Әдебиет | Ахмет Қуанұлы Жұбанов (1906-1968)

Әдебиет | Ахмет Қуанұлы Жұбанов (1906-1968)

Ахмет Қуанұлы Жұбанов (1906-1968) — қазақ музыкасын зерттеуші көрнекті ғалым, әйгілі композитор, дирижер. Қазақстанның халық артисі (1944), өнертану ғылымының докторы (1943), профессор (1948), академик.
Ол Ақтөбе облысы Темір ауданында 1906 жылы 29 сәуірде өмірге келген.
Жасынан музыка өнеріне бейімділігін байқатып, домбыра, скрипка аспатарында ойнауды меңгереді. Жас кезінде ауылдасы Талым күйшіден, ауыл мұғалімі Қ. Ашғалиевтен, әкесі Қуаннан, ағасы Құдайбергеннен тәлім алып, музыка өнеріне ден қояды. Темірде орыс халық аспаптар әуесқойлары оркестріне жетекшілік ететін (П. Черняктан сольфеджио, скрипка, музыка теориясы бойынша) сабақ алады.
1929 жылы Ленинградтың М.И. Глинка атындағы техникумында (А.А .Этигонның скрипка класы бойынша), консерваторияда (профессор Ф.А. Ниманның гобой класы бойынша, кейіннен музыка тарихы мен теориясы факультетінде) оқыған.
1932 жылы Ленинградтағы Актер шеберлігі мектебінің аспинрантурасына түседі.
1933 жылы Алматыда ашылған музыкалық драма училищесіне ұстаздық қызметке шақырылады.
1930 жылы Ленинградтағы «Рабочий и театр» журналында жарияланған мақаласынан бастап, өмірінің соңына дейін қазақ музыкасының тарихы мен теориясын зерттеумен айналысты. 1936 жылы «Музыка әліппесі» атты тырнақалды кітапшасы жарық көрген.
1934 жылы А. К. Жұбанов алғаш 11 адамнан құралған домбырашылар ансамблі негізінде Қазақ ұлттық халық оркестрін ұйымдастырды. Осы ұжымның тұңғыш дирижері ретінде көптеген халық композиторларының музыка туындыларын оркестрге лайықтап нотаға түсірген.
1945-1951 жылдары Алматы консерваториясының ректоры, 1954-1961 жылдары осы консерваториядағы өзі ашқан халық аспаптар кафедрасының меңгерушісі болып, қазақ халық музыкасының тарихынан, дирижерлік өнер менаспаптанудан сабақ берді.
Жұбановтың қазақ халқының ән-күй шығармаларының табиғаты мен ерекшелігі, ұлы күйшілер Құрманғазы, Дәулеткерей, Сейтек, Тәттімбет, Қазанғап туралы монографиялық ғылыми -зерттеу еңбектері- қазақ музыкасының ғылыми тарихын жасауға қосылған қомақты үлес болды.
А. К. Жұбанов — қазақ халқының қазіргі заманғы кәсіби музыкасының негізін қалаған аға буын композиторлардың бірі. Ол халық күйлерін оркестрге лайықтап, нотаға түсірді және қазақ музыкасын күрделі аспаптық симфониялық шығармалармен байытты. Олар «Тәжік биі», «Қазақ билері», «Төлеген Тоқтаров», «Ария», «Вокальдік сюитасы», «Абай сюитасы», тағы басқалар.
Композитор ретінде қазақтың музыкалық мәдениетіне өзіндік мелодиялық өрнек қосқан ондаған ән мен күйдің, романстар мен хорлардың, аспаптық симфониялық және вокальдық шығармалардың авторы. А. Жұбановтың композиторлық шығармаларының көрнектілері Л. Хамидимен бірлесіп жазған «Абай» (1944) және «Төлеген Тоқтаров» (1947) опералары, қызы Ғ. Жұбанова аяқтаған «Құрманғазы» (1970) операсы.
А.Қ.Жұбановтың мұрындық болуымен қырқыншы жылдары ұйымдастырылған ғылыми экспедиция сексенінші жылдарға дейін Қазақстанның түкпір түкпірінен 10 мыңдай ән күй нұсқаларын жинаған. Қазақтың кәсіпқой халық композиторларының өмір дерегін жинастырып, шығармаларын нотаға түсіріп, одан соң кәнігі әнші күйшілерге үйрету арқылы халықтың рухани игілігіне айналдыруда теңдесіз еңбекқорлық пен іскерліктің үлгісін Ахмет Қуанұлының өзі көрсетіп отырды.
А.Қ. Жұбановтың ғалым, педагог, композитор, орындаушы және ұйымдастырушы ретінде қазақтың музыкалық мәдениетіне сіңірген еңбегі ұлттың мәдени рухани шежіресіндегі ең көрнекті белестердің бірі болып қалады.
А. К. Жұбанов қазақтың ұлттық өнерін дамытуға қосқан үлесі үшін Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атағын берді. Ленин орденімен, тағы басқа ордендермен, медальдармен марапатталған.
Алматы қаласының көшелерінің біріне, Республикалық музыкалық мектеп-интернатқа Жұбанов есімі берілген. Ақтөбедегі музыка колледжі, көшелер А. К. Жұбанов есімінде. Өзі ұзақ жыл тұрған үйдің қабырғасында ескерткіш тақта орнатылған.
2006 жылы Ахмет Жұбановтың 100 жылдық мерейтойына орай Ғ. Жұбанова атындағы облыстық Филармония ғимаратының алдында композиторға арнап үлкен ескерткіш орнатылмақ. Ескерткіш авторлары — Ескен Сергебаев пен Бақытжан Әбішев, архитектор — Женсен Айнабеков. Қоладан жасалған ескерткішті гранит плиткасымен қапталған тұғырға орнатады.

XX ғасырдағы қазақ музыка мәдениетінің А. Жұбанов қомақты үлес қоспаған, өзінің өшпес қолтаңбасын қалдырмаған саласы кемде–кем. Ахмет Қуанұлының бүкіл саналы ғұмыры өз елінің музыка мәдениетін қалыптастыру және оны көркейту жолындағы белсенді қызмет үстінде өтті. Ол көптеген келелі істің басында болды, атап айтқанда: музыкалық фольклористика, қазақ музыкатану ілімі, Қазақстан Композиторлар одағы, кәсіптік музыкалық білім беру саласы. А. Жұбанов қазақ мәдениетіне музыкаландырудың тың формасын таныстырды. Ол – қазақ халық аспаптар оркестрі. Қазір жұртшылық бұл ұжымжы атақты Құрманғазы атындағы Қазақтың мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрі деп біледі. Ахмет Қуанұлы тамаша музыкалық туындылардың авторы, өңдеушісі және дирижері ғана емес, сонымен қоса оларды үйретуші, таратушы, насихаттаушы педогог–лектор болды, халық шығармашылығынан мыңнан астам ән мен күй жазып алып нотаға түсірді. Халық композиторлары туралы ел аузынан жинаған мәліметтер бірқатар ғылыми мақалалар мен шығармаларға арқау болды. А. Жұбановтың қазақ мәдениетіне қосқан теңдесі жоқ үлесі адам қабілетінің қандай құдіретті болатындығының шынайы көрінісі. .
Қазақ халық аспаптары оркестрі – А. Жұбановтың шығармашылық қызметінің аса елеулі, қайталанбас тұстарының бірі. Оның көп дауысты ұлттық оркестр құруы – ХХ ғасырдағы қазақ музыка мәдениеті деген ұғымды нақты категориялық мәні бар рухани құбылысқа айналдырды. Ахмет Қуанұлы оркестр репертуарын қалыптастыру, музыканттардың кәсіби деңгейін жетілдіру бағытында да аянбай еңбек етті. .
А. Жұбанов композитор ретінде түрлі жанрда қайталанбас құнды туындыларды: аспаптық, вокалдық шығармаларды, хорлар мен музыкалық-драмалық шығармаларды (опера, драмалық спектакльдер мен кинофильмдерге жазылған музыкаларды) дүниеге әкелді. А. Жұбановтың "Ария", "Романс", "Көктем" сияқты аспаптық шығармалары скрипкада, қобызда, виолончел және басқа да аспаптарда орындалады. Көптеген музыканттардың, әсіресе, жас пианистердің репертуарында міндетті түрде “Тәжік биі”, “Қазақ биі” шығармалары болады. А. Жұбановтың көпшілік сүйіп тыңдайтын "Қарлығаш", "Ақ көгершін", "Ұмытпа", "Ақ Шолпан" сияқты вокалды туындылары өзінің ерекше ұлттық нақышымен, шынайылығымен, тазалығымен баурап алады. Оркестрге арналған шығармаларының ішіндегі қазақтың халық аспаптар оркестріне арнап жазған "Абай" сиютасы өз алдына бір төбе. .
А. Жұбановтың композитор ретінде бағындырған биіктерінің бірі – опера жанры. Л. Хамидимен бірігіп жазған "Абай" операсы – қазақ жазба әдебиетінің кемеңгері Абайдың тереңдігімен, асқақтығымен ұштасып жатқан туынды. Абайдың туған халқына деген сүйіспеншілігі опера музыкасында терең, табиғи үндестік тапқан. .
"Құрманғазы" радио–операсы – операның жаңа бір жанрлық түрінің көрінісі. Өкінішке орай, Ахмет Қуанұлы арманын ақырына дейін орындай алмай кетті. Бұл операның соңғы нүктесін қойған және аспаптық, концерттік және сахналық нұсқасын жазған оның қызы – көрнекті композитор Ғазиза Ахметқызы Жұбанова. Ол әкесінен асқан дарындылық пен туған халқының мәдениетін дамыту мен гүлдендіруге деген шексіз құштарлықты мирас етіп алды. .
Академик, Қазақ ССР–інің халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты А. Жұбанов музыкатану саласының да жолбасшысы болды. Ол өз бағытын ғана емес, Қазақстан музыкатану ғылымының да болашақтағы даму бағытын айқындап берді. Музыкатанушы А. Жұбанов зерттеулерінің басты тақырыбы – ХІХ ғасырдағы халық композиторы, күйші, күй өнерінің майталманы Құрманғазы. Ол – Құрманғазы туралы монографиялық еңбек (1936) пен бірнеше мақаланың авторы, Құрманғазы күйлерінің жинағын шығарушы. Жұртшылыққа кеңінен танымал “Ғасырлар пернесі” атты еңбектегі Құрманғазы туралы очерктің орны ерекше. .
Қазақ радиосы үшін арнайы дайындалып, эфирде Ахмет Жұбановтың өзі оқыған "Құрманғазы" тақырыбындағы лекция–концерт көне музыкалық мұраларды жинаушы, зерттеуші ұлы ғалымның жаңа бір қырын – лекторлық ерекше шеберлігін көрсетеді. А. Жұбановтың лекторлық шеберлігін оның замандастары да бір кісідей бағалайды. Бірқалыпты шығатын тұнық дауысы мен өзіндік тартымдылығының арқасында оның әр сөзі тыңдаушыны еріксіз баурап алатын. Аздаған қысқартулармен енгізілген екінші дискідегі А. Жұбанов дәрісінің мұрағаттық жазбасы дарын иесінің жан–дүниесінің байлығы мен ой–өрісінің кеңдігін, тілінің нәрлілігі мен баяндау мәнерінің асқан шешендігін паш етеді.....


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?