Қазақстан Республикасындағы отбасы құқығының қайнар көздері. Құқық негіздері, 10 сынып, қосымша материал.
Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы
Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 26 желтоқсандағы № 518-ІV Кодексі.
1-бап. Осы Кодексте пайдаланылатын негізгі ұғымдар
1. Осы Кодексте мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) азаматтық хал актілері – адамды дараландыратын және оның құқықтары мен міндеттерінің туындауымен, болуымен және тоқтатылуымен байланысты болатын заңдық тұрғыдан ресімделген мән-жайлар;
2) азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі (бұдан әрі – тіркеуші орган) – азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын жергілікті атқарушы орган;
4) алименттер – бір адам оны алуға құқығы бар екінші адамға беруге міндетті ақшалай немесе материалдық қаражат;
5) ата-аналарының (ата-анасының) қамқорлығынсыз қалған бала (балалар) – ата-ана құқықтарының шектелуiне немесе олардан айрылуына, хабарсыз кеткен деп танылуына, қайтыс болған деп жариялануына, әрекетке қабiлетсiз немесе әрекет қабiлетi шектелген деп танылуына, бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеуiне, бала тәрбиелеуден немесе оның құқықтары мен мүдделерiн қорғаудан жалтаруына, оның ішінде баланы тәрбиелеу немесе медициналық ұйымнан алудан бас тартуына байланысты, сондай-ақ ата-ана қамқоршылығы болмаған және Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өз құқықтары мен мүдделерінің қажетті қорғалуын қамтамасыз етуге мұқтаж болған өзге де жағдайларда жалғыз ата-анасының немесе екеуінің де қамқорлығынан айрылған бала (балалар);
6) ата-анасы бас тартқан бала (ата-анасы бас тартқан балалар) – тиісті заңды құжаттарды ресімдеу жолымен оны одан әрі тәрбиелеуден, оқытудан, материалдық қамтамасыз етуден ата-аналары (ата-анасы) бас тартқан бала;
7) әке болуды анықтау - баланың анасымен некеге тұрмаған (ерлі-зайыпты болмаған) адамның балаға қатысты әке болуын тіркеуші органның анықтауы не сот тәртібімен анықтау;
8) бала (балалар) – он сегіз жасқа (кәмелетке) толмаған адам;
9) бала асырап алу - нәтижесінде шығу тегі бойынша туыстарының құқықтары мен міндеттеріне теңестірілетін жеке мүліктік емес және мүліктік құқықтар мен міндеттер туындайтын сот шешімі негізінде баланы (балаларды) отбасына тәрбиелеуге берудің құқықтық нысаны;
11) балалық шақ – кәмелетке толмаған адамдардың құқықтық жай-күйі;
11-1) баланы қабылдайтын отбасы – жетім балаларға, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарындағы кемінде төрт және оннан аспайтын жетім баланы, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған баланы тәрбиелеуге қабылдайтын отбасына орналастыру нысаны;
12) баланың заңды өкiлдерi – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес балаға қамқорлық жасауды, бiлiм, тәрбие берудi, оның құқықтары мен мүдделерiн қорғауды жүзеге асыратын ата-аналар (ата-ана), бала асырап алушылар, қорғаншы немесе қамқоршы, баланы қабылдайтын ата-ана (баланы қабылдайтын ата-аналар), патронат тәрбиешi және оларды алмастырушы басқа да адамдар;
13) жақын туыстар – ата-аналар (ата-ана), балалар, асырап алушылар, асырап алынғандар, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек ағалы-інілер мен апалы-сіңлілер (аға-қарындастар), ата, әже, немерелер;
14) жалған неке (ерлі-зайыптылық) – ерлі-зайыптылардың немесе олардың біреуінің отбасын құру ниетінсіз, Қазақстан Республикасының заңында белгіленген тәртіппен қиылған неке (ерлі-зайыптылық);
15) жеке басты куәландыратын құжат – жеке басты сәйкестендіру мақсатында оның иесінің жеке басын және құқықтық мәртебесін анықтауға мүмкіндік беретін, жеке тұлғаның дербес деректері туралы тіркелген ақпараты бар белгіленген үлгідегі материалдық объект.
16) жекжаттық – ерлі-зайыптылардың бірінің екінші жұбайының жақын туыстарына қатысы;
17) жетім бала (балалар) – ата-анасының екеуі де немесе жалғыз анасы (әкесі) қайтыс болған бала (балалар);
17-2) көпбалалы отбасы – құрамында бірге тұратын кәмелетке толмаған төрт және одан көп балалары, оның ішінде кәмелеттік жасқа толғаннан кейін білім беру ұйымдарын бітіретін уақытқа дейін (бірақ жиырма үш жасқа толғанға дейін) орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысаны бойынша білім алатын балалары бар отбасы;
19) қамқоршылық – он төрттен он сегіз жасқа дейінгі баланың (балалардың), сондай-ақ спирттік ішімдіктерге немесе есірткі заттарына салыну салдарынан сот әрекет қабілетін шектеген кәмелетке толған адамдардың құқықтары мен мүдделерін қорғаудың құқықтық нысаны;
21) қорғаншылық – он төрт жасқа толмаған балалардың және сот әрекетке қабілетсіз деп таныған адамдардың құқықтары мен мүдделерін қорғаудың құқықтық нысаны;
26) неке (ерлі-зайыптылық) – ерлі-зайыптылар арасындағы мүліктік және жеке мүліктік емес құқықтар мен міндеттерді туғызатын, отбасын құру мақсатында Қазақстан Республикасының заңында белгіленген тәртіппен тараптардың ерікті және толық келісімімен жасалған еркек пен әйел арасындағы тең құқықты одақ;
27) неке (ерлі-зайыптылық) жасы – осы Кодексте белгіленген, адамның некеге отыру (ерлі-зайыпты болу) құқығына жеткендегі жасы;
29) отбасы – некеден (ерлі-зайыптылықтан), туыстықтан, жекжаттықтан, бала асырап алудан немесе балаларды тәрбиеге алудың өзге де нысандарынан туындайтын және отбасы қатынастарын нығайтып, дамытуға септігін тигізуге арналған мүліктік және жеке мүліктік емес құқықтар мен міндеттерге байланысты адамдар тобы;
31) патронат – жетім балалар, ата-аналарының (ата-анасының) қамқорлығынсыз қалған балалар қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган мен баланы (балаларды) тәрбиеге алуға тілек бiлдiрген адам жасайтын шарт бойынша отбасыларға патронаттық тәрбиеге берілетін тәрбие нысаны;
32) репродуктивтік денсаулық – адамның толымды ұрпақ туғызуға қабілетін көрсететін денсаулығы;
33) суррогат ана – суррогат ана болу шартына сәйкес тапсырыс берушілер үшін қосалқы репродуктивтік әдістер мен технологиялар қолданылғаннан кейін құрсақ көтеретін және бала (балалар) туатын әйел;
2-бап. Қазақстан Республикасының неке-отбасы заңнамасының негіздері
1. Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы, ана, әке және бала мемлекеттің қорғауында болады.
2. Қазақстан Республикасының неке-отбасы заңнамасы:
1) еркек пен әйелдің некелік (ерлі-зайыптылық) одағының еріктілігі;
2) отбасындағы ерлі-зайыптылар құқықтарының теңдігі;
3) отбасының ісіне кімнің болса да өз бетінше араласуына жол берілмеушілік;
4) отбасы ішіндегі мәселелерді өзара келісім арқылы шешу;
5) балалардың отбасында тәрбиелену басымдығы, олардың өсіп-жетілуі мен әл-ауқатты болуына қамқорлық;
6) отбасының кәмелетке толмаған, қарт және еңбекке қабілетсіз мүшелерінің құқықтары мен мүдделерін басымдықпен қорғау;
7) отбасы мүшелерінің өз құқықтарын кедергісіз жүзеге асыруын қамтамасыз ету, осы құқықтарды сот арқылы қорғау мүмкіндіктері;
8) отбасының барлық мүшелерінің салауатты өмір салтын қолдау қағидаттарына негізделеді.
3. Тек мемлекеттік органдар қиған неке (ерлі-зайыптылық) ғана танылады.
Діни жоралар мен рәсімдер бойынша қиылған неке (ерлі-зайыптылық) тіркеуші органдарда тіркелген некеге (ерлі-зайыптылыққа) теңестірілмейді және тиісті құқықтық салдарлар тудырмайды.
Еркек пен әйелдің, сондай-ақ бір жыныстағы адамдардың шын мәнінде бірге тұруы неке (ерлі-зайыптылық) деп танылмайды.
4. Некеге отыру (ерлі-зайыпты болу) кезінде және отбасылық қатынастарда шығу тегi, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайы, нәсiлі, ұлты, тiлі немесе діни көзқарасы немесе кез келген өзге де мән-жайлар бойынша азаматтардың құқықтарын шектеудің кез келген нысандарына тыйым салынады.
Азаматтардың неке-отбасы (ерлі-зайыптылық-отбасы) қатынастарындағы құқықтары тек заң негізінде және бұл тек конституциялық құрылысты қорғау, қоғамдық тәртiптi, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен адамгершілік құндылықтарын қорғау мақсатында қаншалықты қажет болса, сол шамада шектелуi мүмкiн.
2-БӨЛІМ. НЕКЕ (ЕРЛІ-ЗАЙЫПТЫЛЫҚ)3-тарау. НЕКЕ ҚИЮДЫҢ (ЕРЛІ-ЗАЙЫПТЫ БОЛУДЫҢ) ШАРТТАРЫ МЕН ТӘРТІБІ
9-бап. Неке қиюдың (ерлі-зайыпты болудың) шарттары
1. Неке қию (ерлі-зайыпты болу) үшін некеге отыратын (ерлі-зайыпты болатын) еркек пен әйелдің ерікті әрі толық келісімі және олардың неке (ерлі-зайыптылық) жасына толуы қажет.
2. Осы Кодекстің 11-бабында көрсетілген мән-жайлар болған кезде неке қиылмайды (ерлі-зайыпты болмайды).
10-бап. Неке (ерлі-зайыптылық) жасы
1. Неке (ерлі-зайыптылық) жасы еркектер мен әйелдер үшін он сегіз жас болып белгіленеді.
2. Мынадай дәлелді себептер болған:
1) жүкті болған;
2) ортақ бала туған кезде неке қиюды (ерлі-зайыпты болуды) мемлекеттік тіркеу орны бойынша тіркеуші органдар неке (ерлі-зайыптылық) жасын екі жылдан аспайтын мерзімге төмендетеді.
3. Некеге отыруға (ерлі-зайыпты болуға) тілек білдірушілер және олардың ата-аналары не қамқоршылары белгіленген неке (ерлі-зайыптылық) жасын төмендету қажеттігі туындайтын себептерді көрсете отырып, неке (ерлі-зайыптылық) жасын төмендету туралы өтініш беруі мүмкін.
4. Неке (ерлі-зайыптылық) жасын төмендетуге тек қана некеге отырушылардың (ерлі-зайыпты болушылардың) келісімімен жол беріледі.
5. Неке (ерлі-зайыптылық) жасына толмаған адамдар арасындағы немесе неке (ерлі-зайыптылық) жасына толған адам мен неке (ерлі-зайыптылық) жасына толмаған адам арасындағы некеге (ерлі-зайыптылыққа) неке (ерлі-зайыптылық) жасына толмаған адамдардың ата-аналарының не қамқоршыларының жазбаша келісімімен ғана рұқсат беріледі.
11-бап. Араларында неке қиылуына (ерлі-зайыпты болуына) жол берілмейтін адамдар
Некелесуге (ерлі-зайыпты болуға):
1) бір жынысты адамдардың;
2) олардың біреуі болса да басқа тіркелген некеде (ерлі-зайыптылықта) тұратын адамдардың;
3) жақын туыстардың;
4) бала асырап алушылар мен асырап алынған балалардың, асырап алушылардың балалары мен асырап алынған балалардың;
5) соттың заңдық күшіне енген шешімі бойынша олардың біреуі болса да психикалық ауруы немесе ақыл-есі кемдігі салдарынан әрекетке қабілетсіз деп танылған адамдардың арасында жол берілмейді.
12-бап. Некеге отыратын (ерлі-зайыпты болатын)адамдарды медициналық зерттеп-қарау
1. Некеге отыруға (ерлі-зайыпты болуға) тілек білдірушілерге медициналық, сондай-ақ медициналық-генетикалық мәселелер және репродуктивтік денсаулық сақтау мәселелері бойынша консультация беруді және зерттеп-қарауды денсаулық сақтау ұйымдары және тек олардың екеуінің келісімімен ғана жүргізеді.
2. Некеге отыратын (ерлі-зайыпты болатын) адамдарды зерттеп қараудың нәтижелері медициналық құпия болып табылады және ол неке қиюға (ерлі-зайыпты болуға) ниеттенген адамға зерттеп қараудан өткен адамның келісімімен ғана хабарлануы мүмкін.
Некеге отыратын (ерлі-зайыпты болатын) адамның некеге отыратын (ерлі-зайыпты болатын) басқа адамның денсаулығына қауіп төндіретін ауруының болуы ерекше жағдайлар болып табылады.
13-бап. Неке қиюдың (ерлі-зайыпты болудың) тәртібі
1. Неке (ерлі-зайыптылық) некеге отыратын (ерлі-зайыпты болатын) адамдардың тікелей қатысуымен тіркеуші органдарда не арнайы мемлекеттік неке сарайларында қиылады.
Некеге тұруға (ерлі-зайыпты болуға) ниет білдірген адамдардың біреуі тіркеуші органға келе алмайтын айрықша жағдайларда (ауыр науқастануы, жүріп-тұру қиындығымен байланысты мүгедектігі, күзетпен ұсталуы немесе бас бостандығынан айыру орындарында болуы) некені қиюды (ерлі-зайыпты болуды) мемлекеттік тіркеу үйде, медициналық немесе өзге де ұйымда тиісті ұйымның әкімшілігімен міндетті түрде келісіле отырып, некеге отыратын (ерлі-зайыпты болатын) адамдардың қатысуымен жүргізіледі.
2. Неке қию (ерлі-зайыпты болу) некеге отыруға (ерлі-зайыпты болуға) тілек білдірушілер тіркеуші органға өтініш берген күннен бастап бір ай мерзім өткен соң жүргізіледі.
Неке қиюды (ерлі-зайыпты болуды) мемлекеттік тіркеу орны бойынша тіркеуші орган құжаттамамен расталған дәлелді себептер болғанда, бұл мерзімді қысқартады немесе ұзартады.
Айрықша мән-жайлар (жүктілік, бала тууы, тараптардың бірінің өміріне тікелей қауіп төнуі және басқа да айрықша мән-жайлар) болған кезде некені қиюды (ерлі-зайыпты болуды) мемлекеттік тіркеу некеге отырушылардың (ерлі-зайыпты болушылардың) қалауы бойынша өтініш берілген күні жүргізіледі.
3. Неке қиюды (ерлі-зайыпты болуды) мемлекеттік тіркеу осы Кодексте белгіленген тәртіппен жүргізіледі.
4. Некеге отыруға (ерлі-зайыпты болуға) тілек білдіруші адамдар не олардың біреуі, сондай-ақ олардың заңды өкілдері тіркеуші органның неке қиюды (ерлі-зайыпты болуды) мемлекеттік тіркеуден бас тартуына сотқа шағым жасауы мүмкін.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?