Түйсiктің рефлекторлық табиғаты

Түйсiктің рефлекторлық табиғаты

Түйсiктердiң негiзгi заңдылықтары
А. Сезгiштiк және табалдырық
Психологияда адамның түйсiне алу қабiлетiн сезгiштiк деп атайды. Сезгiштiктi: 1) абсолюттiк, 2) айырма сезгiштiк деп екiге бөледi. Абсолюттiк сезгiштiк дегенiмiз — сезiм мүшелерiнiң өте әлсiз тiтiркендiргiштердi түйсiне алуы. Сезгiштiк түйсiктiң табалдырығымен тығыз байланысты. Мәселен, абсолюттiк сезгiштiк түйсiктiк табалдырығына тәуелдi. Абсолюттiк табалдырық — түйсiк табалдырығының шегi. Абсолюттiк табалдырық тiтiркендiргiштiң болмашы ғана түйсiк тудыратындай ең аз шамасы. Түйсiк табалдырығының шамасы азайған сайын адамның абсолют сезгiштiгi арта түседi. Мәселен, бiреу алақанындағы бiр ми квадрат аумақка түсетiн салмақты 3 гр-нан бастап сезетiн болса, екiншi бiреу осындай жерге түскен салмақты алтьг грамнан бастап сезедi. Бұдан соңғы адамның түйсiк табалдырығы екi есе артық та, абсолюттiк сезгiштiгi екi есе кем екендiгi көрiнедi. Егер тiтiркенудiң шамасы табалдырықтан тө-мен жатса, онда түйсiк пайда болмайды. Мәселен, адам денесiне қонған тозаңды сезе алмайды, көз ультра күлгiн сәулелердi көрмейдi, құлақ әлсiз дыбыстарды естiмейдi. Өйткенi, осы тiтiркендiргiштердiң бiрде-бiреуiнде түйсiк туғызарлықтай күш жоқ.
Айырма сезгiштiк деп сезiм мүшелерiнiң тiтiркендiр гiштердiң арасындағы болмашы айырмашылықты түйсiне алуын айтады. Айырма сезгiштiктi сипаттау үшiн не айыру табылдырығының мөлшерiмен пайдаланады. Мәселен, егер алақанға жүз грамм салмақ салып, оған тағы бiр грамм қосса, салмақтың артқаны бiлiнбейдi. Оны айыра бiлу үшiн 3—4 грамм қосу керек. Айыру та-далдырығы түйсiктiң түрлерiнде әртүрлi болып келедi. Мәселен, жарықты айыратын табалдырықтың күшi 1/100-ге тең. Бұл айтылғандарды мынадай фактiлермен дәлелдейдi. 100 шамдық жарық күшiне тағы бiр шамдық жарық қосылса, сонда жарықтың аздап та болса артатындығы байқалады. Ал жүз кiсi қатынасқан хорға тағы да он адам қосылса, хордың даусы аздап болса да көтерiледi.
XIX ғасырдың орта шенiнде өмiр сүрген немiс ғалымдары Э. Вебер (1795—1878) мен С. Фехнер (1801 — 1887) тiтiркендiргiштердiң күшiмен адам түйсiгiнiң арасындағы байланысты заң түрiнде тұжырымдады. Мұны түйсiктiң психофизикалық заңы дейдi. Осы заң бойынша тiтiркендiргiштердiң күшi геометриялық прогрессия жолымен көбейсе, одан туатын түйсiктер арифметикалық прогрессия жолымен өседi.
Әлсiз немесе күштi тiтiркендiргiштердiң әсерiн бұл заңмен түсiндiру қиынға соғады.
Ә. Адаптация
Сезiм мүшелерiнiң сезгiштiгi әсер етушi тiтiркендiргiштерге бiртiндеп бейiмделуге байланысты да өзгерiп отырады. Бұл құбылысты адаптация дейдi.
Адаптация құбылысы адам сезгiштiгiнiң артуын немесе төмендеуiн көрсетiп отырады. Түйсiктердiң қай-қайсысы да адаптацияланады. Мәселен, көру түйсiгiндегi адаптацияны алайық. Жарық жерден караңғы үйге кiру бiзде қараңғылық адаптациясын туғызады. Жарық жерден қараңғы бөлмеге кiргенде көздiн қарашығы 17 есе ұлғаяды. Бұл қарашықтан өтетiн жарықтың мөлшерi 17 есе көбейедi деген сөз. Көздiң қараңғыда көргiштiгiне торлы қабықтық шетiне орналасқан таяқшалардың әсерi ете күштi. Олардың нашар жарықты да жақсы сезе алатын қасиетi бар. Мәселен, 30—40 минуттан кейiн караңғыдағы көру сезгiштiгi 200 мьтң есе артады. Ал караңғыдан жарыққа қарай сезгiштiктiң өзгеруi жарық адаптациясын көрсетедi. Алғашқыда күн көзге шағылысып, көз ерiксiз жүмылады.
Бiрақ төрт-бес минуттан кейiн көз бұған үйренедi де, көздiң көруi қалпына келедi.
Адаптация құбылысына перифериялық нерв жүйесiмен қатар ми қабығы да қатысады.
Адаптация терi (тактиль) түйсiктерiнде де күштi байқалады. Осының салдарынан кейбiр адамдар тiтiркендiргiштердi түйсiнбей де қалады. Температуралық түйсiктердiң де адаптациясы мол.
Мәселен, судың бiрқалыпты салқындығына дене тез уақыт iшiнде төселедi де, адамның терiсi суыққа тiтiркенбейтiн болады.
Иiс түйсiктерiнде адаптация түрлi дәрежеде көрiнедi. Мәселен, камфараның иiсi 1—2 минуттан кейiн сезiлмейтiн болса, горщица мен нашатыр спиртiнiң иiсiне адаптациялану тезiрек болады.
Ауырсыну түйсiктерiндегi адаптация өте әлсiз, ауырсыну организмнiң қалыпты жұмысының бұзылғандығын, осы сигналдың биологиялық рөлiн көрсетедi. Адаптацня құбылысы үнемi өзгерiп отыратын сыртқы дүние тiтiркендiргiштерiне анализаторлардың қалай да бейiмделе алатындығын байқатады.
Б. Түйсiктердiң өзара байланысы. Сенсибилизация
Егер адаптация анализаторлардың сезгiштiгiнiң түрлi жағдайларға байланысты артуының төмендеуiнiң көрсеткiшi болса, сенсибилизация сезгiштiктiң тек артуын ғана көрсететiн құбылыс болып табылады.
Сезiм мүшелерiнiң бiреуiнiң әсерiнен басқаларының сезгiштiгi артып отырады. Мұны былайша түсiну керек. Әлсiз тiтiркендiргiштер өзiмен бiрге әсер етiп тұрған басқа тiтiркендiргiштердiң сезгiштiгiн арттырады. Мәселен, көзге жеткiлiктi мөлшерде түскен жарық оның көру қабiлетiн арттырумен қатар есту түйсiгiнiң сезiмталдығының артуына да себепшi болады. Қызыл түс адамның ақ, қара түстердi дұрыс ажыратуына жәрдемдеседi. Түнгi ұшуға дайындық кезiнде ұшкыштардың көздерiне 20—30 минут бойына қызыл көзiлдiрiк киетiндерi осыдан.
С. В. Кравков, К. X. Кекчеев зерттеулерiнде адамның дамыл-дамыл таза ауада дем алуы, жеңiл дене қимылын жасауы, бетi-қолды салқын сумен сүртiнуi көру сезгiштiгiн арттыратындығы дәлелденген.
Сыртқы дүниенiң заттары бiр ғана анализатормен түйсiнiлмейдi. Бiр сезiм мүшесiне түскен әсер, калған сезiм мүшелерiне де әсер етедi. Түйсiктердiң бiр-бiрiмен байланысқа түсуi сыртқы дүниенiң құбылыстарын толығырақ түйсiнуге жағдай жасайды. Болар-болмас дәм түйсiгi (қышқьгл нәрсе) көру сезгiштiгiн арттырады, тұз ерiтiндiсiн iшкеннен кейiн таза судың өзi тәттi болып керiнедi. Осындай өзара байланыс көру, сипай сезу, қозғалыс түйсiктерiнде де көп байқалады. Түйсiктердiң өзара байланысының өте айқын көзге түсетiнi контраст (қарама-қарсылық) құбылысы. Мәселен, айналасын ақ түске бояған сұр тiк бұрыш айналасын қара түске бояған сұр тiк бұрыштан күңгiрттеу көрiнедi. Ал осы сұр тiк бүрыштың айналасын қоңыр түске бояса, жасыл тартып, сары түске бояса, көгiлдiр болып көрiнедi. Тым-тырыс кезде дыбыс жақсы естiледi, ыссы нәрседен кейiн салқынды түйсiну өзiнен-өзi белгiлi. Жоғарыда көрсетiлген мысалдарда түйсiктердiң қарама-қарсылығы жүйке процестерiнiң езара индукция зандылығымен (бiр мезгiлдiк индукция) түсiндiрiледi.
В. Синестезия
Тiтiркендiргiштер сезiм мүшелерiнiң бiреуiнде ғана түйсiк туғызудың орнына сол сәтте басқа түйсiктердiң, пайда болуына да жағдай жасайды. Мәселен, кейбiр адамдар бiреудiң сөзiн естiгенде, бұған қоса түрлi дәмдер мен түстердi де сезiнуi мүмкiн. Мұндай адамдардың бiрi қызғылт түстен жылылықты, екiншiлерi — көгiлдiр-жасыл түстен суықты сезiнедi. Түйсiктердiң осылайша қосарланып жүруiн синестезия дейдi. Есту, көру, сипай сезу, иiс, дәм түйсiктерiнде кездесiп отыратын осы қүбылыс өмiрде онша жиi кездесе бермейдi. Синестезия — түйсiктердiң өзара байланысының мөлшерден тыс дамыған бiр көрiнiсi.
Г. Бiр iздi бейнелер (эйдетикалық ес)
Тiтiркендiргiш әсерiнiң тоқталғанына қарамай, аз ғана уақыт болса да, түйсiктiң өз күшiнде қалатын кездерiн бiр iздi образдар деп атайды. Бұлар көру, есту, иiс, дәм тактиль түйсiктерiнде жиi кездеседi. Мәселен, адам 2—3 секунд бойы көз алмай шамға қарап отырып, содан кейiн көзiн жұмса (көздi жұмғанда қабақтан жарык түсiрмеу үшiн шамды алақанмен қалқалау керек), жарықтың iзiн айқын көре алады. Бiр iздi образдардың бұл түрi оң бiр iздi образдар деп аталады.
Қолымызға екi парақ ақ қағаз алып, бiрiн ақ күйiнде қалдырып, екiншiсiнiң ортасына шаршылап қиылған қызыл қағаз жапсырайык. Бұдан кейiн осы қызыл қағаздан көз алмай 20—30 секундтай қарап отырып, көзiмiздi сәл ақ қағазға аударсақ, оның бетiнен көгiлдiр түстi көруге болады.
Бұл терiс бiр iздi образдардың мысалы. Соңғы түс алғашқы қызыл шаршының терiс бiр iздi образы. Кино ленталарындағы жеке кадрлардың арасындағы үзiлiстердi байқамау осындай оң бiр iздi образдардың қызметi болып табылады. Өйткенi, мұндайда бiр тiтiркендiргiш екiншiсiмен жалғасып отырады. Бiр iздi образдар көбiнесе адамға байқалмайды. Өйткенi, көздiң тор қабығы үнемi қозғалып түрады да, осыдан адамның көзi талмайды. Орталық жүйке жүйесiнiң жоғары бөлiктерiнде түрлi қозулардан қалған iздер — бiр iздi образдардың физиологиялық негiзi болып есептелiнедi.
Бiр iздi образдарға ұқсас, бiрақ одан табиғаты бөлектеу заңдылықтың бiрi — эйдетикалық құбылыс. Бұл — эйдоне деген грек сөзiнен алынған, мағынасы көру, сурет, бейне, идея деген мағынаны бiлдiредi. Кейбiр адамдарда бұрын қабылдаған заттар мен құбылыстарды, сол объектiлер көзден таса пайда болған жағдайда да көрiп тұратындай қабiлет болады. Осы жағдайға байланысты шықкан қисынды психологияда эйдетизм деп атайды да, осындай кабiлетi бар адамдарды эйдетиктер деп атайды. Эйдетика образдары естiң елестерiне, сондай-ақ түйсiкте, iлеспе, бiр iздi образдарға табиғаты жағынан үқсас келсдi. Эйдетикалық бейнелердi естiң елестерi мен iлеспе бейнелерден бiр ерекшелiгi, мұнда адам жоқ заттарды ұсақ-түйектерiне дейiн нақтылы тәптiштеп түсiне алады. Яғни, алдында жоқ нәрсенi бүге-шiгесiне дейiн жақсы “көре алады” бiрiнен екiншiсiне көзiн оңай жүгiртедi.
3. Түйсiктердiң түрлерi
Түйсiктердiң түрлерiн үлкен үш топқа бөлуге болады.
1. Сыртқы дүниедегi заттар мен құбылыстардың жеке қасиеттерiнiң бейнесi болып табылатын түйсiктер. Бұлардың рецепторлары дененiң бетiнде немесе оған жақын орналасқан. Осындай сыртқы анализаторлардың рецепторларын экстероцептор деп атайды. Бұған көру, есту, иiс, дәм, терi түйсiктерi жатады.
2. Iшкi мүшелерiмiздiң күйiн бейнелейтiн (хабарлайтын) түйсiктерге түрлi органикалық түйсiктер жатады. Олардың рецепторларын интероцептор деп атайды.
3. Дене мүшелерiнiң қозғалысы мен бiрқалыпты орналасуын қозғалыс немесе кинестезиялық түйсiктер хабарлап отырады. Мұның рецепторы проприоцептор деп аталынады. Ендi осы топтағы түйсiктерге жеке тоқталып өтейiк.
А. Көру түйсiктерi
Көру түйсiктерi бiздiң көзiмiзге электромагнит толқындарының әсер етуiнiң нәтижесiнде пайда болады. Егер бiр уақыттың iшiнде көзiмiзге ұзындығы 380-нен 780 миллимикронға дейiн (миллимикрон мм-дiң 1/1000 000 бөлiмi) электромагнит толқындары әсер етсе, бiз жарықты сеземiз. Белгiлi ұзындығы бар әр түрлi толқындар әсер етсе ғана көз заттардың түсiн (бояуын) ажыратады. Мәселен, қызыл түс ұзындығы 700 миллимикрон, жасыл түс 300 миллимикрондай ұзындықтағы электромагнит толқындарының әсер етуiнен пайда болады. Спектрге қараған кезде одан табиғаттағы жетi негiзгi түстi және олардың сансыз реңдерiн айыруға болады. Ересек адам түстiң 180 дей жеке түрлерiн және он мыңнан астам реңктерiн ажырата алады.
Түстер хроматикалық, яғни бояулы (қызыл, қошқыл сары, жасыл, көгiлдiр, көк, күлгiн), ахроматикалык, яғни бояусыз (ақ, қара және барлық сұр түстерi) болып екiге бөлiнедi.
Хроматикалық түстер үш түрлi сапамен (түстiң жарықтылығы, өңi, қоюлығы), ахроматикалық түстер тек жарықтылығымен ғана ажыратылады. Түстiң жарықтылығы— түстердiң қара түстен айырмашылық дәрежесi. Мәселен, ақ түс ең жарық түс, қара түс жарықтылығы ең төмен түс болып табылады.
Түстердiң өңi дегенiмiз бiр түстiң екiншi түстен өзiндiк ерекшелiгiн көрсететiн сапасы. Түстiң қоюлығы — жарықтылығы бiрдей сүр түстерден жеке түстердiқ айырмашылыеы. Ең қою түс — қызыл түс болады.
Көру мүшесi — көз. Оның негiзгi бөлiмi — көз алмасы. Көз алмасы үш түрлi қабықпен (ақ түстi, тамырлы және торлы) қапталған шар тәрiздес нәрсе.
Ақ қабықтың түсi пiсiрiлген жұмыртқаның ағына ұқсас. Мұның алдыңғы жағы аздап дөңестелген түссiз мөлдiр қасаң қабыққа (роговица) айналады. Мөлдiр қасаң қабық арқылы көз алмасының iшiне жарық сәулесi енедi.
Тамырлы қабы қақ қабықтың астында жатады. Қасаң қабықтың артқы жағы, тамырлы қабықтың алдыңғы бөлiгi нұрлы қабық деп аталады. Көздiң түсi осы нұрлы қабықтағы пигментке байланысты түрлiше болып келедi. Нұрлы қабықтың ортасында қарашық орналасқан.
Ең iшкi, үшiншi қабықты торлы қабық дейдi. Мұнда жарық сәулесiнiң сезiмтал таяқшасы (палочка) және шақша (колбочка) деп аталатын фоторецепторлары орналасқан. Онда 130 миллионға жуық таяқша, 7 миллиондай шақша клеткалары бар. Таяқшалар ымыртта, қараңғыда көрудiң, ал шақшалар күндiз көрудiң аппараты делiнедi. Шақшалар торлы қабықтың ортасына, ал таяқшалар оның шеткi жағына орналасқан.
Таяқшаның клеткаларында көру пурпуры (зрительный пурпур) деген зат болады, бұл жарықтың әсерiнен химиялық жолмен бөлiну арқылы көру жүйкесiн қоздырып отырады.
Көру мүшесi үшiн ми қабығы (оның желке бөлiмiндегi көру орталығы) сондай-ақ көмекшi анатомиялық аппараттардың да (қабақ, кiрпiк, қас т. б.) тиiсiнше қызмет атқаратыны түсiнiктi.
Заттардың түстерiн көру “үш түстi көру” теориясымен түсiндiрiледi. Осы теорияны алғаш ұсынған ұлы орыс ғалымы М. В. Ломоносов болса, оны одан ары дамытқан немiс ғалымы Г. Гельмгольц. Осы аталған ғалымдар көздiң тор қабығында үш түрлi жұмыр клеткалар бар, олардың бiр-бiрiнен айырмашылығы жарық сәулелерiнiң әсерiн түрлiше сезетiндiгiнде деп жорамал жасады. Егер көзге ұзын толқынды сәуле әсер етсе, онда бiрiншi жұмыр клеткалар қозу күйiнде келедi де, осының нәтижесiнде қозса, онда жасыл түстi түйсiну пайда болады, ал үшiншi жұмыр клеткаларының қозуы күлгiн түстi түйсiнуге мүмкiндiк бередi. Осы үш жұмыр клетка қатар қозатын болса, кiсi ақ түстi түйсiнедi, ал бұлардың қозу күшi әр түрлi болып келсе, аралық түстер түйсiнiледi. Заттың түстерiн дұрыс айыра алмау көздiң тор қабығындағы осы аталған үш түрлi жұмыр клеткаларының жұмысына зақым келуден болады. Заттың түсiн сезбейтiн адамдарды ахроматтар деп атайды. Оларға айналадағы нәрсенiң барлығы бiр түстi болып көрiнедi. Тiптi осы клеткалардың бiреуiнiң қызметi бұзылса да адамға заттың түстерiн дұрыс түйсiну қиын соғады. Түстердi көре алмайтын адам зор азап шегедi. Мұндай адамдарды кейбiр мамандықтар бойынша жұмысқа қабылдамайды. Мәселен, паровоз машинистерi, шоферлер мен трамвай жүргiзушiлер түстердi жақсы ажырата бiлуi қажет. Өйткенi светофорда тек қызыл және жасыл түс қана болады. Осы түстердi ажырата алмай қалушылық, транспорттың апатқа үшырауына себеп болады. Сондықтан осындай жұмыстарға адам алғанда олардың түстi айыра бiлу қабiлеттерiн дәрiгерлiк комиссия арқылы анықтап отырады.
Түстердi бiрiмен-бiрiн араластыру, яғни бұлардың қоспасынан жаңадан бiр түс шығару да белгiлi заңдылықтарға негiзделген. Мәселен, қосарлап алынған таза спекторлық түстердiң қосындысынан (қызыл мен жасыл, көк пен сары) ахроматикалық, бояусыз түстер (ақ, кара түс) шығады. Хроматикалық түстердiң осы айтылғаннан басқа кез келген екi жұбын араластырса, қандай болмасын бiр аралық түс — түстiң реңi келiп шығады. Мәселен, қызыл мен сары түстiң қосындысынан күлгiн түс пайда болады.
Басқа түйсiктер тәрiздi көру түйсiгi де тарихи дамудың нәтижесi. Адам көзiнiң заттың түсiн ажырата алу қабiлетi бiрден қалыптаспаған. Талай ғасырлық дамудың нәтижесiнде еңбек процесiнiң үстiнде, заттың түсiн ажырата алу қабiлетi бiртiндеп қалыптасқаң. Бұл пiкiрдiң дұрыстығын мына бiр мысал жақсы көрсетедi. Жаңа туған балаға айналасындагы заттар мен құбылыстар бiркелкi болып көрiнедi. Ол заттың түсiн тек 5—6 айдан былай қарай айыра бастайды. Баланың осы қабiлетiн дамытуда бояулы ойыншықтар үлкен рөль атқарады. Ал көру түйсiктерiнiң дамуына еңбек процесiнiң, адамның нақтылы мамандығының қалайша әсер етiп отыратындығын мына бiр мысал жақсы дәлелдейдi. Мәселен, қара мата тоқитын тәжiрибелi тоқымашылар бiр қара түстiң өзiнен-ақ оның 40 қа жуық реңкiн ажыратса, қалған адамдар осының 2—3 түрiн зорға айырады.
Ә. Есту түйсiктерi
Есту мүшесiн тiтiркендiретiн ауа бөлшектерiнiң тербелiстерi — дыбыс толқындары. Ауа бөлшектерiнiң тербелiстерi тербелудiң жиiлiгi, амплитудасы (құлашы) және тербелудiң түрiне карай ажыратылады. Осыған сәйкес есту түйсiктерiнiң үш жағы болады. Олар: дыбыстың жоғарылығы — бұл тербелу жиiлiгiнiң сәулеленуi, дыбыстың қаттылығы — бұл тербелу амплитудасы-ның сәулеленуi, тембрi — тербелiс түрiнiң сәулеленуi. Бiздiң құлағымыз бiр секунд iшiнде 16 тербелiстен немесе герцтен 22 мың герц (тербелiс) iшiндегi дыбыс толқындарын сезе алады. Жиiлiгi бұдан асатын тербелiстердi құлақ шала алмайды. Өйткенi бұлар өте жiңiшке, ультрадыбыстар. 16 герцтен төменгi дыбыстарды да құлақ шала алмайды. Дыбыстардың мұндай түрiн инфрадыбыстар деп атайды. Құлағы ең сақ аң-құстар дегенде ең алдымен жарғанат айтылатыны белгiлi. Оның есту қабiлетi 175 мың Гц, одан соң ит 100 мың Гц, шегiртке 90 мың Гц, тауық- 38 мың Гц келедi. Адамның естiгiштiк қабiлетi сайрауық құстармен бiр деңгейде 20 мың Гц болады екен.
Түйсiк туғызатын дыбыстар музыкалық (ән, музыка аспаптарынан шығатын дыбыстар) және шулар (сан алуан сықыр-тықыр, дүрсiл, гүрсiл-сарыл т. б.) болып жiктеледi. Бұлардың құлаққа жағымдыларын консонас, жағымсыздарын диссонанс дыбыстары дейдi.
Есту мүшесi — кұлақ үш бөлiмнен тұрады. Оның бiрiншiсi —
сырткы құлақ.
Сыртқы құлаққа дыбыс түтiгiмен қосылған құлақ қалқаны жатады. Ортаңғы құлақка (бұған дыбыс жарғағы және үш есту сүйекшелерi): балғашық, төстiк, үзеңгi кiредi. Есту мүшесiнiң үшiншi бөлiгi — iшкi құлақ. Iшкi құлақтың бiтiсi өте күрделi. Оның өзi үш бөлiктен: босағадан, иiрiм түтiктен және жартылай имек каналдардан тұрады. Бүкiл негiзгi жарғақты бойлай корти мүшесi (дыбыс тiтiркендiргiштерiн қабылдайтын аппарат) орналасқан. Оның құрылысы да өте күрделi. Корти мүшесiнiң аса маңызды бөлiгi — өте жiңiшке талшықтары бар сезiмтал клеткалардан тұрады. Ол клеткалар дыбыс қабылдайтын рецепторлар деп аталынады.
Есту түйсiктерiнiң табиғатын Г. Гельмгольцтың резонанс теориясының негiзiнде түсiнуге болады. Г. Гельмгольц корти мүшесiндегi ұзын жүйке талшықтары музыка аспабының қылы тәрiздi төменгi дыбыстарды қабылдайды да, ал қысқа жүйке талшықтары керiсiнше, жоғарғы дыбыстарды қабылдайды деген пiкiр айтқан. Бұл жорамал кейiннен И. П. Павлов лабораториясында да эксперимент арқылы дәлелденген. Мәселен, иттiң негiзгi жарғағындағы ұзын талшықтарды сылып алып тастағанда, ол төменгi дыбыстарды қабылдай алмаған, ал қысқа талшықтары кесiлiп алынғанда, бұрынғы үйренген жоғарғы дыбыстарды қабылдаудан қалған.
Есту түйсiгi де сыртқы дүниенi танып, бiлуде зор маңыз атқарады. Есту түйсiгi әсiресе тiлдi меңгеруге аса қажеттi түйсiк. Сөздiң мәнiн ұғу, оны дұрыс түсiну және бiреуге айтып беру, дұрыс естiмейiнше жүзеге аспайды. Әрбiр адамның ана тiлi оның есту түйсiгiнiң дамуына күштi әсер етедi. Дыбыстардың нәзiк айырмашылықтарын ажырата алу — есту түйсiгi жөндi жетiлмеген адамға қиынға түседi. Ал есту түйсiгiндегi кемiстiк адамның психологиясына да керi әсер етедi. Мәселен, құлағы нашар еститiн адамдардың көңiл күйiнiң жабырқау болатыны да осыдан.
Музыканы есiту қабiлетi адамдарда бiркелкi емес. Бұл олардың (күйдiң) арқауын сезiнiп, дыбыстың гармониялық ара қатынасын ажырата бiлуге байланысты. Музыкалық қабiлет абсолюттiк және салыстырмалы болып екiге бөлiнедi. Бiрiншi түрi өте сирек кездеседi.
Б. Иiс түйсiктерi
Мұрын кеңсiрiгiндегi кiлегей қабықтың клеткаларына түрлi химиялық заттардың әсер етуi нәтижесiнде иiс түйсiктерi пайда болады. Осы кiлегей қабықтың таяқша тәрiздi сезгiш клеткалары бар. Ауамен бiрге мұрынға кiретiн иiстi заттар иiс мүшесiнiң сезгiш клеткаларын тiтiркендiрiп отырады. Иiс түйсiктерiнiң түрлерi көп (қош иiс, сасық иiс, өткiр иiс т.б.). Бiрақ бұлар әлi күнге дейiн белгiлi классификацияға түспеген. Өйткенi оларды дәм түйсiктерiнен ажырату кейде қиынға соғады. Сондықтан да бiз көбiнесе белгiлi бiр иiстiң атын атаудан гөрi, иiс шығарып тұрған затты атаймыз (темекi исi, түтiн исi, шөп исi т. б.). Иiс түйсiктерi адамның тұрмыс салтына, қызмет бабына қарай да ерекше дамып отырады. Мәселен, Африкадағы бушмен тайпалары арыстанның, жирафтың, зебрдiң iзiн иiскеп жүрiп-ақ оңай тауып алады, олар иiстi ең жақсы аңшы иттерден артық бiледi. Индияда жыланның жатқан жерiн иiсiнен бiлiп табатын адамдар бар.
Иiстi жақсы сезу соқыр, мылқау, керең адамдарда ерекше жетiлген. Мәселен, олар бөтен адамдарды, түрлi нәрселердi алыстан-ақ исiнен “таниды”. үйге кiрген адамды да, бiлетiн көшесiн де, тұрған үйiн де олар иiсiне қарап оп-оңай айыра алады. Түрлi иiстердiң табиғатын зерттейтiн ғылым саласы олтфактроника деп аталады.
Иiс түйсiктерi адамның көңiл күйiне, жалпы психика-сына жағымды не жағымсыз әсер қалдыруы мүмкiн. Мәселен, жұпар иiстi гүл — адамның көңiлiн сергiтсе, ( шылымның түтiнi — басты ауыртады. Парфюмериялық заттардың сапасын арттырып отыру — адам психикасына колайлы әсер етудiң бiр факторы екендiгi даусыз. Гипократ пен Ибн хош иiстi заттарды науқастарды емдеуге пайдаланған.
Орта ғасырлардағы дәрiгерлердiң өздерi пияздың иiсiнiң өзi кейбiр аурулардан сақтайтынын бiлген, кейiн пияздың иiсi фитонцид деп аталатын ұшпа заттардың бөлiнуiнен шығатыны анықталды. Бұл заттардан шiрiк және кiнәрат бактериялары ғана емес, амеба мен инфузория секiлдi жәндiктер де қырылатыны белгiлi болды.
Американың зерттеушiлерi кейбiр шөптердiң иiсi адамның жұмыс қабiлетiн арттыратынын зерттеп бiлдi. Эксперимент кезiнде олар шағын ғана бөлмеге бiрнеше адамды компьютер экраны алдына отырғызып, экрандағы бейнеге байланысты белгiлi бiр тетiктердi басуға бұйырды. Жұмыс күрделi болмағанымен, бiр сарынды, оның үстiне зейiн қоюды керек ететiн жұмыс едi. Адамдардың шаршағаны байқалған кезде әрқайсысына тыныс алатын маска арқылы ауамен қоса әр түрлi иiстер жiбердi. Сонда адамның жұмыс қабiлетiн жиырма пайыз арттыратын ең тиiмдiсi жалбыздың иiсi болып шықты.
Мектеп оқушыларының иiс түйсiктерiн тәрбиелеу— мұғалiмдердiң төл iстерiнiң бiрi. Мұғалiм сабақ үстiнде де, сабақтан тыс кездерде де баланың айналасындағы заттарды жан-жақты танып бiлуде, мәселен, ауаның тазалығын дұрыс талғай бiлуге, орманның, гүлденген бақтың, шабындықтың хош иiстерiн, қарағай, шырша ағаштары шайырының жұпар иiсiн, теңiз жағалауындағы ауаның тұзды-сортаң иiсiн сезетiндей мүмкiндiк туғызуы қажет. Оқушылар бұлардың қайсысы пайдалы, қайсысы зиян екенiн (мәселен, бұзылған тамақ, иiс тигiзетiн газ, түтiн т. б.) айыра бiлетiн болсын.
В. Дәм түйсiктерi
Дәмдi айыратын мүше — тiлiмiздегi дәм бүршiктерi. Оны тiтiркендiретiн белгiлi дәмi бар, суға ерiгiш түрлi химиялық заттар. Дәмдi тәттi, ащы, тұзды, қышқыл деп төртке бөледi. Дәм, иiс түйсiктерi бiрiмен-бiрi араласып жататындықтан адам көбiнесе дәмдi де дұрыс айыра алмайды. Мәселен, тымауратқан адамның дәмдi айыруы бәсең болатындығы — дәм, иiс түйсiктерiнiң араласып жататындығына жақсы мысал. Тiлдiң түрлi бөлiктерi дәмнiң жоғарыда аталған төрт түрiн түрлiше сезедi. Мәселен, тәттi дәмдi — тiлдiң ұшы, ащыны -тiлдiң түбi, қышқылды — тiлдiң екi жақ шетi, тұзды тiлдiң ұшы мен екi шетi жақсы сезедi. Егер дәмi бар затты тiлдiң ортасына салса, адам көпке дейiн оның дәмiн ажырата алмайды. Өйткенi, дәм сезетiн бүршiктер тiлдiң ортасында болмайды. Балада дәм түйсiгi ерте дами бастайды. Бұлар түрлi тамақ заттарының қасиеттерiн айыра алу жолымен жетiледi. Дәм түйсiктерi де адам психологиясына түрлiше әсер етiп, iз қалдырып отырады. Мәселен, дәмдi. тағамдар — адамның тәбетiн арттырады. Тәбет — дәм жүйкесiн қоздыратын психикалық акт. Асты көңiл қойып, сүйсiне iшу адамға қай жағынан да, қандай жағдайда да қолайлы әсер етедi. Түйсiктердiң басқа түрлерi сияқты дәм түйсiгiн де адам қажетiне қарай жақсы дамыта алады. Мәселен, тамақ өнеркәсiбiнде iстейтiн адамдардың (дегустаторлардың) дәм түйсiгi айтарлықтай жетiлген.
Г. Терi түйсiктерi
Терi түйсiгiнiң рецепторы — денедегi терiнiң өн бойына орналасқан. Терi түйсiгi сондай-ақ тiлдiң, мұрынның кiлегей қабықтарында да мол. Терi түйсiктерiнiң өзi бiрнешеге бөлiнедi. Олар: тактиль (сүйкенiс), қысым, дуыл түйсiктерi), температура (жылыны, салкынды бiлдiретiн түйсiктер) және ауырғанды бiлдiретiн түйсiктер. Терi түйсiгi рецепторларының есебi жоқ. Тек ауырғанды бiлдiретiн нүктелердiң өзi ғана денемiзде 900 мыңнан асып жатады. Терiнiң түрлi алаптарында сезгiштiк бiрдей емес. Мәселен, денеге заттың тигенiн тiлдiң, саусақтың ұшы, арқа тұс тез сезедi. Бiр жерiмiздiң ауырғанын жақсы сезетiн: арқа мен бет терiлерi, ал нашар сезетiн: саусақ ұштары мен алақан. Дененiң киiм жауып тұратын жерлерi де ыстық пен суықты өте сезгiш келедi. Терi түйсiктерiнiң қалыптасуына да ми кабығы астындағы жүйке құрылымдары елеулi рөль атқарады. Мәселен, жұлынның бiр бөлегiн кесу арқылы терi нүктелерiнiң бiреуiнiң сезiмталдығын жоюға болады. Кейбiр аурулар адамды жылылықты, суықтықты, ауырғанды сезбейтiн күйге түсiредi. Мұндай жағдайда тiптi адам денесi күйiп қалса да, оның ауырғанын сезбейдi, бiрақ адамда осы түйсiктiң қалған түрлерi өз қалпында сақталуы мүмкiн. Терi түйсiктерi арқылы адам заттардың формасын, кедiр-бұдырлығын, қатты-жұмсақтығын жақсы айыра алады. Сондықтан да тұйсiктiң осы түрi, әсiресе, көзi көрмейтiн адамдар үшiн ерекше маңызды болады.
Ғ. Сипай сезу түйсiктерi
Адамдардың еңбек әрекетiнде ерекше орын алатын түйсiктерiнiң бiрi — сипай сезу (осязание) түйсiгi. Мұның екi түрi бар. Бiрiншiсi — пассив сипай сезу. Бұған терi түйсiгi түгелдей кiредi. Екiншiсi — актив сипай сезу. Актив сипай сезу терi және қозғалыс түйсiктерiнiң ұш-тасып келуiнен көрiнедi. Актив сипай сезу, түйсiгiнiң рецепторы адамның қолында (саусақ, алақан) орналасқан. Осы түйсiк — әрекеттiң нақтылы бiр түрiнiң ықпалымен күштi дамып отырады. Мәселен, тәжiрибелi диiр-меншiлер ұнды уқалап керiп, оның сапасын қай жердiң бидайынан тартылғандығына дейiн қатесiз айтып бере алады.
Сипай сезу түйсiктерiнiң жалпы еңбек процесiнiң “ұсақтүйек” ерекшелiктерiн меңгеруде, мектепте оқушыларды қол еңбегiнiң дағдыларына үйретуде, сондай-ақ соқыр, мылқау, керең адамдардың тiршiлiгiнде ерекше орын алатыны түсiнiктi.
Д. Органикалық түйсiктер
Түйсiктердiң екiншi тобына — органикалық түйсiктер жатады. Бұлардың рецепторлары iшкi мүшелердiң қабаттарына (өңеш, қарын, iшек, тамыр, өкпе, жүрек т. б.) орналасқан. Ашыққанда, шөлдегенде не сусын қанғанда, жүрек айнығанда, iш ауырғанда және т. б. осындай жағдайларда болатын сезiнулер органикалық түйсiктерге жатады. Адам тоқ, денi сау кезiнде немесе iс-әрекет үстiнде түйсiктердiң бұл түрiн байқай бермейдi. И. М. Сеченов сондықтан да түйсiктердiң бұл тобын “көмескi түйсiктер” деп атаған. И. П. Павлов мектебiнiң зерттеулерi көрсеткендей, денi сау адамның органикалық түйсiктерi оның жалпы “хал-күйiнiң” негiзi болып табылады. ....


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?
» Қазақстандағы білім беру деңгейі 10 жыл ішінде қалай өзгерді?
» 85 жастағы қызылордалық ақсақал 2 млн түп ағаш еккен