Кәкімжан Қазыбаев | Толғаулар
1. Көктем
Көктем! Айнала жұпар атып, тіршілік атаулы түлеп тұр. Ажарында мың арудың сыны бар, кеудесінде мың ақынның тұнып жатқан жыры бар, көмейінде сұлулықтың үні бар, көкірегінде табиғаттың таусылмайтын жан тебірентер күйі бар. Бұл — біздің көктем.
Бұлақ сылдырап ағады, бұлбұл тамсана, тамылжыта, үзілте ән салады. Ақ балтыр қайыңдар, тәкаппар, бойшаң теректер жапырағын жайып, самал желмен сыбдыр қағады. Далаға шықсаң, гүл исі, нұрын төккен күн иісі. Жер-ана өзінің апай төсіндегі алып анарымен Тіршілік атты перзентін емірене емізіп жатқандай. Бәрі мамырлап, бәрі балбырап, тамылжып тұр.
Көктем көркі осындай. Оны көрікті жырға да, күйге де сыйғыза аларсың ба! Бұл көрік қанша қарасаң да тойғызған ба! Тарих қартайып, замана жаңарған сайын ол тіршілікке деген ынтызарлықты, болашаққа деген үміт отын лаулата береді.
Көктем көркіне адам еңбегінің шабыты, адам көңілінің қуанышы келіп қосылғандығы сурет — керемет сурет. Ол қуаныш арнасынан аса шалқыса, бірінен-бірі биіктеп ән де аспанда қалқыса, болаты мен шойыны мартенінде балқыса, даласында егіні толқын болып туласа, өңірінде сан түлік шұбырып - шұбап шуласа, шырқ үйіріп барлығын, адамы қарап тұрмаса! Бақыт деген осы емес пе!
Әлі есімде, бұдан ширек ғасыр бұрын, 1945 жылдың майы болатын. Ауылдың күншығыс жағында қоңыр жота бар-ды. Сол жотаның арғы астындағы жазық егіндік еді. Өгіз жегіп соқа салып жүргенбіз. 14-15 жастағы балалар өгіз айдайды, соқаны ұстайтын — ылғи жесір әйелдер.
Күн құрық бойы көтерілісімен қызуын молынан шашып, денемізді балқытты. Осы қызу арқасынан өтіп, сүйсінген кейбіреулер өгіз үстінде ұйқысы кеп қалғи береді. Кейде тіпті құлап кете жаздап барып оянады. Өгіздерді түгел доғарып тастап, жаңа жыртылған мамық қара бұйра жерге жата қалыңдар десе, құс төсекке құлағандай болар еді бәрі де. Күн сондай бір шуақты еді.
Осылай балқып, балбырап келе жатқан өгіз айдаушылар мен соқа ұстаушыларды қоңыр жотадан көрінген салт атты селк еткізді. Соқашыларға қарай шауып келеді.
Алыстан көрінген атты ол кезде әркімнің үрейін алатын. Осы егіндіктің басында майданға кеткен сан боздақтың қаза болғанын естіртіп, қаралы қағазды тапсырғанын кергеніміз бар. Суық хабарды әкелген адамның алдына мініп, жоқтау айтып еңіреп кете барушы еді жұрт. Езіліп қалушы - ек. Өгіз екеш өгіз де мойнын салбыратып тапжылмай тұрып қалатын. Ия жары, ия бауыры, ия әкесі, ия ағасы қаза болды дегендер үш күн жұмысқа шықпайды. Ең үлкен жеңілдік — сол.
Әлгі аттыны көрісімен «қайсымыздың сорымыз қайнады екен» деп төрт-бес соқаның төңірегінде жүргендер қалшиып - қалшиып тұрып қалды. Баланың да, үлкеннің де өндері құп-қу боп кеткен.
Әскерден бір аяғынан айрылып келген Асқарбай деген азамат бар еді, сол екен. Ағып жеткен бойда алдындағы әйелдің орамалын жұлып алды. Сосын өгіз үстіндегі баланың қалпағын қақты. Екінші соқаға, үшінші соқаға барғандағы істегені де сол. Шауып жүрген аттыдан сескенген өгіздер бораздадан шығып кетті. Екі аяғын бір жаққа салып, бұл көрініске аңырап қарап отырған кейбір балалар топ-топ етіп жерге түсті. Асқарбайдың тіл-ауызы байланған адам секілді. Сол арадағы он шақты кісінің басындағы орамал, қалпақты түгел сыпырып алғанша біресе олай, біресе бұлай шапты да жүрді.
— Айналайын - ау, айтсаңшы! Бәрімізді де құдай жарылқады ма? Қуаныш па?
— Бәрінді де, бәрінді де! Соғыс бітті!
— Жеті шелпек, ақсарбас!
— Рас па, өтірік пе!
— Атыңнан айналайын. Аман қалған жалғыз аяғыңнан айналайын!
Асқарбайға осындай алғыстарды жаудырып жатты әйелдер.
Өгіздің бәрі доғарылды. Бала да, әйел де бірін-бірі сүйіп жүр, әлден уақытта бір-бір өгізге мініп ауылға қарай жарыса жөнелді олар. Атты Асқарбайдан да озып кеткендер болды. Өгіз екеш өгіз де сөйтіп өнер көрсетті.
Сол бір көктем, сол бір сурет күні бүгін көз алдымда. Сол бір көктем шуағы арқамды әлі жылытатындай.
Мынау бүгінгі әсем көрініс, керікті де көңілді өмір шабыт отын тұтатқанда, көңіл құсын ұшырғанда сол көктеммен жалғасып жатқандай. Ол кезде бала едік. Көп жайды аңғармаппыз. Қазір жігіт ағасымыз. Байқаймыз, барлаймыз.
Балалық шақтың ойынсыз, күлкісіз өткені де ұмыт болғандай. Біз асыр сап ойнар шағымызда аласа жүрдік. Мұң мұхитын көрдік. Футбол ойнап, доп тептік. Еңбек еттік, өгіз айдадық. Аяғымызға бәтеңке кигеніміз жоқ, оны шөңге мен тікен жоса қып жаралайтын. Біз лагерьге барғанымыз жоқ, ақ шатырлар астында емес, сабан - топан арасында жаттық. Жарым құрсақ, ұйқысыз түндер, күлкісіз күндер өтті. Осындай өмір ертерек есейтті де. Мұң деген не, қуаныш деген не, оны біз жақсы білеміз.
25 бейбіт көктем келіпті. Жиырма бес жасампаз жыл өтіпті. Ширек ғасыр ішінде өңірім қалай түлеген, елім қалай байыған, адамдар қалай жаңарған! Кеудемді керемет сезім кернеп тұр.
Ол — қуаныш! Сол қуаныштың қызуымен аралап кеткендей әлемді. Мынау түлеген өз өңіріндегі сұлу табиғат көркіне сүқтанам.
Көрем, көрем де шаттанам! Байтақ республикамның бар түкпіріне барып қайтқым келеді. Түстігіне жаз келгенде, терістігінде қыс жататын неткен кең еді сенің жерің! Алатаудың алқабы масатыдай құлпырды. Ал, Арқаның төріне егін жаңа ғана салынуда. Береке, ырыс, негізі ол. Ертең-ақ көктеп, көктемнің нұрлы күнімен, көктемнің дүбірлі үнімен көл-көсір дәулет көзіне айналары сөзсіз. Елімді мақтан етем, қойны қазына жерімді мақтан етем! Шалқар шабыт, ерлік еңбек даңқымызды алысқа, ғарышқа апарады. Мынау жайдары көктем көңілге осындай күй құйып, жүрекке нұр құйып тұр. Күйдің аты - жасампаздық, нұрдың аты — Октябрь!
Біздің үмітіміз — шындық. Шындығымыз — үміт. Жүрген жолымыз — өзгеге өнеге, жер шарында әлі де езілген халыққа шамшырақ. Үміт дейтініміз сондықтан.
Үмітіміздің шындық болуы — болашаққа деген зор сенім әрқашан да алға жетектейді. Бүгінгі көктем келбетінен ол сенімді аңғару киын емес. Кім болашаққа сенсе, сол жеңімпаз. Кім болашақты көрсе, сол қайратты. Сенім мен қайрат қосылып қандай болса да алдырады, қандай бөгеуді болса да талқан қылып, мазағына қалдырады.
Жайсаң көктем! Сенің жасыл төрінде, сенің ашық көгінде адам күліп жүрсе, өзіңнің бақытты екенін біліп жүрсе. Өзегі оның талмаса, қара бұлт басын шалмаса. Ақ тілеу адамзаттың арманы осы - ау, шіркін. Өмір көктемдей көрікті, көктемдей нәрлі болса!
... Жапон әйелі көп ортасында сөйлеп тұр. Сөзі біткен соң қойныңдағы кішкене құтыны алды да ондағы суды көрсетті.
— Мынау су, Окинава аралының бір құдығынан алынған, — деді. Сөйтті де сіріңке шақты. Су бензинше жана бастады. Әлгі әйел сиқыршы емес, бейбітшілік жолындағы күрескер еді. Окинава аралының құдығының суы да қазір осындай болғанын дәлелдеді ол. Иә, бұл аралда Американың 140 әскери базасы бар. Вьетнамға ажал бомбасын алып ұшатын самолеттер осы арадан аттанады. Арал суының от боп жануы енді таң емес.
...Жас қыз сахнаға тағы шықты. Концертінің соңында әдеттегі әні. Оның аты — «Иә бостандық, иә елім!». Бұл енді Грецияның атақты композиторы Микис Теодоракис түрмеде отырып жазған-ды. Орындап тұрған жас қыз Мелина Меркиру. Талант иесі, дарын иесі. Бірақ өз елінен опа таппай өзге елді паналап жүр. Оның жаңағы салған әні Грецияның бостандық сүйгіш ұлдары мен қыздарына арналған-ды. Өзге жерде жүрсе де үнім жетеді, үмітім жетеді деп шырқайды. Көзіне жас, жүрегіне қан толады. Бірақ қазір қайраты аз. Туған елі қара полковниктердің фашистік құрсауында. Ол құрсауды жұлып тастауға шамасыз. Мелина болашаққа сенеді, халқының қаһарына сенеді. Көктем күндері ол тағы да шырқап жүр, концертінің соңын әдеттегі әнмен, әділетсіздікке деген айбатпен бітіреді.
Жас дарынды жат елде жүріп зарлы үн шығаруға мәжбүр еткен кім? Бұл — империализмнің сойқаны. Қара полковниктердің фашистік отына май құйып, қара ниетін жүзеге асыруға «қамқоршы» болған мұхиттың ар жағындағылар. Халықтың қанды жасы олар үшін түк емес. Қара ниеті жүзеге асса болғаны. Әр жерден сұм қармағын салып, әр елді осындай жағдайға душар еткісі келеді.
Еш ана жас сәбиін тербеткенде, сен төсіңді оққа тос деп тілемейді. Еш әке жас сәбиін өсіргенде, қолымнан сені көрге салайын, артында мен қалайын деп тілемейді. Мұны істететін — соғыс. Ендеше, соғыс табиғаттың болмысына қарсы.
Мынау көрікті көктемнің саз беріп келе жатқан самаңды таңында осы үн өктем естілгендей.
Адал жүректер лүпілдеп бірге соқсын! Дүние жүзінде ол мың, миллион, миллиард! Көктемге жұпар исі аңқыған гүл жарасқан, көктемге тіршілікке тірлік берген нұр жарасқан.
Көктем көркі тамылжыған бейбіт жырда, көктем көркі шешек атқан қырда, көктем көркі жарастығы келіскен ұл мен қызда. Ол бұл дүниені жүдетем деп келмейді, түлетем деп келеді, өмір көшін ілгері сүйретем деп келеді.
Өмір көктемі, өз шежіресін осылай шертеді. Оның гүлінде — сұлулық, нұрында — тіршілік. Сондықтан да гүл көктем, сондықтан да нұр көктем. Көктем сайын көсегең көгерсін, адамдар. Гүлге оранып, жырға оранып жаңара бер, жасай бер!
2. Күз.
Түн. Жаңа ғана төсекке томпиып жата қалған балалардың мұрны пышылдап кетті. Балкон ашық қалған екен. Терезенің алдындағы үлкен теректің төрт-бес жапырағы судырлап үйге кірді. Көбелекше қалықтап жүр. Кәдімгі сары көбелек секілді. Далада ұйытқып соққан желден бой тасалау үшін келгендей. Осы жапырақтарды қуа кірген желді ояу отырған мен де, ұйықтап жатқан балалар да жақтыра қойғанбыз жоқ. Жаздағы жан жадыратар самалдан мүлде басқа. Сезімді тырнайды, зәрлі. Жапырақтардың қашып жүргені де содан болса керек. Балалардың мұрындарының жыбырлаған ұшы да тез кебе қалыпты. Әлгінде ғана бусанып жатыр еді, енді жиырылып жақтырмайды біртүрлі. Сәбидің ұйқысынан сүйкімді ұйқы бар ма тегінде. Сол тәтті ұйқыны ожар желдің бүлдіргенін көрдің бе. Мен алдымнан жел ала қашқан бір парақ ақ қағазды стол үстіне көтердім де, балконға беттедім. Жаппақпын. Жаз бойы ашық тұрған балконды енді жаппақпын...
...Ұзақ тұрып қалыппын. Табиғат қызық - ау. Күні бойы аспанда оймақтай бұлт жоқ еді. Енді шортан лайлаған судай бұрқан-талқан. Төңірек бір түрлі сұсты. Жаздай жасыл желек жамылған ағаштар сидитып жүдеу тартқан. Терезеден түскен жарық прожектордай бәрін көрсетіп тұр. Күндіз мән бермейді екенсің. Сары түс дендеп қалыпты. Сары жапырақтар көбейген. Соның езін қимағандай жаңағы ожар жел ойын білмес жігіт секілді жұлқылап ала - ала қашады. Күз. Кәдімгі сары күздің өзі. Кәрі құда — қыстың хабаршысы.
Талай ақынның тіліне тиек, жырына өзек болған күз бұл. Абайдан бастап жылдың осы мезгілі жөнінде қалам тартпаған ақын атаулы қалды ма екен?! Мана күндіз ғана баламның Александр Твардовский жазған күз туралы өлеңді жаттап отырғаны енді есіме түсті. «Өзен суы күреңітіп, тік шығады түтіндер!» деп басталатын секілді еді-ау. Күздің мұндай қыры қазір көз алдымда жоқ, бірақ Абай айтқан «Сүр бұлт, түсі суық, қаптайды аспанды» көріп тұрмын. Бір ғана жолға қаншама сурет сыйғызған шіркін! Осы жолдың ар жағында сол заманның ауыр күрсінуі де жатқан секілді. Табиғат суретіне қоғам халін қоса кіргізу екінің бірінің қолынан келе бере ме? Ол Абай ғой! Біздің бүгінгі күзді қалай суреттер еді ұлы ақын, егер қазір бар болса?
Осы ой жетектеп алды да кетті. Кеше Талдықорған облысындағы бір досымнан алған хат есіме түсті: «Қызылшаның шығысы биыл ересен. Жыл бойы құрғақ болды дейді жұрт. Бірақ қызылшашылар үшін ол құрғақшылық болмаған секілді. Шіркін, техниканың, оны бұл күнде тізгіндеп мінген адамның күші! Әйтпесе биылғыдай пейілі тар жыл, кенезесі кепкен ауа райы болмаған шығар. Соның өзінде табиғаттың бермесін тартып алғалы отырмыз. Атақты қызылшашы Ақын Нұрмағамбетовтың мұрагері болып, орнын басқан Шайгүл Сыздықбаеваның звеносына кел! Нағыз кереметті көресің. 500 центнерден өнім алды. Қойшы, бәрін жазуға уақыт жоқ. Күз біз үшін мұрынға су жетпейтін кезең. Еңбек майданының келбетін көремін десең, бізге күзде кел».
Бұл жолдардың ар жағында қуаныш бар, мақтаныш бар. Бір адамның ғана емес, бүкіл ауыл еңбеккерлерінің қуаныш сезімі кернеп тұрғандай. Күз олар үшін, яғни менің бүгінгі замандастарым үшін қуаныш мезгілі, береке, ырыс, байлық жемісін терер кезең.
Бұл хаттың есіме түсуі көп көріністің көз алдымнан өтуіне түрткі болды. Қара түнді қақ жарып, шамдарын маздатқан машиналар келеді. Олардың рулінде отырған анау адамдар сондай сүйкімді. Неге? Ел байлығын еселеп артыруға есіл-дерті ауғандардың тап езі. Машиналарының қорабында астық, жүгері, алма, жүзім, қызылша, мақта. Ұйқы көрмегендері, кішірейген көздерінен ғана болмаса, білінбейді. Мызғышы деп мамық төсегімді берер ем - ау, дәл бұл сәтте демалудан өздері бас тартар еді. «Күздің бұйығы ұйқысы тырнағына бір ілсе, бойыңды босатып жібереді» дегенді шопан достардан сан естігенім бар. Бұлар да солардың айтқанын қайталап, жетер жерге асыра, қағылез келе жатқан секілді. Осы еңбек адамдарын қазір есіме алғанда ұйқым ашылып тұр, ал бірге болсам ше!
Бірге бол деп оңтүстіктің мақташылары да шақырар еді. Тың төсінде табиғаттың аса қолайсыз жағдайына қайратын қарсы қойып, астық үшін айқастың қақ ортасында жүргендер де құшағын жаяры сөзсіз. Жыл бойғы еңбегінің ең түйіні шешілер сәтте олар ешнәрседен аянбайды.
Ішім жылып, күзді біртүрлі жақсы көріп барам. Жылдың әр мезгілінің орны бөлек қой. Дегенмен күздің берері көп пе деймін. Қол былғап, бізге кел деп, шопандар да шақырып тұрғандай. Қотан-қотан қойы жансыз даланы шуға, дүбірге бөлепті. «Малым арып шығатын көктемнен, жоны домаланып түсетін күзім артық» дейді шопан. Бұл — оның өз философиясы. Десе де жаны бар, дәлелі бар. Қанша тол, қанша жүн алғанына да дәл осы мезгілде нақты жауап береді ол. Қапырық ыстықта қапы қалған жайымды қоңыр салқын күзде толтырамын деп, отарын ерте өргізіп, кеш жусатады. Дәл себер көктемім деп осы мезгілде ұрықтандырады. «Күз болса, қойшы көңілі жадырайды» деген өлең жолы да содан қалса керек.
Көріп отырсыз, күз береген, күз мырза. Күз — үлкен күрес алаңы, күздің пейілі кең. Мен де осынысы үшін жақсы көріп барамын. Сарғайған жапырақты, қураған шөпті көріп күзге өкпелейтіндерге қосылғым келмейді. Бұл сырты ғана, ал күздің іші — май. Күз көңілі — кең. Бірақ, оның тарылатын жері де бар. Алдағысын ойламай, абайсыз жүргендерге, жылда келер қыстың қысымын ұмытатындарға қабағын түйіп - түйіп алады. Хабаршымын, қамдан деп қамшысын үйіреді. Далада бол, қалада бол, қамдан деп қамқор болған мұндай жыл мезгілінен, күрең қабақ күзден айналмайсың ба!
Менің есіме жас кезімдегі бір үлкен адамның мінезі оралды. Ол сұсты еді. Балаларды жұмыс істетсе, шашау жібермейтін. Қабағына қарап тапсырғанын қалт етпейтінбіз. Бастаған істі тындыруды сүйетін. Тиянақты істесең, саған оның көңілі жаз. Сырты суық болғанмен іші жылы адам еді. Біз оның бұл мінезін бара-бара ұқтық. Кейін керемет жақсы көріп кеттік.
Күз мінезінен де сондай келбет көрем. Өстіп тұрғанымда күз жөніндегі көрікті ойлар тіптен көбейіп кетті. Мектепке сен күзде барасың. Студент боп сен күзде аталасың. Институтта оқығаныңды еске алсаң, оқуға пәлен жылдың күзінде түсіп едім ғой дейсің. Осындай күздер жаман ба! Жуырда бір шілдеханада болдық. Жаңа туған сәбиге небір игі тілектер айтылды. Сонда бір жолдастың: «Жас сәби күндей мейірлі, күздей пейілді болсын» деген сөзін блокнотыма жазып алдым. Мұның ұйқасы ғана әдемі емес, мазмұны да әдемі. Бар жемісті күзде тереміз, бар салада жыл бойғы төккен тердің берерін күзде көреміз. Күз пейілі дегеніміз — осы.
Ой құшағында, балконда күз туралы толғанып тұрып, бойым тоңазып қапты. Бірақ, ішім жылы, ішім нұрлы. Үйге кірдім. Балконды қайтадан ашып тастап күздің «қоңыр» желінің өзіне - ақ көкірегімді тосқым келді. Сұрғылт күз, сүреңсіз күз, қоңыр күз, қоңсылы күз деген ұғымдардың бәрі ығысып, аузыма алтын күз, аялы күз деген сөздер түсе берді. Осы күз — менің күзім, елімнің күзі!
Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?