Асқар Алтай | Көзімнің қарасы

  Асқар Алтай  | Көзімнің қарасы

Зау биікте көк әлемнің көзіндей боп қара ноқат қалықтайды. Қара баршын қанатының астында Алатау шұбартады, Алматы мұнартады. Көк жүзінде алаңсыз жүзген тау қыраны отты жанарымен нөпір қалаға қарашығын сүзеді.

Ал “Ақсай” ауданындағы “Әзірет-Әлі” кафесінде кездескен үшеу әлдеқандай алаңдаулы.

— ... —

— ... —

— ... —

— Көке, — деді жасы жиырманың ішіндегі бойжеткен, — қазір өмір өзгерген... Сіз түк те түсінбейсіз?

— Қарашығым-ау! — деді еңгезердей азамат. — Түсінбейтін мына мен бе? Сен не деп отырсың? Махмұт, мына қыз не дейді? Бағанадан айтқан сөзім далаға кетіпті ғой... Қарғам-ау, не деп отырсың? Білемісің?!

— Кеще... Кеще екенбіз біз, — деді Махмұт жағын қышырлата жанып. — Менің қызым болса, ...

— Көке! — деді Самал, — Мен оны сүйемін! — дауысы салмақпен зілді шықты. — Кешіріңіз! Маған басқа ешкімнің де керегі жоқ.

— “Көке” деме, — деді Рамазан ызғарлы үнмен. — Енді сенде “көке” де жоқ... “Әке” де жоқ. Көкектің жұмыртқасы...

Үшеуі де үнсіз қалды. Әкенің түсі жылан шағып алғандай сұп-сұр. Көздері кірпік қақпай қадалулы. Махмұт болса, шалқайған күйі екеуді сынай барлайды... Самалдың да сұлу жүзі бір қызарып, бір сұрланып, қиылған қастары әнтек керіліп қап, тік түскен пісте мұрны қусырылып-қусырылып кетеді.

— Жоқ-ау, Махмұт-ау, бірдеңе десеңші!? — Рамазан шарасыз күй кешті.

— Бізде — Кавказда... — деді Махмұт дауысын үзіп: — басын кесіп алады. Ал сендерде... — деп тоқтап қалды.

— Жә, оттама! — деп қалды Рамазан ширығып.

— А... а... онда өзің білесің!

— Көзіме енді көрінуші болма! — деді қызына атып жіберердей қарап. — О жақтан оралма деп тіле, Алладан! Оралмай-ақ қояйын... Сенің мына сұмдығыңды білмей-ақ қояйын!

Қызы үстел үстіндегі асқа қадалған күйі жұқа еріндерін жымқыра түсіп, тістелей берді.

— Көке, олай демеші! Сіз түсінеді ғой, оқыған адам ғой деуші едім!

— Иә-ә, әкең түсінеді... бәрін түсінеді. Бәрін кешеді! — Махмұт кекете мырс етті.

— Жап аузыңды! — Рамазанның дауысы қатты шығып кетті.

— Қойдық, Рама, қойдым! — деп Махмұт екі қолын көтерді.

Кафе ішінде адам аз болса да, оқыс шыққан дауысқа үдірейісіп қалды.

— Жер қылдың-ау! Жалымды жықтың-ау! Әлгі шешең ғой... Қап! Тұра тұр, салдақы! — деп Рамазан қызының шешесіне кіжінді.

— Көке! — деді қызы да дауысын көтере. — Шешемнің түк қатысы жоқ... Ол әлі білмейді де, бір өзіңізге айтып отырмын.

— Қорғаштамай-ақ қой! Бәрібір сыбағасын алады...

— Иә-ә! — деп Махмұт тамағын кенеді. — Маған қимап едің, досым!

— Былшылдама!.. Самал, кетші! Кетіп қалшы, құдай үшін! Қазір бірдеңе шығып кетеді... Кет енді... Көрінбе көзіме!

— Кете ғой, “қарашығым!” — Махмұт тағы қосылды.

— Жоғал ары, малғұн! — деп Самал жыландай жиырылып, атып тұрды. Бойына әлдебір қажыр-жігер құйылғандай: — Көке! — деді. — Менің өз тағдырым өзіме... Өз тағдырымды өзім шешем! Оған бола қам жемеңіз! Елдің қыздары Африкаға да асып жатыр ғой... Мен ешқайда кетпеймін, көз алдарыңда Алматыда жүрем. Кешір!

Ол шалт бұрылып, қыпша беліне шейін бос тастаған сусылдақ қара шашын сүзілте сілкіп тастап, өзіне көзін сүзіп қалған бейтаныстарға нәркес жанарларын жарқ еткізе төңкеріп, аппақ жұқа көйлегінің етегі желбірей түсіп, асығыс жөнеле берді. Әкесіне тартқан сұңғақ бойлы сұлу мүсін соңынан көз ғана еріп қалды.

Рамазан басы салбырап отыр. Қасындағы серігі аңтарыла бұрылыпты.

Қыз тыста да бұлардың көзінің жауын алып, тұтас қабырға әйнекті терезе тұсынан көлеңдей өтіп, қаңтарулы тұрған “Ауди” көлігіне барды. Оны қара торы өңді, ұзын бойлы, сыптығыр келген жігіт ағасы көлік есігін аша күтіп алды. Жеңіл көлік тау жақтан ескен самалдай лып етіп, жылдам қозғалып кетті.

* * *

Қысы — қысаң, жазы — жайсаң Кавказ жері...

Рамазан кәрі Кавказды мекен қылғалы қашан?! Баяғы “Бірінші Шешенстан соғысы” кезінде де, кейінгі “Шешен соғысы” тұсында да бұл өңірге сан мәрте аяқ суытқан. Міне, Кавказдың жалт етпе жазы өтіп, сылт етпе сары күзі сырғып жетті. Бұл Алматыны да сағынды... Самалын да... әйелі мен басқа ұл-қызын да ойлап қойды. Қанша еске алмайын десе де, мамыр айындағы “Әзірет-Әлі” кафесіндегі үшеуара әңгіме ойға орала береді. Сол бір сүреңсіз әңгімені ұмыту үшін бұл терін де шелектеп төгіп, тегеуірінін де тепсіне күшейткен. Қазір Рамазан дайындаған “Рама жанкештілері” Шешенстан ғана емес, күллі Кавказ бен Ресей өңірінде белгілі... Олар аса айлакерлігімен, қатыгез мейірімсіздігімен, жан-жақты әскери дайындығымен аты шулы.

Ақиқатына келсе, Рамазан — “Кавказ соғысы” немесе “Шешен соғысы” үшін жандарын пида етер түрлі ұлттардың жаужүрек ұлдарын даярлаушы инструкторы. Өзін “Әбу Рамазан — араб” деп таныстырып қояды. Әдейі “дөрекі” акцентпен сөйлейді. Кезінде Ауған соғысында сержант боп жүргенде орыс офицерлері айтатын: “Жаттығуда ауыр болса, ұрыста жеңіл болады” деген тәліммен ешкімді аямайды. Қан-сорпасын шығарады.

Бүгін де сондай жасырын жаттығудың бірі еді. Жиырма жеті жанкештіні қалың орман мен қызыл бүрген басқан “Дағауыл” атты қия беткейде дайындап жатқан. Бұл жер — Дағыстан өңірі. Жанкештілерді әдейі осы өңірде даярлықтан өткізеді, өйткені Ресей Федерациясы сеніміне кірген аса қауіпсіз аймақ. Ал бір сезік туса, жанкештілер қолма-қол тау ішіндегі ауылдарға бейбіт тұрғын ретінде таралып кетеді. Әрқайсысының жатын орны, тұрғын үйі, тіпті “туған-туысына” дейін белгіленіп қойылған.

Рамазан да бір ауарлық отбасында пияз егіп, мал бағып, қу құлқын асырап жүрген “келімсек”... Махмұттың досы, Қазақстаннан шыққан “детдомдық”...

Ал керек қару-жарақ атаулыны, дайындыққа қажет мүліктерді Махмұт “федералдардан” жасырын жеткізіп отырады. Оларды жеропыға мұқият жасырып қояды. Қаржы мәселесін де сол реттейді. Мұның айлық “гонорары” да шешіліп қойған. Оны бұл Алматыдағы әлдебір кавказдықтар ашқан кафеден алады. Айы — 2000 АҚШ ақшасы. Баяғы “Жоһар шері” заманында бұдан мол еді.

Дағауылда бұлар оқ атпайды, мина жармайды. Қалғанының бәрін істейді. Рамазан қолдан сағатты, сынап-ты мина жасауды, “Камаз” көлігінің карданынан гранатамет атуды, қолма-қол ұрыста пышақ салысуды, тағы толып жатқан ұсақ-түйек жаттығулар мен “жанкешті психология-сы” деп, өзі шығарып алған жанкештінің “мінсіз мінез-құлық” дағдыларын өткізетін. Сондықтан да мұның жанкештілері талайлардың таңдайын қақтырған, жауларының зәресін ұшырған мұңсыз шейіттер еді.

— ... Жігіттер, демалыңдар! — деді Рамазан екеуара жекпе-жек ұрыстан кейін. — Енді дайынсыңдар! Бүгін-ертең Махмұт келсе, “базаға” барасыңдар. Онда менен өткен дайындықтарыңды іс жүзінде сынайсыңдар.

— Федералдарға қарсы жібере ме, мырза?

— Жоқ, — деді Рамазан. — “Базада” мина жасап, снаряд жарып, миномет пен гранатамет — бәрі-бәрін өз қолдарыңмен сыннан өткізесіңдер. Тек сынақ кезінде сақ болыңдар, өздерің жарылып кетіп жүрмеңдер... Сауысқаннан да сақ болу керек.

— Сізді ұятқа қалдырмаспыз!

— Бәрі өздеріңе байланысты... Рахмет, маған қарсы келген жоқсыңдар! Жандарыңды аямадыңдар... Аналарың нағыз ұл тапқан екен, — дей бергенде:

— Ассалаумағалейкүм, жігіттер! Салам, Рама! — деп тоғай ішінен Махмұт та көрінді.

Енді бәрі мәре-сәре болды да қалды. Махмұттың жым-жылас жоғалып кеткеніне де бір айдан асып кетіп еді... Рамазанның “жанкештілерді” дайындап үлгерген кезіне дөп келгенін көрмеймісің. Әй, дегенмен, Рамазанның ішек қырындысына дейін біліп алған бұл неме! Нағыз “жансыздың” өзі, иненің көзінен өтеді.

— Рама, — деді екеуі оңашалау барып, қиядағы құба тасқа отырып жатып. — Үй ішің аман!

— Сен немене, Алматыға барып қайттың ба?

— Әрине, мыналарға “ақыларын” алып келдім. Самолетпен барып қайттым... Қазір Әзірбайжан мен Қазақстан арқылы ғана банк операциясы еркін жүріп тұр ғой... Ресейден бұрынғыдай ала алмай қалдық, қысып жатыр.

— Алматы қалай? — деді Рамазан қызы Самалды қалай сұрарын білмей. — Кімдерді көрдің?

— Жер сілкінген жоқ, достым! Алатау құлаған жоқ, Алматы қираған жоқ.

— Ей, оттама! Не былшылдап кеттің?! — деп Рамазан Махмұтты іштен түйіп жіберді.

— Өй, жындымысың?! Ой, жаным! Қолың қол емес — гүрзі ғой... Қалжың көтермейтін боп кетіпсің ғой, мына қазақша ұқпайтындармен бірге.

— Кешір, Махмұт! Сіркем су көтермей жүр.

— Ә-ә, түсінем! Самал жайы ғой...

— Атама оны! Естігім келмейді, керегі жоқ. Ол менің қызым емес... Шіріген жұмыртқа.

— Рамазан, не десең де өзің біл?! Самал “аманат” беріп жіберді... Мә, мынау сол, — деп, желімделген бір жапырақ қағазды қолына қыстырды да, оңашада оқысын дегендей, мұны жалғыз тастап кетті. — Мен жігіттерге барайын.

Бесінге еңкейген қыркүйек күнінің шуағында Рамазан хатты алды да, жыртып-жыртып тастауға оқталып барып, өзін-өзі сабырға шақырып қалды. Тас үстіне тізе бүккен ол қалтасынан шылым алып тұтатты.

Темекі тартып отырып өткен өміріне ой жүгіртті...

Алыстағы Алтай тауының ішінде дүниеге келіпті. Үйдегі сегіз баланың бірі еді. Мектепті бітірер-бітірместен Совет әскері қатарына шақырылды. Денсаулығының мықтылығынан жер түбіндегі Шыршық қаласынан бір-ақ шықты. Ми қайнатар ыстықта “қамаутерін” алу алты айға созылды. Алты айрығынан кеткен тер Ауғаныстан топырағына табаны тигенде қан боп ақты. Өзбекстандағы өлімші дайындық ауған жерінде кәдеге асты. Алдымен Алланың, содан кейін Шыршық пен ауған жеріндегі офицерлердің арқасында аман қалды. ДШБ-да1 да, саперлер ротасында да соғысып бақты. Екі рет жараланып, бір рет контузия болды. Сондағы “интернационалдық борышының” бодауы — екі “Қызыл Жұлдыз” ордені. Әйтеуір Алла алқады, ауылына аман-есен оралды.

Орала сала Алматыға аттанды. “Әскери жолдама” абырой болды. Алматыдағы Медицина институтының емдеу факультетіне оқуға түсті. Бірінші курста жүріп үйленді. Ол бір кең заман еді... Самалы дүниеге келді... “Е-е, дүние-ай!” Енді міне, ол да бой жетіп, мұны булықтырып қойды.

Рамазан тағы да шылым алып тұтатты...

Бұл бұлқынып жатқан Кавказға да ойда жоқта тап болды. Тап қылған да анау дағыстандық Махмұт. Ол өзі: шешесі — шешен, әкесі — ауар... Ауғаныстанда екеуі бірге болды. Қанды бірге кешті.

Мұны тіміскілеп жүріп Алматыдан да тауып алды. Онымен қоймай, пенденің жанды жері — ақшаны атап, Шешенстандағы азаттық соғысына “инструктор” қылды. Жоһар Дудаев бастаған бостандық жолында барлау ұрыстарына да қатысты. Қанға да қолын малды, қарсыласын құрбанға да шалды... Ақыры ақша жолында арыстандай арпалыстан арылмастай күйге түсті.

Ақша-ақша табам деп жүріп, жаны жазылмастай жараға душар болыпты. Отбасын ойдағыдай еттім десе, ойран-топан етіпті... Жанын желпіген Самалынан айырылыпты. “Е-е, дүние-ай!” Енді міне, ел шетінде, тау бетінде қалыпты.

Шылымы саусақ арасын қыздырды. Тұқылын сілекейімен сөндіріп, сол қолындағы Самалының “аманатын” ашты. Санасы сенбесе де, жүрегі дүрсілдеп, Самалына деген әлдебір үмітпен бір жапырақ қағаздың шетін жыртты.

“Көке, кешір! (Үміті сенімге ұласты) Кешірші, “Қарашығыңды!” Менің аяғым ауыр... Сіз “қытай” десеңіз де, мен осы дүңген жігітінің қолынан ұстадым. (Бәрі де бітті! Ай-ай, басым-ай! Бұл — маған жіберген Алланың жазасы...) Сіздің осы сөздерді оқығанда, қандай күйді бастан кешетініңізді түсінемін. Кешір, көке! Кешіріңізші!

Көке, менің өмірімде бір-ақ рет болатын қуаныш қой... Тойға қайтсеңіз де келіңіз! Тойымыз қазанның 10 күні.

Көке, бұл менің — аманатым... Сау болыңыз! Самал.

P. S. Университеттен бір жылға “академ” алдым”.

Рамазан кеудесін кере терең дем алды. Қалтасынан сіріңке алып, “аманат” хатты жағып жіберді де, әлденеге белін буғандай ширақ көтерілді.

Ол Махмұттың қасына келіп:

— Ертең жолға шығам, — деді.

Махмұт та:

— Е-е, мақұл! Жігіттерді де ертең аттандырайық. “База” да күтіп отыр... Мен де сенімен бірге жүрем, — деді жайбарақат.

— Ертең күн ашық болады екен, — деді Рамазан көкке қарап.

Зау биікте көк әлемнің көзіндей боп қызғылт ноқат шалынды. Байып батып бара жатқан күн нұры қара баршынды қызғылт реңге бояпты... Ол кіршіксіз кеңістікте баяу жүзеді. Рамазанның көз алдына ақиық Алтай таулары, оның ақиық қыраны келді. Туған жерін, туған елін ұмытып жүргендей, ерекше бір сезім жүрегін тербеп, кеудесін сағыныш кернеді.

* * *

Асықша атылған “Ниссан” құла түзге шыққалы кібіртіктеп қалса да, Астрахан мен Атырауды басып, ақ тозаң шаңды, ақ сорлы жолмен Ақтөбеге ілініп, Аралға қарай тіке тартқан. Дағыстанның тұман таулы аймағынан қазақтың құмдауыт шағылды, күрлеуіт қырлы даласы бой тоңазыта қарсы алса да, Қызылордадан бері түстіктің сүйек балқытар күні маңдайдан шықты.

Құлжаның сақасындай ақ “Джип” арындап-ақ бақты. Бел тындырмастан суыт жүрген екеу кештетіп кәрі Таразға да жетті. Алматыға ат шалдырым жер қалды ғой деп, Рамазан қонақ үйде көсіле жатуға ұйғарды.

Атан өгіздей көлікті Махмұт автотұраққа қаңтарып келгенде, Рамазан шым-шым сулы шойын астаудың ішінде балбырап жатыр еді. Он күннен бері су көрмеген тәні де сағынып қалыпты. Су ішінде көзі де ілініп кетіп еді.

— Рама! — деген дауыстан оянып кетті. — Мен заказ бере берейін. Рестораны тәуір ғой, — дей беріп еді:

— Махмұт! — деп, бұл айқай салды. — Бөлмеге әкелсін! Ырду-дырдуды қайтеміз... демалайық!

— Мақұл! — Махмұттың есіктен шығып кеткені білінді.

Рамазан тез-тез шомылып, қызара толқындаған қызулы тәнін сүртініп, бір қабат киімдерін ауыстырып, жатар бөлмеге шықты. Кешікпей Махмұт та оралды. Ол да кеспелтектей кесек денесімен шойын астау толы суға қойып кетті.

Әлден уақта екеуі де жүз-жүз грамнан “ақаңды” тартып алып, рақаттана қазы-қарта мен көкөністі соғып, ыстық етті қарбытып отырды.

— Ертең той, — деді Махмұт елеусіз ғана. — Үлгеретін болдық.

Рамазан үндемеді.

Махмұт:

— Рама, — деді, — сен барарсың, яки бармассың. Ол өз шаруаң. Ал мен Самалға уәде бергем, сондықтан тойға қатысам.

— Махмұт! — деді Рамазанның дауысы оқыс зілді шығып: — Сен менің жарамды тырнай берме! Мен сол үшін жер шетінен келем. Тойға келем... Сен енді бұл әңгімені қозғай берме, қолқаңа қанжар салармын!

— Қойдық, бәсеке, қойдық! Жә, тамақ ішелік!

Осы кезде есік қағылды...

Рамазан: “Бұл кім? Сен не бүлдіріп келдің?!” деген қатулы қабақты қайшылай, Махмұтқа қадала қарады.

Махмұт:

— Рама! — деді көзі алая жақтырмай: — Мен ешкімді шақырған жоқпын. Түсінсем бұйырмасын! Мұндағы таныстарға да “соткадан” соққан жоқпыз ғой...

— Аш! — деді Рамазан, өзі үстел үстіндегі кнопкамен ашылатын шаппалы бәкіні қалтасына салды.

Люкс нөмірдің ауызғы дәліз басынан әйел затының сыңғырлаған сылқым, сайқал күлкілері естілді. Іле тарс етіп есік жабылды да, Махмұт қайтып келді.

— Рама, “гүлдер” келіп тұр... Не істейміз? “Арзанбыз” дейді. Бәлкім, бірер мәрте бел босатып алармыз.

— Әй, ит-ай, тыныш жүрмейсің ғой! Жаңа ресторан жақтан “заказ” бергенсің ғой...

— Рама, кешірші! Жол ұзақ... Шаршадық қой, кішкене көңіл көтерейік деп... Ренжімеші! Сен де қатын көрмегелі қашан?

— Жарайды! Менің “әлсіз” жерімді білесің...

— Енді ше, сен екеуіміз сонау ауған жерінен сыралғы емеспіз бе?! — деп, Махмұт жымың қаға жөнелді.

Қыздар үріп ауызға салғандай екен: бірі — “азия”, бірі — “еуропа”... Олар да емін-жарқын күле кіріп, дастарқанға отырысты. Қысқаша таныстықтан соң, Рамазан кесіп айтты.

— Қыздар, — деді. — Біз таңертең жолға шығамыз. Сондықтан арақ-шарап ішпейміз. Ал сендерге алып беруге болады.

— Жо-жоқ! — деді екі қыз да қосанжарласа. — Біздің жұмыста да рұқсат жоқ. Клиенттің көңілінен шығуымыз керек. Орынсыз іше алмаймыз... Тем более, клиенттер татып алмаса!

— Өте жақсы, сұлулар! — деді Махмұт та қыздарға “Сарыағаш” суын құйып жатып. — Бізге де тезірек дем алу керек.

— Хи-хи-хи! Ваша воля... — деп қыздар сылқылдай күлді. — Сіздерге қалай? Бір бөлмеде бәріміз бірге болғанымыз жөн бе? Әлде, бөлек-бөлек...

— Рама, қалай? Өзің айтшы?!

— Махмұт, өзің білесің ғой...

— А-а-а, былай қыздар! Бәріміз бір бөлмеде... Сосын “ауыс-түйіс” дегендей.

— Хи-хи-хи! Хи-хи-хи! — Қыздар сайқалдана күлісіп, орындарынан тұрысты. — Еріктеріңіз!

Қыздар жатын бөлмеге өткенде, Рамазан:

— Тым жас екен, — деп қалды.

— Сутенерге әдейі “16-размер” дедім ғой... Жақсы емес пе?!

Рамазан жақтырмаса да үндемеді.

...Бұл екеуі “қос қарлығашын” түн ортасында босатты. Өздері бірақ таң қылаң бере оянды, ұйқылары қанбағаннан жастыққа қайта бас қойысты.

Олар тарлан боз “Джипін” жуып-шайып аттанғанша, Тараздың күні де тас төбеге келді. Қара жол үсті қатқақ, қара қазан күні шағырмақ еді. Арқа беттен Бетпақтың алқына жеткен ызғары еседі.

* * *

Алматыға бұлар ұлы бесін ауа жетті...

Қала іші жылы. Қара күз келіп қалғаны білінеді. Ағаштар сары-күрең жапыраққа оранып, жаяулар жүретін тас соқпақ бетін де шұбарта түсіпті.

Рамазан Махмұттың “үйіңе барайық” деген ұсынысына үзілді-кесілді қарсы болды. Қаланың шығыс жақ бетіндегі әлдебір бәкене үйлерге бұрылды. Әлдебіреумен жолығып шықты.

Екеуі “Ақсай” ауданындағы “Әзірет-Әлі” кафесіне қарай келе жатқанда, күздің қысқа күні де қарауытып кеткен еді. Жаздың үш айынан беріде кафе аты “Триада” деп өзгеріпті. “Иесі де өзгерген шығар” деп ойлады Рамазан.

Кафе алдындағы көліктердің қатарына “Джипті” қойып, есік алдына келгенде, тойға бұлар секілді кешігіп жеткен бірен-саран көзтаныстар Рамазанды айқара құшақтап, құттықтаған болды. Іштен баяу музыка әуені мен асабаның жарқын дауысы естіліп жатты. Рамазан есік алдында шылым тұтатып, өз ойымен өзі әуре боп тұрып қалды.

Тойдың қызуы тықыршытқан Махмұт:

— Рама, мен кіре берейін! — деді.

— Кіре бер, — деді Рамазан. — Мен темекі тартып алайын.

Махмұт кірісімен асабаның айқайы сап тыйылып, іле оны таныстыра сөйлеген дауысы естілді. Сөйткенше тысқа әйелі де шықты. Ол бұған қарға адым жерден жақындамай тұрып қалды. Рамазан да шылымын тереңнен сорып, түк көрмегендей, дым сезбегендей тұра берді. Тым-тым сабырлы, салмақты күй билеулі еді. Әйелі әлем-жәлем киінген күйі әрі-сәрі боп, ішке үн-түнсіз қайта кіріп кетті.

Рамазан тағы темекі қорабын қалтасынан шығарып, бір тал шылымды ерніне қыстырды. Шылымды үздіксіз сорды. Бар іштегі буырқанысын шылым түтінімен басқысы келгендей... Тұқылын анандай жердегі темірден жасалған қоқыс түбегіне атып жіберді.

Ол іркіліссіз ішке беттеді...

Жаздағы жалын атқан аптапта қоңыр күймен шығарып салған салқын кафе лапылдаған ыстық леппен қарсы алды. Тыстағы қазанның салқынымен дем алған Рамазан балықтай аузын ашты. Бір сәт тынысы тарылып, ыстық қан жүзінде ойнап, басына шапты.

Самаладай жарықта қаптаған көз бен жұмыр басты ғана көрді... Бір сәт баяу музыка да, самбырлаған асаба да тыныштала қалды. Рамазан да “П” әрпі тектес етіп қойылған той үстелінің тап ортасына жете тоқтаған. Қалың қауым сілтідей тынған. Бәрі де мұның қызының некесіне қарсы екенінен хабардар болса керек, үнсіз күте қалысыпты.

Тыныштықты:

— Оу, халайық! Халайық! Бері таман қарайық! — деген асаба жігіттің дауысы бұзды. — Рамазан аға! Қош келдіңіз! Халық... то есть, халқыңыз, сізді күтіп отыр еді... Өзіңіз тілек айтып қойыңыз?! Самал мен Ху Лянға, жалпы жұртыңызға!

Рамазанға әкеп микрофонды ұстата қойды. “Өзі де бір жып-жып еткен неме екен! Бұ қайдан жүр? Баяғыда үйді үйірсектеп, Самалды иектеп, соңынан салпылдап жүргенін көріп еді... Енді Самалының тойына тамада бола кетіпті. Ана қытай Худы тауып беріп жүрген де осы емес пе?!” деген сынаптай ой сумаң етіп өтті.

— Аға! — деді асаба жақындай түсіп: — Айтып қойыңыз! Жеңгей сөйлеп қойған... Әлде шақырайын ба? — Құлағына ақырын айтып жеткізді.

— Жоқ! — деді Рамазан, қарлығыңқы дауысы микрофоннан естіліп қалды.

Асаба да аулақтай тайқып кетті...

Рамазанның ақ құба өңі алаулап, кең жауырыны, сұңғақ бойы жылдам қозғалып, төрде отырған екі жасқа адымдады. Сонда ғана жұрт та қозғалақтап, қайта дабырласып кетті. Рамазан бірақ түк естімеген күйде көзі шоқтай жайнап, үстел басына жетіп-ақ барды. Оны келешек күйеу баласы мен қызы тік тұрып қарсы алды.

Қызы кірпінің тікеніндей сүрме қатырған сояу-сояу кірпіктерін төмен салыпты. Ақшыл өңі алау-далау жанып тұр екен. Ал күйеу жігіт кеудесін көтерген күйде бұған биіктен қарайды. Бойында бір риясыз тоқтық, өзімсінген өктем өрлік бар. Өзі де қарасұрлау, ұзынтұралау екен. Кірпігін де қақпайды.

Сол қолын көтерген Рамазан микрофонды аузына тақай бере қытай әлде дүңген — әйтеуір, шекараның Қытай бетінен келген “келімсек” күйеу баласына мырс етті... Қызғылт жалын шарпыған жүзі де әп-сәтте сұрланып кетті.

— Қош, қарашығым! — деді микрофонмен естіртіп. — Кешіріңіздер мені! Қош!

Сөйтті де қолындағы қара микрофонды үстел үстіне қойды.

Самал сонда ғана көздерінен жас ыршып, әкесіне жәудірей қарады. Әкесі болса, оң қолын қойнына салды да, қысқа қоңыр былғары күртенің ішінен тапаншаны суырып алды. Ол қайтып бір ауыз сөзге келместен сілтідей тынған жұрт алдында басып-басып қалды.

Кафедегі қапырық дем мен жақын жерден атылғандықтан оқ дауысы құмыға, тұтыға шықты. Жиналған жұрт сонда ғана не болғанын түсінгендей шу ете түсті. Сол сәтте Самал да шайқалақтап кетіп, аппақ көйлек, фатасымен артқа қарай құлай берді.

Күйеу жігіт болса, бір орнында қатып-семді де қалды...

Маңай ызы-шуыт айқай-сүрең мен қым-қуыт тасыр-дүсірге толып кетті. Рамазан тапаншасын қойнына тықты. Ал таяқ тастам жерде тұра қалған Махмұт: “Құдай-ау, қаруды қайдан алды?! Қап, ит-ай! Енді пәлесі жұғатын болды-ау?! — деп асығыс ойлады. — Бұл ит “жүр” дегенге де көнбейді... Жо-о-оқ, табанды жалтыратайын!” Ол да есікке қарай етегін баса ентелей ұмтылған көпке қосылуға сытыла жөнелді.

Рамазан алдындағы ас толы үстелді бір шетке ысырып тастады. Төңірегінде ешкім қалмапты. Әлгі күйеу жігіт те жоқ... Жер жұтқандай жым-жылас. Ол қызының нұрсыз жанарын жауып, қос білегіне сала көтеріп алды да, жапырыла жөңкіген жұрттың соңынан жүрді.

2003 жыл, наурыз



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?