РЕЦЕПТОРЛАР

РЕЦЕПТОРЛАР

РЕЦЕПТОРЛАР

Қозу физиологиясы. Тірі организмдер екі түрлі қалыпты жағдайда болады: физиологиялық тыныштық және физиологиялық белсенділік. Физиологиялық тыныштық деп организмнің көзін жұмып, тыныш, ештеңені ойламай, тыңдамай, денесін босатып, демалып, ояу жатқан қалпын айтады. Бұл кезде организмнің өзінің тіршілігіне қажетті құрылымдары (жүрек-қан тамырлар, тыныс алу, зәр шығару т.с.с) белгілі шамада қызмет атқарады және, мысалы, ұлпалардың клеткаларында белгілі мөлшерде зат алмасуы жүріп жатады. Осындай қалыпта жатқанда сыртқы ортаның қандай да болмасын бір жағдайлары әсер етсе, организм физиологиялық тыныштықтан физиологиялық белсенділікке ауысады. Организмнің қандай да болмасын жеке мүшесі немесе мүшелер жүйесі, тіпті бүкіл организмнің қызмет атқаратын жағдайын физиологиялық белсенділік дейді.
Физиологиялық белсенділік кезінде зат алмасуы артады, бірнеше мүшелер, жүйелер қызметін күшейтеді. Мысалы, тамақ ішкеннен кейін ас қорыту мүшелері қызмет атқаруына байланысты оларға қоса жұрек-қан тамырлар, тыныс, зәр шығару жүйелерінің қызметі күшейеді. Мұндай жағдайда сыртқы ортаның әсері денедегі ұлпаларды, клеткаларды тітіркендіреді.
Адам денесіндегі көпшілік тірі клеткалардың тітіркену қасиеті болады. Сыртқы және ішкі орталардың түрлі әсерлеріне жауап беру қабілетін тітіркену деп айтады.
Ал олардың әсерлерінің өзін тітіркендіргіш деп атайды. Сыртқы және ішкі орталардың әсерінен организм, оның жеке ұлпалары физиологиялық тыныштықтан белсенділікке ауысады. Тітіркендіргіштерді тегіне қарай төртке бөледі: физикалық, химиялық, физико-химиялық және биологиялық тітіркендіргіштер.
Физикалық тітіркендіргіштер деп түрлі механикалық (соққы, шаншу, қысым т.б) және электрлік әсерлерді айтады.
Химиялық тітіркендіргіштерге тамақтың құрамындағы органикалық және бейорганикалық заттар, дәрілер, улы заттар, сілтілер, қышқылдар, түздар және олардың ертінділері тәрізді көптеген химиялық заттардың әсері жатады.
Физико-химиялық тітіркендіргіштерге ертінділердегі заттардың парциалдық қысымы, осмостық қысымы, иондардың (аниондар мен катиондар) және түрлі заттардың концентрация айырмашылықтарының әсері (айталық, 5% және 7% тұз қышқылының ертінділерінің әсерінің айырмашылығы) жатады.
Биологиялық тітіркендіргіштерге түрлі макро және микроорганизмдердің әсерін жатқызуға болады.
Тітіркендіргіштердің әсерінен тітіркене алатын ұлпаларды тітіркенгіш ұлпалар деп атайды. Оларға нерв, ет, без ұлпалары жатады. Олар тітіркендіргіштің әсеріне қозумен жауап береді. Қ о з у аталған ұлпалардың қызметінің үрдісі. Қозу кезінде бұл ұлпалардың электрлік және биохимиялық қасиеттері өзгереді, ұлпалардың қызметі басталып, күшейеді. Сыртқы ортаның кейбір тітіркендіргіштері әсер еткенде қозғыш ұлпалардың қозуы бәсеңдейді немесе мүлде тоқтап қалады. Мұны т е ж е л у деп атайды. Тежелу де қозу іспетгі тірі ұлпалардың белсенді қызмет атқару күйі. Бірақ тежелу кезінде жеке мүшелерде немесе организмде бұрын басталған қызмет баяулайды, я болмаса мүлде тоқталады.
Тірі ұлпалардың электрлік қасиетін биоэлектрлік құбылыс дейді. Көп клеткалы организмдерде сыртқы және ішкі орталардың мәліметтерін қабылдап, сақтап, талдап, бір жерден екінші жерге жеткізу, қажетіне қарай қайтадан жаңғырту тарихи даму барысында қалыптасқан электр сигналдары арқылы іске асады.
Электр күшін тудыратын энергия клетка мембранасының ішкі және сыртқы жағында орналасқан оң (+) зарядты натрий, калий, кальцийдің катиондары мен түрлі теріс зарядты (-) аниондарға байланысты. Олардың бір-біріне градиенттік қатынасы (мембрананың иондық тартқышы) деп аталатын арнайы молекулалық құрылымның қызметіне негізделген. Энергия көзі саналатын иондық тартқыш - аденозинүшфосфор қышқылы (АТФ) ферменттердің әсерінен ыдырау кезінде пайда болатын энергияны (яғни зат алмасуынан пайда болатын энергияны) жұмсайды.
Тьшыштықтағы клетка мембранасының сырты мен ішіндегі потенциал айырмашылықтарын мембрананың потенциалы немесе тыныштық тоғы деп атайды.
Қызмет атқарған клетканың мембранасы мен тыныштықтағы клетка мембранасының потенциал айырмашылығын әрекет потенциалы дейді. Тыныштық потенциалы 50-90 мВ-қа дейін болады.
2. Нейронныц құрылысы мен қызметі
Жүйке жүйесінің құрылысы мен функциялық негізі -нерв клеткасы немесе н е й р о н. Орталық жүйке жүйесінде нейрондарды қосымша клеткалар -глиялар қоршаған. Нейрондар мен глиялар нерв ұлпасын құрайды. Глиялар нерв клеткаларының тірегі болып, оны қоректендіреді және электр изоляторы қызметін атқарады. Жаңа туған нәрестенің нейрондарының саны глиялардан анағұрлым көп болады. 20-30 жаста олардың саны бір-бірімен теңеседі де кейін адамның жасы ұлғайған сайын нейрондардың үлесі азайып, глиялардың үлесі көбейеді.
Нейрофибрилдер ұзын молекулалы белоктардан тұрады. Нейрон ұзақ жұмыс істегеңде олар жойылып та кетуі мүмкін. Нейронның денесін с о м а деп атайды. Оның пішіні әртүрлі: сопақша, ұршық тәрізді, дөңгелек, домалақ, үш бұрышты, төрт бұрышты, жұлдыз тәрізді, т.б. Денесінен ұзынды-қысқалы өсінділері - нерв талшықтары шығады. Ұзын талшығын а к с о н (грекше аксон - тірек деген мағынада), қысқа талшықтарын д е н д р и т деп атайды (дендрон - ағаш). Аксонның сыртын қоршаған м и е л и н қабығы бар. Миелин - ақ май тәрізді (липид) заттан түзілген. Ол әрбір 1,5-2 см сайын үзіліп, Ранвье белдеуіне айналады. Аксон арқылы нерв клеткасының денесінен басқа нейрондарға, жұмысшы мүшеге нерв импульстері тасылады. Мүшелерге келген аксонның ұшы тармақталып нерв ұштарына айналады. Нерв ұштары қызметіне байланысты екі түрлі болып келеді: сезгіш үштар -рецепторлар және қозғаушы ұштар -эффекторлар. Рецепторлар сыртқы және ішкі ортаның қандай да болмасын тітіркендіргішінің әсерін нерв импульстеріне - қ о з у ғ а айналдырады. Ал эффектор орталық жүйке жүйесінен келген қозуды жұмысшы мүшеге жеткізеді.
Нейрондардың бір-бірімен байланысы с и н а п с деп аталатын арнайы ерекше құрылым арқылы іске асады.
Дендриттер - тармақталған қысқа өсінділер. Олардың ұштары сәл жуандап бұдырланады. Бұл - нейрондардың басқа клеткалармен ұштасу ауданын үлкейтеді. Нерв клеткаларының аксоны көбіне біреу-ақ болады. Бірен-саранында ғана екі аксон кездеседі. Олар ұзын болады: бірнеше сантиметрден 1-1,5 метрге дейін. Дендриттер көп болады. Олар - нейронның кірер есігі, ал аксондар - шығар есігі. Дендриттердің бүртіктері бала туғаннан кейін көбейе түседі.
Синапстың құрылысы мен қызметі. Синапс 3 бөлімнен тұрады: пресинапстық (синапстың алдындағы), синапс саңлауы және постсинапстық (синапстың соңындағы) бөлімдер. Пресинапстық бөлімнің пресинапстық мембранасы бар. Пресинапстық мембрана неиронның аксонының жуандаған ұшы - синапс түймешесінің қабығы. Синапс түймешесінің іші синапстық көбікке толы болады.
Бұл көбік медиатор деп аталатын белсенді химиялык заттан тұрады (лат. медиатор - делдал, арада жүруші). Қабылдаушы нейронның пресинапстық бөлімімен жалғасатын жерінің қабығын постсинапстық мембрана деп атайды. Пресинапстық және постсинапстық мембраналардың арасында синапс с а ң л а у ы болады. Ол - клетка аралық сұйыққа толы кеңістік.
Әрбір нейронның денесіндегі синапстардың саны 100, тіпті бірнеше мыңға дейін болуы мүмкін. Ал әрбір нерв талшығы 10 мыңға дейін синапс түзе алады.
Қазіргі кезде жұлын мен мидың түрлі бөлімдерінде 2 түрлі синапстар бар екені анықталды: қоздырушы және тежеуші синапстар. Орталық жүйке жүйесіндегі тежеуші нейрондардың аксондарының ұштарында тежеуші медиатор болады да, ол қабылдаушы нейронға тежеп әсер етеді. Ми сыңарларының қыртысындағы нейрондарда амин май қышқылы (ГАМК) тежеуші медиатор ролін атқарады.
Әрбір нерв клеткаларында көптеген тежеуші және қоздырушы синапстар болады. Бұл нерв әрекеттерінің бір-бірімен байланысты қызмет атқаруын қамтамасыз етеді.
Нерв талшығы арқылы келген қозу синапстық көбіктегі медиатордың пресинапстық мембранасынан өтіп, синапс аралығына құйылуына түрткі болады. Ол медиатор синапс аралығындағы клеткаралық сұйықта диффузды түрде тарап, постсинапстық мембрананы тітіркендіреді. Постсинапстық мембранада медиатордың әсері қайтадан қозуға айналады.
Адамның миы нәтижелі еңбек еткен сайын оның синапстары көп болады. Сондықтан жаңа туған нәрестелерде синапстар аз болып, ер жеткен сайын көбейе түсіп, ересек адамда өте көп болады.
Нервтер мен нерв талшықтары. Сырты қабықпен қапталған нерв клеткасының өсінділерін нерв т а л ш ы қ т а р ьі деп атайды. Нерв талшықтары 2 түрлі болады: миелинді және миелинсіз. Миелинді нерв талшығының сыртын миелин қабығы қоршаған, ал миелинсіз талшықтың сыртын тек қана эндотелий қабығы қоршаған, миелині болмайды.
Егер нерв талшығының миелині болмаса, оның бойымен қозу үздіксіз жүреді. Бір жерде пайда болған әрекет потенциалы көрші жердің әрекет потенциалын тудырады. Әрекет потенциалының пайда болуы клеткалық мембрананың бойында натрий мен калий иондарының мөлшерінің өзгеруіне байланысты пайда болады. Бірақ клеткалық мембрананың бойымен ештеңе қозғалмайды. Тек қана оның бір жерінен екінші жеріндегі иондардың кезекпе-кезек өзгеруінен болады. Сонда нерв талшығының бойымен әрекет потенциалы ғана тарайды. Әрекет потенциалы, нерв импульстері, қозу толқыны деген сөздердің мағынасы бірдей. Мысалы, нерв талшығының белгілі бір жерінен 1 секундта 100 әрекет потенциалы, немесе 100 нерв импульстері, немесе 100 қозу толқыны өтті деуге болады.
Миелинді нерв талшығы арқылы нерв импульстері үздіксіз өте алмайды. Мұндай жағдайда бір Ранвье белдеуінен екінші белдеуге нерв импульстері секіріп өтіп, қозудың қозғалысы жылдамданады. Нерв талшығы арқылы қозудың өтуі талшықтың диаметріне де байланысты: диаметрі жуандаған сайын қозудың өту жылдамдығы тездейді. Нерв талшықтарын олардың диаметріне байланысты 3 топқа бөледі: А, В, С талшықтары. А талшықтарының диаметрі 22 мк, оларда миелин қабығы болады. Бұл талшықтар арқылы қозудың өту жылдамдығы секундына 120 м. В тобының нерв талшықтарының да миелин қабығы болады. Олардың диаметрі 3 мк-ға дейін, қозуды өткізу жылдамдығы секундына 5 м. С тобының талшықтарының диаметрі өте жіңішке: І мк-ға дейін. Олардың миелин қабығы болмайды, қозуды өткізу жылдамдығы секундына 2 м. Балалардың денесінде С тобының талшықтары көбірек болады. Бірақ бала өскен сайын нерв талшықтары жуандап, орталық жүйке жүйесінде де, шеткі жүйке жүйесінде де қозуды өткізу жылдамдығы артады.
Қозуды орталыққа өткізетін нервтерді орталыққа тепкіш немесе а фференттік нервтер деп атайды, ал қозуды орталықтан жұмысшы мүшеге таситын нервтерді орталықтан тепкіш немесе эфференттік нерв дейді. Жүйкенің көпшілігі аралас нервтерден тұрады. Оның құрамында афференттік және эфференттік нервтер болады.
Жүйке жүйесінің маңызы. Адамның жүйке жүйесінің маңызын оның қызметіне қарай былай анықтауға болады:
- мүшелерді бір-бірімен байланыстырып, организмнің бір тұтастығын іске асырады;
- денедегі барлық мүшелердің және мүшелер жұйелерінің қызметтерін реттейді;
- организмді сыртқы ортамен байланыстырады;
- сыртқы ортаның өзгермелі жағдайларына организмді бейімдейді;
- денедегі барлық клеткалардың, ұлпалардың, мүшелердің, бүкіл организмнің тірлігін қамтамасыз етеді.
Орталық жүйке жүйесі ми мен жұлыннан тұрады. Ж ұ л ы н омыртқа өзегінде орналасқан, ұзындығы ересек адамда жарты метрге жуық, салмағы 37-38 г. жұлынның жоғарғы жағы сопақша мимен жалғасады да төмеңгі ұшы шашақтанып омыртқа тұсында бітеді. Жұлын арасы қосылып кеткен симметриялы оң және сол жақ екі жарты бөлімдерден тұрады.
Адамның жұлыны 31-33 сегменттен (лат. сегментум -бөлік, кесінді) тұрады: 8 мойын, 12 кеуде, 5 бел, 5 сегізкөз және 1-3 құйымшақ бөлімдері. Әрбір бөлімнен қос-қостан шыққан нерв түйіндері екі жұлын нервтеріне айналады (орталыққа тебетін немесе сезгіш және орталықтан тебетін немесе қозғаушы нервтер). Жұлын омыртқа жотасынан қысқалау болғандықтан аталған бөлімдер омыртқаның аттарына сәйкес келмейді. Жұлын нервтері жұлын өзегінен шығып (І-жұптан басқасы) дененің терісін, аяқ-қолдарын, дене тұлғасының еттерін нервпен қамтамасыз етеді. Әрбір бөлім дененің өзіне тән жерлерін нервтендіреді.
Жұлын 10 жасқа келгенде екі есе ұзарады. Оның өсуі алғашқы жылы өте күшті болады да, 2-3 жасқа келген баланың жұлыны 14 г болады (жаңа туған нәрестеде не бары 2,8 - 2,9 г), 4-6 жасқа келгенде жұлынның дамуы аяқталуға жақын деуге болады. Дегенмен оның толық жетілуі 20 жаска жуықтағанда аяқталады. Осы мерзімде жұлын 8 есе көбейеді.
Жұлын жұйке жұйесінің маңызды бөлімдерінің бірі- түрлі нерв әрекеттерінің бағытталуы мен реттелуі жұлын арқылы іске асады. Себебі жұлын өткізгіштік қызмет атқарады да, оның бойымен дененің барлық жерінен миға нерв импульстері тасылады, ал мидан бүкіл дененің еттерін козғайтын нерв импульстері мүшелерге барып, олардың кызметін реттейді. Бұларға қоса, жұлында адамның қарапайым рефлекстерінің орталықтары орналасқан (айталық, тізе рефлексі). Адам өмірі үшін маңызды зәр шығару, жыныс мүшесінің эрекциясы, эякуляция (шәуһет шығару) т.с.с. рефлекстер жұлынның қатысуымен орындалады.
Дененің қаңқасының бұлшық еттерінің тонусын сақтайтын организм үшін аса маңызды рефлекстер де осы жұлындағы орталықтардың қатысуына байланысты. Жұлынның қозғаушы орталықтарынан үнемі келіп тұратын нерв импульстеріне байланысты адам кеңістікте белгілі орын алып қозғала алады.
Ішкі мүшелердің вегетативтік рефлекстері де жұлын арқылы орындалады (жүрек-қан тамырлары, ас қорыту, зәр шығару т.б. рефлекстер).
Адамның м и ы орталық жүйке жүйесінің ең негізгі маңызды бөлігі. Одан 12 жұп нервтер шығып, миды көптеген ішкі мүшелермен, беттің, мойынның еттерімен, тілмен, көзбен байланыстырады және сезім мүшелерінен келетін мәліметтерді жеткізеді. Бұларға I иіс, II көру, III көз қимылдатқыш, IV шығыршық, V үшкіл, VI бүру, VII бет, VIII дыбыс, IX тіл-жұтқыншақ, X кезеген, XI қосымша, XII тіласты нервтері жатады.
Адамның миы ми сауытында орналасқан. Ми сопақша ми, көпір, мишық, ортаңғы ми, аралық ми және екі ми сыңарларынан тұрады.
Сопақша мидың арт жағында м и ш ы қ орналасқан. Мишық 3 бөлімнен тұрады: мишықтың құрты деп аталатын ортаңғы бөлім және мишықтың екі жарты шарлары. Мишықтың жарты шарларының үстіңгі сыртқы қабаты сұр затты мишықтың қыртысынан тұрады, оның қалыңдығы 1-2,5 мм. Мишықтың қыртысы 3 қабат болып орналасқан нейондардан (нерв клеткаларынан) құралған: І-сыртқы, молекулярлық; П-ортаңғы, ганлиялық; III -ішкі, түйіршік баттары. Мишықтың жарты шарларының қалған жері ақ заттан құралған. Ақ затында сұр заттың түйірлері - тісті, тығын пішінді және шар тәрізді ядролар орналасқан. Мишықтың кұртында сұр заттан құралған екі ядро бар.
Сопақша ми-жұлынның үстіңгі жағында орналасқан. Оның ұзындығы 2,5-3 см, салмағы 7 г. Ол екі түрлі қызмет атқарады: рефлекторлық және өткізгіштік. Сопақша мида тыныс, қан айналыс, сору, шайнау, жұтыну, жөтелу, түшкіру, сілекей шығару, қарын және қарынасты бездерінің сөлдерін шығаратын нерв орталықтары және ІХ-ХІІ ми нервтерінің ядролары орналасқан.
Вароли көпірі-сопақша мидың үстінде орналасқан. Оның ұзындығы 2,5 см. Ол үстіңгі жағында ортаңғы мимен, бүйір жақтарында мишықпен шектеседі. Сопақша ми мен вароли көпірін артқы ми деп те атайды. Мұның қызметі де сопақша ми тәрізді: рефлекторлық және өткізгіштік қызметтерін атқарады. Көпірден V, VI ми нервтері шығады және көпір мен сопақша мидың арасынан VII, VIII ми нервтері шығады. Жаңа туған нәрестенің сопақша миы мен көпірінің жалпы салмағы 8 г. 7 жасқа келгенде артқы мидын дамуы аяқталуға жақындайды.
Ересек адамның мишығының салмағы 150 г, оның негізгі қызметі - белгілі бір қозғалысқа қатысатын бұлшық еттердің жиырылуынын жылдамдығын үйлестіру арқылы барлық қозғалыстарды реттеу, яғни қозғалыстар кезінде бұлшық еттердің тонусын сақтау. Қорытып айтсақ, мишық - тонустық рефлекстердің жоғары дәрежелі реттеушісі болып есептеледі. Бұған қоса, мишық тыныс алуды, жүректің соғуын қимылдың түріне байланысты лайықтап отырады.
Ортаңғы ми вароли көпірінің үстіңгі жағында орналасқан. Мұндағы сұр заттар 4 төмпешік түрінде шоғырланған: көзді қозғаушы және шығыршық нервтерінің, қызыл және қара субстанцияның ядролары бар. 4 төмпешіктің алдыңғыларында алғашқы көру орталығы, артқы төмпешіктерінде алғашқы дыбыс орталықтары орналасқан. Олардың қызметіне қарай бағдарлау реакциялары орындалады. Қара субстанция үйлестірілген жұтыну, шайнау, саусақтардың нәзік қимылдарын реттеуге қатысады. Қызыл ядрода еттің тонустары реттеледі.
Ортаңғы ми мен ми сыңарларының арасында а р а л ы қ ми орналасқан. Ол 2 төмпешіктен және төмпешік асты аймағынан тұрады. Төмпешіктерді таламус, ал төмпешік асты аймағын гипоталамус деп атайды. Таламус арқылы мидың барлық сезгіш жолдары өтеді. Гипоталамус Дененің жоғары дәрежелі вегетативтік орталығы болып саналады. Мұнда зат алмасуын, дененің температурасын, аштық және шөл сезімдерін, барлық ішкі мүшелердің қызметін реттеу орталықтары бар. Мұнда нейросекреттер түзіліп, ол неиросекреттер гипофиз безінде белсендіріледі. Сондықтан Гипоталамус пен гипофиз зат алмасуын реттейтін біріккен орталық болып есептеледі. Гипоталамуста барлық ішкі секрециялық бездердің қызметін реттеуге қатысатын орталық бар. Бұларға қоса, ол адамның ұйқысын және сергектігін реттеуге қатысады.
Аралық мидың дамуы 13-15 жаста аяқталады. Ми бағанасының ортаңғы бөлігін ретикулярлық формация ( торлы құрылым ) деп атайды. Ол әртүрлі пішінді және мөлшерлі бір-бірімен шырмалып жатқан нейрондардан тұрады. Микроскоппен қарағанда торға ұқсас болғандықтан оны торлы құрылым деп те атайды. Торлы құрылым негізінен орталық жүйке жүйесінің 3 бөліміне әсер етеді: жұлын, мишық және үлкен ми сыңарлары. Ол жұлынның белсенділігін арттырып немесе тежеп отырады. Торлы құрылымның әсерінен жұлынның байланыс жолдары жеңілденіп, әлсіз тітіркендіргіштің өзіне жұлын рефлекстері толығынан және жақсы пайда болады. Ал тежеп әсер еткенде жұлын рефлексі әлсіреп, нашарлап тітіркендіргіштің күшті әсерін қажет етеді. Ми сыңарларына белсенділендіріп әсер етуіне байланысты оның қозғыштығы төмендеп, адам ұйқыға кетеді. Торлы құрылымның әсеріне байланысты рецепторлардан келген арнайы мәліметтер ми сыңарларында талданып, дұрыс ұғым пайда болады. Ми сыңарлары мен торлы құрылым бір-бірімен байланысты қызмет атқарады. Тек қана торлы құрылым ми сыңарларын белсенділендіріп қоймай, керісінше, ми сыңарларының қыртыстары да торлы құрылымға белгілі шамада әсер етеді.
Қыртысасты ядролар. Ми сыңарларының ақ заттарының ішінде қыртыс асты ядроларының сұр заттары болады. Ол ядролардың ішінде ең маңыздысы - бозарған, қауызды және құйрықты ядролар.
Бозарған ядро қозғалу кезінде көмекші қимылдарды қамтамасыз етеді және ортаңғы мидағы қызыл ядроны тежейді. Бұл ядроның қызметі күшейгенде қосымша қимылдар көбейіп, бұлшық еттің тонусы төмендеп кетеді. Мұндай жағдайда қолдың қажетсіз еріксіз тырбаңдаған қимылдары пайда болады, беті тыржияды т.с.с. қимылдар туады. Ондай еріксіз қимылдар, мысалы, хорея ауруымен ауырған адамдарда байқалады.
Бозарған ядроның қызметі нашарлағанда бүлшық еттің хонусы күшейіп, көмекші қимылдар мүлдем жойылады. Он-дай адамның беті маска тәрізді болып, қимылдары икемсіз, бір-біріне сәйкестелмейді.
Қ ұ й р ы қ т ы ядро мен қ а у ы з д ы ядро бозарған ядроның қызметін тежейді. Сондықтан бүлардың қызметі күшейгенде бозарған ядроның қызметі темендейді, ал қызыл ядроның қызметі күшейеді. Мүндайда паркинсон ауруын-дағы тәрізді белгілер байқалады. Ал оның қызметі нашарла-ғанда хореяға үқсас кемшіліктер пайда болады.
2-3 жаста қыртыс асты ядроларының мөлшері ересек адамның мөлшерінің 40%-ындай болады. Оның нейрондары бүл мерзімде әлі де болса дифференцияланып (нейрондардың белгілі бір қызмет атқаруға бейімделуі) үлгермейді, аксондарының көпшілігінде миелин қабығы жетілмеген, сондықтан балалардың қимылдары әлі де болса ыңғайсыз-дау, дүрыс бағытталмаған.
4-6 жаста қыртыс асты ядролары ересек адамның 80%-ындай болады.
7-13 жаста оның аксондары толық миелинденіп, ересектердің ядроларына жуықтайды.
Үлкен ми сыңарлары (ми жарты шарлары). Үлкен ми сыңарлары мидың ең үлкен, ең маңызды бөлімі. Адам миының барлық салмағының 80%-ын ми сыңарлары алып жатыр. Онда 17 миллиардтай нерв клеткалары бар, яғни жүйке жүйесінің нейрондарының тең жартысы осы ми сы-ңарларында орналасқан. Ми сыңарлары қызметін жоғары жүйке әрекетіне жатқызады. Ол өзінен төмен орналасқан орталық жүйке жүйесінің барлық бөлімдерінің қызметін реттеп отырады. Бүған қоса, біздің санамыз, ойлау қабілетіміз осы ми сыңарларының қызметіне негізделген.
Ми сыңарларының үстіңгі беті қатпарланған сайлардан тұрады. Олар бір-бірінен қатпарланып бөлінген. Алдыңғы және артқы сайларды орталық немесе Роланд қатпары бөліп тұрады. Алдыңғы орталық сай ортаңғы қатпардың артында, ал артқы орталық сай ортаңғы қатпардың алдында орналасқан. Ортаңғы сайдың алдыңғы жағында жоғары, ортаңғы және төменгі маңдай сайлары бар. Олар өздері аттас қатпарлармен бөлінген. Орталық сайдың артында төбе сайлары орналасқан. Адамның желкесінде қатпарлармен бөлінген бірнеше сайлар болады. Самай бөлігінде 3 қатпар бар: жоғарғы, ортаңғы және төменгі. Адамның самай бөлігің маңдай бөлігінен бөліп тұратын терең қатпарды Сильвий қатпары немесе мидың бүйір жақ саңлауы дейді. Бүл атал-ған негізгі қатпарлар мен сайлардан басқа бірнешеуі бар. Олардың әрқайсысының өз аты болады.
Ми сыңарларының сыртында нейрондардың денесінен тұратын қалыңдығы 2-4 мм сұр затты ми жарты шарларының қыртысы немесе м и қыртысы деп атайды. Ми жарты шарларының қалған аумағы миелин қабығымен қап-талған нерв клеткаларының аксондарынан түрады.
Ми жарты шарлары мөлшерлері мен пішіні әртүрлі нейрондардан тұрады. Ми қыртысының нейрондары 14 түрлі болады. Ми қыртысының қүрамында нейроглиялар да болады. Олар нейрондардың тірегі қызметін атқарады және оларды қоректендіреді. Нейроглиялардың саны нейрон-дардан 10 есе артық болады.
Ми жарты шарларының қыртысы 7 қабат нейрондардан
тұрады:
1. Молекулярлық қабат ми қыртысының ең үстіңгі жағында орналасқан үсақ нейрондардан қүрылған;
2. Сыртқы түйіршікті қабат пішіні дән, пирамида және көп бұрышты нейрондардан түрады;
3. Сыртқы пирамидалы қабат пирамида пішінді мөлшері әртүрлі нейрондар;
4. Ішкі түйіршікті қабат тығыз орналасқан әртүрлі пішінді ұсақ нейрондар;
5. Терең орналасқан пирамида қабаты Бец клеткаларының жиынтығы;
6. Көп пішінді клеткалар қабаты үш бүрышты, ұршық тәрізді, көп бұрышты және жұлдыз пішінді клеткалардай тұрады;
7. Бұл қабат жіп тәрізді өте ұзын нерв торшаларының кейбіреулерінің дендриттері 1-ші қабаттағы нейрондарға өтіп кетеді
Ми қыртысында белгілі бір қызмет атқаратын бөлімдер сезім, қозғалыс, байланыс және лимбика.
Орталык жүйке жүйесінің жоғары бөлімі ретінде ми жар-шарлары бір-бірімен байланысты екі үлкен қызмет атқарады: .
1 Организмнщ сыртқы ортамен баиланысын қамтамасыз етеді, яғни адамның мінез-құлқы, ойлау қабілеті, санасы ақыл-ойы - бұлардың бәрі жоғары жүйке әрекеттері;
2. Организмнің қызметтерін бір-бірімен байланыстыру, ішкі мүшелердің қызметтерін қажетті жағдайға қалыптас-тыру, келтіру, яғни үйлестіру. Бұлар төменгі дәрежелі жүйке әрекеттері.
Бүдан бір ғасырдай бүрын ми жарты шарларының бірдей еместігі, әсіресе олардың қызметінің арасындағы айырма-шылығы анықталған болатын. Мидың сол жағындағы сөйлеу орталығы зақымдалса, адам сөйлей алмай қалатынын Брок дәлелдеген. Осы аймақтың басқа бір нүктесіндегі нейрондар істен шыққаннан кейін, адамда сөздің мағынасын түсіну қабілетінің бүзылғанын Вернике анықтады. Сол мәліметтерге байланысты мидың сол жақ жарты шарының ойлауға қаты-сы барлығы байқалды.
Мидың оң жақ жарты шары кеңістікті қабылдау қызметін, алсол жақ жарты шары сөйлеу, ойлау қызметтерін атқаратыны туралы мәліметті Р.Сперри ұсынды. Бұл қағида бойынша зерттеу жұмыстары жүргізіліп, көптеген ғылыми деректер жиналды. Сөйтіп адамның миының жарты шарларына тән негізгі қызметтер анықталды. Р. Сперри өзінің пациенттерін бақылау арқылы мидың екі жарты шары екі ми іспетті қызмет атқаратынын байқады.....


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?