Ұлы Қазақ Елі

 Ұлы Қазақ Елі

Бақтығали Әсема
10 сынып, № 1 орта мектеп
Жаңаөзен қаласы
Жетекшісі: Уразалиева Гүлайым

Қылышымен қорғап байтақ даласын,
Бір жаратқан артық еткен бағасын
Мен қазақпын мекен еткен осынау,
Алтай менен Атыраудың арасын.
Р. Зайытов
Ғасырлардың сан мыңдаған көшіндегі қазақ халқының даму тарихы өзгеше. Азаттықтың ауыр жолында тағдырлары өлшеусіз күреспен өткен қазақ ұлтының жанының тек еркіндікті аңсауы да осыдан болар. Ұшы қиыры жоқ кең далада көсілген, емін-еркін өмір сүріп сол даланың тарланына айналған қазақ үшін дархан даласынан артық қымбат не болсын?! Қыран бүркіт асқар таудың шыңынан кең далаға қанат қағып, қалықтап ұшқан сәтінде өзін қалай еркін сезінсе, табиғат берген жаратылысына сай тіршілік етсе, сол табиғаттың ажырамас бөлігі адам да дәл солай тумысынан еркіндікті аңсайды, азат өмір сүруге құштар.
Алайда қазақ ұлтының тағдыры еркін өмірге қиян-кескі күрес пен көптеген құрбандықтың арқасында ие болды. Қазақ ұлты тарихында өлшеусіз қиындықты басынан өткерді, аяусыз езгіге ұшырады. Азғындардың озбырлығына тап келіп, билік үшін тартысқан жандардың кәріне ілінді.Тарихтың өткен беттері қазақ үшін ұлты жолында құрбан болған арыстарының қанымен жазылып, жасымен жаңғырды. Дегенмен «тәуелсіз» деген ұлы атауға ие болу үшін, «қазақ» деген атына сай болу үшін талпынды, осы жолда күресті һәм өз жандарын құрбан етті.Талай боздақтарымыз халқын бостандық таңына жеткізуді армандап, сол жолда шәһит болды. Ұлтымызды түп тамырымен жою мақсатында жасалған түрлі әккі әрекеттер, саясатта орын алған қу тірліктер ұрпақ санасына жойқын соққы бергенімен халқымыздың діні мен тілін жоюға шамасы жетпеді. Жұбан Молдағалиев атамыздың:
Мен – қазақпын, биікпін байтақ елмін,
Қайта тудым , өмірге, қайта келдім.
Мен мыңда бір тірілдім мәңгі өлмеске-
Айта бергім келеді, айта бергім!
деген өлеңі тәуелсіздігіміздің айқын белгісі іспеттес.
Бабалар аңсаған ұлы арманның арайлы таңы 1991 жылы 16 желтоқсанда өз шуағымен бүкіл қазақ елін нұрландырды. Міне, биыл азаттықтың ақ таңының атқанына еңселі 23 жыл. Бұл жылдардың ішінде қазақ елінің жеткен жетістіктері жетерлік. Қазақ елі достығы мен бірлігі жарасқан әлемге танылған бейбіт елдің біріне айналды. Қазақ халқының осы ұлы жеңісін дүние жүзі мойындады. Бостандықтың белгісі ретінде Сарыарқаның төрінен тәуелсіз елдің тұңғыш асқақтаған астанасы бой түзеді. Бұл елбасының ойға алған ұлы табыстарының бірі болды. Сәулеті мен дәулеті жарасқан еңселі елордаға әлем халықтары «Бейбітшілік қаласы» деген атау берген болатын.
Тәуелсіз ел екендігімізді дәлелдейтін мемлекеттік нышандар да халқымыздың қадір тұтып қастерлейтін құнды дүниелерінің бірі. Мемлекеттік Ту мен Елтаңба 1992 жылдың маусымында бекітілсе, Мемлекеттік Әнұран 2006 жылы қабылданған болатын. Тамыры тереңдерден бастау алатын бұл нышандардың мәні мен маңызы ерекше. Бабаларымыздың жорыққа аттанғанда туды ең алдыңғы шепте көтеріп шығуы да тегін емес. Елге белгілі батыр адамдар ғана туды ұстау мәртебесіне ие болып, оның айбарлы рухына жауапты болған. Бәлкім, осыдан болар шайқас алаңында жаудың көзін жою емес, оның туын құлату жеңістің белгісі саналған.
Елдің таңбасы да дәл осындай құрметке ие. Оны тек лауазымды адамдар мен хан ғана тиісті дәрежеде пайдаланған. Ту мен елтаңбаның тарихы хандық дәуірде де ерекше құрметке бөленіп, оны тегіс жұрт қадір тұтқан. Бүгінгі ұрпақтар да осыны санасына сіңірсе екен. Елдің ұлылығын дәріптейтін асыл бейнелер барда, елдің келбеті анық, келешегі кемел.
Көк туым тербеп көкті аспанымда ,
Елтаңбам тұрса биік асқарымда.
Әнұраным әр жүректі тербегенде,
Мен бақытқа бөленемін қас қағымда! –
деп жүректі тербеткен рәміздердің құдіретінің киесі де, иесі де – қазақ. Сондықтан да оны еңкейген кәрі мен бесіктегі нәрестеге дейін ұлықтау - қасиетті борыш.
Қазақ Елі! Әрдайым әр қазақтың жүрегінде жалындаған ұлы есім. Тарих тереңіне үңілсек дәл осы есім қазақтарға қастерлі болған қымбат дүние еді. Дүрбелеңі мен зобалаңы көп Кеңес Одағының отарына айналдық, жерімізге жан-жақтан сансыз ұлт өкілдері қоныстандырылды , кесапаты көп озбырларды айдауға әкелді , сөйтіп қазақтың жазира даласы бір мезетте күңіреңкі қалыпқа еніп, лагерьге айналды. Осы оқиғалардан кейін тарихтың келесі толқыны «Қазақстан» атты мемлекетпен толықты. Яғни, Қазақстан көп ұлтты бауырына басқан үлкен жанұяға айналды. Бірақ қазақи құндылықтарға бай, естілу сазы мен айтылу назы бөлек «Қазақ Елі» атауы қайта жаңғырса, онда қазақ халқы нағыз қазақи сарында болар еді. Бұл елбасының ұсынысы болатын . Халық та оның осы ойына бірден-ақ ризашылық танытты. Шіркін, қазақ сол баяғы кең сахараның иесі болған сәттегі ұлы есімін қайта иемденсе, бабалар салған ұлы мақсат-мұраттарының шыңына бір қадам болсын жақындарма еді!?
Қазақ даласы бауырында талай мықтыларды туғызып, олардың өнегелі өмір жолына куә болған тарихи сахна . Ол – төрткүл дүниені дүбірлетіп, өз үстемдігін орнатқан Әмір Темірдің елі, ол- құлдықтан хандыққа дейін жеткен, сонау Мысыр еліне әмірін орнатқан Бейбарыстың елі. Осындай тарихи тұлғалардың ізі қалған киелі дархан даламыз қазақ үшін өткені мен бүгіні һәм келешегі. Онда ертеңгі күні қазақ ұрпақтары бейбіт өмір сүріп, билік ететін болады. Сондықтан да ол мәңгі. Мәңгі жасайды. Мәңгілік елге айналып,ғаламның тірегі атанады. Мәңгі жаса Ұлы Қазақ Елі!
«Отансыз адам, ормансыз бұлбұл» демекші, әр адамның кіндік қаны тамған құт мекені болары анық. Бірінікі шөлді болар, бірінікі нулы болар, ал бірінікі сулы болар, әйтеуір, әр пенденің Отаны өзіне ыстық.
Менің Отаным – Қазақстан. Ұлан – байтақ, ұшы қиыры жоқ, байтақ Қазақстан. Туған Отан сезімі сана төріне сан түрлі ой, талғам толқынын әкеледі. Мына бір көрініске көз жіберіп көріңізші. Аспанмен таласқан ұшар басы сұлудың сәукелесіндей әдемі, аппақ қармен көмкерілген, қарақұсты көздеген мергеннің жебесіндей көкке тіке шаншылып, көкжиекке кеудесін тіреген асқар, алып шыңдар, тау төсін тауысша түрлендірген, сұлудың кірпігіндей кербез шыршалар Әйгерімнің әсем күлкісіндей сыңғырлай аққан бұлақтар , әсем әнімен , жаныңды тербейтұғын самал жел, сағымдағы шөлдер бәрі-бәрі таңғажайып. Алтын бесігім, Отанымның сұлулығын сыртқа шығару үшін бұл сөздер де тіл жеткісіз.
Бірақ осынау Отанымыздың басынан қаншама азап, қаншама қасірет, қаншама нәубет өтті. Сан ғасырлар көкірегінен мұң кетпеген, иығынан қасірет пен қайғы түспеген қазақ еліне тәуелсіздік оңай жолмен келген жоқ. Бірақ қазақ халқы өзінің тәуелсіздікке ұмтылған күресін бір сәтте тоқтатпаған. Ол күрес қолға қару алып, атқа қонудан бастап, ұлтжанды арыстарымыздың парасатты амал – айласы түрінде жалғасып отырады. Отан үшін, халқы үшін, қабырғасы қайысып, елі үшін еңіреген ер – азаматтар қай заманда да болған. Сонау «ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламадан» өткен қазағымда Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай секілді батырлар, Кенесары тұсындағы заманда көтерілістер, ұлттық езгіге қарсы бас көтерген Созақ, Адай көтерілістер бұған дәлел.
Қазақтың біртуар перзенті, әлем әдебиетінің жарық жұлдызы, асқақ данышпан, «өлмейтұғын артына сөз қалдырған » Абай атамыздың да ең асыл арманы – халқымыздың азаттығы, елінің бақыты еді.
Орыстың боданына айналған қайран қазақ елі кешегі қызылдардың қырғынын, алапат аштықты, қатігез жеке басқа табыну қасіретін, сұрапыл соғысты, полигон сынағының зардабын бастан кешірді. Ұлы Отан соғысын есімізге алсақ, қазақтың хас батыры, қаһарман қолбасшысы Бауыржан Момышұлының мына бір қайратты сөздері ойымызға оралады. «Біздің жүрегіміз темір емес. Бірақ біздің кек отымыз қандай темірді болса да ерітіп, күйдіріп жібере алады.Біздің үрейді жеңетін ең күшті қаруымыз бар, ол –
Отанға деген сүйіспеншілік». Елін сүйген, елі сүйген аңыз адам, алып батырдың адуынды сөздері. Желтоқсан желімен желкені желбіреген тәуелсіздік осынау қорқынышты трагедиядан аман алып қалды.
Бақытым бар үшінші Отан деген,
Кім мықты десе біреу, Отан дер ем.
Оты сөнген жалғанда жан барсың ба?
Ойланбай-ақ кел дағы от ал менен, -
деп Мұқағали атамыз бәрінен Отанды биік қояды.
Иә, сондай сұрапылды басынан өткерген Қазақ елі арада сан жылдар салып, аңсаған арманына, көздеген мақстына жетті. Тәуелсіздік туы Қазақстанның тұғырына берік бекінді. Тәуелсіздік! Қандай рухты, жүрекке қандай жылы, жанға жайлы ұғым. «Өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанып» тұңғыш Президентімізді сайлап, Ата заңымыз бен рәміздеріміз қабылданып, туған тіліміз мемлекеттік мәртебеге ие болды. Бұл тәуелсіздік тек қазақ халқына ғана емес, Республиканың барлық халқына бостандық әкелді. Шетел асқан қаншама қандастарымыз туған Отанына оралып, еркін өмір сүруіне мүмкіндік алды.
Қазақстан осынау 22 жылдың ішінде іргесін тіктеп, керегесін кеңейтті, әлемдік аренада атын алтын әріппен жазды. Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына төрағалық жасап, айды аспанға бір-ақ атты.Жетінші қысқы Азиаданы өткізіп, «Азия жолбарысы» атанды. Күні кеше ғана Лондонда өткен Жазғы Олимпиада ойындарында 12 орынды иеленіп,спорттан кенде емес екенін тағы бір дәлелдеді. Бүкіл әлем көз тіккен дүниежүзілік көрме EXPO – 2017 Қазақстан астанасы – Астанада өтеді. Ал бұл еліміздің бәсекеге қабілетті, экономикасы мен технологиясы қарыштап дамығанын айқындайды. Бұл – тек бастамасы ғана. Қазақстанның көріне биігі, алар асуы, шығар белесі алда. Өйткені, Қазақстан – Мәңгілік ел!


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?