Қазақстан Республикасындағы тұтынушылар құқығын қорғау механизмдері. Құқық негіздері, 11 сынып, дидактикалық материал, 2 - сабақ
Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы
Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 4 мамырдағы № 274-IV Заңы.
3-тарау. ТҰТЫНУШЫЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ ЖӘНЕ ОЛАРДЫ ҚОРҒАУ
7-бап. Тұтынушылардың құқықтары
Тұтынушылардың:
1) тауарларды (орындалатын жұмысты және көрсетілетін қызметті) иеленуге еркін шарт жасасуға;
2) тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы ағартуға және тұтынушының өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мәселелерінде құқықтық сауаттылығын арттыруға;
3) тауар (жұмыс, көрсетілетін қызмет) туралы, сондай-ақ сатушы (дайындаушы, орындаушы) туралы ақпарат алуға;
4) қауіпсіз тауарды (жұмысты, көрсетілетін қызметті) сатып алуға;
5) тауарды (жұмысты, көрсетілетін қызметті) еркін таңдауға;
6) тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) тиісті сапасына;
7) тиісті де, тиісті емес те сападағы тауарды айырбастап алуға немесе қайтарып беруге;
8) тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) кемшіліктері салдарынан өздерінің өміріне, денсаулығына және (немесе) мүлкіне келтірілген залалды (зиянды) толық көлемде өтетуге;
9) сатушыдан (дайындаушыдан, орындаушыдан) тауарды сатып алу (жұмысты орындау, қызметті көрсету) фактісін растайтын құжатты немесе тауарды сатып алу (жұмысты орындау, қызметті көрсету) кезінде жасалған шартты алуға;
10) ұтыс түрінде берілген (орындалған, көрсетілген) тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) сапасы бойынша ойындардың бастамашысына (ұйымдастырушысына) кінә қоюға;
11) тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктерін құруға;
12) моральдық зиянды өтетуге;
13) құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға;
14) осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқығы бар.
8-бап. Тауарларды (орындалатын жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді) иеленуге еркін шарт жасасу құқығы
Тұтынушының тауарларды (орындалатын жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді) иеленуге еркін шарт жасасуға құқығы бар.
Тұтынушыны тауарларды (орындалатын жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді) иеленуге шарт жасасуға мәжбүрлеуге жол берілмейді.
8-1-бап. Шарт жасасу кезінде тұтынушылардың құқықтарын бұзатын талаптар
1. Сатушы (орындаушы, дайындаушы) тұтынушымен жасалған шарттарға тұтынушының құқықтарын бұзатын және (немесе) оларға қысым жасайтын талаптарды енгізбеуге тиіс.
2. Шарт жасасу кезінде тұтынушылардың құқықтарын бұзатын және (немесе) оларға қысым жасайтын талаптар:
1) тұтынушының өміріне, денсаулығына және (немесе) мүлкіне зиян келтірілген жағдайда сатушыны (орындаушыны, дайындаушыны) жауапкершіліктен босату немесе оны негізсіз шектеу;
2) сатушы (дайындаушы, орындаушы) шарттық міндеттемелерін толық немесе ішінара орындамаған немесе тиісінше орындамаған жағдайда тұтынушының құқықтарын болғызбау немесе шектеу;
3) өтеулі тауарлар (жұмыстар, көрсетілетін қызметтер) бойынша сатушы (орындаушы, дайындаушы) қосымша таңған тұтынушылардың міндеттерін белгілеу;
4) туристік қызмет көрсетуге арналған шарттарды және қайтарылмайтын тарифтер бойынша авиабилеттер сатып алу шарттарын қоспағанда, тұтынушы шарт бойынша міндеттемелерін орындамаған жағдайда, оның мөлшерлес емес үлкен (тауар, көрсетілетін қызмет, жұмыс құнының отыз пайызынан астам) соманы төлеуі жөнінде талап белгілеу;
4-1) төлем карточкаларын пайдалана отырып, төлемдерді қабылдау кезінде қолма-қол ақшамен төленген жағдайдағы тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) сату бағасынан асатын баға белгілеу;
5) сатушыға (орындаушыға, дайындаушыға) шартты өзгерту және бұзу негiздерi мен тәртібі туралы Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің нормаларын сақтамастан, шартты біржақты тәртіппен өзгерту және (немесе) бұзу құқығын беру;
6) сатушыға (орындаушыға, дайындаушыға) шартты бұзған жағдайда ұсынылмаған тауар (көрсетілмеген қызмет, жұмыс) үшін төленген ақшалай соманы қайтармау құқығын беру;
7) тұтынушыға шартты бұзу құқығын берместен, сатушыға (орындаушыға, дайындаушыға) бағаны ұлғайту мүмкіндігін беру;
8) сатушыға (орындаушыға, дайындаушыға) тауардың шарт талаптарына сәйкестігін анықтау құқығын беру немесе оған шартты түсіндіру құқығын беру;
9) сатушының (орындаушының, дайындаушының) өкілдері алған міндеттемелер бойынша оның жауапкершілігін шектеу;
10) егер сатушы (орындаушы, дайындаушы) өз міндеттемелерін орындамаған жағдайда, тұтынушының барлық міндеттемелерді орындау міндетін белгілеу;
11) міндеттемедегі адамдардың ауысуы туралы Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің нормаларын сақтамастан, сатушыға (орындаушыға, дайындаушыға) шарт бойынша өз құқықтарын және міндеттерін үшінші тұлғаға беру құқығын беру;
12) тұтынушылардың Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында айқындалған құқықтарын және заңды мүдделерін бұзатын және (немесе) оларға қысым жасайтын өзге де талаптар.
3. Егер тұтынушының құқықтарын бұзатын және (немесе) оларға қысым жасайтын шарттың талаптарын қолдану нәтижесінде тұтынушыға залал келтірілген болса, кінәлі адам оларды толық көлемде өтеуге тиіс.
4. Тұтынушының өзіне сатушы (орындаушы, дайындаушы) өз жағдайының артықшылықтарын пайдалануына байланысты келтірген залалды өтетіп алуға құқығы бар.
5. Сатушы (орындаушы, дайындаушы) мен тұтынушының арасында жасалған тауарды сату, жұмысты орындау, қызметті көрсету туралы кез келген шарт оларды түсіну үшін арнайы білімді қажет етпейтін, нақты тұжырымдалған және екіұшты түсіндіруді болғызбайтын талаптарды қамтуға тиіс.
9-бап. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы тұтынушылардың ағарту және өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мәселелерінде тұтынушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру құқығы
Тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы тұтынушылардың ағарту және өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мәселелерінде тұтынушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру құқығы тиісті талаптарды мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарына және білім беру бағдарламаларына енгізу арқылы, сондай-ақ тұтынушыларды олардың құқықтары және сол құқықтарды қорғау жөніндегі қажетті іс-қимылдар туралы ақпарат беру жүйесін ұйымдастыру арқылы қамтамасыз етіледі.
10-бап. Тұтынушылардың тауар (жұмыс, көрсетілетін қызмет) туралы, сондай-ақ сатушы (дайындаушы, орындаушы) туралы ақпарат алу құқығы
1. Тұтынушының тауар (жұмыс, көрсетілетін қызмет) туралы, сондай-ақ сатушы (дайындаушы, орындаушы) туралы осы Заңның 25-бабына сәйкес толық, дұрыс және уақтылы ақпарат алуға құқығы бар.
2. Егер тауар (жұмыс, көрсетілетін қызмет) туралы, сондай-ақ сатушы (дайындаушы, орындаушы) туралы толық емес, дұрыс емес және уақтылы емес ақпарат беру:
тұтынушыға қажетті қасиеттері жоқ тауарды (жұмысты, көрсетілетін қызметті) сатып алуға әкеп соқса, ол шартты бұзуға және өзіне келтірілген залалды өтеуді талап етуге құқылы;
сатып алынған тауарды (жұмысты, көрсетілетін қызметті) мақсатына сай пайдалану мүмкіндігінің болмауына әкеп соқса, тұтынушы тауарды сатып алған (жұмыс орындалған, қызмет көрсетілген) күннен бастап күнтізбелік үш күн ішінде тиісті ақпарат беруді талап етуге құқылы. Егер көрсетілген мерзімде ақпарат берілмесе, тұтынушы шартты бұзуға және өзіне келтірілген залалды өтеуді талап етуге құқылы;
тұтынушының өміріне, денсаулығына және (немесе) мүлкіне зиян келтіруге әкеп соқса, ол сатушыға (дайындаушыға, орындаушыға) осы Заңның 16 және 31-баптарында көзделген талаптарды қоюға құқылы.
11-бап. Тұтынушылардың қауіпсіз тауарды (жұмысты, көрсетілетін қызметті) сатып алу құқығы
Тұтынушының тауарды (жұмысты, көрсетілетін қызметті) пайдаланудың, сақтаудың, тасымалдаудың және кәдеге жаратудың белгіленген шарттарына сай оның тұтынушы өміріне, денсаулығына және (немесе) мүлкіне, қоршаған ортаға қауіпсіз болуына құқығы бар. Тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тиіс талаптар міндетті болып табылады және Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы заңнамасына сәйкес белгіленеді.
12-бап. Тұтынушылардың тауарды (жұмысты, көрсетілетін қызметті) еркін таңдау құқығы
Тұтынушының азаматтық айналымнан алынып қоймаған немесе айналымы шектелмеген тауарды (жұмысты, көрсетілетін қызметті) сатушының (дайындаушының, орындаушының) жұмыс режимін ескере отырып, өзіне ыңғайлы уақытта еркін таңдауға құқығы бар.
13-бап. Тұтынушылардың тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) тиісті сапасына құқығы
1. Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) сапасына қойылатын міндетті талаптар көзделсе, тұтынушының осы талаптарға сай келетін тауарды (жұмысты, көрсетілетін қызметті) алуға құқығы бар.
2. Тұтынушының иеленетін тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) сапасын, жиынтықталымын, салмағын, көлемін, санын, мөлшерін тексеруге, егер бұл тауардың сипатына қарай мүмкін болатын болса, өзінің қатысуымен тауардың қасиеттерін тексертуді немесе оның дұрыс және қауіпсіз пайдаланылуын көрсетуді жүргізуге құқығы бар.
3. Егер тұтынушы шарт жасасу кезінде сатушыға (орындаушыға) тауарды иеленудің (жұмысты орындаудың, қызмет көрсетудің) нақты мақсаттары туралы хабардар етсе, оның тиісті сападағы, осы мақсаттарға сәйкес пайдалануға жарамды тауарды (жұмысты, көрсетілетін қызметті) алуға құқығы бар.
4. Тауарды үлгісі және (немесе) сипаттамасы бойынша сату кезінде тұтынушының үлгіге және (немесе) сипаттамаға сай келетін тауарды алуға құқығы бар.
14-бап. Тұтынушылардың тиісті сападағы тауарды айырбастау немесе қайтарып беру құқығы
1. Сатып алушы өзіне азық-түлікке жатпайтын тауар берілген кезден бастап он төрт күн ішінде, егер сатушы (дайындаушы) неғұрлым ұзақ мерзім жарияламаса, сатып алынған тауарды сатып алу орнында немесе сатушы (дайындаушы) хабарлаған өзге де орындарда бағасында айырма болған жағдайда сатушымен қажетті қайта есеп айырыса отырып, басқа мөлшердегі, нысандағы, габариттегі, пішіндегі, түстегі, жиынтықталымдағы және осы тәріздегі соған ұқсас тауарға не тараптардың келісімі бойынша басқа тауарға айырбастауға құқылы.
Айырбастау осы Заңның 30-бабына сәйкес жүргізіледі.
2. Сатушыда (дайындаушыда) айырбастауға қажетті тауар болмаған жағдайда сатып алушы сатып алынған тауарды сатушыға (дайындаушыға) қайтарып беруге және оған төленген ақшалай соманы қайтарып алуға құқылы.
3. Егер шартта өзгеше көзделмесе, тауарды сатып алу орны айырбастау немесе қайтарып беру орны болып табылады.
15-бап. Тұтынушылардың тиісті емес сападағы тауар сатылған жағдайдағы құқығы
1. Тиісті емес сападағы тауар сатылған тұтынушы, егер сатушы (дайындаушы) оған тауардағы кемшіліктер жөнінде айтпаса, өз таңдауы бойынша:
1) сатып алу бағасын мөлшерлес кемітуді;
2) тауардың кемшіліктерін өтеусіз жоюды талап етуге құқылы.
Тиісті емес сападағы тауарды сатушы оның дайындаушысы болып табылмаған жағдайда, осы тармақтың 2), 4) және 5) тармақшаларында көрсетілген талаптар сатып алушының таңдауы бойынша сатушыға не дайындаушыға қойылуы мүмкін;
3) тауардағы кемшіліктерді жоюға жұмсаған өз шығыстарын өтеуді;
4) соған ұқсас маркалы (модельді, артикулді) тауарға ауыстыруды;
5) сатып алу бағасын тиісінше қайта есептей отырып, басқа маркалы (моделді, артикулді) сондай тауарға ауыстыруды;
6) шартты бұзуды және тауар үшін төленген ақшалай соманы қайтаруды талап етуге құқылы.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің 1)-6) тармақшаларында көрсетілген талапты таңдауына қарамастан, келтірілген залалды өтету құқығы тұтынушыға тиесілі болады.
2. Егер шартта өзгеше көзделмесе, тұтынушы тауарды сатып алу орны бойынша осы баптың 1-тармағында көрсетілген талаптарды қоюға құқылы.
3. Тұтынушы, осы баптың 1-тармағында белгіленген талаптар осы Заңда белгіленген мерзімде анықталған жағдайда, осы талаптарды қоюға құқылы.
16-бап. Тұтынушылардың тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) кемшіліктері салдарынан өздерінің өміріне, денсаулығына және (немесе) мүлкіне келтірілген залалды (зиянды) толық көлемде өтету құқығы
1. Тұтынушының тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) құрастыру, рецептілік немесе өзге де кемшіліктері салдарынан өз өміріне, денсаулығына және (немесе) мүлкіне келтірілген залалды (зиянды) толық көлемде өтетуге құқығы бар.
2. Сатушының (дайындаушының, орындаушының) кінәсіне және тұтынушының онымен шарттық қатынастарда тұрғанына немесе тұрмағанына қарамастан, кез келген тұтынушының тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) кемшіліктері салдарынан келтірілген залалды (зиянды) өтеуді талап ету құқығы танылады.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?