Асқар Алтай | Киллер сауысқан
Бұла тірлік атаулыға баз кешірген бұлаң құйрық сауысқан екен...
Бұл болса — сол сауысқан сана билік еткен пенде екен. Қу құлқынның құлы боп, қу нәпсінің тұтқыны боп күн кешіп келіпті. Сауысқан саңғыған саңғырық сезім салғыртсып, сауысқан сорған саңғырық сана кеуіп қалғандай.
Ал ала мойнақ, құба құйрық сауысқан өлі-тіріге саят құрғалы қай заман?! Өлі өлексені де, тірі тірсектіні де жұмырына жұқ құрлы көрген емес.
Дәп бүгін де ауладағы молақ шөрке бетінде сыңар сауысқан шықылықтап отыр. Бөтегесі бос. Молақ бетін амалсыз тұғыр еткен түз құсы секең-секең жортақтап, қысқа мойнын соза жұтынып, ұзын құйрығы шоқаң-шоқаң қағады. Үй іргесінде көлеңкелей отырған иесі қара шалға қос жанары қанжардай қадалулы.
Ақиқатында, қалбиған қара шалға емес, иесінің алдында жатқан қақпыш бастарға көзін сатқан. Бірақ сырғақ сауысқанның қу бас атаулының қабағынан қарауыл қарағалы, көзұясынан жылы-жұмсақ қарбытқалы да көп болды... Балапан кезінен баулынған беймаза құс қой.
* * *
Күн қақтаған қара шалдың қатулы қабағының астында жатқан екі бас та ессіз. Екеуі де шикі, қанды бас. Бірі — арбиған орақ мүйіз арқардікі. Енді бірі – құлағы едірейген көк бөрінікі. Сойылмаған. Бітеу күйі. Көк желкелерінен балтамен шабылғаны көрініп тұр. Бөрінің қасқа маңдайынан қаракөк қылшық пышақтың қырындай көтеріле келіп, шабылған көк желкесінен шорт кесілген.
Екі бас та қаңсып, тістенген қасқа тістері ақсиып, құйқа терілері тұз сіңгеннен қақпыштана кеуіп қалыпты. Жанарлары жоқ. Арқардың жазықсыз жәудірі, бөрінің көк жалыны ғайып болып, орындарында үңірейген қос үңгір қарауытады. Ет жүректі селт еткізер сесті бастар жанары көңілге үрей көлеңкесін түсіреді. Оған бірақ қара шал қыңқ етер емес, еті өліп кеткен сияқты.
Қара шал есік алдына шығып, қорғасындай ауыр бастарды жерге дүрс еткізіп тастай салғанда, анадай жерде тік тұрған жалпақ бет шөрке үстіндегі сауысқан шықылықтап-шықылықтап жіберген еді бағана... Ол қазір қарны ашқанын білдіріп, ащы-ащы шықылық қағып, молақ тұғыры үстінде жорғалап-жорғалап кетеді. Жүрегін жалғар талғажу аңсап, бос бөтегесі бұлтылдап, иесіне ессіз бір көзқараспен еміне түсіп, қиық қанаттарын қозғап, қырандай қомдап-қомдап қояды. Қос басқа сыпсың етіп ұшып-ақ келгісі келеді, бірақ сирағынан сақиналанып салынған балақ бауға ұшталған шығыршықты шолақ баулы ірге бау ешқайда жібере қоймасын біледі. Біледі де бұлтың құс қара шалға мұң шаға, ашу шақыра ащы үн қатады. Ал шал да бір қара тастай болып алған. Кешеден бері құсқа деген ішінде қан қатыпты... Ала қанат болса аштықтан өзегі тала өттеніп, басқа жете алмай топқанат күйге түсіп отыр. Көлеңкеге тізе бүккен иесі болса ыстықтан терін сүртіп, шашын тықырлап алып тастаған тақыр басын жұқа орамалмен жауып алған.
Сауысқан сорлының мұндай азынаған аштыққа ұрынатын кездері алда еді. Көбінесе қара күз бен қыста болатын. Қазір шіліңгір шілде. Қарны тоқ, саңғытатыны семіз тұғын. Қара шал да алты ай жаз бұдан ештеңені аяй қоймайтын. Жегені көз еді: қойдың көзі, иттің көзі, тауықтың көзі... әйтеуір, көзді атаулының жанарын қылғытатын да отыратын. Тобан аяқ, шабан қанат болып қалмасын деп, иесі кешқұрым алты құлаш ала шыжыммен ұшырып-ұшырып та алатын. Сауысқан да бауырымен жер сызып, қанатын жазып қалатын.
Анау төбедей теңкиген арқар басы мен төңкерілген тостағандай боп жатқан бөрі басы сауысқанның ас ішер, жем басар жемаяғы еді. Жемаяққа салынатын көз атаулыны шайнамай қылғытатын. Кейде қызыл ет пен оны-мұны жылы-жұмсақты да, тіпті шөлін басар суды да сол қу бастардың көз ұясынан қанып ішетін ырысты дүние еді ғой... Кешеден бері көзінен бұл-бұл ұшып, саңырығын баса алмай-ақ қойды.
Сұңғыла сауысқан шықылықты қойып ықылық ата мазасызданды. Иесі бірақ селт етер түрі жоқ. Көлеңкеде тұзсіңді кебу бастарға қадалып, өткеніне ой жіберіп, қолындағы қызыл етті жапырақтап турап отыр. Арлан бөрінің бас сүйегінің үңірейген көзұясына қызыл етті саусағымен тығындап-тығындап қояды.
Сұғанақ сауысқан болса иесінің не істеп, не қойып отырғанын жазбай танитындықтан шөрке тұғыр үстінде судай жорғалайды. Құстың саңғуынан ақжағал тартқан тұғыр маңында ірілі-уақты сүйектер шашылып жатыр. Оларды сауысқан пышақпен қырғандай мүжіп тастаса да, қыранның қиғағындай езу шаппасы жоқ жемтік соғар құс не сындырып уата алмапты, не жемсауына бітеудей жұта алмапты. Дайын асқа үйренген сұрқия сайқал ғой... Бөрі мен бөкен басты жемаяққа көзін сатып, дүркін-дүркін шықылықтап, дайын жемді қашан жемсауыма тығындайсың дегендей қоқиланып та қояды.
Шал бірақ асығар емес. Асығып қайда барады?!
Алматының тап іргесіндегі Думан ауылына ол күні кеше ғана көшіп келген. Қартайған шағында көшейін деп көшті ме?! Хантәңірінің төрінен амалсыз келді. Ол ұзақ хикая... Оның үстіне жалғыз ұлы Қайрат үшін, одан көрген екі немересі үшін. Келіннің аяғы тағы да ауыр екен. Ол келісімен емханаға түсті. Мектепке барып жүрген қос немересіне қарауыл боп бұл қалған.
Кеше түнде келінінің аман-есен жаны қалып босаныпты. Бірақ сәби көзсіз туыпты. Көзсіз, қассыз туған нәрестенің бет-жүзі жып-жылмағай көрінеді. Дәрігерлер мұның ұлына “жүз жылда бір ұшырасатын жұмбақ құбылыс” депті.
Ұлы түн ортасы ауа үйге келіп:
— Тәте, енді қайттік?! — деп кемсеңдей беріп еді, бұл:
— Тәйт, ары! — деп тыйып тастады. — Қайтушы едік, ішке сыйған сәби сыртымызға да сыяды. Өй, босбелбеу! Келін көрмесін мына түріңді...
— Оған әлі баламды көрсетпепті де...
— Кет сандалмай! Далада жатқан адам жоқ. “Іштен шыққан шұбар жылан” болса да үйге алып келіңдер!
Қараш бір-ақ кескен...
Еріксіз кемпірін есіне алған. Қанша бала тапса да тәңірі тұрғызбады ғой, өлі туған жылбысқалардың соңынан аман қалған “өлім сарқыты” осы жалғыз ұл еді. Кемпірінің мына сұмдықты естімей ертерек кеткені де жөн бопты... Бұл жайдың куәгері болса, қара шалын кінәлары күмәнсіз. “Сен! Сен, кінәлі!..” дер еді жарықтық, баяғы бір ашыну мен торығуға басып.
Иә, ол тағы да тәңіріне жалынып, бұл жолы да бұны сілейте қарғап-сілер еді. Бәріне жарық дүние куә! Анау алшаңдаған ала қанат сумақай куә! Кінәлі болса да, күнәлі болса да сол сусыл қанат сауысқан себепкер...
Ал ашқарақ сауысқан болса қос бірдей жемаяқ жұмыр басқа жұтына қарап, “қанды көмей бері тарт” деп шықылықтап отыр.
* * *
Қияңқы Қараш қыстығулы...
Қыстықтырған да сауысқан билік құрған саят дүние, адам ғұмыр кешкен саяқ өмір. Сағымдай алдаған қилы қоғам... қоғамды күйлеген пенделер. Одан да бірақ опа жоқ. Болмаса — сұрқия сауысқанмен сандалып несі бар?!
Ол уақта Қараш жас еді... Жастық желігу мен елігуге мас еді. Отызға енді іліккен ерен жігіт Ерен Қабырғадан Алай тауларына дейін жылқы барымталап, бір өңірдің жел көтерер жалдыларын бөгде жұрттың бұлаулаған байсүліктеріне айырбастап, талай лаң қуғын сәріні бастан кешіп жүрген-ді. Жалғыз жортқан жолбасар қарақшылықты нәсіп еткен-ді. Түнемелге түс қатырып, таңды таңға ұрып, қайран бір қатал кезбелікті көрген еді.
Көрсеткен де нағашы жұрты жайлайтын алайлық қазақтармен көршілес Косман деген жатжұрттық біреу еді. Алпысты алқымдап қалса да ат белінен түспеген жатқа жортып жүріп жолығысқан-ды. Тау арасында, түздегі мал-жансыз қиян қақпалар мен қар-мұзды ақкемер асу белдерде бет көрісіп, жетектегі жүйріктерді тізгіннен ғана іліп алысып, әрқайсысы өз жөнімен кете баратын.
Тау шатқалын тұтқан тұман, жалтаң жонды жүндей түткен боран бұған серік болды. Қызығынан бейнеті басым, қуанышынан азабы мол жол қанша қажытса да, жылқыдай қымбат түлік қажырды қайрап, жан түкпіріндегі нәпсісі сойқан бір сұңғыла сұмдықпен шабақтап, желік бітіріп, қатал қайрат пен құмар қайсарлық тудыратын. Жайындай бір жалмауыздық сезім бас көтеріп, алып-ұштырып әкететін.
Е-е-еһ, сондай бір сайран дәуренді сүрген еді!..
Саяқ сапар Косман екеуін жатжұрттық қанжығалас қылып, тау ішінде таулық тағдырлас етіпті. Қазақ пен қырғыз қапталдас жатқан алып Алатаудың аңтанап соқпақтарын, ауған мен бадахшандық тәжіктер таутекедей мекендеген Памирдің ақжолақ сеңгірлерін талмай жортқан қос қарақшы болып еді.
Бұл екеуі де бір-ақ нәрседен үркетін-ді. Ол — өкімет... Құрығы ұзын сол немеден басқа қауіп жоқ-ты. Түздің аң-құсымен бірге күн кешкен түздіктер тұғын. Қу жандарын қу нәпсінің құлы еткен қос қарақшы өзгеге арам қылық көрсетіп, лас іс істеп жүрсе де, шыбын жандары екеуара шылбырлаулы болғандықтан бір-біріне адал еді.
Косман ерте ме, кеш пе бір тұтыларын білетін. Бұл да ұзаққа бармасын сезетін. Екеуі де бірақ, ол жайында жақ ашыспайтын. Қайта аш бөрідей қасарыса, қарыса жортатын-ды. Ондай оспадар ойдан қашып, барымта мен сырымта сужұқпас саяқтұрдың ісі деп қарайтын.
Десе де, жыл өте келе алайлық Косман хантәңірілік қарақшы Қарашқа жембасар жатағын көрсеткен. Бұл сонда ғана сауысқанның алапат сұмдығы мен Косманның зұлым қулығына қайран қалып, жаны түршіге шошынған. Шошына тұрып аңсары ауған. Өз бойында да бір қомағай нәпсі оянып, қорқау сезімге ден қойдырған.
Алайдың ақтаңдақ сеңгірлері сері күй кешіп, ақ қар мен көк мұз ғана оранып жататын өркешті Доланқара өңіріндегі адам түгілі аң-құс, жан-жануар да ұмытып қалған Құлжат қолатын мекендеген Косман ешкі баққан бақташы болып шыққан. Әйелі памирлік жас келіншек те, ал өзінің зәузаты белгісіз жат екен. Ұрпақсыз. Құдай ұрпақ қимаса керек.
Өзі де не қазақ, не қырғыз емес, не тәжік, не бадахшандық, не ауғандық, тіпті парсылық та емес, – әлдебір ежелгі ұлттың, бәлкім, ұлыстың өкілі... Осы өлкеге аталары әлдеқайдан ауып келген келімсек көрінеді дейтін ел. Жұрт жалғыз-жарым жан сауғалаған жат пендені орыс жерінен қаңғып келген “сібірлік”, қытай жағынан қашқан “хансулық”, иран даласынан безінген “парсылық” екен десіп сан-сапалақ саққа да жүгіртетін-ді... Ал ақиқатында Косманның сайда сайғақсыз, құмда ізсіз біреу екені ғана белгілі еді. Адам екені анық, кім екені жұмбақ?!
Қараш екеуі Алайдың сұр тасынан өрілген жатаған там мен қора-қопсының алдына келіп тоқтағанда, жас келіншегі үйден ала сауысқанды иығына қондыра шығып, бұларға иіле сәлем салып еді. Ат үстінен жеңіл түскен Косман әйелдің иығындағы ала қанатты өз білегіне қондырып, бармақтай қара басынан сымпиған кез құйрығына шейін сипап, әлдене деп шақырды. Сауысқан болса иесіне еркелеп, шықылық қағып, басын ие келіп Косманның түйілген жұдырығына үйкеледі.
Құстың қос сирағында балақ бау мен сақиналы ұзын шыжым ілгектеулі екен. Иесі шыжымнан тартып қалып, қолымен серпе сауысқанды ұшырды. Ақ бауыр, ала қанат құс айнала ұшып шабыттаған сәтте үйге сып етіп еніп кеткен әйел әлдебір жүнді басты алып шықты.
Бас — теңбіл барыстың басы. Қараш памирлік барыстың басы деп ойлаған... Епті әйел қолы барыс басын арасына сырғауыл тартылған қос діңгектің қасына апарып қойды. Мұны байқап қалған жемтік тауысар сақ құс шүйіле берді, бірақ аулақта тұрған Косман шыжымнан тартып, барыс басына жеткізбей қойды.
Қараш сонда ғана байқады: керілген сырғауыл асты толған құс саңғырығы мен мал-жан, аң-құс сүйек-саяғы, жүн-жұрқасы... Сауысқан тегін шүймегенін бұл да түсінді. Сөйткенше әйел үйден ас қалдығы салулы ыдысты алып шығып, барыстың жанарсыз көзұясына әкеп төкті. Сонда ғана иесі құсты шыжымынан айырып, балақ бауымен жемаяқ барыс басына жіберді. Қорқау құс жеңіл ұшып келіп көзұясындағы асты тоқылдақтай шоқи бастады.
Қараш тұңғыш рет өзіне таңғажайып жаңалық ашып еді. Сонымен бірге үрейге де бой алдырған. Барыс басының көзұясынан көз жалмаған жендетті де қапысыз таныған... “Көзжендет” деген ой санасын қарып өткен. Жанарсыз, жансыз басты ашқарақтана шоқыған құстың алапат қимылына шошына қарап, аңтарыла аңсары да ауған-ды.
Осы бір оспадар қимыл мен әумесер әрекет өз көзін шоқып алғандай мәңгілік сана сарайында таңбаланып қалды...
О-о-оһ, дүр дүние!
Косманның қаупі дұрыс шыққан. Екеуі де қырғыздардың қолына түсіп, Қарабалтада жеті жылға кесіліп, бірі Сібірге, бірі солтүстіктегі көмір қазуға кете барды емес пе?! Алла деген адамды ит жанды етіп жаратқан ғой! Жеті жылды жамбасқа өңгеріп Хантәңіріге оралды. Оралған да отбасын құрған. Қойшы болғысы келмеді, жылқыны бұған қаратуға қорықты, сиырды ғана сескенбестен қиды.
Қыс Қараштың сазында қыстап, жаз Қарқараның биіктерін жайлап жүріп өмірін өткізіпті. Уақыт сынаптай сырғыпты. Жылжыған уақытпен заман да зауалдай тез құбылған.
Ана бір кезеңде орыстың өркеуде мемлекеті шілдің боғындай шыл-шыпыры шыға күйреді. Қазақ жұрты да бағзы қара шаңырағын көтерді. Сол тұста жалғыз ұл қала сағалап кетті де, кемпірі екеуі босағаны күзетіп қалды. Кемпірі де көп ұзамай дүниеден көшіп тынды.
Ал бұл болса шошайып жалғыз қалды жұртта. Сонда жан-серігі бағзыдан айналсоқтап адам маңынан ұзамайтын сауысқан болып шықты... Сауысқан ғана адал серік екен. Екеуі тағы жұрт басында жалғыз қалған. Еріккен емес – зеріккен Қараш баяғы Косман қарақшының ата кәсібін елегізи есіне түсірген... Сумаң тұмсық сауысқан ғана жалғыздығын сездірмеген еді.
Жебелеп ұшқан жендет сауысқан құсап жетпістің де желкесіне шығып еді. Сонда да сауысқанмен саятшылық құруын тоқтатқан емес. Көзжендет те аң мен жануардың жазықсыз жанарын оюын қойған жоқ. Күні кеше көк бөрінің көзін оймады ма?! Басын жоймады ма көзжендет... Қайран көзжендетке өкпе жоқ. Иесі үшін арқар мен түлкі түгілі бөрі мен барысқа да түсіп берді ғой!
Алмастай алғыр көзжендет қой. Оны қалай көзі қиып жібереді? Қайда жібереді? Томағасыз жендет қайда түспейді?! Нені алмайды?! Кімнің көзін құртпайды?! Кімнің жолын тоспайды?!
Қара шал аш сауысқанға тағы қарады. Көзжендет болса шықылық қағып, жылт-жылт еткен жанары түйреңдеп, молақ бетінде желмаяша жорғалап, жанын қоярға жер таппай жұтынып-жұтынып қояды...
Ал иесінің алдындағы жемаяққа айналған шикі бастар сұғанақ сұрқанатқа қарай жылжыр түрі жоқ.
* * *
Сұңғыла сауысқан үшін әр қу бастың өз хикаясы бар: тұңғиық тағдыр-талайы бар...
Анау бөрі басын көзжендет Іленің бойында мүжіді. Күн бұлыңғыр болатын. Қоңыр күздің қоңыр бұлты бүркеп, аспан аласарып сала берген-ді. Теріскейден желемік соққан. Күн бесінге ауып қалған еді.
Көк аттың үстінде текіреңдеп келе жатқан иесі көкке бір қарап, батысқа көз қиығын оқта-текте тастап қойып, сауысқанын ыңғайлап, алдыға оқтын-оқтын еміне түсетін. Құсы да балдақ үстінде шоқаңдап, биялайлы байлаудан сытылып кете алмасын біліп, секең-секең ететін.
Сұңғыла құс Шарын шатқалы атамекені екенін сезіп те келе жатқан-ды. Қара шал бес жылдай бұрын қызыл қанат балапан кезінде шырылдатып тұрып ағаш басынан алып еді... Енді, міне, тұтқын жендет саят құрып, Шарынның Ілеге құяр салмасы төскейіндегі қалың шілік арасында келеді.
Ұядан саятшы шал қолына түсіргелі де көзжендет құстың қанды тұмсығы түзде лаңды салып-ақ бақты. Жыртқыштығы жолбарысша, алғырлығы ақ сұңқарша алымды құсқа айналған. Қоянның көжегіне балапан кезінен баулып салған иесі түлкі мен таутекенің көз алмасын жегенше жерінтпей-ақ баптады. Бабы асып, бағы жанды. Есесін жіберген жері жоқ. Жарық дүниені жара таныған жазықсыз жанарлар сумаң сауысқанның жеміне айналды. Сырғақтай ұшып келіп жұмыр басқа жұтына қонғанда, қандай да бір аң ала сауысқаннан қауіп күтіп үлгермейтін.
Ала сауысқанның сайқал амалы мен жез тұмсық жылдамдығы жазықсыз жанарды екі-ақ шоқып ағызып, өзі бір жаққа жалт беріп, ұша жөнелгенде, бейшара жемтігі қараңғы қапасқа қамалып, қу басын сілкілеп, қу тізесін соққылап қала беруші еді. Бір-ақ сәтте аңдаусыз аң мен жануардың басына зауал орнатып, өзі ғана бұл дүниеде жасай алатын шеберлігіне тәнті болған күймен шетке қарай шығандап шыға келетін. Ал аң болсын, жануар болсын қамаукөз күйін кешіп қала беретін.
Сол бір сәт қамаукөзге қарай қандықол иесі де ұмтылушы еді. Ұлан түзде қандықол аңшы, қамаукөз аң, қандытұмсық сауысқан – үшеуі оңаша бір қалатын-ды. Қамаукөз аулаған көзжендет те барын салып бағатын-ды. Жарық дүние жалп етіп сөнген жұмбақ жанарлар жұтқыншағынан өтіп-ақ кетті ғой. Өтіп кетті... Сауысқан көзін оймаған, сауысқан басын жоймаған не бар бұла түзде: құз төскейіндегі таутеке, құм ішіндегі қарақұйрық, бұраң бел түлкі, бұлаң сауыр бұлан... — бәрі де қамаукөз тұтқын болған.
Тағы бір түз қамаукөзін іліп түскісі кеп көзжендет сауысқан бүгінде сымпиған қалпы сыр берер емес. Шарын іші де жай күнде улап-шулап жатушы еді, бүгін тым-тырыс. Бұлыңғыр аспан асты да тұнжыраңқы. Ауада Іле бетінен келген дымқыл ызғар бар.
Шарынның сәмбі тал-тоғайы аралас өскен шілік арасынан пыр-пырлап ұшқан қырғауылға бұл жолы иесі сауысқанды салмады. Сауысқан да аса ұмтыла қоймады. Сабыр сарқып, шілік ішін жіті қарап, биялайлы балдақ үстінде тас-түйін отыр.
Сауысқан мен иесі шоқ шілікті айнала беріп, арқан шалым жерден сөлпеңдей жорта жөнелген бөрінің үстінен түсті. Әбден зар күйіне келтіріп баптаған аш сауысқанды иесі оқыс ұшырды.
Сыптығырлана сымпиған көзжендет құс қанатын қаға шықылық етіп, қиялай ұша жөнелді. Керіскедей келген көкшулан бөрі болса аңшыдан айылын да жимастан бөкен желіспен жорта берді. Сауысқан да қиялай ұшып, аңның теріскей қапталынан суыл-сусылсыз ұшқан. Жас көкжал болса ала қанат құсты елеген де жоқ. Аңшы иесі де “Қанды басың бері тарт!..” деп, сертті күймен сермелсіз ілескен.
Сауысқан қанша қамаукөз алып, жендеттікке жетеқабыл айлалы болса да, бұл жолы құба бөріден сескенулі еді. Бұрын бөріге түспеген жастығы және бар, бірақ ашпа-жалап аштық пен көрсеқызар жауыздық жыртқыштығын қоздыра түскен.
Көк бөрі күнгей жағындағы аттыға мойнын бұрғыштап қарай берген оңтайлы бір сәтте сусылдақ сауысқан да басына бүре қонған. Айлакер түлкінің де түймедей көзін ағызып жіберген машықты қимыл аңғал да асау жүректі бөрі аңдаймын дегенше жанарын зор жылдамдықпен шоқып та үлгерген еді. Айналасы үш-төрт секөнттің ішінде болған алапат қимыл даланың аңғал көкжалын шоңқитып кеткен.
Басын бос қапша сілкілеп, бей-берекет ырылдай жүгіріп, алдыңғы сирақтарымен жанар орнын қорғаштай сипалап, шыр көбелек айналған аңды иесі мырс-мырс күліп, ат үстінен еш қиналыссыз қақ сойылмен ұрып алып еді-ау... Қамаукөз бөрі қапияда құрбан болған.
Ал анау жатқан арқар басын сауысқан Бартоғайдың басындағы биіктен құлатқан. Ол жолы көзжендет құсқа қамаукөз құлжа тіптен оңай олжа болған.
Ай мүйіз құлжа үйірін биіктің теріскейіне жайылтып, өзі оқшырайып жартас жиегінде секпіл бұтадай секие қалыпты. Оны алыстан байқаған иесі көзжендетін барлата ат үстінен көтеріп, “Оуп, оуп!..” деп шақырып алып, шоқы аңғарынан шүйілте кеп сілкіп салған-ды.
Көзқамау жемін алыстан шалған ала қанат аянып қалмасқа бекініп, арындай ұшып, тау жебелей қанат қаққан. Биікті ендей көтеріліп, қия жартас жиегінде қамсыз, менмұндалап маңғаз тұрған құлжаның қыр арқасын жондай келіп, ай мүйіздің арасына қыстырыла қонған. Қонар-қонбастан қара көзін қанжоса етіп ағыза қылғытып, шошына тік секірген құлжа серпінінен серпіле ұшып кеткен еді.
Қамсыз құлжа бір-ақ сәтте саусоқыр күйге түсіп, қия беттен екі-ақ секіріп, етекке қарай қаңбақтай құлаған. Мойны қайырылып, мерт болған. Көктемнен бері қара шал иесі жемаяққа айналдырған осы қос қу бастың көзұясынан ас беріп, қабағынан қарауыл қаратып қойды ғой бұл қанішер құлқынға.
Қу молақтың үстінде тозақы құс тықыршып, тайпалған жол жорғамен тағы аяңдады. Қу тақыр молақ беті мидай дала секілді саққұлақ сауысқанға... содан да сабырсыз күй кешулі қантұмсық.
* * *
Қаңтарулы Қараш қапалы...
Ал алмағайып дүние алмасып келе береді. Адам да арғы-бергі ашкөздігін тез ұмытып, ұйқы басқан қабағын оқыс қағып, анда-санда албасты басқандай айқайлай оянатынын айтсаңшы! Қаңтарулы адам қырандай қанат қаққысы келетінін қайтерсің?!
Алайлық қарақшы Косманнан алған барымтаның алалы жылқысы тарбағатайлық Ошман барымташыға осы алатаулық Қараш арқылы асып, сонау Сібір өңіріне Қызылжар арқылы жер таңдамастан талай мәрте жым-жылас жұтылып кетті ғой. Тақымды талдырар, терлікті кептіртпес салт жүрістерге ат белі шыдамаса ауыстырып мініп, қу жанды құмар ойынындай қызу сезімге билетіп, құла түзде қара малтаны сілекеймен езіп, елсіз жонда сыр бермес желмаяша жортты. Одан да бірақ мүйіз шықпады.
Ақыры келіп Алматының түбінде, ала сауысқанға жем тастап, өзі де бір қу молаққа айналып, жанарсыз туған ұрпағын күтіп, “құдайдың бұл да бір қысасы” деп мойынсұнып отыр.
Ғайыптан пайда болған соқыр сәби мен сұм тұмсық сауысқан дәп бүгін көкейіндегі көп ойына қозғау салды...
Соқыр сәби — соқыр адам. Соқыр адам жарық дүние есігін ашыпты. Соқыр ұрпақ қилы қоғамға келіпті. Ұрпақ соқыр болса – қоғам да соқыр. Соқыр... соқырлар... соқырлық не істетпейді?!
Ал соқыр қоғам... соқыр адам жайлаған дүниеден не күтуге болады? Мүгедек адам да бір мүсәпір. Мүгедек қоғам да бір кісәпір. Кісәпір қоғам не істемейді... не дегізбейді?!
Қара шалдың бірақ онда шаруасы қанша? Мұның өзі де бір мүсәпір, өзі де бір кісәпір емес пе бірақ... Лақса пенде ғой. Кәрі қойдың жасындай ғана жасы қалыпты. Енді кімге тұтқа, неге топса бола алмақ?!
Бұл алдында жатқан мынау кесілген басқа ғана жауапты! Ол өлі бастардың да көзіне құм құйылған... соқыр бастар. Кіндігінен тараған соқыр сәби мен соқыр қоғам бірақ бұған тәуелсіз. Өйткені ол — тәуелсіз тәңірінің ұлы ісі. Ол бұла дүние текті тәңірінің ғана қолында ғой.
Тек тәңіріге бағынышсыз тексіз қоғам ғана. Ал тексіз қоғам атаулы пенденің қолында... Оны құрған да кесір адам ғой. Ал кесір пенде қайда бұрса, қайда бұрылса – қоғам да дауыл тиген қоғадай жапырылады, боранда адасқан қойдай ұйлыға ығады. Сол пенденің ғана патша көңіл иелігінде иіліп өтеді екен.
Ал саудасы біткен қу басқа қартайған шағында бұл ие. Бұл емес-ау, соқыр бастарға да сауысқан иелік етеді. Өйткені ол бастарсыз сауысқанның да сағаты санаулы... Сұм неме соқыр бастың шын қожасы. Соқыр ғана емес, әлі көзіне құм құйылмаған қамаубас атаулының иесі осы ала шұбар сауысқан. Өзі де қазір жай сауысқан емес, жемін жер жігінен танитын Мәді сауысқан болып алған.
Осы бір орқашар ойлар Қараш шалды қыл шылбырмен матағандай шыр айналып, шықпай-ақ қойды.
Күн түс ауып кетті...
Молақ шөрке бетінде шырғаланған шаншу құс шықылықтап қойды. Қараш қу басқа қадалған шүңет көзін көтеріп, ақшулан қас астынан оты қайтпаған жанарымен тесілді. “Зәнталақ, жендет!..” деп күбірледі. Оның күбіріне саққұлақ сауысқан шықылықтай үн қатты. Жемсауы жұтап отырған тажал құс ештеңеден тайынбасын білдіріп-білдіріп қояды.
Қараш осы бір опасыз ғұмырда талай қырағы көз, қанды тұмсық сауысқанды асырап, бағып, баулып, талай қансоқта саятқа салған. Олар да мұның бетін қайтарып, көңілін қалдырған жері жоқ. Жалмауыздай жалмаңдап, жезтырнақтай біздеңдеп талай тағы аң мен жан-жануардың көзін ойып, миын көз алмасы қуысынан сорып алды. Тіпті, кейбір қолға түспей кеткен жемі жапанда көрсоқыр күйде қалып, қамаукөз атанып, тентіреп жүріп опат болды. Сыңар көзбен кеткеннің соқыр алмасы орнына қамау ет біткен-ді.
Косман қарақшы: “Сендер сауысқанмен аңшылық құра алмайсыңдар. Оған тек-тағайларың жібермейді, тым тектісіңдер, намысқойсыңдар. Бұл – біздің дәстүр... Мұнымен біз аң түгіл адамның да көзін ойып, миын сорып аламыз! – деп зілденетін. – Ұлы бабаларың “қамаукөз – сұмдық іс, обал-сауабы ауыр” деп тыйым салған” дейтін-ді.
Сол сұмның айтқаны ақиқат болды-ау! Мұның мұндар қылығынан мұңсыз ұрпағы қамаукөз, тіпті қамаубас боп туыпты. Тәңірі жер бетіндегі өзі секілді пайғамбар мен құдайды ойламайтын қуқұлқын пендесіне ұрпағының жанарын жалмап қоя беріпті. Жұдырықтай бас жып-жылмағай жұмық бет боп дүниеге келіпті.
Құдай-ау, мұның немересі ғана қамаукөз емес, өзі де қамаукөз өмір сүріпті-ау! Қамаубас тірлік кешіп, жер бетінде адамнан өткен хикметші жоқ екенін дәлелдепті. Мынау дүниенің өзі қамаубас, көкірегі қамаукөз екен.
Тап қазір өзінің зеңген зіл басы да сауысқанның жемі... Көзін шел қаптап, танымын тұман тұтып тұрған жоқ па? Сауысқан саусоқыр қылған жарық дүние бұл үшін тас-түнек. Көзін бір-ақ сәтте көр қараңғылық жауып қалған аңнан мұның айырмасы қанша?! Бүкіл болашағы бұлыңғыр тартып қалған жоқ па?!
Қараштың тұла бойынан күш-қайраты кеміп, ерік-жігері мұқалып сала берді. Маңайын қара көлеңке күргейледі. Кенет қолбала сауысқаны шықылық қақты. Қара шал оқыс есін жиып алды.
Арба айналар ауланың темір қақпасы ашылып, ұлы ақ көрпеге орап алған қамаукөз немересін көтеріп келеді екен. Қараш орнынан тұруға ишарат жасады. Қара шал бірақ екі ұмтылып, орнынан тұра алмады. Көзінен жас парлап қоя берді.
Молақ бетінде ала таңнан қарауылдаған ашөзек сауысқан ғана ашқарақтана шықылықтады...
2008 жыл, қаңтар.

Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?