Балаларға арналған санамақтар жинағы

Балаларға арналған санамақтар жинағы

Ал, санаңдар!

Ал, санаңдар, санаңдар,
Бізде қанша адам бар?
Алдымда:
Атам, әжем,
Алдымда:
Әкем, анам.
Білмесеңдер, біліңдер,
Тағы саусақ бүгіндер.
Алдыма:
әпкем, көкем,
«Аман жүрсін інім», - дер.
Өзім барамын, інім бар.
Кіп – кішкентай күнім бар.
Қанша болдық бәріміз?
Шұнақ құлақ бес ешкі,
Қос лақты қос ешкі,
Төрт қозылы екі қой
Бәрі нешеу, айта ғой?
(Он тоғыз)
***
Бір үйрек тығылды,
Бір үйрек жығылды.
Қалғаны неше үйрек?
(Алтау)

Санап көр

Онжан тапқан
Он жаңғақтан
Екіден-ақ
Еппен санап,
Балжан алды,
Әлжан алды,
Қалжан алды,
Қанша қалды?
(Төртеу)

Ала шапан киініп,
Қарбыз жатыр үйіліп.
Қарбыздарды шетінен
Санап шықтым екіден.
Бесеу болды жүп саны,
Нешеу болды түп саны?
(Он)

Портфелімде әуелі
Он үш жаңғақ бар еді.
Жатқан ақ қарда.
Ала қарғалар
Ала қашады.
Қара қарғалар
Алдын тосады.
Қайта айналып
Жерге қонады.
Барлығын қоссаң
Қанша болады?
(Жуз)

Жетпісті қуып жетем десең,
Мөлшерлеудің жөні бұл.
Жетіні қанша еселесең,
Жетесің?
Соны біл!
(Он есе)

Алдында үш балапан,
Артында үш балапан.
Ақ тауық пен балапан
Айтшы санын, балақан.
(Сегіз)

Буыршын мен атан бар,
Тайлағым мен ботам бар.
Үш інгенге иемін:
Санын айтшы түйенің?
(Жеті)

Апасына Қанаттың
Екі-екіден тараттым.
Қанша жаңғақ қалғанын,
Айта қойшы, ал, жаным.
(Үшеу)

Көлден ұшты жеті қаз,
Қайтып қонды екі қаз.
Қонбады оның нешеуі,
Қане, кім тез шешеді?
(Бес)

Бір дегенің – бесігінді түзедің

Бір дегенің – бесігінді түзедің,
Екі дегенің – Егеменді ел дедің.
Үш дегенің – ана тілім асылым,
Басқа тілден мәртебесін асырдың.
Төртіншіңіз төреліктен таймаған,
Нұрсұлтанды хан тағына сайлаған.
Бес дегенің – берекелі болғаны.
Алты дегенің – ұраның айбының асырған
Жеті дегенің – ту ұстадық жасылдан
Сегізінші салт-дәстүрін оралған.
Тоғызыншы атың кетті алысқа,
Тоқтар бастап қазақ ұшты ғарышқа
Он дегенің – орындалып ойдағың
Наурызыңды өз мәнінде тойладың.

Бір – білім ал

Бір – білім ал,
Екі – ерлік көрсет,
Үш – үлгі тұт,
Төрт – тәртіп керек,
Бес – бестік баға ал,
Алты – алғыс ал,
Жеті – жеңіс біздікі,
Сегіз – сенім керек.
Тоғыз – тоқу керек,
Он – оқу керек.

Ал санайық, санайық

Ал санайық, санайық,
Сан сырына қанайық!
Бір саусақты жұмайық,
«Бір саны», - деп ұғайық!
Екі саусақ жұмайық
«Екі сан» - деп тынайық!
Үшіншісін жұмайық,
«Үш саны» - деп шығайық!
Тағы бірін жұмайық,
Төрт санына ылайық.
Жұдырықты жұмайық,
"Бес болды» - деп ұғайық.
Оң қолдың енді біреуін,
Тағы да ептеп жұмайық,
«Алты сан», - деп ұғайық,
Екіншісін жұмайық,
«Жеті сан» - деп ұғайық!
Үшіншісін жұмайық,
«Сегіз ғой» - деп тынайық!
Тағы бәрін жұмайық,
Тоғыз санға ылайық.
Жұдырықты жұмайық,
«Он болды» - деп ұғайық.

Онға дейін санау

Бір дегенім – бесік,
Шықтық содан өсіп,

Екі деген – Елім,
Далам, тауым, көгім.

Үш дегенім – Үміт,
Үміт аптар жігіт.

Төрт дегенім – төзім,
Төзе білем өзім.

Бес дегенім – Бақыт,
Бағалайтын уақыт.

Алты деген – Ақыл,
Тыңдағаның мақұл.

Жеті деген – жалау,
Жүректегі алау.

Сегіз деген – сөзің,
Серт беретін кезің.

Тоғыз деген – тоқтау,
Елдің жоғын жоқтау.

Он дегенім – Отан,
Қорға оны, ботам!

Қуыр, қуыр, қуырмаш

Қуыр, қуыр, қуырмаш
Қуыр, қуыр, қуырмаш,
Мен айтайын қолыңды аш!
Мынау тұрған бас бармақ,
Жұмыс содан басталмақ.
Алақанның тұңғышы
Болсын осы жылқышы.
Балаң үйрек жанында,
Бейім сиыр бағуға.
Ортан терек - ұзыны,
Түйе бақсын, қызығып!
Шылдыр шүмек - бұл саусақ,
Қой бағуды тұр аңсап.
Титтей бөбек-шынашақ,
Сен дайында жер ошақ.
Білекке енді барайық,
Онда не бар табайық:
Мына жерде күн болар,
Мына жерде түн болар.
Мына жерден ай шығар,
Мына жерден май шығар.
Бәрін айтып болдық па?
Келіп қалдық қолтыққа!
Қытық, қытық, қызық-ай,
Міне, өрік, міне, май!
Қуыр, қуыр, қуырмаш,
Бидай салам, қолыңды аш.
Төгіп алмай, күлем деп,
Балапанға барып шаш!

Іскер тиін

Қалмау үшін ашығып
Қысқы азығын кеш қамдап,
Қамбасына тасыды
БІР,
ЕКІ,
ҮШ,
ТӨРТ,
БЕС жаңғақ.

Ұйқыдан ол асылы
Көрген емес кеш өріп.
Бүгін тағы тасыды
БІР,
ЕКІ,
ҮШ,
ТӨРТ,
БЕС өрік.

Ал, ал ...
Біздің Қанат па?
Қайта-қайта есінеп,
Алды ескерту сабқта
БІР,
ЕКІ,
ҮШ,
ТӨРТ,
БЕС рет.

Қошақанды қайрау

Қызыл-жасыл даланы
Кезгін келсе шамалы,
Татқың келсе басқа дәм,
Қошақаным, бас қадам

Оңға қарай БІР атта –
Бас қоясың бұлаққа.
Солға қарай БІР атта –
Тойындасың құрыққа.

БІР,
ЕКІ,
ҮШ,
ТӨРТ атта,
Жүгір,
Секір,
жортақта.
Тамақ өзі келмейді
үйден шықпас қорқаққа.

Торғай мен мысық
Көзі бірден түсіп,
Деп:
«Бұл әдемі ас болмай ма?»
Қадам басты мысық.
Бір ...
Екі ...
Үш ...
- Торғай,
Торғай,
ұш!



Бір, Бетің өте кір.

Бір,
Бетің өте кір.
Екі,
Бейбасқа жекі
Үш,
Ұмтыл алға түс.
Төрт,
Беске оқу - серт.
Бес,
Белестерден желдей ес.
Алты,
Антты бұзбау - ата салты.
Жеті,
Қойдың семіз еті.
Сегіз,
Қоздасын қой егіз.
Тоғыз,
Арам айуан - доңыз.
Он,
Торқадан артық тон.

Бір дегенім - белін

Бір дегенім - белін,
Екі дегенім- егін,
Үш дегенім - үкі,
Төрт дегенім - төл,
Бес дегенім - бекіре,
Алты дегенім - адам,
Жеті дегенім - жеміс,
Сегіз дегенім - сең,
Тоғыз дегенім - тоң,
Он дегенім - оң,
Он бір болады одан соң.

Он бір ойға тоқу да керек

1. Б-дан басталады - бие де,
2. Е-ден басталады - егін де,
3. Ү-ден басталады - үлек те,
4. Т-дан басталады - төбе де,
5. Б-дан басталады - бесік те,
6. А-дан басталады - атан да,
7. Ж- дан басталады - жент де,
8. С-дан басталады - сең де,
9. Т-дан басталады - тон да,
10. О-дан басталады - оқу да,
Он бір ойға тоқу да керек.

Бір үйде он баламыз

Бір үйде он баламыз,
Бір-бір жастан арамыз.
Бір жастағы - Біржан
Екідегіміз - Елжан
Үштегіміз — Үсен
Төрттегіміз - Төкен
Бестегіміз - Бекен
Алтыдағымыз - Арқан
Жетідегіміз - Жетен
Сегіздегіміз - Сөкен
Тоғыздағымыз - Тойтан
Ондағымыз- Ойқан
Жастарымызды қосыңыз,
Қосындысы қанша осының?

Он - Отаның ардақты

Он - Отаның ардақты,
Ол - қорғаның салмақты.
Сені ақылды болар деп,
Бар тілегін арнапты.

Тоғыз - торғын тоғайың

Тоғыз - торғын тоғайың,
Бауыр, туыс, ағайын.
Ұстаздарың, достарың,
Шаттық толы маңайың.

Сегіз - деген салтанат

Сегіз - деген салтанат,
Ел жиналар анталап.
Тәуелсіздік тойы бар,
Сайыс құрар бар талант.

Жеті - туған жеріміз,
Біз - туған жер төліміз.
Жиі барсақ ауылға,
Тола түсер кеміміз.

Алты - асау арғымақ,
Мінсең шабар арқырап.
Қиялдайды сондайды,
Бәйге сүйгіш әркім-ақ.

Бес - қолыңда бес саусақ,
Іске даяр тұр самсап.
Тас қамалды бұзамыз,
Жұдырықтай бір болсақ.

Төрт - атақты төрт түлік,
Төрт түлікке тоқшылық.
Жылқы, сиыр, қой, ешкі,
Өсір бәрін көп қылып.

Үш дегенің - үй,
Үйсіз оңбас күй.
Үй - туған ел бөлшегі,
Соны еске түй.

Екі дегенім - елім,
Атамекен жерім.
Ол - өзен, көл,кең дала,
Ол - тауларым менің.

Біздер санай білеміз,
Білмегенге күлеміз.
Біреу, екеу, үш, төрт деп,
Бес, алты... деп жүреміз.

Онға дейін санайық!

Қолға қалам алайын,
Қанша сан бар жазайық.
Қарап тұрмай, сандарды
Қайта-қайта санайық.
О
Дөңгелекке ұқсайды,
Доп сияқты, ұшпайды.
Досым нөлді О дейді,
Десем «бұл нөл», ұқпайды.
1
Біздің үйде бір тауық,
Бір жұмыртқа жүр тауып.
Бір сиыр бар қорада,
Бәтіш тәтем жүр сауып.
2
Екі аяқпен жүремін,
Екі көзбен көремін.
Екі қолым бар менің,
Екеу құлақ, білемін.
3
Үйімде бар үш қалам,
Үшеуін де ұштағам.
Үш досымды салдым мен,
Үш балыққа ұқсаған.
4
Төрт дөңгелек арбада,
Төрт аяқ бар малда да...
Тауыса алмай бидайды,
Төрт тышқан жүр қамбада.
5
«Бестік» деген бағаны,
Бақыт күнде алады.
Бәрі жақсы көреді,
«Беске» оқыған баланы.
6
«Алақай!» дер келді күн,
Алтыдамын мен бүгін.
Алты жасқа келмекші,
Алғы аптада енді кім?!
7
Жеті саны киелі,
Жұрттың бәрі біледі.
Жеті жасқа жеткендер,
Жығылмай-ақ жүреді.
8
Сен де, мен де баламыз,
Сегіз санын саламыз.
Сегіз деген екі төрт,
Сегіз жаста ағамыз.
9
Тоғыз жасқа келгенім -
Тоғыз жылды көргенім.
Тоғыз жаста тәнті еткен,
Талабымды көр менің!
10
Он жыл, он жас - он деген,
Он жас кіші ол менен.
Онды жаза аламыз,
Он - тұрған бір нөл менен.

Жәндік-санамақ

Бір дегенім - бүрге,
Екі дегенім- есеқара.
Үш дегенім - үйез (шыбын),
Төрт дегенім - түлкішек (түкті құрт).
Бес дегенім - бөгелек,
Алты дегенім - аламан.
Жеті дегенім - жегі (құрт),
Сегіз дегенім - сүлік.
Тоғыз дегенім - тоқалтіс (тышқан),
Он дегенім - оқ жылан.
Жетім қалар жәндіксіз,
Мына орта қоршаған.

Сандар сыры

Бір — дегенім бірлік,
Бірге ойнадық, күлдік.
Бір үйдегі көп бала,
Бір көлікке міндік.

Өсімдік-санамақ

Бір дегенім - бүрген,
Екі дегенім - ермен.
Үш дегенім - үлпілдек,
Төрт дегенім -түлкішек.

Бес дегенім - бестамақ,
Алты дегенім - алқа.
Жеті дегенім - жекен,
Сегіз дегенім - селеу.

Тоғыз дегенім - тошала,
Он дегенім -ошаған,
Шөптен дәрі жасаған.

Ағаш-санамақ

Бір дегенім - бәйтерек,
Екі дегенім- емен.
Үш дегенім - үйеңкі,
Төрт дегенім - тұт.

Бес дегенім - беке (айва),
Алты дегенім - арша.
Жеті дегенім - жиде,
Сегіз дегенім - сексеуіл.

Тоғыз дегенім - тораңғы,
Он дегенім - орман.
Орман - аң-құстарға қорған.

Аң-санамақ

Бір дегенім - бөрі,
Екі дегенім - елік.
Үш дегенім - ұшар (аң),
Төрт дегенім - түлкі.

Бес дегенім - бөкен,
Алты дегенім - арқар.
Жеті дегенім - жайран,
Сегіз дегенім - сілеусін.

Тоғыз дегенім - толай,
Он дегенім - ор қоян.

Алма жинап бөлісті

Алмас, Асан келісті,
Алма жинап бөлісті.
Арасында бір алма,
Айтыс болды бұларға.
Асан берсе, алмасы
Үштен бірі кем болар.
Алмас берсе, алмасы
Асанның да тең болар.
Алма санап көріңдер,
Екіге тең бөліңдер.

Кел санайық санамақ

Кел санайық санамақ,
Саусақтарды даралап.
Бас бармағым алғашқы -
Балаң үйрек жалғасы.
Ортан терек - кезекші,
Шылдыр шүмек - көмекші.
Шынашағым - балапан,
Бәріне ортақ алақан.
Шылдыр шүмек -мен,
Титтей бөбек - сен.
Бір үйде біз нешеуміз?
Бір үйде біз бесеуміз.

Ал, санаңдар, санаңдар

Ал, санаңдар, санаңдар,
Бізде қанша адам бар?
Алдымда:
Атам, өжем бар,
Алдымда:
Әкем, анам бар.
Білмесеңдер біліңдер,
Тағы саусаң бүгіңдер.
Алдымда:
Әпкем, көкем бар,
«Аман жүрсін інім» бар.
Өзім бармын,
Інім бар,
Кіп-кішкентай күнім бар.
Қанша болдық бәріміз,
Қанша болдық?...
Біліп ал!
Бізде қанша мысық бар?
Бізде қанша күшік бар?...

Бір дегенім - боз далам

Бір дегенім - боз далам,
Екі деген - ер бабам.

Үш дегенім - үй-ордам,
Төрт дегенім - тау-орман.


Бес - баланың бесігі,
Алты - алаштың есімі.

Жеті - Жердің қабаты,
Сегіз - саудың санасы.


Тоғыз десем - той барам,
Он дегенде - ойланам.

Мұның бәрі бізде бар,
Он бірді өзің іздеп ал.

Құс-санамақ

Бір дегенім - бірқазан,
Екі дегенім - ементұмсық.
Үш дегенім - үйрек,
Төрт дегенім - торғай.

Бес дегенім - безгелдек,
Алты дегенім - алабұлдырық,
Жеті дегенім - жек (дуадақ),
Сегіз дегенім - сұңқар.

Тоғыз дегенім - тоқылдақ,
Он дегенім - оқпақ.

Бір дегенім - білік

Бір дегенім - білік,
Қолың жүр іліп,
Білік - шалғы тұтқасы,
Алғаның жөн біліп.

Екі деген есті,
Ел жайлауға көшті.
Салқын екен жайлау,
Салқын самал есті.

Үш дегенің - үскі,
Ұшып жерге түсті.
Тындыратын істі,
Үскі неткен күшті.

Төрт дегенім - төсек,
От жағамын көсеп.
Төсек жақсы, өйткені
Жайлы орынға есеп.

Бес дегенім - бесік,
Бөбек жатар өсіп.
Уағында анасы
Шомылдырар шешіп.

Алты деген - арша,
Арша отын жанса.
Мыңтап қазан қайнатар,
Жіктеп отқа салса.

Жеті деген - жебе,
Жебе бұзар кебе.
Жебе-кебе сөзі -
Ертегі сөз көне.

Сегіз деген - сенім,
Болашағың сенің.
Сені азамат болар деп,
Сеніп отыр елің.

Тоғыз деген - торпақ,
Болма өзің қорқақ.
Еңбек етсең жарайды,
Көп ісіне ортақ.

Он дегенде ойлап,
Тапқан сөзім - оймақ.
Жалғастырып тағы да,
Айтыңдаршы жайлап.

Амал санамақтар

Алдында үш балапан,
Артында үш балапан.
Ақ тауық пен балапан
Айтшы санын, балақан.

Буыршын мен атан бар,
Тайлағым мен ботам бар.
Үш інгенге иемін,
Санын айтшы түйемнің.

Егеу - екеу,
Үскек - екеу.
Қос-қосынан
Қосса нешеу?

Бір - білім алдым

Бір - білім алдым,
Екі - егін салдым.

Үш -үй көшірдім,
Төрт -төл өсірдім.



Бес- белге шықтым,
Алты- асық ұттым.

Жеті - желім жақтым,
Сегіз - серке бақтым.


Тоғыз — тойға бардым,
Он - отын жардым.

Бір дегенің - білеу

Бір дегенің - білеу,

Екі дегенің - егеу,

Үш дегенің - үскі,

Төрт дегенің - төсек,

Бес дегенің- бесік,

Алты дегенің — асық,

Жеті дегенің — желке,

Сегіз дегенің - серке,

Тоғыз дегенің - торқа,

Он дегенің - оймақ,

Он бір - қара жүмбақ.

Жұмбағым жұтылды,

Өрге қарай қүтылды,

Оны таппаған Айнабек тұтылды.
 


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?