Болашақта кім болам?

 Болашақта кім болам?

Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласы,
А. С. Макаренко атындағы № 6 жалпы орта білім беретін мектебінің
5 «Г» сынып оқушысы Өтепкалиев Нұржан Ерболұлы 11жаста
Қатысатын бәйгесі: шығарма конкурсы (шығарма жазудан)
Тақырыбы: «Болашақта кім болам?»
Қазақ тілі пәнінің мұғалімі: Ракишева Миргуль Ерболатовна

Мен Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласындағы А. С. Макаренко атындағы №6 жалпы орта білім мектебінің 5 «Г» сыныбында оқимын. Өзім орыс мектебінде білім алғаныммен қазақ тілінде еркін сөйлеймін, өйткені, қазақ тілі – менің қаныммен бірге біткен өз ана тілім әрі біз үйде отбасымызбен тек қазақ тілінде сөйлесеміз. Мен сол үшін мақтанамын, өйткені әр адам өз ана тілін жете білу керек деп ойлаймын. Бір күні қазақ тілінен сабақ беретін мұғалімім осы тақырыпта шығарма жазуды тапсырғанда, мен қуана келістім.
Иә, әр адамның арманы болады ғой, менің де балалық армандарым өте көп. Армансыз адам болмайды. Арман адамға қанат бітіреді. Мені өскенде кім боламын, қандай мамандықты таңдаймын деген сұрақтың толғандыратыны рас. Мамандық таңдау мектеп қабырғасынан басталады. Мамандық таңдау - өміріңнің бір кірпішін дұрыс қалау. Мамандық таңдау деген өзің айналысқың келетін жұмысты таңдау ғана емес, өзің араласқың келетін ортаны да таңдау. Қазақ"Адам екі түрлі жағдайда қателеспеу керек: бірі - жар таңдағанда, екіншісі – мамандық таңдағанда" деп бекер айтпаса керек.
Әсемпаз болма әрнеге,
Өнерпаз болсаң арқалан.
Сен де бір кірпіш дүниеге,
Кетігін тап та бар қалан,- деп, Абай атамыз айтқандай, өмірден өз орнымызды тауып, адал еңбек ету әр адамның арманы деп ойлаймын. Әрине, әр адамның да таңдауы әр түрлі. Бірі мұғалім болса, екіншісі – дәрігер, кейбірі биші, әнші мамандықтарын таңдап жатады. Менің ойымша, мамандықтың жаманы болмайды, тек адам баласы өзіне ұнайтын, өзі жан - тәнімен қалайтын мамандықты таңдау керек сияқты. Мамандық таңдауда қателесуге болмайды, өйткені әрбір адамның болашағы таңдаған мамандығына байланысты болмақ. Адам өзі таңдап алған мамандығын жақсы көріп, шын пейілмен атқарса ғана, сол еңбегінің жемісін көреді. Кейбір кішкентай балалар мен өскенде футболшы болам, жүргізуші болам деп армандап айтып жатады ғой. Ал мен кішкентай кезімнен болашақта тек дәрігер боламын деп армандап келемін. Өйткені, дәрігер болу – менің арманым. Болашақта дәрігер болып, адамдарға көмектескім келеді. Адамдардың денсаулықтарын тексеріп, емдеп, олардың жүздеріндегі қуанышты көргім келеді. Білімді, мейірімді дәрігер болып, олардың өмірге деген құлшыныстарын арттырғым келеді. Әрине, дәрігер болу – жауапты мамандық. Бұл мамандықты таңдай отырып, сен адам өмірі үшін үлкен бір жауапкершілікті мойныңа аласың. Дәрігер болуды үлкен мәртебе деп білемін. Менің қолымнан дәрігер болу келеді, мен бұл арманыма қол жеткізуге тырысатын боламын. Ол үшін мен ең алдымен сабағымды жақсы оқып, медициналық университетке түсуім қажет. Меніңше, дәрігер болу менің қолымнан келеді. Ең бастысы, адам еңбекке қабілетті, зейінді болуы қажет және оның мамандығы өзін қоршаған ортаға маңызды, бағалы үлес қосатындай болуы шарт. Өз ісіне сенімді, мамандығын сүйіп таңдаған адам ғана жетістікке жетеді. Адам еңбегінен қуаныш таба білсе ғана, шабыты арта түседі. Зор ықылас, шабытпен істелген іс биігіне жеткізетін қанат. Мен өзімнің қалаған маман иесі боламын! Мен өзіме сенемін!...


Атырау облысы, Құрманғазы ауданы,
Ганюшкин селосы, Абай атындағы орта мектебінің
4 «В» сынып оқушысы Халуова Аружан Қайратбекқызы 9 жас
Қатысатын бәйгесі: шығарма конкурсы (шығарма жазудан)
Тақырыбы: «Болашақта кім болам?»
Сынып жетекшісі: Нсанова Ақжамал Меллятқызы

«Болашақта кім боламын?» деген сұрақ бәрімізді мазалайды деп ойлайын. Кейбіреулері оның жауабын тапқан шығар, ал кейбірі әлі таба алмай жүрген болар? Кейде адам баласы өзі қалаған мамандығына қол жеткізе алмай да жатады.
Адамдар мамандықты жүрегінің қалауы бойынша таңдауы керек, өйткені әрбір адамның болашағы таңдаған мамандығына тікелей байланысты. Өз ісін жақсы көріп, үлкен жауапкершілікпен атқарғанда ғана бақытты, жұмысына сіңімді болады. Ал жүрегі қаламаған мамандық иелері көп қиындықтарға кездеседі.
Бұл әлемде мені қызықтырған бір мамандық бар еді. Ол - мал дәрігері. Менің атам атақты мал дәрігері болған. Ел игілігі үшін жұмыс жасап, халқынан үнемі алғыс алған. Көптеген дәрежелерге қол жеткізген.

Бірде менің мектепке бармаған бір кезімде үйге үлкен апайым, үлкен ағаларым жиналды. Өз араларында атамды әңгімеледі. Менің түсінгенім, атам мезгілінен қалдырмай малдарды кәдімгі адамдарды еккендей егіп отырады екен және көрші атаның ауырып тұрған жылқысын, тағы бір әжейдің сиырын емдеп жазыпты. Міне, қызық! Адам болса бір сәрі, сөйлейтін тілі бар, қай жері ауырып тұрғанын айта алады, ал жылқы мен сиырдың қай жері ауырып тұрғанын қайдан білді? Мен аң - таң болдым. Сол кезде менің көз алдыма ертегідегі жылқы мен сиыр елестеді. Олар менің атама келіп, кәдімгі адамдарша тіл қатып, қалай ауырып тұрғандарын айтып тұрғандай болды. Сол кезде мен мал дәрігері болам деп шештім. Себебі, менің балалық санамда мал дәрігерлік оқуда барлық жан - жануарлардың тілін үйретеді деген ой қалыптасып қалды. Өсе келе олай емес екенін, яғни малдың, жан - жануарлардың тілін түсіну үшін жануарлар әлеміне ену керек екенін, оларды зерттеу керек екендігін түсіндім.

Қазір мен төртінші сыныпты аяқтап қалдым. Ақыл - ойым, санам бұрынғыдан өсті деп білемін. Мен енді балалар дәрігері болуды армандаймын. Бұл мамандықты таңдау себебім: мен денсаулығыма байланысты дәрігерге көп қараламын. Әр кез балалар дәрігерлерінің маған мейірімділікпен қарап, жылы сөйлегендері менің ауырғанымды ұмыттырады. Олардың күлімсірей қарағандары да өз мамандықтарына үйлеседі. Мен дүниеде аналардан кейінгі мейірімді жандар - балалар дәрігерлері деп білемін. Және де қазіргі таңда дәрігерлік мамандық ең қиын болғанымен, ең жақсы мамандықтың бірі. Сондықтан да мен балалар дәрігері болуды біраздан бері армандап жүрмін. Денсаулығы төмендеген балаларды емдеп жазсам, олардың өмірге деген құлшынысын арттырсам менен бақытты адам болмас деп ойлаймын. Білімді, мейірімді дәрігер болып, емделушілердің ризашылығына ие болу және дәрігерлік мамандықтың дәрежесін көтеру – ата - анамның да арманы.

Әр адам өзі қалаған мамандығының иесі болуы үшін кішкентай кезінен соны санасына сіңіріп, соған қарай бейімделуі керек. Мамандық таңдау деген өзің айналысқың келетін жұмысты таңдау ғана емес, өзің араласқың келетін ортаны да таңдау. Адам баласы мамандық таңдауда қателеспегені дұрыс. Осы сөзді мен қазірден бастап есіме сақтаймын. Дәрігерлік оңай мамандық емес. Оның артында адамның өмірі тұр. Мен дәрігер болу үшін сабағымды үздік оқып, жоғарғы оқу орнына түсуім керек. Одан соң мол тәжірибе жинақтап, аянбай еңбек етемін. Өз ойымды іске асыру үшін қазірден бастап талпынудамын. Болашақта адам дәрігері болсам да, мал дәрігері болсам да үлкен жауапкершілікпен атқаратын боламын.
Әлемде өзі қаламайтын мамандық иесі болып жүрген қаншама адам бар, бірақ өз жұмысын жанымен сүйіп істейтін адамдардың да саны аз емес. Балалар, мамандық таңдауда жаңылмай, болашақта өз өміріміздің бір кірпіші болып қаланайық.


Жолаушы Ғалымбек 9 жаста

Маған «Болашақта кім боламын?» тақырыбына шығарма жазуға мұғалім тапсырма берді. Әрине, ойыма бірден ертең есейіп ер жеткенде, қандай мамандық иесі болатынымды қалай армандап жүргенімді жазатыным оралды. Ес біліп жан – жағын танып келе жатқан әр баланың қиялы «Кім болғым келеді?» деген сұраққа әр кезде әрқалай жауап беретін сияқты көрінеді. Өйткені мен өсіп келе жатқан бұл заман - дамыған заман және менің кіндік қаным тамған туған елім егемендігінің арқасында бәсекеге қабілетті елдермен иық тіресе дамып келе жатқан ел емес пе? Ендеше «Болашақта кім боламын?» деген сұраққа мен ең алдымен адамгершілігі мол жақсы адам, білімді оқушы, елімнің патриоты болғым келеді деп жауап бергенді жөн көріп отырмын. Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алынып жатқан қазіргі уақытта мәдениетті елдердің озық өркениетінен үлгі алу арқылы көпті көріп өсіп келеміз. Қазіргі таңда оқу оқып үйренемін, белгілі бір кәсіппен айналысамын деген жастарға жол айқара ашық екен. Сондықтан әр адам тек ерінбей еңбек етуі қажет.

Мысалы, менің отбасымда әкем ағаштан түйін түйген шебер, ал анам мұғалім болып жұмыс атқарады.
«Болашақта кім?» тақырыбында біздің отбасымызда әңгіме жиі қозғалады.
Менің ата – анамның мамандық таңдау туралы сөз қозғауы өздерінен басталады.
Мысалы анам жоғары білім алу арқылы мұғалім атанса, әкемнің жолы бір бөлек.
Менің әкем орта білімді адам. Яғни, суретші және безендіруші мамандығын игерген. Алайда оның қазіргі кәсібі - ағаш шебері. Қолөнершілікпен айналысатын әкем бұл кәсіпті оқымаған, оның айтуынша, ол шеберлік атадан балаға мирас болып келе жатқан кәсіп көрінеді. Менің атам, арғы атам ағаш шебері және ұста болған екен.

Бір кездері арғы атамның ұсталық шеберлігін бағалағандықтан, оны тіпті сонау Мәскеуге кремльге жіберген екен. Әкемнің аталарымның шеберлігі жайында айтқан әңгімелері мені қызықтырады. Ал әкемнің қазіргі таңда ағаштан түрлі бұйымдар жасағаны менің қызығушылығымды тіпті арттыра түсті. Әрине, меніңше, бұл қызығушылық маған қанмен дарып келіп тұр деп ойлаймын. Сондықтан мен болашақта қолөнершілікпен айналыссам деймін. Әкем ағашты бағындыра алады және суретті шебер салады. Оның жасаған әр заты сұранысқа ие. Мен әкем сияқты шебер болғым келеді. Өйткені оның қолынан шыққан бұйымдары қайталанбайтын өнер туындысы. Менің әкем мені қазір ақырындап өзінің білгеніне баулуда. Баули отыра болашақта бір маман иесі болу керек екенімді айтады. Қазіргі таңда қолөнеріңді дамытуға мүмкіндіктер жасалуда және сол үшін түрлі оқу орындарына түсіп, жоғары білім иесі бола аласың деп ойлаймын. Тіпті шебердің қиын еңбегін жеңілдету үшін түрлі құралдар пайда болуда.

Сол құралдармен жұмыс жасай білу үшін де білім керек емес пе? Тағы бір кезекте шебер болу үшін адамға шексіз қиял керек деп ойлаймын. Ал сол үшін мен білімімді нығайту керекпін. Қазақта «Шебердің қолы ортақ» деген сөз бар. Шебер болған адамның қолы жан – жақты епті болады екен. Ұшқыр қиялының арқасында қолының ептілігі көп жағдайда өзінің ыңғайын көрсетіп жатады. Мен ендігі кезекте өлең шығарумен де айналысамын. Анам кейде оқып: «Барлық ақындар осылай бастаған, ақырын жаза бер, сосын қаламың ұштала түседі»,- дейді. «Қай маман иесі болсаң да, сол ісіңнің шебері бол»,- деген сөздер біздің үйде үнемі айтылады. Тағы да айтатыным біздің үйде менен кейінгі інім мен қарындасым да шебер болатындықтарын айтады. Сонда қарап отырсам, адамның кім болатындығына ата – бабасының ерекше қабілеттері де әсер етеді екен. «Тұқымында сондай адамдар болған» деген сөздер сондайды айтады – ау деп ойлаймын.
Қазір мен өзімше арман қиялында жүрген сияқтымын, бірақ арманыма жету үшін тырысып жүрмін.

Мәңгі лаулап қалу үшін ғаламда,
Үлкен бақыт табу үшін ғаламда,
Үлкен болып қалу үшін ғаламда,
Үлкен арман керек екен адамға.
Бұл өлең шумақтарын Мұхтар Шаханов атамыз бекер айтпаған шығар. Тек биік арман ғана адамды өз мақсатына жеткізеді. Ал адам өзінің қамшының сабындай қысқа өмірінде мамандық таңдауында қателеспесе, ол өмірінің мәнді де сәнді болғаны деп түсіну керек сияқты.


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?