып, екі қолына көзіне ұр тасын қондырған алтын білезік салады.

Сәскеге таман екі домалақ төбенің арасындағы қасқа жыраның бойынан айналадағы ел-жұртты Балпан байдың қыз ұзататын тойына шақырғандай, сылаң қағып ашық аспанның бауырын жалап, көк найза түтіндер көтерілді. Сол түтін жан-жақтағы ауылдарға белгі бергендей, тұс-тұстан қарауытқан аттылар тобы мен көкжиектің көгілдір мұнарын лайлап ақшыл шаңдар көріне бастады. Әуелі әр жерден қылт-қылт көзге түскен жүргіншілер бірте-бірте молайып, арасы ұласа түсті. Шыр айнала көкжиекте жүргінші көрінбейтін жер жоқ. Төбеде шілдеден құтылып, дені жайылып қалған даланың көк ніл аспаны ұлан-асыр көсіліп, айнадай жарқырайды. Терістіктен анда-санда ет қытықтарлық қана қауқары бар қоңыр самал леп шығады. Айдын өзенге жамбас тірей қонған алпыс ақ үй мынау алқаптың қай мүйісінен қарасаң да атой сап өзіне шақырып тұрғандай.

Көкжиекте қарауытқандардың арасы жиілеп, жан-жақтағы мұнар қалыңдай түскен. Кей тұста жүргіншілердің сырт нобайы айқын көрініп, тым жақын қалыпты. Қасына ағайын арасының ақ сақалдары мен аузы дуалыларын ертіп Балпан бай домалақ төбенің біреуінің басында қонақтарын күтіп тұр. Ауылдың желке тұсынан келе жатқандар Балпан бай тұрған төбеге туралап тартса, басқа жақтан келе жатқандар да ауылды алыстан орағытып, солай қарай беттеп барады.

Елдің ең алдымен, сонау алыс қаладағы дүкенші Шүрен келді. Қасына ерткен қырық кісі бар, жетегіндегі көк арғымақты жабулап тастапты. Шүреннің өкшесін баса Сайып пен Бекестің тобы жетті. Анадай жерде өңшең құла ат мінген Байсал аулының адамдары алыстан танымал боп келеді. Бұрын араласы жоқ бейтаныс рулардан да жұрт көп. Ауыл жігіттері меймандарды әуелі аттарынан түсіріп, сосын аттарын кермеге жетелеп мәре-сәре. Ауыл сыртындағы қою шаң ұлғая түсті. Бәсекеге түсетіндер бүгін түс ауғанша келіп болуға тиісті. Елдің көбі шоғырланып бір келді. Оларды Балпан байдың өзі қарсы алып, алпыс үйге қарай өзі бастап жүрді. Меймандар бүгін қонақасы жейді. Тынығады. Жүйріктерін баптайды. Бәсеке ертең басталады.

Қыздан дәмесі барлар жан-жақтан ағылып-төгіліп келіп жатыр. Ауыл жақсылары алдарынан шығып қарсы алып, әрқайсысын өздеріне тігілген ақ боз үйлерге кіргізіп екі-етек боп жүр. Түске дейін жан-жақтан лек-лек аттылар құйылумен болды. Керме басы аттан көрінбей кетті.

Келген қонақтардың ішіндегі ақсақалдар Балпан байға арнайы сәлем беріп, тойына құтты болсын айтты. Өзге ауылдардың жігіттері аттарынан түскеннен екі көздері жан-жақта боп, тойлы ауылдың салтанатын қызықтайды. Меймандар осынша ұлан-асыр той жасаған Балпан байға қошаметті қазірден бастап-ақ жаудырып жіберді.

Алпыс үй адамға лық толды. Ду-ду әңгіме өрбіп, ауыл үстіне кеу-кеу үн көтерілді. Үйлердің алдындағы сап түзеген самауыр маңында бұрала басқан сылқым сұлу келіншектер көбейді. Келген қонақтардың жас жағы арасындағы үлкендерге жол берген боп, самауыр қойып жүрген келіншектерге қарайлап, босаға сыртында ұзақ бөгеліп қалады.

Ауыл шетінде қонақтарға ілесіп келген иттер таласып, азан-қазан боп жатыр.

Қонақтарға келген бойларында кесе-кесе қымыз ұсынылып, шөл басысты. Көп күттірмей шалқар дария дастарқан жайылып, самауыр келтірілді. Әлгінде ғана тойлы ауылдың сыртқы салтанатынан көз ала алмаған қонақтар енді үйдің ішкі жиһаздарына телмірісіп қапты. Дастарқанның салтанатында да қапы жоқ. Қырда күнде ұшыраса бермейтін таңсық тағамдардың түрі бар, жал-жал бауырсақ, ірімшік-құрт, шара-шара қуырдаққа көзің сүрінеді.

Алды екі-үш күншілік жол жүріп, ұзақ жолдан шаршап, сусап келген қонақтар баппен құйылған тәтті шайды қанғанша ішті. Шайдан соң қонақтардың бойларындағы шөл мен шаршау тарап, дендері жайылып желпінісіп қалды. Үлкендер жағы кеу-кеу әңгімеге беріліп, жастар жағы тер басуды сылтауратып, сыртқа шығып, тойлы ауылдың салтанатын қызықтады. Өзен бойына барып, омырауларын арғы жағадан ескен қоңыр салқынға төсеп, әңгіме-дүкен құрысты. Балпан байдың дәулетін осынша шаштырғандай сұлу қыздың кімге бұйыратынына сырттан тон пішті.

Тал түсте қонақасы берілді. Табақшы жігіттер ошақ басына топырласып, одан әрқайсысы екі-екі табақтан алып бір-бір үйді бетке ұстап астарындағы меңсіз торыны тайпалта жорғалай жөнеледі. Барған бойларында табақты есік алдында күтіп тұрған даяшы еркектерге ұстата салып қазан басына қайта тартады. Меңсіз торы жорғалардың жып-жылтыр сауырларында күн нұры ойнап күлің-күлің етеді.

Ошақ басында да құж-құж кісі. Қолдарына қайқы қара пышақ ұстаған қазан басылар құдды қасапшылар сияқты: шара табақтарды жайратып жайып қойып, ең алдымен, жіліктерді рет-ретімен таратып шығады, сосын май сіңген қара пышағын жылп-жылп еткізіп құйрық май тіліп, білем-білем қып табақтарға тастайды, артынан жаңа сойылған қойдың сүбесі мен омыртқа-қабыртқа сияқты қосалқы сүйектері, тайдың қоңыр жоңқасы мен жал-жаясы салынады. Қазан басы үш-төрт рет ет лақтырғанда жаңа ғана жалтырап жатқан айлапат шара табақ толып шыға келеді. Қартаңдау қазан басы бір-екі табақ етті туралмаған күйі ошақ басынан алысырақ әкетіп дастарқаннан орын тимейтін қара сирақ балаларға бөліп беріп жатыр. Сыбағасын алған балалар сандарын шапалақтап әбден көн тақаланып қалған табандары жалтырап, шартараптан бас қосқан шәлкес жылқылар қайта-қайта оқыранып, бір-бірінің сауырына тісін ала жүгіріп, ию-қию шұрқырасып жатқан керме басына қарай тасырлап шаба жөнеледі.

Талма түс. Қазан басындағы қарбалас та сейілген. Табақ жасаудан қолы босағандар енді өздері ет жеуге кірісіпті. Табақ тартып жүрген жігіттер де аттарынан түсіп, қазан басында иіріліп отыр. Жылқының шұрқыры, ақ үйлерден шығатын қарқ-қарқ күлкі, қайтадан самауыр салып жүрген келіншектердің шолпыларының сылдыры - бәрі де тал түсте тым көмескі, талмаусырап естіледі. Көл-көсір көкжиектің де бояуы оңып, алашабыр мұнарға айналған.

Ортадағы Балпан бай отырған үйге бұл өңірдегі ең игі жақсылар жиналған еді. Арасында Асанбай хазірет те бар. Тамақ желініп болған соң осы отырғандардың ішіндегі ең үлкені сексен жетідегі Досбай ақсақал қолын жайып бата қылды. Балпан байдың тойының тойға ұласуына, аттандырғалы отырған баласының айы оңынан тууына тілектестік білдірді. Жұрт жапа-тармағай қолдарын жайып, әумин десті. Досбай қос алақанын бетіне апарып, қарасұр маңдайынан аппақ сақалына дейін сипап шықты. Сосын шоқша сақалының сүйір ұшынан шымшып ұстап Асанбай хазіретке бас изеді. Досбай ақсақалдың оң тізесінде отырған көзі сұсты, ақ сүр кісі Асанбай хазірет жер тізерлей жүрелеп, құранның бір ұзақ сүресін ұстап ап, Бұқар мақамына салып, күңіренте жөнелді. Үй ішіндегілер тегіс мүлгіп қалған. Балпан бай өзі түсінбейтін әуезі әдемі сиқыр сөздер құлағына бал боп құйылып, өне бойын рақат жайлап, балқып тыңдап отыр. Мынау жүрелеп отырған ақ сұр хазірет те, анау шетінен жер тізерлеп қалған игі жақсылар да — дәл қазір тек осының жолында жандарын беретіндей. Ойда жоқ жерде бас көтерген мақтаныш сезімін мынау күңіренген қоңыр әуез онан сайын күшейте түскен сияқты. Ыңыранған бейтаныс сөздер күмбірлеген сегіз қанат ақ үйдің мол ауасын тек бір өзі жайлап, қалықтап жүр. Хазірет даусын бұрынғыдан да гөрі созыңқырап әуендетіп-әуендетіп алып күрт бәсеңдетіп, сыбырлап, көзін жұмып, жаюлы алақанын бетіне апарды. Жер тізерлеп отырғандардың бәрі де еріндерін жыбырлатып, беттерін сипады. Енді алдарындағы дастарқанды жинап жатқан Маржанға жапатармағай: «Алла разы болсын!» — айтысты.

Еттен кейін тағы да самауыр келді. Жез самауырлар тегіс сарқылып, ақ боз үйдің ішіндегілер сыртқа шыққанда түс ауып кетіп еді. Жаңа ғана іріген айрандай алашабырланып тұрған аспан қайтадан мөлдіреп ашылды. Талма түс кезінде ішін тартып ала қойған терістіктің келте самалы қайтадан тірілді.

Жайланып болған қонақтар қайтадан сыртқа шығып, көлеңке-көлеңкеге жиылып, тер басып желпінісіп жүр. Ақсақалдар жағы қолдарына бір-бір мойны сорайған жез құмандарын ұстап, өзен беттегі қалтарысқа қарай беттеді. Жас жігіттер аттарының жайын білмекші боп, керме басына тартты.

Сол екі ортада екі ақ үйден сау етіп қыздар шыға келді. Орталарында жасыл масаты шапанды желең жамылған қалыңдық бар. Ауылдың сыртына бой жазуға шықты. Шәйі көйлектердің көлеңінен қызыл ала көбелек ұшқандай ауыл үстіне ерекше бір сән орнады. Үй-үйден шыға келген жігіттер қыздарды көргенде аңтарылысып қалысты, бірақ сырттарынан үлкендер қарап тұрғанын сезіп, бір көздері қыздар бара жатқан жақта болып, кермеге қарай құлықсыз аяңдасты. Керме басындағы жігіттердің де аттарына көздері түсетін түрі жоқ, ауыл сыртына қарай ауыздарын ашып қалыпты.

Шалдар бесін намазын оқып болған соң, Балпанның үйіне қайта жиналып, ертең болатын бәсекенің жайын кеңесті. Сәлден кейін дүркіреп сыртқа шықты. Әр ауылдың үлкендері өз адамдары түскен үйге тарады. Әр жер-әр жерден жабыр-жұбыр әңгіме, оқшау-оқшау мәслихат көбейді. Керме басындағы жігіттерге хабаршы жұмсалып, күйеу жігіттер мен бәйгеге түсетін аттарды қазір той иесі көретіні айтылды. Күйеу жігіттер мен олардың атқосшылары бәйгеге қосатын жүйріктерін жетелеп, ауыл сыртындағы екі домалақ төбенің тасасына барып тоқайласты, аттардың жабуы сәнделіп, күйеу жігіттердің үсті-басы тағы бір тексерістен өтті. Өңшең өндір жас жігіт ауыл жақтан қаптап келе жатқан қара құрым халықты беттеріне қан жүгіріп, албырап, бір түрлі қысылып, абыржи күтіп тұр. Орталарында Балпан бай бар үлкендер оқшау бір топ болып басқа жұрттың алдында келеді. Олардан кейінгі қызыққұмар көп игі-жақсыларды басып оза алмай, бәсекеге түсетін жігіттер мен бәйгеге қосылатын жылқыларды көргенше асығып, әбден діңкелері құрып, жан-жақтарына жалтақтай қарап, өңмең-өңмең етеді. Күйеу жігіттер былайғы жігіттерден танымал болу үшін аттарының тізгіндерін өздері ұстапты.

Қыз әкесі бастаған игі жақсылар егіз төбенің біреуінің басына кеп тоқтады; күйеу жігіттер аттарын жетектеп қарсы алдарына барып тұрды. Күйеу жігіттердің әкелері мен жанашыр тумалары балаларының қасына жетті.

Қызықтаушы халық ақсақалдар тобын жан-жағынан алқалай қоршап алды. Балпан бай қасына бір-екі атбегі шалдар мен өзіне қараған үлкендерді ертіп, бәсекеге келген жігіттерге беттеді. Жігіттер қыз әкесіне қысыла сәлем берді. Олардың жалпы саны елуден асады екен. Балпан бай әдеп сақтап, қай жігіттің қай рудағы, қай ақсақалдың баласы екенін сұрастырды. Өңшең бір менің балам болсын дейтіндей өндір жігіттер. Әне бір тыпыршып тұрған ақ боз арғымақтың қасындағы ашаң сары Байсалдың анада қыз айттыра келген баласы болды. Орысша оқығанмен бетінен қаны төгілген, иман жүзді биязы бала екен. Балпан бай әкесімен сөйлесіп тұрғанда көзін жерден көтерген жоқ. Ақбоз арғымақты Байсал осы бәсекенің хабарын естісімен, сонау Хорезмдегі бір тамырынан барып бұйымшылап алып қайтыпты. Өз өлкесінде алдына ат түсірмеген бәйге биенің баласы көрінеді. Біресе ар жағына шығып, біресе бер жағына шығып қарап жүрген атбегі шалдар ақ боз арғымақтың тал бойынан бір мін таппады. Байсал сол анталаған жұрттың жан-жақтан кеткен көп сауалына байыппен жауап беріп сызылған қалпы. Балпан бай бәсекеге келген өзге рулар көңілдеріне тік алып қала ма деп Байсалдардың қасында көп тұрмады. Кетіп бара жатып жас жігітке тағы бір көзі түсіп еді, ішінен тым сұңғақтау, майсалау екенсің, белдескенде сыр алдырып алмасаң жарар едің деп кетті.

Мына бір өне бойын күлтелендіріп қойған күрең қасқа ат, дәуде болса дүкенші Шүреннің аты. Бір сайдың тасын бір сайдың тасына айырбастап жүретін саудагер неме ғой, оның аты да тегін жылқы болмас; жұрттың көзі тиіп кетер дегендей жабуын тым көмілте жауыпты, онысы ат бегілер, көлденең жұрт жүйрігінің сыны мен сипатын алдын ала біліп қоймасын деп көлегейлегені шығар. Әне деңмент белбеумен буған дөңкиген қарны алдына сыймай, қызыл сары жүзі әнтек күреңітіп, Балпанды күтіп тұр. Баласы да өзіне тартыпты, екі иығына екі жігіт мінгендей өңкиген неме екен. Белдескенге бір шыдаса осы шыдайтын болар. Балпанның көңілінде тағы бір тәтті үміт ұялады. Қаланың қақ ортасындағы көк шатырлы ақ шаңқан үйге қасында қара құрым серігімен алшаңдап бұл түсіп жатады. Алдынан құрақ ұшып қаланың ең үлкен саудагерінің өзі шығады. Сосын Балпан бай мынау екі өзеннің ен алқабын бір өзі жайлағанындай, қаланың қан базарына да қоңыр шұнақ ісектерді қаптатып жібермей ме... Аяқ астынан әзәзілдей азғырып бара жатқан есірік дәмесінен өзі ұялып, саудагердің қасында да ұзақ тұра алмады.

Әне бір ақ бас құла қалаға жақын отыратын бір ауылдікі. Иесі — қапсағай ұзын, қара кісі. Екі ұшы ербиген шалғылы мұртын ширатып, ат көре келген жұртқа әңгіме соғып тұр. Ұзын бойлы, дөңгелек көз, әдеміше қара жігіт әкесінің сөзіне құлақ тосып, үнсіз жымияды. Е, Бекес те інісін әкеліпті. Осынша қазақтың ішінде елден ала бөтен оқшау көзге түсіп тұрған да сол. Өңшең шапан ортасындағы жаңғыз мандала бешпет те сонікі. Басында басымен бас боп қона қалған шашағы төгілген татары тақия. Екі қолын тарақтап, інісіне әлденелер айтып қояды. Әдеміше, қой көзді аққұба жігіттің құлағы ағасында болғанмен, екі көзі бұда...

Балпан бай бәсекеге келген жігіттерді енді аралап біте бергенде шетте тұрған үстінен түйе жүн шекпені түспеген қаршыға көз қара жігітке көзі түсті. Сүйегі арса-арса шабдар атының жұпыны ер-тұрманынан қорына ма, әлде өзінің жүдеу үсті-басынан қорына ма, бүгежектеп көзін көтермейді. Таң атқалы ретті бұзбай, оның да қасына тоқтап жөн сұрасты. Жанына ертіп келген серігі де көрінбейді. Бұның сауалына әлдене деп міңгірлеп еді, жауабы сол танауының астында қалып қойды. Қарап тұрып қара терге түсті. Ұялмай-ақ қояйыншы деп көзін көтере беріп еді, самайындағы ақ аяң қаспақты көзі шалды. «Басы жара бейшара босқа ел-жұртқа күлкі болады-ау, — деп ішінен аяп, бұрылып жүре берді. Қаумалаған қалың жұрт та, былайғы жігіттер де оған мүсіркеп, миықтарынан күліп тұр екен.

Бәсекеге келгендерді аралап болды, төбе басындағы ақсақалдар тобына беттеді. Сол екі ортада әлдекім шаужайына оратыла кетті. Сөйтсе, малмен бірге өріп, бірге түнеп жүретін Сапақ деген сасық байдың Есен деген есірік баласы екен. Бір құлағы шұнақ, бір көзі әпірейіп аспандап біткен. Малдан басқа қара көрмей әбден милау боп кеткен неме пәлендей бәсеке болып жатыр деген соң, алды-артына қарамай, далақтап шаба жөнелген ғой. Жасы қырыққа таяп қалса да, әлі үйленбеген. Сапақ байғұс ана ауыл, мына ауылға шапқылап-шапқылап ешкім қызын бермеген соң, күдер үзіп қойды деп еді. Әкесі күдер үзгенмен бұл неме күдерін әлі үзбепті. Мынадай жойқын топта жол тиіп, бәйге қолыма түседі деп жүрген дәмесін қара шіркіннің. Не қырар дейсің, түссе түссін. Қасындағы жігіттерге бұны да қоса салыңдар деп ымдады.

Балпан бай есірік Есеннен әзер құтылып, ақсақалдардың қасына келді. Ақсақалдар жігіттер мен шабатын аттарды анадайдан барлап тұр екен. Пәлен озады, жоқ, пәлен озады деген кеу-кеу талас. Атбегілерін де жан-жақтан қоршап алыпты, әсіресе, бәсекеге түскелі тұрған ауылдардың адамдары өндіршектерін созып өліп барады. Ертеңгі бәсекенің егесі қазір-ақ қызып кететін түрі бар. Тойлы ауылдың салтанатын құмарларынан шыққанша қызықтап болған жұрттың көзі енді бір-бірінде. Бәрінен бұрын бәсекеге түсетін жігіттер бірін-бірі ішіп-жеп барады. Осынша өзегі өртеніп тұрған халықтың ортасындағы көңілі жайлы жалғыз Балпан бай. Ол ішінен: «Әйтеуір, мықтың озады ғой, ендеше болды!» - деп ойлап, ақсақалдарға иегімен ауыл жақты мегзеді.

III

Сол сәттен бастап ауыл үсті жабыр-жұбыр әңгімеге толып кетті. Әлгінде ғана бәйгеге шабатын аттарды көріп келгендер аттардың біреуі мынасын мақтап, біреуі анасын мақтап әбден қызыл кеңірдек болды. Еркектер өжеңдескен дауға міселері тұтпай, алақандарын сарт-сарт ұрып бәстеседі.

Бәсекеге түсетін жігіттерді көріп қайтқан қыз-келіншектер де Ажарды ортаға алып, сыпсың-сыпсың әңгімеге кіріскен. Олар қай жігітті мақтарын білмей, бәріне де естері кетулі, оларға салсаң - бәрі де әсем, бәрі де жайсаң. Сөйтіп, ананы бір айтып, мынаны бір айтып отырып, кейбір келіншектер көңіліндегісін лақ еткізіп ақтара салып:

— Осындай алтын жігіттерді шетінен маңдайынан шертіп жүріп, ең таңдаулысына бұйыратын сен қызда да арман бар ма екен, — деп, Ажардың бетін ду-ду қызартты.

Бірінің аузына бірі құлағын төсеген бір жұрт. Бәсекеге жігіт қосатын ауылдың кісілері бөтен ауылдың адамдарының арасына сіңіп кетіп, не айтып отыр екен деп тың тыңдайды. Бәйгені осы алады-ау деген аттар мен қыз осыған бұйырады-ау деген жігіттерді сырттарынан ішіп-жеп жүрген сұғанақ көздер де толып жатыр. Даржан құсағандар осы күннен күдерін үзіп, кетем деп қопаңдаса, қызық көргісі кеп қасына еріп келгендер баласы мен атына өтірік мақтауды үйіп-төгіп, етегіне жармасып, жік-жапар болады. Тымырсық Можан: «Бұ жын ойнақтан бізге ештеңе тие қоймас», — деді де, осындай опыр-топырға мал шашып отырған Балпан бай әумесерді ішінен сілейте бір боқтап, тымырайып тайып отырды. Көжесінің қатығы жоқ, көңілі құртқа шабадының кері бұйырып, келуін келгенмен жұрттың сыңайынан қорқып кетуге рет таба алмай отырған бағанағы шабдар атты тазша бала сияқты жүрегі дауаламағандар Можанның тобына ере кетті.

Қараңғы түсе үй сайын қайтадан көл-көсір дастарқан жайылды, қайтадан табақ-табақ ет тартылды. Бірақ бұл жолы манағыдай абыр-сабыр жүріс, кеу-кеу әңгіме жоқ. Жұрт ертеңгі бәсекенің жайын ойлап отыр ма, әйтеуір, аяқ астынан қабақтары салбырап, бір түрлі тұнжыраса қалыпты.

Дастарқан жиналып, далаға шыққанда да ешкім манағыдай қызу әңгімеге беріліп, қызыл кеңірдек таласқа түскен жоқ. Тек әр жер-әр жерден оқшау-оқшау күбір сөз естіледі. Талай ас пен жиынды қолдарынан өткізіп жүрген кәнігі қулар жастарды жиып алып, сақалдары шошаңдап сыпсың-сыпсың мәслихат шертеді. Айналаларына жалтақ-жалтақ қарап, бөтен ауылдың адамы келе жатса, я алдағы қыстың сыңайын айтып, я Балпан байдың дастарқанын мақтап сампылдай жөнеледі.

Балпан бай кешкі тағам үстінде де біраз ақсақалдарды үйіне шақырып ап, кеңесіп көріп еді, олар: «Бәсекеге аталы ауылдардың бәрі де ат қосыпты, мынауы былай, мынауы олай дейтін ештеңесі жоқ, шетінен текті ауыл. Кім озатынын білмейміз, әйтеуір, балаңның бағы ашылғалы тұрғаны анық», — десті.

Ажардың нөкер қыздары мен самауыр басындағы әйелдер де бәсекеге келген жігіттерді қайта-қайта мақтап, ауыздарының суы құриды.

Әйтеуір, бүгін бұл ауылдың тыныш ұйықтар түрі жоқ. Түні бойы күбір-күбір, сыпсың-сыпсың...

IV

Ертеңіне егіз төбенің тегіс жазыққа қараған терістік бауыры жер қайысқан халыққа толды. Көк шөптің үстіне бір-бірімен ұштастыра кілемдер жайылыпты. Қазір кілемнің үсті бос. Ақсақалдар бәсекеге билік айтатын қазыларды сайлады. Жұрт оған Досбай ақсақалды, Асанбай хазіретті, Көшен ақынды атады. Қазылар өр ауылдың ақсақалдарын шақырып, бәсекенің тәртібі жайлы пәтуаласты. Ақсақалдар «жігіттер әуелі өнер салыстырыссын, сосын күш сынассын, ең соңынан жүйрік жүгіртсін» деген тоқтамға келді.

Қазылар бәсекелес ауылдың үлкендерімен сөйлесіп болған соң ортаға Балпанды шақырды. Асанбай хазірет қойнынан құран суырды. Балпан бай сертімде тұрам, қызымды бәсекеден озған жігітке ұзатам деп құран ұстап ант берді. Асанбай хазірет бәсекеге жігіт қосқан ауылдардың ақсақалдарын кезек-кезек ортаға шақырды. Олар да қазылардың төрелігіне қарсы болмаймыз деп құран ұстап ант берісті. Сапақтың аты аталғанда ортаға есірік Есеннің өзі шыға келді. Бір көзі көкке, бір көзі жерге жігітсіп, ыржалаңдап тұр. Жиылған жұрт шыдай алмай күліп жіберді. Асанбай хазірет бәсекенің шартын айтып еді, есірік Есен дауым бар деді. Жұрт тағы да қыран-топан күлкіге батты. Есен: «Мен ән сала алмаймын, әнге-күйге берсе, Балпан бай қызын жын-сайтанға берсін. Менің ата-тегім, алдымдағы ақ адал дәулетім ешкімнен кем емес. Қырыққа келсем де, әлі бір қызды қартайтатындай қауқарым бар. Бәсекеге мен де қосылам, бірақ ән салып, күй тартатын жын-ойнаққа қосыла алмаймын», — деді. Халықтың күлкіден ішектері түйілді. Тек ақ сұр Асанбай хазірет қана түсін бермей, көздерін сүртіп, ішектері қатып жатқан екі серігі Досбай ақсақал мен Көшен ақынға қарады, мынаған не айтамыз дегендей Есенді меңзеп иегін қақты. Екі қазы сол арада күлкілерін тыйып, аңтарылып тұрып қалды. Жұрт та жым-жырт, қазылардың кесімін тосты. Үш қазы әрі ақылдасып, бері ақылдасып, бәсекеге түсіп отырған басқа ақсақалдардың ақылына салатын болды.

Сол арада осы бәсекеден алдын ала күдер үзіп тұрған даукес Даржан шаңқ етті:

— О, халайық, өңшең жігіт ортасындағы бір қырма сақал қырқылжың ғой, дегені-ақ болсын. Осынша жігіт тұрып, қызды қырма сақалға беріп қоя берсе, обалдары өздеріне.

Жұрт тағы да күлкіге кенелді. Бәсекеге түскен ауылдардың ақсақалдары да қосыла күліп: «Осы не қырар дейсің, дегені-ақ болсыншы», — десті. Есірік Есен екі езуін жия алмай құран ұстап ант беріп, орнына кетті. Ол айтқанын істетіп, ән салудан құтылғанына мәз, ал мынау айналасындағы біреулері көздерін сүртіп, біреулері іштерін ұстап, енді біреулері бетін шымшып, қыран-топан боп қырыла күліп жатқан көп халықтың неменеге қағанағы қарқ, сағанағы сарқ бола қалғанында оның шаруасы жоқ.

Асанбай хазірет дуылдасқан жұртты әзер басты. Енді жігіттер өнер көрсетуге кіріспек. Бәсекеге түсетін жігіттер түгел кілем басына жайғасты. Ақсақалдарға да кілем төселді. Құж-құж халық алды отырып, арты түрегеліп тұрып бәсекеге түсетін жігіттерге ентелесе қарайды. Ортаға кілем үстіне өңшең сәнді киінген қылқандай уыз жас жігіттер шыға келгенде жұрт тағы бір гу етті. Жас келіншектер жағы бір-бірінің құлағына сыбырлап, жымыңдасып қалды. Жұрт алдында сыр бермеген тек ақсақалдар тобы мен үркердей боп оқшау жайғасқан қалыңдықтың нөкері ғана. Көшен ақын ата жолына салып өнді ауыл арасының қазағы емес, алыстан келген қонақ дүкенші Шүреннің баласына бастататын болды. Ортаға екі иығына екі жігіт мінгендей, нарт қызыл жігіт шыққанда сауықшыл жұрт әлі әуезін естімей жатып-ақ, «әу, пәлі» десті. Жігіт жұрттың орынсыз қошаметінен бе, жоқ мынау қыз аулының үлкендері мен үркердей боп оқшау шоғырланған топ қыздың ортасындағы қалыңдықтан қысылды ма, бұрынғысынан гөрі де қызара түсіп, күрең қошқыл тартты. Басына үкі тағып, сағағын сүйектеген қара домбырасын безілдете қақты да, биік ащы даусын аспандата қалқытып, сонау көк аспанның қақ төріне қадала шырқаған қара торғайдың даусындай шырқауға шығып ап шырқырап тұрып алды; солай тұрды-тұрды да бір уақытта кілт төмендеп, қайтадан қалықтады. Ащы дауыс жұрт назарын әбден өзіне қаратып алған соң лақылдап төгіліп, термелей жөнелді. Мынау әсем дауыстың тасқынымен ақтарыла жөнелген қай-қайдағыны қозғайтын сиқыр сөздер ашық аспан астындағы көл-көсір кеңістікке із-түзсіз сіңіп жоғалмай, тыңдаушы құлақ пен ұғынатын көңілдің бәріне жетіп, көгершін боп қонақтап жатыр. Жас жігіт иегі енді түбіттенсе де адам пақырдың көкейін баяғыдан бері қызыл құрт боп тесіп келе жатқан өжет дәмелері мен соның бәрін су аяғы құрдым қып құлдыратқан баянсыз фани жайлы шерді шертті. Әлгінде ғана лықсып көтеріліп, шекеге шапқан тентек қан оқыс мұздап, жүректерді ызғар шымшыды. Аспандап шыққан ащы дауысқа ілесіп асқақтай жөнелген лепірме көңіл кенет от басқандай бүгежектеп, бауырын жаза алмай, ілбіп қалды Көмейлер құрғап, көздерге жас жүгіргендей. Желпінген омыраулар күрт құлап, тентіреуік көңілдер мен тіміскі көздер жан-жаққа жалтақтамай, анау ашық аспан астында бүрісіп-бүрісіп тоңған жетім балалардай бір-бірімен аяқтасып, қойындасып бүк түсіп жатқан алыс қоңыр жылдарға, ісінген көздің алдындай күлтілдеп тұрған бұлыңғыр көкжиекке қадалды. Әнші жігіт жұрт көңілін тақымбасты көнбіс аттың тізгініндей оңай меңгеріп, қалаған жағына бастайды. Жап-жаңа ғана салқын су ұрттағандай саябыр тартып, сабыр таба қалған көңілдерге тағы да жел бітті. Әнші жігіттің аузынан шыққан саз бен сөз тағы да қан ойнатып, аруақ қоздырды. Ер жігіттің басына екі айналып келмейтін келте дәуреннің қызығы жасымас жігер, талмас талап; талпына білген көңіл де шарқ ұра білген қырандай, тұяғы ақыр құр тұрмас, — деп әнін бітірді.

Жұрт тағы да дуылдап қошамет жаудырды. Әншіден «өркенің өссіншілеп» тағы да ән сұрады. Көшен ақын әншіге айтсаң айта ғой деген рай байқатты. Әнші домбырасының құлағын бұрап, өзге бір күйге келтірді. Енді әлгісінен гөрі баяулата бастап, тақпақтата өрбітіп жас жігіттің сұлу қызға айтатын өзегін күйдірген өрттей дерті мен ыстық ықыласын ерке тілдің ұшымен қырық құбылтып, әдепті әжуа мен қылқылдаған қылықты қолқаны шебер қиыстырған ән айтып берді. Халықтың қошаметінде қисап жоқ.

Аузы асығыс жағы:

— Ойпырмау, мынауың нағыз шаппай бер деп түр, — деп екіленсе, сабыры мықтылар:

— Тұра тұр, әлі талай мықтылар бар шығар, — деп басу айтады.

Әнші жігіт тыңдаушы жұрттың көңілінен шыққанын байқап, шара табақтай мол жүзі бал-бұл жанып, орнына кетті.

Мықты әнші жалғыз әлгі жігіт қана емесі рас екен. Жұрт құлағын кесіп алса да, білер емес. Ән біткен сайын дуылдасып, арқасынын қозбасы бар желөкпе немелер өңеші жыртылғанша айқайлап, қошамет жаудырып, азан-қазан болады да, жаңа бір ән басталғанда жаңағы у-шудың бәрі жым-жылас тыйылып, жұрт тағы да сілтідей тынып қалады. Мөлдір аспанның көкжиегінен ұрлана көтеріліп келе жатқан қаймыжық бұлт пен оқтын-оқтын бір лүп етіп қайта басылып қалып тұрған терістік самалынан басқаның бәрі қыбырсыз. Мынау ұлан-асыр аспан астын біресе жаздың қысқа ғұмырлы қызғалдағындай бүгін құлпырып тұрса, ертең қыр-қылып қалатын кеп-келте, баянсыз жастық дәурен туралы мұң, біресе ер жігіттің алып-ұшқан көңілін, ең алдымен, арбайтын ерке қыздың жанары туралы наз, енді бірде теңді теңге қоспаған кер тағдыр туралы нала, немесе өмір-бақи өрге тарта беретін асыл арман кезек-кезек қалықтап, тек мынау егіз төбенің басындағы ызғындай жұртты ғана емес, сонау көл-көсір көлбеген көгілдір жалдардың да, анау жылмиып жатқан тақтайдай тегіс даланың да, қақ төбеде қалқып жатқан түпсіз тұңғиық аспанның да, өзен бетіндегі жыбыр-жыбыр толқынның да көкірегіне дарып, бойын балбыратқандай, маңай түгел сұлық.

Жас жігіттер бірінің айтқанын бірі қайталамайды. Ортаға шыққандар көбейген сайын кезек күтіп отырғандардың арқасы қыза түскен сияқты. Әлгінде ғана өздеріне анталай қараған көп жанарлардан тайсақтап, бастарын жерге салып, бір түрлі ұнжырғасы түсіп, сұлық отырған жігіттер енді тегіс серпіліп, тегіс жадырапты. Қолдарына домбыра тигенде көздері шоқтанып сала береді. Қызылды-жасылды кілемнің үстінде қызара-бөртіп тымпиып отырғаннан гөрі ән салғанда жан-жақтан анталаған сынампаз жанарлардан да, іштегі итжығыс түсіп, мігірсіз арбасып жатырған күдік пен үміттен де, қанша дегенмен қыз алдында өзге жігіттің шоқтығы өскенін көргенде көкірегіңді тырналайтын ұры намыстан да біржола құтылып, бостанға шыққандай болып, еркін сезінеді. Көңілдің күдігі, жүректің лүпілі бәрі кейін серпіліп, адам жанының сонау адам санасы болжай алмастай көл-көсір болмыспен астасқан тұңғиық тереңінен тас қайнардың суындай шымырлап өнген мөлдір сырлары әлі ақау шалмаған аңқыған ашық дауыс, бал-бұл жанып алабұртқан әсем дидар, асыл отынның шоғындай, өз бойындағы барша жылу мен барша шұғыланы түгел маздатқан шабытты жанарлар арқылы құдды бір ең қымбат ыдысқа құйылып, ықыласпен ұсынылған ең дауалы шарбат сусындай тыңдаушы көкірегіне шым-шымдап батып, өтпелі күннің ырың-жырың шырғалаңдарын, күлді көмеш көп түйткілін біржолата шайып тастағандай. Бой жеңілейіп, ой сергіген. Дәл қазір ең тымырсық пенделердің өзі құдды мына дүниеге енді туып, енді көз ашып отырған жас нәрестедей жаңа ғана жандарын тызылдатқан қыжылдарының бәрін ұмытып, төбелеріндегі көк аспанда телегей-теңіз шалқып жатқан көк ніл ауаға, анау аспанмен аймаласқан ала шабыр көкжиекке, керме басындағы жылқылардың күн нұрымен ойнаған жылт-жылт сауырларына, қарсы алдарындағы қалың көптен қаймығып, назарын тіктемей, әншілердің асқақтай, аспандай шыққан әуендерін бұға тыңдап отырған жас желең қыздар мен айтқан сайын арқасы қозып, аруағы асып отырған өндір жігіттерге, думаншы халықтың алуан бояуды аяластырған әлеміш киіміне, осынша көп халықтың басын қосып, ниетін ортақтастырған өмір тойының ақ теңбіл, қызыл теңбіл, жасыл теңбіл, көк теңбіл — көп теңбіл, көп шұғылалы дидарына көзі қанығып, көңілі толып отыр. Осы бір риясыз риза сезім маңайдағы жан-жануар, дүние-мүліктің бәрін шапағат толқыны шайып әкеткендей ештеңені анық көргізбей, анық сездірмей, төңіректі түгел ерте күздің ақ сүт тұманы қымтап алғандай тұмшалап, әркімді өз ойымен оңаша қалдырғандай. Әркім өзін-өзі күнделікті күйбеңнен қолы тимей, көптен кездесе алмай кеткен ескі танысын көргендей, енді танып, енді қанығып отыр. Қалған жұртты былай қойғанда әңгүдік Есеннің өзі бәсекелес жігіттердің әндеріне өндіршегі үзілгенше ентелей тыңдап, екі езуі екі құлағына жетіп мәз-мейрам, таң-тамаша.

Шетсіз-шексіз далиған кең далаға сыймай, сонау көмескі көкжиектен асып, мынау зымыран аспанның өзін иығымен тіреп тұрған осынша асқақ әуен мен адамның ойына түгестірместей осынша салқар сырлар кеше ғана қозы қуып, асыққа таласып, асыр салып жүрген мынау қоңыр даланың қоңыр қошақандары — түбітиек қыр жігіттерінің көкірегіне қалай-қалай сия берген... Тап осындай өреннің де жүрегіне дақ, көңіліне қаяу, бетіне шаң тиер ме екен... Олар мынадай шалқар дария жанымен кімнен қорқып, кімнен қорына алады, кімнің босағасында телміріп, кімнің сарқытына қор болады. Олар мынау көл-дария даланың төскейінде анау шалқар аспандай еркін көсіліп, сонау көк сағымдай еркін шапқылап жүруі керек қой... Жоқ, мынау жастың бәрін қартайтып, жүйріктің бәрін мүдіртіп, өткірдің бәрін мұқалтып, өрдің бәрін жуасытып жатқан қатыгез тағдыр бір күні оларды да аш итке лақтырған арса-арса жіліктердей қаудыратып шығарар.

Бәсекеші жігіттердің өнер сайысы түс ауа бітті. Ұялып, ерсі именшектеген төрт-бес жігіт болмаса, жұрт көңілінен шықпаған жігіт жоқ. Қазылар қайсысына жүлде берерін білмеді. Белдесіп күш сынасуға ортаға шығып, өнер көрсеткендердің бәрі де жіберілетін болды. Әсем ән мен әр қилы ойға бөгіп маужырап қалған халық орындарынан дүрліге көтеріліп ауылға беттеді. Тағы да ауыз жаппай қолпаш пен қошамет айтып жатқан бір жұрт. Жаңа ғана жігіттердің бәрін де ұйып тыңдап, бәріне де таң-тамаша болып отырған көп құлақ, көп көз, көп көңіл енді қыз емшек төбенің басынан төмен төгіп жіберген көп құмалақтай төртеу-бесеу, біреу-екеу боп бет-бетімен шашырай жөнелді. Әуелі қай-қайсысы да: «Әй, тамаша! Әй, тамаша!» - деп келе жатып, кенет жаңа бәсекеге түскен жігіттердің біреуін көреді де, дереу шаужайына жабысып: «Айналайын, бәрекелде, сен мықтадың, сен ұнадың», — деп өзектері үзіліп, ет бауыры елжірей қалады. Албырт жас не дерін білмей абдыраса; «Мына пақырың тіпті есін жия алмады ғой», — деп күліп, ал енді рақмет айтып басын изесе: «Дарақы неме білем, әлгі айтқанымды шын көріп қалды», — деп, таң атқалы дүйім жұртты аузына қаратқан өрен жігіттің бойынан өзінше бір мін тауып, күйкі көңіліне жел бітіп, желпініп, жер-көкке сыймайды. Жаңа ғана құлақтарын кесіп алсаң да білместей боп құмарта тыңдап отырған кеп халық бет-бетімен ыдырап, әркім өзімен өзі болып, құрым күркесінің ішінде күйкі көңілімен оңаша қалған соң, қайтадан бақайдан қағып, тірсектен шалған әншейін көп шуылдаққа айналады.

Жігіттер шетінен өнерпаз боп шығып, бәрі де үзеңгілес келген соң, әркім өз жігітін оздыра алмай әуре боп жүрген бәсекелес ауылдардың ақылгөй ақсақалдарының бастары тіпті қатады. Келесі сайыс алдында әркім өз жігітін оңашаға жетектеп, ұрлап алған бірдеңе берейін деп тұрғандай көлденең көздің бәрінен тасалап, екі аттап бір қарап, бұндайдағы ұрымтал мен ұтымдыны түсіндіре бастайды. Әлгінде ғана көппен бірге өнер көрсетіп, көппен бірге жұрттың көңілінен шыққанына мәз болып келе жатқан жас жігіттің нәресте көңілі алғаш рет айла-шарғыға сонда елітеді. Жас көңілге алғашында бал татыған тәтті қиялдай көрінетін жұрттың бәрінен мен озсам, мен биік болсам деген есірік дәме де сонда бітеді. Жұрттың бәрі қан жұтып, қабағы салбырап тұрғанда өзінің айдыны асып, елден ала-бөтен мәз-мейрам болғанда барып, бақыт тілеген нәпсінің ындыны зорға қанатынына, онсыз көңілге қанағат, жанға тыныштық жоғына сонда түйсігеді. Бірақ ол тап сол бойда осы сәттен бастап өмір деген жүлде дара, жүйрік көп, мәңгі бақи қарақшыға жеткізбей жүйке құртып, жүрек деміктіріп ұзақ бәйгеге түсіп кеткенін, ол бәйгеде қарақшыдан оралып, қарқ болған ешкім жоғын, жұрттың көбі қан құсып, орта жолда зорығып қалғанын біле қоймайды.

Өнер сайысы біткен соң Балпан бай қонақтарына тағы да табақ-табақ ет тартты. Тағы да ұлан-асыр дастарқан жайылып, ұзақ шай ішілді. Бірақ бәсекеге жігіт қосқан ауылдардың адамдары бір түрлі сүлесоқ, бойларына ас сіңбей отырғандай мол дастарқанды кешегідей еңсеріп кете алмады. Табақтың бәрі орта бөксе қайтты. Жұрт астың арасында бірін-бірі сыртқа шақырып, сыпсың-сыпсың көбейіп кетті.

Бесін ауа жұрт қайтадан Қыземшек төбеге шұбырды. Қазылар қайтадан ақсақалдарды жиып, мәслихат құрды. Сосын ортаға ақ мата жайылып, үстіне ақсақалдар қамшыларын тастады. Көшен ақын ақ матаның үстіндегі қамшыларды ию-қию араластырып жіберді де, қасына әлі естерін білмейтін үш-төрт жасар бір ұл баланы, бір қыз баланы шақырды. Сосын бәсекеге жігіт қосып отырған ауылдардың ақсақалдарына қарап: «Нәрестенің қолына іліккені несібелеріңе бұйырғаны болады, оған шүбәлерің бар ма?» - деп сұрады. Ақсақалдар: «Әлбетте, нәрестенің құлағына періште сыбырлайды, періштенің айтары тәңірінің жазмышы, тәңірінің жазғанына тайталасып бола ма?! Шүбәміз жоқ, балаларымыз бақыттарынан көрер періште әумин деген жігіт тәңірінің сүйген құлы, оның ырзығын төгіп, бақытынан жыру күнә. Қазының кесігі қақ», - десті. Көшен ақын Асанбай хазірет пен Досбай ақсақалға қарап: «Ендеше, кірісеміз!» — деді. Екі баланы жетектеп қамшылар жатқан ақ матаның қасына барып тұрды. Сосын қыз балаға: «Балам, мына қамшылардың біреуін алып, маған бер», - деді. Қыз бала бір қамшыны алып, ақынның қолына ұстатты. Көшен балаға бұрылып: «Енді сен біреуін алып бер», — деді. Бала да бір қамшыны алып, ақынның қолына ұстатты. Көшен екі бала әперген екі қамшыны екі қолына ұстап, әуелі көпшілік жұртқа көрсетті. Жұрт: «Көрдік, көрдік, — десті. Сосын бәсекеге түсетін ауылдардың ақсақалдарына көрсетті. Олар да көріп тұрғандарын білдіріп бас изесті. «Ендеше, қамшының иелері, бері шығыңдар!» — деді Көшен. Екі ақсақал ортаға шықты. Көшен оларға балаларын ортаға алып шығуға әмір берді. Белдеріне шарқат буынып, үстеріне белдесуге лайық ықшам киім киген екі жігіт ортаға келді. Көшен ақын тағы да халыққа бұрылып: «Әлеумет, көрдіңдер ме?» — деді. Жұрт: «Көрдік, көрдік!» — деп шуылдасты. Сосын Көшен екі жігітке бұрылып, екеуінің белдесетінін айтты. Екеуін бөлек тұрғызып қойды. Екі бала тағы да екі қамшы алып қазыға берді. Екі қамшының иесі ортаға жігіттерін алып шықты. Қазылар белдесетін жігіттерді осылай жұптап шықты да, енді ортаға екі-үш жұптан шығарып, күрестіре бастады.

Жұрт біріне-бірі кимелей, ортаға шыққан палуандарға, олардың бұлтыл қаққан бұлшық еттеріне қызыға қарасты. Палуандар белдесе жөнелгенде Қыземшек төбенің басы опыр-топыр болды да кетті. У-ду дыбысқа құлақ тұнып, бірінің иығына бірі ентелеген қалың жұрттың қақ ортасындағы оймақтай ашық алаңда не болып, не қойып жатқанын адам білер емес. Бұрын талай тойда өздері белдесіп жүрген қызба немелер: «Қап, әттеген-ай!», «Е, сөйт, тірсектен шал, тірсектен!», «Жіберме!», «Түу, мынауың мал болмас!», «Пай-пай, бүлдіргенін-ай!», «Е, бәсе!» — деп сандарын соғып, бастарын шайқап, дауыстары қарлыққанша айқайлап, құдды өздері күресіп жүргендей шыж-быж болып, қараптан-қарап құдайлары беріп түр. Ақсақалдар жағы өз балаларының жеңгенін тілеп: «Иә, аруақ! Қолда, баба!» — деп қояды.

Ортада екі жігіт алысып жүр. Өне бойларын жоса-жоса тер жуып, көздерінің алдында қаптаған тірсектер, көйлектің етектері, неше қилы шапандардың шалғайлары, қарсыласының қара қошқыл саны ию-қию араласып, дүние шыр көбелек айналып кеткен сияқты. Ту сыртынан анталаған қызық құмар жұрттың ашқарақ жанарлары шоқ боп қарып жатыр. Осыдан жықса, сол думаншыл жұрт: «Е, бәрекелде», — деп гу ете қалады. Жығылса, бұл ақсақал басымен алып келген әкесін, бүкіл ағайын-аумағын, рулы елін тірілей көмгені. Онсын мынау құмырысқаның илеуіндей құжынаған жұрттың жалақтаған көздерінен қашып құтылудың өзі мұң болады. Жауырынын тер қыдықтап, денесі шоқ басқандай өртеніп барады. Сүйегін ұнтап жіберетіндей мытып ұстаған тегеурінді қол қабырғасын қайыстыра салып, қарсыласының қапсағай иығы иінін басып, жерге қазық қып қағып тастамай тынбайтындай жанши түсті. Міне, кең дүние шыр көбелек айналып, оң аяқты тіреп сүзісе тоқтасты. Тағы ырғасты. Шиыршық атқан бұлшық еттеріне кенет діріл жүгіріп, сол-ақ екен мұздай су шашып жібергендей қайта басылып қалды. Тағы ырғасты. Бұл жолы қапелімде қозғала қоймап еді, оң жақ өкшесінің жерден бір елі-ақ көтерілуі мұң екен, мұның басы қарсыласының қақпақ жауырынына барып сарт ете түсті. Көз алдын бір қоймалжың түнек бүркеп, басы мең-зең боп кетті. Кеңірдектен ышқына көтерілген ащы ыза алқымына жас боп тығылды. Кенет таң атқалы табанының астында бұлталақтап жүрген жұмсақ топырақ жамбасының астынан бір былқ еткенде, бөксесін қоламтаға тығып алғандай жалма-жан ыршып түсіп, ұшып тұра бермекші еді, көкірегіндегі бөгде дененің зіл батпан салмағы нығарлай жаныштап, жерге сіңіріп барады. Сол арада кеуде тұсынан бірдеңені әлдебір әзәзіл қол өткір ұстарамен орып жібергендей болды, көкірегін қан жауып, көзін тарс жұмып, жат кеудені қапсыра құшақтаған қолы сылқ құлады. Бөксесіне шоқпар тиген бұралқы иттей сүлдері құрып, сүйретіле-мүйретіле жан-дәрмен орнынан тұрмақшы болып еді, жан-жағына тырмысып, ерсі ербеңдеп жатқан қолын жыққан жігіт шап беріп ұстай алды да, қолтығынан демеп, аяғына мінгізді. Ол алды-артына қарамай, ентелеген жұртты кеуделей жапырып, сыртқа ұмтылды. Жыққан палуанға қошамет айтып еліріп жатқан жұрттың қоршауынан шыққан соң, жалма-жан керме басындағы атына қарай безе жөнелді. Артынан атын атап, «тоқташы, тоқта» деп ырс-ырс жүгіріп келе жатқан аталастарына да қарамады. Керменің шетіне оқшау байланған, ертең бәйгеге түсетін жүйріктердің ішінен өз арғымағын тауып алды да ырғып мініп, беті ауған жаққа тартып берді. Онсыз да кешеден бері ауыл үстіндегі абыр-жұбыр айқайдан арқасы қозып, тұяғы қызып тұрған жануар әп дегеннен ағыза жөнелді. Соңындағы қуғыншылар қапелімде аттарына мінем дегенше бұл біраз жерге қара үзіп кетті. Жаңа ғана шоқтай өртеп, лапылдап бара жатқан ыстық денесін мұз боп қармап жатқан қарсы желді де аңғармады. Ойы ойран, көкірегі бұлқан-талқан, бірақ не ойлап, не қойғаныңды біліп болмас соқыр ыза. Оттай ыстық маңдайын жүйрік аттың жалын құшып, кері ыршыған жалбыр жел жалап-жалап қалады. Бағана жұрт қоршап тұрғанда тамағына тас түйнек боп тығылған ащы жас көзінен енді ытқып шықты. Сол бойда бұның қарсы желге қасқая қарап келе жатқан шалқақ басы сылқ құлап, атының жалын құшып, солқылдап тұрып жыласын кеп. Кеудесіндегі бірін-бірі кимелеп жатқан ыза, намыс, ықылық атқан өксігімен араласып лық-лық ақтарылып сыртқа шыққандай көкірегі жеңілейіп, басын көтерді. Сосын біраз уақыт қарсы алдынан қарғын судай жапырыла қаптап келе жатқан қоңыр далаға состия қарап отырады. Сәлден кейін жылай-жылай күп боп ісіп кеткен басына манағы белдескені оралады да, ойына күні кеше ғана аспан тірегендей асқақтатып, алшаң бастырып жүрген жігіттік намысы кез келген бұтаның басында қап қоятын қотыр тоқтының жалба-жұлба балақ жүніндей Қыземшек төбенің басындағы кеуделерін төмпештеп, кеңірдектері қызарған әумесер топтың аяғының астында тапталып қалып қойғаны түсіп, бір сәт бей-жай тартқан жұлын-жүйкесінің бөрі қайта ширығып, өксігін баса алмай ұзақ жылайды.

Бір уақыттарда барып, басын көтеріп, көзін сүртсе, күн әлдеқашан батып кетіпті. Көкжиектің әр жер-әр жерінде қалған қызыл жалқын жұқанақты омырауымен сүйкей сүртіп, шуда-шуда қара бұлт көтеріліп келеді. Бүгін ымырт тез орнап, айналаның алқымы сығылып, ала көлеңке мұнарға бөгіпті. Сол қою мұнардың ортасына әлдебір қатыгез қолдар енесінің бауырынан күшпен ажыратып, таңдайын уылжытқан перзенттік бақыттан біржола ада боп, аяқ асты отыққан жетім құлындай көкірегіне батпан зіл жиналып, тас түнеріп алған қырдың тағы бір жігітінің құр сүлдер көлеңкесі ебіл-себіл еніп бара жатыр.

Сол бір түні осынау түнерген түннің астында көкірегін ит жыртқандай боп, беті ауған жаққа тентіреп келе жатқан жаңғыз ол ғана емес еді.

V

Ол бір тымырсық түн болды. Белдесетін жігіттердің ақырғы жұбы күннің көзі алаулап енді батып бара жатқанда күресті. Қыземшек төбенің басындағы сайысты қызықтап тұрған сауыққұмар жұрт ойдағы тігілген үйлерге жеткенше төңіректі ымырт көмді. Ауылдың үстіне шабынған бурадай жалба-жұлба қара бұлт мініп алды.

Ауылда қалған адамдардың көңілін де сол қара бұлттай қапырық қапа жайлаған. Бүгінгі күресте жығып, бәйгеге ат қосуға қалған жігіттердің қуанышы да егіз төбенің басындағы әлгі бір ырду-дырдумен бірге тарап, дәл қазір ертең не болатындарын біле алмаған пұшайман күдікке берілген. Бүгін жығылғандар керме басынан аттарына мініп, ауылдарына тым-тырыс аттанып жатыр. Қабақтарынан қар жауып, екі иіні ішіне кеткен кісілер қара жерді қаттырақ басуға да қаймыққандай үнсіз жылысып, қараңғы түннің қойнына сіңіп жоғалуда.

Ауыл ерте жатты. Жер ошақ басындағы жылтылдақ оттар да ерте сөнді. Үйлерде ду-ду әңгіме атымен жоқ, домбыра-қобыздардың да үні өшкен. Көп үй қонағы кетіп босап қалыпты. Бәсеке жасап жатқан тойлы ауылдың базары тым ерте тарағандай. Әр жер-әр жердегі күбір-күбір әңгіме мен аттардың пысқырғаны ғана мүлгіген ауылда тірліктің атымен өшіп қалмағанынан сес бергендей.

Осындай жым-жырт түнде оңды ұйқы болмады. Ертең бәсекеге ат қосатындар төсегінен тұрып кетіп, керме басына қайта-қайта барғыштап жүр. Мынау көзге түртсе көрінбес қараңғы түнде кімнің қайда жүргенін, не істеп жүргенін біліп болар емес. Ортадағы қалыңдықтың нөкерлері жайғасқан екі ақ үйдің есіктерінің алдына үш-төрт кемпір төсек салып жатып алыпты. Бірақ ауыл толы бозбаладан қыздар жатқан екі үйді ешкім мазаламады. Кемпірлер сәл сыбыс шықса, шошаң еткізіп бастарын көтеріп ала қояды. Алайда үй маңынан ешкім көрінбейді, сыбыс-сыбдырдың бәрі өзен бойында, керме басында.

Бұл түнде тыныш ұйықтаған ортадағы ақ боз үйдің шалқайта түрген іргесінің алдында құс төсекте шалқасынан түсіп, рақаттана пырылдаған Балпан бай мен ауылдың оң жақ шетінде үюлі жүктің ығына қисая кеткен Есен ғана болды. Балпан бай соңғы күндері тым жүріс өтіңкіреп кетіп, базар соқты боп қатты шаршапты. Оның үстіне бүгінгі бәсекенің бәрін қақшиып отырып, өз көзінен өткерді. Әзірге оның көңілі жай. Белдескенде іштей дәмететін іргелі ауылдарының жігіттері жығып шықты.

Ал енді Есеннің де шаруасы түгел. Сау болғыр манағы екі патшағар қамшы суырғанда мұның жыңғыл сап, жаман сапалағы мен әлгі даукес Даржанның қызыл көз әңгүдік баласының қамшысы қатар шыға келгені. Есен, әйтеуір, бұрынғы Есен болса, ол немеге белін беріп, жын ұрды дейсің бе? Былтыр жазда суат басында қойыртпаққа тойып ап, кекірік атып ерігіп отыр еді, сау болғыр, сап етіп осы әңгүдік неменің келе қалғаны. Атын суарып алды да, бұның жұмырына басты қойды кеп. Кеше шайқалған ащы айранға қойдың жаңа сауылған қорғасын сүтін құйып, құдықтың ішіндегі қауғаға салып қойған мұздай жұмырдың қойыртпағы тартып жібергенде таңдайыңды қарып түскенмен, қарынға барған соң қазан қайнатқандай қылады. Қомағай неме кереленіп, екі-үш тостағанды салып алып еді, біраздан кейін, ақ тер одан да кетіп, бұдан да кетіп, әбден борша-боршасы шықты. Тәтті қойыртпақ қанын қыздырып, әрі тыпырлады, бері тыпырлады. Әңгүдік неменің аласұрғанын біраз уақыт қызықтап тұрды да, Есен шыдай алмай, үстіне екі-үш қауға мұздай суды құйып-құйып жіберіп еді, жанталасып жүрген байғұсың жаны жай тауып шыға келді. Әрі-беріден соң: «Есен аға, күресейікші», - деп мазасын алды. Ермек болсын деп белдескенде екі рет бұл жықты да, бір рет ол жықты. Мана Қыземшек төбенің басында, қанша дегенмен жас неме ғой, былтырдан бері әдіс алып, әлденіп кеткен шығар деп, қорқасоқтап түссе де, қырық құйқылжып, қылпылдап тұратын тәйтік неме емес пе, белдескен бетте-ақ ышқыры босап бара жатқандай, бір қолын қайта-қайта бөксесіне апара береді. Сондай бір сәтті бағып тұрды да, шатқаяқтатып, сирақтың сыртынан теріс шотты сала бергенде, әдепсіз неме, қапелімде жығылдым екен деп қатты састы білем, қолына іліккені сол болған соң, бұның иегіне тұқымдыққа біткен бес тал қылды шап беріп ұстай алғаны. Сол арада бұл да айқайды салмасын ба, қазылар да жетіп қалды. Есекең талтайып отырып алды: «Мынау көргенсіз немең сасқанынан менің сақалымнан тартып, аруағымды қашырды. Бұл жығылғаны, мен жеңдім», — деп сартабайды салсын кеп. Қазылар басы Асанбай хазірет болып, мұсылманның сақалына жармасқан әумесерге қайтіп жақ болсын, жеңісті бұған алып берді. Есен сосын төбенің басынан талтаңдап түсті де, қонақ үйіне кеп қақ төрге талтайып жатып алды. Кешке тамақ келгенде жұрттың бәрі қолдарын табаққа керенау созып, тәлімсіп қалыпты. Есен олардың аузына қарап әрі отырды, бері отырды, тіпті болмаған соң табақты өзінің алдына қарай тартып алды, сосын білекті түріп жіберіп, күректей алақанымен көсей жөнелді. Шара табақты көзді ашып-жұмғанша жылан жалағандай қып шығарды. Артынан бір кәусар кесе сорпа мен тағы бір кәусар кесе қымызды жұтып салып, керегенің көзіне басын тақап, жантая кетіп еді, көзіне ұйқы тығылды. Мұнымен бір үйге түскен қонақтар әлдене жайлы сөйлескілері келіп, құлқындары құрып бір-біріне жалтақ-жалтақ қарай береді, қастарын қағысып бұны ымдайды. Есен: «Қызыңды ұрайындардың Балпан байдың аулын өртеп жіберетіндей құпияласа қалғандарын!» — деді де, ішінен батпан балғамен тас төбеңнен қойып қалғандай зілдей қып бір боқтады да, сыртқа шығып кетті. Ет жеп, қымыз ішіп, іші қызған соң өзен бойына барып аяғын мұздай суға малып біраз отырды да ауылдың шетіндегі жүктің түбіне құлай салды.

Түні бойы бүкіл өңірді өкпесінен басқан тымырсық қара бұлт таң алдында жауып тынды. Әрқайсысы бармақтай-бармақтай серке тамшылар секіріп ойнап, сыртқа төсек сап ұйықтағандарды көрпе-жастықтарын арқалатып үйге қуып тықты да, үй іргесінде дүрс-дүрс шапқылап жүріп бір уақытта жым-жылас жоғалды.

Таңертең екі-үш күннен бері тұяқ басты боп жатқан жердің шаңы жығылып, шөптің басының сілтісі шайылып, ауылдың маңы айнадай жалтырап шыға келді.

Бәсекенің ең қызығы, ең қиыны бүгін. Қыз кешегі белдесуде жыққан жиырма жігіттің аты озып келгеніне бұйырады. Қыземшек төбедегі жұрт бүгін күндегіден гөрі де абыр-сабыр. Бәйгеге шабатын аттарға шабандоз балаларды мінгізіп, сейістері жетектеп қыдыртып жүр. Айла-шарғы, ақыл-кеңес ақырғы рет айтылып жатыр. Ендігі бақ-талайын бәйгеге қосқан жылқысының тұяғынан күткен жиырма жігіт мынау қарайған халық пен қыздың алдында сілті ішкендей іштері жидіп тұрса да, сыр бермей состия-состия қалыпты. Аттарының маңына бара алмай, алыстан көздерімен жеп барады. Бәсекеге ат қосатын ауылдардың ақсақал-көксақалдары оқшау-оқшау әңгіме-дүкен құрып жүр; бәрінің де қабағы қату, көбінің көзінің алды күлбіреп ісіп кетіпті, түні бойы ұйықтамағандары бірден көрініп түр.

Ат қоспайтын ауылдардың адамдары да аз даурығып жатқан жоқ. Қазір бәйге жолына шығатын жиырма аттың басынан бақайына дейін сипаттап әлек. Шарт-шарт қол алысып бәс тігіседі.

Аттар күн ысымай тұрып көмбеден аттанбақ. Жиырма ат қазылар көрсеткен жерге қаз қатар тізілісіп тұра қалды. Бастарына ақ орамал байлап алған тас түйін балалар Көшен ақынның қолындағы ақ жалауға қарап тұр. Ақ жалау бұлғаң етті. Жаңа бір сәтке құлаққа ұрған танадай тыныш дала ең әуелі дүркірей жөнелді; қатқыл жонды қарш-қарш асаған тұяқтардың дүсірін баса-жанша ат қызықтаушы жұрттың айқайы шықты. Пәлен күннен бергі дыр-думанда арқасы қозып, керме басында әбден ауыздығын шайнап, ашуға мінген арғымақтар тірсегінен тұсау кеткен соң жұлдыздай ақты. Қалың жабудың астында ақ тер-көк тер боп қамашауланып қалған жылқылар тұнып, тұтасып тұрған көк ніл ауаның қойнына күмп-күмп қойып кетіп, жалаңаш сауырларын жел қытықтап, шапқан сайын рақатқа батып, үдей түсті.

Сонау Қыземшек төбенің бауырынан дүркіреп бұлар шыға келгенде, жер қолқасын суырып бара жатқандай мынау ересен дүсірге бүкіл аймақ елең-елең қарасты. Қалың бұта арасында қаптай жайылып жүрген қара құйрықтар сонау көз ұшында көгерген құрдым көкжиекке қарай жөңкіле қашты. Ін түбінде бұғып жатқан борпаяқ борсықтар мен сауыры жалтыраған саршұнақтар да жау келіп қалғандай індерін тастай-тастай сала беті ауған жаққа безе-безе жөнелісті. Көптен бері өріс көрмеген ту даланың қоңыр шөбі тас төбесінен тасырлап өткен көп тұяқтан бұғып-бұғып қалғандай. Бақидан бері тұнығы шайқалмай, кең даланың үстінде көлкіп тұрған мөлдір ауа теңіздей теңселіп, әлгіндегі айна жалтыр ашықтығынан, мөлдірлігінен айрылып, су түбіндей бұлдырап, кері қарай зу-зу ағып барады. Қоңыр жалдардың басында әр жер-әр жерден қылтиған оқшау молалар жер мен көк түгел дүсірлеп кеткен соң, мойындарын соза қарап, жау қуып бара жатқан қалың қол деуге қаруларын көрмей аңырып-аңырып тұрады да, біраздан соң баланың ойыны сияқты әншейін тасырлақ бірдеңе ғой дегендей күрт шөгіп, қара жондардың қалтарысына тығылып бүк түсіп жатып алады.

Қалың дүсір қара жонның қатқыл сазын қарш-қарш шайнап ағызып келеді. Қапталда талай қара жал, қалың бұта, айна тақыр, адыр белдер қалып барады. Бағана Қыземшек төбеден аттанғанда бетеге түбінде бұғып жатқан жел бұлар шапқанда өре тұрып қарсы шауып, жеме-жемге келгенде тайқып кетіп, бүйірден жалап, сауырдан сипап, жанай өтіп жатыр. Тып-тыныш жатқан жерлерінен түлен түрткендей осынша шабалаңдап желге не көрінгеніне аттар түсінбейді, тыныш дүниені осынша бөрліктіріп аттарға не көрінгеніне жел түсіне алмайды. Аттарға желдің біресе өз жалыңмен өзіңді сабап, омырауынан төмпештеп быжа-тыжа боп, тұлынын түтіп долданғаны, біресе теріңді сүртіп, еркелете сипап, асты-үстіңе түсіп жәреукелегені қызық; ал жел болса осы бір құйын қуған қаңбақтай бет алды құла дүзге безіп бара жатқан жұп-жұмыр, ап-ауыр тас түйін аттың біресе сауырын сипап, біресе бауырын қыдықтап, қақпақыл қып қағып, құмардан шыққанша ұйпалағанына мәз. Ал анау аттың үстіндегі тістеніп, екі көзін оқша қадап емініп шапқан екі аяқты мен сонау артта, көгілдір белдердің астында, ту-ту алыстан жыртынып жатқан көп айқайға не керек екенінен кең әлемде бетімен лағып жүрген жел түгілі аузында ауыздық, басында жүгені бар жылқының өзі бейхабар.

Жүйрік ат өне бойын аймалап жатқан саф ауаға, қыздың орамалындай қалықтатып, көкке көтеріп бара жатқан самал желге, жан-жағынан тасырлай шыққан көп дүсірге көңілі өсіп келеді. Ол үшін осылай шаба бергеннен, мынау көк ніл ауаның күміс толқынына күмп-күмп жүзе бергеннен асқан бақыт жоқ. Осылай құмарынан шыққанша шабады-шабады да, сосын демін басып, отын оттап, суын сулап өрісіне кетеді. Арқасы ерден босап, бағана өздері шауып өткен шілдедегі марқаның құйрығындай дірілдеп, қақалып тұрған ажырықты ойда асыр салып жайылады. Күрек тісімен қозының құйрық майындай ұп-ұлпа ажырықты күрт-күрт орғанда шие татыған ашқылтым дәмі таңдайын жалап, анталаған ұлпа қылтанағы ернін қыдықтап, күрт-күрт үзілген үні құлағына күйдей жағады. Бір уақытта өне бойын жас шөптің күші кернеп, таңдайы кеуіп, көз алдындағы көгілдір сағым қоюланған кезде көлге тартады. Сынаптай жылтырап жатқан ақ қайраң көлдің, саумал суын аяғымен төрт-бес тарпып жібереді де, лай көтерілмеген айна тұнық жеріне тұмсығын салып сіміре бастайды. Мұның танауының астында жыбыр-жыбыр, жымың-жымың күліп көл суы емес, жер мен көкті түгел алып ала шабыр аспан жатыр. Ақ қайраң көлдің түбіне төселген ақ жібек жабудай ақша бұлтты да сумен бірге жұтып қойғысы келгендей қанша кереленіп, емініп ішсе де, ақ қайраң көл таусылмайды, ақша бұлт та ақ қайраңның арасынан жылт-жылт сығалап қашып жеткізбейді. Көлден қанып ішіп, екі бүйірі сыздап, ыңқылдап, өріске қайта шығады. Біраз тұрып қарынын басады, сосын үйірінің арасына түсіп, әрлі-берлі шапқылап тоқ таратады. Ол сүйтіп тұяғының қышуы қанғанша шапқаннан, қарны тойғанша оттап, шөлі тарағанша су ішкеннен басқа бақыт бар деп ойламайды. Ол түс көрсе де, түсіне туырылған ебелек, саумал көлдің түбіндегі ақша бұлт, үйірлестерінің жылт-жылт сауыры кіреді. Ол ызыңдаған бөгелек өзін шақпай асып кетсе де қуанады, үстіндегі жолаушының бұның сауырын дір еткізіп шошаң етіп көтерілген қамшысы осып өтпей, бәсең тисе де қуанады.

Екі аяқтылардың тақымына қанша түссе де, мінездеріне әлі түсінген емес. Міне, үстіндегі екі аяқты тақымын үсті-үстіне қысып, бұның өкпесін суырып әкетердей тыпыршып келеді. Төрт өрме қамшының өткір тісі шоқ басқандай қып оқтын-оқтын сауырын шағып алады. Әр жер-әр жерде көтермеде тұрғандар да тұсынан өткенде қиқу сап, қамшыларын бұлғақтатып, бақырып-шақырып, бір көш жерге қуып тастайды. Алдына бір ат шығып кетсе, екі аяқты тақымын қысып, қамшысын шелтеңдетіп, әбден әбігерге түседі. Ал бұл басқа аттардың алдына түскенмен жаны жай табатын бәрібір ол жоқ, алдыңда кетіп бара жатқан жылқылардың бәрінің алдына түс деп тепкілейді. Бұған осы шабысы да ұнайды. Дал-дұл жыртылған саф ауа мен екілене соққан қарсы жел жанына майдай жағып барады. Ал үстіндегі екі аяқтыға мұның жанына не жайлы екені тіпті де керек емес, оған тек өзінің дегені болса болды. Оған тек өзінің көксегені керек. Онысын мынау жанықтырып үсті-үстіне тепкілеген тақымы мен жыландай шағып-шағып алатын жексұрын қамшысынан аңғарып келеді. Екі аяқты пақырдың өстіп жанығып-жанталасып жүріп, талай тамаша бақытты аңдаусыз қолынан шығарып алатынын, көңілінде қанағаты бар адамдарға жарық жалғанның рақаты мен ләззаты қашан да мол болғанын, соның бәрінен ашқарақ нәпсінің айтқанына ерем деп айрылып қалатынын, сол ашқарақ нәпсінің қырсығынан талай ұл құлға, талай жігер құмға айналып жатқанын, айтқанды істеп айдағанға жүретін төрт аяқты ол түгілі, бүкіл дүниедегінің бәріне күңіндей кіжініп, тоқалындай иемденетін екі аяқтылардың өздері де білмей күн кешіп жатқанына бейшара жануар қайдан түсінсін; әлгі бір қамшы деген пәлесі ұлпа санымнан тағы бір осып алмаса екен деп зәре-құты қалмай безіп келеді.

Дүниені топан су алғандай таң атқалы жан-жағынан сынаптай сусып жатқан мөлдір ауа, жарқын әлем кенет қой балшықтай қоңыр ала тартып лайланып кетті. Қапталдағы дүсір ұлғайып, оған тасыр-тұсыр тағы бірдеңелердің үні қосылды. Бажылдақ қарғыс, ойбай мен қым-қуыт айқай-сүрен жонынан мұздай тер шығарса да, сыр бермей тартып келеді. Манадан бері көз алдында ақ жалындай алаулап келе жатқан ақ боз арғымақ қайда кеткен? Алдына жаңа ғана түскен мына құла нағып аяғын сүйретіп қалған? Қалың аттың алдына бұл шығыпты. Соңындағы қиқу да қоюлана түсіпті. Қарақшы төбеден мана оралған. Енді алдындағы ана бір нар қоспақ жалдан әрі асса болды, бағанағы у-шу халық та көрінетін шығар. Нар қоспақ жалдың бергі бауырындағы күн жауса қақ тұратын қоңыр бытпылдықтың арасынан бес-алты атты шыға келді. Қасқыр қуып келе жатқандай қолдарындағы сойылдары несі? Шіркін, мынау нар қоспақ жалдан бір асса, ар жағынан Қыземшек төбе де көрінер еді, сосын мынау қым-қуыт айқай-шудан да, көзіне ұрып келе жатқан өткір желден де, қос өкпесін езіп-жаншып бара жатқан тепкіден де құтылар еді. Қапталдан шапқандар бұған беттеп келеді. Артындағы қиқудың не қиқу екенін біле алар емес. Міне, қапталдасты. Алдына көлденеңдеп шыға берген, бетін шүберекпен таңып алған құбыжық адам оңтайына ұстаған қара сойылды сілтеп қалды. Бұл бұрынғы қарқынымен ағып өтті, қара сойыл бұның сауырын жалап өтіп, қамшылар жақ қапталына қоңыр тақырдың қоңын жырта дүңк ете түсті. Сол екі ортада бөксесіне ауыр соққы тиді. Қапелімде ет қызуымен сыр бермей тарта берді.

Қапталдасқандар қалар емес, енді екі жағынан да бірдей тақымдап келеді. Үстіндегі бәйге баланың ащы ойбайы шықты. Бұның жон арқасы дір ете қалды. Сол екі ортада әзірейілдей қара шоқпар көзіне тағы бір көрініп, құлақ шекесінен салып өтті, ол қираң етіп құлап түсті. Таң атқалы көз алдын көміп келе жатқан қоңыр ала қоймалжың қақ айрылып, бағанағы жарық аспан қақ төбесінен бір жарқ етті де, артынша бір жып-жылы қара қоймалжың тұмшалады. Ол өзіне неге сойыл тигенін, мынау аламан-асыр айқай-сүреңнің соңы немен тынарын, бұл өлген соң екі рулы елдің ішіне қан қатып, бірін-бірі оқты көздерімен атысып өтерін, мынау қара шекесінен бастап қаптап жайылып келе жатқан ауыр зілдің аты ажал екенін - ештеңені білген жоқ, әлгінде ғана соңында келе жатқан тасыр-тұсыр бір түрлі алыстап кеткен сияқты болды да, кенет жым-жырт тынып қалды; қорқырап бір іш тартты. Өне бойында манадан бері асыр салып келе жатқан тентек қан құлақ шекесіндегі жараның аузына қарай жапа-тармағай ағып барады, бірақ есеңгіреп қалған санасы ол қызыл сұйықтың да тамшылап-тамшылап таусыларын сезуге де мұршасы келмей сөніп бара жатты.

Өзінің обалына осынша қалып, адамдарға не көрінгеніне түсіне алмай тағы бір жануар өлім құшты.

Қашан нар қоспақ жалдан топырлай шыққан көп жылқының түр-түстері анық байқалғанша бәйге төбенің басында тұрған халықта да ес қалмады. Аттар тас түйін боп шоғырланып алыпты. Оқшау, дара шыққан ешқайсысы жоқ. Әне нар қоспақ жалдан төмен құлап, әлі қурамай нәрі бойындағы қалың ажырықтан айдын көлдей ақ айранданып көрінетін тақыр ойға түсті. Бәйге аттардың екі қапталынан еміне шапқан аттылар бірте-бірте қала берді. Бәйге аттар енді-енді сараланды. Көтермешілер мен қуғыншылар жік ажыратқанда барып арғымақтардың ұзын ырғасы белгілі болды. Бәйгеге шапқан аттардың қарасы манағыдан көрі аздау сияқты. Шамасы алты-жеті аттың кейінде қара үзіп қалған түрі бар. Жұрт нар қоспақ жалға қанша тесіліп қарағанмен кейінде келе жатқан аттарды көре алмады. Аттар бәйге төбеге жақындап келіп қалды. Енді әркім өз атын анық ажырата бастады. Ең алдымен, Байсалдың даусы шығып кетті. Бәйгеге қосылған аттардың ішіндегі ең ақ шаңқаны соның ақ бозы еді. Мана әп дегенде суырылып алға шыққан-ды, жұрттың бәйге алады деп көп бәс тіккен аты да сол болатын. Енді міне, қарақшыға жақындап қалған қалың топтың ішінен ол көрінбейді. Онымен құйрық тістесе кеткен құла қасқа ат та көзге түспей түр. Әзірге бәйге басында - дүкенші Шүреннің күрең қасқасы. Бірақ о да соңындағы аттардан қара үзіп кете алмапты. Жұрт гуілдесе жөнелді. Сол екі ортада бәйге төбеге өңмендеп келіп қалған тастүйін шоғырдың ішінен бір сүмең бурылы суырылып ілгері шықты да, күрең қасқамен қапталса берді. Жұрттың қиқуы көбейген сайын шабысты түзей түсті. Әне, күрең қасқадан құрық бойы озды. Ат қосқан байлар бұл кімнің жылқысы деп бір-біріне қарайды, жұрттың бәрі аң-таң. Атбегілер де пәлен күннің ішінде керме басына сан-сапат барып жүрсе де, тап бұ жылқы көздеріне ілікпепті. Міне, не де болса бәйге төбеге дараланып келіп қалды. Сол арада қалың топтың арт жағынан: «Көрінді ме? Көрінді ме?» — деген дауыс шықты. Жұрт жалт қарады. Таң атқалы нар қоспақ жалға телміре-телміре жалығып кеткен соң, бағана: «Әй, қызыңды ұрайындар, ақыры бір шығарсыңдар!» - деп қолын бір сілтеп, етектегі ауылға қымыз ішуге кеткен Есен екен. Ауыл сыртынан қиқу шыққан соң о да елпеңдеп салып келеді. Жұрт тағы да күлді. Есен ақ тер-көк терге түсіп, төбенің басына шыға келіп еді, мәреге құрық тастам жерге келген бурыл атын көрді. Тымағын аспанға атып, айқайлап жіберді. Аңырып тұрған халық сонда барып есін жиып, сең соққандай теңселіп кетті. Жұрт жапа-тармағай бурыл атқа қарай лап қойды. Қарақшыға екінші боп жеткен күрең қасқа келген бойында ұшып түсті. Дүкенші Шүрен ойбайын салып, қасына барса, белдік тартпасы шап етіне бес елі кіріп кеткен, әлдекім мана тартпасын іші-бауырын арқа омыртқасына жабыстырып жіберетіндей қып, тым қатты тартыпты; ұзақ жолда демі таусылған жануар аузынан ақ көбігі ақтарылып, бәйге төбенің басына жете сұлады. Қарақшыға оралған аттардың ішінен өз жылқысын көре алмаған ауылдар мән-жайға енді түсініп ойбайға басты. Бәйге төбенің басы у да-ду.

Таң атқалы көк жорға аттың үстінде шалқайып отырып, сонау нар қоспақ жалға манаурай қараған Балпан бай, қапелімде не болып қалғанына түсіне қоймады. Қазыларды іздеп еді, олар сонау опыр-топыр жұрттың ішіне кіріп кетіп, көзіне түспеді. Әлденеге ентелескен жұрттың соңынан бұ да барып еді, ештеңе көре алмады. Сол екі ортада жаңа бәйгеден озып келген бурыл атты жетелеп қазылар шықты, соңдарына есірік Есен еріпті, жапырық бөркімен маңдайын оңды-солды сүйкей береді. Бурыл аттың тізгіні қазыларда, есірік Есен қыл құйрықтың ұшынан уыстап ұстап, шөпітіп-шөпітіп сүйіп қояды. Балпан бай мына бурыл атты көрген. Қара шекпен жабуы бар, ылғи ауылдың шетінде жаңғыз қаңтарулы тұрушы еді. Қазылар бұған қарап бірдеңе дейді. Не деп тұрғандарына түсінсе не дейсің! Жұрт азан-қазан, естіртпейді. Біреулер аттарына мініп, сонау көз ұшындағы нар қоспақ жалдарға қарай шауып ала жөнелді. Асанбай хазірет қасына жақындап, тізгінінен ұстады, қойнынан құран шығарып көрсетті. Балпан бай әлденеге жүрегі суылдап, көз алдына қан шауып, жан-дәрмен көк жорғаның жалына еңкейді. Сосын қайтып төңіректе не болып, не қойып жатқанын білген жоқ.

Қара буалдыр қапырық мұнардың ортасында ұзақ жатты. Бір уақыттарда барып ауылды дүрліктірген азан-қазан жылаудан басын көтеріп алды. Ажар отырған ақ үйде әйелдер дауыс етіп жатыр. Бәйге төбенің басындағы топыр тараған. Екі төбенің ортасындағы қасқа жыраның бойынан қазулы көрдей аранын ашып жер ошақтар қарауытады. Көлеңкеде кілем үстіне жатқан бұның қасында бір топ ақсақал үркердей боп үрпиісе қалыпты. Анадай жерде қақпа шекпен жапқан бурыл атының қыл шылбырын ұстап Есен тұр. Есірік неменің екі езуі екі құлағында...


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?