Абай шығармашылығының жаңғыруы


Рухани жаңғырудың аясында
Адырна жобасының арнасында
Жалғадым Абай «Әзім» әңгімесін
Мерейлі той барша қазақ даласында

Жаңғыру тамырдан тарап, бойға енген ұлттық құндылық пен байлықты игеру. Игере отырып, соның жолында қайта жаңғыру, қайта өсу. Жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, бүгінде бойымызға сіңген ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек. 12 сәуір 2017 Н.Ә.Назарбаевтің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында бұл жайлы ерекше айтылған. Абай шығармашылығын жаңғырту мақсатында қолыма қалам алым аяқталмаған «Әзім» әңгімесін аяқтауға ұмтылдым. Бірақ бұл поэмасының соңы аяқталмағаны, аяқталса да жоғалып, қағаз бетіне түспегені мені ойландырды. Менің сүйікті пәнім – математика, бірақ жанымнан өлең шығаруға да қызығатыным бар. Ішкі жан дүнием Абай шығармаларын сүйеді. Әлемге әйгілі, қазақтың тұңғыш эпопеясы «Абай жолы» романының барлық томын аяқтадым және түйгенім мол. Қазіргі уақытта хәкім Абайдың 45 қара сөзін оқумен қатар, үйдегі іні-қарындастарыма мағынасын ашып, оқып берудемін. Алға қойған мақсатым, Абай өлеңдерінің көбісін жатқа білуді қолға алып отырмын. Айта кетсем, мені ерекше тәнті еткен Абай поэмалары: «Ескендір», «Масғұт», «Әзім». Өзімді мәртікке салып, қара өлеңді құдіретім деп, елімнің бай сөздік қорын пайдалана, менде Абай атамыздың ұрпағымын деп «Әзім» әңгімесін өз сөзіммен аяқтадым. Абай атамыз айтқандай: …КЕРЕГІ ЖОҚ ДЕСЕ, ӨЗ СӨЗІМ ӨЗІМДІКІ…(шығарманы басынан бастап оқыңыздар, соңын өз ұйқастарыммен жалғадым)

Хәкім Абайдың аяқталмаған ӘЗІМ ӘҢГІМЕСІ поэмасы

Бір сөзім Мың бір түннен оқып жүрген,
Өлең қып сол сөзімді айтқым келген.
Болыпты ағайынды екі жігіт,
Бағдатта Мұстапа мен Сапа деген.
Екеуі жетім еді әкесі өлген,
Талаптан жетеміз деп, бос жүрмеген.
Тігінші, кестеші еді кіші інісі,
Мұстапа суретшілік ғылым білген.
Екеуі екі айрылмақ қамын жеген,
Бір шетке кетпек болып жұрт көрмеген.
Мал тапқаны бір іздеп таппақ болып,
Серт қылып, бір-біріне уәде берген.
Екеуін екі жаққа тағдыр бөлген
Жандар емес қатерден әсте именген.
Шынмашынға Сапасы кете тұрсын,
Мұстапа Балсураға бұрын келген.
Мұстапа – бойдақ, кедей біраз тұрған,
Кәсібін күннен-күнге тәңрі оңғарған.
Аздан соң қатын алып, үй салғызып,
Шаһарда сенімдінің бірі болған.
Пұл құрап, киім түзеп, қарны тойған,
Қағазға өрнек жасап, сурет ойған.
Құдайым кешіктірмей бір ұл беріп,
Молдалар оның атын Әзім қойған.
Бір жасап, екі жасап, Әзім өсті,
Сонан соң медресеге барып түсті.
Аз жылда жақсы ғылым нәсіп етіп,
Жас жігіт жүзі нұрлы, көңлі масты.
Оқудан шыға ұстады ата өнерін,
Асырды атасынан әрбір жерін.
Сол күнде ажал жетіп, Мұстапа өліп,
Жыртық-жетім болмады ол жас өрім.
Атаның харекетін ұстай алды,
Өнері артық шығып, жан таң қалды.
Алушылар көбейіп мұның ісін,
Бұрынғыдан артылып мал құралды.
Бір күні ләпкесінде отыр еді,
Торғын тон, алтын кемер бір шал келді.
Не қылса бір құрметті адам ғой деп,
Әзім тұрып, иіліп сәлем берді.
Сәлемін алды, шал да амандасты,
Қасына жуық келіп жақындасты.
– Жат жердің адамы едім, е, шырағым,
Не харекет қыласың? – деп сұрасты.
– Жасымнан жетім едім көңлі сынық,
Өнерім артық емес ондай ұлық.
Еңбекпенен көз сүзбей күн көремін,
Харекетім – суретші, бояушылық.
– Мінезің, түсің жақсы надан дерге,
Артық өнер қиын ба талапты ерге?
Тесілген күні бойы сендей жасты
Аяймын, өнімі жоқ бұл өнерге!
Бұл сөзге Әзім тұрып ашуланды,
– Тұрпайы сөйлейсіз, – деп қарай қалды.
Атамның харекетін қорлама, бай,
Аш емен, болмасам да сендей малды.
– Қорламаймын һәм, балам, зорламаймын,
Тесілген күні бойы сені аяймын.
Химия ғылымын білуші ем, үйретер ем,
Мысты алтын жасаушы ем, алдамаймын.
Шын өнерге қайтер ең көзің жетсе?
Әркімге жарамайды мұны үйретсе.
Өзі үлкен, өзі оңай, артық өнер,
Аз жұмыспен көп алтын хасил2 етсе.
Мен дағы жүргенім жоқ малдан күсіп,
Айттым, балам, басыңа мейірім түсіп.
Ертең ерте мысыңмен дайын болып,
Көңліңнің дәркүмәнін алшы шешіп.
Әуелі хақтығына жетсін көзің,
Серт қылдым ғой үйретпек болып өзім.
Ертең ерте сол жерден табыспаққа,
Екеуі уәде байлап, қойды сөзін.
Шал кетті, аң-таң бала үйге қайтты,
Көргенін апасына келіп айтты.
Химия ғылымы бар дейтін, сүйтсе дағы
Анасы басын шайқап, ішін тартты.
– Апар да мыс бақырды алдына сал,
Алтын болса, болады бір талай мал.
Жалғызым, не қылсаң да сақ болып жүр,
Жәдігөй боп жүрмесін антұрған шал.
Бала айтты: – Тәңрім қақса, бенде не етер,
Жалған болса, білінер, қор боп кетер.
Шын болып, уәдеге бармай қалсақ,
Ғапылдықтан айрылған ызасы өтер.
Не қылса, сол күн бала шала ұйықтайды,
Өтірік, расын ойланып таба алмайды.
Мыс бақырын қолына алды дағы,
Лапкеге күндегіден ерте барды.
Шал дағы дереу дайын бола қалды,
Бір дорбадан көмір мен көрік алды.
Екеуі сәлемдесіп болғаннан соң:
– Мысың қайда, балам? – деп дігір салды.
Мыс бақырды сындырды талқан қылып,
Көмірге салды мысты, дүкен кұрып.
Мыс былқылдап еріген кезінде шал
Шөншіктен ұсақ қара алды қырып.
Алды да ол дәрісін, мысқа салды,
Былқылдаған бұрқылдап мыс шайқалды.
Бір нәрсемен азырақ бұлғалақтап,
Алтын қып суынған соң қолына алды.
Алтынын алып берді қолындағы:
– Сарапқа сал бар даға шәрыңдағы
Алтын емес деп біреу айтса, балам,
Алдамшы, амалым жоқ, болдым дағы.
Алтынды ал да, көрсет жұртқа апарып,
Менің сөзім шын болса тәңрі оңғарып,
Сонау бақша ішінен табылармын,
Егер мені іздесең көңліңе алып.
Әзім ұшты алтынды ала салып,
Не байларға көрсетті мұны апарып.
– Самородный сары алтын екен ғой, – деп,
Кім көрсе, айтады аң-таң қалып.
Үш мың үш ділдаға кетті сатып,
Шешесіне ап келді таңырқатып.
Шешесі: – Сол кісіні шақыр! – деді, –
Кетсін, – деп, – үйімізден дәм-тұз татып.
Бағанағы бақшаға Әзім келді,
Жолықты шал да, сонда отыр еді.
– Ей, ата, қылған ісің рас екен,
Қонақ боп, біздің үйден дәм тат, – деді.
Қос уыс ділда берді Әзімге шал:
– Сенің ортақ малың, – деп, – мендегі мал.
Шешілісіп, сырласып отыралық,
Әр түрлі қымбат баға ішкілік ал.
Сырлассақ, сұхбаттассақ, аулақ артық,
Нашалы4 боламыз ғой сөйлеп шалқып.
Анаңды да бір жерге жібер, балам,
Сырымды үйрете алман бойым тартып.
Күн батпай біттей алаң болма бізге,
Қас қарая келермін мен де сізге.
Ішіп, жеу арасында сөйлер сөз көп,
Ол үйде жан болмасын сенен өзге!
Әзім кезді базарды аз тентіреп,
Әр түрлі ішкілікті алды күреп.
Алтынды көргеннен соң, анасы да
Кетті көрші үйіне, сеніңкіреп.
Арақ, жеміс – әр түрлі нығмет дайын,
Қуанды алтын қолға кірген сайын.
Үйіне бөтен жалғыз жанды қоймай,
Оңаша безендіріп тұрды жайын.
Көз байлана сып етіп шал да келді,
Әзім де есік ашты, дайын еді.
Әзімді баласына балағандай,
Жайнаңдап жарқын жүзбен үйге кірді.
Шал кіріп үйді тегіс аралады,
Бір Әзімнен басқа жан таба алмады.
Біротала бейілді беріп алған,
Әзім де бұл қылықты шам алмады.
Хош уақытсып сөйлейді шал барқылдап,
Қол қусырып Әзім тұр, сөзін тыңдап.
Асын жеп, қолын жуып болғаннан соң,
Әпкел деп ішкілікті қойды ымдап.
Бар іс қой әуелден-ақ ел салтында,
Орыс, неміс болса да, қай халқың да.
Пайда деп тән саулыққа ішетұғын,

Миуадан тартқан хамір6 ас артында.
Подносқа бөтелкемен арақ толды,
Бір-екі жақсы рюмке дайын болды.
Жоқтан барды сөйлесіп, сауқым салып,
Алысты пияланы оңды-солды.
Жайма-шуақ сұм шалдың іші мықты,
Алғашқы ішкен Әзімге тез-ақ шықты.
Бір аяқ қолдан қолға дегенсініп,
Жәдігөй стаканға дәру тықты.
Онысы түн ортасы болған заман,
Сұм екен талай жанды әуре қылған.
Дәрі қосқан аяқты ішкеннен соң,
Әзім барып жығылды шалқасынан.
Сонда шал терезеден бір ысқырды,
Төрт жігіт табыт алған үйге кірді.
Әзімді сол табытқа салды дағы,
Төртеуі көтеріп ап тысқа жүрді.
Әзімді мас қып алып, шал кенелді,
Есікті жабамын деп аз бөгелді.
Артын жым-жырт қылды да, антұрған шал,
Төртеуін ертіп алып, тез жөнелді.
Теңіздің жағасында қалың қамыс,
Ішінде бір кеме бар шалға таныс.
Әзімді сол кемеге салды дағы,
Тұмсығын бұрып алды шетке шалыс.
Қасында жиырма-отыз жолдасы бар,
Қаладан таң атқанша кетіп алыс.
Ел тұрды, ертең кемпір үйге кірді,
Бала жазым болғанын іші білді.
Зар ұрды, ойбай салды, не бітірсін,
Тұра тұр, өзге жайын сұрама енді.
Әзім есін жиыпты ертең түсте,
Өз басын көрді қауіп-қатер істе.
Қол-аяғы байлаулы жатыр жалғыз,
Темір шетік қапас боп тұрды үсте.
Ырғалып орнынан ол әрең тұрды.
Түрегеліп антұрған шалды көрді.
– Ақсақал адам мұндай қыла ма екен,
Анамнан мені айырып бұл нең? – деді.
– Көзіңді аш, есіңді жи, енді ойнама,
Мені сен өз діндесің деп ойлама!
Мен отқа шоқынамын, дініме көн,
Менде бардың бәрінен қауіп ойлама!
Егерде көнбей қалсаң, наданшылық,
Әр күні сізге дайын бір жүз шыбық.
Мың жаның болса дағы құтылмайсың,
Табылмас енді менен майда қылық.
Бала айтты: – Дінім үшін жаным құрбан,
Жаннан қорқып, отыңа мен бас ұрман.
Дінім хақ, ісім ақпын, өлсем шәйіт,
Қорқады деп үмітті үз сен антұрған.
Баланың бар киімін шешіп алды,
Жүз қамшы арқасына дүре салды.
Қыңқ етіп бір дыбысты шығармады,
Азырақ талмаусырап, нашарланды.
Мұнысын жаратпады қадір сұбхан,
Көк бұзылып, жер жүзі болды топан.
Байлаулы бала жайға қала берді,
Кемемен әуре болды көп антұрған.
Түн бойы ұйықтамады бір де мызғып,
Су сарылдап құйылды кемені ырғап.
Отыз құлы таусылды табанынан,
Су төгіп таң атқанша ол сарпылдап.
Отыз құл ақылдасты басты қосып,
Өлеміз деп ойлады жаннан шошып.
Бір шеттен бір жағаға келе жатқан
Кәрі иттің ұстай алды алдын тосып.
– Ақсақал, іс қыласыз ойланбастан,
Жаннан қорқып қашпаушы ек қара тастан.
Құдай сүймей, бұл істі бізге салды,
Қолын шеш, ризалық ал мына жастан.
Қолын шеш, ризалық ал, кісенді бұз,
Шапсаң айт, көнесің бе, уақыт тығыз.
Бұл сөзге көнбей қалсаң, ақыр өлдік,
Сені суға тастаймыз отызымыз!
Сонда шал мына сөзге аң-таң қалды,
Не қыларын біле алмай, аз ойланды.
Пішінін отызының байқаған соң,
Баланың қол-аяғын шешіп алды.
Мойнынан шырағым деп құшақтады,
Көзінің ағып жасы, бұршақтайды.
– Шырағым, мастықпенен қылыппын, – деп,
Әуелгі сөзден танып және алдайды.
Әзім жас, ақ бейілдеу адам еді,
Ойлады: өтірік болса, неге именді?
Мастықпен қылса, қылған шығар-ау деп,
Іс көрмеген жастықпен және сенді.
– Мастықпен қылған болсаң, кештім саған,
Кәрі ит те: – шырағым – деп арсаңдаған.
Жел тынып, күн айығып баяғыдай,
Хикметімен тоқтатты бір жасаған.
Баланы сыйлап жатыр тамақ қамдап,
Су төккісіз жорға боп шал жылмаңдап.
Отыз құл мынау тек жан емес қой деп,
Әлінше қызметінде жүр тырбаңдап.
Бір мезгілде шал айтты: – Балам, тоқта,
Мысты алтын қылатын дәрі осы жақта.
Алыс емес, аз күндік жақын жерде,
Болмай ма молықтырып ап қайтсақ та?
Бала айтты: – Өзің біл! – деп бұл сөзіне,
Шал қуанды тиген соң ерік өзіне.
Төбесінен тік тұрып қылды қызмет,
Титтей шәргез келмейді мінезіне.
Сып етіп бір жағаға келді жетіп,
Шал жөнелді, баланы қасына ертіп.
Бір барабан тұр екен, қағып еді,
Қамады желмаялар дүбірлетіп.
Үш желмая ұстады жорығына,
Бірінің азық артты қомдығына.
Екеуіне ер ерттеп мініп алып,
Барабанды қалдырды орынына.
Желмаялар келеді желдей есіп,
Сұм шалдың бір тарапты көзі тесіп.
Шал айтады балаға: – Көрдің бе? – деп –
Бұлт тұр бұлдыраған елеңдесіп?
Ол өзі – бұлт емес, Қаптың тауы,
Бір бөлек үлкен таудың бергі бауры.
Бергі таудың басында сол дәрі бар,
Қырандай ап қайтармыз жібек баулы.
Түні бойы жүріпті, болды сәске,
Көрінді жарқыраған үйдей нәсте.
– Бұл не? – деп сұрап еді, тұра қашты,
Биттей аял қылмады кәпір әсте.
– Бұл не? – деп тағы да айтты Әзім сорлы,
Қашқаның не қылғаның мұнша ғұрлы?
– Шырағым, мұның өзі қатерлі жер,
Бұл бір қаскөй жәдігөй дәудің орны.
Соны айтты да, шал сабап жүре берді,
Бір өзен жатыр екен, соны өрледі.
Өзенді өрлегеннен бір айрылмай,
Дәл бесінде ұшыртып тауға келді.
Келді де бір жартасқа түсе қалды,
Азық артқан маяны жарып салды.
Ішін жарып, іштегі ішек-қарнын,
Өкпе-баурын тазалап, бәрін алды.
Сонда шал Әзімге арқан, қанжар берді,
– Маяның ішіне еніп, сен жат! – деді, –
Ішін тігіп, мен кетіп, жасырынам,
Тау басында самұрық бізді көрді.
Бұл жерге мен кеткен соң самұрық келер,
Маяны іліп алып, биікке өрлер.
Бір жерге қонғаннан соң жар-дағы шық,
Именіп адамзаттан ұшып кетер.
Тау басында бар қара ұсақ топырақ,
Қапқа толтыр кешікпей жылдамырақ.
Қап толған соң арқанға байлап жібер,
Саспай шешіп алғанша тоқта бірақ.
Сонан соң арқаныңды тасқа байла,
Түсетұғын ыңғайлы жерді сайла.
Арқаннан ұста дағы түс сырғанап,
Жарамайды, қылмасаң сүйтіп айла.
Қап алды, қанжар алды сонда Әзім,
Сөзінің ұқты бәрін қылмай жазым.
– Шырағым, айтқанымды жаңылма, – деп,
Барынша қылып жатыр шал да тағзым.
Әзім де бөгелмеді бойын тежеп,
Талабы, тәуекелі сондай-ақ көп.
Тәңірінің бір жазғаны екі болмас,
Маяның ішіне енді тәуекел деп.
Маяның кетіп қалды ішін тігіп,
Шалекең жасырынды талға кіріп.
Аспаннан самұрық келіп, іліп алып,
Қайқайып қайта шықты бір-ақ ырғып.
Маяны самұрық қонды тасқа апарып,
Ер Әзім шыға келді ішін жарып.
Адамзатты көрген соң бұдан шошып,
Отырды самұрық құс аулақ барып.
Жалтаңдап Әзім шықты тау басына,
Тапты топырақ, толтырды дорбасына.
Қап толған соң, арқанға мықтап байлап,
Тау басынан жіберді атасына.
Жіберді әлгі қапты жерге атып,
Антұрған шал дәулетке қалды батып.
Қап жерге түскеннен соң, дінсіз кәпір
Арқанды алып кетті жұла тартып.
Айрылып арқанынан Әзім қалды,
– Арқанды неге алдың! – деп, айғай салды.
– Талайды осы тауға тастағанмын,
Соның бірі болдың – деп, кете барды.
Сұм шалдың дінсіздігін сонда білді,
Қарамай, бір қайрылмай, жүре берді.
Кәпірдің қайрылмасын білгеннен соң,
Жүгіріп жалтыр тастан жол іздеді.
Көрді, білді ол таста жолдың жоғын,
Сонан соң қамдап бақты қарны тоғын.
Азырақ жеміс тауып жеді дағы,
Көрмекке жата кетті хақ бұйрығын.
Күн де батты, бір жерге Әзім жатты,
Күн батқан соң жан-жағы салдыр.
Қараса қаптап жүрген бәрі айдаһар,
Сонда да біраз жатып ұйықтап қапты.
Ұйықтап кетіп, шошынып тез оянды,
Жұтқалы көрді келген айдаһарды.
Не де болса тәуекел қылды дағы,
Қанжармен қақ басынан шауып қалды.
Өзі де бір тарапқа ыршып кетті,
Бір биік ағаш көрген, соған жетті.
Биік жерде болайын деді дағы,
Сол түні ағаш басын мекен етті.
Әр-бері жатты-дағы, ұйықтап қалды,
Шаршаған ғой, күн шыға зорға оянды.
Қараса басқа айдаһар жоғалыпты,
Өзі шапқан таныды айдаһарды.
Ойлады тірі болса кетпес пе еді?
Өлген ғой мына айдаһар деп ойлады.
Ағаштан түсе қалып айдаһарға,
Қолына қанжар алып жетіп барды.
Көрді, білді айдаһар тірі емесін,
Тәңірі ұзын жаратқан сом денесін.
Қанжармен таспадай қып тіліп алып,
Аз ұқалап кептірді жон терісін.
Жалғап-жалғап, бір ұзын арқан етті,
Ер Әзім осылайша талап етті.
Бір ұшын тасқа байлап жібергенде,
Түсетұғын орнына әбден жетті.
Ер Әзім тәуекел қып жаннан күсіп,
Арқаннан ұстады да, кетті түсіп.
Қарақат жеп, мойыл жеп, судан ішіп,
Өзенді құлдады да жүгірді ұшып.
Үш қонып, төртінші күн белден асты,
Ол күні алтынды үйге душарласты.
Тау басынан түсірген тәуекелмен
Сол үйге кірмек болып қадам басты.
Қақпадан кірді ішкері қадам басып,
Бір үйінен өрледі бір үйге асып.
Тілдесерге еш адам жолықпады,
Төрдегі үйге кірді есік ашып.
Екі сұлу қыз отыр төрдегі үйде,
Ондай сұлу көрген жоқ бүтін елде.
Екі қыз шатраш ойнап, білмей қалды,
Кірді де тұра қалды орта жерде.
Екі қыз мұны көрді бас көтеріп,
Адамзатқа таңырқап, тұрды елеріп.
– Ей, жігіт, түсің жақсы жан екенсің
Жүр едің жәдігөйге не қып еріп?
Сөйледі Әзім дағы аянбай-ақ:
– Мен ғаріп бишарамын жүрген саяқ.
Әуелде өзі көрген бар қысаны
Сөйледі бірін қоймай бастан аяқ.
Екі қыз естіп білді Әзім жайын,
Есіркеп, мүсіркейді айтқан сайын:
– Сен бізге бауыр болып, тұр осында,
Не керектің қылалық бәрін дайын.
Құп болсын, олай болса, апаларым!
Дүниенің тартып жүрмін жапаларын.
Сағынсам, өз еліме жеткізе ме,
Айтсаңыз, мархаматты аталарың?
– Көңілді бос суытпа біздей қыздан,
Сізге уәде біздерге тәңірі айтқызған.
Шыдағанша шыдап бақ қасымызда,
Қайтпағың келер біздің қолымыздан.
Сені біз жар етпейміз, бауыр еттік,
Достықпен жүрек еріп тәуір еттік:
Түбінде сен тұра алмас болсаң мұнда,
Еліңе жеткізуге біз де жеттік.
Құп болады десті де, серт байласты,
Қатты-қатты айтысып уағдаласты.
Көңілінде қара жоқ, ақ ниетпен
Тым жақын дос болуға ыңғайласты.
Күн жаңғырып, бойына қуат енген.
Алтынды үйдің ішінде еркеленген.
– Жан-жағын қалай сайран қылсаң еркің,
Жалғыз-ақ бір есікке кірме, – деген.
Екі қыз кетіп бір күн, қалды Әзім,
Салған жоқ қыздар оның көңліне ажым.
Тал түсте бағанағы кірме деген
Есікке кіріп кетті – бар ма лажың?
Кірсе, ар жағы дөңгелек қалың ағаш,
Ішінде бір қауыз бар ернеуі тас.
Бұлбұл сайрап, миуасы салбырап тұр,
Салтанатын түгендей айтып болмас.
Тас ернеуі – меруерт, ол көрінген,
Кеткісі келмес жанның мұны көрген.
Ер Әзім тамашалап қарап тұрса,
Бір түрлі таңғажайып құстар келген.
(Аяғы бітпей қалған) поэмасының жалғасын мен жалғаймын ...

Қанат қағып ортаға құстар келді,

Шыр айналып самғауға құштар еді.

Әзімге қарап тұрып бір ырғақпен,

Құстар айтты болғандарын текті елді.

Ер Әзім таң қалды да, күлімдеді,

Өңім бе, түсім бе деп түсінбеді.

Сұлу құстар оның ойын түсінгендей,

-Бұл сенің түсің емес, өңің – деді.

Көз ашып, Әзім оған көз жеткізді,

Құстардан адамша үн тағы естіледі.

Бұл жолы құстар дағы көп сөйледі,

Болғандарын бұрын соңды ол секілді.

– Ей, жігітім, сені мұнда не әкелді?

Әлгі шал ма сені өзімен еріткен-ді?

Қателікті қайталадың біз жасаған,

Сені дағы тағдыр күтер біздердегі.

– Иә, шындығым, ол шал мені ертіп келді,

Түсіндім мен. Ол өзге дінде екен-ді…

Оған сенген мен Әзім құрып кеткір,

Көрсе қызар қасиетім жан-тәндегі.

– Бала Әзім, түсінеміз жағдайыңды,

Бірақ тағы қайтарма өз райыңды.

Білеміз біз, бұл мекеннен құтылуды,

Көрдің бе сен алтын үйлі екі қызды.

– Екі қызды көргенім рас жасырмаймын,

Олар маған жауыз емес бауыр дайым

Сендер үшін олар неге қас болады?

Сертті бұзған тек мен емес сендерде ме?

Тас есікті ашып көріп құдай ұрған.

Білсеңдер құтылуды бұл мекеннен,

Меңзесеңдер жолды маған, бар болғаны.

Қайтып кетер жолды таппай дал болғаны,

Ашығып, хәлім құрып, басым мең-зең.

– Бұл мекеннен құс болып қайта алмаймыз,

Адамға айналмай жол айта алмаймыз.

Өлкеңе қайтқың келсе бүгін сенің,

Бізді тыңда ете білгің жолсерігің

Шартымыз бар тыңдасаң бізді мұқият.

Сенің де жолың болар оп-оңай ақ.

Алтын үйлі қыздар да бар шыны ыдыс,

Ішіндегі мәуесі бар бізге таныс,

Қол жеткіззек егер де Алла жазып,

Қайтар едік бұрынғыша келбетке еніп.

Түсінді бала Әзім ойланбастан,

Келісті басын изеп бұрылмастан.

Серттесіп, ұзақ жолға аттанған соң

Жөн сұрасып біле жүрген тағы бір сын.

«Бала Әзім атың таныс, өлкең қайда?

Білмекке біз бейбақты қаралама,

Жүзің жылы, түңілмедік сөздеріңнен

Өлкеңді біле жүрсек бұл да айып па?

– Өлкем менің Балсура, біле алғайсың,

Әр көшесін тамсанып аралайсың.

Тағдыр жазып, қауышсам мекеніме

Жалғармын ата кәсіп сурет салу,

Суретші Мұстапаның есіміне лайық.

– Ал біздің мекеніміз Шынмашыннан,

Әкеміз Сапа есімді тігінші болған,

Ақылшы әкемізді көп елемей

Адасып ел кездік біз құдай ұрған.

Осы кезде Әзім қайта таңқалған-ды,

Әкесінің ескі сөзін еске алған-ды.

Әкесі айтқан еді бала Әзімге:

«Шынмашында бауырым бар Сапа атты».

Сол мезетте екі жақ та түсінген-ді,

«Бауырым» деп бір-біріне сүйсінеді.

Сапаның қыздарының қуанышы,

Ну орманды жайқалтып қоя берді

Солай жүріп бір биікте тоқтай қалды,

Баяғы Самұрықты байқай қалды.

Самұрықтың ізгі екенін білген достар,

Одан көмек сұрауды жөн санады.

Қасиетті Самұрық құс келісе кетті,

Қабыл алмас Самұрық құс тек терісті.

Бауырлардың Самұрықтан сұрағаны:

-Алтын үйге жеткізе көр,- деп келісті.

Аз болмады Самұрықтың ұшқанына,

Жақындап қалды алтын үй маңына.

Үйге еніп жан жоғын білгеннен соң,

Көз жүгіртті таппаққа сол ыдысты.

Шыны ыдысқа толған екен қыздардың үйі,

Әзімнің нашарлады лезде күйі.

Құстарды енді қалай қайтарамын?

Ерекше ыдысты іздеп, қатты миы.

Әзім бала ерекше ыдыс таба алмады,

Құстарды құтқара алмай ол жылады.

Көзінен аққан оның жас тамшысы

Құстарға тиіп кетіп, ем болған-ды.

Бауырлар құшақтасып қуанады,

Орындалып олардың бар арманы.

Енді қалды тек жету туған жерге

Жай сұрасып, қауышу туған елде.

Мінді де самұрыққа қасиетті,

Құйындатып туған жерге ұшып жетті.

Шегі жоқ қуанышта бауырлардың

Мəз-мейрам көтеріңкі, көңілдері.

Қондыдағы самұрық бір төбеге:

-Арықарай бара алмаймын сіздермен бірге,-

Деді дағы ұшып кетті аспан көкке,

Қоштасып достарыммен көкте-көкте.

Бауырлар ұзақ жүрмей кездестірді,

Шынмашын деп аталатын кең өлкені.

Балаларын қарсы алды қарт Сапа ентіге,
Бауырына қысып, жылап бір теңселе.

Мəн-жайды біліп көп бүгелмеді,

Сөз сөйледі қарт тігінші кемсеңдене:

-Болмады балаларым бұл істерің,

Алтын қуып соңынан із кезгенің.

Болған іс болар ойлаймын енді,

Түсінген боларсыңдар нағыз кенді.

Ата кәсіп домалатқан мен бір ғаріп

Қумартпадым дүние қуып, аш көзденіп

Көрсеқызар болуды жек көріп ем,

Ал енді сол ісіме өкінбес мен.

Сендерде ғибрат алып бұл харекеттен,

Шыңдалып өмір деген керуеннен

Әзімнің әңгімесі өрнек болды,

Өрнек болар көп елге, білмек болды.
Бұл шығармашылық жұмыс Хәкім Абайдың аяқталмаған ӘЗІМ ӘҢГІМЕСІ поэмасының жалғасы....

 

 Данияр Нұршарып


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?
Пікір жазу