Экономика | Қазақстан мен ЕО-тың дипломатиялық қатынастары

Экономика | Қазақстан мен ЕО-тың дипломатиялық қатынастары

Қазақстан мен Атом энергиясы жөніндегі Еуропалық қауымдастық арасындағы қарым-қатынастары
2002 жылғы қарашада Қазақстан Үкіметі мен Атом энергиясы жөніндегі Еуропалық қауымдастық арасындағы термо-ядролық синтезді басқару мәселесіндегі ынтымақтастық келісіміне қол қойылды.
Қазіргі күні Қазақстанда уран шикізатының бай қоры негізінде “Қазатомпром” ұлттық компаниясын уранды өндіру мен өңдеу бойынша әлемдегі жетекші компанияға айналдыру жөніндегі өршіл жоспардың қолға алынғаны белгілі. Мұның өзі таяудағы 4-5 жылдың айналасында еліміздегі уран өндірісін еселеп арттыруға және оны өңдеудің жаңа сапалық деңгейіне шығуға мүмкіндік бермек.
Екінші жақтан алғанда, мұнай-газ қорының шектеулілігіне байланысты атом энергетикасына деген қажеттіліктің күшеюімен қатар өндірістік тұрғыдан игеру мәселесіне адамзат қолы әлі жете қоймаған энергияның жаңа көзі – сутегін алу жөніндегі ынта-ықылас та барған сайын артып келеді. Осыған байланысты әлемнің дамыған ірі елдері (әсіресе, табиғи энергия көздеріне зәрулікті сезіне бастаған Еуропа елдері) термо-ядролық реакцияларды синтездеу арқылы басқаруға мүмкіндік береді деп есептеліп отырған халықаралық эксперименттік «ТОКАМАК» реакторын салудың жобасын қолға алуға белсенділікпен кірісіп кеткені белгілі. Болашақта бұл жобаға Қазақстан да қатысуы мүмкін. Өйткені, Курчатов қаласындағы ядролық орталықта материал тану мақсатындағы «ТОКАМАК» реакторын Ресей ғалымдарының көмегіне сүйене отырып салу жөнінде әңгіме қозғалып, осы мақсатта халықаралық ғылыми-теориялық конференция да өткізілген болатын.
Екіншіден, халықаралық эксперименттік термо-ядролық реактор жобасы жүзеге асқан жағдайда оның сыртқы бетін қаптауға берилий металы пайдаланылуы мүмкін. Ал ол металл Америка мен Қазақстанда ғана өндіріледі.
Үшіншіден, қазіргі қолданыстағы атом энергетикасына деген сұраныс артқан жағдайда Қазақстанның әлемдік энергетика нарығындағы рөлі қазіргіден де күшейе түсуі мүмкін.
Міне, осы жағдайлардың барлығы қосыла келе Еуропалық Одақтың атом энергетикасы мен термо-ядролық реакцияларды синтездеу мәселесінде Қазақстанмен ынтымақтастық құруға ниетті екендігін байқатып отыр.
Елбасының Еуропалық Одақ органдарының басшыларымен кездесуі басталардан бір күн бұрын Брюссельдегі “Конрад” қонақүйінде Қазақстан мен Атом энергиясы жөніндегі Еуропалық қоғамдастық арасында Ядролық энергияны бейбіт мақсатқа пайдалану жөніндегі келісім дәйектелді. Оған Қазақстан жағынан Энергетика және минералдық ресурстар министрі Б.Ізмұхамбетов, Еуропалық Одақ жағынан Энергетика жөніндегі комиссар А.Пиебалгс қол қойды.
«Біз бүгін жоғарыдағы құжатқа қол қою арқылы Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы атом энергетикасы мен термоядролық реакцияларды синтездеуге қатысты келісімге өзіміздің ниетті екендігімізді бекіттік. Қазақстан осы уақытқа дейін көбінесе Ресейді уран таблеткаларымен қамтамасыз етіп келді. Бұл таблеткалар Ресейдегі атом реакторларының технологияларына сәйкес әзірленген. Енді өзіміздің атом энергетикасын дамыту жөніндегі бағдарламамызға сәйкес Еуропадағы атом реакторының технологиясына сәйкес уран өнімдерін әзірлейтін боламыз. Сонымен қатар әңгіме ядролық отынды бейбіт мақсатта тереңдетіп өңдеу мәселесіне де қатысты болып отыр. Еуропа Одағымен атом энергетикасы жөніндегі ынтымақтастықтың артуы бізге жаңа рыноктағы орнымызды кеңітуге мүмкіндік береді», – деді Бақтықожа Ізмұхамбетов.
Ал А.Пиебалгс Қазақстанның әлемдік уран өндірісіндегі ықпалын арттыру жөніндегі жоспарына Еуропалық Одақ елдері назар аударғандығын, өйткені бұл мәселенің маңызды екендігін айта келе:
«Еуропа атом энергетикасы рыногындағы Қазақстан уранының үлесі әзірге 3 пайыз ғана. Болашақта Қазақстан Үкіметінің өршіл жоспарды қолға алуы арқылы бұл үлес артуы тиіс деп ойлаймыз. Себебі, Қазақстан уран қорына өте бай. Бұл мәселедегі ынтымақтастықты дамыту Еуропалық Одақ үшін де пайдалы болады деп ойлаймын», – деді.
Қазақстан Еуропалық Одақтың Орталық Азиядағы ірі сауда-экономикалық әріптесі болып табылады. 2005 жылы Қазақстанның Еуроодақ елдерімен тауар айналымы 15,3 миллиард АҚШ долларын құрады, соның ішінде экспорт – 11 миллиард доллар, импорт 4,3 миллиард доллар болды.
Ал 2006 жылдың бірінші жартысындағы тауар айналымының көлемі 9,9 миллиард долларды құрады. Мұның 7,3 миллиард доллары экспорт үлесінде.
Еуропалық Одақ елдері Қазақстан экономикасына 24 миллиард доллардың инвестициясын салып отыр. Бұл – Қазақстанға салынған шетелдік тікелей инвестицияның шамамен екіден бір бөлігі. Негізгі инвесторлар Ұлыбритания (жалпы көлемінің 13,7 пайызы), Италия (7,1), Нидерланды (5,5), Франция (1,7), Германия (1,5 пайыз) болып табылады.
Ал Еуропалық комиссия немесе Еуропалық қоғамдастықтың комиссиясы – Еуропа Одағының атқару органы. Еуропалық Одақты құруға негіз болған Еуропалық экономикалық қоғамдастық пен Атом энергиясы жөніндегі еуропалық қоғамдастық осы комиссия арқылы басқарылады. Одақтың дүниеге келуіне әсер еткен үшінші бір қоғамдастық – «Көмір мен болат» жөніндегі еуропалық бірлестік Одақ құрылысымен таратылған болатын.
Еуропалық комиссия 1967 жылдың 1 шілдесінде құрылды. Еуропалық Одаққа мүше ретінде жаңа елдердің қабылдануына байланысты оның құрамы да өсе түсуде. 2004 жылғы Еуропарламент сайлауынан кейін ол 25 комиссардан тұратын болды (әрбір мүше мемлекеттен 1 адамнан). Комиссия мүшесін әр елдің үкіметі 5 жыл мерзімге тағайындайды. Ал комиссия президентін Еуроодақ елдерінің үкіметтері бірлескен шешім арқылы тағайындап, ол шешімді Еуропалық Парламент бекітеді.
Комиссия Еуроодақтың негізгі келісім-шарттарының дұрыс сақталып, орындалуын қамтамасыз етеді. Ол қажетті мөлшерде заң белсенділігіне де ие (регламенттер мен директивалардың жобаларын жасайды). Құжаттар бекігеннен кейін олардың орындалуына бақылауды жүзеге асырады. Қатысушы елдер Еуропалық Одақ заңдарын бұзған жағдайда санкция қолдануға да құқығы бар. Сондай-ақ Еуропалық Сотқа жүгіне алады. Комиссия Еуропалық Кеңестің (Еуропалық елдердің Үкімет басшыларының кеңесі) тапсырмаларын да мүлтіксіз орындап отырады.
Комиссияның штаб-пәтері Брюссель қаласында орналасқан. Ол 26 бас директор мен комиссия мүшелерінің арасында бөлінген міндеттерді жүзеге асыратын арнаулы қызметтерден тұрады.
2004 жылдың 20 шілдесінде Еуропарламент Еуропалық комиссия президенті қызметіне Португалияның бұрынғы Премьер-министрі Жозе Мануэл Дуару Баррозуды бекітті.
Елбасының Баррозумен кездесуі барысында екі жақты қатынастар, соның ішінде сауда-экономикалық байланыстар кең көлемде талқыланды. Нәтижесінде Еуропалық Одақ пен Қазақстанның өзара қатынасын тиімді жағдайда дамытуға негізделген Бірлескен мәлімдеме қабылдауға қол жеткізілді. Мәлімдемеде былай делінген:
“Әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімді жүзеге асырудың жеті жылы Еуропалық Одақ пен Қазақстан арасындағы үнқатысудың деңгейі мен сапасы жоғары екендігін көрсетіп отыр. Біз күшті әріптестігімізді жалпыға ортақ игіліктер не­гізінде дамытудағы алға басушылыққа, сауда-экономикалық ынтымақтастықтағы қол жеткен жетістіктерімізге, жаңа жаһандық қыр көрсетулерге жауап берудегі, энергети­калық қауіпсіздік пен өркениеттердің тиімді үнқатысуын қамтамасыз етудегі бірлескен әрекеттерімізге қанағаттанғандық білдіреміз. Біздің берік әріптестігіміз екі жақты экономикалық байланыстардың тұрақты түрде кеңеюіне ықпал етіп отырған­дығын, 2002 жылдан бері тауар айналымының үш есе өскендігін қанағаттандықпен атап көрсетеміз”.
Сондай-ақ мәлімдемеде қуат көздерін жеткізуді әртараптандыру жөніндегі Еуроодақ саясатына ықпал етуде Қазақстанның маңызды рөлі атап көрсетілген.
Еуропалық комиссия төрағасы Жозе Мануэл Баррозу Қазақстан Президентінен Каспийден Қара теңіз арқылы өтетін энергетикалық дәлізді дамытуға қолдау білдіруін өтінді. Мұндай жағдайда Қазақстаннан, Орталық Азия мен Кавказдан мұнай-газ ресурстарын Еуропалық Одаққа мультимодельдік тасымал жүйесі, соның ішінде газ құбырлары мен мұнай құбырлары арқылы жеткізудің мүмкіндігі пайда болмақ. Өз кезегінде Қазақстан Президенті бұл жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін тиісті жағдайларды қалыптастыру үшін Қазақстан мен Еуропа Одағына бірлесіп жұмыс істеуді ұсынды. ЕО мен Қазақстан оны жүзеге асыруға Ресейдің қатысуын қош көрген болар еді.
Төраға Баррозу Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа Еуропалық комиссияның Бакудегі белсенділігі аясындағы ЕО мен Қара теңіз және Каспий өңірі елдерінің энергетикасы жөніндегі Министрлік конференцияда Қазақстанның қабылдаушы ел болуына келіскендігі үшін алғысын білдірді. Бұл конференция қараша айында Астанада ойдағыдай өткен болатын. Ондағы қабылданған қорытынды мен жол картасы Каспий бассейніндегі мұнай мен газ өндіруші елдер мен Еуропалық Одақ арасындағы байланысты нығайта түспек.
“Қазірдің өзінде біз энергетика саласындағы жекелеген стратегиялық үнқатысуымызды жалғастыру үстіндеміз және оның белгілерін байқап отырмыз.
Қазақстанның Энергетика және минералдық ресурстар министрлігі мен Еуропалық комиссия ЕО мен Қазақстан арасындағы энергетика саласы бойынша өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойылды. Оған Қазақстан жағынан Энергетика және минералдық ресурстар министрі Бақытқожа Ізмұханбетов және Еуропалық Одақтың өкілі қол қойды. Бұл меморандум Каспий өңіріндегі табиғи газ бен мұнайды ірі өндіруші ретіндегі Қазақстанның маңызды рөлін және ЕО мен Қазақстанның энергетикалық сектордағы ынтымақтастықты нығайтуға деген өзара ықыласын мойындайды”-, делінген мәлімдемеде.

3.Қазақстанның әлемдегі 50 мемлекетпен бәсекеге қабілеттігі
Екі басшы да Қазақстанның соңғы жылдардағы жоғары экономикалық көрсеткіштерін атап өтті. Еуропалық Одақ Қазақстанның әлемнің бәсекеге барынша қабілетті 50 мемлекетінің қатарына қосылу жөніндегі бағдарламасын қолдайтындығы, Қазақстанның индустрияландыру жөніндегі бағдарламасына қолдау білдіріп, шағын және орта бизнестің дамуына ықпал жасайтындығы, 2007 жылы Бүкіләлемдік сауда ұйымына кіруіне де толық қолдау көрсетілетіндігі мәлімделді.
“Қазақстан өңірлік және экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуде негізгі елдің бірі және Орталық Азия мен Кавказ елдеріне елеулі инвестиция салып отыр”, делінген мәлімдемеде.
Сондай-ақ Қазақстанның Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін өткізу секілді бастамаларын Еуроодақтың мақұлдайтындығы айтылған.
Еуроодақтың Бәсекелік қабілеттілік және инновация жөніндегі аралық бағдарламасына Қазақстанның қосылуын екі жақ та қолдады. Сондай-ақ спутниктік навигация жөніндегі “Галилео” еуропалық бағдарламасына Қазақстанның қосылу мүмкіндігі қарастырылатын болды.
Кездесу соңынан Елбасы мен Ж.М.Баррозу журналистер алдына шығып, қаралған мәселелер жайында айтып берді.
Қазақстанның Еуропалық Одақпен сауда айналымы биылғы жылы 20 миллиард долларға жуық. Қазақстанның мұнайы Ресей арқылы Еуропаға жеткізілді. Ол Новороссийск және Баку-Тбилиси-Жейһан бағыты. Енді Еуропалық Одақ Кавказ арқылы газ құбыры маршрутының ашылуын қалап отыр. Бұл ұсыныс біздер үшін қызықты. Бірақ оны анықтай түсетін мәселелер де баршылық. Сондай-ақ, «бүгін тек мұнай мен атом энергиясы мәселесі ғана емес, әріптестік байланыстарды неғұрлым кең арнада дамыту жөнінде де әңгіме болды», – деді Елбасы. Еуропалық комиссия төрағасы өз сөзінде Еуроодақтың Қазақстанмен байланыстарды дамытуға мүдделілік танытып отырғандығын, Елбасы шақыруы арқылы Қазақстанға келіп қайту мүмкіндігі ашылғандығын жеткізді.
Жозе Мануэл Баррозу 1956 жылы 23 наурызда Лиссабон қаласында (Португалия) туған. Осындағы заң университетін, одан кейін Женева университетінің экономи­калық және әлеуметтік ғылымдар факультетін өте жақсы бітіргеннен кейін «Еуропалық интеграция үрдісіндегі Португалияның саяси жүйесі» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады. Университеттерде сабақ берді.
1980 жылы Социал-демократтық партияға мүше болып кіріп, 1999 жылы оның төрағалығына сайланды.
1985 жылдан бастап Португалия Парламенті депутаттығына 6 рет сайланды. 1995-1996 жылдары оның халықаралық істер жөніндегі комитетін басқарды.
Португалияның конституциялық үкіметінде ішкі саясат жөніндегі мемлекеттік хатшысы, халықаралық істер мен ынтымақтастық жөніндегі мемлекеттік хатшы, Сырт­қы істер министрі міндеттерін атқарды. 2002 жылы елдің Премьер-министрі болды. 2004 жылдың қараша айында Еуропалық комиссия төрағасы болып сайланды. Қазір Еуропадағы беделді саясаткердің бірі.....


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?