Заң шығару жүйесі. Құқық негіздері, 11 сынып, дидактикалық материал.
Қазақстан Республикасының Парламентi және оның депутаттарының мәртебесi туралы
Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 16 қазандағы N 2529 Конституциялық заңы.
Қазақстан Республикасының Парламентi және оның депутаттарының мәртебесi туралы
МАЗМҰНЫ
Осы Конституциялық заң Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес Қазақстан Республикасының Парламентiн ұйымдастыруды және оның қызметiн, оның депутаттарының құқықтық жағдайын белгiлейдi.
Ескерту. Тақырыбы мен кіріспе жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының Конституциялық 1999.05.06. N 377 Заңымен.
III тарауРеспублика Парламентiндегi заң шығару процесi
15-бап. Заң шығару бастамашылығы
1. Заң шығару бастамашылығы құқығы субъектiнiң Парламент қарауға мiндеттi заң жобасының және Парламенттiң өзге заң актiсiнiң мәтiнiн ресми енгiзуi заң шығару бастамашылығы болып табылады.
2. Заң шығару бастамашылығы құқығы тек Мәжiлiсте ғана жүзеге асырылады және ол:
1) заңнамалық актінің жобасын Мәжіліске енгізу туралы шешімін арнайы жолдаумен ресімдейтін Республика Президентіне;
1-1) заңнамалық актінің жобасын Мәжіліске енгізу туралы шешімін тиісті ұсынумен ресімдейтін Парламент депутаттарына;
2) заң құжатының жобасын Мәжiлiске енгiзу туралы шешiмiн Үкiметтiң тиiстi қаулысын шығару жолымен қабылдайтын Республика Үкiметiне берiледi.
3. Республика Президенті, депутаттар және Үкiмет енгiзген заң актiлерiнiң жобалары Мәжiлiс қаулысымен Мәжiлiстiң тиiстi тұрақты комитеттерiне қарауға жiберiледi әрi бұлар жөнiнде Мәжiлiстiң тұрақты комитеттерiнiң тұжырымдары болған ретте ғана оның пленарлық отырысында қаралуы мүмкiн.
4. Мемлекеттiк кiрiстi қысқартуды немесе мемлекеттiк шығысты арттыруды көздейтiн заңдардың жобалары Республика Үкiметiнiң оң тұжырымы болғанда ғана енгiзiлуi мүмкiн. Республика Президентінің заң шығару бастамасы тәртібімен Парламент Мәжілісіне енгізілген заңнамалық актілердің жобалары үшін мұндай қорытындының болуы талап етілмейді.
5. Заң шығару бастамасы құқығын жүзеге асыру тәртiбiне байланысты өзге мәселелердi Мәжiлiс Регламентi шешедi.
Ескерту. 15-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының Конституциялық 2007.06.19. N 266 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.
16-бап. Парламенттiң заңдар қабылдау жөнiндегi құзыретi
1. Парламент аса маңызды қоғамдық қатынастарды реттейтiн, мыналарға:
1) жеке және заңды тұлғалардың құқықтық субъектiлiгiне, азаматтық құқықтар мен бостандықтарға, жеке және заңды тұлғалардың мiндеттемелерi мен жауапкершiлiгiне;
2) меншiк режимiне және өзге де мүлiктiк құқықтарға;
3) мемлекеттiк органдар мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарын ұйымдастыру мен олардың қызметiнiң, мемлекеттiк және әскери қызметтiң негiздерiне;
4) салық салуға, алымдар мен басқа да мiндеттi төлемдердi белгiлеуге;
5) республикалық бюджетке;
6) сот құрылысы мен сотта iс жүргiзу мәселелерiне;
7) бiлiм беруге, денсаулық сақтауға және әлеуметтiк қамсыздандыруға;
8) кәсiпорындар мен олардың мүлкiн жекешелендiруге;
9) айналадағы ортаны қорғауға;
10) республиканың әкiмшiлiк-аумақтық құрылысына;
11) мемлекет қорғанысы мен қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге қатысты негiзгi принциптер мен нормаларды белгiлейтiн заңдар шығаруға хақылы.
2. Өзге қатынастардың барлығы заңға тәуелдi актiлермен реттеледi.
17-бап. Республика Парламентiнiң заң актiлерi жобаларын қарауының кезектiлiгi мен мерзiмiн белгiлеу
1. Заңдар мен Парламенттiң өзге актiлерiнiң жобаларын қараудың кезегiн Парламент, оның Палаталары, сондай-ақ Конституцияда белгiленген реттерде Республика Президентi белгiлейдi.
2. Республика Президентiнің Парламентке арнайы жолдауымен заңдар жобаларын қараудың басымдығын белгiлеуге құқығы бар, бұл тиісті заң жобалары бірінші кезектегі тәртіппен екі ай ішінде қабылдануға тиіс екенін бiлдiредi.
Республика Президенті қаралуы басым деп белгілеген заң жобаларын Парламент Палаталарының қарау тәртібі Республиканың Конституциясында және Парламент Палаталарының регламенттерінде айқындалады.
Ескерту. 17-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 15.06.2017 № 75-VI Конституциялық заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
18-бап. Заңдарды қабылдау
1. Мәжiлiс депутаттары қараған және жалпы санының көпшiлiк дауысымен мақұлданған заң жобасы Сенатқа берiледi, ол онда жобаны Сенат алған күннен бастап әрi кеткенде алпыс күннiң iшiнде қаралады. Сенат депутаттары жалпы санының көпшiлiк дауысымен қабылданған жоба заңға айналады және Президенттiң қол қоюына берiледi. Тұтас алғанда Сенат депутаттары жалпы санының көпшiлiк дауысымен қабылданбаған жоба Мәжiлiске қайтарылады. Егер Мәжiлiс депутаттары жалпы санының үштен екiсiнiң көпшiлiк даусымен жобаны қайтадан мақұлдаса, ол Сенатқа қайта талқылау және дауысқа салу үшiн берiледi. Сенат қайта қабылдамаған заң жобасын сол сессия барысында қайтадан енгiзуге болмайды.
2. Сенат депутаттары жалпы санының көпшiлiк дауысымен заң жобасына енгiзiлген өзгертулер мен толықтырулар Мәжiлiске жiберiледi. Егер Мәжiлiс депутаттарының жалпы санының көпшiлiк даусымен ұсынылған өзгертулермен және толықтырулармен келiссе, заң қабылданды деп саналады. Егер Мәжiлiс нақ сондай көпшiлiк дауыспен Сенат енгiзген өзгертулер мен толықтыруларға қарсы болса, Палаталар арасындағы келiспеушiлiк келiсу рәсiмдерi арқылы шешiледi.
2-1. Мәжіліс депутаттары қараған және олардың жалпы санының кемінде үштен екісінің даусымен мақұлданған конституциялық заң жобасы Сенатқа беріледі, онда алпыс күннен асырылмай қаралады. Сенат депутаттарының жалпы санының кемінде үштен екісінің даусымен қабылданған жоба конституциялық заңға айналады және он күн ішінде Республика Президентіне қол қоюға ұсынылады. Конституциялық заң жобасын тұтастай қабылдамауды Мәжіліс немесе Сенат Палата депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен жүзеге асырады. Қабылданбаған Конституциялық заң жобасы оның бастамашысына қайтарылады.
Сенат депутаттарының кемінде үштен екісінің даусымен конституциялық заң жобасына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар Мәжіліске жіберіледі. Егер Мәжіліс депутаттардың кемінде үштен екісінің даусымен Сенат енгізген өзгерістермен және толықтырулармен келіссе, конституциялық заң қабылданды деп есептеледі.
Егер Мәжіліс, Сенат енгізген өзгерістер мен толықтырулар бойынша дауыс беру кезінде олармен депутаттардың кемінде үштен екісінің даусымен келіспесе, онда палаталар арасындағы келіспеушіліктер келісу рәсімдері арқылы шешіледі.
3. Үкiмет енгiзген заң жобасының қабылданбауына байланысты Премьер-Министр Парламент Палаталарының бiрлескен отырысында Үкiметке сенiм бiлдiру туралы мәселе қоюға хақылы. Бұл мәселе бойынша дауысқа салу сенiм бiлдiру туралы мәселе қойылған сәттен бастап қырық сегiз сағат өтпейiнше өткiзiлмейдi. Егер сенiмсiздiк бiлдiру туралы ұсыныс Палаталардың әрқайсысының депутаттары жалпы санының көпшілік даусын ала алмаса, заң жобасы дауысқа салынбай қабылданды деп саналады. Алайда Үкiмет бұл құқықты жылына екi реттен артық пайдалана алмайды.
"Жыл" деген уақыт кезеңі деп осы тармаққа қатысты алғанда ағымдағы жылды (1 қаңтар - 31 желтоқсан аралығы) түсіну керек.
Ескерту. 18-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2007.06.19. N 266 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); 03.10.2013 № 133-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңдарымен.
19-бап. Республиканың заңдарын Республика Президентiне қол қоюға ұсыну
1. Республиканың заңдары Республика Президентi қол қойғаннан кейiн күшiне енедi.
2. Парламент қабылдаған заңдар қабылданған күнiнен бастап он күннiң iшiнде Парламент Палаталарының әрқайсысы Төрағасының қолдарымен, сондай-ақ егер заң жобасын Үкiмет енгiзсе, Премьер-Министрдiң қолымен алдын ала бекемделiп, Республика Президентiнiң қол қоюына ұсынылады, ол Парламент Сенаты ұсынған заңға бір ай iшiнде қол қояды, оны жариялайды не заңды немесе оның жекелеген баптарын қайта талқылау және дауысқа салу үшiн Парламентке қайтарады. Қазақстан Республикасы Президентінің заңдарға қол қоюы үшін берілетін бір айлық мерзім Қазақстан Республикасының Президенті заңды алған күннен бастап есептеледі және келесі айдың тиісті күнінде (күн санында) аяқталады. Егер мерзімнің аяқталуы тиісті күн саны жоқ айға тура келетін болса, онда мерзім осы айдың соңғы күнінде аяқталады.
3. Осы баптың 2-тармағында көрсетiлген мерзiмнiң iшiнде қайтарылмаған заң қол қойылды деп саналады.
4. Егер Парламент сессиясы заңды Президенттiң қайтаруы ықтимал мерзiм бiткенше жабылған болса, Президент заңды Парламенттiң кезектi сессиясының алғашқы күнi қайтарады.
Ескерту. 19-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2007.06.19. N 266 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); 03.10.2013 № 133-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңдарымен.
20-бап. Республика Парламентiнiң Республика Президентiнiң қарсылықтарын қарауы
1. Республика Президентінің қарсылығын туғызған заңдар немесе заңның баптары бойынша қайта талқылау және дауысқа салу бір ай мерзім ішінде өткізіледі, бұл мерзім қарсылықтар жіберілген күннен басталады және келесі айдың тиісті күнінде (күн санында) аяқталады. Егер мерзімнің аяқталуы тиісті күн саны жоқ айға тура келетін болса, онда мерзім осы айдың соңғы күнінде аяқталады. Қазақстан Республикасы Конституциясы 59-бабының 4-тармағында және 61-бабының 2-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, бір айлық мерзім, егер ол уақыты жағынан Қазақстан Республикасы Конституциясының 59-бабының 3-тармағында белгіленген Парламент жұмысының сессия өтетін кезеңімен сәйкес келмейтін болса, үзіледі.
Бұл мерзімнің сақталмауы Президент қарсылықтарының қабылданғанын білдіреді.
2. Республика Президентінің қарсылықтарымен қайтарылған заң немесе оның баптары Мәжілістің тиісті тұрақты комитеті қорытынды әзірлегеннен кейін Палатаның шешім қабылдауы үшін Мәжілістің жалпы отырысына шығарылады.
Егер Мәжіліс дауыс беру қорытындылары негізінде заң бойынша Парламент бұрын қабылдаған шешімді растамайтын болса, онда Президент қарсылықтарын Парламент Палаталарының одан әрі қарауы тоқтатылады және заң қабылданбады немесе Президент ұсынған редакцияда қабылданды деп есептеледі.
Егер Мәжіліс Палата депутаттарының жалпы санының үштен екі көпшілік даусымен заң бойынша бұрын қабылданған шешімді растайтын болса, онда заң Президент қарсылықтарын қоса әрі қарай қарау үшін Сенатқа беріледі.
Сенаттың тиісті тұрақты комитеті қорытынды әзірлегеннен кейін заң немесе оның баптары Мемлекет басшысының қарсылықтарын қоса Сенаттың жалпы отырысына шығарылады. Егер Сенат дауыс беру қорытындылары негізінде заң бойынша Парламент бұрын қабылдаған шешімді растамайтын болса, онда заң қабылданбады немесе Президент ұсынған редакцияда қабылданды деп есептеледі.
Егер Сенат Палата депутаттарының жалпы санының үштен екі көпшілік даусымен заң бойынша бұрын қабылданған шешімді растайтын болса, онда Президенттің заң бойынша қарсылығы еңсерілді деп есептеледі. Бұл жағдайда заң немесе тиісінше оның баптары Парламент бірінші рет қабылдаған редакциясында қабылданды деп есептеледі және Президент осы заңға ол қол қоюға ұсынылған кезден бастап бір ай ішінде қол қояды.
3. Қарсылықтарды Мәжілісте қарау барысында Республика Президенті депутаттардың ұсыныстарын ескере отырып, өзі қарсылықтарда ұсынған заңның тұтастай не оның тиісті жекелеген баптарының редакциясын өзгертуге құқылы.
4. Парламент Палаталарының отырыстарында заң немесе оның жекелеген баптары қайтадан талқыланған және дауысқа салынған кезде дауысқа салу, егер Президенттің қарсылықтары заңға тұтастай туындаған болса, - заң бойынша тұтас, не Республика Президентінің қарсылықтарын туғызған баптар бойынша өткізіледі.
5. Егер Республика Президентінің қарсылықтары Парламент қабылдаған конституциялық заңдарға енгізілген жағдайда, онда бұл қарсылықтар заңдарға қарсылықтарды қарау үшін көзделген тәртіппен қаралады. Бұл ретте Парламент Президенттің конституциялық заңдарға қарсылығын әр Палата депутаттарының жалпы санының кемінде төрттен үшінің даусымен еңсереді.
Ескерту. 20-бап жаңа редакцияда - ҚР 2007.06.19. N 266 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Конституциялық заңымен; өзгеріс енгізілді - ҚР 03.10.2013 № 133-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?