Мен туған өлке
Туған жер, туған ауыл қымбат маған,
Ешкімге бұл сезімді былғатпағам
Мен оның өзім ғана сезінетін
Қастерлі қасиетін жырлап бағам.
Ф.Оңғарсынова
Мен туған өлке, мен туған өлке қандай дейсіз ғой, мен жазамын, ал сіз оқыңыз. Жалықтырса ұзақ сапар, жат мекен, Туған елдің түтіні де тәтті екен... Неге бұлай бастады деп ойладыңыз ба? Иә, мен де сол кәдуілгі туған жерінен жырақта жүрген жандардың қатарынанмын. Есейіп ер жетсең де, құлпырып бой жетсең де, алып тұлға азамат, ардақты ана болсаң да, туған жердің құдіреті сағынтпай қоймас. Туған жерден жырақта жүрген, жасы жиырмаға жетсе де, әлі күнге бала секілді туған жердің бауырына тығылып, топырағын аңсайтын, сары даласына деген сағынышы таусылмайтын жанның бірімін. Тегінде, туған жерге деген сағыныш, туған жерге деген махаббат жасқа қараушы ма еді? Әрине, жасқа қарамас, бірақ ойыма сарт ете келгені «туған жердің қадірін туғалы түзге шықпаған елдегі адам қайдан білсін?». Шындығында да дәл солай, адамның өзі өзгерте алмас бір дүниесі бар болса, ол сенің дүниеге келген жерің, туған мекенің. Баланың өскен бесігі кең дүниенің есігі ғой. Менің туған жерім, алты алаштың анасына айналған, жүз шайыр елі атанған киелі Сыр елі – Қармақшы өңірі. Қойнауынан талай саңлақтар мен салиқалы тұлғаларды шығарған, кіл дарындар мен ғалымдарды туғызған қасиетті мекен. Тарихының тамыры тереңде жатқан, қойнауы тарихи мұраларға толы туған жерім. Басқа жердің отынан, туған жердің түтіні артық. Сыр елінің табиғаты сырт көзге көз тоятындай сұлу да емес болар, әйтсе де, сары даласы, бауырынан созыла аққан Сыр суы, сол сырдың суымен жайқала өскен сырдың күріші, менің туған жерімнің табиғатын таңбалай түскендей. Туған жерімнің алдында мен әлі құндақталған сәбидеймін, қашан барсам да құшағын айқара ашатын құтты мекенім: менің алтын анамдай мейірімді, асыл әкемдей ардақты. Тым жылы, тым ыстық әрі тым биік. Туған жерін жаманға балайтын адам бар ма сірә? Жоқ ғой, бар болса, онда ол туған жерден садаға кеткір, бір антұрған шығар... Аққудың көлін аңсайтынындай, адам да туған жерін аңсайды емес пе? Кейде туған жерден жырақта жүрген мына менің аңсарым ауыл жақа ауып, ел жақты аңсайды да тұрады. Туған жеріме барсам барша тіршілігім өз баянын тауып, арқаланған ауыр жүгім түсетіндей көрінеді. Туған жеріме құрақ ұшып барып, Қорқыт бабамның басына барып, қоңыр күйін тыңдап, елдегі жыршы-жыраулардың терме-жырларына тағы бір сусындап, Сырдариямның балығын жеп, ақ күрішін асап, баяғыша ауылымның балаларымен гүл етегім желбіреп ойынға кірісіп-ақ кеткім келеді. Мендегі бұл сезім анығында, туған жерге деген махаббатпен қатар, балалыққа деген сағыныш еді. Бала кезімде көп армандаушы едім, не туралы деймісіз? Тезірек бой жетсем, мектебімді аяқтап, үлкен қалаға оқуға аттансам, жұмыс жасасам тағысын тағылар. Кейде армандағаным соншалық, көзімді бір ашсам, Байқоңырымнан ұшқан зымыранмен сол үлкен қалада оқу оқып жүретінмін. Арманымның бәрін айтсам күлерсіз-ау деймін, Құдайға тәубе, арманыма қол жеткзудемін, бірақ сол шақта туған жердің құдіреті маған аса қатты сезіле қоймапты. Себебі мен ол кезде өз кіндігім кесілген жерден, алысқа ұзап көрмеген едім. Сол кезеңдердегі туған жерге деп жазылған жырларым да, туындыларым да қазіргіден сәл әлсізірек шықты ма деймін, өйткені мен ол кезде туған жерге деген шынайы сағыныш сезімін бойдан өткізбеппін, бұл сөзім тағы да айналып келіп, «туған жердің қадірін туғалы түзге шықпаған елдегі адам қайдан білсін» дегенге келіп сияды. Туған жердің қадірін, туған елдің қадірін түзде жүрген адамнан сұра, туған жерге деген махаббатты туған жеріне жете алмай жүрген адамнан сұра. Осылайша, біз де бой жеттік, өстік, ауылдан кетік, бірақ ауылдан адам кеткенмен, адамнан ауыл, туған мекені кетпейді екен.
«Қармақшы ғажап өлкесің,
Толқытып жырдың термесін
Қорқыттың тартқан күйіне
Өнер біткен таңғалсын
Қорқыт ата бабамда,
Өлімсіз жерді табам деп,
Жердің жүзін шарлапты,
Қасиет қонған мекен деп,
Қармақшымды таңдапты» - деп жергілікті ақындар жырлағандай, расында да, мәңгілік мекенді іздеген Қорқыт бабамыз да жан тыныштығын тауып, жамбасы тиген киелі Қармақшы өңірі, расымен де, жанның дауасы, жүректің бір парасы. Осындай қасиетті жерде дүниеге есігін ашқан мен расында да бақыттымын. Туған жерге деген сезімді, мақтанышты, сағынышты айтып тауысу мүмкін емес. Талай ақынның қаламына жыр бітіріп, қанатсыз самғатқан, асау тұлпардай тулатқан туған жер емес пе? Туған жер деп ән де салынады, талай жыр да жазылады, бұл тоқталмайтын, тебіренісі таусылмас тақырып. Бізге дейінгілер айтудан шаршамаған, бізден кейінгілер айтып тауыспасына сенімім мол.
Мен елімді сүйемін, туған жерімді сүйемін, туған жерімнің әрбір тау-тасын, әр қыбырлаған жәндігін сүйемін. Туған жердің түлегімін, туған жер менің тірегім! Туған жердің алдындағы перзенттік парызымның еш өлшеуі жоқ. Тоқсан ауыз сөзімнің тобықтай түйінін Қадыр Мырза Әлидің:
Туған жер-ай, күнім де сен, дінім де сен,
Тағдыр сендей сүйесе, сүрінбес ем
Керегі жоқ басқа атақ, басқа абырой
Жетіп жатыр тек өзің ұлым десең! - деген жыр жолдарымен тамандай келе, әрбіріміздің туған жеріміздің түтіні түзі шыққай, туған жерім-тұғырым деп білер, салиқалы перзенттер көбейсін демекпін.
Нұрай Айтбайқызы
Пайдалы сілтемелер:
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?