Есей Жеңісұлы | Аяулы

   Есей Жеңісұлы | Аяулы


Танысу бұрышынан «Алматы» деген сілтемені тауып алды. «Я — парень», «Я ищу девушку», «В возрасте — от 18 до...»

— Өзіммен жастыларға дейін іздейін, үлкендерді қайтемін? — деп тез ойланды да, «до __» деген түйменің тұсына 22 санын енгізе қойды.

«Цель знакомства»... «Для серьезных отношений».

Енді «іздеу» деген нүктені басса болғаны. Жоқ-жоқ, суреттерімен қоса іздеген дұрыс.

Көз алдына самсап шыға келді. Түу, не деген көп! Жымиып қойды Жұмат.

Жұмыс арасындағы осындай бір жан шақырған сәттерде Жұматтың ғаламтор ақтаратын әдеті. Басқа-басқа, Жұмекең сияқты жұмбақ жандарға бұл әлемдік желі рақат болды. Монитор алдында өзінің бұйығы, сабырлы мінезінен түгел көз жазып, батыр, сөйлеуік, айтқыш болып кетеді. Әсіресе, осы танысу бұрышы керемет! Қыз бетіне өздігінен қарай алмайтындар үшін таптырмайтын ермек. Бірақ Жұмат бұған ермек деп қараған емес. Жүрегінің түбінде бір үміт жатыр — танысу бұрыштарынан... өзіне жар тауып алғысы келеді. Сондықтан да осы сайтта — Жұмат айтқыш, Жұмат аңқылдақ.

Бірақ жұрттың бәрі өзіндей ақтарылмайтынын өткен жолы ұғыңқырап қалған. Шашы карэ үлгісінде қиылған әдемі қыздың суреті бірден көз тартты. Жасы жиырма бірде екен. Жұматтың қазақша жазған хатына да тез жауап қатты. Ал бұл желіде қазақша сөйлесетіндер сирек. Сонысымен-ақ жақын тарта түсті сұлу қыз. Аты Жанат екен. Екеуі бір күн бойы жақсы сөйлесті. Бір қараса, Жұмат өзі жайлы барлығын айтып тастапты. Өзінің жалғыз ұл екенін, анасы мен әкесінің ауылда екенін, бұған көп үміт артатынын, солардың сенімін ақтауға тырысатынын... әй, қойшы, шертпеген сыры жоқ.

Жанат болса, тек сұраумен болыпты. Өзі туралы ештеңе айтпаған. Тіпті, екеуінің кеңсесі бір-бірінен алыс емес болып шықты. Жұмат сәл ойланып алды да, Жанатты түскі асқа шақырды. Қалтасындағы тиыны екі адамның түстігіне жетсе керек. Бірақ қыз байланысты осы тұста шорт үзді. Әуелі монитордағы терезеден «мен бос емеспін, қыздармен тамақтанамын» деген сөйлем жарқ ете қалды да, ізінше терезенің өзі де өшті... Жұмат түсіне алмай дал. Жаңа ғана емен-жарқын әңгімелесіп отырған жоқ па еді? Достықты қайта ұсынды. Қыз қабылдаған жоқ.

Жаны нәзік жігіт осыдан кейін қатты ойланды. «Жаман шынын айтамын деп, сырын айтыпты» дегеннің кері. Ақтарыламын деп, өзінің жанын жайып салғанына өкінді. Ең қиыны, өзінің Жанатқа еш қызық болмай қалғанын түсінді.

Екі күн жаны ауырып жүрді.

Үш күн ғаламторға жолаған жоқ.

Төртінші күні... шыдай алмады. Тағы да «Алматы» деген сілтемені тауып алып, тағы да «танысатын қыз іздеп» отырысы мынау енді...

Жұмат жымиып қойды. Бірақ бұл жолы өткендегідей ақтарылмақ емес. Әуелі сыр тартып көруге тиіс. Барынша ұстамды болуы керек!

«Қыздар тек әдемі суреттерін салып қояды осы. Бірақ ол үшін жазғыра алмайсың, әрине! Мен де өзімнің «ой үстіндегі, кемеңгер» бейнемді қойдым емес пе?! Аня, он тоғыз жаста... Меруерт, жиырмада... Анкетасын ашып көрейін. Қой-ей, «маған көп ақша табатын, мені баға алатын, жаныма не керектің бәрін тауып беретін жігіт керек» деп ашықтан-ашық жазыпты ғой. Өзі сондай құрметке лайық па екен әуелі? Асыл деген мына қыз жиырма екі жасқа жақында толады екен. Туған күні менікімен бір айда екен, тіпті».

Дегенінше болған жоқ, жаңа терезе көз алдына жарқ ете қалды. «Таня, жиырма төрт жаста, Алматы» дей ме? Үлкен ғой мына қыз. Орыс екен өзі...

— Сәлем! — деп тұр орысшалап.

«Тәуекел, сөйлесіп көрейін!»

— Сәлем! Қалың қалай?

— Рахмет, өте жақсы. Не істеп отырсың?

Ескі танысы сияқты, еркінсіп барады.

— Жұмыста отырмын. Сәл қолым босап еді қазір.

— Жақсы екен. Қайда жұмыс істейсің?

Мына қыз қайтеді? Айтқаны дұрыс па, әлде терезені өшіре салғаны жөн бе? Қой, қыздан қашу дұрыс емес.

— Түрік фирмасында, курьер.

— Сонда хат-хабар тасисың ба?

— Хат-хабар ғана емес, клиенттерімізге фирманың өнімдерін де жеткізіп береміз.

— Қандай өнім ол?

— Көп қой... Негізінен кеңсе тауарлары. Түркияда жасалынған күнделіктер, жазу қағаздары, қаламдар неше түрлі...

— Түсінікті. Ал қазір неге тасымай, бос отырсың?

«Пысығын қара өзінің! Қыздар неге бірден тергей жөнеледі екен? Қазір тапсырыс жоқ, сондықтан бос отырғанымды өзі-ақ түсінбей ме екен?»

— Кешкі бесте бір тапсырыс жеткізуім керек. Соны күтіп отырмын. Оған дейін өзіңізбен сөйлесе тұрамын.

— А-а, әр минутты тиімді пайдаланатындардың санатынанмын де.

— Солай шығар...

Жұмат бұл сөздің соңына күмілжіп тұрған смайлик қосты. «Сенімдірек болсын» дегені.

— Сен адамды қаншалықты түсінесің?

«Қиын сұрақ екен... Не деп жауап берсем екен? Шынында да мен адамды түсінемін бе осы? Былай қарасам, түсіне алатын сияқтымын. Бірақ... біреу маған басынан кешірген әлдебір оқиғасын айтса, өзім де дәл соған ұқсас жайды айтып, далаға лағып кететінім рас қой. Соңғы кездері жанымда әңгіме айтатын адам да қалмай бара жатыр. Дос дейтін дос та жоқ. Оқу бітіргесін, бәрі бет-бетімен кетті. Бұл сұрақты неге қойды екен?»

— Неге бұлай сұрадыңыз?

— Жай, әншейін...

Терезе біраз уақыт жым-жырт қалды. Таня да мұнымен сөйлескеніне дереу өкінген шығар.

Ал әйтпесе!

— Екеуміз бүгін кешкі жетіде жолығайық, қалай қарайсың? — деген хабарлама келіп тұр.

«Не істеу керек? Қызық болды ғой бұл... Орысша екі сөздің басын әрең құрап жазып отыр едім, бетпе-бет жолыққанда тіпті келістірермін. Мейлі, көрейін. Өзімді-өзім қашанғы шектей беремін осы? Жоқ, тоқтай тұр! Бұл қыздың бір ойлағаны бар ма әлде? Бірақ менің жұмысым қарапайым екенін білді ғой. Табысымның да орташа екенін аңғарған болар. Не істеген жөн?..»

— Қай жерде? Қашан? — деген сөздерді саусағы теріп үлгеріпті, жолдады да жіберді.

Терезе он бес минут үнсіз қалды. Жұматтың тағаты таусылып бітті. Тағы да алданғаны ма? Тағы да өзі жайлы көп айтып қойды бұл жолы. Осы адамдар қалайша сыр сақтайды екен? Қалайша өздері жайлы аз айта алады екен?

— Жұмат!!! — деген хабарлама келіп жетті бір кезде. Үш бірдей леп белгісі несі?

— Ау? — деп қазақшалап жазды бұл.

— Байқаймын, сен тәуір жігіт сияқтысың.

— Кім біледі?..

— Мен саған бір нәрсе айтсам, түсіне аласың ба?

Не айтпақ бұл қыз? Қайда әкетіп барады өзі?

— Сен кешкі сегіз жарымда біреуге телефон соға аласың ба?

— Кімге?

— Кім екенін өзі айтады. Сен тек тұтқаны тастай салмай, дұрыстап сөйлессең болғаны.

Мынау бір жұмбақ болды ғой...

— Сен маған ренжіме, иә. Манадан бері біраз нәрсе сұрап, әдейі басыңды қатырып едім, ашуланғаныңды сездірмедің. Содан сенің жаман жігіт емес екеніңді байқадым. Сабырлы, ашық...

Жұмат құлағына дейін қызарған смайлик жіберді.

— Әне, ұялып отырсың. Ал ұяла білу — жақсы қасиет. Сонымен, кешкісін телефон соғасың ба?

— Көрейін... — деп күмілжіді бұл.

— Көрме, қоңыраулат! Міне, нөмірі — ...

Мониторда жеті саннан тұратын нөмір пайда бола кетті. Жұмат қойын дәптеріне асыға жазып алды.

— Ұмытпайсың ғой? Ал мен кеттім! Сау бол! Әңгімелескеніңе рахмет!

Терезе ғайып болды. Өң мен түстей бір дүние... Жұмат жазып алған нөміріне қайта-қайта қарады.

***

Кешкі сегіз жарымды асыға күтті. Пәтерде бірге тұратын жігіттер үйге ертерек келіп, кешкі ас дайындап қойған екен, апыл-ғұпыл ішті. Қас қылғандай, уақыт өтер емес. Сағат тілі еріне жылжып барады. Сегіз жарымға таяғанда телефонды асханаға кіргізіп алды да, есікті тарс жапты. «О-о, біздің Жұмекең құпия агент бола бастаған ба?» деген Дауаханға «үндемені» аңғартып, сұқ саусағын мұрнының үстіне қоя қойды.

— Алло, сәлеметсіз бе? — деді жасқаншақтай орысшалап. Арғы жақтан сыңғырлаған дауыс жауап қатқанда, аз дағдарып қалды.

— Сәлеметсіз бе? Сіз Жұмат емессіз бе? Маған Таня айтты.

— Иә-иә, Жұматпын...

— Сіздің міндетті түрде телефон шалатыныңызды айтты Таня. «Маған ол сөзінде тұратын жігіт сияқты көрінді» деді. Міне, сіз құрбымның сенімін ақтадыңыз. Сол үшін рахмет!

— Иә-иә, рахмет...

— Жоқ, рахметті мен сізге айтуым керек. Абыржымаңыз, бәрі жақсы болады. Сізге орысша сөйлескен ыңғайлы ма, әлде қазақша сөйлескен дұрыс па?

— Негізі, қазақша...

— Өкінішке қарай, өзім қазақ қызы болсам да, қазақшам нашар. Сондықтан сіз қазақша сөйлей беріңіз, мен бәрін түсінемін. Ал мен сізге орыс тілінде сөйлей берейін.

Көнбеске шара қайсы? Мына қыз да ұршықша үйіріп барады. Түк түсінсе бұйырмасын! Таня арқылы танысып жатқаны несі? Өзі неге ғаламторға кірмейді? Жұмат қай сұраққа жауап іздерін білмей тосылды.

— Иә, не деріңізді білмей қалдыңыз, иә? Мені кешіріңізші...

Екеуі де біраз уақыт үнсіз қалды.

— Сонда есімімді де сұрамайсыз ба?

— Жо-жоқ, айтыңыз, айтыңыз. Сәл абдырап... иә...

— Жұмат, егер қажет демесеңіз, қош айтып, тұтқаны қоя салыңыз. Түк те ренжімеймін. Басыңызды қатырып тұрмын ғой.

— Жоқ, тіпті де бас қатырып тұрған жоқсыз.

— Менің атым — Ақниет.

— Ім-м... — Жұмат санасына сіңіріп алғанша біраз уақыт өтті. — Өте жақсы есім екен!

— Жұрттың бәріне ұнайды. Әкетайым қойған ғой. — Ақниет «әкетайым» деген сөзді әдемі нәшпен, қазақша айтты.

Дауысы өте сүйкімді екен. Сірә, өзі де әдемі болар.

— Сіз туралы Таня маған біраз әңгімеледі. Қайдан қоңырау шалып тұрсыз?

Жұмат бұл сұраққа дайын емес еді, аялдап қалды. «Үйден» дейін десе, қыздың бір ойлағаны бар болар, ертең басына бәле болса қайтеді? Байқағаны дұрыс шығар.

— Әпкемнің үйінен, — деп қойып қалды.

— Сонда өз үйіңізде телефон жоқ па?

— Мен... қала сыртында... жер үй... жалдап тұрамын. Ол жерде телефон ешкімде жоқ...

— Байғұсым-ай, менімен сөйлесу үшін әпкеңіздің үйіне келдіңіз бе сонда?

«Бедный ты мой» — «байғұсым-ай»... Қандай мейірімді сөз! Жұматтың кеудесі ысып кетті. Осы уақытқа дейін ешкімнен естіп көрмеген екен.

— Иә... — деді сасқалақтап.

Жұмат тағы біраз нәрсе сұрағысы келіп еді. Бірақ тартынды. Шынын айтса, қорқыңқырады. Қыздың жақын тарта сөйлеуі жанына жағып бара жатса да, көкірек түкпіріндегі бір үрей қайта-қайта өз ұйығына тарта берді. Ақниетпен жылы қоштасты. Екі күннен кейін тағы қоңыраулатуға уәде етті. Қыз да «әпкесінің телефонын» сұраған жоқ.

Екі күнді Жұмат әрі-сәрі күйде өткерді. Кешкісін телефонға телміреді. Бірақ оны ешкім керек етпейтіндей. Егер Ақниеттің қара ниеті болса, бұл нөмірді баяғыда анықтап, істейтінін істер еді ғой. Осы екі күнде Жұмат танысу сайтына да кірген жоқ. Танямен ұшырасудан жасқанды. Ол қыз өзін тергей жөнелетіндей сезінді.

Дегенмен жұмбақ нәрсе өте көп. Қазіргі заман қиын ғой, қыздардың бір ойлап жүргені бар ма? Мұны «ақымақ жасап», жанын ауыртып, келеке етпек пе? Өйтетін болса, бірі хат жазып, екіншісі телефонмен сөйлесіп не істемек? Әлде Ақниет...

Уәделі күні, уәделі уақытта Ақниеттің нөмірін тағы терді. Еркіне бағынбай, саусағының телефон нөмірлерінің үстінде жорғалай жөнелгенін түсінбей біраз отырды. Арғы жаққа қоңыраудың барғаны білініп, екі-үш рет ызыңдағанда барып ес жиды. Не де болса сөйлесіп көрмек.

— Тағы да мен үшін әпкеңіздің үйіне келдіңіз бе? — дейді Ақниет.

— Әпкеңіз сіздің келгіштеп кеткеніңізді түсінбей жүрген шығар... — дейді Ақниет.

— Байғұсым-ай, сізді әбден әуреледім-ау... — дейді Ақниет.

— Жұмыс арасында ретін тауып телефон соқсаңызшы, сізбен әңгімелескен қызық, — дейді Ақниет.

— Сіз өлең оқығанды ұнатасыз ба? Маған Марина Цветаеваның өлеңдері ерекше ұнайды, — дейді де, Ақниет «Мне нравится, что вы больны не мной» деп әндете жөнеледі.

Жұмат Жұматайдың «Ләйләсін», онда да бір өлеңін ғана оқып берді. «Ұлы оқиға — бір тіл қатып сөйлеуі» деген тұсын шабыттана айтты. Ақниет түсінген шығар. Иә, ол түсінеді ғой.

***

«Даусын естіп жүріп қана адамды жақсы көруге болады екен ғой» деп ойлайды Жұмат. Шынында да, Ақниетті ұнатып қалыпты. Сағынып тұратын болды осы күні. Жұмыс арасында радиотелефонды ала қойып, бұрышта сөйлесуге құштар. Ақниет те үнемі күтіп отырады. Екеуіне ортақ әңгіме көп.

Бірақ Жұмат әлі күнге Ақниеттен бір нәрсені сұрауға бата алмай жүр. Ол неге тек телефонмен сөйлеседі? Әлде мұның кездесуге шақыруын күте ме? Таня ұмыт болғалы қашан. Танысу сайттарына кіруді де Жұмат мүлде доғарды. Ақниет бар ғой.

Бір қараса, Ақниет екеуінің болашағы туралы қиялдап кетіпті. Қол ұстасып, көшеде қатар келе жатыр екен дейді. Бір-біріне қарап, жымиып қояды. Енді бірде екеуі кинотеатрда отырады. Ақниет мұның иығына басын қойып, экранға қадалып қалған. Бұрқақтың астында бір-біріне су шашысып тұрғанын айтсаңшы! Жұрттың бәрі қарайды. Ең сұлу қызбен қыдырып жүрген Жұматқа қарамай қайтсін!..

Екі ай бойы Жұмат осылай өң мен түс арасында жүрді.

— Сіз мені неге кездесуге шақырмайсыз? — деді ақыры Ақниет. Жұмат күмілжіді. Не дерін білмеді.

— Онда мен сізді шақырамын.

Күтпеген сөз... Жігіт іштей өзін жазғырды. «Қорқақпын мен, қорқақпын» деп мойындады.

— Сенбі күні сағат кешкі бес шамасында келе аласыз ба?

— Қай жерге?

Міне, қызық, Ақниет көрші ықшамауданда тұратын болып шықты. Жұмат күнде дәл сол жерден, он екінші троллейбустың аялдамасынан түсіп қалып жүр емес пе? Таңданғанын білдірмеуге тырысып, баратынын ұқтырды.

Үйіне шақырғаны қалай? Әлде Таня екеуі отырар ма екен?

***

Есікті көзілдірік киген үлкен кісі ашты. Ақниет ашса, қандай қимыл жасап, қалай ізет білдіретінін ойластырып келе жатқан-ды. Не ары, не бері өтерін білмей дағдарды. Қолындағы бір бума гүлін біресе артына жасырып, біресе алдына өңгеріп, берекесі кетті.

— Кіре ғой, айналайын! Сені Ақниет күтіп отыр, — деген жылы дауыс қана ептеп ес жидырғандай. Үлкен кісі, сірә, әкесі, нұсқаған бөлмеге санап басып өтті. Ақниет алдынан да шығар емес. Әлде Ақниет...

Терезеге таяу тұста отыр екен.

Қарауға көзі шыдай алар емес, тым әдемі. Өте әдемі. Шашын екі жағына өріп қойыпты. Үстінде ақ кофта. Жұматқа қолын беріп амандасты. Саусақтары қандай нәзік!.. «Мен бұл періштеге лайық емеспін ғой» деп ойлап үлгерді Жұмат.

Диванға отыра бере, айналаға көз салды. Бөлме жайнап тұр. Оң жақ бұрышта — компьютер, қасында дыбыс зорайтқыш.

— Әкетайым мені компьютерге отырғызбайды, «басың айналады» дейді. Шынында да, басым қатты айналады. Егер олай болмағанда, сізбен ғаламтор арқылы сағат сайын сөйлесер едім ғой...

Жұматтың тілі байланып қалған сияқты. Гүлін беруі қажет екені есіне енді ғана түсті. Орнына қопарыла көтеріліп, Ақниетке ұсынды. Қыз қуана алды.

— Маған алдыңыз ба? — деп сыңғырлай күлді.

— Иә-иә, сізге... — деді Жұмат тұтығып.

Үнсіздік орнады. Жұмат қызға қарай алар емес. Қараса болғаны, соншама сұлулықтан басы айналып кететіндей.

— Жумат, сыз мены кешрынызшы, иа...

Тыныштықты Ақниеттің даусы бұзды. Көздері жасаурай қалыпты. Мынадай сұлу жанарларға жас қонақтағанының өзі қандай ғажап!

— Неге, не себепті кешіруім керек? Қайта рахмет айтуға тиіс емеспін бе? Қайта мен сіздің осынша құрметіңізге өзімді лайық санай алмай отырмын. Шынымды айтсам, жанымды қоярға жер таба алар емеспін...

— Мен мүгедекпін, кемтармын... — Қайта орысшалады Ақниет. Бетін жас жуып кетіпті. — Менің екі аяғым да жоқ...

Қыздың мүгедектер арбасында отырғанын осы сәтте ғана аңғарды Жұмат. Аяқ жағын түгелдей тұмшалап, көрінбейтіндей етіп қойыпты.

— Сіз кешрыныз мены... Таня екеуміздің сырымыз ортақ. Көрші тұрады ол. Менің күні бойы сарылып үйде отыратынымды, ішім пысатынын біледі. Компьютерге қарай алмаймын. Кітапқа қарасам да басым айналады. Туғаннан осындаймын... Жалғызбын... Ата-анамның жалғыз қызығымын... — Қыстыға жылады Ақниет. Жұмат жұбата алмады.

— Сізді ермек қылатын ойым жоқ. Таня ғаламторда танысу сайттарының бар екенін айтқанда, «оның маған пайдасы не?» деп бірден тыйып тастағанмын. Өткен жолы үйге келгенде, Таня менің компьютерімді біраз айналдырды. Өзінің де таппайтыны жоқ. Компьютерді камераға жалғады ма, проекторды қосты ма, әйтеуір көп әуреленді. «Қарашы, қарашы, Ақниет!» дегеніне қарасам, терезені қараңғылап, проектор арқылы компьютер мониторын қабырғаға жарқыратып қойыпты. Түрлі танысу сайттарын ашты келіп. Бірте-бірте мен де қызыға бастадым. Маған ұнағанын біліп, құрбым тіпті еркінсіді. Суреті бар жігіттердің бірінен кейін бірін шығарып, «таңда» дейді. Бірінің мұрны, бірінің шашы, енді бірінің беті ұнамай, екеуміз күлеміз келіп. Сынымыздан өткен біреуі жоқ. Төрт мыңнан астам жігіттің суреті бар екен, оның бәрін көріп біткенше қай уақыт? Таня оның да айласын тапты. Желіде отырған жігіттерді «онлайн» түймесімен тауып алды. Жасы біз қатар, аққұба жігіт бірден көзімізге түсті. Бірақ онымен сөйлесу үшін міндетті түрде сайтқа тіркелу қажет екен. Таня өз атынан кірді. Әлгі жігітке хабарлама жолдадық. Көп күттірген жоқ. Орысшаға да жүйрік екен. Әр нәрсені айтып келіп, бір кезде Таняның суретін мақтай бастады. Қыз балаға мақтаудан артық не керек, сонда да ақылдасып, онша еліге қоймай, сабыр сақтадық. Бір кезде жігіт... бір кезде... өзіңіз білесіз ғой, Жұмат... «Егер жігіттің сөзін қабыл алмасаңыз, мұндай сайтта не бітіріп отырсыз?» деп тіпті дөрекі сөйлей бастады. Соңында... ол Таняны балағаттап, ойына келген сөздің бәрін жазып, тіпті жезөкше деп...

Содан кейін мұндай сайттарды жылы жауып қойған сияқты едік. Бірде Таня маған тағы хабарласып тұр. Орағытып-орағытып келіп, сізбен сайтта танысқанын айтты. «Көрдік қой ондай жігіттеріңді» деп бірден сөзді тұжырғым келген. Бірақ құрбым сізді мақтай бастады. «Ол сенің жаныңды жараламайды» деді, «кемтар екеніңді айтпа» деді, ақыры менің рұқсатымды алып тынды. Өзімнің де құштарлығым кенет оянып, «көрсем көрейінші» деп ойладым. Сосын сіз хабарластыңыз. Орысша қинала сөйлеп тұрғаныңызға қарамастан, маған әңгімеңіз ұнады.

Жумат, тагы да кешрм сураймын... Мен өзімді ғана ойлап... Әй, бірақ қыздардың бәрі өзімшіл ғой... Сізбен сөйлескенде, өзімнің екі аяғыммен жер басып жүре алмайтын мұңлық екенімді ұмытып, қиял кезіп, тіпті армандап... Сонда сіздің не ойлағаныңыз жайлы бір рет ойлансамшы... «Ертең мені көрсе, қатты өкінеді-ау», «осы әрекетім ұят-ау» деп бір рет бас қатырмаппын. Сол үшін кешіріңізші...

Жұмат тілін жұтып алғандай үнсіз. Басына ойлар сарт-сұрт келіп, ешқайсысы байыз таппай, санасына тұрақтап қала алмай, келмеске кетіп жатыр, кетіп жатыр. «Әлде Ақниет...» деген баяғы күдігінің расқа шыққанына таңырқау бар. Сөйтсе де, қыздың қасынан кеткісі келер емес. Бірінші рет өзіне қыз атаулының ақтарыла сөйлегенінен бе бұл? Бірінші рет өзінің біреуге қажет екенін түсінгендігінен бе әлде?

— Беры кельнызшы...

Жұмат арбаның жанына отырды. Қыз оның басынан аялай сипады.

— Сіз мен елестеткеннен де көрікті екенсіз, — деді сосын сыңғырлай күліп.

Жұмат өзін билей алар емес. Шашын салалай аралаған қыз саусақтарының жылуы жанына жағып барады. Жерге телміре қарап, осы сәтінің үзілмеуін, жалғаса беруін тіледі.

— Сіз жақсы адамсыз. Екеуміз телефонмен сөйлескен екі ай ішінде бір рет те болса менің жаныма тиетін ауыр сөз айтқан жоқсыз. Мен білемін ғой, сіз менің мүгедек екенімді сездіңіз. Сөйте тұра, менімен сөйлесуден қашқан жоқсыз. Ал мен... ал мен өзімнің ауру екенімді айтсам бітті, сізді жоғалтып алатынымды біліп, бәрін жасырдым. «Сіз білмесе екен» деп тіледім. Шыныңызды айтыңызшы, сіз менің ауыратынымды білдіңіз ғой, иә?

— Жо-оқ, қайдан білейін, Ақниет...

— Қазір біліп, өкініп отырсыз ғой, солай емес пе?

— О не дегеніңіз, о не дегеніңіз? — Жұмат тағат таба алмай кетті. Ақниетті жұбатқысы келді, құшақтап, аялағысы келді. Ұмтыла беріп тоқтады.

— Тоқтамаңыз, тоқтамаңыз. Сүйгіңіз келді ғой мені, тез-тез сүйіп алсаңызшы енді.

Жұмат ақырын ғана Ақниеттің басынан иіскеді. Қатар өрілген шаштарын аялай сипады.

— Сізге көп рахмет! Кө-өп рахмет! Осы екі ай ішінде мен өзімді нағыз адам сезіндім. Біреудің өзіңді іздейтінін білу қандай рахат өзі! Сіз қоңыраулатпай кеткен кездерде, үнсіз телефонға қалай ұрсатынымды білмейсіз ғой сіз!.. — деп Ақниет Жұматтың шашын тағы да салалай бастады.

— Қазір үйден шығып кеткен соң, сіз маған ешқашан телефон соқпайсыз. Жо-жоқ, уәде бермей-ақ қойыңыз, сіз қоңыраулатпайсыз енді. Мен шек қоймасам да, сіз менің нөмірімді термейсіз. Сіз енді мен жайлы ойлауға қорқатын боласыз... Амал не...

Жұматтың көзінен жас парлап кетті. «Күнде телефон соғамын, тіпті, қаласаңыз, күнде үйіңізге де келіп тұрамын» деді алқына. Шын жүрегінен айтты бұл сөзді.

— Жә, жігітке жылаған жараспайды. Мені аямай-ақ қойыңыз.

Жұмат кетерінде Ақниеттің бетінен сүйіп алды. Қалай батылы жеткенін өзі де білмейді. Әкей есіктен шығарып саларда мұның бетіне барлай қарады да, «келіп тұрыңыз» деді жай ғана.

— Келіп тұрамын, келемін! — деді Жұмат сыртқа шыққан соң. Өзіне, әлде Ақниетке айтқаны белгісіз.

***

Шынында да, Жұмат содан кейін Ақниеттің нөмірін терген емес. Ол жайлы ойдан да қашады. Несін айтасың, тіршілік жас жігітті өз ығына үйіріп кетті ғой...



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?