Қылмыстық процесс субъектілері. Құқық негіздері, 10 сынып, қосымша материал.
Магистрант Оспанова Зарина Ибрагимовна
Тұран-Астана университеті, Қазақстан
ҚЫЛМЫСТЫҚ ҚҰҚЫҚТАҒЫ ҚЫЛМЫС СУБЪЕКТІСІНІҢ БЕЛГІЛЕРІНІҢ МАҢЫЗЫ
Қылмыс деп істелінетін іс - әрекетті істеген адамды қылмысты жауапқа тарту үшін – ол адамның белгілі қасиеті болу керек. Қылмыстық заң бойынша белгіленген қасиет қоғамға қауіпті іс әрекет істеген адамда болмаса ол адамды қылмыстық жауапқа тартуға болмайды. Қылмыс субъектісі - бұл қоғамдық қауіпті әрекет істеген және сол үшін заңға сәйкес қылмыстық жауаптылық арқалауға қабілетті адам. Демек, қылмыстық жауапқа тек есі дұрыс және заңның қойған талабы бойынша белгілі жасқа толған жеке тұлғаны ғана қылмыстық жауапқа тартуға болады. Әрбір нақты жағдайда қылмыс субъектісінің ерекшеліктерін, оған тән қасиеттерді анықтау қылмыстарды саралау мәселесінде маңызды рөл атқарады. ҚР ҚК 14-бабының 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық кодексте белгіленген жасқа толған жеке адам ғана қылмыстық жауапқа тартылуға тиіс [1]. Қылмыс субъектісі ретінде қылмыстық заңмен қарастырылған қоғамдық қауіпті әрекетті (іс-әрекетті немесе әрекетсіздікті) қасақаналықпен немесе абайсыздықта істеген адам, егер ол заңмен белгіленген жасқа толған, есі дұрыс болса, танылады, ал жекелеген жағдайларда субъект тиісті нормаларда көрсетілген кейбір арнайы белгілерге ие болады. Осы айтылғандарға байланысты көптеген ғалымдардың пікірінше қылмыс субъектісінің негізгі белгілеріне мыналар жатады: Жеке адам. Есі дұрыстық. Белгілі бір жасқа жету.
Қылмыстың барлық субъектілерінің неғұрлым елеулі белгілері қылмыстың жалпы субъектісінің ғылыми ұғымын құрайды. Қылмыстың жалпы субъектісінің белгілерінің бірі ретінде ҚР ҚК 14-бабы жеке адамды атайды. Бұл қылмыс субъектісі тек қана адам болатынын білдіреді. ҚР ҚК 14-бабының 2-бөлігінде айтылған қылмыс жасаған адамдар шығу тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, дінге көзқарасына, сеніміне, қоғамдық бірлестіктерге қатыстылығына, тұрғылықты жеріне немесе өзге де кез келген мән-жайларға қарамастан заң алдында бірдей [2]. Қылмыстық құқық қылмысты әлеуметтік құбылыс ретінде қарастыра отырып, қылмыстың субъектісі деп ес пен салыстырмалы ерік бостандығына ие болған адамды ғана таниды. Бұл қылмыстық заңнамалардың міндеттеріне, оның қағидаттарына, кылмыстың ұғымы мен жазаның мақсаттарына сай келеді.Адамдар, түрлі қылықтарды, соның ішінде қылмыстарды істей отырып, өздерінің күштерін біріктіріп және ұжымдасып шешім қабылдай алады. Алайда, қылмыстық жауаптылық әрқашан қатаң түрде дербес болады.
ҚР ҚК-тің 6,7, 14-баптарында Қазақстан Республикасының азаматтары, шет ел азаматтары және азаматтығы жоқ тұлғалар, қылмыстың және қылмысты жауаптылықтың субъектілері болу мүмкіндігі туралы айтылған. Қылмыстың ықтимал субъектілері туралы жеке тұлғалармен шектелуі, заң ережелеріне байланысты ұйымдар, мекемелер, кәсіпорындар мен басқа да заңды тұлғалар қылмыс субъектісі болып табылмайды. Қандай да бір кәсіпорында адамның денсаулығына зиян келтіруге әкеп соқтырған еңбекті қорғау ережелері өрескел бұзылған жағдайда, қылмыстық жауаптылыққа кәсіпорын емес, осы ережелерді сақтауға жауапты лауазымды адам жауаптылыққа тартылатын болады (ҚР ҚК 152-бабы - «Еңбекті қорғау ережелерін бұзу). Дегенмен, қылмыстық жауаптылыққа заңды тұлғаларды тарту мәселесі қылмыстық құқық теориясында бірнеше дүркін көтерілді. Алайда, теориялық тұрғыдан заңды тұлғалардың қылмыстық құқықтағы жауаптылығы туралы мәселелер әлі күнге дейін пікір – талас туғызады. Уақыт өткен сайын дами түсетін ғылыми – техникалық және әлеуметтік прогресс бізді көптеген үйреншікті көзқарастарымыздан бас тартқызады. Осы себепті біздің алдымыздан күтпеген сұрақтардың бас көтеруі жиі ұшырасады және қаншалықты қиын болғанына қарамастан, оларға жауап беру қажет. Қылмыстық құқық аясындағы осындай күрделі сұрақтардың бірі – заңды тұлғалардың қылмыстық жауаптылығы. Аталып өткендей, кінәлінің жеке өзінің, яғни қылмыстық заңмен тыйым салынған қылмысты іс-әрекетті жасаушы ақыл-есі дұрыс, көрсетілген жасқа толған жеке тұлғаның ғана жауаптылығы қылмыстық құқықтың дәстүрлі қағидасы болып табылады [3]. Бұл қағида – адамзаттың өрлеу, прогресс және демократия жолындағы ең маңызды жеңістіктерінің бірі екендігі сөзсіз. ХVIII ғасырдың аяғында Ұлы француз революциясы кезінде орнатылған еді. Бұл қағида, бұған дейін қылмыстық жауаптылық туралы – ол кінәлі қылмысты жасау ғана емес, кез келген қауіпті және зиянды зардап шектіру деп феодалдық қоғамға қалыптасып келген, жалпылама көзқарасты ығыстырып шығарды. Ал, қауіптілікті немесе зияндылықты есі дұрыс емес те, жануарлар да, тіпті заңсыз заттар да келтіуі мүмкін деген ұғым болды. Қылмыстық жауаптылықты мұндай тұрғыдан түсінудің шеңберінде заңды тұлғалардың жауаптылығы да табиғи үйлесімділігін табатын. Ақыры, бертін келе заңды тұлғалардың жауаптылығы, американ қылмыстық құқығында, қайтадан қолға алынды. Бастапқы кезде (өткен ғасыр мен қазіргі ғасырдың торабында) ол шаруашылық қылмыстық құқық аясында тресттер мен синдикаттардың қылмыстық қызметіне қарсы жолға қойылды. Кінәлі болып табылған тиісті корпорациялардың бостандығы, әрине, шектелмейтін, оларға тек айып салынатын. Осыған орай, кейінгі кезде АҚШ-тың қылмыстық заңында қоғамдық ұйымдарды қылмыстық іс жүргізу көлемінде айыппен жазалайтын қылмыстық жауаптылық қарастырылады. Біздің құқықтық теориямыз бұл сияқты қылмыстық құқықтық тұжырымдамаларға «буржуазиялық заңдылықтардың тоқырауынан туындаған, демократияға қарсы» деген бұлжымас баға берген [4]. Алайда, бұл идеологиялық таласқа біздің елде әр түрлі экологиялық мәселелер араласа бастағаннан кейін шын көңіл қойыла бастады. Батыс елдері экологиялық мәселелерді тұтас түсінуде болсын, оларға құқықтық тұрғыдан ықпал жасау жолдарын пайдалануда болсын бізден әлде қайда озық тұрды. Қылмыстың бұл түріне қарсы қолданатын қылмыстық-құқықтық санкциялар, экологияға зиян келтіретін өндіріспен айналысуды осы кәсіпорындардың қожайындары мен басқарушы қызметкерлері үшін ғана емес, сонда істейтін барлық жұмысшылар үшін экономикалық жағынан тиімсіз қалатындай болуы тиіс еді. Заңды тұлғаларға қарсы қолданылатын айып санкциялары бұл ойды жүзеге асыра алса, жеке тұлғаларға қарсы қолданатын айыптың ондай мүмкіндігі болмады. Еуропа елдері бұл мәселе төңірегінде 70-жылдардан бастап ойлана бастады. Сонымен, 1978 жылы Еуропа Кеңесі жанындағы Еуропалық қылмыс мәселелері жөніндегі комитет Еуропа елдерінің заң шығарушыларына заңды тұлғаларды экологиялық қылмыс үшін қылмыстық жауаптылық субъектілері деп тану жағына ұсынған. Мұндай ұсыныс біраз Еуропа елдерінде заң жүзіне асырылады. Профессор Ө.С.Жекебаев Қазақстан Республикасында заңды тұлғалардың қылмыстық жауаптылығын белгілеу мәселелерін зерттеуде, осы арада И. Ш.Борчашвили, «Қылмыстық құқық ғылымы мен заңды қоғамдастықтардың арасында заңды тұлғалардың қылмыстық жауаптылығы туралы мәселелер өзектіге айналып отыр», [5] -деп атап өтеді. Бұл мәселенің өзектілігі, біздің ойымызша, 2003 жылдың 10-қыркүйегіндегі Астана қаласында өткен құқықтық тәртіп пен заңдылықты сақтау мәселелер жөніндегі кеңесте сөйлеген Президент Н.Ә.Назарбаевтың сөзінен кейін өсе түсті. Заңды тұлғалардың қылмыстық жауаптылығын енгізудің жақтаушылары да, қарсыластары да бар. Оның ішінде Республика көлеміндегі ғалымдардың арасында қылмыстық жауаптылықты енгізуге қарсылық білдірушілер асып түседі. Біздің ойымызша, экономикалық өрлеудің арқасында түрлі меншіктегі занды тұлғалардың көбеюі және олардың қоғамдық өмірдегі беделінің өсуі олардың қызметтерін қатаң реттеу мен бақылау қажеттілігі пайда болды».Шындығыңда Қазақстанда қалыптасқан жағдайлар - заңды тұлғалардың экологиялық қылмыстар үшін қылмыстық жауаптылығын белгілеудің орынды екендігін айғақтайды.
П.Ф. Повелицина заңды тұлғалардың қасақана немесе абайсыздықта істеген экологиялық қылмыстары, егер ол халықтың денсаулығына ауыр зардап әкелетін болса, елеулі түрде экономикалық немесе экологиялық зиян келтіретін болса, сондай-ақ олар қоршаған ортаның ластануы немесе табиғат қорларын пайдалану жөніндегі мәліметтік есепті бұрмалайтын болса қылмыстық жауаптылық белгілеуді ұсынады [6]. Экологиялық қылмысы үшін занды тұлғалардың қылмыстық жауаптылық шараларының бірі ретінде, П.Ф. Повелицинаның пікірі бойынша, экологияға зияны бар өндіріс жұмысын тоқтата тұру немесе оларды толығымен жабу және жоғары мөлшердегі ақшалай айыппұл салу керек. Бұл мәселе жөнінде бұдан басқа да бірнеше пікірлер бар. Мысалы, А.М. Плешаков, мұндай көзқараспен келесідей себептерге байланысты келіспейтіндігін білдіреді [7]. Біріншіден, мұндай болжамалы заңнамалық ережеде қиын шешілетін көптеген мәселелер туады. Жеке кінә занды адамның кінәсімен қалайша байланысады? Жалпы алғанда занды тұлғаның әрекетіндегі қасақаналық пен абайсыздық деген не? Жеке тұлға мен занды тұлғаның әрекетіндегі қылмыстың объективті жағының белгілері бірдей бола ма?
Екіншіден, отандық қылмыстық құқық пен англо-американдық заңнамалар негізінде жатқан бір-бірімен сай келмейтін идеяларды үйлестіруге деген онша сәтті емес қадам істелген. Бұл идеялар, айта кету керек, түптеп келгенде көптеген қылмыстық-құқықтық ұғымдарға: кінәға, жауаптылыққа, қылмысқа, қылмыстық әрекет субъектісіне және басқаларға қатысты қарама-қайшы келеді. Түптеп келгенде, заңды тұлғалардың қылмыстық жауаптылығын заңнамаларда белгілеу үшін қазіргі заманғы отандық қылмыстық-құқықтық тұжырымдамаларды әсіресе қылмыс, қылмысқа қатысу, субъективті айып тағу қағидаттары туралы ілімдерді және басқаларды толығымен қайта қарап шығу қажет. Өзгеше жағдайларда мұндай құқықтық идея қолданыстағы заңды материяға мүлде «сыйыспайтын» сияқты болып көрінеді. Заңды тұлғаларға қатысты қылмыстық жауаптылық енгізуге қатысты қарсы пікірлерді Е.И. Қайыржанов та қолдайды. «Қылмыстық құқық бірқатар қағидалардың негізінде құрылған. Солардың арасында жеке тұлғалардың жауаптылық қағидасы, есі дұрыстық (психикалық жай-күй, денсаулық) және дербес, адамның белгілі бір жеке қылығына мейілінше жеке жауап беру қағидалары бар. Осылар ғана емес, қылмыстық құқықтың басқа да қағидалары заңды тұлғалардың қылмыстық жауаптылығы туралы ұсынысты мәселелеріне жауап бере алмай келеді. Міне сондықтан мұндай ұсыныстар не іс жүзіндегі, не заңды негіздерге ие бола алмай отыр» [8]. Занды тұлғалардың қылмыстық жауаптылығын жақтаушылар заңды тұлғаларды қылмыстық жауаптылығын занды түрде бекіту кезінде олардың істеген қылмыстарының өзіндік ерекшеліктерге ие болатынын ескеру қажет деп санайды. Заңды тұлғаларды қылмыстық жауаптылыкқа тартудың жалпы негіздемесі заңмен қарастылыған қылмысты істеу болуы тиіс. Қылмыстық заңнамада қандай заңды тұлғаның кылмыс субъектісі болып табылатындығы жөнінде айтылуы тиіс. Заңда міндетті түрде заңды тұлғалар жауаптылыққа тартылатын қылмыстардың тізімін көрсетіп беру керек. Заңды тұлғалардың жауаптылығы келтірілген зардап пен заңды тұлғаның мүддесін қорғайтын жеке адамның құқыққа қайшы әрекетінің арасындағы себептік байланыстар болған жағдайда ғана туындауы тиіс. Заңды тұлғалардың құқыққа қайшы қылығы, біздің ойымызша, оның мүшелерінің немесе заңды тұлғаның мүддесі мен мақсаты үшін түрлі жұмыс атқаратын адамның құқыққа қайшы қылығында көрінеді. Демек, заңды тұлғалардың кінәсі олардың қасақана да және абайсыздықта да әрекет істей алатын құқыққабілетті өкілдерінің кінәсі ретінде ғана түсініле алады. Дегенмен қылмыстық заңнамаларда заңды тұлғалардың жауаптылығы туралы мәселе шешілмеген күйінде қалып отыр және қылмыстық құқық ғылымындағы осы мәселе жөніндегі пікірталас күн тәртібінен түскен жоқ. Қылмыс субъектісі терең зерттеуді қажет ететін ұғым. Өйткені заң ғылыми әдебиетте ол жөнінде түрлі пікірлер бар. Соның орындыларының бірі бойынша, субъектінің белгілері - үшеу емес, екеу. Мәселен, қазіргі қылмыстық заңнамаға сәйкес қылмыс субъектісі бола алатын жеке адам десек, ол субъектінің мәнін, табиғатын көрсетеді. Яғни, қылмыс субъектісі болып тек адам ғана танылады, ал жануарлар, өсімдіктер, не басқа да тіршілік иелері, немесе қоршаған ортаның заттары және тағы басқалар субъект болып табылмайды. Соның өзінде субъект болып кез келген жеке адам емес, екі негізгі белгіге иелері ғана танылады. Ол белгілер – есі дұрыстық, занда көрсетілген жасқа толғандық. Арнайы субъектінің белгілері тиісті жағдайларды бұларға қосымша делінеді. Бұған дәлел ретінде профессор А. В. Наумовтың 1997 жылы жарық көрген бір еңбегінен көрсек, шамамен дәл сол мерзімде оның өзінің бұған қарама қарсы пікір білдіргенін де айта кеткен орынды [9]. Бұл мәселеде бірізділіктің болмауы оның даулы жақтарының бар екендігін айғақтайды.
Қылмыстың субъектісі міндетті түрде есі дұрыс, яғни өзінің әрекетін (әрекетсіздігін) басқара алатын, оның шын мәніндегі сипаты мен қоғамға келтіретін қауіптілігін түсінуге қабілеті жететін жеке тұлға болуы керек. Ал психикасының бұзылуына байланысты мұндай қабілеттен айырылған есі дұрыс емес тұлғалар қылмыстың субъектілері болып табылмайды. Тіпті психикасы сау адамның да жоғарыда айтылғандай сана мен еркінің қабілеті белгілі бір жасқа толғанда ғана пісіп жетіледі. Осыған байланысты – қылмыстық заң қылмыс жасаған тұлғаны қылмыстық жауаптылыққа тартуға болатын жас мөлшерін тағайындаған. Бұл көрсетілген үш белгі қылмыс субъектісінің ортақ заңды белгілері болып табылады. Олар қылмыстың кез келген құрамының міндетті белгілері болып табылады және бұлардың біреуінің болмауы іс-әрекетте қылмыс құрамының жоқтығын білдіреді.
Сонымен қатар, ҚР ҚК-тің Ерекше бөлімінде кейбір жағдайларда тиісті қылмыстың субъектісін сипаттайтын жалпы ғана емес, қосымша да белгілері бар тұлғалардың жауаптылығы қарастырылады. Мысалы, әскери қызметке қарсы қылмыстардың субъектісі болып әскерге шақырылып, міндетін өтеп жүрген немесе Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа әскерлердің және әскери құрамалардың қатарында келісім шартпен жүрген әскери қызметкерлер ғана, сол сияқты запастағы азаматтар әскери жиында жүрген кездерінде және де кейбір басқа тұлғалар табылады. Бұл қосымша белгілер тиісті тұлғаны қылмыстың арнайы субъектісіне айналдырады. Қылмыстың субъектісі туралы түсініктен қылмыскердің жеке басы туралы түсінікті ажырата білу керек. Бұл екі түсініктің де бір тұлғаға – қылмысты жасаған тұлғаға қатысы бар. Алайда, бұл түсініктердің мазмұны – және ең бастысы – олардың заңдық мағынасы сәйкес келмейді. Бұған дейін айтылғандай, қылмыстың субъектісі – бұл белгілердің жиынтығы – ал белгілерсіз қылмыстың ешқандай құрамы немесе қылмыстың арнайы құрамы да болмайды, әрі болуы мүмкін емес. Бұл белгілердің кез келген біреуінің болмауы мұндай жағдайда қылмыс құрамының болмайтынын, бұған орай, тұлғаның қылмыстық жауаптылыққа тартылмайтынын білдіреді. Мұнымен салыстырғанда, қылмыскердің жеке басының белгілері қылмыс құрамының белгілеріне тірелмейді. Криминологияда жеке бастың белгілері негізгі үш құрамға топтастырылады.
Жеке бастың әлеуметтік бейнесі, ол жеке бастың белгілі бір әлеуметтік топқа жататындығын, әлеуметтік-демографиялық сипатын зерттеумен анықталады. Жеке бастың әлеуметтік орыны, бұл жеке тұлғаның отбасының, еңбек ұжымының мүшелігінен, қоғамдық қатынастар жүйесіндегі азаматтылығынан тұратын қызметінің жиынтығы. Жеке бастың адамгершілік психологиялық сипаты, ол оның әлеуметтік құндылықтар мен атқарылатын әлеуметтік міндеттеріне қатынасын білдіреді.
Қылмыскердің жеке басының белгілерінің қылмыстық-құқықтық маңызы, кей жағдайларда жазаның жеке басқа қарай ықшамдалып берілуіне немесе одан мүлде босатылуына ықпал жасауы мүмкін. Жазаның түрі мен мөлшерін анықтау, жазаны жеңілдетуші немесе ауырлатушы мән-жайлар ретінде, шартты жазаға соттау мәселесін шешуде кінәлінің жеке басы есепке алынады. Алайда жеке бастың белгілерінің қылмыстық құқықтық мағынасы болмауы да мүмкін. Көптеген қылмыстарда кінәлінің жынысы, оның кәмелеттік жасқа толу-толмауы, білімі мен айналысатын қызметі, тіпті де, әсері етпейді. Бұл белгілер, әдетте, қылмыстық жауаптылық пен жазаға да ықпалды емес. Ал қылмыстарды, сонымен қатар, оны жасаушы тұлғаларды криминологиялық тұрғыдан сипаттау үшін бұл белгілердің маңызы өте зор. Осы белгілер ескеріле отырып, мысалы, тиісті қылмыстардың алдын алу шаралары анықталуы мүмкін.
Әдебиеттер:
1. Л.Д. Гаухман. Квалификация преступлений: закон, теория, практика. - М., 2003. 63 б.
2. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі. Астана, 2007. 7 б.
3. Б.А.Куринов. Научные основы квалификации преступлений. - М., 1976. 152 б.
4. Г.А.Левицкий. Квалификация преступления. – М., 1981. 87 б.
5. И.Ш.Борчашвили. Экономические преступления: понятие и квалификация. – Караганда, 1995. 39 б.
6. П.Ф. Повелицина. Уголовно-правовая охрана природы в ССС: Дис. Д-ра юрид. Наук. – Ашхабад, 1991.
7. А.М.Плешаков. Экологически преступления. – М., 1994. 45 б.
8. Е.И. Каиржанов. Интересы трудящихся и уголовный закон. – Алматы, 1973. 123б.
9. А.В.Наумов. Научные основы квалификации преступлений. Тюмень, 1996. 15 б.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?