Туған жер — тұғырың


«Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас» деген сөз бар. Расында осы бір туған жер сөзінің астарында  оттан да ыстық Отан, Атамекен, кіндік қаным тамған жер деген ұғымдар астасып кетеді. Ал Отанды қазақ анасына теңеп, тіпті Отан ана дейді. Осыдан-ақ бұл түсініктің қазақ үшін киелі екенін аңғару қиын емес. Жаугершілікті көп көріп, «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама», ашаршылық, тәркілеу, репрессия, Ұлы Отан соғысы сияқты толып жатқан тарихи кезеңдердің нәубеттерін бастан өткізген халқымыз бізге осындай алпауыт жерді мұра етіп қалдырды. Сондықтан бүгінгі және келер ұрпақ алдында үлкен міндет — туған жерімізді көздің қарашығындай сақтап, оны өркендету көркейту тұр.  Осы бір ерекше шексіз патриоттық сезімді әрбір азамат пен жастардың бойына етене сіңіріп, дарыту үшін Елбасы, еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев  «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында орындалу керек міндеттердің ішіне «Туған жер» бағдарламасын ұсынып, соның аясында бірқатар жұмыстар да атқарылды. Бастысы туған жерді көркейтудің мәні неде деген сұраққа жауап табылды. Дегенмен, туған жер деген ауқымы кең ұғым астарында ұлт болашағы, ұлт қауіпсіздігі сынды түсініктер де бар екенін ұмытпаған жөн. Сондықтан мұнда  демографиялық және әлеуметтік мәселелерді айналып өте алмайтынымыз анық. Солардың маңыздыларын тілге тиек еткен жөн болар.

Туған жер болашағы, ұлт қауіпсіздігі хақында   ой өрбіткенде  халық санының өсуі, демографиялық саясатымыз ойға оралатыны анық. Ұлттың иммунитеті – демографиясының өсіміне тікелей тәуелді. Саны өскен жұрттың сапасы да артады. Алайда елімізде демография тақырыбымен айналысатын ғалымдар некен-саяқ, ал ғылыми институт тіпті жоқ екеніне көзіміз жетті. Демография – ұлт тағдыры.  Ал қазақ халқы үшін демография мәселесі ерекше орында, оған түрлі тарихи кезеңдердегі қиындықтар, ұлттық салт-дәстүр, рухани-мәдени құндылықтар сан ғасырлар бойы ықпал етіп отырған. «Отан отбасынан басталады» деген аталы сөздің мәні терең. «Бірінші байлық – денсаулық, екінші байлық – ақ жаулық», «Бас екеу болмай, мал екеу болмайды» және өзге де даналық сөздер өмірлік тәжірибеден туындаған.

 

                   Бізге демографиялық  институт керек

Бүгінгі әлемде Қазақстан жер көлемі бойын­ша 9-орын алса, халық саны жағынан 62 орында. Жері – кең, халқы – аз. Ал бұл түптің түбінде ұлт қауіпсіздігіне, туған жерді сақтап қалуға үлкен қауіп төндіретінін ұғынған абзал.
Әр қоғам халқының өзінің өсу, өнудегі ерекше даму заңдылықтары болады. Ал бізде осы заңдылықтарды зерделейтін ешқандай ғылыми мекеме жоқ. Іздесеңіз жалаң статистика мен сандарға ғана тап боласыз. Сондықтан демография ғылымының дамуы үшін арнайы ғылыми институт қажет. Осыдан біршама уақыт бұрын Парламент Мәжілісінің депутаты, Халықтың қоныстануы мен дамуы жөніндегі Азия парламентшілері филиалының вице-төрайымы Айткүл Самақова демографиялық институт ашуға қажеттілік туғанын нақты себеп-салдарларымен атап өткен болатын. Оның айтуын­ша, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі басқа жұмыстармен, ал Ішкі істер министрлігі тек миграциялық саясатпен ғана айналысады. Ал демография­мен кім айналысатыны беймәлім. Расында арнайы институт болмай, демографияның ғылым ретінде дамуы екіталай. Себебі, әлеуметтану ғылымдарының қатарына кіретін бұл салаға арнайы мамандық та жоқ. Тек «әлеуметтану» кафедраларындағы бір семестрлік кіріспе пәнді ғана айтпаса. Мамандардың тапшылығы да осы себептерге байланысты екені айтпаса да түсінікті.
Демография бұл бүкіл елдің, ұлттың тағдыры. Мәселен, көрші Ресейде Ұлттық зерттеу университетінің «Жоғары экономика мектебінің» негізінде Демография институты жұмыс жасап, зерттеулер жүргізеді. Сондай-ақ, бұл тақырыпта «Демоскоп» және т.б. журналдар жарыққа шығады. Әлеуметтік зерттеулер Ресей Ғылым академиясының әлеуметтану институтымен бірлесе жасалады екен. Ал Украинада Ұлттық Ғылым академиясының М.В.Птуха атындағы Демография және әлеуметтік зерттеулер институты бар. Сондықтан бізге де қажетті демография институты ұлттық университеттер мен ғылыми мекемелердің негізінде құрылғаны жөн. Бұл бір жағынан студенттер, магистранттар мен ғалымдар арасында байланыс орнатуға септігін тигізетіні анық.
Ең маңызды мәселе халықтың өсуі екенін түсінбейінше, Қазақстанның дамыған 30 елдің қатарына енуі екіталай. Орталық Азия елдері туралы мәліметтерді ақтарып отырып, бізбен бірге Тәуелсіздік алған өзге төрт ел – Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан,Тәжікстан елдерінің бәрінде демографиялық өсу барын аңғару қиын емес. Тіпті, өзбек ағайында демографиялық дүмпу бар. Олар 25 жылдың ішінде 30 пайызға көбейген әрі негізгі ұлт – өзбек­тердің саны жылдан-жылға артып келеді. 2030 жылдары Өзбекстандағы халық саны 40 миллионға жетеді деген болжам бар. Қазірдің өзінде 30 миллионнан асып үлгерген. Орталық Азия бойынша тек Қазақстанның ғана демографиялық өсімі баяу болып тұр. Осыдан 25 жыл бұрын 17 миллион халқы бар біздің елдің қазіргі саны да сол межеге әзер жетті. Үңіліп қарасақ, Өзбекстан елінде де демография ғылым ретінде қалыптасқан. Бұл мәселелермен ол елде Болжамдар мен макроэкономикалық зерттеулер институты айналысады екен.

Ал біздің елімізде демография ғылымына жарты ғасырдан астам еңбек етіп, ғылымның дамуына үлкен үлес қосқан ғалым Мақаш Тәтімовтің еңбектерін айтпай кетуге болмайды. Ғалымның зерттеулеріне сүйенсек, біздің Қазақстанның халық саны аз болғандықтан өзін-өзі демографиялық жағынан қамтамасыз етуі керек, ол демографиялық қауіпсіздік деп аталады. Демография дегеніміз халық санының көбеюі, сандар мен статистиканы, болжамды білдірмейді. Бұл тікелей бір елдің, ұлттың даму заңдылықтары, өмір сүру деңгейі, туып-өсу ерекшеліктері, ішкі миграция мәселесі сияқты жайттарды қамтиды. Осыны түсінетін уақыт жетті. Тіпті 2020 жылға дейін 20 миллионға жету деген мақсаттың өзі жан-жақты тұжырымдалуы керек. Сондықтан ғылымды дамытуымыз қажет. Бұл орайда урбанистика, антропология сынды ғылымдарымыз да кенжелеп келеді. Расында халық санын өсіру туралы айтпас бұрын, ғылымды дамытуымыз керек.

 

«Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол»

Бір дерек көздеріне сүйенсек, әлемдегі мигранттар саны 258 миллионнан асқан екен.  Туған жер тақырыбы аясында бұл мәселені қозғап отырғанымыз да бекер емес. Әлемде күнкөріс қамымен туған жеріне емес, өзге елде қызмет етуге кетіп, туған өлкесіне немқұрайлықпен қарау тенденциясы байқалады. 2013 жылы мигранттардың басым көпшілігі АҚШ пен Ресейде тұра­тын. Бұл санақ арада бес жыл өтсе де, өзгер­мепті. Қазірдің өзінде олардың ба­сым бөлігі АҚШ-та тұрады. Соңғы деректерге сүйенсек, Америка Құрама Штаттарында 50 мил­лион­дай мигрант бар. Оның көпшілігі – Мексикадан келгендер. Ресейдегі миг­рант саны да одан кем емес. Шамамен, 12 миллион мигрант Ресейде тұрады. Гер­мания да бұлардан кемшін түсіп тұрған жоқ. Сан жағынан үшінші орында тұр. Біріккен Араб Әмірлігі мен Ұлыбритания елдеріне де қоныс аударатындар өте көп. Жайлы қонысты аңсап, жанына пана іздеп бару бір бөлек те, тұрмыс тау­қыметінен қажып, жақсы жалақының жолына түскендердің тағдыры бір бө­лек. Екеуін салыстыруға да келмейді. Мәліметтерге сүйенсек, Қазақстан Бүкіләлемдік банк деректері бойынша ең­бек мигранттарын қабылдау көрсеткіші жөнінен әлемде 9-орында тұр. Шетелдік жұмысшылардың басым бө­лігі – құрылыс саласында. Мұндай арзан жұмыс қолы жұмыс беруші бизнес-құрылымдарға, құрылыс компанияларына өте тиімді. Бұл – Қазақстанға келген мигранттар саны. Ал елімізден шет елдерге кетіп жат­қан эмигранттар ше?  Жұмыс із­деп, Кореяға, АҚШ-қа, Мәскеуге ағы­лып жатқан қазақтар да аз емес. Қу тіршілік үшін мұхит асып жатқандардың жағ­дайы қалай? Олардың «қа­ғанағы қарқ, са­ға­нағы сарқ» па? Елге келетін миг­ранттар мәселесі жиі талқы­ланып жүр. Ал шетке кетіп жатқан қазақ азамат­тары жөнінде мәселе қозғалмай жүр. Жұ­мыс іздеп, шетке «ауып» жатқан қазақтардың нақты са­ны белгілі емес. Олардың дені «заңсыз» шетке кеткен­дер. Әсіресе, Корея мен АҚШ-қа жұмыс іздеп, ағылып жа­тыр. Неге? 2016 жылы елден кеткендер саны – 34 965 адам. Олардың дені – Ресейге қоныс аударғандар. Ал Германия, Беларусь, АҚШ, Польша мен Канадаға көшіп кеткендер де көп. 2015 жылы Қазақстаннан кеткен миг­ранттар саны 30 мыңнан асса, 2014 жылы 28 мың адам шетке кеткен. Мұның бәрі – біржола елмен қош айтысқандар. Гастарбайтер болып кет­кендердің нақты саны жоқ. Тіпті Ресейде жұмыс істеп жатқан қазақтардың са­нын дөп басып айта алмаймыз. Бір нәрсе анық – жұмыс күшінің көбі сыртқа ке­тіп жатқаны. Бұрын «гастарбайтер бізге керек пе?» деп алаңдаушы едік. Енді қа­зақ гастарбайтерінің жағдайына қарап, қамығатын болдық. Қазақ – жұмыс күшіне зәру. Оның орнын өзге елден келген гастарбайтерлер тол­тырып жатыр. Өз қазағы жұмыс іздеп, сыртқа «қаңғып» кетті. Парадокс. Жұ­мыс­шы-қонақтардың саны артқан сайын, жұмыссыз қазақтардың да қатары көбейіп келеді. Туған жерін тастап, шетелге қоныс аудару  құбылысы бүкіл әлемде бар. Әсіресе, жастар арасында «әдемі өмір» іздеу байқалады. Біз бұған жол бермеуіміз керек. «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген мақал бекер айтылмаған. Әрбір жастың бойында Отанға деген құрмет бәрінен биік тұруы қажет.  Қазақ елінің әрбір азаматы туған жерге құрмет пен сүйіспеншілік әуелі, оны көркейтуден басталатынын ұғынғаны жөн.

 

P.S. «Туған жер» деген кезде әрбір азаматтың, әрбір адамның жүрегінде тулаған шабыт пен сезім ұялайды. Себебі адам — өзінің туған жерінің төлі. Сол даланың, сол жердің, сол мекеннің меншігі. Туған жерге деген сезім мен махаббатың өлшемі шектеулі болмайды. Ол — шексіз. Сондықтан еліміздің әрбір азаматы «Мен елімді, туған жерімді  көркейтуге қандай үлес қоса аламын?» деген сұрақты өзіңе қойып, белсенді атсалысу керек.

Ақбота ИСЛӘМБЕК


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?
Пікір жазу
Пікірлер 1
  1. Гавхар
    Гавхар 29.02.2024 20:22
    0 + 0 -
    Рахмет.Өте керекті тексттер.