Ұлттық мүдде- ел қазығы, ел бағы.

 Ұлттық мүдде- ел қазығы, ел бағы.

Ғиззат Әнел
9 сынып, №38 мектеп-лицей
Орал қаласы
Жетекшісі: Ажкеева Г. А.

Шұғыласынан нұр шашып, өз жылуымен жыл басы Наурыз да келді. Қос етек көйлектері желбіреп, үкілері үлбіреп, шашбаулары сылдырап, басқан іздері білінбей, белдерін қынай байлап, қазақ киімін киген менің сыныптастарым Наурыз мерекесіне дайындалуда. Қарағанда көз тоятын мұндай әдемі ұлттық киімге бай сән өнері, күмбірлеген күй өнері, әуелеген ән өнері, таң қалдырған би өнері, ұлттық спорт, тағылымға толы ұлттық салт-дәстүр – бәрі менің ұлтымның тамырын тереңге жайған текті халық екендігінің дәлеліндей. Мен өзімнің қазақ болып жаралғаныма шын бақыттымын. Басынан «ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаны» өткеріп, жетпіс жылдың үстінде қызыл империяның құрамында болған біздің елімізге, ұлттық құндылықтарымызға қызыға да қызғана қараған көршілеріміз көп болғанына тарих дәлел: күштеп отарлау саясаты, ұжымдастыру, ұлт интеллигенттерінің репрессияға ұшырауы тарихқа қанмен жазылған кезеңдер еді. Осы сұрапылдарда ұлтымызды ұлт ретінде жойылудан сақтаған ұлттық сана, ұлттық мүдде, ұлттық құндылық еді. Әр шаңырақ жасырын баласын бесікке салып, сүндетке отырғызып, шаңырақ көтеріп, Наурыз тойлап, көрісіп, салт – дәстүрді сақтап, келер ұрпағына жеткізді. Сондықтан да жерлесіміз Ж.Молдағалиев:
Мен қазақпын мың өліп, мың тірілген,
Жөргегімде таныстым мұң тілімен.
Мен мың да бір тірілдім мәңгі өлмеске
Айта бергім келеді, айта бергім, деп жырлады. Ата - бабаларымыз көздің қарашығындай сақтап, аманаттаған ұлттық құндылықтарды сақтау жүрегінде «мен – қазақпын!» деген әр қазақ баласының борышы деп білемін. Ереуіл атқа ер салып, найзамен ел намысын қорғаған бабалар заманы өтті. Бейбіт өмірде аттандамай келіп, қойны-қонышыңа кіріп, «төр менікі» дейтін жымысқы жаудан қорғанар сақтық пен барымызды әлемге паш етіп, мақтана көрсететін сұңғылалық менің замандастарымның бойынан табылатынына сенемін.
Патриот деген кім? Ол жарқыратып, жалаулатып, көрсетіп істейтін іс емес. Ол – пенденің өзінің ұлт перзентімін деп ұлттың «мен» дегізерлік қасиеттерін тануы.
Ол – пенденің ұлттық мүддеге табынуы.
Ол – пенденің қара басының мақсатын ұлттық мүддеге бағындыруы. Ол – пенденің ұлт үшін қабырғасы қайысып, қара нардай тартқан жүктен майысып, ағынан жарылуы.
Ол – пенденің өз ұлтының шыққан тауы биік болсын деп, мәртебесі басқа халықтардан озсын деп, жеңісіне сүйсініп, сүрінгеніне күйініп, қуануы мен қамығуы.
Ол – пенденің ұлтынан қол үзгенде өзегі өртеніп, көңілі құлазып, барын жоғалтқандай, аңсап сағынуы.
Ол – ұлт басына күн туғанда ұлтын сүйгіш жанның керек жерден табылуы, ұлт намысын қорғауға дайындығы керек.
Қорытып айтқанда, ұлттық намыс өз ұлтының «мен» дегізерлік қасиеттерін қызғыштай қорғайтын, ұлтты іргелі, жоғары деңгейге көтеруді аңсайтын да қолдайтын, ісімен де күшімен де ұлттық намыс туын көтеріп, қара басын, керек болса, мәңгілікке жолдайтын қаракет иесі. Әр патриот өзінің ұлттық санасына мығым болуы керек. Ал ұлттық санаға идеология, психология, менталитет, патриотизм, тәрбие жатады. Ғасырлар бойы советтік өмір салтымен мәжбүрлеп, жоғары билікке қарсы келмей, езгіде болуға үйренген халқымыз өзінің ұлттық киімін тек ұлттық мерекелерде киетін жағдайға жетті. Тәуелсіз еліміздің жаңаша келбеті, менің ойымша, еуропалық үлгіде даму үстінде. Демократиялық принциппен халықтың басын біріктіретін ұлттық идеяны қалыптастыру тәрбиеге негізделеді. Тәрбие – тал бесіктен басталады. М.Жұмабаев: «Ұлт тәрбиесі баяғыдан бері сыналып, көп буын қолданып келе жатқан тақтақ жол болғандықтан, әрбір ұлттың баласы өз ұлтының арасында өз ұлты үшін қызмет ететін болғандықтан, әрбір тәрбиеші баланы сол ұлт тәрбиесімен тәрбие қылуға міндетті»,- деп, «Педагогика» еңбегінде жазып кеткендей, әр ана қызына кілем, алаша, киіз басуды үйретсе, әкелеріміз ұлдарына асыл тастармен әшекейлеп, алтын-күмістен жасалған зергерлік бұйымдар жасауды үйретсе нұр үстіне нұр болмас па еді. Салт-дәстүріміз қажет уақытта ақылы қызмет көрсететін асабалардың деңгейінде қалмай, ата-әжелеріміздің жеткізуімен әр шаңырақта күнделікті қолданылса екен. Ұлтымыздың ұлт болып қалыптасып, дамуы үшін ұлттық санадан кейін маңызды орын алатын – ұлттық құндылық. Ұлттық құндылыққа ұлтымыздың мәдениеті мен әдебиеті, өнері мен спорты жатады.
Егерде ұлттық мәдениетке келетін болсақ қазақ халқы өзінің тұрмыс-тіршілігіне бейімделген ежелден өзінің ұлттық мәдениетін қалыптастырды. Ол мәдениет негізінен көшпенді өмір салтына бейімделген болатын. Сондықтан қазіргі қазақ мәдениетін еуразиялық ұлы дала көшпенділерінің мұрагері деуге болады.
Қазақта «ата-қоныс» деген ұғым бар. Яғни, «ата-қоныс» қазақ үшін киелі жер болып саналады және осы көшіп-қонып жүрген жерлердің тауы мен даласы, өзен мен көлдері, орманы мен құмы қазаққа өте ыстық, әрі қасиетті болып көрінеді. Сол себепті қазақ халқы аңыз-әңгімелерінде, өлең-жырларында өзінің өмір сүретін табиғат ортасының сұлулығы мен әсемдігін творчествалық шығармашылыққа арқау еткен.
Ұлт пен тіл еш уақытта ажырамайтын, бірімен-бірі кірігіп, бөліп алуға болмайтын нәрсе. Ұлттың ең негізгі қасиеті – қабілетінде, ал қабілет ойлаумен байланысты, өз кезегінде ойлау деген нәрсені құрайтын – тіл. Осыдан тиісті қорытындылар жасауға болады. Ұлттың рухы тілдің мазмұнын рухтандырып тұрады. Рухсыз тіл – тіл емес. Дүние жүзінде жасанды тілдер бар . Осы пікірмен сабақтас классик жазушы Мұхтар Әуезов: «Бұл дәуірде өз тілін, әдебиетін білмеген , қадірлемеген адам толық мәнді интеллигент емес деуге де болады, себебі, ол қандайлық мамандық білімі болса, рухани ой-тәрбиесінде сыңар жақ азамат болады. Тегінде, қай мамандық саласында жүрген адам болса да, шын интеллигент дәрежесіне жету үш әдебиетті білу жалпылығы ортақ шарт. Ана тілінен бірнеше жағдайлар себеп болып ажыраған ел «азған» ел атанып, кейіннен аты өшіп, ұрпақтары бұршақша бытырап, қардай еріп, құмға сіңген судай дерексіз жоғалып кеткенін тарихтан кездестіруге болады. Ондай сормаңдай ел бұрынғы кезде аз болмағандығына тарихта дәлелдер аз емес»,- дейді.
Ұлттың болмысын, басқалардан ерекшелендіріп тұратын маңызды рухани табиғатын түсінген Алаш қайраткерлері әрқашан тіл мәселесін ұлттан бөліп қарамаған. Мәселен, А.Байтұрсынұлы «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады. Өз ұлтына басқа жұртты қосамын дегендер, әуелі сол жұрттың тілін аздыруға тырысады. Егерде біз қазақ деген ұлт болып тұруды тілесек қарнымыз ашпас қамын ойлағанда , тіліміздің де сақталу қамын қатар ойлауымыз керек» десе, М.Шоқай «Ұлттық рухтың негізі – ұлттық тіл», М.Жұмабаев «Ұлттың ұлт болуына бірінші шарт – тіл. Ұлт үшін тілінен қымбат ешнәрсе жоқ» деген құнды ой-тұжырымдар жасайды.
Қазіргі қоғамда шалағай тілді қазақтар, еуропалық мәдениетке еліктеп, өз ұлтының құндылықтарын «ескіліктің қалдығы» деп мойындамайтын қалалық қазақтар да бар, бірақ менің қатарластарымда өзінің ұлттық мүддесін қорғай алатын ұлтжанды патриоттар көбірек. Қай қоғамның да жақсы және жаман жағы бар. Белгілі ақын , қоғам қайраткері М.Шаханов бұндай шалағай қазақтарды «компьютер басты жарты адамдар» деп теңейді. Жүрегінде ұлттық сезімі жоқ, ана тілінде сөйлеуге , ата салтын құрметтеуге намыстанатын замандастарымызды Абай атамыз айтқандай «толық» адам дей аламыз ба? Оның жансыз компьютерден айырмасы қайсы?», - деп суреттейді. Ұлттық тәрбие барысында ұлттық сананы қалыптастыру ең маңызды шарттардың бірі десек қателеспейміз. Қазіргі жаһандану кезіндегі Батыс өркениетінен біздің алатынымыз да бар, ысырып тастайтын тұстарымыз да бар. Алатын тұстарымыз қатарына батыстың технологиялық жетістіктерін, экономикалық өндірісті ұйымдастыру тәжірибелері мен ғылыми-техникалық мәдениетін қабылдау сияқтыларды атауымызға болады. Батыстың білімі, ғылымы, техникасы, технологиясы, біздер үшін өте қажет десек те, Батыс өркениетіне шамадан тыс еліктеушілік – жақсылықтың нышаны емес. «Батыстың технологиялық жаңалығына ұмтылу, экономикалық өндірісті ұйымдастырудағы жетістіктерін игеру – қажеттілік, ал одан керісінше бүгінгі күнде рухани тапшылыққа айналып отырған ізгілік, кісілік, адамгершілік, бауырмалдық, әдептілік, тәрбиелік мазмұн іздеу – бос әурешілік. Өкінішке орай, Батыс өркениеті бұл тұрғыда ешқандай жетістікке жеткен жоқ, қайта тоқырауға ұшырады. Мысалы, дәстүрлі қазақ қоғамы мәдени құндылықтарды ешуақытта тауар деп қабылдамайды, негізгі ұстанымы бойынша қоғамның шаңырағын шайқалтпай ұстап тұруға тиіс тетік, өмірлік ұстын ретінде қарастырады. Ал Батыс өркениетінде бұл тұрғыдағы ұстаным мүлдем басқа, олар мәдени құндылықтарды тауар ретінде қабылдамайды, мақсат – сату және пайда табу. Уақыт қанша аз жұмсалса, сонша пайдасы көп ». Қазақ қоғамы қазір қарқынды түрде жүріп жатқан жаһандану үрдісінің ықпалынан өзі қаламаса да, оқшау бола алмайды. Жаһанданудың қауіпті тұсынан арылу үшін, әрбір ұлт, әрбір этнос, әрбір мемлекет өзінің болмысына бейімдеп сіңіре алу керек.
Әрине, жаһанданудан ешкім де құтыла алмайды. Оған тек бейімделу керек, ал бейімделе алмағандар құриды. Бірақ бейімделу дегенді өзгенікін толық қабылдау деп үқпау керек. «бізге дәл қазіргі заманда батыстың желімен домалай жөнелетін қаңбақ ұрпақ керек емес, пайдасын алып, зиянын бойына дарытпай, дауылына міз бақпай қасқайып қарап тұратын тамыры ұлт рухына терең бойлаған мәуелі бәйтерек керек. Сондықтан біздің міндетіміз – рухы биіу ұрпақ тәрбиелеу». Бірақ, бір құмалақ бір қарын майды шірітеді дегендей, қоғам болып соларды дұрыстауға ат салысуымыз қажет. Орыс тілді қазақтың жанұясында тәрбиеленген кейбір сыныптастарымның өз ойын жеткізуде қиналғандығына қарап, оларды қатты аяп кетемін және түсініксіз дөрекі сөз айтып қоймаса екен деп қорқып отырамын. Басқа ұлт өкілдері қазақша бұлбұлдай сайрап тұрғанда, бұл қателікті түзер күн келді, түземесек, өзімізге мін.
Қазақстанда «Үш тұғырлы тіл» туралы мемлекеттіке бағдарлама жүзеге асырылуда. Өз тілін игермеген шалағай өзге тілді оқсата ма? Олай болса, «қазақ тілі – тек дау-дамайдың тілі болмасын»,-деген елбасы саясатын ұстанып, келешекке ұлттық мұраларды жеткізер борышымызды адал атқаруымыз керек. «Қалың елім қазағым» деп өткен Абайдың, дала наркескені Махамбеттің, алашым деп аласұрған Әлиханның, қазақты Парижге танытқан Әміренің, шалықтап билеген Шараның, мазмұнды мүсіндерімен елге танылған Әбілханның, айбынды батыр Бауыржанның, шешендіктің шебері Әбіштің ұрпақтары, біздер, қазақ жастары, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, сақтай аламыз. Ұлт намысы үшін күресуді қазаққа ешкім үйретпеген, біздің ұлт қойдай жуас көрінгенмен , ешқашан намысты қолдан бермеген. Олай болса, еліміздің егемендігімен қайта жасарған еліміздің ерекшелігі ұлттық құндылықтарымыз ұмытылмақ емес.


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?