Бастауыш сынып оқушыларының оқу дағдысын тексеруге арналған мәтіндер


Қазіргі бастауыш мектептердегі деңгейлеп-саралап оқыту әрбір оқушының жұмыс қарқынын, қабылдау, есте сақтау, ойлау қабілеттерінің ерекшеліктерін ескеруге мүмкіндік береді. Кез-келген деңгейлеп-саралап оқытудың түпкі мақсаты – оқудың сапасын арттыру. Бірсыдырғы оқу түрлері оқушының оқуға деген қызығушылығының жоғалуына әкеліп соқтырады, сондықтан дауыстап оқу мен іштей оқу, бәсең дауыспен немесе дауыстап оқу, қарқынын жылдамдатып немесе баяулатып оқыту т.б. жұмыс түрлерін алмастырып отыру қажет. Сыныптан-сыныпқа көшкен сайын өзіндік оқудың көлемін ұлғайтып отыру керек, мұнсыз баланың толыққанды дамуы туралы сөз болуы да мүмкін емес.

Осы әдістемелік құрал мұғалімге:

  • оқу тәсілі,

  • түсініп оқу,

  • дұрыс оқу,

  • оқу қарқыны,

  • мәнерлеп оқу дағдыларының қалыптасуын тиімді тексеріп отыруға мүмкіндік береді. Оқу бағдарламасындағы көптеген мәтіндердің өлең түрінде келетінін ескере отырып, шапшаңдыққа оқу дағдысын тексеру барысында өлең түріндегі мәтіндерді де қолданып отырған жөн. Өлең түріндегі мәтіндерді оқыту кезінде өлең оқу ырғағына, дауыс реңкіне, кідіріс қоя білуіне, эмоционалдық бояуына, бейнелі оқи білуіне мән беріледі. Мұндай мәтіндер мұғалімнің қалауы бойынша алынады.

Оқу техникасын тексеру кезінде мұғалім баланың оқу дағдысын, түсініп және дұрыс оқуын, оқу шапшаңдығын, мәнерлеп оқуын біртұтас алуы қажет.

Оқушының түсініп оқуын тексеру кезінде бәрінен бұрын мәтіннің толық мазмұнын, жекелеген сөздердің, сөз тіркестерінің, сөйлемдердің мағынасын түсінуіне көңіл бөлу қажет. Бұл жағдайда мұғалім мәтін соңынан «Мәтін не туралы?», «Басты кейіпкерлерді ата», «Мәтін бойынша ерекше қалған оқиғаны баянда» деген сияқты қысқа көлемді сұрақтармен тексеруіне болады, алайда көп сұрақпен баланы шаршатуға да болмайды.

Кіші мектеп жасындағы оқушылардың мәнерлеп оқу дағдысының қалыптасуының басты көрсеткіші - әр оқу кезеңіне (жарты жылдық, жылдық) байланысты оқу бағдарламасында бекітілген оқу тәсілі. Ең тиімді оқу түрі - сөздерді толық оқу, бұл әсіресе 3-4 сынып оқушылары үшін аса маңызды.

Сабақ барысында оқушылардың мәтінді бірнеше қайтара оқуы оқу дағдыларының жетілуіне мүмкіндік береді. Бұл іріктеп оқыту, рөлдерге бөліп оқу, хормен оқу, тізбектей оқу, іштей оқу, «көзбен оқу» сияқты әр түрлі оқу түрлері арқылы жүзеге асырылады. «Көзбен оқуды» мәтінмен ауызша жұмыс түрлері алдында (мазұндау, жоспар құру, тақырып қою т.б.) қолданған тиімді.

Оқу шапшаңдығы да оқу тәсіліне байланысты. Буындап оқитын оқушылардың шапшаңдығы бір басқа болса, ал тұтас сөздерді оқитын оқушылардың шапшаңдығы бір басқа. Оқу дағдысын тексеру кезінде баланы «тезірек оқы» деп асықтыруға болмайды. Мұндай асықтырудан кейін ол 1-2 сөзді немесе сөйлемді ғана тез оқуы мүмкін, алайда қайтадан сол кезеңдегі өзінің қалыптасқан шапшаңдығына түседі.

Егер оқу дағдысы оқу жылының басында (10-15 қыркүйекте) тексерілетін болса, оқу шапшаңдығының көрсеткіші өткен сыныптың соңындағы деңгейде болуы тиіс.

Оқу дағдысын тексеру кестесі

Сыныбы

І жарты жылдық

ІІ жарты жылдық

1

15-20 сөз және белгі

20-25 сөз және белгі

2

35-45 сөз және белгі

45-55 сөз және белгі

3

55-65 сөз және белгі

65-75 сөз және белгі

4

75-85 сөз және белгі

85-95 сөз және белгі

Оқу дағдысын тексеру кезінде оқушыны жайдары жүзбен қабылдап, қолайлы жағдай жасау оқушының мәтінді қалыпты жағдайда аспай-саспай түсініп оқуына, оқу сапасының артуына мүмкіндік береді. Оқушы тарапынан жіберілген қателіктер оқу материалының мазмұнын дөрекі бұрмалауға апармаған жағдайда мәтін оқылып біткеннен кейін түзетіледі.

Мәнерлеп оқуын бағалау кезінде сөздің анықтылығына, нақытылығына, кідірістің сақталуына, логикалық екпіннің қойылуына, тиісті дауыс ырғағына келтіріп оқи білуіне, диалогтардың дұрыс оқылуына мән беру керек. Мәнерлеп оқу – оқудың ең жоғарғы түрі. Оқушылардың мәнерлеп оқу дағдыларын қалыптастыру үшін мұғалім сабақ үстінде төмендегідей жұмыс түрлерін жүргізіп отыруы тиіс:

  • мәтіндегі (үзіндідегі) қай қатарларды дауыстап, қуанышты, ал қай қатарларды қалыпты жағдайда, жай, мұңды оқыр едің? Неге?

  • нағыз батырдың өзін қарсы алып тұрғандай болып оқуғы тырыс

  • тыңдармандарымыз біздің кейіпкерлеріміздің әрқайсысының ерекшеліктерін аңғаратындай дәрежеде оқуға, асықпай оқуға тырыс;

  • бірнеше сөздерді топтап оқуға, әңгімедегі (аңыздағы, өлеңдегі) негізгі ойды беретін сөйлемдерді дауыс ырғағымен бөліп оқуды үйрен және т.б.

Бастауыш мектепте іштей оқу дағдыларын қалыптастыру да көзделеді. Дауыстап оқу арқылы материалды оқушы ғана емес, тыңдаушы да қабылдайды. Іштей үндемей оқуға тек оқып жатқан бала қатысады, алайда түсіну, есте сақтау және оқығанын меңгеру іс-әрекеті жақсара түседі. Іштей оқу – бұл дауыс шығармай көзбен оқу. Сыбырлап және еріндерін жыбырлатып оқу дауыстап оқудан іштей оқуға көшу кезеңінің көрінісі болып табылады және іштей оқуға жатпайды.

Егер іштей оқу шапшаңдығы дауыстап оқу шапшаңдығынан аспаса, онда іштей оқу өз дәрежесінде қалыптаспаған деген сөз. Іштей оқу дауыстап оқуға қарағанда 20-40 сөзге дейін артық жүретіні белгілі, сондықтан оқудың бұл түрін қадағалап отырудың да маңызы зор. Мұндай тексеруді 2-сыныптан бастап жүргізген жөн.

Іштей оқуға көлемді, мазмұны жағынан қызықты, тілі анық, балаларға онша таныс емес шығармаларды оқытқан абзал. Іштей оқуды тексеру әдісі дауыстап оқуды тексеру әдісімен бірдей. Іштей оқу аяқталғаннан кейін оқушының мәтіннің негізгі мазмұнын қаншалықты меңгергені тексеріледі.

Мұғалімге көмек ретінде оқу дағдысын тексеруге арналған кесте ұсынылып отыр. Бұл кестені барлық 4 жыл көлемінде пайдаланған тиімді. Оқу дағдысын жетілдіруге бағытталған жұмыс барысында жүйелі тексеріп қана қоймай, тексеру нәтижесін арнайы дәптерге тіркеп, жіберілген кемшіліктерді жоюға бағытталған жеке жұмыс түрлерін жүргізіп отыру қажет. Мұғалім тек әр жеке оқушының оқу деңгейін біліп қана қоймай, жалпы сыныптың оқу деңгейін де білуі қажет. Сондықтан әр тексеруден кейін сынып бойынша кесте жасалады.

Оқу дағдысы

Оқушылар (саны)

Тәсілдері:

  • буындап оқиды

  • буындап және толық сөздерді оқиды

  • толық сөздерді оқиды

. . .

. . .

. . .

Дұрыстығы:

  • қатесіз оқиды

  • қате жібергендер

. . .

. . .

Шапшаңдығы:

  • талаптан төмен

  • талапқа сай

  • талаптан жоғары

. . .

. . .

. . .

Мәнерлеп оқуы:

  • Мәнерлеп оқыды

. . .

Оқу дағдыларын жетілдіруге арналған ұсыныстар:

. . .

Әр оқушының оқу дағдысы жеке тексеріледі. Бұл кезде секундомер пайдаланбаған жөн, минуттық тілі бар сағат пайдалану керек. Мұғалім оқыту барысында уақытты оқушыға білдірмей және сағатты оқушы оқуды бастағаннан кейін белгілегені жөн, өйткені көптеген оқушылар оқуға дайындыққа көп уақыт жібереді, бірінші қатарын іздейді, зейінін тұрақтандырады, т.б. Төменгі нәтиже көрсетіп жүрген оқушылар бойында сенімділік ұялатып, көңілдерін көтеріп, көмек көрсету қажет, оқуына жайдары жүзбен сипаттама беріп, жақсы жақтарына баса көңіл аудару қажет, содан кейін кеткен кемшіліктері ескертіледі. Әсіресе психо-физиологиялық кемшіліктері бар кекеш, көзінің көруі нашар, шамадан тыс баяу балалар ерекше бақылауда болуы тиіс. Қорытынды шығару кезінде бұл ескеріледі. Мұндай оқушылардың оқуын бақылауды сабақ барысында жүргізуге де болады. Оқу дағдысын тексеру оқушыларға таныс емес мәтіндермен жүргізіледі. Өзімнің зерттеу жұмысымда 3 сыныпқа сабақ бергендіктен маған осы сыныппен жұмыс жасап, зерттеген оңайрақ болды.


3-сыныпты бітірген оқушы:

  • ауыз әдебиеті үлгілерінің жанрларын (аңыз, ертегі, мақал – мәтел, жаңылтпаш, айтыс, шешендік сөздер, батырлар жыры, айтыс өлеңдер т.б.) ажырата алуды;

  • шығарма авторларын, олардың көзқарасын;

  • авторы арқылы шығармаларын атауды;

  • көлемі 200-250 сөзден тұратын мәтінді толық және қысқаша әңгімелей алуды;

  • көркем шығарма жанрларын (әңгіме, өлең, қара сөз т.б.) ажырата алуды;

  • өлең жолдары мен шумағын;

  • шығарманың тақырыбы мен басты кейіпкерлерін атауды біледі.

  • Мысалдағы аллегорияны;

  • көркем шығарманы өмірмен байланыстыра білуді;

  • мәтінді тапсырмаға сәйкес теріп оқуды;

  • мәтіндегі белгілі мен белгісізді түсінеді.

  • Мазмұндама мен шығарма жазуды (30-35 сөзден тұратын);

  • ата – аналарына құттықтау, достарына хат жазуды;

  • жыл аяғына дейін 4-5 тақпақ, 4 - 5 өлең, 3 - 4 үзінді, 4 - 5 жұмбақ, 5 - 6 мақал-мәтелді жатқа білуді;

  • мәтінге жоспар құруды;

  • мәтін бойынша сұрақтар қоя алуды меңгереді.



Осы мәтіндер бойынша 3 сыныпқа арналған дауыстап оқу дағдыларын тексердім.

БАЛАЛАР МЕН ҒАЛЫМ

Екі бала келе жатып, бір кітап тауып алыпты. Бірінші бала:

  • Бұл кітап менікі, неге десең, мен сенен бұрын көрдім, - дейді. Екінші бала:

  • Жоқ, бұл кітап менікі, неге десең, мен сенен бұрын жерден көтеріп алдым, - дейді.

Екі баланың таласының үстінен шыққан ғалым оларға:

  • Сендер хат танисыңдар ма? – депті. Балалардың екеуі де шынын айтып:

  • Жоқ, танымаймыз, - дейді. Сонда ғалым:

  • Кітап сендерге не керек? Бұл кітапты мен алайын. Қай бұрын оқу білгенге беремін, - депті.

(71 сөз)



ҮШ АРҚАР

Ертеде бір күні аңшылар иттерін ертіп, орманға аң аулауға аттанды. Олар осылайша із кесіп, ұзақ жүреді. Кенет бір алаңқайда алдарынан ғажайып көркем үш арқар шыға келеді. Иттер со арада тап береді. Арқарлар тұра қашады. Соңдарынан аңшылар шаба жөнеледі. Ақыры сиқырлы жануарлар көкке қарғып, жұлдыздар мен кометалардың ара-арасымен заулайды. Иттер де қалыспай, ілесе аспанға көтеріледі. Сол кезден бері олар арқарларды қуалап жүр деген аңыз бар. Халық арасында осы шоқжұлдыз Үшарқар таразы атауымен танымал.

(73 сөз)



ЕКІ ДОС

Серік пен Берік – тату дос. Олар үйлеріне келсе, Беріктің әкесі баласын тосып отыр екен.

- Кел, балалар, - деді жұмысқа қамданып. – Күннің ашық кезінде бітіріп тастайық, шешең дәрігерге кетіп еді. Қап, кірпіш әперіп тұратын бір адамның жоқтығын қарашы! Әзірше өзіміз амалдай тұрайық.

- Кірпіш әперетін кісі бар, әке, - деді Берік қасындағы баланы нұсқап. – Мына Серік көмектеседі.

Абдолла ағай Серікке қарады.

  • Мен көмектесейін, - деді Серік өз ниетін білдіріп.

  • О, міне азамат! – деп қауынды Абдолла ағай. – Достар осындай болады! Рақмет.

Ж.Мұсаев

(75 сөз)



ЖОЛДАСТЫҚ КЕЗДЕСУ

Дулат мектептің "Дауылпаз" деп аталатын аяқдоп командасының капитаны әрі орталық шабуылшысы. Олар бүгін стадионда көршілес ауылдың "Жігер" командасымен жолдастық кездесу өткізбек.

Кездесу "Дауылпаздың" дүркін-дүркін шабуылымен басталды. Бірақ теңбіл доп қақпаға дарымады. Қарсылыстар қорғанысқа көбірек көңіл бөліп, шабуылға сирек шығады.

Дулат қарсылыстарының қорғаныс шебін жарып өту үшін біресе оң қанатқа ойысып, түрлі әдіс-айла қолданып көрді. Алайда доп қақпашының тосқауылына ұшырай берді.

Есеп ашылған жоқ, ойын тең аяқталды. Кездесулерде қақпаға бір доп енгізбей қоймайтын Дулаттың бүгін жолы болмады.

(78 сөз)



ЕКІ БҰҒЫ

Бір күні тауда жайылып жүрген екі бұғы шөпке таласып қалыпты.

  • Мен жеймін, мен бұрын көрдім, - депті бірі.

  • Мен жеймін, мен бұрын келгенмін бұл жерге, - депті екіншісі.

Екеуі жанжалдасып, бірін-бірі сүзе бастапты. Кейін шегіне түсіп, сартылдата кеп мүйіздесе сүзісіпті. Аздан соң тіпті қызық болады. Ілініскенше әбден сүзіскен көрінеді. Бір кезде мүйіздері ілінісіп қалған бұғылар бірінен-бірі ажырай алмай әрлі-бері тартысыпты.

Мұны өтіп бара жатқан аңшылар көріп қалыпты да, қуанып, дереу келіп бұғыларды арбасына салып, үйлеріне қарай жөнеле беріпті.

(79 сөз)

ШОЛПАН

Іңір қараңғылығы түскенде аспаннан Шолпан жұлдызын – Венера планетасын көруге болады. Ежелгі гректерде Венера махаббат құдайы деп саналған. Бұл жұлдызда Бақташы планетасы деп те атаған. Шолпан ғашықтарды желеп-жебейді, оларға бір-бірінен хабар жеткізеді.

Шолпаннаң қыста тууы қатты суықтың нышанын білдіреді. Соны алдын ала ескертерде ол айрықша жарқырап көрінеді екен. Осыған байланысты оның Тұл қатын деген тағы бір аты бар.

Ескі наным бойынша, Венера планетасын әлі тумаған адамдардың жандары мекендейді деген ұғым бар. Оның құпия жарығына адамдардың құмар болуы сондықтан шығар.

(80 сөз)



ӘДЕПТІЛІК

Бір жұрттың үлкен бір оқымысты кісісі екінші бір елдің байымен сөйлесіп тұрғанда, қасынан бір жарлы кісі өтіп бара жатып, оқымыстыға иіліп сәлем береді. Оған қарсы әлгі оқымысты да онан да төменірек басын иіп, қайтара сәлем береді. Сонда қасындағы бай тұрып:

  • Тақсыр, осынша біліміңіз бар ғалымсыз, сүйте тұра осындай бір бейшараға соншама бас иіп, неге сәлем бердіңіз? – деп сұрапты. Сонда ғалым кісі тұрып:

  • Ешбір ғылым-білім үйренбеген кісі сонша иіліп, әдептілігін көрсеткенде, менің оған әдепсіз болып көрінгенім лайықсыз болған болар еді, - депті.

(83 сөз)


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?
Пікір жазу