Ілияс Жансүгіров "Құлагер"

 Ілияс Жансүгіров "Құлагер"


Ақын Ілияс Жансүгіровтің өнер тақырыбына жазылған көрнекті поэмасының бірі – «Құлагер» қазақ халқының әйгілі өнерпазы, ардагер ұлы Ақан серінің өміріне арнады. Ақан сері – XIX ғасырдағы қазақ елінің рухани мәдениетінің тарихынан елеулі орын алатын белгілі өнер қайраткері. Ол дарынды композитор, ақын, әнші. Өзі өмір сүрген заманның әрқилы мәселелерін айқын өнер тілімен көрсете білген оның әдеби, музыкалық, әншілік еңбектері жайлы көптеген ғылыми-зерттеулер бар. Сол еңбектердің бәрінде де Ақан серінің асқан өнерпаздығы, халықтың рухани азығы болған тамаша поэтикалық, музыкалық шығармалар бергені айрықша атап көрсетіледі.

Поэмадағы әр көрініс, әр оқиға өз орнында, ақынның құдіретті шеберлігімен олардың бәрі табиғи бірігіп, үлкен бір жарқыраған тұтас мүсінге айналып кеткен. Бұл поэманың сюжетін, композициясын құрудағы ақынның үлкен ұсталығын байқатса керек.

Ақын бас кейіпкер өмірін бейнелегенде поэма жанрының шеңберінен аспай, осы жанрдың адам образын мүсіндеудегі көркемдік мүмкіншілігін белгілі дәрежеде ұтымды пайдаланғанын көреміз. Ол, ең алдымен, оқушы қауымды Ақан серімен біраз таныстырып өтеді. Бұл ретте ақын Ақан серіге кең көлемде мінездеме берген. Сол мінездеме арқылы Ақан серінің ұнамды тұлғасы анықтала бастайды.

Ақан мен Батыраш айқасының нәтижесі поэманың соңында аян болады. Зұлым Батыраш өзінің жендетін жұмсап, бәйгеден озып келе жатқан Ақанның Құлагерін қанға бояп өлтіреді де, өз дегеніне жетеді. Ақанның жанын жаралап, өшпес қайғы-қасіретке көміп тастайды.

Ежелден келе жатқан зұлымдықтың бұқпантайлап істейтін қанды әрекеті осылай болатын-ды. Ақан да сол жауыздықтың қанды шеңгеліне іліне барады.

Өзінің жар астынан бұғып тұрып істеген қастандығын мойындамай жалтарған, көлгірсіген, оның үстіне ат бәйгесін алмақ болып тырысқан Батырашқа сол жердегі халық дүрсе қоя беріп, қарсы шығады.

Поэманың тіл байлығы төтенше. Өзге поэмаларындағыдай, мұнда да ақын еркін төгілген, образды бейнеге бай құнарлы тілімен оқушыны бірден баурап алып, бастан-аяқ ғажайып эстетикалық ләззатқа бөлеп тастайды. Мұндағы ұмытылмас сұлу картиналар, айқын әдемі образдар, шындықтан туған романтикалық леп, бұлақша сылдырлаған нәзік лирикалық сезім, серпінді, кең, эпикалық құлаш, балы сорғалаған құнарлы бай тіл, ұйқасы сыңғырлаған кәдімгі он бір буынды қара өлеңнің мінсіз-мүлтіксіз үлгілері «Құлагер» поэмасын шын мағынасында поэзияның «сұлу сарайы», Жансүгіров шығармашылығының биік шыңы екеніне толық дәлел бола алады.

Д.Мәсімхан


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?
Пікір жазу
Пікірлер 4
  1. ҚҰЛАГЕР поэма толық мазмұны
    6 + 6 -
    3.І.Жансүгіровтің «Құлагер» поэмасындағы әлеуметтік-қоғамдық мәселелерді сипаттап жазыңыз.

    Қазақ әдебиетіндегі шоқтығы биік ақындардың бірі де бірегейі І.Жансүгіров. Ақынның өнер тақырыбында қалам тартқан шығармаларының бірі – «Құлагер» поэмасы. Ақан серінің өміріне арналады. Құлагер – Ақан үшін жан досы, сырласы, мұңдасы, жол серігі еді.

    Серінің атын асқақтатқан ең әуелі жомарт табиғат тарту еткен сан қырлы талант болса, екіншісі Ақан есімімен қатар аталатын атаұты пырағы – Құлагер еді. Ол астындағы атын бейне бір туған баласындағы бөбектейді. Аламан бәйгенің алдын бермей даңқы бүкіл Арқаға тараған Құлагер Сағынайдың асында қастандықпен өлтірілгенін білеміз.

    Осы бір қарабет қастандық ақынның жүрегін жаралайды. Құлагердің басын құшақтап: «Құлагер, әкең – тұлпар, шешең – сұңқар...» деп жоқтау айтады. Ақаннан Құлагерді айырған адам баласының қара ниетінің нәтижесі. Бұл жерде іштарлық, көреалмаушылық сияқты қасиеттердің сол заманның да басты жауы болғанына көзіміз жетеді. «Құлагер» поэмасы бір ғана жүйрік тұлпарға арналмаған. Мұнда әділетсіздікке деген Ақан серінің ашуы жатыр.

    Құлагердің жүйрік, нағыз сәйгүлік болуы көптің ішіне іштарлық құртын түсіргені белгілі. Сол замандағы әлеуметтік мәселені қозғайтын болсақ таяқтың бір ұшы осыған келіп тиеді. Бұл тек сол заманның ғана емес адамзат баласының тарихында әр кезде басты мәселе болатыны анық.

    «...Тірегі көңілімнің бәйтерегім, Бұл жерге қалайша құлап едің?» - деген жолдарды оқып отырғанда, Ақан серінің жанына жара салған күйзелісті басып тығырыққа тірелген ауыр да, азапты сәттердің шыны мен сырына қаныға түсеміз. Адам баласына айтатын жоқтауды Құлагерге айтқызған ғасырдың қаталдығы ма, әлде адамзат атаулының зұлымдығының шексіздігі ме? Менің ойымша, адамдардың пендешілігінен. Ал адам баласы пендешілікке салынбай ақыл мен жүрегінің үнімен жүрсе ешқашан ақ жолдан адаспас еді. Бұл жоқтаудан Құлагердің сері өміріндегі орнына ғана емес, ақынның жылқы малына деген ерекше құрметінің куәсі боламыз.

    Қорыта келгенде, бұл оқиғаға қанық әрбір адам алты алаштың арқалы азаматы, өз заманында әділетсіздіктің құрбаны болып, рухани дағдарысқа ұшырағанына қапаланамыз. Барлық адамзат баласы пейілін кеңге салып, жүрегін мейірімге толтыратын болса мұндай мәселелер болмас еді. «Қолда бар алтынның қадірі жоқ»- демекші кез келген нәрсенің қадірін білейік.

    4.М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы ХІХ ғасырдағы қазақ өмірінің көркем энциклопедиясы екендігін талдап жазыңыз.

    Мұхтар Әуезов – әр түрлі әдеби жанрларда терең қалам тербеген жазушы. Оның аса көрнекті шығармаларының бірі – «Абай жолы» роман-эпопеясы. Бұл романның қоғамдағы орны қандай?

    «Абай жолы» - қазақ әдебиетіндегі тұңғыш роман-эпопея. Реализмнің нағыз жетілген кезінде туатын роман-эпопея жанрының қазақ әдебиетінде пайда болуы аса елеулі мәдени-көркемдік құбылыс болды. «Абай жолында» ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ қоғамының шындығы мейлінше кең көрсетілді, қаһармандардың жеке өмірі халық тарихындағы күрделі өзгерістермен байланысты берілді. Романда таптық, әлеуметтік қайшылықтар мен тартыстар, Абай сынды ақын қайраткердің өмір жолдары дәуірдің ұрымтал, кесек оқиғаларына тығыз қатыстырыла суреттеледі. «Абай жолында» қаһармандар өмірінің сан түрлі кезеңі, байланыстары, әулеттер ауысуы, мінездердің жасалу, толысу тарихы кең бейнеленеді. Тарихи дәуір келбетін көрсететін типтердің көптігі, олардың дүниетаным, наным-сенім ерекшеліктерінің берілуі,ескі мен жаңаның күресі дәуірлік түбірлі бетбұрыстармен астастырыла көрсетілуі «Абай жолының» эпопеялық сипатын белгілейді. Абай өмір сүрген қоғамның өзекті тартыстарв мен күрестерін, ізгілік пен зұлымдықтың шайқасын, көркем тұлғалардың өткендегісі мен бүгінгісін кеңінен қамтып, болмыстың екшелеген, жинақталған шындығын айту міндеті роман-эпопеяда зор шеберлікпен шешім тапты. «Абай жолында» ұлы ақынның жекебастық іс-әрекеттері дәуірдің көкейкесті мәселелерімен, нәсілдер, таптар, халықтар таңдырларының тоғысуымен ойластырыла баяндалды. Роман-эпопеяда оқиғалардың ағысы, жеке адамдар тағдырының қоғамдық тіршілікке тәуелділігі, тұлғалардың даралық келбеті, зұлымдықты әшкерелеу мен ізгілікті мадақ ету өмір шындығына сәйкес көрсетіледі.

    «Абай жолы» роман-эпопеясы – қазақ әдебиетінің ғана емес, бүкіл кеңес әдебиетінің де дүниежүзілік даңққа бөленген ұлы туындыларының бірі. Шығарма елуден артық тілге аударылып, әлемнің барлық құрлықтарына тарады. Көптеген елдің адамдары бұл романнан қазақ халқының жартығасырлық өмірінің толық суретін, әлеуметтік жағдайын, мәдениетін, тұрмысын таныды.

    Қорытындылай келе, қазақ әдебиетіне М.Әуезов дәстүрінің игі ықпалы әр тараптан көрініп отырады. Өткендегі тарихи қайраткерлер, әсіресе шығармашылық адамдары жайында шығарма жазған әрбір қаламгер оның құдіретті талантының шарапатын сезетіні шүбәсіз.

    5.Ж.Аймауытовтың «Ақбілек» романындағы саяси-әлеуметтік жағдай мен өмір шындығын дәлелдеп жазыңыз.

    Қазақ прозасына үлкен үлес қосқан алғашқы қазақ романының авторы – Жүсіпбек Аймауытов. Оның талант мүмкіндіктері, қабілет ерекшеліктері айқын көрінген туындысы – «Ақбілек» романы. Қаламгер әлеуметтік тартыстар, тарихи оқиғалар, тап күресі, ел мойнына салмақ түсіп, жеке адамдар тағдырының ширыққан буынын дәл басады. Ендеше, осы «Ақбілек» романында қандай саяси-әлеуметтік жағдайлар мен өмір шындығы туралы жазылды?

    Жалпы романның өзі қазақ қызының тағдырына құрылған шығарма. «Ақбілекте» қазақ аулының Ресей жеріндегі төңкерістер кезіндегі, ақ пен қызылдың лаңы тұсындағы әлеуметтік-саяси жағдайына баса көңіл бөлінген. Өйткені романның фабуласы қоғамдағы құбылыстарға тікелей байланысты дамиды. Бүкіл сюжет елдегі азамат соғысы тұсында ғана өтуге тиіс оқиғаға негізделген. Қазақ халқының орыс тепкісінің астында көрген зорлық-зомбылықтарын Ж.Аймауытов Ақбілек трагедиясы арқылы шынайы суреттеген. Ресей империясының екі ғасырдай боданы болған қазақ халқының азып-тозған мүшкіл халін айқын көрсету үшін жазушы Ақбілек басындағы трагедиясын шегіне жеткізіп көрсете білген. Ішкі Ресейдегі қызыл орыстардың тегеурінді екпініне шыдай алмай оңтүстікке қарай жөңкілген ақ орыстар жүрген жерін жалмап, бейбіт халықты тонап, қырып-жойып бара жатты. Кейбір кеудемсоқ офицерлер тіпті шектен шығып қазақтың қыз-келіншектерін зорлап, қорлап кетіп отырды. Ақбілек те осындай бір ақ офицерінің күшпен зорлап қосылған уақытша әйеліне айналып еді. Осы оқиғаларды баяндай отырып, жазушы ұлттық психологияны нанымды суреттейді. Орыстардың қазақтарды менсінбеуі, адам санатына қоспауы, қазаққа деген зорлық зомбылығын шімірікпестен істей салуы – бір жағынан орыстардың басқыншылық мінез-құлқын, езуші халық ретінде дандайсыған көңіл-күйін көрсетсе, екінші жағынан қазақтардың орысқа дегенде дәрменсіздігін, ынжықтығын, бейшаралығын байқатады. Бірімен-бірі айтысып-қырқысқанда батыл қимылдайтын қазақтар орыстан өктемдік көрсе, ұнжырғасы түсіп, бүгежектеп қалады. Осыны жақсы білетін озбырлар онан сайын құтырына түседі. Ж.Аймауытов өз романында мәселенің осы жағына баса назар аударған. Автор езуші ұлт пен езілуші ұлттың психологиясын дәл берген.

    Қорытындылай келе, Ақбілек – сол кездегі қазақ қыз-келіншектерінің ғана емес, ғасырлар бойы отарлық тепкіден көз ашпаған қазақ халқының жиынтық бейнесіне айналған. Сондықтан да «Ақбілек» қазақ әдебиетінің тарихында өзіндік орын алатын шығарма.

    6.С.Торайғыровтың «Қамар сұлу» романындағы Қамар мен Ахметтің арасындағы махаббат сезіміне бөгет болған қиыншылықтарды талдап жазыңыз.

    «Қамар сұлу» - өзінің тақырыбы мен мазмұны жағынан әлеуметтік роман. Жазушы қазақ әйелінің теңсіздіктегі жай-күйін роман оқиғасының негізіне алып, сол арқылы өз дәуірінің қоғамдық шындығын әлеуметтік тұрғыда талдайды. Қоғамдық топтардың Қамар тағдыры туралы әр түрлі түсінігін, әрекет тіршілігін жан-жақты суреттей отырып, шығарма идеясын өзі өмір сүрген қоғамның негіздерін сынауға бейімдейді. Қалың малға сатып шалдардың жас қыз алуын, әлділердің әлсіздерге зорлығын, халықтың қараңғыдағы қапас тіршілігін өткір сынайды. Сол негізде феодалдық патриархалдық салт-сананың күйреуін және оны ұға алмай отырған елдің надан мінез-құлқын әшкерелейді.

    Қамар өзіне тең жар боларлық адамды сұлудан, байдан іздемейді, ақылды, сырлас, мұңдас адамдардан іздейді. Мұндай адам деп Ахметті таниды. Бірақ қыз ғашықтық сезіміне беріліп, күйректікке түспейді. Сезімді ақылға жеңдіріп, алды-артын ойлайды. Сол дәуір жағдайында Қамар мен Ахметтің қосылуына мүмкіндік те жоқ еді. Қамар – ауқатты ортадан шыққан қыз. Ахмет – кедей жігіт. Екеуі – екі ортаның адамдары.

    А, құдай жасты-жасқа пар қылғаның,

    Біреуді жоқ, біреуді бар қылғаның.

    Біреуге алтын, гауһар тақыт беріп,

    Астана жұрт билеген хан қылғаның.

    Жазушы Қамар бейнесі арқылы қазақ қызының басындағы ауыр халді көрсетіп, «елдің ең ардақтысы Қамарды осындай ит қорлықпен өлтіргенде, басқа қыздардың күйі не болмақ?»- деген сұраққа жауап іздейді. Осы мысал негізінде ескі ауылды құрт аурудай жайлап, есеңгіретіп бара жатқан әдет-ғұрып маңын айыптайды. Автордың бұл ойы – Қамардың өлердегі сөзінен айқын көрінеді.

    Тоқтау бер мұнан былай қазағыңа,

    Шалдардың қызды салмай мазағына...

    Қорытындыласақ, Ахмет пен Қамар арасындағы іңкәр сезімге үстем халық өкілдерінің қысымы, әлеуметтік теңсіздік пен надан халықтың жаңаша ойлай алмауы кесірін тигізді. Шығарма Қамар сұлу бейнесінде заман қасіретін көрсетті. Мазмұнында тек әйел теңсіздігі емес, астарында халықтың қараңғылығы мен байдың озбырлығы қыл тағдырында бейнеленген.

    7.С.Торайғыровтың «Қамар сұлу» романындағы отбасылық тәрбие мәселесін қазіргі кездегі отбасындағы тәрбиемен салыстыра отырып талдаңыз.

    «Қамар сұлу» романы – С.Торайғыров шығармаларының жаңа сапаға өткелі тұрғанын, көркемдік-идеялық ізденістерін анық көрсететін шығарма. Ал бұл шығармада отбасылық тәрбие мәселесі қалай көтерілді?

    ХХ ғасырдың басындағы қазақтың іріп-шіріген билеуші тобының өкен, тәрбие алған ортасы, ескілікке қарсы үн көтерген «Қамар сұлу» шығармасы, жастарды асқақ қиял, зор талапқа бастайтын лирикасы – оны қазақ әдебиетіндегі демократтық әдебиеттің ірі өкілі етті. Негізінен «Қамар сұлу» романында қазақсалт-дәстүрлері туралы сыни пікір айтылған. Ең көрнекті көтерілетін мәселесі қазақ қыздарының қалымға сатылуы, қыз-әйел баласының өмірде алатын орны болып табылады. Ахмет Қамарға ғашық болғанымен қалың малға ақша төлеуге қарааты жетпеді. Содан соң Қамарды он бес жасына Нұрым деген азаматқа тұрмысқа береді. С.Торайғыров бұны заманның ащы қиындығы ретінде сипаттаған және «Қазақ тарихының ұйқыдағы қазағымның ұзын да ұзақ жолы» - деп суреттеген.

    Ал қазіргі кездегі отбасы тәрбиесі Қазақстанның әр түкпірінде әрқалай. Қазақстанның оңтүстік өңірінде қалың мал міндетті түрді алынады және оны жасауымен қайтарады. Батыс өңірлерді қалың малды сұрау дәстүрі оңтүстіктегіден әлдеқайда көбірек. Бағасы жағынан да, жанындағы жералғылар жағынан да батыстың қыздары дес бермейді. Шығыс өңірлерде қалың малды «бергенінше береді», «бермесе қояды», «жағдайына қараймыз» диалектілерін қолданады. Ал Солтүстік Қазақстанның тұрғындары «Теңін тапса тегін бер» деген салтты ұстанады. Егер қыз бен жігіт бір-бірін ұнатып тұрса, қалың мал да, жасау да сұрамай, еншісін беріп бөлек шығарады. Менің ойымша, «қалың мал» беру ол дұрыс нәрсе. Себебі ол қыздың ата-анасына зор көмек болады. Әрі қалың мал жат жұртқа емес, жасау қылып қыздың артынан қайта жол тартады. Бірақ қалың мал берерде көрпесіне қарай көсілген жөн.

    Қорыта келе, менің жеке ойымша Қамардың ата-анасы қалың малға қызығып, қыздың обалына қалды. Бұндай жағдай қазіргі қазақ халқының басына тиіп, Қамардың тағдырын қайталағанын қаламаймын.

    8.Мағжан өлеңдеріндегі азаматтық рух, ағартушылық-демократтық сарынды талдап жазыңыз.

    Мағжан Жұмабаевтың алғашқы өлеңдері ағартушылық сарында жазылды. Ол қазақ өлеңінің Абайдан кейінгі ақындарының бірі де бірегейі. Абай Құнанбайұлынан үлгі алып, шығармалары мен өлеңдерін де үлгі тұтқан болатын. Алғашқы өлеңдерінің бірін «Алтын хакім Абайға» деп атауының өзінен ақынның ұлы Абайды ерекше құрмет тұтқаны сезіледі. Ол өз өлеңдерінде қазақ арасындағы әр түрлі келеңсіз мінез-құлықты, әрекетсіздік пен жалқаулықты, сауатсыздықты сынай жазды. Елін білім алуға,өнер үйренуге шақырады. «Жазғы таң», «Өнер-білім қайтсе табылар», «Қазағым» , т.б. өлеңдерінде ақын сол тақырыптарды талқылайды. Мағжан Жұмабаевтың ағартушылық сарындағы өлеңдерінің арасына ел мен жер тағдырына алаңдаушылық жатады. Ақын туған елін, халқын сүйді, туған жерін жүрегіне жақын тұтты. Ол:

    Басқа жүрт аспан-көкке асып жатыр,

    Кілтін өнер-білім ашып жатыр, -

    дей келіп,қазақ арасында мұндай ұмтылыстың жоғына қынжылады. Байлар да, оқу оқыған төрелер де өз басының қамын ойлаумен жүр. Халықтың жайына алаңдайтын ешкім жоқ. Оқудағы шәкірттерге де дұрыс білім берілмейді. Қыз балалар малға сатылуда. Халық ішінде өзара дау-жанжал көп. Міне, Мағжанның өкініші осылар еді. Осы мәселелердің бәрін өз өлеңдерінде қынжыла жазады және ол өлеңдерінде заман шындығы, халықтың басынан өткен қиыншылықтарды ойға алу арқылы түсіндіреді.

    Ақын айналасындағы жастарды да «арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты» қалыпта көргісі келді. Халқының болашағы үшін күресетін негізгі күш – жастар. Сондықтан Мағжан үшін жастардың орны бөлек. Өзінің «Мен жастарға сенемін» деп асқақтаған өлеңінде ол жастарға үлкен үмітпен қарайды. Жастардың бойынан қайсарлық пен күштілікті, таза жүрек пен шыншылдықты, азаматтық рух пен туған жерге деген махаббатты көреді және соған мақтанады. Ақын нені жырласа да ерекше махаббатпен, шынайы жүрекпен жырлайды. Сол себепті де оның өлеңдері сырлы, сазды, көркем.

    Міне, ақын барлық өлеңдерінде, жоғарыда айтып өткенімдей, сол кездегі мәселелерді көтеріп ең бірінші халқын ойлап жазады.

    9.С.Сейфулиннің «Сыр сандық» өлеңіндегі нағыз досқа тән қасиеттерге өз көзқарасыңызды танытып, сыни талдау жасаңыз

    Қазақ әдебиетінде өзінің сыршыл өлеңдерімен артына өшпес із қалдырған ақындардың бірегейі - Сәкен Сейфуллин. Оның лирикалық шығармалары оқырман қауымды адалдыққа, нәзіктікке жетелейді. Сондай өлеңдерінің бірі - «Сыр сандық» өлеңі. Ендеше, ақын нағыз досқа қандай қасиеттер тән деп есептейді?

    Ақын өлеңде адал достық пен амал достықтың ара жігін ажыратып, тілге тиек етеді. «Шырқ айналар шіркін тауық, Жемің болса қолыңда, - деп, уақытша достарды тауыққа теңеп, қолында жемің болса ғана сенің қасыңда болатынын, ал, жем таусылса жалт беріп жоқ болатынын айтады. Мұндай алдамшы достар қазіргі уақытта да кездеседі. Атқарған қызметің, лауазымың жоғары болса немесе қолыңда қомақты қаржың болса, амал достардың сені айналшықтайтыны анық.

    «Әр адамның ішкі сыры, Берік қойма сақталған»,- дей келе, нағыз достарды берік қоймаға теңейді. Менің ойымша, олар бір-біріне айтылған сырларын өз іштерінде ғана сақтайды. Құпияны сақтай білу әр адамның қолынан келе бермейді. Ендеше, ақын адалдық пен арамдық, мансап пен ар-ұждан, достық пен қастықтың ара жігін аша жазып, адам үшін құнды байлық – достықты жан-жақты дәріптеп жырлайды. Мұндай адал достар қазіргі таңда санаулы. Себебі, басыңа іс түскенде иық тірейтін, арқа сүйейтін досың болса, өмірде кездесетін қиыншылықтарға бірге төтеп беріп, небір белестерді бағындыра аласың. «Нағыз достар –Шыққанбық дос, шыңға талай, Талай сырды ойланып...» деген тармақтарын сөзіме дәлел ретінде айта аламын.

    Қазіргі қоғамда адал дос пен арам досты ажырата білу қажет. Өзгеге мін таға бермей, өз бойыңда нағыз досқа тән қасиеттерді қалыптастыра білу - ізгі қасиет. Нағыз досқа тән қасиеттер деп адалдықты, құрметті, сыйластықты айтар едім. Қазақ халқының болмысында ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан рухани өсиет бар. Ол - достыққа беріктік, адалдық.

    Қорыта келгенде, С.Сейфуллин «Сыр сандық» өлеңі арқылы бізге достықты дәріптеп, оны бағалауды үлгі етті. Ендеше, досымызға адал болып, достығымызды сақтай білейік!
  2. ҚҰЛАГЕР ПОЭМАСЫ мазмұны
    0 + 0 -
    Халықтың бай ауыз әдебиетінің мол мұрасынан сусындап өскен Ілияс Жансүгіров қазақ әдебиетінде жарқын із қалдырған тума талант иесі. Өзінің «Қысқаша өмірбаянында»: «Оған шейін көрген, оқыған әдебиетімнің бәрін Абай кітбаы жоққа шығарғандай болды. Ойым ояна бастады» - деп Абай шығармашылығының қатты әсер еткені жайлы ойын бөліскен еді. Қазақтың ұлы ақынынан бағдар нәр алған Ілияс қаламынан «Құлагер» сынды кең тынысты кемел туынды дүниеге келеді.

    Бұл поэма - ақынның ең соңғы шығармаларының бірі. Ақынның толысып, кемеліне келген шағында үлкен шабытпен жазған дүниесі. Ілиясты заманның әділетсіздігіне төзе алмай, соңында дәрменсіз қалған Ақан серінің сұрапыл өмірі қызықтыра түседі. «Тұсымда сері болсын, пері болсын, ұнайды өмірімен Ақан маған» деп Ақанға деген ілтипатын ашық айтады. Тәтті әндерімен халықтың сүйіспеншілігіне бөленген Ақан және оның жан серігі болған Құлагер бейнесі поэмада шебер суреттелеген.

    Ілиястың поэмасында Ақан өмірінің трагедиялық беттері кеңінен ашылады. Сонымен қоса, автор сол замандағы адамдар араасындағы көреалмаушылық сынды жағымсыз қасиеттің, ел арасындағы әлеуметтік-қоғамдық мәселесінің сырын бүкпесіз ашады. «Толғану» атты алғашқы тарауда ақынның осы мәселелерге деген жеке көзқарасы, елі-жері жөніндегі ойлары жүрек төрінен тебіреніспен баяндалады.

    «Құлагер» поэмасының шоқтығы биік шығарма екенін дәлелдейтін тұсы - атақты Сағынайдың асын өткізілуін аса шебер бейнелеп, қазақ халқының ескі дәстүрін дәріптеуі. Осы асқа жиналған дүйім жұрт Ақан серінің «Құлагерін» көріп, «Жүйрігі жануардың қай жағында?» деп таңданыс білдіріп, алғашқыда бітіміне көңілдері толмайды. Кейін Құлагердің бабы мен сынын Күреңбай тап басып айтады. Сонымен қатар, ақын осы астағы әр түрлі әлеуметті топты, қазақ халқының түрлі әдет-ғұрыптарын, ұлттық ойындарын тамаша бейнелейді. Халқына әсем әнін шырқап, олардың шексіз махаббатына бөленіп, ешбір арам ойсыз алаңсыз жүрген Ақан сері адам сенгісіз сұмдық жайтқа тап боларын қайдан білсін?

    Кекшіл Батыраштың жан досына айналған Құлагеріне жасаған қастандығы Ақан үшін орны толмас қайғыға айналды. Зұлымдыққа толған тар заманға сыя алмай, ақын бас ауған жаққа кетіп қалады. Тағдырдың тауқыметіне төзбеген өнер иесі өмірдің мәнін жоғалтқандай күй кешеді. Осы бір поэма әлі күнге дейін шешімін таппаған әлеуметтік-қоғамдық мәселелерді көтеріп, оқырманды сансыз сұрақтардың жетегінде қалдырады.

    Соның бірі - «Адамзат қашан оңалады?» деген сұрақ... Менің ойымша, адам баласы ақылға салса, ондай қатыгездікке жол бермес еді. Өкініштісі, Батыраш сынды қара ниетті жандар бүгінгі таңда да көптеп кездеседі. Сондай адамдар біздің қоғамның ілгері дамуына кедергі келдіруде.

    «Құлагер» поэмасы - қазақтың дарынды әншісі Ақан сері өмірінің трагедиялық тұсын шынайы суреттеу арқылы сол кезеңдегі замана шындығын, рухани дағдарысқа ұшыраған адамдар бейнесін толық аша білген ауқымды туынды. Осындай шығарманың туындауына себепкер болған поэзия Құлагері, оң қолынан өнер тамған шебер ақын Ілияс Жансүгіровты халық ешқашанда ұмытпақ емес.
  3. Құлагер поэмасының идеясы
    1 + 0 -
    Қазақ әдебиетіндегі шоқтығы биік ақындардың бірі де бірегейі І.Жансүгіров. Ақынның өнер тақырыбында қалам тартқан шығармаларының бірі – «Құлагер» поэмасы. Ақан серінің өміріне арналады. Құлагер – Ақан үшін жан досы, сырласы, мұңдасы, жол серігі еді.

    Серінің атын асқақтатқан ең әуелі жомарт табиғат тарту еткен сан қырлы талант болса, екіншісі Ақан есімімен қатар аталатын атаұты пырағы – Құлагер еді. Ол астындағы атын бейне бір туған баласындағы бөбектейді. Аламан бәйгенің алдын бермей даңқы бүкіл Арқаға тараған Құлагер Сағынайдың асында қастандықпен өлтірілгенін білеміз.

    Осы бір қарабет қастандық ақынның жүрегін жаралайды. Құлагердің басын құшақтап: «Құлагер, әкең – тұлпар, шешең – сұңқар...» деп жоқтау айтады. Ақаннан Құлагерді айырған адам баласының қара ниетінің нәтижесі. Бұл жерде іштарлық, көреалмаушылық сияқты қасиеттердің сол заманның да басты жауы болғанына көзіміз жетеді. «Құлагер» поэмасы бір ғана жүйрік тұлпарға арналмаған. Мұнда әділетсіздікке деген Ақан серінің ашуы жатыр.
  4. Нурипа
    Нурипа 19.01.2021 08:55
    6 + 0 -
    Осы поеманы окып отырып коп нәрсені тусине болдым. Ат казактан киели жануар .