Жеңістің таңбасын басқан күн – Жеңіс күні

 Жеңістің таңбасын басқан күн – Жеңіс күні

Мырзан Томирис
№175 «Жаңа Ғасыр» гимназияның 9 сынып оқушысы Алматы қаласы
Жетекшісі:Койгельдинова Жазира Нурбековна

Ешкім де, ешнәрсе де ұмытылмақ емес! Соғыс – күйретуші күш! Дәл солай! Барды жоқ ететін, тауды жер ететін. Жер бетіндегі тіршілік атаулының бәрін жалмап жұтатын ажал. Сол қанды кезеңді еске түсіріп, елестететін газет-журнал матералдары немесе радиотелехабарлар, кинолар аталар ерлігін мақтаныш тұта бізге жеткізді. Иә, содан бері жарты ғасырдан астам уақыт өтсе де, ешнәрсе де ұмытылған жоқ. Ұлы Отан соғысы... Бұл сол кездегі кеңес халқының ержүректілігі мен төзімділіктерін паш ететін, тарихта мәңгі қалатын күн. Бұл күнді соғыстың алғы шептерінде қайсарлықпен шайқас жүргізіп, ерліктің сан үлгісін көрсеткен ардагерлер тойлайды.
Неменеңе жетістің бала батыр,
Қариялар азайып бара жатыр
Бірі мініп келместің кемесіне,
Бірі күтіп, әнеки, жағада тұр, - деп тебіренген Мұқағали мұңында жұмырбасты пенде үшін теңдессіз құндылық ұрпақаралық қимастық, сыйластық сезімдері мөлдіреп тұр. Қариялар азайып бара жатқанын әсіресе олардың ортасында Ұлы Отан соғысынан аман орталған ақсақалдарымыздың қарасы жыл санап азайып барады емес пе?! Солардың жанымен, қанымен, терімен, көз жасымен, күшімен, ісімен, ерлігімен, атаның туын жықпай, ананың намысы үшін туған жердің топырағын жауға таптатпай, еңіреп жүріп жауды жеңіп, тауын шағып, туын жағап, жеңістің таңбасын басқан күн – Жеңіс күні. Бұл күннің толғағы ашшы болса да, туғаны бар халқы үшін қуаныш болған күн. Сондықтан да бұл Ұлы мереке. Оққа ұшқан қарулас жолдастарының аманатын арқалап, аман оралған ардагер аталарымыздың өздері қорғап, қорған қамқор болып оралған арттағы қалың елдің қамығып жеткен Жеңіс күнін, біз ұмытсақ та тарих ұмытпайды. Ол - өмір заңы. Біз Ұлы Отан соғысындағы Ұлы Жеңіске ештеңеге теңеспейтін ғажап күшпен жеттік. Ол күш - әрине, "бірлік”. Қаншама халық бір тудың астына бірігіпкүштерін бір арнаға салды.Ұлы Жеңіс он бес одақтас болған мемлекеттердің ортақ мерейтойы.
Москва, сенің іргеңді
Ел, ер болып сақтаймыз
Сенен аяр жан да жоқ,
Барлығы да сен үшін,
Саған қауіп төнгенде
Жау таянып келгенде,
Қамсыз тыныш жатпаймыз
Алпыс ұлттың адамы,
Қол ұстасып үн қосып,
Қорғауға сені дайынбыз, - деп жазған Нүрпейіс Байғанидің өлеңінен халқымыздың Мәскеу қаласына деген ерекше құрметі байқалады. Сол кездегі Кеңес Одағының басқа халқымен бірге жауды талқандап, жеңіске жету ісіне Қазақ халқы да өзінің лайықты үлесін қосты. Қазақстандық жауынгерлер Брест қамалынан бастап Берлинге дейін барды. Олар Сталинград түбіндегі шайқаста, Днепр өткелінде, Москва мен Ленинград үшін болған ұрыстарда ерен ерліктер көрсетті. Қазақ елі басына күн туғанда толарсақтан саз кешетін жауынгер халық. Ұлы Отан соғысының қатпарлы парақтарына үңіліп қарасақ, қазақтардың қанды қырғынға қаймықпай соғысқанына ашық көзіміз жетеді. Оған мысал айқас алаңдарында өшпес ерлік жасаған бес жүз қазақтың Кеңес Одағының батыры атағын алғанын айтсақ та жетеді. Биылғы жыл Кеңес Одағының батыры атағын кеш алған Бауыржан Момышұлы атамыздың жүз жылдық мерейтойы мен жеңістің алпыс бес жыдығымен қатар келіп тұр. Торқалы тойдың қуанышы өзі сүйген халқы үшін ерекше болмақ. Найзағайдай жарқылдаған отты ой бар қаһарлы сөйлесе де қайырымы мол, өз мүддесін, ұрпақ мүддесін ойлаған, қара қылды қақ жаратын әділдіктен жаралған ойы тұңғиық, қимылы қылыш Бауржан Момышұлы есімі, ерлігі жадымызда мәңгі қалып, өнегесі болашаққа күш, қайрат, рух береді. "Ер есімі – ел есінде”,- демекші, бізге жарқын болашақ, бақытты ғұмыр сыйлаған аталар, апалар ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Соғысты бірінші болып қарсы алғандардың қатарында Кеңес Одағының батыс шебін күзеткен ондаған мың қазақстандық-шекарашылар болды. Атақты Брест гарнизонының өзінде 1941 жылдың көктемінде біздің 3 мыңдай жерлесіміз қызмет еткен, шілде айында олардың көпшілігі әскерден елге қайтулары керек болған. Бірақ жаудың шабуылы олардың бұл жоспарларын күл-талқан етті. Соғыс өрті ішке қарай тез еніп, Брест қамалының тірі қалған қорғаушылары партизандар қозғалысына қосылды. Олардың қатарында 190 қазақстандық болған және олардың көбісінің сүйегі беларусь жерінде қалған.
Соғыс кенеттен басталғанымен, Қазақстан, бүкіл Кеңес Одағы сияқты, алғашқы күннен бастап жұдырықтай жұмылды. Республиканың түкпіртүкпірінде әскери комиссариаттарға еріктілер ағылды. Кеше ғана мектеп партасында отырған бозбалалар мен бойжеткендер де, қала мен ауыл тұрғындары да соғысқа сұранды. Қазақстан армия мен флот үшін офицерлік кадрлар және резервтік күштер дайындауға да лайықты үлес қосты. 1941-1945 жылдары әскери оқу орындарына 42 мыңнан астам жас қазақстандық жолданды, ал Қазақстанның аумағында сол жылдары жұмыс істеген 27 әскери оқу орны толық емес мәлімет бойынша 16 мыңдай офицер дайындап шығарған.
Біздің жерлестеріміз майдан даласында ерлікпен шайқасқан. Жауынгерлік ерліктері үшін жүздеген мың қазақстандық медальордендермен марапатталса, 500-дей адам Кеңес Одағының Батыры, 100ден астам адам - Даңқ орденінің толық иегері атанған. Төрт қазақстандық екі мәрте Кеңес Одағының Батыры атанды, олар - Талғат Бигелдинов, Сергей Луганский, Иван Павлов және Леонид Беда. Кеңес Одағы Батырларының қатарында қазақтың екі қызы - мерген Әлия Молдағұлова мен пулеметші Мәншүк Мәметова бар. Рейхстагқа Жеңіс туын тіккендердің бірі - қазақ жігіті Рахымжан Қошқарбаев. Жаудың тылында партизандардың қатарында да қазақстандықтар шайқасқан. Солардың бірі - Қасым Қайсенов. Ал танымал қолбасшы, әскери жазушы Бауыржан Момышұлын, 28 панфиловшылардың ерлігін білмейтін қазақ жоқ шығар. Соғыстың тек майдан даласында ғана емес, тылда жүргені мәлім. Гитлерліктер КСРО-ның батыс аудандарын басып алғаннан кейін, Сібір мен Қазақстанның ел экономикасындағы маңызы күрт артқан. Жаудың қолына бермеу үшін соғыстың алғашқы айларында өнеркәсіптік кәсіпорындардың барлығы тылға көшіріле бастады. Қысқа мерзімнің ішінде Қазақстанның аумағына 142 кәсіпорын жайғастырылды, 532 506 адам көшірілді. Оған қоса, жаңа өнеркәсіптік нысандардың құрылыстары жеделдетілді.
Соғыстың алғашқы 1,5 жылында Қазақстанда 25 кен орны пен шахта, 11 кен байыту фабрикалары, 19 жаңа көмір шахтасы, 3 разрез, 4 жаңа мұнай кеніші мен Гурьевтегі мұнай өңдеу зауыты іске қосылды. Темір жол құрылысы жалғасты. 1942-1943 жылдары Мақат-Орск, Ақмола -Магнитогорск желілерінің құрылысы аяқталды. Соғыс жылдары Қазақстан жалпыодақтың мыс құймасының 30 пайызын, марганец кенінің 60 пайызын, мыс кенінің 50 пайызын, металл висмуттың 65 пайызын, полиметалл кендерінің 70 пайызын, мырыш өнімінің 85 пайызын берді. Қорғаныс өнеркәсібіне қажетті мыстың үштен бірі Қазақстанда өндірілді, сондықтан да соғыс жылдары әрбір 10 оқтың тоғызы Қазақстанда құйылды.
Республикада танк және ұшақ жасауға ақша жинау қозғалысы жүрді. 1941 жылдың күзінде Бүкілодақтық лениндік коммунистік жастар одағы (ВЛКСМ) атындағы танк дивизиясын құруға қаржы жинала бастады да, бір жылға жетер-жетпес уақыттың ішінде армия қазақстандық комсомолдардан 45 жаңа танк алды.
Кейінірек халық қаражатына тағы 10 танк колоннасы, бірнеше авиациялық эскадрилия, торпедо катерлер мен атаулы ұшақтар жасалды. Соғыс жылдары Қазақстан халқы жауынгерлік техникалар жасауға 480,3 миллион рубль жинап берді. Жеңіске Қазақстанның ауыл шаруашылығы да өз үлесін қосты. Атап айтқанда, еліміз 30,8 миллион пұт астық, 14,4 миллион пұт картоп және көкөніс, 15,8 миллион пұт ет, 3 194 мың центнер сүт, 17,6 мың центнер жүн берді. Бұл соғысқа дейінгі бес жылдағы көрсеткіштен бірнеше есе көп. Республиканың барлық экономикасы әскери «рельске» қойылды: бейбіт мақсаттағы шығыстар барынша қысқартылды, көптеген кәсіпорындар қорғаныс өнімдерін шығаруға кірісті.Ер азаматтардың бәрі армия қатарында болғандықтан, зауыттарда әйелдер, қариялар, жасөспірімдер еңбек етті.Еңбек тәртібі қатайтылды, жұмыс уақыты ұзартылды. Алты апталық, 23 сағаттық жұмыс күні бекітілді, демалыстар тоқтатылды. Бірақ ешкім қынжылған жоқ. Бүкіл ел «Бәрі де майдан үшін, бәрі де Жеңіс үшін!» деген ұранмен еңбек етті.
КСРО-ның батыс өңірлерінен көшірілген халықпен қоса, 1941 жылдың күзінде Қазақстанға Полвольжеден жүздеген мың немістер мен поляктар жер аударылды. 1942-1944 жылдары 507 мың балқар, қарашай, ингуш, шешен халқы, 110 мың түрік-месхетиндер, 180 мың қырым татарлары күшпен жер аударылды. Оған қоса, күн сайын Қазақстанға жаралы жауынгерлер мен офицерлер тиелген пойыздар ағылып жатты. Әскери госпитальдердің көбісі Алматыда құрылды. Ұлы Отан соғысы 4 жылға созылды.
Бүгін Қазақстанның барлық қалалары мен ауылдарында Даңқ монументтеріне, Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жауынгерлердің ескерткіштеріне гүл шоқтарын қою рәсімдері өтуде. Бұл соғысты ешкім де ұмытпауы, ешнәрсе де ұмытылмауы керек.


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?