Ыбырай Жақаев
Ыбырай Жақаев
Ыбекеңді айтқанда Шығанақ Берсиевті, Жазылбек Қуанышбаевты, Нұрмолда Алдабергеновті бірге атағанымыз орынды ғой деп ойлаймын. Жақсы адамдар тірісінде қатарласып бірге жүргісі келеді, өлгенде де рухтарының бірге болғанын қалайды. Бұл төртеуі де еңбектің пайғамбарлары. Тағдырлас, замандас олар қазақтың беделі мен берекесін, абыройы мен атағын арттыру үшін жаралған жандар. Халқымызға, елімізге тарихтың, уақыттың, Алланың тартқан сыйы.
Ыбекең мен Жазекеңнің арасындағы түсіністік, тілектестік, ілтипат, сыйластық, достық бірге туғаннан да артық, елге өнеге, үлгі боларлық екі ұлы адамның шынайы, жарқын да жарасымды достығы еді. Кезінде Жазекең Ыбекеңе інілік жолмен сәлем беріп те, көңілін сұрап та келетін. Ал 1981 жылы Ыбекең тоқсанға таяп қайтыс болғанда, Жазекең ағасын соңғы сапарға шығарып салуға да келді. Ата жолымен алыстан көлігінен түсіп, жаяу “ой, бауырымдап” зор дауысымен езіліп, егіліп, жылап елдің көңілін босатқан еді.
Жарықтық Ыбекең: “Жылай білу де үлкен қасиет. Ол мұң, зар, үн сыртқа шықпаса, адам езілмесе, егілмесе, тазармаса, көңіл-күйі көмулі қалады да, адам баласы тебірене білмейтін қара тасқа айналады”, – деуші еді. “Москва слезам не верит” дегенмен, қазақ көз жасына қатты сенеді, сезінеді.
Ыбекең мен Жазекеңнің үлкен достығы жөнінде Асқар Тоқмағамбетов:
“Кездесті, міне, солай екі батыр,
Боп қалды қосылғандай екі ғасыр,
Бірі тау, бірі теңіз секілденіп,
Екеуі жұбын жазбай келе жатыр,” – деп шабыттана жырлайды.
Ыбекең, Шықаң, Жазекең, Нұрекең – “диқан ата”, “шопан ата”, “дала академигі” – ХХ ғасырдың нағыз еңбек тарландары. Еліміздің тарихында осы төрт шалдың алар орны ерекше. Бұл қариялар – өмірдің өзінен оқығандар, алдындағы көргенін, естігенін көкірегіне тоқығандар, осы мол мұраны кейінгілерге кемеңгерлікпен қалдырғандар. Бұл шалдар – өмірі асып-тасуды білмеген, елден асып өмір сүрмеген, дүниенің бар кілті еңбекте ғана екенін өзінен бастап, өзгеге де ұқтырып кеткен ұлы жандар.
Еңбек майданының әйгілі майталманы, талдықорғандық айтулы азамат, ұлты поляк Николай Никитич Головацкий:
– Біз алты ағайындымыз, — деп марқаяды екен.
– Бауырларыңызды атаңызшы?, — деген сауалға:
– Олар: Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаев, Ыбырай Жақаев, Жазылбек Қуанышбаев, Нұрмолда Алдабергенов, Николай Кузнецов және мен. Өйткені, біздердің бәрімізде алды үш, арты екі мәртеден Социалистік Еңбек Ері атағын алып, омырауымызға Алтын жұлдыздарды жарқырата таққанбыз, – дейді. Міне, мақтануды мүлде білмейтін, артық сөзге әсте жоқ, тек ілкімді істің ғана адамының жүрекжарды ілтипаты бұл. Расында, оның айтып тұрғаны айдай ақиқат. Қасиетті қазақ жерінің осынау алыптарын өшпес даңққа бөлеген, оларды табыстырған, туыс еткен – жоғары мәртебелі құдіретті, киелі – Еңбек!
Ыбекең күрішшілік кәсіпке жасы елуден асқанда барып кіріскендігін көңілге бір түйіп қоялық. Жақсылықтың ерте, кеші жоқ деген осы да.
“Ол оқымаған, бірақ өмірден көп тоқыған кісі. Еңбектің көзін тауып, байлықтың өзін тапқан қайраткер. Еңбегімен өмірге өрнек салып, еңбегімен поэма жазған адам”, дейді Асқар Тоқмағамбетов.
Ыбекең төккен әрбір тамшы тер өзіне, еліне, халқына бақыт пен береке, абырой мен атақ, өнеге, дәстүр, ырыс болды, нан болды, ән болды, тіптен тарихтың өшпес беттері болды деуге әбден сияды. Диқан бабаның тұла бойы тұнып тұрған жақсылық, қасиет. Олай дейтінім, бір Ыбекеңнің өзі еңбек адамының қаншалықты құдіреттілігін, мүмкіншілігінің мол екенін көрсетті.
Ыбырай Жақаев – дән патшасы, ақ күріштің атасы, ол өзінің өшпес тарихын кетпенмен, термен жазған, бірнеше ғасырда дүниеге бір-ақ келетін адам.
Ұлы Отан соғысындағы жеңістен кейінгі үш жыл қатарынан Ыбекең әлем жұртшылығының еріксіз таңдайын қаққызды. 1945 жылы күріштің әр гектарынан 156 центнерден, 1946 жылы 160, 1947 жылы 171 центнерден өнім жинап, дүниежүзілік рекорд жасады.
Қазақтың қара шалының далалық дана ақыл ойымен, бойындағы Алланың аманаты мен сыйы – жойқын күш жігерімен, киелі, күректей қолымен, кәрі бәйтеректің жер бетіне шығып кеткен тамырындай салалы саусақтарымен қара жерді қарс айырып жасаған бұл рекорды бүкіл әлемді таңдандырды, таңғалдырды. Бұл рекорд өркениетке, озық технологияға, білімге, ғылымға бізден әлдеқайда бұрын жеткен жапондықтардың жағасын ұстатты, кәрістерді қайран қалдырды.
Асқар Тоқмағамбетов:
“Отыр, міне, ортамызда, секілді бір,
тау биігі Гималай.
Рекорд жасап, бар әлемге аты шыққан,
Ер Жақаев Ыбырай”, – деп жырлайды.
...Олар сенбеді. Кеңес Одағындағы бұл құбылысқа сенімсіздікпен қарады. Тексеру де тексеру, комиссия да комиссия. Ал Ыбекең: “Басымды қатырып, мені кеңсеге неге шақыра бересіңдер түге. Жер әне, су әне, өнім әне, тексере беріңдер. Ал мен Айманкүлдің дауысын, Нартайдың әнін сағындым”, деп көрші ауылға кете барды. Нартайы – Нартай, ал Айманкүлі айтулы ақын Әбділда Тәжібаевтың анасы.
1957 жылы 65 жастағы Ыбырай Жақаевты колхозшылар сыртынан құжат толтырып, жоғары жақпен келісіп, зорлап колхозға төраға етіп сайлайды. Ыбекең барынша қарсылық білдіреді, бармаған жері, баспаған тауы қалмайды. Ақырында Алматыға дейін барып, бастықтықтан әрең құтылады.
Жазмыштан озмыш жоқ, озудың да тіптен қажеті жоқ.... Ыбекең сом денелі, әр саусағы қамшының сабындай, қорғасыннан құйылғандай өте қарулы кісі болатын. Жастау кезінде күрестерге қатысып, белдескенін жыққан, жауырыны жерге тимеген кісі. “Ыбырай жүгіргенде жер дүрсілдейді”, – дейді екен әкесі.
Ыбекең сабырлы, салмақты, ұстамды, ашудың емес, ақылдың, даудың емес, мәмленің адамы еді. Сөзге сараң, билік айтуға таласпайтын, көп көріп, көңілге түйгені мол болса да ақылгөйсінбейтін, сыр аша, сыр шаша бермейтін тұйық, жұмбақ тұлға-тын. Сөздің емес, істің адамы болатын. Диқан баба бұл кісі жөнінде қалам тартпаған, пікір айтпаған сол замандағы қазақ зиялысы кемде кем. Соның бірі,бірегейі Әбділда Тәжібаев.
Ағатай!
Кешегі көшпелі қазақ баласы ең
үстінде туған ырғала басқан түйенің.
Бүкіл дүниеге даңқы тараған
Диқан атамсың,
Сүйенерімсің, сүйерім.
Топырақтың, судың, жарықтың
Сырына қанық киелім.
Мен бүгін сексенге келген тойыңда
Ақ қырау басқан,
Аздап шаршаған басымды
Алдыңа келіп иемін.
Өзіңмен бірге мерейі асты елдің де,
Қуанттың жұртты мен қазақпын деп келдің де,
Мандаттарымның қадірі өтпес жерлерде,
Өте беремін мен Жақаевпын деймін де, – деп жырлады.
Қазақ әдебиетінің классигі Сәбит Мұқанов өзінің “Сырдария” романын жазу үстінде Ыбырай Жақаевтың үйінде айдан астам жатып, атақты шығармасының бас кейіпкері ретінде дала академигінің мінез-құлқын, бітім-болмысын, өмір салтын зерделей зерттеген. Екеуінің арасында айтылмаған сыр, шертілмеген әңгіме қалмаған. Ақыр соңында әдебиет алыбы мен даңғайыр диқан сыйлас, қимас дос болып кеткен.
Ыбырай Жақаевтың дала академигі деген теңеуінің өмірге келуіне бірден-бір себепкер болған да осы Сәбең.
Диқан ата үлкен жиындарға жиі қатысып, ұзақ отыруға әбден үйренген. Шыдамдылығы соншалықты, жиын президиумдарында күн ұзақ тапжылмай, қимылсыз отыратын-ды. “Тек көзін жыпылықтатқанынан ғана тірі адам дерсің, немесе құдды тас мүсін еді ғой”, – дейтін білетін кісілер. Өзінің бір басынан асып-төгіліп жатқан атақ-даңқты жеке басына пайдаланған жан емес, қарапайым ел қатарлы өмір сүрді. Ол кісінің қарапайымдылығы мен кең пейілділігін замандастары былай сипаттайтын еді. Халықта: “Пейілі тар адамның ішіне қыл симайды деген сөз бар. Ал біздің Ыбекеңнің кеңпейілділігі сонша, ішінен ат ер-тұрманымен айналады”, дейтін. Ыбекең ерте көктемде егіс басына көшіп барып, күзде күрішін жиып-теріп, елге бір-ақ қайтатын.
Егістік маңайынан шықпайтын. Күріштік Ыбекең үшін бұл дүниенің пейіші-тін. Жерді өзі таңдайды, арық, атыздарын өзі белгілейді, өзі қаздырады, өзі соқтырады. Өзі мұрап, өзі агроном, бәрін біледі, оқымай тоқыған. Жердің тұздылығын тілімен анықтайды. Бір өзі – бір лаборатория. Күрішті қолмен сеуіп, су жіберер кезде бірер қап дәнді құлақтардың сағасына тастайды, атыздағы күрішпен бірге ол да бөртіп, өсіп жатады. Кейін оны күріш көшкен, сирек шыққан жерлерге, атыз жиектеріне қолдап себетін.
Күріш су бетіне шыққан кезде жиі өскен жердің өскінін сирек тұсқа көшеттейтін. Сөйтіп ол кісінің күріш атыздарында алақандай жер де бос болмайтын. Төбеден қарасаң жер көрінбейді, жанынан қарасаң ине өтпейді.
Адам қаншалықты күшті, құдіретті болғанымен ол өз шыңына шығу үшін оған соншалықты көптеген қолдаушылар, жәрдемшілер, көмекшілер, кеңесшілер, тілектестер, бапкерлер керек. Ыбекеңе тағдыр осының бәрін оңынан кездестірді. Әсіресе, диқанның өмірлік бригадирі Қойшыбай Оразымбетов пен білгір, жаңашыл агроном Әнес Алтынбековтің еңбегі ерекше. Күріш жөніндегі ғылымды дамытуда, тәжірибені жетілдіруде, агротехниканы қалыптастыруда Ыбекеңнің, Әнекеңнің, Қойшыкеңнің бірігіп атқарған жұмыстары бір ғылыми-зерттеу институтының қызметіне пара-пар.
Ыбекеңнің шәкірттері көп. Олар ақ күріштен еңбегі жанып, бақытын тапқан жандар. Қарт диқанның құтты жолымен, ақ батасымен облыстағы 91 Социалистік Еңбек Ерінің, 35-і Шиелі ауданынан тәрбиеленіп шықты.
Дүние жүзі халықтарының үштен екі бөлігі күрішпен тамақтанады. Сыр бойы халқы да бұл дақылды ардақтайды, аялайды. “Күміс күріш”, “Сыр сұлуы”, “Сыр аруы”, “Сыр маржаны”, деп әнге қосады. Ежелгі күншығыс елдерінде аса құрмет тұтатын дақыл – күрішті патшаның өзі бастап себеді екен. Сол дақылды қазақ жерінде, Сыр елінде бірінші боп сеуіп, халқының қанына сіңірген Ыбырай шынында қай патшадан кем?!.
Етене еңбектес болған, жақын шәкірттерінің бірі марқұм Зәкира Ержанова бір тәрбиелік мәні бар уақиғаны еске алады. “...Күріш себіліп жатқан кез. Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілетін мезгілі – көктем. Жұрттың бәрі жарты құрсақ. Бір дорба күріш тұқымын, кейін көже қылып ішейік деп үйдегі жаман сандыққа тығып қойғанбыз. Түскі шәйдің үстінде Ыбекеңнің көзі сандықтың тесігінен көрініп тұрған күріш дәніне түсті. Қатты ашуланып, бәрімізді жиып алып тарыдай қуырды. “Бұл бізге аманат етіп тапсырылған бүкіл халықтың несібесі, ырызғысы, ертеңгі азығы, өзегі, өмірі. Тұқым ұрлағанның тұқымы құриды деген, бұларың не қарақтарым. Апарып орнына салыңдар, ендігәрі аштан өлсеңдер де бұл жаман әдетті қайталамаңдар”, деп еді. Осы әңгіме бәріміздің де бүкіл өмірімізге жетерлік сабақ болды”.
Ыбекеңнің тәніне, жанына, қанына адалдық, кіршіксіз пәктік анасының ақ сүтімен, атасының ақ батасымен сіңірілген. Жақай ақсақал өмірінде алғаш рет ауылдан ұзап, үлкен үмітпен Сарыарқаға көппен бірге сапарға шыққан баласы Ыбырайға: “Өзін бір ойлап, өзгені екі ойлаған ер – нағыз ер. Кеудеңде жан барда, адам атыңа дақ түсірме. Аштан өлсең өл, тек азғындап өлме, былғаныш өмірден адал ажал артық. Жолың болсын”, деп ақ тілек білдіреді. Міне, атаның аманаты осындай болған.
Жақаевтың екінші Алтын жұлдызбен марапатталу құрметіне колхозда өткен салтанатты жиынға қатысып шыққанда, ол кісінің ізбасары даңғайыр диқан Бегалиев Серікбай: “Бұрынғы заманда анандай әулие, мынандай әулие өтіпті деп сыйынып жатамыз. Осы заманның нағыз әулиесі, нағыз әруағы біздің Ыбекең ғой”, деген екен. Шынында қара кетпенімен, білегінің қара күшіменен, қара жерді қопарып, ақ күріштен алтын тау тұрғызып, Сыр бойын, оның халқын әлемге танытқан адам қай заманның әулиесінен кем? Қалай десең де Ыбекең Қыдыр қарап, бақ дарыған әулие, аруақты адам. Бұл жөнінде қарияның зерделі ұрпақтарының бірі Зәкім Жайлыбай былай деп әңгімелейді: “Табиғаттың әлі де адамзатқа белгісіз жұмбақ сырлары көп қой. Соның бірі – Қыдыр әулие. Халықта Қыдыр көрген адам бақ пен дәулетке кенеліп өтеді деген сенім бар. Соның бір дәлелі диқан бабамыз Жақаевтың аузынан естіген бір әңгімені жаңғыртқым келеді. Ілгеріде ауылда қариялар көп, біз солардың қолына су құйып, кесесін алып беріп, кебісін қойып, қызмет жасаймыз, әрі көне, өнегелі әңгімелерге құлағымызды суарып, санамызды сауықтырып көңілімізге тоқып, көкірегімізге түйеміз, қанығамыз. Суырылып көп сөйлей бермейтін Ыбекеңнің мына әңгімесі өз өмірінің шындығымен астасып жатқасын ба, әлі күнге дейін есімнен кетпейді.
– Өзім жидеден, шеңгелден аршып, атыздап еккен күріштікті суға бастырып болып, жаптың басында демалып отырғам,– деп бастады әңгімесін. – Денем дел-сал. Бірақ көңілім тоқ. Күн кешкіріп бара жатса да үйге асықпадым, күрішке қарап отыра тұрғым келді. Сәлден кейін батар күннің шапағына тұла бойы тұтас малынған ұзын бойлы, ақ сақалды кісінің маған беттеп келе жатқанын аңғардым. Тұп-тура күріш атызының үстімен кебісі суға тиер-тимес болып жүріп келеді. Алғашында аң-таң болып отыра берсем керек, жақындағанда орнымнан тұрдым.
Ол кісі қарсы алдыма келіп:
– Шырағым, ырысың осы жерден болады, бақытың өрлей берсін! Әумин! – деді ап-анық дауыспен. Сөйтті де ғайып болды. Есімді жисам: “Әумин”, – деп күбірлеп тұр екенмін. Бірақ, бұл көргенімді осы кезге дейін ешкімге айтқаным жоқ. Айтқаны келіп, артының жаман болмағанын көріп жүрсіңдер ғой. Міне, енді айтудың мезгілі келген, сәті түскен сияқты,- деді Ыбекең жұмсақ, жылы жымиып, өзіне де, тағдырына да, Аллаға да ризашылығын білдіргендей.
– Ой жарықтық-ау, сіздің ол көргеніңіз Қыдыр баба ғой, – деп көпшілік Ыбекеңнің етегінен ұстап тәу еткенін көзім көрді. Кейін “Ыбырай түбегі” атанған сол жер елге ырыс, береке, абырой-атақ әкелді. Қазір енді ол алқапқа диқанның ұлы Сейітбек ие. Қыдыр дарыған жердің әлі де талай ұрпаққа байлық пен береке, абырой мен атақ әкелері сөзсіз.
Екінші оқиға. Оны Ыбекеңнің тетелес інісі Боқаев Сыздықтың баласы белгілі заңгер Балтабек Сыздықұлы былай деп айтады. “Сулы жерлерде, әсіресе, күріштікте жыланның жүретіні белгілі. Ыбырай әкемнің күріш атыздарының құлақтарында да біріне бірі оралып жататын жыландар көп болатын. Балалар сонда отаққа түсуге қорқып, әйелдер жаптан, құлақтан өтуге сескеніп жататын. Сонда Ыбекең: “Қорықпаңдар, өте беріңдер бұлар зияны жоқ, мына күрішті қорып жүрген шақпайтын күзетші жыландар ғой”, деп оларға тигізбейтін, өлтіртпейтін. “Ыбекең тегін емес қой. Мына сөзінде мән бар” дейтін әкем Сыздық.
Кейде адам тағдыры шешілетін алқалы жиындарда Ыбекеңнің: “Балалар, осыны әурелеп қайтесіңдер”, – деген бір сөзімен бірнеше кісінің тәлкекке түскен тағдыры оң шешіліп кете беретін еді. Бірде диқан ата ұлы Сейітбекті бір туысымен таныстырып отырып: “Қан туыспай, жан туыспайды”, депті. Содан әлгі сөз нақыл болып кетті. Ой, жарықтық-ай! Аузының, сөзінің дуасы бар еді ғой. Бүгінде Ыбырай Жақаевтың: “Қатты жерге қақ тұрар, қайратты ерге бақ тұрар”, “Адам тастан берік, гүлден нәзік”, “Ат қартайса есекпен достасады, адам қартайса, төсекпен достасады”, “Еріншек егіншіден елгезек масақшы озады”, “Малға жарлылық – жарлылық, ақылға жарлылық – сорлылық”, “Өлім ақылы толмаған баланы да аямайды, ақылы асқан дананы да аямайды”, “Бірінші би – халық, екінші би – тарих”, “Көз — нұрдың ұясы, көңіл — сырдың ұясы”, – деген ақылды сөздері елмен бірге жасауда.
Ыбырай атақ үшін еңбек еткен жоқ. Қазақтың қай шалы атақ үшін еңбектеніпті. Олар еңбектен нағыз адами бақыт, ләззат, рахат тапты. Соншама атақ-абырой, даңқ, бақ Ыбекеңді астырмады, тастырмады, састырмады. Ештеңе болмағандай бір қарапайым қалпынан айнымай, ауытқымай дүниеден озды жарықтық.
Мен Шиеліде өсіп-өніп, көктеп-көгеріп, отбасылық, еңбек бақытын тапқан адаммын. 1983 жылы күріш орағы басталған кезде Шиелі аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайландым. Жұмысқа кірісер алдында аупарткомның идеология жөніндегі хатшысы Қален Әбдешовті шақырып: “Мен Шиелінің баласымын. Ыбекеңнің күрішінің масағын теріп, батасын алып өстім. Енді басшы болып келдім деп өткенді ұмытуға хақым жоқ. Сондықтан біріншіден, Ыбекеңнің кеңсеге қоятын бір бюстін тауып беріңіз. Соны үстелімнің үстіне қойып, күнде сол кісінің рухына сыйынып, ақылдасып отырамын. Екіншіден, Ыбекеңнің ескерткішіне гүл қойып, зиярат етіп, сонан кейін диқан бабаның рухының рұқсатымен күріштікке кіріп, жұмысты бастайық”, – дедім.
Кейінірек білдім, Шиеліден Ыбекеңнің бюсті табылмапты, Қалекең қатты қысылып, көрші Жаңақорған ауданынан тауып, оны менің кеңсеме алып келіп қойыпты. Сосын Ыбекеңнің басына барып, зиярат жасап, ауданды басқаруға кірісіп кеттім.
Құдайға шүкір, жаман болған жоқпыз, күріш жинауда бірінші онкүндіктің қорытындысы бойынша республикалық туды жеңіп алдық. Одан әрі де табыс табысқа, абырой, абыройға жалғасып кете берді. 1985 жылы Ыбырай Жақаевтың 90 жылдығына арналған мемориалдық кешеннің құрылысы аяқталды. Алаң түгел қоршалды, жарықтандырылды. Онда орналасқан Мәдениет үйі күрделі жөндеуден өткізілді, фонтан пайда болды. Бұл алаңда Ыбекеңнің ескерткіші, Ұлы Отан соғысында қаза болғандардың мемориалы, еңбек озаттарының көрнекті тақтасы гүлмен көмкерілген. Кешен еңбек пен ерліктің символы, парыз бен қарыздың, имандылықтың өлшеміндей болып, аудандағы қасиетті орынға айналды. Осы қасиетті жерге әрбір өмірге келген нәресте, әрбір жаңа отбасы, әрбір жұмысқа, оқуға, Отан қорғауға алғашқы қадам жасаушы азамат басын иіп, тағзым етеді, қадірлейді, қастерлейді. Жақсы ой ойлап, жақсы тілек тілейді, осы жердің қасиеті мен шапағатына сенеді, үміт артады.
Келесі жылы Ыбекеңнің музейін бітіріп, оны да облыстық деңгейде салтанатты түрде аштық. Сонымен, біз атаның әруағы алдындағы шексіз борышымыздың бір бөлігін өтегендей болдық.
Мен өз басым осы Ыбекеңдей ұлы адаммен жерлес, замандас болғанымды, ол кісінің күрішінің масағын теріп, еңбектегі, өмірдегі, өнегесін, батасын алып өскеніме, кейінірек Ыбекеңнің рухы алдында атқарылған ірі, тарихи, өмірлік жұмыстардың басында, қасында болуды тағдырдың менің пешенеме жазғандығына дән ризамын.
Ыбекеңнің рухы алдындағы адалдығым, ол кісіге деген таза ниетім мен ыстық ықыласым, азды-көпті еңбегім маған бүкіл өміріме жететін бақ, дәулет болып қайтты деп есептеймін. Мен Шиелі ауданынан Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетіне мүше болып сайланып, кейін Талдықорған облыстық Кеңесі атқару комитетіне төраға болдым. Сол кезде Нұрмолда Алдабергеновтің 80 жылдығын атап өтіп, өз ауылында жақсы музей аштық. Сол музейге Ыбырай Жақаев пен Жазылбек Қуанышбаевтың күріш дәнінен теріп салынған портретін сыйладым. Ол сурет Жазекең Ыбекеңнің көңілін сұрап келгенде өте сәтті түсірілген еді. Кезінде сол бейне еліміздің көп жерінде, тіптен, Мәскеудегі алаңда да ілулі тұратын.
Осы мақалада Ыбекеңді бетке ұстай отырып, Жазекеңді, Нұрекеңді, Шығанақ Берсиевті жазып, қазақтың қасиетті де қадірлі төрт шалының, еңбектің төрт пайғамбарының рухын қосайын дедім. Осындай күрделі заманда елімізді, халқымызды осы төрт әулиенің, төрт әмбиенің рухы қолдап-қолтықтап, желеп-жебей берсін.....

Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
kz | Рефераттар
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?