Джек Лондон | Күндіктұрақ

  Джек Лондон | Күндіктұрақ

Ондай қым-қуытты ғұмыры көрген емен. Айдын мұзда сан мың итшана зымырап барады бұрқыраған будан иттердің өзі көрінбейді. Сол түнгі ұлы дүрмекте үш адам үсіп өлді, он шақты кісінің суықтан өкпесі қабынды. Япыр-ау, суаттың түбін өзім әдейі барып көрген жоқ па едім? Қышадай сап-сары болып алтынның жатқаны анық еді ғой. Юконның сол жеріне айнала белгі орнатып, заявка да бердім. Жұрт сол заявканың ылаңынан дүрлігіп кетті емес пе. Артынан ештеңе жоқ боп шықты. Түйір болса бұйырмасын. Күні бүгінге дейін осының себебін біле алмай-ақ барам.

Шортидің әңгімесі.

Қолғабын шешпеген күйі Джон Месснер бір қолымен бұрғыдан ұстап, итшананы ізге салып, бір қолымен бетін, мұрнын үйкелеп келеді. Ол қайта-қайта уқалап, дамыл көрген жоқ, қолын алмады десе болар; жаны кетіп, үсіп бара жатқанын сезсе, жан таласа ысқылайды. Милығына түсіре киген тері тымағы маңдайы мен қырауланған алтындай қою сары сақалы иегін суыққа берер емес.

Артында ырғалаңдаған ауыр юкон шанасы, алдында тыным таппай тырбаңдаған бес ит. Жан қайыс Месснердің аяғын үйкелеп келеді. Жол иініне келіп, иттері бұрылған сайын ол әбзел қайыстан аттап өтеді. Бұл арада жол жалтарысы көп-ақ екен, ол әрлі-берлі арқылы аттауын жиілетті. Оқта-текте қайысқа аяғы ілініп, сүрініп те қалады; қимылы тым шабан, қатты қалжыраған болса керек, бір жағынан итінген ит шана да өкшелеуін қояр емес.

Жолдың түзу жеріне келгенде итшана бұрғысыз-ақ ізден шықпай, сырғи жөнеледі. Сол кезде Месснер босаған оң қолымен бұрғының сабын тоқ-тоқ ұрады.Қолға қан жүргізу қандай қиын. Оң қолымен тақылдатып таяқ ұрса, сол қолымен мұрнын, бетін тынымсыз үйкелеп әбігер.

— Мына сұрапыл суықта, құдай біледі, жол жүруге болмайды екен,— деді Джон Месснер. Ол ылғи жеке жүрген жалғыз басты жанның әдеті бойынша кейде өзімен өзі дауыстап сөйлесіп қоятұғын.— Мынадай үскірікте есуас біреу болмаса, жолға ешкім шыға қоймас. Қазір тап сексен градус болмағанымен, жетпіс тоғыз градус бары анық.

Сағатын алып, олай-бұлай айналдырып қарап, қайтадан қалың жүн күртесінің ішкі қалтасына салды, сонан кейін аспанға қарады, бұлыңғыр тартқан көкжиекке көз салды.

— Сағат он екі,— деді ол күбірлеп.— Аспан ашық, күннің көзі көрінбейді.

Үндемей он шақты минут жүргесін, сөз арасы үзілмегендей тағы да:

— Жүріс те өнбейді. Мұндай шаңытқан аязда жол жүруге болмайды екен,— деді.

Бір кезде: «Хо-о!» деп кенет дауыстап, иттерін тоқтатты. Оң қолының жаны кетіп барады екен,— үрейі ұшып, жалмажан бұрғыны тақылдатып тағы ұра бастады.

— Ал... кәне... байғұстарым! — деді Месснер мұз үстіне сұлап-сұлап жата кеткен иттеріне. Ұйыған қолын ағашқа қатты-қатты соққан сайын сөзін үзіп-үзіп сөйлеп.— Адам деген екі аяқты хайуан сендерді итшанаға жегіп алып, баса-көктеп осыншама құл еткендей не жазықтарың бар еді, сорлылар?

Ол қан жүрсін, жан кірсін деп мұрнын құшырлана уқалады, иттерін орнынан әрең, тұрғызды. Джон Месснер арнасы кең өзеннің үстімен жүріп келе жатыр еді Бұл арадан өзеннің кейінгі жағына көз жетпейді, ол бұраңдап барып, сонау қалың қар басқан бытқыл-бытқыл таулардың арасына сіңеді де кетеді. Алда өзеннің саласы тармақ-тармақ болып тарайды екен, солардың ара−арасы толып жатқан арал. Өзен аралдарды кеудесімен шәукитіп көтеріп тұрғандай. Әппақ қарлы аралдар тым тырыс. Не бір аң, не бір жәндік қыбыр етпейді, үн-түн жоқ. Меңіреу, мылқау медиенде қалбан, еткен құс та көзге ілікпейді. Адам баласының дауысын есту түгіл, тірi жанның мекенінен зәредей белгі жоқ. Әлем ауыр ұйқыға шомған, оның ұйқысы өлімге ұқсайды.

Айдаланың еңсесін басқан меңіреу зіл Джон Месснерге де әсер етулі. Аяз тіпті мидан өтіп бара жатқан. Ол басын төмен салбыратып, жан-жағына қарамай, ойланбай, тек мұрны мен бетін уқалап, ілбіп келеді, итшана жолдың тура жеріне келгенде, оң қолымен тақылдатып сырығын ұрады.

Бірақ бір кезде сақ иттер кілт тұра қалды. Бастарын бұрып, жалынышты жабырқау көздерімен иесіне қарады. Иттердің тұмсығы мен кірпігіне де үрпиіп аппақ қалың қырау тұрған, үстін ақ қырау басып, әрі шаршаған иттердің репеті әбден кетулі.

Оларды шыбыртқысымен оралта бір осып жіберейін деп ұмтылды да, тағы қойды, әлін әрең жйып, айналасына қаранды. Иттер бір ойықтың жиегіне келіп тоқтаған екен; бұл мұз үстіндегі жай ғана жарық емес, қалыңдығы үш жарым фұттай мұзды біреу балтамен әдемілеп ойған нағыз мұз суат. Суаттың сіресе қатқан қалың мұзына қарағанда су алмағалы, сірә, көп болған. Месснер жан-жағына қарады. Иттер барар жақты үнсіз нұсқап-ап тұр: олардың қырау-қырау тұмсықтары қарда жатқан көмескі сорапқа қарай бұрыла қалыпты. Ол трап із үлкен жолдан айырылып, әудем жердегі аралдың үстіне өрмелеп шығады екен.

— Жарайды, бишара айуандарым,— деді Месснер.— Барып байқап келейін. Менің өзімнің де жайғасып, тыным алғым келіп тұр.

Ол өрге шығып, көрінбей жоқ боп кетті. Иттер жатқан жоқ, тыпыршып иесін күтіп тұр. Бір кезде Месснер де келді. Итшананың алқымына байлаған арқанның бір ұшын ілмектеп иығына ілді. Иттерін оңға бұрып, аралға қарай беттеді. Тік өрге шананы сүйреп шығару оңай болмады, бірақ шаршағанын елең қылмай, иттер жер бауырлап, көсіле тырбанып, қуана қыңсылап, бар күшімен өрге ұмтылды. Алдыңғылары тайғанаса, не тоқтаса, арттағы иттер тілерсегін тістелейді. Адам бірде көтермелеп, біресе кіжініп дауыстап, иығындағы арқанға бар айғайын салып, өзі де шірене тартады.

Иттер шананы шірене тартып, өрге шыға келді де, солға жалт бұрылып, бөренеден салған бір кішкене үйшікке қарай жүгірді. Бұл бос тұрған бір бөлмелі ғана тар үйшік болып шықты. Ені сегіз, ұзыны он фут. Месснер итін доғарып, шанадан жүгін түсіріп, үйшікке орналаса бастады. Ең соңғы түнеген кездейсоқ жолаушы аз ғана отын қалдырған екен. Месснер үйшікке өзінің кішкене темір пешін орнатып, от жақты. Пештің қуысына қақтаған бес балық тастады, ол итінің азығы, шәйнегі мен кастрюліне суаттан су толтырып әкеліп, пешке қойды.

Су қайнағанша Месснер еңкейіп пешке төне отырды Сақалына тиген ылғал демінің буымен мұз боп қатқан еді, енді ептеп ери бастады. Қиыршық мұз тырс етіп пешке тиген сайын шыжылдап, буға айналады. Джон Месснер сақалына қатқан сүмелекті шымши тартып, еденге тастап отыр.

Осылай әуреленіп отырып, ол иттерінің абалағанын да елең қылмады. Бір кезде әлдебір бөтен иттердің ырылдап, шабаланғанын, әлде кімнің даусын естіді. Біреу есік қақты.

— Кіріңіз! — деді күмілжіп Месснер, өйткені дәл осы кезде ол үстіңгі ерніне қатқан мұзды жаңа ғана сора бастап еді.

Есік ашылды, аппақ қою буға малынған бір еркек, бір әйел кіре беріп есік алдында сәл кідірді.

— Кіріңіздер,— деді Месснер қаттырақ,— жабыңыз есікті.

Келген кісілер будан әрең көрінеді. Бетін тұмшалап алған әйелдің тек қара көзін ғана көріп қалды. Еркек те қой көзді кісі екен, сақалын әдемілеп қырған; мұз қатқан мұрты аузын көміп, көрсетпеді.

— Бұл маңайда тағы бір бос үй жоқ па екен, білмейсіз бе,— деді ол қараша үйдің ішіне айнала қарап.— Мұнда ешкім жоқ екен деп келіп қалып едік.

— Бұл үйшік менікі емес,— деді Месснер.— Өзім де жаңа ғана тауып келіп отырмын. Жатып-жайғаса беріңіздер, орын жетеді, пеш орнатып керегі жоқ. Сыйысармыз амалдап.

Дауысын естігенде әйел оған таңдана қарады.

— Шешін,— деді серігі.— Мен иттерді доғарып, су әкелейін ас пісіретін.

Месснер де жібіген балығын алып, итіне бермекке тысқа шығып кетті. Бөтен ит жемесін деп біраз далада кідіріп, үйге қайта кірсе, жаңағы кісі шанадағы жүгін түсіріп,су да ала әкелген екен. Месснердің суы қайнап қалыпты. Ол шәйнекке кофе салып, тұнсын деп үстіне тағы орта кружка суық су құйды да, пештен алды. Ащы наннан кептірген бірнеше сухарын жібітейін деп пешке қойды да, өткен түні пісіріп, таңатқалы, тоңазытып алып жүрген бұршағын кастрюльге салып, жылытып алды.

Жаңа келген кісілер ас ассын деп, пеш үстіндегі ыдыстарын жерге алып қойды да, Месснер бұған төсегінің үстіне барып отырды, стол орнына алдына азық салған жәшігін қойды. Ac үстінде, ол бейтаныс жолаушымен жол жайында, иттер туралы сөйлесіп отырды, ал ана кісі болса пешке төніп, мұртына қатқан мұзды еріте бастаған. Мұртының мұзын ерітіп болған соң ол үйдегі екі керуеттің біріне теңдеген төсек-орнын апарып қойды.

— Егер бұл орынды сіз қаламасаңыз,— деді ол,— Біз осында жатайық. Бұрын келдіңіз ғой, қалаған орын сіздікі болсын.

— Маған бәрі бір. Екеуі де бірдей ғой,— деді Месснер.

Месснер де төсегін салып, өзі кереуеттің шетіне отырды. Бейтаныс көршісі дәрігер құралдарын салған кішкене сумканы жастық орнына бас жағына адиялдың астына тастай салды.

Сіз дәрігер емессіз бе? — деп сұрады Месснер. Иә,— деді ол.— Бірақ нансаңыз, Клондайкқа жұртты емдеу үшін келгенім жоқ.

Әйел ас пісіруге кірісті, еркегі бекон турап, пешке от жағып отыр. Шошқа майына малып, әйнекше жылтыратқан ақ қағаз арқылы кішкене терезеден үйге болар-болмас бозғылт жарық түсіп тұр, осы қара көлеңкеде Месснер әйелді анықтап көре алмады. Шүйлігіп қараған да жоқ. Көруге құлқы да жоқ сияқты. Бірақ әйел ол отырған қараңғы бұрышқа қайта-қайта қарай берді.

— Бұл жақтың тұрмысы бір тамаша ғой! — деді желпіне сөйлеп, пештің тұрбасына пышағын жанып отырған дәрігер сәл кідірді де.— Мынау күнделікті күнкөрісің үшін, өмірің мен тіршілігің үшін тырбану деген,не нәрсе, не қаракет болса да өз қолыңмен істемекке әбігерлену деген және мұндағы өмірдің анайылығы, анықтығы, нақтылығы маған ұнайды.

Бұл жақтың суығы да ұнай ма сізге,— деп күлді Месснер.

— Heшe градус екенін білесіз бе?

Месснер басын шайқады.

— Олай болса сізге мен айтайын. Менің шанадағы спирт термометрім жетпіс төрт градус көрсетіп тұр.

— Яғни су қататын шамадан жүз алты градус төмен десеңізші. Серуен-саяхат жасау үшін бұл тым суықтау екен, ә?

— Ажалыңнан бұрын өлу деген осы-дағы,— деді доктор.— Қатты суық адамды әлсіретеді ғой. Тыныс тарылады, аяз тура өкпеге еніп, тканьдардың жиек-жиегін қариды. Адамға құрғақ жөтел жабысады, қақырық орнына өлі ткань түседі, сөйтіп ол келесі көктемде өкпесі қабынып өледі, кеселдің қайдан тап болғанын өзі де білмей қалады. Егер аяз кемінде елу градусқа дейін көтерілмесе мен бұл үйшікте әлі бір жеті аялдаймын.

— Қарап жіберші, Тэсс,— деді ол бір минуттан кейін.— Кофе қайнады ғой деймін.

Әйелдің атын естігенде Месснер елең етіп, жалт қарады да, жүзі түнеріп сала берді. Көптен бері ұмыт болған ескі жараның аузы қайта ашылып кеткендей. Бірақ лезде бойын билеп алған Месснер беріскен жоқ. Сабасына қайта түсті, ара-тұра әйелге ақырын көз салса да, еркін ажырата алмай, үй ішінің қараңғы болғанына іштей өкініп отыр.

Әйел жалмажан пеште тұрған кофейникті алды. Сонан кейін барып Месснерге қарады. Бұл кезде ол сырттай сыр бермей керуетінің шетінде, жайбарақат мокасиніне қарап отыр еді. Әйел қайтадан қазан-ошағымен айналыса бергенде, іле-шала Месснер де қадала қалды. Мұны нақ сол мезгілде жалт бұрылған әйелдің көзі шалып та үлгірген еді. Месснер көзін дәрігерге бұра қойды да, әккі әйелдің қулығын сезіп, болар-болмас езу тартты.

Әйел азық салған жәшіктен майшам тауып алып жақты. Шамның жарығы бетіне түскен кезде Месснер оны тани кетті. Тар үйшіктің ішінде екі-ақ адым аттаған әйел Месснердің қасына төніп келіп, қолындағы майшаммен бетін әдейі жарық қылып, үрейленіп, адырая қарады. Әйел де таныды. Месснер жайбарақат жымиып күлді.

— Не қарап жүрсің, Тэсс? — деді серігі.

— Шаш түйреуішімді,— деді де әйел керует үстінде жатқан дорбаның ішін ақтарып қарай бастады.

Бұлар да жәшігін стол қылып, Месснердің жәшігін орындық орнына пайдаланып, оған қарсы қарап отырды. Месснер бір қолын жастана ұзыннан түсіп, керуетінде дем алып жатыр. Екі көзі аналарда. Аядай үйдің тарлығынан үшеуі бір столдың басында отырған адамдар сияқты.

— Сіздер қай қалада тұрушы едіңіздер? — деп сұрады Месснер.

— Сан-Францискода,— деді дәрігер.— Бірақ менің бұл жаққа келгеніме екі жыл болып қалды.

— Мен өзім Калифорнияданмын,— деді Месснер.

Әйел сыр бермеңіз дегендей жалынышты көзімен қарап еді, ол езу тартып күлді де:

— Берклиден...— деді.

Дәрігер қазбалап сұрай бастады.

— Калифорния университетінен емессіз бе? — деді ол.

— Иә, оны сексен алтыншы жылы бітіріп шықтым.

— Мен сізді профессор шығар деп отыр едім. Түріңіз профессорға лайық екен.

— Ой әттеген-ай,— деп күлді Месснер.— Мен не старательдің немесе ит жеккендердің біріне ұсағанымды артық көрер едім.

— Сен докторға қандай ұқсас болсаң, о кісі де профессорға сондай ұқсас,— деді әйел.

— Рахмет,— деді де Месснер оның серігіне қарап: — Айтпақшы, доктор, фамилияңыз кім, білуге бола ма? — деді.

— Хейторн. Менің сөзіме ғана илануыңызға тура келеді. Себебі, визит карточкасын мәдениетті тұрмыспен бірге елге тастап кеткенмін.

— Мына кісі, әлбетте, миссис Хейторн болар...— Месснер жымиып басын иді.

Әйел оған жалт қарады, бірақ бұл жолы көзінде өтініштен гөрі ашу басым.

Хейторн да мұның фамилиясын сұрамаққа аузын ашa бергенде, Месснер алдын орап:

— Доктор, сізден бір жайды сұрап білгім келіп отыр,— деді.— Бұдан екі-үш жыл бұрын профессорлар арасында өрескел оқиға болған еді. Бір профессордың әйелі қашып кетті... Ғафу етіңіз, миссис Хейторн... Жаңылмасам Сан-Францисконың бір дәрігерімен болу керек, фамилиясы қазір жадымда жоқ. Сіздің онан не хабарыңыз бар?

Хейторн басын изеді:

— Кезінде үлкен шу болғаны рас. Уомбл деген, Грехэм Уомбл деген кісі еді ғой ол. Халық көп баратын инауатты дәрігер болатын. Аздап білуші едім.

— Соның ақыры не болды екен? Бәлкім, білетін шығарсыз? Олар із-тұзсыз ғайып болды да кетті ғой.

— Иә, ол ізін білдірмей кетті,— деді де Хейторн жөткіріп қалды.— Олар сауда кемесіне отырып, жылы жақтың теңіздерін аралап жүр деген алып-қашпа хабар естіліп еді, сірә тайфунға ұшырап, қаза тапқан болу керек.

— Бұл хабарын естігенім жоқ,— деді Месснер.— Мүмкін, сіздің есіңізде болар, миссис Хейторн.

— Әлбетте,— деді әйел, оның үні жайбарақат шыққанымен көзінен ызалы ашу ұшқындап, Хейторнға жүзін көрсеткісі келмей теріс қарады.

Дәрігер Месснердің аты-жөнін сұрауға ыңғайлана бергенде, ол тағы да сөзге қонақ бермей сөйлей жөнелді.

— Сол доктор Уомбл... керемет сұлу адам екен, әйелдерге... э-э... өте өтімді болыпты дейді ғой.

— Мүмкін, бірақ әлгі өзіңіз айтқан оқиға түбіне жетіп кетті оның—деді күмілжіп Хейторн.

— Әйелі бір адуын, долы кісі болыпты. Жұрт солай деуші еді. Әйтеуір Берклидегілер сол әйел күйеуіне... гм... күн көрсетпеді дейтұғын.

— Естіп тұрғаным осы,— деді Хейторн.— Сан-Францискода ондай қауесет естігенім жоқ.

— Ендеше, неке қиысқан еріне көңілі толмай арманда өткен әйел еді деген сөздерді естіген шығарсыз.

Хейторн басын изеді. Месснер болса сыр бермей, тек оқиғаның анығын білгісі келген адам болып, аңқаусып отыр.

— Асылы солай болуға тиіс те,— бір медальдың екі жағы бар ғой. Берклиде тұрғанда мен оның, бәлки, бір-ақ жағын көрген болармын. Айтпақшы, сол әйел Сан-Францискоға жиі қатынап тұрған тәрізді-ау.

— Кофе құйшы,— деді Хейторн әйеліне.

Кружкаға кофе құйып жатып, әйел қысылмай жайдары күлді.

— Сіздер кәдімгі шешейлерше өсек айтып кеттіңіздер ғой,— деді еркектерді ұялтайын дегендей.

— Жоқ, бұл бір қызық әңгіме,— деді жымиып Месснер сөйтті де дәрігерге қарап:—Сан-Францискода бүкіл жұрт алдында әйелі ерін әбден масқара қылған екен.

— Жоқ, қайта оны беделі бар, тақуасынып тақақтаған біреу еді десетін,— деген сөз шығып кетті Хейтронның аузынан.— Кісіге жұғымы жоқ, білгішсінген қатыбас адам болыпты ғой өзі.

— Өзіңіз оны танушы ма едіңіз?

— Көрген кісім емес. Университет адамдарымен араласым болған жоқ.

— Ендеше бұл да медальдың бір жағы ғана,— деді Месснер істің аржақ-бержағын анықтағысы келген бейтарап адамсып.— Рас, елден артық ештемесі болмағанымен көркін айтам-ау,— оншама ажарсыз да адам емес еді. Студенттермен бірге ылғи спортпен шұғылданып жүретұғын. Жалпы зердесіз кісі деуге де болмас. Бір мейрамға арнап жазған пьесасы жұртқа өте ұнағаны әлі есімде. Оны ағылшын тілі бөліміне декан қылып қойғалы жүргенде осы қырсыққа киліккен соң, қызметтен босанып, бір жаққа кетіп қалыпты ғой. Оның түбіне жеткен осы бәле көрінеді. Әйтеуір өзімізбен бастас кісілер енді оңала алмас десетін. Сірә әйелін жанындай жақсы көрген ғой деймін.

Хейторн кофесін ішіп болып, құлықсыз күңк етіп,бірдеме дей салды да, трубкасын тартты.

— Бақытына қарай балалары жоқ екен,— деді Месснер.

Бірақ Хейторн пештің қақпағын ашып қарады да, құлақшыны мен қолқабын киді.

— Мен барып отын әкелейінші,— деді ол.— Сосын мокасинді шешіп тастап, жайғасып тұрып жату керек.

Тарс етіп артынан есік жабылды. Үйдің іші тым-тырыс. Месснер бұрынғыша керуетінде жатыр. Әйел қарсы алдында жәшік үстінде отыр.

He ойыңыз бар? — деді бір кезде әйел жұлып алғандай.

Месснер жайымен бұрылып қарады оған.

— Сіздіңше не істеуім керек менің? Қоқаңдап қыр көрсетейін бе? Қойыңыз, мен шаршап жатырмын, жылы орнымнан тұруға да ерінемін.

Әйел ішінен үнсіз күйініп, ернін тістеді.

— Бірақ...— деп өзеурей түсті де, үндей алмай доғарып, саусақтарын майыстырды.

— Мистер... э-э... Хейторнды тап осы арада өз қолыңмен өлтіріп кет демейтін боларсыз? — деді Месснер момақан адамдай мүләйімсіп.— Ол тым аянышты оқиға болар еді...— соның мұғым керегі жоқ.

— Сіздің бір шара істеуіңіз керек қой! — деді әйел ызалана дауыстап.

— Жоқ, мен ештеңе істемеспін сірә.

— Осы үйде шынымен қонып қалмақсыз ба?

Месснер басын изеді.

Меселі қайтқан әйел не қыларын білмей, айнала үйдің ішіне, екінші керуеттегі жаюлы жатқан төсегіне қарады.

— Түн боп қалды. Ал сізге мұнда қонып қалуға болмайды. Болмайды! Түсінесіз бе, ешбір лайығы жоқ!

— Жоқ, болады. Есіңізде болсын: бұл үйшікті бұрын тапқан мен, сіз екеуіңіз — менің қонағымсыздар.

Әйел үйдің ішін тағы айнала шолып, екінші керуетке көзі түскенде денесі түршігіп кетті.

— Олай болса, біз кетеміз,— деді әйел.

— Бұл мүмкін емес. Сіздің жаңа мистер... э-э... Хейторнның тамаша суреттеп айтқанындай құрғақ қатты жөтеліңіз бар. Өкпеңізді суық шалған. Ол дәрігер, жағдайды жақсы түсінеді. Сізге кетуге рұқсат етпейді.

— Олай болса, сіз қайтпексіз? —деді әйел тағы да. Оның ашу кернеген, ызбарлы үні енді дауыл соғарын сездіргендей.

Месснер бет әлпетін өзгертіп, құдды бір көнбіс мүсәпір сияқты көрінуге тырысты да, әбден жаны ашып тұрғандай елжірей қарап:

— Қымбаттым Тереза-ау, білмеймін деп айттым ғой. Бұл туралы әлі ойланғаным да жоқ,— деді. .

— Жасаған-ай, сіз мені жындандырарсыз! — деп әйел жәшіктен ұшып тұрып, күйініп тағы саусақтарын майыстырды.— Сіз бұрын мұндай емес едіңіз ғой.

— Иә, мен бұрын байпаң мінез, момын жан едім,—- деді ол.— Мүмкін, мені сол себепті тастап кеткен боларсыз?

— Сіз сондай өзгеріпсіз. Мынау қайырымсыз қатал мінез қайдан пайда болған? Мен шошынайын дедім сізден. Білем, бір сұмдық жасағалы отырсыз. Ашуға жеңдірмей, ақылға салғаныңыз жөн...

— Мен сабырлы болғам...— деп Месснер сөзін бөлді,— сіз тастап кеткеннен бері.

— Бәсе, керемет түзеліп кетіпсіз,— деді әйел ілгіштеп.

Месснер солай дегендей күлді.

— Мен не істейтінімді ақылға салып, аз ғана ойланғанша, сіз былай етіңіз: мистер... э-э... Хейторнға менің кім екенімді айтыңыз. Бұл біздің бір үйшікте, қалай десем екен... қысылып-қымтырылмай бір түнеп шығуымызға жағдайлы болар.

— Сіз менің соңымнан қалмай сонша жерден неге келдіңіз?—деді әйел күтпеген жерден.

— Сізді іздеп жүр екен деп ойламаңыз, Тереза. Өзіңізді өзіңіз қолпаштай беріп қайтесіз. Біздің бұл арада ұшырасуымыз — әншейін кездейсоқ нәрсе. Ақыры университеттен безгесін менің бір жаққа кетуім керек болды. Адал шынымды айтсам: Клондайкқа келгенде мен сіздерді тап осы өңірде кездестіре қоймаспын-ақ деп ойлаған едім.

Есіктің ілгегі сыбдыр етіп, ашылды да бір құшақ шырпы көтеріп, Хейторн кіріп келді. Оның тықырын естісімен-ақ Тереза түк көрмеген кісідей ыдыстарын жия бастады. Хейторн отын әкелуге далаға тағы шығып кеткенде:

— Неге таныстырмадыңыз? — деді Месснер.

— Қазір айтам,— деді әйел басын шұлғып.— Қорқақ жан екен деп ойламаңыз.

— Сіздің ешнәрседен ешуақытта именгеніңізді көрген емен.

— Тәубеге келуден де тайынбаймын,— деді әйел жүзін жылытып сәл еркелей сөйлеп.

— Тәубеңіз құлқын құмар айлакердің алдау сөзі болып жүрмесін, соныңыз тек құдайдың есімімен өз мәртебеңізді көтеру ғана бола ма деп қорқамын.

— Олай кітап сөзімен сөйлеп қайтесіз,— деді әйел тағы да ерке, назды үнмен.— Мен білімпазсып сөз таластыруды жаратпаймын. Тіпті іркілмей өзіңізден кешірім өтінуге де бармын.

— Менің, былайша айтқанда, кешірім ететін ретім жоқ, Тереза. Қайта алғыс айтуым керек шығар. Алғашында қатты жапа шеккенім рас, кейін маған көктемнің майда қоңыр самалындай жылы леп, зор бақыт келді. Бұл мені ерекше таңдандырған зор жаңалық болды.

— Мен өзіңізге қайтып оралсам қайтер едіңіз? — деді әйел.

— Онда мені тірі азапқа тағы салғаныңыз,— деді ол қулана күліп.

— Мен сіздің әйеліңізбін. Әлі күнге неке бұзуға ыңғай көрсеткеніңіз жоқ қой?

— Жоқ,— деді Месснер ойланып.— Менің салақтығымның салдары. Үйге барысымен, тегі реттемей болмас.

Әйел орнынан тұрып, оның иығына қолын артты.

— Сізге менің енді керегім жоқ па, Джон? — Лебізі сондай жылы, қолы сондай жұмсақ тиді.— Қателесіппін десем, не дер едіңіз? Сорлы болған басым, сондай бақытсызбын десем ше? Мен шын бақытсызбын. Расында да қателесіппін.

Месснердің жүрегіне қорқыныш кірейін деді. Әйелдің нәзік тиген қолы әлсіретіп алып бара жатқанын сезді. Қаншама тәкаппарсынғанымен дәті құрып, сабыры кетті. Әйел сұқтанып қараған сайын еркектің көкірегіне қатқан мұз елжіреп ери түскендей. Ол түпсіз шыңыраудың дәл жиегінде тұрып, сол құламаға итермелеген бір екпінге төтеп бере алмағанын сезді.

— Мен қайта тиейін сізге, Джон. Бүгін тием... міні қазір.

Месснер ауыр ұйқыда қорқынышты түс көріп жатқан адамдай болды, сол түсінде өзін еріксіз ертіп алып бара жатқан нәзік қолдың тылсымынан құтылғысы келді, құтыла алмай қиналды. Құлағына Лорелеяның тамылжыған сұлу әні келді. Алыстан рояльдың күмбірлеген күйі талып естіліп, еркінен тыс билеп әкетті.

Ол керуеттен атып тұрды, құшақтамақ боп мойнына асыла берген әйелді қағып жіберіп, есікке қарай шегінді. Месснер өз-өзінен өлердей қорықты.

— Абайла, ашындырма мені,— деді ол айғайлап.

— Сізге мен байсалды болыңыз деген жоқ па едім.— Әйел кекетіп күлді де, ыдыс-аяғын жуа бастады.— Сіздің ешкімге де керегіңіз жоқ. Мен қайтер екен деп жай айта салғанмын. Мен бақыттымын.

Бірақ Месснер бұл сөзге иланбады. Өйткені әйелдің ә дегенше жалт беріп, жал таба қоятын әдеті бар-ды. Қазір де сол әдетін істеп тұр. Озбырлығын сездірмейтін айлакер аларман емес пе бұл бәле! Әйел іздеген бақытын сонау сөлекеттен таба алмаған-ау, сірә, қатесін енді біліп, опық жейтін тәрізді. Тегі, ер намысы қайтқандай болды ғой. Әйелдің қайтып оралғысы келетіні де сөзсіз, бірақ соның керегі жоқ. Ол есіктің ілгегіне қолы қалай тигенін сезбей де қалды.

— Қашпай-ақ қойыңыз,— деп күлді әйел,— сізді тістеп алайын деп тұрған мен жоқ.

— Қашып бара жатқан мен тағы жоқ,— деді балаша шатынай сөйлеп Месснер қолғабын киіп жатып,— Мен барып, су алып келем.

Ол үйде тұрған бос шелектер мен кастрюльді алып, есік ашты да, кейін бұрылып:

— Менің кім екенімді мистер... э-э... Хейторнға , ұмытпай айтарсыз.

Месснер суаттың бір сағатта қата қалған қабыршағын қайта бұзып, ыдыстарын толтырып су алды. Бірақ қайтуға асыққан жоқ. Шелектерін жолға қойды да, денесін отша қарыған аязда бүрсеңдеп ілгері-кейін жүрді. Түксиген маңдайына түсе қалған қырыс-тырысы жазылып, бет әлпетінде бір түрлі батылдық пайда болған сәтте сақалы да қырауланып қалған еді. Иә, ол іштей тәуекелге бел байлады да, тоңған аузы кезеріп езу тартты. Бетіне кілегей мұз тұрған шелектерін көтеріп, үйшікке қарай жүрді.

Үйге келсе, дәрігер бірдемеден қымтырылған кісідей үрпиіп пештің қасында тұр. Месснер шелегін еденге қойды.

— Сізбен танысқаным үшін бек қуаныштымын, Греэм Уомбл,— деді жайраңдап Месснер екеуін біреу жаңа ғана таныстырғандай.

Бірақ қолын ұсынған жоқ. Уомбл тек семеңдей берді Адам өзі қиянат жасаған кісісін көре қалса, тыжырынып жаратпай қалады ғой, бұл да онан безіреп тұр.

— Кім деп жүрсем — сіз екенсіз ғой,— деді Месснер жори таңырқап.— Е, солай деңіз, солай деңіз... Шынын айтсам, сізбенен танысуға шын құмар едім. Тереза сізден не барқадар тапты екен, былайша айтқанда, сіздің оған неменеңіз ұнады екен, менің осыны... э-э... білгім келеді. Солай, солай...

Ат сынаған адамдай көз жүгіртіп, бас-аяғын бір шолып шықты.

— Сіздің көкейіңізде не тұрғанын әбден түсінем...— деді Уомбл.

— Ой, оны сөз қылып қайтесіз! — деп сыпайыси қалған Месснер сөзін бөліп жіберді.— Оған сөзіңізді қор қылмай-ақ қойыңыз. Қайта мен сіздің Тереза туралы пікіріңізді ғана білсем деймін. Үмітіңізді ақтады ма ол? Мінез-құлқы қандай кісі екен? Сіздер, әлбетте, бұл дүниенің бақытына қолымыз жетті деп жүрген боларсыздар?

— Әлденені айтып кеттіңіз ғой!—деді Тереза.

— Мен қарапайым кісімін, ойымдағыны осылай айта салам! —деді Месснер қынжылғандай.

— Дегенмен жағдаймен де санасқаныңыз жөн болар,— деді кимелеп Уомбл.— Не ойыңыз бар, соны білгіміз келіп тұр.

Месснер ылажсыз адамдай қолын жайып, мүләйімси қалды.

— Мен шынымды айтсам, не деуге де білмеймін. Бұл бір шатақ іс болды ғой, еш ақылын таппай тұрмын.

— Үшеуіміз бір үйшікте түней алмаспыз. Месснер «дұрыс» дегендей басын изеді.

— Олай болса, арамыздан біреу кету керек.

— Бұл да дұрыс,— деді Месснер.— Егер үш дене мына аядай жерге сыймаса, біреуіміз кетпей болмас.

— Ендеше сіздің кеткеніңіз жөн,— деді Уомбл түксиіп.— Осы арадан он мильдей жерде аялдайтын тағы бір тұрақ бар, амалдап соған жетіп алыңыз.

— Сіздің дәл осы пікіріңізде бір қателік бар,— деді Месснер.— Мен неге кетем? Бұл жайға алдымен тауып кірген мен едім ғой.

— Тэсс жол жүре алмайды,— деді Уомбл.— Өкпесіне суық тиген.

— Рас айтасыз. Мына қақаған аязда оның жол жүре алмайтыны анық. Осында қалуы керек.

— Ендеше, солай болсын,— деді кесіп Уомбл. Месснер жөткірді.

— Сіздің өкпеңіз сау ғой, солай емес пе?

— Иә. Болса ше?

Месснер тағы да жөтелді, сонан кейін әрбір сөзін салмақтап, жайымен былай деді:

— Жай әншейін... меніңше... әлгі өзіңіз айтқандай сізге осы аязда он миль деген түк емес... Жүріп кетпейсіз бе... Амалдап жетіп аларсыз.

Уомбл Терезаға шұбалана қарап еді, ол әрі қуанып, әрі таңданып тұрғандай көрінді.

— Сен не айтасың? — деді оған Уомбл. Әйел күмілжіп, үндемей қалды, Уомбл түнеріп кетті. Ол Месснерге бұрылып:

— Жә, жетті! Сізге мұнда қалуға болмайды,— деді.

— Жоқ, болады!

— Жоқ, болдырмаймын!—деді, Уомбл көкірегін керіп. Бұл арада мен төреші.

— Мен ешқайда кете алмаймын,— деп Месснер де көнер болмады.

— Мен сізді желкелеп айдап шығам!

— Бәрі бір қайта кіремін.

Уомбл сәл сабыр сақтайын деп үндемей тұрды. Аздан кейін жай, ақырын, булыға сөйледі.

— Бері қараңыз, Месснер, егер кетпесеңіз мен сіздi ұрамын. Біз Калифорнияда емеспіз. Мына жұдырықты көремісіз, көкала торғайдай қыламын.

Месснер иығын қақты.

— Сіз олай ететін болсаңыз, мен төңіректегі алтын өндірушілердің бәрін жиямын, өзіңізді кез келген ағашқа асып кетпесе көрем ғой сонда. Рас, бұл ара Калифорния емес. Алтын іздеушілер — жабайы халық, оларға денеме сойылдан түскен дақты көрсетіп, шынымды айтып, әйел менің заңды қосағым еді десем болғаны.

Әйел бірдеңе айтайын деп келе жатыр еді, Уомбл оған кіжініп:

— Араласпа! —деп зекіп тастады.

Ал Месснердің дауысы мүлде өзгеше естілді:

— Мүмкін болса, араласпасаңыз қайтеді, Тереза,— деді ол.

Әрі ашуын, әрі бұлан-талан болған көңілін баса алмай тұрған әйелді құрғақ жөтел қысты. Екі беті албырап, қолын кеудесіне басып, жөтелі басылғанша күтті.

Уомбл оған құлағын салып тыңдап, түксие қарап тұр.

— Бір тоқтамға келуіміз керек,— деді ол.— Өкпесі аязға төзбейді. Күн жылығанша ол жол жүрмеуге тиіс. Aл менің әйелді өз қолымнан сізге беріп кеткім келіп тұрған жоқ.

Месснер мүсәпірсіп, «м-м...» деп, жөткеріп, тағы да ыңылдап, ақыры:

— Маған ақша мұқтаж...— деді.

Уомблдың жүзінде жиркеніш пайда болды. Міне жексұрын Месснердің өлген жері осы-дағы, ол арамза адам екенін ақыры көрсетіп алды!

— Сізде бір қапшық алтын құмы бар,— деді Месснер,— бағана шанадан түсіріп жатқанда көзім шалып еді.

— Қанша сұрайсыз? — деді Уомбл оның дидарындағы жиреніш дауысынан да сезілгендей еді.

— Қапшығыңыздағы алтынды шамалап едім, меніңше... э-э... жиырма қадақ тартар-ау. Төрт мыңды қалан көресіз?

— Менің барымның өзі сол ғой! — деді дауыстап Уомбл.

— Сіздің әлі Терезаңыз бар емес пе,— деді Месснер көңілін жұбатайын дегендей.— Ол әлде ақшаңызға татымай ма? Мен де оны сізге қиып тұрмын ғой — ойланып қараңыз. Қымбатсынатын орныңыз жоқ.

— Жақсы!—Уомбл алтын салған қапшығына жармасты.— Не болса да тез құтылайын! Эх!.. Сорлы бишара!

— Жоқ, бұл жолы әнтек қателестіңіз,— деді кекете күліп Месснер.— Этиканың заңы бойынша пара берген кісінің пара алған кісіден несі артық? Ұрлағанды жасырған ұрының өзінен кем бе? Мынау майда сауданың үстінде сенен мен артық деп кекіреймей-ақ қойыңыз.

— Шайтан алсын этикаңызды!—деді шытынап Уомбл.— Онан да бері келіп, менің құм өлшегенімді көріп тұрсаңызшы. Әйтпесе алдап кетермін.

Жәшік үстіне безбен қойып, әйелдің басына балап алтын өлшеп жатқан еркектерге қарап, керуетке сүйеніп, қолынан келер дәрмен жоқ, зығырданы қайнап әйел тұр. Безбен кішкентай еді, қайта-қайта өлшеуге тура келді. Месснер өлшеген сайын қадағалап тексерумен болды.

— Алтыныңыздың күмісі тым көп екен,— деді ол дорбаның аузын буып жатып.— Унцияның төрттен үші ғана таза алтын болар шамасы. Сіз мені аздап алдап кеттіңіз-ау деймін, Уомбл.

Дорбаны ол зор қошеметпен тік көтеріп, шанасына салуға алып кетті. Аздан соң үйге қайта оралды, ыдыс аяғын жинады, азығын жәшікке салды, төсегін буды. Нәрсесін шанаға тиеп, байлады да, әбзелден әбден зәрезап болған иттерін шанаға жекті, сонан кейін қолқабын алайын деп үйшікке тағы кірді.

— Қош болыңыз, Тереза,— деді ол есік алдында тұрып.

Әйел бірдеме айтқысы келіп бұрылып еді, ашуға булығып аузына сөз түспеді.

— Қош болыңыз, Тереза,— деді ол тағы да сыпайы ғана.

— Жауыз! — деді әйел ақырында.

Теңселіп барып керуетке етпетінен құлап, өкіріп жылап жіберді.

— Хайуандар-ай! Неткен хайуан едіңдер!

Джон Месснер есікті ақырын жапты, жүріп бара жатып, айызы қанған адамдай артына бұрылып, үйшікке қарады. Жардан төмен түскесін, мұз ойықтың қасына тоқтатып, жүк буған арқанның астынан алтын толы дорбашаны алды. Ойықтың бетіне қабыршақ мұз қатқан екен. Жұдырығымен ойып жіберіп, дорбаның жібін тісімен шешті де, ішіндегі бар алтынын сау еткізіп суға төкті. Бұл бір тереңдігі екі футтан аспайтын тайыздау жер екен, сөніп бара жатқан ымырт жарығымен ол өзеннің сарғыш тартқан күңгірт түбін көрді. Сосын ойыққа былш еткізіп бір түкірді.

Сонан кейін Юконның бойын өрлеп жүріп кетті. Иттері жүгіргісі келмей қожасына мұңын шағып, қыңсылап барады. Шананың бұрғысын оң қолымен ұстап, беті мен мұрнын сол қолымен дамылсыз үйкелеп келе жатқан Месснер өзеннің айналымы кездесіп, иттері жалтара бергенде қайысқа сүрініп қалды.

— Ұмтыл алға, ақсақ-тоқсақ түге! — деді дауыстап.— Ал, кәне, ұмтыл, ұмтылшы алға!

Аударған Боранбай Омаров


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?