Жетім көрсең жебей жүр

 Жетім көрсең жебей жүр

Хабалхан Ляззат
10 сынып, №8 орта мектебі
Балқаш қаласы
Жетекшісі: Жұмабаева М.К.

Иә, перзент-Алланың адам баласына сыйға тартқан періштесі. Қазақ - өз баласын жетіге дейін патшасындай сыйлаған, он беске дейін шаруаға салып жұмсаған, он бестен кейін ең жақын досындай сырласа білген. Жетімін жаутаңдатып көп қолына қаратпаған, жесірін қаңғыртпаған, тастамаған ел едік, қазіргі жайтпен салыстыра отырып, көне, сүрлеуі кеткен дара жолдан адаса бастағанымызға куәлік ету неткен қасірет десеңізші! Әр адам өз өмірінің қожасы, тек осынау жеке дара қожалыққа ерте бастан өзгелердің қол сұғуын қатыгездікке жатқызамыз ба, заңсыздық деп шешсек пе екен? Ащы да болса шындық, қазақ ұлтына қара таңба болып басылған бітеу жара, бабалар аманатына қиянат жасалған ұрпағын өзгеге сату болып отыр. Шындығына келгенде “тұл жетім болып жер басып жүргенше өзге елде тәрбиеленгені де дұрыс па” деп ойлайсың. Алайда, жат елдің тәрбиесін көріп өскен бала өз Отанын білген күннің өзінде ыза-кекпен өмір сүруі ықтимал. Бәлкім, өзін, осы дүниеде өз анасына да, туған әкесіне де, керек десеңіз, еңбек етер Отанына да қажетсіз адам ретінде сезінетін болар. Табиғаттың тылсым күштері, заңдылықтары мен таңғажайыптары тәрізді адамның жан дүниесі қазынаға толы алтын сандық. “Жетім көрсең жебей жүр”- дейтін қазақтың шаңырағына нәубет күннің тууына не себеп? “Неге қазағымыз тарыдай шашылып өзге қолында кете барды” дегеннен гөрі “ бейкүнә сәбидің дүние есігін аша сала тағдыр тауқыметін тартуына не себеп” деген сұрақ қойған жөн сияқты.
Әлбетте, ең алдымен, жауапсыз, тасжүрек, қатыгез, көкек анадан жауап талап ететініміз сөзсіз, бірақ неліктен әке жайын сөз қылмаймыз? Отбасы, шаңырақ құру деген ұғымдар әрдайым тек екі жанның ынтымақтастығы мен сыйластығының арқасында құрылуы қажет. Әйел адам үй шаруасын, бала тәрбиесін атқарса, ер адам түзде жұмыс жасайды. “Көкек ана, көкек ана” дегенмен “көкек әкені” де талай көзіміз шалып жүр, сол себептен жауапкершіліктің барлығын қыз баланың мойнына жүктемей, ер азаматтар жайында ойластырып көру керек емес пе? Адам –өз қателіктерінен сабақ ала отырып болашаққа қадам басады, өкінішке орай, жастар өз қателерін түзеуге тырыспайтын да сияқты. Оның дәлелі шет елдегі қазақ балаларының ата-анасы , яғни өгей әке- шешесі туған анасын іздеп тапқан күннің өзінде, тасбауыр ана бүлк етпеді, перзентін көруден бас тартты, қашты. Тіптен, өзінен алысырақ жерде болғанын жөн көріп те жүрген болар. Перзентінен аямай аузындағысын жырып беретін ет пен сүйектен жаратылған, мейірімді, қамқор аналар тасжүрек, көкек ана мен қайырымсыз-қатыгезге қалайша айналды екен. Көкек ана ана да – аялы алақанымен бала бесігін, бір қолымен әлемді тербеткен ана атаулыдан туғаны белгілі, тағдырға не шара, күнәсіз пәк сәбиді көргенде өзінің балалық шағы есіне түспеді ме екен «өгізге туған күн, бұзауға да туады»- демей ме, ертеңгі күні анасына қажетті болмаған, ана тәрбиесін көре алмаған бала өз ұрпағына қандай тәрбие бере алады. Қанша қамқор болса да, туғаныңдай болмас. Түрі, діні, тілі, ұлты басқа жандармен етене жақын болу, үйренісіп кету қиын ғой. Жатқа бала беру қаржы табудың сұрқайы, сұрықсыз жолы ма, әлде өзімізден алатын ешкім болмағандықтан ба? Не де болса, өзге жұртқа «бала сатумен танымал болғанша, ер -азаматтарымызбен, ұлттық өнімдерімізбен, экономикамызбен, Отан қорғар батырларымызбен, арқа сүйер жастарымызбен танылайық». «Көп түкірсе -көл»- мәңгілік ел боламын десек түзеуді ұмытпауымыз керек, өз перзентінен безінген ата-анадан күнәһар ешкім жоқ, сірә!
Отан-ана, сол себептен өз ұрпақтарыңның басын қос, талай тауқыметті көппен бірге көтере білдің, үш жүзге бөлінгенде де бірлік жеңіске жетіп еді, ел аман, жұрт тынышта нәубет төнуден сақтасын, осыған дейінгі балалар енді шет елдік, бірақ әлі де кеш емес, бірақ асығуымыз қажет екенін де естен шығармайық! Жұрт бірлігі –қамқорлықтан . Мысалға, Каталония аймағында тіптен «балалар үйі атымен жоқ»- деседі. Олар өз балаларын өзге тұрмақ туысқанға тастап кете бармайды, қайғылы оқиға негізінде ата-анасынан айырылып жатса, туғандары өз қамқорлығына алады. Дәл сондай заман қазақ елі үшін де өте керек, ауадай қажет. Әйтпесе, қазақты қорлау таусылар емес.
Біздің елден кеткен жетім балалардың ең көп бөлігі Америкаға кеткен.Сонда олардың өздерінде жетімдер жоқ деп ойлауға болмайды. Жетім де жесір де болса соларда болсын. Олар өздерінің жетімдерін жарылқамай отырып, қазақтың жетімдерін қалай есіркей қалды?! Мұнда нендей жымысқы ой, сұрқия сұмдықтың бұғып жатқаны бізге белгісіз.Елбасы өзінің биылғы Жолдауында «Мәңгілік ел» идеясын алға тартты. Оған қалай жетеміз, қалай Мәңгілік Ел боламыз? Жетімің жаутаңдап жат жерде жүрсе, қабырғаң қайыспай қамсыз, мұңсыз боламыз ба?
Сұрақ көп, жауап біреу. Жетімдерді шырылдатып, шетелге өткізуіміз құдай алдында да, ар алдында да ақталмайтын күнә. Халқымыз «ішіме сыйған бала, сыртыма да сыяды» деуші еді. Көңіл тарылмаса екен.


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?