Ауыл тіршілігі

 Ауыл тіршілігі

Тәуелсіздіктің іргетасы қаланған төрт-бес жылда жекешелендірудің кей жерлерде бей-берекетсіз жүргізілгенінен ауыл проблемасы туындап, ауыл өз келбетінен айырыла бастады. Тіпті, бұрынғы ферма орталықтары ыдырап, тұрғындар абдырап, сенделіп кетті. Бағыт-бағдарын жоғалтқан ауыл жұртшылығы мекендерін тастап, жаппай көшуді бастап кеп жіберді. Біреулері – өндіріс, біреулері – облыс орталықтарына бет түзеді. Әліптің артын баққан ешкім болмады, ойланып-толғанып істелмеген істің аяғы құрдымға кететінін ілуде біреу ғана білсе білген шығар.
Өзім туып-өскен Атырау облысының Қызылқоға ауданындағы ауыл жағдайы сол 1993-1996 жылдар арасында мәз емес еді. Біраз тұрғындар бұрынғы совхоз орталықтарынан Ақтөбе облысының Алға, Қандыағаш мекендеріне, сосын Ақтөбе қаласының өзіне, енді бір тобы – Атырау қаласының маңын сағалады. Қалтасында қаржысы барлар өздерінің ат тізгінін тартқан жерден мекен- жай сатып алып, оңға-солға мойындарын бұрып, екі қолға бір күрек іздесе, енді біреулері көшіп барған жерлерін жерсінбей «Қайран, менің Тайсойған, Бүйрегім-ай», деп қайта ата қонысына ат басын бұрды. «Пәлен жерде бақыр бар, барсаң, бақыр түгіл боқта жоқ», деген мәтел алдарынан жарқ етіп шыға келді. Сөйтіп, « Басы жасамағанның екі аяғына күш түседінің» кері келді. Атам қазақ білмесе айтама, «мұндайда бұққан озады», деп келте қайырған ғой. Елікпей, желікпей, тереңнен толғанғандар озды. Бір басып, екі биікке шықты. Ал өзге жерден байлық іздегендер уақыттың тоқырауына ұшырап, тоқырады да қалды. «Бір бейнеттің бір зейнеті бар», деген ұлағатты сөз ұмытылып, аяқасты болды. Мысалы, бұрынғы Жангелдин атындағы совхоздың екі фермасы Жырақұдыққа шоғырланған-ды. Отыз-қырықтай отбасында ақ шатырлы үйлер, клуб, монша, телефон байланысы – бәрі, бәрі бар болатын. Қонысқа да жайлы жер еді. Тұщысу басында, мотор орнатылған құдық иек тастам жерде. Айнала шабындық, көкорай, мал тұрып жайылады. Аудан орталығы Миялыдан бар болғаны – он екі шақырымдай. Ал сол сәнді ауылдың кешегі аз- кем қиыншылық кезде тас-талқаны шықты. Бұл күнде Жырақұдықта екі- үш отбасы қалған, малын бағып, шаруасын жайлап, ішкені алдында, ішпегені артында, ұжымақта өмір сүріп әндетіп отыр.
Елуінші жылдарда «Қаладан – ауылға», деп партия ұрандатқанда көрнекті ақын Асқар Тоқмағанбетовтің:
Ауыл – біздің сәніміз,
Ауыл – біздің қанымыз.
Ел көркейсін десеңіз,
Ауылға сіз барыңыз,- деп басталатын ұзақ толғауы баспасөзде жарық көргені әлі күнге шейін жадымда. Көрнекті ақынның осы толғауы бұл күнде де өз мәнін жоғалтқан жоқ.
Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Н. Назарбаев Тәуелсіздіктің қиындау кезеңдерінде де ауылға ерекше көңіл бөлді. Үлкен-үлкен басқосу мен жиындарда ауыл проблемасын әрдайым сөз етіп, ауылдың қаржы мәселесін мүмкіндігінше шешіп беріп отырды. Одан кейін үш жыл қатарынан «Ауыл жылы» атанып, қыруар қаражат бөлінді. Еңсесі түсіп, есеңкіреп қалған ауыл тұрғындары бір жадырап, көңілдері көтеріліп, Елбасына алғыстарын жаудырды. Ауыл жұртшылығы кешегісіне алаңдамай, ертеңіне сеніммен қарап, еңбекке құлшына кірісті. Нағыз шын, адал және еркін еңбек қана адамның тұрмыс-тіршілігіне қолдау болатынын, егер ондай еңбек болмаса, әр адам өзінің бағасын, адамдық қасиетін жоғалтатынын әркім түсінді. Ұлы Абайдың: «Сақалын сатқан кәріден,еңбегін сатқан бала артық», деуі заман үрдісін айқындап, анықтап бергендей болды. Осы жылдардан бастап ауылға деген бетбұрыс жасалып, ауылдың кескін-келбеті сәлде болса сәндене, тұрмыс-тіршілігі әлдене бастағаны сол жылдары ғой. Ауыл жылдарына, яғни, ауылдың көркеюіне – жол құрылысы, ауыз су, мектеп, аурухана құрылыстарын жүргізуге – 2003 жылы 40 миллиард, 2004 жылы 50 миллиард, 2005 жылы 55 миллиард теңге мемлекет қаржысынан бөлінді. «Осы қыруар қаржы өз орнына жұмсалды ма» деген сұрақ ауыл адамдарының әлі күнге дейін жанын мазалайды.
Тәуелсіз еліміз жыл санап, мысықтабандап алға басуда. Мемлекеттің негізгі тірегі – ауыл екені айдан анық. Өйткені, ел байлығы алтын астықты өндіретін ауыл дихандары, мал өсіріп, сүт-ет дайындайтын ауыл адамдары, елдің болашағы жастардың дені ауылда дүниеге келеді. Түптеп келгенде, ауыл өскелең де, өрнекті өміріміздің айнасы іспеттес. Ауыл мен адам да, ауыл мен қоғамда бір-бірінен алшақ кете алмайды. Саналы ғұмырын өзінің кіндік кескен ауылында өткізіп,еңбек еткен азаматтың өзі: «Мен бірінші ата-анама, екінші туып-өскен ауылыма қарыздармын» дейді. Бұл саналы сөзге қарсы дау айта алмайтынымыз өз-өзінен түсінікті жай. Көрнекті жазушы, марқұм Тахауи Ахтанов: «Ойлап отырсам, талантты ақын-жазушылардың тоқсан тоғыз проценті ауылда дүниеге келген екен. Сондықтан біздің ұямыз ауыл. Біздердің қан тамырымыз да, жүрегіміз де ауыл деп соғады»-дейді. Бұл фәниден небары отыз бес жасында өткен, талантты ақын Марат Отаралиев:
Ауылда өстім, құмға аунап,
Өлең жаздым, қызға арнап.
Қыста кештім ақ қарды,
Жазда тердім қызғалдақ.
Ауыл – менің аспаным,
Ауыл – менің жас-шағым.
Ауылымда өтті ғой,
Жастық шағым – қас- қағым, – деп тебіренеді.
Президент Н.Назарбаевтың өзі де ауылдың тыныс-тіршілігі мен қым-қуыт күрделі проблемасын санасына сіңіріп өскен азамат. Сондықтан да ол ауыл туралы ұдайы ойлап, қамқор болып отырады. Нұрағаның әкелік қамқорлығының арқасында соңғы жылдары ауыл жаңа бетбұрысқа бағыт алды. Әлемді жайлаған экономикалық дағдарыс күші ауыл-аймаққа әлі де басып кіре алмай жүрексініп, қорғалақтап, жасқаншақтап қалуы да сол Елбасымыздың сындарлы саясатының арқасы. Президент Қазақстан халқына Жолдауында: « …Ондаған жылдар оза қабылдаған Қазақстанның даму стратегиясы, оны елдің нақты табыстарына айналдыру тәжірибесі бізге өз күшімізге деген сенімділікті берді, біз таңдап алған жолымыздың дұрыстығына көз жеткіздік» дей келіп, «Нақ сондықтан да бұдан екі жылдан астам бұрын басталған әлемдік қаржы рыноктарындағы дағдарыстың әу басында біз дағдарысқа қарсы шаралардың кешенді жүйесін әзірлеп, дәйектілікпен іске асырып келеміз,» деп түйіндеуі ішкі саясатымыздың нақты көрінісі болмақ.
Қарап отырсақ, көп түйінді ауыл проблемасы әлемдік дағдарысты көзге ілмегендей, біртіндеп шешіле бастады. Мысалы, жоғарыда айтқан Қызылқоға ауданында істелініп жатқан игілікті істер баршылық. Миялы селосында жаңа архитектуралық жобамен салынған туберкулез ауруханасы пайдалануға берілмек. Жаңа емхананың құрылысы басталуда. «Миялы –Сағыз» асфальт жолының (ұзындығы 120 шақырым) құрылысы жуырда басталмақ. Келесі жылы қызылқоғалықтар көгілдір отынның қызығын көрмекші. Тағы бір қуанышты жай, аудан аумағындағы елді-мекендерге де газ құбыр тартылып, толықтай газбен жабдықталмақ. Ауыз су мәселесі де жолға қойылып, әр үйге су келеді деп күтілуде. Жуырда ғана аудан әкімі боп тағайындалған осы өңірдің азаматы Берік Жоламанұлы ауыл проблемасына көбірек назар аударады деген сенімдеміз. Соңғы үш проблемаға жетпіс төрт жыл өмір сүрген қайран социализмнің қолы жетпеп еді, бар болғаны он сегіз жылдың ішінде Тәуелсіз Қазақстанның күші жетті.
Елбасы өзінің Жолдауында: «… Біріншіден, бұл коммуналдық желілерді қайта жарақтандыру және жаңғырту. Бұл – сумен қамтамасыз ету, жылумен қамтамасыз ету, энергетика мен кәріз сулардың нысандары мен желілері…»
…Екіншіден,-деді Елбасы – бұл жергілікті мәндегі автомобиль жолдарын салу, қайта жарақтандыру және жөндеу, сондай-ақ, әлеуметтік инфрақұрылымды, ең алдымен, мектептер мен ауруханаларды жаңарту»
Күрмеуі көп проблемалардың да түйіні шешіле бастағанын көзімізбен көріп,
риясыз көңілмен қуанғанымызды несіне жасырамыз. Жер-жерде қызу еңбек көрігін қыздыруда. Барлық жерде ертеңге деген құлшыныс. Ауыл тұрғындары кертартпа, кержалқаулық мінезден арылып, білек сыбана еңбек етуде. Бау-бақшамен айналысу, тұрғын үй айналасына көшет отырғызу, көшені жасылдандыру, үйдің сыртын әктеу, маңайды күл-қоқыстан тазарту сияқты жұмыстар жолға қойылған.


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?